Цирктен қашқан қасқыр
Пьеса
Қатысушылар –
Арыстан
Жолбарыс
Аю
Қасқыр
Төбет
Түлкі
Тотықұс
-І-
Цирк аренасы. Алыста әртүрлі трюк жасап жүрген акробаттар. Ортада үлкен үстөл. Жағалай отырған аңдар. Жиналыс өтіп жатқан секілді іс-әрекет.
Арыстан (салмақты, ой үстінде, үстөлді айнала ауыр қозғалады): Сіздерге түсінікті жағдайды қайталай беретін несі бар. Біздің басты міндетіміз – циркке көрерменді көбірек тарту, яғни жұртты өзімізге қызықтыра білу. Бірақ бүгінгі жағдай көңілден шығатындай дәрежеде емес. Ересектерді былай қойғанда, бүлдіршіндердің өзі циркке барғаннан гөрі күні бойы қадалып, компьютер алдында отырғанды жақсы көреді. Оу, бұл қалай, заң өзгерді ме, заман өзгерді ме? Бір нәрсе айқын – өлейік, тірілейік, елді осында көбірек жинауға күш салуымыз керек. Бәлкім, кінә өзімізден де бар шығар. Жұртты елең еткізерліктей тосын, тың, жарық-жұрық еткен жаңа қойылым әзірлей алмай жүрген шығармыз. Кәні, ортақ ісімізге пайдасы тиетін кімде қандай ұсыныс бар? «Күлтөбенің басында күнде жиын» бола бермейді. Уақыт тығыз. Ал...
Түлкі (шошаң етіп орнынан ұшып түрегеледі, аузы-басын қисаңдатып төңірегіне көз тігеді): Осындай бас қосуды көптен күтіп жүргем. (Арыстанға бұрылады) Сіз біздің жан деген жалғыз патшамызсыз ғой, Арыстан мырза! Біздің жағдайымызды сіз ойламағанда кім ойлайды.
Арыстан (түрін суытып): Бөстекі сөздің қажеті не?! Тура мәселге көшсеңші.
Аю (дауысы гүр-гүр): Құйрығын бұлғаңдатып, алдымен біреуге жағымпазданып алмаса, бұ сорлының ішіне ас бата ма?!
Түлкі (үстөлдің арғы жағына секіріп шығады): Ылғи осы, ылғи осы. Ескі түсінікті жақтарың талғанша қақсайсыңдар келіп, қақсайсыңдар! Түлкі кім, түлкі – қу, түлкі – жағымпаз, түлкі – алдамшы. Ағаш басындағы қарғаның ірімшігін қағып түсіруге шебер. Мақұл, солай-ақ болсын. Өткенде мына Аю мырзаның не істегенін білесіздер ме? Білесіздер, бірақ үндемейсіздер.
Аю (қақырынып орнынан үрегеледі): Иә, мен не істеппін, нені қиратыппын?! Кәне, төрт көзіміз түгел отырғанда жасырмай айт. Күмән қалмасын біреулердің ішінде.
Түлкі ( қорқасоқтап Арыстанның артына тығылады): Айтамын, қазір бар шындық бүкпесіз айтылады және солай болуға тиісті де. Өткен жолы, дәл осы жерде Аю мырзаның не істегенін білсеңіздер. Ай далада тұрып мен жынданып кете жаздадым. Бір бала, сірә, зоопаркте жүрмін-ау деп аңдамай қалса керек, қолындағы алмасын аренаға қарай лақтырып кеп жібергені. Әрине, ата-анасы қадағалауы керек еді. Болған іс болды ғой. Міне, көзі тірі тұр, кенет біздің Аю мырза аштан өліп бара жатқандай, қорбаң-қорбаң етіп жетіп барысымен әлгі бір түйір алманы күтір-күтір шайнағаны. Жердің тесігі табылғанда өзім-ақ...
Аю (ақырып): Онда тұрған не бар?! Бала, баланың көңілін қалдырғым келмеді.
Түлкі (қуақылана): Пах, шіркін-ай, баланың көңілін қалдырғысы келмеген екен ғой. Сондағы бөксесінің бұраңдағаны әлі күнге дейін көз алдымда. Ал сөйте тұра... мені жағымпаз, айлакер деп жерден алып, жерге саласыңдар. Жағымпаздықтың үлгісін сонда сіз көрсеткенсіз, Аю мырза! Әне, қарапайымдылыққа сына үсті, табиғи жаратылыс көзбояушылыққа ұрынды. Көрермен сол көріністен-ақ іш тартып қалды.
Аю (қорбаңдап Түлкіге бас салады, Түлкі қашып құтылады): Менің бір білместігімді көре қалған екенсің ғой, оңбаған! Қолыма түбі бір түсерсің, бәлем!
Түлкі (Арыстанды қалқалайды): Міне, шындықты айт, айт дейсіңдер, айтсақ өстіп басымыз пәлеге қалады. Менің айтпағым, Аю Аю басымен со жолы сондай кәкір-шүкірге назар аудармауы керек еді, табиғи болмысын жоғалтпауы керек еді. Назарын төмен салмастан, тіп-тік қалпынан айнымауы керек еді. Міне, жағымпаздық! (Арыстан не дер екен деп, жалтақ-жалтақ бетіне қарайды). Жағымпаздық дерті үлкеніміздің де, кішіміздің де осал буынына түскен. Бұл шындықты бәрібір жасыра алмаймыз.
Аю (сол гүрілдеген қалпы): Өзің сүтттен ақ, судан таза боп, жағымпаздық мәселесін біздің үстімізге аудара салмақ екенсің ғой. Сенімен есеп айрысатын күн туар!
Арыстан (жан-жағына ренішті түрде назар жығады): Сендер немене, негізгі тақырыптан неге ауытқи бересіңдер?! Көтерілген мәселе түсінікті емес пе, әлде тағы қайталау керек пе?!
Тотықұс: Мәселе орынды әрі өткір. Сіздер циркке көрерменді көбірек тартуды айтасыздар, ал менің қауіпім одан гөрі өзгеше. Дүниенің мынадай шапшаң өзгерісіне жан шыдар ма! Күн сайын бір жаңалық. Елдің психологиясы да ала-құла. Бұрынғыдай кез келген нәрсеге қызыға бермейді, тым самарқау. Осы самарқаулық жетеді қазақтың түбіне!
Төбет (үстөлден көтеріледі): Сен, Тотықұс шырағым, қазақта шаруаң болмасын! Жыл он екі айда цирк түгілі, театр табалдырығынан бір мәрте аттамайтын өзгелерді қайтесің! Оның үстіне көрерменді алаламай, адал қызмет ету жайлы ереже барын да есіңе сала кетейін. Енді мұнан былай мұндай былжырағыңды естімейтін болайық!
Тотықұс (мұңайғансып) : Пікір ашық айтылсын дейсіздер де, ашық пікір айтсақ, жақтырмайсыздар. Алдымен мынаны шешіп алсақ, цирк өнер ме, әлде спорттық ойын ба?
Төбет (дауысын қатайтып): Сен немене, бүгін аспаннан түскеннен саумысың? Цирк – өнер, әрі өнердің көкесі!
Тотықұс: Өнер болса, өнердің мақсат-мұраты не, ол – көрерменнің көңілін көтеру мен жүрегін бір бүлк еткізу. Жалқы сәт, көзді ашып-жұмғанша, сол жетеді! Әне, жүректі бір дір еткізуге қауқарымыз жетпегендіктен, осындай проблема туып отыр. Жағдай бүйтіп тұйыққа тіреле берсе, цирк аренасының жабылып қалуы да ғажап емес.
Төбет (ашулы) : Өй, жағыңа жылан жұмыртқаласын!
Тотықұс: Жұмыртқаласын, жұмыртқаламасын, бүгінгі шындық осы!
Арыстан (сабырлы) : Сонымен тоқетері не болды?
Тотықұс: Тоқетері – біздегі нөмірлердің бәрі есірген. Жаңалық жоқтың жасы. Дрессировщиктер ізденбейді. Бір қойылым мың мәрте қайталанады.
Арыстан (Тотықұсқа сұқ саусағын шошайтады): Нақты дәлелі жоқ, жалпылама түсінік. Басқа айтарың болмаса, жұрттың уақытын алма.
Төбет: Тотықұс-ау, Тотықұс, саған да жал бітейін деген бе? Сен де бір, ауылдағы өсекші әйелдер де бір. Сайра, сандуғашым, енді саясаттан соқсаңшы бір уақ. Дональд Трамп, оның жалаңаштанып суретке түсетін келіншегі туралы жақ ашпағандығың қалай? Әлде құлағың керең боп қалғаннан сау ма?
Тотықұс: Сенің де жетісіп жүргенің шамалы ғой. Өткенде Маймыл мінген арбаны тарта алмай, кирелеңдеп құлап түстің. Ұялғаным-ай! Міне, осындай шөре-шөремен қайда барамыз? Дұрысы – елдің бетіне қалай қараймыз?! Циркке келетіндер азайса, оған мына отырған бәріміз кінәліміз. Біздің кінәміз – орнымызға ойы бар, әлемдік деңгейде өнер көрсете алатын, өркениеттің беталыс-бағдарын түсінетін, қысқасы, жаңа өмірге бейімделген және бойында қайрат-күші бар, жігері бар артымыздан ергендерді жанымызға жуытқымыз келмейді. Барлық құрметке тек өзіміз лайықпыз деп сезінеміз. Көрерменнің бізден ірге алшақтатуының бір себебі осы!
Төбет: Жарайсың, жайсаңым! Тілің енді шығып келе жатыр. «Сендер қартайдыңдар, өзгелерге орын босатыңдар» демексің ғой тоқ етері?! Бұл пікірің Арыстан мен Жолбарыс мырзаларға ауырлау тиеді-ау деп ойламаймысың?!
Түлкі (сумаңдап жиналғандардың назарын тағы өзіне аударады): Тотықұстың жағдайы бізбен салыстырғанда көш ілгері. Цирк жабылса да мұның қылы қисаймайды. Бір жағынан бізді мысқылдап, бізге аяушылық білдіретін секілді ме қалай. Цирк жабылса тотықұстың қайда баратындығы белгілі. Жалғыз басты кемпірлер сатып алды мұның аяғын жерге тигізбей. Бір-біріне серік, бірінің айтқанын бір қайталап, «сенің ішің қорылдады ма, әлде менің ішім қорылдады ма?» деп малтасын езіп, отыруларына жақсы.
Арыстан (Жолбарысқа бұрылады): Сен неге самарқаусың бүгін? Қарының тоймады ма? Өлген есектің шикі еті өңешіңнен өтпеді ме, немене?
Жолбарыс: Ареке, өлген есектің еті табылып тұрса, оған да шүкіршілік. Қазіргі жағдай баршамызға белгілі ғой. Цирктің көлеңкесінде жүріп жан бағамыз, әйтеуір, өзгелермен салыстырғанда тұрмыс-тіршілігіміз көш ілгері. Ал анау зоопарктегі жағдайды құдай басқа бермесін! Венесуэла деген елді білесіз ғой, ең сапалы мұнай бізде деп мақтанғанда жер-әлемге симаған. Енді көріңіз, зоопарктеріндегі аң біткен аштан қырылып жатыр. Сіз, сірә, жұмысбасты боп, соңғы жаңалықты естімеген болдыңыз ғой.
Арыстан (жалын күжірейтіп): Өзіміздікін қойып, енді мұхиттың арғы жағындағылар үшін уәйім жеуіміз қалып еді?!
Жолбарыс: Өгізге туған күн бұзауға да тумасын деген аз-маз ескертпе ғой менікі.
Арыстан: Жә, мына Тотықұстың әлқиссасынан не түйдіңдер?
Түлкі (араға килігіп): Егер менің қолымда аздаған билік болса, Тотықұстың жағын айырып жіберген болар едім.
Тотықұс (шыр-пыр, ұшып-қонады): Не үшін, жағымды айрып жіберетіндей не айттым?! Мұндай бас қосу күнде бола бермейді, ашық пікір айтылсын деп қолқа салған өздерің.
Төбет: Әрине, ашық пікір айтылғанға не жетсін. Бірақ ауыз өзімдікі деп көки беруге бола ма? Бәріміздің көзімізді бақырайтып қойып, «сендер қартайдыңдар, жылы орынды жігерлі жастарға босатыңдар!– дейсің,– Асарларыңды асадыңдар, жасарларыңды жасадыңдар! Өзгерісті алдымен өздеріңнен бастаңдар! Арамыздағы кәртәміш арамтамақтардан құтылайық!» дейді Тотықұс шешен. Ал керек болса!.. Арыстан мен Жолбарыс та осы тізімнің ішінде ме, сонда?
Түлкі: Соны айтам-ау, біздің орнымызды баса қоятын жастар толып тұрғандай. Және жас толқын, жаңа орындаушылар келді деп, көрермен циркке қарай топырлай бастаса сөз барма? Үйреніскен жау атыспаққа жақсы.
Жолбарыс (жайлап орнынан көтеріледі): Тотықұстың пікірін жүз пайыз теріске шығара алмаймын. Керегін алайық, керек емесі өзіне. (Төбетке назар жығады). Сен әлгіде сәл асығыстық жасадың, Төбет мырза. Ойын бүкпесіз ашық айтқаны үшін Тотықұстың жағын айыртып қойып, бізді немене, ай қарап отырады дедің бе?
Төбет: Әйтсе де байқап-байқап сөйлеуі керек қой. Тотықұстың арғы пиғылын түсінемін, ол ылғи өзін бірінші планға қояды. Өзі туралы керемет жоғары пікірде. Ал цирк басшылары кадр алмастыру процесін қолға алса, менің орнымды басатын және мен секілді тұттықпай сөйлей алатын Тотықұс табылмайды бұл өңірден деген пікірін күштеп үстемелейді.
Түлкі: Неге табылмасын, табылғанда қандай! Қазір интернет әрбір үйде сарт та сұрт, тынымсыз жұмыс істеп тұр. Тотықұстың көкесі – Африкада, не Испанияды. Ақшасын төлеңізші, бір айдан соң арнаулы жәшікке салынып, мөрі басылып, кедентік хаттамаларды заң тұрғысынан толтырып, (бармағын шошайтады) мынау деген Тотықұсты тура төбеңнен түсірсін.
Төбет (қабағын кіржитіп): Африкадан, Испаниядан?.. Біздің, қазақтың топырағында туып-өспеген мақұлық шекемізді шылқытпайды. Олардың бәрі жасанды. Ал жасандылық жарға жығады. Менің айтып тұрғаным жаңалық емес, бұл бүгін де, ертең де, одан арғы күні де айтылады. Айтуға шеберміз, ал іске келгенде... Маймыл мінген арбаны тарта алмады деген сын айтылды менің әдресіме. Мойындаймын, бәлкім, сол күні мәнісім болмаған шығар, ашқұрсақ жүрген шығармын, шаршап жүрдім бе, кім білсін. Бірақ бұл сылтау емес, көпшіліктің сенің көңіл-күйіңде не шаруасы бар.
Түлкі (Арыстанның тасасынан шығып, Төбетке мысықтабандап жақындайды): Қадірлі Түке, жаңа әзірде екеуміз аздап шекісіп қалдық. Мұны ортақ шаруаға жаны ашығандық деп түсініңіз. Сізге инедей жаулығым жоқ. Кәне, әкелші, қолыңызды қысайыншы көпшіліктің көзінше! Татуласайық. (қолын ұсынады). Мен сізді ас ішіп, аяқ босатқаннан басқаны білмейтін топастау біреу ме десем! (аузын басып, сылқ-сылқ күледі). Топас! Аузымнан шығып кетіпті байқамай. Кешіріңіз! Ал сіздің әлгідегі тосын пікірлеріңіздің көңілге қонғаны сондай, сізді құшақтағым келіп тұр бір түрлі! (Құшағын ашып Төбетке жақындайды).
Төбет (Көрермендерге қарап көзін қысады) : Мына антұрғанның өтірігі ме, шыны ма?!
Түлкі: Қылдай жалғандығы болса, қылғынып өлейін! Сырттан жан-жануарлар тасығаннан мүйізіміз шықса?! (Тотықұсқа қарап кіжінеді) Бұлардың бәрі шетелшіл. Пах! Бөтен топырақтың аты – бөтен топырақ. Бізге иіс сіңдіріп, жерсінгенше қай заман. Тотықұс табылады. Астанада біреулер будандастыру арқылы Тотықұстың жаңа түрін тауыпты. Әлгі пәтшағар біреудің сөзін айнытпай қайталауды ар санап, оны ескірген тәсілге балап, кісінің ішіндегісін, не айтпағын күні бұрын біліп отыратын көрінеді. Сірә, бізге керегі де осындай Тотықұс. А...а, есімнен шығып бара жатқандығын қараңыз, ана жолы үкіметтің қаржысын оңды-солды шашып, Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан бір белсенді өзіміздегі сиырлардың салмағын арттырамыз, сүтін көбейтеміз, жаңа тұқым аламыз деп, шетелден ұшақпен бұқалар тасыған. Қайда сол бұқалар?!
Арыстан (дауысын өзгертпеген қалпы): Іштерің әбден толып қалған екен айтылар әңгімеге. Мұнан былай жиі-жиі бас қосып тұрармыз асылы. Оу, айналайындар-ау, негізгі тақырыптан неге ауа жайыла бересіздер, а?! Сіздерге түсінікті тілмен айтпадым ба? Бізді, Жолбарыс екеумізді жастары келген, іске жарамсыздардың қатарларына қосқыларыңыз келсе, о жағын өздеріңіз шешерсіздер. Ал бүгін негізгі шаруаны шегіп алмайық. Жұмысты жандандырудың қандай тың механизмдері бар? Қиындықтан қашпай соны жаңалықтарды бірге игерейік. Өзгелердің іс-тәжірибелеріне сүйенейік. Тағы да қайталаймын, өлейік, тірілейік, осы тобымызбен цирк көрермендерінің қарасын көбейтейік! Жан-жаққа жамырамай, нақты ұсыныстарыңмен шығыңдаршы.
Жолбарыс: Құрамды өзгерту керек. Менің ұсынысым, цирк аренасына теңіз мысығын шығарайық. Әрине, бізге үйреніскенше қосымша қаражат қажет болар. Оның орны кейіннен толады.
Арыстан: Теңіз мысығы, тағы кімде қандай ұсыныс бар?
Төбет: Аквариумдегі балықтарға қалай қарайсыңдар?
Арыстан: Теңіз төңірегінен айналсоқтап шықпай қойдыңдар ғой, түгелер! Теңізге бүйрек бұрдық екен, мысық, балық деп неге майдаланамыз. Акулаға, не дельфинге салайық құрықты!
Түлкі (таңданыспен): Дельфин! Құлаққа кіреді және қақпайлауға көнеді.
Аю: Менің тамағыма ортақтасып жүрмесе. Бәріміздің көрегіміз балық болған соң, ескертіп жатқаным. Цирктің шаруашылықпен айналысатын басшысына да өкпем қара қазандай. Бұрындары мұхиттың тоңазытылған дәу балығы жататын алдымызда. Байқамай коммунизмнен өтіп кеттік пе білмеймін. Осы күндері Қорғалжыңның торта-тобырымен қарын қампайтамыз. Ертең оған да сұраныс көбейсе... Аш қалудың көкесі сонда болар!
Түлкі (қуақылана) : Сіз осы... қарааспанды қапылтасыз да жүресіз.
Аю: Алдымен қарынның тоқтығы керек, айналайын. Сен секілді біреудің несібесін аузынан қақшып кететін ептілігіміз жоқ.
Арыстан: Сонымен дельфинге тоқтадық па?
Төбет: Тоқтайық, сіз айтсаңыз неге тоқтамасқа.
Арыстан (ойлы қалпымен отырғандарды бір айналып шығады, екі қолы артында, жүрісі маңғаз): Дұр-ы-ыс! (дауысын созады) Сендер осы, сендер осы... жұмысты неге қиындата бересіңдер, а?! Жан-жаққа қарау, біз нені ұмыттық, кімді ұмыттық дейтін қауіп кірмей ме миларыңа! Әлде, миды жұмыс істетуге ерінемісіңдер? Қасқыр қайда? Кәдімгі көкбөріні неге алмайсыңдар қаперлеріңе!
Төбет( таңданыспен): Қас-қыр!
Арыстан: Иә, Қасқыр, Қасқырдың атақ-даңқы аспан тірейді бүгінде. Қасқыр – түркілердің ерлік символы. Қасқыр – ақылды, «Қасқыр да қас қылмайды дұшпанына». Және Қасқыр кекшіл. Күшіктеріне қастандық жасағандарды жер жастандырғанша тыным таппайды. Әрі өте мейірбан. Аңыз-ертегілерде Қасқыр асыраған баланың кейін кім болғандығынан бәрің хабардарсыңдар. Әлгі атақты мультфильмнің аты қалай еді?
Тотықұс: Маугли.
Арыстан: Сүйткен Қасқыр неге біздің ортамыздан тыбылмайды? Мен ес білгелі Қасқыр циркте өнер көрсетіпті дегенді естіген емеспін. Қасқырды қаумалап ортамызға тартсақ. «Жыртқыш қалай рөл атқарар екен?» деп жұрт елең ете қалмас па?! Менің пайымдауымша, Қасқырды қолға үйрету аса қиындық тудыра қоймас.
Жолбарыс: Орынды ұсыныс!
Аю: Табылған қыл!
Тотықұс: Тың жоба үшін тост көтеруге қалайсыздар?! Бәріміз таба алмаған ақылды ортаға салғаны үшін Арыстан мырзаның денсаулығына деп бір рөмкі коньяк алсақ.
Төбет: Ой сандуғашым, жасы келгендердің ойлау қабілеті нашарлаған деп, қоңырау қаққан сен емес пе едің әлгіде? Енді кеп... Қасқырды цирк аренасынан көруге мен де қарсы емеспін. Тек...
Арыстан: Неден күмәнданасың?
Төбет: Қасқыр екеуміздің сыртқы бітім-болмысымыз ұқсас қой, ел бір-бірімізді айыра алмай жүрмесе.
Түлкі (аузын басып, шықылықтап күледі): Қорқынышың күшті екен. Мен оның амалын да ойластырып қойдым. Сен құлағыңа сырға тағып аласың. (Отырғандар ду күледі).
Төбет (ашулы): Менің бүгін жел жағыма шыға бердің-ау соры қайнаған?!
Түлкі: Онда тұрған не сөкеттік бар. Қазір ер адамдар да құлақтарына сырға тағып жүрген жоқ па? Оның саған жарасып кетеріне пәс тігемін.
Жолбарыс: Мәселе шешілді, одан әрі не істейміз? Қасқырды циркке қайдан алдырамыз? Келіңіз, бірлесіп жұмыс істейік дегенге ол батырың көне қоя ма?
Аю: Зоопарк басшылығына өтініш-хат жазайық. Бір Қасқырды цирк балансына ауыстырсын. Илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы, қарсы болмас.
Жолбарыс ( шекесін қасып): Көпшілікке көзі үйренген, біздің арамызға да бірден сіңісіп кетер еді.
Арыстан: Бұған келісе алмаймын! Зоопарктегі Қасқырдың жүні жығылып, әркімнің қолына жаутаңдай қарап, бейшара боп қалған. Одан біз күткендей «әртіс» шыға қоймайды. Оның үстіне, оның үстіне түз тағысына тән өжет мінез бізге де ауадай қажет. Жасықтық, жағымпаздық, жәдігөйлік біздің ішімізді де кеулеп барады. Көбіміз ұйқыдан, жан тыныштығын ойлаудан басқаға мойын бұрмайтын мәңгүртке айналдық. Бәлкім, түз тағысы бізбен түсіністік жағдайда жұмыс істесе, біздің де бітім-болмысымыз өзгерер, сезіміміз оянар. Ал ең бастысы – көрермен көбейтуге септігі тиетіндігіне инедей күмәнім жоқ. Бұған дейін цирк тарихында Қасқыр бұл маңға жоламаған. Неге жоламаған? Сірә, жұртты қызықтыратын да осы сұрақ болар.
Түлкі (үстөлдің үстіне шығып билей жөнеледі. «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің ариясына салады): Арекеңнің ақылынан айналдым, бір өткелден құтқарды! Қасқыр келсе көрерсіздер, топырлаған жұрттарды. Бәріміз жиналып ерте күнді кеш еттік, Арекеңдей бола алмадық ақылды. Алекеңдей бола алмадық данышпан!..
Арыстан (дауысын бәсеңдетіп): Жә-жә, болды-болды. Менің мақтауымды да келістірдіңдер. Жетер, осы көңілдеріңе де дән ризамын. Мақтауға келгенде алдарыңа жан салмайтындарыңды білемін. Одан әрі не істейміз? Айтқаным айтқан, Қасқырды даладан, Сарыарқада жортып жүрген жерінен ұстап әкелеміз. Төңірегіміздегі жын-шайтандардың зәре-құтын алып, көкке қарап ұлитын, шын мәніндегі тірі Қасқыр керек біздерге! Қасқырды ұстау, циркке әкелу жұмыстары Жолбарыс пен Төбетке жүктелсін. Осымен жиналыс аяқталды.
-ІІ-
Сахнадағы қимыл-әрекеттің бәрі жарық түсірілген көлеңке арқылы бейнеленеді. Айқай, әртүрлі дауыстар: «Ұста, ұста!», «Қап, ана тұстан аңду керек еді», «Ойпыр-ай, Қасқырдың осыншама ақылдылығын кім білген», «Алдап кетті антұрған!», «Мылтық... мылтықты артыңа тыға тұр, айналайын!» «Бірде-бір оқ шығындалмасын, тірілей және денесіне зақым келтірмей ұстаймыз!» «Арыстанның тапсырмасына құлақ аспайтын қайдан шыққан мықтысың?!»
Тормен ұсталған Қасқыр олай-былай бұлқынады, аспанға секіреді. Тағы да айқай-сүрен дауыстар; «Қашып кетпесін күзетті күшейтіңдер!», «Ұйықтататын укол салсақ, екі-үш сағаттан соң оянады», «Дәрі салуға Арыстан үзілді-кесілді қарсы», «Ал, кәне, негізгі нысана қолға түсті, ендеше көштің басын циркке бұрыңдар!»
Цирк аренасы. Әртүрлі трюк жасап жүрген акробаттар. Жарық-жұрқ еткен сәулелі шамдар. Қасқырға үрейленіп әрі қызыға қараған әртүрлі аңдардың кесін-келбеті. Қасқыр тұтқын кейпінде. Екі жағынан еңсесін тұқыртып ұстаған Жолбарыс пен Төбет Арыстан отырған креслоға қарай жақындайды.
Қасқыр (жан-жағына алақ-жұлақ етіп, жиіркенішті қарайды. Тісін ақситып, айбат шегеді): Өңшең оңбаған арамтамақтар! Аяушылық сезімнен жұрдай болған топастар!
Арыстан (дауысы биязы): Сол арамтамақтардың арасына қосылған алғашқы қадамың құтты болсын, Қасеке!
Қасқыр (Төбет пен Жолбарысты жығып кететіндей, алас ұрып айбат шегеді): Әттең, әттең, аяқ-қолым байлаулы. Әйтпесе, жарып кетер едім бәріңді!
Тотықұс (қуақылана, Қасқырдың айтқандарын қайталайды): Әттең, әттең, аяқ-қолым байлаулы. Әйтпесе, алдымен сені жарып кетер едім, Арыстан мырза!
Түлкі (құйрығын бұлғаңдатып, ортаға шығады): Тотықұсдікі бұл неткен басқа секіру! Сөз бостандығы салтанат құрды деп, бұл неткен шектен шыққандық?! Қасқыр ертең «мен айтпағанды жанынан қосып айтты» деп Жоғарғы сотқа шағымданса қайтесіздер?! (Арыстанға қарап өкпелі кейіпте) Ареке, Тотықұсты көп еркелетесіз. Міне, сол еркеліктің арқасында сізбен де қалжыңдаспақ ойы бар. Бүйтіп басқа секірте берсеңіз, бір күні...
Арыстан: Жә-жә, тым арзандап кететіндерің-ай осы сендердің! Қасқырдың ортамызға оралғандығына орай, көшелі ой айтама десем...
Қасқыр (сол қалпы, төңірегіне айбат шегеді): Сендердің көкжасық құттықтауларың керек еді маған!
Арыстан (бар денесімен Қасқырға бұрылады): Сіз мынаны мықтап түсініңіз. Еркіндік, бостандық, бұл – жер басып жүрген тірі мақұлықтың ең басты, ең өзекті арманы. Бірақ мұнан өткен де ардақты, мұнан өткен де қадірлі құндылықтар бар. Ол – Адамға, Адамзатқа адал ниетіңмен қызмет ету! Мінекей, өзіңіз көріп тұрғандай, әзірге біздің де өлетін жағдайымыз жоқ. Әрине, кең далада, қалың орман арасында емін-ерін күн кешкенге не жетсін! Бірақ жаңада айттым ғой, Адамға қызмет жасау соның бәрінен ардақты!
Аю: Қасқырдың өмірге өкпелейтін реті жоқ. Төрт аяқтының ішінде төрткүл дүниені түгел арлаған да осы батыр. Барам деген жеріне барды, алам дегенін алды. Бөрі, арлан, түркілердің символы деген атақ-даңқынан бас айналады осы күндері!
Тотықұс: Біздің көрермендер де қызық кейде. Қасқырды ең ақылды, ең алғыр, ең епті жыртқыштың қатарына жатқызады. Жыртқыш. Жыртқыш бола тұра, таным-түсінігі керемет дейді! Ән-жырға қосады, адам баласын арқасына салып асыраған Қасқыр туралы ертегіні оқып, күлкіден жарылып кете жаздағаным-ай!
Түлкі: Қасқырдың қойға шабатыны, бір түнде бір отар қойды тамақтап кететіні есепке алынбайды мұндайда!
Тотықұс: Сөзді бөле бердің-ау, төбеңді көрмегір! Қасқырдың кекшілдігіне не айтасың, бөлтірігін алып кеткен пендені өмірі ұмытпайды. Ақыры кегін алып тынады, не өзін, не ұрпағын жаралап кетеді.
Түлкі: Сөйте тұра Қасқырды циркке жолатпаймыз. Неге? Әлде басқадай себебі бар ма?
Тотықұс: «Ойбай, түз тағысы қолға үйренбейді, түз тағысын торға қамау – адамзат үшін кешірілмес күнә». Осы түсінік елдің санасына әбден сіңіп қалған. Біз не сонда, циркте еріккеннен жүр ме екенбіз?!
Түлкі: Е, соны айтам-ау, жер жүзіндегі аңдарға қойылар талап біреу. Аңдар да жұмыр жердің келешегіне алаңдайтын мақұлық. Аң біткен бір күнде қырылып қалса, нағыз ақырзаман сонда болар. Мемлекеттің қатары сирексіген аңдарға қамқорлығы ересен. Оларды тізімдеп «Қызыл кітапқа» енгізеді. Браконьерлерден, төтенше қауіп-қатерлерден қорғайды.
Тотықұс: Арыстан да, Жолбарыс та «Қызыл кітапқа» кірген. Бірақ соған қарамай, шау тартса да, жастары келсе де циркте қызмет істеп жүрген жоқ па, мінекей!
Арыстан (Қасқырдың жанына жақындап, күжірейген мойнын сипайды): Айтың не, айтпадың не, сіз ақылды жыртқышсыз, Қасеке! (Жолбарыс пен Төбеттің шеңгелінен босатады) Міне, Адамзатқа қызмет ету бүгіннен басталады. Ары ойлап, бері ойлап қатарымызды Сізбен толдықтыру жөнінде қаулы қабылдағанбыз. Соған орай, шаруамыз жүзеге асып келе жатыр біртіндеп. Бүгін-ертең өз-өзіңізге келіп, ортаға бейімделіңіз. Жатар орын сайлаңыз. Сосын тәжірибелі дрессировщиктің қарамағына өтесіз. Бір, не бір жарым ай. Одан әрі соза алмаймыз. Цирк бағдарламасы бойынша жаңа нөмер әзірлеуге кірісесіз. Сізді цирк аренасынан көргісі келетіндер көп. Жарнама жағын бізге қалдырыңыз. Цирктің бір қабырғасына үлкейтілген суретіңіз ілінеді. Оны көргенде өзіңіз де таң-тамаша боласыз әлі.
Жолбарыс (Қасқырға қарап жұдырығын түйеді): Өлімге әкеле жатқандай, сонша алысқаны. Қабырғамды қиратып кете жаздады, оңбаған! Тепкісі мұнша қатты болар ма!
Төбет: Бізді де жетістіргені шамалы. (Қасқырды шекеден нұқып қалады) Ендігі тұрысын қарашы мүләйімсіп. Бұтына жіберіп қойған бала құсап...
Қасқыр (тісін қайрайды): Шіркін, сендермен айдалада бір кезіктірсе ғой. Сонда көрер ем мықтылықтарыңды. Бір нәрседен құр қалғандай улап-шулап, бас салдыңдар әй-шайға қаратпай. (Көкке қарап ұлиды) Дала, дала, қайран қазақтың кең жазирасы көзден бұлбұл ұшқаны ма осымен?!
Тотықұс (таңданыспен): Дала, дала, қайдағы дала! Даланың біраз бөлігі сатылып кеткен бүгінде. Сатылмағандары сатылғалы жатыр. Баяғы кең байтақ далаға енді иегің қышымасын.
Түлкі (жұртқа қарап қуақылана): Қайта Қасекеңнің бағы бар екен. Жылы орын табыла кетті аяқ астынан. Жерді жекешелендіріп алғандардың не істеп, не қойып жатқандары белгілі ғой. Өз жерінің үстінен тышқан жорғалатпайды-мыс, өзгенің малын өріске жібермейді-міс. Даладағы ұрыс-керісті жауыңның басына бермесін!
Тотықұс: Түкең дұрыс атады. Жекешеленген жер иесі қанша бір ауызы алты қарыс болса да Қасқырды қайтсін. Жерді темір қоршаумен қоршайды. Қару-жарақты да ешкімнен сұрамас. Алыстан тигізетін мылтықтың бір оғымен-ақ жайратып салар. Сосын теріңді сыпырып алады да, салақтатып іліп қояды үйдің төріне. Сәндік үшін, мақтаныш үшін, арғы жағы экзотика. Қасқырдың дәурені сонымен тәмәм.
Түлкі: Біздің ақылды патшамыз Арыстан ғой. Арекеңнің ақылын тыңдасаң қор болмайсың. Асаулықты осымен доғарыңыз. Аренадағы өмірге бейімделіңіз біртіндеп.
Сахнадағы жарық өшеді. Темір тор ішінде Қасқыр жалғыз. Мұңды музыка. Қасқырдың монологы. (Бәлкім, бұл штрих қосымша дауыспен айтылар): Қай қылығымнан таптым?! Мынадай масқараны көргенше, айдалада ажал құшқаным артық еді! Өлігімді көрсетпегенім жөн еді! «Көк бөрі, көк бөрі, жұмыр бастылар қалғып кеткенде Сен сілкіп оятуға тиістісің қалың ұйқыларынан!» деп, деп келіп, аяқ-қолымды жерге тигізбей, соншама аспандатып, аспандатып бірден сылқ етізгендерің қалай?! Мына азаптан қалай құтылуға болады? Адамдар-ау, мен цирктегі мүләйімсіген аңдар секілді біреудің қолаңса сасыған ісін иіскеп, не біреудің айтқан-тұрғанымен жүре алмаймын ғой! Ол менің қаныма сіңбеген тірлік. Және өліксенің етін әкеп қояды екен алдыңа. Өз терім сіңбеген жемтікке қайтіп аузымды арамдаймын. Ол жемтік тар тамақтан ары өте ме?! Ішкен-жегенімді қайта құсып тастадым жаңа әзірде. Бейшара болудың, бейшара қылудың сан түрлі айла-тәсілдері жетіп артылады екен ғой мына жалғанда! Бұлшық еттерім, аяқтарым өзімдікі емес секілді, бір түрлі. Тұла бойымды бір әлсіздік билеп алған. Арыстан мырза «цирктегі өмірге бейімделе беріңіз» дейді. Онысы өлімге әзірлене беріңіз дегендей естіледі маған! Екі көзің от шашып, кең далада көсіліп, барған сайын етің қызып, аузыңнан сілекейің шұбырып, аң қағатын дәуреннен айырылғаным ба шынымен?! (Көкке қарап ұлиды) Адамдар-көрермендер, жә, солай-ақ болсын, менде кімнің ала алмай жүрген өші бар. Кімнің қорасына түсіп, кімнің малын бауыздап кетіппін?! Қазір малға шабатын жүрек жұтқан қасқырлардың өздері сирексіген. Қырдағы аңшылар түгелге жуық винтовкамен қаруланған. Қораға жақындасаң сесбей қатырады. Бытыра емес, бармақ басындай жалғыз оқпен! Тиген жерін жұлып түседі. Інге кіріп, жарамды жалап жазып алармын ғой дейтін үміт келмеске кеткен! Міне, түн жамылып отырып, ант етейін, біреуге қастандық жасағаным есімде жоқ. Сүттен ақ, судан тазамын деп те ақталып жатпайын, әйтсе де тірі жанға қастандық жасамағаным әмбеге аян. Адамға қызмет жасаудың жалғыз жолы тек циркке келіп, өнер көрсету ғана ма?! Бар мәселе тек осыған тіреліп қалып па? Қасқырдың түнгі ұлуы естілмесе дала, қазақтың кең жазирасы баяғы сұлулығынан айырылар. Жын-шайтандардың мекеніне айналар. Құрт-құмырсқа қаптап кетер. Даладағы бұйығы өлі тыныштықтың өзі қорқынышты. (Тор ішінде көрерменге қарап бұрылады). Осыны еске сақтаңыздаршы, ең болмаса! Қасқырдың ұлығанына зар болып қалып жүрмеңіздер, ақыр соңында!
Сахнаға жарық түсіріледі. Аңдар өздеріне тиесілі шаруаларына көшеді. Арыстан мен Жолбарыс гүрілдеп Маймылға төтенше бұйрық беріп жатады; – Тоқ-та, олай емес, арқаннан мықтап ұста! Екі көзіңді неге көрерменнен айырмайсың! Біреудің қолына қарап, арын сатқан сор маңдай!
Ақтиін шығыршық ішінде шыр айналады. Аю қорбаңдап аренаны арлы-берлі кезіп өтеді. Ит жетектеген, ешкі жетектеген дрессировщиктер. Клоуындар бір-бірімен дөңгелек лақтырысып ойнайды. Аспанда әртүрлі қимыл жасаған акробаттар.
Тотықұс (Қасқырдың темір торының үстінде отыр): Байқаймын, кешелі-бері нәр татпадыңыз. Немене, аштық жариялап, біреулерге қыр көрсеткіңіз келе ме? Одан ұпай түгендей алмайсыз. Аштық жариялайтындарға біздің көзіміз әбден үйренген. Демократия, кім не істеймін десе де ерікті. А...а, «мені темір торға қамады, ар-ожданыма тіл тигізді, еркіндігімнен айырды» деп қолыңызға плакат ұстап, ереуілге шықпақпысыз. Шыға беріңіз. Егер одан бір нәтижеге қол жеткізсеңіз. Бізде солай, екінің бірі жұлқынып көшеге шыққыш. Көшеге шыққандардың талап-тілектері орындалса кәні! Полиция мәшинеге тоқытады да, түрмеден бір-ақ шығарады. Ел тыныштығына кесіріңді тигізгенің үшін, заңға бағынбағандығың үшін, констицуцияны сыйламағаның үшін! Жүз айлық мөлшерде айып төлейсіз. Ал бұған көнбесең...
Қасқыр тор ішіндегі тостаққа салынған тағамды аяғымен теуіп жібереді.
Тотықұс: Мұныңыз тіпті ақылға сыймайтын әрекет. Жаным ашыған соң... Әйтпесе, асып-төгіліп жатқан ақыл өзіме де керек. Аштан өлу, аштық жариялауды қазірден ұмытыңыз. Мақұл, аштық жарияладыңыз, сондағы талап-тілегіңіз не?!
Қасқыр аспанға қарап тісін ақситады.
Тотықұс (таңданыспен): Не, не дейсіз? Түк естімедім. Міне, көрдіңіз бе, тамағыңыз қарлығып, дауысыңыз шықпай қалған. Яғни, бұл әлсіреудің алғы шарты. Аштан өлсем, осы жерде жаназам шығады деп ойлама. Бойыңнан жан шықты ма тым алақай, комиссия дереу акт жасайды да бұтыңды бұтарлап, етіңді осындағыларға теңдей бөліп береді. Және Қасқырдың еті қандай таңсық бұларға. Есектің етінен зәрезап болған көпшілігі. Мәселен, Жолбарыс пен Төбет «Қасқырды айдалада арса-арсамыз шығып, жүрегіміз аузымызға тығылып, біз ұстап әкелген жоқ па едік! Сондықтан жылы-жұмсақтан бізге молырақ салыңдар» деуі әбден мүмкін. Арыстан олардың өтініштерін мінсіз орындайды. Арекең де қартайып, бұрынғы айбатынан айырылып, мүсәпір боп қалды ғой. Төңірегіндегілерді көбірек тыңдайтын боп жүр осы күндері. Ақырын берсін. Кенет Арыстанның көзі тайса, мына ортаны кім басқарарын бір құдай білсін. Өзекті жанға бір өлім. Десе де өзіме, маған Арыстанның әлі де билік жүргізе бергені тиімді. Үйренісіп қалдық дегендей. Төңірегіндегі итше ырылдасып жүрген мына өңшең топастар ертең билікке таласып, бір-біріне шоқпар ала жүгірмесе сонда көріңіз! Соларды көре, біле тұра Сіздің аштан өлгіңіз келеді. Мүлдем түсініксіз әрекет. Қасқыр деген айбынды айбарыңыз бар. Дала заңын, дала тәртібін, дала демократиясын сізден артық білетін кім бар? Тым шешенсіп кеттім бе, менікі жанашырлықтан туған сезім. Егер ертең сондай аты күн туса. Билікке таласуға Сіздің де толықтай праваңыз бар. Және аңдардың дені Сізді қолдайды. Кең далада еркін көсіліп, биліктің кір-қоқысына былғанбай, бойыңызды барынша аулақ, таза ұстағаныңыз үшін! Мені де бір жанашырым бар деп түсініңіз. (аузын басып сыбырлап сөйлейді). Мұны біреулер естіп қоймасын, тек Сізге ғана ағымнан жарылып...
Қасқыр тордың сыртындағы қалайы табақшаға құйылған асты алдыңғы екі аяғымен тырмалап, ары-арасында қыңсылап, тұмсығын тығуға әрекеттенеді.
Тотықұс: Міне, мұның ақыл. Ал мен кеттім, менің де бір басыма шаруам жетерлік. (Қанаттарын сабалап, ұша жөнеледі).
Қасқырды әдеттегідей Жолбарыс пен Төбет тордан шығарып, цирктегі аңдармен таныстырып шығады.
Төбет (сәл мұңдылау): Екеумізді бір-бірімізбен шатастырмас үшін амалым қайсы, ертеңнен бастап құлағыма сырға тығып жүремін.
Жолбарыс: Өзіңді Қасқырмен қатар қойғың келеді, ә, данышпаным! Құлағыңа сырға тақпасаң да жұрт сені шатастыра қоймас, Қасқырдың аты – Қасқыр, Төбеттің аты – Төбет.
Төбет: Біріміздің рөлімізді біріміз қайталап жүрмесек болды да!
Жолбарыс: Уәйімің күші екен.
Арыстан (дауысы ызғарлы): Сендердікі бұл не қылған таусылмайтын күбір-күбір. Кәні, бөгде сөз тоқтатылсын! Бәріңе жүктелер қатал тапсырма. Уақыттан ұтылмайық! Әлемнің күн сайын қырық құбылып жатқандығын өздерің жақсы білесіңдер. Жұрт қазір кәкір-шүкірге елеңдемейді. Сондықтан көпшілікке ұсынар әр нөмерімізден жұрт бір нәрсе алып кетулері керек үйлеріне! Әрбір қимыл-әрекет ойға құрылсын. Баяғы арзан күлкімен көрерменді алдаусырату келмеске кеткен. Қасекең қосылды ортамызға. Тың күш, ашылмаған резерьв. Біраз шаруаны Қасқырдың мойнына жүктеңдер. Жарнама жағына аянып қалмаңдар, алдыңғы планнан көрінсін Қасекең. Қасқырды цирк аренасынан көруге асыққан көрерменнің өздері болатын. Сол міндет орындалды бүгін. Түз тағысының цирктегі тірлігін көріп, ел арқа-жарқа күй кешсін. Барлығыңа іске сәт!
Қасқырдың мойнына қарғыбау кигізіледі. Бұл жолы да апай-топай қарсылық көрсетеді. Бірақ көнеді. Аюдың қорбаңдаған жүрісіне ілеседі. Маймыл қамшы сілтейді. (Қамшының суылы), Қасқыр ілгері қарай бір-екі қадам аттайды да, шоқиып отырып қалады. Жан-жағындағыларға алақ-жұлақ қарағыштайды. Жолбарыс жетіп келеді де, «тұр, отырма, Аюдың тапсырмасын орында» дегендей, қабағын суытып, ишара білдіреді. Маймыл тағы да суылдатып қамшы сілтейді. Жаңа нөмірге дайындық. Аюдың қолында кішкене таяқша. Қасқырға олай бұрыл, былай бұрыл деп тапсырма береді. Ақ күшік кішкене арбаны сүйретіп, цирк ішінде шыр айналады. Аю Қасқырдың аузына қант салады. Бірақ ол оны түкіріп тастайды. Аю жұдырығымен періп жіберетіндей, Қасқырға айбат шегеді. (Осы секілді цирк тіршілігіне қатысты қимыл-әрекеттер сан мәрте қайталанады).
Аю (бұтын талтайтып Қасқырдың алдында тұр): Өт, бұтымның арасынан!
Қасқыр: Өте алмаймын, өлтірсең де өте алмаймын!
Аю (өктем дауыспен): Өтесің! Онсыз жаңа қойылымды табиғи қалпында шығара алмаймыз. (таяқшасын арлы-берлі сілтейді) Бол, бол, сенің алдыңда талтайып тұра беретін жағдайым жоқ.
Қасқыр (қыңыраяды): Айтым ғой, өлтірсең де, өте алмаймын бұттыңның арасынан!
Аю (ақырады): Өтесің! Немене сені қарауыл қарасын деп әкелдік пе осы араға. Айтқаныма көнесің, айдауыма жүресің!
Қасқыр (табандап кері шегінеді): Жоқ, менің де ар-намысым бар! Біреудің бұтының арасы түгілі, жетегіне ерген жан емеспін. Мен түздің еркін өскен тағысымын!
Аю (мысқылдап): Өткен шақтың қияли-ертегісін қайтесің. Түз тағысы, түз тағысы! Енді сен цирк қызметкері екендігіңді ұмытпа! Өт, бұттың арасынан! Және бұл бірнеше мәрте қайталанатын құбылыс. Көп ұзамай сахнаға шығасың, түз тағысы! Жұрт қалай қабылдайды, соны байқаймыз алдымен. Зерттеу шараларын жүргіземіз. Өт!
Қасқыр (айбаттанып, Аюға жақындайды): Сен маған неге әкіреңдейсің, а?! Өткізіп қойған нең бар? Сен осы... сені бір жерден көрген секілдімін жаңылмасам.
Аю: Қайдан көруші ең, Марстан көрмесең.
Қасқыр (таңданыспен басын шайқайды): Тарбағатайдан... иә, дәл солай, көрдім Тарбағатайдың қалың орманынан... сен секілді маймақты.
Аю: Шатыспа, циркте өнер көрсетіп жатқаныма жылдан асты.
Қасқыр (тісін қайрайды): Қап, екі-үшеуіміз жабылып, жарып кетіміз керек еді со жолы!
Аю: Ол енді өкініш. Сенің көк мылжыңыңды естіп тұратын шама жоқ. Өт, бұтымның арасынан! Өтпесең буындырып өлтіремін!
Қасқыр (Аюмен иық түйістіреді): Міне, мұның ақыл. Сенің бұтыңның арасынан өткенше, өлгенім артық! Бірақ...
Аю: Не бірақ, тағы қандай арманың бар?
Қасқыр (айбаттана): Түз тағысының Аюдың сасық бұтының арасында тұншығып өлгені қандай жаман! Естір құлаққа ерсі!
Аю Қасқырды құлаштап, жақтан тартып кеп жібереді. Қасқыр да қарап қалмайды. Екеуінің арпалысы. Цирк іші азан-қазан. Айқайлаған, үсті-үстіне ысқырған дауыстар. Әттегідей Жолбарыс пен Төбет жетіп келеді де Қасқырды маңдайдан бір ұрып, екі аяғын тұсап, сүйреп ала жөнеледі. Темір тордың ауыр есігі сарт етіп, ашылып жабылады. Біраз үнсіздік. Темір торға мысық табандап Түлкі жақындайды. Қасқыр тор ішінде бүк түсіп жатыр. Ыңырсиды, ауыр-ауыр күрсінеді.
Түлкі (Қасқырдың бас жағына келіп, шоқиып отырады): Нәтіміз төрт аяқты мақұлық. Атамекеніміз – дала. Дала ұғымына сайғанда жерлеспіз. Сондықтан жаным ашиды. Өлемін, өлемін деп екіленесің. Өлімнен қашып құтылған кім бар. Мәселе, қалай өлу де ғой. Аюдың бұтының арасында тұншығып өлуді ана жаққа барғанда аллатағала кешіре қойса.
Қасқыр (дәкімен орап тастаған жаралы басын әзер көтереді): Ал, не дейсің маған?
Түлкі (темір торды бір айналып шығады): Бейімделу керек мына өмірге.
Қасқыр (дауысы өктем): Не?! Ақыл айтпаған енді сен қалып едің.
Түлкі : Бүйте берсең ақыл тыңдауға да зар боларсың. Біз де көргенбіз мұндай құқайдың талайын. Өзіңді өлімге тірілей итермелегеннен не шығады. «Мың күндік жұмақтан, бір күнгі тірлік артық».
Қасқыр (кіржиеді) : Бол, болсаңшы, басым сынып барады. Айтарыңды айт та, жоғалшы бұл маңнан. (басын шайқайды). Түңілдім бәріңнен!
Түлкі (құйрығын бұлғаңдатады): Ақысыз ақылдың құны көк тиын, әрине. Дегенмен амал қанша. Көк бөрінің қаңсырап жатқаны батады жаныма. Көзіңді ашып, қара жан-жағыңа.
Қасқыр: Иә, ашып қарады, түк көріп тұрғаным жоқ.
Түлкі: Көрмейсің, көрмейсің! Көру үшін көкіректің көзі керек.
Қасқыр : Ашып айтсаңшы, нені көруім керек?
Түлкі (қолын шошайтады): О...о, айтайын, әлгі қантөгістің басты геройы өзің ғой. Жапатармағай бәрі саған жабылды. Аюдың бұтының арасынан өтпегенің ол мәселенің бергі жағы.
Қасқыр (кеудесін тіктейді): Бергі жағы, мұны қалай түсінуге болады?
Түлкі (аха-ха-лап күледі): Түсінбейтінің көп қой, Қасеке! Жалғызды жұлмалау оңай, ал көпті жау алмайды.
Қасқыр (ышқына): Не...е!
Түлкі: Солай, бауырым, жалғыз жүріп жан баға алмайсың бұл арада. Бір топтың шашбауын көтеруге міндеттісің қалайда. Түрмеде де солай ғой. А...а, сен әлі түрмеге түсіп көрмеген екенсің ғой.
Қасқыр: Мына қоршау сол түрмеңнен бір мысқал кем болса.
Түлкі: Негізгі шаруаға көшейін. Цирктің де көзге баттиып көріне бермейтін өз заңдылығы бар.
Қасқыр: Ол қандай заңдылық?
Түлкі: Тыңда! Немене, түк сезбейтіндей екі аяғың салбырап көктен түсіп пе едің? Топ, топтық қауымдастық дегеннен хабарың бар ма? Кең далада емін-еркін сайраңдап, тамақ байдан, өлім құдайдан деп жүргенсің ғой ешнәрсе ойламай. Сол үштік біздің арамызда да мықтап тамыр жайған. Арыстан, Жолбарыс, Аю. Егер өмір сүргің келсе, осылардың біреуінің шашбауын көтеріп, жыртысын жыртасың. Бір топқа қосыласың, сол топтың жоғын жоқтайсың алдағы уақытта.
Қасқыр (таңданыспен): Қызық екен.
Түлкі: Қызық болғанда, тіпті тамаша! Бұған дейін бір топқа бүйрек бұрғаныңда әлгідей соқының астында қалмас ең. Топтың көсемі арашалап алар еді әлгідей пәледен. Жалғыз-жарым дала төсінде жортуға болар. Бұл жерде... таңдау өз еркіңде. Үш топтың басшылары әлгілер. Үшеуі де мықты. Бір-біріне алғызбайды. Және мұнымен де құтыла алмайсың.
Қасқыр: Мә, безгелдек, мынау шым-шытырық математика ғой тұрғанымен.
Түлкі: Ертең алғашқы жалақың қолға тиеді. Әрине, бірден байлықтың ортасына күмп беріп түсе қалу қайда?!
Қасқыр: Оған кімнің таласы бар?
Түлкі: Таласпайтыны – таласпайды. Сен өзің, миың шайқалып, инфарк алғаннан саумысың?
Қасқыр: Құдай сақтасын!
Түлкі: Құдай сақтамайды. Сақтандыру компаниясы да арашаға түсе алмайды. Бәріміз де сөйткенбіз. Алғашқы жалақыны шаласың құрбандыққа! Мұны мен айтты деме. Бәрін жымын білдірмей жүзеге асыр. Ебін тауып көсемнің қалтасына сүңгіт бір нәрсені.
Қасқыр: Пара, пара беру емес пе мұның аты?!
Түлкі (ашулы): Шығарма үніңді! Мұның аты – жанбағыс, білесің бе, жанбағыс! Мұнсыз күн көре алмайсың. Сол әкіреңдеген Аюға бір нәрсе жұтқызып жібергенде ғой.
Қасқыр: Немді жұтқызамын.
Түлкі: Екі-үш келі қант қосылған бал болса да...
Қасқыр (дауысын соза): Түсінікті, түсінікті.
Түлкі: Таяққа жығылып, мына қансырап жатысың да соның арқасы. Көсемдердің тамағынан бірдеме өткізіп тұрмасаң – жақсы, оң жамбасыңа келетін рөлден де құр қаласың. Жүресің сол, көрінгеннің бұтының арасынан арлы-берлі өтіп.
Сахнадағы жарық өшеді. Бір бұрыштан балауыз шамның болмашы жарығы жылтырайды. Қасқыр әдеттегідей көкке қарап ұлуын бастайды. Арлы-берлі темір тордың қабырғасына соғылып, алас ұрады. Тісімен темір тордың құлыпын тістелейді.
Қасқыр: Мына дүние не боп кеткен?! Мынадай захар иісі сасыған ортада өмір сүргенді мақсат тұтқандар сірә, естерінен ауысқан шығар. Бір күн пенде болмаймын бұл ортаға! Кісі бойы жарнамасы да өзіне, ауыз жарымас жалақысы да өзіне! Кең дала – менің мәңгілік тұрағым. Әзірге жусаннан аласа, бетекеден биік боп жүре тұрайын. Осылардың дегеніне көнейін. Жүрек жұтқандар жер астынан жүз метр тунель қазып та, түрмеден қашып шығып жатқан жоқ па?! Оның қасында шүкіршілік менікі. Сәті түскен күні терезеден бе, есіктен бе, дене сиятындай бір тесік табылар.
Төбет (бақайшағына дейін қаруланған): Бұл не айқай, ел қалың ұйқыда? Ертең қарбалас шаруа. Сен не, түннің бір уағында азан шақырып.
Қасқыр: Азан шақыратыдай әлі таң атқан жоқ.
Төбет: Таң атпаса, тыныштық сақта! Айға қарай ұлитындай, далада, қыр басында жүрген жоқсын!
Қасқыр: Әкіреңдеме!
Төбет: Ескерту жасау – менің міндетім. Айында бір келетін кезекшілігімді ың-шыңсыз атқару – парыз. Аңдардың түнгі тыныштығы бұзылса, түнгі кезекші жауапты. Бүгін менің кезегім. Күндердің күнінде түнгі кезекшілік сенің де еншіңе тиеді.
Қасқыр: Солай ма?!
Төбет: Бірақ оған дейін бір шама тер төгу, еңбек сіңіру қажет. Сенімге толық кіргенде барып, бұйырады мұндай құрмет. Түнгі кезекшілікті жан-тәнімен ұнатпайтындар да кезігеді біздің арамызда. Мәселен, Маймыл мұндай сенімді ақтамады. Түннің бір уағында албасты басып, ұйықтап қалған. Клеттегі ақ тиындарға әлдекім қастандық жасаған. Қастандықты сырттан келіп, біреу жасамайды. Ол қылмыскер де өз ішімізде. Тексеру жүргізілген. Таптырмады, енді таптырмас. Америкадағы Техас штаты секілді, бізде де еш қылмыскер құйрығын ұстатайды.
Қасқыр: Кезекшілікті дұрыс атқармаған Маймыл кінәлі емес пе бұл іске?! Ұйықтап қалатындай, не алжастырды ол сүмелекті! Қару қайда, сигнализация қайда?!
Түлкі: Маймыл сол үшін барлық атақ-абыройдан айырылды. Наградаларын біздің көзімізше сыпырып алды. Жүр қазір бейшара болып, оған тиісті дұрыс рөл де берілмейді.
Қасқыр: Бір өтініш айтсам қалай қарайсың?
Төбет (автоматының шүріппесін сипайды): Егер ол қолдан келсе...
Қасқыр: Біздің сыртқы ұқсастығымызды тірі жан жоққа шығара алмас.
Төбет: Иә, иә.
Қасқыр : Ендеше маған жәрдемдесуге тиістісің.
Төбет: Не мәселе жөнінде?
Қасқыр: Мәселен, мен де сен секілді төрт қаруымды асынып, цирк ішінде талтаңдап жүргім келеді. Сырттай қызығамын мына тұрысыңа.
Төбет: Қаруға қызыққаныңа қарағанда түбі бір шикілік болып жүрмесе...
Қасқыр: Ол қандай шикілік?
Төбет: Қару асынған күні бәрімізді қырып салмасаң жарады.
Қасқыр: Туһ, қарқынышың күшті екен.
Төбет: Ана жолғы айбат шегуің әлі есімізде. Өлтіре жаздадың ғой іштен тепкілеп. Иә, сонымен?
Қасқыр: Ер мойнындағы қыл арқан шірімес, мен де жарармын бір кәдеңе. Сол кезекшілікті жылдамдату кімнің қолында? Кім шешеді ондай жауапты тапсырманы?
Төбет: Аузыңа берікпісің. Жеп жүрген нанымыздан айырылып қалармыз қас пен көздің арасында.
Қасқыр: Одан қам жеме, егер сәті түсіп қыр басында кездессек. (Тұттыға). Бір тоқтыны байлап-матап өзім-ақ әкеп берер ем алдыңа.
Төбет (аң-таң): Не, не? Не естіп тұр саңырау болғыр құлағым! Қырда, біз екеуміз сонда қырда кездесеміз бе? Циркті тастап?! (Дауысы қаттырақ шығады, Қасқырдан арасын алшақтатады). Сенің түбің шикі, шикі! Цирк аренасымен тамыр байласқан тірі жан бұл арадан тірілей құтылмайды. Бірте-бірте жан тыныштығына да бойың үйренеді. Рақат қой мұндағы өмір! Бір шайнам ет үшін арса-арса боп, ертеден қара кешке дейін тілің салақтап жүгірмейсің. Асты уақытымен өздері әкеліп береді. Сен түбі бізді оңдырмассың! Оның үстіне қолыңа қару тисе!
Қасқыр (жәдігөй кейіпте): Кешірім ет, бір жолға. Кешегі күндер еске түсіп, ертеңді-кеш ойлайтының кең дала болған соң. Сендермен тағдырым тоғысса, аспанға секіргенде қайда барамын. Бірақ сенің мына тұрысың бар-ау, тұрғанымен сурет. Қару асынған түріңді фотоға бір басып алса. Қазір түн іші ғой, бізді кім көріп жатыр. Мына қаруларды иығыма бір асып көрсем, шіркін-ай! Бір минут, бар-жоғы бір минут!
Төбет (қабағын шытып): Түр-түсің маған мың жерден ұқсас болса да, әскери сертті бұза алмаймын. Ал, шынымен түнгі кезекшілікке құмартып тұрсаң, Жолбарыс шешеді мұндай мәселені.
Қасқыр: Жол-бар-ыс!
Төбет: Жолбарысты көрмей жүргендей, неге сонша шошындың?
Қасқыр: Жолбасысқа қайтіп жол табамын. Бірден соны айтшы.
Төбет: Онда менің шаурам қанша?
Қасқыр: Түлкі айтпақшы, тамақтан бір нәрсе өткізуім керек пе дегенім ғой. Түстік асымды түгелдей Жолбарысқа апарып берсем де.
Төбет: Ту..у найсап, Қасқыр атыңмен осынша майдаланып. (ренжігенсіп аренаның бір бұрышына қарай жылыстайды).
Әдеттегідей цирк аренасы. Әдеттегідей әртүрлі жаттығулар жасап жүрген акробаттар. От шашумен айналысқан сиқыршылар. Әртүрлі рөлге бейімделген аңдар.
Бұл жолы Қасқыр өзгерген. Жолбарыстың жалбақтап, бірде оң жағына, бірде сол жағына шығады. Құлағына әлденелерді сыбырлайды. Жолбарыстың да жүрісі марғау. Қасқыр иіліп-бүгіліп, жылағандай боп жағдайын айта түссе екен дейді.
Қасқыр: (көркерменге қарап көзін қысады): Қайтейін, тірі жанның алдында жалпақтамаған қайран басым! Түлкі айтпақшы, өмір сүрудің заңдылығына саяды мұның бәрі. Өмір сүрудің заңдылығы деп, тіршілік иесі табиғи болмысын неге өзгертеді, а?! Бүгін, бүгін Жолбарыстың келісімімен кезекшілікті қабылдап алсам, мынадай кір-қоқысқа толы дүниені желкемнің шұқыры көрсін! Неткен жиіркенішті! Жағымпаздық пен көзбояушылық жайлаған «жақсы өмірді» сіздердің еншілеріңізге қалдырдым. Осы қызықтың рақатын сіздер-ақ тамашалай беріңіздер! Кетемін кең далама! Бостандықта өткізген бір күніме татымайды цирктегі бүкіл өмір! Қош, қош!
Цирктің бір бұрышында Қасқыр Жолбарыстан түнгі кезекшілікті қабылдап алып жатады. Мойнына барлық қару-жарақты асынады. Жолбарыс арлы-берлі қолын сілтеп, төтенше тапсырмалар беріп жатады. Қараңғылық. Түн ішінде ыңырсыған аңдардың әртүрлі дыбыстары естіледі. Кенет, дабыл қағылады! Сирена! Жарқ-жұрқ еткен сәулелер. Айнала азан-қазан.
Төбет: Қасқыр қашып кетіпті терезені сындырып!
Тотықұс: Қару-жарақ орында ма?!
Жолбарыс: Бәрі түгел.
Арыстан: Адамдарға кесірін тигізбеп пе?!
Тотықұс: Қалалық төтенше жағдайлар департаментінен ондай жағымсыз ақпар түскен жоқ.
Түлкі: Қасқырдың бізге пенде болмайтындығын білгем баяғыда.
Арыстан: Қасқыр бола алмайтындығымызды мойындайық ендеше, мойындайық! Қасқыр бола алмайтындықтарыңа ақыры көздерің енді жеткен шығар.
Қосарланған дауыстар: Жолың болсын, жолың болсын, кең даланың көк бөрісі!
Шымылдық.