Адам қарады: 169 | Жарияланды: 2017-06-12 17:45:03

Арманым сізге аманат

(Үш актілі, алты көріністі драма)

          Өткен ХХ ғасырдың 1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысында шайқалмаған шаңырақ, қасірет шекпеген адам қалған жоқ шығар. Ойраны шыққан сол бір сұрапыл күндердің кесірінен шалғайдағы бір ауданда болған шындық оқиға желісімен жазылған бұл еңбегімді әр жылғы тойланатыын 9 мамыр – Жеңіс күніне арнаймын.

Қатынасушылар:

Дулат

Нұрбала

Төленді (Арман)

Гүлжан (Назым)

Гүлсім

Досан

Сапар

Сәуле

Бірінші жігіт

Екінші жігіт

Үшінші жігіт

Полиция қызметкері, курсанттар, ауыл тұрғындары.

Оқиға таулы аудандардың бірінде өтеді.

БІРІНШІ АКТІ

БІРІНШІ КӨРІНІС

Сахна шымылдығы ашылмас бұрын оң жақ бұрыштан шыққан балалы келіншек, сол жақ бұрышқа беттейді. Ол өтіп бара жатып:

 

        -Осы бір шеткі үйді жұрт мейірімді жандар деуші еді. Бір түн құдайы қонақ болғанға ренжи қоймас. Тәуекел есігін қағайын!

 

             Келіншек сахнадан шығып кетеді.

            Шымылдық ашылады. Жұпыны бөлме іші. Елуден еркін асқан ана дастарқан әзірлеп жүр. Кенеттен есік қағылады. Есікті ашқан Нұрбала ауызғы бөлмеден сөйлей кіреді.

 

        -Кіре – ғой, айналайын. Жас балаң бар екен. Кешкі суыққа ұрынып қаласың. Жатсынба, төрге шық. Атамыз қазақ қонақты жатсынған ба? – деп әбігер болып жүр.    

Келген жаңағы келіншек.

           Келіншек. Пейіліңізге рахмет, апа. Дәл сіздей менің де апам бар. Бірақ, алыста тұрады. Балқаш жақта. Қалаға көлік таппадым. Үлкен жолға үйлеріңіз жақын болған соң келіп ем...

          Нұрбала. Оқасы жоқ, қарағым. Ертең кетерсің. Кішкентайың ұйықтап қалған көрінеді. Төргі бөлмедегі төсекке жатқыз. Өзің де шешініп, дастарханға кел. Мұздап қалған шығарсың. Үйде шалым екеуміз ғана тұрамыз. Ол кісі көп жылдан бері мұғалім. Келетін уақыты да болып қалды. Ол менен өткен ақжарқын адам. Жатсынба, қарағым!

            Келіншек түпкі үйге баласын орналастырып, сырт киімін шешіп шығады.

                                          Дастархан басы.

         Нұрбала. Қызым, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген. Есімің кім болады?

         Келіншек. Атым Назым, апа. Өздеріңіздей ата-енем бар. Ұмтылда тұрамыз. Төркініме кетіп бара жатырмын.

         Нұрбала.  Өте жақсы, қарағым. Менің атым Нұрбала, шалымның аты Дулат. Кішкентай нағашысына кетіп бара жатыр екен ғой.

         Назым.  Иә, солай, апа. Босанғаныма бір жарым ай болды. Қырқынан жаңа шықты. Аты – Арман.

 

             Үйге журнал, дәптер көтерген Дулат кіреді. Бір қолында таяғы. Шекіп басады.

 

         Дулат.  Охо, үйде бүгін қонақ бар екен ғой. (Танымаса да). Аман ба, қызым!

         Назым. Сәлеметсіз бе, ата (Назым да таныс адамдай амандасады).

         Дулат. Мен қазір... ( Ол өз бөлмесіне кіріп журнал, дәптерлерін қояды. Жеңіл киініп шығады да, қол жуғышқа барады. Қол жуып жатып:

         Кемпір, «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген рас екен. Қораның жанынан өте бергенімде қозы маңырады. Қарасам, үлкен саулық егіз қозы туыпты. Соны емізем деп біраз әуреге түстім.

         Нұрбала. Міне, Назым қарағым, бізге құтты қонақ болдың. Біздің шал өзі солай, табиғатынан аңқылдап, қатты сөйлейді. Сен оған қысылма!

         Назым. Атам да менің әкем сияқты екен. Бар сырын ақтара салатын. Бірақ, соғыста өткен жылы қайтыс болды.

         Дулат, Нұрбала  (қосарлана):

         Иманды болсын, жарықтық. Солардың жал-құйрығы сендер аман болыңдар.

         Дулат. Иә, қызым, бұл соғыстың зардабын шекпеген семья жоқ шығар. Шайқалмаған шаңырақ, қозғалмаған босаға қалмады. Міне, қанды соғыс басталғалы екі жылдан асып барады. Бәрін жалмап, бәрін жұтып жатыр. Бізде жар деген жалғыз баладан айырылып, өлместің күнін көріп жүрміз. Ермегім 18 жасында майданға менімен бірге аттанды. Мен соғыс басталған алғашқы жылы аяғымнан ауыр жараланып, госпитальда бес ай жаттым. Бір аяғым тізеден төмен қарай кесілді, екі қабырғам сынды. Содан ауылға қайттым. Ермектен қара қағаз келді. Мені қойшы. Бәрінен де он екіде бір гүлі ашылмай жатып Ермектің ерте солғаны өкінішті. Ойыма алсам өзегім өртеніп сала береді. Ол өлгенше, мен-ақ өлсем болар еді.

            Көңілі босап, көзіне жас алады. Орамалмен бетін сүртеді.      

        Нұрбала.  Қаншама өкінгенмен орнына келмейді. «Болған іске болаттай берік бол» деген. Қойшы, әрі, өткенді еске ала бермей. Жалғыз сенің басыңа емес, әлейім халықтың басына келген қайғы-қасірет қой ол. Енді ондай сұм соғысты кейінгі ұрпақ көрмей өссін де, одан да. О, несі еркек болып көзіне жас алып, әйел басыммен мен де отырмын ғой.       Қонаққа басқа әңгіме айт! (Жігерлендіре түседі).

        Дулат.  Кемпір, айтқаның шын, мен жеңілдім. (Қонаққа бұрылып). Өзіңді жыға танымай отырғаным, қарағым. Кімнің қызысың? Қай ауылдың баласысың? 

        Назым.  Ата, жол тартқан жолаушымын. Балқашқа бара жатырмын. Әке-шешеме сонда тұрады. Бүгін қалаға көлік таппадым. Сонан сіздерге қонақ болып отырмын.    

        Дулат.    Оқасы жоқ, қызым. Қонақ бол. Өзің алыс жақтың қызы екенсің ғой.

 

           Түпкі бөлмеден баланың жылаған даусы естіледі. Назым ыршып тұрып, сонда кетеді.

        Дулат.  Ойбай-ау, кемпір, жас бала бар деп айтпайсың ба? «Ақырын сөйле, абайлап бас» деп. Қарап отырып, баланы оятып алдық!

        Нұрбала.  Тыс-с-с. Өзі бір сүйкімді бала екен. Мінезі қандай ашық.

        Дулат. Ермегім тірі болғанда осындай келінді болып, немере сүйген болар ем. Шіркін, жас  нәрестенің иісі-ай десеңші. Мұрнымнан әлі Ермегімнің жөргектегі иісі кеткен жоқ. (Көңілі босай бастайды).

        Нұрбала.  Тәйт ары, қайта-қайта онысы несі-ей. Жоқ сұмдықты шығарып. Кемсең-кемсең етіп... ендігі қалған өмірде жылауды көрсетпесін де.

        Дулат.  Кемпір айтқаның шын. Мен жеңілдім.

                   Түпкі бөлмеден бөбегін көтеріп Назым шығады.

        Назым.  Арман, алдымен атаңа сәлем бер. (Баланың қолын ұстап, Дулатпен амандастырады).

        Дулат.  Көп жаса, балам. Таудай бол! Өркенің өссін! (Орнынан тұрып, қолын ап сүйеді).

        Назым.  Ал, енді апаңмен амандас (Тағы да қолын ұстап, амандастырады).

        Нұрбала. Жасың ұзақ болсын, балапаным. (Арманды қолына алып, бетінен сүйеді). Арман деген атың қандай жақсы. Ылайым арманыңа жет, балам!

        Дулат. Кемпір, Арманды маған берші, мен де сүйейін.

        Нұрбала. Жоқ, бермеймін. (Баланы көтеріп, ары, бері қашады. Шалы қуады).

        Дулат.  Бер деймін. Бір сүйейінші бетінен.

           Осы бір көріністі қызықтап тұрған Назымның қуанышында шек жоқ.

       Нұрбала.   Ал, Назым, оны-мұны жұмысың болса, балаға алаңдамай істей бер. Атаң енді Арманды оңайлықпен бермейді.

       Назым.  Атамның киімін былғап жүрмесін (дей бергені сол еді)

       Нұрбала.  Қой, қарағым, ондай сөзді айтпақ түгіл, есіңе де  алма. Біз ондай жан емеспіз. Симек түгілі, кәк етіп қойсын. Жас нәрестенікі дәрі ғой шал, ә?

       Дулат.  Дұрыс айтасың, кемпір. Симек түгілі, кәк етіп тастасын!

       Назым  (терезеден сыртқа қарап):

       Апа, әлі күн батпапты. Мен дүкенге барып келейін. Арманға жөргек керек еді. (Түпкі бөлмеге кетеді).

      Нұрбала. Е, бара ғой,қарағым. Бірер сағатқа жылата қоймаспыз Арманды. Солай ма, шал!

      Дулат.  Дәл солай кемпір. Бір-екі сағат түгіл, өмір бойы бақсам да, зерікпес едім.

                                          Назым түпкі бөлмеден киініп шығады.

      Назым.  Ал, ендеше, апа, мен кеттім.

    Дулат, Нұрбала (қосарланып):

  • Бара ғой, қарағым!

Назым кетеді.

                                   

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

                Шымылдық сырты. Назым өзі кірген жағынан шығады. Жүрісі ширақ, үрейлі. Артына қайта-қайта қарап, алаңдайды. Көзінде жас.

    -Қош, құлыным. Сен кінәлі емессің оған. Мен де ...(булыққан күйі шығып кетеді).

Шымылдық ашылады.

           Бала жылап жүр. Оны көтерген Дулатта дегбір жоқ. Әр бөлмеге бір кіріп, әр нәрсені бір көрсетеді. Сонда да бала жұбанбайды.

     Дулат. (төрде ілулі тұрған суреттерге қарап)

     Арман, балам, анау тұрған апаң. Қасындағы мен. Ал, анау оң жақтағы кестелі орамалдың арасындағы Ермек ағаң. Көрдің бе, қарашы. Міне, міне ... (оған да жұбанбайды. Айна алдындағы сылдырлақты алып, жұбата жүріп әндетеді).

       Әлди – әлди ақ бөпем,

       Ақ бесікке жат бөпем.

       Мамаң қазір келеді,

       Ақ мамасын береді.

 

        Сырттан Нұрбала кіреді. Қолында сиыр сауған шелегі бар.

    Нұрбала. Ойбай-ау, әлгі Назым әлі келген жоқ па!? Шырылдаған шырағым-ай. Қарның әбден ашты-ау. Не болды, бұл Назымға, а!

    Дулат. Кемпір-ау, қайдан білейін. Әбден кешікті ғой. Обал болды мына балаға. Кішкене тамақ берсеңші, жұбанар ма екен. Біздің Ермек дәл осындай кезінде емшегің ісіп, тамаққа үйретіп едік қой.

     Нұрбала. Иә, иә дұрыс айтасың. Бағана бір сөзінде Назым емшегімнен сүт шықпай, баланы тамаққа үйретіп жүрмін деген еді. Қане, тамақ беріп көрейік. (Шыныға сүт құйып, печенье езе бастайды).

        Дулат. Ей, кемпір, дәу де болса осы бала тамақ ішеді. Қолыңдағы шыныға қарап жатқан сияқты. (Қуана сөйлейді).

      Нұрбала. Ой, аңқылдаған шалым-ай. Ол қарауды біле ме қазір. (Екеуі күледі).

               Нұрбала баланы алып, кішкентай қасықпен аузына тамақ апарады. Ол кәдімгідей тамақ ішеді.

      Нұрбала.  Қарны әбден ашқан екен батырдың. Қарашы борпылдатып қасықты соруын. Шешесі келгенше тойдырып коялық.

                              Екеуі екі жақтап баланы тамақтандырады.

       Дулат. Мұндай баланы бағып алу да оңай ма деймін. Тамағын тойғызып қойсақ, тойған қозыдай моп-момақан болып, қолтығыңда жата береді.

       Нұрбала. Осы сен-ақ бәленің бәрін ойлап отырады екенсің. Шешесі бар баланы солай деуге бола ма екен. Қазір-ақ, ақ мамасы жетер. Дүкенге көп зат түсіпті деген. Өшіретте жүрген шығар.

       Дулат. Кемпір, сен де қызықсың. Осы мен бірдеңке десем болды, беттен алып, төске шабасың. Мен шын солай айтты дейсің бе? Әншейін айта салғаным ғой. Алтындай баласын, алтындай келіншек қалай берсін.

Бала тояттап, жаны жай табады.

      Нұрбала. Жас нәрестенің де кеудесін сонша қалыңдап, тартып тастағаны несі. Кішкене, еркін дем алсын. Өзінің қарнына ел қонып, қабағы жаңа ашылды. Шал, әне қарашы, күле бастады өзі.   

         Нұрбала Арманның кеудесін шеше бастайды. Міне, қызық, кеудешесінің ішінен төрт бұрышты хат шықты.

 

      Нұрбала. Ойбай-ау, мынасы несі. Документті де мұнда сала ма екен. (Хатты шалына береді. Дулат оқи бастайды).

      Дулат.  Арманым сізге аманат!

      Нұрбала. Не дейсің, шал-ау?!. Дұрыстап оқысаңшы. Дәл солай ма?

      Дулат. Ойбай-ау, кемпір, сенбейсің ғой өзің. Мен мектепке жаңа барған жас бала емеспін ғой. Бақандай 25 жыл мұғалім болған ұстазбын. Сенбесең көзәйнегіммен оқып берейін. (Төс қалтасынан көз әйнегін алып, сүртіп қайта оқиды). Дәл, солай, кемпір! «Арманым сізге аманат» - деп бастапты.

      Нұрбала. Ойбай-ау, ыңқ-ыңқ етпей, ежіктемей. Ары қарай оқысаңшы.

      Дулат. (оқиды) Құрметті мейірімді жандар! Рақым ете көріңіздер. Он екіде бір гүлім  ашылмай жатып солдым. Қарғай көрмеңіздер. Онсыз да жетісіп жүрген жан емеспін. Ауылға барып, ел-жұртқа көрінуге бетім жоқ. Өмірден опық жеген жайым бар. Заман болса мынау, соғыс өрті шарпып, ол тұр. Не істерімді білмеймін. Басымның ауған жағына кетіп барамын.

      Мына күнәсіз сорлыны әйелдер босанатын үйде қалдыруға қимадым. Мейірімі, рақымы түсер деп сіздерге әдейі тастадым. Екі дүниеде сұрамаспын. Басқа не деймін. Балаларыңыздың бауы берік болсын. Қызығын көріп, жемісін жеңіздер. Шын көңіл, адал ниетпен берген дәм-тұздарыңызға көп-көп рахмет. Мені іздеп әуре болмаңыздар. Бәрі – бір таба алмайсыздар. Есімім Назым емес, басқа. Қош, сау болыңыздар!

                                                                                                    25 май, 1943 жылы.

 

     Дулат. О, сайқал (Қолы қалтырап отыра кетеді. Кемпіріне қарап) Енді мұны қайттік! Осылай да осылай деп милицияға хабарласақ қайтеді. Жоқ әлде бағып аламыз ба? ( Балаға төне қарап). Қызыл шақа ғой әлі. Бабын таба алар ма екенбіз.

     Нұрбала. Е, бақса несі бар. Панасыз қалған балаларды осы ел-жұрт өшіретке тұрып, бағып алып жатқан жоқ па. Тіпті, анау көшенің басындағы Базаркүл байғұсты қарашы. Көзі көк, орыс баласын да бағып отыр ғой. Оған қарағанда бұл қазақ қой. Өз қанымыз.

     Дулат. Кемпір, «Кісі баласы кісендесе де тұрмайды» дегенді білуші ме едің? Түбінде еңбегіміз босқа кетіп, өкініп қалып жүрмейік.

      Нұрбала. Шал-ау, мүсәпір болып келген байқұсты мұқалтпайық. Шырылдап келген торғайға да адамның рақымы түседі ғой. Оған қарағанда бұл адам. Өмірдің жалғасы. Өмірден қу тізені құшақтап өтеміз бе? Ең болмаса ел құсап, бала асырап алуға шамамыз келер. Тек, ұзағынан сүйіндірсін де.

     Дулат. Иә, құдай, ұзағынан сүйіндір! (Екеуі балаға төне түседі. Қуаныштарында шек жоқ.)

       -Ақын ба екен, сал мекен,

       Балбыраған бал бөпем.

       Ұйықта, тыныш, ұйықтай ғой,

       Зарығып жеткен жан көкем.

      Нұрбала.  Шал, тыс-с-с. Арман ұйықтағалы жатыр. Оянып кетеді. Әндетіп барасың ғой тегі.

      Дулат.  Енді, қайтем, көктен іздегенім жерден, даладан іздегенім үйден табылса, мұнан асқан қуаныш, шаттық бар ма, кемпір. Шынында да екеуміз бүйтіп отырып, Арманды оятып алармыз. Қой бөлмесіне жатқызайық.

              Дулат баланы орап, түпкі бөлмеге жүреді. Айналып-толғанған Нұрбала да қалысар      емес. Сәлден соң аяқтарын ұшымен басқан Дулат пен Нұрбала қайта шығады. Есікті ептеп жауып, столға отырады.

      Дулат. Ал, Нұреке, ақ түйенің қарыны жарылатын күн бүгін. Той қамына кіріс. Ел-жұртты шақырамын. Думандатып той жасаймын.

      Нұрбала. Әй, аңқылдақ шалым. Ойлап сөйлесең қайтеді. Өстіп отырып бар пәлені өзің табасың. Бүгін бүкіл елге жария қылсаң, ертең басымызға таяқ болып тиетінін білмейсің бе? ( Жан-жағына қарап, біреу естіп қоймасын дегендей сезіммен).  Меніңше бұл оқиғаны жан адамға сездірмеу керек.

       Дулат. Сенікі сөз-ақ. Баланы қашанғы тығып ұстаймыз. Сандыққа салып, құлпылап  қоятын зат емес.  Ол – адам ғой.

        Нұрбала. Ойбай-ау, мәселе онда емес. Ел-жұрт баланы қайдан алдыңдар десе не дейміз?

       Дулат. Несі бар. Сіңлімнің баласы де. Бағып алдық дейміз. Оны жете зерттеуге жұрттың қақысы жоқ.

        Нұрбала. Қақысы неге жоқ? Әбден бар. Біз бұл жерде тұрсақ баладан айырыламыз. Біріншіден – күндердің күнінде шешесі іздеп келуі мүмкін, екіншіден – бала есейіп ес біле бастаған кезде біреу болмаса біреу «асыранды» деуі мүмкін. Сол үшін маған көнсең із жасырып, басқа жаққа көшуіміз керек. Ал, үшіншіден – баланың атын өзгертіп, азан шақырып ат қой. Түсіндің бе? Ақ түйенің қарнын жарғыш!

       Дулат. Түсіндім, кемпір! Әй осы қысылғанда тыңнан жол табатын тапқырлығың ұнайды маған. «Ақылды әйел-ердің серігі» деп бекер айтылмаса керек. Ал, ендеше, алдымен балаға ат қоялық. Сен қалай дейсің?

       Нұрбала. Баламның аты менінше Төленді болады. Ермекті берген Құдай өзі алса, Арманды да қисынын тауып, өзі беріп отыр. Сондықтан Ермегім төленді. 

       Дулат. Табылған ат, жарайсың кемпір! Ал, көшу жағын мен таптым. Кеттік көрші ауданға. «Көкқайнар» совхозында ескі досым бар. Сонда барамыз. Бу жүктеріңді, әкел арқанды!

       Үй іші абыр-сабыр болып қалады. Нұрбала сыртқа бет алады. Дулат түпкі үйге          кіріп, Арманның атын азан шақырып, Төленді деп қойып жатады. Шымылдық жайлап жабыла бастайды. Ар жақтан:

 

      -Өс балақай, өс ... сенің атың бүгіннен бастап Төленді. Аллауәкпар!

 

 

ЕКІНШІ АКТІ

 ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

            Шымылдық ашылғанда ауылдың бір көшесі көрінеді. Сахнаға бірін-бірі қолтықтаған екі мас шығады. Оның біріншісі Досан да, екіншісі Сапар.

       Досан. Әй, Сапар, бауырым, осы жерге отыра салайықшы.

   Ол отырмақшы болады. Бірақ, Сапар ана жерге, мына жерге деп, бұрышты ала жатқан тас үстіне жайғасады.

       Досан (қалтасынан шөлмекті алып).

      Бұл шіркін көздің құрты, көңілдің дерті ғой. Үйге апарғанда не істеймін. Онсыз да әңірейіп, бос тұрған мола секілді. Үйге барғым келмейді. Өмірден бала-бала деп зарлап-ақ өтетін болдым. Менімше, ең қызығы тапқанды тапқандай ішіп, заманды жалпағынан басып, алшаңдап өту керек. (Ол екінші қалтасынан стакан алып, арақты ашып құяды). Ал, кәне, Сапыш, алып қоялық. (Екеуі кезек-кезек ықылық атады).

      Сапар. Алдымен, Досеке, өзіңіз...

                          Ол қағып салады. Қайта құйып ұсынады.

 

      Сапар. (стаканды алып тұрып) Оу, Досеке, кімде арман жоқ дейсің. Мына менде де арман көп. Соның ең біріншісі – мінезі жайдары, бес биенің сабасындай жуас әйел алу. Ал, мына менің үйімдегі келіншегім ақырып тұрған аю сияқты. Арақ ішкен күні бар ғой, менде маза жоқ. Құлақ етімді қуырдақ, жүйкемді жүн етеді. Тіпті, үйге кіргізбей қуып шығатынын қайтерсің. Ол күні мен байқұс ат қора, қой қорада түнеп шығам. Шынын айтсам бар ғой Досеке, имандай сеніңіз. «Менің де күнім күн емес» депті ғой бір қатын. Дәл сол сияқты. (Біраз ықылық атып тұрады да) Қойшы бәрін ұмытайық. Кел іштік. Есен саулыққа. Көрген қиындықты бір сәтке ұмытып, рахаттану үшін. Ура!.. (Бөтелкемен стаканды қағыстырып ішеді).

                              Көшеден ары – бері адамдар өтіп жатады.

       Досан. Әп, бәрекелді, дұрыс айтасың, Сапыш. Бұл шіркіннің құдіреті күшті ғой. Қайсы бір қылығын айтайын. Бірақ, осы жұрт (Залға қарай емеурін танытып) арақты бекер жамандап жүр. Соған өкінем. Арақ жаман болса, атақты бір ақын оған арнап өлең жазбаған болар еді. Ал, кәне  тыңдап көр. (Орнынан тұрып, оқи жөнеледі).

              Ақ арақ, ашулы арақ, айбынды арақ,

              Сені ішкенде кетеді қайғым тарап.

              Абырой мен атақты бермесең де,

              Көңілді көтеруге жүрсің жарап.

              Кім екен бұл арақты жаман деген,

              От беретін жүрекке жанам деген.

              Ішпеген жан қадірін  қайдан білсін,

              Тыныш неге жүрмейді адам деген.

     Қалай екен!

        Сапар. Мынауың бір керемет сөз екен. Кітапшама жазып алайыншы. (Қалтасынан қалам, қағазын алады. Ықылық атып масая бастайды).

        Досан.  Жоқ, жазбайсың.

        Сапар. Жоқ, жазам деген соң жазам. (өре түрегеледі).

        Досан. Жоқ, жазбайсың  (екеуі айқайласа бастайды).

                Осы сәтте бұрыштан шыға келген милиция қызметкері ысқырық шалып, қастарына келеді.

     Милиция қызметкері. Оу, ағайлар, мына көше бойында отырғандарыңыз ұят емес пе. Ары – бері үлкенді – кішілі адамдар жүріп жатыр. Үйлеріңізге барыңыздар. Әйтпесе, милиция бөліміне апарамаын. 

      Сапар. (алая қарап) Оу, шырағым, сенің үйіңде тұрған жоқпыз ғой. Өткен адамың, өз жолымен өтіп жатыр. Біз ғой бір бұрышта отырмыз. Неге кет дейсің... Құдайдың даласын да  қимайсың ба?!

      Милиция қызметкері. Мен сізге соңғы рет айтамын. Үйлеріңізге барыңыздар! Әйтпесе!...

       Досан. Кешір, шырағым. Бүгін мына досымның туған күні еді. Аздап ішіп қойдық. (Екеуі шығып кетеді).

       Милиция қызметкері. (көпке қарап тұрып). Қарашы ей, шімірікпестен өтірікті суша сімірулерін. Миицияда жатып шыққандарына апта болған жоқ. Бүгінгі жүрістері мынау. Өздері еш жерде жұмыс істемейді, нағыз жалқаудың өзі. Қап, босқа жібердім – ау, деймін! ( Ол таңданып шығып кетеді).

 

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

         Шымылдық ашылғанда кәсіптік техникалық училищенің жатақханасы. Комендант бөлмесі. Бұрышты ала стол, тумбочка орналасқан. Оның үстінде телефон, газет тігіндісі. Жастары қырықтан аса бастаған екі әйел шәй ішіп отыр. Төрде отырған Гүлжанның (Назым) шашын ақ қырау шалып, жүзін әжімдер торлаған. Бергі жағын ала отырған келіншек Гүлсім. Ол осындағы үй сыпырушы.

         Гүлсім. Гүлжан соңғы уақытта өзің тым жүдеп кеттің ғой. Бір жерің ауырып жүр ме, қалай?

         Гүлжан. Жоқ. Еш жерім ауырмайды.

         Гүлсім. Қайдам, бұрынғыдай емессің. Жоқ әлде маған өкпелімісің?

         Гүлжан. Қойшы  әрі, қайдағыны айтпай. Өкпелететіндей сен маған не істедің? Ешкімге де өкпелі емеспін. Тек, өзіме, өміріме өкпелімін.

         Гүлсім. Қалайша? Досан қайтадан арақ ішіп кетті ме?

        Гүлжан. Құрбым, Гүлсім, тақақтап қоймадың ғой. Өмір бойы жан адамға айтпаспын деген антым бар еді.  Бірақ, оған шыдамым жетер емес. Іш құса болып өлетін болдым. Ең болмаса жақын сырласым сен біліп қал.  (Гүлжан қалтасынан бір жапырақ хатты алып, ұсынады). Иә, алдымен мынаны оқып шық. Сонан кейін түсіндірем.

          Гүлсім іштей оқи бастайды. Оқыған сайын өңі бұзылып, бір қызарады, бір бозарады. Шайды тамсана ішіп отырған Гүлжан да үнсіз. Терең ойда отыр.

        Осы сәтте   училищеде оқитын курсанттар шығады. Төлендінің қолында домбырасы. Репетициядан келе жатқан беттері.

      Гүлжан. Гүлсім... тыс-с-с. (хатты оқымай тұра тұр дегендей белгі береді).

      Курсанттар  (дабырласа амандасып):

     Гүлжан апай, бізге хат жоқ па екен!?

      Гүлжан. Төленді, саған хат бар. Бірақ, ән айтпасаң бермеймін.

      Гүлсім. (сөзге араласып) иә,иә, Төленді қарағым, айта ғой.

      Төленді. Несі бар? Қазір. Ал, Қымбат рөліңе кіріс ( ол Қымбатқа қарайды).

      Қымбат. (ортаға шығып) Қазіргі нөмірімізде училищеміздің әншісі, өткен жылғы көркемөнерпаздардың облыстық байқауының жүлдегері Өтегенов Төлендінің орындауында композитор Рахимовтың әні «Сәби болғым келеді». Ал, қол шапалақтап қойыңыздар!

  

    Бәрі қосылып қол шапалақтап, құрмет көрсетеді. Төленді үкілі домбырасын қолына алып, әнді шырқай жөнеледі.

         Құс та болғым келмейді қанатым бар,

         Қанатым бар күмістен жаратылған.

         Сәби болғым келеді, сәби болғым,

         Мына өмірден хабарсыз жаңа туған.

 

         От та болғым келмейді жылуым бар,

         Жылуым бар керек пе жылыныңдар.

         Сәби болғым келеді, сәби болғым,

         Күн сәулесі ойнаған тұлымында.

 

         Тал бесігім кең жаһан тарылмаған,

         Біреуге бар, біреуге табылмаған.

         Сәби болғым келеді, сәби болғым,

         Ана сүті аузынан арылмаған.

 

         Қанаттанып өмірден ұшарымда,

         Кесілмесе бәрі бір тұсауым да.

         Сәби болғым келеді, сәби болғым,

         Сәбиі жоқ ананың құшағында.

                                              Бәрі беріле тыңдап қалған.

     Гүлжан. Жарайсың, Төленді. Биыл да байқаудан жүлде алып қайт. Талабыңа нұр жаусын. Мә, хатың.

     Төленді. Рахмет, апай!

                                                Курсанттар кетеді.

     Гүлжан. Осы балаларды көрсем бір жасарып қаламын. Менің бүйтіп тірі жүруіме бірден-бір себепші осы думанды орта. (Гүлсімге қарап). Сен білмейсің ғой менің қайғы – қасіретімді.

                                                   Гүлсім хатты оқып отыр.

      Гүлжан (орнынан тұрып, ары-бері жүре түсіп).

     Содан бері 20 жыл өтіпті. Арманым тірі болса жиырмадағы жігіт. Осыдан бес жыл бұрын Қарауылтөбеге барып қайттым. Дулат ақсақал көшіп кетіпті. Сөйтіп, Арманымнан адасып қалған жайым бар. Бір ғана сенімім осы хаттың бір данасын баламен бірге қалдырған едім. Ал, ана сыртындағы Нұрбала мен Дулат сол мейірімді жандардың есімдері. Қамыққанда хатты оқып, мауқымды басамын.

            Гүлжан хатты алып, қалтасына салып, отыра кетеді. Іші-бауыры езіліп, егіле, көзіне жас алады.

       Гүлсім.  Гүлжан, жыламашы. Арманың тірі болса табарсың. Бәріміз болып іздейік.

      Гүлжан.  Әй, қайдам. Он екіде бір гүлім ашылмай жатып суалдым. Ел-жұрттан бездім. Сөйтіп жүріп, Досанға тұрмысқа шықтым. Онымен алғашқы бір-екі жылым тату-тәтті өтті. Ал, қалған өміріміз, ұрыс-керіс, айқай-ұйқай, жанжалмен келеді. Араққа тойып келіп «бала таппадың» деп таяққа жығады. Бүйтіп сүрген өмір құрысын. Кей күндері асылып өле салғым келеді. Бірақ, Арманым есіме түссе, өлгім келмейді. Оны медет көретін сияқтымын. Әй, қайдам бәрібір бір күні өлермін.

       Гүлсім. Қойшы әрі, жоқ сұмдықты айтпай. Одан да баланы табудың жолын іздестірейік.

       Гүлжан. Тым болмаса, бір көріп өлсем арманым жоқ еді.

       Гүлсім. (ойланып тұрып). Таптым ақылды. Менің Көксаладағы нағашым туған інісін жоғалтып алып, газет-журналдарға іздеу хат жазып жүретін. Сол кісі өткен жылы Қызылорда облысынан 23 жылдан соң табылды. Қазір барып-келіп тұрады. Бізде газетке іздеу хат жазайық. Тапқан ақыл ма?

       Гүлжан. Гүлсімжан, бұл ақылың дұрыс-ау. Бірақ, сонымыз бола қояр ма екен. Мен жоғалтып алған жоқпын. Өз қолыммен апарып бердім ғой.

       Гүлсім. Саспа, Гүлжан, қисынын табамыз. «Қалауын тапса, қар жанады» деген.  Көр де тұр.  (Қолына қалам, қағаз алып жаза бастайды).

      Былай деп бастаймыз. Құрметті, редакция қызметкерлері, сіздердің өмірдің сан қилы жолымен, тағдыр тәлкегімен адасып қалған талай жандардың қайта табысуына дәнекерші болып жүргендеріңізді жақсы білеміз. Мен сіздердің газетті тұрақты жаздырып алып оқитын оқырмандарыңыздың бірімін. (Гүлжанға қарап)

    Қалай басталды өзі. Жаман емес-ау, деймін Гүлжан. Ондағы қайындарды өстіп, көпіртіп мақтап қойсаң болды, іздеу хатың жарқ етіп шыға келмей ме?

       Гүлжан. Өзің нағыз жазғыш екенсің ғой. Осы бағытыңнан тайма!

       Гүлсім. Е, Гүлжан, сен білмейсің ғой. Мектепте оқып жүргенде қабырға газеттен бастап, аудандық газетке дейін мақала жазған болатынмын. Әйтеуір, осы Сапарға тиіп, балалы-шағалы болғаннан кейін тастап кеттім. Үйдің тірлігі, арақ ішіп келген Сапардың әуресі дегендей, қол тимейді. Қой, хатымды аяқтайын. Енді былай деп бастаймыз:

    Осыдан 20 жыл бұрын жолаушылап бара жатып, Арман атты баламнан адасып қалдым. Ел-жұрттың айтуы бойынша Қарауылтөбе ауылындағы Дулат, Нұрбала атты қариялар бағып алыпты деген соң, сонда іздеп бардым. Ол  кісілер басқа ауданға  көшіп кетіпті. Үмітім үзіліп, жұртын сипап қайттым. Ендігі үмітім сол кісілерді біреу болмаса, біреу білер, маған хабарлап айтар деген ойдамын. Мүмкін баламның атын ол кісілер басқаша қойған да болар. Зор сеніммен хат жазушы Гүлжан Ахметова.

        Менің адресім: Алматы облысы, Көкдала селосы, 232 кәсіптік-техникалық училищесі.

       Міне, хатыңыз дайын болды. Әпкел конвертті. Адресін өзім жазамын. (Гүлсім стол үстінде жатқан «Лениншіл жас» газетінің тігіндісін алып, адресін жаза бастайды).

         Тумбочка үстіндегі телефон шырылдайды. Оны Гүлжан алады.

        Гүлжан.  Алло, иә, иә, училищенің жатақханасы. Тыңдап тұрған кезекші Гүлжан Ахметова.

        Арғы жақтағы дауыс:

      Бұл аудандық ауруханадан ғой. Ахметов Досан сіздің жолдасыңыз ба?

        Гүлжан. (сасқалақтап). Иә, иә, не боп қалды, шырағым!

       Арғы дауыс. Қорықпаңыз,  апай. Осыдан бір сағат бұрын машина соғып, ауруханаға түсті. Қазір жақсы. Қан құймаса болмайды.  Жылдам келіңіз!

        Гүлжан. (үрейі ұшып). Құдай-ау, аман болғай. Әй, қу арақ-ай, түбіңе жетті-ау ақыры!

              Сасқалақтаған екі әйел қосарлана есікке беттейді.

 

 

 

ҮШІНШІ АКТІ

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

                   Шымылдық алды. Бұрыштан сумка көтерген хат тасушы шығады.

 

        -Ойбай-ау, ел-жұртым, сұмдық боп жатыр. Мына газетке (қолында «Лениншіл жастың» бір данасы) Дулаттың баласын менің балам деп жазыпты. Масқара... О, несі-ей. Айрандай ұйып отырған семьяның шырқын бұзатын болды-ау. Төленді бағып алғандай бала емес. Ана қарт анасын әлпештеп қалай бағып отыр. Өзге түгіл, өз әке-шешесіне мейірі шамалы азаматтар да баршылық. Қой, тіл-аузым тасқа. Төлендіні өз басым олай деп ойламаймын. Ел естімесін (шығып кетеді).

        Шымылдық ашылғанда екі бұрыштан, төрдегі көше жақтан бір-бір газетті ұстап, үңіле түскен ауыл жастары шығады.

 

       Бірінші жігіт.   Мәссаған, безгелдек! Мынау өзіміздің Төленді емес пе екен. Әкесінің аты Дулат, шешесінің аты Нұрбала. Сонда қалай болғаны?  Төлендінің шын аты Арман болды ғой. (Басын көтеріп алдына қараса, екеуі тұр газетке үңіліп).    

       Екінші жігіт. Түкке түсінсем бұйырмасын. Жолаушылап бара жатып, адам баласын жоғалтып алушы ма еді. Зат емес, ол адам ғой. Мен Төлендімен кішкентайымнан бірге өстім. Жақсы білемін. Марқұм әкесі Төленді екеумізді мектепке ертіп барып, ертіп келетін. Шақырған үйінен құлақ әкелсе, екеумізге тең бөліп беретін. Бұл өтірік, жала!..

       Үшінші жігіт.   Жолдастар, ойланып көріңдер. Бәріміз де Ұлы Отан соғысының отты жылдарында тудық. Ол кез қандай уақыт еді. Елдің бас көтерер азаматы қанды тырнақ майданға аттанып, ауылда кәрі-құртаң, шал-кемпір, буыны қатпаған жас бала, еңіреген жас жесірлер қалған жоқ па?

       Бірінші жігіт.    Уай, сенде сөйлей береді екенсің. Бұл мәселеге Ұлы Отан соғысының қаншалықты қатысы бар. Баламды жолаушылап бара жатып, жоғалтып алдым деп тұрған жоқ па, мұнда! (Газетті көрсетеді).

       Үшінші жігіт.  Иә, солай-ақ болсын. Ол кезде мұндай даңғыраған асфальт жол, жылы да жайлы автобус қайдан болсын.  Мүмкін, анасы жол-жөнекей су, тамақ іздеп кеткенде жас бала адасып кеткен болар. Мүмкін, жас арудың сүйгені майданда өліп, соған құса болып, әдейі жолға тастап кеткен шығар. Ойлаңдаршы, өздерің өмірде бәрі де болады. Ондай оқиғаны кітаптан оқып, кинодан көріп те жүрміз  ғой. Ұлы Отан соғысының әлі де зерттелмеген, ашылмаған сырлары көп.

       Екінші жігіт. Ей, жігіттер шынтуайтына келсек,Ұлы Отан соғысының мына біздерге де кесірі көп тиді. Сендерше зерттеп сөйлесек, біздің уызға жарымай қушиып-қушиып, қисық-қыңыр, пәкене болып өскеніміз сол сұм соғыстың кесірі емес пе. Әкеміз, бауырымыз майданға кетті. Шеше, жеңгеміз күндіз-түні үй көрмей еңбек етті. Айтып, отырса, бір уыс талқанды бір үйлі жан талшық еткен.  Тіпті, бар-ғой, ол қиыншылықтарды сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл туралы өзің жазған өлеңде бар емес пе. Қайта соны оқып жібер. Айтқаннан ғөрі сол түсінікті. ( Ол үшінші жігітке қарайды).

     Үшінші жігіт. Оқыса несі бар? Қазір (қалтасынан кітапшасын алып).  Ал тыңдаңдар. « Ескерткіш түбіндегі ой» , бәрі бас киімдерін алады.

 

      Түбінде тұрмын, ескерткіш  әсем жасалған,

      Тіл қатпайды тас мүсін мынау қашалған.

      Боздақтар жатыр, ауылдың мұнда ардағы,

      Орта жолда үзіліп түскен жас арман.

 

      Біреудің жары, біреудің туыс-бауыры,

      Жатыр онда бір-бір үйдің нар ұлы.

      Оралмаса шығарып сап тірідей,

      Қайғының жоқ онан асқан ауыры.

 

      Тоқтат, досым, мұндай сәтте күлкіні,

      Бірге соқсын жүректердің дүрсілі.

      Сонау жылғы ағайымның жас жары,

      Күте-күте кемпір болды бұл күні.

 

      Сұм соғысқа лағнет айт жар салып,

      Жара салды  жүректерге ол қаншалық.

      Өлді деуге қия алмадық бауырды.,

      Қаншама жыл жолын тосып аңсадық.

 

             Екінші жігіт. Тамаша жазылған. Осы өлеңнің өзі-ақ талай сырды ақтарып тұрған жоқ па. Ендеше, сол орта жолда үзіліп түскен асыл арманның бірінің семьясының тағдыры болар. Басқа өтірік айтса да, ана өтірік айтуға тиіс емес. Өзегін жарып шыққан шындығы болар. Сонау бір жылдардан бастап газет-журналдар толассыз іздеу хатты үзбей жазып келеді. Кейбіреулері туыстарын тауып, қуанышқа бөленуде. Жігіттер, қолдан келсе адамға қуаныш, бақыт сыйлағанға не жетсін.

          Бірінші жігіт. Несі бар. Адасқандарды табыстыру айып емес. Мына адреске хат жазайық. «Сіз іздеген кемпір-шал біздің ауылда тұрады. Бірақ, баласының аты Арман емес, Төленді деп» қысқа ғана тоқ еткізейік!

          Үшінші жігіт.   Міне, бұл тапқан ақыл. Бірақ, оған Төленді ренжіп жүрмес пе екен?

          Бірінші жігіт. Бір оқымысты айтқан екен «Өмірде бәрі де болады» деп. Біреуді уақыт, біреуді тағдыр билейді. Өмірдің шешілмеген жұмбағы көп. Міне, кішкентайдан бірге өскен Төлендінің өзі біз үшін жұмбақ болып отыр. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деген емес пе. Бұл ана да не адасып, не шатысып жазған болар. Сол үшін хат жазуымыз керек. Бұл хабар бір ғана ауыл емес, бүкіл республикаға тарап отыр. Бәрібір біз жасырғанмен, Төленді өзі оқиды газеттен.

         Екінші жігіт. Онда хат жазамыз ғой.

         Бәрі. Жазамыз (Жігіттер асыға басып шығып кетеді.)

 

 

АЛТЫНШЫ КӨРІНІС

 

        Шымылдық алды. Бұрыштан чемодан көтерген әйел шығады. Жүзі жүдеу. Шашының ағы көп.

       Бұл Гүлжан.

 

       Гүлжан. Оу, ата-бабамның аруағы қолдай көр. Мен, ұлын іздеп жүрген бейбақпын.

         Қарсы алдынан бейтаныс жан шығып, өтіп бара жатады.

       Гүлжан. Оу, бейтаныс жан. Рақым етіңіз. Төленді деген баланың үйі қай маңда екен?

       Бейтаныс жан. Кешіріңіз. Біздің ауылда бір емес бес Төленді бар. Оның ішінде орысы, немісі, қазағы бар. Соның қайсысы болды екен?

        Гүлжан. Әрине, қазағы. Дулат атаның баласы.

        Бейтаныс жан. Е, солай деңіз. Онда жолымыз бір болды. Менімен бірге жүріңіз. Ауылдың бас жағында тұрады. Әкеліңіз жүгіңізді мен алып жүрейін. 

        Гүлжан. Рахмет. (Гүлжан кері қайтіп, бейтаныс жанға ілесіп кетеді.)

 

            Шымылдық ашылғанда Төлендінің үйі. Бөлме ішінде келіні Сәуле мен енесі Нұрбала шай ішіп отыр.

 

        Сәуле. Апа, деймін. Бірдеме сұрасам ұрыспайсыз ба?

        Нұрбала.  Е, неге ұрсамын. Жөні жоқ, бекерден бекер.

        Сәуле. (қабырғада ілулі тұрған қол сумкасынан «Лениншіл жас» газетін алып)) Мына газетке біздің семьяны жазыпты. Бүкіл ел шулап жүр. Төленді «асыранды» бала екен деп.  Шыныңызды айтыңызшы, өтінем.

        Нұрбала. Қой, балам, ондай елдің өсегіне ермеңдер. Төленді өзегімді жарып шыққан өз балам. Осы елдер-ақ тып-тыныш жайына неге жүрмейді екен. Бәсе, түнде Төлендім түсіме кіріпті. Осы газетті оқыған екен ғой. Трактормен биік тауға шыққан екен деймін. Тау етегінде арқыраған адуынды өзен ағып жатыр. Ол біресе көбейіп, біресе азайып жатқан сияқты. Мені көріп тракторынан түседі де, маған қарай жан ұшыра жүгіреді. «Алдыңда өзен бар, байқа балам» деп жатып оянып кеттім бүгін келіп қалар ма екен. Сағынып кеттім өзін.

         Осы сәтте есік қағылады. Сәуле атып тұрып есік ашады. Үйге чемодан көтерген Гүлжан кіреді.

 

          Гүлжан. Амансыз ба, апа? Денсаулығыңыз  жақсы ма? Атам иманды болсын. (Таныс адамша амандасады).

          Нұрбала.  Аман бол, қарағым. Төрге шық. Шайға кел. Қай баласың?

         

      Түпкі бөлмеден жас баланың жылаған дауысы естіледі.

 

          Сәуле. Апа, Арман жылап қалды. Емізіп келейін.

          Нұрбала. Бара ғой, еміз бөпеңді.

          Гүлжан. Нұрбала апа-ау. Қай бір жетіскен жан дейсіз мені. Адасқан жанмын. Ақ босағаңызды екінші рет аттап отырмын. Аяңызшы мені (жалынышты түрде ананың аяғына жығылады). Мен сіздің мейірімді жүзіңізді 20 жылдан бері іздеп жүрдім. Міне, бүгін таптым. Мен құдайға асылық айтқан екенмін. Уа, құдай, кешіре көр мен бейбақты!

          Нұрбала.  Не дейді, ей, мына бейбақ!? Тыңдамаймын сөзіңді. (Құлағын, бетін басып алады.).

          Гүлжан. Апатай, мен Арманымды  басы бүтін бергенім рас. Бірақта, анамын ғой. Сол  тұла бойы тұңғышымды көргім келеді. Емірене сүйгім келеді. Мен бейбақ одан басқа бала тусам, іздемес те едім. Кешір мені, апатай. Арманды көру үшін келдім.

 

           Түпкі үйден Арманды көтерген Сәуле шығады.

           Гүлжан балаға қарай ұмтылып, қол созады..

 

          Гүлжан. Уа, айналайын, жас иіс. Арманым менің,  дәл осындай кезінде көзі балбұл жанып қалып еді-ау. Тағдыр неткен қатыгез ең. Екеумізді екі жаққа айырған. (Сәулеге қарап) Кешір жаным, мен бір адасқан жанмын. Өмірден қызық көрмедім. Өмірім өксумен өтті. Сендерді көріп өлсем деуші едім. Жеттім бүгін арманыма. Алатаудай ақ басты анадан айналайын. Мені ұмытпаған екен. Тұңғыш немересін Арман қойыпты. Әкелші, ақ бетінен өбейін.

 

                 Гүлжан Арманға ұмтыла бергенде, үйге Төленді кіреді.

 

         Төленді. Апа!!!

 

           Анасының мойнына асылып, құшақтайды. Қуанғанынан Нұрбала  орнынан тұрып кетеді.

         

          Нұрбала. Жеттің бе, құлыным.

          Төленді.  (айналадағыларға көз тастап, Гүлжанға келгенде жақтыртпаған сезіммен) Е, бүкіл газетке жазып, жала жауып, елді шулатып жүрген, Гүлжан апай, сапарыңыз сәтті болсын. Мені алып кетуге келдіңіз бе? (Анасына қарап). Апа, бұл кісі біз оқыған училищедегі жатақхананың коменданты болған. Сонан таныспыз.

           Гүлжан. Бәріне мен кінәлімін. Кешіріңіздер, мейірімді жандар. Айтуға аузым бармайды, тілім жетпейді. Төлендіні балам деп айтуға қақым жоқ.

           Төленді. Байқап сөйлеңіз. Сендей ананы өңім түгіл түсімде көрген емеспін. Арақ ішіп, азғындап өлген Досан әкем емес. Білем мен сіздерді. Азғындаған семьясыздар. Шығыңыз үйден. Семьяма тыныштық беріңіз!

           Гүлжан. Төленжан, айтқаныңның бәрі рас. Қырықтан асқанша жақсылық көрмедім. Он  сегізге дейін кісі есігінде күн кешіп, он тоғызымда тұрмысқа шықтым. Үй болғанымызға алты ай толғанда Жомарт майданға кетті. Ол ақылды, көрікті жігіт болатын. Жастайынан жетім өскен сорлы майданға аттанып бара жатып: «Гүлжан, құдай қосқан қосағымсың. Жал құйрығы жоқ жалғыз едім. Ұл тусаң атын Арман қой. Сенен өтінерім сол ғана», - деген еді.

        Мен бүгін барлық шынымды айтуға тиістімін. Сене көріңдер...  Содан Жомарттан қара қағаз келді. Өлді-өшті деген осы деп қаңғып кеттім. Ол кезде ауыр аяқ едім. Есімді әйелдер босанатын үйде бір-ақ жидым. Бала әлсіз болғандықтан айдан астам уақыт сол жерде жаттым. Артымнан ешкім келмеді. Ауруханадағы кейбір әйелдер:

     -Он екіде бір гүлің ашылмаған сорлы екенсің. Бала саған қолбайлау ғой.  Одан да осындағы баласы жоқтарға бер. Бағып алсын. Өзіңе де жанбағыс керек. Теңдес жігіт тапсаң тиіп ал, - деген сөздері қамшы болды ма, жоқ әлде жастық аңғалдығым ба, ауруханадан шыққан күні сені осы мейірімді жандарға тастап, қашып кеткенім рас. Содан Досанмен көңіл қостым. Топырағы торқа болғыр оған да кінә қоймаймын. Өмір бойы «бала, бала» деп зарлап өтті.

       Бұл үйге 20 жылдан соң екінші рет келуім. Өзіңді училищеде оқыған кезден танысам да, жағдай дәл осылай болады деген емеспін. Мен сенің шырқай салған әніңді, өнеріңді сүюші ем. Сол кезде Арман екеніңді білсем, бүйтіп келмеген де болар ем.

       Төленді.  Сізді кім шақырды мұнда, жолыңыз әне! Қатырма анамның басын!

       Нұрбала. (сабырлы кейіппен). Төленді балам, сабыр ет. Үйге келген құдайы қонақ қой. Ішін шер басқан қапалы жан көрінеді. Бүгін бір айтып мауқын бассын.

       Гүлжан. Апатай, ақылыңызға рахмет. Ұмытпасам сіздің де жалғыз ұлыңыз майданға кетіп, қара қағаз келді демеп пе едіңіз сол күні. Сол балаңыздың жесірі деп есептеңізші. Өтінем, шындықты айтыңыз. Осы оқиғаның кілті сіздің қолыңызда.

        Нұрбала. Жоқ, бала өзімнің кенжем. Сенікі болатындай қандай дәлелің бар?

        Гүлжан. (қалтасынан баяғы хатты алып шығады). Апатай, мына бір жапырақ қағазға жазылған сөздің бір данасы баланың кеудешесінің ішінде қалған болатын. Ал, мына сыртына сіздердің есімдеріңізді ұмытып қалмас үшін жазып қойған болатынмын. 1943 жылдың 25 мамыры болатын. Түсіріңізші есіңізге.

       Нұрбала (бір түрлі ашуланып). Әне, онда, мынау сенің балаң. Көнсе алып кет! (Төлендіні нұсқайды).

       Төленді (жұлып алғандай). Жоқ, апатай олай демеңіз. Бүйтіп шатақ шығара берсеңіз, қазір милиция шақыртып, айдатып жіберемін. (Гүлжанның жанына ашу қысып жетіп келеді).

       Гүлжан. Апатай, көзіме тура қараңызшы?

 

                                     Нұрбала қарамайды.

        Гүлжан. Өзім де жетісіп жүрген жан емес ем. Есім ауып есалаң болып барамын. Ойбай ...

           Гүлжан талықсып  барып, босағаға құлайды. Төленді мен Сәуле су бүркеді. Есін жиған Гүлжан орнынан тұрып, кетпекші болады.

         Нұрбала. (қатулы үнмен). Тоқта, сабыр етіңдер. Шындық қашан сынбайды екен. Шалымның өлерінде айтқан бір аманаты  бар еді. Соны орындамасам болмас. Төленжан, бері келші.

                         Төленді анасының жанына келеді.

     Нұрбала. Әкел мына мойныңдағы тұмарды. (Төленді тұмарды мойнынан шығарып береді).

     Нұрбала. Міне, шындық менде емес, мынада жатыр. Жаңағы хаттың бір данасы осы. (Нұрбала тұмарды жыртып, ішінен үш бүктелген қағазды алдарына тастайды).

 

            Бәрі аң-таң. Тек, қана Гүлжанның өңіне қуаныш сезімі кіргендей.

      Гүлжан. (жүгіріп барып хатты ашады да) Апатай, жасыңызға құлдық. (Жүгіріп келіп, құшақтап сүйіп алады). Дәл өзі!. Өз жазуым. «Арманым сізге аманат» деп бастағанмын.

       Төленді. Жоқ, апа мен ешқайда бармаймын. Бұл не деген сұмдық! (Ашуланып отыра кетеді).

        Нұрбала. Жоқ, балам. Әкеңнің айтқан аманаты осы болатын. Төлендімнің анасы іздеп келсе, жатсынбай  ішке тарт. Рақым жаса деген болатын. Мен соны орындадым. Ендігі шешімді өздерің біл. Төленді балам, ақылға кел. Ақ сүтін берген анаңмен табысқаныңа бір жағынан қуанып та отырмын. Бір жағынан ет-бауырым езіліп, өзегім өртеніп барады. Бірақ, болған іске болаттай берік бол деген. Келіңдер, шырақтарым. Ананы баладан, баланы әкеден айырған сұм соғыс енді болмасын. Мына кішкентай Армандай алаңсыз, күнәсіз болайық. Жер бетінде бейбіт күн болсын. (Нұрбала кішкентай Арманды көтеріп тұрады. Ал, қалғандары әнді бастап, алға жақындай түседі).

 

       Жойылсын суық сөз соғыс деген,

       Бомбаның дауысы жойылсын.

       Бомбанын орнына тегістелген,

       Күректер музейге қойылсын.

 

    Қайырмасы:

       Кел, достарым,

       Ән бастадым.

       Тарасын жаңғырып,

       Анасын бала,

       Баласын ана,

       Жоқтамасын мәңгілік.   

Шымылдық.

  

 

Қазақ тілінде жазылған