Адам қарады: 170 | Жарияланды: 2017-05-11 02:16:20

Кім жынды?

Кейіпкерлер:

Қайыркен

Дауыстар

Шымылдық ашылғанда сирена үні естіліп, бір өшіп, бір жанған қызылды жасылды жарық көрінеді. «Неге түсінбейсіңдер мені!? Мен жынды емеспін. Тоқтаңдаршы! Алдымен тыңдаңдаршы мені!» деген Қайыркеннің даусы, оған жауап ретінде «Әрине түсінеміз, сабыр етіңіз. Кәне ұстаңдар! Жатқызыңдар! Қаттырақ ұстаңдар. Қолы босап кетпесін» деген үндер естіледі. Қайыркеннің «Жоқ дәрігер тыңдаңызшы, Қажеті жоқ! А-а-а-а!» деге жанұшырған үнімен бірге жарық сөніп, бір сәтке қараңғылық орнайды. Тыныштықта «Қай палатадан?» деген сұрақ естіледі, оған, «Сол баяғы он екінші палатадағы Шорманов қой»--деген жауап естіледі. Есіктің жабылған үні.

Жарық берілгенде сахна ортасында бір уыс боп құлағын басып, көзін тарс жұмып отырған жалғыз бейнені көреміз. Ол Қайыркен. Аурухана киімінде.

Қайыркен: (Есін жиып) Мүмкін емес! Түсіндіру мүмкін емес бұларға. (Қол-аяғы дір-дір етіп  орнынан тұрады)  Өзімнен де бар, түк пайдасы жоқ нәрселерді ойлаймын кеп. Ақыры осылай ылғи, бүкіл аурухананы аяғынан тік тұрғызып тынам. Қолымнан түк келмейтін болған соң, ойладың не, ойламадың не бәрібір емес пе? Құрысын енді ештеңе ойламаймын. Тып-тыныш өмір кешіп қалған өмірімді айқай-шусыз өткізем.

Ойланба, ойланбағын.

Ештеңеге таң қалмағын.

Қабылда жалғандарын.

Шындыққа алданбағын.

 

Адамға табынғандар,

Төбеңнен бәрін барлар.

Айтқанды орындаңдар.

Сүймеңдер сағынбаңдар!

 

Бірақ, қалай ойламайсың!? Неге ойланбауым керек? Тірі жан боп ойланбай жүру мүмкін бе? (Алдыңғы қатардағы көрерменге) Сіз мысалы бір минут ойланбай отыра алар ма едіңіз? Сіздер, мысалы, ертеңді болашақты ойлап, сонымен уақыт өткізесіздер. Ал, мына біздер, «аурулар» өткен күннің естелігімен күн өткіземіз. Өйткені бізде болашақ жоқ.

Сіздер... маған бір жанды мақұлыққа, жануарға қарағандай қарап отырсыздар. Солай ғой? Бірақ, мен анадан  осы күйімде туған жоқпын. Дәл мына сіздердей болғам, мен де бір кезде (біраз үнсіздіктен соң). 

Осы алдыңыздағы тұрған құр сүлденің бір кезде болашағынан өте зор үміт күттірген   дарынды, айналасы жарқын үміт пен айқын арманға толы, болашақ иесі болғанын қайдан білесіздер. Болды ғой… болды ғой.

Біле білсеңіз бір кезде мына сіздің орныңызда мен отырғанмын. Иә, иә, мен сіздің орныңызда отырғанмын. (Көзін жұмып) Жанымда өмірдегі асылым, мына сорлы маңдайыма сыймаған жарық жұлдызым Гүлнар отырушы еді. Театр деген керемет қой. Өз өміріңмен, ешкімге айта алмайтын ғажап та құпия сырларыңмен бетпе-бет келіп, жұрттан жасырған қайғыңды да, көкірек жарған шаттығыңды да бөлісетін жерің осы киелі сахна ғой. Біз де.., Гүлнәр екеумізді айтам, осы жерге келіп сахнада жүріп жатқан жақсы көріністерді болашағымызға балап, жаман әрекеттерден бойымызды аулақ салып шын бақыттың құшағында отырмап па едік! 

(Дыңңң еткен дыбыс естіледі, құлағын баса қалған Қайыркен басын сілкіп тастайды. Дыбыс сап тиылады)

Иә біздер ол кезде бақытты едік. Басымызда баспанамыз жоқ, үстімізде жұрт қызығар киім де жоқ, қалтамызда ертеңімізді толық қамтамасыз етер қаржы жоқ болса да бақытты едік.

(Кішкентай бала сияқты екі нүктеге қадала қарап, арасын өлшеп, аттап көреді) Мынау «бақыт», ал мынау «бақытсыздық». Арасы сондай жақын. Бүгін бақыттан басы айналып тұрған адам аңдаусыз бір қадам жасаса бақытсыздық шеңберіне топ ете қалады. Сондықтан сақ болу керек. Сақ болу керек. Сақ болуым керек еді!

Құдай-ау қай жарда, қашан басталды біздің бақытсыздығымыз!? Тоқтай тұрыңызшы. Мені асықтырмаңыз. Кәзір есіме түсіріп алайын...

(Жүгіріп сахна ортасына барады. Қолында бір буда қағаз. Жүзі шаттықтан бал-бұл жайнап тұр. Сахна сыртынан көңілді үн естіледі)

—Тамаша Қайыркен! Құттықтаймын! Қандай өзекті мәселе көтерілген мына еңбегіңде. Тыңғылықты ізденісің мен нысаналы зерттеулерің көрініп-ақ тұр. Болашағың жарқын! Бұйыртса алдағы Кеңесте ғылыми дәрежеге де қол жеткізерміз деп ойлаймын. Айтпақшы бұл жөнінде ешкімге тіс жарушы болма!

Қайыркен: (Қолындағы буда қағазды жоғары көтеріп)  Міне менің болашағым! Міне біздің бақытты болашағымыз. Қаншама жылдар бойғы арманым. Қаншама күндерім мен түндерімді ді сарп еткен еңбегім. Бітірдім-ау! Енді Ғылыми Кеңеске ұсынып, еңбегімнің бағасын алу ғана қалды. Жаным, жарығым менің! Ер-азаматтан таңдап етегімнен ұстаған асыл жарым Гүлнәрім, мен сенің сеніміңді ақтадым. Бітірдім монографияны! Бұйырса алдағы алты-жеті айда қорғап шығам. Содан соң... Содан соң. Алдымызда жаңа белестер тұр. Мен бәрін де бағындырам. Сені бақытты ету үшін мен бар өмірімді арнаймын. Біз бақытты боламыз Гүлнәр!

Қарашы! Анау биік қабатты жаңадан салынып жатқан үйді көресің бе Гүлнәр? Дәл сол үйден пәтер аламыз. Үшінші қабаттан дейсің бе? Жоқ, мен онымен келіспеймін Гүлнәр. Мен анау жоғарғы қабаттан алам. Неге дейсің бе? Гүлнәр түсінші, мен кішкентайымнан қиындықты көп көрдім. Сенесің бе, мен ылғи төменнен жоғарыға жәутеңдеп өстім. Енді өз қолым өз аузыма жеткенде жоғарыдан төменге бір рет көз салғым келеді.  Абайла!  Мына көліктердің зулауын-ай. Айтпақшы бізге көлік те керек екен-ау. Осылардың қайсысын таңдасақ екен? Анау біреуі әдемі көрінеді, соны аламыз. Жо-жоқ, алған соң мықтысын алайық. Әне анау келе жатқан джипті алғанымыз дұрыс.

(Көлік жүргізіп келе жатқан қимыл жасап қиялға беріліп кетеді)

Айтпақшы, отбасымызда үлкен жаңалық болғалы тұр. Гүлнардың аяғы ауыр. Дүниеге біздің сәбиіміз келетін уақыты мен менің ғылыми еңбегімнің қорғалатын кезі тура бір уақытқа келіп тұрғанын қарасаңшы. (әндетіп, билеп кетуі мүмкін)

(Шаттықтан рахаттанып тұрған Қайыркенді сахна сыртынан естілген суық үн селк еткізеді)

Дауыс: Таң қаларлық ештеңе жоқ. Көп монографияның бірі ғана. Және дәл осындай монография Құрекеңнің кітабында бір ай бұрын басылған болатын. Мынау соның көшірмесі ғой. 

Қайыркен: Жоқ, ол мүмкін емес. Бұл менің еңбегім. Мен ешкімнен көшірген жоқпын.

Дауыс: «Қазақстандағы су қорын үнемді пайдаланудың тың әдістері» деген тақырыпта Құрманбай Сайлыбайұлының еңбегі жарық көрген. Сіздің тақырыбыңыз «Қазақстан Республикасы аумағындағы су қорын үнемдеу тәсілдері». Тақырыптың ұқсастығын айтпағанда көтерілген ұсыныстар ешқандай өзгеріссіз көшірілген. Бұлай болмайды!

Қайыркен: Сіздің мүныңыз қалай!? Мен сізге сеніп едім ғой. Сіздердің бұларыңыз қиянат қой!

Дауыс: Қиянат дейді. Қарай гөр мынаны! Есіктен кірмей жатып төр менікі деуін. Біле білсең біреудің еңбегін пайдаланып өз атыңнан жарияламақ болған арсыздығың үшін, плагияттық әрекетің үшін жауапқа тартылатыныңды білесің бе сен!?

Қайыркен: Тоқтай тұрыңыздаршы! Мынау айтып тұрғандарыңыз рас па. Мен плагиятпын ба? Сонда сіз...Нағыз арсыз мына сізсіз. Оңбаған, ұры, мына сізсіз. Сіз...Сіз...

Бағанағы сирена үні, қызылды-жысылды жарық,  «Неге түсінбейсіңдер мені!? Мен жынды емеспін. Тоқтаңдаршы! Алдымен тыңдаңдаршы мені! Олар менің монографиямды ұрлады» деген Қайыркеннің даусы, оған жауап ретінде «Әрине түсінеміз, сабыр етіңіз, қайтарамыз монографияңызды. Кәне ұстаңдар! Жатқызыңдар! Қаттырақ ұстаңдар. Қолы босап кетпесін» деген үндер естіледі. Қайыркеннің «Жоқ дәрігер тыңдаңызшы, Қажеті жоқ! А-а-а-а!» деге жанұшырған үнімен бірге жарық сөніп, бір сәтке қараңғылық орнайды. Тыныштықта «Қай палатадан?» деген сұрақ естіледі, оған, «Сол баяғы он екінші палатадағы Шорманов қой»  деген жауап естіледі. Есіктің жабылған үні.

Жарық жанғанда сахна ортасында бір уыс боп құлағын басып, көзін тарс жұмып отырған Қайыркен.

Қайыркен: (Шаршаған үнмен) Кетті ме? Бәрібір ешкім түсінбейді. Ешкім түсінбейді мені. Мүмкін емес! Түсіндіру мүмкін емес бұларға. (Қол-аяғы дір-дір етіп  орнынан тұрады)  Сондықтан тыныштық керек.  Құрысыншы сол бір оңбаған профессорды ойласам құтырып кетем, ақыры міне мынау. Ойламайыншы соны. Ойламаймын! Ойламаймын! Кет оңбаған! Болды.

Өмір деген керемет.

Бас қатырып не керек!?

Өмір деген тамаша.

Ойнап-күлем балаша.

Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жеті, сегіз,тоғыз, он.

Әр қадамым жаңаша.

Сан жетпейді санаса.

 

Профессор деймін. (Күледі) Қайдағы профессор ол!? Кейін білдім, әркімнің еңбегін иемденіп дәрежеден дәрежеге секірген ешкі екен ғой. (Секірген ешкінің кейпіне еніп ешкі боп бақылдап мәз боп күледі) Мен профессормын! Мен ғылым докторымын! Атаңның басы профессор! Мә саған доктор! Доктормын дейді ғой беті былш етпей!

(Дыңңң еткен дыбыс естіледі, құлағын баса қалған Қайыркен басын сілкіп тастайды. Дыбыс сап тиылады)

Болды! Ойламаймын! Жаттым. (бері бұрылып) Балапаным! Құлыным! Сені бақыт пен қуаныштың жөргегімен орап, Бақыттың бесігіне бөлермін деп едім.

Гүлнар сәбиіммен бірге перзентханадан шығатын күннің алдында мен бұзақылығым үшін жұмыстан қуылып, оған қоса полицияға айыппұл төлеп көк тиынсыз қалдым.

(Кенет түрі бірден өзгеріп, жігерленіп орнынан атып тұрады) Қай-қайдағы алаяқтың иттігіне бола сонша жасығаным не!? Үйге, мына жалдап тұрған пәтеріме менің балапаным келеді ғой ертең. Менің бұл жатысым не? Бұлай болмайды. Гүлнәр мен балапаным келгенде лайықты дәрежеде қарсы алуым керек қой. Ең болмаса достардан қарыз ала тұрайын. Сосын қайтарам ғой. (сахнаның оң қапталына барады)

Дауыс: Қайыркен, қуанышыңа ортақпын. Бірақ жағдайды білесің ғой. Сен ренжіме.

Қайыркен: А, иә...иә. Әрине. Түсінем ғой. Жо-жоқ ренжімеймін. Жақсы сау бол.

(сахнаның сол қапталына барады)

Дауыс: О-о жақсы болған екен. Бірақ жағдайды өзің түсінесің ғой.

Қайыркен: Иә...иә. Түсінем ғой. Ренжімеймін. Жарайды. Сау бол.

Бұл қалай? Осылардың бәріне мен... Оқасы жоқ. Аяқ-қолым балғадай азаматпын.Бір жолын табармын. Вокзалға барып жүк тасып көрсем. Тамыр-таныстар кездесіп қалса ұят болады-ау ә. Базарға барып... Жоқ оның да реті келмейді. Жо-жоқ ол болмайды! О! Таптым! Сейфуллиннің бойына барам. Өткенде көргем. Мен сияқты азаматтар каптап тұр онда. Кім танып жатыр мені онда? Таныса тани берсін. Бұл уақытша қиындық қой. Сүйген жарым мен балапаным үшін құл болуға да дайынмын!

(шиқ етіп келіп тоқтаған көліктің үні. Қайыркен сахнаның алдына жақындайды) Мен...мен... Қандай жұмыс болса да дайынмын. Ақшадан қатты қысылып тұр едім. Мені алыңызшы.

(Жүзі бал-бұл жанған Қайыркен сахнада зыр жүгіріп жүр. Сахна алдынан әртүрлі заттарды көтеріп өткен қимылдар жасайды. Арасында сахнаға қарап сөйлеп жүр. Мәз).

Білгенге бұл да бақыт.

Зулай бер зула уақыт!

Тұрмайық мұңға батып.

 Зулай бер, зула уақыт!

Тағдырды домалатып,

Зулай бер, зула уақыт!

Шат күнім келеді атып,

Зулай бер, зула уақыт!

 

—Жолым болды. Қымбат көлік мінген қожайын мені таңдады. Ертеңге құр қол қалмайтын болдым. Әзірге диссертация қорғаудағы қиындықтарды Гүлнәрға айтқан жоқпын. Соным дұрыс болған екен. Мен бәрібір қорғап шығам. Мен дәлелдеймін өз еңбегімнің адалдығын.

         Мұндай жұмысты көптен бері жасамағандықтан болар қол-аяғым қалтырап, кәдімгідей шаршадым. Бірақ оны ойлауға шама қайда! Кішкентай қошақаным мен Гүлнәр есіме түссе бойыма күш құйылғандай болады. Оқасы жоқ бұл да өтеді.

(сахнада зыр жүгіріп ананы-мынаны тасып жүрген Қайыркен бір кезде сүрініп кетеді. Сыңғыр етіп сынған шынының үні естіледі. Сасып қалған Қайыркен жердегі сынған затты асып-сасып жинай бастайды).

Әйел дауысы: Қиратты! Көзіңе қарамайсың ба түйе құсап арбаңдаған неме!

Қайыркен: Кешіріңіз сүрініп кеткенім...

Әйел дауысы: Сүрінбесең сеспей қат оңбаған! Мынау Лондондағы аукционда сатып алған вазам ғой. Ойбуй бес мың доллардың затын тас-талқан қылыпсың ғой. Төле кәне! Сен сияқты сүмелектің түсіне де кірмейтін зат қой бұл.

Қайыркен: Әдейі сындырған жоқпын ғой... Түсініңізші Құдай үшін! Сосын, мен сүиелек емеспін... Әйелім перзентханадан шығатын еді. Түсінесіз бе. Тұңғыш сәбиім келетін еді үйіме.

Әйел дауысы: Жап аузыңды қаңғыбас! Қайдағы ертегіні айтады ғой енді келіп. Қайдағы сәби, қайдағы қатын сен сияқты сүмелекте. Сал ақшаны! Болмаса ұры деп қаматып жіберем. Көзіңе көк шыбын үймелетіп түрмеде шірітем мен сені оңбаған!

Қайыркен: Сіз жеңгей, сабыр етіңізші! Мен қайтарамын. Ақшам болса осылай жүрер ме едім? Мен кандидаттық қорғағалы жүрген жас ғалыммын. Тек уақытша қиындықтар болып...

Әйел дауысы: Мынау жынды ма? Тоже мне кандидат! Кандидат болсаң неге жүрсің Сейфуллиннің бойында қаңғырып қайыр сұрап, тіленіп. Мен саған осындай жындыны алып кел дедім бе? Қайдан тапқансың мынадай сүмелек есалаңды?

Ер дауысы: Қайдан білейін мұның мұндай есалаң екенін? Түрі тәп-тәуір болған соң...

Қайыркен: Тарт тіліңді! Сендер кімді есалаң деп тұрсыңдар? Мен көрсетермін сендерге есалаңды!

Ер дауысы: Жібер! Жібер деймін! Мынаның шынында да есі дұрыс емес.

Әйел дауысы: Полиция! Полиция! Тез жетіңіздер. Мекен-жайымыз...

Полиция көлігінің сиренасы жанұшыра ақталған Қайыркеннің үнін басып кетеді. Сахнаға жарық берілгенде басы кеудесіне салбыраған Қайыркен

Қайыркен: Мені полициядағылар да танып алыпты. Тіпті, «О профессор хош келдің» деп кекетіп қарсы алды тергеуші. Бұл жолы төлейтін айыппұлым да жоқ. Жағдайымды айтып жалынғаныммен тыңдайтын адам бар ма? (Сахна алдындағы көрерменге жақындап келіп сыбырлағандай үнмен) Бауырым, полиция мен дәрігердің қолына түсірмесін деп тіле. Иә-иә.., соны тіле тілесең. Рұқсатсыз өзге үйдің ауласына кіріп біреудің затын талқандаған ұры атанып, оған өткендегі бұзақылығым қосылып үш ай қамауда жататын болыппын. Аямайды! Қалтаңда ақшаң, сөзіңді сөйлейтін бір танысың болмаса көрген күнің құрысын. Мал құрлы құның жоқ. Аямайды!..Аямайды олар.

Шыдай бер, шыда жаным.

Ешкімге керек емес,

Өкіріп жылағаның,

Өкси кеп құлағаның.

Сүрінсең құлағаның,

Бір перзент тепкілейді,

Перзентін бір ананың.

 

         Туыстарың дейсің бе? Қайдағы туыс? Әкем мен шешем ерте кетіп қалған. Анау жаққа. Әйтеуір, немере ағамның қолында өсіп, ержеттім ғой. Оның бұл жағдайдан мүлде хабары жоқ. Болса да қолынан не келеді? Не көмек береді ол байғұс? Өзінің шиеттей бала-шағасы бар. Қысқасы, қырсық тағдырдың қолына мықтап тұрып түстім білем бауырым. Осыдан шығайыншы.

         Сахнада тарс-тұрс найзағай ойнайды. Қатты жауған жаңбыр үні. Сахна ортасында Қайыркен келеді.

Қайыркен: Шықтым! Бірақ, шыққанда қайда барам? Гүлнәр сәбиін көтеріп бірнеше рет келген. Төлейтін пәтерақысы болмаған соң оларды да қуып шыққан көрінеді. Әйтеуір тамыр-таныстарынан жолкіре тауып сонау ауылына кетіпті. Мынау безбүйрек қалада қаңғып жүріп сәбиін өлтіріп алмайын деген ғой. Онысы да дұрыс шығар.

(Сахна алдына келіп жатады)

         Мен бүкіл үйірінен жалғыз қалып, айдалада ұлыған көкжал қасқыр сияқтымын дәл кәзір. Ішім өртеніп барады. Бұрын өзім жирене қарайтын көшенің қаңғыбастарының арасында болып, олармен де несібе бөлістім. Өлем бе енді? Тұла-бойымды ыза мен кек буып әкетіп барады. Қанша ойламайын десем де бүкіл болашағымды, әдемі арманымды күл-талқан еткен жандарды кешіре алар емеспін. Қанша өмірді өксіттіңдер екен сендер?  Ашуы мен өшпенділігін қытықтап оятып, балғын да арманшыл  жас ұрпақты төбесінен тоқпақтатып құл менен күңге айналдырғанда шыққан биіктерің кәне!? Солардың несібесін тартып алып шыққан шыңдарың кәне?

(Кенет орнынан атып тұрып шеттегі дүкеннің әйнегін ұрып сындырған қимыл жасайды. Ала салып қақпағын ашқан сыңай танытып қылқылдата жұтып-жұтып алып көрерменге қарап аузын сүртеді).

Тоқта сен, тоқташы өмір.

Салдың-ау басқа шылбыр.

Жалғандық тоқтасыншы,

Тоқтасын бір.

Қарасаңшы, күннің беті күйеден баттасып жүр.

Сыпыршы жауыздардың маскасын бір.

Ақиқаттың асыл жыры басталсын бір!

 

Қайыркен: Енді міне қылмыскермін. Жоқ. Қоғамнан өз орнын таппай , шетке қағылған қасқырмын! Ей қасқырлар алыңдар, жеңдер, ішіңдер! Ау-уу-у! Ішіме жын кіріп, көзім бір қанталап алған соң тоқтау қайда... Тоқта! (Мәз болып күледі) Мынау келе жатқан менің бар бақытсыздығымның авторы ғой. Менің ғылыми жетекшім ғой!  (Секіріп алға шығады) Амансың ба аса құрметті, жоғары мәртебелі Құрманбай Сайлыбайұлы!  Тыныш, тыныш. Қашпа, қашпа құрметтім! Үніңді шығарушы болма! Ұрысың сен! (Кенет ұруға дайындалып төніп келеді де, билеп кетеді. Тау халықтарының сарт та сұрт биін билеп келіп тынышталады) Сен мені жынданған екен деп ойлама оңбаған. Сендей сілімтік азғынға қол жұмсап қоймау үшін, аптығымды басу үшін жасап жатқан әрекетім бұл. Әйтпесе кеңірдегіңді жұлып алуым мүмкін. Сен! Сен білесің бе менің қандай күйге түскенімді? Сен білесің бе дүниеге шырылдап жаңа келген сәбиімді қандай күйге түсіргеніңді!? Сен білесің бе отбасымның қалай ойраны шыққанын!? Ей жауыз! (Төніп келеді де тағы да билеп кетеді. Кенет полиция көлігінің даусы естіліп «Тоқта қозғалма!» деген дауыс саңқ ете қалады. Қайыркен оңға жүгірсе де, солға жүгірсе де, алға, артқа жүгірсе де қарсы алдынан жарық жанады. Амалы таусылған ол ортаға келіп тұрады).

Дауыс: Көрдіңіздер ғой, есі дұрыс емес мұның. Қолымды байлап қойып көрсетпегені қалмады.

Дауыс: Дұрыс айтасыз, қамағаннан пайда жоқ. Әбден жүйкесі тозған. Ақыл-есі дұрыс емес сияқты. Бұл күйінде адамдар арасында қалдыру өте қауіпті. Емдеу керек.  

Қайыркен: Жоқ, мен жынды емеспін. Бұл адам менің диссертациямды тартып алған. Менің тақырыбыма плагияттық жасаған. Ол оңбаған ұры!

Дауыс: Дұрыс айтасыз ол ұры! Кәзір оны жазалаймыз. Бізбен жүріңіз. Диссертацияңызды қайтарып алып береміз. Кәне жүре қойыңыз. Кәне көмектесіп жіберіңіздер.

Қайыркен: Бармаймын! Қайда апармақсыңдар мені? Бұларыңыз қалай? Менің ақыл-есім бүтін! Жіберіңіздер!

Дауыс: Иә, иә дұрыс айтасыз сіз өте ақылды адамсыз. Тыныштандырыңыз мынаны.

Қайыркен: Бұларыңыз не? Керегі жоқ! Мен ауру емеспін! А-а-а-а!

(Тас қараңғылық орнайды.  Дыңңңң еткен дыбыс ұзақ уақыт сахнаны тербеп тұрады да ақырындап барып тынышталады)

Қайыркен: Әрине! (күледі). Білдей профессорды көзін алақтатып отырғызып қойып айнала билеп жүрген есерсоқты жынды демегенде не дейді? Оның үстіне қаптап кеткен куәгерлерге қарсы шығар қауқар бар ма менде?

         Өзімнің тағдырымды айтып сіздердің жүректеріңізге салмақ салдым білем. Бүгін театрға келе жатқанда жөні түзу бір дүние көрем деп келдіңіздер ғой. Кешіріңіздер!

Ойланба, ойланбағын.

Ештеңеге таң қалмағын.

Қабылда жалғандарын.

Шындыққа алданбағын.

 

Адамға табынғандар,

Төбеңнен бәрін барлар.

Айтқанды орындаңдар.

Сүймеңдер сағынбаңдар!

 

         Сіздерге бір құпия айтайын... Мен жынды емеспін. Неге? Неге деңізші?  Өйткені менің өз ойым бар. Менің өз шындығым бар. Өзек жарған өкінішім, санамды жеген сағынышым бар.  Қысқасы адамға тән асыл сезімдерімді жоғалтқан жоқпын. Мен оны сақтап қалу үшін, дәлелдеу үшін әлі де күресудемін. Көкірегім шерден, жаным жарадан дала-дала болса да, мен арпалысуды тоқтатпаймын. Кеудемде жүрегім соғып тұрғанда... Мүмкін! Мүмкін! Әбден мүмкін...Сіз дұрыс ойлап отырсыз. Одан не пайда дейсіз ғой. Ешқандай пайда жоқ шығар. Бірақ, мен өз ойымның ақиқатын айту үшін ашық күресудемін. Мейлі осы жындыхананың ішінде-ақ болсын.

         Ал, сіздер ше? Сіздер өтірікке әбден үйреніп алдыңыздар. Ренжи көрмеңіздер, шынымды айтсам сіздерге менің жаным ашиды. Өтірік пе? Өтірік деңізші. Аяғыңды аттап бассаң әділетсіздік деген толып жатыр ғой. Анау жақтан бастап мына жерге дейін бір...титімдай әділет болса мен-ақ жынды болайын. Әділетсіздікті көріп отырып бас шұлғи бересіз. Солай ғой!? Ойбай тыныш!.. Бәлесінен аулақ!.. Осы күнімізге шүкір, көппен көрге ұлы той — деуге етіміз үйреніп кеткен. Сөйтіп жүріп әділетсіздікке ренжуді, жақсылыққа сүйсінуді, алыстағыны сағынуды, арамнан жиренуді тағысын тағылардың бәрін ұымытып қалдық. Демек өтірік тіршілікке бейімделіп кеттік. Тіпті, қартайғанда ең болмаса немереге айтатын түгіміз жоқ. Неңді айтасың? Өзің сүрген өтірік өміріңді айтасың ба? Отырғанымыз сол қой боп маңырап, сиыр боп мөңіреп, «айналайынға» тіліміз келмей. Жарайды, оның бәрін ысырып қойып, бір сұрақ қояйыншы. Менің өмірімді, менің қарғыс атқан тағдырымды көріп отырып, күйіндіңіздер, күңірендіңіздер. Сол үшін білек сыбанып кірісіп, маған араша түсетін біреу табылар ма екен орталарыңыздан!? Мен сияқтылар толып жүр ғой араларыңызда, Сіздер соны білесіздер ме?

         Жоқ қой! Сонда шын жынды кім?

Бақытсыз боп шыққан жоқпын жөргектен.

Бақытымды күтіп жүрмін жер-көктен.

Абайлашы, сүрінбеші бауырым,

Айналаңда тағдырлар көп кер кеткен.

 

         Болды, осы жерден тоқтайын бүгінге. Иә, иә сезіп отырмын, Гүлнәр мен перзентім жайлы сұрағыларыңыз келіп отыр ғой. (Күрсінеді) Оны келесі келгендеріңізде айтайын. Шаршадым!

                                      ШЫМЫЛДЫҚ.

Қазақ тілінде жазылған