Балықтар патшалығы
ертегі-дастан
...Ұлы теңіз жағасы.
Тымық күні.
Көтерілді шілденің күліп күні.
Құс қайықпен теңіздің тереңіне,
Қарттың қармақ салуға шығыпты ұлы.
Кәсіп сырын үйренді бала мұнан,
Күнделікті қол боста сабағынан.
Көк теңіздің көкжалы еді атасы,
Маржан сүзген теңіздің табанынан.
...Шар айнадай айдынның төсі бүгін,
Қарт ұнатқан тірлігін осы ұлының.
Өксігіне теңіздің шағалалар,
Шаңқылдайды төбеде қосып үнін.
Қойнаудағы қоғалы сабат тымық,
Шағала мәз теңгедей шабақты іліп.
Қармақ салып отырды құс қайықта,
Қара бала қаршадай балақ түріп...
Жуасыған толқынның жалы майда,
Қалт-құлт еткен қалытқы әлі де ойда...
Көк құраққа үйірілген көбікті су,
Күбідегі ұқсайды сары майға.
...Құлаққа ұрған танадай тыныш маңай,
Бала атасы балықшы күміс самай.
Дауылдарда қаймықпай қайықпенен
Ақ айдыннан сүзген жан ырыс талай.
Майда толқын түрткілеп қалытқыны,
Міне, міне маңайлап балық мұны.
жүзіп жүрген сияқты,
ол түгілі
Жақын жерде жайынның алып бірі.
...Көз тартады көк пішен қадам жерде,
...Сиыр сәске.
Сап тынған самал жел де.
Қалытқысын бағады қармағының
Төзім керек мұндайда табанды ерге.
Бала болса қалпында ол бір ойлы,
...Себезгілеп күн нұрын елжірейді.
Ақша бұлттың бейнесі аспандағы,
Айдын судың бетінде мөлдірейді.
Шіркей ұшып тыныштық бермегенмен,
Қапырықта қаңсып бір шөлдегенмен.
Қалытқысы қаттырақ батпағанда,
Бұл оқиға бітеді демде немен?!
Батып-шығып жез қармақ қалытқысы,
Су түбіне сүйрердей алып күші.
Қармақ сабы майысқан тұста бала,
Бал-бұл жанды шаттықтан анық түсі.
...Су бетіне бір кезде жарқыл қағып,
Шыға келді қармақпен алтын балық!
Табанында қайықтың шоршып жатты,
Тұрды бала әліптің артып бағып.
Кім түсінсін балықтың шерлі өзегін?!
Не айтар екен,
байғұстың бер кезегін!
Ертегісі Пушкиннің еске түсті,
Алтын балық қаққанда желбезегін.
Қанша заман өтсе де бері сонан,
Су астының балдырлы өрісі аман.
Жаутаң-жаутай қарайды жез қармаққа,
Жүзіп жүрген балықтың көбісі оған.
Желбезегі желпілдеп сәл-ақ қана,
Алтын балық сөйледі қанат қаға.
– Не қаласаң соны мен орындаймын!
Босат мені!!
...Таң қалды қарап бала.
Алтын балық және айтты:
– босат бала!
Алтын қайық беремін жасап жаңа.
Ол аз болса сыйлаймын «бестік» баға,
жалбарынам,
тілегім осы-ақ қана!
...Бала тұрды бұртиып шайқап басын,
Мүмкіндігін өзінің байқап басым.
– Ағаш қайық артық қой алтыныңнан,
«Бестігіңді» қайтемін,
- Әй, тоқташы!
– Алданбаймын арзанға мен де бірден,
Сол «бестікті» аламын еңбегіммен.
...Алтын балық сөйледі су астының,
Патшалығы жайында енді ол мүлдем.
– Жеткіземін қаласаң арманыңа,
Бәрін-бәрін қалдырдым таңдауыңа.
Жартасына соғылған су түбінің,
Батқан кеме сенікі маржаны да.
– Су түбінде не істеймін, есім аман,
Болады ғой мен кетсем досым алаң.
– Тоқта, тоқта, су асты патшалығын,
Араласаң асықпай несі жаман.
Адамзаттан алғашқы сен боласың
Су астына баратын.
Жөн-жобасын
түсіндің бе, сөзімнің,
болмайды түк
Жердегідей о жақта жел-борасын.
...Бала қалды қипақтап біразырақ,
Кеудесінің сарайы тұр азынап.
Босат, босат балықты қармағыңнан!
Бостандықтың бағасын біл, ажырат!
...Жалт-жұлт етіп құбылып қабыршағы,
Алтын балық сынған жоқ әзір сағы.
Деді сосын: – қартайған әкем шортан,
Су астында азулы әмірші әлі.
...Әрі-бері ойланып демде бала,
Көзін тікті арттағы ол жағаға.
Бір жағынан құмартты су түбінің,
Әлеміне жұмбақтау әр балаға.
Сөйтті-дағы балықты қармағынан
Қоя беріп қол бұлғап қалған ұлан.
Алтын балық: – соңымнан ер, – деп айтты,
Жел соққанда бір кезде жан-жағынан.
...Босанған соң қармақтан жарқыл қағып,
Қанатымен ақ бұйра толқын жарып.
– Патшалығын балықтың көрсетем, – деп
Сүңгіп кетті тереңге алтын балық.
...Торлап кенет қап-қара аспанды бұлт,
Тыныштығы теңіздің қашқан зырғып.
Таудай-таудай толқыннан демде абыржып,
Тал-терекке тығылды сасқан құрлық.
Күңіреніп дүние қарауытты,
Көк теңізден көз алмас жаға тіпті.
Алтын балық артынан су түбіне,
Секіруге басын кеп бала тікті.
Жан-жағына моншақ су шашыратып,
кетті бала секіріп,
басына түк
мұнан өзге ой келмей,
су астына
саяхаттап қайтпаса несі бақыт?!
Тырбаңдатып лезде аяқ-қолын,
Жердегідей алса да жай-ақ демін.
Тастай батып тереңге кете барды,
Қысылған сәт баланың оятты ебін.
...Атан жығар су асты ағысы алда,
Апан ауыз жайындар тағы сонда.
...Сүңги берді тереңге тоқтамастан,
Оянғасын баланың намысы ол да.
...Жүзіп келіп баланың жанына жай,
Алтын балық бастады әрі қарай.
Маржан тастан соғылған сарайлары,
салтанатты,
Жұрт екен бәрі де бай.
...Аз ба судың мүк басқан мұнар тауы?!
Бала соған шығуға құмартады.
Күндердің бір күнінде тауға шығып,
Қыдырыстап жүреді бірер тағы.
Ту төменге жап-жарық ала таңда,
Көз жіберді сүйеніп бала тауға.
Жаулап алды жанарын мөлдір әлем,
Жатқандай-ақ су асты алақанда.
Алтын балық: – көрдің бе, – деді бұған,
– Екі есе көп су асты елі мұнан.
Патша әкемнің маржан тас сарайына,
Бастап алып кешікпей сені шығам.
...Солай бастап баланы шыққан балық,
Жүзді екпіні балдырды тіптен жарып.
Бұлғаңдатып құйрығын бұрылды енді,
Қарауытқан кемені мүктен танып.
...Бала болса қарайды жан-жағына,
Балдыр,
балдыр,
балдырдың ар жағына.
...Міне, ғажап!
Қираған кеме жатыр,
Тағдырының тап болған қармағына.
Бір кездері қарайған қандарына,
Жолықты ма, пираттар жанжалына?!
Командасы кеменің су түбінің,
Әлдеқашан айналған аруағына.
Суға батқан жантайып ағаш кеме,
Қарайтындай тереңге сәл өштене.
Жүзіп жүрген үстінде таппайды екен,
Үйір-үйір балықтар толас неге?!
Жем болғанша батқан ба, жауға түбі?!
Талай елге танылған сауда түрі.
Теңіздерде жүзетін маржан тасып
Құмға батқан кеменің дәу зәкірі...
...Келе жатқан аңыз бұл сан айтылып,
Тыңдағанбыз құлақты талай түріп.
Теңіз кезген қарақшы еске түсіп,
Бала бір сәт кемеге қарайды үркіп.
Ұмытқанмен уақыт кеме ерлігін,
Мекен еткен балықтар бальендорын.
Балықпенен медуза ұмытпайды,
Суға батқан кеменің және ол күнін.
Желкенінің ізі де... дымы да жоқ.
Жылдар өтті жүздеген, шыны керек.
Маңайында қираған сол кеменің,
Маржан тастар шашылған құмыра көп.
...Бір кездері жел ескен екпінінен,
Дәу кеменің дәурені өтті бірден.
Сөйте-сөйте балықтар патшалығы,
Құрбаны боп мәңгілік кетті мүлдем.
...Су түбінің көркіне таңдай қаға,
Балыққа ұқсас тірлігі жанға айнала.
Патшасына асыққан алтын балық,
Жүзе берді соңынан қалмай бала.
Кетуге бар теңіздің түбіне еріп,
...Үркектейді балықтар мұны көріп.
Алуан-алуан балық пен балдыр сыйған,
Аквариум бұл да бір шыны берік.
...Жанай жүзді «Маржан тау» сәнді іргесін,
Жаймен сипап барқыттай балдыр төсін.
Кенет батқан тағы бір дәу кемені,
Көргенінде балақай алдырды есін.
Аз емес қой ашкөздік ғаламда бұл,
Жерде, суда тартады адам зәбір.
Маржан тонап талайды зар қақсатқан,
Қарақшылар ұрынған ажалға бұл.
...Теңіз төсі,
Тағы бір тонап кеме,
Ту жырақтан ықпана, қолат көре,
Бұйрық берген капитан бұрылуға,
Сегізаяқ соқтыққан сол-ақ келе...
Аман жүзген сан талай ақ дауылда,
Қарақшылар кемесі қақпанында.
Сегізаяқ тұтқыны сонан бері,
Тырнағы тұр палуба жақтауында...
...Судан шығып кірген соң есі демде,
Бала кейін айтады осыны елге.
«Маржан тауды» жайлаған сегізаяқ,
Шхунаны мерт еткен осы жерде...
...Көрінеді асқақтап сонау алдан,
Сегізаяқ кемені орап алған.
Сол күйінде түбіне ажал жетіп,
«Маржан тауға» мәңгілік қона қалған...
...Су түбінде мөлдіреп тұрады аймақ,
Мүлде жұмбақ балаға мына бейбақ.
Үйірімен жүзіп кеп жалт береді,
Май шабақтар табанда тырағайлап.
Тұс-тұсына қашады үркіп көрім,
Тұмсығымен балдырдың түртіп көбін.
Шортан, тісті тасадан шап бергенде,
Көжек бүрген көкжендет бүркіт дегін.
...Ызғар шашқан кейін қап кеме ол зәрі,
Палубадан су шайған команданы,
Алтын балық екеуі алға қарай,
Ағыс бойлап асығыс жөнелді әрі.
...Үйір-үйір қарама қарсы жүзіп,
Жем кезіксе жолында шаншып үзіп.
Тұқы балық ағады тұтасымен,
Соңдарынан қарап бір қалшы, қызық.
Балық,
балық!
су тілген жоныменен,
Адаспайды,
жүзеді жолыменен.
Адамзатты көргенде ну балдырға,
Торта балық тығылды тобыменен...
Алабұға айрықша ажарланып,
Жапа жалғыз жүзеді сазан балық.
Қара құрым қаптайды су астында,
базаршыдай
қарасаң назар салып.
Су түбінде асыр сап таппас тыным,
Жердегідей жоқ боран, ақ басқының.
Болат қармақ бұл жаққа бойламайды,
Балық біткен сондықтан қаппас бірін..
...Жүзе берді екеуі тағы да әрі,
...Жан-жағында балықтар ағылады.
Патша шортан мекені маржан сарай,
Бала болса сол жерден табылады.
Қызық емес!
жалықты бұдан бала,
әуелгіде жүргенмен құмарлана.
Адамзатқа әуестеу әр нәрсеге,
Патша балық қарайды күмәндана.
Маржан таңсық емес түк, көп ол жерде,
Бақытты ма, тек соған бөленгендер?!
Тойған жерге тартады ит атаулы,
Туған жерге тартады дегенмен ер.
...Бала аралап су асты патшалығын,
Ойлайтыны бір мезгіл тапса тыным.
Жердің үсті болатын,
бұл судағы
көргісі жоқ қызықтың басқа түгін.
Ойын тура айта алмай балыққа алтын,
Әуелгіде мысалмен жорыпты әр күн.
– Жер үстінде болыпты бір патшалық,
Қиындығын... қызығын көріпті әркім.
Бірдей емес дүниенің төрт бұрышы,
Адам үшін Отаны бопты ырысы.
Кереметін көрсем де күллі әлемнің,
Туған жерден мен үшін жоқ дұрысы.
Қаншама рет тосса да шаттық алдан,
Қанасынан асса да аптыға арман.
Ту жырақта жүргенде баршасынан,
Туған жердің түтіні тәтті болған.
Бұдан басқа рахат жер іздеген,
Құла түзбен жол жүріп,
теңізбенен.
Бір саудагер алысқа аттаныпты,
Қамыс салмен, біресе өгізбенен.
Көзбен шолып кетерде атырабын,
Белге байлап бір уыс топырағын.
Ұзақ жолға шығыпты
қара суық
Ұшырғанда теректің жапырағын...
Арып-ашып... ел кезіп жүре берген,
Біресе сай... біресе кілең өрмен.
Адам өтпес асулар артта қалып,
Асқар таулар тағы алдан түрегелген...
Ұзап шығып Ұрым мен Қырым көрді,
Дүние бір дөңгелек...
дүбірге ерді.
Туын тіккен сол адам туған жерге,
Ақырында айналып жұмыр жерді...
Сол арқылы көктепті... көгеріпті,
Сол арқылы бақытқа бөленіпті.
Жер түбінде жүрсе де желмаясын,
Отанына оралып шөгеріпті.
– Көрдім бәрін,
керемет маржан қала,
Мекендейді су түбін арман ғана.
...Онан әрі байыппен баяндады,
Жер бетіне жетуді жаймен бала.
Мекені адам Жер дейтін алып жаһан,
Мөлдіреген су түбі – балыққа отан.
Құдіретті Алланың қалауымен,
Құс біткенді аспанда қалықтатам.
...Алтын балық мұқият тыңдап алып,
Қарашығын көзінің мұңға малып.
– Адамзаттың баласы-ай,
су түбінде,
Сен жүзгелі жыл өтті жылдам ағып.
Батқан кеме... «Маржан тау» маңайына,
Жүзіп барып жұмбақтың талайына
көз жеткіздің,
керексе суда адамзат,
құстай жеңіл,
ққсайды қалайыға.
...Алтын балық болса тіл шақ қатады,
– Әзірге әкем балдырлы бақта тағы.
Сырымызды білмейді,
білсе дереу
Акуланы бұл жерге қаптатады...
Бір тәттісі болады бір ащының,
Құпиясын білесің су астының...
Енді әкемнен қалайша құтыласың,
Кеңге сермеп жүзгенмен құлашты тым.
...Жауап қатты сәл ғана бала ойланып,
– Сегізаяқ бар шығар абайла, алып?
...Көрген еді қондырғы жылдам жүзгіш,
Жүргенінде кемеге талай барып.
Мылқау дейтін, балықтар тілсіз дейтін,
«Мылқаулар ғой» танытқан мұңсыз кейпін.
Өз тілінде сөйлей ме, бұл балықтар?!
Осынау ой жанымды үнсіз жейтін.
Түсінеді бір-бірін қалай ғана,
..Балдырды өтті балықтар жанай жаңа.
Мүлде жұмбақ тілдерін балықтардың,
Өткен екен түсінбей талай дана.
...Қай жерінде балықтың нағыз жаны?!
...Жұтады ауа жыбырлап ауыздары.
Александр Пушкиннің әлі есімде,
Алтын балық туралы аңыздары.
Оңтайынан туған бұл бір іс болды,
Бір-біріне кешікпей дыбыс берді.
Бағзы батқан кемеге келген бала,
Қараңғылық түскенін дұрыс көрді.
Демей жүзіп екеуі бірін-бірі,
Сыртқа ап шықты жүзетін құрылғыны.
...Бала оның басқанда бір тетігін,
Құрылғының ұласты гүрілге үні.
– Қош, қош, – дейді қамығып алтын балық,
...Бала артында су қалды толқынданып.
Кіп-кішкентай жүрегі дүрсілдейді,
Тосып алда тұрғандай жарқын жарық.
Кеткен дұрыс бұл жерден аманында,
Шаттық ойнап баланың жанарында.
Көтеріліп келеді су бетіне,
Қап барады балықтар табанында...
Артқа тастап балдырлы бақ, қаланы,
Жүзгіш құрал су астын қақ жарады.
Мөлдіреген әлемі балықтардың,
Бірте-бірте алыстап қап барады...
...Бала айтады:
– Тік туған туыңды елге!
өсіп-өніп балықтар,
суыңды өрле!
Қырандардың мекені – көк аспанда,
Адамзаттың мекені – жұмыр жерде!!!