Қайран студенттік кездер-ай!
Үйден кетерде маған жол-кіренің өзін қарызға әркімнен бір сұрап жүріп әрең тауып берді. Әкем колхоз тараған соң, жұмыс істеуден бас тартты. Біреудің алдына барып, жұмыс сұрауға намыстанды ма, жоқ әлде жұмыс табылмады ма, білмеймін... Ол кезде жаңадан ақша ауысып елдің бәрі әбігерге түсіп жатқан шақ еді. Ол ақшаға керек дәптерлерімді де түгендей алмадым. Тағы да құлпырып жүретін қыздардың арасында ескі-құсқыны киіп жүретінімді ойлап өзіме-өзім жаным ашып жүрегім ауырды. Қашан бір жариды екенбіз, қашан қарнымыз тоқ, көйлегіміз көп болады екен!? Алдыңғы үш күн сабаққа да бармадым. Ақыры алматылық туысқандардан келген ескі киімдерді ақтарып, ішінен өзіме ұнамаса да бір қысқа етек денеге жабысқан тоқыма қызыл көйлек пен баяғы заманғы анамнан қалған асқабақ түсті жалпақ табанды туфлиді киіп институтқа келдім.Киімге қарап қарсы алатын қандай болатынын сонда түсіндім. Олар әрине "мынаның талғамын-ай" деп таңқалған шығар. Менің өмірі өзім таңдап бір киім алмайтынымды олар қайдан білсін?! Өзімнен-өзім қуыстанып алғашында ешкіммен араласпауға тырыстым.Әйтеуір бір жақсысы біздің топта, қаладан келгеннен гөрі, даладан келгендер көбірек екен. Соңғы ақшаға нан алған күні деканнан әзірге студентақы болмайтынын, ал біреулерге еріп ереуілге шықсақ институттан шығып қалатынымыз туралы естіп, жатақханаға қайттық. Мен әзірге жалғыз тұрып жаттым. Жақында қасыңа қыз қосамыз деді. Бөлменің іші адам тұрмайтын сияқты. Екі темір төсектің біреуі темірі жалаңаштанып бос тұр. Киім салатын кебежеде бос тұр. Бөлменің есігі бір тепсең құлап түсетіндей ескіріп кеткен. Мен стол үстіндегі батоннан бір үзіп жеп, қара су ішіп алдым, сонымен түскі ас бітті. Сол кезде апам айтып берген бір аңыз-ертегі есіме түсті. Баяғыда бір ініне дән тасып жүрген бір құмырсқаны біреу ұстап алып; "жылына қанша дән жейсің деген екен?"
-Біреу-дейді құмырсқа.
-Сөзіңді дәлелдей аласың ба?
-Ия!
-Ендеше мен сені бір жылға қамап қоямын. Жаныңа бір дән тастап, бір жылдан кейін ашып көремін-дейді пәлсапа.
-Жарайды-деп құмырсқа келісімін беріпті. Бір жылдан кейін пәлсапа қорапты ашып қараса, құмырсқа тірі, ал қасында дәннің жартысы жатыр екен.
-Сен бір жылда бір дән жеймін деп едің, неге жартысын-ақ жегенсің?-дейді.
-Сен мені бір жылдан кейін ұмытып кетпесіңе кім кепіл!? Ұмытып кетсең тағы бір жылға азық болсын деп қалдырдым-депті ақылды құмырсқа.Сол сиқты ертең тамақ тапсам жақсы, таппасам тіске басармын деп қалғанын орап қойдым. Тоқ заманда аш боп жүрген қазағым-ай! Үнемдей бергенше неге қосымша табыс көзін іздемегенмін. Студентақы бермесе күнім не болатын еді. Әкем енді үйге қайтып келсең он сиыр алып берем, соның сүтін сатып күн көресің дегені әлі есімде. Он сиыр емес бір сиыр сауып, сүтінен май, айран, қатық, құрт жасаған қандай қиын болса, оны сату қандай азап десеңші!? Бәрінен бұрын мектепті алтын медальға бітірген мен базарда тұрсам, ұстаздарымның бетіне қалай қараймын деп, намысқа тырысып, не де болса аяғына дейін шыдауға тырыстым.
Бүгін қасыма орыс тобында оқитын бір қазақ қызы көшіп келді. Өзі орта бойлы, аққұба, дөңгелене кесілген шашы шап-шағын бетіне жараса қалған, ұзын кірпікті көзі жалт-жұлт етіп жанып тұрады екен. Өзі адамның іші-бауырына кіріп кіріп кетердей, адаммен тез тіл табысады екен. Ол бірден бөлменің ішін жарық қылып жібергендей болды. Біз оның әкелген базарлығымен шәй ішіп, әңгіме айтып мәз болдық. Ол Ақтөбе өңірінен екен, аты Адина екен. Сол күні кеш қалай батқанын байқамай қалдық. Ол сыртқа шыққысы келіп, маған да жүр-жүр деп мені де ала шықты. Баспалдақпен бірінші қабатқа түссек, астындағы холда би кеші ұйымдастырылып жатыр екен. Сырт жақтанда жігіттер де келсе керек. Солардың ішінде мен біздің ауылдың жігітін байқадым. Негізі мен өзімнен үлкен жігіттерді танымайтынмын да. Ерікті танығаным ол біздің көрші қыз Жарқынайдың жүрген жігіті еді. Жарқынай менен жасы үш жас кіші болса да, менен әлдеқайда ерте есейген, өзінен үлкен жігіттерге ұнайтын әдемі әрі қылықты қыз еді. Оның әке-шешесі қызына қысым көрсетпей еркін өсірген еді. Әдемі көйлекті де, бірінші сол киетін, әдемі сырғаны да сол тағатын. Ерік те мені танып, келіп сәлем берді. Оны байқап үлгерген Адина мені таныстыршы дегендей мені түрткілей берді. Екеуін таныстырған менің ойымда ештеңе болған жоқ.Би бітіп ел тараған соң, бәріміз бөлмемізге тарадық. Бағанадан бері жұбы жазылмай билеп жүрген Ерікті Адина қолтықтап жоғары көтерілдік. Мен ол қызды шығарып салып қайтатын шығар деп ойладым. Бірақ оны Адина жабысып алып жіберетін емес. Ол сыртқа шығып кеткенде маған
-Слушай, какой красивый мужчина!-деп қойды. Шынымды айтсам сол жігіттің қызды бір көргеннен құлататын сымбатын байқамадым. Ұзын бойлы, денелі, ауылда өскен қазақтың қара домалақ баласының бірі. Бұл әдемі болса, онда біздің ауылда әдемі емес жігіт жоқ шығар.
-Сонда ол біздің бөлмеге қона ма?-дедім таң қалып.
-Иә, түн ішінде қайда барады енді!?-деді ол таң қалып.
-А? баратын жері жоқ па екен? Жарайды онда.
Екеуміз төсек салдық. Ол келген соң шамды сөндіріп, мен киімімді шешпей төсекке жаттым да, ары сырғып Адина жататын орын қалдырдым. Қараңғыда оның шешініп төсекке жақындап келе жатқан ол бір-ақ қарғып Еріктің қойнына кіріп кеткенін сезгенімде, терім бұрқ ете қалды.
Сол түні мен де ұйықтамадым, олар да ұйықтамады. Олардың темір төсегінің шиқылдағанынан мен не ұяларымды, не қорқатынымды білмедім. Бір сәтке ертең ауылға қайтатын Ерік елге мен туралы не айтады деп ойласам, енді бірде ол төсектен тұра салып мені бас салып зорлайтындай көрінді. Адамның қандай екенін білгің келсе, досынан сұра дегендей, мынандай жеңіл мінезді қызбен бірге тұратынымды білсе, мені де сондай деп ойлар. Түн ортасында қайда қашатынымды білмедім. Өзім жатақханаға жаңа орналасқанмын, әлі ешкімді танымаймын. Енді мына қызбен қалай бірге тұрамын. Жоқ мен жатақханада енді бір күнде қалмаймын. Жатақханада тұрған қыздар бұзылып кетеді деуші еді, рас екен ғой. Таң атқанша енді қайда барып тұрамын деген ой маза бермеді.
Таң ата сала, осы қалада тұратын баяғыда әкем үйден қуып жіберген апамның асыранды қызын іздеуге бел будым. Оны әкем осыдан бірнеше жыл бұрын үйден қуып жібергені есімде, бірақ не үшін қуғаны есімде жоқ. Есімде қалғаны, бізді бір бөлмеге қамап қойып, Айзада әкпеме "бұл үйге сен енді кірмейсің" -деп айтқаны есімде. Содан кейін ол кісіні көрген емеспін. Бірақ көрсем танитыным анық. Ол ауыл жігіттерінің есін аударатынтай сұлу еді. Негізі ол кісі апамның інісінің асыранды қызы. Апамның інісі кезінде бір татар қатынға ғашық болып, оны осы қызымен алған екен. Бірақ оның шешесі кейін басқа біреуге ғашық болып атамызға жалғыз қызын тастап, қашып кеткен екен. Атамыз сол күйікке шыдай алмай араққа салынып кетіп, ақыры апаттан қайтыс болыпты. Сөйтіп Айзада әкпемді менің апам асырап алады. Айзада ерекше ерке, ерекше көркем болып өсіпті. Оның сұлулығын үнді қызына теңеп "Бобби" деп атап кеткен екен. "Боббидің" атағы ауыл асып көрші ауылдарға жетіпті. Оны іздеп келген жігіттер Айзаданың кез-келген тілегін орындауға дайын тұрады екен. Менің апам деп отырғаным әкемнің анасы. Әкемнің әкесі соғыс жылдарындағы алған жарақатынан ауырып ерте қайтыс болып кеткен. Мүмкін әкем жалғыз қарындасы екеуі қиыншылықты көп көріп өскеннен кейін шығар, ол ерекше үнемшіл, кей жерде сараңдығын да жасырмайтын. Мен кейде соған көбірек ұқсап кеткеніме өкінетінмін. Дегенмен қан қанша қашсаңда жібермейді екен...
Сонымен не керек, атпастай болған таң да атты. Жуынып келген менің көзім Адинаның төсегіне түсті. Әдейі мен көрсін деп көрпесін түріп ашып қойыпты. Төсеніш таза демек, ары да таза дегені ма? Әлде мені сонша акымақ көргені ме? Бұл бірінші рет дегісі келгені ме? Мен асығыс заттарымды жинастыра бастадым.
-Сен маған ренжіп қалған жоқсың ба?-деді ол.
-Не үшін?
-Жігітіңді тартып алды деп...-деп қарап тұр ғой!
-Ол менің жігітім емес, оның қызы ауылда.
-Но между нами ничего не было!
Ия- дедім ішімнен, "тағы-тағылап"оны ұйықтатпаған мен ба, сонда!?
Киімдерімнің аз-ақ болғаны мұнша жақсы бола ма, бір сөмкеге бәрі сиып кетті. Сабаққа да бармай, анам "қысылсаң керек болар" деп жазып берген мекенжаймен әкпемді іздеп кеттім. Әкем екеуінің арасында не болғанын қайдам, оны мен ренжіткен жоқпын ғой. Іздеп барсам қуа қоймас.
Үйін оңай тапсам да, есігін ешкім айқара аша қоймаған соң, көңілім түсіп қайтып келе жаттым. Жаяу келе жатып жол бойы жайма базарды араладым. Ақшам жоқ болса да, не сатып жатыр екен деп қызықтым. Кенет әртүрлі қоқыр-соқыр сатып тұрған әдемі келіншек көзіме оттай басылды. Қуанып кеттім, бірақ оның көзінен қуаныш көре қоймадым.
-Мені танымадыңыз ба?-дедім мен жақындап.
-Маралсың ба?
-Ия!
-Мұнда не істеп жүрсің?
-Оқуға түскенмін!
-Солай ма!?
Ол заттарын жинай бастады. Сосын мені ертіп үйіне келді. Шынымды айтсам, үйін көріп көңіл-күйім түсіп кетті. Екі бөлмелі үйінің іші қаңырап бос тұр. Тіпті отыратын диван, жататын төсек те жоқ. Шамасы жағдайы нашар болғаны ғой. Мына үйдің жағдайын көріп, келгеніме ұялдым, өзі қысылып жүргенде мен артық ауыз болатын болдым. Бірақ әкпем мені қумады, қайта жылы сөйлеп үйдегілердің жағдайын сұрады. Сосын мектептен келген сегіз жасар қызы Майгүлмен таныстырды. Қызы өзіне тартқан тартымды екен, еркіндігі де шешесіне ұқсапты, менімен емін-еркін сөйлесіп кетті.
Осылай өмірім бір қалыпқа келіп, алаңдамай сабағыма кірістім. Әкпем өзіне сыймай қалған бір-екі киімін берді. Оның ішінде қою сүттің түсіндей әдемі қынама бел жаңбырда киетін ұзын кеудеше маған құйып қойғандай жараса кетті. Қуанышымда шек жоқ мен қыс түспесе екен деп армандадым. Сонда ана ескі сұр пальтомды ешқашан кимей осылай әдемі болып жүре беретін едім. Тамақ жағы жұпыны болғанмен аш болған жоқпыз. Қыс жақындағанда әкпем картоп сатуға көшті. Күнде картоп жейміз, қасына әкпем сәбізден керемет етіп салат жасап қояды. Мен үй тазалығын өз мойныма алдым, әкпем риза болып анда-санда тіпті жол-кіре беріп қоятын болды. Көңілім орнына түскеннен кейін ба, әйтеуір аппақ болып қара суға семіре бастадым. Сол кезде салмағым жетпіске дейін жетті. Әкпемнің де жағдайы жақсара бастады. Саудасы да жүре бастады, базардағы ағалар да, әкпеме көмектесіп жүрді. Сол кезде он сегіздегі маған әкпем үлкен болып көрінетін, кейін ойланып қарасам жиырма сегіз деген жап-жас әйел екен ғой. Жастай байсыз қалып, бала өсіру оңай емес екен. Әкпем басы бос болған соң ба, жоқ әлде әдемі болған соң ба, базардағы қатындардың оны жақтырмайтынын байқап қалдым. әкпем қанша қиналса да жыламайтын. Базардан шаршап келгенде бірінші балконға кіріп ойланып отырып темекі шегетін, сосын шомылып болғансоң қанша шаршап отырса да, бетіне күнде маска жағатын. Тек содан кейін ғана тамақ ішуге отыратын. Сол кезде мен оған таң қалушы едім. Мен бет күтімін тек әртістер ғана жасайтын шығар деп ойлайтынмын. Жәй адамға оның қажеті жоқ деп ойлайтынмын. Адам баласын бетіне қарап емес, ішкі жан дүниесіне қарап бағалау керек деп ойлайтынмын. Мен өзімнің қаншалықты қателесетінімді кейін түсіндім. Бет бейнесі, әсіресе әйел адам үшін қымбат екенін кейін түсіндім. Уақыт өте келген сайын бетіңді аяусыз шимайлаған әжім неғұрлым ерте түссе, әйел баласы өзін соғұрлым бақытсыз сезінетінін он сегіздегі маған кім түсіндірсін. Ақыры әкпемнің еңбегі далаға кетпей, оған өзі армандаған адамы кездесіп, соған тұрмысқа шықты. Оны ешкім білмей де қалды, жәй екеуі некелерін заңдастырып бірге тұрып жатты. Мүмкін әкпем күнде темекі шегіп отырып осындай күнді армандаған шығар, кім білсін?! Қиналып қап тасыған күндері артта қалып, енді ірі саудамен айналыса бастады. Үйде ақша артығымен жататын болды. Не ішем, не кием деп қиналған күндер ұмытылып, әр-түрлі әшекейлер ала бастады. Мен әкпем үшін шын қуандым. Бірақ әкпем өзгере бастады. Маған бірте-бірте шешемді жамандай бастады. Бір күні араққа тойып алып, таң атқанша не айтып, не қойғанын өзі де білмей қалды.
-Сенің шешең мені қашанда көре алмайтын. Менің сұлулығымды көре алмайтын.Талай менің аяғымнан шалды. Ауылдың жігіттерінің бәрі мені жақсы көргенін көре алмай, мені жақсы көрген адаммыммен ажыратты. Ол менің сұлулығымды көре алмайтын... Мен оны ешқашан кешірмеймін. Мен балалы болған кезде, менің баламды өлтірді... Ол сондай қатігез, сол болмағанда менің қазір ұлым тірі болатын еді... Мен оны ешқашан кешірмеймін...
Мен ештеңе түсінбедім. Қызы екеуміз оны жұбатумен болдық. Қызы да жылап жүр. Әйтеуір бір кезде жылап жатып ұйықтады-ау әйтеуір. Ертесіне мен сабақтан келсем, есін жинап қызы екеуі шәй ішіп отыр екен. Менен кешегі қылығы үшін кешірім сұрады. Бірақ сол күннен бастап қызы Майгүлдің де мінезі өзгере бастады. Ол үйге кеш келетінді шығарды, менімен жиі салғыласатын болды. Үйдің берекесі кете бастады. Бір күні келсем, әкпем менімен сөйлеспейді.
-Не болды?-деп сіңілімнен сұрасам
-Білмегенсімеші, үйдегі жинап жүрген ақша жоғалды. Сенен басқа алатын адам жоқ-дегені.
Не дерімді білмедім. Үндемей сабағыма кеттімде, сабақта жатақханаға шыққысы келіп жүрген өзім сияқты қарапайым Анарға барып, бірге тұрайық деп айттым. Ол қуанып кетті. Ол да туысқан әкпесінің үйіне сыймай жүргенін айтты. Екеуміз жатақханаға барып арыз жазып қойдық. Бір аптадан кейін бізге орын берілді.Сол кезде әкпемнің ақшасы да табылды. Өзі орнын ауыстырып қойып ұмытып кетсе керек.Менің алдымда кінәсін сезінсе де, кешірім сұрай алмады.
Мен заттарымды жинап жатақханаға оралдым.Менімен бірге тұрған Адина екінші қабаттан секіріп аяғын сындырып алып, ауруханада жатыр екен.
-Не үшін секірген?-десем,
-Бір жігіт зорламақ болған екен, содан ар-намысын сақтап қалу үшін секіріп өлмекші болыпты-деп институт шулап жүр. Таң қалдым. Ол қыздағы қайдағы ар, қайдағы намыс, керек болса кез-келген жігітті өзі зорлауға дайын еді ғой! Түк түсінсем бұйырмасын? Әлде мас болды ма екен? Бірақ ешкімге тіс жармадым, бәлесінен аулақ, тыныштық керек.
Содан не керек, менің нағыз қызықтарға толы студенттік шақтарым басталып кетті. Жатақханада біздің топтан мені қосқанда бес қыз тұрады екенбіз. Әр бөлмеде екі-үш қыздан. Менің жанымда Қазалыдан Шырақ және Жамал, көрші бөлмеде Шымкентік Фатима, Шиеліден келген Анар, және басқа топтан келген Қаратаулық Маржан орналасты. Қол ұстасып сабаққа барамыз, қол ұстасып сабақтан келеміз. Сабақта мен суырылып алдарына шықтым. Әсіресе жоғары математикадан сабақ беретін Махашев ағай мені көзіме мақтаудан жалықпайтын. "Сенің басың мына отырғандардың бәрінен мықты істейді, бірақ сенің жалқаулығың да жоғарғы дәрежеде болып тұр ғой!"-деуші еді ағай. Сонда жалқаусың деп неге риза болмады екен?! Бірақ сөзінің жаны бар, мүмкін мен берілген тапсырманы ғана орындап, ары қарай өз бетімше ізденбегеніме ренжігені шығар. Қайдағы ізденіс?! Әкемнің монастырынан құтылған мен бостандыққа шыққан құстай құлпырып шыға келдім. Үстімдегі киім ескі болса да, көңілім ән салып, жаным билеуден жалықпай, жүрегіме қуаныш мәңгі ұя салып алғандай еді... Көңілімдегі ой, өлең болып өріліп, күнделігіме түсті...
Бақыттымын ендеше!
Бақыт деген немене, ақша ма екен?
Неге Бақыт Ақшадан аспады екен?
Әуел баста құдайым жаратқанда,
Неге екеуін тым жақын тастады екен?
Бақыт деген немене, махаббат па?
Махаббатың, жоқ әлде лақап ат па?
Кейбір кезде естисің адам үнін,
Махаббатты ақша деп атап жатқан!
Бақыт деген немене, ұлылық па?
Бақыт деген, жоқ әлде сұлулық па?
Бірақ кейде сұлулық жете алмайды,
Адам жанын емдейтін, жылулыққа?
Жоқ ал мен де, осының үшеуі де!
Бақытсыз күн сонда мен кешемін бе?!
Жалғыз қалған шақтарда көз саламын,
Бүгінгіге, ертеңге, кешегіге.
Бай емеспін, бірақ та досқа баймын!
Баю жолын басқаша қоштамаймын!
Өмір берсе құдайым қайта маған,
Өмір жолын оларсыз бастамаймын!
Махаббат жоқ, бірақ та айта аламын,
Ғашықпын деп тағы да қайталаймын,
Жақсы көрем өйткені мен досымның,
Жақсылыққа ұмтылған әр талабын.
Бай да сенсің, егер де досың болса,
Сұлу да сен, түсінер басың болса,
Махаббатта айналып кете алмайды,
Ендеше!
Бақыттымын!
Бақыт деген осы болса!
Апта сайын бірінші қабатта би кеші болады. Бүгінде бәріміз топырлап астына түстік. Нағыз әдемілік жастықта ғой, ешкім сәнденіп, киім іздеп, боянып әуре болмаймыз. Бар болмысымен әдемілік шашып тұрған қайран он сегіз десеңші! Көбісі ауылдан келген, бұрымдары беліне түскен талдырмаш қыздар жарыса билеп, жан-жағымыздағы қызыға қараған жігіттерді тіпті елемейміз де. Бір кезде Шырақтың жанына бір жігіт келіп, екеуі танысып биге араласты. Орта бойлы, қараторы, мөлдіреген көздері "менен асқан жақсы адам көрдің бе?"-деп тұрғандай, "танысып қоялық"-дегендегі даусы ән салып тұрғандай, бір сері жігіт екені көрініп тұр. Қанша сыпайы болса да, әдемі дене бітіміне біткен екі иығы, ашуына тиген кез-келген адамды атып ұруға шамасы келетінін көрсетіп тұрғандай. Сонымен қатар сол денені биде де ұтымды пайдалана алады екен. Келесі биге одан көз алмай риза болып қарап тұрған мені шақырды. Онымен билеген сәттерді ұмыту мүмкін емес, бар ықтиярымен, ішкі жан-дүниеңе үңіле, жаныңды түсіне билейді екен. Сенің қазір қандай қадам жасайтыныңды, алдын-ала білетін адамдай. Екеуміз баяғыдан бірге билеп жүрген адамдай, ырғақты әуенге ілесе бір әдемі билегеніміз сонша, айналадағы қызыға да, қызғана қарап тұрған адамдарды тіпті елемедік те. Қайта бейне бір сахнаға шыққандай жанымызды сала, одан сайын құлшына түстік. Мен әлі ешкіммен олай билеген емеспін. Әр қимылда алға ұмсынған бүкіл денесіне, менің жан-дүнием еріксіз жауап қатып жатты. Әбден алтын торда қамалып өсіп, енді бостандықта еркін самғаған маған, менің мүсініме, сүйсінгеннен гөрі сұқтанған, қызыққаннан гөрі қызғанған толықша денелі Анардың қарап тұрғанын байқамаппын да. Сол күні бұл алғашқы емес, соңғы биімдей құшырлана түстім. Сол кезде есікте кезекшілікте отыратын апайға, түрі қорқынышты бір жігіт жақындап мені көрсетті. Апай басын шайқады. Сол кезде барып бір-ақ тоқтадым. Анау әлгі жатақханада бәрі қорқып айтып жүретін, әлгі Адинана зорламақшы болды деген жігіт емес пе? Аты кім еді, Тасболат, ия Тасболат! Ол ылғи осылай келіп, өзіне ұнайтын қызды алып кетеді деп естуші едім. Жаным шығып кете жаздады. Биімді тастап, қыздардың арасына кіріп кеттім, біткен жерім осы шығар.
Ертесіне сол апайдан:
- Кешегі жігіт мені неге көрсетті-деп сұрап едім.
-Сенімен таныстыр деді-дегені.
-Құдай сақтасын, апай, сіз не дедіңіз?-дедім мен шошып.
-Қорықпа, біз оған қыз бермейміз. Қыз еместер де толып жатыр, соның біреуі өзі ілесіп кетті.
-Қыз, қыз емес екенімізді қайдан білесіздер? Келгенімізге көп болған жоқ қой?
-Ой, біздің білмейтініміз жоқ. Осы жерде отырғанымызға қанша жыл, бізді бекер отыр ғой дейсің бе? Сендер әлі "балмұздақсыңдар ғой" . Бірақ бұзылатын қыздар бірінші күні-ақ белгілі болады. Жігіттер де басы екеу емес, кімге тиісуге болады, кімге болмайтынын біледі, жақсы қыздарды олар да сыйлайды.
-Сенің мамаңның денсаулығы қалай, өткенде ауырып қалып еді ғой?
-Мәссаған! Менің мамамды танисыз ба?
-Жоға!
-Енді қайдан білесіз?
-Е, өткенде мен отырғанда, осы жерде телефонмен сөйлестің ғой?
-Ааа! Сол ма! Мен сізді бәрін біледі екен деп қалсам!
-Мені бір балшы екен деп қалдың ба?-деді мәз болып.
-Ия!-дедім мен күліп. Мамам жақсы. Ішіне бір ота жасауға Алматыға бара жатыр деген соң, бала көтеріп қойып соны туайын десе менен ұялып жүр екен деп ойлап, өзім хабарласып, бала болса қарсы емеспін, қайта туғаның жақсы, ел не десе о десін деп жұбатқаным ғой. Сөйтсем, бала емес екен, ішіне ет өскен, соны кестіріп алдыртып тастау керек екен. Әйтпесе, өсіп кетеді екен ғой.
-Батыл сөйлейтініңе қарағанда, шешең туғанмен, кемпір баққан ғой деймін?
-Сіздің шынымен білмейтініңіз жоқ екен!
Екеуміз тағы бір күліп алдық! Сол кезде терезеге көзім түсті де, айқайлап жібердім;
-Қар жауып жатыр, қар!
-Ойбай не болды сонша айқайлап?
Мен сыртқа атып шықтым. Неге екенін білмеймін, қар жауып тұрған сәтті көрсем балаша қуанып кетемін. Бұл менің сезімдерімді ертегі әлеміне жетектеп кететіндей сезімде боламын. Мүмкін ханзада өзінің Күлбикесін қар жауғанда іздеген шығар. Мүмкін қар жауғаны, жақында жаңа жыл келеді, жаңа қуаныш, жаңа бақыт әкеледі деген аспаннан келген сәлемдеме шығар!? Мүмкін, мен әлі бала шығармын... Мүмкін, бәрі мүмкін... Күнделігім қайда?
Бәрі мүмкін!
Мүмкін менің өмір сүріп жүргенім,
Көңіл демеп, өтірік-шынды күлгенім,
Бекер шығар, жәй уақытты өткізу,
Қай жол дұрыс, оны әзірше білмедім.
Мүмкін мен де түсінбеген шығармын,
Нұрын шашқан күннің қайдан шығарын,
Мүмкін бәрі уақытша боп жүр ме екен,
Жүрек іздеп тапқанынша сыңарын.
Шыныңды айтшы, мүмкін бәрі өзгерер,
Түсінетін шығар сонда өзгелер,
Уақыт өтер тоқтамастан зымырап,
Мүмкін сонда шын күлетін кез келер.
Әлде бұл да алданыш па, алдайтын,
"Сүйретіліп жүре бер"-деп арбайтын,
Мүмкін осы күндер шығар бақытты,
Қатайтатын қанатымды талмайтын.
Мүмкін, мүмкін бұл өмірде бәрі де,
Талай жылап, талай күлем әлі де,
Мүмкін әлі түсінбейтін шығармын,
мына өмірдің сәні менен мәніне.
Сонымен не керек, көзді ашып жұмғанша жаңа-жыл да келіп жетті. Басқа мейрам ішінде осы мейрам мен үшін ерекше еді. Бір жыл ішінде не істегенімді қорытындылап, ұнамаған жері болса келесі жылы оны қайталамауға, жаңа жылда жаңа табыстарға жетуге өзіме-өзім іштей, жыл сайын уәде беретінмін. Жатақханадағы қыздар бәріміз жабылып, менің де туған күнімді қосып тойлап жіберейік деп, бір адамдай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қызу дайындыққа кірісіп кеттік. Олар ет, картоп алып келді. Маған әкпем тұздалған қияр мен тәтті тосаптарын беріп жіберді. Жаңбырлатып базар аралап келе жатсам, алдымнан Жандос шыға келді.
-Мәссаған, көтерген заттарыңа қарағанда той жасайтын сияқтысың ғой!?
Мен бетімді қолшатырмен жаба қойдым.
-Сен неге маған бұртиып жүрсің?
-Сені жаңа жылды бізбен қарсы алғысы келмейді деді ғой?
-Кім айтты? Сендермен қарсы алмағанда, кіммен қарсы аламын?! Мен Шыраққа келемін деп уәде бердім.
-Рас па?!-не қуанарымды, не мұңайарымды білмедім. Демек сен құрбымды таңдаған екенсің ғой! Амал қанша, әйтеуір алысқа кетпей көз алдым да жүреді екенсің ғой. Оған да шүкір...
-Биші қыз! Не ойланып кеттің?
-Аа-а, ештеңе, сенде фотоаппарат бар ма?
-Бар.
-Біз үшін, бір-екі кадр табыла ма?
-Сен үшін бес-алты кадр табылады!
-Ой, жаным сол!-дедім әзіл шыны аралас.Дәл сол кезде өзін бас салып құшақтап бетінен сүйіп алғым келді. Болмайды, ол енді құрбымдыкі, өзімді әрең ұстадым. Үйге келсем қыздар столды жайнатып тастапты, шыны қоятын жер жоқ. Қазанда палау пісіп жатыр, қонақтардың алды келіп жатыр.
-Қағаз майлықтарды алдың ба?-деді Шырақ, менің қолымдағы Шампан мен шырындарды алып жатып.
-Алдым, торт та алдым!
-Жарайсың!
Өзі сондай көңілді.Денесі ірі болғанмен даусы сондай жіңішке, сызылып шығатын. Сопақша келген өңіне, төңкерілген жаңа ай сияқты қасы, бізге қашанда таң қалып тұрғандай көрінетін. Өзі де арамыздағы ең әдемі киімді, аса бір талғаммен киюші еді. Ауқатты жерден шыққанын айқайлап айтпаса да, көрініп тұратын.
-Шырақ?
-Ия?-деді әдемі қасын керіп, өзі бар болмысымен, томпақ денесін шапшаң игере маған бұрылып.
-Жандосты көрдім. Екеуің кездесіп жүрсіңдер ме?
-Ия, ол маған ұнайды, өзі де мені ұнататын сияқты. Жаңа келіп кеткен, киім ауыстырып келемін деп кетті. Айтпақшы сен неге көйлегіңді кимейсің?
-Қайдағы көйлек, мен осылай жүре берем-дедім джинсиімді қаққылап-бәрібір маған ешкім қарамайды.
Әзілдегім келген, бірақ ішім жылап тұрды.
-Олай болмайды, кеттік...
Менің "қайда?" дегеніме қарамай дедектетіп сүйрей жөнелді. Темір төсек астынан киім салған чемоданын алды да, ашып тастап:
-Міне, қалағаныңды ки!-деді. Мен жылап жібердім. Не үшін жылағанымды өзімде білмеймін. Өзімді соншалықты бейшара сезінген емеспін. Шырақтың көйлегіне бола ма, әлде жігітіне бола ма?
-Саған не болды, біреу ренжітті ме? Әлде маған ренжіп тұрсың ба?
-Жо-жоқ, керісінше сендей досым барына қуанып жылап тұрмын?
-Қасқа, мені шошытып жібердің ғой. Болды жылама, әйтпесе көзің ісіп кетеді-деді ол мені құшақтап. "Құрсыншы, жігіт табылар, мұндай досты қайдан табамын"-дедім мен өзімді іштей жұбатып.
Кеш те басталып кетті. Қыздар әдемі киімдерін киіп құлпырып шыға келді. Шырақтың маған берген көйлегі де ешкімдікінен кем емес. Бірақ арамыздағы Фатиманың сұлулығына ешкім жете алмайтын. Ұзын бойлы, қара көзі мөлдіреп, қара шашы иығына төгілген, бидай өңді, қыр мұрынды, күлгенде күріштей тістерін көмкерген ерні де, піскен шиедей көздің жауын алады. Талдырмаш бойына киген, ұзын қара көйлектің белін буған алтын шыншыр белдікті көтере алмай, белі үзіліп кететіндей көрінеді. Өзінің ақылына көркі сай, мінезі де майдай тамаша қыз! Оның қасында толықша келген Анар, әлдеқайда қарапайым, қимылы да томпаңдап қонжыққа ұқсайтын, мен оны еркелетіп "қонжығым" дейтінмін. Десе де дөңгеленген бетіне біткен бота көздері ерекше от шашып тұрушы еді. Сол көздерімен талай жігіттің де, қыздың да обалына қалатынын сол кезде кім білген?! Сол көздерімен ол Жанияны (Жәния ағасының үйінде тұрса да, жатақхана қыздарымен араласып, қасымызда жүретін.) іздеп келген ұзын бойлы, аққұба, арықша келген әдемі жігітті тесіп бара жатқанын менен басқа ешкім байқамады. Мүмкін ол, осындай сұлу жігіт неге, бір қарағанда елеусіз көрінетін Жанияға неге қызықты екен деп ойлаған шығар. Жания шынында да, сұлу қыздар қатарына жатпайтын. Күлгенде де түзу орналаса қоймаған тістері өңін бұзып тұратын. Кішкентай көздері сығырайған, табиғатынан бұйра әрі селдір шашын қысқалып кесіп тастаған, орта бойлы арықша келген сары қыз еді. Бірақ бұл қыздың тәрбиелі жанұядан шыққаны көрініп тұратын. Сөз сөйлегені мен жүріп тұрғаны ақсүйектерге ұқсайтын. Бұл қыз сезімге беріліп, жүректі тыңдайтын қыздан гөрі, ашуын ақылға жеңдіріп, артын ойлап, ақырын жүріп анық басатын қызға ұқсайтын. Ал өзі де ,шашы да сап-сары Маржан өзінің мықтылығымен, (ол өз тобының көшбасшысы,) өз тобының бес-алты жігітін ертіп келіпті. Бәрі шетінен костюм-шалбар киген, бір-бір мекеменің бастығы сияқты маңғаз, сүйкімді жігіттер екен. Ішінде Атыраулық Асқар , беті безеу, көзі сығырайған болса да, денелі тап бір нардай, қарамасыңа қоймайтын көзге көрінетін жігіт екен.
-Арасындағы Қайраты менікі, қалғанын таратып алыңдар-деп қояды Маржан қалжыңдап-Асқар мұнайшының баласы, Әділ атақты спортсмен, Дәулет "просто красавчик". Бәріміз танысып, тамаққа тойып алғаннан кейін, ортаға биге шықтық. Жігіт атаулы Фатимадан көз алмады, Анар оның қасынан шықпады. Сосын бәріміз жақын жерде орналасқан орталық алаңға барып, мерекелік от шашуды тамашаладық. Қандай керемет, мен от шашуды алғаш көруім. Ауылда мұндай жоқ қой, ал өз көзіңмен көрген сондай керемет екен! Жан-жағыма қарасам, бәрі қос-қостан, Жания-Әнуар, Шырақ-Жандос, Фатима-Асқар, Анар-Әділ, Маржан-Қайрат, Жамал-Дәулет, мен ғана жалғыз тамашалап тұр екенмін...
Ертесіне елден бұрын тұрып, күнделігімді қолыма алдым.
"Арман" кемесі.
Кеше бір ерекше күн болған,
Жылуын сепкен жаныма.
Бір сәтке гүлдеп бұл жалған,
Келсе екен сол күн тағы да.
Көңілде жақсы ән қалған,
Жырлаймын бүгін сағына.
Соншалық ол не-демегің?!
Жанады үміт от лаулап,
Ішінде "Арман" кеменің,
Келеді әне қол бұлғап,
Жоқ, оян,оян алданба,
Өмірің өтіп кетпесін,
Отырма босқа армандап.
Қиялың шегіне жеткен соң,
Ұмытсай оны қайтесің.
Уақытты босқа өткізіп,
Тізгіні қолдан кеткен соң.
Арманың жақсы келісем,
Ешкімнің жоқ ойында,
Ұнатып едің оны сен,
Шының ба әлде, ойын ба,
Сезді ме, соны білмедің,
Сүйді ме сені, оны да,
Ашылып кеше күлмедің,
Күлкісі батып жаныңа,
Кеше ғана бақытты,
Болып едің неге сен,
Бүгінгі күнгі уақытты,
Өткізгің келді налумен.
Ол сені кеше-ақ ұмытқан,
Қайғырғаның жарамайды.
"Достарың"-мұны сезбесін,
Түсінбейді олар табалайды.
Осыны жазып отырып қасымма келген Маржанды байқамай қалыппын. Күнделікті жаба қойдым.
-Жандосқа ғашық болып қалдың ба?
-Қалай білдің?!
-Кеше көз алмадың ғой
-Ұят-ай! Ешкімге айтпашы жарай ма?
-Жарайды, уайымдама.-ол мені тап бір анам сияқты келіп құшақтап басымды бауырына басты. Мені анам да бұлай жұбатпаушы еді. Тек апам ғана, қайран апам, жұмақта отырған шығар, рахаттанып... Мына жақта немересі сағынып жүргенін білеме екен? Маржанның құшағы тап бір апамның құшағындай, жып-жылы, өзі жап-жас болса да аналық иіс шығатын сияқты. Мүмкін бұл иістің аты мейірім шығар. Анасынан жастай жетім қалған Маржан, артындағы бауырларын осылай жұбатқан болар. Әкесінің алып келген өгей шешесін, сыйлап" мама"- деп атаған осы қыздың бойындағы кешірім мен мейірім ешқашан таусылмайтын сияқты.
-Әкпеңе барып келгің келмей ме, жаңа жылымен құттықтап кел!
-Қойшы, ол мені сағынып отыр дейсің бе? Өз есебі түгел, өмір сүріп жатқан шығар!? Ол мені жақсы көрмейді.
-Сен оны кешір, ол саған қиын кезде көмектесті ғой, біраз уақыт бір нанды бөліп жедіңдер...
-Жарайды, данақыз! Барсам барып келейін...
Әкпемнің үйіне барып едім,қайғырып отыр екен. Жанына жақын адамы өткен айда бір істі болып сотталып кетіпті. Әкпем шын жақсы көрсе керек, оны уайымдап жүдеп кетіпті. Ол кеткелі жуынбаған ба, әйтеуір үстінен жаман иіс шығады. Қызы өз бетімен кеткен, сабағын оқымай, бір жаман топқа қосылып қаңғырып жүрсе керек. Әкпем алтындарын сатып, арақ ішіп, үй ішіне мүлдем қарамай кетіпті. Енді не істеймін, базарға қайта шықсам, дұшпаным күліп, досым табалайтын болды деп жылай береді. Мен ең бірінші "үй жинайық" дедім.Екі білегімді сыбанып, кілемдерді далаға шығарып, қарға шаңын қағып, кірлерді жуып далаға жайып тастадым. Сол кезде үй жинап жүріп бір қалың қара кітап тауып алдым. Сыртында "Черная магия"-деп тұрды. ішін ашып қарап едім, қорқынышты екен жаба салдым.Тағы бір сөзін оқып қойып құрбақаға айналып кетермін, тұқымы құрсын! Үйдің ішін желдетіп, көл-көсір қоқыстан тазаладым. Сосын ваннаны жылы суға толтырып, әкпемді қарсыласқанына қарамай, сүйреп апарып, үстіндегі киімімен суға тастадым. Жылап отырып шомылып отырған оған, кірін де жуғызып қойдым. Өзім ас үйге дастархан жасадым. Тамақ ішіп отырып, әңгімелестік.
-Ең болмаса, жалғыз Майгүл қызыңыз үшін есіңізді жинаңыз. Әйтпесе ол да сіздің тағдырыңызды қайталап қиналады ғой. Сабағын тастап кетіпті, мектептен шығарып жіберсе ертең күнін қалай көреді. Наркоман болып кетсе, не істейсіз?!-деп едім ол шошып кетті.
-Сіз талай қиындықты бастан кешіріпсіз, бұны да көтересіз. Азаматыңыз бір күні ақталып шығар. Қызыңыз үшін өмір сүріңіз. Оны жалғыз тастап кетсеңіз, әркімге бір жем болады ғой.
-Сен қарайсың ғой!
-Мені тыңдамайды ғой, ол. Оған сіз ғана қарай аласыз... Бізге екі апта демалыс берді. Сіз қайтадан саудаға шығыңыз. Қаласаңыз қасыңызда болайын. Сізге сөйлегендерге өзім жауап беремін. Ол күліп:
-Сонда не дейсің?
-Күлгеннің басына келсін деймін. Сонда бәрі қорыққанынан сөйлемейтін болады.
-Шынымен қорқынышты екен...
-Базарда бәрі сізді жек көрген жоқ қой. Достарыңыз да бар ғой!
-Бар!-деді ол көңілденіп.
-Солардың жанына барыңыз. Бәрін қайтадан бастаңыз. Сіздің қолыңыздан келеді.
-Рахмет!
-Жалғыз қайғырмаңыз. "Ауруын жасырған-өледі"-деп қазақ айтқан. Сізге де оңай емес екенін қызыңызға айтыңыз, сонда ол да сізді түсінетін болады. Мен жаныңызда біраз болайын, жарай ма?!
Ол тағы да жылап жіберді. Ертесіне тұрып базарға кеттік. Тағы да картоп алып сатуға қойдық.
-Картоп алыңыздар, картоп!-деп қоямын мен, әкпемнің көңілін көтергім келіп. Бір кісі жақындап келіп;
-Үсімеген бе?-деді
-Жоға, таңертең ғана қоймадан шықты. Қанша салайын?
-Таразыңыз тура ма?
-Тұп-тура, сіздің алдыңызда өмірі өтірік айтпайтын адам тұр, тіпті өз пайдам үшін де өтірік айтқан емеспін.
-Ондай саудагер болушы ма еді?!
-Болады, менің көзіме қараңызшы, тек қана шындық тұнып тұр.
-Маралсың ба?
-Алма апай, сіз бе?
-Сен неге картоп сатып жүрсің, сен жақсы оқымап па едің?
-Мен студентпін, мұнда жәй әкпеме көмектесіп тұрмын.
-Бәсе, әйтпесе сен базарда картоп сатсаң, басқалары не істейді.
Ол картоп алып кетті. Әкпем:
-Ол кім?-деді.
-Ауылдағы орыс тілінің мұғалімі.
-Не деп кетті?
-Келеке етіп кетті
-Басыңа келсін демедің бе?
-Тұқымы құрсын!
Екеуміз әбден күлдік.
-Ол өзі кезінде біздің бір мұғаліммен әуей болып, екеуі кинодағыдай қалаға қашып кеткен. Кейін ағай ауылға қайтып келді, әйелі оны кешіріп, қайта қосылды.
-Кім ол, мен танимын ба?
-Серік ағай, математик.
-Есімде жоқ.
-Негізі ол ағылшын тілінің мұғалімімен жүретін. Біз сабақ болғанда осы ағай келсе екен деп тілеп отыратынбыз. Осы ағай келсе апай екеуі ішкі бөлмеге кіріп кетіп, "шәй ішетін". Бізге рахат болушы еді. Сөйтіп ағылшын оқымайтынбыз.
-Оның әйелі ше?
-О, ол кісі қазақ тілінен сабақ беретін. Сондай жақсы кісі. Кейбіреулер сияқты, мұғалім екенмін деп, қызметін пайдаланып, тақтаға шығарып қойып оқушыларды тәрбиелемейтін. Бәрімізді үлкен кісідей сыйлайтын. Өзі де ортасына сыйлы, керемет кісі. Алтын апайдың қадірін білмейтін, Серік ағай ғана, көзіне талай шөп салды ғой. Сонда мен түсінбейтінмін, сол апай осы бойы қортық, мұрны қисық, қап-қара Серік ағайдың қай жерін ұнатып тұрмысқа шықты деп ойлайтынмын. Алтын апай болса бойы ұзын, қаракөз, қара шашты қазақтың сұлу қыздарының бірі ғой!
-Любовь зла, полюбишь и козла!-деген орыстарда мақал бар.
-Орекең дәл айтқан екен!-деп екеуміз тағы да базарды басымызға көтере күліп алдық.
Жатаққанаға жақындаған сайын ойымда тек бір-ақ нәрсе болды. Жандосты көрсем. Көрдім де. Жатақхана алдында қатқан мұзға бәрі жабылып сырғанақ теуіп жүр екен. Мен сырттан біраз бақылап қарап тұрдым. Бір кезде ол мені байқап қойды да:
-Қазір мен сені шомылдырамын-деп қарды уыстап алып тұра қуды.
-Жо-жоқ, Шырақ мына бұқаңды шақыр, жібін үзіп кетіпті-деп қаша жөнелдім.
-А-а, солай ма?! Мен саған қазір бұқаның қандай болатынын көрсетемін.
Ол мені қуып жетіп, қарға көме бастады. Қыздар мәз!Ақыры не керек кешке дейін сырғанап, жалғыз етігімді жыртып алдым. Жыртық етігімді сүйретіп, көрші жатақханаға келдім. Мұнда інім Марат бөлме алған, өзі оқуға түскен, көрші корпуста оқиды, заңгер. Жанында Теңіз атты досы бар екен, бірақ ол аулына кеткен екен. Мен етігімді Маратқа бердім де, оның төсегіне қисая кеттім. Інім бізін алып етік тігуге кірісті, әкемізден үйренген, ол да бәрін жамап беруге шебер еді. Әйтеуір жаңасын алмаса болды, барымен базар, қанағат деп өмір сүретін, бізді де соған үйрететін.
-Жек көремін...-дедім бір кезде кеудем ызаға толып.
-Кімді?
-Жоқшылықты, қашан жариды екенбіз...
-Байларда жылайды...
-Неге біз ел аман, жұрт тынышта, жоқшылықта өмір сүруіміз керек. Неге менің пальтом ескі, етігім жыртық. Неге біз ата-ананың айтқанымен өмір сүруіміз керек. Неге менің жігітпен дос болуыма болмайды? Неге мен театр әртісі болмауым керек? Неге? Ол менің арманым ғой! Олар тіпті ол туралы естігісі де келмеді. Неге мен олар таңдаған жерде оқуым керек, неге олар таңдаған мамандықты алуым керек, неге? Түсінбеймін? Неге солар риза болсыншы деп өмір сүруім керек? Неге бізге еркін армандауды емес, қорқып бағынуды ғана үйреткен. Тек өздеріне жақсы болса болды, біз адам емеспіз бе?!
-Ол өткеннің еншісінде, оны езгілегенше, сабақ ал. Сен бала тәрбиелегенде осыны қайталама. Мен де жақсы оқыдым, бұйырса қорғаушы боламын, ал сен үлкен өндірісте тоқымашы боласың!
Менің даусым дірілдемей анық шыққандықтан, ол менің көздерімді күйдіре, кірпіктерімді итере, бірін-бірі қуалай ағып жатқан көз жасымды, басын көтеріп енді ғана байқады. "Жынды, неменеге жылап жатырсың?"-деудің орнына:
-Жылама, шыдау керек! Сен қайта оқуға түстің, өмірі ауылдан аттап шықпай, от басы, ошақ қасында өмірі өтетін қыздар да бар ғой! Сен ертең Алматыға жұмысқа тұрасың, қалаған затыңды аласың. Құдай қаласа, жақсы адамды кездестіріп бақытты боласың!-деп жұбатты мені бауырым.
Мен бөлмеме қайтып келдім. Қолыма өзім жақсы көретін Мақатаевтың кітабын алып, өлеңін оқыдым.
Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы,
Үміттің құлан иек, құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады...
...Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір-өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге.
Ақынның өлең жолдары мені жұбатып, көңіліме қанат біткендей күш бітті. Жаныма серік болған кітапты, жастығымның астына тығып қойдым.
Бүгін Жанияның туған күні. Біраздан кейін Фатима келді. Көңілімді көзімнен көргендей, маған мынаны ки, шашыңды былай істе деп, жаны қалмай жатты. Жатақхана деген қандай жақсы. Достарың қашанда қол созым жерде, көмекке шақыртпай келеді. Жылағанымды Маржан да байқады. Себебін сұрап еді, айтқым келмегенін көріп қазбаламады. Тек шығарда Анар мен Фатимаға бермей қойған, француз иіссуын маған сеуіп берді. Оған оны досы Асқар сыйлапты. Сонымен не керек шулап жүріп, сегіз болып шықтық-ау әйтеуір. Екіге бөлініп такси ұстадық. Шырақ, Жандос, Жамал, Даулет арғы бетте, мен, Анар, Фатима, Маржан бергі бетте. Арғы бетке такси бірінші тоқтады. Жандос машинаның бер жағынан мініп жатты.
-Томпаңдап сыймай жүрсің бе?-дегеніме
-Машинаны мен айдап барамын-деп бізге қол бұлғады да, отырып кете барды. Такси жүргізушісінің бұл жомарттығына біз аң-таң болып қала бердік. Сөйтсек, Маржан екеуміз бұл шетелдік машинаның ролі ар жағында екенін білмеппіз де, қараңғы да аңғармаппыз да. Жандос таксиді өзі айдап келді деп елді шулатып жүрміз. Бізді таксиге кеш мінсек те, олардан бірінші жетттік. Түсіп кіре бергеніміз сол еді Жандостар да келді. Бәріміз бірге кіріп, олар жолдан Асқар, Қайрат, Әділді көргендерін айтты. Олар торт пен гүл алып жатыр екен дегенше оларда кіріп келді. Жания "сендер не бір автобус жалдап келдіңдер ме!?"- деп мәз. Туған күн басталып кетті. Жәнияның ағасы қала шетіндегі зәулім үйдің бірінде тұрады екен. Іші жиһазға толы. Мен бұрын мұндай үйдің ішіне кіріп көрмегенмін. Бірақ неге екенін қайдам, басқа қыздар сияқты, осындай үйім болса екен деп қызықпадым, мүмкін мен ол үйді басқаша салар ма едім. Мүмкін жиһаздың басқасын алар ма едім, мүмкін бөлмесін де, жиһазын да азайтар ма едім. Ең бірінші менің басыма келген ой, мына үйді жинауға қанша уақыт пен күш кетер екен деп ойладым. Басы артық бөлмелердің керегі қанша деп ойладым. Қайран Тоқтасынның қызы-ай, армандасаңда үнемдеп жүресің! Туған күн қызықты өтті. Асаба мен, сөз кезегін өлеңдетіп беремін.
Тостар-достар...
-Ал енді сөз кезегі
шақырсаң тойдан қалмайтын,
шақырмасаң бармайтын,
өзі болып тиіспейді,
тисең аянып қалмайтын
Шырақ пен Жандосқа беріледі.
-Ой, бәрекелді!
-Сөз кезегі ақ жанда,
Жақсы мінез сол жанда,
Айтсын бізге ақылын,
Сөйлесінші Маржан да!
-Уууу!!! Шапалақ!
-Екеуі де үндемейді,
Сөз бермесең күндемейді,
Жамал менен Дәулетті,
Жөндеп тыңда, "кім"-демей!
-Ой, мынауың суырып салма ақын екен ғой!..
-Сөз кезегі сұлуда,
Табылады жылуда,
Сұлуда ақыл жоқ демей,
Тыңдайықшы мұныда,
Сөйле құрбым Фатима!
-Мынауың ағып тұр ғой!..
Бір жағынан жұмбақ қыз,
Бір жағынан бәрі анық,
Бір жағынан аңқау ма?
Бір жағынан даналық?
Таба алмадым жауабын,
Түсінбедім қалауын,
Мүмкін бүгін ашылар,
Кезек сенде, Анарым!
-Па, шіркін! Марал өзің жай қыз емес, ақын қыз екенсің ғой! Бері қарашы түріңе жөндеп қарап алайық!
Осылай улап-шулап уақыт өтіп жатты. Жәнияның аға-жеңгесі, жастар қысылмасын деп қонаққа кетіп қалған. Қой дейтін көрші жоқ, шарапқа тойып алып, таң атқанша биледік. Менде сол күні алғаш рет ашты судың дәмін көрдім. Жігіттер мас болса да, өздерін жақсы ұстады. Ешқандай төбелес те, ерегес те болған жоқ. Оқыған адамдар деп соларды айт, қыз сыйлаудың шеберлері. Қыздар да сыйлауға лайық қыздар едік! Жандос мені биге шақырды. Ала көлеңкені пайдаланып ол мені өзіне тартты. Төмен сырғи берген қолын, жоғары көтеріп қойдым.
-Тұра берсінші...
-Болмайды, ар жағы "гололед"-деп едім, риза болып әбден күлді.
Сосын ол Фатимамен биледі. Біз Жамал екеуміз, Фатиманың: "Болмайды, достардың арасында ондай болмайды"-дегенін анық естідік. Жамал екеуміз жағдай ушығып кетпей тұрып бұны тоқтату керек екенін сездік те, "не істейміз"-дегендей бір-бірімізге қарадық та, биге араластық. Жамал айналып келіп, бар екпінімен Жандосты қағып жіберді де, Фатиманы шыр айналдырып билеп кетті. Екпінімен барып қабырғаға соғылған Жандостың есін жиғызбай мен биге алып кеттім. Екеуін оңай ажыратып Жамал екеуміз, Шыраққа айтпай-ақ қояйық деп келістік. Ол оны онсызда Фатимадан қатты қызғанып жүр. Маған, менен неге қызғанбайды екен деген ой келді. Мен онша сұлу емеспін ғой, содан кейін Жандоста қызықпайды деп ойлайтын шығар. Жандос маған қайдан қызықсын, Шырақтың өзі де әдемі, киімі де, жалт-жұлт еткен алтын әшекейлерінің өзі көздің жауын алардай! Ал менде соның біреуіде жоқ, кедейдің қызын кім алсын. Үстіңдегі жұпыны киім сұрыңды қашырып, жапырағы қурап қалған ағаштай, көріксіз ғой! Таңға жуық бәріміз шаршадық та, әркім отырған жерінде ұйқыға кете бастады.
-Ары отыршы-деп Жандос жаныма отырғысы келіп. Мен жанымдағы бос орындыққа ауыстым. Ол ақырын қолын арқама қоя берді де:
-Ой ыстық қой-деп тартып алды. Қолы қайнап тұрған үй жылтатын құбырға тиіп кетіпті. Содан кейін бірнәрсені бықсыта бастады.
-Осы кез ыңғайлы, Шырақ мас болып ұйықтап қалды.
Мен жан-жағыма қарасам, бәрі өзімен-өзі, Шырақ ұйықтап жатыр, көрші креслода Қайрат, оның алдында Анар ұйықтап жатыр.Онымен не айтпақшысың дегендей оның бетіне қарадым. Ол креслоға шалқайып жайғасып жатты да, алдыма кел дегендей бір қолымен санын қағып қойды. Бір сәтке мен оның мазақ қылып отырғанына ашуым келді де, сосын сабама түстім.
-Сен Шырақты жақсы көресің бе?-Ол күлді.
-Жарайды, ең болмаса сыйламайсың ба?
-Сыйламайды деп кім айтты-тіпті ашуланып қалғандай.
-Сыйласаң бұлай істемес едің?!
-Мен не істеп қойыппын?
-Түсінбедің бе?
-Мен сенің ойыңның осынша келте екенін білмеппін.
-Мен туралы солай ойлайсың ба?
-Мен туралы не ойлайсың?
-Ақылың бар қызсың!
Бәрі түсінікті. Егерде жігіт сен туралы осылай десе, онда сен жігіт қызығатындай тартымды емессің. Ол сені ренжітпеу үшін осылай мақтап жатыр. Қазір ол мұның бәрі қалжың ғой дейді. Сосын дым болмағандай, басқалармен қалжыңдасып жүре береді.
Ертесіне бәріміз сабаққа бардық. Бір-бірімізге "сөйлеме, апай мас болып қалар"-деп күлеміз. Сосын бәріміз староста Алтынға жабыстық.
-Алтын біз сабақ оқымадық, бізді бүгін құтқарып қалшы, әйтпесе, Сарыкулова бізді қырады.
-Ақысына не бересіңдер?
-Қалаған қыздың жігітін ал!
-Жігіт керегі жоқ.
-Енді не қалайсың?
-Сенбі күні жатақханаға қонақ қылып, би кешін ұйымдастырасыңдар.
-Болды, билеп жүрмін деп ойлай бер!
-Ал, апай келе жатыр.
Апай қашанда сергек, өз мамандығы өзіне ұнайтын, бақытты жандардың бірі еді. Бірақ өте қатал етін. Ол аудиторияға күліп кірді:
-Осы топты ерекше жақсы көремін. Осы топқа өңкей оқитын қыздар жиналған. Қане бүгін кім бастайды.
-Апай мен айтсам бола ма?-Алтын қолын көтерді.
-Баста!-Алтын орнынан тұрып бір тақырыпты айтып шықты.
-Жарайсың, отыр, бес!
-Апай менің сұрағым бар?
-Айта ғой.
-Осы біздің өндірісте экономиканың атқаратын ролі қандай?
-Қалай қандай! Әрине өте зор!-Сосын апай орнынан тұрып өз мамандағының қаншалықты қажет екенін түсіндіруге кірісіп кетті. Біз аузымызды ашып, ол ұзағырақ сөйлесе екен деп қызыққанымызды көрсетіп отырмыз. Арасында сұрақ та қойып қоямыз. Бір уақытта лекция бітті.
-Ал енді сендер айтыңдаршы, осынша есеп не үшін керек?
-Жұмысшылардың айлығын есептеу үшін бе?-деді Алтын.
-Жоқ!
-Пайданы есептеу үшін бе?-деді Жәния.
-Жоқ!
-Пайданы көбейту үшін бе?-деді Жамал.
-Жоқ!
-Біздің басымызды қатыру үшін!-деп қойып қалды Шырақ. Ду күлкі!
-Баймағанбетова!-апай қабағын түйді.
-Жоқ, әлде, өнімнің өзіндік құнын анықтау үшін бе?-дедім мен.
-Әрине,-апайдың жүзі бал-бұл жанды- Маралға мен бес қоямын. Бүкіл топ білмеген сұраққа жауап бергені үшін!
-О-о-о!
Осы кезде көптен күткен қоңырау да шырылдады-ау, әйтеуір!
Бәріміз сабақтан көңілді шықтық. Маған бәрі:
-Бесіңді жу, бас жазайық!-деп қояды.
-Қалай дұрыс жауабын тауып айттың?-деп таңқалды Анар.
-Мен негізі туғанда ақылды болып туғанмын!
-Па, шіркін! Кеттік онда сол ақыл таусылмай тұрғанда барып лаборатория тапсырып келейік.
-Қойшы бүгінше дем алайық, шаршадық.
-Ағай бүгін соңғы күн, ертең қабылдамаймын деген.
-Туу, Алтын сенде жүрсеңші?
-Мен тапсырып қойғанмын.
-Туу, жарайды кеттік - біз Анар екеуміз химия кафедрасына кеттік те, қалғаны тарап кетті. Екі сағаттан соң бөлмеде болдық.
-Не болды, тапсырдыңдар ма?
-Ия!
-Қалай?-дейді Фатима.
-Солай, химиялық реакция, біздің аузымыздан шыққан "реакцияға" төтеп бере алмай, суымыз-у, уымыз -бу болды!-деймін мен. Қыздар ішегі қатқанша күлді.
-Қыздар мен інімнің жағдайын біліп келейін. Бізде күнде той, ол аштан бұратылып жатқан шығар.
-Тоқта, тамақ ала кет-деп Шырақ аулынан келген консервіленген ет пен, тәтті-пәтті беріп жатты.
-Рахмет, жаным!
Марат жанындағы жолдасы екеуі бір жаққа жиналып жатыр екен. Мен бір кілтті алып қалып, бөлмелерін жинап, кірлерін жуып, терезедегі керілген жіпке жайып қойдым. Енді тамақ істейін деп жатыр едім, Фатима іздеп келді.
-Не болды?
-Жүрші, біз Анар екеуміз бір жерге баратын едік. Маржан жылап жатыр... Неге екенін айтпайды, жалғыз тастап кетпейік деп сені іздеп келдік.
-Жарайды, бір минут. Маратқа хат тастап кетейін.
Марат,
Кірді жинап ал, кепкен соң,
Желге ұшып кетпесін,
Тамақ істеп ішерсің,
Әкпең осылай кеткен соң.
Есікті ашық тастама,
Сеніп қалма басқаға,
Жағдай осылай боп қалды,
"Не болды?"-деп саспағың.
Бір жапырақ қағазға асығыс осылай жаза салдым да, Фатимамен өз жатақханама қайттым. Біз Шырақ, Жамал үшеуміз, ал Маржан, Анар мен Фатимамен тұратын. Біз бөлмеге кіргенде, бөлмеде Әнуар отыр екен. Екеуміз жәй сәлемдестік те, ол Фатимамен сүйісіп амандасты. Оны көріп Фатиманың көзі жайнап шыға келді. Мен олардың арасындағы бір-біріне деген көзқарастың астында, достықтан бөлек сезімді анық байқап қалдым. Бірақ мән бермедім.
-Сен қайдан жүрсің?
-Жәй, өтіп бара жатып, амандаса салайын деп...
-Жарайды, аман бол. Жәния ағасының үйінде ғой.
-Ия-ия білемін! Мен кетейін...
-Біз де шығайық деп жатырмыз, бірге шығайық. Фатима кеттік-деп Анар Әнуарды қолтықтап үшеуі шығып кетті.
-Бұлар қайда кетті?
-Білмеймін, шаруам жоқ-деді Маржан ашуланып.
-Саған не болды?
-Ештеңе.
Мен оның қасына отырдым.
- Сен Анарға ренжіп жатырсың ба?
-Сен бірнәрсе білесің бе?
-Нені айтасың?
-Ол кеше мас болып Қайратпен сүйісіп қойғанын айтып менен кешірім сұрады.
-Ұятсыз, басқа сүйісетін адам таппапты ма? Тура сенің жігітіңе тиіскені несі? Мен оған Әділ ұнап жүр екен десем?!-ашудан орнымнан атып тұрдым.
-Оған Әділ ұнайды, бірақ Әділ оған қарамай қойыпты. Соған қайғырып арақты көп ішіп қойып мас болып қалыпты...
-Соған сендің бе? Ол әдейі істеген ғой. Саған келіп айтып сүйінші сұрағаны ма сонда? Сенің жүрегіңді ауыртып... Мен оны осыдан келсін, быт-шытын шығарамын...
-Керегі жоқ, мен оны кешірдім...
-Сенің есің дұрыс емес! Ондайды кешіруге болмайды! Мүлдем! Бұл деген сатқындық қой!Ол сенің құрбың, Қайратты сенің жақсы көретініңді біледі!Қалайша дәті барды, оңбаған, сатқын...
-Ашуланба, мен оған ешкімге айтпаймын деп уәде бердім.
-Қарашы, уәде де алуды ұмытпапты-мен теріме сыймай кеткендей болдым.
Осыдан кейін Анарға деген көзқарасым өзгере бастады. Ол не істеседе, не айтсада маған жақпады. Ол да өз кінәсін білгендей үндемей жүре берді. Мүмкін ол өзін кінәлі сезінбеген де шығар. Әйтеуір осы қыздың мен білмейтін сырлары көп еді. Ішінде не жатқанын ашылып айта бермейтін. Көбінесе үндемей құтылатын. Тіпті біреулер өзі туралы бір әңгіме айтқанын естісе де, жоқ ол олай емес, былай болды деп ақталуға асықпайтын. Аралдан келген томпақ қыз, алғашында құбырдан ертелі-кеш ағып тұрған таза суға қатты қызығатын. Жуынған сайын рахаттанып, "бізде су тапшы, үйдегілерді Таразға көшіріп әкелсем ғой, керемет жер!"- деп армандаушы еді. Өзі де соңғы кезде іші тартылып, баршылық кеудесі одан сайын айқындала түсіп, өңі ағарып тартымды болып келе жатты. Арамыздағы ең әдемі қызға жақын болып, кейде соның қылықтарына еліктейтін.Ешкімнің сөзін елемей, өз бетімен жүре беретін. Не деген шыдамдылық, жоқ әлде бұл басқалардың өміріне деген немқұрайлық па? Мен болсам біреуді біреу ренжітіп жатқанын көрсем, қарап отыра алмаймын. Міндетті түрде оған араласып, кім болса да әлсіздерді жақтап, әділдік орнатқым келіп тұрады. Маған адвокат болу керек еді. Бұрынғы заман болған да, аузына ел қараған бір би болатын едім-ау, шіркін! Кейде менің осы мінезімді кейбіреулер өз пайдасы үшін пайдаланып, таяқтың бір ұшы маған да тиіп жататын. Келесі апта бәрімізді Алтын туған күніне шақырды. Жоқ бұлай болмайды. Топтағы отыз қыз осылай туған күн тойлай берсе, оның бәріне бара берсек не болады.
-Болды мен ешқайда бармаймын. Сабақ оқимын, сендермен жүре берсем, алхаш болып кетермін-деп мен ат-тонымды ала қаштым.
-Сенсіз қызық болмайды-дейді қыздар.
-Айттым бітті, "псо"-деп отырып алдым.
-Старостомен дос болу керек-деді Анар-ертең керек болады.
-Қорықпа, менде бәрі бес-дедім оған жынданып. Оған киіп баратын көйлегім де жоқ, қашанғы қыздардың киімін киемін, ұят емес пе? Оның үстіне бір жұмыс тауып алайын деп едім, студентақы жетпейді. Жанымыздағы ауруханада бір мезгіл еден жусам ба екен? Маратта қарауылдық жұмыс істеп жүр еді не болды екен, барып біліп келейін. Ауылдан келген еттің жартысын алып келсем, Марат пен Теңіз бір жаққа кетейін деп жиналып жатыр екен.
-Қайда барасың?
-Теңіздің келіншегі босануға кетті. Соған шұғыл ақша керек, бүгін түнімен вагоннан көмір түсіреміз деп келістік.
-Ауылдағыларға хабар бермейсіңдер ме?
-Ауылдағылар бізді баяғыда-ақ қуып жіберген.-деді Теңіз ыңғайсызданып.
-Неге?
-Екеуміздің еліміз бір екен. Содан менің шешем қарсы болып, осы уақытқа дейін көнбей отыр. Негізі ол сылтау ғана, өзі басқа біреулермен құда болғысы келген екен.
-Құдай-ай, енді болар іс-болды, бояуы сіңді емес па? Мүмкін немересін көріп жібір?!
-Сен ол кісіні білмейсің ғой, жібімеуі де мүмкін-деді Теңіз-маған зорлап бір дөкейдің қызын алып бермекші... Мен Маралымды жақсы көремін... Оның аты да Марал!
-Сормаңдай Марал, ақыры баласын құшақтап тағы бір қазақтың қызы жалғыз қалатын болды ғой... Жарайды, жақсы. Өздеріңе абай болыңдар, белдеріңді байқаңдар, терлеп суық су ішіп ауырып қалмаңдар. Менде халат тігемін деп ауылдан алып келген маталар бар, содан жөргектер тігіп беріп жіберемін... Балаға бас киім мен шұлық тоқып бере аламын...
-Саған көп рахмет! Маратқа әуре болма, өзім-ақ барайын дегенмін, ол қоймады.
-Сендер дос емессіңдер ме? Нағыз дос қиын кезде тастап кетпей, жаныңнан табылады.
-Біз кеттік!
-Жолдарың болсын, жігіттер!
Өзім тамақ істеп, бөлме жинауға кірістім. Осы кезде есік қағылды, ашсам Маржан мен Асқар тұр.
-Сендер мұнда не істеп жүрсіңдер?-мен таңқалдым.
-Асқарға сен жалғыз қалды деп едім, такси ұстап мені сүйреп жетіп келді.
-Мәссаған! Рас па, сен мені иституттан көргенде амандаспаушы да едің ғой, енді неге жақсы көріп қалдың?
-Қашан?
-Қашанда кездесе қалсақ, тап бір нар сияқты, ұзын бойыңды одан сайын керіп, қағып өтесің ғой!?
-Рас па, мен көрмей қалғанмын ғой, әйтпесе міндетті түрде сәлемдесетін едім.
-Көзің қайда?
-А-а, мен жақыннан нашар көремін, көзілдірікті кигім келмейді.
-Неге, саған жарасар еді, одан сайын тартымды болар едің...
-Рас па? Онда киіп алайын.
Ол төс қалтасынан көзілдірікті алып, көзіне тақты. Сосын орнынан көтеріліп, маған жақын келді де:
-Өзімнің тартымдылығымды пайдаланып, сіздің бүгінгі кещті менімен өткізуіңізді сұраймын-деді менің көзіме қарап.
-Сөз тапқанға қолқа жоқ!-деп Маржан мәз.
-Басқа пәле тілден деген осы...-біз де бір күліп алдық.
-Кеттік, жинал. Мен саған көйлек ала шықтым, сонда ауыстырасың.
-Бір минут, Маратқа хат жазып кетейін.
Ал, Марат, әкпең кетті тағы да,
Ертең күткің сағына,
Тамақ жылтып ішерсің,
Налыма әкпең жоғына.
Етті жая саларсың,
Ертең үйде боларсың.
Сабағыңды қайтала,
Содан пайда табарсың.
Біз барсақ қыздар әлі жинала қоймапты. Алтынның құда балаларымен танысып болған соң, мен қызық болсын деп орамал жамылып, бір құда баланы қолтықтап отыра қалдым. Жаныма Дәулет пен Жамалды отырғызып қойдым.
-Келгендерге "аяқ астынан келін түсірдік" деп айтыңдар.
-Жарайды...-деп олар да мәз.
Бір кезде Анарлар бастаған жатақхана қыздары келді. Келін түсірдік дегенді естіп шошып кетті. Бетімді ашып көрейін десе, Дәулет олардың қолдарын қағып тастап, көрсетпей отырды. Содан кейін домбырамен "сәлем салып, бетімді ашып" көрсеткенде, мені көріп қалжың екенін түсінген қыздар әбден күлді. Менің келгенімді көріп, Шырақ таңқалғанынан қуанғаны басым болып шыңғырып жіберген ол, келіп мені құшақтай алды. Сөйтіп құдабала Қамбардың "келіншегі" болып шыға келдім. Ол да айналшықтап менің жанымнан шықпады. Одан мені Асқар әрең дегенде бір биге сұрап алды.
-Мына жігіт сені тіпті меншіктеніп алыпты ғой тегі?!
-Образға кіріп кетіп, шыға алмай қалды.
Екеуміз күліп алдық. Асқар мені белімнен қапсыра құшақтап, өзіне тартты. Үстінен темекі араласқан қымбат әтір иісі бұрқ ете қалды. Алып денелі осы жігіттің құшағында өзімді соншама нәзік сезіндім. Бір сәтке басым айналғандай болған мені, ол сүймекші болғанда, шошып оянғандай болдым.
-Болмайды, сен кеш қалдың, мен жаңа ғана "күйеуге шықтым."
-Неге сонша тәртіптісің, бір сәтке бұзық болайықшы...
-Шырақ та айтады, өзіңе-өзің адал болып қашанғы жүресің деп...
-"Өзіңе-өзің адал бол, сонда күн артынан түн келетіні сияқты, өзгелерге де адал боласың!"-деген Уильям Шекспир "Гамлетінде". Сол айтқандай, бұл жақсы қасиет!
-Па, шіркін! Сен "Гамлетті" көргенсің бе?
-Оқығаным бар...
-Бұл жақсы қасиет!-дедім өз сөзін қайталап.
-Сенің жігітің бар ма?
-Жоқ, есесіне сенің жүріп жүрген қызың бар...
-Оны қайдан білесің?
-Бал аштым.
-Ондай да өнерің бар ма?
-Ия-дедім қалжыңдап, ішімнен оны бәрі біледі деп ойладым.
-Кешір мен сені ренжітейін деген жоқпын, жәй шынымен сүйгім келді...
-Сен де маған ренжіме, "болсаң мәңгі серік бол, керек емес серіктің бірер күндік-ай"-деген халық әнін білесің бе?
-"Қыз Жібек" фильмде айтады ғой.
-Ия! Сол сияқты...
Ол мені Қамбарға тапсырып,өзі темекі шегуге кетті. Сол кезде Жандосты байқап қалдым. Өзі бүгін көңілсіз жүр, бір рет те билемеді. Не болды екен? Бірақ жақындап сұрағым келмеді. Оның да басы бос емес. Есесіне Қамбардың қасынан шықпадым. Күнделігіме тағы бір өлең сұранып тұрды.
Сен біреуді, біреу сүйеді басқаны.
Тағдырдың жоқ па екен басқа әні,
Сен біреуді, біреу сүйеді басқаны,
Бірін-бірі сүйгендер біле ме екен,
Бақыттың өзі есік ашқанын.
Осылайша өте шықты жас шағым,
Тоқтамастан мына өмірде қас-қағым,
Мені біреу ұнатқанын қайтейін,
Жүрек шіркін қалап тұрса басқаны.
Жанға батып өз жанымның күйгені,
Қаламаймын басқа жанның сүйгенін,
Сүйгенімді кінәлаудан аулақпын,
Оның да бар жүрегімен сүйгені.
Сен де мені кінәлама жат жігіт,
Жүрегіме өз қалауым тақты үміт,
Сені де аңсап жүрген шығар жас ару,
Қате басып алмайықшы аптығып!
Қиналғанда да, қуанғанда да ойланбай қолға алатын жалғыз, жанашыр, адал досым, менікі деп айта алатын меншігім, күнделігім менің. Сенің сыр толы беттеріңе тағы бір тағдыр тәлкегі жазылайын деп тұр. Зердеңе тоқып ал...
Ақыры Әнуар Фатимаға сөз айтты, Жәнияға да жеткізді. Жәния екеуіне бақыт тіледі. Дәті берік екен, қашанда биік ұстайтын басын имеді, бізге көз жасын көрсетпеді. Осыдан кейін жеті қыздың арасы ажырап кетті. Біз енді бір кешке бірге барып, бір дастарханда отыра алмайтын едік. Әркім өз таңдауын жасады. Анар мен Маржан Фатимаға жақтасып, Шырақ, Жамал және мен, Жанияны жұбаттық. Жігіттер жағы жүрекке әмір жүрмейді деп Әнуарды қолдады. Ендігі жерде әлгі үш қыз жігіттермен қосылып күнде қолтықтасып, шуласып қыдырып жүрді. Жәния ағасының үйінде. Біз үш қыз бөлмеде көңілсіз уақыт өткізіп жаттық. Бір күні бізге Алтын қонаққа келді.
-Мен келдім. Сендер маған қарызсыңдар, естеріңде ме? Ендеше бүгін бір керемет би кешін өткізуге дайынмын.
-Есесіне біз дайын емеспіз. Көңіл-күйіміз жоқ, кейінге қалдырсақ болмай ма?
-Болмайды, айтылған сөз, атылған оқ.
-Жарайды, бірақ мен билемеймін-дедім мен.
Комендаттан рұқсат алып, би кешін бастап беріп, енді кетейін деп жатыр едім, алдымнан Жандос шығып, мені қолымнан сүйреп биге араластық. Оның құшағында жүріп, оны қаншалықты жақсы көретінімді айтқым келді. Көзіне қарап едім, тілім байланып қалғандай, даусым шығар емес... Фатиманы түсінемін, ол да осылай ғашық болып қалды ғой. Ал ғашықтардың санасы жүрегіне бағынбайды ғой. Олар бәрін керісінше істейді. Әдейі істемейді, өздері де не істеп жүргенін түсінбейді. Мен де бір сәтке сезімімді еркіне жібергім келеді. Осы жігітпен оңаша сырласқым келеді, еркелегім келеді. Жандос та соны сезгендей, көзімнен көзін алар емес...
-Марал?-деді құлағыма сыбырлап.
-Ия?-дедім жүрегім тарсылдап.
-Төсіңдегі түймелердің ең болмаса біреуін ағытшы... Иіскейін...
-Бұзық!-оған тіпті ашулана да алмаймын. Жымиып күлгені қандай әдемі өзінің. Айтқанын орындағым-ақ келеді. Бірақ болмайды. Құрбымды қалай жылатамын, өзімді қалай жұбатамын? Фатима мен Анар Жәнияның қиналғанын көре тұра қалай көтеріп жүр екен? Әне Шырақ басқамен билеп жүрсе де, біз жаққа қарай береді. Мен оларға жақындап келдім де:
-Шырақ жігіт айырбастайық, сіздікі "свежопригнанный" сияқты ғой, біздікі"б.у" қызық емес-дедім де, лып етіп орнымды ауыстыра қойдым.
-Мәссаған, жылдам екенсіз! Танысып қоялық!
-Ерболмысың?
-Маралмысың?
-Мәссаған, кездесу деп осыны айт! Сен мұнда қайдан жүрсің?
-Сен ше?
-Мен осында тұрамын!
-Солай екен ғой!
Енді Жандостың мойны үзілердей, біз жаққа қарап қалыпты. Би біткен соң бәріміз біздің бөлмеге көтерілдік. Мен Ерболды да шақырдым. Оны қыздармен таныстырдым. Дастархан жайып, жігіттер "ащы су" ішті.
-Сендер бір-біріңді қайдан танисыңдар?-деді Алтын таңқалып.
-О, ол тіпті қызық-деймін мен күліп-айтамыз ба?
-Айтайық-деп қояды ол да күліп.
-Танысып қойыңдар, бұл менің "күйеуім"!
-Сенің қанша күйеуің бар?-деді Жандос жақтырмай.
-Қос-қостан! "Қолыңнан келсе қонышыңнан бас"-деген осы.
-Ал шындағына келсек...
-Шындығыа келсек, ол ұзақ әңгіме.
-Айтшы енді, жұмбақтамай-Алтын шыдамсыздана бастады.
-Жарайды. Өткенде мен бір рет, Алматыға хабарласайын деп сөйлесу пунктына барып едім ғой?
-Ия-деді Жамал.
-Сонда бір ішіп алған екі жігіт маған тиісіп мазамды алды. Бір уақытта болмаған соң, қасыма бір ұзын бойлы, қара-торы әдемі жігіт келіп:
-Жігіттер, сендерге не керек?-деп қояды. Өзі шырттай киініп алған. Сарғыш жапырақ түстес, клетка костюм, қоңыр шалбар, аяғында жылтыраған туфли!
-Па, шіркін. Аяғына да қарапсың ғой?-деді Жандос.
-Әрине-оның қызғанғаны маған ұнап бара жатыр ма, қалай?-Содан...
-Ия?
-Аналар:"сен өзің кімсің, не керек"-деп қояды. Ербол саспайды. "Мен бұл кісінің күйеуімін"-деп қояды ғой! Ал әйтпесе, ана екеуі сасқанынан бұдан кешірім сұрап, әуре болды ғой...
Қыздар ішегі қатып, бөлмені басына көтеріп күліп жатқанда, Анар мен Фатима кіріп келді. Күлкіміз сап тиылды. Бізге жігіттерімен қалай күшті қыдырғанын қызықтырып айту үшін келген шығар. Біз үндемей қалдық.
-Неге үндемей қалдыңдар, айта беріңдер?-деді Анар көзі Ерболға түсіп.
Сол кезде Ербол:
-Менің кетуім керек, Марал сыртқа дейін шығарып саласың ба?
-Мен шығарып салайын...-Жандос тұра беріп еді,
-Керек емес, өзім шығарып саламын, далада біраз серуендеп, таза ауа жұтып келейін-дедім мен. Екеуі бірге кетсе, ерегесіп қалар деп ойладым. Біз шыға бергенде:
-Бізді таныстырмайсыңдар ма?-деп Анар икемделе беріп еді,
-Кеш болып кетті, келесі жолы-деп Ербол шығып кетті. Артынан мен шықтым.
-Асығыс болсаң, ұстамайын?
-Жоқ, сенімен оңаша қалғым келді.Жүр жүріп қайтайық...
-Жүр.
Ымырт түсіп, ай сәулесін төккен кез.Екеуміз асықпай көше бойлап келе жаттық. Бойы менен едеуір ұзын, көркем жігіттің мені қапсыра құшақтап келе жатқан қолын да қақпадым.
-Марал, екеуміз үлкен адамдармыз, мен саған ашығын айтайын. Енді бір жылдан кейін бәріміз жан-жаққа кетеміз. Мен Алматыға кетемін. Сонда бір жұмыс дайын тұр. Саған турасын айтайын, сен маған ұнайсың, менімен бірге жүрші?
-Қайда, Алматыға ма?
-Аңқауым менің, менің жататын жеріме. Тек бірден ашулан ба. Егер де бір-бірімізге ұнап жатсақ, бірге боламыз. Болмаса, бос уәде бермейік. Менімен боласың ба?
-Жо-жоқ, оны тіпті атама да, ол мүмкін емес. Маған бір күндік адам керек емес, жанымды түсінетін адаммен өмір бойы болғым келеді.
-Бері қарашы, өзіңнің жүрегің бар ма, жоқ па тыңдап көрейін? Бері келші-ол мені қапсыра құшақтап, жол шетіндегі дәу қараталдың астына алып келді.
-Жоқ, жіберші мен тіпті сүйісіп те көрген емеспін...
-Мен саған бәрін өзім үйретемін. Денең қандай аппақ, теп-тегіс, бізді қызықтыратын не екенін білесің бе? Ол әйелдің қос анары, сенікі қандай жұп-жұмыр, ешкімнің қолы тимегені көрініп тұрғандай!
Ол мені бас салып, аймалай бастады.Екі қолымен жағадан ұстап тартып қалып еді, түймелерім сатырлап жерге төгілді.
-Жібер, жібер деймін саған....
Қаншама қарсылассам да, қарулы қолдарымен қараталдың діңгегіне тақап тұрып, ерніме жабысты... Мен ештеңе істей алмадым. Маған мүлдем бейтаныс сезім бұрқ ете қалғандай болды, тіпті бір сәтке оның сүйгеніне қалай жауап бергенімді өзім де байқамай қалдым. Ол да, осы кезде темірдей құшағын босата бергені сол еді, жалт бұрылдым. Жүрегім тарсылдап аузымнан шығып кетердей, кеудеме сыймай, тынысым жиілеп кетті...
-Ұят-ай...-деймін, өзімнен өзім ұялып.
-Асықпа,ақырын, жаным сол, айтшы, өзіңде жалғыздықтан шаршаған шығарсың?
Мен оған қайта бұрылып, бірдеңе айтпақ болып,көзіне қарағаным сол еді, оның артынан біреу келіп, жағасына жармасты да, тұмсығынан бір-ақ ұрып құлатты.
-Жандос!-мен таң қалдым, ол артымыздан аңдып келген бе?
-Жүр кеттік...-ол менің үстіме костюмін жапты да, дедектетіп сүйрей жөнелді.
-Сен оны өлтірдің, жібер!-деймін қолымды тартқылап.
-Өлген жоқ, қазір есін жияды. Ал егер қазір бөлмеңе қайтпасаң, оны шынымен өлгенше ұрамын! Менің боксқа қатысатынымды ұмытпа.
-Сенің мұның не, менде не шаруаң бар, жібер!
-Ақымақ, жігіттерге сенбе, бізге керегі бір-ақ нәрсе.
-Саған да ма?
-Маған да! Жігіттің бәрі неге Анардың артынан оңай ілесіп кетеді деп ойлайсың?
-Ол ондай қыз емес!
-Сен ондай қыз емессің! Сені ешкімге қорлатпаймын... Бірақ менен де алыс жүр, мен ешқашан өзгермеймін, қыздардың соры үшін жаралғанмын...
-Жандос!-дедім мен тоқтай қалып, оған жаным ашып кеткендей болды. Ол маған жақын келіп;
-Білемін, сеземін сен мені жақсы көресің! Шын жақсы көресің, сол үшін саған рахмет! Бірақ мен сені бақытты қыла алмаймын... Мен Шырақты да бақытты қыла алмаймын...-деп қалған түймелерімді салмақ болды.
-Неге олай дейсің?-мен оның көздеріне қарадым, көздері қандай тұңғиық...
-Менен бір қыздың аяғы ауыр... Алмаймын, алдыртып таста десем де, көнбей отыр. Жақында босанады. Туғаннан кейін әке-шешеме апарып таныстыратын шығармын...
-Жандос!-мен оның құшағына кіріп жыладым.
-Болды, жылама,-деді ол мені құшақтап, шашылып жүзімді жапқан шашымды қолымен тарап, мені жұбатып, жымиып қояды. Аппақ тістерін көмкерген ернін суретші салғандай, қандай әдемі...
- Қыз туса, атын Марал қоямын, жарай ма?
Мен жылап тұрып басымды изедім.
-Шырақ та біледі ме?
-Жоқ, ақыры ести жатар.Ол сені жатақхана алдында күтіп тұр. Бара ғой...
Ол өзі артта қалып, мені ары қарай көзімен шығарып салды. Қараңғының құшағында қалып бара жатқан оған, мен жалтақтап қараумен жатақханаға беттедім. Мені Шырақ күтіп алды.
-Қайда жүрсің, көрінгенге ілесіп кете беретін жындысың ба? Зорлап кетсе қайтесің? Мә, мына түрің не, зорлап кеткен ба?
-Жоқ...-мен жылап жібердім.
-Болды жылама, түймеңді сал... Жандостың артыңнан барғаны жақсы болыпты -ол менің үстімдегі Жандостың костюмінің түймелерін салып жатқанда, екеумізге де сондай таныс, сондай жақын адамның иісі бұрқ ете қалды.
Мен одан сайын жыладым. Өзіме қимай жүрген Жандостың басқаға бұйырғанына жыладым. Бөлмеге келе сала, төсегіме құлап, жастығымды құшақтап жылап жатқан маған Шырақ;
-Жыла, жылап ал, ертең маған рахмет айтасың. Жоға, жап-жақсы жүрген қыз, бір сәтте басы айналып қалғаны несі...-деп біраз бұрқылдап жатты. Жаным-ау, ертең жылайтын кезек саған келетінін білмейсің-ау.
Ертесіне сабаққа барып келдік те, бөлмеде ішіміз пысып, астындағы кинозалға түстік. Жатақхана астына теледидар қойып, бірнеше орындық орнатып қойған. Соны тамашалап тұр едік, екі жігіт Шырақ екеумізге жақындап келді.
-Қыздар ана отырған Анар емес пе?
-Қайсы? Анау ма, жоқ мынау ма? Жоқ әлде анау ма?-кино көріп теріс қарап отырғандарға қолымды ары сермеп, бері сермеп күліп алдым.-Жоқ, ол емес, ол мұнда кино көрмейді, бөлмесінде түрлі-түсті телигі бар, кеше сатып алған...
-Айттым ғой, солар іште отыр деп, кеттік-біреуі басымен жоғарыны меңзеп.
-Ашпады ма?
-Ашпады...
-Ашпаса, көргісі келмеген, көргісі келмесе, көріп неғыласыздар, ішиттт...-деп басыммен сыртқы есікті көрсеттім. Шырақ мені "қой" дегендей түртіп қалды. "Ауласында әтеш те паң", мен өз үйімдемін, "тиісіп көрсін..." дегендей батырсынып тұрмын.
-Мына қарындас не дейді!?
-Біздің көргіміз келіп тұрса ше?
-Суретін берейін бе?
-Сен не деп тұрсың ей?-біреуі жақындай беріп еді, қайдан екенін қайдам Ербол шыға келді.
-Жігіттір, не әңгіме? Жағаласқың келсе, жағдайыңды маған айт...
-Жо-жоқ, біз әншейін қалжаңдасып... Кеттік жүр...-деп біреуі екіншісін сүйрелеп кетті. Ербол да бұрылып кете берейін деп еді, мен:
-Менімен амандаспайсың да ма?-деп сұрадым. Ол маған жақындап келді де, қолымды алып, терезе жаққа тартты.
-Марал, саған қарайтын менде бет жоқ, кеше не болғанын білмеймін, көп ішіп қойсам керек, кешір...
-Жарайды, мен де көп шошаңдап кетіп едім, өзіме де сол керек. Айтпақшы, жағың сынып қалмады ма, соққы қатты тиді ме?-мен оның бетін ұстай беріп едім, ол менің қолымды ұстап сүйді де:
-Жо-жоқ, өзіме де сол керек...-деді. Екеуміз бір күліп алдық.-Кешегі жігіт... Ол сені жақсы көретін сияқты ғой?!
-Оның жақсы көрмейтін қызы жоқ, ол бәрін жақсы көреді...
-Солай ма?
Осылайша Ербол екеуміз дос болып кетік. Ол мені іздеп жиі келетін болды. Кештерге де менімен бірге ілесіп барып жүрді. Мен оны тіпті басқалардан қызғанатын да болдым. Әсіресе Анардан, оның менің жігітіме қызыға қарайтынын сезіп жүрдім. Тіпті болмай бара жатқан соң, Анарды оңаша шақырып алып:
-Анар, сенің қалай жігіттердің басын айналдыратыныңды білмеймін. Бірақ сенен өтінерім, құдай үшін, менің жігітіме тиіспеші. Бәрібір сен оған күйеуге тимейсің, сенің сұраныстарың өте жоғары, ал ол ондай бай емес. Ал мен оны жақсы көремін. Ол мені жақсы көретін жалғыз жігіт, сенің жігіттерің көп қой...-дедім. Алғашында менен мұндайды күтпеген, Анар не дерін білмей қалды. Өзін қалай ақтап алуды білмей қатты састы. Менің мына мінезіме таң қалды. Ия, мен осындаймын. Маған әйелге тән, қулық жоқ, еркек болсам бәрін жұдырықпен шешер ме едім кім білсін? Сонда да мен оның көзінен, "айтқаныңды істемесем, не қыласың"- дегендей, түлкіге тән бір күлкіні сезіп қалдым.
-Ал егер айтқанымды істемесең-дедім, сөзімді шегелеп.- Диплом жазғанда менен көмек сұрама. Қыздарды дипломды бір тиын бермей өзіміз жазайық деп ұйымдастырып жатқанымда білесің.
-Жарайды-деді ол жымиып. Мен мәз болып бөлмеме қайттым. Осылай оп-оңай шешуге болады екен ғой деп ойладым. Бірақ мен қателесіппін. Адам мінезі араласқан жерде ешнәрсе оңай шешілмейтінін кеш ұқтым, тым кеш...
Ертесіне Жәния бізге келіп, өзіміздің қыздардың бастарын қосып, әркім өз ойын ашық айтып, ортаға салды. Фатима, Анар, Шырақ, Жамал, Маржан және мен, жігіттер табылар, дос табылмас деп, достығымыз ажырамасын деп қайта табыстық. Барлығымыздың туған күндеріміз бен мерекелеріміз қайта басталып, алдымен мен бастайын деп Жәния бәрімізді үйіне шақырып кетті. Біз үшін бәрі қайта басталғандай болды. Тек жігіттеріміздің орындары ауысқан. Жандостың жақында әке болатынын бәрі естіді. Шырақ шыдамды екен, қанша жүрегі жылап жатса да, бізге бір тамшы көз жасын көрсетпеді. Әнуар жалдамалы күйеу бала сияқты, енді Жәнияға оралды. Асқар бастаған жігіттер енді басқа қыздарға кетті.Бізге Ерболдың достары Ералхан мен Талғат қосылды. Және жатақханада тұратын корпустағы қарауылдардың бастығы Батыр қосылды. Оны бізбен Марат таныстырды. Маратқа қарауылдық жұмыс тауып беріп жүргенде сол. Сол үшін оған көп рахмет. Ал ол Анарды сырттай ұнатып жүр екен, Анарда кет әрі емес екен. Өзі де телесериалда ойнайтын әртіс сияқты сымбатты жігіт екен. Анарға оның оқымыған жігіт екені ұнамаса да, ай сайын алып тұратын жалақысы ұнаса керек. Ал Жамал мен Дәулет үйленетіндіктерін айтты.
Ертесіне Ерболды мен тетрға шақырдым. Оны қайдам өзіме осы әлем қатты ұнайды. Көңілім едеуір көтеріліп қалды, спектакль біткен соң Ербол екеуміз саябақта қыдырып қайттық. Ол маған бір тал раушангүлін сыйлағанда, балаша қуандым. Мені есікке дейін шығарып салып, өзі үйіне кетті. Жатақхана астында біраз адам кино көріп отыр екен. Мен шетте отырған Жандосты байқадым. Қолымдағы гүлмен оның оң бетін сипалай, өзім сол жағына келіп отырдым. Кинода бір жігіт аузына раушангүлін тістеген бір әйелмен, танго билеп жатыр екен. Мен шыдай алмай тұрып кеттім. Бөлмеге келіп, гүлімді суға салдым да, енді шешіне бастап едім, есік қағылды. Есікті ашсам Жандос.
-Кел төрлет-бөлмеде ешкім жоқ етін. Ол ішке кірді де магнитофонды қосты.
-Екеуміз билемегелі көп болыпты.
-Ия, сенің басқа жұмыстарыңда толып жатыр ғой.
-Әлгі жігітпен жүріп жүр екенсің ғой.
-Ия.
-Неге?
-Өйткені,
"Болмау керек сүюдің жолы жаңа,
Қыз үлесі қашанда болу ана,
Жаным деген жігітті жек көрмеңдер,
Өзі сүю қыздардың соры ғана!"
-Өзің шығардың ба?
-Жоқ, Ақұштап Бақтыгереева.
-Маған арнаған өлеңдерің бар ма?
-Жоқ-деп өтірік айттым.
-Біреуін шығарып берші...
-Оны қайтесің?
-Естелік болсын.
-Жарайды тек қазір емес, кейін, қазір кеш болып кетті. Қыздар да келіп қалар.
-Жарайды, тағы бір соғармын...-осы кезде радиодан танго берілді. Ол шығып бара жатып, суға салып қойған, бір тал раушангүлін көрді де, оны алып аузына тістеді де, мені биге шақырды. Мен күліп жібердім. Екеуміз бөлме ішінде шыр айналып билей жөнелдік... Би бітіп музыка ырғағымен, Жандос бір тізерлеп отырып, енді бір тізесіне мен отыра бергенім сол еді, Анар мен Фатима кіріп келді.
-Мәссаған, сендер не істеп отырсыңдар!?
-Ештеңе, біз жай биледік...-дедім мен қызарып.
-Өтірік айтады, жәй билеген жоқпыз, қатты биледік!-дейді Жандос күліп.
-Кетші, бар бөлмеңе-мен оны итеріп шығарып жібердім. Қыздар кімге сенерін білмей қарап тұр.
-Біздің қыздарды көрмедіңдер ме?-дедім мен, тыныштықты бұзып.
-Жоқ, соларды іздеп келгенбіз.
-Жәй ма?
-Марал, мен тағы да Әнуармен кездестім. Одан бас тарта алмайтын сияқтымын. Сендерден ұят болды...-деп ол жылап жіберді. Біз Анар екеуміз оны жұбатып жатып:
-Жарайды, жаныңды қинамай сонымен жүре берші...-дедік.
-Сендер менімен дос болмай қоясыңдар ғой?
-Боламыз, тек ертең Жәнияның үйіне сен бармай-ақ қой. Оны да түсін...
-Жарайды....
-Үшеуміз құшақтасып отырғанда, Шырақ келді.
-Мәссаған, сендер не істеп отырсыңдар?!
Не керек ертесіне Фатиманы тастап, бәріміз Жәнияның үйіне жиналдық. Кеш әдеттегідей көңілді өтті. Ералхан жақсы билейді екен, Шырақ екеуі тез тіл табысты. Әнуар келмеді. Батыр Анармен, Жамал Дәулетпен жабысып билеп жүр. Бір уақытта бәріміз дастархан басына отырдық. Қыздар менің бір өлеңімді оқып беруімді сұрады.
"Ақыл ма, әлде Жүрек пе?"
"Жаным" деп қарап жолыңа,
Отырмын жалғыз үйде мен,
Қиылып қарап соңыңнан,
Біртүрлі нәзік күйге енем.
"Сүйемін" деймін тағы да,
Естіртпей саған жәй ғана,
Жолыңа қараймын сағына,
Сағынып жүрген мен ғана.
Білемін сенің құшағың,
Әкетер мені жандырып,
Қиялмен тағы ұшамын,
Есім бір кіріп, бір шығып.
Түсімде сүйсең жанымнан,
Жатады тәтті үн шығып,
Оянып кетсем тағы да,
Жастыққа жатам тұншығып.
Сүйемін сені сүйемін,
Айта алмаймын бірақ өзіңе,
Сезбейтініңе күйемін,
Жазулы тұр ғой көзімде.
Өтеді өстіп жастық шақ,
Кінәлі шығармын өзімде,
Алданған жүрек болар сақ,
Тұсауын салып сезімге.
"Сабыр ет-дейді ақылым,
Алқынба жүрек алқынба,
Ол емес-дейді-жақының,
Тұтанған сезім салқында."
Қайсысын енді тыңдаймын,
Ақылды әлде Жүректі,
Жараның бетін тырнаймын,
Өйткені тағы гүл ектім!
Бәрі ду қол шапалақтап қошемет көрсетіп жатты. Бұдан артық не керек?! Қайтарда бәріміз бір таксиге жабылып мініп алдық. Әдеттегідей жатақхана алдына келгенде шулап түсіп жаттық. Бізді Фатима күтіп алды. Әнуармен кездесіп келсе де, көңіл-күйі жоқ, бізбен жүрген сәттерін сағынып жүрсе керек. Ол қайтадан бізбен бірге болғысы келетінен айтты. Бірақ оның ертесіне қайтадан Әнуарға телефон шалып кездесуге өзі шақырғанын, бізге Анар айтып келді. Мен сол кезде оның жанарынан Фатимаға деген қызғанышты байқап үлгердім. Әнуар көрікті ғана емес, ауқатты отбасынан шыққан және Анар айтпақшы "болашағы бар, оқыған бала" еді. Сондай жігіттің өзін емес, құрбысын таңдағанына іші ашитындай болып көрінді маған ол. Ертең дипломын алса, Батырға ұстатпай-ақ кетейін деп отыр-ау, осы деп ойладым. Батыр негізі жаман жігіт емес, тек әке-шешесіне қарайлап оқымай қалған. Әйтпесе, ол да жерде қалмайтын жігіт. Тек жүрегі жараланып қалатын болды. Мүмкін, үйленбей тұрып, ажырасқандары да дұрыс шығар, кім білсін?!
Сонымен не керек, "ер кезегі үшке дейін"-деп, Фатима тағы кешірім сұрады. Бірақ Анар мен Шырақ кешіре алмайтынын ашық айтты. Іштей біз де шаршағанымызды мойындадық...
Ертесіне орталық алаңда бір мейрам құрметіне концерт болып біз сонда кетіп қалдық. Қайтып келсек, жатақхана шулап жатыр... Фатима тамырын кесіп өлмекші болыпты... Біздің жеті қызды милиция машинасына тиеп, бөлімшеге алып кетті. Қорыққанымыздан оларға бәрін айтып бердік. Жазбаша түрде де жазып бердік. Бұл махаббат хикаясын жазуға, олар ойлағаннан да көп қағаз жұмсап отырған бізді олар тіпті күлкі етті. Сосын ол жерден шыға сала бәріміз ауруханаға жүгірдік. Көп қан жоғалтқан деген соң қатар-қатар тұрып, қан тапсырдық. Арамызда Жәнияда жүр еді. Кімді кінәларымызды білмедік. Бір-біріміздің бетімізге қарамауға тырыстық.
Құдай сақтап, Фатима аман қалды. Сонда білдік, біздің артымыздан шыққан ол, орталық алаңда Әнуардың басқа қызбен қыдырып жүргенін көреді. Жылап жатақханаға қайтқан оны жұбатар жанында ешкім болмапты. Өзін соншалықты жалғыз сезінген ол, жақсы көрген адамының бұл сатқындығын көтере алмады...Қалайша, ол сол үшін бәрінен бас тартты ғой?! Достарынан да, сол үшін бәріне дайын болды ғой... Бойындағы асылында, қымбат затында соның жолына құрбан етті ғой... Ал ол болса, бір-ақ күнде бұны басқа адамға айырбастап кете барды... Оңбаған, не деген оңбаған еді... Бірақ оны Әнуар ауруханаға іздеп келгенде, ол тағы да бәрін ұмытып, мойнына асыла кетті. Ол болса,"ол қыз жәй досым, арамызда ештеңе болған жоқ"- деп ақталды. Фатима сенді...
Байғұс сүйген жүрек қашанда кешірімді ғой... Тағы да сенді. Бірақ Әнуар бұл жерге, қыз намысын қорғау үшін емес, өз басын аман алып қалу үшін жүргенін біз де сезбеппіз. Егер ол арыз жазса, атыма кір келе ме деп, оның көңілін уақытша алдап, кейін жоқ болып кетті. Кейін Жәниядан естідік, ол сол алаңда құшақтасып жүрген қызға үйленіпті...
Тағы да бір қазақ қызы сорлап қалды. Тағы да ел болып оның бетіне түкіруге дайын тұрамыз. Ал жігіт ше? Жігіт кінәлі емес пе? Әншейін де, ел намысын қорғайтын азаматтар деп басымызға көтеруге дайын тұрамыз. Сол азаматтар қыз намысын неге қорғамайды. Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді дейміз. Сонда ер азаматтардың ойлау қабілеті, бұқадай-ақ болғаны ма? Ертең Жандос ана қызды алмай кетсе, ертең Теңіздің шешесі, келінді баласын қолына ұстатып қуып жіберсе, ертең Фатиманың аяғы ауыр болып қалса, кім кінәлі айтыңдаршы, кім? Кәрі қыздың қатары осылай көбеймей ме?
Фатима жазылып шықты. Бірақ сабағын жалғастыра алмады. Қайда барса да, қолымен шұқып, бетін шымшып, бетіне өтірік күліп, артынан өсек айтатындардың азабына шыдай алмады. Ақыры сырттай оқуға ауысып, басқа қалаға кетіп қалды. Ол бізді кешірген шығар, біз де оны түсінуге тырыстық, әйтседе өзіне қол жұмсамақшы болғанын кешіре алмадық. Ақыры араласпай кеттік.
Содан бері бір ай өтті. Студенттік өмір жалғасып жатты. Жамалды Дәулет "алып қашып" кетіп, Шырақ дос қызы болып кетті. Біздің бөлмеге Марат, Теңіз келіншегі Марал бөпелерімен қонаққа келді. Оларды Анар мен Маржан үшеуміз қонақ қылдық. Тамақ ішіп болған соң карта ойнауға кірісті де, мен бөпемен ойнауға кірістім. Оған арнап тоқыған заттарымды кигізіп көріп, иіскеп отыр едім, есік қағылды. Ашсам Жандос тұр, бала ұстап тұрғанымды көріп шошып кетті.
-Қорықпа, мұның шешесі Марал болса да, әкесі сен емессің-деп күлдім-бірақ, кім біледі, сен де болуың мүмкін.
-Әй, қойыңдар-ей, оның әкесі өзіммін-деп күліп жатты Теңіз-менің қызым ол. Кемпір,баланы ал, өзіміз бес вагон көмір түсіріп, әрең алған қызымыз ғой!
Мұнша адамды көремін деп ойламаған ол, не кірерін, не шығарын білмей тұрып қалды. Мен:
-Кір, төрлет-деп едім,
-Жоқ, әншейін соға салып едім деп шығып кетті. Мен Анарға қасты қағып қалдым да, дайын тұрған бір жапырақ қағазды қалтама салып, артынан ілесе шықтық.
-Неғып жүрсің?
-Жәй, уақытты өткізіп...
-Мен сені өлеңге келген шығар десем...
-Ұмытпаған екенсің ғой.-деп көзі жарқ ете қалды.
-Сені ұмыту оңай ма?-дедім әзіл шыны аралас.
-Жүріңдер, иститут алдына барып отырайық, елдің бәрі ендігі тарап кеткен, ол жер тып-тыныш. Жатаққана институтқа тиіп тұратын, тіпті, Алтынның інісі бақылау кезінде далаға сұранып шығып кетіп, маған есебін шығартып алатын. Менің оған кез-келген есебін тез арада шағарып беретінімді көрген жатаққана жігіттері, мен "математик"-деп атап кеткен.
-Ал, енді өлең оқиық-деді Анар.
-Тыңда-деп мен мәнерлеп бастап кеттім.
Жандос
Қусың-ау, Жандос, қусың-ау,
Қулықпен күліп тұрсың-ау,
Сиқырмен тағы жымиып,
Қыздарды аулап жүрсің-ау.
Миықтан күліп кекесін,
Әзіл қып кейбір қатесін,
Жігітсің кейде ақылды,
Бала боп кейде кетесің.
Мінезің сенің қызық-та,
Ақын деп маған қызықпа,
Ұйқас шумақ болғанмен,
Өлең жоқ менде қызықты.
Дегенмен рахмет көңілге,
Демеу ғой, ол да өмірге,
Сүйеніп өтер жастық шақ,
Махаббат, сезім, сенімге.
Түсінгің дұрыс сөзімді,
Қозғаған нәзік сезімді,
Нем бар еді, өлең жазам деп,
Кінәлап отырмын өзімді.
Сол кезде өтіп бара жатқан Асқар бастаған жігіттер бізді көріп, бас изеді. Мен көрмегенсіп тұр едім, Асқар жақындап келіп, Жандостың қолын алып, маған
-Неге сәлемімді алмайсың?-деді.
-Қашан?-деймін таң қалып.
-Жаңа ғана?
-Е, мен алыстан көрмеймін-деп өз сөзін есіне салдым. Ол да мәз.
-Жарайсың, бірде-бір!-деп кетті.
Анар да Әділді сырттай болса да көріп, мәз болып қалды. Сосын Жандос екеуі қалжыңдасып, құшақтасып, біраз ойнады. Жандостың қолы оны батыл сипағанына қарап, екеуінің арасында бірнәрсе болған-ау деп ойлап та қалдым.Бола берсін, менің шаруам қанша?-деп өзімді жұбаттым.
Бөлмеге қайтып келсем, аналар әлі карта ойнап отыр.Марат пен Теңіз, Маржан мен Маралдан ұтылып, "қарақат" болыпты.
-Енді екі рет ұтылсақ, масқара боламыз. Қарақатын боламыз.-дейді Теңіз күліп.
-Осымен қояйық, "қарақат" болып қалайық. Біреуге айтқанға да жақсы.-дейді Марат.
-"Кличкасы" екен деп қалады-деп бәрі күледі.
Ақыры екеуі ұтылып, Теңіз:
-Ия, точкасын қойыңдар, әйтпесе бізден оңған қатын шықпайды-деп мәз!
-Жығылған күреске тоймайды-дейді Марал.
-Енді сұрақ белгісін қойыңдар, Тараздан бәрі бізді іздеп жүрсін...-деп тағы ұтылды.
-Қазір сендерге печать басып, қол қойып береміз-деп қыздар мәз. Ал бөпеміз тәп-тәтті болып ұйықтап жатты. Тіпті мыналардың күлкісін елер емес, құлағы шуға әбден үйренген, жатаққана баласы екені көрініп тұр. Баяғы да, ауылда, ел дастархан басына жиналса, бәрі жиналып бір ауыздан "жарықтық Қонаевтай адам тағы туар ма екен!?"-деп армандап отырғанын жиі еститін едім. Сонда мен, жо-жоқ Қонаевтай жар емес, сондай бір азаматтың анасы болсам ғой деп армандаушы едім! Тіпті тығылып, қуыршақты емізетінмін. Енді мына тәтті қызды көріп, бір әдемі қыз да туғым келіп кетті. Иісі қандай, жұпар аңқып тұр!
Бүгін проректор жатақханада жиналыс өткізді. Ол өз сөзінде;
-Жігітке әбден өз дегеніңді істетпейінше оған жақындама. Жаман атты жуып кетіре алмайсың. Жігіт көп келсе "өтімді қыз екенмін"-деп қуанба. "Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді"-деген бар. Жігіт ойнап күлуге жақын тұрады. Дегенмен ол да жар таңдауды біледі.Шашыңды жинап, ерніңді быттитпай бояп жүр, қарағым. Жүрме демеймін, жүр. Қазір таппаған жігітті қашан табасың, бірақ абайла. Ақшасы мен машинасына қызықпа. Жарды тып-тыныш сабағын оқып жүрген жігіттен ізде.Олар өз ісін білетіндер, бірте-бірте көтерілетіндер де солар. Қыз баланың бірінші міндеті отбасында ана болу. Сабақ екінші орында.
Ал енді өз-өзіне қол жұмсаған деген күнә. Артыңда қара күйені арқалап ата-ана, бауырларың қалады, соларды ойла. Біз еркектер әлсізбіз. Бізге Мәке, Сәке деп қойсаңдар болды. Құлақ- миды жей берсе, араққа салынамыз. Әйелдің қаруы нәзіктік. Жігітке өзіңнің нәзіктігіңді, ақылдылығыңды, ертеңгі күні жақсы дос, адал жар бола білетініңді көрсет, дәлелде. Ол сенсіз тұра алмаймын деген ойда болсын. Сосын үйленіп ал, бала болса, акедемический ал, ештеңе етпейді-деп т. с.с. көптеген адамды ойландыратын әкелік ақылын айтты.
Бұдан кейін "мен басқалардан кеммін бе, мен неге соларға ұқсап жүрмеймін"-деп жеңіл жүріске еліктей бастаған біраз қыздың желігі басылып қалды-ау. Қазақтың әкелерінің бәрі осындай ақылды болса ғой! Бақытты қыздар мен әйелдер саны көбейе түсетін еді. Бақытты әйелдер көп болса, бақытты отбасы да көбейер еді. Ал бақытты отбастары бақытты қоғам құратын еді, шіркін, мен неге жазушы немесе депутат болмадым екен!? Ең болмаса, біраз қоғамға пайдалы заң шығарып тастар едім. Мысалы, отбасы құқығын қорғау туралы. Отбасын бұзғандарды жазалау туралы, тіпті ол сенің әке-шешеңде араласа алмайтын, сенің қалауыңмен ғана жалауы желбіреген кішкентай Отаның болса. Ал енді адасқан әйел ғана емес, соған ілесіп кеткен еркектерді де жазаласа, ер адамдардың отбасына деген жауапкершілігі арта түсер ме еді. Жоқ, олар онда мүлде үйленуден бас тартар еді. Олар отбасын құрудан онсызда қорқады емес пе?
Мараттың туған күніне не істейміз деп ақылдасу үшін, оның жатақханасына бет алдым. Есікті Теңіздің келіншегі Марал ашты. Бет-аузы қып-қызыл болып ісіп кетіпті.
-Жылағансың ба? Не болды, қызың Дәмелі ауырып қалды ма?-мен шошып кеттім де, төсектегі балаға ұмтылдым.
-Жоқ, ол тәтті ұйықтап жатыр...-деп жымиып шәй қойып, столға ішіне картоп салып пісірген бәліштерін қойды.
-Пысық болып кетіпсің ғой!
-Үйде картоп пен ұн ғана бар екен.
-Жарайсың! Ал енді неге жылағаныңды айт!
Ол екі қолымен бетін басып жылап жіберді. Мен оны құшақтап жұбатып жатырмын;
-Құдай-ау, айтып өлтірсеңші, не болды сонша?
-Теңізге шешесі басқа қатын алып берейін деп жатыр. Ағалары атақты спортшылар екен...-деді өксігін баса алмай, одан сайын жылап.
-Қалайша, сен ше? Бала ше?
-Біз де беташар ғана болған, заң бойынша әлі үйленбегенбіз...
-Бола берсін, ол сені алды, жақсы көреді, сендердің кішкентай қыздарың бар...-мен тіпті не айтарымды білмедім. Теңіздің ата- анасы қандай қатыгез, мына періштені бүкіл жатақхана жақсы көреді. Ал олар қалайша өз баласын, өз қолымен ажыратып, өз немересінен өз еркімен бас тартады, ол қандай әке, ол қандай ана? Бұл мүмкін емес...
-Ал Теңізше? Ол не дейді? Оның әкесі ше?
-Оның да амалы жоқ, ақыры көнетін шығар. Ол үйде шешесі билейді...
-Сене алар емеспін... Басым мұны қорыта алмас... Мен оның қазір быт-шытын шығарамын, қарашы бұны... Қолымен істегенді, мойнымен көтерсін...
-Індеме, білмегенсіп қоя сал. Бұл шешіліп қойған мәселе, сен екеуміздің қолымыздан ештеңе келмейді. Ол арақ ішіп жүр, өзі де бізді қимайды... Оған да жаным ашиды...
-Саған ше, саған кімнің жаны ашиды? Баламен қайда барасың? Қалай күн көресің? Әкең үйіңе кіргізбес? Қызыңа кейін не дейсің?
-Тірі болса кіргізбес еді, шешем бес қызбен қалғаны аздай, құдай міне тағы біреуін берді, амал қанша, әйелдер көнгіш халық емеспіз бе? Өлмеспіз... Қызыма кейін әкесі туралы әдемі ертек айтып беремін...
Екеуміз құшақтасып, үнсіз жылап біраз отырдық. Ал ана жерде бұның бәрінен бейхабар періште, тағы бір бақытсыз қызбала тәтті ұйықтап жатты... Ашуымды кейінірек қағаздан алдым...
Өмір ме, Тағдыр ма?
Қайран менің ағаларым, қазағым,
Ашына да ашулана жазамын.
Сөз бер маған қыз намысын қорғайтын,
Ашып айтып қызығы мен азабын.
Кім біледі не боларын ертеңнің?!
Көңіл құрғыр көңілсіз күй шертеді.
Құрбым отыр тастанды бір баламен,
Алданыш қып бастады бір ертегі.
Ертегі қызық, жүзінде жоқ жылулық,
Жүрек соғады тек баланы жылу қылып.
Ал өзінің өкпесі көп өмірге,
Құдай не үшін жаратты деп, сұлу қылып.
Қу кеудеде жатсын жүрек өкіріп,
Бала үшін күледі ол өтірік.
Қызыға да, қызғана да қарайды,
Еркек болып тумағанына өкініп.
Келісейін қыздарың аз баяғы,
Көтере алмай жүр ғой заман таяғын.
Өзгерді рас азамат жоқ өйткені,
Баяғыдан қалған некен-саяғы.
Қайран менің ағаларым, қазағым,
Басқа да емес, өзіңде өз азабың.
Лайлайсың-ау тұнығыңды өзің келіп,
Ақталасың артынша деп "тазамын"
Осылай отырғанымызда Марат келді. Екеуміз оны туған күнімен құттықтап, кешке дастархан жайып берейік дедік. Марат қажет емес, достарым туған күнімді білмейді, ақшаны босқа шашпайық деді. Біраздан кейін Теңіз де келді. Удай мас.
-Теңіз сенің кешегің не?-деді Марат
-Не болыпты?
-Кеше мас болып келіп, екі Маралды шатастырып әбден шатақ шығардың ғой?
-Е, қой ә, өтірік...-есі шыққан ол есін тез жинап алды -мүмкін емес... -деп маған қарайды.
-Ия-дедім мен Маратқа қосылып-менің бөлмеме барып,-" есікті ашшы, мені кіргізіп алшы" дегеніңді бүкіл жатақхана естіді.
-Жо-жоқ, қойыңдар, мен өз Маралыма келгенмін, айтшы-ей, айтшы...
-Қой сені кеше көрге жоқпын-деп оның Маралы да бізге қосылып кетті. Теңіз өзін біреу мұздай теңізге лақтырып жібергендей, мастығы тарқап кетті.
-Ұят болған екен...-деп орындыққа басын ұстап отыра кетті.
-Ол аз ба, кеше көрші аурухананың терезесін сындырып, спирт ұрлап кетіпсің ғой? Сені милиция итпен іздеп жүр екен-деді Марат "жығылғанға жұдырық" жұмсап.
-Қой онда, бұл жерден кетейік, жүр Марат Беріктікіне барып, "ляжем на дно"-деп Маратты сүйреп екеуі шығып кетті.
-Тағы ішетін болды...-деп уайымдады Марал-бекер қалжыңдадық.
-Әрине ішеді, оның үстіне Мараттың туған күні. Екеуі қосылып ішеді. Екеуміз тоқтата алмаспыз. Еркектер әлсіз ғой, бір қиындық туса содан қалай шығам деп бас қатырмау үшін, өлгенше ішіп алып жатады. Содан мастығы тарқағанша, біз әйелдер барлық мәселені өздері шешіп қойса дейді. Рахат солардыкі, кейін мен ол кезде мас едім, білген жоқпын деп жауапкершілікті бізге аудара салады...
-Тура айттың, мен де жиналайын, менің бірінші болып кеткенімді күтіп жүрген шығар. Сонда өзің ғой бірінші кетіп қалған дей салады...
-Ия, сөйтіп басқа қатын ала салады, ары кетсе үш күн қайғыратын шығар?
-Ал біз жүреміз, өмір бойы ұмыта алмай...
-Мен сені шығарып салайын. Мені ұмытпа, екеуміз араласып тұрайық.
-Жарайды,-деді ол мені құшақтап-екеуміздің атымыз ұқсаса да, тағдырымыз ұқсамасын. Маған менің қателігімді қайталамаймын, бақытты боламын деп уәде берші...
-Қорықпа, мен алдыма келгенді тістеп, артыма келгенді теуіп, жаныма тойға дейін ешкімді жақындатпаспын...-қалжыңдайын деп ем, жылағым келді.
Екеуміз құшақтасып тағы жыладық, ал періште ұйықтап жатты...
Мен құрбым Марал мен оның қызы Дәмеліні аулына қимай шығарып салдым. Жылай, жылай менің де көзім ісіп кетті. Кештетіп жатақханаға келсем, вахтадағы Майра апай;
-Інің удай мас, жатақхананы шулатып жүр...-дегені бар емес пе!
-Жетпегені сол еді, қайда кетті?-дедім мен ашуланып.
-Жоғарыға. Бірнәрсені бүлдіріп жүрмесін, тез бар. Бүгін туған күні екен ғой!
-Ия, оны кім айтты?
-Өзі елдің бәріне айтып жүр...
Мен жоғарыға жүгірдім. Марат екінші қабатта жүр екен. Өтіп бара жатқан кез-келген студентті ұстап алады да:
-Бүгін қандай күн білесің бе?-деп сұрайды.
-Жоқ?-дейді анау басын шайқап. Сосын ол сұқ саусағын аспанға шошайтып;
-Бүгін МЕНІҢ туға-а-ан күнім!-деп қояды-енді білдің бе?
-Ия,-дейді анау, мастан тез құтылғысы келіп. Ол оны жібере салып, екінші адамға жармасады. Оған да сол әңгіме. Күлейін бе, жылайын ба? Қасында Теңіз де бар. Екеуін желкелеп, бөлмеге кіргізіп жібердім де, сырттарынан құлыптап тастадым. Өзім Маржанның бөлмесіне кеттім.
-Мақтап жүреді екенсің, кел шәйға...-деп олар дастарханға шақырды. Шәй ішіп, әңгіме айта бастап едік, даладан бір дауыс естілді. Терезеден қарасақ жатақхана алдында Марат пен Теңіз айқайлап жүгіріп жүр.
-Бүгін менің туға-а-ан күнім!-деп қояды. Сөйтсем олар екінші қабаттың терезесінен сыртқа шығып кетіпті. Бұған не дерсің... Қыздар ішегі қатқанша күліп жатыр... Мен де еріксіз езу тарттым.
Әйтеуір таң атып, сабаққа кеттік. Түсте сабақтан қайтып келе жатсам, бөлмемнің есігі де, терезесі де ашық, перделері "мен мұндалап" желбіреп тұр, Марат босағада басын ұстап отыр. Ұзын дәлізде ары өткен, бері өткендер;
-Кешегі туған күніңмен!-деп құттықтап өтіп жатыр. Марат;
-Рахмет!-деп қояды. Маған қарап;
-Елдің бәрі менің туған күнімді қайдан біледі?-деді таңғалып. Күлейін ба...?
-Ешкімнен жасырмау керек еді...-дедім мен. Кешегі қылығы есінде жоқ. Бөлмеге кірсем, арақ иісі мүңкіп тұр. Столдың үсті шашылып жатыр. Бұлар кеше қыздар шақырған ба? Есікті қалай ашып алған? Шырақтар ашып берген ғой. Есіктен үсті-басы су-су болып, жуған басын сүрткілеп,Теңіз кіріп келе жатыр. Менің ашулы түрімді көріп, тұрып қалды.
-Мына жерді жинап, ыдыс-аяқты жуып қойыңдар, әйтпесе...
-Жарайды, жарайды-деп бастарын шұлғи берді.
-Кеше қанша қыз болды?
-Біреу...-деді Теңіз.
-Біреуі үш шынымен шәй ішті ме? Қанша қыз?-дедім мен далап жағылған шыныларды көрсетіп.
-Үшеу, екеу, біреу-деді сасқанынан -ұрыспашы, басымыз ауырып тұр...
-Бастарыңа ие болмайсыңдар ма енді, мен қайта айналып келгенше мына үй тап-таза болсын. Сендерді көргім келмейді.-деп шығып кеттім. Алдымнан вахтадағы Майра апай шықты.
-Жаным Марал, вахтаға бір сағат отырып берші?! Тез үйге барып келуім керек болып тұр, жарайма?
-Жарайды, өңкей жігіттерді кіргізіп жіберемін.
-Жаным сол, бәрібір сендердің адал екендеріңді білеміз ғой. Сендердей қыздарды туған ата-анаға мың алғыс. Мына жерде отырып талай сұмдықтарды көріп жүрміз ғой. Сенің жаныңдағы қыздар да жақсы қыздар, ал мен кеттім, тез келемін.
Апай есіктен шыға сала, артынша Ербол кірді.
-Жаным сол, қайда жүрсің, жоқ болып кетің ғой?!-Мен оны құшақтап бетінен сүйіп қарсы алдым.-Жақсы болды мына жерді екеуміз бірге күзетеміз, ішім пыспайтын болды, кел отыр, әңгіме айт.
-Жәй, сессия қиындап кетті, соның әуресімен қолым тимей кетті. Анар қайда?
-Бөлмесінде, оны неге сұрадың?
-Жәй бағана институтта көргенмін. Содан мафоным бұзылып қалды, жөндеп берші деген соң...
-Солай де, мені сағынып келді екен деп ойласам...
-Әрине сені де сағындым.
-Мені де, оны да сағындым дегенің бе?
-Мәссаған, сен мені қызғанып отырсың ба?
-Жоға, ол не, жейтін нәрсе ме?
-Қызғандым деші...- Ол мені құшақтамақ болып жақындап еді, жолатпадым.
-Жоқ деймін, бар Анарыңа бара бер.
-Жарайды, мен барып жөндеп берейін, сен қашан келесің?
-Мен кедергі жасайтын шығармын! Радиотолқындарға?
-Ой, ой... Сондай сөздерді қайдан тауып аласың осы?
Ерболдың соңына қарап отырып, қалың ойға кеттім. Ойымды ту сыртымнан біреудің бас салып құшақтап алғаны, бұзып жіберді. Төртінші қабатта тұратын Қорлан екен, өзі екінші курста оқиды. Қолаң шашы беліне түскен, аққұба әдемі қыз.
-Сәлем бердік!
-Қалайсың? Шошытып жібердің ғой!
-Марал сені өлең шығарады дейді ғой?
-Не болды, саған арнап өлең шығарып берейін бе?
-Жоқ, маған емес, егемендік күніне, тілге арналған бір өлең шығарып берші. Институтта соған арналған кешті мен жүргізетін болдым. Күшті бір нәрсе ойлап тапқым келіп тұр.
-Жарайды, қағаз, қаламыңды әкел.
-Қазір, міне!-ол маған сөмкесінен дәптерін алып берді.
Ана тілі.
Жоғалмайды деген енді сенімде,
Көп күттіріп келді міне тілімде!
Орындалды көптен күткен арманым,
Тілмен бірге қайта оралды дінімде.
Егеменді Қазақстан жасасын!
Тілім шықты шындық қайда қашасың!?
Армансыз адам болушы ма еді өмірде,
Арман енді тілден, діннен басталсын.
Орыс тілге кеттіңдер ғой үйреніп,
Қазақ тілі кетті өзінше түрленіп.
Ендігі арман замандастарым менің,
Кетсе екен ана тілін игеріп.
Ол арманым орындалса егерде,
Арман деген бітуші ме еді әлемде.
Шетте жатқан шекаралас мемелекет,
Қол сұқпаса Қазақстан жеріне.
Тілім шықты жаңа туған баладай,
Бұған енді қуанбайды, қай ана-ай!?
Бәрімізді бесігінде тербеткен,
Туған жерім болып кеттің анамдай!
-Міне, мына төртінші шумақты алып тастайық, ұйқасы келмеді. Қалғаны жаман емес сияқты?
-Қандай күшті, керемет, өзім шығардым деп айтсам болады ма!?
-Айта бер!
Қорлан рахметін айтып, қуанып кетті. Ал менің есіл-дертім басқа да еді. Ерболды ойлап мазам кетті... Бір сатқындықтың иісін сезгендей болдым. Анар маған уәде беріп еді ғой, тиіспеймін деп... Майра апай қашан келеді, мен бұл жерде қасқырға қой бақтырып қойып отыра алмаймын.
Апай келе сала, оның әңгімесін тыңдамай жоғарыға жүгірдім. Келсем бөлмеде басқа қыздар да бар екен, құдайға шүкір! Ербол мафонды енді жөндеп болып, әдемі бір әуен қосып қойды. Ар жақта Алсу; "Сон мой, тихий тайнственный, где ты милый единственный"-деп әндетіп жатты. Қыздар шулап, Анарға;
-Жігітке рахмет айтып, бетінен сүй-деп қоймады. Сол кездегі Ерболдың түрін ешқашан ұмыта алмаспын. Бетінен сүймек болып жанына жақындаған Анардың беліне қолын қойып, сәл өзіне тартты да, өзі ширатылып денесін түзеді де, көзі жұмылып, ал еріндері оның бетін аймалай келіп, мұрны иіскеп үлгерді. Мен осының бәрін байқап үлгердім. Менің бетімді де ол талай сүйген, бірақ басқаша... Мен одан ары шыдап тұра алмадым. Есіктен сытыла шығып, ешкімді тыңдамастан қаша жөнелдім. Бөлмеме келсем, жігіттер кетіп қалыпты, Шырақ пен Жамал отыр екен. Есікті тарс жауып, ішінен құлыптап алдым да, ашылып кетпесін дегендей бар салмағыммен итеріп тұрдым. Ар жағынан Ерболдың келіп тұрғанын сездім.
-Марал, есікті ашшы...-мен де үн жоқ. Түк түсінбей қыздар отыр.
-Марал, ашшы, сөйлесейік...
Оның не айтатынын білемін. Анардың кесірінен ол сөзді біздің қыздардың бәрі естіген. "Кешір"дейді, "Мен сенің құрбыңды сүйем" дейді."Қалай болғанын өзім білмей қалдым"дейді. "Не үшін жақсы көріп қалғанымды да білмеймін" дейді. Ал менің оны естігім келмейді. Кетсін, барсын, жолы болсын, бақытты болсын! Бірақ менің неге жылағым келіп тұр, менің жылағым келіп тұр... Ақыры ол кетті, аяғымнан әл кетіп, есіктен сырғып, еденге отыра кеттім. Шырақ келіп мені құшақтап бауырына басты.
-Сен білесің бе?-мен оған айта бастайын деп едім, ол
-Мен бір бәленің бар екенін сезгенмін-деді. Мен жылап жібердім.
-Ол қыздың бізден қай жері артық айтшы, бойы да қысқа, аяғыда маймақ, белінде бес килә майы бар, томпайып тұрады, сен сияқты әдемі киінбейді, алтындар ілмейді, сонда да Жандос та, Маржанның Қайраты да, Батырда, бәріде соған қызығады. Енді міне Ерболды да тартып алды. Айтшы, сол қыз олардың басын қалай айналдырып алады.
-Білсем айтар едім ғой...
-Мен оны жек көремін, ешқашан кешірмеймін. Дипломының қаншама есебін шығартып алып, қанша материалдарын жинатып алып, менің ту сыртымнан пышақ ұрғанын қарашы. Тіпті онымен ашық та ұрса алмайсың, "мен не істеппін?"-деп беті бүлк етпейді. Ал Ерболшы? Оңбаған, сатқын, өтірікші... Осыдан кейін қалай оларды қалай жақсы көресің?...
Жылап отырған мені үнсіз тыңдап отырған қыздар мені тұрғызып төсегіме жатқызды. Үстімді көрпемен жауып, басымды сипап;
-Жарайды, жылай берме, жігіт табылар...-деп жұбатты.
-Анар сияқты қыздар тұрғанда, бізге жігіт те, бай да жоқ, бәріміз кәріқыз болып қалатын шығармыз. Жоқ ол неге біреуіне тиіп тыныштық таппайды.
-О-о, оның сұраныстары да, жоспарлары да жетерлік. Соларды жүзеге асырып барып бір-ақ байға тиеді.
-Жоспары әлемдегі барлық жігіттермен жүріп шығу шығар... Өзіне не керек екенін өзі де білмейтін шығар. Жәй бізден жігіт тартып алған сайын өзін керемет сұлу сезінер.
-Сендер оның мектептегі кезінде өгей әкесі зорлағанын білесіңдер ме?-деді Жамал төбеден жай түскендей, қойып қалды.
-Не дейсің? Рас па?Жоқ, оны кім айтты?
- Не деген масқара!-мен өз қайғымды ұмытып басымды көтеріп алдым. Сен қайдан білдің?
-Мен оның күнделігін оқыдым.
-Күнделігін? Анар да күнделік жаза ма екен?
-Сен де жазамысың?
-Жоға, менікін де оқиын деп пе едің?!-мен шошып кетіп өтірік айттым.
-Жоға, мен оны ұрлап алған жоқпын ғой. Бірде кітапханада ол Асқармен бір жаққа баратын болды да, маған сөмкесін Маржанға бере салшы деп тастап кетті. Мен тапсырманы жазбаппын. Соның дәптерінен көре салайын деп ашсам, алғашында дым түсінбедім. Сосын қарасам күнделік екен, тура сол оқиғаны жазған бетін ашыппын, қалай оқып кеткенімді өзім де білмеймін... Әр жері жыртылған, өзі де түсініксіз жазады ғой. Түсінгенім сол ғана.
-Солай ма? Сол қыздың көзінде әйтеуір бір жұмбақ жататын. Бірақ ол жұмбақтың мұншалықты қайғылы екенін білмеппін. Сонда ол қыз емес болғаны ғой? Сонда барлық жүрген жігіттермен жатып жүрген ба?
-Онысын білмедім, бірақ бұл қыздың жасырған сыры көп.
-Бәрін оқып алмадың ба?-деді Шырақ білгісі келіп.
-Ия саған, қорыққаным сонша, сол сөмкеден құтылғанша асықтым.
Мен жастығымның астына қолымды сұқтым да, Шыраққа
-Сен менің кітабымды алмадың ба?-дедім.
-Алдым, ішіндегі мына бір өлең сен туралы екен деп, жаңа Жамал екеуміз мәз болып қып отырғанбыз...
-Ия, ия оқып берші, тыңдашы...-деді Жамал қоштап.
Қыз Маржан
Ұнататын ұрма қыз сыр ашуды,
Сырын ашпай төсекке құлаш ұрды,
Күндесімен жұлысқан долыдайын,
Маржан бүгін ашулы, тым ашулы...
Тамырсымай қайсібір ұрғашыдай,
Сайратын-ды сайтан қыз сыр жасырмай,
Ашу-ыза намысы бетіне ұрып,
Қызу қанның аптығы тұр басылмай.
Қыздар үнсіз қарауда бір-біріне,
"Тағы не бап қалды?!"-деп ділгіруде.
-Аты қазақ демесең, иттерменен
Жарамайды қасында бір жүруге,
Өзеурейді бір сүйіп үлгеруге.
Жігіт емес өңшең бір жидігерлер,
Жидігерге қор болып өткеннен де,
Соларға ғашық болып тиді кімдер?
Жеке өзіме жесірдің билігін бер!-
Деп кетсін әріге Маржанымыз,
Ортасында үш қыздың ардағымыз.
Маржан күлсе күлкі боп жан-жағымыз,
Алмағайып долданып, ашуланса,
Үн шығармай, амал не, қорғаныңыз,
Ол ақиқат-"долыдан пері қашқан"
Алшаңдаған адымын кері басқан.
Ашулының алдынан сақта тәңір,
Ақырып кеп атаңның көрін ашқан.
-Қойшы, соншалықты қорқыныштымын ба?-дедім мен.
-Ия, сенен қорықпасақ, сенен тығылып темекі шегеміз бе?-Жамал тағы төбемнен қойып қалғандай болды.
-Не дедің, темекі шегіп жүрсіңдер ме?-дедім мен таңқалып.
-Неге айтасың, енді бұл бізді аңдып, шектірмейтін болады?-деді Шырақ.
-Өздеріңнің өкпелеріңе зиян қой?!
-Ии, біз бір-екі рет қана байқап көрдік...-деді Шырақ-ары қарай тыңда:
Сыры мәлім қыздарға қыз Маржанның,
Талай көрген шиқандай сызданғанын.
Құрбысына тап болса бір жақсылық,
Құптағанын білмейсің, қызғанғанын,
(Ұнататын, әйтсе де, қыз Маржанын)
Өзі айтады, Маржаннан сыр сұрама,
Жаспақтатып, аспақтап, шымшылама.
Жанын жайып салмастан тыншыға ма,
Жалт бұрылып, жат көзден қымсына ма?
Сырын бағып Маржанның құрбылары,
Үн шығармай, күйініп тұрды бәрі.
Бірақ достар айтпай-ақ тез түсінді,
Өжет қыздың көзінде мұң ызғарды.
-Керемет жазған, ия?!-деді Шырақ-сен не, ренжіп қалдың ба?
-Менің Анарға жаным ашып отыр...
-Жаңа ғана, ешқашан кешірмеймін деп жатыр едің ғой!
-Мен оның да, тағдырдан таяқ жеп жүргенін білмедім ғой. Сонда да, қабырғасы қайыспай, басын тік ұстап жүргенін айтсаңшы. Мен болсам, көтере алмас едім, тіпті, асылып өлетінбе едім, кім білсін?...
-Өлмеу керек, мен болсам, соны істеген сұмырайдың тамағына тышқанның уын қосып қатыра салатын едім. Ақыр бір үйде тұрған екен, сөйтіп жаман адам саны біреуге азаяр еді...-деді Шырақ өжеттеніп.
-Онда, жаңағы өлең сен таралы болғаны ғой!?-дедім мен жымиып.
Өзім біздің Маржан қыз жетім өскен, Анардың жастайынан көрмегені жоқ екен, менің өмірім олармен салыстырғанда рахат екен ғой деп ойладым. Барлығы салыстырмалы түрде екен ғой. Қой, құдайға тәубә деп, сабағымды оқып тыныш жүрейін. Жігіт табылар, тұқымы құрсын, не деген жаман адамдар бар бұл өмірде...
Ертесіне дым болмағандай сабақта отырдық. Сабақтан шыққан соң мен бір курстық жұмысын тегін жазып берген бір жігіт саябаққа шақырды. Өзі неше күн болды рақметімді айтайын деп қоймай жүрген. Ерболға ерегесіп сонымен ілесіп кеттім. Менің келіскеніме қуанып кеткен ол, такси ұстап, есігін ашып мәз болып жүр. Екеуміз кішкентай балаларша балмұздақ жеп, атракционда әбден ойнап қайттық. Тіпті шығарып саларда ол маған сөз де салды. Мен қайтарып та үлгердім. Мүмкін жақсы бала шығар, бірақ Ерболдың жанында ол бойы да қысқа, үсті де мыж-мыж, өзі де, сөзі де мүлде ұнамады. Бөлмеме қайтып келіп, қолыма күнделігімді алып, ойымдағыны жаза бастадым.
"Не болды?"
Қиналды жаным,
Сұрасаң егер не болды?
Қайтаршы деймін
Тағдырым маған Ерболды.
Ұмыта алмаймын,
Арнаған маған сөздерін,
Сағындым деймін,
Аялап тұрған кездерін.
Ұнатам деймін,
Қайт дейсің енді ұнатам,
Ойыма алып,
Жүректі тағы жылатам,
Сағындым деймін,
Ұмыта алмаймын мен оны,
Қайтаршы деймін,
"Не болды"- деп тағы сұрасаң.
Қайтаршы деймін,
Болмаса, тіпті бір күнге,
Үмітпен қараймын,
Атқан таң, батқан күнге,
Биікке қараймын,
Сенгендей бір күш барына,
Бар болса ол күш
Көмектеспейді ол неге?
Биікте жұлдыз
Жымыңдайды, бірақ сұрамайды.
Сұрамай оны,
Орнында қалай тұрады-ай?!
Биікте тұрып,
Бақылап оны тұр ма екен?
Мен болсам жұлдыз,
Тұра алмас едім, құламай.
Аспаннан құлап,
Ерболға жақын келер ем,
Құшағын ашса,
Қуана соған енер ем.
Жарассақ егер,
Жалындап жанып, болмаса
Жалынына өртеніп
Құшағында сөнер ем.
Сұрама менен,
Сұрасаң егер, "не болды?"
Қайтаршы деймін,
Тағдырым маған Ерболды!
Сағандым деймін,
Жаныма шипа сөздерін,
Ұмыта алмаймын,
Құшақтап тұрған кездерін.
Тағы бір таң атты. Бүгін демалыс. Далада жаңбыр құйып тұр. Осы бір табиғат тамшысына тамшы болып, менің де көз жасым қосылып жатты.Ербол мен Анар арасында бірдеңе болуы мүмкін емес. Жәй Анар маған ерегесіп істеп жүр деп өзімді-өзім жұбатып жатқанда, есік қағылып, ішке Алтын кірді. Әлі де төсегінен тұра қоймаған бізге қарап;
-Мә, сендер әлі тұрмағансыңдар ма? Қалайсыңдар, ауырып қалғансыңдар ма?
-Жоға, жәй жаңбырлы күні төсекте жатқанға не жетсін!-деді Шырақ.
-Тұрыңдаршы, менің үйде ішім пысты, сендерде қызық қой. Бәрің бір жердесің, көрші есікте жігіттер жүреді...
-Па, шіркін! Сол жігіттер мас болған кезде келсей, қызықтың көкесін сонда көресің?
-Мә, сендерге тисе ме?
-Мынаған ұнап отырған сияқты ғой-деді Шырақ тұрып жатып-қазір олар "бас жазар" іздей бастағанда сені береміз!
-Кетші-ей, шын ба?!-Алтын қорқа бастады. Осы кезде біздің есікті біреу ту сыртынан бар күшімен бір тепті. Есік іштен құлыптанып тұрған, ашылмады. Мен де "жыным" ұстап тұрған, бар күшімен барып іш жағынан бір тептім. Алтынның көзі шарадай болды.
-Неге үйттің?
-Ішіндеде бір "мықтының" барын білсін!-деймін мен. Ар жақ тым-тырыс болды. Біз бір сәтке бір-бірімізге қарап үндемей қалдық та, бір уақытта жатақхананы басымызға көтеріп, қатты күліп жібердік.
-Қалай, қызық болды ма?-дейміз Алтынға қарап.
-Кетіңдерші, зәремді алдыңдар ғой!-дейді ол да күліп.-Мен сендерге тәтті-пәтті әкелдім. Шәй ішіп алып, далаға қыдырып келейік.
-Ура! Тамаққа тоятын болдық!-деп Шырақ мәз болды.
-Жақсы болды ғой! "За күйік" әдемілеп шәй ішейікші!-деп мен шәй қоюға кірістім. Алтын маған көмектесіп, Шырақ төсегін жинауға кірісті:
-Айтпақшы, Асқар ауырып қалыпты, соның жағдайын сұрап келейік!
-Шынымен бе? Жақсы болды ғой, Асқарды көретін болдым!-деді Алтын.
-"Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы"- деп қазағым осыны айтқан ғой-дедім мен күліп.-Не деген дана халық!
-Осы қыздарға ерегескенде Асқарды өзіме қаратып алайын ба?-деді Алтын маған қарап.
-Қалай қаратып аласың?-деймін таң қалып.
-Анар негізі Асқарды уысына түсіре алмай жүр. Ол бой десе- бойы, ой десе-ойы бар жігіт, оған қоса әкесі Атырауда мұнай өндіріп жатқан бастық. Студент баласына үй алып бере салды, тұрсын деп, бай екенін біледі. Анар алғашында спортшы деп Әділді ұнатқанымен, өз өмірін қамтамасыз ету үшін Асқарды айналдырып жүр. Бірақ ол жігітің де мықты екен, жеңіл жүрісті ұнатпайтын сияқты ғой. Ол тек жүрегін тыңдайтын жігіт сияқты ғой!-деп Алтын өз ойын айтты.
-Туу, сен Асқар туралы диссертация жазып жүрсің ба? Білмейтінің жоқ қой!
-Жүріңдерші тезірек барайық, Асқарды сағынып кеттім-деді Алтын әзіл-шыны аралас.
Асқар есігін бірден ашпады. Біз де кетпей тұрып алдық.Бір кезде ашты-ау әйтеуір. Қалжыңдап кіре сала үйді басымызға көтердік. Залдың жартылай ашық есігінен, диванда көрпе жамылып отырған, жартылай жалаңаш қызды байқап қалдым. "Шешінген судан тайынбас" деп, ақыры келдік, шегінетін жол жоқ. Мен қыздарды бастап ас үйге алып кеттім. Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады дегеннің кері келді. Ыңғайсыз жағдайда қалған Асқарға көмектескім келіп, сөз тізгінін өзім алдым.
-Асқар, сен ауырып қалды деген соң, Алтын көңіліңді сұрайық деп қоймаған соң, амалсыз ат басын бұрып ойламаған жерден келіп қалдық. Сен ренжіме!
-Жо-жоқ, дұрыс қой-деп қояды ол басын шұлғып, шәй қоя бастады.
-Сен негізі суық тиіп ауырып қалды деп естігенбіз, бірақ байқаймын, негізі ауыруың басқа сиқты?!
-Жүрек қой, жүрек!-деп қойды Шырақ.
-Жігіттің жүрегі ауырып тұрғаны дұрыс, тек қыздардың өкпесі болмаса болды ғой!
-Жоқ, мен ешкімді ренжітпеймін ғой.-дейді Асқар.
-Ал енді саған бірнәрсе әкелейік деп едік, байдың баласына не әкелетінімізді білмедік. Темекі әкелейік десек, сен қандайын шегесің, тіпті шегесің бе, шекпейсің бе, оны да білмедік. Шарап әкелейік десек, сен қандайын ішесің, әлде ішпейсің бе, оны да білмедік!?
Асқар мәз, көңілі көтеріліп, қалжыңға қосылды.
-Мен де сол тамақ істейін десем, сендер палау жейсіңдер ме, ет жейсіңдер ме, әлде мүлде тамақ ішпейсіңдер ме білмей отырмын-дегенде бәріміз мәз болдық.
-Жарайсың, сөз тапқанға қолқа жоқ, екі де-екі.-деп менің оның қолын қыстым.
Осы кезде Әділ де келді.
-Үйде кім бар?-деп келіп бізбен амандасып жатты.
-Ешкім жоқ, бірақ залға баруға болмайды, ба-а-ба-а-й бар!-деп біз күлдік.
-Ойбай, онда қорқамын!-деді ол да мәз болып.
-Қойшы сендей спортшы да қорқатын нәрсе бар ма?-дейді Алтын.
-Ия, спортшылардың бәрі бабайдан қорқады.
Біз көңілді отырып қайттық. Әлгі қыз залдан шықпады. Асқардың жүріп жүрген қызы сол болу керек. Бізде сұрамадық, Алтынды шағырып салып, өзіміз күліп-ойнап үйіміздей болып кеткен жатақханамызға қайттық.
Бірінші пар Жанат апайдың сабағы. Осы кісі маған қатты ұнайды, бірақ ол мені ылғи да Алтынмен шатастырып, бағамызды ауыстырып, менің бесімді оған, оның төртін маған қойып, артынан жөндетіп жүремін.
-Қалай шатастырып аласыз?-деймін ғой мен таңқалып.
-Екеуің ұқсайсың- дейді.
-Қай жеріміз ұқсайды, ол екеуміз күн мен түн сияқтымыз ғой?!-деймін мен Алтынның қара менің сары қыз екенімді пайдаланып, өзімді күнге теңеп.
-Болды енді шатастырмаймын, түсіндім-деп күледі апай-жәй, екеуің де тақылдатып сабақ айтқаның ұқсайды.
Апай үлкен кісі, қырықтарда шығар. Өзі сондай салмақты, ұқыпты киініп жүреді, артық сөйлемейді де. Ал сабақ түсіндіргенде, ол кісіге ешкім жетпейді. Кез-келген күрделі станоктың, бөлшектерін, инесінің жолдарын салғанда, суретке түсіріп қойғандай, тақтаға түсе қалады. Жанат апайдың сабағынан жалыққан емеспін. Менде одан қалыспай суретімді айшықтай түсемін. Ал сабақ айтқанда, асықпай да, тым созбай да, әдемі ертек айтып жатқандай. Біз дәл қазір бір жері қызық болатындай, дымымызды шығармай тыңдайтынбыз. Сол әдемі ойымды, Алтын бұып жіберді.
-Сені өткендегі менің құдабалам сұрап жатыр. Қамбар ше? Әдейі бір күні Алматыдан іздеп келемін депті.
Мен оны ұнатамын ба білмеймін?! Анар оқымаған жігітке тимеу керек, күн көре алмайсың дейді. Болашағымыз қандай болмақ? Ол неге осы уақытқа дейін бір мамандық алмады екен, Алматыда көкөніс сатады екен. Мен баламен үйде отырсам, тамағымызды тауып әкеле алады ма? Ол шынымен келе ма, келмей ма, келмей жатып, осындай ойлар мазалады. Есеппен күйеуге шығу деген осы шығар...
Лекция жайында қалды. Амалсыз күнделігімді қолыма алдым.
"Сезім қайырмасы"
Отырмын босқа омалып,
Аудиторияға қамалып,
Өзгертіп мені әкетті,
Алтын айтқан жаңалық.
Сұрама "ол" деп "немене"
Жүрегім соған сенеме?
Ал өзім сенбей сұрадым,
Шынымен Қамбар келе ме?
Сендірді Қамбар келеді-деп,
Алқынды сонда жүрек кеп,
Санамда тұрды жалғыз ой,
"Достықты" сезім жеңеді деп.
Шумақтар жаздым күрсініп,
Сезімім ысып, бір суып,
Оқысаң осыны айтшы,
Отырсың нені түсініп.
Қызды айтсаң жігіт тұра ма?
Жігітсіз қыз да бола ма?
Түсіндірейін десем, білмеймін
Сезім ба, әлде құмар ма?
Айта алмаймын оған ғашықпын,
Ойпырмай неге асықтым,
Бір ауыз сөзбен айтқанда,
Буы ғой шіркін, жастықтың.
Кезінде біздер дос едік,
Кетерде жеңіл "қош" дедік,
Қалжыңдап "ғашық" болып ек,
Кеудеміз бір-ақ бос еді.
Айтпаймын соған "лайықпын"
"Махаббаттан" да айықтым,
Әншейін кетіп барамын,
Жел қуған жаққа қайықпен.
Уақыт болса мынау зымырап өтіп жатыр. Көзді ашып-жұмғанша бесінші курсқа да келдік. Бізден кейін келген, тіпті бірінші курс қыздары күйеуге тиіп кетіп жатыр. Тіпті көрші бөлмедегі егіз қыздар Айман-Шолпан, бір-бірінің жігітіне тиіп алды. Алдымен Айман Темірмен жүреді. Сосын Темір Шолпанды ұнатып қалады. Шолпан өзінің жүріп жүрген Темірдің досы Ерікті тастап Темірдің ұсынысын қабыл алады. Айман саспайды, ол Ерікке ұсыныс жасайды, ол Айманға үйленеді. Сонда қыздар бар болғаны екінші курста оқиды. Мен Айманнан неге сонша асықтыңдар деп сұрап едім, тым болмаса екеуің екі ауылға кетпедіңдер ме, қалай бір-біріңе қарайсыңдар десем, "Біздің мамамыз өзі кеш үйленген, "үйде тағы екі қыз бар, шуамай тез-тез байға кетіңдер, ендігі курсқа дейін байға тимесеңдер, жазғы демалыста үйге кіргізбеймін, қайда барсаңдар-сонда барыңдар"- деп ылғи ұрса берген соң, амал жоқ, тидік"-дегені. Сонда махаббат қайда қалды? Өз қыздарын үйден қуатын қандай ана? Менің мамам керісінше, өзін ерте алып қашып кеткен, содан ба, жоқ әкемнен қорқама, әйтеуір "Әй, сабағыңды бітіргенше жігітке жолама, әйтпесе әкең өлтіреді," сен сабақ оқып жүрсің ба, бай іздеп жүрсің ба?"- деп үйге кіргізбей қояды"-деп ылғи да айтып отырады. Менің әкем демалыста, мені байсызда үйге келтірмейді. "Ары-бері жол-кіре құрта бермей, сонда жата беріңдер"-дейтін. Сондағы ауылға екі-ақ сағаттық жол. Сондықтан мына тұрған аулымызға жылына бір-ақ рет келетінбіз. Сонда келіп, өзінен ақша сұрамасын дейді да, ал біздің мұнда не ішіп, не жейтінімізде шаруасы жоқ. Не деген қатыгез адам. Сол кісі шешемді жақсы көрдіме екен, жоқ әлде, айтқанына көнетін, айдауына жүретін, әрі әкесінің малы бар деп таңдап алды ма екен?
Қойшы, мейлі... Ал біздің топта тұрмыс құрған Жамал мен Дәулет қана. Қалғаны Анар бастап, бірінші оқу бітіріп, әке-шешемізге жұмыс істеп, көмектесіп, сосын асықпай тұрмысқа шығамыз деп жүргендер. Қоршаған ортам сондай болған соң ба, білмеймін, мен де солай істеген дұрыс деп ойладым. Ал уақыттың өз есебі бар екен, ол ешқашан тоқтамайды, тек зымырап, адамдарға білінбей өтіп жатты. Иститут-жатақхана-оқу залы. Баз біреулердің махаббатына қызығып-ақ жүргеніміз. Бұл сезімді жүрегімді ауыртпайын деп, мен басыма қондырмайын деп жүрсем, оның өзі әркімге қона бермейді екен ғой! Мен бойымды түзеп, ойымды тежеп жүрсем, ол үшін күресу керек дейді ғой. Менің жақсы көретін ақыным Мұхтар Шаханов бірде,
"Махаббат жоқ, ол әншейін далбаса,
Адамдардың бірін-бірі сүйемін деп,
Алдайтыны болмаса"-десе, енді бірде
"...Қанатыңды талдырма,
Алай-дүлей жаңбырда,
Тізгініңді беріп қойма тағдырға.
Қуанышым,
Біреуді жан-тәніңмен сүймегенің үшін,
Сүйе алмағаның үшін,
Табиғаттың алдында кінәлісің..."
"Махаббатты білмегендер, сезбегендер бақытсыз жан"-деп жырлайды.
Ұлы Абайдың өзі "махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар"-дейді. "баянсыз махаббаттан сақтасын"-дейді.
Сонда не махаббатты қолдан жасайды ма? Әлде жүрекке бағынбайтын, ақылға салынбайтын махаббатты күтіп, жастық шақты жан қуанышынсыз өткізу керек па? Тағы бір шумақты қағаз бетіне түсіруге асықтым...
"Жалғыздық"
Жан қуанышымды күтумен,
Жастық шағым өтуде.
Шынымен-ақ,
Кездестірмей өтем бе?
Арман қайда, алаулаған,
Желбіреткен жалауын?
Жүрек қашан табар екен,
Жан серігін қалауын?
Ыстық сезім, бойға сыймай,
Фонтанға ұқсап атқылап,
Ыстық қаным қуалайды,
Тамырымда шапқылап.
Буырқанып, долданып,
Секіреді биікке,
Бірде момын марал ма?
Бірде асау киік пе?
Түу, күнделігім-ай, ғайыптан саған тіл бітсе ғой, сенімен әңгімелесетін едім, сенен ақыл сұрар едім. Бірақ сен үндемейсің, менің айтқандарымның бәрін ішіңе түйіп, дым білмегендей жатасың. Марал мынауың дұрыс немесе мынауың бұрыс деп айтпайсың, әлде өзің біл дейсің бе? Бұл жолы не айтсам екен саған?! Анар мен Батыр ажырасты. Мен оларды бір рет табыстырып едім бәрі бекер, Анар онымен тек уақытша жүрген екен. Батыр жігіттің жүрегі ауырып қалды. Маған мұңын шағып, "неге әуел баста сені таңдамадым екен дегенде?"- таң қалдым. Мен оған тұрмысқа шығар едім, өзі тартымды, оқымаған болса да, жұмыстан қорықпайтын еңбекқор, ең бастысы адамгершілігі бар азамат. Ал енді кеш, мені алса да Анарды ойлап жүретін болады.
Тағы бір жаңалық, Тараздағы үш институт қосылып, университет болдық. Осы маңда бір түсініспеушілік болып, үлкен жиналыс болды. Мен өз деканымды жақтамақшы болып, ортаға қанша ұмтылғаныммен, мені Анар мен Маржан жібермей қойды. "Қайтесің, ертең диплом алайын деп отырғанда, басыңа бәле тілеп... Тіпті университеттен шығарып жіберсе, бес жылғы еңбегің далаға кетеді"-деді. Мен "дипломсыз үйге кіргізбейтін" әкемді ойладым. Әйтеуір аяғы жақсы болып бітті-ау. Әйтпесе, ортаға шығып шынымен біраз сөйлейтін едім. Қорыққаныма налып басым салбырап, үйге қайттым. Жаныма жалау болып жүрген ақын ағамыздың бірі өлең жолдарымен мені қайрап-ақ жатты.
"Қайрау"
Айта алмадың!
Айтарың айтылмады!
Момындаусың,
Мінезің қайтымды әрі!
Атқа мінген,
Амалдап "таққа" мінген,
түгесесің табынып қай тұлғаны!
"Екіленбе!-демедің,-Екпіндеме!"
Өзеуреді өзінше "өткір" неме...
Таутекедей мүйізін тасқа соққан,
Шайқалақтап шегініп, кеттің неге?
Бекер! Бекер! Бекер-ақ! Бекер мұның!
Өтіп жатыр онсыз да өтер күнің.
Ар туының теңселмес тұғырындай,
Ақындықтың қашанда көтер құнын.
Ақырғанға-айғайла, айбынды сал!
Емес бұным жосықсыз жәй бір мысал.
Ақиқаттың алдында-Адам болса,
Арғы тегі оның да-Маймыл шығар!
Жабы бөлек,
Жұлқынған асау бөлек!
Түседі деп қамықпа тұсау кенет.
Ертеңіңе келсе егер еркелегің-
бүгініңе батырлық жасау керек!
Қасымда жоқ болсаң да, қашанда дөп басасың-ау, ағасы... Сосын қолыма қалам алып, ақын ағаммен сырласып, "айтысуға" көштім.
Мүмкін емес жақсы атану...
Мүмкін емес жақсы атану,
Жақсы болып бәріне.
Жақсы атану досыңа да,
Жасыңа да, кәріге.
Жұбатқанмен өзімді-өзім,
Арашалап арымды.
Не жатқанын шыныменен,
Айтайын мен әрі де.
Жек көремін өзгені де,
Кейде өзімді жек көрем,
Мінезіммен алысқалы,
Тек осылай деп келем.
Мен сияқты ынжық мінез,
Жасық мінез, жат мінез.
Мына өмірге керек емес,
Керек емес деп білем.-деп жырласам, Мұқағали ағам мені былай жұбатады:
"Көнеміз де"
Қайтер едің өмірге келмегенде,
Көнесің де...
Қайтесің көндегенде?
Көресің де...
Қайтесің көрмегенде?
Көлден тамшы бұйырмыс шөлдегенде.
Қадірлі дос,
Халіңді ұғып тұрмын.
Күйзелттің ғой, бәрін де ұмыттырдың,
Нақ айыпты жандаймын, алдыңда мен
Не дерімді біле алмай, құрып тұрмын.
Не де болса, тәуекел-тең көрейік,
Әкел бері қайғыңды-тең бөлейік!
Бірімізге біріміз дем берейік,
Бір арбаның астында дөңгелейік.
Қақ бөлесің қайғыңды,
Келісеміз.
Алауын да, уын да тең ішеміз.
Кезбе бақыт кездесіп қалса бізге
Тепе-тең ғып екіге бөлісеміз!
"Өлі балық жолығар өлмегенге!"
Өлмегенге не жетсін, өлмегенге!
Өмір деген осылай, жаным менің,
Қайтер едік өмірге келмегенде!?
Көнеміз де...
Қайтеміз көнбегенде???
Нақ бір менімен тілдесіп жатқандай, нақ менің қасымда жүргендей, бір артық сөзі жоқ... "Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған..."
Ал енді комендатымызды орнынан аламыз дегенде, шыдамадым. Бәрін жинап алып, бастығына барып, "Бұл кісінің жатақханаға сіңірген еңбегі көп. Орнына келген адам соның қадірін біле ме? Қазақ атам "отынды әкелген адамға жаққыз" демеуші ме еді"-деп мақалдатып, тақылдатып жатып ақыры ол Индира апай орнында қалды-ау. Ол кісімен шынында да біраз жыл бірге жұмыс істедік. Мен ол кісінің көмекшісі ретінде, студентақыма қосылған кішкентай болса да, жалақымды алып жүрдім. Менің міндетім кешкі сағат алтыдан кейінгі тәртіп пен тазалық сақталуын қадағалау еді. Ол кісі ешқашан жатақханаға, студенттердің орнына, басқа адамдарды орналастырып, ақша алмайтын. Бізден де басы артық ақша жинамайтын. Қашанда, би кешіне, туған күндерге рұқсатын беріп, қонақтарымыздың, ата-анамыздың келуіне рұқсат етіп, жатақханада өз үйіміздей еш қысылмай өмір сүрдік.
Енді міне көмекші ретінде, мойныма соңғы жүк жүктелді. Бүршігін атып тоқсан тоғызыншы жылдың көктемі, жиырмасыншы ғасырдың соңғы көктемі келіп, Наурыз мейрамында үш жатақхана, өзара жарысатын болдық. Сол істі ұйымдастыруды маған тапсырды. Күн бірден жылынып кетпесе де, бусанып жатқан жерден көктем иісі аңқып тұр. Енді біраз күнде гүл атаулы құлпырып, құс атаулы сайрап, нағыз көктемнің өзі де келеді. Жүрек сорлы соны сеземе, әйтеуір біраз күн болды кеудеме сыймай, ыстық қанды тамыр бойын қуалата айдап, жұмысы күрделене түскендей...
Жатақхана алдына киіз үйлер тігіліп, ұлттық тамақ дайындауды жатақхана басшылары өз мойнына алды. Менің міндетім, біздің жатақханада тұратын талантты студенттерді жинап, ән айтып, би билеп, өлең оқу. Тойдың болғанынан боладысы қызық деп, қызықтар басталып кетті. Күнде кешке бәріміз бірінші қабаттағы холға жиналып, дайындаламыз. Сонымен, би де, күйде, ән де, өлең де дайын болды. Біздің жатақханада шетінен өнерлі жастар тұрады екен. Тіпті ішінде Алтынбек Қоразбаев ағамыздың шәкірттері де бар. Ол біздің вахтадағы апайдың қыздары, сол қыздар домбырамен ән айтып, күй тартатын болды. Бірінші курстағы қыздар ұлттық киім киіп, билейтін болды. Ал мен бір-екі өлеңді арнайы дайындап қойдым. Көп болып күткен, ұлы тойда келіп жетті. Ақ түйенің қарны жарылып, тегін тамаққа жартылай аш жүрген студенттердің мұрты майланып қалды. Сахнада концерт басталып кетті. Жүргізуші әрине мен! Өлең де менікі!
Наурыз.
Көп күттірген сағына,
Наурыз келді тағы да.
Халқымның ұлы мейрамы,
Себеп бол бақыт-бағыма.
Шапағын күннің сыйлашы,
Ақ жаңбырыңды тыймашы.
Жаманның жүрегін жібітіп,
Мөлдір махаббат сыйлашы.
Құлпыртып көңіл жайлауын,
Келді ғой Наурыз мейрамың.
Бата бер ұлың, қызыңа,
Ойлап жүрген ел қамын.
Ары қарай, ән төгіліп, күй тартылып, мың бұралып би биленді. Күннің көзі де, тойды жақсы көреді-ау деймін, бар шуағын осы алаңқайға төгіп жатқандай. Көбінесе студент араласқан халық абыр-сабыр болғанымен, сахнадағы болып жатқан қызықтан да құр қалғысы келмей, топырлап, мойындарын соза түседі. Әне жерде проректор бастаған, ұстаздар да, көңілденіп шапалақтарын аямада. Біздің жатақхана қойылымы аяқталып, сөз соңын мен алдым.
-Осы тойға шашу ретінде, өзім арнайы дайындаған өлеңімді оқып беруге рұқсат етіңіздер. "Өтірік өлең" авторы өз қыздарыңыз Марал.
Өтірік өлең
Тараз атты шаһарда,
"ЖТИ"- атты сарай бар.
Ары-бері өткенде,
Тамсанады талайлар.
"Студент"- оның патшасы,
Қалтаға сыймай ақшасы,
Жатақхана жанында,
Өмір сүретін жап-жақсы.
Ұйымдасқан халқы бар,
Өзіне тән салты бар,
Терезесі күмістен,
Есіктері алтыннан.
Таң-тамаша болдым мен,
Қонаққа барып жақында,
Таң азанмен алаңда,
Ректор жүр сыпырып.
Профком болса, өзінше,
Дискотекасын құрып.
Ал проректор, шын айтам,
Қабырғасын жүр ақтап.
Бізді көріп қарсы алды,
Ізеттілігін сақтап.
Төріне шайы көрпе салып,
Қойын сойып, ет асып,
Есепшісін шақыртты.
Есепші келді жүгіріп,
Етегіне сүрініп,
Шәкіртақы таратты,
Жарқын жайдары күліп.
Сөйтіп Наурыз жетіпті,
Студент жарлық бекітті.
Ректор өлең айтыпты,
Проректор билепті,
Комендаттар күй тартып,
Вахтершілер күресіп,
Студенттерге сый тартты!
Жұрт ду қол шапалақтап қошеметтеп жатты. Сахнадан анадай жерде ерекше риза болып қол соғып тұрған, өзіміздің қыздар жақсы көретін технология факультетінің даканы Немеребаев ағайды байқап қалдым. Ағайға амандасайыншы деп сахнадан жүгіріп түскен менің жолымды, мені құттықтап, құшақтап, бетімнен қайта-қайта сүйіп риза болып жүрген комендат Индира апай бөгеп қалды. Ағайым бұрылып кетіп бара жатты. Өткендегі жағдайға ренжіп қалмады ма екен деп жүрегім ауырды. "Сеніміңізді ақтай алмасам, кешіріңіз мені"-деп іштей кешірім сұрадым.
Не керек біз бірінші орынды жеңіп алдық. Проректор бізді құттықтап, жеңісіміздің дәлелі ретінде ойыншық түйе сыйға тартты. Комендат кешке би кешін ұйымдастырып, қалаған қонағымызды шақыруға рұқсат етті. Той жалғасын тауып жатты.Би кешіне біздің жігіттердің бәрін шақырдық. Бұл бәріміздің басымыз түгел қосылған соңғы би еді. Ә. Жарасқаны айтқандай
Несі жастық-туламаса,
Таспаса,
бір думанды, бір думанға қоспаса.
Биле!
Биле!
Биле, әзірге!
Билеп қал!
Өмір кейін билетеді басқаша...
Содан кейін диплом жұмысына қызу кірісіп кеттік те, бәріміз жан-жақта өз бетімізше жүрдік. Ертесіне мен кітапханаға бара жатып, жолдан Ерболды байқап қалдым, ол да мені байқады. Ойымда ешнәрсе жоқ, оған амандасайыншы деп жақындай беріп едім, кенеттен қасындағы қыздың қолынан шап беріп, жүрісін жылдамдата кете барды. Түк түсінбеген мен соңынан ере беріппін. Қайда барады, неге қашып бара жатыр, түсінсем бұйырмасын?! Мені сағынбағаны былай тұрсын, көргісі де келмегені ме? Мен оған соншалықты не істеп қойдым? Ол емес пе, бірінші серттен тайған, мені жақсы көретіні қайда, мені сүйетіні қайда? Бәрі де өтірік болғаны ма? Қасындағы қыз кім? Оны да мен сияқты алдап жүрсің ба?
Артына жалтақтаған ол бір уақытта, ары-бері өтіп жатқан машиналарға қарамай, қызды сүйрелеп көше кесіп өтті де, үйлердің арасына кіріп кетіп, көзден ғайып болды. Мен кері бұрылып кітапханаға барып отырдым. Бірақ ойымды жинақтай алмадым. Оның бұл әрекетіне түсінбей біраз отырдым да, күнделігімді ашып жаза бастадым.
Босаған тізгін...
Таныс бейне алдымнан шыға келді,
Дегенмен мені көріп бұға берді,
Жанындағы жат жанды қорғаштап,
Аттың басын кейінге бұра берді.
Қуанышым, таңқалғаным араласып,
Сезіммен ақыл жатты жағаласып,
Тізгініне сағыныштың ие болмай,
Соңынан ере бердім шала басып.
Көзімде жатқан мұңды елемедің,
Сонда да мен мен соңыңнан ере бердім,
Қазығы шығып кеткен құлынға ұқсап,
Сен жақты бетке ұстап желе бердім.
Жалтақтап көпшіліктің ортасында,
Шынымен менен қорқып жортасың ба?
Жоқ әлде жаныңдағы жат адамды,
Жоғалтып аламын деп қорқасың ба?
Мен едім, мен едім ғой, сенің "жаның"
Жанымда жанушы еді жүрек жалын,
Сен мені ұмытуың мүмкін емес,
Бір сәтке аялдашы барым, бағым...
Бөлмеме сүйретіліп келдім де, төсегіме отыра кеттім. Қасындағы қыз "бар жердің" қызы сияқты екен, киген киімдерінен көрініп-ақ тұр. Әсіресе туфлиі қандай әдемі, биік өкшесіне бір сызатта тимеген, дәл қазір сатып алғандай жап-жаңа. Менікі ше, өзімдікі де емес, Алматыдағы туысқандардан қалған өкшесі мыж-мыж, бір жағына майысып қалған, жөндеуге келмейді. Оның көйлегінің матасы қандай әдемі, етегі төгіліп, желбірегенде, жігіт тұрмақ қыз қызығады. Ал мендегі тозығы жеткен джинсиді тастамай киіп жүргеніме бес жыл болды. Маған дейін қанша жыл киілгенін бір құдай біледі. Аяғым қанша түзу болса да, мына киіммен ешкімді қызықтыра алмаспын... Құдай-ау қашан жариды екенбіз...
Осылайша, ойдың құшағында жатып, көзімнен аққан жасты байқамаппын да. Жылап отырғанымды, бөлмеген Шырақ кіріп келгенде, бір-ақ байқадым.
-Саған не болды?-деді ол таңқалып.
-Жәй, диплом қорғағанда бір жаңа киім кие алмайтын болдым. Мамам нағашы ағамнан қарызға ақша алып салып жіберемін деп еді, әлі хабар жоқ...
-Соған да жылайсың ба? Қаласаң мен берейін?
-Жоқ, рақмет, онсызда ылғи Жамал екеуіңнің көйлегіңді киіп жүрмін ғой. Ендігім ұят шығар. Оның үстіне шынымен бір жаңа көйлек пен туфли алғым келеді. Кейін де керек болады ғой. Қазір кимесем қашан киемін, кемпір болғанда ма? Кешір, саған шағымдалып отырған сияқтымын ғой. Бірақ кімге шағымдалатынымды да білмеймін, әке-шешем тыңдаамайды да, түсінбейді де...
-Мен саған қарызға ақша берейін-ол жүгіріп барып, сөмкесінен ақша алып келді.-Маған молынан салып жіберген, екеумізге де жетеді. Қанша керек?
-Көйлекке мата алсам болды, өзім тігіп аламын. Қыздар да машина бар ғой. Ал туфли қанша тұратынын білмейді екенмін...
-Мә, мынау артығымен жетеді-деді де ол біраз ақшаны санап, қолыма ұстатты.
-Шырақ, мен қайтара алмай қалсам ше? Мамам ақша салмаса, ағам бермесе ше? Ертең оқу бітейін деп жатырмыз, кейін мені таппай қалуың да мүмкін ғой?-мен оның жомарттығына таңқалдым, мен бұлай істей алар ма едім?!
-Қайтарасың мен саған сенемін. Сен өзіңе-өзің адал жансың, ешқашан ешкімге қарыз болғаныңды, тіпті қарыз алғаныңды көрген емеспін. Аш-жалаңаш жүре бересің. Менен осы бес жыл бойы бірге тұрып, бір ретте ақша сұрамаған сен ғана. Әйтпесе, бәрі байдың қызы деп маған тыныштық бермейді. Тіпті қайтармасаңда ренжімеймін. Дипломға қалай көмектестің, шынымды айтсам, сен болмағанда мен соны бас қатырмай сатып ала салатын ба едім, кім білсін?! Сендей досқа менен осы алатын туфли естелік болсын...
-Рахмет, бірақ мен міндетті түрде қайтарамын, уәде беремін...-деп мен оны құшақтап жылап жібердім.
-Қойшы енді, жылама. Одан да, кеттік базарға, мен саған таңдауға көмектесейін?
-Шын айтасың ба? Жүрші, жақсы болды ғой, шынымды айтсам, мен таңдап та көрген емеспін. Оның үстіне алданып қалармын.
-Кеттік!
Екеуміз жиналып, көрші қыздардың бір айлық жол билетін сұрап алдық та, базарға бет алдық.
-Шырақ, ақшаны сен ұсташы, мен сығандарға алдыртып қоярмын. Өткенде біреуі сөмкемді тіліп кетті.
-Ия! Сен не істедің?
-Мә қорыққанымнан сөйлей алмай қалдым. Олар айқайласаң, бетіңді де тіліп кетеді дейді ғой.
-Құдай сақтасын, маған тисіп көрсін, әкел ақшаңды.
Екеуміз артқы орындыққа жайғасқан соң, Шырақ;
-Шынымды айтсам, бағана сені Ербол үшін жылап отыр екен деп ойладым-деді бетіме қарап-ол үшін емес пе?
-Ол үшін неге жылауым керек?
-Мен саған бірнәрсе айтайын, тек сен қайтадан жылама, жарайма?
-Ол не?
-Сен бәрібір бір күні естисің ғой. Оданда қазір естіп, диплом қорғағанға дейін есіңді жиып ал.
-Айтсаңшы енді...-мен шыдамсыздана бастадым.
-Ерболдың әке-шешесі, біздің завкафедра ағайдың Жазира деген қызына құда түсіп қойыпты. Олар әу бастан араласатынға ұқсайды. Біздің ағай, Ерболға Алматыда бір қызметке орналастырамын деп уәде беріп қойыпты. Олар үйлене сала сонда кетеді екен...
-Солай де, сен оны қайдан білдің?
-Баскетболдағы бір қыз, Жазираның жақын құрбысы екен. Мен сендер туралы ештеңе айтпадым.
-Дұрыс істеген екенсің, керегі жоқ. Екі жас бақытты болсын. Ерболды мұнша арзан жігіт деп ойламаппын. Енді бәрі түсінікті болды. Завкафедра ағай, қызының жағдайын ойлайтын жақсы әке екен. Менің әкем меңгеруші болмай-ақ қойсын, ең болмаса түсінігі сондай болғанда ғой, шіркін!
-Сен шынымен оған ренжімейсің бе?
-Оған не деп ренжимін? Одан да осы бес жыл бойы, бір жігіттің махаббатын жаулап ала алмаған өзіме ренжіп отырмын. Шынымен мен сондай махаббатқа лайық болмағаным ба? Мен адал өмір сүруге тырыстым, біреудің ала жібін аттамай, ешкімді ренжітпей, таза өмір сүруге тырыстым. Сонда дұрыс өмір сүрмегенім бе? Өзімді ғана ойлауым керек пе еді, айтшы?
-Сен тым терең ойлайсың. Бәрінің бақытын ойлап уайымдайсың. Бұл өмір ғой, әркім өз бақытын өзі ойлау керек...
- "Ойда көп, уайымда көп ойлай берсең. Ой да жоқ, уайым да жоқ, ойнай берсең!"-деп қазақ айтқандай ғой,-дедім мен.
-Ия! Сен оған жеңіл қарасаң, өмір сүруде жеңілдеп қалатын сияқты. Мысалы, ешкімді тәрбиелеуге тырыспа, ол қиын жұмыс, одан да өзіңді тәрбиеле.
-Менің тәрбием нашар дегенің бе?
-Жоқ, олай емес, тыңдасаңшы. Мысалы, қалай айтсам екен... Әлемдегі ең үлкен жеңіс, өзіңді-өзің жеңуден басталады.
-Сен сияқты ма? Сен Жандос үйленіп кеткенде жыламадың да ғой?
-Неге жыламадым, жыладым. Бірақ оны ешкімге көрсеткен жоқпын. Бір күн жыладым, екі күн жыладым, ешнәрсе өзгерте алмайтынымды білген соң, басқаша өмір сүрудің жолын іздедім.
-Ал мен сенен де қатты қайғырдым...
-Білемін, сен де оны жақсы көрдің ғой!
-Оны саған кім айтты?-шошып кеттім-Маржан айтты ма?
-Жоқ,көріп жүрдім, сездім. Бірақ сенен қызғанбадым.
-Неге? Маған бәрібір оның қарамайтынын білдің бе?
-Жоқ, сен оны менен алып кету үшін ештеңе істемейтініңді білдім. Ал Анардан қызғандым. Оның ұялмай оның алдында құйрығын бұлғаңдатып жүргенін білдім, ол қыздың қылтың-сылтыңы көп қой. Саған содан үйрену керек. Көрдің бе, ақырында өзіне келетін пайданы ғана ойлайды. Ертең бір нәрсеге қолы жетсе, ешқайсымызбен амандаспайтын болады. Тіпті жан досы болып жүрген Маржанды да лақтырып кетеді, көресің әлі, көрмесең естисің...
-Базарға жақындап қалдық, өтіп кетпейік.
-Әлі екі аялдама бар, айтпақшы, сен Жандосқа өлең шығарып беріпсің ғой. Маған да шығарып берші!?
-Әкел қағаз, қалам бар ма?
-Дәптеріме жаза бер, мә!
Құрбыма тілек!
Бақыт тілеймін бұл өмірде мен саған,
Арманыңа сүрінбей жет, аңсаған.
Қиын сәтте табылатын қасыңнан,
Достар жүрсін, жан-жағыңда самсаған!
Сүйкімді бол, ата-анаңа досыңа,
Жар тілемін өмірлікке қасыңа,
Бала-шаға, денсаулық пен махаббат,
Байлық тілейиін жететін бір басыңа!
Әрқашанда күліп жүргің, ашық бол,
Жақсыға ұмтыл, жамандықтан қашық бол.
Жастық шақта жігіттермен жүріп ал,
Сода-а-ан кейін күйеуіңе ғашық бол!
Дипломды да қорғадық, әдемі көйлек те кидік. Мен қыздардан да көп киім кидім. Қалай дейсің бе? Біздің топтың кафедрада тоқыған киімдерін комиссия алдында, мен киіп көрсетіп шықтым. Әр қыз өз тақырыбын талқылап жатқанда, сол станокта тоқылған киімді мен киіп тұрдым. Теледидардан көргенімді істеп, ары-бері жүріп, айналып қоямын. Мұғалімдер риза болды. Бәріміз беске қорғап шықтық. Мамам маған сегіз мың теңге әкеліп беріп, степендия алып бір байып қалдым. Ол біз үшін көп ақша еді, әсіресе сол кезде. Бәрінен де Шырақтың ақшасын қайтарып бергеніме қуандым. Бәріміздің құшағымызды достарымыз жұмсақ ойыншықтар мен гүлдерге толтырып тастады. Ал өзіміз жақсы арласатын жеті қыз естелік болсын деп ақша жинап, жеті бірдей сағат алып, бір-біріміздің қолымызға тақтық. Ешқашан бір-бірімізді ұмытпай, араласып тұрайық деп уәде бердік. Бізді құттықтап жүргендердің арасында, Ербол да жүр еді. Мен оған бірнәрсе айтайын деп жақындай беріп еді, ол артқа шегініп:
-Жазира осында жүр-дегені. Мен не істерімді, тіпті не дерімді білмедім. Менің орнымда басқа қыз болғанда не істер еді, шапалақпен аямай жақтан тартып жіберер ме еді? Ал мен үндемей кейін шегіндім, ол ыржиып қояды. Не деген жиіркенішті еді. Мен Жазирадан қорқып шегінген жоқпын, менің кесірімнен бір қыздың жылағанын қаламадым, іштей саған бақыт тіледім, қош...
Жатақханаға бет алған мені ол, бөлмеге жете бергенде қуып жетті. Ішке кіре берген мені, құшағына қатты қысып, есікке тақап ұзақ сүйді. Тап алғашқыдай, мен де сағынып қалыппын,қарсыласпадым. Сосын босатты да, кейін шегініп;
-Кешір...-деді.
-Не үшін?-деп сұрадым, мені әлі де қимайтынын көзінен көріп тұрдым.
-Әке-шешемнің айтқанынан шыға алмадым... Өзіңе лайық жігіт кездестіруіңе тілектеспін, мені әлі-ақ ұмытып кетесің. Маған налыма... Сені шынымен жақсы көрдім... Барлығы үшін кешірім сұраймын...
-Сен кінәлі емессің, ешкім кінәлі емес, өзіңді кінәләма...
-Қош бол, жаным...
-Қош бол!-ол шығып кете барды.
Дегенмен қоштасу оңайға соқпады. Бірақ, күресіп, күштеп өз еркіме көндіргеннің өзінде, қанша уақыт ұстап тұра алатынымда, бір құдай біледі?! Оның үстіне ол ойнайтын ойыншық емес, ойлай алатын адам ғой. Ол өз таңдауын жасады, мен енді ештеңе өзгерте алмаймын. Оны тағы да бір-екі рет көріп қалдым. Дым болмағандай, "қалайсың?"-деп қасындағы қызын қолтықтап, қасымнан өте шығады. "Жақсымын"-деп мен қала берем, амал қанша!? Сосын келіп, күнделігіме мұңымды шағамын...