Талақ
толықметражды көркем фильмнің әдеби сценарийі
Бейімбет Майлиннің «Талақ», «Әже» әңгімелерінің негізінде
Бірінші сурет
Дала. Түтіні сирексіп, шашырай қонған ауылдың қақ ортасына киіз үйдің қос керегесін жаза түсіп, қалқайтып қойыпты. Оны етегі іріген құрым киізбен бүркемелеген. Ішін кәдімгі тұрмыстағы заттармен безендірген. Арқада кебеже қарауытады. Оның үстіне қаттай бірнеше көрпе жиналған. Бір тұстан келі келсабымен шошаяды. Жерге де киіз төселген. Бұл сахна. Кәдімгі дала жастары ойын қоюға ыңғайлаған сәл жабайылау сахна. Сахнаның алдында жерге жалп-жалп отырыса кеткен бір қауым көрермен жиналған. Бала бар, шаға бар. Атқа қиқая отырып тамашалаушылар да бар. Бәрі мәз. Көңілді.
Сахнада қойылым жүріп жатыр. Ортада сәлдесі дағарадай, арық шал отыр. Қасында жүрелеп, ақ жаулықты әйел баласы, әлденеге сауға сұрағандай райда. Сәлдесі дағарадай арық шал молда болуы керек, таспиығын сыртылдата тартып, сартылдата сөйлейді:
- Жә, жүзіқара! Олай деме, тозақы неме? Әйел қайдан жаралды? Әйел қайдан жаралды, байы... а, жоқ еркектің қабырғасынан жаралды. Әйел заты еркекке тік қарамау керек! Тік қарап сөйлемеуі керек!
Осы жерде молда әртісіміз жаңылды-ау, өтірік жұтынып біраз үзіліс жасады. Артқы жақтан сыбыр естілді:
- «Жұмақ әйел адамның аяғының астында» деген...
Молдекең-әртіс іліп алып кетті:
- «Жұмақ әйелдің аяғының астында» деген... Басыңды жоғары көтерме, аяғыңның астына қара! Аяғыңның астына қара! Адасып қаларсың жұмақтан...
Екінші сурет
Сахнаның артында да қарбалас. Екі жігіт әйел киімін дайындап тұр:
- Әй, Сарымсақ, болсаңшы енді, молда сөзін аяқтап қалды...
Қарағылықта біреу пысылдап, домаланып шешініп жатыр:
- Соза тұрсын...
- Өй, қайда созады енді, бір сөзін екі қайтара айтып жатыр...
- Қазір...
Екі жігіттің тұсына көйлек-дамбалшаң жетіп келген Сарымсаққа әйелдің киімін ыңғайлай берді:
- Мә, мынаны бірінші ки...
Еңкейіп, көйлекті аяғының астына тастай берген екіншісі тыжырынды:
- Немене, теке сасып кеткенсің бе... Тфуй, пәлекет...
- Кетші-ей, өзің шығарсың теке сасып тұрған...
Үшінші сурет
Сахнада көрініс жалғасып жатыр. Молда қаһарлы. Апалақтап жан-жағына қаранады:
- Ай, қатын, сенің бойыңды жын буып алған екен. Бұл жаман, жаман. Оны қақпаса болмайды екен. Миыңнан өтіп, жүрегіңе түспей тұрғанда, дүрелеп алайын... Дүрелеп алам қазір... Дүрелеймін қазір...
Молдекең камшысын іздеп жүр-ау, сахнаны айналып жүр:
- Қазір дүрелеймін... Қамшы... Мында қойып ем... Қамшымды кім алды-ей...
Молдакең қамшысын іздеп сахнаның артына кетті. Ал, әйел бәріне бейіл- ау, бүк түсіп, жотасын тосып жатыр.
Көрермендер сілтідей тынған. Тек кір жаулығы милығына қисайған Ажар атты ұста Сәлімгерейдің әйелі тықыршып кетті:
- Қашсаңшы, жазған-ау? Жата бересің бе солай? Өлтіреді ғой қазір?
Оның қасында бала емізіп, кішкене жалбыр шаш қызын арғы бүйіріне алып отырған Зылиха жақтырмай қарады. Зылиха - сахна сыртында әйел «образын сомдамақшы» Сарымсақтың әйелі.
Төртінші сурет
Сахнаның сыртына молдекең шықты. Екі жігіт Сарымсақты киіндіріп болып қалған, енді бет жүзін ретке келтірісіп жібермек. Қасы-көзін күйелеп жатыр. Молдекең алқын-жұлқын:
- Әй, қамшыны қайсысың алдың?
- Әне жатыр.
- Әкелеріңнің басы бар ма онда? Қойған жерден неге аласыңдар?
Молдекең қамшысын іле кері салды. Екі жігіттің бірі екіншісіне:
- Ана қызыл жосаны алып беріп жіберші,- деді.
Сарымсақ шошиды:
- Оны не қылмақшысың?
- Бетіңді дұрыстайық та...
- Қайтіп?
- Ұшын бояп қояйық, қызартып...
- Кетіңдерші-ей, не қылып жібердіңдер сендер...
Бесінші сурет
Сахнада молдекең шабынып жүр. Көзі ақиып кеткен. Келе қамшысымен киіздің шаңын бұрқ еткізіп салып қалды. Көрермендердің арасында отырған Ажар «ойбай, көтек» деп баж етті. Молдекең енді қамшысымен әйелін осып қалғанда Ажардың дауысы тіпті үдеп кеткен еді:
- Ойбай! Қашсаңшы-ей, ойбай!
Көрермендер енді қозғалақтасып, толқып, Ажарға қарасты:
- Әй, өшіріңдерші ана қатынның үнін!
- Ауызын жабыңдаршы?
- Бір емес, екі емес... Неге миына кірмейтін қатын?
- Сәлімгерей қайда жүр өзі?
- Міне, отыр...
- Әй, қой десеңші қатыныңа...
Бір бұрыштан Сәлімгерей көтерілді қорбиып:
- Не боп қалды?
- Қой де қатыныңа?
Сәлімгерей алды жақта отырған қатынына қарап ақсиды:
- Әй, қатын қойсаңшы?
Ортадан бір пысық қыстырылды:
- Қойсаңшы дейді ғой? Барып түймейсің бе желкесінен!
Осы жерде жаулығы қисайып жапақ-жапақ қарап отырған Ажар атылсын:
- Түймейсің бе желкесінен дейді ғой? Өзіңнің әйеліңді ұр бар! Менде нең бар? О, ұры ит құсап сүмеңдеген бейшара...
- Не дейт?
Енді ұры итіміз көтерілді:
- Әй, Сәлімгерей? Жабасың ба мына итіңіңнің аузын, жаппайсың ба?
Ажар шаптықты:
- Жаппасам қайтейін деп едің? Аспаныңды тастап жіберейін деп пе едің?
Сәлімгерей тағы көтерілді қорбиып:
- Жаппасам қайтейін деп едің, шабасың ба? Менің қатынымда нең бар ей сенің?
Сахнада жанын салып жанығып жүрген молдакең аңтарылып қалған:
- Әй, біздің ойынды көресіңдер ме, әлде сендердің ойындарыңды көреміз бе? Қойсаңдаршы, болды?
Молдекеңді қыстырған ешкім болмады. Көрермендер ортасында ұрыс-керіс басталып кетті. Екі еркек бір-біріне тұра ұмтылысты. Жұрт ажыратысып жатыр. Бір тұстан Ажар да шабалаңдап қояр емес. Әртістер ойынын қойып, иіріліп қалған.
Алтыншы сурет
Бір кезде етектен «Хуатит!» деген барқыраған дауыс естілді. Бәрі жалт қарасты. Үстіне кител, басына кәзірке киген уәкіл тұр екен. Оның қасында қоразданып қылышы салаңдаған болыстық мілиса Құрымбай мен ауылнай Кебекбай қалқияды. Кебекбайдың қолтығына қысқан томардай бірдемесі қызарады. Айқайлаған да сол Кебекбай секілді:
- Не болды сендерге даланы бастарыңа көтеріп? Қойыңдар, болды!
Ажар тағы сүйреңдей кетті:
- Қайнаға! Уәкіл жолдас! Айналайын, Құрымбай млиса қайным! Мына Шыбықбай мені ұрмақшы! Не, ұратын ол менің байым ба еді?
- Әй, мен сені қашан ұрам дедім?
Шыбықбай ышқынып жатыр бір жақтан. Уәкіл қолын көтерді:
- Жолдастар... Бұл безабразия... Бұл безабразия... Кеше ғана партияның оныншы сиезін өткіздік. Жақсы-жақсы сөз айттық. Қаулы қабылдадық. А? Қатын... тойыс, әйел жолдасты ұрды деген не сөз? Әйел ұрды деген не сөз?
- Кім ұрыпты, жолдас уәкіл?
- Молшат!- деді Кебекбай. Шыбықбай төмен қарады. Уәкіл сөзін жалғады:
- Әйел жолдастарды ұрды деген сөз - ол статия, жолдастар? Осыны ұғыңыздар? Әйел теңдігі әлдеқашан орнаған жолдастар? Әйелге бостандық берілген, жолдастар! Ол істеймін дегенін істейді, кімге тиемін десе, соған тиеді. Қайда барам десе, сонда барады. Сендер оған тұсау бола алмайсыңдар, жолдастар, түсіндіңдер ма? Қит еткеніңді мына Құрымбайға тапсырам...
Жұрт тым тырыс. «Түсінген-ау» Шыбықбай шөгіп барады. Уәкіл сөзін жалғады:
- Қит еткеніңді мына Құрымбайға тапсырам. Жақында партияның оныншы сиезін өткіздік, не қаулы қабылдадық? Оның нәтижесі қайда, а? Шулайсыңдар келіп мында... Жұмыс істеу керек! Жұмыс істеу керек! Не ана кеңселеріңнің төбесінде не ұран жоқ, не қызыл ту жоқ? Бұл не масқара! Масқара ғой бұл, а?
Екпіндей сөйлеген уәкіл қолын сүмпиіп тұрған ауылнайға созды. Ауылнай қолтығындағы қобыраған дүиесін уәкілге ұстаттты. Уәкіл қобыраған дүниенің бір қабатын ашты. Қан қызыл мата екен. Уәкіл сөзін жалғады:
- Ертеңнен бастап мына матадан қызыл ту жасалып, ана кеңсенің төбесінде қадалып, желбіреп тұратын болсын. Каншайте контроребалусионнуйу действву!
Уәкіл сөзінің соңын орысшалап-орысшалап жіберді. Бейтаныс сөз араласқасын халық та үндей алмай, үрпиісіп қалды. Уәкіл паңдана шалқайды:
- Сұрақтарың бар ма?
Жұртта үн жоқ. Уәкіл кері бұрылуға айналды:
- Онда тараңдар!
Уәкіл аттай берді де қайырылды:
- Айтпақшы, ана тудан қалған қызыл матаға ұран жазыңдар...
- Мақұл...
Уәкіл жүрмек еді, ауылнай Кебекбай батылдық танытты:
- Байсары Сандыбайыш, мында не болып жатыр еді...
- Не болып жатыр?
- Ойын қойып жатыр еді ауылымыздың камсамолдары?
- А? Ойын? Спектакл де...
- Спектакл...
- Не туралы...
- Әйел теңдігі жөнінде...
- Маладси... Көрейік онда?
- Көрейік...
Үш-төрт жігіт ауылнайдың ым қағуымен уәкілге тамашалайтын жай дайындай бастады. Сахнадан молдекең айқай салды:
- Басынан бастайық па?
Ауылнай аударылып-төңкеріліп отырып жатқан уәкілге әлгі сөзді қайталады:
- Басынан бастайық па?
Уәкіл сасыңқырап қалды:
- А...жжжоқа, уақыт аз оған... Соңғы жағын...
Ауылнай басын шыбындаған атша шұлғып-шұлғып жіберді де, ол сөзді сахнаға жеткізді:
- Соңын қоя беріңдер...
- Қай жерінен сонда?
Енді ауылнай апалақтайды:
- Әй, жақсы жерін қойсаңдаршы... Ана молданың сәлдесінен қатыны көйлек тігем деген жерінен ше...
Сахнадағылар қарбаласқа кірді.
Жетінші сурет
Сахнада ойын басталып кеткен. Молда жүрелеп отыр. Бет ауызы қызыл ала келіншек (бұл Сарымсақ қой) молданы алшаң басып айналып жүр:
- Сен дүмшесің! Сен елдің, халықтың қанын сорған бүргесің!
Халықтың арасынан: «қансорғышсың десеңші» деген дауыс естіліп қалады. Келіншек-Сарымсақ «қансорғышсың» деп қосып жібереді. Жұрт ду күледі. Сарымсақ сасыңқырап қалады да, молданың сәлдесіне жармасады. Молданы домалатып, сәлдені жұлып алады да, жазып жіберіп, үстіне көйлек қылып орай қояды:
- Осы уақытқа дейін берген түгің жоқ, ең болмаса, сәлдеңді көйлек қылайын!
Жұрт ду етіп, қол шапалақтап жатыр. Тек Сарымсақтың әйелі Зылиха ғана түнере түскен.
Сегізінші сурет
Кеш үйіріліп қалған. Ойынға жиналған жұрт тарамай қызын жетектеп, ұйықтап қалған ұлын көтеріп сытылып шыға келген Зылихаға қапталдай Шыбықбай қосылды:
- Қайда асықтың жеңеше?
- Үйге да... Ұры ит құсап солаң етіп қайдан шыға келдің?
- Не бәріңнің аузыңа ана жынды Ажар түкіріп қойған ба, иттен басқа сөз айтпай қалыпсыңдар ғой?
- Реті келген соң жай айта салдым... Менікі қалжың...
Шыбықбай ренжулі:
- Ананыкі дұрыс емес қой енді... Бажылдап... Менің ойым халық тыныш отырып ойын көрсе деген ғой... Жала жапқанын айтсаңшы және... уәкілден ұялмай, жұрттан ұялмай...
- Ойй, ренжіме оған... Сен де үндемей-ақ қоюың керек еді, Ажардың қалпын білмеуші ме едің?
-Білем ғой... Не істесе де енді көніп отыра береміз бе... Жалғыз отырғандай тіптен... Ана жаман ұстаға тіл бітіпті-ей...
- Қой, ағаң емес пе?
- Ой, өйткен ағасын...
- Айтпақшы, сен қайда барасың?
- Төменгі ауылға.
- Төменгі ауылға барсаң, ары жүр өсек болады...
- Ой, жеңеше, кім көріп жатыр...
Екеуі сөйлесіп кете барады.
Тоғызыншы сурет
Шыбықбай мен Зылиқа шөже түскен жаман құжыраның алдына келді. Зылиқа бір қолымен баласын қинала көтеріп есігінің шандып байланған жібін шешпек еді, Шыбықбай көмекке ұмтылды. Құрау есік шалқалай ашылды. Қызын алға оздырып, өзі соңынан ұлымен енер болды да қайырылды:
- Ал, рахмет, жақсы...
- Жақсы, жеңеше...
Есік сықырлай қапсырылды. Шыбықбай бес қадым ұзай берді де, қайтып келіп есікті қақты. Ар жақтан Зылиқаның басы көрінді:
- Не болды?
Шыбықбай қипақтайды:
- Жеңеше, бері шықсаңшы?
- Ой, шықпаймын, не болды?
- Бетіңнен сүймеппін...
- Не? Сүйіп жүр ме едің бұрын?
Шыбықбай сұғынып Злиқаның қолыннан шап беріп ұстай алды да, сыртқа сүйреді, Зылиқа ішке тартынады:
- Қағынған жібер-ей... Кет... Кет ары...
Зылиқа есігін жауып алды әйтеуір. Шыбықбай бірдеңені бітіргендей қоқырайып, жөнімен кетті.
Оныншы сурет
Құжыра тамның іші. Жалғыз бөлменің дәл ортасындағы кішкене дөңгелек жозыға шынтақ тіреп Зылиқа шай ішіп отыр. Ашулы. Қарсысында Сарымсақ, ол да мұрынын тартып қойып, түнере шай сораптайды. Кішкене ұл Бақыт төрде ұйықтап жатыр. Бұрышта Сарымсақтың бес жасар қызы Ұлпа қуыршақ ойнап отыр. Зылиқа ашулы:
- Немене, сен бала ма едің? Камсамалдармен бірге ойынға шықпасаң көштен қалып, сыбағаңнан құр қалар ма едің? Үлкен кісісің, балаларыңмен жасты жастармен ыржың-ыржың жүру саған жараса ма?
- Балаларыммен жасты емес...
- Балаларыңмен жасты. Ойыннан қалып, ішің жарылып бара жатса, үлкен кісі секілді көптің ортасында отырмайсың ба қақырайып... Бір жақсы бейне жасасаң-ау... бетіңді қызыл-ала қан қылып сахнаға жүгіріп шықтың...
- Ол қан емес...
- Енді не?
- Жоса ғой... Бояу...
- Бояу болсын, сояу болсын... Солай масқараланып шығуға бола ма? Жерге кіріп кете жаздадым... қатынның киімін киіп... Обуй, бетім-ай... Қатын боп...
- Сен өнерді түсінбейсің...
- Мен өнерді түсінбесем, ана Сәлімбай неге қатын болып киінбейді? Ана Алпар неге қатын болып киінбейді? Саратан неге қатын болмайды? Сені қатын қылғанша?
- Мен қатын болған жоқпын...
- Қатын болдың! Қатын болмаған нең қалды? Қатынсың...
Сарымсақ кесесін жерге бір қойып атып тұрды. Көзі ежірейіп кеткен, қалш- қалш етеді:
- Сен талақсың! Мен сені талақ еттім!
Бұрышта шешесінің ұрысын елең қылмай отырған Ұлпа, әкесі ақырғанда үрпиіп, қорқып қалды. Сөйтті де Сарымсақ үйден шықты да жөнелді. Зылиқа бүкшиіп отырды да қалды. Көзінен жас домалап, омырауына құлап жатты. Бақыт қыңқылдап, жылауға айналды.
Он бірінші сурет
Сарымсақ сыртта жүр. Сенделіп ары бері жүрді де, қырға қарай салды. Өршелене, тастан-тасқа өрмелеп, биікке шықты.
Аспанда ай қалқиды. Айға қарап ұлығандай үн шығарды Сарымсақ. Ұзақ ұлыды Сарымсақ.
Он екінші сурет
Сарымсақтың құжырасының іші. Үйдің іші қараңғы. Балалар пысылдап ұйқтап жатыр. Кішкене жыртық терезеден айдың сәулесі әлсіз себезгілейді. Етек жақта іргеге қарап, жаман шекпенін жамылып жатқан Сарымсақ шалқасынан аунады. Шекпенін теуіп аяққа жіберді. Сәл жатты да, басын көтеріп иттке ұқсап шоқиып отырып, үнсіз ұлығандай түр көрсетті. Сосын еңбектеп төсегінде қызын құшақтап теріс қарап жатқан Зылиқаға жетті. Жамбастап сәл жатқасын, Зылиқаның иығына қол артты. Зылиқа ұйықтамай жатқан, қолын лақтырып жіберді. Мұншалықты қарсылық көрем деп ойламаған Сарымсақ сасып қалды:
- Қалқам... не болды?
Зылиқа үндемеді. Сарымсақ және қолын артты. Зылиқа және лақтырды:
- Жай ма?
- Құшақтасайық та... былай?
Зылиқа жылап жатқан секілді:
- Қай бетіңмен құшақтаспақсың?
- Бопты енді, ренжістік... Бұрын ренжіспей жүр ме едік?
- Талақ айтпадың ба?
- Немене?
- Талақ демедің бе? Енді жолама...
Сарымсақ сылқ етіп аунап кетті:
- Айтсам... Жай айттым...
- Жай айта алмайсың оны... Ол жай айтылмайды...
Он үшінші сурет
Күндіз. Жар жағалап ауыл үйдің арасымен Сарымсақ келеді. Тұнжыр. Көңілсіз. Түтіні будақтап жатқан ұстаханаға кірді.
Он төртінші сурет
Ұстаханада ұста Сәлімгерей жалғыз екен. Бұл дауысын соза сәлем берді:
- Ассалаумағалейкум, құрдас...
-Уағалейкумассалам.
Сәлімгерей жұмысын жалғастыра берді. Әлде бір найзаның басындай үшкіл темірді соққылап жатыр. Сарымсақ босағаға жайғасты. Ұстаның қимылын жіті бақылайды. Сәлімгерей қолындағы темірін астауға әкеліп быж еткізді де, Сарымсақтың қасына келіп тізе бүкті. Бір бұрыщты қармалап былқылдаған бүйірлі торсық шығарды:
- Ішесің бе?
Сәлімгерей Сарымсақтың жауабын күткен жоқ, шайқап алып, тығынын тыңқ еткізді де, сылқылдатып, торсықты басына көтерді. Сарымсақ еріксіз жұтынып жіберді. Сәлімгерей тілін жайып, жаланды да бұған қарады:
- Не болды?
Сосын кеңкілдеп күлді:
- Кеше күшті қатын болдың-ей... Ой, шегім қатты... Бет-аузың неге қан болды сонда... Біреу ұрған ба?
Сарымсақ қолын бірақ сілтеді:
- Өй, қойшы оны... Шатақ болып тұр.
Ұста аңтарылды:
- Не шатақ?
- Қатын бәле қылып жатыр.
- Өй... қатынды сабау керек қой...
- Сабағанда... кінә өзімнен...
- Не істеп қойдың?
- Не... талақ айтып қойдым...
- Талақ? Неге?
- Жай, сайтан алғыр, ойында естігем ғой... спектаклде... аузыма түсіп кетті ашуланғанда...
- Ой, мынауың статия ғой, - деді ұста уәкілшелеп . Сарымсақ сүмірейді:
- Статия болып тұр... қатын жылап жатыр... Құшақтатпайды...
- Әрине, құшақтатпайды... Не істемексің енді? Тастауың керек енді талақ беріп қойсаң...
- Қалай тастаймын... Тастағым келмейді қатынымды...
- Басқа амал бар ма?
- Саған келіп тұрмын ғой?
- Мен не істей алам...
- Білмеймін...
- Ойланайық енді... мынауың кәтта статия екен... Сен ана туды әкелші...
- Не?
- Ана туды әкелші деймін...
Ұста суып тұрған темірін қолына алды. Сарымсақ жаңа байқады, түкпірде нән ту оралып тұр екен. Бұл туды сүйрелеп ортаға әкелді.
- Абайла-ей...
Ұста қолындағы үшкіл затын ыңғайлады:
- Еңкейт...
Бұл туды еңкейтті. Сәлімгерей тудың басына үшкіл темірді орната бастады.
Он бесінші сурет
Кеңсенің алдында ауылнай Кебекбай, ұста Сәлімгерей бар бір топ адам иіріліп тұр төбеге қарап.
Кеңсенің төбесіне Сарымсақ шығып алған. Қолында ту, оны қалай түзулерін білмейді. Білмейді емес-ау, жұрт шуылдап, әркім әрқалай айтып бір шешімге тоқтатар емес. Кебекбай негізгі бұйрықшы:
- Әй, биіктетсеңші, неге шолтитып тастадың?
- Ойбай-ау, құлап қалмай ма?
- Еңкейт алдыға...
- Ойбай-оу, еңкейт дегенге сонша еңкейтесің бе, көтер...
- Тағы көтер.
- Оңға-ей, оңға...
Сарымсақ ашулана бастайды енді:
- Айналайындар-ау, жағаласпай біреуің-ақ сөйлеңдерші?
- Енді білмей тұрсың ғой?
- Нені білмей тұрмын? Шығып көрші өзің мұнда...
- Мен шықсам сен жерге топ ете қаласың ғой...
- Шық, көрерміз кімнің топ ете қаларын...
Әлгі жігітті басқа біреу қағытты енді:
- Әй, Берсін, сен шықпай-ақ қойшы, жел ұшырып әкетер...
Жұрт ду күлісіп жатыр. Ауылнай басу айтты:
- Қойсаңдаршы, болды енді... бұралқы сөз күлмекке жақсы деген, болды, Сарымсақ солай байлай бер! Әй, түзет деймін...
- Әй, тұра тұршы, мен шығайын. Ал, жігіттер, көмектесіп жіберіңдер.
Жұрт қаумалап ұстаны жоғары шығаруға әрекет ете бастады.
Он алтыншы сурет
Кеңсенің төбесінде қызыл ту желмен өршелене желбірейді. Төбесіне қадалған үшкіл темірі анда-санда жалт етіп қалады.
Одан көз алмай қарап, төменде малдасын құрып Сәлімгерей мен Сарымсақ отыр:
- Сонымен не істейміз?
- Ойланайық та?
- Қанша ойланасың? Кеттім онда...
Тұра берген Сарымсақтың қолынан Сәлімгерей ұстап қалады:
- Сен бүйтсеңші?
- Қайтейін?
- Сен молдаға барсаңшы? Біз не білеміз...
- Қай молдаға? Молда қалды ма қазір?
- Бар ғой... Ана көрші ауылдағы тақыр молдаға бар. Ол менің нағашым ғой, білесің, мені айтсаң, көмектеседі.
- Не дейін...
- Сен айт... Осылай да, осылай.... Қатыны құрғырмен ұрысып қап едім де... «Талақ» деп айтып қойып едім... енді қатын жолатпай жатыр, не істеймін де...
- Ол қазір қайда отыр екен?
- «Иірсуда» ғой сол...
- Артелге кірмеп пе еді?
- Ой, ол кірмей қалсын...
- Жақсы онда...
Сарымсақ орынынан тұрып жүре берді. Ұста назарын қайыра туға аударды. Қызыл ту өршелене желбірейді.
Кеңседен ауылнай Кебекбай шықты да, папиросын тұтатып, түтінін бұрқ еткізіп аспанға үрледі:
- Неғып отырсыз, Сәке?
- Жай да...
- Қызыл матаның қалғанын қайттіңіз?
- Дайындап қойдым кесіп-кесіп.... Ұран жазатын бала қашан келетін еді?
- Келеді ертең... Әк дайын ба...
- Еземіз ғой келгесін... Қатып қалмай ма?
- Дұрыс...
Он жетінші сурет
Сарымсақ құжырасынан шықты. Соңынан баласын көтеріп Зылиха да ере шықты:
- Мына біздің Бала молда білмей ме екен?
- Ол қайдан біледі? Молдалықты тастадым, жаздым-жаңылдым деп камсамал болып кеткен жоқ па еді? Енді онда пәтуа қалды деймісің?
- Ааа...
- Сарымсақ құшақтап баласын сүйді:
- Ал, аман болыңдар, ұйқтағанда ілгешекті іліп жат... Балаларың ес қой, қорықпассың...
Сарымсақ жүре берді. Келіншек күйеуінің соңынан айқайлады:
- Әй?
Сарымсақ тоқтап, артына қарады:
- Не болды?
- Шақпақты алдың ба?
- Ой, әкең, ұмытып кетіппін ғой... Әкеп берші?
Зылиха үйге кірді де, құстай ұшып қайта шығып, күйеуінің қалтасынан шақпағымен қоса тағы бір нәрсе салып жатыр:
- Бұл не?
-Малта ғой.... Жолда талғажу қыларсың...
Он сегізінші сурет
Сарымсақ кетіп барады айдалады қалтақтап. Иығына асқан жаман шекпені мен ескі дорбасы бар.
Он оғызыншы сурет
Буырыл сақалды, сәлделі, еңгезердей келісті адам жүрелеп отырған Сарымсақтың желкесінен алақанымен шарт еткізді. Сарымсақтың көзі бағжаң етті.
Қараша үйдің ішкі көрінісі. Үйде Тақыр моладан басқа ешкім көрінбейді. Молдекең ашулы:
- Пәдеріңе нәлет... Молданы әжуалап ойын жасайсың... Сосын алдыма келесің, ұят бар ма өзіңде?
Сарымсақ міңгірлеп бірдеңе дейді. Дауысы естілмейді анық. Молда сөйлеп отыр:
- Сен өзің бірдемені сынау үшін, бірдемені білу керек екенін білесің бе?
- Білмеймін...
- Бит бассын...
Молдекең төріне барып отырып, бұған көзін қадады:
- Басқа не әңгіме?
- ...
- Ауылнайды Кебекбай деді ме?
- Ия.
- Жетісіппіз...
- Болыстықтан уәкіл келген...
- Ия?
- Ауылдарыңда ту жоқ, ұран жоқ дейді...
- Не қылдыңдар енді?
- Туды орнаттық...
- Ұранды ше?
- Песір бала келмей жатыр...
Молда мырс етеді.
Жиырмасыншы сурет
Тезек теріп жүрген Зылиқаның алдынан Шыбықбай сопаң етіп шыға келеді.
- Көтек...
Шыбықбай ыржияды:
- Не болды сонша? Ұры ит демеші әйтеуір...
- Жоға... қайдан шыға келдің...
- Ойдан келе жатқам... Қарасам, сұлбасы келеді саған... Сосын тығылып қалғам ғой... Жұмыс бар, жеңеше...
- Не қылған жұмыс?
- Саған ғашық адам бар, жеңеше?
- Қағынбаш...
- Мен емес қағынған, басқа...
Зылиханы әуестік жеңді:
- Кім?
- Кәрібай!
- Кәрібай? Ол кім...
- Бай. Қатыны өлген, бойдақ. Жарасбайдың ауылынан... Өткен болыстықтың жиынында ауылдың сыртынан өтіп бара жатып көрген екен... Содан сені аузынан тастамайды екен...
- Мені ма?
Зылиқа сыңқ етіп қалай күліп жібергенін байқамай қалды. Шыбықбай бастырмалатып барады:
- Одан ортаға Қоржынтай түсіп, маған сәлемін жеткіз деп құлақ миымды жеді.
- Қойшы.
- Рас!
- Сонда ойы не екен?
- Сені қолына қондырмақшы?
- Тәйт ары...
Мәз болып тұрған Зылиқа орта қап тезегін көтере ауылға қарай дедектеді:
- Күйеуім бар емес пе...
Шыбықбай қапталдасып қалар емес:
- Шыным осы, жеңеше.... мен айт дегенін айттым... Өзің шеш... Сіздің мына реңіңізге байлық лайық деген жанашырлықпен айтқам, жеңеше...
Жиырма бірінші сурет
Жаңбырдың тамшылары әлсіз естіледі.Зылиқа төрде төсегінде жатыр. Балалары ұйқыда. Керіле түсіп, жұқа жамылғысын тепті. Шашы төгіліп, жайылады. Келіншектің көзінде - нұр, жүзінде ерекше бір жымиыс бар.
Сыртта ит үрді. Бұл көтеріліп отырды. Бір кезде есік тартылып, тақылдады.
- Зылиқа?
Күйеуінің дауысын таныған келіншек ыршып тұрып, асығыс шашын жинады да, есікті ашты. Күйеуі кірді:
- Амансыңдар ма?
- Аманшылық.
- Ой, әрең жеттім... Жаңбыр жауып кетті ғой, жол езіліп жатыр...
- Ақырын... Бақытты әрең ұйықтаттым. Мазасызданып жүр күніге...
- Тышқақтап жүрген жоқ па?
- Жоқ...
Зылиқа күйеуіне орамал алып берді. Күйеуі су киімін шешіп, басын орамалмен сүрте бастады.
Жиырма екінші сурет
Түн. Сарымсақ пен Зылиқа екі жаққа қарап жатыр. Екеуінің де көздері бақырайып жатыр. Зылиқаның жүзінде беймәлім күлкі. Сарымсақ күрсінеді.
Жиырма үшінші сурет
Күндіз. Сарымсақ пен Зылиқа шай ішіп отыр. Сарымсақтың мойынынан қызы құшақтап алған. Өзі әлденені қатырып келгендей есе әңгіме айтады:
- Бұл шариғат үкімінің түбіне кім жеткен. Білмеген адам қаталасады да...Сен кімге тиесің енді?
- Онсыз болмайды деді ме шынымен...
- Ойбай-оу, кешелі бері нені айтып жатырмын? Сен біреуге тиюге тиіссің, мен біреумен некелесуге тиіспін, сосын олармен талақ айтысқаннан кейін ғана екеуіміз қайта некелесіп қосыла аламыз?
- Бәсе...
- Не бәсе?
-Талақ зәті оңай емес деймін да...
- Кімге тиесің енді?
- Кетші ары! Кімге тиесіңі, кімге тиесің деп қақылдап қоймағаны несі? Мынауың жынды ма? Өзің кімді аласың?
- Соны ойлап отырмын ғой...
Сарымсақ көсіліп жата кетті. Аздан соң басын көтерді:
- Мен... мына Қатышпен неке қисам қалай?
- Кемпір емес пе ол?
- Болса қайтеді? Жай неке ғой? Қойныма алады дейсің бе?
- Аааа...
- Басқа кім көнеді дейсің... Сен кімге тиесің, вооот, статияяя... - деді Сарымсақ дауысын созып. Сосын домалай кетті:
- Әкиң... басым қатып кетті ғой...
Зылиха қабағын шытты:
- Кімге тием?
Сарымсақ басын қақшаң еткізіп көтеріп алды да Зылиқаға ұзақ тесілді:
- Сен кімге тиесің.... Мен мына бала молдаға барып қайтсам қайтеді, а? Бір амалын қарастырар мүмкін, а?
- Зылиқа күрсінді:
- Барып қайт...
Сарымсақ ошарыла тұрып сыртқа жөнелді. Зылиқа қимылсыз отырып қалды. Көзінен жалғыз тамшы жас ақты сырғанап. Қызы бұрышта қуыршақ ойнап отыр. Бесіктегі Бақыт жылады. Бұл бесікке тақау барып тербете бастады.
Есік сықырлады. Жалт қарады. Шыбықбай кіріп келеді екен:
- Жеңеше?
- Жындысың ба...Сарымсақ...
- Ой, Сарымсағың бүгін оралмайды... Дедектеп етекке кетіп барады...
- Не болды?
- Кәрібай мықты болып тұр, жеңеше, қаладан екі торала ат алдырыпты...
Жиырма төртінші сурет
Айналасы қи-шөппен ыбырсып жатқан қораны айнала бере бұрышта алдына жайнамазын тастап, құлағын қаға берген бала молданың үстінен шықты. Қолын көтере берген көк тақиялы, түбіт иек бозбала қипақтап қалды:
- Не болды, Сарымсақ?
- Ассалаумағалейкум?
- Әликімсалам! Не болды?
- Сұрағым бар еді, молдеке?
- Аржақты қарай тұршы, ауылнай келіп қалмасын...
- Жарайды...
Бала молда намазын жалғады. Бұл ашыққа шығып, айналасын бағып тұрды.
Бала молда бір кезде шақырды мұны. Құманмен өзіне - өзі су құйып, шапанының етегін қағып жатыр екен, бұл құманына жармасты.
Бала молда сыланып, қағынып болмады. Етектен бір әйел көрінді. Бала молда елеңдеп қалды:
- Анау кім болды екен?
- Қайсы?
- Әне, етекте келе жатқан...
- Ааа, ұстаның қатынына ұқсайды... Ия, сол ғой, Ажар ғой...
Бұлар үйге кірмей, кідіріп, Ажарды күтіп тұрды. Ажар алқынып жақындады. Қолтығында қысқан қызыл матасы, қолына ұстаған әк толы бақырашы бар. Келе сампылдай жөнелді:
- Ана Шыбықбайдың иттері да... Арпылдап жүргізбейді қараңғағыр... Шыбықбайға айттым... Енді уәкіл келсін, Құрымбай қайным келсін, тура айдатып жіберемін дедім... ой, қараңғағыр...
Сосын бала молдаға сызылды:
- Амансың ба, қайным?
- Аман ба, жеңеше?
Сосын Сарымсақты түйреп өтті:
- Не болды, қатыныңды қуып жібердің ба... Енді кім қарайды саған?
- Сөйлей бермеші, Ажар...
Сөзді Бала молда бөлді:
- Жеңеше, не шаруа?
- Мә, мынаны ауылнай беріп жіберді?
Ажар қолтығындағы матасы мен қолындағы бақырашын ұсынып жатыр. Бала молда алуға мәжбүр:
- Не бұл?
- Ұран жазсын дейді... Ана қаладан песір бала келмекші екен, бір апта болды соны күткеніне... Ақыр келмейтін болды ғой.
- Не жазам? Қандай ұран? Неғылған ұран?
- Мә, мына қағаздағыны жазсын дейді... Қатындар туралы деді ғой, әйтеуір...
Ажар ышқырынан төрт бүктелген қағазды шығарды. Бала молда жазып қарай бастады:
- Қатындарға байланысты дейді?
- Ия... Басқасы да бар... ал кеттім... А, айтпақшы, келіннен сұрайтын затым бар еді.
Ажар Сарымсаққа мүсіркей ме, кекей ме, әйтеуір сүзе қарады да үйге кіріп кетті. Сәл тұрып, бұлар да үйге беттеді. Есіктен бір жас келіншек шығып, иіліп сәлем етті. Бұл қомпиып қалды:
- Бақытты бол, айналайын...
Жиырма бесінші сурет
Зылиха баласын емізіп отырған. Үйге оқыралаған сиырдай делиіп, Сарымсақ кіріп келді:
- Қатын, той жаса!
- Не болды?
Сарымсақ еліріп алған, тайлақтай тапырақтайды:
- Мына бала, молда бала молда емес, әулие екен! Ууууу...
Сарымсақ жүгіріп барып, әкесінің оғаш, қызық қылықтарына таң қала қарап қалған қызын арқасына қондырды да, еміп жатқан баласын шөп-шөп сүйіп тар үйді апыр-топыр етті. Қызы мәз.
- Ууууу.... Қатын! Бұл бала молда молда емес, әулие екен...
- Әй, не болды, айтсаңшы енді?
Сарымсақ тар үйді айналып-айналып келіп жалп етіп отыра кетті:
- Былай екен, қатын, талақтың толық түрі, жартылай түрі бар екен... Талақ толық болуы үшін «талақ», «талақ», «талақ» деп үш рет айтылуы керек екен, мен саған бірақ рет айттым ғой?
- Жоқ, екі рет айттың...
- Қой, бір-ақ рет айттым!
- Екі рет айттың деймін, білем ғой мен...
- Жарайды, екі рет болсын, үш рет емес қой, әйтеуір? Енді бізге некемізді қайта кесіп, қосылуымызға болады... Ууууу! Енді неке қиятын молда табуым керек... Бала молдаға болмайды екен...
Жиырма алтыншы сурет
Түн. Сарымсақ сан күнгі сарсаңнан әбден шаршаған ба, шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр. Кішкене үйді басына көтере қорылдайды. Қасындағы Зылиханың мойынынан орай құшақтап алған. Енді айырылмаймын дегендей. Зылиханың көзі бақырайып жатыр. Бір кезде жалғыз тамшы сырғанап түсті жанарынан.
Зылиха Сарымсақтың қолынан әрең босап, төсегінен тұрды. Киінді сыбдырын білдіртпей. Қызының барып бетінен сүйді. Үстін қымтады. Ұлының бесігіне барды сосын. Шоқиып отырды қасына. Ұзақ отырды. Бір кезде «жеңеше» деген әлсіз дауысты естіліп бұл селк ете қалды.
Жиырма жетінші сурет
Күндіз. Қолында бесігімен баласы. Жетегінде шашы жалбыраған қызы, Сарымсақ делеңдеп келеді. Ұлы да, қызы да жылап келеді. Бұралаңдап отырып бала молданың үйіне келді. Бала молда қарсы шықты:
- Ассалаумағалейкум! Бұл не жүріс? Жай ма?
- Жай емес, молдеке? Жай емес... Қатын жоқ.
Сарымсақ жылап жіберді. Бала молда сасқалақтап қады.
- Қой, жылама, Сарым... Сәке, жылағаны несі? Қайда қатын?
- Жоқ... Бір жаққа кеткен екен десем... түс болды, міне, жоқ... Ауылды адақтап шықтым, ешкім білмейді. Мен кеңсеге барып келейін, балаларды қарай тұршы, құдай тілеуіңді берсін...
- Жарайды. Айкүміс! Ай, Айкүміс?
Үйден өткен жолғы келіншек шықты. Сарымсақты көріп сәлем салды.
- Бақытты бол... Келінжан, айналайын...Мына балаларға...
Бала молда киіп кетті:
- Қараймыз... Қараймыз, барып қайтыңыз... шай ішпейсіз бе?
- Ой, қайдан... Кеңсеге барып келейін мен.
Сарымсақ балаларын тастап, дедектеп жөнелді.
Жиырма сегізінші сурет
Көшеде атқа мінген ауылнаймен қапталдасып Сарымсақ келеді. Ауылнай ерге бір жамбастай отырып алған. Езуінде папирос. Сарымсақ желе жортады.
- Қатының Кәрібайға тиіп кетіпті ғой?
- Кәрібайы кім?
- Ана Жарасбай ауылынан. Қатын үстіне тиіпті...
- Жынды ма, онда несі бар?
- Мен қайдан білейін, сен білмесең? Мақаббат та...
- Не дейт! Мақаббат не керек оған, мен емеспін бе мақаббат?
Ауылнай атының басын іркеді:
- Сен неге маған айқайлайсың-ей? Қатыныңды байға беріп жіберген мен бе?
Ауылнай атын тебініп қап, желіп жөнелді, бұл да далбақтап қалмай келеді:
- Енді не істейміз, ауылнай?
- Не істейміз? Қазір сбабода... Өзімнің қатыным кетем десе де, ұстай алар күшім жоқ...
- Ойбай, Кебеке-ау, өлдік қой біз...
- Ана Құрымбай млиса келсін, барып қайтасыңдар...
- Қашан?
- Келсін да Құрымбай... Ертең...
Жиырма тоғызыншы сурет
Қылышын жамбасына алған Құрымбай арба үстіндегі жұмсақ шөптің үстінде сұлап жатыр. Делбені Сарымсақ қолына алған. Ұзын бишігімен арық торы аттың арқасынан әлсін-әлсін қамшылайды. Торы ат құйрығын сипаң еткізгені болмаса, жүрісіне жүріс қосар емес. Құрымбай бейқам. Мылтығын бауырына алған. Бұл арық атты сабай бастаса, басын көтеріп, зекіп тастайды:
- Өй, не болды сонша?
- Мына атаңанәлет, жүрмейді?
- Оның жүрісі сол... Асықпа, қайда асығасың? Онда сенің нағашың күтіп отыр ма?
- Енді түске дейін жетейік те?
- Кешке дейін де...
- Ойбай, Құреке... қайтпаймыз ба? Бала бар, шаға бар?
- Асықпа...
Құрымбай қайта сұлай кетеді. Бір кезде барқырай ән айтты...
Әні қыз, ынтықтық, қауышу жайлы болып келеді екен.
- Сенің өзіңнің қызға ебің қалай?- деді Құрымбай бір кезде.
- Қызға... білмеймін... Менің қатыным бар ғой?
- Қатының кетті ғой?
- Кеткені несі, қайырып алып келеміз ғой?
- Алып келіп қайтесің оны енді?
- Енді... кім біледі зорлап ұстап отыр ма... Кететін қалпы білінбеген... Еріксіз кетсе, обал ғой... балаға ... қатынға...
- Оны көреміз... Кәрібайдың әдемі қызы бар...
- Қай Кәрібай?
- Сенің қатыныңның күйеуі Кәрібай!
- Ибай-ай, олай демеші, Құреке...
- Әдемі қызы бар Кәрібайдың... Бүгін соған қол салсам деймін... Өткен жолы лау мінгем үйінен... Ағалап іші бауырыңа кіріп тұр, сайтан...
- Сонда... бүгін қонамыз ба?
- Қонамыз... Қайда асығасың-ей сен?
- Білмеймін... Көреміз ғой енді...
Кең далада ырдуан арба қиралаңдап кетіп бара жатты.
Отызыншы сурет
Зылиха Кәрібайдың сиыр қорасының ішінде қи тазалап жүр. Жүдеу. Киімі тым жұпыны. Добалдай күректі әрең бағындыратын тәрізді.
Үй жақтан ит үрді. Бұл қолындағы күрегін сүйей салып, саңылаудан сығалады. Үйге ат арба келіп тоқтап жатыр екен. Екі кісі. Бірі - мылтықты млиса, екіншісі - Сарымсақ.
Бұл отыра қалды. Жасырынғаны. Жүзі әлемтапырақ болып кеткен. Сырттан қауқылдасқан еркектердің дауысы естіледі. Есіктің ашылып-жабылғаны естілді. Үйге кірді-ау бәрі.
Бір кезде қораға Кәрібайдың бәйбішесі жүгіріп кірді. Қолында қобырата ұстаған киімдері бар:
- Әй, қайдасың? Мә, киімдеріңді ауыстыр?
- Неге?
- Ки тез, байыңды соттатайын деп пе ең? Бол.
Зылиха үстіндегі шоқпыттарын шеше бастады.
Отыз бірінші сурет
Кеш. Төр алдында шалжайып, мылтығын құшақтап, қылышын жамбасына басып Құрымбай жатыр. Ас желінген. Қымыз ішілген. Майланған мұртын өрге қарай бипаздай ширатады Құрымбай.
Құрымбайдың қарсы алдында тізе түйістіріп малынып киінген Зылиха мен күжірейген Кәрібай отыр. Босағаға тақау Сарымсақ тізе бүккен. Құрымбай жауап алып жатқан сыңайлы:
- Кәрібай?
- Ау, Құреке?
- Бұрын істі болып па едің?
- Құдай сақтасын... жоооқ, Құдай сақтасын деппін ғой... Істі болған емеспін.
Сенің қатының бар емес пе еді?
- Бар болғанда... ажырасқам ғой, бәйбішемен...
- Ажырасқам дейд? Ошақ басында жүрген жоқ па?
- Әзірге жүр ғой енді... Кетеді ғой...
- Қағаз бар ма?
- Бар. Болады, құдай қаласссс...
- Зылиқа... Бұрын істі болып па едің?
Зылиқа ернін жыбыр еткізіп төмен қарады:
- Жоқ.
Құрымбай ыңыранды:
- Тәәәәәк, жолдастар... Өз еріктеріңмен қосылып отырмыз дедіңдер, ә?
- Өз еркімізбен...Өз еркімізбен...
- Ешқандай зорлаууу.... Күштеу жоқ қой...
- Жоқ.
- Тәәәк, ендеше... мен қылмысты жабуға тиіспін... дела закырыт!
Сарымсақ орынынан атып тұрды:
- Қалқам, Зылиқа, айтсаңшы? Мынау не масқара?
- Молшать!
- Балалар қалды ғой, Зылиқа! Біз не істейміз енді, Зылиқа!
Зылиқаға ұмтыла берген Сарымсақтың жолын Кәрібай бөгеді. Кәрібайдың жағасынан алып, датарханның үстіне итеріп қалған Сарымсақтың артынан екі-үш жігіт келіп басып қалды. Етпеттей жығылған Сарымсақ жынданып кеткендей айқайлап жатыр. Үстіне Кәрібай құлаған Құрымбай бақырып жатыр.
Отыз екінші сурет
Таң. Үйің алдындағы арық торы ат жегілген арбада Сарымсақ байлаулы жатыр. Бет-аузы көнектей. Еріні кезерген. Арбаның артына бір семіз кер ат байланған. Ол тыпыршып тұрмайды.
Қыр басынан жай басып арбаға қарай Кәрібай мен Құрымбай келеді. Күлісіп көңілді келеді. Арбаға тақай бере екеуі қол алысты да, Құрымбай тез келіп арбаға отырып, делбені қолына алды:
- Сау тұр, Кәреке!
- Аман бол, Құреке!
Құрымбай делбені қағып қап жүріп кетті. Арбаның құйрығында жарау ат ойнайды. Құрымбай ыңылдап келеді. Бір кезде қыз туралы әніне ауысты.
Отыз үшінші сурет
Қыс. Далада көбік қар жатыр. Кеңсенің алдына халықты жинап қойып уәкіл сөйлеп тұр. Жұрт үстілеріне барын жапсырып, қорбиып-қорбиып алған. Орталарында Сарымсақ та бар. Уәкіл қолын сермелеп, аузынан ақ бу атқақтайды:
- Кеше ғана біз не істедік? Кеше ғана біз актябір ребалюсиясының күнін тойладық. Кеңес өкметін құрдық! Кеңес өкметі бізге не берді? Кеңес өкметі кедейге - мал, әйелге теңдік берді! Ал сендер... ал, сендер кеңес өкметіне не бердіңдер?
Топ ішінен біреу «бәрін бердік қой» деп әлсіз айқайлап қалады. Уәкіл сәл үнсіз қалады да, бастырмалатып кетеді:
- Әйел жолдастарға теңдік бердік? Олар бізге не берді? Қазынаның мүлкін ұрлағаннан басқа?
«Не ұрлаппыз» деді топ ішінен біреу.
- Кеше ғана ту істелген, ана ұрандар жасалған қызыл матадан жырымдап, дамбал тігіп алғандар бар екен!
- Не дейді?
- Оны кім көріпті?
- Байлары айтып қойған да...
Уәкіл сөзін жалғады:
- Құрымбай бері шықшы?
Қылышын салаңдатып Құрымбай ортаға шықты. Уәкіл:
- Айт!
Құрымбай сыдыртып жөнелді:
- Байсемізова Ажар, Барқытова Дәмелі, Жантақов Сақып, Сариева Майра, Барақова Сиса.
- Аталған адамдар қалсын да, басқаларыңыз жұмыстарыңызға барыңыздар!
Бәрі тарай бастады күбірлесіп. Аты аталған әйелдер әр-әр жерде қалды сопиып.
- Құрымбай! Кеңсеге апар бұларды!
Құрымбай іске кірісті. Ажар барпылдап жүр:
- Уәкіл жолдас! Бұларың не қылғандарың? Ойбу, қай бетімді шымшиын? Дамбал кимейміз бе енді?
- Дамбал киме деген кім бар? Тудың матасы болмаса, жалаңбұт қалар ма едіңдер?
- Енді... артылған матаны итке тастаймыз ба?
Отыз төртінші сурет
Сарымсақ құжырасына сырттан су алып кірді. Жозының түбінде қызы Ұлпа кішкене інісіне талқан шылап беріп отыр екен.
Бұл суын қойып, қызының қолынан тостаған мен қасықты алып, өзі бере бастады Бақытқа:
- Қане, ап де... аппп де... Қызым, өзің жедің бе талқаныңды?
- Жедім, әке...
- Жарайсың...
- Әке?
- Әу?
- Мен ана апамның сандығынан жіп алсам бола ма, қуыршағыма көйлек тігіп берейін деп ем...
- Қайтесің... Қуыршағыңа мен тігіп берем көйлекті әдемілеп...
- Жарайды...Бәрібір де ана сандықтан жіп алсам бола ма?
- Сосын қызым... Апаң келеді, сосын өзі алып береді.
Есік сықыр етті де, есіктен бала молданың басы көрінді:
- Сарымсақ, бері шығып кетші?
- Келсеңші, молдеке?
- Жоқ, шығып кетші?
Отыз бесінші сурет
Сарымсақ сырқа шықты. Сыртта бүрісіп бала молда тұр.
- Сәке, Зылиха ауырып жатыр екен?
- Ой, ауырмаса...
- Ауруы қатты көрінеді, Сарымсақ... Сені, балаларды көргісі келеді-мыс... Кәрібай қуып жіберіпті. Төменгі ауылдағы апасындікінде екен...
Отыз алтыншы сурет
Зылиқа ауырып жатыр. Ауыр күрсініп ыңыранады.
- Апа-ай, келер ме екен, - дейді әреңдеп. Тық-тық жөтеледі.
Оған төніп отырған кемпір кемсеңдейді:
- Қайдан блейін, шырағым. Пәті жуас адам еді... Сенің бір қатаңды кешем десе келер... Келетін шығар... Қатты-қатты тапсырдық қой...
- Ұлпа ше? Бақыт ше? Оларды әкеле ме екен?
- Балаларды қайдан әкелсін... Күн суық қой...
- Қалқам Ұлпа, құлыным Бақыт... Не күйде екенсіңдер, жандарым-ай... Маған лағнат айтып отыр ма екенсіңдер? Жөн. Жөн... Мен айыпты... Мен айыптымын... Жандарым-ай... Құлындарым-ай... Бір көрсем болды жандарым... Бір көрейінші...
Осы кезде үйдің ішін буға толтырып Сарымсақ кіріп келді. Келді де жас балаша Зылиқаның кеудесіне құлап, солқылдап жылап жіберді. Зылиқа Сарымсақтың басынан әлсіз сипайды. Кемпір де егіліп отыр.
Отыз жетінші сурет
Екінді әлетінде сары белден бір шаналы құлады. Ылди жақ қалың ауыл. Ат шана сол ауылға қарай соқтыртып келеді. Делбені қаға түсіп Сарымсақ асығады. Шанада тұлыпқа оранып жатқан Зылиқа көзін ашты:
- Жеттік пе?
- Жетіп қалдық...
Ауылдан бұларға қарсы және бір ат шаналы шықты. Жақындай бере таныды, Құрымбай екен. Желдіртіп келеді. Шана толы әйелдер. Баяғы «қызыл матадан дамбал тікті» делінетін бес әйел. Әйелдер дауыс салып жылап келеді.
Сарымсақ ойланып үлгерген жоқ, Құрымбай бас иземестен тұсынан өте шықты.
- Жеттік пе,- деді Зылиқа.
- Әне, ауылдың төбесі көрінді, - деді бұл.
Отыз сегізінші сурет
Ауылдың шетіне іліне бере Зылиқа шыдамады:
- Тоқташы,- деді.
Қораның шетінде шашы жалбырап, арқасына Бақытты жарбитып Ұлпа тұр екен шошайып. Бұл аттың басын ірікті де, дауысы тарғылданып айғай салды:
- Ұлпа!Апаңды әкелдім, Ұлпа!
Ұлпа інісін арқасынан түсірмеген күйі бері салды. Қарға малтығып жүрісі өнбей келеді. Жүгірмекші.
Сарымсақ жалма-жан Зылиқаның кеудесін көтеріп, басын сүйеді:
- Әне, қарғаларың, Зылиқа....
СОҢЫ