Адам қарады: 163 | Жарияланды:

КӨБЕЛЕК ЖАЙЛЫ ӘПСАНА

(метаәңгіме)

 – Қға-ар-қ, қһға-ар-қ, –  дейді ағаштың бұтағында қонақтаған қарға. Тамағын кенеп алып, молынан қақырынатын шалдардай.

– Қға-ар-қ! Қһға-ар-қ! – дейді ағаштың бұтағында қонақтаған қарға. Әңгімесін тыңдауға құлықты қауымды жинап алып бір-ақ бастайтындай.

–              Қға-ар-қ ... қһға-ар-қ .., – дейді. Одан соң тамсанып-тамсанып доғарады. - Ым-м, ым-м ... Өмірдің дәмі. Мен дәмін татқан ешбір өлексенің дәміне ұқсамайды...

Кішкентай көзін жыпылық-жыпылық еткізіп, жан-жағына алақ-жұлақ етіп қарайды.

–              Шаршадым. Қажыдым... Мен не ғажапқа куә болмадым, соңына таяған сұрықсыз ұзақ ғұмырымда?! (Көзі - камера, жады - бейнетаспа.)

Көкейге түйгенімді айтайын. Көргенімнің бәрін емес.

 

Бір сүйкімсіз шындық айтайын. (Шындық әрқашан әдемі болуға міндетті емес.) Мені тыңдап тұрған құрттай достым! Иә, иә, сен, аузын ашып таңырқаған бала! Мұқият тыңда. Ұғып ал. Қға-ар-қ, қһға-ар-қ. Әі-мм, імм, і-иәә ... Негізі, бекзада қыран туралы фәлсафа – бос дүние. Аң аулап жедің не, өлексе жедің не - айырмасы жоқ. Екеуі де - азық! Екеуі де еңбекпен табылады. Анау, өзіңдей екіаяқтылардың тантығаны ғой ол...

Негізі, адамдар да тура біз сияқты. Бар өмірлері ішіп-жеу мен өсіп-өнуден құралады. Тек соның әрқайсын жоралғыға айналдырғыш-ақ!.. Қға-ар-қ! Қһға-ар-қ! Әі-мм, імм ... Иәә, өмірдің дәмі дейім. Өлексенің татымынан бөлек шіркінің ...

Қарға қарқ-қарқ етіп отырып ойындағыдай саңғытты да, ұшып кетті. Қоюлау дүние-мыс, түу биіктен жерге тық етіп түсті.

...Жас өскін көктің арасында елеусіз күйде, саңғырыққа ұқсаған әлдене жатыр. Шаңдақ қара жолдың шетіндегі талдардың астында.

Дөп-дөңгелек көңін артқы аяқтарымен күшене итеріп, гүрілдетіп, шаңдатып қиқоңыз келеді. Ентіккен болса керек, аялдауға ұйғарды. Екпінімен тоқтамай домалап бара жатқан қиды әрең кідіртті. Маңдайының терін бір сүртіп тастап, жүгіне сүйене демалып тұр. (Адам ұрпағы болғанында, төсқалтасынан темекісін алып шығар ма еді.)

Бүйтіп әрекетсіз тұра бергеннен жалыққан сыңайда жан-жағын шола бастады. Жапан жазық дала, яғни жалғыз қатарлы қара жол. Екі шеті - ну ормандай шалғын. Бір уақытта өзінің тура қасында жатқан әлденеге көз тоқтатты. Мана көрген. Мән бермеген. Енді басқа таңдауы қалмапты, бақса.

-                Әй! Құстың саңғырығы ма... Жооқ... Үй! - Теуіп-теуіп байқады - қимылсыз. - Дернәсіл? Ей, Дернәсіл... Көбелекұғлы! Не жатыс мынауың?! Күн сәскеге шықты ғой! Андағыңнан тысқа ұмтылып, қам-қарекет қылмайсың ба. Жатқанға Құдай бермейді. Есіңде болсын, қалқашым! Өмір деген бейнет. Соңы зейнет дейді. Зейнетін білмедім бірақ, әуелі сол күнге жетейін.

Оның бәрі мақал ғой! Уфф!.. Мен саған көзім анық жеткен нәрсені айтайын.

Жұмыртқа еш өзгеріссіз, бағзы тастай қатты күйінде жата берді.

-                ... Е-е, мына өмір - ...дөңгелету. Солай екен. Сосын қайта жинау... Тырбыңдаған, күшенген тірлік...

Күнге қарады да:

-                Жақсы, қош, қалқам! Онсыз да көп уақыт оздырып алдым. Сау бол! - деді. Сөйтті де көңін домалата жөнелді. Алдында (артында) күткен өрге қиды шығара алмай, кері қайтып қайта итерді. Тағы шығара алмады. Тырыса, бар пәрменімен тағы итерді...

Жұмыртқаны жарып, жұлдызқұрт жарық дүниеге келді. Шақырайған күн бұның көзіне түсіп, көкке сығырая қарады. Шалғынның балауса иісімен өкпесін толтыра тыныстағандай. Көп іркілмей, таяу жердегі ағашқа қарай жорғалай бастады.

Жұп-жұқа қанаттарын аса жиі қаға, түу алыстан базбіреу ұшып келе жатыр. Аңдаса - шегіртке екен. Ұшты десе, секіргені болып шықты. (Қызық!)

Бір тал шөптің үстіне қонған бетінде басы дамыл таппай, маңына қарағыштап бақты. Әуенге сала ысқырып отыр.

-                Ха-ха-ха!! Ғаламат билейсің-ей! «Дабстэп» пе?! Ха-ха-ха! - деді анадайда жорғалап бара жатқан құрт-көбелекті көріп. - Буын-буынын қалай-қалай қимылдатады-ей! Пай-пай! Қазір, тоқта, мен сенің биіңе музыкамды келтірейін...

Жұлдызқұрт селт етпеді. Бір ырғақты қозғалысынан түк өзгеріс жоқ.

-                Әзіл, әзіл, досым. Айыпқа бұйырма. Сәл қызулау ем... Ойынды қоя тұрып, шындыққа келсек, дос, мен саған бірдеңе айтамын... Жалықпайсың ба мына тірлігіңнен?! Жарылып қалай кетпейсің?!! Таңғаламын саған! Ть-ть-ть! - Таңдайын тақылдатып, басын қатты-қатты шайқады.

-                Сен әнеу тұрған талға жеткенге шейін мен әлемді шарлап үлгеремін ғой! Әлем демекші, біршама жерді көрдім. Біршама қызық көрдім. Әлі де ғұмырым бар, кенеле беремін.

Өмір дегенді... бір-ақ рет сүресің. Қарпып қалу міндет. Қапы қалу - күнә! «Өзімнен кейінгіге» деп монтансудың қажеті жоқ. Мен бармын және осы шақ бар. Болды, басқа ештеңе жоқ!

Нағыз өнер - өзің үшін өмір сүре білу. Мені дұрыс түсін, достым!.. Окей, бай!

Жұп-жұқа қанаттарын қомданып түу алысқа ұшып кетті. (Ұшқан жоқ, секірген екен!)

... Жұлдызқұрт шырынды жапыраққа тойып алды да, жібектейін жіппен орануға білек сыбана кірісті. Сиықсыз әлпетін елден жасырғысы келгендей. Талшықты өзінің сыртынан ыждаһатпен тоқи берді, тоқи берді. Көп құбылыста білімсіз жас жәндіктер бұны кебін киіп жатыр деп асығыс түйген. Ал бұл, шынымен де, бар жаттаған дұғаларын күбірлеп жүр.

«Су» немесе «МиГ» атаулы ұшақтардай әуені тесе ұшқан зымыран аралардың бірі ағаштың бұтағында ілініп тұрған қуыршақ-көбелекке соғылды-ай келіп. Шайқалып барып бағытын түзей тоқтады.

-                Ай, әкееңнің! Басқа орын жоқ па, не? Еей, саған айтам!.. Бұның сөйлемейді енді. Рақат! Кіріп алып... ұйқы!..

Осы, мен түсінбеймін. Өз еріктерің өздеріңде емес сияқты. Өмірлерің - шылғии күту! Әрекет жоқ.

Мына бізді айтсайшы. Өз жағдайымызды өзіміз жақсартамыз. Бір тыным таппаймыз, қимылсыз бір отырмаймыз. Көбірек бал соруымыз керек. Және жиірек. Ол гүлдерің құрғырлар келісе қоймайды ғой салғаннан. Ебін тауып сөйлесесің. Дәметеді кейбірі. Сұрағанын әкелесің. Солай жалғасады...

Несін сұрайсыңдар, әйтеуір қанат пен қызыл тілдің арқасында мал тауып, ой, бал тауып жүрміз ғой! Ха-ха! Сендерге де мәлім: гүлдің тозаңымен қоректенесіңдер...

Бұтаққа ілініп тұрған қуыршақ естіді ме, естімеді ме - белгісіз. Бәлкім, ол бөгде әлемде шығар.

Ара зор қанатын шапшаңдата қаққан күйі қолсағатына көз тастап:

-                Ей, кім, мен саған бірдеңе айтайын. Қысқасы, тағдырың өз қолыңда. Амалда! Әр құлыптың кілтін таба біл. Ұқтың? - деді де ұшып кетті. 

Олардың үйірін омарташы тосып жүр еді...

... Бұтаққа бейжай ілініп тұрған қуыршақ тербеле бастады. Тербелісі жиілей, үдей түсті.

Жоқ, желмен теңселгені емес. Жатырдағы шарананың жарыққа тырмыса ұмтылғаны. Өзі ышқынып әм өзі тысқа талпынады. Ғадауат азаптан соң ғаламат ғажап барын кішкентай жүрегі сезеді. (Жұмыртқадан шыққандағасы мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей.)

Әуелі спиральдай оратылған қос мүйізін қылтитты.Саф ауаның дәмі мен түсіне дейін бейтаныс... Енді құмырсқанікіндей көзі сыртта.

Қара терге шомылды. Сәл дамылдап демін алды да қайта кірісті. Әлдебір ежелгі діни рәсім биінің қимылдарымен қабыршақты ырғай-ырғай бұ дүниеге ұмсына берді. Басы, одан соң алдыңғы аяқтары мен кеудесі шықты.

Ортаңғы екі аяғымен қабықты итеріп, саңылауды кеңейтті. Әйткенмен тыпыршыған қанатына ол да тарлық етті.

Әрі үнсіз ышқына, әрі тынымсыз талпына күшенумен болды. (Ана мен шақалақтың қиналысын бір мезгілде бастан өткізуге тең!)

Ақыры бүл ұзақ түннің де таңы атты: көбелек қабықтан азат.

Әсте-әсте есін жиды. Бойын тіктеді. Мұрынның қызметін атқаратын оралған мүйізін түзеді. Жиырылған қанатын жайды.

«Уа, Ағаш! Бұл күнге де жеттім! Куә бол!..

Бұл күнді бұрыннан күттім.

Әу баста құстың саңғырығындай жиренішті жұмыртқа едім. Жұмыртқаны жарып шығып, семіз жұлдызқұрт болып алғаш рет жарық дүниеге келдім. Жыбырлаған тірлігіме қанағат еттім. Дер шағы жеткенде, барлығынан баз кеше жансыз қуыршаққа айналдым.

Осы сәтті ұлы төзіммен күттім. Ұлы емес деп көрші! Ұлы тағат!

Көбелекпін! Куәсің, куәсің!.,» - деді көбелек. Іштей. Нәзік сыр іштей айтылады.

Бұл уақта оның қанаты алуан түске боялып үлгерген. Ұлы суретші осынау картинасын аяқтаған.

Бұтақтың ең ұшында дәуіт отыр. Ұрғашы дәуіт. Құмарлық отына күйген, бірақ өз ажалына өртенген еркек дәуіттің еті асқазанында қорытылып болғалы қашан.

Көбелек гүлдерге асықты. Ұшуға ыңғайланды.

Дәуіт қысқаштай аяқтарын қолдануға әзір...    

Қазақ тілінде жазылған