Адам қарады: 165 | Жарияланды: 2017-05-23 06:58:33

Аштық

 толықметражды көркем фильмнің әдеби сценарий

  Бірінші сурет

 

     Кеш.Құжыра там. Ішке көз тоқтатқан адамның назары әуелде қотыр қабырғаға ойнаған үлкенді-кішілі өркештенген көлеңкелерге ауар еді. Ол көлеңкелердің иелері ашық ошақта сөнуге айналған отты қоршалай отырған үшеу: Кәдірбек,әйелі Үпән, және мешел баласы. Алдыларында ақ су құйылған ағаш тостағаннан өзге ешнәрсе жоқ. Кәдірбек әлде бір жілікті айналдыра мұжып отырған, өзіне мөлие қараған баласына қарай лақтырды онысын:

     -Мә.

     Бала оны бір жаққа қашып кетердей тарпа бас салып,қырып алардай еті жоқ сүйекті қажалап кетті.

     -Кемігі бар...

     Баласына әлгіні айтып тесірейе қарады. Жанары түксиген қалың қабаққа жасырынып жатыр.Ойында не бары белгісіз. Аяй ма, жоқ, нали ма... Омалып отыра берсе тағы да бір нәрсе аспаннан түсердей ошақ басынан ұзап кете алмай отыр әлі.

      Оң жақ түкпірге таман кейуана иіліп-бүгіліп намаз оқып жатыр.

     Сырттан ат дүбірі естілді.

     -Кім?

     Бұлар елеңдесіп қалды. Кәдірбек қармаланып сыртқа киер шоқпытын іздеді. Үпән құр дастарханын біреу көтеріп әкетердей жинай бастады. Бала құйрығымен түкпірге жылжыды. Міз бақпаған кейуана ғана,бұл сәтте ол кезекті рәкәғәтін қайыруға кіріскен.

     Сыртта келген адамдардаң аттан түсіп, өз ара тілдескені естілді.   

     Шапанын оң иығына іліп, жеңін таба алмай жатқан Кәдірбек тыздалақтап кетті:

     -Апа?Апа!

     Бүгіліп, сәждеге құлаған кейуана селт етпеді де.

     -Ой, апа?

     Кейуана естімегендей.

     -Ойбай, тоқтатшы, құримыз!

     Кәдірбек бүгіліп, басын тіктей берген шүйкедей кемпірді бұйым құрлы көрмей түкпірге апарып тастай салып, үстіне алаша жаба қойды да өзі сыртқа ұмтылды.

     Сырттан дауыстары ап-анық естіліп тұр:

     «Не істеп жатсың-ей...»

     «Ассалаумағалейкум, үйге кіріңіздер...»

     «Кірмейміз.. .»

     «Стансаға адам керек...»

     «Ойбай-оу... мен қалай барам оған...»

     «Садырбек қайда?»

     «Стансаға алып кетті ғой... Өлік жинауға...»

     «Қашан кетті?»

     «Екіндіде мана... Жақаудың Шамбозы алып кетті ғой болмай...»

     «А... Жарайды онда...»

    Кейуана жамылған алаша бүгіліп-жазылады. Кемпір соңғы рәкәғәтін бітіп қалғанға ұқсайды.

 

                      Екінші сурет     

 

     Қоңыр күз.

     Тау бөктері отынан арылып, сұрқай, еңсе басар әлде  бір түске енген. Тұс-тұстан менмұндалап ызыңдап желдің ермегіне айналған қурай бастары ғана сорайып, сидиып  көрінеді. Бұл тұс мал тұяғы көп тиген айдама өткел-ау, шаңы ұшқан беткейді соқпақ шиырлап, өрлеп кетіпті тіпті.

     Сол беткейде сүйелдей болып үймелеген қожыр тастардың үстінде ызғырық желден қорғана қусырынып, сақал-мұрты репетсіз өсіп кеткен, жалбыр тұмағын милықтыра киген шүңірек көз, қушық жауырын бір жігіт ағасы отыр. Бұл – Кәдірбек.

     Кәдірбек өзінен он-он бес қадамдай төмен әр тастың түбін түртіп құнарын теріп жеп жүрген саржағал ешкіден көзін аудармай қарап отыр. Ешкінің артқы сирағынан ала жіппен байлап жұдырығына қысып алған екен, онысы сәл текіректеп, отқа қайырылмай алға озып кете қалса, орынынан атып тұрады. Ешкі кідіріп, жайылғандай рай танытса, жайланып отырады.

     Жақын маңда бағып отырған саржағал ешкіден басқа тұяқ көрінбейді.

     Кәдірбек саржағал ешкіге мөлие аз қарап отырды да, қолындағы жібін шыжымдап тарта берді. Ешкі кегжиіп қалып, иесінің әлеуетіне шыдамай шатқаяқтап, еріксіз артқа жүруіне тура келді. Кәдірбек саумалдай тартып ешкіні қасына әкеп алды да бас салып жығып, шабына қолын салып жіберді. Оты қанбаған малдың желіні уысын шіремесе де, үрпін сипалай саусағының арасына қысып еңкейе берді. Тұмсығын ешкінің бауырына көміп жіберіп, сырпылдата емді. Сосын басын көтеріп жан-жағына сақтық үшін көз жүгірте салмақ еді, шошып кетті.

     Көз ұшынан екі атты көрініп бері қайырылғандай болды.

     Ия, дәл бұларға қарай беттеп келеді.

     Кәдірбек ешкісін бауырына басқан күйі қожыр тастың қалқасында арқасымен жабысып, жарық табылса кіріп кетердей шөжіп бұға берді.

     Аттылар тақап келді. Келді де бұның тұсына тізгін тежеп түсе түсе қалды. Екеуі де бүкшиіп дәрет сындырмаққа кірісті.

     Бірі – қалаша, екіншісі дала үлгісінде киінген. Алғашқысының басында кәзірке, жүн шекпенінің ішінен кителдің жағасы сес беріп қылтияды. Мынаусысының басында – бөрік, шалғымұрт, үкікөз, мықыр, жауырынды көрінді бірақ.

     Кәзіркелі мас секілді, бұлғаң-бұлғаң етеді. Шылбырын қолтығына қысып алған, ышқырын жұлқылап жатыр:

     -Өй... мынау...

     Үкікөз елең ете қалды:

     -Не болды, жолдас бастық?

     -Мына... әкиң... ілмегі қайда кеткен...

     -Қазір...табамыз, жолдас бастық...

     Үкікөз шылбырын иығына апара іліп, кәзіркелінің ауына жармасты:

     -Қазір, қазір...о, міне... ой-хой... түймеңіз жезден бе, алтыннан ба...

     Үкікөз кәзіркелінің ауілмегін жұлмалап жатып салып берді.

     Екеуі әжеттерін өтеген, енді дабырласып, аттарына аударылып-төңкеріліп отыра берді де, мұны байқап қалысты. Ұрлықтарының үстінен түскендей күреңтіп, ыңғайсыз күйге түскендей ме.

     Ешкісін құшақтап бағжиып отырған Кәдірбек алыстан даусын соза сәлем беруге мәжбүр енді:

  • Ассалаумағалейкүм!
  • Ағалейкүм..

Бұл ешкісін жайына жіберіп орынынан тұрды. Жібін уысынан шығарған жоқ.

  Сәлемді кәзіркелі алды. Старшиы да сол екені сезіліп тұр онсыз да. Салғырт, өктем бірақ:

  • Жынсың баей, шайтансың ба? Қай ауылдансың?

     Кәдірбек иегін шошаң еткізіп ауыл жағын меңзеп өтті:

  • Мына «Ұмтылдан»...
  • Нағып тығылып отырсың ей, сабаз...

     Үкікөз мойнына асынған, онысы асып аттың сауырын түрткен ұзыншақ сөмкесін алдына өңгеріп, ішінен бұрқыратып қарала қағаз шығарды:

  • Біздің ауылдан ғой...

Бұл тағы қайталады:

  • «Ұмтылдан»... Мына Саймасай біледі ғой... Сәкең... Осының... Оо-сы кісінің ауылы ғой...

Кәзіркелі тағы да шұқшиды:

  • Пәмилең кім?
  • Кім ана...Бағашароп...
  • Бағашарып?
  • Ия...
  • Үйіңде қанша жан бар?
  • Сол ғой... Не ана...

     Бұл созып, кібіртіктей бергесін, шыдамай, сөзге қасындағы бөрікті, үкікөз араласты:

  • Кәрі шешесі, қатыны, інісі, бір баласы бар...

     Кәдірбек басын шыбындаған атша шұлғып қоштаған түр беріп тұр:

     - Ия... ия...Саймас... Сәкең біледі ғой...

     Кәзіркелі шекеледі:,

  • Бірақ балаң бар ма?
  • Ия, сол... Құдайдың бергені... Тоқтамай... Болады ғой тағы...

Кәзіркелі серігіне қарап рабайсыз ыржиды:

  • Қашан болады? Күш қалмаған да шығар енді сенде, біреу көмектеспесе... ыһхы-хы...

     Екеуі бір–біріне қарап алып, бір қызық оқиға естеріне түсіп кеткендей дарақылана, даланы жаңғырта күлісті. Бөрікті де әзіл қосқан боп жатыр:

  • Көмектесеміз ғой... көмектесеміз ғой... ыхых-ых...

     Кәдірбек ауызы үңірейіп, не күлерін не қоярын білмей, әйтеуір үн қосып ыржалаңдаған болды.

     Кәзіркелі күлкісін тығыла әрең тыйып, жылмия бұған қарады:

  • Мына ешкі сенікі ме?
  • Ия... Тігер тұяқтан қалғаны осы... бәрін бердік...

  - Бір-ақ балаң бар өзіңнің... Бәрін бердік дейсің... Ешкі ұстайсың ешо тығып... Мынауың нағыз пиодал ғой? Жұрт тісіне басып, сөлін сорар дәнеңе таппай отырғанда... Айда, ешкіні былай!

     Атты тебініп жүре берген белсендінің Кәдірбек шаужайына жармасты:

  • Жж-жолдас, бастық... Жолдас, бастық... тоқтаңызшы, бұл жалғыз ешкіні де айдап кетер болсаңыз, бір үйлі жан түгел қырыламыз ғой! Қарап отырғанымыз осының сүті! Жолдас, бастық... Тоқтаңызшы... Жолдас, бастық...
  • Тоқтай алмаймын! Әйдә, пашол!

     Екеуі екі жақтан дебейлеп, саржағал ешкіні қақпайлап алдыларына салуға ыңғайланды. Кәдірбек ешкіні сирақ жібінен тартып, іркіп қалды:

     -   Жолдас, бастық... Ешкіге тимеңізші? Бәрін бердік қой? Ет салық дедіңіздер – бердік, жүн салық дедіңіздер – бердік,  мүйіз салық дедіңіздер – бердік... Енді мынау не салық? Бүйткенше мені осы жерде өлтіріп кетіңіздер!!!

     Кәзіркелінің жүйкесі шыдамай боқтанып, қасындағыға қарайды:

     -   Ой әкең... Жолдан алшы-ей, мынаны!

     Кәзіркелінің ақиған көзінен шошыған бөрікті үкікөз атты сауырға бір салып, бұған тұра ұмтылды:

  • Өй, атаңанәлет, малғұн! Сен Үкіметке қарсы тұрайын дедің бе енді? Ұлттардың әкесі Стәліннің салиқалы саясатына қарсымысың? Гәлөшөкінге қарсымысың? Көрсетейін мен саған! Өлтіріп кет дейді ғой... Не, Үкімет адамы саған кісі өлтіретін қарақшы ма? Иоптыбайамайт... Шорту... Қарашы-ей мұны...

     Үкікөз мықыр атын омыраулатып, омыраулатып мұны қуып салды да, ешкіні бұлталақтай қуып бара жатқан кәзіркелінің артынан кетті.

     Ешкінің аяқ жібін уысынан шығарып алған Кәдірбек әлгіндей қорқынышты, бейтаныс сөздерден жасқанып тұрып  қалғанымен, малын да қимай, далаңдап соңдарынан келесі қырға дейін өкшеледі.

     Ешкі айдаған қос салт атты ұзай берді барған сайын.

     Кәдірбектің тіршілікке деген, өмір сүруге деген үміті де ұзай берді ақырын-ақырын...

     Жалғыз қорек көзінен айырылған Кәдірбек жаман тымағын сығымдап, басынан көтерілген буы бұйраланып қыр басыда қала берді...

 

                       Үшінші сурет

 

     Жыртиған терезесінің бір көзіне ескі-құсқы әлденені жұмарлап тығып, ал, бір көзіне сығырайта қарын ұстаған сұрықсыз құжыраның ішінде бүрісіп үш жан отыр. Кіріп келген бейтаныс біреу болса, әп дегенде көзі үйренбесе, бірдеңені ажыратып, байқау мүмкін емес.

    Төрде шөмие шөккен кемпірдің қасында шошайып, үлпілдеп өсіп кеткен шашы жан-жақа бытырай қашып, қылқамойын, шардаққарын, алакөз бала - өте жүдеу бала отыр.

     Ошақ басындағы алба-жұлба қара қатын әлденені қағыстырып, шаруа істеген түр жасайды. Десек те үй ішіндегі жыбырлауға жарайтын жандардың қолын ұстайтын еш істің қалмағанын анық аңғаруға болады. Әлденені күту, елегізу ғана байқалады.

     Сырттан күрпілдете адымдап келе жатқан әлдекімнің аяқ дыбысы естілді. Бұлар елеңдесіп қалды. Сол арада есік сарт етіп ашылды да, тақау тұрған легенді салдыр еткізіп сырып тастады.

     Аласа есіктен еңкейіп Кәдірбек кірді ішке. Түрі өрт сөндіргендей қабарып тұр.

     Төрдегі кемпір тіл қатты алғашқы болып:

  • Не болды, аманшылық па?

     Кәдірбек есікті жаппастан ербиеді.

     Бұлар отыр үрпиіп.

     Кәдірбек қатынына бетін бұрды:

  • Арбаны сайладың ба?!
  • Неге?
  • Неге?! Неге?! Сен де бір қолбайлау болып... Шешеңдіұрайын...

     Кәдірбек іргеде ілініп тұрған қамшыны жұлып алып қатынына күжірейе ұмтылды:

  • Иоптыбайамайт... Контра... Шорту, а?

     Тартып-тартып жіберді. Қатыны отырған күйі басын жыртық шапанымен бүркемелей, ойбайын салып шыр айналды:

  • Ойбай, ойбай! Не болдыей, жазған-ау?

     Күйеуі бас- көз демей сабап жатыр:

  • Ой, шешең... Айтпадым ба саған көшейік, көшейік деп, а? Құдайдың зарын қылдым ғой, а? Көтің жабысып қалғандай қозғалмай қойдың ғой, ә? Әне, жалғыз ешкіні де алып кетті, енді қәйіттік, шортудың қатыны, а?

 

                        Төртінші сурет

 

     Құжырасынан атып шыққан Кәдірбек боқтанып үйді айналып кетіп, қалқадан екі дөңгелекті жеңіл арбаны сүйреп шығады да, доғарады:

  • Болей, атаңанәлет! Тез арт, жүкті!

     Үйден үкідей ұшып шыққан әйел қолындағы бүктеулі сырмақты арбаның үстіне артты. Кәдірбек бір тартып, жердің шаңын бұрқ еткізіп, сырмақты арбадан аударып тастайды:

     - Мұны не қылайын деп жүрсің-ей? Басыңа қоймақсың ба? Өлсем сүйегімді орамақсың ба, әлде? Қазанды әкел, ана, бол! Киім-кешек, тулақ пен көрпелерді ғана ал...

     Әйелі үкідей ұшып үйіне қайта кіріп кетті.

     Іштен баланы сүйретіп кейуана шықты. Баланың жасы жеті-сегіздерде. Бірақ дене тұрқына қарап олай деп айтсаңыз, қиыспайды-ақ. Тым нәзік. Өзі - мешел. Кемпір кейи сөйледі:

     - Кәдірбек-ау, енді таң атсын да? Ана Садырбек те жоқ...

     Кәдірбек оны-мұнысын жинап жүріп  бұрқ етті:

  • Жоқ болса, жоқтауы ассын...
  • Тек...
  • Жүрген шығар сол, көрінгеннің көтін аңдып... Ылыққан ит құсаған, атаңанәлет... Болыңыз, тез... Мен енді бір минөт те тұра алмаймын...

     Әйелі үкідей ұшып, оны-мұныларды сайлап жүр.

 

                       Бесінші сурет

 

     Ұзын-шұбақ темір жолдың бойы. Оны жағалап арық қарагер ат жегілген, төрт дөңгелегі иретіле сықырлап арба келеді. Арбамен қапталдаса божы ұстағаны бар, жай жүргені бар үш жігіт жан-жағына алақтай ілбиді. Үшеуінің де жақ жүндері үрпиіп өсіп кеткен, өздері де, киімдері де жүдеу, тозыңқы. Арба үстінде бірінің үстіне бірін, қалай болса солай, айқастыра үйген бірнеше өлген адамдардың мүрдесі жатыр. Ақ жаулығы ағараңдаған әйел адам да бар ішінде.

     Сол жақта – темір жолға тақау жүрген киімі сәл түзік бозбаланың дауысы екпінді, жүрісі тың:

  • Сорыңды ұрайындардың теміржол бойында нелері бар екеней? Пойыз бұларды көрсе тоқтап, азық тастап кетеді дей ме екен?

     Шоқпыт шапанды қара жігіт шақ ете қалады:

     - Е, тоқтаса болмай ма?

     Киімі түзік бозбала шап етеді:

     - Қалай тоқтайды-ей? Сен өзіңнің басың дұрыс жұмыс істей ме? Пойыз – ол социализм! Ол коммунизмге жетпей тоқтамайды, білдің бе? Мына шойын жол – ол жарқын болашаққа апаратын жол, сен оған бөгет бола алмайсың, талпақтанау, понимайиш-ли?                  

     Шоқпытшапан қара бүгжектеп, басылып қалады:

  • Кім оған бөгет болайын деп тұр...
  • Вот, так, панимайыш...

     Божы ұстаған шоқпыт шапанның аузына құм құйған бозбала енді оның қасындағы басына жұлмаланған жаман бөрік, үстіне түрі мен түсін айырып болмайтын көне шапан киген, белін бунақ-бунақ ескі шүберекпен буынған ашаң жігітке айқай салды:

     - Садырбек, ана жақта бірдеңе бар-ау...

     Шойынжол астына құм үйіп биіктете төселген еді, арғы тұсын тінтіп қарау қиын. Қалбаңдап ұшып шығып, қайыра жоқ болып кеткен тазқараны   Садырбек те байқаған:

     - Мында бірнешеуі жатыр мен білсем...

Бұлар арбаларын тоқтатып шойын жолдың арғы бетіне өтіп кетті де, шаңқылдасып аз кідірген соң қолдасып, жекелеп сүйреп мәйіттерді бері алып шықты.

     Тағы бір-екі қатынап арбаның үстін едәуір қарайтып тастады.

     Өлік деп арба үстіне лақтырып тастағандарының бірі ыңыранып оянып, айқайлай бастады.

     Садырбек қарайлайды:

     - Мынаны былай ысырып, жөндеп жатқызамыз-ау деймін... Өлмепті ғой әлі...

     Киімі түзік жігіт одыраяды:

     - Орайластырып жатқызатын орын қайда? Жүр, аналарды әкелейік... Күн кешкіріп барады, үлгермейміз...

     Сосын сәл кідіріп қарайлағандай болды, сосын қолын шарасыздықтан сілтеп жіберді:

  • Әйй... Адам болмайды-ау бәрібір... Кетеуі кетіп қалыпты...

Бұлар үн-түнсіз қайта қимылдайды.

     Қаңтарулы арық қарагер ат шыбындап, сұйық құйрығымен бауырын орай ұрып жіберіп, мойынын бұрып аңтарыла қарайды.

 

                       Алтыншы сурет

 

     Кешқұрым.

     Темір жол бойындағы жаман тамның алды.

     Ортада лапылдап жанып, кетпей түтіні иректеліп бықси берген отты қалап, үргештеп етпеттей біреу жатыр. Түтін кіріп жасаураған көзін теріс бұрылып сүртіп, боқтанып қояды.

     Оттың бір жағына биігірек үстел орналастырып,үстін қызыл матамен жауып, су құйылған құты және қырлы стақан қойыпты.

     От үргішке оттың екінші жағын ала жамбастап орналасып жатқан бір топ жалбыр тұмақ, жаман шекпендер дабырласып ақыл үйретіседі, қалжың айтқан болады:

     -Құрғақ қау салсаңшы-ей!

     -Үрлесеңші дұрыстап...

     -Шапаныңмен желпі ей, жел күштірек соғады...

     -Әй, Майлыбай, шалбарыңды түсіріп жіберіп, тоңқайып «тарқ» еткізсеңші, бәс тігемін, лап ете қалады!

     Бәрі мәз болып күлісіп жетісіп қалады.

     -Қой-ей, оты бізді шарпып кетпесін!

     Отжағушы жігіт үргіштеп жатып елірген топқа саусақтарының арасынан бармағын шығарып көрсетеді.

     Топтың ішінде манағы өлік жинаушы жігіттер, Садырбек те бар. Бір тұсқа Кәдірбектің жалғыз ешкісін тартып алып кететіндердің біреуі – мықыр, үкікөз ауылсәбет те ыңыранып жайғасып жатыр.

     Жаман тамның есігі серпе ашылып, іштен баяғы уәкіл өзіне киім киісі ұқсайтын, шашын жылмита артына қайырып тарап тастаған жылпостау жігітті ертіп стөлге жақындады.

     Жұрт тына қалды.

     Жылпос жігіт жолай бір екеуіне ескерту жасап, бір екеуінің аяғын теуіп, ерегісіп те қалды.

     Уәкіл сөз бастамас бұрын қырлы стақанға мөлтілдете графиннен су құйды. Сосын қалтасынан шақшасын алып, астынғы ерінін созып тұрып насыбай тастады. Мәңгіріп отырды біраз. Қасындағы жылпос жігітке мойын бұрып еді, ол ағаштан ойылып жасалған түкіргішін әкеп қойды алдына. Уәкіл түкіргішін алып шырт түкірді.

     Жұрт уәкілдің оғаштау қылығын бағып бақырайысып қалған.    

     Уәкіл сақаулана сөз бастады:

     -Жолдастар! Жолдастар... Үкімет пен партияның... Күн көсем - ұлы Лениннің... Ұлттардың әкесі ұлы - Стәлиннің атымен бастаймын... Тойс, ұлы саясаты мен қамқорлығының арқасында міне әуелден аңсаған бостандыққа, теңдікке, молшылыққа, тоқшылыққа жетіп отырмыз, жолдастар! Біздің алдымызда енді көптеген міндеттер мен тапсырмалар бар, жолдастар! Ол - менің тапсырмам емес, сенің әкең мен шешеңнің тапсырмасы емес, ол сенің қатының мен көршіңнің тапсырмасы емес, ол - ұлы партияның тапсырмасы! Біздің өлкемізді аралап Галашөкін жолдас пойызбен келе жатыр! Оған не көрсетеміз? Ана теңкиген өліктерді ме? Жоқ, шермиген ана «Ұмтылдың» селсәбетін бе?

     Бір тұста күжірейіп қаперсіз отырған үкікөз селсәбет - Саймасай дір ете қалып, етегін жинай қойды.

     Мырс етіп күлгендер бар.

     Уәкіл сөзін жалғады:

     -Сәциализмді бекітіп, комунизмді орнату үшін өліктерден сілімтіктерден,аштардан арылуымыз керек, жолдастар! Тезірек темір жолдың бойын тазартуымыз керек!Ол үшін жаңа күш керек,адамдар керек! Оны түсінбейтін, түсінгісі келмейтін адамдар бар, жолдастар!

     Уәкіл сәл тыныс алып, түкіргішіне қол созды. Алып, түкіруге еңкейе берді де жылпос жігітке ұсынды:

     -Төктірші...

     Жылпос жігіт қапелімде түсінбей қалды:

     -Ау?

     -Тазалат теймін мынаны!

     -Аааа

     Жылпос жігіт жақын отырған жас жігітке иек қақты:

     -Мә, ей...

     Уәкіл сөзін жалғады:

     -Мына Саймасайдың ауылына бардым, полный бардак! Жан жоқ, бәрі тау тасқа малын алып қашып жүр! Селсәбет ләйліп жүр!

     Саймасай орынынан қозғалақтап тұра береді:

     -Оу, Уәке-ау, мана олай ...

     Уәкіл стөлді қойып қалады:

     -Молшайт! Не припатстават! Контра!

     Столдың үстінде шоршып түскен графинді қасындағы жылпос жігіт әбжілдік танытып, ұстап, түзей қояды. Уәкіл ежірейеді:

 -Гәләшөкин келе жатыр ей, миғұлалар, Гәлөшөкин! Түсінесіңдер ме?

     Жұрт көздерімен жер шұқысып кетеді.

     Жас жігіт түкіргішті әкеліп ақырын қойып жатыр. Уәкіл жерге былш түкірді.

                       Жетінші сурет

 

     Күншығыс арайланып, таң атып келеді.

     Бөктерден асып, арбалы бір үйелмен жан келеді.

     Қос дөңгелекті кішкене қара арбаның жетегінде – Кәдірбек, үстінде басы қалтақтап бала отыр. Шешесі мен әйелі артынан итерген болып келеді. Үнсіз бәрі. Қапалы.

     Тек көлденең жақтауға ілінген, арбаның базарлы кезінде сәндік пен шаттықтың күйін ойнаған кішкене күміс қоңырау ғана саналарына үміт құюға тырысып, сылдырай зарлап келеді.

     Қыр үстінен қалқайып атты кісі көрінді.

     Кәдірбек тоқтап, беті жыбырлап, тістеніп сәл тұрды, сосын, жұлқынып қап, жігерін жиғандай аяғын қадап басып алға ұмтылды.

     Екі әйел күбірлесіп қалды өзара.

     Жалғыз атты желдіртіп демде жетіп келді.

     Өткендегі тапалтақ, үкікөз ауылнай - Саймасай екен. Келе сала амандық-саулық жоқ тергей бастады:

     -   Қайда барасың-ей?

     Әлденеге ол да ашулы-ау, әйтеуір, сөзі де ұрт, қимылы да шалт.

  • ...
  • Қайт, кейін, қара мұны? Контрский шорту! Кейін қайт, айда, пашол!

     Атымен тіпті қақпалап, итеріп, езеуреп барады. Кәдірбек бұлтарып, тіресіп тұр:

  • Қайтпаймын!
  • Вот атаңанәлет, контра, а? Сен ғана ма ашыққан? Ел басына түскен ауыртпалықты нар болып көтерудің орынына ит секілді тояр жерін іздеп, бұралаңдап қашып бара жатқанын қара!

     Кәдірбек жалаң қолымен бар күші мен ашу-ызасын бойына жиып, құлаштап тұрып аттың басынан бір салды. Ат шатқаяқтап, басын кегжитіп артқа кетті.

     Үкікөздің қаны басына шапшыған секілді:

     - Мына сорлы қайтеді-ей? Мен саған қазір көрсетейін!

     Үкікөз атын тебініп, тағы келді төніп.

     Бұл жасқап жолатпайды. 

     Басынан соққы алған жануар да тақау келе алмай тайсақтай береді.

     Бұлар бірін-бірі қуалай арбадан едәуір алшақтап кетті.

     Келесі бір қақтығыста, ат басын ала қашып жалт бұрылып, бұлт еткенде, үкікөз аттан ауып түсіп қалды. Жердің шаңын көтеріп бір аунап тұрған үкікөз ызбарланып, құтырына Кәдірбекке ұмтылды.

     Кәдірбек те ашынған әбден, соққыласа кетті.

Ат шылбырын сүйретіп, маңып айдалаға кетті.

 

                       Сегізінші сурет

 

     Жапан далада ұйыған тыныштықты бұзып, итше ырылдасып, доңызша аунап екі кісі жан берісіп, жан алысып төбелесіп жатыр. Төбелесті қойғыласу мен тіктесе белдесу деп ұғатын қазақ үшін бұл түсініксіз, өзгеше бір жанталас. Иегі жанасқан тұсқа құшырлана тіс салысып, саусақтары тиген жерін тырнап, жан ұшырады.

     Күншығыс сары жалқын түске боялып, алыстан мұнартып көрінген тау сілемдері көкжиекке ирек салғаны болмаса, қаражолдың бойында қаңқиып тұрған арба мен үрпиген үшеуді қаперден ысырып тастасақ, ұшы-қиыры жоқ боз далада көз тоқтатар бүдір жоқ.

     Әлгі мұнар тауға қарай бұлаңдай қашқан қара жолдың бойында қара арба мен қараша жандар «айт» десе ата жөнелердей үркіп, одырайып қарасады. Көздерінде үрей. Төбелесіп жатқан екі жанға үдірейісе қарасады.

     Құрама киіздің күйе кеміріп, күн жеп жырымдалған жиегі қара арбадан аса төгіліп, самалмен ауыр дірілдейді. Үстіндегі баланың қорқыныш толған ұялы жанарына енді келіп жас кептелген.

     Ырылдасып, шайнасып жатқан екеудің бірі – Кәдірбек, мықшиған мықыр болғанымен жауырынды, сіңірлі үкікөздің иегі мен тұмсығын қоса қысқан әлеуетті шеңгелінен босай алмай шалқая майысты. Енді болмаса міне, бұралып астына түспек.

     Кәдірбек өзінен күш кеткенін сезініп, шыдамай, қырылдай айқай салды:

  • Үпән!!!

     Жырым етегі жер сыпырған, сауыс жаулығының миығы қисайып самай шашы бұрқыраған тыржық бет қара қатыны дір етіп ұстап тұрған дертесін тастап жіберді де, қайта жармасып, көтеріп ала қойды.

     Мойыны үзілердей қисайған Кәдірбек қырылдай айқайлады.

  • Үпәән...

Үкікөздің қолы енді мұның алқымына көшіпті.

Кәдірбектің дауысында адам шыдамас бір үмітсіздік бар еді.

      Үпән ышқынып кетті. Дертені тастай беріп, тіресіп тұрған екеуге ұмтыла берді де, қайырылып арбаға келді. Қолын арбадағы құрым киіздің астына салып жіберді де, өркештеніп жатқан тұсынан мыс ожауды алып шығып, жалпылдап екеуге жүгірді.

  • Үпәәһ...

     Кәдірбек соңғы әріптерді бұрап әрең жеткізді.

     Әйел жалбаңдап ұшып отырып қастарына жетіп барды. Барды да шой басты мыс ожауды оңтайлап, сілтемекке нысана іздеп екеуін айнала жүгірді. Долбарлап сілтей бастады. Жандалбасалап ұрған соққыларының бірі ауыр тиді білем, Кәдірбекті кеңірдектен алып сығып жатқан үкікөз ауылсәбет ыңқ етті де, аударылып түсті.

     Бір аунап бойын жиып алған Кәдірбек, қақалып-шашалып, шегіншектей берген Үпәннің қолынан ожауды жұлып алып, әлгіні шеке тұстан мылжалай ұра берді, ұра берді...

     Қарауытқан қара арбаның үстіндегі қылқа мойын бала мен бүкшиген кәрі кемпір қашуға дәрмендері жоқ, сұмдық суретке еріндері жыбырлай үрке қарап тұрды.

     Бір кезде әлдеқашан қимылсыз қалған өлі денені соқылай беруін доғарған Кәдірбек шөкелеп орынынан тұрып, арбаға қарай ентеледі.

     Жаулығы сыпырылған жырым етек қара қатын – Үпән жолай жөнделіп соңынан салды.

     Арбасына жетісімен Кәдірбек дереу қос дертені қолтығына қысып, шірене тартып жөнеді. Беті-қолы, мойыны қан-жоса. Қойынына құйылып келеді. Көзіне құйыла бергесін, жеңімен маңдайын бір сүйкеді де, қара жолмен қара арбаны сылдыратып тарта берді.

     Сылдырап бір тынбайтын қоңырауды бала тұншықтырып сәл ұстады да, болмағасын, жұлып алып, тулағының астына тықты.

     Далбалаңдап Үпән оң бүйіріне шықты.

     Бүкшеңдеп жүгірген болған кейуана сырғып артқа қала берді еріксіз.

     Кәдірбек арбаны тоқтатып қойып, кейуананы қолынан жетектеп әкеп, арбаның үстіне тез төңкере салды да, дертені қайыра қолтығына қысты.

     Үпән келіп бір жағынан жармасты дертеге.

     Арба үстінде шошайған екеу мен оны жетекке алып бүлкілдеген екеу жарбаңдап, иір жолды қуалап, күннің бауырына жұтылып бара жатты.

 

                    Тоғызыншы сурет

 

   Манағы өлік жинаушы үш жігіт от жағып алқақотан жайғасып жатыр.

     -Дәә, дұрыстап жұмыс үстемесе болмайды енді...

     -Гәлөшөкін тоқтамаса бұл жерге...

     Осылай деген Садырбекке киімі түзік бозбала адырая қарады:

     -Гәлөшөкін жолдас де!

     -Гәлөшөкін жолдас... тоқтамаса бұл жерге...несіне жол бойын тазартып жатырмыз?

     -Кім айтты оны тоқтамайды деп?

     -Сен айттың ғой, пойыз тоқтамайды деп...

     -Пойыз тоқтамайды, пойыз Гәлөшөкін жолдас халықпен тілдесу үшін аялдайды, понил? Не қылайын деп едің?

     -Жай...

     Киімі түзік бозбала кішкене котелокқа үш түйір картоп салып Садырбекке қарады:

  • Садырбек?
  • Әу?
  • Мә, мынаны ана сайға апарып жуып, ішіне су құйып әкелші...
  • Жарайды...

     Садырбек котелокты алып сайға түсіп кетті.

     Екі жігіт күбірлесіп отыр. Пысқырынған аттың дыбысы келеді құлаққа. Аулақта тұрған арбадан анда-санда ыңыранған адамның дауысы жетеді.

     - Ананың жанының сірісін-ай... Әлде, дұрыстап жатқызып, аузына су тамызсақ па екен? Анау қайда кетті, а?

     Бозбала елеңдеп орынынан тұрады. Сайға қарап айқайлайды:

     - Садырбек? Әй, Садырбек?

    Үн жоқ ешқандай.

     - Әй, Садырбек! Қайдасың-ей! Өй!

     Жауап жоқ. Киімі түзік бозбала сәл құлағын түріп тың тыңдаған соң одыраңдап еңіске қарай тұра жүгірді:

     - Қап, антұрған-ай... Аузымызды аңқитып кеттің-ау деймін...

 

        

Оныншы сурет

 

     Тас ошақтың оты марғау жанады.

     Кішкене қара қазанның астына ретсіз қиюластырылған тастардың бауырын жаңадан ыс жалай бастапты. Содан-ақ қазанның қойылғанына көп бола қоймағанын аңғаруға болатын сияқты. Беті шабақтары арса-арса кәрі ағаш қақпақпен бүркеулі.

     Қазандықты қоршай үшеу отыр: Кәдірбек, Кейуана және Үпән. Үшеуі де түнеріп алған, үнсіз. Жанарларында не үміт, не ой жоқ – мағынасыз. Жанған отқа телмірулі тек.

     Үпән жүрелей жылжып, қазан астындағы отты қағыстырған болды. Кәдірбек бір сәт әлденеден шошынғандай, жан-жағына елеңдеп, үн аулады. Екі әйел де жалтақтап қалысты.

     Қазаннан бу қоюлана көтерілді.

     Үпән Кәдірбекке бағыттап үн қатты:

  • Баланы әкелші...

     Кәдірбек созалаңдай тұрып, үш-төрт қадамдай аулақта жетегімен жер тіреп тұрған қос дөңгелекті жеңіл арбаға барды. Айналасы көр-жерге толып, ешкінің көн тулағының үстінде бұларға қарап шошайып отырған бала бұл тақап келгенде, кішкене сәбише қолын созып, ұмсына берді. Баланы көтеріп алған Кәдірбек екінші қолымен астындағы тулағын да іле кетті. Сосын ошақ басына әлгі теріні жалп еткізіп тастады да, үстіне баланы қондырды.

     Кемпір қалқасынан біріне-бірін киліктіре қатталған төрт тостаған шығарды. Оларды бір-бірлеп саусақ ұшымен айналдыра сүртіп шықты да, қатарластыра тізді. Белін босатты, белбеу іспетті айналдыра орап тастаған түбі томпиған ұзыншақ дорбаны шығарып, ауызын бүрмелей, қайыра жинап былай қойды. Қойынынан және бір кішірек дорба шықты. Жылтыр, майсіңді қара дорба.

     Өрнек-бедері әзер көрінетін, ернеуі кетік, опырайған ағаш тостақтарға  шөкімдеп ұзыншақ дорбадан қара талқан салды. Қолы дірілдеп, әркімнің қажыр-қайратына қарай қайыра шөкімдеп өлшеп қойып жатыр.

     Алдындағы тостағандарын ұзата бастады кейуана. Қарасы молырағы – Кәдірбекке, одан кейінгісі балаға ұзатылды. Сәл кем салынған екі тостақ екі әйелге бұйырды.

     Үпән қазанның қақпағын көтерді. Қоюланған бу әйелдің бетін шарпыды. Әйел басын кегжитіп, қорғанды да, шымырлап қайнап жатқан қара суды ағаш қасықпен іліп алып, сапырып-сапырып жіберді.

     Әуелі Кәдірбек тостағанын ұсынды Үпәнға. Түбінде қарауытып талқан шөккен тостағанға Үпән еппен ағаш қасығымен қайнақ су іліп құя бастады.

  • Болды!

     Кәдірбек шыдамсыздана қолын созды.

     Осындай ретпен Үпән бәрінің тостағандарына су құйып, бәрі қолдарындағы ши-бұтамен ернеуін шыр айналдыра араластырып алысты да, саусақтарын салып жіберіп, ұшына қонақтаған қоймалжың ботқаны қомағайлана ауздарына салысып, талмап жей бастады.

     Тостақ түбі әп-сәтте тазаланды.

     Кемпір әлде бір таныс та бейтаныс азалы әуенді естілер-естілмес ыңылдап, енді қолын екінші дорбаға созды. Иірленіп, сіңірленген қолын дорбаның ішіне салып жіберіп, беті тыжырыла әлденені опырып, дорба ішінен құрттай май алып шықты. Тоң май. Қойдың майы. Үпән кемпірге қалайы қалақшаны ұстата қойды. Кемпір қалақшаға майды қондырып, Үпәнға қайтарды. Үпән қалақшаны отқа тақады. Қалайы қалақшаның бауырын от жалай бастады.

     Сәлден соң қалақша үстіндегі тоң май шөжіп, еріп, былқылдап, қалақшаны қозғаған сайын әрлі берлі толқып хош иіс шашқан сұйықтыққа айналды.

     Үпән әуелі Кәдірбекке ұсынды. Кәдірбек ысылдай үрленіп, ыстық қалақшаның ернеуіне әрең ерінін тигізіп, майдан бір жұтты да, кемпірге берді. Кемпір баланың аузына тосты.

     Бала да бір жұтты.

     Қалғанын кемпір мен Үпән бөлісті. Екі әйел қалақшаның ішін сұқ саусақтарын бүге сырып, жалап жатты.

     Оттан көзін аударып Кәдірбек баласына назар салды.  Сосын жүрелей жақындап, қойынынан мүйіз сапты бәкісін алды. Бәкінің шаппасын ашып, жүзіне бармағын басып көрді. Бала түкке де түсінбей әкесінің жүзіне сұраулы қарап қалған.

     Кәдірбек еңкейіп, баласының тақымында жатқан ешкінің көнтулағының шетінен ұстады да, бәкісімен айыра кесіп алды. Сосын қазан қақпағының көтеріп, ішіне тулақтың пұшпағын тастап жіберді. Шегініп, шашау жатқан қурай-бұталарды ошаққа қарай икемдеді.

 

                       Он бірінші сурет

 

     Ойма тазданып шаңы шыққан сары белден асып жас жігіт келеді. Қолына ұстаған таяғы бар. Білінер-білінбес сылтып басады. Басында түтеленген жаман бөрік, үстінде күн жеп сәні қашқан сарғыш шапан. Шапанның ішінен жаман шүперекпен буылтықтата буынып алған. Сұйық сақал-мұрт пайда болыпты. Бет-жүзі желқақты, тотыққан. Жүзінен ұзақ жол жүріп қажығаны байқалады.

     Бұл – Садырбек.

     Жігіт бері асқан дөңге енді сопиып қыз бала – бойжеткен шықты. Бір аттап, екі аттап, әлденеден үрккендей аяғын сенімсіздеу басады.

     Жігіт тоқтай қалды.

     Арқадағы қыз да тоқтай қалды.

     Жігіт жүреді.

     Қыз да баспалап, аяңдайды.

     Қыздың мол пішілген көйлегі алыстан қылаңданып көрінеді. Әуелгі түсін айыру оңайға түспес. Жалаңбас, жаулығы сырғанап, иығына түсіп кеткен секілді. Талдырмаш.

     Жігіт кідірді тағы.

     Қыз да тоқтады.

  • Өй, әкең...

     Жігіт жорта тап берді.

     Қыз қаша жөнелді де, жігіттің қайта өз жолымен аяңдап бара жатқанын көріп, ілесе түсті.

     Садырбек аялдап кері бұрылды:

  • Өлтірмеймінәй, мен сені...
  • ...
  • Не керек өзіңе?

     Қыз селтиіп тұр, үндемейді.

  • Қай ауылдансың?

Қыз тілге келді:

  • «Қызыләскерден»...
  • «Қызылбөріксің» бе, «қоңырбөріксің» бе?
  • «Қызылбөрік»...
  • Аа... Қарындасым болдың онда...

     Жігіт жерге отыра кетті де, таяғын қасына сұлатты:

  • Бері кел!

     Қыз состиып тұр.

  • Бері кел дейміней, қорықпа.

Қыз екі аттайды.

  • Кел... кел...

     Қыз ақырын аяңдап келіп, екі-үш аттам ары тұрды. Көзінде жалыныш бар.

     Пісте мұрын, бота көз сұлу-ақ екені байқалады.

     - Кел, отыр мұнда...

     Қыз одан жақын қозғала қоймады.

     Жігіт атып тұрды. Ары айнала берген қызды аттатпай бас салды да, жұмарлап жерге ұрды. Қыз үнсіз пысылдап қарсыласып-ақ жатыр.

Жігіт қыздың көкірегін дар еткізіп айырып жіберді де, жалт етіп жоқ болған кішкене алмаларын айқастыра баса қойған білегін ажыратуға әуреленіп жатты. Сосын қолын қоя беріп, етегіне қол салды.

     Ессіз қимылын кілт тиған жігіт көзін әлденеге қадай еппен қимылдап қыздан сырғып түсті, сосын жалма-жан атып тұрып, үш-төрт қадам аттап барып жүрелей кетті де, қоп-қоңыр жап-жаңа үймек топырақтың түбін қос қолдап, шаңын бұрқырата қаза бастады. Мұрынын тақап, иіс тартады да, қимылын одан сайын жиілетеді. Сосын беті-ауызы топырақ-топырақ болып қызға қарап бұйырды:

     - Бұта тауып келші! Тез!

     Көнетоз шапанының өңірін айқастырып, шарасыз, ешнәрсенің байыбына бара алмай отырған қыз жүгіре жөнелді.

 

                       Он екінші сурет

 

     Қыз от қалауда.

     Шөп-шөңге, қурай аралас отын лаулап жанып-ақ жатыр.

     Жігіт қолындағы бұтасымен біраз қазып тастапты. Бір кезде бұтасын лақтырып жіберіп, белуардан еңкейіп сұғына енді де, сәл бүлкілдеп, бұлқынып алғасын артқа сырылып шықты. Езуі жайылып бері қарады. Қос алақанын қусыра алдыға ұстап, жұлқынып әрең тұрды да, бойын түзеп алды. Қолында қос уыс бидай:

  • Тас таста отқа!

     Қыз қасына текшелеп жинап қойған екі-үш жалпақ тасты оттың ортасына қиюластырып жатқыза қойды.

     Жігіт уысындағы бидайды үрлеп, қиқымын ұшырып тұр.

     От азайып, шоққа айналды да, тас бастырылып төмендеп қалыпты.

     Жігіт жігі жабысып жатқан тастардың айналасындағы шоқтарды аяғымен әрлі-берлі ысырып тастады да, үстіне қос уыс бидайын жаймалай төкті. Ыстық тастың үстіне төгілген қызыл бидай сатырлай ыршып, пісе бастады.

Жігіт күректей қолдарымен қалқалап, тасқа ернеу жасай қойды. Қыз да кішкене алақандарымен бір шеттен қоршалай қалды. Ыршып-шоршыған бидай алақанға соғылып қайыра ішке құлап жатты. Қашып сыртқа кеткендерін топырақ арасынан шоқып алып, ауыздарына жыттырып жатыр бұлар.

 

                       Он үшінші сурет

 

     Қасқа жолда қара арба тұр. Үстінде қылқамойын бала, жетек түбінде кейуана мен Үпән - алға қарай үдірейісе мойын созады. Кейуана шыдай алмайды:

  • Байқаей, Кәдірбек...

     Жол бойында үсті-басы өрім-өрім үш-төрт адамның жайрап жатқан сұлбалары қарауытады. Бірі - әйел көрінеді. Арқасына дөңкитіп қазан шандып байлап алыпты.

     Кейуана тағы айқайлайды:

  • Кәдірбек, бері жүр, қайтесің оны...

     Кәдірбек ызалы:

  • Айқайламашыей, апа?!

     Кемпір үндемей қалады.

     Кәдірбек мәйіттердің шапандарын қайырып, жүздерін жасырды да, үрпиген бала-шағасына келіп дертені қолына алды:

  • Кеттік...

     Қасқа жолмен тартып берді бұлар. Үнсіз. Сәл жүрген соң, және бір әйелдің денесінің үстінен шықты. Ол да арқасына қазан байлаған.

     Бұлар енді аялдаған жоқ, денені айналып өтіп, бүлкілдеп ары қарай желе берді. Мына сұмдық үймелеген даладан қашып шықпақ-ау...

     Кейуана:

  • Қытайда қазан жоқ дей ме?
  • Жоқ дейді ғой...
  • Самауыр ше?
  • Самауыр табылады, апа.
  • Самауыр табылса, бопты... Е, Алла, сақтай көр, қолдай көр, қорғай көр...

     Арба қуалаған үшеу безіп барады айдалаға.

  • Ана Садырбек қайда екен...
  • Келеді де... Жас қой, қуып жетер... Сасай теке құсап ірге аңдып жүрмесе...
  • Тәйт, ары! Осы заманда...Күйлейтін заман ба бұл...

 

                       Он төртінші сурет

 

     Жол бойындағы көтерме жалдың бүйірінде жапырақтарынан арылған жалғыз дарақ тұр. Жігіт қызға иек қағады:

  • Жүр... Сәл дамылдайық...

     Жиектегі сояу қурайды жаныштап ағашқа беттей бергенде еріксіз кідірісті.

     Жалғыз дарақтың түбінде білінер-білінбес болып жаулықты әйел бүрісіп жатыр. Оның қалқасынан шашы үрпе-түрпе, жалаңбұт бес-алты жасар бала басын көтеріп алды. Сосын әйелден тартынып тұрды. Тұрды да қолын созып, тәлтіректеп бұларға қарсы салды. Еңіске қарай тіпті күш алып, дедектеп келеді.

     Садырбек шап етіп қыздың қолынан ұстап алды да, сүйрелеп қайтадан жолға шықты.

     Алды-артына қарамай зытып берді екеуі.

     Өкпесі өшіп ұзақ жүгірді.

     Қыз ағыл-тегіл жылап келеді.   

 

                       Он бесінші сурет

 

      Отты қоршалап төртеу отыр. Ортадағы қара қазанның астында от. Бұрқылдап қайнап жатыр. Ағаш қақпағының саңылауынан сытылып шыққан бу аспанға көтеріле беріп, тарап кетеді.

     Кейуана сол, жырық тостақтарын тізіп сап, шөкімдеп талқан салып отыр. Саусағы дірілдеп, сасқалақтағандай болады. Есебінен жаңылғандай. Тостақ түбін қайыра-қайта тексеріп шымшып, көре береді.

     Ұзыншақ дорбаның түбі сола бастаған сыңайлы.

     Үпән тостақтарға қазаннан қайнақ су құйды қасықтап. Әркім өзінің тостағына қарай жапа-тармағай қол созды.

  • Берші... Берші...

     Жарымжан, салбөксе – Әннас тіпті шыдамсыз.

  • Қазір, балам, қазір...

     Үпән сабырға шақырғандай болады.

     Бәрі саусақтарын күйдіріп алудан қорқып, ши алып тостағандарын былғай бастады. Саусақ ұшымен қоймалжың быламықтарын іліп-жалап ілезде тауысқан бәрі, ыдыстарынан айырылғысы келмегендей, телміріп кемпірге қарады.

     Кейуана қасында жатқан жылтыр қара дорбаға қолын созды. Аузына сіңірлі қолын салып жіберіп біраз кідірді.

     Үпән қалайы қалақшасын ыңғайлай берді.

     Манадан тұнжырап отырған Кәдірбек беті тыжырайып, сыңсып жылап қоя берді. Бәрі үдірейісіп оған қарап қалды. Кәдірбек кемсеңдейді:

  • Атаңанәлет... Көгермегір, сәбетай... Адамның қолын қанға малып... Енді қайттім... Күн-нә-һ-ә-әрр болдым-ау...

     Кәдірбек еңбектеп барып, кемпірдің бауырына тығылып, еңкілдеп жылайды.

  • Қой, балам, қой...

     Кейуана жұбатар сөз таппай, ұлының арқасын сипай берді.

     Ұлы өксіп жатыр:

  • Атаңанәлет, Сәбетай...  Қужақ сұмырайай...

     Кейуана әлдебір мұңды, қайғылы әуенді салып, ұлының арқасын сипап отыр.

 

                       Он алтыншы сурет

 

     Қараңғылық қоюлана бастаған. От та лаулап жанбай, лап етіп басылып, елеусіреп қозданып, қызылшоқтана бастаған.

     Кейуана, Кәдірбек, Үпән жарымжан ұлдарын ортаға алып, шоқпыттарын жамылып, шоқиып отыр.

     Кәдірбек үрейлене елегзиді:

  • Бір дыбыс біліне ме?
  • Қойшы, құрсын...
  • Тыңдасаңдаршы?
  • Қасқыр емес пе, әке?
  • Қой, қасқыр қайтсін бізді?

     Бәрі демдерін іштеріне тартып, тың тыңдайды.

     Бала ақырын ғана тіл қатады:

  • Бірдеңе ысылдайтын тәрізді.
  • Ия...

     Бәрі тағы да қимылсыз үн аулайды.

     Кәдірбек ақырын ошақ түбіндегі иір бұтақты қолына алып, әйелінің қасына жүрелей жылжып барады. Тағы құлағын түреді. Әйеліне қарай ұмсына түседі. Сосын көзі ежірейіп, әйелін жайқап жібереді:

  • Өй, әкең...
  • Не болды, Құдай...

     Кейуана дуыстап жіберді:

  • Көтек?

     Кәдірбек ағашын ошақ басына тастай беріп, тоңқаңдап орынына барады:

  • Өй, әкең... Мынаның мұрыны екен ғой шуылдап тұрған... Айтпайсың баей?

     Бәрі қозғалақтасып, көңілдері жайланғандай болады.

     Сол сәтте бәрін үйіре шошытқан оқыс дауыс шығады:

  • Аға?
  • А?!!

     Бәрі аңтарылады да қалады.

     Қою қараңғылықтан сытыла шығып Садырбек келе жатыр. Қасында баяғы қызы бар. Ол тартқыншақтап, ұялып, шегіншектейді. Онсыз да үрейленіп отырған байқұстар бірден өз-өздеріне келе қоюы оңай болған жоқ. Кәдірбек те, тіпті, кейуана да жалғыз серілері – Садырбектің табылғанына риза еместей. Кәдірбек інісінің қолын салғырт алып, отыра кетеді.

     Садырбек анасын барып құшақтайды.

     Жеңгесімен есендеседі.

     Баланы орынынан жұлып алып бетінен құшырлана иіскейді.

     Кейуана тілге келеді:

  • Қайда жүрсің құлынымау... Қорқыттың ғой?
  • Қуып жеткенім осы болды, апа... Кетіп қапсыздар ғой... Ана Жайлыбекоп қырт... Камсамолдар жиналысын өткізбеді ме? Мені әктіп ретінде ұстап қалды... Күнде жиналыс, күнде жиналыс...

     Кәдірбек:

  • Не дейді ол?
  • Ана темір жол бойындағы аштан өлгендер мен ісіп өлгелі жатқандарды арбамен жиып, аулаққа апарып тастаңдар дейді...
  • Жидыңдар ма?
  • Өй, жиып тауысасың ба оны? Пайогін алдым да қашып кеттім...
  • Іі-мм, енді саған да қайтар жол жоқ десеңші...
  • Жол жоқ, аға...

     Үпән әлсіз тіл қатты:

  • Ауыл қалай?
  • Ауыл кетті ғой тараптарап... Бейқұт атамдарды да таппадым...
  • «Алғадан» ешкімді кездестірмедің бе?
  • Жоқ, жеңеше... сіздердің ауыл жақсы дейді ғой...

     Дауысы мүлдем сенімсіз. Жеңешесі шөгіп барады.

     Кәдірбек орынынан көтерілді:

  • Жүрші...

     Сырттай берген ағасының соңынан Садырбек ілесіп былай шықты. Кәдірбек қатулы:

  • Анауың кім?
  • Қыз...
  • Қандай қыз?
  • Ұлбике.
  • Не қылған жолбике?
  • Жолбике емес, Ұлбике... Соңымнан қалмай қойды...
  • Кәззап... Осы сенің соңыңнанақ қатын қалмай жүреді екен...Апарып таста!
  • Қайда қуам, аға? Обал емес пе?

     Кәдірбек жалт бұрылып ежірейіп бұған төнді:

  • Ал маған ше? Маған обал емес пе? Ана қаусаған кәрі кемпірге обал емес пе? Жарымжан, салбөксе ұлыма обал емес пе? Қоржының тоқ па?
  • Қайдан, аға?
  • Онда не дейсің маған? Бітеді ертең ана шешеңнің ерітіп ерінімізге жағып отырған тоң майы, не жемексің? Ау, қатынқұмар зәнталақау, мен Құдайдан ақ өлім тілеп зарлап отырған жоқпын ба? Сасып, жолда домалап қалсын дейсің бе бізді? Оу, қатынқұмар ит-ау, анда да әр үйдің босағасына сарып, ірге түртіп, жан шыдатпаушы едің, ендігің не...
  • Үй, мен не қылдым?
  • Не қылмадың сен...

     Сөнген ошақ басында ошарылып қалған қатын-бала Кәдірбектің зілді дауысын естіп қыбыр ете алмай отыр.

 

                       Он жетінші сурет

 

     Жапан далада қазандай басы қалтақтаған бала отырған қара арбаны ортаға алған бір үйлі жан безіп барады.

 

                        Он сегізінші сурет

 

     Кешқұрым.

     Кейуана шеті жырық тостақтарды тағы да қатарлап қойып жатыр. Кемпір бүгін тостағандардың қатарына бесіншісін тізді. Ауызы түрулі, шөжіп, бұға түскен дорбаға қолын салып жіберіп, шымшып, әр ыдысқа шөкімдеп талқан сала бастады.

     Тостақтар иелеріне қарай таратылды.

     Қыз төмен қарап отыр.

     Қолына тиесілі азығын ұстаған Садырбек кемпірге бір, қызға бір қарайды.

     Кейуана қабағын төмен салып біраз отырды да, Садырбекке қолын созды:

  • Әкел...

     Садырбек тостағын бере қойды.

     Кейуана оған және бір шымшым талқан қосты да, иесіне қайырды. Садырбек қозғалақтап, тостақты қыз екеуінің ортасына қойды.

     Үпән бұрқылдап қайнап жатқан қазанның қақпағын ашты.

 

                        Он тоғызыншы сурет

 

     Садырбек пен Кәдірбек әлдебір өсімдіктің түбін бұрқылдатып қазып жатыр. Тарамдана селдіреген тамырды жұлып алғасын, бір талын ажыратып шайнап көріп, түкіріп тастады да, қолындағысын тастай салды:

  • Ол емес...
  • Ала бер, сала бер дорбаға...

     Садырбек белгісіз тамырды дорбасына салып алды.

     Екеуі түрткенектеп алға жылжи берді.

     Бір кезде тыпырлап аяқ астынан бірнәрсе қашады.

  • Балпақ!
  • Қу, ұста!

     Екеуі тапырақтап тышқанның соңынан қуып жөнеледі. Балпақ та інінен адасып қалған-ау, бұлталақтап ұзақ қашады. Бір дөңнен аса бергенде екеуі серейіп тұрып қалады.

     Етектегі қоржын тамның түтіні аспанға атып тұр еді.

 

                       Жиырмасыншы сурет

 

     Қоржын тамның іші.

     Кішкене дөңгелек жозыны айнала қоршап ұсқындары қашқан Кейуана, Кәдірбек, Үпән, Садырбек, Әннәс және қыз отыр бір-біріне тығылысып. Алдыларына қойған азын-аулақ тамақты сыпырып-сиырып жеп қойған-ау, бос табақша мен тостағандардан өзге ештеңе көрінбейді.

     Үй иесі-ау, киім киісі онша қазаққа келіңкірей бермейтін күйек сақал, қызылшырайлы жасы жер ортасынан асып қалған кісі бір табақ қуырылған бидайды орталарына қойды:

  • Міне, қыздарыңыздың төлеуі... Қайыра келіп қалың мал сұрап жүрмеңіздер...

     Үй иесі кеңкілдеп рабайсыз күлді.

     Кәдірбек те зорлана езу тартты.

     Есіктен сығалаған бір-екі үрпекбастардың төбесі көрінеді. Әйел қолы білінбейді бірақ.

     - Ал???

     Қожайын бұларға қарап қол жайып тұр. Жағалай отырғандардың бәрі қол жайды. Кейуана әлденені күбірлеп, естілер-естілмес қылып айтты да, бетін сипап, белінен босап қалған ұзыншақ дорбасын шығарып, табақ толы бидайды ішіне төңкере салды. Тұрмаққа айналды сосын. Садырбек атып тұрып, кейуананы қолтықтан сүйей қойды. Отырғандар беттерін асығыс-үсігіс сипай салып, жөңкіле орындарынан көтеріліп сыртқа беттеді.

     Қыздан басқа.

     Қыз қалды орынында шошайып.

     Көзі бақырайып.

     Айт десе, үрке жөнелердей, бірақ дәрмені жоқ.

     Сыртта қызыл бет, күйек сақал қожайынның асыға қоштасып жатқаны естіліп тұрды. Арбаның шиқылы жетті құлаққа.

     Қыздың көзіне мөлдіреп жас тұнды.

     Қожайын кірді ішке.

     Соңынан сығалаған үрпек бастардың төбелері тағы көрініп қалды.

     Күйек сақал қожайын бұған тесіле қарап, көзімен ішіп-жеп етекке келіп отырды. Сосын сыртқы шекпеннін шешіп былай тастады. Белбеуін ағытып былай қойды.

     Есіктен үрпекбастар тағы көрінді. Сыбырласып қояды. Күйексақал қызға көзін қадаған күйі айқай салды:

  • Бахтиер!

Есіктен сығалағандардың ересектеуі бері аттады:

  • Німа булды, дада?
  • Етектен отын теріп келіңдерші?
  • Таңертең әкеліп қойғанбыз, дада?
  • Тағы әкел!
  • Ой... Неге?
  • Әкеліңдер тағы! Бол!
  • Қазір...

     Бала шығып кетеді. Ар жақта бәрін жиып, бұйыра сөйлеп алып бара жатқаны білінеді.

     Күйек сақал қызға сұқ көзін қадаған күйі орынынан тұрып ауын босатты.  Тапшанға тізерлеп шығып, сынық сүйем жылжыды да қызды бас салды.

     Манадан көзіне жас толып, сұрланып отырған қыз дайындықсыз емес екен, шалт қимылмен артына жасырып отырған құмғанын жарқ еткізіп мұның маңдайынан бір тартты. Күйек сақал ынқ еткен ерсі дыбыс шығарып, қыздың сол иығын сүре етпетінен құлап, қимылсыз қалды.

     Қыз орынынан атып тұрды да, сыртқа атылды.

 

                       Жиырма бірінші сурет

 

     Қыр астында қара арбаны қоршалап, екпіндете желдіріп бара жатқан бір үйлі жан қыр соңдарынан қылтиып қыз шыға келгенде таң қалғандарын жүздерінен аңғармау мүмкін емес еді.

     Алғаш болып байқаған бала езуі жайылып күліп қоя берді:

  • Ұлбике тәте...

     Үнсіздік пен ыңғайсыздықты кейуананың қарлығыңқы дауысы бұзды:

  • Қашаған қашар секілді селтиіп тұрысын... Әкеңнің аузынассейін...

     Бәрі бұрылып жүре берісті. Жүрістерін жылдамдатты.

     Қыз соңдарынан ерді. Жақындап бармады бірақ.

     Сарттың үйінен жеген аухат бойларына, қызды сатып белдеріне байлаған бидай белдеріне қызу берген топ, қуаттары бар кезде жер апшысын қуырып қалмақ. Қоян бүлкектен сар желіске салды. Қара жолдың бойында қиқалақтап келе жатқан арбаның қос жетегі қос еркектің қолтығында. Үстінде Әннәс пен кемпір, арбадан ұстап Үпән елпелектеп келеді.

     Олардан қалмай қыз барады жалаулап.

 

                       Жиырма екінші сурет

 

     Жол бойында әлде бір ерте заманда, әлде бір құрылыстың іргесі болған, бүгінде құлап, мүжіліп қаңқасы қалған аласа қыш дуал тұр.

     Кешқұрым.

     Дуал қалқасында қара арба жетегімен жер сүзіп қаңтарылып тұр. Бәрі бей--жай бір күйге түскен.

     Қос еркек дуалға бастарын тіреп сұлап жатыр.

     Олардың аяқ тұстарында кемпір дамылдаған.

     Арбаның түбінде ұлын қасына алған Үпән жаулығын сыпырып жіберіп, білтеленген қара шашы дудырап, күнге жүзін қаратып, қимылсыз мелшиеді.

Маужырап отыр дегенге жуыспайды бірақ. Ауық-ауық тұтасқан шаштарының арасына саусақтарын салып жіберіп, көпсітіп-көпсітіп қояды.

     Кәдірбек әрі аунап, басын бүркеп алды. Сосын бері аударылды. Бетін тыжырайтып айқай салды:

  • Садырбек!

     Садырбек елеусіретіп көзін ашты.

  • Садырбек!!!

     Кәдірбектің дауысы қаттырақ, ызалы шықты.

  • Ананы жел жақтан былай сүйреп тасташы!
  • Бүркеніп жатсаңызшы?
  • Болшы, тез... Тұншығып өлдім...

     Садырбек созалаңдай еріне тұрып, шөп-шалам жабысқан, шаң-шаң, ақжағал арқасы ағараңдап аулақта дөңкиіп жатқандарға тақап барды. Адам мүрделері болса керек, бұл бір жеңімен мұрынын басып, екінші қолымен балағынан алып тартып көріп еді, қозғай алмады. Сосын қос қолдай сүреп, шаңды бұрқыратып біраз жерге апарып тастады.

     Үсті-басын қаққыштап орынына келді де, жантайып көзін жұмды.

     Садырбек қайыра көзін ашып алды. Алақтап жан-жағына қарады. Іздеген адамы көзіне түспеді-ау, сүйретіліп орынынан тұрды да, дуалды айналды.

     Дуалдың артында екі тізесін құшақтап қыз отырған.

     Садырбек келіп дәл қарсы алдына жайғасты. Көзімен тінткілеп шарлай бастады. Қыз арқасын берді. Садырбек құйрығымен жылжып, қайыра алдына шықты. Қолын оған-бұған жіберіп қызды мазалай бастады. Қыз жақтырмай, суық көзғарасымен жайқай, қолымен итере қарсыласып жатыр. Садырбек орынынан тұрып, қызды қолынан алып тартты. Аулаққа – тасалау жерге алып кетпек. Қыз тырмысып, жігіттің білезігінен ұрғылады. Садырбек қызды тастап жіберді. Қыз арқасымен дуалға оңбай соғылып, ішіне еніп кетердей бүрісті. Жігіттің көзіндегі құмарлық оты енді жек көру, ызбарға ауысты. Қызды жирене жұлқып, жаққа тартып-тартып жіберді. Қыздың дыбысы шықпады.

     Садырбек дуал айналып жөніне кетті.

     Қыз етек-жеңін жинап, дұрысталып отырды.

 

                    Жиырма үшінші сурет

 

     Ешкінің жаялықтай қара тулағының үстінде екі көзі бақырайып отырған бала қыңқылдайды:

  • Апа... бидай берші...

     Күнге бетін беріп мүлгіген Үпән үндемейді, қасы дір етеді бірақ.

  • Апо-оу...
  • ...
  • Апа... бидай...
  • Не дейсің құлыным...

     Біліп тұр ғой, естіп тұр ғой, жорта сұрайды бірақ.

  • Апа, бидай берші?
  • Кешке дейін шыдашы... Қазан көтереміз кешке...

     Жарымжан, салбөксе ұл шарадай көзіне жас толып, кемсеңдеп жылайды:

     - Шыдай алмаймын... Берші... Құдай-ай... мен неге баяғыда өліп қалмадым екен...

     Басқа сөзіне шыдар бейшара ана, мына сөзіне шыдай алмас... Қаршадай баланың үлкен кісіше қарғанғаны жанына батып-ақ кетті.

     Үпән еңбектеп кейуананың қасына барды.

     Күбірлесті әлдене деп.

     Кейуана қарсыласқандай болды.

     Сосын жібіді.

     Беліне ораған дорбадан тостағанға қуырылған бидай салып берді.

     Сосын тостағанды алып бері беттеген Үпәннің соңынан қарлығыңқы әлсіз дауысымен айқай салды:

     - Әй, тулаққа шашып бер, бірден асап, бастырылып қалмасын...

     Үпән езуін жаланып, байлаулы күшіктей жұлқынып отырған баланың тақымына қарай тостағандағы дәндерін шашып жіберді.

     Бала төңкеріліп қалардай бүгіліп, астына басқан ешкінің тулағының ұйысқан қылдарының арасын таралай саусағын жүгіртіп, дән теріп, шоқынып кетті.

     Дуалдың арғы шетінде қарақшы секілді қалқайып тұрған Садырбек ақырын басып, домалаңдап жатқан салбөксе, шардаққарын баланың қасына келді.

     Бала бұған аларып бір қарады да, жонын беріп күжірейіп отырды.

     - Әннәс...

     Садырбек дауысын барынша жұмсақ шығаруға тырысты. Өзі жұтынып қойып, тіпті тақау келді. Баланың азғантай бидайына таласа кетердей, жармаса кетердей тіпті. Бала бұған бір қарады да, шоқына берді. Дәнмен қоса қыл қыбыр да кетіп жатыр ауызына.

  • Әннәс, сен тауықты білесің бе?
  • Қандай?
  • Ана «қотырсайда» Жалбағайдың үйінде бар еді ғой?
  • Ия?
  • Мен...сол тауықпын. Сен – Жалбағайсың...Байсың... Иемсің менің... Қане, маған бір дән тасташы? Мен – тауықпын...

     Бала түк түсінбей бұған қарап қалыпты. Езуіне күлкі үйірілгендей бір сәт. Тауық секілді шүмиіп, бүкшиіп отырған Садырбектің қылығын қызық көрді ме екен? Алдын сипалап отырып бір дән алды да, бұған лақтырып қалды. Топыраққа келіп түскен жалғыз тал дәнді Садырбек шоқалақтап барып шоқып алды да, бұған қарап тағы қыт-қыттады. Езуі жайылып, мәз болған бала, өзінің аузына бір-екеуін ытқытып жібергесін бұған тағы тастады. Бұл қыт-қыттап барып шоқып алады да, балаға қарап тағы дәметеді.

     Бала енді үш-төрт дәнді алақанына жиып алып, бұған молырақ шашты.

     Садырбек қанатын қағып, қыт-қыттап үйірілді де қалды.

     Бала мәз.Ыржиып күледі. Күлкісі қызық. Әдемі. Сұрқай әлемге әр бергендей. Сұмдықты серпіп тастағандай.

  • Өй, әкеңнің аузынассейін!!!

     Арқаға тиген таяқтан Садырбек қиқаң етіп, аунап түсті. Кемпір тағы ұруға ыңғайлана бергенде, Садырбек және аунап тұрып кетті.

     Кейуана бүкшиіп тұр:

  • Қараңғалғыр, қашан адам боласың, ә? Өй, әкеңаузынассейін, ұқсамасаң тумағыр...

Садырбек тас тиген бұралқы иттей маңып былай кетті.

 

                       Жиырма төтінші сурет

 

     Түн.

     Ошақтың оты сөніп қалған әлдеқашан. Қалың қурайдың күлі жел соғып, самал ессе ғана қып-қызыл боп қоздап, заматта сөне қалады.

     Бәрі ұйқыда.

     Садырбек ояу жатыр. Көзі бақырайып, басын әлсін-әлсін көтеріп, ошақ басында бей-берекет жамсап жатқандарға қарағыштап қояды.

     Орынынан тұрып отырды. Сыбысын білдірмей еңбектеп, кемпірдің маңына барды. Қолын әзер созып, кемпірдің жастанып жатқан бүктеулі ішігінің астына өте сақтықпен, демін ішіне тарта қолын жүгіртті де, еппен әлденені суырып алды.

     Баяғы дорба. Ұзыншақ дорба. Бүктелген, бауыры семген.

     Садырбек ақырын көтеріліп, жан-жағына алақтап қарап алып, қараңғылыққа сіңіп жоғалды.

 

                       Жиырма бесінші сурет

 

     Кәдірбек арбаны әзер тартып келеді. Өр. Жалаңаштанып ашылып қалған өңірінен сойдақтала жүрген тердің кір іздері байқалады. Арба үстінде баяғы ұлы мен шешесі. Шешесі әбден қажыған, ауыр жолға шыдай алмай келеді.

     Үпән мен қыз арбаның артынан әлсіз демеп келеді.Бұлардан да күш қайтқан. Қап-қара болып түнеріп алған бәрі.

  • Атаңанәлет... Иттің баласы...

     Кәдірбек зорлана, тісінің арасынан сыздықтата, кәрлене айтты. Талғажу етер аз ғана азықтарын ұрлап айдалаға безіп кеткен Садырбекті бәрі де іштей сыбап  келе жатқан сыңалы.

  • Кәдірбек, тоқташы, құлыным...

     Онсыз да әлі құрып келе жатқан Кәдірбек кілт кідіріп, артына бұрылды. Кейуана кемсеңдеді, сосын, тосын қатуланып алды.

  • Тоқташы, құлыным... Мені түсірші...
  • Не болды?

     Кәдірбек арбаның жетегін жерге қойды да, шешесін демеп, жерге түсірді. Кейуана:

  • Ана жерге көрпе төсе де, отырғыз мені...            

     Үпән жол жиегіне құрақ көрпені екі бүктеп төседі.Кәдірбек кемпірді отырғызды.

     Осы кезде қарсы алдыларынан қызылды жасылды жасау жүгі  көзді арбаған аппақ түйе көрінді. Бұларға маңғаз қарап тұрды да, ары кетті. Кәдірбек асықты. Кемпір:

  • Ал, жолдарың болсын, бара беріңдер...

Кәдірбек осқырынды:

  • Не дейді?

Сөйтті де ай-шайға қарамай кемпірді арбаға атып ұрып, дертені қолтығына қысты да, жасаулы түйе батқан жаққа  тырмысып жүріп кетті.

Кемпір ауып түсіп қалды.

Бұл барып тағы атып ұрды кемпірді арбаға. Үндемейді. Ырылдаған, ысылдаған дыбыс шығарады біртүрлі.

Кемпір тағы ауып түсті. Бұл жолы оңбай құлады. Серейген аяқ қолын жаза алмай сұлап жатыр.

Бәрі жалт қарасқан.

     Кәдірбек арбаның жетегін тастай беріп, қайырылып кейуанаға қарай жалғыз қадам басқан. Сосын кілт бұрылды. Теріс қараған күйі еңкейіп, жерден арбаның дертесін алды да қолтығына қысты. Мойын тамыры білеуленіп, күшене тартып жүріп кетті. Ешкімге бұйырып, жүріңдер деген жоқ. Басқалары да жалтақ-жалтақ артына қарайлай соңынан ерді.

     Айдалада тарбиып кемпір қалып бара жатты.

 

                     Жиырма алтыншы сурет

 

     Тағы да түн.

     Ортада қазан қайнап, от маздап жанып жатыр.

     Кәдірбек, Әннәс, Үпән және қыз әр жеріне қылдары оймалана жабысқан бозтарғыл әлденені кергілеп, бөліп алып жатты. Порымы баланың астына салып жүрген тулақтың жұрнағына келеді. 

     Түр сықпыты мүлдем өзгерген бәрінің. Көздері жайнап, қолдарындағыларын асығыс-үсігіс жұлқылап жатыр.     Анда- санда бұйырған, зекіген сияқты нұқыл шолақ сөз, шолақ жауаптар. Ыс-ыс, пыс-пыс еткен дыбыстар ғана күшейе түкендей.

     От сөніп барады.

     Қазанның буы да бәсеңсіген.

 

                      Жиырма жетінші сурет

 

     Таң.

     Бұлар жолда. Дөңге көтеріліп келеді. Әл дәрмені сарқылуға айналған бәрінің. Арбаның қос жетегін қолтығына мықтап қысқан Кәдірбек басы жерге тиердей, бар күшін салып, шірене тартып келеді. Соңында арбаны иығымен тіреп тырбаңдаған екі әйелді, болмаса, өзін жігерлендіргісі келе ме, «тарт», «тарт» деп ышқына айқайлап қояды. Жоқ, әлде, ішін бұрап, жан дүниесін шырғаға салып қинаған аштықты үркітіп келе ме екен сабаз.

     Бұлар зордың күшімен дөңнің басына шыққанда, әдемі сурет алдарынан алақайлап, самсап шашылып түсті.

     Қара жол тынып ағып жатқан мол суды жағалап оңға кетеді екен де, сол бүйірде қос шағаладай аппақ шошақ үй қоныс теуіпті. Бітімі бөлек, сәулеті басқа. Қазақтың жапсарластыра салатын қоржын тамына мүлдем келіңкіремейді. Төбесін шөппен бе, қамыспен бе, әйтеуір етегін төгілте шатырлаған. Айналасы бағандарға сырғауылдарды көлденең байлап, қоршалған. Бағандарда төңкеріле ілінген ыдыстар да байқалады.

     Бұлардың көздері шырадай жанды.

     Кәдірбек дем жетпей қалғандай көзі бақырая алақтап тұрды да, ай-шай жоқ, әлгі үйлерді бетке алып жүгіре жөнелді.

     Андағайлап қос әйел де салды төмен.

     Жетегі жер шаншып, шойырылып қалған қара арбаның үстінде ештеңеге түсінбей, көзі бақырайып бала қалды. Ұмытып кетпесін де біледі бұл. Олжалы болса, мол азыққа кенелсе, бұған әкелер тасып.

     Алдынан нағашысының ауылы шыққандай жүгіріп бара жатқан Кәдірбектің аяғының астын бұрқ еткізіп мылтық атылды. Дауысы айналаны жаңғыртты. Шошып кеткен Кәдірбек бір аунап, басын бүркеп жата қалды. Арт жағында екі өкпелерін қолдарына ұстап алқынған екі әйел де жалп-жалп құлап тынып қалды.

     Кәдірбек ақырын басын көтерді.

     Шеткі үйдің тұсынан күжірейіп, жирен шаштары малақайларын көтеріп орыстың екі мұжығы шығып тұр. Қастарында бірді екілі жас балалары да бар. Бірінің дөңгелете қырққан сақалы бар. Ар жақтан етегі жер сызған әйел де көрінді.

     Әлдене деп доңайбат көрсетеді. Айқайлайды. Ұрысады. Келістіріп боқтап та жатыр-ау сірә... Оларға ар жағынан сары мәтірешке жаман дауысмен шәңкілдеп қосылады.

     Бұлар олардың не айтып тұрғанын толық шамалай алмай орындарынан теңселіп тұра бергенде, жастау мұжық көкке шошайтып және мылтық атты.

     Бұлар шоршып түсті.

     Тұра сала зытты арбаға қарай.

     Арбаға жете бере дертені апыл- ғұпыл қолдарына алып, екі әйел бір жетекті, Кәдірбек біреуін меншіктеп, қара жолды қуалап еңіске домалап берді.

 

                        Жиырма сегізінші сурет

 

     Кешқұрым.

     Қара арбаны доғарып қойып бәрі сұлап түсіп жатыр.

     Шошайып отырған бала ғана, әлсіз қыңқылдайды. Қыңқылдайды емес, ыңылдайды. Ия, құлақ шағардай күші жоқ, бірақ зар мен аза тартқандай бір бәле күй.

     Үпән басын көтеріп, жамбасымен жылжып күйеуіне тақады. Қолын беліне салып әлсіз басты:

  • Кәдірбек? Кәдірбек?
  • Не болды?
  • Жаңағы үйге қайта барайық та...
  • Не дейд?
  • Бірдеңе болса, алып келейік?
  • ...
  • Білдірмей, баспалап барамыз ғой? Иті жоқ көрінді ғой?

     Кәдірбек басын көтерместен ойланып жатыр.

     Үпән:

  • Онда мен барып келем?
  • Кім?
  • Мен... Барып келейін...

     Кәдірбек  үндемеді.

     Үпән орынынан тұрды. Сүйретіліп қыр асып жоғалды.

     Айналаны қараңғылық бүркей бастаған.

     Бала бір қырындай сұлап түсті. Көзінен батқан күннің шапағы сығалайды.

     Аспанда ай жүзді бір кезде.

     Даланың іңір дыбысына байланып бұралып жатқан бұларды дір еткізіп алыстан мылтықтың дауысы естілді.

     Кәдірбек пен қыз бастарын жұлқып алып, көтеріліп отырды.

     Бір қырындай жатқан баланың көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.

 

                     Жиырма тоғызыншы сурет

 

     Қара арбаны қоршалаған енді үшеуі ғана. Бала былғаңдаған қауғадай басын әрең бағындырып арбаның үстінде отыр. Тастақ жолда шоқалақтап келе жатқан арбаның жетегінде Кәдірбек жалғыз. Қыз артынан демеп келеді.Өзі де шайқалақтап кетеді, ондай кезде қара арба бұған демеу.

     Кәдірбекте әл жоқ, бірақ алапат бір жігер бар. Жігер емес... Жігерден гөрі асығуға келіңкірейді... Кездейсоқ олжаға деген асығу... әйтеуір, жақ еті шақпақтанып, мойыны тарамыстана күшеніп алға жылжиды. Жүрісі өнер емес бірақ. Алға басқан аяқтары бүртік тасқа тайып, артқа кетіп,  талабы құм болып келеді.

     Бір сәтте Кәдірбек кілт кідірді де, дертені тастап жіберді. Арбаның үстінде бұлғақтап қамсыз отырған бала қап секілді былқ етіп, Кәдірбектің аяғының астына домалап түсті.

     Артына қараған Кәдірбек үстіне қарқарадай етіп жүк артқан қызылды жасылды жашақтары төгілген әдемі кілем жабылған сол баяғы аппақ  түйені көрді. Түйе маңғаз қарап күйіс  қайырады. Көзді арбайды.

     Кәдірбек тәлтіректей түйеге бет алды. Жүгірді.

     Қырға қарап бос далақтаған Кәдірбек ғайып түйеге жете алмасын біліп, баланың қасына қайтып келді.

     Теріс қарап қолын қойнына жүгіртіп, мүйіз сапты бәкісін алды да шаппасын жазды. Сәл тыныстап, балаға бұрылды.

Қыз шар ете қалды:

  • Тимеңізші, аға?

     Кәдірбек енді қызға назар аударды. Сосын пышағын сығымдай ұстап қызға қарай жүрді. Көзі шарасынан шыға шошыған қыз қара арбаны айналып ығына ойысты.

     Кәдірбек соңынан салды.

     Қыз жетегіне жеткенде кілт еңкейді де, тырбаңдап жатқан, құр сүлдері қалған баланы көтеріп алып, безіп жөнелді еңіске.

     Қанша қу сүйегі қалса да, нәзік қыз сойталдай баланы көтеріп қанша жүгірсін, сүрініп бір құлап алған соң, теректей еркектен қашып құтылмасын сезіп, баланы тастай үрікті.

     Кәдірбек ұлына жемітігін қолға түсіргендей төніп келді де, әлденеге әлі де тәуекелі жетпегендей тұрып қалды бір сәт.

     Жүгіріп барып қайырылған қыз және шар ете қалды.

  • Тоқтай тұрыңызшы, аға?

     Кәдірбек қызға қарады. Қыз:

  • Аға, ағатай? Тоқтай тұрыңызшы... Мен ана қырдан асып кеткенше тимеңізші?

     Бала жатыр тырбаңдап.

     Кәдірбек тұр төніп.

     Қыз жалт бұрылып жүгіре жөнелді. Артына қарамай қырдан асып кеткенше асықты.

    

                        Отызыншы сурет

 

     Қыз бір белден екінші белге асқанша асығып құстай ұшып барады.

     Қырдан ары аттай бере қыз тұрды да қалды.

     Қыздың дәл алдында мүйіздері ілінісіп, сілкілесе сілкілесе сілесі қатқан еліктің екі текесі жатқан еді. Бірі тізерлеп сауыры дөңкиіп тұр да, екіншісі жатыр сұлап. Көзі төңкеріліп алаяды.

     Қыз тұрып-тұрып кері салды.

     Қыз жан ұшыра кері жүгірді. Айқайлап келеді:

  • Аға! Ағаа! Анда екі елік жатыр, балаға тиіспеңізші?

     Алда және бір қыр бар. Жеткізсеші шіркін. Қанат байлап берсеші Жаратқан?

  • Ағааа! Ағааа! Тоқтаңызшы! Анда елік! Екі елік! Үлкен елік, аға?

     Қыз жанын сала жүгіріп келесі қырға да иек артты:

  • Аға, тоқтаңызшы... Балаға тимеңізші? Құдайай, Жасаған-ай!

     Екіленіп, тырмысып, келесі қырды асқан қыз селтиіп тұрды да қалды.

     Кәдірбек  жатыр етпетінен.

     Қасында имиіп бала отыр. Мұны көріп, кемсеңдеп жылап қоя берді.

     Қыз абайлап барып қимылсыз серейіп жатқан еркекті жамбасына аударды.

     Дәл  жүрек тұсына қадалған кездіктің мүйіз сабы селтиіп тұр.

     Қыз қасына тізерлеп отырды да, бәкіні жұлқи  суырып алды.

 

                        Отыз бірінші сурет

 

     Ұшы қиыры таусылмастай жол. Адамның сілікпесін шығарып, үмітін сарыққан жол.

     Қыз енді арбаны жалғыз сүйреп келеді.

     Арба үстіндегі бала қос қолдай аралық жақтау ағашқа жармасып алған. Бойын билей алмай шайқалақтап кетсе де, жатып қалғысы келмейді. Санасын сақтап, жанын жаңғыртқысы келгендей, сәл босаңсыса, мәңгілік ұйықтап кетердей жағы сембей былдырлап сөйлеп келеді. Тәлтіректей арба сүйреген қызға бағыттап тіл қатса ғана барынша жинақы, ұғынықты шығады дауысы:

  • Тәте...Тәте...
  • Әу, Әннәс?
  • ...
  • Айтсаңшы енді?
  • Қытай қай жақта?

     Қыз алдыға иегін шошайтады:

  • Ана жақта...
  • Ол жақ жақсы ма?
  • Жақсы... Сол себепті де кетіп барамыз ғой...

     Бала сәл үнсіз қалады. Сосын:

  • Ол жақта... көп тамақ бар ма?
  • Көп тамақ бар...
  • Тәте?
  • Әу?
  • Демалайықшы...

     Қыз сүрініп кетті де, жетекті қолынан түсіріп алды. Есіл дерті баланы жерге құлатып алмау болып, құшақтай жығылды оны.

     Қыз жөнделіп, баланы алдына алып отырды.

     Бала көзі жаудырап қызға қарады:

  • Тәте, менің қарыным қатты ашты... Өлетін шығармын...

     Қыз баланың бетіне бажайлай қарады:

  • Өлмейсің!

     Сенімді айтты. Сосын кеудесін жалаңаштап, анарын баланың аузына салды.

     Иен түзде сойталдай баланы кеудесімен қоректендіріп қаршадай қыз отыр бүкшиіп...    

 

                        Отыз екінші сурет

 

     Қара жол бері төгілген жайдақ төбенің үстінде қыз арба сүйреп келеді. Бір кезде қыз жата қалып, жерге құлағын төсеп тың тыңдады. Сосын тұрып арбаның дертесіне жармасты.

     Бала тыңайып қалғандай көрінеді. Жамбастап жатып, көрпенің астынан кішкене баяғы күміс қоңырауды суырды. Қоңырау сыңғыр етіп қуанғандай болды.

     Қыз тырысты. Қыз тырмысты. Шірене тартты. Арбаның жүрісі ширай бастағандай... Қыз одан сайын екіленді. Сәл жүріп, еңіске ілінген соң арбаның жүгі жеңілдеп, қыз тоқтап, денесін тіктеп сәл тыныс алды. Басын көтеріп, алдына көз жіберген қыздың жүзінде таңданыс пен қуаныш белгісі пайда болды.

     Еңісте темір жол созылып жатыр еді.

     Алыстан түтіні будақтап, соңына қызыл матамен әлеміштенген екі вагонын тіркеген паравоз екілене ақайлап келе жатыр!

     Жүрегі жарыла қуанған қыз бар күшін жиып алға шірене ұмтылып еді, арба қызды соңынан түртіп, итеріп алып кетті.

     -Жолдас, Галөшөкін! Жолдас Гәлөшөкін!

     Қыз бар дауысымен шырылдай ақалап келеді:

     -Жолдас Гәлөшөкін, біз мындамыз! Жолдас Гәлөшөкін!!!

     Арбалы қыз дедектеп келеді. Бала шап беріп жақтау ағаштан ұстап, биіктеніп алды. Бір қолына қоңырауын желкесіндегі жұрнағынан ұстап алған.Қоңырау тынымсыз шылдырайды.

     Темір жолдың бойына бұлар бұрын жетті. Паровоз ысылдай ысқырынып жақынындап келді сол кезде. Қызыл матаға ақ бояумен ақындай жазылған айбарлы ұрандары көзге ұрған вагонның есігіне, құйрығына орналасып алған қарулы әскери адамдар қалшиып тұр. Арбалы жалбыр қызға үдірейе, үрке қарасатындай бәрі.

     -Жолдас Гәлөшөкін!

     Паровоз арқырап өте берді тұстарынан.

     Қыз арбаның дертесін тастай салып, пойыздың соңынан жалбырай қуды енді.

     -Жолдас Гәлөшөкін!Жолдас Гәлөшөкін!

     Тарс еткен мылтық дауысы естілді.

     Қыз қалшиып қатты да қалды.

     Шыққан күнді бетке алып, алаулап атқан таңның құшағына қызыл паравоз қоңыраулатып жұтылып бара жатты...

     Қоңырау соғып тұрған - Әннәс.

 

                         СОҢЫ  

 

 

 

 

 

 

                         

     

 

 

 

 

 

 

  

 

  

 

 

          

 

 

 

         

 

            

 

 

 

 

 

 

 

  

 

 

       

 

Қазақ тілінде жазылған