Сол түні...
Шілденің бір күні еді...
Сол күні жумыстан кейін ойымда ештеңе жоқ, Бекпен кездесуге келдім. Ол кездесейік деген дүкеннің алдына келсем ол жоқ, қалталы телефоны өшірулі, ой ашуланғаным-ай! Жарты сағаттан кейін ол да көрінді-ау! Көрмегелі көп болса да, ол өзгермепті, сәл жудеу сияқты ма? Өзі ішіп алған ба? Өз ашуымды әрең жүгендеп тұрдым, адам өзі жұмыстан кейін шаршап тұрса, шақырып алып өзі асықпайды ғой тегі! Ол ақырын келіп, іштей жұлқынып тұрған менің қолымды алып бетімнен сүйді, мен еңкейе бетімді тостым, өйткені оның бойы маған жетпейтін аласа еді, оның үстіне аяқ киімім биік өкшелі...
Оның жалға алған жертөлесі, бала-бақша ғимаратының астында еді. Жан-жағы аршалы, шыршалы әдемі жер еді. Ішке кірген соң ол мені шақыртқан жұмыстарын айта бастады: Бір үлкен тапсырыс алыпты, ертең соңғы күн, тапсырысты мезгілінде бітірмесе белшесінен қарызға батады. Жидегүлмен бір нәрсеге келіспей қалыпты, енді ол "менің айтқанымдай жасамасаң тікпеймін" депті. Көмектесші, сұраған ақшаңды берейін...
Мен сөмкемді тігін машинасының үстіне лақтырып тастадым да, ары барып орындыққа жайғастым. Сол сәтте оның көздері менің бір міні жоқ мүсініме қызыға қарағанын байқап та үлгердім. Ол қызыққанын жасырған да жоқ, сонда да жұмысы жайлы әңгімесін жалғастыра берді. Әйтеуір бір уақытта "бұған не дейсің?" дегендей маған қарап үнсіз қалды. Мен бұған не дейін? Маған салса мүлдем басқа тақырыпта әңгіме айтар ма едім. Сенің жұмысың шынымен жалғызсырап жүрген мені қызықтырады деймісің! Бірақ ақша қашанда керек қой, кун көру керек қой. Ойымдағы қалжыңмен араласып шықты;
-Маған жұмыс керегі жоқ, маған байға тию керек!-дедім әзіл-шыны аралас.
-Мәссаған!!! -ол таңқалғанын жеткізді-Болам, байда болам, басқа да болам, қалағаныңды істеймін! "Сен мен жоқта бозбалалармен ойнап қойған жоқсың ба?"-деді ол да қалжыңдап.
-Жарайды, қалжың ғой, шынымды саған айтпаспын...
-Неге, мен саған шынымды айтар едім.
-Нені айтасың?
-Алдымен кел, дастарханнан дәм тат.
Ол мені бір шеттегі орындыққа шақырды. Үстіне газет жайып, колбаса кесіп, коньяк пен шарап ашып қойған екен.
-Мәссаған, не тойлап жатырсың?! Бүгін не, мейрам ба еді?
-Әрине, сен сияқты достар көмекке келіп тұрса, мейрам емей, немене!?
-Па, шіркін! Ал шындығына келсек ше?..
-Ал шындығына келсек, мен бір жолы болмаған жігітпін. Сенің құрбың мені үйден қуып жіберді.
-Неге? Өзің бірнәрсе бүлдіргенсің ғой?
-Шынын айтсам, сол қатыннан шаршадым. Көрсетпеген қорлығы жоқ, ажырасатын шығармыз. Өзі де аузы жабылмай, ажырасамын деп айта береді.
-Басынан айтсаңшы, дым түсінсем бұйырмасын...
-Сен оның мінезін білмейсің ғой, біздің қатын бөгде адаммен басқаша, үйдегілермен басқаша сөйлеседі. Оның үстіне каратэдан қара белбеуі бар... Анау-мынау мәселені күшпен шешеді...
-Қойшы, Жидегүлдің қара белбеуі бар ма?
-Ия, ол кезінде соған бір ай қатысып, Орал облысы бойынша бірінші орынды жеңіп алған.
-Рас айтасың ба?-мен таңқалғанымды жасыра алмадым,-ол маған айтқан емес. Бірақ біз ондай жақын құрбы да емеспіз ғой, сырласатын. Жәй, жұмыста бірге істегеніміз болмаса. Сонымен..?
-Ой, біздің батыстың қатындарының бәрі, қара белбеусіз-ақ, байларының екі аяғын бір етікке тығады. Біздің жақта қыз баланың бетінен қақпай, ерке, шолжаң қылып өсіреді. Сосын олар қатын болған соң, бір-бір байға бастық болады. Ол сендердің оңтүстіктеріңде ғана ғой, ері алхаш болса да сыйлайды дейді ғой, сол рас па?
-Оның енді рас! - есіме ауылдағы көрші келіншек түсіп кетті. Бір тиын таппайтын, тапқанын ішіп қоятын ерінен күнде таяқ жеп отырса да, бетіне қарап бір жаман сөз айтпайды ғой, шіркін-ай! Кейде соның орнында болсам мен не істер едім деп те ойлайтынмын. Шынында да күреске қатысып, ішіп келгенде, өздерін өлгенше сабап тастаса ғой деп ойлайтынмын...-Ал сен ішпей көрдің бе?
-Көрдім, ішпей де, шекпей де көрдім. Оған бәрібір жағу мүмкін емес. Тапқан таянғанымның бәрін төркініне тасып бітірді. Маған ананы істе, мынаны істе деп бұйырады тағы... Көрмегенім сол болсын, тек баламды аяймын...-ол стаканға шарап құйып алдыма қойды. Өзі біреуін толтырып алып, қағып салды. Мен аузымбір тәттіні салдым да, шәугімнен шәй құйып алдым.
-Алып қойсаңшы...
-Жоқ, рахмет. Шаршап отырмын, шарап ішсем ұйықтап қаламын.
-Мәссаған!-деді ол мәз болып-Осы жерге ұйықтай сал, төсек салып беремін. Мен осында ұйықтап жүргеніме бір апта болды, сосын ғой, ішіп жүрмін...
-"Армандама ақ тоқты, қыстыгүні көк шөпті". Қазір сені тыңдап болған соң, екеуміз Жидегүлге барамыз. Сен одан кешірім сұрайсың, екеуіңді табыстырып, үйге қайтамын.
-Жо-жоқ, мен сүйресеңде бармаймын. Сен маған керек затымды тігіп бере салшы, бір-ақ сағаттық жұмыс, ақысына жүз доллар беремін. Сосын өзің Жидегүлге барасың ба, бармайсың ба, маған бәрібір.
Жүз доллар! Қуанып кеттім, ол кезде бір ай жұмыс істеп, табатын ақшам екі-ақ жүз доллар еді. Марат екеуміз жер алып үй салып жатқанбыз, бұл тегі жақсы болды ғой!
-Жарайды, не тігу керек, көрсет. Тез бітіріп, үйге қайтуым керек, қазір біз қала шетінде тұрып жатырмыз, автобус тоқтап қалады, таксиге ақша жоқ.
-Қазір асықпа, кілт күзетшіде, қазір келеді. Қорықпа, сосын таксиге салып жіберемін...-деді де, стаканын коньякка толтыра бастады. Сосын тағы да қатынын жамандады. "Жаман еркек қатынын жамандайды"-деуші еді, сол рас-ау, өзін тыңдап отырсаң, тіпті жаның ашып кетеді екен...
Бір уақытта сол жердің күзетшісі келді. Бізді Бек таныстырды, аты Бақыт екен, бізден жас, сұңғақ бойлы, қара шашты, аққұба кез-келген қыз қызығатындай көрікті жігіт екен. Өзі Шымкент өңірінен екен. Бек оны былай алып шығып бірдеңелерді айтты да, ақыры анау бас изеп келісе кетті.Бек маған келіп;
-Ол кеңсені ашып беретін болды, саған бір үлгілерді көрсетемін, қиын емес, жүр...-деді. Бұл кезде ол әжептеуір қызып қалған еді.
Үшеуміз екінші қабатқа көтеріліп, бір бөлмеге кірдік. Көзім төрдегі диванға түсті. Артыма қарап бірнәрсе айтайын десем, Бақыт кірмепті, артынша есік екі рет құлыптанды...
Сол түні таң атқанша қарсыластым... Жоқ, ол мені ұрған жоқ, қолымды байлап қойған жоқ. Бірақ, таң атқанша өзінің маған бір көргеннен қызыққанын, содан бері мені ойлаумен жүргенін айтып, бас салып құшақтаумен, менімен алысып, мені шешіндірумен болды. Мас та болса қарулы құшағы мені тырп еткізбеді. Қулыққа салып қанша қарсылассам да, қашып кететін тесік табылмады. Екінші қабаттың терезесі темір тор еді... Таңғы алтыда қарсыласатын шамам қалмады...
Ол оңбағанның орнына, Мұқағали ағам өз жырымен, құдайдан араша сұрап жылап жатқандай еді...
Сол түні...
Ауады да тұрады, аңсарым-ай!
Әлі сен есімдесің, Аршалы сай.
Сол түні неге мені өлтірмедің?
Сол түні риза едім алса құдай.
Сен куә, Аршалы сай,
Сол түні мен,
Аққуға тұзақ салып, өлтіріп ем.
Сол түні неге мені аяп қалдың?
Жаңадан ауызданған бөлтірік ем.
(Бөлтірік ем, арлан боп аяқтандым.)
Шырылдап сонда сені оятқан кім?
Есіңде ме,
Көз жасы...
Жалынышты үн?..
Сол түні неге мені аяп қалдың?!
Қара түннің ішінде, қара бақтың,
Атар таң, келер күнге қарамаппын.
Тағдырдың өзі берген махаббатты,
Тәрк етіп, мәңгілікке жаралаппын.
Аршалы сай!
Неғылған көркем едің!
Сол түні неге мені өртемедің?
Сол түннің қияметін есіме алсам,
Сенен де, өзімнен де жиіркенемін.
Ойымда өлудің оңай жолдарын іздестіре бастадым. Алғашқы кездескен талға-ақ асыла саламын, жоқ арқан іздеп жүремін бе? Машинаның астына түсемін, жоқ шопырын жазықсыз соттайды ғой. Дәрі ішемін, ия, көп дәрі ішемін... Бәрінен жеңілдім... Жеңгеніне ол да мәз еді...
-Өкінбейсің бе?-деп ыржиып қояды.
-Не үшін?-дәл сол кезде қолымда қару болса атып тастар едім, өзін....
-Қыз күніңмен қоштасқаныңа?
Мен таңқалдым. Не деген оңбаған, демек шын қызыққаның мен емес басқа болғаны ғой. Біреумен бәстесіп пе-едің? Жоқ, саған бұл қуанышты оңай бере қоймаспын...
-Мені қыз деп ойлап па едің, мастықпен байқамадың да ма, мен қыз емеспін...-дедім мен бар күшімді бойыма жинап. Ерегесіп әдейі өтірік айттым.-сен құр қалдың!
Оның түрі өзгеріп сала берді. Қою қызыл түсті диванға бір, маған бір қарады.
-Ол кім?-деді маған қарап, көзі қарайып.
-Сенің шаруаң болмасын. Жоқ, айтайын... Ол бойы ұзын, тәрбиелі, сауатты әрі сенен әлдеқайда көрікті жігіт...-дедім оның кем жерін бетіне басып.
-Өтірік айтасың, Жидегүл сені жігітпен жүрмеген қыз деген!
-Ендігі жерде мазамды алма, есікті аш, әйтпесе...
Осы кезде есік ашылып, Бақыт кірді.Түнде сені Жидегүл іздеп келіпті, ол сені мас болып бәрін қиратқан соң құлыптап тастадым депті. Бақыт маған қарап жымиып қояды, оңбаған. Ешкімнің бетіне қарауға шамам келмей аялдамаға беттедім, Бек соңымнан еріп келді, мына қыз енді не істер екен дегендей, мүләйімсіп қарап қояды. Мен үнсіз жұмысқа кеттім, ішім аласапыран... Ендігі өмірім не болмақ... Бәрінен бұрын елдің бетіне қалай қараймын... Жидегүлге қалай қараймын, оның жағдайы не болмақ... Бектен мұндайды күтпеген едім...
Бұдан кейін оның бетіңе қарағым келмеді. Телефонға жауап бермедім. Кездесейік деген хабарламаңа жауап жазбадым. Жұмыс істей алмадым. Бір кезде телефоным шырылдады. Жидегүл! Не істесем екен? Сөйлесу керек...
-Алло?
-Марал! Қалайсың?
-Жақсы...-дедім жанымды қинап.
-Саған менің байым хабарласқан жоқ па?
-Жоқ-ішім оттай жанып барады-сенің құбыжық байың кімге керек?
- Ол сол түріне қарамай қатынқұмар, құшағы темірдей, сен білмейсің ғой! Егер де хабарласып саған бірдеңе тігіп бер десе тігіп берме, жарай ма?
Әттең, кеше неге хабарласпадың, қалай кешіккеніңді білемісің, енді екеуміздің жағдайымыз не болар екен?-деп ойладым.
-Жарайды, не болды?-ештеңе білдіртпеуге тырыстым.
- Ой ана алхаш үйдің екінші қабатын көтер десем, істегісі келмейді.Сосын өзім төбесіне шығып шатырды бір-ақ күнде қопарып тастадым. Енді жаңбыр жауып үстінен су тамшылап тұр. Қайда барады істемей, жанын шығарармын оның...
-Ажырасып кетпеңдер, әйтеуір, алхаш та болса ақша тауып жатыр ғой.
-Жарайды, сау бол!
-Жақсы!
Мен түк болмағандай жүре алмадым. Бәрін тастап, әдеттегідей ауылға қаштым. Туған жерімнен кеткелі жаным қиналған сәттерде, не істерімді білмеген кездерде, барлық сұрақтарға жауапты ауылдан іздеуші едім...
Ауыл мені құшақ-құшақ гүлдерімен қуана қарсы алды! Жер гүлдеп, мал төлдеп, бәрі менің келгеніме қуанғандай улап-шулап жатты. Ағаштың көлеңкесіне әкем әкеліп қойған темір төсекте анам екеуміз әңгімелесіп жаттық. Ауыл шетіндегі үйіміздің кең шарбағында біздің жанұямыздың бір мүшесіндей болып кеткен Аша атты көк бие жайылып жүр. Мамам біраз жыл болды, бие сауып, күбіге қымыз піседі. Көк биенің қымызының дәмін ауыл-аймақ бері біледі. Алыстағы Алматыдан ат шаршатып, әдейі келіп дәмін татып кетеді.
-Ашаның қызығын айтып берейін, былтыр күзде жотада егін шапқанда, бұл комбайыншылармен жағаласып жүріп қарнын әбден тойдырды. Олар төмен кетсе, бұл жоғары барып жайылады, олар жақындай бастаса бұл үйге қашады, олар жоғары жақты шауып жатса, бұл төмен жағына барып жайылады. Ауылдың егіншілері; "мынау мал емес, мынау адам ғой!"-деп таңқалыпты.
Биылғысы тегі қызық! Көктемде құлындаған соң, он күннен кейі күйі келе бастады. Бұның бір жаман жері айғыр таңдайды. Ұнатпаса жанына жолатпайды. Сөйтіп бір жылдары қысыр қалған. Содан ауылдағы Еркебаланың (қайнысы) бағып жүрген үйіріне қосып жібердім. Ол бұрқылдап жүр, "бие көп айғырым шаршайтын болды"- деп. "Көп сөйлеме енді мұны мен төркініме апарып қашырам ба? Онсызда бұл төркінімнен келген"-дедім.Үш күннен кейін бардым.
-Не болды?
-Ештеңе.
-Неге?
-Айғырым үйіріне қосты, бірақ тоқтатпай қойды.Атам келінге айтып бар "бұл айғырда, сол келіннің аулынан келген, жылқы өз қанына тиіспейді"- деді.
Ал енді не істеймін? Одан тағы бір қайным;
-Жише, шарбақ сыртына байлап қойыңыз. Мен бір айғыр алып келем-деді.
-Ойбай жарайды, жақсы болды-ғой, тегі-деп келістім.
Бұл айғырда көк биеге ұнамады, тепкілеп жанына жолатпады, ай күйдім-ау дедім де Ашаның төрт аяғын байлап тастадым.
Дәл сол кезде өзімнің басымнан өткен әлгі оқиға есіме түсіп, жанарымнан үзіліп түскен тамшыларды анам байқамады.
-Биемнің амалы таусылғаннан жата қалды. Ана айғыр жынданып байғұс биеме тұр дегендей үстін таптай бастады.Жаным ашып барып айғырдың сазайын берсін деп аяғын босатып жібердім. Сол кезде орнынан атып тұрып айғырды алдына салып қуғанын көрсең ғой сен... Қызықтап тұрған көршілер де қыран-топан... Қайным да мәз;
-Иесіне тартқан ғой, сен де ағамнан басқаға қарамайсың-ғой...-деп қояды.
Мен қайнымды тоқпақтап журмін...
Көршілер одан сайын күледі... Көк бие жоғарғы жақтағы гаражды айналдырып айғырды әлі қуып жүр... Мен артынан барып "Ашалап" әрең шақырып алдым. Сол кездегі маған қараған көздерін көрсең ғой, ешқашан ұмытпаймын;
-Жылап тұрды ма?
-Жоқ, "маған басқа айғыр таппадың ба?"- дегендей ренжіп тұрды.
Сосын жетектеп ауылдағы тағы бір қайным Мырзабалаға бардым да;
-Мә айғырға қосасың ба, жоқ өзің қашырасың ба, шаруам жоқ...-дедім
-Жарайды, жише, жарайды тек күніге кешке өзің тосып ал.
Күнде жайылымнан қайтқан жылқы айдаған қайнымның алдынан шығамын. Бием мені көріп алдыма келіп тұра қалады.
-Не болды, махаббат бар ма?-деймін мен.
-Жоқ-дегендей ол басын шайқайды.
Бір күні қайным алыстан айқайлап шауып келе жатты.
-Суйінші жише, сүйінші, махаббат бар!-деп қояды...
Екеуміз сөйтіп бір күліп алдық...
Мен орнымнан тұрып биемізге жақындадым. Қанша уақыт көрмесе де, мені танып тұр. Жуастығы сонша, сауған кезде де байлаған емеспіз, аулада да бос жүреді. Барып басынан сипап, мойнына асылдым.
-Сенің құлыныңды көрдім, денесі сымдай ширатылған, сирақтары тура менің аяғымдай ұзын, жүйрік болатыны анық. Тек бапкер табылса болды.
Ол түсінетін сияқты, басын изеп қояды. Сол кезде мойнындағы бір ісікті байқадым.
-Мынау не?
-Ісік қой, анасында да сондай болған.
-Оны қалай емдейді екен, ол биені не істеді?
-Сойып жеді, жылқы етінен ауру жұқпайды.
-Ашаны соймайықшы, өлсе адам сияқты көмейік...
-Жарайды, бұл да бір, өзі сияқты ұрғашы тұқым алайық десек, ұрғашы тумады ғой, он үш жыл болды тек айғыр туып жүр...
Содан кейін ауыл әңгімесін айта бастадық:
-Ана Шәйгүл бар емес пе?
-Ия!
-Сол біреумен байланысып, бала туып алыпты. Жақсы оқыған қыз еді, мұнысы не масқара деп ауыл өсектеп жатыр.
-Сен ше? Оларға қосылмайсың ба?
-Енді ол қыздың жасы да біразға келіп қалды, қашанғы қу тізесін құшақтап отырады, бай алмаса қайтеді енді байғұс, балаға да обал...
Осы сөзді естіген мен анамның маған айтар ақылын айтпай-ақ түсінгендей болдым. Басқаны түсінген шешем мені де кейін түсінер деп ойладым. Ендігі жерде, байға тисем, қыз емес едің деп бетіме ешкім баса қоймас... Туып алған жоқпын ғой...
Ауылда бір ай болдым. Әкеме демалыс дедім. Шешеме де шешіліп ештеңе айта алмадым. Мен кішкентайымнан әкемнің шешесі-апамның қолында өскендіктен шешеммен сырлас емес едім. Не де болса, сырым ақтарылмай, ішімде кетті.Қалай болған күнде де, қалаға қайтатын кез келді. Ауылымды қимай жолға шықтым. Табиғатын қимай өлең жаздым...
Ауылым
Кеше ауылдың қызығын көріп қайттым.
Қызғалдағын ал-қызыл теріп қайттым.
Еске түсіп бақытты балалық шақ,
Көз жасымды көк шөпке беріп қайттым.
Ел баласы қонаққа елпілдеген.
Ерке қызы тұлымы желпілдеген.
"Бәрі жақсы болады"- деп жұбатқандай.
Көл баласы жанары мөлтілдеген.
Жұмсартардай тағдырдың өткелдерін.
Туған жердің ал-қызыл көп гүлдері.
Қимастықпен бетімді бұра бердім,
Шоқтай жанып анамның өпкен жері.
Қимағандай ауылда қарап жатты.
Түлектерін кеп-кеткен санап жатты.
Қала болса жоқтағандай жалқауын,
Басына қара бұлтты орап апты...
Қала келген соң жұмысқа кірістім. Бір күні күнтізбеге көзім түсіп кетті де шошып кеттім. Бұл айда кешігіп кетті-ғой!? Мүмкін емес! Олай болуы мүмкін емес! Дәріханаға жүгірдім. Тексердім, олай болуы мүмкін емес! Менің аяғым ауыр! Енді не істедім! Тез телефонды іске қостым да Бекке звондадым!
-Алло!
-Менің аяғым ауыр... Бәріне сен кінәлі... Бәрі сенің кесірің...
-Қайта жаксы емес пе?
-Есің дұрыс па, несі жақсы, мен бұл баланы тумаймын!
-Ертең кездесіп сөйлесейік.
-Түсік жасататын ақшаңды ала кел!
Ертесіне кешке қарай айтқан кафесіне келдім. Ол ішіп отыр екен, қызып қалыпты.Қасына келіп отырдым. Ол әңгімесін бастады; "екінші баласы өзінен аумай туылыпты, тіпті қал-меңдеріне дейін. Ол бір күні қатты ауырып дәрігерлер ештеңе істей алмай, шетінеп кетіпті. Менің баламды өлтірмеші, сендерді өмір бойы тастамаймын, өмір бойы бірге болайық, жалынып сұраймын."-деді. Ол отырған орындығынан сырғып тусіп, алдыма тізерлеп отыра кетті. Шошып кеттім!
-Тұр, есіңнен адастың ба? Елден ұят! Сосын сенің әйелің бар, оны ұмыттың ба?
-Оған мен сияқты бай керегі жоқ! Біз баяғыдан-ақ жан-ұя емеспіз. Сен ештеңе білмейсің-ғой! Ондай қатынға ешкім шыдамайды.
Ол сол күннен бастап әйелін жамандаумен болды. Ал шындыққа келгенде ол сол кезде мені қалайда өзіне қаратудың амалын жасапты. Тіпті сол үшін әлі тумаған баланы да пайдаланыпты, оны мен тым кеш түсіндім.Баланы пайдаланып, қыздар байға тиюші еді. Ал енді балам үшін қатыным бол деген еркек туралы естімеппін. Мен онсыз сен жаққа қарамайтынымды да, сезіп тұрсың-ау!
Келесі күні мен бәрібір гинекологқа бардым. Барлык анализді тапсырып, ота жасайтын күнді белгіледік. Гинеколог менің жасым келгенін, бұдан кейін бала көтере алмай қалуым мүмкін екенін түсіндіріп жатты... Менің ойыма бала кезім есіме түсті. Мен ерекше патриот болып өстім. Сонда сол кісі қазақ елі үшін не істегенін түсінбесем де, шіркін сол ел мақтап отыратын Қонаевтай бір азаматтың анасы болсам деп армандаушы едім. Сондай балажан едім. Ондай баланың әкесі де, осал болмау керек деп ойлайтынмын. Енді міне таңдай-таңдай тазға жолыққанның кері келіп тұр. Не істесем екен... Дәл менің басыма мұндай жағдай келеді деп ойламаппын...
-Алло, Раиса, сен қайдасың?-дедім құрбымның нөмірін теріп.
-Үйде, тыныштық па, таң атпай?
-Мен екіқабатпын!-дедім төбесінен бір қойғандай.
-Қанша қабатпын?
-Аяғым ауыр.
-Қай жерім ауыр?
Басқа-басқа тура менен мұндайды жан досым да күтпеген ғой!?
-Қазір саған барам!
-Е, кел!
Раиса жалғыз басты әйел, менен жасы алты жас үлкен, он екіге келген ұлы бар.Не де болса бір ақыл айтатын сол ғана. Жеткенше іштей құдайыма жалынып бардым; Е алла-тағалам! Маған бір дұрыс таңдау жасауыма септігінді тигізе гөр! Маған айтқың келгенін Раисаның аузына сала гөр! Ертең өкінбейтіндей дұрыс жолды таңдауыма көмектесші! Аборт жасату оңай емес деп, бірге жұмыс жасайтын, аборт жасатқан қыздардан естуші едім. Жатырды қырғанда жан даусың шығады! Сонда жасап жатқан дәрігер;"бала таппайтының бар, жатып нең бар?"-деп одан сайын жаныңды көзіңе көрсетеді екен деп. Өзім де теледидардан бір ғылыми-зерттеу бағдарламасын көріп шошығаным бар еді. Баланы бүтіндей алмайды екен, алдымен жатырдың ішінде бірнеше бөлікке бөліп, содан соң тазалайды екен. Соны сезгендей кішкендей тіршілік иесі кесетін құралдан қашқандай жатырға жабысып, көмекке шақырып айқайлағандай аузын ашады екен. Не деген қорқынышты, мен бұлай істей алмаймын! Не істесем екен!?
-Сен қашан көтеріп үлгергенсің, мен білетін Марал кеше ғана қыз еді ғой!?
-Есіңді жиып алыпсың ғой...-дедім үйге кіріп жатып-Аманат қайда?
-Досына кетті.
-Жақсы болды, мына сұмдықты ол естімей-ақ қойсын!
Мен бәрін басынан бастап айтып бердім.
-Енді не істеймін?
-Не істейсің, туасың, бала туа алмай зар болып жүргендер қаншама? Мен өзім жалғыз баламды бес жыл жылап жүріп әрең көтердім. Әкесі жүректен кеткенде мені мына өмірде ұстап қалған осы бала! Әйтпесе бір құдай білетін еді, не боларын... Сенің де жасың отыздан асты, еркек болса азайып кетті... Ендігі кездеспеген еркектің келешекте кездесуі екіталай. Кездескен күннің өзінде бұны алдыртып тастасаң енді көтере аласың ба, жоқ па, оны бір құдай ғана біледі... Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Ертең-ақ елуге келгеніңді білмей қаласың. Сонда өкінгеннен басқа ештеңе істей алмайсың. Қартайғанда, соқа басың сопайып, жалғыз отырғанда, әркім бір аянышпен қарайтын болады, балаң болса өзің мақтанышпен қарайтын боласың әлі...
-Ел не дейді?
-Ел не демейді, ертең қартайғанда ел асырайма сені. Елің бір күн шулар, бір жыл шулар, сосын басқа әңгіме тауып алады.
-Әке-шешемнің күні не болады? Біреуінің жүрегі, біреуінің қан қысымы бар. "Мақтанып жүрген қыздары, байға тимей бала туып алыпты"-деген өсекті көтере ала ма? Әкем мені де, шешемді де бауыздап өлтіретін шығар... Қорқамын...
-Әке-шешеңе жігітті таныстыр, даладан да тауып, туып, бағып жатыр ғой.
-Білмеймін, сен менің әкемді білмейсің, ол мені де, шешемді де өлтіреді...
-Мен ақылымды айттым, қалғанын өзің білесің...
Не істерімді білмедім. Менің әбден мазам кетті. Ақыры өзім хабарластым. Өтірік пе, шын ба, сенің қуанышыңда шек болмады. Біз тағы кездестік. Жүрегім жылай-жылай бар көкірегімді ысырып қойып, саған тоқал болуға келістім. Бір ғана өтінішім әке-шешемнің алдынан бірге өтейік. Және екеуміздің кездесіп жүргенімізді ешкім білмей-ақ қойсын деп жалындым. Сен келістің. Сол түні сен таң атқанша ұйықтамадың... Талықсып құшағыңда жатқан мені сүйе бердің, сүйе бердің...
-Не деген ыстық едің!?-деп қоясың, аршыған жұмыртқадай аппақ денемді аймалап жатып...
Ал менің жаным күйіп жатты... Әкем ылғи да тоқал аламын деп анама қалжыңдаушы еді... Соған құлағым әбден үйренгені сонша, кейін құрбы-құрдасқа тоқал болам деп менде қалжыңдаушы едім... Апам марқұм жақсы сөйле деуші еді... "Басқа пәле тілден"- деп қазақ бекер айтпаған екен ғой... Есіме Ержан түсіп, жүрегім қан жылап, көз жасым, қаламымнан қағазға тамып жатқандай еді...
Кешір мені жан досым, махаббатым!
Кешір мені жан досым, махаббатым.
Махаббаттың жамылдым, лақап атын.
Кетсең де мені тастап, кешір деймін,
Ерінімді жат ерінге тақап жатып.
Кешірім сұрай алмай, тұра алмадым.
Жүректің қалауын да, сұрамадым.
Бақытты бол сен үшін, бақыт болса.
Жалғыздықтан жат құшаққа, құлағаным.
Тыныштық жаулап апты, айналаны.
Есіңе түседі екен, қай-қайдағы.
Жүрегіме жат біреумен қабаттаса,
Ай сәулесі, ақ денемді аймалады.
Барлық кінә өзімде, саған не деп айта алам.
Қайтсем енді ұмытам, қайтсем енді жай табам.
Жанарыңның ұшқыны өртегенде санамды,
Жат құшақты жауратқан, итеремін қайтадан.
* * *
Бүгін маған Бек құда түсіп келіп, мені алып кетеді. Не жыларымды, не күлерімді білмеймін.Үйдегілердің бәрі мәз. Әрине олар ештеңе білмейді ғой. Ауылдан мамамды шақырттым.Папамды келмесін деп айтып жібердім. Папам "жарайды, Маралдың қалауы болсын" депті. Папамның қарындасы келді. Көп адам болған жоқ, Раиса, Жанар,інілерім Марат пен Әбілжан, сіңілім Самал, әкпем Маржан.
Бек келді, қасында ағасы Ғалеке, досы Жайық. Қалың мал әкелді, қазақтың салты бойынша, отқа май құйылды... Бәрі ойдағыдай сияқты... Тек менің ойым аласапыран... Бір бауырым Әбілжан, мына алхаштан қалай жиіркенбей, қойнына жатады деп сіңліме сыбырласа, енді біреуі Марат мені оған қимай, еркек басымен дастархан басында солқылдап, жылап алды. Сіңілім маған өкпелеп сөйлеспей қойды. Бойы менен едеуір аласа, өңі жүдеу тартқан, көзі сығырайған, өзі араққұмар жігітке мені ешкім қимады. Менің де қалауым бұл емес еді. Әдемі ақ көйлек киіп, тойда төрде отыру маған бұйырмапты. Мамам ғана мәз, "отырған қызы орнын тапты". Тіпті үш айлық менің ішімді де байқамады. Тек әкпем ғана бәрін айтпай-ақ біліп отырған сияқты... Мен не дейін? Мен бір бейбақ...
Мен бір бейбақ...
Мен бір бейбақ тағдырына бас ұрған.
Кекілімен көздің жасын жасырған.
Күз келгенде жапырақпен араласып,
Арманым да аяқ-асты басылған.
Мен бір бейбақ өміріне ашынған.
Гүлге ұқсаған солу үшін ашылған.
Көңіл шіркін көріксіз ақ қайыңдай,
Уайымдаған жапырағын, таусылған.
Мен бір бейбақ өз жолынан адасқан.
Қуантпайтын ақша бұлтта, көк аспан.
Өз көркімнен айрылған соң, көре алмаймын,
Сұлу талды жапырағы жарасқан...
Мен көбінесе төркінімде, қала шетіндегі Мараттың үйінде болдым. Сені туысқандарың іздемеді де. Сонда сені неге іздемейді екен деп таңқалдым!? Жарты жылдан асып кетті, келіннің үйінен кетіп қалған баласын неге ата-анасы, бауырлары іздемейді. Қайда тұрып жатыр, не ішіп, не киіп жүр, қайда қонып жүр. Шынымен бірде-бір жанашыры болмағаны ма? Мүмкін саған көмек керек шығар, не деген тас бауыр адамдар деп ойладым. Есесіне менің анам сені бала қылып алғандай. Маған "орамалыңды тартып жүр, тамағын уақтылы істеп, киімін тазалап қой"-деп ақылын үйретіп жүр. Негізі үш айға дейін, ішімдегі балам да, маған көмектескендей, ішімде кішкентай болып тығылып жатқандай, сырт көзге білдіртпей жүрдік. Кейін "бетім ашылған" соң, балам да етегін кеңге салып, джинсиімнің түймесін "итере" бастады. Мамам ендігі дөңгеленіп қалған ішімді байқағанда, таңқалса да, ештеңе демеді. Бауырларым да, сіңілімді үндемеді. Ал ағайын-тумаға көрінбеуге тырыстым. Ал әкем естігенде, бір бәле басталды.
-Мен білгем ол қыздың бір нәрсе бүлдіріп жүргенін... Сенің тәрбиелеген қызың қайбір жетісуші еді... Менің қызым болғанда, арын таза ұстар еді... Салдақы... Бәрі сенің тәрбиең...-деп анамды соққыға жығыпты. -Енді мені әкем деп айтпасын, мен де тоқалыма кетемін...
Осы сөздерді айтып, әкем шынындада үйден кетіп қалыпты. Осының бәрін телефон арқылы естіген мен, анамды қалай жұбатарымды білмедім.
-Кешір, менің қолымнан не келеді?
-Сенің бұл жерде ешқандай қатысың жоқ. Оның тоқалы бар екенін бұрыннан білетінмін. Ол әншейін сыныққа сылтау іздеп, өзі де кеткісі келіп жүргелі қашан? "Ұшайын деп тұрған бүркітті, артынан түртіп үркіттінің" кері келіп отыр. Сен уайымдама-деп өзімді жұбатты анам.
-Сен де уайымдама, соның кеткені тегі жақсы болды, сенің "қаныңды әбден ішіп" тауысқалы қашан?
-Сонда да қанша жыл бірге тұрған соң," қаныңды ішкенге" де үйреніп қалады екенсің... Үй қаңырап қалғандай...
-Көршілер естіді ме?
-Жоға, оларға айтпаймын да, қыдырмайтын еркек болушы ма еді!? Әкең де қайтып келетіні анық... Көршілерге ол қалада, жұмыс істеп жүр деп айтамын...
-Сен де қалаға келсеңші, жалғыз ауылда не істейсің?
-Жоқ, мен ошағымның түтінін түтетіп отыра беремін... Апаңның аруағы үшін...
-Сен тек, көп жылай берме, ауырып қаласың...
-Жоға, неге жылаймын... Ол баяғыдан қыдырып, менің ендігі етім үйреніп кеткен. Сен де уайымдама, балаңды ойла...
-Жарайды, мен жиі хабарласып тұрамын.
-Жақсы.
* * *
Сәуірдің он екісі күні, түскі екіде, дүниеге бала келді, нәресте! Бектен аумайды, тіпті меңдеріне дейін,аузынан түсіп қалғандай, ұл бала! Толғақтың қаттысын-ай, жанымның қиналғанын көрсең! Түніменен толғаттым. Ұйықтатпады. Белім солқылдай бастағанда жаным қиналып, ыңқылдасам, Бек ұйқы бермедің деп бұрқылдайды. Сосын ас үйге барып терезе жақтауына асылып тұрдым. Осылай жеңіл сияқты ма? Бәрібір қайта басталған да, жаныңды қоятын жер таппайсың. Толғақ дегенді адам өз басынан өткенде ғана, оның қаншалықты қиын екенін сезіне алады. Тіпті оны сыртынан қарап тұрған адам да, сезіне алмайды. Әсіресе толғақ жиіліген кезде, біреу сенің беліңді жіліктеп бөліп алып жатқандай қиналады екенсің. Ертесіне ауруханаға қайтып келдік. Менің жасым үлкен, әрі бірінші бала болғаннан кейін дәрігерлер шуап қасымда жүр.
- Аты-жөні жоқ айқайлай берме, шаршап қаласың.
-Жарайды.
-Біздің айтқанымызды істесең, бәрі жақсы болады.
-Жарайды.
-Күшен дегенде ғана, бар күшіңді кіндікке салып, үлкен дәретке баратындай күшен.
-Жарайды.
-Терең дем ал.Толғақ келгенде күшен.
-Ай!
-Күшен!
-Ы-Ы-ыыы!
-Жарайсың!
-Дем ал! Күшен!
-Ы-Ы-Ы!
-Болды ,демалып ал!
Шаршағаным сонша, сылқ түсем.Талып қалды ма деп, Бектің жаны шықты.
-Оның қаны аз!-деп қояды. Медбике қағазға қарап жоқ, аз емес дейді. Сосын тағы басталады.Тағы үзіліс. Бір минутқа ұйықтап кеткендей болам.
-Ұйықтап қалды ма?
-Шаршаған ғой!
Сосын тағы басталады.
-Баланың басы көрінді, папасы сіз енді шығыңыз!
Тағы бір қайтара бар күшімді салғанда, баланың атып шыққанын сездім.
-Тудым, тудым-деп қуанып-рахмет, рахмет!-деп жаттым жан-жағымды қоршаған дәрігерлерге...
Ал баланы өзіңнен итеріп шыққаннан кейін, ерекше бір сезімге бөленеді екенсің! Бұл аналық сезім екен! Қиналасың әрине, бірақ ана болатыныңды сезіп жатып, соңы балаңды дүниеге әкелетініңді біліп жатып, толғақтың да аштысына өз еркіңмен көнесің...
Ал баланың әкесі қасыңда болғаны қандай жақсы десеңші... Сол әкесінің қолдауына, біз әйел бәріненде зәруміз... Шіркін, енді бір сүт қатқан қою әрі ыстық шәй болса ғой...
Балам салмағы 3,800кг, бойы 54см болып туылды. Атын Әділет деп қойдым. Кейін мені ешкім жанұя бұздың деп кінәламай, әділеттік орнаса екен деп ойладым. Өзі батырдан гөрі мысыққа ұқсап, пырылдап ұйықтай береді. Жанымдағы қыздың баласының жағы тыным таппады, күндіз-түні тыным таппай жылаумен болды.Неге жылайды екен? Әлде көтеріп жүргенде анасы мазасыз болды ма екен. Бала іште болғанда анасы көп мазасызданса, бала да жылаңқы болады деуші еді. Бек екеуміз бірге тұрғанда, кейде тамақ алатын ақша болмай қалалатыны болмаса, негізі тату тұрдық. Тіпті ол ақша әкелмесе де мен ешқашан ақша таппадың деп ұрысқан емеспін. Бір алма, бір апельсин ғана жеп жатқан күніміз де болды, салмақ қоспағаным да содан шығар.Әйтеуір балама зияны тиген жоқ. Орнымнан тұрдым да;
-Әкел мен көтере тұрайын, сен шәй ішіп ал-дедім.Баланы бере салды да отыра қалып жылағаны бар емес пе!? Таңқалғаным сонша не деп жұбатарымды білмедім.
-Жылама, балаң аман-есен ғой, мүмкін қарны ашқан шығар?
-Ембейді...
-Сүтің бар ма?
-Бар.
-Қане емізіп көрші?
Ол омырауын ашып балаға беріп еді, балаға беріп еді, ол бір-екі рет жалады да, тағы жылап жіберді. Сонда байқағаным қыздың омырауының ұшы жарымағандай екен. Ана қызыл шақа аузына ала алмады.
-Омырауыңның ұшы жоқ қой, қалай емеді-деп медбике шақырдым. Ол келген соң қалтасынан шприц шығарып, ашып, басын кесіп тастады да, омырауыңның ұшын сонымен сорып шығарды да;
-Күнде осылай шығарып алып, уқалап массаж жасап тұр, сонда бала еркін емеді, әзірше сауып беруге тура келеді. Мұндай болмау үшін, бала көтере сала омыраудың ұшын тексеріп, басынан массаж жасап жүру керек еді...-деп шығып кетті.
Әйтеуір баласы тынышталды ғой. Екеуміз шәй іштік. Әңгімелестік. Сенің жағдайың да мәз емес екен. Атың Әйгерім, жасың не-бәрі он жетіге енді толыпты. Денелі болғаннан соң ба, сен маған үлкен болып көріндің. Былтыр мектеп бітіру кешінде ұнатып жүрген жігітіңмен бірге болыпсың. Өзіңді көріксіз, толық деп есептейтін саған сыныптағы ең әдемі жігіт келіп қолқа салғанда, бақыттан басыңды жоғалтыпсың... Ақымақ қызым-ау сол жігіттің ырқына көнсем, айтқанын істесем соған ұнаймын деп ойладың ба? "Қыз қысып сүйгенше..." -деген сөз бар емес пе!? Бірақ отыздан асқанша, ешкімге сенбеген мен де жетіскенім шамалы...
- Аяғым ауыр екенін тым кеш білдім. Жігіт ертесіне-ақ жоқ болып кетті. Не істерімді білмей, дәрігерге баруға қорқып, ішімді таңып алып жүре бердім. Бір азып, бір толған менен ешкім ештеңе байқамады. Түсіп қалар деп үміттеніп, барлық ауыр жұмысты мен істедім. Бірақ балаға ештеңе болмаған, тек кішкентай болып туылды. Толғақ келгенде қасымда болған, менен екі жас үлкен әкпем уланып қалған шығар деп "жедел-жәрдем" шақыртады. Одан арғысы еміс-еміс есімде... Әйтеуір бір есіңді жиғанда, дәрі құйып жатқан медбикелер менен бір нәселерді сұрап жатыр екен... Олар солай мен туралы бәрін біліп алыпты...
- Не деген ұятсыз адамдар, сенің жеке өміріңді тергейтін олар кім сонша? Маған да енең келмей ма, анау шынымен күйеуің бе?-деген. Өз істеріне сондай ұқыпты болса ғой, шіркін... Енді не істейсің?
-Әке-шешем естіпті, мен ең кенжелерімін. Жастары келсе де өзіміз бағамыз депті. Ішіме сыйған, сыртыма да сияды депті.
Байғұс ана енді қайтсін! Әкесі де жұмсақ екен, менің әкем үйге кіргізбейтін еді-деп ойладым мен.Есік қағылып менің бауырларым кірді. Әділетті көріп, "ұқсамасаң-тумағыр"-деп бәрі күліп қояды.
Әйгерімнің әкпесі баланың әкесіне хабар берсе керек, жігіттің әкпесі мен қарындасы келіп кетті. Әйгерімге аузына келгендерін айтып, ұрсып кетті. Жігіттің үйленейін деп жүрген жақсы қызы бар екен, сенімен байланысқан емеспін депті, бала менікі емес депті. Сен тағы жылап жатырсың... Жаным ашыды, бірақ не деп жұбатам? Өзімнің өміріме шүкіршілік еттім. Сол кезде мені тастап кетпеген, қолымен істегенді, мойнымен көтере білген, жауапкершілікті толық мойнына алған Бекке риза болдым.
Дегенмен өзімнің жағдайым жақсарған сайын, Жидегүл алдында өзімді кінәлі сезіне бастадым. Ішімнен ол келіншектің жақсы адам кездестіріп, жұмыстары жүріп бақытты болып кетуін құдайдан шын тіледім. Ол туралы Бек жаман сөз айта бастаса, "жамандама, ол сенің балаңның анасы, он бес жыл отасқан әйелің ғой, түсінуге тырыс" деп жұбаттым. Бек сол кезде тағы бір құпияның бетін ашты. "Ол маған келгенде аяғы ауыр болып келді, кейін артынан бір еркек іздеп келгенін өз көзіммен көрдім. Ол маған, ол жәй бірге оқыған жігіт қой деді. Досжан маған мүлде ұқсамайды, абырой болғанда шешесіне тартып туылды. Қазір ойлап отырсам, мүмкін ол менің балам емес шығар, Жилегүл де алғашқы махаббатын ұмыта алмаған шығар? Мүмкін содан кейін де шығар, екеуміз ешқашан тіл табыса алмағанымыз"-деді.
Шілдеханадан бәрі жақсы болып, уақтысында шықтым. Ауылдан мамам, бауырларым келіп, балаға керекті заттардың бәрін алып келіпті.Шомылдыратын шарасын, сүртінетін әдемі орамалын, жөргектер, орайтын көрпесін,киім-кешек, тіпті дастарханға қоятын тәтті-пәттіге дейін. Қандай жақсы болды, өзіміз ақшадан қысылып, жөргек жетпей, екі жастық тысын төртке бөліп, астына төсеп жүр едім. Бір байып қалдық қой!
Күн артынан, күн өтті. Менің бар ермегім балам. "Кәрі қыз ұл таппайды, ұл тапса, қоятын жер таппайды"-деген рас екен! Бекке қырқынан шыққанша болмайды деп бөлек төсек салып бердім. Менің жанұялық өмірімде жіберген ең үлкен қателігім сол болды. Сол күннен бастап ол маған суый бастады. Менің онда шаруам болмады. Барым-балам! Өзім сондай балажан едім. Десек те тәжірибе жоқтан баланы бәрібір ауыртып алдым. Бірінші қателік қалжадан басқа ешнәрсе жеуге болмайды, көк-сөкке баланың іші ауырады деп, қойдың етін жеп, сорпасын ішумен болдым. Екінші қателік қырқынан шыққанша далаға шығуға болмайды деп, үйден шықпадым. Ақыры баланы рахит деді, дәрумен жетіспейді, таза ауада көп жүру керек екен. Ең бірінші баламен далаға шыққанда, тура бір түрмеден бостандыққа шыққандай болдым. Қырық күн үйде отыру оңай ма!? Сол күнгі даланың иісі есімнен ешқашан кетпейтін шығар! Көктемнің жаймашуақ күні, өрік гүлдеген, құстар сайраған, тап бір жұмақ секілді! Кеудемді кере дем алдым! Балам да күн көзіне шығып, таза ауаны тоя жұтып, талықсып тәтті ұйқыға кетті!
"Қой егіз туса, шөптің басы айыр болады" -деп айтқандай, Әділет қырқынан шыққалы жұмысымыз өрге басты. Бек не айтса да, мен оны қолдаудан шаршамадым. Сен не істесеңде қолыңнан бәрі келетін, жолы болғыш жігітсің деп айтумен болдым. Үйдің шаруасына алаңдатпадым. Тіпті баламыз ауырып қалса да, өзім көтеріп алып, емханаға бара беретінмін. Баланы сүйреп жүріп, үйге базардан азық-түлік таситынмын. Менің шешем сүйтуші еді, тіпті бір мүшек ұнды да диірменнен қыста шанамен, жазда арбамен сүйреп келетін. Сонда әкем үйде жататын. Бек әйтеуір жұмыста ғой. Бұл менің жанұялық өмірдегі тағы бір үлкен қателігім екенін кейін білдім. Өйткені мен Бек табысқа жетсе, мені далаға қалдырмайды деген мол сенімде едім...
Осылай уақыт өте берді. Біз тағы пәтер ауыстырдық. Біз бас қосқалы ауыстырған бұл төртінші пәтер. Бұрынғыларға қарағанда әжептеуір жақсы екен. Ішінде тоңазытқыш, диваны бар. Терезесі мектептің ауласына қарайды екен, олар әр 45 минут сайын үзіліске шығып шулап тұрады екен. Жалпы ауласы тыныш, баламды ойнататын жері бар.
Кейде Бектен жақсы адам жоқ. Жаным, "жаным" деп жүріп, үлгермей жатсам шұлығын да, іш-киімін де, кейде тіпті көйлегін де өзі жуа салады. Бір күні тіпті, "сен баламен далаға шығып кел, мен балық қуырып қояйын" дегенде таң қалдым. Ішпесе қандай жақсы! Не айтсаң да, қалжыңға айналдырып, әңгімесін айтып күліп отырады. Мен сол күні ауырып отырғанмын. Дене қызуым көтеріліп, кеудем ісіп кетті. Бала өсіп қалды ғой деп, қосымша тамақ беріп жүргенмін. Сөйтсем ол омыраудағы сүтті тауыса алмай, ол тас болып қатып қалды. Содан кейін сүт өзі азайа бастады. Дәрігер кеткеннен соң, Бек темекі шекпек болды.
-Қойшы, маған шаншу содан қадалады-дедім мен.
-Міне, былай шексем, иісі де келмейді, жел де кірмейді.
Ол орындықты алды да, жоғары шығып, терезені жабыңқырап, астына орамал ұстап тұрып, саңылауға шеге бастады.
-Шіркін, қазақтың кең даласында, жусанды тартып отырып, шыңғырып т...ушы едім, енді тұрысымды қарашы, саңылаудан түтін үрлеп-деп қояды күліп.
Кеше шомылып, беліне орамал орай салып, шәйін ішті.
-Киінбейсің бе, қоңырауға ұқсамай...-деп қалжыңдап едім,
-Қазір мына мектеп оқушыларын, үзіліске шығарып жіберейін бе?-деп орнынан тұрып бөксесін шайқағанда, ішімді ұстап ұзақ күлдім. Арақты мүлде тастап кетсе, қандай жақсы болар еді...
Сен кеше іщіп келдің... Кешірім сұрадың... Сен бүгінде ішіп келдің... Кешірім сұрадың... Шашып-төгіп тамақ ішкен болдың... Намысыма тиетін сөздер айттың... Балаң екеуміз саған қарап отырдық... Күнде көретініміз осы... Бұған мен ғана емес, Әділет те үйренуі керек шығар... Өйткені өмір бойы көретініміз осы сияқты ғой... Ертең тағы ішіп келесің... Кешірім сұрайсың... Тағы да...
Бөлме іші үйреншікті арақ иісі. Әділеттің жұтатыны да сол иіс, маған ұнамайтыны да сол иіс. Маңдайға жазылғаны сол шығар... Әлде құдайдың жазасы... Әлде Жидегүлдің қарғысы... Менің кінәм жоқ десем де, өзімді Жидегүл мен Досжанның алдында өмір бойы кінәлі сезініп өтетін шығармын. Сол күні бармауым керек еді... Қарғыс атқан сол түн...
...Сол түні неге мені өлтірмедің?
Сол түні риза едім алса құдай.
...Сол түні мені неге аяп қалдың?
Жаңадан ауызданған бөлтірік ем...
...Сол түннің қияметін есіме алсам,
Сенен де өзімнен де жиіркенем.
Жаңа жыл да келді! Бек әлі ішіп жүр. Әдеттегідей жұмыстан ішіп келіп маған тиісумен болды. Сен сондайсың, сен мұндайсың... Ұнатпайсың... Жақтырмайсың... Жиіркенесің... Айтсаңшы... Айт! Айт! Өкінесің ғой...
-Не айтайын, ия өкінем сенімен байланысқаныма, ия жек көремін ,әсіресе ішкеніңді, ұнатпаймын, кет! Кет үйден!-деп айқайлап жібердім. Балам шошып, жылап жіберді. Бек, өз сүйкіміңді өзің кетіріп, шындықты біліп қайтесің. Шындық осы, қолымнан келсе баламды алып, сенен қашып кетер едім...
* * *
Біз машина сатып алдық, Бектің қуанышында шек жоқ. Жолдасы кепілдікке қойған екен, ақшасын төлей алмай, ақыры машинасынан айырылатын болған соң, банктен Бекке арзанға сатып алшы деген екен. Ең болмаса саған бұйырсын депті. Маған да ұнады, жап-жаңа әдемі машина екен!
- Ақшадан қысылсақ, қайтадан қымбатқа сатып жібереміз!-деп қояды.
-Сатпайықшы, біздікі болсын!-дедім шын қызығып. Сол машина бізге құт болып келді.Сол машинаның рөліне отырған күннен бастап, ішкенін қойып кетті. Көптен бері армандап жүрген тұлпары, тақымына бір тиген соң, тізгінін бір босатқысы келмеді.Сосын жұмысы да өрге басты. Ақшадан да қысылмайтын болдық. Менің де қуанышымда шек жоқ.
Маған Бек неке сақинасын сыйлады, тек өзіне сыңарын алмады. Сақина тағып үйренбегем, қолыма ыңғайсыз деді. Мен оның сөзіне онша мән бермедім. Раисаға көрсетіп мәз болдым.
-Сендер заңды некеге отырдыңдар ма?
-Жоқ.
-Неге?
-Алдында ажырасумен болды, ажырасып алып менің енді басым бос деп қуанғанын көріп, бірден үйленбейтінін түсіндім. Оның үстіне ЖК менің атымда болған соң, уайымдамай жүрмін ғой.
-Ең болмаса мешітке бармадыңдар ма?
-Ол маған дін туралы айтпа деген, неше жыл мұғалім болған, атеис қой, тіпті құдайы тамақ та бергізбейді ғой. Мүмкін кейін ойын өзгертер...
-Сен екіншісін көтеретін ойың бар ма?
-Жоға, өзіміз қаңғып жүрміз, мінезін білесің, күнде ұрсамыз. Бір күні ажырасып кетсек, жалдамалы пәтерде қаңғып жүріп екі баланы қалай бағамын?
-Негізі ажырасып кетсең де, бір әке-бір шешеден екі бала туып алған жақсы. Екі бала болса, бір-бірімен ойнап жақсы өседі, кейін де бір-біріне сүйеу болады.
-Тым болмаса үй алып алайық, сосын көрерміз...
Бек тым көп жұмысбасты болып кетті. Тіпті бірде-бір жексенбіде үйде отырмайды." Денсаулығыңды да ойласаңшы"- деп мен уайымдап жүрмін-"үй алам деп өлесің бе, енді, бұйырғаны болар." Арасында достарымен моншаға, бильярд ойнауға барам десе қарсы болмадым. Ең болмаса солай демалсын деп ойладым. Психологиялық кітаптарда айтады ғой, ерлі-зайыптылардың әрқайсының өз хоббиі болу керек деп. Мен оның бостандығын ешқашан шектеген емеспін. Біреулер күйеуі кешке тамақ ішпесе, "кім тойдырып жіберді" деп ит терісін басына қаптап жатады ғой. Мен ешқашан сол үшін ұрыс шығарған емеспін. Ешқашан Бектің телефонын, қалтасын тексерген емеспін. Күйеуді олай ұстауға болмайды, басқа қатынға кетіп қалады дегендерге сенбедім. Бек ондай емес, мен оған сенімдімін дедім. Өзіме де тым сенімді болдым.
Бүгін сегізінші март, Бек жұмысқа жиналды.
-Бүгін де демалмайсыңдар ма, бүгін мейрам ғой?
-Басқалар демалады, Ғалия екеуміз жұмыс істейміз, ол маған машинамның орындығын әдемілеп қаптап беремін деді.
-Жарайды, онда мен Раисаға барам, екеуміз тойлаймыз.
-Жақсы, мен сені сосын алып кетем.
Раиса екеуміз бір-бірімізді құттықтап шарап іштік. Бір уақытта ол
-Шалың қайда?-деді.
-Жұмысқа кетті, Ғалия екеуі бірнәрсе тігеді екен.
-Ғалия деген кім?
-Жаңадан келген тігінші, Бек аузынан тастамай мақтап жүр, жақсы тігеді дейді.
-Жасы қаншада екен?
-Менен жас, күйеуі бар.
-Күйеуі оны қалай мейрамда жұмысқа жіберіпті, оның үстіне бастық екеуі ғана жұмыс істейді екен, сен де тым аңқаусың ба, әлде ақымақсың ба?
-Мәссаған, мен ол жағын ойламаппын да, қазір мен оған көрсетейін! Телефоным қайда?
-Бек не істеп жатырсың?
-Жұмыс!
-Қазір жұмысыңа барам!
-Не болды?
-Әзірге ештеңе, күт!
Мен асығыс Әділетті киіндіре бастадым. Ол қайта хабарласып, келме мен өзім келіп алып кетем деді.Қарашы мұны, демек жұмысы біткен ғой! Ашуланып, үйге жеткенше бұрқылдап бардым.
-Мен оның шашын жұлып, қолына берем, мен оның шашынан тартып, тас жолда сүйреймін-деп қоям. Бек мәз!
-Мә, сен ішіп алыпсың ғой!-деп қояды.Не керек ашуым көпке дейін басылмады. Үйге келіп, сол Ғалияның 23-інші ақпанда Бекке сыйлаған кеудешесін қоқысқа лақтырып тастадым. Бек әдемі кеудеше еді деп ренжіп жүр, өзінше. Не деген аңқаумын, әлде шынымен ақымақпын ба?
Кейін оны жұмысына іздеп бардым. Кірсем отырған орнынан қозғалмады да, тіпті сәлемдеспеді де. Үйге келіп тағы ұрыс шығардым.
-Анау неге менімен сәлемдеспейді, тіпті менің бастығым сияқты менің кіріп, шыққанымды елемеді де?
-Оның мінезі сондай, оның үстіне ауылдағы қызы ауырып қалыпты.
-Сен оны қайдан білесің?
-Менен ақша сұрады.
-Қандай ақша?
-Айлығын да!
* * *
Мен сенің бетіңді ашпағалы көп болды. Сен менің есіме тек жаным қиналғанда ғана түсесің ғой. Мені сенен басқа тыңдайтын да, түсінетін де адам жоқ. Жүйкем сыр бере бастаған сияқты.Тіпті кішкентайыма да дауыс көтеретін болдым. Бектің өз қызығы өзінде, менімен ешқайда барғысы келмейді. Оның туысқандарына мені ілестірмейді, Досжанның жүрегін жаралығысы келмейді. Менің туысқандарыма да, мен жалғыз барамын, оның қашанда уақтысы жоқ. Табиғат тамашалауды тіпті түсінбейді, шаршаймын дейді. Жолдастары біздің үйге ғана жиналғанды біледі, бізді біреуі де, бір рет те шақырмады. Бекке айтсам, "тамағыңды қызғанасың ба?"- дейді. Оның қатысы қанша, "сыйға-сый, сыраға бал"- емес пе?
Кім кінәлі... Әрине мен... Бүгін таңғы аста, Бектен жылап отырып, көмек сұрадым...
-Бала туғалы еркін өмірім күрт өзгерді. Тәулігіне 24 сағат бойы тыныштық жоқ, бір баланы айналып жүре берем, жүре берем... Сен жұмыстан келгенде кішкене балаға қарашы, ең болмаса аптасына бір-екі сағат... Жұмыстан келесің де, сен де баламен қабаттасып өзіңе көңіл аударғанымды қалап, етегіме ораласың. Мен бұдан артық шыдай алмаймын...
Тыңдады дейсің бе!? Жоқ, жұбатудың орнына мені мазақтап кетті.
-Миымды жеме, елдің еркегінің бәрі жұмыс істеп, әйелі үйде бала бағып отыр. Жүйкең сыр берсе, емдел...
Әділетке аяғым ауыр болған кезде, "алдыртпашы"-деп тізерлеп жылағаның есіңде ме!? Олкезде мас едің. Бірақ мас та болсаң білетінсің, осы бала болмағанда, мен саған тимес едім. Қыздар баланы сылтауратып еркекті тұсаулауға тырысса, сен керісінше мені тізгіндеудің бір амалы, мені ұстап қалудың бір амалы, осы бала екенін түсіндің. Енді жұмыстан келгенде, шаршағаныңды сылтауратып, баланы қасыңа жолатқың келмейді. Анда-санда бір жылағанда, ұйқы бермедің деп тағы да айтпасыншы деп, қорыққанымнан баланы ас үйде көтеріп жүремін.
Туғалы ең болмаса баламен бір рет далаға шығып келдің бе, ең болмаса бір рет оны мен ұйықтатайын дедің бе? Құдай қаласа бір жарымға келеді, мен болсам соны көтергелі үйден шықпадым. Сенің кесіріңнен достарымның бәрінен қол үздім. Ең болмаса бір рет құрбыларыммен қыдырдым ба? Ең болмаса бір рет "баланы қарап отыршы, мен моншаға барып келейін"-деген сөзім құлағыңа жетті ме? Баланы алып бар дейсің, сен баламен жүріп көріппе-ең? Бірақ саған бәрібір, ол құлап қалады-ау, бір жерін ауыртып алады-ау деп, деп ойламайсың да. Қашанда баланың артынан бір елі қалмай, мен жүгіріп жүремін. Саған кіріптар қылып қойған тағдырды көрмейсің бе? Сенен кетсем, күн көре алмай қалатын сияқты болады да тұрады. Сен соны білесің, білесің де пайдаланып жүрсің!
Мен баламды алып ауылға барып, жатып келейін дедім. Сен қарсы болмадың. Ауылда әкем тоқал қуып кеткелі, жалғыз тұрып жатқан анам да қуанып қалды. Әкем үйге анда-санда келіп, керек болған заттарын алып кетеді екен. Шешем бәріне көнген, үндемейді. Тек менің ызам келеді...
Балам да таза сүт ішіп, таза ауада ертелі-кеш ойнап, суға шомылып, күнге қыздырынып әжептеуір бетіне қан жүгіріп қалды. Ауылда қандай тыныш, ешкім ешқайда асықпайды. Тіпті уақыт та ақырын өтетін сияқты, кеш те асықпай бататын сияты ма? Әсіресе кешке салқында, дастарқан басында, бәріміз жиналып әңгіме айтып, маса қуып түтін түтетіп отырғанның өзі жаныңды бір рахатқа бөлейтіндей... Күнде бір көрші келіп, шәй ішіп, көрген білгенін айтып кетеді. Қаланың адамдарымен салыстырғанда, ауыл адамдарының пейілі даламдай кең, көңілі қашанда мамыражай ғой. Ауылдың ертеден кешке дейін бітпейтін тірлігін істеп жүріп-ақ, өмірлеріне қашанда риза болып жүргені...Тек мен ғана өзімді мазалаған көп сұраққа жауап іздеп, шарбақ басында жалғыз отырудан жалықпадым. Жотада балалар ешекпен көкпар тартысып ойнап жүр. Айтпақшы көк биенің алдындағы құлынына біреу қызығып сатып алып кеткен екен, биыл аудандық жарыста екінші орын алыпты.
Тағы да бір күн өтті. Күнбатыстың сұлулығы күнде құбылып, күнде аспанды ерекше бояуға бояп, тамаша сурет салады... Менің де әр күнім бір-біріне ұқсамайтын ерекше болса ғой, шіркін!
Мен анамнан Тараздағы әкпемнің жағдайын сұрадым.
- Оның әңгімесі масқара. Айзаданың түрмедегі күйеуі шығып келген соң, Қазақбайға "күйеуіме қайта қосыламын"-деген екен. Оған Қазақбай "сені қанша қарыздан құтқарып, қызың екеуіңді қанша уақыт асырадым, оны қалай өтейсің, өтемесең кетпеймін"-депті. Сонда Айзада "ақысына қызымды беремін"-депті. Не деген сұмдық десеңші!? Сонда қаршадай қызын, өзінен жиырма жас үлкен, қызынан қырық жас үлкен шалға қалай қиды екен!?
-Майгүл соған көнген бе?
-Ол да үйде отырып біраз нәрсені бүлдіргенге ұқсайды. Біреуден бала көтеріп қойса керек, көнбей қайда барады?
-Сонда да, масқара болған екен! Естімеген елде көп деген...
-Ана Қазақбайды айтсаңшы, қызы бар қатын алды ма, оның қызы қызындай ғой? Қалай алды десеңші?
-Еркектерде ұят жоқ қой, бар ойы "әйелдің етегінде, нәпсінің жетегінде"
-Айтпа!
-Бұл қашан болған әңгіме?
-Бұл Майгүл он жетіге толғанда болған әңгіме. Ендігі ол оған үш бала туып беріпті.
-Содан?
-Содан, Майгүл бір күні Қазақбайдың үйін банкке салып ақша алып, машинасын айдап, екі баласын тастап, бір бахабис жігітпен байланысып, басына хиджап киіп, сонымен бірге қашып кетіпті. Тегін де өзгертіп алса керек, итпен іздеп таба алмай жатса керек.
-Мәссаған, шын айтасың ба? Шалға сауап болған екен. Кезінде өз әйелін бес баламен тастап кетпеп пе еді?
-Құдай сақтасын! "Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді"- деген осы.
-Жоқ, бұны "біреуге ор қазсаң, кеңірек қаз, өзің түсесің"- дейді.
-Сонымен шал бұл соққыны көтере алмай, жүрек ауруына шалдықса керек, жасы да жетпіске жақындап қалды емес пе?
-Шіркін, жүректері нәзік қой. Ал сол кезде бес баламен қалған әйелін ойлады ма? Оның жүрегі мықты ма екен?! Жас қатынды алғанда осылар, мен де бір күні қартаямын деп ойламайды екен, ия!?
Мына әңгімеден кейін жағамды ұстадым. Бір жағынан шалдың жазасын алғаны дұрыс дедім, бір жағынан өз әкпемнен түңілдім, бір жағынан Майгүлге жаным ашыды. Бейшара қыз, бақытсыз болу үшін туылған екен...
Қалаға қайтатын уақыт та келді. Сен бізді көңілсіз қарсы алдың. Уақытың тығыз екен, әрең жарты сағат уақытты біз үшін қиып алыпсың. Баласын да, оның мамасында бір ай көрмеген адамға ұқсамайсың, мүлде сағынбапсың, сағынуға да уақытың болмаған шығар. Есесіне әңгімең көбейіп қалыпты. Телефонмен селқос сөйлеуші едің, енді төгіліп-ақ тұрсың. Досжанды шешесі шетелге оқуға жіберейін деп жатыр екен. Ақысын сен төлеп тұрады екенсің. Мен үндемедім. Мен он бес жасар жалғыз баламды шетелге жалғыз жіберер ме едім. Ол қалай күн көреді, тамағын уақтылы ішеді ма? Бір нәрсеге ұшырап қалмайды ма, ауырып қалса не істейді? Мүмкін менікі дұрыс емес шығар? Бала сендердікі, білгендеріңді істеңдер.
Айтпақшы диван сататын дукенге жаңадан қыз алыпсың. Бұрынғысы жалқау, сенің айтқаныңды түсінбейді, бәрін өз дегенімен істеп үйреніп қалған қыз екен. Саған ондайдың керегі жоқ, Жайық бір қызды алып келіпті, өзі пысық, айтқаныңды екі еткізбейді екен. Тіпті жаулық жамылған қыздармен жұмыс істемеймін деген екенсің, сол жерде-ақ шешіп тастап, сені таң қалдырыпты. Бағанадан бері машинаның терезесінен телміріп отырған менде таң қалдым.
-Солай оп-аңай шешіне салды ма?
-Ия!
-Солай істеуге бола ма екен?
-Болып тұр ғой.
-Онда оны неге киген?
-Мен қайдан білейін.
Ол бізді үйге әкеліп тастады да, өзі жұмысқа кетті. Мен әлі әлгі қызға таңқалып отырмын. Мүмкін, жұмыс өте қажет болған шығар деп ойладым. Қой, одан да үйімді жинастырайын, тура малқора ғой мынау!
Бір жұмыстармен дүкенімізге соқтым. Негізі мен онда көп бола бермеймін. Жұмысты толығымен Бектің өзі жүргізеді. Мен тек анда-санда қол қоюым керек болады. Әлгі ел мақтаған, ер жақтаған қызбен танысқым келіп дүкенімізге келдім. Мені күліп қарсы алды. Ол бас салып өз әңгімесін айта бастады. Қалада ағасының үйінде тұрады екен, ерке өскен, үй шаруасымен айналыспайтынын, тіпті іш-киіміне дейін ағасы жуып беретінін мақтанып айтып берді. Бос уақтысында биге қатысады екен.
-Майгүл, сен мені танымадың ба? -дедім мен өзім де шырамытып.
-Сізді бір жерден көрген сияқтымын?-деді ол да таң қалып. Көрмегелі қанша жыл, менің шаш қою үлгім де, үстімдегі киім үлгісі де өзгергелі қашан!?
-Мен Маралмын ғой, сенің әкпең!
Майгүлдің түрі бұзылып сала берді. Сосын келіп менің аяғыма жығылды.
-Құдай үшін, Марал, мені көргеніңді ешкімге айтпашы, әсіресе, шешеме. Мен өзім ол тозақтан әрең қашып құтылдым. Сен өзің де естіген шығарсың?
-Естідім. Ал айтып отырған ағаң кім?
-Ол, жәй әншейін, маған көмектесіп жүрген бір адам.
-Балаларың бар екен ғой!
-Ия, кіші қызымды ғана алып кеттім. Екі ұлды әкесіне тастап кеттім.
-Солай де! Жарайды, мен сенің өміріңе араласпаймын. Саған қалай өмір сүруді үйрететін адам мен емес. Сен жас болсаң да, өмірде көргенің менен де көп сияқты... "Балықты жүзуге үйретпе, итті үруге үйретпе" деген сөз бар емес пе!? Бірақ сен де менің өміріме аралас па?
-Жарайды, рахмет!
Ойымда ештеңе жоқ, әңгімені үйде Бекке айтып бердім. Тек осы аңғалдығым үшін кейін бармағымды тістейтінімді қайдан білейін... Сол күннен бастап сен оған назар аудара бастадың ба? Бір күні шыға қал, банкке барып қол қоятын құжаттар бар деген соң, далаға шығып күтіп тұрдым. Алдыма келіп тоқтаған сенің машинаңның, жоқ біздің машинамыздың алдынан күліп ол түскенде, жүрегіме біреу қанжар сұғып, қайта суырып алғандай болды. Ол екеуің неге сонша мәзсіңдер, ол алдына неге отырады, өзін тым еркін ұстайды екен, араларыңда бірдеңе бар ма? Қой, жәй менің қызғанғаным шығар, Майгүл өзі бір тозақтан әрең құтылғанда, тағы бір бәлеге ұрынып несі бар, оның үстіне ол жалғыз емес, әлгі жігітпен тұрып жатқан жоқ па? Жігіті екеуі де намаз оқитын адамдар екен, тым болмаса, құдайдан қорқатын шығар? Не де болса, машинаның алдын босатып бергеніне риза болып, өз орныма отырдым. Демек өз орнын білетін қыз...
Сол күннен кейін, мен оны есіме алған жоқпын. Сол күннен бастап сенің іс-сапарларың көбейіп кетті. Ана қаладағы ресторанға диван тігетін болдық, мына қаладағы ресторанға диван тігетін болдық. Бір күні бір аптаға жоқ болып кеттің. Жанымды қоярға жер таппадым. Келдің удай массың, Мен шыдамай айқайға бастым.
-Қайда жүрсің, ойнап-күліп жүрген шығарсың, бар сол жаққа, қайтып келме.
Сен шошып кеттің, менің бекерден-бекер айтпайтынымды білесің ғой.
-Қайдағы ойын-күлкі, жұмыс істеп жүрмін ғой...
-Тойып алып па, бір апта қайдан болдың, телефоныңды өшіріп тастап, бізді ойласаң осылай істер ме едің?
-Сендерді ойлап солай істедім ғой...
-Қалай сонда?
-Мен де бір қиындық туып тұр. Балам екеуіңе зияны тимесін деп хабарласпадым.
-Не болды, айтып өлтірсеңші...
-Маған біреу көп ақша қарыз етін, бермей жүрген...
-Содан?
-Содан жігіттермен бірге оны алып кетіп, қарумен қорқытып ақшамды тартып алдым.
-Сенің есің дұрыс па? Сен не қарақшы болып кеттің бе? Оны өлтіріп тастадыңдар ма?
-Жоқ, жәй қорқыттық...
-Содан?
-Содан болды, сол саған уайымдатпайын деп айтпадым...
-Сенің есің дұрыс емес екен...
-Жарайды ренжімеші енді...
-Ол енді сені сотқа берсе не болады?
-Бермейді, қорықпа?
-Құдай үшін, баламыз үшін, мен үшін, жалынып сұрайын. Ешқашан заңды бұзатын әрекет жасамашы, басың аман жүрсін...-деп жалындым.
-Жарайды жаным.-деп сен күлдің.
Өзіміз үй сатып алдық. Неге екенін қайдам, сол үй менің атымда болсын деп сұрадым. Әлде бір нәрсені сездім бе, әлде Бекке сенбедім бе, ертең баламмен далада қалып қоятындай сезіндім. Не де болса, неміс халқы айтқан екен "бар затыңды бір шегеге ілме"-деп, сол айтқандай сақтықта қорлық жоқ деп, осылай шештім. Мен оны ешқашан далада қалдырмаймын ғой, бірақ ертең ол мені қуып шықпасына кім кепіл? Екеуміз сол күйі некеге тұрмадық. Ең болмаса осылай қорғануды жөн санадым. Ол бірден келіспеді, бұлқан-талқан болып ашуланды.
- Демек саған керегі үй ғана ғой, менің керегім жоқ қой?
-Онда, заң бойынша үйленейік!
Үйленгісі де келмеді, ақыры көнді, үй менің атыма жазылды. Бірақ ол үйге қуана алмадым. Екеуміз жиі ұрсатын болдық. Бір күні ол үйге қонбады, ертесіне есіктен күліп кірді.
-Қайда болдың?
-Шаруаң қанша? Түнгі клубта, достарыммен!
-Мені неге шақырмадың?
-Сен баланы қайда тастайсың?
-Жарайды, тек енді бұлай жоғалып кетпе. Ең болмаса хабарласып келмеймін деп айтсаңшы, мен уайымдадым ғой!?
-Жарайды!
-Негізі мұндайда қатыны ұрсып, еркегі ақталуы керек.
-Солай ма?-деп күлдің сен. Бетіңдегі сол қуаныштың себебі басқа қатын екенін шын айтам, сезбедім. Сен маған ондай иттік жасайды деп, үш ұйықтасам да, түсіме де кірмепті. Өзі адал адамды алдау оңай деген сол екен. Оны тым кеш білдім. Тым кеш, жылдар өте сол кейпің көз алдыма келгенде ғана...
Көшіп келе сала төсек бөлек салынды. Ол да қарсы болмады. Бұрын төсек бөлек салдыртпайтын, демек ол да суып кеткен. Маған деген құмарлығы осылай үш жылдан кейін, сап басылды. Кейін тіпті ауру болып қалдым, мен енді еркек міндетімді атқара алмаймын деді. Мен сендім, тіпті сені жұбата бастадым. Ештеңе етпейді, жай жүйкең жұқарған ғой, емделесің, демаласың, сосын бәрі орнына келеді деп жұбаттым. Менің саған адал болып қалатыныма күмәнің де болмасын деп сендірдім. Тек үй алсақ екінші баламды көтерем деген арманыммен қоштасқым келмеді. Дегенмен үш айда бір қуаныш болып тұратын.
-Әй, сен ондай кезде хабарласып алдын-ала айтып қойсаңшы, мен дайындалып есік алдында күтіп отырайын-деп мен қалжыңдап қоямын.
-Жарайды, алдын-ала телефон шалып, кемпір дайындала бер деп айтамын- дейсің сен де қалжыңдап. Ал өзім енді не болар екен деп уайымдап жүрдім. Бәрі жақсы болады деп сендірттім өзімді-өзім. Басымыз аман болса бопты. Содан "жаным" деген жалғыз сөзді есту үшін, тырысып бақтым. Әйтеуір, азаматым бар ғой, қол-аяғы сау, жұмыс істеп жатыр. Одан артық не керек, ауырып жүргенін ешкім білмесе болды емес пе? Есесіне, ол енді қыздарға бармайтын болады, тек менікі ғана болады деп өз-өзімді жұбатып қоямын...
Соңғы кезде оның мінезі өзгере бастады, мүлдем басқа адам. Ол тіпті маған емес, менің үрім-бұтағыма, ата-анама тіл тигізетін болды.
-Сенің әке-шешең... сенің Ботпай атаңның басы...
Ол тіпті анама да дауыс көтеретін болды. Анам байғұс, жуас, "қойшы көңіліңе алма"-деп, мені басып қояды. Мен де, ол еркектік міндетін атқара алмағаннан кейін, ашуланып жүрген шығар деп шыдаумен болдым.Мұның арты жақсылыққа апармайтыны анық еді. Менің шыдамым да таусыла бастады. Мен барынша тырысып бақтым. Соның денсаулығын ойлап, Өскеменнен маралдың қанын, Қытайдан құмырсқаның жанын алдырттым. Бірақ оған ештеңе ұнамады. Маған адам сияқты сөйлеуді қойды. Не айтса да кемсітіп сөйледі. Маған ауыз аштырмайтын.
-Сен сөйлеме, жап аузыңды. Қаншық, құтырған екенсің, не сенің шешең әкеңе осылай сөйлеуші ма еді? Мен саған әлі көрсетемін! Кет, бұл үйден, сенің ойың осы үйді алу ғана болатын. Бұл үйді саған алдыртпаймын, өртеп кетемін... Мен саған бауырларың емеспін, бар соларды басқарып ал.Мен саған көнбеймін...
Ол маған қол көтеріп, күш көрсетуге шықты.
-Ақымақ басым, сені Жидегүлден құтқарған, сені сол жауыз қатынның тырнағынан босатпауым керек еді, сенің жылағаныңа сенбеуім керек еді. Сен сондай көзіңді шұқып, төбеңді ойып отыратын қатынға ғана лайықсың. Кетем, сенен ештеңе алмаспын, сенен жиіркенем...-деп менің де шыдамым шегіне жетті.
Оның маған түрі де, сөзі де, ойы да ұнамайды. . "Жаным"-деген сайын әбден құтырды. Сасық көкірегі көтеріліп, адам менсінбейтін дәрежеге жетті. Кезінде өзі кім еді, қатынынан таяқ жеп жүретін алхаш бай ғана еді!? Менімен қандай болдың!? "Жаман қатын еркекті ұлтан қылады, жақсы қатын еркекті сұлтан қылады" демей ме, қазақ. Бірақ "сиыр сипағанды білмейді екен".
Осы кезде ол мені төсекке құлатып, бір қолымен тұншықтырып тұрды да, екінші қолымен жастықты умаждап алып, бетіме айызы қанғанша ұрды...
Ал қасымызда үш жасар кішкентайымыз Әділет, тәтті ұйықтап жатты...
Ол Жидегүлдің табанында жатқан ит күндерінің өшін менен алып жатқандай... "Күштілердің алдында, қоянменен бірдейміз. Әлсіздердің алдында, қоян емес-пілдейміз"-деген орыс мақалы осындайдан шыққан-ау. "Жәбірлесең мысықты, піл болғаныңды қайтейін"-деп кім айтып еді, осы. Алғашында мысыққа ұқсап, менің табанымды жалаушы еді, енді өзіне жал біткен екен. Не деген соқыр едім!? Қор болған күндеріме жылайын ба, қорғансыз дәрменіме жылайын ба? Жігіттің көз жасына қалма, обал болады деущі едің, қайран әлпештеп өсірген апам-ай, менің көз жасымның сұрауы бар ма екен, мына өмір де?.. Ешқашан қатынын жамандап, қыздың алдында жылаған еркекке сенбе, сіңілім... "Жымыңдаған әйелге, жылаған еркекке сенбе"-деп халық бекер айтпаған ғой, шіркін! Егерде ондай жылаған еркекті көрсең біліп жүр, демек ол сондай қатынға ғана лайық, демек оны құдай солай жазалап жатыр деген сөз. Ешкімге жаның ашымасын, тек өзіңді ойла, өйткені сені ойлайтын, сенің бақытыңды ойлайтын еркек емес өзіңсің, соны есіңнен шығар ма, сіңілім...
Менің денсаулығым тіпті нашарлап кетті. Автобусқа мінсем болды, адам көптігін көтере алмаймын ба, жүрегім қысылып, есімнен танып қалатын болдым. Үйде де тамаққа тәбетім болмай, құса беретін болдым. Өзіме жедел-жәрдем шақырдым. Олар келіп уланғанға ұқсайды деп алып кетті. Бекке хабарласып, баланы қарайтын адам жоқ, не істеймін деп едім: "ауыратын уақытты тапқан екенсің, менің уақтым жоқ, не істесең оны істе"-деді. Әділетті де салып алдық.Тек оны ішке кіргізбей қойды. "Бұл инфекционный, балаға болмайды" деді. Үш жасар балам, аурухана есігінің алдында мені күтіп, жылап отырыпты. Төсекте әлсіреп жатқан мені де бірден қарай қоймады. Түс уақтысы ма, әлде біреудің туған күнін тойлап жатты ма, әйреуір бір уақытта аузын шайнаңдатып, арақ сасыған бір жас келіншек шықты да, "температура бар ма?"-деп сұрады менен. "Жоқ"-дедім мен. "Онда уланбаған екенсіз, қайта беріңіз"-деді. Даламдағы баламды ойлап жатқан мен, орнымнан көтеріліп едім, басым айналып, шайқалып кеттім. Абырой болғанда баламды тез тауып алдым. Екеуміз үстіміздегі үй киімімен такси тостық.
-Бес жүз теңге!
-Жарайды-деп такси алып келді де аялдамадан тоқтап,
-Түсіңіз-деді.
-Мені үйімнің есік алдына дейін апарып тастаңыз, бұл жерге автобуста әкеледі.
-Жүре алмайсыз ба? Ішіп алғансыз ба?-деді ол түріме қарап.
-Ауруханадан шыққанымызды көріп тұрсыз ғой, не деп тұрсыз?
-Жарайды, жынданбай жолды көрсет...
Есік алдына келген мен ұсақ тиындарды қолына ұстаттым.
-Әй, мынаның жүз теңгесі қайда-деп жағама жармасты ана еркек.
-Жіберіңіз, қазір басқа қалтамда-мен жалма-жан қалтамды ақтарып, жүз теңге тауып бердім. Не деген адам, мынау!
Сен кешке келдің, қашанда риза емес қалпыңдасың...
-Жағдайымды сұрамайсың да ма?
-Сенің ауырмайтын күнің бар ма, жәй ішің пысқан ғой. ""Ешектің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді"-деген. Мә, керегі ақша болса, сонша спектакль қоймай-ақ сұрай салмайсың ба?-деп ақша тастай салдың.
Менің ұрсуға шамам жоқ еді. Қалай өзгеріп кеткенсің, әлде шын бет-пердеңді енді көрсетіп жүрсің бе? Баламды жуындырып, қойныма алып жаттым.
-Жаным, жапырағым, I LOVE YOU!
-Аю-аю!
-Тағы айтшы, I LOVE YOU деші!
-Ааю-аю!-дейді мені құшақтап, мәз болып.
-Жаным сол, тілің тәті ғой сенің, асқабақ деші...
-Апаскаф!
-Лимузин деші, кеше лимузинді көргенде не дедің?
-Ұзын-ұзын!
-Аудармашым менің, бұлай кез келген адам қазақшаға аудара алмас!
Мен ертесіне толық тексерілуден өттім. Терапевт:
-Екіқабат адамның белгілеріне ұқсайды, гинекологқа бардың ба?-деді.
-Ол мүмкін емес?
-Неге, күйеуің жоқ па?
-Бар!
-Қандай жолмен сақтанып жүрсіңдер?
-Жәй, бөлек жатамыз.
-Неге?
-Ол импотент!
-Солай ма?
-Онда сізді неврапатолог тексеріп көрсін...
Ақыры жүйкең тозған деп, желке тұсындағы қан тамырлары қысылып қалған деп, уколдар мен массаж тағайындалды. Массаж жасайтын жігіт ұзын бойлы, иықты әдемі орыс жігіті екен. Мен оның алдына келіп отырдым, мойын тұсын, басымды уқалайтын шығар деп ойладым.
-Раздевайтесь-дегені бар емес пе?
-Это еще почему!?-деп таңқалдым.
-Ну на спинку же буду делать!-деді ол өзі ыңғайсызданып.
-А-а, солай ма?
Мен жатқан соң ол келіп уқалай бастады. Аты Саша екен, әңгімесін айтып, мені тоқпақтай бастағанда, жаным көзіме көрінді.
-Ойбай, Саша, потише! Ты так мою душу из тело выгонешь!-дедім мен.
Әдемі жігіт әбден күлді.
-Ну так мне еще никто не сказал...-деді ол.
-У нас есть такое слова, "жанымды шығарасың" дейді.
-Я знаю, менің мамам қазақ. Мен де қазақ қызын іздеп жүрмін.
-Солай ма? Бәсе неге сонша сұлтандай сұлу десем, жасың қанша да?
-Жиырма бесте!
-Қандай қыз керек?
-Үйді таза ұстайтын, тәтті тамақ пісіретін, бала туатын...
-Жарайды, іздеп көрейік!
-Ал сіз қаншадасыз?
-Отыздан баяғы да асып кеттік, бірақ әлі қырыққа жеткен жоқпыз.
-Ал фигураңыз он сегіздегі қыздай екен, артық бір май жоқ. Тек қатты тырысып, тамырлары байланып қалыпты. Он күндей келуіңіз керек...-деді ол арқамды уқалап жатып. Осы кезде радиодан жұлдыз жорамал айта бастады... Ол тыңдап тұрды да:
-Интересно, утром говорили другое!?-деді.
-Значить звезды передумали...-дедім мен тыныш жатпай. Ол тағы да күліп алды.
-Сіз сияқты көңілді пациентті бірінші рет көріп тұрмын...
Ол екеуміз тіл табысып кеттік. Өзі бұрынғы атақты баскетбол құрамында болған спортшы екен. Тәрбиесі де жақсы сияқты... Бойы қандай ұзын!?
Екінші күні баламмен келдім. Ол бір бұрышта телефонмен ойнап отырды. Осы кезде телефоным шырылдады. Раиса екен.
-Алло!
-Ей, қатын қайда жүрсің? Есігіңнің алдында тұрмын...
-Мен үйдің жанындағы медорталықтамын. Осында кел, 302-демін.
-Не болды, ауырып қалдың ба?
-Келсеңші, көресің ғой...
Ол бөлмеге кіріп келді де:
-Ей, мына қатын ауырып қалды ма десем, рахаттанып массаж алып жатыр ғой! Осы байы барларға массаждың керегі не екен? Жүрміз ғой біз, ішімізге де, сыртымызға да ешқандай массаж алмай!?
-Ойбай, кел жат, көңілің қалмасын, ақысын мен-ақ төлейін...-деп мен орнымнан көтеріліп киіне бастадым. Раиса менің орныма киімімен жата қалды.
-Саған қандайын жасасын? Тайский ма, китайский ма?-дедім мен күліп.
-Маған бәрібір, уқаласа болды...-деп қойып қалды құрбым.
Осы уақытта бізге қарап күлімсіреп тұрған Саша шыдай алмай күліп жіберді.
-Әй, мынаның "төбесі тесік" -па, не?-деді Раиса оның түріне қарап.
-Тесік, тесік...-деп мен әбден күлдім.
-Тесік емес...-деді Саша басын сипап-это что значить?
-"Қазақша түсіне ме?" дегені-деп мен тағы күлдім... Саша да мәз...
Массаждан кейін үйге келдік. Неше күннен бері ауырып үйді де жинамағалы көп болған еді. Есіктен кірген Раиса есіктен төрге дейін шашылған үйімді көріп шошып кетті.
-Әй, мына үйге ұры түскен бе?
-Жоға, керісінше мен ұры түспесін деп, әдейі шашып кеткенмін. Сонда ұры есікті ашып көреді де, "Ойбай, бізден бұрын біреу түсіп кетіпті, кеттік, оның орнына бізді ұстап алмасын" деп қаша жөнеледі-деп мен ішегім қатқанша күлдім. Бұлай көп күлмегелі біраз болып еді...
-Ей, жынды қыз-ай, сенің шығармайтының жоқ, әйтеуір-деп құрбым да күлкіге батты...
Екеуміз шай ішіп, шер тарқатып, мен біраз жеңілдеп қалдым.
-Қай жерің ауырып жүр? Жүдеп кетіпсің?-деді ол маған жаны ашып.
-Қай жерім ауыратынын өзім де, дәрігерлер де білмейді. Әйтеуір, тамақ іше алмай құсып, басым айналып, құлап қала беремін...
-Айтпа, қазір қаншама медорталық ашылып жатса да, жақсы, білімді дәрігерлер жоқтың қасы. Бәрі дипломды сатып алған ба, немене!?-деді Раиса.
-Барлық мединститутты басқа қалаға, мысалы Қызылордаға көшіріп, сонда өзінше қалашық жасап, тәжірибелер жүргізіп, шетелден тәжірибелі, мықты оқытушыларды шақырса, жақсы болатын еді. Сонда Қызылордаға медицинаны шын таңдаған жастар барар ма еді!? Ал мына қаптаған юрист болғысы келетін студенттерді, Астанаға көшіру керек! Сонда Алматыда "пробка" азаяр ма еді!?
-Туу, сен депутат болсаңшы!-деді құрбым күліп-Оданда өз жағдайыңды айтсаңшы, соңғы кезде телефон шалуды да қойдың.
-Айтпа, үйде отырсам да, кейде өзіме қарайтын да уақыт таппаймын. Айналып, осы үйден шықпайтын болдым. Сыртқа шығып, қыдырмағалы қай заман!? "Көтермесе көңілді кір басады"-деген рас екен! Көңілім күйзеліспен күресіп, өмірім үй жұмысымен тіресіп өтіп жатыр, әйтеуір...-дедім мен көңілсіз әңгіме бастап.
Ескі жамаған сайын, жыртылар...
Бекті теңіз жағасына барып, ең болмаса бес күн демалып келуге көндірдім. Түркияға баратын болдық. Жұмыстан алысқа алып кетсем, демалар, жер көріп, ел көріп көңілі көтерілер. Мүмкін екеуміз оңаша уақыт өткізсек, өткеніміз есіне түсер, деп ойладым. Өзім осы сапарға үлкен үміт арттым да, қатты дайындыққа кірісіп кеттім. Мен жүзе алмайтынмын, бір айдай хауызға барып, суға деген бала кезгі қорқынышымнан айырылдым. Он бес жасымда, суға батып кете жаздап, қорқып қалғанмын, енді үш-төрт метрге дейін жүзе аламын. Шашымды кесіп, әдемі шомылуға арналған киімнің қызыл түсін таңдадым, ақ денеме құйып қойғандай жарасып тұр. Осыны киіп, жағажайға барғанда, суда жүзгенімді көріп, таң қалары сөзсіз. Менің судан қорқатынымды біледі ғой. Сосын екеуміз қол ұстасып, түрік елінің тамаша табиғатын тамашалаймыз. Мына әдемі көйлекті ресторанға киіп барам... Бәрінен де балам ұшақтың қалай ұшатынын көретін болды. Өзі ұшаққа жаны құмар, ұшқыш болар ма екен... Өзі де космановтар күні сәуірдің он екісінде дүниеге келді ғой!
Көптен күткен күндер де келіп жетті. Біз аспанға көтерілдік. Баламның қуанышында шек жоқ! Ал Бек тым көңілсіз болды, машинадан түскелі ішумен болды. Адам жаны мұнша тәтті бола ма!? Ұшақ қонарда бәрі демін ішіне тартып, ал дөңгелегі жерге жеңіл түскенде, бәрі қолдарын шапалақтап ұшқышқа құрмет пен алғысын білдіріп жатты. Менің балам да, бір нәрсе түсінгендей, "молодец самолет!"- деп айқайлап елді бір күлдірді.
Антальяда жергілікті уақыт бойынша, сағат 12;30-да болдық. әуежайда елмен ілесіп жүріп, тексеруден өттік. Шетелге бірінші рет шығуым. Заттарымызды алған соң, әуежайдан шыға келіскен турфирма адамдары күтіп алып, қонақүйге алып барды. Не деген керемет жер десеңші! Қонақүйдің орналасқан жері жұмақ дерсің! Іші де ерекше сәулетті, хан сарайындай! Адамдары қандай ізетті, сені патшасындай құрметтейді екен! Қарап тұрып-ақ көңілің көтеріліп, риза боласың! Тек Бек қана алынбайтын қамалдай қатып қалған еді. Тіпті Әділетпен дүкен аралағанда да, көңілі басқа жақта еді.
-Мына бала неге қыңсылай береді?-деді жақтырмай, маған жетектеп алып келіп.
-Біздің бала әлемдегі ең тыныш бала, біле білсең, кішкентай кезінде де жөні жоқ жыламайтын, мазаны алып. Демек бірнәрсе сұрап жүр...-дедім сөрелердегі заттарды қарап жатып. Шынында да балам ішімде жатқанда да, мені қинаған емес, менде тіпті токсикоз болған емес. Кейін туылғаннан кейін де жөнсіз жыламайтын. Тойған қозыдай ұйықтай беретін. Тіпті ойыншығына еңбектеп бара жатқан жолда да, жата қалып ұйқыға кететін...
-Ештеңе сұрап жатқан жоқ, мені әкемнен боқтап жүр, кім үйреткен?
-Балапан не болды?-дедім мен балама жақындап.
-"Әкенаус"-деп жылады балам.
-Ол не дегенің?-дедім мен таңқалып. Ол қолымнан сүйреді.
-"Әкенаус" алып берші-деді, жоғарыдағы сөредегі "микки маусты" көрсетіп. Қалай күлмейсің, жаным сол... Тек әкесінің қабағы ашылар емес...
Мен зорлап әкелгендей, менімен ырылдасумен болды. Теңізге келіп тұрып, бір ретте барып теңізді тамашаламады. "Жайықты жас кезімде ары-бері талай жүзіп өткенмін"-деп мақтанатын жігітім, көл-көсір құйылып жатқан ішімдікке тойып алып, моншадан шыға алмай үш күн жатты. Айлы түнде қол ұстасып қыдыру арман болып қала берді, ресторанға деп алған әдемі көйлек те киілмей қалды. Мен де ашуланып, балама айқайлап алдым, сосын еш кінәсі жоқ қаршадай баламнан кешірім сұрап, екеуміз құшақтасып жылап алдық та, әкесін жайына қалдырып өз бетімізше қыдырып кеттік.
-Мама, мото-мото! Қарашы!
-Ол не?-десем, "бегемот" дегені екен.
-Мама мен "азаби кратодил" көрдім!
-"Аранжевый крокодил" -де...
-Мама "филәтіви кратодил" болады ма?
-Жоқ, ол әншейін ойыншықтар ғой...
Ал ол болса, өз бөлмесіне кіріп алып телефонмен сөйлесумен болды. Жұмысы шығар деп ойладым. Басқа біреуі бар шығар деген ой, басыма кіріп те шықпады. Не деген ақымақ едім... Тек төртінші күні есін жия бастаған Бекті, жалынып жүріп, теңізге апарып бір сүңгіп шығуын өтіндім. "Келіп тұрып суға түспесе бақытсыз болады"- деген ырым бар емес пе, кейін арманда кетпесін дедім. Сонда да соның бақытын ойлап жүрмін, ол мені солай ойлай ма екен, әй-қайдам, мені ойлайтын адамға ұқсамайды!? Мүмкін менің қасымда баласы үшін ғана жүрме екен? Сол күні ұйымдастырушылар, бізді дүкен аралап шығуға шақырды. Әділетті әкесіне тастап, басқа әйелдермен, дүкен аралауға кеттім. Қайтып келсем, Бек тағы моншада отыр, "тойып" алыпты, ұйықтап қалған баланы ыстық буланып тұрған хамамға жатқызып қойыпты. "Ол өзімен-өзі жүр, бағана хауыздың ішінде, жүзетін дөңгелегін құшақтап ұйықтап қалыпты, қайта мен тауып алып осында әкеліп жатқыздым"-деп мәз болып ыржиып қояды. Есім шыққан менің тілім байланып қалды. Баланы көтеріп бөлмеге алып келдім. Әкесіне сенем деп айырылып қала жаздаппын ғой, сол хауызда ұйықтап қалған кезде дөңгелегі қолынан шығып кетсе, не болар еді... Ұйықтап қалған балам оянар ма еді? Төртке толмаған балам жүзе де алмайды... Ана хамамда ұйықтамақ түгіл, ояу менің жүрегімнің өзі көпке шыдамайды, ұйықтап жатқан баламның жүрегін періште қаққан екен... Қолымнан тек жылау ғана келеді. Неге мен сонша әлсізбін, неге ана жауызды қылқындырып өлтірмеймін? Неге оған кіндігім жабысып қалғандай, айырылмаймын? Неге одан ажырассам, аштан өліп қалатындай болады да тұрады? Неге?
Осылай "демалып" қайтып келдік. Ол бірден "жұмысына" жиналды. Алдымен жуынып алайын деп, жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Телефоны шырылдап қоймаған соң, бетіне қарап едім "Майгүл" деп жазылып тұрды.
-Алло?-дедім мен.
-Алло, кто это?-оның даусы өктем шықты.
-Его жена?
-Какая еще жена?-ол шынымен мені танымай тұр ма?
-Маралмын ғой!-тағы бірнәрсе айтайын деп едім ол тұтқаны тастай салды. Таңқалдым, не болды екен? Жұмыста ол жақта бір нәрсе болып қалды ма екен? Менімен қалай, қалай сөйлеседі, өзі!?. Осы кезде, орамалға оранып шыққан Бек киіне бастады. Мен оған қарап өз ойымнан шошыдым, жоқ, олай болуы мүмкін емес!? Ол еркектік қызметін атқара алмай, ауырып жүргенде, қыздар оны неғылсын? Әлде ақшасына қызығып жүр ме екен? Жоқ менікі жәй қызғаныш шығар, онсызда өзі қиналып жүргенде, ұрыс шығарып шаңырақты шайқалтпай-ақ қояйын. Оның үстіне кейінгі кезде арамызда жақсы емес. "Шыны үйде тұратын кісі, тас лақтырып ойнамас болар"-деп өзімді-өзім тоқтаттым. Балам екеуміздің қасымызда аман-есен жүре бергені жақсы емес пе? Тіпті мүгедек болып қалса да, жарымды қалай тастап кетемін. Ол да мені тастамас еді. "Жақсы жолдас ерттім дегенше, жарты жолдан өттім де"-деп халық айтқандай жұбайлар бірін-бірі сатпас болар...
Әкелген базарлықты ақтарып, түскен суреттерді көріп, көрген білгенімізді айтып, түрік тәттілерімен бәріміз отырып шәй іштік. Бірақ менің көңілімдегі көлеңкені, бәрін байқағыш келінім Гүлнұр сезіп үлгерді.
-Әкпе сіз тағы да азып кетіпсіз?
-Түріктің тамағы жақпаған шығар!?-дедім да, қойдым.
Негізі мен салмағымды біртіндеп жоғалта бастағаныма көп болды, бетім солып әжімдерім әжептеуір тереңдеп кетті. Ішкен-жегенім бойыма сіңбейтін болды, тамаққа деген тәбетім де төмендеп кетті. Басым жиі ауырып, жұмыс істемесем де, үйде еңсемді көтере алмай жата беретін болдым. Сонда теледидар да көрмеймін, кітап та оқымаймын, тіпті күндіз бір ретте ұйықтаған емеспін. Тек ауру адам сияқты жата беремін. Біреу менің қанымды сорып алып жатқандай күй кештім. Тіпті ертеңгілік ұйқыдан шаршап тұратыным соншалық, Бекке шәй беруге шамам келмейтін. Тек ол кеткеннен кейін ғана есімді жия бастайтынмын. Бұл не, жалқаулық па, әлде ауру ма? Қан қысымым түсіп кеткен шығар деп ойладым.
Есесіне Бек күннен-күнге жасарып бара жатты. Тіпті көптен көрмеген достары "жас қатын алғансың ба"-деп қалжыңдайтын да. Терісі сүйегіне жабысып тұратын жігіт, әжептеуір қарны шығып, беті қызарып шыға келді. Кешке жұмыстан қанша шаршап келсе де, ертесіне сағат жеті болмай-ақ, ұйқысынан сергек оянып жұмысына көңілі көтеріліп кететін. Тап менің қанымды ішіп жүрген "қанішер" сияқты.
Алғашқы жылдары өміріне, бұрынғы әйеліне деген өкпесін айтып жылаумен болатын. Мен барлық күшімді оны сол тұңғиықтан алып шығам деп жүріп, сол тұңғиыққа қалай өзім түсіп кеткенімді білмей қалдым. Ол маған қолын созып көмектесу ойына да келмеді, қайта менің тұңғиықта тыпырлап жатқан мені одан сайын ашуландырып, содан ләззәт алатындай көрінетін. Мені әбден ашуландырып, жылатып алатын да, өзі ештеңе болмағандай тәтті ұйқыға кететін. Мен көпке дейін ұйықтай алмай жататынмын. Кейінгі кезде ол жоқ жерден, ұрыс шығарып отырды. Бір күні жұмыстан кеш келді. Шаршап келгенін көріп, ештеңе демедім. Тамағын жылытып алдына қойдым. Ол аш адамға ұқсамады, селқос қасықты қолына алды да, дәмін татып көрді де;
-Мынаны сұйық майға істегенсің бе?-деп табақты итеріп, маған атыла қарады. Көзінен ашуды көріп қорқып кетсем де, өзімді ұстап;
-Саған тигелі бес жыл ішінде, күнде тек қана сұйық маймен тамақ істеп келемін. Мен ешқашан сарымай, құйрықмай немесе зәйтүн майына тамақ істеген емеспін...-дедім ақырын ғана. Өзінің артық кеткенін білді ма, әлде бәле іздеп отырғанын мен сезіп қойған соң ұялдыма, кім білсін әйтеуір, табақты кері тартып үнсіз тамағын ішті. Мен де үндемедім.
Мен білетін Бекті біреу ауыстырып қойғандай, күннен-күнге өзгеріп бара жатты. Өзі де, сөзі де өзгеріп бара жатты. Біз жаңа кең пәтер алып, сонда көшіп бардық. Бұрынғы үйіміз ескі үйден алынған, іші дым сасып тұратын, балам да ауыра беруші еді. Мынау жаңа үй, іші кең, құрғақ, жылы, әрі үлкен терезелерінен күн шуағы молынан төгіліп тұрады екен. Балам екеуміз мысықтар сияқты күнді жақсы көреміз. Терезе алдына Бектің мен баламды босанғанда маған сыйлаған фикус гүлін қойып қойдық. Әкелгенде алақандай ғана гүл, баламмен бірге өсіп, кәдімгідей бұтаққа айналып бара жатты. Қайда көшсек те, соны көтеріп алып жүруші едік. Қазір де ол бізбен бірге жаңа үйге келді. Уайым-қайғы ескі үйде қалып, жаңа үйде жаңа өмір бастасақ екен!... "Адал көршісі бар, алаңсыз ұйықтайды"-деп алдымен көршілерді жинап, дастархан жайдық. Сондай жайдарлы, жақсы кісілер екен. Әділетпен жасты балалары бар, жақсы болды, құдай қаласа, әдемі аулада бірге ойнап, мектепке бірге барар...
* * *
Бәрі бітті!!! Бәрі!!! Махаббат та, басқасы да! Себебі? Себебі мен Бекпен ажырасымын! Шыдамның да шегі бар, менің қандай жазығым бар еді...
Қарашаның жетісі Бектің туған күнін тойлап отырмыз. Бек қасына бір танысын ілестіре келіпті. Әбілжанды шопыр қылып алыпты.. Ол оны үш жыл бұрын жұмысқа алған. Марат келіншегімен, және Самал үшеуі банктен коллекциялық алтын теңге сатып алып келіп сыйға тартты. Әдеттегідей Бек сөйлеп отыр, біз тыңдап отырмыз, өзі ресторанға келмей тұрып-ақ ішіп алыпты. Сондағы бар айтатыны менің үрім-бұтағым...
Сонау арғы атамның большевиктерге бағынбай, алтынын жерге көміп, малын тауға алып қашқан арғы атамнан бастап, кешегі інім Мараттың маи қызметкері болып жүргендегі алған 2000 тг пара алып жұмыстан шығып қалғанына дейін танысына тәптіштеп айтып жатты. Мараттың қазіргі тапқан ақшасы арам, бала-шағасына алып берген тамағы харам екен. Өйткені ол бір парақордың (оның ойынша) шопыры. Құдайға шүкір, Марат мен үшін өзін-өзі ұстап отырды. Менің әке-шешемде маған дұрыс тәрбие бермеген екен... (осы кезде кезіндегі Жидегүлі сияқты, өзін атып ұрсам ғой шіркін, каратэге барам ғой осы ерегескенде). Жарайды, мас қой, үндемедік.
Соңғы кезде өзіне жал бітіпті. Аузынан "ақ ит кіріп, көк ит" шығады. Кейде, осы менің баяғы батыстың момын жігіті Бек қайда деп ойланамын. Өзінің сөз саптауы да, қатынға қарауы да біздің оңтүстікке ұқсап барады. Осының миын тазалап жүрген қай досы екен деп ойладым. Жанындағылардың бәрінің әйтеуір менімен сәлемі түзу. Бірақ Бек қатты өзгеріп кетті. Кейде оған "Мен сені танымай барамын, бұрынғы Бегімді қайтаршы"-деп те айтқан күндерім болды. Қаншама рет "жаным, балам екеуміз сенің бір қарағаныңа зәру болдық қой, бізге де анда-санда назар салып қойсаңшы" дейтінмін. Кейде "ақшаның түбіне жетпессің, жұмысты азырақ жасап, ақшаны азырақ тапсаңда жетеді ғой, жаныңды қинамашы" деп жалынған күндерім де болды. Ол болса "сен қатын үйде отырып, әбден ішің пысқан екен" деп мазақтайтын.
Ертесіне көзімді ашсам, тұрып алыпты. Мастығы тарқаған шығар деп
-Кешегің не?-дедім
-Аузыңды жап, өңкей жатыпішерлер, сен кімсің маған сөйлейтін, анаңды...-дегені бар емес пе? Анамды боқтағаны жаныма батып, ашуға булығып ыза болған менің аузымнан, шешем әкемнен жиі еститін, мен білетін жалғыз ауыз жаман сөз еріксіз шығып кетті...
-Сенің шешеңнің...
Бойы жеккөрінішке толған Бек мені бір ұрып құлатты да, үстімнен басып отырып жұдырығына бар күшін салып, басымнан жеті рет соққы берді. Сосын бері қаратып алып, кеудемнен жұдырақтамақшы болып еді, білегіммен төсімді жауып алдым. Онсыз да, былтырғы соққысынан кеудеме қан ұйып қалған еді. Сол асқынып кете ме деп қорықтым. Көзінде махаббаттың ізі де жоқ, керісінше қатыгездікке тола еді. Тіпті ұйқысынан шошып оянып, бізге қарап қорыққанынан жылай да алмай отырған беске толмаған Әділетті де елеген жоқ...
Осы кезде үйге Әбілжан келмегенде, ол мені өлтіретін бе еді, кім білсін?
Өзі мас болған соң, рольге отыр деп, шақыртқан Әбілжан әкпесін тоқпақтап жатқан жездесін, белінен ұстап, қолтығына қысты да сыртқа алып кетті. Бойы оның белінен келетін Бек, тыпырлап қанша қарсыласса да, батыр денелі жиенімнің қолтығынан босай алмай, сол аяқ-қолын ербеңдеткен күйі кете барды. Демек шамасы әлсіздерді ғана тоқпақтауға жеткені ғой, сорлы емей немене? Мен болсам, балам мен бауырымның көзінше, қаншама жыл қойныма алып жатқан адамнан таяқ жеп қала бердім, қорлық емей немене?
Оның мастығы бір жұмаға созылды. Істеген ісіне мақтанып, маған "өзіңе сол керек" деп күліп қояды. Ал менің жаным әр жеріне қан ұйып қызарып қалған басымның ауырғанын сезер емес, өйткені жанымның өзіне түскен жара қансырап жатты... Жүрек ұйқыға кеткелі қашан, қуануды да, қайғыруды да сезбейтін сияқты... Мен мұны ешқашан кешірмеймін!!!
Кезінде қара суды бөліп ішкен, жылы сөзбен жүрегіңді жібітіп жаныңа жылу берген, құрсағымдағы баламен болашағыңа сәуле берген, жүрегіңе үміт отын ұялатқан, саған сеніп, әлі де "бәрі жақсы болады" деп қайталаудан жалықпаған, жігеріңе қайрат болып, көңіліңе қанат болған мені астыңа салып, басымнан айызың қанғанша бокстайтындай не жаздым саған? Қазір ғой сенде бәрі бар, ақша, билік, дос-жаран, тума-туыс, үй, машина... Сен бір жыл бойы қаңғып, қайда баратыныңды білмей жүргенде солар қайда болды, айтшы?. Сен қайда қонып жүр, не ішіп жүр, киімін кім жуып жүр, тамақты қайдан ішіп жүр, араққа салынып кетеді-ау, денсаулығын құртады-ау, бір жерде өліп қалар ма екен деп бір адам баласы сені іздеді ме? Сол кезде, ешкімі жоқ жетім баладай болып жүрген сені, өз баласындай бауырына басқан менің жанұям, саған не жазды? Сол кезде сені, "балам" деген менің анамды боқтауға қалай дәтің барды? Неге кеше оның тамағын ішіп, бүгін ыдысына түкіріп отырсың? Мені қаршадай баламның көзінше ұрғаның былай тұрсын, сол күні халімді көре тұра, кешірімді бол деп маған басу айта келген шешемді де "неге араласады"-деп ұрғың келді ғой. Сол кезде ілесіп келген Жайық "қой" демесе шешеме де қол жұмсар ма едің? Ол кісі ешнәрсеге қарамай, сенің бетіңнен сүйіп "балам"-деп амандасты ғой? Сен оны да түсінбедің?
Енді неге мен кетіп қалмаймын, неге мен әлі сенің қасыңдамын. Бұл сол "ажырассам ел не дейді?" -деген қорқыныш па? Өзімді неге ойламаймын? Бұл сені сүйгендіктен бе, жоқ әлде осы бес жылда бауыр басып қалдым ба? Бұл біздің қазақтың қызына "не де болса көн, етің сенікі, сүйегің менікі" деген тәрбиенің жемісі ма? Жоқ әлде сенің жанарыңдағы жеккөрініштің ішінен, бес жыл бұрынғы маған деген құмарлықтың ұшқынын іздеймін бе? Маған бәрінен де қатты бататыны, бір күні баламды алып кетіп қалсам, сен бізді іздемейтінің. Бәлкім мұндай қасиет сендердің қандарыңда бар шығар? Сонда бәрі де бекер болғаны ма?
Ақырына келгенде қиналатын өзім. Мен сені бәрібір сағынамын ғой, тіпті көшкен кезде көршіңді де қимайсың ғой. Сол сияқты сенімен қанша жыл бірге тұрдық, баламыз жақында беске келеді. Құдай қаласа, сүндетке отырғызамыз, той жасаймыз. Бірақ ол сені сағынып іздегенде, мен не деймін? Сенің иісіңді оған қалай жеткіземін, оны қалай жұбатамын, өзімді қалай жұбатамын? Ал сен соның біреуінде сезбейсің. Менің бұрынғы Бегім қайда, қайтарып берші маған!? Сенің алғашқы кездегі шексіз мейірімің қайда кетті, жүрегің неге тасқа айналды, көзің неге қатал, қолың неге қатты, сөзің неге удай болып кетті? Неге? Не істесем екен? Қорлыққа көніп, тұра берсем екен, жоқ баламды жетектеп төркініме кетсем бе екен? Ел не дейді? Осы елдің көңіліне қарағанды қашан қояды екем? Білмеймін. Бір білетінім сені мәңгілікке жоғалттым, қош бол!
Бұрын терезеге қарасам сені күтетінмін. Енді терезеге жақындасам, секіріп кеткім келеді. Не істесем екен? Не істесем де, көңіліме қуаныш әкелетін ешнәрсе таба алмадым. Бәрі бекер, бәрі далбаса...
* * *
Кейінгі кезде менде қатты өзгеріп кеттім. Ашушаң, Бекті көрсем болды, қаным басыма бір-ақ шығатын. Одан ештеңе өндіре алмаған соң, ашуымды баладан алатынмын. Жаным, сүйкімді балам менің. Жаңа ғана маған ренжіп, жылап отыр еді, енді өзін "тілімді алмасаң ұрам"- деп қорқытқан белдікпен ойнап отыр. Жылататын да өзім, жұбататын да өзім. Біресе еркелетіп, біресе ұрсып тастаймын.Өзімдікі дұрыс емес екенін білем. Біле тұра өзімді тоқтата алмаймын. Әлім келгені осы бала."Жаным сол, мамаңды кешіресің бе?"-деймін құшақтап, ол басын изеп бетімнен сүйеді, сосын тағы құшақтасып жылаймыз...
Әділетті сүндетке отырғыздық. Нағыз жігіт, қыңқ деген жоқ. Тіпті хирург өзі таң қалды:
- Балаларың қазақша түсіне ме?- деп сұрағанда біз таң қалдық.
-Әрине, қазақ қой!
-Қайдан білейін, алдайын деп ананы бір сұрап, мынаны бір сұрап едім, "көп сөйлемей тірлігіңді істе"-деді ме, маған бір қарап қойып, шалқайып ойыншығымен ойнап жата берді ғой!
-Батыр ғой, менің балам, нағыз батыр!-деп әкесі мәз. Оның орнына менің көзімнен жас тоқтамады. Бұты қан-қан болып, қаннан қаперсіз жатқан баламды көріп жылай бердім. Жанды жері қатты ауырған шығар деп ойладым.
-Мамасы неге жылай береді?-деп сұрады әкесінен дәрігер.
-Қатындар ғой, жылағанды жақсы көреді.
-А-а!
Алдын-ала дәрігерге барамыз, шопамайды тазалайды, сосын саған папаң көп ойыншық алып береді деп айтып өзімше баламды дайындап жүргенмін. Енді міне сол ойыншықтардың ортасында ойнап отыр. Анда-санда ойыншығы тиіп кетіп, "ай"-деп қояды. Мен жүгіріп барамын.
-Не болды?
-Ештеңе.
-Ай!
-Не болды?-деп тағы қорқып кеттім.Ойыншығы тиіп кетіп қанатып жіберіпті. Кішкентай батырым:
-"Не болды, не болды?" деп сұрай бермеші! Розагүл болды!-деді балам қан-қан болған бұтына қарап. Күлейін ба, жылайын ба!? Қалжыңдап қояды өзі!
Баламның жігіт болғанын атап өтіп, сүндет той жасайық дедім. Бек үзілді-кесілді қарсы болды.
-Сен айтқаныңды маған біртіндетіп істетіп, басыма шығып келе жатсың. Бар ойың әке-шешеңді, бауырларыңды шақырып той жасау ғана ғой, ақща шашып. Саған олар керек пе, мен керекпін бе, таңда?
-Келсе несі бар, мені алғалы біреуіне есік көрсеткен жоқсыңдар ғой.
-Осы үйге кіріп-шыққанына рахмет айтсын. Менің айтқаным қашан болады. Досжаным менімен бірге тұрғысы келеді. Сен оны кіргізгің келмейді.
-Ол бала екеуміз қалай бірге тұрамыз. Ол шешесі екеуіңнің ажырасқандарыңа мені кінәлап жүрген бала ғой. Біз қалай бір үйде тұрамыз.
-Сен кімсің сонша, сөйлеме, той болмайды, ақша жоқ.
Бір аптадан кейін Досжанды алып, "ақша жоқ" деген Бек, Түркияға он күнге демалуға кетті. Баласы денсаулығына байланысты, шетелдегі оқуын жалғастыра алмады. Мен ештеңе демедім, киімін түгендеп салып беріп, шығарып салдым. "Хабарласа берме, қасымда Досжан болады" -дедің. Бірге тұрғанда не істейді екенбіз. Егерде мен осының бәріне көніп, көз жұмып қарасам, уақыт өте келе күң болатыным анық. Менің сөйлеуге, күлуге, өз ойымды айтуға қақым жоқ сияқты. Ал егер көнбесем, Бектен кетуім керек. Тек солай ғана мен бостандыққа шығамын. Ол үшін қыз тусам деген арманымнан бас тартуым керек. Өз ісімді ашсам жақсы болар еді. Бірақ Бектің сенің қолыңнан ештеңе келмейді, ештеңе істей алмайсың деп ылғи да төмендетіп отырғанынан, өзіме деген сенімімді жоғалтқалы қашан. Өз бағамды төмен түсіріп алғанмын. Өзіме деген сенімді қалай қайтарсам екен? Менің батылым жетпейді-ау, ол соны біліп, мені басынады ғой. Не істесем де, көнеді, ешқайда кетпейді ойлайды. Ал мен ол өзгереді, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Солай өміріміз өтіп жатыр. Онықы рас болып шықса ше? Өмір бойы осылай қорлағанына көніп жүре беремін бе? Не істесем екен, айтшы?
Ол Түркиядан келе сала, үйге соқпай әке-шешесіне кетті. Ал мен Раисаға барып, жылап-сықтап, өмірге өкпемді айтып шерімді тарқатып келдім. Ойланып отырсам, ол мені мүлдем адам қатарына қоспайды екен. Менімен адам сияқты сөйлеспейді. Ол ол ма, мені қойып, әке-шешемді, бауырларымды балағаттап, менсінбей отырады. Шіркін, өзінің өткенін қопарса ғой, біраз былық шығатынына күмәнім жоқ. Олай дейтінім, менттерді ерекше жек көреді, өзін кезінде біраз қинаған сияқты. Әйтпесе бүкіл үрім бұтағымен, жылы отырған жерінен көтеріле көшпес еді. Бізді қойшы, ауылдан жұмыс таппай, күнкөріс үшін келдік. Ал Бектің айтуы бойынша олардың өз бизнесі болған, ешқашан ақшалай қысылмапты. Басқа ештеңе айтқан емес, тура бір тыңшы сияқты, тек мен туралы тәптіштеп сұрай беретін. Әйелге тән қулықтан жұрдай мен одан ешнәрсе жасырған емеспін. Жасыратын да ештеңе жоқ, біздің тұқымда түрмеде отырмақ түгіл, ажырасқанда ешкім жоқ, ауылға үлгілі жанұя болдық. Мен соны мақтан тұтатынмын! Сондықтан болар, оның жанұямды балағаттауы маған ауыр тиетін. Не деген қараңғылық, не деген тәрбиесіздік. Өзіне сөз тисе ғой, төбелесе кетеді. Кезінде мұғалім болдым деп еді, балаларға қандай тәрбие берді екен! Мұғалім деп менің ұстаздарымды айтсаңшы! Мамам мектепке келгенде, әсіресе ер адамдар балаларына берген тәрбиесіне тәнті болып, қалпағын шешіп алдында басын иіп сәлем беретін! Сол бүкіл ауыл болып сыйлаған шешемді боқтауға оған болады да, маған сөзін қайтаруыма болмайды ма? Оңбаған, өзі Жидегүлдің тоқпақтағанын сағынып жүрсе керек. Мен ол әйелді енді түсіне бастадым. Мынаның қасында кез-келген әйел жынданып кетер... Оны да сондай халге жеткізген өзі шығар. "Жібекті түте алмаған жүн қылады, қызды күте алмаған күң қылады"-деген сөз осыдан шыққан шығар!
Енді міне Досжанды алып келем, бізбен бірге тұрсын дейді. Кезінде телефоннан Әділеттің даусын естісе қиналады деуші едің, енді қалай ол қиналмай сені біздің қасымызға сені жатқызып қояды екен? Досжанды Әділеттен әлдеқайда биік қояды. Бір күні Әділет қауын жеп отырып қақалып қалды. Қауынның кесегі өңешіне тұрып қалып, балам дем ала алмай көгеріп кетті. Жедел-жәрдем келгенше, баламның өмірі үшін қалай алысқанымды көрсең ғой. Сол кесекті түсірем деп білгенімді істедім. Ақыры дәрігер жеткенше дем ала бастады, бірақ әлі де өңешінде тұрған кесекті, үш жасар баламды төрт дәрігер ұстап тұрып, арнайы зонтпен итеріп түсірді. Сонда жанұшыра саған хабарласқанда "Мен Досжанның желдеткішін жөндеп жатырмын, бөлмесі ыстық екен"- деп он сегіздегі балаңды желпіп отырмап едің. Бізді тіпті үйге де алып келмедің, үстімде халат, аяғымда сүйретпе, қолымда қорқып қалған баламды көтеріп өзім келдім.
Досжан сол кезде Қытайдан ауырып келіп, емделіп жатқан. Сен күнде кешкі тоғызға дейін бітпейтін жұмысыңды, күнде төртке дейін бітіріп, балаңның көңілін аулауға кететінсің. Сол жазда мен де ауырып, автобуста есімнен танып қалдым. Үйге келіп, басым айналып, құса берген соң, дәрігер шақырттым. Саған хабарласып, Әділетті қарайтын адам жоқ деп едім,"менің де уақытым жоқ, ауыратын уақытты тапқан екенсің"-деп келмедің. Баламды өзіммен бірге ала кеттім. Сол есіңде ме? Кейін невропотологте ем қабылдадым. Жап-жас болып мені осындай хәлге жеткізген сен екеніңді білемісің?
Осылай уақыт өте берді. Ертеңгілік шығарып саламын, кешке келесің. Кейде сөйлесіп қоямыз. Кешке сен келдің, көңілдісің.
-Кешке дейін не істедің?-деп қоясың.
-Не істесем екен деп ойландым.
-Дұрыс, ойланып тұрған дұрыс...
-Ажырасайық деп шештім.
-Жарайды, ажырасайық!
-Сонда мені сол хәлге әдейі жеткіздің бе?
-Өзің ғой, енді...
Көзімнен жас шығып кетті. Ол сонда ғана ісіп кеткен бет-аузымды байқады. Темекі шегіп келді де, құшақтап шашымнан иіскеді. Ішім жылып сала берді. Сорлы басым, шынымен-ақ мұны әлі жақсы көремін бе, әлде мені дуалап қойды ма екен?...
Көктем бітіп жаз келді. Мен ауылға жиналдым. Сен ерекше қуанып шығарып салдың. Жол-жөнекей дүкенге кіріп тәттілер алдым. Әділет сені жетектеп бір нәрсе сұрап жүр, сен түсінбейсің.
-"Писосед" алып берші, пи-со-сед!
-Мынау тағы шетелше сөйлеп жүр, аударшы? -дедің маған күліп.
-Велосипед дегенге тілі келмей жүр...
-Аа, велосипед пе, сен нағашыларыңа барып кел, мен саған велосипед алып қоямын, жарай ма?
-Жарайды!-деді балам да қуанып.
Тіпті жұмысыңнан келіп, сөмкемді көтерісіп, Әділетті жетектеп жүгіріп жүрсің, таңғалдым. Оның себебін кейін білдім, мен кете сала екі сағаттан кейін, жаныңа Досжанды көшіріп алыпсың... Сенің бақыттан басың айналып, маған "асықпай, бір ай жатып демал" деп қоясың. Ары қарай қалай болады, шаруаң жоқ.
Ауыл! Күнделікті бітпейтін күйбең тіршілігі ма, жоқ әлде қаланың айқай-шуынан алыстығы ма, әйтеуір көңілің тыныш, нағыз демалыс! Ешқайда асықпайсың, уақытқа тәуелділікті бір сәтке ұмытып, жаның тынышталып қалады. Әсіресе Әділетімнің қуанышында шек жоқ. Көршінің балаларына қосылып алып, үйге кірмейді, күні бойы таза ауада ойнап, тамақ ішіп, кешке сұлап түседі. Шаң-шаң болып жуынуға шамасы келмей, кешкі тамақ үстінде ұйықтап қалады. Қалада уақтысында ұйықтата алмаушы едім, енді міне кейде түсте де өзі ұйықтап қалады. Ауладан кірпішешен тауып алып, соны қызық көріп, бір ай бақты. Оны балалар қызықтап, "өля-өля!" дей берген соң, атын Оля деп қойдық.
Аудан орталығындағы сыныптас, парталас құрбымды іздеп барып, екеуміз балалық шаққа біраз "саяхаттап" келдік. Бірге оқысақта, бір ауылда тұрсақта мен білмеген нәрселер көп екен. Раушан айтқан әңгімелерге таң қалдым. Раушан есепші оқуын бітірген соң, аудан орталығында ең бірінші болып шаштараз ашып, "байып кетті" деп естігенім бар еді. Раушан паралель кластағы Көлбайға тұрмысқа шығыпты. Сол байына біздің кластағы Құмар әлі тыныштық бермейді екен. Ол екеуі жетінші сыныптан бастап төсектес екен!
-Кім екеуі?-мен таңқалдым!
-Көлбай бен Құмар!
-Жетінші кластан бастап па? Ол кезде он үште емеспіз бе?
-Ия, оны сен ғана білмейтінсің. Сен тіпті ештеңе білмей, ештеңе көрмей өстің емес пе!? Кештерге бармайтынсың, біз сияқты арақ ішпейтінсің, темекі шекпейтінсің.
-Мә, сендер ауылда жүріп-ақ, соның бәрін бүлдіріп жүрдіңдер ме? Әке-шешелеріңнен қорықпадыңдар ма?
-Білдіртпейтінбіз ғой.
-Құмар күйеуге тиген жоқ па?
-Байы, үш баласы бар.
-Енді сенің байыңда не шаруасы бар? Байынан қорықпай ма?
-Байы Астанада құрылыста жұмыс істейді, жылына екі-үш рет қана келеді. Ал Құмар осында, аңдығаны менің байым. Оның байы да жынды, жас қатынын айлар бойы тастап кетеді, әрине ол қыдырады. Кім оның жасында байының етегіне намаз отырады дейсің? Өзімен бірге алып кетпей ме?
Мен өзімді ойладым. Бек қанша менен теріс айналса да, оның көзіне шөп салу ойыма да келген емес!? Екі адам үй болып қосылған соң, бір-біріне адал болу керек емес пе?
-Менікі де (байын айтып отыр), жетісіп тұрғаны шамалы, есіл-дерті "әркімнің етегінде, нәпсінің жетегінде"...-деп әңгімесін жалғастырды Раушан.
-Қалай шыдап жүрсің?
-Қайтесің енді.., оның үстіне өзі жұмыс істемегелі қашан, асырап отырған мен! Қарызға белшемізден баттық, несиеміз тағы бар... Жұмысым бұрығыдай табыс әкелмейді. Қазір базардың ішінде қаншама шаштараз бар... Кезінде, менің дәуірім тасып тұрғанда, мені ғана жағалап жанымның қалауын тауып жүрген бұл, кейін өзіне де ақша біте бастағанда әбден құтырып, қыдырып кетті емес пе? Ол аздай, бір иісі қазаққа жат, араб діні келіп, қызымызға байға тимей жатып, хиджап кигізіп, ұлымызға "бесіктен белі шықпай жатып" сақал қойдырып, "еркек үш-төрт қатын алу керек" деген заңды насихаттап, тіпті талай таза жүрген ер-азаматтың бұзылуына себеп болды емес пе? Қазір қайтадан, қолынан ақша кетіп, басынан дәурен өтіп, иттей болып өзіме келді...
-Енді оны неге ұстап отырсың, әлде жақсы көресің бе?
-Жоға, тек ауылда ажырасқан деген жаман атқа қалғым келмейді. Мұнда ажырассаң болды, сені бәрі еркегінен қызғанып, отырыстарына шақырмай, шеттетіп аурудай қашқақтап жүреді. Мені қойшы, өз әңгімеңді айтсаңшы.
-Менде бәрі жақсы, қазір баламмен үйдемін. Жолдасымның табысы жақсы, құдайға шүкір, ештеңеден қысылып жатқан жоқпыз. Жолдасым жақсы адам, маған адал екеніне күмәнім жоқ, мен де оны жақсы көремін...
-Әйтеуір сенің жолың болыпты ғой! Бірақ сен баяғыдан адал, ешкімнің жолын кеспеуші едің ғой, керісінше бәріне көмектесіп, бір апа қойын жоғалтса соны іздесіп, немесе біреуге дүкеннен нан ала келіп жүретінсің. Мүмкін солардың алғысы шығар... Ал менің жылатпаған адамым жоқ шығар, тіпті жігіттермен төбелесіп, қыздарды жылатып, мектепте бәрінің жанын шығаратынмын. Мүмкін солардың көз жасы шығар...
Осы әңгімеден кейін ойға қалдым... Шынында да, неге біздің азаматтар, әсіресе ер азаматтар жеңіл жүріске салынып бара жатыр!? Неге ешқайсысы, адал жарын, анасын, баласын қорғамайды? Жасы да, кәрісі де, ойлағаны біреу-ақ, арманы да біреу-ақ, "басқа қатын алу!" Неге "ертең мен де қартаямын, сонда ел бетіне қалай қараймын, қалай балаларымның бетіне қараймын, қай бетіммен оларға бата беремін?" -деп ойламайды?Қартайғанда өз отбасыңда, ата-бабаңды көрген бәйбішеңнің қасында, бала-шаға ортасында сыйлы қарт болып отырғанды армандамайды. Сол отырыс ең әдемі отырыс емес пе? Неге әдемі қартаймайды екен? Неге отбасын қорғамайды? Отбасы деген, кішкентай Отаны емес пе? Сол Отанды қорғай алмаса, еркек болып неге жүр? Отанды еркек қорғамағанда кім қорғайды? Бұл іске олар неге бой алдырады? Іші пысқаннан кейін ба? Іші пысса, әйелі екеуі бірге көңіл көтерсін? "Әйелдер бізді түсінбейді, басқамен бөліскісі келмейді, бәрі өзімдікі болса дейді" деп әйелдерді кінәләйді. Ал өздері ше? Өздері сол сүйген жанын біреумен бөлісе ме? Сонда, біз адам емеспіз бе? Бір әйелден, бір әйелдің несі артық? Неге көңілдерін тек осылай көтереді?
Неге өмірлерін өзгерткісі келсе басқа жол таңдамайды? Неге бәрі Қазақстанға жаңадан бір нәрсе келсе, соған жаппай ілесіп кетеді? Мысалы, "адидас пен мантано" келсе бәрі киіп алу керек, немесе "сетьовой маркетинг" келсе бәрі соған жазылуы керек, немесе секта ашылса бәрі соған алдануы керек!? Неге? Мүмкін, осының бәрі біздің балаға дұрыс тәрбие бере алмай жатқанымыздықтан шығар!? Мүмкін біз, өсіп келе жатқан әр балаға өз жолын табуға көмектессек, әр балаға өз қалауын табуға көмектессек бұлай болмас па еді!? Мысалы бір баланы жылқы баптауға үйретсек, ал біреуіне машинаға деген құмарлықты оятсақ, біреуіне кесте тігуді, біреуіне спорт, біреуіне домбыра ұстатсақ, біреуіне тағы бір қасиетті құйсақ... Мүмкін сонда олар әркімнің айтқанына ілесіп жүре бермей, өмірде өз дегені, өз қалауы бар азаматтар болып өсер ме еді!? Қазіргі қазақтың арманы тоқал ғана болды ғой... Қалай үндемей қаласың? Қалай жазбайсың енді, қалай? Күнделігім қайдасың?
"Жаңа қазақтың" арманы!
Қазіргі қазақтың арманы,
Ойлама, сол ма деп болғаны!?
Бір тоқал алу ғой қашанда,
Қызықтыра алмайды қалғаны.
Сол ғана бар ойы демегің,
Ішінде бәрі бар "кеменің".
Қалтаңның жағдайын білдірер,
"Мен тоқал аламын!" дегенің.
Бизнеспен әуреге салғаның,
Күлкі мен ұйқыдан қалғаның,
Қайырымдылық жасама, байысаң,
Дәлелі, жас тоқал алғаның!
Спорт па, қойшы тым қатал ол,
Темірі жауырынға батады ол,
Оданда сол күшке қатын ал,
Тып-тыныш, қойныңда жатады ол.
Біреулер табиғатты тамашалап,
Азайып кеткен аңды арашалап,
Әуре боп жүргенше жатпайды ма,
Іші пысса, қатынды "жаңашалап".
Біреулер қару сайлап аңға шығып,
Біреулер арқан алып тауға шығып,
Жатпайма екен, тып-тыныш ел сияқты,
Құшақтап, еркелетіп бір ғашығын.
Біреулер шөл далада құмды зерттеп,
Ондайға көрмеппіз-ау тіпті беттеп.
Одан да бәйбішенің қанын ішсең,
Тоқал ала саласың, айтса "кет" деп.
Компьютер ойлап тауып жапон әлек,
Қазаққа қайта-қайта айфон керек.
Ешнәрсе ойлап тауып керегі жоқ,
"Үй соқтым, қатын алдым, ектім терек!"
Етікті Италияда тігіп жатыр,
Иіссуды Францияда төгіп жатыр.
Бүкіл қазақ еркегі "романтик" қой,
Гүлімді Голландияда-ақ егіп жатыр.
Ақылды айта берме, миды қашап,
Кредит бар, қалса егер қалта босап.
Неге ештеңе жасамайды дейсің қазақ,
Жатырмыз ғой апта сайын, тойды жасап.
Құраннан бір-ақ сөзді жаттап алдық,
Солайша өзімізді ақтап алдық.
Мұсылман төрт қатынды алу керек,
Деген салтты қуана сақтап қалдық.
Осы заң ғой құлағына жағатын,
Намаз оқып, санағанда сағатын.
Осы заңда мақсат қылып алдына,
Ерінбестен мұсылман боп қалатын.
Қайда кеттің баяғының батырлары,
Қайда қалды жауға шауып ақырғаны,
Қазіргі қазағымның "батырлары",
Еркекті "тартып алған" қатындары!
Қалаға кететін кезде Әділет кірпісін алып кетем деп айырылмады. Ертесіне төңкеріліп жатқан қорапты көріп, "қашып кеткен" досына әбден өкпеледі. Жаным сол, кірпі емес, әкең екеумізді де үйіне кіргізгісі келмей жүр емес пе? Бүгін хабарласып, "қайтайын деп жатырмын" деп едім, тағы біраз күн бола тұр, мен іс-сапардамын, сосын келесің дегені бар емес пе!? Сонда баласын мен жеп қояды дейме екен, ол да мен жоқта келді ғой, ештеңе етпейді. Әлде жасырған тағы бірдеңесі бар ма екен? Шыдамай жолға шықтым.
Балаң үйде екен, сәлемдесіп жайғаса бастадық. Ол шығып кетті. Сен хабарластың:
-Неге ерте келесің?
-Не болады екен, менің де үйім емес пе?
-Егерде, Досжанды ренжітсең, аямаймын, ұрып өлтіремін, үрім-бұтағыңмен өртеймін.
-Ішіп алғансың ба?
-Шаруаң қанша, сенің?
-Қайдасың, қашан келесің?
-Сен кімсің мені тергейтін, шаруаң болмасын!
Мен оның қасында біреу бар екенін сездім. Ол қасында біреу тұрса, менімен солай сөйлесетін. Осылайша өзін күшті қылып көрсеткені. Бірақ мен ол қасындағы адам әйел болуы мүмкін деп ешқашан ойлаған емеспін. Не деген аңқау едім!
Баласы сол кешке кеткеннен, таңертең сағат алтыларда келді де, ұйқыға кетті. Түнгі клубта болған сияқты, иісі үйді алып жатты. Өзі бір әкесі сияқты бейғам екен. Кеше үтікті өшірмей кетіпті, есікті артынан ешқашан жаппайды екен, ауылдағыдай ашып тастап кете береді екен... Үйге келгенде, аяқ киім ауыстыруды да ұмытып кетеді екен, артын ешқашан жинап жүрмейді екен... Ол жуынғаннан кейін, жуынатын жерге тіпті менің балам да жақындағысы келмейді. Қырған сақалының қалдығы, көкпеңбек болып жатады... Бекті тазалыққа әрең үйретіп едім, енді баласының артын тазалап жүретін біреу керек. Дегенмен ештеңе демедім. Түстен кейін Әділет екеуміз далаға шығып кеттіп-ек, Бек хабарласты. Амандаспай жатып
-Неге оған таңғы ас бермейсің?
-Ол ұйықтап жатты ғой.( Әділет беске келгенше бір рет тамағын ішті ме деп сұрадың ба?)
-Неге оны жалғыз тастап кетесің?
Не дерімді білмедім. Оның жасы жиырмада ғой! Тіпті кішкентай Әділетті де, ауырып қалғанда құлыптап кетіп, дәріханаға барып келетінмін. Мен болашағыма қорқынышпен қарадым, мынаның басталуы жақсы емес.
Үйге келген соң пицца пісіріп, теледидар көріп жатқан баласын шәйге шақырдым. Ол менің қолымнан ештеңе ішпейтінін, жиіркенетінін айтты.
-Онда неге менімен тұрғың келді?
-Мен әкеммен тұрғым келді. Сіз менің әкемді шешемнен алып кеткен, сізді ешқашан кешірмеймін.
-Сен ештеңе білмейсің ғой...
-Мен бәрін білем, сіздің кесіріңізден біздің көрмегеніміз жоқ.
-Үйді босатып берейін бе?
-Еркіңіз білсін, сізді көргім келмейді.
Осымен екеуміздің арамыздағы әңгіме бітті. Мен Бекке хабарластым.
-Баламның айтқанын істе-деді ол.
-Мен онда кетейін, сен Досжанның жанында қалып бақытты бол.-дедім теріме сыймай.
-Давай кет, ренжіме!-тұтқаны тастай салды.
Менің де шыдамым жеткен жері осы шығар, жылап жүріп заттарымды жинадым. Бек те келді, ішіп алған, әдейі ішіп алған. Бірің өліп, бірің қал дегендей. Алдымен.
-Кетпе, қал, мен сені жібере алмаймын. Сен кезінде маған қиын кезде, маған көмектескенсің-деді. Сеніп қалдым. Бірақ түнде жатын бөлмеге баса көктеп кіріп келіп "папа жүр"- деп сүйреп алып өз қойнына алып жатқан баласына ештеңе демеді. Сосын "жарайды, уақытша бөлек тұрайық, Досжан үйренгенше"-деді.
-Ана үйді суық десеңдер, кейін басқа үй алып беремін.-деді.
-Демек мына үйдің есігі біз үшін мәңгілікке жабаылды ғой?
-Алдымызда не күтіп тұрғанын бір құдай ғана біледі?
-Сен құдайға сенбеуші едің ғой?
-Менен екінші бала туамын деген ойыңды ұмыт, ол үшін мен сені жақсы көруім керек-деді.
-Демек жақсы көрмейсің ғой?
Сосын өзі басқа жерге қонуға кетті. Телефоны өшіп қалыпты. Жайыққа хабарлассыншы деп едім, ол өзі нөмірі жасырын телефонмен хабарласып, келмеймін деді. Бұрын да осындай кездер болған. Демек ол бір әйелмен жатыр, оның нөмірін Жайық біледі. Соған барып, мені жамандап жылап жатқан шығар. Мүмкін сол әйел шығар, оны маған қарсы қойып отырған. Ертесіне өзі машина алып келіпті.
- Қуанып тұрсың ба?
-Иә.
-Не үшін?
-Сен ренжімей,қарғамай кетіп бара жатқаныңа-деп қояды. Өтірік, менен оңай құтылғанына қуанып тұр.
-Сәл де болса, өкінбейсің бе?
-Неге өкінем?-деп сұрайды тағы да. Үстіме біреу бір шелек мұздай су құйып жібергендей күй кештім.
-Саған әйел ретінде қарай алмаймын.
-Сен де маған еркек ретінде қарауды қойдың!-дедім мен-тура үш жыл болды.
Ол басын изеп келісті. Екінші балаға үзілді-кесілді қарсы болғаны енді түсінікті болды. Менің де одан көңілім қалды, бірақ неге ажырасу сондай қиын. Неге жылай берем, неге қимаймын!? Бірақ беретін көмегінен бас тартпаймын, өйткені қазір жеткен жетістіктің тең жартысы менікі деп ойлаймын. Ол да сендерді қиналтпаймын деп, ант-су ішті. Оны шығарып салып тағы жыладым. Осының бәрі не үшін? Сонымен байланысқаным үшін бе? Мен не істеуім керек еді сонда, елді шулатып оны сотқа беруім керек пе еді? Мойындайын, мен де кінәлі болсам, кешірім сұраймын. Тек менің баламды құдайым жылатпасын! Құдайым маған осының бәріне көнетін шыдам, осының бәрін көтеретін күш бере гөр! Тек жаным Марал, ешкімге ештеңе түсіндірмеші. Енді ешкімнің алдында ақталуға міндетті емессің. Енді ешкімге егіліп жылама да, бәрібір сені ешкім түсінбейді. Әділетке енді жылағаныңды көрсетпе, ол әлі кішкентай ғой, өзіңмен бірге қинама. Әкесін жамандаушы болма, ол оны өз еркімен таңдаған жоқ. Жалғыз болатын болды деп қиналасың, оны ертерек ойлау керек еді. Жау кеткен соң найзаңды боққа шаппа. Тағы бір бала туамын деген ойыңнан бас тарт, әсіресе Бектен. Еркектен ерте құтылғаныңа қуан, олар қартайғанда тегі жаман, оны өзің өмірде көріп жүрсің ғой. Оны сені қалай қинағанын, қорлағанын, ұрғанын ұмытып қалдың ба? Ешқашан кешірмеймін деп едің ғой? Енді міне сол үшін кек алудың сәті түсті. Бергенін алда, кетіп қал. Балаң екеуің бақытты бол! Мен өзімді-өзі осылай жұбаттым.
Бұрынғы үйіме көшіп келдім. Баяғыда осы үйді менің атыма жаз дегенде, бір күні қуып жіберсе, не тастап кетсе паналайтын жерім болсын деп ойлайтынмын. Бүгінгі болып жатқандар, өткен өмірдегі өз ойларыңыздың жемісі деп, психологтар дұрыс айтады. Бектің маған суып кеткеніне өзімде кінәлі шығармын.
Кеше Бек хабарласты. Көптен бері адам сияқты сөйлескеніміз осы шығар? Тіпті ауылға бір айға кеткенде де, бір-бірімізге не айтатынымызды білмеуші едік, кеше әңгімемізді тауыса алмадық. Неге солай болды екен? Мені қойшы әйелмін, ол еркек қой ешнәрсені ойламайтын. Ол да қимайтын сияқты, "Досжан мауқын бассын, сосын қайтып келесіңдер" деп қояды. Менде келіскендей болдым. Ол кезде ол он үш, он төртте еді ғой, мүмкін өтпелі шақта қатты әке-шешесінің ажырасқаны қатты әсер еткен шығар. Мүмкін оны психологқа көрсетерсің? Сен менің түсінгеніме рахмет айттың, осылайша ашуымда басылғандай.
* * *
Не болғанын енді түсіне бастаған сияқтымын. Өзім-өзім деп жүріп, өз баламның қиналып жүргенін сезбеппін ғой.
-Мама мен жаман бала болдым ба? Досжан жақсы бала ма? Папа соны жақсы көреді ма, мені жақсы көрмейді ма?-деген сұрақтарына не дерімді білмедім.
-Жоқ жаным олай емес, папаң сені де жақсы көреді-дедім.
-Онда неге маған келмейді, қашан келеді, папамды мен алғым келіп тұр-дегенде жылап жібердім.
-Папамның миы жоқ екен, кете береді, кете береді-деп ол да жылады.
Ылғи да, Досжан, Досжан -деп, Бектің менің баламды кері ысырып қоятыны, онымен хабарласқанда, баламның аузын жауып, үстіне жастық қойып қойғаны, Әділеттің қақалып қалғанда, Досжанды терлемесін деп желпіп отырғаны, баламның мені жедел-жәрдем алып кеткенде, адасып далада қалғаны, баламды бір ретте саябаққа апаруға уақыт таппай, ал Досжан үшін қаланың екінші шетіне үш ай бойы күнде қатынағаны есіме қайта-қайта түсе берді. Досжан емес, психологқа сені көрсету керек. Ылғи да соның алдында кінәлімін деп, ақталасың. Ал Әділеттің алдындағы, менің алдымдағы кінәңді қалай жумақсың? Ашумен баламды тағы да байқамай қорқытып алдым. Жоқ оның кінәсі не, ашуымды сенен алуым керек. Хабарласып, тез кел дедім. "Уақытым жоқ"-дейді ғой.
-Қазір келмесең, ЖК-ні біреуге бір тиынға сатып жіберемін-дедім ашумен. Қорқып кеттің бе, жүгіріп келдің ғой!? Бәрін айттым бетіңе.
-Бүгін осында келіп, балаңды құшақтап ұйықтайсың. Ал ана ауру балаңа айтып кет, Әділеттің қойнына жатам деп. Маған десе, асылып өлсін! Тізерлеп, сендерді ешқашан тастамаймын дегенің осы ма? Мені тастап кетсең, асылып өлемін дегенің қайда қалды? Енді сен бізді тастайтын хальге жеттің бе?
Не айтсам да, басыңды шұлғи бердің. Сен менің бұлай ашуланғанымды көрмегенсің, сен тұрмақ мен өзім көрмеген едім. Құдайым-ау, жаным неге сонша қиналады?
Осылай бір ай өтті. Балаң екеуміз сені сағынып, күтіп отырмыз. Тестке сенсем бүгін бала көтеруге оңтайлы күн екен. Е, құдіреті күшті құдай, Әділеттей дені сау, ақылды, сүйкімді бір қыз сыйлашы! Сен келіп қонып қалдың. Кешке шарап ішіп алып әбден мас болып, не істеп, не қойғанымды білмеймін. Бегімді соңғы рет көріп тұрғандай күй кештім. Қай жерін қимайды екем? Сұлу да, сымбатты да емес, мінезі де оңып тұрған жоқ. Есіме бала кезде апам айтып берген бір ертегі түсті.
"Ертеде бір қыз орманда адасып кетіп, аюдың апанына тап болады. Аю қызды бір көргеннен ұнатып, өзіне әйел қылып алады. Екеуінің баласы болады. Күндердің бір күнінде, қыздың туғандары оны тауып алып, аю аңға кеткен кезде баласымен қосып, аулына алып кетеді. Қыз бәрібір бұрынғы өмірін ұмыта алмаған екен. Баласын тербетіп отырып, былай жылайды екен;
Үңгір, үңгір, үңгір еді, үңгірде болса, үйім еді.
Аю,аю,аю еді, аюда болса байым еді."
Халқым данышпан, қыз жат жұрттық деп, осыны айтады екен ғой!
* * *
Үйге бәрі жиналыпты. Шырмауы шатасқан бұл оқиға, біреудің қытығына тисе, енді біреудің қызығушылығын оятса керек. Бірін-бірі аңдыған ел. Жиналған дүйім жұрттың барлығы Бек жақтан. Не болар екен деп уайымдағаннан гөрі, әйтеуір бір қызық болатыны анық деп, аңдығандары көбірек. Қулана күліп Жидегүл қарап қояды. Ойын болғанда бәрі ақшасын соған тігері анық еді. Оның қай жағынан болса да жеңетініне ешкімнің күмәні жоқ. Тіпті менің де Әділетті жетектеп кіріп келгенде, ең бірінші басыма келген ой; "бекер келдім-ау" болды.
Бұны кім ұйымдастырғанын қайдам, бірақ бәрінің мені күтіп отырғаны анық болды. Бәрімен ақырын амандастым да, бос орынға барып отырдым. Танитыны, танымайтыны бар туысқандардың ішінен Жидегүлді көргенде, тіпті мазам кетті. Бір пәле болатыны айтпаса да түсінікті. Көрмегелі қай заман, өзгеріп кетіпті. Осы кездесуді қанша рет көз алдыма елестетсем де, дәл осылай болады деп ойламаппын.
-Ұятсыз, қай бетіңмен келдің?-ол маған тұра ұмтылды. Ішінде жылдар бойы жиналған ашу-ыза бетіне шығып, көздері шарасынан шығып кеткелі тұр.
-Мама тоқташы...-баласы Досжан шап беріп ұстап алды. Уһ!-дедім мен жанымның қалғанына тәубә етіп. Төбелесе қоймайтын шығармыз? Төбелессек, қара белдік иесі Жидегүл менің быт-шытымды шығарар. Ол күшке тағы да маған деген жылдар бойы ұстап келген кегін қос.
-Айтыңыз, бәрінің алдында айтыңыз, біздің жанұяны бұзып, әкемді неге тартып алғаныңызды айтыңыз? Бәрі естісін сіздің қандай екеніңізді!-деді ол ызаланып. Мен таңқалып, Бекке қарадым. Ол да мұндайды күтпеген сияқты, оған да ештеңе айтпаған ғой. Балам кеудеме басын тығып, мені құшақтап алыпты.
-Досжан!-Бек бірдеңе айтпақшы болып еді, райынан тез қайтты. Ол әлі де оларға қарсы сөйлеуге дәті бармайды. Оның күші мен сияқты әлсіздерге ғана келеді.
-Албасты неге үндемейсің? Өтірік құрбым болып жүріп, үйге келіп жүргендегі ойың сол екен ғой сенің...
Енді үндемей қалғаным болмас. Бар күшімді бойыма жинап, Жидегүлдің көзіне қарадым.
-Демек сүттей ұйып отырған жанұяның отбасын алдап-арбап алып кеткен екенмін ғой. Сонда оны үйінен қуып жіберген кім екен? Үш ай жертөледе тұрғанда, іш-киімін жуып сол жерге жайып кептіріп жүргенде, тоқ пешке тұшпара қайнатып жеп жүргенде, арақ ішіп жұмысшыларының жаны ашып қарап жүргенде, әйелі болсаң сен қайда қалдың?
-Жап аузыңды!-тағы ұмтылған оны баласы ұстап қалды.
-Айтсын, тағы не айтар екен?
-Бізде оңтүстікте, ер адамды қорлаған оңбайды дейді.Сен ше, азаматыңның көзінен жас емес, қан ағыздың ғой. Сонда да ол қасыңда қалады деп ойладың ба? Қазақта мақал бар."Жақсы әйел, еркектің есіктегі басын төрге сүйрейді. Жаман әйел, еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді"-деген. Ол өзіне қол салмақшы болғанда, қасынан мен жанашыр болып табылдым. Қыз басыммен қолдау көрсетіп, қолтығынан демедім. Сонда сен қайда болдың, айтшы?
-Ойпырмай, а,-деп біреу келеке етсе, біреу таңқалғаны сонша, аузы ашылып қалыпты.
-Не де болса, сіз жанұяны бұзбау керек едіңіз.
-Саған тілерім Досжан, шешеңді ақтағаның дұрыс. Бірақ мені соттауға қақың жоқ. Саған да шешең сияқты қатын кездесіп, ол әкеңе не істесе, әйелің саған соны істесін! Сен тойдан мас болып келгенде, үйден итеріп шығарып, басыңнан ағаш орындықпен ұрып құлатып, мұз үстінде мұрның қанап жатқанда, есікті тарс жауып алып, түк болмағандай ұйқыға жатсын! Саған сол кезде жаны ашып қол созатын, мен сияқты адам кездеспесін!
-Мама мына кісі не деп тұр!-Досжан не жыларын, не күлерін білмеді-Мама бұл өтірік деші... Олай болған жоқ қой, мен көрген жоқпын ғой, мама?
Ары қарай не болғанын білмеймін. Мен ұлымды жетектеп есікке беттедім. Жидегүл қолын көтере берді... Қолында қап-қара бір нәрсе... Тас па, жоқ, мүмкін емес, тапанша?... Мен ұлымды көлегейлеп, оған теріс айнала беріп едім...
-Жа-а-ат-т-деген Бектің даусы мен, оның бар күшімен келіп, бізді итеріп жібергені... тапаншаның атылған дауысы... шулаған, абыр-сабыр болған ел...
Бек бар күшімен біздің үстімізге шалқалап қаұлап келе жатты... Үсті басы қан-қан... ыңырсыған таныс дауыс...
-Жо-оқ, жоқ, тез дәрігер шақыртыңдар- қатты қорыққан балам да жылап жіберді, мен оны құшақтап отырмын-тезірек, дәрігер керек, тезірек...
Қанша уақыт өткенін білмеймін, мен ауруханаға келдім.Баласы жолымды бөгеп еді, оны қайным ары алып кетті. Мен ішке кірдім, ол ес-түссіз жатыр.
-Жаным, жаным, кешірші мені, бәріне мен кінәлімін. Тек бізді тастап кетпеші, сен мені ешқашан тастамаймын деуші едің ғой, мен сенсіз өмір сүргім келмейді. Мені мына қатыгез өмірге жалғыз тастап кетпеші, өтінемін, жалынамын, жаным... Құдай, қаласаң, менің өмірімнің жартысын ал, тек оны алып кетпеші...
Егіліп жылап жатқан маған медбике келіп:
-Тұрыңыз, енді оған ешкім де көмектесе алмайды, тек құдайдың құдіретті күші ғана болмаса-деп мені шығарып жібермекші болғанда, кенет өзі шошып кетті...
-Көзін ашты, көзін, дәрігерді шақырыңдар, сіз шыға тұрыңыз-деді маған.
Ол маған қарап жатты. Жанарында сол мен ғашық болған мұңлы жылулық бар еді, көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті. Мен қуанып кеттім...
-Рахмет, аллаға шүкір, енді бәрі жақсы болады, тек сен уайымдамашы...
Оянып кетсем, солқылдап жылап жатыр екенмін... "Көңіл-күйің қандай, көрген түсің сондай"-деп халық тура айтқан ғой!
* * *
Бек апта сайын келіп, Әділет екеумізді алып үш-төрт сағаттай қыдырып қайтатын болдық. Құдайға шүкір, бірге тұрғаннан гөрі, қазір бізге көп көңіл бөлетін болып жүр. Бұрын бізге ешқашан уақтысы болмайтын. Балам екеуміздің де қуанышымызда шек жоқ. Тек осы кезде басқа бір әйелдің мазасы қаша бастағаны бізге зиянын тигізеді деп, кім ойлапты. Бек "Досжанмен сөйлесемін сендер қайтіп келесіңдер"-деп қояды. Қашан сөйлеседі, бұрын неге сөйлеспеген? "Түсіндіремін" Бұрын неге түсіндірмеген?
-Сендер үйге қашан қайтасыңдар? -деп қояды.
-Сен қалай ойлайсың?
-Осы бір ай ішінде.
-Онда неге бізді қуып жібердің, неге мені ана көршілерге де, мына көршілерге де масқара етіп ары-бері, жүгімді артқызып көшіріп жүрсің. Баламның балабақшасы да алыстап кетті, оны ойладың ба? Енді ол күндегісінен ерте тұрып, жаяулатып неге сонша жерге салпақтау керек? Сен соны ойладың ба? Жоқ, сен тағы да Досжанды ғана ойладың. Неге сол бір айға бір сөмкеңді ғана алып, Досжан екеуің ғана көшіп келмедің бұл үйге, неге?
-Сен өзің кетіп қалдың ғой?
-Бек, ол менімен бір үйде тұрмаймын, бір дастарханда отырмаймын, үйді босатыңыз деді де, сені де жатын бөлмеге баса-көктеп кіріп, өз қойнына алып жатты ғой!
-Тура солай айтты ма?
-Ия!?
-Мә, ол маған үнімді шығармаймын, бәріне көнемін деп келіп еді, барған соң өлтіремін... -деп қояды.
Мен таң қалдым. Әкесі де, баласы да нағыз әртіс! Түсінсем, бұйырмасын! Ол өз таңдауын өзі жасады. Әділет екеуміздің көк тиын құнымыз болмағаны ма? Мені тіпті бағаламайды. Бірге жатып, бірге тамақ ішпесек, бірге тұрып не керек?
Кеше сыныптастар жиналдық. Бекте барамын деген, артынша Астанаға баруым керек деп, келмей қойды. Сенбедім, кейін билетіңді әкеліп көрсет дедім. Тағы да ұрсып қалдық.
-Сен кімсің мені тексеретін, тергеушісің бе? Өзің кетіп қалып, енді келіп тексеріп отырғың келеді. Мен Досжанды қумаймын, келетін болсаң кел, әйтпесе, мен енді бармаймын. Оның шешесін тастап кеткенімде, ол менен ештеңе алмаған да, сұрамаған да.
Не дерімді білмедім. Біріншіден мені кетуге мәжбүрлеген өзі, екіншіден сонда Әділетке емес, маған келіп жүргендей, үшіншіден ол ештеңе алмаған емес, сен ол жақтан ештеңе алмай бір шалбар, бір көйлекпен кеттің ғой. Сосын оның төлемдерін сен төлеп тұрдың, тіпті жүргізу куәлігіне дейін сен алып бердің ғой. Ал балаңның шетелдегі оқуының ақысы ше? Осыны ұмытып қалдың ба? Әншейінде менің жәй айтқан сөздерімді ұмытпай, жіпке тізіп отырасың ғой.
Сыныптастар әншейінде менің көңілді отыратынымды білетін, енді мына жылайын деп отырған түрімді көріп көңілімді көтеруге тырысты. Қыздар ас үйге кетіп, жігіттер мені мақтауға көшті.Жаһангер:
-Маралды Қыз-Жібектің ролін ойнаған қызға ұқсататынбыз-десе, Батырхан
-Шіркін, шашын айтсаңшы, жұп-жуан білектей қылып, қос бұрым өріп қоюшы еді.Белі қандай жіп-жіңішке, дене мүсінің қазір де керемет, ұрып тұр...-деп қояды.
Соның бәрін тыңдап отырып, жылағым келді. Осының бәрін Бек естісе ғой, көрсе де көрмегендей болып жүр ғой. Мені керісінше кемсітіп, төмендетінді шығарды. Сондай адаммен өмір бойы қалай тұрамын. Ол дегенім өзімді сыйламағаным емес пе? Ол мені қорлауға қақысы жоқ!
Батырхан гитарасын қолына алып әндете бастады;
Ұнатамын мен сені, дегенменен.
Көрмегенді өзгеден, сенен көрем.
Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні, егерде мен.
Ұнатамын мен сені
Арманымдай еңселі
Жүрегімнің бөлшегі
Ұнатамын, ұнатамын мен сені.
Ұнатамын мен сені, бірақ-бірақ.
Мейіріміңді қайтейін жылап сұрап.
Ұнатамын дегенім, жасандылық,
Саған деген жүрегім құрақ-құрақ.
Дегеніңнің бәрін де жасап жүріп.
Көрсетпеймін өзіңе, асау қылық.
Сенің ғана ырқыңа, бас алдырып,
Бұға берем, не деген жасандылық...
Мына өлең менің бүкіл өмірімді төрт шумаққа қалай сыйғызып жіберген. Көзіме келген жасты әрең жасырып, жымиып қоямын. Бірақ ішім аласапыран. Бұл ашу ертесіне де басылмады, қайта күшейіп боранға айналды.
Телефонды өшіріп тастап, ыза болғаным сонша, жылап алдым. Жұмысқа бармадым, Әділеттің мазасы болмай, емханаға бардым. Бас-аяғы жоқ кезекте тұрып та мазасызданып кетті. Үйге келдік те, азық-түлік алуға қайта шықтым. Әділет тағы да шыдамсызданып, ойнайықшы деп мазамды алды. Базарға бармаймын, аулада ойнайық деп аяғыма оратылып жүргізбеді. Әбден тозған жүйкем шыдамай, бар ашуым сыртқа атылды. "Тазы ашуын тырнадан алады" дегеннің кері келіп, бар ашуымды баладан алдым.
Бекке хабарласып, бала керек болса алып кет, әйтпесе өз ісіме жауап бермеймін дедім. Баласының жылаған дауысын естісе де, клиентпен отырмын, келе алмаймын деп қысқа ғана қайырды. Менің ашуым үдей түсті. Тура қазір балам екеуміз ешкімге керегіміз жоқтай болып көрінді. Дәл қазір екеуміз биіктен секіріп кетсек те, оның былқ етпесіне ызам келді. Ашуыма ие бола алмай "дәл қазір сөйлесуге келмесең, балаң екеуміз мына тоғыз қабаттың үстіне шығып, секіріп өлеміз"-дедім. Ол баланы беріп жібер деп Әбілжанды жіберіпті. Ол Әділетті алып кетіп бара жатты. Сол кезде баламды енді көрмейтініме көзім анық жетті. Жан ұшыра барып баламды інімнің қолынан жұлып алдым.
-Жоқ, мен оны оған оңай бере салмаймын, одан да балалар үйіне өткізіп жіберемін, жоқ, тоғызыншы қабаттан лақтырып жіберемін, сосын өзім секіремін...
Менің сана сезімім өзіме бағынбай бара жатты, жынданып кетуге шақ қалған едім. Әбілжан мені тоқтатып, жұбатып әуре.
-Сендерге бала керек болмаса, мен-ақ алайын-деп қояды. Ашуым жылап тарқады. Інімнің машынасында үрейі ұшып, жылап отырған баламды алып үйге кірдім. Менің сабама түскенімді көріп, Әбілжан да жұмысына кетті.
-Кешірші мені Әділет! Енді саған ешқашан ұрыспаймын. Соңғысы осы болсын, жаным сол. Кешірші мені жарай ма?
Ол басын изеп қояды. Мені құшақтап өзі де жылап отыр.
-Мама, мен сені бәрібір жақсы көремін, ұрыссаңда, ұрсаңда...
Мен одан сайын егілдім.
-Мама жыламашы...-деп қояды. Қаршадай балам-ау, сенің не жазығың бар еді?
Содан бері он күн өтті. Балам ыстығы көтеріліп, ауырып қалды. Ыстығы түсер емес, дәрігер келіп егіп те жатыр, үстін арақпен де сүртіп жатырмыз, ештеңе көмектесер емес. Түнімен папасын шақырып сандырақтап шықты. Ақыры әкесін шақырттым, ең болмаса жарты сағатқа келіп маңдайынан иіскеп кетші дедім.
-Жарайды, кешке келем...
Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Тыныштандыратын дәрімнің үшеуін ішіп алдым. Күйіп тұрған баламды көтеріп жүріп кешті күттім. Кешке Бек хабарласып:
-Мен келе алмаймын, Досжан атасына барам деген соң, сонда кетіп барамыз-деді.
-Апарып тастап кел.
-Жоқ, болмайды.
-Жеме-жемге келгенде, Әділетті тағы да Досжан үшін кері ысырып қойдың ба? Осы баланың саған керегі шамалы ғой. Екеуміз өліп қалсақ та келмессің, одан ары...
Не істесем екен, не істесем... Қолымнан жылағаннан басқа не келеді... Құдайым-ау, көмектесші, балама көмектесші, кешірші мені, кешірші менің ақымақтағымды, баламды құтқаршы... Есікті біреу қағып тұр, Бек келді ме? Көрші Мая апай. екен, мені көріп шошып кетті.
-Не болды?
-Ыстығы түсер емес...
-Дәрігер келді ме?
-Ия.
-Тамағын қарады ма?
-Жоқ?
-Қалайша, әкелші мен көрейін, ойбай мынау асқынып кетіпті ғой! Әкел бинт бар ма, қазір менде бәрі бар.
Ол шығып кетті де, тез қайтып келді. Сұқ саусағына бинтті орап, люголь ерітіндісін құйып, баламның шырылдағанына қарамай, аузын ашып тамағын сүрте бастады. Бір уақытта тамағына салған бинт қап-қара болып кетті. Баламның қиналғанын көріп, мен де қиналып жылап жібердім. Сосын оған ыстығын түсіретін бір дәріні берді. Екі күн бойы баламды көтеріп ұйықтамай жүрген менің денем, оның ыстығы түсіп бара жатқанын киімінің сыртынан сезіп, жаным тынышталғаны сонша сол отырған жерімде қисайып, баламды құшақтаған күйі, баламмен бірге ұйқыға кетіп бара жаттым. Көршімнің айтқанының бірін естіп, бірін естімедім...
Бек ертесіне келді, дым болмағандай, қолында легоның үлкен ойыншығы бар. Ішке кіріп баласымен біраз сөйлесті де, барып диванға отырды. Сол сәтте мен оны қаншалықты сағынғанымды түсіндім. Ештеңе де ойламастан, жанына отырып, қолтығына кірдім де:
-Жауласпайықшы, неге бір-бірімізге жау болып кеттік, қай жерде менен қателік кетті, айтшы?-дедім.
-Сен ғой, соңғы кезде маған қарсы шығып жүрген-дедің мені кінәлап.
-"Ақылды қателессе өз басынан көреді, ақымақ қателессе жолдасынан көреді"-деген екен қырғыз халқы, екеуміз бір-бірімізді кінәләмайықшы...
-Қырғызыңды да, қазағыңды да сенің... Басында айттым, осы елден көшіп кетейікші шетелге деп, оңбаған ел ғой, өңкей парақор...
-Кім саған осы қазақты жамандап жүрген? Қайда барасың?-дедім мен. Ішімнен "еліңді жек көрсең, елге қайтіп сиярсың, жеріңді жек көрсең, көрге қайтіп сиярсың"-деп ойладым. Өзіме салсаң "байдың құлы болғанша, байғұстың ұлы болғаным " жақсы.
Ол ештеңе демеді. Құшағына қысып, шашымнан иіскеді. Сен де сағыныпсың ғой? "Еркелеткенді ит те сезер"-дегендей жүрегім жібіп сала берді... Сол күні қайта табыстық...
-Айтшы сен ана дүкенші Майгүлді қатын қылып алған жоқсың ғой, оған барған жоқсың ғой?-деймін қызғанып.
-Жоқ!-дедің жымиып. Сендім, шынымен сендім. Сен ондай емессің, сен мені алдамайсың, сен мені сатып кетпейсің, жаным сол... Жүрегім орнына түсті, тәбетім ашылып, ұйқым оралды. Жаным жай тауып, көңілім көтеріліп қалды. Ертесіне сен де хабарласып,
- Қалай ұйықтадың?-деп сұрадың.
-Сүтке шомылған мысықтай!-деймін мен күліп.
-Мәссаған, сүтке тойған мысық туралы естіп едім, сүтке шомылған мысықты бірінші рет естіп тұрмын-деп сен де мәз болдың.
Уайым түбі тұңғиық, түсесің де кетесің...
Ал бүгін ойламаған жерден оның, саған әйел ретінде қызықпаймын деген сөзі есіме түсті. Мүмкін жас көңілдесі бар шығар, мүмкін соған адал болып жүрген шығар, мүмкін мені алдап жүрген шығар... Мүмкін ол Майгүл шығар...
Енді міне қарап жатып, қызғанып жатырмын, қызғанып жатып, жынданып жатырмын... Есік қағылып көрші Мая апай келді. Қашанда көңілді, жасы елуге келсе де, өзі жап-жас көрінеді. Басына қандай қиындық түссе де, бір жылап алып, артынша күліп-ойнап жүре беретін адам. Мүмкін сондықтан да қартаймайтын шығар, кім білсін? Менің қайғырып жатқан түрімді көріп:
-Тағы не болды, балаң қалай?-деді.
-Жақсы, бүгін бақшаға кетті.
-Жақсы болған екен, енді неменеге қайғырып жатырсың?
-Ой, ол ұзақ әңгіме, жүріңіз шәй ішіп отырып әңгімелесейік.
Екеуміз шәй ішіп, мен оған әңгімемді айтып бердім. Тыңдап болып:
-Осы сенің жігітіңнің басқа біреуі бар сияқты...-деді.
-Қой, мүмкін емес...-деймін мен сенбей.
-Неге сонша сенімдісің, еркектің бәрі қыдырады, оның үстіне ақшалы...
-Ол ауырып жүр ғой, өз міндетін де орындай алмай жүр, оған демалып, емделу керек...
-Жүр екеуміз бір балшыға барайық, өзі емші де екен, жақсы айтады дейді.
Екеуміз солай балшыдан бір-ақ шықтық. Кезегім келіп ішіне кірдім.
-Күйеуім ауырады, соның емі бар ма?-деп суретін алдына қойдым. Жап-жас қыз екен, емдей алама екен деп ойладым. Ол суретке қарап отырды да:
-Ол ештеңемен ауырмайды, оның басқа қатыны бар -деді.
-Бірге жұмыс істейтін қыз Майгүл ма?-дедім мен күдігімді айтып.
-Ия. Оған жүрегіңді ауыртпа, жібер. Оның несіне жабысып қалдың? Ішкен жегенің бойыңа сіңбейді екен, жүйкеңді де тоздырып жіберген. Ол саған қайтып келмейді, әуре болма. Керек десең қайтарып көрейін?
-Жоқ, зорлықпен қайтқанын қаламаймын. Тек Майгүл бір нәрсе істеген болса, содан тазалап беріңізші-дедім. Суретін тастап далаға шықтым да, орындыққа отырып, ең бірінші Майгүлдің нөмірін тердім.
-Майгүл, не үшін, не үшін оны таңдадың? Ақша үшін бе? Сен жап-жас әдемі қызсың ғой. Одан да жақсыға лайық емессің бе?
-Вы о чем?
-Не үшін Бектің үшінші қатыны болуға көндің? Мен сені ондай қыз деп ойламаппын.
Телефонды тастай салдым. Ол қайта хабарласты, басып тастасам қайта тереді. Не деген ұятсыз, мынау?
-Не керек?
-Почему бросаете трубку?
Менің таңқалғанымнан тілім байланып қалды
-Пусть все думает что мы не пара, но он душой красивый человек!
-Майгүл, жаным, сен оның қақпанына түсіп қалыпсың ғой. Жаным ашиды саған, сен бақытты болғың келеді, бірақ бола алмайсың, онда бақыт жоқ.
-Счастье женщины в ее руках, это вы не смогли быть счастьливой!
Телефонды басып тастап, Бекке хабарластым:
-Неге, неге мені, өз жолыммен кетіп бара жатқан жерімнен тоқтатып, зорлап алып, қатын қылып, бала туғызып, енді тастап кетесің? Неге Майгүл? Менен қай жері артық? Қай жеріне қызықтың, менен жасы кішілігіне ме?
-Мен сені қуған жоқпын, сен өзің кеттің.
-Кетуге мәжбүр еттің, кетсем кеше кеттім, ал онымен үш жыл болды ғой, жүргеніңе?
-Кейін сөйлесеміз.
Менің сол жердегі халіме бәрі аянышты қарады. Мая апай қолтығымнан демеп, біреуі машинасымен әкеліп тастады. Мен жол бойы жылаумен болдым, олар жұбатып жатты. Майгүл үздіксіз хабарласып жатты. Алмаған соң хат жазып әлек болып жатты.
"Я его не уводила, и не уведу. Просто поддерживала и буду поддерживать. Если вы его вправду любите, вернитесь и будьте рядом"
"Давайте встретимся и поговорим"
"Не надо так сильно переживать. Ведь нет не решимых проблем. Встретимся и все решим, надеюсь. Вы сильная женщина"
Мен ол қызға не керек екенін түсінбедім. Не шешпекші? Жап-жас болып батылын қарашы, менен тіпті именбейді де? Тап бір ол әйелі, мен көңілдесі сияқты. Оны ойлайтын шамам жоқ.
-Мен тағы бір адаммен сөйлесуім керек-дедім де, Досжанға хабарластым:
-Саған айтар соңғы сөзім бар. Менің Бекпен ажырасқаныма сен кінәлі емессің, жәй оның дүкендегі Майгүлмен ашына болғанына үш жыл болыпты. Соған шыдай алмадым, ал сені жаңа мамаңмен құттықтаймын!-дедім де тұтқаны тастай салдым. Ту сыртымнан берген соққыны көтере алмай жатып қалдым. Жұмысқа да бара алмадым, орнымнан тұра алмай қалдым. Жүрек тұсым шаншып, аяқ-қолым дірілдеп, денем бір ысып, бір суыды. Мая апай шошып кетті.
-Шынымен сен ештеңе білмедің бе? Оның жеңіл жүрісті екені бетінде жазулы тұр ғой? Тіпті көршілер біз де сезетінбіз. Аңқауым-ай, ақымағым-ай, сен осынша қайғырады деп ойламаппын. Ана албастыны қарашы, тегі, өзі ұят дегенді білмейді екен. Кім ол сонша мәселені шешетін? Сөйлеспе онымен, қарашы оны, бетсіз!-деп менің асты-үстіме түсті.
Барып баланы бақшадан алып келді. Тамақ істеді, жүрек дәрісін беріп, мені жұбатумен болды. Мен үшін аспан айналып жерге түскендей болды. Үш жыл, үш жыл бойы мені алдап, ұрып-соғып, мен соның барлығына көніп... Не деген ақымақпын... Тағы да жанұямды сақтаймын деп, істемегенім жоқ. Психологқа да бардым, өзімде өзгеруге тырыстым, оны бірге демалысқа сүйреп... Ал ол саусағын да қимылдатпады. Сәл қиналды ма, мені тастап жас қызбен... Күнде сонымен, жұмыста да бірге, бітпейтін іс-сапарларға да бірге... Кешке күнде үйіне машинасымен апарып, тойып келіп, маған атылып ұрсып отыратыны осы екен ғой? Үш жыл бойы, қалай сезбегенмін, қалай сенгенмін... Оңбаған екеуіңді де менің көз жасым ұрсын... Қалайша маған солай істедің? Қалайша үш жыл бойы, менің бетіме қарап жүріп өтірік айттың? "Адамның ұятын, ардың өзі қадағалайды" демеуші ме еді, қазақ!? Өздерінде ар да, ұятта жоқ екен...
Екі күннен кейін құр сүлдерімді сүйретіп, жұмысқа келдім. Қол-аяғым дірілдеп ештеңе істей алмадым. Сыртқа шығып Бекке хабарластым.
-Ия?
-Демек балам екеумізге уақытың жоқ екен да, ана салдақыңмен қыдыруға, шетелге уақыт табады екенсің ғой?
-Мен онымен шетелге барған жоқпын, оттама, мен Түркияға Досжанмен ғана бардым!
-Бұл жағдай менің басыма сияр емес, түсіндіргің келмей ма?
-Кешке келем.
Кешке дейін "Марал давайте поговорим"-деп анауда қанымды ішті.
-Не керек?-дедім телефоннан.
-Давайте поговорим, но чтобы он не знал об этом. Женщины сами решим проблему. Вы скажите куда, я приеду.
-Қандай проблема, мен кеттім, сен ала ғой.
-Но он же не вещъ?
-Түсінсем бұйырмасын, сен қуанбайсың ба, менен құтылғаныңа?
-Нет вы должны к нему вернуться...
-Неге?
-Ему плохо, он мучаеться...
-Сен бар, әлде үйін жинап, носкиін жуғың келмей ма?
-Откуда ты знаешь, что я их не стираю?
-Онда мен неге керекпін. Әлде мен домахозяйка, сен любовница болған ұнап қалды ма? Мен барайын, сен кетесің бе?
-Он мужчина, по шарияту имеет право до трех жен. А мы как мудрая женщина должны смириться с этим.
Енді бәрі түсінікті, сен оның алдында осылай сайрайды екенсің ғой.
-Жоқ, мен бұл гаремде қалмаймын, сол-ақ "Сулейман великолепный" бола берсін.
-Тогда не запрещайте ему видеться с сыном!
-Солай ма, сенің алдыңда мені жамандап, жылап жүр екен ғой. Жаным сен мен түскен қақпанға түскен екенсің. Ол да маған ылғи бірінші әйелін жамандап жылайтын.
-Он про вас ни че не говорить...
-Жақтамай-ақ қой. Керісінше мен оған күнде жалынамын, ауырып жатқан балаңды келіп сүйіп кетші деп. Ол ылғи да уақытым жоқ дейтін.
Ол бір сәтке үндемей қалды, мен телефонды өшіріп тастадым.
Көңілімді аулап, бауырымның үйіне барып келейін дедім, балам да күліп. ойнамағалы қашан. Бірақ, әлі ешкімге ештеңе айтпауға бел будым. Өйткені ол келеді, қайтып келеді, сонда мен кешірсем де, басқалары кешіре алмауы мүмкін. Оның абыройын туысқандарымның алдында биік ұстағым келді. Оның абыройы, менің де абыройым емес пе?
Автобуста адам көп емес еді, сонда да жүрегім айнып, құсқым келді. Мараттың үйіне әрең жеттім. Балаларды алып саябаққа бардық. Әділеттің қуанышында шек жоқ. "Мама, табасқар, табасқар!" деп тасбақаны тамашалап жүр, "дакронды қарашы" -деп айдаһардың мүсініне мініп алыпты. Мен оның тәтті тіліне мәзбін! Гүлнұр алты жасар Арайлымды ілестіріп, гүл теріп жүр. Марат велосипедін ала шыққан. Бір кезде бала күнім есіме түсіп, велосипед тепкім келді. Қандай керемет, бұлай көңіл көтермегелі қашан!? Бірақ қуанышым кешке ішімнен қан кете бастағанда сап тиылды. Алдында түсінбей қалдым, етеккірге ұқсап басталды да, артынан кесек кесек ұйыған қан түсе бастады. Қалайша, қалайша байқамай қалдым, қалайша? Сөйтіп, көптен күткен қуанышымнан бір күнде айырылып қалдым. Дәрігерлер күйзелістің әсері дейді. Телефоннан сенің не қайғырғаныңды, не қуанғаныңды түсіне алмадым. Қасыма келіп, жұбаныш сөз айтуға да жарамадың. Ал мен үшін бұл үлкен қайғы болды. Бұл соққы мені тіпті есеңгіретіп тастады. Соңғы айда тағы да бірнеше килограмм жоғалттым...
Сол жатқаннан тұра алмай, бір ай жаттым. Жұмысқа да бармадым. Баланы да ойламадым, ол да қиналып жүр деп ойламадым. Баламды да, мені де Мая апай қарады. Оны бақшаға апарып, тамақ пісіріп, үй жинады. Мені сүйеп дәретханаға апарады, көңілімді жұбатып әңгіме айтады. Тыныштандыратын дәрілер мен жүрек дәрісін береді. Ешнәрсеге зауқым болмады. Өткен өмірім көз алдымнан біртіндеп өтіп жатты. Оған алғаш рет көмектесіп, қонақүйге алып барғаным, онымен болған алғашқы түн, баланы алдыртпа деп аяғыма жығылғаны,оның маған құда түсіп алып кеткені, ақша таппай қиналып жүрген күндер, баланы босанғанда қасымда болғаны, алғаш рет үйге қонбағаны...
Теледидардан М. Жүнісова, Ф. Оңғарсынованың өлеңін "жылатып" жатты...
Жыла жүрек...
Қателескен екенмін бір-ақ рет,
Өмірімде бір рет, жыла жүрек.
Әр қадамды мысықша аңдамаппын,
Айыптаңдар қайтемін "кінәлі" деп, жыла жүрек...
Өкпелеңдер бұл алау қылығыма,
Қондырмаңдар талпынған тұғырыма.
Бұның бәрі түк емес, ал өзімнің,
Өкінішім жетеді,
Өкінішім жетеді, ғұмырыма.
Кінәм жоқ деп ақиқат қарғанбасын,
Сыздатып тұр жүректі ар-қорғасын.
Қателесу керек те шығар мүмкін,
Кешіре алар бір адам бар болғасын, қайран басым...
Демек ол ылғи соның қасында болған, бар уақтысын, махаббатын соған арнаған. Ендеше мені неге сонша қинады, неге мен алдады, импотентпін деп бөлек жатты, неге кетіп қалмады, неге мені тастап кетпеген, неге? Құдайым-ай, сол қызды құшақтап келіп, менің бетіме қалай қарап жүрді? Не деген екіжүзді еді? Демек біздің жауласқанымызға Досжанның қатысы жоқ, жел мүлдем басқа жақтан тұрған екен ғой!? Екеумізді ажыратуға күші жетпеген соң, сенің балаң оның қаруы болған екен ғой!? Демек, әйелді қалай ұстау керек екенін үйретіп, күнде құлағына құйып жүрген сен екенсің ғой!? Неге? Неге бір-ақ күнде, бірінші күні-ақ екеуің қол ұстасып кетіп қалмадыңдар, неге?
Сансыз сұрақ санамды жаулап алды. Құр жатып-ақ, көрінген көзге азып кеттім. Жағдайымды естіп Самал да келді.
-Сол оңбаған маған басында ұнамаған. Сенің көз жасыңа да тұрмайды. Кетсін, барсын, сол қатын оның түбіне жетсін... Саған кездескенде қандай хәлде еді, сол хәлге қайта айналып түссін... Сол кезде ешкім қарамай қойғанын ұмытқан екен, енді бәрі соны жақтап жүрген соң ойлаған ғой, өзі күштімін деп. Сен де оны сонша басындырып, басында қуып жіберу керек еді. Қайғырма, түріңе қарашы, не болды сонша, өзіңе өзің көр қазып...
-Әзірге бұл жағдайды ешкім естімесін. Өзім түсінбей жатқанда, елге түсіндіретін жағдайым жоқ...
-Жарайды. Тек жылама, тіпті өліп қалса да жоқтап жылауға тұратын еркек емес ол! Жоқтауы жоқ болғыр... Соның кетіп қалғаны, соншалықты орны толмас қайғы ма? Қайта кеткені жақсы болды, өзің одан жаның қанша қиналса да айырылмай қойып едің...
Мая апай Самалға шошына қарады. Жұбатып отыр ма, қуанып отыр ма?
-Жас қой, түсінбейді, мұның басына бермесін, мені сіз ғана түсінесіз-дедім мен жымиып.
-Өйткені менің басымнан өткен ғой...
-Мен сендерге өз құрбымның басынан өткенін айтып берейін... Өзі жастайынан жетім қалады. Шешесі он үш жасында қайтыс болады. Әкесі үшінші күні-ақ басқа қатын алып келіпті. Өгей шешесінің қаталдығында көреді, бірақ мойымайды. Әкесі мен өгей шешесі де көпке бармай, төбелесіп, ұрсысып, әйтеуір бір күні ажырасады. Тағы да жетім қалған Жауһарды көршісі, бір қатын жіберген үлкен еркектің алып қашуына көмектеседі. Ол он жеті жасар Жауһармен бір апта тұрады да, Астанаға бір қатынның артынан ілесіп кетіп қалады. Жауһар аяғы ауыр болып қалып, бала туады. Сол кезде оны ауруханаға күйеуінің жолдасы апарып, алып келеді. Баланы шығарып алып келіп, көрші-қолаң тойлап отырғанда, Астанадан адасқан байы келеді. Оны бәрі қарсы алып, "алып қой" деп, алдына арақ қояды. Араққа тойып алған ол "бала кімге тартқан?" деп сұрапты. Сонда жолдасы қалжыңдап, "ой мен көмектесіп қасында жүрген соң ба, өзімнен аумай қалған, өзімнің балам"-деп қалжыңдапты. Сонда ана сотқар, қояншық "онда балаңды ал да, кет бұл үйден"-деп бесікте жатқан баланы далаға лақтырып жіберіпті. Бала шетінеп кетеді. ЖауҺар жылап жалғыз ағасының үйіне қайтады. Сол үйде тұрып жатқанда, жеңгесі қайтыс болып, үйдегі төрт бала соның қолына қарап қалады. Ағасы басқа қатын алып, кетіп қалады. Жауһар сонда да өмір сүріп жүр ғой!-деп аяқтады әңгімесін Самал.-Енді оны төрт баламен кім алады, алса да тағы бір жынды кездеспесіне кім кепіл? Ал оның жасы болса жиырма беске де толған жоқ.
-Обал болған екен...-деді Мая апай. Ал мен ештеңе демедім. Өз қайғымды көтере алмай жатқанда басқаны қайтейін... Жеті жылдай бауырыма басқан жылан шағып алған жүрегім ауырып жатты. Досым деген адамым қасым болып шықты. Маған жаны ашымақ түгілі, мазақ етіпті. Ендеше адамдар арасында өмір сүрудің мағынасы бар ма?Не істесем екен?...
-Маралды не жұбатарын білемін, өзінің ақын ағалары ғана жұбатады мұны-деп Самал кітаптарды ақтара бастады.
-Сіз білесіз бе, Марал әкпем ақын ғой, бұрын өлеңдер жазатын...-деді Мая апайға.
-Рас па, білмедім, қазір неге жазбайды?
-Ана сұмырайға тигелі қойып кетті. Әрине, ондай құбыжық кез-келгеннің аппетитін бұзады ғой, шабыт қайдан келсін?
Мен шынында да, қалам ұстамағаныма көп болыпты ғой деп ойладым.
-Қарашы әкпе, Әбдіраштың Жарасқанын тауып алдым.
-Қане көрейік!? -дедім мен шын құмартып.
-Мен Әділетті балабақшадан алып келейін-деді Самал-"сарысапалақты" сағынып кеттім.
-Ой, ол тәтті ғой! Өзі ақылды, мамасын жұбатып қояды. Кеше "мама жыламашы, күлші"-деп қояды өзі, жаным сол. Мен де кеттім, үйдегілерге тамақ істеуім керек. Сенің қасыңда бүгін Самал қонатын шығар?
-Ия, апай уайымдамаңыз, сізге рахмет, мен ертеңге дейін осында боламын.
Мен кітапты парақтай бастадым.
Жолықтың маған...
Махаббат күні төбемнен төбемнен күліп қарады,
Телміріп келем,
Жанарыммен жанға нұр күреп...
Жүз жүрек салған жараны,
Шын берілсе егер, емдейді екен бір жүрек!
Сол кезден қалған жеңілдеу мінез бар әлі,
Сенгейсің бірақ,
Алданған жандар, бір-бірін сенбей алдайды.
Шын жүрек салған жараны,
Жүз жүрек түгіл,
Мың жүрек емдей алмайды!...
Мына сөздің құдіреті-ай, жәй сөзбен айтса маған жетер ме еді, өлеңмен айтса естен кетер ме еді деп ойладым мен.
Достар драмасы.
Ми бар ма,
Мына сенде бар ма жүрек,
Мезгілсіз "семірме"-де,
қалма "жүдеп"...
Қарайсың ертеңіе күдікпенен-
Кешегі адал достар алдады деп.
Баласың,
Түсінбейсің ешнәрсені,
ақылың-ашуыңды баспаса еді.
Осынау аңқылдаған мінезіңмен-
алдауы мүмкін емес достар сені.
Күлімдеп,
Көзін ашар мұнардан күн,
Тірліктің құпиясын ұға алған кім?
Шалқуы, шаттығыңның шамдандырған-
қаңқуы қастарыңның шығар бәлкім.
Өзіңнің ақтығыңды ескер де әман,
Өкпе ме,-
Өкініш пе...
Дес бер ме оған.
Ал, егер алдағаны рас болса-
о баста олар саған дос болмаған.
Осы жолдарды оқып, ақын ағамның ақылды сөздерін құптағандай болдым. Бек маған басында-ақ дос болмаған, тек алдаған... Не деген аңқау едім, ақымақ едім... Ешқашан еркектің көз жасына сенбе, сіңілім... Тамағымдағы тығыным ағытылып кетіп, тағы да көз жасыма ерік бердім. Осы кезде есік ашылып, ішке балам кірді де, маған жүгіріп келді.
-Анашым жазылдың ба, бүгін менімен ойнайсың ба?-деді мені құшақтап.
-Балапаным, балалар өздері ойнамайды ма?
-Жалғыз ойнаған жаман, неге мені жалғыз тудың?
-Жаным сол, бір қыз туайын ба?
-Жоқ, мен ойнайтын ұл-бөпе тушы!-дейді ол қуанып.
-Жарайды жаным, құдайдан ұл-бөпе сұрайық-дедім оны құшақтап, көзімнен аққан жасты көрмесін деп. Бізге қарап тұрған Самалдың да көңілі еріксіз босап кетті...
Мая апай ертесіне екі өкпесін қолына алып жүгіріп келді.
-Марал мен кеше қызыммен сөйлестім, сенің жағдайыңды айтып едім, не айтқанын білесің бе?
-Не айтты?
-Ол әйел жап-жас болып алып, сенен ажыратпаймын, бәріне көнем, үшеуміз бірге тұра берейік десе, тойдың да керегі жоқ десе, бұл жерде бір шикілік бар. Демек ол әйелдің артында "группа людей, секта или бахавистер" тұр. Олардың қызыққаны Бектің ақшасы, бизнесі. Оларды басқарып отырған адам Америкада отыруы мүмкін. Олар дінді жамылып, қазақты қазаққа айдап салып, халықты ішінен құртатын саясат қой. Осылай біреуден қаржы сорып, біреуге көмектескен болып, мемлекетті ішінен бүлік салып отырған үлкен саясат. Бек бұл жерде "жертва", тем более ол қыз қызығатын әдемі де емес...- деді.
-Шынымен, әйтпесе Бек оңбаған емес еді ғой. Мен оны білемін ғой. Оны да алдап соққан, ақшасы құрсын, соңында өзін өлтіріп кетер. Жоқ, бұлай жата беруге болмайды-менің бойыма әлдеқайдан күш бітіп, орнымнан атып тұрып, айна алдына барып, неше күнгі жуылмаған шашымды тарадым.
-Мен оны құтқаруым керек!-осы кезде көзімнің оты жарқ ете қалғанын өзім де байқадым. Менің орнымнан тұрғаныма Мая апай да мәз!
-Дұрыс айтасың, күрес, қолдан берме! Кейін өкініп қалмайтындай әрекет жаса.
Мен телефонды алып, баяғы Мараттың досы Теңізге хабарластым. Ол ендігі Таразда қаржы полициясының бастығы еді. Мән жайды естіген ол:
-Егерде бәрі сен айтқандай рас болса, саған айтар ақылым біреу-ақ. Қаш, балаңды ал да, басқа жаққа қаш. Өйткені олар қолына түскен адамды аямайды.
-Бекті қайтем, оны құтқарғым келеді. Сен оны білесің ғой, ол жақсы жігіт. -Өзімі-өзім таңқалдым. Кім "жақсы жігіт"!?
-Ия, ол жаман адам емес еді, бірақ ол адасты. Ал сен балаңды ойла, өзіңді ойла.
Мен тұтқаны қойдым да, Мая апайға:
-Мен моншаға барып келейін, кешке үй жинап, тамақ істеп, Бекті шақырып көзбе-көз сөйлесейін-дедім.
-Қайтесің енді, қанша жыл бірге тұрдың. Әрине сен оны жамандыққа қимайсың. Тек ана қатыннан сақ болшы. Балаңды ойлашы...
-Жарайды...
-Тоқта мен сенімен бірге барайын, неше күн дұрыстап тамақ ішкен жоқсың. Моншада құлап қаларсың. Тоқта, маска жасайтын заттарды алайын, тұз алайық, мен саған пилинг жасап беремін-ол томпаңдап жүгіріп-ақ жүр. Осы бөтен адам мені анамнан да жақсы түсінетін сияқты, риза болып оны құшақтап алдым.
Моншада рахаттанып үш-төрт сағат жүрдік. Массаж жасадық, бетімізге маска жасап, жасарып қалдық. Үйге келіп, шәй ішіп, үй жинайын деп едім, Мая апай:
-Сен барып шашыңды жөндетіп, тырнағыңды боятып кел. Үйіңді мен-ақ жинап қоямын. Қандай тамақ істейін?
-Бек ет қосып, қуырылғын картопты жақсы көреді.
-Ішің әлі де жақсы көреді-ау соны.
-Шынымен жақсы көретін сияқтымын. Ол менікі, оны ешкімге бергім келмейді.
-Дұрыс, ол сенің балаңның әкесі. Сол үшін күресуге тұрады.
Кешке Бек келді. Баласы қатты сағынып қалыпты. Екеуі құшақтасып отырып, компьютер ойнады. Мен оларға қызығып қарап отырдым. Мәз болып өздеріне қарап отырған маған, Бек те қарай берді. Сосын баласына:
-Енді өзің ойнай тұр, жарай ма, мен мамаңмен сөйлесіп келейін... -деді. Балам басын изеді де, ары қарай өзі ойнады.
Бек маған жақын келді де, қолымнан сүйреп жататын бөлмеге алып кетті. Мен қарсыласпадым.
-Мен сені сағындым, сол түнді сағындым, сол түнді қайталашы!?
-Қай түнді?
-Сол сен шарап ішіп, мас болған түнді...-деп сүймекші болып еді:
-Жоқ, Майгүл сүйетін ерінді сүйгім келмейді. Неге сүйттің, мені ешкімге айырбастамаймын деп едің ғой?
-Сен мені өзің итердің ғой, салқын болдың ғой? Қанша рет теріс қарап жаттың, маған қарамай, айтшы?
Рас, іштей мойындадым. Ол саған деген өкпелерім еді ғой, сенен жылу жетпей, маған көңіл бөлмей кеткен кездеріңе деген өкпем еді ғой? Сол кезде артымнан жақындап, ақырын құшақтап, шашымнан сипап, бетімнен сүйсең, мен саған "кешір" деген сөзді айтқызбай-ақ , құшағыңа құламас па едім...
Бірақ сен мені ойламадың, сен өзіңді ғана ойладың, өз бақытыңды ғана... Сөйтіп басқа жолды таңдадың... Оңай жолды... Бір-бірімізді түсінбегеніміз бе? Дегенмен қанша рет дабыл қағып, махаббатымызды құтқарып қалғым келді ғой. Ал сен кезінде күйзелістен өзіңді алып шыққан маған, өз кезегіңде көмек қолыңды созғың келмеді... Уақытыңды босқа өткізгің келмеді... Өзің ғана ойнап-күліп кете бардың... Мәңгілік дос болғаның осы ма!?
Сені шығарып салдым. Не болар екен? Сонда да, сенің де мені қимайтының, көңіліме қуаныш септі... Бүгін кімді таңдар екен? Сол кешті асыға күттім.
Біз осында көшіп келгелі, бірінші рет тыныш ұйықтадық. Балаң әлі ұйқыда. Сенің кешегі "сүйем" деген сөзіңе бола әлі екі езуімді жия алар емеспін. Бақыт деген осы шығар!? Ана шайтан азғыратынын білем, жеңетінін де білем. Бірақ кешке кинодағыдай гүл алып, маған келсең ғой...
Кешке сен гүл алып келгеніңді көргенде, "осымен осы қорқынышты түстің бәрі бітті-ау, сен мені таңдадың ба?" -деп мәз болдым. Тек қуанышым көпке созылмады, көңілім су сепкендей басылды. Сен әлі таңдай алмай жүр екенсің. Майгүліңмен сөйлесіпсің,байғұс "бәріне келісіп отырмын ғой, маған ештеңе керек емес" деп жылаған екен, жаның ашыпты. "Ол да біреудің қызы ғой" деп қоясың. Мен ше, мен осылай аспаннан салбырап түсе салыппын ба, маған жаның ашымайды ма? Майгүлге хабарластым да:
-Жаным, сен жассың ғой, басқа жігіт тауып алшы, менің жанұямды бұзбашы-деп жалындым. Ол болса:
-На каком основони, ты ему жена?-деп бетіме басты.
-Әділетімнің көз жасы ұрсын сені...-деп налыдым.
-Сен де Досжанның көз жасына қарамадың ғой? Мен сен туралы бәрін білем.
-Сен мен туралы ештеңе де білмейсің. Сол кезде баласының жанына кеткен Бек бөлмеге кірді.
-Қарашы, маған сен емес мен оның әйелімін дегендей сөйлейді, тыңдашы-мен оған телефонды создым-мені қорлауға қандай қақысы бар оның?
-Я так не говорила, я просто сказала....-ар жақтағы өктем дауыс жұмсарып шыға келді. Бек бөлмеден қаша жөнелді. "Екі қатын алғаның-өзіңді отқа салғаның"-деген осы. Айрандай ұйып отырамыз деп ойладың ба, "екі сиыр алсаң-айран, екі қатын алсаң ойран". Бек темекі шегіп келді де:
-Ол өзі хабарласты ма, сен хабарластың ба?-деп сұрады.
-Бәрібір емес пе?-дедім.
-Айтшы, өзі хабарласты ма?
Осы кезде телефоным шырылдады.
-Мә, сенбесең өзің сөйлес. Мынау тағы да сол, өзі алған беттен қайтпайды екен. "Көргенсіздіктің шегі жоқ"-деген рас екен-ау!-дедім мен оған телефонды көрсетіп. Бек телефонға жақындамады. Сосын мен оны өшіріп тастадым. Телефон қосуға да қорқатын болдық қой. Ол іле-шала Бекке телефон соқты, ол да алмады. Менің қасыма келіп, төсекке жаттың.
-Сен мені жақсы көресің бе?-деп сұрадың. Мен, сен маған ғашық кездегі жазған күнделігімді алып оқи бастадым. Сол бірінші күннен бастап... Бірінші түннен бастап... Сенің күнде менің есігімді күзететінің, мас болып артымнан абтобусқа жүгіргенің, есіңде ме? "Мына автобус неге қайта-қайта тоқтай береді" деп ренжігенің, ішінде темекі шексем болама дегенің? Енді бір тоқтағанда маған "бар балмұздақ алып келші" деп ақша ұсынғаның? Мен сенімен кездесуге бармай қойғанда, үйге мас болып келіп, үн-түнсіз маған қарап отыра бергенің есіңде ме? Келіннен ұялғаным-ай! Гүл алып келгенің ше? Әтір сыйлағаның, телефон сыйлағаның есіңде ме? Жұмыстан үйге апарып тастаған күндерің? Машинаң бұзылып қала беретін кездер? Екеуміз көшеде тамақтанатын кездер? Екеуміз үйге қонбайтын кездер?
Сен қатты тебірендің, тіпті көзіңнен бір тамшы жас үзіліп түсті...
-Мен бәрін ұмытып қалыппын...-дедің.
-Мен ештеңені ұмытқан жоқпын.
-Кітап жазсаңшы?
-Бақытсыз Марал деген ба?
-Бақытсыздыққа жеткізбеймін, сені ешқашан тастамаймын!
-Оны жұмыстан шығаршы?
-Жүре берсін, обал ғой...
-Ол мүмкін емес, көз алдыңда жүрсең оны да, өзіңді де қинайсың.
-Сен менің жұмсарғанымды пайдаланып тұрсың
-Менің шартым біреу-ақ, не ол, не мен!
-Жарайды, онымен ертең сөйлесемін.
Бұл ұзаққа созылатын сияқты. Ол жеңсе не істеймін, Бегімді жібере аламын ба? Мен жеңсем не істеймін, Бегімді кешіре аламын ба?
Ертесіне басқа нөмір сатып алып, саған хабарласып келші дедім. Келдің, сенің әр келгенің мейрамдай, балам екеуміз есікті аңдып тұрып, сен үйге кіре сала мойныңа асылып жүрдік. Әсіресе мен баладан ары қуанып, қарсы аламын. Сен торт алып келіп, екеуміз қайта қосылғанымызға мәз болдық, балаң үшеуміз тойладық. Сен "бәрі бітті, үздім, бірақ жұмыс істей берсін" дедің, "маған сен" дедің. Мен сендім, көндім...
Бірақ оған Майгүл көнбеді. Менің нөміріңді сенің телефоныңнан ұрлап алыпты, тағы да хабарласты. Мен жауап бермедім, осы кезде сенің шыдамың таусылған еді. Сен мұны оған кешірмедің, мен сенімен жеті жыл бірге тұрып, телефон емес, рұқсатсыз қалтаңды да қарамайтынмын. Ол да бетіндегі, өмірі бәрін түсініп, еркекінің еркіне көнетін бейнесінен шығып, бет-пердесін шешіп ашық шабуылға көшті.
Сені шығарып салып, дастархан жинай бастадым. Мая апай келіп қалып, нағыз қазаққа ұқсап, шәйден кейін шәйге отырдық. Сен хабарластың.
-Майгүл хабарласып, боғын пышақтап жатыр. Қазір саған "барып быт-шытыңды шығарамын" деп жатыр...
-Жынды ма, қайта менен именудің орнына, ұяты жоқ екен...
-Бара бер дедім, келіп жатса есік ашпа, жарайма, маған хабарлас?
-Жарайды, келіп шу шығарса, милиция шақыртамын...
-Жарайды.
-Жақсы-дедім де телефондарды өшіріп тастадым. Мая апай естіп,ал келіп ашуланғаны бар емес пе?
-Қай бетімен келеді, ұяттан безген салдақы. Келгенім жақсы болыпты ғой, қазір келсе, мен оның бетін жұлайын. Қарашы мұны, сенің момындығыңды басынып тұр ғой! Мекен-жайды қайдан біліп алған?
-Бұрын бір рет келген, мүмкін ұмытып қалған шығар?
-Келсін, кім жеңер екен, көреміз!?-деп әлден жеңін түріп дайындала бастады.
Әйтсе де ол келмеді. Ертесіне сіңілім Самал мен інім Марат келді.
-Сенде бәрі жақсы ма, ауырып қалған жоқсың ба?
-Жоқ, не болды?
-Мынауың не, өзіңе-өзің ұқсамайсың, сен жаздың ба, және неге жездемнің телефонынан. Айтпақшы сенің телефоның неге өшіп тұр?
Мен оның телефонындағы хабарламаны оқыдым."Ты не хочешь нас поздравить, я беременна, наш папа хочеть девочку" Мүмкін емес, өз телефонымды қостым. Түнімен Бектің нөмірінен бірнеше хабарлама келіпті. "Тойдырып жібергеніңе рахмет, енді жатып ұйықтаймыз" Өз көзіме өзім сенбедім. Кешегі менімен өткізген керемет кештен кейін, ол соған барды ма? "Поштаңды қос, біздің семейный фотографияларды көргің келсе" Тез Бектің телефонына хабарластым.
-Алло-телефонын Майгүл көтерді. Мен үшін бұл ауыр соққы болды. Өңім бозарып, аяғым әл кетіп, құлап бара жаттым. Марат ұстай алып, төсекке жатқызды.
-Олай болуы мүмкін емес... Біз кеше ғана табыстық қой... Қалайша менен кейін ол оның қойнына кетті, қалайша? Бұл мүмкін емес...
-Жетер, кез-келген нәрсенің шегі бар! Қашанғы кешіруге болады? Қашанда мойнына асылуға дайын тұрасың. Біз еркектер ондайды бағаламаймыз. Жібер оны, жөнімен кетсін. Біз тұрғанда сен далада қалмассың. Өзіңді де бір сәт ойласаңшы...
-Ол менің жарым, баламның әкесі ғой...
Олар кеткен соң, Мая апайым келді. Мені сол кісіден артық түсінетін адам жоқ шығар...
-Ол мүмкін емес... Бек әрине оңбаған, бірақ соншалықты сұмырай емес шығар... Сен оның өзінен сұра, бұл жерде бір шикілік бар. Жүрегіңді босқа ауыртпашы, инфаркт болып өлетін болдың ғой. Дәріңді ішші, қайда, қазір мен әкеліп берем, сен жата бер...
Бір уақытта сен хабарласып, "қазір келем, тек маған сенші" дедің. Терезеге қарап телмірумен болдым. Түсіндірші, не болып кетті? Қашан келесің? Сен де көріндің. Машинаңнан түсіп үйге беттегенің сол еді, телефоныңа біреу хабарласты. Сол шығар деп ойладым, сенен көз алмадым. Сен оны тыңдаумен болдың, жиырма минут бойы бас шұлғумен болдың. Сосын басқа жаққа бұрылып кете бардың. Мен асығыс киініп, артыңнан келдім. Міне сен тұрсың, "жарайды" деп басыңды изеп қоясың. Артыңда желкеңе дем алып тұрған мені сезбейсің де. Бір уақытта екі жақта бір шешімге келісіп телефонды өшіріп, үйге беттедің.
-Әй!-деген даусымнан шошып кеттің. Сосын телефоныңды көрсетіп
-Қарашы, "я вас отпускаю, будьте счастливы"-деп жазып жіберіпті.
-Қырық минут не туралы не деп сөйлестіңдер?
-Жәй жұмыс жайлы...
-Түнімен не жайлы сөйлестіңдер?
-Түнде мен онымен болған жоқпын. Ол кеше ашуланып мені үйіме іздеп келді. Сосын "қайдан келе жатырсың" деп ашуланды. Мен "шаруаң болмасын" дедім. "Жұмыстан бағана кеткенсің, соған бардың ба, тойдырып жіберді ме?" дейді маған. "Ия тойдырып жіберді!" дедім. "Менің нөміріме жауап бермейді, әкел сенікімен сөйлесемін" деп, қуатқа қойып қойған менің телефонымды алып саған хабарласты. Сен өшіріп қойыпсың. Содан жыны келіп телефонымды алып, тұра қашты. Досжан артынан қуып кетіп еді, таппай келді. Телефонымды бүгін үйіне Досжанды жіберіп алдырттым. Шын айтамын!
-Ол үйді ол қайдан біледі? Мен ауылға кеткенде әкеліппе едің?
-Жоқ, Досжан екеуі бір құжатқа келген.
Өтірікші. Дегенмен өзімді ұстап қалдым. Ол тағы хабарласты.Бек "кейін сөйлесеміз" деп басып тастады.
-Неге сөйлеспейсің, сөйлес мен тыңдайын...
-Қойшы, сенің көзіңше сөйлесе алмаймын.
Өтірік, тағы да өтірік. Үш жыл бойы ұялмай бетіме қарап келген адам енді ұялып қалыпты. Мен жоқ та талай үйге әкеліп жатқан шығарсың?...
-Сен екеуің қосылып мені алдап жүрсің.
-Олай деме...
-Онда, оның не айтатынын естігім келеді. Дәлелде. Ол телефонын көтерді.
-Ия!
-Бек баланы не істейміз?-Ар жақтағы дауыс өктем шықты. Тап басқаның баласы туралы сөйлесіп жатқандай.
-Білмеймін, мүмкін ол бала менікі емес шығар?-деді Бек менің түріме қарап.
Ар жақтағы дауыс мұндайды күтпеген еді, абдырап қалды.
-А-а-аһ, аһ как вы можете так говорить? "Алдымен құдайға, сосын саған ғана сенем" деп айтушы едіңіз ғой. Я рожу этого ребенка, и докажу что он ваш. Жизнь на этом не закончиваеться, жизнь только начинается! Если она вас так любить, то почему бросает, я бы до конца света была бы с вами. Скажите ей пусть не радуется, мы с вами еще будем счастливы!
Байланыс үзіліп кетті. Бек маған:
-Ешқандай бала жоқ, уайымдама-деді. Ол тағы хабарласып жатыр.
-Бек мы должны поговорить, на едине, иначе я ей покажу наше свидетельство о браке.
-Көрсет,-ол телефонды басып тастап,-сенбе, ешқандай куәлік жоқ-деді
-Сендер мешітке барып некеге тұрдыңдар ма?
-Ол "ойнас болмайық" деп қоймай қойды,бізде куәгер де болган жоқ.
-Мен ше, сонда жеті жыл жалынған маған көнбей, көшеден қосылған қызға үйлене салдың ба? Мені бір рет зорлап ойнас қылдың. Енді менімен бір үйде тұрып жүріп, онымен некеге тұрып алыпсың...Мені осылай екі рет ойнас қылғаныңды білесің бе? Ажырас, қалай үйлендің солай "талақ" қыл, қазір.
Ол қыз өзі тағы хабарласып жатты.
-Когда приедете?
-Сен менің өмірімді тозаққа айналдырдың, мен сені талақ етем. Талақ, талақ, талақ! Енді мені жайыма қалдыр.
-Все не так легко, как вы думаете. Должно пройти время. Это вы перед ней так говорите, передо мной вы говорите совсем другое. Я хочу чтобы все это вы сказали прямо мне в лицо!
-Жарайды.-Осымен ол әңгіме бітті, ол "кетуім керек" деді. Менің бар айтқаным:
-Тек оның үйіне бармашы, басқа жерде сөйлесіңдер, жарай ма?
-Жарайды, тек сен енді уайымдама.
Мен үйге қалай кіргенімді білмеймін. Теңселіп келе жатқан мені алдымнан шыққан Мая апай сүйей берді.
-Сорлы өлетін болдың ғой, мұншама әлсіз боласың ба? Денсаулығыңды ойласаңшы, дәріңді ішіп алшы. Әлгі тыныштандыратының қайда?
-Ол оған баяғыда үйленіп алыпты. Маған мешіт туралы айтпа, дін туралы естімейтін болайын деуші еді. Қалайша? Сонда мен ойнас болдым. Ол қатынмен некеге тұрып алып, мені мың рет құдай алдында күнәһар етті-ау...
Оған қалай сеніп келгем? Жүрегім бұл салмақты көтере алмас... Менің жаныма қатты батты, бәрінен де қатты батқаны сенің оған "бірінші құдайға, сосын саған ғана сенемін" деп оған айтқаның. Жаныңда қанша жыл жүріп, тек сен деп өмір сүріп, сенің тілегіңді тілеп, сенің отбасың, бала-шағаңды ойлап, бірге уайымдап, бірге қуанып жүрген маған айтпаған сөзіңді соған айтатындай ол саған не істеді, сен үшін не істеді сонша? Сенімен қол ұстасып жоқшылықтан өтті ме, Әділеттей ұл туып берді ме, балаңды тәрбиеледі ме? Жоқ ол сен қанша қатал, төсекке суық болғаныңа қарамастан мен сияқты саған сеніп, мен сияқты адал болып қалды ма? Маған сенбейтіндей саған не істедім? Ақшаңды ұрладым ба, жоқ әлде бір рет санадым ба? Жоқ әлде көзіңе шөп салдым ба, жоқ әлде сатып кеттім бе? Маған сенбейтінің сонша, мен сыйлаған іш киімді де кимейсің ғой? Неге, мен бірнәрсе істеп қояды деп қорқасың ба? Ондай жаман ойды басыңа салған кім, ашынаң ба? Мүмкін ол өзі шығар, сені дуалап жүрген. Мен дуаласам, сен баяғыдан бері, тек менің айтқаныммен жүріп, айдауыма көнбес пе едің? Сен соның айтқанымен жүрсің емес пе? Тіпті ел аман, жұрт тынышта, сені бәле жаладан сақтап жүрсін деп, кілтіңе байлаған аметист тасты, бір күнде лақтырып тастамадың ба? Ана албасты лақтырып таста деді ме? Ал ол сыйлаған портфельден ажырамай бір жыл көтеріп жүрмедің бе? Маған ауыр тиеді деп ойламадың ба? Не жаздым саған сонша? Тіпті кешірім де сұрауға шамаң келмеді-ау... Оның орнына теледидардан З. Көпбосынов "кешірім" сұрап жатты...
Кешір мені,
Жүрегіңде өзім салған жара жатыр...
"Кешір" деуде,
Маған ауыр болып бара жатыр...
Мен Әбілжанды шақырттым:
-Сені менің бауырым деп сеніп жүрдім ғой, неге маған бәрін басында айтпадың? "Жиен ел болмас" деп қазақ бекер айтпаған екен. Шын бауырым болғанда, мені мазақ қылып жүрген жездеңе қосылып, бірге ойнап күлмес едің!? Сен ба, сонда жездеңе "қатынды қалай ұстауды үйретіп", құлағына құйып жүрген!?
-Нені?
-Жынымды ұстатпа,
"Түні бойы жоқтапты да, жылапты.
Таң атқанда: "Өлген кім?"-деп сұрапты" дегендей болмашы!?
Майгүлдің жездеңмен ойнас болып жүргенін, сен де біліп жүрдің ғой?
-Олар жәй дос, ол ондай қыз емес...
-Не дедің, сен оны жақтап тұрмысың?
-Шын айтам, ол байғұс, өзінің басындағы кредитті қалай төлеймін деп басы қатып жүр?
-Солай ма? Сенен де көмек сұрады ма?
-Ия!
-Көзіңді аш бауырым, мұнда қандай соғыс болып жатқанын білмейсің бе? Қара ол маған не деп хабарлама жазатынын....-деп мен телефонды ашып оқыттым.
-"Қаншық Дулат мен саған көрсетемін, ұмытпа менің қанымда татар қаны ойнап жатыр"... Мынаны сол жазып жүр ме, неге?
-Өйткені ол жездеңді тартып алғысы келеді. Мен неге телефон нөмерімді он рет ауыстырды дейсің? Ол қайта-қайта оны Бектің телефонынан ұрлап алып, маған күн көрсетпей жүр емес пе? Сөздері оқтай, оттамайтыны жоқ. Мен жындыханадан шығармай қойматын сияқты... Ол Бектің тоқалы болып алыпты!
-Мен оған көрсетемін, мен оның быт-шытын шығарамын...-Әбілжан дірілдеп есікке ұмтылды. Мен шошып кетіп, оны тоқтатуға тырыстым. Маған болысамын деп жүріп, бауырым бірнәрсеге ұрынып қалар...
-Ойбай, тоқта, қайда барасың?
-Қазір оның үйіне барып...
-Сен оның үйін қайдан білесің?
Ол басын ұстап отыра кетті. Маған тағы бір жаман ой келді. Ол қыздан сен де дәм татып үлгергенсің-ау дедім. Мен де отыра кеттім. Не деген ұятсыз, қанағатсыз еді, бұл қатын? Тіпті алысқа бармай-ақ жан-жағындағының бәрінің қойнына жата берген бе? Сұмдық-ай! Бектің 40 жылдығына келіп, кіндігіне дейін алды ашық қара көйлек киіп, етегін түріп отырғанда, қайным да айналсоқтап қасынан шықпай, ақырында сол шығарып салып кетіп еді, оны да құртқан шығар, бұл? Біреуі біліп қойса ұят деп ойламайды ма, сонда? Жоқ, мойындамасам болды, дәлелі жоқ деп ойлайды ма екен? Бірақ, "түйе мініп жүріп, қой арасына жасырына аласың ба?". Не деген әйел, біз үш айда болған бір тойға мәзбіз, ол болса бір күнде үшеуімен ойнайды, жәлеп емей немене?
Мені Мұқағали ағам "жұбатумен" болды.
Көтеріп тұрып, құлатады өмір.
Күлдіріп тұрып, жылатады өмір.
Етегің толып еңіреген кезде,
Қайтадан өзі жұбатады өмір.
Үмітіңді үзбе, түңіле көрме.
Құлап барып та, гүл атады өмір.
Үп еткен желге дірілдей берме,
Шыдамдылықты ұнатады өмір!
Күн артынан күн өтіп жатты, мен жұмыстан бас тарттым. Менің жұмыс істейтін шамам жоқ еді, жұмыс тұрмақ тамақ ішу мен үшін қиын болды. Қасымда Мая апай болмаса, не істер едім? Бек келіп-кетіп жүрді. Ол мені шынымен өліп қалар деп қорықты. Біз бәрін қайта бастағымыз келді. Десек те күнде бір нәрсе болып жатты. "Енді бәрі жақсы болады" деп сендірді ол.
-Бек, бұл дуа ма, махаббат па?
-Білмеймін...-дейді ол. Шынымен ол оны жақсы көріп қалды ма екен?
-Мені неге Майгүлге айырбастап кеттің?
-Сен мені менсінбей кеттің ғой. Ішетін болған соң жиіркенетін шығар деп, арақты да қойдым. Сонда да салқын болдың.
Ол айтып жатты, ал мен оның сөздерінен өзімді танып отырдым. Менен де қателіктер кетті. Ол енді менен ешқайда кетпейді деп ойлаппын...
-Жарайды, енді бір-бірімізді кінәламайықшы, мен көп ойландым және бәрін түсіндім. Енді бәрі басқаша болады.
-Жаным сол!
Мен сол төсек бөлек салынған күннен бастап-ақ дабыл қағуым керек еді.
Мен сол сен түнгі клубтан келген күні-ақ дабыл қағуым керек еді.
Мен сол сен үйге алғаш қонбай қалған күні-ақ дабыл қағуым керек еді.
Мен сол Майгүл сенің машинаңнан түскен күні-ақ дабыл қағуым керек еді.
Мен сол сен маған ауру жұқтырған күні-ақ дабыл қағуым керек еді.
Мен сол сен қарның тойып келген күні-ақ дабыл қағуым керек еді.
Сенің 40 жылдығыңа жартылай жалаңаш келіп, маған күліп отырған оның бетін тырнап, шашын жұлуым керек еді. Ол екенін білген күні дүкенге барып, оны масқаралап неге қуып шықпадым? Соншалық момындығымның өзінде, сен мені ылғи да, билікқұмарсың, ашушаңсың, жөнсіз жерде шаң шығарасың деп басып аузымды жабуға шебер едің. Не деген соқыр едім, не деген аңқау едім, не деген қорқақ едім. Не деген ес кірмейтін, сен мені қанша қорласаңда, ескермейтін махаббат бұл...
Ал қанша рет, сендер жата беріңдер, мен кеш келем, есікті өзім ашып кіремін деп айтқан едің? Сол кезде соның қойнында жатыр ма едің? Қалай ұмытсам екен? Мен ғаламтарда отырғанда, сенің жұмысыңнан маған пошта арқылы хат жазған сол екен ғой? Мен біреуін де қабылдамадым. Сосын маған неше түрлі жігіттерден хат келді, мен біреуіне жауап бермедім. Сосын ұятсыз хаттар келіп түсті, біреуін ашып қарамадым. Енді түсінікті болды, ол мені солайша сенің алдыңда мазақ қылғысы келген екен ғой? Менің абыройымды тек саған деген шексіз адалдығым ғана сақтап қалған екен ғой! Қасыңдағы адал жарыңа сенбей, досты неге айдаладан іздегенсің? Енді сенесің бе? Мен ше, енді саған сене аламын ба?
Бек кеше келіп келіп, қонып кетті. Көңілім жайланып, түсімде жайлауда бауырсақ жеп, қымыз ішіп отырдым. Шынымды айтсам, сағынып қалыппын. Сонда да, көңілдегі күдік мазалап жатты. Енді алдымда не күтіп тұр екен? Көңілім күнделігіме шерін тарқатып жатты...
Алданған арман.
Шындығы жоқ, ептегейсіз,
Ақталасың алдымда.
"Сен қартайып кеттің..." дейсің,
Сен жас болып қалдың ба?
Бірі жақса, бірі жаман,
Келісемін жардың да.
Қартайғанға себеп болған,
Не?
Ұмытып қалдың ба?!
Бір жақсылық жүрдім күтіп,
Жүрегімді тыңдамай...
Жүн қылдың-ау, жібек түтіп,
Ал қыздың күң болғаны-ай...
Сен бақытты қыламын деп,
Бар уәдеңді бергенсің...
Мен бақытты қыламын деп,
Әуре болып келгенмін...
Қойшы, қойшы кешірдім мен,
Сен де мені, кешірші...
Жүрегіме көшірілен,
Есіміңді өшірші...
Ажырасу неткен қиын еді...
Көптен бері дүкен араламаған едім. Ақшаны үнемдегеннен емес, көңілім ешнәрсе қаламағаннан. Енді міне көңілім көтеріліп, дүкен аралап, моншаға барып, шашымды кесіп, макияж, маникюр жасатып, өзгеріп шыға келдім. Кешке көздің жауын алатын әдемі әшекейлерімді тағып, әтірімді сеуіп Бектің жұмысына келдім. Оған хабарласып, дүкенде күтем деп едім, жанынан бір елі қалмайтын баласынан ажырап, әйтеуір өзі келді. Мен оны мейрамханаға шақырдым. Қолтықтап шығып бара жатқанда, жан-жақтан менеджер қыздар мойнын созып қарап жатты. "Мынау кім?"-деп ойлаған шығар, анау албасты оларға оны өзінің күйеуі деп айтып қойғанына күмәнім жоқ. Мен одан сайын жабыса түстім, ол қысылып "қойшы"-деп қояды.
-Неге? Бәрі білсін, сенің әйелің кім екенін-дедім мен. Ол өзі қалаған жеріне апарды. Жақсы отырдық, шарап ішіп, масаңдап, оған еркелеп отырдым.
-Бүгін біздің алғашқы түнімізге, тура жеті жыл болады, Баламыз жақында алтыға келді. Мен тағы бір қызымыз болғанын қалаймын. Мына мейрамхана үстінде қонақүйге барсақ, сен қарсы емессің бе?
Ол қарсы болды. Бір нәрсеге алаңдап, тезірек кеткісі келгендей, қайта-қайта сағатына қарап, қайта-қайта темекі шекті.Кешкі сағат тоғызда үйге келдік. Машинада да қалай құшақтасам да, жібімеді. Тіпті сыртқа шығып кетіп, тағы да темекіге жабысты. Бәрібір менен қашып құтыла алмады...
-Ой, асығыспын, мені папамдар күтіп отыр.
-Ойбай не болды, біреуі ауырып қалды ма?
-Жоқ ет асып қойыпты.Жаңа ғана хабарласып айтты, оны ертерек білгенде саған соқпас едім.
Сенейін бе, сенбейін бе!? Қашаннан бері, ет үшін үйге жүгіретін болған, ет жемеген адамдай. Мен асып қойған етке бұлай асықпаушы едің ғой. Мені қойшы, талай қонақ шақырғанда, қонақтарды екі сағат күткізіп қойып, моншаға кіріп кетуші едің ғой.
-Жарайды енді, он бес минут күте тұрар. Менің айтарым бар.
-Ал айт.
-Мешітке барып молдамен сөйлестім. Жігіт пен қыз жақтан бір-бір куәгер, және бір-бір туысқан адам болуы шарт екен. Әркім келіп өз ойнасымен некелеспеу үшін, заңды неке туралы куәлік немесе ажырасты деген қағаз керек екен. Сендер қалай некелескендеріңді қайдам, бұл жерде бәрі жария түрде өткізіледі екен. Сені асықтырып жатқаныма кешір, бірақ маған осы белгісіз болашақ ұнамайды. Өйткені мен кімге сенерімді білмеймін?
-Сонда сен маған сенбейсің бе? (Еркекке дауа жоқ, сонша былығынан кейін де, қалай өзіне сенімді сөйлейді. Менің сенімімді үш жыл бойы таптап басқа жанұя құрып алғанын ескермейді де.) Мен сені тастайтын болсам, баяғыда тастап кетер едім. Сен менің баламның анасысың, сондықтан мен сені ешқашан тастамаймын.(Мен таңқалдым,бүгін басқа Бек келген сияқты ма, қалай?) Жидегүл өзі мені көргісі келмей қуып жіберген, әйтпесе мен оны тастамас едім.(Туу, әйтеуір бір сөзі рас-ау.) Мен Майгүлге де айтқанмын, Маралды ешқашан тастамаймын деп. Сен мен ешкімге керек болмай далада қалған кезімде кездескенсің. Мен ешқашан қасымда қиын кезде болған адамды тастап кетпеймін, мен жақсылықты ұмытпаймын.(Мәссаған, мынау баяғы менің Бегім ғой, осы уақытқа дейін қайда жүрген. Әлде ана қатынның дуасының күші кете бастады ма екен!?) Майгүл де маған айтқан,(ол оның атын айтып, жүрек тұсына қолын апарғанда, менің жүрегім сыздап кетті.Оны әлі жақсы көреді ма? Қызғанып кеттім.) "Мен сені Маралдан айырмаймын, (Тіпті солай ма? Сонда кім сені маған қарсы қойып жүрген. "Қатыныңды басындырма, сен еркексің, неге оны орнына қоймайсың?"-деген сөздерінен кейін емес пе, мені адам ғұрлы көрмейтінің) өйткені мен одан кейін келдім деп." (Туу тегі өзінің тоқалдық орнын біле қалыпты ғой. Онда неге маған хабарласып сен кімсің деп айтады, қу түлкі. )Ол "қатыныңды таста" деп ешқашан айтқан емес.(Екі өтірікші бір-біріңді адаспай тауыпсыңдар ғой!)
-Сен қазір онымен араласып жүрген жоқсың ба?
-Жоқ.
-Ол қалада ма?
-Білмеймін.(Сенгі-і-ім келіп отырғаны.) Менің туысқандарым сен туралы не ойласа, оны ойласын, жаман айтсын, жақсы айтсын, менің өз ойым бар.(Мүмкін емес, Досжанның бетіне қарап солай айта алар ма екенсің?) Сен ойлап жүрген шығарсың, олар мені саған қарсы қояды деп?
-Олар мені жамандайды ма?(Таңқалдым)
-Мен сені олармен араластырмаймын.Сондықтан олар сенің жамандығыңды да, жақсылығыңды да білмейді. (Туу, тамыры тереңге кетіпті ғой, не деген даналық бұл?) Сен өткенде айтып едің ғой, бәріне көнем деп, енді маған қысым жасап жатырсың.(Өз бостандығын, басқадан да солай қорғаса ғой. Мен жеті жыл бойы жете алмағаныма, Майгүл бір-ақ күнде қалай жеткен? Менен жас болса да, тәжірибесі мо-о-ол болып тұр ғой, шіркін. Әйтпесе, мына кісі оның ойыншығына айналмас еді. Маған ондай болу қайда-а-а!?)
-Тек мешітке барайықшы дедім ғой. Осы айдың соңына дейін?
-Барамыз, мен сені тастамаймын.
-Екеуміз осылай бөлек тұра береміз бе?
-Ол мәселе шешіледі.
-Күзге дейін шешілетін шығар.(Досжан шетелдегі оқуын жалғастырар.)
-Құдай қаласа.
-Жарайды... Тағы да сендік...
-Алдамаймын, шын сөзім!
Осыны асығыс айтты да, құшақтасып, қоштасып кете барды. Мен қалдым, оған тағы да сеніп... Енді не болар екен?
Уәделі жұмада ол мешітке келе алмаймын, уақытым жоқ деді. Бұл әңгіме қашан бітер екен? Бүгін Әділетті алып кетші дедім, сені сағынып жүр,қасыңда болсын дедім. Сен келдің, сөйлестік.
-Мен саған қатты ренжідім-дедім.
-Сен ренжімейтін күн бар ма?
-Сенің үйленуге уақыт жоқ дейсің. Жеті жылда бір уақыт табуға болатын еді ғой.(Ойнасыңа қалай уақыт таптың?) Сенің ниетің жоқ.
-Уақыты келгенде үйленемін.
-Қашан?
-Сен мені зорлап үйлендіргенде бақытты боласың ба?
-Әрине зорламаймын. Тек себебін білгім келеді, соны айтшы?
-Сен маған үйленіп алып, маған көрсетпегенді көрсетесің.
-Мені жеті жыл сынағының аз ба?
-Баламды қуып жібересің?
-Ол мені қуып жіберді ғой.
-Менің ақшамды санайсың, екіге бөліп алғың келеді.
-Мен бір рет сенің жұмысыңа барып, немесе үйде жинаған ақшаңды санадым ба? Тіпті санашы деп алдыма тастаған күннің өзінде, мен талай бас тарттым емеспе?
-Ия, сен санамайтынсың.
-Енді не?
-Саған қағаз не керек, осылай тұра берейік?
-Маған қағаз керегі жоқ, осылай өмір бойы тұра беретін де едім. Тек ертең тағы бір Майгүл сияқты қатын кездесіп, балам екеумізді қуып шыға ма деп қорқамын.
-Қорықпа, одан да жүйкеңді емде, жындануға шақ қалдың ғой.
-Сонда менен құтылудың амалын іздеп жүрсің бе?
-Жоқ.
Ол Әділетті алып кетті. Жылап отырған мені, Мая апай жұбатумен болды.
-Е, балам, біз әйелдер қанша нәзік болсақ та, көтеретін жүгіміз еркектерден әлдеқайда ауыр ғой. Олар қалай басқа қатынды құшты, солай бұрынғы өмірлерін бір-ақ күнде ұмыта салады. Бұрынғы өмірмен бірге, ата-анасы, достары, жора-жолдастары, тіпті баласын да ұмытып кете барады. Өйткені біз бәрін жүректен өткіземіз, оларға бәрі оңай, қиналса еш ойланбастан қолын бір сілтеп, тайып тұрады. Біз ғой, бәрін сақтап қаламыз деп, жоқтан бар жасап әуре болып жүргеніміз. оның үстіне балалы болған соң, өз өміріңнен бас тартып бала деп өмір сүресің. Мені де екі жасымда әкем тастап кеткен. Тіпті есімде жоқ, тек ұлты орыс екенін ғана білемін, шешем қазақтың қызы. Ол кісі бір жылдан кейін, тұрмыс құрыпты, бірақ көпке дейін бала көтере алмапты. Мені басында екеуіде жақсы көрді, әкеме өз қызындай еркелеп өсіп келе жаттым. Тек он үш жылдан кейін інім дүниеге келгенде, оларға керек емес болып қалатынымды білмеппін. Өгейлігімді сезініп, жалғызсырап жүрдім. Содан болар жиырма жасымда, Ермек кездескенде, соның етегінен ұстап Шымкентке кете бардым. Енем жақсы кісі болды, тіпті маған жаны ашып сиырды өзі сауатын. Өзім алты балам болса екен деп армандадым, үш ұл, үш қыз. Құдай тілеуімді беріп, алты бала көтердім. тек екеуі шетінеп кетті. Отасқанымызға он үш жыл болғанда, енем қайтыс болып, күйеуім екеуміздің арамыз алшақтай бастады. Дәл сол кезде "маленкая Вера" киносы шығып, еркектер бұзыла бастады. Сол кино талай отбасын ажыратқан шығар. Менің де күйеуім, үйге менің үстіме қатын алып келді. Сол кезде менің қандай күйге түскенімді білесің бе? Сонда да шыдап бақтым, төрт баламен қайда барып сиямын деп ойладым. Көрген күнімді иттің басына бермесін, сонда да шыдап бір жыл тұрдым. Баланың алды он үшке келіп қалған, олар намыстана бастады. Тек сонда ғана, заттарымды жинап, төрт баламды жетектеп Алматыға шешемнің қолына келдім. Сонда шешем мені ойлаудың орнына, баласын ғана ойлап, менің қолымдағы жиған тергенімді алып, бауырымды Мәскеуге оқуға жіберді. Екі жылдан кейін ол үйге де сыймай, кері Шымкентке қайттым. Бала-шағаны асырау үшін, оқыту үшін ақша керек. "Өлмегенге өлі балық кезігер" деп, маған қызыққан бір Шевкет деген өзбекке байға тидім. Барлығымыз үй алу үшін, ертеден кешке дейін сауда жасадық, ақыры біреудің үйін қарызға алып, шетінен құтыла бастадық. Осы үйді алсақ, балаларымды үйге тіркеуге тұрғызамын деген Шевкет, күн өте өзгере бастады. Оның үстіне оны туысқандары да айныта бастады. Ақыры тағы да төрт баламен далада қалдым. Алматыға қайтып келдік. Шешемнің үйіне бірде сиып, бірде сыймай далада жүрдік. Тіпті өзімнің туған шешем де, өгей әкем екеуі менің балаларымды үйлеріне тіркеуге тұрғызудан бас тартты. "Кейін өскен соң, біздің баламен таласып, өз үлесін сұрап жүрер..." -деп маған ашық айтты.
Кез-келген жұмысты істедім. Балаларым студент бола бастады. Бірақ тұратын үйіміз әлі жоқ еді. Сөйтіп жүргенде, өгей әкем ауыра бастады, беті бері қарамаған соң, ең болмаса немересін көріп кетсін деп бауырымызды үйлендірдік. Келін түскеннен, көрмеген қорлығымыз жоқ. Келін үш бөлмені сатып, екі екі бөлме қыламыз деп, ақыры өз үйімізден де айырылып қалдық. Есесіне келіннің шешесі аяқ астынан үйлі болып шыға келді. Содан бері қанша жыл пәтерде қаңғып жүрміз...
Айтпақшы Шевкет туралы айтайын дегенім, біз кеткеннен соң, құмар ойындарға салынып, қарызға батып, ақыры үйінен айырылыпты. Өзі ауруға шалдығып, туысқандары көмектесуден бас тартыпты. Сонда мен есіне түсіп, Шымкенттегі құрбымның үйіне іздеп келіпті. "Маяны тауып беріңдерші, ол жақсы адам, мені кешіреді, мен іздеп барамын"-депті. Сонда өзі ауру, ішінен ыдысқа өті тамшылап тұрады екен, әр тамақ ішкен сайын, артынан соны ішу керек екен. Соны көрген құрбым "сен сол жақсы адамды қатты ренжіттің, төрт баласының обалынан қорықпадың, андағы ішіп жүргенің соның көз жасы деп ойламайсың ба?"-депті. Мен бәрібір құдайға шүкір деймін. Балаларым ер жетті, білім алды. Тек күйеуге тиген қыздарымды енелері, бәрібір баратын жері жоқ деп басынатыны жаныма батады. Амал қанша, олар да көнеді, көнбей қайда барады. Сенде көнесің. Қайта сенің үйің бар, бір баланы асырауға шамаң келеді. Әлі жассың, әдемісің, тағы біреу кездесер...-деп әңгімесін аяқтағанша, өзі де жылап алды.
Қажып кеттім, шаршадым. Ажырасу неткен қиын еді... Бұлай жүре беруге болмайды. Оны босатуым керек, жіберуім керек. Бірақ қалай? Екеуміздің арамызды жалғап тұрған, көрінбейтін жіпті қалай үзсем екен? Жіпті?
Ол ертесіне Әділетті алып келді. Туғалы менен екі елі ажырамаған балам мені сағынып қалыпты. Екеуміз құшақтасып біраз тұрдық.
-Сен мені алдадың. Сен келем дедің ғой? Мен сені қайта-қайта күттім.
-Кешірші мені, жаным.
-Сен неге келмедің?
-Жұмыстарым болды.
Әкесі ішке кірді, балам ойыншықтарын қопарып жатты. Мен Бекті қарсы алдыма отырғыздым да, екеуміздің білегімізге тоқыма тоқып жүрген қызыл жіпті байладым да, қолына қайшы беріп, былай дедім:
-Мен үшін істеген жақсылықтарың үшін рахмет! Бірақ екеуміз бір-бірімізді бақытты қыла алмадық. Ажырасқанымызға жарты жыл болса да, мен өзімді әлі де өзімді сенің әйелің ретінде сезінемін. Мені босатшы...
-Мен сені ешқашан ұстаған емеспін, жүр, ойна, күл.Өзіңе ұнайтын еркекті тауып ал дейтінмін.
-Сонда сен мені сүймедің бе?
-Мәселе онда емес...
-Жарайды, мен-ақ жаман болайын, сенікі қашанда дұрыс. Енді менің көзіме қарап тұрып, "Сен менің әйелім емессің, бар болғаны баламның анасысың, енді екеуміздің арамызда ештеңе болмайды. Мен саған үйленбеймін, бала да түмайсың"-деп мына жіпті кесші.
-Асылып, өліп қалмайсың ба?
-Жоқ, бірақ енді қайтып оралмаймын.
-Қорқытып тұрсың ба?
-Жоқ, бірақ үмітімді үзем.
Ал өзім іштей, ол жіпті кеспейтін шығар деп ойладым. Ал ол болса, еш қиналмастан:
-Басқа еркек тауып ал, мен саған ешқашан үйленбеймін-деді де, жіпті кесе салды. Мен жылап жібердім.
-Сонда не болды?-дейді тағы да.
-Сенен көңілім қалды. Кеше "саған үйленсем, байлығымның жартысын алып қоясың" дегеніңнен көңілім қалды. Көрінгенге бергеніңді Әділеттің мамасынан қызғанып, қорғап жүрсің бе? Ол екеуміз бірге тапқан дүние емес пе еді?
-Мен елге көмектесіп жүрмін, сен сияқтылар ондайды түсінбейді.
Тағы да кемсітіп үлгерді. Сонда Майгүлге ашып берген, сұлулық салоны елге көмектесу деп атала ма? Өзі болса жыл сайын машина ауыстырып, әбден құтырды... Мен ағыл-тегіл жылап жүрдім, ол жұбатпақ болып ұмтылып еді, қолыммен ымдап тоқтаттым.
-Маған енді жақындама!
-Тағы да, жылап жатасың ба?
-Жоқ, енді сен мені жылата алмассың...
-Ауылға мені бір айға тастап кете беруші едің ғой? Сонда қалай шыдаушы едің?
-Ол кезде жараланған жаныма шипа іздеп кететінмін. Ауылдың тыныштығы мен тамаша табиғаты, сен тоздырған жүйкемді емдейтін. Бірақ оны сен сияқтылар түсінбейді.
-Сен мені өзің тастап кеттің. Бай керек болса, мен ұрсам да, Досжан текпілесе де көнер едің...
Ол кетті, мен қалдым. Солай ма!? Демек балаңды өзің айдақтап отыр екенсің ғой, оңбаған! Мен оған көне алмаспын, кім едің мені сонша ұратын?... Өзің аздай, балаңа да тепкілетіп қоятын менің сұрауым жоқ деп пе едің? Жоқ мені күң қылайын деп сатып алып па едің? Менің туысқандарым бұл сұмдықтың ешқайсысын естіген жоқ, естісе "сол тепкінің астында өзім қалармын" деп қорықпайсың ба? "Қасиын десем қан шығар, қасымайын десем жан шығар..."-деген екен біреу...
"Сүймегенге сүйкенбе"-демейді ме? Кескен жібін білегіме байлап алдым. Бұл оның сатқындығының белгісі, бұл менің бостандығымның белгісі... Сол қолыма байланған жіп, әжептеуір күш бергендей. Сол жіпке көзім түскен сайын, оның маған айтқан сөздері есіме түсіп, енді ол маған бөтен адам деп, өзімді қайрай бастадым. Бек шынында да, ешқашан мені түсінуге тырыспайтын. Оған бәріне мені кінәлай салған оңай болатын. Менің мінезімді, менің туысқандарымды, менің бауырларымды, менің достарымды... Ал өзіне келгенде шаң жуытпайтын. Ылғи да, менің жан-жылуымды, махаббатымды толығымен алып, өзі мені құшақтамайтын да, сүймейтін де, сыйламайтын да, ойламайтын да. Содан мен қатыгезге айналдым. Мейірімін жылап сұрап, шаршадым. Ойлап отырсам, екеуміздің бірге тұрған жеті жыл ішінде еске алатын қуанышты сәттер жоқтың қасы... Ал өмір сол сәттерімен қызықты емес пе? Тек ұрысқан сәттер есімде. Тіпті өмірімізде бірінші рет шетелге, Түркияға барғанда да, мені бір рет сүйген былай тұрсын, тіпті құшақтамады да. Мен жанұямызды қалай сақтап қалсам екен деп аласұрып жүргенде ол, өз бақыты өзінде, елінде қалған ойнасын ойлап, сонымен сөйлесумен болды. Ішті, жеді, бөлек жатты...
Одан бұрын ше? Әділет екі жаста, жалғыз жібермеймін деп, Сарыағашқа демалуға бірге барғанымда, қалай ашуланды. Тура сол әңгіме, күнде менімен ұрсумен болды. Қасында сол айырылмас досы Жайық. Сөйтсем, сол кезде қасына тігінші Ғалияны алмақ болған екен ғой! Бір аптаның ішінде күнде ішіп, ақыр аяғына дейін шыдай алмай, ішім пысты деп ерте қайттық емес пе? Мен жанұяға жоқпын, балаға суықпын, табиғатым сондай дейді. Ал ойнастыққа келгенде ыстық, ия? Табиғаты сондай! Оңбаған, енді саған қосылсам, неғыл дейсің? Саған қор болған күндерім-ай! Шынында да одан қол үзгенім жақсы, "шашымның ұзынында, бетімнің қызылында"-деп апам айтпақшы. "Жас кезімде" дегені ғой! Сен сияқты қаншама қиыншылықты бастан кешіргенде сені жолдас қылып, ал жағдайы жақсарған кезде, сені жәй ғана мінезің жаман деп, іші пысып басқа әйелге айырбастап кететін жолдастың керегі қанша? Ал мен өмір бойы бірге боламыз деп мәз болып жүріппін. Ал егер менің басыма қиындық туып, (Құдай сақтасын!) ауру немесе кемтар болып қалсам, ойланбастан далаға лақтырып тастайтын шығар. Бірінші қатыны Жидегүлді қалай тастап кетті. Ондай жолдастың керегі жоқ! Құдай күнімді біреуге қаратпасын. Балам екеумізге денсаулық берсін. Екі қолға бір жұмыс табылар. Ең бастысы адамгершілік қасиетті жоғалтпайық. Мен ең бірінші өз аяғыма тұрып алайын, сосын қасымда қандай адам болатынын өзім таңдаймын. Ол міндетті түрде бойы ұзын, (Бектің бойы менен аласа ғой, қолтықтап та жүре алмайсың) мінезі салмақты,(Бек сияқты мақтаншақ пен өтірікші емес) той-томалақта көңіл көтеріп билей алатын (Бекпен жеті жылда бір ретте жұп болып билемеппін) бос уақытта театрға барып,(ол театрға өмірінде бармапты) күн жылыса, табиғатты тамашалайтын, (ол үшін демалыс, ішіп алып моншада жату немесе өзін-өзі тамашалау) демалыс күндері жанұясымен болып, (ол жеті жылда бір жексенбі де бізбен бірге болған емес) керемет кештерде кешкі тамақты ішіп алып,(ол кешкі тамақты үйден ішпегелі қашан) кешкі Алматыда қол ұстасып баламызбен серуендеуді ұнататын,(о не дегенің?) әйелін күші жеткеніне мәз болып, сабамайтын, интелегент жігіт болады!
Айтпақшы тағы бір бала туайыншы деген әйелінің ниетіне қуанатын (ой, импотент болып қалдым деп үш жыл бөлек жатпайтын) болу керек. Сонда да адал болып қасында жүрген әйелін, басқа еркек тауып алмайсың ба деп мазақтамайтын болу керек. Сөйтіп жүріп басқа жанұя құрып алмайтын, құдайға табынуды ғана емес, құдайдан қорқатын да болу керек. "Құдайдан қорықпа, құдайдан қорықпағаннан қорық"-деп қазақ бекер айтпаған ғой! Құдай жазаңды берсін, мені сонша қорлағаның үшін, мен сонша алдағаның үшін, шынымен импотент болып қал! Ал мен міндетті түрде бақытты боламын, бүгіннен бастап! Жаңа жылда жаңа өмір бастаймын! Мен үшін өте қиын жыл болған бұл жыл келмеске кетіп, жаңа жылда ерінбей еңбек етіп, адал тамақ ішіп, адал достар тауып, табысқа жетемін! Енді ешкімнің жылағанына сенбеймін. Тек баламды және өзімді ойлайтын боламын! Табысқа кенеліп, жеңіске жетемін, денсаулығымды ойлап, аз ашуланып, көп жұмыс істеймін. Менің қолымнан бәрі келеді. Мен бақытты болуға лайықтымын!
* * *
-Ел аман жұрт тынышта, екеуміз барайықшы деп, "шаншар" әзіл-сықақ театрына билет алып қойған едім. Ең алғаш рет, менімен Сарыағашқа барғанда көріп ұнатып едің ғой, бәлкім бұл жолы да көңіліңді сел де болса көтерер... Екеуміздің ең болмаса қоштасу кешіміз көңілді өтсін! Барып келейік?
-Жарайды.
Шашымда сәндеп, қолыма маникюр жасап,(тура тоқалдыкіндей, шорт кесіп, қап-қараға бояп қойдым, суретінен көргем) ішінен әдемі ішкиім киіп, алдыңғы жырығы төмендеу,(тура тақалдыкіндей деп айта алмаймын, оның жырығы кіндігіне жетіп, кеудесі сыртына шығайын деп тұр ғой, кезінде хиджап киіп, намаз оқыған қызға мүлде ұқсамайды.Керісінше, көшенің жеңіл жүрісті қызына қатты ұқсайды. Кекілін күйдіріп, сап-сары қылып, ернін қып-қызыл қылып бояп, түскен суретін ғаламтордан көріп едім) ұзындығы тізеден келетін қара көйлегімді киіп,(алғашқы жылы жаңа жыл кешіне сенің жұмысыңа кием деп алып едім, ешқандай кеш жасамаймыз деп, жеті жылда бір рет те, қолтықтап ертіп бармадың ғой) сен сыйлаған тонымды киіп( алғаш сен маған ауру жұқтырғанда, мен кетіп қалғанда, қайтшы деп кешірім сұрап, сыйлаған қысқа тоның есіңде ме?) аяғыма неше жыл киілмей жатқан биік өкщелі етігімді киіп,(сен қысқа бойыңнан қысылмасын деп, биік өкшеден бас тартқалы қашан, сен соны бағалайтындай-ақ) далаға шықтым. Саған ұнайын деген жоқпын, бірақ есіңе біраз нәрсені түсіріп, қытығыңа тигім келгені рас, мойындаймын. Оның үстіне театрға баратыныма қуандым. Саған тигелі бір мәдениет есігін ашпаппын, тек сен деп өмір сүрдім ғой. Сенің үйде қоятын "концерттерің" де жеткілікті болған шығар. Сен ылғи басты рольде ойнадың ғой.
Жол бойы да, Бек ескі әуеніне басты.Өзіне ғана ұнайтын әуенді бақыртып қойып, телефонмен одан да қатты сөйлесіп, арасында маған қанша жұмысы қалып қойғанын айтып, мазасы кетті. Біздің өмірлікке ажырасып жатқанымыз оның қабырғасына сонша батпаған шығар, ал екі сағаттық жұмысы үшін қатты қиналды. Домбыраның рокпен араласқан үні, миымды тесіп жібере жаздаған соң, дауысын баспақшы едім,
-Тимеші-ей, тыңдап отырмын ғой-деп айқайлады. Ол да біреуді тыңдайды екен-ау. Әлбетте өзінен басқа ешкімді тыңдамаушы еді.
-Миым ашып кетті.
-Саған-ақ ештеңе жақпайды екен.
Мынау тоқалы екеуінің сүйіп тыңдайтын әні болса керек. Ылғи да өзінің батыс жағының әуесқой әртістерінің күй табағын тауып алады. Әлем мойындаған Шәмшіні әдейі мойындамайды, ол оңтүстік қой. Не деген қаны бұзық адам, баламның ішкі дүниесі қалай бұған ұқсамай қалған!? Оның кіп-кішкентай жүрегі сондай нәзік. Мен жастық құшақтап жылап жатқанда, "Мама жыламашы, бізге Бэтмэн көмектеседі"-деп жұбатушы еді. "Мен супермен боламын, саған көмек керек болса, ұшып келемін, бәріне барам!"-дейді екі қолын жайып, арқасына орамал жамылып, үйде ары-бері "ұшады.". "Мама, кең үйімізге барайықшы, мына жерде ұша алмаймын"-дейді жаным сол. Әкесі менімен ұрсып қалғанда баласына да қарамай кетіп қалса, "папа мен сені жақсы көремін"-деп үш жасында машинасының артынан талай жүгіріп еді-ау. Соның бәріне қалай шыдап жүрдім десеңші...
Барған соң менің көңілім көтеріліп кетті. Сарайдың ішінде өз үйімдей емін-еркін жүріп, жаңа жыл қарсаңында безендірілген әдемі шырша жанына суретке түстім. Бек өзінен-өзі қысылып, маған жақындамауға тырысты.
-Осындай жерлерде өзімді ыңғайсыз сезінемін. Сен ұялмайсың ия?
-Мен осындай жерлер үшін жаралғандаймын!
Жан-жақтан қараған бөтен көздер, мынандай әйел, ана еркектің несіне қызығып таңдады екен дегендей қадала түсті. Бойы аласа, сүйкімсіз, мыж-мыж жейдесі мен джинси, жаман сөмкесін жау алардай құшақтап алған оның, мені менсінбей жүргенін олар қайдан білсін!?
Концерт біткенше әрең шыдап отырған ол, аяғын күтпей есікке ұмтылды. Тұрақтан ең бірінші болып шығып, үйге беттедік."Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды" деген осыдан шыққан шығар. Жұмыс жаққа кіріп шығуы керек екен. Біреу күтіп отырған шығар... Жол бойы үнсіз отырдық. Дегенмен оның да ойына біраз заттар түскен шығар, баяғы менің қыз кезім... Үйге жеткенде:
-Тұра тұршы, ақ мысық, темекі шегіп алайын-дегені қай сасқаны...
-Менсіз де шегілер, жақсы.
Үй алды мұз, биік өкшем тайғанақтай берген соң, қолтықтап үйге кіргізіп жіберді.
-Қайырлы түн.-даусы жұмсарып шықты...
* * *
Бүгін жаңа жыл! Жаңа өмір бастауға себепкер, кез-келген көңілге қуаныш себетін мереке! Әсіресе Алматының ұлпа қары жауғанда, ертегідей жүргендей, бір әдемі әсерге бөлінемін. Мүмкін бұл балалық шақты аңсағаным болар! Еш нәрсеге уайымдамай, алаңсыз өткен біздің балалық шақ, нағыз бақытты кезеңдер екен ғой. Оны кім білген, бәріміз, керісінше тезірек өсіп, жылы ұядан ұшуға асықтық қой. Сол кезде бір-бір асқақ арман жетелеген біз, өмірдің шынайы келбеті мүлдем басқаша екенін сезбеппіз де. Биік шыңдарға ұмтылып жүріп, талай таяқ жейтінімізді білдік пе? Тек өмір қатал екен, өмір де махаббат пен сатқындық, шындық пен өтірік, адалдық пен арамдық қатар жүреді екен...
Әділетті папасы алып келді. Кеше әкесінің үйіне кеткен.
-Апасының алма салғышы ұнап қалып, тастамай алып келді.
-Ол қандай алма салғыш?
-Міне, мама саған "пардарить" етем деп, тапқан табысын маған ұсынды.
Шынында да әдемі екен, алдыман жалпақ тақтайға жәй алма бейнесі ойылып салынған екен деп қаласың. Ал шетінен көтерсең, үзілмей ойылған бөліктері көтеріліп, ыдысқа айналады. Баламның да қызыққаны сол құрастырмалы болғаны ғой. Кез-келген құрастырғышқа құмар.
-Атасы құрастырылатын тоқшам сатып алыпты. Дүкенде менеджер жігіттер құрастыра алмаған ғой. Сосын үйге әкеліп папам айналдырып көріпті де, болмаған соң қоя салған. Сол кезде мен Әділетпен кіріп, шешініп, әңгімелесіп болғанша, Әділет суретіне қарап отырып құрастырып тастапты. Тоқшам жанып тұр, бәріміз таңқалдық. "Біздің тұқымда мұндай бала болмаған" деп атасы риза болды.
-Жаным, сол жері нағашы атасына тартқан ғой. Ол кісі, ұста әрі шебер ғой! Менің балам нағашы атасы сияқты инженер-механик болады. Жұмыссыз қалмайды. Керек болса ұшақты да құрастырамыз!-деп мен мәз болдым.
"Әр нәрсенің қайыры бар"-дейді ғой, мен де бәрі қирап жатқанда осы сөзді қайталаумен болдым. Әділетті сенің қасыңа өзім жіберіп тұрдым. Біріншіден баламның мауқы басылсын, екіншіден сенің үйің әлдеқайда жылы, үшіншіден менің жүйкеме шынында да демалыс керек. Соңғы кезде балаға аты-жөні жоқ дауыс көтеріп жылатып тастаймын, артынан өзім кешірім сұрап қосылып жылаймын. Балам болса "мама, мен сені бәрібір жақсы көремін! Ұрсаңда, ұрыссаңда!"-деп қайталаудан жалықпайды. Өзі сондай ақылды!
Бірақ арты мұндай керемет болады деп кім ойлаған! Біріншіден үйде жалғыз қалып жүрген мен, теледидар алдында ешбір алаңсыз неше түрлі жақсы фильмдер көріп, көп сұраққа жауап тапқандай, әжептеуір тынышталып қалдым. Әрине бірінші күндері қайта-қайта хабарласып, не істеп жатқандарын біліп отырдым. Екіншіден, Бек өзгеріп шыға келді. Бұрын бар махаббатын дардай Досжанға арнаушы еді, енді бар пейілі кішкентай Әділетте. Баласының тәтті қылықтарынан бейхабар ол, енді баласын жаңа көргендей бауыр басып келе жатты. Өмірі Әділетті бақпайтын ол енді, оны өзі шомылдырады, тамағын береді, өзі ойнатып, өзі қойнына алып жататын болды. (Әйтеуір Досжанды бөлек жатқызыпты, ол қалай қызғанбай жүр екен?) Тіпті уақыт тауып коньки үйретіп, және жүрген жерінде керек екен деген киімдер сатып ала бастады. Мен әрине Досжаннан қауіптендім, оның іші тар екенін байқағанмын, әкесінің ақшасын қызғанып жүрер!? Және әкесіне ол екеуін ешқашан оңаша қалдырма деп өтіндім. Ол болса құлағына да қыстырмады. Бірақ әйтеуір ата-енем қасында, соларға сендім. Әсіресе атасының Әділетке деген ықыласы баяғыдан ерекше етін. Содан өмірі Әділеттің бала-бақшасының есігін ашпаған әкесі, жұмыстан ерте келіп, өзі алады.
Ол олма, бір күні әуежайға біреулерді шығарып саларда, "ұшақ көрсін" деп әдейі үйіне соғып баласын өзімен бірге ала кетіпті. Мен жаз бойы, жүрші ұшаққа жаны құмар балаңа әуежайды көрсетіп келейік деп жалынғанда, ерікпеші деуші еді, енді не болды екен? Қолынан келеді ғой, тек істегісі келмейтін. Өмірі жанында паралель өсіп келе жатқан баласына мойын бұрып қарамаушы еді, енді оның тәтті қылықтарын байқап, тіпті таңқалып маған хабарласып айтып жатады. Бұл керемет емес пе!? Бақсын!?
Қазір күнде сағат жетіде үйінде болады. Демек бұрын үйіне келгісі келмей, өтірік жұмыс деп, ашынасымен жүретін болған ғой. Ол албастының үйі де жақын маңда деп естігем. Соны шығарып салып, қарнын тойдырып, құмарын қандырып, үйге тек ұйықтап, киімін ауыстыру үшін ғана келіп жүрген ғой. Біз ажырасқалы алты ай болды, бір ретте іс-сапарға бармапты ғой, оңбаған. Бұрын айына кем дегенде екі рет кетуші еді. Не деген оңбаған десеңші!? Онысымен қоймай, мені күнде кемсітіп, ұрсып, ұрып берекемді кетіруші еді. Ішкен-жегенімді желкемнен шығарып отырушы еді. Баяғыда апам ," е, еркектің оңғаны жоқ, өзіміз ол өліп, әрең құтылдық қой"-деп бәрімізді күлдіруші еді. Сол айтпақшы сонша қорлықтан құтылғаныма шүкіршілік қылайын. Жоқ өмірден жалғыз өтсемде, енді оған жоламаспын. Қыз да тумаймын, балам аман болсын! Аяқ астынан бәрі есіме түсіп, менің тағы мазам кетті. Күнде жұмыстан келіп, есіктен тура жуынатын бөлмеге кіріп кететін. Сондағысы, тоқалының иісін мен сезбесін, дегені ме? Содан кейін, диванға қисая кетіп, теледидар көріп жатып, ұйқыға кететін. Мен оны шаршап жүр ғой деп, тәтті ұйқысын бұзған емеспін. Байымның барында жалғыздықтан жаным күйзеліп, жастық құшақтап жалғыз жатып жүрсем де, басқа еркекті тіпті армандамаппын да! Бәрі өтер, арты жақсы болар деп жүре беріппін.
Білмеймін, мүмкін үмітім шығар үзілмей жүрген... Не істесем екен!? Бұрынғы өміріме оралғымда келмейді, бірақ одан айырылғым да келмейді.
Бүгін таңертең түс көріп ояндым. Ауылдағы көрші жігітпен құшақтасып ойнап тұр екенмін. Ол Бегің қайда деп сұрап қояды. Біреулер Бекке айтып барамыз деп суретке түсіріп жатыр екен. Бір кезде бір сырғамды жоғалтып алыппын. Бір айналып қарасам жатыр екен, тауып алдым. Алтын сырға екен деп қоям. Тауып алғаныма қуанып, құлағыма тағып алыппын. Оянған соң ол не екен деп, түс жоритын кітапты ақтардым.
"Үйленбеген келіншек түсінде сырға көрсе, ол жақында өз үйінде, сүйіктісімен тұрады. Сырғаңыз қаншалықты қымбат болса, өміріңіз де соншалықты жақсы болады. Сырғаны жоғалтып алсаңыз бақытыңызды жоғалтасыз, бұдан кейін жағымсыз өзгерістер болады. Жалғыздық пен уайым-қайғы күтіп тұр. Ал егер тауып алсаңыз, өз тағдырыңыздағы адамды кездестіресіз."
Бұл түс не айтқысы келді екен деп ойланып жүріп, жеті шелпек пісіріп, ет астым. Бұрын сен менімен тұрғанда, жұма сайын шелпек пісіріп, қыста дөңгелегің таймасын, жазда басыңнан күн өтпесін деп құдайдан тілеп отырушы едім. Кейінгі кезде, "байтал түгіл, бас қайғы" болып кетті ғой... Ол кешке келіп, жаңалық жасап бізбен бірге отырып тамақ ішіп кетті. Самал да келіп тамақ үстіне түсті.
Бекті шығарып салғаннан кейін, Әділет ноутбуктен суреттер көргісі келді. "Жарайды ашып көре ғой" дедім, теледидардағы қызықты қимай. Сосын не көріп жатыр екен десем, бір бөтен қыздың суреті.
-Бұл кім, Самал, қарашы сенің құрбыларың ба? Көзінде күннен қорғайтын көзілдірігінен тани алмай тұрмын...
Бір уақытта үстіме біреу бір шелек мұздай су құйып жібергендей болды. Албасты көзілдірігін де шешті, қасынан Бекте көрінді... Мынау Досжан, мынау Жайық, мынау Түркия, мынау Стамбул... Жазда баласы екеуі іс-сапарға кетіп еді ғой, сол "іс-сапар". Өздері сондай көңілді, сондай бақытты, қуаныштары тіпті сурет сыртына төгіліп жатқандай көрініп тұрды. Төртеуі мені мазақтап тұрғандай болып көрінді әсіресе, Досжан мен Майгүл. Мына жерде дүкен аралап, мына жерде киім өлшеп, мына жерде мейрамханада, ал мынау жәй көшеде қол ұстасып қыдырып жүргені. Денем шымырлап кетті. Түрім бұзылып кетті-ау деймін, Самалдың "енді бәрі бітті ғой, оған жаныңды неге қинайсың?" дегеніне, "ештеңе де біткен жоқ, мені жайыма қалдыр"-деп айқайлап жібердім.
Менің жанымды дәл қазір менен басқа ешкім түсінбейді. Ашуланып отырып бес жүзге тарта суреттерді парақтай бердім, парақтай бердім... Демек уақтысы жоқ, Әділеттің сүндет тойына ақша обал, ал ана салдақысы мен, доссымағына ақша да, уақытта табылады. Қалай солай барып келіп, менің бетіме қарап жүрген, ұятсыз, оңбаған! Қарғыс атсын бәріңді, қарғыс атсын... Денем қалтырап, жаурап кеттім. Келіп газды қосып жылындым, Самалдың жұбатқан сөздері одан сайын ауыр тиіп жатты... Өткен жолы Майгүлдің, "почтаңды қос, саған семейный фотографияларымызды жіберем"- дегені осы екен ғой. Бұны менің компьютеріме кім салған. Мен ауылға кеткенде баласы салып қойған ғой, солай бізді ажыратпақ болған, мен оны аша бермейтінімді қайдан білсін? Әлде ана салдақының өзі істеді ме екен? Өз үйімде мұндай "бомба" жатқанын жарты жыл бойы қалай білмегенмін!? Ол Бек суреттері деп сақталып тұрса да ашып қарамағанмын ғой. Сол жолы ол Түркиядан келгенде "суретке түстіңдер ме, көрейінші"-дегенім есімде. Сонда ол "мен суретке түскенді ұнатпаймын ғой, өзің білесің"- деген еді. Шынында да, ол менімен суретке түсуден қашатын, мен бойының қысқалығынан қысылатын шығар деп мән бермейтінмін, ал телефонын да, негізінен жұмысына қатысты мата мен интерьер суреттерін өзі көрсететін. Бұны да солар шығар деп ойлағанмын ғой.
Бектің нөмірін қайта-қайта тердім.
-Не болды?
-Жәй, сенің "семейный фотографияларыңды" көрдім.
-Жарайды.
-Сен онымен шетелге бармадым деп едің ғой?
-Менің өткенімді қопарма, өтінемін.
-Екеуміздің өткеніміз, мен саған өлгенше сеніппін ғой...
Жауап жоқ. Не деген өтірікші, не деген қатыгез едің? Сонда да саған қосылуым керек пе? Атасына нағілет, ондай жанұяның барынан жоғы... Қарғыс атсын сендерді, қарғыс атсын... Түнімен ұйықтамадым, есесіне балам қайта-қайта шошып ояна берді. "Мама мені папаға жібермеші, бақшадан өзің алшы"-деп қояды. Соңғы рет әкесінің үйіне барғанда бірдеңеден шошып қалғанға ұқсайды...
Ертесіне де ашуым басылмады, керісінше үдей түсті. Балам ұйқысынан оянғаннан кейін, "кеше дискіні құлатып алдым, сосын Досжан аға енді келсең, өлтіремін деп айқайлады"- деп жылап жібергенде, олардың бәрін атып тастағым келді.Мен сендердің бет-перделеріңді сыпырайын, өңшең өтірікші, екі жүзділер...
Алдымен Жайыққа хабарластым.
-Дос болғаның осы ма, неге оған тоқтау айтпадың? Тіпті өзің де бірге қосылып қыдырып жүріпсің...
-Енді сен өзіңнен көр, жақсы қатын бола алмапсың, менің қатыным сондай болса, мен де аламын тоқалды-дегені ашуымды келтірді.
-Бекті байыңа ұқсатып пайдаланып өз дегеніңді істетіп жүр екенсің. Қатын емессің, әйтпесе мені ажыратып, өзің тиіп алар едің. Сені ағалап жүрген баламның көз жасы ұрсын сені... Менің "асымды жеп, аяғыма түкіріп жүр" екенсің ғой. Менің көз жасым ұрсын сені... Майгүлді жақсы деп кім айтты саған? Не сенің де қойныңа жатып па еді? Оның кесірі әлі саған да тиер, асықпа... Қолыңнан машина айдағаннан басқа ештеңе келмейді, асырайтын бір ақымақты тауып алдың ба? Сендей ақымақты, Майгүл Бекке тиген соң, сол Бектің өзін саған қарсы қойып, сені жұмыстан қудырып жіберер... "Қанша қатын алсаң да өз еркің, сен мұсылмансың" деп миын шіріткен сен. Өзің неге алмайсың, ақшаңды қимай жүрсің бе? Ал біреудің ақшасын ұялмай жаратасың, ия? Оңбаған ұятсыз!
Тұтқаны қоя салдым, қолым дір-дір етіп, Бекке хабарластым.
-Балам түнімен шошып шықты. Қаршадай баламды сонша қорқытқан Досжанның құдай жазасын берсін... Мені сонша басынып, шетелге барып келген төртеуіңнің де құдай жазаларыңды берсін... Сен байлығыңнан бір күнде айырылып, баяғы баз қалпыңа түс... Майгүл де бай да, бала да таппай жалғыздықтан зарлап өтсін... Маған көрсеткендеріңнің бәрі алдыңа келсін... Әділет екеуміздің обалымыз саған... Мені әбден басынған екенсің, қарғыс атсын сені...
Тұтқаны тастай салдым. Қаным басыма шықты. Енді Досжанның кезегі.
-Досжан?
-Да-да?
-Сен неге менің қаршадай баламды қорқытасың? Ішің тар, әкеңді қызғанып жүрсің бе? Баламнан аулақ жүр, білдің бе? Сорлы саған шешең сияқты қатын жолығып, сені аяғына таптасын... Әкең сияқты жертөледе алқаш болып кет... Сонда саған ешкімнің жаны ашымасын! Түсіндің бе? Қолыңнан түк келмейді. Қанша жыл сені Бек екеуміз ақша салып оқыттық. Сонда да өз күніңді өзің көре алмай жүрсің. Шамаңның келгені қаршадай Әділет пе? Қарғыс атсын сені!
Телефонымды мүлде өшіріп тастадым. Ешкімнің айтқанын естігім келмейді. Осы қорлағаны да жетер... Ашу-ызаға булығып, өзімді ұстай алар емеспін... Сосын тілімнің астына тыныштандыратын дәріні салып, өзімді сабырлыққа шақырдым. Бұл бала неге сонша өштенеді. Өзі ғана ма, жоқ оны қайрап отырған тағы біреу бар ма? Бар болса, ол кім? Шешесі ме, Майгүл ме? Осы "Досжанның жүрегі ауырмасын" деген сайын басынуын қарашы... Сосын телефонды қостым да, "Ең бірінші күні сенің әкең, өзің танитын сол кездегі, күзетші Бахаға есікті құлыптатып қойып, мені зорлаған. Сонда сотқа беруім керек еді, енді өкінемін. Мен оны жақсы көрген емеспін"-деп Досжанның телефонына жібердім. Мүмкін сонда түсінер, мен ешкімнің алдында кінәлі емес екенімді. Мүмкін сонда түсініп, баламмен жауласқанын қояр!? Білсін кім кінәлі екенін, бұдан былай бұл жүкті жалғыз көтеріп жүргім келмейді...
Келесі күні кешке дейін ештеңе ойламауға тырыстым. Дегенмен есік қоңырауы басылғанда, Бек екенін сезідім...
-Сен қатын, неге құтырып, елдің бәрін шулатып жүрсің?-деді ол кірместен.
-Кел, суреттерді көргің келмей ме?-деп алдына тастадым.
-Сен неге менің өткенімді қопарып жүрсің? (Ол мен детектив жалдады деп ойлап тұр. Басқаға сенсе де, маған сенбейді.)
-Мұны сенің балаң Досжан, мен ауылға кеткенде, менің ноутбугімді ақтарып сонда салып қойған.(Ол сенбеді, әрине, "өзі өтірікші, адамға сенбейді" демей ме?)
-Сонда не болды?
-Сен ол қатынмен, шетелге барған жоқпын деп ант-су ішіп едің ғой?
-Мен олармен барған жоқпын. Олар өздері барды. (Не деген өтірікші, Алдар көсе демала берсе болады. Сол көселігінен екен ғой, бұған бір тал сақал шықпайтыны.) Олар өздері айлық алады, тіпті апарсам да сенің шаруаң қанша?
-Ол кезде мен сенің қатының етінмін.
-Қазір кетіп қалдың ғой?
-Жетіскенімнен кетті деп ойлайсың ба?
-Жаман өмір көрмепсің ғой, ендігі өмірің одан да жаман болады. (Қорқытқаны ма?) Менің досым Жайық пен (мені де досындай қорғаса ғой) Досжан баламның(Әділет баласы емес пе?) мазасын алма, (қиын болыпты оларға) айтарыңды маған айт,(дат тақсыр!) мен бәрін көтеремін.(Ойпырмай, қашаннан бері?)
-Ана аюдай балаңнан, менің қаршадай баламды неге қорғамадың?
-Оны ешкім ренжіткен жоқ, маған спектакль қойма! Әділет сені Досжан ұрды ма?
Менің артыма тығылып тұрған балам, әкесінің ақырған даусынан қорқып, басын шайқады. Әрине біз тағы да "өтірікші" болып қалдық. Ол әдейі істей ме, әлде басы әбден дуаланған ба?
Түнді тағы да ұйқысыз өткіздім. Ноутбуктен көрген суреттер көз алдыма еріксіз келе берді. Ол қатын қанша жас болса, ел қызығатын әдемілігін байқамадым. Үстіндегі шомылатын киіммен түскен суретінен анық көрініп тұр. Қарны он алты бала тапқан қатындықы сияқты, саны тауықтың аяғындай, бөксе жағы жайылып, кедір-бұдыр... Ал терісі түгелімен секпіл-секпіл ғой. Қай жеріне қызықты екен!? Осы кемшіліктерін байқамайтындай, оның көзін қалай байлап тастады екен? Бір уақытта еркек адамның аяғына ілінген әйел алқасы есіме түсті... Ар жағы мыж-мыж болған төсек, қосулы теледидар... Ол аяқ Бектің аяғы емес, мен оны білем ғой, топ-толық, тып-тықыр, қап-қара. Ал мынау жүн-жүн, сары баланың аяғы. Қалайша сонда ол... Ойым сан жаққа кетті, ол мүмкін емес...
Ертесіне баламда бақшаға апарып тастап, суреттерді қайта ақтардым. Шынында да қарап отырған адам, оның Бекпен емес, Досжанмен әлдеқайда жақын екенін анық көрінеді. Бекпен түскен суреттерінде, бәрібір араларында шекара бар, қатынастарын баласынан жасырғандай... Ал Досжанмен арасы тым жақын... Міне артынан келіп, кеудесін Досжанның арқасына тақап, иығына басын төсеп көзі мөлдіреп-ақ тұр. Иіп тұр ғой мынауың!? Анау да мәз. Міне Майгүлде гүл шоғы, иықтасып отырып түскен суретте, Досжанның күлкісінен көмейі көрініп тұр. Ол Майгүлді жақтырмайды деуші еді ғой? Міне жағажайда жартылай жалаңаш, міне жәй ғана жабысып отыр. Ал мына жерде төртеуі, ал мына жерде, Досжан шетте тұрған әкесі мен Жайықтың суреттерін кесіп тастап, тек екеуін үлкейтіп қойыпты. Егерде жас жігіттің бұл әйелде көңілі болмаса, бұлай істемес еді. Демек ол оның әкесінің де қойнына жататынын білмеген, білгеннен кейін, әрине жақтырмайтын болды! Еркектер сатқындықты кешірмейді, әсіресе жас балалар ондай сатқындықты кешірмейді. Ол қатын әкесімен жүріп жүріп, оның баласымен де ойнаған ғой! Ондай сұмдықты, тек қана түрік телехикаяларынан көруші едік, сұмдық-ай! Жанымызда да мұндай қатындар бар екен ғой! Ол оның басын қалай айналдырып алды екен? "Сен еркексің, ертең қатын алсаң ештеңе білмей тұрғаның ұят, кел мен саған үйретейін..."-деген шығар!? Болды бітті, кез-келген еркектің арманы... Міне жағажай, қонақ үй, бөлмеде Майгүл жаңа киімдерін киіп көріп жатыр, оны Досжан суретке түсіріп жатыр... Мына алқа күндіз Майгүлдің мойнында, түнде Досжанның аяғында байлаулы... Бұл сондай төсек ойыны шығар...
Күтпеген жерден Раиса келіп қалды. Ол суреттерді көріп:
- Мынау сені тастап кететіндей әдемі де емес қой? Аяғын қара, қисығын-ай. Тегі қандай?
-Бұрынғы тегі басқаша, қазір тегін ауыстырып алған...
-Неге тегін ауыстырған?
-Қайдан білейін, бай ауыстырғанда, тегінде ауыстырады да...
-Ия, хиджап киіп, бір сақалдыны алдап, алатынын алып, сосын сенің байыңа кездесіп, оның оған қарамайтынын білген соң шешінген ғой!
-Не деген сұмдық, қорқынышты адамдар өздері...
-Мына суреттерді қарашы...-деп мен оған күдігімді айттым- ол қатын Досжанды да "суғарып" жүргенге де ұқсайды...
-Шынымен, масқара, не деген ұятсыз қатын!? Бекке айттың ба?
-Нені?
-Мына күдігіңді? Мұны естісе, мүмкін көзі ашылар...
-Жоқ, оның бәрібір "құлағы есімейді, көзі көрмейді". Сондықтан қазақ айтқандай, "Саңыраудың алдында сөйлеме, соқырдың алдында билеме" ...
-Жарайды, қойшы соны, басқа әңгіме айтайық...
-Жүр, ас үйге шәй ішейік...
-Айтпақшы кеше Жанарды көрдім, бізбен бірге жұмыс істеген ше?
-Ия, жағдайы қалай екен?
-Жақсы емес... Өзінің айтуы бойынша интернетпен біреумен танысыпты. Сөтсе ол түрмеде жатыр екен.
-Түрмеде интернет бар ма?
-Ия, олар сол арқылы да талай қылмыс жасап жатыр ғой...
-Неге оларға тиым салмайды?
-Білмедім, содан ол түрмеге барып жүріп, ақыры сол жерде соған заң бойынша үйленіп алыпты.
-Қалай қорықпайды?
-Енді қайтсын, жылғыздықтан шаршаған шығар, еркектердің көбісі түрмеде дейді ғой. Тіпті түрме жетіспей жатыр дейді.
-Сұмдық-ай, заман не болып бара жатыр...
-Содан, ол үш айдан кейін шығыпты. Түрмеден шыққан оны еш жер жұмысқа алмайды екен. Солай Жанардың мойнына мініп отыр екен. Жанар оған кредитке бір ұсталған машина алып берген екен, адам тасып ақша тапсын деп. Соның өзінде машинаның ана жері бұзылды, мына жері бұзылды деп ақша сұрап жүреді екен. Бермесе, қанын ішеді екен, өкпелеп он күнге кетіп қалып, қайтып келіп мазасын алады екен.
-Сорлы әйелдердің бағы ашылмады-ау, осы... Ана менің Шолпан деген құрбым бар еді ғой!?
-Ия!?
-Соның да кездесіп жүргені бір "некелі алаяқ" болып шығыпты. Үйленеміз деп алдап, қыз үйіне барып, танысып, той күнін белгілепті. Содан тойға Шолпанға, "маған несие бермей жатыр, сенің атыңа несие алайық" деп тойға керек деген несиені алдыртады. Тура той алдында мамам ауырып қалды деп, ақшаны алып тайып тұрыпты. Ағалары артынан іздеп барса, оны отбасы, бала-шағасы бар екен. Содан Шолпан аяғы ауыр болып қалған екен. Оны білген ағалары Шолпанды қуып жібереді. Байғұс ендігі туып алған екен, қалай жалғыз өзі күн көріп жүр десеңші?Алмаған несиені де төлеп жатыр ғой енді...
-Обал ай, ағалары неге сотқа бермеген, тым болмағанда өлімші қылып ұрып кетпеді ме, ондайларды өлтіру керек...
-Айтпа, "әншейін де ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас" дегендей, әншейінде көрінгенге күштерін көрсетіп, төбелесуге дайын тұратын ағалары, ештеңе істемесе керек. Шамаларының жеткені жалғыз қарындастары болса керек. Өздерінікін дұрыс деп ауылда талтаңдап жүр, оларды ауылда да жақтап қояды. Бізді жақтаушылар қайда жүр екен? Қашанда қатын кінәлі ғой, қазақта...
Ажырасу не деген қиын еді... Сонымен төсек қатынасына суып кеткелі қашан, қаламаймын да. Бірақ ол менің бір қымбат адамым секілді... Ол үйге келгенде сол жақтан бір жылулық сезілгендей болады, қиналып тұрғанын да сеземін. Құшақтағым келеді, жұбатқым келеді. Жүдеп кетіпсің, ауырып жүрген жоқсың ба деп сұрағым келеді. Сонда мен өзімді мүлде сыйламаймын ба?
Самалдың құрбысы да оны көріпті. "Шырттай киініп алғаны болмаса, қатты жүдеп кетіпті, ана қатын түбіне жететін шығар" депті. Оны естіген мен оны тағы уайымдадым. Алладан "Е, Алла ана азаматымды, баламның әкесін, ана албастыға жем қыла көрмеші" деп тіледім.
Оны Самал түсінбеді.
-Қайта сен "сауап" деп, қуанбайсыз ба?-деді.
-Басыңа бермесін, сіңілім, тек сенің басыңа бермесін...-деп тіледім құдайдан...Оның ақшасына қызығам десем, сол кезде беретін ақшасын қазір де береді, одан артық бірге тұрғанда да бермейтін. "Өмір бойы балама көмектесем" деп отыр... Енді неге жібергім келмейді, неге жабысып қалдым?
Тағы бұрынғы тозаққа да қайтқым да келмейді. Алғашқы бақытты жылдарды қайтару мүмкін бе? Бірақ хабарласпадым, өйткені ол өзі айтты ғой: "Сенің махаббатыңның маған көк тиынға керегі жоқ. Менің тоқалыма тиіспе, екеумізге тыныштық бер." деп.
Сенің сонымен бақытты болатыныңа көзім жетсе, мүмкін тыныштық беретін бе едім!? Оған керегі сенімен ойнап-күліп, ақшаңа ортақтасу ғана ғой... Бір күні сені де тонап, тастап кетеді ғой... Сол кезде жүрегіңдегі жараны кім емдейді... Сол кезде жаныңнан ешкім табылмаса, қайтадан араққа салынып кетесің ғой... Мен өзімді емес, сені ойлап жүргенімді білесің бе? Сенімен бірге тұрғанда, "Е, Алла жетпіске келіп, ауырып жүрген енеме тағы бір жиырма жылдай өмір сыйлашы" деп жалынғанда, енемді жақсы көргеннен емес сені жақсы көргеннен еді, соны білесің бе? Өйткені сенің анаңды қалай жақсы көретініңді білетінмін. Ол кісі қайтып кетсе, сен соны көтере алмай, тағы араққа салынып кете ме деп қорқатынмын. Анаң қасымызда аман-есен жүрсе, сенде бақытты болар деп ойлайтынмын... Сөйтсем, сенің ойлағаның өзіңнің нәпсің ғана болғаны ма!? Мен жақсы көрген адам, осынша лас болғаны ма!?
Ол менің көңілдесім болып қалсын, сен осыған көніп жүре бер" -дегенің қай сасқаның? "Олай болса, мен де бір жас жігіт тауып алайын, осы екі әңгіменің айырмашылығы қайсы?"-деп едім мен сонда. Онда менің саған керегім не? Соны айтшы? Мені қимасаң, саған ол қатынның керегі не? Адамда жүрек жалғыз болмайды ма? Әлде сенде жүрек мүлдем жоқ па?
Мен енді бәрібір ештеңе істей алмаймын, әркім өз жазасын тартып жатыр, әркім өзіне керек тасын көтеріп жүр. "Құдайдан қорықпағанның тажалы қасында жүреді" дейді ғой қазақ. Албастының да кезегі келер...
Кеше бірінші рет, суретіне телміре, сағына қарадым. Сені жақсы көрем деп сүйіп те алдым. Ол соны сезеді. Еркек өз мойнына асылған әйелді, бағаламайды дейді ғой. Енді мен өз сезімімді қалай тұншықтырамын, қалай жасырамын!? Білмеймін... Жазып отырмын, жылап отырмын... Сонда қалған өмірім осылай өте ме? Қалай ұмытам... Үмітімді қалай өшіремін...
Баламның әкесіне.(толғау)
"Ұмытамын"-деген ем,
Уәде де берген ем,
Түсіп әбден әуреге мен,
Келеді-ау деп сенген ем.
Ал сен ше, ұмыттың ба?
Сезіміңді суыттың ба?
Жаныңдағы бөтен адам,
Жүрегіңді жылытты ма?
Жалғызбын, ал мен болсам,
Жүрекке жалғыз жол сал.
Жылытар адамым жоқ,
Қалтырап, жаурап, тоңсам...
Жаныма жақындатпай,
Сезімді салқындатпай,
Өзіңді күтіп жүрмін,
Басқаның атын да айтпай.
Кетсең де мені сатып,
Қалса да жүрек қатып,
Өзіңді ойлап жүрмін,
Уайымға әбден батып.
Ауырып қалмадың ба?
"Жүректі жалғадың ба?"
Шарапқа тойып әлде,
Жұмысқа бармадың ба?
Таза ма киімдерің?
Таза ма үйің сенің?
Осының бәрін ойлап,
Осынша күйінемін...
Ал мені ойлайсың ба?
Балаңмен ойнайсың ба?
Жоқ әлде таңдап алған,
Ойнаспен тойлайсың ба?
Жылаймын, күлемін де,
Осылай жүремін бе?
Мені қойшы, не жатыр екен,
Баламның жүрегінде?
Сағынып сені іздейді,
Үмітін бір үзбейді,
"Түсімде әкем келіп,
Үшеуміз жүрміз"-дейді.
"Анашым күлші,"-дейді,
"Күлімдеп жүрші"-дейді,
"Жалықтым жалғыз ойнап,
Ұл-бөпе тушы!"-дейді.
"Сөзіме сенші"-дейді,
"Телефон берші"-дейді,
"Мен енді бұзық болмаймын,
Әкешім келші"-дейді...
Ар жақтан әйел алды,
Жөні жоқ айқай салды,
"Сен қаншық Дулатсың"-деп
Тұтқаны тастай салды.
"Жылама анам"-дейді,
"Супермен болам"-дейді,
"Ренжітсе сені біреу,
Құтқарып алам"-дейді.
"Көмегім керек болса,
Бәріне барам!"-дейді.
Бестегі балапаннан
Жүрегім пана іздейді...
Азамат болып өссін,
Тұсауын елім кессін,
Намысым "өл" десе де,
Сол үшін бәрін Кештім!
Намысым тапталғаны-ай,
Арғы атам боқталғаны-ай,
Жаныңа батады екен,
Жақынның жат болғаны-ай.
Екі елдің айқасқаны-ай,
Күндестер шайқасқаны-ай,
"Еркек аз, әйел көп"-деп,
Ерімнің адасқаны-ай.
Шекара асып кеттің,
Шайқаста арғы бетте-ең,
Арамдық жеңіп тұрған,
Қатыгез Тағдыр неткен!?
Қасымда қалмап едің,
Сен оны таңдап едің,
Бірде онда, бірде мұнда,
Махаббат жалған ба едің!?
Әбжылан арбап еді,
Қармағын қармап еді,
Ілесіп кете бардың,
Дүние жалған ба едің!?
Естідім сене алмадым,
Сен мені, неге алдадың?
Көңілдес болып қалсын,
Дегенге көне алмадым.
Босаттым тізгініңді,
Көрермін өз күнімді,
Балаға қалай айтам...
Үмітін үзгеніңді!?
Шүкір-деп жаратқанға,
Тағы да таң атқан ба?
Баламның күлкісін-ай,
Жақсылық таратқандай!
Шүкірлік өміріне,
Шүкірлік өміріме.
Баламның қуанғаны,
Жұбаныш көңіліме!
Осы кезде қасыма қағазға гүлдің суретін салып балам келді де:
-Мама, мамаға сыйлаймын деген қалай жазылады?-деді.
-Балам, қоя тұршы, өзің жаза берші...-деп ойыма төгіліп келіп жатқан шумақтарды тез-тез қағаз бетіне түсіріп жаттым.
Біраздан кейін балам тағы жаныма келіп:
-Мама қарашы... - деп қояды, суретін ұсынып. Жаңағы гүлдің астына "Мамасыйпаймын"-деп жазып қойыпты. Мамаға сыйлаймын дегені ғой!
-Жаным сол, рахмет. Бүгін сенің түған күнің ғой! алтыға келдің, жігіт болдың!
-Мама дәу той жасайықшы!
-Жасайық, елдің бәрін шақырайық, Марат көкені, Әбілжан көкені, Гүлнұр, Самал, Арайлымды, Мая апайды, сенің достарыңды, қанша адам шақырайық?
-Жүз адам!
-Жарайды, жаным сол, Мына жерге тағы не деп жазғансың, гүлдің үстінде?
-"Мама папа бақытты болады!" деп жаздым.
Мен жазуға көзім жүгірттім. Ол жерде біздің әлі де мектепке бармаған, алтыға бүгін толған баламыздың өз қолымен:
МАМА ПАПА Б Қ Д Б Л Д -деп жазылып тұрды...
Астанадан Алтын құрбым келді. Мені көріп шошып кетті.
-Жаным-ау, "былтыр сыздағанға, биыл жылай ма екен!" Былтыр қайғырып отыр едің, әлі отырсың ба? Жіберші, жіберші оны босатшы, барсын... Ал жібере алмайды екенсің, шақыр, бүгін шақыр да, айт: "Қосылайық, мен үшін болмаса бала үшін"- деп. Мына үйде жалғыз қайғырып отырғанша, соның үйінде қайғырып отырғың келе ме? Келсе, бар! Білмеймін, мүмкін сен оның тілін таба алмаған шығарсың!? Соның Досжанының тілін таба алмайсың ба? Алдай салмайсың ба? Әкесінің көзінше былай сөйле, ол кеткен соң, былай сөйлеп, қулыққа салмайсың ба? Мен болсам Бектей ақша тауып жатқан байдан ажырамас едім.
-Білмеймін, Мұқағали айтқандай: "Сен мені білесің бе, білесің бе? Жаралмаған жан екенмін күресуге..."
-Сен осылай ойланып жүргенде, ол басқа қатын тауып алады ғой!
-Басқа қатын баяғыдан бар екен, оған не дейсің?
-Рас па, онда әңгіме басқаша...
Ол әңгіменің бәрін естіп таңқалды.
-Мамам тірі кезінде айтушы еді, жарықтық: "Ешқашан біреудің өміріне қызықпа, сен оның ішінде не жатқанын білмейсің"-деп. Рас екен-ау, мен сені арамыздағы ең бақытты қыз шығар деп ойлайтынмын. Осы қыз кезінде жоқшылықты көп көрді, енді тоқшылықты құдай ниетіне берген шығар деп ойлайтынмын.
Сосын, өмірде тастап кеткен жалғыз сен емессің! Не болды сонша жаныңды қинап!? Мен де ажырастым, қиналдым. Бірақ ары қарай өмір сүріп жатырмын ғой! Қай жерін қимайсың оның, айтшы? Бір рет қана жолынан адасқан болса, кешіруге болады. Ол опасыздық жасап үйреніп қалған адам ғой. Алдыңғы әйелін тастап кетті, сені де тастап кетті... Соған үйреніп қалған. Ал қосыл, ана баласы, ашынасы үшеуі сенің түбіңе жетеді. Ертең жүйкең тозып, қол-аяғың дірілдеп, өзің шәй құйып іше алмай қаласың, сол керек пе, саған? Сонда сен жындыханаға өткізіп, балаңды алып, үйіңді сатып жібереді. Оларға керегі сол... Болды, енді ештеңе айтпа оған. Әңгіме айтып шаршаған жоқсың ба? Дүйсенбі күні балаңды бақшаға апар да, өзің жұмысыңа бар... Әтпесе бәрін тастап Астанаға кетіп қал да, жаңа өмір баста!
Ертесіне Алтынды алып, Мая апайды алып, Раисаны шақырып дүкен аралап, біраз көңіл көтердік. Әділетті Самал алып қалды. Сосын бір жерге отырып тамақ ішіп алайық дедік.
-"Не знаю зачем я пришла, но мне так хорошо!"-деген еді баяғыда бір орыс құрбым. Менімен тойға ілесіп барғанда, мас болып микрофонды алып риза болып. Сол сияқты Алматыға неге келгенімді білмеймін, бірақ бір жасарып қалған сияқтымын...-деді Алтын.
-Туу, соны айтсаңшы, далаға шығып бір сергіп қалдық-ау!-деді Мая апай қуанып. Жасы бізден мүшел жас үлкен бола тұра әдемілігін жоғалтпаған келіншек.
-Айтпа, Астанадан Алтын келмесе, бүгін үйден шықпас та едік, сол үйді жуып-шайып бітпедік-ау осы.-деді Раиса қосылып.
-Ия! Әсіресе мына Маралға тіптен обал, жап-жас, байы анау, сұмырай. Жанында жатқан жап-жас қатынын төсек қызығынан қағып, өзі болса неше жыл сайран салып жүріпті...-деді Мая апай.
-Баяғыда Алла Ивановна айтушы еді: "Не пьеш, не куришь, с мужиками не спишь, зачем вообще живешь?!" деп -дедім мен бәрін күлдіріп.
-Рас айтады, солар сияқты өмір сүру керек, бәрібір бізді бағалап жатқан еркек жоқ-деді Алтын күйініп.
Ойнап күліп отырған бізге көрші столдағы жігіт ағалары қарап қояды. Бір уақытта, олар даяшыдан "қыздар бізге қосылғысы келмейді ме екен?" деп сұратып жіберді. Қыздар қызығып:
-Барайық қызық болсын-десті...
-Қойшы, оңбағандар, керек болса ашыналарын шақыртсын, болмаса қатындарына барсын...-дедім мен ашуланып.
-Көзі сынық инемен,
Көйлек тіге алмайсың.
Көңілі сынық құрбымен,
Ойнап-күле алмайсың-деген екен баяғыда біреу. Сен тегі әлемдегі еркектің бәрін жек көріп кеткенсің бе?-деді Алтын күліп.
-Қызық, қай қызға көзі түсіп отыр екен?-деді Мая апай.
-Оларға айтайық, "бізде акция, бір қатын алсаң, екіншісін сыйлыққа қосып береміз" деп -дедім мен қалжыңдап. Қыздар ішегі қатқанша күліп алды.
-Мүмкін, олар бойдақ шығар?-деді Раиса-Танысып алайық!
-Олардың бәрі үйден шықса болды, бойдақ болып шыға келеді-дедім мен.-Қарашы арғы столда отырғандарды... Ендігі елуді желкелеп қалған азаматтарды көрдің бе? Қасындағы отызға да жетпеген қыздар солардың қатыны деп ойлайсың ба? Әрине, қатындары емес, ойнастары...
-Қандай жас қыздар, жас жігіт құрып қалғандай, әкесімен жасты адамдармен қалай ойнап, күледі.-деді Мая апай.
-Неге? "Арпа берсең атқа бер, қатыр-гүтір шайнасын, қызды берсең шалға бер, сақалымен ойнасын" деген бар емес пе?-дедім мен қыздарды күлдіріп.
-Қазір заман басқа, адамдар да басқа...-деді Раиса, өзінің "заманын"(Кеңес Одағын) еске алып.-Біздің заманда ондай сұмдықты, көрмек түгілі естімеппіз...
-Баяғы заманда, қайран қазақтың қыздары "шал сипаған денемді, құрт жесін"-деп байлығы шіріген шалдан қашып, жардан секіріп өлуші еді. Қазіргі қыздар, ақша үшін біреудің шалын тартып алуға дайын.-дедім мен күйініп...
-Қарашы, қандай әдемі қыздар?-деді Алтын.
-Бәрібір, біздің тоқалға жетпейді-дедім мен Майгүл есіме түсіп, қалжыңдап-біздікі бәрінен де "әдемі" ғой!?
-Сен де, айтпайтынды айтасың, құрсыншы...-деп күлді Раиса.
-Ол қатын не істеп жүр екен?-деп сұрады Алтын.
-Не істеуші еді? "Тоқал байғұс, тоғына мәз, бәйбішенің жоғына мәз" болып жүрген шығар!?-дедім мен.
-Тұқымы құрсын оның, айтпаңдаршы...-деп қиылды Мая апай.
-Сондықтан, енді еркек атаулыдан сақ болыңдар!-деп ескерттім мен.
-Марал дұрыс айтады, бәлесінен аулақ...-деп қоштады Мая апай.
-Марал, сенің көңілің енді нені қалайды, айтшы, біз Е! дейік-деді Алтын.
-Мен ба, атқа мініп желмен жарысып, шапқым келіп тұр!-дедім мен көзім жайнап.
-Е! оның жарасы жеңіл, саябақтан жалға ат алайық та, Әл-Фараби бойымен бәріміз қосыла шабайық та!-деді Раиса. Біз тағы қыран-топан күліп жаттық.
-Олар, сіздің столды төлейік деп жатыр...-деді даяшы тағы келіп.
-Қажет емес, біз өзіміз төлейміз-деп бас тарттық біз...
-Таныса салыңыздаршы, олар біздің тұрақты келушілеріміз...-деп қиылды даяшы қыз-біздің мейрамханаға ет, мандарин әкеліп тұратын саудагерлер...
-Туу, жақсы болды ғой! Біздің үйге де әкеліп тұрсын да...-деп күлді Раиса.
-Ия, енді бір шарап сататын саудагер тапсақ, күнде тегін той жасап отырады екенбіз ғой-деп күлді Алтын.
-Жаным, біздің жанымызға жоламасын, әйтпесе, күйеулерімізді шақыртамыз. Біздің күйеулеріміздің бәрі салық комитетінде істейді-дедім мен күліп.-Оданда музыкаларыңды қойыңдаршы, билейік!
-Кешіріңіздер...-деп даяшы өз жөнімен кетті. Біз қыздар болып әбден билеп, көңілімізді көтеріп қайттық.
* * *
Келесі күні мен Алтынды шығарып салдым. Осымен бұл әңгіме біткен шығар дедім. Сүйтсем бұл гүлдері ғана екен, жемісі енді байлана бастапты...
Бек тағы өзгерді:
-Мен адасқан екенмін, кешіре алсаң кешір... Ең болмаса балам үшін, соның болашағы үшін бәрін қайта бастайық...-деп жалынды.
Оның үстіне анам да, "қайтып келсе кешір, қыдырмайтын еркек жоқ, ал балаңа өз әкесіндей әке табылмайды" деп айтып жүрген.
Мен тағы бір рет байқап көрейін дедім.
Қайтадан апта сайын үшеуміз қол ұстасып қыдыра бастадық. "Майгүлмен бәрі бітті" деп сендірді мені ол. Ол да хабарласуын қойды.
Мен денсаулығымды тексерту үшін, сол өзіміздің жиһаз дүкенінің жанындағы медорталыққа кіріп шықтым да, Бектің машинасын көріп, жұмысқа кіре кетейін дедім. Оған хабарласып, "келе жатырмын" деп едім, ол "келме, өзім шығамын" деді. Бірақ мен ендігі кіріп қойған едім. Теріс қарап тұрған албастыны бірден таныдым.
-Сен мұнда не істеп жүрсің?-десем, ол да саспайды:
-Неге жүрмеймін?-мен Бекке қарадым.
-Сен оны шығарып жібердім деп едің ғой?
-Ол уақытша шықты-сен енді не қыласың дегендей, шалқайып отырдың.
-Мен сабырға келгенше ме?
-Ол сенің ИП-ыңда емес, енді менің ТОО-ымда жұмыс істейді. Мен ИП-ны жауып, ТОО аштым.
-Айырмашылығы неде? Сенің өміріңе де қайтып келді ме?
-Айқай-шу шығарайын деп келдің бе?
-Жоқ, бірақ мынаны түсіндір...
Осы кезде ана албасты сөзге араласты:
-Сен кімсің, неге келдің?
-Мен әйелімін!
-На каком оснавании?
-Қалай, қалай сөйлейсің, жапшы аузыңды...
-Жаппаймын...
-Бек кет деші, мынауың сені тыңдайтын шығар...
-Ия, мен Бекті ғана тыңдаймын. Ал сен өзіңе қарап ал, айнадан көрдің бе түріңді?-деп келіп ұялмай жақын жайғасып, аяғын-аяғына салды. Қысқа қызыл белдемшесі түріле түсті.
-Түріме не болыпты...
-Қартайып кеткенсің...
-Ия менің, "Жасым үлкен, жаным, сенімен құрдаспын,
Сенде жас боп, мәңгі-бақи тұрмассың"...-дедім мен ақын сөздері тіліме оралып.
-Жүр, сыртта сөйлесейік, -деді Бек тұрып.
-Жарайды, жүр...-мен диванды айналып шықпақшы болып едім, албаста:
-Есің ауып қалды ма, есік басқа жақта-деп мені қағытты.
-К... қысшы...-дедім мен.
-Сен қыс, к... бар болса
-Ұятсыз, жезөкше!
-Тоқта, тоқта не дедің?-жүгіріп келіп, жағама жармасқанға дайын тұр.
-Неге олай дейсің, көрген жоқсың ғой-деді маған Бек.
-Көрдім, қанша еркекпен түскен суреттері интернетте жүр.
-Көрсет...-деді албасты төне түсіп, аяғындағы биік өкшесі жер тесердей.
-Бекке көрсетермін...
-Ал мен саған неке куәлігін көрсетейін ба?
-Мешітке барғаныңды айтамысың?
-Жоқ, біз заңды үйленіп алдық!
-Бек, мынаның айтып тұрғаны рас па?
-Ия, рас!-деді Бекте мақтанғандай. Менің көзім қарауытып кетті.
-Ендеше маған неге айтпадың, кешеге дейін келіп менің қойныма неге жатып жүрсің?
-Мен кеше келген жоқпын...
Мен сыртқа шықтым. Бекте шықты:
-Неге мені Майгүлдің алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырасың?
Мынау не деп тұр, құдайым-ау, есінен адасқан ба?
-Ал сен мені ыңғайсыз жағдайда қалдырған жоқсың ба? Маған неге айтпадың? Мен сонда бұл жерге аттап баспас едім ғой?
-Сен мені өзің тастап кеттің...
-Кім, кімді тастағанын әлі дәлелдеу керек. Бірақ сен мені келіп, үміттендіріп жүрдің ғой. Жүрші көлікке отырайық, аяғым мені көтере алар емес...-мен көлікке беттедім.
-Жүр, сен мені өзің қуып жібердің, сосын мен ойладым, сенің басқа жоспарың бар шығар деп...
-Терезені ашшы, тынысым тарылып барады, су бар ма?-менің жағдайым мәз емес еді.
-Жоқ.
-Бек менен неге жасырын үйленіп алдың, маған неге айтпадың?
-Қылмыс па?
-Қылмыс, адамгершілік тұрғыдан қарағанда қылмыс жасадың, қиянат жасадың маған...
-Кешір...-тап бір аяғымды байқамай басып кеткен адамға ұқсап, ол оп-оңай осы сөзді айта салды. Мен оның бетіне қарап:
-Кешірмеймін!-дедім.
-Маған балам ғана керек...
-Балаңды ойласаң кетпес едің...
-Сол үйленді деген қағаз не үшін керек? Мен сені тастамаймын ғой!
-Еркек саған бәрібір шығар, әйел маған сол қағаз қымбат.
-Жарайды одан ажырасамын...-ол тағы да оп-оңай айта салды.
-Сосын?
-Сосын саған үйленемін-деді. Күлейін бе, жылайын ба?
-Қашан?
-Маған уақыт бер-деді. Сенейін бе. сенбейін бе? Қанша уақыт керек саған?
-Оған неге үйлендің?
-Керек болды,ол қоймай қойды. Маған сізден ештеңе керек емес деп қолхат жазып берейін деді.
-Ондай сөздерді мен де айтпап па едім?-Осы кезде албасты сыртқа шығып, бізге қарап тұрды. Мазасы кеткен ғой. Мен алып кете ме деп қорыққан ғой.
-Мені үйге апарып таста, өзімнің шамам жоқ.
-Қазір, оған айта салайын...
-Айтпа, бір рет есеп бермесең болмайды ма? "Жарлық қатты, жан тәтті" ма?
-Ол қазір кетіп қалады...
-Кетпейді, ол енді сенен ажырамайды, қорықпа!
Ол машинасын от алдырып, біз орнымыздан жылжыдық. Албасты да сол жерде тұрған бір машинаға ұмтылды.
-Оның не, машинасы бар ма?
-Ия!
-Сен алып бердің бе?
-Жоқ-дедің. Сенейін бе?
-Қазір біздің соңымызға түседі.
-Қойшы!?
-Әне, қан-қызыл машина ма?
-Ия!
-Жоқ мені үйге апар ма? Оның үйді көргенін қаламаймын.
-Мен сендермен қуаласпақ ойнайтын уақтым жоқ, жұмысым бар...
-Онда үй жанындағы базардан түсіп қалайын...
Дәл бір кинодағыдай, мен жасырынып базардан түсіп қалдым, Бек ары кетті. Анау артынан қуып кетті.
Базарда өңім бұзылып тұрған мені көріп, мен ылғи өрік-мейіз алатын өзбек жігіт, су сатып алып жүгіріп жаныма келді. Рахмет айтып, жүз теңге беріп едім алмады.
-Керек емес, тек сіз қатты уайымдамасаңыз болады...-деп қояды жаны ашып. Шіркін, қойнымда жатқан байым осындай жанашырлық көрсетсе ғой!? Үйге келе сала телефон шырылдады. Бектің үйінің нөмері шығып тұр.
-Бек, сен үйде не істеп отырсың?
-Ауырып үйге келдім. Сені қатты уайымдадым.
-Қойшы, рас па?-деймін таң қалып.
-Ия, қалайсың?
-Қалай деп ойлайсың?
-Уайымдамашы, жаным...-деп қояды ғой!
-Оған неге үйлендің, сүйесің бе?
-Қателеспейтін адам, адаспайтын еркек болмайды. Сенің де сүрінген сәттерің болған шығар? Ол мені бопсалады. Жұмыста жүріп, мен туралы бәрін біліп алыпты. Маған қарсы бір қағаз тауып алып, сонымен қорқытты. Мен одан ажырасамын.
-Ол сенен айырылмайды.
-Айырылады, жаңа сөйлестім. Неге аңдисың? -дедім.
-Екеуің қайда барасың?-дейді.
-Шаруаң қанша? Мені аңдушы болма, ондай қатын маған керегі жоқ-дедім.
-Онда жәй коллега болып қалайық-деді.
-Жүре бер жұмыста, бірақ ажырасамыз-дедім.
-Сен бәрібір шыдай алмай, маған қайтып келесің-деп қояды.
-Сен уайымдамашы, оны бірте-бірте суытып тастап кетемін-деді Бегім.
-Мені бірте-бірте суытып тастайын деп жүрген шығарсың сен...
-Жоқ, сені тастайтын болсам, баяғыда айтар едім ғой. Екеуміз төсекте салқындап кетсек те, Әділет екеуіңді ешқашан тастамаймын.
-Шынымен мені уайымдадың ба? Жақсы көргендіктен бе, тағы да үміттендіріп, алдап, ойнап жүрсің бе?
-Жақсы көремін жаным. Уайымдамашы, ауырып қаласың, денсаулығыңды күт. ЗАГС деген бір жапырақ қағаз ғой.
-Маған соны да қимадың ғой.
-Саған том-томын әкеліп беремін, жаным.
-Саған неге сенуім керек, күнде алдайсың?
-Сенші маған, енді алдамаймын.
-Маған ант ет, ана албастының атымен ант ет, онымен ажырасып, менімен қосыламын деп.
-Ант етем, Майгүлдің атымен ант етем. Осы бір айдың ішінде онымен ажырасып, саған қосылмасам, Майгүлді құдай алып кетсін... Тек уақыт бер маған.
-Екеуің үйленгендеріңді ата-енем біле ме? Бірге тұрып жатырсыңдар ма?
-Жоқ, мен онымен бірге тұрмаймын, оны өзі де біледі, Досжан да оны үйге кіргізбейді.
-Онда неге үйлендіңдер?
-Ол мен сенің тастап кетпейтініңе сенімді болайын деді, сол үшін ғана...
-Сонда мені тастап кеттің бе?
-Қойшы енді...
-Жарайды. Сен де уайымдама. Сенің де маған тірі жүргенің керек.
-Мен өлмеймін, қорықпа.
-Ал менің бағана өлгім келді, тек Әділетім ұстап тұр ғой. Оны өгей шешеге қалдырмаймын.
-Бай үшін өлмейді, бала үшін өлуге болады.
-Мен баламды жақсы көремін. Ол сенің бір тамшың ғой, өзі де сенен аумай қалған. Өзі сондай тәтті, әрі ақылды.
-Мен де оны бәрінен жақсы көремін.
-Бүгін ақыры үйде екенсің, балабақшадан ертерек алып, кинотеатрға барсаңдаршы. Оның жақсы көретін "Өрмекші адамы" болып жатыр.
-Жарайды.
-Мен дәрігеріме барайын...
-Жарайды, сосын нәтижесін айтарсың.
-Жарайды.
Мен медорталыққа кеттім. Ондағыларға менің анализдерім ұнамай, ары-бері сүйреп ақыры, "тағы да тексерілуіңіз керек, өкпеңізде қатерлі ісік қаупі бар"-деді. Мен саспадым. Маған енді бәрібір. Бек хабарласып:
-Не болды?- деп сұрады.
-Қатерлі ісік қаупі бар дейді, ертең қайта тексерілуім керек деді.
-Қой, уайымдама қателескен шығар?
-Маған бәрібір, өлімнен де күшті сөзді одан бұрын естіп қойғанмын.
-Нені айтасың?
-Сенің үйленгеніңді айтамын.
-Қойшы, жаным.
-Осыдан осы рас болып шықсын, анадан ажырасып маған тез үйленесің. О дүниеге барғанда сен мені ойнас қылғаның үшін жауап бергім келмейді.
-Жарайды, Әділетті уайымдама. Кино көрдік, тамақ іштік. Қазір жатып ұйықтап, ертең балабақшасына апарып саламын. Сен дем ал.
-Жарайды.
Ертесіне мақтаған дәрігерін отадан шыққанша төрт сағат күтіп отырдым. Кезек күткен адамдар да көп екен. Бек жарты сағат сайын хабарласып тұрды. Ақыры кезегім де келді, дәрігер біз қатарлы жас жігіт екен:
-Менің кеңесім ақылы екенін білесіз бе?
-Қанша?
-Бес мың!
-Жарайды.-мен ақшаны столға қойдым.
-Бала кезіңізде суық тиіп ауырған ба едіңіз?-деді ол рентген суреттері мен анализдерді көріп жатып.
-Ия, анам айтқан, үш жасымда өкпеме суық тиіп, ауруханада көп жатыппын.
-Мынау содан қалған дақ, ешқандай да ісік емес.
-Рахмет..-дедім мен селқос, қағаздарымды жинап жатып.
-Қуанбайсызда ма?
-Қорықпаған адам, қуануды да білмейді екен...
-Неге қорықпадыңыз, өмір сүргіңіз келмеді ме?
-Шынымды айтсам, келмеді...
-Алтынның қолда бар да қадірі жоқ, осында қанша адам өмір үшін қалай күресіп жатқанын көргіңіз келе ме?
-Жоқ, өзімнің көтеріп жүргенім де аз жүк емес... Қош болыңыз дәрігер, көрмегенім сіз болсын.-дедім мен жымиып.
-Сіз бәрін жеңіп шығасыз, мен білемін...
-Қайдан білесіз?
-Әзілдегеніңізден білдім. Бәріне әзілмен қараған адам, бәрін жеңіп шығады. Қош болыңыз!-деді ол маған күліп.
Үйге автобуспен қайтып келе жатып, Бектің қоңырауына жауап бергім келмеді. Өзіне сонша өкпелі едім. Мені сонша уайымдап еді, енді бәрі жақсы десем, мені тағы тастап кетеріне күмәнім жоқ. Кезінде, "сен мені тастап кетсең, өлемін" деуші еді, енді мүлде басқаша сайрайды... Өтірік айтып, өзіме үйлендіріп алсам ба екен деп арам да ойладым. Қой, құрсын, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам ғой. Өтірікпен қашанғы қасымда ұстаймын.
Сосын Майгүл маған неге бұлай істеді екен деп қалың ойға шомып кеттім. Оның істеген қылықтарына қарап отырсаң, ол Бекті тіпті жақсы көріп тұрған жоқ, керісінше мені сонша жек көріп тұрған адамның тірлігін істеп жүрген сияқты. Егер ол Бекті жақсы көрсе сол кезде дүкенде, оның абыройын сонша төкпес еді. Өзі айтқандай ақылды әйел болса, сол кезде шу шығармай, "сіздер оңаша сөйлесіп алыңыздар"-деп бес минутқа шығып кетер еді.Ал ол не істеді. Тіпті ол менің байымды емес, мен оның байын тартып алғандай сөйлейді ғой, өзі. Мақсаты мен төмендетіп, таптап тастағысы келеді. Мен оған не істедім? Әлде мені оған Бек сонша жамандап тастады ма екен. Оған Досжан қосылған шығар, папамды тартып алды, бізді қинады, әкемді дуалап ұстап отыр деген шығар? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Майгүлдікі тек әйелге тән қызғаныш қана. Шешесі қанша сұлу болса да, жеке өмірінде жолы болмады, өзінің жастайынан бүлдірмегені жоқ. Оны қанша ойласам да түсіне алмадым. Мүмкін өзі жап-жас бола тұра жолы болмаған соң, мына Маралдан қай жерім кем деген шығар!? Мүмкін, шешесі де бізді әбден жамандап қарсы қойған шығар? "Біздің бақытсыз болғанымызға осылардың отбасы кінәлі" деген шығар? Кім біледі?
Оның үстіне Бектің компьютерінен айналымдағы ақшаны көріп, Бектің болашақтағы жоспарларын естіп, шалқып өмір сүргісі келген ғой. Бек те қыздарға кет ары емес, айналдырып алу қиын болмаған шығар. "Алтында көрсе періште жолдан таяды" деген. Кезінде Шымкенттен (Қазақбай екеуі сонда тұрған екен) орамал жамылып, намаз оқып, құдайдан қорқатын қыз, орамалын бір күнде-ақ шешіп тастап, құдайын бір-ақ күнде сатып кетті емес пе? Қазақ "Құдайдан қорықпа, құдайдан қорықпағаннан қорық" -деп осындай адамдарды айтқан шығар? Шыныда құдайдан қорықпаған адам менен қайдан қорықсын? Ол сол орамалымен бірге өзінің ар-ұяты мен, адамгершілік қасиеттерімен де қоштасқан шығар? Ия, оның да өз шындығы бар шығар?
Мен де сол сияқты, арсыз, бетсіз, ұятсыз, беттен алып төске шабатын болсам, кез-келгеннің бетін тырнап алатын, өз мақсатым үшін қасымның да, досымның да басын аямайтын "стерва" болсам, біреуден "таяқ" жеп, осынша жыламас едім. Сондай болғым да келеді. Тіпті "Хочу быть стервой!" деген кітап та сатып алдым да. Бірақ мені оқытса да, ондай бола алмаспын. Өйткені менің табиғатым басқа, мен мүлде басқа материалдардан жасалған сияқтымын. Тіпті ертең мен жеңсем де, оған барып мақтанбайтын шығармын. Өйткені менің мақсатым біреуді төмендету арқылы, өзімді жоғары қою емес. Менің мақсатым, баламның әкесі, өзімнің құдай қосқан жарым, Бегім айналып өз қазығын тапса болды. Әділетті қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмаса екен. Менің үйім мен жүрегімнің төрінде айбарлы арыстанға ұқсап жатса екен. Ал мен осы екі азаматымның тілеуін тілеп өтсем арманым жоқ. Алладан сұрайтыным денсаулық, ақшаны адамдар табар! Мен тағатсыз шырылдап қоймаған телефонды алып:
-Уайымдама, дәрігерлер қателескен екен-дедім.
-Жақсы болған екен, кешке келемін-дедің сен.
Кешті тағатсыздана күттім. Үй жинап, тамақ істеп, шашымды жөндеп, тырнағымды бояп, көйлегімді киіп, жүзігімді тағып алдым. Әйтеуір кеш те батты ғой, сен де келдің ғой.
-Ол менімен ажыраспаймын дейді.-дедің диванға қисайып.
-Мен саған айттым ғой, ол сенен айырылмайды. Енді не істейміз?
-Күт мүмкін суып кетер...
-Суымаса ше?
-Онда осылай жүре берейік...
-Мен бұған көне алмаспын...
-Мені қуып жатсың ба?
-Арманың сол ма?
-Маған да оңай емес...
-Оған қашан қосылдың?
-Сен сол жіпті кескізгеннен кейін, бір жұмадан кейін кездесіп, сөйлестік.
-Қашан үйлендіңдер?
-Бір ай бұрын.
-Бірге тұрып жатырсыңдар ма?
-Жоқ.
-Сонда маған түнгі сағат екіде келіп, таңғы сағат бесте кетіп жүргенде, Досжаннан емес содан жасырынып жүрдің бе?
-Ия, ол үйдегі телефонға хабарласып тексеріп отырады.
-Ия, "қайратты қатын, қар үстінде қазан қайнатар". Мықты екен! Саған мен істете алмағанды, қалай оп-оңай үйреткен? Тіпті сені дәрет алып, намаз оқып жүр деп естідім ғой!
-Ия, оның несі жаман?!
-Мәселе онда емес, мен саған құдай тамақ та бергізе алмаушы едім, ол қалай істеді екен? "Хан жарлығынан, қатын жарлығы күшті" деген рас екен. Тіпті сақал да жібергің келетін шығар?
-Болатын еді, маған сақал өспейді ғой, өзің білесің?
-"Сайтан қартайса сопы болар"-деген осы шығар!? Өтірікті аз айтып көрсеңші, мүмкін өсер...
-Қойшы ұрыспайықшы...
-Сонда менімен ұрсып қалсаң оған, онымен ұрсып қалсаң маған кете бересің бе?
-Енді сен өзің қуып жібердің ғой, сосын мен сені тастаған жоқпын. Тастамаймын да...
-Оны ше?
-Оны да тастай алмаймын. Егер оған қиянат қылсам, ол маған қастандық қылары анық. Ол қатыннан бәрін күтуге болады, ол мен туралы көп нәрсені біледі... Бір-екі ай өтсе өзі суыр!?
-Суымайды.
-Маған сенші, мен бірнәрсе ойлап табамын.
Мен ендігі жерде, Майгүл екеуміз тіпті Бек үшін емес, мүлде басқаны дәлелдеу үшін күреске түсіп кеттік-ау деп ойладым. Бек далада қалды, ендігі жерде, Майгүл екеуміз, "кім күшті екен?" деген ойын ойнап жүрген сияқтымыз. Жарайды, тіресіп көрейік, кім жеңер екен?
-Оған опасыздық жасашы, үйіңе алып келде, үй жұмысына салып қой. Мінезіңді көрсет, іш, құс... Сосын оны мені ұрғандай етіп ұр да, өзің одан да жас он алты жасар қыздармен ойнап күл...-дедім Бекке.
Ол таңқалып маған қарады.
-Жоқ, сосын ол қыздың біреуі саған ұнап қалар... Болмайды-деймін мен күліп. Бекте жымиып қойды.
-Онда ертең мені жұмысқа ертіп бар да, "Бар байлығымды Маралға бердім. Сөйтіп оның алдында моральдік шығынымды өтедім"-де!
-Сосын!?
-Сосын ол сені тастап кетіп қалады. Екеуміз үйленіп аламыз-деймін күліп. Ол тағы күлді.
-Кел бері, жаныма отыршы... Еденге отырма, суық... -деп мені өзіне тартты.
Тонғаннан ба, жоқ әлде қан қысымым тағы да түсіп кетті ме, жоқ әбден әлсіреген жүрек, қанды айналдыра қууға шамасы келмей жатты ма, әйтеуір, өліктің қолындай, мұздай аппақ қолымды алақанына салып, жылтып, сүйіп қойды. Мен отырған орнымнан жылжымадым.
-Жоқ, оған бір әдемі жігіт тауып берші. Ол оған өзімнің жеке ұшағым бар, маған байға тиші деп алып кетсін... Бірақ сен оны жібермейсің ғой!?
-Неге?
-Жақсы көресің ғой...
-Мені тек аяйсың. Уақыт өте ұмытар деп жүре тұрғың келеді.
-Олай емес, бұл жерде сен емес, мен "құрбанмын", не істерімді білмей жүрмін... Мен сені жақсы көремін, маған сенбейсің бе?
-Бір Марал "сенбе, бір сатқан адам, тағы да сатып кетер" дейді, екіншісі "тағы да бір рет сынап көр, мүмкін өзгерер" дейді. Әйел адамның қателігі де сонда дейді ғой. Сендер өзгеретін шығар деп өзімізді алдаймыз, ал сендер бұл бәрібір ешқайда кетпейді деп білгендеріңді істейсіңдер. Ақылым сене алмайды, жүрегім қимайды... Не істеймін?
-Жүрегіңді тыңдашы, жаным...
-Тағы алдап кетсеңші?
-Енді маған не істе дейсің, өз қолыңмен өлтірші, сонда жаның тынышталады ма?
-Жоқ!
-Онда өзім өлейін, Майгүл екеуіңе сонда жоқ боламын, Сонда риза боласың ба?-деді ол түрі бұзылып.
-Жоқ, онда да:
Жауын жауар себелеп,
Есік алды ебелек,
Елдің байы тірі жүр,
Неге өлесің сүмелек?-деп кемпірдің өкпесін айтамын.
Сен неге өлгің келіп қалды, екеуміздің таласқанымыз ұнап қалып еді ғой, Өзіңді "Бредд Питтпін" деп мақтанып едің ғой?
-Енді не істейін, айтшы?
-Сен айтшы, өз ойыңда не бар? Менің көңіліме қарама.
-Бір-екі ай шыдашы, бірнәрсе ойлап табамын...-дедің ойланып.
-Оның қай жері ұнайды?
-Оның ба? Жұмыста қандай қиындық болса да, салық бастығы ма, қаржы полициясы ма, кім келсе де, мені қорғап, кеудесін отқа тосып, алға ұмтылғаны ұнайды -дедің көзіңнен от шашып. Сол кезде менің алдымда, тау қопаратындай болып көрінетін, батырымның қатын етегіне тығылғысы келетіні жаныма батты. Демек, баяғы Жидегүлдің шатақ мінезін сағынғаны ғой, байғұс?
-Сосын?
-Сосын, ол қашанда менің айтқанымды істейді.
-Айтқаныңды істегені сол ма, өткенде дүкенде абыройыңды айрандай шашып, мені таптап кете жаздады емес пе?
-Ол кезде сен де, ол да мені ойлаған жоқсыңдар...-дедің сен Мен ойланып қалдым.
Шынында да, бұл соғысқа енді сенің қатысың жоқ шығыр? Бұл енді бір-біріне жеңілгісі келмейтін екі қатын соғысы ғана шығар?
-Мен екеуіңді де түсінемін. Ол кейін өзін-өзі ұстай алмағанын мойындады. "Жәй, өзі бірінші тиіскен соң шыдай алмай кеттім" деді. Ол маған "саған Маралды таста деп айтқан жоқпын, өзің кеттің" деді. Онықы рас!-дедің сен.
Ішімнен ол қатынның мықтылығына таң қалдым. "Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді" деген осы шығар. Маған Бекті талай айдап салғанын мен білмейді дейсің бе? Тек оны қалай білдіртпей басқарады екен? Еркекті солай басқару үшін, он үш жасыңнан бастап Майгүл сияқты жәлеп болу керек пе? Жоқ оны үйренудің басқа жолы бар ма? Жоқ ол қанмен сіңеме екен? Жоқ ешкім ешкімді басқармай, алдамай, кинодағыдай бақытты өмір сүруге болмайды ма? Сондай отбасы қазақтарда бар ма екен?
-Марал мен кетейін, маған баламның туу туралы куәлігін берші?
-Оны қайтесің, оны менен тартып алайын деп жүрген жоқсың ба?
-Жоға, жәй, заман қалай болады. Оған өсиет тастап кетейін дегенім ғой. Досжан екеуіне тең бөліп жазып кетейін...
-Сенің өлгенің бізге керегі жоқ, одан да қайда жүрсеңде аман бол. Әділетке де сені бір құшақтап, папа деп бір сүйіп, сені иіскегеннен басқа байлықтың керегі жоқ, бермеймін.-дедім мен одан шошып.
-Жарайды, бүгін арақ ішетін шығармын, бұдан артық шыдай алмаймын...
-Өзің біл, енді қашан келесің?
-Қалаған уақтыңда.
-Жарайды.
-Тек уайымдай берме, сендерді ешқашан тастамаймын.-деді кетерінде. Үйіне жеткенде тағы телефон соқты.
-Жағдайың қалай?
-Мені "сүйікті қатының" етіп тағайындашы...-деймін әзіл-шыны аралас.
-Жарайды...-деп сен күліп жібердің-жақсы!
-Жақсы көріскенше!-деп онымен күліп қоштассам да, жаным жай таппады.
Мен жалғыз адал досым күнделігімді қолыма алып, мұңымды шаға бастадым...
Түсінуге тырыстым...
Сені түсінуге шынымен-ақ тырыстым,
Мүмкін сенің таңдауың болмады ма!?
Алды-артыңа қаратпаған бір күшке,
Бағынудан басқа амалың қалмады ма!?
Мүмкін сенде бір сәтке пенде боп,
Дәмін татып қалғың келді ләззаттың...
Мүмкін жүрдің мейірімге кенде боп,
Сыйладым ба, саған жаным аз-ақ түн!?
Кешіруге тырыссам да қанша мен,
Көңілімнен бір жаман ой кетпеді...
Тәтті болып көрінді ме сонша не?
Әлде осы ма еді, сенің санаң жеткені?
Оны құшып, мені мәңгі ұмыттың,
Демек мені ұмытуға жақынсың...
Енді келіп маған қарап:"Тұнықпын,
Кешіре аласың ба?"-деп жатырсың...
Ал егер де сені сатқан мен болсам,
Кешіре алар ма едің, мені сен?
Еркек пенен әйел құқы тең болса...
Ойыңа да сыймас бұл іс, келісем.
Онда неге, сен кешірім сұрайсың?
Осы сәтке жеткізбеуің керек еді...
"Мен еркекпін, түсінші" деп жылайсың,
Маған сонда сондай еркек керек пе еді!?
Не де болса, бұл таусылмас әңгіме,
Таласатын бүкіл әлем сұрағы...
Бұл ұрыста бір отбасы жеңді ме?
Қандай жандар, мәңгі тату тұрады!?
Мен теледидар қосып, диванға отырдым. Көк экраннан Қ. Маханов өлең айтып жатты. Осы жігіт біз оқыған жылдары ТАРГУ-да оқып еді. Сол кезде де осы өлеңін сүйіп тыңдаушы едім...
Өткен күннің білсем де,
Сезсем де оралмасын,
Армандаймын адам боп,
Адам боп жаралған соң.
Мені мұңға батырып,
Жаным-ау қалай жүрсің?
Қарақат көз-ай менің,
Қаракөз, қолаң шашым.
...Қайтейін, амал қанша!?
Қаратастан неліктен,
Неліктен жаралмаған?
Жұмсақ еттен жүрегім,
Жүрегім жаралғанша!?
Осылай, "не істесем екен?" деген сұрақтың шырмауынан шыға алмай отырған менің телефоныма Теңіз хабарласты.
-Жағдайың қалай?
-Теңіз, сен серісің ғой, сол қатынды алдашы... Ұшағым бар, шетелде үйім бар десең, ол Бекті бір-ақ күнде тастап кетеді. Сосын мен Бекке тиіп алған соң "Ой, мен де, Маралға кеттім" деп кетіп қаласың!?-деймін әзіл-шыны аралас.
-Жаным сол Бектей "крутой" тұрғанда, ол маған қарамас...
-Қалай қайтарып алсам екен?
-Білмеймін ғой, білсем айтар едім.
-Жарайды, есіңе "жынды жоспарлар" түссе, хабарлас...
-Тек қайғыра берме, денсаулығыңды ойла!
-Жарайды, сау бол.
-Көріскенше...
Осы кезде жан тыныштығымның талай астан-кестеңін шығарған таныс нөмір хабарласты. Тағы да да, Бектің телефонын ақтарып, менің нөмерімді тауып алған ғой, сірә. Сөйлескім келмей, басып тастадым. Артынша-ақ "не сөйлесуге к... тұрмай жатыр ма?" деп хабарлама келді. Не деген арсыз еді, ұятсыз... Тағы да хабарласты. Тұтқаны көтердім.
-Не керек?
-Шлюха, ты когда перестанешь с чужими мужьями спать...
-Не болды, кезінде еркектің төрт қатыны болу керек, "мен сияқты мудрая бол" деп ақыл үйретуші едің ғой. Енді сол ақылың өз басыңа сыймай жатыр ма?
-Он все равно тебя не любить, ты для него запасной аэродром, шлюха...
-Екеуміздің орнымыз ғана ауысты. Бұрын мен әйелі, сен көңілдесі болғансың, енді сен әйелі, мен көңілдесі болдым. Маған да керегі сол! Бұрын ол саған төсек үшін ақша төлейтін, қазір маған балам үшін ақша төлейді. Маған да керегі сол! Бұрын мен үйде отырып, ол сенімен қыдырып жүретін. Енді сен жұмыста отырасың, ол бізбен қыдырып жүр. Маған да керегі сол! Бұрын мен жылап, сен күлетінсің, енді сен жылап, ал мен бақыттымын! Маған да керегі сол! Сен енді басыбайлы қатынсың, еркегіңе бағынасың, бұрынғы түнгі клубтар түсіңе ғана кіріп жүр. Сенің атыңды Майгүл емес Түнгүл қою керек еді. Ал мен басы бос әйелмін, және бос уақытым көп болғандықтан билеп жүрмін. Маған да керегі сол! "Мінгеспе, мінгестің бе, артың тесілсе де үндеспе!"-дегенді білемісің!?
-Ол сені алдап жүр, бұрында сені ақымақ қылып, екеуміз талай кетіп қалатынбыз. Есің де ме, саған біреуді қарумен қорқытып, бір апта тауда жаттым дегені? Дура, ол сол кезде менімен тауда демалып жатқан, сен болсаң еще оған жалынып... Сені талай алдағанбыз. Және саған нөмерін жасырып звондаған телефонның бәрі менің нөмерім етін. Тіпті сенің оған жазған хаттарыңа, ылғи мен жауап беретінмін. Саған Досжанды қарсы қойып, екеуміз сені талай күлкі қылдық...
-Басыңа келсін, айналып бәрі сенің басыңа келсін! Құдай жазаңды берсін екеуіңнің, Досжанды да суғарып жүрген шығарсың сен, албасты. Ақырында үшеуің ақшаға таласып, бір-біріңді пышақтап өлтіріңдер...-мен ашуға булығып тұтқаны тастай салдым. Ол тағы хабарласып жатты, алмадым. Сосын үзбей шиқылдатып, менің ашуыма тиетін хаттар жіберіп жатты. Мен телефонды өшіріп тастадым.
Тағы да нөмер ауыстыру керек болды. Не деген адамдар бұл, оңбағандар? Оңбаған Бек, бәрібір бәріне сен кінәлісің, сол кездері балам екеумізге уақыт таппаушы едің, өзің ойнап күлгенге қуана-қуана уақыт таптың ба? Менімен қол ұстасып туысқандарға да бармайтынсың. Ылғи мен жалғыз барып, сен алып кетуге ғана келетінсің, сосын шаршадым деп жата қалатынсың. Сол кезде сен шынымен жұмыстан шаршап жүр ғой деп мазаламаушы едім, ал сен болсаң, мені мазақ қылып жүр екенсің ғой!? Менімен анда-санда төсектес болғанда, шауқатыңды далаға төгуші едің, сол кезде арам ойың болған екен ғой сенің? Өткендегісі анау, "сен маған тиіп, байлығымның жартысын алып алайын деп жүрсің..."-дегені қай сасқаны!? Сол байлықты кіммен бірге жинағанын ұмытқаны ма!?
Ларисаның мені жұбатқаны есіме түсті...
-Ұмытшы соны, жаныңды қинамашы... Сенің көз жасыңа тұрмайды ол... Аманат, достарымен қай жерде қыдырып жүрсе, сол жастармен қабаттасып, Бек те жас қаздармен ойнап күліп жүреді екен. "Ондай адамнан, Марал әкпем құтылғанына қуансын" деді Аманат. Менің балам оны әр кезде әртүрлі қыздармен көреді екен. Жанында қашанда Әбілжан, Жайық жүреді екен. Әбілжан, саған бауыр емес-ау, "жиен ел болмас" деп халық қалай тура айтқан...-деп таңқалды емес пе!?
Ата-енем неге араласпай жатыр? Неге, "Балам, балаларыңды шашыратып, әр үйге бір тастап кете бересің бе? Тұрақта, ақыл тоқтат" деп неге ақылдарын айтпайды? Қашанда "Баламыз өзі біледі, біз араласпаймыз..."-деп, түк болмағандай, қалай жүре береді? Бұл немқұрайдылық па? Жоқ әлде, ақылдылық па? Орыстар айтқандай "Моя хата с краю" деген осы шығар, кім білсін!? Әлде, қайын атам да, кезінде осылай қыдырған шығар? Бұл іс олар үшін, қалыпты жағдай шығар? Ал мен болсам оны басыма сонша көтеріп, әулиедей көріп жүрмін... Ол енді адам болмайды... Күнделігіме тағы бір өлең төгілді...
Адам енді болмайды ол...
Өмір жолын бөлісіп
Өзі маған келмесе,
Қосақтасып нем бар!?
Болашағын келісіп,
Тапқанынан бермесе,
Ортақтасып нем бар!?
Әр сөзіме керісіп,
Шын сөзіме сенбесе,
Өсек тасып нем бар!?
Көңілімді ерітіп,
Бір рет "жаным" демесе,
Төсектесіп нем бар!?
Таңдағаны оңай жол
Жеңілдікті қоштаса,
Маған кел деп нем бар!?
Адам енді болмайды ол,
Әдет тағы бастаса,
Қанды емдеп нем бар!?
Әр күн әр қыз таңдайды ол,
Жамандықты бастаса,
Әулиелеп нем бар!?
Қандай жолды таңдайды ол,
Ата-анасы қоштаса
Тәрбиелеп нем бар!?
Бәріне сен кінәлісің, мені өмір бойы алдап келдің, тағы да алдап жүрсің. Жоқ, бәріне өзім кінәлімін, әу баста оған сенбеуім керек еді. Жетер, Бектен бас тартамын, қанша жерден жақсы көрсем де. Басқа байда керек емес, қанша жерден артық болса да. Ұмытамын... Осы кезде ұйқысынан оянып, әкесінен аумай қалған балам келіп қойныма тығылды. Ұмыту қолымнан келе ме екен, оны? Не істесем екен? Сұрақтар көп, бірде-бір жауап жоқ.
Мені тез шақыртып жатыр деген соң, Маржан әкпемнің аулына жол тарттым. Келсем мені әкпем күтіп отыр екен, қуана қарсы алды.
-Хабарласпай кеттіңдер ғой, шақырмаса келмейсіңдер ме?
-Қолым тимей кетті...
Әкпем шәй қойып, әңгіме сұрады.
-Неше күн болды, апаң түсіме кіріп, "Маралды шақыр, түрікке апар" деп айта береді. Не болғанын айтқың келмейді ме? Балалардан сұрасам араласпа дейді. Не болып жатыр?
-Түрік деген кім?
-Осында бір емші, әрі балшы бар!
-Ия!? Апам тағы не деді?
-Басқа ештеңе айтпайды, тек соған апар деп айта береді.
Мен жылап жібердім. Жылап отырып әкпеме бәрін айтып бердім. Әкпем қатты ашуланды.
-Неге бәрін өзің жалғыз көтеріп жүрсің? Маған неге ертерек айтпадың. Мен олардың көзіне көк шыбын үймелетемін едім ғой... Ана албастының қызын қарашы, шешесінен аумай қалған екен... Шешесі де "черная ведьма" ғой! Талай азаматтың обалына қалған. Ана Бекті ме, мен көрсетейін оған, сіңлімді қорлаған қалай екен... Жездеңе айтсам, тізесіне салып, белін сындырып, арбадан тұра алмайтын қылады оны... Жоқ, ана түрікке айтып, дуалап тастайын ба осы...
Орнынан ашуланып атып тұрған әкпемнің қолына жабыстым.
-Ойбай, әкпетай, керек емес, тиіспеші оған...
-Неге оған жаның ашиды, оның саған жаны ашыды ма?
-Жоқ, ол менің баламның әкесі ғой!
-Ал сен оның баласының анасысың.
-Ол баласына керек, тиіспеші...
-Көмектесіп тұрады ма оған?
-Ия, көмектесіп тұрады, ай сайынғы ақшасын үзген емес...
-Оңбаған, бар байлығын Әділетке берсе де жарасады, бәрі сол кішкентайдың несібесі. Ол туғанға дейін жүрді емес пе, ешкімге керек болмай, қайыршыға ұқсап...
Әкпем ашуланып шәйін де іше алмады. Ары ойланып, бері ойланып:
-Жүр түрікке барып келейік, не айтар екен...-деді.
-Жүр...
Түрік апа картасын ашып, сөйлей бастады. Мен алдына соңғы кезде сөмкеден тастамайтын суреттерді шығарып қойдым. Үшеуінің суреттері...
-Негізі мына қатынға бірінші болып көз салған, байың! Алдында екі-үш ай қыз бен жігіт болып қыдырады,ойнап-күліп тастағысы келген екен. Сосын ана қатын айырылғысы келмей оны дуалап алыпты. Бар мақсаты, оның ақшасы ғана! Қазір енді ана үлкен баласын да дуалап жүр екен. Ұяттан жұрдай, еркек таңдамайды, алыстан іздеп әуре де болмайды екен. Жанындағылардың бәрінің дәмін татқан. Байыңның да оңып тұрғаны шамалы... "Сасыған етке борсыған май, апам жездеме сай" екен...Екеуі де ұзаққа бармайды. Бір күні "байың", қатыны басқа біреумен жатқанда үстінен түсіп, пышақтасып айырылысады. Ары кетсе жеті ай.Тек сен араласпа, әйтпесе бәрін бүлдіресің... Сосын соттасып,байыңның бар ақшасын тартып алады. Бұрынғы байын да тонап кеткен екен. Бірақ өзі де тайраңдап көп жүре қоймас. Ата-бабаларыңа тіл тигізген екен, түбі оңбас. Тайраңдап жүріп, бір жазылмас ауруға тап болады, талай адамға жұқтырады да, сонда әркімді жылатып тартып алған ақшасы да көмектесе алмайды. Мына байыңның үлкен баласы да, түнде қыдырып, ойнап-күліп жүргенді ұнатады екен, бір шөпті иіскеп жүр екен, ақыры не болатынын білмеймін...
Сенің ата-бабаларың мықты екен, апаң артыңда тұр. Олар байыңды желкелеп тұрып алдыңа әлі-ақ алып келеді. Бірақ, сендерден отбасы шықпайды. Ол әйел баласын адам құрлы көрмейтін, топас екен, ішінде "шайтаны" бар, тағы да қаңғырады. Сенің қасыңа келіп күш жинап алады да, тағы басқа қатынға айырбастап кетеді. Мені тыңдасаң жаныңа жолатпа? Ол тағы бір қатын алады.
Өзің онсызда қатты қиналған екенсің. Не істесең де қуаныш әкелмейді, ойнап-күлмей, тамақ батпай, ұйықтай алмай жүр екенсің. Сенің бойыңда баяғыда салынған дуа бар.
-Осы қатын салған ба?
-Бұл қатын да оқып, тамақ беріп жіберген екен. Бір сары-қызыл жемістер, мандарин ба, апельсин ба? Соны байың алып келген, балаң екеуің де жегенсің.
-Қарғыс атсын оларды...-мен балам екеуміздің денсаулығымызды қатерге тіккен оларға, әсіресе үй қожасы деп жүрген Бекке жыным келді.
-Бірақ үлкен дұға басқа үлкен қара қатыннан келген. Ол да тамаққа қосып берген. Өзіңнің жақын тартқан туысқаның...
-Оңбаған Айзада ғой...-деді әкпем күйініп кетті.
-Ол дұғаны сенің шешеңе "өлсін" деп салған. Шешеңнің ерекше қартайып кеткені содан, сосын сенің шешеңнен саған жұққан. Сөйтіп дұға екіге бөлінген соң ғана, екеуің әлі тірі жүрсіңдер, бірақ ауыра бересіңдер...
-Шешемнен қалай жұққан?
-Сені бір шашыңнан сүйреп, қатты ұрыпты ғой?
-Ия, мектептің соңғы жылында оқып жүргенде, түсте қыздармен клубқа, киноға қашып кеткенде!?
-Сол кезде берілген. Күшті дуа айқай арқылы, және қол жұмсау арқылы балаға беріледі. Ол қатын сенің шешеңе өш болған. Сұлулығын көре алмаған.
Мен саған шәй, қант, су оқып берейін, соны ішіңдер. Сабын, тұз оқып берейін, соған шомылыңдар. Мата, жіп оқып берейін, соны киіп немесе төсеніп жатыңдар. Балаң да ауыра бергенін қояды, сен де жарты жылда қалпыңа келесің. Құлпырып, баяғы қыз қалпыңдағыдай, жайнап кетесің. Жолың да ашылып, жұмысың да жүреді. Айтпақшы, сенің шашың ұзын болған екен ғой?
-Ия, Алматыға келгенде, жуу оңай болсын деп, кесіп тастағанмын...
-Бекер кескенсің, сенің бар күшің шашыңда екен, өсіргенің дұрыс... Балаңның бойыңда бір қасиет бар. Балаңа ұрса берме, қолыңды тый...Балаң үлкен кісі болады. Өзің жаз, көп жаз, содан пайда табасың. Сенің міндетің көпшіліктің көңіліне жұбаныш сыйлау, үміт сыйлау, ал сен сол еркекке сонша жабысып қалыпсың. Не жазып жүрсің?
-Өлең жазатынмын, күйеуге шыққалы жазылмай қалды...
-Жалғастыра бер, үйіңді де ауыстырасың, жақсы адамды да кездестіресің. Қалғаны өз қолыңда!
-Рахмет, ал апам не дейді?
-Апаң ба?-ол көзін жұмып, үндемей қалды да, сыбырласып болған соң, көзін ашып:
-Апаң, жылама дейді, ол қатын сені жазалау үшін емес, ол сендей адамды ренжіткен еркекті жазалау үшін,тәрбиелеу үшін, құдайдың жіберген адамы дейді. Сен ақырына дейін адал болдың, сынақтан сүрінбей өттің, енді бәрі жақсы болады.., сарықызым.., дәріқызым -дейді.
Мен шыдай алмай жылап жібердім. Түрік апа да жұбатып жатты.
-Жылама, балаңды жақсылап тәрбиеле, ол сенің мақтанышың болады. Өзі де біраз шошып қалыпты. Сол сені шын жақсы көретін адам. Көкірегінде әкесіне деген үлкен өкпе жатыр екен. Соны жазуға көмектес, әйтпесе өздерің қиналасыңдар... Өзіңді ренжіткен адамдардан кек аламын деп ойлау, өзің у ішіп оларды өлтіремін деп ойлаумен бірдей. Оларға ештеңе істеме, әйтпесе сенің балаңның алдынан шығады. Кегіңді құдай алып береді. Жауыңнан кек алғың келсе, бақытты бол, олар соны көтере алмайды...
Мен ақысын артығымен төлеп, оқып бергендерін алып, үйге қайттым. Үйге енді жаңа өмір бастаймын деген нық сеніммен оралдым. Үйге келіп, қағаздарымды ақтарып отыр едім, Бекке тиген жылдары армандарымды жазған, қызыл блакнотты тауып алдым. Оның ішіндегі жазылғандарды оқып, таңқалдым.
"Бектің жұмысы жүріп, қол астында елу шақты адам жұмыс істейді. Алматыда үлкен үйіміздің іші, қымбат жиһаздарға тола болады. Астымызда аппақ ландкрузер машинасы болады. Бектің жұмысы өрге басып, мен соны қолдап көлеңкесінде жүремін"-деп армандаппын.
Қалай бәрі дәл келген! Ақымақ басым, сол төрде отырса, мен де далада қалмаспын деп ойлаппын-ау! Қателесіппін-ау, оданда өзім бастық боламын, менің қол астымда елуге жуық адам істейді. Менің астымда ландкрузер болады деп неге армандағанмын! Ең бастысы құдай, сұрағанымның бәрін беріпті-ау! Тек мен дұрыс сұрамаппын! Мынаның бәрін түзету керек! Басқа дәптер алып, бәрін аппақ парақтан, жаңадан,жаңа өмір бастау керек!
Қолыма қалам алып, мен қателіктерімді түзетуге кірістім...
Сонда да телефонға Бек хабарласқанда жүрегім тағы дүрсілдеп қоя берді. "Не дер екен?"
-Майгүл "ажырасамын" дейді, тек бір шарты бар. ТОО мен ландкрузерді сұрап отыр...
-Оған ақша керек емес дегенің қайда?-дедім мен. Ол күмілжіп барып:
-Не айтасың?-деді.
-Ол қасыңда отыр ма?
-Жоқ-десе де, мен оның өтірік айтқанын сезе қойдым.
-Бек, Майгүлдің бұған дым қатысы жоқ. Осының бәрін бастаған сенсің. Майгүл кетсе, Айгүл бар, Айгүл кетсе, Түнгүл бар. ТОО-ыңды Майгүлге, машинаңды Айгүлге бер, маған енді бәрібір. Мен шаршадым әркімнің дуасынан жынданып кететін жайым жоқ. Майгүлден ажырассаң да маған келме, боссың!
-"Боссың" дейсің бе, балам ше?
-Балаңа келіп тұр, көмегіңді беріп тұр, "әкем жоқ" деп жыламасын!
-Демек, Майгүлдің қатысы жоқ, ақшасыз саған керегім жоқ екен ғой?
-Екеуің қосылып мені сынап отырсыңдар ма? "Майгүлге айт" деген сөзімді өзіме айтып отырсың ба? Менің бақытты күндерімнің күлін көкке ұшырғаның аз ба?
-Сен өзің бақытсыз болу үшін жаралғансың... -дедің сен "жыныма" тиіп...
-Ендеше тыңда, мен емес, сендер бақытсыз болу үшін жаралғансыңдар...
-Мен сені "сынайын" деп едім...
-Сен мені сынайтын кім едің? Сынасаң ашынаңды сына... Мен саған тигенде, сенде ештеңе болмаған. Ол саған тигенде сен бай болдың. Сол байлығыңды алып кетіп, сені далада қалдырсын! Сен мені қалай алдадың, ол сені солай алдасын! Сенген адамың сені орға жығып, қайтадан алхаш қалпыңды көргім келеді... Сол кезде саған достық қолын созатын, мен сияқты адамдар саған енді кездеспесін. Не көрсеңде, құдай пейіліңе берсін! Орыстың "Не делай добро, не увидешь зло" дегенін түсінбеуші едім, енді түсіндім. Кеше елді жинап, екеуміздің ажырасқанымызды бәріне айттым. Енді есігімді аттағанда абайлап жүр. Айтпақшы, біздің жаққа күйеу бала деп айтқызбаушы едің, бәрібір біздің жаққа "күйеубала" болғаның құтты болсын! Мен сенсіз жаңа өмір бастадым!
Сосын телефонды өшіріп тастадым. Осы кезде түскі ұйқыдан тұрған балам келіп, мойныма асылып, қойныма тығылды... Ал мен баламды иіскеп отырып, саған деген ашуымды, өлеңдетіп қағаз бетіне төктім...
Ананың бақыты
"Бақытсыз болу үшін жаралғансың",
Деп "жыныма" сен келіп, тиіспе менің.
Мен ана боп, баладан нәр алғанмын,
Бақыт деген, соны келіп иіскегенім!
Аша сала ұйқыдан көзін жаңа,
Мойныма өзі келіп, асылғаны...
Балалы болғанымның өзі ғана
Аналық бақытымның ашылғаны!
Жетіге келген жігіт болса-дағы,
Бұрқырап тұр үстінен жөргек иісі...
Басқаның бағы асып тұрса-дағы,
Баламның тек өзіме келгендісі!
Байлықты жалау қылып шақырсаңда,
Салыстырып ақшаңды санамайды...
"Күштімін" деп арыстанша ақырсаңда,
Айбыныңа мойын бұрып қарамайды!
Өйткені артық күш жоқ аналықтан!
Мейірімін көрмегенде аңсап өтер...
Баламды айырмасын саналықтан,
Дені сауға қашанда мансап жетер...
Тар құрсақты кеңейтіп көтергенім,
Тамырым иіп соны емізгенім!
Сол жоқ болса бақытсыз өтер ме едім,
Суы жоқ балыққа ұқсап теңіздегі!
Әркім-ақ, өз қалауын алады ғой,
Сенің көзің жайнайды, көрсе жаһұт!
"Ал ананың куәлігі балада" ғой,
Соны ертіп жүргенімнің өзі Бақыт!
Баламның әкесінен осылай айрылып, тағы да "жалмауыз" жалғыздықты еншіледім. Жаным жаралы, жүрегім жетім... Сонда да бір шешім қабылдау керек болды. Оны қуған мен жоқ, ол мені бағаламады. Соңғы үш жылда адам танымастай болып өзгерген Бегім, неге сонша қатыгез болып кетті десем, аузына жас қатын іліккен соң, мені суытпақ болып істегені екен ғой.
Ұйқыдан айырылғалы қашан!? Таңғы сағат бесте көзім шайдай ашылады. Сосын тәтті ұйқыда жатқан баламның көрпесін жауып, оны сыртынан құлыптап далаға шығып кетемін. Көше жағалап, таза ауа жұтып, серуендеген боламын. Ерегескенде, Бек тұрып жатқан үй де жақын маңда, жұмысқа осы жолмен түседі. Кейде соның машинасын көріп те қаламын. Сол кезде, жүрегім дүрсілдеп, жаным болса денемді тастап, машинасын артынан қуып кеткендей күй кешемін...
Кейде аспан түнеріп жаңбыр жауса да, кейде жел тұрып ағаштардың жапырағын сабаласа да, аяғым жерге жабысып қалғандай қозғалмаймын... Сонда, "сол қашан шығады екен?" деп, бұрылыста әдейі тұрамын, тағы бір көріп қалғым келеді...
Сол кезде құлағыма Қ. Нұртас пен Ж.Дұғалова қосылып шырқайтын ән келеді. Екеуі менің жағдайымды көріп тұрғандай шырылдайды...
Сен мені түсінбедің, түсінбедің...
Сен менің тыңдамадың жырларымды,
Өзіңе ақтарушы-ем, сырларымды.
Сені аңсап елеңдеген бір бейне боп,
Білмейсің әлі күтіп тұрғанымды.
Сен мені түсінбедің....
Сен мені түсінбедің, түсінбедің,
Жанымды жараладың, үнсіз менің.
Түнерсе егер аспан жасын төгіп,
Ол менің сені ойлап күрсінгенім...
Сен мені түсінбедің...
Сол бір түн, сағым болған жарық айды,
Кім ұғады, сүйіктім біздің жайды!?
Сен екеуміз өсірген ақ қайыңдар,
Бізді қимай жапырағы сыбдырлайды...
Сен мені түсінбедің...
Шынымен, жанымда жеті жыл жатып, сен менің өлең жазатынымды да білмейтінсің. Ал мен сені қалай жақсы көрдім, әлі де қимаймын... Ал сен ше? Еркектер де сүйгенінен айырылса, дәл осылай қиналама екен!? Жоқ, сендер басқа әйел кесдестіре сала, сол соны құшқан түннен бастап, бұрынғы махаббаттарыңды, саналарыңнан компьютерден өшіргендей оп-оңай өшіре саласыңдар ма!?... Не деген арзан сезім десеңші!? Жоқ, арзан сезім емес, құнсыз махаббат иелерісіңдер, сендер...
-Сонда мені неге сонша қорладың?-дегенімде,
-Енді неге жабысып кетпей қойдың, намысың жоқ па?-дегені есіме түсті.
-Мен сен жақсы көрдім ғой...-дегенімде,
-Маған ондай махаббатың керегі жоқ-дегені есімде.
"Любовь зла, полюбишь и козла!" деген осы екен-ау! Сондағы ойы, тағы да кінәлі қатын, өзі кетті ғой, мен судан ақ, сүттен таза дегісі келген ғой. Елге, туысқанға өзін осылай көрсеткісі келген.
Не деген қорқынышты, құбыжық адам, өзі! Не деген жауыздық! Осынша уақыт менің денсаулығымды қинап, тағдырыммен ойнауға қалай дәті барды? Қалай? Не үшін? Соны соншалықты жақсы көргенім үшін бе? Егер маған шынымен жаны ашыса, солай күн сайын жанымды қинар ма еді? Одан да сол кезде, Әділет үш жасында-ақ, сол қатынның қойнына құлағанда-ақ, "болды, мен басқа қатынды жақсы көремін, сонымен бірге болғым келеді" деп затын жинап, біздің еншімізді бөліп беріп кетсе, менің жаным осынша қиналар ма еді!?
Сен келіп балаңды көріп кеттің, "қыдыратын уақытым жоқ, келесі жолы болмаса" деп, ақша тастадың. Тағы да мазам кетті. Сені көрсем, не естісем, сенен көрген қорлықтарым есіме еріксіз түсіп, ұйқым қашып, тәбетім жоғалады. Сен сол бақытсыз күндердің белгісі, еркін жүзуге ұмтылған қайыққа ұқсаған денемді жібермейтін зәкір сияқтысың. Көрген сайын ашуланып, бәрін бетіңе айтқым келеді, бірақ ол тыңдайды ма? Екеуміз тағы ұрсып қалдық.
-Жас тоқалың төркінінен келіп, қолың тимей жатыр ма?-деп едім, қатты ашуланды. Тағы да,
-Сенен баламды да, үйімді де тартып аламын!-деп қорқытты.
Ал маған дәл қазір жаныңды аламын десе де бәрібір еді. Жараланған жаным жазылар емес, оның да жанын жаралағым келеді. Онымен де тұрғым келмейді, онсыз да өмір сүргім келмейді. Не істесем екен!?
"Қыздан қыздың несі артық?
Қылмыңдаған көзі артық.
Еден ердің несі артық?
Ептеп айтқан сөзі артық"-деп Майқы би айтқандай, өз сөзімен-өзі жеккөрінішті болады-ау...
Кешке үйіне хабарластым.
-Алло, не болды?
-Ештеңе, ертең менің атыма ашылған ИП-ның сенімхатын, салық кілтін, кассасын маған әкеп тасташы. Жаным тыныш болсын.
-Жарайды сол үшін хабарластың ба?
-Ия.
-Мен бір үй өртеніп жатыр екен десем...-даусы өктем шықты.
-Неге?
-Сол үшін үйіме хабарласпасаңда болады ғой.-ар жағында сол бары анық. Демек Досжан шетелге кеткен, үй бос, оны алып келген екен ғой. Сол қатын болғандағы дауыс өзгерісін бірден таныдым. "Іс-сапарда" ылғи осылай сөйлесетін. Ол жоқ та, жұмсақ сөйлесуші едің ғой, тіпті жарты сағаттай әңгіме айтатынбыз.
-Давай, онда...-деп тұтқаны тастай салдың. Ештеңе дей алмадым, сен менің сөйлейтін де құқығымды тартып алдың ғой. Екеуіңнің құшақтасып менің үйімде, менің төсегімде жатқандарыңды ойлап жатып, ұйқыға кеттім. Жоқ, ұйықтаған жоқпын, жаным денемді тастап, аласұрып сол үйге ұшып кетті. Сол үйдің бір бұрышында сендерге қарап қиналып, жылап отырды. Таңғы бесте қайта айналып, денеме кіргенде, оянып кеттім. Тұрып шәй іштім, жүрек дәрісін іштім. Сенің қалай өмір сүруге де қақың бар. Бірақ бірге тұрған сонша жыл, сен күндіз-түні жұмыста жүргенде, сен Әділет үшеуміздің болашағы үшін жұмыс істеп жүр деп ойлайтынмын. Сонда сен соның бәрін өзің үшін ғана істедің бе? Сенің үйлендік дегеніңде өтірік сияқты. Жәй, менен құтылу үшін, жоқ мені сол қатынның алдына жығып беру үшін істеген сияқтысың. Онда неге ол уақытша қателік, мен қайтып келемін деп мені тағы алдадың. Әлде саған мені азаптаған ұнайма? Содан ләззат аласың ба? Мен бір айықпас дертке ұшырап қалады деп, қорықпайсың ба? Мені соншалықты жек көресің бе? Не істедім саған? Сені өлердей жақсы көргенім үшін, әлде саған өлердей сенгенім үшін бе? Көз алдымнан сен екеуіңнің біздің үйімізде, біздің төсекте жатқандарың кетпеді. Ертең келгенде айтсам ба екен? Тағы да өзім қиналамын ғой. Ұмытшы, жіберші сол оңбағанды, өз жолымен кетсін. Сені силамаған, бағаламаған адам үшін қиналмашы. Бәрі бақытты болсын. Менде балам екеуміз бақытты боламыз, құдай қаласа!
Түске дейін әрең шыдадым. Тынысым тарылып, денем ауырлап кеткендей, күрсіне бардім. Түскі үзілісте, балабақша ақысын төлей салайын деп, жақын жердегі банкке бардым. Кезек аз болса да мазам кетті. Кассадан шыға салып, құлап бара жатқан мені күзетші ұстап қалды. Түрім бұзылып, жаным қиналып кеткені сонша, жан-жағымдағылар абыр-сабырға түсіп, жедел-жәрдем шақыртты.
-Үй ішіне хабарласайын ба?-деді күзетші жаны ашып.
Мен Бектің нөмерін теріп, оған ұстаттым. Ол хабарласып:
-Вашей жене плохо...-деп жатқан күзетші, сөзін қайта-қайта қайталады. "Байғұстың әйелі көп, қайсысы есінен танып қалғанын білмей жатқан шығар" деп еріксіз езу тарттым мен. Алдымен жедел-жәрдем, соңына таман Бек те келді. Ауруханаға барудан бас тарттым, баламды қарайтын адам жоқ дедім. Бекке "мені үйге апарып тасташы" дедім. Дәрігер жүрек дәрісін беріп, қобалжымасын деп жатты. Мен, машинаның артқы отырғышына жата кеттім. Жолда Бек:
-Не болды, банкте біреумен ұрсып қалдың ба?-дегені.
-Терезені ашшы-таласуға шамам жетпеді. Жол бойы ана албасты бес минут сайын хабарласып, екеуі сыбырласып жатты. Ол мені үйге жеткізіп салды да:
-Сен менің жаным ашысын деп, мұндай спектакль құрғаныңды қой-деді.
-Шынымен-ақ жаның ашымайды ма?-дедім мен, мені диванға отырғызып кетіп бара жатқан оның қолынан ұстап. Ол маған жақын келіп, басымнан сипап, шашымнан сүйді де:
-Мен үйлендім, енді саған келмеймін-деді. Ол менің аянышты түріме қарап, күліп, мазақтап бара жатқаны оның сығырайып күлімдеген көздерінен көрініп тұрды...
Мен одан күдерімді үзіп, көзімді тарс жұмып жастыққа құлай кеттім.
Тарс жұмып алдым сонда жанарымды...
Білмеймін қай бағытта ағарымды,
Қай жерден қайтсем тыныш табарымды.
Шаршадым, шаршадым да мына өмірден,
Тарс жұмып жатып алдым жанарымды.
Шаршадым тіршіліктен мағынасыз,
Демеңіз "асыра айттың, тағы да сіз".
Күнделікті күйбеңдеген тіршіліктің,
Айтшы маған несіне табынасыз.
Не деген қорқақ едім, әлсіз едім,
Не деген қатыгезбін, жансыз едім.
Қолыммен ішпесем де өмір уын,
Жанымды талай уға шаншып едім.
Түңілдім жек көрем бар адамыңды,
Көре алмай шала берген қадамымды.
Жеңіліп қала бердім айқасқанмен,
Тарс жұмып алдым сонда жанарымды.
Десем де көп нәрсеге көне алмаймын,
Мен енді көп нәрсені көре алмаймын.
Басымды не айтсаңда шұлғи берем,
Өйткені мен мертіккен құралаймын...
Мен ертесіне Правда мен Шаляпин көшесінің бойына орналасқан банкке келдім. Осыдан неше жыл дәл осы көше бойындағы осы банкке келіп, екеуміз ИП-ның құжаттарын бірге тапсырып едік. Сен маған сол кезде:
-Мен болашақ компанияның атын ойластырып қойдым!-дегенсің.
-Айта ғой!
-"Демалыс!"-дедің маған қараған көзіңде қуаныш оты жалындап.
-Жиһаз сататын дүкенге үйлеседі екен!-дедім мен, сол кезде қолында ештеңесі жоқ жігітке сеніп.
Ол кезде екеуміз, сенің тозған машинаңды мың долларға сатып, енді бәрін басынан бастайық деп жүрген кез. Үйіміз де, машинамыз да, ақшамыз да жоқ еді сол кезде. Ал енді сенде бәрі бар. Бәрі, байлық та, басқа да, махаббатың да! Ал мен керек емес заттай болып қалдым...
Банктегі қыздармен сөйлесіп:
-Ип-ны уақытша жабамын, сол үшін қандай құжаттар керек. Және сенімхаттың күшін жою керек-дедім. Қанша жылдар болды маған, ендігі достасып кеткен қыздар ерекше ілтипатпен қызмет ететін.
-Кеше бір әйел келіп, сіздің ИП-ның атына кредит алмақшы болды. Біз сенімхат сіздің атыңызға болмаған жағдайда, бере алмаймыз, тексеру керек деп, сіздің телефон нөмеріңізді сұрап едік, мына жерді басына көтеріп, айқайға басты.-деді менеджер қыз көңілі бұзылып.
-Рас па? Сонда не деп айқайлады?-деп мен таңқалдым.
-Вы не имеете право мне отказать, это я от вас откажусь-деді.
-Не деген ұятсыз өзі, менің күйеуімді де солай тартып алды, енді ИП-ға қол сұққысы келген екен ғой!?
-Солай ма, бермегеніміз жақсы болыпты. Сізбен хабарласа алмадық, телефоныңыз өшірулі...
-Менікі ауысып кеткен...
-Ананың қай жеріне қызықты екен, жас та болса, қарны салбыраған, бөксесі целлюлит қой! -деп біз күліп алдық -Беті де, теңбіл-теңбіл "конапля!"
-Мінезін айтсаңшы! "Жұрт көзіне әйел емес-періште, сайтан дерсің, үйге келіп керіссе". -дедім мен де қосылып.
-Дұрыс айтасыз! Сіз уайымдамаңыз, қағаздарыңыздың бәрін өзіміз реттеп береміз...-деді олар. Банктен шыққан соң, қасындағы гүл сататын жерге келіп:
-Мына гүлшоғын мына "Казком" қыздарына апарып беріңізші, қасына тәтті қорабын қосыңыз!-деп ақшасын төлеп кеттім.
Сосын Бекке хабарластым.
-Сен неге менің құжаттарымды оның қолына бересің?
-Не болыпты?
-Ол оған кредит алмақшы болыпты...
-Қой-ей, мүмкін емес, ол ондай емес...
-Басымды ауыртпа, оған енді маған жолама де?
-Мә, өзің айт-ол оның құлағына ұстата салды.
-Сен байымды алдың ба, ИП-ма тиіспе, түсіндің бе?
-Пошла ты на х.. , түсіндің бе, шлюха...
Мен тұтқаны басып тастадым. Қайта хабарласып, Бекке:
-Жарайды, ИП-ның құжаттарын әкеліп бер.
-Мен сені қашан лақтырып кетіп едім...
-Сен мені лақтырып кеткелі қашан?-мен таңқалдым.
-Мен Әділетке жамандық жасамаймын, болашағын ойлаймын.
-Сен оның болашағын ойласаң, оны Майгүлге айырбастап кетпес едің...
Екеуміз тағы ұрыстық, бұл соғыс қашан бітер екен? Телефонға Майгүл екеуінің үйленгенін растайтын құжаттың суретін салып жіберді. Жаныма тиетін сөздерін де жазуды ұмытпаған. "Ты как старуха, у разбитого корыта" Менің шыдамым таусылды. Бұл маған қашан тыныштық береді екен? Мен қашанғы нөмер ауыстыра беремін. "Үндемесең-дау алар. Жата берсең-жау алар".Менің бойымды батырлық билеп оларға сөйлесуге бармақшы болдым. Қасыма Маратты ертіп алдым, тіреу болсын. Олар мені цехта күтеміз деді. Келдім, олар әлі дүкеннен келмепті. Жұмысшылар жиналыс құрып жатыр екен. Менімен бәрі амандасып, менеджер жігіт, төрдегі орынды босатып берді. Мен оған "Бастығыңды шақыр" дедім. Ол тез телефон соғып, "қазір келеді" деді. Ақымақ басым, әлі де ол туралы жақсы ойладым, жалғыз келер деп ойладым. Қателесіппін, тоқалын ерте келді. Келе сала, маған:
-Орнымды босат -деп әкіреңдеді.
-Мынау банктегі есеп шот, осыған ай сайын, Әділетке мың доллар салып тұрасың. Мен сенің айналымыңда қанша ақша барын білемін. Салмайды екенсің, сені теледидардағы хабарға барып жамандап, әке-шешең осы уақытқа дейін жиған абыройыңды шашамын. Қазір ондай хабарлар мода, өзің білесің?-дедім мен отырған орнымнан жылжымай.
-Сен солай істейсің бе?
-Сынап көргің келе ме, сынап көр. Мен бұрын танымал әртіс болғанды армандағанмын. Енді ең болмаса осылай танымал болайын. Қазақ "атың шықпаса, жер өрте" демейді ме?
Менің көзімдегі қайсарлықты көрді ме, жоқ әлде, орнын босатпайтынымды білді ме, әлде көлігін әрең орнына қойып келген тоқалы мына түрін көріп қоймасын деді ме, әйтеуір қасымдағы бос орындыққа жайғаса кетті. Содан кейін не болғанын жазсам ба екен, жазбасам ба екен? Не істесем де сол кездесудің әр сәті ойымнан кетпес!
-Мына кісі кім?-деді Бек, Маратты көрсетіп, танымағансып.
-Әртіс болып кетіпсің ғой, әлде басыңды ұрып алдың ба? Бұл сенің қайның Марат! Мені келіп құда түсіп алып кеткеніңе осы жігіт куә? Ал сен елге не деп айтып жүрсің! Мені де танымай қалған шығарсың сен?-ол тілін жұтты.
-Сен де отыр, айт, не айтқың келеді маған. Айтарыңды бетіме айт та, телефоныма тыныштық бер!-дедім мен оған.
-Маған бұйрық берме! -деп шап ете қалды анау.
-Жарайды тұрып тұрып-ақ айт, бір жыл болды ғой, маған "сөйлесейік" деп тыныштық бермейсің?
-Мен ба?-деп өтірік таңқалды ол.
-Сен неге қаншық Дулат деп жазасың? Ата-баба аруағынан қорықпайды екенсің?
-Мен ештеңеден қорықпаймын, маған қара мен біреуден қорқатын адамға ұқсаймын ба?
-Білемін, сен құдайдан да қорықпайсың, оның атын адамдарды басқару үшін ғана пайдаланасың... Сен тіпті хиджапты лақтырып, өз құдайыңды да бір-ақ күнде лақтырып кетпедің бе? "Құдайдан қорықпа, құдайдан қорықпағаннан қорық" деп қазақ қалай дұрыс айтқан!
-Ал сен болсаң, аруақ деп құдайға серік қосып жүрсің, білімсіз неме...
-Мен бе, білімсіз? Сенде мендегі білімнің он пайызы да жоқ. Менің қанша білетінімді сен қайдан білесің? Өзің не бітірдің сонда, мақтанатындай? Түрік лицейінде түрік тілі мен намаз оқуды ғана үйрендің? Басқа не білесің сен? Сен қазақтың тарихынан да бейхабарсың. Сол сауатсыздығыңның арқасында, жауымыз ойдан құрастырған дінді дәріптеп, аллаға серік қоспаймыз деп жүрсің. Менің қазағым қашанда, Аруақ деп жауға шауып, Аруаққа бағыштап құран оқып, Алланы одан да жоғары қойған! Сен сияқты сауатсыздарды "әлемде мұсылман қалып, кәпірлерді қырайық"-деген саясатты, ел арасына іріткі салып отырғандар қолданып отыр. Сен сияқты соғысқұмарларды, соғыс үзілмейтін елдерге аударып жіберу керек. Жүріңдер сол жақта, намаз арасында, адам өлтіріп...
-Сен неге мені жәлеп дейсің?
-Жәлеп екенің өтірік емес. Мен үшін, менің байыммен, қайныммен, ініммен жатқан қатын, қашанда жәлеп болып қалады. Әлде саған менің сен туралы не ойлайтыным маңызды ма? Мүмкін сені сыйлап, тіпті жақсы көргенімді қалайтын шығарсың? Сендерге сурет салған күнә, өлең айтқан күнә деп үйреткенде, әркімнің қойнына жатқанда күнә деп үйретпейді ме? Әлде тура сол жерін оқығанда сабаққа бармай қалдың ба?-дедім мен.
Бұрын телефонға одан хат келсе де, жылай салатын маған мұндай батырлық қайдан келген? Әлде бауырым күш беріп тұр ма? Әлде бойымдағы дуа кете бастады ма? Адам өзіне дуа салған адамнан қорқады деуші еді, сол рас шығар!? Ол болса өзінің бетпақтығына салып сөйлеп жатыр...
-Мен жатсам неке жасағаннан кейін жаттым, сен сияқты ойнас болған жоқпын-деді ол маған.
-Қойшы, некені қашан жасаттың, былтыр күзде ме? Оның қойнына қашан жаттың, үш жыл бұрын ба?-ол індемей қалды-Сөйле, неге үндемейсің?
-Мен ешкіммен жатқан жоқпын. Сен семья бұзып, подружкаңның байын алып кеткен. Мен справедливость востановить еттім. Сені жазаладым.
-Кім айтты?
-Барым айтты!
-Қайным ба?Қойныңда жатқанда айтты ма?
-Бек, позвоните Әбілжану. Этот Мұхит по цеху тоже распускает такой слух...-деді ол жыларман болып, тіреу іздеп "байымызға" қарады.
Бек іскерлік түрмен Әбілжанға хабарласып жатты.
-Офисқа келіп кетші, Мұхитты да шақыр.
-"Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды", мен туралы неге олар сондай жаман сөз айтпайды. Демек шынында да бір нәрсе болған!-дедім мен. Сосын оның жетімқозының қарнына ұқсап шығып кеткен ішіне қарап:
-Аяғың ауыр ма, әлде семіріп кеттің бе?-дедім.
-Шаруаң болмасын...
-Бектен ба?
-Бектен!
-Әлде сен өзің де білмейсің бе, кімнен екенін? Сен түнгі клубта дәретханада, әркіммен бір болғаныңда, олардың ең болмаса атын сұрайсың ба? Әлде саған бәрібір ма?
Оның бір сәтке төмен қарағаны, күннен қорғайтын көзілдірігін шешпесе де, байқалды.
-Очкиіңді шеш, көзіме қарап сөйле!
-Шешпеймін...
-Не, байың ұрды ма?
-Сені ұрушы ма еді?
-Сен неге білмей қалдың, мен туралы бәрін білемін деп айқайлап жүрсің ғой? Бек,-дедім оған қарап- бала туса ДНК жасат.
-ДНК-ны саған жасату керек, Турциядағы суреттеріңді көрдік қой, әркіммен бірге түскен...-деді албасты...
-Сен оны қайдан көрдің, мен оны интернетке салған жоқпын. Әлде үйіме ұрланып барып жүргенде көрдің бе? Демек өз суреттеріңді маған өзің салып кеткенсің ғой?
Ол тағы да үндемей қалды. Сосын сөзді басқа жаққа бұрды.
-Бектің үйінен сенің тастап кеткен, дуаларыңды тауып оған көрсеттім.
-Мен ештеңе тастамаған едім ғой?
-Ал мен тауып алдым.
-Мүмкін өзіңнің тыққандарыңды тауып алған шығарсың? Біреудің тыққан дуасын, жәй адам таба ала ма? Сенің де мыстандығың болып тұр ғой?
Ол тағы да үндемей қалды. Мен "қалайша, сол сәтті пайдаланып қалу үшін соны ойлап тапты ма? Жоқ, әлде өзінің бір жыл бұрынғы тыққандарын алып, мен тастап кетті деп көрсетті ме екен?"-деп ойладым. Осы кезде, Әбілжан кіріп келіп, ол енді соған тиісе бастады.
-Әбілжан, Мұхит неге мені сенімен, Барыммен "жатты" деп айтып жүр?-деді ол даусы өзгеріп. Әбілжанға еркелеп тұр ма? Маратқа қырындап тұр ма? Бұрын Бек те, Самалдың құрбылары келе қалса, тез бойын жинап, құйрығын жайып, қырындап қалушы еді. Тек, "Тауыстың құйрығы, тырнаға жараспас", жоқ, бұл жағдайда, "Тауыстың құйрығы тауыққа жараспас" деп айтқан дұрыс сияқты. Екеуінің жылы да шошқа, шоқжұлдызы да сарышаян болғандықтан ба, өтірік айтқандары да, нәпсіқұмарлығы да, ақшақұмарлығы да, билікқұмарлығы да ұқсап тұр-ау!
-Менің ешкіммен шатағым жоқ, ал кімді жақтайсың десең мен, әкпем жағындамын, өйткені ол мені кішкентайымнан баққан адам!-деді батыр мінез інім.
-Да, у меня пусть п... отвалиться, если я с ним спала, если нет, пусть у вас отвалиться...
-Абайла, ақша тауып жүрген затың түсіп қалмасын-дедім мен күліп-клиенттерімізде азайып кетер...
-Айт, мен сенімен жаттым ба?-деді ол ініме айқайлап. Інімнің басы төмен салбырады.
-Ол маған ештеңе айтпады, керісінше сені жақтады. Бірақ мен білемін, сен оны да "суғарып" жүргеніңді.
-Ол не деген сөз? Айтшы, мен сенімен жаттым ба?
-Жоқ...-деді Әбілжан күмілжіп, Бектің көзінше қалай айтсын, байғұс...
-Ия!-демін мен күліп...
-Саған не керек, бір үйді алдың ғой, атыңа жаздыртып...-деді Бек терісіне сыймай. -Соны бекер жазған екенмін атыңа, сонда сен екі жыл бұрын кетпейтін едің...
-Менің сенен көшіп кеткеніме, тура бір жыл болды. Екі жыл дегеніңе қарағанда қатты қиналғансың ғой. Екі қатын аламын деп есің ауып қалды ма? "Өшіре алмасаң, өртеп нең бар еді?" Мен білгенмін ғой, сонда, сенің сатып кететініңді?!
-Сен сол кезде кететін ойың болған...
-А мысль материализуеться-деді албасты күліп.
-Сен еркек болсаң, неге сол кезде тастап кетпедің? Неге мені алдап екеуің соңғы үш жыл жүрдіңдер? Неге ол сенің байың болса, маған келіп, "ей, сен неге менің байымның үйінде тұрып жатырсың?" деп қуып шықпадың?-дедім мен оларға қарап. Майгүл сасып қалды, үн жоқ.
-Үндемейсің бе? Себебін мен айтайын, себебі сенің оған байға тиетін ойың болмады. Саған ол ұнамайды, оның ақшасы ғана ұнайды. Себебі сен оны қолтықтап жүргенге ұяласың? Өйткені ол сенің ойыңдағы адам емес. Сен тек ашынасы болып, ақша сора бергің келді. Сен онымен өмір бойы бірге болуды ойламайсың да? Бала да ешқашан болған емес, болмайды да, өйткені сенде сақтандыратын спираль тұр, оған туып бергің де келмейді, өз балаларың жетеді. Кейін маған ерегесіп қалай қатыны болғаныңды өзің де байқамай қалдың? Солай ма?
-Мен саған неге отчеть беруім керек?
-"Генералдың қатыны болғың келсе, солдатқа ти" дейді. Дайынға тап болғың келді ғой, ия?
-Мен ба, дайынға тап болған. Әбілжан айтшы, осының бәрі благодаря мне!
-Онда неге саған бірден кетіп қалмады, маған уын шашпай...
-А ты знаешь, сколько ненависти он льет мне? Это из-за тебя, я вышла замуж за него! Из-за твоих амбиции...
-Мәссаған, сенің жағдайың да жетісіп тұрғаны шамалы екен ғой. Күлейін бе, Жылайын ба? Сен шынымен маған шағым айтып жатырсың ба? Әлде, Бекке дайындаған дуаңды өзің ішіп қойдың ба? Жоқ, өз уыңа уланып қалдың ба, әбжылан!? Саған байымды бере салғаныма кешірім сұрайын ба?
Ол үнсіз отыра кетті. Бек те тілін жұтып қойғандай...
-Қалай менен ажырату қиынға соқты ма? Жастығың да көмектеспеді ме? Үш жыл уақтыңды соған босқа кетірдің бе? Содан кейін дуа да салдың, араға оның баласын Досжанды салдың? Қалай, мені Бек қатты жақсы көреді ме екен? Бек, мені құда түсіп, әке-шешеме қалың мал төлеп, алып кеткенің рас па? Міне Марат куә!
-Рас!-деді Бек жалтара алмай.
-Енді неге, мені қатыным деп мойындамайсың? "Өткенге топырақ шашсаң, келешек таспен атады" деген. Балаларыңның алдында ұялмайсың ба? Ертең олардың бетіне қалай қараймын деп ойламайсың ба? Әлде мүлдем қарамай кететін ойың бар ма? Мен сенің артыңнан жүгіріп, мойныңа асылып, қатыныңнан зорлықпен ажыратқан жоқпын. Қайта сен, мені алдап шақырып алып, күзетші Бахаға есікті құлыптатып, зорлап алғансың?
-Мен сені зорлаған жоқпын, есік ашық етін...-деді ол беті бүлк етпестен.
-Куәгер жоқ, деп отырсың ба? Құдай куә, сол сазайыңды берсін... Сен еркек болсаң, Жидегүлге бәрін тастап, маған жалаңаш келгендей, неге бәрін маған тастап, Майгүлге жалаңаш бармадың? Өйткені ақшасыз, сен Майгүлге де, балаң Досжанға да керек емес екеніңді өзің де білесің? Сондықтан үшеуің бірігіп, мені баламмен үйден қуып шықтың.
-Мен сені қуған жоқпын...
-Айтпақшы сен үйге үш ай сайын ауру алып келетінсің. Сонда сен үш ай сайын басқа қатынға барушы ма едің? Жоқ, әлде қатының үш ай сайын басқа еркекпен жатушы ма еді?-деп сұрадым мен. Екеуінде де үн жоқ.
-Түсінікті, "Сасыған етке борсыған май, апам жездеме сай" екен. Мен кеттім, сенімен сөйлескенім бос әурешілік. Дуадан басың айналып қалған. Сен қатын есіңде болсын, маған енді хабарласпа. Менің телефонымнан балам хабарласса, әкесі екеуінің сөйлескеніне кедергі жасама. Әкесі көмектесіп тұрса, жолына тұрма!
-Я не против ребенка, я не имею право!
Мен кетпекші болып едім, аяғын аяғына салып, одан сайын шалқайып отырды. Аттай беріп едім:
-Аттама мені-деп маған атылды. Бойыма кім күш бергенін кім білсін, мен оны бар күшіммен итеріп жібердім. Бас салып тепкінің астына алғым келді, бірақ балалы болса, балаға обал балмасын деп ойладым. Ол менен мұны күтпесе керек, шалқалақтап барып құлап қала жаздады. Мен сөмкемды алып, тағы ұмтыла беріп едім, сұмдық, тоқалын қорғап, Бек оның алдына тұра қалды. Екеуінің алдына Марат тұрды да, маған қарап:
-Болды, кетейік-деді. Мен олардың жанынан өте бере, Маратқа
-Оған айтар соңғы сөзім бар!-дедім. Ол мені түсінді де, оларды көлегейліп тұрған екі қолының бірін түсіре берді. Менің де күткенім сол еді. Оң қолымның ыңғайын ала бере, бар күшімді бойыма жинап, "соңғы сөзді" күтіп тұрған Бектің жағынан тартып қалдым. Менен мұндайды күтпеген Бектің тұла бойы дір ете қалды. Ол мені ұрмақшы болып, алға ұмтылып еді, Мараттың:
-Еркек болсаң, тырп етпе!-деп бұйырғаны тоқтатты. Біз шығып кеттік. Марат келгені қандай жақсы болды, машинасымен мені алып кетті. Олар қалып қойды. Ет қызуы тарап, оң қолымның ауырып қалғанын сезе бастағанда, ауырып қалған қолым тиген Бектің, өзім жақсы көріп талай иіскеп сүйген, бет терісінің жұмсақтығын да сезгендей болдым...
* * *
Құжаттарды жөндеуді таныс есепшіге табыстадым да, өзім Астанаға жиналдым. Алтын "келші, жақсы жұмыс тауып беремін" деп шақырғалы қашан. Бекке хабарласып:
-Біз балам екеуміз Астанаға кетіп барамыз, сен қажетті қағаздарды, менің есепшіме бере сал-дедім. Ол Әділетпен қоштасуға келмеді де. Біз пәтерді Мая апайға тапсырып кеттік те жолға шықтық. Жаздың соңғы айы, Әділетті мектепке орналастып үлгеруім керек. Самал әрі шығарып салайын деп, әрі Астананы көріп келейін деп бізге ілесті. Қасымыздағы жолаушылар жақсы жігіттер болып шықты. Шынымды айтсам, бүкіл жігіт атаулыдан түңіліп кеткен едім. Бұл екі жігіт, анығын айтқанда бір жас жігіт пен бір жігіт ағасы, әлі де жақсы адамдар бар екенін дәлелдегендей болды.
Алдымен кірген әлі де бетінен шырайы кетпеген, сұңғақ бойлы, түсі жылы, мұртты қараторы жігіт ағасы, жасы үлкен бола тұра бірінші болып өзі амандасты.
-Сәлеметсіздер ме!-дегеннен-ақ, ол кісінің интелегент, тәрбиелі азамат екені байқалды. Ал көзіндегі әдеміше келген жұқа көзілдірігі өзіне жарасып қана тұрған жоқ, сонымен қатар, ол кісі көп оқыған , көп көрген деп айтқысы келіп тұрғандай еді.
-Балам, ағаның орнын босатшы...-дедім мен, келе сала бос орынды иеленіп алған балама.
-О-о, батыр бала екен! Атың кім балам?
-Әділет!
-Атың жақсы екен, мен сол әділетті орнатам деп шаршап жүрген ағаларыңның бірімін!
Екінші жігіт те келді, ол да орнығып, әңгімеге кірісіп кетті. Алдымен танысып алдық. Ағаның аты Дархан, жігіттің аты Мейіржан екен.
-Әділет әкең қайда?-ағасы сұрап жатыр. Балам үндемеді.
-Әкеміз жас тоқалдың жанында-дедім мен әзіл-шыны аралас.
-Аа, солай ма... Өмір болған соң бәрін де көресің, көресің де көнесің...-деді ол ыңғайсызданып.
Ары қарай әңгіме барысында, ол тергеуші екенін айтты. Мен оған өз әңгімемді қысқаша айтып, ақыл сұрадым. Ол тыңдап отырып, қайран қалды. Қасындағы жігіт те, "Соның бәріне қалай шыдап жүргенсіз? Сіздей шыдамды әйелді бірінші рет көруім..." деді. Сосын Дархан аға маған:
-Заң бойынша, тіпті заңды неке болмаса да, оның әйелі болғаныңды дәлелдесең, оның байлығының жетпіс пайызын ала аласың-деді.
-Жоқ, маған оның байлығы керек емес...-дедім мен селқос.
-Саған керек емес, мына балаға керек. Осының болашағын ойла, күрес!
-Әкесі өмір бойы көмектесіп тұрамын деп уәде берді.-дедім мен-сол жетеді.
-Сен соған әлі де сенесің бе? Өзің айттың ғой, қалай алдап кеткенін. Ертеңде алдап кетпейтініне кім кепіл. Ол отбасында бір бала туылса болды, мына бала ұмыт қалады. Менің айтқан ақылымды тыңда.
-Сонда қалай дәлелдеймін?
-Әуелі мына қорғаушымен хабарлас-деп маған телефон жазып берді.-Ол осы ажырасу ісінің маманы. Сосын онымен бірге тұрғаныңды растайтын адамдар керек. Көршілермен қандай едің?
-Көршімен де, есік алдындағы көкөніс сататын апаймен де, дүкенші қыздармен де жақсымын. Бәрі біледі, оның менің күйеуім екенін...
-Жақсы екен, сенің сөзіңді сөйлесе болды...
-Ал егер, ағаның қорғаушысы көмектесе алмаса, мен ол жігітпен басқаша сөйлесемін-деді, қызуқанды жас жігіт.-Мен де осал жерде жұмыс істемеймін, таныстарым да баршылық, сізге көмектескім келеді.
-Рахмет, ойламаған жерден аға мен іні тауып алдым ғой, жақсы болды!
Мен қуанып кеттім. Негізі онымен соттасатын ойым болған жоқ, дегенмен ерегескенде солай істегім келіп кетті. Ағайға Самал төмендегі өз орнын босатып беріп, өзі жоғары шығып жатты. Енді Мейіржан екеуі әңгіме айтып телефондарын сұрап жатты. Екеуі тіл табысып кетсе екен, деп тіледім мен ішімнен, сіңлімнің жалғыз жүргені де жаныма батып. Өстіп жүріп, мен сияқты, бір тазға жолықпаса екен деп ойладым. Үміт оты жылт еткендей болды. Мен сол қорғаушы арқылы, өзімнің соған жеті жыл әйелі болғанымды дәлелдей алсам жақсы болар еді. Бектің "сен байлығымның тең жартысын алап қоясың" дегенін алдына келтіріп, тура жетпіс пайызын тартып алсам... "Сен кімсің?" деген екеуіне кім екенімді дәлелдеп, екеуін далада қалдырсам... Шынымен Бекке енді сенгенім болмас... Ертең ол тағы сөзінен айнып қалмасына кім кепіл? "Мен баламның жарқын болашағы үшін күресуім керек" деп ойладым.
Астана бізді жақсы қарсы алды. Тіпті аты аңызға айналған желін де, бізді шошытпайық дегендей тоқтатып тастапты. Алматының бір-бірінің үстіне мінген үйлерінен дем ала алмайсың, ал мына жерде ауылдағыдай кең, үйледің арасы ашық-ашық, жайыла орналасқан екен. Бір қарасаң бәрі алақаныңда сияқты, бірақ жүре берсең, біздің ауылдың тауы сияқты алыстай береді екен. Алматының үйлері сияқты, бәрі бірдей үйлер жоқ, әрқайсысы ерекшеленіп-ақ тұр. Тынысым кеңейіп сала берді. Алтын бізді қуана қарсы алды. Алғашқы күндері Астананы тамашаладық. Мешітке бардық, Бәйтерекке шықтық, Хан шатырын араладық. Сосын бір жерде демалып, тамақ ішіп отырдық. Балалар ойынға кетті.
-Самал, қашан күйеуге шығасың?-деді Алтын оны сөзге тартып.
-Қайдам, сендерге қарап, ол жаққа беттегім де келмейді.
-Бізге қарама, сен де бағыңды сынап көр. Жиырма жыл өткеннен кейін, істеген істеріңе емес, істемеген істеріңе өкінесің дейді ғой!?-дедім мен.
-Дұрыс айтады...
-Білмеймін, ешкім ұнамайды.
-Ешкім ұнамаса да, көпшілікпен таныса бер. Жақсы жігіт жалғызбасты жылап жатқан қызға келмейді, олар қырық жігіт қызығып жүрген қызға келеді.-деді Алтын.
-Ия, шын махаббат, шын достықтан шығады дейді ғой. Алдымен бір-екеуімен достасып көрсеңші...
-Енді олар ғой, өздері бірден төсекке атып ұрғысы келеді...
-Олар соны махаббат деп түсінеді...-деді құрбым.
-Білмеймін, кешегі поездағы танысқан жігітті ұнатқан сияқтымын. Бірақ ол маған қарайды ма?
-Қарамаса қаратамыз, менен сұра, қалай қаратуды-деді Алтын күліп.
-Қалай сонда?-Самал қызығушылық танытты.
-Алдымен жәй дос бол, сосын бірте-бірте өзіңнің әдемі қылықтарыңды көрсет. Әдемі сөйле, етегі төгілген неше түрлі көйлек киіп жүр. Бір-біріңнің бетіңе қарап отыра бермей, екеуіңе де қызықты бір нәрсемен айналысыңдар. Атқа шабыңдар, футболға барыңдар, киноға барыңдар,дүкен аралаңдар т.с.с. Достарымен танысып ал да, оларды өз жағыңа шығарып ал. Олар саған қызықса, жігітте қызғаныш сезімі ояна бастайды. Бірте, бірте сені қорғай бастасын, оларға сол ұнайды. Кейде әдейі қызғандырып, бір-екі күнге оған айтпай жоқ болып кет. Сосын ауылда болдым дей саласың. Бастысы онымен көп сырлас. Сонда саған бауыр басып қалады. Ең бастысы адал бол! Адалдық жоқ жерде махаббат жоқ. Махаббат жоқ жерде қарым-қатынас жоқ. Қарым-қатынас жоқ жерде отбасы да жоқ. Сосын сенім болуы керек, онсыз болмайды.-деді Алтын пәлсапа соғып.
-Әкпемнің сенгені анау ғой. Жо-оқ, қазақ жігіттері ешқандай психологияға көнбейтін сияқты-деді Самал.
-Дұрыс айтады. Қазақтың еркегін күнде "қайда барасың, қайдан келдің?" деп қадағалап отырмаса қаңғырып кетеді. Оларға сенуге мүлде болмайды. "Қайда барасың?" деп сұрамағанда, қыдырмайтын, жалғыз Сәкен Майғазиев қана. Қалғанын күнде тексеріп, қалтасын қағып отыру керек. Ақшасыз жүргендерге бұзылған қыздар да жоламайды. Сосын психология еркекті ешкім ешқашан тәрбиелей алмайды дейді, әсіресе қырықтан асқаннан кейін дейді. Мен саған айтайын: болады! Алды ғой әне біздің қырықтан асқан "жындыны" тырп еткізбей ұстап отыр. Тіпті титтей баласымен де сөйлестірмейді. Баяғыда өзі күлуші еді бір досына, "қатыны машинасының алдынын түспейді қайда барса да" деп. Енді өзі оны машинасынан тастамайды, қайда барса да. Тіпті оның телефонына да сол жауап береді. Маған айтып еді, баламды қумаймын, кетсең сен кет деп. Енді өзі сол қатынды үйіне кіргізіп алыпты, қарсы болған үлкен баласының өзін қуып жіберіпті. Сондықтан, қазақ айтады ғой, "Қалауын тапса, қар жанар"-деп. Есіңде болсын, сені қалап тұрған еркек анасының жүрегін де суырып алады! Әсіресе қазақтың еркектері, әбден құтырған, қатынды да, қызды да, анасын да адам құрлы көрмейді. Сұрашы, кез-келгені "еркек не істесе де дұрыс" дейді. Өйткені ол еркек дейді! "Еркек" дегені-"топас" дегені-дедім мен ашуланып.
-Мәссаған !!! Мынандай көзқараспен өмір сүруге болмайды. Бірақ қорықпа, мен сені бір жылда, жоқ жарты жылда емдеп шығарамын!-деді Алтын күліп.
-Айтпақшы ана Қазақбай бар ғой, сал болып төсек тартып жатып қалыпты. Оны сосын екі баласымен қосып, Асыл апа үйіне кіргізіп бағып жатыр екен.
-Қойшы, рас па?-дедім мен таңқалып-Асыл апамыз, шынындада асыл ана екен. Мен олай істей алмаспын. Балаларымның әкесі деп қазақ әйелдері бәріне көнеміз ғой. Соны білетін олар басымызға "тышады"-дедім мен күйініп.
-Қазақбай деген кім?-деді Алтын.
-Майгүлдің бірінші байы, қазір жетпістен асқан...-деді Самал түсіндіріп.
-Мәссаған, шынында да әйелдер өзіміз кінәліміз. Біреуі қызығын алғанның, қайғысын неге өзімізге артамыз. Анау да, астын жуып жатқан әйелді кезінде өзі "сатып" кеткенін ойлап ұялмай ма екен!?-деді Алтын жағасын ұстап.
-Оларда ұят жоқ, орнынан тұрса, тағы тоқал аламын дейді-дедім мен.
-Қойшы енді, өзіңді жей бермей,-деді Самал-балалар да келе жатыр...
-Мама, біз поезға міндік, сырғанақ тептік!-деді балам мәз болып.
-Жаным сол, сені сағынып кеттім ғой-дедім мен балапанымды иіскеп.
Ертесіне Самалды шығарып салдық.
Содан кейін Әділеттің құжаттарын мектепке тапсырдық. Сосын маған жұмыс іздедік. Балам екеумізді, Алтын екі бөлмелі үйіне кіргізіп алды. "Келесі жазға дейін бізбен бірге тұрыңдар, сосын Астана ұнаса, Алматыдағы үйіңді сатып, осы жақтан бір бөлмелі алып аласың" деді. "Жалғыздықтан жалықтым, қызым да маған жәутеңдеп отырады. Сенің балаңмен ойнап мәз болып қалсын" деді. Айдана он жаста, Әділет екеуі тез тіл табысып кетті.
Айдана жұмбақ жасырады:
"Біреуі сөйлейді, екеуі тыңдайды, екеуі қарап тұрады" Ол не?
-Охрана!-дейді менің балам мәз болып.
-Жоқ,-деп күледі Айдана- ол тіл, құлақ, көз! Тағы жасырамын:
Ашса кезек үш көзін,
Айтады деп ұқ, үш сөзді.
Тоқта! Сақтан! Жол ашық!
Жүрме жолға таласып!
-Монстр!-дейді балам.
-Жоқ, басқаша айтайын: Үш көзі бар. Көгі "жүр" дейді, қызылы "тұр" дейді.
-Түрлі-түсті монстр!!! -дейді Әділет мәз болып, қалай күлмейсің!?
Кешке бәріміз тамаққа тойып аламызда, билеген фонтандарды тамашалап, далада жүреміз. Балалар да мәз, оларға қарап біз де мәз. Осындай күнделікті кішкентай қуаныштардан да шетте қалып қойыппыз-ау. Демалыс күндері Алтын мені моншаға сүйреді.
-Кел мен саған пилинг, маска жасап берейін...
Оған қарсыласу мүмкін емес.
-Мәссаған, денең босап кетіпті ғой, қу сүйек, қанша килограмсың?
-Қырық тоғызға түсіп қалдым...
-Мәссаған, бойың қанша?
-Басылып қалмасам 175 болатын...
-Саған кемінде 20 кг қосу керек! Сонда кеудеңде көтеріліп, денеңде ширатылып, әжімдерің таралып, әдемі боласың. Қазір үйге барған соң, сен атақты пиццаңды пісірсеңші, жарайма? Сосын сенің құймағыңды да, үйреніп алайын...
Келесі аптада мен қорғаушымен жолықтым. Біз қатарлы, көзілдірік таққан толықша келген, орта бойлы кісі екен. Ылғи да ұрыс-керіс арасында жүретін адамға ұқсамайды. Менімен асықпай, байсалды сөйлесті. Менің қысқаша өмірбаянымды естіп болған соң
-Болады, бастап көруге болады-деді ол.
-Ақысы қанша болады?
-Ол қанша уақытқа созылатынына байланысты-деді ол.
-Сонда қанша уақытқа созылуы мүмкін?
-Бір жыл, болмаса одан да көп, кейде бес жылға да созылуы мүмкін.
-Мәссаған соншалықты ұзақ па? Ақырында жеңіп шығатынымызға сенімдісіз бе?
-Ол сізге байланысты, сол ақша сізге қаншалықты қажет, ақша үшін неге де болса шыдайсыз ба?
-Шынымды айтсам, соның ақшасына қызығып тұрғаным шамалы... Тек екеуіне ерегесіп істейін деп отырмын. Әсіресе ана ұятсыз қызға...
-Ондай ұятсыз қыздар көп қой. Олар болмағанда, мен жұмыссыз қалатын едім...
-Сіз тек ажырасумен ғана айналысасыз ба?
-Ия, және бос уақытым жоқ десем де болады.
-Сонда ажырасу соншалықты көп па?
-Өте көп. Мен сияқты қорғаушылар да аз емес. Мен сіздің көзіңізден әдетте басқалардан көретін, ақшаға деген құмарлықты да, бұрынғы күйеуіңізге деген кекті де көре алмай отырмын. Ал денсаулығыңыз қандай? Тағы да бәрін бастан кешіргенді көтере аласыз ба? Біз жеңілген күнде де, маған ақша төлей аласыз ба?
-Біз жеңілуімізде мүмкін ба?
-Ия! Ол кісі ақшалы болса, бұл заманда бәрі сатылып жатыр. Ол бәріне пара беріп сатып алуы да мүмкін. Біз ол кісіден жасырын ештеңе істей алмаймыз. Заң бойынша, бұл іс басталған күні оған соттан хабар беріледі. Сол кезде ол мүлкіне арест салынбай жатып-ақ, барлық ақшасын ана қатынға жазып жіберуі де мүмкін.
-Солай ма? Мен бәрі американдық киноғыдай адал болатын шығар десем...
-Бұл кино емес, бұл өмір, және біз Қазақстандамыз...
-Ал мен, ол көмектесуден бас тартса, заң бойынша алимент төлету үшін кез-келген уақытта сотқа бере аламын ба? Әлде оның уақыты бар ма?
-Жоқ, сіз кез-келген уақытта сотқа шағым түсіре аласыз. Бірақ сот барлық жоғалтқан жылды емес, соңғы үш жылды ғана өндіріп бере алады.
-Онысы жақсы екен, көмек тоқтап қалса, үш жылға жеткізбеймін ғой...
-Бала әкесінің атында ма?
-Ия! Соның тегін көтеріп жүр.
-Онда оңай болады.
-Олай болса мен тағы ойланайын, қабырғаммен кеңесейін, сосын сізге хабарласып шешімімді айтайын...
-Жақсы, сау болыңыз!
Үйге қайтып келіп, не істесем екен деп ойланып отыр едім, Алтын да келді.
-Балалар ойнап жүр ме? Сен не істеп отырсың?-деді ол маған киімін ауыстырып жатып. Менің әңгімемді естіп болып:
-Құрсыншы басыңды қатырып не қыласың, бір баланы жеткізе алмайсың ба? Денсаулығыңды ойлашы...-деді. Бұл тақырып осымен жабылды.
Алтын енді менің сырт келбетіммен айланыса бастады. Ол менің бар шалбарымды лақтырып тастады, жәйтабан аяқ киімдерді де таппай қалдым. Ақыры соның айтқанын тыңдап, ұзын көйлек киіп, биік өкшеге "міндім". Етегі төгілген көйлектің әсері ме, жоқ әлде, биік өкшелі туфлидің әсері ме білмеймін әйтеуір, менің жүріс-тұрысым өзгере бастағанын өзім де сездім. Шалбар киіп жүріп, адымдап аттап, анау-мынау кедергіден тіпті қарғып та кете беретінмін. Енді жол таңдап қана қоймай, отыратын орынға да ақырын "қонамын". Бұрынғыдай, диван көрсем, оның қолтық сүйегішіне атша міне салмаймын. Ақырын келіп, етегім мыжылмасын деп, асықпай жинап отырамын. Алтын менің даусымды да, сөзімді де қадағалап отыратынды шығарды.
-Сен бір айтысып жатқан ақындардай сөйлейсің. Әр сөзің мірдің оғындай, даусың да анық, қатты шығады. Біреуді қорғап жатқан қорғаушыдай дәлелдеп тұрып сөйлейсің. Әйел адам ақырын, жұмбақтап сөйлемейді ме? Еркектерге сондай тілі майда, жымыңдап отыратын келіншектер ұнайды. Үстіңе ылғи жылт-жылт еткен бір сырға болсын, білезік болсын, алқа болсын іліп жүр. Олардың көзінің жауын солар бірінші болып тартады. Және оларды күнде ауыстырып тұруды ұмытпа. Ана құлағыңдағы сырғаға қанша жыл болды, шомылсаң да шешпейсің, ұйықтасаңда шешпейсің?
-Шынымен біраз жыл болды, өзі сондай ыңғайлы, киімге ілінбейді, ұйықтасаң білінбейді.
-Ондай сырғаны еркектер де көрмейді, оны неге тағып жүрсің?
-Құлағымның тесігі бітеліп қалмасын деп...
-Неше түрлі сырға тақпасаң тесіктің керегі қанша? Қолыңа неге сақина тақпайсың? Андағы неке сақинасын қашан шешесің?
-Қойшы, ыдыс жуғанда кедерге жасайды, мынау ыңғайлы, білінбейді...
-Көз тартар сақина жоқ, ұзын әрі әдемі саусақтарыңды кім көреді. Тырнағыңды өсіріп бояп қой, денеңнің аппақтығын айқайлатып көрсетіп тұрсын. Сосын неге бір ғана сөмке ұстайсың?
-Осы ең ыңғайлысы...
-Әйелде кем дегенде төрт сөмке болуы керек. Жұмысқа, тойға, қыдырғанға, базарға барғанда ұстайтын. Ол да көзге түсетін аксессуар, ал сен мына бір қара сөмкеден айырылмайсың.Сосын неге сенде өңкей қалың матадан тігілген киімдер?
-Енді Астана суық қой!?
-Алматыда да сен осылай жүрдің ғой!
-Олар шыдамды, күту оңай.
-Көп сөйлеме, саған шифоннан, жібектен, шілтеріден ең болмаса кофталар керек. Олар сенің өзіңді нәзік сезінуге, және бірден көзге түсуіңе көмектеседі. Сосын сен неге боянбайсың, әтір сеппейсің?
-Бір жерге барғанда боянамын ғой, әтір де себемін.
-Күнде істеу керек, күнде!-ол менің артымнан қалмады.
-Қойшы, сен осының бәрін істеп жүргенде, сені де тастап кетті ғой?
-Е, енді еркекті түсініп болмайсың. Сен қанша керемет болсаң да, көрші келіншек одан да керемет болып көрініп тұрады. "Көршінің тауығы қаздай, қатыны қыздай!"-деп солар айтқан ғой... Біз олардың кемшілігін жасырып, артықшылығын жасырып жүргенде, олар біздегі жоқ нәрсені, басқа әйелден іздеп кетеді ғой. Мен мысалы, үйде отырудан бас тарттым. Ал оған үйде отыратын қатын арман болған ғой!? Жарайды, енді сен мені үй шаруашылығына, ал мен сені, жігіттерге қырындауға үйретемін. Сөйтіп, екеуміз "универсал қатын" боламыз. Сосын, қыдырып шаршаған, тұрақтағысы келген біреді тауып аламыз да, бәріміз бақытты боламыз!
Алтын менің киімдерімді ақтарып жатты. Мен күнделігімді ақтардым.
Сенсіз өмір сүруді, мен үйреніп жатырмын...
Қуантады әр күнім,
Гүлге қонған көбелек.
Қуантады қар жаусын,
Жаңбыр жаусын себелеп.
Әлем деген әдемі,
Жұмбақ толы тіршілік.
Отқа жақпа тоныңды,
Өкпелесең күрсініп.
Уайымдама егерде,
Жолда қалсаң жығылып.
Өмір өтіп кетпесін,
Отырғанда тығылып.
Мен әдемі әйелмін,
Тіршіліктің жартысы.
Кемпірқосақ көрсем де,
Қуантады әр түсі!
Мен батырдың анасы,
Жоқ, өзімде батырмын.
Сенсіз өмір сүруді,
Мен үйреніп жатырмын!
Менің балам бүгін мектеп табалдырығын аттады! Әдемі киініп, портфель ұстап, гүлін көтеріп, алғашқы қоңырауын қағып келдік. Менің көз алдыма оны қалай босанғаным, қалай емізгенім, тәй-тәй басып күлгені, балабақшадағы қызықтары күндері келді. Енді міне бірінші сыныпқа келдік. Құдай қаласа, он жыл зымырап өте шығады. Жаным үлкен азамат болып, өзіме тартса "алтын медаль" алып шығар! Қосымша спортқа, домбыра үйірмесіне бергім келеді. Кейін "ел мақтаған, қыз жақтаған", әдемі әрі өнерлі жігіт болып өссін деймі! Әкесі хабарсыз кетті, мен де телефоныма жаңа нөмерімді алғалы хабарласпадым. Бірақ іздесе тауып алатын еді, Әбілжан біледі ғой. Алтын оның нөмерін өшірмеген, содан көріп тұрамыз, "ватсапқа" екеуі былай да, былай да жабысып суретке түсіп жапсырып қояды. Жүрегім баяғыдай ауырмады, көрсетсін, неғұрлым көп адам көрсе, ертең соғұрлым адамға абыройы шашылар. Менімен суретке түсуден ат-тонын ала қашушы еді. Кел суретке түсейік деп екі-үш адам отыра қалсақ, ел қатынын құшақтап түсіп жатса, бұл арғы бетке қашушы еді. Сонда ойлайтынмын, менен едеуір қысқа бойынан ұялатын шығар деп. Сонда, сол қатынға адал болып жүргені екен ғой. Ол не деген сайқымазақ! Мен не деген ақымақпын! Соңғы жылдары қасыма жатудан қашатын, бірге суретке түсуден қашатын, бірге тамақ ішпейтін, бірге қонаққа бармайтын, менімен әңгіме айтпайтын, баласы ауырсын, мен ауырайын, "жұмыстамын" деп келмейтін, мені боқтайтын, маған қол көтеретін наданды, екеуміз айырылысқанда неге сонша қимадым екен!? Неге өзімді сонша қинадым екен? Сол "ел не дейді, әке-шешем не дейді, ағайын не дейді?" деп өз өмірімді быт-шыт қылыппын-ау! Басқалар не ойлайды? Ал шындығына келгенде, басқалар бізді тіпті ойламайды екен-ау! Өз өмірімізге өзіміз ғана жауап береді екенбіз, басқалар кінәлі емес... Егер сен жол бермесең, сені ешкім кемсіте алмайды, қорлай алмайды...
Әлде жалғыздықтан сонша қорықтым ба? Керісінше, соның қасында жалғыз болдым емес пе? Аш қалам деп қорықтым ба? Сонда жеген тамағым денеме сіңді ме? Өмір сүре алмаймын деп қорықтым ба? Сонда соның қасында, жетістіріп өмір сүрдім бе? Күніге кешке, жасаған тамағым жақпай қалады ма деп, ішіп келе ме екен деп, түнімен мазаны алып, құсып -тышқанына көніп, қорқып сүрген өмірдің қай жері жақсы!? Одан да осылай еркін өмір сүрмеймін бе? Өмір бізге бір-ақ рет берілмейді ме? Мені анам туғанда, біреуге күң болсын деп туып па?
Тарихта аты қалған неше түрлі ғұлама ұлы адамдар, негізінде сіз бен біз сияқты қарапайым, ет пен сүйектен жаралған адамдар емес пе? Ал олардың сіз бен бізден айырмашылығы сонда- олар өз бойындағы қорқынышын жеңіп ұлы істерді атқарған! Ал бір адамның қолынан келген нәрсе, екінші адамның да қолынан келмейді ме!? Қазақ айтады ғой, "Көз қорқақ, қол батыр!" "Көп қорқытады, терең батырады!". Ендеше сол өмір бойы қорқып жүргеніміздің бетіне тура қарап, бәрін содан бастайық. Сонда қорқынышымыз сейіліп кетер... Мен мысалы, өзімнің "жылы ұямды"(комфортная зона) тастаудан қорқып, не де болса көніп жүре бердім. Ал өмір қысқа емес пе? Құр сүлдеріңді көтеріп тірі жүргеннің несі жақсы!? Одан да ойнап-күліп өмір сүрген әлдеқайда жақсы емес пе!? Ең бастысы мақсатыңды айқындап, соңында жеңіске жететініңе күмән келтірмей іске кіріссең-жеңерің анық! Ендеше, күрес, берілме, ешқашан жеңілме, ақтық демің қалғанша күресіп бақ!
Бақытсызбын дейсің бе? Жүзіңді сонша төмен салатындай, не істеп қойып едің, сонша!? Ендеше бақытыңды ізде, таппасаң қолдан жаса!
Мүмкін мен де қателік жіберген шығармын. Ия, мен сені шынымен жақсы көрдім. Сондықтан да, не істесең де көндім. Менің қателескен жерім болса, сен де кешір. Бірақ, саған бәрібір рахмет айтқым келеді. Ең бастысы балам үшін!
Енді осылай ойлай бастаған мен, өзімді едеуір жеңіл сезіндім.
Егер мен маңдайымызға жазғанға көнеміз деп жүре бермей, бөз бақытым үшін өзім күрессем, армандасам, құдай тілеуімді берер ме еді, кім білсін!? Мүмкін мен махаббат осындай қиындықпен ғана келеді деп ойлап қателескен шығармын. Мүмкін мен "Қыз Жібек пен Төлеген", "Еңлік пен Кебек", "Фархад пен Шырын" деген баянсыз махаббат жырларын оқығанда дұрыс түсінбеген шығармын. Олар маған махаббат үшін қиналу керек емес, бақытың үшін күрес деп айтқысы келген шығар. Мүмкін, біз қазақтар қыздарымызды дұрыс тәрбиелемейтін шығармыз. Мысалы менің шешем қашанда "ойбай, не айтса да, не істесе да еркектікі дұрыс" дейтін. "Қызға қырық үйден тиым" дейтін. Неге? Мүмкін еркектерге "қырық үйден тиым салу" керек шығар!? Сонда олар, қыдырғанын қояр, салмақты болар, ақылды болар, шыдамдылықты үйренер!? Мүмкін керісінше мен Күлбикедей үйде отырсам да, жыртық-жыртық киім кисем де, бақытым өзі іздеп келер деп қателескен шығармын!? Керісінше, сол қыздың армандап, әдемі киініп, патша сарайына өзі барғанын неге елемегенмін!? Мүмкін мен мүлде адам танымайтын шығармын?
"Қайдан келгеніңіз маңызды емес, қайда бара жатырсыз, сол маңызды!"-деген екен әлемге әйгілі психолог Брайан Трейси. Сол айтқандай кешегі қателігім, ертеңіме сабақ болсын, уақытымды жоғалттым деп қайғырмайық, сол уақытта алған өмірлік тәжірибемізді жоғалтпайық!
Не де болса өмірден алған сабағым мынау!
Адам баласын, біреу айтты деп кіналауға болмайды екен. Мысалы мені бәрі, құрбысынан байын тартып алған қатын деп бір-ақ ауыз сөзбен сипаттай салады. Ал шындығына келгенде, ешкім шындықты білмейді ғой. Мүмкін мен емес, бұған еркек кінәлі шығар? Жо-оқ, қазақта тек әйел ғана кінәлі. "Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" деп ақылсынады... Тіпті ұрлықтың үстінен түскен күнде де, сіз көріп тұрған мәселе, мүлдем басқаша болуы мүмкін. Мысалы, мен Бекпен дүкенде ұрсып жатқанда, Майгүл екеуінің керемет отбасын бұзып жатқандай болып көрінген шығармын, ал шындығында...
Ал Бұлбұлдың төрт баласын тастап кеткенде, ел не ойлады? Әрине, "Қандай ана балаларын тастайды, тасжүрек, оңбаған ана!?"-дейді. Ал неге төрт баласын тастап кеткен әкені "оңбаған әке" демейміз!? Өйткені олар еркек болғандықтан ба? Ал әйел пенде емес пе? Ол да адам баласы емес пе? Ол неге солай істеді? Оны түсінуге ешкім тырыспай-ақ кінәлаймыз... Мүмкін ол мына өмірден күдерін мүлде үзген шығар!? Әйтеуір ол еркек сияқты балаларын нәпсі қызығы үшін тастап кетпегені анық...
Тіпті адам баласы өзі туралы өзі айтып жатса да, сенбеу керек екен, өйткені оның ойында не жатқанын не жатқанын біз білмейміз ғой. Мысалы, маған Бек Жидегүлді жамандағанда, немесе мені Майгүлге жамандағанда. Ол тек бізді алдап, пайдаланғысы ғана келіп тұрды емес пе? Солай өз мақсатына жеткісі келді. Сондағы мақсаты, біреуді жамандау арқылы, өзін жақсы қылып көрсету, өзін бейшара қылып көрсету арқылы біреудің бойындағы әділеттік сезімін оятып, былайша айтқанда біреудің қолымен от көсеп, өзі шетте қарап тамашалап тұру."Біреу арашашы, біреу тамашашы". Шындығына келгенде оның керемет психолог екенін мойындау керек, тіпті психологияны өзімше зерттеп, оқып жүрген менің өзімді, алдап кетті ғой! "Жарайсың" Бек! Оның мәселені бір күнде емес, жылдар бойы, жоспар құрып, асықпай кесіп-пішуінің өзі, оның нағыз "опасный игрок" көрсетіп тұр емес пе!? Ия, ол таза ойнамады, бірақ жеңген адамға сот жоқ қой? "На войне все средства хороши" Жауын бағаламағанның жауырыны жерге тиеді деген осы! Бұл жолы ту жауларымның қолында кетті...
Баяғыда бала кезімде көрген бір мултьфилім есіме түсіп отыр. Сонда түлкі мен қоян ғана. Түлкі қоянды кешке дейін қуып жете алмайды да, біруақытта қоянға жағдайын айтып жылай бастайды.
-Соңғы кезде жолым болмай жүр. Қолымнан ештеңе келмейді. Өмір де сүргім келмейді-деп жыларман болады. Қашып жүрген қоян тоқтап, оған жаны аши бастайды.
-Олай оңай беріле салуға болмайды. Әркім өз күшіне сенбесе оған ешкім сенбейді. Өз күшіңе сенген кезде, күшің де көбейе түседі.
-Ал егер өз күшіме сене алмасам не істеуге болады?
-Онда, мен саған үйретейін. Күнде өзіңе-өзің "мен күштімін, менің қолымнан бәрі келеді" деп айтып тұруың керек.
-Сол сөз шынымен көмектеседі ме?
-Әрине,күнде айта берген соң, оған алдымен өзің, сосын сені қоршаған орта сене бастайды. Қане айтып көрші?
-Мен күштімін, менің қолымнан бәрі келеді-дейді ақырын түлкі.
-Олай емес, кеудеңді көтеріп, бар даусыңмен, шын сеніммен айтшы.
-Мен күштімін, менің қолымнан бәрі келеді.-дейді түлкі дауыстап.
-Шынымен күшті, қолыңнан бәрі келетін сияқты сөйле!-деп қоян одан қашып жүргенін ұмытып кетіп, жақындай түседі.
-Мен күштімін, менің қолымнан бәрі келеді!-деп ақырған түлкі оны бас салып жеп қояды. Қарны тойған түлкі өз қулығына риза болып қарнын сипап:
-Дегенмен қоянның айтқанының жөні бар сияқты, шынымен де өзімді күшті сезініп қалдым-ау деп кете барады.
Бала кезімде соны түсінбеппін-ау. Енді сол ақымақтығымнан қоянның кебін кидім-ау. Алдымда, түлкіге ұқсап, қулыққа басып жылаған Бекке сеніп, оның торына қалай түсіп қалғанымды өзім байқамай қалыппын-ау. Ол аздай оның күшті болуына өзім көмектескенімді айтсаңшы. Оған "сен күштісің, сенің қолыңнан бәрі келеді" дей бергенше, өзім неге күшті болуды ойламағанмын. Неге біреуге сеніп қалдым екен? Одан да өзіме сенім артуым керек екен. Неге онымен дос болдым екен, оданда өзіме-өзім дос болуым керек еді. Күйеумен ешқашан дос болма, сіңілім. "Күйеу-дұщпан" деп халық бекер айтпаған ғой!
Адам баласын тіпті істеген тірлігіне де қарап, сынауға болмайды екен. Өйткені ол оны өзі үшін ғана істеп жатыр. Адамды тек басқаларға істеген жақсылығына ғана қарап бағала. Егер адам басқа адамдардың бақыты үшін, өз уақтысын бөліп, өмірін соған арнаса, сол үшін ешқандай ақы талап етпесе, міне сол жақсы адам. Мысалы Аружан Саин. Бай болып ақша таппаса да, басқалардан сұрап жүріп қанша баланың өмірін алып қалуға көмектесті. Батыр емей немене? Енді сондай бір батыр еркекті аташы, жоқ! Тіпті бір әкім немесе шенеуліктің бір балаға көмектескенін естідік пе? Жоқ, керісінше олар сол балаға аурухана салынсын деп бөлінген ақшаны "жеп қойыпты" деп естіп жатамыз. Қатын емей немене? Одан да олар шетелден миллион төлеп, атышулы әртіс шақырып той жасағанын ерлік деп түсінеді. Қыздары бір тойға, бір емес, бәленбай долларға Франциядан алдыртып үш көйлек киіп шыққанына мәз. Пасық емей немене? Ал балалары ішіп алып, көшедегі адамды қағып кетсе де мойындамайды. Сасық емей немене? Адам пейілі бұзылған сайын, ақырзаман да жақындай түседі. Мүмкін Майқы би айтқан ақырзаман осы шығар...
Осындай ой шырмауымен жүріп, үйге келдім де, теледидар қосып. диванға құлай кеттім. Мен жақсы көретін "Модный приговор" болып жатыр екен. Эвелина Хромченко бұл жолы қандай ақыл береді екен деп даусын көтердім. Олар тағдыры маған ұқсас бір әйелдің өмірін талқыға салып жатты.
-Ең бастысы бұл әйел алғашқы қадам жасады. Ол қадам үлкен де емес. Ең бірінші кішкентайдан бастау керек. Диваннан тұрып алғашқы қадамды жасау керек. Бар болған сол ғана. Бүгінмен өмір бітпейді, ертеңгі күн де бар, арғы күн... Егер сенің денің сау, қолың бос болса, барып көп жұмыс істе, сонда бәрі орнына келеді. Және, "өз-өзіңді іздеп" бос нәрсемен бас қатырма, жәй ғана "қаралы күнге" жинаған ақшаға бір әдемі туфли сатып ал да, бақытты бол!
Не деген ақылды сөз, дұрыс айтады. "Алыс сапар алғашқы қадамнан басталады" деген бар емес пе? Ендеше алға, ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастайық.
Содан не керек, мен бір жылдық дизайнерлік курсқа жазылдым. Сосын биге де жазылып қойдым. Қолым босамай, күндіз-түні жұмысқа кірісіп кеттім. Күнде әлгі қоян айтқандай "Мен күштімін, менің қолымнан бәрі келеді! Табыс, Жеңіс, Қуаныш" деп қайталаумен болдым. Үйде де, оңаша қалмаған соң, өзімді-өзім жей беретін ойлардан да арылдым. Алтын қоярда қоймай, біресе пицца пісіреміз, біресе құймақ пісіреміз. Тамағымызда дұрыстала бастады. Апта бойы қолымыз тимейтін болған соң, демалыс күні бәрін дайындап, мұздатқышқа мәнті, оралған қырыққабат, пельмен қатырып қоятын болдық. Қабырғаға Анталья суреттерін жапсырып тастадық. Осылай суретке қарап армандап жүрсең, ақыры сол жерге барады екенсің. Ең алғаш Антальяға барған үш жасар балам, сол жердегі әдемілік пен, кешке дейін шықпайтын суын ұнатып еді. "Мама, бұл кімнің үйі, Самал әкпемнің үйі ме?"-деп сұраған оған, мен "ия, Самал әкпеңнің үйі ғой" дей салғанмын. Енді сол "Самал әкпенің үйіне барайықшы" деп жаз сайын жалынады.
Балам да ойнайтын адам табылып, маған жабысып жылай беретінін қойды. Екі бала болған жақсы екен, бір-бірімен ойнап, сенің мазаңды алмайды екен. Осылай ақырындап, бетімдегі әжімдер тегістеліп, ағарып, тола бастадым.
Уақыт зымырап, көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Балама "Әкең алысқа, шетелге жұмысқа кетті. Ол жаққа телефон да жетпейді. Бірақ жазда қайтып келеді" деп түсіндіріп едім, ол да түсінгендей болып, оны сұрап, жылағанын қойды. Құдай қаласа жазда Алматыға барғанда кездестірермін деп ойладым. Содан кейін де кездесіп тұруларына кедергі болмаймын. Сол кезде ана албастымен де, ажырасатын шығар. Оларды түрік апа, "ары кеткенде жеті айда, быт-шыт болып ажырасады" деген. Сол уақытты есептесем ақпан айына келеді екен. Жаңа жылды шығарып салып, ертесіне қаңтардың біріне менің қырыққа келгенімді тойладық.Алтын сөз сөйледі, балалар тілек айтып, торт бетіндегі шамды өшіруге таласып жатты.
-Ал құрбым, қырыққа келгенің құтты болсын. Жаңа жыл құт береке әкелсін. Жылан жылы бір әбжылан үйіңе кіріп, ат жылы сол екеуің "қайсысымыз озар екенбіз" деп бәйгеге түсіп жарысып едің, енді мына ешкі жылы, ондай қасқырлардан аулақ, Астанада, Бәйтеректің астында жайылып, лақтарымызды шұбатып, аман-есен жүре берейік. Жамандық атаулы ескі жылмен келмеске кетсін. Осы жылы бір "козел" тауып алайық!-деп күлді ол ішегі қатып.
-Құрсыншы, аты жаман екен, келесі жылды күте тұрайық! Маймыл кішкене адамға ұқсайды ғой!
-Қой біздің уақтымыз жоқ, бала туа алмай қаламыз!
-Ендігі туа да алмайтын шығармыз?
-Қойшы, саған бір қыз, маған бір ұл керек!
-Онда құдайдан жөндеп тілейік, не болса соны сөйлемей, періште "әумин" деп қояды. Менің де тілегім сол, қуанышым осы балам, мақсатым осыны жақсылап тәрбиелеу, арманым, ұлыма қалай болған күнде де бір бауыр тауып берсем... Тар құрсағымда кеңейтіп, тамырымды иітіп емізіп, күндіз ойнатып, түнде жұбатып, бесік тербетіп, жаялығын ауыстырып, жұпар аңқыған жөргегін иіскеп отыратын күн туар ма екен!?
-Ту, шіркін-ай! Енді саған қандай жігіт керек, соны айт...-деді Алтын.
-Бойы ұзын, қара шашты, қараторы, оқыған, ендігі "орда бұзған, қамал алған"...
-Ол не дегенің?
-Аяғында тік тұрған, үйі-жайы бар сымбатты, адамгершілігі мол, жаны жомарт жігіт ағасы керек!
-Па шіркін! Ондайлар қайда жүр екен?
-Және қолында әдемі қымбат сағаты болуы керек.
-Неге?
-Ерлердің сағат таққаны ұнайды.
-Неге қымбат болуы керек?
-Қойшы енді осы жасқа келгенде, ең болмағанда бір алтын сағат алып таға алмаса, оның несі еркек!? Мен одан ұшақ сұрап жатқан жоқпын ғой!
-Дұрыс айтасың!
-Ия, ажыраспаған болу керек. Бала-шағасын тастап кеткен адам, бір күні сені де тастап кететіне енді күмәнім жоқ...
-Қатыны бар ма?
-Жоға...
-Үйленбеген ба?
-Жоға, қырықтан асқанға дейін үйленбеген жігіттің есі дұрыс дейсің бе? Қырыққа дейін керек болмаған қатын, қырықтан кейін оның үйіне сияды дейсің бе?
-Енді қандайы керек?
-Қатыны қайтыс болып кетсе де, үш күннен кейін үйлене салмай, жылы өткенше қайғырып, сағынып жүрген адал жігіт керек.
-Мәссаған, қысқасы биыл байға тимеймін десеңші...
-Тимесем мейлі, солардың көңіліне қарап, өзіне қызметшіге ұқсап қызмет етіп, итше адал болып, үйін күзеткенімізде бізге рахмет айтқан біреуі де жоқ. Сенікі де, менікі де... Енді ешкімге қызмет еткім келмейді. Мен тіпті жолағым да келмейді. Суып кетіппін, қатып қалғандаймын.
-Соны айтамын, сенікі хабарласпады ма?
-Жоқ, мүлде. Баласын да іздемеді. Жас қатынның ыстығы әлі басылмай жатса керек. Сен жөндеп тілек айт, әйтпесе, бірінші ақпанда өзіңе қайтарамын.
-Мә, бір айдан кейін менде қырыққа келемін бе? Қандай жаман? Ешкімге айтпайықшы...
-Жарайды, отыз сегіздеміз дейміз...
-Жоқ, жиырма сегіздеміз дейміз!
Кешегі шаршағанымыз бар, бүгін ерте жатайық дедік. Балам мені құшақтап:
-Мам, ертегі айтып берші...-деді. Екеуміз әлі бірге жатамыз.
-Жарайды не туралы?
-Білмеймін, мен танымайтын ертегі айтшы?
-Сен танымайтын!?
-Ия, тышқан туралы құрастырып айтшы...
-Ертеде бір тышқан болыпты. Ол баласына мысықтан қалай сақтануды үйретіп жатып, "барып, оның мойнына қоңырау іліп кел"-дейді. Сонда сен оны естіп жүресің дейді.
-Мам, ол "том и джерри" ғой! Мен оны білемін!
-Енді не туралы?
-Мысық туралы айт.
-Жарайды, ертеде бір мышық болыпты. Оған бір күні тышқан мойнына қоңырау таққысы келіп...
-Мама!-екеуміз де күлеміз...
-Жарайды енді не туралы?
-Піл туралы...
-Баяғыда бір піл болыпты. Ол тышқаннан қорқады екен.
-Мама? Ол тышқаннан қалай қорқады? Ол оны көрмейді де?
-Көреді, байқамаса ол оның құлағына кіріп кетеді екен... Содан сол тышқан баласына мысықтан қалай қорғану керек екенін...
-Мама, олай айтпашы-деп өкпелеп қалды ол.
-Жарайды, жаным, енді не туралы?
-І, і, әтеш туралы...
-Баяғыда бір әтеш болыпты, ол тышқанды көрмепті.
-Мама!
-Жарайды, сосын оның келіншектері бар екен, яғни тауықтары. Ол таң атпай жұмысына кетеді екен. Оның жұмысы, ерте тұрып, айқайлап, айқайлап елді тәтті ұйқысынан оятып қайтып келу екен. Қайтып келіп, тауықтарының кешке дейін "миын жейді" екен.
-Мен керемет әтешпін. Сондықтан менің жұмыртқам көөп болуы керек. Сендер аз туасыңдар, мен тағы да тоқал, ой, тауық аламын дей береді екен. Содан бір күні аулаға бір бөтен тауық келеді...
Балама қарасам, тәп-тәтті болып ұйықтап қалыпты. Үйдегі ертегі кітаптардың бәрін тауысып, күнде осылай ертек құрастырамыз. Бұл жолғы ертегім оған қызық болмады ғой деймін, әдетте соңын тыңдамай ұйықтамайтын. Ал әкесіне бұл ертегі ұнар еді...
Ертесіне ояту да өзінше бір қызық. Оны мектепке тұрғызу алғашында сондай қиын болды. Ұйқысын қимай жылап алады. Сосын өзі маған бір күні:
-Мама, мені ертең ерте айқайламай, асықпай оятшы...-деді. Мен ойланып қалдым. Келесі күні өзім ертерек тұрып, оны басқаша оята бастадым. Ол ылғи батыр сияқты жұдырығын түйіп ұйықтайтын. Майтабандары аппақ болып жалтырап, ал башпайлары, маржан моншақтары сияқты доп-домалақ, сондай сүйкімді еді. Тәтті ұйқысын қимай жатқанда, мен көрпесін ашып, екі саусағыма "мініп", табанын қытықтай бастадым. Ол саусағым табанына тие бастағанда-ақ жымиып, бетіндегі шұңқыры тереңдей бастады.
Кірпішешен кетті,
Табанына жетті,
"Қыты-қыты" депті.
Тізесінен өтті,
Ары қарай кетті,
Құйрығына жетті,
Фуу-депті!( Екеумізде күлдік)
-Мам, қойшы-деп күледі,
Кірпі "қоймаймын" депті.
"Шопамайдан" өтті,
"Әпшу, әпшу" депті,(Тағы күліп алдық)
Қолтығына жетті,
"Қыты-қыты" депті.
Бетіне кеп жетті,
"Мца, мца" депті.
Құлағына кепті,
"Әділет, сабақ басталып кетті" депті.
Әбден шұқылаған ол күліп көзін ашып, мен құшақтап мәз болды.
Мая апаймен телефон арқылы хабарласып тұрамын. Мая апаймен сөйлескен соң, Алматымды сағынғанымды түсіндім. Бұл жақта боран таусылмай жатқанда, ол жақта жер көгеріп жатқан шығар! Өз үйімді, өз ауламды, көршілерді сағындым. Өзім ылғи алма сатып алатын ұйғыр атаны сағындым. Өзі жетпіске келіп қалса да, күнде біздің терезенің алдынан алма толған арбасын әрең сүйреп базарға бет алатын. Ондай еңбекқор шалды көрген емеспін... Алманы қыста өзі сақтайтын.
-Амансыз ба, ата!-деймін мен қуып жетіп.
-Жақсы алма, жақсы алма-дейді атам құлағы естімей.
-Амансыз ба деймін ата!-деймін мен айқайлап.
-Аа, сен ба, рақмет қызым, рахмет!
-Екі килә алма беріңізші...
-Ал мә, үстіне екі алма менен балаңа!-дейді қуанып.
-Рахмет ата!
Сосын үйге жақын базардың шетінде майда-шүйде сатып орыс апам отырады. Мен кемпірге көмек болсын деп, әйтеуір бір затын алып тұрушы едім.
-Как ты доченька?
-Хорошо! Спасибо!
-Мужинек твой вернулся?
-Нет, и не думает...
-Отпусти, ты достойна лучшего!
-Не могу забыть...
-Потому что, нету другого!
-А где другого найду?
-Эту отпустишь, другой сам найдет тебя, вот увидешь... И тогда вспомнишь мои слова...
Ал есік алдындағы көкеніс сататын өзбек тәте, менің баламды өз баласындай жақсы көретін. Ылғи қолына бір банан ұстатып жіберетін...
-Неге біреудің бергенін аласың, алма дедім ғой-деп балама ұрыссам, балам:
-Біреу емес қой, өзіміздің банан сататын апа ғой...-дейтін.
Жазда барғанда бәрінің көзі түгел болса ғой! Дүкендегі қыздар ауысып кеткен шығар!?
Алтынның туған күні жексенбіге түсті. Бүгін сенбі, ертеңге дайындалып жатырмыз.
-Көп адам шақырдың ба, бауырсақты қанша ашытайын?
-Жоға, үш-төрт адам, жәй атап өтейік, қырықжылдықты қазақ тойламайды дейді ғой...
-Неге екен, сол сөзді мен де естіп едім?
-Білмеймін. Мен не істейін?
-Құймақтың қамырын езе берші...
-Құрамын айт?
-Үш жұмыртқа, үш ас қасық құмшекер, 100 гр май, бір шыны сүт, жарты шыны ұн, сұйық болса тағы қосамыз. Болды, кішкене сода.
-Оңай екен ғой!
Мен есіме бірнәсе түсіп күліп жібердім.
-Не болды?
-Баяғыда ауылда, көрші келіншек не болса соны сұрай беріп, анамның мазасын алды... Ұн, май, қант алып кетті де, қайта айналып келіп, шарбақтан айқайлап:
-Әй қатын, жұмыртқа бар ма, екі жұмыртқа берші, торт пісірейін деп жатырмын...-дейді ғой. Мамам әзілдеп, құрбысына:
-Жоқ, алсаң шіріген екі жұмыртқа бар, үйде жатыр...-дейді ғой.
-Құры қатын, ондай екі жұмыртқа біздің үйде де жатыр, оны не қыламын...-деп ана кісі кетті. Сол кезде онша түсінбеп едім, енді түсініп жатырмын.
Алтын екеуміз күліп алдық.
-Айтпақшы біздікі менің түсіме кірді.
-Бек пе?
-Атын айтпашы, аты құрсын...
-Жарайды, содан?
-Екі қолы, екі иығынан жоқ, басын менің иығыма тақап жылай береді...
-Сені сағынған ғой, құшақтай алмай жүргені шығар...
-Жоға, негізі екі қолы жоқ болғаны, екі жақын адамыннан айырылады деп жорылады.
-Мәссаған, әке-шешесі ма?
-Жоқ, тірідей айырылуыда мүмкін.
-Аа, онда сол Әділет екеуіңнен айырылғанына қайғырып жүргені шығар.
-Ол да емес, бізді қайғырса, ендігі бір хабарласатын еді. Соның ана қатыны тонап, баласы екеуі қол ұстасып қашып кеткен шығар деп ойладым.
-Мәссаған, солай болуы да мүмкін бе!?-деді ол өз құлағына өзі сенбей. Осы кезде менің телефонымнан Әбілжанның нөмері шықты.
-Алло?
-Қалайсыңдар?-қанша жыл құлағыма өтірік құйып келген адамның даусын бірден таныдым.-Үйлерің жылы ма? Өткен жаңа жылдарыңмен!
-Не керек?
-Әбілжан екеуміз Астанаға жұмыстармен келіп едік. Бүгін баламды алып кетіп, қыдыртайын?
-Балаң есіңе енді түсті ме? Жарты жыл бойы іздемеп едің ғой?
-Сен ғой, маған көрсетпей қойған...
-Әрине, не болса да, бәріне мен кінәлімін. Сен-ақ судан таза, сүттен ақсың. "Балаңның да, өзіңнің де керегің жоқ. Қалаған кезде көремін, қаламасам көрмеймін"- деп едің ғой!? Сағындың ба?
-Сағындым...
-Ол сағынғанда қайда қалдың? Сағынсаң сенің жұмысың, біздің шаруамыз жоқ. Балама сен шетелде, жазда келесің дегенмін, жазда көресің.
-"Шетелден" бір күнге келіп кетейін...
-Жоқ, баламның көңілін алаңдатпа, сосын сені іздеп сабағы нашарлап кетеді. Сен де осыдан кейін тағы жарты жылға жоғалып кетерсің!?
-Мен сенің ендігі ашуың басылған шығар десем...
-"Армандапсың ақ тоқты, қысты күні көк шөпті."
-Сен солай, оған мені ұмыттырамын десең қателесесің. Досжан іздеп келгендей, ол да өскен соң маған келеді, түсіндің бе?
-Бізді, өздерің сияқты ақша үшін анасын, нәпсі үшін баласын сатқандармен салыстырмай-ақ қой!
-Сен менің басымды қатырма, баланы бермесең, бәріңді, анаңды...
-Атаңның басы, ондай өнеріңді, қойныңдағы жас қатыныңа көрсет. Мен сенің қатының емеспін. Жөнді жауап алғың келсе, жөндеп сөйлес...
Мен тұтқаны тастай салдым. Осы кішкентай ұрыс, өткен шақтағы үлкен ұрысты есіме түсірді. Сол кездегі ашуым мен ауырғанымды денем де, санам да ұмытпапты. Қол аяғым дірілдеп, өзім жаурап кеттім.
-Не болды сонша, ашуланып!? Онымен бөтен адамдай сөйлессеңші. Сен осылай ашуланған сайын, ол сені әлі де өзін жақсы көреді екен деп ойлап қалады ғой...-деп Алтын үстіме жылы бір халат әкеліп жапты.
Осы кезде есік ашылып, ішке балалар кірді.
-Мама қарашы, торттың бетіне жағатын алып келдік. Жақшы, мен тілек айтып өшіремін...-деді менің балам.
-Оны туған күн иесі өшіру керек қой, жаным...
-Мен ше, өшірмеймін бе?-деп жыларман болды балам.
-Өшіре берсінші, осылардың тілегі орындалса болды емес пе?-деді Алтын дәретханадын шығып келе жатып-мына есіктің ұстағышы түсіп қалыпты, еркегі жоқ үй осы екен...
-Неге еркегі жоқ, Әділет ше? Әділет бұрайтыныңды алып ана есікті жөндеп қойшы...
-Ия, ия!-деп балам шырақтарды тастай сала бұрағышын іздеп кетті.
-Қойшы, шынымен жөндей ала ма?
-Қара да тұр!-деймін мен мақтанып. Балам шынында да орнына салып бұрап жатты.
-Мә, кімге тартқан, әкесіне тартқан ба мынау!-деп Алтын мақтап жатты.
-Қайдағы, ол кісі лампа да ауыстырмайтын, бәрін өзім істейтінмін. Балам қасымда жүретін. Бұл нағашы атасына тартқан ғой, өскенде ұшақ жасаймыз!-дедім мен мақтанып.
-Айтпақшы, бүгін мен биге баратын күнім екен ғой...-дедім мен жинала бастап.
-Бүгін бармай-ақ қойсаң болмай ма?-деді Алтын жалғыз қалғысы келмей.
-Қойшы, барып келейін. Билесем барлығын ұмытып, ашуым тарқап, өмірге риза болып келемін. Қыздардың ішіндегі ең үлкені мен болсам да олардан артық билемесем, кем билемеймін. Қайта олар бір келсе, бір келмейді. Мен бір күн де жіберген емеспін... Тура бір тойда жүргендей шыңғырып тұрып билегенде, үйретіп жүрген қыз риза болып күледі.
-Сенің оқуың не болып жатыр? Бір суреттер салып жүр едің ғой?
-Курс соңына бір жаңалық дайындап жатырмын. Суреттеріме қызыққан оқытушым диплом қорғағанда, бір топ киім үлгілерін дайындап, жарыққа шығарайық деді. Мен келістім, жинаған қаражатым да бар.
-Мәссаған, атақты боламын десеңші...-деді құрбым қуанып.
-Құдай қаласа, ақша түссе, он пайызын Аружан Саин орталығына бергім келеді. Бұл менің арманым...
-Арманың орындалсын, ендеше! Дегеніңе жет!
-Рахмет, бір сағаттан кейін келемін.-деп мен шығып кеттім.
Би үйрететін жер үйден алыс емес, тез жеттім.
-Қыздар, сендерге айтатын бір жаңалығым бар. Біздің орталық, аналар күнінде, жетім балалар үйіне барып өнер көрсетіндердің қатарына қосылдық. Былайша айтқанда, қайырымдылық шарасы. Біз Испан биін билейтін болдық. Басты рольді Марал сіз сомдайсыз!
-Неге мен, жас қыздардың біреуі болсын да?-дедім мен жауапкершіліктен қашып-менің қолымнан келмейді.
-Келеді, сізге сенеміз. Қарсыларыңыз болса қол көтерсін, болмаса жақтап қол соғайық.-деді үйретушіміз Талшын. Бәрі бірауыздан қол соғып жатты.
-Қорықпаңыз, бар болғаны бір ғана би. Сосын бұл жарыс емес, жәй ғана концерт қой! Бар болғаны бес минуттық қойылым.-деп жұбатты мені Талшын. Бұл да бойдақ қыз, тоғыз жасынан билеп, он үш жасынан балаларға би үйреткен екен. Қазір жасы жиырма үште. Жақсы қыз екенін байқап, Алматыдағы массажист Сашамен таныстырғанмын, екеуі телефон арқылы әзірге дос болып жүр. Сөйтіп, біз қызу дайындыққа кірісіп те кеттік.
Мен үйге көңілденіп қайттым. Балам келе сала менің мойныма асылды.
-Сен неге жатпағансың, қарашы сағат оннан асып бара жатыр.
-Сен ертек айтып берші-деді ол.
-Жарайды, бар төсегіңе жат, мен жуынып келемін.-деп едім, Әділет жүгіріп барып көрпесіне сүңгіп кетті.
-Ал бүгін қандай ертегі айтамыз?
-Ешкі туралы...
-Жарайды. Ертеде бір орманда ешкі балаларын жалғыз асырап жатыр екен. Содан ертең ерте жұмысқа кетеді екен де, лақтарына:
-Есікті ешкімге ашпаңдар, мен келіп өзіміздің өлеңді айтқанда ғана ашасыңдар-депті.
-Ол қандай өлең?-дейді балам.
-Ол ма, "қызыл өрік, қызыл өрік, сүйіп қалдым сізді көріп"-деген өлең екен.
-Мама, ешкілер ондай өлең білмейді-дейді күліп ол.
-Менің ешкім біледі екен. Содан бір күні, оны қасқыр көріп қояды. Ешкі кеткенін аңдып тұрып, үйге жақындап келеді.
-Есікті ашыңдар-дейді лақтарға. Олар:
-Өлеңімізді айт-дейді. Сонда қасқыр қуанып кетіп:
-Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын, сол жұлдыздың ішінде сен жоқсың, арайлым-деген екен.
-Мама, қойшы...-деп күледі балам.
-Сосын лақтар "мынаның мұнысы несі, шаңқай түсте қайдағы жұлдыз" деп есікті ашпай қойыпты. Сосын кешке мамалары келгенде:
-Мама, біз біреу келіп жарамазан айтып еді есік ашпай қойдық депті. Сонда ешкі "жарайсыңдар, ал мен сендерге кәмпит әкелдім депті.
-Ия, "шупа-пупс!"-дейді балам.
-Ия, шупа-шупс әкеліп беріпті. Айтпақшы сен тісіңді жудың ба?
-Ия, міне, фууу!-деп үрледі балам.
-Жарайсың балам, енді ұйықта, жарай ма?
-Ұйқым келмей жатыр...
-Көзіңді жұмып, үндемей жатсаң ғана ұйқы келеді...
Ертесіне Алтынның туған күніне дастархан жайдық. Екі келіншек, үш жігіт келді. Біреуі Алтынның сөйлесіп жүрген адамы, біреуі соған ілесе келген отыздағы жас жігіт. Туған күн қызықты өтіп жатты. Жас жігіттің аты Аман екен, менің қасыма отырған оның әңгімесі бітер емес, мені де тергеп жатыр. Менімен бірге ас үйге де ілесіп, маған көмектесіп қояды. Бір кезде:
-Қаласаң, ол екеуінен бәрін тартып алып, саған алып бере аламын-дегені бар емес пе?
-Сен менің әңгімемді қайдан білесің?-дедім мен таңқалып.
-Серік айтты, Алтын екеуі саған қалай көмектесуге болады деп сұраған.
-Сен кім болып істейсің?
-О! Менің қолымнан көп нәрсе келеді, қаласаң олар отырған мекеме бастығы оларды, ертең-ақ далаға қуып шығады, қалай?
-Қажет емес! Әкесі тапқанынан баласына беріп жүр ғой-дедім мен.
-Енді не істегің келеді? Кек алғың келеді ме?-деді маған ол. шынымды айтсам, солардан кек алғым-ақ келеді. әсіресе маған Бек машина алып берейін деп тұрған жерінен бір күнде айнытып, сол машинаны өзіне алдыртып алған албастыдан қалай кек алсам екен?
-Ал сен ол қатынның жүргізу куәлігін тартып ала аласың ба?-дедім мен.
-Қаласаң ол өмір бойы көлік айдай алмайтын қыламын, қаласаң өзін түрмеген бір-ақ күнде тыға саламын. Менің достарым қазір Алматыны тіреп тұр-деді ол мақтанып.
-Ойбай, түрменің керегі жоқ, үш жылға куәлігін тартып алшы-дедім мен ол қалжыңдап отырған шығар деп. Ол қағаз қалам шығарды да, көліктің маркасы мен нөмерін жаз деді. Мен санамнан өшіре алмай жүрген сол нөмерді жазып бердім. Ол телефонмен біреулерге хабарласты да, көліктің нөмерін айтып, "срочно, перехват" деді. Мен шошып кеттім.
-Шынымен ба?-деп сұрадым.
-Шын, ал байыңды не істейін? Хочешь его грохну?-деді ол маған қарап.
-Ойбай, не надо, зачем? Пусть живет.-дедім мен шошып.
-Он дал тебе твою половину?
-Нет мы не были официально женаты. Он со мной не хотел делиться.
-Вот сволочь, хочешь я у него все отберу? Че молчишь?
-Не надо, он же помагает...
-Напиши его имя, фамилию-деп қағаз берді.
-Ойбай не надо...
-Давай, покажем этому сволочу где раки зимует... Не думай о нем, думай о сыне, и о себе...
Менің үнім шықпады. Есіме Бектің "Саған менің ақшам ғана керек" деп екеуміздің жиғанымызды, бізден қызғанып, ана албастыға сыйлағаны есіме түсті. Осы сөзі үшін кек алайын ба, осы? Шарап менің басыма да әсер ете бастаған ба?
-Сен не қорқып отырсың ба? Қорықпа, мен саған жақтасып отырмын ғой.
-Жоқ, мне құдайдан қорқамын...
-Құдай саған бұл жерде көмектесе алмайды, атын жаз. Давай имя, просто назови его имя!-деп ол мені қайрап жатты.
-Нет, я так не могу...
-Ой, ты знаешь, кто ты? Ты просто дура!
-Да, я знаю, но всеравно не могу.
-Ты до сих пор его любишь, хочешь чтобы он вернулся?
-Нет, уже нет. Я уже остыла, я его ненавижу.
-Тогда, давай...
-Нет я не могу.-ол маған қарады да, оның атын айтпайтынымды түсінді:
-Вообще, девушки из Тараза, они все хорошие. Они преданные, и воспитанные!
-Да, мы еще любим подчиняться любимому!
-Хочешь, найду тебе дяденьку и ты будешь кататься как сыр в масле?
-Ой кто на меня посмотрить, молодых полно!
-Ты себе цену не знаешь! Ты знаешь какая у тебя фигура. Ты молодец, что ты его так сохранила! Любой за тобой пойдеть, даже я!
-Да ну, тебя!
-Я приду к тебе прямо сегодня. Пустишь?
-Подумаю.
-Подумай, мы сейчась поедим Серика в аэропорт провожать, потом вернусь к тебе чай попьем...
-Ну, если только чай попить, то можно.
-Договорились. Хочешь тебе почитаю Омара Хаяма?
-Хочу!
-Как часто в жизне ошибаясь,
Теряем тех, кем дорожим.
Чужим понравиться стараясь,
Порой от ближнего бежим.
Возносим тех, кто нас не стоит,
А самых верных предаем,
Кто нас так любить, обижаем,
И сами извинени ждем!
Не деген ақын еді, жәй ақын ғана емес, дана ақын ғой! Бір өмірді бір шумаққа қалай сыйғызып жіберген, және дәл түскен, керемет екен. Атын қанша естісем де, өлеңдері қолыма түспепті. Тура ертең тауып алып басқа өлеңдерін де оқығым келді.
Серіктің кететін уақыты жақындап, бәрі жинала бастады. Алтын да шығарып саламын деп, соларға ілесіп кетті. Мен үйде қалдым. Дастархан жинап жүріп, ойым сан жаққа кеттім. Жаным денеме, денем санама бағынбады. Балаларды ішкі бөлмеге жатқыздым да, өзім жуынып, көптен бері киілмей жатқан, Бек жақсы көретін, шілтерлі қара ішкөйлегімді кидім. Не істеп жүргенімді өзім де білмеймін. Жаңағы жігіт есімді аударып тастады. Оның үстінен шыққан темекі араласқан ер адамның иіссуы да қайдағыны есіме түсірді. Шынымен қайтып келсе не істеймін? Қайта-қайта есік жаққа қарап қоямын. Баяғыда осылай, Бекті талай күтіп едім, енді шынымен басқа жігітті күтіп отырмын ба? Теледидар қоспадым. Осы бір өзімді әйел сезінген әдемі сезімді жоғалтып алғым келмеді. Мен біреуді сағынғанды сағыныппын. Солай тәтті сезім құшағында ұйықтап кетіппін. Ертесіне тұрсам, қасымда біреу жатыр, шошып кеттім. Сөйтсем, Алтын бізді оятып алмайын деп бос орынға келіп жата салған екен... Кешегі жігіттің айтқан сөздеріне күлкім келді. Оның келген, келмегені маңызды емес еді, оның маған қызыққаны маңызды еді. Бойымда көптен бері, мен келмеске кетті-ау деп үміт үзген бір сезім оянғандай еді....
Ертесіне Омар Хаямды іздеп кітап дүкеніне бардым. "Абай жолын" көріп, балалық шағым есіме түсті. Тағы бір оқып тілімді "қайрап" алмасам, менің де тілім шорқақтанып кетті-ау осы... Сонда өзім жақсы көретін А. Джексонның "Десять секретов успеха" деген кітабын сатып алдым. Жұмыстан кейін сабаққа барып, үйге келдім. Алтын шәй қойып, дастарханға шақырды.
-Тез кел, бүгін "битьва экстросенсовтың" финалы болып жатыр. Қарашы!
-Кім алды бірінші орынды, Саша алды ма? Мен соған болысып жүрмін.
-Мен Мерилинге болысамын.
-Саша күшті бәрін анық айтады. "Ашық айтпашы біреу өлтіріп кетеді ғой" деп мен мына жақта жалынып отырамын ғой...
-Ол жаңа сөйледі. "Бүгін адам емес, адамнан да күшті нәрсе ұтады" деді.
-Ол не достық па?
-Махаббат шығар!?
-Қойшы, қазіргі заманда махаббат жоқ шығар!?-дедім мен. Ақырында Александр Шепс жеңіп, Мерилин екінші орынды алды. Сосын Саша қызға ұтысын сыйлап еді, қыз бас тартты. Бірақ Саша сыйлаған неке жүзігін алды. Екеуінің арасында бір нәрсе байланып үлгергенін байқағанбыз. Ақырында екеуі көптің "горько" деп айқайлағанына көніп, құшақтасып, сүйісті. Бұл осы заманның шын ертегісі еді. Екеуі сондай жарасады, жақсы адамдар, бақытты болсын дедім мен іштей толқып. Есіме ақын ағамыздың өлең жолдары түсті...
"Біреу сені Ар дейді,
Біреу сені От дейді,
О, Махаббат,
Сырын ұғын,
Олар құл!
Біреу сені бар дейді,
Біреу сені жоқ дейді,
О, Махаббат,
Ұлылығың болар бұл!
Сосын баламды жатқыздым.
-Бүгін қандай ертегі тыңдағың келеді?
-Бүгін мені жақсы көрші...
-Жаным сол, осындай бала кімде бар екен, мен де ғана бар екен...
-Осындай мама кімде бар екен, менде ғана бар екен...-екеуміз құшақтасып күліп алдық.
-Мама, мен қашан келіншек аламын?
-Келіншек? Мектепте бір әдемі қыз бар ма екен?
-Ия!
-Аты кім екен?
-Аяулым!
-Қай жері әдемі екен?
-Көзі бақырайып қалған! Күнде бақырайып тұрады. Қалай күнде бақырайып тұрады екен!?-деп таңқалды балам. Өзінің көзі әкесіне тартып сығырайып тұр. Құдайым, қалай сол сүйкімсіз жанға ұқсатып тұрып-ақ, сондай сүйкімді қылып жаратқан!? Бірақ, мұрны мен маңдайы менікі! Бойының ұзындығы мен өзінің ақсарылығы да өзіме тартқан, және бетіндегі шұңқыры...
-Ол қайда жатады сонда?
-Менің қасыма.
-Мен қайда жатамын?
-Сен өзіңе әдемі бір жігіт тауып аласың ғой...
-Жарайды, құдай қаласа, сені жиырма беске келгенде үйлендіремін...
Мен баламды құшақтап, бетінен сүйдім. Мен сені кішкентай деп алдап жүрсем, сен бәрін сезіп жүр екенсің ғой!? Кешірші мені, сен әкесіз өспесінші деп, қолымнан келгеннің бәрін істедім. Ендігісі бір Алланың қолында!
Баланы ұйықтатып, өзім кітап оқуға кіріскенім сол еді, ауылдан анам хабарласты.
-Марал, қалайсыңдар? Әділет қалай, сабағы қалай!
-Жақсы! Бізде бәрі жақсы!
-Әділеттің әкесі хабарласпады ма? Келген жоқ па?
-Жоға, оны қайдан шығардың?
-Келіп жатса, кешір... Саған құмалақ аштырып едім, сен жаққа қарап, келейін десе, жүрексініп отыр дейді...
-Жоқ, енді мені қинама! Ол бір түнге ғана адасып келсе, мүмкін кешірер ме едім!? Жылдар бойы жауыма "тыңшы" болып, біздің басымызды қаншама рет қатерге тіккен сатқынды отбасымның отағасы қылып тағайындай алмаймын...
-Еркектің қой енді... Бәрі сондай...
-Неге бәрі сондай? Мүмкін біз сүйтіп, жастайынан құлағына құйғаннан кейін солай басынғандары шығар!? Енді ондайларды еркек демейікші... Еркек деп, отбасы үшін, Отаны үшін кеудесін отқа төсеп жүргендерді айтайық. Өз жанын құрбан етіп, балаларды қорғап қалмақ болған әлгі милиционер жігіт бар ғой!? Соны нағыз еркек дейік! Сосын, сал болып ауырып қалған, жан-жарына өле-өлгенше адал болған азамат бар ғой, соны нағыз еркек дейік! Мойнына қанша қыз асылса да, бәйбішесін, "ата-бабамды көрген, ата-анамды баққан, балаларымның анасы" деп құрметтейтін, ренжітпейтін азаматты, нағыз еркек дейік! Ал басқасын ит дейік, тек еркек демейікші...
-Еркекті құдай әу баста солай жаратқан, қайтесің?
-Жоқ, олай жаратпаған, оларды құртқан өзіміз, әйелдер! Қашанда "солардың айтқаны дұрыс" деп, "қыдырса кешіру керек" деп, "саны азайып кетті" деп, әбден еркелетіп басымызға шығарып алдық. Еркектің бәрі осындай болса, қу тіземді құшақтап жалғыз өтейін бұл өмірден... Қарным ашты деп, әр нәрсені жегенше, аштан өлгенім артық!
-Еркектің бәрі сол, "бұтақ көрсе сиеді, қатын көрсе иеді"....
-Еркек деген не сонда? Әйелге ләззат қана сыйлай алатын, өзінің ойлау қабілеті жоқ механизм бе? Оларда сонда жүрек жоқ па? Неге олар да өз абыройын ойламайды?
-Балаң үшін...
-Балам үшін, кешірмеймін... Менің балам ондай адамның тәрбиесіне лайық емес! "Қасқырды қаншық тәрбиелейді" деген сөз бар... Өзім-ақ тәрбиелеймін...
-Жарайды...
-Өзіңде не жаңалық бар?
-Сол жаңалықты саған қалай айтсам екен деп тұрмын!? Сенің ашуланатының анық...
-Не болды, сен күйеуге шығайын деп жатырсың ба?-дедім әзілдеп.
-Ия! Соған ұқсас...
-Қойшы, шынымен ба? Кімге? Бір миллионер шал тауып алдың ба?
-Әкеңе...
-Қайтып келді ме?-менің даусым қатайып шыға келді.
-Ия!
-Қай бетімен қайтып келді, соны қабылдайын деп тұрғаннан саусың ба?
-Жалғыз келген жоқ, артында "прицепі" бар...
-Тоқалын алып келді ме?-дедім мен шошып.
-Жоқ, тоқалы жол апатынан қайтыс болыпты... Артында жеті жасар баласы қалыпты, сенің бауырың...
-Не деп тұрсың, менің ондай бауырым жоқ...
-Әкеңнің баласы...
-Жетіскен екенбіз... Баласын қолына ұстатып, өзін неге қуып жібермейсің?
-Қойшы, періштенің жазығы қанша? Өзі сенің балаң сияқты, сүп-сүйкімді... Кіп-кішкентай, мені "апа" деп қояды... Жүрегім ауырып кетті...
-Сол жұмсақ жүректі олар қанша жылатты десеңші...
-Қайтеміз, "жазмыштан озмыш жоқ" деген, басқа түскенге көнемізде!?
-Маған енді әкеңді де кешір деп қолқа салма, ол мен үшін өлген адам...
-Олай демеші...
Тұтқаны қойып, қолыма А. Джексонның кітабын алдым. Әлгі әңгімеден кейін қатты ашуландым. "Не істесем екен?" деп ойлап, кітапты ақтара бастадым. Өте жақсы жазылған кітап екен. Түсінбеген затыңды шайнап аузыңа салғандай, өте қарапайым тілде түсінікті әрі әсерлі жазылған. Маған әсіресе ішіндегі Редьярд Киплингтің өлеңі ұнады:
Владей собой среди толпы смятенной,
Тебя клянущей за смятенье всех,
Верь сам себе наперекор вселенной,
И маловерным отпусти их грех;
Пусть час не пробил-жди не уставая,
Пусть лгуть лжецы-не снисходи до них,
Умей прощать и не кажись прощая,
Великодушной и мудрей других.
Умей мечтать,не став рабом мечтанья,
И мыслить, мысли не обожествив;
Равно встречай успех и поруганье,
Не забывая, что их голос лжив;
Останься тих, когда твое же слово,
Калечить плуть чтобы уловлять глупцов,
Когда вся жизнь разрушено и снова
Ты должень все воссоздавать с основ.
Умей поставить, в радостной надежде,
На карту все, что накопил с трудом,
Все проиграть и нищим стать, как прежде,
И никогда не пожелеть о том.
Умей принудить сердце, нервы, тело
Тебе служить, когда в твоей груди,
Уже давно все пусто, все сгорело
И только воля говорить "Иди!"
Останься прост, беседуя с царями,
Останься честен, говоря с толпой;
Будь прямь и тверд с врагами и с друзьями,
Пусть все в свой час считаються с тобой;
Наполни смыслом каждое мгновенье,
Часов и дней неумолимый бег,-
Тогда весь мир ты примешь во владенье,
Тогда, мой сын, ты будешь Человек!
"Әлемдегі ең үлкен жеңіс, өзіңді-өзің жеңуден басталады"-деген екен біреу. Мен осы сөзге толығымен қосыламын. Тек өзінің жалқаулығын, сараңдығын, ашкөздігін, нәпсі немесе билікқұмарлығын, ауруын жеңген адам ғана толығымен жеңіске жете алады. Ал өмірдің қиыншылығы мен қатыгездігіне өкпелеп, тек жылап, шағымдануды білетін адам тұңғиыққа кетеді.
Өйткені бұл өмір! Және ол ешкімді аямайды, маңдайынан сипамайды, еркелетіп қоймайды...
Ол тек сенің ниетіңе қарай береді. Өмірде жақсылық та, жамандық та қайта айналып өзіңе келеді. Жақсылық толығымен қайтпас, ал жамандық еселеніп қайтатыны анық...
Мына өлең жолдарына көз салсақ, қандай сөздер! Әр сөзі менің жарама бальзамдай жағылып, өзімді жұбатып, жігерімді қайрап жатқандай! Бұндай өлеңді күнде оқып тұру керек! Тек орысша оқысаң тіліңді сындырады екен, қайран қазағымның жалпақ тіліне аударып алайын деп қолыма қағаз, қалам алып аудара бастадым.
Көп ішінде өзіңді ұста,
Жаныңды алып жатса да.
Өзіңе өзің сенім мықта,
сенбейтіндер қалса да.
Үміт үзбе-бағың жанад...
Өтірікке қосылма.
Кешірімді болғанменен,
Кешірдім деп тасыма.
Армандауды ұмытпағың,
Ойыңды да өткірле.
Жеңілгенде жыламағың,
Жеңген кезде көкіме.
Ақырын айт сенің сөзің,
Жатса дағы қамшылап.
Қайта бастар күш іздегің,
Жатсаң дағы жаншылып.
Көңіл келсе, бәйгеге қос
Өмір бойы тапқанды.
Ал жоғалтсаң бәрін-дағы,
Оған өкініп жатпағың.
Кеудеңдегі жүрек, жүйке,
Саған қызмет еткенде.
Жігер алға жетелесін,
Бәрі күйіп кеткенде.
Қарапайым-хан алдында,
Халыққа-адал боларсың.
Досың түгіл дұшпаныңда,
Ақылыңа талассын.
Әр сәтіңе мағына бер,
Күнде, түнде толассыз...
Сонда ғана өміріңді,
Билер Адам боласыз!
Мені қуантатын да, жылататын да, жұбататын да бір-ақ нәрсе, ол Өлең! Менің ашуымды басып, ақылға шақыратын да, дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, жол көрсететін де бір-ақ нәрсе, ол Өлең! Ақындардың, Ұлы ақындардың, Дана ақындардың, Дара ақындардың ақылымен өрілген өлеңдері! Жазылған сөздері "тайға таңба басқандай", әділетсіздікке жан айқайымен шырылдап, мен өкінсем де сен өкінбе, осыны біліп жүр, көңіліңе түйіп жүр, сонда бақытты боласың, мүмкін ұстап қаларсың дегені шығар!?
Мен өзімнің өлеңге ғашық екенімді түсіндім, және өмір бойы ғашық болып өтемін... Және, оның да мені ешқашан сатып кетпейтініне күмәнім жоқ... Ұлы өлең әлемі де, маған есігін айқара ашып, құшағын жайып жатты... Мен осы сезімдерімнен, сөздерімнен өлең жолдарын көріп, оны өріп жаттым...
Құдіреті күшті өлең!
Бұл ақынның өлеңі,
Ұлы ақынның өлеңі.
Ақылменен өрілген,
Дана ақынның өлеңі.
Қуантатын да өзіңсің,
Жылататын да өзіңсің.
Құдіретті күшті өлең,
Жұбататын да өзіңсің.
Ашу алар да өзіңсің,
Ақыл қалар да өзіңсің.
Дұрыс бағытты сілтеп,
Жол салар да өзіңсің.
"Тайға таңба басқандай"
Жырлағанда ақ таңдай.
Әр сөзіңнің астында,
Жан айқайы жатқандай.
Өмірден өз түйгенін,
Ерекше бір күйге еніп.
Саған ақыл болсын деп,
Жырлайды өз "күйгенін."
Керегіңе жарасын...
Сонда бақыт табарсың.
Ұшып-қонған бақытты,
Мүмкін ұстап қаларсың!?
* * *
Мен өз өмірімнің жартысына жуығын артыма тастап, сол өткенге көз салып, ой қорыттым. Сондағы түсінгенім:
Бұл өмірде ең қиыны, адамдар арасындағы қарым-қатынас екен. Және, бұл дүниеде барлығы келіп, адам құмарлығын қанағаттандыруға келіп тіреледі екен. Ол құмарлықтардың ең бастылары: Ақша, Нәпсі, Билік екен. Осы үшеуі үшін адам "алтынды көріп жолдан тайған періштедей" өзін жануарлардан айырып тұрған адамгершілік қасиеттерін ұмытып, неше түрлі сұмдыққа барады екен...
Мысалы:
Әтіркүл әкпем мені өз үйіне шақырғанда, көздегені жыл сайынғы алғысы келген соғым еді. Ақыры болмады...
Айзада әкпем әртүрлі еркектен ләззат іздеп, тек пайда көзін көрді, бақытты болмады...
Ербол, мені кедейдің қызы деп, ата-анасының айтуымен, өз жағдайын жақсарту үшін меңгерушінің қызын таңдады... Және, өзіне ұсынған "креслоны" қимады...
Анар да өзіне өмірлік жарды тек қалтасына қарап таңдап жүрсе де нәпсісін тия алмады. Кейін естідім, кім-көрінгенмен ойнап күлген ол ақыры аборт жасатыпты. Ал керек адамын тауып, соған тұрмысқа шыққанда бала көтере алмапты. Бәрі бар болғанымен бір балаға зар болып жүр екен...
Теңіздің анасы баласына өзі қалаған бай жердің қызын алып беріпті, бірақ анасы да, баласы да, келіні де өмірге өз өкпелері бар бақытсыз адамдар...
Мая апайды шешесі Қарлығаш апа өз үйіне ортақтаспау үшін, немерелерімен қосып қууға мәжбүр болды...
Шевкет те, алдында жақсы көрген Мая апайды, кейін үйге қол жеткізген соң керек қылмады...
Тіпті Мая апайдың кенже баласы да, өзін бағып-қаққан анасын, әкесінің ақшасы үшін бір-ақ күнде тастап кетті...
Әбілжан да, өзінің қарыны тоқ болғанын ойлап, әкпесін ойламай, жездесінің ақшасына қызығып, оны неше түрлі қыздармен өзі таныстырып, өзі сонымен бірге ойнап-күліп жүрді...
Бек те, басында басқа адам, ақша біткен соң, қолына билік тиген соң, басқа адамға айналды. "Семіздікті қой ғана көтереді" деген қазақ! Сол бір басына берілген билікті де, байлықты да, нәпсіқұмарлықты да көтере алмай әбден адасты... Басында бір үзім нанды бөліп жеген досын, құдай қосқан жарын, баласымен жарты жолда тастап кетерде, айтқаны: "Саған мен үйленсем, сен менің жиған-таргенімнің жартысын алып қоясың..." дегені...
Жапондықтар айтады екен: "Саған кедей кезде тұрмысқа шыққан әйелді ешқашан тастама!"-деп. Халық бекер айтпайды ғой!?
Және менімен де, Майгүлмен де нәпсі құмарлығына бола байланысты... Ол үшін басқа қымбат нәрсе жоқ еді. Тіпті бала да, тіпті өз өмірі де сол құмарлықтың құрбандары...
Майгүл де Бекпен, сол дүниенің қызығының дәмін татып, бір байып қалу үшін байланысты... Бірақ, нәпсісін де тия алмай жүр...
Досжан да, өз анасының қолындағы барға қанағат етпей, өзі еңбек етуден қашып, әкесінің қасында шалқып өмір сүргісі келді...
"Есепті дос айырылмас..." деген қазақ, үшеуінің ым-жымы қашанға дейін бір болады екен, ол белгісіз...
Мен де, бұл өмірде жақсылық болсын, жамандық болсын, жақсы көру де, жек көру де, жоқшылық болсын, тоқшылық болсын, барлығы да өткінші ғана екенін енді ғана түсінген сияқтымын...
Бір ғана зат тұрақты, ол сен, сенің балаң, ата-анаң, туған-туыс, бауырларың! Ендеше солардың қадірін білейік ағайын! Тәңір берген "қамшының сабындай ғана қысқа өмірде", сіз-біз десіп сыйласып өтейік! Дәм-тұзымыз таусылып, осы өмірден кетерде, қимай атын айтып шақырып жататын дүние емес, сол жанымыздай жақсы көретін адамдар емес пе? Соларды қимай, олар бізді қимай қоштасып жатсақ, армансыз кетпейміз бе? Ал іздеуі жоқ, сұрауы жоқ, жоқтауы жоқ болып жатсақ, өлім алдында жиған дүниеңмен қоштасасың ба? Әлде оны өзіңмен бірге алып кетесің бе? Әлде сен ешқашан өлмеймін деп ойлайсың ба? Осы уақытқа дейін өлімнен құтылып келген адамды өз көзіңмен көрдің бе? Баяғыда біреу: "Дұшпанымның арасында шалқып жүргенімше, достарымның ауласында өлгенім артық" деген екен... Өткенімізге өкінбей, болашағымыздан қорықпай, бүгінімізге риза болып, ойнап күлейік!
Адамдардың тағы бір үлкен қателігі, олар қашанда өзін емес, өзгелерді тәрбиелеуге дайын тұрады екен.
Соның кесірінен ең үлкен ұрыс, отбасы ұрысы, ене мен келін ұрысы, құда-құдағи ұрысы, көрші -қолаң, дос-жаран ұрысы, ақыры жанжалға айналып жатады. Ал егер біз өз кемшілігімізді өзіміз көріп, түзетіп, ал қасымыздағы адамды өзіне тән табиғатымен мойындауды үйренсек, тәрбиелемесек, керемет тату тұратын едік...
* * *
Міне жүректерге үміт отын сыйлап, тағы бір көктем келді жерге! Ауылда мал төлдеп, жер гүлдеп, тіршілік атаулы қысқы ұйқыдан ояна бастаған шығар! "Керек тастың ауырлығы жоқ" деп қыс бойы қымтанып, көтеріп жүрген денемізді жылытқан қыстық киім енді керек емес болып, "ауырлай" бастады. Ел киімін жұқарта бастап қана қоймай, жан-жағына назар аударып, сыңар іздейтіндей... Әр жерде бір отырған "ғашықтар" саны да көбейген сәт! Мен сол бір-бірінің қолынан ұстап, бетіне қарап отырған жастар, "бір-біріне қандай уәде беріп жатыр екен?"- деп ойладым.
Мысалы ана жігіт, қасындағы қызға "Мен сені сүйем!" деген шығар!? Ал "сүю" дегеннің мағынасын ол жете түсіне ме екен? "Сүю" деген не? Құмарлық қана ма? Әлде жанашырлық па? Әлде сол жан үшін өмір сүріп, жанын құрбандыққа шалу ма? Әлде сол адамның бақыты үшін, барлық жағдайды жасау ма? Әлде өз керегін алу ғана ма? Бұл сезім мәңгілік пе, жоқ әлде өткінші ме? Ол сол туралы ойланып көрді ме?
Қаншама психолог екі адамның ара-қатынасын зерттеп, "бақытты отбасының формуласын" құрып әлек болып жатқаны. Оқысаң, құлаққа қонары да бар... Бірақ соны оқып, жаттап алып, қателіксіз өмір сүру мүмкін бе? Әрине, жоқ! Өйткені, қазақ айтқан "Өзі қасынбағанның айызы қанбас" деп... Сен қанша балаңа ақыл айт, ол өз басынан өткізбей, сенің бірде-бір ақылыңды тыңдамайды. Себебі әркім өзін ақылды санайды...
Маған да, мектеп бітіріп оқуға аттанар кезде Маржан әкпем:
-"Дау мұраты біту, сауда мұраты ұту, жол мұраты жету, қыз мұраты кету деген" жаным. Оқу ешқайда қашпайды, қыз болған соң сенің басты міндетің-ана атану! Және бұл мұратыңа қаншалықты ерте жетсең, өзіңе де соншалықты жақсы болады. Ең бірінші жастай болып, басқа отбасына сіңіп кету әлдеқайда оңай. Екіншіден, жас кезіңде дүниеге әкелген баланың денсаулығы да жақсы болады. Сосын ол тез ержетіп, кейін соны оқыта жүріп өзің сонымен бірге оқи жүріп, күнде өзгеріп жатқан өмірдің де ағысынан қалмай ілесіп отырасың. Ал қартайғанда немерең сияқты етегіңе шалынысып жүрген кішкентай баланы бағу да, өсіріп, жеткізуде қиын болады"-деп еді. Мен сол сөзді тыңдадым ба? Әрине жоқ! Ол сөздің қадірін енді біліп отырмын... Есіме апам айтып отыратын бір шешендік әңгіме түсті...
Баяғыда Абылай хан қалмақтың қарғысшылынан:
-Қарғыстың жаманы қандай болады?-деп сұрапты. Сонда анау:
-Шөбің жапырылмасын!-деген екен.
-Мені кедей бол дегенің ғой, бұл қарғыс емес. Халқым бай болса бір менің кедейшілігім кемшілік емес-депті Абылай.
-Күлің шашылмасын!-депті қалмақ екіншісінде.
-Бұл да қарғыс емес, "балаң болмасын" дегенің ғой, өзім жақсы болсам, халықтың бәрі де менің балам-депті Абылай.
-Өзің білме, білгеннің тілін алма!-депті қалмақ үшінші рет.
-Міне, жаман қарғыс осы!-деп келіскен екен сонда Абылай хан.
Шынында да, жас кезімде өмірде жолы болып, көп нәрсеге қол жеткізген бірде-бір адамнан барып:
-Сіздің табысыңыздың, немесе жетістікке жетуіңіздің себебі неде?-деп бір рет те сұрамаппын. Сұрау былай тұрсын, тіпті қызықпаппын да!? Ал білетін адамдардың ақылын тыңдадық па? Өзіміз білеміз деп жүре бердік емес пе? Сөйтіп жүріп, талай рет сүрініп, құлап та алдық, жылап та алдық. "Өзің білме, білгеннің тілін алма!"-деген осы емес пе!?
Ендеше, бұдан былай, бақытты жандардан, бақыттың құпиясын, табысты жандардан, табыстың құпиясын, ақшалы адамдардан, байлықтың құпиясын, дені сау адамдардан, денсаулықтың құпиясын сұрап, біліп жүрейік, достар!
Алла берген әр атқан таңды қуанышпен қарсы алып, әр батқан күнді қимастықпен шығарып салайық! Ең бастысы өзгелерге бақыт сыйлай жүріп, өзіміз де бақытты болуды ұмытпайық!
Ал менің отбасы туралы өзімнің шығарған формулам бар. Өзімнің мыңға тарта туған-туысқан, дос-жаран, көрші-қолаң, тамыр-таныстардан байқағаным, солардың ішінде ешқашан ұрыспайтын, ешқашан ажыраспайтын, бірін-бірі өмір бойы жақсы көріп, сыйлап келе жатқан бір-ақ (!) отбасы бар екен. Жоға, қалғандары да бақытты отбасы болып, балалы-шағалы болып тұрып жатыр. Бірақ, тағы да атам қазақ айтқандай, бәрібір "ыдыс-аяқ сылдырлап жатқанын" еститінбіз. Ал нағашы ағам мен жеңгемнің қарым-қатынасына бәрі таң қалатын! Сондай тағы бес нағашы аға-жеңгем бар. Бірақ, Елжан мен Гүлімнің жұбы ертегідей еді!
Олардың, әсіресе Гүлімнің басқалардан ерекше әдемілігі де жоқ еді. Керісінше ағам, денелі, келбетті, тәрбиелі, бойшаң, көзі ашық оқыған азамат! Гүлім аласа бойлы, кішкентай көзді, жұқа ерін, бір уыс қана сап-сары келіншек. Бар оқығаны аспаздық! Бірақ, екеуінің үйленгендеріне жиырма жылдан асса да, екеуі кеше ғана үйленген қос ғашықтай жүретін. Жоқ, жеңгемнің оған орынсыз жабысып, құшақтап сүйгенін көрген емеспін. Керісінше, ағам одан көз алмайтын, қасында отырса иығына қолын салып, әрдайым құшақтап отыратын, анда-санда бас салып бетінен сүйіп те алатын. Сондай кезде жеңгем оған ешқашан, "қойшы, ұят қой" деп айтпайтын, қолын қақпайтын, екеуі тап бір "махаббат аралында" жалғыз отырғандай, түк болмағандай жымиып отыра беретін. Олар ел қатарлы тұрды, ата-енесімен де тұрды, жалғыз да тұрып көрді, ағамның іс-сапары да көп болды, жұмыссыз отырған кезі де болды, жеңгем де бірде үйде отырып, бірде ағамды асырады. Бәрі де болды. Неше жыл жеңгем бала да көтере алмай жүрген кездері болды. Сонда да ағам оған "тумадың" деп ренжіген емес еді. Қайта жеңгем, "басқа әйел аламын десең, түсінемін" дейтін. Ал ағам ажырасу туралы ойламайтын. Балалы болу үшін әйел ғана емес, еркектің де денсаулығы дұрыс болу керек екенін айтпай түсінетін. Мен ондай қазақты көрген емеспін. Біз көрген еркектің бәрі қатыны тумаса тамадың деп, қыз туса ұл тумадың деп жанжалдасып жатады ғой!? Сонда олар туу, тумау, ұл туу, қыз туу әйелдің қолында деп түсіне ме? Не деген қараңғылық, соқырлық, надандық десеңші!? Өзінің "дорбасы" тола қыз болса, әйел байғұс ұлды қайдан алады, көршіден алады ма!? Ал менің ағам бәрі бірінші алланың қолында, содан кейін денсаулыққа байланысты, содан кейін ғана адамға байланысты деп ойлайтын. Кейін, екеуі ақша жинап, Ресейдегі қолдан ұрықтандыратын орталыққа барып, бірден бір ұл, бір қыздың ата-анасы атанды. Қазір балаларының жасы онға келіп қалды.
Сонда олардың құпиясы неде? Мен жеңгемнен сыр тартып көріп едім, жеңгем:
-Біз жәй ғана бір-бірімізді жақсы көреміз! -деді.
Жоқ, жеңге, бұл жерде жәй ғана бір-бірін жақсы көріп қана қою аз! Бұл жерде бір құпия бары анық! Бірақ, ол бақыттың құпиясын сен өзіңде білмейсің! Өйткені, сен менің ағаммен бақытсыз болып көрген жоқсың ғой!? Ол ешқашан арақ ішіп келіп, сені боқтамады, ұрмады, ол ешқашан сенің анаңды ренжіткен емес! Ол ешқашан сенімен ажырасамын деп ойлап та көрген жоқ! Өйткені ол да сені сүйеді, сенімен мәңгі болғысы келеді. Оған, Майгүл сияқты албастылар кездеспеді дейсің бе? Кездесті! Мен өз көзіммен көрдім. Сол бір қылмыңдаған қыздың өзіне ұнағысы келіп тұрғанын, бір-екі қылығын байқаған ағам, сол қыздың бетіне қарады да, бар даусымен айқайлап тұрып күліп алды. Сонда бір ауыз сөз де айтпады. Сол қызды мазақ қылған күлкіден кейін, әлгі қыз оған енді жақындамастай болды. Ал егер ол қыз жақындап, тағы да жабысса, ағам оны боқтамақ түгіл ұрып тастары да анық еді. Түрмеге де түсетін еді, сен де оны күтетін едің. Оның бетін құдайым аулақ қылсын! Қазақта жұбайына осынша адал, ақылды, батыр жігіттер тағы да бар ма екен!? Ай, жоқ-ау!?
Менің байқауымша олар шынында да бірін бірін тауып қосылған адамдар! Және, Елжан ағам үшін ең маңыздысы, әйел адам адал болу керек, тамақты дәмді пісіре алу керек, және кішіпейіл, сыпайы мінезді болу керек! Ал жеңгем, сондай адам! Және, ағамның өмірлік ұстанымы, "қандай жағдай болса да, отбасы бірінші орында!". Ол жеңгеммен ғана өмір бойы бірге болғысы келеді. Жеңгеме де керегі сол! Ол да ағамды өте жақсы көреді, ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайды, тек еркелеп ренжуі мүмкін. Ешқашан оны тәрбиелеп, оны басқарғысы келмейді, тек өкпесін айтуы мүмкін. Өз қатесін дер кезінде түсінетін ағам да, сол мезетте кешірім сұрауға дайын. Екеуі бір-бірін жақсы көріп бағалайтыны сонша, тіпті телефонмен сөйлескенде де, сөз соңында сағыныштарын жеткізіп жатады. Баяғыда, кішкентай бір бөлмесіне ауылдан қонақ келе қалса, қонақтарға залға төсек салып беріп, екеуі құшақтасып, асүйге кететін. Сонда, біз асүйде сықылықтап бірін-бірі күлдіріп жатқан олардың даусына қызығып, әңгімесін тыңдағымыз келіп амалсыз құлақ түріп жатып, тәтті ұйқыға кететінбіз...
Сондықтан бақытты отбасы болу үшін, екі адам да, сыңары жоғалып кетсе, жер шарында өмір бойы жалғыз қалатындай өмір сүру керек. Басқалардың елемей, "ақылын" тыңдамай, тап бір "махаббат аралында" екеуі ғана қалғандай, біреуі өлсе, екіншісі де өліп қалатын қос аққудай, жұптасып, қол ұстасып, қолтықтасып өмір сүру керек! Ешкім ешкімді тәрбиелемеу керек. Сен әу бастан өз талабыңа сай адамға қосыл! Ешқандай дүниеге таласпа, себебі "махаббат аралында" сендерден басқа ешкім жоқ, бәрі сендердікі! Сосын бір-біріңді көзі тірі кезінде бағала, кейін оны жоғалтып алсаң, "махаббат аралында" мәңгілік жалғыз қаласың!
* * *
Жетінші наурыз да келіп жетті. Біздің билейтін қыздарымыз киім ауыстыратын бөлмеде у-шу болып дайындалып жаттық. Арамызда осы кешті жүргізетін қыз және кешке жауапты бір менеджер қыз да киім ауыстырып жатты.
-Естідің бе, осы шараға кім қонақ болып келетінін?-деді менеджер қыз.
-Кім?-деді жүргізуші қыз көйлегін киіп жатып.
-Нұрлан Сарыұлы?
-Мәссаған шынымен бе? Әлгі ірі құрылыс компаниясының бастығы ма?
-Ия, керемет жігіт, қанша қыз қолына түсіре алмай жүгіріп жүр ғой!
-Ол әйелі қайтыс болғалы әлі үйленбей жүр ме?
-Ия, үш жыл болды, ешкімге қызыққан емес дейді. Әйелін шын жақсы көрген болып тұр ғой...
-Айтпа, сондай жігіттер бар ма екен?
-Бар екен, сен бойдақсың ғой, көзіне түсуге тырысып көрсеңші?
-Балалары бар ма екен?
-Бір ұл ғана.
-Ол кісі үлкен емес пе?
-Бола берсін, есесіне оның қасында шалқып өмір сүресің...
-Жасы қанша да екен?
-45-46 да, қолындағы алтын сағатының өзі қандай десеңші, жалт-жұлт етеді...
-Жиырма жас екен арамыз, бірақ байқап көруге болады...-деді жүргізуші жас қыз.
Осы әңгімеге куә болған мен еріксіз езу тарттым. Бұл қыздың жасында осындай есеп құра алсам, мүмкін бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін? Біз болсақ, жүректі ауыртатын махаббат іздеп жүр жүрдік емес пе?
Сонымен не керек кеш басталып кетті. Әркім өз өнерін көрсетіп жатты. Тура осы кезде Самал хабарласты.
-Ия? -дедім мен тыныш жерге барып.
-Марал! Менде күшті жаңалық бар, ішіме сыймай бара жатыр. Айтайын ба?
-Айтсаңшы енді, төзімді тауыспай...
-Мейіржан екеуміз үйленетін болдық!
-Солай ма!? Сен үшін қуаныштымын! Әкпеңнің қателіктерін қайталамай, бақытты отбасы болуларыңа тілектеспін!
-Рахмет! Тағы бір жаңалық бар, бірақ бұл жаңалық...
-Әкесі өлгенді де естіртеді дейді ғой, Бекке бірдеңе болды ма? Айт...
-Әбілжанның айтуы бойынша... Қысқасы, Бек Астанадан іс-сапардан қайтқанда, өз үйінде баласы мен тоқалының үстінен түседі. Содан ол ашуланып, ас үйден пышақ алып Майгүлге жүгіргенде, Досжан тоқтатпақшы болған екен, пышақ соған тиген екен...
Менің тілім байланып қалды, не дерімді білмедім...
-Марал, Марал естіп тұрсың ба?
-Досжан тірі ме?
-Дерігерлер әрең дегенде аман алып қалыпты, бірақ әлі де ауруханада екен. Ана албасты енді, Бекпен ажырасып, "Бек мені ұрып, баламды түсірді, енді бала көтере алмай қалдым" деп соттасып, ақшаға таласып жатыр екен. Бектің үйі мен машинасын тартып алмақшы... Полицияға Досжан "пышақ алып келе жатып, өзім құлап қалдым" депті. Ақысына әкесіне: "орныңды босатып, бизнесіңді түгелімен маған бересің" депті. "Айрылғысы келген дос, аяулыңды сұрайды" дегендей, үшеуі үш жаққа кетсе керек... Ана албасты тағы да "маскасын" киіп, тағы біреудің басын айналдырып жатқан шығар... Бек болса баяғы баз қалпына түсіп, араққа салынып жүр дейді. Әбілжаннан "Маралға барып, аяғына жығылсам, мені кешіре ме?"-деп сұрапты. Марал, сенен жалынып сұрайын, келсе қабылдамашы оны... Құдай үшін, өзің үшін, балаң үшін... Осы жылағаның да жетер...
-"Лап етіп жанған, жалп етіп сөнеді" деген осы. Жарайды кейін сөйлесеміз-мен тұтқаны қойдым.
Мен осы өлеңнің соңы осылай аяқталатынын сезіп едім, өзіңді құтқарайын деп, қанша арпалыстым. Бірақ сен маған қолыңды созбап едің, сен оны таңдап едің... Енді саған мен де көмектесе алмаймын. Жоқ, мен сені кездестіргеніме өкінбеймін, сен маған өмірлік сабақ болдың... Сен маған қазіргі өмірімнің мағынасы, баламды сыйладың... Сол үшін саған рахмет! Бірақ енді екеуміздің жолымыз екі жаққа кетті... Ел не десе, о десін, енді мен тек балам екеуміздің болашағын ғана ойлап өмір сүремін... Мен балама сенемін! Ол үлкен азамат болып өсетініне сенемін!
Мен сахнаның сыртынан келіп баламды іздедім. Жаным сол "Анашым қашан билейді?" деп мамасын күтіп отырған шығар... Ол алдыңғы қатарда Алтын, Айдана үшеуі отыр екен.
Бір уақытта олардың қасына бір кісілер келіп, менің балам мен Айдана оларға орын беріп, өздері Алтынның қасына қарай жылжыды. Ағалар риза болып, баламның созған қолын алып амандасып жатты. Ал сахнада балалар үйінің он үш-он бес жасар бір қызы, Ә. Жарасқан ағамыздың өлеңін оқып жатты. Бала кезімде мен де М. Шахановтың "Отырар элегиясын" осылай оқушы едім-ау! Ал мына өлең мені тағы да жұбатып жатқандай...
Жүрегіңе абай бол
Қолданғаннан ем неше,
қорғанғанды
қалайды ол.
Ақынсың ба?
Ендеше,
Жүрегіңе абай бол!..
Бала кезде,
жас күнде
бізде жаздық...
Көп терме...
Ғашық болма ешкімге,
Ешкімді де жек көрме.
Суынып та
қызып та
Шымырқанба!
Шамданба...
Еш нәрсеге қызықпа,
Еш нәрсеге таңданба!
Мақтайды ма,
сынай ма?
Шалқыма да,
суалма!..
Ешнәрсеге мұңайма,
Ешнәрсеге қуанба!
Оны айтасың,
ой қума,
Озамын деп
шаппа алға!
Ешнәрсеге қайғырма,
Ешнәрсеге шаттанба!
Бұзсын біреу мұрынды,
Сызсын біреу жырыңды,
Жазсын біреу арызын,
Қазсын біреу сырыңды,
Кім не десе-
дұрыс де,
Не нұсқаса-
соны ұста!..
Ешбір дауға кіріспе,
Ешбір жанға болыспа!
Бір бірінің атақтан,
басын жарып жатса да,
досың күйіп нақақтан,
қосың жанып жатса да,
Сырт қалғанды ұрланып,
өзіңе-өзің мін қылма!
Сұмдық үшін сұрланып,
шындық үшін шыңғырма!
Оны айтасың,
сезімнің
қылын басып күллі ұран:
Елің үшін-десе де,
Халқың үшін-десе де,
Жерің үшін-десе де,
Даңқын үшін -десе де,
Анаң үшін десе де,
Жарың үшін-десе де,
Балаң үшін-десе де,
Арың үшін-десе де,
Жаның артық өзіңнің,
тартып алма бір грамм!
Осы кезде зал қыран-топан болып күліп жіберді. Кішкентай қыз сасқанынан өлеңнің соңғы сөздерін ұмытып қалып, есіне түсіре алмай, қатты састы. Осы кезде мен оның қасына барып, микрофонды алдым да, қолынан ұстап, залға қарап тұрып өлеңнің қалған төрт жолын айттым:
Өмір жүзі алмастың,
Өмір деген-тола сын.
Бәлкім, ақын болмассың,
бірақ Аман боласың!..
Бәрі қол соғып жатқанда, қызды алып сахна сыртына беттедім.
-Атың кім айналайын?
-Майгүл.
-Өлең оқығанды жақсы көресің бе?
-Ия!-деді ол. Мен қолымдағы осы уақытқа дейін шешпей жүрген, Бек сыйлаған, үстіне ақ алтыннан өрнек салынған неке жүзігін шешіп, қыздың алақанына салдым.
-Мынаны былғарыға орап, тұмар қылып мойныңа тағып жүр. Ешкімге көрсетпе де, айтпа да. Бұл саған бақыт әкелсін деп шын жүректен сыйлаймын!
-Рахмет!
Осы кезде Талшын жүгіріп келіп:
-Қазір біз шығамыз!-деді. Менің жүрегім дүрсілдеп қоя берді. "Менің қолымнан бәрі келеді!" деп іштей қайталадым да, сахнаға беттедім. Біздің топ екіге бөлініп тұра қалды, бірін Талшын, бірін мен бастап тұрдым. Екі топтың бірі қара-қызыл киінген жауыздық пен жамандықты бейнеледі, ал біздің топ қызыл-ала киінген жақсылық пен әділдікті бейнелеп жатты. Екеуі әбден сайысқа түсіп, ақырында әділдік жеңіп шығады!
Табиғат мінезі.
Бозарып, түнеріп қара аспан,
Көз жасын төккенде бала аспан,
Бойына сіңдіріп бар мұңын,
Жер ана баламен санасқан.
Ақша бұлт желменен адасқан,
Орнына аспанда таласқан,
Күн батса, аспанға ай шығып,
Жұлдызын шашады жарасқан.
Ағы мен қарасы араласқан,
Жақсылық, жамандық жағаласқан,
Жарасып жатыр ғой сонда да,
Бірде көк, ал бірде қара аспан.
Сахнаға шыға сала, мен мүлдем басқа Маралға айналдым. Дәл осылай соңғы рет студент кезімде билеген едім. Ол менің жастық шағымның биі болса, бұл менің жеңіс биім еді!
Би біткен кезде, бәрі риза болып, орнынан көтеріле қол соғып жатты. Сол кезде алдымда менен көз алмай қарап отырған, қара шашты, қараторы жігіт ағасының көзінен бе, әлде қолындағы сағатынан ба, әйтеуір бір нәрсе жылт ете қалғандай болды. Мүмкін бұл менің жүрегімдегі үміт оты шығар!?
Құлағыма апамның даусы естілгендей болды "Ешқандай ана қыз туғанда біреуге күң болсын, ұл туғанда біреуге құл болсын деп тумайды. Ешқашан ешкімге жалынышты да, бағынышты да болма, алтыным. Біреуді бақытты қылу үшін, өз бақытыңнан бас тартсаң, Құдай да кешірмейді. Тек өзің бақытты болсаң ғана, басқаны бақытты қыла аласың. Әркімнің бақыты өз қолында, таңдау да өз қолыңда, осыны ешқашан ұмытпа!"
Мен маған гүл ұсынған баламды сүйіп, басымды көтергенде, анадай жерде ақ жаулығы желбіреп, апамның бейнесі алыстап бара жатқандай болды. Ол енді менің болашағыма алаңсыз еді...
Жеңіс биі!
Мен жеңдім!
Өйткені?
Бағамды ол менің асырды...
Мен жеңдім!
Өйткені?
Көз жасын өкінген жасырды...
Мен жеңдім!
Өйткені?
Әділдік жалауын көтергем.
Мен жеңдім!
Өйткені?
Жауым кеп алдыма бас ұрды!
Мен жеңдім!
Сол үшін,
Апатай жылама мен үшін...
Мен жеңдім!
Сол үшін,
Сұрама анашым, "не үшін?"
Мен жеңдім!
Сол үшін,
Балапан баламның бағы ғой.
Мен жеңдім!
Келісем,
Достарым берді ғой қол ұшын...
Мен жеңем,
Әлі де,
Сенімнің бұтағы сынған ба?
Мен жеңем,
Әлі де,
Жасырын жауларым жүр маңда...
Мен жеңем,
Әлі де,
Өмірім сыйлайды арпалыс...
Мен жеңем,
Әлі де,
Кеудемде тірі жан тұрғанда!!!