Махаббат шыңы
повесть
Қаладан шыққан үлкен автобустың тақтайдай тегіс жолда бір қалыпты сырғып келе жатқанына сағаттан асып барады. Осы автобустың ішінде отырған Арманның да ой жетегінен шыға алмай аласұрғанына сонша уақыт. Әбден қамап алған бітпес ойлар ұйқы берер емес. Жан-жағына көз жүгіртіп, көңілін бөлер қандай да бір көрініс іздей бастады. Бәрі де сол бұрыннан өзіне таныс, жаттанды көріністер. Қара көлеңке автобустың іші. Бірі әңгіме айтып, бірі тыңдап, бірі қалғып-мүлгіп, баз бірі тәтті ұйқыға енген жолсеріктер. Енді терезеге бұрылып, табиғатты тамашаламақ болды. Одан да көңіл демдер ғажайып көрініс көре алмады. Күздің уақыты. Аспанды қорғасын бұлт басқан. Шөптер сарғайып, қурай бастаған. Әлде бір бояушы ерінбей-жалықпай жердің бетін түгелдей сары бояумен бояп шыққандай... Табиғаттың мына сүреңсіз көрінісі жанын жадыратпақ түгіл, қайта еңсесін баса түскендей...
Аянбастан жанын сап,
Даланы біреу бояпты.
Сарымен бояп барынша,
Басқа түсті аяпты...
Көз ұшында үшбұрыш жасай тізіліп тырналар ұшып барады. Қанша алабұртып өзін-өзі ұмытып отырса да, ақын көңілінен бұл көрініс те қағыс қалмады.
Барады мұңын жыр қылып,
Тырналар көкте тізіліп.
Көңілімнің нәзік бір қылы,
Кеткендей болды үзіліп...
Соңғы жолын күбірлеп, қайталай берді. Әлденені күтетіндей. Кенет... Кенет терезе тырс етіп, әлсіз шертілгендей болды. Жалт қараған Арман іздеген жоғы табылғандай шаттанып сала берді. Мөлдіреген бір тамшы терезенің арғы бетімен баяу ғана төмен сырғып бара жатты.
Хал-жайын көріп даланың,
Кетті ме көңілі бұзылып.
Мұң торлап аспан жанарын,
Бір тамшы түсті үзіліп.
Бір тамшы түсті үзіліп...
Асып-тасқан көңіл де, алабұртқан сезім де сап басылды. Әлде бір ауыр салмақтан құтылып, бойы да жеңілдеп қалғандай. Бітпес ойдан әбден қалжыраған көңілі тынышталып, бірте-бірте ұйқы жеңе берді...
Түс көріпті. Көктем кезі екен дейді. Өзіне таныс ауылдың сырт жағындағы баудың іші. Жеміс ағаштары тегіс гүлдеген. Әр түсті әсем гүлдер көздің жауын алып өзіне еліктіре түссе, хош иісі танауын қытықтап, ішкі жан дүниесін аша түскендей. Жанында өзінің Жанары, аяулы Жанары. Бұл ауызы сөзден босамай әңгімені сапырып келеді. Жанары бұрынғыша, сол жымиған қалпы басын мұның иығына сүйей, бар зейінімен тыңдап келеді. Кенет... Кенет аспан күркіреп, жер сілкініп, аласапыран болды да кетті. Әсем бау шаң бораған далаға айналып жүре берді. Бұл Жанарын іздеп шарқ ұрды. Жанары көрінбейді. «Жанар, Жанар!»-деп айғайлап бораған шаңның ішінде жанұшыра жүгіріп келеді. Жаңа ғана тапқан аяулысын тез жоғалтып алғанына жаны ауырып, ызадан жылап та келеді. Өз дауысынан өзі шошып оянды. Автобустың іші жолаушыға лық толыпты. «Қай уақытта толып үлгерген?»
-Ағай! - Желке тұсынан шыққан нәзік үнді естіп жалт қарады. «Міне, ғажап! Жанары!? Жаңа ғана түсіңде көрген Жанары!».. Арманның жүрегі кеудесіне симай барады. Өзінен кейінгі қатардағы орындықта Жанарынан аумайтын қыз отыр. Артқы орындар да бос емес. Кілең еркек басты, әйел шашты біреулерге толыпты. Айнала көк түтін. Гитара тартып өздерінше барылдап-дарылдап өлең айтқан болады. Енді бірде:
-Ой, жігіт емессің, Едик...Екі бөтелкеңді енді қоя бер.
-Қанша шидиіп тұрса да сендей пақырға әл бертін сұлу емес секілді,-деп әлдекімді қайрай түседі.
Едик қыздың жанында отырған дударбас болса керек, достарының сөзіне намыстанды ма, қызды құшақтамақ болып өршелене түсті. Езуінде темекі, ыржалаң-ыржалаң етіп ешкімді елер емес.
Мынадай жайсыз көрініс Арманды қатты күйіндірді. Жан-жағына көз жүгіртіп барлап шықты. Қызға көмек берер ешкім жоқ секілді. Әншейінде намысшыл, қылшылдаған жас жігіттер бұғып-бұғып «ұйқыға» басқан. Өзінен көмек күтіп, жаутаңдаған қызға жалғыз да болса көмек бермек болып орнынан тұрды. Осыны ғана күтіп жатқандай «тәтті ұйқыда» жатқан жолаушылар бастарын көтерісіп алды. Арман жайлап басып дударбастың жанына келді де:
-Қарындас менің орныма отырсын, жібер, - деді ақырын ғана.
Дударбас тіпті айылын жияр емес. Арманға мүсіркей қарап:
-Ағай-ау, сізге не керек? Не айтып тұрсыз өзі? Сен кімсің, мен кіммін? Ал, бұларға әйтеуір жігіт болса болды емес пе? Шын өліп бара жатсаңыз келініз, орын табамыз,-деп өзінше «тауып айттым ба» дегендей достарына масаттана қарап қойды. Олар да мұның жауабына риза болып қарқылға басты. Қаны басына шапқан Арман не істерін білмей дағдарды.
-Қарындасым қаласа несі бар, отыруға болады. Бірақ сендей ар-ұят, ақылын араққа сатқан жігітсымақтың басқа жерге отыруына тура келеді,-деді тістене.
Дударбас нағыз шырт етпенің өзі екен, орнынан ұшып тұрған бойда аңдаусыз тұрған Арманды иектің астынан салып жіберді. Арман да сол сәт кейін шалқайып үлгерді. Дударбастың жұдырығы құлағын сүйкей, толқынды шашын желп еткізіп өте шықты. Бұл қызық елірген достарды тағы бір желпінтіп тастады.
-Ұрсайшы тағы!.. Танитын болсын...
-Өй, нағып тұрсың? Сескеніп қалдың ба? Атағың қайда?-деп дударбасты қайрай түседі.
Арман енді қалай да бір шатақтың боларын сезді. Жасы отыздан асып барады. Басқалар секілді үндеместен «ұйықтай беруге» де болар еді, оған намысы жібермеді.
-Жігітім, шын төбелескің келсе автобусты тоқтат. Мына жер тар, біреу-міреу жазым болып жүрер,-деді дударбасқа қарап тістене.
Дударбас Арманның сөзін де, өзін де елер емес.
-Ағай-ау, сіз не деп тұрсыз?! «Палуанға оң-солы бір»-дегенді естімеп пе едіңіз? Мына мен үшін кең жерің де, тар жерің де бәрібір. Галстугің бар ағайсың ғой, саған төбелес не керек? Балалардың ісін балаларға қалдырып, өз жайыңа жүргенің жөн болар еді,-деп қызға қайта ұмтылды.
Сөзден еш нәрсе шықпасын, ендігі тұрыстың жөні жоқ екенін білген Арман дударбастың иығынан бүре ұстап өзіне жұлқи тартып қалды:
-Қарындасты жібер. Әлі де болса жай сөзге құлақ ас. Әйтпесе...
Арманның тегеуріні қатты болды ма, әлде басқадай шешімге келді ме, жаңа ғана еліріп тұрған дударбас аяқ астынан жуасып сала берді.
-Ой, ағай-ай, қоймадыңыз ғой... Тіпті өліп бара жатсаңыз отыра қойыңыз. Ағайларды сыйламайтын алаңғасарың біз емеспіз,- деп достарының қатарына жайғасты.
Арман дударбастың мына қылығы тегін емес екенін білсе де, керістің тыныш аяқталғанына қуанды. Аз ойланып тұрды да, оған ерегіскендей қыздың жанына келіп отырды.
Таныса келе Жанарына ұқсас қыздың есімі де Жанар екенін, «Қоғалыда» тұратынын білді. Сол сол-ақ екен, өзге дүниені тегіс ұмытып, тағы да бітпес ойдың жетегінде кете барды... Қалың ойдың құшағынан шыға алмай отырып «Қоғалыға» қалай жеткенін де білмей қалыпты. Автобустан түскен соң көңіліне әлдебір күдік еніп, Жанарды үйіне дейін апарып салуға бекінді...
Күн ұясына батып, айналаны қараңғылық тұмшалай бастаған. Жанардың әңгімесін тыңдап, өзі де әңгіме айтып келе жатқанымен, Арманның көз алдынан дударбас пен оның серіктерінің жүзі кетпей қойды. Әлсін-әлсін Жанарға байқатпай артына қарап қояды. Бірақ, бұл күткендей олар арт жақтан емес, алдарынан кесе-көлденең жолықты.Үлкен бақтың жанынан өте бергендері сол, қарсы алдарынан әлденеге таласа даудырласып дударбас пен екі серігі шыға келді.
-О-о, ағай, бұл тағы сіз бе? Бұлай кездесерміз деп ойламап едім. -Дударбас мысқылдай күліп, Жанарға жақындай берді. -Тағы ескертемін, галстукті ағайсыз ғой, сондықтан балалардың ісін балаларға қалдырып, басыңыздың аманында тайып тұруыңызды сұранамын. Беделіңізге де, қызметіңізге де нұқсан келмейді.
Арман дударбастың алдын кес-кестеді:
-Жігіттер,бұларың не? Бәріңнің де осындай нәзік жанды, әлсіз қарындастарың бар емес пе? «Бөріктінің намысы бір»-дегендей, қызды босатып өзіміз сөйлесейік...
-Жоқ, ағасы, керісінше, сіз боссыз. Біз қызбен сөйлесеміз. ЬІржалаңдай Жанардың білегінен ұстай берген дударбастың қолын Арман шалт қимылдап қағып жіберді.
-Жоқ, оларың бола қоймас. Сендердей боқмұрыннан қорқып адамдық, азаматтық қасиетімді таптай алмаспын, -деді тістене. Дір-дір етіп қорғаныш тілеген көжекше бауырына кіре түскен қызды бір қолымен құшақтай, кейін шегіне берді.
-Арман аға, керегі жоқ. Ілініспеңіз. Бұлар сізді аямайды,-деп шырылдаған қызды жұбата:
-Жанар, қорықпай-ақ қой, есемді жібере қоймаспын,-деді Арман.
Біраз аңдысқаннан кейін дударбастың екі серігі қатар ұмтылды. Арман да қарсы атылып, екі қолын тез-тез сілтеп қалды. Екеуінің қатар ұмтылғаны өзіне өте қолайлы болғанын, екі алақанының қыры екеуінің желкесіне тигенін сезді. Дударбасты күтіп дереу қорғанысқа көше қойды. Екі досының көзді ашып-жұмғанша сұлап түскенін көрген дударбас не істерін білмей дағдарып тұрды да, жылыстап кейін шегіне берді. Біраздан кейін сүйретіле орнынан тұрған екеуі де Арманға жалтақ-жалтақ қарап, дударбасқа қосылып, қараңғылық құшағына еніп жоқ, болды.
Арман Жанарды үйіне әкеліп салған соң қонақ үйге кетпек болып еді:
-Арман аға, мұныңыз қалай? Түннің ішінде қайда бармақсыз? Туған ағамдай болып келіп, бөтен адамдай үйге кірмей кеткеніңізді естісе әке-шешем ренжиді ғой,-деп қыз қарсылық білдірді.
Бұлар үйге кіргенде, үй іші кешкі тамаққа енді отырып жатыр екен. Көптен көрмеген қыздарына сағына көріскен әке-шешесі Арманды да бөтенсімей ыстық ықыласпен қарсы алды:
-Жоғары шық, айналайын. Ұялма, өз үйіндей көр,-десіп бәйек болып жатыр.
Көп өтпей-ақ буы бұрқырап тамақ келді. Жанардың әкесі Арманның аты-жөнін, руын, мекен-тұрағын біраз қазбалап сұрап алып, өз отбасын таныстыра бастады. Әңгіме барысына қарағанда Жанары жалғыз қызы-еркесі екен. Алматыда оқып жатқан көрінеді. Құдай қаласа келер күзде бітірмек. Аралары бір-екі жастан үш қара домалақтары бар екен, олар тамаққа қарамай ерте ұйықтап қалыпты. Шай ішіліп, тамақ желініп болған соң, Жанардың әкесі бата қайырып, дастархан жиылды. Арманға төсек ең түкпіргі кең бөлмеге салыныпты. Әбден жол соқты болып шаршағандікі ме, демде үйқы жеңіп, кірпігі айқаса берді..
Түс көріпті... Жанында өзінің сүйікті Жанары. Баудың іші ме, әлде дала ма, өйтеуір айналасы гүлге бөленген. Кенет, Жанары бүгінгі Жанарға айналып кетіпті. Енді бірде дауыл тұрып, бораған шаңның арасынан сақылдай күліп дударбас шыға келіпті. Жалаңдаған қанжарын Жанарға кезей жақындап келеді... «Жанар, Жанар!»- деп айғайлап жатып өз даусынан өзі шошып оянды. Жалма-жан басын көтеріп, айнала шолып шықты. Абырой болғанда, даусын ешкім естімеген секілді. Орнынан атып тұрып, тез киініп алды.
Таңертеңгі шайдан соң рахметін айтып орнынан тұра берген Арманға Жанардың апасы:
-Балам, мұсылман баласымыз ғой. Қонақ үй деп әуре болмай үйге-ақ жата бер. Бөлме жетеді,-деді аналық қамқор үнмен.
-Рахмет апа, рахмет,-деді Арман толқи сөйлеп,- Егер қонақ үйдің реті келмесе, «Көрген жерде ауыл бар»-дегендей келіп те қалармын...
– Сөйт, қарағым, сөйт. Сол қонақ үй дегенге әуре болмай-ақ қой тегі.. Сонан соң.. сонан соң Жанаржанға қысылтаяң кезде қол ұшын беріпсің. Жақсылығың Құдайдан қайтсын айналайын.-Жанардың апасы кемсеңдеп келіп Арманның маңдайынан сүйді.-Алдында ағасы жоқ, інісі болса...
- Ту-у, апа, қойыңызшы енді. Арман аға жұмысынан қалып қоятын болды ғой,-деді Жанар апасын еркелей құшақтап.
- Ойбу, айналайын, ол менің есімнен шығып кетіпті ғой.-Жанардың апасы далбырақтап қалды.-Бар қызым, апарып сал ағанды. Мен кешке тамақ асып қояйын. Кеше асығыс болып...
Жанар Арманды жұмыс орнына әкеліп салғаннан кейін:
-Ал, аға, қайтарда адасып кетпейсіз бе? Егер адасып кетем десеңіз осы бастан маған «кел» деп айтып қойыңыз,-деді әзіл-шыны аралас.
-Жанар, мен... Ыңғайсыз ғой... Қонақ үйге-ақ....
-Арман аға, енді.. оны өз қалауыңыз біледі. Дегенмен, кешке келіп үйден дәм татпасаңыз, апам мен көкем ренжиді,-деп Жанар Арманның сөзін бөліп жіберді.-Егер келетін болсаңыз, өзім келіп алып кетемін.
Демде балаша бұртия қалған Жанарға Арман қалай бас изегенін де білмей қалды.
-Барамын, Жанар, қалай да барамын. Мен... мен ондай ықыластан қалай бас тартпақпын?.. Бірақ, кешке...
-Бірақ, кешке өзім келіп алып кетемін, солай ғой, Арман аға, ия?
Лезде шаттанып, жарқылдап шыға келген Жанарға Арман: «Кешке қонақ үйге барамын» деп айта алмады.
Арман түскі үзілісті пайдаланып, қонақ үйден өзіне орын алып қойды. Содан ба, жұмысқа да белсене кірісіп, тез аяқтап тастады. Тысқа шығып, баспалдақтан түсе бергені сол:
-Тух, тура келіппін-ау!- деп алқына Жанар да жетті.
Сәл болмағанда қонақ үйге тартып кетпек болған Арманның есіне уәде бергені енді түсіп, қызарақтап сағатына қарағыштай берді.
-Ә, ә, менің неге ертерек келгеніме таң қалып тұрсыз ба?-деді Жанар сынғырлай күліп.-Үйге сыймай ішім пысып кетті. Оның үстіне ертерек бар деп апам да қоймады.
Бұлар үйге кіргенде тамақ та түсіріліп жатыр екен.
-Келдіңдер ме, айналайындар! Ал, жоғры шыға беріңдер,- деп Жанардың апасы тағы да бәйек болып жатыр.- Әй, Құрмаш, қолға су құй. Оны күтпестен өзі тысқа шығып кетті.
-Апаларың осы. Үйт-бүйт деп айтуын айтқанмен, соңын күтпестен өзі жүгіріп кетеді. Сонан соң біз де: «Е, ақыры өзі айтады, өзі істейді, қосарланып неміз бар» деп тырп ете қоймаймыз,-деп Жанардың әкесі қулана күліп қойды.
Шынында қолға суды Жанардың апасының өзі құйды. Беті еттен көрінбейтін үлкен леген де ортадан орын алды. Отағасы буы бұрқыраған етті қиялай турап отырып, ара-арасында әңгіме де айтып, жұртты күлдіріп қояды:
- Осы жақында ғана... осылай кешкі тамақты алдымызға енді ала бергенімізде, мына Құрмаш тентектің: -Жанар әпкем келе жатыр-деп ентіге жүгіріп кірмесі бар ма. Мұндайда иба сақтап, тыныш отыра берер шешең бе, сорпа толы кесені Бегалы атаңа бере бергені сол, ақтарылды да қалды. Ал, бұл батыр болса, төгілген сорпаны сүртіп, қайнағасынан кешірім сұрауға да тағат қылмай, «қайда? кәні?»-деп есікке ұмтылды. Екпінімен есікті ашып тысқа шыға бергені сол, айғай-шу болды да кетті.
-Әй, әкесі-ай, сен де... тамақтың үстінде...-Жанардың апасы әжептеуір қысылып калды. Сыры кетсе де сыны кетпеген әжімді, қызыл шырайлы жүзі одан сайын қызарып сала берді.
Отағасы тоқтар емес. Күлкімен алыса отырып, әңгімесін аяқтап шықты:
-Алдымен, қасының үсті торсиып шешең, артынша келінін қарғап-сілеп бір жақ көзі жұмылып, ісіп кеткен Әйкен әжең кірді. Істің мән-жайына қаныққан Бекең екеуіміз ал кеп күлейік. Сөйтсек, Құрмаш тентек алдаған екен. Осылай бұл батыр бір күнде қайнағасын күйдіріп қоя жаздаса, шалын іздеп келе жатқан абысынын баспен соғып өлтіріп қоя жаздаған.
Әдептілік сақтап, өзін-өзі тежемек болған Арман ішін басып күліп жатқан Жанарды көргенде, күлкі тізгініне ие бола алмай қалды.
Арманға бұл күнгі жұмыс уақыты ұзаққа созылып кеткендей көрінді. Кешке жұмыстан шыққан соң тіке қонақ үйге тартты. Өз бөлмесінің есігін аша берді де, ойына әлдене түскендей қалт тұрып қалды. Сонан соң есікті қайта кілттеп, бұрылып ап Жанардың үйіне қарай жүріп кетті.
Арман келгенде үйде Жанар мен кенже інісі Жұмаш отыр екен. Жанар әлденеге кінәлі жандай орнынан тұра берді:
-Арман аға, мен мынау... үйден шыға алмай... Апам мен көкем қонаққа кетіп еді...
-Оқасы жоқ, Жанар, сен тағы да келіп әуре болады ма деп...Қайта жақсы болды. Мен енді конақ үйге...- деп келе жатқан Арманның сөзін Жанар бөліп жіберді:
-Жоқ, Арман аға, сіз бүгін осында болыңыз. Ал, қонақ үйге кететін болсаңыз Жұмаш екеуіміз де бірге барамыз.
-Жарайды, Жанар. Мен былай.. үйде адам болмаған соң.. ыңғайсызданып...
-Мен ше, Арман аға? Жұмаш ше? Бізді адам қатарына қоспағаныңыз ба?-Қулана күлген Жанар Арманға сынай қарады.
Өзі қысылып тұрған Арманның мандайынан шып-шып тер шығып, аққұба жүзі тіптен қызарып кетті.
-Кешір, Жанар, мен.. мен олай емес.. Үйде үлкен кісілердің жоғын айтайын деп едім.
Бір нәрсе айтпақ болған Жанарға: -Жарайды, Жанар, жарайды. Еңді сен кет десең де кетпеймін,-деді күліп.
–О-о, міне, енді ғана көңілім жайланды, Арман аға,-деді Жанар шын риза көңілмен.
Тамақ желініп болған соң, Жанар ыдыс-аяқты жумақ болып асханаға шығып кетті. Тысқа шығып қол шайып келген Арман құс жастықты шынтағына басып, жантая жатып альбом қарай бастады. Алғашқы альбомның бірінші бетін ашқаны сол, таныс та аяулы бейне көзіне оттай басылды. «Жанар! Құдай-ау, мынау Жанары ғой...» Ішін әлде не аямай тілгілеп өткендей болды. Оқушы кезіндегі суретінен көз алмай отырып, жанына Жанардың өзі келіп тұрғанын да байқамапты. Өзіне қарап жымиып тұрған Жанарды енді ғана көріп, дереу келесі бетті аша қойды.
Жанар Арманға қырындау отырып, қолына бір альбомды алды. Әр жерінен бір қарап отырды да:
-Арман аға , сізден бір нәрсе сұрасам ба деп едім... Егер сіз ренжімесеңіз,-деді бәсең үнмен.
-Сұра, Жанар. Неге ренжимін...
-Онда... сіздің кеше азанда «Жанар, Жанар!» деп шақырып жүргеніңіз кім? Әрине, мен емес екенімді білемін. Сонда да... Бірақ, кешегі шақырған даусыңызды апам естіп қойыпты. Маған сені шақырып жатыр дейді. Сіздің түс көріп жатқаныңызды білмесе керек...
Мұндай сөз айтылар деп күтпеген Арман не дерін білмей, демде аққұба жүзі күреңтіп шыға келді.
-Кешіріңіз, Арман аға. Мен... мен... былай... Тегі мен сондай жанмын, қазбалап білмей қоймайтын...-Өзін-өзі жазғырғандай Жанар жүзін төмен сала берді.
-Жоқ, жоқ, Жанар. Бәрі де орынды, бәрі де дұрыс,-деп Арман тіктеліп отырды. -Мен түсімде сені көрдім десем де сен сенер едің. Бірақ... Жарайды, егер сен тыңдайтын болсаң айтып берейін барлық сырымды. Сенің маған деген сенімің арта түсу үшін, менің кейбір оқыс мінездерімді дұрыс түсінуің үшін.-Арман екпіндей сөйлеп барып басылды.
-Өзіңіз біліңіз, Арман аға. Тыңдаудан мен жалыға қоймаспын,-деді Жанар тындауға құштарлығын білдіре.
-Ия, Жанар, қалай деп айтуға болады. Бұл менің жан баласына айтпаған құпия сырым еді. Тегі, бүкіл қайғы-қасірет те, қуаныш-шаттық та, адамның ішіне сия береді екен. Мына мен де қуаныш пен қайғының дәмін бірдей татқан жанның бірімін,-деп бастады Арман әңгімесін.
-Әрбір күні ойын-күлкімен өтер, әрбір түні алаңсыз тәтті ұйқымен өтер сәбилікпен қоштастық. Ұрысып-керісіп, артынан келісіп жүріп мектепті де бітіргенімізді білмей қалыппыз. Ара-тұра аудандық газетте бірді-екілі өлеңдерім де басылып тұратын. Соған арқа сүйеп құжаттарымды ҚАЗГУ-дің Журналистика факультетіне тапсырдым. Әбден-ақ дайындалып барып едім, бірақ «нәсіп болмады ма» емтиханның бәрінен өтіп, іріктеуден сүріндім.
Ауылға келген соң әрі ойланып, бері ойланып, шопан ағама көмекші болып қой бағуға бекіндім. Ағам мені шын қуана қарсы алды. Осылайша бір күннің ішінде шопан болып шыға келдім.
Ертелі-кеш қой соңындамын. Отарды беттетіп жіберемін де, атымды тұсай сала, кітап оқуға кірісемін. Енді бірде қалам-дәптерімді алып бұрқыратып жазып жатамын. Ел-жер көрген соң ба, әлде табиғаттың барлық сырларын өз көзіммен көріп, құлағыммен тыңдаған соң ба, өлеңді де көп құрастыратын болдым. Жазған шумақтарым да бұрынғыларыма қарағанда әсерлі, әсем де көрінетін. Өзімді-өзім сынап көрмек болып біраз өлеңімді облыстық газетке салып жібердім. Көп ұзамай екі-үш өлеңім басылып, көңілімді бір көтеріп тастады. Содан бастап өзіме-өзімнің көңілім толып дегендей, достарыма жолыққым келді. Әке-шешемді де сағындым. Осылай олқы-толқы күйде жүріп қысты өткіздім. Көктем келіп, төл қораға көштік. Мал төлдей бастады. Мұндай қауырт шақта ауылға барамын деу тіптен орынсыз еді... Ақыры ағамның өзі рұқсат берген соң еш кідірместен ауылға тартып кеттім.
Мамыр мерекесін сыныптас достарыммен бірге өткіздім. Шіркін! Сол күнгі достарымның арасында алғаш рет ұяла, қысыла отырып, бойым үйренген соң кәнігі ақындарша екпіндей өлең оқығаным есімнен бүгінге дейін кетер емес. Достарымның сол күнгі айтқан «ақын екенсің» деген бір ауыз сөздерінен кеңістікте қалықтап тұрғандай күй кешіп едім. -Арман сол кезді көз алдына елестеткендей сәл-сәл жымиып қойды. -Ия, айтпақшы, мен келерден төрт-бес күн бұрын «Қарасай» деген жерде тұратын әпкем жанұясымен келіп, менің тырнақалдыма құтты болсын айтып, ауылына шақырып кетіпті. Әбден сағынған екенмін, айналшықтап достарымның арасынан шыға алмай біраз күн жүрдім. Жеңіс күні қарсаңында ғана жолға шықтым.
Автобус «Қарасайды» бетке алып зулап келеді. Менің де ой-қиялым автобустың жылдамдығынан қалысар емес. Канша ер жетіп, азамат болып қалсам да, жан-жағыма қарап мақтанғым келетін секілді. Мені автобустағы отырғандардың бәрі де танитын сияқты... Осылай армандап, ой-қиялға беріліп отырып, әпкемнің ауылына қалай жеткенімді де білмей қалыппын.
Жұртпен бірге таласа-тармаса түсуін түссем де, қалай қарай жүрерімді білмей алақтап тұрып қалдым. «Карасайға» бірінші рет келуім еді. Жеңіс мерекесінің алды. Ығы-жығы халық. Төс қалтамнан әпкемнің мекен-жайы жазылып, үйіне баратын жолдың сызбасы көрсетілген парақты алып қарай бергенім сол, қағаз қолымнан түсіп кетіп, желмен ұша жөнелді. Қағаздан айрылсам, жағдайымның қиынға айналатынын біліп, оны тезірек ұстап қалуға асықтым. Қуып жетіп «ұстадым-ау» деп еңкейе бергенімде, оны менен бұрын бір бала іліп әкеткені.
-Бауырым, бұл қағаз мен үшін өте керек еді. Саған рахмет!-деп қағазға қолымды соза бердім.
Сәл шегініп кетіп қағазды тез шолып шыққан әлгі бала жүзіме аңтарыла қарап қалды:
-Арман! Бұл сіз бе?
Соған дейін бар зейінім қағазда болып, оған зер саламған екенмін. Сыңғырлаған нәзік үнін естіп жалт қарадым. Алдымда ер балаша киініп алған жас қыз тұр. Қыздарға тән дөңгелек жүзі, аялы бота көзі, сәл қусырыла біткен қыр мұрыны, әсем еріні, жұмыр иегі, ең бастысы жұқа көйлекті керіңкіреп тұрған көкірегі болмаса, басына қалпағын бастыра киіп алған қаланың жалбыр шашты баласынан аумайды.
-Сәлемәтсыз ба, Арман. Сіз екеніңізді білмей қалдым, кешіріңіз,-деген ол аққұба, балаң жүзі алаулап, қағазды маған ұсына берді. Өзін танымай, танданып тұрғанымды біле қойғандай қолын ұсынды:
-Жанар.
-Арман.
Мен де әбден күнге күйіп, қоңырқай тартқан қолымды қысыла-қымтырыла ұсындым.
-Сіз мені танымай тұрған шығарсыз. Ал, мен сізді жақсы танимын. Жәмила жеңешемнің ақын інісісіз ғой. Суреті мен өлеңдері облыстық газеттерден түспейтін сіз секілді мықты ақынды білмесек, кім болғанымыз. Жанар «ақын» деген сөзді баса айтқандай болды.-Сізді келеді деп бірінші мамырдан бері тағатсыз күтіп жүр еді. Жәмила жеңешемнен сүйіншіні өзім алатын болдым,-деп Жанар қолымнан батыл ұстап, жетелей жөнелді. Әдепкіде ұялып, қысылғандай едім, біраздан кейін Жанардың өзіне де, әзіліне де бойым үйреніп, әңгімеге араласып кеттім.
Әпкемнің үйі автостанциядан едеуір қашық жерде екен. Көк дарбазалы үлкен үйдің алдына тақай бергенімізде, Жанар мені қалдырып жүгіре жөнелді.
- Аға, жеңеше, сүйінші! Арман келді!-деп айғайлай көк дарбазаға еніп кетті. Сүріне қабына үйден шыққан әпкем мен жездем мені әбден сағынып-ақ қалыпты. Кезек-кезек құшақтап, өбектеп асты-үстіме түсіп жатыр.
Үйге кіріп төрге жайғасқан соң байқасам, Жанар көрінбейді. Көңілім құлазып сала берді.
-Жанар қайда кеткен? Кетіп қалған ба? Мұнысы несі ол қыздың?-деп әпкем де Жанарды енді іздеп жатыр. Жанардың жездеме алыстан келіп қосылатын қарындастығы да бар екенін сөз арасында айтып қалды.Түскі тамақ желініп, дастархан жиылып, ортақ әңгімеге көше бергенімізде, есік ашылып Жанар кіріп келді. Әдепкіде танымай қалдым. Алдымда қаланың қалпақ киген баласы емес, қолаң шашы иығына төгілген нағыз ару қыз тұр. Жүзі бал-бұл, өзі гүл-гүл жайнап кетіпті.
-Әй, қыз, сенің мұның қалай? Ағаңды әкеп тастай сап, өзіңнің кетіп қалғаның не?-деп әпкем Жанарға ренжіген болып жатыр. Жанар тіпті қынжылар емес:
–Ары күттім, бері күттім. Жас балаша құшақтарыңыздан шығар түрі жоқ. Сонан соң мен де атам мен әжемді сағынып кетіп үйге тарттым-деп жеңіл әзілмен түйреп өтті. Жанар кіргелі көңілденіп сала берген мен де:
-Жанар-ау, менің әпкем мен жездемді көрмегеніме бес-алты жылдан асып кетті, Ал, сенің үйден шықпай жатып атаң мен әжеңді сағынып қалғаның қалай? –дедім, өз сөзінен ұстамақ болып.
-Қанша сағынсам да, атам мен әжемнің құшағында сіз секілді ұзақ тұрмаппын-ғой, сізді көрген соң қызығып кеттім білем...-деп Жанар да ұстатар емес. Біраздан соң әзіл-қалжыңды қойып шын сөзге көшті. Маған ауылды аралатып, достарына таныстырмақ болып келгенін айтып, үйден рұхсат сұрады.
Ауылдың басты-басты біраз жерлерін аралағаннан кейін Жанар маған қиыла қарап:
-Арман, бағана айтып едім ғой... Сізді достарыммен таныстырсам ба деп... Бәрі де сізді жақсы таниды. Егер шаршамасаңыз, сонда барайық,-деді.
Мен қапелімде не деп жауап берерімді білмей қалдым.
-Ыңғайсыз ғой, Жанар. Сен әдейілеп таныстыратындай белгілі адам емеспін. Оның үстіне.. онда барған соң өлең оқы деп...
-Арман, неге олай дейсіз?-Жанар сөзімді бөліп жіберді. -Өлең оқырсыз, оқымассыз, ол өз қалауыңызда. Бірақ көппен танысқанға несіне ұяласыз? Сізді «Қонақ қойдан жуас» дегендей ертіп жүре беруіме де болар еді... Бірақ...-Жанар күмілжи кідіріп қалды да:-Дегенмен, келешек атақты ақын боламын десеңіз, осы бастан көпке үйрене беріңіз-деді, күліп.
Артықтау сөйлеп кеткенімді сонда ғана біліп:
-Кешір, Жанар. Мен артықтау кетіппін. Егер сен бастаушым болсаң, көзімді жұмып ердім соңыңнан-дедім.
-Е, бәсе, -Жанар демде жарқылдап шыға келді. -Қане, онда, бар жылдамдықпен алға! —деп қолымнан жетелеп жүгіре жөнелді.
Ашық терезелерінен әуезді әсем әуен төгіліп, шамы жарқырап тұрған үлкен үйге жетіп бір-ақ тоқтадық. Жанар әлденеге кінәлі жандай төмен қарап тұрып:
-Арман, алдын-ала айтпағаныма ренжімеңіз. Бүгін бір құрбымның туған күні еді. Бұл сол қыздың үйі. Ендігі тосып отырған шығар,-деді.
-Жанар-ау, оны неге ертерек айтпадың? Тым болмаса екеулеп бір нәрсе ұйымдастыратын едік қой,-дедім аптыға.
-Жоқ, Арман, оншалықты сіз айтқандай емес. Гүлнұрдың туған күні әлі кейінірек... Бірақ біз бүгін өткізуді ұйғардық. «Екі қоянды бір оқпен атып» дегендей...Ұлдардың мейрамы. Оның үстіне сіз келіп қалған соң... Біз сыйлықты кейін-ақ бере жатармыз, ал сіз... туған күніне арнап бір өлең оқып берсеңіз, Гүлнұр үшін одан артық сыйлық бола қоймас,-деді Жанар күліп.
Біз үйге кіргенде барлық сыныптастар жиылып, Жанар екеуімізді тосып отыр екен. Қуанғандарын жасыра алмай, дабырласып орындарынан тұра берді:
- Ой, Жанар, келгендерің қандай жақсы болды. Мен келмейтін шығар деп қорқып едім,-деп сұңғақ бойлы, ақсары қыз бізге жақындай берді.
-Гүлнұр, туған күніңмен!- Жанар әлгі қызды құшақтап бетінен сүйді.
Кеш иесінің осы кыз екенін біліп, мен де Гүлнұрдың қолын қысып, туған күнімен құттықтадым. Үш-төрт баламен ғана амандасып үлгердім. Басқарушы болу керек, балалардың біреуі:
-Жігіттер, қыздар! Бүгінгі құрметті қонағымызды сіздерге таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Өйткені, ақын Арманның өлеңін ғана емес, суреті мен өмір-баянын да газет бетінен жиі көріп жүрсіздер. Ал, қазір дастарханға жайғасуларыңызды сұраймын. -деді дауыстап. Өзі ортаға шығып, қыздар мен балаларды орналастырып отырғыза бастады. -Қонаққа төрден орын беріңдер. Бір жағына өзін бізге таныстыруда зор еңбегі бар Жанар, бір жағына осылай бас қосуымызға себепкер болған Гүлнұр отырсын.-Басқарушы сөйлей жүріп мені қақ төрге отырғызып, бір жағыма Жанарды, бір жағыма Гүлнұрды отырғызды.- Ал, Гүлнұрдан кейін ешкім отырмайды.
-Е, неге? Неге отырмайды?
-Сенің отыруға қолың тимейді ғой, Аян. Одан да мен отыра берейін. Бас-көз болам ғой...
-Гүлнұрға да, Жанарға да сонда қонақ жігіт қызмет көрсете ме? Ыңғайсыз ғой... Тәуекел мен отырайын...
-Өзінің туған күнінде өзін жалғыз қалдырғанымыз келіспес. Әлі де ойлан, Аян. Мүмкін мен отырармын...
Осылайша, ә дегеннен-ақ отырыс ойын-күлкі, қалжыңмен қызықты басталды. Буы бұрқырап шай мен тамақ келді. Бір бала шампан шөлмегі салынған жайпақ ыдысты көтеріп, есіктен сөйлей кірді:
-Біз де енді, Құдай қаласа дейін, кәмелетке толдық қой. Оның үстіне бір күнде қос мереке қатар келген мынадай керемет кеште бізге ешкім де «мұның не» дей қоймас,-деп қолындағы ыдысты дастарханға қоя берді. Басқарушы-Аян шампан шөлмегін қолына алып, салмақтағандай біраз отырды.
- Ия, Кәрім дұрыс айтады. Бүгінгі күн біз үшін өте ғажап күн болды. Себебі, бүгін ең бастысы Ұлы Жеңіс күні. Екінші осындай Жеңіс күні Гүлнұр секілді дүниедегі ең тамаша қыз дүниеге келіпті. Үшінші, Гүлнұрдың қуанышына сонау алыстан тау-тас асып, ат терлетіп ақын Арман келіпті. Егер, сіздер рұхсат етсеңіздер мен мына аққайнарды осындай керемет күн үшін ашамын. –«Тарс» ете түскен дыбыспен сатырлаған шапалақ дауысы қатар шығып, кеселерге ақ көбігі көпірген шампан құйылып жатты. Бәрімізге шампан толы кесе таратылып болған соң Аян сөз алды:
-Барлығыңызға құйылып болса, былай етейік.Үлкендерше айтқанда алғашқы тостың кезегін, жаңа айттым ғой, сонау алыстан келіп, енді біздің қуанышымызға ортақ болып отырған Арманға берейік. Кім екенін мен айтпай-ақ газеттен жақсы білулеріңіз керек,-деді кәнігі үлкендерше салмақтай сөйлеп.
Алғашқы тосты бірден маған береді деп ойламап едім. Терлеп-тепшіп отырып тілек айтқандай болдым:
-Қадірлі достар! Біріншіден, қонақ деп сыйлап, алғашқы тосты маған бергендеріңіз үшін шын жүректен рахмет айтамын. Екіншіден, Аян айтқандай мынадай ғажап күнде сіздермен бірге отырғаныма өте қуаныштымын. Үшіншіден, дүниедегі ең тамаша қыз-Гүлнұрға айтар тілегім: Оқуды ойдағыдай аяқтап, өзі қалаған мамандықтың иесі болсын. Әрбір атқан таңы қуаныш -шаттық әкелсін. Сол секілді осында отырған баршаңызды да бүгінгі Ұлы Жеңіс мерекесі күнімен құттықтаймын! Оқуды ойдағыдай бітіріп, одан әрі де сапарларыңыз сәтті бола беруіне тілектеспін!-Аян бастап, барлығы қолқалап, ренжігендей кейіп танытқан соң, алғаш рет кесе толы шампанды жарым-жартылай болса да ішуіме тура келді. Отырғандар ду қол шапалақтай ізет білдіріп, кеселерін қолына ала бастады.
Ойламаған жерден Аян:
-Арман, сіздер жақта қандай екенін білмеймін, бізде тілегін айтып болған соң өнерін де көрсететін дәстүр бар. Сіз де соны... былай...-деп сөзінің соңын әдейі жұтып қойды. Табан астында не дерімді білмей дағдарып қалдым. Мені бұл қиындықтан Жанар құтқарды:
-Ау, жолдастар! Бұларың қалай? «Қонақ қойдан жуас, май берсең де жей береді» дегендерің бе? Сол дәстүріміз бойынша қонаққа алдымен өзіміз «ауылдың алтыауызын» айтып бермеуші ме едік? Аян, сен өзің айт алдымен «ауылдың алтыауызын». Арман да қарап қалмас,- деді Аянға күле қарап.
Отырғандар да Жанарды қостап дабырласып кетті:
-Расында, Жанар дұрыс айтады. Қыздарды тыңдау керек. Дәстүрді бұзбау керек. Алдымен өзің айт, «ауылдың алты ауызын».
-Әй асаба, асаба, мұндай қулық жасама...
-Жанар тұрғанда, Арманды жамбасқа түсіре алмассың.
-Әй, Жанар-ай, Жанар-ай! Айдаладағы бір жігіттің алдында өз парталасыңды құрбанға шалып жібердің-ау,- деп қайта-қайта басын шайқаған Аян қолына домыра алды. Ойын-тойда жиі айтылып жүрген бір әннің екі-үш шумағын нәшіне келтіре орындап шықты.
Ду қол шапалақтап жатырмыз.
-Ал, енді келісіміміз бойынша сіздің кезегіңіз Арман. Ән айтасыз ба, әлде өлең оқисыз ба?-деп Аян тағы да шүйлікті. -Қорғаушы періште осы жолы тағы да құтқарып қалуға күш салса, айтпады демеңіздер, асабалықты тастаймын да Гүлнұрдың оң тізесін баса отырып, өздеріңіз секілді шай ішіп, тамақ жей бастаймын...
Жанар қолын көтерді:
-Асаба жолдас, менде бір ұсыныс бар. Гүлнұрдың түған күні ғой. Бәріміз қосылып «Туған күн кешінде» әнін шырқайық. Оған дейін Арман да ойлана тұрсын.
-Ту, сен қызға дауа жоқ екен. Тағы да тауып кеттің, тағы да қорғап қалдың, -деп Аян дағдарғандай пішін танытты. -Жанар, сен осы шыныңды айтшы, басың бір түрлі айналып, ауырып отырған жоқ па? Қонақ жігіт случайно...басыңды айналдырған жоқ па дегенім ғой?..
-Аян, оны осы әнді орындап, Арман өлең оқып болған соң айтайын. Әзірге денсаулығым мықты. Үрейленетін дәнеңе де жоқ. -Жанар сыңғырлай күліп алды да, таза, сазды үнмен өзі бастап шырқай жөнелді:
Тойыңа гүл алып,
Келдім мен қуанып...
Біраздан соң басқамыз да Жанарға қосылып кеттік:
Сен туған күн-мерекеміз,
Ән бастайық кел екеуміз.
Ұмытпа сен құрбым,
Есте қалсын мәңгі бұл күн...
Ән аяқталар - аяқталмастан Аян тағы шүйілді:
-Ал, Арман, енді сіз не дейсіз? Ойландыңыз ба?
Жанар «Туған күн кешінде» әнін бастағаннан-ақ бір өлеңім есіме түсе кеткен еді... Соны айтуға бекіндім.
-Жарайды, егер сіздер рұқсат етсеңіздер бір өлең оқып берейін...
-Ойбай-ау, рұқсатыңыз не, Арман? Бағаналы бері сізді тосып, сарғайып отырған жоқпыз ба? -деп Аян қозғалақтап қалды.
Терең тыныстап алып бастап кеттім:
Шыбық мініп жарысқан күндер қайда?
Қиқуласқан аттан сап үндер қайда?
Күні-бойы бір тынбай, асыр салып,
Қалжырап кеп құлайтын түндер қайда?
Қозы бағып, гүл терген белдер қайда?
Толқынымен ойнаған көлдер қайда?
Балалармен бала боп жарысатын,
Тентек құйын, желікбас желдер қайда?
Шуақ шашқан мейірімді көздер қайда?
Айналайын, құлыным... сөздер қайда?
Құлдыраңдап құлындай шапқылаған,
Балдай тәтті балалық кездер қайда?
Жалаң аяқ, күс табан іздер қайда?
Бал-бұл жанған уайымсыз жүздер қайда?
Қауын ұрлап секірген шарбақтардан,
Айсыз түні «жап-жарық» күздер қайда?
Жерде тұрып саусағын созған айға.
Жүйрік қиял, балалық арман қайда?
Күйкі тірлік бәрін де ұмыттырды-ау,
Үзік-үзік суреттер қалған ойда...
Өлеңім ұнаған болу керек, отырғандар қол шапалақтап, дуылдасып кетті. Беріле тыңдаған Аян да ырза болғанын жасырмай:
-Рахмет, Арман. Шын ақын екенсіз. Басқаны қайдам, өлеңіңіз маған өте ұнады. Ойландырып тастады. Өз басым балалықты тастап, жігіттікке аяқ басқанымды енді ғана біліп отырмын,-деді тебірене қолымды қысып.
Кеселерге түгел шампан құйылып, сөз кезегі келесі біреуге берілді. Осылайша отырғандардың барлығы да Гүлнұрға деген тілектерін білдіріп, тос көтеріп шықты. Он минөттей үзілістен соң шиыршықтап алған сүлгісін шыр көбелек айналдыра Аян ортаға шықты:
-Қане, бәріңіз де ортаға шығыңыздар. Тұрғандарыңызды аямаймын,-деп сүлгісімен жасқап қояды. Күйтабақ айналып, сазды әуен төгіле жөнелді.
Біраз билеген соң қыздар жағы өз әдеттеріне басып, біртіндеп шетке шығып әңгімеге кірісе бастады. Мұны Аян байқай қойған екен:
-Енді, вальс. Жігіттер қыздарды биге шақырады,-деді дауыстай...
Көңіл тербетер әсем әуен қалықтай жөнелді. Жігіттер жағы бір-бір қыздан алып шығып билей бастады. Мен де алдын-ала қарманып, Жанарды қолынан жетелей ортаға шықтым. Әсем әуенннің ырғағына қарай баяу тербеліп жүрміз. Жанар өзін еркін ұстап, әсем қалқып жүр. Әлсін-әлсін әңгіме күткендей жүзіме күлімсірей қарап қояды. Ал, мен болсам... Мен болсам Жанарға бір ауыз сөз де айта алар емеспін. Өмірімде бірінші рет жан дүниемді астаң-кестең еткен жұмбақ күйге түстім. Махаббат отына өртенген жігіттер айта беретін «жүрегіме шоқ түсті ме», іші-бауырым езіліп, демім жетпегендей алқына бастадым. Әлде бір ыстық сезім булықтырып әкеткенде, Жанарды құшақтай алуға сәл-ақ қалдым. Абырой болғанда, вальс те аяқталып, бір-бірімізге рахметімізді айтып, екі жаққа ажырап кеттік.
Шетке шығып тағы да Жанар туралы ойланып кетіппін.
-Тағы да вальс. Енді жігіттерді биге қыздар шақырады-деген Аянның дауысы ойымды бөліп жіберді.
Жанға жылы, сезім тербетер әсем әуен төгіле жөнелді. Енді ұяла басып барып, жорта кербезденіп, тәкәппарси қалған жігіттерді жетелеп қыздар ортаға шыға бастады. Менің де жүрегім тулай соғып кеудеме сыймай барады. «Жанар кімді шақырар екен? Мүмкін...» Кенет, өзіме қарай келе жатқан Жанарды көргенде неге екенін қайдам, жүрегім аузыма тығылып, демім шықпай қалды.. «Шынымен-ақ шақырды ма?» деген тәтті ойдан шыға алмай, өзіме сол иіле ізет жасап, қолын созған Жанарға ілесіп ортаға шыға бердім. Бұл жолы Жанар тізгінді өз қолына алғандай. Өзін тіпті еркін ұстап, мені де еркін үйіріп жүр. Музыка үні сәл баяулаған кезде, ыстық демі құлағымды шарпып:
-Арман, бұл жолы сізді мен шақырдым. Сондықтан сізді енді өзім басқарамын,-деді күліп.
Әңгіме айтайын деп қанша оқталсам да аузыма сөз түсер емес.
-Арман, сіз тым ойда жүреді екенсіз. Билеп жүргенде де өлең құрастырасыз-ау деймін.
Жанардың еркелей шыққан үні ойымды бөліп жіберді. Оның сөзінен «Бояушы бояушы десе, сақалын бояйды. Ақын-ақын дегенге... сәл мақтаншақтау емессіз бе?..» дегендей мысқыл сарынын байқағандай болдым.
-Жанар, сен мені кешір. Шынында саған арнап өлең құрастырдым,-деп өтірікті айтып салдым. Жанардың аққұба жүзіне қызыл қан ойнап шыға келді.
-Арман, онда мен өте қуаныштымын!-Үні толқи, сәл-сәл дірілдей шықты.-Қазір-ақ оқып бересіз бе, жоқ әлде...
-Жоқ, жоқ, Жанар, кейін, кейін,-дедім өтірігім шығып қалардай дызалақтап. Маған шын сенсе керек:
-Жарайды, Арман, қалауыңыз білсін,-деді Жанар.
Бұл жолы маған вальс тез аяқталғандай көрінді. Тамаққа дейін әртүрлі ойындар ойнадық. Бұл жолы да маған орын Жанардың жанынан бұйырды. Көбінесе айыпты болып қалатын да екеуіміз. Айып салушылар не бұйырса да шамам келгенше орындап, ойынның соңына дейін Жанармен қатар отырдым.
Таңға жақын қалғанда ғана бір-бірімен қимай қоштасқан кластастар біртіндеп тарай бастады. Гүлнұр мен Аян Жанар екеуімізді едеуір жерге дейін шығарып салып, қоштасып қайтып кетті. Екеуі жұбын жазбастан, қолтықтасып барады. Өте жарасымды-ақ. Біраз жүрген соң Жанар да мені қолтықтап алды.
-Арман, бағанағы өлеңді қашан оқып бересіз? Шынымды айтсам қашан естігенше асығып тұрмын,-деді еркелей.
Денемді ток ұрғандай қалт тұра қалғанымды сезбеппін. «Айтпақшы ол бар екен-ау... Қалай ұмытып кеткенмін. Табан астында ол мынау еді деп айтып салатын суырып салма ақын емеспін, енді қайттім?!»-деп тұрғанымда Жанардың өзі жол тауып берді:
-Арман тым қиналып, қысылып кеттіңіз ғой. Былай... кейін-ақ оқып берерсіз,-деді. Сонан соң:
-Жәмила жеңешем уайымдап әлі ұйықтай алмай жатқан шығар. Сізді тезірек апарып қолына тапсырмасам, ұрыс естіп қалармын,- деп мені қолымнан жетелеп жүгіре жөнелді. Өзі сықылықтап күліп келеді. Ойында түк жоқ кәдімгі тұлымшағы желбіреген ойын баласы секілді. «Шынында, Жанар әлі ешнәрсе ойламайтын да шығар» деп пайымдадым іштей. «Ал, мен болсам...» Жан дүнием астаң-кестең, ауа жетпегендей алқына дем алып келемін. Қараптан-қарап көзім қарауытып, құлағым шыңылдап, басым айналатын секілді. Сонда да әйтеуір Жанарға ілескен болып келемін. Біраз жер жүгірген соң әжептеуір ентігіп қалған екеуіміз де баяу жүріске ауыстық. Мен әлі де ой тасқынынан шыға алар емеспін. Жанарды шын ұнатып қалғанымды сезіндім. Оған өз ойымды сездіргім де келді. Бірақ, әлдебір жұмбақ күш аузымды аштырар емес. Қызық. Айтсам ба деген сөздерім көкейімде сайрап-ақ тұр, бірақ дәрменсізбін.
-Арман, үнсіз қалдыңыз ғой. Тағы да өлең құрастырып келесіз бе? -деген Жанардың жұмсақ үні ойымды бөліп жіберді.
Үйге тақап қалыппыз. «Не істеу керек? Жанармен мұндай оңаша кездесудің сәті енді түсе ме?» деген ой ішімді тырнап өткендей болды.
-Жанар, сәл тоқташы,-деп қолынан қалай ұстай алғанымды өзім де білмедім. -Жанар, әлі де біраз жүре тұрайықшы.-Дауысым дірілдей, тым жалынышты шықты.
-Жарайды, Арман. Сізге ұрыспаса, маған бәрібір. Өз ауылым ғой,-деп әдепкіде аңтарыла, үрке қарап қалған Жанар әзіл сөзбен тағы да бір іліп кетті.-Ақындар осы түнде де ұйықтамастан өлең жазады дейді ғой. Сіз де үйге барғанмен бәрібір ұйықтай алмайсыз, солай ғой...
Қол ұстасқан күйі сылдырай ағып жатқан арықтың жиегіндегі кесілген талға келіп отырдық. Арамыз тым жақын. Ақыры барлық ұялшақтық, жасқаншақтық, батылсыздық атаулыны жиып қойып, сөзімді бастап кеттім:
-Жанар, мен өзіңмен кездескеніме өте қуаныштымын. Бақыттымын деп айтсам да болады...Жанар, мен сенен бір жас болса да үлкендеумін ғой, сондықтан күмілжімей, жаспақтамай бар сырымды, бар шынымды ақтарып салсам ба деп отырмын. Мені ел-жер көріп, өмірді түсініңкіреп қалған азаматқа санап «әлі әке-шешесінің мейірімі, аялы алақанынан басқаны білмейтін оқушы маған мұндай сөздерді қалайша айтады» деп ренжуің де мүмкін. Тіпті, бір-ақ күннің ішінде қалайша сыр ақтаратын болып қалды деп басқаша ойлауың да мүмкін...
Жанар «солай» я «жоқ» деп тіл қатпады. Төмен қараған күйі басқа нәрсені ойлап отырған секілді. Мен сөзімді жалғастыра бердім:
-Жанар , сенерсің сенбессің, өзің біл. Бүгін өзіңмен билеп жүргенде алғаш рет осы уақытқа дейін басымнан кешпеген әлдебір жұмбақ күйге түстім. Содан осы қазірге дейін сол жұмбақтың шешімін іздеп келіп едім, енді тапқандаймын. Сен ренжіме, Жанар. Мүмкін сенің де сондай жұмбақ күйді бастан кешкен кезің болған шығар, мүмкін, болмаған да шығар. Бірақ, сен де адамның сондай бір ерекше күйді әйтеуір бір бастан кешетін кездері болатынына сенетін шығарсың. Жанар, жаңа айттым ғой, сол жұмбақ күйдің шешімін тапқан секілдімін деп... Оның шешімі бір саған ғана байланысты екен. Жанар, мұның бәрі жүрегімді жарып шыққан ең алғашқы балауса сезімнен туған сөздерім болғандықтан, сен қанша ренжісең де айтпасқа амалым жоқ, айтпай қалуға күшім де жетер емес. Өйткені, қазір олқы-толқы шыққан сөзімді кейін әбден машықтанып, тігісін жатқыза оқығаным мен көргенімнен қосып құрастырған сұлу сөздерден артық көремін. Менің сол балауса, пәк, балаң сезім жеңген көңілім сені өзінің ең жақын серігі болғанын қалайды...
Жанар үн қатар емес. Төмен қараған күйі қыбыр етпестен отыр.
- Әлде сен астарлап, әдемілеп, алдымды орап сөйлей бергенше, менімен бір рет болса да неге ақылдаспайды деп ренжіп отырған шығарсың. Мүмкін, менің бағаналы бері өзіңе айтқан жан сырымның біріне де мән берместен...
Жанар басын көтеріп алды.
-Арман неге олай дейсіз? Сіздің сөзіңізді ықылас қоя тыңдап та, түсінуге тырысып та отырмын. Мүғалімдерді тыңдаудан жалықпайтын шәкіртпін ғой... Ал, сіз... Шынымды айтсам кейбір мұғалімдерден де шешен сөйлейді екенсіз. Содан болар сізді жақсы түсіндім. -Жанар аз уақыт үнсіз қалды да, тез-тез сөйлеп кетті:
-Арман, сіз бар сырыңызды айтқанда мен неге айтпасқа сырымды. Сенерсіз-сенбессіз, өзіңіз біліңіз. Осы уақытқа дейін сабақтан басқа еш нәрсе ойлап көргем жоқ. Атам мен әжемнің қолына келгеніме де төрт бес-ақ ай болды. Ауылдас балалар тұрмақ, кластас балалардың да кейбірін толық танымаймын. Рас, сіз айтқан ерекше сезім туралы құрбылармының көпшілігі әңгіме етіп отырады... Ал, мен... мен.. Қалай деп айтуға болады?.. Алда емтихан. Мүмкін, ойлануға мұрша да келмес. Енді былай... Әрине, ойлануға тырысып бағармын. Тіпті болмай бара жатса, мұғалімдерден-ақ сұрап алармын.
Алғашқыда дауысы дірілдей шыққан Жанар, бірте-бірте еркіндеп, сықылықтай күліп жіберді.
-Ал, Арман, не дейсіз? Оқушы қыз қалай екен? Сіз болсаңыз кішкентай көресіз,-деп тағы да сықылықтай күлді. Дауысында өзін-өзі жазғырғаны көрініп тұр. Мен Жанардың туралығына, ешнәрсені күлтілдетпей айтып салатынына шын риза болдым.
-Рахмет, Жанар, рахмет! Сенің.. сенің осылай айтқаныңа да шын ризамын,-деп қатты толқып кеткен көңілімді баса алмай, Жанардың екі қолынан ұстай алдым. Жанар қолын тартып алмады. Тек қана күлімсірей:
-Жүріңіз, Арман, қайтайық. Таң атып қалды,-деді.
Екі күн де зымырап өте шықты... «Босқа жата бергенше, оқуға дайындалайын» деп үшінші күні ауылға қайтпақ болдым. Әпкем мен жездем ауылға дұғай-дұғай сәлем айтып, үйде қалып қойды. Автобусқа Жанардың өзі шығарып салды. Әлде бір ойлар көңілімді құлазытып, өзіммен-өзім алысып келемін. Жанардың қалатынын ойлап, іштей егіліп келемін. Жол бойы бір-бірімізге тіл қатпастан автостанцияға тез жеттік. Біздің ауылға баратын автобус та жүргелі дайын тұр екен. Жанар «қазір» деп ішке кіріп кетіп еді, билет алып келіпті.
-Ал, Арман, орныңызға отырып алыңыз. Өлең құрастыра бермей, бір сәт ұйықтап алсын деп көлеңке жағынан алдым.
Көп өтпей автобустың жүргелі тұрғаны хабарланды.
-Ал, Жанар, хат жазып тұр. Ауылға қыдырып кел,-деп Жанардың қолын қысып біраз тұрдым. Әлде бір күш жан-дүниемді астаң-кестең етіп, көңілімді босатып келе жатқан соң, дереу қош айтысып автобусқа міндім. Орныма жайғаса салысымен терезеден Жанарды іздедім. Жанар тез-тез басып, автобусты айналып барады екен. «Мұнысы несі? Кетіп-ақ қалғаны ма» деп ойлап үлгергенше терезе тықылдады. Жанар екен. Қолында бүктелген қағазы бар. Маған бермек екенін түсініп, терезенің ашық көзінен қағазды алдым... Осыны күтіп тұрғандай автобус та орнынан қозғала берді.
Қолын бұлғап Жанар қалып барады. Мен тіпті ауызбен айтып жеткізе алмайтын өзгеше бір күйге түстім. Ішім өртеніп бара ма, әлде жүрегім езіліп бара ма, белгісіз. Әлдебір алапат күш мені кейін қарай, Жанарға қарай тартып тұрған секілді. Сәлден соң ғана Жанарды қимай келе жатқанымды, әліден-ақ сағынып қалғанымды ұқтым. Осылай аласұрған күйімде Жанар берген қағазды қолыма алдым.Төс қалтама салған күйі ұмытып кетіппін «Бұл қалай? Жанар әлден-ақ өз шешімін!?..» -деп те ойладым әдепкіде. Тек қағазда жазылған сөзді оқып шыққаннан кейін ғана өз ойымнан өзім ұялдым. «Хат күтем. Жанарға арнаған өлеңіңізді де салып жіберуді ұмытпаңыз»- деген екі-ақ ауыз сөз жазылыпты. Сонда ғана Жанарға солай айтқаным, жалған айтқаным есіме түсіп, өзімнен-өзім жиіркендім. Қарап отырғанша Жанарға арнап өлең құрастырмақ та болдым. Бірақ, мұнымнан да түк шыққпады. Көз алдымнан Жанардың бейнесі кетпей қойды. Жанар бірде балаша киініп алған ерке-шора күйінде елестесе, енді бірде әбден ой тоқтатқан, байсалды ару болып елестейді. Жанардың сөздері, ісіне сүйсінсем, өз қылықтарым есіме түскенде, қараптан-қарап қаным тасиды. Осылай өзіммен-өзім алысып отырып ауылға жеткенімді де байқамай қалыппын. Автобустан түсіп, үйге жеткенше де Жанар туралы тәтті ойымнан арыла алмадым.
Арман бір сәт кідіріп қалды да:
-Айта берсем, әлі көп. Ертең жұмыс бар дегендей... Енді демалғанымыз жөн болар, -деді Жанарға күлімсірей қарап.
Араман төсекке құлай салысымен-ақ ұйықтап кетермін деп ойлап еді, бірақ әртүрлі ойлар мазалап, тез арада кірпігі іліне қоймады.
«Уақыт өтеді, бәрі де өзгереді. Уақыт өзгертпейтін ешкім де, ешнәрсе де жоқ» деген сөзге бүгінге дейін тіптен мән бермей келіп еді. Ал, енді бүгін ше? Рас, Жанармен бірге жүріп, бақыттың бал шырынын көп тата алмады. Қатігез тағдыр мұны Жанарынан ерте айырды. Жанарын мәңгі бақи ұмыта алмаспын деп ойлап еді... Тіпті бүгінге дейін күндіз қиялы арқылы Жанарымен бірге жүрсе, түнде сөз жоқ түсінде кездесетін. Ал, бүгін ше? Дәл қазір? Шынымен ұмытыла бастағаны ма? Күні-түні көз алдынан кетпейтін Жанарының бейнесін біртіндеп бүгінгі Жанардың бейнесі жеңіп бара жатқандай ма, қалай? Шынында, осы Жанардың бұрынғы Жанарынан аумайтын мінездері де көп секілді. Кейде еркелеп, жас балаша шаттанып, кейде қос ұрты томпайып бұртия қалатыны да, ойындағысын ірікпей айтып салатыны да, бәрі-бәрі Жанарының мінезінен аумайды. Мінездері ғана емес-ау, енді байқаса түрлері де аумайды екен...»
Әбден ой жеңіп, кірпігі айқасып бара жатқан Арманның көз алдында алғаш рет бұрынғы өз Жанары емес, бүгінгі Жанар тұрды күлімдеп.
Түнде тым кеш ұйықтаса да, Арман азанда өте сергек тұрды. Таңғы шай ішіліп болған соң, өзінің ауылға қайтпақ болып тұрғанын айтып, үй иесінен рұқсат сұрап орнынан тұрды:
-Ал, апа, көке, Жанар, ықыластарыңызға шын жүректен рахмет! Қалай десем екен?... Сіздерге деген ырзалық көңілімді тіпті жеткізе алар емеспін. -Дауысы тебірене, дірілдеп шықты.Үлкен кісілер де қалбалақтап орындарынан тұра берді:
-Шырағым, көріп алдың ғой. Келер болсаң үй осы. Қонақ үй демей, тіке үйге кел,-деп Жанардың анасы аналық кеуілін білдірсе,
- Ия, балам, үйге келіп тұр. Үй осы, - деп отағасы да қосағын қостап жатыр.
Үлкен кісілермен қимай қоштасып, тысқа шыққан Арман, аулада өзін тосып тұрған Жанарды көрді.
-Арман аға, сізді шығарып салайын деп...
-Рахмет, Жанар, рахмет. Шынында мен автостанцияға қалай жетем деп уайымдап келе жатыр едім. Жолы есімнен шығып та қалыпты,-деді Арман Жанардың аузына сөз салып.
-Ия, Арман аға, солай да шығар... Оның үстіне автобус та кештеу жүреді. Оған дейін... Егер... сіз жалғастырсаңыз... Әңгімеңізді...
-Ия. Жанар, неге айтпайын. «Бастаған соң тастама» деген. Уақыт жетсе, бәрін-бәрін де айтып беремін,-деді Арман Жанарға мейірлене қарап. -Бірақ, бір жерге жайласып алып жалғастырсақ әңгімені.
Екеуі біраз жүрген соң, жол жиегіндегі ұзын орындыққа жайғасты. Арман сарғайып түскен бір жапырақты қолына алып, айналдыра қарап ұзақ отырды. Сол жапырақтан көз алмастан әңгімесін бастап кетті.
-Ауылға келген соң жатпай-тұрмай оқуға дайындала бастадым. Сол күзде КАЗГУ-дің журналистика факультетіне құжаттарымды тағы тапсырдым. Сынақтан да, іріктеуден де сүрінбей өтіп студент атандым... Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Ауылға келген соң-ақ Жанарға арнап өлең құрастырып салып жібергем. Көп өтпей жауап хат алдым. Жанар хал-жағдайымды сұрап келіп әпкем мен жездемнің сәлем айтып жатқанын жазыпты. Өзінің Алматыға, мединиститутқа оқуға баратынын айтыпты. Хаттың соңында өлеңді алғанын, құрбыларына көрсеткенін, олардың мені әбден мақтағанын айта келіп, өлеңім үшін шын жүректен рахметін білдіріпті. Бар болғаны осы. Басқа бірде-бір артық-ауыз сөз жоқ. Мен де Алматыға КАЗГУ-ге бармақ болып жатқанымды, кездессем болды бұрынғы «Қарасайда» айтқан сөздерімнің жауабын сұрайтынымды жазып сол күні-ақ жауап хат салып жібердім.
Ия, сонымен студент атандым дедім ғой. Жанармен де сағына қауыштым. Алматының әсем көшесімен қол ұстасып қанша қыдырдық, бақыттан бас айналған ләззәтті сәттерді бастан қанша кештік, оның бәрін айтып жатпай-ақ қояйын. Бір реті келгенде, «Қарасайда» айтқан сөздерім бойынша өзінің қандай шешімге келгенін білгім келетінін де сездіргем. Жанар күліп, оқуға түссе, не құласа ғана айтатынын білдіріп, сөз соңын жеңіл әзілге айналдырып жіберген еді.
Жанарларға іріктеу жүріп жатқан. Асыға басып сонда беттеп келемін. Жол бойы «Жанар оқуға түсіп кетсе екен» деп тілеумен болдым. Бірақ олай болмай шықты. Жанар емтиханның бәрінен өткенімен, іріктеуден өте алмай қалды. Алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды. Жанар да іштей езіліп тұрғанымен, сыр бермеуге тырысатын секілді.
-Сонша ұнжырғаң түсіп кетіпті ғой, Арман. Несі бар, келесі жылы қалай да түсемін. Ерегіскенде дәл осыған түсемін. Сен де солай еткен жоқсың ба?-деп мен айтатын сөздерді өзі айтып, мені жұбатып жатыр.
Сол күні Жанар екеуіміз Алматыны тағы да армансыз араладық. Бармаған жеріміз қалмады. Түнде де ару қаланың түнгі келбетін тамашалап, қол ұстасып көп қыдырдық. Жанар өзіме қанша жақын жүрсе де, уәдеміз жайлы тіпті тіс жармадым...Онсыз да жаралы жанын ауыртып алмайын деп ойладым.
Ертеңіне Жанарды ауылына шығарып салдым. Жанар тым көңілді. Өзін ерке де, еркін ұстап жарқылдап жүр. Керісінше, мен үнсіз іштей тынып тұрмын. «Қазір Жанар кетеді, мен қаламын» деген ой жанымды кеміріп, жүрегімді шымырлатып барады.
-Арман, сіз тағы да өлең құрастырып кеттіңіз-ау деймін-деген Жанардың дауысы ойымды бөліп жіберді. Жаутаңдай қарап, әлдене айтқысы келетін секілді: -Арман, мен бәрін де түсініп тұрмын. Уәдеміз бойынша менің шешімімді неге сұрамай тұрғаныңызды да, сұрай қалсаңыз онсыз да көңілі жарым мені ренжітіп алам ба деп тартыншақтап тұрғаныңызды да, бәрін түсініп тұрмын. Бірақ, уәде-уәде. Уәде бердің екен, көңілге, сезімге қарама. Түсіп-ақ кетсем деп армандап едім, жолым болмады. Бірақ өз көңіл-күйіме қарап сіздің көңіліңізді жаралауға хақым жоқ қой. «Қарасайда» айтқан сөздеріңіздің жауабын ешкімнің көмегінсіз өзім-ақ тауып қойғам.-Жанар сәл үнсіз қалды да: -Егер, сіз маған шын сеніп қолыңызды берсеңіз, мен де бердім қолымды. Бұл менің барлық жан-тәніммен, жүрегіммен сізге шын сенгенім,-деп даусы дірілдей қолын ұсына берді. Жанардың от болып жанған ыстық алақанын аялай қысып ұзақ тұрдым. Кенет, әлде бір алапат күш бой бермей булықтырып әкетті де, оны құшақтай алғанымды білмей қалдым. Бауырыма қысып тұрып, бас-көз демей аймалап сүйе бердім, сүйе бердім. Жанар да көзі боталай, жұрт тұр-ау деп қысылмастан жан-дүниемді ерітіп, бауырыма ене берді...
Көп өтпей-ақ автобустың «Қарасайға» жүргелі жатқаны хабарланды. Жанар ерке де назды қимылмен құшағымнан сытылып шығып, екі қолымды ұстаған күйі рұқсат сұрағандай жәудірей қарап тұрып қалды. Мен тағы да ұмтыла беріп едім, күлімсірей басын шайқады:
-Арман, енді болмайды. Автобустан қалып кетем. -Жүзіме барлай қарап тұрды да: -Арман, сізге бірнәрсе айтсам ренжімейсіз бе?-деді. Мен жауап қатам дегенше өзі сөйлеп кетті: -Мен сізге үзбей хат жазып тұрармын, ал, сіз ше? Қаланың у-дуы, қызығымен ұмытып кетпейсіз бе?
-Жанар, неге олай дейсің? Қалайша ондай ойға бардың? Ол мүмкін емес. Бүгіннен бастап менің қызығым да, бақытым да бір өзіңсің. Әрине, ауыз айта береді. Бірақ, мен өзіме, сен деп соққан жүрегіме сенемін. Ол жүректі орнынан жұлып алып тастай салатындай... -деп аптыға шұбыртып бара жатыр едім, Жанар алақанымен аузымды баса қойды. Сонан соң мойнымнан құшақтай алып, е күлген емес, е жылаған емес күйде:
-Рахмет, Арман, рахмет! Мен сізге сенемін. Жай, өзімнің көңілім ғой.. Біздің, бүкіл әйел затының осалдығы да сонда емес пе?-деді.
Жанарды автобусқа өзім орналастырып шықтым. Терезеден қарағанымда, Жанардың кең жанарының аясында іркілген білінер-білінбес жасты байқадым.
Әрбір минуты ғажайып қызыққа толы студенттік күндер өтіп жатты. Біраз қиындық көріп барып түскесін бе, ә дегеннен сабаққа беріле кірістім. Сабақтан бос кездерім кітапхананың оқу залында, қала берді өлең жазумен, кейбір өз түйгенімді қағаз бетіне түсірумен өтіп жатты. Жанардан апта сайын хат алып тұрдым. Мұрнымыздан сүрлігіп алғашқы сессияға дайындалып жүргенімізде, жарқ етіп республикалық газетке топтама өлеңім басылып шыға келді. Өзіміздің факультет шығарып тұратын қабырға газетінің жауапты редакторы болып бекітілдім. Осылай бірде дайындалып, бірде өлең жазып жүріп-ақ алғашқы сессияны ойдағыдай аяқтадым. Демалысқа шыға салысымен «Қарасай қайдасың» -деп әпкемнің аулына тарттым. Келгенімді қайтейін, өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Бұл кезде Жанар Семейге, өз үйіне кетіпті. Сол жақта әбден дайындалып, құжаттарын Алматы емсс, Қарағандының мединститутына тапсырмақ екен. Осылайша, Жанарға жолыға алмай «Қарасайдан» көңілсіз қайттым. Демалысты ауылда өткіздім. Алматыға келген соң да көңілсіз жүрдім. Жанардың өзімнен тым алыс кеткеніне қамықтым. Жатсам да, тұрсам да ойымнан Жанар кетпей қойды. Әбден сағындым. Өстіп сағыныштан сарғайып, ішттен тынып жүргенімде Жанардан хат келді-ау. Бұл кезде жаңа оқу жылы басталып та кеткен. Күнде жатақханаға кіре берістегі хат тұратын текшеге бір қарап өтетінмін. Ия, бір күні Жанардан хат келді-ау... Достарымның қолына түскен екен. Әрине, олар не бұйырса, соны орындап барып қана хатқа әрең қолым жетті. Қаттылау секілді. Асыға ашканым сол, жарқ етіп Жанардың суреті шыға келді. Кәдімгі, өзім әбден сағынып жүрген Жанарым. Бір қырындау отырып түсіпті. Неге екенін қайдам, дереу суретті айналдырып екінші бетін қарадым. Сол бұрышына таман маржандай тізілген әріптермен:
«Естелік Арманға, Жанардан. Ұмытылмас үшін» деп жазылыпты. Оңашада армансыз, мейірім қанғанша қарап алармын деген оймен суретті төс қалтама салып, хатты оқуға кірістім.
«Сәләмәтсыз ба, Арман!»-деп бастапты Жанар хатын. «Қанша қымбат сөз айтып бастайын десем де, ондай сөз таба алмадым, ал тапқан сөздерім өзіме ұнамады. Сондықтан, жай ғана Арман деп бастадым. Қал-жағдайыңыз қалай? Ауылға бара алдыңыз ба? Ал, өзіме келсем, барлық қуаныш та, шаттық та бүгін менде. Дәл бүгіннен бастап Жанарыңыз студент. Сынақтан қалай өтіп, қалай студент болдым, оны айтып жатпай-ақ қояйын, ал, өзімнің студент болғанымды жаңа ғана естіп, (қашан өз құлағыммен естігенімше өліп қала жаздап едім) сізге қашан білдіргенше асықтым. Бізге бес-алты-ақ күн демалыс береді екен. Ауылға барып үлгере алмайтын шығармын. Сондықтан өзім барармын, бармаспын, алдымен суретім барып қуанта бсрсін деп ойладым. Ауылды да, сізді де әбден сағындым. Айналамның бәрі бөтен. Қалт етсем, сізді ойлап кеткенімді білмей қаламын. Сіз маған ылғи ренжіп жүрген секілді көрінесіз де тұрасыз. Басқа не жаза берейін. Қош, сау болыңыз. Кездескенше күн жақсы болсын. Сағынышты сәлеммен Жанарыңыз».
«Жанарың! қандай жүректі елжіретер сөз... Жанарың! Менің Жанарым! Менің»... деп хатты қос қолыммен көкірегіме баса, күбірлеп тұрып қалыппын.
-Оу, мына ақынымыз не деп тұр? Күліп тұр ма, жылап тұр ма өзі?-деп Жарас қолымнан хатты жұлып алғанда ғана есімді жиып, қолына жармаса кеттім. Жарас жанына жолатар емес.
-Егер, тым бұзықтық жасай берсең, Асқар екеуіміз хатпен қоса қалтаңдағы суретті де тартып аламыз, -деп қояды. -Хаттың қыздан келгенін білмей тұр дейсің бе?
Бұлардың барлық құпиямды кірпік қақпай бақылап тұрғанын біліп, қалтамнан суретті алып бердім. Олар суретті біраз аударып-төңкеріп қарап, өзіме қайтарып берді.
-Жарайсың, Арман! Өзіңе қай жағынан да тең келер серік тауыпсың. Құттықтаймыз! -деп екеуі де кезек-кезек қолымды қысып жатыр. Айтпақшы, Жарас пен Асқардың кім екенін өзің де жобалап отырған боларсың. Ә, деп оқуға түсіп, жатақхана алған күннен бастап, бір бөлмеде төртеу болып тұрып жаттық. Жаңа оқу жылында да сол төртеуіміз бір бөлмені алғанбыз. Асқар мен Жарас сондай кішіпейіл, аңқылдақ, қолдағы барын өзгемен бөлісуге дайын тұратын дархан көңілді жігіттер болатын. Содан ба, бір-бірімізді қатты сыйлаушы едік. Ал, Ерлан болса, мінезі жағынан бұл екеуіне тіпті қарама-қайшы жан еді. Қай уақытта болсын ойланбай сөйлемейтін, өзін өзгелерден артықтау көретін, өзімшілдеу, өзгешелеу жігіт еді. Былайша жақсы сыйласып жүргенімізбен, көбінесе одан сырымызды жасыратынбыз. Сол жолы оның болмағанына бір жағынан қуансам, бір жағынан өкіндім де. Суретті көрсетіп мақтанғым келді...
-Қап! Ерланның болмағаны-ай,-деп қалды Асқар. -Біраз мақтанып, ішіне шоқ түсіретін.
-Е-е, ол сүйінгенін де, күйінгенін де білдіртпей сілемізді құртып бітірер-деп, әңгімеге Жарас араласты.
Кешке менің сырымды Ерлан да білді. Суретке ұзақ қарап отырып өзіме қайтып берді. Сонан соң біз ойлағандай емес, орнынан тұрып мені құшақтай алды да:
-Молодец, Арман! Өз теңіңді тауыпсың. Бақытты болуларыңа тілектеспін!-деді. -Ал, жігіттер! Арманнан басқамыз қашан қимылдаймыз?
Жылы сөзге семірмейтін көңіл бола ма? Ерланға ішім жылып сала берді. Арман терең күрсініп салғанын сезбей қалды Қолыңдағы сағатына қарап алып, әңгімесін әрі қарай сабақтады.
Бір күні бір күніне ұқсамайтын у-дулы студенттік шақ сырғып өтіп жатты. Сабақтан шаршап келіп керуетке қисайғаным сол, көзім ілініп кетіпті. Рахаттанып түс көріп жатыр екенмін, әлдекім жұлқылап оятып жіберді. Ренжи басымды көттерсем, Ерлан. Дегбірі қалмай мәз болып жүр.
-Оу, ақыным-ау, тұрсаңшы. Сенен сүйінші сұрайын деп келдім. Алдымен сүйіншімді бер,-дейді ентіге.
-Ерлан, саған не болған? Ненің сүншісі, айтсаңшы,-деп орнымнан тұрып, тез-тез киіне бастадым.
Менің сөзіме құлақ қояр Ерлан жоқ.
-Айтпақшы, сен отыра бер. Мен кәзір...Саған сюрприз!-деп сөзін аяқтамай, жын қуғандай бөлмеден шығып кетті. «Сюрприз?! Ол қандай сюрприз? Әлде Жанар келді ме? Егер, ол болса, оңайлықпен қозғала қоймайтын Ерлан неге шауып жүр? Әлде, өзі де біреуді тапты ма екен?» деп ойладым. Не болса да деп жуынып-таранып, өзімді ретке келтіре бастадым. Керуетімді жинастырып бола бергенімде есік қағылды. «Кіріңіз» деп айтқаным сол, есік ашылып, Жанар кіріп келді. Ия, кәдімгі Жанардың өзі. Өзімнің Жанарым... Кіріп келе жатқан Жанарды көргенде бір сәт есімнен танып қалғандай болдым. Сонан соң өзіме аңтарыла, жәудірей қарап, босағада тұрып қалған Жанарға құшағымды жая ұмтылдым. Жанар да әл-буынынан айрылғандай, тұрған жерінде құшағыма құлай берді. Құшағымыз айқасып қанша тұрғанымыз, бір-бірімізге қарап ішіміз езіліп қанша күлгеніміз белгісіз, есік қағылып, қолында тор қалта толы азық-түлігі бар Ерлан кіріп келді де, құшағымыз жазылып кетті. Ұялған тек тұрмас дегендей:
-Ерлан, танысып қойыңдар,-деп ыңғайсызданып қалған Ерланды жетектеп Жанардың жанына алып келдім.
-Арман, мен танысып қойғанмын Ерланмен. Бағана сіз ұйықтап жатқанда,-деп әзілмен түйреп өткен Жанар сыңығырлай күліп, Ерланға қолын ұсынды:
-Арманның көңілі қалмасын, Жанар.
-Ерлан. Танысқаныма өте қуаныштымын.
Көп өтпей-ақ бір-бірімізге ұрлана қарап, альбом ақтарып отырған Жанар екеумізді Ерлан дастарханға шақырды. Стол үсті жайнап кеттіпті. Студенттердің көзімен қарағанда «құстың сүтінен» басқаның бәрін табуға болатын секілді. Қайдан келгенінін қайдам «мойны жарқырай бір шампан мен мөлдіреп ақаң» да пайда бола кетіпті. Мен Ерланды кейінгі кезде қанша жақсы көріп, ұнатып жүрсем де, қысылтаяң кезде дәл бұлай қасымнан табылар деп ойламап едім. Ерлан тым көңілді. Әрнәрсені айтып Жанардың езуін жиғызбай отыр.
-Арман, абайла! Жанарды осы жатақхананың барлық жігіттері көрді. Біразы осы жерге дейін әкеліп салысты. Әрине, жоғарғы курстың жігіттері, -деп мені де әңгімеге тартып қояды. Осылай Ерлан екеуіміз әрдеңені айтып, Жанарды мәз қылып отырғанымызда, Асқар мен Жарас та келіп қосылды. Екеуі Жанармен жақсылап танысып алған соң-ақ, даудырап, әңгіменің тиегін ағытты да жіберді.
Соған дейін Жанарға әңгіме айтумен дастархан басында отырғанымызды ұмытып кеткен екенбіз. Әңгіме саябырсыған кезде Асқар:
-Оу, өзі жол жүріп, арып-ашып келген Жанарға біздің әңгімеміз сусын, тамақ бола ма?-деді.
-Шынында, мына дастарханның жайылғанына біраз болса да, мұрты бұзылмаған ғой,-деп Жарас та қолына шәйнекті ала берді... -Мәссаған, Жарас! Сен оны айтасың, мына шәйнек әлі қайнамаған, не суып қалған,-деп шәйнектің қақпағын көтерді. Осы кезде Жанар қараптан-қарап отырып сықылықтай жөнелді:
-Расында, сіздер айтқандай бұл кісілер мені бағаналы бері күлкімен сусындатып, әңгімеге тойдырып отыр. Таңсәріден Қарағандыдан шығып жеткенім осы,-деді күлкісін әрең тежей.
Жарас пен Асқардың құдайы берді де қалды:
-Ә, бәсе, өзім де солай ойлап едім-ау...
-Е, бұл екеуі сөзді қатырғанымен, былай...біз секілді тамақ жағына онша емес...
-Ерлан, мақұл, бізді келсін деп күтіп отырған шығар, ал, сен ше, Арман?! Ең қымбат адамың келіп отырғанда...
-Дегенмен аузымыздың салымы мол екен. Жарас екеуіміз де мына шұрқыраған қарнымыздың атынан екеуіңе шын рахмет айтамыз,-деп онсыз да кіруге саңылау таба алмай өліп отырған Ерлан екеуімізді біраз жерге апарып тастады. Екеуі шәйнектті алып шығып кетіп еді, артынша-ақ Асқар кайтып келді Қолында беті жабылған тамақ.
-Жанар, шай қайнағанға дейін мынаны талғажу ете тұр. Жарас аман болса, көп ұзамай шай да келіп қалар,-деп бетін ашып, табақ толы палауды ортаға қойды. Кәдімгі сәбізі мен еті аралас нағыз палау. Буы бұрқырап, иісі мұрын жарып барады. "Қай бөлменің қыздарын зар қақсатып кетті екен?»деп ойладым іштей. Көп өтпей-ақ бір қолында ысқырып буы бұрқыраған шәйнек, бір қолында бес-алты қасығы бар Жарас та келді. Бәріміз столға жайғасқан соң шампан да, арақ та ашылды.
Жарас, Асқар, Ерлан үшеуі қайта-қайта Жанар екеуімізге ақ тілектерін айтып, ақтан алып, ақ қылып тастап отырды. Біраз отырған соң өздерінің жұмысы барын айтып біртіндеп шығып кеткен еді, бес минөт өтпей әлденеге мәз болып, үшеуі де ентіге жетіп келіпті. Көшеде Ерланның сыныптас досына жолығыпты. Туған күнге шақырмақ болып келе жатыр екен. "Той десе қу бас домалайды" дегендей іздегеніміз аяқ астынан табылып, таксилетіп сонда жеттік.
Алғашқы таныстықтан соң-ақ кеш қыза жөнелді. Отырыстың тізгінін Ерлан ұстады. Алдын-ала аздап қызып алғандікі ме, жұрттың көңілінен шыға ұршықтай үйіріліп жүр. Ерланды мұндай елгезек, жылдам деп ойламаушы едім. Түстен бергі, Жанар келгелі бергі ісіне қарап, терең танығандай болдым. "Егер Ерланның басына да қысылтаяң сәт туса, мен де оған дәл осылай жанымды салып көмектесе алар ма едім" деп толғандым.
Ерлан отырысты өте шебер басқарып жүрді. Жарқылдап бірде ана қырынан көрінсе, бірде мына қырынан көрініп, жұрттың бәрін демде өзіне үйіріп алды. Ойынның бірінен соң бірін тауып алады. Тек екінші отырыстың ортасына таман Ерланның өзгелерден едеуір қызып қалғанын білдім. Қайта-қайта айналып маған келе береді.
-Арман, сен үшін мен бәрін де істеуге бармын. Сен маған ренжіме. Осының бәрін әдейі өзім ұйымдастырдым, Жанар екеуің үшін,-дейді ықылық ата.
-Рахмет, Ерлан, рахмет. Ұмытпаспын,-деймін мен де Ерланды шын пейіліммен құшақтап.
Көп өтпей Ералан өзінің қызып қалғанын жасырмай айтып, басқару тізгінін өзге жігітке берді. Өзі Жанардың екінші жағына келіп отырды. Биді де көбінесе Жанармен ғана билеп жүрді. Тіпті басқаларды Жанардың жанына жолатар емес.
-Ереке, сен қызып қалдың-ау деймін. Сәл демалып алшы. Оған дейін біз де шығып қалармыз-дедім бір оңашада. Ерлан бір сөзге келместен көне кетті.
-Жарайды, Араман, жарайды. Сен айтсаң болды,-деп қайта-қайта Жанар екеуімізден кешірім сұрап бөлмеден шығып кетті.
Қолым өзіне әрең дегенде жетіп, билеп жүргенімде Жанар бір түрлі беймаза күйде жүрді. Маған бір нәрсе айтуға бата алмай жүрген секілді.
-Жанар, сен не, көңілсізсің ғой. Әлде біреу өкпелеті ме?- дедім сыр тартпақ болып.
-Жай, әшейін.. Айтайын дегенім.. Айтайын дегенім.. -Жанар кібіртіктеп калды. -Ерлан досыңыз бір түрлі қызық екен. Тым артықтау сыйлап, жалпақтап кеткені де көңілге қонымсыз... Жарас, Асқармен бірдей ішіп отырып, қалай тез қызып қалғанына да таңмын...
Мен мұндай сөзді өзгеден емес, Жанардан естігеніме тіксініп қалдым. Егер, өзге біреу болса, Ерлан үшін мұрнын бұзуға бар едім. Себебі, сол күні мен үшін Ерланнан артық ешкім жоқ болатын. Жанарға алғаш рет қатты ренжідім.
-Жанар, не себепті олай дедің? Біле білсең Ерлан менің ең жақын жан досым. Екеуіміз бір-бірімізден ешуақытта сыр жасырысқан емеспіз. Бүгін де осы отырысты ұйымдастырған сол. Әрине, екеуіміз үшін. Артық сыйласа мен дегені шығар. Түстен бері жүгіріп жүр, ішіп жүр, қызса, қызып-ақ қалған шығар шынымен. Онда тұрған не бар? Ерланды ренжіткенің мені де ренжіткенің...
Жанар мені бұлай тас-талқан болар деп ойламаса керек, қызарақтап ернін тістелей берді. Кең жанарының аясы жасқа шыланып, енді бірдеңе десем жылап жіберуге шақ тұр. Айтарымды айтсам да, оның мұндай күйін көргенде, өзімнің де ішімді әлде не тырнап өткендей болды.
-Арман, кешіріңіз. Сізді ренжітейін деп ойламап едім,-деді Жанар сәлден соң даусы дірілдей. Ол... ол шынында билеген кезде сап-сау боп кететін секілді... Сонан соң.. сонан соң өзін тым жақын ұстауға тырысады... Егер шын досыңыз болса...-Жанар булығып сөзінің соңын айта алмай қалды.
Әлі де ешнәрсенің байыбына бармаған мен күліп жібердім.
-Оны өзіңнен көр. Тек Ерлан емес, басқа жігіттер де сені қолдан қолға тигізбей әкетті ғой. Ақырында саған өзімнің қолым жетпей...
Жанар сөзімді бөліп жіберді.
-Арман, қойыңызшы қалжыңды. Мен олар үшін емес, сіз үшін келдім ғой, куратор мен старостамды алдап... Ал сіз болсаңыз қалжыңға бұрасыз.
Сонда ғана Жанардың ренжитін орны бар екенін білдім. Өзімдікі деп бас салып билей беруге Ерлан, Жарастар болмаса да, бөтендерден ұялдым. Оның үстіне өзімдікі ғой деп көңілді тоқ санаған да болуым керек, әйтеуір бүкіл би кезінде Жанармен ең көп билеген басқалар да, ең аз билеген өзім екен.
-Араман, қатты ойланып кеттіңіз ғой. Тағы да өлең құрастырып жүрсіз бе?-деп Жанар ойымды бөліп жіберді.- Маған Жарас пен Асқар ұнайды. Байқадыңыз ба?
Мен сонда ғана күйтабақтың шамадан ұзақ ойнауының мәнісін түсінгендей болдым. Радиолаға төніп, қызу әңгімелесіп тұрған Жарас пен Асқарға іштей рахметімді жаудырдым. Би аяқталған кезде Жанар екеуіміз арамызда болған келеңсіз әңгімені ұмытып та кеттік. Сонымен не керек, қысқарта айтсам, көңілді отырыс та аяқталып, жұрттың алды біртіндеп қайта бастады. Үйдің бір жерінде демалып жатқан шығар десем, Ерлан сол шыққан бетінде жатақханаға тартып кетіпті. Жарас, Асқар, Жанар төртеуіміз кеш иесі Қамарға рахметімізді айтып, қоштасып жатақханаға қарай беттедік. «Жанар қазір сағат алтыда ұшпақ. Сонан соң... Сонан соң...Әрине мен тағы қаламын. Жақында сессия басталады. Енді қашан жолығар екенбіз?» Ойымды Жарастың даусы бөліп жіберді:
-Ау, ақыным-ау, қайда қалдың? Өзің тіпті жүруді де қойғансың ба?
-Мына түріңмен Жанарды біреу алып кетсе де білетін емессің ғой,-деп Жарасты Асқар да қоштай кетті. Енді ғана өзімнің ойға беріліп, олардан біраз жер кейін қалып қойғанымды, тіпті бір орнымда тұрып қалғанымды біліп тез-тез басып жандарына келдім.
-Қайтсін, қимайды ғой,-деп Асқар жорта күрсініп қойды.
-Шынында, Арманды білеміз ғой, Жанар. Бұл енді өзіңмен кездескенше Мәжнүннің рөлін тамаша ойнап шығады,-деп Жарас та қағытып жатыр. Мен шын сөзге көштім:
-Жігіттер, рас айтасыңдар, қимаймын. Өздерің білесіндер, қазір сағат алтыда Жанар ұшу керек. Ал, оған дейін бар-жоғы бір-екі-ақ сағат қалды. Билет әлі алынған жоқ. Табыла ма, табылмай ма, ол да белгісіз...
-Ә, ә, түсінікті. Билет алу керек екен ғой... Бар жоғы бір-екі сағат қалыпты. Шынында Арман қайсысына үлгермек?- деп, Жарас қулана басын шайқап қойды.
-О, Жарас дұрыс айтады,-деп Асқар да іле кетті. Егер, сендер дұрыс деп тапсаңдар, Жарас екеуіміз ұшып барып билет әкеліп береміз, не алтын уақытты қор қылып мылжыңдап тұра бермей қарамызды батырамыз.
-Шынында, даңғырап тұра беріппіз ғой, бағаналы бері бір жағына шықпай. Ә, ә, арақ пен тамақтан басқаны білмейтін маубас. Ноқатыңның бір нәрсеге жетер күні болар ма сенің?-деп, Жарас өзінің басын өзі қос жұдырығымен ұрып-ұрып қойды.
Жарас маған осындай, сөзді әрілеп жатпай қарадүрсін, лақ еткізе салатын мінезімен ұнаушы еді. Біріне-бірі сөз бермей даудырап тұрған Асқар мен Жарасты ішім елжіреп құшақтай алдым.
-Рахмет сендерге, рахмет, достарым!-дедім тебірене толқи сөйлеп. Бірақ билетті өзім аламын.
Тыныштықты алдымен Асқар бұзды:
-Ау, онда біз несіне тұрмыз? Егер сендер рұқсат етсеңдер, жарық барында елге жетіп алайық,-деп Жанарға бүрылды: -Ал,Жанар, осы жерден қоштасалық, Алматының жері кең, бірақ Жарас екеуімізге бұдан әрі барар жол жоқ.
-Ал, Жанар, сау бол. Кездескенше! Бірақ, бізді ұмытып кетпе, мейлі, бізді ұмытсаң ұмыт, бірақ Арманға жиі-жиі келіп тұр. Бұл жігіт өзі тым нелеу ғой, көңілшектеу... Тез сағынады,-деп Асқар да ойнаған болып ойындағысын айтып жатыр.
-Ия, Жанар, мен де Асқарға қосыламын. Тек өтінерім, сен бізді кешір. Өзің келіп, Арман қуанған соң бізде қуанышқа ортақтасып дегендей.. сәл нетіп қалдық... Сен оған ренжи көрме, Жанар,-деп Жарас та өзін қинап тұрған ішкі ойын лақ еткізіп ақтара салды.
Асқар мен Жарас Жанармен қайта-қайта қайырласып жатақханаға кетті де, біз асыға әуежайға бет алдық. Билет оңай табыла кетті. Үшақтың ұшуына әлі жарты сағат бар екен. Іште отыра бергенше, біраз болса да серуендеп қайтайық деп тысқа шықтық.
Айнала торғын нұрға бөленіп, көзге анық байқала бастапты. Бір-бірімізбен қол ұстасып қанша уақыт жүрдік. Ләззатқа мас болып, бір-біріміздің бауырымызға тығылып қанша отырдық. Мұндай кезде уақыт калай зымырайды. Жарты сағат демде өте шығып, Жанардың ұшатын уақыты да келді. Ішке кіре бергеніміз сол:
-Оу, сендер осында ма едіңдер? Біз бар жерді шарлап жүрсек,- деген Асқардың үнін естіп, өз құлағыма өзім сенбей жалт қарадым. Тізіліп үш досым да тұр. Жанар екеуіміз де көңілденіп сала бердік.
-Түу, сіздерді келмейтін шығар деп ойлап едім,-деп жатыр Жанар қуанғанын жасыра алмай.
-Ия, шынында, аспаннан түстіңдер ме өздерің?–деп мен де киліктім.
-Ой, Арман-ай, қайдан келдің, қайдан түстің дерің бар ма? Әйтеуір келіп қалдық қой,-деді Асқар орындыққа жайласып жатып.
-Е, біздің «қауақбасқа» мұндай келелі ой қайдан келсін. Мына Ерланның арқасында келіп қалдық,-деп Жарас та әңгімеге араласты. Ералан тым көріктеніп кетіпті. Әбден жуынып-таранып, реттелгені білініп тұр.Түнде мас болып кеткен адамға тіпті ұқсамайды. Жанар екеуімізге қайта-қайта жаутаңдап қарай береді. Бір от алса тоқтайтын Жарас па? «Қалай болды?» деп ешкім сұрамаса да, даудырап ала жөнелді:
-Біз барғанда, бұл «өліп» жатыр екен. Асқар екеуіміз де төсекке жата қалып, қата қалдық. Содан бір әдемі түс көріп жатыр екенмін, біреу жұлқылап, көзімді ашпасыма қоймады. Көзімді бақырайта ашып қарасам, Ерлан. Сықиып киініп алыпты. Терезенің алдында пысылдап Асқар киініп жатыр. Мен аң-таңмын. -Ау, бұларың не? -деймін. Олар: -Тұр, тұр, тез киін!-дейді. Киіндім. -Жүр,- деді. Сөмпеңдеп соңдарынан ере бердім. Тысқа шыққан соң ғана Ерлан жағдайды түсіндірді. Өзінің түнде тым қызып қалғанын, тіпті Жанарға қош демегенін, үлгерсе қоштасып, түндегі істеріне кешірім сұрамақ екенін айтты. Біздің де орта жолдан үндемей қала бергенімізге қатты қынжылды.
Соған дейін е дұрыс, е бұрыс деп үн қатпай тұрған Ерлан осы кезде ғана әңгімеге араласты.
-Ия, Жарас рас айтады. Түнде шынында да қатты қызып қалыппын. Былай... қатты қуанғандікі ме, әйтеуір көбірек ішіп қойыппын. Артықтау кеткен жерім болса кешір, Жанар.
Жанар Ерланды енді ғана танығандай, бір сәт аңтарыла тұрып қалды.
-Жоқ, Ерлан, ол не дегеніңіз? Мен сізге шын риза болдым. Рас, кеше кейбір қылықтарыңызға ренжімек те болып едім. Бір түрлі... сіз әдейі солай істеп жүргендей көріп... Ал, енді сіздің кім-кімге болса да жолдас, сүйеу бола алатыныңызға әбден көзім жетті. Осылай келте ойлағаным үшін кешірімді сізден мен сұрауға тиіспін,-деді, Ерланға деген шын көңілін жасыра алмай, толқи сөйлеп.
Көп өтпей-ақ ұшаққа отыру басталғаны хабарланып, Жанар шетте тұрған Асқардан бастап қоштаса бастады. Менің жаныма тақалғанда екі көзі боталап, әлі құрығандай құшағыма ене берді. Жанымды қоярға жер таппай, іштей аласұрып тұрған мен де жанарды құшағыма көме бердім. Мұндай кезде қарап тұрар Асқар ма, біраз тамсанып тұрды да:
-Шіркін, қандай рахат! Жанар менің де бетімнен бір рет шөп еткізсе... Әй, бірақ, Арманы тұрғанда бізге ондай бақыт қайда?-деп әлденеден күдер үзген жанша қолын бір сілтеді.
Бәріміз де жадырап, күлкіге бір қарық болып қалдық. Жанар да күлкісін тия алмай, құшағымнан жайлап сытылып шыға берді.
-Онда тұрған не бар? Қашан Арманның қатарына қосылғанша, тіпті, одан кейін де сіздерді достық, жолдастық жағынан ренжітіуге қақым жоқ. Егер, сіз шын қаласаңыз несі бар, тілегіңізді орындайын,-деп айтарын айтса да, қызарақтап тұрған Асқардың бетінен сүйіп алды.«Оу» деп бірдеме айтпақ болып келе жатқан Жарастың да бетінен шөп еткізіп, Ерланға жақындады.
-Ерлан, сіздің қалай ойлайтыныңзды білмеймін, бірақ, Жарас пен Асқардан бөлгім келмейді,-деп оны да сүйді.
-Арман, сіз де өкпелемеңіз,-деп құшақтаймын дегенімше лып еткізіп бетімнен сүйіп алды да, тез-тез басып жолаушылардың легіне қосылды.
Сонымен Жанар қолын бұлғап кете барды. Қолымызды бұлғап біз де қала бердік. Сәл кідірген Арман күрсінгенін білдірткісі келмей терең тыныстап алып, әңгімесін сабақтады.
Ия, қызыққа толы студенттік күндер зулап өтіп жатты. Әні-міні дегенше екінші курсты аяқтадық. Сонан соң, үшінші курс. Сол бұрынғыдай Жарас, Асқар, Ерлан төртеуміз бірге тұрып жаттық. Жанардан да жиі-жиі хат алып тұрдым. Бірақ, хат арқылы үзбей хабар алып тұрсам да, өзін бір көргім келіп, әбден сағындым. «Қарағанды қайдасың?» деп тартып кете беруге сессия жақындап қалған. Қоғамдық жұмыстарды тағы тастап кете алмадым. Екі күннің бірінде Асқар, Ерлан, Жарастар:
-Әй, сағыныштан әбден өлетін болдың ғой. Қолды бір сілтеп тартып кетпейсің бе?-деп қағытып қояды.
Бір күні кешке таман емтиханға дайындалып жатыр едім, есік ашылып, әлденеге қуанышты Ерлан кіріп келді. Қарағандыда оқитын досынан телегерамма келгенін, иниститутты бітірген кешіне шақырып жатқанын айтып, қолыма телеграмманы ұстата салды да:
-Сен де жүрсейші, Арман. Жанар бір қуанып қалсын,-деді қиыла қарап. Мен сонда ғана Ерланның Қарағандыға бармақ болып тұрғанын түсіндім.
-Ау, сен өзің қалай бармақсың? Сабақты қайтпексің? Сессия да жақындап қалды,-дедім жүзіне таңырқай қарап.
-Ей, Арман-ай. Адам болдырмайтын нәрсе бола ма? Ретін табамыз да,-деді Ерлан жайбырақат. Содан соң сұрамасам да:
-Ол менің банкетіме, мен оның банкетіне баратын болып келіскенбіз. Қалайда баруым керек,-деді. -Тіпті үш-төрт күнге мені ешкім соттап жібере қоймас...
Мән-жайды естіген соң Асқар мен Жарас та менің барғанымды жөн көрді.
Ертесіне сабаққа келе салысымен кураторыма жолығып, ауылға барып келуім керек екенін айтып, үш-төрт күнге рұқсат сұрадым. Жібере салар деп ойлап едім, қателескен екем. Оқу жылының аяқталып қалғанын айтып, қоғамдық жұмыстардың көп екенін айтып, ананы айтып, мынаны айтып ол көмектесуден қашқақтай берді. Жібермейтініне көзім әбден жеткен соң, үн-түнсіз шығып жүре бердім. Ішімді өртеген ашу-ызамды баса алмай, сабақты тастап жатақханаға тарттым. Бөлмеге кірсем, қаннен қаперсіз Ерланым ұйықтап жатыр. Шешінбестен керуетке шалқамнан түсіп жата кеттім. Керуеттің сықырынан оянды ма, әлде ояу жатқан ба, Ерлан басын көтеріп алды:
-Ә, Арман, келдің бе? Не қылдың?-деді аузын кере ашып есінеп.
Мен рұқсат бермегенін, енді бара алмайтынымды айтып:
-Өзің ше? Баратын болдың ба?- дедім.
-Әрине, барамын. Міне, бір аптаға дәрігерлік анықтама тауып алдым,- деп төс қалтасынан бір жапырақ қағазды көрсетті.
Бойымды қызғаныш билеп кетті. Неге екенін қайдам, осы анықтама менікі болғанда ғой деп ойладым.
-Мұндай болғанда, маған ертерек ескертпедің бе?-деген Ерланның даусы ойымды бөліп жіберді. Сөзінің астарында: «Өте беделді емес пе едің? Қалай жолың болмады?»- дегендей мысқыл барын түсіне қойдым.
-Әй, Ерлан-ай! Менің өзгеден артық сымақтығым өзіме сор болып жабысты ғой,-дедім күрсіне. «Әлі де бір нәрсе ете алмайсың ба» деп сұрауға намыстандым. Ерлан да: «Мен солай ете қояйын» демеді.
-Сонымен, кешке ұшасың ғой?-дедім жан дүнием астаң- кестең болып.
-Ия, Құдай қаласа ұшамын. Айтпақшы, ертерек барып билет алып қояйын. Сені күтіп жатыр едім. Ерлан орнынан тұрып, жуынып-тарана бастады.
Әлсін-әлсін маған аянышты көзбен қарап қояды. Қараптан-қарап бірде Ерланға жыным келсе, енді бірде өзімді жеп қоюға шақ тұрмын. «Мен неге бара алмаймын? Неге? Неге?...
-Ал, Арман, мен кеттім. Жанарға қандай сәлемдемең бар? Сен үшін қалай да жолығуға тырысып бағармын.
Жаңа ғана қастасып тұрған Ерланыма жүрегім жылып сала берді.
-Ерлан, Рахмет! Жолықсаң, міндетті түрде сәлем айт! Осы демалыста қалай да кездесермін,-дедім, даусым дірілдей. Көмейіме әлдене тірелгендей болып, көз алдым бұлдырланып, теріс бұрыла бердім. Ерлан оны байқады ма, байқамады ма, маған күле қарап:
-Мен үшін бір сүй деп айта ма десем, қызғаншақ екенсің ғой өзің,-деді. Сонда ғана Ерланнан Жанарды қызғанып тұрғанымды білдім. Әйтсе де Ерланнан ішкі ойымды жасыра:
-Неге олай дейсің, Ерлан? Өзің біл... Әрине, сен жолықсаң, Жанар шын қуанып қалар еді ғой,-дедім.
-Арман, сен қалай қарар екен деп әдейі айтып едім. Енді сен үшін қалай да жолығуға тырысып бағамын, қалай да,-деп Ерлан жарқылдай қолымды қатты-қатты қысып жіберді. Сонан соң тез-тез басып бөлмеден шығып кетті.
Жалғыз қалдым. Ішім өртеніп бара жатқандай. Жанымды қоярға жер таппай аласұрдым. Бәрін қойып, Ерланның соңынан жүгірмек те болдым. Осылай олқы-толқы күйде тұрғанымда Жарас пен Асқар да келді. Жағдайды естіп, мән-жайға түсінген соң екеуі де мені аямай жерлеп біраз жерге дейін апарып тастады. Тіпті, "Беделің зор, күшті-ақ, бірақ ондай беделді"...-деп те айтып салды. Әбден айтарларын айтып болып, сабаларына түскен соң ғана:
-Қоя бер, Арман. Енді өткен іске өкінбе! Бір екі-ақ ай қалды ғой. Сонда қайтарарсың өкінішіңнің есесін,-деп мені жұбатуға кірісті.
Ерлан Қарағандыдан бір аптадан соң келді. Өте көңілді. Не көріп, не қойғанын аузымыздың суын құртып әңгімелеп беріп, Жанарға қалай кездескеніне тоқталды.
- Сол барған түні-ақ досым екеуміз Жанардың жатақханасына бардық. Әйтеуір анадан, мынадан сұрап жүріп оңай тауып алдық. Білесіңдер ме,-деді сәлден соң бұрынғы әдетіне салып, бәрімізді өзіне ынтықтыра,- Жанар мені көргенде, таңданғанын жасыра алмай қалт тұрып қалды да, жүгіріп келіп құшақтай алды. «Ерлан, бұл шынымен сіз бе? Өз көзіме сене алар емеспін»-деп қайта-қайта күле береді. -Ерлан өзіне-өзі ырза болған пішінде жымиып қойды. Тағы да біраз кідіріп барып, біздің шыдамымыз таусылып бара жатқанда ғана әңгімесін сабақтады: -Ертесіне де Жанар мен досы Жаңылды сабақтан қалдырып, төртеуіміз кешке дейін қыдырып, Қарағандыны араладық. Кешке досымның банкетіне де Жанарды ертіп бардым. Жанар екеумізге жұрттар тым қызыға, қызғана қарап отырды. Біреуі тіпті, өздерінің қуанышына алыс жерден ортақтасып отырғаныма рахметін айта келіп, Жанар екеуміздің бақытты болуымыз үшін ішіп те салды. Қатты ыңғайсыздансам да, «олай емес» деп айта алмадым. Қысқасы, кештің соңына дейін жұбымыз жазылмастан, қос аққудай қатар жүздік десек те болады.- Ерлан өзіне-өзі риза кейіпте тағы біраз кідірді де әңгімесін жалғады.- Ұшаққа Жанар мен Жаңыл шығарып салды. Ананы, мынаны айтып, әңгіме күлкімен әуежайға тез жеттік. Жол бойында да, әуежайда да Жанар әңгіме айтумен болды.
Сонымен менің ұшатын уақытым да тақалды. Байқап тұрмын, Жаңыл екеуі де көзінің астымен ұрлана қарап, мені қимай тұрғандай.
-Мен сол отырыста сізге ренжимін деп Арманнан таяқ жеп қала жаздадым. Сіз дегенде шығарда жаны басқа екен. Әйтпесе, мен біріншіден нәзік жанды әйелмін, екіншіден қонақпын. Үшіншіден... Ия, әйтеуір дәл сол күні маған тым қатты ұрыспауына болатын еді ғой. Енді анық көзім жеткендей болды. Сіз шынында кім-кімге де шын жолдас бола алады екенсіз. Сізден басқа адам болса, дәл осылай, арнайы ат басын бұрып келіп, біреудің аманаты, сәлемін иесіне жеткізер ме еді? Шынында адамның жанын түсіну қиын екен ғой... Әсіресе, жігіттерден Ерланның, қыздардан Жаңылдың,-деп Жанар Жаңыл екеумізді құшақтай алып, босап кеткен көңілін баса алмай біраз уақыт тұрып қалды. Не керек, олар мені, мен оларды қимай, бір-бірімізбен әрең қоштастық-деп әңгімесін тамылжыта аяқтаған Ерлан:
-Бәріңе тегіс сәлем айтып, беттеріңнен сүй деп еді, мойныма қарыз болмасын,-деп бетімізден де сүйіп шықты.
Жазғы сессияны да ойдағыдай аяқтап шықтық. Асыға күткен демалысымыз келіп, ауылға тарттым. Ауылда екі-үш күн болмай жатып, әпкемді сылтауратып «Қарасайға» жүріп кеттім. Үш-төрт күн болдым. Сол үш-төрт күннің ішінде Жанардан бір елі ажырамадым десем де болады. Зымырап демалыс та өте шықты. Жанар Қарағандысына, мен Алматыма кеттім.
Студенттік жылдардың тағы да айғай-шулы күндері басталды. Бұл кезде Асқар мен Жарас жатақханада көп бола бермейтінді шығарған. Асқар Сәулесіне, Жарас Самалына кеткен. Бөлмеде жалғыз өзім. Жанарымды ойлап, әрбір қылықтарын еске түсіріп елжіреп жатырмын. Неге екенін қайдам, есіме Жанармен бірге болған «Қарасайдағы» соңғы түн орала берді. Жанар екеуміз бір-бірімізге тығыла түсіп отырмыз. Тіпті, үйге қайтқымыз келмейді. Сондай сәттердің бірінде Жанар әлдебір тосындау әңгіме қозғап еді:
-Шынымды айтсам, өзіңізбен танысқанға дейін мен ерке болып келдім. Көп сөйлейтінмін. Сізбен қалай таныстым, солай, барлық оғаш мінездерімнен арыла бастадым. Қалада жүргенде өзім жайлы, болашағым жайлы бірде-бір ойланып көрмеппін. Мүмкін, бала болған соң да шығар. Тек осы «Қарасайға» атам мен әжемнің қолына келгелі ғана өмірді түсіне бастадым. Адам баласы алдына үлкен мақсат қоятынын, сол мақсатына жету үшін қажымай – талмай алға құлаш ұратынын, тек алдан кездесер қиындықтарға мойымай, төзе білгенде ғана өз мақсатына жете алатынын түсіндім. Көп жағдайда көзімді ашып, зердемді жеткізген атам мен әжем. Адам алдын болжай алады,-дейді әжем. Менде болжай алатын секілдімін. Бірақ, өз болжамыма сенбеймін. Өмірге келген соң кімнің бақытсыз болғысы келеді. Кім-кім де өз бақыты үшін күреспей ме? Сондықтан сенбеймін. Ия, бәрін де уақыт көрсетер,-деп әлде бір қалың ойдың жетегінде кетіп еді. «Не айтпақ болды екен сонда? Неге сұрап алмадым? Әңгімесінің басын кәдімгідей бастап, соңын неге бұлай аяқтады екен?» Осылай бітпес ойға беріліп жатқанымда, есік ашылып, үш досым кіріп келді. Бәрі де көңілді екен, даудырай жөнелді:
-Ту, сен-ақ жатудан, ойлаудан жалықпайды екенсің. Тым болмаса демалыс күні бір сәт көңіл көтермейсің бе?
- Жанармен кездесіп келгенің кеше ғана емес пе еді.. Демде сағынып-ақ қалғаның ба?
Сәлден соң барып Жарас шын әңгімеге көшті:
-Кешке жақын керемет кино болады екен. Соған түгел барамыз деп шештік.
-Сендер мақұл, Самал, Сәулелеріңмен барасыңдар. Ал мен ше? Сопайып жалғыз қалай бармақпын,-деп жақауратпақ болдым.
-Е, сенің қалай баруың керек екенін шешіп те қойғанбыз. Сен Қамармен барасың,-деді, Асқар күліп.-Кездескен жерде Қамардың мені сұрайтынын айта келіп,-Өзі қатты азып кеткен. Саған ғашық болып қалғаннан сау емес-ау,-дегенді қосып қойды.
Әңгімеге Жарас киліге кетті:
-Сөздің тоқетері, жаңа ғана Қамарға жолығып: Анау мәжнүнді ажалынан бұрын өлсін демесең көмектесе көр деп жалындық. Өйтіп-бүйтіп әйтеуір көндірдік. Көбірек күш салған әрине Ерекең...
Кешке жақын алтау болып киноға бардық. Қамар екеуміз қатар отырдық. Оқиғалы да ойлы кино екен. Қамарды қайдам, өз басым қалай басталды солай экраннан көз ала алмадым. Кино да бітті, шам жанып топырлап тысқа шықтық. Ары қарап, бері қарап, жаңа ғана жанымда келе жатқан Асқар Ерландарды көре алмадым. Едеуір жүрген соң Қамар мені қолтықтап алды. Ананы-мынаны айтып келеміз. Енді бірде киноны талдауға көшіп, әлденеге таласып та қалдық. Шиеленіске толы кино оқиғасы өте қайғылы аяқталады: Қыз сүйген жігітімен соңғы кездескенінде, оған дисертациялық жұмысын қорғай салысымен тұрмысқа шығуға уәде береді. Бірақ, зертханалық тәжірибе жасау кезінде әлдебір химиялық қоспадан қате кетіп жазым болады. Осылайша, гүл құшақтап, арсалаңдап келген жігіттің мойнына сүйген қызы емес, қайғы асыла кетеді.
Арада талай жылдар өтіп, үш-төрт балаға әке болса да, жігіт сүйгенін ұмыта алмайды. Ақыры, қалың ойға беріліп, «сүйгенімен сырласып» келе жатып машинаның астына түсіп өзі де мерт болады. Ең ғажабы, жұбайы, туған туысқаны, ауыл адамдары болып, жігітті өз өтініші бойынша сүйген қызының жанына жерлейді.
Қамар айтады:
-Бәрі былшыл. Сондай тату-тәтті жанұясы, асып-тасқан дәулеті, беделді қызметі бар салмақты кісінің әлде қашан қайтыс болып кеткен қызды ұмыта алмауы мүмкін емес.
-Ұмыта алмайды. Себебі, жігіт оны мектепте оқып жүргеннен бастап сүйді. Қаншама теріс жол кезігіп қалса да айналып, не аттап өтіп кетіп жүрді. Ендеше, жігіттің жүрегі таза. Ондай жүрек өмірде бір-ақ жанға беріледі. Әйтпесе, «Сенсіз қалай өмір сүріп келгенімді білмеймін. Ал, енді бұдан былай сенсіз өмір сүріп, тіпті, ойнап-күле де алмайтыным анық» деп айтпас еді ғой. Жігіттің қызды ұмытуы мүмкін емес-деймін мен де қарсылық білдіріп.
-Арман, мүмкін солай болса, солай шығар. Бірақ, уақыт өткен сайын бәрі де өзгерері анық қой. Уақыт өзгертпейтін ешнәрсе жоқ. Ең мықты деген темірді де тот басады. Мызғымайтын қара тастай дейміз. Сол қара тастың өзі де уақыт өткен сайын мүжіле береді. Мұның бәрі, әрине кітаптан да, табиғаттан да белгілі жайлар. Тек қана, «Алтынды тот баспайды» дейді. Бірақ уақыт өте, кейбір жағдайда ол да күлге айналып кетеді екен. Адам да солай. Уақыт өте, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өзгереді,-дейді, Қамар.
Мен өзімді ойладым. Жанарды ойладым. Ойладым да пікірімнің дұрыстығына шүбә келтірмедім. Ақыры айтқанымнан қайтпай, Қамардан басым түстім. Әңгіме қызуымен Қамардың пәтеріне қалай жеткенімізді білмей қалыппыз. Дарбаза алдындағы ұзын тақтай орындыққа жайғастық.
-Арман, сенің айтқаның дұрыс та шығар,-деді Қамар ойлана, өйткені сен нағыз бақытты жансың. Бақытты жандар қай уақытта да өмірді қуаныш пен шаттықтан, махаббат пен бақыттан ғана құралған деп біледі. Ал, кейбіреулер ше? -Көкірек жара күрсініп алып әңгімесін сабақтады. -Мен де бір кезде шын бақытты едім. Сонау оқушы кезден бастап-ақ махаббат пен сағыныштың дәмін таттым. Кешеге дейін менен бақытты ешкім жоқ шығар деп ойлаушы едім. Бірақ, балалық махаббатымның басы тәтті басталғанымен, аяғы ащы болды. Бала күннен сеніп келген, балауса махаббатымды қолына сеніп тапсырған, өзгеден артық көрген адамым бір күннің ішінде менен сырт айналып шыға келді. Оны шын сүйетін едім. Жан азабына шыдай алмай, у ішпек болдым. Іштім де. Бірақ қыздар дер кезінде ауруханаға апарып, аман қалдым. Егер, сонда бес-он минут кешіккенде ғой, мен сенімен бұлай кездеспеген де болар едім. Мұндай азапты бастан кешпес те едім. Бірақ, «Көресіні көрмей көрге түспейсің» деген рас екен. Тағдыр қиыннан қиыстырып саған жолықтырды. Арман, несіне күлтілдетіп, әрлеп жатайын. Айтайын дегенім... айтайын дегенім, мен сені шын ұнатып қалдым. Сен әрине, бұл айтқаныма сенбессің де. «Жанарым бар, маған неге бұлай айтады?» деп те ойларсың. Бірақ, мен...мен... бұдан арыға шыдамым жетер емес. Ешкімнің ала жібін аттап көрмеген жан едім, сонда да тағдырдың тәлкегіне мықтап ұшырадым. Тәлкек демей не дейін? Өткенді өзімше ұмыттым деп, оған өзімді сендіріп, енді-енді ғана тыныштала бастаған көңілім, барлық нала-мұңы түбіне шөгіп, енді-енді ғана шымырлап тұна бастаған сезімім, өзіңе қалай жолықтым, солай бұлқан-талқан боп шыға келді. Ия, Жанарыңның барын біле тұра сен деп соққан жүрегімді райынан қайтару мен үшін қиынның-қиынына айналды. Өзіме шақ сананың, ақылдың, ар-ұяттың иесі болсам да, өзің деп аласұра соққан жұдырықтай ғана жүрегіме әлім келер емес. Арман, қанша айтпай-ақ қояйын, өз отыма өзім өртеніп бағайын десем де болмады. Шындығына келсем, айтпасқа күшім жетпеді. Адамды сағыныш пен махаббат жеңгенде, неге болса да барады екен. Менің де жеткен жерім осы болды. Мен туралы қалай ойласаң да еркің. Мазағыңа айналдырсаң өзің біл. Мен қуанбасам өкінбеймін. Тек, менің өзіңе деген махаббатым да, сезімім де тап-таза, мөп-мөлдір екенін есіңнен шығармағайсың. Қамар қос алақанымен бетін басқан күйі қоштаспастан жүгіре басып ішке еніп кетті. Мен де орнымнан тұрып, жаттақханаға қарай беттедім. «Бәрі де жай әңгіме шығар. Әйтпесе менің Жанарды шын сүйетінімді жақсы біледі ғой» деп ойлағам да қойғам.
Ертемен сабаққа барасың. Түсте қайтып келесің. Осылай еш өзгеріссіз, жаңалықсыз бір апта тағы зулап өте шықты. Күн жексенбі болатын. Жатақхананың алдындағы орындықта «Жанарыммен сырласып» өлең құрастырып отырғам.
-Саламатсыз ба, Арман-деген таныс дауысты естіп, басымды көтеріп алдым. Қарсы алдымда Қамар тұр. Бұлай келер деген ойымда жоқ еді. Табан асытында аузыма сөз түспей қалды.
-Арман, сіз іздеп бармаған соң өзім келдім, ыңғайсыз болса да,-деді Қамар жаныма отырып жатып.
-Қамар, несі ыңғайсыз? Мен де сен туралы ойлап отыр едім,-деп қалай айтқанымды білмей қалдым. Қамар сөзіме сенді ме, сенбеді ме, біраз үн-түнсіз отырды да:
-Арман, сен кешір. Түнде көп сөйлеп кетіппін. Адам қараңғыда батыл болып кетеді-ау деймін өзі,-деді күліп. «Бәсе, өзім де біліп едім ау, осылай бір келеріңді»-деп ойладым іштей.
-Бірақ, мұнымен сөзімді қайтып аламын деп отырған жоқпын. Қайта ұятты белден басып, саған сөздің турасын айтайын деп келдім. Ия, Арман, бір апта бойы ойланып, осындай шешімге келдім. Әңгіменің ашығы, сенен бүгінгі түніңді менімен бірге өткізуіңді сұрап келдім..
Қамар мұндай сөз айтады деп ойламап едім.
-Қамар, сен.. сен неге бұлай?.. Жай сөз бе десем.. Сен.. сен неге білмейсің. Мен бір ғана адамды сүйемін. Ол.. ол-Жанар,-деп тұтыға айқайлап жібердім.
-Арман, әйтеуір бір осылай деріңді де білгенмін,-деді Қамар бәсең үнмен. Ақыры естідім де. Мейлі, мен қанша мылжыңдасам да тыңдау-тыңдамау өз еркіңде ғой. Сенің еш уақытта жаман жолға бармайтыныңды да жақсы білемін. Бірақ...тым болмаса бүгінгі кешіңді қишы маған. Аралайықшы, қол ұстасып әсем Алматыны. Мүмкін, мен бақытсыздыққа ұшыраған күннен бастап көріксіз сұп-сұр болып көрініп келе жатқан аспан, жер, бүкіл табиғат бұрынғыша жарқырап
шыға келер ме екен. Тым болмаса бір рет жарқыраған әсем Алматыны, сұлу табиғатты, нұрлы жүзді адамдарды көріп аттанайыншы мына опасыз, жалған өмірден. Тым болмаса, ең соңғы өтінішімді..-Қамар сөзін аяқтай алмай булыға жылап жіберді.
Мен Қамарды аяп кеттім.
-Қамар, неге олай дейсің? Әлі-ақ қолыңнан ұстап, бақыт жолына жетелейтін жан табылар. Әлі-ақ өткен күндерің қайта оралып...
-Жоқ, жоқ, Арман, жоқ!-Қамар айқайлай орнынан ұшып тұрды.-Жоқ, Арман, ол мүмкін емес. Еш мүмкін емес. Өйткені, менің көксегенім өмірлік емес, бір күндік, тіпті бір сағаттық қана рахат, ләззат, қуаныш, шаттық, бақыт. Оны тек сенен іздеп келіп едім. Бүгінге дейін ойлағандарым, армандарым орындалмаса орындалмай-ақ кетсін, осы ең соңғы арманым орындалар деп үміттеніп келіп едім. Амал не, бәрін де тас-талқан еттің. Енді, соңғы айтарым... өтінішім болсын, маған жолыға көрме, Арман. -Қамар сонша жылдам қимылдап маңдайымнан сүйіп алды да, тез-тез басып жатақхананы айналып кетті. Мен әрине, Қамардың көп сөздеріне түсінбедім. Өзі айтқан соң жолықпауға тырысып бақтым.
Сонымен не керек, мен үшін бақыт-шаттық, қуанышқа толы болған бес жыл да өте шықты. Өмір деген қызық қой. Алғашқы оқуға түскен жылдары бес жыл деген ұзақ, әрі өтпестей көрінуші еді. Әсіресе, кейбір сесияларда қинала қалсақ: «Қашан бітірер екенбіз? Қашан маман болып, емін-еркін жүрер екенбіз?»-деп армандаушы едік. Ақырында, сол өтпестей көрінген бес жылдың да зу етіп өте шыққанын білмей қалдық. Оқыған-тоқығанымыздың нәтижесін сынайтын ең соңғы мемлекеттік сынақты да ойдағыдай тапсырып шықтық. Бес жыл бойы аянбай оқығаным ақыры өз септігін тигізді. Университетті қызыл дипломға бітірдім. Қуанышымызда шек жоқ. Банкетімізге Жанарды да шақырдық. Шақыруын шақырғанмен, келе ме, келмей ме деген екі ұшты ойда жүргенмін. Банкеттің басталуына бар жоғы үш-төрт сағат қалғанда, жеделхат сарт ете қалды. Аяулы Жанарым кешке әуежайда болмақ.
Кешті әрең болдырып, әуежайға қарай ұштым. Дәл уақытында жетіппін. Қарсы келе жатқан Жанарды көргенде, басқа дүниені ұмытып, құшағымды аша ілгері ұмтыла бердім. Жанар да мені әбден сағынып қалыпты. Халық тұр-ау деместен, жан дүниемді ерітіп, құшағыма ене берді. Түстен бері өтпей қойған уақыт енді зымырай жөнелді. Біз әуежайдан шықпай жатып-ақ күн батып, айналаны бұлыңғыр перде тұмшалады. Бір-бірімізге тығыла түсіп, аяңдап келеміз. Аузымыз әңгімеден босар емес. Ананы да, мынаны да айтып, оған өзіміз мәз боламыз. Саябақтың орта тұсына келгенде Жанарды жаңа көргендей құшақтай алдым. Сүйегін сындырып жібердей қыса түсіп, бас-көз демей сүйе бердім, сүйе бердім.
-Жанар,-деймін алқына тіл қатып. –Екеумізден де бақытты адам бар ма екен осы?
-Жоқ, жоқ, жаным, жоқ,-Жанар да үздіге тіл қатты.
-Жанар!-дауысым бір түрлі дірілдей шықты. –Сен білесің бе? Мен өзіңмен кездескелі бері бақыт жолымен жүріп келемін. Енді, міне, бүгін сол бақытым-саған қолым жеткендей... Келесі жылы сен де бітіресің. Сосын екеуміз мәңгі бірге...
-Әрине, Арман, оған дау жоқ қой,-деп Жанар сөзімді бөліп жіберді. –Арман, сіз де, мен де оқуға қиналып барып түстік. Сіз мінеки, ойдағыдай бітіріп шықтыңыз. Қызыл дипломға бітірдіңіз. Ал, мен ше? Әлі алда бір жылым бар. Өзіңіз секілді мен де қызыл дипломға бітірем бе деп жүр едім. Әрине, сіз мені асықтырмасаңыз.. «Жақсылықтың ерте кеші жоқ» деуші еді әжем...
-Жанарым! Жаным! Бақытым менің! Мен сені түсіндім. Неге асықтырайын? Неге күтпейін, жаным? Көбіне шыдағанда, азына неге шыдамайын? Сен тек қана менің бақытымсың! Тек қана менің!-деп Жанарды құшағыма қыса түстім.
-Арман, жаным! Рахмет. -Қуаныштан ба білмеймн, Жанардың нұрлы жүзін жас жуып жүре берді. Өзін-өзі тоқтата алмай өкси жылады. Мен Жанарды бауырыма қыса түсіп, оның жүзін толассыз жуып жатқан қуаныш пен бақыт жасын жерге түсіргім келмей жұта бердім, жұта бердім. Бір түрлі кермек татиды екен. «Қуаныш, бақыт жасы да ащы болады екен-ау»-деп ойладым іштей. Сонда да жұта бердім, жұта бердім.
Жанар екеуміз келгенде, группаластарымның бәрі тегіс жиналып, бізді күтіп отыр екен. Есіктен кірмей жатып дүрсе қоя берді:
-Арман, бұл қалай? Жанар келді деп бізді ұмытып кеткеннен саумысың?
-Е, енді бұл ең соңғы бас қосуымыз емес пе? Қанша алтын уақытымыз босқа кетті...
-Шынында, енді сен Жанарыңмен онсыз да бірге емессің бе?...
Не айтарымды білмей, Жанарды жетелеп столға жақындай бердім. Жанарды көріп, арсалаңдай орнынан тұра берген Асқар мен Жарасты Ерланның сөзі қайтып орындарына отырғызып қойды.
-Асықпаңыздар, аптықпаңыздар. Жанармен амандасып, хал-жай сұрасуға әлі-ақ үлгересіздер. Ал, дәл қәзір екеуіне де штраф. Кешігіп келгені үшін-деп, Жанар екеуміздің қолымызға коняк толы қос рюмкені ұстата қойды. Ішпейтінімді айтып қанша бұлталақтасам да болмады.
-Рас, Арман, ішпейтініңді бәріміз де білеміз. Бірақ, бүгін мынадай қуанышқа ішпесең...-Ерлан тақымдап қояр емес. Отырғандар да Ерланды қоштап, дабырласып кетті. Рюмке толы конякті алғаш рет қақала-шашала ішіп салдым. Қинап қоймаған соң Жанар да орталай ішті. Екеуміз столдың төр жағына жайғастық. Жанардан кейін Ерлан, тағы бір бөгде қыз, менен кейін Самал, Жарас, отыр. «Ерлан неге Гүлнәрін ертіп келмеген?» деп ойладым іштей. Отырыс демде қызып жүре берді. Басқаларға қарағанда Ерланның пысықтығын, елгезектігін тағы да байқап қалдым. Әп-сәтте қыздардың алдындағы тарелкаларды салатқа толтырып қойды. Бірінші болып тағы да өзі сөйлеп кетті:
-Жігіттер, қыздар! Бүгін міне, бәріміз де бас қосып отырмыз. Сонау жердің шалғайынан Жанар да жетіпті қанат байлап. Жаңағы өздеріңіз айтқандай бұл мүмкін соңғы бас қосуымыз да шығар. Бірақ, мен өз басым олай деп ойламаймын. Біз әлі талай бас қосамыз. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, күні ертең-ақ Арман мен Жанардың бақыт тойын тойлауымыз ғажап емес қой. Асқар мен Сәуле, ше, Жарас пен Самал ше,-деп біраз жігіттер мен қыздардың есімін атап шықты.-Ия, ендеше біз әлі талай кездесеміз. Тек, достығымыз ажырамасын. Бүгінгі менің сіздерге айтар тілегім дипломдарыңыз тоза берсін, қызметтеріңіз оза берсін! -Ерлан рюмке толы конякты сарқа ішіп, рюмкесін столға төңкеріп қойды. Басқалар да Ерланның сөзіне риза болғанын жасыра алмай кеу-кеулесіп, біртіндеп рюмкелерін босата бастады. Жанар екеуміздің ішпей отырғанымызды Ерлан байқап қойған екен, қасын қағып қана ренжіген сыңай танытты. Ерланның көңілін қимай тағы ішіп салдым. Бір кезде жұрттар биге шыға бастады. Мен де Жанарды жетелей ортаға шықтым. Алғаш рет ішкендікі ме, бір түрлі қалқып жүргендеймін. Кейде бір жағыма қарай ауытқып кететінімді де байқап, Жанардан қысыла түстім. Би аяқталып, қайтып келіп столға жайғастық. Тағы да тілектер айтылып жатты. Кейбірі тілегін айтып-айтып келіп, Жанар екеуміздің бақытты болуымыз үшін де ішіп салды. Жылы сөзге семірмейтін көңіл ме... Шын пейілімді білдіріп мен де алып тастап отырдым. Содан соң... Жігіттер сұрады ма, әлде өзім бе, өлең оқи бастадым. Кәдімгі ақындарша сілтедім. Жұрттың ду қол шапалақтауы, мақтағаны шалқып тұрған көңілімді одан сайын аспандатып жіберді. Ақырында Ерланның ұсынысы бойынша, менің ақындығым үшін де ішіп жібердік. Бір қарасам, стол басында жалғыз өзім қалыппын. Дереу асып-сасып орнымнан тұрмақ болдым. Көзім қарауытып, басым айналып жүре берді. Би жаққа қараймын, Жанар мен Ерлан билеп жүр. Ерлан кәдімгідей-ақ билеп жүр. Түк ішпеген секілді.«Түсінбеймін, Ерлан менен көп ішпесе, аз ішіп отырған жоқ. Сонда қалай?» Жанарды Ерланнан қызғанып, орнымнан тұрмақ болдым. Бірақ, аяғымды нық тіреп көтеріле де алмадым. Өзімнің мүсәпір халіме жыным келіп, қолыма рюмкемді алдым. Қай уақытта ішіп қойғанымды білмеймін, бос тұр. Ерланның алдында шүпілдеп тұрған рюмкені алып ішіп салдым. Қанша іштім, масаңдаумын десем де ол рюмкедегі коняктың дәмінен әлдебір өзгешелікті бірден сездім. Оның тілді үйірер тәттілеу дәмі болса, менің ішіп отырғанымның бәрінде де жаныңды тітіркендірер жағымсыз ащы дәм бар еді. Күдігімді анықтай түскім келді ме, Жанардың рюмкесін де ішіп салдым. Би аяқталып, жұрттар орындарына жайласты. Жаныма келіп отырған Жанардың әлсін-әлсін менің жүзіме қарағыштай бергенін байқадым. Көп өтпей тағы бір тостың реті келе қалды.
-Арман, мұныңыз не? Енді ішпеңіз, өкпелеймін,-деп рюмкеме жармасқан Жанардың қолын қағып жіберіп, рюмке толы арақты төңкеріп аузыма құя салдым.
-О, Арман ішті. Енді біздің кезегіміз,-деп рюмкені Жанарға ұстата берген Ерланды ай-шай жоқ жұдырықпен салып жібердім. Ерланның бетін басып, бір жағына қарай қисайып құлап бара жатқанын көрдім. Ақыры болар іс болды ғой деп жақын тұрған арақ толы рюмкені қолыма алдым...Тағы біреуін алдым ба, алмадым ба, есімде жоқ. Көз алдымда әр түрлі сызықтар мен шеңберлер ойнап, бірте-бірте қап-қараңғы тұңғиыққа батып бара жаттым.
Бір уақытта кіресілі-шығасылы есім кіріп, жан-жағымды қармана бастадым. Төсекте жатқан секілдімін. Жанар?! Жанарым да жанымда жатыр. Жанарды құшақтай түсемін, қыса түсемін. Алғаш рет Жанар екеуміз оңаша төсекте жатырмыз. Бүгін мен қатты маспын. Жанар да кешірер. Жанар қыбыр ететін емес. Мен қалай тартсам, солай көне береді. «Бұл қалай? Жанардың бағанағы сөзі қайда?» Бір түрлі түс көріп жатқандаймын. Лайым, түсім болса екен деп тілеймін. Мұндай жеңілтектікке Жанарды қиятын емеспін. «Неге бір рет болса да қарсылық білдірмейді? Әлде..» Бір суық ой денемді қарып өткенде, басымды қалай көтеріп алғанымды білмей қалдым. Терезеден болар-болмас жарық түсіп, үйдің іші күңгірт тартып тұр. Бөтен үй. Дереу өзіме қырын қарап жатқан «Жанардың» жүзіне үңілсем, бөтен біреу. Бөтен болғанда да Қамар. Жанымда денесі жартылай жалаңаш Қамар жатыр. Өзімнен-өзім жиіркендім. Бойымды кернеп келе жатқан ашу-ызаға ерік бермей, тез-тез киініп алдым. Қамар тіптен қымсынар емес. Нақ мені мазақ еткендей, үстінен жамылғыны сыпырып тастап, әппақ балтыры жылтылдап орнынан тұра берді. Қаным басыма шауып кетті. Атылып барып Қамардың мойнынан қылғындыра ұстай алдым.
-Қамар, айт шыныңды. Мені мұнда кім әкелді? Жанар қайда?-деп саусағымды қыса түстім. Менің түрімнен аямасымды сезді ме, Қамар шынын айтты.
Мен есімді білмей қалғаннан кейін жұрттар әбден сасады. Мені әрі-бері сүйрелеп жүргенде, мейрамхананың да жабылатын уақыты болыпты. Өйтіп-бүйтіп жатақханаға жеткізген екен, ішке кіргізе алмапты. Сонымен не керек, достарым ақылдасып, мені Қамардың пәтеріне апармақшы болады. Әдепкіде ол келісім бермеген екен, Жанар мен Ерлан басқа апаратын жер жоқ екенін айтып, жалынып тұрып алыпты. Амал жоқ, келісім беріпті. Одан кейін Жанардан хабарсыз екен.
Мен сонда ғана барлық жайды түсінгендей болдым. «Ах, Жанар, алдандың-ау! Өзім түсіріп бердім-ау, қармағына!»-деген үрейлі де өкінішті ой жүрегімді тілгілеп жатты.
-Қамар, сені сөзіңе қарап қарындасымдай көріп жүр едім. Ал, сен болсаң не істедің? Қорғаудың орнына мені отқа итергенің не? Қандай өшің бар еді менен ала алмай жүрген?-деп Қамарға дүрсе қоя бердім. Енді сәл тұрсам көзімнен ыстық жас ыршып кететінін біліп, есікке қарай жүре бердім.
-Арман, кетпексің бе? Әлі таң атқан жоқ қой. Кетпеші. Мен сені сүйем ғой, Арман,-деп Қамар есінен танған адамша мойныма асыла кетті. Осы кезде есік қағылып, ар жағынан Ерланның үні естілді. «Ерлан, тағы да Ерлан»... демде қаным басыма шауып, көзіме ешнәрсе көрінбей кетті. Қамарды бар күшіммен кейін лақтырып жіберіп есікке ұмтылдым. Есікті ашып жібергенімде бір жақ көзі көгеріп, ісіп кеткен Ерлан ішке ене берді. Ашық-шашық күйі шалқасынан түсіп қимылсыз жатқан Қамарға аянышпен қарап тұрды да:
-Арман, сен не істегенсің? Кім білген сенің мұндай оңбаған әрі қатыгез екеніңді,-деді жүзіме үрейлене қарап. Даусы құлағыма күңгірлеп естілді. Маған жақындап келе жатқандай. Одан ары қарата ешнәрсені көргем де, естігем де жоқ. Атылып барып Ерланды жағынан жұдырықпен құлаштай салып жібердім. Құлап түскен оны бас-көз демей тепкілей бердім, тепкілей бердім.
-Тоқтат! -Жанардың шаңқ ете қалған ащы дауысынан есімді жидым. Қай кезде келгенін білмеймін, есік алдында Асқар, Жарас, Жанар тұр. Бір бұрышта жартылай жалаңаш Қамар, бір бұрышта Ерлан сұлқ түсіп «өліп» жатыр. Жанар Қамардың кеудесіне құлағын тосып тың тыңдады. Беліне дейін түріліп кеткен іш көйлегінің етегін төмен тартып, қымтай жауып, орнынан тұрды да жайлап басып жаныма келді.
-Мынау, Қамар үшін, мынау екі жүзділігің, қатыгездігің үшін,-деп шапалақпен бетімнен тартып-тартып жіберді де, екі алақанымен бетін басқан күйі үйден шыға жөнелді. Асқар мен Жарас та түтіп жіберердей түйіліп-түйіліп келді де, «Әй, сендей бейшараны неғыламыз» дегендей қолдарын бір сілтеп шығып жүре берді. Жалғыз қалдым. Істің «болары болып, бояуы сіңгенін» біліп, отыра кеттім. Неге екенін қайдам, сақылдап тұрып күлгім келді. Еңіреп тұрап жылағым да келді. Осылай есалаң хәлде отырғанымда, тәртіп сақтау қызыметкерлері де жетті.
Сонымен не керек, көп ұзамай-ақ тергеу жұмыстары аяқталып, ісім сотта қаралып жатты. Үкім кесіліп, тағдырым шешілетін күн де келіп жетті. Әуелі жәбірленушілерге сөз берілді.
Қамардың айтуынша: Достарының көңілін қимай маған үйге қонуға рұқсат берген екен. Түнде мен ол жатқан бөлменің есігін ашып кіріп, оны өз дегеніме күштеп көндірмек болыппын. Көнбеген соң ұрып жығыппын. Алғашқы келгенде қатты мас болғаныммен, бөлмесіне кіріп, онымен алысып жүргенімде сап-сау екенмін.
Ерланның айтуынша: Таңертемен Жарас, Асқар, Жанар төртеуі мені алып кетпек болып келеді. Басқалары сыртта қалып ішке Ерлан кіреді. Есікті тартып көрсе, ілулі. Іштен өз арын қорғап жанталасып жүрген Қамардың көмек сұрап айғайлағанын естіп, есікті бұзып кірген ол ашық-шашық күйі қимылсыз жатқан Қамарды көріпті. Мұндай сұмдыққа шыдай алмай маған ұмтылғанда, қатты тиген соққыдан құлап түскен. Одан ары қарата ештеңке білмейді екен. Асқар, Жарас, Жанар да, куә болған тәртіп сақтау қызыметкерлері де Қамардың сөзін толық растап шықты.
«Бұл қалай? Шынымен солай болғаны ма? Мен қалай сап-сау бола тұрып Қамарға тисемін? Оны қай кезде өз дегеніме көндірмек болдым екен?... Әлде, Қамар жалған айтып тұр ма? Бірақ, ол неге жалған сөйлеу керек? Әлде, әдепкі мас кезімде... шынымен де солай болды ма екен?... Көз алдыма сақылдай күліп, өзіме ұмтылған жартылай жалаңаш Қамар елестеді. Әдепкі ұйқылы-ояу күйімде Қамарды Жанар екен деп қателескенім есіме түсті. Денем от болып өртеніп бара жатқандай. Ерланның да айтқан сөздерінің бәрі шылғый өтірік болғанмен, Қамардың сөздерімен дәл келіп тұр. Ең соңғы сөз айыпкер өзіме берілді. Мен сөзімді созып жатпастан, бәріне де кінәлі тек өзім екенімді мойындадым. Басқа ешкімге кінә арта алмайтынымды, өз қолыммен істегенімді өз мойныммен көтеретінімді айттым. Көп ұзамай соттың шығарған үкімі де оқылды. Жазығы жоқ Қамарды өз дегеніме көндірмек болып ауыр соққыға жығып, оған көмектеспек болған өзімнің жан досым Ерланды ауыр жарақаттап, жағын сындырып, Қазақстан азаматына сай келмейтін жат қылық көрсеткенім үшін айыпталып, бес жылға бас бостандығымнан айырылып кете бардым.
Таңның атысынан, күннің батысы, істейтініміз тек қана ауыр жұмыс. Анау-мынауды ойлауға мұршаң да болмайды. Қас қарая тамағымызды әрең ішіп, сүрліге құлаймыз. Осылай бір-бірінен айырып алғысыз ұқсас күндер баяу өте берді. Ылғый да бар шындықты айтып, Жанарға хат жазғым келеді де, артынша өз ойымнан өзім дереу айнып шығамын. «Болған оқиғаның азын білсем, көбін білмеймін. Олай болса өзімді қалай ақтап шықпақпын? Өзімнің ақ екенімді, жазықсыз екенімді немен, қалай дәлелдемекпін?»
Бірте-бірте қиындыққа үйреніп, жұмысқа да әбден төселеп алдым. Тіпті, түрме бастығының бұйрығымен өз тобыма бригадир болып та сайландым. Тек, жанымды ауыртып, жүрегімді сыздататын ойлар. Бітпес ауыр ойлар. Қолым қалт етсе, Жанар туралы ойлап кеткенімді білмей қаламын. Өзін әбден сағындым. Ақыры, бір күні шыдай алмай, қолыма қалам-қағаз алып, Жанарға хат жаздым. Көрген-білгенімді, есімде қалғандарын үтір-нүктесіне дейін түк қалдырмай түгел жазып, сол күні-ақ кезекшіге табыс еттім. Содан кейін-ақ өзімді бір түрлі жеңілдеп қалғандай сезіндім. Жанарымның жанымды қалай да түсінетініне шек келтірмедім. Ыстық мейірімге, сағынышқа толы хатын асыға күтіп жүрдім. Ия, үмітім алдамапты. Асыға күткен Жанарымның хаты да тиді-ау, бір күні қолыма. Қуанышымды, жан толқуымды баса алмай, қолым дірілдеп конвертті әрең аштым.
Хат, Саламатсыз ба, Арман!-деп суықтау басталыпты. Хал-жағдайымды, амандығымды тәппіштеп сұрап, өзінің жағдайын, қайда істеп, қайда тұрып жатқанын жазыпты. Ал, одан ары ғарата сұмдық!... Біреу төбемнен суық су құйып жібергендей болды. «Арман есіңізде ме, «Қарасайдағы» түн?... Менің сондағы: «Мен болжай білетін секілдімін, бірақ өзіме-өзім сенбеймін»-деп айтқаным. Мен әрине, көріпкел емеспін, дегенмен келешегімді ойламақ болғанымда, дәл осындай десе де болады, әлдебір оқиға, көз алдымда көлденеңдеп тұрып алатын еді. Арман, сіз мүмкін білерсіз, мүмкін білмессіз, мен сізді алғашқы танысқаннан кейін-ақ құлай сүйдім. Сізді де өзімше солай деп ойлайтынмын. Екеуміздің бір-бірімізге деген сеніміміз, махаббатымыз мен үшін өзгелерден ерекше секілді көрінетін. Содан ба екен, бақытымызды біреу тартып алатындай үрейлі күй кешіп, қатты қиналатын едім. Енді міне, күні-түні жанымды кемірген сол үрейлі ой біртіндеп шындыққа айналып бара жатқандай. Арман, хатыңызда барлық істегеніңізді бүкпестен мойындап жазыпсыз. Шындықты айту, мойындау әрине, жақсы қасиет. Әйтсе де, осыншама қатыгездікке не үшін барғаныңызды біле алмай әлі де далмын. Шынында, нәзік жанды Қамардың жазығы не? Өз арын қорғап өлу тек қана батыл, ар-ұятын өзінен биік қоятын адал жанды әйелдерге ғана тән қасиет деп ойлаймын. Ендеше, мен алғаш рет сондай жанды көріп сүйсіндім. Ол- Қамар. Сонымен қоса, өз мақсаты үшін, өзгені (мейлі ол нәзік тұлғалы әйел болсын) аямайтын нағыз қатыгез жанды көрдім. Ол-сіз, Арман. Кешіріңіз, Арман. Бұлай айтпасқа амалым жоқ. Ал, Ерланды, өзіңіздің жан досыңызды не үшін ауыр жарақаттағаныңызды тіпті де түсінбеймін. Айтуға да ыңғайсыз. Қызғаныш па?... Ерлан сол жолы мені Қарағандыға шығарып салып тұрғанда, сізді ойлап қандай қамықты десеңізші:
-Арманның алғаш ішуі ғой. Бәрін кешірдім. Халі не болды екен?-деп тыпыршып бір орында тұра алмады. Ал сіз... Арман, айтыңызшы, менің не жазығым бар еді? Есеймей жатып-ақ сізге балаң махаббатымды сыйлап, сенім білдіргенім бе? Әлде, кешеге дейін өзіңізге имандай сеніп, соңыңыздан көзімді жұмып ере бергенім бе жазығым? Не үшін жараладыңыз жанымды? Ерлан мен Қамардікі тән жарасы ғой, жазылар. Ал, менің жарам... сірә, жазыла қоймас... Себебі, сіз менің жанымды ауыр жараладыңыз. Ал, жан жарасының жазылуы... Ол енді жазыла қоймас.. Бұл сөздерді айту мен үшін әрине, өте ауыр, бірақ сізді де, өзімді де алдамай дәл осылай айтуға тиіспін. Қош-сау болыңыз, Арман! Сізге тек қана жақсылық тілеуші Жанар»
Ия, Жанар хатын осылай аяқтапты. Бірақ мен Жанардың хатын қанша оқысам да, өз жазғандарыма жауап болардай сөз таба алмадым. Қамардың алдыңғы айтқан сөздері мен түсініксіз қылықтары туралы Ерланның ресторандағы қастандығы туралы түк қалдырмай, тәппіштеп-ақ жазғандай едім.. Ары ойлап, бері ойлап: «Жанар жазғандарымның ешқайсына да сенбеген ғой» -деген қорытындыға келдім. Өзімнің адал екендігіме тағы да шүбә келтіре бастадым.
Тағы да азапқа толы күндер басталды. Қанша ойламайын десем де, Жанар туралы ойлап кеткенімді білмей қаламын. Неге олай? Неге олай?-деген өзіме түсініксіз әлдебір сұрақ күндіз болсын, түнде болсын, соңымнан бір елі қалмайды. Жұмысқа бұрынғыдан да жанымды сала кірістім. Осылай бір-бірне ұқсас азапты күндер тізбектеліп өте берді. Бостандыққа шығуыма үш жыл қалған. Барымды салып жұмыс істеп жатыр едім, кезекші хат әкеліп берді. Жүрегім атқақтай соғып хаттың сыртына көз жүгірттім. Хат Жанрдан емес, Қамардан келіпті.
«Арман!
«Өмірдің жолы тоқсан тарау» дейді. Енді ойлап көрсем, соның жартысынан көбі дерлік қиындық пен азаптың, бақытсыздық пен мазақтың жолы екен. Ия, адам дүниеге келеді. Періштедей пәк, кіршіксіз таза күйінде келеді. Сонан соң уайымсыз-қайғысыз балалық шақ жолымен жүріп өтіп, ер жетеді. Әрине, ер жетіп оң-солын тани бастаған соң-ақ, көкейдегі жүрген арман-мақсатына қол соза бастайды. Арман-мақсат қол созса болды уысыңа түсе қоятын нәрсе емес. Оған жету үшін алдыңдағы тоқсан тарау жолдың әйтеуір біреуіне түсіп, тау-тас, шың-құз демей, табаныңды тоздырып тек ілгері ұмтылуың қажет. Әркім өз жолын әр қалай тандайды. Біреулер мақсатына жеткізер жолды әбден байқап, бағдарлап, дұрыс таңдап түседі. Ал, енді бірі асыға-аптыға кідірместен, кез-келген біреуіне түсіп жүре береді. Енді бірі.. Ия, мен де өзім тандаған жолмен келе жатыр едім. Самат аямай жанымды жаралағаннан кейін жігіттердің біреуіне де сенім білдірмедім, көңіл бөлмедім. Неге екенін қайдам, сіз ғана маған алғаш рет өзгелерден бөлек көріндіңіз, Арман. Содан бастап жүрегім сіз деп соға бастады. Содан бастап мен сізді шын сүйдім. Жанарыңыз бола тұра сүйдім. Сондықтан, өзіңізбен жолыққалы бергі, өзіңізді құлай сүйгелі бергі жүрген жолымды дұрыс санаймын. Себебі, мен сіз арқылы өмірде шын махаббат болатынын білдім. Біздің үйде, жанымда жатқаныңызда, сізді армансыз құшып сүйгенімнен бастап, сізден соққы алғаныма дейінгі жолды да дұрыс деп санаймын. Менің қателесіп, басқа жолға түскен кезім жазықсыздан-жазықсыз сізге жала жапқанымнан басталды. Несін жасырайын, сізден басым түскеніме, тіпті Жанарыңыздан айырғаныма айызым қанып, мәз болғаным да рас. Қайтейін, ақыл-санамнан ашу-ыза, намысым күштірек болып шықты. Сіз мені көзіңізге ілмей, бәрін әдейі істегендей көріндіңіз. Оңаша. Екеуіміз ғана... Соншалықты әділ де қатал, таза да пәк жігіттердің бірі болып шыққаныңызға (бұрыннан да білемін ғой) қатты қапа болдым. Несін жасырайын. Дәл сол түні адамзатқа тиісті (мен де адаммын ғой) бақыттың, махаббаттың, ләззәттің дәмін татып көруге менің де хақым бар емес пе еді? Ал, мен керісінше, сіздің адам шошырлық қаталдығыңыздың куәсі болдым. Соған қапа болдым. Есіңізде ме, Арман? Мен сізге сырымды айтып, ақтарылатын күн мен түн. Бірақ, мен сонда сізге сырымды түгел айтқан жоқ едім. (Ол кезде неге айтпағанымды, хатты оқып біткен соң өзініз де түсінерсіз) Жан азабына шыдай алмай у ішіп, ауруханаға түстім деп едім ғой, өліп кетпеген соң қайтып өмірге араластым. Сырттай ешкімге білдірмегеніммен, іштей сары уайымға, үрейлі ойға беріліп, күннен-күнге мүжіле бердім. Себебі, менің бар жоғы үш-төрт-ақ жыл өмірім қалған еді... Оны да дәрігерлердің аузынан кездейсоқ естіп қалдым. Ақыры олар амалсыздан бар шындықты алдыма түгел жайып салды. У дың ағзама ғана емес, соған дейін жегі құрттай іштен жеп келе жатқан обыр ісігіне де өте қатты әсер еткенін, үш-төрт-ақ жыл өмірім қалғанын ескертіп, ендігі күндерімді көңілді өткізіуіме кеңес берді. Осылайша жаным тірі, көңілім өлі, өмірден қалай баз кешерімді білмей жүргенімде, тағдыр тәлкек етіп сізге кезіктірді. Одан арғысы өзіңізге де бес саусақтай белгілі ғой.
Арман енді түсінген боларсыз. Үш-төтт-ақ жыл өмірі қалған адам неге болса да баратыны белгілі емес пе? Мен де Жанарды біле тұра осындай жолға бардым. Қалған аз өмірімде шын махаббаттың дәмін татқым келді. Бойымдағы барымды да, нәрімді де өзіңізге сыйлап, мына опасыз жалған өмірден жеңілдеп аттанғым келді. Айтып едім ғой, Арман, тағы да айтамын, менің сізге деген сезімім де, махаббатым да, тіпті, жаным, тәнім, арым да кіршіксіз таза еді. Сөйте тұра, мен үшін бүтін махаббаттың да керегі жок еді. Егер, сіз маған бүтін махаббатыңызды сыйлай қалғанда да, мен бас тартқан болар едім. Екі-үш жыл өмір кімді бақытқа жеткібек. Енді түсіндіңіз бе, Арман! Не керек, сіз менің ізгі ойымды, адал жанымды түсінбедіңіз. Жанардан мәңгіге айрылып қалатындай қорықтыңыз-ау... Істерімізді істеп алып, соңынан опық жейтін адамбыз ғой. Жазықсыз сізді қаралап, күйе жаққанымды ойлағанымда не болғанымды білмей кетемін. Содан бері бір жағынан сырқатым жанымды сыздатса, біржағынан өкініш кеміре бастады. Күннен-күнге ғұмырымды кеміріп, қысқартып келе жатқан сырқат азабына әрине, дәрменім жоқ, шыдаудан басқа амалым қайсы? Ал, өзім қолыммен істеген өкініш азабын жеңілдете алар ма екенмін?-деп әбден ойландым. Ақыры барлық болған жағдайды, сіздің адал екеніңізді түсіндіріп Жанраға хат жазып жібердім. Сіздердің қайтадан қол ұстасып, түк болмағандай бақыт жолын ары қарай жалғастыра беретіндеріңізге сенімін кәміл. Енді өмірден өз кінәмді түгел жудым демесем де, сәл-сәл болса да жеңілдеттім деп аттанамын. Араман, мен өмірден ерте кеттім деп өкінбеймін, өмірде сіздей адал махаббат иесі барын кеш білгеніме өкінемін. Тағдыр мені аяусыз жазалады деп өкінбеймін, сіздің адал жаныңызды аяусыз жаралағаныма өкінемін. Арман, мен сізбен кездескеніме өкінбеймін, өзіңізді бір көре алмай мына өмірден кетіп бара жатқаныма өкінемін. Ия, Арман. Әлі де көп жазғым келеді. Бірақ, қанша жазсам да, өз ойымды, жанымды түсіндіре алмайтын секілдімін. Арман ең соңғы өтінішім болсын. Қоштасып қалуға дем жетсе оны көрермін, ал, кетіп қалсам, бір рет болса да қабірімнің басына келіп, екеуіміздің арамыздағы әңгімелерді еске түсіріп, бір сәт қана тұрыңызшы. Жұрттар шын ғашық жүректер өлгенде де соғып тұрады дейді ғой.. Мүмкін, сіз де менің өзіңіз деп соққан жүрегімнің дүрсілін естір ме екенсіз.. Өмірі қысқа адамдар көп сөйлегісі келеді-ау деймін. Көп мыжып кеттім білем. Осымен доғарайын. Реніш, қайғы, бақытсыздық атаулыны түгел өзіммен бірге ала кетейін. Жанар екеуіңіз шын бақытты өмір сүріңіздер. Ендігі жерде сіздердің мәңгі тілеулес жан ашырларыңыз- Қамар».
Арман сәл үнсіз қалып әңгімесін сабақтады.
-Содан бастап кеудемді шаттық кернеді. Жанардың алдында арым таза екеніне шын қуандым. Қамар айтқандай қайтадан Жанарыммен қол ұстасып, бақыт жолын келген жерімізден ары қарай жалғастыратынымызға имандай сендім. «Енді бар болғаны үш-ақ жыл... Жанар мені қалай да күтеді»деген тәтті ойдың жетегінен шыға алмай, дереу Жанарға хат жаздым. Болған жайдың бәрін айта келіп, енді бар болғаны үш жыл қалғанын, егер күте алса, бізден өткен бақытты жандар болмайтынын жаздым. Адал екенімді жаздым. Әйтеуір бәрін жаздым. Бірақ, Жанардан жауап келмеді. Екінші рет тағы жаздым, тағы да еш жауап ала алмадым. «Басқа жаққа ауысқан болар. Мүмкін ауылына кеткен шығар»-деп ойладым өзімді-өзім алдап. Бірақ, Жанардың өзі айтқандай менің де санамды әлдебір үрейлі ой меңдеп алды. Ақыры бәрін қойып, Жанардың құрбысы Жаңылға хат жаздым. Барлық жағдайды түк қалдырмай баяндап, Қамардың хатын қоса салып жібердім. Арада көп өтпей-ақ Жаңылдан хат алдым. Жанар туралы қуанышты хабарды естігенше асығып хатты аштым.
«Сәләматсыз ба, Арман!
Аман-есен жүріп жатқан боларсыз. Арман, берік болыңыз. Сол жақтан өзіңізді мықтап келсін деп, болған оқиғаны түгел жазып отырмын. Арман, сіз жоқта біз Жанарымыздан айрылып қалдық. Енді, бірде жас балаша еркелеп, мәз болатын, бірде балаша бұртиып өкпелей салатын Жанарымыз жоқ. Енді, жақсылық жолында жанын аямас, жамандыққа жаны қас, аярлық, мүләйімсуді білмейтін, қай уақытта да бетің-жүзің демей тура сөйлейтін, жұрттың бәріне тек сеніммен қарайтын, бреуін аға, біреуін іні санайтын, нәзік сезімді жаны асыл аяулы Жанарымыз мәңгі жоқ. Ия, бәрін басынан бастап айтайын. Сіз қылмыс жасап, алыс кетсеңіз де, Жанар сізді ойлаумен жүрді. «Жан түршігер қатыгездігін өз көзіммен көрсем де, Арманды жамандыққа қиғым келмейді. Неге екенін қайдам, маған Арман кінәсіз, адал секілді көрінеді де тұрады. Мекен-жайын білсем, еш ойланбастан оған хат жазар едім,-деп жиі айтатын. Сізден хат келіп қалар деп те үміттенетін. Сөйтіп жүргенде, бір күні сізден хат келді. Бөлмеде жалғыз отыр едім, Жанар қуана, ия, қуана кіріп келді. Сізден хат алғанын айтып, асыға ашып оқи бастады. Хатыңызда сіз барлық кінәңізді, қылмысыңызды түгел мойындапсыз. Қамарды өз дегеніңізге күштеп көндірмек болғаныңызды да, Ерланды Жанардан қызғанып жазықсыздан-жазықсыз соққыға жыққаныңызды да, бәрін-бәрін түгел мойындап жазыпсыз. Арман, сіз «олай жазған жоқ едім ғой» деп ойлап та қойған боларсыз. Ол жайлы да cәл кейінірек жазармын. Сонымен хатты аяғына дейін оқып шыққан Жанардың жүзіндегі қуаныш нұры біртіндеп жоғалып, сұп-сұр болып сұлық тұрып қалды. Біраздан соң барып қинала тіл қатты:
-Жаңыл, сен білесің бе? Мен өмірімде бірінші рет оңбай алдандым. Ешкім емес, өзімді-өзім алдап келіппін,-деді мұңая. Осы уақытқа дейін барлық қатыгездігін өз көзіммен көрсем де, Арманды жамандыққа қимаушы едім. Енді міне, бәрін өзі мойындап жазыпты. Бүгін менің болар-болмас ең соңғы үмітім де үзілді. Жаңыл, жаным, сен мені түсінші. Мен енді нәзік жанды Қамарды өз дегеніне көндірмек болған, жас баладай мені қызғанып өзінің жан досы Ерланды ауыр жарақаттаған Арман секілді қатыгез жанға қалай жылы қабақ танытпақпын? Жаңыл, жаным, айтшы. Енді мен не істеуім керек? Мынадан кейін де Арманды күтуім кере пе, әлде, Ерланға келісімімді беруім керек пе?
Ия, Арман, Жанар сіздің хатыңызды алған күні осындай күй кешіп еді.
Содан кейін-ақ Жанар тым өзгеріп сала берді. Бұл өмірден баз кешкен жандай, барлық нәрсеге селқос қарайтын болды. Бұрын өзін Ерланнан алыстау ұстап келсе, енді оған лесіп кете беретін болды. Ақыры не керек, екеуі үйленіп тынды ғой. Үйленуді тездеткен Ерлан еді. Сөйтсек, сіздің Жанарға жазған алғашқы хатыңыз кездейсоқ Ерланның қолына түсіпті. Әрине, ол хатты Жанарға бермеген. Қайта, «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей үйленуді тездете түскен. Ақыры, зымияндық ойын жүзеге асырып, Жанардай аяулы жанды торына түсіріп тынды ғой.
Мен сіздің маған жазған хатыңызды оқып шыққаннан кейін қандай күйде болғанымды айтып жатпай-ақ қояйын. Хат туралы Жанарға айтсам ба екен, айтпасам ба екен?-деп әбден ойландым. Ақыры, «Жас жанұяның шырқын бұзбайын. Хатты Жанарға бермей-ақ қояйын» деген түйінге келдім. Сол оймен хатты кітаптар тұрған сөренің шетіне қоя салдым. Дәл сол күні үйге Жанардың келе қалмасы бар ма. Қыздардың басы қосылса белгілі ғой. Демде басқа дүниені ұмытып, әңгімеге кірістік те кеттік. Шай қайнап, тасып төгілгенде ғана үйде нан жоғы есіме түсті. Жанарға шайды жасай бер дедім де, нанға жүгіріп кеттім. Қырсыққанда, үйге жақын дүкен жабық болып, нанды едәуір қашықтағы дүкеннен алуыма тура келді. Нанды алып үйге беттей бергенде ғана хат есіме түсе кетті. «Жанар кітап оқымақ болып хатты көріп қойса қайттім!?» деген үрейлі ой табанымды жерге тигізбей, үйге қарай дедектете жөнелді. Бірақ, кеш қалыппын. Жанар кетіп қалыпты. Дереу хатты іздедім. Орнында жоқ. Өз ойымнан өзім үрейленіп, жан ұшыра Жанардың үйіне жеттім. Есікті жайлап тартып көріп едім, ілулі екен. Мен ойлағандай емес, іштен жылы сөздер естіліп жатты.
-Ерлан, Арман мың жерден ақталып келсе де оған енді менің көңілім жылынбайды. Сен әрине, мені шын сүймесең, мұндай іске бармас едің. Менің де өзіңді шын құрмет тұтатынымды білесің. Онда неге жасырдың менен? Айтшы шыныңды. Арманның хатын өзгертіп жазғаның, Қамардың хатын маған бермей қойғаның рас па? Ерлан, айтсаң да айт, айтпасаң да айт деп сені қыстамаймын. Бірақ, бұдан былайғы өміріміз тату-тәтті өтіп, бір-бірімізге сеніммен қарап жүрейік десең, айтуға тиіссің шындықты.
Біраз уақыттан соң Ерланның дауысы естілді:
-Жанар, жаным, сенің айтқаның рас. Мұндай іске сені шын сүйгендіктен, басқадай амалым қалмаған соң бардым. Түптің –түбінде қылмысым ашылып, масқара болатынымды да білдім. Сонда да, соған дейін болса да өзіңмен бірге болғым келді. Енді мен үшін бәрібір. Бәрі рас. Барлығы Арманның саған жазған хатынан басталды. Ауыр қылмыс жасап, айдалып кетті ғой деп қарық-қалази болып жүргенімде, хат, әлгі хат келді. Саған берер-бермесімді білмей басым қатты. Берсем сенен айрыламын, бермесем, Арман жапа шегеді. Ақыры пенделігім жеңді. «Үш жыл өтіп, Арман келемін дегенше кім бар, кім жоқ!?-деп ойладым. Адамдық қасиетімнен айрылсам да, өзіңнен айрылғым келмеді. Рас. Бәрі де рас. Мен Арманның да, Жарастың да, Асқардың да қолтаңбасын айнытпай жаза беретінмін. Арманның саған жазған хатын өз қолыммен өзгертіп қайта жазғаным да, Қамардың хатын бермей қойғаным да рас. Тіпті, Арманның басқа хаттарын да жоқ қылып жібергенімді мойындаймын. Қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын. Кешіре алсаң, кешір. Өмір бойы өзіңді ардақ тұтып өтейін. Өлтірсең де өз қолыңмен өлтір, жаным!
Сәлден кейін Жанардың сыңғырлаған күлкісі естілді:
-Өлтір дейсің бе? Ой, пақырым-ай, ертең алыс жаққа іссапарға жүргелі отырған сені өлтіріп не табамын? Барлық шындықты жайып салып, кінәңді мойындағаныңа шын ризамын. Бүгінге дейін өзіме-өзім сенбей, соңыма қарайлаумен келіп едім, енді еш ойланбастан өзім қалаған ақиқат жолымен жүре беруіме болады екен. Рахмет саған, Ерлан! Сен бүгін күмән-күдік торлап, шындықты көрмей көрсоқыр болып қалған көзімді аштың. Сол үшін саған шын ризамын! Ал, барлық шындықты айтып, мойындамағаныңда бар ғой, әңгіме басқаша болар еді..
Жанардың сыңғырлаған нәзік күлкісін Ерланның жуан қарқылы басып кетті. Көңілім орныны түсіп, ішке кірместен кері қайттым. Бара сала Ерланды жағасынан алмаған Жанарға да, жасырып-бүгіп жатпастан барлық шындықты жайып салған Ерланға да шын риза болып, қуанып қайттым. Бірақ, Жанардың Ерланға айтқан сөздерінің астарын терең ұқпастан, тым ерте қуанған екем..
Ертесіне жұмысқа бара салысымен Жанарға жолықпақ болып кабинетіне кірдім. Жанар жоқ екен. Көмекші медбике Жанардың өткен күні түстен кейін келіп, он күнге ақысыз демалыс алғанын, маған бер деп хат тастап кеткенін айтып, қолыма бір конвертті ұстатты. Сан-саққа жүгірген ойымды жинақтай алмай кабинетіме әрең жетіп, хатты оқи бастадым.
«Жаңыл, хатты ұрықсатыңсыз алып кеткенімді кешір. Осы хатты оқып шықан соң ғана өзімнің кім, Арманның кім екенін ұққандай болдым. Осы уақытқа дейін де Арманды кінәләрымды, е кінәламасымды білмей екі ұдай ой кешіп келіп едім, енді міне, нағыз кінәлі, оңбаған адам ол емес, өзім екеніне анық көзім жетті. Өзіңе ылғи да айтушы едім ғой, Арманды жамандыққа қимаймын деп. Сол пікірімнен таймай соңына дейін шыдап, оның келуін күтуім керек еді. Қайтейін, Ерланның сөзіне алданып, оңбай қателесіппін. Армандай аяулы жанның адал жанын аяусыз жаралаппын. Енді қалған өмірім өз өкінішім мен күнәмнің азабын тартып, салмағын арқалаумен өтерін де жақсы білем. Әрине, ондай салмаққа шыдай алмайтынымды да сезем. Ия, тұлғам нәзік болғандықтан емес, күнәға белшеден батқандықтан... Күнәлілердің санын бір адамға болса да азайтып, мына жалғаны көп жалған өмірден өз еркіммен кетуді де ойладым. Бұл қолынан түк келмей, әбден шарасы таусылған мен секілді әлсіз, жігерсіз, күнәһар пенде үшін ең дұрыс жол да болар еді.. Бірақ, оған батылым жеткенмен, дәтім жетпеді. Алла Тағланың өзіме аманат етіп берген жанына қиянат жасай алмадым. Ақыры, ойлана-ойлана келе, өтірік мүләйімсу мен жалған тәкәппарлықты жиып қойып, менің кесірімнен жапа шегіп жатқан Арманның алдына өз аяғыммен барып, кешірім сұрауға бел байладым. Ия, бар мақсатым тек қана кешірім сұрау ғана. Барар жеріме аман-есен жетіп, болған жайттарды айтсам, асыл жанды Арманның мендей байғұс, бейбақты кешіретініне сенімім кәміл.
Жаңыл, менің бұл жаққа кеткенімді Ерланға айтпағаныңды қалаймын. Ол іссапардан оралғанша мен де келіп қалармын. Екеуіміз де қуанышпен көрісейік, жаным! Жанар»
Көңілім орнына түсіп, Жанарға іштей ақ жол тілеп, жұмысыма кірісіп кеттім.
Әдеттегідей кезек күткен көп науқастың бірін қарап жатыр едім, өң-түс қаламған Жанардың көмекші медбикесі кіріп келді:
-Жанар.. Жанар әпкемді машина қағып кетіпті. Хәлі өте ауыр. Операция залында. Сөйлесемін деп сізді шақырып жатыр-деді де асығыс шыға жөнелді. Жанұшыра операциа залына жеттім. Жанар ауа жетпегендей деміге, кірпігін әрең көтеріп үш-төрт ауыз ғана сөзге келді:
-Жаңыл.. жаным.. келдің бе?. Мен Арманға жете алмадым. Арманымды көрем деп қатты қуандым ба, әлде, жеткенше тым асығып кеттім бе, мынадай жағдайға ұшырадым. Бұл да маған Кұдайдың жіберген жазасы шығар. Мен Арманды шын сүйдім.. Арман, жаным, кешір.. кешір..
Ия, Арман, аяулы да асыл Жанарымыз осылай жүзі нұрлана, күлімсіреген күйі көз алдымда о дүниеге сапар шегіп жүре берді. Көп ұзамай-ақ Қарағандыға жеткен Жанардың әкесі мен ағалары жергілікті қарттардың қарсы болғанына қарамастан, мәйітті өз елдеріне алып кетті. Кейіннен естігенім: Жанарды жерлеп қойғаннан кейін барып келген Ерлан өкініштен өзегі өртеніп қайғыдан қан жұтыпты. Беделді қызметін тастап, ішкілікке беріліп кетіпті. Жұрттың қой дегеніне көнбестен, Жанардың қабіріне барып түнеп жүріпті. Ақыры не керек, Ерланды іздеп шыққан ауыл адамдары оның Жанардың қабірін құшақтап жатқан өлі денесін тауыпты. Көпшілік болып кеңесіп, келісе келе, Ерланды Жанардың қатарына жерлепті. Мінеки, Арман, сіз жоқта біз басымыздан осындай ауыр жайттарды өткіздік. Айтуыңызша, бостандыққа шығуыңызға аз ғана уақыт қалған секілді. Жолыңыз түссе маған соғып кетерсіз. Мүмкін Жанардың басына да барып қайтармыз. Менің мекен-жай, тұрағым сол бұрынғыша. Келсеңіз қуанып қалар едім. Кездескенше қош сау болыңыз. Жаңыл»
Арман осылайша Қамардың да, Жаңылдың да, Жанардың да хаттарын жатқа айтып шықты. Сәл кідірсе, аузы ашылып кеткен ескі жара тағы жанын ауыртатын болған соң ба, әлде жанын ауыртар сөздерді соңына дейін айтып шығып бір-ақ күрсінейін деді ме, әйтеуір, хаттардың бірінен соң бірін түгел жатқа айтып шығып барып бір-ақ тоқтады. Бір сәт үнсіз қалып, көкірек жара күрсініп салғанын өзі де білмей қалды.
Сонымен, мерзімді уақытымды өтеп, ауылға келген соң Жаңылға жолықтым,-деді әлден соң барып. Жаңыл екеуіміз Жанардың басына да барып қайттық. Соған дейін Жанардың өлгеніне көңілім сенбей, әлсіз болса да әлдебір үміттің жетегінде келіп едім, оның қабірін көргенде не болғанымды білмей кеттім. Жаңыл тұр-ау деместен өзімді-өзім баса алмай ағыл-тегіл еңіреп тұрып жыладым. Жылап тұрып, кейде қиюы келмеген істің өзін қиюластырып жіберетін, кейде қиюы келіп, бітіп тұрған істің қиюын қашырып жіберетін қатал тағдырды жазғырдым. Несін жасырайын, маған деген адал махабаты жолында құрбан болған Жанар үшін мен де өзімді мерт қылып жібергім де келді. Бірақ, оған батылым жеткенмен, дәтім бармады. Айтпақшы, осыдан бұрын Жаңыл айтқанда сенбеп едім, сол жолы сенбеске амалым қалмады. Қатар жатқан екі қабір екі түрлі болып көрінді көзіме. Жанардың қабірін майда-майда әсем гүлдер мен көк шөптер жапса, Ерланның қабірін әбден қурап, солып біткен, көбісі топырақпен түстес көріксіз сояулар мен тікенектер басыпты. «Шындық алмас пышақ секілді. Қын түбінде жата бермей, әйтеуір бір кесіп шығады» деген сөз бар. Сол күні алдымда жатқан екеуі екі түрлі қабірге қарап тұрып, халық айтса, қалт айтпасына тағы да көзімді жеткізгендей болдым. Ерланның жасаған пендешілік әрекеттерін адамдар жасырғанмен, табиғат пен уақыттың жасырмастан, ашық аспан астында жайып салып жатқанына таң қалдым.
Арман әңгімесін аяқтауын аяқтағанмен, әлі де қалың ойдың құрсауынан шыға алмай отырған секілді. Өзі байқамай ма, әлде астаң-кестең болып жатқан ішкі жан дүниесімен алысып отыр ма, жүзі қанша қатулы, сұсты болса да, жасқа шыланған кірпіктері әлсін-әлсін айқасып қала берді. Дәл қәзір Жанында Жанардың отырғанын да ұмытып кеткендей. Тек, әлден уақыттан соң Жанардың өкси шыққан унін естігенде ғана селт етіп, басын көтеріп алды. «Құдай-ау, мынау Жанар ғой! Өзінің Жанары! Жоғалтып таба алмай жүрген Жанары!» Арман өзінің Жанарға тым елжірей қарап отырғанын сезер емес. Жанардың да жас жуған ұзын кірпіктері батып бара жатқан күн сәулесіне шағылысып, алтынға малып алғандай жылт-жылт етеді. Жанардың қыршын өлімі ме, әлде, Арманға деген аянышы ма, қанша тістене түссе де көз жасын ірке алар емес. Арманға әлдене айтпақ секілді, бірақ дірілдеген еріндері икемге көнер емес. Бар болғаны, әлсін-әлсін өксіп, жұтына береді.
-Құдай-ау, мұндай да ұқсастық болады екен-ау! Жанар, сенің де жан сезімің, неткен нәзік, неткен аяулы еді. Әлде, бұл тек Жанарларға ғана тән қасиет пе? -Есінен адасқан жандай күбірлеген Арман еркінен тыс орнынан ұшып тұрып, Жанардың қолынан ұстай алғанын сезбей қалды. Сәлден соң ғана өзіне-өзі келіп, қайтып орнына отырды.
-Жанар, сенің мұның қалай? Қой енді. Сенің өзіңді де, нәзік жаныңды да Жанарға ұқсатып тұрсам..-деді, бәсең үнмен.
Кенет, үнсіз егіліп тұрған Жанардың көзінде қуаныш оты жарқ ете қалды.
-Рас па, Арман аға? Түрі ұқсастар бола береді ғой... Шынымен жанымыз да ұқсас па? Тек, шыныңызды айтыңыз- деді Арманға күлімсірей қарап.
-Жанар, рас айтамын. Мен саған неге жалған айтпақпын,-деді, Арман тез-тез сөйлеп. -Рас. Бәрі де рас. Тек Жанарға ғана тән көрікті келбетің де, кейде жас балаша шаттанып, кейде қос ұртың томпайып, бұртия қалатын ерке мінезің де, жақсыны көрсе, өмірдің бәрі тек жақсылықтан құралғандай жарқылдап шыға келетін, жаманды көрсе, ішкі жан дүниесінің күйінішін үнсіз ғана көз жасымен білдіретін нәзік жан сезімің де, бәрі-бәрі ұқсас.
Жанардың боталаған жанарында тағы да қуаныш оты ойнап шыға келді:
-Арман аға, есіміміз ше, оны неге айтпадыңыз-деді, қулана күліп.
-А, а, ия, ия,-деп әдепкіде дағдарып қалған Арман Жанарға қосылып өзі де күліп жіберді.
Сәлден соң күлкісін бірден тежеген Жанар, айтсам ба, айтпасам ба дегендей алабұртып түрды да, тез-тез сөйлеп кетті:
-Арман аға, сіз өмірді әбден көріпсіз. Қуаныш-шаттығын да, қайғы-қасірет, нала-мұңын да бірдей татыпсыз. Ал, мен ше? Мектепті бітірдім. Оқуға түстім. Осы уақытқа дейін болашағым жайлы, махаббат, бақыт туралы бір рет те терең ойланып көрмеппін. Өмір тек қуаныш - шаттықтан ғана тұрады. Адам дүниеге келген соң, тек қана бақытты өмір сүруге тиіс -деген өз үғымымнан шыға алмай келіппін. Енді...бүтін... сіздің әңгімеңізден кейін ғана терең ойланғандай болдым. Өмірде енді ғана бүршік жарып келе жатқан ақ махаббатты түбірімен жұлып алатын, тіпті лас табанымен таптаудан тайынбайтын Ерлан секілді жаман адамдар барын білгендей болдым. -Сәл үнсіз қалған Жанар бір бозарып, бір қызарып толқып оттырды да:
-Арман аға, сізден бір нәрсе сұрасам айтасыз ба?-деді, Арманның жүзіне барлай қарап, -Егер айтқыңыз келмесе өзіңіз біліңіз.
-Сұрай ғой, Жанар, сұра. Білгенімді жасырмаспын.- Арман Жанрадың жүзіне мейірлене қарады.
-Сұрасам....-Жанар күмілжи бастап, әрі қарата тез-тез сөйлеп кетті. -Сіз содан бері ешкімге көз салмадыңыз ба? Неліктен өзіңізді-өзіңіз осынша азаптап келдіңіз? Білемін, Жанарды ұмыта алмадыңыз. Сонда да... содан бері сіздің қайғы-қасірет, нала-мұңнан мұз болып қатып қалған жүрегіңізді жібітіп, бір сәтке болса да өмірде қуаныш-шаттық барын сездіргісі келген жан болмады ма?
Жанар дәл мұндай сөз айтар деп күтпеген Арман қапелімде не айтарын білмей сасып қалды.
-Жанар, сен сұрасаң неге айтпайын?-деді айтар сөзін сәл салмақтап алған соң барып. -Бар сырымды да, шынымды да алдыңа жайып салғанда, оны неге айтпайын. Рас, осы уақытқа дейін Жанарды ұмыта алмай келдім. Жаңа айттым ғой, ұмыта алмайтын шығармын деп те ойлағам. Бірақ, Қамар айтқандай одан бері талай уақыт өтті ғой... Талай жанмен кездестім де, сөйлестім де... Жаңағы өзің айтқандай шуағын түсіргісі келгендер де болды. Бірақ, олар Жанардың қайғысынан кейін мұз болып қатқан жүрегімді де, сезімімді де жібіте алмады. Рас айтамын, Жанар, жібіте алмады. Тек өзіңе жолыққалы бері ғана менің жан дүниеме өзгеріс енді. Ол мүмкін... сенің Жанарға өте ұқсастығыңнан да шығар.-Арман аз-кем ойланып барып:-Жанар, сен менің жан сезімімді қарындасымша түсін. Сонда өзіңе де, маған да жеңіл болады-деді.-Неге екенін білмеді, орнынан қозғалақтап, жөткірініп қойды.-Алғаш рет түсімде де Жанардың орнына сені көрдім. Жанарды көз алдыма елестетпек болғанымда да сенің бейнең жеңіп кете берді. Міне, Жанар, енді, сөзімнің түйінін айтсам, менің жаралы көңіліме шуақ-нұрын сеуіп, жүрегімді жібітіп, алғаш рет жанымды жадыратқан бір ғана өзіңсің.
Жанардың жүзіне қызғылт нұр ойнап шыға келді.
-Арман аға, артық айтсам кешіріңіз. Қарындасыңыз болғаным сізге мақұл-ақ, жеңіл болсын, ал, маған да жеңіл болатынын қайдан білдіңіз?
Арман осы сөзді еш ойланып жатпастан айта салып еді, енді не айтарын білмей дағдарды.
-Кешір, Жанар. Оны айтқан себебім.. себебім.. сол қолайлы секілді...Шынында... өзің қалай ойлайсың? -деп күмілжіп қалды.
-Әй, Арман аға-ай! Жалтарып кеттіңіз-ау. Ал, мен ойласам..-Жанар біраз кідірді де, сөйлеп кетті:-Мен ойласм, сіз өзіңізді өмірдің қыры-сырына әбден қанық, артық айтсам кешіріңіз, қарияға, мені ана сүті аузынан кетпеген тұлымшақты сәбиге санап тұрсыз. Арамыздың көп болса 4-5-ақ жас айырмасы барын да жақсы білесіз. Бірақ, неге екенін қайдам, мені өзіңізден қашқақтатқыңыз келеді. -Жанардың мұңлы жүзі бірте-бірте қатуланып, ұшқын атқан жанары бір нүктеге қадалды. -Мен осы, түсінбеймін. Қыздардың жазығы не? Тұлғасы да, жан сезімі де нәзік болғаны ма? Неге «Әйел жолы жіңішке» дейміз. Естіп те жүрмін, көріп те жүрмін. Талай қыздар өз жүрегінің қалауын айтуға батпай, бір жағынан ондай сезімін әлгі «әйел жолы жіңішке» деген қатып-семіп қалған ұғым тұсап, өзі қалаған қалаулысынан айрылды. Сонан соң олар үшін бәрібір. Қолды бір сілтеп, біреудің өзіне, не сөзіне бола ілесіп кете барады. Бірақ, өз жүрек қалауы болмаған адам жөндеп ұйықтап, еркін ойнап-күле алмаса керек. Тіпті, соңы өкінішке соқтыруы да мүмкін... Дұрыс түсініңіз, Арман аға. Мен олай ете алмаймын. Ия, мен де нәзік жанды, нәзік тұлғалы әйелдердің бірі ғанамын. Бірақ, қанша тұрпайылау болса да, сізбен өзімді тең санап, сіздер айтар сөзді де шімірікпестен айтып тұрмын. Әлі де айта беремін...Тек, сіз мені дұрыс түсініңіз. Өзіңізбен танысқалы демей-ақ қояйын, сырласқалы бері, мейлі одан бері үш-төрт-ақ күн өтсе де, мен сіздің жан-дүниеңіздің қалтарысына дейін түк қалдырмай аралап шыққандай болдым. Ақыры айттым ғой, жасырмайын, күлтілдетпейін. Өмірде өзім сеніп, қолымды берер адамымды, өмірлік серігімді тапқандай болдым. Арман аға, бүл сөздердің бәрін айту мен үшін өте қиынға түскенін өзіңіз де көзбен көріп, оймен пайымдап тұрған боларсыз? Әйел затына тән нәзіктікті, ұялшақтықты, инабаттылықты жүрегімнің, жан сезімінің дегеніне жеңдіріп, бар сырымды да, шынымды да өзіңізге жайып салдым. Бұл сізді, не өзімді аяғаннан ғана туған жылт етпе сезім болмаса керек... -Жанар айтарын айтса да, қатты қысылып, қып-қызыл болып кетті. Ішкі жан толқуы демде жүзіне теуіп шыға келгендей. Әлдекімнен зәбір көрген сәбидей жылап жіберуге шақ тұр.
Арман мұнан әрі шыдай алмады. «Жүрек сырын, аппақ кіршіксіз пәк жанын алдыма жайып салған мына нәзік тұлғалы жанға басымды игеннен басқа нем қалды?»-деп ойлады іштей.
Көп өтпей-ақ, ұзақ уақыт жоғалтып алып енді ғана тапқан бақытын -Жанарын құшақтап отырған Арманның жүзін ыстық жас жуып жатты. Оны Жанардан жасырып та жатпады. Арман қуаныштан жылап еді. Жанарынан айрылғалы бері мұз болып қатқан жүрегін мына құшағында отырған нәзік тұлға өзінің мейірімге толы шуағымен ерітіп жібергендей. Өмірде қашан да болмасын, қаралықты тазалық, қайғы-мұңды қуаныш-шаттық жеңетінін, арамдықты адалдық, адамдық, зұлымдықты мейірімділік жеңетінін, әйтеуір, жамандық атаулыны түбінде жақсылық жеңетінін Арман енді түсінгендей. Соның бәрін түсіндіріп берген, өзіне қуаныш-бақыт сыйлаған мына құшағындағы нәзік тұлғаны кімге баларын білмеді. Қолынан бар келгені, қаншама жыл өткенде әрең тапқан бақытын енді айрылмастай қыса түсіп, бас-көз демей сүйе берді, сүйе берді...
Арманды автобусқа Жанар өзі орналастырып шықты. Өзінен ұзап бара жатқан автобусқа жәудірей қарап, қолын бұлғап қала берді.
Арман «Қоғалыдан» шыққалы бері Жанарды ойлаумен келеді. Жанардың қылығы, әрбір сөздері есіне түскен сайын, жан дүниесі еріп, елжірей жөнеледі. Жанар секілді асыл жанның өзіне өмірлік жар болатынын ойлады. Бүгінде өзінен күдерін біржолата үзген әке-шешесінің айран-асыр таң қалып, қуанатынын ойлады. Ия, Арман алдағы қуаныш пен шаттықка толы күндердің бәрін ой елегінен өткізе берді. Алғаш рет жанын қинап келген нала-мұңға толы өткен күндерін еш еске алғысы келмеді. Осындай тәтті ойлардың шырмауынан шыға алмай отырып, қалай көзі ілініп кеткенін де байқамай қалды.
Түс көріпті. Жанында жаңа ғана тапқан бақыты-Жанары. Екеуі биік шыңның басына қарай өрмелеп келеді. Төменгі жақ етегі кәдімгі қожыр-қожыр қара тасқа сірескен тау биіктеген сайын бұл өмірінде көрмеген ғажайып әсем гүлдер мен қып-қызыл қызғалдақтарға оранып, құлпыра берді, құлпыра берді. Бірін-бірі қолынан тартып, биік шыңның басына да шықты-ау! Міне ғажап! Шыңның басында дүрілдеген үлкен той өтіп жатыр. Жиылған жұрттың санында да, қуанышында да шек жоқ. Кенет, Жанар екеуіне қарай далбырақтай жүгіріп келе жатқан өзінің әке-шешесін көрді. Сонда ғана байқады. Ғажайып той Жанар екеуінің үйлену тойы екен. Ең алдымен келген әке-шешесі де, олардан кейін келген ағайын-бауыр, жақындары да екеуіне бақытты өмір тілеп, қолдарын қысып, құтты болсын айтып жатыр:
-Шыққан махаббат шыңдарың құтты болсын!
-Шыққан шыңдарың тек махаббат шыңы ғана емес, қуаныш пен бақыт шыңы да болсын!
-Махаббат шыңына тіккен ақ отауларың құтты болсын!..
-Махаббат шыңы.. махаббат.. шыңы.. шың.. шың.. шың...
Қатты шыққан дабыр-дұбыр дауыстан оянып кеткен Арман көрген ғажайып түсінің жетегінен шыға алмай өң мен түстің ортасында біраз отырып қалды. Қуаныштан тасынған көңілін баса алмаған күйі автобустан түсіп, түнгі шамдары самаладай жарқыраған Алматының әсем де кең көшесімен нық басып ілгері жүріп кетті.