Адам қарады: 214 | Жарияланды: 2017-05-20 04:35:04

Шүлен көже

Адам баласы жаратылғалы бері жер бетінде талай табиғат апаттары мен  жұқпалы аурулар  жер шарының тұрғындарын қынадай қырып келді. Олардың ішінде ең ауыры әрине қолдан жасалған апаттар болды. Ашаршылық, шапқыншылық, ядролық жарылыстар, қуғын-сүргін қасіреттері осы қолдан жасалған апаттардың қатарында. Қазақ халқы осы аталған нәубеттердің бәрін де бастан кешірді. Сол нәубеттердің ең сорақысы ашаршылық кезеңі еді. Осы ашаршылық апаты қазақ жеріне бірнеше мәрте айналып соқты. Соның соңғысы Қызыл Октябрь кезінде келіп, қатарымызды жусатып кетті. Міне, осы тұста  өз бастарын қауіп-қатерге тігіп, бүкіл ұлтты құтқаруға бел шешіп кірісіп, жұмыс жасаған Тұрар, Нәзір, Сұлтанбек сияқты алаш ардақтыларының әруағына шексіз бас иеміз.

-Өкімет кедей жағында екен, қазақ кедейлерінің  қызыл өкімет келді! деп жарлы-жалшылардың қуанғаны бекер еді. Себебі,  большевиктер қолдарындағы тап туы деген қызыл ту мен билікті кедейлерге ұстатуға сенімсіздік танытты. Өйткені олар тап туының ұлт туына айналып кетуінен өлердей қорықты. Әлихан Бөкейхановтың 1918 жылғы «Қазақ» газетінде: «Николай түскеннен бері жұрттың сүйенген-таянғаны құдайдан соң Құрылтай еді. Құрылтай басына бұтын көтеріп тұрып, большевик сарыды»-деп мақала жазғаны осы кез болатын. Сұлтанбек Қожанов өзінің «Түркістан орыс сиездері» атты мақаласына дәл осылай тақырып таңдағаны тегін емес-ті. Ол кедейдің сиезі емес, орыстың сиезі дей отырып: «Өткен жылғы ноябрь басынан бері қарай Түркістан аймағының билігін болшеуиктер партиясы зорлықпен қолдарына алып, өз үкімін жүргізіп, өз айтқанын қылдырып тұр. .. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге енеді» деген осы дағы»  деуіне үлкен қауіп бар екенін сездіреді.

Бұл мәселелерді болшевиктік «Правда» басылымы да 1920 жылғы 20 маусымдағы санында жоққа шығара алмайды. Георгий Сафаровтың «Түркістан» атты мақаласында «Революцияның алғашқы күндерінде-ақ Түркістандағы совет өкіметі темір жол бойындағы ат төбеліндей ғана орыс жұмысшыларының өкіметі ретінде орнады. Түркістандағы пролетариат диктатурасының бірден-бір иесі тек қана орыс бола алады деген көзқарас бұл жерде әлі күнге дейін бел алып тұр....Түркістанда еуропалықтар мен мұсылмандар арасындағы ұлттық теңсіздік аттаған сайын барлық нәрседе байқалады»

Арада бір айдан астам уақыт өткенде әлгі Сафаров тағы да 24 шілдедегі санында: «Бұл елді Махно үлгісіндегі тұрпайы, мән-мағынасы «қызыл гвардияшылық» толқын жайпап өтті. Оның неге соқтырғанын фактілер шыңғырып айтады: 17-18 жылдардағы ашаршылық кезінде 1 млн қазақ қырылып қалды, аман қалғандары бұл кезде өлексені, жуындыны және (ондай оқиғалар да болған) адам етін де талғажау еткен»-деп жантүршігерлік жайды жайып береді. Сұлтанбектің 1918 жылы 9 сәуірде «Бірлік туы» газетінде  ашаршылық туралы жазған  «Түркістаннан» атты мақаласында: «Көшелерде шұбырып жүрген аш қазақ. Екінің бірінің аштықтан көзі іскен, беті іскен. Ана жерде де, мына жерде де аштан өліп жатқан адам. Осы кезде өлікті жинап алуға да шама келмей жатыр. Ақыры не болары белгісіз. Бұл бетпен бара берсе, Түркістанда қазақтан тұқымға ұрпақ қалуына көз жетпейді»-деп ұлтжандылық бейнесін сомдай түседі. Жаны ашып, күйзеледі.

Осындай қайғы қасірет орын алып жатқанда аштарға көмек беретін азық-түлік комитетінің ішінен шыққан алаяқтардың арсыздығын да  ашына айтады.

-«Бұған дейін азық комитетінің бастығы қазақ еді. Бұл күнде орыс болды. Бұрын азық-түлік комитетінің ағзаларының ішінде қазақтан да, сарттан да бар еді. Бұл уақытта комитетте тегіс орыс болып, азық ісі түгел қолына өтіп тұр. Астық істерінен қазақ шеткері қалып тұр. Аштықтан айрықша қырылып жатқан-қазақ. Бір шараны құдай өзі таппаса, бұл жердегі жұрттың жақын арада жақсылық болар деп үміті аз»-дей отырып, Кеңес өкіметі орнаған 1917-1918 жылдары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов Сұлтанбек Қожановтар «Бірлік туы» басқармасының ұйғарымымен өздерінің аштарға жәрдем комитетін ұйымдастырып, Түркістан өлкесінде  ашаршылықтан құтқару комиссиясының құрамына еніп, осы комиссияның тапсырмасымен Созақ, Түркістан, Жаңақорған секілді тұрғын көп шоғырланған жерлерде тамақтану шараларын ұйымдастырады. Басқарма атынан асхана ашады. Сөйтіп көп қандастарын қолдан жасалған зауалдан құтқарады.

Қарақұр ауылдық кеңесін басқарған Жақсыкүл Аманжолованың бір айтқан естелігінде: -Жұрт жаппай ашаршылыққа ұшырап, қаңғырып, басы ауған жағына кете берген. Тасбақа, жылан болсын, ұстағанын шикілі-шала пісіре жеп, соның зардабынан ісініп өле бастаған. Қаңғырып тісіне ілігер нәрсе іздеген адамдардың жол бойында сүйектері шашылып қалған. Осы жағдайды көзімен көрген Сұлтанбек жоғарғы жақтың арнайы нұсқауын күтпей ашаршылыққа қарсы белсене жұмыс жасады. Сонымен қатар, арнайы комиссия құрды. Комиссияның мақсаты қолдарында малы бар, ауқатты азаматтарды осы науқанға тартып, жұртты апаттан аман алып қалу болды.   Бүгінде көп адамдардың тірі жүргені,  оның ата-бабаларын шүлен көже сақтап қалған,-еді дейді.

 Шүлен деген сөздің өзі бай-дүниесі бар, қуатты адамдардың жарлы-жақыбайларға үлестіріп беретін қаржылай, заттай көмек беруі деген ұғымды білдіреді. Ол уақыттағы саясаттың екі ұшы болды. Байлардың қолындағы бар дүниесін кедейлерге тартып алып беруіне Cұлтанбектің кез-келген жағдайда мүмкіндігі де, күші де зор болды. Оны сол кездегі үкіметте қолдайтын. Бірақ мұсылмандық парызды білетін, шариғат жолын терең меңгерген Сұлтанбек шолақ белсенділік танытып, озбырлықпен мал-мүліктерді тартып алмай, олардың өз еркімен адами қасиетін сезіндіріп, өз еркімен беруін қалады. Екінші ұшы ол уақыттағы солақай саясатың шырмауына «шаш ал десе бас алды», «дүние-мүлкімізді  тартып алды» деген теріс көзқарас тудырып сол сойқанға өзі де ілігіп кетуі мүмкін еді. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдеп- ғұрпы, ағайынға қол ұшын беру дәстүрін сыйлай отырып, үкіметтің озбыр саясатын тігісін жатқыза жүріп, ашаршылықтан құтқарудың оңтайлы жолын тауып, халықты шебер ұйымдастыра білгені үлкен қайраткерлігі еді.

Түркістан Республикасының басшысы қызметінде болған Сұлтанбек Қожановтың нұсқауымен 1930 жылдардағы аштықта Созақ ауданының әр жерлерінде  ауылдар мен қыстақтарда елдің ішіндегі ірі бастыларын, байларын, қолында дүниесі бар ауқаттыларын тарта отырып, шүлен көже ұйымдастырған. Жартытөбе ауылындағы шараны ұйымдастырушы Үштөбе колхозының төрағасы Жұмабек Мықтыбеков ауылдың ауқаттыларын осы шараға жұмылдырса, Созақ ауылында Атабай сақы деген кісі өзі бас болған екен. Ол малды, бақуатты, атағы Теріскейге танылған азамат екен. Күн сайын ауылдастарын ұйымдастырып, ыстық күлше жаптырып, оны аш халыққа таратып отырған.  Ақырында өзі де ашаршылыққа ұшырапты.

Жәукебаев Ыбырай деген азамат қолы ашық,  елге көп қайырым берген адам болған. Сұлтанбек Қожановқа жекжаттығы да бар екен. Ашаршылыққа ұшыраған Ынтымақ ауылына Сұлтанбектің басқаруымен ол да шүлен көже таратады. Бірде көжеге қосатын ет болмай қалғанда,  ұйымдастырушылардың бірі ретінде жүрген Ыбырай астындағы атын сойысқа береді.

Бақырлы жағында божбан Сапарбай болыс, одан бері Қарақұр өзені бойында жетімдер Нұрман болыс деген кісілер Сұлтанбектің ұйымдастыруымен аштықпен күресуде жұмыс жасаған. Нұрман болыстың арғы атасы Төлеген бақуатты кісі болған. Одан өмірге Үсенбай датқа келеді. Үсенбай датқадан Салықбай тарайды. Нұрман, Сырман, Пірман, Нарымбет  Салықбайдың балалары. Нұрман Созақ өңіріндегі ең бақуатты байлардың бірі болады. Ол қуғын-сүргін жылдары Түкістанға көшеді. Ұрпақтары сол жақта. Нұрман Түркістанда жүргенде бір жас жесір сұлу келіншекті әйелдікке алады. Ол әйелдің күйеуі «халық жауы» ретінде ұсталып кетеді. Кейін сол әйелден Құралай атты қыз дүниеге келеді. Ол Құралай атақты генерал  Сабыр Рақымовтың жұбайы екенін білдік. Елік Дүйсебековтің «Генерал СабырРахимов» атты кітабында Құралай апаның естелігі беріледі. Сонда ол кісі:.. менің өмірімнің басталуы өте қайғылы болды. Бірде әкем Түркістан жаққа көтерілісшілерге кеткенде үйге Елена тәтей (әкесінің бұрынғы әйелі) келіп қалады. Ол анашымның жүктілігіне қарамай, үйден қуып шығады. Ата-анасы намысқа шыдамай, анамды Бетпақдала  жақтағы біреуге беріп жібереді. Енді біліп жүрміз ғой, «Барса келмеске» жақын жер-Созақта, өз әкемнен алыс жерде дүниеге келіппін»-дейді. Мүмкін, анасының ішінде кетіп Созаққа келіп осы Нұрман болыстың қолында туылған шығар. Әйтеуір елдің айтуынша  Нұрман болыс жұртына шапағаты мол, мейірімі терең азамат болған екен. Өзі алып денелі, түр тұлғасы келіскен кісі екен. Аштық жылдары астындағы атына дейін ортаға салып, халықты аштықтан арашалап қалуға жұмыс жасапты.

Сондай халықты ұйымдастырып жұмыс жасаған Қозмолдақ ауылында Қаппаров Ысқақ, Тұрсынбаев Бердібай, Күзенбай деген елге ықпалы бар азаматтар «қазанның құлағын ұстаған»  яғни, елге иелік еткен екен.

Міне, осындай нәубетті жылдарда халқымызды түрлі зұлматтардан құтқарған ең алдымен халықтың ауыз біршілігі мен ынтымағы, қайырымды істері, халықтық тәрбиенің озық үлгісі  болды. Соның арқасында бір қауым ұлт аштықтан аман қалған. «Арпа бидай ас екен, алтын, күміс тас екен» демекші жиған бар байлығың мен алтын күмісің бір күлше нанның парқына татымайтыны осындай сындарда сыналады.  Халқымыздың  «үш күн ашыққаннан, қырық күн ақыл сұрама» деуінде де үлкен мән бар еді. Адамның ашыққан сәтте не істеп, не қойғанына есеп бере алмай, сандырақтап есінің ауып кетуіне үш-ақ күн жетеді екен. Міне, осы ауыр азаптан жұртын арашалап қалған арыстарға қашанда құрмет шексіз.

Ұлты дегенде жанын беруге әзір асыл азаматтардың әрбір игі ісі ел аузында жылдар өткен сайын аңызға айнала түсуде. 

 

 

             Шүлен көже

 

Ірің басып маңайын,

Көз жанары суалған,

Қара шашы қамыс боп,

Қаңсып, кеуіп қуарған.

 

Жүре алмайды қарға адым,

Айналаңда аш халық.

Қария тұр қалтылдап,

Сақалынан жас тамып.

 

Аштан өлген ананың,

Төсін сорып сәбиі,

Жұбатады байғұсты,

Долы желдің әлдиі.

 

 

Қайда барып тығылар,

Сорлы қазақ өле ме?

Шықпады ма ұлтымнан,

Елім деген бір кеуде!

 

Әл-дәрменсіз балаға.

Қорқынышты қарауға,

Өлсем дейді сорлы ана,

Өлген артық одан да.

 

Босып кетті-ау алашым,

Туған жерден безініп,

Ақтабаны жарылып,

Бауыр еті езіліп.

 

Шұрқырауға шама жоқ.

Шұбырынды қара жұрт,

Шыңырауда болашақ,

Шырқыратты-ау ала құрт.

 

Бұлттан шыққан күн болып,

Ұлттың биік өресі,

Аш алашты құтқарды,

Сұлтанбектің көжесі.

 

Дәстүр, салтын халқының,

Зор пайдаға жаратты.

Арашалап ап қалды,

Сан мыңдаған қазақты.

 

Шүлен беру ұлтымның,

Дәстүрі ғой ақ арман.

Сол дәстүрім құтқарды,

Бүкіл жұртты ажалдан.

 

Ал бүгінде кейбірлер,

Өшірмекші салтымды,

Білмей жүр-ау қазынам,

Сенің алтын парқыңды.

 

Сол кейбірдің бабасын,

Жұт келгенде сұқтанған.

Шүлен көже рухы,

Аштығыңнан құтқарған.

 

Жерде жатқан түйір нан,

Шыбын жаны бабамның.

Илегенде көзі жасы-

Тамған оған анаңның,

 

Көтеріп ал бауырым,

Маңдайыңа тәу еткін!

Түйір нан ол есігі-

Егемендік Дәулеттің!

 

Шүлен көже-бүгінгі,

Ресторан, асханаң,

Шүлен көже бүгінгі,

Үш қабатты баспанаң.

 

Шүлен көжең бүгінгі,

Күміс күлкі немерең,

Шүлен көже -бүгінгі,

Өнерің мен өнегең.

 

Шүлен көже- бүгінгі,

Әскерің мен шекараң.

Шүлен көже- бүгінгі,

Ғаламшар мен екі араң.

 

Шүлен көже -бүгінгі,

Отан-Ана айбарың,

Ақ пейілді достыққа,

Кең құшақты жайғаның!

 

Шүлен көже-бүгінгі,

Тәуелсіздік бесігі,

Алтынменен әптеліп,

Қалу керек есімі!

Қазақ тілінде жазылған