Адам қарады: 281 | Жарияланды:

ТҮН ОРТАСЫ АУҒАНДА

 

  Аппақ нұрдан жаралған жалғыз жандай,

Айналдым дидарыңнан сол, атқан таңдай.

Шашы жібек, мүсіні шынар, күлкісі балдай

Әкелді екен дүниеге сен қызды ана қандай...

...Өмір сүргісі келмеді, түңілді. Көзінен жас төгілді. Ащы жас. Мына өмірге деген іштегі шер-шемені, у-запыраны сыртқа осы бір кермек көз жасымен бірге шыққысы келген болар... Емен түбінде тұр. Қолында –жіп. Бұл жіппен не істегісі келді екен мына қыз? Өмірге нала болған шала қыз... Жіпті мойнына салғаны несі?..

 

Өлең авторы да қыз дидарынан айнала алмас енді ешқашан...

* * *

Алмалы-Нұршуақ бағытындағы пойыз станцияға пысылдай тоқтады. Пойыз мезгілінен бұрын келген секілді. Зейнеге солай көрінді. Бейнебір Зейнені қызынан айыруға асыққандай...

...Қызы пойызға мінгенде:

- Ғазиза, сен енді сақ болғын. Қала - ауыл емес. Абайлашы, - деді Зейне көзі жасаурай.  

- Мама, қойыңызшы, ештеңе де болмайды.

Осылай дегенімен, Ғазиза да өз сөзіне өзі сенбей біртүрлі іштей жасыды. Өмірінде бірінші рет алыс жаққа шыққалы тұр. Қалай болар екен? Қала деген қандай өзі?.. Тасжүрек пе? Әлде осы Нұршуақтай қонақжай ма екен? «Бірақ, мен грантқа оқуға түстім ғой. Мүмкін жатырқай қоймас». 

- Тек, қайда жүрсең де аман болғын, жаным. – Зейне Ғазизажанды бейнебір оқуға емес, жыландар ордасына жібергендей көңілі әлем-жәлем болды. Кішкентайынан қасында өскен Ғазизажанды алысқа қиғысы келмеді...

Пойыз орнынан қозғалды. Ілгері қарай. Артта – анасы. Артта – Нұршуақ. Артта – бәрі қалды. Мына станцияға жарбия төнген кедір-бұдыр тауларды, ақшаңқан бұлтты көк күмбезді қия алмады. Пойыз туған жерінен алыстаған сайын жаны жаралана берді. Жарты жүрегі ауылында қалғандай аласұрды. Пойыз ішіндегі жұрт – Нұршуақтағыдай емес, мүлдем басқаша. Өз-өздерімен. Шүйіркелеспейді, бір-бірімен жау сияқты. Мына бір тәкәппар қатынастан көңіліне қаяу түсті. Қайта ауылына қайтқысы келді. Жылы шырайлы адамдар, мейірбан жүздер сол өскен жерінде қалған сынды. Тек, сол жерде, басқа еш жерде емес.

...Жаз соңында «Тәуелсіз» газетіне грантқа түскендер тізімі шығыпты. Сонда Зейне осы газетті қолына қорқақтай алған. Қолы дірілдей газетті оқи бастады. Бір уақта көзінен жасын жарқ етті.   

...Ғазиза бұл хабарды алғаш естігенде сенбей:

- Мүмкін емес. Тамыр-танысы барлар түсе алмай жатқанда мен қалай түстім? Қалайша? – дей берген еді.

Ол бұрынырақта анасына:

- Егер осыдан мен оқуға түспесем, ауылда қаламын. Ешқандай ақылы негізде оқымаймын. Сізге осында қолғабыс боламын, - дейтін.

- Тәйт әрі, олай деме. Нендей жағдай болсын-болмасын, мен бәрібір де сені оқытамын. Оқымаймын дегеніңді қой, әйтпесе мен секілді алыстағы ауылда, шаң-топырақ арасында жүресің бе? Мәңгүрт боп ештеңеге жарымай...

* * *

...Жатақхана ескі болғанымен, іші мұнтаздай таза екен. Бөлмеде 2 қыз жүр. Жастары өзімен шамалас, шамасы, құрдастар болуы керек. Ғазиза бөлме бұрышындағы бір жатын орынға жүктерін қоя бергені сол еді:

- Мына жерге сен келгенше мен орналасқам, - деді Ғазизаға толықтау келген сары қыз. – Төменгі қабатты біз алдық.

Бұйыра сөйлегені ұнамаса да, әлгі қызға қарсы ештеңе дей алмады. Қарсы сөйлеуге жігері жетпеген. Мұнда ол біртүрлі сезімді бастан кешті. Жатақхана ойындағыдай емес. Едендері шіріген, төсектері сықырлаған бөлмелерден сыз иісі шығатындай. Коммендант та қатал кісі. Бұларды қоя берші, бәрінен де бұрын Ғазиза жатақханаға орналасарда осындағы қыздармен тату-тәтті тұрамын деп ойлап еді...

Жатақхананы жатырқап не істерін білмей дал болған Ғазиза дәліздегі терезе түбіне келді. Екі көзі – терезеде. Әйтеуір, жұрт Алмалыны аңсап тұрады. Ол жақта армандар орындалады. Бақытты адамдар сонда өмір сүреді деп жатады. Осы ма сол Алмалы? Ақын-жазушылар шаң жуытпайтын ыстық Алмалы? Керісінше, тастай суық қала ғой. Мұны білгенде ауылынан кетпес еді. Бір кезде ұялы телефоны безек қақты. Шыр-шыр... Шыр-шыр... Қараса – анасы екен...

- Алло, мама!

- Алло, дауысыңнан сол, жаным, жағдайың қалай?

 Ғазиза тіл қатқысы келсе де, қата алмады. Тамағына бірдеңе кептелгендей үні шықпайды.

- Алло, Ғазиза, алло…

Мына тастай суық қатігез әлемге тек телефон артынан ғана жылу келетіндей. Тек, телефон артындағы дауыс қана бос жүрегіне жылу құятындай... Бір кезде:

- Алло, мама, мен қайтамын, - деді Ғазиза. Әзер дегенде тұтыға.

- Қой, қайтамын дегеніңді ендігәрі айтушы болма.

- Мына жақ мүлдем ұнамайды. Нұршуаққа қайтамын, - дегенде үніне ащы өксік араласты. 

- Қой, Ғазизажан, жыламағын. Сен ол жақта мәңгіге қалмайсың ғой. Нұршуаққа әлі талай келесің, - деп Зейне қызына дүниедегі бар жұбатуды айтты. Қызы жылаған сайын жүрегі тілім-тілім болып жаралана берді. Ғазизасы кеше ғана басқа қыз еді ғой. Әрдайым көңілді жүретін. Мектеп директоры да Ғазизаға жыл сайын салтанатты түрде «үздік оқығаны үшін» деген грамоталар тапсыратын. Өзі куә, сондайда қызы Ғазиза бұл дүниеде өзінен асқан бақытты жан жоқтай шаттанатын. Енді міне, сол қызы өміріне қапа бола бастағандай ма? Ол тұла бойы тұңғышы – Ғазизажанды 9 ай, 9 күн құрсағында көтерді емес пе?.. Дүниеге 1 күн, 1 түн қинала әкелді ғой!.. Түн ұйқысы 4 бөліне жетілдіргені бар... Ол аяққа тұрғалы қасынан бір елі қалмай өскенін қалай жасырар... Түнде қызы жын-жыбыр, елес іспеттес бәлелерден қорыққанда, анасына қарай жүгіретін. Сол бір албасты бәлелерден тек анасы ғана қорғай алатын. Басқа ешкім емес...

* * *

Алмалыға келгеніне 1 айдан астам уақыт өтсе де, Ғазиза ешкіммен етене араласа алмады. Жалғыз жүрді, өз-өзімен дос болды. Ол бос уақытында осы университет бағында серуен құрғанды жаны сүйетін. Осында жүргенде бейнебір Нұршуақта жүргендей әсерленеді.

...Қос тал түбіндегі орындыққа отырды. Арада ай өтсе де әлі өткен күндер елесімен өмір сүруді доғара алар емес. Қайта келмес 18-ді аңсаған қара кемпір секілді. Тәні Алмалыда болғанымен, жаны сонау қияндағы ауылда...

«Мына оқу қашан бітеді өзі? Шыдау керек, 1 ай уақыт өтті ғой. Енді тағы 3 ай шыдасам, Нұршуаққа қайтамын. Мына жақта күн бұлттанады да тұрады. Адамдары да. Жә, енді бар болғаны 90 күн қалды ғой».

Төңірегіне қарады. Әнебір шеттегі көк майса үстінде студенттер отыр. Біреуі бірдеңе деп еді, қалғандары ду күлді. «Бір топта оқитын студенттер секілді. Ұйымшыл екен. Біз болсақ әлі бұлай отырмадық». Мына тал қалқасында қос ғашық отыр. Қыз жігіт құшағына сүңги құлаған. «Бізді біреу-міреу көреді-ау» деп еш қымсынбайтын секілді. Бейнебір бұл дүниеде тек екеуі ғана өмір сүретіндей.

«Мектепте мұғалімдер: «студенттік өмір – бал өмір» деп айтушы еді. Балы осы ма? Енді қашанғы бұлай жүре бермекпін? Құдай-ай, алда әлі 4 жыл бар»...

- Қарындас, мұңайма.

Селк етті. Ту сыртынан сөйлегендей болды, әлдебір дауыс. Сасқалақтаған қыз жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Сөйтсе, артында емес, дәл алдында ұқыпты киінген жылы жүзді жігіт тұр.

- Қарындас, жабырқама. Мен сені түсінемін. Мен де 1 курста дәл сендей торыққанмын. Бұл жай өткінші сезім.

«Құдай-ау, не дейді? Бұл кім өзі?»

- Қарындас, қарашы, аспанды қара бұлт қаптапты. Қазір жаңбыр жауады. Бұл қалада жаңбыр жауса болды, тоқтауы қиын. Бұл жерде отыра бермей, ішке кіргін. Әйтпесе, жауын астында қалуың ғажап емес, - дегенде, еркелігіңді бір күн де көтермес қалада қатая бастаған қыз жүрегі - мына қамқор пейілге жазғытұры түскен қардай еріді...

* * *

Көлдей тұнық, тұңғиық, мөлдіреген көзіңе,                                                

Қарайлаймын жаутаңдай, үлбіреген жүзіңе.

Ешбір жан жете алмас бұл ғаламда

Қызғалдақтай жайнаң қаққан бір өзіңе...

Сол көлдей тұнық көз иесіне бұл дүниеде мән қалмады. Ол үшін өмір деген бос кеңістікке айналғалы қашан. Жігіт те енді үлбіреген қыз жүзіне қарай алмас жаутаңдай...

Қазір – түн. Әшейінде жымың қағар сансыз жұлдыздар бүгін көрінбейді. Күмбез аспан төрінде оқта-текте домалақ пәтір нандай пісетін, анда-санда бір шеті ұры-қарыларға жем болатын күлше ай да жоқ. Қазір ол мына қап-қараңғы түнекте өлсе, ешкім сезбес. Бұл өлсе ешкім қайғыра қоймас...

...Еркінмен алғаш тілдескен күннен кейін Ғазиза өмір тек қара-сұр түстерден ғана емес, қызыл-сары, жасыл түстерден де тұратынын түсінді. Өмір деген соншалықты іш пыстырарлық емес екен. Бірақ, ол осы уақытқа дейін қайда болды? Қалай ғана 1 ай бойы кезікпей жүре берді екен? Бұл университетте он мыңнан астам студент оқиды. Бірақ, осынша студент арасынан Ғазизаны көргенде жылыұшырайтын 1-ақ студент бар. Ол – Еркін. Олар Ғазиза екеуі университет ішінде, болмаса сыртында жиі ұшырасатын болды. Алыстан, болмаса жақыннан марайма дидарлы жігітті көргенде, жүрегі лүпілдей жөнеледі...

- О, Ғазиза! Көңіл-күй қалай? – дейді жігіт. Әрқашан бірінші. Ғазиза бұл сәлемдесуге іштей қатты қуанса да, сырттай білдірмегенсиді:

- Жақсы.

- Әйтеуір, бәрі дұрыс па?

- Дұрыс.

- Оқу ше? Қиын емес пе?

- Жоқ, қиын емес.

- Жарайды, Ғазиза, мен кеттім!

«Кетеміні несі? Қайда?» Енді ғана көкке шырқай берген көңілі бір демде шыңырауға құлады. Сөз жоқ, Еркін бұнымен ықыластана амандасады. Бірақ, онысынан не пайда, қызбен бір-екі тіл қатысқаннан кейін қоштасуға асығатын секілді. «Жарайды, Ғазиза, сау бол» деп өзі басқа жаққа қарай кетеді. Қайда кететіні белгісіз. Ал, бұл болса, сүтке тоймай қалған қозыдай тұрғаны.

* * *

Ауылдан өзімен бірге әкелген киімі күлкі шақыра бастаған соң "қалалықтарша" киінбек болды. Бөлмеде ешкім жоқта анасы орамалға тыққан ақшаны жол сөмкесінен алды. Санады. Әжептеуір ақша екен. Өзіне солай көрінді. «Бір жырғайтын сияқтымын. Сәнді белдемше алу керек еді. Әйтпесе, ұяттан жарылардай болдық қой. Осы түсінбеймін, қалалық қыздарда не ерекшелік бар? Әйтеуір, ауылдан келген бізден мүлдем өзгеше. Адам ба, пері пе, белгісіз».

Жолда келе жатқанда көзіне бір сауда орталығының маңдайшасындағы «50 пайыз жеңілдік» деген жарнамаға көзі түскенде, автобустан қалай түскенін сезбей де қалды. «О-о, 50 пайыз жеңілдік! Жарты бағасы емес пе? Өзі бір салтанаты келіскен ғимарат екен. Қой, мына жерден киінбесем болмас. Бірталай ақшаны үнемдейтін сияқтымын ғой».

Ғазиза қуанғаннан тура алдындағы хан сарайындай сауда орталығына кірді. Имене кірді. Мына салтантты сарай имендірмесіне қоймады. Жан-жағы түрлі-түсті, әлем-жәлем дүкендер. Құдды өзге бір ғаламшарда жүргендей. «15-ші дүкен қайда өзі?». Өлдім-талдым дегенде маңдайшасына «50 пайыз жеңілдік» деген жазу жазылған дүкенге кезікті. «Таптым-ау, ақыры». Сөрелерде ілулі тұрған киімдер көз жауын аларлықтай әдемі екен. Өзіне қара түсті белдемше ұнады. «Сатушы қайда екен?» Сөре қасында әдеміше келген бір опалы келіншек тұр. Беті айнадай жып-жылтыр. Үстінде жасыл форма. Ғазиза аздап қысыла сұрады:

- Әпке, мынау қанша тұрады?

Өзін «әпке» деген қызға жақтырыңқырамай көз жүгірткен сатушы:

- 150 тысяч тенге, - деді.

- Сколько?

- 150 тысяч.

Басынан біреу бір ұрғандай болды. «150 мың дейді. Құдай-ау, 150 мыңға мына киімді алғанша, 150 күн өмір сүрмеймін бе? 50 пайыз жеңілдік дейді. Жеңілдік дегені осы болса».

Мына дүкеншеге қалай тез кірді, солай тез шықты. «Енді мұнда ешқашан бас сұқпаспын».

Жолдан келесі бетке өте бергенде, тап алдына көлік кеп тоқтады. Бипылдай. Сәл болмаса, қағатындай-ақ екен. Көлік терезесінен басы қылтиған жүргізуші:

- Көзің көз бе, без бе? Жолыңа қара, аспанға қарамай, - деді. Боқтық сөзді қоспағанда. Мүмкін, ол да мына тас қалада, бай отбасында дүниеге келгенінде бұлай сөз естімейтін бе еді? Егер бай отбасында дүниеге келгенде ғой... Не ішемін, не киемін демейді. Қазіргідей «ертеңгі күніме жете ме?» деп тиын санамайды. Құрбыларымен бірге осы қаладағы ең қымбат сауда орталықтарынан орталықтарды қоймай шырт киінеді. Автобуста емес, көлікте жүреді. Арзан асханада емес, ресторанда тамақтанады. Тағы не бар? Баратын жері кітапхана емес, клуб болар еді. Өкінішке орай, ол шаңы бұрқыраған ауылда өмірге келді. Енді міне, жүрісі мынау. Мұнда келгелі Ғазиза – Ғазиза емес, сағыныш дендеген құр сүлдер ғана.

* * *

...Қазір түн болғанымен, айнала самаладай жарық. Бұл қала ешқашан ұйықтамайтын сияқты. Түн ортасынан ауса да көшеде ағылған көліктер, адамдар қарасы бір сиреген емес. Қызық, олар осындай жеті қат қараңғы түнде қайда асығады екен? Түн ортасында нендей тірліктер атқармақ? Нұршуақта мұндай емес-тін, мүлдем өзгеше. Ол жақта қалай ымырт түседі, көше тұрғындары солай үйді-үйлеріне тарайды. Түнде сырттан тырс еткен дыбыс шықпайды. Жым-жырт. Шықса, тек, зауза қоңыздар ғана шырылдар, мазасыз иттер ғана арпылдай үрер. Ел-жұрт қалың ұйқы құшағында жатар еді...

Түс мезгілінде сабақтар аяқталған соң, Ғазиза жатақханаға қарай асықты. Туфли өкшесі тастақ жерге тиген сайын тақылдай бара жатқаны сол, артынан:

- Ғазиза, - деген дауыс естілді. Ғазиза мән бермеді.

Бір кезде күтпеген тұстан тағы:

- Ғазиза, - деген дауыс шыққанда қыз селк етті. Бұл жолы алыстан емес, дәл құлақ түбінен шықты. Қараса, ұзақты уақытқа хабар-ошарсыз кеткен Еркін екен. Еркінді көрмегелі көп болған-ды. Осыдан біраз уақыт бұрын ол ізім-ғайым жоғалды. Ғазиза университет ішінен Еркінді көзбен ары іздеді, бері іздеді. Бірақ, бәрібір шалынбады. Студенттер бағына барады, жоқ. Университет маңындағы дүкен, асханаларға барады, жоқ. Заң факультеті жақты торуылдайды, жоқ. Көлеңкесіне зар болды. Соңғы уақыттары Ғазиза университетке тек сол үшін баратындай. Еркінмен бір тілдессем екен, ол мені қолпаштаса екен дейтін. Амал не, Еркінді 1 емес, 2 емес, бірталай күн көрмеген соң, ол базары тарқаған күзгі қалтырауық жапырақтай солғын тарта берді...  

Сол сәт Еркінді көргенде ол өз-өзіне ие бола алмай:   

- А, Еркін?! Сен бе? – деді абдырай. Сөздері іркес-тіркес, дірілдей шықты.  - Кешір, даусыңды естімей қалыппын.

- Ештеңе етпейді.

Екеуі жол бойы хал-жағдай сұрасты. Дұрысы, Еркін сұраумен болды. Сонда қыз кеудесіне өксік тығылды. Жағдайы өте нашар екендігін айтқысы келді, айта алмады...

- О, мінекей, келдік. Ал, жарайды, Ғазиза мен кеттім. Көріскенше.

Ғазиза да «көріскенше» демекші болды, бірақ:

- Тоқтай тұршы, - деген сөз аузынан қалай шыққанын аңғармай қалды. Бейнебір бұл емес, басқа біреу айтқан секілді:

- Қайда?

- Студенттер сарайына.

- Не үшін?   

- Келесі апта концерт өткізу ойда бар. Айтпақшы, сен міндетті түрде кел!

...Екі көзі кітапта болғанымен, ойы мүлдем басқа жақта. Әлгінде бұл артына бұрылғанда, адамды емес, жалт-жұлт еткен гаухар тасты көргендей болды. Еркінді көргенде жүрек соғысы екі есе ме, әлде он есе жиіледі ме, білмейді. Тіпті, соққан дауысы өзіне анық естілді. «Мен осы Еркінге ғашық болғаннан саумын ба? Жоқ, қайд-а-м... Мен Еркінді жай ғана дос көремін. Ал, ол мені қарындасындай көреді. Иә, қарындасындай... Бірақ... Ол менімен ықыластана сәлемдеседі. Ал, басқа қыздарға онша ықылас танытпайды. Сонда... Ол мені ұнататын болғаны ғой! Және ол мені концертке шақырды. Жігіт деген қызды концертке бекерден-бекерге шақырмаса керек-ті. Яғни, бір сезімі болғаны да. Өзім де былайша көп қыздарға қарағанда әдемі емеспін бе?».   

* * *     

Концерт нашар өтті. Өте нашар. Түк те көңілі толмады. Ұйымдастырылу деңгейі өте төмен, көркемдіктен жұрдай. Концерт қалай аяқталды, солай жатақханасына қарай құстай ұшты. Бөлмесіне келді де, шешінбестен төсегіне құлады. Ол концертке ең әдемі қызыл көйлегімен барған болатын. Әттең, енді көйлегі мыж-тыж болатын болды. Есінде, осы үстіндегі көйлекті мектеп бітірген күні алған. 25 мамыр болатын. Сол күні таңертең көшені ақ бантик, көк галстук тағынған оқушылар сел суындай қаптаған еді. Жол шетіндегі теректермен бірге тербеле мектепке бара жатты...

Ғазиза сол күні түс қайта үйіне келді. Келсе, анасы әлдеқайда жиналыпты.

- Қызым, жинал. Бүгін қалаға шығатын болдық. Мектеп бітіру кешіне көйлек аласың, - деді анасы. Осы кезде жүрегі жарылардай қуанған Ғазиза:.

- Қазір, мама. Күте тұрыңыз. Киініп алайын, - деп бөлмесіне қарай жүгірді.

Не ерекшелігі бары белгісіз, осы 25 мамырда күн жып-жылы болады. Не ыстық, не суық емес. Бірқалыпты. Ауа-райы шуақ шашады. Бұл күні ешқашан ауа райы бұзылған емес. Күн бұлттанбайды, нөсер төкпейді, жел соқпайды. Олар бесінде Шаһар қаласына жеткен соң, базар аралады. Әрине, ұнаған киімдер болды. Бірақ, өзі ұнағанымен, бағасы ұнамай біраз сенделді. Базар жабылар кезде, «кешкі базар» деген жеңілдікпен осы үстіндегі – қызыл көйлекті алды ғой. Ғазиза бұл көйлекті бір көргеннен-ақ ұнатты. Көйлекті ары-бері қараған анасы ішінен: «жарайды, ақыры Ғазизажан ұнатыпты, алайын» деп, жарты айлығынан екі есе көп ақшаны осы көйлекке қиды...

Қас қарайғанда олар Нұршуаққа қайтты. Ғазиза автобуста отырғанымен, көңілі көкте еді. Бітіру кешіндегі ең әдемі қыз болатындай шаттанған ол анасына:

- Мама, сіз бітіру кешіне келесіз ғой, иә? Мектеп директоры сізге «Алғыс хат» бермекші екен. Ол: «анаң міндетті түрде келсін», - деді.

Сонда қызына күлімсірей қараған Зейне:

- Барамын, - деді. Көңілі шалқыған Ғазиза анасын еркелей құшақтады.

Енді міне, сондағы, көйлек алған кездегі жүзі бақыттан бал-бұл жайнаған Ғазиза қазір ағыл-тегіл жылады. Соншалықты, жылайтындай не көрінді? Түк те болған жоқ қой. Ешкім тиіспеді. Не түртпеді де. Негізі, Ғазиза концерт басталғанда көңілді отырған. Тек, концерт бел ортасынан асқанда, сүттей ұйыған көңілі нілдей бұзылды. Жүргізуші сахнаға Еркінді шығады дегенде, көңілі асқақтағаны сонша, көкке бір елі ғана жетпей қалды. Бірақ, Еркінмен бірге сахнаға бір қыз шықты. Ұсқынсыз қыз. Талғамнан жұрдай. Ғазизаға солай көрінді.

...Келші жаным, келші бағыма, қоншы қолыма, - дей ме, Құдай-ау, не деген ауыр сөздер...

Олар бір-біріне елжіреген қос ғашықты тамаша сомдады ғой, шамасы. Бүкіл зал ән біткен кезде, жастар аямай ду қол шапалақтады. Сахнадағы сыңғыр үнді қос ғашыққа:

- Керемет!

- Браво, - деген қошеметтер жауды.

Ғазиза да қол соқты, амалсыздан. Жымимақшы болды, дегенмен жымия алмады. Бет терісі икемге келмеді. Концерт біткенше әзер шыдады.

Әшейінде у-шу болып жататын жатақхана іші бүгін қабірдей тым-тырыс. Қап-қараңғы дәліздер, шыбын ызыңы естілетін бөлмелер. Тастай қараңғы бөлмесінде Ғазиза жалғыз жатыр. Жылай-жылай көзі бұлаудай істі. Ет пісірім уақыт өткенде бөлмеге дабыр-дұбыр сөйлескен бөлмелес қыздар кірді.

- Қыздар, негізі, бүгінгі концерт тамаша өтті деуге болады. Тек, әлгі жүргізуші-сымақ қыз концертті дұрыс жүргізбеді.

- Айтпашы, бүкіл концертті құртты ғой. Үстіне не кигенін көрдіңдер ме?..

Самбыр-самбыр еткен қыздар қабырғадағы түймені басқанда, бөлме ішіне жарық төгілді. Олар төсекте сұлқ жатқан Ғазизаны көрген кезде:

- Не болды? – деген үрейлі дауыстары шықты. Олар осы уақытқа дейін көз жасына ерік берген Ғазизаны көрмеген болатын. 

- Ештеңе.

- Жасырмай айтсаңшы, не болды? Көзден көз қалмапты ғой.

- Айттым ғой, ештеңе.

* * *

Студент болу оңай емес екен. Әсіресе, 1 курс болу. Жоғары курста оқитындар бұларды менсінбейді, «балмұздақтар» дейді мысқылдай. Құдды өздері ешқашан 1 курс болмағандай. Көктен түскен секілді. Бәрінен бұрын ауылдан келген ұяң ұлдарға қиын.

Кез-келген ұсақ-түйекті көңіліне ауыр алатын Ғазиза талай түнді өксумен атырды. Әйтеуір, түн түссе болды, кеудесіне өксік тығылады. Таңертең сабаққа барады, жетім қозыдай үн-түнсіз отырады. Бөлмеде 4 қыз бірге жатады. Көршілері Камила мен Назира өзіне ылғи сөзбен тиісетін. Бұл қанша тырысса да, оларға қарсы жауап қайтара алмай-ақ қойды. Тек, жалғыз Сая ғана іштен тынады.

Бір күні Камила мен Назира бөлмеге шат-шадыман күймен кірді.

- Айттым ғой, ол бізсіз қайда барады?

- Дегенмен, бізге ренжіген сияқты.

- Бүгін оның туған күні екенін қайдан білейін? Масқара! Бағана ол «туған күніме кел» деп шақырғанда ұялғанымнан не істерімді білмей абдырап қалдым. Ең болмаса құттықтамаппын да.

...Үстеріне иіссуды бұрқырата себінген олар бөлмеден тәкәппарлана шықты. Кетерлерінде:

- Сен осылай кітабыңмен жата бергін, оқымысты қыз, - деп әжуалаған болатын. Ғазиза, жай ғана езу тартты да қойды. Қолындағы жылтыр мұқабалы кітабынан бас алмай. Бірақ, іштей Камилаларға қызыққаны рас. Әрқашан бірге жүреді. Жүрген жерлері - мереке. Ал бұл, жалғыздықтан жабыққан, бірсарынды өмірден шаршаған. Әйтеуір, жаны әлденені аңсайды. Мына іш пыстырарлық өмірінде бір өзгеріс, дүмпу болса екен дейді. Бірақ, нендей өзгерісті қалайды, ол жағы өзгеге түгілі, өзіне беймәлім...

Кешқұрым бөлмеге Сая келді:

- Ғазиза, ана екеуі қайда?

- Туған күнге кетті.

...Сая бұрыштағы үстелге отырды. Сөмкесінен кітаптарды шығарды, ертеңгі сабақты оқуға кіріскен. Бір уақта аядай бөлмедегі жарық жалп ете қалды.

- Ғазиза, не болды? Жарықты сен сөндірдің бе?

- Жоқ, мен емес.

Сұлбасы қараңдаған Сая терезені ашты. Терезеден бөлмеге ай жарығы мол түседі екен. Ғазизаға терезе алдында тұрған Сая анық көрінді. Аққұба жүзінде ай нұры ойнақтап тұр.

- Бүкіл жатақханада жарық өшіпті. Сабақ оқуға бекінсең осы ғой.

...Бөлме іші күңгірт. Тып-тыныш. Тек, сырттан тынымсыз көлік шуылы ғана естіледі. Екеуі тым-тырыс бірталай уақыт жатты. Жарық әлі келмеді. Сергек жатқан Сая ұйықтай алмады. Тіпті, зеріге бастады. Бір кезде төсегі түгілі бөлмеге сыймай кеткен ол:

- Ғазиза? – деді.

- Иә, Сая?

- Ұйқың келмеді ме?

- Жоқ.

- Ғазиза, - деді сонда Сая. Ойласа, Ғазизамен осы уақытқа дейін жөндеп сөйлеспепті. Жай ғана: «кітабыңды бере тұршы», «сенде кір сабын бар ма?», «бүгін кезекші сен бе?» деген қысқа-қысқа тіл қатысулардан ары аспаған.

- Иә?

- Ауылыңды сағындың ба?

Ғазиза бір сәт үнсіз қалды. Ауылды көрмегеніне бір күз болыпты. Сағыныштан өлердей хәлге жетті ғой. Енді, Құдай қаласа, 1 айдан кейін ауылына қайтады. Анасымен, сіңлілерімен қауышады. Өз үйі, өлең төсегінде аунайды, қунайды. Есік алдында бірге қуыршақ ойнап өскен құрбылары - Әсел, Диана, Хорландармен кездеседі. Ол тек сол құрбыларымен бірге болғанда ғана – шынайы Ғазиза. Алмалыдағы бетперде киген Ғазиза емес. Мұнда ол ішқұса болып жүр еді. Жанын түсінгісі келетіндер бар-мыс, бірақ, түсінетіндер жоқ.

Ғазиза жиі ауыратын. Сондайда оған ешқандай дәрі-дәрмектер көмектесе алмайды. Тек, бір ғана ем оны ауруынан құлан-таза айықтыратын. Ол - құрбылары еді. Құрбылары үйіне көңілін сұрай келгенде, сырқат Ғазиза аттай шауып кететін...

Ғазиза ауылға барғанда, құрбыларымен бірге күні бойы ауылды аралайды. Олармен бірге өз ауылыңды аралаған қандай ғанибет. Жол бойы небір тамашаларға тап болады. Таныс жігіттерді көреді, қабаған иттері бар көшелерді айналып өтеді дегендей. Кешке барлығы бір үйге жиналады. Сосын түні бойы ауыздары-ауыздарына жұқпай әңгімелеседі. Әй, сонда іштеріне толып қалған шерлерін сыртқа армансыз шығарады. Сол бір сезімге бұл дүниеде ештеңе жетпейді. Ал, бір үйде туған бауырлардай бірге өскен сыныптастарымен екінші үйлеріне айналған мектептеріне бас сұғады. Ұстаздарына сәлем беруге. Дұрысы, кеуделерін дендеген сағынышты басуға. Себебі, олар осы мектеп қабырғасында өсті ғой. Адам баласына тән бүкіл сезім атаулыны осында алғаш өткерді. Күлді, жылады, қуанды, мұңайды. Студент болғалы бері Ғазиза "мектеп" деген сөзді естісе мұңаятын болды. Мектепті бітіргеніне шындап өкінетін болды. Шіркін, мектепте оқушы болып мәңгі жүре берсе ғой. Ойлап қараса, небір бақытты сәттерді мектепте бастан кешіпті. Мұнда олар «тақтаға мені шығармаса екен» деп Құдайдан жалбарына тілек тіледі. Журналда аты-жөні бірінші жазылғандарға обал-ақ! Үй жұмысы дегенді - сынып жұмысына айналдырды. Бақылауларда есепті бір-ақ адам шығарады, ал, басқалары қате болса да үтір-нүктесіне дейін қалдырмай көшіруші еді. Әйтеуір қос парақты толтырса болғаны. Әшейінде анау-мынау әзілге жымимайтындар, сабақ үстінде күлкіден жарылатын. Мұғалімдер де ұрсатын:

- Тыныш, немене, базардағы шемішке шаққыш әйелдердей самбырлайсыңдар? Сендер сабақта отырсыңдар, көшеде емес. Асхат, неменеге күлесің? Бізге де айтсай, бізде күлейік. Мен осы мектепте 20 жыл мұғалім болыппын. Бірақ, осы уақытқа дейін дәл сендердей тәртіпсіз сыныпты көрмеппін.

Сабаққа келмей, ертесіне сынып жетекшілеріне: "Апай, кеше қатты ауырдым. Содан сабаққа келе алмай қалдым" деп айтатын. Әрине, сынып жетекшілері де ақымақ емес қой. Мектепте талай жыл ұстаздық еткен педагог емес пе? Талай оқушы алдынан өткен. Ол шындыққа жанасатын да, жанаспайтын небір сылтауларды естіді. Сол себепті, ол тек мұғалім емес, сонымен қатар тәжірибелі психилог. Алданбайды. Ең ақырында, кешіре салады.

- Әй балалар, әртіссіңдер, иә.

Бірде, Ғазизалар 10 сыныпта оқитын кездерінде бірдеңені былықтырмақ болды. Былықты бастаған – сынып атаманы Құрманғазы. Ол: «ертең ешкім сабаққа келмесін. Бірдеңе болса өзім жауап беремін» деген-тұғын. Не керек, шынымен де ертесіне 10 "б" сыныбынан ешкім сабаққа келмеді. Ұл балалар мейлі, ал, қыздарға не жоқ? Нағыз масқара сонда болды. Бұл хабар ауылды қоймай,аудандық білім бөліміне дейін жетті. Сол күні олар директор кабинетіне арнайы шақыртылды:

- Мұндай жайт өмірде болмаған шығар. Сендер бізді масқара еттіңдер. Оңбағандар. Кеше неге келмедіңдер? - деп директор арыстандай ақырған болатын. Сонда Құрманғазы:

- Кешіріңіз. Бүгін бізге таңертең мектепке бомба қойылды деген хабар келген еді, - деп мұрын астынан міңгірлеген еді...

- Иә, - деді Ғазиза. - Ауылымды сағындым. 

- Қыз деген әкесіне жақын өседі емес пе? Шамасы, ауылыңнан бұрын әкеңді сағындың ғой деймін? – деді Сая күлімдей. Көп қыздар әкелері жайлы сүйсіне әңгімелейтін еді. Бірақ, ойлағанындай болмады. Сұрақ қойылғанда, Ғазиза үн-түнсіз қалған. Бір қараса, көзіне мөлт-мөлт еткен жас келіпті. Сая сасқалақтады. «Артық қыламын деп, тыртық қылдым-ау».

  Анасы Зейне жас кезінде сұлу болған соң, жігіттер артынан қалмапты. Бірақ, тәкәппар Зейне ешқайсысынан қарамаған. Талай жүректерді қан жылатқан Зейне мектеп бітірген соң, облыс орталығындағы институтқа «мейірбике ісі» факультетіне оқуға түседі. Мұнда да Зейне сөз салған көп жігіттерге иімеды, жауап қайтармады. Осында жауырыны қақпақтай бір жігіт Зейнені бір көргеннен-ақ ұнатқан екен. Сосын:

- Жүрсек қайтеді? - деп ұсыныс айтады.

Бірақ, Зейне көнбейді. Жігіт те қайтпайды. Арада біраз уақыт өткенде тәкәппар Зейне Орынбасарға қалай ғашық болғанын білмей де қалады. Сөйтіп, араларында махаббат шоғы алау отқа айналған. Зейне 1 курсты аяқтаған соң, Орынбасар Зейнеге тағы бір ұсыныс жасайды:

- Үйленсек қайтеді?

Әрине, ол кезде Зейне албырт жас қыз. Көп ойланбай, бірден келісім берген. Осылайша сол жазда екеуі үйленеді. Құдалар той жасардан бұрын табиғат аясына шығады... Маусым. Күн қатты ыси қоймаған. Құда-құдағилар өзен жағасында отырды. Сол күні мөп-мөлдір, томаға-тұйық өзен  сылдырай аққан-ды. Өзенге жақын маңдағы егістіктен жоңышқа иісі келгендіктен шығар, мәз-мейрам отырған құдалар түшкіруден шаршамады. Әр түшкірген сайын:

- О, құда, даусыңнан сол, сау бол! – деп кеңк-кеңк күлісті.

Сол күні олар қурай терді, от жақты, шай қайнатты, дастарқан жайды. Жеңіл-желпі тамақтанған соң, олар осы өзен маңындағы шие-алмасы, тал-терегі аралас өскен тоғайды аралады, әлі пісе қоймаған көк өріктен дәм татты, май топырақты үгітті, суы тізеден келетін өзенді кешті, ерінбей биік қырға шықты. Уа, шіркін, қарт Қаратау мен Алатау қауышқан Нұршуақ расында жер жәннаты ғой. Мына шетінен келесі шетіне қарасаң көз жетпейтіндей ұлан-ғайыр дала. Осы даладағы жап-жасыл тал-теректерге көмкерілген ауылдар-ай. Әне, анау жатқан – Ақсу-Жабағылы емес пе? Табиғаты бай, тобылғы, ұшқатқа көмілген, сілеусін, аю, барыстары жыртылып-айрылған бұл қорық Нұршуақты бүкіл республика жұртына танымал еткен. Ә-ә, мынау ше? Меңқызыл құмда гаухар тастай жалт-жұлт етіп жалтырап жатқан? Е-е, бұл Арыс өзені ғой. Қашан көрсең жағасынан күлкі-сыңғыр бәр сәт саябырлаған емес. Талай шайырлар осы Арысты суы мөлдір, ауасы саф, толқыны мамыр деп тамсана жырламап па еді? Әне, анау жатқан ирек-ирек тауды – ұйқыдағы батыр дейді. Алыстан қараса, басы, көзі, мұрны, аузы, мойны, жауырыны көрінеді. Бұл да болса Жаратушы ие құдіреті болса керек-ті.

Алқара аспанды жұлдыздар қаптай бастаған шақта құдалар көліктеріне отырды. Жол бойы:

- Жаз еді күлкің де,

Қайдасың бұл күнде?

Сені іздеп арманым,

Сыр бойын шарладым, - деп Шәмші әндерін айтты, дуылдасты, қауқылдасты, күлісті. Машина асфальт жолға шыққанда құдалар өзен-көлді, тау-тасты, тал-теректерді, топырақ жолды қимай-қимай, арттарына қайта-қайта қарайлай берген еді. Сол күні олар бойларына талай жылдан бері қақ секілді жиналған қоқыр-соқыр, шер-шемен, қатпар-қатпар кіреукелерден арылған-ды.

Ол кезде қылышынан қан тамған Одақ құлағалы тұрған кез. Той деген мейрамханаларда емес, үйде өтеді. Осы үйлену тойына ауыл тұрғындары 1 ай бұрын дайындала бастады. Ауыл жастары ең алдымен той өтетін ауланы дөңке-мөңкелерден тазалады. Келіндер бір жантық қалдырмай сыпырды. Ұзын-ұзын үстелдер, қазан-ошақ, самауырлар тасылды. Тойға бірер күн қалғанда даяшылар тартылды. Даяшылар – осы ауылдағы келін-кепшік, бозбалалар. Олар келген соң ат сойылды, дастарқан жайылды. Сөк-мөк, тары-талқан, бауырсақ, шошқа етінен қуырылған шұжықтар, «Ирис», «Барбарис», арақ дей ме, бәрі бар.

Той басталды. Ең төрдегі үстел басында Орынбасармен Зейне отыр. Арттарындағы ілулі тұрған кілемге «Орынбасар – Зейне бақытты болыңдар» деп ақ мақтамен жазылған. Таң қалатын ештеңесі жоқ.

- Қадірменді ағайын-туыс, дос-жаран, бауырлар, міне бүгін қос жас – Орынбасар мен Зейне үйленгелі жатыр екен. Махаббат деген қос жасты бір етпей ме, қос жақты мыңжылдық құда етпей пе, бәрінен де екі ауылды бір-біріне бауыр етпей ме? - деп асаба әңгімені арыдан бастады. – Енді, ортаға қадірменді құдалар шықсын! Қанекей, ду қол шапалақ!

Ортаға құдалар мама қаздай теңселе шықты.

- Айналайын, Орынбасар, Зейне, жандарым! – деп сөзді қыз алған жақ бастады. - Міне, бүгін сен үйлендіңдер... Не деймін енді, бақытты болыңдар. Сендер бізге қарамаңдар, ең бастысы, екеуің әй-шәй деспей, араларыңдағы сыйластықты өшірмеңдер. Сыйластық болған жерде бәрі де болады. Мен сөзді Сәке құдама берсем.

- Сөз бергеніңе рақмет, Ереке, - деп Сәке құдасы микрофонды қолына алды.  - Мен көп сөйлемей, қысқа-нұсқа айтар болсам, - деп жарты сағат сөйледі.

...Той бел ортасына келгенде жарық өшті. Үйреншікті жайт.

- Осы жарық адамды әбден күйдірді.

- Тез-тез. Әй, Бағила, жарық жанғанша сарқыт алып үлгерейік. Әйтпесе, үйде дым жоқ. Балалардан обал болды дә.

Ешкім абыр-дабыр болмай, шұғыл арада осы ауылдағы орыс электрикке шақырту жіберді. Сүт пісірім уақытта ол да келді. Бекерге келмепті. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде жарықты қосты. Осылайша той қайтадан қызды. Ең соңы, төбелеспен тарқады.

Зейне Нұршуаққа келін болып түсті. Ол алғашқы күні таңғы сағат 4-те тұрады. Сыртқа шықса дала кап-қараңғы. Бұрын біреулерден естіген: «келін деген таң атпай сағат 4-те тұру керек. Әйтпесе енесінен ұрыс естиді». Бірақ, тұруын тұрғанымен, не істерін білмей дал болды. Сағыздай созылған уақытты өлтіре алмай есік алдында ары-бері сенделді. Таң намазына ұйқысынан тұрған енесі Айша есік алдында жүрген Зейнені көргенде:

- Қызым, жайшылық па? –деп таң қалған. Таң қалмай қайтсын, ол таң қараңғысында есік алдында көлбеңдеген сұлбаны ұры ма десе, кеше түскен келіні екен, сөйтсе.

Ол енесі Айшаны «мама» деп айтуға үйрене алмай, бірінші күндері «жеңеше», кейде «әпке», тіпті «апай» деп масқара болғаны бар. Айша болса балалықтан әлі арыла қоймаған келініне күлді де қойды.

Ол кешке дейін әзер шыдайды. Таңертең жұмысқа кеткен күйеуі Орынбасар кеш бата бір-ақ келетін. Бірде сағыныштан әбден жүдеген Зейне кешкілік үйіне күйеуі келгенде қуанғаны сонша, мойнына асыла кеткен. Бұнысына есік алдында жүрген ата-енесі, қайынсіңлілері, бәрі куә болды. Сол кездегі ұялғаны-ай. Қазір ойласа, екі бетінен оты шығады. Ақсаусақ Зейне үй шаруашылығынан көп қиналды. Бір жағы, ауыл өміріне бейімделе алмай қойғаны бар. Ол «құтты болсын» деп өзін көруге келген мың-сан қонаққа сәлем салудан-ақ діңкесі құрыды. Арада бір аптадай уақыт өтпей ол көзіне көрінген тірі жан иесіне сәлем сала беретін ауруға ұшырады. Бірде кешқұрым есік алдындағы байлаулы итке байқамай сәлем салғаны бар. Ол осы уақытқа дейін орамал тартпап еді, енді басынан тастамайтын болды. Құдды орамал тартпаса өзін жалаңаш сезінетін болған. Қарашаңырақтағы қайынсіңлілеріне ат қою керек болды. Сонымен, оларға ел естімеген аттар қоямын деп әдебиеттерді жүз аударды, мың төңкерді. Бірақ, ақыры сол баяғы: «Ерке қыз», «Наз» деген жаттанды аттарды таңды. Арада 1 ай өтсе де тамақ пісіруді жарыта алмай қойды. Түк ебі жоқ екен. Бірақ, енесі Айша алтын адам еді, шіркін. Келініне еш қабақ шытпай, бар білгенін жалықпай үйретумен болды. Қызындай көрді. Мүмкін алғашқы келіні болғандықтан шығар. Атасы да ештеңе деген емес. Зейне ауылға  пысықтығымен, үй шаруасына ептілігімен танымал болмаса да, ибалылығымен талайларды тамсандырды. Қайынсіңлілері де мәз:

- Біздің жеңеше керемет жан. Айтқанымыздан шықпайды.

Зейне дүниеге Ғазизаны әкелгенде ата-енесі жүректері жарылардай қатты қуанған. Жас иісті әбден сағынған ба, Ғазизаны жандарынан тастамайтын болды. Естерінде, Ғазизаға алғаш тіл шыққанда ет-бауырлары езілген.

3 жылдан соң, атасы Мақсұт пен енесі Айша баласы мен келіндеріне енші берді.

...Ғазиза 15 жасқа келгенше әкесі жанында болды. Кешке жұбайы Зейне екеуі қыздары Ғазизаны жетектеп алып ауданды аралайды. Ғазиза сол сәттерді ерекше жақсы көруші еді. Нұршуақта жаздыгүні кешқұрым жанға майдай жағатын қоңыр жел соғатын. Бұлар әрдеңені әңгімелеумен бүкіл орталықты аралап тастайды. Ата-анасы бұған әсем ғимараттарды көрсетеді. Сондағысы, әсем ғимараттар дегені – аудан әкімшілігі, бірді-екілі ірі мектептер болатын. Орынбасар есі кіресілі-шығасылы қызына:

- Ғазиза, қара, мынау – Абай мектебі. Өскенде осы жерде оқисың, -деген.

- Орынбасар, одан да Ғазизаны орыс мектебіне берейікші. Өзгелерден оқ бойы ілгері жүреді. 

Екеуі бірге жүргенде бұларға қызықпайтын жан болмайтын. Олар бірге жүргенде күн тек осылар үшін күлімдейтіндей, ағаштар да осылар үшін тербелетіндей, жел де осылар үшін соғатындай көрінетін.

...Арада 15 жыл өтті. Ыстық-суықтары баяғыда басылды.

Зейне тұңғышы Ғазизасынан кейін дүниеге қатарынан тағы 2 қыз әкелген соң, Орынбасар өзгере бастады. Соңғы уақыттары аузы арақтан босамайды. Бір күні ол үйге удай мас болып келді. Алдынан Зейне шықты. Содан күйеуіне көңілі толмай қараған ол:

- Бүгін тағы да ішкенсің бе? Бар, орныңа жат, - деп ренжіді.

- Е, қатын, - деді осы кезде әкесі кіжіне. - Айқайлама! Мінезіңді ұрайын... Мен бүгін осында соңғы күн қонамын. Ертең кетемін... Сенен кетемін. Енді мұнда оралмаймын... Жұрт арасында еңсемді көтере алмайтын дәрежеге жеттім ғой, білесің бе?.. Сен төрт  қыз емес, төрт ұл туғандай айқайлайсың ғой, тегі... Өзгелер төрде қошқардай-қошқардай ұлдармымен отырса, мен ұялғанымнан төрге шыға алмай босағада қаламын, - деп Орынбасар аузынан боқтық боратты. Сол кезде Зейне зар еңіреді:

- Мен де ұл туғым келеді. Бірақ, Құдай бермесе қайтемін? Орынбасар, айтшы, не істеймін? Құдай не береді, сол болады да енді... Мына үшіншіме жүкті кезімде, «осы ұл болса екен» деп Тәңірден тіледім, жалындым, жыладым да. Бірақ, бәрібір қыз босандым... Орынбасар, Құдай ұл баланы бұл жолы бермесе, келесі жолы берер. Кішкене сабыр етші...

-Сен алғаш жүкті болғанда менде ес қалмаған. Ұл болатын шығар деп ойлағам, жоқ, сенгем... Бірақ, дүниеге қыз келді. Жарайды, ештеңе етпес... Бірақ, осы қыздан кейін дүниеге тағы бір қыз келді. Ал, жарайды делік, көндік... Сосын тағы да қыз... Жоқ... Ендігісі артық. Сен менің бар арманымды күл-парша еттің... Кім еді, біреу былай депті: «ұлды өсірдік, қызды асырадық, ақыры шын иелеріне бердік»... Мына қыздар жай асырандылар. Олар ертең шын жұртына кетеді. Өмір-бақи сонда қалады. Бізге айына-жылына бір келетін шығар. Онда да егер күйеуі жіберсе. Ал, біз екеумізге қу тіземізді құшақтаудан өзге амал қалмайды.

...Есінде, Орынбасар шамамен осыдан бес жылдай бұрын ішуді бастаған. Ол кезде Зейне төртінші қызы – Ұлбосынға жүкті еді. Кешке қарай жұмыстан күйеуі үйіне келді. Өлесі мас екен. Бірақ, шу шығармады. Керісінше, көлігінен гүл шығарды. Зейнеге табыстады. «О, Құдайым, бірдеңе боп қалды ма?» деп Зейне гүлден жылан көргендей тіксінді. Бірақ, бір жағы іштей қуанды. Күйеуінен гүл алмағалы қай заман.

Орынбасар Зейнені құшақтай берді. Әр сөзінен мейірім есті.

- Жаным, Зейне, - деп бетінен сүйді. Темірдей қатты алақанымен басынан сипады. – Жаным, мен сені сүйдім ғой. Білесің бе?

- Иә, білемін, - деп Зейне мас күйеуін ұйықтатуға асықты.

- Жоқ, сен білмеймің. Мен сені бар жаныммен сүйемін, - деп Орынбасар ықылық атты. Күйеуінен осы сөзді естігенде, Зейне біртүрлі толқыды. Күйеуі сау кезде бұған «мен сені сүйемін» деп ешқашан айтқан емес. Діні қатты еді. Бар нәрсені іште сақтайтын. Ал, бүгін... Бір данышпан: «біреуден өзің туралы білгің келсе, сол адамды ішкіз. Сонда ол сен туралы тек шындықты айтатын болады» депті.

- Білесің бе, неге екенін білмеймін. Мен күйзелісте жүрмін. 10 жыл өтті. Әрине, сүп-сүйкімді үш қызым бар. Бірақ, бәрібір бірдеңе жетіспейтін секілді... Жаным, Зейне, сен УЗИ-ге түспей-ақ қойшы. Осы төртіншім ұл болады деп үміттенемін, - деп төсегіне жығылған. Бірақ, бірден қор етпей:

- Қыздарым қайда? Жандарым сол. Зейне, шақыршы қыздарымды. Әмина, Әзиза, Ғазиза қайдасыңдар, - деп айқайлады. Әкелері шақырған соң, қыздары келді.

- Ей, жандарым сол. Қане, келіңдер қасыма. Әкелерің сендерге кәмпит әкелді.

Кәмпит дегенді естіген 4 жасар Әмина мен 6 жасар Әзиза өз-өздеріне ие бола алмай, көздері шырадай жанды.

- Жандарым менің, сендерден аяғанды ит жесін, - деп Орынбасар қыздарына тойдан әкелген кәмпиттерді берді. Олар да мәз. Бүгін әкелері ерекше мейірімді екен. Мұндайды мейірімді әкені олар бұрын көрмеген. Тіпті, бір кезде Әмина:

- Папа, сен осылай күнде ішші. Сен ішкен кезде өте жақсысың, - деп айтты. Шын жүрегімен. Осыны естігенде Зейне мырс күлген.

- Өй, күнім сол... Мен тірі тұрғанда сендерге ешкім тиісе алмайды. Сендерге біреу тиіссе қорықпай айтыңдар. Көзіне көк шыбын үймелетейін, - дейді әкелері. Қыздары осыған мәз болады. «Әке – асқар тау»... 

Орынбасар сол баяғы әдетінше үйге күнде мас күйде келеді. Кейде, өзі секілді маскүнем жолдастарымен келеді. Тіпті, бір күні үйге мүлдем келмеді. Сол келмегеннен мәңгіге келмейтінін олар сол күні сезбеді де, тіпті...

- Ғазиза, ренжіме, мен білген жоқпын, - деді Сая. Өз-өзінен қатты қысылды. «Нем бар еді».

- Жоқ, ештеңе етпейді, - деп Ғазиза көзіндегі жасты сүртті...

- Ғазиза, өткен өмір артта қалды. Ол кездерді ұмыт. Енді сен мына өмірге бейімделсеңші, - деді.

- Дұрыс қой. Бірақ, табиғатымнан аса алмай-ақ қойдым.

- Ғазиза, білесің бе, бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі де мүмкін. Хакім Абай да «егер қолымда билік болса, мінезді өзгертуге болмайды деген адамды соттатар едім» деген сияқты еді. Әлде, тілін кесемін деді ме? Түх, есімде жоқ... Ғазиза,бұл өмірде алынбайтын асу жоқ.

Ғазиза үндемей, жай ғана бас изеді.

- Осы айтқанымнан нәтиже шығар. Ертеңнен бастап еңсеңді тік ұста, басыңды көтер, кеудеңді кер. Осыны өзім қадағалаймын, түсіндің бе?

Ғазиза тағы да бас изеді.

- Айтпақшы, сенің жігітің бар емес пе? Аты кім еді, Еркін бе? - деп Сая төбеден дүңк еткізе салды. Қапелімде аузына сөз түспеген Ғазиза:

- Немене? - деп міңгірледі.

- Өткенде сенен кітап сұраған едім ғой. Есіңде ме? Сол кітаптан бір сурет шықты. Қарасам, Еркін екен... Өткенде концерт болған күні не үшін жылағаныңды сонда білдім.

...Әшейінде үндемейтін Ғазиза сол түні осы уақытқа дейін ішіне бүккен бар сырды ақтарды. Дұрысы, Сая ақтартқызды. Сая - психолог қой. Енді психология мамандығында бекерден-бекерге оқымайтын шығар?

- Иә, Еркінді ұнататыным рас... Шаршадым... Қыз жолы қашанда жіңішке емес пе?

- Әрине, жіңішке. Бірақ, сен іштен тынба. Махаббатты күлімдеген көз білдіреді дейді емес пе? Ылғи күлім қақ. Жігіттер жайдары, қылықты қыздарды ұнатады.

- Жарайды, Сая. Бүгіннен бастап өзгерейінші осы.

- Бәсе, сөйтсейші, Ғазиза, - деп Сая мәз боп қалды. Ғазиза да мәз болды. Саяны мәз қылғанына.

- Ал, сен ше, Сая? Сен де біреуге ғашық болдың ба?

–10-шы сыныпта оқитын кезімде жоғары сыныптағы бір жігіт мені ұнатты, - деді Сая. Ол ішіне ештеңе бүкпейді, біреу бірдеңе сұрай қалса пәлденбейді. – Ол мені сыртымнан иемденді. Маңыма ешкімді жуытпады. Шыны керек, бұнысына қапа болдым. Мен адаммын ғой, робот емес. Менде де намыс бар. Есімде, көктем кезі болатын. Біздің ауданға «Жігіттер» квартеті гастрольдік сапармен келе жатыр екен. Ех, «Жігіттер»! Ескендір сол күні үзілісте қасыма келді. Келді де айтты:

- Сая, бүгін кешке концертке барасың, дайын отыр.

«Барасың ба?» демеді, «барасың» деді. Сұрамады, бұйырды. Әрине, мен де мінез бар, мен де көкірекпін. «Бармаймын» дедім. Ол «ойлан» деді. «Ойланатын түк те жоқ, бармаймын». Бірақ, бардым. Не құдіреті бар екендігін білмеймін, ол мені басқара білетін.

Күн көкжиектегі ұясына енді бата бастаған кезде біз мәдениет сарайының алдына келдік. Келсек, айнала кілең біз секілді жастар. Сол кезде сахнаға жігіттер де шықты:

- Құрметті жиналған қауым! Келгендеріңізге мың да бір рақмет! Жастар, сіздер бізді «Бақытты бол» әні арқылы таныдыңыздар ғой. Солай ма?

- Иә! Солай!

- Рас!

Ендеше біз концертті сол «Бақытты бол» әнімен ашсақ, - деп жігіттер концертті бастады... – Тек, бақытты болыңыздар, жастар! Барша Қазақстандықтар!..

- Бақытты бол, берілмей қайғы мұңға,

Бақытты бол, махаббат айдынында.

Бақытты бол, аққулы көлімдей ме ең

Көз алдымнан кетпейді-ау сенің бейнең...

...Концерт біткен соң түнге қарай ол мені үйіме дейін... Бірге келдік. Сонда бір-бірімізді қия алмай, көшедегі жапырақтары жайқалған тұт ағашының түбінде ол менің, мен оның бетіне жымия қарап ұзақ тұрдық. Көктем түні суық болады ғой. Өңмеңнен өтер қара желден жаурай бастағанымда, Ескендір үстіме жұқа күртеше жапты. Өзі киіп келген былғары күртешені. Жылынбадым. Әлде жылынбаған кейіп таныттым ба, білмеймін. Тісім-тісіме тимей дірдектей бастадым бір кезде. Өзімді тоқтата алар емеспін. Әйтеуір, бұл діріл жаурағаннан емес. Түсініксіз бір сезім. Ол осыны сезді ғой деймін, мені жаймен құшақтады. Сонда денем тоқ ұрғандай дір ете қалған. Қарсылық білдірмегеніме батылданды ма, мені бетімнен өпті... Сондағы қорғасындай балқығаным-ай. Қараңғы түнде, жапырақтары сыбдырлаған ағаш түбінде ғашығыңмен болғаннан артық бақыт жоқ шығар бұл өмірде. Сол түні біздің алғашқы сүйісімізге аспандағы жалғыз ай ғана куә болды.

Қазір ол Шуақты қаласында. Бір өкініштісі, көптен бері араласпайтын болдық. Не үшін екенін айтпай-ақ қояйын... Әрине, қазір Ескендірді сағынамын. Күнде кешқұрым мезгілде Ескендір үй алдына келіп ысқыратын. Ескендір шақырғанда дегбір табатын мен бе, үйден қашып шығам. Себебі, сұранатын болсам, ата-анам жібермейтінін білем. Ымырт түскенде біз аудан орталығында тәуелсіздік алған жылдары сұрықсыз күйге түскен ескі әмбебап дүкенге баратынбыз. Әгі өшкен, сыры түскен сұрғылт дүкен қабырғаларына «А+З=love», «Nurshyak forever» деген небір жазулар жазылған. Жан-жағында жаңғақ ағаштары қалың өскен дүкен артында кең алаңқай бар. Біз сол жердегі ағаш орындықтарда отыратын едік. Ұзын-саны 20-шақты адам. Мен Ескендірмен бірге отырамын. Арамызда бір-екі әнші жігіттер бар-тұғын. Олар гитарамен ән айтады:

- Махаббат жалыны маздайды,

Басыңа әкелмес аз қайғы.

Дидарың көрінсе көзіме,

Жүрегім жарыла жаздайды.

Келбетің әрі ай, әрі күн,

Жанымда жүрсеңші жарығым

Ай қабақ, ақ маңдай аруым, Уоу, оу...

Бір қызығы, әнді магнитафоннан тыңдағанда селк етпейтін мен, әлгі ән осы гитарамен айтылғанда елжірей кетемін. Неге екенін білмеймін. Біреу былай айтыпты: «гитара сыңғыры – жүрек соғысы». Шамасы, осы гитарамен айтылған ән жүрекке тез жететін болғаны ғой. Біз осылай түн ортасына дейін отыратынбыз. Бізбен бірге аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Қақ төбемізде тұрған ай нұры да тек бізге ғана төгілетіндей. Түнгі 12-ден асқанда жігіттер бізді, қыздарды үйлеріне жеткізетін. Ұят-ай... Әрине, мен келгенше ұйықтай алмай отырған әке-шешем жет-жебіріме жеткенше ұрсады. Сол мезет «ендігәрі шықпаймын, ант етемін» деп уәде бергеніммен, ертесіне үйден қалай қаша жөнелетінімді білмей де қаламын.

Ескендір күндіз көзге көрінбейді. Ол түз тағысы секілді күн батқанда «жорыққа» шығатын. Аудан орталығында сенбі күндері би кештері, яғни дискотека ұйымдастырылады. Мен Ескендірмен осы би кешіне барамын. Бұл жақта өңшең біз секілді 16-18 жас аралығындағы жастар. Өзімізше соңғы сәнмен киінгенбіз. Сол жылдары сәнде – кең балақ джинсы шалбарлар, ақ кросовкилер еді. Би кештерінде «Седая ночь» көп қойылады. Әрине, ескі өлең. Ал, біз болсақ сол әндерге сең соққан балықтардай билейтінбіз. Кей күндері аудандағы түнгі клубқа баратын едік. Түнгі клуб деген жай біз қойған ат. Анау айтқандай керемет түгі жоқ. 12-де жабылады.

Бірде біз әлгі клубтан шықтық. Бір қора адам. Сөйтіп әмбебап дүкен жаққа ойын-күлкімен бара жатқанымызда алдымыздан полицейлер шыға келсе бола ма? Қорыққаным сонша, жүрегім аузыма тығылды.

- Ей, тоқтаңдар, бұл рейд, – деп машинадағы дауыс күшейткішпен бізге айқайлады.

Осы кезде жан-жағымдағылар тым-тырақай қаша жөнелді. Мен қашуға ұялдым. Қыз басыммен біртүрлі ғой. Бірақ, жігіттер түк те саспады. Оларға қашу деген үйреншікті жайт секілді. Ескендір қолымнан жетектей жөнелді. «Сая, қорықпа, менімен бірге жүре бер» дейді. Полицейлер бізді көлікпен қуды. Әрине, олар көлікпен қуған соң, жолмен қашатын біз емес. Көлік түгілі мотоцикл өте алмайтын қалтарыс-бұлтарыстарға қарай қаштық. Біз, қашқындар, қашар кезде топ-топқа бөліндік. Біз Ескендірлермен бірге ағаштары қалың өскен бір бауға тығылдық. Бағымызға орай үй егесі үйінен шықпады. Шынжырдағы байлаулы иті қанша үрсе де... Түнгі 2-лерге таман барлық қашқындар орталық стадионға жиналдық. Мұнда ешкім жоқ. Өлі тыныштық. Осы өлі тыныштықты біз тірілттік.

- Ух, әйтеуір құтылдық қой әлгі бәлелерден. Қайтпайды екен өздері де.

- Әйтеуір, ешқайсысың ұсталмадыңдар ма?

- Жоқ, ұсталмадық. Сендер қайда тығылдыңдар өзі? Таппай қалдық қой.

- Біз арыққа жата қалдық... Ех-хе...  

- Жарайды, бізді қоя берші, үйренгенбіз ғой мұндайға. Бәрінен де қыздардан ұят болды.

- Жоқ, қайдағы ұят, ештеңе етпейді, - деп біз шу ете қалдық.

...Бірде біз шатырға шықтық. 5 қабатты подъезд шатырына. Себебі, сол күні Бақыт дүниеге келген еді. Содан Ескендірлер арнайы Бақыт бауырлары үшін шатырға шығатын болды. Сағат таңғы 5-ке қарай қараңғылық сейіле бастаған шақта жер-дүниеге тау артынан күн шапағы шашылды. Сонда мен әлгі көріністен көзімді ала алмай, жыланға арбалған торғайдай тұрдым. Ескендір мені артымнан келіп құшақтады.

- Көрдің бе, Сая...

- Иә...

Сонда мен бақытты едім. Ол кезде мен тек Ескендірге тұрмысқа шығамын деп ойлайтынмын. Ескендір үшін ата-анамнан талай ұрыс естідім. Мектептегі ұстаздарыма жексұрын болдым. Ескендір мені достарымен таныстырған. Достары: «Осы біздің Ескендір бірінші «кететін» сияқты. Сая келін, біз Ескендірге қонаққа барғанда, сен қабағыңды шытпайтын шығарсың? Әйтпесе қазақта «қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады» деген сөз бар еді» деп қалжыңдаушы еді. Қалжыңдары да біртүрлі. Ал, мен жынды адамдар секілді күле беремін, күле беремін. Өзіме осы орта ұнайтын. Мен солармен бірге болғанда, бар әлемді ұмытатын едім. Мен бір күн сабақтан қалмайтын тәртіпті қыздан бірден басқа қызға айналдым. Бәрі де Ескендір үшін ғой. Себебі, мен өмірімді онсыз елестете алмайтын едім, - деп Сая Ғазизаға қарады. Қараса, көзіне жас кілкіпті. Бірақ, ол мықты қыз ғой. Жыламады.

* * *

Университет әкімшілігі қыс басталғанына екі апта уақыт өткенде студенттерді қысқа мерзімді демалысқа шығарды. Аяқасты бере қойған бұл кезектен тыс демалысқа ешкім қарсылық таныта қоймады, қуана-қуана қабыл алды.  Енді, олар (1 курстықтар) бұл жерде қала алмас. Іштегі бір дүлей күш туған жерлеріне еріксіз шақырды...

Демалысқа шығар алдында университет әкімшілгі жиналыс жасаған болатын. Концерттік залға бүкіл студенттерді жинаған университет хатшысы:

- Көтеріліс-пөтеріліс, анау-мынау демей, ондайға жоламай үйлеріңе қайтыңдар. Осыдан бірдеңе бүлдіретін болсаңдар, университетке келмей-ақ қойыңдар, - деп қатаң ескерткен-ді.

...Ғазиза ауылына автобуспен барғанды жөн көрді. Жол жүру машақаты ауыр болса да, шыдар. Өлмес. Қаншама мың-сан адам діттеген жерлеріне автобуспен-ақ қатынайды емес пе? Әрі өзіне автобуспен қатынаған ұнайтын. Баяғыда кішкентай кезінде Шаһарға барғанша терезеден бас алмайтын. Сарғыш-сарғыш беткей-белдер, жоталар, сол жоталарда жайылған малдар, тас жол шетінде өскен қарағаш, жаңғақ, теректер, жанар-жағармай бекеттері, елсіз жерге салынған кафелер, бәрі-бәрі көз алдынан өтетін.

Бұрын Зейне шешей есі кіресілі-шығасылы бала Ғазизаға айтатын:

- «Кеш батқанда көшеге жалғыз шықпа. Жын-перілер торуылдайды». Бұл сөзді естіген Ғазиза кеш батқанда дереу үйіне қайтуға асығатын. Көшедегі үлкен қыздар да Ғазиза секілді кішкентай қыздарға жын, сайтан, тұяқты қыз туралы небір мистикалық әңгімелерді ауыздарынан суы құри айтушы еді. Бала кезден санасына әбден сіңгендіктен шығар, Ғазиза жасы 18-ге келсе де ымырт түскенде сыртқа шықпайды. Ал, автобустар төңірек қараңғылыққа боялғанда жүретіні белгілі. Көп жұрт автовокзалға осындай шақта келеді. Ауылына қайтуға бекінген Ғазизаға құрбылары:

- Асықпай-ақ қойсаңшы. Автобустар кешке жүреді. Сол кезде шықсаң да болады ғой, - деген болатын. Бірақ, Ғазиза оларды тыңдамады.

...Автобус әлі тұр. Әлгінде жүргізуші «кеш қалай түседі, автобус солай жүреді» деген болатын, бірақ, жүрер емес. Күткеніне 2 сағат болған шығар.Ол терезеден тысқа қарады. Автобус сыртында айқайласқан-боқтасқан түрі жаман адамдар... Бір уақта автобус түбінен өзіне тесіле қараған біреуді көрді. Қорыққаннан тізелері дір етті де, пердешені жаба салды... Әлгі тесіле қараған бұжыр бет жігіт автобусқа мінгенде зәресі ұшты. Қарақшы деген осы ма? Неге басқа орын жоқтай, дәл артына отырды? Ойнақтаған көзі неткен зәрлі еді...

...Автобус «Қырқа» жақта тоқтады. Алысқа сапар шеккен жолаушылар осындағы асханаларға жүрек жалғауға бас сұға бастады. Енді біреулері туған-туыстарына сыйлық алу үшін тауарды екі-үш есе бағасына сататын дүңгіршектерді жағалады. Ғазиза асханаға да кірмеді, дүңгіршекке де жоламады. Жалғыз сейілдеуге қорыққан ол автобус түбінде қыз-келіншектермен бірге тұрды. Жүрек адамды алдамайды ғой, әлгінде бұжыр бетті көргенде кеудесі шымырлаған.

- Ғазиза...

Селк етті. Қыстыгүні біреу үстіне бір шелек мұздай суды шаша салғандай. Дауыс иесіне үркектей қарады. Енді не деуге болады? Ғазиза Алмалыда жүргенде Нұршуақтан келген жерлестерімен ойламаған жерден кездесе кететін. Баяғыда ауылда жүргендерінде бір-бірлерімен мүлдем араласпайтын олар осында бір-бірімен құшақ жая қауышады... 

Ғазиза Еркінді көргенде жапан далада жебеуші періштесіне жолыққандай болды... 

- Сәлем! - Ол үніндегі қуанышты жасыра алмады. Дауысы баяғыдай іркес-тіркес шықты.

- Сен бағана Алмалыдан шыққанда мына автобуста отырдың ба? - Еркін қолымен артындағы қызыл автобусты нұсқады.

- Иә.

- Қызық, мен де осы автобуста отырдым ғой. Қалай ғана сені байқамай қалдым екен?– деп таң қалды. - Қайда бара жатырсың?

- Нұршуаққа.

- Сен Нұршуақта тұрасың ба?!.. Расында екеуі танысқалы бері бір-бірімен туған жерлері жайлы мүлдем әңгіме өрбітпепті. - Мен Шаһардан боламын.

...Арада жарты сағат өткенде асханадан шыққан жұрт автобусқа топырлай отырды. Еркін қыз жанынан орын алды. Әлгі Алмалыдан шықққанда қасында отырған көрші келіншекпен қалай келісті, ол жағы маңызды емес. Маңыздысы, Еркін қасында. Енді ешкімнен қорықпайды.

...Сол концерттен кейін Ғазиза өзін сүймейтін Еркіннен аулақ жүруге тырысты. Көрсе, көрмегендей өте шығады. Ал, Еркін болса, қызды көрсе ылғи жылы ұшырай қалады. Ғазиза тәкәппарланады. Қыз бойында тәкаппарлық яки паңдық болмаса, ол – қыз емес. Жай ғана жансыз дене... Еркін шынымен де білмей ме, әлде білмейтін кейіп таныта ма, қыз қанша қашқақтаса да, өтірік көрмегенсісе де, өзіне қарсы бұл әрекеттерді елеген емес. Шынымен байқамай қалады дей ме екен:

- Ғазиза! - дейтін. Баяғы ашық-жарқын дауыспенен.

Әйтеуір, ол ыстық ықыласымен қыз бойындағы мұз құрсанған сеңді ерітеді де жібереді. Ғазиза да жігітті еш түсіне алмады. «Ол не үшін менімен қуана амандасады? Неге? Не мақсатпен сұрайды? Мүмкін... Мүмкін ол мені ұната ма екен?»

Осыны ойлағанда, біртүрлі қуанды. Екеуі бірге жүрген сәтті ойша елестеткенде, жұдырықтай жүрегіне ып-ыстық жылу құйылды. 

«Бірақ, арада 3 ай өтті ғой. Егер ол расымен ұнатса...»

Дегенмен, ол емеурін де танытпады. Дос сияқты араласады. Әйтсе де, қыз бен жігіт арасында достық бола ма? Басы қатты... «Ол сөз сала алмай жүр ме, сірә? Неге ол менен соншалықты қорқақтайды? Бірақ, ол сөз саламын десе, салады ғой. Яғни... Мен Еркінге ұнамайтын болғаным ғой. Әйтпесе, ол менімен қашанғы дос ретінде араласа бермекші?» Сол сәт Ғазиза өз-өзінен жиренді. Автобус қараңғылыққа оранған құла түзде келеді. Мына көз түрткісіз қараңғылықтан анда-санда жылт еткен машина шамдары ғана сығалайды. Сонау көз ұшында ақбас шыңды заңғар Алатау мұнартады.

- Сол күні мен студенттер сарайына бара жатқанмын. Күн бұлтты болатын. Енді болса жаңбыр құйғалы тұр. Барар жеріме тез жету үшін сүрлеу жолға түссем, ағаш орындықта бір қыз отыр екен. Бірінші курста оқитын қыз екендігін бірден сездім. Себебі, ол – тым көңілсіз еді. Жасырмаймын, бірінші курста оқитын кезімдемен де талай мұңайғанмын. Ешқандай пенде көктен түскен жоқ қой. Сол қызға ең болмаса моральді тұрғыда көмек бергім келді. Қасына жақындадым да:

-  Қарындас, - дегенімде, ол жалт қарады. Көзіне көзім түсті. Бота көздері мені еріксіз өзіне баурады.

- Қойшы, рас па?

«Әзілдеген болар. Ол мендей қызға назар аудармапты да. Университетте небір сұлулар жүр емес пе?»

- Рас. Ең маңыздысы, басқаны білмеймін, мен сол бота көздер иесімен танысқаныма өте қатты қуанған едім.

Еркінді білмейді, ал, Ғазиза сол уақта қалай қуанды десеңші.

- Еркін, қойшы. Қайдағы бота көз. Мен туралы айта бермеші. - Ал, ішінен «мен туралы айта берші. Тек, мен туралы айта берші» дейтіндей.     

...Жазғы аңызақта қауын қақтай кепкен қыз жанына нұр құйыла берді. Жаңбыр жауса – нұр жауды дейді емес пе? Қалалықтар жаңбыр жауса, ашуланады екен. Неге ашуланады? Сондағысы, үстеріне жапсырған қымбат киімдері су болады дейді ме? Сол да сөз болып па? Ал, ауылда ше? Ол жақта киім-пиіңе қарамайды. Аспан күркіресе болды, кез-келген ауыл тұрғыны жас балаша қуанады ғой, шіркін. Үлкен кісілер «енді егін бітік шығатын болды» десе, кішкентай балалар үсті-бастары малмандай су болғанша жауын астында қайтпай ойнайды. 

 ...Қайдан шыға келгені белгісіз, бір уақта біреу Ғазизаны аяусыз қылқындыра бастады. Қырқ-қырқ етті қыз байғұс. Қолы неткен қарулы еді, шамасы жетпеді. Жан-жағындағылардан көмек сұрауға қанша талпынғанымен, дауысы шықпады... Сайтан ба, адам ба, не қылған пәле бұл?  Бұжыр бет қой, шамасы. Жіберер емес... 

- Көмектесіңдер, көмектесіңдерші, - деді қырылдай.

Бірақ, автобуста отырғандар селк етпеді. Ғазизаға бір қарады да қойды. Селк етпейді ғой ешқайсысы, селк етпейді. Заман өзгерді ме, әлде адам ба? Бір данышпан айтқан екен: «Заман өзгерсе, ағаш тамыры көкке қарамай ма? Яғни, заман емес, адам өзгерген». Қырқ-қырқ... Қырқ-қырқ... Көз алдында тұманытқан дүние бұлдырай жөнелді. Ешқандай дыбыс естілмейді, ешқандай ауырсынуды сезбейді. Денесі жеп-жеңіл тартты. Өлім деген осындай бола ма? Адам бұ дүниеден о дүниеге көшкенде еңсені езген қорғасындай ауыр жүк арқасынан түседі екен ғой... 

- Ғазиза... Ғазиза, - деді әлдебір жылы дауыс...О дүниедегі періштелер болар? Өздеріне қарай шақыратын секілді.

- Ғазиза, оян, оян деймін, - деп өзін біреу сілкіді. 

...Оянса,үсті-басы шылқыған қара тер. Адам өңінде нені көп ойласа, сол түсіне енеді екен. Жан-жағына қарады. Жұрт ұйқы құшағында. Автобус іші жым-жырт. «Бәсе, түс екен ғой».

- Ғазиза, не болды? Жаман түс көрдің бе?

- Иә.

- Жайсыз жатқан соң жын иектеген шығар. Сен қорықпа, мен қасыңдамын.

«Мен қасыңдамын» дегенде, бойын ыстық қан шарпыды. Дүниедегі ең мықты деген әйелде жаны қиналғанда әлсіздік танытар. Тіпті, алтын басты болса да өзіне бақыр басты еркек қамқор пейіл танытса, сәбидей томпаң қағар.

Терезеге қырау сіресіпті. Құлаққа қасқырдай ұлыған аяз дауысы әлсін-әлсін естіледі.

- Ғазиза, жаурадың ба?

- Жоқ.

- Жоқ,сен бұлай алдама. Мә, мынаны жамыл.  - Еркін үстіндегі күртешені Ғазизаға жапты.

- Рахмет.

Осы бір «рахмет» деген сөз астарында қаншама ой жатыр десеңші. Әрбір айтқан қыз сөзі – мұзтау секілді. Мұхит бетінде жүзден бір бөлігі қалқиды, ал, мұхит түбінде... Жол бойында майда-майда ауылдар, ірілі-ұсақты кенттер қала берді... Ай көрінбейді. Негізі бүгін аспанда ай болуы тиіс. Мүмкін әлгі ай - там мұржасынан шыққан түтіндей шұбатылған будақ бұлт арасында ма екен?

- Ғазиза! - Еркін естілер-естілмес сыбырлады.

- Иә?

Жігітті үнсіздік иектеді. Әлдене айтуға оқталғанымен, айта алмай отырған секілді ме? Әлгіндегі үнсіздік мылқаулыққа ұласқандай. Ғазиза шыдамсыздана бастады. «Не айтпақшы болды? Айтсаңшы тезірек...»

- Иә, - деді тағы... Еркін Ғазизаға бұрылды. Қыз бұрылмады, қырынан отырды. Жігітке қарамауға тырысты.

- Ғазиза, сен білесің бе, сен біртүрлі қызсың.

«Біртүрлі? Қай мағынада айтты? Жаман мағынада ма, әлде жақсы мағынада ма? Біртүрлі дейді. Біздің ауылда әңгүдіктерді осылай айтушы еді».

- Біртүрлі дегенді қалай түсінуге болады?

- Сен өзгелердей екітүрлі емессің... Шынайысың...

«Түх, осы ма айтайын дегенің?»

- Рақмет.

- Және мен сенің кісі баласына титтей де болса қастық ойламайтыныңа тәнтімін. Осының үшін мен сені...

«Мен сені...? Айта берші сөзіңді ірікпей. Қорықпа, мен сені жеп қоймаймын ғой».

- Құрметтеймін.

Ғазиза ішінде жемі бар шығар деп бос шараға алданған сиыр секілді күйге түсті. Бірақ, бір кезде Еркін күтпеген сәтте:

- Жоқ, мен сені құрметтемеймін... Мен сені ұнатамын, - деп Ғазизаны әлсіз ғана құшақтады. - Дәл қазіргі сәтте қасымда отырған қызды, мына сені ұнатамын мен...

...Қысқы күңгірт-қара аспанда құланиек бозалаңда ғана көрінер – Шолпан жұлдызы әлсіз жарқырайды...

* * * 

Мынау – құрқылтайдай там көзіне даңғарадай сарай секілді көрінді. Себебі, балалық шағы осында өтті емес пе? Баяғыда 7 сыныпта оқитын кезінде Ғазиза туған күн жасаған. Сонда сыныптастарынан бірі қалмай бәрі келді. Ғазизаанасына туған күнімді жасайыншы деп еді, келісе кеткен. Бірақ, мектептегі ұстаздары рұқсат бермейді. Амал жоқ, олар отырысты жасырын ұйымдастырды. Бірі – азық-түлікпен, бірі – дастарқанмен, бірі – сусынмен, әйтеуір ешқайсысы құрқол келмеді. Арақ-шарап, шылым-шырпы түтінсіз, ең бастысы ысырапсыз өткен, кінә-күнәдан пәк балауса кеш-тұғын. 

Терезе ашық тұрған. Бір кезде көлік дауысы  гүр ете қалды. Сонда терезеге көзі түскен Нұрсұлтан:

- Мәссаған, мына көлікте Ғани ағай отыр ғой, - деді қобалжи. Ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

«Ғани ағай» деуі мұң екен, бәрі терезеге үймеледі. Шынымен де, көлікте Ғани ағай отыр. Осы кезде арқаларына мұз сірескен олар тұрған орындарынан қозғала алмай қалды.

- Ғани ағай біздің отырыс жасағанымызды қайдан біліп қойған? - деді Жасұлан.

- Енді не істесек екен? – деп Альмира сыныптастарына жаутаңдай қарады. «Ені не істесек екен? Бір әрекет жасасаңдаршы».

- Е, қараңдар, Ғани ағай көліктен түсті.

Осы кезде:

- Қаштық, - деп Құрманғазы айқай салды. Бәрі ардың-гүрдің есікке қарай жүгірді. Аяқ киімдерін киюге мұршалары болмай, үй артындағы бақшаға қарай қашты. Сым темірлі шарбақтан көрші бақшаға секірді. Содан кейін тағы да көрші үйге секірді. Бақша егелері айқай салады:

- Ей, что вы делаете?  Я сейчас вам покажу, паразиты!

Онсыз да жүректерінен жүрек қалмай келе жатқан бұл бейшараларда жан қалмады. Ақырында, олар келесі көшеден бір-ақ шықты. Шырмауыққа беттері сырылған, аяқтарына тікен кірген. Әшейінде болмашыға жылайтын қыздар қазіргі аласапыранда қыңқ етер емес. 

...Ертесіне сабаққа барлығы келді. Себебі, олар кеше:

- Ертең, апайдан кешірім сұрайық. Әйтпесе, арты жаман болады-ау осы, - деп келіскен.

Сыныпқа мұғалім кірді. Бәрі орнынан тұрды. Түрлерінен түр жоқ.

- Отырыңдар, - деді мұғалім. Бірақ, ешқайсысы отырмады. 

- Әй, бәріңе не болған? Бірдеңе бүлдіргеннен саумысыңдар ма? – деп мұғалімдері таң қалды. Әрине, жүзінде үрей табы бар.

- Апай, кешіріңіз, - деді араларындағы батылдары Құрманғазы.

- Әй, не болды? Кешіріңізі несі? Әйгерім, түсіндірші.

- Апай кешіріңіз, ендігәрі қайталанбайды, - деді сынып старостасы Әйгерім Сматуллаева да басы салбырай.

- Не қайталанбайды?

- Кешіріңіз, апай.

- Сендердің естерің дұрыс па? Не бүлдірдіңдер? Адамды шошытпай айтсаңдаршы.

- Кеше Ғани ағайдан қаштық.

- Алла-ай, не дейді? Адамды инфаркт қылатын шығарсыңдар сендер.

Қырсық шалғанда, осы кезде сыныпқа Ғани ағай бас сұқса бола ма? Сасқалақтаған оқушылар жаппай кешірім сұрай бастады. Тоқтамай қашқандары үшін. Алғашында «мен кеше кімді қудым? Кім менен қашты? Түсінсем бұйырмаспын» деп таңданған Ғани ағай барлық мән-жайды білген соң, ішек-сілесі қата күлді. Сөйтсе, кеше бұларды ешкім іздемепті де, тіпті отырыс жасағандарынан да бейхабар. Кеше ол жай ғана бір үйге кіріп шығыпты. Ал бұлар өз-өздерінен, өз қорқыныштарынан қашқан болып шықты...

...Қақпа құлыптаулы екен. Ғазиза қақпа үстінде елеусіз тұрған тартпа жіпті тарта салғаны сол, сарт еткен дыбыс шықты. Үй ауласы қалың омбы қарға көміліпті. Қыс түскелі бірде-бір мәрте күрелмегендігі анық байқалады. Кім күрейді? Бұл үйде еркеккіндік атаулы бар ма?.. Үй ішіне кірді. Әй, бейғам ауыл тұрғындары-ай! Еш сақтанбайды ғой. Ұры-қары дегендерден дым қорықпайды. Алмалыда ғой, адамдар ұры десе, жүректерінен-жүрек қалмайды. Бір бөлмелі пәтерлеріне екі қабат есік, он қабат құлып қояды. Сонда да жүректері суылдайды. Тарс еткен дыбыс шықса болды, жанұшыра жастық астындағы өткір пышаққа жармасады.  Неткен өмір бұл...

Үй ішіне кішігірім терезелерден жарық түспегендіктен, майда-майда бөлмелер – алакеуім көлеңке құшағында жатыр. Ғазиза ең бірінші ас үйге өтті. Ол баяғыда мектептен келгенде, анасы ас үйде хош иісі аңқыған, ыстық буы бұрқыраған палауымен қарсы алатын. Анасы екеуі дастарқан басында жалықпай, жабықпай әңгіме айтушы еді... Ас үйге кірді. Дегенмен, мұнда ешкім жоқ. Дәмді тамақ та, мейірбан анасы да. Біртүрлі көңіліне кірбің түсті. Қабағына мұң ілінді. Есінде, 1 сыныпта оқитын кезі. Бір күні ол мектептен үйіне қарай келе жатқанда, алдынан өгіздей ит шыға қалса бола ма? Қараса, мойнында шынжыры жоқ. Бос жүр. Ол Ғазизаға қарай аузынан сілекейі шұбыра жүгірді. Сонда Ғазизаның қорыққаны сонша, жүрегі тоқтауға сәл-ақ қалды. Шыңғырғанынан беталды қаша жөнелген. Бір кезде аяқ астындағы арықты байқамай тоңқалаң аса құлағанда, басы тасқа соғылды. Соғылғанда басынан қою қара қан бұрқ етті.

- Тәйт, кет әрі, Құтжол, кет деймін, - деп үйінен шыққан егесі итіне жекірді. Сосын Ғазизаны арықтан шығарды. Қыз ес-түсінен танып қалыпты. Әлгі кісі қызды ауруханаға жеткізді. Ол жақтағылар да қызды бірден қабылдамай:

- Емханадан жолдама әкеліңіз, әйтпесе қарай алмаймыз, - деп күйдірген. Әйтеуір, не керек, таныс-паныс арқылы әлгі кісі Ғазизаны ауруханаға жатқызды ғой. Түске таман анасы келді. Ебіл-дебілі шыққан. Алла жар болғанда, Ғазиза кешке қарай өз-өзіне келді.

Бағана автобустан түскенде, арқасынан жүк түскендей болған еді. Ал,өзіне талай жыл пана болған үй алдына келгенінде, көзіне жас үйірілді...

Әлдебір зат сыңғыр ете қалғанда селк етті. Сөйтсе, үстел үстіндегі шыныаяқ жерге құлапты, дұрысы, Ғазиза байқамай құлатты...

- Бұл кім-ей?

Неткен жағымды, неткен ыстық дауыс еді... Үй иесі ас үйге кірді... Зейне... Ол Ғазизаны көргенде әлгіндегі қату қабақ жүзінен жұрнақ та қалмады.

- Балапаным-ау...

- Мама!

* * *

Ғазиза Еркінімен бораны ұйытқыған қыс қаһарында жұтқа ұшырамай, шуақты көктемге бірге ілікті. Жүздерінен күлкі жоғалмай. Тек, ғашықтарда ғана болатын бал күлкі... Кинотеатр дей ме, әлде жай театр дей ме, әйтеуір екеуіне де барды. Зообақты да, әшейін бақтарды да ұмыт қалдырмады. Бұл қалада екеуі бармаған жер, тоздырмаған жол қалмаған шығар, сірә... Ол екеуі бірге жүрсе, бұл әлемде екеуінен өзге ешкім жоқ секілді... Жалғыз жүрсе де, жабыға қоймайды. Бейнебір Еркін артынан білдірмей аңдитын секілді. Тіпті болмаса, бұрыш-бұрыштарда Еркін орнатқан жасырын камералар тұратындай көрінетін. Сондықтан да болар, Ғазиза жан-жағындағы адамдарға ылғи жадырай қарайды. Алақан жайған қайыршыларға бей-жай кейіп таныта алмайды. Кейде жолкіресінен өзге артық ақшасы болмаса да, қайыршыларға ең болмаса 5-10 теңге тастайды. Сосын, амал жоқ, жатақханасына жаяу қайтатын. Онда да шаршай қоймайды, себебі жанында көзге көрінбей жүретін Еркіні бар емес пе?! Ғазиза өмірін екі кезеңге бөледі. Біреуі – Еркінді кездестіргенге дейін, екіншісі – кездестіргеннен кейін. Бұрынғы өмірі түнек еді, енді Еркін пайда болғалы өмірі жарыққа боялды. Яғни, Еркін – күн болғаны ғой. Осы Еркінді кездестіргелі өмірінде мән пайда болғандай. Ол осы уақытқа дейін ешкімді шын сүйіп көрмеп еді. Алғашқы махабаты - Еркін болғасын ба, Ғазиза оны өмірінің мәні деп түсінеді. Бар ойы тек Еркінде. Күндіз-түні тек соны ойлай береді. Ол болмаса бұл да жоқ. Еркін күн болса, Ғазиза күнбағыс. Күнбағысқа күнсіз өмір жоқ. Бір ғажабы, Еркін де Ғазизаны өмірінің мәні деп көреді екен. Бұны ол Ғазизаға өзі айтты. Сондағы Ғазизаның қуанғаны. Өміріндегі ең бақытты күн шығар. Тек, өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де өмір сүру неткен бақыт еді. Кеш білді ғой. Бұл дүниеде сені шын сүйетін жан болса, нағыз бақыт сол емес пе?

...Ғазиза сол баяғысынша жатақханада отырады. Кешқұрым Еркін келеді. Келеді де, Ғазиза тұратын бөлме терезесіне қиыршық тас лақтырады... Ғазиза терезені ашады. Қалай терезені ашады, балдай саф ауа ағынына солай тап болған ол терең дем алады. Қос өкпесі толғанша. Осы терезеден кішігірім бақты көруге болады. Күзде сарғайып кеткен тал жапырақтары қыстыгүні бірі қалмай жан тапсырған болатын. Енді міне, көктем келгелі, талдар бүршік ата бастапты. Күн көзіне тезірек куә болғысы келген бұйығы бүршік – жұпар гүлге айналуға асыққаны, шіркін...    

- Ғазиза!

Есімі екінші мәрте аталғанда қыз төменге қарады, биік жардан құлардай. Төменде Еркін тұр, екі езуі жиырылымай.

- Ғазиза, шықсаңшы.

- Қазір.

Жүзі бал-бұл жайнаған қыз лез-демде төменге қарай жүгіреді.

- Қыздар, мына Ғазизаға қараңдаршы, - деді Камила. Дауысы жарықшақтана шықты. Қызғана айтқаны бесенеден белгілі. Бұл күнде ол бұрынғы кеуек кеуде Ғазизаны сағынатын болған. Бұрын Ғазиза үн-түнсіз бір бұрышта отыратын. Жатақхана өмірі оңай емес. Мұнда студент пысық болмаса аузындағы несібесінен айрылып қалуы әсте мүмкін. Ебін тапқандар тамақты қазанымен ұрлап кетуден тайынбайды. «Егелеріне обал болады-ау. Олар да аш отыр емес пе?» деп ойламайды ғой, шіркіндер.

- Ғазиза, мен бүгін шаршап тұр едім, тамақты сен істей саласың ба?

- Жарайды.

Ол ақкөңіл. Кезек-пезекке қарамайды. Біреу өтінсе істей салады. Жанындағылар бірдеңе деп мақтаса болды, сене кетеді. Бірақ, ол қылжақбас жігіттерді суқаны сүймейді. Ал, жатақханада ондайлар өте көп. Кешке қарай бұлар тұратын бөлмеге даудырай кіреді:

- Қыздар, біз сендерге қонаққа келдік. Қарсы емессіңдер ме?

Ғазиза әрине қарсы. «Жексұрындай болмай қараларын батырса екен, сұмдар». Бірақ, Камилалар:

- О не дегендерің, кіріңдер, - деп құрақ ұшады.

- Неткен қонақжай едіңдер, - деп ыржиған олар төсектерге қонжия кетеді. Осы кезде Ғазиза мына жігіттерге, нәпсі төңірегімен аса алмайтын әңгімелеріне шыдай алмай, бөлмеден қашады... Қазір Ғазиза күрт өзгерген. Мұң шырмауынан шыға алмай жүретін баяғы Ғазиза емес...

- Назира, Ғазизаны көрдің бе?

- Еркін қай жеріне қызықты екен?  Қызығатын жері де жоқ қой.

- Айтпашы, мен одан жиіркенемін. Сасықтығы сонша, қасында бір минутта шыдау мүмкін емес.

Осы сәтте Сая:

- Қыздар, қойсаңдаршы, - деді. Мына екеуіне ашуы келсе де, сабырлы қалпынан айнымады:

- Неге олай дейсіңдер? Қателесесіңдер. Ғазиза – ақкөңіл қыз. Үсті – сасық емес, үстінен сәби иісі шығады. Әтір иісі емес. Перідей сұлу емес, себебі – бетіне опа-далап жақпайды. Табиғи сүйкімді. Есі дұрыс жігіттер осындай сүйкімді қыздарды болашақта өздеріне жар етеді. Ал, жиренсеңдер, басқа бөлмеге ауысыңдар. Себебі, ол – жай ғана пенде ғой, ал, сендер – 100 пайыз идеал періштесіңдер.

- Сая, жайырақ.

- Не болды сонша?

* * *

Түн. Талайлардан тәтті ұйқыны ұрлаған Алмалы түні... Тарс еткен ащы дыбыс шықты. Ғазиза жалт қарады. Сөйтсе, бағдаршам маңында көлік апаты орын алыпты. Көлік - көлік емес, мылжа-мылжа бірдеңе. Ішіндегі адамдар қандай күйде екен? Өлген шығар? Өкінішті. Әлдебір мас жүргізушіге бола, бекерге өмірден арманда кетті ғой, бейшара.

«Құдай-ау, біреуді бекерге өлді деймін, өзімше. Мен де сол бейбақтар секілді о дүниеге мезгілсіз кеткелі жатырмын ғой. Бірақ, Құдай мені қабылдамайтын шығар? Өз-өзімді өлтірмекшімін. Бұным дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Бірақ, амал не». Өмір неге 180 градусқа бұрылды? Ол бұлай болады деп ойлады ма? Ойламады да ғой, шыны керек. Тіпті, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар...

Қар көбесі сөгіле бастаған кез болатын. 8 наурыз. Халықаралық әйелдер күні. Бұрыш-бұрыштарда қаптаған қызылды-жасылды гүл шоқтары. Қыз-қыз қайнаған сауда. Өзге күндердей бірсыдырғы емес, серпінді. Осы күні дүниедегі бүкіл адамға жан бітетін секілді. Ымырт түскен кезде Ғазиза мейрамханаға асықпай келді... Әлгінде түсте топтас жігіттер қыздарына кішігірім естелік заттар сыйлаған. Анау айтқандай бағалы ештеңе бермеді. Қыздар да дәметпеген. Себебі, топтарында 14 қыз, 2 ұл бала оқиды. Әрине, филфакка жігіттер аз түседі. Әлмисақтан бері. Бір қызығы, жігіттер сыйлықты жарытпағанымен, топтас қыздарына жырдан шашу шашты. Әйтеуір, ешқандай қызды елеусіз қалдырмады.

Осы қалада қалталы жігіттерге қызығатын қыздар бар. Ондайларды жігіттер «шағала» қыздар дейді. Жігіттер ондай қыздарды кафе-ресторандарға апарады, көліктерімен түнгі Алмалыны аралатады. «Шағала» қыздарға неге сонша шашылатындары белгісіз. Мүмкін бір ойлағанадары бар шығар. Кім білсін...

Негізі, Еркін қызды кешкі сағат 7-ге шақырған болатын, бірақ, Ғазиза әдейі кешікті. Жалпы, ол Еркінді ылғи күттіретін. Еркін де былқ етпейді, керек болса, таңға дейін күтуге бар.

- Кел, Ғазиза, төрлет!

Еркін түпкі бұрыштан орын алыпты. У-шудан ада. Ғашықтар үшін ең керегі осы емес пе?

Ол мына салтанаты келіскен мейрамханада біртүрлі қысылды. Туғалы мұндай жерге мүлдем келген емес. Келмек былай тұрсын, көрген емес. Ауылдары жұпыны болатын. Мыжырайған үйлер, сұрқы қашқан бетон қабырғалы мекемелер. Тоз-тозы шыққан жолдар. Жиектеріндегі ағашатары қураған көшелер. Суы тартылған, ішіне шөп-шалам, қалбыр, темекі тұқылы, арақ бөтелкесі секілді қоқыстар жиналған арықтар... Бұқара арасында «ел боламын десең, әкіміңді түзе» деген қалжыңдар осындайдан шыққан-ды.

Еркін қызды кинодағыдай орындыққа баппен отырғызды, алдындағы бокалға асқан мәдениеттілікпен сусын құйды. Сыпайы ғана даяшыны шақырды. Ғазизаға бұл қызық көрінді.

- Ғазиза, не болды? Өз-өзіңнен күле бердің ғой?

- Жай.

- Ғазиза, мына гүлді қабыл алғын. 8-ші наурызыңмен! - Еркін қызға десте гүл ұстатты. Былайша, қарапайым ғана гүл, бірақ, сол гүлді алғанда қуанышы қойнына симай, бақыттан басы айналды...

- Ғазиза, сен білесің бе, мен бір қызды ұнатамын. Бұл дүниеде ондай қыз жоқ шығар.

- Ол кім екен?  - деп Ғазиза қызара күлімсіреді.

- Ол – жұмбақ. Ол сол жұмбақтығымен қымбат.

Ғазиза сыңғырлай күлді...

- Күлкің неткен ғажап еді, бокал сыңғырындай!

- Қойшы, жынды...

- Жалпы, мен ақын емеспін. Өлең шығаруға мүлдем жоқпын. Бірақ, кеше түн ортасында бір өлең жаздым.

- Ол қандай өлең екен?

- Тыңда, -деп Еркін төс қалтасынан аппақ парақты шығарды. Баппен парақты ашты. Ғазиза параққа қараса, көк сиямен айбақ-сайбақ шимайланыпты. «Қолыңнан сол, жаным». Еркін тамағын бір кенеді де, парақта жазылған шимайды Ғазизаға қарата оқи бастады:

Аппақ нұрдан жаралған жалғыз жандай,

Айналдым дидарыңнан сол атқан таңдай.

Шашы жібек, мүсіні шынар, күлкісі балдай

Әкелді екен дүниеге сен қызды ана қандай...

* * *

Бір ғұлама: «бақытты өмір болмайды, тек бақытты күндер ғана болады» деген екен. Ендеше, бақытты күндері қазір қайда? Өкінішке орай, Еркін енді бұл дүниеде жоқ. Бұл дүниеде енді ондай адам ешқашан болмақ емес. Ондай жігітті енді ешқашан жолықтырмас. Бұл дүниеде тек үңірейген орны ғана қалды...

Олар рестораннан шыққанда айнала қап-қараңғы еді. Қалада адам қарасы сирей бастапты. Бір кезде байқады, бір бұрышта қап-қара былғары күртеше киінген жігіттер тұр екен.

- Еркін, - деді Ғазиза. – Тезірек қайтайықшы.

- Қорықпа, - деді. – Ештеңе болмайды. Ана жігіттерден қорықтың ба?

- Жоқ, жоламашы соларға. Осы жерден кетейікші.

- Олар жай әшейін шибөрілер. Топпен жүреді. Жалғыз жүрсе, қой аузынан шөп алмайтын өлімтік біреулер.

- Түу, нең бар оларда?

Еркін қояр емес. Тіпті, еліргені сонша, әлгі жігіттерге қарай бұрылды. Сол кезде жүрегі әлденені сезді ме, Ғазиза Еркінді қолынан жібермей:

- Еркін, - деді даусы құмыға. – Өтінемін, қайтайықшы.

- Жарайды, қайтсақ қайттық, - деді Еркін күле сөйлей. – Мен сенімен жай ойнамақ болған едім.

- Осылай да ойнауға бола ма? Болды, мен сенімен сөйлеспеймін...

...Екеуі жатақхана алдына келді. Уақыт түнгі 3 болған шығар. Енді ішке кіргізейді. Комендантпен сөйлесейін десе, 2 рет сөгіс алған. Енді 3-шісінде оңдыра қоймас.

- Еркін,терезеден кірсем қалай болады?

- Неге?

- Осыған дейін екі рет кешіккем. Коммендант «енді кешіксең жатақханадан шығасың. Тәртіп бәріне бірдей» деп ұрысқан...

- Терезеден кіремін дейсің бе?.. Кезінде біз де альпинистер секілді 4-ші қабатқа көтерілетінбіз. Ол кезде жас едік, шіркін. Орыстар айтады ғой, «старость не радость».

- Түх, сен де бір... Қазір Саяға телефон шалайын, - деп Ғазиза қалтасынан телефонды алды. - Алло, Сая, мен келдім. Иә, жатақханаға... Терезе түбінде тұрмын... Ашшы... Әне, көрдім сені. Көрдің бе мені?

Сая төменде тұрған Ғазизаны көрді. Қасында Еркін тұр.

- Иә, түн жамылған қос аққу, бұл не тұрыс?

Бұл сөзге Ғазиза басы иіле ұялса, Еркін қарқылдай күлген. Ғазиза: «Ақырын, Еркін. Бүкіл қаланы оятасың ба, қайтесің».

...Таң ата бастаған. Аспанда жұлдыздар таң жарығына сіңе берді. Бірақ, алып-ұшқан Ғазиза ұйықтай алмады.

- Ал, аққу, әңгімеңді айт, - деді Сая. Бағанадан бері осыны күткен бе, Ғазиза Саяға күлімсірей қарады. Жүзі бүгін ерекше нұрлы екен:

- Ол мені «Қоқиқаз» мейрамханасына шақырыпты. Қайдан білейін, басында жай ғана кішігірім кафе шығар деп ойлағам ғой, мен жынды. Сөйтсем, мен ойлағаннан мүлдем басқаша екен. Қойшы, содан не керек, екеуміз тым жақсы отырдық. Ол маған бір құшақ гүл сыйлады, сосын құлағыма сырға тақты. Міне қарашы, - деп Ғазиза Саяға құлағындағы сырғаны тосты. Телефон жарығымен қараған Сая:

- Охо, күшті. Әзірге бастамасы жаман емес. Кейін 4-ші саусағыңа алтын жүзік тағады деп сенемін, - деп күлді. Ғазиза да күлді.

- Құдай қаласа, - деп сыбырлады. – Айтпақшы, Сая, мынаны қарашы, - деп сөмкесінен бір тілдей қағазды шығарды. Еркін 2 шумақ өлең шығарыпты. Мен туралы. Бағана мейрамханада оқыды.

- Қойшы. Рас па?

- Ей, жатсаңдаршы, адамға ұйқы бермедіңдер ғой, - деп Камила ұйқысырай тіл қатты. Бірақ, артынша қайта қор ете түсті. Таңғы ұйқыдан тәтті нәрсе жоқ қой.

...«Не дейсің, Еркін 1 курста оқитын журфактағы бір қызбен жүреді екен» деген хабар студенттер арасында желдей гуледі. Баяғыда Ғазизаны онша менсіне қоймайтындар бұл күнде онымен құрбы болуға қуанатындай. Жігіттер қауымы да бұл күнде маңына жолай қоймайды. Қорқады да. Қыздан емес, қызба мінез Еркіннен. Себебі, былтыр олар көрші университеттегі жігіттермен төбелесіпті. Ол аз ба, артынан атыс болған. 1 жігіт сол атыста о дүниелік болған ғой, иманы саламатты болғыр. Сөйтіп, тергеу процестері басталды. Кінәлі жігіт кім екендігі анықталған соң, бұл іс сотқа жетпеді. Сөйтсе, өлген жігіт кедей отбасыдан шыққан, ал, атқан жігіт осы қаладағы мен деген ірі дөкейден туған екен. Ақыры, әділеттілік жеңбей, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас қамқорлық жеңді. Байқұс ата-ана арыстай ұлдарынан айрылды.

* * *

Соңғы сабақ – философия. Философ Молдияр ағай да өте білімдар кісі. Енді бекерден бекерге осы филососфия ғылымына кандидат емес шығар... Студенттер семинарға жиналды. Бірақ, көпшілігі жоқ. Себебі, бірі іш кеселімен ауырды, бірі басы шыдатпай кетті. Енді біреулері шұғыл шаруалармен қыр асты дегендей. Әйтеуір, көбісі келмеді. Кабинетке Молдияр ағай кірді. Студенттер орындарына отыра бастады.

- Бәрі түгел ме?

- Жоқ, ағай. Нұрлан Асқарұлы деканаттан сұранды, ал Дарханды университет жіберді, - деп топ старостасы Әсел Бақбергенқызы есеп бере бастады.

- Ә-ә, - деді Молдияр ағай. – Университетті қалай көтерем, жарты әлемге қалай танытам деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген патриоттар ғой, байғұстар-ай.

Студенттер ду күлді. Осы кезде студенттер арасынан Ұлан: 

- Молдияр ағай, сіз өмір дегенді қалай түсінесіз? – деп сұрады. Әдейі. Ол сабақ оқымай келген күндері ағайға осылай сұрақ қояды. Молдияр ағайға бір сұрақ қойылса болды, сабақ біткенше сол сауалға жауап берумен болады.

- Балалар, қазір далада ауа-райы қандай?

- Жылы.

- Ал қоғамдағы ауа-райы ше?

Студенттер түсінбей қалды. «Қоғамдағы ауа-райы несі?» Ақыры, ешқайсысы үндемеген соң:

Балалар, қазір сыртта ауа-райы шынында да жылы, әңгіме жоқ, - деді Молдияр ағай. - Ал, бірақ, мына қоғам суық. Ешқайсысыңа жылықабақ таныта қоймайды. Танытпайды да. Бұл қоғамда жылы қабақ – сатылады. Иә, тек қана сатылады. Жалға беріледі. Иә, солай. Мысалы, Ұлан, сен бір тиының болмай, мейрамханаға, жоқ, ең болмаса асханаға барғын, ондағылар ішке кіргізбей артыңнан бір тебер. «Ендігәрі мұнда жолама, бейшара!» Ал, енді ертесіне сол мейрамханаға неміс көлігімен баршы. Үстіңе соңғы үлгідегі киім болсын. Маңғаз жүр. Сонда сені артыңнан тепкендерді көрсең... Кешегі қабаған иттер секілді арпылдағандар бүгін сүйекке жалмаңдаған күшіктер секілді. Ақша деген түрі албастыдай ұсқынсызыңды да сүйкімді етер құдіретке ие...

- Иә, ағай!

- Бұл пәниде пенде атаулы дүние қуады. Нәтижесінде көздеріне шел бітеді де, дүниеден өзге ештеңені көрмей қалады. Кейін қартайғанда, бойдан қуат, денеден жылу кеткенде: «Мен осы өмірімде не істедім? Біреуге титтей де жақсылық жасадым ба? Енді о дүниеге не арқалап кетемін?» деп ойланады. Жаратушы ие о бастан-ақ кез-келген бір пендесіне мол дүние береді. Әдейі. «Ол осыны қалай жаратады екен?» деп сынау үшін. Негізі, бұл дүниені олар қайырымдылыққа жұмсау керек. Халал нәрселерге қиғаны жөн. Харам жолға емес...

Баяғыда бір бай шал болыпты. Ол өлер алдында мына жарық дүниені қимай: «Е, Құдай, бар байлығымды берейін, тағы өмір берші», - депті. Сонда Құдай айтыпты: «Мына ағашта қанша жапырақ бар?» - депті.Қараса, ағашта 1-ақ жапырақ бар екен. Бай шал қуанғанынан: «1 жапырақ» депті. «Ендеше, 1 досың бар ма? Бар болса, тағы 1 жыл өмір берейін» депті Құдай. Сол кезде бай шал кеудесі өксікке тола күрсініпті. Өкінішітен кеудесі қарқ айрылған екен. Сөйтсе, бұл жалғанды тек дүние жинаумен өткізген ол бар досынан айрылыпты.

Кеше газеттен оқыдым, бір алпауыт мемлекет мұнайлы өлкеде соғыс өртін тұтандырыпты. Мұздай киінген солдаттар сол елдегі бір ауылды қынадай қырады. Үйлерін өртеп, қыздарын қорлап, қарияларын сақалынан сүйрепті. Қаңғырған бір оқ "Анама тиіспеңдерші" деп шыр-пыр болған бес жасар баланың кеудесін қадалған ғой. Сонда қансырап жатқан бала әлгі солдаттарға өлер алдында не деген дейсіз ғой? "О дүниеде осы істегендеріңнің бәрін Құдайға айтып беремін" депті...

Атағы жер жарған бір боксшы айтқан екен: «Қалталарыңда оттық жүрcін. Егер бір жаман іс жасасаңдар, дереу қолдарыңды оттықпен күйдіріңдер. Әрине, шыдай алмай безектейсіңдер. Шыбын жандарың көздеріңе көрінеді. Сонда «мен мына оттықтан шыққан ыстыққа төзбей жатырмын. Кейін О дүниеде тозақ отына қалай шыдамақпын?»деп ойланатын боласыңдар...

...Ғазиза жатақханаға қайту үшін сөмкесіне кітаптарды сала бастағанда, қасына топтасы Нұргүл келді. Тізеден екі елі жоғары қысқа юбка киіп алыпты. Жарыққа шағылысқан аппақ саны жақұттай жалтырап тұр. Өзі осы университеттегі ең танымал қыз. Ашықтығымен танымал болған да. Талай жігіттер көздеріне толған жыбырлауық құрттарды осы Нұргүлге қараумен аяусыз өлтірген шығар.

- Ғазиза, - деді Нұргүл. - Ғазиза, сендер Еркін екеуің шынымен жүресіңдер ме?

Ғазиза мына Нұргүлге не деп жауап берсем екен деп ойлады да, ақыры жауап бермеді.

- Жүресіңдер ме деймін?

- Оны қайтесің?

- Сендер бір-бірлеріңді шын сүйесіңдер ме? – деп Нұргүл сықылықтай күлді. «Күлкісі неткен зәлім еді».

- Иә!

- Ендеше, әлгі аққуыңнан айрылып қалып жүрмегін, - деді Нұргүл. «Не дейді? Менен тартып алмақшы ма? Жоқ, онысы бола қоймас».

- Немене?

- Қорықпа. Еркінді сенен тартып алатын мен емес, басқа біреу. Кеше мен сенің сүйіктіңді «Flamingo»-дан көрдім. Қасында бір аққу жүр, - деді Нұргүл. Өзінің шағала екендігінде жұмысы жоқ, тіпті.

«Мүмкін емес. Бұлай болуы мүмкін емес. Ол басқа қызбан жүрмейді. Мүмкін әлгі аққу - қарындасы болар. Тіпті болмаса, Нұргүл қателескен шығар?»

- Мүмкін, сен Еркінді біреумен шатастырған шығарсың? – деп Нұргүлге үміттене қарады. «Қателестім деші. Біреумен шатастырдым деші». 

- Жоқ, нақ өзі. Әлгі аққумен құшақтасып кетіп бара жатқан.

- Сенбеймін.

- Сену-сенбеу өз шаруаң.

... «Ол мені алдағаны ма? Сене алмаймын. Бүгін онымен сөйлесу керек. Ал, егер рас болса ше? Жоқ, мүмкін емес. Ол: «сенен басқа ешкім керек емес. Тек сені ғана сүйемін» демеп пе еді?! Алдамайды ғой. Нұргүл жай мені көре алмай айтқан ғой».

* * *

- Ғазиза, не болды? Біреу тиісті ме?

- Жоқ.

- Енді не болды?

- Ештеңе.

- Айтсай. Бірдеңе болды ма деймін?

- Ештеңе де болған жоқ.

- Ендеше неге көңіл-күйің жоқ?

- Онда шаруаң болмасын.

- Жетер, - деп Еркін Ғазизаны иығынан бір сілкіді. - Кім ренжітті сені? Соны айтшы.

- Сен.

- Мен бе?!

- Иә, сен.

- Түсінбедім?!

- Осылай өтірік түсінбей қала сал, - деп Ғазиза кері бұрылды. Жігіттен құтылығысы, маңынан алыстағысы келгендей. Еркін Ғазизаны қолынан шап бере ұстады.

- Жібер қолымды.

- Ғазиза, мен сені қашан ренжіттім?

- Жібер деймін қолымды. Ауырттың!

- Сен қашан айтасың, сол кезде жіберемін.

- Ол туралы Нұргүлден сұра.

- Қандай Нұргүл?

- Біздің топта оқитын Нұргүл.

- Мен оны танымаймын.

- Кеше Нұргүл сені бір қызбен көріпті.

- Сонда сен сол жалған сөзге сенгенің бе?

- Өтірік пе не сонда?

- Әрине, өтірік, - деп Еркін күлді. - Бағаналы бері осылай демейсің бе. Мен сұмдық бірдеңе болып қалды ма десем. Сөйтсем, сен қайдағы бір өсекке бола...

- Бірақ...

Еркін Ғазизаны құшақтай алды. Алғашқыда ол жігіт құшағынан босанбақ ниетпен бұлқынған еді, нәтиже болмады. Еркін Ғазизаны құшағынан босатпай қойған. Жібермей ұзақ тұрды. Ақыры, асау аттай жуасыған Ғазиза берілді. Құшақтасқан күйі екеуі үн-түнсіз ұзақ тұрды.

- Еркін.

- Иә.

- Мені ешқашан тастамаймын деп уәде берші.

- Ғазиза, қашанғы айта беремін. Мен сені ешқашан тастамаймын. Ешкімге де бермеймін. Түсіндің бе?

-...

Еркін Ғазизаны бетінен сүйді. Неге екені белгілі, Ғазиза жылағысы келді. «Әке – асқар тау» емес пе? Сол асқар таудай әкесі талай жыл жанында болды. Кейіннен жасы 15-тен асқанда әкесінен тірідей айрылды. Бүкіл ауыл, бүкіл дегенде, алақандай ауыл ғой, сол алақандай ауыл шулады. «Әкелері өзге бір әйелмен кетіп қалыпты. Байғұстарға қиын болды. Обал-ай» дей берді. Осы сөздерді естісе, Ғазиза жынданады. Соншалықты, мүсәпірлер емес қой. Құдайға шүкір, анасы қасында. Сіңлілері дін аман. Дендері сау. Оқулары жақсы. Соншалықты дүниеден тарыққан емес. Әйтеуір, өздеріне жетеді.

...Бір қуаныштысы, әлгі әйел ұл туыпты. Қазір әкесі Орынбасар жан-тәнімен көкте самғап жүрген көрінеді. Бір отырыста «Мен бақыттымын. Себебі, ұлым бар» депті. Ғазиза әкесіне ренжи алмаған. Түсінді. «Әйтеуір, бақытты болса болғаны» деп іштен тынды.

Ғазиза қалаға алғаш келгенде біртүрлі жалғызсырады. Өзін жапан далада жүргендей сезінген. Әсіресе, жарты күні өтетін бөлмесіндегі Камилалар мұны бірінші күннен-ақ шеттетті ғой. Ол кездері бұл Саямен жөнді араласпайтын. Ешкім бұны басынайын демейді. Бірақ, басынады. Себебі, Ғазиза тым момын еді. Ағылшындықтар айтады екен, "сен балаңды емес, өзіңді тәрбиеле. Сен қандай болсаң, балаң тура сондай болады". Анасы Зейне қой аузынан шөп алмайтын кісі. Ешкімге титтей де қиянаты жоқ. Ол қонақжай болғасын, үйіне құрбылары жиі келетін. Сондайда олар өсек сапырады. Бірақ, шешесі құрбыларына мүлдем қосылмайды. Ешкімді ғайбаттамаушы еді. Өте зиялы. Ғазиза шешесіне қарап өзін көреді. Дегенмен қала момындарды аяққа таптайды екен. Кейін білді. Ал, Нұршуақтағы мектебінде мұғалімдері жуас деп бастарына көтеретін. Ал, мұнда басқаша. Мектеп мұғалімі мен университет оқытушысы арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін қайдан білсін? Мұнда студент пысық болмаса, жөнді баға ала алмайды. «Апай, қосымша тапсырма беріңізші, не айтсаңыз да істеймін». Жағымпаздану керек, әйтеуір қалай да болса жүректеріне жол табу керек екен. Әрине, бұндай қылықтарды жасау – Ғазизаға өте қиын. Қолынан келмейді. Жасай алмайды. Жасаса да, жасанды шығады. Енді міне, Еркіннен айрылуға сәл-ақ қалды ғой. Қайдағы біреуге арандай жаздады. «Болды, Сая дұрыс айтады. Енді шындап өзгеремін». Ғазиз булыға жылады. Жылымшы жастар тамшылады. Көзінен тамшы жас шыққан сайын, денесі жеңіл тарта берді.

- Жыла... Ішіңдегіні армансыз сыртқа шығарғын. Мен әрқашан жаныңдамын!

* * *

Жаз шыға Ғазиза оқитын «журналистика» тобындағы барлық студент сессияны аман-есен жапты. Ең қуанарлығы, келесі жылға қалған ешкім болмады. Арқаларынан ауыр жүк түскендей болған студенттер осы қуанышты тойламақ болды. Әрине, бұл идеяны топ старостасы Әсел Бақбергенқызы бастаған:

- Достар, бүгін бізде қос қуаныш.

- Сессияны жаптық. Ол жағы түсінікті. Екіншісі қандай? – деді Ұлан. 

- Біз бүгін бітпестей көрінген 1 курсты да бітірдік қой, ақыры.

-Иә, адам сенгісіз жайт негізі.

- Кеше ғана абитуриент едік, - деп көңілшек қыздар бір-бірлеріне қараған еді.

- Достар, біз енді осы бір-екі күнде туған жерлерімзіге құстай ұшқалы тұрмыз. Ендеше, ұшпай тұрып жумадық па? – деді Әлішер. Өзі тойшыл жігіт. Оқуда күл, отырыстарда гүл.

Ешкім үндемеген соң, Әлішер:

- Жарайды, жусақ жуайық, - деп өз ұсынысына өзі келісті.

Сөйтіп, кешке олар Алмалыдағы «Сарыарқа» деген жазғы ресторанға баратын болды. Күн қызуы қайта бере бәрі университет алдына жиналды.

- Бәрі түгел ме? –деді Әсел баяғы әдетінше.

- Нұргүл ғана жоқ. Қалғандары түгел.

...Олар құрқылтайдай аялдамада 124-ші автобусты күтті. Бір кезде әлгі автобус келді. Болашақ журналистер есікке лап қойды. Автобусқа жиырма шақты студент топырлай мінгенде жүрегі дір ете қалған кондуктор:

- Бәріңде жол жүру билеті бар ма, немене? – деп сұраған. Жүзінде үрей бар.

- Иә, - деді бұлар жамырай. Сол кезде жүзі күреңіткен кондуктор:

- Онда билеттеріңді түсер кезде бір-бірден көрсетесіңдер, - деді ашудан қалшылдай. Әттең, қолынан келер дәрмен жоқ. Әйтпесе, билет дегенді баяғыда-ақ құртар еді. Әйтпесе, жолаушылар ұстаған жол жүру билеттеріне көзі түссе болды, көңіл-күйі күрт түседі. Қазір екінің бірінде жол жүру билеті бар, әттең. Бүйте берсе қалай күн көрмек?

Автобус асықпай келеді. Автобус ішінде иін тірескен жұрт. Шамасы, бәрі жұмыстарынан шыққан. Әйтеуір жан-жаққа асыққан жұрт. Бірі үйлеріне, бірі жұмыстарына. Күндіз ұйқыда жатқан Алмалы күн батқанда оянады екен ғой. Қанішерлер секілді.

Е-е, Алмалы...

Осыдан біраз жылдар бұрын Ғазиза Алмалыға келген. Әкесімен бірге. Сол кездері еміс-еміс есінде. Басы тасқа соғылғалы бері көзі қарауыта беретіне болған. Сонда әкесі Орынбасар бар жұмысты тастап, Ғазизаны осындағы бір медициналық орталыққа әкелген. «Дүние күйіп кетсе де, қызымды емдетпей қайтпаймын».

- Сарыарқа аялдамасы!

Сол кезде бұлар жайлап түсе бастады. Бұған жүйкесі жұқарған кондуктор: – Қыздар, майыспай, тез-тез түссеңдерші, - деп баж ете қалды.

- Айқайламаңыз, - деді Назерке кондукторға. «Назерке, қоя салшы» деп Әлішер мен Ұлан Назеркені аулаққа жетектеп кетті.Біледі ғой олар, Назеркені...

Олар жазғы асханаға келді. Келді. Отырды. Өйтіп-бүйтіп, дастарқанды ас-суға толтырды. Сөйтіп, әңгімеге көшті. Әңгімені Ұлан бастаған. Өзі аздап тамада жігіт еді.

- Иә, 1-ші курсты қалай өткіздіңдер, жігіттер, қыздар?

- Мен алғаш келгенде қатты қиналдым. Әсірсе, сабақ жағынан. 1 курс болған соң, оқытушылар да бізді аямай қысты ғой. Ағылшыннан бізге Тоты апай сабақ берген еді. Сол кезде дым түсінбей, жылағым келді. Үйге телефон шалдым: «Мама, бұл жерде оқу қиын екен. Басқа университетке ауыспасам болмайды» деп мен тентек, - деп Әйгерім күлді. Бір жақсысы, Әйгерім ешқашан өтірік айтпады. Айтса да білдірмей айтатын шығар. Дегенмен, ол өзіне бірдеңе ұнамай қалды ма, бірден бетке айта салады. «Ренжиді-ау» деп ойламайды. Ол Алмалылықтарға: «Ойында жүрген затты айта алмайды. Майға батырған қасықтай сөйлейді» деп ренжитіні бар.

«Құдай-ау, сендер де қиналдыңдар ма? Мен жалғыз өзім ғана қиналдым ба десем» деп Ғазиза ішінен таңданды.

- Иә, - деді Динара осы кезде. Балқаштан келген. Алғашқы күндері бәрі Динараны орысша мінезді қыз шығар деп ойлаған. Сөйтсе, қателесіпті. Динара - қазақы қыз екен. Себебі, бетпақ емес, жүзіне қараса нұры төгілетіні бар. – 1 курсты да бітірген екенбіз. Сене алар емеспін. Кеше ғана студент атанған едік қой. Уақытқа қарсы амал жоқ екен.

- Достар, - деді Назерке. – Мен өте қуаныштымын. Осындай топқа тап болғаныма. Мен алғаш келгенде уайымдадым. Қандай топқа кезігеді екенмін деп. Бірақ, бақытыма орай, сендер бәрің жақсы болып шықтыңдар. Мен өз тобыммен бір дастарқан басында отыруды армандаушы едім. Міне, сол арманым расқа айналды.

- Біздің жігіттер үндемейді ғой? Бірдеңе десеңдерші? – деді әзілге жақын Үмітжан. Сонда Ұлан:

- Сөзді Динара жаныма бердім, - деді. Бәрі ду күлді. Себебі, екеуінің арасында адам түсінбейтін бір сезім бар еді...

- Мен бүгін түнде Балқашқа қайтамын, - деді Динара. – Сендерді қия алмай тұрмын. Әшейінде түрін көргім келмейтін Ұлан бәлені де.

- Енді 3 ай сенсіз қалай шыдаймын, - деп Жанар Динараны құшақтады. Екеуі құрбы еді. 9 ай бойына жұптары жазылған емес.

Топта қыздар көп болған соң ба, ұлдары жуастау. Іштеріндегі еті тірісі – Ұлан ғана. Іштерінде дегенде, сондағысы 2-ақ ұл ғой. Бірде 8 наурыз мерекесі жақындағанда кураторлары Мадияр ағай:

- Жігіттер, қыздарды ешқашан ренжітпеңдер. Олар күйзеліске түссе жұбатыңдар. Құшақтаңдар. Аялаңдар, - деп топтағы 2 жігіттке кеңес берген. Сонда Әлішер:

- Кешірерсіз, ағай. Қыздарды қалай күйзеліске түсіруге болады? – деп дүңк еткізген.

- Түу, Әлішер, осы сенің бізден ала алмай жүрген өшің бар ма? – деп қыздар Әлішерге шибөрілердей жабыла кеткен. Сонда жүзінен жымиыс жиырылмайтын Мадияр ағайлары да:

- «Журналистер» қашанда журналистер ғой, - деп күлуші еді.

Топтастарына жымия қарап отырған Ғазиза қалың ой құшағында еді:

«Шыны керек, алғаш келгенде сендер көзіме жаман сияқты көріндіңдер. Сөйтсем, бәрің өз бастарыңмен өздерің қайғы болып жүріпсіңдер ғой. Мен оны қайдан білейін... 9 айды бірге өткіздік. Бақылау, емтихан секілді қыл көпірлерден бірге өттік. Мен үшін ыстық жандарға айналдыңдар»...

* * *

Ғазиза жалғыз қалды. Еркін енді жоқ. Қыз өмірінен мәңгілікке ғайып болды. Енді Еркінді, баяғы Еркінді қайдан іздейді? Іздесе де таба алмас.Ол ішінен қан жылады. Күні кеше ғана Еркін қасында емес пе еді? Енді міне, ол бүгін жоқ. Қыз жанында жоқ. Қызды жалғыз қалдырды. Еркіннен айрылғалы қыз өзін көш соңында қалып қойған бейбақтай сезінді. Айналасында ешкім жоқ. Өлі тыныштық. Оқтын-оқтын құм сусылдайды. Кесірткелер ысылдайды. Ми қайнатар ыстықта су таппай шарасыз хәлге тап болған жолаушыдай аһ ұрды. Бәрібір бұл шарасыздықтан құтыла алмады. Жарыққа шығар жол жоқ. Сонау көз ұшында су бұлдырайды. Бірақ, ешқандай су емес, жай сағым екендігін біледі....

Жалғыз қалды. Еркін қызды тастап кетті. Түкке керегі жоқ заттай тастап кетті ғой. Неге? Сонда ол бұны мүлдем сүймеген бе? Ол Ғазизаға "мен тек сені ұнатамын. Мен сенімен мәңгі бірге боламын" деп айтып отырушы еді. Енді сол сөздер қайда? Уәдеден тайқып шыға келгені несі? Қызға берген сертін орындай алмағаны - жігіт деген атына дақ емес пе? Мүмкін Еркін бұны тастап кетпейтін бе еді? Бірақ, Ғазиза жігітке сенбеді. Бірде Еркін: "Ғазиза, осы жазда мен сені асыл жарым етіп аламын. Сені өзім туып-өскен Шаһар қаласына апарып ата-анаммен, дос-жарандарыммен таныстырам" деп айтты. Және осыны күн сайын айта беретін болды. Бұл Ғазизаға ұнайтын. Іштей ақ келін болуды армандаушы еді. Енді сол арманына біртабан жақын тұр. Екеуі үйленетін күнді көргенше асықты. "Шіркін, сол күнге жеткенше шыдамым таусылатын шығар" деп қуанышты жүрді. Бірақ, бір күні Еркін кездесуге сұп-сұр болып келді. Жүзі өрт сөндірердей.

- Не болып қалды? - деп Ғазиза жанын қоярға жер таппады.

- Ештеңе, - деп дүңк ете қалды Еркін.

- Енді неге ашулысың?

- Ғазиза...

Бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын жүзінен аңғарды. Бірақ, оны айтуға қысылып тұрған сияқты ма? Еркін бір кезде бар жігерін жиып қызға айтты:

- Сен мені сүйесің ғой?

Ғазиза үндемеді. Тек басын болар-болмас шайқады. "Иә" деген түрі. 

- Менің... Менің келіншегім болғың келе ме? - деді Еркін.

Көзі жарқ ете қалды. Үйленуге ұсыныс жасағаны ма? Сөйтіп, жымия басын изеді. Басын изегеніне, ұялды ма, екі беті нарттай қызарып кетті. Не істерін білмей жүзін жігіттен тайдырып әкетті. Бір мезетте қуаныштан жүрегі дүрсілдей жөнелді.  

- Ендеше, - деп Еркін кідіріңкіреп қалды. - Ендеще, сен өзіңнің қыз екеніңді дәлелде.   

Біреу басынан қойып қалғандай болды. "Құдай-ау, не деп тұр? Қыз екеніңді дәлелде дей ме?" Еркіннен мұндай сөз күтемін деп ойламап еді.

- Еркін, ұялсаңшы.

- Яғни, сен мені сүймейсің. Солай ма?

Ғазиза не дерін білмеді. Дүние астаң-кестең болып кеткендей. Әлгінде ғана төбесі көкке бір елі жетпей асқар шыңда тұрған секілді еді. Енді қараса, жер астында жыбырлаған құрт-құмырсқалармен бірге жүр. Мең-зең күй кешті. Қыз үндемеген соң, жігіт бұл үнсіздікті басқаша жорыды ма:

- Сонда сен... Сонда сен қыз емессің бе? Бәсе, неге бірден қарсы бола қалды десем! Рас болғаны ғой. Өзім де күдіктеніп жүр едім.

- Не? 

- Ғазиза, сөзді көп созба. Сен өзі қызсың ба, қыз емессің бе, соны білгім келеді. Үйленетін қызым адал болса деймін. Түсіндің бе?

Ғазиза үнсіз қалды. "Былай жүрсе арба сынады, былай жүрсе өгіз өледі" деген осы шығар. Есіне Нұршуақтағы бір оқиға түсті. Ол кезде Ғазиза 9 сыныпта оқитын. Бұлар тұратын көшеде Мәнсия деген әйел тұрушы еді. Оның Сайра есімді қызы бар-тұғын. Жасы жиырмалар шамасында. Облыс орталығында пединститутта оқиды. Бірде бүкіл ауыл шулап кетті. "Ойбай, не дейсің, Мәнсияның қызы оң жақта отырып бала тауыпты", "Қой, мүмкін емес!", "Қыздан да бар шығар, "тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" дейді емес пе", "Баланы о баста-ақ алдыртып тастау керек еді", "Алдыртып тастағаны несі?", "Енді, қыз жас қой, тесік моншақ жерде қалмайды дегендей, етегінде баласы болмаса, тұрмысқа тез шығып кете ме дегенім ғой", "Бірақ, не де болса Сайра жарады. Жазықсыз періштені өлтірмей жарық дүниеге әкелді."

Ғазизаның анасы басын қайта-қайта шайқай берді:

  - Мәнсияға қиын болды. Енді оны өсек тыныш жатқызбайды. Сайра өте ақкөңіл қыз еді. Сол көңілшектігінен осындай жағдайға тап болды ғой, байғұс-ай.

Сөйтіп, анасы жанында отырған Ғазизаға:

  - Сен, қызым, отауыңа адал болып барғын. Не айтқым келіп тұрғанымды түсіндің ғой деймін. Ардан аттап кетіп жүрмегін, - деген.

Бәрі есінде. Ештеңені ұмытпапты. Қызы оң жақта отырып баласын босанған соң, ел ішіндегі сыпсың сөзге шыдай алмай, Мәнсия облыс орталығына бір күнде көшіп кетті. Ғазиза ойлады. "Жарайды, Еркінге қыз екенімді дәлелдедім делік. Ол ертесіне ғайып болса ше? Сайра секілді сорлап қалмасыма кім кепіл? Ел-жұрт табалап күлмей ме? Бұл деген анамды тірідей өлтіргенім ғой. Сіңлілерімнің жайы не болмақ? Нәпсіқұмарлар оларға "әпкең салдақы, сен де салдақы шығарсың?" деп жүрсе ше?"

Ғазиза өз-өзімен іштей ұзақ арпалысты. Еркін неге алдайды? Алдауы мүмкін емес. Өйткені, ол Ғазизаны сүйеді емес пе? "Қандай жағдай болмасын, мен сені ешқашан жалғыз тастамаймын" деп сөз бермеп пе еді? Әй, бірақ, Еркін соңғы күндері күрт өзгерген. Расында, Еркін түк те өзгермеді, тек, Ғазиза шынайы Еркінді байқап қалды. Бірде олар вокзалға достарын шығарып салуға барды. Бұлар пойыз келгенше күту залында достарымен арқа-жарқа болып отырды. Қастарында мосқал әйел еден жуып жүрген. Бір кезде әлгі әйел байқамай швабрасымен шелекті ұрып жіберсе бола ма? Сонда Еркін аяғына су төгіп алған еден жуушы әйелге небір былапыт сөздерді оқша боратты. Сол мезет Ғазиза еден жуушыны аяп кетіп: "Еркін, қоя салшы. Әдейі жасаған жоқ қой" деп еді, "Сен жайыңа отыр" деп қызды итеріп жіберді. Ғазиза аңтарылып қалды. "Мұнысы несі? Бәлкім, ашумен байқамай қалған шығар. Жарайды, мені қоя берші, жан-жағындағы бұқараның көзінше анасымен жасты адамға аузына келгенін айтып тұрғаны несі?" Еркін әзер дегенде басылды-ау. Жігіті үшін жұрттан ұялғаны бар, байғұс әйелді аяп жүрегі ауырғаны бар, ең ақыры ол бұны бар пәрменімен итеріп жіберді емес пе? Сол күні Ғазиза Еркінмен сөйлеспей қоймақшы болып еді, Еркін қызға өлердегі сөзін айтып кешірім сұрады. Ғазиза қайта еріп сала берді.

- Енді бұлай істемеші, жарай ма?

- Кешірші мені. Енді қайталанбайды, - деп жігіт қызды құшақтай алды. 

Бірақ, Ғазиза шынайы Еркінді тағы көрді. Бұл жолы алыстан. Достарымен тұр екен. Жерге шырт түкіріп ап, небір анайы, сойқан әңгімелерді айтып тұр. Сонда қыз көзіне мына көрініс жиіркенішті көрінді. "Бірақ, барлық жігіт осындай ғой. Мектептегі сыныптас жігіттері де біздің көзімізше аузына келгенді айта беруші еді. "Жанымызда қыздар тұр-ау" деп еш қымсынбайтын. Бұлар сонда сыныптастарына ренжитін:

- Жігіттер, боқтамасаңдаршы, не дегенмен де қастарыңда қыздар тұр ғой.

- Осы бастан үйрене беріңдер. Кейін күйеулерің сендерді боқтағанда, былқ етпей тұра бересіңдер.

"Сұмдық", "Масқара", "Іріген ауыздан шіріген сөздер шығады деген осы екен ғой" деп қыздар бастарын шайқап кетіп қалатын. Кейін ғой, құлақ еттері өліп кетті.

"Бұл дүниеде ешқандай идеал жігіт жоқ. Менің Еркінім де идеал емес шығар" деп Ғазиза жігітін іштей ақтап алуға тырысты. Себебі, ол Еркінді шын сүйеді. Ол осы уақытқа дейін ғашықтық сезімді  бастан өткермеді. Рас, бастауыш сыныпта бір баланы ұнатқаны бар. Мереке сайын әлгі бала екеуі бір-біріне түрлі-түсті қаламсап силап жатушы еді. Бірақ, онысы бала махаббат. Ал, Еркін... Оны сөзбен айтып жеткізе алмайды. Еркін бұны құшақтаса, құшақтағаны несі, Еркінді алыстан көрсе болды, тұла бойы балқып сала беруші еді. Буындары босап жүре алмай қалатын. Алғаш танысқанда Еркін қандай еді? Нағыз ақбоз атты ханзада дейтіндей керемет жігіт-тұғын. Өте мәдениетті, сыпайы болатын. Тіпті, ол бұған арнап өлең де шығарды емес пе? Енді сол баяғы Еркіннен жұрнақ та қалмаған ба? Қыз екеніңді дәлелде дейді. Бұл сөзбен талай дәлелдеді емес пе? Еркінге өткен өмірі жайлы талай сыр шертті ғой. Осы уақытқа дейін қолынан ешқандай жігіт ұстап көрмепті. Тек, Еркін ғана ұстады. Ол осы уақытқа дейін тек тәнін ғана емес, жанын да кірлетпей сары майдай сақтады. Ешқандай жігітке қарамады. Осының бәрін Еркін түсінуі керек. Жоқ, түсінгісі келмей тұрған секілді. Құдды бәрін қасақана жасап тұрғандай.

- Жоқ, Еркін, не десең де, мен келіспеймін.

- Жарайды онда, өзің біл. Қош бол, - деп Еркін түн қараңғылығына сіңіп жоқ болды. 

...Ғазиза жалғыз қалды. Енді Еркін жоқ. Өзін ешкімге керексіз секілді сезінді. Еркінсіз қайтып күн көрмек? Ол сол жігітке жүрегін сыйлаған еді. Ал, ол болса, жүрегін тілім-тілім етіп балталап тастады. Онысы аздай бұны ойыншық секілді тастап кетті. 

Қыз қолына арқан жіпті алды. Кеше қара базарда бір өзбек арзанға берген. Сол жіпті мойнына салды. Мына ағаш биік екен. Қазір өлсе, сеспей өлер. Азар болса, сәл ғана қиналар. Мал да өлер алдында тұяқ серпиды ғой. Бірақ, өмір бойғы азаптан құтылар.

Бұлай тірі жүргенше, өлгені жөн... Бірақ, бұл өлсе, анасы одан бетер қайғырмай ма? «Сен өлсең анаңа жеңіл тиеді дейсің бе?» деп ішкі дауысы ышқына айқайлады.

...Есінде, алғашқы қыркүйекте мектепке анасы жетектеп апарған. Көпшілікке үйренбеген Ғазиза анасынан айрылмай, қолынан тас қылып ұстап алған болатын. Қалың нөпірден қорыққаны сонша, анасынан бір елі айрылмады...

Таңертең мектепке тұлымшағы желбірей ұйқылы-ояу бара жататыны, артынан анасы көз алмай қарап тұратыны, бәрі-бәрі есінде. Есінде, 14 жасар жасөспірім кезі. Өтпелі кезең. Бұл кезеңнен Ғазиза оңайлықпен өтпеді. Сол кездерде өмірге деген көзқарасы бірден өзгерген. Тіпті, әке-шешесімен ұрысатынды шығарды. Олардан гөрі құрбылары артық секілді көрінген.

- Мама,Әсел үйіне шақырды. Барсам бола ма?

- Жоқ.

- Мама...

- Жоқ...

- Мама, мен кеттім.

- Әй, тоқта деймін.

Ғазиза тоқтамай, үйден безе жөнелді. Анасынан әбден шаршаған еді. Жасы 14-ке келсе де анасы Ғазизаны түсінер емес. Соңғы уақыттары бастары піспей қала беретін болды. Анасы түк білмейтін сияқты. Заман талабынан артта қалған. Соңғы үлгідегі киімдерден, техникалардан хабары жоқ.

...Ғазиза құрбыларымен орталық көшеде кездесті.

- Қыздар, мен шаршадым. Мамам тым мазасыз. Мені ешқайда жібермейді. Тіпті, сендермен кездесуге де, - деп Ғазиза құрбыларына мұңая қарады.

- Ой, Ғазиза. Көңіліңе алма. Бізді де жібермейді. Бізді құдды кішкентай қыздар секілді көреді.

- Кеше мамаммен: «мен енді кішкентай емеспін. Неге түсінбейсіз» деп ұрыстым.

- Ех, қашан осы үйден құтылады екенбіз? Өзімізге-би, өзімізге-қожа болатын күн қашан туар?

- Ия, сол күнге жеткенше ішегім үзілетін шығар.

- Қыздар, мүмкіндік болса, кейін оқуға түскенде бірге тұрайық. Мен сендерсіз өмірімді елестете алмаймын.

- Айтпашы, Әсел. Сыныбымызда 12 қыз бар. Бірақ, мен тек сендерді ғана өзіме жақын тұтамын.

- Диана, өзіңде не жаналық? Кеше Мұрат берген махаббат хаты не болды?

- Білмеймін. Хатта сенсіз өмір сүре алмаймын, бірге болайық дейді де, бірақ, мектепте мені көрсе жын көргендей қашады. Қасыма жолай алмай жүргені. Дәлізде кезіге кетсек, сөйлей алмай сасқалақтайды. Құдды мен оны қауып алатын секілдімін. Қыздар, айтыңдаршы, мен соншалықты итке ұқсаймын ба?

- Енді сені ол ұнатады ғой. Сол себепті шығар сасқалақтайтыны.

- Өй, қойшы сол тежегішті. 

- Айтуды ұмытып барады екенмін, кеше Дулат телефон шалды. Телефонды көтерсем: «Алло, саламатсыз ба? Диананы бола ма?» дейді. Мен даусымды қатайттым да: «Жоқ, болмайды» деп едім, қорыққанынан «а-а, кешірерсіз» деп телефонды қоя салды. Күлкіден өле жаздадым.

- Түу, Диана, қандай жақсы, артыңнан бір емес, 2 жігіт қалмай жүр.

- Бірақ, қайсысын таңдарымды білмей басым қатты... Қыздар, ертең менің үйіме келсеңдерші. Бірге қонайық, әңгімелесейік.

- Қуана-қауана барғым-ақ келеді. Бірақ, мамам жібермейтін шығар. Бірақ, көремін. Бірдеңе қыламын ғой.

Дегенмен, қанша жалынса да Ғазизаны мамасы жібермеді. «Жоқ! Үйде отыр». Сонда Ғазиза анасына қапа болғаны сонша: «сіз мені жақсы көрмейсіз. Әйтпесе, сұрансам жіберер едіңіз. Мен сізді жек көремін. Бөлмемнен шығыңыз. Сізді көргім келмейді» деп айқайлаған. Қазір сол кезді есіне алса, жерге кірердей ұялады. «Сонда ол мені бірдеңеге ұрына ма деп қорыққаны ғой. Ал, мен оны басқаша түсініппін. «Кет» деп айқайлаппын. Сонда ол қандай сезімде болды екен? Менен көңілі қалған шығар? Өзі де бірде айтпап па еді: «Ғазиза, мен сені қимаймын. Бірақ, қыз деген бәрібір ұстатпайды. Құс секілді. Кеше сен оқуға түскенде қатты қуандым. Енді бірер аптадан соң сен оқуға кетесің, жаным. Бірақ, сен анаңды ұмытпа. Жиі-жиі телефон шал. Сен мені іздесең қуанатын боламын.»

«Ол әкемнен тірідей бір айрылды, енді менен өлідей айрылса, күні не болмақ? Ішқұсалықтан өледі емес пе? Артымда бір емес, екі емес, үш бірдей сіңлім бар. Олар ше? Күндері не болмақ? Оларды кім жеткізеді? Олар әлі кішкентай ғой. Бағаналы бері неге соларды ойламадым?»

...Есінде, ол кезде Ғазиза 6 жасар қыз болатын. Бір күні аналары Зейне қалалық ауруханаға кетті. Ол үйде қалған 3 қызды әкелеріне сеніп тапсырған еді. Бірақ, әкелері кешке үйге келмеді. Сонда үшеуі даңғарадай үйде елегізді...

Түн уағында қақпаны біреу дүрсілдете соқты. Ұзақ соқты. Айқайлады. Бірақ, бұлар қақпаны ашпады. Дәттері жетпеген. Мүмкін қақпаны қаққан қанішерлер шығар? Кім біледі. Олар көрпе астынан шықпай жатты. Бейнебір қаскөйлер құлыптаулы қақпадан өткен күнде де, көрпе астында жатқан бұларға ештеңе істей алмайтын сияқты. Терезені бұрқасын жел қақты. «Ей, Ғазиза! Сендер үйде жалғызсыңдар ма?» дейтіндей. Үй ішінде пеш өшкен. Пеш өшкен соң, үй іші азынап сала берген. Бұлар жаурағандарынан тістері-тістеріне тимей сақылдады. Бір кезде жүйкесі сыр берді ме, Әзиза зар жылады. Оны жұбата алмай ит әлекке түскен Ғазиза:

- Әзиза, тыныш, естідің бе? – деді.

- Нені?

- Жөйіт. Жылама, әйтпесе бізді тауып алады, - деді. Сонда Әзиза бірден жұбанды. Бірақ, енді Әлима зар еңіресе бола ма?

- Жөйіт! Әпке, ол енді бізді жей ме?

Мысы құрыған Ғазиза сіңлілерімен бірге жылады. Сол түні үшеуі үйді азан-қазан еткен.

«Жоқ».

«Жоқ» деп айқайлады қыз. Мойнындағы жіпті лақтырып жіберді. «Мен әлсіз емеспін. Қайдағы бір оңбаған жігіт, жоқ, мігітке бола өле салмаймын. Оған керек болмасам да, анама керекпін. Мен жалғыз емеспін. Мен анам үшін, балам үшін, сіңлілерім үшін өмір сүремін...  Намысыма тигендерден өш аламын... Жоқ, қажеті жоқ... Бәріне Құдай куә. Оларға жазаны ләйім Жаратушы ием өзі тарттырар».

Қараса, таң ата бастапты. Мына бақта құстар көп қой шамасы, шықылықтай бастады. Шықылықтағандары құлағына майдай жақты. Алмалыда бір тынбай ойнайтын даңғаза әуендерден әбден зәрезап болған еді. Бір кезде терістіктен бе, әйтеуір бір жақтан таңғы салқын есті. Бұл салқынға бет-аузы, денесі аздап тоңазыды...

Бақ іші әлі ала-көлеңке. Бірақ, түндегідей жым-жырт емес, тіршілік нышандары біліне бастаған. Қара ағаш жапырақтарына мөлдір шықтар ілініпті... Мына бақтан жұпар иіс аңқыды. Бұрын сабақ біткен соң осында жиі келетін. Бірақ, мұндай иісті сезбеуші еді. Сөйтсе, тұла-бойды балқытар керімсал иіс тек таң азанында ғана шығады екен ғой. Бір кезде дәл төбесінен тырс еткен дыбыс шықты. Жалт қарады. Сөйтсе, емен басында тиін жүр екен. Ғазизадан сескенген ол ұясына қарай қашты. 

Сонау тау басынан күн шапағы шашыла бастапты. Мына баурайындағы Алмалыны алтын нұрына шомылдырғысы келгендей.

«Шіркін, таң деген неткен арайлы еді! Енді күн сайын таңды осында қарсы аламын. Уа, Табиға-Ана, сен мені кешір. Қадіріңді білмеппін. Неге сонша ақымақ болдым? Ештеңемді де жоғалтқан жоқпын. Еркін бе? Ондай нәпсісін жеңе алмайтын жігіттен құтылғаныма мың да бір шүкір!

Кешір мені, анашым... Сен мені оқытамын, киіндіремін деп талай рет түнгі кезекшілікке қалдың. Таңертең ұйқың қанбай жұмысқа кетуші едің. Кешке көңілсіз келсең де бізге қабақ шытқан емессің. Неткен мықты жан едің, анашым!.. Ақымақ қызыңды кешірші.

Сіңлілерім, сендер де мені кешіріңдер. Мен ақымақ сәл болмағанды өзімді өлтіре жаздаппын. Мен сендерді жеткіземін. Сендер әлі менімен, мына жаман әпкелеріңмен мақтанатын боласыңдар.

Әке... Мен сізді әкешім дей алмаймын. Аузым бармай тұр. Жай ғана әке деймін. Бірақ, әке, мен сізді құрметтеймін. Мен сізге ренжи алман. Кек сақтайтын мен емес. Сіз 16 жыл қасымда болдыңыз. Сіздей әкем болғанына мен бақыттымын. Сіздің бұл дүниеде тірі жүргеніңіздің өзі мен үшін зор бақыт.

Уа, Жаратушы ием, сен мені кешір. Асылық сөйлеппін. Болмашы ғана сынағыңды көтере алмай, аманаттап берген жаныңа қиянат қыла жаздаппын. Кешір мендей күнәһар пендеңді...»

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған