МҰҢМЫН АЛЫСҚАН АНА
«Бәрі-бәрі сол жерден бастау алған. Бәрі де, сонау бір шақтан басталған. Одан бері талай уақыт өтті ғой.»-осы сөздерді айтып болып, жасы жетпістерге тақаған, Қанипа әжей, үнсіздікте ұзақ отырып қалды. Аңдып қарап отырсаң соңғы сөздерін біртүрлі ырғаққа түсіріп, кеңірдегіне келтіріп тұрып айтты. Сол бір айтылған сөздерді үзгісі келмей, үнін ұзақ созыңқырап, айтқандай болды. Бұлақтың суындай, мөлдіреп, қарасынан шығып кетейін деп тұрған көздерін алыс – алысқа тастады. Бөлме ішіндегі табалдырықтан кірген кісіге бірден көріне кететін, бір бұрышта мөнтиіп отыр.
Сол бұрыштан сәл-ақ шынтақ ұзындығындай жерде – терезе. Өзі емен ағашынан сырылып істелген, әйнегі әбден тозып, жер дірілдеген сайын ойықтар, әр-түрлі қырлар пайда болған, абажадай ақ терезе. Телміріп, қалың ойға батып, қайда екені белгісіз көз қарашығын қозғалақтатып анда-мында сермейді. Кейде жыбырлаған қарашығын тоқтатып қап, үнсіз-түнсіз бір нүктеге қараумен отырып қалады, әжім басып, еңбектен қаттыланып әбден күш-қуатынан айырылған қолымен немересінің басынан сипап отыр. Қолының біраз жерін күйік алыпты, бармақтарының басын күс басқан. Онысы шолақ жеңді шыт көйлегінен көрініп тұр. Немересінің басынан сипаған сайын, әрі-бері жұмсаған жалаңаш жұдырығы мен білегінен көрініп қалады. Біреу-міреу келіп қалама дегендей, енді терезеден көз алып, ауық-ауық есікке қарайлап алаңдай берді.
Бұл Қанипа әжейдің күндегі күйі. Соңғы күндері осынау аянышты хәлі жиірек болатын болған. Бұрынғы қария, ақсақал, өзіндей тастанды болған кемпірлермен көп сөйлесіп, түннің бір уағына дейін ұзақ-ұзақ сыр шегеісетін. Сондағы бәрінің де айтары бір. Немересінің тәтті қылығы мен баласының жетістіктері жайлы сөздер. Біреуі жастық шағын айтса, тағы біреуі әңгіменің аяғын күтпей, жарты жолдан килігіп «мені алып кетеді, кеше келді» дегендей сөздерді жиі айтатын. Қанипа әженің енді олармен аралас-құралас болғысы келмейтін сияқты. Бір өзі қараңғылау бөлмеде, әлгі терезенің жанынан шықпайтын боп алған. Екі көзі жасаурап, біреуді күткендей таң атқаннан күн батқанға дейін шоқиып отырады да қояды. Оның бар тіршілігі осы. Ешкіммен де тіл қатысып, сөзге ашылмайды. Әй, қайдам... біз ол кісінің жанын қайдан түсінейік... Біреу келсе, бірдеңе сұраса, қысқа қайырады. Сөзге сараңдау адамдай жөнді ештеңе ашылып айтпайды. Бірақ, әжеге келетін де ешкім жоқ, немересінен басқа. Немерем дейтіні, жасы жиырма үштерге таяған, дауысы жіңішке ғана, сопақша басты, қыр мұрынды сұрша қыз. Көрер көзге өз жасынан әлдеқайда жастау көрінеді. Білмейтін, өмір бойы көрмеген адам Баянды он жеті-он сегізге енді ғана қадам басқан оқушы деп ойлайтын. Баян Қанипа апаның немересі емес, жәй ғана апаға қарайтын медсестра. Қаны бөлек, нағашысының туысқандығының да жоқ. Баян өзі, әже деп Қанипаны жақын тұтып, сыйлайтын болғандықтан, оның да көңілін қайтарып, алам ба деген қорқынышпен «немерем» деп еміреніп, еркелететін. Біртұтам ғана қыздың әкелген уыздай піскен қып-қызыл алмасын көріп, балаша қуанып, мәз болып қалатын. Онысын өзіндей шал-кемпірлердің қатарына қосыла қалса, мақтанып айтып, өз-өзінен марқайып қалатын. Бұл ескіректе болған бір ғана мәрте емес, сан рет қайталанған жәйіттер. Иә, әр келген сайын қолтығына тәуір шәй, алма-алмұрт, тіске басар қыстырып келетін Баянға қарап, Қанипа апай да шын мәнінде жақсы көріп, өз немересіндей бауырына басатын.
Ол қазір томағасы тұйық адамға айналған. Қимылсыз. Үнсіз алыстағы біреуді күтумен жүр. Ол кісінің келер-келмесін де білмейді. Деседе, үмітін үзгісі келмейді. Жалғыздықты жақсы көріп, тыныштық күйінен айрылғысы келиейтін сияқты. Ұзақ-ұзақ ойланады, арасында өзінен-өзі жымиып, әжім мен сор басқан беттеріне күлкі нұры үйіріледі, бірақ біраз үнсіз отырғаннан кейін күбіртектеп, мөлдір қара көзінен шыққан жасы, білдіртпей қара сұр жүзін ақырын ғана сипап өтеді. Мінеки, әжейдің өмірі осылай өтіп жатыр. Бірсарынан танбаған қартайғандағы ғұмыры судай ағып барады. Ауыр ойға көп батып, терең күрсінетін оның жанарында әлсіз жанған үміт шоғы бардай...Оған даладағы өзгерістер, көктем не күз бен қыстың келгенінің айырмасы жоқтай. Жас күнінде балам деп бейнеттің зорые көрген, Қанипа апаның зейнеттегі ғұмыры бұлай болады деп кім ойлаған? Әлемнің бар сұлулығы мен қуанышы ол үшін енді жат. Жаңа нәрсені танымайды, танығысы да келмейді. Әр күні, өткенді ойлаумен өтіп жатыр. Әжейдің енді қолындағы бары ескі естеліктері ғана. Баласының кішкентай күніндегі қылықтары, сықылдап күлген дауысы, алғашқы тәй-тәйлары, бәрі-бәрі де кеше ғана болғандай, көз алдында ойнақтап тұр. Оның ең алғаш «мама» деген сөзі де құлағында сыңғырлап тұр, сол кездегі дауысының дірілі, әлі күнге дейін құлағында тұр. Осы секілді нәрселер оған үмітін үзбеу үшін хот-хот беретін. Қанипа жасындда жесір қалған, ойнақтаған, албырты басылмаған сұлуша келген жас келіншек еді. Қолындағы жалғызын өсірмек үшін талай-талай ұйқы көрмей комбинатта жұмыс істеген. Сөйтіп жүріп баласын мектепке де берді. Орыс мектебіне беріпті. Онысы әдейілеп жасағаны емес, мәжбүрліктен қылғаны еді. Ол кездерде Кеңес дәуірі, Рудныйдай қазағы жоқ, шағын қалада қазақ мектебі болушы ма еді. Екі-үш қазаққа қайдығы мектеп болсын.Қазақилық мұрнына бармаған Нұртілеуін мектепке де берді. Қатарынан қалдырмай, ер жеткізді. Азаптанып жүрсе де онысын ұлына көрсеткен жері жоқ. Не сұраса сонысын алып беріп жүрді. Азғантай айлығына баласына майда-шүйда алып беріп, поштаға салып жүретін. Сөйтіп өзі қара нан мен құр суды азық ететін. Баласы біреуді келін етіп әкелді. « Әй, мейлінш, туғаннан көргені осы екен ғой, оның несіне қарсы болам, ортасы сондай ғой. Келінмен бір-біріне үйренісіп, өмір сүріп кетсе болды да.»-деп ешқандай әй-шәй демеді. Айша (келінің аты) бара-бара Қанипаны енесіндей көрмейтінді шығарды. Онысына да шама-шарқынша көніп бақты. Күйеуін айдап салып, анасына жолатпайтын болды. Шәй ішсе, қашқақтап, баласын басқа бөлмеге алып қашатынды да көрді. Ал немересі Әмина пайда болғанда, енді өзінің керексіз болып қалғанын сезе бастады. Бұрында сезетін, бірақ өз-өзін алдаусыратумен болатын. Немересінің атын қоймақшы болғанда, әлгі қатын арпылдап қойдыртпаған. Азан шақыртып ат қоям дегенде, төбе шашы тік тұрып Айша көкбеттеніп оны да істетпеген. Өзінің айтқанын қылдырып ақыры Әминашы мен Нұртілеуін де алыстатқан. Сөйтіп, өзіне тартып алған. Қанипа- Бақытты болса болды, баламен шаршап жүргені шығар деп тағы да үнсіз қалған. Айша Нұртілеудің атын атамай Әй деп атағанын талай естісе де, баласының өзіне әлдеқашан жат адамға айналып кеткендігін ұғынса да іштей тыңған. Әлгі келіні немересін иіскетпей, Қанипаның жанына жолатпаған. Мұны көріп-біліп жүрген Қанипа өз баласының бөтен біреуге айналғанын енді ғана түсінді. Осы жылдар арасында аналық махаббатынан ұлының мүсәпір күйін байқамапты, білмей кепті. Өткенге Қанипа сонда ғана қатты өкінген. Ол баласын енді қалай түзетпек. Баласы енді әйелінің сөзіне еріп, анасының сөзін естімеске салып, адам құрлы көруді қойған. Бір сөз айтса, шалдырлап бетінен алуды үдеткен. Кемпір деп бөтен көретін болған. Сөйтіп жүргенде Қанипа қартайған шағында тепкі көріп, өз баласының талауында қалып азып-тозған. Ақыры болмаған соң, Нұртілеуі анасын алдап-сулап қарттар үйіне әкеліп тастаған-ды. Келемін деп кеткен. Сол кеткеннен мол кетті. Хатсыз-хабарсыз, жоғалған. Бір ретте келіп, хәлін сұрамаған. Сол күннен бері міне алты жылдай болып қалды. Ал Қанипа күнде-күнде баласын терезе алдында күтумен отырады. Жалғызын тосумен отырады. Үмітін сөндірмей әлі де талай-талай күн тосумен болады...