Адам қарады: 229 | Жарияланды: 2017-04-20 02:39:41

Қанатсыз періште мен алтын балық

Жадырап жаз да келді.Бүгін күн дүйсенбі болса да мен жұмысқа бармадым. Жұмысым өзіме ұнайды. Алғашында тоқыма өнімдерін сататын сатушы керек деген соң барған едім, бастық келіншек  Светлана Викторовна:

-А шить не хочешь?-деп сұрады.

-У меня нет опыта-дедім сасқанымнан-но готова научиться!

-Значить, научим!-деді де, қолымнан жетектеп алып келіп цехтағы қыздармен таныстырды. Қыздар да өзім қатарлы, көбісі жастар екен, құшақ жая қарсы алып, білгендерін үйретуден жалықпады. Ақшасы аз болғанымен, жылы әрі таза цех, оның үстіне көшеде көрінген мазақ ететін, жаңбырдың астында, желдің өтінде, көшеде балмұздақ сатқанша, осы жер әлдеқайда жақсы емес пе? Сосын мамандығыма да ұқсас, өздерінің тоқыма өндіретін кішігірім цехтары бар екен. Көктен іздегенім жерден табылып, қуанып кеттім, үйге де едеуір жақын орналасқан, жол-кіреге шығындалмай жаяу қатынаймын. Коллективте ұнайды.

Енді неге жұмысқа барғым келмей үйде жатырмын. Ауыз толтырып айтатын себеп те жоқ, ауырып та қалған жоқпын. Әйтеуір таңертеңгілік "тұр-тұрлап" шырылдаған сағаттың үнін өшірдім де, ештеңе болмағандай ұйқыға жаттым. Сонда қанбай жатқан ұйқым да жоқ, кеше сағат он болмай-ақ төсек салғанмын, міне енді сегіз болмай ұйқым ашылып кетті. Енді жата берсем басым ауыратынын біліп, амалсыз тұрып киіне бастадым. Әдеттегідей ұйықтап қалсам, тұра сала, апыл-ғұпыл киіне салып, жұмысқа жүгіріп кетуші едім, бұл жолы тіпті қимылдағым да келмеді. Бұл не?

Өмірімнің соңғы парақтарына ой жүгірттім. Әлде мынау сағат сияқты әр қадамы есептеулі өмірден жалықтым ба? Жалыққанда не істеймін!? Осылай жұмыстан қалса, бір нәрсе өзгере ме екен, жоқ әлде бағана өзі тоқтатқан шырылдыққа ұқсап тоқтап қала ма екен? Мүмкін бұл жәй ғана жалқаулық шығар. Осылай ойланып жүріп шәй қойдым да, асықпай төсегімді жинайдым. Өзімнің осындай жауапсыз сұрақтардан ба, кім білсін, әйтеуір соңғы кезде басым жиі ауыратын болып жүр. Мен оған онша мән бермей, дәрімді ішіп алып жүре беремін. Кім білсін, мүмкін "кәрі қыздардың" бәрі осындай шығар деп ойладым. Басқалардан айырмашылығым, мен болып жатқан өзгерістерді үнсіз мойындап жүре беремін. Сондықтан ба жасым жиырма бестен асып бара жатса да, әлі жалғыз екенім жаныма онша батпайды, әлде бататынын сезбеймін бе? Әйтеуір құдайдың күнін селқос парақтап, уақтылы жұмысыма барып келіп, құрбыларыма қалжыңдап қойып жүре беремін.

-Жаным-ау, бас ауырғаны несі? Сендей кезімізде, біздің жүрегіміз ғана аурушы еді-деп өзімнен бес-алты жас үлкен Жанна тиісе берген соң:

-Жүрегім, бір қараторы жігіттің төс қалтасында кетіп қалыпты...-деп едім-ау Ерболым есіме түсіп. Қазір қайда жүр екен?-деп тағы бір күрсініп алдым да шәйімді демдедім. Жүрегім сол қуанышын кездестіргендегі бақытты күндерін әлі ұмыта алмай жүр-ау. Қиналғанда қашанда қасынан табылатын күнделігімді қолыма алып парақтай бастадым. Ішінен бір Ербол екеуміздің суретіміз сырғып түсті... Сыртында оған арнаған өлеңіме көзім түсті...

 

                Оған

 

Бақытыма, арманыма балап мен,

Дүниеде жалғыз сені қалап ем.

Жұбанамын көңіл түскен кезімде,

Сырттай ғана суретіңе қарап мен.

 

"Сүйемін"-деп қайталаймын "өзіңді"

Сезбейсің-ау қинап нәзік сезімді.

Тұнжырасаң қайғырып,

Күлемін, көрсем күлген кезіңді.

 

Алыстамын саған қолым жетпеді,

Сүйгенің бар сені тастап сені кетпейтін.

Үміт оты жылтылдайды сонда да,

Күш жоқ менде саған "кет" дейтін.

 

Ия, қанша білдіртпейін десем де, сол жігітті ұнатып қалғанымды ешкімнен жасыра алмадым. Ешкімге ештеңе айтпасам да, сол көктемде жаным жадырап, жүзім ерекше күлімдеп тұратынын, құрбыларымды былай қойғанда тілі жоқ айна да күнде айтушы еді-ау! Сол күндердің алдамшы екенін сезген күні, сол айна быт-шыты шығып қирайтынын білді ме екен!? Қайдам айна түгіл, ана жігіт те қыздың үмітінің быт-шытын шығарғанын сезбеді ғой, сезбеді... Менің сол кезде қиналғаным бір өзіме ғана мәлім. Тап бір қылмыс істегендей адам бетіне қараудан қалдым. Мейрам күндері көшеге шығудан қалдым. Әр жерде бір күлімдеп бір-бір жігітті қолтықтап қыдырып жүрген кез-келген қыздан өзімді кем санадым. "Әйтпесе сені неге тастап кетті?"-деп әр адам күліп тұрғандай, әр жапырақ қайталап, әр көше жаңғыртып тұрғандай болып көрінді. Көп ұзамай бар киімімді бір сөмкеге салып, қаламен де, даламен де, достармен де қоштасып басқа қаладан бір-ақ шықтым. Жыл өтсе де бармадым, қанша сағынсам да беттей алмадым, тек сағынышымды күнделігіме төгіп, дәптерімді толтыра бердім...

 

                         

 

 

  "Сағындым"

 

 

Достарым қайда,

Қасымда жүрген достарым?

Достардан алыс,

Қиын бір өмір бастадым.

Қимастық жаулап,

Санамды улап жатса да,

Болды ма дұрыс,

Достарды тастап қашқаным.

 

Қашқаным рас-ты,

Достардан емес, өзімнен.

Қаладан қаштым,

Сатқындық лебі сезілген.

Мен үшін мұңлы,

Махаббат таңы батқанда,

Сезімнен қаштым,

Сен үшін мәңгі көз ілген.

 

Сағыныш барады,

Денемді менің күйдіріп.

Кеудем де кең бе,

Жүр екен қалай сыйдырып!?

Өзіңді кейде,

Ойлаудан жаным қорқамын,

Сен жайлы таза,

Алам ба деп ойды бүлдіріп.

 

Таразды тастап,

Алматы келдім баураған.

Қайда барсам да,

Тағдырдың торы аулаған.

Жаныммен қоса,

Күйіп тұр күннің көзі де,

Сағындым сәтті,

Сендермен бірге жаураған.

 

Дәптерімді жауып, дастарханды жинадым да, төсекке жата кеттім. Одан да көңілді сәттерді есіме алып, біраз дем алайын. Ертең енді жұмыстан қалуға болмайды. Қыздар не істеп жатыр екен деп сағатқа қарасам, түс уақтысы жақындап қалыпты ғой. Уақыт қалай тез өтеді, ойға шырмалып қанша уақыт өткенін де білмей қалыппын ғой. Қыздар кезекшісіне шәй қой деп жатқан шығар. Кезекші болудан бәрі қашады. Түсте шәй дайындау өзінше бір әңгіме. Цех-цех болып бір шәугімге кезекке тұрады, кейде гүл суғарып, кешке еденді сыпыру керек. Раисаның кезекші болғаны тіпті қызық.. Гүл суғар деп оған ешкім айтпайды да.

-Раиса гүл суғару былай тұрсын, өзі де су ішпейді-деп мен қыздарды бір күлдіріп едім-ау. Ал шындығына келгенде оның су ішуге де уақыты жоқ шығар. Ол да жалғызбасты әйел. Аманат атты кішкентай балапаны, әлі мектеп жасына да жетпеген. Жолдасы ерте қайтыс болып кеткен. Күн көру үшін, Раиса екі жұмыстың ортасында жүгіріп жүргені. Түске дейін бір жерде, түстен кейін осында келеді, артық жүрісі жоқ, бас көтермей жұмыс істейді. Кейде кішкентайына бірнәрсе тігіп алып жатады.

Құдайым жарылқап, мен жақсы ортаға түстім, бәрі көмектесуге дайын тұрады, қалжыңды да қағып әкетеді, қайғыңды да түсінеді. Технолог Ирина Николаевна да ақкөңіл:

-Девчонки, с машиной обращайтесь, как с мужиками, аккуратно!

-А что мне делать, у меня совсем нет опыта. Дайте мне отпуск, мне надо хотя бы с кем-то познокомиться, иначе моей машине конец!-деймін мен.

Қыздарға да керегі сол, бәрі мәз.

-У кого нет опыта, пусть научиться у тех, у кого оно есть-дейді бастық күліп-с вами не возможно разговоривать!-деп шығып кетеді.

Ал қыздар кімнің қандай тәжірибесі бар екенін анықтағысы да келген жоқ. Әркім өз жұмысымен болып кетті. Мен жанымда отырған Жанарға қарап қойдым. Жаңа ғана сыртқа біреу шақырып шығып келген, түрі бұзылып жүзі қызарып келгенімен "не болды?" деп сұрауға батпап едім, енді көңілі сәл де болса көтерілген шығар деп ойлағанмын, қателесіппін. Жанардың жанарынан жас төгіліп, үнсіз жылап отыр, айналасындағылар байқайтын емес. Мен не істерімді білмедім. Жақын құрбым болса ғой "не болды?" деп сұрар ма едім, Жанармен танысқаныма көп болған жоқ, енді міне жанына жақындауға бата алмай отырмын. Сол күні тап өзім ренжітіп алғандай күй кештім, жұмысым жайында қалды, не деп жұбатарымды білмедім. Қолыма еріксіз қағаз бен қалам алып:

 

               "Жұбату"

 

Жылама құрбым жаныма батты тамшылар,

Жыласа егер жаныңда құрбың кім шыдар,

Ренжіткен сенің көңіліңді өмір ме?

Ол өмір әлі талай рет сені қамшылар.

 

Жылама құрбым ренжітті ме әлде жан құрбың?

Ренжитіндей бар ма еді сенің сан құрбың?

Кеткен де артық, тағдырға ренжіп ол-дағы,

Кешірген дұрыс, сені де кешкен сол құрбың.-деп жазып қойдым.

 

Әлде сені ренжіткен жігіт пе екен? Солардың жылатпаған қыздары бар ма екен өмірде? Жанардың жасы отызға келіп қалған, әйтсе де тұрмыс құрмаған "кәрі қыздардың" бірі еді. Бірақ өзін кәрі қыздардың қатарына қосқысы келмейтін, уақыттың өтіп бара жатқанын мойындағысы да келмейтін. Қашан көрсең ойын-күлкі, отырыстың ортасында жүрсе де, жұмыстан қалмауға тырысатын. Оның жұмыс орнын да, пәтерінде оңай ауыстыра салатынын білетін мен, мүмкін ол достарын да оңай ауыстыра салатын шығар деп ойлайтынмын.Сұрақтарыма жауапты тағы да Мұқағали ағамнан іздедім, таптым да:

 

                         "Мінезім"

 

Алаңсыз жүргеніме ардың-дүрдің,

Досым менің ойлама санасыз деп.

Қуаныш-өкініштер көрдім-білдім,

Жалын атқан жүрегім жарасыз тек.

 

Аумалы мінезім бар аса қызық,

(Мінезге қолдан қорған орнатпаймын)

Рас, кейде көзімнен жас ағызып,

Көбінесе, еркелеп, шолжақтаймын.

 

Ал мен болсам аз нәрсеге тез бауыр басып қалатын едім. ақшасын азсынып қыздар жұмыстан кете бастағанда да, оларды қимай әрең қоштастым, енді өзім кетейін десем, мына жұмысты да қимай жүрмін. Барлық нәрсені үнемдеп сатып алудан да шаршадым. Жұмыссыз жүргеннен жақсы ғой. Ол кезді есіме де алғым келмейді. Алғаш қалаға қалаға келген кезде жұмысқа орналаса алмай қиналғаным есімнен кетпес. Жер тамның бір бөлмесін де көтере алмай, қасыма бір қыз алуыма тура келді. Гүлжанмен солай таныстым. Официанттық жұмыс қалада көп болғанымен, оған баттегім келмеді. Әркімнің қабағына қарап, тамағын тасу қолымнан келмес.

-Оның несі қиын?-деді Гүлжан -Бір тамақты екіге бөліп апарып бер де, ақшасын өзің ал.

Кіп-кішкентай болып алып, өзі батыр, жұмысын да көйлектей ауыстырады, жігітті де... Мені де Ерікпен таныстырғанда сол. Алдында Гүлжанды кешке машинамен алып кетіп, таң ата мас күйінде әкеліп тастайтын жігіттерін де, кейде жұмысына ауырып бармай қалатын, есік алдына шығып алып, көршілерден ұялмай құсып отыратын Гүлжанды да ұнатпадым. Гүлжан "Таныстырайын ба?"-десе: "Қой, сендердің жастарың кіші ғой, мен болсам отызға келіп қалдым, ойын-сауық не теңім!?"-дегендегі ойым солардан аулақ жүру еді. Сөйтсе бір күні Ерікті ілестіріп келіпті. Ол да бір қу екен: "Сен отызда болсаң, мен қырықтамын"-деп күліп қояды. өзі ары кетсе менен екі-үш жас үлкен. Мен оған онша мән бермедім, ал Еріктің келуі жиілеп кетті. кейін тіпті күнде келетінді шығарды. Сүйте-сүйте біз тіл табысып кеттік, тіпті ол кешіксе мен елеңдейтін болдым. Соның келуін күткен күндерім де болды. Сонда екеуміз есік алдынан ұзамаймыз да, әртүрлі әңгіме айтып біраз отырамыз да, үйлерімізге қайтамыз.

Бір күні Ерік жолдасымен келеді. Гүлжан екеумізді қыдырайық деп ертіп шығады. Сол күн есімде қалыпты.

-Танысып қойыңдар, менің досым, Ардақ!

Менің түрім бұзылып кеткенін тіпті өзімде байқадым. Құдайым-ау, не деген ұқсастық! Мынау тура Ербол ғой! Тіпті қылықтары да ұқсайды, тұрысын қарашы, бір үйір елікті ертіп жүретін арқарға ұқсап кеудесін тік ұстап, бойының ұзындығынан ба, қасындағыларға төбесінен қарайды. Мен оның қасында еліктің лағындай, жанарым жәудіреп, жүрегім дірілдеп, қорыққаным сонша қалай кейін шегініп кеткенімді өзім де байқамай қалдым.

-Не болды?-деген Ерікке сасқанымнан:

-Үйге қайтқым келіп тұр-дегенім бар емес пе!?

Ерік мені үйге жібермеді, бір нәрсені сезді ме, мені бөлек алып кетті. Кеш батып қалғанына қарамастан Сайранның жағасында екеуміз ұзақ серуендедік. Менің қорқынышым да сейіле бастады. Көктемнің соңғы айы, қандай керемет болып тұр десеңші. Айлы түнде тіпті Ербол екеуміз де оңаша қыдырған емеспіз, қашанда қасымызда достарымыз жүрді.

-Жүр суға түсейік!

-Қой, мен жүзе алмаймын...

-Үйретемін, жүрші енді, әйтпесе, көтеріп алып кетемін!

-Қой деймін, көйлегім су болады, сен өзің түсе бер, киіміңді әкел ұстап отырайын.

-Мұнда қоя саламын ғой-деп бұтақтың үстіне жейдесі мен шалбарын лақтыра салды да, жүгіре басып суға сүңгіп кетті. Жақсы жүзеді екен. Самал желмен желбіреп жерге түскен жейдесін көтеріп ала беріп едім,таныс темекі иісі бұрқ ете қалды. Еріксіз ойыма тағы да Ербол түсті. Біртүрлі сезім мені баурап алып, сағыныштан жейдені құшақтап жылағым да келді. Дәл қазір Ербол артымнан келіп құшақтап алардай күй кештім. Жалт қарасам судан шыққан Ерік жақындап келіп құшағын ашты. Мен тобығыма түсетін ұзын етегіме шалыныса, кейін шегінгенімде қолымнан Еріктің жейдесі сусып жерге түсті.

-Мені менсінбейсің-ау!?-деді ол жейдесін көтеріп жатып.

-Үстімді су қыласың, одан да тез киін, түн салқын, суық тиер...

-Сен жылытасың!

-Қайдағыны айтпа-мен теріс айналдым.

-Сені Аяулым деп атайыншы?-деді ол артымнан жақындап келіп.

-Еркің білсін-дедім мен мойнымды сәл бұрып.

"Неге, не үшін?"-деп сұрап жатпадым. Мүмкін бір ұмыта алмай жүрген махаббаты шығар, тіпті қызғанбадым да. Одан әрі не болатынын кім білсін, бұл әңгімені жанымызға келіп тоқтаған күзет машинасы бұзып жіберді. Ішінен орта жастағы полиция қызметкері шықты да, тура екеумізге қол шамын түсіріп, жақындай түсті. Тура бір қылмыскерді ұстағандай өзіне-өзі риза.

-Не істеп жүрсіңдер?

-Жәй-мына сұрағына менің тіпті күлкім келді.

-Жәйден-жәй, қарындас-деді сөзін нығыздап-қазір дәретханаға да бармайды. Сол сөзді тауып айттым деді ма, әйтеуір тісін ақситып бір күліп алды. Менің тіпті ашуым келді. Мына мес қарын қызметкердің басы да толған ботқа шығар. Олар Еріктің "Қызымды шығарып салайын"-дегеніне қарамастан машинасына салып алып тайып тұрды. Сайранның жағасында мен мелшиіп жалғыз қалдым. Не деген қорлық, мынау. Туған жеріңде, туған үйіңдей емін-еркін жүре алмайсың. Мен үйге жаяу бет алдым. Жақын жерде тұратыным қандай жақсы болған, әйтпесе, біреу-міреу тиісе қалса көмектесетін полиция қызметкері жаңағыдай болса, құдайым олармен енді кездестірмей-ақ қойсын! Жоқ мені, біреу өлтіріп немесе, құдай бетін аулақ қылсын, зорлап кетсе кім жауап береді. Тағы да жалғыз қаңғыған өзі кінәлі деп, қыз кінәлі болып шығады да... Ал жаңағылар қайта өзіне жұмыс көбейгеніне қуанатын сияқты ғой. Іштері пысып, не істерін білмей жүргенге ұқсайды.

Студент кезімде Ходжанов ұстазымның айтқан сөзі есіме түсті. "Ең алдымен сендерді оқуға түскен жеңістеріңмен құттықтаймын! Кейін оқу бітіргеннен кейін, өмір жолында талай адамды кездестіресіңдер. Сонда өздерің де оқымаған, студенттік өмірді көрмеген адамды бірден танитын боласыңдар. Өйткені сендер оқуды нашар бітірсеңдерде, мүлде оқымаған адамның алдында әрдайым бір саты жоғары тұрасыңдар. Себебі сендер әр тараптан келген адамдармен тіл табысып, дос болып, қарапайым адаммен қалай сөйлесуді үйренесіңдер. Бұл жерде білім ғана емес, өмірге қажетті сабақ та алып шығасыңдар."-деп еді-ау сол кісі. Шыныда да жаңағы көргенсіз қызметкер, қарапайым адамды сыйлау былай тұрсын, тіпті заңды да білмейтін шығар. Бұл жұмысқа бір "көкесі" орналастырған шығар. Адамның қандай екенін білгің келсе, қолына билік бер дейді ғой. Жаңағы қолындағы кішкене билікті асыра пайдаланып жүр емес пе? Неге заң қызметкерлеріне жоғарғы білімді ғана азаматтарды алмайды екен? Сонда олардың халыққа қызмет көрсетуі де әжептеуір жақсарып, өздері де әрдайым жақсы атаққа ие болып жүретін еді. Әрине бес саусақ бірдей емес. Бірақ осындай халыққа қызмет көрсететін адамдарға ең болмаса, адамдармен қалай сөйлесуді үйретсе ғой, шіркін!    

Үйге жете бергенім сол еді, артымнан Ерік те қуып жетті. Мен қуанып кеттім. Оны сұрақтың астына алдым:

-Қалай жіберді, ештеңе істеген жоқ па? Өздеріне сенен не керек екен?

-Жібермей қайда барады, ештеңе істеген жоқ, уайымдама. Жәй қарындары ашқан ғой. Сен аман-есен жетті ме деп уайымдап жүгіріп келгенім ғой.-деп қояды күліп.

Мен жібіп сала бердім, сол күні бірінші рет бетімнен сүйгеніне қарсыласпап едім. Мүмкін мені шынымен жақсы көретін шығар!? Олай болса неге Ерболды ұмытпасқа? Ия бұл жігітті, мен жақсы көрмеймін, бірақ мен жақсы көрген жігіттер мені бағалады ма? Ербол соңғы кездескенде: "Өзіңе лайық жігіт кездестіруіңе тілектеспін, мені әлі-ақ ұмытып кетесің!"-деген күні-ақ мен бүкіл жігіт атаулыны жек көріп үлгеріп едім ғой. Сонда жалғыз өмір сүремін бе? Мүмкін отбасын құрып балалы болсақ, бауыр басып кетермін!?-деп ойлап, Ерікке жылы қабақ таныта бастап едім.

 Сөйткен Ерігім менің сенімінді көп ұзамай-ақ, күлін көкке ұшырды. Мен құдайымнан соншалықты көп нәрсе сұрап жүрмін бе? Мен оның, оқымаған жәй құрылысшы екеніне қараған жоқпын, мен жәй оған тұрмысқа шыққым келді. Басқа-басқа Еріктен мұндайды күтпеген едім. Сол күні екеуміздің соңғы кездесуіміз еді...

Ойымда жамандық жоқ кезекті кездесуге шыққан мен, қасымдағы жігіттен жиіркеніп теріс айналдым. Үйден алысқа ұзап кеткенім мұншалықты абырой бола ма, жүгіре жөнелдім. Артынан айқайлаған Ерікке мойын бұрып қарамадым да.

-Қалжың ғой Марал, тоқташы-дегеніне:

-Енді кездеспей-ақ қояйық-деп соңғы рет тіл қаттым да, үйге кіріп кеттім. Тіпті оған сөзімді қор қылғым келмеді. Бар ашуымды Гүлжанға айттым:

-Мені сондай жолмен ақша тауып жүрген қыз деп ойлады ма? Солай ойлайтындай қай жерде қателік жібердім. Оңбаған, осыдан кейін жаным деген жігітке қалай сенерсің, қалай жақсы көрерсің...

Ештеңе етпейді, ең бастысы жұмысым бар. Жұмыста қызық, ылғи да жастар болған соң ба, тура студенттік кездер сияқты, ойын-күлкі, қалжыңымыз жарасып кетті. Алғашында жатырқағанымыз рас, қазір үйренісіп кеттік.

-Туу мынау тұмауды-ай,-деп пышылдап Нұржамал жүреді-өмірі кетпейтін шығар!

-Выпей водку с перцем,-деді Настя-помогает!

-Қой, олай деме, оған ұнап қалып, ішкіш болып кетер!-деймін мен күліп.

-Қайдағы ішкіш, өліп қаламын ғой!

-Қайта ауырмайсың да, өмір де сүрмейсің "два в одном"-деп Раушан мәз!

-Жұмыс та істемейсің "три в одном"!

-Сендерге қалжың керек, одан да костюміңді тіксейші-деді Жидегүл, арамызда үйленгені, күйеуі бар сол ғана.

-Осыдан осы костюм бүгін бітпесін, сенің шалыңды тартып аламын!-дедім мен қалжыңдап-немесе соған тоқал боламын!

-Ойбай менің шалымда не шаруаң бар?-деді ол күліп.

-Енді өмірде бір қуаныш болу керек қой, осы костюмді құшақтап отыра беремін бе!? Қарашы он қыз жалғыз, ал сен шалыңмен бөліскің келмейді?

-Әкел ендеше мен тігіп берейін, енді мен уайымдайтын болдым-ау, сендерге тиісіп нем бар еді десеңші-деді ол да қалжыңдап.

-Қыздар осы қаншама әскери адамға қыстық формаларын тігіп жатырмыз. Солар қайда, қызығын басқалар көріп жатыр...-деді Алма да сөзге араласып.

-А я люблю военных, красивых да, здоровенных!-деп Настя әндетті. Ол да жалғызбасты, бірақ бір баласы бар.

-Қойшы-ей, сілекейімізді ағызбай-деп біз күлеміз.

-Қыздар мен бірнәрсе ойлап таптым, Давайте, әр форманың қалтасына хат жазып салып жібереміз, сөйтіп бір армия жігітпен танысып аламыз!-дедім мен.

-Давайте, бойларын размеріне қарап таңдап алайық-Жанар да бізге қосылды.

-Ия, саған, қатындары тауып алып, жанымызды шығарсын!-біз тағы  күлдік.

Настя есік жақтағы оверлокқа отырайын дей бергенде, қайшысы түсіп кетіп еңкейе беріп еді:

-Девчонки, что за шум, рабатайте!-деп кіріп келген Ирина Николаевна-А, это еще что такое?-деп алдында еңкейіп қайшысын іздеп жатқан Настяны көріп таңқалды.

-А это моя любимая поза!-деді Настя басын көтеріп жымиып. Қыздар ду күлдік...

-Да, ну вас!-деп технолог қолын бір сілтеп шығып кетті, оның да езуіндегі күлкіні байқап қалдық.

-Помечтать даже не дают...-деді Настя күліп машинасына отырып жатып. Біз ішегіміз қатқанша күлдік.

-Одан да үйлеріңде отыра бермей, былай-былай қыдырмайсыңдар ма?-бұл Жидегүл.

-Аты-жөні жоқ қалай қыдырамыз!

-Өткенде мен қонаққа шақырғанда, Маралдан басқа ешқайсысың келмей қойдыңдар ғой?

Шынында да, Жидегүл дастархан жасап, бәрімізді шақырғанда, әрқайсысы әртүрлі сылтау айтып, барлығы бас тартты. Осы бір келіншекті осы орта жақтырмай-ақ қойды. Өзі де мінезі қызық, біртүрлі суық келіншек еді. Тиіп кетсең, шағып алатын жылан сияқты, онымен бәрі ақырын сөйлесетін. Мен ғана кейде қалжыңдап тиісетінмін. Сол күні қанша адамға дайындалған дастарханға обал болмасын деп, барғым келмесе де, жұмыстан кейін амалсыз ілесіп едім. Ол қала шетінде, жер үйде тұрады екен. Уақтысы жоқ шығар, үй әдемі болғанмен, ішіне әйел адамның қолы тимегеніне бір-екі ай болған сияқты. Табиғатым жиіркеншек мен, кеткенше асықтым. Үйде он-он бір шамасында баласы Досжан жүгіріп жүр, жалғыз бала болған соң ба, ерке, еркін  сөйлейді екен. Сол күні оның жолдасымен де таныстым. Жидегүл өзі менен аласа, қатқан қара келіншек,  ал Бек одан да аласа ма деп қалдым. Осы бір мұрны қисық, көзі сығырайған, күйген сары жігіттің көріксіздігі сондай, қасында Жидегүл сондай әдемі болып көрінген. Тіпті мына жігіттің қай жеріне қызықты екен деп ойладым. Бірақ сөзге келгенде бәрі сыпайы екен. Тіпті ертесіне Жидегүл "менің байым ешкімді жақтырмаушы еді, сені тәрбиелі екен деп әбден мақтады"-деп сөзін жерге тастамай қонақ болғаным үшін рақмет айтты.

-Рамсторға барыңдар!

-Рамстор деген не?-дегені бар емес пе Асылдың.

-Соны да білмеймісің, магазин!

-Ол қай жақта?-сұрап отырып жұмысын істеп отыр. Асылдың бір жақсы жері, бәрімізден айырмашылығы жұмыстан шаршамайды, қашан көрсең қолы қимылдап отырады. Қазір де сол әдетіне басып тоқыма жағасын торлап отыр(кетлевка), түскі үзілісте де тыныш отырмайды.

-Әй, мынауың чукча ғой!-деп қыздар бір күліп алды.

-Қаланы араламайсың ба?

-Уақытым жоқ.

-Е, кестеңді қолыңа ал да, автобусқа отырып кестелей бер, анда-санда терезеге қарап қоясың!-деп мен қыздардың ішегін қатырдым.

-Сендерге күлкі керек.

Асыл ренжіген жоқ, жұмысын істей берді. Ақшаны да көп табады, жұмыстыда жақсы істейді, үйінде де тапсырыстар алады екен. Тігін машина деген бір арман болды ғой! Кейде Асылға қараймын да, "осы қыз бір үлкен сыр бүгіп жатыр ғой"деп ойлаймын. Тағдыр сені де айналып өтпеген шығар. Тіпті сол үлкен сырдың иесі үлкен махаббат болмаса да, көзіңдегі бір мұңның иесі жігіт екені анық-ау. Сыр тартып көрейін десем, ескі жараны тырнап алармын деп, өткенін сұрай алмайсың. Ал Жанар соңғы күндері мені айналып шықпайды.

-Жігітің бар ма?

-Жоқ.

-Қойшы, өтірік айтпай!

-Шын айтамын.

Ақыры Ерік туралы айтып бердім. Айтып жатып көнілім өзгеріп сала берді. Әңгімені бастаған Жанар өзін кінәлі сезінгендей жұбатып әлек.

-Оның сен ренжітейін деген ойы болған жоқ шығар, жәй сенің көңіліңді көтерейін, немесе ақшасының көптігін саған көрсетіп мақтанайын деген шығар, көңіле алма. Әлі-ақ нағыз жігіт кездеседі, сен нағыз періштесің ғой!-дегенде еріксіз күліп жібердім.

-Ендеше мен қанатсыз періште шығармын...

-Қойшы,қайдағыны айтпай.

-Ия, жігіттерді жамандай бермейік, әйтпесе мүлде байсыз қалармыз...

Дәл осы кезде біздің сөзімізді Гүлсім бөліп жіберді. Ол әдетінше:

-Маралым, алтыным...-деп келе жатыр еді:

-Ойбай, тағы не боп қалды?-деген менің сөзіме күліп жіберді.

-Мен, әншейін, жаңағы көмектескеніңе рақмет айтайын дегенім ғой.-дейді мәз болып.

-Қайдан білейін!? Сен қалай алтыным бастасаң, солай сенің не машинаң бұзылады, не оверлоктың жібі үзіледі...-дедім қалжыңға басып.-Жанар ине бар ма, мына жердің бір көзі кетіп қалыпты, менікінің бәрі қайда кеткен!?

-Мен ылғи әкеліп қоямын, сен жоғалтып тастайсың-деді ол кейіп.

-Мә, досым деп жүрген адамымның сөзін қараңдар. Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады деген осы шығар. Мен сияқты досың үшін, бес алты инені терезеден далаға лақтырып жібермейсің бе, керек болса...

-Ойбай, мә, мә, бұған сөйлесең өзің бәлеге қаласың!-деп әбден күлді.

Енді міне сол жұмысыма бармай үйде жатырмын... Тағы да жалғыздық... Кеше Гүлжанның туған күнін тойладық. Екеуміз ғана болдық, оның да шуап жүретін жігіттері жоқ болып кетті. Ашуланған Гүлжан шарапқа тойып алып, қызып қалды да, солқылдап ұзақ жылады. Жұбатпақ болған маған:

-Сен ештеңе білмейсің ғой-дегеннен басқа ештеңе айтқысы келмеді. Менде қазбалап сұрап жатпадым. Қажеті қанша? Өзім сол күнді есіме түссе, әлі де ызам келеді. Әлі күнге дейін бәрі көз алдымда...

Әдеттегі уақытта Ерікте келді. Гүлжан екеуміз кешкі тамақты ішіп болып, ыдысты жуа салайын деп енді қолыма ала бергенім сол еді, таныс ысқырық та шықты.

-Гүлжан, ыдысты сен жуа салшы...-деп сыртқа шықтым.

-Сәлем!

-Сәлем!

-Не істеп жатсың?

-Ыдыс жуайын деп жатқанмын, сенің даусыңды естіп қашып кеттім.

-Аузыңды ашсаң, ақ көңілің көрініп-ақ тұрады. Жүр, қыдырып қайтайық!

-Жоқ, бара алмаймын...-деймін еркелеп.

-Неге?-Ерікте еркелете түседі.

-Көршілерден ұят, "осы қыз күнде қыдырады"-дейді ғой! Екеуміз де мәзбіз!

-Жүрші енді...-Ерік мені сүйреген болып.

-Қойшы, тегі...-десем де соңынан ердім.

-Мен саған бүгін бірнәрсе айтайын деп келдім. Осы әңгімені айтуға өзімді көп дайындадым.

Менің жүрегім дүрсілдеп қоя берді, не айтар екен!? "Марал, мен сені жақсы көремін!" дейтін шығар. Онда мен не деймін? "Мен де саған бауыр басып қалыппын!"-деймін бе? Бірақ мен оны сүймеймін ғой!? Менің есіме өзім сүйіп оқитын А. Бақтыгерееваның өлең жолдары есіме түсті.

 

"Болмау керек сүюдің жолы жаңа!

Қыз үлесі қашанда болу ана!

Жаным деген жігітті жек көрмеңдер,

Өзі сүю қыздардың соры ғана!"-демей ме...

 

Өзі ұнатқан Ерболы қайда? Ал мына жігіт "үйленейік" десе, не демек? Сонда қашанғы жүрек қалауын күтіп жүре бермек? Жасы болса, отыз да алыс емес. Қатарының тұңғышы биыл жеті жасқа келеді.

-Қалай айтсам екен деп басым қатты... Екеуміз де жас бала емеспіз, не десем екен... Қысқасы, киініп шықшы, қыдырып қайтайық, мен бүгін баймын, көп ақша алдым. Таң атқанша сенің "алтын балығың" болайын. Сен не айтсаң соны істеймін. Сосын бір люксті жалдап... қонақүйде... бірге болайық.

Жігіт осы сөзді тауып айттым деді ме, менің қолымды алып, көзіме қарады. Менің көзім қарауытып кеткен еді. Әншейінде, сөзге жүйрік тілім байланып қалғандай, қолымды үнсіз тартып алдым. Ерік бәрін бүлдіріп алғанын сонда білді. Менің жүзімдегі жаңа ғана нұрланып тұрған қуаныштың су сепкендей басылғанын ол да байқады. Үнсіз қалған мен бәріне өзімді кінәлі сезіндім. Мен үйге қаша жөнелдім. Артымнан айқайлап ол қала берді...

"Құдайым-ау, не деген ақымақпын, соншама қорлайтындай не істедім, шынымен-ақ менің кемшілігімді кешіріп, артықшылығымды бағалайтын бір жігіттің табылмағаны ма? Жоқ, әлде мен бақытты болуға лайық емеспін бе?"-көзімнен аққан жас бетімді жуып жатты...

 

                     

             Жаңа өмір басталды! Жағдайымыз әжептеуір жақсарып қалды. Әке-шешеміз ауылда бие құлындап, қымыз ішіп, тауық бағып, жұмыртқа сатып бізге еш салмақ салмай өз күндерін көріп жатты. Біз де жалақысы жақсы жер іздеп, жұмыстарымызды ауыстырып үлгердік, пәтерімізді де ауыстырдық. Мына жер өзіне бөлек ауласы бар, екі бөлмесі бар, кішкене ас бөлме және, аяқ киім тастайтын дәлізі бар. Қарын тойып, көңіл шіркін жалғызсырай бастаған кез. Кейде тіпті қиналатыным сонша, "ең болмаса алдап кететін біреу табылмады-ау!?-деп қынжылатынмын. Сондағы ойым, ең болмаса бір балаға ана болу еді...

 

 

 Раиса екеуміз орналасқан жер, бұрынғы цехпен салыстырғанда әжептеуір үлкен, бір қабырғасы түгел терезеден жасалған жарық екен. Үш қабатты кіші фабриканың бірінші қабатында, дүкені мен қоймасы, екінші қабатта цех, үшінші қабатта басқарма отыратын. Бастық келіншек бәрімізге бірдей жасыл халат кигізіп қойды. Етегі қысқа осы халаттың қызығын, біздің механик көрді. Цехтың бұрышындағы өз орнында отырып, қыздардың аяғын тамашалап мәз. Ол аздай үзіліс жасап, осы жердегі медсестра келіп, бәрімізге он-он бес минут жаттығу жасатады. Бұл жерде де толған кәріқыздар, отыз шақты қыздардың жартысы жалғыз. Ертеден кешке дейін машинасын құшақтап цехтан шықпайтындықтан ба, тігінші қыздар көбінесе күйеуге тимей қалып жатады. Сондықтан, әскери адамдарға "тек қана тігінші қыздар алыңдар деп заң шығару керек" деп ойладым мен ішімнен. Мына жерде әңгімелесе де алмайсың, адам көп, цех үлкен, машиналар шулап жатыр. Цехтың жартысына, технологтар мен кесіп-пішетіндер орналасқан. Оның үстіне пресс жасайтын машина, түйме ұратын машина, мата кесетін алып стол мен станок, тағы басқа да керекті заттар. Тігіншілердің машиналары бір ұзын столды жағалай орналасқан. Арғы беттегілер бізге қарама-қарсы отырады. Раиса әріректе отыратын болды, ол екеуміз жақын құрбы бола бастаған кез. Менің жаныма жақын орналасқан Алла Ивановна ғана екеуміз әңгімелесіп қоямыз. Ол кісі жасы әжептеуір үлкен, елуді еңсерген, өзі қазақшаға судай екен.

-Қазақшаны қалай жақсы білесіз, тіпті қазақпын деген кейбіреулер бұлай таза сөйлемейді-дедім мен таңқалып.

-Қалай білмеймін, қазақстанда туып-өскеннен кейін қазақ тілін білмеймін дегенім ұят емес пе?

-Сонда да...

-Негізі мен ауылдың орысымын, қазаққа күйеуге тидім. Орыс тілінен мектепте сабақ бердім. Кейін күйеуім қайтыс болды, ата-енем де жоқ, сосын қалаға кетіп қалдым.

-Бәсе!-дедім мен.

-Өзіңнің күйеуің бар ма?

-Жоға, ешкімім жоқ...

 

 

                   Қайдасың сен?..

 

Қызығы бар, қайғысы бар өмірдің,

Бүтіні бар, жартысы бар көңілдің,

Қарным ашса қылығына жаманның,

Енді бірде жақсы сөзге семірдім...

 

Жалғыздықтан жаным менің жалықты,

Жүрегімде көп қысылды, тарықты.

Қайдасың сен, таныспаған жақсы дос?

Жаман достың қылығына қанықпын...

 

Қайдасың сен досым менің, жақтасым,

Үмітімнің күні ешқашан батпасын.

Бір өзіңе бұйырса екен мейірім,

Арнасынан ақтарылып жатқан соң...

 

деп жырлаған менің жалғыздықтан да шаршағаным көрініп тұрған шығар деп ойладым өзім. Бірақ жырымды біреуге көрсетуге ешқашан асыққан емеспін. Бұл жолы да сырымды бүгіп қалдым.

-Сендей сұлу қыздың, ешкімі болмауы мүмкін емес.-дейді мені әңгімеге тартып.

-Қайдағы сұлулық, сұлу болсам мектеп біте сала алып қашып кетер еді.-деймін мен ыңғайсызданып.

-Неге сұлу емессің, қарашы ана механик сенің аяғыңа қарап сілекейі ағып отыр...-дейді күліп -Ең әдемі аяқ кімде екенін біледі ол...

-Қойшы, сол шалды. Ана қара қатынмен бірдеңесі бар сияқты ғой?

-Жоға, просто ол қарақатын өзі бұған жабысып жүр, любовь!

-Анау неге қарамайды, үйленген бе?

-Оны неғылсын, жігіт қызығатын денесі де, мінезі де жоқ. Долы қатын ғой ол, өтірік майысып жүр. Шашын қарашы, "взрыв на макоронной фабрике"-деп аталады.

-Қойыңызшы...-деп күлдім мен.

-Ал сенің неге жігітің жоқ?

-Шынымды айтсам, болған да емес. Статистика бойынша қазір он қызға бір жігіт дейді ғой. Сол бір жігітті пысықтар алып кетіп жатыр...

-Статистика тут не причем, қаласаң мен сені жігітті қалай қаратуды үйретейін!?-деді ол мені қызықтырып.

-Қалайша, магиямен ба?

-Жоға, қайдағы магия, тут психология работает!

-Үйретіңізші!

-Ал есіңе сақта! Ең бірінші күйеуге тисем болды, бәрі жақсы болады дегенді ұмыт. Қалаған нәрсеңді күйеуге тимей тұрып жасап ал. Күйеуге тиген соң, сенің оған уақытың болмайды. Әсіресе қазақтың келіншектері, еркекке қызмет етуге келген адам сияқты, өздеріңді ойламайсыңдар ғой.

-Оныңыз енді, рас!

-Екінші, есіңде болсын, тіпті қыздар ғана емес жігіттер де, неке арқылы өз жағдайын жақсартқысы келеді. Біреуге тәтті тамақ керек, біреуге таза үй, енді біреуге бала туып берсе болды. Ал саған қандай күйеу керек, өз жағдайыңды жақсартып алғаннан кейін соны ойлан. Бойы ұзын ба, қысқа ма, ақ па, қара ма, бай ма, оқымысты ма, әлде күнде гүл сыйлап өлең айтып отыратын ба?

-Маған жақсы адам болса болды...

-Олай болмайды, бағананың бәрі жақсы адам болуы мүмкін. Сен өзің қандай керек екенін білмесең, құдай қайдан білсін? Сен таңдауың керек, түсіндің бе? Үшіншіден, қашанда әдемі болып жүр, жұмысқа келгенде де.

-Мұнда бізді механиктен басқа кім көреді?

-Жолда ше, автобуста ше, остановкада? Тіпті жәй далаға мусор төгуге шықсаңда, будь на высоте, то есть на каблуке!

-Қойыңызшы, Алла Ивановна, онда кім көреді бізді!?

-Мүмкін, мусордың жанында біреудің крутой машинасы тұрған шығар. Ішінде сен армандаған жігіт отырса ше?

-Мә, қиын екен! Ол жігітке әдемілік қана керек пе екен, ішкі дүние ше?

-Оның ең бірінші көретіні твоя внешность, ішіңдегіні көру үшін уақыт керек. Сен бишь сияқты, мусор жанында жүрсең, ол саған неге ғашық болу керек!? Сен де, мыж-мыж болған біреуге жақындамайсың да ғой. Ол бір жерімен қызықтырса  ғана, танысқың келеді.

-Ия! Тағы да жігіттерге ренжиміз, әдемілікті ғана көреді деп...

-Вот, әдемілікті жасап ал. Ең алдымен шашың қашанда таза, әрі әдемі болсын, это почти половина успеха. Қалай еді, бір әдемі сөз бар еді?... Ах, да, былай...  "Гүл әдемі болса көбелек өзі келеді".  Носи только то что тебе нравиться.

-Оған ақша қайда?

-Не надо, распродажадан он жаман кофта алғанша, бір әдемі сапалы зат алып, соны күнде киген жақсы.Содан кейін, сен әрқашанда көңілді жүруің керексің, күнде қабағы ашылмайтын қатынды ешкім алмайды... Бүгінге осы жетеді, хорошего по-малому!

-Рақмет, үйге барып бәрін жазып қоймасам...

Келесі күні екінші сабақты асыға күттім. Үйренген қол, өз жұмысын атқара береді, аузымыз бен құлағымыз бос қой. Оның үстіне қазір, күрделі униформалар емес, өңкей алжапқыштар тігіп жатырмыз. Әрқайсысымызға, елу-елуден алып әкеліп тастаған. Екі бөлікті қосып, бір қалта салып, шеттерін кособейкамен зырылдатып көмкеріп жатырмыз. Бүкіл қалаға тігіп жатырмыз-ау шамасы, әйтеуір өте көп. Мұның бәрін қайда өткізеді екен деп ойлап қойдым. Өзіміз тіккен затты сатуға өткізетін жерді білсек, үйде де тігер едік,-деп армандап отырғанда, Алла Ивановна екінші сабақты бастап кетті.

-Қалай сабаққа дайынсың ба?

-Дайын болғанда қандай, сұрақтарым да бар?

-Айта бер.

-Мысалы, жігіттерді қайдан іздеу керек, қалай танысамыз дегенім ғой!?

-Ол сен қандай жігіт іздеп жүрсің, соған байланысты. Бай жігіттер болса, оның жанына тек жұмысқа орналасу арқылы жақындай аласың. Олар таксовать етпейді, ресторанға жалғыз бармайды, ылғи қолы бос емес. Ең жақсысы секретарша болып орналасу, күнде көз алдында, тырыстырып, қысқа юбкамен ары-бері жүре берсең, бір күні өзі қақпанға түседі. Бірақ сенен секретарша енді шықпайды...

-Неге?

-Сен уже басқа жолмен кеттің ғой, ол жақ жастарға толы.

-Ааа!

-Ал ресторанда қазір тек қана, өрік сататын, ет сататындар ғана жүреді. Оларда саған керек емес.

-Неге?

-Олар негізі шеттен келгендер, ауылда қатыны барлар.

-Ааа!

-Сені оқытқан күшті екен, түк білмейсің. Не айтса да келісе бересің!-екеуміз күліп алдық.-Осындай "бос бокалды ғана, тәтті шарапқа толтыруға" болады. Кейбіреулер бар, өздері толып алған, миына қанша құйсаң да сыртқа төгіледі. Ал сен губка сияқты, сорып ала бересің.

-Мен оқығанды жақсы көремін. Жұмыс істемей өмір бойы оқи берсем ғой!

-Олай да болмайды, оқығаныңды орындамасаң, ұмытып қаласың. Это как песок поливать, поняла?

-Аха! Сонымен қайда танысамыз?

-Ах да! Надо искать среди знакомых. Туған күн, той, вечеринка. Сонда таныстардан оның қандай адам екенін, не істейтінін, сенуге болама деп сұрап аласың. А то көшеде таныссаң, алаяқтар көп қой. Көршімен жақсы бол, ол туысқандарына мақтап жүреді. Жұмыстағылармен жақсы бол, біреудің ағасы, біреудің інісі бар, түсіндің бе?

-Аха!

-Аха деме, ия деп айтсаңшы. Әдемі сөйлеп үйрен.

-Аха, ой кешіріңіз, ии-яя!

-Мияулама...

-Ия.

-Вот так! Бірінші көрген кезде, керемет королеваға ұқсап отырма. Қақайып отырғандардан олар қорқады. Шли қаталдардан да қорқады. Они любять легких.

-Сосын мен туралы жаман ойлап қалып, жабысып жүрмей ме?

-Нет сначало сондай болып көрін де, сосын не доступный екеніңді көрсет. Сосын жүрсін сені ойлап...

-Қиын болып кетті.

-Қара, бірінші оған әдемілеп қарайсың да, күліп қоясың. Сосын ол жақындап, танысып, сені бір жаққа шақырса, ақырын ғана "жоқ" дейсің. Сосын ол сен "ия" деп айту үшін бәрін істейді.

-"Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді"-дегендей ғой.

-Бұқа я знаю, тана деген не еді?

-Моладая корова-деп орыс тіліне аудардым мен.

-Аа, точно!

-Қайдам, мына айтқандарыңыз қазақтың менталитетіне келмейді ғой. Бізде жігітке жөндеп қарамасаң, "кетші, сенен басқа қыз жоқ па, не?"-деп басқасымен кете береді.

-Ну и на ф... тебе такой мужик, кете берсін!? Ол значить муж болғанда да кетіп қалады, одан да қазір кетсін. Сен өзіңдікін ғана ізде, ешкімге кетпейтін, тастамайтын, надежный. Ажырасқандарға жақындама, бір тастады ма, баласы мен әйелін, сені де, сенің балаңды да бір күні басқа қатын үшін тастап кетеді. Зачем тебе ажырасқан, они же БУ. Бывший в употреблений, значить ескі.

-Жарайды.

-Саған бір апта беремін, бір жігітпен танысып кел, сосын оны қалай "ұстау" керек екенін айтып беремін. ОК!

-ОК!

Келесі күні жалақымды алып, бастықтан жұма күнге сұранып, інім Марат екеуміз қала шетінде тұратын, әкемннің туған қарындасы Маржан әкпе мен Қоран жездені іздеп жолға шықтық. Қаладан тура қатынайтын автобус жоқ екен, біреуінен түсіп екіншісіне міндік. Әкпем бұрын бізді іздеп бір-екі рет келген, біз бірінші рет бара жатырмыз. Апаратын тәтті-пәттіні қоспағанда, бұрын жолға жұмсайтын ақшаны да таба алмай жүрдік қой. Енді міне таксиге мінбесек те, автобусқа ақша табылады. Әкпем бізді құшақ жайып қарсы алды. Жездем де, даңғұр-дүңгір деп мәз болып жүр. Алып денесі иығын көтере алмай ма, баяғы тарихтағы суреттен көретін алғашқы адамдар сияқты, дене бітім аяғына қарағанда ұзын болғандықтан ба, әйтеуір екі қолы салбырап, еңкейіп жүреді екен.Әкпем ендігі елуден асқан салиқалы келіншек. Екеуі үй-жайын көрсетіп мәз болып жүр. Қыздары Самал жиырма бесте, қалада дәрігер оқуын бітіргелі жатыр. Ал ұлдары Әбілжан жиырмаға келсе де, не оқуда, не жұмыста жолы болмай жүр екен. Шәй ішіп алған соң, "жүр сендерді қыдыртып келейік" деп, жездем ескі москвичке қыздарды мінгізіп алды. Артымыздан Марат пен Әбілжан атпен шықты.

-Ана жақта әдемі шалғын бар, бұзауға орып ала келейік-деп қояды.

Тауды көріп, шөпті шауып, қайтарда су ішейік деп бір үйдің жанына тоқтадық.

-Ассалаумағалейкум, құда!-деп жездем, жеміс ағашының көлеңкесінде, құдайдың ыстық күнінен қашып па, жоқ әлде бәйбішесінің әбден құлақ жеген үнінен қашып па, әйтеуір оңаша сұрап, көптен бөлініп, шөпте демалып жатқан, біраз жасты желкелеп қалған ақсақалға тұра ұмтылды.

-Әліксалам-деп қолын үйреншікті бере салған ол кісі, әлде ұйқыдан ба, әлде көзіне күн шағылысты ма, сығырайған екі көзін толық аша алмай, төбеден түскендей бас салған бейтанысты танымады. Анау бала-шаға, қатын-қалаштың амандығын сұрағына басын еріксіз изей берді де, болмаған соң;

-Қандай құда едік?-деп қойып қалды.Жездем де саспады:

-Болмасақ боламыз да, менің қатыным бар "бойдақ"-дегені бар емес пе!?

-А-а-а-деді әлгі адам, әлде ұялып қалды ма, әлде ажары сондай ма, бетіне қызыл шырай орала кетті. Москвичтің жанынан ұзамай тұрған қыздар еріксіз езу тарттық. Ар жақтан дабырласқанды естіп қалған бәйбішесі, шалын біреу алып қашады деп қорықты ма, жүгіріп шықты да, ауылдастарын танып амандасып жатты. Бер жақтан Маржан әкпем қосылып әңгімелері қыза бергенде, бұл ұзаққа созылатынын сезген Самал екеуміз:

-"Құдалар" қайтайық!-деп аппақ денемізді күннен алып қашып машинаға тығылып, "шопырды" асықтырдық. "Құдалар" еріксіз тарқасты. Бәйбіше:

-Әй қуыс үйден құр шықпа деген мә, ең болмаса гүл ала кет-деп қалжыңдап, гүл орнына бір уыс жоңыршқа жұлып беріп жатып:

-Бұзауыңа бересің!-деді.

-Рахмет!-деп, машинаға тиеген шөпті азсынды-ау деймін, әкпем сол бір уыс шөпті күле қолына қысқан күйі үйге жеткенше тастамады. Әзіл қалжыңы жарасқан ауылдастар-ай, қалада тіпті көршіңмен де араласпайсың. Барлығы бір жаққа асығады да тұрады, сонда да ештеңе үлгермей жатқаны. Демалыс күндерін сонда өткізіп, қалаға қайтып келдік. Жұмыс іздеп көреміз деп Әбілжанды ала кеттік. Өзі кез-келген адамның іші бауырына кіріп кететін, сүйкімді қарадомалақ бала екен. Ал Самал тұйықтау, салмақты екен. Москвичті міне кеттік, Әбілжанға Алтын Орда базарынан көкеніс таситын жұмыс дұрыс шығар деп шештік. Самал оқуына кетті.

-Сен өткен жұмада бір қызықты жіберіп алдың...-деді маған Алла Ивановна, машинаға отырмай жатып-мұнда бір кино болды!

-Қандай кино? Шынымен бе?

-Кинодан да қызық! Біздің механик пен ана қарақатын бар емес пе?

-Ия?

-Солар, қоймаға жасырын барып, махаббат болып жатқан ғой...

-Не дейсіз, масқара! Біреу көріп қойып па?

-Біреу емес, бәріміз көрдік.

-Қалайша?

-Бір уақытта "скорый" келді, қарасақ екеуін алып кетіп бара жатыр.

-Неге "скорый", мұндайда полиция шақырмай ма?

-Ана екеуінің біреуіне плохо болып, "скорый" шақыртып, әрең аман алып қалыпты.

-Мәссаған! Бәле қайда деме, бөрік астында деген осы. Ана механикке сауап болыпты, есіл дерті "әйелдің етегінде, нәпсінің жетегінде" жүріші еді, сол керек!

-Все мужики сондай!

Осылай уақыт өтіп жатты. Алла Ивановна қанша үйретсе де, менің өмірімде бәлендей өзгеріс жоқ. Күнделігімнің бетіне тағы бір өлеңім жазылды.

 "Тәтті уайым"

 

Тоқтай тұр әлі,

Айтарым көп әлі менің,

Жеткізе алмай жүрмін ғой...

Қаза берсе көкірегім,

Төгілетін сырмын ғой!

Дегенменен сол сырдың,

Шетін ыдырата сөгетін,

Дәмін татып,

Судыратып төгетін,

Адамның,

Арманымның бар екеніне,

Күмәнданып тұрмын ғой.

 

Уақыт шіркін зымырайды,

Мағынасы, мәні жоқ.

Көңіл шіркін тұнжырайды,

Серпілтетін әні жоқ.

Мен жатырмын еш ойланбай,

Бұл өмірден күдер үзіп сәні жоқ.

 

Бәрі жақсы,

Бәрі жақсы, қарын тоқ,

Бәрі де бар, шүкір, тәубә, қайғы жоқ.

Тек жетіспейді,

Жетіспейді бір нәрсе,

Қуыс кеуде,

Сол кеудеде,

"Тәтті шырын" уайым жоқ.

 

Махаббат жоқ,

Жұмбақтамай айтайын,

Естимісің уа, кең дүние,

Маралыңның айқайын!?

Жазалайсың,

Табалайсың неге сен?

Махаббат бер,

Оның дәмін,

Жастай көріп қайтайын!

 

Махаббатпен таңым атсын!

Махаббатпен бат айым!

Махаббатсыз

Кетті жүрек қартайып,

Басқа, басқа

Сол қуаныштан айырма,

Сол сезімсіз,

Көңіл қалды ортайып.

 

 

Содан "ұстазым" бір күні:

-Болмайды, сені басқа методпен емдеймін!-деді.

-Айта беріңіз!

-Сенің хоббиің бар ма?

-Ол не?

-Өзіңе ұнайтын, жаның сүйіп айналысатын іс...

-Жоқ, ол қайдан болсын!? Біз тек "должна, надо" деген ұранмен өстік қой. "Хочу" дегенді айтатын қақымыз да жоқ болды...

-Это как?

-Мысалы, ата-ананы тыңдау керек, жақсы оқу керек, жұмыс істеу керек, сосын байға тиіп, бала табу керек! А, тағы, байыңның айтқанын істеуің керек, бұл ең бастысы!

-Туу, түк қызық емес өмір ғой ол...

-Басқа қандай қызық бар?

-Адамның өз арманы болу керек, немесе хоббиі болу керек...

-Содан?

-Сен фен-шуй дегенді естіп пе едің?

-Жоқ, кун-фу сияқты бірнәрсе ме?

-Жоға, бірақ бұл да сол қытай жақтан шыққан. Қара мен саған кітаптар әкеліп беремін, оқып маған қайтарасың.

-Жарайды.

Сол күннен бастап мен өзіме мүлде басқа өмірдің бетін аштым. Лилиан Ту, Н. Правдина кітаптарын жастанып оқыдым. Ең алдымен өзім тұрып жатқан жерді ақтап, сырлап, керек емес заттардың бәрін тастадым. Баяғыда ауылда бірінші мамырға дайындалғандай. Содан өзіме әдемі бір туфли сатып алдым. Үйдің ішін сылдырлаған, жалтыраған қытай сувенирлеріне толтырдым. Мынау "алтын құрбақа" мүсіні ақша шақырады, оны босаға жаққа аузын төрге қаратып қою керек, мынау қоңырау "жолыңды ашады", оны есікке кіреберіске іліп қою керек. Ал мынау "утки мандаринки", оны махаббат бұрышына қойсаң, жарыңды тауып бақытты боласың. Одан басқа пион, айдаһар, тасбақа, тағы басқа да жан-жануарлар мүсіні үйде қаптап кетті. Үйдегілер мені мазақ қылып жүр, мен ешкімді тыңдаған жоқпын. Қызыл блакнот сатып алып, оның бірінші бетіне армандарымды жаза бастадым. Оны жазудың да өз ережесі, әрі тәртібі бар екен. Тілекті дәл қазір болып жатқандай етіп, осы шақпен жазу керек екен. Мен былай жазып қойдым.

"Өміріме оңай құйылып жатқан байлық үшін шүкірлік!

Жаныма қуаныш сыйлап, мені жақсы көріп, сыйлайтын, азамат үшін рахмет!

Алматыдағы керемет жиһазға толы үйім үшін рахмет!

Тәнім сау, жанымның амандығына шүкірлік!

Осы тілектерім құдайдың құлағына шалынып, періште әумин десін!"

Осындай өзіңе тілейтін жақсы тілектерді, күнде жатар алдында бір рет оқып, шүкіршілік етіп жату керек екен.

Баяғыда апам "күнде жатар алдында "Е, Алла, бергеніңе шүкір, еліміз аман болып, жұртымыз тыныш болсын, түннен түгел шығар"-деп жатушы еді, тура сол ғой мынау. Байғұс апам соғысты да, ашаршылықты да, одан қалса қызылша індеті, көтерген жиырмадан асқан құрсағын қоядай қырған, жатырынан шыққан шиеттей балаларының  өлімдерін өз көзімен көрген апам-ай. Ертеңгілік бір баласынан, түсте бір баласынан,  кешке бір баласынан, бір күнде үш баласын жерлеген байғұс ана сонда да құдайдан тағы да перзент тілеп, күдерін үзбеген қандай күшті адам десеңші!?

Ал бізді біреу ренжіткенін көтере алмай, көз жасымыз көл болып жатады. Тіпті тағдырдың бір сынағына шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсап, өмірден оңай бас тартатындар қаншама!? Күшті деген еркектердің өздері, араққа салынып, бейбіт өмірдің қадірін білмей жатады.  Шынында да алдына мақсат қойып, арман жетелеген адам ғана, биік шыңдарды бағындырып, биіктен көріне алады екен! Ал Мұқағали ағамыз не дейді екен?

 

         "Болады деп арманда!"

 

Ал енді мен ақыл айтам,

Ақыл айтам, таңданба,

Қорлық үшін келген жоқсың, мына өмірге,

Жалғанға.

Мына өмірде, жүрегіңде,

Бойыңда ыстық қан барда,

Болмысты да, болмасты да,

Болады деп, арман да!

 

Өтер кетер, өтер кетер...

Дейміз ғой біз мұңайып.

Дейміз-дағы, жамаймыз кеп, бір айыпқа

Бір айып.

Отандастар, ойлайықшы, ойымызға лайық

Құласақ та, тек биіктен,

Құзға барып құлайық!

 

Бықсып жанған қоламта емес,

Артымызда шоқ қалсын.

Болашақтың ошағында,

Біз тұтатқан от жансын...

 

 

Керемет, бәріміздің ойымыз бір жерден шықты!

Біздің жанымызға Әбілжан мен Самал көшіп келді. Әбілжан ешкімнің көңілін қалдырмайтын, кез-келген адамның тілін таба білетін, әрі жұмыстан да қорықпайтын жақсы жігіт екен. Самалда тәрбиелі, өз ісіне ұқыпты, салмақты қыз екен. Бірақ ішкі сырын сыртқа шаша бермейтін тұйықтау екен. Жазда аулаға тіпті қияр мен помидор егіп, мәз болдық. Далада отырып ішетін кешкі шәйді айтсаңшы.

Менің де көңіліме көктем келіп, жүрегіме үміт ұялады. Мені достарым бір отырыста бір жігітпен таныстырды. Аты Ержан, өзі Ақтаулық. Сол күні кеш көңілді өтті. Осы бір жігіттің маған деген ықыласы қатты ұнады. Ол тіпті онысын жасырғысы да келмеді. Қайта-қайта биге шақырып, аш белімнен қүшақтап, ашықтан-ашық "аққуым" деп  аймалағанынан қанша қашсам да, көңіліме ұнап тұрғанын жасыра алмадым. Бірде қолымды ұстатпай қашсам, енді бірде, иығына басымды сүйеп, маңдайымнан иіскегеніне  қарсы болмадым. Сол күні Раиса екеумізді таксиге шығарып салған ол, такси жүре бергенде, қалталы телефоныма хабарласып:

-Таксист тиссе айт, тура жаяу қуып жетемін!-дегеніне құрбым екеуміз бір күліп алдық. Үйге жеткенде тағы хабарласып, "қайырлы түн" айтуды ұмытпады. Ертесіне оған сонша еркелегенім есіме түсіп, жымия бердім. Алла Ивановна мендегі өзгерісті бірінші күні-ақ байқады.

-Марал, мне кажеться, или ты уже кого-то нашла?

-Как вы догадались?

-У тебя, все на лице написано, а глаза как блестять!

-Да, кажеться нашла...

-Ты не уверенна?

-Нет, наконец-то нашла!

-Вот так надо говорить, я рада за тебя!

-Спасибо!

Ол мені бірде тауға шақырады, бірде көлге шақырады. Көмірдей қара қайратты шашы, толқындалып сәл көтеріле, ақсары өңіне жарасып-ақ тұратын, бетінде бір дағы жоқ, осы жігіттің тамақты таңдап жейтіні көрініп тұр. Қыр мұрыны, сопақша өңіне құйып қойғандай келісіп тұр.  Көзінде бір қайсарлық бардай, не деген өткір! Жейдесінің ылғи да екі түймесін ағытып, жеңін түріп алады. Білегіндегі сағаты, білектегі күшін қара дегендей, жалт-жұлт етіп, көзімнің жауын алғанмен, көңілімді басқа жаққа аударады. Шынымды айтсам, сағат та, машинада маңызды емес, маңыздысы осы жігіт менің жүрегіме тез жол тапты. Әлде мен де жалғыздықтан жалыққан шығармын, әлде бұл анам айта беретін "бұйрық" шығар, кім білсін!? Әйтеуір, үйден сүйікті сериалымды көрмей шықпайтын мені, шыдамдылықпен күніге есік алдында күтіп отыратын осы жігіт,күннен-күнге маған ұнап бара жатты. Тіпті осы жігітке өзімің кез-келген әмірімді жүргізе алатынымды сезген сайын, отыздан асып кетсем де әлі де сұлу мүсінім ширатыла түседі. Екеуміз қол ұстасып, саябақта жүргенде, менен асқан бақытты адам жоқтай болып көрінетін. Жігіттің беліме қойған алақан ыстығын сезген менің жүрегім, кеудеме сыймай атша тулап, торға түскен елікше бұлқынатын. Жігітте қасында жүрген менімен мақтанғысы келгендей, жабыса түседі, тіпті кейде бас салып сүйіп те алады.

-Қойшы, ел қарап тұр ғой!?

-Қарай берсін!

-Ұят болады, жас та емеспіз.

-Онда жүр тығылып қалайық.

-Қайда? Кіп-кішкентай болғанда ана жапырақтың астына тығылып қалатын едік.

-Жүр біздің үйге барайық.

-Тиіспеймін деп уәде бересің бе?

-Елуде-елу.

-Жоқ, онда бармаймын!

 

Осылай күндер өте берді. Жаз бітіп, тағы да күз келді. Бірінші қыркүйек күні, оқушылар сыйлаған түрлі-түрлі алқызыл гүлдерін көтеріп, Шолпан келді.

-Не істеп жүрсің, мейрамыңмен!?-мен оны қуана қарсы алдым.

-Рахмет, сен гүлдерді жақсы көресің ғой. Содан такси тосып, мектептен саған тура тарттым. Мені білесің ғой, осындай гүлдерден жалығып кеттім, алмасаң тағы болмайды, ата-аналарым, балаларым ренжиді ғой!

-Қандай әдемі гүлдер, не деген көп!

-Салатын вазаларың бар ма, мыналарға ваза емес шелек керек шығар!?-деп өзі мәз.

-Қайдағы шелек, кей гүлдерді  бір ыдысқа бірге салуға болмайды, солып қалады. Қазір мен бұларды бөліп- бөліп сыртындағы орамаларынан босатайын. Артық жапырақтарын кесіп тастап, сабақтарын қысқартсам, су ішуі жеңілдеп, әлі ұзақ тұрады.-деп мен іске кірістім.

-Алдымен маған су берсеңші, тірі жанбыз ғой!?

-Қазір саған шәй қоя салайын, суды өзің алып іше берші...

-Гүл көрсең, есің ауып қалады екен, баяғыда да биологияны жақсы көруші едің ғой. Жауынқұрттың жолын зерттеп, шымшық балапанына күніне қанша рет тамақ әкеледі деп, дәптеріңді алып, ұясын күзетіп отыратынсың...

-Сол кездер ең бақытты шағымыз екен ғой!

-Айтпа уайым жоқ, қайғы жоқ. Менің балаларым жаз бойы көрмеп едім, әжептеуір өсіп, өзгеріп кетіпті.

-Оқушыларыңды өзімнің балаларым деп жүре бересің бе, қашан күйеуге тиесің?

-Өзің ше?

-Мені алмай жатыр, әйтпесе "как только, так сразу", деп жүрмін ғой.

-Біреуің бар ма?

-Бар сияқты, тіпті кейде көз тиіп кете ме деп айтуға қорқамын. Өзі сондай сұңғақ бойлы,сымбатты, тәрбиелі, қаланың жігіті, тіпті мені таңдағанына өзім таң қалып жүрмін. Мен  оның қасында тым қарапайым, ауылдың қызы екенім көрініп тұрады.-дедім мен гүлдерді, банкілерге бөліп салып жатып.-Мынау қандай гүл, гүлшоғының өзі баланың басындай үлкен?!

-Георгина. Мен де біреуге үміт артып жүрмін, үйленетін де сияқтымыз, білмеймін... Сұлу да емес, бай да емес, бірақ тезірек күйеуге тиіп бала туғым келеді. Жасымыз да өтіп бара жатыр, енді туа аламыз ба, туа алмаймыз ба?

- Туамыз, қорықпа, екеуміз де бір-бір батыр баланы дүниеге әкелеміз.Сен әдемі болып кетіпсің, бетіңді қалай күтіп жүрсің?-дедім мен енді даладағы столға дастархан жайып.-Бізге де айтсаңшы, құпияңды.

-Жарайды, сенен аяғанды ит жесін!

-Тоқта мен шәйді алып келейін!

-Әкел, мен де көмектесейін....

Екеуміз тәтті-пәтті алып шығып, кешкі салқынмен шәй ішуге кірістік.

-Сен көп күлесің, қарашы көзіңнің айналасын әжім торлай бастапты.

-Құрсын, күлмей қалай жүреміз, қалжыңдап елді де күлдіріп, өзіміз де мәз болып отырғанға не жетсін!?

-Күлсең күле бер, бірақ күнде кешке, жатар алдында бетіңді тазалап, тырысқан жүйкелерді, әжімдерді жазып батке бес минут массаж жаса. Сосын өзіміздің Роза Бағланова апамыздың қолданылған атақты маскасын жақ.

-Жұмыртқа сарыуызы, бал, қаймақ па? Бір-бір қасықтан...

-Ия, соны күнде жағасың да, күнделікті шаршағаныңды ұмытып, он бес минут денеңді бос ұстап жатасың. Сен өткен жылдары бір азып кеттің ғой, адам азғанда, бұлшық еттері босап, бет терісі салбырай бастайды. Денеңдегі бұлшық еттер де салбырап қалмау үшін, күніге он бес-жиырма минут жаттығу жасап тұру керек.Айтпақшы, үйіңдегі ойыншықтармен кім ойнап жүр? Жаңа кіргенде байқадым, ана дүкенге ілетін қоңырауды неге босағаңа іліп қойғансың?

-Олар ойыншық емес, фен-шуй!

-Ол немене?

-Қытай мәдениеті, өнері, білімі десе де болады. Егер оқысаң шынында да біраз құпияның беті ашылады екен. Өмірде серік қылсаң, қиындықтар жеңілдей түсетін сияқты. Ең бастысы, өзіңді тануға көмектеседі екен.

-Жәй сөзбен айтшы, түсінсем бұйырмасын...

-Жәй сөзбен айтқан да армандауға үйретіп, тілектеріңнің орындалауына көмектеседі.

Одан кейін мен оған фен-шуй туралы біраз лекция оқыдым. Бір уақытта ол:

-Мәссаған қараңғы түсіп кетіпті ғой, қой кетейін, түнде  біреу тисіп жүрер...-деп кетуге жиналды.-Жүр мені шығарып сал.

-Біреу "тиіссе" қуанбайсың ба?-деп мен қалжыңдап жинала бастадым.

-Күле берме, әжім түседі. Айтпақшы өткенде автобуста, маған бір студент жігіт "қарындас" деп тиісіп қоймай қойды. Өзім қатты шаршап келе жатқанмын, "қойшы айналайын, мен мұғаліммін" деймін ғой. Ол болса, "қойыңызшы бетіңіз жап-жас қой" деп қоймады. Қоймаған соң оған қарап, "бетім оттай береді" деп едім, қатты айттым ба, қатырып айттым ба, жоғалды әйтеуір!

Бұған енді қалай күлмессің! Екеумізде ішегіміз қатып бір күліп алдық. Үйге қайтып келсем, Самал келіп, ендігі көрпе жамылып жатып қалыпты. Басына дейін бүркеген көрпесін  тұншығып қалмасын деп, сәл түсіре берейін деп еңкейіп едім, мұрнының пышылдағанын естіп қалдым. Жылап жатыр ма? Не болды екен? Кім ренжітті екен? Әлде жігіттің сұмырайы саған да кездесті ме? Сол оңбағандарды жылататын қыздар бар ма екен, бұл әлемде? Не істесем екен? Сосын ақырын келіп өз төсегіме қисайдым, бірдеңе айтып, жарасын тырмалағым келмеді. Кейін өзі айтар, қанша дегенмен, әкпесімін ғой...

 

            Сіңліме.

 

Ренжітсе мені тағдырым,

Өзімді-өзім жұбатам...

Ренжісе бірақ бауырым,

Бауырымды қалай жұбатам?..

 

Көңілді кейде өмірім,

Ренжіткен бірақ талайы.

Ренжісе егер сіңілім,

Сіңілімді қалай алдайын?..

 

Көңіліме кірбің түскенде,

Көзімді жасқа жуғызғам.

Ал жылап жатқан төсекте,

Сіңілімді қалай тұрғызамын?..

 

Ашуым кетсе асқынып,

Ақылмен кейде басамын.

Көз жасын жатқан жасырып,

Көрпесін қалай ашамын?..

 

Кінәмды кейде жуатын,

Кешірім берем өзіме.

Алдайын десем жұбатып,

Қараймын қалай көзіне?..

 

Ренжітті жаным сені кім,

Келгелі тіл қатпадың?

Өкпелеп жатсың сен кімге,

Сездің бе маған батқанын?..

 

Дүрсілдеп жап-жас жүрегің,

Күрсініп таңды атырдың.

Болсам да талай тірегің,

Түсіне алмай жатырмын...

      

Ертесіне  Ержан мені үйіне қонаққа шақырды, мен Раисаны "телехранитель" боласың деп ілестіріп алдым. Раиса да "образға кіріп кеткен":

-Қорықпа егер ол саған тисе бастаса, мен Марал қаш деп, оның жолына өзім жата қаламын!-деп қалжыңдап қояды. Сол үйін көргелі менен маза кетті. Жоқ үйі қарапайым үш бөлмелі, өзі ғана тұрады екен. Бірақ неге екенін қайдам, мына үйде одан басқа да, бір адам тұратын сияқты болып көрінді. Тіпті, мұның әйелі бар шығар деп ойладым, бірақ бар болса, ол қайда? Маған тіпті үйіндегі телефон номерін де берді, екеуміз күнде сөйлесіп тұрамыз. Мен одан суреттерін сұрадым. Ол суреттердің қайда жатқанын білмеймін деп жауап берді. Менің күдігім күшейе түсті. Келесі жолы кездескенде мен машинаға отырдым да:

-Бүгін ешқайда бармай-ақ, жәй машинада отырайық -дедім.

-Жарайды.

-Сенен бір нәрсе сұрайын, сен тек ашуланба, жарайма?

-Жарайды, ол не?

-Сенің әйелің бар сияқты, мені алдап жүрсің бе?

Ол бір күрсініп алды да:

-Ия, менің әйелім бар...-деді. Ашумен есікке ұмтылған мені құшақтап алып жібермеді:

-Тыңдашы, мен сені алдаған жоқпын...

-Қалай сонда, әйелің бар ма, жоқ па? Турасын айтсаңшы?

-Біз ажырасып кеткенбіз, кішкентай екі баламыз да бар. Олар анасымен бірге.

-Неге маған бірден айтпадың?

-Сен менімен сөйлеспейде қояр едің ғой!?

-Ия, таныспайтын да едім.

-Сондықтан айтпадым.

-Неге ажырастыңдар?

-Ол ұзақ әңгіме.

-Құлағым сенде, менің білгім келеді.

-Жарайды...  Әйелім екеуміз бір-бірімізді жақсы көріп үйлендік. Бірақ бірінші бала туғаннан кейін, ол өзгеріп кетті. Менімен шаруасы жоқ, кешке дейін бала, бала. Оныкі дұрыс қой әрине, мен бірақ өзімді керек емес сезіне бастадым. Ал екінші бала туғаннан кейін, тіпті ашуланшақ, ешнәрсеге риза емес, қашан көрсең быт-шыты шығып жынданып жүргені. Үй қашанда шашылып жатады, өзіне қарағанды мүлдем қойды, балалар ылғи да бірнәрсе сұрап жылап жатады. Менің үйге барғым келмейтін күндерім болды.

-Неге оған көмектеспедің?

-Шынымды айтсам қалай көмектесерімді білмедім. Ақша әкеліп берсем болды деп ойладым.Қалғанына барлық әйел үлгеріп жүр ғой, оның үстіне жұмыстан да шыға алмайсың. Содан не керек, жұмыста бір әйелмен шатастым. Оның құрығына қалай түсіп қалғанымды сезбей қалдым. Ол ылғи да әдемі киініп, әрі көңілді жүретін, әрі әйелімнен де едеуір жас. Үй мәселесі туралы, жаялық, кір жуғыш машина туралы, тіпті айтпайтын. Қашан көрсең ойын-күлкі. Оның үстіне өзі де менің қасымнан шықпайтын болды. Жағдайымды сұрап, жұмысыма көмектесіп ақыл айтып, жұбатып жүрді. Сосын біз бірте-бірте жақындай бастадық. Түскі тамақты бірге ішеміз. Бір күні ол менімен бірге іс-сапарға сұранып шықты. Сол күннен бастап, екеуміз көңілдес болдық. Алғашында ол "маған сенен ештеңе керек емес, тек жақсы көрсең болғаны" деп жүрді. Кейін маған әйелімді жамандай бастады, әйелді қалай ұстау керек, сен мұсылмансың, ол сен сыйлау керек, оны басыңа шығар ма, бүйт-сөйт деп. Оның күнде құлағыма құйып жатқан сөзіне сеніп, соның айтқандарын қалай істеп кеткенімді өзім байқамай қалдым. Күнде көңілдесіммен кездесіп келген соң, әйелім көзіме шайтандай болып көрінетін. Оның істеген тамағы да, киген киімі де, сөйлеген сөзі де, өзі де менің "жынымды" ұстата бастады. Оның жанына жақындауды қойдым, тіпті ол менің қолымнан ұстаса жиіркенетін болдым, қолын қағып тастайтынмын. Тіпті оған қол жұмсайтынды шығардым. Өзі адал байғұс, менің опасыздық жасап жүргенімді аңғармады да, жұмыстан шаршаған шығар деп, балалармен әуре болып, маған шыдап жүре берді. Менімен екі жыл көңілдес болған, Гуля енді "ашық соғысқа" шықты, ол менің әйелім болғысы келді. Сөйтіп, әйеліме хабарласып, бәрін өзі айтып беріпті. Әйелім заттарын жинап, балаларды алып, ауылдағы шешесіне кетіп қалды. Мен тіпті тоқтатпадым да, осылай дұрыс шығар дедім. Гулямен бақытты болатын шығармын деп ойладым. Біз ашық қыдыра бастадық, оны достарыммен таныстырдым, бәрі маған қызыққандай болды. Мен оған үйленетін де едім, егер де бір күні, өз үйімде оны досыммен ұстап алмағанда...

Екеумізде біраз үнсіз қалдық. Сосын мен:

-Балаларыңды көріп тұрасың ба?-деп сұрадым.

-Жоқ, ол жаққа баратын мен де бет жоқ. Әйелім мені кешірмейді.

-Сен кешірім сұрап көрдің бе?

-Жоқ, мен оны білемін...

-Балаларды сағындың ба?

-Ия, олардан айырылған соң, қаншалықты жақсы көретінімді түсіндім.

-Әйеліңді де ме?

-Білмеймін, бірақ мені кешірсе, балалар үшін бәрін басынан бастап көретін едім, кешір... Сенің алдыңда осылай сөйлегенім үшін кешір мені...

-Түсінемін, бала деген тәтті ғой...

-Рахмет, өзім де саған қалай айтсам деп қиналып жүр едім...

-Балалардың жасы қаншада?

-Ұлым алтыда, қызым бесте!

-Ажырасқандарыңа қанша болды?

-Бір жылдан асып барады...

-Баларды іздеп бар, балапандар сені сағынған шығар. Олардың жазығы қанша? Әйеліңе соны түсіндір. Алдымен солардың алдынан өт.

Осылай ақыл айтсам да, ішім қылт ете қалды. Егер де ол кешірсе ше? Олар қайтып қосыламыз десе ше? "Қосылма, мені ал"-деп қалай айтам? Жоқ, мен үйтіп айта алмаймын, құдайдан қорқамын, ол бәрін көріп тұр ғой. Сол ісім үшін кейін өкінгім келмейді. "Былай тартсам арба сынады, былай тартсам өгіз өледінің"-кері келіп тұрғанын қарашы.  Бәсе, неге бәрі жақсы болып кетті деп едім... Мені тағы бір сынақ күтіп тұр екен-ау! Мені қашанғы сынайсың, құдайым-ау?

Есіме қыздар бәріміз, көшедегі балшыға бал аштырғаным түсіп кетті. Не деп еді: "Сен қателесіп қаламын ба, деп ақырын жүріп, анық басады екенсің. Өмір сол қателесу арқылы ғана көп нәрсеге үйретеді. Жасың отызда, бір еркекпен тұрып та, жүріп те көрмепсің, енді ертең байға тисеңде, бақытты бола алмайсың. Оның тілін таба алмайсың. Еркекке тек тәтті тамақ, таза үй, бала ғана керек десең қателесесің. Оларды әрдайым жаныңда ұстаудың өзі бір өнер. Сол жас кезіңде көру керек болған қателіктеріңді қайталайсың, жас қыздың тірлігін жасап қайтадан қателесесің. Маңдайыңа жазылғанды, жиырма жаста көрмесең, қырық жаста ол алдыңнан шығады. Қателесуден қорықпа, қателесу арқылы ғана, өмірді түсініп сабақ ала аласың. Жақында өміріңді түбегейлі өзгертетін бір адам пайда болады. Жұлдызы сарышаян. Оған қарсыласпа, ол сен дүниеге әкелуге тиіс баланың әкесі. Ол сарышаян сенің өмірдегі үлкен қателігің де болуы мүмкін, өкінуің де мүмкін, бірақ ол сен өтетін көпір, одан қашып құтыла алмайсың. Маңдайыңа жазылғаны сол, "жазмыштан озмыш жоқ". Байға да тиесің, балаң да болады, ар жағын айта алмаймын..."-деп еді-ау. Сонда не айтқысы келді екен, әлде не де болса, осыған тиіп, бала туып алсам ба екен? Жоқ, болмайды. Ана бала-шағаның көз жасын қалай көтеріп жүре аламын? Оның үстіне ол адамның шоқжұлдызы сарышаян деген, Ержан болса "тоқты" ғой.

Осылай уақыт өтіп жатты, биыл қыс ерте түсіп, алғашқы қар да жауды. Сол кезде Ержан екеуміз қол ұстасып, түнгі шамның астында жауған қарды әбден тамашаладық.Ержанның соңғы кезде, іс-сапары көбейіп кетті. Менде шыдап бақтым, ойлануға уақыт бергім келді. Өзім жұмысты ермек еттім. Оның үстіне бұрынғы жұмыстағы Жидегүл хабарласып көмекке шақырды.

-Бек екеуміз жеке цех ашып едік. Бір үлкен тапсырыс түсіп үлгере алмай жатырмын. Жұмыстан кейін, немесе демалыс күндері келіп көмектесіп жіберші, ақыңды жемейміз-деді. Қарсы болмадым, ақша қашанда керек, тапқанымыздың жартысынан көбі үй қожайынына кетеді. Біраз ақша жинап жер алып, үй салсақ па деген ойымыз да бар. Сонымен не керек, енді жұмыстан бос уақытта, Жидегүлге көмектесуге келіп жүрдім. Күйеуі екеуі жертөлені жалға алып,  ескі дивандарды жаңартумен айналысып жатыр екен. Ойымда ештеңе жоқ, машинада тігіп отырған менің ойымды, қалталы телефонымның даусы бұзып жіберді. Ержан!

-Алло?

-Қалайсың?

-Жақсы, өзің қалайсың?

-Жақсы. Мен аяқ астынан Ақтауға іс-сапармен кетіп бара жатырмын. Сенімен қоштасайын дегенім ғой...

-Қашан? Мен сені шығарып салайын?

-Қажет емес, ұшақ үш сағаттан кейін, мен ендігі әуежайға шыққалы жатырмын.

-Ендеше, сол жақта кездесерміз-мен тұтқаны қоя сала киініп жатып, Жидегүлге асығыс бәрін түсіндіре бастадым.

-Ажырасқан жігітпен байланыспай-ақ қойсаңшы, бойдақтар жоқ па?-деді ол жанашырлық танытып.

-Бұйырғаны болар... Мен ертең келермін.

Асығыс шыға сала, таксиге отырдым. Ержан мені қуана қарсы алды. Әлі де уақтымыз бар екен, сол жерде ұшып, қонып жатқан алып ұшақтарды тамашалап отырып, әуежай кафесінде отырып шәй іштік.

-Айтпақшы саған сыйлығым бар, ұмытып кете жаздаппын ғой...-деді ол, жол сөмкесінен бір қорапты алып жатып.

-Ол не?-дедім мен де қызығып.

-Өзің көр!-деп маған ұсынды. Қорапты ашсам, бетінде бір тал қызғылт хризантема тұр.

-Қандай әдемі!- Алып иіскеп едім астынан, тағы бірнәрсе көрінді.

-Мынау не?-алып қарасам, домалақ әйнек шар.

-Былай төңкеріп, сосын бұрасаң, ішінде қар жауып, музыка ойнайды. Сен жауған қарды көрсең балаша қуанасың ғой! Менен естелік болып қалсын.-деді ол шарды қолына алып, оған "қар жауғызып", музыка ойнатып жатып.

-Рахмет жаным, тек мәңгілікке қоштасып жатқандай сөйлемеші, мен сені жауған қардан да қатты жақсы көремін!-мен оның қолынан ұстап өзіме тарттым да, бетінен сүйдім.

-Саған да рахмет, жаным сол...

Ертесіне Жидегүлдегі жұмысымда бітіріп, ақшамды қолма-қол алып, үйге келдім.

Бүгін демалыс, үйдегілер жиналып, жігіттер ауладағы қарды күреп, қыздар тәтті тамақ жасадық. Кешке біздің ауданның шамдары өшіп қалып, балауыз шаммен дастарханға отырдық.

-Туу, шамның  өшіп қалғанын қарашы, қаншама дәмді тағамдарды көрмегелі көп болып еді...-деді Әбілжан шын ренжіп. Осы бойы ұзын, батыр тұлғалы інімнің қарны тоқ болса болды, әйтеуір.

-Қайта өшкені жақсы болды, балалық шақты есімізге алайық. Баяғы да ауылда шамды айлап, жылдап өшіріп тастағанда, майшаммен сабақ оқушы едік қой-деді Самал.

-Айтпа, отбасымен отырып әңгіме-дүкен құратынбыз. Теледидар көре алмағаннан кейін, бір-біріміздің өміріміз қатты қызықтыратын. Ал қазір тіпті бір үйде тұрып, әңгімелесуге уақтымыз жоқ.-дедім мен құптап.

-Ия, теледидар көру бір арман еді ғой, ол кезде.-деді Марат қосылып.

-Туу, әйтеуір отырдық қой, бүгін кешке дейін құйрығымыз жер иіскемеді ғой, тегі, аяғым да қақсап кетті.-дедім мен отырып жатып.

-Аяғыңа не болды, ауырса отыр ғой, міне білдей дәрігер, көрінбейсің бе?-деді Марат Самалды нұсқап.

-Жәй, кеше жұмыста ауыстыратын жәйтабан сүйретпемді ұмытып кетіп, кешке дейін биік етікпен жүргенмін, содан шығар. Сол жерде біреудің  45-інші размерлі сүйретпесін кейін көрдім ғой, әтпесе біреуін екі бөліп киіп алатын едім-дедім мен күліп.

-Айтпашы, осы апта бітпей қойды ғой, Оның үстіне менімен оқитын бір жігіт әбден қанымды ішті. "Сіздің артыңыздан жүгіргеніме жарты жыл болды, елдің бәрі емтихан тапсырып қойды, сіз тегі зачет та қоймайды екенсіз"-деп қояды ғой маған.-деді Самал да шаршағанын білдіріп.

-Ол қайдағы зачет, сен не мұғалім болып кеттің бе?-деді Әбілжан алдында ыдыстағы піскен тауықтың етін жұлмалап жатып. Біз Самал екеуміз бір-бірімізге қарап жымиып қойдық. Ол жігіттің "зачет" деп сұрап жүргені, Самалдың көңілі екенін, бұлар қайдан білсін...

-Бауырым, тамақты асықпай жесеңші, андағы тауықтың зәресін алдың ғой?-деді Марат Әбілжанға.Біз ду күлдік, Әбілжан да күліп қояды.

-Сосын бір мұғалім кітапханада баламды қарай тұршы деп қасыма отырғызып кеткен ғой, кітап оқып отырсам, лекция дәптерімді алып, бетін аямай шимайлап тастапты. "Әй, мынауың не?"-десем, бес жасар ғой, "ол жел"-деп қояды ғой, мәз болып... Оған не дерсің!?

-Дұрыс айтқан! Желдің суретін салатын да суретші бар екен ғой! Қолтаңба алып алмадың ба?-деп біз күлеміз.

-Ия, саған онсызда екі бет қолтаңба берді ғой, жетер...

-Әкем өткенде осы жердегі ескі диванды алып кетіп еді ғой...-деді Марат бір қызық айтқысы келгендей.

-Ия, қоқысқа таста десек те тыңдамай...-дедім мен.

-Соны атқораға қойып қойыпты.

-Онысы несі?-дейді Самал таң қалып.

-Көк бие шаршағанда, жатып демалсын дегені ғой...-деймін мен ішімді ұстап, күлкіге жарылардай.

-Қасына шам мен газет қойып қоймай ма, үйдегідей болады-деп Әбілжан да ыржиып күлді.

-Әкеміз пысық адам ғой, сендер болсаңдар үйдегі пышақты да қайрамайсыңдар. Бағана базарға апарып қайратып алдық, өтпейтін пышақ көрсем "жыным" келеді-дедім мен екеуіне қарап, сабақ болсын деп.

-Содан кейін екен ғой, бағана, пышақты беріп жатып, "екі жағында қайрап беріңізші" деп ашуланғаныңыз-енді Самал әбден күлді-екі жағын қайратып не қылады деп қоям ғой...

-Мен сендерге ешегім туралы қызық айтып берейін бе?-деді Әбілжан ішін сипап.

-Е, мынаның қарны тояйын деген екен-деді Самал-қарны тойса ешегі есіне түседі.

-Бойыңның ұзындығы сонша, ешекке мінсең аяғың салбырап жүретін шығар?-деді Марат та оны қағытып қалжындап отыр.

-Жо-оқ, тимейді-деп қояды аңғал батыр.

-Е, сенің ешегің қандай, жоқ бірінің үстіне бірін қойып мінесің бе?-дедім мен бәрін күлдіріп. Қарны шын тойса керек, Әбілжан да мәз. Осылай бір көңілді кеш өткіздік. Ертең дүйсенбі, қаланың қарбаласы қайта басталады.

-Туу, қызық отырдық, свет күнде осылай өшіп қалса ғой-деді Самал мәз болып, ыдыс-аяқ жинап жатып.

 

Соңғы кезде  Ержан тым сирек хабарласатын болды деп ойлап қалталы телефоныма қарап қойдым. Ақтаудан келгелі қашан. Үйдегі телефонды ешкім көтермейді, қалталы телефоның қашанда өшірулі. Күнде көріп үйренген мен көпке шыдамадым. Ақыры жұмыстан кейін үйіне іздеп бардым.

-Қайда жүрсің, қайда жоқ болып кеттің, уайымдап өлетін болдым ғой?-деп мен кіре сала айқайға бастым.-Хабарласу соншалықты қиын болып кетті ме?

-Кешір, жұмыс бастан асып кетті...

-Жұмыс? Жұмыс па, әлде ана жұмыстағы ашынаң ба?

-Не деп тұрсың?

-Мүмкін сонымен қайтадан ойнап күліп жүрген шығарсың?

-Олай емес...

-Солай, әйеліңді алдағандай мені де алдағың келе ме? Бола қоймас, не ол, не мен! Таңда?

-Менің ол әйелмен ешқандай байланысым жоқ, сенші маған...

-Қалай сенемін, өзің айтып берген әңгімеден кейін, қалай сенем саған?

-Солай ма? Онда осы жерден доғарайық! Сен мені тергеуге қақың да жоқ.

-Не дедің? Солай ма, демек мен саған ешкім болмағаным ғой?

-Бұл ұрысты бастаған сен, сөзіме сенбейді екенсің, ары қарай бармай-ақ қояйық-деді ол есікті ашып, "не істер екен?" деп маған қарады. Мен не істерімді білмедім, оған ашумен бір қарадым да, есіктен шығып кете бардым. Артымнан тарс етіп қатты жабылған есіктің даусына селк ете қалдым да, бағанадан бері көзіме тығылған жасқа ерік беріп жылап жібердім. Шынымен осымен бәрі біткені ме? Енді не істеймін?

Әншейінде, зырылдап өтетін уақыт, тоқтап қалған сияқты. Мүмкін ашуы басылса хабарласар деп жұмыстан кейін, телефонды күзетіп отырғаным. Күндіз жұмысына хабарласам да, тұтқаны алса, үндемеймін. Не дейін, "жәй, даусыңды естігім келді"  десем сенесің бе? Кейде сен тұтқаны көтермейсің, ар жақтан телефон шиқ-шиқ деп жатса да тыңдап тұрамын.Осылай уақыт өтіп жатты. Кім кінәлі?-деген сұрақтың жауабын іздеп таба алмадым. Қолымнан өлең жазу ғана келеді...

 

 Кім кінәлі?

 

Кім кінәлі,

Ажырату оңай ма?

Сол кездесу,

Соқпады маған оңайға.

Сол сезімді сыйлағанда өзіңсің,

Сол сезімді тартып алдың оңай да.

 

Кете бардың,

Арамызды шорт кесіп.

Сенім жоқта,

Сезім болмайды десіп.

Тағдырыма,

Таласа алмай мен қалдым.

Мен үшін де,

Сен үшін де, СЕН шешіп.

 

Күмәндандым,

Сезіміңнің күшіне.

Сәйкес келмей,

Сөзің сенің ісіңе.

Сағынғанда,

Телефонға қараймын,

Отырғандай,

"Серім" соның ішінде.

 

Сезім менде,

Құлы болған нақты ойдың.

Байлық емес,

Құдай басқа бақ қойғың.

Байлық та жоқ,

Бағым кетті адасып.

Ал махаббат,

"Аппаратта" қап қойдың.

 

Трубканы алып,

Нөміріңді терем де,

Алло-десең,

Үндемеймін кереңдей.

Кейде сенің,

Даусыңды естіп елжіреп.

Кейде амал не,

Құр шиқылға көнем де.

 

Жауап жоқ та,

Ойша бөліп басқамен,

Кірпігімді,

Шылап аламын жасқа мен.

Кейде өртенсем,

Құшағыңды сағынып,

Қызғаныштан,

Кейде айналам тасқа мен.

 

Тұтқаны алып,

Тағы отырмын, "аймалап".

Кете алмай,

Аппаратты айналып.

Анам айтқан,

"Бұйрық"-деген осы ма?

Сені ойласам,

Қалам жіпсіз байланып.

 

Жұмыстан шаршап келіп жатсам, телефон шырылдады. Хабарласқан Бек екен:

-Далада қалдым, баратын жерім жоқ. Қарызға ақша әкеп берші, ертең екі есе қылып қайтарамын.

-Қай жерде тұрсың?

-Правда мен Шаляпин көшесінің қиылысында, бір аулада отырмын.

-Қазір келемін.

Тез жиналып, далаға шықтым. Не болды екен? Даусы ішіп алған адамға ұқсайды. Жидегүлге хабарлассам өшірулі, үйінің телефонын ешкім көтермеді. Тағы ұрсып қалған шығар деп ойладым. Бекке арақты қойдыра алмай, ол да әбден шаршаған шығар, тіпті бір күні ажырасып кетпесе не қылсын? Осы еркектер арақты неге сонша жақсы көреді екен? Қаншама азматты қор қылды осы арақ! Дала қараңғы, қақаған қыс, аязда такси ұстап тұрмын деген жеріне келдім. Келе сала ұрса бастадым:

-Сенің есің дұрыс па? Тағы ішіп алдың ба, араққа ақшаң жетпей, маған...

Түрін көріп шошып кеттім. Жалаң аяқ, жалаңбас, алқа-салқасы шыққан...

-Біреулер ұрып кеткен бе, тонап кеткен бе, мына түрің не?

-Мені қатыным үйден қуып жіберді...-деп ыржиып күліп қоясың. Осы кезде құлағыңнан аққан қан, аяғыңдағы моншаға киетін резина сүйретпеге тамшылап тұрды... Өзің де өлердей массың ба, әлде әбден жаурадың ба, не дұрыстап сөйлей алмадың, не бойыңды ұстап тұра алмадың.

Мен оны қолтығынан ұстап, жан-жағыма қарап едім, қонақүй деген жазбаға көзім түсті. Мына түрімен өз үйіме апара алмаспын, бауырларыма не деймін? Мен оны сүйреп, қонақүйге алып келдім. Кілтті берген апайдан ұялғаным-ай, мен туралы не ойлады екен!? Мені біреу көріп қоймасын деп, тез-тез бөлмеге кіргізіп, төсекке жатқыздым. Төсекті жылы жаққа сырғыттым да, тоңып қалған аяғыңды жылу беретін құбырға тақап, көйлегіңді шешіп алдым да, оны сулап үстіңдегі қанды сүрте бастадым. Сонда байқадым, бетіңді аямай тырнаған екен, тырнақтың өткірлігі сонша, құлағыңның төмен жағын кесіп кетіпті, қан сол жерден тамшылап тұр екен... Сенің айтқандарыңнан түсінгенім, сен мас болып үйге барған екенсің, ішкеніңе жыны келген Жидегүл сенің бетіңді тырнап, төбелесіп, үйден қуып шыққан екен. Сен үйден шыға бергенде, артыңнан келіп бар күшімен  орындықпен басыңнан бір қойған екен. Есіңнен танып етбетіңнен құлаған сені сол күйі қалдырып, есікті ішінен құлыптап алады. Сен есіңді жиған соң тұрып кетіп қаласың.

Осыны айтып сен талықсып кеттің. Мұндайды көрмеген мен, сен өліп қала ма деп зәрем ұшты. Мен байынан таяқ жеген көрші әйелдерді көретінмін, ал енді қатыны сабап тастаған еркекті бірінші рет көруім. Қалай баласының әкесі, өзінің күйеуін есінен тандырып ұрып, суықта жалаңаш далаға лақтырып тастап, өзі тыныш ұйқыға кетеді. Не деген жүрек жұтқан әйел ол, аңыздағы арыстанмен алысатын әйел осы шығар? Мен болсам, қоян жылы туғансоң ба, жүрегім де дірілдеп, қан тұрмақ қатты сөзден де қорқып жүргенім... Әлде отбасы деген осы ма?  Дене қызуың көтеріліп, сандырақтай бастадың. Саған жаным ашығаны сонша, мен жылап жібердім. Біреулер жалғыздықтан жылап жүрсе, біреулер ер-азаматын сонша қорлағаны несі, деп ойладым. Он жеті жасында екіқабат болып, күйеуге тиген сол бойжеткен, жалғыздық деген жалмауыздың не екенін ешқашан білмеген ғой, ешқашан жалғыз болып көрмеген ғой!? Оның не екенін, сол он жеті жасынан бері қарай санағанның өзінде он бес жыл бойы, төсекте жастық құшақтап жалғыз жататын мына менен сұрау керек! Мен Бектің көйлегін жуып, жылу беретін құбырға ілдім де, оның үстін жауып, қалтасына таксиге ақша қалдырдым да, өзім үйге кеттім. Есік алдында отырған апайға, оның қатты ауырып жатқанын айттым да, қарап қоюын өтіндім. Үйге келіп жатсам да, ұйқым келмеді. Жидегүлдің неге бұлай істейтінін түсінуге тырыстым. Бірақ оған қалай ақыл айтамын, түрі шынында да сұсты, менің бетімді де тырнап алар, құрсын...

Осы оқиғадан кейін оншақты күн өткеннен кейін, Адам Дж. Джексонның "Десять секретов счастья", Н. Правдинаның "Привлекаем любовь и счастья"-деген кітаптарын алып, жәй шәй ішуге келген адам сияқты келіп, Жидегүлге:

-Жақсы кітаптар екен, сенде оқышы...- деп сыйға тарттым.

-Маған мұндай кітаптар неге әкелдің, мені байға берейін деп жүрсің бе?-деді ол күліп-одан да мен сені бір жігітпен таныстырайын. Машина жөндейтін жерде жұмыс істейді. Өзі сондай момын, қатын алса, соның айтқанынан шықпайтын болады.

-Рахмет! Маған қатынының айтқанынан шықпайтын момын жігіттер ұнамайды. Маған бойында жігері бар, қатынын қорғай да алатын, асырай да алатын батыр жігіттер ұнайды. Еркектің ер мінезді болғаны ұнайды!

-Онда, сен менің байымды ал, ал мен оған тиіп алайын-деді ол қалжыңдап.

-Жарайды -дей салдым оны құптап-мен кетейін.

-Отырмадың ба, қазір Бек оны ілестіріп келеді. Сен келем деген соң, оны алып кел дегенмін. Өзі де осы жақын жерде.

-Жоқ, рақмет!

Мен шыға беріп едім, олар да кіріп келе жатты. Бойы Бектен едеуір ұзын, арықша келген жігіт екен, таныстық. Мен кетем деп қоймаған соң, ол шығарып салайын деді. Жолда келе жатып байқадым. Киімі мыж-мыж, шалбарының тізесі шығып кеткен, тырнағының асты қап-қара. Мен онымен асығыс қоштасып, автобусқа мініп кеттім. Ол да кейін хабарласпады.

 

Жұмыстан қайтып келе жатып, көшедегі телефон-автоматқа көзім түсіп кетті. Жақындап келдім де, Ерженның үйінің нөмірін тере бастадым.

-Алло?-әйел даусы.

-Кешіріңіз Ержанның үйі ме?

-Ия, сізге кім керек?-ар жақтан бала-шаға шулап жатты.

-Ержан...

-Оңбаған, жезөкше, хабарласпа енді бізге, байымнан аулақ жүр, білдің бе?-ар жақтағы дауыс дірілдеп кетті. Мен тұтқаны қойдым да, есеңгіреп біраз тұрып қалдым. "Мен бе, жезөкше? Мен әлі қызбын!"- деп айқайлағым келді. Бірақ та жығылғанға жұдырық жұмсағым келмеді. Әйелі сияқты, қосылған ба? Енді неге маған бір ауыз айтпады? Ал мен болсам екеуміздің ажырағанымызға өзімнің қызба мінезімді кінәлап, қиналып жүрмін ғой. Не жыларымды, не күлерімді білмедім. Сол күні кешке өзі хабарласып, есік алдында тұрғанын айтты. Жүгіріп шықтым да, таныс машинаға келіп отырдым.

-Сәлем!

-Сәлем, жаңалық қой, қайдан жүрсің?

-Сенімен сөйлесуім керек, үйге хабарласқан сен бе?

-Ия, хабарласпағанда келмейтін бе едің? Сенің кесіріңнен қандай сөз естігенімді білесің бе? Неге маған бір-ауыз айтпадың? Мен емес пе едім, сені әйеліңе жіберген, ал ол мені боқтап жатыр...

-Сені емес, ол Гуля хабарласты деп айтты.

-Рахмет, мені әжептеуір жұбаттың!?

-Кешір, бәрі аяқ астынан болды да, есімді жиып үлгермедім...

-Жарайды, ақталма, бақытты болсаңдар бопты...

-Осылай деп оңай айтсаң да, жүрегің жылап жүрген шығар. Сондықтан сен мені жек көріп кетсе екен деп ойладым. Сол күні әдейі қатты айттым. Кешір...

-Кешірмегенде қайда барам, амалым қанша... Таразының бір басын екі  бала басып тұрғанда, саған таласуға менің қақым да жоқ...-деп едім, даусым дірілдеп кетті. Ол да маған құшағын аша берді. Екеуміз құшақтасып бір-бірімізді қимай ұзақ отырдық.

-Мен де сені қимаймын, екі оттың ортасында қалғандаймын. Бірақ, балаларым үшін осындай құрбандыққа барып отырмын. Кейін өкінбеу үшін, түсінші мені...

-Мен сені ұмытуым керек.

-Ұмыта алмайсың...

-Сен ше?

-Мен де сенің есіміңді жүрегіме мәңгілікке орап қоямын...

Екеуміз осылай айырылыстық. Осылай бір күнде қоштассақ та, жүрек көпке дейін ұмыта алмады. Бәрінен көңілім қалды, ешнәрсе жұбатпады. Тіпті Жаңажылдың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалдым. Өмір мені айналып өтіп жатқан сияқты болып көрінді. Қанша уақыт болды, оның даусын естімегелі? Жәй ғана даусын естісем ғой! Баяғыда бір бала үйде жалғыз қалып қорыққанын айтып отырып, анасына "сол кезде жылағым келді"-дегенде, "енді неге жыламадың?"-десе, "үйде ешкім жоқ болды"-деген екен. Сол айтқандай жұбататын ешкім болмаған соң, жылағаннан не пайда? Бір күні жұмыстан шығып, телефон-автаматты көріп, қасымдағы Раисаға:

-Сенде карточка бар ма?- дедім.

-Бар, оны неғыласың?

-Бере тұршы, ақшасын жаратпаймын, тек бір рет даусын естиін...

-Әлі ұмыта алмай жүрсің бе? Мә, жарата бер!

Мен оның телефон нөмірін теріп едім, өшіп тұр екен. Оның телефон нөмірін ауыстырғаны сол кезде бір-ақ есіме түсті. Басым салбырап үйге қайттым. Бар мұңымды сен сыйлаған, әйнек шарға айттым.

-Әншейін, ең болмаса бір рет хабарласып, менің жағдайымды сұрап қойса қайтеді. Мүмкін мен өліп қалған шығармын, оңбаған, тасжүрек...

Түнгі сағат бір шамасы, телефон шыр ете қалды. Сол, сол хабарласып жатқан. Атып тұрып үйдегі телефонға ұмтылдым.

-Алло?-жүрегім дүрсілдеп кетті.

-Қалың қалай?-мен оның даусын бірден таныдым.

-Жақсы, өзің қалайсың?-қуанышымды жасыра алмадым.

-Мені таныдың ба?-ол да қуанып тұрғандай.

-Өзің айтпап па едің, ұмыта алмайсың деп. Ұмытқан жоқпын...

-Мен жәй, сенің халіңді біліп қояйын дегенім ғой-деді ол ыңғайсызданып.-тым кеш хабарласқаныма ренжіме.

-Рахмет, хабарласқаныңа рахмет!

-Жарайды, жақсы онда!

-Жақсы!-тұтқаны қойғаннан кейін менің қуанышым қойныма сыймай, өзім үйге сыймай далаға атып шықтым. Демек ол да мені ұмыта алмай жүр, демек ол да, бүгін мені ойлаған... Ақпан айы болса да, күн бүгін ерекше жылы еді. Аспанда бір жұлдыз жымың-жымың етеді.

-Рахмет, рахмет, менің көрінетін, көрінбейтін көмекшілерімнің бәріне рахмет! Оның даусын тағы бір рет естірткендерің үшін рахмет! Мен оны жақсы көремін, жақсы көремін!

Осылайша бар сырымды айқайлап Алматыға айтқым келді. Әр терекке, әр шамға, әне бір жұлдызға, аспанға, ауаға, бәріне, бәріне! Үйге келе сала терезеде тұрған әйнек шарды сүйіп-сүйіп алдым. Неше күнгі шаршағанымды ұмытылып, еңсемді түсірген көңіл-күйім де өзгеріп сала берді. Алдымда көп үміт арқалап, көктем келе жатты...

Көктемде Марат әдемі келіншек алып келді. Үйленбей тұрып та үйге алып келіп таныстырған еді.Аты Гүлнұр, қаланың қызы, оқыған, тәрбиелі отбасынан шыққаны көрініп тұр. Тек үй-тұрмысына сәл икемі жоқ екен, және көбінесе орысша сөйлейді.  Мен оған білгенімді үйретумен болдым. Екеуміз тез тіл табысып кеттік, оның аяғы ауыр екен. Оған інім шарт қойыпты. "Екеуміздің де жасымыз отызға келді, бала көтерсең ғана аламын, көтере алмасаң ренжіме" -депті. Содан ұнатып қалған жігітінің сөзіне сеніп, осындай тәуекелге барыпты. "Только мои родители не знает, если узнает, убьет" -деді ол маған. Мен тіпті келінімнің аяғы ауыр болып келгеніне қуандым, өйткені олай болмаған күнде, інім жағдайға қарап әлі де жүре беретін еді. "Көш жүре түзелер", ал бала өсе бергені жақсы. Ата-анамыз да құдайдан немере сұрап жүргелі қашан!?. Құдай қаласа күзге қарай кішкентай періште дүниеге келеді. Тезірек күз болса екен, сәби иісін иіскейміз... Жер алдық қой, ендігі қыс түскенше, бір қоржын там соғып алармыз...

Сонымен не керек, келін түсірудің қызығы басталып кетті. Құдалар да жақсы адамдар болып шықты. Қыздарын саудаға салмай, "сіздердің қалағандарыңыз болсын" деді. Әдетте қыз беріп жатқан қазақ, "Қызы бардың назы бар" деп, саудаласып, қызын қымбатырақ сатып, бір байып қалғысы келеді ғой!? Біз шамамыз келгенше шашылдық, құдалар тегі той біткеннен кейін де ешқандай өкпе айтпады, барына риза болып, бізбен бірге ойнап күліп жүрді. Тіпті артынан әкелетін дүниесін де, еш саудаласпай, артығымен әкеліп, үйіп тастады. Даналы, көргенді, ақылды құдаларымызға қарап біз мәз болдық... Келіннің де қолы ашық екен, келмей жатып, бәрін таратып жатты...

Алдымен ауылға апарып, ағайынның басын қосып, көрші қолаңды жинап, беташар жасауға кірістік. Наурыз мерекесімен келістіріп, бәріміз қазақша киініп алдық. Көйлек жетпесе де, ою салынған кеудеше мен, шапан артығымен жетті. Аулаға киіз үй тігіп, мал сойып, бауырсақ пісіріп, ауыл адамдарының көңілі бір көтеріліп қалды. Келіннің бетін көрші жігіт домбырасын алып, келістіріп тұрып ашып берді. Барлығы риза болып, алдына қойған ыдысқа шашу мен көрімдігін молынан тастап жатты. Бізде жазылмаған заң бойынша, бар ақшаны, келіннің бетін ашқан адам алады. Солай болды да, ел келіннің бетінен сүйіп, бар жақсылықты тілеп, енді дастарханға отырысты. Келінді қолтықтаған жеңгелері үйге алып кірді. Олар төрдегі, мен осы күнге арнайы тіккен әдемі шымылдықты қызықтап кетті. Артымыздан анам да ішке кіріп, "айналайын" деп келіннің бетінен сүймекші болып, еңкейе беріп еді, Гүлнұр:

-Мама, простите меня...-деп отырған орнында жылап жібергені бар емес пе?

-Ойбай, не болды?-деп шошып кетті, енесі.

-Я не успела...

-Нені не успела?-жеңгелері де жүгіріп келді.

-Деньги взять...

-Какие деньги?-мен де түк түсінбей тұрмын. Ол мұрнын бір тартып алды да:

-Ну, мне сказали, что есть такая традиция. Когда закончиться обрядь я должна была убегать с денгами, и поделиться с ним. Тогда у вас в будущем будеть много денег... А я, пока наклонилась, этот человек забрал все...-деді жасын сүртіп жатып.

-Ойбай оны кім айтты саған?-деді мамам ашуланып-менің абыройымды кім олай шашайын деген масқара, келіні ақша алып қашты деген не сұмдық!

-Әбілжан...

Жеңгелерім ішегі қатқанша домалап күліп жатты. Мамам болса, оқтайды алып Әбілжанды қуып кетті... Әбілжан "апа қалжың ғой"-деп күліп қашып жүр...

Қазақ тілінде жазылған