Дарабоз дарын, алаулаған жалын
Поэма
Тектілік
І
Керілген Қызылтаудың бөктерінде,
Кесілген көк аспанның күнгейінде.
Дүниеге келіпті бұла бала,
Жастайынан жұлқынған арда дара.
Өскен орта, тұрағы текті жерден,
Оймауыттың ұланы нағыз берен.
Білімі алғыр, ойы терең,
Тұлғасы бітімімен ерен бөтен.
Әке-шеше тағлымы
ІІ
Әкесі оның етікші еді,
Қол өнерге шебер еді.
Бір ауылға қызмет еткен,
Шешесі де ісмер екен.
Әкесінен тәлім алып,
Анасының жанын ұқты.
Жастайынын зерек өсіп,
Қарадан шыққан ол бір текті.
Зерделі
ІІІ
Молдалардан тіл сындырды,
Білім қуып, ой оздырды.
Екі тілде еркін сөйлеп,
Қатарынан озық болды.
Өлең жазды он үш жастан,
Хиссаларға қанығып, оқып дастан.
Әңгімені шебер жазып,
Зеректігін танытты елден асқан.
Көп ізденіп, тек жатпады,
Ілім қуып, жер шарлады.
Горький, Гоголь, Пушкинді оқып,
Ұлы Абайға тәнті болды.
Отыз жаста орда бұзып,
Әр саланы зерттеп біліп.
Газет-журнал досы болып,
Айқындады жолын анық.
Саясатқа белді буып,
Әділсізге өре өшігіп.
Ел-жұртына жаны ашып,
Ағартушы болды жетік.
Сегіз қырлы таланты бар,
Жүсіпбектің мұрасы мол.
Арқау етті шығармаға,
Кейіпкерді тағдыры ауыр.
Өшпейтұғын сөзі қалды,
Әдебиетке түр-өң салды.
Прозаның қылын шертті,
Аудармаға аса епті.
Драманың кілтін тапты,
Пасықтарды сынап бақты.
Көркемсөзді өңгеріп,
Бар жанрда еркін шапты.
Шығарманың салмақтысы,
Бай мұрасы-прозасы.
Жазғандары ащы шындық,
Кесек тұрар романдары.
«Қартқожа», «Ақбілек»
IY
«Қартқожада» тартыстар көп,
Аласапыран, бітіспес кек.
Бай мен кедей теңсіздігі,
Ымырасыз тірестер көп.
Қара сөзі өткір тілді,
Терең мұңлы, әрі зілді.
«Қартқожаның» өмір мәні,
Талайлардың өткен күні.
«Қартқожаның» идеясы,
«Ақбілекпен» үндеседі.
Жікшіл тартыс, қорлық көрген,
Ақбілектің күн-көрісі.
Ауыр тағдыр бастан кешкен,
Қазақ қызы шымыр өскен.
Өз бақытын табамын деп,
Заманында опық жеген.
«Күнікейдің жазығы»
Y
Қасіреттің уын ішкен,
«Күнікейдің жазығы» не?
Көшпелі елдің ескі салты,
Надандықтың қамалы ма?
Білместіктің амалы ма?
Әке-шеше, үй тұрмысы,
Жүдеу тірлік, үйдің сұрқы.
Өрелі өскен, өнерлі бас,
Аласұрған ол қыз бір жас.
Намысты от, кек кернеген,
Қышқыл тағдыр не тартпаған?
Опасыздық, озбыр қылық,
Қаскүнемдік қылған қызға.
Сол заманғы шиеленіс,
Шытырманды ауыр шындық,
Соның бәрі көркем тілмен,
Парасатты, білім оймен,
«Күнікейде» бейнеленген.
«Әнші жігіт»
YI
Қала іші, тұрмыс-салты,
Қызық қуған қазақ халқы.
Қатар-қатар тізбектеліп,
Өлең жолмен өрнектелген.
Әңгімеші есі кетіп,
Баяндайды желіп, есіп.
Қымыз ішкен, «әнші жігіт»,
Ақтамаққа болып ғашық.
Әні оның құстай ұшқан,
Тыңдаушыны аңыратқан.
Құйқылжытып, жан сергіткен,
Лебізі оның бой балқытқан.
Сұлу сері, әнші жігіт,
Әміре ғой- даңқы шыққан.
Қаз қалпында баға беріп,
Әсем бейне сом жасаған.
Жүсіпбек-өнер, әдебиет әлемінде
YII
Көкжиектей бір құбылыс,
Елең алды жаңа үрдіс.
Драмасы Жүсіпбектің,
Заманауи бетбұрыс.
Идеясы бай, мазмұнды,
Қоғам жүгі, қайшылықты.
«Қанапия мен Шәрбануы»,
Драмасы тым тартысты.
Сынды жазды шындығымен,
Шыжығы көп, қызығымен.
Аудармасы-туындысы,
Қайнап жатыр тұздығымен.
Бозжігіт боп, жас болғаны,
Домбырада ән салғаны,
Ойын-сауық кеште жүріп,
Актер болып дараланды.
Поэзияға сүңги білді,
Тұңғиықтан маржан ілді.
«Нар күйіндей» поэмасы,
Бір сергітер көңіл-күйді.
Өлеңдері ойлы-рухты,
Намыс отын қайрар мықты.
Жас ұрпаққа жігер беріп,
Дәуірінен озып шықты.
Қаламгердің достары
YIII
Талантында негізі бар,
Әдебиетке жастан құмар.
Мағжан, Сәбит, Мұхтарлармен,
Дидарласқан кездері бар.
Ұлтымыздың мәдениетін,
Әдебиетін дамытқан,
Ахмет, Мағжан, Смағұлдар,
Жүсіпбекпен бір болған.
Жүсіпбектің шығармасы...
IX
Жүсіпбектің шығармасы-
Өрнекті өріс, үздік үлгі.
Тағылымды, ұлттық рухты,
Әдеби кең, мол үдеріс.
Жүсіпбектің шығармасы-
Елге тартқан прозасы.
Бүгін күнде зерделеніп,
Том-том болған мол мұрасы
Жүсіпбектің шығармасы-
Ұлтжандылық-жан жарасы.
Суреткерлік, стилистік,
Шебер жазу, сөз сарасы.
Жүсіпбектің шығармасы-
Қоғамының ақ-қарасы.
Ғұмыр кешкен дәуірінің,
Ұстанымы, бет-бейнесі.
Қайыспаған қайраткер
X
Қайыспаған қайраткер,
Табиғаты ұлтжанды ер.
Заманының қасіретін,
Арқалаған біртуар.
Халық мұңын көре білді,
Өнер-білім тере білді.
Қоғамдағы қараңғылық,
Мешеулігін жаны сезді.
Халқы үшін белді бүкті,
Әділеттің туын күтті.
Қуғын-сүргін салдарынан,
Жапа шегіп, болды істі.
Арпалысып өмір кешті,
Арыстанша қарсыласты.
Отаршылық бұғауынан,
Шығар жолға ұмтылды.
Түзу жүріп жолдан ұшты,
Сталиндік оқты құшты.
Кінәсізден жалалы боп,
«42»- жаста қыршын кетті.
Мәшһүр Жүсіптің сақтаған хаты
XI
«Өзіңе берсін Алла ұзын өмір,
Көнгіш боп қорғасындай болма темір,
Ризамын өзіңе де, сөзіңе де»,
деп жазды Мәшһүр Жүсіп Жүсіпбекке.
Екі ақын бір-бірімен хат алысты,
Хаттары ізгілікті ойға ұласты.
Қуанып жас балаша Мәшһүр ата
Жақсы көрген адамнан хат алғанда,
Серпіліп, деді былай:
«Өлген үміт тіріліп, өрге басты».
Бір мақсат, бір мүддені көздегендер,
Екі арыс осылайша байланысты.
Құрметпен сыйластықты ниет етіп,
Сақтапты Мәшһүр хатты ықыласты.
Пір тұту
XII
Айтып ем жоғарыда Жүсіпбекті,
Ол өзі көп жақсыны қадір тұтты.
Оны да көп зиялы мақтан етіп,
Әуезовтей жайсаңдар да ұстаз тұтты.
«Музыкант, ғалым, бесаспап еді,
Осындай дарынды жан кездеспеді.
Шоқтығы драмада өте биік»,-
деп Ғабеңдей асылдар баға берді.
«Қазақ тілін жазарда оқып алам,
Жүсіпбектің сөзіне көп зер салам.
Шығармасы өміршең, құндылы»,-деп,
Герольд Бельгер рухани жақын тұтты.
Жүсіпбек бар жанымен ұлтын сүйді,
Халқы үшін суға түсіп, отқа күйді.
Ауыр жүгін, борышын мойынға алып,
«Оқу керек, бұл күнде!»,- деп ой түйді.
Өлмес мұра
XIII
Театрға сіңірген еңбегі зор,
Біржанды да кезінде сомдаған сол.
Жабылса да кезінде перделері,
Айқара ашық бүгінде, сұраныс мол.
Есімімен дарынның театр бар,
Беретұғын рухани азығы мол.
Қарсаңында тойының қайраткердің,
Театрлар есігі ашылып тұр.
Режиссерлер бұл іске атсалысты,
Бәйге тігіп, бәсеке боп жарысты.
Төлебай Ерсайынның қойылымы,
Жүлделі орын алды, қуанышты.
Бұйырған топырақ
XIY
Мәскеудегі «Бауырластар зиратының»,
Қабірінде жатыр ұлттар мүрдесі.
Рухың аға, тынышталсын...
Туған жердің топырағын қабыл ал,
Тап осында, Сарыарқаның иісі бар!