Жетісу жазбалары
Омар төре
хикая
Шекара кардонынан қашқақтаған бес жігіт Жүзасудың таутеке тұяғы әзер сияр тар соқпақтары арқылы өтіп, Матай тауының бөктерімен жүріп отырды.
– Сол маңда ауыл болуы керек, бөтен таба қоймас деп Қоянкөзден аулақ кетіп, тау ішіне ұзай барып қоныпты, – деді алда келе жатқан Бекен бұрылып. Омар төре «Бастай бер» дегендей ишара етті. Жыл өткен сайын бәлшебектер күшейіп келеді. Шекара күзеті де мығым. Бұрын емін-еркін өтіп жүрген Сатылы тұсындағы Аралтөбе, Бірлік деген атаулармен құрылған артельдерде де белсенділер көп, «кедей теңдігі» дегенге бөріктері қазандай боп, құлшынып жүр. Аямайды. Жеті атасы жарымаған Сәрсеннің артельге басшы болып, елді бір қамшымен айдап жүргенін естігенде Омар әуелі күліп еді. Кейін аталастың біразын айдауға жібергенін естігенде күйіп кетті. Намаз оқып отырып жел жіберіп қойғаны үшін жұрт «тырқылдақ молла» деп атап кеткен, дүмше Тәкенді ұстатып жібергені тіпті есі дұрыс адамның ісі емес. «Құл құтырса құлағыңнан қиқу кетпейді». Қайран Құдияр ағасы әулие екен ғой. Ескіден келген елдікті, атадан сіңген өрлікті сақтаймын деп жүріп ол да өлді. Алты мүшелден асып кеткен қартты ату жазасына кесіпті...
Омар төре бетін сипады. Сосын жүрісті жылдамдатпақ болып Сүлікқарасын тебінді. Бұл жануарды екі жыл бұрын осы маңнан, Қытай асып бара жатқан бір көштен тайтұяқ күміске айырбастап алып еді. Тау түлігі екен. Әр тасқа тұяғын тік салып, тайпалып береді. Тау-тасқа аттың аты жүреді ғой, егер еркіне жіберсе жігіттер ілесе алмайды, тек Бекеннің торысы қара үздірмес. Қайқы құздың батысын ала ет пісірім жүргеннен кейін алдарынан жартас шықты. Бекен қолын көтеріп белгі берген. Бәрі тоқтап аттан түсті де елу-алпыс қадамды жаяу өтті. Жартастың арғы бетіндегі шор жотада тасасынан киіз үй төбесі көрінеді. Әріректе тағы төрт-бес үй тұр. Бекеннің ауыл дегені осы бас сауғалап жүрген алты үй екен.
- Мен жақынырақ барайын, – деп Бекен бүкшиген күйі алға жүгіре
жөнелді. Жер бауырлап жатып, біраз тың тыңдады да кері қайтты. Бұлардың қасына келіп, тасқа арқасын сүйеп отыра кетті де сыбырлай сөйледі:
- Мына үйдің алдында ерттеулі жеті ат байланып тұр. Ер-тұрманына
қарағанда солдаттар болуы керек. Жылаған дауыстар шығып жатыр...
Ол Омарға қарады. Төре ләм деместен жаңа Бекен барған тұсқа
өзі беттеді. Жігіттер де бой жасыра соңынан ілескен, діттеген тұсқа жетіп, бәрі қатарласа жатып, ауылды барлады. Үйлер алақандай жазыққа айнала тігілген екен, Бекен айтқан жылқылар тұр.
- Ананы қараңдар?! – деді Қаби сұқ саусағымен үйдің оң жағын нұсқап,
Омар сәл оңға ысырыла қарап еді, үй жанында құлап жатқан жігітті көрді. Әріректе тағы бір-екеуі жатыр. Еркек біткенді атып тастаса керек. Алты қанат, жұлым киізді қара үй жақтан әйелдердің жылағаны естіледі. Бір мезет қарқылдап күлген дауыс пен орысша шүлдірлеген сөздер естілді.
- Түсінікті, – деді Омар. – Болары болыпты... сәл тосайық, олардың саны
бізден көп, қарулары да бар.
- Тәуекел етсек... – Бекеннің тісі шықыр ете түскен. – Қамсыз секілді
ғой...
- Доғар! – деді төре сұстанып. – Сәл күн еңкейсін... сосын...
Жігіттер қайта жартас тасасына барып, жамбастай жатысты. Ешбірінде
үн жоқ. Бір тастың үстінде түнеріп төре отыр. Қаби мен Қанай аттардың, айылын босатып, ерді сәл шоқтыққа қарай ысырып, қалмақша байлап тастады. Манадан жылқыларды ұстап тұрған Ерназар да осыдан кейін ана екеуімен бірге келіп, бұлардың жанына отырды.
- Иттер...
Омар төре күбір еткенде жігіттердің бәрі елең етіскен.
- Қайтеміз? – деді Қаби. Үнінде зіл бар. Омар ойланып қалды. Бесатары
бар шекарашыларға қылыш, маузапанмен қайрат көрсете алмайсың. Жанындағы төртеу – Күреңбелдің жігіттері. Мына ен жайлау, тау, ұшқан құс, жортқан аң, жорғалаған жыланға дейін ықылым заманнан осылардыкі еді. Ата-бабасының табанының табы қалған туған жеріндегі солдаттардың лаңына іштегі ашу бұрқ-сарқ қайнап, шыдатпай-ақ барады. Кеттік десе дәл қазір солдаттарға жалаң қолмен лап қойғалы отыр, бәрі өлімге тік қарайтын сайыпқырандар. Ондай болмаса төре жанына ілеспес еді...
- Сәл шыдайық...
Күн еңкейіп, айнала алалана бастағанда Омар қозғалды, жасы кіші Ерназар
аттарға қарай жүгіре жөнеліп еді, төре ыңғайын ұққан Бекен тоқтатты.
- Тоқта! Ат үстінде атойлап кіретін іс емес...
Бұлар баспалаған күйі киіз үйлердің бірінің тасасына жеткенде
үй ішінен еңгезердей солдат шыққан. Байқамады, керіліп алды да дәл тұрған жерінде талтайып, дәрет сындырды. Үй ішіндегілерге дауыстап бірдеңе айтып тұр. Сол сөйлеген қалпы қайта кіріп кетті. Омар өліп жатқан қазақ жігіттерінің бірінің мойны қиялай шабылғанын көріп, Бекенге ымдап еді, анау байқадым дегендей ишара жасады. Атты әскер қылыш суырып үлгерсе жігіттердің жағдайы мүшкіл болмақ.
Бекен солдаттар жатқан үйге қарай емпеңдей жөнелді. Омар сыртынан сүйінген. Ұзын бойлы, қаршыға қабақ, жауырынды, бұлшық еттері бұлтыңдаған осы қараторы жігіттің өзіне серік болғанына үш-төрт жылдың жүзі өтті. Оқтан қаймықпайтын батыл, алысқанын алып ұратын апайтөстігі өз алдына, көкейіндегісін айтқызбай ұғып, тез тындыратын әбжіл. Басқа серіктері де осал емес, артық етсіз, сіңірлі, екі-үш адамды оңай сұлатып салатын ерен, еңсегей бойлы, білегі жуан балуандар.
Бекен жеткен кезде, Қаби мен Қанай да солай тездете басты. Жігіттер ыңғайланып алғанда Омар төре есікке беттеді. Манадан бергі ашу-ыза алқымын қысып, кең адымдап, аяғын нық басып келеді. Төренің мынасына аңтарылып, Ерназар тұрып қалып еді. Омар үйге жете бергенде Бекен лып етіп алдына түсіп, мұны қолының сыртымен сәл ығыстырды өзі ақырып, ішке қойып кетті. Қаби мен Қанай Омарды итере ұмтылды. Шыңғырған әйел даусы шықты. Жан-жаққа қарауға мұрсат жоқ, жігіттер ашымал араққа тойып алып, жер дастарқанды айнала жатқан солдаттардың үстіне қона кетті. Омар қанжарын суырып, босағада сүйеулі тұрған мылтықтар қасына тұра қалған. Ерназар сол мылтықтың бірін ала салып, төрттағандап қашып жүрген солдатты бастан дүммен ұрды. Үй іші алқын-жұлқын. Жылап-сықтаған әйелдер мен балалардың даусы. Жігіттер масаң солдаттарды үйме-жүйме етіп, ұрып, сілейтіп салды. Бақырған, боқтаған дауыстар тез басылды. Бекеннің ашуы тарқар емес, бүрісіп жатып қалғандарды тепкілеп, тапаншасының түбімен қойғылап жүр. Ерназар да мылтық дүмін үш-төрт қайтара сілтеді. Ұрғаннан қолымыз талды-ау дегенде ғана олар кіресілі-шығасылы есі бар солдаттардың қолын қайырып байлауға кірісті. Омар төре жаққа қарай алмай көзін тайдырып әкетті, омырауы дал-дұл жас келіншек ыңырсып жатыр. Тағы бірі, кеудесін қолымен жауып, зар еңіреп отыр, бес-алты бала мен үш-төрт кемпір қасқырдан ыққан қойдай жүктің бұрышына тығылыпты. Мына көрініске шыдамай төре далаға шығып кеткен. Жігіттер әлгілерді сүйреп әкелгенде Омар қанжарын қынына салып, қос бүйірін таянып тұрған. Түрінен адам шошиды, қабағы түксиіп, көзі қанталап кетіпті. Үй ішінен Ерназар жылап шықты:
- Өлтірем әкең...Өлт-і-р-е-м!
Жиырмадан енді асқан жігіт еңгезердей солдатты бүйірден бір теуіп,
мылтығын оқтай бергенде Қаби қағып жіберіп, төреге қарады. Әмір күткені.
- Ағатай...
Омар маталғандардың біріне жалт қарады. Шикілсары, көзі тұздай бірі
таза қазақша тіл қатты.
- Ағатай... мені өлтіре көрмеңізші...
Омар әлгінің алдына жүрелеп отырды.
- Кімсің?
- Есімім Наби, татармын...
Омар оның ашық-шашық омырауында жылтырап тұрған кресті байқап, саусағымен іліп, бері тартты.
- Шоқынғанмын... ағасы... кешіріңізші... мен аудармашымын... мен бір
бейбақпын...
Бір көзі жұдырықтай болып ісіп кеткен Наби еңіреп жіберген. Қаны басына шауып, еліріп тұрған Бекен әлгіні бір ұрып еді, Омар төре жақтырмай қарады. Сосын:
- Босат мынаны, – деді. Бекен төре бұйрығын түсінбей алара бір қарады
да Набидің қолын шандыған жіпті кесіп жіберді.
- Тұр, – деді Омар төре Набиге қадала қарап, анау түрегелді: – Отыз
қадам ұза. Жартасты көрдің бе, соған дейін қашып, тасасына тығылып үлгерсең таза болғаның, шыбын жаның өзіңдікі. Үлгермесең...
Төре Ерназаға иек қағып еді иі жұмсақтау болғанымен қарауылға ілінгенді қалт жібермейтін сұрмерген жігіт мылтығын оңтайланып тұра қалды. Төренің Ерназар арманда кетпесін деп бір мәрте оқ атқызғалы тұрғанын Бекендер де түсінді. Көзінен жасы сорғалаған Наби шегіне берді, төрт-бес қадамнан соң бұрыла сап, өрге қарай қаша жөнелді. Жалтаң-жалтаң қарап, оқ дарытпайын дегендей бұралаң сап барады. Ол отыз қадамнан да ұзап кетті. Ерназар шүріппені саусағымен сипап әлі тұр. Жартасқа он қадамдай қалғанда Қанай шыдамады:
- Өй, ат! Құтылып кетеді.
Олар Омардың екі сөйлемейтінін білетін. Жартасқа жетсе ана татар
жазадан құтылып кетеді. Осы кезде мылтық гүрс еткен. Наби жалпасынан түсті. Етекке домаламай, сол оқ тиген жерінде қалды, аяқ-қолы тырбиып, бақадай жатыр. Ерназар өз-өзіне сүйінгендей мылтықты сипап қойды.
– Мыналарды не істейміз?
Бекен солдаттарды меңзеп еді, олар жамырап қоя берді. Өз тілдерінде
бірдеңе деп бақылдап жатыр. Қаби:
– Жап аузыңды! – деп бірін нұқып жіберген. Қайдан, алтауы алты жақтан
былдырлайды. Омар ақырып жіберді.
– Молчать! Я Омар, сын Муртазы, буду вас казнить! Позор этих женщин не смоеть даже ваща вонючая кровь!
Сұсты қазақ таза орысша сөйлеп сала бергенде әлгілер жым болған. Сауға жоғын түсіністі. Жігіттер де аңтарылып қалыпты, атақты Абылай ханның баласы Әділ сұлтаннан тарайтын төренің басқа тілде сөйлегенін көргендері осы. Омар бұларға бұрылып:
- Жазалаңдар, – деді.
- Қалай?
- Өздерің біліңдер... – осыны айтып Омар анадайда тұрған бір үйге
беттеп, керегесіне арқасын сүйеп отыра кетті де қос қолымен шекесін сығымдады. Осы кезде қорланған келіншек сыртқа шыққан. Шашы жайылып, ашық омырауына жартылай жауып, сүйретіліп келеді. Қолына солдаттардың бірінің қылышын ұстаған екен. Ұшымен жер сызып, аяғын әзер басып, ілбіп келеді. Ол жақындаған сайын тұтқындар бір-біріне тығыла түсіп, тықсырылып барады.
- Қарабеттер...
Жылай-жылай даусы қарлығып қалған келіншек осыны айтты да
қылышты тік көтеріп ұшын өзіне бұрды. Ешкім тоқтатуға тырыспады. Езуінен қанды көбік сыздықтаған келіншек етбетінен құлаған кезде жігіттер тұтқындарды тағы тепкілей жөнелді. Қантүлегеннен жүзі күреңітіп, көзі ақшиып кеткен Қанай солдаттардың атына беттеді. Бірінің айылын тартып мінді де екіншісін ағытып, шылбырын кездігімен шарт қиып, қолына алды. Атын ойнақтатып, тұтқындардың жанына келіп Ерназарға шылбыр ұшын тастап:
- Сал мынаны бірінің мойнына, – деп ақырды. Бұл кезде Қаби де бір атқа
мініп үлгеріп еді. Екеуі солдат мойнына орай салынған қайыс шылбырды екі басынан кере тартып, төмен қарай шаба жөнелді. Көзі алақтаған ана солдат аз ғана қарсыласып, табанымен жер тіремек болды да, тақымға түскен лақтай кете барды. Жігіттер біраз жерге дейін шауып барып, кері қайтқан. Солдаттың өлігін қалған бесеудің алдына әкеп тастай салды. Шылбыр қыл мойынды қиып жіберген екен. Солдаттардың жастауы пырс-пырс жылап отыр еді, мынаны көріп бақыра жөнелді.
- Мынау бұтын былғады, – деді Бекен ат үстінде тұрған екеуге қарап
ызалана күліп, басын шайқады. Сосын сәл ойланып тұрды да: – Бұлай болмайды. Сасық текеше бауыздаймын бәрін, – деп шорт кесті. Бұл кезде Омар төре еңсесі кетіп, Сүлікқарасы қалған жаққа кетіп бара жатыр еді.
- Мына сұмдықты он жылдан бері қан кешіп жүрген Омекең көтере
алмады, қазақты жылатқанның текеше бақырған үні алысқа кетсін, жігіттер, айдаңдар бәрін жота басына, – деді.
***
Жеті шекарашыны шалған Омар төре жігіттерінің дақпырты алысқа кетті. Ауылдарды аралай тексеріп жүрген отрядтардың беті қайтып, қазаққа тисуге кәдімгідей сескеніп қалып еді. Комиссарлар қалайда кек алмаққа жоспар құрып, арнайы отряд жасақтағанын, оған тау соқпағын бес саусағындай білетін Қабыкен дегенді қосқанын төре естіді. Бірақ, қоянжырық Қабыкен ізшіл иттей қай шатқалдың аузында иіскелеп жүрер дейсің деп, аяғын тартпады. Оның үстіне бес-алты жыл бұрын үйі аштан қысылғанда Омардың жақсылығы өтіп еді. Тауға тыққан малынан бір тайды сойдырып, жеткізіп берген. Түз кезіп, шекара асып жортып жүрген жігіттердің қызыл саясат кесірінен құрсағы қурап қалған елге өстіп көмектесетіні бар. Соңғы жылы тіпті қайран ете алмады. Басқан іздері аңдулы, бір үзім нан таппай қырылып жатыр дегенді естігенімен, жазыққа бара алмайды, солдат көп. Ал тау баурайындағы қазақты ары көшіріп әкеткен. Тек шекараға керек артельдер қалған, олар жабайы алма, рауғашты, ебі бар жігіттер атып әкелген аңды қаужап, аман отыр. Өткенде Бекендер түн қатып Түлкілідегі жымдармен жүріп отырып Қоғалы маңындағы бір-екі ауылға азын-аулақ ет, бір-екі бидай қап бидай апарып берген еді. «Сұмдық» – деп оралды. Жолай күп болып іскен өліктер көріпті, «Қашқан ауылдарды бәлшебектер қоршауға алып, пулеметпен қырып тастады», – дегенді естіпті. Оларды шекарадан алып өтуге дайындалып жүрген Құндақбай мен жігіттері әзер құтылыпты.
Жат пен бірге жағадан алған иттіктің де бір шегі бар шығар, – деп ойлайтын Омар төре. Осы сапарға «Бұрынғы жақсылығымды ұмытпаса Қабыкен мені қақпанға түсіре қоймас» – деп, секемді сенімге жеңдіріп аттанып еді. Өзі озық, әдетте алдыны барлап жүретін Бекенмен қатар келеді. Керегетасқа жақындағанда бір-екі кекіліктің пыр етіп ұшқанын көріп, ат үстінде қалғып келе жатқан Бекен басын жұлып алғанда қала тұр дегендей ымдап, алға жалғыз кетті. Сенгені – Сүлікқара. Қатер болса ешкім қуып жете алмас. Керегетастың аузынан өткенше еш қауіп байқамады, жігіттеріне ысқырып белгі бермек болып, үзеңгі шіреп, ер үстіне көтеріле бергенінде гүрс етіп мылтық үні шықты. Омар төре қос қолымен ішін басып, бір жаққа ауып түсті де Сүліқара ойнақтап шыға келді. Алпыс қадамдай жердегі тастардың тасасына жасырынған ГПУ қызметкерлері бұған қарай жүгіргенде жандалбаласап тізеге көтерілді. Сосын жігіттері қалған жаққа қарап:
- Кетіңдер, Бекен! Кетіңдер! – деп айғайлады. Бұл кезде Ерназар шауып
бұған жетіп те қалған еді, төрені іліп әкетуге қол созым қалғанда тағы мылтық үні шықты. Ерназар қалпақтай ұшқан. Омардан екі адым жерде көзі аларып, жантәсілім етті. Осы мезетте милиция да жеткен. Төре Ерназарға қимастықпен бір қарады да ішін ұстап бұрала берді. Мұндай азапты ол өмірі көрем деп ойламаған еді. Бауырын мың құрт жеп жатқандай іші өртеніп барады. Әлсірей бастаған Омар шалқасынан жатып, өзіне төніп тұрғандарға қарады. Мұрты едірейген Қабыкенді таныды. Басындағы жиегі қырқылған бөркінің маңдайына қызыл шүберек тартыпты. Омар оның қолында шиті тұрғанын көрді, бұны азапқа салған осының оғы.
– Ит екенсің... Аттым сені, Қабыкен, – деді төре қырылдап. Осыдан кейін
созылып сала берді.
***
ГПУ қызметкерлері Омар мен Ерназарды сол күйі көмусіз тастап, кері қайтты. Біраз ұзаған соң Қабыкен аттан түсіп, тас арасынан бұрқылдап шығып жатқан бастаудан шөл басқан еді. Кешқұрым іші бүре бастады. Жолай қонғанда домаламамен ауырған адамдай дөңбекшіп, таңды әзер атырды. Атқа мінуге әлі жоқ еді, іші алып барады. Қабыкен Қапалға жетпей көз жұмды. Дәрігерлер оның ішіне бастаудан құрт түсіпті десе, былайғы жұрт «Опасызға Омар төренің назасы өтіпті» – десті.
ҚҰНДАҚБАЙ
Түлкілі тауының күнгейін күн сүйіп, аспанда шөкімдей бұлт жоқ болғанымен Түлкілісайдың іші алакөлеңке. Қалың өскен тобылғы мен ырғай, жыңғыл өткеннің ізін шебер бүркемелейді. Торуылдан жасырынам дегенге таптырмас шатқалдың көкжал Құндақбайдың апаны болғанына бір жылдан асты, жер қарайса осында келеді, басқа қолайлы орын қалмады. Беляев деген қызыл сілімтіктің соңына түскеніне көп болды, қасына Садырбай секілді жер жағдайын білетіндерді алып, жортады да жүреді. Екі-үш мәрте үстінен де түскен. Қаша ұрыс салып, қан қақсатып кетіп еді. Сарбаздары әлі күнге: «Солдаттарды тазы қуып жеткенде жорта талатын қояндай еттіңіз ғой», – деп күліседі. Олары рас енді, солдаттар Құндақбайға беттей алмайды, зордың күшімен, кәміндірдің айғайымен соңына түседі, мылтығының даусынан зәрезап болған, бұл атын шыр айналдырып тоқтай қалғанда қуғыншымын деген ана байғұстар аттан жалп-жалп құлап, бас көтермей жата қалысады. Бұл шаба жөнелсе алыстан тасыр-тұсыр атып, далбақтайды да отырады. Мерген тоқтап, атпаққа ыңғайланса жаңағы жалпыл тағы қайталанады. Жан кімге керек емес дейсің... Ал былтыр Шайтансайда жолы болмады.
Соңғы төрт-бес жылда елден мүлде күй кетті. Ұлуда қазанында жел ұли бастаған халыққа жылан жылы тіпті жайсыз тиіп, құрым киіз, жүн-жұрқа секілді жөнсіз салықтар есеңгіретіп жіберді. Белсенділер «Сүйек салығын төле» деп жарлының жалғыз сиырын сойдырып тастаған оқиғалар болған. Жұрт ашыға бастады, бұл зұлматтың жиырмасыншы жылғыдан да қатты тиетінін сезген қазақ бассауғалай бастап еді. Құндақбай Қасен деген байды арғы бетке өткізуге уағдаласып, айтылған кезден Шағанның шығысындағы Шайтансайға жеткен. Екі күннен кейін Қасенның азып-тозған ауылы келді. Байдың бұрынғы дүр-дүниесінен қалған жұрнақ наршаға артылған сырлы киіз үй мен бір-екі қалы кілем ғана. «Ауылдастардың арба, сүйретпесіне жарар жылқыдан өзгесін түгел алтын-күміске айырбастаған-ау, Қопалының суын сарқылтып кететін қалың жылқының мына жұрнағын да тау ішіне жасырып жүріп әзер алып қалған шығар», – деп ойлады мерген. Бәрі солай істейді. Он алтыншы жылғы зобалаңда солдат болуға қарсылық білдіріп, патша жарлығына көнбей Қытай асқан мерген бір мүшел арыдағы жылқы жылынан беріде қашып-пысқан қазақты Қытайға өткізуен келеді. Әуелде ақ пен қызыл қырқысқанда Лепсіден ауа көшкен қалың найманның қылтасы қиылған қасқырдай қиралаңдағанын көріп, бір-екі ауылды өткізген. Шекара бетке Аненковтың жауыздары, бергі тұсқа қызылшылдар орнығып алып, шайқасқанда қазақ байғұстың жаны қысқаш салып бұрағандай қысылып еді. «Батыр, жол көрсет!» деушілер көбейді. Қашқын азаймады. «Кедей теңдігі» дегендер жеңсе ел түзелеме деп, бәлшебектер жаққа үмітпен қарап еді, сорды солар қайнатып, елге ес болар, қазанға ас салардың бәрін қоғадай жапырды. Алтынемелдің бергі бетіндегі албан, арысындағы жалайыр, қаңылы қозғала бастады. Тағы да тозған – қазақ.
- Демікпе арқылы кетеміз бе? – деп сұраған Қасен. Құндақбай оның
алыстан айналсам анталаған әскердің көзінен таса қалам ба деген ойын ұқты.
- Жоқ. Сатылы дұрыс.
Қасен аңтарылып қалған. Құндақбай:
– Иә, Қасеке, Сатылы дұрыс, Демікпе қазақ қанына бөгіп жатыр,
өліктерде қисап жоқ. Қызылдар жолды әбден біліп алып, қашқандарды қойша қыруда. Көмбейді де иттер, борсып, шіріп жатыр қайран қазақ...
Осыдан кейін екеуі үнсіз қалып еді. Жолдан шаршаған жұрт орайылы жерге жайғаса кетіп, ас-су қамына кірісті. Құндақбай жігіттеріне жаққан оттың түтіні будақтап, алысқа кетпеуі үшін су бұтақтармен қалқалап, боздата таратуды тапсырды. Жүрек жалғаған жұрт ұзақ жол алдында тынықпаққа ерте қамданды. Тауды түн құшағына алғанда ел қалың ұйқыда еді. Тек сарбаздардың ғана құлағы түрік жатыр. Жасынан түз тағысы болған Құндақбайдың өзі де көпке дейін көз ілмеген, тек жаздың қысқа түні шымылдық түреді-ау деген сәтте аңшының құс ұйқысы қысып, сәл мызғып еді. Осы үшін әлі өкінеді... Гүрс еткен мылтық үнінен оянды. Күзетте отырған Бердібек деген жас сарбаздың:
– Аға, жау! – деп бір ышқынуға ғана шамасы келді, өзі отырған
қызылтастың етегіне сырғып түсті. Шошып оянған жұрт байбалам салып, қамданып үлгергенше сатыр-сұтыр мылтық даусы жиілеп кетті. Беляев әскерінің екі бүйірден қысып келе жатқанын Құндақбай бірден ұға қойып, қашқын қазақты сай басына бағыттаған. Өзі бір тасты тасалап, қараң еткен солдатты қағып түсіріп отырды. Құндақбайдың сырын білетін командир де солдаттарын аптықтырмады, өйтсе жеңіледі. Басқа басқа Құндақбай мергенге ашық келуге болмайды, оғы далаға кеткен емес. Сарбаздары да сайдың тасындай, бірі онға татитынның нағыз өзі. Екі жақ оқ үнемдеп сарт-сұрт атысып жатқан кезде Қасен бастаған ауыл қазағы сай басына жетіп те қалған еді. Осы кезде пулемет сақылдап қоя берді. Құндақбай қақпанға түскенін тез ұғып, солай қарай жүгірді. Сай аузына қойылған оқбүркер жалаңдап, адамды да малды да баудай түсіріп жатыр. Мерген пулеметшіні атуға ыңғайлы жер табам дегенше ыққан қойдай иіріліп қалған елу қаралы адамның бәрі жер жастанды, үш-төртеуі жартас тасалап үлгеріпті, бастарын бүркеніп жатыр. Шекпенінен Қасен екенін таныды. Омырауын оқ орып кеткен қара қасқа аттың қорылы, жаралылардың ойбайы, өкіре құлаған сарбаздардың даусы, жылқының шұрқыры қосылып, сай іші азан-қазан болды. Осы кезде пулеметші айналасын бір шолмақ болып, қалқанынан басын қылтитып еді Құндақбайдың сарыауыз мылтығы саңқ ете қалды да ажал оғы қақ маңдайынан тиіп, бір жағына аунап түсті. Құндақбай тұра сала жартас түбіндегілерге жүгірген, жете алмады, оң иығын от қарып өткендей болып, етбетінен құлады. Біреу қолтығынан көтерген, Молданазар екен, демеп ауызға қарай ала жөнелді. Атыса шегінген жігіттердің бірі бос жүрген атты ұстап әкеліп, алдына тартып, соған әзер мініп, құтылды. Ауыл түгел дерлік қырылды, Құндақбай сарбаздарынан да шығын көп. Ал Қасен әйел-баласымен сол жартас түбінде қала берген. Кейін босқан қазақтың бірінен Хасанның итжеккенге айдалғанын естіді...
- Батыр! Келді...
Жалпақ тастың үстіне аткөрпесін төсеп өткен-кеткенді ойлап жатқан
Құндақбай орнынан тез көтерілді. Екі адам аттан түсіп, бері беттеп келеді екен. Мерген андас Асылбек байдың ағайыны Досжанды таныды. Екіншісі кездескен адамы емес.
- Ассалаумағалейкүм, – Досжан даусын соза, қос қолдап амандасты.
Екіншісі де сөйтті.
- Бұл Рақыш деген жігіт, – деді Досжан. Батыр оны бастан аяқ бір шолып
шықты да ләм-мим демеді. Досжанды қолтықтап былай қарай алып шықты:
- Түгел келдіңдер ме?!
- Иә, батыр, ауылды осы сайдың аузына қалдырып, әуелі
тілдесіп алайық деп өзіміз келдік.
- Тездетіп осы жерге әкеліңдер. Қопалы екі күндік қана жер, түн қата
жүрсеңдер де қатты шалдыға қоймаған шығарсыңдар, сәл тынықсын, ертең таңда тау ішімен кетеміз. Алла жолды оңғарса тағы екі күнде арғы жаққа өтіп кетеміз. Беләйіп бұл сайды білмейді, кірсе де адасып, босқа болдырады, – деп батыр жымиды. Бұл сай Түлкілі деп жалқы аталғанымен кіріп біраз жүрген соң үшке тарамдалады. Жергілікті қазақтар ол үш тарамды Қыздыңсайы, Теректі, Түлкілі деп үш бөлек атайды. Қуғыншы Теректіге түссе біраз жүріп барып, діңкелеп, құзар жартастарға тіреледі де кері қайтуға мәжбүр болады. Ал Қыздың сайына түссе ұзын-сонар соқпаққа салынып, Қоғалы тұстан айналып, Аралтөбе жаққа бірақ тартады, бос сандалады. Ал Түлкілінің нуы қалың, табанына түсіп жүре берсең Сатылы асуының маңына бірақ апарады. Батыр сай тарамданар тұсқа екі жігітін қойған еді, жорғалаған тышқан өтсе де хабарын біліп отырады.
- Мақұл.
Досжан мен Рақыш еңістегі аттарына қарай беттеген.
Жұрт келіп жайғасқанша етпісірімнен аса уақыт өтті. Құндақбай босқан жұртқа қарап тіксініп қалған. Мүлдем әлсіз. Іңір түсе албандардың екі ауылының жұрнағы кеп қосылды. Қазақ осындай күйге түседі деп ойлап па еді, сүйектері арсиып, қарасу жұтқанда аш өзегіне түсіп кетейін деп тұр. Көздері жалаң-жалаң етеді, ырқына жіберсең көшке керек азын-аулақ тұяқты шикідей жемек. «Сұмдық-ай, – деді батыр іштей. –Сұмдық-ай, мынау расымен қазақ па? Шырылдап қорғар еркек торғайы жоқ неткен сорлы ұя еді бұл... Екі-үш әртелдің малын айдап әкетіп, қоймасын тонап осыларға үлестірген біз сорлыны «банды» дейді. Ал қынадай қырылған қазақтың обалына қалғандарды кім дейміз?»
- Мұқаш?! – деді батыр. Беліне қылыш асынған дембелше жігіт ағасы
бұған жақын келген.
- Досекең мініп келген торы атты сойыңдар, бәрібір тік асуға жілігі
шыдамайды...
Мұқаш:
- Құп, батыр, – деді де жігіттеріне қарай кетті. Қарғы адым жерде тас
үстінде қалқиып отырған Досжан тұнжырап, жерге қарады. Әулетінің мақтанышы, түлігінің малбасы болған, атасы жүген-құрық салдырмай сетер ұстаған қасқа айғырдың соңғы тұяғы еді бұл торы ат. Күй жоқтықтан белі кете бастағаны рас...
Жігіттер жабылып, жылқыны тез-ақ жәукемдеп тастаған. Етті жапырақтап бөліп бермек еді жұрт лап қойып, қырқысып қала жаздады. Мұқаш пен Молданазар мылтықпен жасқап, әрең кері қайтарды.
- Әй, жігіттер, – деді Мұқаш сарбаздарға. – Бір-бір қазанға жауапты
боласыңдар, бір бұрқ еткеннен кейін бөліп бере салыңдар... шыдамайды...
Солай етті. Шала піскен етті қомағайлана жеп, ыстық сорпаны қақала-шашала ішкен жұрт әлсіреп, талмаусырай бастаған. Балалардың қыңқылы да сап тиылыпты. Жігіттер әкелген бір жілік етке зауқы соқпай, қол сыртымен қайтарған Құндақбай үш ауылдың басшыларын шақырып, бір топ адам бөлек отырып, сапар барысын пысықтап алды. Құндақбай мен төрт жігіт көш алдында жүріп отырады, қалған сарбаздар мен Досжанның жігіттері соңынан, елді ұзатып барып қозғалады. Құндақбай көштің екі қапталына мерген екі жігітін бекітті. Осыған келісіп, тарасқанда дала тастай қараңғы болып еді. Күндіз көз шырымын алып алған Құндақбай ұйықтамады, жиыннан кейін елді сүзіп шыққанда әлдекімді көрмегендей болып көңілге алаң түсіп еді. Апақ-сапақта жаңылған шығармын деп өзін жұбатқан. Айнала жым-жырт, тіпті, қарсақ шәуілі де естілмейді, ел ұйқысы тыныш. Көңілі алабұрта берді.
- Е, құдай, бетін ары ете гөр, – деп батыр бір аунап түскен. Сосын
шалқалай жатып, аспанға қарады, төніп тұр. Жұлдыздар жап-жақын. Батысқа қарай бір жұлдыз ақты. Мерген сол жатқан күйі ернін күбірлетіп, бетін сипаған. Бұл жортқалы қанша қазақтың жұлдызы ағып түсті, қаншасы көмусіз қалды, мына келгеннің қаншасы аман қалады, қаншасының сүйегі далада қалады...
Таң сібірлей бастағанда етек жақтан ат тұяғының үні шыққан, мылтығын ала ұшып-түрегеліп еді Қажым екен. Арындаған күйі тура қасына келген:
- Батыр, қызылдар тура осылай салып келеді!
- Аттан! Тез тұрыңдар!
Ел жылқыларын сүйретпеге жекпекке жүгіріп еді, Құндақбай ақырды.
- Тастаңдар, үлгермейсіңдер!
Кеште құрған жоспар бойынша Құндақбайлар тез алға түсіп, атқа
жайдақ мінген, жаяу-жалпылаған жұрт соңдарына ілесті. Сарбаздар Беляев әскерін тосып алмаққа, биіктеу жерлерге орнығып алды. Бұлар ұзай бере соңдарынан сатыр-сұтыр мылтық үндері шыққан. Жұртты тезірек әкетпекке жанығып жүрген Құндақбай жартас басынан қараңдағанды байқап қалды. Көзі алдамапты, пулемет. Тар ауыздың екінші қапталында да бір адам қараңдайды. Атаңа нәлет комиссар тағы алдап кетті, бастысы тура осылардың жолына аулақтау апарып пулемет қоюына басы жеткенін айтсаңшы. Тегін емес... Күдігі күшейген мерген:
- Кері! Қайт артқа! – деп жаныққанда екі пулемет сақылдап қоя
берген. Бұл кезде шегіне атысқан сарбаздарды өкшелеген отряд та тақалып қалып еді. Қашқын қазақ екі оттың, бұрқыраған оқтың ортасында қалды. Мерген пулеметпен екі араны електен өткізді, содан кейін қия беткейге өрмелей жөнелген. Ілбісіндей еппен басатын батыр тау басын айналып, пулеметшілердің ту сыртына шығып, бір-бір оқпен жер жастандырды. Аналар не болғанын түсініп те үлгермеді, сарауыздың бармақ оғы екеуінде қас-қағымда жұлып түскен. Құндақбай төменге қарап еді өңешіне өксік тығылды. Қырылып жатқан қазақ, ыңырсыған жаралылар. Баласын құшақтаған әйел жартасқа сүйенген қалпы жантәсілім етіпті. Баланың жарты шекесі жоқ... Теңкиіп жатқан жылқылар...
Пулеметтердің үні өшкен соң Беляев отрядының да аптығы басылып, берекесі кетті. Құндақбайларға жол ашық, тез арада тарта жөнелсе болар еді, бірақ жаралыларды тастауға болмайды. «Шайтансайда» бәлшебектер жаралылардың бәрін атып тастап, дін аман қалған екі-үшеуді ғана айдап апарыпты. Жаралы күйде сытылып кеткен мұның өзін «Құндақбай өлділеп» сүйіншілеген екен.
Мерген өзі шыққан биіктен Беляев отрядының алақандағыдай көрінетініне қуанды. Қашқындарды тып-типыл етуге қолайлы, – деп пулемет қойған жер енді отрядтың өзіне аран болмақ. Құндақбай жиырма-отыз қадамдай қиялай жүгіріп бір тастың қалтарысына жата кетіп, ата бастады, көзіне көрінгенді құтқармады. Басында шошақ бөркі бар екі сарбаз сұлқ қалды, қара шапанды біреудің қақ маңдайынан оқ тиді... Құндақбайдың жалқы оқтары отряд үстінен жаналғыштай төнді. Құндақбайдың бас көтере алмай қалған сарбаздары да оңтайлы сәтті пайдаланып, оқ атуға ыңғайлы жерге орнығып алып, жайғай бастады. Қатары сирегенін байқаған солдаттар қашуға айналған, осы кезде Құндақбай атысты сиретті. Оның өз есебі бар еді, ойы алдамады. Сарбаздардың тарсылы сирегенін пайдаланбақ болған Беляев орнынан тұрып, «Назад!» деп ары қарай қашты. Құндақбай асықпай көздеді, бүкшиіп жүгірген Беляев бір тастың жанына жете бергенде шүріппені басып қалған. Қолы сүйінді... Мерген орнынан көтеріліп, ышқына айғайлады:
– Өл, Беләйіп, өл! Тозақтың отына өртен! Ит! А-а-а!!!
Мергеннің қапалы да қаһарлы даусын тастар жаңғыртты.
Беляев отрядынан аз ғана солдат құтылды. Өлгендерінің сүйегі сол
шашылған күйі қала берді. Қара шапанды Рақыш екен. Тау ішіне тура кіруге жүрегі дауаламай айналаны тіміскілеп жүрген отрядтың арам ойын жүзеге асырып, Құндақбайды екінші мәрте қақпанға түсірген осы болды.
– Ит-ай, – деді батыр оған қарап тұрып. – Кешегі жиыннан соң кеткен екенсің ғой... Қап-ай...
Осыдан соң сарбаздар аман қалғандарды жинауға кірісті. Жүз қаралы қазақтың жиырма шақтысы ғана тірі екен. Тең жарымы жаралы. Құндақбайдан бес сарбаз шығын. Оларды бір жерге жинастырғаннан кейін Молданазар сұраулы жүзбен батырға қарап еді Құндақбай басын шайқады. Уақыт тығыз. Сарбаздар бос жүрген жылқыларды ұстап, адамдарды екі-үштен міңгестірді.
- Ал аналарды қайтеміз? – Молданазар тым ауыр жараланған екі-үш
адамды меңзеді. Досжанның ішін оқ жырып кеткен екен, аппақ болып ішмайы көрініп тұр, оң бүйірінен қан сыздықтайды. Жолға шыдамайды. Ортан жілігін оқ паршалап, бебеулеп жатқан бозбаланы да арқалап жүргеннің жөні бары шамалы...
- Құреке... – Досжан әзер сөйледі. Құндақбай Досжанның жанына барып
тізе бүкті. – Құреке, ризамын, ризамын... Мыналарды құтқарыңыз, ал біз жазғанды көрерміз. Тәңірімнің татырар дәмі, көрсетер жарығы түгесілді-ау деймін... Масыл болмайын, жүре беріңіз...
Құндақбай Досжанның білегін ақырын ғана қысып, разылығын
білдірді. Сарбаздардың бірі мата әкеліп, Досжанның ішін тарта байлап еді, шүберек әп-сәтте шылқып кетті. Өзге сарбаздар шейіт болғандардың бетіне бір-бір уыс топырақ сеуіп жүр.
- Батыр... – деді көзімен айналасын шолып шыққан Досжан бұған қиыла
қарап. – Маған өз қолыңызбен топырақ салыңызшы...
Құндақбай не дерін білмеді, жерден бір уыс топырақ алып, орнынан көтерілді де:
- Бақұл бол, бауырым, – деп Досжанның кеудесіне шаша салып, теріс
бұрылып кетті.
- Бақұл болыңыз, аға...
Сәлден соң отыз қаралы адам Сатылыны бетке алып жүріп кетті. Зар қаққан бозбаланың даусы көпке дейін естіліп тұрды. Көптің соңында ілбіп келе жатқан Құндақбай атының басын тартып, тоқтады да, жаралылар қалған жаққа қимай қарады.
- Бір Құдайға тапсырдым сендерді...
***
Ақ-қызылмен он алты жыл алысқан атақты Құндақбай мерген осы «Кісіқырылған» атанған қырғыннан кейін қазақ даласына қайта оралған жоқ.
ЖОЛБАРЫС ЖЫМЫ
Қамыс арасындағы шағын алаңқайда тұрған үш ат бірден батысқа қарай құлағын қайшылап, оқыранды. Жас қамыстан бауланып жасалған күрке ішінде жатқан ұзын бойлы, жауырынды қара жігіт әбжіл қимылдап бесатарын алып, іргедегі қалыңға сүңгіп кетті. Көрші күркедегі қос жігіт те жүгіре басып әр тұсқа тығылды. Жануарлар алдамапты, бір мезетте қалың қамыс арасынан салт аттының төбесі көрінген, Естеміс екенін жалпылдаған жалбағайынан танып, жігіттер тасадан шықты. Естемістің жыртық шекпенді біреуді айдап әкелгенін бұлар қамысты жарып, алаңқайға шыққанында бір-ақ білді.
- Әй, Естеміс, мынауың кім? – деді ұзынқара ортада сүмірейіп тұрғанға
ожырая қарап.
- Е, қазір өзі айтады ғой, – деді Естеміс аттан түсіп жатып самарқау
ғана. – Әр түпке тығылып жүрісі жаман иттің...
Сосын: – Уһ, тақым талып кетті ғой, әкең, – деп жалбағайын шешіп
маңдайын сүртті де анаған зілденіп: – Сөйле, – деді.
- Әуелі су беріңдерші, мына дүлейлерің алды-артқа қаратпай шөлден
өлтіре жаздады.
Расында қамыс арасымен жаяу салпақтаған тұтқын терге малшығыпты.
Әзер тұр. Бел жазбақ болып жерге шалқалап жата кеткен Естеміс басын жұлып алып, алара қараған:
- Әй, оттама!
Ұзынқара мырс етті де жігіттердің біріне иек қағып еді, анау шекпендінің қолын шешіп, торсықпен су ұсынды. Тұтқын сылқылдатып сіміріп жатыр еді:
- Жә, жетер, ыстығың ішіңе түсіп, тіл тартпай кетіп жүрерсің, –
деп қайта жұлып алды. Мынаны жігіттердің ешбірі жақтырып тұрған жоқ. Ұзынқара оларды түсінеді, иттікті көп көргеннің иісшіл келетіні бар.
- Кімсің?
- Мен Ыбыраймын, Құйғандағы қойшы Ыбырай...
Ұзынқараның есіне әлдене түскендей бұған жақын келді.
- Қарамыс байдың балаларымен бірге сотталған сен емес пе?
- Иә, мырза...
- Мені танып тұрсың ғой?
- Иә, атақты Көлтайды білем ғой...
Көлтай қарқылдап күтіп жіберді:
– Бұл күні атақты Көлтай жоқ, ұры Көлтай, жырынды Көлтай, банды-
құлақ Көлтай бар. Сен мұны білмеуші ме едің? – деп Ыбырайға сынай қарады.
- О не дегенің, батырекесі? Өзім Қарақолдағы абақтыдан қашып, телім-
телім боп ел шетіне ілінгеніме бір аптадай ғана болды. – Ыбырайдың маңдайынан шүмектеген тер басылмады. – Орақтытөбеге бір-екі түнеп, Жиделіні жағалап жортып келе жатыр едім мынау жолыға кеткені, – Ыбырай Естемісті иегімен көрсеткен. – Аман жоқ, саулық жоқ... одыраңдап...
Естеміс қалғып кеткен еді, мұның сөзін естімеді, естісе оңдырмас еді.
- Малмандай болдың ғой, жаның қысылып тұр ма? – Көлтайдың өз
серігін тілдегенді жақтырмағаны даусынан білінді.
- Қапырық...
Ыбырайдың мұнысы рас енді, Сарыесік-Атыраудың аптабында, үп еткен жел өткізбейтін ну қамыстың ортасында отыру азаптың зоры. Мына жігіттер үйреніп кеткен секілді, ал Ыбырайдай жаңа келгендердің өкпесі қысылып, қайраңға шыққан балықтай тыпырлап қалатыны бар.
- Жарайды, ана көлеңкеге отыр, – деді Көлтай күрке жақты меңзеп. Ол
жыртық шекпенді, шоқайынан көрінген жалаңаш еті күстен жарылып, қанап тұрған жалақ ерін Ыбырайға илана бастап еді. Жанына жігіттерін шақырып сұраулы жүзбен қарап еді тұтқынға су берген Оразбай күңк етті:
- Өзіміз әрең жан бағып жүргенде бұл сорлыны қайтеміз? Жөніне жүре
берсін, қашқынды іздеген отряд та ізімізге түсіп, мүлдем қысылып қаламыз...
Көлтай Исаға қарап еді, үндемеді. «Ерік өзіңде, мерген», – дегендей бұған тік қарап тұр. Көлтай Ыбырайымның жанына барды. Жігіттер де келіп, төне тұрды.
- Не ойың бар?
- Е, бәлшебек пен мілисә біткеннің бәрінен қашып, тазы қуған қоянның
күйін кешкен менде не ой болсын, – Ыбырайдың көмейіне өксік тығылды. – Ауылды шыр айналып, әр сексеуілдің түбін пана етіп жүремін де. Өзен жағаласам өлмеспін, өлсем өлексем осы топырақта қалсын...
- Бізге қосыламысың? – Иса бұған алғаш рет тіл қатты.
- Жалғыз тентіреп жүргеннен жақсы ғой...
- Асықпа, ойлан, – деді Көлтай. – Кері жол жоқ...
- Мейлі, – Ыбырай басын тік қөтеріп, алысқа көз салды. – Сендермен
біргемін!
Осыдан кейін жігіттер бұған аздан тамақ беріп, біраз әлдендіріп алды.
Көңілі жайланған Ыбырайды ұйқы айналдыра бастап еді. Маужырап отырып:
- Е, жарықтық, осы маңда кезінде жолбарыс болған екен, ә? – деді.
- Жолбарыс түгілі бұл маңда қазақ та қалмай барады, – деп Көлтай дүңк
еткен.
Ыбырай ұйықтап кетті. Көлтай оған ұзақ тесілді. Мұны біледі, барыс жылы кәмпескеге келген белсенділерге қарсылық көрсетіп Қарамыс байдың шаңырағы ортасына түскенде қарсылық көрсеткен бір топ адаммен бірге осы Ыбырайды да «контра» деп тұтқындап, Бақанастағы абақтыға қамаған еді. Ол кезде азын-аулақ малына тиіскен ауылнайды сілейте сабағаны үшін қамауда жатқан Көлтай «Кіші Қазанның» ыстық қазанына қуырыла бастаған ауыл-аймақтың хабарын сол тұтқындардан біліп, қатты ширыққан болатын.
Мұны сотқа апара жатқан жолда осы Естеміс пен Иса құтқарған еді. Балуан денелі екі жігіт тоғай арасынан ат ойнақтатып шыға келгенде мілисә боп қоқиып келе жатқан Тышқанбай мен Алдабергеннің есі шықты. Ат үстіндегі орыс нәшәндік тапаншасына жармасып жатыр еді Естеміс құйғытқан күйі бүріп түсіп, кәмәндірдің бақ етуге шамасы келмеді. Бұлар үш мілисәнің бар қаруын сыпырып алып, өздерін байлап, арба үстіне жатқызып кеткен болатын. Содан алты жыл өтті, осы өлкенің бар бәлшебегі Көлтайды іздеп жүр. Әсіресе ана Тышқанбай «Көлтайдың түбіне жетпей тынбаймын», – деп қатты ширығып алыпты. Ол қазір бөлім кәміндірі болып, айдарынан жел есіп тұрған көрінеді. Ал, басқа тұтқындардың жолы болмады, Қарамыс байдың түтіні ұлардай шулап итжеккенге айдалды, жалшы-малайлары түгел сотталып, абақтыға қамалды. Мына Ыбырай солардың бірі...
Көлтай аузы аңқиып жатқан Ыбырайды аяп кетті, тоз-тозы шығыпты. Жағасында биті өріп жүрген көйлегінің алқымынан ет қашқан ойдым-ойдым төс сүйегі мен арсиған қабырғалары көрініп тұр.
***
Жігіттер екі-үш апта тырп етпеді. Бұл жерден ұзап барып, азыққа аң аулап, қырғауыл, елік атып әкелгендері болмаса, еш қарекет жоқ, жатыр. Тек Көлтай мен Естеміс араға екі-үш күн салып, кезектесіп бір жаққа аттанады. Бір таңда Көлтайдың аты ақкөбік болып оралды. Оразбайды оңаша алып шықты да екеуі біраз күбірлескеннен кейін бұлар жолға жиналды. Естеміс берген торы атқа жарбиып алған Ыбырайдың бұл алғашқы тапсырмасы еді. Оразбайда үн жоқ, қалың қамысты қақ жарып бұқа мойны күжірейіп алда кетіп барады.
– Ау, Ореке, қайда барамыз?
- Бара көресің...
Осыдан кейін екеуінің арасындағы әңгіме үзіліп қалды. Қамыстан
шығып Құйғанға қарай бет алғанда Ыбырай ауыл аралармыз деп ойлаған, олай болмады, жеті-сегіз шақырымнан соң қайта қамыс ішіне кірді. Жүргіншіден гу етіп көтерілген маса мен сонаға таланған аттар пыр-пыр етіп, тура басып келеді, жолды білетін секілді. Бір кезде сопаң етіп ашық жерге шыға келгендерін Ыбырай байқамай да қалды. Ол жерде де қамыс күркелер тұр екен. Оразбай аттан түсіп:
– Қайрақбай, менмін! – деп дауыстап еді әр тұстан қамыс сыбдырлай
бастады. Бұлардың ту сыртынан:
– Ореке, ассалаумағалейкүм, – деген дауыс шыққан. Ыбырай селт ете
түсіп, жалт қарады. Арқа жақта қызыл өңді, дембелше келген, орта бойлы жігіт мылтығын көлденең ұстап тұр екен. Саптама етігі, бір етегі белбеуге қыстырылған жеңіл шекпені бітіміне жарасып, жортуылдың адамы екенінен хабар беретіндей.
– Уағалейкүм.
Оразбай мен Қайрақбай амандасып болғанша әр тұстан оншақты жігіт
сопаң етіп шыға келген. Бірінде шиті, бірінде сарыауыз мылтық, қарулары ала-құла.
- Бері қараңдар, – деді Оразбай жігіттерді жиып алып, – Жағдай қиындап
барады. Көлекең Ақкөл жаққа барып қайтты, «сұмдық боп жатыр» дейді. Ақшабай қарияның үй-іші түгел аштан қырылып қалыпты. Бір ай бұрын ғана ет апарып бергенде «жарты дорба талқан қалған еді, жақсы болды» деп мәз боп қалып еді... Батыр көрші үйдегілердің де күп болып ісіп, иістеніп жатқанын айтып келді. Енді тоқтамай қимылдауымыз керек, жігіттер.
- Рас, Ореке, жаман хабар келіп жатыр. Елде аң ататын қару жоқ,
сыпырып алыпты, тышқанға тұзақ құрып тентіреп жүр. Жалғызілік жүрген адамды ұстап алса «бандылармен байланысың бар», – деп сорлатады екен. Өткенде Оңғар ағаны атып тастапты, әйтпесе бұл жердің қазағы ашыға ма... – деді Қайрақбай түйіліп.
– Тапсырма мынау, бүгін бірнеше аң атып, мүшелеп, тұздап, жел
қаптырыңдар. Содан кейін екі-үштен бөлініп, Қарой, Ақкөл ортасындағы ауылдарға таратыңдар.
– Жарайды, аға, тек...
Қайрақбай күмілжіп еді Оразбай тез-ақ іліп әкетті.
– Білеміз. Ана Алтаев дегеннің отрядынан басқа Алматыдан тағы бір
бөлімше келіпті. Кәміндірі Біләл деген біреу екен, тым қату көрінеді. «Көлтайды тауып бер!» – деп елдің апшысын қуырып бара жатыр дейді.
Оразбай Қайрақбайдың иығына қолын салып, жас жігіттерді бір шолып өтті. Көбі отызға да келе қоймаған, қорланған қарындас, кісі қолынан өлген әкенің намысын жыртып жүргендер.
– Жігіттер, сақ болыңдар. Бірақ шама келгенше аптасына екі рет
аттанып, елге азық жеткізу керек. Аштық үдеп, тұтас ауылдар қырылып жатыр, бала-шағаның да обалынан қорықпайды екен бұларың, – дегенде Оразбайдың даусы дірілдеді.
Қайрақбайлардан шыққаннан кейін Оразбай кері жолға түспей Жиделі жаққа тартты. Ыбырайда үн жоқ, соңынан ілесіп келеді. Өзеннің жіңішке саласына келгенде екеуі тоқтап сәл тыныққан.
- Жігіттерді неге бөлек отырғызғансыңдар? – деді Ыбырай жағадағы
ұсақ тасты суға лақтырып отырып. Ер-тоқымын түзеп тұрған Оразбай бір күрсініп алды.
- Оларға Көлтай керек, Естеміс, мен керекпін, Ыбеке, әскер кезігіп қалса
жас жігіттерді аң аулап жүрген жай қазақ екен дейді. Ал бізді бұл маңдағы әр ит танып алған. Оның үстіне қалың топ болмай бөлек-бөлек жүрсең жымың білінбейді...
Осыны айтып Оразбай атының айылын тартпаққа ыңғайлана берді де өзенге қарап:
– Астапыралла! – деді. Ыбырай басын жұлып алып, баяу ағыста қараңдап бара жатқанды көрді. Әуелде ажырата алмай анықтап қарап еді, шашы жайылған әйелдің өлігі екен. Одан кейін тағы бір мәйіт ағып өтті. Жаңа ғана өзі су ішкен өзеннен өлік ағып жатқанын көрген Ыбырайдың жүрегі көтеріліп, сол отырған жерінде лоқсып жіберді.
- Тездет! – деді Оразбай атына қарғып мініп. – Жақын маңда әке-шешем
отыр еді...
Екеуі арна жағалап шаба жөнелген.Сәлден кейін қалың тораңғының ортасындағы қара үй көрінді. Бұлар ат басын тартып, құлақ түрді. Тып-тыныш.
- Сен осында қала тұр, – деп Оразбай аяң жүріспен үйге жалғыз кетті.
Ыбырай оның аттан түсіп, үйге кіріп кеткенін анық көріп тұрды. Бір
мезетте сыртқа шығып, керегеге сүйеніп отыра кетті. Оразбай мұны да, тұтас дүниені де ұмытқандай, еш хабар бермейді. Тағаты таусылған Ыбырай сақтана отырып, үйге жақындап, аттан түсті.
– Не болды, Ореке?
Оразбайда үн жоқ, сұп-сұр болып көкжиекке қадалып қалыпты. Ақырын ішке сығалаған Ыбырай шалының өлігін құшақтап отырған кемпірді көрді.
- Әкем ғой, – деді Оразбай осы кезде тістеніп. Ыбырай ішке кірді.
Қарияны қақ маңдайдан шапқан екен, жарты шекесі жоқ. Екі-үш күн өткен секілді, құмның аптап ыстығынан иістеніп, бұзыла бастапты. Ақселеу шашы дудыраған кемпірде тіл жоқ, екі көзі алақ-жұлақ етеді.
Оразбай мен Ыбырай шал сүйегін қаусыра құшып алған кемпірден әзер алып, үй жанынан белден келер шұңқыр қазды да, соған көмді. Осы кезде ғана әйел дауыс шығарды. Дауыс болғанда да:
- А-а-а! А-а-а! – деген қорқынышты үн ғана.
- Сен жігіттерге аттан, – деді Оразбай. – Көлекеңе айт, мені сөкпесін,
іздемесін, енді таппайды. Мен шешемді алып басым ауған жаққа кетемін. Жел қуған ебелекке де бір сай кезігеді ғой, маған да пана табылар мына даладан. Ыбырай үнсіз басын шұлғыды.
Ол қосынға қараңғыда оралды. Көлтай оның бұл жүрісінен тіксініп қалып еді.
- Оразбай қайда?
Ыбырай болған оқиғаны бастан аяқ айтып берді. Көлтай көпке дейін үнсіз отырып, бір мезетте:
- Иманды болсын, – деп бет сипап, орнынан тұрып кетті.
***
Екі күннен кейін елең-алаңда ат дүбірінен оянды. Бұл ұшып түрегелгенде күркелер ортасында состиып тұрған Көлтайды көрді. Атты Қайрақбай екен.
- Аға, тезірек кету керек, отыз қаралы әскер тура осылай салып келеді.
Біз бытырап, әзер құтылдық.
- Тез! Тез, атқа қоныңдар!
Бұлар лезде жиналып, Көлтай қамыстың басқа бетіне қарай бастады. Жүз қадамдай жүрген соң алдарынан доңыздар таптаған сүрлеу шықты да соған түсіп жүріп отырды. Ыбырай бір айдан бері бұл жерде соқпақ барын қалай байқамағанына қайран қалды. Төрт жігіт осы сүрлеуменен айналып сыртқа шыққанда бұлардың қосыны болған жерден шаң-шұң орысша боқтық естіліп жатыр еді.
- Былғары күрте ме? – деді Көлтай Қайрақбайға қарап мырс етіп. Бұлар
Алтаев деген мұрты едірейген комиссарды солай атайтын.
- Сол.
- Атасының басын ұстасын! Кеттік, жігіттер, – деп Көлтай атын
тебініп шаба жөнелді. Милиция жасағы қамыс ішінен шығып, жинақталып үлгергенше бұлар ұзап кетті. Қуғыншылар біраз далбақтап қуған болды. Сарыесік-Атыраудың сары құмына тартқандарын көріп, тоқтап қалды. Бұлай беттемейді. Алматыдан келген әскердің бірнеше мәрте аузы күйген. Бір жолы Алтаевтың әскері қырылып қала жаздап әзер оралған.
Ол кезде Көлтай мен Естемістің үстінен түсе жаздап еді. Бұлар Бетпаққа салды. Жаңа келіп, желігіп жүрген командир отрядын бастап, қыр-соңынан қалмады. Бұлар да аса ұзап кетпей алыстан қараңдап, қаша берді. Иіржалға дейін теңдетіп ілестіріп отырды да бұл маңның әр шұқырын білетін екі жігіт сағымдай ғайып болды. Көлтайдың есебі дөп шығып еді. Үйренбеген жылқыға құм ішімен жиырма-отыз шақырым далақтау өлімге тең. Алтаевтың әскері кері жол таба алмай адасып, біраз жылқысы шөлден өліп, азып-тозып Бетпақтың шеңгелінен әзер сытылыпты.
***
Көлтай жігіттерінің басын қайта жинай алмады. Осыдан екі апта өткенде Біләл кәміндір дегеннің қуғынына ұшырап, тағы құм ішіне кіріп құтылды. Тықыр таянғанын сезген қасқырдай Иса, Ыбырайлардың қабағы салыңқы. Балаң мінез Қайрақбай ғана бұлардың қасына ілескенін мәртебе көріп, оны-мұны айтып күлдіріп қояды. Жігіттер Иірдің Балқашқа құяр тұсына барып біраз уақыт бас сауғалап, тек күздің қара суығы сезіле бастағанда Құйған жаққа оралды. Екі-үш күн тыныққаннан кейін Көлтай Қайрақбайды оңаша шығарып, жұмсап жіберген. Ол таңда оралды. Екі езуі екі құлағында:
- Сүйінші, аға, сүйінші! – деп ыржиып тұр.
- Ай, Алла-ай, қалағаныңды ал, Қайрақжан, қалағаныңды, – деп Көлтай
беліндегі күмістелген белдігін кездігімен қоса шешіп, Қайрақбайға ұстата берген.
- Ал, айт...
- Ұл, аға! Жарты ай бопты...
Көп айдан бері тоқтаусыз түз кешіп, құм кешіп, тағыша жортып,
жабыққан жігіттер үшін Көлтайдың қуанышы қара бұлттан жарқ еткен жасындай әсер етті. Бір-бірін құшақтап, құтты болсын айтысып, мәре-сәре болысты.
- Жігіттер, – деді Көлтай. – Ат үстінен түспегеніме алты жыл болды,
мен қашқын атанғанда туылған күшікті әке болып мейірленіп бір иіскей алмадым. Ол мені танымайды. Жол түскенде ылғи ұйықтап жатады.
Көлтайға әлдебір ыстық сезім лықсып келген, өзін әзер тежеп:
- Мына жаманды барып иіскейін, ә?! – деп күліп жіберді.
Иса:
- Еметайым езіліп тұр де, батырым. Бар, бар, – деп Көлтайды арқадан
қақты.
- Ай қарап, қамыс ішінде доңыз қуалап жүре бермей, бізге де өнетін
жерге дән егіп кету керек еді, – деп Ыбырай ойын қыстырып қалды. Тек Естеміс ойланып тұрып:
- Сәл сабыр етсең қайтеді, аңдушы да, сатқын да көп, – деп еді Көлтай:
- Жо, барам, досым, ренжіме. Балқияны да көрмегелі 4-5 айдың жүзі
болды, дәл сол маңға Былғарың жолай қоймас.
Өз үйі аңдулы болғандықтан Көлтай Іленің Балқашқа құярлығындағы
әртел, қалқозға қосыла қоймаған балықшы ауылдардың біріндегі Балқия деген қызбен көңіл қосып еді. Мұны өзім дегеннен басқа ешкім білмейді, тіс жарған емес. Ұлы қуаныш үстінде ғана айтып тұр. Бұл әңгіменің шеті жетсе Тышқанбайлар ештеңеден именбес. Әуелде бәйбішесін қамап қойып, мұны сол арқылы ұстамақ болған екен ауыл шалдарының айғайынан, ағайынның назасынан қорқып, беті қайтыпты. Ал, шалғайдағы Балқияны білсе...
- Мен таңмен аңға шығайын, елік атып, төменгі ауылға түсем, ал арғы
күні түнде бәрің келе қалыңдар. Жаманымның шілдеханасына бір-бір жілік тартайын сендерге, – деп Көлтай кесімді сөзін айтты.
***
Ертеңіне Көлтай аңға кеткен соң жігіттер де өз шаруаларына кірісті. Естеміс пен Иса құм арасын үңгіп қазып, Ыбырай мен Қайрақбай атқа сексеуіл отап әкеліп, шегендеуге көмектесті. Құмның суық түніне күрке қауқар болмай бара жатқандықтан жігіттер жеркепені кең, қысқы баспанаға жарайтындай етіп жабдықтауға кіріскен еді. Мұны бітірсе жанынан тағы бірін қазбақ. Иса шебер екен, арбиған сексеуілді өре тастап, жеркепенің төбесін де жапты. Қайрақбай отап, Ыбырай тасып, қалың қамыспен үстін бастырып, топырақпен көмді. Кеш батқанша жігіттердің сілесі қатқан. Жұмақтай көрінген жеркепе ішіне сүріне құлағанда бәрі де жар иісін, отбасы жылуын қатты сағынғандарын сезінді. Одан соң мына аласапыран дүниені ұмытқандай бейкүнә ұйқыға кетті.
Таң алакеуімде Естеміс бірінші оянып, жинала бастады. Иса басын көтеріп:
- Қайда барасың? – деп еді қайырылып: – Көлтайдыкіне құр қол
барғанымыз жарамас, сорпа-суына бір-екі қырғауыл ұстайын, – деді. Аңдушы көп болғандықтан жігіттер бейберекет мылтық атпайтын болған, оқ-дәрі де санаулы.
– Жөн екен, мен де барайын. Екеулеп тұзақ құрсақ тезірек болар, – деп Иса да жиналды. Екеуі сыртқа шығып кетті.
Бұлар кепеге түс ауа бір-ақ оралды. Ұзақ ұйқыдан беті домбығып, алаңқайда керіліп-созылып жүрген Қайрақбай бұларды көріп:
- Келдіңіздер ме, Ыбекең қайда? – деді. Естеміс бойын жиып ала қойған.
- Қашан тұрдың?
- Жарты сағаттай боп қалды...
Иса Естемістің ойын түсіне қойды:
- Жаман ойлама. Осы маңда жүрген шығар...
- Өткенде Оразбайды тастап, түнқата оралғанда секемденіп ем...–
Естеміс тағы бір ойдың ұшын шығарды.
- Рас-ей, – деді аңғал Қайрақбай бұларға таңырқай қарап. – Содан екі
күн өткенде мілиса төбемізден түскен жоқ па?
- Сабыр, жігіттер, күтейік, – деді Иса көп айдан бері серік болған
адамды қимай. Үшеуі жанын қоярға жер таппай біраз отырды.
- Кеше кеште Балқияның үйін сұрауы жаман еді, – деді бір мезетте
Қайрақбай күңк етіп. Иса шоршып түсті.
– Айттың ба?
Қайрақбай басы салбырап, көзімен жер шұқыды. Естеміс пен Иса тұра
сала жеркепеге жүгіріп, мылтықтарын алып, аптыға аттарына міністі. Қайрақбай да соңдарынан ілескен. Үшеуі қамыс арасынан шығып, балықшылар ауылына қарай шаба жөнелісті. Ауылға төрт-бес шақырым қалғанда Естеміс қамысқа қарай салды. Жапырып біраз жүрген соң алдарынан ескі соқпақ шықты. Екеуі Балқияның ауылына бір барғанында мұны Көлтай көрсетіп еді. «Бұл баяғыдағы жолбарыстардың жымы болса керек. Кең еді. Қаулай өскен қамысты осы жымды жол етіп алған қабан, елік жапырып тастайтындықтан сақталып тұр. Мен де осы арқылы ауылдың төбесінен түсемін », – деген болатын.
Біраз жүрген соң Естеміс жаяуланып, бұларға сөйлемеңдер, аттан түсіңдер деген белгі берді. Үшеуі ауыл маңына дейін мысықтабандап жүріп отырды. Жете бере:
- Жолдыбаев, беріл! – деген айғайды естіді.
- Үлгермедік, – деді Естеміс бұларға сыбырлап. Қайрақбай мылтығын
оңтайлап еді, Иса асықпа дегендей білегінен қақты. Сөйтіп өзі алға қарай жалғыз кетті. Қиыстап барып ауыл жақты қарады да қайта оралды.
- Түк істей алмаймыз. Отряд ауылды түгел қоршап алыпты, – деді.
Осы кезде үй ішінен Көлтайдың айғайы естілді.
- Әй, Тышқанбай, атпаңдар, қатын-бала шошынады! Шығам, атпаңдар!
Естеміс қасындағы екеуге бұйыра сөйледі:
- Тез! Кетіңдер!
Иса бірдеңе демек еді, «Кет дедім!» – деп ызбарланды. Ана екеуі амалсыз аттарына беттегенде бұл мылтығын оңтайлап, жаңағы Иса барған тұсқа қарай бұқпантайлады. Естеміс үш соқпа тамның қамысқа жақын тұрғанын қоршай жатқан солдаттарды анық көрді. Анадай жердегі арба түбіне тығылып жастау офицер отыр. Іштей «дәу де болса Біләл деген сен боларсың», – Естеміс оны қарауылға ала берген. Осы кезде соқпа тамның есігі шалқасынан ашылып, іштен қолын көтеріп Көлтай шықты. Қоршап жатқан солдаттар біртіндеп көтеріліп, Көлтайға еппен жақындай бастаған. Арғы тұстан Тышқанбай тұрып, алшаң басып келіп, Көлтайды желке тұстан мылтық дүмімен салып кеп жіберіп еді, ес-түссіз құлады.
- Нәшіндік жолдас, банды Көлтай тұтқындалды, – деді Тышқанбай
Біләлға жарамсақтанып. Ызалы Естеміс мылтығының ұңғысын солай қарай бұра берген. Осы кезде қалыстау тұрған Ыбырайды байқап қалды. Киім ауыстырып, үсті бүтінделгендіктен ә дегеннен көзге түсе қоймапты.
Естемістің мылтығы шаңқ етті. Ыбырай кеудесін ұстап, шалқақтай берген. Отряд бұрыла сап, мылтық үні шыққан қамыс жаққа оқ боратты. Содан кейін Тышқанбай мен бір топ милиция солай жүгірді. Екі-үш оқ қатар тиген Естеміс сол орнында жантәсілім етіпті.
- Арам қатты, иттің баласы, – деді Тышқанбай жерге бір түкіріп.
***
Елге сабақ болсын деген пиғылмен аудан милициясын алты жыл салпақтатқан атақты Көлтай бандыны Бақанасқа, жиналған халықтың алдына қол-аяғын қайыра байлап, мойны мен аузына арқан тартып, жаралы қасқырша қырылдатып, арбамен әкелді. Түрмеден қашқан Ыбырайды «Жазадан құтылғың келсе көмектес», – деп Көлтайдың тобына қосылуға көндірген милиция бастығы Николай Разумовский еді.
БАРЫС
Колхоздың ауыр жұмысына жегіліп ыңыршағы шыққан кер аттың митың жүрісіне жалынып Сарыбай түс ауғанда ғана Қосағаштың төбесінен түсіретін жотадан асқан еді. Көз ұшында арба көрінді. Үш адам тиеліп алыпты, біреуінің нобайы әйел адам секілді. Тастақ жол үстінде сақырлаған темір дөңгелектің даусы осында жетіп тұр. Қосағашқа дейін төрт-бес шақырым бар болғандықтан, Сарыбай арбаны қуып жетпек болып атын тебініп еді кер атта көсіле жөнелер қайрат қайдан болсын, жілікмайы кеткен жылқы тепеңдеген болды. Қорс-қорс етіп, өзінің де Сарыбайдың да берекесін алды. Ауылдан табылған ердің үзеңгі бауы ұзын бойлы, алып денелі Сәкеңе шолақтық етіп, екі тізесі ер үстіне шығып кетердей шошаңдап келеді. Төбе басындағыны арбадағылар да көріп, аттарының басын тартпаса кердің қуып жетуі неғайбыл еді. Шоқырақтап қастарына келгенде таныды, ағашаяқ Иван мен әйелі екен.
- Ассалаумағалейкүм!
- Молда бол, – деді Иван ыржиып.
- О, Сәке, сәлеметсіз бе?! – Тамара да жік-жапар болып амандасып
жатыр. Үшіншісі басын шұлғи салды. Керман соғысына қатысқан Иванның бір аяғы жоқ, шошайтып таяқ киіп жүреді. Патшаға қай қылығы жақпағанын құдай білсін итжеккенге айдалып, тентіреп жүріп Матай таудың етегіндегі Қосағаштан бірақ шығыпты. Бұл ауылда біраз орыс бар, орақтылардың ежелгі жайлауына олар жайғасқалы жиырма жылдан асып кетті. Он бес үйлі орыстың арасында құдай сүйер қылығы бар аздың бірі осы Иван, әйелі де жайдары. Екеуі қазақшаға судай, көкшиген көзі, қауғадай жирен сақалы болмаса Иванды қазақ екен деп қаласың.
- Қосағашқа тартып барамысың? – деді Иван бұған сығырая қарап.
- Иә, жирен Мәтібейге белтемір апарамын, морт кетіпті, – деді Сарыбай
мана бас шұлғыған қара шаштыға тесіле қарап тұрып. Жыға танымағанымен мұны бір жерден көргені анық. Иван ойын түсіне қойғандай мырс етті.
- Сәке, бұл Степан деген жігіт, Қосағашқа көшіп келгеніне үш айдай боп
қалды, әйел-баласымен әзер жетіпті. Түрлері аянышты еді, қазір өңдері кіріп, адамдыққа келіп қалды. Біз мына етекте шөп шауып жатырмыз, – деп Иван Көксу жаққа иек қақты. Сарыбай ұқтым дегендей ернін жымқырып, басын изеді.
- Қай жақтың орысы?
- Сибирякпын, – деді Степан бұған тік қарап. Сөзінен байқады мына
Ивандардай сайрап тұрмағанымен төбесінің тесігі бар екен. Жасқану жоқ, көздері шатынап, өңменнен өтіп барады.
- Иә, Сібірден екен, қуғынға ұшырап, біраз уақыт Семей жақта жүріпті,
одан өзіміздің Текеліні сағалаған, ол жерде күй болмаған соң бері тартыпты, байғұстар, – деді Иван.
- Жөн-ақ екен...
Текелі дегенді естігенде Сарыбайдың іші алай-түлей болып кетіп еді.
Сыр бермеді. Осыдан кейін жүре әңгімелесіп отырып лезде Қосағашқа жетті. Ауылға кіргенде бұл жирен Матвейдің ұстаханасына қарай тартты. Бір жапсары ашық, жатаған ұстахана ішінен жолаушыны көріп бері шыққан Матвей жалпақ алақанымен күн көлегейлеген. Басын шытпен шарт түйіп, өңі ыстан қап-қара боп жүретін ұстаның мұны көргенге қуанғанын жылтыраған көзі айтып тұр. Аттан түсіп, қос қолдасып амандасқаннан кейін Сарыбай ерге байланған белтемірді шешіп, Матвейдің алдына тастай салды:
- Мынаны біріктіруге бола ма?
Андрей жүрелей отырып, орауды ашып, темірлерді айналдыра қарап:
- Пустяковое дело, – деді. Сосын бұны қағыта бастады.
- Осыған бола отыз шақырым жерден сандалып келдің бе мына
тұлпармен, – деп сүйектері сойдыйып тұрған кер атты көрсетіп қарқылдап күлді. – Әй, Сарыбай, саған ұсталықты үйреніп ал дедім ғой, мына дәу қолыңмен балға да керек емес, темірді қыздырып аласың да жұдырығыңмен ұра бересің.
- Әй, құрдас, оттама, – Сарыбай да күліп жіберген. – Мені көрсең қай
сайтаның қозады сенің, а?!
- Матвей шал знает что говорит, – деп ұста Сарыбайдың сом білегін
қысып қойды. – Сен қартаймайсың, Сарыбай, әлі жігіт секілдісің... Жүр үйге барайық, темірді ертең аласың.
Екеуі ұстаханаға жақын маңдағы үйге барып, өткен-кеткенді айтып
отырып, Мария кемпірдің шайын қана ішті. Андрей бұл жаққа келгенде қырыққа да толмаған қылшылдаған жігіт еді. Ресейден көшкен қарашекпенділермен бірге мәңгілік жұмағын іздеп қазақ даласына келген әкесі Микола жайлы қоныс қарап он жыл әр жерге көшіп жүріпті, ақыры осы Қосағашқа тоқтаған. Ата қонысқа қонжиып алып, жер жыртып жүрген бес орысты көрген қазақтардың қаны басына шауып, Сарыбай оларды ат бауырына ала сабағанда іс насырға шауып, пристав қамап тастаған еді. Сол уақытта Микола шал араша түсіп, ағайындарына арызды қайта алдырған болатын.
- Бізге несіне ренжисің, балам, жағдайым жақсы болса Волга-матушканы
тастап, осы жаққа тентіреп келер ме едім? – деп еді сол кезде шығарып салып тұрып. Қазір ол шал анау беткейдегі молада жатыр. Матвей әке ісін жалғастырып, осы жақын маңдағы ауылдардың арбасын жөндеп, самауырын бүтіндеп күнін көріп, қазаққа жаға білді. Өзі Сарыбаймен түйедей құрдас.
Шайдан кейін Матвей жұмысына кетіп, Мәрия кемпір бұған алма ағаштар саясына көрпе төсеп берді. Ұстаның бақшасын қақ жарып ағып жатқан тау суынан салқын есіп, тән сүйінеді. Сарыбайдың ойынан Степан шықпай-ақ қойғаны, манағы суық көзқарас бұған таныс. Қайдан көрді? Текелі... Сарыбай ерні күбірлеп бірдеңе санай бастады.
- Ол кезде жиырмадан жаңа асқан, ежірейген офицер болса, қазір
қырықтың о жақ, бұ жағында, – деді күбірлеп. Ол Степанның түр-сипатын ой елегінен өткізе бастады. Ана қаба сақалды қырып, сұлу мұрт қойса, солдат кимін кигізіп, белге қылыш, тапанша тақса...
***
Сарыбайдың қырықтан енді асқан кезі еді. Патшаның «Қара жұмысқа адам аламын», – дегеніне қара қазақ өре түрегеліп қарсы шыққанының жаңғырығы тау халқына еміс-еміс естіліп жатты. Бірде Ыбырай шал сұмдық хабар айтып келді. Сарыөзекке барғанда Барыс деген бір әзірейіл шыққанын, Самсыдағы дулатқа қырғидай тиіп, үш ауылдың қазағын қырып, бесіктегі балаға дейін қылышпен шауып, өліктерді үйіп, үстіне қазақ үйлерді тастатып, өртетіп жібергенін күңірене отырып жеткізді. Ертеңіне бір қауым ел марқұмдарды жерлейін деп барса бәрін қойшы қуып әкетіп, бір шатқалда казактарына қылышпен туратыпты.
– Қанішердің дәп өзі екен, Барыс айдап әкеткен адамдардың өлгенінен хабарсыз қазақтар жиылып, болыстан әділдік сұрап барса әлгі әзірейіл «Бұларға оғым шығын» деп ақсақал, қарасақалға, әйел-балаға қарамай бәрін сол аулада таяқпен ұрғызып, балталатып өлтіріпті. Болыс жұмған аузын аша алмай, арашаға жарамапты. Сұмдық-ай, қандай заманға тап болдық... – деді Ыбырай қария күрсініп.
– Тағы не естідіңіз? – деген төрде төбедей болып түнеріп отырған
Сарыбай балуан.
- Ел бүлініпті, Сәке, Қарқарада Ұзақ, Көлқамыста Әли батырлар
қол жинап, қалай да солдатқа бала бермеуге бел буыпты. Тілмаш жиеннен естідім, Қапалға қалың әскер келіпті, атқа қонған мырзалар қуғыншыдан қашып, Быжыны бойлай Шаған таудың қойнына кіріп, бас сауғалап жүр екен. Қаратал қазағын қойдай қырыпты, – Ыбырай тағы бір күрсінді. – Қара Андрейдің әскері енді тау қазақтарына тиіспек екен.
Сарыбайдың тісі қышыр ете қалған. Сөтнік Андрей деген қоқиған біреу бар. Өзі тым сұсты, қара киімі мен қою қара шашына бола қазақтар «Қара Андрей» деп кеткен. Шаршағанды білмейді, күндіз-түні қан тілеп, жүздігін ілестіріп, арғысы Сарқан, бергісі Сатылыға дейінгі аралықта жортып, қазаққа қасқырдай тиіп келеді. Бетінің шырайы бар қыз-келіншектерді әкесінің, күйеуінің көзінше зорлап, артынша тыр-жалаңаш далаға қуып шығады екен. Мұның досы, жазықта тұратын Тілек балуанның қолын байлап, кішкентай Қарлығашын көзінше қорлап кеткен екен, балуан қасіретті көтере алмай ұстарамен өзін-өзі орып жіберіпті. Қарлығаштың есі ауып, мүсәпір боп қалғанын досын жерлеуге барғанда көрді. Жоқтау айтқан шешесінің жанында ыржалақтап отыр.
- Сырымбеттегі Жазықбай батыр қол жиып жатыр деп естідім, – мұның
ойын Ыбырай бөліп жіберді.
- Жөн, – деді балуан тостағанын төңкеріп жатып. – Ұқтым, Ыбеке,
қазақтың сорын еті сүйегінен ажырағанша қайнатайын деген екен бұлар.
Осының ертеңінде Сарыбай төрт-бес жігітті жинап, азды-көпті екі
күндік жердегі Текеліге қарай аттанған. Сай, шатқалы көп тау соқпағымен жүріп отырып діттеген жерге аман жетсе Жазықбай батырмен кеңесіп қол жимақ, әлде осы серіктерімен қосылмақ ой бар еді. Үлгермеді. Желді-сайдағы ауылға жеттік-ау дегенде арбаға жегілген өгізін жетелеген кемпірге жолықты. Кемпір байғұс аңырап, жоқтау айтып келеді.
- Апа, не болды? – деген бұларды елеместен көлігін сықырлатып,
жандарынан өте берген. Арбаның үстіне көзі түсіп кеткен Сарыбай лоқсып, аттан ауып қала жаздады. Қарны жарылған жас келіншек, оның кеудесінде алакөк болып, шараналы бала жатыр. Қатарында отыздардағы жігітің сүйегі, қыл мойыннан қиялай тиген қылыш орып кеткен қалың еті ырсиып, алқымы қан аралас топырақпен баттасып жатыр. Жігіттердің бірі кемпірді тоқтатып жөн сұрамаққа қозғала беріп еді Ерден шылбырынан ұстап, басын шайқады. Есеңгіреп қалған жігіттер зарлаған кемпір ұзап кеткенше орындарынан қозғала алмады.
Сақтық үшін шатқал ішіндегі тау жолынан шығып, қиядағы соқпақтармен жүрген бұлар сайдағы өзен басына тігілген итарқаның үстінен түсіп еді. Желдісайдың хабарын осыннан білді.
- Ауыл іші сұмдық болып жатыр ғой, бас сауғалап тауда жүрмін, – деді
Қайсенмін деп танысқан қара жігіт. – Ұзап та кете алмайды екенсің, кейде әке-шешемнің хабарын білу үшін етекке түсемін.
- Неге тығыласың?
Қайсен мұның сұрағын жақтырмады:
- Тығылмай өл деймісің маған, аға. Қиқулаған көпке ілесіп арам
қатқанша жалғыз жүріп жан баққаным жақсы.
- Жаның тәтті екен, ә! – деді Сарыбай. – Сандалып жүргенше
Жазықбай батырға барып қосылмадың ба?
Қара жігіт тыржың ете қалған.
- Естімеген екенсіңдер ғой, Жазықбай да, Байбөрі ұста да
қолға түскен. Үш күн болды Желдісайдың іші қан сасып жатыр. Қара Андрей мен арнайы жіберілген Барыс деген біреудің әскері екі шеттен тап беріп, қару-жарақ жинап жатқан қазақтардың үстінен түсіпті. Шамасы, бір сатқынның ісі болса керек, тыпыр етуге шамаларын келтірмепті. Кеше түнде Жагор тамырымнан картоп алып едім, сол айтты, Қара Андрей мен Барыс жүз елу адамды жазалатыпты. Жагор тамыр: Барыстың өзі тұтқындарды аралап жүріп, аяғы ауыр әйелдердің ішін жарды, – дейді. Ал, сен маған «Неге қашасың?» деп кейійсің, маған қайда барсам да Қорқыттың көрі, не солдат болып, айдалада өлем, не Барыс басымды алады, не осы таулардың ішінде арам қатып, шіримін.
Сарыбай үндемеді. Біраз ойланып отырды да:
- Жагорың сенімді адам ба? – деді.
Қайсен:
- Менен төрт-бес жас үлкендігі бар, бірақ қатарымдай сыйласады. Осы
маңның қазағынан «Жагордан иттік көрдім» дегенді естімеппін, – деп бұған сұраулы жүзбен қарады.
- Онда кешке мені соған апарасың. Ал енді сәл бел жазып алайық.
Аткөрпесін төсеп отырған балуан итарқа жанындағы көкмайсаны
жапырып шалқасынан жата кетті.
***
Күн ұясына құлай бастағанда Қасейін мен Сарыбай да жаяулатып, етекке беттеп еді. Шамасы жеті-сегіз шақырым жүргенде шатқалдың аузына жетті. Қараңғыда үңірейіп көрінген сол жақтағы сайды Сарыбай «Қызылауызға апартын осы болар» деп тұспалдап қойды.
- Енді сәл жүрсек Жагордың үйіне жетеміз, – деді Қасейін. Айтқандай-ақ
сәлден кейін алдарынан жылтыраған шам көрінген. Арсылдап алдарынан шыққан екі нән төбет Қасейінді танып, басыла қалды. Бұлар жеткенде ит әупіліне алаңдап шыққан Жагор қарағайдан қиып салған үйінің алдында шылымын сорып тұр екен, шоғы қызараңдайды. Қасейін мұны таныстырып, жөн айтқан.
- Не бұйымтайың бар? – деді Жагор.
- Жазықбай батырдың бір хабарын білсем, сарбаздарына жолықсам...
Жагор махоркасын құшырлана сорып-сорып жіберді, көкжиекте қалған нұрмен будақтаған түтіні анық көрініп тұр.
- Жоқ Жазықбай. Ұста да жоқ. Екеуін де өлтірді. Ал сарбаздары
қырылып қалды, өлмегені тентіреп кетті, кеше мына Қайсенге айтып едім ғой...
- Ең құрығанда Желдісайға барып, бір-екі қазақпен тілдессем?
Сарыбайдың үнінде діріл пайда болды. Жагор шырпы жағып, мұның
бетіне тесіле қараған.
- Слушай, дәу қазақ, сенің өзің дәу, басың қазандай болғанымен ішінде
ми жоқ па деймін. Бұл жақ қаптаған әскер, бір айдан кейін болмаса маңайлай алмайсың. Айда марш, Қара Андрей мен хорунжий Борис кетсін, содан кейін келесің!
Сарыбай бірдеңе демек еді Қасейін алдын орады.
- Аға, Жагор дұрыс айтып тұр. Босқа өлесіз.
- Оттама! Өлсем басқадан жаным артық емес. Не болса да таңда ауылға
түсемін, – деп балуан ойынан айнымады.
- Онда мен қайта кеттім, әзірге өлгім жоқ. Ал сен Жагордыкіне қон. Тірі
болсаң қайтар жолды табатын шығарсың?
- Адаспаймын.
Қасейін тез қоштасып түн қараңғысына сіңіп кетті. Жагор мұны үйге кіргізіп, ауыз үйдегі майшамды қолына алды. Дәу пештің үстінен әйелінің дудар басы көрініп еді жата бер дегендей белгі беріп, Сарыбайға сол қанаттағы ағаш төсекті нұсқады.
- Мына жерге жата кет.
Сарыбай етігін сыпырып тастап, жұқа төсеніші ғана бар төсекке
киімшең жантайды. Жагор мен әйелі біраз күбірлесті де тынышталды.
Затымыз бөлек-ау, қара су ұсынбады итің, – деп ойлады Сарыбай ағаш төсек үстінде дөңбекшіп жатып. Ат үстіндегі екі күндік сар жүріске жаяулаған бірнеше шақырым қосылып, денесі ауырлап қалыпты. Кірпіктері зіл тартып барады.
- Тұр! Тұр деймін!
Ол Жагордың ащы даусынан оянды. Анау үстіне төніп тұр екен. Ең әуелі Жагордың жақындағанын қалай сезбегеніне таң қалды, «ұйқы – опасыз» деген осы да.
- Тез! Шешін! Кеп қалды.
- Не?!
- Аттылар келе жатыр.
Жагор жанұшырап барады. Бұл асығыс-үсігіс шешініп, Жагор берген
жыртық шалбар мен орыс шекпенін киіп алды. Жагордың әйелі пештің отпанына қос қолын күйелештеп әкеліп мұның бетіне, сақалына, басына жаға салған.
- Тыңда, Сарыбай, сен мылқаусың, менің жалшымсың. Аналар не
деседе сөйлеме, ұрса да шыда. Әйтпесе екеуміз де өлеміз. Өзің өлген түк емес, мені бала-шағаммен қырып тастайды. Түсіндің бе?
Жагордың түрі аянышты еді. Бұл басын изеді. Осы уақытта желе
жүрген көп аттың тұяғының дыбысы да үйге жақындап қалған. Оншақты адам болды, деп топшылап үлгерді Сарыбай. Жагор мұның қолына құрсауланып жасалған екі ағаш шелекті ұстата салып, даланы меңзеді. Сыртқа шыққанда дауыстап:
- Бар су алып кел! Өй, жарымес...– деп сөз аяғын бір-екі орысша
боқтықпен тұздықтап жіберіп, өзі аттыларға беттеді. Сарыбай шелегін ұстап, бастауға қарай кетіп бара жатыр еді әлгілердің бірі шауып келіп, алдын кесті. Қазақ екен.
- Қайт, малғұн! – деп сегізөрімімен қос жауырынның ортасынан тартып
кеп жіберді. Сарыбай сыр бермеді. Мынаған қайран қалған әлгі тағы бір-екі осып жіберіп еді, қайқаңдата алмады, тіпті, мына жалшыда құйқасы қыртыс-қыртыс, ақтыртығы көп қазанбасын қорғайтын ниет те байқалмайды, мелшиіп тұр. Жагор бұл кезде өзгелеріне амандасып, аттан түсіріп жатқан. Әлгі қазаққа қарап:
- Ау, батырекесі, ол мылқау, жарымес адам ғой, таяқ өтпейді. Сабай
берме, жалшымды өлтіріп, мені жұмысшысыз қалдырасың, – деді дауыстап.
Атын ойнатып, еліріп алған қазақ бұған үй жақты нұсқап, алдына сап
айдап әкелді. Осыдан басқасының бәрі мұздай қаруланған казактар екен. Зоры – мұртты, ұзынсары секілді. Жагор соған құрмет көрсетіп, үйге бастап еді өзге казактар соңына ілесті. Жагор өз тілінде тоқтаусыз шүлдірлеп жүр, кейде күліп қояды. Есікке жете бере әлгі мұртты тоқтай қала бұрылып, бұған тесіле қараған. Сарыбай қанға тоймай қалған қорқаудың көзін көрді. Және іштен «Тым жас екен», – деп ойлады. Мұртын сұлуламақ болып ұшын шиырып қойғанымен селдір, жиренішті көрінеді, иегінің астында қылтиған үш-төрт қыл әлі қырмасақал шыға қоймағанын сатып тұр. Сарыбай көзін тайдырып әкеткен, мұртты өзгелерді ілестіріп ішке кіріп кетті.
Бұл аттардың айыл-тартпасын босатып, ауыздықтарын алып жүргенде Жагор қайта сыртқа шықты.
- Жүр, тез, жертөледен анау-мынау алайық, – деп мұны дедектете
жөнелді. Сарыбай ағаш сатымен төмен түсіп, Жагор нұсқаған бірнеше шыны ыдысты алып берді. Біразы жеміс-жидек секілді, ал үлкен бірінде су қосылған сүтке келетін боз сусын.
- Абайла, Сарыбай, тіліңді тісте, сыр берсең құрыдық, – деді Жагор
заттарды алып жатып.
- Бұлар кім?
- Әлгі мен айтқан хорунжий осы... қатындардың ішін жарған... қара
Андрей де осы маңда жүрген көрінеді.
Жагор осыны сыбырлай айтып, заттарды қолтығына қысқан күйі үйге қарай жүгірді. Бұл қораның көлеңкесіне барып отырды. Өңешіне ашы запыран келіп, жүрегі лобыды. Өз самайын сығымдап, күрзідей жұдырығымен маңдайын тоқпақтаған. Өстіп біраз отырды.
- Әй, жынды, не істеп отырсың?
Өзін сабаған қазақтың қалай келіп қалғанын байқамапты, үш-төрт қадам
жерде тұр екен. Бұл ақырын орнынан көтеріліп еді , жақындады.
- Не істеп отырсың? – деймін!
Аузынан пияз араласқан сасық иіс мүңкіп тұр. Сарыбай жиіркеніп, теріс айналып, сүйеулі тұрған күректі алып, қораның аузына беттеген.
- О, сорлы, жүр сөйтіп, әр орыстың қорасын тазалап, әкең...Өгіз! – деді
анау дамбалының бауын ағытып жатып бұның ізінен.
Жагор келгендердің көңілін тапты. Бірді-екілі сыртқа шығып дәрет сындырғандары болмаса, үйдің ішінде гу-гулесіп түс ауғанша отырды. Сыртқа шыққанда бәрі масаң еді. Жагор ымдаған соң бұл барып әлгі Барыстың атын шешіп, жетелеп әкелді. Бойы өзімен деңгейлес, еңгезердей қазаққа Барыс тағы тесіле қарады. Сосын сыр еткізіп, қылышын қынаптан жартылай суырып, сәл ойланып тұрды да:
- Ладно, живи, тварь, – деп сарт еткізіп қайта салды. Оның сөзін
ұқпаған Сарыбай басын салбыратқан күйі тұра берді. Мұртты теңселіп Жагорға бұрылды да:
- Если бы не ты, Егор... Я бы этого дикаря на мелкие куски... – деді
тістеніп.
- Помилуйте, господин, он же полоумный, – деп Жагор иілген. Осы
кезде ду еткен күлкі естіліп, бәрі жалт қарады. Масаң екі казак атына мінгесейін деп жүрген әлгі қазақтың артынан кезек теуіп, үзеңгіге аяғын салдырмай жүр екен. Басқалары соны қызықтап, мәз.
Хорунжиді атқа қолтықтан демей мінгізіп, аттандырып салған Жагор отряд ұзап кеткен соң үйге қарай жүгірді. Бұл артынан ілесті. Үй ішін темекі мен арақ исі алып кетіпті. Пеш үстінде екі баланың басы үрпиеді. Түнде бұл жатқан ағаш төсектің үстінде алқам-салқам боп Жагордың әйелі отыр. Мұны елер емес. Сарыбай жақынырақ келіп әйелдің жылап отырғанын байқады. Үн жоқ, өксік жоқ, кірпік қақпай алға қарап, қос жанарынан жас парлап отыр. Жагор дастарқан үстінде тұрған бөтелкеден ыдысқа толтыра құйып, сіміріп жіберді де жұдырығын иіскеді.
- Көрдің бе, Сарыбай, сені құтқарып қалдым, ал қатынымды құтқара
алмадым... Қарсылассақ қырып салады, екі балаға обал, – деді ол тұншыға сөйлеп. Сарыбай не айтарын білмеді. Осы кезде Жагор үстелді сарт еткізіп ұшып тұрған.
- Бұл неткен хайуан, айтшы сен маған, айтшы! Әлгі сұмырай жиырмадан
енді асыпты, Сарыбай, сенесің бе? Жиырмадан енді асқан бала қанішер атанып ел қырып жүр, сенесің бе? Әркімнің арағын ішіп, қатынын...
Жагор еңкілдеп жылап, сылқ етіп отыра кеткен. Сарыбай жұбата
алмады, шоланда жатқан киімдерін шапанына орап алып, үйден шығып кетті.
***
Сол жылы көп ауыл тау асты. Жігіттерін ұйымдастырып, оларға жол
көрсете жүріп талай отрядқа жер сипатып кетіп жүрген Сарыбай бергі қазақ Қарабет деп кеткен Андрей мен Қанішер Барысты жолықтыра алмап еді, бір орайы келгенін құдайдан тілеп, талай мәрте отрядтардың тұсына барып, аңдыды. Байқағаны жазалаушылардың кәмендірлері шетінен жас келеді. Бәрі қатыгез, жалғыз өзі шатырынан он қадам былай шықпайтын қорқақ. Олардың айуандығын естіген сайын аңға әуес болған Қасеннің бөрібасар баулыймын деп бір дорбаауыз сұр күшікті қасқыр терісіне үйреткені есіне түсетін. Қасен күшіктің итаяғын бөрінің қансоқта терісімен қаптап, асты соған құйып беруші еді. Әуелі жоламаса да екі-үш күннен соң аш күшік итаяғынан ақырындап жей бастады. Осы кезде Қасен итаяқты ағашпен түрткілеп, күшікті ызаландыратын. Арс-арс етсе «Көрдіңдер ме, бұл нағыз қырыпсал болады», – деп ауылдастарға шекесінен қараушы еді, жарықтық. Тамағын бергісі келмеген күшік ырылдап итаяққа жатып алады, ернеуін тістейді, сөйтіп, қасқырдың исіне үйренді. Бірақ текті иттің тұқымы болмаған соң әлгісі өсе келе көзін қызыл ет басқан дәу болып, киіз үйде ілініп тұрған терілерді жұлмалағаннан басқа ештеңе мандытпады. Екі көзі аларып ауыл шәуілдектеріне маза бермейтін, үлкен ит болсын, күшік болсын бас салып талайды. Екі-үш баланы қауып алып, кемпірлер Қасенді қарғап-сілеп, масқарасын шығарған. Байламақ болған екен әлгі дүрегей Қасеннің өзінің қолын шайнап тастапты. Ашулынған Қасекең итін атып тастап, құтылып еді. Мұның әкесі Бердібек сол кезде:
- Тексізді танымаған әумесер Қасеннің құлағы енді тынышталады, – деп
кеңк-кең күліп еді. Мына Андрей, Барыстар да сондай есерсоқтыққа баулынған қандыкөз иттер. Бір көкжалға оңаша жолықса әуселесі көрінер еді...
Төңкерістен кейін ел Қара Андрейді де, Барысты да ұмытты. Бұл өлкеде «Қарабет пен Қанішер» казактар жайлы жантүршіктірерлік әңгімелер ғана қалды. Аштыққа ұрынғанда ол әңгімелер тіптен адыра қалып еді. Манағы Степанның сол ескі шерді қайта қозғағаны.
Кешкі шай үстінде Матвей ұста қанша қағытқанымен Сарыбайдың әңгімеге зауқы болмады. Ерте ұйықтап, таңнан ұстаханаға ілесіп барып, көмектесті. Бұл көрік басып тұрғаны болмаса Матвей мен үлкен ұлы әбжіл қимылдап, қып-қызыл темірді шыңылдата ұрып, морт кеткен белтемірді қайта құрыштап берді.
- Қолыңа дерт бермесін, – деді Сарыбай кетерде.
- «Құдай» дегенді қосқанға қорқып тұрмысың, – деген Матвей тағы
қуақыланып.
- Неге қорқайын, оның үстіне дәл кешелі-бері құдайдың барына көзім
тағы бір жеткен секілді, – деді Сарыбай жұмбақтай сөйлеп. – Жарайды, жол түссе жолығармыз.
Белтемірді алдына көлбеу ұстаған балуан атын тебініп, жүріп кетті.
Құрдасының көңілінде бір күп барын іштей сезген Матвей ізінен қарап тұрды да желкесін қасып, ұстаханаға беттеді.
***
Қосағаштан шыққаннан кейін көкейіне көп ой қылтанақтай қадалған Сарыбай атының басын кеше ағашаяқ Иван шөп шауып жатырмыз деген сайға қарай бұрып еді. Шабындық алыстан көзге түсті, біраз жерді шауып, шөмелелеп тастапты. Сарыбай тақап келгенде үш айырды түйістіріп, жан-жағын шөппен жапқан күрке ішінен бір адам шықты. Степан екен. Баулан белтемірді жерге гүрс еткізіп тастап, аттан түсіп, сыр бермеу үшін:
- Иван қайда? – деді.
- Ол шаршадым деп, ақбалық аулап келу үшін Көксуға кетіп еді. Түс ауа
келіп қалар. Арбасы әне тұр, – деді Степан. Сарыбай қалың майса ішінде тұрған арбаны осы кезде ғана байқады.
- Жөн екен...– деді балуан Степанға барлай қарап. – Осы сен екеуміз
бұрын жолықпадық па?
- Жоқ, адамға адам ұқсай береді ғой...
- Ойланшы, Текелі жақта кездеспеп пе едік? – деді Сарыбай қабағын
түйіп. Степан иығын қиқаң еткізді.
- Желдісай, Жагордың үйі, – деді Сарыбай даусына сәл зіл қосып.
- Қайдағы Жагор? Білмеймін, – деп Степан жорта күлгенімен жауап
бергенімен өңі сәл қуаң тартқандай. Балуан қанша сабырлы көрінгісі келгенімен өзінің де түтігіп кеткенін сезіп тұр.
- Сырымбеттердің ауылында болып па едің? – деді бұл сол түйілген күйі
тіс арасынан. – Жазықбай дегендерді естіп пе едің?
Степан ойланған кейіп танытып, басын шайқап, сәл шегінді. Сарыбай оның сабынан тік қадалып тұрған шалғыға бір қолымен сүйенгенінен тіксініп қалды. Байлап тастап бір-ақ тілдесуі керек еді, енді тек айқас шешеді. Балуан аяғының астында жатқан белтемірді көтеріп, алға бір қадам жасап еді Степан шалғыны суырып алды.
- Есімдесің, полоумный, есімдесің...
Зу еткен шалғының ұшы Сарыбайдың алқымына тиіп кете жаздады.
Өзінен жиырма жастай кіші Степанның шапшаңдығынан секемденген балуан зілдей белтемірді оңтайлап ұстап, аңдасын аңдыған. Көп күтпеді, Степан екінші мәрте ұрғанда темірмен қағып, шалғы сабын морт сындырды. Анау алақтап, қолындағы сап тұқылын бұған қарай лақтырып, шегіне берді. Балуан қолайсыз белтемірді тастап, айқасқа оңтайланып еді, сақал-мұртына буырыл араласқан шалдың мұнысын көрген Степан есіріп шыға келді. Бір қарғып, жанына келіп шақшыттан ұрды. Көзі қарауытқан Сарыбай құлап қала жаздап, бойын түзей бергені сол еді анау ұзын аяғымен іштен теуіп домалатып түсірді. Степан үстіне қона кетіп, буындырмақ болғанда балуан «Иә, пірім!» деп ақырып, қос білектен ұстап үлгерді. Сереңдеген Степанды дүлей күшпен оп-оңай аударып тастағанымен жыландай иірілген бәлекетті басып қалғанға болмады, екеуі ұстасқан күйі тіктескен. Сол кезде анау баспен қойып-ақ жібергені. Балуанның көзі қарауытып, мұрнынан қан тамшылады. Жансебілге салған Сарыбай соққыларға қарамай қаусыра құшып, тік көтеріп әкетіп айналдыра тастады. Ыңқ ет қалған Степан аунай сала шалғының сынық басына қарай еңбектей қашып еді Сарыбай жеткізбеді, үстінен бүре түсіп, қыл мойынға білегін сұғып жіберіп, тізеге сала кері тартқанда Степанның көзі алақтап кетіп еді. Сүйектің күтірлей сынғаны естілді. Аузынан қанкөбік атқан Степан жазылып сала берген.
***
Степанды қас қарайғанша сабылып іздеген Иван ертеңіне милицияға хабар беріп, түс ауа келген үш милиционер әуелі шабындықтың төңірегін шолып, одан кейін үйін тексереді. Олардың бірі дорба түбінде орамалға түйіліп жатқан Әулие Георгий орденін тауып алып, сыртындағы инемен тырнап жазылған «Б.С.А» деген жазуды байқапты. Осыдан кейін сұрақтың астында қалған Степанның әйелі шыдамай, шындықты жайып салады. Қосағаштықтардың Степан деп жүргені қазақтар «Қанішер Барыс» атап кеткен, Аненнков әскерімен Қытай асып, он жылдан аса уақыттың ішінде тоз-тозы шыққан көп офицерлер секілді жасырынып шекарадан бері өткен хорунжий Борис Александров болып шыққан. Милиция «Қанішер Барыс қолға түсуден қорқып, қайта Қытай өтіп кетті» – деп істі келте қайырды.
ҚЫЗБАЛА
Тезек қоламтасынан шудаланған түтін жер бауырлай жайылып, қол созымда тұрған, тауды өрлей өскен қайыңның шетіне ілігіп, баяу сіңіп жатыр. Отағасы Жәнібек «Көзден тасалау тұс екен, ешкім көре қоймас» – деп үйді осы Басқан мен Сарқан өзенінің атырауындағы Бірмойынның етегіне тігіп еді. Қарсы бет – қарағай, қайыңы қыз бұрымындай төгілген Баянбай тауы, осы екеуінен асып түссең атақты Ақшұнақ. Соқпақ білер жұрт сол арқылы Қытай кетіп жатыр. Жәкең туған жерді қимай орта жолда қалып қойған болатын. Таулардың әр шатқал, әр үңгірінде өстіп жансауғалап жүргендер баршылық, дымын білдірмеу үшін топтаспай, жеке-жеке жүр. Туған жердің қабағы қату, жатқа барайын десе – үрей...
Қызбала шоқты шымшуырмен ығыстырып, таба бетін ашқанда жаңа піскен нанның исі аңқып сала берген. Нанды сағыныпты, жүрегі сазды. Кеше түнде Жәкең бір жақтан жарты қап ұн әкеп еді, «Қайдан алдың?» демеді. Сұрайтын уақыт емес. Қанжығасы бос келгеніне қарағанда атқан тауекші, арқарына айырбастап әкелген шығар... Отағасы таңмен тағы аттанып кетті.
- Шіркіннің исін-ай!
Қызбаланың қолындағы шымшуыры түсіп кетті, жалт қарап еді
жалғыз ұлдары Жанәділ екен, қолындағы су толы қос бақырды есік алдына қойып жатыр. Жасы жиырмаға келіп қалса да әлі отау құрмаған жігіттің бойы соқталдай болғанымен көңілі балаң. Иі жұмсақ. Заман түзу болса аяғын тұсап, бұл ендігі немере әлдилеп отырар еді. Тәтті ой әсерімен ұлына жымиған Қызбала табадан нанды алып, ұстатқан. Жанәіл жұқалтаң келген ыстық табананды құмарлана иіскеді. Сосын шетінен шымшып, «Біссімілла» деп аузына салды.
- Қазір, апа, шәй қойып жіберейін, құрғақ бұрмаламай, ыстық сумен
жейік, – деп Жанәділ үйден шәугім алып шықты. Қызбала жымиып, нанды асадалдың үстіне қойды да беті шүберекпен жабық тұрған тағы бір күлшені алып, табаға апарып салды. Осы шағын екі күлшенің өзіне шүкіршілік. Қалған ұнды үнемдеу керек...
Аналы-балалы екеу дастарқанға енді жайғасып, бір-бір үзім нанды ауыздарына апара бергенде сырттан ат дүбірі естілген. Жанәділ далаға жүгіріп шықты да екі көзі алақтап қайта кірді.
- Орыс...
Бұл екеуі сыртқа шыққанда бердеңкесі шошаңдап, екпіндеткен әлгі
үйге келіп те қалған. Келе қарғып түсіп, ақкөбік болған атының шылбырын мамыағаш орнына қойылған сидаң қуға іле салды да қайыс белдігін қос қолымен түзеп, сол қолымен қылышының сабын сығымдап, бұларға қарай алшаң басты. Еш имену, тіксіну жоқ. Ыржиып келеді.
- Здрасте, товарищи киргизы-конокрады, дикарий-эмигранты...
Солдат жайдары көрінгісі келгенімен күн жеген бас киімі, соры
шыққан кеудешесі сұс беріп, шегір көзі өңменнен өтіп барады. Қызбала мен Жанәділ шегіншектей берген. Үйде мылтық та жоқ. Соңығы кездері Жәнібек тақымынан тастамайтын болған.
- Да не боитесь вы! Не трону я вас.
Еңгезердей солдат Жанәділ әкеп қойған бақырды басына көтеріп рахаттана су ішті де жеңімен аузын сүртті. Қолына құйып, мойнын, алқымын шапақтады. Қызбала:
- Қап, суды арамдады-ау, – деп күбір ете қалған. Солдат бір-екі қадам
жасап жақындап, состиып тұрған бұларға қулана қарады. Қызбала оның көзіндегі суық отты анық байқады.
- Ну... – анау бұған қарап екі қолын жайды. – Сен ким катын? Жрать есть
что...
Қызбала иығын қиқаң еткізді. Түсінбедім дегені. Солдат мырс етті.
- Ау, жрать бар ма? Мясо, казы, айран... Желудок пуст, карын аш, –
деп қарнын сипалады. Оның қазақшаға икемі барына қайран қалған аналы-балалы екеу аузын ашып үлгергенше солдат үйге кіріп кетті. Жанәділ артынан ұмтылып еді Қызбала жеңінен тартып өзі алға түсті. Солдат кірген бетте «О-о-о!» деп нан туралған дастарқанның бір жағына құлай кетті. –Шынтақтап, бір жапырақ нанды алып, бұған ызбарлана қарады.
- Не хорошо, катын, не хорошо... – солдат тауешкінің бақанда ілініп
тұрған қол етін иегімен нұсқады. – Сен Красную Армию алдайды, ал мы дураки вас защишаем...
Сосын есік алдында тұрған Жанәділге қарады:
- Джигит, ты там... воды подай.
Жанәділдің сөзін ұқпағанын түсінді.
- Су деймин.
Жанәділ бір аяқ су әперген. Солдат нанды бұрамалап, судан ұрттап қойып, шала шайнап жұта бастады. Расымен қарны ашып қалыпты. Жұқалтаң табанан жұмырына жұқ болар сыңайы жоқ. Қызбаланың көзінен жасы ыршып кетті. Солдат состиып тұрған екеуіне қарап:
- Ну че встали-то как не родные. Садитесь, – деп қарсысын нұсқады.
Екеуі отырды.
- Я по киргизский мал-мал знаю... Сейчас айтам, – деді солдат соңғы
жапырақ наннан үзіп жатып. – Сен ким, атын ким? Имя?
- Жанәділ...
- Во, молодец, Жанадил... Сен Акшунак билесин?
Жанәділ жымиған. Бұл аймақта Ақшұнақты білмейтін қазақ бар ма, тәйірі.
- Иә, білемін.
- А дорогу покажеш? Жол?! – деді солдат қолын тау жаққа сілтеп. – До
перевала...
Қызбала селт ете түскен. Біреу төбесінен мұздай су құйып жібергендей
болды. Бұл аузын ашып үлгергенше Жанәділ «Иә» – дей салғаны. Солдат қуанып кетті.
- Завтра отряд прибудет, а я кажись приказ выполнил... – Ол әлдене
ойлағандай сөзінің соңын жұтып жеберді де Жанәділге көзін қысты. –А мы с тобой во главе конницы поедем! Да?
- Иә.
- Вот и ладушкий, джигит ты Жанадил. Батыр ты мой, – солдат
қарқылдай күліп, мұны арқадан қақты. – Если короткую жол покажеш мы Курман бая поймаем, и я тебе аргамак подарю. И его кызымка. Кызымка хочеш же. Кызыл армеец болсаң, еще бай кызымка обнимат будеш. Повезло тебе, Жанадил...
Іштей «арғымағың да, қызың да құрысын» деп ойлап тұрса да Жанәділ басын шұлғып құтылды. Орыс тағы бір рақаттанып күліп алды да қылышын шешіп, қабырға жаққа тастады, бердеңкесін де соған қатар қойып, зор денесімен қалқалай жайланып жатты.
- Я вздремну немного. А потом, с тобой в ущелье отправимся, там
будем ждать наших. Понял?
Жанәділ иығын қиқаң еткізді.
- Ладно, ты сиди, ал мен уйктаймын. Баю-баю. – Солдат Қызбалаға
назар салды. – А ты матушка пока куырдак приготовь.
Ол тағы да сүр етті нұсқаған. Жанәділ «Түсіндім» дегендей басын шұлғыды. Неге екені белгісіз осы кезде қызыләскер көзін шатынатып, өңін бұзды да:
- Поняли?! – деп ызбарланды. Жанәділге мылтығын меңзеп қойды. – Ты,
киргиз, смотри у меня! Кашсан мен атады, утур осында.
Жанәділ басын шұлғыды да керегеге арқасын сүйеп, апасына қарап еді Қызбала отыра бер дегендей ымдады. Жол дегенді естігенде-ақ оның іші мұздап сала беріп еді. Қазір әскер деген топ-тобымен келіп жатыр. Аштық пен шолақ белсенділерден қашқан ауылдарды аңдыйды. Ұстаса қиын. Қыз-келіншектердің масқарасын шығарып, еркектерді атып тастайды. Мал талауға түседі. Кекіліктей әр тасты сағалап жүрген қазақты санап жатқан ешкім жоқ, хабарсыз кеткен ауылдар көп... Жәкесі өткенде тау ішінде шашылып жатқан өліктердің үстінен түскенін айтап еді. Сол жерді шыр айналып жартылай жалаңаш бір қыз жүріпті. Шамасы он бес-он алты жаста болса керек. Кімнің ауылы, қай жақтан қозғалғандарын біле алмапты, қыз ыржалақтап күле береді, біресе отыра қалып еңірейді екен. Жәкең мінгестіріп әкетпек болып білегінен ұстаса қыз шыңғырып, қолын қыршып, қалыңға қарай қарай қашыпты.
- Біреудің көрікті-ақ баласы екен байғұс, қара шашы төгіліп тұр... бүйтіп
тірі қалдырғанша атып кетулері керек еді, иттер... – деп отағасы күрсініп еді.
Жастау кезінде барымташы болған, бертінде аң қағумен әуестенген Жәнібек үшін бұл таулардың құпиясы қалмаған. Үйде тұрмайды. Қасқа атқа мінеді де кезіп жүреді. Не істейді, қайда барады ол жағын Қызбала сұраған емес, сұраса да Жәкесі айтпас еді. Бар жауабы алакөзденіп бір қарағаны болар. Бірақ қыз туралы әңгімені естігенде отағасының Ақшұнақ жаққа барғанын сезген болатын. Жанәділге де тау соқпақтарын көрсетіп, жыммен жүруді үйреткен әкесі. Бірақ ұл мінезі әкеден бөлектеу. Жәнібек «Өй, нағашысына тартқан...» – деп кейіп отырады.
Қызбала орамалының ұшын тістеледі. Жолбасшы болғанның ешбірі тірі қайтпағанын білетін. Осы үйден талай дәм татқан, қанжығасы құр жүрмейтін Қали мергенді де бір шатқалды көрсетуді сұрап, барған соң көппен бірге атып тастапты. Қай сапарда, кімнен естігені белгісіз осыдан Жәнібек құлақтанып, досының денесін іздеп тауып, көп сүйекпен бірге таспен бастырып қайтқан. Қызылдар «ауылдарды Қытай асырып жатқан сенсің, әйтпесе олар асуға апарар жолды қайдан біледі?» – деп жолбасшының өзіне бәле жабатын көрінеді. Бір отрядты бастап кеткен Дәуренбек те оралмапты...
Баласы сол күйі отыр, солдат пысылдай бастапты. Қызбала ақырын көтеріліп етті алды да сыртқа шығып, айналаны көзбен шолды. Ешкім көрінбейді. Анадайда шоқ қоздап жатыр екен. Әлдене есіне түскендей солай қарай тұра жүгірген. Нан қап-қара болып күлденіп, күйіп кетіпті. Қызбала жылап жіберді. Дыбысым шығып кетпесін деп ернін тістеледі, тарам-тарам жас алқымына тырс-тырс тамып жатыр. Жәкем болса бір амалын табар еді, – деп ойлады. Жанәділді әкетсе... Қызбаланың қолындағы еті түсіп кетті, селт етіп оған еңкейді де... жерде жатқан балтаны қалай алғанын сезбей де қалды. Сабын қос қолымен сығымдап тұрды да үйге беттеді. Босағадан сығалап, ымдап Жанәділді шақырған. Ол еппен қозғалып, тұрып еді солдат сезбеді. Баяу ғана қорылдап жатыр. Апасының жанына келгенде Қызбала балтаны ұстата салды да:
- Ұр, – деді сыбырлап. Жанәділдің зәресі ұшқан. Шешесіне «Есің дұрыс
па?» дегендей ежірейе қарады. Қызбала сұстанып алыпты.
- Ұр дедім, шап басын! Әйтпесе өзіңді өлтіреді, байғұс бала.
Жанәділ ана тілеуін түсінгендей болып, балтаны алды да мысықтабандап солдатқа жақындады. Дәті бармай балтаны білемдеген күйі тұрып қалды. Жаутаңдап шешесіне қарай берген. Қызбала сұрланып тұр. Осы кезде әлденені сезгендей солдат көзін ашып алғаны. Ендігі тұрыс болмасын түсінген Жанәділ сілтеп кеп қалды. Балта маңдайға қиялай тиді. Әлсіз соқты ма әлде мына орыс итжанды ма балтасы қадалған күйі өкіріп тұра келгені. Зәресі ұшқан Жанәділ сапты жібере салды. Солдат мұны бас салып, алқымын сығып барады. Бақырып, сыбап жатыр. Қызбаланың есі шықты, алысқан екеуге жүгіріп, солдаттың қолына жабысты. Әп-сәтте Жанәділдің әлі кетіп, екі көзі алақтай бастаған. Жандалбасалаған Қызбала бас сүйекке екі елідей кірген балтаға жармасып, жұлып алды. Маңдайдағы жарадан қою қызыл қан шапшып, Жанәділдің үсті-басын жуып кетті. Бұған да шашырады. Үйдің ішін жылымшы қанның жағымсыз исі алды. Солдат тізерлей берген. Содан соң сәл қисайып, бір қырына сұлық түсті де ыңырана бастады. Бір мезетте тынши қалды.
Екеуі есеңгіреп қалып еді. Бірінші ес жиған Қызбала болды. Алашаны алып өлікті жаба салды. Осы кезде Жанәділ қаннан жиреніп, далаға шыға құсты. Қызбала:
– Әкең келгенше ағаш арасына тығыла тұрайық, мынау жалғыз жүрмеген шығар... – деп бақырдағы судан іліп алып, Жанәділдің бетін бір шайды да қалыңға қарай жетелей жөнелді. – Бүгін келе қойса жақсы.
Екеуі қайың орманға жеткенше жүгірді. Сол жерден үй мен Жәнібек кеткен жаққа қараумен болды. Күн құлай ағаш арасынан Жәнібектің жиренқасқасы көрінген. Қанжығасында байланған аңы бар. Қызбала мен Жанәділ аңырап алдынан шықты. Қызбала ойын анық жеткізе алмай, үй жақты сілтей берген. Есік алдындағы орыс ерлі жылқыны байқап тіксініп келе жатқан Жәнібек қараша үйге қарай шаба жөнелген. Кіріп, алашаны көтеріп, өлікті бір қарап шықты да қылыш пен бесатарды алды. Сосын соңынан алқына жеткен екеуіне:
- Тез жиналыңдар, – деп әмір етті.
Азын-аулақ заттарын түйіп, екі атқа өңгерген соң Қызбала солдаттың торысына мініп, Жанәділді мінгестірді. Жәнібек төрт кереге мен көлбеу бақандарды ұстап тұрған бауларды қиып, үйді құлатып, жүн-жұрқа, қалған көрпе-төсекті ортасына үйіп, от қойды. Ондағысы бәлшебектер өлікті танымасын деген ой. Біліп қойса қан көрген қорқаудай іздерінен қалмайды. Осыдан кейін үшеуі жүріп кетті.
Бет алыс – Ақшұнақ.
***
Жәнібек Атантайұлының әулеті арғы беттен 1956 жылы оралды.
ПЫШАН
Абақтының есігі сықырлай ашылғанда күңгірт, сыз бөлменің ішінде көзінің нұры сорылғандардың бәрі сырттан құйылған жарықтан беттерін алақанмен көлегейлеп, қыбырғаға тығыла түскен. Арқасында мылтығы шошайған күзетші ішті барлап, табалдырықта талтайып біраз тұрды. Сосын немқұрайлы дауыспен:
- Әй, Пышан, бері шық, – деді. Түкпірдегі дәу қазақ қозғалақтап,
сүйретіле тұрған. Еңсегей бойы бері аттаған сайын зорая түсті. Екі бүктеліп есіктен шықты да қарауыл құлпы салғанша кең дүниені қос жанарымен бір аймалап үлгерді.
- Жүр!
Дәу қазақ үндемей жүре берді, екеуі тергеушілер отыратын жерге емес,
шыға беріске беттеген. Жақып күтіп тұр екен.
- Ассалаумағалейкүм, Пышан аға, – орта бойлы, көзі тұздай сары
жігіт мұны бас салып, құшақтаған.
- Жәкентай, сен қайдан жүрсің?
- Жүріңіз, аға, жүріңіз, – деп Жақып мұны қолтықтай берді. Пышан түк
түсінбей күзетшіге қарап еді анау мұнымен шаруасы жоқ адамдай самокруткасын тілімен жалап, жайбарақат тұр. Екеуі абақты ауласынан ұзай берген. Тал түбінде тұрған тарантасқа мініп жатып та Пышан жалтақ-жалтақ қарады, «өлімге кескен өкіметтің мұнысы несі?» Жақып алға отырды да делебені алып, мына жерден аулағырақ кеткісі келгенін байқатып, бишік сілтеп еді қос ат арбаны жүк құрлы көрмей құйғыта жөнелген.
Пар ат жегілген тарантас Талдықорғанның жатақ үйлерінің ортасымен зулап отырып, Жақыптың шәрінің арғы басындағы еңселі тамына келгенде бірақ тоқтады. Жақып қарғып түсіп, бұған жәрдемдесті. Үйге ала жөнелмек еді, Пышан сәл тоқтайық дегендей ишара етті. Ол мына жарқырап тұрған күнмен, өзін аялаған самалмен амандаспақ еді. Бойын барынша созып, жарық әлемді құшып алғысы келгендей құшағын жайып, көзін жұмды. Қандай керім едің, дүние-жарық!
- Үйге кіріңіз, аға, – Жақыптың үнінде жалыныш бар. Пышанның бұл
тұрысын осы маңдағы қазақ-орыстың бәрі бірдей жақтыра қоймасы белгілі. Жақынға жақын жау болып, ағайынды ағайын атып жатқан мына заманнан береке кетті-ау... Сонда да Жақыптың мына қипағында бір құпия бар. Пышан ыңғайға көнгендей болып үйге беттеген, алдынан Жақыптың келіншегі шығып, сәлем салды.
- Бақытты бол, қарағым...
Босағаға жете бере қалт тоқтаған:
- Жақыптай, мына түріммен үйіңе кірсем балаларды қотыр етермін,
жуынып, киім ауыстырсам дұрыс болар...
- Келініңіз моншаны әзір еткен, ағасы. Ырқыңыз білсін.
Талай келіп, сайран салған үйі Пышан монша жаққа өзі жүрді. Дүниенің түзуінде қанша келіп Жақыптың моншасына түсті, сонша таңырқады. Буы бұрқырап тәніңмен қоса жаныңды балқытады ғой, шіркін. Қазаққа осы өнер қонбай-ақ қойды, Қараталдың қара суын шалпылдатқанына мәз. Оқта-текте Талдықорғандағы орыс-казактың моншасына түсіп, сасық сомогонын ішіп ырғалып қайтқаны болмаса монша соққан қазақ шамалы.
Пышан суға асықпай, рақаттанып түсті. Жақып жотасын ысып, қайың сыпыртқымен сабағанда бойынан төгілген ащы термен бірге көптен көрген азабы да ағып кетіп жатқандай еді. Одан кейін өсіп кеткен шашын, сақалын сыпыртты. Жақып мұндайға епті, басын айнадай етіп, жақ үстіндегі қауғадай жүнді қырып, қияқ мұрт қалдырып, мұның қолына айна ұстата берген.
- Келісіп-ақ кеттіңіз!
Жақыптыкі жай қолпаш екенін Пышан сезеді, айнаға қарап еді түске дейін бір киім, түстен кейін бір киім киген сері, сом тұрпатында тұлпардың белін талдырарлық салмақ бар бұрынғы Пышанды көре алмады. Жағы суалып, көзі ішке түсіп, иық пен кеуденің еті сылыныпты, кең маңдайдың ортасынағы терең екі сызыққа қарап мұны енді ғана үш мүшелге келген нар жігіт деп айтуға болмас...
- Өткенде абақтыдан шыққан молдекеңнен беріп жіберген хатым есіңде ме, Жақып? – деді Пышан.
- Иә, аға.
- Сонда, «Бұл күнде жабыспақ пен бүрге жеді, Қой кене, қандала, бит
бірге жеді...» – деген бар еді ғой, – деп жерде жатқан қыл-қыбырды меңзеп жымиды. – Өртеп жібер.
Пышанның бұл сөзіне Жақып та бір күліп алған
- Жақсы, бар бәлекет осымен кетсін.
Үйге кірген соң құс мамыққа жайланып жатып, тартылған еттен
шамалап жеді. Үш айдан бері бірде быламық, бірде елден келген сәлемдеменің күзетшілерден қалған жұрнағын қанағат етіп келген асқазанға ауыр тиіп, ел алдында ұятты болуы мүмкін. Оның үстіне ас азабына шыдамай алаң-жұлаң етсең атадан келе жатқан ардалығын қайда қалады. Есесіне иінінен демалып келген самауырдың шайын ұзақ ішті. Самайдан сырғыған терді орамалмен сүртіп отырып, сораптады. Үн жоқ. Мейірім қанды-ау дегенде ғана Пышан Жақып пен Мүнираға қарап:
- Балалар қайда жүр, жамандарды иіскейінші? – деді. Ерлі-
зайыптылар көзімен жер шұқыды. Мүнира орамалының ұшымен көзін сүртіп еді Жақып:
- Тәйт, жаман ырым бастамай, – деп жекіп тастады. Келіншек сыртқа
шығып кетті. Жақып бұған қарай ыңғайланып отырды. Шешіліп сөйлесердегі әдеті.
- Аға, олар ЧК ғимаратында...
- Не дейді?! – Пышанның жүзіне ашу теуіп шыға келген.
- Сабыр етіңіз, үш күннен кейін қайтып келеді, алаңдамаңыз.
Келініңіз соларды уайымдайды ғой, – Жақыптың жанарында аяныш бар. – Иванов мен берген алтын-күмісті алса да кепілдік сұрады. Сосын балаларды апарып тастадым, аға. Үш күннен кейін сізді қайта абақтыға жіткізуім керек...
- Алла-ай...
Пышанның екі құлағы шыңылдап сала берген, бір қазақтың, бір туыстың дәті бармағанды істеді-ау мына Жақып. Осыны іні тұт, дос бол, – деген әкесі Жәлменде әулие екен. Ол Жақыпты үйге әкелгенде тоғыз жасар, арық бала еді. Қағылез, пысық татар бала өсе келе бәріне жағып, жалшыдан бұрын жақынға айналған. Саудаға ебі болып, өз алдына бөлек шықса да Жәлменде бидің жақсылығын ұмытқан емес. Әкесі өлгелі өзінен үш жас үлкендігі бар мұның жанынан бір елі қалмап еді, ендігісі мынау. Бұл болса аяқ асты абақтыдан шығып мына шалжиып жатысын Тәшкенге арызданып кеткен тоқалы Балқиямен байланыстырып еді.
- Иә, аға, – деді Жақып мұның ойын оқып қойғандай. – Балқия
жеңешеден еш хабар-ошар жоқ әзірге. Үкім өзгермеді. Бірақ өзгереді деген үміт, бір жылымық бар, сенімдімін, әйтпесе Иванов сізді үш күнге жібермес еді.
- Бекер, Жақыпжан, бекер... балалар шошынатын болды, – Пышанның
аузына жөнді сөз түсе қоймаған.
- Түк етпейді, еркектің ел үшін жаралғанын қазірден бастап ұға
берсін.
Жақып кесіп айтты. Осыдан кейін екеуі үнсіз қалды.
Пышанды үш ай бұрын ұстап, бес жұмадан соң соттап еді. Сот деген аты ғана. Осы маңдағы орыс-казак, қазақтарды Шайқорғанға шақырып, үлкен жиын өткізген. Ауылдастары да келіпті. Үш жүзден аса адамның алдында қолы байлаулы бұны тұрғызып қойып, қандай жау екенін талқылады. Осындағы милицияға бастық болып келгеніне жыл толмаған Ивановтың бұл туралы көп мәліметті қайдан алғанын құдай білсін ит жылғыны тізіп, болыс болғанын, бір кедейдің сиырын күшпен алғанын, ата-бабасынан бай-құлақ екенін сарнай айтқан. Шашын сиыр жалағандай еткен сұйық мұрт тілмаш зуылдап аударып тұр. Айыптың дені «жылқы-сиырымды күштеп алды», – дегенге келгенде Пышан айғайлап жібере жаздаған, «ағайынмен абаласып қарабет болармын», – деп тілін тістей қойды. Айтқанымен Ивановта мұны тыңдар сыңай жоқ. Әйтпесе, қызыләскерге азық, мініс ат керек деп Пышанның алқымын езген осы секілділер болатын. Меншебегі бір келіп, бәлшебегі бір келіп берекетін ұшырған ауылдардың тыныштығы үшін бес жүз жылқы мен өгізді күшейіп келе жатқан қызылдардың алдына салып берген. Ол малдың көбі өзінікі, біразын осы өңірдегі ауқаттылардан алдырды. Көнбегеніне: Елден аяғаныңды ит жесін, – деп тізе батырыңқырап жібергені рас. Енді сол мал өзіне бәле боп жабысқанын қара... Жарты сағаттан соң тоқ етерге келді.
- Пышан Жәлмендеұлы қандай жазаға лайық, жолдастар? – деді
Иванов. Манадан тыңдап отырған жұрт шулап сала берген, талдықорғандық казактардың даусы басым.
- Да что с этим буржуем возиться, ату керек!
Сақалы махоркадан ыстанып кеткен Егор деген казак осына айтып еді жанында отырғандар «Правильно! Правильно» десіп қоштай жөнелді. Өз бауырын оққа байлап бергенге жүрек дауаламай отырған қазақтар жағы үнсіз. Бір-екеуі ғана:
- Атсын әкеңдікін, – деп қалған. Осы кезде Пышанның үні саңқ ете
қалған:
- Әй, Егор, не оттап тұрсың. Буржуйлық ауыл аралап арақ сатып
байыған сенен өтіп, маған жетіп пе?! Осы жерде отырғандардың ішінде маған сенен көп жүгінгені жоқ шығар. Қай кезде меселің қайтты?! Қойшығұлды мас қылып бір шиша сомогонға бір қойын алғаныңда ма? Араққұмар болған өзін көзіңше соймап па едім! Әй, арсыз, ауылға келген қазақты жабыла сабап істі болғандарыңда сорасы ағып маған келген мына сен, арашашың болған мен емес пе едім?!
Пышан көзімен жұрт ішінен біреуді іздеді. Есен қартқа тоқтаған, ол аяғын созып тастап, таяғымен жер сызып отыр екен.
- Есен ақсақал, осы сөзімнің өтірігі бар ма? Мынаның қаншасын
арашалап алғаным үшін ағайыннан сөз естідім мен? Ана Макар келініңізді зорламақ болғанда долданып, өлтіруге шақ қалған көп қазақтың қолынан жұлып алғаным үшін сіздің қарғысыңызды мен естіп едім ғой...
Осы кезде казак-орыс ысқырып, шулап сала берген. Макар:
- Да ты че несеш-то, твою мать, – деп жерден бір кесек алып бұған
лақтырған. Сатыр-сұтыр тас жауып кетті. Бірі шеке тұсқа тиіп, көзіне қан құйылды. Иванов бастаған милиция қызметкерлері ашулы топты әзер шегіндіріп, сабырға шақырды. Осы кезде манадан Ивановтың сыртында тұрған Имаш алға шығып:
- Жолдастар, – деп қазақтарға салмақ сала сөйледі. – Мына
пролетариат, батркатар ақиқат үшін, большевизм үшін шырқырап жатыр, ревком жиынында сендер неге үндемейсіңдер?
Есен ақсақал орнанан тұрып, қазақтарды бір шолып шықты. Сосын Имашқа тік қарады.
- Шырағым Имаш, жөн айтасың, кедей теңдігі үшін, ақиқат үшін,
бәлшебізм үшін күрессін-ақ бұл қазақ. Бірақ өкпеге қиса да өлімге қимайтын мінезді тастағанымыз дұрыс па? Ау, ана теңізден Қапалға дейінгі аралықта Байшығаштың ұрпағын білмейтін қазақ бар ма? Ағайын болған соң алысу да, берісу де, келісу де, тебісу де болады. Енесі тепкеннен өлген тайды көрген кім бар... Окоп қаздырам деген алапат келгенге дейін Қараталды бойлай қонған бір үйі аштан бұралмай, бір жетімі қайыр сұрамай отырған іргелі ел емес пе едік... Ау, басқаны былай қойғанда кешегі өткен Жәлменде бидің аруағынан қорықсаңдаршы, – Есен қарт өзіне ілесіп келген ауылдастарына бір қарап алды. – Имаш шырағым, менің төрімнен көрім жақын, ақ сақалымды өтіріктің уына малар жайым жоқ. Әнін салып, малын жайып жүрген Пышанды бүлікші деймісің, шын бүлікші іздесең Лепсідегі қырғыннан қашып келгендер ішінен ізде. «Арты қуыстың айғайы ащы» деуші еді, соңғы кезде осылардың арасында атттаншылар көбейіп кетті, – деп қария казактар жаққа таяғын шошаң еткізген.
- Ах, вы, сучье отродие... Вы нас... рабочих-крестьян?!
Манағы ашуы басылмай отырған Макар қатардағы қарайып отырған қазақты бір теуіп бебеулетіп тастап, Есен қартқа қарай ентелеп келе жатыр еді ел «Шойқара» деп кеткен Өмірбай балуан алдын кес-кестеді. Апыр-топыр төбелес басталды да кетті. Милиционерлер қамшымен сабап, мылтық атып жүріп, екі жақты әзер ажыратып алды. Ең қатты зардап шеккен Макар екен, бет-аузынан қан дірдектеп, сабан шашты басын қос жұдырығымен тоқпақтап еңіреп отыр. Пышан оған қарап мырс еткен. Қаны қарайса құтырған бұқаға ұқсап кететін Шойқарадан оңай құтылыпты...
Осы төбелестен кейін сот тарқады. Мұны абақтыға қамаған. Ал екінші күні Шайқорғанға әкелгенде жиналғандар арасында Есен қарт бастаған бір топ қазақтың жоғы бірден көзге ұрды. Төбедей боп отыратын Шойқара да көрінбейді. Пышан Имаштың жыланкөздене қарап тұрғанын байқады. Не де болса осы ілмиген пәлекеттен келді... Сот тез аяқталды, бір-екі мұжық пен бұл танымайтын бір қазақ кінәлай сөйлеп, мұны көпшілік дауыспен өлім жазасына кесті. Иванов Сәбет үкіметі әділ екенін, енді үкім орындалатын күнді күту керектігін айтып, халықты таратты. Содан беріде екі ай өтіпті, ағайыны арызданып шапқылап жүр, ал Пышан бәріне көнген.
***
Іңір түскенде Жақып екі атты жегіп, мұны Талдықорғаннан шығарып әкеткен, Қараталдан өтіп, шолақ тауларға қарай салды. Төрт-бес шақырым жүріп, тау ішіне кіргенде от көрінген. Оңашалау жерге үй тігіліпті, сонда түсірді. Ошақ басында адамдар қараңдайды. Екі жігіт келіп амандасты. Ішке кіргенде білтешам жарығына үрпие қарап отырған балалары мен Қайшасын көрді. Балалары бас салып бауырына тығылғанда күн исі аңқыған шаштарынан иіскеп, жанарынан бір тамшы жас сырғи берген. Қайша үш ұмтылып, орнынан әзер көтерілді. Оны да бауырына қысып, бес бейбақ ұзақ тұрды. Тек сырттағы Жақып жөткірінгенде ғана құшақтары ажырап, буыны кеткен Пышан киіз үстіне отыра кетіп еді. Жақып кірді.
- Аға, ағайын-туыс хабардар, келеміз деген...
Пышан басын шұлғыды, дәл қазір ешкім келмесе де өкпесі жоқ, контрамен ауызжаласқан болып бәрі айдалып кетуі мүмкін.
- Амансыңдар ма? – деді Пышан кенжесін бауырына басып.
- Шүкір. – Қайша жүзінен сырғыған жасты саусақ ұшымен сүрте
берген. – Ел ішінде болған соң жүрміз ғой әйтеуір... тек...
- Айт.
- Тек ел ниеті бұзылып барады. Балалар үйден шығудан қалды,
«байдың күшігі» деп түртпек көбейді...
- Ештеңе етпес, бәйбіше, бұл бұлт та сейілер...
Пышан өзіне жабысып отырған кенже ұлының басынан құмарлана иіскеді. Осы кезде сырттан ат тұяғының дүбірі естілген. Көп ұзамай шұрқырай амандасқан дауыстар естілді. Топырлаған аяқ бері келеді. Пышан орнынан көтерілгені сол еді біреу «Бауырымдап» кіріп құшақтай алды. Орекеңді әзер таныды. Оның соңынан:
- О, басыңа көрінгір, боркемік, доғар, әй! – деп дауыстап Қойшығұл
кірді. – Босат, бауырымды, біз де амандасайық!
Ел ағалары жеті-сегіз болып келген екен бәрі кезек құшып, көрісті. Сосын дастарқан басына жайғасқан. Қызметші жігіттер кіріп тағы екі-үш жерден білте шам қойып еді, үй іші жарқырап сала берді. Қойшығұл әр әңгімені бір шалып отырғандарды сейілтпек еді, болмады. Үйдегі түнекті сейілткен жарық қабақтардағы түнекті түре алмады. Үш жерден семіз бағлан еті тартылғанда да ешкім еміне қоймады. Табаққа созылған сирек қол Пышан түртпегеннен кейін мүлдем тиылды.
- Мырза, – деді Орынбай. – Жазаң ауыр екенін білеміз, ақ күн туар
деген үміті бар ағайыныңбыз. Пышан абақтыдан шығыпты дегенді естіген Балқаштан бергі қазақ дәл осында ағылса да болар еді, заманның реңі жаман. Ел бүлінді, бұрынғы қазақ жоқ. Біздің жақтың даласы құм болады, Үлкен айтса баласы жым болады, – деген әкең Жәлменде марқұм айтқан сөзден қадір кеткен, айтақшы көп, айтаққа ерген одан көп. Тақымға түскен тулақтай болған жұртыңды жазғыра көрме.
- О не дегеніңіз, Ореке, – Пышан әлде амандасуға, әлде бақұлдасуға
келген туыстың еңсесін тіктеу үшін даусын көтере сөйлеген. – Ақ-қаралы киініп серілік құрған дәурен өткенін мен білмейді деймісіз, сондықтан өзекті үңгіген үрейді жеңіп келгендеріңіз үшін құлдық ұрдым сіздерге. Алла ақтаса, аман ескен құтылармын, олай болмаса татарымның түгесілгені.
- Олай демеңіз, мырза, – деп Қойшығұл араласпақ еді Пышан елемей
сөзін жалғай берді:
- Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде деген заман туды дейтін
болыпты. Ол түрмеңді көрдім. Сідік пен сыз сасыған жерде тірідей сирағымды кемірмек болған атжалмандарға қарап жатып көп ойландым. Ағайынға дұғай сәлем айта барыңыздар, асылық еткенім болса,
кешірсін! Өзімнің ешкімге өкпем жоқ. Тірі қалсам Дөңшиіме жетермін, тірі қалмасам басымды имей өтермін. Сіздерге жалғыз аманатым бар, ел ішінде Пышанның арманы еді деп айта жүріңіздер: екі қазақ қырқысқанда бірінен үріккен киелі бес аққу үшінші қазаққа барып қонып еді, сол бес аққуды мүлдем үркітіп алмайық...
Осыдан кейін ол сөзім бітті дегендей үнсіз қалды. Ақын арманын бәрі түсінген. Қаратал мен Іленің бойындағы жалайыр балаларында бес аққу жайлы аңыз бар, қалың андас аз ауыл сиыршы бауырларына құлақ суға бола зорлық етіп, Қартаңбай әулие «Қап, андасқа кие болған бес аққу назаланып ұшып кетті-ау, ол Байшығашқа қонады» деген екен. Бұл өлкенің халқы киелі құстардың желеп-жебеп жүретініне сенеді.
Түн ортасынан ауғанда ауыл қазақтары қайтпаққа жиналды. Пышан әрқайсысын бір-бір құшып, қоштасып, аттандырып салды. Үш ұлын соларға қосып жіберген.
***
Келер күні Жақып шақырған төрт-бес өнерпаз келіп, аздаған сауық-сайран құрылып еді топалаң үстінде той жасағандай сүреңсіз болды. Сырнайлы жігіт Пышан абақтыда жатып шығарған «Аққу едім көлдегіні» зарлай орындағанда бәрінің ұнжырғасы кеткен.
Ағайын, тілектеспін аманыңа,
Мен-дағы дүрілдедім заманымда.
Қаз табан жүйрік едім тас баспаған,
Қадалды темір тікен табаныма...
Қайша бетін басып далаға қашты. Ән кілт үзілді. Сәл үнсіздіктен кейін, дастарқанға ықылас етіп, бәрі сыртқа шыққан. Пышан көзімен Қайшаны іздеп еді, көре алмады. Ол қонақтар кеткеннен кейін бір-ақ оралған, екі көзі домбығып, ісіп кетіпті. Қайшаны үйге дейін көзбен ұзатып салған Жақып пен Пышан оңашалау тұрған қожыр тастарға барып, отырды.
- Аға, – деді Жақып жүзін тік салып. – Мәймөңкелейтін несі бар, сын
кезеңде тұрмыз, Жәлменде атамыз бекіткен достығымыздың не бекір, не үзілер тұсы осы. Қашыңыз! Ат сайлатып қойғам.
- Балалар ше?– селт еткен Пышанның аузына ілінген жалғыз сұрақ
осы болды.
- Ол жағына қам жемеңіз, Ивановтың да, Имаштың да аузы алынған,
қатты шабалана қоймас... Мені қамаса да балаларды жібереді ғой... Қашыңыз! Кеш түсе аттанасаңыз таңға дейін талайға ұзап кетерсіз.
- Әй, Жақыпым-ай, батылым-ай, бауырым-ай – Пышан риза болып,
рақаттана күлді. – Жүрген жері шөп шықпас, тақыр деп пе ең бұл Пышан, Досын жауға беретін, қатын деп пе ең бұл Пышан. Сені дауға қалдырып, он екі атаның алдында қарабет болғанша өлгенім жақсы емес пе, Жақыпжан.
Кенеттен оянғандай баяғы ойнақы мінезіне салған ақын киіз үй жақта жүрген жігітке дауыстады:
- Ау, інішек, домбыраны әкеп берші...
Жақып досының жүзінен лықсып бір шабыт келгенін байқады, алабұртып отыр. Жігіт домбыраны тез-ақ әкелген. Пышан тас үстіне дұрыстап отырып, қос ішекті шертіп қалды. Сосын ақырын тере тартып, бес саусақты сегіз пернеде жүгіртіп еді бір мұңлы саз төгілді, бір мезет ол мұңды шаттық жеңді. Көмейден сөз төгілді.
...Мал басыңды тіктің де кепілге алдың,
Достығыңа о, Жақып, жетіп алдың,
Жора-жолдас, ағайын, баршасынан,
Адамдығың о, Жақып, өтіп алдың...
Пышан жырын әзіл иіріммен аяқтамақ еді бәрібір мұңлы шықты. Ол алақанымен қос ішекті сарт басып, досына қарады.
- Бұл саған бүгінгі күннен бір белгі болсын.
***
Екі күннен кейін Пышанды Шайқорғанға үшінші рет әкелді. Контра-ның қалай жазаланатынын елге сабақ ету үшін Иванов біраз адам жинатыпты. Тілмаш оның сөзін аударып, осы жерге Пышанмен қоса айдап әкелінген Қожахмет молданың не себепті жазықты болғанын айтып жатқан кезде аты ақкөбік болған бір солдат шауып келіп, Имашқа бір қағаз ұстатып еді. Анау тез көз жүгіртіп қойнына тыға салды. Өзіне сұраулы жүзбен қараған Ивановқа түк емес дегендей басын шайқап, көзін қысып қойды.
Бұларды елу қадамдай әрірек апарып, ор жиегіне тұрғызды. Қарсыда винтовка ұстаған екі милиция қызметкері.
- Ат!
Ерні күбірлеп, көзін жұмып тұрған Қожахмет молда мылтық бір гүрс еткенде кескен теректей құлады. Қатар тұрған Иванов пен Имаш бір-біріне қарасты, Пышан сәл шалқақтап түзелгені болмаса әлі тік тұр еді.
- Ат!
Мылтығын қайта оқтаған солдат тағы атты. Пышанның алып денесі тағы теңселіп, құламады.
- О, боже...
- Господи!
- Астапыралла! Киесі қорғап тұр!
Таңырқаған көп орыс сөзінің ішінде осы бір ауыз үрейлі сөз саңқ еткенде қазақ теңіздей қозғалды. Дәті мықты дегендердің де кірпігі суланып, өңі қуарған. Имаштың жаны мұрнының ұшына келді. Бойын белгісіз бір діріл биледі. Команда бергенде сол діріл даусынан да сезілді. Үшінші оқ тигенде Пышанның езуінен қанды көбік атқып, қос тізесі қара жер иіскеді. Ол күбір етті.
- Аққу бесеу еді ғой...
Осы кезде қос винтовка жарыса гүрс еткен.
***
Ертеңіне ел ішіне «Пышан ақынды атпасын, итжеккенге айдасын, – деген қағаз небары жарты сағатқа кешігіпті» деген сыбыс тарады.
СЫМАТАЙ
- Қош, Сматай
- Қош болыңыз, ақсақал.
Бір-біріне қарсы отырған екеудің жастауы денесін ауырсына орнынан көтеріліп, кішкентай, торлы терезеден сыртқа қарады. Қар жауып тұр екен. Жапалақтап, жерге баяу түсіп жатыр.
- Қош болыңыз, аға, – деді ол тағы сол теріс қараған күйі. – Қартайғанда
мына азапты көрдіңіз ғой...
- Расымды айтсам сол азаптан құтылатыныма қуанып тұрмын, Сматай, –
Сақалына қан ұйысқан қарттың даусында не үрей, не өкініш жоқ. – Ел іргесін бүтіндемекке екі мүшелдей аттан түспеппін. Ақыры не болды? Сол ел «банды» деп бетіме түкіріп жатқан жоқ па...
- Қойыңыз, Шәке, бар қазақ табалай қоймас. Ал, табалағандары –
адасқандары, ақымақтар.
- Адасқандар... – қарт қабырғаға басын сүйеп, көзін жұмды. – Адасу
үшін ақыл келте болуы керек, біз сондай ма едік? Е, айтқаннан не қайыр, морт кетірді ғой. Беломыртқаны үзіп жіберді мыналар.
Сматай қартты бір шолып шықты. Абақтыдағы төрт айда еті ағып, көзі шүңірейіп, екі ұрты суалап, бұрынғы бітімнен жұрдай бопты Шәкең. Ұйпа-тұйпа сақал мен үрпиген шаш мүлдем үрейлі етіп тұр. Тірі әруақ. «Мен қандай болдым екен?» – деп ойлады. Қандала талап қызылқотыр еткен екеуді осы күйі далаға шығарып жіберсе мына маңның көп қазағы тани қоймас. Ол бәлекеттерді басында сығып тастаушы еді қазір үйреніп кетті. Қасып қойып жата береді. Кейде тіпті қасығанға да әл жетпейді. Шәкеңнің екі күннен беріде бас көтергені осы. Күзетшілер соңғы тергеуден сүйреп әкеліп, босағаға тастай салып еді. Қызыл-ала қан қарияны Сматай орнына әзер жеткізген. Сол жақ шықшытының күп болып кеткенін көріп, сүйегі сынды ма деп еді, аман екен. Бүгін тілге келгенде түсінді.
- Менің татарым түгесілді, Сматай, – деді қария. – Доңызбайдың бетіне
түкіріп жібердім.
Сматайдың бойы мұздап сала берді, милиция бастығы орынбасары Андрей Свинаренконы бұлар осылай атаушы еді. Ол іштей сүйінді. Өйтпесең Шалтабай болармысың.
Шалтабай қарияны Сматай бала кезінен біледі. Тік иықты, ортадан жоғары бойы бар, көзі өткір Шалтабай ақ патшаға қарсы қол жиғанда осы өңір түгел сүйінген. Ел ағасына ілесіп, Әли батырдың тобына қосылған көп қазақтың ішінде осы Сматай да бар еді. Сол аласапыраннан аман қалған қазаққа қызылдан да қайыр болмады. Ел басына тағы бір нәубет төнгенде бұл қарияға өзі барған болатын. Қарулы әскерге қарсы ұрыс тәсілдерін, жер ыңғайын Шәкеңдей білер адам аз. Осындай дана қарттардың арқасында төрт ай төтеп берді. Ақтерек шатқалында Арсеньевтің әскеріне бес сағат төтеп бергенде сарбаздарды рухтандырған осы Шәкең еді. Төменнен атылған пулемет, бесатардың оғына ұзақ шыдаған Сматайлар қараңғы түсе шегініп кетпек болғанда қасына Шәкең келіп еді.
- Қазір шегініп кеткенге қолайлы. Солай етпекпісің? – деп сұрады.
- Иә, сөйтпесек болмайды...
- Ана, Әрсен де солай ойлайды, – деген Шалтабай қарт бұған сынай
қарап.
- Не істе дейсіз?
- Жиырма-отыз мерген жігітті аттандыр, айналып жаудың қапталынан
шықсын. Әрсениің үкі емес шығар.
Сматай осы кезде ғана қарттың ойын ұғып, айтқанын істеді. Сол шайқаста Арсеньевтің отряды тас-талқан болып жеңіліп, қызыл командир өліктер мен жаралыларды тастай шегінуге мәжбүр болып еді. Бұл жеңіс жігіттерді қайраттандырып тастаған болатын...
- Негізі шалды алған Құдайға өкпелеуге болмайды, ал жастың ғұмырын
ұзартуды жалынып сұрауымыз керек, – деді Шалтабай қария. Сматай осы кезде ғана байқады, қарт көзінің қиығымен ғана бұған қарап отыр екен. Күрсінді.
- Е, ақсақал, мыналар «Құдай жоқ» дейді ғой, өткенде көзіңіз жетті емес пе?
Абақтыдағылардың арасында құдайдан безгені сирек кездеседі, көбі Жаратушыдан көрер жарық сұрап, қайта-қайта дұға етумен болады. Осыдан бір ай бұрын татар жігітті әкеліп еді. Аса діндар екен, зуылдатып намаз оқи береді.
- Ол естиді мені, естуі керек. Менің еш жазығым жоқ. Ал жазықсызды
Құдай жазалаттырмайды, – дейтін көкті нұсқап. Аты Кәміл болатын. Түрме күзетшілері сұңқылдап Құран оқыған Кәмілді бірнеше мәрте сілейте сабады. Есін жиған сайын Шәкең «Мен ұқсап іштен оқысаңшы, Алла айғайламасаң да естиді ғой» деп ескертеді. Болмады. Ақыры күзетшілердің таяғынан көз жұмды. Мылтық дүмі қата тиіп, мойын омыртқасын үзіп жіберді. Күзетшілер кеткен соң жанына барғанда еріндері дірілдеп бірдеңе айтқысы келді. Құлағын тосқан
- Ол естуі керек еді...
Кәмілдің көкшіл көзі төбеге қараған күйі шыныланды. Сол көздердің
кірпігін уқалап жауып жатып Шәкең:
- Е, Ол бізді естімегелі қай заман, біздің барымызды ұмытып та кетті-ау,
– деген болатын. Екеуі дұға етіп, жаназасын шығарып қойған Кәмілдің сүйегін күзетшілер тек үш күннен кейін алып кетті. Содан беріде қарауылдар тіпті құтырып алған, намаз оқып отырғаныңның үстінен түссе оңдырмайды.
- Құдайдан безген түбінде өзі құдай болғысы келеді, – деді Шалтабай
қария. – Елеме, көктегі Құдай – мәңгілік, жердегісі – күнәһар. Оданда мені әкеткеннен кейін «Құлқуалланы» үш қайыр жарай ма?
Сматай отырып жатып басын изеді. Үйренген, соңғы уақытта жиі оқылған «Құлқуалла» ғой. Самсы, Ақтерек, Суыққойын, Сулықойын, Отар... Қай жерге атының тұяғы тиді, сол жерде осы аятты оқыды. Оған осы Шәкең куә. Қай жерден қанша қазақ өлгенін санамалап, тәптіштеп айтудан шаршамайтын. Бірде ат басын бұрғанға аса ыңғай танытпап еді:
- Әй, жігіттер, небары он жыл бұрын мына Самсыда ботпай мен
жаныстың сүйегі тау болып үйіліп жатқан. Атаңа нәлет казактар құрым киіз тастап өртеп кеткен болатын. Соларды бертінде әзер көмдік қой. Енді солардың шыбын жаны шырқыраған жерге бұрылып, құран оқығанға ауырлап тұрмысыңдар, дәметеді ғой?! – деп ренжіген болатын. Хорунжий Александров дегеннің үш жүз қазақты қорлап өлтіріп, киіз үйлермен бастырып, өртеп кеткені жігіттердің бәрі білетін оқиға. Тек сол жерге барып, құран оқығанға әркімнің жүрегі даулай бермейді, бірде баланың бас сүйегі ұшырасып, жас сарбаздар шошынып еді. Бас-аяғы бес-он жылдың ішінде бар қазақ даласы Самсыға айналарын ол кезде білмеп еді. Қазір қай тұсқа отыра қалып құран оқысаң да бес-алты әруақты разы еттім деп ойла. Аштан бұралған байғұс қазақтың өлексесі шашылып жатыр...
- Оқимын ғой, Шәке. Тек кім бірінші кетері бір Аллаға аян. Екі күннен
бері тыпыр етпегеніне қарағанда Доңызбай ұмытып кеткен шығар...– деді Сматай өз сөзіне өзі сенбей.
- Е, ол иттер ұмытпайды, Сматай. Түбі жарымағаннан төре болғандар
кекшіл келеді. Және олардан опа күтпе, өзің асыраған Дәуірбек саған не істеді? Ұмытпа!
Ыңырана сөйлеген Шалтабайдың әр сөзіне ұйып отырған Сматайдың жүрек тұсы шым ете қалды.
***
Бұлар ұзақ алысты. Жайлаудан бір, қыстаудан екі айырылған елдің ашу-ызасы мал тәркілеу, салық жинау басталғанда бұрқ ете түсіп еді. Өмірбек бай жігіттерін бастап шығыпты, – дегенді ести сала Сматай да атқа қонған болатын. Жақын ауылдардың жүз қаралы жігіті соңына ілесті. Қолдарынан келгені Отар, Қордайдағы қоймаларды тонап, астықты елге таратып берді. Осыдан кейін-ақ қызыл әскер соңдарынан қалмаған. Доланқарадағы шайқаста оққа ұшқан он бес сарбазын Қоңыртөбеге жеткізіп, бір қыраттың басына жерледі. Одан кейін жаумен екі тараптан айқаспақ болып қақ жарылған. Өзі Ақтерекке орнықты, сол жердегі үңгір панасы болды. Жолдасбай бастаған жігіттер Мұншалы маңына бекінді. Қызыл әскерлер бірнеше мәрте шабуылдағанда шегіне жүріп ұрыс салып, талай жер қаптырды. Көп сарзанынан айырылды. Солардың бәрінің обалы Арсеньевке дейтін, енді екі ойлы...
Қой жылының күзі ерекше суық болды. Тоқым төсеніп, ер жастанып жүрген сарбаздарды қара суық қалтыратып, шыдатпай бара жатқаннан кейін туысы Дәуірбекке киім-кешек сұратып, хабаршы жіберген болатын. Шабарман тез оралды. Дәуірбек «Үш күннен соң ескі қыстаққа келсін, киім мен біраз азық жеткіземін» деп сәлем айтыпты. Еш қауіп ойламаған Сматайлар уағдаласқан күні Қоңыртөбенің бауырымен жүріп отырып, қыстаққа жеткен. Әуелі алыстан барлады, арба мен салынған шөпті күтірлетіп тұрған кәрі аттан өзге күдікті нәрсе көрінбеді. Қыстақтың мұржасынан түтін шығып жатыр. Сонда да аңдып басып жақындаған еді, сыртқа Дәуірбек шыға келді.
- Ал келдіңдер ме? – деді Дәуірбек құшағын аша бұған қарай жүріп.
Біраздан бері көрмеген ағайынға бұл да жылы шырай танытып, аттан түсіп, екеуі құшақтасқан. Дәуірбек Шалтабай қарияны атта демеп түсіріп:
- Тамға кіріңіздер. Аздаған сүр бар еді соны асып жатырмын. Мен
ертерек келіп, іш пысқан соң айналаның қарын күреп дегендей... – деп зуылдады. Расымен есік алдын күреп, әр жерге қар үйіп қойыпты.
- Биыл осында келем ғой деп отын да әзірлеп едім, қайдан, ескі жұрттан
көшер түріміз жоқ. Мал дейтін мал да қалмады, – деді Дәуірбек ішке өткізіп жатып. Отыны ауыз үйде қаланған күйі тұр екен. Түпкіүйдің есігін ашқанда сүр еттің исі мұрындарын қытықтап, жігіттер жайнаңдап сала берген. Шалтабай қартты төрге оздырып, Сматай оң тізесін ала отырды. Қазандағы етті тегенеге түсірген Дәуірбек сол қалпы ортаға қойды да
- Алыңыздар, мен сорпа құйғанға шөміш әкелейін, – деп ауызүйге
шығып кетті. Осы кезде үйілген отын құлағандай күтірлеген дауыс шықты да Сматай жігіттердің біріне:
- Қарашы, – деген.
Сарбаз барып итеріп еді, есік мызғымады, сыртынан бастырылған болып шықты.
- Қап, ит-ай, – дескен сарбаздар апыл-ғұпыл терезеге ұмтылысып еді, шаңқ еткен мылтық даусы шығып, әйнек сынды. Бұлар соқпа там қабырғаларын паналап отыра кетіскен.
- Арсеков сдавайся!!!
- Доңызбай ғой!
Дауысты таныған жігіттердің бірі бесатарын оңтайлап, терезеден атпақ еді маңдайдан тиген оқтан шалқалай құлады. Қызылдар жақсы орнығып алыпты. Осы кезде қолпулеметтан кезек атылған оқ, тамның қамыс төселіп, топырақпен бастырылған төбесін жұлым-жұлым етіп өте шықты.
- Жігіттер, бастарыңды шығармай, есік-терезеге қарата ата беріңдер! –
деп айқайлаған Сматайдың өзі қол пулеметтің алғашқы оғы тескен тұсты көздеп гүрс еткізіп еді, өкірген дауыс шығып, үй сыртына біреудің құлағаны естілді. Сарбаздар тарсылдатып атып жатыр. Бір мезетте терезеден үй ішіне бір домалақ зат түскен. Бұл гүрсілдектің жарықшағы көп екенін бұрынғы ұрыстарда байқаған Сматай:
– Жатыңдар! – деп айғайлап қана үлгерді. Қатты жарылыстан естен танып қалыпты, есін жиғанда қол-аяғы байлаулы екенін сезді. Жаралы сарбаздар ыңыранады.
Бұларды арбаға тиеп, қозғалғалы тұрғанда Сматай Дәуірбекті байқап қалды. Бұларға әлде аяныш, әлде үреймен қарап тұр екен. Басын көтеріп, есік алдына тастай салынған екі сарбаздың өлігін иегімен нұсқады.
- Әй, Дәуірбек, мыналардың обалы саған, балаларының көз жасы
өмірбақи төбеңнен тамып тұрсын! – деді.
Бұларды абақтыға қамағаннан кейін ОГПУ бастығы Лебедев бір
ойынды бастап еді. Әуелі мұны алдырып:
- Өзге сарбаздарың берілсе, кешіреміз, көндір, – деді. Сматай безеріп
отырып алған. Бұдан көмек жоғын түсінгеннен кейін бөлек, бөлек қамап, өзгелерді айналдырды. Ақыры Қаныбек шыдамапты. Жігіттердің қайда жасырынғанын білетінін, барып тілдесуге дайын екенін айтып, Лебедевтен жансауға сұрапты. Лебедев келіседі.
Бес күннен соң сұмдық хабар жетті. «Милиция бастығы «берілсеңдер, кешірем», - деді. Ешкімді соттамайды, жазаламайды. Сматайды кешірді» – деген Қаныбектің сөзіне иланып, таудан түсіп, қаруын тастаған тоқсан сарбазды Доңызбай пулеметпен қарсы алып, бірін қалдырмай қырыпты. Қаныбек те қаза тапқан. Бұны күзетшілердің бірінен естіген Сматай өкіріп жылап еді.
***
Кілт сылдырлап, біреу құлыпты бұрай бастады. Шалтабай қария бұған қарап жымиды.
- Қош, Сматай. Тірі қалсаң бүгінгі күнді ұмытпа, тірі қалмасаң о дүниеде
кездесерміз.
Есік шалқасынан ашылып, табалдырықта Свинарекно көрінді. Жанында екі қызметкері бар. Ол алшаң басып Шалтабайдың жанына барып, сақалынан ұстап, жүзіне үңілді.
- Ну, Кудайбергенов, плевун, айда кеттік!
Екі милиция қолтығынан демеп тұрғызған қария есікке жете бере бұған бұрылған.
- Қош, Сматай, күйінбе. Мына азаптан, тозақтан құтылдым мен. Қош...
Доңызбай қарттың сөзін аяқтатпай арқасынан итеріп жіберді. Олар шығып, есікті кілттегеннен кейін Сматай терезеден құйылған әлсіз жарыққа қарап, тізерлеп отыра кеткен. Ерні күбірлейді.
- Бисмил-лә рахмани-р-рахим, әл-хәмдү лил-лә һи раббил-аләмин,
Әр-рахмәни-р-рахим, Мәлики йәүмид-дин...
***
Ашаршылық жылдары Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліп, ең ірі жасақ құрғандардың бірі болған Сматай Әрсековты Шалтабай қариядан тура бір айдан кейін, 1932 жылдың 28-наурызында атты.
КИЕ
Пржевальскидің іші аяқ-асты бүріп ала жөнелген еді. Экспедиция дәрігері, ілмиген, ұзын бойлы, бізмұрын Козлов қолынан келгенінше ем-дом жасап, дәрі беріп, сылап-сипап жүр. Соңғы күндері науқас тәуір бола бастағандай. Арасында қалжыңдап, жолбасшы болған қырғыздарды кекетіп қояды. Тілі жаман. Ақыға бола келіскен Төлеш пен Есен бұдан аулақтау жүруге тырысады. Николай Михайлович сондада оларды сөзбен тістеп қалудың амалын табатын. Төрт күн бұрын экспедицияны осы Қарақол бойнына әкеп қондырғанда Прежевальский:
- Мынау нағыз Швейцария ғой, тіпті, одан да сұлу жер, – деп сүйініп
тұрып осы жерге бастап келген қырғыз жігіттеріне рақмет айтудың орнына соларды меңзеп: – Бұл туземецтерді аңша атуға болады, бірақ, етін жеуге болмайтыны өкішіті, – деген болатын. Орысша шала-пұла түсінетін Төлеш алара бір қарап, күңкілдеп ары кеткен еді. Тибет, Қытайға бет алған сайын Пржевальский экспедициясын Алатаудың әр тұсына тоқтатып, бағыт сілтеп отыратын Төлеш олардың мұндай кекесіндерін елемеуді үйрене алмай-ақ қойды. Таулыққа тән шырт етпе мінезі бар қырғыздың қылығыны Николай Михайлович шатқалды басына көтере күлді. Көшпенділер қитықса жол ауыр болатынын анық білетін Роборовский кейінірек малта сорып отырған қырғыздарға барып әрнені әңгіме етіп, жуып- шайған болды. Басқа амалы жоқ, Пржевальский айтқанға көне қоятын адам емес, бұратаналар көтерілісін басқан жазалаушы әскер қатарында болуы мінезін өзгерткен. Роборовскийдің тұспалынша мына дертке шалдығуына да осы мінезі себепкер болды. Қазан айының басында бұл екеуі Шу бойында аң атып еді. Етжеңділеу Пржевальский шыдамай өзеннен қайта-қайта су ішкен болатын.
- Николай Михайлович, от жағып, қайнатайық. Шикі су ішпеңізші, осы
маңның қырғыздары арасында іш сүзегі жүріп жатыр, – деп еді, елемеді.
- Құдай-ау, Всеволод Иванович, соны да сөз деп, біз олар секілді
мәдениеттен, діннен жұрдай жабайы емеспіз ғой. Сарысулы Тибетті басып өткен ақсүйекті алып түсер ауру жоқ, – деп күліп, білгенін істеді. Содан бес-алты күн өткенде қызуы көтеріліп, мазасы кеткен. Козлов бәйек болып, бар дәрісін аузына тосты, құстырды, ішін шайды. Соның арқасында осы Қарақолға дейін жетіп, тыныстап, оңала бастады. Басшының жағдайына қараған экспедиция мүшелері де біраз әл жиып алды. Кері қайту туралы ұсынысқа Николай Михайлович:
- Мәскеуден аттанғанда вокзалда «Отан үшін ұлы іске аттанып барамын,
үйде отырғаннан ел үшін түзде өлгенім артық», – дегенім естеріңде ме? Қайтуға болмайды! Осы уақытқа дейін Россия мен патша ағзамға қанша қызмет көрсеттік, сол даңқты Прежевальский экспедициясы осы жолы үш айда қайта орала ма? Болмайды! Құдай бізбен! Өлсем Ыстықкөлдің жағасына көміп кетіңдер, Россияның адал ұлы шекараның бір пұшпағын күзетіп жатсын, – деп тепсінген еді. Николай Михайловичтің денсаулығы мықты ма, әлде Құдай сақтап, дүмшелеу Козловтың емі дарыды ма, сырқатқа бой бере қоймады. Бүгін төсектен басын көтеріп, аздап ас-су ішті. Бірақ жүзіне қан жүгіре қоймады.
- Всеволд Иванович, түк емес, енді бір-екі күнде аяғымнан тік тұрып
кетемін. Суық ұстап қалған ғой, – деді әлсірегенін білдірмеу үшін барынша дауыстап сөйлеп.
- Әрине, бүгін өңіңіз жақсы, – деді Роборовский. – Сүзек пе деп қорқып
едім?!
- Қайдағыны айтпаңыз, бізге жабайылардың ондай кеселі жуымайды,
солай емес пе?! – деді Пржевальский Козловқа иек қағып.
- Мәртебелім, рас айтасыз, бүгін қызуыңыз түсейін депті, – деді дәрігер
бас шұлғып. Осымен үшеуінің де көңілі жай тапқандай еді. Кешкісін қырғыз жеріндегі горнизоннан капитан Хацитовский келген еді. Пржевальский әңгіме арасында байқатпай сүзек туралы сыр суыртпақтай берген. Роборовский мен Козлов байқамаған болды. Капитан:
- Жабайылар арасында кездесіп тұрады. Ауру шықса үйімен, кейде
аиылымен өртеп жібереміз. Құдайдың рақымымен біздің сарбаздар ондай пәледен аман, таза халықпыз ғой, – деген кезде генерал-майордың жаны жай тапқандай болып, маңдайдағы ірі тамшыларды ақ көйлегінің жеңімен сыпырып тастады. Пржевальский аудиенциясын көпке созбай, бұл екеуі Хацитовскиді шығарып салып, өз шатырларына кетті.
***
Всеволд Иванович ерте оянды. Сыртқа шығып еді Төлеш пен Есен от жағып, ас қамымен жүр екен. Бұл өзенге барып бетін шайып еді күздің мұздай суы денесін қалтыратып жіберді. Робоновский тез адымдап генерал жайғасқан киіз үйге беттеген. Ішке енген кезде аңтарылып қалды, бұдан сәл бұрын кірген Козлов та осындай күйде, аузы аңқайып тұр екен. Пржевальский сақал мұртын бастырып, мұнтаздай көйлек, китель киіп алыпты. Көзі жайнап, аяғында нық тұр.
- О, Жаратқан, мың мәрте алғыс өзіңе! Николай Михайлович,
мәртебелім, көңіл-күйіңіз жақсы ма?
Роборовскидің аузына іліккені осы болды.
- Көріп тұрсыз ғой, Всеволд Иванович, біздің дәрігер – сиқыршы, – деді
генерал саңқылдап. Сосын бұл екеуін бастан-аяқ бір шолып шықты да мырс етті.
- Жарайды, таза ауаға шығайықшы...
Генералды алға салып бұл екеуі ізінше шыққан. Пржевальский екі қолын кезек сермеп, құрысқанын жазды, сосын құлашын жайып кең тыныстады.
- Мылтықты әкел!
Саңқ еткен бұйрықты үнді Роборовский де, Козлов та түсінбей қалған.
Пржевальский бұларға жалт қарады. Көзі жайнап тұр, қаз көрген түлкінің көзі секілді.
- Мылтық?!
Козлов ішке кіріп, сүйеулі тұрған сарыауыз мылтықты лезде алып шығып, ұстата қойды. Генерал талай аңшылықта қолын сүйіндірген мылтығын аялай ұстап, сипады. Сосын көтеріп, анадайда от басында отырған Төлеш пен Есенді көздеп «Пух!» деді.
- Болмайды. Керек, – деді генерал күбірлеп. Осыдан кейін ұңғысын
аспанға көтеріп, төбеде қалқып жүрген жалғыз құмайды көздей бастады.
- Жас еттің ыстық сорпасын ішпейміз бе, Всеволд Иванович, – деп
дауыстап шүріппені басып қалған. Құмай қалбалақтап Төлештер отырған маңға түсті. Роборовский екі қырғыздың жүзіндегі ауызбен айтып жеткізе алмас үрейді осы кезде ғана көрді. Көздері шарасынан шығып кете жаздағалы тұр.
- Ана құсты бері әкеліңдер! – деп еді екеуі де басын шайқап
шегіншектей берген. Солдаттардың бірі тұра жүгірді.
- Бұл жабайылар суға да, тауға да, шөпке де дұға ете береді... құсқа да
сыйынатын шығар, – деді ол құсты бұларға ұсынып жатып.
Төлеш пен Есен құсты тазаламады, отын тасуға да көмектеспей қойды. Төлеш Роборовскиді ымдап шықырып:
- Мәртебелі бастық, болмайды. Ол құсты жеуге болмайды. Ол – ит
туатын қасиетті құс, – деді. Всеволд Иванович бұлардың неден шошынғанын сол кезде түсінді. Ол қырғыздарда жүз жылда бір рет ит басып шығатын киелі құс жайлы аңыз барын естіген еді. Оның бауырынан алынған күшік керемет жүйрік әрі алғыр болады-мыс. Мұны жабайылардың қисынсыз әпсанасы санап жүрген жиһангез сол құс құмай деп ойламапты. Өлексемен күнелтетін құстан қасиет іздеген қырғыздар да...
- Жарайды, Төлеш, ішінен жұмыртқа, одан күшік шығып жатса саған
беремін, бара бер, – деді Роборовский мырс етіп.
Құмайдың еті қаттылау екен. Сорпасы да тарта қоймады. Тек Николай
Михайлович қана «Дәмді екен» деп тамсанып отрып екі аяғын ішті. Сосын жаны жайланғандай болып төсегіне жантайды.
***
Келер күні: Рұқсат па?! – киіз үйге кірген Всеволд Иванович селт
ете түсті. Генерал айнаға қарап тұр екен. Тірі аруақ секілді. Көзінің асты көгеріп, жүзі сап-сары болып кетіпті. Тырнақтарына дейін сарғайыпты.
- Мынау не сұмдық, Всеволд Иванович? – деді ол айнаны төмен түсіріп.
- Білмеймін!
- Кеше ғана жап-жақсы едім ғой, құстан бәле келді ме?
- Білмедім, аса мәртебелім, қырғыздар... қырғыздар ит басатын құс деп еді...
- Ит басатын?! Сол сандыраққа сен өзің сенемісің?!
Пржевальски тағы бірдеңе айтпақ еді сырттан:
– Мәртебелі генерал мырза! – деген солдат үні естілді.
- Не?!
- Горнизоннан дәрігер келді.
Пржевалский бұған мейірлене қараған. Ол дәрігерді Хацитовский
жібергенін, оған бұл тапсырманы шығарып салғанда Всеволд Иванович бергенін түсіне қойды. Роборовский өздеріне ілесіп жүрген Козловтың іліміне шүбәмен қараушы еді.
- Рақмет сізге...– деп сәл ойланып тұрып, – Кірсін! – деп бұйырды. Жасы егделеу, селдір шашын жылмитып тазын жартылай жапқан
көзәйнекті дәрігер бұның тамағын, көзін тексеріп, тамырын ұстап көрді де көп ойланбастан:
- Тиф, – деп күңк етті. Бұлар анық естігенімен Пржевальский ұқпай
қалғандай болды.
- Гриф?! – деді ол сән үшін қырқып алынып керегеге ілінген құмай
қанаттарына шошына қарап.
- Тиф, – деді дәрігер қайталап. – Сүзекке шалдыққансыз. Емдеп
көрейін...
***
Екі күннен соң Пржевальский көз жұмды. Қырғыздар арасын
«Құмай атқанды құдай атты» деген сөз кеулеп, Алатаудың арғы-бергі бетіне тез тарапты. Сөз иесі Төлеш болса керек...