Адам қарады: 183 | Жарияланды: 2017-06-12 17:26:37

Алаш рухы

Поэма

Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны,

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны,

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысының болғаны!

                Мұрат Мөңкеұлы.

Бастау

 

Өртенді!

Атыс-шабыс,

Болды дауыл,

Ілесті қара бұлтқа қаңғып ауыл.

«Ақтабан-шұбырынды» заманында

Қан жұтып қалды ағайын, қалды бауыр.

 

Не бақыт жатжұрттықтан тапты көшіп?!

Қақтығыс, қанпезерлік қақтырды есік.

Жабылды Ерік, Үміт қақпалары,

Тарылды тағы ханның жат мінгесіп.

Тұсады,

Шідерледі,

Бұғаулады,

Әуелі жанашырсып,

Жақпын десіп.

 

Өңінде,
Көрмегені бұл түсінде,

Ел жаны жалмауыздың жүр тісінде.

Бағына жету қайда?!

Бары жоқ боп,

Тағы да бұлқынды ерлер бұлт ішінде!

Ақ көңіл, ашық-жарқын, кең қазақтың

Ыза-кек араласты күлкісіне.

 

Иектеп ие болып бар асылға,

Сап жатыр бекіністі қаласын да.

Барады өршіп өрттей күн-күн сайын

Дау-жанжал қазақ – казак арасында.

Құрсауда ата-баба қоныстарын,

Әуелі ұқсап еді жанашырға.

Мұнысы болды өлкеме өрт қойғандай,

Айналдық шарасызға,

Панасызға...

 

Толғантты осы жағдай Ыбырайды;

«Қара бұлт қашан елден ыдырайды?!

Тарылып шабындығы,

Егістік жер,

Қазақтың желкесіне мінді қайғы!

Бақыты өткен күнмен еріп кеткен,

Еркіндік...

Көз ұшында бұлдырайды...»

 

Заманда алағай да, бұлағай да,

Зорлыққа қарсы тұрып Ұлы Абай да,

Алысып мыңмен жалғыз, запа шегіп,

Жұртына деген еді «кінә қойма!»

Даналар айтып кеткен сөз-тарих,

Күні-түн күмбір қағып тұрады ойда.

Тарихқа тағзым ету-дәстүріміз,

Қасиет – туа бітті тұлабойға!

 

 

     Алаш, «Алаш»

                                 Күн сөнгенше сөнбейміз.

                                                Алаш ұранынан.

     Алаш - ХV ғасырдың орта тұсында «Қазақ хандығын» құраған түркітілдес рулар «одағы».

                                                        Газеттен.

Қашаннан тіл – халықтың қазынасы,

Қазақтың бір заманда кәрі-жасы

Қонақты қадір тұтып «Алаш» деген, -

«Кісісі Отанының» - мағынасы.

 

Інжу сөз іздегенге табылмай ма,

Шаршай ма?!

Жоқ іздеген дамылдай ма?!

«Тақсыр-ау, ұнатсаңыз, қарашыңмын;

Ұнатпасаң, жай жүрген алашыңмын», -

Депті ғой бір ақын кеп Абылайға.

 

Дейтіні «Алашыңмын» қонағы еді,

Қызмет жасау міндет оған енді!

Мейманның мақсаты сол – сынап байқау

Дәстүрін қастер тұтқан жоралы елді.

 

Халықпыз шағармаған Хақты ойынан,

Дәстүрді жалғай білген бақ қой ұлан!

«Алаштың басшысы» деп

Хан Жошыға

Сол тұста «Алаш» деген ат қойылған.

 

Ғасырлар өтсе де сөз жоғалмаған,

Кесапат кедергі оған бола алмаған!

Құрамы ол – түркітілдес халықтардың,

Ұран сөз «Алаш» деген содан қалған.

 

Тап болып мына сүргін, ана сүргін,

Жоғалып кеткені рас сан асылдың.

Тіліңе бұғау салған зұлматтарда

Алаштан болған басқа жанашыр кім?!

 

Шықпаған сөзіміз көп жарыққа әлі,

Тарихты талқан етті!

Танытпады!

«Алаш» деп қойыпты атын партияның

Еске алып өткенді Алаш алыптары.

 

Алты Алаш – қазақ, қырғыз – ардағы  ортақ,

Түрікпен, башқұрт, өзбек, қарақалпақ.

Санасы, салты, әдебі, өмірі ұқсас,

Тілі ортақ,

Әдет-ғұрып,

Арманы ортақ.

 

Теңдігі жоқ ел әр кез күйінеді,

Бірігіп,

Жұдырық боп түйіледі;

Арды ойлап азаматтар басын қосқан

«Алаш» - топ,

«Алаш» -  ұя,

Ұйым еді.

 

Бастады адамдыққа, адалдыққа,

Баспады қарыс қадам харамдыққа.

Патшаның қарсы шықты

Ұстауына

Халықты «бұратана» надандықта...

 

Кезеңде алас-күлес,

Алмағайып,

Онысын,санасыздар санады айып.

Ел еді!

Еркіндік ед!

Құлатты атып

Қанатын ұшқан сәтте жаңа жайып.

Әттең-ай!

Сол қарқынмен самғай берсе,

Ел болар едік-ау бір таңғажайып!

 

«Еркіндік іздеп асқар асса бүркіт,

Қанатын қайырып ұстап,

Таста қырқып!» -

Осы еді отаршылдар ұраны онда,

Алаштың аты аталса, қашқан үркіп.

 

 

 

Руханият

За годом год хромали годы,

Прошло из много с той поры,

Как, вольный сын степной свободы,

Казнён батыр Кенесары.

 

Но дух его бунтарской воли,

Его борьбы кровавли след,

Был маяком киргизской голи

До дней свободы, дней побед.

                         Әлихан Бөкейханов

«Өткенге!

Алдағы асу, жолға қара,

Өзге елдің дәстүрі үлгі бола ала ма?

Керек төл әдебиет, мәдениет,

Жоғалмас қазақшылық сонда ғана!

 

Ел болар - ұлтын, салтын қорғағандар,

Алдағы ардақты ісің сол бағамдар!»

Әлихан осылай деп үн тастаса,

Бұл сөзді аз болған жоқ қолдағандар.

 

Биікке жетелеп сол асқақ арман,

Ойлады кем болмауды басқалардан.

Ол үшін ел рухын тәрбиелеу

Осылай алыптардан бастау алған.

Өнерді, асыл сөзді дәріптеді,

Тайсалмай жаулық жасап жасқағаннан.

Жалғасы түркілердің емеспіз бе

Ерлігін, ойып кеше тасқа жазған!

Күлтегін, Тоныкөктер көзін ашқан

Сөз – бұлақ қарғып ақты асқарлардан!

                             ***

 

Келмейді өлген қайтып, аты өлмейді,

Асқақ ой, өткен ісі, хаты өлмейді.

Жемісін ақыл-ойдың сыйласа елге,

Биікке барда ұрпағы даңқы өрлейді.

Ардақтап кейінгіге біз жеткізсек,

Олар да айтып елге қастерлейді.

 

Келмейді өлгендердің бірі қайтып,

Сөйлейді олар бірақ сырын айтып.

Тағдырдың басқа салған тәлкегі мен

Бізге үлгі заманының жырын айтып.

 

Сырында қараңғылық, жарық та бар,

Өткенге көз жүгіртіп, алып барар.

Мұңайсаң қайғы жұтып бір сөзінен,

Бірінен жүрек тулап,

Шабыт табар.

 

Байқалар сөздерінен алыптығы,

Шындығы, айтқанының анықтығы.

Қарынның емес қамы ойлағаны,

Бақыты !

Ел ертеңі!

Халық мұңы!

 

Асылдар – тағылымды да, дара тұлға,

Мінезге,

Бай адамдар бәрі ақылға.

Ажалдың алдында олар тұрғанымен,

Айтты ойын ақ арманның қанатында!

 

Қолынан келе бермес бұл өзгенің,

Жігерін елемеді мұң езгенін.

Қуатты, асыл, асқақ, ойлы, терең

Байқайсың сөздерінен мінездерін.

Өкініш - алай-түлей өрт шарпыды

Жарқылдап ойнап-күліп жүрер кезін.

 

Жатырмыз танып-біліп бұл күндері,

Кінәсі-халқым деді, ұлтым деді.

Қиындау  іс болыпты ел қамын жеп,

Қайыру әрі жүрген жұртын бері.

 

Азаттық үшін Алаш жағаласты,

Сол үшін

Қудалады,

Дарға да асты.

Түнекте қалған жұрттың ол күндері
Күнә еді ойлауы тек қара басты!

 

Заман-ай, зар жылатып, ұшты, кетті,

Арман-ай, тісті жетті, күшті жетті.

Әлихан Бөкейханов айтып кеткен:

«Зомбылық, қорлық, зорлық, ұлтшыл етті!

 

Сүйгенім, сүйенгенім халқым еді

Азаттық аңсатты да

Ар түледі!

Қамынан қара бастың Арын сатқан

Ұлтшылдық анағұрлым артық еді!»

...Ұлтшылдық жұрт алдында неге айыпты,

Тең болу басқа елдермен – бар тілегі!

 

Гауһар да, лағыл, күміс, алтын да тұр,

Тердім мен қалмасын деп халқым ғапыл

Алаштың асыл текті ардағы айтқан

Сөздері үлгі-өнеге, ақыл-нақыл!

 

Не деді олар сол сын сағатында,

Сол сөз ғой жүрек қылын қағатын да!

Елі үшін күресті ерлер жан аямай,

Қалмай тек адамшылық санатында.

 

Тең келмес әр әрпіне саф алтын да,

Шыққан сөз тірелгенде жан алқымға

Діл болып әр жүрекке ұяласын,

Оқушым, ойлан, үлгі ал, сал ақылға!

 

                          ***

Қол созып кейде үмітке, кейде арманға,

Қуанған,

Болды сәттер қиналған да.

Береке,

Бірлік,

Күрес айтатыны

Қашан да Алаштықтар жиналғанда.

 

 

Айтатын қуанышын, наласын да,

Ағын да,

Бұл өмірдің қарасын да.

Ол кездер сатқындар да аз болмаған

Еліне жарамаған жанашырға.

Жоқтар да партияда отыратын

Кей-кейде алаштықтар арасында.

 

Ұлым де!

Одан асқан ұран бар ма?!

Бұрылма тар кезеңде бұғар жанға!

Әлихан ой қозғады түйін-түйін:

Не жетер азаттыққа бұл жалғанда!

 

Ой  жіберші құлқына,

Көрсетіп қорлық,

Кім езген?!

Қызмет ету ұлтына –

Білімнен емес, мінезден!

 

Қуатты күш бар қопарар

Көкке ұшар күлі бұл күннің. –

Бостандыққа апарар –

Бірлігі саналы ұлтыңның!

 

Өткенге бекер қайрылмай,

Қапаланып-қайғырмай,

Азаттыққа ұмтыл, бас алға,

Тізгіннен, тектім, айрылмай!

 

Сақта Алла, қауіп-қатерден,

Жөн сізге халқым не дейді?!

Жетелеп орыс әкелген

Бұралқы болыс көбейді!

 

...Ойына айтып бәрі бәрекелді,

Тыңдауға құмарланды Әлекеңді.

Әлекең ағылдырды сөз маржанын,

Қырандай кең жайылған қанаты енді:

 

Ұмтыл өмір өріне,

Өжеттер биік өрлейді!

Бөтен кісі еліңе

Азаттық әкеп бермейді!

 

«Бұл – жеткізбес, ол – қашық», -

Деме, өмірге бол ғашық!

Ресей зобалаңынан

Алашты қорғар жолға шық!

 

Мінезін, тілін, тұрмысын

Білмесе егер халықтың, -

Басшы боп елге бұл кісің

Орната алмас жарық күн!

 

Берген пара толды ұртқа –

Сол сорлылық, сол қайғы!

Әділдігі жоқ жұртта

Береке-бірлік болмайды!

 

Өз күшіне сенбеген

Халық бәйге алмайды.

Ел үшін топқа ермеген

Жігіт бағы жанбайды!

 

Бойдағы жігер қандай, шабыт қандай,

Әр сөзі өр мінезін танытқандай!

Әлекең көкірегі – алтын сандық,

Ақтарды

Ішін сырын алып қалмай...

 

Қисынын тауып сөздің қалап келген,

Айналдым талантты елден, талапты ерден! -

Деп Ахаң – Байтұрсынов сөз бастады

Терең ой,

Тілге ұшқыр қанат берген:

 

Шашпаған бізге тағдыр қашан ызғар,

Әлі де жалаң аяқ басамыз қар.

Көсемдік жасағанда халқымызға,

Тек түзу,

Әділдікпен жасаңыздар!

 

Сөйледі байсалды да, байыпты да:

Бұл қазақ теңдікті айтса, айыпты ма?!

Ақ жолдан адассаңдар –

Аударар сол –

«Алашты»,

«Алаш» мінген қайықты да!

 

Елдің қамы ерінбей еткен ісім,

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін!

Жаз да, күз де, қыс та ондай буырқанбас -

Бағала да!

Сезе біл көктем күшін!

 

Жалғау үшін ертеңге

Ел көктемі – бүгінді,

Үлгі көрсет өркенге,

Үйрен ғылым-білімді!

 

Жонға соны түсті жол,

Жаңа - қонған қонысың.

Бай бол әрі күшті бол!

Бірлік керек ол үшін!

 

Сынақты алда сан жыл тұр,

Сыннан өту қолыңда!

Ол үшін терле, алға ұмтыл

Керектердің жолында!

 

Қатерлі жерде егер де

Отырсаң қамсыз-қаперсіз,

Азаттық іздеп келе ме,

Теңдікке қалай жетерсіз?!

 

Қашанда елім,

Жоғары

Білім атты туды ілші!

Қазағым – жоқшы,

Ол әлі

Іздеген жоғын қуғыншы!

 

Олжалы жерде үлестен,

Ордалы жерде орыннан,

Жоралы жерде жолыңнан

Қалғаның шықпай жүр естен.

Туады айың оңыңнан,

Қазағым, тайма күрестен!

 

Кейінгі үрім-бұтақтан

Алатының алғыс па,

Аларың әлде қарғыс па?!

Құрулы бізге тұр қақпан.

Арды ойла, бас намысқа!

Осыны аңғар, жұртым-ау,

Жетелер намыс алысқа!

 

Әрі ақын – сөз зергері, ғұлама, паң,

Тіл десе, ақтарылар бұлақ – Ахаң!

Балаңа жерің, ділің, тілің – мирас,

Деді тіл – болашағың, шырағы – Отан!

 

Өз тіліңде сөйлессең,

Өз тіліңде ой кешсең,

Жазсаң Ана тіліңде

Қой дер жан жоқ бұл күнде!

Ұл болуда – ұлылық!

Ұлтыма ғана ұлмын де!

                    

                   ***

 

Ол сөйлер төрден, өрден де,

Қауіп-қатер төнгенде,

Тілінде – халық байлығы!

Тілінде – халық айбыны!

Онсыз күнің шықпайды,

Онсыз таңың атпайды!

Тіл – алдаспан – қаруың,

Тіл – сүйікті аруың,

Тілін білген зор кісі!

Елдің күші ол, ер күші,

Елдігіңнің белгісі!

Жарық шашар ол алға,

Салар елді тезіне.

Елдің –

Сөзі жоғалған

Жоғалады өзі де!

 

Күрессіз жете алмаймыз біз бақытқа, -

Деп, сөзін нығыздады Міржақып та. –

Ұстауға жарамайды, бірлік керек,

Әрі тарт, бері тартта сынған тұтқа!

 

Тарылып бара жатыр аспан асты,

Қорлығы Ресейдің бастан асты!

Келеді ер тарығып, жер тарылып,

Жарамас кеңге салу арқа-басты!

 

 

Ояну керек қазақ, қалғымайық,

Күресіп, іс қылайық жанға лайық!

Жол – ұзақ,

Ғұмыр – қысқа,

Тез қимылдап,

Іздейік жоғымызды,

Бар қылайық!

Құрбан боп кетсек те біз

Кейінгіге

Тағдырын түзер үлгі қалдырайық!

 

Шашылып бітті еліміз ырыздығы,

Қалайша қапа қылмас бұл ізгіні?!

Міржақып  ой айтқанда қадау-қадау

Байқалды мінезінің тығыздығы.

 

Байқалды сырын ішкі бүкпегені,

Шын екен мінезін ел тік деп еді.

Қайратын қайратты шаш аңғартқандай,

Дембелше, қоңқақ мұрын, нық денелі.

 

Тілді екен тіліп түсер, жанары отты,

Жанарын біреулерге қадап өтті.

Босында қол-аяғың қимылдап қал,

Жасықтық жарға жығып, жаралы етті.

 

Халықтың жарқын болсын болашағы!

Біз бүгін алдындағы жолашары!

Көтеру үшін кім де ауыр жүкті,

Бірігіп, бір-біріне

Қолдасады.

 

Соңында қалмас жұрттың соны ескерген,

Егесу керек қорықпай егескенмен!

Кеңесу керек қорықпай кеңескенмен!

Жоқ үміт онсыз алғы белестерден!

 

Белгілі салдары да, себебі де,

Күмән жоқ алда әлі азап шегеріме.

Алашым, жарамасам керегіңе,

Өмірдің мәнсіз мынау керегі не?!

 

Ардақтап мәнін ұқтым елдіктің мен,

Шығады бұға берсек ерлік кімнен?!

 

Сорлы ма содырғы елім бас иетін,

Біткенше соңғы демім сендікпін мен!

 

...Араздық, алауыздық тоқталған ба,

Таралған осы айықпас дерт жалғанға!

Аңсаған ағайынның татулығын

Қанша жан өкінішпен өтті арманда.

Сөндірмей қалай қарап отырарсың,

Өңмеңдеп етегіңді өрт шалғанда!

Мұстафа қалды орнында қозғалақтап,

Бәз біреу «қыпшақ елі» деп қалғанда.

Қыранның көзіндей боп кетеді екен

Жанары шашып жалын шоқтанғанда.

 

Талай ой көкейкесті түсті ортаға,

Ресей бізге тізгін ұстата ма?!

Ағалар!

Қыпшақ деген ұлт жоқ мүлде, -

Деп сөзге араласты Мұстафа да.

 

Ұлт бар тек Қазақ деген,

Бөлінбейік!

«Қазақтың  әрбір жері-төрім!» - дейік!

Бөлінсек әр рудың көсемі боп,

Шығатын аласарар өрің биік!

 

Онсыз да бөлінгеннен көрдік азар,

Бөлінсең, бөрі тиіп, елің азар!

Бас көтер!

Күреске шық!

Сонда ғана

Күн туар бүгілген ел белін жазар!

Ел қорға!

Атамекен – жерді қорға!

Қанішер,

Қып-қызыл өрт-келді тажал!

 

Ардақтым - ана тілмен бір жүрегім

Ол барда болмайды Аха, құм жігерім!

Ұлттық Рух негізі – ұлттың тілі,

Адамзат мойындаған шындығы елдің!

 

Бұл сөздер намыстарын жанығандай,

Қол соқты рза болып бәрі қалмай.

Рас қой!

Күні бүгін жүргендер көп

Рулық санасынан арыла алмай!

 

Қазағым, өзің күйтте күйіңді енді,

Қоялық қайрат қылмай күйінгенді!

Алыспай азаттыққа жете алмаймыз!

Мәжіліс осы сөзбен түйінделді...

 

Ойлары,

Армандары, сөздері асқақ,

Кімді де жолға салар, жөнге бастап.

Бір сәтке домбыраға кезек тиіп –

Қостады төрелерді төрдегі аспап.

 

«Сөнбесін жарық шашып жанған жалын,

Қол бұлғар  сонда ғана алдаң бағың», -

Десе егер арда Алаш асылдары,

Кейінгі толқын жалғады армандарын!

 

 

Тұрар Рысқұлов:

 

Қазанат мінген қазақпыз,

Еті тірі халықпыз.

Біріксек қана азатпыз,

Біріксек қана алыппыз!

 

Алты Алашым, бір ел бол!

Түркі тілдес түгел бол!

 

Жүсіпбек Аймауытов:

 

Таң жұмыссыз атпасын!

Өткен босқа – күн қараң!

Талпыныс тыным таппасын,

Жан тыныштық іздейтін

Заман емес бұл заман!

 

Білем!

Сезем!

Ұлыққа ұнамаймын,

Аяқтан шала берсін!

Құламаймын!

Қиянат жасады елге халқын қорлап,

Кешірім үкіметтен сұрамаймын!

Қазақпын!

Еліненмін қарт Жамбылдың,

Еңселі еліненмін ұлы Абайдың!

Өтті ғой..

Өтті бастан өкініш те,

Алағай, алай-түлей бұлағай күн

Арман жоқ ұлтым үшін құрбан болсам,

Жалынып жатжұрттыққа жыламаймын!

 

 

Түнектен құтқаратын түркім-кемем,

Сөйлесем түріктермен бір тілде мен!

Шешеді шешілмейтін түйіндерді,

Өседі!

Өрге асады ұлтым деген!

 

Салтымнан, сынақ күннен сабақ алдым,

Мақсатым – ісін жалғау бабалардың.

Өзіме тілегенді – елге тілеп,

Баласын бауыр ету бар адамның!

 

Құлай сүйсем, менде қандай бар кінә?!

Кіндігімнен байланғанмын халқыма!

Үзе алмаймын!

Үзу қолдан келмейді!

Қайшы ол менің дәстүріме, салтыма!

 

Мұхтар Әуезов:

 

Қол бұлғап ұмтыламыз арманға алыс,

Тар кезең шалыс бассаң –

Арлан!

Барыс!

Бойына Ар сақтаған – қасиетті,

Қасиет емес мүлде жалған намыс!

 

Босаға болар төр кей күн,

Айтарым кәрі-жасқа да:

Қиянатқа көнбей,

Көн

Әділдікке атса да!

 

Ол - кемеңгер, ол – ұлы

Ақыл – адам көрігі!

 

Ашуыңды тізгіндер

Ақылдың сабыр серігі!

 

Бауыржан Момышұлы:

 

Арлы болсаң, өр сендік, төр де сендік!

Сөз-қаһарман!

Әділ,

Шын

Сөз – көсемдік!

Отан үшін күймейді отқа түскен!

Өршіл рух тудырар өлмес ерлік!

 

                    ***

Бар қазақтың – Астана, Алматының

Көкке биік көтеріп жаңа Күнін,

Эфирлерден есіліп елге тарап,

Адамзатты аймалады, Ана тілім!

 

Шығыс!

Батыс!

Оңтүстік!

Солтүстікті

Ана тілім, арала, алма тыным!

Тебіреніс, тек сенде тектілігім,

Бар байлығым –

Бақытым,

Бар ақылым!

Өзің барда – нұрлы өмір, ұлтым ұлы,

Қайрылмасы анық қазақ қанатының!

 

 

                             Көріпкел

Сөйлеу де қауіпті еді ол заманда,

Не жетсін емін-еркін толғағанға?!

Көріпкел,

Тауып айтқан,

Адаспаған

Алдағы атар таңды болжағанда!

 

Заманы ластады,

Лайлы етті,

Тағдыр-ай, оларға бас бұрмай кетті.

 

Бүгінді көз алдына алып келіп,

Ардақтылары Алаштың былай депті:

 

 Шәкәрім Құдайбердиев:

 

Айналдым Анам-елден, данам-елден,

Таппаспын сендей мекен бар әлемнен!

Қазағым қайда ұшса да

Қайта айналып

Ұясы - Сарыарқаны таба берген!

 

Әлихан Бөкейханов:

 

Сөзім асыл, бай дерсің,

Жетер сол бір күнің де!

Алар әлем бәйгесін

Азат қазақ тілің де!

 

Смағұл Садуақасов:

 

Қиялдап қол созамыз кейде арманға,

Ойыңа бірлік түсер қиналғанда!

Теңесер тереземіз өркенді елмен

Бар қазақ Сарыарқаға жиналғанда!

 

Алмайды өтіп жатыр уақыт тыным,

Қазақта жүрген кім бар шалқып бүгін?!

Бақытсыз болса халқым- бақытсызбын,

Бақытты болса халқым- бақыттымын!

 

Сан азап ұлтым үшін тартып келем,

Жанымнан оны өйткені артық көрем!..

 ...Оқыса ойланар ма осы сөзін

 Тоғышар тойған күнін бақыт деген?..

 

                           ***

 

Бақ- дәулет, жыр Арқада, ән Арқада,

Жиналған қазақ қазір Сарыарқаға.

Орнаған көкке өрлеген ғимараттар

Айнала Ақ Орданы ап ортаға!

 

Ел ісін,

Ел басшысын қолдап Алла,

Сол жаға,

Гүлге оранды Оң жаға да!

Тілегі қазағымның сол қалада!

Жүрегі қазағымның сол қалада!

Құшағын жаяды елге Сарыарқамыз

Мейірімді болған әке, болған Ана!

 

Бұл күнде өзге елдермен терезе тең,

Шаңырақ биіктеді, кереге кең!

Жүйрік ой жүзеге асты жүрек тулап,

Ойлары терең екен, кемел екен!

Ұланға жасөспірім сана берсін,

Бұдан да бақытты күн келер ертең!

 

 

Түйін

    Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!

                                Сәкен Сейфуллин.

    Ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

                                        Н.Назарбаев.

    «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан.

                        

                          ***

Сол емес пе қайтадан жанданғаны,

Сол емес пе қайтадан жалғанғаны-

Ел бақытты!

Әр жүректе

Алашымның

От тиіп отқа оранған армандары!

 

Жүрмейді аулақ неге ажал адал жаннан,

Кейде осы ойды оқимын жанарлардан.

Қырғынында қызылдар

Өлмей,

Сөнбей,

Алаштың тек рухы  аман қалған!

 

Жеңе білген жауларын,

Дауылдарды,

Болсын биік елімнің тауы мәңгі!

Ер Махамбет жырлары – рухымыз,

Ел рухы батыр еткен Бауыржанды!

 

 

Қазақпыз ғой бұзбаған қалпымызды,

Еліміздің Егемен әр күні ізгі!

Қалтыратып Кеңесті Желтоқсанда,

Оятқан да сол рух халқымызды!

Көкке бізді көтеріп

Сол рух -

Бар әлемге шығарған даңқымызды!

 

Сол ғой!

Сол!

Сол жастарды жалындатқан,

Елге төнген ажалдың қолын қаққан!

Қазақ бойын тіктеген сол рух,

Сол рух елдігін мойындатқан!

 

Елімізді мың алғыс танығанға,

Көк туымда,

Сол рух – Әнұранда!

Шаршағанда сол рух дем беретін,

Оятатын сол рух қалғығанда!

 

Ұлықталып ұлың мен енді асылың,

Елге бақыт сыйлауда кең ғасырың.

Талантымен парасат шыңын алған

Бойындағы сол рух Елбасының!

 

Өшпесі хақ асыл сөз, жарқын іздің,

Өлмесі хақ дәстүр мен салтымыздың!

Қаһарман да, қастерлі, қасиетті

Бойындағы сол рух- халқымыздың!

 

                             ***

 

Ұл бағына, жетсін деп қыз бағына,

Айналды олар қызылдар құрбанына.

Мың тоғыз жүз отыз жеті, отыз сегіз –

Қарасаңыз атылған жылдарына.

 

Демеді олар «тыңда мені», тыңдады елі,

Ішкі- сыртқы кейінге үлгі әлемі!

Бақытына бастау боп

Жанданғандай

Сол қазалы, азалы жылдар енді.

 

Қырағы қырдың бәрі, ойдың бәрі,

Күзетте ұландары – айбындары!

Көтерген көкке кеше сол рух

Батырлар – Тоқтар, Талғат, Айдындарды!

 

Жас – тұлға,

Бала – тұлға,

Ана – тұлға!

Сол рух әр батырда, әр ақында!

Бастайды ол армандарға,

Таңдарды алға!

Келеміз сол рухтың қанатында!

 

Кеткен бізге қалдырып бар асылын,

Бар ма артық Алаштан жанашырың?!

Болашаққа әр ісі- бағыт-бағдар,

Дертке- дауа, әр сөзі –жанға шырын!

Ұялмайтын болайық деп айтуға:

«Сол Алаштың бүгінгі жалғасымын!»

 

Адамзатқа Алаштың нұрлы әлемі,

Әдеті мен бойыңда жүр ме әдебі?!

Ұлы мұрат жолындағы ұлы Алаштың

Болу бүгін бақытың  мұрагері.

 

Естімейін,

Көрмейін  күрсінгенін,

Бара жатыр өрмелеп бір шыңға елім!

Ардақтылары Алаштың айтқан сөзді

Жинағаным-есінде ел жүрсін дедім.

 

Азаттық деп жар салып бар әлемге,

Көз алартқан қаймықпай қарады елге.

Махаббатын өшірмей елім деді,

Кір жуытпай кіргенше қара жерге.

 

Мың- мың алғыс Алаштың қыранына,

Ұлы істерге бастаған ұранына!

Олар кеше қорғаған кең даланың

Асыр салып ағады бұлағы да,

Еркін соққан самалы, еркін құсы,

Еркін бүгін киігі, құланы да!

 

Астанадан асқақ үн асып дала,

Қиял жетпес жетеді қашыққа да!

Араласып жатырмыз бар әлеммен,

Қара жәшік түймесін басып қара!

 

Қайта шықты қазақтың батқан күні,

«Халық жауы» атанған ақталды ұлы.

Тұлғалары тұр бүгін тас тұғырда,

Ұлтының бұл ұлықтап жатқандығы!

Өшкен жанып, өлгендер қайта келіп,

Ақ түйенің қарыны ақтарылды!

Өзге емес!

Өз Ұланы таққа мінді!

 

Жайқалдырды егінін, қырда гүлін,

Тыңда күйін!

Тыңда әнін!

Тыңда жырын!

Алты Алаштың аңсаған күні туды

Қазақ елі әлемге Тұлға бүгін!

 

Төрге өрлеңіз,

Ел асыңыз,

Бел асыңыз,

Бақыт болар досыңыз, жолдасыңыз!

Қырғи- қабақ боп қалса бір- бірімен,

Елдестірер елді енді Елбасымыз!

 

Ел жоқ мүлде достықтың жібін үзген,
Қайда барсақ қарсы алар жылы жүзбен.

Түбі бірге түркі елі, сағынысып,

Құшақтасып көрісер бүгін бізбен!

 

Адамзатты дос санап әлемдегі,

Алты Алаштын рухымен жан емдеді.

Ұлт рухын көтеріп ұран-Алаш,

Өнегелі іс өлмесін дәлелдеді!

 

Қайта оралды!

Арада ғасыр өтті,

Сөз – құдірет!

Жасықты асыл етті!

«Күн сөнгенше сөнбейді» рухы-Алаш,

Айналдырған бақытқа қасіретті!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған