Алашорда қарсаңында
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, һал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамасты.
Найзамен түртсе де,
Жатырсың, қазақ оянбай,
Мұнша қалың ұйқыны
Бердің бізге, ой, алла-ай!
(Міржақып Дулатов)
Бірінші тарау
Тамылжыған жаз күнiніңбірі еді. Күн барынша ысып, онан сайын шуақтана түскен кез. Аспан ашық болғанымен, анда – санда, кей тұстан, жұқалау келген селдiр бұлттар көрініп қалады. Солар бір орында қалқып тұратындай көрінеді. Осылайша,қалықтап тұрады да, көзден алыстай бере,онан сайын селдірей түсіп, ақырында тоз – тоз болып, артында тек ағарған із қалдырады.
Сонау, ұшы – қиыры жоқ жердiң бәрi тегiс қызғалдақ пен сарғалдақ, жауқазын мен бәйшешекке бөленiп, көз тартар әдемі көрініске бөленіп шыға келіпті.Айнала, таулы жердiң тасына дейiн құлпыртып жіберетін мезгіл бұл жаққа биыл ерте келсе керек. Содан да болар, айнала жер дүниенің барлығын онан сайын көріктендіріп жіберіпті. Жер былай тұрсын, тасты жердің қынасына дейін бояуы өзгеріп, солғындау өңіне ашық рең пайда бола бастағаны білінеді. Сондай жерлерде ғана тамырын жіберетін қылша, тобылғы, аршаларға жан бітіп, жапырақтары көгере түскен.
Бағана ғана Қызылағаш деген жерден өтіп, енді ғана Сағабүйен асқан жүргіншілер күймесінің жүрісі суыт, екпіні қатты.Бұл күйменің жолаушысы осы Жетісуға танымалқазақтың бірі Барлыбек болатын.
Таң қылаң бере, бір жарық, бір қараңғыдан Талдықорғанның бергі тұсынан шыққан көлік асығыс келеді. Верныйдан шыққалы осы жүрістен бір тынбаған.Кеше кешкісін қонаға Балықты өзенінің төменгі жағындағы Жалайыр Асылбектің үйіне келіп түскен. Жол бойы тек қонуға болмаса басқа еш жерге тоқтамай келеді. Қазірде Асылбек үйіненшыққаннан бері қатты жүрістен бір жаңылмағансолқылдақ күйме, бар ағынымен келе жатқан бетіеді.
Күймеғе жегілген аттар да бабында болса керек. Келе жатқан адамның асыққанын сезетіндей, олар да барын салып, ағыза түседі.Осы жүрістерінен бір танбаған қос ат, сол бойда біраз жерді еңсеріп тастаған болатын. Денелері қызып алған соң, аттардың жүрісі тіптен үдере түскенісезіледі. Сонысына қарай, олар өзі ірі, әмбе сүйегі ауырлау күймені деңгелек қаққызып, дөңгелегін жерге тигізбестен әкеле жатқан секілді.
Енді бір кезде, суыт жүріспен келе жатқан күйме,жер апшысын онан сайын қуыра түскен. Күймеге жегілген қос аттың екпінді желістерінің өзі анау – мынау аттың шабысына бергісіз көрінеді. Жануарлар сілтеп-ақ келеді.
Осытұста барып алыстан Тасбекет ауылының қарасы да көріне бастаған. Сол бетімен,үдерген жүріспен келе жатқан күйме бір тоқтамастан,Тасбекет ауылына келіп те қалған.
Соны білдіріп, анадайдан мен мұндалап тұрған ауыл үйлерінің қарауытқан ноқаттары да енді ғана көзге анық түскендей болды.Тасбекеттің өзі заңғар Алатаудың,Қаратау деп аталынатын кішілеу бір сілемінің дәл астында тұрған шағынғана, жұпыны ауыл болатын.
Бір жағы, о баста, бекет ретінде салынған мекен, өсе келе ауылға айналыпкеткеніне біраз болған еді.
Жергілікті қазақтар Алатаудың осы арадан басталатын жатаған келген, аласалау бір сілемін «Қаратау» деп атайтын. Ал сол Қаратаудан басталатын жоталы жердің бәрін биік болғандықтан әжептеуір қып, тауға балап, «тау» дейді де,енді сол Қаратаудың етегінде жатқан үлкен жазықты «етек» деп кеткен. Жаңағы Тасбекетіміз сол етектің тауға кеп тірелген жерінде тұрған еді.
Тау болған жер, әрине, тассыз болмаса керек. Тасбекет тұрған жердің таулы жақ бетінің көп тұсынан қара жартасты биіктер қарауытады. Сол таулардың шетінде тұрған мына ауылдың аты да «Тасбекет» деп, нағыса даөзіне сай қойылған сияқты. Бұл оның жан – жағының бәрі көп тасқа айналып кететіндігінен болар. Өйткені қалай қарасаң да айналаның барлығы тасқабөленген қыраттар мен тау жоталары болып, көзге түсекетеді.
Мына ауыл да, тасқа бөленген сондай таулардың астында тұр. Елдің бұл ауылды «Тасбекет» деп атап кеткені дебір жағынан содан болар. Тасбекеттің орысша аты да бар. Орысшааты бойынша бұл ауыл –«Абакумовка»деп аталады.Бірақ оны «Абакумовка» деп тек қана орыстар ғана атайтынкөрінеді. Олай атауға қазақтың көбіне – көп тілі жете бермейді.
Бұл ауылды Тасбекет деп атайтын қазақтардың арасындағы кейбір орысшаға жетігі ғана бұл жердіөздерінің тіліне жақындатып«Әбөкім» деп те атайды. Өйткені, бұл атау баяғы казак – орыс әскерінің атаманы,осы жерді кезінде жалпағынан басып, билеп – төстегенполковник Абакумовтың құрметіне қойылған еді.
Тасбекеттің асып бара жатқан түгі жоқ. Әр жерде бір көрінетін, аз үйлі,сүрең тіршілікке бой ұрған шағын мекен. Бар болғаны осы ғана. Қайда қарасаң да, қалай қарасаң да, жан – жақтың бәрі жосыған, сұрқай далаболып кете барады.
Айнала іздесең де, бұл жердің аптап ыстығына көлеңке боларлық ағаш таппайсың. Осыған қарағанда бұл ауылды қасында тұрған Қарағаш қыстағымен салыстыра алмассың. Тек қана, Тасбекеттің бар артықшылығы о баста негізінде пошта мен жәмшік тұрақтайтын көп бекеттің бірі ретінде салынғаны болмаса.Басқа түгі жоқ.
Ал енді, Тасбекет ауылымен салыстырғанда, Қарағаш көш ілгері тұр. Қарағашқа бұл күнде не жетсін. Нағыз миуалы бақ дерсің. Түп – түзу көшелердің бойына орнаған сәнді де еңселі үйлері бар, алуан түрлі жеміс ағаштарына толы бау мен баққа бөленген Қарағаш бұл күнде нағыз жұмаққа айналған керемет бір қалашық. Барлыбектің аузынан түспейтін, қазаққа үлгі қып айтатын, сын қылып келтіретінбірден – бір мысалы, көңіліне түйген асылы. Нағыз үлгі боларлық жаһұтына айналған.
Барлыбек қайда жүрмесін Жетісу қазағына отырықшылық туралы сыр шертсе, алдымен Қарағашты нұсқайды. Соны іске асырған Қыдыралы – Қалқабайұрпағының құдіретіне сілтеме жасап, солардай болуға елді үгіттейді.
Тамам ел жиналған жерде үлгі қып айтатыны баяғы сол Қарағаш. Жиналған елге қаратып: «Қарағашқа бар, бар да көр!Олардың не істеп жатқандарын. Солай жасасаңдар болғаны» дейді. Бұл жерде басқадай сөздің керегі де жоқ.
Барлыбекке салса қазақтың бәрін Қарағаш сияқты жерге жинап, жыл сайын көркейе түсетін, дұрыс өмірге бетбұрғыздыртып, жақсы тірлікке ден қойғызғысы келеді. Бірақ соған әзірге қол жеткізбей қойды. Сонда да болса, ол елдің жүрегіне, өзгеше жолмен кіріп, көзін ашқысы келеді. Бірақ, амал не? Оның да жолын әзірге таба алмайтын сияқты.
Міне, Қарағаш пен Тасбекеттің айтылмаған, жазылмаған сырлары осындай болатын.
Осыдан кейін Барлыбектің тағы бір арманы қазақ жерінде Қарағаш сияқты ауылдардың көбейе түсуіне ықпал жасамақшы еді. Сондай сырлар, Барлыбектің қолға алып, ойындағысын іске асырып, Тасбекет сияқты ауылдарды, Қарағаш сияқты миюалы бақ пен жұмаққа айналдырудың жолын іздетіп жүр. Бүгін де, Барлыбек сынды, күллі алашқа әйгілі азаматтың осы жаққа келе жатқан мақсаты сол еді. Ел жаққа жіпсіз байлап, алып келе жатқан да осы болатын.
Қарағашқа барар жолда Жалаулыдағы Асылбектің үйіне қонып, ертемен асығыс шыққан күйменің келе жатқан беті осы болатын.
Тасбекетке жеткенше, жол ұзақ.Сол ұзақ жолда, Барлыбек ойы да, осылайша неше түрлі болып келе жатқан. Тек,елмен кездесетін жеріне жақындай түскен сайын көңілі алабұртып сала берген. Бір жағы елді сағынса, оларға айтары көңілін мазалап, біраздан бері қоймай жүргені тағы бар.
Барлыбекті мазалап келе жатқан ойлар осындай еді.
Балықтыдан күн шықпай қозғалған жүргіншілер, жазғы тұрымның ұзақ күнінде жолды еңсеріп тастаған. Енді бір ұмтылса, Тасбекеттің де шеті көрініп қалатынын ойлаған Барлыбек, іштей, онан сайын асыға түсердей болып отыр.
Сондай қалың оймен келе жатқан Барлыбек енді бір кезде межелі жер,Тасбекетке келіп қалғанда барып, жан – жағына қарай бастаған. Елдің күтіп отырған уәделі жері осы маңайда болу керек. Сондай күтіп жүргендер «көрінбес пе екен?» деп, жан – жағына қарай бастап еді.
Күйме ауылдың шетіне іліне бергені сол еді, анадайдан айғайлап, бұларға қарай андыздай шауып келе жатқан екі атты адамның қарасы көрінді. Сол күйімен тасырлата шапқан жаңағы аттылар күймеге жақындай бере тоқтамастан оны орағытып өтті. Енді бір уақытта айнала шауып кеп,алдыңғы жаққа барып тоқтады. Қолдарын бұлғап, бірдеме деп айқайлап, басқа жақты нұсқайды.Аттылардың бұл қимылы шамасы күймедегілерді тоқтатуға жасалған ишарасы болса керек. Бірақ та, күйменің алдынғы жағына орын тепкен ат айдаушы көшір олардың не деп келе жатқанын ұқпады ма, жоқ әлде басқадай бірдеме ойлады ма, әйтеуір аттарды тоқтатпай өте шықты. Сол күйі бар пәрменімен кетіп бара жатқан күйме талай жерге кетіп қалды.
Сол, сол-ақ екен, жаңағы аттылар қайтадан тасырлата шапқан күйі, күйменіңсоңынан қуып алажөнелді. Енді олар күйменің артынан озбастан бірге ілесе шапқылапкеле жатты. Аттылардың біреуі осы кезде күймеге қатарласа берген еді. Сол кезде,ол бар даусымен:
–Барлыбек аға! Барлыбек аға! – деп атой сала айғайлады да күймемен қатарласа бере:
– Мені Сейітбаттал болыс жіберді. Сізді күтіп алуға келдім. Елдің бәрі өзіңізді Қарағашта күтіп отыр. Біздің артымыздан еріп отырсаңыздар, қазір-ақ ол жерге апарамыз! – деп, астындағы түйедей ақжал атты шаужайлай берді. Тебініп қалғанда астындағы аты онан сайын орғи жөнелді. Ол сонда да қолындағы қамшысымен үстемелетіп, атын сипауын қоймай келеді.
Сүйткенше болған жоқ, жаңағы ақжал аттағы атын онан сайын борбайлата қамшылап, «соңымнан ерерсің!» деген сыңаймен алдыға ұмтылды. Аттың үстінен айтарын айтып болған соң, ыңғайлана бастап, ендікүйменің алдына түсе берген. Ары қарата тоқтамай шауып, біраз жерге озып та кетті. Оның артынан бірге ерген екінші аттылы да күймені қуып жетіп, қатарласа шауып, озып бара жатып, бар дауысымен:
–«Бөрібай..., Бөрібай!» – деп қатты айғайлап,қолын бұлғап өтті. Екінші аттылының ұранға ұласқан айқайы Барлыбекке анық естілді. Ұранды естіп, күймеде отырған Барлыбек, арқасы қызғанаттылардың қылығына қарап, сәл жымиып қойды.Осы кезде, оның бағанадан бергі солғын тартқан, жүдеу жүзіне аздап қан жүгіріп, қызыл дақ пайда болған секілді. Үлкен қой көздеріерекше нұрлана түсіп, елге деген сағыныштың мауқын баса алмайтындай жан – жағына үздіге қарай бастады.
Жаңағы ұран Барлыбекке бала күнінен таныс үн еді. Әсіресе, Матайға жататын қазақтардың арқасы қызып, қаны ойнағанда шақыратын ұраны осы «Бөрібай» болатын. Мына қазақтардың да Барлыбекті көріп, Бөрібайдың ұрпағы ретінде оны қошеметтеп, ұрандатып жатқаны содан еді.
(Бөрібай батыр қазақтың Найман тайпасының үлкен бір руы – Матайға ұран қып, атын берген Қаптағай батырдың ұрпағы.Бөрібай қазақ – қалмақ соғысының батыры, Сарысу өзені бойындағы қырғын шайқаста 1756 жылы қаза тауып, сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына қойылған. Оның ерлігін Қожаберген жыраудың:
Бастырып Жалайыр мен Наймандарды,
Алтай мен Алатауды қалмақ алды.
Жалайыр, Найман, Қоңырат – Бөрібайға еріп,
Сарысу бойына кеп қоныстанды.
Бес мыңдай жау қырылған Үзгент жақта,
Екпіндеп баса – көктеп келген шақта,
Бөгедік Сарысуда қалмақ қолын,
Дұшпандар өте алмады батыс жаққа, – деген дастанның шумақтарын Барлыбек бала күнінен талай естіп өскен.)
Жаңағы кісілер сол күйлерімен үдере шауып, енді бір кезде екеуі бірдей күйменің алдына түсіп,кете барды.
Бұлардың алдыңғысы, ақжал сұр аттағысы Тасбекет ауылының старшыны Саумалбай екенін Барлыбек бірден таныды. Саумалбай да, асығыс келе жатқан бұл күйменің нобайынан өзінің күткен кісілері екендігін білген екен.Бұл маңда мұндай күймемен ояздағылардан басқа ешкім жүрмейді. Оны Саумалбайдың жаңа күймені көрісімен-ақ, бірденболжаған сыңайы бар. Өйткені,«мұндай күймемен Барлыбектен басқа кім жүруі мүмкін?» деп ол да ойлаған болса керек.Сол жорамалы дәл болып шықты. Күйме ішіндегі Барлыбекті қазір Саумалбайдың өзі де байқап қалған. Аттың үстінде екпіндей шауып келіп, ентелей сөйлеп келе жатқаны да содан екен.
Бұжыр бет, божбан қара Саумалбайды Барлыбек бұрыннан білетін. Талай жерде көрген кісісі. Тапсырған іске аса ықтиятпен қарайтын, пысықтау жігіттердің бірі болғандықтан, ылғи да оның осындай ыңғайда жүретіні бар.Бүгін де солай болған сияқты. Бағана кісілер жиналып жатқанда Сейітбаттал болыс өзін жеке алып шығып:
– Барлыбек бұл жаққа ерте «шығамын» деп еді.Ол қазір Қызылағаштанөтіп те кеткен шығар?Бұл кезде келетін шағы да болып қалды. Өзің сол кісіні жақсы танисың. Бір жағынан талайды көрген, жөн – жосықты білетіннің бірі өзіңсің. Сенен артық, осыған ыңғайлысы жоқ. Күтіп алып, осында бастап, алып кел! – деп тапсырған.
Сейітбаттал сүйтіп айтқан соң, тіл алғыш, елгезек Саумалбай сөзге келмей «жарайды» деп, елп ете түскен. Ол үшін Барлыбекті күтіп алудың өзі бір мәртебе көрінген. Өзі де елдің көзіне «қалай түссем?» деп жүретін кісі болғандықтан болыстың мұнысыіздегенге сұрағанның өзі болып шықты.
Саумалбай өзін осындай көпшілік ісіне кірістіргенді жақсы көріп, әрқашан тіленіп тұратын. Соған бола оныел ағалары осы жағынан көп іздеп, лайықты деген шаруаға қосып отыратын.
Саумалбай өзіне тапсырған істің салмағын сезіп,оны ұзаққа созбастан атқаруға асыққан. Қазір ол белдеудегі байлаулы атына қарай бет алған. Өзінің аса кесек, зор тұлғасына қарамастан Саумалбай шапшаң қимылдап, атына мініп, енді қасына ілесер серік іздей бастаған. Ол жан – жағына жіті көз тастап,нық ширақ қимылмен:
– Қане, кім барады менімен бірге,Барлыбек ағаны күтіп алуға! – деді. Ары – бері сапырылысып жүргендердің ешқайсысы оның сөзіне мойын бұрған жоқ. Өзгеден бұрын бір зор істі тындыратын күйге тап болғанСаумалбайға бұл ұнамаған. Бүйтіп, өзіне ілесетін кісі таппасын білген соң, ол басқадай ыңғайға көшкен. Жан – жағына тағы бірер рет көз тастап еді. Ыңғайлы кісі көзіне түспеді. Осы кезде асықпай басып, тігулі үйге қарай келе жатқан Сейітбатталдың шабарманын көріп қуанып кеткен. «Нағыз керегім, өзің шығарсың!» деп, көзі енді шабарманға түскен.
Болыстың шабарманы Көшербай «көлденең өткен көк аттыға» есесін жібермейтін, ісіне ұқыпты, бір айтқанды екі еткізбейтіннің өзі еді.Сондай пысықтығына қарай Сейітбатталдың шабарман қып алғаны бар.Бағанадан бері өзіне тапсырылғанның бәрін орындап шыққан соң Көшербай тігіліп жатқан үйлердің біріне кіріп шай ішіп алғысы келген. Осы сәтте ол Саумалбайдың көзіне ілінген.
Ай – шайға қаратпастан Саумалбай бірден:
– Олай болса, сен жүр менімен бірге – деп, шабарманға бұйыра сөйледі.Онысына елмен жағаласып үйренген шабарман қырсыққандай болып:
– Мен ешқайда бара алмайды екенмін. Оның үстіне болыстың рұқсатынсыз тіпті аттап шықпаймын – деп бетін қайырып тастаған еді.
Бірақ Саумалбай қоймай – қоймай тықыңдап, тұрып алды.
– Жүр дедім ғой мен саған. Бәрібір сенен басқа ешкім бармас, онан да жүре бер – деп,асығып тұрған сыңайын байқатып салды.
Шабарман қайтерін білместен екі ойлы болып тұрып қалған. Оның осы кезде болыстан жөн сұрап, бірдемелерді ұғынуға мұршасы келместен біресе Саумалбай жаққа, біресе Сейітбаттал кеткен жаққа жалтақтай берген.
Саумалбай шабарманның онысын жақтырмағандай болып, кере қарыс қабағын шытып:
– Неменеге бәлсіне қалдың!Мұндайда, жүр дегенде, жүре беру керек қой. Келе жатқан Барлыбектің өзі болса – деді. Саумалбайдың шамданған түрі екі ұдайылау болып тұрған Көшербайды онан сайын абыржытып тастаған.
Осы кезде Ақсу өзенінің үйлер тігіліп жатқан биіктеу жарқабақ жағынан келе жатқан Сейітбаттал болыстың асықпайтын маңғаз жүрісі байқалды. Ол да Саумалбайдың шабарманын иектеп, қоярда қоймай тұрғанын анадайдан байқаса керек. Ештемеден ықпайтын, тікмінез Саумалбайдың бәрібір Көшербайға айтқанын істететпей қоймайтынын болыс та байқаған. Не үшін болып жатқан таласты да іштей түсінсе керек.
Саумалбайдың ширақ мінезіне Сейітбаттал әсіресе осындайда ырза болатын. Онысын Сейітбатталдыңқазіргі түрі де білдіріп тұр.Осы кезде оның сұлуша келген жұқалау өңінен күлкінің белгісі байқалып, сәл жадыраңқы қабағында күлкі пайда болған. Анадайдан келе жатқан беті болыс өстіп, жылы қабақпен, бұлар жаққа күлімсіреп келді.Сейітбаттал Саумалбай старшынның өжет мінезіне ырза екендігін осылай білдіріп келе жатқан сияқты.
Болысын көріп, шабарман оған қарап:
– Барайын ба? – деп еді. Қалбалақтап тұрған атқосшысына болыс иек қақты жасап:
– Бар! – деп қысқа айтты. Сол-ақ екен, Көшербай үндеместен атына мініп, Саумалбайдың соңынан еріп кете берген еді.
Барлыбектің келуін Саумалбайлар Тасбекетке кіре берісте күткен.Тіпті бір талай жерден келе жатқан танымал күймені де ең алдымен өзі көрді. Содан кейін-ақ, Саумалбайлар күймені көріп тұра шапқан. Өздеріне қарата ағыза шауып келе жатқан екі кісіні көріп, Барлыбек те,өзін күтіп алуға жіберілген кісілер екенін бірден аңғарған. Енді ол ары қарата тоқтамастан жүре беруді жөн көрмеді. Оның үстіне, өзі болса алыстан келе жатқаны бар. Сондықтан ел ішіндегі кісілерге тоқтап амандаспауды Барлыбек әбес көрген еді.
Сол себеппен ол ат айдаушы көшірге:
- Күймені тоқтатшы – деді.
Ауыр күймені деңгелек қаққызып алып келе жатқан қос аттың денелері
қызып, еліріп алғандықтан, анадай жерге барып әрең тоқтады. Онда да, көшірдің қарулы қолдары ауыздығымен алысқан аттарды делбенің күшімен лезде бастарын тұқыртып тастағандықтан, олардың тоқтамасқа басқа амалы қалмаған сияқты.
Осыған дейін, дәл қара жолдың шетіне дейін ойнақ салып келген аттар,әлі де болса аласұрып тұрғаны байқалады. Олар делбенің күшімен бастарын қайқайта иіп, көздерін алартып, ауыздықтарын қарш тістей, қасарыса қалыпты. Сәл делбені босатса болғаны алға ұмтылғалы дайын тұрғандай көрінеді.
Барлыбек арбадан қарғып түсіп:
– Ассалаумағаликүм! – деп ана екеуіне қарай жүрді. Олар да аттарынан түсіп, Барлыбекке қарсы жүріп, қасына таяп келді. Сол екі ортада жаңағы Саумалбай қос қолын Барлыбек жаққа бірдей созып:
– Ассалау... күм! Ағасы-ай, мына Көшербай, «бұл кім, дегенше?», болған жоқ.Мен айттым, біздің Бәкең ғой, күбернәтірдің өзіндей болып келе жатқан дедім ғой!– деп,қорбаңдай жүріпкеліп, Барлыбектің қолын алды.Саумалбайдың добалдай болған қарулы қолдарының қауқары әсіресе, амандасқанда білініп қалады екен.
Амандасып жатып, Саумалбай барлық жағдайды айтып салды. Ол ел жиналып, Барлыбектің өзін күтіп отырғанын естіртіп, асығуды сұраған. Оның ендігі міндеті Барлыбекті топты жиынға жеткізу ғана болып тұрған.
Барлыбектержаңа ғана Тасбекетке жеткені сол еді. Енді елді күттірмей,бұдан былайғы жолдың ыңғайы солай болғандықтан аттың басын Қарағашқа қарата бұрды. Асығыс қозғалған ауыр күйме бұл кезде Қарағашқа қарата тартып кетті.
Барлыбектің де бұл жаққа келмегеніне көп болған. Оның да өз сылтауы жетерлік еді. Бұлай болғаны көптен бері біресе Орал, біресе Семей, онан Қарқаралы барудан Барлыбектің қолы тимеді. Ол жақта болған әңгіме, айтылған сөз күллі қазаққа қатысты болғандықтан Барлыбек бұл жақтағыларға, арысы тіпті бүкіл Жетісу қазағына Алаш азаматтарының қазіргі қимылын түсіндіруді өз міндетіне алған. Бір жағы сондай себеппен де ол қазір осы жаққа жетуге асыққан.
Әйтпесе, Жетiсу облысы басқармасының ерекше iстер бойынша чиновнигiнiң Қапал уезiндегi елiне келе жатқандығынан көпшiлiк құлаққағыс емес едi.
Былайша келгенде, ол бұл жолы да елге келiп, қымыз iшiп, Арасандай шипалы суы бар жерде емделсем деп шыққан сияқты болатын. Оған да көндірген бәйбішесі еді. «Ауырып жүрсіз. Емделмесеңіз болмайды» деп, құдайдың құтты күні айтады.
Барлыбек енді сол ойынан тағы да жаңылысқандай болыпты. Соған түйткіл болып, түрткі болғанТоғыз Матайдың жақсы мен жайсаңының бүгінгі бас қосуы себеп болды.Бұл жақтағылар «ақылдасатын әңгіме бар» деген соң, Барлыбек ата қонысқа баруды соңғыға тастап, осылай қарата тартқан.
Өйткені, аяқ астынан Барлыбектің осы жаққа шыққанын естіген бұл жақтағылар ақылдасып, тағы да онымен жолығысып қалуға бел байлаған.
Көптің, әсіресе елдегі кісінің көңілін қайтаратын кісі Барлыбек емес.Ел десе, елең ете қалатын қашанғы әдеті бар. Үйреншікті сондай әдетпен елдің көңілін табуға асыққаны да осыдан еді.
Бұл кезде ол тіпті бәйбішесінің, «тура осы жолы табан аудармай емделермін деген уәдеңіз қайда?» дегеніне де елең етіп, бір қарамастан,осылай қаратакете берген.
Елге емделуге шыққан Барлыбектің ойының күрт өзгеруі алдымен бәйбішесі Еркежанды алаңдатқан.
Соны қазір Еркежан анық қып айтып тұр:
– Осы жаққа шығарда айтқан сөзіңіз қайда? Берген уәдеңіз де бар еді. Енді кеп, ел шетіне жетісімен бәрі басқаша болып шыққаны ма? – деп кейіді.
Барлыбектің көптен бері өкпесінің дымкес екендігіне жақсы білетін бәйбіше екпінін тоқтатпастан:
–Сізге не көрінді? Осы жолы жақсылап емделем деп едіңіз ғой. Тағы да, неге ғана айнып қалдыңыз? Оның үстіне елге де емдік шөптің пайдасын түсіндіремін деп құлшынып шыққан едіңіз. Оныңыз да жайына қалатын болды ма?– деді, ренжігенін жасыра алмастан.
Верныйдан, осы жаққа шығарда соларын бәйбішесіне сыр қып, айтып қалған өзі еді. Енді соның көрешегін өзі тартып тұр. Ең қиыны елмен кездесуге шығарда өзіне тиым салғалы тұрғандай көрінген.
Әйелінің түрі өзеріп сала бергенін көріп, Барлыбек те, осыдан кейіныңғайсызданып қалған. Соны өзі мойындап, елге шығып, тынығам деген сапарының тағы да өзгеріп кеткендігіне өкінген күймен:
– Ештеме етпес, ел бекер күтіп отырған жоқ. Айтылар сөз жеткілікті. Бұл жолы тез қайтармын – деп ақтала сөйледі.Өзі де осы кезде ыңғайсызданып тұрғанын білдіргісі келместен өзімен әкеле жатқан көп қағазды аударыстырып, ішінен бірдеме іздестіргендей еді.
Барлыбек Верныйдан шығар алдында айтқан сөзін есіне алып, бұл жолы да ойына алған істің орайы келмей тұрғаны бетіне салық болардай қиналып тұрғаны содан еді.
Еркежан бәйбішенің осы жаққа шығарда ойлағаны басқа еді. Елге жетісімен бұл күнде аурудан көз ашпай жүрген Барлыбектіңденсаулығына шипа іздеумен айналысуына күш салу еді.Өйткені, бие байланып, қымыз ішетін кез жеткен. Таудың бәрі өсіп тұрған дәрілік шөп. Оны қалай, қандай ауруға пайдалануды Барлыбек біледі. Сол жайында елге де айтып, жазып та жүр. Онан қалса ата қонысына тиіп тұрған арасан суы тағы бар. Оның да емдік қасиеті күшті. Осыларды биылғы жазда пайдаланып, бәйбіше күйеуім емделсе деп ойлаған. Онысының мәнісі бар. Бұл жолы елге шығып, қымыз ішіп, көкжөтелден емделсем деген уәдесін Барлыбектің өзі елемесе де бәйбішесі ұмытпаған.
Оның үстіне соңғы кездерде Барлыбектің өзі де Алатауда өсетін неше түрлі дәрілік шөптердің емдік қасиеттерін керек болады деп зерттеп, жазып жүрген. Онысы, бірде болмаса, бірде көпшілік кісіге әсіресе қазаққа керегі болар дегеннен пайда болған. Өйткені, алдымен қазақ байғұстың сатылатын анау – мынау дәріге қолдары жетпей жататындығы бар. Қолдары жетсе де дәрінің не екенін қазақ әлі білмейді. Оны айтып түсіндіретін кісі жоқ. Айнала толған жабайы балгер мен дүмше молда. Дем салып, үшкіргеннен басқаны олар білмейді.
Ал Барлыбектің осы уақыттың ішінде емдік шөптер жайында біраз жиған – тергені бар. Қарап отырса Жетісуды бастан аяқ алып жатқан Алатаудай алып таудың қойын – қонышы, толған емдік шөп екен. Оны білгені Верныйда ашылған формакология орталығының арқасында болды. Сүйтсе, аяқтың астында өсіп тұрған шөп пен өсімдіктің көпшілігінің неше түрлі емдік, дәрілік қасиеттері бар болып шықты.
Барлыбек енді осылардың емдік қасиеттерін оқып біліп, жаза бастаған. Әуелі араб тілінде жазғандарының бір сыпырасын елге таратып та жіберген. Сөйтіп, осы жайында «елге керегі болып қалар» деген оймен қажетті істі қолға ала бастаған. Онысы құр жатқан дәрілік шөптердің емдік қасиеттерін білетіндерден егжей – тегжейлі сұрап алып, олардың қасиеттерін жазып, таратып отырады. Бұнысы тым құрыса жалпақ ағайын «пайдаланып қалсын» деген ойынан туып, осыны қолға ала бастағаны содан болатын.
Өзініңқарақан басының қамы болмаған сол Барлыбек сол ниетін бәйбішеге айтқан болатын. Қазір сол бір ықыласты тілегін орындай алмай қалғандығына қысылғаны дасол еді. Өзі үшін емес «елге керекті»деп жүрген дәрілік шөптің әлегі есіне түсіп, сонысына бола ыңғайсызданғандай болып тұрғаны бар.
Қазіргі Еркежан бәйбішенің айтып тұрғаны осыған қатысты болатын. Мүмкін ол осыны тілге тиек етіп, Барлыбекті алған ойынан қайтарардай сынмен айтып тұрғаны да содан шығар?
Барлыбектің қазір қаламай тұрған әңгімесі де осы болатын.
Қаламай тұрғаны бір жағынан оған берген уәдесіне бола ыңғайсызданып тұрған. Әйтеуір, Барлыбекке осылай көрінді. Мұның өзі үшін әкетіп бара жатқан ештемесі жоқ болса да, әлі де болса ыңғайсыз күй кешіп тұрғандай сезінеді. Бірақ, бәрібір осы кезде бәрін тастап, елмен бірге болғысы келеді. «Елдің жайы бір басқа, өзімнің жайым ешқайда қашпас»деп, емделуді кейінге ысырғаны сол.
Енді міне, соның бәрі тек бәйбішенің өзіне ғана керек сияқты көрінеді. Өйткені Барлыбектің ел дегенде көңілі бөлек. Ондайда ауырғанын да, басқасын да ұмытып кетеді.
Бәйбіше күйеуінің жанын ұққандайболса да, бәрібір көңілдегі күпті кейпінен бір арыла алмастайпішінмен:
– Осы жаққа шығарда жатпай – тұрмай емделемін деп едіңіз. Бұл жаққа келісімен оны да ұмытып барасыз. Оныңыздың қалай болғанын өзіңізден сұрайын деп едім – деп, қабағын тұнжыратып, қынжылған түрмен тағы сұрады.
– Оның бәрін мен ұмытқан жоқпын. Емделуге әлі уақыт жеткілікті ғой –деп Барлыбек те жайдақ жауап қатып, өзінің емделуге пейілінің әлі де дұрыс екендігін білдіріп,мұны «қозғамай-ақ қойса екен» деген сыңай байқатқан.
Барлыбектің қазіргі ойлағаны тезірек жиналған елге жетсем болып тұрған.
Осыдан кейін екеуі де біразға дейін үндеспеспестен қала берді.Бұл туралы артық ауыз сөз айтыспастан әр қайсысы өз ойымен болып, әр нәрсені тұспалдап отырған сияқты көрінеді. Тек біраз уақыттан кейін барып, Барлыбек уайымдап отырған бәйбішесінің бетіне тесіле бір қарап алды да:
– Ел күтіп отырған екен. Мен солармен кездесейін. Керек болғаннан кейін шақырып жатыр ғой – деді. Даусы да біртүрлі күңгірттеу шықты. Өзі де бәйбішемен арадағы әңгімеге осы бір тұста асапейілі түспей тұрғандай көрінді. Өзін елдің күтіп отырғандығын сылтауратып, тағы жолға асыққан.
Еркежан бәйбіше бірақ қайыра айтпады. Барлыбектің жауабында «әшейін ғана, сөзқақпаймен айтыла салған, жай сөздің бірі екен» деп ұққан сияқты. Ол қазір осының бәрін әйелге тән орынсыз күдік, құр бос сөз айналдырғысы келмегендей еді. Ондай қылықты өзіне лайықсыз санап, осы бір кезде ол күйеуіне мін тағар сыңаймен мұңды жүзін одан бұрып әкеткен. Қамыққан күйінен әлі де болса арыла алмағандай болып отырған секілді. Сонда, кеше ғана осы жаққа шығардағы күйеуінің «емделем» дегені бекер сөз болғаны ма? Еркежан осының сырын түсінбей қалғандай еді.
Тек,енді ғана болғалы тұрған игі істің, не себептен болуға құлқы жоқтай екенін күйеуінен сұрап білгісі келгені де осы болды. Соны анықтап алайын деген оймен бар жайды сұрап еді.Еститінін естіді. Оның бәрі өзі білетін сол баяғы мәлім сөз. Ол күйеуінің өзі білген шындықты жасыра алмайтындығын білетін. Қазірде оны алған бетінен қайтара алмайтындығына налып қалғаны содан. Күйеуінің ойындағысы тек қана сол болса, онда оған не істей алады? Солай болатыны күн ілгері білініп қалды ғой. «Бәрібір ол өзінікіндей қып, істейді» деген ойынан бәйбіше айный алмай тұрған. Осының жайын ол ерінің тағы да естіп қалмақшы болып, соны сылтауратып, Барлыбектен сөз тартқандай етіп:
– Бәсе, көп қазақтың ішіне кірісімен сіздікінің бәрі өзгеріп сала береді. Мейлі, денсаулық маған емес, сізге керек. Соңғы кезде тіпті болмай жүрсіз. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сөйтіп жүріп дертіңіз асқынса, сізге еліңіз де, басқасы да араша түсе алмас. Оны өзіңіз де білесіз – деп, осындай сөзді қабағын кере, қынжылып тұрып айтты.
Бәйбішесінің тұнжыраған түріне қарап, оның іштей қамығып тұрғанын Барлыбек тетүсінген.Оның айтып тұрғаны басқаның емес, өзінің қамы. Әйелінің айтып тұрғаны мұның денсаулығы. Күйттеп тұрғаны да өзінің жаны.Соның бәрін керек қылмай тұрғаны өзі болып шықты.
Расында да, осылай қарай аттанардың алдында емделуге бекініп, «солайістейік» деген уәденің болғаны бар.Бірақ, қазіргі кезде Барлыбекке елдің шақыруы одан бетер болып тұрған еді. Ондай болса,алдымен елмен кездескені өзіне дұрыс көрінген. «Емделу қайда қашар дейсің» деп шешкен. Оған мұршат болса, оны да жасар.
Елдің шетіне іліне бергенде қашанғыдай Барлыбек ойы да осылай өзгеріп шыға келетіні бар. Бәйбішесінің соны айтып, оңашада көрсеткен қобалжу ниетін де өзінің қабыл көрмегені содан еді. Өзін алған бетінен қайтарар жолдың ендігі қажеті жоқтығын осылайша сездіртіп тастаған. Қазіргі ойындағысы «ел ішіне тезірек жетсем» дегені ғана сияқтыболып тұрған. Соған қарай бәйбішесіне басқадай қабақ танытып, айтар дауасы да қазір өзінде жоқтай көрінген.
Барлыбектің ендігі байлауы осы болды. Бәйбішесіне емініп отыруға да, басқа деп сөз айтуға да, осының сәті түспеді. Елмен кездесуге анық бел шешіп, солай шешті. Сөйтсе де, Барлыбек бәрібір, бір жағынан өзінің амандығына ара түсіп тұрған бәйбішесінеде бір жағынан қимас көңіл білдіріп қалғанды жөн көрген. Оның бар жазығы өзінің емделіп, сау жүргенінде болып тұрғой. Олай болса, оның да көңілін қалдырып бара жатқанына ішінен ренжіп тұрған еді. Еркежанның сондайлық жанашырлығына мойынұсынбағандығы да жанына батады. «Ауруынан айықса» деген жақын адамдыуайымдатып қойғанына қамығады. Өзіне қамқор болып жүрген жанның осындайлық ішкі сырын Барлыбектүсінеді.Әйтсе де, оның айтқандарын істеуге,көбінесе өзінің мұршасы келмей қалатындығы бар. Оған да себеп, елдің «ыңғайы», көпшіліктің «ырайы»деген сылтаулар үнемі көп болады.Сондайлар ғана осыған кедергі болып тұрғандай көрінеді.
Осы жақын арада ғана дәрігерлер өзіне батырып айтқан. Өзін көкірек ауруының меңдеп бара жатқанын қатты ескерткен.Еркежанға да осыны айтып: «Дұрыстап емделмесе өміріне қауіп бар» деген.
Еркежан осыдан кейін бұл жайында көп айта бастайтын болды. Бірақ Барлыбеккедәрігерлердің сөзін де, басқаның да айтқандарын қаншалықты естігенмен,соның бәрі оған оншалықты әсер ете қоймаған. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені ел десе болды, ол бәрін ұмытады. Оған бұл өмірде керегі де,тек қана сол еді.Онысы,ел мен жұртының амандығы ғана сияқты. Басқа қызық, басқа ой, онда жоқ. Қандастарының бірі басын шұлғып: «осы қалай болар екен?» десе болғаны, Барлыбекті сол арадағы елдің ішінен табасың. Ештемеге қарамастан соларға жеткенше асығады. «Сонысы не екен?» деген бәйбіше ойы қазір өзіне тұнғиық болып көрінді. Әрдайым пайда болатын осындай ой тіпті көбінесе қамкөңілдіктен ары аса алмай тұрғандай болып сезілетін. Қазір де, солай болып көрінген.Бәйбішенің өзі де, дәл қазір Барлыбектің елді көруге асыққан көңілін баса алмайтындығына қамығып тұрғаны осыдан еді.
Екінші тарау
Барлыбектің елге бұл жолғы келісі де, осылайша болып шықты.Келе салып, дәл бұрынғыларына ұқсас ел ішіндегі көп істерге бет бұрумен басталған.
Былайша елге келіп, «емделем» деген дәмесінен түк шықпайтын сияқты. Бәйбішесі Еркежанның да шарасыздықтан түңілген күйі еді.Бір жақтан, Барлыбекті ауру қысса, екінші жақтан, елде қайта – қайта оны іздеп, ауруына ем іздеуге мұрша бермей жатқан.
Барлыбек осы жаққа келеді дегеннен елде оныасыға күтіп отырған. Өйткені, Барлыбек «осылай шығады екен» деген сыбыс оның өзінен бұрын елдегiлерге келіп жеткен.Осы кезде елдегілер елеңдеп, тағы да оның жолын аңдығандай болып жүрген.
Бұл келісінде де, ел Барлыбекпен жолығып қалғысы келген.Сол арқылы өздеріне түйткіл көрінетін көп жағдайдың басын шалып, бiлгiсi бар екендігі белгілі бола бастаған. Әсіресе, соңғы жылдар бойында Барлыбек пен елдің арасындағы осындай қатынас осылайша орнап, өзінің жолын тауып кетіп жатқандай еді. Және мұндай арақатынас талай сыналған, көпті көрген арақатынас болатын.
Барлыбектiң өзi де елдің осындай сыңайына көніп қалған. Тіпті сондайлық райын көрсетіп, ел ішіндегі әр бір істі қалт жібермейтінді бойына сіңіріп алған. Оның өзi болса да, осы кездесуді күтіп жүргендей екен.
Көп жағдайда Барлыбектің мұндағы ел жақсыларына жолығып, түйiнi көп тiрлiктiң толғауына зер салып, байлауын айтатыны бар.
Елдiң iшiнде болып жатқан тiрлiктi бiлуге құмартып, халықтың мұң – мұқтажынан хабардар болуды да, Барлыбектің өзі де кей уақыт аңсайды. Ел iшiндегi ахуалды көрiп – бiлгiсi келедi. Сондықтан болар, өзiн – өзi дәрiптеп, құрметтеп, дабыра жасайтындарды ол мүлде жек көретiн. Мұндай мінезден өзін аулақ ұстайтын.
Барлыбектiң елге шыққандағы, дем алып, денсаулық түзеуге келдiм дегені тек қана аты ғана еді. Елге келiп, жетпей–ақ, оның келуiн күтiп отырғандар дайын тұратын.Солар Барлыбекті ата қонысына бiр қондырмай, аяқ – қолын жерге тигiзбестен, жабыла сұрап, қалап алып кететін.
Осындай қауырт істер болса керек, ел шетiне жеткен Барлыбектiң біресе Көктөбе, біресе Сүттіген мен Көкқияда отыратын кәрi әкесiне сәлем беруге де мұршасынкелтiрместен, дес бермейҚарағашқа ала жөнелетін. Бұл жолы да солай болды.
Өйткені бұл жақтағы тындырарлық істің ендігі кезегі Қарағашта күтіп тұрғандай еді. Болсын – болмасын, Қарағашқа жиналған осы елдiң бар жақсылары мен атқамiнерлерi Барлыбекті бас салардай болып, анталай күтіп отырған. Оған себеп, күннен – күнге елдің іші тарылып бара жатқаны анау. Күнкөріс жағы болсын, басқасы болсын, әйтеуір Сырттанның баласына айтар әңгіме елде көп сияқты. Соларды онымен ақылдасып, бір жағына шығарып алуды мұндағылар жөн көрген.Олардың Барлыбекті күтiп, жолын қарапжүргендігісісодан болатын.
Осы жақтың ру басы, ақсақалы, би – болыс, үлкендi – кiшiлiсі, жуанды – жiңiшкелi атқамiнерлерi тегiс бұрынғы Арасан болысы, бұл күнде осы араға би болған Сейiтбаттал қажының Қарағаштағы қыстау үйiне жиналған себеп те осыдан басталған.
Сейiтбатталдың абажадай үйiнiң iшi ыстық болды ма екен, әйтеуiр жиналғандардың бiр қатары аула iшiндегi жемiс ағаштарының көлеңкесiне жайғасып, әңгіме айтуға кіріскен екен.
Жан – жақтың бәрі миуалы бақ, алма мен өріктен көз тұнады. Мұндағы өсетін жеміс пен жидек арасы сүт пісірім болатын Тасбекет пен Ақсуда «неге өспейді екен?» деп қазір осында отырған қазақтар ойлайтын да болар. Бірақ соны бұлар қолға алғысы келмейді. Әбден соған үйреніп кеткен. Мүмкін бұрындары солай болған да шығар? Мал – жан еңселі, көшіп – қону көп болған. Бұл жақтың қазағы қыстауда қыстың қақаған қара шұнақ аязында ғана отырғаны болмаса басқа уақытта үнемі көшіп жүретін. Оған малдың ыңғайына қарата жер де жеткілікті болған. Бұл күнде ол жоқ. Жердің шұрайлысын келіп жатқандар алып бітті. Әдейі жасалған қыястық сияқты тілім – тілім қып, орағытып, жүрер жол, көшетін жер қалдырмады. Қазақ естімеген сөз шыққан оның аты шырыспол (чересполосица) деп аталатын көрінеді. Сол шырысполмен қазақ отырған жердің бәрін орыстар мен казактар қоршап алып, қазағыңды тырп еткізбей қойды. Көшейін десе «егінімді таптадың, шөбімді құрттың»дейді. Қымс етсе «батрап(потрава) жасадың» деп актілеп, қазақтың малы мен пұлын қағып алады. Онан қалса, «жайлауға көшсең, өтетін жер брагон (прагон) береміз, ақшасын көп қып берсең болды» дейді. Тіпті, атам заманнан бергі қазақтың жерін өзіне жалға сатып, әрінін (аренда) алады. Сүйтіп қазақ бір жола тұралап, сорлап қалған.
Бұл күнде нашарлар мал ұстамақшы күйден кеткен еді. Тіпті көбінің үрерге иті қалмай барады. Ондай қазақтар жайлауға шығып, көшпек түгіл, паналайтын жер іздеп, ауыл – ауыл бола бастаған. Қазіргі Сейітбаттал ауласында өсіп тұрған жеміс пен жидек енді солардың істейтін ермегіне айналмақшы. Бірақ қазаққа жеміс пен жидек, көкөніс пен көкшөп бұл кезге дейін азық болмапты. Оны қазақ ас деп місе тұтпаған. Қазаққа бір уақыт ет жеп, ағарған ішпесе, көздері кіртиіп, бұралып шыға келеді. Қазақ әлі мұндайға үйренбей тұр.
Жиналған жұрттың бір қатары қымыз бен шұбатты емін – еркін ішісіп, өткен – кеткендi айтысып отырған. Қазіргі әңгімеде көбінің ермегі осындай қысыр сөз бен мал мен шаруаның ар жақ, бер жағынан аса алмай тұрған жайы бар.
Осылардың арасында ақсарылау келген, дөңкиген мұрнының бітер тұсы қоңқақтау болып көрінетін, пiшiнi кесек, тұлғасы етжеңдiлеукелген Нұрлан би ерекше көрiнедi. Ол осы кезде кескiнi бiтiмдi қой көздерiнiң қарасын әлденеге қадағандай боп, далада отырған топтың арасында жалғыз өзi сөйлеп отыр.
Қазiр оның жуан даусы сәл күңгiрт тартқандай болса да, сол дауыстың астарында зiл бар сияқты, кей – кейде тiптi ызамен шығатындайболып білініп қалады.
Би қазiр әр нәрсенiң басын бiр шалып қойып, күңгiр – күңгiр етiп сөйлейдi кеп. Сөзiнiң кей тұсында дәл төбеден түсiргендей қып турасынан айтса, кейбiрде тiптi орағытып алып, алысқа кетедi. Сол кезде оның сөзiнiң түйiнi кейде күллi қазаққа ортақ түйiн болғандай бола қалса, ендi бiрде сырғытып тым жақындау қып, бастырмалатып айтады.Онысы осы маңға, жақын жерге керектi сөздер болып шыға келеді.
Бидiң қазiр ненi тұспалдап, не айтып отырғаны белгiлi болды. Оның бұл айтқандары заманның азып – тозып бара жатқандығы, күннен – күнге елдiң де күйі кетіп, құлдырауға жақындағандығына да күйзеле түскендiктiң бір белгiсiндей болып көрінеді.
Бидің қазіргі айтатыны, соның көп қырсығының бiрi болған ішкіліктің жайы болып тұр. Оған қоса құмар ойынның да, сан алуан түр – түрі де, қазақ ішінде пайда бола бастаған. Әсіресе, ел арасында қарта ойыны деген сұмдық шыққан. Сонысы қиын болып тұр. Бұл дерт те қазір Матай елі тұрмақ күллі Жетісуды жайлап барады. Биді күйдіретін жайдың басы осыдан басталған еді.
Нұрлан би ендігі сырды сол жақтан тартпақшы ниетпен, тағы да елге қарап, бойын жиған ол даусын саңқылдата:
– Қазақ баласы осы күнi арақ деген уға да үйiрсек тарта бастады.Бұл дерттің бізге де мәлім болғанынааз уақыт болмады. Енді соған қоса ел iшiнде маскүнемдiк етек алып бара жатыр. Алдымен оны Қапал, Сарқан, Тасбекет сияқты кенттi жердегi шет жақтан келгендер көрсеткен едi ғой, сондайлықты «кісібұзар найсаптың» не екендiгiн. Содан кейiн оның дәмiн татқан қазақ қойсын ба, арақ – шарапқа үйiрлiгiн онан сайын үдете түскендей болды. Айтпады демейік, осы өткен жолы ғана Есенқұл қажыға Қапалдағы көпестер осыған қатысты көп нәрсені айтыптыдейді.Соларға қарағанда, орыстың өз ішінде де, осы ішкілікке «қатты қарас болып жатқандай екен». Өйткені біреулер, «халықты ішкілікке салып жатқан үкімет» деген әңгіме шығарса керек. «Қазынаға арақ сатудан түсетін пайда мол болғандықтан олар әдейі өстедіекен. Тіпті ішімдіктің сатылуынан алынатын салық бар» деген әңгімені де айтқандай болыпты. Тіпті олардың арасында осыдан шығатын даугершілік болып жатқан сияқты. Олай болса өкіметің де қарап тұрмай, кірісер бұл ішкілікті құртуға – деп, би тағы бір елденерек, тың әңгіме бастап кетті. Аннан – мыннан естігендерін ортаға салып, ішкіліктің елге істеген қиянатын ел ағаларының бетіне басатыны бидің ұдайы дағдыланған мінезі.
Осы кезде адамдардың шуылы басылып, үйдің іші сілтідей тына қалған.
Бұл әңгіменің бойында талай атқамінер төмен қарап, «атымыз аталып кетер ме екен» деп, жер шұқығандай болып отырған.Солардың көбінің көңілі күпті болып, сөйлеуге іркіліп, сырт айналардай болып, ығысардай болып отырған.Тіпті сондйлардың үндемеске бекінгендеріне қарағанда, іштерінен: «осы әңгіме тезірек бітсе екен» деп отырғандай. Өйткені, өздері сондай, қара бастары таза емес, мына айтылып жатқан сөздің ішінде басқан іздері сайрап жатқандар да солардың ішінде. Ондайлар бастарындағы сондайлық міндерін мойындарына алмайтыны бар.Көп атқамінерден ерекше жерлері,беттеріне салық боларлық батпандай қылықтарымен,игі жақсының бірі болып жүргені болмаса?...
Атқамінер біткеннің қайсыбірі тіпті сондай болмаса да, бірақ ауылындағы мұндай теріс пиғылды тоқтата алмастан келе жатқан. Мұндайлар да, өздері жаман жолға түспесе де, түскендей болып, күпті көңілмен сөзге қаларын алдын – ала сезгендей болып отырған. Би бір жағынан сондайларды меңзегендей болып сөйлейді. Оның астарлы сөздері қабақпен ғана білініп, сыпайы айтылып, жай естілсе де, мұның ар жағында батпандап салмақ жатқандай болып естіледі.
Бұлар да аналар сияқты татар заһарын татып, көрер қаһарын көріп, енді бұл жерден безе түскісі келетін сияқты, қуыстанып отырған. Олардың бар арманы заржақ бидің жаңағыдай өз ойын аяқтатуы болып тұрған. Бірақ ол тоқтар емес. Онан сайын қадала түсердей. «Игі жақсы болсаң алдымен басыңдағы мініңді түзе, басқаға үлгі бол, елге қызмет ет!» дейді. Бидің талабы сол ғана.
Солай болғанымен осы сөзді қолдаушылар да бұлардың арасында бар екен. Ондайлар бас изесіп, «бидікі дұрыс» деген ишарасын білдіріп, тіпті Нұрлан биді құптап қояды.
Бірақ дегенмен де, дәл қазір бел шешіп, сөзге кіріскен ешқайсысы жоқ. Ондайлар, мүмкін қазір сөз кезегін күтіп, үндеспей отырғанда болар. Ыңғайы келген тұста, олар да,қашанғыдай,бұл әңгімеге араласып кетпек. Ал дәл осы кезде өз кезегін күтіп отырған сыңайлы. Сондайлардың бірі осы маңдағы «Қарашілік» ауылының старшыны Көлдей Аязбай еді.
Нұрлан бидің осы сөзі әсіресе, Аязбайға жағып бара жатқан сияқты. Аязбай старшынның көргені көп, көкірегі ояу кісінің бірі екені рас. Осындай өзіндік мінезі де оны ерекше етіп көрсететін. Осы жағынан да, басқа жағынан да, ол ел ішіндегі істерге көп араласып,елге көп танымал бола бастаған.
Қазір сөзге араласпаса да, жан – жағын жіті бақылап отырған Аязбайдың ақсары келген байсалды жүзі сәл ашыла түскендей болып, күреңіте қалған.
Орталау бойлы, толықша келген Аязбай старшынның салалы келген қомақты қыр мұрыны әсіресе, оны осындай кездерде сұсты етіп көрсететіндей,дөң болып біткен. Еш абыржуды білмейтін, байсалды жүзіндегі салмақтылық оны көп кісіден ерекше етіп көрсететін сияқтанады. Қазірде солай көрінетін сияқты. Бірақ, басқа кезде ондай емес. Аязбай старшын көбінесе өзінің бойына туа біткен жайдары мінезінен бірде бір ауытқымайды.
Бағанадан бері,Нұрлан би бастап кеткен бұл әңгіменің тұсында ол бірдемені күткендей боп, сәл тыпыршыпотырғаны басқаларға байқалған. Сондайлық кейпін білдіргісі келгендей болып, осы бір тұста Аязбай отырған жерінен қозғалақтап, біресе тамағын кернеп, қайта – қайта жөткірініп те қойды. Оның бұл қылығын Нұрлан би елден бұрын шалып қалған. Өйткені, бидің үлкен қой көздерінің қиығынан отырған жұрттың бірде – біреуі кенде қалмайтындайы бар. Сондықтан ол бәрін байқап тұрады.
Бұл кезде Аязбай сөз алмақшы ниетпен қолындағы қамшысын да алдына тастай салған болатын. Осылайша, сөзге кірісетіндей түр білдіріп қалғаны бекер емес сияқты.
Жиындағы көп жұрт та Аязбайдың мұнысын аңдап, оның не дерін күні бұрын ойлап отырған еді. Олардың бір қатары сезетін сияқты, оның не айтатынын. Әсіресе, сөз арнасы білініп, қазіргідей нобайы көрініп тұрса мұны тез аңғаруға болады. Айтылып жатқан әңгімеге қатыстыны алдымен де іске асырып жатқан Аязбай болса, оның не айтары белгілі болды. Шамасы мына әңгімеге байланысты оның да айтары бар сияқты. Соны күтіп, ол қазір отырғандарды көзінің астымен бағып қалған. Оның қарасынан отырғандардың кейбірі бұғып қалғысы келердей, түрлері абыржып, тайсалақтай береді. «Ұрының арты қуыс» деп, ондайлар «артымды ашып қала ма» деп, Аязбай көзіне түспеуге тырысып отырғаны да, мүмкін содан шығар?
Бірталайдан бері, Тоғыз Матай елінде Аязбай старшынның аты шыға бастаған.Онда да,біраз өнегелі істеріменелдің көзіне түсіп, жұрттың ауызына ілініп жүрген. Сол кезде ел іші біраз дүрлігіп кеткен. «Аязбай сүйтіпті. Аязбай бүйтіпті» деген әңгіме де, елдің құлағына жағымды естілген. Оған себеп, осыдан біраз бұрын Аязбай осы Қарашілік ауылындағы ұрлыққа жақын, құмар ойын ойнайтындар мен арақ ішкіштерге қырғидай тие бастаған. Оның осы ісі тез арада елге тарап кетті.
Аязбайдың мұнысы бір жағынан өтірік айтып, жаңағыдай жағымсыз істермен шұғылданатын кісілерге жақпаған. Оның үстіне, ол тіпті, былтырдан бері өз қарауындағы ауылда бұндай басбұзарлық істерге тиым салдырған болатын. Қазір де, ол старшын болып тұрған Қарашілік ауылында сондайлықты замандыорнатқан.
Осы сөз өрбіген кезде Аязбай өзінің жасап жатқандарын көпшіліктің талқысына салып, олардың осы туралы пікірін естігісі келгені көрініп қалды. Бір жағынан бидің айтқандары да осыған дөп келіп тұрған секілді. Ендеше Аязбайдың мұндайды «құр жіберіп, қапы қалмайын» деп отырғаны содан да болар ма еді?Олай болса, Аязбайдың дәл қазір дәмелі сөзге қашан кірісер екенмін деп, тықыршып отырған сәтіболатын.
Аязбайдың қазіргідей бар бітімі осыны білдіріп тұрғандай көрінеді. Оның ақсары жүзісәл қызара түсіп, онан сайын шырайлана қалғандайкөрінеді. Сөз күткен старшын жан – жағына сергек көз тастап қояды.Ішінен айтылатын ойын жинақтап, сөзін тиянақтап тұрған секілді.
Аязбайдың осындай сипаты мүмкін кезекті сөзге кірісер алдындағы ішкі ойларының серпінінен де болар.Ол қазір би жаққа қайта – қайта көзін тастап қойып, әр айтылған сөзді нобайлағандай болып отырған. Оның түпкі ойы осыған байланысты сөз айтып қалу болып тұрғанын биден басқа көпшілік те сезген еді. Олар Аязбайдың бірдемені күтіп отырған түрінен соны көріп, біліскендей болды.
Нұрлан би, Аязбайдың сөйлегісі келіп отырғанын бағана байқаған. Оның ауылында болып жатқан оңды істердің де шет жағасын естіген. Соның жолын мына отырған ел ағаларына айта кетсін деген оймен оған да кезек бере кетуді жөн көрген. Би соның амалын іздестіріп жатқан еді. Сондай оймен ол ендігі сөзді Аязбайға ниеттестіріп, соған қаратып айтқандай етті. Нұрлан би даусын созып, ашыла сөйлеп:
– Аязбай старшын, ауылындағы арақ ішіп, құмар ойынға үйірсек немелерді әбден ауыздықтады. Әсіресе, арақ қуалап, қарта ойнайтындар сап болды. Ондайларға бүкіл ауыл болып, не істеп жатқандығын, олай болса өзінің аузынан естілік – деп, Аязбай жаққа сүйсіне қарап, оған басын шұлғып, иек қақты жасады. Бұл оның бір жағынан Аязбайдың жасағандарына қолдау білдіріп тұрғандай болып білінді.
Жұрттың назары енді Аязбай жаққа ауып кетті. Осы бір сәтті ұтымды пайдаланғысы келген старшын бір жағынан елдің қаңқу сөзін де тиып тастағысы келген. Өйткені, өзі бар, бүкіл ауыл бар жаңағыдай кісі біткенді қыспаққа алғанда олар да қарап қалмай қисынын келтіріп, елге оны жамандап шыққан еді. Сондағысы, «Аязбай өзіне ұнамағандарға осылай істейді» деп,айтатын көрінеді.
Қазір соның бәрі Аязбайдың есіне түсіп отырған. Өздері кінәлілердің әдеті емес пе, басына түскенде, бас салып бәлені біреуге жабатын. Енді не қылса да, Аязбай бар бәлені, сондайлардың өз басынан іздеп, өздерінен екенін айтқысы келген. Әсіресе ел ағаларының ішінде, осындайда айтып, ондайларды құтыртпауға бел байлаған. Бір бастаған істі аяғына жеткізу, старшынға ұнайтын.
Сонысына салып, Аязбай асықпастан, бипаздап сөйлейтін әдетімен:
- Әнеки, Нұрекеңдей би ағамыз мұны да дұрыс айтады. Осының бәрі
тегі күні бүгінгедейін біздегі айтылмай жүргенәңгіме емес. Құдайдың құтты күні айтылады десе болады. Бірақ, көбіне – көп, мұның да нәтижесі аз болып жатады. Неге десең? Мұның өзі кейбір ағайынның жетесіне жетпей қалатын кезі көп. Айтылатын жай, нақты іспен піспегендіктен сөйтеді – деп,ренжіген түрмен, отырғанелге қарап қойды.
– Бәсе, осыңды айта отыр,
– Ондайларды, қалай «жынойнақтан» аластатуға болады?,
–Осыны бізге де,қалай істеуге болады?,
–Біз де білелік,соның жайын – десіп ел де шу ете қалысты. Кейбір дауыстардан қағытпа, әсіре кекесін шалу да байқалып қалған. Оны Аязбай старшын сезіп қалса да ешқайсысының жөнін жөндерлік жауап қатпады. Жаңағыдай қағытпа сөзге еш қысылмастан ұстамды қылық танытып отырған сияқты. Сәл ойланып қалғанолтағы да би жаққа көзін салып, ойлы жүзбен қарап еді. Ол үндемей басын изеді. Аязбай ендігі сөзін бастап кетті.
– Олай болса, соған жетудің бір ғана жолы бар. Онда, мен тек соны ғана айтайын –деп Аязбай бұл жолғы сөзінөзі басқарып отырған ауылдағы жайдан бастады. Ол қабағын керіп, тамағын кенеп қойып:
– Ондай – ондай, арамтамақ, жетесіздер іздесеңіз әр ауылдан табылады. Ал енді соған қарата айта кететін тағы бір күш бар.Ол не десеңіз? Ауыл – ауылда елге жөн айтар, ақыл берер үлкендер де бар...Олар не бітіреді екен, сонда?...
Аязбайдың сөздерінде, көп күдік пен қобалжу да байқалып қалған. Ол әлі бітпеген ойын аяғына жеткізбек болып:
– Ең құрыса, осындайларды тәрбиелеуге ат салыспаса!Соған қарағанда, алдымен ондайларды ауыл – ауылдағы үлкендер, ақсақал мен қарасақалдың ортасына салу керек. Сөйтіп, әбден илеп алу, әбес емес. Тіпті, оған көнбесе, «арамыздан аластатамыз» деп, қорқытып алған да абзал. Ондайларға солай істеу қажет сияқты, ағайындар! Сонда ғана көнеді, көнбей қайда барады. Тіпті көнбей бара жатса, ондай сілімтіктерге «ортамыздан бір жола кетесің!» дегізетін салмақтың да дәмін татырған жөн. Осы күнге дейін,өзінің ортасынан айрылып, қол үзгендердің басқа жаққа жақсы сіңісіп кеткендігін естімеппін. Әрі – беріден соң, солай істеуге де мәжбүрлеуге болады. Әрине, ондайларды көндіру үшін, сүйту керек. Әйтпесе, мұндай істің тығырыққа тірелетіні, тағы өзімізге мәлім екені рас. Сонда,қарап отырсақ, бұл көпшіліктің ісі болмақшы екен. Көптің аты,көп қой. Көп батырып та, қорқытып та айтады. Тек қисынын келтірсе болғаны.
Тіпті, менің «артық кетті» дейтін жерім болса, мұның жөнін қазір күтіп отырған адамымыз Барлыбек білсе керек. Ол да осыны айтқан болар еді. Барлыбек,өзі ыңғай осыған тиым салуды айтып жүр ғой. Оның бізге жақсы өнегелі өміршежіресі туралы айтпағы сол бір «Ынтымақ ережесі» деген өнегесінде айтылған жоқ па еді?«Әр жерде, әр ауылда осыған тиым салынсын»– деп, мұны тиюдың әдіс – айласын алдымен тамам жұртқа айтып кеткен де сол еді ғой. Тек, Барлыбектің сол айтқанын қалың көпшілік іске асырсақ болғаны – деді.
Аязбайдыңқазір жиналған елдің есіне осыдан біраз бұрын болып өткен жайды салып тұрғаны бекер емес еді. Оның айтқандарының жаны бар. Бұдан біраз бұрын осы жақтағы ауылдарда Барлыбек шығарған «Ынтымақ ережесін» ел естіп шыққан.Қазақ ауылдарына соның бәрі тез тарап кеткен. Қазір айтылып та жүр. Елдің көбінесе баққан сөзі де осы болатын.
Аязбай старшынның айтып тұрғаны да соған байланысты әңгіме болса керек.
Бұл кезде елдің абыр – дабыры аз ғана басылып, сәл де болса тыныштала қалған.Өйткені, мұндай жағдай әр жерде, әр ауылда бар.Бірақ болса да оны тиятын күштің жоқтайы да біліне бастаған. Ел ағаларының ойланып қалғандығы да содан еді. Осыдан барып, бұл істің қиындап бара жатқандығы білінген.
Нұрлан би елге осыны қалай тиямыз дегенде, Аязбай старшын соның тәсілін ашып бергендей етті. Құр сөз емес. Өз ортасынан, өз ауылында болып жатқанды мысал етіп:
– Мұның жолы осы, әсте осыдан біз бір де жаңылмауымыз керек – деп барып тоқтаған еді.
Өз ауылында осы бір келеңсіз жайға көп зер салып, назар аударған Аязбайдың аузынан шыққан сөз көпшілігін ойландырып тастаған. Оларға салсаң ауыл аймақтарына бара салысымен мұны да қолға алмақшыдай болып, білек түрісіп отырғандай көрінеді.
Бұл жайға осындай қолдау көрсетіп, ақыл берген Аязбай сөзіне барлығы бірдей құлақ түріскендей болса да әзірге осыны ұққандай болып, «дұрыс екен, жөн болды, қайырлы болсын!» деген ешқайсысы болмады.
Барлығы бірдей шұқшиысып, төмен қарап үндемей қалған. Аязбай да, «менікі осымен бітті, қалғанын өздерің білерсіңдер» деген кейіппен отырған орнына жайғаса берді.
Осы бір Аязбай аузынан шыққан сөз, барлығына бірдей тигені бар. Оның үстіне шарасыздық не істетпейді. Старшынның айтқаны, бұл жерде тағы бірді еске түсіре кеткен. Енді оны айтпасқа жол жоқ. Би мен болыс, атқамінерлердің ойланып қалғандығының өзіндік тағы бір себебі бар болатын. Оны қазір бұл жерде Нұрлан би де, Аязбай да айтпаған еді. Бірақ мұны осы отырғандардың әр қайсысы іштей сезіп отырған. Ол бұлардың әр қайсысына белгілі жағдай екендігі тағы бар. Өйткені, ондайлар да осылардың арасында отырған еді. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, қу береке, арақішкіш, өңшең сауыққұмарлар ел ішінде көбейіп кеткен. Несін айтасың, елге өнеге боларлық атқамінелердің арасында да арақ ішіп, қарта ойнайтындар пайда бола бастаған.
Осы жай елге де көп әсер етіп жатты. Тіпті, тоғызыншы ауылдың старшыны Әліпбек сияқтылар әуелі араққа тойып алып, аузына папиросын тістеп отырмаса, кісімен сөйлесуден қалып барады. Онан қалса, ішкені арақ, ойнағаны қарта, мұның арасында ойнастыққа салынуды да ұмытпайды. Осындай, елге үлгі көрсетерлік атқамінерге Нұрлан би мен Аязбай сияқты старшындардың «шамасы қалай жетер екен?» дегендей боп, әліптің артын күтіп, аңдысып қалғандар да бар.
Осындай ойға бөленіп, әр қайсыөзімен – өзі болып, осы тұсты қалай әкетерін білмей отырғандар бұлардың арасында көпшілік екені тағы рас. Жиындағылардың осыған бола, «бұл жағы қалай болар екен?» депойласып қалғаны да содан болса керек.Мұның өзі елді ойландырғаннан бұрын басқа деп айтуға тайсалтып тастағандай еді.
Осы кезде отырғандардың арасынан «мырс» етіп күлген күлкінің дыбысы естілді. Барлығы аңтарылып, «бұл кім болды екен?» дегендей, сол жаққа қарасты. Сүйтсе, Омар болыс екен күліп отырған. Оның мол денесіне жараса біткен ауқымды иықтары аздап селкілдеп барып, күлкіден енді ғана басыла қалғандай болды. Оның неге күлгенін басқалар әлі біле алмай отырған сияқты. Соны білгісі келгендей болып, көпшілігі Омар жаққа қарасты. Ол да басын көтеріп, үлкен қоңыр көздері жалт етіп, жан – жағына қарап:
– Айтылып отырған әңгіме көңіл көншірлік, дұрыс екені рас! – деп, ол отырған елге барлай қарады.
Елдің бәрі бұл уақытта тынып қалған еді. Барлығы Омар болысты «не дейді екен?» дегендей, күтіп қалған. Омар да, енді не де болса, өзінің жаңағыдай қылығын түсіндірмек болғандай пейілмен:
– Ұлы сөздің ұяттығы жоқ. Арақ ішу, қарта ойнау, нәпсіқұмарлыққа берілу сияқты кесепаттың арамызға кіргені рас. Оған басынан бастап тиым салынуы керек еді. Дер кезінде олай ете алмадық. Бұл реттен қарағанда, Аязбай старшынның істеп жатқаны әбден дұрыс болған. Сондай қимылды барлығымыз бірдей істеуіміз керек сияқты. Соның есесі кетіп отыр. Алайда, әлі де болса, осыны дұрыстап тұрып, қолға алудың керегі болып тұр.Туыс болып, аталас болып, ең аяғы көпшілікке салып, қолға алатын үлкен іс «осы шығар», деп ойлаймын?!
Жөнге келмейтін, тәрбиеге көнбеген, шеттен шыққансондайлардың кейбіреуін тіпті ел ішінен аластатамыз десек, болмас па еді? Сүйтіп көндірсек болмас па еді? Көнбей қайда барар дейсің – деді.
Отырғандар тым – тырыс бола қалды. Шамасы барлығының көңіл – дені осыған ауса да, суырылып шығып, «осылай болсын» дейтіндер кемде – кем. Әліптің артын күтіп, басқалар айтсын, солар «не дейді?» екен деп отырғандар бұл жерде басым. Әсіресе, өздері бұдан таза еместер қиындап қалған. Ондайлар төмен қарап, мөлиіп, мені де осыған қоса «іліктірмесе екен» дегендей болған жайы бар. Бұл да болса, оқшау айтылған, түсі бөтен әңгіме сияқты. Бұрындары айтылмаған, естілмеген, елге жат қылық болып отыр.
Осылайша, Омар болыс жалпыға бірдей сөзді құптайтынын білдіріп өтті. Оның бұл сөзі әңгіменің басы ғана сияқты көрінеді. Мұның әлі айтылмаған тұсы көп екен. Соның кейбірін Омар болыс естіртпекші болса керек. Өйткені отырған жұрттың бұл жайды бұрын соңды,еш жерде естігені жоқ шығар?
Омар болыс әлі де «айтарым бар» деген сыңаймен сәл серпіліп, бағанадан бері бүгіліп отырған зор денесін жазғандай болды. Салалы келген, ат жақты жағына қойған қою қара сақалын бір сипап қойып, тағы да сөзге кірісіп кетті.
Бұл жолы Омар болыс мұң шаққандай болып, тым қатты кетті. Өзі сияқты атқамінерлерді шекесін қыздырмай мінейтін мінез көрсетуге ашық шыққанын білдіріп:
–Мына отырған игі жақсы жинала қалып, сондайларды елдің арасынан іздейтін сияқты. Онысы бекер. Солардың кейбірі біздің арамызда да отырған жоқ па? Басқаға айтылғандар, сонда, оларға жүрмеу керек пе? Неге сондай кесепатты, арсыз істің арасына кіріп бара жатқан ел ағалары мұнысына жауап бермейді. Солардың бір қатары тіпті осында отырса керек. Олар өздері бұған не дейді екен? Елді түзу жолға салады дейтін сондайлардың өзін кім түзетерін өздерінен сұрасақ қайтер екен дейміз. Ондай болса, сондай шолақ белсенді, атқамінердің қатарында жүретіндерді қалай тәрбиелесек екен? Сондайлар әуелі өзі түзелмей жатып, басқаға қалай ақыл айта алады? Дұрыс жүр дегенді өзгеден талап етуге оның күші жетер ме? Әгарда, өзінің істеп жатқаны ыбылыстық іс болса. Жоқ олар үйте алмайды. Тіпті, сондайлар алысқа бармастан өзіміздің арамыздан табылып отырғаны қалай? Ондайларды қалай түзетеміз? Қалайша тәрбиелемекпіз? Соған қарағанда, мұны әуелі өзіміздің арамыздан бастаған дұрыс болар еді. Алдымен соны ойласақ қайтеді – деді.
Омардың айтпағы осы болды. Бағанадан бері осының төңірегінде бүгулі жатқан тағы бір сыр осылайша ашылды. Бұл осы әңгіменің ең қиын тұсының біріндей болып көрінгені содан да болар. Өйткені, әңгіме айналып келіп, енді міне, игі жақсының ішіне кірген екен. Солай болғанда, ондайлар осында отырғандардың арасында бар болып шықты. Әңгіме енді сондайларға тіреліп тоқтаған сияқты.Бір жағынан мұның өзі мұндағы игі жақсының ортасына түскен тастай ауыр сын секілді көрінді.
Омар болыстың мына сөзі арты таза емес атқамінерді оңдырмай кеткен еді. Тосын айтылған бұл мін көпшілікті бір уақыт абыржытып та тастаған секілді. Қалай болса да, оның сөзі Аязбай старшынның айтқандарын бір жағы құптатқандай болды.
Қанша айтқанмен айтылып жатқан сөздің дұрыс екендігі көпшіліктің көкейіне қонғандай еді. Бірақ соның бәрін қалай іске асыру керектігі ғана қиын тартып тұрғандай екен.Соған қарай, толғағы жеткен бұндай істің байлауы да пайымдала бастағандай болып көрінді. Әңгіме қыза – қыза келіп, сөзге қайта кіріскен Аязбай старшын:
– Елге қызмет ету оңай емес, оның да өз салмағы бар. Олай болса, сондай салмаққа жарамаймын деген ондай белсенді дереу жөнін табу керек. Көпшілікке қол байлау болмауын күні бұрын ойласын – деп қабағын түйді.
– Болыстардың айтқаны дұрыс. Ел ішінде екіжүзділіктің етек алып бара жатқандығының бір белгісі осыдан білінеді. Ел ағаларының кейбірінің елге былайша көрінсе, түзде басқаша көрінуі осы болар. Елге қызмет қыламын деп сынаққа түскен ондайлар болса, тағы да олар «нар көтерер» салмаққа шыдас бермесе, онда өз жөндерін күн ілгері тапқаны дұрыс! – деген шешімді Нұрлан би осы кезде бір жақты қып келтірді. Бұл істің шешімі де осылай пайда болып, осылайша шешімін тапқандай болды.
Сөйте келіп, енді бірде Нұрлан би сөзін қазақ баласының бүгiнгi өмiр тынысындай болған – малдың күйi келешекте не болмағына әкеп тіреген еді. Бұл да болса, күн көрістің қамы сияқты болатын күндегі кеңес. Тоғыз матайдың атқамінерлері енді «қазақтың тіршіліктің көзіндей болған малдың жайын да ұмытпалық» деген ауқымды кеңескекірісіп кетті.
Нұрлан би, бұл жолы да мол денесін елге бұрып:
– Барлығынан бұрын, еселеп келетін күннің ашығында мал – жанның жағдайын да ұмытпалық ағайын. Малға жақын болғандықтан бұған да көңiл қойып, құлақ түрсек, әсте дұрыс болар еді –деп барып бір тоқтады.
Талай істе, талай сөзде жөн айтып, жоралғы білетін би бұл жолы да қапы қалғысы келмейтін мінезбен, әзірге тоқтамайтын ниетпен:
–Қаба сақал қойған, қара шекпен кигендер үйреншiктi, жайлы қоныстан тағы итермелей жөнелсе қайтермiз? – деп, ол осы арада жиналғандарға үлкен ой сала кетті.
Ана заманда олармен арпалысып үлкен әкесi Қалқабайдың бауыры Тәнеке батыр өтсе, кешегi мен бүгінгі күні де сондай арпалысты еске алып:
– Күні бүгін шешуін таппаған Қаптағайдың – Ақтiлесi: Ақшора, Шаппасы мен Дуанының жұртында бола жаздаған жанжалдың аяғы немен тынары белгісіз еді. Онда да, мына келе жатқан Құлшан Сырттанның Барлыбегi күш салмағанда, мұның арты қайтер еді? Енді болмағанда жер үшін талас нағыз қан төгiске айналары һак едi. Елдiң шыдамы бiтiп, сойылға ұмтылған кезiнде Сырттанның Барлыбегi айырып алды ғой! – деді.
Нұрлан би айналасындағы кісі біткеннің көңіл – күйін қалт жібермейді. Олардың бет – жүзіндегі өзгерістерді көз қиығымен байқап, не ойлап отырғанын алдын – ала сезімтал күймен ұғатын кісі. Қазіргі бет алдысы соны білдіріп тұр. Үлкен қой көздерімен, әр уақыт елді бір сүзіп өтеді. Сап – сары жүзі албырап, екі беті қызара түскен бидің қомақты келген, қоңқалау мұрны қызара бастапты. Бұл оның қыза бастағанын көрсететін белгі. Адымы жазылып, ауқымы кеңи бастаған әділ би Барлыбектің де, елге істеген еңбегін зая кетірмей осындайда сөзге қосып, айтып қалған.
– Әйтеуiр жан мен малдың амандығы түгел болды. Әрине, Сырттанның Барлыбегi осыған араласып кеткендiктен, солай болды. Әйтпесе бар ғой басында дел – сал күйінде, қалғып – мүлгіп отыратын, енжар көрiнетiн қазағың iшiндегi бiреуi «әйт» десе болды үдере көтерiлетін едi. Сонан кейiн қынынан суырылған қылыш сияқты болған ол қазақты қайтадан қынына салып көр. Салғызбайды. Бой бермей кетедi – деді.
«Қазаққа ұлық та, билiк те, тіпті әр – беріден соң барлық та, байлық та таң емес. Қазақ басқаға мойынұсынуды жек көретiн халық. Өз бiлгенiн iстеп, еркiмен жүруге көп жақын, соған лайықтау, әбден дағдыланған халық» деген ойларды, осыған негіз боларлық сөзді Нұрлан би айтып та жатыр.
Бұл сияқты сөздер бидiң ой желiсiнiң түп ағыны iспеттес. Өзi бiлетiн, күнде көрiп жүрген қиын түйiннiң бiрегейi ғана.
Ел жақсылары Барлыбектей қарадан шыққан төресiн қарсы алғаннан кейін ауылдан тысқары жердегi Ақсу өзенiнiң бойына тiгiлген үйлерге барып түскен.
Осы арада арқа жазысып, асықпай отырып кеңеспекшi. Тағы да осының бәрiне ұйытқы болып, үй тiгiп шапқылап жүрген Қыдыралы – Қалқабай әулетi. Олар ел ісінен бір тынбастың өзі болып алғаны бұл күнде баршаға аян.
Қалқабайдың алшысынан түсетiн алты ұлынан тарағандар да осы жерге бас болысып, елге қызмет етугежиналыпты. Солардың арасында қара беріп жүргендері, Қалқабайдан тарайтындар: Медетбектің – Қалиi мен Әлiмжаны, Толқынның – Марланы мен Нұрпейiсi, Маманның – Ырысбегi мен Бейiсбегi және Тәнекеден тарайтындар: Разбектің – Әлібегi мен Мұсасы көзге түседi.
Бұл жердiң өзi көш кезіндегідей мәре – сәре боп, кәдімгідей бiр ауыл болып қалыпты. Ығы – жығы болып, қайшыласып жатқан аттылы мен жаяулар. Осының өзi анадайдан көзге бірден түсетін сияқты. Сонысымен де, мына бiр аяқ астынан пайда болған ауылдың өзі бір сыпыра жұртқа айналып қалғандығын аңғартып тұр.
Келгендердiң iшiнде алдымен Барлыбек, Нұрлан би, Сейiтбаттал қажы бастап үлкен қып тiккен боз үйге кiрдi. Бұлардың соңынан жиналған өңшең би, болыс, старшын бiрге кiрiсіп, жайғаса бастаған.
Жиналған жұрт өзара топтала қалып қауқылдаса сөйлесiп, елдегi мал мен жанның тiрлiгiн қоса айта отырысып, қызу әңгiмеге қайтадан кiрiсiп кеткен.
Бұл дағы, үлкен бiр кеңес басталар алдындағы болатын жай әңгiмеге ұқсаса да жиналған кісілердің ауқымы молдау көрінеді. Соған қарағанда айтылар әңгіме де ауқымды ма деп қаласың.
Осылайша басталатын әңгiменiң ортақ ой тудырып, ел – жұртты бiр мәмлеге келтiретiнi де рас. Сондайдың бірыңғайы осы жерде айтылмақшы екен.
Әңгiме қызған кезде оның өрiсi ендi жердiң жайына, қоныстың ыңғайына, малдың жайылымына ауғандай болды. Соның арасында мұндағы ортақ сөз: барымталанған мал, иесiн таппай отырған жесiр жайында да айтылып қалып жатты.
Кей – кезде сөз төркiнi қиқұлжып басқа арнаға ауып та кетедi. Ондайда кейбiр сөздiң бағыты да аяқ астынан өзгере қояды. Сондай әңгіменің басы мен қасы, сәл де болса, билiк басындағы байбатшалардың ел басқарудағы қимылдарына ауғандай болып, ондағы босаңдықты да көзге түртіп, атап кетеді.
Бұндай кезде сөз бағдары тұспалдап қана айтылады. Сол бiр тұспалдап айтқанның негiзi ретiнде «бұл қалай болар екен? Бүгiнгi күнi мынандай болса өкiметтiң жайы, биліктің жайы не боладыға?» келiп тiрелтіп, тамам жұртты ойландырып та қояды. Онан артыққа бұл отырған көпшілік бара алмайды.
Сол кезде бұлардың арасындағы мұндайға құлағы елең ете қалатын «саққұлақтары» құлақтарын түре қап, пісуі жетпей тұрған мәселені қозғап кеп жібереді. Мұндайда әңгімеге кіріспей қалмайтын жан жоқ.
Осы жерде қонақ асы келгенше айтылмаған сөз қалмаған сияқты.
Бұндағы әңгiме ендi бiр кезде әуелi Қапалдағы ұлықтар жайына көшiп кеткендей болды да, соның сарынындай боп, олардың билiк жүргiзуiндегi тапқырлықтары мен олқылықтары да сөз бола қалды. Олардың кейбiреуi осындайда мазақ болып жатса, ендi бiреулерi әзiрейiл болып шыға келгендейі тағы бар.
Мұнан кейiн елдегi билердiң билiгi жыр бола қалса, артынша сот пен билiк жайы сөз боп, ар жағында базар нарқы, сауда – саттық болып кетедi.
Әуелi келесi жылы көктем шыға кiм қанша мал Қоянды жәрмеңкесiне одан қалса Қарқара мен Жаркентке апарады, бұл да назардан тыс қалмайтын әңгіме өзегі болып түр.
Қазiргi қайта – қайта сөйлеп отырғандар Нұрлан мен Сейiтбаттал билер, Дубек, Құдайберген, Арнай, Омар сияқты болыстар, басқа да игі жақсы, бай – шонжарлар болса, ара – тұра бұлардың да сөзiне жауап қатып, бiрде сұрағандай болып, бiресе түсiндiргендей боп, осылардың арасында Барлыбек отыр.
Бұл жерде Тоғыз Матайдың бүгiнгi күнi бiтпейтiн дауы, шешiлмейтiн iсi жоқ сияқты. Ас iшiлiп, қонақасы желiнген соң, қымызды сарқа отырып, жиналғандар асықпай тағы кеңескен.
Бiр кезде сөз кезегiн алған Сейiтбаттал би отырғандардың бәрiне арнап бiр жанға батар, қатты сөз айтқан едi.
Сейітбаттал сондай сөзін арыдан бастап:
– Осыдан жетi – сегiз жыл бұрын бiр дуан ел болатын Тоғыз Матай тулап, жаңаша мектеп ашуға болмас, орысша оқыған балалар мұсылмандықтан бiр жола қол үзiп кетедi. Сөйтiп олар «кәпiрстанға» айналар деп едi.
Бiрақ бiз оған көнбегенiмiз һақ! Қалқабай әулетi жабылып Қарағаштағы мектеп пен мешiттi ерiккеннен салмағаны бұл күнде тiрi жанның бәрiне аян болды. Сонда басқа жұрт не үшiн байбалам салды? Сол жағы бәрiмiзге бұл күнде мәлiм болса да, оның ар жағын айтпай-ақ қояйын.
Сол Қарағаштағы мектепте осы елдiң бәрiнiң баласы оқыды. Оқып та жатыр. Былайша айтқанда бай – кедей, жалшы – малай, жуан – атқамiнер деп бөлместен Қалқабай ұрпағы елдiң барлығына бiрдей қарады. Оған гәп жоқ.
Бала оқыту үшiн бiз ұстаз бен мұғалiмдерге де, онымен қоса басқасына да ақы төлеймiз. Ондағы мешiтке де, маңайдағы барлық мұсылман бiткен мiнәжат етедi. Соның барлығының рысқұты осы күнге дейiн бiздiң мойнымызда жүр. Хош делiк. Бүгiнгi күннiң өскелең талабына сай емес деп сол мектептi де, онымен қоса мешiттi де, байытуға мiндет алып, қайта салуға кiрiстiк. Ол да болса аяқталуға жақын қалды. Бұған тағы Қалқабай баласы ғана шығындалды. Осы күннiң өзiнде мектеп пен мешiт салуға жетi – сегiз мыңнан артық пұл шығарылды. Әлi де болса шығын шыққалы тұр.
Бірақ, осы ортақ iске төңiректегi шамасы бар ауқаттылар қол ұшын бердi ме, өздерi бiлiп мынау менiң қосқаным дедi ме? Жоқ. Олай еткен жоқ – деп, Сейітбаттал тағы бір тың сөзді бастап кетті.
Сейітбатталдың мына сөзі отырғандарға біраз ой сала кеткендей еді. Өйткені, ортақ мектеп пен ортақ мешітке солардан басқа ешкімнің шығыны шығып жатпағаны ақиқат екені рас болатын. Сондықтан, Сейітбаттал сияқты би мен болыстық мансапты бірдей көрген, ақылды адамға осы жерде отырғандардың бірде – біреуі еш уәж айта алмады.
– Сондайлардың,осынысын біз білгіміз келеді? Онысы қалай екенін өздері айтса? – деп, Сейітбаттал «сөзім аяқталды» дегендей қып, ары қарата үндемеді.
Үй iшi қыбыр етпей үнсiз қалды. Әр кiм, өз кiнәсiн түсiнгендей болып отырған жайы бар секілді. Жиналған жұрт бұл сөздерді тереңнен ұқты ма, ұқпады ма, әйтеуір жым – жырт болып отыр күйі үндеспеді.
Осы отырған дүйiм жұрттың барлығы бірдей ел жақсылары болып саналатын болғаннан кейін, жаңағыдай сөз мүмкін қытықтарына тиген шығар. Мұндайлық сөзге ауыз ашарлық қауқар ешкімде жоқ сияқты көрінеді. Жиналғандардың барлығы бірдей осы кез не бiр айтарға сөз таппағандай, тіс жарып, тырс етпей отыр. Қайсыбiрiнiң есiнде әлi күнгi ұмытылмастай боп қалған осы жағдайдың бұрынғы жұрнағы бар болатын. Мағыналы сөз өзінің нысанасына дөп тигендей етті.
Мына мылқау үнсiздiктi жойғысы келгендей боп, бір уақытта сөзге тағы да Нұрлан би араласты.
Би айналасына сергек қарап алып, толық келген денесiн сiлкiп қалғандай боп, түзеліп алды да артынша жинақыланып отырды. Оның ақсары жүзi онан сайын нарттай болып қызарып кетiптi. Сәл жирені аралас, ақ бурыл тартқан сақалы онан ары қылауланып, бұл күнде бидің қартая бастағанын білдіріп тұр.
Нұрлан би әдеттегінше тамағын қырнап, жөткiрiнiп алды да:
– Сейiтбаттал биқажының айтқандары дұрыс болар. Оның дұрыс екендiгiн мынадан байқау керек. Сол баяғыдай болған кертартпалық ыңғай бiздiң арамызда әлі қалған жоқ. Ондай әдетіміз біздің арамыздан тағы табылады.
Онан қалса осы күні Қарағаш мектебiнде орысша оқыса балаларымыз мұсылмандықтың ақ жолынан тайып кетедi деген салқындық өсиет те бір қалмай келеді. Сондай – сондай кертартпалық ғадет жауыннан бой алған өлең шөптей болып бүгiнгi күнi де қылаң бергенiн бір қоймай қойды – деді Нұрлан би елді имендіре сөйлеп.
– Бұл өзі қалай болғаны сонда? – … деп, ол әр сөзін үлкен толғаныспен, даусын саңқылдата түсіп, кейігендей раймен білдірді. Бидің даусы әлі де қатқыл шығады.
Нұрлан би, онан сайын шабыттана түскендей боп:
– Солай екен деп, дүйiм жұртқа ортақ iске қолқабыс беруден тайынбақпыз ба? – … деді.
Оның бұл сөзі бой тасалап, үндемей қалғандардың пысын онан сайын баса түскен. Бидің сөзі нақ бір мірдің оғындай қадалады. Би онан сайын іркілместен:
– Оның жөнi қалай болмақшы екен? … Бұған селт етпестей боп, тағы да ауыртпалықтың бәрiн Қалқабай заузатының мойнына бiржолата артылсын десеңiздер оған да көндік. Ондай болса, ең құрымаса елден жиналатын зекет, түсетiн құрбандық тәрiздi төлемдерден мектеп пен мешiт құрылысына жұмсалса қалай болар едi деген сауалды ешқайсымыз қоймаймыз. Бірақ сондай сауал осындайдан туындайтын сияқты. Солай болатыны анық.
Ал керегі бар кездері, айтылған істер тоқтатылмай істелініп жатады. Тіпті оған кететін уақыттың көптігіне де қарап жатпайды. Өйткені ол керек шаруа ғой.Сондайда қазiретi бар, имам мен молдасы бар елдi аралап, зекет алып, падихасын берiп те жатады. Оған талас жоқ! – деді Нұрлан би. Сөйтіп осының төңiрегiнде бiраз ақыл боларлық сөзді Нұрлан би тастап өттi.
Бұл оның ашынғандықтың емес, елге қаратып, осыны түсінсе екен деген ниетіндей болып көрінді. Сөйтті де, би қайта айналып шүйлiгiп кеп:
– Бiз сауын айтып, ата – баба аруағына ас берейiк деп отырғанымыз жоқ! Елдiң бәрiне ортақ болар iстiң жай – күйiн, алдын – ала ойластырғандай болып отырмыз.
Осы жайында бiздiң Есенқұлдай iнiмiз бен мешiт имамы Хасен молданың, ұстаз Файызрахман әпендiнiң және де көрші Лепсі жерінен келген Қалдыбай имамның баласы Ахметсафа сынды Алла ісіне берілген білгірлердіңайтарлары бардай – дедi Нұрлан би отырған игi жақсыларды сұсты көзбен шолғандай түр көрсетіп.
Нұрлан бидiң сөзiнен кейiн үй iшi қайта жанданғандай болды. Әр жерден күңкiл – күңкiл дауыстар шығып, әсіресе осы кезде көбісі бөтен ел, бөтен жерден келген жас жігіт Ахметсафа жаққа қараған.
Сұңғақ бойлы, ақ құба өңді жас жігіт Ахметсафаны осы жерге шақыртқан Есенқұл болатын. Есенқұл Ахметсафаның әкесі Қалдыбай имаммен бірге оның екінші реткі қажыға сапарында бірге барған. Қалдыбай қалпе бұған дейін де бір рет қажылыққа барып келген екен. Сол кезде ол осы Лепсі мен Қапал жақтағы көп кісімен бірге барыпты. Солардың арасында Есенқұлдың да ағасы мен жеңгесі Тұрысбек пен оның бәйбішесі Әбу және де құдасы Омар болыстың әкесі Боранбай тағы сол сияқты көптеген кісілер болыпты. Қалдыбайдай білгір дамулламен Есенқұл сонда танысқан. Кейінде өзінің баласы Ахметсафаны да ол Есенқұлмен таныстырған еді.
Ахметсафа осының алдында бірер жыл бұрын ғана осы өңірге Ташкент пен Бұқарадағы көп жылғы оқуын тамамдап, одан кейінгі ислам насихаты жайында біраз зерттеушілік қызметте жүріп қайтқан еді. Ол жақта Ахметсафа діни, әдеби, тарихи, пәлсапалық ілімді ізденіп жүріп оқып, ислам қағидаларын жетік білуге талпыныс жасапты.
Ахметсафа көп жылғы ізденудің арқасында дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұмат алып шыққан. Жүрген жерінде жаңалыққа жаны құмар, имандылық пен дәстүрдің жібін үзбеген орта қалыптастыруға себепші болғаны тағы өз алдына.
Бірақ, барған сайын ол жақтағы қоғами өмір күрделіне түсіп, Ахметсафаның діни белсенділік қызметі де сол заманға сай ауыр тарта бастаған. Оның ол жақтан кетуінің тағы бір себебі, ушығып бара жатқан ескіше кадим мен жаңашыл жадит арасындағы тайталастың өршуі болды. Осы бір келеңсіз жайоған әсіресе, қатты әсер етті. Өйткені атақты Қалдыбай қалпенің ұлы Ахметсафа қазақтың көп оқығаны сияқты,жадитшіл бағытты «дұрыс» деп таныған.
Ахметсафа ол жақта жүріп, өзінше жиған: арабша, парсыша, түрікше, татарша кітап пен қағаздарын түйеге артып, Жетісудағы Лепсі жеріне бет алған. Лепсіге келіп, түйелерге артылған теңдерін ашқанда, осыған дейін «Тәшкен мен Бұқардың талай әйбат дүниесін алып келген шығар»деп жиналған жұрттың таңданысына шек болмаған еді. Буылған теңдердің арасы толған кітап пен қағаз екенін көрген кісілер, «мұның базарлығы осы ма?» дескендей болғанымен, мін айтуға жас та болса шариғатшыл жігіттің тура мінезінен тайсалған. Сонда да туыстар жағынан Ахметсафа қадірлейтін кейбірі:
–Мұның бәрін не істемекшісің, бұл кімге керек? Өзің мен Бас молда, «Дамулла әтиден» басқа мұны оқитын адам бар ма? – десіп еді. Олардың «Дамулла әтиі» Ахметсафаның әкесі Қалдыбай болатын. Жеңгелері де қипыжықтап:
– Қайным-ау, тым құрыса арасына бізге деп, үш – төрт көйлектік бұл мен шайлық сарқыт әкелмегенсің бе? – деп, өкпелей бұртиысқан.
Тек, әкесі Қалдыбай имам ғана ондайларға қабағын түйіп: «оқу ілімнің түбі осындай кітап пен қағаздар арқылы беріледі. Баланың бекер жүрмей, ілім мен білім іздегенін осыдан байқаған шығарсыңдар. Бір күндік боқ дүниені жүк қылып, түйеге артқанша өзіне қажет асылын әкелгені дұрыс болған» деп ондайларды тиып тастаған.
Бұл жерге келе салып, Ахметсафадереу ел ісіне белсене кірісіп кеткен еді. Лепсі оязында әкесі ұстаған мешітте имам бола тұрып, мектеп – медреседе жәдитше бала оқыта бастаған. Жаңалыққа жаны құмар, имандылық пен дәстүрдің арасын үзбейтін ортаны Садыр ішінде қалыптастыруға Ахметсафа осылайша себепші болды. Оның сөзі төңіректегі елге жағымды бола бастағаны соншалық, ел де, оны құрмет тұтып, бағалап, біліп жүрді.
Қартайып, қажи бастаған әкесі Қалдыбай баласының мұнысына қуанып, оның имандылық жолына ақ батасын беріп, өзінің мешітін тапсырған.Қазірде, Ахметсафа сол мешітті ұстап, бір жағынан жәдитше бала оқытып жүріп, бір жағынан діни жазбалардың мазмұнын қарапайым халыққа жеткізуге де күш салып жатты.Ол қазіргі Қазақ елі сияқты мұсылмандық жұртқа ерекше серпін берген жадит ілімінің жақтаушысы болып алған. Бұнымен де шектелместен Қазақ даласындағы Абай сынды даналардың да рухани ниеттесіне айналған еді.Олардың алдымен рухты оңалту мәселелерін де айырықша бағалап, зерделеп, жұртқа жеткізіп жатқан.
Ахметсафаны көріп, біліскендей болған жұрт та бұл уақытта азғантай болса да саябырсып қалған. Сөйтіп, бағанадан бері томсырайып, тымырайып отырғанбіраз жұрт елең етісіп, болып жатқан әңгімеге ден қойғандай едi.
Әсіресе, Барлыбек бидiң сөзiн қатты ықылас қойып тыңдап отырған. Сонысын ол осы кезде Нұрлан мен Сейiтбатталға білдіргісі келіп,солар жаққақаратып:
– Билердiң айтқандарының қисыны бар қызық әңгiме екен, – деп қалған едi.
Сейiтбаттал да манадан берi саябырсығандай болып отырғанымен тағы да осы жолы өзiнiң бұл әңгiмеге «бес қаруы сай екенiн» бiлдiре:
– Бiз ертеңгi күндi ойлап отырмыз. Ертең мына отырған көпшiлiк, алдымен бай мен төресi пыш – пыш сөз тастап жүрмесе деймiз. Онда да мектеп пен мешiт саламыз деп, Қалқабай әулетi зекет пен құрбандыққа да ауыз салды дегендей қылса қайтпекпiз?! – деген.
Сейiтбатталдың мұнысы мүмкiндiгiнше алда бола қалатындай осыған байланысты бейiлдi, сыпсың сөздi де, алдын – ала болжағандай боп отырған сияқты. Ол осыларды уайымдап, ондайдың бетiн осылайша сыпайылап, жетесiне жеткiзе айтып, бір жола қайтарып тастағысы келген ойдан шыққан секілді.
Мына секiлдi жиынға қатысып отырған Каир мен Стамбулда көп оқып, дiни дәрiс алған Файызрахман Жиһанғаровтай кiсiлер шындығында да осы кездегi бүкiл қазақ елiнде жоқ десе де болады. Бұл кісілер өте сирек кездесер мұсылмандық iлiмнiң ғұлама иелерi iспеттi екені рас.
Файызрахман сияқтыларды да үгiттеп шақырып алып, мектепте дәрiс, мешiтте уағыз жүргiзуге Маман балалары көндірген едi.
Ал, Қарағаштағы мешiттiң имамы қазір Хасен деген молда болатын. Осы екеуі де мұсылман ілімінің білгірі саналса, онымен қоймай мектептiң бас мұғалiмi болып істейтін мұсылман iлiмiнiң тағы бір бiлгiрi Ғабдұлғазиз әпендіде осы арада отырған болатын.
Нұрлан би бiр сөзiнде «бiздiң iнiмiз Есенқұл қажы бұл турасында айтып өтер» деген өзiне қатысы бар уәжi осы араға дөп келгенсекілді. Соған сай, айтылар сөздің келесі кезегі Есенқұлға жеткен сияқты.
Есенқұл бағана өзіне бұрған әңгiменi енді айтпақшы боп, аса бiр жабырқау үнмен:
– Менiң айтайын дегенiм басқадай бiр ой. Онымыз зекет пен құрбандық шығындарынан осындай елге ортақ игiлiктi iстерге қаржы жиналса, әсте оның ағаттық емес, оң болатындығында болып тұр.
Бiз мұнымен де тоқтамай шарапатты iстердi онан ары жүргiзе түссек деймiз. Осы күнi талай қазақ баласы оқу қуалап әр жерде жүргенi мәлiм. Сондайлардың тегiс көбi қаржыға зәру болып отырған жоқ па? Соларға да жәрдем беру ниетте зекет пен құрбан шалудан қаржы жиыстырып берсек осы бiр игiлiктi iс болары анық.
Ал, мұның шариғатқа қайшы келетiн жерi болса осында арамызда отырған дiн мұсылманның мәшһүр болған құлдары, шариғат жолының талапты ғұламаларының өз аузынан естiлiк. Осы арада молдалардың молдасы да, дiн шариғаттың да аса бiр бiлгiрлерi отыр. Солардың өз аузынан естiлiк. Оларымыз өзiмiздiң түрiк ағайынның Ыстамбол қаласында және күллi араб елiндегi Әл–Қаһирада дәрiс алған Файызрахман әпендi, Ғабдулғазиз әпендi және де имам Ахметсафамолда бар. Солар айтсын осының ақ – қарасын! – деп, Есенқұл осыны айтып Файызрахмандар жаққа қарап, үнсiз ғана басын изегендей болды.
Арықша келген, басында татарша биiк тақиясы бар Файызрахманның ұзын қыр мұрыны қусырыла қалыпты. Жан – жағын әдемiлеп бастырған мұрты өзiне жарасымды көрінеді екен. Ол дәл бiр құран оқығысы келгендей боп, тамағын кенеп ап, сосын мақамына келтiре:
– Китабұз – Закатта, зекет деген сөздiң ұғымы: тазарту, арылу, өсу деп жазылады. Яғни шариғатқа белгiлi шарттарға сәйкес белгiлi малды оған лайық көрiлгеннiң иелiгiне өткiзу, я болмаса тапсырып беру. Байлардың пақырларға мiндеттi түрде беретiн көмегi.
Зекет негiзгi қажетiнен, кiсiге беретiн борышынан артық нисап өлшеуiндегi өсетiн малды толық иеленген азат, ақылы дұрыс, ержеткен мұсылманға фарыз болып табылады.
Өсетiн мал деп: жылдың көбiрегiнде далада оттап жүретiн хайуан малды, ақшаны, табыс келтiру мақсатымен жинаған әр қандай нәрсенi айтады. Осы үш түрлi малға ие болып, жыл айналғанда зекет берiледi. Зекеттi берген уақытта, не айырған уақытта ниет ету шарт.
Сондай ниеттi қажы Есенқұл әпендiм айтқандай-ақ мектеп пен мешiт салуға да, алыста жүрген стүден оқушысына да жәрдем етуге болады. Өйткенi, зекеттi алған кiсiнiң зекет малы екенiн бiлу шарт емес. Тiптi зекеттi сыйлық, борыш деп берiп, өз көңілiнен зекет деп ниет етсе бола бередi.
Ал, құрбанға келсек, бұл сөздiң мағынасы өтетереңде жатыр. Яғни, мұның түбі жақындық болып табылады – деп, Файызрахман сөзге беріліп, аса сүйсiнгендей ниетпен сөйлеп жатты.
Файызрахман осы жаққа келгелi Қалқабай ұрпағының мұсылман үмбетіне жасап жатқандарына әбден көзi жетердей болған. Бiр жағынан осының бәрiне ырза болса да, екiншi жақтан мұның бәрi неге бұлай, астамшылық емес пе екен деп те ойлаған. Бiрақ, осы күнi ондай ойдың бәрiнен ада болған. Сөйтіп, оның өзiде осыған құлай жығылған. Көзі дұрыстығына жеткен соң істеліп жатқанның бәрiне «дұрыс»деп шыққан. Қазіргі пікірі де қалыптасқан көзқарастан пайда болғандай едi.
Файызрахман,Қалқабай баласының осы маңдағы атқамiнердiң бәрiнен әлдi, әмбе елге керектінің бәріне сезiмтал екенiн де бұл кездесезген болу керек. Қалқабай ұрпағы басқа байлардай ел пайдасына iстелетiн заттың бәрiне керенау тартып, салғырт болмайтындығын да көзімен көріп, көкірегімен сезген сияқты.
Қазiрде оны көп ойлантып, көп толғандыратын да сақараның алыс түкпiрiнде жатқан қазақ елiнде болып жатқан осындайлық iзгi ниеттiң барлығы еді. Басқа да жоқ, таңқаларлық істердің нобайы да осылардан басталып жатқан сияқты.
Файызрахман ұзындау келген жiңiшке мойнын жан – жаққа соза қарап:
– Сондықтан құрбан шалу уәжiп болу үшiн мұсылман, азат, мұқим болу сондай–ақ, шариғат бойынша бай саналатын жағдайға ие болу шарт. Яғни керектi қажетiнен артық: жиырма мысқал – не болмаса Еуропа өлшемi бойынша тоқсан алты грамм алтыны, не екi жүз дiрһәм – алты жүз қырық грамм күмiсi немесе осылардың бағасындай ақша, не басқа нәрсесi болу шарт.
Бiздiң заманымыздағы өзге дiндегi бiлiмдiлерiнiң iздеп жүргенiн бiздiң дiнiмiз 1340 жылдан берi жар салып айтып келе жатыр.
Сондағы жар салып айтқаны не? Айтатыны мұсылман баласы малыңнан зекет бер, астығыңнан кемсең бер, құрбан шал деп айтады.
Зекеттi, кемсеңдi, құрбандықты бiр жерге жиып, балаларды оқыт, кедей мен мұқтажға бер дейдi. Әйтеуiр игiлiкке жақсылық жолға ұста дегені ғой. Жақсылық жол болғанда – онысы осы заманда көпке пайдалы iс, сол жақсылық жолы болып саналады.
Файызрахман осыны айтып:
– Иншалла, осылай болар! – деп, сөзiн бiтiрдi.
Файызрахмандай мұсылмандық парыздың бiлгiрiн сөйлетiп алғаннан кейiн, сөзге қайтадан өрекпiген өр көңiлдi осы өңiрдiң жас қажысы – Есенқұл қайта айналып кiрдi.
Есенқұлдың осы жолғы ойы да биіктеп,Қарағаштың төңiрегiнен шарықтап алыстау әкеткендей бола қалыпты. Солай тәрiздi көрiнедi. Ол сөзiн осыған қарай ыңғайлап:
– Мүмкiн мен бiр нәрсенi дұрыс түсiнбейтiн де шығармын! Бiрақ менiң осы күйiнетiнiм әсiресе, Қапалдың Шахиахмет Әбсаттаров сияқты байларының мұндай iстен әлi де болса iргесiн аулақ салып, құрғақ уәдемен жүргенiн айтып қалмасам болмас – дедi ол қынжылғандай үнмен.
Есенқұлдың айтып отырғаны, баяғыда Сейiтбаттал мен Есенқұлдың ағалары Тұрысбектiң сауда өнерiне жақындауына себепкер болған Шахиахмет Әбсаттаровтың өзi едi. Ол болса да осы күнгi Қапал өңiрiнiң ең бай саудагерi, әмбе ең бірінші гильдия көпесi болатын.
Шахиахмет Әбсаттаров өз басына Қапалда үйлер, дүкендер, тиiрмендер, сондай-ақ, наубайхана, қасапхана, ұстахана сияқты толып жатқан кәсiп көзiн ашқан. Бірақ, күнi бүгiнге дейiн сараңдық жасап қалың елдiң игiлiгiне деп, осы уақыттың ішінде Қалқабай баласындай қомақты – қомақты дейтiндей, ауыз толтырарлық түк те жасамаған. Әсіресе, оның «елге жасадым» дегені әшейiн ұсақ – түйектен аспайтын, тышқан мұрнын қанатумен ғана шектелетін, түкке тұрғысыз нәрселер болатын. Оның мұндай қылығын Қапал тұрғындары ғана емес, сондай-ақ бүкіл ояз болып біле бастаған.
Есенқұлдың мынадай тосын сөзi елге шаншудай боп қадалса да олардың ешқайсысы уәж айтып, «сенікі дұрыс емес» деместен құлақ түрiсiп тыңдады. Көпшілігі біраз дүниеге ие болып отырса да, «керексізге мал шашпақтан» аулақ болғысы келетіндей еді. Тоғыз матай ғана емес, күллі Жетісуың дәл осындай. Тіпті ары барсаң бүкіл қазақ жайлаған жердің бәрі осы.
Осыдан көп жылдар бұрын Маман баласы Тұрысбек пен Шахиахмет баласы Шаймерден достығы Қалқабайдың бiр немересi Тұрысбектi сауда жолына жетектеп әкелсе, күнi бүгiн басқа бiр Есенқұлдай немересi - Әбсаттаров секілді азуы алты қарыс көпестi сынағандай болып отырғандығына бір жағы бұлар таңырқасып қалған еді. Өйткенi, Шахиахмет сияқты байбатшаның жөнiн жөндеушi кiсi бұл өңiрде жоқ секiлдi көрінетіні бұлардың бәріне белгілі жәй екені рас.
Қапал көпесi Әбсаттаровтың iсi оңға басып, байлығы да соған қарай iрiктелiп қалғаны бұл жаққа аян. Ол бұл кезде сауда айналымы миллионнан асатын саудагерлердің қатарында жүр. Осы өңiрде оның ұпайы үнемi алшысынан тұратын, өзі шіріген бай. Бұл жақтағы ірілі – ұсақты жуандардың көбiсi шынын айтса бұл күнде онан ығатыны ашық. Онысы тағы бар.
Жетiсуда Әбсаттаровтарды бiлмейтiн пенде жоқ. Ең ақыры губернаторға дейiн оны бiледi. Шахиахмет пен оның баласы Шаймерденді көргенде алақандары қышитын ұлық біткеннің бәрі олардың алдында құрақ ұшады. Неге десеңіз? Әрине, ауыздары майланған соң, сөйтеді. Соны бiлiп, әкелі – балалы Әбсаттаровтар бұл күнде жер – суға симай асқақтап кеткен.
Байлықтарына қарамай, Шахиахмет сияқты шiрiген байлардың көпшілігі әлі сараң. Олардың арасында әлi кертартпалық мінез көп. Кейбіреуі қисық сөйлеп, қыңыр жүретiндiгiн мақтанышпен басқаларға бiлдiргендей болады. Тiптi, осындай бай көпестің көпке ортақ іске де араласуына шаруасы аздай сияқты. Сонысын оған осындай жиылып қалған жерде басқа бір жандайшаптары арқылы естiртіп жататыны бар.
Барлыбек Есенқұлдың мына сөзiн тыңдап, дұрыс екендігін бiрден қостап шыққан. Қостағаннан бұрын, өзi де көңiлiндегiсiн ақтарып:
– Бұл сөз дұрыс айтылған екен! Өте орынды айтылды. Тым құрыса, мына Әбсаттаров сияқты миллионды айналдырған байлар да мына сiздердей болып Қапал, Тасбекет, Ақсу, тiптi басқа ауылды жерлерден осындай мектеп, мешiт, пансионат салып, көпке пайдасы тиетiн iспен неге айналыспайды? Оларды байытып отырған осы халық емес пе? Халықтан асып қайда барады? – деді.
Барлыбек осы жайға байланысты өз көзқарасын да көпке жайып салғандай етті.
Осының алдында ғана Барлыбек Қапал жаққа шығарда, өзiне – өзi серт бергендей болған. Онысы ел арасындағы мына бiр талпынысты сондайлықты кертартпа, қыңырлардың зорлығынан, кертартпалығынан қорғау еді. Барлыбек сол жолда бiраз уақыт ойланып, соның жолын да iздегендей болған. Есенқұлдың мына айтқаны дәл сонысына дөп келгендей едi. Ақыры ол осының жолын да тапқандай болды.
Барлыбек Есенқұлға қарап, күлiмдей сөйлеген:
– Есенқұл қажы! Осылардың бәрiн ойластырып, мен тiптi газетке жазып жiбергелі отырмын. Ұялған тек тұрмас деп, қалған байлар да сiздердiң бастаманы iлiп әкетсе, нұр үстiне нұр жаумас па еді? – дедi.
Сөйтiп, Барлыбек Есенқұлға осындай ұсыныс жасап тұрып, ел iшiнде Қалқабаевтардың бастамасын басқалары да, іліп әкетсе, ары қарата дамыта берсе деген өз пiкiрiнiң әлi де жаңсақ емес екендiгiн бiлдiрендей болды. Сол кездегі келісім бойынша Барлыбек бұл айтқандарын сәл кейінірек істеген еді.
Қазіргі кезде қазақ елі оқитын жалғыз газет «Дала уалаяты» еді. Онан қалса «Семиречинские ведомости» деген Верныйда шығатын газет бар.
Осыдан біраз бұрын «Дала уалаятында» осы жайында Барлыбек жазған мақалалар шыққан. Сол мақалаларда Барлыбек Шахиахмед байдың бұл күнде Қапалдағы тұрмысы ең жоғары саналатын байлардың бiрiншiсi екенiн, сол байлыққа қарағанда дәулетi осы күнде бiр миллионнан аспаса кем емес екенiн де келтіріп, бірақ оның тым сараңдығын бетіне басқандай етіп жазған едi.
Қазір де Барлыбек оның осындайын ойға алғандай қып сөйлеп:
– Сырт адам бiзге де Шахиахмет солай көрiнедi. Ел үшiн, халық үшiн iстеп жүрген қызметi әншейiн: мал, басқа байлығын бiлмеген кiсiге жақсы–ақ көрiнедi, iшiнара бiлген кiсi таразыға салып көрсе оның істеп жүргенінің онша емесi рас.
Жаңа оқу шыққан мезгiлде медресе салынып, мұғалiмдер алғызылғанда, Әбсаттаров та, Қапалдағы байлармен бiрiгiп, балаларды оқуына жақсы–ақ барғызды. Бiрақ содан соң көңiлiне шайтандық кiрiп, «медресенi мен салғызсам, мұғалiмдерге ақшаны да мен беремiн бе?» деген сондайлықты сылтаумен медресе жайында бұл күнде көп бiлгiсi келмейтін сияқты.Мүмкін,көп сөйлегісі келмейтiнi де сондықтан болар. Оның мұнысы осыдан бұрынөзі айтып, өзі қоятын: «мен бiлемiн, мен сөйлеймiн» дегенінің керіне айналып, көптi медреседен доғарып қойып, балалардың оқуын бiразырақ тоқтатып алуға соқтырғаны белгiлi болды емес пе? Оның сондай қылығы сол кездерi елдi де алыс – қалыс біраз лаңды жағдайға апарып соқтырған болатын.
Ел бiрталайғадейін арыз – қарыз болып жүрiп, кейiн табысып, медресе көптiкi болып, әркiм халiне қарай жыл сайын ақша беретұғын болды.
Шахиахмед бай да сонан былай медресеге екi мың сом ақша бермек болды, өзге байлар да әркiм күшiне қарай беретiн болған едi ғой.
Медресе салған уақытта Қапалдың мұсылмандары сондай байлардың әрқайсысы көп – көп рахмет айтқан болатын. Осы күнде де оларға рахмет айтады. Бiрақ, ендi бiразы солардың арасында Әбсаттаров сияқты байлары бар, бұрынғы айтқан рахметiмiздi қайтарып берсе екен дейтiн сияқты? Не болмаса сондағыдай жасап, қайтадан тағы да бiзден толтырып рахмет алса екен дейдi.
Бұл сөзiмiздiң қисыны мынау: медресе салынбай тұрып, мұндағы байларымыз кедейлерге малдап, ақшалап, кездемелеп жыл сайын зекет бередi екен.Енді медресе салынған соң, зекет медресеге ауды дегенді сылтауратып, кедейлерге түк берiлмейтін болыпты.
Миллионы бар байымыз миллионынан берген зекетi жылына екi–ақ мың сом ақша, өзге зекетке тиiстi ақша қайда кететұғынын бiле алмай жүрмiз. Ендi бiлейiк деп отырғанымыз мынау. Мен өзiм молда емеспiн, молда болмасам да молдалардан естiгенiм бар едi. Естiгенiме қарағанда дәулет қай жерде бiтсе, зекеттi сол жерде ұстау керек деген құран сөзі бар сияқты.
Байдың миллионынан зекет бұл жерде берiлсе, екi мыңнан басқа өзге ақша қайда демеймiз бе? Миллиондаған табысына қарағанда одан алынатын зекет жыл сайын жиырма бес мың ақша болса керек. Ол ақша кiмге және неге ұсталса керек десек? Онда ол ақша тұрғылықты тұратын ел кiм болса соған ұсталу керек дегені бар шығар? Ал олай болса, бұл жерде айта кететіні мұндағы тұрғылықты тұратын ел Қапал қаласындағы мұсылмандар, тағы да қырда, далада, тауда, құмда тұратын қазақтар. Солардан басқа кім болсын.
Қазақты қосып тұрғаным Шахиахмед байға байлық қазақтан бiтедi. Қазақтан бiттi дегенiм байдың саудасы көбінесе тiрi төрт аяқты малдан болады. Малдардың бәрi қысы – жазы жүрген жерi қазақ жерi, оның үстiне төрт аяқты мал қазақтан алынады.
Жыл сайын Шахиахмед бай миллионнан тиiстi зекетiнiң жарымына разы болар едiк. Жарымы он екi мың бес жүз сом ақша болады. Сол ақшадан бiздiң қазаққа да екi жерге екi медресе салып беруге тиiстi едi, бiрi Жалайыр iшiне, бiрi Матай iшiне. Осыларды ол күні бүгінге дейін әлі істетпей отырғаны белгілі.
Бай қазаққа зекетiмдi бермеймiн десе оған да үндемейiк, бiрақ, онда он екi мыңның жарымын түгел айтып, қаладағы мұсылмандарға берiп тұрсын. Мiне, сонда бәрiмiз қала – дала болып рахметтi ондайларға толтырып – толтырып айтар едік.
Ал енді бұл айтқанымыз болмай қалса, бай кейiн құдай алдында, осы күнгі көпке не айтарын өзi бiлер.
Көп мұнан былай құдайды тосып тұр. Оның үстiне қазiргi кез қазақ iшiне өсiмқорлықтың жаппай тараған уақыты болды. Өздерiнiң пайдасын арттыру үшiн кейбiр болыс билеушiлерi мен старшындар болысқа түскен салықтарды көбiне өсiмқордан үстеме ақыға қарызға алып, оны мерзiмiнде төлеп, бұл үшiн мақтау, сый – сияпат алады. Содан соң алған қарыз – борышты елден малға шағып артығымен өндiрiп алады. Ал, закон болса бұл жағдайлардың бәрiнде де ел жағында болмай шықты.
Болыс пен старшындардың өсiмқордан қандай сома және қандай үстеме ақыға қарыз алғанын, тiптi, сол қарызды қандай мұқтаждыққа пайдаланғанын ешкiм бiлмейдi. Олардың бар бiлетiнi болысқа түскен борышты төлеу үшiн әрбiр шаңырақтың бiр – екi қойдан беруге мiндеттi екенiн бiлуге ғана һақысы бар сияқты – деді.
Барлық ел жақсылары бұрын естіп көрмеген ойды енді Барлыбектің өз аузынан естігендей болды. Көбісі мұндай қамқорлық ойды, таңдана отырып, ұйып тыңдаған.
Барлыбек те өзін бар ықыласын сала отырып тыңдаған көпшілікке тигізе сөйлеп:
– Биыл қыста қаңтар айында елден қазынаға тиiстi алым ақша түгел тимеген болыстарды ояз Қапалға шақырып алып:«қазынаға ақша салатын уақыт өтiп кеттi, осы күнге шейiн салмай жүрсiңдер, ендi тез салыңдар. Салмасаңдар орындарыңнан түсiремiн» дедi.
Болыстар болса орныңнан түсесiң деген соң, жан – жақтарына алақтап, ақша iздей бастаған. Ал, ақша кiмде болса керек? Әрине ақша Шахиахмет байда ғана болады. Болыстар оған барып: «бiр – екi айға пәленше – пәленше ақшаның майын бере тұрсаңыз қайтедi» деген кезде, Шахиахмет оларды бұған ешбiр жуытпады.
Амал жоқ, орнынан түсуге құлқы жоқтары: «ондай болса, ең құрыса өсiмге берсеңiз де берiңiз» деп шықты. Өсімге бер деген сөз Шахиахметке майдай жағатын сөз екенін тамам болыс сонда барып білді.
Шахиахмет болса олармен жеке сөйлесiп – сөйлесiп болғаннан кейін жібіді. Екi айдан кейiн олардың барлығына қой алуға ақша бердi. Қой басына екi жарым сомнан деп жария етті. Шахиахметке болыстар елден жинап қой сататын болды. Түскен ақшаны әрине олар өкіметке салық ретінде төлеп шығуы керек еді.
Сөйтіп сатылған қыруар қой екi айдан соң Шахиахметжинап алатын уақытта әр қайсысы бес сом болып шыға келді. Жыл сайынғы сататын мал басымыздың бағасы бір басқа, ал болыстар алған ақшаның өсiмi болса мынау. Қазiргi екi жарым сом екi айдан соң бес сом болады. Ол саудагер тiлiмен айтқанда екi айда байдың бiр тиын ақшасы жүз процент, жүзге – жүз ақша болып шыға келеді екен. Бiр жылда алашақ ақшаға тағы да жүз қосылып шыға келеді. Бұл не деген өсiмболғаны, сонда?! Мұны қалай түсінуге болады?...
Бұл өсiмдi кiм төлейдi, сонда? Әрине, байдан ақша алған болыс төлемейдi.
Елге барған соң осылай – осылай болды деп, болыс өсiмдi елге салады. Ел кедейге салады. Кедей жиып – жиып, әкеліп байға бередi.
Шахиахмет бай жылда кедейлерден жиып алатұғын 600 процент өсiмiнен тым болмаса кiтап қосқан – 2,5 процентiн шiркiн, кедейдiң өзiне бермейдi –ау! Ендi өздерiңiз ойлай берiңiз, зекеттi Шахиахмет бай кедейге бере ме, жоқ, кедей жиылып Шахиахмет байға береді ме?
Менiң ойымша кедей берiп жатыр. Бұл сөздi жазғаным әркiм мейлi бай болсын, мейлi болыс болсын, онан қалса бүкіл ел болып, кедейі бар, өзгесі бар, қалғандары болсын, жөнiменен көрсетiлген жолменен жүрсiн дегенiм. Жаймен көрсетiлген жол дегеніміз яғни шариғат, iслам қосқан жол екені анық. Сол жолмен жүргенде бораның – сораның болмас едi. Бұл жол тура жол және әдiлеттi жол екені шындық.
Сондай ғадiлеттi жолға түскенде бай, болыс пен ауыл, кедей не қылар едi? Онда бай не iстер едi? Бай Аллатағаланың кiсiлiгiне қосқан iсiн iстер едi? Аллатағаланың қосқан iстерi бәрiмiзге белгiлi, бiрақ оның iшiнде зекет турасында бiр – екi ауыз сөз сөйлеп кетуге тура келеді.
Сөйлейiн дегенiм осы күнде өзге дiндегi бiлiмдiлердiң қуып жүрген iсi өздерiнiң төменгi оқымаған, оқыса да кедейiрек болғандарын жиып, бастарын қосып, жамиғат жасап, бiрiктiрiп, сауда қылғызып, бiрге сары майларын жинаттырып, бiрге егiн салғызып, қай кiсi болса да бәрiн бiрiктiрiп, күшi болсын, малы болсын, ақшасы болсын көмектесiп, iс қылып жатыр. Сол iсi көп – көп пайдалы болып тұр.
Байлар Аллатағаланың қосқанын iстегенде зекетiн толтырып бередi.Ондай байлардан айналса да болады. Бұдан басқа да, тағы да кiсiмiн деген байлар бар емес пе. Ал солар не iстеп жатыр десек, олардың ісі әркiмге мәлiм болып тұрғаны тағы бар. Бұрынғының үстiне сондай кiсiлiк қыламын десе, нұр үстiне нұр. Рахмет, азамат, екi дүниенiң жақсылығын көр деймiз.
Ендi бiлiмдiлер не iстейдi?...
Бiлiмдiлер Аллатағаланың берген бiлiмiн елге бөлiп бередi. Бөлiп бергенде қалайша бөлiп бередi? Молдалар, мұғалiмдер дәрiс айтып, оқу – жазу үйретiп, бiлiмнiң әрбiр бұтағын ұғындырып бiлгiзедi. Басқа бiлiмдiлер газет, журнал арқылы, тіпті онан қалса, кiтап жазып шығарып, мынау iс былай болсын, анау iс олай болсынды ұқтырады. Қалған бiлiмдiлер ел iшiнде жүрiп, ізгі өнегелі істер мен сөздерге қарап, оны елге ауызба – ауыз ұқтырады.
Болыс не дейдi?...
Болыс елiнiң қамын, елге серке болып, елдi жақсылық жолға бастайды. Балаларды оқыту жолға кiрiседi. Бiр болыс елдiң шаруасын жөндеуге тырысады, елiн жауға бермейдi. Енді бір болыс керісінше істейді. Елдің бейберекетін шығарады. Алатынын алады, жейтінін жейді.
Би не iстейдi...
Биге тура болу керек, әдiл болу керек.
Елге не керек?...
Адамдар әр ісінде Алланың көрсеткен жолымен жүрмесе, яғни себебіне кіріспесе, ыждағат етпесе, ғылым мен өнер үйреніп, орнына қолданбаса, ол адам иман келтіріп, бой ұсынған болып шықпайды.
Ел өзiнiң төңiрегiндегi елге, онан арғы елге көз салу керек. Олар неге iлгерi басты, бiз неге кейiн қалдық деген жұмбақты ашу керек. Өзге ел оқуменен, дiн, дүния бiлiмiн бiрдей ұстап барады. Көп болып, бiр ынтымақта болды. Бiреуi осы жақсы iс десе, өзгесi мақұл дейдi. Сөйтiп барып iлгерi кеттi.
Өнерсіз,жалқау халықтардың ақырында көрешегі өз алдына ауыр болады. Дүниеде қиын жаза тартады. Тартар жазасы да сол: басқа өнерлі, ғылымды елдерге малай болады. Қара басының билігі, ықтияры болмайды.Сондықтан осыған әсіресе зер салған оң болар.
Ел болсын, елдi iшiндегi кедейлер болсын, ынтымақтасып сол жолға түссе, ешкiмнен кем болмас едi. Бiр ынтымақта болған соң әркiмнен өзiне тиiстi – тиiстi ақысын даулап алар едi. Байдан да, бiлiмдiлерден де, болыстан да, биден де шариғатсыз, исламсыз болған iстердi де орнына салуға болар едi. Өзгелер өстiп iлгерi басып бара жатыр – деді.
Барлыбектің осы ойы бұл жерге жиналған игі жақсыға жеткен көп ақылдың біріндей болып көрінген.
Осыны айтып, Барлыбек отырған көпшілікті қалың ойға салғандай етті. Ол жай сөйлеген жоқ,батыра айтып, Қапалдың жақсы мен жайсаңына осындайлық кіна таға сөйледі. Бұл сөз әншейінде айтылатын сөзге ұқсамай шықты. Осында қатысып, отырған жақсы мен жайсаңға бірдей тиді. Тигенде оңдырмай тиген секілді. Оларды мына сөз тегіс таубасына келтіргендей етті.
Осындай жиын үстінде айтылған сөз бен орайы келген ойлар елді құр қалтыра алмады. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» дегендей. Барлыбектiң бұл жайындағы сөздері алдымен «Дала уалаяты», кейіннен барып «Айқап» журналына дейін басылып шыққан болатын. Мақаладағы көтерілген мәселелер Қапалдың Шахиахметтей жуан қарын шонжарларына да қатты тиiп жатты.
Үшінші тарау
Барлыбек осы кездегi қазақша шығатын газеттерге, кейбір орыс тілдегі газеттерге де ұдайы жазып тұруды қолға алғаны бар. Әсіресе осындай газет беттерінен ел тұрмысы жайлы сөз қозғап, сын мақалалар жазып тұруды бұрыннан әдет қылған едi.
Өзі де басқаға жалтақтамас үшін Верныйда шығатын Жетісу облыстық, «Семиречинские областные ведомости» газетінің ішінен «Туземный отдел» деген бөлім аштырған еді. Бірақ жүре – тұра бұл оған аздық ете бастағандай көрінген.
«Туземный отдел» газет ішіндегі газет болғандықтан оны тексерушілер де көп, баспа цензурасы дегені тағы бар. Былайша алғанда, бұл сияқты газет бөліміне қиянат жасаушылар да жеткілікті еді.
Барлыбектің ендігі ойы өзіндік, жеке газет ашу болып тұрған. Ол біраздан бері осы жағын ойластырып, соған қатысты жағын қарастырып жүрген.Тіпті баспахана ашуды, не болмаса баспа ашуға әрекет етуді ойластырып та қойған. Әзірге соларға күш жинап, әрекет етіп, жатқан болатын.
Ал қазір ол үйреншікті әдетімен бұрынғыдай қып, газеттерге мақала жазып жiберген.
Сол жазғандарында ол: «Зекеттi Қапалдағы миллионы бар Шахиахмет Абсатаров тұрмысы кедейлерге бере ме, жоқ, кедей жиылып Шахиахмет байға бере ме?» деген тақырыппен жазған еді.
Осы жайында жазылған мақалалар үлкен дүмпу әкелді. Олар басылып шығысымен, бүкiл Жетiсу өңiрiнiң Шахиахмет сияқты байлары, басқа да теріс пиғыл болыс пен билерi Барлыбекке қыртия қарап, жақтырмайтын болды. Солардың арасындағы ең негізгісі ретінде айтылған сөз бен тағылған айып та Шахиахмет байдікі болып шықты. Онымен қоймай нысанаға да дөп тигендей етті. Тіпті ана бір жолы Шахиахмет бай Верныйға арнайы губернатордың өзіне сәлем бергелі келгенде, әдейілеп тұрып, Барлыбекке қыр көрсетіп кеткен. Сондағы айтқаны:
– Ендi не қыл дейсiң? Барлыбек болсаң енді қайтейін?! Өзіңе Барлыбек шығарсың? Маған сенің барың не, жоғың не, бәрібір! – деген зәрленіп тұрып.
Барлыбек те қарап тұрмастан:
– Өзің сияқты байдың тойынғанын көргемін жоқ. Бірақ анда – санда жан – жағыңа қарап, осы мені байытып жатқан қалың қазақ-ау деп, соларды да еске алатын кезің болсашы!– деп еді.
Бұған шамданып қалған ол:
– Сонда сен маған не айтпақсың? Айтпағың сол ма? Жалқау елді жүріске салатын мен бе? Сенiң айтпағың менiң көрмеген құқайым ба едi?» дегенді айтып, ренжісін білдіріп кеткен. Содан бері бұрынғы – бұрынғы ма, онан сайын қыртиып жүретін болды. Барлыбекке оның мінезі соншама өрескел көрінген.
Онымен де қоймай, бай – құтандардың біразы Барлыбекпен дүрдеараз болып шыға келген. Ішіндегі өжетсымақтары сенің де кезегің келер дегендей қып:
– Сен ғана өстерсiң!? Өйтпесең сен Барлыбек боларсың ба? – деп, жақтырмастан, өздерінің ызаға толы үндерін білдірiп жатты.
Кейбіреулері тіптен қыржиып:
– Сен бiзбен ерегесемiн деп, не бiтiрдiң?
– Кiмдi жеңдiң?
– Не мұрат таптың?
– Қолың неге жеттi? – дегенді ашық айтып, онан сайын қырсыға түскен.
Өздерін масқара болдық деп есептеген ондайлар ең алдымен Барлыбекке кектеніп алды. Ойларына өшігу мен кек қайтару қатар кірген атқамінердің кейбіреуі ендi бiздi тағы қай жағымыздан түртер екенсің деп, күтiп те жүрген секілдi. Кезі келсе аяқтан шалып, өштерін де алмақшы. Олардың көпшілігі, «сондай кез тезірек келсе екен» деп күтіп жүрген секілді.
Бiрақ, Барлыбек үшiн олардың бұл кейісі орынды көрінетіні бар. «Олай болса, бұлардың арлары да осымен қоса оянар ма екен?» деп те ойлайды. Соған қарай, ол өзінің наразы көңілін әр кез ірікпестен айтатын әдетінен бір тынбай келеді. Онысы өзіне ғана белгілі жағдай болатын. Барлыбек ондайда, қанша қиналса да, «ел ішінде жақсыға деген талпыныс болса екен» деген талғамына жақындай түсетін сияқты. Бірақ әзiрге ондай өзгерістің ауылы әлі алыс көрінеді. Тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Қарағаштан басқа жерде әлi көзге iлiнетiн талпыныстың болмағаны Барлыбек көңілін бұза береді. Барлыбекті қинайтыны осы ғана. Әйтпесе, олардың басқа қылығы өзінің миығынан да келмейді.
Осыларды есіне алса болғаны Барлыбектің жан дүниесі бірдей құлазып шыға келеді. Өйткені кіндік кескен жері, туған елі Қапал өңiрi болса әлi де болса мүлгу үстiнде. Бұл жерде, тек қана, Қалқабай ұрпақтары ғана қимылдап жатқан сияқты. Олардың қолға алған істері мұнаралы мешiт тұрғызу мен салынып жатқан мектеп құрылысы бiтуге таяу қалған.
Сол құрылыстардың қаржы тапшылығын болдырмау үшiн бұл күнде олар осы бiр ортақ iс үшiн зекет пен құрбандықтан түскендердi басқаға жалтақтамай ортақ пайдаға асыра бастағанды жөн көрген. Онда да, бұл iске Арасан болысы Сейiтбаттал қажының араласуымен ғана кіріскелі отырған.Бұған тек Сейітбатталдың жеке басының беделiнiң арқасында ғана жететіні оларға белгіліжай еді. Соның ғана ықтияры төңiрегiндегi елдердiң малынан алынатын зекет, құрбандық тәрiздi төлемдердi осындай құрылысқа жұмсатып, дiни әдет – ғұрыптарды оқу, бiлiм мұқтаждығына, сонымен қатар, басқа да, ағартушылық ісіне пайдалану бастамасының ілгері басуына сеп болатын сияқты.
Олай болуының өзіндік себебі де бар еді. Осыған дейін Сейітбаттал болыс болғанда мектептiң құрылысына қаржы жинаудың нақ ортасында жүретін. Қалай болмасын ол өз ықпалы жүретiн төңiректiң малынан алынған зекет шығындарынан мектеп шығынына бергіздіртіп отыратын.Тіпті соның есебінен жоғарғы оқу орындарында оқып жүрген мұқтаж студенттерге көп жәрдем көрсетілуіне де себепкер болушы еді. Осындай ниеттерге сай қаражат жинау кезінде де, құрбан шалу ғұрпын пайдаланып, көп көмек көрсетіп жүретіндігі Сейітбатталға тән қасиет болатын.
Осы жайында кейіннен Барлыбек газет бетіне мақала жазған болатын. Сол мақаласында ол:«Қапал өңірінде өткен төтенше жиында оған қатысқандар құрбан шалудың орнына, мұқтаж қазақ студенттеріне жәрдем үшiн кiсi басы бес сомнан жинап беруге қаулы қылысты» деп жазған еді. Осындай игі істің бастамасын құптаған елді мақтап жазған болатын.
Сондай әрекетпен жиналған қаражаттың елу сомы Варшавада мал дәрiгерлiгiн оқып үйренiп жатқан Солтабаев деген қазақ жігітіне жiберiлдi. Қалған қаржы басқа да мұқтаждарға берiлетiн болды.
Бұл Барлыбекке баяғыда өзі Петербургте оқып жүргенінде қаражаттан талай қысылған шағын еске түсіргендей етті. Сондай кездердің біріндеөзіне Садуақас Шормановтың қаражат жағынан жасаған көмегi болып еді. 1887 жылы, тағы да сол, Садуақас Шормановтың оқу оқып жүрген қазақ балаларына жанашыр болған Григорий Потанинге жазған хатында: «Біздің қазақ жастарынан жоғарғы оқу орындарында 30 бала оқиды. Солардың арасында Барлыбек Сырттанов деген бала Петербургте жүр. Соларға көзіңіздің қырын салсаңыз» дегенін қалай ұмытсын. Мынау Барлыбекке соның жалғасы іспеттес дүниедей болып көрінді.
Қазіргі жиналып жатқан қаражат ең алдымен жәрдем ретінде алыста оқу оқып жүрген тұрмысы төмен қазақ жастарына жіберілмек. Өйткені олар осыған аса зәру болып тұрған болатын.
Бұл байлау мәселенің арты жақсы аяқталғандығының белгісі еді.
Осымен Қарағаштағы тағы бір келелі іс өз дегеніне жетіп, тағы да сәтті шықты. Осының бәріне мұрындық боп жүрген Барлыбекке ел жағы қатты ырза болысты.Жиналған ел, бір қатар мәселенің осылайша ақылға салып шешілгеніне көңілдері толып, бұл жерден көтеріңкі көңілмен аттанысты. Ел арасы тағы да гу – гу әңгімеге айналып, сөз аңдыған көпшілікке де бұл байлаудұрыс көрінген сияқты.
Кеше ғана өткен Қарағаштағы жиын осылайша тамам болды.
«Ақылдасып, пішкен тон, келте болмас» деп, елде мұндай кеңеске іш тартып, үйренісе бастаған еді. Бұған Барлыбектің де іші жылып сала берген. Тағы бір елмен кездесуі жақсы өтті. Көңілі көтеріліп, ырза болып қалған. Қарап отырса, өзінің қатысуымен біраз келелі істер дегеніне жеткендей болыпты. Оған өзі қуанып, ішінен шүкіршілік еткен. Өйткені елмен кездесуі тағы да сәтті шыққан сияқты. Бұған қуанбағанда, қайда қуансын! Осының бәріне жаны ашыр болып жүрген ел ағалары да көп жайды аңғарғыш болумен қатар, елге тиімді талай істі білетін болыпты. Барлыбекті қуантқан осы.Бұдан кейін Барлыбектің өзі де сол жерден ырза көңілмен аттанған. Тек көңілін қобалжытатын бірақ нәрсе еді. Онысы, «елдің көзіне көп түсіп, орынсыз мақтауға ие болмайын» деген ниеті ғана еді. Өйткені осы кезде ел ішінде өзінің атағын қатты шығаратын сөздің көбейе түсуінен қобалжып жүрген. Баяғы жас кезінен бастап, мадақ сөздер көбейіп кеткен. Соның басы Жамбыл ақынның:
– Қыдыралы, Құлшаннан,
Құлаш ұрған Сырттаным – деп басталған жоқ па еді.Соған өзі бір түрлі ыңғайсызданып қоятын еді. «Тым көп мақтау адамды бұзады» деп ішінен осындай күптілікті жақтырмай қалатыны да содан болатын.
Ал, Барлыбек үшін алда әлі көп іс бар сияқты. Түйіні шешілмеген, қол қусырып, қарап отырғызбайтын келелі мәселелер жеткілікті болып тұрғаны, тағы бар. Солардың бәрі, анау – мынау емес, солардың бәрі өзінің қазағына керекті істер, халқының мұң – мұқтажы екені де рас.
Олай болса, қарап отырмастан іске кірісіп, бір жағына шығаратын кез туып тұр.
Барлыбек,осыларды көп ойлайды, ылғи шешімі қиын, кезек күттірмейтін істер өне бойы өзінің ойында жүреді. Қазір де,солай болып тұр. Көкейіндегісі тағы сондай ойлардан жиналған секілді. Солардың шешімін табу Барлыбекке қарап тұрғандай көрінеді.
Осы бiр кездерi Матай елiнiң бәрiнiң де, атқамiнер жуанының, ақсақал – қарасақалының, молда, имамының аузындағысы – Қарағаш, ондағы істеліп жатқан игі істер жайында болып жатты.
Барлыбек бұл жолы да өзі емделу үшiн алған аз демалысын қымыз ішіп, көксаулықтан емделуге емес, ел ісіне арнап алғандай болды. Ол тағы да, ештемеге қарамастан осындай ел ішіндегі істерге кірісіп кеткен.
Барлыбек қазір де, жаңағыдай Есенқұлдың сөзін естісімен дегбірі кетіп:
– Онда бiз тағы да Қапал жаққа ел жақсыларын жинап алайық – деген. Барлыбектің аузынан мына сөзді естiсiмен, Есенқұлда көңілді үнмен:
– Мейлiңiз! Сөйтсек те болады! Қашан шығамыз – деп қалған. Сол қамшы болды ма, жоқ әлде Барлыбектiң өне бойғы дегбiрсiздiгi ме, әйтеуiр көне кетті.
Сейiтбаттал болыстың шабармандары арқылы бұлар дереу елдің атқамінерлеріне хабар беріп, Қапалда жиналайық деген бір ауыз сөзді жан-жаққа жөнелтіп те жіберген.
Осыны, осылай келіскен соң, Барлыбек өзі де қасына Есенқұлды ертiп алып, Қапалға жол тартты.
Атқа мініп, жолға шыққанда ғана Барлыбек тұйық сөйлеп, көңілсіз ғана:
– Сол Шахиахмет сияқты миллиондаған ақшасы барларға не жетпейді екен? Олар өздерінің соншама байлыққа кімдердің арқасында кенеліп отырғанын білсе етті. Ендеше солар осы халықтың арқасында ғана осыншама байлыққа қолы жетіп жүргенін білсе ғой.Ал енді осыған тәуба қылған, мұсылман баласы болсаң, сол байлықтан ел ырзығына деп неге бермейсің?–
деп ашынып сөйледі. Осылай дегенде екі көзі шарасынан шыға бақырая қарайды. Даусы булығып, дірілдеңкіреп шықты. Оның өңі қуқыл тартып, қатуланып алған екен. Ашуланып келе жатқанын қасындағы Есенқұл байқап келе жатты.
Барлыбектің жуан біткенге батырып айтатын мұндай ащы сөздері Қапалдың Шахиахмет сияқты көпестерінің нағыз жанына тиетін шаншуға айналғаны қашан. Бірақ содан келіп – кетер пайда жоқ сияқты. Мына бір қуаң тартқан даланың бедірейіп жатқаны солардың айна қатесіз пейілі сияқты. «Не деген сараңдық еді» деп, Барлыбек бұл жолы ішінен тынғандай болды.
Осы кезде Есенқұл оның жүзінен қатты кейігендіктің табын байқап, ішінен: «Апырай! Тағы да осы кісіні мазалай бердік қой» деп қынжылғандай болды.
Есенқұл Барлыбекке мектеп жайын өздігінен хабардар еткен соң, Барлыбекке жаны ашып, амалсыздан үндемей қалған.
Барлыбектiң мұндай сөздерiне Есенқұл қанша құптап, ішінен кет ары болмаса да, кейде мұндай сөз өзіне де қаратып айтылғандай болып естілетін. Сондайда тіпті, қатты абыржып та қалатыны бар. Өйткені оның өзі де, сол бай мен жуанның есебінде жүр ғой. Тіпті солардың нағыз өзі емес пе?
Бұл Есенқұлдың өз ойы болатын. Соған қарамастан, Есенқұл бұл жолы да, өзініңойлаған ойы өрісіне жетіп жатқанына қуанып қалды. Ол енді байыпты қылықпен, бар денесін кербездене қозғалып, аузын қомдап, соның артынша күлiмсірей сөйлеп:
– Барлыбек аға мұныңыз дұрыс болды! Әбден дұрыс! Тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, айта берсек олардың да бетi бері қарар – деді.
Есенқұлдың тебіреніп сөйлегені Барлыбекке де бір жігер бергендей болды. Осыдан кейін Барлыбектің өзі де көңілденіп:
–Ие, ие, сүйткеніміз дұрыс! Сонда ғана, нәтиже болады – деп қалды. Онысы белгілі. Жаңағыдай Есенқұлдың бір ауыз сөзі көп нәрсенің бетін ашқандай етті. Ол енді Барлыбекке өзінің ойындағысын еш бұрмаламай сол қалпында айтқандай боп көрінді.
«Иә, дәл солай тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, жалықпастан ел ішінде үгіт пен насихатты күшейту керек. Сонда ғана бір нәтижеге жетуге болады» деп Барлыбек ойланып қалды.
Барлыбек соны аңғарып қалған еді. Ол бұл кезде әлдебір ойға түсіп келе жатқан секілді көрінген. Оның елге белгілі бола бастаған қамкөңіл көңілі осы кезде тағы да көкейін тескен көп нәрсені ойлатып келе жатқанын Есенқұл да сезіп келеді. Ол қазір Барлыбектіңәуре – сарсаңға түсіп келе жатқанын, жас та болса, ерте есейіп, әккі болып алған Есенқұл түсінеді. Соны байқаған соң, оның ойын бұзбайын дегендей боп, Есенқұл ары қарата үндемей қалып еді.
Осы кезде оны ойлантқан нәрсе қалайда елдің көңілін таба білу болып көрінген. Оны да,Барлыбектен көріп жүр. Бұл да, ендеше Барлыбек сияқты болуы керек.Қол қусырып, қарап отырмай, бар мүмкіншілігінше елге қызмет етуі қажет. «Барлыбектей болсам, сол сияқты ойласам» деген арман ғана Есенқұлды қатты толғандыра түскен. Ол соны ғана ойлап келе жатқан сияқты.
Тағы да жол, тағы да сапар. Барлыбекті жалықтырмайтын да осы сияқты. «Емделем, елге келіп қымыз ішіп, күш жинаймын» дегені де ұмытыла бастаған. «Онан қалса емдік өсімдіктер мен шөптерді жинап, зерттеуге жібертемін» деген ойындағысы да орындалмастай болып қалып бара жатты.
Ол ойлағанының орнын басқалар басты. Ендігі іздеп шыққаны тағы да елдің ұпайы, елдің жайы болып кетті. Өйткені, елдің талпынысы өзіне соны меңзейді. Олай болса Барлыбек үшін елдің ісі бітпейді. Өзінің көкейіндегілері де осылар еді. Солар Барлыбекті өмірі таумылмайтын ел ісіне жетектеп әкетіп бара жатты.
Төртінші тарау
Қазақтың жайылып жатқан жазиралы кең сақарасы құлаш ұрып, Қыр Сібірдің өзіне тақап келген тұс осы болса керек. Орман араласқан мидай жазықтар көсіле түседі де, бір кезде қайта айналып орманға айнала бастайды.
Осы бір тұс сейіле бастағанда, ал орманды алқаптың кей жерлері барынша жазық болып келетін, кей тұсы бірыңғай адырлы, тік жарқабақты беткейлерге айналып кететін түбек кездеседі. Соған жете бергенде Ертіс өзені сәл күншығысқа бұрыла бастайды. Тақ сол бұрылыста, өзенді бойлай салынған Омбы қаласы тұр.
Омбының жазы көрікті, қоңыржай болып келеді. Ал қысы катал. Нағыз Сібірдің өзі дерсің.
Омбы – қазаққа танымал жер. Қазақтың талай игі жақсысына пана болып, оқу оқыған жері. Оның үстіне Дала генерал – губернаторлығының орталығы да осында орналасқан.
Дала генерал – губернаторлығы қазақ жерінің үштен бірін алып жатқан үлкен аймақ. Оған арғысы: Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Петропавлдан бастап, бергісі Павлодар, Семей, Өскемен жағын қоныс еткен қазақтың қалың ортасы түгел қарайды.
Ертісті жағалай салынған қала бұл күнде әжептеуір өскелең мекенге айналған. Соның бір белгісі ретінде Омбы арқылы өтетін темір жолмен, Ертіспен кеме жүретін су жолын айтуға болады.
Ертең жол жүремнің алдында, таңға жақын ғана мызғып алғаны болмаса, бұл түн Әлихан үшін ұйқысыз өткен. Осыдан екі – үш күн бұрын ғана Омбыға келіп тоқтаған. Қазір қатаң бақылау, заң тілінде надзорда жүр.
Омбыға келген мақсаты, ары қарата Самараға кету. Әлихан ол жаққа жай кетіп бара жатқан жоқ. Жазасын өтеуге айдалып бара жатыр. Айдалу мерзімі ұзақ. Бақандай он жыл болып тұр. Сот үкімі солай шыққан.
Әлиханның түні бойы ұйқысы қашып, осындай қалың ойға беріліп отырғаны осы болатын. Туған жердің топырағының ең алыс түкпірі Омбыға да келді. Ертең алысқа кетеді. Елден алыстаған сайын Әлиханды артына қарата – қарата алып бара жатқан осы тағдыры еді.
Бара жатқан жері бұлыңғыр тартқан, белгісіздіктің ортасындай болып көрінеді. Ойлаған сайын басына әр түрлі ойлар келеді. Соларды ойласа, ішкі жан – дүниесі бірге құлазып шыға келеді. Алдағы күндері беймәлім, мазасыз жүріс пен босқа өтетін өмірді ойлап тағы қайғырады. Күштіге жем болып, жетімсіреп, артында қалып бара жатқан қалың қазағын тағы ойлайды.
Ес біліп, көзі ашылғаннан бергі көргені осы. Бодандықтың шырмауынан шыға алмастан бұқпантайлап жүрген қазағының жайы болды. Әсіресе соны ойласа, көз алды сағым ойнағандай болып, бұлдырап, бұлыңғырланып, тұман басқандай болып шыға келеді. Елдің жағдайын ойлаған сайын ішкі күдігі де күшейе түседі. Соның барлығы күн өткен сайын уайымына – уайым қоса беретіндейі тағы бар. Ең басты уайымы артында қалып бара жатқан елінің жайы екені өзіне мәлім. Өйткені ел ішінде алаңдатар көп іс қалып барады. Ең қиыны, есіл де, егіл, ел мен жұрты жетімсіреп, біреуге телміріп қалды.
Жас кездегі, студент болғандағы, өзі сияқты қазақ жастарының алдында: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді. Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!...» деп берген серті бар еді. Ендігісін онысы қалай болмақ? ...
Осыған дейін берген сертіне берік болуға тырысып бақты. Қазаққа қызмет етті. Сол қызметі үшін түрмеге түсті. Енді міне, айдалып барады. Әсіресе, жанына бататыны мынадай қиын – қыстау кезде елден алысқа кетіп бара жатқандығы еді. Елде қалған қалың жұрт болса әлі күнге дейін етек – жеңін жия алмастан қалып барады. Әлиханды алаңдатып, артына жалтақтататын да сол болса керек.
Не істесе де, қалай болса да, патшалық үкіметтің ұзын құрығынан құтыла алар емес. Мына бір жер аударған, айдалу сапарын қиындатып тұрған да сол еді. Содан да болар, биылғы жыл Әлиханға аса сұрапыл, қиыншылығы көп жылдай болып көрінген. Жанын жегідей жеген шарасыздыққа істер айла мен амалы жоқ. Келе жатқан беті осы еді.
Ал қазір, алдында өзін не күтіп тұрғанын білмейді. Аузын арандай ашқан белгісіздік пен шарасыздыққа бойлай кіріп бара жатқан секілді. Қайда барарын, не үшін барарын білсе де, онда барғанда не боларын білмейді. Ендігі өмір қалай болмақшы? Онысы тағы белгісіз. Бұрын көрмеген жерінде, болмаған ортасында бақандай он жылдан астам өмір сүруге тура келіп тұр. Ертеңгі күннің болар – болмасы, беймәлім?... Бұнысы өз қамы емес, елдің қамы. Ойлайтыны сол ғана.
Бүгінгі міне, өзі тілеп алған өмірдің бастамасы осындай. Осылайша бола бермек пе? Барар жерінде өзін не күтіп тұр! ...
Осындай көлденең көп жайттар Әлихан көңілін алаңдатып келе жатқан. Бір жағынан елден шыққалы бері күйзеліп келе жатқаны сол еді. Арғы тағдыр қалай болады. Ол да жұмбақ. Патшалық биліктің баттитып тұрып жаққан күйесі бұл күнде бойына әбден сіңген. Ол енді бұдан былай кетпейді. Әлихан ендігі бұл елдің жауы сияқты. Мемлекеттің саяси қылмыскері. Сондай атақты өкімет қоңырау қып, сылдырлатып тағып жіберген. Қай жерде жүрсең де оның үні өшпейді. Оның үстіне айдалған жерге барғанда алдынан мен мындалап, еншісіндей болып шыға келетін бетіне салық боларлары тағы бар. Өзіне тағылған айыптар: мемлекетке, оның басқару формасының негізі болып табылатын монархиялық режимге қарсы шыққандығы соның негізгісі. Империяға жат саяси көзқарасы, сол үшін сотталғандығы және жер аударылғандығы мұның қосымшасы. Осындай белгісіздік басқан күйден бөтен алда өзін күтіп тұрған түк жоқ сияқты.
Әлиханның осындай қалың ойға беріліп, мұңды пішінмен отырғанына біраз болып қалса керек. Ойына тағы бірдеме түсіп, жан – жағына қарап еді. Сапар шегуге дайындалып келген көп жолаушыны көрді. Олар болса белгілі бір мақсатпен сапар шегіп кетіп барады. Өзі болса қайда барады?... Не үшін жолға шықты? Кім онда өзін күтіп отыр? Бәрі белгісіздіктен тұратын жұмбақтар. Бәріне кіналы өзі. Осы жолды таңдап алды. Енді соның тауқыметін көріп келеді. Әлі көрері қаншама, татар заһары да аз емес. Не істесін? Басқа түскенін көреді. Өйткені жай келе жатқан жоқ. Айдалып келеді.
Қарқаралыдағы елмен қоштасып шыққаннан бері ойы бұзыла түскен. Өзін шығарып салғалы дайындалған бауырларына «керегі жоқ» деген. Олай жасағаны оларды сәт сайын өзін аңдитындардың көзіне түсіргісі келмеген. Олар да Әлиханның айтқанын мінемей, оң түсінді. Бір жағынан жалғыз жүріп іштегі күдігі мен шерін тарқатып алғысы бар. Өйткені туған жердің топырағынан алыстаған сайын жанына бір түрлі қимастық пайда бола бастаған. Ең басты уайымы артында қалып бара жатқан Елена мен балаларын кейін Самараға алғызу.
Кіндік кесіп, топырағына еміне аунаған жерін енді қайтып, қашан көретіні белгісіз. Өмір бойы дұшпан ниетпен алыс пен арпалыста жүрген патшалық билік ақыры аяқтан шалып құлатты. Осының алдында бір жылдай әр жердің түрмесіне қамап келіп, ақыры босап шығуға айналғанда ебін тауып елден қудырды. Көз көріп, аяқ баспаған жерге айдауға жіберді. Бүгінгі бар өмірден алғаны осы.
Самарға бара жатқан Әлихан Бөкейханов ертерек келіп, жүктерін вокзалға түсірткен. Қала вокзалының алды әдеттегідей арлы – берлі жүрген кісіге толы екен. Әлихан көз қиығымен вокзал жақты бір қарап өтті де, ішке кірместен, сыртта тұра берген.
Қала вокзалының алды ығы – жығы, кісіге толы екен. Қолдарында шабадан, басқа да жүктері бар жолаушылар арлы – берлі сапырылысып жүріп жатыр. Тіпті вокзал алды арлы – берлі жөңкіген кісіден көз ашылмайтындай көрінеді. Вокзалдың сырты қалай болса, іші де солай, адамға лық толы болып шықты.
Талайдан бері жауын көрмеген вокзалдың алдындағы тақыр алаңның шаңы да ыстық күнде ары өткен, бері өткен көліктің жүрісінен бұрқылдай көтеріледі. Жолаушы тасып, ерсілі – қарсылы ағылып жатқан күймелі арбалар мен салтатты жүргіншілер де осы кезде кісіні шаңға көміп, өте шығады.
Биік, еңселі келген вокзал әлі сол қалпы, бұрынғы кездегідей көзге ыстық көрінеді. Күйдірілген қызыл кірпіштен іргесі қаланған ғимараттың сыртқы бейнесі бүкіл империяда кездесе беретін ортақ сәулетпен жасалған.
Бұл вокзалдың да Россия империясының барлық аймақтарына тән етіп жасалғаны, мен мұндалап, көзге бірден байқалып тұр. Өйткені Ресей сияқты кең байтақ елдің темір жолымен жүрер болсаң әрдайым, осылайша, біркелкі салынған ылғи осындай құрылыс көздеріне тап бола бересің. Қаласын шатастырмасаң да, вокзалын шатастыруың оңай. Омбы қаласының мына вокзалы да осыған ұқсас. Империя темір жолына сай құбылыс, бәрі біріне – бірі ұқсас, бірінен – бірі аумайтын осындай көрініс бұл елде жиі қайталана береді. Тіпті кейде, бір станция мен екіншісін, олардың вокзалдарын шатастырып алу да ғажап емес.
Бұл Россия империясына ғана тән қасиет. Омбы қаласының мына вокзалы да солардың бірі болса керек. Темір жолдың бойына салынған, бірінен – бірі аумайтын көп вокзалдың бірі осы еді. Аздап қызғылтым бояуы басымдау, сарғыш түсті бұл вокзал да Империя жол қатынасы жүйесінің бойындағы адамдар көп жиналатын жер.
Вокзалға сәл жете бергенде темір жолдың жиегінде тұрған қызыл кірпіштен қаланған, биік етіп салынған су сақтайтын мұнара да барлық жерде бірдей болып, кездесе береді. Осы секілді су мұнарасы қазір Омбыда кездессе, бұдан кейін Шелябіде кездесуі әбден мүмкін. Одан қалса Самарда да кездесе беруі ғажап емес. Бұның бәрі Россияда ғана осылай болады. Осы елге тән құбылыс.
Бұл жер Әлиханның талай болған, талай жүрген жері. Көп көріп, көп білетін сүйікті Омбысы.
Туып, өскен жерінің кіндігі Қарқаралы болса, сондағы орыс – қазақ мектебінде оқып сауат ашып, бір жағынан етікшілік кәсіп алып шығардың алдында кездейсоқ бір оқиғаның болып өткені Әлиханға Омбы қаласына жол ашқан еді.
Иә, дәл сол жолы Әлихан Дала генерал – губернаторы князь Колпаковскийдің өзімен бетпе – бет кездескен болатын. Ол кезде Әлихан жас еді. Қарқаралы мектебінде оқитын.
Осының алдында ғана: «Мектепке, Дала өлкесіндегі ең үлкен билеушісінің өзі келетін болыпты» деген сөз бұл жердегілерді есеңгіретіп тастаған еді. Сондағы мектеп директорының сасқалақтаған түрінің өзі сұмдық көрінген. Өңі қуарып кеткен, көзі алақтап, мектеп ішін арлы – берлі кезіп жүр екен.
– Құдайым-ай, сақтай гөр! Сұмдық-ай, Дала генерал – губернаторының өзі келемін депті. Енді не боламыз! Күніміздің құрығаны десеңші... – деп, мұғалім біткеннің дүрлігіп жүргенін барлығы көрді. Оның ішінде мұғалімі де бар, оқушысы да бар.
Лажсыздықтан барлығы бүрсиісіп, кластарына тығылған. Мұғалімдер де, абыржып қалғандықтан не істерлерін білместен, томсырайып, үн қатуға шамалары келмей қалыпты. Бір – бірімен дауыстарын бәсеңсітіп, тіпті сыбырлап қана сөйлеседі. Айтатындары бірақ әңгіме. Ол, мектепке Генерал – губернатор Колпаковскийдің келе жатқандығы еді.
«Сонда ол неге келеді екен?» дегенге, кейбіреуі үреймен: «Жай келмейді дейді. Көруге, тексеріп, білуге келмекші екен» деп жатты.
Генерал – губернатор сияқты биік мансап иесінің мектепке келуі бұрын бұл жерде болып көрмеген оқиға. Бұған дейін, бұл мектепке Омбы түгіл, Семейің былай тұрсын, мына тұрған Қарқаралының әкімі – уезд бастығы да келіп көрмепті. Енді бірден соның өшін алайын дегендей, Дала генерал – губернаторы, князь Колпаковскийдің өзі келгелі жатса керек. Барлығының сасқаны содан екен.
Енді бір қиын, үрейлі де, беймаза күй Әлихан оқитын мектептің басына түскен сияқты. Өйткені өзінің абыройы мен атағы, мансабы мен лауазымы мыңнан астам шақырым жерден естілетін Колпаковскийдің өзі екен мектепке келгісі келген.
Ол кісі, осы әлгінде ғана уезді аралап болыпты. Басқа істің бәрі біткен соң, аяқ астынан тың бір хабар естірткен сыңайлы.
Уездің оқу инспекторына:
– Осындағы мектептің жайын көргім келеді – дегенді айтыпты. Ол байғұста не ес қалсын. Дереу көмекшісін осында жүгіртіпті. «Дайын болсын! Қапыда қалдым деп айтпасын!» деген үшбу сәлемін қоса жолдапты.
Мектептегі сарсалаң осыдан басталған еді. Енді міне, бәрінің бірдей есегіреп жүргені, содан. Директор мен мұғалімдер «мұндай соққы пәле қай жағымыздан келді. Енді қайттік? Мұндайды қалай көтерсек екен?» деп жүргені ғана Әлихандай баланы жинақы болуға шақырғандай болып, елес берген.
Бұл уақытта мектептегілерден шыдам кете бастаған.
Бұлар есін жиып, езуін жиғанша аппақ ақ карета, соңында толып жатқан экипаж, фаэтондары бар керуен мектепке жетіп келді. Әсіресе Әлиханды қызықтырған бірінің артына бірі жегілген алты бірдей аты бар ақ карета еді. Сол алты ат жеккен ауыр экипажды карета ғана дәл мектептің алдына келіп тоқтаған.
Абыр – дабыр басталғанда, бүкіл оқушыны алаңға шығарған. Олардың барлығы қазір мектеп алаңындағы плацта сап түзеп тұр. Елдің бәрі бір қатер төнгендей демдерін ішіне тартып, үрейлене қалған. Тіпті дыбыс шығаруға, мұршалары жоқтай. Бұрынғыдай сыбырласа алмай қалған.
Мектеп директорының өңі онан сайын қуара түскен. Жан – дәрмен қып, соңғы сөзін мұғалімдерге айтып үлгерді ме, үлгермеді ме, ол жағы белгісіз сияқты. Енді болса да, болмаса да, бәрібір. Келетін губернатор, келіп тұр.
Осы кезде каретадан ұзын бойлы, құйып қойғандай, сом денелі, әскери мундир киген кісі түсті. Оқалы киімі жалтырап, бірден губернатор екендігі білінді. Қалғандары құрақ ұшып, оның соңында жүр.
Осыларды көріп, оқу инспекторы қасындағы мектеп директорына ерні күбір ете қалып:
– Келді, генерал – губернатордың өзі келді! – деді. Шын қысталаң енді басталған. Сол-ақ екен, мектеп директоры онан сайын өңі қашып, бозарып кетті. Соны сезген инспектор сыбырлап:
– Қорықпа, былайша жақсы адам. Қазір көрерсің – деп басу айтып үлгірген.
Каретадан түскен Колпаковский аяқ – қолын сілкігендей болып, бойын жазды. Содан кейін аяңдай басып, алаңға бет алған. Қасындағы толып жатқан нөкерлері бірге жүрді.
Өлке губернаторы жақындай түскенде Әлихан анықтап қараған еді. Бала болса да оның жүзіндегі ерекше бір жылылықты байқап қалған.
Осы кезде мектеп директоры мен оқу инспекторы аяқтарының ұшымен басып, Колпаковскийдің алдынан шықты.
Колпаковский тоқтап, алдымен солармен сөйлесе бастады. Сымбатты келген, Дала өлкесінің айбынды иесі, Россияға істеген жақсы қызметтері үшін, князь атағын алған генерал – губернатор сөз арасында басын бұрып, оқушылар тұрған жаққа қарап қояды. Қазіргі тұрған тұрысының өзінде де ол аузы жыбырлап, қасындағылармен сөйлесіп тұрғандай болып көрінді. Оны қоршаған шенеунік біткен тек басын изей береді. Онысы Әлиханға Колпаковскийді қолпаштап тұрғандай көрінді. Әңгіменің беталысына қарағанда Колпаковский жай тұрмастан оқу орындарының басшыларын бас салып сұрақтың астына алған сияқты.
Бірақ Колпаковский бұл адамдарды көп сұрап, әурелеген жоқ. Енді аяңдай басып оқушылар тұрған сапқа таялған. Алаңдағы тірі жан біткен осы кезде, өзгеше, жым – жырт бола қалысыпты.
Генерал – губернатордың мектептерге барып, ондағы жайды өз көзімен көруінің себебін Әлихан кейін білді. Сүйтсе, барлық жағдай өлке арқылы салынып жатқан «Трансібір» темір жолына байланысты екен. Ғаламат темір жол құрылысының басталуы көптеген мамандық иелерін қажет еткен болып шықты. Тіпті осыған байланысты Омбы қаласында техникалық училище де ашылатын болса керек.
Бұл оқу орнының ашылуы енді ғана басталып салынып жатқан Сібір темір жолына қажетті төменгі дәрежелі техникалық мамандарды даярлау мақсатында ашылатын болыпты. Темір жолға қажетті мамандар жетіспегенімен қоймай, ашылған училищенің өзіне оқуға деген қабілеті бар адам тапшы болған заман туыпты.
Мұндай жағдайдың қалыптасуы Колпаковский сияқты көреген басшынының назарынан тыс қалмаса керек. Училищеге оқытуға адамдар жетіспей жатқаны Колпаковскийдің қайда жүрсе де есінен шықпайтын керегіне айнала бастағаны да содан екен.
Колпаковский дардай басымен қарап жүрмей, сондай оқушы балаларды іздестіріп жүретін болыпты. Ол техникалық оқуға лайық балаларды жай мектептерден, соның ішінде туземдік мектептерден де іздеттіре бастатқан екен. Өзі де, қолы қалт етсе болғаны, осы іспен айналысатын болыпты. Қайда жүрмесін, қайда бармасын, әсіресе ел аралауға шыққанда мектептердегі оқушы балалардың білімін тексертіп, қабілетті дегендерін оқуға алғызып отырған секілді.
Қызмет бабымен ел аралауға шыққан кезін пайдаланып Колпаковский Қарқаралы орыс – қазақ мектебіне осындай мақсатпен келіпті. Өзінің үлкен билеуші, мансабы зор чиновник екеніне қарамастан әрдайым осылай істейтін көрінеді.
Бір жағынан салынып жатқан темір жол құрылысына бола Омбы техникалық училищесінің де маңызы арта түскен еді. Осыған байланысты училищенің төрт жылдық курсында: орыс тілі, орыс тарихы, теориялық механика, кинематика, көтергіш және сорғыш машиналар, сондай-ақ басқа да күрделі техникалық сабақтар берілетін. Оның көптеген лабораторияларында физикалық, химиялық, математикалық іс – тәжірибелер өткізіліп жатса, ағаш шеберханалары мен темір ұстаханаларында арнайы пәндік сабақтар өтетін. Оқу барысында, жазғы еңбек семестрлерінде оқушылар тәжірибе жинақтауға завод пен фабрикаларға, одан қалса теміржол шеберханалары, диірмендер мен кәсіпорындарға жіберілетін. Осылайша Омбы техникалық училищесі үлкен білім ошағына айнала бастаған. Осы тұрғыдан алғанда Колпаковскийдің училищені көркейтуге көп күш жұмсағаны білініп тұрған еді.
Дала генерал – губернаторының мұнысы түбінде ел мен мемлекеттің жұмысы ақсамасын дегені екен. «Білгір, ел мүддесін ойлайтын басшы осылай істерге керек» деп, Әлихан әрдайым Колпаковский туралы жақсы ойда жүргендігі осы кезден басталған.
Бірақ, әзірше, оның осындай жақсы ниетпен осында келгені, бұл мектепке сәтсіз, қидакездік бір шақты алып келгендей етіпті.
Қарқаралы мектебіндегілер бұл келіске сұмдықтай қарады. Осы мектеп, арғысы уездің абыройы қалай болатыны осыған қарап қалыпты. Не болса да, көрешегімізді «көрермізге» бекініп бұлар тұрған.
Сапта тұрған оқушыларға таяп келген Колпаковский олармен амандасып болған соң, бір уақытта жұлып алғандай:
– Білесіңдер ме, менің қайдан келгенімді? Мен алыстан келдім. Омск деген қаладан келіп тұрмын. Менің осы жерге дейін карета көлігім қанша жүргенін айтсам, таң қаларсыңдар. Бақандай 760 шақырым екен. Олай болса кім айтады, осы аралықты жүріп өткен менің каретамның дөңгелегі неше рет айналып жетті? – деді. Сүйтті де, Колпаковский қояр сұрағын қойып болған соң, соның жауабын күтіп тұрып қалған.
Колпаковский училищеге бала таңдарда, ылғида, осындай сұрақтарын алдымен өзі дайындап алып, тапсырмасын осылайша беріп жатады екен. Онысы бүгін де оқушыларға қызық көрінгенімен, аяқ астынан қойылған қиын сұраққа жауап беруге жүректері шайлығып, дауасы болмай барлығы бірдей жұмған ауыздарын ашпады.
Әңгіме беті бұлайша басталғанынан-ақ, Әлиханның бала жүрегі, Колпаковскийдің не үшін, мұнда келгендігін болжап, білгендей болды. Губернатор осындағы оқушылардың ынта, жігерін, білімі мен қабілетін тексеріп, содан өзіне керегін алғысы келетін сияқты. Осындай кездейсоқтық жағдайдың бәрінен бұрын аман жүрген Қарқаралы мектебі бүгін үлкен бір сынға түскені білінді.
Көп оқушы, кім бұған, «жауап береді екен» деп, бір – біріне атыса қарап, әзірге үндеместен қалыпты. Бұл жағдай барлығын бірдей ойлантып тастағандай еткен. Бұрындары кеуделерін керіп жүретін мұғалімдер «енді не болады екен?» деп төмен қарайды.
Бағанадан бергі, генерал – губернатордың сөзінен-ақ бұлардың кетеуі кете бастаған. Тапсырма оқушылар үшін күрделі болғанымен қоймай оған кім суырылып жауап бере қояды екен. Олар үшін мұнысы тағы бар. Өйткені Дала өлкесінің генерал – губернаторының алдында оқушы бала тұрмақ өздері де арбауға түскендей болып тұрғаны мынау. Жұмған ауыздарын ашуға батылдары жетпейді. Әйтпесе, «әй, осыдан бірдеме шығар» деп, сенген оқушылары бар еді ғой. Бірақ солардың суырылып шығып, сөйлеуге шамасы жоқ сияқты. Сондықтан оқушыларының ішінен бірде – біреу тапсырманы орындай алмайтындай болып көрінген. Бұған әсіресе қатты қиналған мектеп директоры болды. Ол жанын қоярға жер таппай тұрған қалпымен, аянышты күй кешіп, бойында, құр сүлдері қалған секілді. Директор бұрындары бет қаратпайтын адам емес, мүлдем басылып қалыпты. Қайта – қайта, екі көзін тарс жұмып, тұңғиыққа батардай болып көрінеді. Сүйтсе ғана ол осындағы ырду мен дырдудан құтылардай күй кешетін секілді. Келіп қалған мынадай анық бәледен аман қалатындай болуы керек.
Барлығы қазір осындай тылсым уақыт тез өтіп кетсе екен деп тілеп тұрған. Соған қарай белгісіздік басқан зіл батпан үнсіздік бұл жалғанда таусылар емес. Сарғайтып күткізіп қойған.
Елмен бірге Әлиханда осындай күн кешіп тұрған. Мектептің оқушылары бұл жолы өзгеше мінез танытып, «сен тимесең мен тимен, бадыраңкөздің» кебін киіп тұрғандай көрінеді. Мына тұрыстарына қарағанда Колпаковскийдің тапсырмасы орындалудан аулақ сияқты.
Колпаковский орнынан қозғалмай тұрып, қасындағыларға бірдеме айта бастады. Өзі берген сұрақтарына жауап ала алмай тұрғанына өкініш білдірсе керек. Соны қасындағыларға айтып тұрған сияқты. Бұл кезде оның түрі түнеріңкі тартып, қабағы түсе бастаған.
Өлке губернаторының қасындағы Семей облысының губернаторы, уезд бастығы, тағы сол сияқты біраз ұлықтар осы түрді ұғып, тек көздерімен мектеп директоры мен мұғалімдерді ішіп – жеп барады. Енді біресе, солар жаққа жалтақтай қарап, бастарын қалтақтатып, иек қақты жасай береді. Түрлерінен «бірдеме қылсаңдаршы» деген ырай қоса білінеді.
Бұл кезде мектеп директорының жағдайы тым күрделі тартып, төмендеп кеткен. Бұрынғы, бұрынғы ма, оның бұзылған шырайы енді қайтып оңалмастай болып, бұзыла түскен.
Директор бұл кезде өзіне – өзі есеп беруден қалып, неге болса да дайын сияқты. Өзінен – өзі кіріптар болып, ақыл тоқтатудан мүлдем алыс еді.
Әлихан осының бәрін көріп, іштей дайындалғандай болды. Қазір араға түсіп, жан пида қылмаса болмайтын сияқты. Кеш қалуы мүмкін.
Жан – жағына қарап еді. Жым – жырттықтан басқа ешбір қимылды көрмеді. Айтайын деген біреуі жоқ. Олай болса, оқушылардың үндемей тұрғаны, тапсырма орындалмайды деген сөз. Ең қиыны осы еді.
Бұлай болғанда мектеп абыройдан жұрдай болады. Онымен қоймай, бүкіл мұғалімдер мен директор құрдымға кетуі анық. Генерал – губернатор сияқты үлкен ұлықтың өкпесінде шек болмайды. Оның кәрі мен қаһары дүйім жұрттың басына төнеді.
Бұл жас та болса, Әлиханның сондағы өз ойы болатын. Осы жай оның көп ойлантуға мұршасын бермеген. Енді анық, қарап тұрса, көпшілік кісі ұятқа қалғалы тұр. Бірдеме қып, бұл масқарашылықтан құтқармаса болмайды.
Әлиханды алдыға жетелеген осы болатын.
Осы кезде ол сытылып алға шықты.
– Ваше сиятельство! Мектеп оқушысы Бөкейханов. Тапсырманы орындауға дайынмын – деді.
Барлығы бірдей аңтарылып, Әлихан жаққа қарады. Көпшілікті таң қалдырғаны тапсырма орындауға шыққан орыс емес, басқа емес, туземдік, киргиз оқушысы екендігі болатын. Өзінің даусы да ерекше шығады екен. Тамам елді жап – жас киргиз баласы өзіне қаратып алды.
Ұзын бойлы, қапсағай денелі Колпаковский әдемі етіп, қиылған мұртын бір сипап өтті де, көзі күлімдеп:
– Ну, давай! – деді. Колпаковскийдің артында тұрған ұлықтар гуілдесіп кетті.
Әлиханның кигені гимназистер, кәсіптік мектептерде оқитын оқушылардың формасы еді. Гимнастеркасының белі үнемі қыналып тұру үшін жалпақ қайыс белбеу тағылатын. Ол дереу беліндегі белдікті шешіп алып, алдымен арба дөңгелегінің диаметрін және табанын өлшеп алды. Содан кейін барып алаңдағы құмдауыт жерге отыра кетті.
Үнемі қолынан түспейтін портфелінен сызғышты алып, белбеумен өлшенген кесінділерді алдымен өлшеп алды. Осыдан кейін ауыл балалары сияқты жүгініп, жүресінен отыра қалып, есеп шығаруға кіріскен.
Шамалыдан соң, шығарған есебін қағазға түсіріп, генерал – губернатордың қолына берді.
Колпаковский асықпастан, маңғаз қимылмен қағазды алып, қарай бастады. Оқып тұрып, қайта – қайта басын шайқай берген. Әлиханға қарап:
– Осыны енді өз сөзіңмен айтып берші – деп өтінді.
Кезек Әлиханға келгенде ол Колпаковскийден бір қаймықпастан, тік қарап тұрып, есептің шығару жолын айта бастаған. Сөзі генерал – губернаторға ұнаған сияқты. Кейде ол басын изеп те қояды. «Қырғыз баласы сөйлегенде керемет сөйлейді екен» деп, ол да құдай біледі ішінен сұқтанып тұрған тәрізді.
Әлихан болса құдды бір мәнерлеп сөйлеуге әбден бейім болып алған кісіше, алғашқы сөздің өзінен-ақ даусын кенеп қойып, сөйлей берді. Айтарын барынша көркем тілмен айта бастағанда, даусы көп өзгеріп, саңқылдай шықты. Өзінің түрі мен түсін еркін билеп алып, жатық сөйлеп жатқаны өз алдына тағы бар.
Кісі біткен жым – жырт болысып, сілейісіп, тұрып қалған. Ендігі жайдың бәрі киргиз баласы Бөкейхановтың қолында сияқты. Құтқарса сол құтқарады. Құртса сол құртады. Басқасын бір құдай біледі.
Әлихан айтарын айтып болысымен, Колпаковский бірер рет Әлиханнан кейбір цифрларға қандай жолмен келгенін сұрастырды. Шешімін тапқан дұрыс жауаптар, Әлихан аузынан естіліп жатты.
Колпаковский кідірместен:
– Барлығы дұрыс. Тіпті кейбір жерінде өзіндік логикамен щығарылған. Онысы өте жақсы. Ойлау қабілеті жоғары екен – деп мектеп директорына қарады.
Мектеп директоры арқасынан ауыр жүк түскендей, көзі жасаурап, басын изей берді.
Сүйтіп, Әлихан Бөкейханов сынды оқушы, Колпаковскийді де, басқаларын да, таң қалдырып шыққан. Сол жолы, Колпаковский өзі де, Әлиханның тапқырлығы мен батылдығына, сондай-ақ есепке жүйріктігіне қатты сүйсінген еді.
– Сіздер, мырзалар осындай қып, мамандық таңдау тексерісін өткізбейінше, өздеріңізде оқып жүргендердің нақты білімінің деңгейін біле алмайсыздар. Мұндағы оқуы бітісімен мына оқушыңды Омскдегі техникалық училищеге жібересің! – деп, мектеп директорына қатты тапсырды.
Әлихан үшін Омбыға жол осылай ашылды.
Кейіннен осы жерде тұрып жұмыс істегеннен бері Омбыны жақсы көріп кетті. Алғашқы газеттерін де осында жүріп шығарды. Қазір соның бәрі есіне түсе берді.
Омбымен Әлиханды байланыстыратын дүниелер көп. Осында жүріп үйленіп, балалы – шағалы болды. Қаншама жора – жолдас, дос – жаран жинады. Сондықтан Омбы Әлихан үшін ыстық.
Қазірде Әлихан вокзал үйіне қарап, сол бір ұмытылмас сәттерді есіне алғандай болып тұрған.
Сонау Петербургте оқып жүргенде, елге келгенде Омбы арқылы өтіп жүрді. Осы вокзалдан еліне келіп, Петербургке қайтып жүрді.
Соңғы рет осы арадан «Петербургке Думаға депутат боламын ба!» деп аттанған. Оның алдында Павлодар мен Семейдің түрмелерінде қамауда жатты. Түрмеде жатса да Дума сайлауына түсуге бар күшін салып дайындық жасады. Сайлауға түсіп үлгірді. Қажетті дауыс та жинап алды. Ендігі қалғаны Думаға депутат болу ғана еді.
Бірақ патша басқарған отарлық өкімет оны қалайда Думаға жібермеудің амалын іздеп жатса керек. Сол дағдысы бойынша өкімет ондай арамниетін іске асырды. Бірінші сайланған Мемлекеттік Думаға сайланып, соған қатысуға бара жатқанда, ақыр оны да, «депутаттар заңсыз істермен айналысыпты» деп жариялап, таратып үлгіріпті.
Әлихан қамаудан шығып, Петербургке жеткенше Думаны осылайша таратылып жіберіліпті. Думаның заңсыз таратылғандығына бір сыпыра депутаттар қарсы шықты. Соның ішінде Әлихан да бар еді. Қарсылық білдірген депутаттар Выборг қаласына барып, конференция өткізіп, «Думаны тарату заңсыз» деген шешім қабылдаған еді. «Выборг үндеуі» деген атпен белгілі болған шешім осылай пайда болды.
Думаның таратылуы «заңсыз» деп, басқа депутаттармен бірге «Выборг үндеуі» атты үндеуге қол қойып, қарсы шыққан соң, олардың барлығына түрмеге отырғызу жазасы кесілді. Бұдан кейінбилік біткен Әлиханды елден бір жола аластатпақшы болған. Өйткені осының ар жағында жатқан бір ар ұялар іс бар еді. Патша үкіметі соған ұялмастан барған соң, басқасын айтып қайтесің. Қазақ зиялысы бұған қарсы шыққан. Соның бірі Әлихан еді.
Бұл арсыздық істің басы сонау 1905 жылғы Бірінші орыс революциясы кезінде басталған болатын. Россияны қаулап жанған революция өрті шала бастаған. Сол өрттен қорқып, басына күн туған, қысылтаяң шақта патша «демократиялық бостандықтар» беремін деп уәде берген.
Көп кешікпей революциялық қысымға шыдамастан ол «Рескрипт» қабылдап, оны елдің барлық аймағына талқылауға ұсынды. Солардың ішінде қазақ сияқты отарлық, бодан халыққа арналған, аздаған сый – сияпат та бар екен. Соны патшасы бар, үкіметі бар, әлдеқандай қып, жар салып: «Туземдік, кіші халықтардың өкілдеріне де парламентке сайлануға құқы берілді! Сендер сұраған демократия дегендеріңнің тағы бір көрінісі осы емес пе» деп, үшбу сүйінші хабарды жан – жаққа таратып жіберген.
Содан бері жыл жарым өтпей жатып, патша бұзылды. Неге ғана, үйткені белгісіз патша ағзам берген уәдесінен жаңылғандай болды. Жаңылғаны былай тұрсын, тіпті тайқып шықты. Патшаның осы бір екі жүзділікке толы, әбес қимылы алдымен қазақ зиялы қауымының қытығына тиген еді.
Өйткені, осыған дейін де басқару билігінің сайланатын органдарына кіші халықтардың өкілдерін сайлау орыстың көптеген ұлтшыл, реакцияшыл бағыттағы адамдарының қарсылығына әкеліп соқтырғаны белгілі болды.
Сондайлардың қоқан лоқы көрсеткен дөрекі мінезіне байланысты елдің шеткі аймақтарына дейін кіші халықтарға берілген болымсыз демократия белгілерінің өзін болдыртпау үшін қарсылық шараларын ұйымдастырып жатты.
Ұлтшыл, реакционерлер төменгі халықтарды басқару тетіктерінің барлық түріне жібермеу үшін неше түрлі айла мен тәсілге барып, соларды іске асыруға тырысты.
Бұл империя демократиясының өзіне тәуелді халқына жолдаған кезекті сыйының пошымына ұқсайтын еді. Қазақ зиялылары бұнымен де күресіп, жеңе білді. Мемлекеттік Думаға қазақтар да сайланып жатты. Бұл қазақ зиялылары, Алаш азаматтары үшін көксеген арманына бір қадам болса да жақындай түскеннің белгісіндей болып көрінген. Қазақтардың қуанғаны осы еді.
Әлихан сияқты қазақтың көптеген зиялы қауым өкілдері өз халқының азаттығы мен бостандығы үшін күресті ұлттық автономия алумен көп байланыстырған болатын. Өйткені Мемлекеттік Дума құрылғаннан кейін, оған қазақтар сайлана бастағаннан кейін «солай болатын шығар?» деп ойлағандары рас еді.
Қазақ зиялылары бұл кезеңді «өтпелі кезең» деп, Россия «конституциялық және парламенттік мемлекетке» айналу табалдырығында тұр» деп түсінген. Россиядағы монархиялық билікке қарағанда Европа құрылығының көп еліндегі «конституциялық және парламенттік билік» көш ілгері тұрған, демократияның нышандары бар, прогрессивтік басқару формасы болып саналатын. Мұндай билік кезінде үкіметті парламент сайлауына түскен партия, не болмаса партиялардың блогі құрайтын. Осындай үкімет парламент алдында есепті болатыны тағы бар. Осыған көпшілік қазақ, әсіресе, оның зиялы қауымы қуанған еді.
Бірақ бұл көпке бармады.
Халықтың шын қасиетін, шын елдігін аяққа таптап, енді самодержавиелік өкімет, революция өрті сәл бәсеңдей бастаған шақта патшасынан бастап, үкіметі бар барлығы бірдей жерден жеті қоян тапқандай болып, «өздерінің тұрып жатқан жерлерінде, тиісті бекітілген жері жоқ халықтан Думаға мүшелер (депутаттар) сайланбасын» деген сайқымазақ ниетіне кіріскен. Өйткені 1907 жылдың, 3 июнінде, Россия империясы патшасының қазақ халқын қорлайтын атақты жарлығы шыққан болатын. Сол жарлықтың нәтижесінде екінші шақырылымдағы, арасында қазақ мүшелері бар Мемлекеттік Дума таратылды. Сүйткен 3 июнь жарлығы мың құбылған патшалық үкіметтің нағыз бетпердесін түсіргендей етті.
Бұл нағыз қорлыққа айналған жарлық болатын.
Сөйтіп, олар қазақтан алдымен жерді күштеп, тартып алды. Оған айтқан сылтауы да түсініксіздеу болып шықты. Тұтас бір халықтың сан мыңдаған жылдар бойы қастерлеп, пайдаланып келген жері бір сәтте ұшты – күйлі жоқ болды. Жер қазынаға өтті. Ал сол қазынаның артында кім тұрғаны белгісіз. Былай қарасаң қазына – мемлекет болуға тиісті. Ал мемлекет болса онда оның байлығын халық сайлаған жоғарғы орган – парламент басқару керек еді. Ал Россияда ұмыт болып кеткен, енді ғана ашылған Дума ондайға татымайтын, жай әшейін биліктің қолындағы қуыршаққа айналған органнан ары аса алмады.
Сонда қазақтың жері саудаға түспей-ақ қазынаның тақымында кете барды. Жерінен айрылып, малға қараған қазақтың күні қараң бола бастағанымен қоймай сол жерлерде өмір бойы тұрып жатқан қазақ байғұс енді аяғының астындағы басып жүрген жерінен мүлдем айрылып қалды. Ол былай тұрсын, бұдан былайғы көшпелі бұл халықтың тұрақты жері жоқ болып шықты. Бұл жер туралы ценздің, былайша келгенде отырықшылықтың басты белгісі қазақта жоқ деген сылтау еді. Жерден айрылған қазақтың келесі сыбағасы жер мен көктің арасында қалғанмен тең болып шыққан. Ол, ол ма, «қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің дегендей, соның артынша, «қазақтың өз басында жер жоқ болғандықтан, ол Думаға сайланбасын» деген мазағы қоса шықты. Билікті қолдан жібергісі келмеген патша өзінің 3 маусым 1907 жылғы Екінші Мемлекеттік Думаны тарату жарлығымен ақыр аяғында бәрін бүлдіріп тынды. Бұндай жарлықтың кеселінен қазақ халқы сайлау және сайлану құһынан мүлдем айрылды.
Енді самодержавиелік өкімет, революция өрті сәл бәсеңдей бастаған шақта патшасынан бастап, үкіметі бар барлығы бірдей жерден жеті қоян тапқандай болып, «өздерінің тұрып жатқан жерлерінде, тиісті бекітілген жері жоқ халықтан Думаға мүшелер (депутаттар) сайланбасын» деген сайқымазақ жарлыққа жол берген. Бұл нағыз қорлыққа айналған жарлық еді.
Міне, Әлихан Бөкейхановтың түбіне жеткен биліктің осындай қитұрқы істері еді.
Осылайша патшалық билік ар ұялар ісін жалғастыра берді. «Екінші шақырылған Мемлекеттік Дума таратылғанымен қоймай 4 – миллион қазақ халқын сайлау және сайлану хұқынан мүлдем айырдыңдар. Бұл қазақ халқының басына түскен ауыр қайғы мен отарлық басынушылық болды» деген Әлихан үні барлық жерде, баспасөз арқылы естіліп жатты.
Тегінде Әлиханның Патша үкіметімен жауласқанына біраз болған. Сол үлкен жаулық келе – келе бітіспес өшпенділікке айналып тынды. Ақыры биліктегілер Әлиханның қыр соңына түсуін үдете берді. Қайда барса да, қайда жүрсе де басқан ізін аңдып, тырп еткізбеуге айналған.
Ең алдымен биліктегілердің Әлиханға деген өшпенділігі мынадан басталған. Оның өзі үнемі баспасөз бетіне шығып жатқан сол билікті әшкерелеу сөздерінен еді. Билік біткеннің Әлиханға деген өшпенділігі ең алдымен оның өткір тілінен басталғандығы соның куәсі деуге болады. Сол өткір тілді Әлихан патша билігінің зұлымдығын әшкерелеуге бағыттады. Ол үнемі баспасөз бетінде шығып жататын мақалаларында сол билікті әшкерелеу сөздерінен бастауды ұмытпайтын.
Бұл кезде Әлихан өзі ашқан, немесе басқалар ашқан газеттердің бетінен жан тебірентер, өткір тілді мақалаларын бір үзбей шығарып жатты. Әсіресе оның қазақ халқының отарлық күйін масқара ететін жазбалары газет пен журнал беттерінен кетпейтін болды.
Тегінде Әлиханның патша үкіметімен жауласқанына біраз болған. Сол үлкен жаулық келе – келе бітіспес өшпенділікке айналып кетті. Россия империясының Премьер – Министрі, орысша айтылғанда Министрлер Советінің председателі, Империяның Ішкі істер министрі, Государь, патша ағзамның өзінен кейінгі биліктегі екінші адам Петр Аркадьевич Столыпиннің өзі Әлиханды өзінің «жеке дұшпаны» және қазіргі кездегі империя саясатының «өте қатерлі жауы» санағаны осының айғағы.
Әлихан да, Столыпинді аяған жоқ. Столыпиннің бір басы 1905 жылдан бастап, елдегі екі үлкен, маңызды мансаптарды алғаннан кейінгі жүрісін сынап жазды. Барлық газет беттерінен Столыпин аяусыз соққыға душар болды. Оны ең көп сынаған кісінің бірі Әлихан еді.
– Столыпин Россиядағы ахуалды тым шиеленістіріп жіберді. Халықты жаншуға, оның праволарын аяққа таптатып жатқан да, биліктің жоғарғы сатысынан өзінің «Реакциялық саясатын» төндіріп жатқан Столыпин сияқты басқарушылар. Олар осы елді тұншықтыруға бағытталған істерін тоқтатпайынша елдің қарғысына ұшырауын қоймайды – деп жазды Әлихан «Речь», «Слово», «Сибирские вопросы», «Омич», «Семипалатинскй листок» және басқа да, халық көп оқитын баспасөз беттерінде.
Мұнымен шектелместен Әлихан Столыпиннің «Аграрлық реформасын» Россия жағдайына негізсіз екендігін ашық айтты. Реформалардың тұрғындардың жағдайын жеңілдетудің орнына оны тым ауырлатып жібергенін, ең сорақысы Столыпин киргиз (қазақ) елінің осыған дейін тартып алынып жатқан жерлерінің алынуын заңды дегізіп, оның алынуын одан сайын үдете түсті. Бүкіл бір халықты озбырлық тәлкекке салу үшін оны адами құқынан айырып, ең негізгі сайлау және сайлану праволарынан айырды. Столыпиннің мұны жасағаны қазақ халқының «еш уақытта өз басында жері болмаған» деген шовинистік сылтау арқылы оның жерін тартып алуды онан сайын күшейтіп жатқандығы осының дәлелі – деп те айтты.
Ақыры билік Әлиханның қыр соңына түсуін үдете берді. Қайда барса да, қайда жүрсе де басқан ізін аңдып, тырп еткізбеуге айналған.
Әлиханның бұдан басқа да патшалық өкіметке қарсы істегені аз болмады. Әсіресе, Патша манифесіне Қарқаралы, Семей, Павлодар, Омбы жерінде ұйымдастырған манифестациялар мен петицияларға байланысты істері отарлаушы билікке аса зор нұқсан келтіріп жатты. Империяға қатты батқаны да осы болды. Әлихан Бөкейхановқа берілген соңғы жаза осыған бола шыққан еді. Осының алдында ғана ол түрмеге жабылып, қамауға алынған болатын.
Ұзақ, тоғыз айға жуық түрмеде отырып, енді шығып Дума сайлауына түсуге дайындық жасай бергенде тағы өзіне пәле тағыла кетті. Бірақ сайлауға түсіп үлгірді. Артынша қамауға алынды. Екінші Думаға сайланып, соған қатысуға бара жатқанда оны да таратып үлгірді.
Думаның таратылуы «заңсыз» деп, басқа депутаттармен бірге «Выборг үндеуі» атты үндеуге қол қойып, қарсы шыққан соң, билік біткен Әлиханды елден бір жола аластатпақшы болған. Өйткені 1907 жылдың, 3 июнінде, Россия империясы патшасының қазақ халқын қорлайтын атақты жарлығы шыққан болатын. Сол жарлықтың нәтижесінде екінші шақырылымдағы, арасында қазақ мүшелері бар Мемлекеттік Дума таратылған еді. Сүйткен 3 июнь жарлығы мың құбылған Патшалық үкіметтің нағыз бет пердесін ашқандай етті. Осының бәрі Екінші шақырылған Мемлекеттік Дума таратылғанымен қоймай 5,5-миллион қазақ халқы сайлау және сайлану хұқынан айырды.
Бұл қазақ халқының басына түскен ауыр қайғы еді. Міне, сондайлық ауыр жылдар жылжып, Әлиханның басынан өтіп жатты.
Бұған дейінгі 1905 жылғы Бірінші орыс революциясының өртінен қорқып, сол бір қысылтаяң шақта шыққан Патша Рескриптінде қазақ сияқты отарлық, бодан халыққа арналған, аздаған сый – сияпаты бар еді. Соны Патша әлдеқандай қып, жар салып: «Туземдік, кіші халықтардың өкілдеріне де парламентке сайлануға құқы берілді! Сендер сұраған демократия дегендеріңнің тағы бірі осы емес пе» деп, үшбу, сүйінші хабарды жан – жаққа таратып жіберген. Содан бері жыл жарым өтпей жатып, неге ғана, үйткені белгісіз патша ағзам берген уәдесінен жаңылғандай болды. Патшаның осы бір екі жүзділікке толы, әбес қимылы алдымен қазақ зиялы қауымының қытығына тиіп кеткен.
Көптеген қазақ зиялылары сияқты бұған алдымен қайғырған адам Әлихан болатын.
Түрмеде отырған Әлиханның аузынан сөзі, қолынан қаламы түспеді. Үгіт, насихат жұмысының түр – түрін ел ішіне таратып жатты. Түрмеде отырып, оның көрмегені жоқ. Семей мен Павлодар, соңынан Омск «централдарының» ащы дәмін татып, адам төзгісіз ауыр сынына төтеп берді. Сонда да, Әлихан жазған сын сөздер елдің түкпір – түкпіріне жетіп жатты.
Мінекей, сондайлық ауыр жылдар жылжып, Әлиханның басынан өтіп жатты.
Империяға қатты батқаны Әлихан сияқты қазақ зиялыларының бас көтеріп, самодержавиеге қарсы шығуы болды. Әлихан Бөкейхановқа берілген соңғы жаза осыған байланысты шықты. Сол бетте елге жетісімен Әлихан ұсталған еді. Омск түрмесіне қамауға алынып, енді осылайша мұның арты жер аударумен аяқталғалы тұр.
Түні бойы қалың ойға беріліп, ұйқысыз өткізген уақыт Әлиханды әжептеуір шаршатып тастаған. Көзінің алды білеуленіп, ісініп тұрғандығы, соны білдіріп тұрғандай. Әсіресе ұзақ уақытқа елден айдалу оның жанына қатты батқан. Аңдап қараған адамға Әлиханның өңіндегі уайым мен қайғының белгісі сырт пішінінен білінетін де еді.
Бұл кезде орта жастан аса бастаған Әлиханды абақтыда тартқан азаптар мен қуғын – сүргін мехнаты көп қартайтып жіберген сияқты. Оның қапсағай келген мығым денесі ұзақ уақыт түрме атты тар қапаста отырғандықтан да болар, сәл еңкіш тартайын депті. Күш бітімін әйгілеп, қайрат пен қажырдың адамы екендігін айқындай түсетін балуан денесінің еті бұл күнде қайтып, жауырыны шыға түскен. Бұрындары мығым көрінетін бой бітіміне сай төртбақтау тұрқы қушиыңқырап, екі иығы салбыраңқы көрінеді. Осы кезге дейін тартқан азаптың белгісі бір кездегі келіскен, қап – қара, қалың мұрттың арасынан ақ сояу болып шыға бастапты. Самайын да, ақ қылаңның басып бара жатқаны білінеді.
Бұрынғы келісті өңіне байсалдылық пен салиқалық беріп тұратын бет – әлпеті, әдемі, үлкен, ойшыл адамдарға ғана бітетін байсалды келген, тұп – тұнық, қара көздерінің өткір де сұсты жанарлары бұрынғысына қарағанда шүңірейе түскендей. Бұл да болса, түрмеде тартқан көп азабының табы болар. Тек сұсы басым келбеті ғана Әлиханның бұрынғы қайсарлыққа толы, өр сипатын анық көрсетіп тұрғандай екен. Соған қарағанда Әлиханның уайымға салынып қиналғаны болмаса жаситын түрі жоқ. Бұл сапар оған алдағы тірлігінің берік мақсатындай болып сезінген.
Кіндік кескен, топырағына еміне аунаған жерін енді қайтып, қашан көретіні белгісіз. Өмір бойы дұшпан ниетпен алысып келген, үнемі арпалыста жүрген патшалық билік ақыры аяқтан шалып құлатты. Осының алдында әр түрлі сылтаумен, әр жердің түрмесіне қамап келіп, ақыры босанып шығуға айналғанда, ебін тауып елінен қудырды. Көз көріп, аяқ баспаған жерге айдауға жіберді. Барар жері алыс. Россияның – Самара деген қаласы. Ол жаққа жай кетіп бара жатқан жоқ. Жазасын өтеуге айдалып бара жатыр. Айдалу мерзімі ұзақ. Бақандай он жылға кетіп барады. Сот үкімі солай шыққан. Артында алаңдатар көп іс қалды. Ең қиыны жетімсіреген ел мен жұрты қалды. Әсіресе, жанына бататыны мынадай қиын – қыстау кезде елден қуылып, кетіп бара жатқандығы еді. Елде қалған қалың жұрт болса әлі күнге дейін етек – жеңін жия алмастан қалып барады. Сол ғана өзін алаңдатады. Жетім қозыдай маңырып та, жамырап та, қалып бара жатқан қандастарының күйі не болмақшы? Қиын соғып тұрғаны сол ғана.
Әсіресе биылғы жыл Әлиханға аса сұрапыл, қиыншылығы көп жылдай болып басталған. Жанын жегідей жеген шарасыздыққа істері жоқ. Келе жатқан беті осы еді.
Ал қазір, алдында өзін не күтіп тұрғанын білмейді. Қайда бара жатыр? Онда барғанда қайтпекші? Кім өзін құшағын айқара ашып күтіп отыр дейсің. Бір жағынан күйзеліп келе жатқаны сол еді. Оның үстіне сотталып, жер аударылғаны бетіне салық болары тағы бар. Осындай тұңғиық басқан күйден бөтен алда өзін күтіп тұрған түк жоқ сияқты.
Ой тұңғиығына батқан Әлиханды паравоз гудогының ащы даусы бөліп жіберген. Айғайлаған жаққа қарап еді. Дүрсіл қағып пойыз келе жатыр екен. Сүйткенше болған жоқ Самарға баратын жүрдек пойыз қала вокзалының дәл алдына жақындап келіп қапты.
Вокзал алды абыр – дабыр болып, ары – бері жөңкіген адамға толып кетті. Қолында рупоры бар вокзал қызметкерлері пойыздың келгенін жария ете бастаған. Оларға қосылып, пойыздың бас жағындағы қара паравоз да түтінін будақтата шығарып, «мен келдім!» дегендей болып, бір – екі мәрте ышқына айқайлап жіберіп, бұрқыратып, буын аспанға бірақ аттты. Пойыз жүрісін бәсеңдете түсті. Қара паровоз енді барынша шірене теженіп келеді. Бұл кезде оның үлкен темір дөңгелектері тақ – тұқ еткізіп релсьті ұрып, қара қазанындағы бу екі иінінен будақтай шықты. Ентігін баса алмаған паравоз онан сайын буды бұрқылдата бастаған. Ысылдаған паравоз үніне дөңгелектердің шиқылы мен вагондардың сықыры қосылып, пойыз тағы бірер рет айғайлап қоя берді. Енді бір сәтте небәрі оншақты вагоннан тұратын жолаушы пойызы қала вокзалының алдына келіп тоқтады.
Елдің бәрі жүктерін ала салып, жапатармағай пойызға ұмтылған. Әлихан да елден қалмай, вагон жаққа беттеді.
Енді бір азда пойыздың жүретінін хабарлап жатты. Жолаушылар біртіндеп, пойызға тегіс кіріп, орындарына жайғасып алысты. Купедегі жолаушылар ылғи басқа жұрттан екен. Олардың жүздері Әлиханға таныс болмай шықты. Бұрын көрмеген, білмейтін кісілері болар.
Әлиханмен бірге отырған жолаушылар купеге кірісімен бір – бірімен танысып жатты. Солардың ішіндегі ең егделеуі, жасы елуді алқымдап қалған, етжеңділеу келген, көзілдірікті мырза өзін: «Семен Павлович Бедарев, статский советник» деп таныстырды. Басқа жолаушылардың арасындағы жасы үлкені де сол болса керек. Қалғандарының жас шамалары отыз бен қырықтың арасындағы: штабс – капитан формасындағы офицер мен түрі приказчик пен клерктердің біріне ұқсайтын сол шамадағы жігіт ағасы екен. Ол өзін «балық сататын сауда үйінің иесімін» деп таныстырса, офицер Орта Азиядағы Термез қаласындағы әскерлер бөлімінде қызмет істейтінін айтты. Ол Самара жақтағы ата мекеніне демалысқа бара жатса керек.
Әлихан да өзін:
– Султан Букейханов Алихан Нурмухамедович, газетчик, экономист – деп таныстырған.
– О – о, керемет! Бәсе, саясат жағынан бізге көп әңгіме айтатын болдыңыз – деп офицер мен сауда үйінің иесі бір шама таңырқағандай болып қалды. Тек, статский советник қана үндемеді. Көзілдірігінің астынан Әлихан жаққа бір қарап қойды да отыра берді.
Ана екеуі болса, егделеу тартқан «статский советникке» қарағанда сөзшеңдеу келген, қалжың аралас күлдіргі әңгімелері көп кісілер болып көрінген. Өзара келісіп алғандай ыңғайы келсін, келмесін әр түрлі әңгімелерді бастап кеткен.
Бұл жолаушылармен Әлихан танысқанымен жөн сұрасқан жоқ. Әлі ешқайсысымен сөйлесіп үлгерген жоқ. Алдағы күндердің бұлдыр болашағын ойлаған сайын әңгімелесуге де зауқы соқпаған. Қабағы салыңқы, тұнжырап отырған кісіге, көңілдері көтеріңкі қалған жолаушылар осыдан кейін онша мән бермеген.
Көп уақыт өтпестен қара паравоздың айқайы естілді. Сөйткенше болған жоқ, қара паравоз тағы қайтара екі – үш рет бар даусын салып айқайды салып жіберді. Моржасынан қара түтін аспанға қарай будақтай жөнелген. Сол екі ортада пойыз да орнынан қозғала бастады.
«Бағанадан бері тосып болдым өздеріңді» дегендей болып, Омбы қаласының вокзалына келіп тоқтаған жолаушы поезы ары қарата жүріп кетті. Артында қара түтінге оранып вокзал қалды. Қайтқан қаздай болып тізіле жөңкіген вагондардың ендігі бет алысы Самар қаласы еді. Әлиханның бара жатқан жері де сол Самара болатын.
Жолаушылар пойызы енді ғана тақтадай шойын жолға табан тіреп, тегіс жазыққа түскен соң, көсіліп алып, онан сайын зымырай түскен.
Әр жерде селдірлеу болса да, шоқ – шоқ ағаш, қылтиған бұталар көзге түседі. Енді бұдан былай күнбатыс пен теріскей жақ орманды далаға айналып кете беретін сияқты көрінеді.
Жаз ортасы таяу болса да, бұл жақта әлі шөп сарғая қоймаған екен. Онша алып бара жатқан ыстық та байқалмайды. Жанға жайлы, қоңыржай табиғат аясы үнемі осылай бола беретіндей сезіледі.
Күн жаз болғандықтан поездың купесінің іші даладағыдай емес, ыстық. Терезені ашып қойса да, бәрібір қызған, аптап леп бетке ұрады. Жол жөнекей станция кездесе қалса пойыз тоқтасымен елдің бәрі жапатармағай далаға ұмтылады. Өзі тар вагонның аядай болған дәлізінде адамдар сығылысып, бірін – бірі итермелеп, шуылдай бастайды. Біреулер тысқа ұмтылса, біреулер ішке кіруге ентелейді. Алған орындарынан айрылып қалатындай соған жетуге асығады.
Жалғыз Әлихан ғана осы кезде купе ішінде тапжылмастан қала береді. Көзін терезеден алмай тесіле қарап, далаға шығуға асығар емес. Тыстағы қым – қиғаш, арлы – берлі сапырылысып жатқан адамдар легіне көзін қадап, өзімен – өзі болып, отыра береді. Осылайша ойланып отырғанымен көңілі ояу, ойына әр түрлі ойлар келеді. Үнсіз отырған Әлиханның түні бойы ұйықтамағандықтан басы зеңіп, басына әр нәрсе келе беретін секілді. Қазірде көзін сәл жұмып еді. Соңғы кездері болған оқиғалар көз алдынан өте бастаған.
Қазір Самара жеріне келе жатып та, ол осы түйткіл қалды ойлап отырғаны бекер емес.
Қалай болса да, бұл кездегі қазақтың жайы өте қиын еді. Енді алда не күтіп тұрғандығы тағы белгісіз. Соны ойлағанда, Әлиханның жүрегі шымырлап қоя берген. Өзінен – өзі ішінен күрсініп қойды. Сүйтсе ғана көкірегі толған шерден бір уақыт жеңілдеп қалатындай сезінеді.
Әлихан қазір жан – жағындағы басқа жолаушыларға білдірместен, ішкі терең ойынан арыла алмай отырған. Олар да әзірге Әлиханның кім екенін білмейді. Бұл жаққа не үшін келе жатқанынан да хабарсыз. Бір жағынан Әлиханның тұнжырап, сөйлеспей отырғаны да содан еді. Сөз арасында ішкі сыры ашылып қалатындай көрінген.
Мына түрінде танымайтын кісілерге өзінің не себепті Самарға бара жатқанын айтқысы келмеген. Қалай болғанда да олар менің айдауда жүргенімді жақтырар дейсің бе? Бағанадан бері түрлеріне қарап бұл жолаушылардың монархияның шылауында кетуге даяр екендігін ұғып білген. Олай болса, алыс пен егесте жүрген ата жауы патша, оның біреуге ызғарлы, біреуге ызғарсыз монархиялық басқару формасы тұрғанда, бұлармен қалай «көңіліміз жарасар екен?» деп үндемей қалуды жөн көрген. Кім біледі қым – қуыт болып жатқан Россияда, бұл күні «тыныштық жоқ» дегенге осыдан кейін сенбей көр.Ал енді мына отырғандар: «Соны жасап жүрген ылғи саясатшыл азғындар. Қайда жүрсек те саяси опасыздардан арыла алмадық қой!» деп шықса, онда оларға не айтпақшы?...
Осыдан кейін өзі, «айдалып, жер аударылып барамын» деп оларға қалай айтсын. Онысын мына купелес «ағайындары» оғаш, жат қылық санамайды дейсің бе? ...
Сонысынан болар, Әлихан оларға Самарға не үшін бара жатқанын айтуға батпаған. Соған өзі біржағынан қысылып та келеді. Осыған дейін өтірік айтып, біреуден беті қайтып көрмеген еді. Енді соның күйігін тартып келеді. Қысылғанынан қайта – қайта күрсіне берді. Күрсінген сайын жазық кең маңдайынан тер онан сайын шып – шып шығып, бусанып сала берді.
Бұл кезде купе іші қызу әңгімеге айналған еді. Бара – бара, оның да қызуы басыла бастағандай. Купе іші де ысып кетті. Терезе жақта отырған статский советник көкірегінің түймелерін ағытып жатып:
– Не деген ыстық еді – деп желпіне бастады. Желпініп қойып, көзін терезеден алмастан:
– Бұл жер Сібірге жақын болса да осылайша ысыйтынын мен бұрын білмеппін – деді. Ол көзін тыс жақтан бір айырмастан.
– Бұл өлкенің тұрғындары қырғыздар болар? Бірақ бір қызығы мен олардың бірден – бір тұрақтарын көріп тұрған жоқпын – деп, немқұрайды, мысқыл түрмен езу тартып қойды.
Статский советник нағылса да, бағанадан бері Әлиханды әңгімеге тартар сылтау іздеп отырғандай көрінді. Өйткені түрі өздеріне келмейтін сұлтанның осы жақтағы халықтың бірінен шыққандығы оған да білініп тұрса керек. Осыдан кейін советник басын шалқита, кекжите көтеріп, жаңағыдай сұраулы ажуасын Әлиханға тиістіріп айтқаны содан болса керек. «Көрейін мұның әуселесін» дегендей қып.
– Дәл солай, советник мырза, қаншама жер киргиздарда тегін жатыр. Бұл жер киргиздарда болғанымен қазір Россияның қол астына қарайтын шығар? – деп, сауда үйінің иесі де, білетін кісіше оған қосылатындай боп, үн қатты.
Бірақ барлығының ойын тағы да статский советниктің жуан даусы бөліп кетті. Ол бір қызық әңгіме айтқысы келетін кісі сияқты, қолын сермей сөйлеп:
– Мырзалар, сіздер де естіген шығарсыздар өткен жолы Думада қоныстандыру комиссиясының жиынында депутат Марковтың айтқандарын. Егер естімесеңіздер, онда тыңдаңыздар. Марковтың айтуынша: «киргиздар (қазақтар) – Шыңғыс хан мен Темірлан әмірдің (Ақсақ Темір немесе Әмір Темір) ұрпақтары, сондықтан да, Америкада қызыл терілерге, үндістерге (индеецтерге) не істелсе, біз де киргиздарға дәл солай істеуіміз керек», – депті. Сондай негізде ол қазіргі Столыпин үкіметінің олардың жерін «колонизациялауын» дұрыс деп тапқан сияқты – деді.
Өз ойын іске асырғанына мардымсыған статский советник осылай деп, көзін Әлихан жаққа бір аударып қойды. Жып – жылтыр болып, тершіп, жіпсіген түрінде, қыбы қанғандықтың белгісі бар.
Қыңыр ойға бекінген статский советник, өзіне – өзі ырза болған түрмен, тәсілқой сұрағыма қай уақытта жауап аламын дегендей болып, көзінің астымен Әлиханды тағы бір сүзіп өтті. Бірақ ол осы кезде естімегендей болып, өзімен – өзі отырған сияқты.
Әлихан бірауық үндемей қалғанымен осының бәрін естіп, көріп отырған жайы бар еді. Түсініп отыр, статский советниктің бар пейілі өзіне ауып тұрғанын. Оның тасыр мінезінің өзіне қарата ауғанын да осында келісімен сезген. Ең қиыны ол – өзінің«кім, қайдан жүр, не үшін кетіп барады?» деген сияқты сұрақтарына осындай жолмен жауап алғысы келетінін де байқап отырған. Ендігі оның істеп отырғаны өзінің де шыдамын тауысқандай етті. Бұған Әлиханның үндемей құтылуына дәті жетпеді. Бұл арада оның ызалы ойына қалайда өшін жібермеу түскен.
Қашаннан осылай үндеместен отыра бермекші? Оны орнына қою керек. Қойғанда ұр да жықпен емес, ақылмен, білімділік тәсілмен, енді қайтып үйтпеске үйрету керек. Сол үшін алдымен оның айтқанын ой елегінен өткізгендей болды.
Әлихан бұл туралы білетін. Ең әуелі осы сөзді айтып қалған Марков емес, басқа адам болатын. Тек оны Марковтың қағып алғаны болмаса. Ол – Крюков деген орыс шовинистерінің бірі болатын. Онымен қоймай, өзі Россия жер пайдалану департаментінің директоры болып істейтін. Осындайлық қасиетсіз сөзінің бірін ол 1907 жылғы март айында департаментте өткен мәжілісте айтқан еді.
Қазір соның бәрін зығырданын қайнатқан мырзаға өзі қолданған қаруын өзіне қайтара тиетін қып, қайтарып бергісі келген. Онысы, әуелі көрейінші осының әуселесін бір «байқап» деген мақсатпен оған да қарама – қарсы сұрақ қойып, пікірін білмек болған.
Әлихан ең әуелі, дереу басын көтеріп, жаңағы сөзді айтқан советникке тіктеп қарап алған. Түк болмағандай терезеден қарап, жаймашуақ күйге салынып отыр екен. «Жарайды, ондай болса, сені де көрейін! Іске татыр ма, екенсің!?» деп, Әлихан іштей бір байламға бекінгендей болып, осы арада тез өзгеріп шыға келген. Бағанағы өзімді ешкімге танытпай-ақ қояйын деген сабырлы күйі ұшты – күйлі, бойынан бір жолата кетіп қалғандай. Ішінен қатты түйлігіп тұрса да онысын білдірмеді. Бар айтарын барынша жай, сабырмен бастады.
– Сіздіңше қалай, советник мырза! Бір кезде Шыңғыс хан және оның ұрпақтары құрған «Алтынорда» империясының құрамында болды деп қазақтың кір жуып, кіндік қаны тамған жеріне деген құқын мойындамай, оның барлық жер – суын «қазына меншігі» немесе «орыс патшасының меншігі» деп жария ету әділетті ме? Алдымен сізден соны білгім келеді. Осыны маған айттып беріңізші – деп, ол статский советникке қадала қарады. Купедегілер осыған дейінгі алыс тұрған азиат халқының бұндай кісісінің қатқыл, қиын, ызғарлы даусын бұлайша тым жақыннан естиміз деп ойламаса керек. Бәрі аңтарылысып, Әлихан жаққа қараған. Әсіресе статский советниктің жүзі күреңітіп, көзін Әлиханнан бір айырмастан, тесіле қалыпты. Кісімсіп отырған оның да үні осылай өшкен секілді.
Бұндай әсерлі сөзді Әлиханнан күтпеген статский советник күмілжіп, сасқалақтап қалғаны байқалды. Оның бағанағы өрлігі мен өркөкіректігі су сепкендей басыла қалыпты. Кеудесі де, әжептеуір басылып, құнжиыңқырап қалғандай көрінді. Жауап беруге асықпаған статский советник ағытып тастаған көйлегінің түймесін іздеп, қайта – қайта, өңірін сипалақтай берді.
Статский советниктің бұл айтылғандардың ақ – қарасын ажыратпақ түгіл, не жайында екендігінен хабары жоқ болып шықты. Тек бір жерде Государственный Думаның мүшесі Марков «айтыпты» деген әңгімені естіп, бұл жерде азияттық мырзаның кем – кетігін көзіне шұқиын дегенінен түк шықпаған сияқты. Сол қойған сұрағына енді өзі жауап таппай тұрған секілді. Керісінше оның өзі масқара болып, сөз таластыра алмай тұрғаны Әлиханға ой салды. Абыройы аймандай болғалы тұрған кісіні онан ары қысылтып, «не қылайын!» деп, бұдан ары жаңағы сөзді өзі бастап кетпекші болды.
Бұл кезде статский советник Әлихан қойған сұраққа түк айта алмастан, дымы құрып, үндей алмай қысылып тұрғанына біраз болған.
Осы сәтті ұтымды пайдаланған Әлихан:
– Ендеше тыңдап алыңыз! Самодержавиелік өкіметтің біздің халыққа жер мәселесіне байланысты істеп жатқандары дұрыс емес. Мұны мен барлық жерде айта аламын және айтып та жүрмін – деп бастады.
Купеде отырған қалған үшеуінде үн жоқ. Таласатын да түрлері жоқ. Төмен қарап, Әлиханның сөзін үндеместен тыңдап қалыпты.
Олардың осындай мүшкіл қалын көріп, арқаланған Әлихан осыдан ары тағы сөйлеп кетті.
– Қазақтың жерін тартып алып, переселен жұртты қазақ даласына қоныстандыру саясаты үдей түскен сайын, жергілікті халықтың тұрмысы мен тіршілігі ауырлай түсті. Бұл нағыз әділетсіз шындықтың өзі. Қазақ даласына жаппай қоныстандыруды билік осылайша ойластырмай жалғастыра берсе, оның арты нағыз тығырыққа әкелетінін отаршыл әкімдердің жетесіне әлі жете қойған жоқ. Мұның соңы неге әкелетіндігі оларды ойландырмайды екен. Ал бұл шиелеіністің аяғы әлеуметтік қақтығысқа әкелетіндігі анық. Оны біздің орыс бауырларымыздың революциялық ахуалдарынан көріп жүрсіздер.
Ал енді «Булыгин Думасы мен Столыпиндік аграрлық реформа» бойынша жер телімдерін жергілікті көшпенділерден артық алғандардың ең сұмдығы Қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы жинақталған көп ғасырлық жер қорын бар жоғы 12 жылда талан – таражға салған шаруалар мен басқа да келімсектерге бұдан былайғы қалғаны бір-ақ жол – ол тұрғылықты қазақтар сияқты мал бағу ғана» деп айтады Лебедев деген тағы бір білімдар мырза. Былай қарағанда Лебедевтің өте терең білімді, білгір екендігі оның осы сөзінен-ақ жақсы білініп тұрған жоқ па, мырзалар?! Мен оның айтқанына толық қосыламын. Өйткені қалай болса солай, ешбір болжамсыз, жоспарсыз істеген істердің артында осындай іздер ғана қалады. Оны Мальтус пен Маркс дегендер бұдан бүрын ескертіп айтқаны бар. Ал осыған дейінгі қазақ халқын «жабайы көшпенділер» дегеннің еш сыйқы жоқ. Қазақ халқының тұрмыс тіршілігін айта кетсек ол қазір бұрынғы қарапайым жартылай жабайы көшпенділердің шаруашылығына еш симайды. Баяғыдағы таза мал бағушылықпен айналысқан қазақ шаруашылығы, бұл күнде бірте – бірте аралас жерөңдеушілік пен жартылай малөсірушілік түріне көшкен. Қазақтар отырықшылыққа айналды. Сондықтан бұрынғыдай Булыгин комиссиясының Мемлекеттік Думаға жасаған қорытындысындай киргиздар үнемі «көшіп жүреді» деген тұжырымдама негізсіз, жай ғана анохронизм және біздің бюрократияның білімсіздігі мен надандығының белгісі болып табылады – деді. Мұны айтып жатқанда, Әлихан көзін осындағылардан бір алмастан сөйлеген. Көңілінде еш қобалжу жоқ. «Өздері сұрап алған ауруға, ем жасайтын емшідей-ақ болайын» деген ұшқыр ой оны осыған еріксіз әкелген. Сонымен бірге өзінің кім екенін, қай жағында жүргенін білдіріп тастаған.
Қазірде ол даусын сәл қатайтып, серпінмен сөйлейтіндей болып:
– Бір сөзбен айтқанда, мұның өзі бағана ғана статский советник мырза айтып өткен татымсыз ойдың иесі Крюков деген мырзаның сөзіне қатысты болып отыр. Олай болса, Америкалық үндістердің кебін қазақтарға кигізгісі келген Крюков мырза ойлағандай, бұл жағдай «ата – бабалары қылмыскер қазақтардың енді соған жауап беруі керек» деген ойынан шығарылған жоқ. Мұның бәрі қазақтар жайлайтын өлкенің құрғақ ауа райы мен суға тапшы топырағына икемделуден туған көптеген жылғы тіршілік көзіне айналған шаруашылықтың түрінен шығып отыр. Ал соған «көнеміз» деген келушілер болса алдымен осыған дайын болу керек – деді. Сүйтті деөзі тағы үндемей қалды.
Әлихан айтарын айтып болды. Осылардың еш қайсысы сөз таластырып, онымен тайталасқан жоқ. Барлығы бірдей үндеместен тыңдаған. Өйткені Әлиханның айтқандары оларға ой салып кеткендей еді.
Бұған дейін белгісіз азиат, сыпайы сөйлеп, әр сөзін өздерінің өңмендерінен оқтай қып, қалай өткізіп кеткенін де осылар аңғармай қалған. Тіпті ойы мен тілін мүлтіксіз қып, бір сүріндірмей өздеріне қадап шықты. Соған қарағанда жай жүрген азиатқа ұқсамайды. Өзі әбден сөйлеп дағдыланған сияқты. Оның үстіне намысқойлығы мен қаншылдығы керемет екен. Бекер сұлтан аталып жүрген жоқ шығар. Мұның «түбі ақсүйек болғаны ғой. Бұл азиатың, сонда киргиз болып шықты. Соларға шаң жуытпай отырғанына қарағанда, солай болды? Самараға бара жатқан азиатың, Петербург пен Москваңнан да құр алақан емес шығар. Сондай зайырлы ортада көп көрініп, біліс болған кісіге ұқсайды. Сондай жерлер оның талай көріп, біліп жүрген жері болды» деп, әуелі статский советниктің өзі де ағат сөйлегеніне өкініп, аузы күйгендей болып, қайта – қайта тамсанып қойып отырған еді.
Бір түрлі ыңғайсыздықтан болар, купе іші жым – жырт бола қалған. Әркім өз ойымен өзі болып кеткендей, үндемей отыр. Бір жағынан қысылу бар. Барлығы бірдей, бірінің алдына бірі шығамын, осы елдің «кіндік тұсын ұстайтын кісінің бірімін» деп ақыры оңбай құлады. Құлағанда жай құлаған жоқ, омақаса құлады. Әсіресе, статский советникке қиын болды. Ең қатты құлаған сол болды. Сонда бұларды құлатқан кім? Ол – жүрген жай азиат болып шықты. Бірақ бұлардың бәрінен биік, білімді және көргені көп болып тұр. Сонысы, әсіресе купедегі, Россиядай Ұлы елдің бетке ұстарларына қиын тиген.
Тек осы бір кезде, үнсіздікті, жастау офицердің:
– Мырзалар, мен сіздерге қысыр әңгімеден көрі, уақытты бекер өткізбес үшін, қызық бір ұсыныс жасағым келіп тұр! – деген даусы бөліп жібергендей болды.
Оның мұнысына барлығы жалт қарасқан. Офицердің үні бұларға мына мылқау үнсіздіктен құтқаратын жалғыз жолдай болып көрінгені рас.
Ыңғайсыздау болып тұрған тыныштықты бұзғаны үшін бәрі офицерге дән ырза еді. Әуелі осыған дейін сезімтал кісі болып көрінген статский советниктің өзі де бұған еріксіз жалт қараған. Құрсауға түскендей болып отырған күйден, оны шығарған да осы үн сияқты. Назардан тыс шыққан, ұсынысқа біршама шайлығып та, тайлығып та қалған статский советник қалайда қосылып кетердей болып, қозғалақтай бастаған. Сондықтан елден бұрын ол сөйлеуге ниет жасауға талпынып, көзәйнегін сұқ саусағымен баса беріп:
– Иә, штабс капитан, ол не екен, айта беріңіз – деп, офицер жаққа бұрыла қарады.
Өзінің ұсынысының елдің назарына іліккеніне балаша қуана түскен офицер:
– Олай болса мырзалар, менің ұсынысым қарта ойыны. Қызығы көп, ермек болуға әбден лайық ұсыныс! Анда – санда мизерлетіп қоюға да болады – деп тамағын шертіп қойды.
– Несі бар, ойнасақ, ойнайық – деп, сауда үйінің иесі де дегбірсіздене бастады.
– Бұған мен де қарсы емеспін – деді статский советник бұл жолы қатқылдау үнмен. Ол енді ғана көйлегінің түймелерін тауып, асықпай түймелей бастаған. Содан кейін ол бір түрлі именгенгендей болып, тамағын кенеп, Әлихан жаққа қарап:
– Сіз бұған не дейсіз, сұлтан? Ішіңіз пысқан жоқ па? Мына мырзалар айтқан ермекке қалай қарайсыз? – деді.
Әлихан басын көтеріп, бұл жолы көңілі хош кісідей болып, алдындағыларға зер сала қарап алды. Тек содан кейін, шын пейілмен:
– Айып етпеңіздер мырзалар! Мен сырқаттаным келе жатыр едім. Соған бола, Самараға көрінуге кетіп барамын. Мен бұл шарадан қалыс қалсам деймін. Әрине сіздердің ғапу етулеріңізбен! – деп, сырқатты сылтауратып, өзінің қарта ойнауға зауқы жоқ екенін айтты. Олар қайдан білсін Әлиханның ішінде сырқат деген сылтаудан өзге не бар екендігін. Ал оның ішінде, әзірге іш пыстырмайтын, көп ойландырып, көп толғандыратын жайттар да аз емес еді.
– Олай болса, сұлтан! Біз сіздің мазаңызды алғандай болмаспыз ба? Сізге ыңғайсыздық тудырған жоқпыз ба? – деді статский советник қиылып. Оның даусы бастапқыдай емес, сәл басыңқы шықты. Әлиханға деген құрмет пен аяушылық соның арасынан қоса естіліп тұрғандай көрінеді.
Ана екеуі де үндеместен, осы біз «өрескел қылық істеп келе жатқан жоқпыз ба?» дегендей болып, Әлихан жаққа жалтақтай қарады.
– Ол не дегеніңіз, советник мырза! Сіздер де мырзалар, ғапу етіңіздер! Еш оқасы жоқ! Сіздер жағынан мен ешқандай ыңғайсыздықты сезіп тұрған жоқпын. Мырзалар, әңгімелсіп, қарта ойнап, отыра беріңіздер. Маған еш кедергілеріңіз жоқ. Қайта, сіздердің көңілді күйлеріңіз, менің де, көңілімді сырқаттан басқаға бөліп кетер деп ойлаймын. Соған өзім риза болармын! – деп, сыпайы – сылап айтып, қарта ойынынан құтылған.
Қазір купедегі өзге жолаушылар қарта ойнаумен уақыт өткізіп келе жатқан еді.
Біразда қарта ойнағандар дуылдаса бастаған. Шамасы ойын қыза түскен секілді. Бірақ олардың бұл шуы Әлиханды қазіргі ұзақ, сонар ойынан ажырата алмаған. Ол соңғы кездегі басынан өткендерді тағы да көз алдынан өткізіп келе жатқан еді. Өзіне Самараға айдауға жол ашқан да, түбіне жеткен де, самодержавиенің қазақтарға жасап жатқан осындай мазақ істеріне жаны ауырған кісінің көңілімен қалың ойда келеді.
Сол ойлары оған, «алда әлі күрес, бітіспес алыс тұр» дейтін сияқты. Әлихан үшін күрес әлі бітпейтіндей көрінеді. Елі үшін, жері үшін, қазағы үшін өмір бойы күресе беруге бел буып, дайын екендігіне ішінен сыйынған. Енді сол күрестің былайғы жалғасы Самара жерінде жалғаспақшыдай елес берген.
Қазір Самара жеріне келе жатып та, ол осы түйткіл халды ойлап отырғаны содан.
Қалай болса да, қазіргідей қазақтың жайы өте қиын екені рас. Енді алда не болатындығы тағы белгісіз. Ылғи осындай белгісіздіктен тұратын жайлар ғана жұмбақ болып Әлиханның алдында тұрған сияқты.
Тағы да сол, тағы да осылай!
Алда белгісіздікке толы Самара қаласы тұр. Ендігі өмірі тағы да белгісіздікке белең алып бара жатқандай. Соны ойлағанда, Әлиханның жүрегі шымырлап қоя береді.
Бірақ Әлихан еш өкінбейді. Бұл күнде ол еліне белгілі азамат. Саяси күрестің серкесіне айнала бастаған, нағыз күрескер. Алдында сондай бітіспес күрестің сан қилы додасы күтіп тұрғандай. Тек тоқтамай, шаршамай, күресе беру ғана өз еншісіне тигендей болып сезіне бастаған.
Бесінші тарау
Бұл жолы Қапалға қарата баруға жиналған Барлыбектер күймені тастап, салт атпен шыққан. Ойлары тау асып, Қапалдың үстінен бірақ шықпақшы еді. Қарағаштан шыққалы бұлардың әңгімесі жалғаспаса, бітетін емес.
Бір уақытта күн дәл тас төбеге шыққандай боп, шақырая бастаған. Айнала тым – тырыс бола қалыпты. Енді ғана ауыздары кеберси бастаған жүргіншілер ана бір қырдың астына тоқтап, сусын ішкенді жөн көрген. Сондай жерді іздеп келіп, тобылғысы мен ырғайы қалың өскен сайға келіп тоқтаған. Сайдың іші тымырсық, жел соқпаса да сәл көлеңке боларлықтай екен. Іздеген жерін тапқан соң аттарды қаңтарысып тастаған.
Есенқұл қанжығасындағы қоржынды алып, ер тоқымға жабылған ат көрпелерді жерге төсей бастады. Қоржынның ішіндегі торсықтышығарып, аузын ашты. Торсықтың тығыны ашылысымен ондағы қымыздың тіл үйірер хош исі мұрынды жарып, оны ішуге даяр құмарлықты күшейте түскендей.
Қолындағы онсызда қанжығада шайқалып келген торсықты Есенқұл тағы біраз шайқап алды. Осы кезде торсықтың тығынының шетінен көпіршіп шыққан қымызбен бірге оның қышқылтым исі «аңқ» ете қалған.
Есенқұл асықпастан торсықты тағы қайтара шайқап қойды. Сол кезде қымыздың мұрын жарар исі онан сайын аңқи түсті. Қымыздың исі алдымен Есенқұлдың аздап кеберси бастаған сәл дүрдек еріндерін еріксіз бір – біріне тигіздіріп, жұтындырғандай еді. Ол сәл тамсанып қойды. Осы кезде өзі де бір тұсқа көзін қадап, ойланып кеткен сияқты. Оның дөңгелене біткен бет жүзіыстық күнде бал – бұл жанып, жүзі онан сайын қызара түскен. Онсызда өзіне біткен айқын мінезділігі, шыншылдық сырға толы жан дүниесі өзімен бірге рахат бір сезімге түсіп кеткендей болып тұр. Оның түріндегі осы бір сипатты байқаған Барлыбек ішінен: «неде болса, бұл –Есенқұлды ең қияңға алып кеткендей болған ойыболар?» деп ойлаған.Сүйтті де, өзі оның ойына бөгет болмайын дегендей болып, жерге жайылған ат көрпенің үстіне жайғасты. Жайғасып отырған соң да, сәт сағым болса да, рахат ойға шомған Есенқұлға қызыға қарап қалыпты. Оны ойы қазір алысқа алып кеткеніне үндеместен жымиып қана қойды.
Есенқұлсол ойланған қалпымен қолын қоржынға салды. Қоржынға салынған қос ағаш аяқты қолына алып, шүпілдетіп қымыз құйды.
– Аға алыңыз! – деп, алдымен тостағанды Барлыбекке ұсынды. Таңдайы кеуіп, аузы құрғай бастаған Барлыбек ерніне қымыз құйылған тостағанды тигізгеннен-ақ, қымыздың хош иісі танауын жыбырлатып ала жөнелді. Әр түрлі шөптің жұпар исі қымызға әбден сіңген сияқты. Мұрнына алдымен исі аңқыған қымыздың хош иісті, қышқылтым дәмі біліне кетті. Енді біразда сол жұпар иіс таңдайын жарып өткендей болды. Бірер жұта салысымен-ақ шөлі қанды. Тамсана, рахаттанып, жан – жағына қарап, біраз тұрды. Анадай жердегі бұталарға қонып алған торғайлар әдемі бір ән салатындай шырылдайды. Оларға қосыла шыққан шегіртке үні де өзгеше естіледі. Жан – жақтан адамның жанын тебірентер не бір үндерге қосылып, осының бәрі құлаққа жағымды бір күйге түсіретін сияқты.
Барлыбек рахат күйге түскендей болып, көрпеге шынтақтай жантайды. Осы кезде көзіне көкпеңбек, шымқай көк аспан түсті. Сол жаққа онан сайын мойнын созғандай болды. Осы кезде көкпеңбек көгілдір аспан да,бірыңғай, тұңғиық көрінді. Барлыбектің көз тіккені, қайталанбас сол сұлулықты тағы бір көргісі келген. Шайдай ашық күнгі аспан сәл буылдыр тартып тұрғандай сияқты. Көгілдір тартқан, көк аспан, түпсіз,түбіне көз жетпес, тұңғиық көрінеді. Адамды өзіне тартар,ғаламат бір күш бардай екен.
Барлыбек таңырқай түскендей болып:«Осындайлық әдемі аспан басқа жерде бар ма екен?» деп ойлады. Есіне өзі көрген Петербург аспаны түсті. «Бәрібір олар мұндай емес» деп қана қойды.
Көк аспанның белгісіз сыры өзіне дем беріп, көңіліне демеу боларлық қуат бередей болып, Барлыбек ойланып тұрған. Еріксіз, тағы да, көкке қарап еді. Бояуы бұл солғындау көрінген көк аспанның ар жағы бағанағыдан да тұңғиық болып көрінді. «Адамды өмірге құштар ететін де осы көкпеңбек, көк аспан шығар?» деген ой Барлыбекті қанаттандырып кеткендей. Осымен бірге ішкі сарайын ашардай болған қымыздың бал татыған үйреншікті дәмі шөл басатын нәрді өзімен бірге ала келгендей болып сезінген. Әп – сәтте көзі шырадай жанып, сергіп қалды.
Барлыбек қымыздың дәмін алғандай болып, қайта – қайта тамсанып тұрған. Есенқұл жаққа қарап еді. Ол да рахаттанып қымыз ішіп, тамсана жұтынып қойып, отыр екен. Оның өз ойына, өзі батып, жайбарақат отырған түріне қарап, Барлыбек бір уақыт тағы қызыға қарағандай болды.
Есенқұлдың дөңгеленіп біткен бет жүзі күреңденіп, сәл тершіген маңдайына түскен күн нұры осы кезде оның айдай толық жүзін шырайландыра түскендей еді. Қасында бірге жүрген кісісінің жүзіне көңілі толған Барлыбектің шөлі қанып, көңілі жай тапқандай сезіне бастаған.
Есенқұл да қымызын ішіп болған екен. Соны көріп, Барлыбек асығыстау қып:
– Жүреміз бе? – деп еді. Есенқұл дереу орнынан қарғып тұрып:
– Жүрсек – жүрелік, аға – деп ердің үстіне салатын көрпелерді жерден жинай бастаған. Көрпелерді алып, ерге салды. Қоржынды қанжығасына бөктерді. Жолаушылар қайтадан асыға аттарына мінісіп, Қапалды бетке алысып, жортып ала жөнелді.
Осылайша, асығып жүру Барлыбектің әдетке айналған үйреншікті жүрісі еді. Өзіне тән, тез қимылдап, ойлаған ісін бітіру де оған үйреншікті болып кеткен. Қазірде жол жүріп келе жатып, ол өзі үшін алда әлі көп іс бар екендігін ойлап келе жатқан. Асыққаны да содан болған сияқты. Өзін меңдеп алған науқас та күннен – күнге күшеймесе, саябырлайтын түрі жоқ. Сонысы есіне түсіп, қайғырып келе жатса да, ауруын білдірмейтін күйге кіріп, іштей тас түйін болып бекіп алған. Солай істегені өзіне дұрыс көрінген. Сүйтпесе, ойында жүрген іс біткен аяқталмай жатып, «ауру құрғыры алып соғар ма екен?» деп, зәрезап болып, үрейленгені секілді. Өйткені өзіне салсаң ауру біткен сондай бір босаң сәтті «ыңғайлы» деп, әркез аңдып тұратындай көрінеді. Соған даярланып, шамасы келсе қай ауру болса да адамды төсекке таңып, «қол – аяғын буып қойғысы да келетін сияқты» деп Барлыбек ой түйіндегендей еді.
Онда, тым құрыса тұяғын серпи алмай қалады ғой. Елге байланысты қыруар мәселелердің де көбейе түскендігі тағы бар. Түйіні шешілмеген, қол қусырып, қарап отырғызбайтын келелі мәселелерді қайда жібермекші? Ондайлар бұл заманда тіптен көбеймесе азаймайтындай болып тұр. Солардың барлығы ең алдымен қазаққа ғана керекті болып тұр ғой. Өзінің қазағының таусылмас мұңы мен мұқтажы емес пе? ...
Олай болса, қарап отырмастан іске кірісіп, бір жағына шығаратын кез туып тұрғанда, қайтсе де соларды қамтып қалуы керек. Әйтпесе болмайтын сияқты.
Барлыбек қазір өзіне – өзі күш беріп, жігерін тасытып, соларды ойлап келе жатқан. Барлық кезде бірдей көкейін тескен осы ғана. «Қазағымның жайы алдымен болсын. Басқасы, қайда қашар дейсің!» деп, ойлана түскен.
Ұзақ жолдың тереңнен тербелткен аяңы әлі бітер емес. Барлыбек ойы да осыған ұқсайды. Ой толқынынан арылтпай келе жатқан басындағы осындай ойлары да мұндай ұзақ болар ма еді.
Осындай беймаза ойлар жалғаса берер ме еді, қайтер еді. Бір кезде «мен мындалап», алыстан қол бұлғап шыға келген аса биік те емес, онша аласа да емес таулардың тізбегі көзге түсе бастаған.
Бұл көрінген, өзіне ыстық, ерекше көрінетін Баянжүрек тауы еді. Баянжүрек көрінді дегенше Қапалға да аз қалды деген сөз. Біраз жүрістен кейін таудың бүкіл тұрқы көріне бастады. Әсіресе, оның екі жағы қоянжонданып тұратын орта тұсы биікктеу келетін қыраттары көз алдарына түскен қалпы, енді қайтып кетпейдіндей тұрып алды.
Баянжүрек тауы көрінісімен, жолаушылар да асыға бастады. Күн көзі де әбден ысыйтынын білдіріп, аспан онан сайын көгілдір тартып, қапырықтана қалған. Қапалды жақындатқан тау бұл тұста ылғи сол жақ тұстарынан көрініп тұрды. Әсіресе, оның екі жағы жатаған орта тұсы биікктеу келетін қыраттары, белестеніп, бұлдырап тұрып алды. Тіпті өздерімен бірге ілесіп, қалмай келе жатқандай болып та көрінеді.
Енді біраз жүргеннен кейін таудың Қапал жақ шеті де көріне бастаған. Аржағынан Алатаудың көлденең созылған тік биіктері, қатпарлы қат – қабат шыңдары да мен мындалап, шыға келді.
Біраз қатты жүрістен кейін таудың шеті байқалып, жондарының аласара бастағаны білінді. Іле – шала, осымен бірге тау да бірте – бірте төмендей берген. Бағанадан бері сол жақтарынан көрініп келген Баянжүрек тауы енді қатты аласарып, бұл уақытта, құр ғана, болар – болмас сілемге айнала бастаған.
Осыдан кейін, сонау жақтан, бұл тұстың тағы бір белгісіндей болып, Мұздыбұлақ көрінген. Бұл биік тауларға емініп жатқан жазық жерлер. Осы жазықтың кең жауырыны көсіліп екі таудың ортасына симай жатқандай көрінеді. Бір шеті Баянжүрек тауының қойынқонышына дейін сұғына кірсе, арқа тұсы сәл биіктей бере заңғар Алатаудың түйеөркештене біткен жоталарына барып тірелгендей екен. Бұл жүргіншіге көрсетілген жақсы бір ырымды белгі болатын. Баянжүрек тауының құбыла жақ бетінің көрінгені, бұларға жол қысқардыны осылай білдіріп тұрғандай еді.
Тіпті асыққан сайын таулар да өздерімен бірге ілесіп келе жатқандай болып көрінеді. Енді аз жүрісте осы таудың Қапал жақ шеті де көріне бастаған. Мұздыбұлақтың кең жауырыны көсіліп, екі таудың ортасына симай жатса, арқа тұсы сәл биік көрініп, заңғар Алатаудың түйеөркештене біткен жоталарына барып тірелетіндей екен.
Мұздыбұлақ, дәл бір Баянжүрек тауына табан тіреттіріп тұрған тағандай болып көрінетін жазықтың өзі секілді. Сол жазық қазір алдарынан көсіліп сала берген. Ұзыннан – ұзақ созылған қайқаңдау жазық, Қапал қаласына дейін созылып жатыр. Осыған қарап, Қапалға дейінгі жолдың мөлшерін білуге болады. Олай болса, дәл бұлар келе жатқан жерден бастап Қапалға дейінгі жол да қысқара түскені бар. Бұл мына екі жолаушыға Қапалға келіп қалдықты алдын – ала естеріне салып кеткендей еді.
Күн сәскеден аса бергенде жүргіншілер Қапалдың көсіліп жатқан кең жазығына келіп ілінген. Осыған дейін, сол жақтарынан үнемі Баянжүрек тауы көрініп тұрса, енді ол көзге түспейді. Оның орнын Алатаудың биік жондары алмастырған.
Сол тұстың бәрі көкпеңбең әдемі бір сурет сияқты елестейді. Шоқ – шоқ болып өскен қарағай мен шырша, арша мен бөргөз, жыңғылсол жерлердің әсіресе сәнін келтіріп тұрғандай болып, көзге түсе берген. Ол қырлардың ар жағы басына бұлт ұялаған, мәңгі бақилық мұзды таулар. Солардың салқын лебі қазір бұларға да білініп қалған. Қарсы жүргенде жанға жайлы, самал жел омырауларын қағып, беттерінен сипай берген.
Дәл бұлар келе жатқан жерден бастап Қапалға дейінгі аралық шамамен он шақырым еді. Жергілікті қазақтар да бұл тұсты солай атайтын. «Он шақырым» екі жолаушыға Қапалға келіп қалдықты тағы қайтара білдірді.
Қапалға жақындаған сайын күнұзын аттан түсіп, белжазбаған жүргіншілер де асыға бастаған. Қапал жазығына іліне бергенде алдыңғы жақтан қарауытқан көп ноқат көрінді. Бұлар жақындай бере, қаптай жайылып келе жатқан қалың қойдың қарасын көрді. Жас шалғынға емін – еркін жайылған қойлар тойынып алса керек. Алды – артына қарамастан Мұздыбұлақ жайлауына қарата бірін – бірі қуалап, дүркірей жайылып, асығып бара жатты.
Осы кезде қастарынан жөңкіле өте берген қойлардың қайдан пайда болғанын Барлыбек пен Есенқұл аңдамай қалған. Жаз болса баяғыда күшіне енген. Қазақтардың қойы тұрмақ тышқақ лағы жайлауға шығатын уақыты өтіп кеткен. Мұндай кезде олардың орны жайлауда болса керек. Олай болса,«мұнша көп қой бұл арада қайдан жүр?» деген сұрақ алдымен қазақтың малсақ баласы Есенқұлды таң қылған.
Есенқұлдың сонысын байқаған Барлыбек те, бұл қойлардың қазіргі бұл жердегі жүрісінің қисынсыздығын сезген еді. Есенқұл бұған «не айтар?» екен дегендей болып, сол жаққа мойын бұрып, қарап еді.
– Апырай, бұл қандай қой болды екен? Әлі күнгі иіріліп, Қапалды төңіректеп жүрген. Бұл қойлардың ендігі жайлауда жүретін уақыты ғой. Мұнда неғып жүр екен?Бір жақтан бөлініп, адасып кеткен қой болды ма? – деп Есенқұл, әлденеге өкінгендей болып, Барлыбекке қаратып айтты.
Қойлар іріктеп алғандай ірі, әмбе шетінен семіз екен. Бұлар өстіп, таңданысқан қалыппен өтіп жатқан қойдың алдында тұрып қалған еді.
Барлыбекте, көп қойдың бей уақытта әлі де болса жайлауда емес қала төңірегінде жүргеніне таң қалып тұрса да мұның себебін түсінбеген сияқты.Бірақ жаңағыдай шаруаға тиянақты, малмен көзі ашылған Есенқұлдың күдігінің орынды екеніне өзінің де көзі жеткен. Жаз кезінде қой малы таудағы салқын жайлауда жүреді. Дәл мына сияқты ыстықта қала маңында жүретін қойды Есенқұл бұрындары көрмеген. Бірақ әлі де болса ол анығын білмей тұр. Есенқұл күдік оймен қойларға сұқтана қарады. Қазірде оның күдігі күшеймесе, сейілмеген сияқты.
Есенқұлдың онысы бекер болмай шықты.Сүйткенде, бұл жамырап, ит – құстан үркіп, бөлініп шыққан қой емес екен. Қойды бағып келе жатқан қойшысыбар болып шықты.
Есенқұл қол бұлғап оны қастарына шақырып алды. Қойды қайыра жайып келе жатқан жасы небәрі он үш, он төртегі жап – жас бала болып шықты.Киген киімі бой бітімін жасыра алмаған, талдырмаштау келген, сидаң денелі, сары бала екен. Астындағы мініске жарарлық, әжептеуір ұшқыр келген, жарау кер дөнені де ауздығымен алысып, ойнақшып тұр. Бала үстіндегі күпінің белін жалпақ қайыс кісемен шарт буынып алыпты.
Балаға қарап, Есенқұлға бір ой келген. Жайылып бара жатқан қойдың түрі анау, шетінен семіз, іріктеп алғандай ірі болса. Қойшысының аты мынау, ауыздығымен алысып тұрған. Қойға мінетін мәстек емес. Жайлауда жүретін қойдың қала іргесінде жүргені тағы бар. Күйі келіскен қойлар, қойға мінілмейтін жарау ат қисыны келмес жайдың нағыз өзі болып тұр. Сонда бұл жай болмады. Бұл қойдың дәл қазіргідей, мына жүрісі, шынымен жұмбақ сияқты.
Осы кезде бала да қастарына таяп келіп, бұларға сәлем берді. Сүйтті де, өзі мізбақпастан шақырған кісілерді бастан – аяқ көзінің астыменбір қарапқойып, тұра берді.
Біраз үнсіз тұрғаннан кейін ол басын көтеріңкіреп, Барлыбек пен Есенқұлға қарап:
– Жай шақырдыңыздар ма? – деді.
– Әй, балам, кімнің баласы боласың? Мына қойларың кімдікі еді? Неғып, осы кезге шейін қырға, жайлауға шықпай жүрген малдар? Құдайдың күні мынау, ысып тұрған. Обал болды ғой, малға! – деп, Есенқұл бір жағы ренжіген болып, баланы сұрақтын астына ала бастады.
– Сіз айтпасаңыз да, білемін обал екенін. Бірақ менің ырқымдағы қой емес қой. Мен тек бағушысымын – деп бала ақталғандай болды. Өйткені оның да ойына «бұлардың қойда несі бар?» деген күдігі де жоқ еместей көрінеді. Осыдан ба, әйтеуір ол бұдан басқа сөз боларлық ештеме айтпады. Осы сәтте олмына екі кісінің әсіресе Есенқұлдың күдігін сейілткісі келетін сөзді айтқысы келместен кете берердейболып көрінді.
Баланың бұл қылығы Барлыбек пен Есенқұлды одан бетер қызықтыра бастаған. Екеуі бірдей мына сары баланың бабын таппай тұрғандай еді. Баланың осы тұрған тұрысының өзі баладан көрі есейіп, ересек тартқан жас кісінің қылығына ұқсап тұр. Онысы бала болса да, балаға лайықтау емес қылық. Бұл екеуін ойлантып тастаған осы болды.
Барлыбек солай ойласа да, ішінен: «кімнің баласы болса да, өжет те, өткір екен. Қайсарлығы да бір басына жеткілікті болды. Ондайы дұрыс болса, бір жерден шығартатын болар» деп топшылап тұрған болатын. «Неқылса да, Қапал қаласынан келе жатса керек. Көбінесе, онда тұратындар татар – ноғайлар болушы еді ғой. Солардың балалары осындай өжеттеу болушы еді» деп те, тұрған болатын. Осылайша ойлаған Барлыбек алғашында бұл баланы «Қапалдың көп ноғайының бірінің баласы болар? Мүмкін бізден күдіктеніп тұрған да шығар?» деп қалғаны сол еді.
Сары бала да дәл солай ойлап тұрған болып шықты. Баланың күдігі әлі сейілмей, бұл екеуінің жүріс – тұрысын бақылап тұрған секілді. Оған да орысшалау киінген бұл екі кісі күдіктілеу көрінгендей екен. Оның үстіне астарындағы аттары сауырына дейін терлепті. Ендеше алыстан «келе жатыр» деп топшылаған бала. Содан кейін көңіліне тағы бір күдік ұялап, «бұларың жай жүрген жоқ? Жүрістері күпті, сөздері жұмбақ. Неқып жүрген кісілер? Қойдың жайлауға шықпағанын сұрайды. Оны менен емес Шаяхметтен сұрамай ма?» деп өзінше бұлданғандай болды.Бірақ бұдан былай тағы да үндемей қалды. Сүйтті де, кеңдеу біткен қарыс сүйем, жазық маңдайын бұларға қаратып түйгендей болды. Онысы, танымайтын қазақтардың: «құр босқа, әурелеп, неге шақырғандығына ренжіп қалғандай?» болып көрінді.
– Әй, өзің үндемейсің ғой! Жөніңді айт деп тұрмыз, бағанадан бері? – деп Есенқұл даусын көтере сөйледі.
Тек сонда ғана барып, балаасықпастан өзіне ғана тән көзқарасымен бұларды тағы бір шолып өткен. Ол да бұл екеуінің жай жүрмейтін, жөні түзу кісілердің бірі екенін енді ғана сезген сияқты. Осы кезде дөңгелене біткен көздерінің жанарларынан құштарлық билеген қарас пайда болып, біліне қалғандай болды. Ол енді сондай көзқарасын Есенқұл жаққа аударып:
– Атым Бердіқожа – деді баппен сөзін бастап.
– Әкем Аманбай деген кісі. Үлкен әкемнің аты Жантас болады. Қаптағай ішіндегі Бікен атасынанбыз– деді. Соны айтып, Бердіқожа бала көзін алыстап бара жатқан қойларына салып, «таса қылмайын» деген кісіше, асықпай қарап алды. Мына қарасы мен сөзінің өзінде маңғаз қылық тағы білінгендей болды. Үлкенге ұқсағысы келетін, сабырлы қылық бұл баланың бойына туа біткен қасиеттей көрінеді.
Бердіқожа көзін жайылып бара жатқан қойлардан бір алмастан қарап тұрып:
– Өзім Арасан болыстығында туып, өскенмін – деді. Осылай дегенде, баланың түрі бағанағы қалпынан сәл өзгере қалғандай болды. Жаңа ғана қыңыр көрініп, томсырайыңқы мінезі өзгеріп шыға келгендей болып білінді.
Тек бұл жолы Бердіқожа өзін шақырған кісілердің кім екендігін ажыратып алғысы келетіндей қайта – қайта қарай берген еді. Сүйте тұра, өзі бір жағынан көзінің қиығын жайылып бара жатқан қойлардан әсте айырмайтын сияқты. Сол қалпында тұрып бұлармен сөйлесіп жатты.
Бұл кезде Есенқұл қарап тұрмай, тағы да жөн сұрағандай болып:
– Бағып жүрген қойың кімдікі өзі? – деп сұрап еді.
Есенқұл сұрағына ол тағы ойланып, асықпай жауап беретін кісінің қылығына салынып, «онымды айтайын ба, айтпайын ба?» деген кісіше үндемей қалды. Бердіқожаның онысы бұларға: «айдалада кездескен мына екеуіне сырымды ашсам ба, ашпасам ба?» дегендей болып көрінген. Бірақ, Есенқұлдың білгісі келіп тұрғаны басқа болатын. Оның білейін дегені осыншама қойдың бұл кезде қала іргесінде жүргендігі еді. Оны әсіресе білгісі келіп тұрғаны осы болатын.
Қой бағушы баладан осының жайын естігісі келген еді. Өйткені, бұл кезде барлық қой біткен жайлау асып кеткен. Мына қойдың неге әлі бұл жерді төңіректеп жүргені Есенқұл үшін түсініксіздеу көрінген.
Бірақ барлығы бұлар ойлағаннан басқаша болып шықты. Оның да жайын баланың өзі айтты.
Бердіқожа басындағы ескілеу келген пұшпақ бөркін қолына алып, тершіген маңдайын Мұздыбұлақтың салқын самалына тосып тұрып:
– Қой, Шаяхмет байдікі. Біз әкем екеуміз бұл қойды ақысына бағып жүрміз. Сіздің бағанадан бері не айтқыңыз келгенін мен ұққандай болып тұрмын – деді. Ол бұл жолы Есенқұлдың неге бүйтіп сұрап тұрғанын алдын – ала біліп те тұрса керек. Бердіқожа енді сонысын білдіре:
–Негізінде бұл кезде қойдың бәрі жайлауда болу керек екендігі рас. Бірақ бұл қойлардың жөні бөлек болып тұр. Сондықтан бұл қойлардың кешеуілдеп, тау асып бара жатқанының себебі бар– деп, Бердіқожа бала, бұл жолы бұларға оны да айтты. Бірақ тағы бір нәрсені айтпай қалғаны Барлыбек пен Есенқұлға білініп тұрған еді.
– Ә, бәсе, мен де ұғып тұрмын бұл қойдың осындайлық жайын. Шамасы несиеге берілген пұлға жиналған қой болды ғой, онда? Егер Шаяхметтікі болса, солай болғаны – деп, Есенқұл бағанағы күдігінің түбіне енді жеткендей болып сөйледі.
Бердіқожа енді ғана Есенқұлды құптайтын түрмен сәл күлімсіреп:
–Өзіңіз де біледі екенсіз Шаяхмет байдың күйін. Солай болып тұрғаны рас. Биылдыққа несие беремін деп, тағы солай қылды ғой.Соны сылтауратып талай қазақтың сорын қайнатып жатыр ғой, байекең! Қайтеміз, мұны сөз қып.Оның қолы жүріп тұрған кісі ғой. Заман да соныкі болар? Осындайға ұрындырған, сол баяғы елге салынатын салық шығар? – деп, Бердіқожа енді ғана Есенқұлды құптайтын түрмен сәл күлімсіреп қойды. Сүйтті де, ол қолына алған бөркін қайтадан басын кие бастады.
Осы кезде Есенқұл да бағанадан бергі күдігін Барлыбекке жеткізгендей қып:
– Барлыбек аға, біздің кешеден бері айтып жатқан әңгімеміздің дәлелі осы қойлар болып шықты – деді. Осыны айтып, Есенқұл сәл жымиып, «дұрыс айттым ба» дегендей боп, Бердіқожаға қарап еді. Ол басын изеп:
– Иә, дәл солай, несиенің өніміне жиналған қойлар – деді.
– Өзінің қарасы бірталай екен ғой – деп, Есенқұл қой жаққа көзін салып тұрып, осылай деп еді.
– Екі мыңға жуық бас бар – деп, Бердіқожа енді қойына кетпекші болып, дөненнің тізгінін тарта бастады. Бала бұл жолы да байыппен, асықпай жауабын бере сөйледі.
Бердіқожа айтқан мына сөз Барлыбекті тағы біраз сансыратып тастағандай етті. Кеше ғана айтылғандардың дәлелі де мына қойлармен бірге шыға келгендей еді. Мына Бердіқожа бала соны айтты.Бала болса да, үлкен кісінің сөзін айтып тұр. Бұларға да білдірді Шаяхметтей байдың күйі мен жайын. Сонымен қоса қазақтың қалай сорлап жүргенінде білдіріп кетті.
Бала болса да көпті көрген ақылы жетіскен адамның сөзін айтып тұр. Азуы алты қарыс, өзі қойын бағып жүрген Шаяхметтей көпесті батылы барып, сынағандай етті.«Кез – келгеннің ақылы да, батылы да, бұлай айтуға жете бермейді. Болайын деп тұрғанының сөзі ғана осындай болмақ» деп Барлыбек балаға таңырқаған түрмен. Сонымен бірге, осы балаға өзінің іші жылып сала берген еді.
Өзінің сөзі де ширақ, жүріс – тұрысында да үлкенге лайық қылық бар сияқты. Нық шыққан, салмақты жауап, жөн сұрасқан мына екі кісіні бірдей ырза еткендей етті. Тіпті, жас баланың мынандай ұстамды қылығы оның өзіндік салмақты мінезініңбір белгісі сияқты болып білінді. Әсіресе, сұрғылттау көрінетін, қоңырқай көздерікісіге тура қарайтыны оның бала да болса жайсаң біткен мінезінен аз да болса хабар беріп кеткендей екен.
Осы бір кезде Бердіқожаның ақ сұр келген жүзінде кіршіксіз, пәк балалық дидардың белгісі білінгендей болды да артынша ол:
– Ал, ағалар, мен кетейін. Қой ұзап кетер – деді.
Барлыбек бағанадан сыр бермей тұрса да, дәл қазір кеткелі тұрған баланы қимай қалған. Мынадай баланы үндеместен жібере салғысы жоқтай сезінген. Барлыбектің қазіргі түрі де өзгеше болып тұр. Әшейіндегі көп қазақтың баласына көрсететін әдетімен, әуелі:
– Өзің оқу оқығың келеді ме? – дегеннен бастаған. Ол өзінің қазақ баласын көрсе болғаны осылай деп шаужайынан алатын әдетіне салып сұрастырғанболатын.
Енді ғана қойының соңынан кеткелі тұрған баланың томсарыңқы түрі лезде өзгеріп сала берген тәрізді.Ол бағанадан бергі ұстамды қалпынан бір сәт ауғандай боп, екі көзі оттай жайнап, балалық пәктікпен:
– Оқу жақсы ғой, ағасы.Оқыған да жақсы. Бірақ соған біздей кедейлердің қолы жетпей жүр ғой – деді. Баланың даусынан аздаған өкініштің табы білініп қалды. Осылай дегенде ақсарылау жүзі сәл өзгеріп, өңінде жас балаға тән мұң пайда болғаны да қоса білінді.
– Оқығың келсе, мына Есенқұл ағаң сені оқуға алады. Өзіңді Қарағаштағы оқуға шақырып тұр – деп Барлыбек баланың сөзіне сүйсінгендей болып қалды.
Бердіқожа дөненнің тізгінін тартып жатып:
– Шын ба? – деп, екеуінің жүзіне кезек – кезек қарады. Даусынан таңданыс байқалады.
– Рас айтады, бұл ағаңның аты Барлыбек болады. Бұрын естіп пе едің? – деген Есенқұлдың сөзіне, Бердіқожа басын изеді.
Ол енді тағы қайтара көзінің астымен Барлыбектің пішініне көзін тастап алды да:
– Естігенмін.Сонда бұл кісі Көкжал Сырттанның баласы болды ғой – деп бала өзінің зеректігімен бұларды таң қалдырып тастады.Оның бұл қылығына Барлыбек пен Есенқұл бір – біріне қарасып, күлісіп алды.
Бұдан артыққа Бердіқожа баланы ұстауға болмайтын болды. Өйткені, қой ұзап кеткен. Жамырап, жоғалып кетсе, қиын болар деген оймен, Барлыбек:
– Онда, күзде оқуға кел, мына Есенқұл ағаң сені оқуға орналастырады. Оқып кетесің – деді.
Бұл сөзді естіген Бердіқожа да аяқ астынан:
– Бұл кісіні де білемін. Қыдыралы Маман деген кісінің баласы ғой. Ол ағамыздың оқу оқытатынын да білемін. Егер де, мені оқуға жарайды деген сөздеріңіз шын болса болғаны. Оқу оқуға ықыласым бар. Тек, алсаңыз екен. Онда оқуға баруға дайынмын. Қалайда оқып кетемін – деп, сергек сөйлеп, барлық жөнін айтты.Өзі кездейсоқ кездескен кісілердің түр – сипатын барлағандай болып, оларды бастан – аяқ тағы бір шолып шықты. Ашық қабақтың астындағы отты көздерінің қарашықтары осы кезде Барлыбек пен Есенқұлға бір – бір реттен қадала қарады. Енді ғана аққұба өңіне жылышырай орнағандай бола қалды. Көңілі бірдемеге ырза болған қалпы Бердіқожа астындағы дөненге қамшы басып, қой соңынан шаба жөнелді. Кеудесін кернеген қуанышын сыйғыза алмай бара жатқанын барлыбек пен Есенқұл екеуі сезіп тұр.
Оның соңынан қызыға қарап қалған Барлыбек пен Есенқұл екеуі де, көтеріңкі көңілмен жарыса сөйледі.
– Жақсы бала екен! – деп, Барлыбек соңынан тесіле қарап тұрып:
– Жүрегінде от бар екен, бір жерден шығатын бала – деп, Есенқұл да ырза болды.
(Бердіқожа Жантасов ақырысөзінде тұрды. Өзі талпынып жүріп, Қарағаш пен Қапалдағы оқу біткеннің бәрін оқып шықты. 1920 жылдардан бастап Жетісу облысы Талдықорған уезінің Ақсу ауылында Қосшы Одағының атқару комитетінде іс жүргізушісі болып істеді. Елде болып жатқан өзгерістерге қатысып, тынымды істерді атқара бастаған.Кейіннен Жетісу губерниясы Талдықорған уезінде «Тілші» газетінде қызмет істеді. Онан кейін Қазақстан өлкелік партия комитетінде, Республикалық Социалистік Қазақстан газетінде,Ақтөбе облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Талдықорған облысында партия және совет органдарының жауапты қызметкері болып қызмет атқарды.
Барлыбек Сырттановтың қырағы көзі Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Тәшен Өтепов тағы басқа да көптеген жүректерінде оты бар, ынталы жастардың арасында Бердіқожа Жантасовты да танып білгені оның өсіп, халқының керегіне жарайтын бір азаматынаайналып, қалыптасуына осылайша себеп болды. Бірақ бұл болашақтың ісі еді. Оның нәтижесін Барлыбек көре алмады).
Ал қазір Барлыбек пен Есенқұл Қапалға асығып бара жатқан беті еді.Сол асығыскөңілмен бұлар Қапалға таяп қалған.
Қапал қаласына шығыс жақтан келіп кірер жер үлкенжазыққа айналатын. Тіпті айналасы ат шаптырым десе де болады. Қалаға жақын тұс болғандықтан негізгі мұсылман зираты да осында еді. Зираттың сырты топырақтан жасалған дуалмен қоршалған.Айнала елсіз жер. Қапалға дейін әлі бірер шақырым қалған.
Зираттың күнбатыс жақ тұсынанбұлар өте бергенде, жол жиегінде жиналған біраз кісіні көрді. Олар шуылдасып, өздерін қызықтырған нәрседен құр қалмайын деп жатқан сияқты көрінеді. «Бұлар не қылған адамдар екен?» дегенше болған жоқ,бұлар тура қастарына таяп жетіп келді.
Топырлаған адамдар, қаз – қатар боп, дөңгелене жерге отырысып, орталарын ашыпқойыпты. Сол ашық ортада бірімен – бірі белдесе ұстасып жүрген екі адамғана көрінеді.Белдеріне байлап алған белбеулерден ұстасқанына қарағанда күресіп жүрген кісілер сияқты. Отырғандар солардан көз алмай қарайды.
Барлыбек мынау көрініске таңдана қарап:
– Бұл не болды!? – деп еді.
– Нағыса да, бұл жерде, күрес болып жатса керек, аға! Қапалға келген қазақтың балуан жігіттері орыстың казагымен және басқасымен күш сынасатын жер осында болса керек – деген Есенқұл жауабы да осыған орай тез шықты.
Елдің бәрі қақ ортада ұмар – жұмар болып, белдесіп жүрген қос балуаннан көздерін алмайды. Осынша кісі жиылып ап, қызықтауына қарағанда бұл өзі әжептеуір, атақты күрес болды. Оның үстіне күресіп жүргендердің бірі қазақ, бірі орыс екен. Орысыныңүстіндегі әскери киім гимнастерканың косоворотка секілді казактар киетін түріне қарағанда, шамасы Қапалдағы көп әскердің кісісі болғандай екен. Алқазағы дәуде болса, осы маңдікі сияқты.Тамам елдің басын қосып отырған күрес болды.
Тегінде Қапал жұрты бұл жерге бұрыннан бері жиналатын болса керек. Сондай дағдылы кез осы болып шығыпты. Күрес десе, қай қазақ ішкен асын жерге қоймайды.Күрескен екеуді көріп, Есенқұл да қызып кеткен. Ана екеуіне қарап тамсанып, білегін сыбанатындай болып:
– Шіркін-ай, нағыз күрес деп осыны айт! Қайсысы жеңер екен? – деп тамсанып қойды. Кең, дөңгелек жүзді Есенқұлдың көздері осыны айтқанда, ерекше нұрлана қалыпты. Өзінде бір түрлі қызба мінез пайда болған сияқты. Күресіп жүргендерге қарап қойып, басын шайқап:
– Әй, былай қарасаң, екеуі де мықты екен. Бірақ қазақ жігіті тым жастау сияқты. Қалай болатынын құдай біледі? Түбінде бірақ өзінен мықты палуан шығады – деп қояды.
Бір уақыт Есенқұл шыдай алмастан:
– Барлыбек аға, асығып тұрсақ та, күрес қызығын көре кетсек қайтеді? – деп, қызыға қарап қалыпты. Енді ол жауап күткендей болып, Барлыбекті тосып тұрған тәрізді.
Барлыбеккеде бұл күрестің аяғы немен тынатынындығы қызық еді. Ол да осыны білгісі келген.Бұған дейін екі ұдай болып тұрған көңілі қалуға сылтау таппай тұрған. Есенқұлдан соң, сол табыла кеткендей еді. Оның үстіне Есенқұл тағы қиылып тұрған соң, барлық сылтау қосылып бір жерден шыққандай болды. Енді күресті көруге ол да асықты.
– Көрсек, көрелік – деп Барлыбек те қостай кетті.
Екеуі аттарынан түсісіп, шылбырынан жетектеп, жол жиегіндегі адамдарға қарай жақындап келді.
Мұнда бірсыпыра жұрт жиналған екен. Қарасы әжептеуір, мол көрінеді. Әзірге бұл жұрттың аңдығаны күрес болса керек. Қайсысы жеңеді мәселе сонда болып тұрғандай еді. Өйткені елді тағы бір қызықтырғаны бәске тігілген көп ақша бар болып шықты, бұл жерде. Кейбірі сол ақшаның қамын ойлап, «кімге тиесілі екен» деп қана отырған сияқты. Күрес қызығының тағы бір сыры осындай еді.Осыншалық көп қызыққа беріліп кеткенкөп кісі қазір көздерін ортадағы белдесіп жүрген балуандардан бір айырмай қалысыпты.
Елдің көпшілігі күннің ыстығында жұқа бешмет, жадағай шекпен, кең қып тігілген жалаң көйлектің үстіне кемзал ғана киіп алысыпты. Күн ыстықта ауыздарына салған насыбайлары біразына кедергі болып, не айқайлайалмай, не сөзге келе алмастан, ауыздарын жымырысып алғаны байқалады. Тек қызған кезде орындарынан атып – атып тұрып барып, қайта отырысады.
Айналаның бәрі қоршаған тау болса, солардың ортасына біткен әдемі жазық та осы секілді. Таудың төскейі қаптаған қарағай мен шырша болса, мына жазықтың еншісі бетеге мен жусан болды. Бәрі – бәрі көзге тартымды, адамды баурап алатын сұлу көрініс. Оқта – текте ғана мың сан бұлағы сылдырап ағатын Мұздыбұлақ жақтан ептеп соғатын самал желдің баяу желпігені білінеді. Онысы көпшіліктің жанына жағып бара жатқандай. Олар қайта – қайта кеуделерін баяу ескен самал желге тосып, жандарына жай табатындай болып көрінеді.
Жиналғандардың көпшілігі орыс екен. Онда да, әскери киім киген офицер мен казактар олардың ішінде көп байқалады. Мұжықтар болса, бірен – саран ғана. Есесіне қазақтар тым аздау көрінеді. Жиналғандардың көбісі Қапалдың ноғайы мен шалақазағы болып шықты.
Балуандардың екеуі де аса зор қимыл көрсетіп жүр. Жап – жас, қазақ жігітінің бойы аса еңселі, екі иығына екі кісі мінгендей жалпақ, кеуделі, балғын денеліекен. Оның ақсұрлау өңіне қияқтай қып қойған қап – қара мұрты әдемі шырай беріп тұрғандай еді. Өзінің тұлғасы дақарсыласына қарағанда тым жіңішке көрінді. Оның жанында орыс балуанының жасы да әжептеуір толысқан, дене бітімі де қапсағайлау біткен, нық болса керек. Бойы қазақ жігітінен әжептеуір аласалау болғанымен онан жалпағырақ, барлық бітімі шойыннан құйғандай төртбақ болып шықты. Жуан қарнына таққан әскерлер тағынатын қайыс белбеу енді болмаса қарс айрылардай тырсылдап жүр.
Осы кезде отырғандардың біреуі ышқына айқайлап:
– Итқұлбай-ау, не болды саған! Жетеді, текетірестің бізге керегі жоқ. Таза жеңіске жеткіз. Жауырынын жер иіскет. Алып ұрып, жықсаңшы мынаны – деп еді. Онысына қазақ пен ноғайлар бірдей шуылдасып кетті.
– Алыпсоқ, жық, қайтпа...– десіп жатты.
«Итқұлбай» дегенге елең ете қалған Есенқұл, Барлыбекке қарап, басын изеп:
– Пәлі, мынауың біздің Төртқара Тұраптың баласы Итқұлбай ғой. Соның дәл өзі.
Төртқара Тұрап деген бар. Баянжүректің түстігіндегі «Баласаз» деген жерді жайлайтын елде тұрады. Соның Итқұлбай деген баласы балуан деп естігенмін. Ылғи Қапалға келіп, бәстесіп күреседі екен. Өзінің жықпағаны жоқ дейді. Оның балуандығын ел біледі – деп Есенқұл мұның жайын Барлыбекке түсіндіріп жатып.
– Бұл жігіттің осындай өнері бар ма еді? – деп, Барлыбек те сүйсінгендей болып сұрады.
Барлыбек бұл жігітті танымаса да балуандық өнерін ұнатып қалған еді. «Есті жігіт, елді өнерімен танытады» дегендей,мына жігітке іші жылып сала берген. Атан түйедей кісімен күреске сескенбей шыққанына бір жағынан көңілі хош тартып тұрғаны тағы бар.«Әй, өзі де бір айбарлы, білекті, оңды жігіт екен!» деп ойлап та үлгірген.
Жас шамасы он тоғыз, жиырмаларға келіп қалған Итқұлбайдың дене бітімі өз жасына сай, ерекше көрінеді. Бір қарағанда ұзын бойына жараса біткен балғындене бөз көйлек ішінен шиыршық атып, ойнап тұратын сияқты. Сіңірлі келген ұзын саусақтары қарсы жақтың белдігінен мығымдап ұстап алыпты. Сілкілескен кезде қолының, кеудесінің бұлшық еттері кәдімгідей білеуленіп, ширатылып шыға келеді. Соған қарағанда жас жігіттің күші де орасан зор, тіпті тасып тұрғаны білінеді.
Бірақ Итқұлбай қанша зор болғанымен қарсыласынан көп жіңішке екен. Тек бойы ғана анадан анағұрлым биік көрінеді.
Итқұлбаймен белдесіп жүрген жасы отыздардан асып кеткен, кесек тұлғалы орыстың әдісі де көп болып шықты. Оның жалпиып біткен сом тұлғасы тырсиып үстіндегі косоворотканы сөгіп шығардай болып білінеді. Аздап майлана бастаған тұрқы тіптен ебедейсіз зор болса, кеудесінің өзікең біткен, талыстай болған неме екен. Көлденеңі мен ені бірдей болған, ертегілерде айтылатын дәу сияқты біреу. Өзі тіптен бұғағы жарылардай семіз, арқасы жып – жылмағай төртбақ көрінеді.
Барлыбектер күрестің нағыз қызған кезінде үстінентүскен. Бірін – бірі ала алмай жүрген екі алып балуан бұл кезде әбден қара терге түсіп, бусанып алған.Екеуара тегеурінді серпінге бой алдырған кезде белдеріне таққан жалпақ, қайыстан жасалған офицер белбеулер үзілердей болып сықырлайды. Бірақ үзілерден әзірше аман. Күресіп жатқан екі кісінің де күшті екендіктері осыдан білінеді.
Бір кезде әскери киімі бар кеспек денелі орыс балуан Итқұлбайдың беліндегі белдіктен ұстап, ары – бері жұлқылап, сүйрей бастады. Оның мұнысына ырза болысқан солдаттар мен офицерлер:
– Давай, давай, Волокитин! Мало осталось. Сейчас киргиз согнется как тростинка – десіп жатты.
Алысқан екеу бұл кезде титықтап қалғандай еді. Жиналған қазақ пен ноғай:
– Итқұлбай-ау, не болды саған! Бәске тіккен ақшамыз көнде (кон) жатыр ғой. Босқа кетпесе игі еді – десіп ентігісіп, анталай сұрайды. Сүйтіп те, олар Итқұлбайға салмақ салып, қайрап та қояды. Олардың ондай қауіптіойлауының мәнісі бар. Көнде жатқан ақшаның құны отыз сом. Бұл бес – алты бас өгіздің, не болмаса он бес ширек арақ пен мол дастарқанның құны. Қай балуанды болмасын ойландыратын бәс. Бірақ олардың онысына әзірге Итқұлбайдын мойын бұрарлық мұршасы жоқ. Күшті де, айлакер балуанға кездесіп қалғанын ол бағана сезген. Жағдайы келсе, бағанадан бері жеңіп шығар еді ғой. Соншама қиналып несі бар еді.
Бір кезде Волокитин Итқұлбайға дүрсе қоя беріп, оны көпе – көрнеу тықсырып бара жатқаны байқалды.Енді ол бір жағына шығармай тоқтамайтын сияқты. Түрі соны білдіреді. Алара біткен қызыл көздері онан сайын қызара аларып, түсін суыққа салып, ернін жымқырып алыпты.
Біразға дейін бірін – бірі ала алмай жүрген балуандар есеңгіреп, шаршаса дабағанадан бері онысын білдірмей жүрген. Бірақ бұл жолы Итқұлбай қарсыласының пәрменді тегеурініне шыдамаған сияқты. Оның ырқына көнгендей болып, ананың тықсырған жағына ары – бері көніп, жүре берді. Қанша айтқанмен шаршаған болу керек. Елде солай ойлап қалған секілді. Өйткені бағанадан бері «Итқұлбайлап» отырған осындағы қазақ пен ноғайларөз балуандарының түрін көріп, ұнжұрғалары түсіп кетісті.
Өз жайының қиындап бара жатқанын Итқұлбайда сезетін сияқты. Оның қазіргі бар айласы қарсыласын ішке кіргізбеу ғана болып тұр. Одан басқа амал қалмағандай. Ұзын қолдарын белдіктен айырмастан, тіреп алыпты.Соның күшімен қарсыласын өзіне жақындатпай жүргені болмаса Итқұлбайдың қазіргі қауқары таусылып бара жатқаны мына жұртқа байқалды.
Тек осы кезде күтпеген жағдай болды. Тіпті көзді ашып – жұмғанша, елде көп нәрсені аңғармай қалған.
Қазақ балуанының «сілесі қатты» деп ойлаған қарсыласы бір сәтте дандайсып, тіптен шектен шығар тегеурін көрсете бастаған. Ол енді Итқұлбайды бар күшімен өзіне тартып, іштен шалғысы келуді мақсат тұтқан еді. Бірақ қос қолмен белбеуден ұстаған Итқұлбайдың әлді қолдары оның бұл ойын іске асыртпай қойды.Бірақ әзірге Итқұлбайда ана балуандікіндей тегеурін жоқ. Сондықтан оның бар әрекеті тек қарсыласын ішке кіргізбеу ғана сияқты.
Осындай арпалыс кезінде Итқұлбай қарап тұрмастан, қайрат жасап, қарсыласын екі жағына кезек теңселтетін әдіске кіріскен еді. Ел мұнысын байқады ма, байқамады ма, ол жағы белгісіз. Бірақ бар қажыр – қайратын осыған арнаған ол осы әдісін бастаған. Ана балуан онысына қарсылық білдіретін сыңайы бар.Өйткені жаңағы қимыл оны аяқ басысынан шатастыратындай болып, тіпті жанына жантайта құлатқысы келетіндей көрінген. Орыс балуанының бағанағы тегеуріні босап, енді өз басымен болып кеткен сияқты. Ол қайта – қайта қисайтқан жақтан құтылғысы келетіндей екінші жағына түзелу үшін иығын қомдай берді. Мүмкін Итқұлбайға керегі осы болған шығар?...
Осы сәтті күткен Итқұлбай, оның қолдарының сәл босаңсығанын да сезсе керек. Соны пайдаланып, ол сол жаққа қырындай тартып бара жатып, оң қолын тез арада ананың ту сыртына алмастырып, жон арқадан шап берді.Сол кезде өзі оң жамбасының ыңғайына қарай еңкейе берген. Сол кезде атан өгіздей болған дәу сусып барып оның жамбасына түсті. Итқұлбай еңкейе бергенде оның да аяғы жерден айрылып,бірге көтеріле берген.
Осы кезде ол аяғына тірек таппастан тыпырлап барып, Итқұлбайдың жамбасында кете барды. Сол-ақ екен, Итқұлбайдың: «Һауп!» деген даусы қоса естілді. Аяғы жерден айрылып, өзі біреудің жамбасында кеткен алып дене мүлдем қауқарсыз күйде, аяғы аспанға көтеріліп кетіп бара жатты.
Сүйткенше болған жоқ, жаңағы тыпырлап, құр сүлдерге айналған дене Итқұлбайдың жамбасынан асып барып, қос жауырынмен жер құшып, шалқасынан түсті. Ол есін жиғанша Итқұлбай оны кеудесінен басып тырп еткізбей тастады.
Қаз қатар болып, тізіліп отырған қазақ пен ноғай шу етісе қалды. Біреулері анталап:
– Алды – алды! – дессе, енді біреулер:
–Бітті – бітті!Жауырыны жер искеді! – десіп, орындарынан тұрысып кетті.
– Таза куреш, сулай булша кирак! – деді, қырма сақал қойған, басына кестеленген, қымбат татар тақиясын киген орта жастағы ноғай көпесі ырза болған ыраймен.
Күрес Итқұлбайдың жеңгенімен аяқталды. Ел енді бәске тігілген бәйгені күтіп отыр. Балуанға түскен жас жігіт Итқұлбай анадай жерде бір топ жігіттермен сөйлесіп тұр екен. Терлеп, бусанып тұрған балуан жігіттің қызылшырайлы жүзі бал – бұл жанып, маңдайынан, самайының кей тұсынан әлі де шып – шып тер білінеді. Үстіне қоңылтаяқ кие салған жұқа шапанның кеуде тұсы терден суланып кетіпті.
Барлыбек пен Есенқұл елдің атын шығарып жүрген жас жігітпен көрісу үшін оған жақындаған еді. Танымайтын, бөтен адамдарды көргенде жаңағы жігіттер ошарылып, бұл екеуіне жол бере бастады. Итқұлбаймен бірге тұрған жігіттердің барлығы бірдей ұяңдық танытып, бір жағынан қысылып, біріне – бірі сеніңкіреген пішінмен, басқасына сілтегендей болып, сәлем беруді кешеуілдетіп алған еді.
Мұндайға пысық, әр нәрсені алдын – ала болжағыш Есенқұл, олардың мұнысын сезіп, қағілез мінезіне салып:
– Әй, Итқұлбай, ағаңа сәлем бер! – деп күлімсіреген қалпы, оған бұйырғандай болды.
Сол, сол-ақ екен, Итқұлбайдан бастап, тұрған жігіттердіңбарлығы бірдей Барлыбек пен Есенқұлға жамырай сәлем бере бастады.
Барлыбек те бұларға жылыұшырай қарап:
– Өркендерің өссін қарақтарым! Әр қашан осындай өнерлі болыңдар – деп, шын қуанған ниетпен, бата бергендей сөйлеп жатып:
– Бұл күрес дегеніміз де, өнердің бір түрі ғой. Балуандық өнердің қыр – сырын білгендіктен мына тұрған Итқұлбай өзінен дәуді жер қаптырды. Әдіспен және айламен алды. Сондықтан, оның жеңісіне ынталы болып тұрған бәріміз ырза болдық – деді.
Итқұлбай балуан мақтағанға ұялғандай болып, лезде қаны бетіне шауып, қызарған күйі, көзін жерге қадап алды. Итқұлбайдың ұялғаны бекер емес еді. Бар қылғаны біреуді жыққан екен. Соны мына кісілер әжептеуір, дардай қып: «өнер» дейді. «Өнер десе, анау Баласазға жақында көшіп келген Көзма орыстыкіндей шөп шабатын кәселке жасаса бір сәрі. Аттарды жегіп алып, ары – бері ойқастап жүреді де отырады. Шалғы сілтемей-ақ, шөбің баудай түсіп жатады. Тек жинай бер. Көзманың бір кәселкесі шалғы ұстаған жүз кісіден артық. Сол кәселкені қалай жасаған? Соны жасаған кісі нағыз өнерлі адам. Өнер деп, осыны айтуға болады» деп, өнерді өзінше бағалап тұрған.
Мұның артынша Барлыбекке бағанадан бері бір ой келіп еді. Онысы жеңе қалса мына жігіт бәске тіккен көп ақшаны қайтер екен дегеннен туындаған. Енді сол ойдағы сөзін біліп алғысы келіп:
– Ал Итқұлбай шырақ, жеңісің құтты болғай! Бәске тігілген біраз ақшаны қайтпексің? – деп, Итқұлбайға қаратып айтты.
Барлыбектің мына сұрағы Итқұлбайды қатты састырып тастаған сияқты. Бұл бір емес, талай келіп күресіп, бәске тігілген бәйгені алған. Соларды алысымен қайда кеткенін білмейді. Көбіне – көп, жолдас – жора, таныстар мұндайда табыла кетеді. «Жеңгеніңді жу» дейді. Олардың «жу» дегені Қапалдағы трактирмен аяқталады. Көпшілікке тегін ас беріледі. Тойғанша арақ пен шарап ішіледі. Бәйгеге тігілген ақшадан қылауда қалмайды.
Сүйтіп, Итқұлбай атты жас жігіттің айтысына қарағанда Баянжүректі төскейлеп, жаяу жалпылап елге қайтады екен. Бар тапқан пайдасы бірге ішіп – жеген елдің асыра мақтауы ғана сияқты көрінеді.
«Арақ ішіледі, қызық болады» деген сөздердің тұсында Барлыбектің еріксіз қабағы шытылып кетті. «Өңшең өрімдей – өрімдей жас жігіттердің осы бастан ішімдікке беріле бастағаны несі екен? Кеше ғана осы туралы би, болыстар айтты емес пе? Елді ішінен кеулеп жеп бара жатқан жаман дағды пайда болды деп... Бұларға ақыл берер кім бар?!» деп бағанадан бері Итқұлбай жеңісіне Барлыбек тамсанып тұрса, енді бір түрлі томсарып қалған еді.
Қазір ол осыған тіреліп қалғандай болған күй кешуде сияқты. Бірақ қолынан келгенше, бар ақылды айтып салмақ ниетке келген. Аздаған бөгелістен соң Барлыбек сөзін сабақтап:
– Мына Итқұлбай жақсы күресті. Көп жерде жүріп, мұндай күресті көрген жоқпын. Дұрысты, дұрыс деу керек қой. Итқұлбай қарап жүрмей күрес өнерін үйреніпті. Ал айтыңдаршы қалғандарыңда қандай өнер бар? – деп сұрап еді. Тұрған бес – алты жігіттің ешқайсысы үндей алмай қалды. Тек бастарын төмен салбыратып, «бұл қазақтың бізде несі кетті» деп тұрғандай көрінді.
– Мен сендерді түсініп тұрмын қарақтарым. Жолдасымыз күресіп жеңіске жетті. Оның тапқан табысы бәрімізге тиесілі деп тұрсыңдар ғой. Ал сол ішіп – жем мен кісіні есінен адастырып, доңызға айналдыратын араққа құмар болғанша, пайдалы бір іске жұмсар болсаңдар, дұрыс болмас па еді – деп, Барлыбек түйсіктеріне әдейі батырып айтты.
Мұндай сөзді күтпеген жігіттер онан сайын томсарып, ойланып қалған сияқты.
– Иә, осылай болып тұр – деп бастады ішіндегі ересектеу біреуісі сөз бастап, ылғи да, болып тұратын үйреншікті әдетке айналған істің жайын айта бастаған:
– Итқұлбай балуанға түсіп, жеңген күні тойлап кетеміз. Ештемесін аямайды. Қапалдың бүкіл қазағы мен ноғайы қарқ болып қалады – деді.
Осы кезде сөзге араласқан Есенқұл, ол да Барлыбектің айтқанына қосылып:
– Балуанға түсіп, жеңіп жатқандарың ердің қылығы, бірақ бәске тігілген бәйгені құр араққа салдырғандарың дұрыс болмады, шырақтарым. Тіптен, әбестік болып тұр. Соған кеткен ақшаға онан да мал алып, қыстау салып алмайсыңдар ма? Малды көбейтіп, өсірсеңдер, кімнен кем боларсыңдар? – деп, ол да сөккендей болды.
Бағанадан бері үндемей тұрған Итқұлбай балуан, осының бәріне өзі кінәлідей сезініп:
– Осы бір жеріміз ыңғайсыздау болды! Оның дұрыс болмағанын өзіміз де түсіндік, ағалар. Ауылдағылар да осыны жақсы деп жүрген жоқ. Бұдан былай бүйтпесбіз! – деп ол көптен бері ұятты іске қатысқан адамдай ақталып айтты. Әлі де болса бағанағы күрестің буы Итқұлбай үшін тарқамаған болса керек. Ол маңдайынан аққан терін шапанының жеңімен сүйкей сүртіп, тұрған қалпы, осылай деді.
– Міне, енді жөн болды ғой айналайындар! Онан да, ауылдарыңа қайтып, ақылдасып көп болып пайдаланатын шаруаға көз тігіңдер. Құр босқа шығын шығарып, қазаққа дерт болып жабысқалы жатқан арақ ішуден аулақ болыңдар – деп, Барлыбек бұларға мұндай өмірдің қазіргі халін айтып кетті.
Үсті басы тер – тер болған Итқұлбай енді маңдайынан білінген шып – шып терді алақанымен сүртіп тұрып:
– Онда осы жолы Қапалдың көпестеріне айтып, бір шөп шабатын кәселке алсақ қайтеді? – деп, көкейінде жүрген бір арманына ден қойғыза сөйледі.Олай айтатын жөні бар. Өйткені Баласаз ауылына алыс емес жерден зәймка алған Көзма деген орыс мұжығында кәселке бар болатын. Үш ат жегілетін кәселкемен ол маңайдағы қазақтардан бір – бір жылқыдан алып, шөбін шауып беріп жүрген.
Сөйтіп жүріп, сіңірі шыққан Көзма мықтап байып алған. Қазір маңайдағы кедей қазақтар оған жалданып, тамағын асырап жүр. Итқұлбайдыңендігі арманы осындай кәселке алу болып тұрғаны содан еді.
Алтыншы тарау
Жақып Ақбаевтың Жетісудың бір түкпірінде жатқан Қапалға келе жатқандығы туралы хабар бұл жаққа өзінен біраз бұрын жеткен.
Соған байланысты Қапал уезінің бастығы Лебедевке Верный тыңшылық бөлімшесінің бастығы ротмистр Склюевтенаса құпия мазмұндағы хат келіп түскен.Хатты анау – мынау емес жандармерия бастығы Астраханцевтің құптауымен жібертіпті.
Сол хатта, жандарм бөлімшесінің бастығы: «сіздер жаққа аса қауіпті, саяси мәселелерге байланысты сотталушы Ақбаев Жақып этап арқылы айдалып бара жатыр. Соған байланысты бұл мәселеге аса назар аударып қарауыңызды сұраймыз және сіздің назарыңызға кезектен тыс салынатын құпияжайларды хабарлап отырмыз. Ондағы жайларға мұқият көңіл бөліп, Империя қауіпсіздігі мүдделеріне сай іске асыруды сұраймыз.
Сотталушы, Ақбаев Жақып туземдік, киргиз халқының праволарын ғана ойлайтын, Россия империясының мүддесіне қарама – қайшы келетін істерді жүзеге асырушылар қатарында көріне бастаған, оған жат көзқарастағы адам.
Сондай-ақ, Ақбаев Жақып, мұнымен де шектелместен, көптеген заңбұзушылық істерге байланысты көзге түсе бастағаны оның жеке басының мемлекетке аса қауіпті екендігін білдіреді. Сондай істері үшін ол сот үкімімен жер аудару жазасына кесіліп, жазасын орындалу процессіне қатаң бақылау орнату үшін Қапал қаласына жіберіліп отыр.
Сотталушы, киргиз Ақбаев Жақып жоғары білімді, Санкт – Петербург қаласындағы университеттің заң факультетін «Бірінші дәрежелі дипломмен» бітірген, мамандығы бойынша заңгер.
Заң органдары жүйесінде әр түрлі қызмет істеген, соның ішінде бітімгер судьяның көмекшісі және адвокат қызметтеріндегі тәжірибелері бар.1903 жылдың соңғы тоқсанынан бастап Омбы сот палатасына қызметке тұрған. Ал 1904 жылдан бастап палата хатшысының көмекшісі болып, қызмет атқарған. 1905 жылғы тамыздан бастап Омбы қаласындағы 2-ші учаскенің бітістіруші (мировая) судьясы міндетін атқарған.
Осыған дейін көптеген мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған, заңсыз істерге қатысқандығы үшін астыртын бақылауға алынған. Өзінің саяси сипаттағы істері бойынша көпшілік арасында үгіт – насихат жұмыстарын жүргізуге бейім. Әсіресе, 1905 жылдардағы «Патша манифесіне» байланысты петиция жазу және прокламациялар дайындау кезінде белсенділік танытқандардың арасында байқалғаны туралы қосымша тіркеуге алынған.
Сотталушы Ақбаев Жақып,1905 жылғы қазан – қарашаайларында Омбы қаласында үкіметке қарсы митингілер мен демонстрацияларға қатысып, самодержавиені құлату қажеттігі туралы үкіметке қарсы саяси сөз сөйлеуіне байланысты өзі қызмет істеп жүрген сот мекемесінен қуылған.
1905 жылғы 7 – 8қарашада Павлодар қаласында қаланың ортасындағы көп адам қатысқан митингіні ашуға қатысқаны туралы істердің жинағы Омск қаласының жандармерия басқармасында бар. Ондағы сөздерінде олимперияда жабық болып есептелінетін мәселелердің: саяси бостандықтардың, оқу – ағартумен мәдениеттің самодержавие билігімен сәйкессіздігін дәлелдеп, самодержавиені құлатуға үгіт жүргізген.
Осындай мемлекетке қарсы үгіт пен насихаттың нәтижесінде сол күндері ондағы өкімет мекемелері жұмыс істеуден бас тартқан болатын. Бұл Акбаев сияқты Самодержавиелік үкіметтің басқару механизміне қол сұққандықтың әсерінен болған мемлекетке қарсы қасақан істелген шара болып табылады.
Ақбаевтың істеп жүрген әрекеттері киргиздардың санасына сіңіп, мемлекетке қарсы әсерін тигізе бастады. Сотталушы Ақбаевтың осындай қылмысты әрекеттерін әшкерелеу үшін Кент болысына барған стражник Быков пен шабарман Бектасовтыңмемлекет ісін атқаруға,лау үшін, ат ала алмағандығын келтіруге болады. Сондай-ақ, ол стражник Дериглазовқа да ат бергізбеген.
Қай жерде жүрмесін Ақбаев сырт көзге сездірмейтін жағдайларда жасырын үгіт жүргізуін тоқтатқан емес. Оның мұндай әрекеттері қырдағы киргиздарды бүлік бастауға негізделіп, қасақана жасалатыны белгілі болды.
Осыған дейін ол Қоянды жәрмеңкесіне жиі барып тұрған және онда өз жақтастары арқылы зиянды пікірлерін бүкіл киргиздарға таратып жүрген.
Бұл жөнінде оған көмектесушілер көбейе бастаған. Әсіресе, оқудан демалысқа келіп жүрген қазақ жастары оның үгітіне көніп, оған көмектесетін болған. Соның салдарынан жергілікті киргиз халқы әкімшілікке ашық қарсылық білдіріп, салық қарыздарын төлеуден бас тарта бастағаны тікелей Ақбаев үгітінің нәтижесі болып табылады.
Ақбаев түрлі жиындарда киргиз халқын орыс патшасының билігінен оқшаулау жөнінде мәселе көтеруді қолға ала бастағаны да соңғы кезде белгілі болды.
1905 жылғы 11 – 12қарашада Ақбаев Баянауыл казак станицасында өзінің таныс казактарының арасында самодержавиені құлату қажеттігі туралы шұғыл түрде жиын өткізгені белгілі болып, полиция мен жандармерияның назарына алынған. Сондағы қозғалған тергеу амалдары бойынша Ақбаев сол жылғы 13 – 14қарашада Қарқаралы қаласында болғаны дәлелденді. Онда ол: қазақ, сарт және ішінара татар халқының толық қолдауымен екі айдың ішінде самодержавиелік билікті құлату бүлігін іске асырумен айналысқан.
Ақбаев сияқтылардың осындай қаскөйлігінің кесірінен іс жүзінде Қарқаралы қаласында самодержавиелік биліктік басқаруфункциялары қиын жағдайға тап болып, мемлекетке қарсы істелген «дезорганизациялық» әрекеттерден зардап шеккен.
Ақбаев тарапынан самодержавиеге қарсы насихат пен үгіт шараларының үздіксіз жүргізілуіне байланысты киргиз адамдарының ішінде мемлекет мүддесіне қарсы келетін сенімдер пайда болып, олардың арасында іріткілер көбейе бастаған.
Сондай қылмыстардың кесірінен және Ақбаев Жақыптың теріс пиғылдағы іс – әрекеттерінің нәтижесінде оның киргиз халықтарының арасында империяға жат көзқарас пайда болды. Сондайлық жалпыға бірдей самодержавиеге қарсы көзқарастың қалыптасуына және киргиз кісілерінің рухани жат қылықтарына себепкер болғаны дәлелденді.
Осыдан кейінгі уақыттың ішінде ол киргиздардың арасында жалпыға бірдей туысқандық, теңдік пен бостандықтың идеясын таратумен айналысып келді. Қандайда болмасын жазалау түрінің бұл жайында қаралғанына қарамастан осы жұмысын тоқтатпаған.
Оның мұндай істері ең алдымен Қарқаралы уезінде республикашыл режимді орнатуға бағытталып, соның нәтижесінде ол жерлерде аз уақыт болса да самодержавиелік басқару билігінің шын негізінде деформацияға ұшырауына әкеліп соқтырды.
АйыпкерЖақып Ақбаев,1905 жылы15 қарашада Қарқаралы қаласындағы халық манифесінің алдында үгіт жұмыстарын жүргізген кездерінде өзінің сөйлеген сөзінде: «Мен сендердің мұң – мұқтаждарыңдыжоқтау үшін әдейі патшалық қызметтен босадым. Енді менің басым азат болды. Сендерде солай істеңдер! Патшаға емес өзіміздің болашақ қазақ елі үшін өмір сүріңдер!»,– деген самодержавиелік басқару жүйесіне аса қауіпті мәлімдеме жасаған.
Содан бергі уақыттың ішінде Жақып Ақбаев киргиздардың азаттығы үшін, олардың тәуелсіз мемлекет ету жолындағы киргиз «республикашыларымен» бірге болып келді.
«Киргиз автономиясы, Киргиз тәуелсіздігі» деген атпен жүрген киргиз бунтарьларымен қосылып, теріс пиғылдағы псевдоұрандарды жамылып, осы кезге дейін сондай істермен шұғылданып келді.
Ол 1905 жылы 15 қарашада Қарқаралы халқы жиналған алаңда уезд бастығы Оссовский мырзаның патша ағзамның 17 қазандағы манифесін жария етуіне байланысты жиында сөз сөйлеген. Сол кезде Жақып Ақбаев патшаныңхалыққа сыйлаған бостандықтарын керісінше түсіндіріп, оларды жалған, «патшаның өтірікке толы тағы бір қулығы» деп, «Августейший Государьға» аса дөрекі түрде тіл тигізіп, масқара етіп, мазақ еткен. Мұнымен де шектелместен, ол тағы сол жерде, негізінен қазақтар мен татарлар жиналған тобырға: «енді крестьян бастықтары мен ояз бастығының бізге керегі жоқ, ауылдарыңа келсе оларға ат – көлікбермеңдер. Жаяу қуыңдар, ал қазақтан шабарман келсе, басына су құйып қуыңдар, орыс шабарманы келсе – оларды да қуыңдар!» деп, билікке қарсылық акциясын жариялап, осылайша көпшілікті жаппай бағынбауға шақырған.
Сотталушы Ақбаев шектен шығып, мемлекетке қарсы акцияларды бірінен соң бірін жария етуін тоқтатпастан: «Бұрын қазақты орыс билесе, енді орысты қазақ билейді!»,– деген мемлекеттік принциптарға жат қылықтарды жиналған халыққа таратып, оларды осыны жасауға үгіттеген.
Тағы сол сияқты правокацияларға барған ол уезд бастығы Оссовский Патша манифесті туралы сөйлеп жатқандааса қатігездікпен Государьгатіл тигізуін тимастан: «Бұдан былай ол – патша емес, біздің құлымыз. Патша бостандықты еркімен берген жоқ, біз одан бостандықты тартып алдық»,– деген өзінің шеттен шыққан, қылмыстық балағат сөздерін тоқтатпастан таратумен айналысқан. Өзінің осындай қылмыстық істеріменқоғамдық тәртіптің сақталуын өрескел бұзған.
Бұдан кейін де Ақбаев сол жердегі намазға жиналған халыққа барып: «Патшаның ауы жыртылды, абыройы ашылды, оның соры қайнады»,– деген Мемлекетке, Государьға қарсы жасалатын қылмыстарын жалғастырып, Государьдің абырой мен беделіне кір келтіретін сөздерді айтумен болған.
Осындай әрекеттері үшін АқбаевЖақып сотқа тартылды. Өкінішке қарай, 1906 жылғы тамызда Омбы соты Ақбаевтің ісін қарағанда, куәлар түгел келмеген. Ал келгендері оны ақтап алмақ үшін Ақбаевты жақтайтын сөздерін айта бастаған. Куалардың басым көпшілігі мемлекет мүддесіне сай, мағыналы дұрыс жауап бермегендіктен Омбы облыстық соты оны 1906 жылғы 4-тамызда еріксіз ақтап жіберуіне тура келген.
Осындай ауыр қылмыстарды жасаған Акбаев Якуб осы жылдардың ішінде мемлекет ісіне өте қауіпті адамға айналды. Оның мемлекетке қарсы жүргізген үгіт пен насихаты, басқа да қылмыстық істерітуземдік көшпенділердің санасына сіңіп, олардың тарапынан оғаш қылықтар көрсетуге әкеліп соқтырды. Соның кесірінен Кент болысына барған стражник Быков пен шабарман Бектасов тұрғындардан мініске ат ала алмаған.Сондай-ақ, кейіннен барған Дериглазов деген стражникке де ат берілмеген. Соның бәрі Ақбаев сияқтылардың Мемлекетке, Государьға қарсы жүргізген қылмысты істерінің нәтижесінде іске асырылған.
Қазір Ақбаев барған жерінде, жасырын түрде үгіт жүргізуді жалғастыруы мүмкін. Сөйтіп киргиз елінің қай жерінде болмасын бүлік бастауға даярлық жасау үшіндайындық жасауға баруы ықтимал.
Ұсталып, Қапал уезіне жер аударылғанға дейін Ақбаев Қоянды жәрмеңкесіне жиі барып тұрған.Онда киргиз интеллигенциясы тарапынан талай рет бас қосу болғаны бүгінде белгілі болып отыр. Ол жерде де ол өз жақтастары арқылы зиянды пікірлерін бүкіл жиналған көпшілікке таратып жүрген.
Ақбаев жергілікті халықты әкімшілікке ашық қарсылық білдіруге, салық қарыздарын төлеуден бас тартуға шақырып келген.Ол әр түрлі жиындарда қазақ халқын орыс патшасының билігінен оқшаулау жөнінде мәселе көтерумен болған.Туземдіктер арасында осындай зиянды әрекеттерімен көрініп жүрген Ақбаевтыңкиргиздар арасында зиянды әдебиеттер де таратқаны белгілі болып отыр.
1905 жылы Қарқаралы және Баянауыл почта кеңселері арқылы Омскідегі киргиз автономисінің бірі болып табылатын султан Алихан Букейхановтың атына көп ақша жіберілгені кейіннен бізге агентуралық мәлімдеме арқылы белгілі болды. Сондай көп ақша соммасын алардың алдында олДумаға сайланған. Бірақ патша указымен тез таратылып жіберілген Мемлекеттік Дума мүшелерінің Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін түрмеге отырғызылған болатын. Осы кезде султан Алихан Букейханов Самара қаласына жер аударылып, жазасын сол жақта өтеп жүр.
Жоғарыда көрсетілген жиналған ақшаға кейінірек қазақтардың қару – жарақ сатып ала бастағаны полицияға белгілі болып, біз көптеген астыртын шаралар өткіздік. Соның ішінде киргиздардың активистерін қамауға алу шараларын қоса өткіздік. Мұның бәрі біз үшін олардың арасындағы жансыз арқылы белгілі болған еді. Осы операцияны өткізу кезінде полиция қару сатып алуды ұйымдастырушылардың бірі «Жақып Ақбаев болуы мүмкін?» деген версияны да теріске шығармайды. Өйткені, бұл туралы «Охранка кеңсесі» кейінгі кездеАқбаевтыңөзінің Петербургтегі досы бір жағынан ұстазы болған профессор Петражицкийге жазған хаттарынан біліп отырған.
Ақбаевтың хаттарын поштадағы цензура тапсырыс бойынша ашып оқып, антимемлекеттік мәлімметтерін полиция мен жандермерияға беріп отырған. Сол хаттарда ол:«өзінің киргиздар арасында көп жұмыс жүргізіп, халықты күреске ұйымдастыра бастағанын, қажет болса киргиздар үкіметке қарсы қолына қару алып, өз бостандығы үшін күресуге дайын»деп жазғанмәлімдеулерінен анықтағанболатынбыз. Акбаев Якубтың профессор Петражицкийге жазған хаты оны жазалауға бұлтартпас дәлелді айғақ болып, оның қылмыстық ісіне тіркелді.
«Ұлттық идея» сынды антимемлекеттік, қылмыстық әрекеттер арқылы Ақбаев Жақып одан кейінде Қылмыстық Заңдар Жинағының 103, 108, 109-баптары бойынша мемлекеттік қылмыстық істерге қатысты «опасыздық» жасады деген айыптау шарасына тартылған болатын. Оны осындай қылмыстық қудалаудан, Ахмет Байтурсынов деген киргиз автономисінің үгіттеуімен: Хасен Ақаев, Дүйсеке Жаманбалин, Қаражан Үкібаев дегенкиргиз көпестері кепілдікке 7500 рубль ақша беріп, бір рет босатып алса, кейіннен 1906 жылғы тамыздағы сотта ол бітімгерлік соттың әлсіздігінен өзін – өзі қорғап шықты.
Сотталушы Ақбаев, 1907 жылы маусым айында, Қоянды жәрмеңкесінде қоныс аударушылар мекемесінің бастығы отырған киіз үйге басып кіріп, оның бастығына: «Мемлекеттік Думаның пәрменінсіз қазақтар бір сүйем де жер бермейді, қарсылық көрсетуге дайын. Күш жұмсайтын болсаңдар, мен осы жер үшін өлуге бармын»,– деп, өзінің тағы бір мемлекетке қарсы қылмыстық мәлімдемесін жария еткен.Сол үшін оған 50 сом айып салынған.
Ұлттық тәуелсіздік пен қарулы көтеріліс сияқты саяси мәселер де, Ақбаевтың кез келген сәтте пайда болатын билік пен басқару функциясына қарсы бас көтеру, бунтарьлық көзқарасына жақын идеялар болып табылады.
Осыдан бұрын Жақып Ақбаевты 1908 жылы мен үкіметке қарсы насихат жүргізгені үшін Қарқаралыдан бес жылға Якутскі облысына айдауға жіберу үшін Омбы қаласына жөнелтілгенін сіздің есіңізге саламыз.Бірақ оның ісі қайта қаралып, бұл үкім өзгертілген болатын. Осыдан соң орталық тарапынан АқбаевтыДала өлкесіне жер аударуға рұқсат берілді.
Енді сол үкімнің негізінде полицияның қадағалауымен Жетісу облысындағы Қапал уезіне қарасты, Қапал қаласына жазасын өтеуге жіберіліп отыр.
Ақбаевтың қылмыстық ісі Семей облысының әскери – губернаторыныңміндетін атқарушы А.Тройницкийдің бақылауында болғандықтан оны қатаң түрде орындауға күш салуды сіздерден сұраймыз.
Сонымен қатар, сотталушы Ақбаевтыңәсіресе,империя мүддесі үшін қазіргідей күрделісаяси сәттерде мемлекет қауіпсіздігіне қарсы шығуға дайын, өте қауіпті саяси қылмыскер екендігін ескере отырып, осы талаптарды бұлжытпай орындалуын қадағалауды сіздердің тараптарыңызға тапсырамыз.
Осы айтылғандарды басшылыққа ала отырып, өзіңіздің һұзырыңыздағы уезд ауқымында сотталушы Ақбаев Жақыпты қатаң қадағалауға алынуын, жаза өтеу процессінде ешқандай заңбұзушылықтың жіберілмеуінжәне осы жайларға байланысты туындайтын барлық талаптардың бұлжытылмай орындалуын құқыққорғау органдары арқылы күшейтілген бақылауға алынып, қатаң түрде қамтамасыз етілуін Сізге тапсырамыз.
«Жеке жандармдар корпусының ротмистріАстраханцев» деп, қол қойылып, мөр басылыпты.
Өзіне түрпідей болып тиген хатты қолына ұстаған қалпы уезд бастығы ондағы жазылғандарды тағы бір асықпастан қайталап оқып шықты. Қанша оқыса да, хаттағы жазылғандардың өзі үшін аса мәз еместігіне көзі жетті. Ендігі өзіне жетпегені осы болыпты. Керек болса, туземдіктердің саяси бағыттағыларының тағы біреуі осы жақты сағынып келе жатқан сияқты.
Осындай мазмұндағы аса құпия хатты алысымен уезд бастығының көңіліне біраз абыржу кіргенсекілді. Бұл хабар оны қатты ойлантып тастаған.Өйткені, мұның өзі жай ғана қатардағы оқиғаға ұқсамайтынболып шықты. «Олай болса, бұл хатпен бірге уезге бәле келді десеңші!» деп, уезд бастығы өз басына келген сынды енді анық сезгендейболды. Ең қиыны, бұл хат бүтіндей бір күрделі жағдайда жүрген уездің жағдайын онан сайын қиындата түсері бар. Олай болса, «жығылғанға жұдырық десеңші» деп ол тайсалып қалған түрмен, мұны да ойлады.
Лебедев хатты қолына ұстаған күйі, ондағы жазылғандарға тесіле қарап отырды да:«Уезге жетпей тұрғаны, енді саяси көзқарастағы жераударылғандарболды ғой» деп күбір ете қалды.
Уезд бастығының түксиген қабағы онан сайын түнере түскен. Ол енді осы хабарды жақтыртпаған пішінмен: «не болып барады өзі, бұл жақтағысы аздай тағы біреуін жіберіп жатыр екен ғой. Бұлар сонда не істегелі отыр?!» депқынжыла түскен.
Лебедевтің бүйтуінің жөні бар. Өзі басқарып отырған уездің дәл бүйірінен Қарағаш деген «тозақ» пайда бола бастаған. Ондағы ахуал да күннен – күнге күрт өзгеріп, оның көңілінен шықпай тұрғаны тағы бар.
Уезд көлеміндегі сол ауылды жөнге салам дегенше, сондайлардың тағы біреуі осында келе жатыр екен. Өзі істеп жатқан бар жұмыс, зая кеткендей болғанына Лебедевтің іші күйе бастаған. Оның үстіне өзі басқарып отырған ел ішіндегі жағдай да күннен – күнге қатты өзгеріп бара жатыр. Содан да болар, уезд бастығықазір қатты абыржығандай еді. Оны сескендірген осы болды.
Лебедевтің есіне тағы да Қарағаш түсті. Соңғы кезде ойынан сол ауыл кетпей қойды. Сүйтіп еді, ойы бұзылып, тіпті өзінен – өзі шошына бастаған сияқты. Ол жерге тағы да «чиновник по особым поручениям Сыртанов келе жатыр» деп естіген еді.
Сол Қарағашта, киргиздардытек қана оқытып қоймастан, ыңғайолардың рухани көзқарастарының пайда болуына байланыстықажетті орта бой көтере бастаған. Сондай ортаны «құртамын» деп, өзі талай күш жігері мен уақытын кетіріп жүр еді. Ол жерге тіпті өзінің сенімді кісілерін мұғалімдікке кіргіздірді. Қазіргі заманда аса ушығып тұрған саяси ахуалға байланысты Қарағаш сияқты теріс пиғылдағы ортаны қалайда құрту керекті қолға ала бастаған. Сол үшін неше түрлі шараларды жасатып жатыр. Онысы ондағыжағдайды одан ары ушықтыруға жол бермеу еді.«Ал енді, не болғаны?»деп, уезд бастығы басын төмен салып, уайымдап кетті.
Жер аударылуға Қапал қаласына кесілген саясикиргиз белсендісі жайындағы хабар Лебедевті тіптен тұнжыратып тастаған.Өйткені, осыған дейін оған өзі басқарып отырған уездегі киргиздар арасындасаясат атты дерттің қылаң беруі сұмдық болып көрінген. «Бұл жерде оның тамырын тереңге жібермеймін» деп жүргенін қайтсін. «Одан зорғысы шыға бастады десеңші.Енді басқа жақтың ссыльныйларының келе бастағанын қалай деуге болады?».Оған маза бермей тұрған осы сұрақ еді.
Ең қиыны, бүйте берсе, Қапал қаласы бірте – бірте сондай саяси доданың ұясына айналып кетуі мүмкін ғой. Қазіргі жағдай соған апара жатқандай болып барады. Ол аз болғандай, қалт етсе болғаны, киргиздардың барлығы осы жерге жиналатын болып жүр. Мұндағылары аздай, сондайдың тағы біреуі бұл жаққа келе жақаны қалай?
Қапал мен Қарағашта киргиздар жиналды дегенше, сол жерге олардың көсемсымақтары мен жанашырлары да біртіндеп келе бастайды. Алдымен солардың арасынан Сыртанов пен Тынышбаевты, онан қалса Қалқабаевтарды табуға болады. Уездегі болыстардың көбіне сенуге болмайды. Олар кез – келген сәтте өздерінің киргиздарын жақтап шыға келеді.
Сондай болыстар,өздерінің тікелей бастығы менен көрі Сыртановты тауып алатын болып жүр. Тіпті, соны жағалайтын болыпты. Ол болса, мұрнын сұқпайтын жері жоқ. Жақтастарын жинап, ақыл беруден бір тынбайды. Анда – санда, бұл жаққа келгенінде ондай сұмдықтарды бұрынғы Госдуманың мүшесі, инженер Тынышбаевта жасайтын болып жүр. Осы екеуінің айтқандарын Қарағаштағы Қалқабаевтар мүлтіксіз орындайтынын қайтерсің?
Олардың басы біріксе болғаны айтатындары тек қана, киргиздарының қамы ғана. Онан қалса, баяғы заманда қазынаға өтіп кеткен жерді даулап шығады. Қит етсе, шағымданатын болып жүр.Бұдан басқа да киргиздардың істеп жүргендері жеткілікті.Бұл да болса, соңғы кездегі, уездегі аласапыранды көбейте түсуде.Осының бәрі Лебедевтің мазасын алып жүргені рас.
Осындай келеңсіз оқиғалардың жетегіне түскен Лебедев үлкен ойға кеткен. Көптен бері Қарағаш жақтағы жағдайды біле алмай отырғаны есіне түсті. Өзі бұрын сол жерде болып тұратын жиындарда киргиздардың не айтып, не қоятындығын біліп тұру үшін бірер тыңшы ұстайтын. Тыңшылары біраздан бері хабарласпай қойды.
Уезд бастығы дереу өзінің сол жердегі тыңшысы Назаровты шақыртып, Қарағаш ауылындағы соңғы жаңалықтарды біліп алуды жөн көрген. Өйткені, мына келе жатқан «ссыльный киргиз» бұдан бұрын Қапалда болмаған. Оны көріп, білмесе де бекерге бұл жаққа келе жатқан жоқ сияқты. Ол қайткен күнде де, Верныйдағы Сыртанов, Госдумашыл Тынышбаев, сондай-ақ, осы жақтағы Қалқабаевтарды таныса керек және соларды сағалап келе жатқан болар? Әзірге, құпия істердегі жансыздардан сыр тартып, осының негізін білген жөн.
Осыдан соң барып, алдағы аңду мен алдын – алу істерге кірісудің жоспарын жасамақшы болды.
Ол осылайша Россия империясындағы толып жатқан аңду мен астыртын жүргізілетін тыңшылық дәстүрлердің түр – түрін ойластырғандай болып, қалың ойға түсіп кетті. Лебедев қазір соның жайын қарастырып отырған. Құдай біледі, ол жағынан Россия ешкімнен кенде емес. Тіпті, «алдына жан салмайды» десе де болады. Ана бір жылдары Американың журналисі Джордж Кеннон айтыпты деген бір сөзді естіген. Сонда ол, «Тыңшылық пен аңду жағынан әсіресе Россияның әскери – бюрокртиялық үкіметі бірінші орында тұр» десе керек.
Осындайлық Россияға қатысты сөз уезд бастығына өте әділ айтылғандай болып көрінген. «Несі бар онсыз болмайды ғой. Біз қол астымыздағылар туралы бәрін білуіміз керек қой» деп Лебедев мұны мақұлдап, жақсы көріп қалған.ОғанРоссияныңбұл жағынан бірінші тұрғаны ұнайды. Өйткені қызмет бабында солардың бәрін пайдалана алады. Ал бұл елде аңдылмайтын, артына тыңшылық жасалмайтын тірі жан жоқ. Бәрі аңдылады, бәрі бақылауға алынады.
Бұл жолы да сүйту керек.Сонан соң ғана барып, іске кірісу қажет. Сол үшін тегі казак Сарқанның атаманы Назаровтың баласын Қарағаштағы мектепке орыс тілін оқытушы қып, жібертті емес пе.Оған да,сол кезде, астыртын Қарағаштағы школға жұмысқа орналастырудың орайы келе қалған. Сол үшін Назаровқа дейінгі Қарағаш мектебінде орыс тілі сабағын оқытқан киргизді оқу инспекциясына айттырып, оны «жарамсыз» деп тапқызған.Оқу инспекциясының ұсынысы бойыншаоның орнына тек қана орыс ұлтының адамын ғана қабылдауды міндеттеген. Жаңағы киргизді, «Ұлы орыс халқының тілін төменгі туземдік халық болып саналатын киргиздардың оқытуына рұқсат жоқ» деген сылтаумен жұмыстан шығартқан болатын.
Сол кезде барып, Қарағаштағы мектептің мекгерушісі болып Мұсағалиев Ғабдолғазиз деген қырғыздың істеп жатқанын бірақ білген. Кейіннен Назаровтың баласынан ол туралы мәлімет келіп түскен. «Заведывает мактабом Габдулази Мусагалиев, адрес его местный поселок Авакумовск, Капальского уезда. Киргиз, мусульманин. Родился во внутренней Букеевской Орде, Астраханской губерний. Орыс тілінде сөйлесе алады. Орыс тілінде бір қатар сауаты бар» деп жазған болатын.
Уезд бастығы, оның орнына орыс тілінің мұғалімі ретінде Сарқандағы казактардың атаманы Назаровтың баласын жіберткен. Өйткені, атаман Назаровтың баласы уезд бастығына керек адам. Оның әкесі Савелий сондайлардың қатарынан орын ала бастаған.Өйткені Лебедев Назаровпен араларынан қыл өтпес достарға айналып кеткен.
Сүйтсе, Назаровтың баласыәкесінен асып түсетін сорақының өзі болып шықты. Оған жеке тапсырма ретінде:
– Қалқабаевтар, оларға келіп жүретін Сырттанов, Тынышбаев, басқа да киргиз «басурмандарының» ойларында не бар екендігін біліп, маған жеткізіп тұрасың – деген тапсырмасын қоса білдірген. Оның үстіне оған қосымша түсіндіргендей болып:
– Сенің басты міндетің киргиз балаларына білім беру емес, керісінше маған сол жақтағы сенімді кісім болу ғана – деп қатты тапсырған еді.
Осылайша, Қарағашқа мұғалім қып жіберткен кісісі өзінің бұрыннан бергі танысы Назаров деген Сарқан қаласының ауқатты казагының баласы болатын. Оны ол жаққа бекер жіберткен жоқ. «Сол жердегі менің көзім мен құлағым бол» деп жіберді. Назаровтың баласы орыс тілі бойынша сабақ өткізе алады ма, алмайды ма, ол жағы Лебедевқа қажет емес. Керек болса, киргиздардың балалары орыс тілін үйренбей-ақ, қойсын. Лебедевқа мұның керегі аз. Ал, Назаровтың баласы әзірге жарап тұр. Қарағаштағы киргиздардың не істеп, не қойып жатқанын өзіне, өзі болмағанда жандармдар мен полицияға дер кезінде жеткізіп жатыр. Өзінің тыңшылық лақап аты да қызық. «Қара» деп аталады. Қапал уезіне қарасты наймандардың арасында Қара деген ата бар. Назаровқа лақап ат қойғанда әдейі сол атты таңдаған. Өйткені оның жазған қағаздары бір күн болмаса, бір күн әшкере болып жатса, киргиздардың басы қатсын өзіміздің көп қаралардың бірі жазған екен ғой» деп ойласын дегеннен барып шыққан.
Лебедев осы оймен жандармдарға Назаровтың баласына бүркеншік ат бергенде оған «Қара» дегізіп, осындай есеппен тыңшылық лақап атты бекер бергізбеген.
Осылайша тыңшыға айналған баласынан әкесі Савелий түк аямайды. Қанша рет Сарқанға шақырып өзін қонақ етті. Қосымша бергіздіріп тұратын сәлем – сауқаты да әжептеуір, күннен – күнге қомақты болып барады. Түнеу күні, тіпті өзіне Сарқан жақтағы ең жүйрік аттарды ұстайтын Мұқажан деген бір киргиздің атын «әкеліп беремін» деген еді. Сол Мұқажанның жылқысының көпшілігі аузымен құс ұстайтын өңшең сәйгүліктер болса керек. Ендеше Мұқажандайкиргиздің атақты жүйрігін Савелий Назаров өзіңе «алып берем» дегенелірме әңгімесін де айтып қалған еді. Сол жолы қонақта отығанда ол Сарқан қаласының өкпе тұсындағы тауларды көрсетіп:
– Мына жақтағы таудың ішінде бір Мұқажан деген киргиз бар. Ол өзі жүйрік аттарды баптап өсіреді. Несін айтасың, керемет аттар. Әнеу күні мен сол киргиз жайлайтын Сарқан жақтағы «Мұқажан тауында» болдым. Оның жүйріктерін көрдім. Сұмдық екен!Аузыңның суың құриды. Әсіресе, бір қара аты жүйріктің – жүйрігі болып шықты. Соған көзім түсті. Нағыз уезд бастығы мінетін ат деп соны айт. Қарасаң көз тоймайтын, сұлу жануар! – деп қызықтыра, қыздыра сөйледі.
Ал Назаровтың лепірген даусы айналаны дүр сілкіндіріп, анадайда ағып жатқан Сарқан өзенінің күрілдеген үнін бір өзі басардай болып шыққан. Оған қарап, осы жақтың ендігі қожасы осы сияқты казактар екендігін уезд бастығы Лебедев те сезгендей еді.
Савелий Назаров осылай деген соң, уезд бастығының атқа деген дәмесі зорайып, ішінен тамсана бастаған. Бірақ өзі бір жағынан: «Киргиздар атты жанындай жақсы көреді деуші еді. Оның үстіне Савелийдің айтысына қарағанда оның өзі керемет жүйрік болып шықты. Олай болса жаңағы Мұқажан оны қалайша қиып, оған бере қоятын болыпты» деп ойлап үлгірген.
Соны білуге құмартқан Лебедев, атқа шын қызыққанын жасыра алмағандай түр білдіріп:
–Савушка, шынымен солай болғалы тұр ма өзі? – деді.
- Болғанда қандай, мәртебелі ұлығым! Айтсам болғаны ғой. Маған тек
сеніңіз – деп Назаров онан сайын мақтана түсті.
– Сонда қалай, ол киргиз жақсы көретін, жүйрік атын өзіңе беремін деп келісті ме? – деп, уезд бастығы Назаровтың лепірме сөзін пысықтап алғысы келгендей болып, сыр тарта сөйлеген.
Назаров онан сайын еліре түсіп:
– Ех, менің мәртебелі қонағым-ай, казак Назаровтың шын сөзі ғой бұл! Айттым болды, айтқанымды істеймін! Әрі беріден кейін, мен сол Мұқажан сияқты киргиздан сұрайды екенмін, атыңды маған бересің бе деп.Сүйтті де, қолындағы стаканын сындырардай қып, құшырлана қыса түсті. Осы кезде оның стақан қысқан добалдай қолының тамырлары білеуленіп, жарылардай болып, күреңітіп шыға келіпті. Назаровтың дойырлау мінезін бұрыннан білетін Лебедев мұнысын байқап, үндемей қалды.
Өйткені Лебедевқа Назаровтың қазіргі түрі ештемеден тайынбайтындай, суық көрінді.Уезд бастығының көңіліне күдіккірген еді.
Назаровтың ат туралы айтып тұрғандары әлі піспеген, шала әңгіме сияқты. «Бәсе, атқа құмар киргиз атын қалайша оп – оңай бере салады десем» деген ой Лебедевтің жаңағыдай лепірген көңілінлезде су сепкендей етті.Көзі анық бір нәрсеге жеткендей болған.Ол енді осының бетін нақтылап, ашып алмақшы болған сыңаймен:
– Савелий сен маған мынаны айтшы? – деп, масаң тартқан Назаровтыңкөңілін өзіне қаратып жатып:
– Киргиз атын саған беретін болды ма? Жаңағыдай айтқан, «мен онан сұрайды екенмін» дегеніңді түсінбедім ғой. Жоқ әлде, сен оны одан күштеп, тартып алмақшысың ба? – деді.
Уезд бастығының сөзі өзіне енді ғана жеткендей болған Назаров, көзін ежірейтіп:
– Иә – иә, дәл солай, Ваше превос... ходительство! – деп,аузын арандай ашып, ауаны қармай жұтты. Құдды, демі таусылып бара жатқандай болып, асыға дем алады.Оны бұл күйге түсіріп тұрған жаңа ғана ішіп салған арақтың күші еді. Соған тыржия тұншығып, жұдырығын мұрнына тыққыштап, қайта – қайта иіскелей берді.
Қақалып, шашалып тұрған ол, көзінен жасы парлай ағып:
– Онда да, дәл солай болады. Берсе қолынан, бермесе тартып әперемін!– деп тағы дакекіріп тұрып, соңғы сөзін әрлей түскен.
Бұл жолы Лебедевқа бәрі түсінікті болды.Мұның арты жақсы болмайтындығынаенді ғана көзі анық жеткен. Олай дейтіні, жаңағы айтқан киргиз жақсы аты үшін жанын беруге даяр екендігін Лебедев талай естіген. Киргиздардың атты жақсы көретінін уезд бастығы біледі. Ал жақсы атүшін олар тіпті жанын беруге даяр болатын. Соны ойлаған ол ішінен: «Қайткенде де, Савелийді тоқтатуым керек» дегенді Назаровқа «қалай жеткізсем екен» деп тұрған.
Осыдан кейін Назаровтың ондай пиғылын «қоя тұр» деп, басып тастаған да Лебедевтің өзі болды.Ол қазір айдаладағы бір жүйрік ат үшін киргиздармен дауласқанды ар санап тұрған. Кім біледі, осындай ұсақ – түйектен басталатын дау үлкен жаулыққа айналуы да тез ғой. Оның үстіне жаңағы «Мұқажан» деген киргизің де жай болмады. Өйткені, Савелий Назаровтың айтуынша жаңағы Сарқандық киргиз Мұқажан біраз білікті деген киргиздармен таныс екен. Соның ішінде әуелі Мұхамеджан Тынышбаев пен Барлыбек Сырттановтар да бар сияқты. «Олай болса, солардың біріне Мұқажаннан шағым түсе қалса олар менің түбіме жетпейді ме?» деп ойлаған.
Сүйтіп, ол бұдан былай киргиз Мұқажанның жүйрік аты жайында Назаровқа жұмған аузын ашпай жүрген. Онысы Назаровтың бұзық ойын іске асырмаудың шарасы еді. Сондай есеппен, алдымен қызба Савелийге: «қой – қойлап» тоқтатып, артынша оған тоқтау салғандай қып, мұны айтпауға тырысқан. Осыдан соң өзі біразға дейін секемденіп жүрген. Әлгі Савелийдің«бұзық ойынтек сайтан азғырмасын» деп уайымдап та қоятын болды.
Болмаса, дөрекі мінез, құдайдан да қорықпайтын Назаровтың кім біледі ойында не бар екендігін. Ол сүйте қалса, онда өзін біраз жерге апартып, әуреге салдыруы мүмкін еді. Үйтпесе тағы болмайды. Киргиздар күшейіп барады. Өздерінің бас қосуы да жиілеп кетті. Соңғы кездері, Қарағаш қыстағында олар бастарын қосарда, қулық жасап, Назаровтың баласына Сарқандағы үйіне барып, дем алып келуді айтып қояды екен. Оған да керегі осы болса керек. Сарқандағы үйіне баруды жиілетіп жіберіпті. Олар Назаровтың баласы кетісімен бас қосуын бастайтын болыпты. Сүйтіп, оны қайта – қайта үйіне жіберуге тырысатын көрінеді.
Мұғалім болып орналасқан астыртын тыңшысының бұл күйі де уезд бастығына оңай тимеген еді. Бұл оның әшкере болғаны ғой. Ол тыңшылықтан мақрұм қалса қажет мағлұматты өздеріне кім айтады.
Қарағашта болып жатқан жағдайдан беймағлұм болып, ондағы оқиғаларданкенде болып жүргенінде мына бір Ақбаевты қай құдай Қапалға әкелді.
Бұл ойлар уезд бастығының басына келген шын сырлары еді. Өкінішке толы, әттегенайы көп, уайым аралас қызметі де өзін қажыта бастағанын сезінген. Сол-ақ екен, Лебедевтің тұла бойын үрей ала бастады. Қызметтен кеткенде не істемекші? Қайда бармақшы? Қазіргідей күйді оған кім бермекші? «Тағдырдың тәлкегі осылай болар?» деп Лебедев күрсініп қойды. Әйтпесе,тағы бір саяси билікті мойындаудан бас тартқан ссыльныйды өзінің бақылауына алуына тура келтіріп тұрғаны қалай? Ал оның ойында не бар екенін кім білсін? «Келе салып ол Қапалда тағы нені көңірсітіп жүрмесіне, кім кепіл болады?» деп ойға берілген уезд бастығының басынабірінің артынан бірі, осындайда күдік туғандай болды.
Лебедевтің бұл қиналысы бекер емес еді. Өзі басқарып отырған уезге саяси негізде қудаланып отырған тағы бір киргиздің келе жатуы уездегі саяси ахуалды тым күрделендіріп жібергендей көрінген. Мына «донесение» соны білдіріп отыр.
Лебедев ойласа – ойлағандай, осы кезде Қапалға саяси қылмысы бойынша айдалып келе жатқан Жақып Ақбаев тура сондай адам еді. Сол үшінде оны сонау Қарқаралы жерінен алыстағы Қапалға айдауға бұйрық шыққан. Ендеше, Жақып Ақбаевтың мұнда келе жатқандығы жай ғана, қатардағы оқиға емес екендігі шындық. Лебедев мұны осылайшапайымдаған. Ол қазір Қапал қаласына айдалып келе жатқан Жақып Ақбаевты бар мүмкіншілігінше күтіп алуға дайындалып жатқан еді.
Жетінші тарау
Жақыптыңпатша үкіметіне қарсы адамдар қатарына қосылып, өзіне жаңа ат қойғызып, айдар таққанына көп болмаған болатын. Ал оны осындай «қара тізімге» қосып, соңына түскен де сол өкіметтің өзі болды. Өйткені, ол бірде болмаса, бір жерде сол өкіметтің мүддесіне қарсы келіп, алдын қиып өткен сияқты. Оны Жақыптың өзі де біледі. Бұл да болса оның ішінде жатқан шері секілді.
Бірақ, былайша келгенде Жақыптың бүлдіріп қойған түгі де жоқ. Ол не бір істер істесе де, не бір сөздер айтса да, солардың ішінде Россия елінің патшасына да, үкіметіне қарсы шығатындай қылық танытқан жоқ болатын. Оның ұстанған жолы – бірақ жол болатын. Ол тек әділдіктің жолы еді. Сол әділдікті ол басқалардан, тіпті патшалық Россияның барлық басқарушыларынан талап етті. Сөйлесе, ол тек осы жөнінде сөйледі, айтса осы туралы айтты.
Бірақ сезім серпінімен, қызу шабытпен сол кездегі коғамдық – саяси ағым туғызған ынта – жігерәсерімен Жақып Ақбаев халқының жағдайын ойлайтын қазақтың көп жаршы – уағызшысы қатарынан шыққанын сезініп, осы іске бел буып кіріскен еді.
1905 жылғы 7 – 8қарашада Павлодар қаласында үлкен митингі өткен еді. Қаланың қақ ортасындағы көп адам қатысқан митингі ашылған соң, Жақып Ақбаев сөз алған. Мұнда жиналған жұрттың көпшілігі қазақ болғанымен сонымен бірге орыс, украин, татар сияқты халықтардың да өкілдері бар еді.
Жақыптың сөзі ең алдымен мәдениет пен өркениет игіліктеріне қосылу тілегі жағдайына байланысты шықты. Осыны айта келе ол:
– Соған әкелетін жол: саяси бостандықтардың, оқу – ағартумен мәдениеттің жолы екендігі, бұл күнде барша халықтарға мәлім – деп өзінің жалынды сөздерін түйдек – түйдек етіп, ағытып жіберді.
Осылай деп, Жақып айналасына қарады.
Айнала жиналғандар жым – жырт, абыр – дабыр басылып, ел Жақыптың аузына қарап қалыпты.
Жақып сонымен біраз үндемей отырып, сөздің тоқетерін айтқандай етіп:
– Бірақ, біз осы жолға түсе аламыз ба?! Өйткені бұл жолдыңсамодержавиемен еш қандай сәйкестігі жоқ жол!– деді. Ел: «бұл сөздің артында не бар екен?» дегендей сабырсыздана күтіп отырғандай еді.
Жақып енді соны айтқысы кеп:
– Сондықтан билік басында патша тұрғанда біздің халықтарымызға бұл жолдың жабық болғаны! Осыған қарай, менің айтайын дегенім өз халқына опа әпермеген самодержавиелік билік, патшалық өкімет жойылуға тиіс! Оның орнына нағыз халықтық билік болуы керек!–деп, сөзінің аяғынұрандатып жіберді.
– Онда өзің бастай бер! Біз сенің артыңнан ердік! – деген сөздерді осындағы елдің көбі айтты.
Олар мұнымен қоймастан:
– Ендігі сөз қысқа, бұз дегеніңді бұзамыз, жар дегеніңді жарамыз! Тағысын – тағы көре жатармыз! – деп тайсалмас түрмен шыға келген.
Бұл Жақыптың ашық түрде елді самодержавиені құлатуға үгіттегені еді. Жақыптың өзі біліп істеген ісі болды. Басқа бір кісімен ақылдасқан жоқ. Өйткені ақылдасатын адамдары әр жақта жүрген еді. Әлихан болса алыс Омбыда, ал Ахмет қамауға алынған. «Мен кімнен кеммін. Қол қусырып отыруға уақыт тар» деп Жақып іске кіріскен. Өйткені сол күндері өкімет мекемелері жұмыс істеуден қалған еді. Міне осы бір қиын кездеЖақып елді соңынан ертіп, жер түбіне дейін бірге бармақшы болып бекінген.
1905 жылғы 11 – 12қарашада ол осындай оймен Баянауыл казак станицасына келген.Мұндағы ел тып – тыныш жатыр екен. Жақып шұғыл түрде, түні бойы, сол жердегі таныстарын жинап шыққан. Сондағы ойы сол жердегі қазақ пен казактарды жинап, жиын өткізбекші еді.
Жас жігіт талайдан бері көкейін тескен, армандай болған істің аяқ астынан келе қалғандығына қуанды. Ол ғасырлар бойы халықтарды ірітіп, шірітіп келгенсамодержавиенің құлауы осылайша «оңай болады» деп ойламаған еді. Енді сол арманы орындалып, самодержжавиенің саудасы біткелі тұрғандай көрінді. Сәл итеріп қалса болғаны самодержавие сияқты шірік ағаш өзінен – өзі опырылып, құлап қалардай сезінген.
Бұл күндері Жақыптың жүдеу тартқан жүзі бал – бұл жанып, тұла бойына ерекше бір күш біткендей еді. Қайда барса да, не айтса да, жас жігіттің шешендікпен айтылған сөздері қазақ түгіл, орысты да баурап алған.
Баянауылда да солай болды. Ел мен жер, киргиз аталып кеткен халықтың жағдайын казактарға айтса, «патшаның күні бітті, енді оның бізге керегі жоқ» деп, болып жатқан жағдайды казактарға түсіндірген.
Осыдан кейін Жақып, неше түрлі петиция жазғандардың ішінде болып, біраз істердің басы – қасында жүрді. Онысына опық жемейді. Оларын да, ұсталған кезде,полиция мен жандармдарға мойындаған еді.
Жақыптың өстіп жүргені де оның іздегені бірақ нәрсеге байланысты болып шықты. Ол өз халқының абыройына бола осыған барған. Соның қамына бола, жан – жағындағы билік біткенге қарсылық білдірді. Барлық жерде осы туралы айтып та жүрді.
Жақыптың сонысы билік біткенге бастан – аяқ ұнамайтын қылыққа айналғаны осыдан басталса керек. Бұдан кейін олар Жақыптыңқыр соңына түсіп, қырын қарайтын болды.
Оның өкіметпен қақтығысының басы осыдан басталған еді. Бұрындары Жақып сияқты қызмет істеп, мемлекеттік істердің тұтқасын ұстай бастаған адамға билік білгенін жасады. Тіпті, қамауға алып, түрмеден бірақ шығарған.
Әйтпесе, Жақыптың бұл дүниедегі ұпайы түгел болатын.Өзіне оқитын оқу да табылып, оны бітірісімен істейтін қызметте болды. Бай, бағланның өзі аталған, саудагер мен кәсіпкердің бұлаң қызын алды. «Не ішемін, не киемін?» демейтін, дәулеті дөңгеленген, өзі бай, ел мен жұртқа сыйлы Ақбайдың баласы еді. Оның әулетін Қарқаралыда білмейтін жан жоқ.Жақып, сондай ортада туып – өсті. Әкесі барын сап, оны Қарқаралыдағы мектепте, онан кейін Семей мен Омбыдағы гимназияларда оқытты. Соның артынша Петербург университетіне түсуіне жағдай жасады.
Жақып Ақбаевтың заң оқуына түсіп, оқығандығының өзіндік себебі бар. Оны Жақыптың өзі былайша түсіндіретін.
Патша өкіметінің билік біткенінің барлық саласынан озбырлық пен езгінің дәмін көп тартқан қазақ байғұс қымс етсе баласына заң оқуын оқытуды армандайтын. Өйткені, прокурор боп, сот болып жүрсе, өздерін қорғап, қоршап жүрер ме екен деген дәмесі бар еді. Сол ниетпен әкесі оның осы университеттің заң факультетіне түсуіне ықпал жасады. Жақып оған көнді.
Бұрындары, бұған дейінгі оқу біткенді жақсы оқыған, қағілез жігіт, көп қиналмай оқуға түсті. Оқуын жақсы оқып жүріп, не ішемін, не киемін деп тарықпаған байдың баласы уақытты ойын – сауық, сайранмен өткізбей, қайта көп оқып, көп білгісі келіп еді.
Онымен де қоймай Жақып айналасына жіті көз тастап, қоғамдық құбылыстың барлық жағын білуге құштарлық білдіре бастаған. Онысы зая кетпей, сол өзі зейін қойған қоғамдық ағымдағы заңдылықтарды түсіне бастаған. Сонда ғана барып, Жақып талайдан бері көкейін тескен сырдың шешуін тапқандай болды. Өзі соған қуанып та жүрді. Әсіресе, өзінің шыққан халқының сорлылық пен кемсітуге толы, бишаралық қалына қатты қайғырып, соның себебін де іздеп, тапқандай да еді.
Осындай жолмен әділетсіздік орнаған орта, отарлық езгі қазақ атаулы халықты тығырықтың тар қапасына апарып қамаған.Езілген үстіне езіліп, жаншылған үстіне жаншылған қазақ енді болмаса құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын ол күнделікті өмірде көріп жүрді.
Сол бір кездердегі барлық ауыр ойлардың аяғы оны көп ойлантып, көп толғантып, ақыры өзін халқының жоғын жоқтауды дұрыс деп тапқызған. Қазақтың мүшкіл қалын көре тұрып, басқа жолды ол таңдай алмады. Өзі барып тұрған бай болса да, жарлы – жақыбайға ара түсіп, соларды қорғайтын әдеті бар еді.
Мінекей, оның бойындағы әділетсіздікке қарсы тұрарлық мінез осылайшапайда болып, осылайша басталып кеткен.
Жақыптың әділетсіздікке берер бағасы біреу ғана болатын. Оны түп – тамырымен жоюды ғана жаны жақтыратын.
Әділдіктің жолында ол тіпті патша чиновнигі тұрмақ туған ағасынан да талап еткені бар. Сол үшін тіпті оны көрместей болып кеткені де рас. Соның бәрі Жақыпты ақыр аяғында жақындары үшін қырсық мінез атағына, ал өкімет үшін іштен шалған жау атандырды. Тіпті, туған ағасы да араздасып, теріс қарап кетті. Неге десең?Ол жылқы бағып жүріп, «буаз биенің құлынын өлтіріп алдың» деп жылқышының жалғыз атын тартып алыпты. Сол үшін Жақып онымен араздасты. Бір ашуланса Жақыпты қайта қалпына келтіру қиын болатын. Мұның бәрі Жақып оқу оқып жүргенде болған еді.
Оқу оқып жүріп, арасында каникулға келгенде Жақып бір ерсі сөз естіген. Осы туралы өздерінің малын бағатын жылқышы Сапарқұлжеткізген еді.
Жақып каникулға келісімен Сапарқұл өзін іздеп келген болатын. Аздап еңкіш жүретін, селдір сақал, төбел таз Сапарқұл аяғын мысық сияқты еппен басып келіп, үндеместен, есік алдында біраз тың тыңдап тұрып, ішке кіруге ыңғайланған. Тың тыңдауы бекер емес екен.Кедергі жасайтын адам жоқ. Үйде Жақыптың бір өзі екендігіне көзі жетті.
Сапарқұл бұған елең етіп: «Құдай берді! Мырзаның өзі ғана екен» деп қуаныпкеткен.
Ептеп басып, ішке кірсе айтқанындай Жақып бір өзі екен. Бір жақтан шаршап келсе керек. Төсек салғызып, соған жантайып, дем алып жатыр екен.
Сапарқұл асықпастан амандық, саулық сұрасып, дағдылы сөзін айтып болған соң ғана Жақыпқа айтар сөзін бастап кеткен.
– Жақыпжан өзің жоқта, қиын іс болды. Мені ағаң Ыбырай сорлатып қойды ғой. Буаз бие іш тастады деп, өзі туа алмаған биенің құлынын Ыбырай ағаң менен көрді. Сол үшін жалғыз атымды тартып алды. Бұдан өткен қорлық бар ма?...Енді қайтейін!? Аяқ артып жүрген жалғыз мәстегім еді – деп Сапарқұл көзінің жасын кәдімгідей сығып алған. Ыбырайға ренжісін тегіс айтып, ештемесін жасырмады.
Жақып бұл әңгімені тыңдағанда әлденеше рет төмен қарап, ұятты кісідей болып тыңдаған. Оның өңі дереу арада өзгеріп сала берген. Жақыптың түтіккен түрін көріп, Сапарқұл онан сайын әңгімесін маздатып:
– Тым құрыса, құлынды төле демей жатып, атымды тартып алды ғой, сол қылығы қатты батты. Бұл не деген қорлық еді десеңші, сонысы өтіп кетті ғой – деп, Сапарқұл қысталаң келіп, аз ғана малға зарығып отырған өзіндей сорлыны жаяу қалдырғаны үшін Жақыптың бауырына өкпелі екендігін осылайша жеткізді.
Жақып бұл сөзді қатулана тыңдап, ашуға булыға түсіп:
– Неге ол өйтеді? Олай істеуге оның қандай қақысы бар? – деді.
Оның қызуланып, бірден ашуланып шыға келгені Сапарқұл үшін өзі күткен жай еді.Өйткені Жақыптың барлық жерден әділдік іздейтін қыңыр мінезіне жылқышы қанық болатын. Енді ол Жақыптың сол жолға түскенін сезіп, ішінен атының қайтатындығына үмітті болып қалған. Сапарқұл соған бола үндеместен Жақыптың оқудан келуін күтіп жүрген еді.Тіпті бұл туралы үйдің иесі Ақбай мырзаға айтпаған. Оның күткені шыншыл Жақып болатын.
Соны күткендей Сапарқұл қарап тұрмастан:
– Жақыпжан мендей сорлаған, қу кедей, қайдан білсін оның неге олай істегендігін. Мені өстіп аямады ғой. Енді не істерімді білмей отырмын – деді қатты қапаланып:
– Өзің оқуыңа кеткенше, сол атымды қайтартып бергіз, айналайын Жақыпжан!Не болмаса, мені былай қор еткенше, бір жолата өлтіріп кет! – деп, онсызда күйініп отырған Жақыптың жанына қатты батырып айтты.
Сапарқұлдың жатып жалынғандай болған мына сөздері жалғыз атынан айрылған мүсәпір күйі Жақыпты қатты ашуландырды. Осыдан кейін ол: «Бұл қалай болғаны? Неге ол туа алмаған құлынды, жылқышыдан алмақшы? Оған жылқышының не қатысы бар?» деген ықтиярсыз ашуға кеткенін өзі де байқамай қалған.
– Не деген имансыз еді! – деді Жақып даусын шығара алмай қарлығып, күбірлеп қана. «Көрсетейін мен оған біреудің атын тартып алғанды!» деп, Жақып ішінен кіжіне түсіп.
Тегінде Жақып тез ашуланатын еді. Намысқойлығы одан бетер болатын. Осы екі қасиеті бірге қосылған кез де осы болды. Біріншіден ағасы Ыбырайдың әділсіздігіне күйінсе, екіншіден соны істеп отырған адамның өзіне ең жақын адамдардың бірі екендігіне қоса намыстанған.
Осы кезде үйдегілер тегіс түстенуге үлкен үйге жинала бастаған екен. Сапарқұлды сол жаққа Жақып бірге ертіп жүрді. Үйге кірісімен ол булыққан ашуын баса алмастан бірден:
– Мыналарыңыз сұмдық екен! – деді ентігін баса алмастан. Түрі бұзылып кеткен баласын көріп, әкесі Ақбай қатты састы. «Баланың сыры әкеге мағлұм» дегендей Ақбай Жақыптыңтүріне қарап, мұның жай еместігін ұққан.Әйтпесе, осындайда басқа бала – шағаға сыр алдырмай, сыртын суық ұстап, отыратын Ақбайдың да өзіндік мінезі болушы еді. Бірақ, осы бір баласын Ақбай ерекше көретін. Оның бар бітімі өзіне тартқандығын да білетін. Сондықтан басқаға көрсетілетін қас пен қабақ Жақыпқа жүрмейтін. Сондықтан Ақбайдың қазір тек естігісі келгені не болып қалғандығы еді.Мұны әкесіне Жақыптың өзі айтты.
Әншейінде,мұндай сөзге шыдамайтын Жақып, ай – шайға қарамастан дастарқан басында отырған әке – шешесіне қаратып:
–Осындай қорлықты басқа біреу маған істесе қайтер едіңіздер? Дереу Сапарқұлға атын қайтарып беріңіздер, әйтпесе, мен енді қайтып бұл үйге келмейтін боламын – дегенді бірақ естірткен.
Жақыптың қиқарлығы бала кезінен ата – анасына белгілі қиқарлық. Солай бола тұрса да, бүгінгі күні оның сол мінезі өскелең тартқан секілді. Өйткені, жас кездегі айтатыны мен бұл күндегі айтатыны еш өзгермеген, сол қалпы сияқты. Бірақ жас кездегісін ата – ана қырсық деп білсе, бұл күндегісін не деп білмек? Соның кесірінен ара ағайын арасына жік түсе бастағаны ма?... Сол жағын ескерген әкесі:
– Жарайды балам, мен Ыбырай ағаңа айтып, атын қайтартып бергіздірейін. Сен оған бола ашуланбай-ақ қой – деді.
Сол бойғы ашумен далаға атып шыққан Жақып, есік алдында осыған кінәлі кісі, ағасы Ыбырайды кездестірген болатын.Ол да осы кезде түстенуге үлкен үйге келген екен. Ас ішуге келе жатқан ағасы Ыбырайды көрген бетте Жақып оған жақтырмаған пішінмен:
– Сенің істеп жүргеніңді не деуге болады? Буаз бие құлын тастады деп Сапарқұлдың жалғыз атын тартып алғаның, қай сасқаның – деді түнерген қалпынан бір өзгерместен.
Ай – шайсыз, аяқ астынан өз басына төнген айыпқа не деп жауап берерін білмей қалған Ыбырай сөз таппай қалған еді.Өйткені, осы кезге дейін: «Сапарқұл былай істейді» деп ойламаса керек. Оның үстіне үлкен үйге кірерге дейін өз басына үйірілген осындай жайды білмей келген. Сол қалпы кеп, Жақыпқа тап болған еді.
Ыбырайдың сөз қайтара алмай қалғанын Жақып,«кінәсін мойындады» деп ойласа керек. Бұдан ары ол ағасын тағы біраз тығырыққа тірегендей қып:
– Бұл не қылғаның? Атты қайтарып бер! Адамгершілік қасиетің қайда? Ендігәрі, ондай істен аулақ бол! – деп,араздық сөзін зілмен білдірді.
Осы кезде ғана, ненің, не екенін ажыратқандай болған Ыбырай:
– Атты алсам менің сондай ат боларлық құлыным құрыды. Соның өтеуі осы ат болады – деп ақталмақ болмақшыдай боп, сөз қайтарған.
Оның, бұндай сөзін тыңдайтын Жақып болмады. Сол тұрған бойда: «Қайтар, қайтармасаң болмайды!» деп қасарысып алды. Мұнымен де тоқтамастан далаға шыққанда отау үйде тұратын ағасының туырлығын пышақпен осқылап, кесіп тастады.
Жылқышыға атын қайтартып бергізіп барып, Жақыптың көңілі бірақ көншіген еді.
Жақыптың осындай мінезділігі әр кез білініп қалатын. Бірақ соның бәрі әділдік үшін болып жататын, ерекше мінез, қонымды тәсіл сияқты болып шығатын. Тіпті, үкімет адамдарымен де, ол осылайша, олардың жасап жатқан бейбастығына көнбес қылықпен кездесіп, олармен де есеп айырысып қалатын. Соның бәрі даудан басталып, даумен тынатын.
Сондайдың ең алғашқысы мен зорғысынЖақып Қарқаралыда жүріп басынан кешті. Оның өзі алдымен соқтығыспен басталып барып, соңынан сот алдында бітіскен болатын. Мұндай оқиғалалар қанша болып жатса да Жақыптың еш меселін қайтара алмағандай еді.
Албырт жастықтың буына бөленіп, танымайтын адамдардың намысын қуған жас Жақып төтеннен келген осындай оқиғаларға үнемі тап бола беруші еді.Сондайдың тағыбірі осылайшабасталып, Жақыпқа біраз сор болғаны бар. Айта берсе ол да Жақыптың бітеу жараға ұқсас жан сырына айналған оқиғаболатын.
Ол кезде күн жаз еді. Әдеттегідей, студенттерге берілетін жазғы каникул басталып кеткен. Алыстағы Санкт – Петербургтен,қазақ елінің қиыр біршеттегі Қарқаралы жеріне Жақып демалысқа келіп жатқан.
Елге келіп, аунап – қунап біраз жатты.Сағынған мауқын басты. Туған – туысқанның ыстық ықыласына бөленіп, әр үйге бір түстеніп, аралап шыққан. Өзі жоқта туған балаларды көріп, құтты болсын айтты. Бұл дүниеден қайтқандарға көңілін білдіріп қайтты. Енді біразда іші пысып, үйге симауға айналған. Бұндайда Жақыптың туған жердің қызығына мүлдем батып кететін әдеті бар. Сондай жақсы күндер басталып кеткен.
Күндегі әдетімен Жақып атқа қонып, сейіл құруға шыққан. Қанша айтқанмен даланың аты – дала ғой. Елмен жерін сағынған Жақыптың олармен қауышқанына көп болған жоқ еді. Ертемен кетеді, іңірде шаршап, шалдығып оралады. Көргені көп, тамашасы өзіне олжа. Жақып, осыған ырза. Осы жүріс оның дағдылы әдеті, сүйіп істейтін ісіне айналған. Таңертең шығады да өзінің ата қонысы Қарқаралы өңірінің сұлу келбетінен көзі тоймастаноны аралап кетеді.
Айнала таулы жердің әсем табиғаты Жақыпқа бұрыннан таныс. Жақыптың көбінесе аралайтыны осы маңдағы Берікқараболыстығының сұлу да шырайлы жері. Бұл өзі жаратылысы ғажайып Қарқаралы өлкесінің тамаша өңіріне лайық қонысболушы еді.
Күндегісін – күнде төңіректегі елді аралап, ата қоныстың әр сүйемін қызықтап, аралап жүріп қайту Жақыптың сүйіп істейтінғадетіне айналып кеткен.
Алыстағы Петербургте жүріп, елін сағынған жас жігітке өз елінде, өлең төсегіндеата – анасы, бірге туған бауырларыныңқасында болғанға не жетсін.Жақып та, сондай күйді бастан өткізіп жатты.
Сондай бір кездерде Жақып жүйрік атқа мініп, көбінесе қырды кезіп кететін. Ол осылайша, күндегісін – күнде біраз жерді шарлап, сергіп қалатын. Жолшыбой шашырап жатқан ауылдардың кейбіріне кіріп, қымыз ішіп, шөлін қандырады.Асын жеп, қарнын тойдырады. Онан қалса, қыр елінде болып жатқан әңгімелерге құлақ түріп, оны даестіп қайтатын. Соның бәрі өзі үшін қызық.Дүниенің тағы бір есігін ашқандай болып жүреді.
Мұндай серуен мен сейіл құру Жақыпқа көп ұнайды. Өйткені, бүгінгі елдің қырдағы өмірі, олардың істеп жатқан кәсібі мен тірлігі Жақыпқа қызық көрінетіні өз алдына, біраз нәрсені үйрететін сияқты. Осындай күйде жүргенде, ол өзін әсіресе, көп сергек сезінетін. Ел ішіндегі өмір де оған жастайынан етене жақын, өзімен бірге біте қайнасып кеткендей болып сезінетін.
Соның салдарынан шығар, Жақыптың елге келгеннен бері бозғылт тартып жүретін өңі аз уақытта өзгеріп шыға келген еді. Оның ақшыл жүзі күнге тотыққандықтан, қара күрең тартып, күңгірттеу болып, көріне бастайтын. Ұзын бойлы талдырмаш денесі де аз – маз болса да ет алып, сомдала бастағаны да байқалып тұратын. Балаң жігіттің алғашқы жауған қырбық қардай болыптебіндеп келе жатқан мұрты қалыңдап, салалана бастағаны да осы қазір білініп қалған.
Осындай өзгерістер енді оның өзін ересек тартқызып, есейтіп жіберетіндей көрінеді. Жақып та, өзін осылайша ересек сезіне бастаған қызық заманның біріне тап болғандай сезіне бастаған еді.
Тысқа шығып кетісімен Жақыптың көзіне бүгінгідей елдің ажары да бір бөлек көрінетіні бар. Сондай ажар, соңғы кезде өзін көп қызықтырып, көп ойлантатын болып жүр.
Сөйтсе, өзі шыққан ортасы, көрген өмірі бір басқа екен де,ол жақтағы, Петербургтеболып жатқан өмір тағы бір басқа екен. Арасы жер мен көктей болып білініп тұратыны бар. Онысы көңілінде тұнып тұрған сезімдерге жол ашатындай болып шығады. Оның артында «неге былай болды?» деген ауыр ойлар тағы тұрады.
Ел болса, әбден азып – тозған, мұндағы ғұмыр кешіп келе жатқан қандастары бодандықтың шылауына байланып, айналадағы бар тіршіліктен қол үзіп қалғандай, жасқаншақтық өмірге бой ұрып, басқа жұрттан анағұрлым көп кенже қалғаны да байқалатын.Жақып мұны да көріп – біле бастаған.
Осындайлық алыс – жақындағы бар қазақтың күйбең тіршілігі оны қатты алаңдатып, көп ойлантатын болып алды.Әсіресе, соңғы он шақты жылдың ішінде қазақ жұртының әбден күйзеліп біткенін Жақып аңғаратын болған. Тіпті, бар қазаққа барар жер, басар тау қалмай бара жатқандай. Жақып үшін оның ең басты себебі де білінген. Оның аты, бодандық еді. Отарлық дүниенің шылауында жүрген қазақтың ендігі көрер күні осы болып көрінген.
Жақыпқа қазақтың жерден әбден тығырық көріп отырғандығы да белгілі бола бастады. Оның тағы бір байқағаны бұрындары жер жарықтық қазақтың қолынан мүлдем сусып бара жатқандай болып көрінсе, енді бүгін де қазаққа соның жұрнағы да қалмауға айналыпты. Соған Жақып қатты қынжылатын болды. Өзі сияқты көп қазақтың бұған қайғыратындығын да ол жақсы білетін еді. Бірақ,солардың бәрі қолдарынан келер амалдың жоқтығынан сеңдей соғысып жүр.
Жақыптың да, солар сияқты бұған қарсы тұрарлық шама – шарқы жоқ. Бұл күнге дейін Жақып осындай ауыр ой арқалап келе жатқаны да содан болар.
Сондай бір күні, атпен қыдырып жүрген Жақып Берікқараның түстік жағындағы биік белдің астында отырған ауылдың үстінен түскен. Күні бойы дала кезіп, ел аралап, сейілдеп келе жатқан Жақып бұл ауылды да «осындағы көп ауылдың бірі шығар?» деген оймен сусындап, шөл қандырмақшы болып тоқтаған.
Жұпыны үйлері бір келкі жүдеу келген кедей ауылдың бар бейнесі осындайлық қораш көрінеді. Ауылдың өзіндік бар тіршілігі де қоңырқай тартып тұрғандай сезіледі. Осындай сурет Жақыптыңкөзіне ерекшетүсті.
Жақып ауылдың жүдеу ажарынан осындай оқшау бір сұрқай көріністі көріп, сезімтал көңіліне әлденені алғандай болған. Осыдан кейін бәрібір шөлдеген соң, шөлін қандырмақ болып ауылға кіре кетпекші болдын.
Сол бетімен келе жатқан Жақып ауыл шетіндегі үйдің тұсынан өте бергендебұрын – соңды естімеген айғай – шуға кезікті. Басында бұл шуға елең ете қалған Жақып аттың басын бұрып, жаңағы шу шыққан жаққа жақындаған. Шу шыққан жаққа құлақ түрген еді. Жаңағы шу одан сайын ұлғайып, адамдардың айқайына, жылаған баланың даусына ұласып кетті.
Бұл шудың не екенінұға алмай қалған Жақыпатын қалт тоқтатып, тың тыңдаған. Сүйткен еді. Шу ұлғаймаса, басылатын түрі білінбеді. Онан сайын үдере түскендей болып естілді.
Сол кезде,жаңағы жерге өзі де келіп қалыпты. Енді ғана көзіне қарбаласып жатқан адамдардың қимылы көрінді.Тоқтамастан ақырып, ат үстінде жүрген біркісі, ай – шай жоқ қолындағы қамшысымен тағы бір жаяу кісіні бас – көзге қарамай сабап жүргенінкөрді.
Жаяу кісі, қолын төбесіне қойып, өзіне үйірілген қамшыдан тек басын ғана қорғардай болып, айнала қашып жүр екен. Бірақ, ат үстіндегісі оны аттың бауырына тығып, бір тоқтамастан дойыр қамшымен соққылауын қоймайды.
Бір қарағаннан-ақ, ат үстіндегі кісінің қамшы сілтеуге машықтанғанын Жақып байқап қалған.Ол өзі әккі қамшыгер болса керек. Қамшысын қатты сілкіп қалғандабіресе онысы шатұр – шұтыр етіп, біресе су – су ете қалады. Сөйткенде, ана байғұстың басы – көзі мен бет аузы қанға малынып, қызыл жоса болып шыға келген еді.
Таяқ жеп жүрген кісінің бала – шағасы болса керек, ұл – қызы аралас төрт – бес жас бала ұлардай шулап, әкелеріне араша түсе алмай текке еңіреп тұр екен. Тек шулап, жылағаннан басқаға олардың басқаға мұршасы жоқтай болып көрінді.
Жақып жаңағы кісіге ақырып:
– Тоқтат! Неге соғасың?!Дереу доғар! Шаруаң не ондағы? – деді. Даусы да қалтырап, қатқыл шықты. Онысы анаған айтқан әміріндей болып естілді.
Бірақ, оның сөзіне аттылы кісі елең етпеді. Сол құлақ аспаған күйі өзінің ісін жалғастыра берді.Тіптен, жаңағы бөтен кісіЖақып жаққа көз салып, көңіл де аудармады. Оның қазіргі ісі, тек қанаалдындағы кісіні сабау ғана болып тұрған сияқты. Тегінде, кісі сабау оның үйреншікті машықты ісі болса керек. Енді Жақып араға түспесе анадай дойыр қамшы мына бір байғұсты майып ететін түрі бар.
Не істерін білмей сасып қалған Жақып, әлі де болса ырық бермей жатқан кісіні қалай тоқтатарын білмей абдырап қалған. Сол қиналған қалпында, қолында дойыры бар кісіге жақындай түскен еді. Ал анау болса кісі сабауын әлі тоқтататын ойы жоқ.
Бұдан былайғы жай тіпті өзінің көз алдында өтіп жатса да араша берместен, тоқтайтын түрі жоқ.Жақыпты састырған да осы болды.
Ат үстіндегінің ешкімнен қаймықпастан кіріскен қимылына қандай да болмасын әрекет істеп, тия алмасын сезген Жақыптың ойы сансырап барып, «енді не «істермін?» дегенге барып бірақ тірелген.Сол беті сасып қалған. Өзін көріп, сөзін естіп тұрса да, жаңағы аттылы қимылына ешбір қонақ берместен, ұрып – соғуын үдетпесе, тоқтататын түрі жоқ сияқты.
Жақып болса, аңырайып, таңданған қалпымен мұнан ары не істерін білместен бөгеліп тұрып қалыпты. Бірақ жай тұрған жоқ. Бір амал іздеп, қысылып тұрған. Ойына не келіп, не кетсе де, осы бір ожар мінезді, доң немені қалай тоқтатуды таппай қалған.
Жақып күйінгенде, соған күйінді. Ішінен, «енді қайттім?!» деп ойлаған Жақыптың айқайы да осыған сай шықты.
– Тоқтат! Доғар, мына бассыздығыңды! – деп, тағы қайтара, ышқына айқайлап қалды.
Бірақ, анаубұған да тоқтамады. Мұның айқайына құлақ аспастан өзінің ісін жалғастыра берді.
Өңкиген неменің түрі де жаман екен. Дәу құла аттың үстінде отырған қазақтың беті табақтай, басы қазандай, тұлғасы атандай, кеудесі апандай, денесі аса зор екен. Оның үстіне атқа мінген дәуді аттан түсіру де оңай емес сияқты. Абажадай болып, аттың үстіне қонып алып, қолындағы дойыр қамшыны оңды – солды сілтеп жатыр.
Жақыптың қой – қойына ол тіпті мойынұсынар емес. Мына түрімен Жақып ана бейшараны ажырата алмасын білді. Оның үстіне, онымен күш сынасып, арпалысуға талдырмаш денелі Жақыптың шамасы жетпейтіні тағы анық.
Ондай дөкір өзіне дүрсе берсе, онда қайтпек? Оның қолында дәу дырау қамшы, мұның қолында ат сипар, ұзындығы бір-ақ тұтам қамшы. Соны ойлаған Жақып, көбінесе есіз түзде жүргенде «бір керегі болар, айналатолған ит пен құс» деп беліндегі белбеуінің артына тапаншаның бір түрі «револьвер – наганды» тығып жүретін.
Жақып сасқанынан сол тапаншаны суырып алып, бір – екі рет аспанға қаратып атып – атып жіберді. Сонда ғана жаңағы дәу басын ұстап, аттан домалап өзі түсті. Оқ тиген секілді, қос қолымен басын ұстап жатып қалыпты.
Жақып, бұл жолы анық састы. Тапаншаны аспанға қаратып атқан сияқты еді. Мына біреуісі басын ұстап құлады. «Бұған не болды екен? Әлде, асығып аспанға атам ба деп жүргенде, байқаусызда оқ басына тиіп кетті ме?» деген ойдан Жақыптың әншейіндегі боп – боз өңі, құп – қу болып кеткен еді.
Осы кезде жерде аунап жатқан дәудің өзі жыбырлай бастады. Оның да есі кіріп, өзіне оқ атқан кісіге ұрланып, сығырая қарап алды. Ат үстіндегі адамның өзі сияқты қазақ екенін, оның үстіне өрімдей, жап – жас жігіт екендігін көрген соң барып, жаны кіріп:
– Әй, сен мені білесің бе? Мен патша ағзамның поштабайымын ғой. Оның үстіне Берікқара болысының тапсырмасын орындаушы, соның кісісімін. Сен маған бекер тиістің ғой – деп үстін қағып, тұра бастады.
– Мен сізге тиіскен жоқпын. Сіз өзіңіз біреуді өлтірейін деп жатқаннан кейінгі істегенім ғой. Оның үстіне ана кісіні арашалап алайын десем, қарайтын емессіз. Енді не істеуім керек, бой бермеген адамға – деп, Жақып та оның қыңырлығын бетіне басып, өзін ақтай сөйледі.
– Бала, мен сені енді біліп тұрмын. Сен Ақаңның соттың оқуын оқып жүрген баласына ұқсайсың. Ана бәлеңді арырақ тығып қой. Әйтпесе біреу – міреуімізді жазым қылар – деп поштабай Жақыптың қолындағы тапаншасына состия қарап қойды.
Жақып тапаншаны белінің арт жағына тығып жатып:
– Міне, ағасы қайта шықпастай етіп тықтым. Енді айта қойшы, не үшін мына кісіні басқа – көзге төпелеп жатырсың? Не жазығы бар еді, соншама? – деді.
Жақыптың қуқыл тартқан өңі енді сәл күреңітіп, қан жүгіріп, өрт сөндірердей қалпынан енді ғана арыла бастаған.
– Сен бала, өкімет адамына оқ атқаның үшін білесің бе, не болатынын? – деді поштабай ентіге үстін қағып жатып, қорқыта үн қатты.
– Мен аспанға оқ атпасам, сіз ана кісіні сабап өлтіріп қояр едіңіз. Оның ана еңіреп тұрған бала – шағасын кім асырайды, ол жазым болса – деп, Жақып бұл жолы қатуланып сөйледі.
Әлі де болса, поштабай өзінікі дұрыс деп тұр. Ол соны білдіріп:
– Бұл ит, қу кедей пошта үшін лауға ат бермей тұр. Өзің оқыған адамсың білесің лаудың не екенін. Ол өкіметтің қажеті болып саналады. Мынау соны бермеген соң қайтейін айызын қандыра соғып, ояздың абақтысына тығып, ақылын кіргізсем деп тұрмын. Сен соған еш кедергі жаса ма?Әгәр да жасасаң, жауап бересің, һүкіметтің алдында! – деді.
Жақып енді бет – аузы қан – қан болып, дірдектеп тұрған қазаққа қарап:
– Не болды ақсақал, атыңыз кім болады? – дегенде, ана байғұс бетіне жағылған қанын сүрткісі келіп, онан сайын айғыздай жақты. Сөйтіп тұрып:
– Атым Ақтай. Лауға беретін ат қайдан болсын менде. Жаман бір ыңыршақ атым бар. Күнделікті уақ малды, азын – аулақ қараны қарауға аяқ артқанға әрең шыдап жүр. Әшейін кәрі – құртаң бірдеме ғой. Әйтпесе, аяймын ба, бар болса. Жоқ болған соң, не істейін? – деп күңіренді.
Бұл кезде поштабай атына қайыра мініп алған еді. Жаңағы айтқандарым мылтығы бар жас жігітке дарыды деп ойласа керек. Енді ол қайтадан күшейіп, Ақтайға қарата тебініп жетіп келді. Даусын екпіндетіп, зіл қара тас қып:
– Саған мен көрсетейін жоқты, түс алдыма! – деп ақырды.
Ақтай болса еш дауласқысы келмейтіндей, Жақыптың артына тығыла берді. Мына бір бәледен қалай құтыларын білместенжыламсырағандай боп:
– Ағатай, бір жолға сауға жаса! Шиеттей балаларымды аясаңшы ең құрыса –деп көзін сыға берді.
– Сен ит, кезегің келген екен лауға өл – тіріл аттарды табуың керек. Өзіңде болмаса, басқадан ал, иә болмағанда майын бер. Сөйтсең басқа біреу ат бере салады саған – деп поштабай онан сайын дікіңдей бастады. Әлі де болса, Ақтайдан лауға ат алмай кетпейтін сияқты. Оның бар жұмысыосы болып тұрғандай.
Поштабайдың Ақтайға ауыр салмақ салып тұрғанын Жақып енді түсінді.Бір жағынан поштабайдың өзінің міндетіне сүйеніп, айтып тұрғаны заң бойынша тура әрекет болса да бұл зорлықтың бір түрі екендігі анық болды. Әрі – беріден кейін заң екеш заңның да соның жағындаекендігі Жақыптың қолын байлағандай болып тұр.Оның қазіргідей қиналып тұрғаны да осыдан еді. Есерлікке бой ұрған поштабай мына сорлыға айтқанын істетпей бұл жерден кетпейтін түрі бар. Жақыптың ең басты күдігі поштабайдың жаңағы кісіні айдап алып кеткісі келгені болды. Лауға ат бермесе болғаны өзін ұрып – соғып, апарып абақтыға қамайды. Олай болғанда мына тұрған шиеттей бала – шаға, ауру әйелдің күн көрісі не болмақшы? Олар далада қараусыз қалады ғой. Істің осындай бет алысы Жақыпты сарсаңға салып тұрғаны осыдан да еді.
Ойдан – ойға кеткен Жақып, ішінен бір шешімге келгендей боп, неде болса сонысын поштабайғажеткізбекші боп:
– Поштабай!, деп жанұшыра айғай салды.
– Тұра тұрсаңшы, мен айтайын ар жағының қалай болатынын – деп Жақып поштабайға қарай тұра ұмтылды. Ол осылай қимылдаған кездеқолы да еріксізден беліндегі тапаншасын сипалап қалған. Бұнысы, Жақыптың поштабайға көрсеткен үнсіз сесіндей болып шықты. «Егер де, мына бір сойқаныңды тоқтатпасаң қайтадан қару қолданамын» деген белгісіндей де болып көрінгені анық.
Қанша дегенмен, осының алдында ғана атылған мылтықтың даусынан ығып, сескеніп қалған поштабайға да жан керек екен. Бұл жолы да тапанша өз дегенін істетіп, поштабайды тоқтатты.
Енді Жақып, қалайда поштабайды райынан қайтару үшін оныбір жола ықтырып алуды ойлаған. Сол бетімен оған барынша сұстанып, кінәлай сөйлеп:
– Поштабаймын, болыстың адамымын деп, кез келген адамды соққыға жығуға қандай һақың бар! – деп ақырды.
– Олай болса, ол лауға ат берсін. Бермесе, мұны апарып қамаймын– деп поштабай, «менікі дұрыс» деп шыға келді.
– Әрі – беріден кейін мына кісіні лауға ат бермедің деп ұрып – соғуға да, оны апарып қамауға да сенің һақың жоқ. Ондай жаза бұған лайық емес. Бұл болса адам баласы ғой. Олай болса оның һұқы заңмен қорғалады. Ал сен болсаң заңды бұзып тұрсың. Сол үшін жауап беруге тиістісің – деді.
Осылайша бұл істің шешуін таба алмай қиналған Жақып,поштабайды райынан қайтару үшін, оны«заңбұздың» деп кінәламақшы болды. Өйтпесе, дойыр поштабай ана байғұсты сабап, онан аман қалса абақтыға қамап бір жола құртатынын іші сезіп тұр. Сондықтан ол шұғыл өзгеріп, жаңағы Ақтай деген қазақтың жағында поштабаймен ашық айқасқа түсер жолды таңдап алды.Осы қазір ол істің қамын біраз ойластырғандай да болған.
Сонысын аяғына дейін жеткізу үшін енді ол заңға сүйеніп, поштабайды таубасына келтірмекші де еді.
– Сіздің аты – жөніңіз кім? – деді Жақып поштабайға көзін қадап, жақтырмаған пішінмен.
Жақыптың өңменнен өтер қарасынан анау күмілжігендей боп:
– Мен шындығында да поштабаймын, әмбе болыстың атшабары болып жұмыс жасайтын адаммын. Менің ныспым Бәкен болады. Пәмиле керек болса, ол да бар. Пәмилем Өтеулі болар – деді.
– Олай болса, тыңдап ал азамат Өтеулин. Мына кісіні ұратын сіздің ешқандай да қақыңыз жоқ. Ұрғаныңыз үшін закон бойынша жауап бересіз. Оның лауға берер аты жоқ екен деп, соққыға жығуға болады ма? Бұл кісіні қамаймын дегенің де, нағыз заңбұзушылық екенін біліп қой. Былай еткенің нағыз қылмыс. Ешқандай заң мен закон мұндайды көтермейді. Осыны түсініп, онан да жарлы – жақыбайды қан қақсатқанша, аты көп байлардан алмайсың ба? – деді. Жақыптың зекіріп айтқан сөздері ызғарлы шықты.
Жақыптың жаңағыдай айтқанына поштабай ақталғандай боп:
– Байлар маған ат береді екен, жаманқатты. Байлар мені қайтсін. Олардың әр қайсысы берісі болыспен, арысы ояздың өзімен де жақсы. Өле алмай жүр ме екенмін оларға лауға ат бер деп. Онан да мен мына сияқтыларды қысып қойсам, лауда уақтылы болып тұрады ғой – деді.
Поштабайдың айтары дайын болғандықтан жауабыда тез шықты. Оның жауабының артында, «бәрібір мен өзімдікін қалайда істеймін» дегеннің өзі ап – анық білініп қалды.
Ол сонысын қалайда білдіріп қалайын дегендей қып:
– Ал мына ит кезегінде лау бермегені үшін қамалады. Бәрібір болыс менен сұрамайды, сүйткізеді – деді. Онысы, «менің айтатыным осы ғана, бәрібір, лаудың мәселесі шешілмей бұл пақырдан маза кетеді» дегенге сай шықты.
Мына әңгімеден кейін Жақып тағы ойланып тұрды да:
– Ондай болса, былай істейік азамат поштабай, сіз бұл кісіге енді қайтып лау жайлы келмейсіз. Бұл кісінің орнына лауды біздің үйден алып тұрасыз. Мен әкеме де, жылқышылар қосының басына да айтып қоямын. Қалай соған келісеміз бе? – деп поштабайға қарап еді.
Ол тағы біраз күмілжіп тұрып:
– Қайдам, оған сіздің әкеңіз көне қойса, онан кейін де, өзің оқудың соңына түсіп кете барсаң. Мұның соңы сергелдең болып кете ме деп тұрмын – деп, мұрнының астынан сөйлеп, міңгірлей жауап қатты.
Жақыптың ендігі сөзіоның көңілін орнына түсіргендей болып, нық шықты.
– Ол жағынан еш саспасаңыз да болады. Әкем менің айтқанымды екі етпейді, жылқышылар да солай. Келіссеңіз өзіңіз білесіз, келіспесеңіз тура соттан бірақ шығарамын. Заңды жақсы білемін, түбіне дейін жеткіземін – деп сөзінің аяғына келгенде:
– Көнсең сол, көнбесең, тағы әнеки, оныңды да көрерміз – деп, соңын қатқылдау қып аяқтады.
Поштабай бағанағы қалпынан сәл төмен түскен сияқты. Аздап жуасыған болса керек. Жақыптың сөзінің төркінін ұққандай болып:
– Олай етсеңіз, жарайды, солай-ақ болсын – деп келісе кетті.
Бұл даудың аяғы поштабай Жақыптың әкесінің ауылына келіп ол айтқан уәдемен Ақтайдың атынан лау алып тұратын болып келісілді. Жақып болса оны Ақтайды ұрып – соққаны үшін «бір жолға жауапқа тартқызбаймын»деп, шын уәдесін берді. Сонымен осы бір сойқан іс аяқталғандай болған.
Ақтайдың қуанышында шек жоқ. Өзін төніп келген бір ажалдан құтқарып жібергендей болған Жақыпқа не дерін білмей, жыламсырап:
– Төре, бұл жақсылығыңды қалай қайтарамын. Үйге түсіп, тым құрымаса, бір малдың басын жеп кетіңіз – деп есі шықты.
Жақып өзінің асығып келе жатқанын айтып, оған алғысын білдіріп, асыққан күйіүйіне қайтып кетті.
Бірақ, іс мұнымен бітпепті. Тегінде, поштабай аса арам адам болғандықтан сөйтіпті. Оның онысы кейін барып шықты. Жақып сияқты жас жігітке: «мазақ болдым, мені қу, тақыр кедейдің алдында жер етті» деп ойласа керек. Оның шағымы Жақып оқуға аттанар кезінде окружной сотқа келіп түскен екен. Соған байланысты Жақыпқа соттан шақырту қағаз да келіп жетті.
Каникул бітіп, Петербургтегі оқуына асығыс қайтқалы отырған Жақыптың өз басы аяқ астынан тап болған бәлеге душар болып, осылай шырмалды.Ол енді оқудан қалып қалам ба деп бір қайғырса, істің беті дұрыс шешілсе екен деп екі қайғырды. Көңілін кірбің басқан, көңілі толқулы Жақып, екі ұдай болып қалған еді.
Осыдан соң, Жақып Петербургке жүргелі отырған жолынан бөгеліп, жолай Қарқаралының окружжной сотына келген.
Поштабайдың шағымы Қарқаралы окружной сотының бітімгер судьясы, былайша айтқанда, мировой судьяболып істейтін Александр Алексеевич Кобылин дегенге тексеруге беріліпті.
Бітімгер судья Кобылин жасы қырықтардан енді ғана асқан кісі көрінеді. Кісіге бір түрлі көзінің астымен қарайтын әдеті бар екен. Ара – күдік жүзінен жымысқы күлкініңізі де байқалып қалатыны бар сияқты. Оның үстіне, Кобылиннің бар сыртқы түрі ішімдегіні біліп ал дейтін, жұмбақ жанға ұқсайтын да көрінеді. Жақып одан осыны аңғарды. Оның Кобылинді алғаш көріп, білгендегісі осыдан басталды.
Өзі оқуына асығып, қайтып бара жатқан Жақып,поштабайдың арқасында осындай бір қысталаңға түскеніне қысылып тұрған. Енді соның жағдайықалай болады деген уайымы көңілін мазалап қоймайды.
Бірақ, Кобылин оның осы күйінжақсы түсінді ме, әйтеуір сөзін өзіне дұрыс қарайтындай көзқарасын таныта бастаған еді. Ол тергеудіжылы сөйлеуден бастап:
– Болашақ әріптесті күте – күте шаршайтын болдық қой. Қай уақытта оқу бітіріп кеп, бізге көмектеседі десек. Өзің бәлеге душар болып қапсың, соның сырын айта отыр – деп, Кобылин алдындағы қағаздардың арасынан Жақыпқа қатысты дегендерін бөлек алып, алдына қоя бастады.
Сонан кейін ғана Жақыпқа қарап сәл күлімсірегендей болды.Онысы тағы да,ішінен шықпаған, құр езу, құрғақ күлкіге ұқсап шықты. Осы кезде оның кісіге қарағандағыкөздері де сол қалпы сұп – сұр болып тұрғандай болып көрінеді екен. Жақып, алғашында, сол жансыз, суық көздерден тіксініп қалғандай боп, жақтырмаған еді. Кейін білді. Онысы бекер екен.
Кобылин енді қасын кере түсіп, сөзді тоқетерінен бастады.
– Бізге белгілісі,Берікқара болысының поштабайы Бәкен Өтеулин деген Семей окружной кеңсесіне арыз – шағым түсіріпті. Сол арыз – шағымында ол: «Берікқара болысының аумағында мен өзімнің қызметтік міндетімді атқарып жүргенімде азамат Жақып Ақбаев маған кедергі жасады.
Пошта керегіне лауға берілетін аттарды алғызбай маған қысым тудырды. Тіпті мылтықтан оқ атып, өміріме қауіп төндірді. Соған байланысты оны жауапқа тартуды сұраймын» – деп шағымданыпты деді.
Жақып, поштабайдың екіжүзділік, пасықтығына ашуланып тұрса да, онысын білдірместен, сабырлы қалыптан айнымастай боп:
– Онымен кездейсоқ кездескеніміз рас. Оған себеп болған жағдай ол бір адамды ұрып – соғып жатыр екен. Мен ара түстім. Қой десем, қоймай қойды. Ана кісінің өмірі мен денсаулығына қатер төнді. Сонан кейін мен қорғану қажеттілігінің салдарынан аспанға оқ атуыма тура келді. Өйтпесем, қызмет бабында, қылмысты әрекеткекөшіп, жәбірленушіге айналған поштабай Өтеулин ана азаматтымерт қылуы әбден мүмкін еді. Бұдан кейін де, мен жаңағы кісіні арашалап алмағанымда поштабай оны өлтірер еді – деді.
Бұл жерде Жақыпқа заңгерлік оқудың да пайдасы тиді. Өзі дәріс алып жүрген сабақтарда, әсіресе қылмыс құқығы бойынша, «адамдар өзінің денсаулығы мен өміріне, немесе басқа бір адамның денсаулығы мен өміріне нағыз қауіпті жағдай туған жағдайда, оны қайтаруға, не болмаса тойтаруға мүмкіншілік болмаған кезде қауіп туғызған адамға қару қолдануға, немесе басқа да айла, амалмен оны залалсыздандыруына, тіпті оның өміріне қауіпті жағдай туғызуына құқылы» деп айтқандарын тілге тиек етіп жеткізді.
Жақыптың мұнысына Кобылин де дұрыс баға бергендей болды.
– Мен сізді жас әріптесім өте жақсы түсіндім. Все это пройсходило, в пределах необходимой обороны. Так, ведь! – деп, ол көзін сәл қысып қойды.
Сөйтіп, Жақып мән – жайды тегіс Кобылинге шашау шығармастан баян етті.
Жақыптың не айтқысы келіп отырғанын Кобылин дұрыс түсініпті. Ол сөзін бітірісімен Кобылин:
–Сенің айтқандарыңа қарағанда,бәрі дұрыс болып шықты. Сенің не айтқың келіп отырғаныңды жас достым, мен сезетін сияқтымын. Мемлекеттік қызмет құзырындағы поштабайдың істегендері, заң жүзінде дұрыс емес дегің келіп отыр ғой. Солай емес пе? – деп иек қақты.
Бұл сөз Жақыптың жанына жағып кеткен еді. Неде болса осы бетінен қайтпауды ұстануды ұйғарған.
Жазып отырған қағаздан басын көтерген Кобылин:
– Мұның ақ – қарасын, егжей – тегжейлі тексереміз. Істегі заңдылықты қай жақтың бұзғанын да дәлелдейміз. Бұған дейін сені алдын – ала қамауға алу керек. Өйткені, оқу басталды деп,Петербургіңе тартып тұрсаң сені ол жақтан алғызғанша бір жылдан кем өтпес – деді.
Кобылин осылай дегенде Жақыптың жаны шығып кете жаздаған. Ішінен, «апырай, мен мұнда сенделіп жүргенде оқу не болар екен? деп, осыған кінәлі адамы – поштабайдыой елегінен өткізіп тұрып, бір сыдыртып алған.
Қапелімде, не істерін білмеген Жақып:
– Судья мырза, мен алдын – ала тергеу өткізуіңізді барынша тездетуіңізді өтінер едім. Өзіңіз біліп отырсыз, менің жай ғана студент екенімді. Оқудан кешіккенім үшін шығарып жіберуі мүмкін. Соны ескерсеңіз екен – деді.
– Түсінемін, түсінемін, жас достым! Сені әзірше қамауға алмайық, оқу керек болса, сен өзің де осы жерден ешқайда кетпессің деп ойлаймын. Сен үшін тіпті, істі тез қарауға сөз берейін. Қалай келісеміз бе, осыған? – деп, тағы қайтара Жақыпқа көзін қысып қойды.
Лезде қуанып кеткен Жақып:
– Келісеміз, мәртебелі судья! – деді. Ол осы кезде өзінің даусының қалайша қатты шығып кеткенін байқамай қалды.
Жақып тез уақытта Кобылиннің шақыртуымен қайта келмекке уәде берді. Кобылин істі тез арада қарап, бір жағына шығарып бермек болды.
Кобылин сөзінде тұрды. Бір аптаның ішінде істі аяқтап тастады. Істің беталысы қалай боладымен, жіпсіз байланып қалған Жақыптың қарасұр тартқан өңіне қан жүгіріп, ажары кіре бастаған. Судья оның қимыл – әрекетін заң шеңберінен аспайтын, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған қорғану қажеттілігінен туындаған белсенділікке балаған.
Сүйтіп судья, Жақыптың әрекетін заңға сыйғызып, дұрыс деп тапты. Өйткені, қалай болғанда да оның істеген әрекеті заңның аясынан шықпағандықтан, судья оны заңға қайшы келмейтін іс пен әрекеткежатқызды. Қылмыстық процесс бойынша да, қай жағынан алсаң да, адам қоғамы үшін ең қымбат, ең керектісі адам өмірі мен денсаулығы болып табылатындығы Жақыпты анық келген жазадан алып қалды. Жақып бұл іске еріксізден, адам өміріне арашашы болу үшін ғана барғандығын айтқаны дұрыс болыпты.
Сол бойыншаЖақыпқа қарсы қозғалған қылмыстық істі қысқартып, поштабай Өтеулиннің өзін «күдікті» деп тапқан еді. Осыны Кобылин сот отырысында жария етті.Ол ақырында істі өзінің қатысуымен соттан өткіздіртіп, Жақып үшін дұрыс шешіммен аяқтатты.
Жақыпқа жала жапқысы келген өзі поштабай, өзі болыстың шабарманыболып жүрген Өтеулин ақырындаөзі жаққан отқа түсті. Басы шырмалып, жазаға тартыла жаздады. Бірақ, соңында ол да жазадан әрең құтылып, онда да ірі айыппұл салумен шектелген екен.
Осымен іс бітіп, Жақып аман – есен Петербургтегі оқуына кетті.
(Бірақ, Жақып осыдан кейін бітімгер судья Кобылинмен тағы да кездесетін еді.Онымен тіпті қызмет бабында әріптес болатындығы да бар. Кобылиннің ақылымен, адвокат болып істесе де Патша үкіметінің құрығынан құтыла алмастан, ақыры қамалып тынған еді. Бұл енді осыдан бес – алты жылдан кейінгі болатын оқиғадан белгіліболатын сыр еді).
Сөйтіп, шабарман, поштабай ақыры атақсыз іске барып, өзі бәлеге кезігіп тынды. Онысы заңға қыңырлық істегенмен бірдей болып шықты. Өйткені,«мемлекет ісіне қарсы болды» деп жала жапқан адамы заңды білетіндігінің арқасында жаладан сытылып шыққан еді.
Мұндай, бәтуасы жоқ, төтенше оқиғалар,жас та болса Жақыптың басынан көп өтті. Көбінесе жала жабуға, жалған істерге лайықталып жасалған арамдық істер Жақыптың заңды жақсы меңгергендігінің арқасында бірінен соң бірі құрдымға кетіп жатты.
Сегізінші тарау
Өткен жолы кездескенде Әлихан Бөкейхановтың Барлыбекке айтқаны бар:
– Менің Кадетке кіргенім, сол орыстардан үйренгім келгенді іске асыру ғана болды. Олардан үйренерім әлі көп. Халыққа жол табу үшін алдымен солардай болу керек. Қазақтың барлығын бірдей партия құру арқылы іске тартуды білетін кез келді. Тек қана, партия елді саяси бірлікке жұмылдыра алады. Бізге де солай істеу керек сияқты» деп еді.
Осы бір ойдағы жүрген шешімі қиын мәселені ол одан әрі өрбіткендей боп:
– Қарапайым халықты өз жағымызға шығарған кезімізде ғана біздің ісіміз оңға басады. Былайша айтқанда көп болып жұмыла кірісуіміз керек. Сөйтіп қана бодандықтан, құлдықтан құтылу жолын үйренеріміз һақ – деген еді Әлихан шешіле сөйлеп.
– Иә, Сұлтан біз мұны жақсы түсінгенімізбен қазақтың күйі басқа елдердегідей емес қой. Біздің халық қараңғылықтың қалың құшағында жатыр. Олар әлі партияның не екендігін білмейді. Бірақ біздің халықтың арасында оқыған, зиялы азаматтар да бар. Менімше, ең алдымен соларды партия құру ісіне тарту керек сияқты. Партиямызды құрып алған соң зиялы қазақтар халықты да партия ісіне көтереді деп ойлаймын – деді Барлыбек. Ол бұл жолы да өз ойындағысын айтты. Әлихан онысын үндемей тыңдады. Оның ойы да Барлыбектікімен қабысып жатқандай, тіпті бір жерден шыққандай болып тұрған. Барлыбектің ойының дұрыс екендігін,Әлихан да,«дұрыс» деп білген. Бірақ бұларға ең қиыны соны қалай іске асыруға болатыны еді. Сол жағы қиындау болып тұр. Өйткені, осы уақытқа дейін сенім артқан орыстың прогрессивтік, демократияшыл деген партияларының барлығынан бірдей Әлихан жирене түскен. Тек, алғашқы кезінде Бақытжан Қаратаев, башқұрт жерінің қазағы Сәлімгерей Жантөрин үшеуінің Кадетке бүйрегі бұрған сияқты еді. Оның да, қазақтай бұратана, отар халыққа беретіні әзірге аздай болып тұр. Әзірше ешкімге жария етпесе де Әлихан осыны түсінген.
Бұл 1907 жылдың 3 июнінде болған самодержавиенің масқарашылық жарлығынан кейінгі екеуара өткен кездесудегі әңгіме еді. Патша «сұмдығына» шыдамастан көңілдері қатты қапалы болған қазақтардың жаппай есеңгіреп жүрген кезі болатын.
«Алаш» атын жамылған қазақ интеллигенциясы да бұл тұста не істерін білмей қалған. Кеше ғана өткен 1905 жылғы революцияда «елміз» деп еліріп, «халықпыз» деп қақыратып айтқан сөздерінің бәрі ұмыт болып, қайтадан таз қалпына келгендей көрінді. Сонда орыс жұмысшыларымен бірге қазақтар не үшін патшаға қарсы шықты. Не үшін, барлық қазақ бірігіп, патшаға бірінің артынан бірі етіп, петиция жазды. Қазақтар парламент сайлауына қатыссын. Олардың арасынан да депутаттар сайлансын. Оған көптеп қазақ халқының өкілдері қатыссын. Қазақтар үшін де земстволық басқару жүйесі құрылып, елді басқару әділ жүргізілсін» деп айтылды.
Қазақтар күшейіп, тіпті өздеріне автономия беруге дейін сұрады. «Қазақтар елінің өзіне тән демократиялық, ұлттық басқару формасы болсын» дегізді. Автономияны бұлардың түсінігі бойынша дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, сонымен бірге, заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс... Россиямен тек федерация негізінде қарым – қатынаста болып: сыртқы саясат, қаражат, әскери істер Бүкілроссиялық федерациясы үкіметінің ісі болмақ.
Оқу – ағарту жұмыстары, жергілікті жолдар мәселесі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселерінің бәрі жергілікті автономиялық үкіметтіңісіне айналмақшы. Автономиялық елдің ең басты мәселесі жер мәселесі болмақшы. Отар ел болып жүргендегі әсіресе көп зардап шеккен мәселе осы болғандықтан оған аса мән берілмекші.
Кейбір Жақып Ақбаев сияқты өткір қазақ зиялысы патшаның өзін келемеждеп, бүкіл елдің алдында құдайдан бірде кем болып көрінбейтін патшаның сағын сындырды. Тіпті, патшаның әкімшілік орындарында істейтін билеушілеріне халықты бағынбауға шақырды. Біз енді «құл емеспіз, құлдан бір кем емес өмір біз үшін керек емес» дегендері қайда кетті. «Көзден бұлбұл ұшты» деген осы емес пе еді. Самодержавие бұл талаптарды үн – түнсіз, бұққан күйінде қарсы алды. Бір – екі Думаға қазақтан мүше сайлатты. Жалпы сайлауға да қатыстыратын болды.
Сонда барып, «Алаш» атты зиялы қазақ енді ғана «біз адам болуға қолымызды жеткізген сияқтымыз» деп күрсініп еді. 1905 жылғы революция жағдайында патшаның елге берген Манифесіне сәйкес қазақтың да «кісі санатына кірер» уақыты келгендей болған. Мемлекеттік Дума сайлауына қатысатын болған қазақ тіпті өз арасынан депутат сайлағанда тымақтарын аспанға атқан. Сөйтіп қазақ мақтанған. Ұлт азаттық қозғалыс осыдан басталады» деп күпініп жүргенінде самодержавие төбелеріне жай түскендей етті. Сүйтсе, мұның бәрі уақытша ғана екен. Бірінші орыс революциясы жеңілген соң, Патша өкіметі қайтадан күшіне енді. Енді ол қазақты адам ретінде санамай Дума мүшелігінен де қуып шықты. «Дума сайлауына қазақ қатыспасын» деді.
Қазақтар өздерінің қатты сорлап қалғанын енді ғана анық сезінгендей болды. Содан бері небәрі жыл өтпестен патша ағзам бұрынғы қорыққан замандағы сөзінен танып, екінші Госдуманы таратты, онымен қоймай алты миллион қазақты сайлау құқысынан айырды. Бұл барлық қазақ үшін ең қиын кез, қилы заман болып көрінген еді.
Ұлт азаттық күшке «айналдық» деп лепіре бастаған қазақты осылай бір қатты састырған жыл осы болды. Қазақтың зиялы біткені осыған дейін бұл кеңшіліктерді, «халқымыздың құқы мен бостандығы үшін күрестегі табысымыз және ол бізді ұлттық автономия алуға Мемлекеттік Дума арқылы әкеледі» дегені бекер болды. Бұған дейінгі орысы бар қазағы бар бәрі бірдей шулап: «Россия конституциялық және парламенттік мемлекет» табалдырығында тұр. Сайлауда көпшілік дауысқа ие болған партия, не болмаса партиялық блок үкіметті құратын болады. Ал ол үкімет парламентке есепті болғанда осының нағыз жемісін жегендей боламыз» деген армандарының күлі көкке ұшты.
Бұл оқиға өзінің маңызы бойынша нағыз төңкеріс болды. Төңкеріс болғанда қандай. Николай Екіншінің бұрынғы сасқан кезіндегі «көпірден өтсем, қызыңды аламын» деп берген уәдесін ұмытып: «көпірден өткеннен кейін қызыңның керегі жоқ» деп айтқанындай болып шықты. Сөйтіп, Россия атты алып елді, іс жүзінде «үшінші маусым төңкерісі» атты тығырыққа әкеліп бірақ тіреген.
Патшаның осы жарлығы тек қазақты ғана емес бүкіл Россияның негізгі халқы болып саналатын орыстардың да 1905 – 1907 жылдарда қантөгістікпен жүргізіп келген Бірінші Орыс революциясының да жеңіліс тапқандығын көрсетіп, оларды да қатты қайғыртқан еді.
Әлихан да, Барлыбек те, осындай озбырлықтың ашты дәмін тағы да татқандай болды. Басқа қазақ та, мұның дәмін көріп, білді. Озбырлық жайлаған империяда ылғи осылай бола бермекшідей. Бұл елдің патшасы да осындай екі жүзді, алдауға жақын тұратын, қиянатшыл болып шықты. Осындай ойдан олар да алыс емес. Барлығы бірдей дәт деп қалған.
Барлыбек осы кезде өзі үшін тағы бір күрмеуі қиын іске тап болғандай сезінген. Бостандық қай жағынан қарасаң да қараптан – қарап келе салатын дүниеге ұқсамайды. Ол үшін күресу керек. «Өздеріне керек деген өмірді, халықтың өзі ізденіп табу қажеттілігі туындамайынша, қазақтың мүлгігені – мүлгіген» деген ой, өзінің көкейінде көптен бері жүрген ой еді.
«Құлдықтан құтылу үшін де, бостандық жолында да, ел болуға да қазақтың өзі халық болып, бір кісідей жұмыла күресуі керек. Сонда ғана халық жеңеді. Біздің істеп жүргеніміз ұсақ – түйек қана. Былайша айтқанда ат төбеліндей қазақ зиялыларының қолында не бар дегенге сай келеді. Қазақты аяғынан шалатын мәселе де осындайдан туындайтын сияқты? Сондықтан бізге тезірек өзіміздің партиямызды құруымыз керек» деген Әлихан сөзінің жаны бар екендігіне Барлыбектің көзі жеткен еді.
Осыған арнап Әлихан өзінің «Қазақтар» атты очеркінде де, кейінгі Дума депутаттарына жазған ашық хатында да ол: «3-июнь Заңы» қазақ жеріне көз тігуші княздар мен графтар жағының тырысуына байланысты бізді Мемлкеттік Дума мінберінен өзімізді қорғау құқынан айырды» деп көрсеткені осыдан кейін еді.
Қазақтарды осылайша сорлатып кетуге Россияның Ішкі істер министрі және Премьер – министрі болған Петр Столыпин де керемет көп еңбек етті. Өйткені, ол қазақтың жеріне қоныстануға рұқсат беретін өзінің қаулыларын шетінен жіберіп жатқан. Столыпинге қазақтың жері керек еді. Думаға сайланған қазақтар, әсіресе Бақытжан Қаратаев, Мұхамеджан Тынышбаев және басқалары Думадан қайта – қайта тартып алынып жатқан қазақтың жері туралы айта бастаған. Ал Думада жоқ басқалары да тыныш таппастан баспасөз беттерінде осы туралы жазып жатты. Бірақ мұның барлығы Столыпинге қажет емес еді. Өйткені басқа ұлттың ішінен тек қазақтар ғана оның қылмысқа пара – пар жасап жатқан нағыз сорақы істерінің артын ашқандай болды. Сондықтан патшаға кіріп, ол қазақтарды енді қайтып сайлауға да, Думаға да, жолатпауды сұраған.
Әлиханның осы кезде партия туралы айтқанына бәрі қосылды. Әсіресе, қазақтың Батыс елінен келген Бақытжан бастаған қазақтар тобының қатты даурыққаны қазақ даласының түкпір – түкпіріне дейін жеткен. Сонда Бақытжан бәріне естіртіп: «Кадет партиясы сияқты партияны біз құруға жақынбыз. Бастамасын құрып та тастадық» – деген. Осы жерде ол сол туралы жария етті. «Бізде партия бар!» деді Бақытжан қатты мақтанышпен. «Ондай партия бізде бар екендігін жария еткім келіп отыр. Бүгінгі күні ондай партия небәрі он шақты ғана адамнан тұрса да, талай істі атқарып тастады. Ол туралы мен сіздерге қысқаша айтқалы отырмын» деп, Бақытжан мол денесін бұларға бұра қараған. Көзінде «біткен іске» деген мақтаныштың ұшқыны бар. Барлыбектің ішіне қызғаныш оты кіре қалғандай болған. Бірақ бұл іштарлықтың қызғанышы емес. Қызуғышылықтан туындайтын әр адамның бойында болатын іскерліктен туатын көңіл – күй еді.
Бұл топтағылар әуелі «Партия құру және оның мәселелері туралы конституциялық – демократиялық партия бағдарламасы» деген өздерінің қарарын қабылдап та тастапты.
Батыстықтар құрған осы топтың басы – қасында Бақытжан Қаратаев бастаған он адам бар көрінеді. Өздерінше, ел қатарлы партия құрдық деп жар салған батыстықтар құрған қазақтың «Конституциялық – демократиялық партиясы» осылайша дүниеге келгені Барлыбекті қуантып тастады. Тіпті, оның құрамына кіргендердің аты – жөні де белгілі болды. Олардың аттары әуелі газетке жарияланып: Ғабидолда Бердиев, Мірәлі Бақытгереев, Ихсан Тоқбердиев, Халел Досмұхамедов, Нұрәлі Ипмағамбетов, Мұхамедәлі Мұқанов, Ғабдолкәрім Рақымбердиев, Үмітәлі Дүйсембин және Ізбасаров деген азаматтар партия мүшелері болғаны жайында бүкіл ел білді.
Батыстықтар өздерінің бағдарламасын татар тілінде шығатын «Әл-ғаср-ул-жәдид» газетінде жария ете салысымен өздерін «Қазақ кадеттеріміз» деп атай бастаған. Олар тіпті өздерін қазақ даласында құрылған, қазақтың алғашқы саяси партиясы деп тануды сұраған. Бұл дұрыс талап еді.
Бұл – бұл ма, осы топ өздерінің 1906 жылдың 15 қаңтарында «Әл-ғаср-ул-жәдид» газетінде жария етілген «Партия құру және оның мәселері туралы» мақаласына сүйене отырып, күнбатыс елінде «Конституциялық – Демократиялық партияның» құрылғанын жария еткені де осыдан еді.
Ел осы партияны кеңінен танып, білсін деп олар тіпті, өздерінің партиялық бағдарламасында бірталай іргелі мәселелерді қойып, «соны іске асырамыз» деді.
Партия мүшелері өздерінің бағдарламасында: «Біздер Орал қаласында тұрушы қазақ халқының қадірменді адамдары бас қосып, бірнеше жиналыстар өткізіп, көп пікірлесіп, бүкіл Русия халқы мүддесін қорғаған «Конституциялық демократиялық партия» секілді ұйым құруға шешім қабылдап, Орал қазақтарының «Конституциялық демократиялық партиясының» бағдарламасында төмендегі мәселерді қамтыдық» деп жариялапты.
Бұл партия қазақ жеріне жай келген жоқ. Үлкен ой сала келді. Сол ойдың бір ұшы Барлыбекті де ойлантып тастаған. Ол да осы кезде «шындығында да, біз неге осындай партияны Жетісу жерінде құрмаймыз» деп еді.
Жаңағы ниетпен, Барлыбек ағынан жарылғандай боп, алдымен алаш азаматтарынан сүйінші сұрағандай қылған. «Осыдан кейін біз күнбатыс елімізде қалайша, қазақ партиясы жоқ дей аламыз. Қалайша, олар құрған ұйымды, партия атамасқа» – деген сөздерді елге таратып, Бақытжандар жаққа сүйсіне қарап, тамсанып жүрді.
Батыстықтардан басталған іс Барлыбекті қатты қызықтырған. «Өздері мекен етіп жатқан елдегі халықтың бәрін бөлмей – жармай бірдей көріп, жалпыға бірдей қызмет жасауға дайын партия екен» деп, өзі үшін тағы бір жарық сәуле көргендейболды.
Басқа да, көптеген қазақ зиялылары сияқты, Барлыбек те осыған беріліп, қызығып, партия жайын назардан тыс қалдырмауға тырысты.
Барлыбек олардың бағдарламасын, тіпті барлық құжаттық қағаздарын кейінде мұқият оқып та шыққан. Несін айтасың, жақсы айтылған, жайсаң ойларға тап болғанын білді. «Мұндай тілектерін білдіріп жатқан партия соңынан халықтың көпшілігін ерте алатындығына сенуге болады» деп Барлыбектің тұжырымдағандай болғаны осыдан кейін пайда болды.
Олар өздері құрған партия бағдарламасында бұдан былай партия күшімен істелінетін талай істің басын ашыпты. Яғни, сондай мәселерді айта келгенде, партия бағдарламасының бірінші тарауында көрсетілген: «азаматтардың негізгі еркіндіктерінің» өзі неге тұрады десеңші. Жақсы бағаланатын, қазақты отарлық бұғаудан құтқару ұшін пайдалануға болатын дүниелерге айналары даусыз екендігі де Барлыбек үшін көңілден шығатын сөздер екені даусыз. Ондай бостандықтар жолынан Барлыбектің де үйренері көп. Батыстықтардың сол ісі Барлыбекті қатты ойланта бастаған еді.
Негізінде Бақытжан Қаратаевтың бастамасымен қабылданған Партия бағдарламасындағы мәселелер өзі дайындаған Қазақ елінің уставымен үндесіп жатқан сияқты.
Ал батыстықтар ұйымдасқан мынадай партияның бағдарламасындағы: «Русия патшалығының барлық азаматтары жынысына, нәсіліне қарамай бәрі заң алдында тең болсын. Азаматтарға бай не кедей немесе чиновник, ақсүйек яки қарасүйек нәсілі деп артықшылықтар, кемсетушіліктер жасалынбасын. Орыс болмағаны ұшін қазақ, татар, башқұрт, поляк, еврей секілді тағы басқа халықтардың шекесіне тиіп келе жатқан таршылықтар мен кемсітушіліктер түбірімен жойылсын.
Әрбір азаматтың діни сеніміне кеңшілік берілсін. Осы күнге шейінгі өзінің діни сенімі үшін, яки дінін өзгерткені немесе діннен бүтіндей шыққаны үшін және дін жөніндегі пікірі үшін ешкім ешқандай жауапқа алынып, жазаға тартылмасын. Әр азамат өзінің діні бойынша ғадат (әдет) қылып, оны насихаттауға кеңшілік алсын, мұсылман дініне, сондай-ақ православие дініне һәм басқа да діндерге закон һәм әкімдер қатынаспасын.
Әрбір азаматқа тілмен һәм хатпен пікірі мен көңілін білдіріп, газеттерге жазуға немесе басқа да жолдармен халыққа мәлім етуге ерік, кеңшілік берілсін. Осыған кедергі келтіретін цензура жойылсын. Құран Шариф һәм Хадис Шарифтер цензурасыз басылсын.
Русия империясындағы барлық азаматтар далада немесе ғимарат ішінде болсын бірлесіп жиналыс өткізуге һәм әртүрлі жағдайларға байланысты жиылып кеңесуге ықтиярлы болсын.
Русия патшалығының қол астындағы барлық азаматтар әкімдерден рұқсат сұрамай-ақ бас қосып, жиналыстар мен мәжілістер өткізуге, партия құруға ерікті болсын.
Жалғыз кісіге және қауымдарға, сондай-ақ партияларға арыздануға, шағынуға, ерік берілсін.
Әр азаматтың жеке басына, үйі мен дәулетіне еркіншілік пен кеңшілік берілсін. Соттың үкімі болмайынша ешкім тұтқындылмасын, ешкім жерінен қуылмасын. Егер бір кісі орынсыз, әрі дәлелсіз тұтқындалса, онда оның шығынын тұтқын қылушы лауазым иесі төлейтін болсын.
Азаматтар кінәлі болған жағдайда тек соттың үкімі бойынша ғана жазаға тартылсын. Соттың үкімі болмайынша ешқандай азамат жазаға кесілмесін.
Әр азаматқа қайда жүрсе де, қайда тұрса да шетелге шығуға ықтияр берілсін. Паспорт алу тіптен болмасын.
Жоғарыда айтылған еркіндіктер мен кеңшіліктер Русия империясының негізгі заңында жазылсын һәм оны сот арқылы қорғауға әр азаматқа ықтияр берілсін.
Русия империясының барлық мұсылмандары соның ішінде қазақ пен татар халықтары және басқа діндегі халықтар өз жиналыстары мен мәжілістерінде өз ана тілінде сөйлеуге ерікті екендігі негізгі заңда көрсетілсін. Сондай-ақ негізгі заң бойынша халықтарға өз ана тілінде газет – журнал, кітап шығаруға ерік берілсін. Әкімдерден рұқсат сұрамай-ақ мектептер мен медреселер ашуға еркіншілік болсын.
Орталық басқармаларда, яғни Мемлекеттік Думада, министрліктерде, сенатта сөйлеу мен жазу орысша болсын. Бастауыш мектептерде балалар қазына қаражатымен оқытылсын» десе.
Екінші тарауды «Патшалықтың қалпы» деп атап, онда негізгі заңда Русия империясында конституция қалпы тұтылатындығын ашық жария етіпті.
Халық өкілдері, яғни депутаттар дініне, нәсіліне және жынысына қарай айырылмай тегіс, тікелей тас салу арқылы сайлансын.
Халық өкілдері халыққа қолайлы һәм лайықты заңдар шығаруға ат салысады. Патшалықтың түсімі мен шығынын халық өкілдері кесіп – пішеді. Үлкен және кіші әкімдердің істерінің заңға қайшы келмейтіндігін халық өкілдері қадағалап тұрсын.
Халық өкілдерінің қарауынан өтпеген кез келген ереже, бұйрық пен қаулылардың кімнің тарапынан шыққанына қарамастан күш – қуаты болмасын.
Патшалықтың түсімі мен шығынын халық өкілдері әр жыл сайын қарасын және жыл сайынғы бюджетті бекітіп тұрсын.
Халық өкілдерінің бекітуінсіз ешқандай алым – салықтар салынбасын һәм патшалықтың пайдасы үшін деп несие алынбасын.
Халық өкілдерінің жиылысында әр өкілдің заң шығару хақында өз пікірін білдіруге ықтияры болсын. Министрлер өздерінің қызметі туралы халық өкілдерінің жиылысында есеп берсін. Сондай-ақ халық өкілдері министрлердің істерін тексеріп тұрсын» дей келе, халықтың өзін – өзі билеуі туралы былайша жазады.
Бүкіл Русия империясында әр облыстың, әр губернияның өз билігі өзінде болсын, яғни әрқайсысына земство берілсін. Губерниялық, облыстық земствоға уездік, уездік земствоға болыстық, болыстық земствоға ауылдық земство қаратылсын.
Облыстық земство өз кезегінде империяның орталық мекемесінің құрамына кірсін.
Земство мекемелеріне өкілдерді халық өзінің жиналысында сайласын. Облыстық земстволарға уездік земстволар, уездік земстволарға болыстық земстволар, болыстық земстволарға ауылдық земстволар өкілдер сайласын. Сайлау көпшіліктің қатысуымен, тікелей жасырын дауыс беру арқылы жүрсін. Сайлаушылар мен сайланушылар нәсіліне, дініне, жынысына қарай айырылмасын. Қазақ халқы земстволарға өз өкілдерін сайлағанда олардың қазақ, орыс, татар, еврей, поляк және тағы басқалар екендігіне қарамауға ерікті болсын. Облыстық земстволарға өзара біріккен жиналыстар өткізіп тұруға ерік берілсін.
Осы күнге шейін облыстық басқарма мен уездік басшылар атқарып келе жатқан істер земстволарға берілсін. Империяның қаражаты үшін халықтан алынып келе жатқан алым – салықтан земстволарға жетерлік ақша бөлінсін.
Орталық үкіметтің және губернаторлардың тағайын еткен адамдары земство қызметінің заңға сәйкестігін тексеріп тұрсын. Губернатормен земство арасында бір мәселе бойынша талас туа қалса, оны арнайы қарайтын, тексеруші сот болсын.
Барлық губернаторлар мен облыстық басқармалар хақында ерекше заңдар шығарылсын. Қазірге шейін облыстық басқарма мен губернаторлардың міндеттерінде болған істер облыстық земствоға берілсін.
Крестьян начальниктері мен уездік начальниктер деген болмасын. Олар атқаратын істер уездік земствоға тапсырылсын.
«Степное положение» және крестьян начальниктері мен облыстық басқармалар туралы заңдар бұзылып, жаңадан земстволарға лайықты заңдар шығарылсын.
Облыстық басшылар мен уездік старшиналар көпшіліктің қатысуымен құпия дауыс беру арқылы, тікелей сайлансын. «Доверенный» арқылы сайлау жойылсын. Облыстық басшылар мен уездік старшиналар земство істері туралы жауап беретін болсын.
Соттан әбден зәрезап болған қазақтың жайы бұл партияның мүшелеріне белгілі болғандықтан олар сот туралы көп мәселе қойыпты.
Сонысына қарай олар «сот» атты тарауда былайша жазады. «Қазақтар арасында «народный сот» болмасын. «Мировой судьяларды» халық сайласын. «Народный сотқа» тапсырылған істердің бәрі «мировой судьяларға» берілсін. «Мировой судьялар» император Александр Екінші һұзретінің 1864 жылы 20 ноябрьдегі «Судебный уставтары» негізінде әрекет етсін.
«Окружной сот» абақтыға жабу және одан да қатал жазалар белгілеу секілді істерді қарағанда халықтан жеребе салу арқылы сайлаған он екі адамының қатысуымен үкім шығаратын болсын. «Окружной сот» император Александр Екінші һұзретінің «Судебный уставтары» негізінде әрекет етсін. 1905 жылдың он жетінші қазандағы патша манифесі бойынша берілетін еркіндік, теңдік, кеңшіліктерге сәйкес азаматтық құқықтарды белгілеген және қылмыстық істерді қарайтын заңдар шығарылсын» дейді.
Елдің негізгі діни сезімін қалт жіберместен олар: «Империядағы діндердің ешбіріне таршылық та, кеңшілікте жасалынбасын.
Сот себепті мүфтилер, қазылар және молдаларды сайлау қауымның өз ықтиярында болсын.
Мешіт, медресе салуға мұсылман қауымдарына және земстволарға кедергі жасалынбасын. Ислам дініне Русия империясының заңдары қатыспасын. Дін туралы мәселе қарау керек болғанда әкімдерден рұқсат сұрау міндеттері болмасын» депті.
Осы кезде ел еңсесін езген негізгі міселенің бірі жер болса, сол туралы олар: «Қазақ халқының жері мен суы мәңгілік өздерінікі және оған ешкімнің ортақтығы жоқ делініп негізгі заңға жазылсын.
Қазақтардың жері қазына жері және ол жерге орыс мұжықтары орналассын деген заңдар бұзылып, жоқ қылынсын.
Қазақтардың жерін өздерінің рұқсатынсыз орыстар мәңгілік ала алмайтындай болсын. Орыс мұжықтарының жері өздерінің отырған жерлерінде кеңейтілсін» деп көрсетеді.
Қазынаға келіп түсетін қаражаттың көзі алынатын алым – салықта екендігін олар ұтымды пайдаланып қалғысы келгендіктен осы туралы былайша жазады. «Қазынаға келіп түсетін халықтан алынатын алым – салық пен ақшаның барлық түрі орынсыз жерлерге жұмсалмай, тек халық мұқтаждарына жұмсалсын.
Алым – салықтар әр адамның түсіміне (кірісіне), дәулетіне қарай алынсын.
Сіріңке, керосин, шекер секілді халық тұтынатын заттар арзан болсын. Қазынаға акциз алынсын. Акциз тауарды көп қымбаттатпасын.
Шетелден Русия империясына келетін халық тұтынатын тауарлар баж салығы есебінен тым қымбат. Пішен шабатын, егін оратын, жер жыртатын, астық бастыратын машиналар өте қымбат. Баж салығы жоғары болғандықтан мұсылмандарға керекті Зәмзәм шариф, тасбиық, жайнамаздар Ресейге аз келуде. Тауарларды арзан қылу үшін баж салығы төмен болуа ләзім» дейміз.
Осы кезде Россияның тарихи аренасына белсене шыққан жұмысшылар негізгі күшке айналған еді. Соны көріп, «болашақта қазақ жұмысшылары да пайда болса, олар орыс жұмысшыларындай тегеурінді күшке айналар еді» деген пікірмен өздерінің бағдарламаларының сегізінші тарауын еңбекшілердің жаңадан пайда болған табына арнап, «Жұмысшылар» деп атаған.
Бұл тарауда олар: «Жұмысшыларға өздері тілеген кеңшілік, еркіншілік берілсін. Сондай-ақ оларды дүниеге мұқтаждық етпейтін, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін заңдар шығарылсын» деп жазған болатын.
Халықты жаппай сауаттандыру үшін мектептердің қажеттігін ойлаған бұл партия бағдарламаларының сегізінші тарауын «Мектептер» деп атап, осыған қатысты сөзді: «Нәсіліне, дініне және жынысына қарамай әркімге оқуға, білім алуға рұқсат берілсін.
Әр адамға және әр қауымға мектептер ашуға рұқсат берілсін.
Кіші дәрежелі мектепті аяқтаған соң жоғары дәрежелі мектептерге оқуға түсуге әзірлейтін әр түрлі мектептер ашылсын.
Университеттердің және басқа да оқу орындарының өзін-өзі басқаруына мүмкіндік берілсін. Студенттерге оқу арзан болсын. Студенттердің мәжілістер, жиналыстар өткізіп тұруына рұқсат етілсін. Қазақ балаларына университеттерде оқу үшін стипендиялар көбейтілсін.
Гимназия, реальді училище секілді орта дәрежелі мектептер көбейтілсін. Оларда оқу арзан болсын. Қазақ балаларына басқа тілдермен бірге міндетті түрде қазақ тілі де оқытылсын.
Кіші дәрежелі мектептердегі оқу тегін болсын. Қазақ балаларына сабақ ана тілінде жүрсін. Бұл мектептер земстволардың қарамағында болсын.
Қазақтар ішінде мұғалімдер мектебі көп болсын. Онда қазақ тілінде оқытылсын.
Орысша оқытатын барлық дәрежедегі мектептерде қазақ балалары үшін ислам дінінің негіздерін оқу ләзім болсын» деп жазады.
Бағдарламаның ең соңғы тарауы әрине партия жарғысына арналған екен. Осы «Партия жарғысы» деген тарауда: «Жоғарыда аталған мақсаттарды жүзеге асыруды көздейтін қазақтардың ұйымы «Қазақ конституциялық – демократиялық партиясы» деп аталады.
«Қазақ конституциялық – демократиялық партиясы» бағдарламасын қабыл алған, жылына кемінде 1 сом жарна төлейтін, балиғат жасқа жеткен әрбір қазақ партияға мүше бола алады.
Партия мүшелері өздерінің арасындағы кейбір мүшелердің ауытқымауын қадағалайды және партияның бағдарламасын мойындайтын адамдарды партияға тартуға тырысады.
Партияның мүшесі уақыт өте келе партияның мақсаттарын қабыл көрмесе, онда онымен есеп айырысып, мүшеліктен шығарылады.
«Қазақ конституциялық – демократиялық партиясының» Орталық комитеті болады және партия мүшелерінің сиезі өткізіліп тұрады.
Орталық комитеттің төрағасы және алты мүшесі болады. Оларды партия мүшелерінің сиезі сайлайды.
Орталық комитетке тиісті істер мыналар:
– сиез шешімдерін жүзеге асыру;
– партияға тиісті түрлі істерді қарау. Ресей империясындағы «Конституциялық – демократиялық партиямен» және басқа да партиялардың Орталық комитеттерімен байланыс орнату;
– партияның қаржысын басқару және партия мүшелерінің жарна төлеуін қадағалау;
– партия газетін шығару және оны басқару. Халықты партияның мақсаттарымен таныстыру. Пайдалы кітаптар мен плакаттар бастырып шығарып, оны партия мүшелеріне, халыққа тарату;
– сөзге ұста партия мүшелерін қазақтар арасына жіберіп, насихат жұмыстарын жүргізу;
– қазақ ішіндегі сайланбалы лауазым иелерін партияға мүшелікке тарту және оларды сайлауға араластыру;
– партия мүшелеріне алдын ала хабар беріп, сиез өткізуді ұйымдастыру;
– сиездің күн тәртібін және онда жасалатын баяндамаларды белгілеу;
Партия мүшелеріне сиез өткізу туралы екі ай бұрын хабарланады.
Егер де отыздан астам мүше жиналса, онда сиез өткізіле береді. Олардың шешімі партия шешімі деп есептеледі.
«Қазақ конституциялық – демократиялық партиясының» мүшелері болып мыналар табылады:
Сұлтан Бақытжан Қаратаев, Габидолла Бердиев, Мірәлі Бақытгереев, Ихсан Тоқбердиев, Халел Досмұхамедов, Нұрәлі Ипмағамбетов, Мұхамедәлі Мұқанов, Ғабдолкәрім Рахымбердиев, Ізбасаров, Үмітәлі Дүйсембин» деп олардың аттарын берген.
Бұл жай Барлыбекті қатты қызықтырғаны сондай ол енді партия құру туралы ойды тезірек іске асыруға асықты. Өйткені, Батыс қазақ елінің азаматтары құрған партия Барлыбек үшін зор қуаныш әкелгенімен бірге «осындай істі біз неге істемейміз» дегізген ойды да қоса әкелген еді. Ол қуанышы мен болашақ жоспарын ең алдымен Верныйдағы Ыбырайым Жайнақовпен және жақында ғана осында келген Ешмұхамет Абылаевпен бөліскен еді.
Осыдан біраз бұрын Барлыбек, Ыбырайым Жайнақов деген қазақ жігітімен танысқан болатын. Ол өзі Верныйдың маңында туып – өскен екен. Осыған дейін гимназия бітіріпті. Сүйтіп жүріп, Ыбырайым Жетісу губернаторының кеңсесіне тілмаштыққа кіріпті. Өте білімді, орысшаға жетік болғандықтан ол бас кезде губернатордың аудармашы – тілмашы болып қызмет жасап жүреді де кейінде өзі пысық, сөзі жинақы жігітті губернатор өзіне көмекші қылып алыпты. Ыбырайымның өз сөзімен айтқанда помощник губернатора екен. Ол әмбе, губернатор кеңсесінің орысшадан – қазақшаға, қазақшадан – орысшаға аударатын кісісі болып та, қосымша қызмет атқара бастаған. Өзі қазақ бола тұрып, губернатордың жанындағы адаммын деп көкірегін керместен, ел үшін ішкен асын жерге қоятынның нақ өзіне айналған, «мың болғырдың» бірі, осы Ыбырайым болды. Барлыбектің нағыз қолқанатына айналған, ақылшы жігітінің біріне айналды.
Кейінде, бұларға келіп Ешмұхамед Абылаев деген жігіт қосылды. Ол да бұрын Омбы жақта 1888 жылдан 1902 жылға дейін Дінмұхамет Сұлтанғазин деген қазақ жігітімен бірге қазақтың алғашқы газетінің бірі болған «Дала уалайаты» газетін шығарған екен. Өзі Хан Абылайдың көп ұрпағының бірі болса керек. Орысшаға жетік, бұрындары Омбыдағы орыс оқуларын бітіріп шыққан, білімді кісінің бірі.
Бұларды Барлыбек өзіне тартып, ел ішіндегі әр түрлі істерге қатыстыруға баули бастаған еді. Беталыстары дұрыс болып, бұл жігіттер елдің ол жақ, бер жағына шығуға да дайын болып қалды. Осыны көріп, Барлыбек қуанып жүрген. «Құдай бұйыртса, ел тізгінін ұстайтын азаматтардың да қанаты қатая бастады» деп жүрегі елжірердей болған.
Қазір де, Ыбырайым Жайнақовпен Ешмұхамед Абылаевқа осы туралы айтып отырғанда Барлыбек оларға:
– Бұл партия қазірден бастап қоғамдық сатыдан бірте – бірте көтеріліп, әлі-ақ, мемлекет ісіне араласа бастайтын болады. Осыны көрерсіздер, – деген. Оны Барлыбек қазірден бастап партия тарапынан істеліп жатқан істерден байқап қалған. Өйткені әлсін – әлсін шығып тұратын «Әл – аср – ул – жәдит» газеті осылай жазып жатты. Ұсақ – түйек болса да, осы істердің мемлекет пен қоғам істерін басқарудағы зор жетістіктерге жеткізетіндігіне де ол аса зер салып өткен. Бұл үрдісті Барлыбек «нұр үстіне, нұр болғаны» деп түйген.
Ыбырайым да қарап қалмай:
– Тамаша болыпты. Бізге де үйренетін кез келді. Партия құрып, газетімізді ашсақ. Өзіңіз айтқандай, ел ісінде түбегейлі бетбұрысқа жетеріміз айқын – деп, қолдау көрсетіп қалды.
Былай деп айтқанда, әшейіндегі Ыбырайымның отты жанарлары онан сайын шоқтанып, көздері нұрлана қалғандай болып көрінді. Оның жүзіндегі осы бір құптауды көріп, Барлыбектің іші жылып сала берген. Ішінен, «құдайға шүкір, Жетісу жерінің кісі болған баласы Мұхамеджан болса үнемі алыста жүр. Таяу арада ел көзіне түсе бастаса да мына Ыбырайым мен Ешмұхамед сияқтылар елдің бір жағына шығып та үлгірісті. Бұл сияқты жігіттер көбейсе, елдің есесі де басқаға кетпейтіні анық. Олай болса, елдің еңсесі де әлі-ақ, көтерілер!» деп, ойланып қалып еді.
– Иә, Ыбыраймжан, тура айттың! Өздерін «Қазақ конституциялық – демократиялық партиясы» атаған ат төбеліндей ғана топтың үлгісі әлі-ақ қазақ елінің түкпір – түкпіріне жайылып, елдің бәріне сабақ болатындығына біздің үмітіміз зор. Әсіресе, қоғамның әр саласын қамтығысы келген партия болашақтағы тәуелсіз қазақ елінің іргесін қалайтын мемлекеттік органдардың қызметін қазірдің өзінде атқара бастаса, кейінгіге зор тәжірибе жинақтар еді. Олай болса, бұл бірден – бір дұрыс жол – деп ынтыға сөйлеп кетті.
Ыбырайым мен Ешмұхамед екеуімен осылайша сөйлесіп, ой қорытқан Барлыбектің көңілі әжептеуір көтеріліп қалған. Сонау жылдары өзі «Болашақ Қазақ елінің Уставын» жазғанда өзінің осылайша толқығаны есінде еді.
Сол Уставтағы қазаққа керекті де, келелі көптеген мәселелер мұнда да жүр. Мүмкін өзі сол кезде жария еткен сол мәселелер құрылып жатқан бұл партияның бағдарламасына септігі тиген шығар? Барлыбек осыған қуанған.
Ол енді ағалық мейіріммен қасында отырған екеуіне қарап:
– Ондай болса, құдай бізге бергелі тұр екен! Ел еңсесін көтере бастапты. Соның алғашқы жаршысындай болуға лайық жағдай осы болғай. Мына бір партия соның негізі болар. Өзінің аты да қандай тамаша еді – деп, Барлыбек ішінен «Қазақ конституциялық – демократиялық партиясы» деген атауды бірнеше рет қайталап шықты. Сонда ғана жаны жадырап, ішкі дүниесіне үмітті қуаныштың сәулесі түскендей боп, елжірей қалған. Осындай күй, Барлыбекті жан – жадыратар, ырзалық күйге түсіргендей етті. Ыбырайыммен екеуара сөйлесіп, көп түйінді шешетіндей болды. Әсіресе, газет шығару мәселесіне де қатты көңіл аударып, өздерінше ақылдасқан еді. Өйткені, біраздан бері татар елінен Мұхамедкәрімге алдырған баспа әріптері мен қоса құрал – жабдықтардың бәрі құр босқа жатып қалған. Оны жолға қоюға еш мүмкіншілік болмай тұр. Барлыбек соған ғана қиналады. Енді міне, кезінде Әлихан ашқан, бұл күнде өзі жер аударылып кетсе де, қасындағы мықты серіктері ұсақ газеттерді біріктіріп, келелі мәселелер туралы жазатын үлкен газет ашпақшы болып жүр.
Өйткені, өздеріне сабақ болатындай болып, көп күттірместен, қазақтың «Кадет партиясы» деген атпен дүниеге келген күнбатыс қазақ еліндегі партия өз жұмысын бастап та кеткен. Ешқайда жалтақтамастан, ешкімге телмірместен, бұл партия, тоқтамастан бірден іске кіріскен. Кіріскенде де, құр ғана емес, өзіндік іскерлікпен кіріскен.
Осылайша аяқ астынан құрылған партия және оның аз ғана мүшелері ұсақ – түйек жұмыстан бастаған отырыстарында бір қатар келелі шешімдер қабылдап жатты.
Партия мәжілісі мен қаралған мәселелер жайындағы әр түрлі хабарлар алдымен «Әл – ғаср – ул – жәдит» газетінде жариялана бастаған. Көбінесе осы газеттегі хабарлар арқылы Барлыбек бұл партияның жұмысын қадағалап отыратынды шығарды.
Өткен жолы қолына түскен осы газеттің бір санында бұл партияға байланысты хабар берілген еді. Барлыбек сол арқылы партия атына ие болған топтың тіпті Думаға депутат сайлауға кірісіп жатқандығынан да хабардар болып, олардың қол жеткізген табыстарына тәнті болып отырған жайы бар.
Сол бір газетте, «Орал облысының әскери – губернаторы генерал – лейтенант Родзенко мырзаға Ішкі істер министрінен жеделхат түскен. Бұл жеделхатта, «Орал облысындағы төрт уез қарамағындағы қазақ халқынан бір депутат, (ол – кейінде Думаға сайланған Бақытжан Қаратаев болатын) атты казактардан бір депутат және қаладан бір депутат, яғни Орал облысының қазағы мен орысынан Мемлекеттік Думаға 3 депутат сайланатын болды» – деп жазылған болатын.
Бұл – бұл ма, ең қызығы сол, осы хабарды әуелі қазақтарға жеткізгісі келген кісі губернатордың өзі болып шықты. Анау – мынау жай ғана емес, бақандай губернатордың өзі қазақтардан сүйінші сұрап, қуантып айтыпты» деп жазылған еді газет бетінде.
Жай ғана айтыла салған газет бетіндегі оқиғалардың қазір Барлыбекті қатты ойлантып жатқаны да содан еді. Көңілге әжептеуір жылы тиетін ойлар оның жанын жадыратып сала берген. Қазірде өзінің екі бірдей жақын адамымен әңгіме құрып отырғанда, алдымен осы туралы айтқысы келген. Сондағы, оның айтпағы: «бізге де керегі осы болар» дегенді айтып ой тастамақ.
Барлыбек ендігі ойын тағы жинақтағандай борп, біраз үндемей отырды да:
– Губернатордың бұл туралы алдымен айтқан кісісі Бақытжан Қаратаевтың өзі екен. Несі бар, біздің Бәкең де осал емес қой! Егерде облыстың басшысы губернатордың өзі оған осылай деп хабарласса – дегенді айтып, ол Ешмұхамед пен Ыбырайым жаққа көзінің астымен қарап қойды. Жай қараған жоқ, мақтанышпен қарады. Сөйткенде, Барлыбектің сарғайған өңіне қан жүгіріп, сәл қызарды да қоңырқай көздерінде жылылықтың табы пайда бола қалғандай болып көрінді.
Шындығында да, соңғы кездері өзінің ескі досы Бақытжан ел ішінде көп істер атқарып жатыр. Барлыбек соған елжіреп, қуанады. Ол бұл күндері батыстағы елдің сол жақтағы серкесіне айналған еді. Серке болғанда қандай, нағыз көш бастайтынның өзі болып шықты. Бұның бәрі Сұлтан Бақытжан Қаратаевқа тән қасиет екендігіне Барлыбектің көңілі көптен бері көншіп жүрген.
Осыған айтар жауаптай қып ол:
– Олардың бұл ісі алыста жатқан бізге де қозғау салады. Тез, болыңдар, жиналып, іске кірісіңдер дейді. Біздің алдымызда көптеген қиыншылықтар мен бөгеттер тұр. Алдымен солардан өтуіміз керек. Ол бізге белгілі жағдай – деді.
Ыбырайым Жайнақов сөзге кірісердей боп, аузын қомдап:
– Сонда біз не істейміз? – деп аңтарыла қалды.
Иә, оның бұл сұрағы Барлыбекке дер кезінде айтылған, орынды сұрақ болып естілді. Сонымен бірге, Барлыбектің «не істеу керек?» деген сұраққа жауап берер алдында қасындағыларына тағы бір айтқысы келгені де бар еді. Қазір соны мына екеуіне айта кеткісі келген. Соны тілге тиек етіп, Барлыбек, Ыбырайым мен Ешмұхамбетке бірдей қаратып ыңғайы келген жайды айтып қалмақшы еді. Онысы, осы бір белгісіздік орнаған заманның «безгек қысқандай» уақытында Батыс қазақтың Кадет партиясы болып құрылған тобы қол қусырып, қарап отырмастан ел ішіндегі ықпалды жұмыстарға араласа бастағанын тілге тиек етіп, сондай бастаманы өздері де бастамақ оймен бөліскісі келген. Өйткені, осы жақында ғана батыс қазақ жеріндегі Қоспа деген базарда Орал облысы қазақтарының Конституциялық – демократиялық партиясының мәжілісін өткізгендігі туралы хабар газет бетіне шыққан болатын. Оны Барлыбек оқыған.
Батыстағы партияның осы мәжілісіне Орал облысының: Қарасу, Құрайлы, Шалқар, Жымпиты, Сабынкөл, Қызылжар, Соналы, Қаракөл, Индер және Жетікөл болысының ишандары мен молдалары, беделді адамдары және партияның мүшелері шақырылған екен.
Партияның бұл мәжілісінде Мемлекеттік Думаға депутат сайлау төңірегінде кеңесу өткізіліп, оған бірауыздан Бақытжанның сайланғандығы туралы хабар қоса шығыпты.
Осы кезге дейін партия талай мәжілісі мен жиылысын өткізіп тастаған екен.
Барлыбектің қазіргі айтқысы келіп отырғандары осылар еді. Бұл оның осының алдында ғана газетке шыққан хабардан білгені. Бірақ, бұлардан басқа, мұның бәрін Барлыбек газеттен бұрын өзінің ескіден келе жатқан сырлас досы Бақытжанның хаттарынан біліп жатқаны тағы бар болатын. Сондықтан қазір Барлыбек үшін тосыннан келген қуанышты хабардан көрі батыстықтардың осы бір ісі өздерін сондайға шақыртатын тәжірибелік сабақ іспетті болып көрінген.
Осы істерді ойдағыдай қылып атқартып жатқан, соның бас – қасында жүрген Бақытжан туралы мұнан да бөлек суық сөзді Барлыбек естіген. Кеше ғана, дүрілдеп өткен батыстықтар құрған партияның аяқ алысына сай келмейтін оқыс оқиғаның болғанын да Барлыбек болжап білгендей болған.
Бірақ та, дәл осы кезде ел ішінде партияның саяси жетекшісіне айналған Бақытжанның бұл партия туралы да, басқа да жағдайларға байланысты күрт өзгергендігі туралы дақпырттың неден шыққанын дәл басып біле алмағаны тағы бар. Сөйтсе, бұл дақпырт бекер емес екен. Оны да Барлыбек ел аузынан естіп қана қоймады. Бақытжанның өзінен естіді. Естіген соң сенді.
Осыдан соң біраз уақыт өткенде Барлыбек Бақытжанмен кездескен еді. Өзара сөйлескенде Бақытжан өзінің патшамен болған кездесуінен кейін олардың тарапынан қазақ үшін болатын еш жақсылық жоқ екендігін білдіріп, күдер үзгенін айтты.
Бұдан қалған сөзді ол Барлыбекке айта бастаған. Сонда, Бақытжанның даусы бұзылып, біреуге өкпелегендей боп:
– Бәке, біздер бақандай Госдуманың члендері, бірінші рет қазақтан сайланған оның депутаттары қазақ халқының басына төнген нағыз апатты жағдайды қанша ма көтерсек те, бәрібір түк шықпады ғой – дегенді күйзеліп тұрып айта бастаған.
Ол қатулана түсіп:
– «Әкесі өлгенді де естіртеді» деп, Мемлекеттік Думаның төріне шығып айтқан сөзіміз сол жердің көріне қайтадан кіріп жатты – деді.
Мына сөзді айтып тұрған Бақытжан, қазір Барлыбек көзіне көп өзгеріп кеткендей болып көрінді. Ол өзінің мол денесін қайда сыйғызарын білмегендей тыпыршып, өстіп, қызулана сөйлейтін болыпты. Бұрындары ондайын байқамаған еді.
– Мұны айтқанда мен атым шықсын деп жүргенім жоқ. Одан кейін де, күдер үзбейін деп, «Ваше величество», сіз не айтасыз деп патша ағзамның өзіне де кірдім. Сондағы, патша ағзамның айтқаны: «Сендердің әр қайсыларың өз бастарыңмен адамдық қасиетке ие болып, азаматтық биіктен табыла біліңдер! Сендер Россия үшін керексіңдер, тек қана сол үшін өмір сүріңдер! Сонда ғана Ұлы Россияның азаматы екендеріңді дәлелдейсіңдер» деді. Бұдан артыққа ол бара алмады. Оған оның дәті жетпеді. Тауып айтқаны осы болды. Бұдан өткен сорақылық жоқ шығар! ...
Содан кейін-ақ, Госдумадағы сандырақ пен Его воличествоның шатпағынан кейін мен оларға мүлдем сенуден қалдым. Құрысыншы, шетінен екіжүзді, берекесіздер тобыры! – деп Бақытжан тағы тоқырап қалды.
Бірақ Бақытжан бұл жайлы айта келе, бұқпантайлатпай сөйлейтін әдетінше:
– Біз Әлихан екеуміз кірген орыстың Кадетінің де оңып тұрғанын менің өз басым көріп тұрған жоқ. Шынын айтса мен өзім құр тұлыпқа мөңіреген бұзаудай болып жүрмін. Мұның бәрінің ең жаман жері, ешқайсысының қазаққа деген жылуының жоқтығы болып тұр. Былай алғанда Кадетіңнің де қазаққа берері мақұрым сияқты. Олай болса ондай партиядан не аламыз, не үйренеміз? Сараптай келгенде, қазақ үшін орыс партияларының еш жақсылығы жоқтай екендігіне көзім жетіп келеді. Осы уақытқа дейін тым құрыса елдің керегіне жарасам деген ниетпен Думаға бардым, тіпті патшасына да жолықтым...
– Сонда, не таптым?
– Қазаққа бір жақсылығы болады шығар деген үмітім бекер екен.
– Бәрінен жирендім! ...
– Кім біледі, мүмкін алда жарқын күндер бола ма деген үмітпен ғана жүрмін – деп, Бақытжан түңіле түскендей болды. Сөйтті де, терең бір күрсініп алды. Оның бет ажарында үлкен бір ренжіс ұялағандай көрінді.
Бақытжан осылай деп, Барлыбектің бетіне үңілгендей болды. Бұл қарасында «бұған не айтар едің?» деген сыңаймен қараған сияқты. Қазір ол осы айтқандарының патуасына беріліп, аңдасын аңдап қалған тәрізді.
Бақытжан айтарын айтып салған соң, Барлыбектің қабағын бағып отырып қалған.
Барлыбек болса, Бақытжан мінезін жақсы білетін. Қазір де оның текке күйініп отырмағанын түсінген еді. Онысына жүрегі сыздап тұрғанымен, жөпелімде айтар сөзге бой ұра алмастан сәл кідіріп қалған.
Әрине, оған қазір қандай басу айтпақшы. Өзінің басындағысы да осы. Оның бас кезде үндей алмай қалғанының сыры да осында.
Бақытжанның өзі осындайлық дағдарып, «қазаққа түк пайдасы жоқ билігі мен патшасы адыра қалсын» десе, өзі оған одан артық не айтпақ? Барлыбекті кідірткен де, осы еді.
Бірақ енді, біразғы үнсіздіктен кейін, Барлыбек ойын жинап алған. Бұл жолғы даусы жаңа ғана пайда болған ойындағыдай ширақ шықты.
– Құрметті Сұлтан, сіз бүйтіп түңілсеңіз басқамыз не оңамыз! Біз болсақ мына жақта біздің Бәкең, Мұхамеджан Тынышбаев екеуі қазақтың мұң – мұқтажын сүйретіп Госдумаға шығарып жатыр. Сұлтан Қаратаев патшаның өзіне жолығып осындай бассыздықтың бәрін айтады деп жүргенде, сіздің бұлайша толқуыңызға жол болсын. Әзірге, сіздің де, біздің де өйтуге еш хақымыз жоқ! Ел үшін, қазақ үшін сөйтуіміз керек! Әйтпесе болмайды... – деп Барлыбек ашыла түсті.
Олай еткені, Бақытжанның қазіргі көңіл күйі бұған да ұнамаған. Неге екені белгісіз, Бақытжан баяғы Бақытжанға ұқсамайды. Өзі бірдемеге ренжіп жүргендей болып көрінді. Соны сезіп, сол жағын ескерген Барлыбек сөзге бірден кірісіп, Бақытжанның тоң болуға айналған жан дүниесін жібітердей болып кіріскен.
Сонысын бекер жібермеген ол:
– Сіздің қазаққа жасап жатқандарыңыздың өзі кісі сүйсінерлік істер ғой. Барлықтарымызға үлгі боларлықтай жайы бар. Сондықтан бүгінгідей елдің арқасына салмақ түсіп тұрған кезде сіздің қажыр – қайратыңыз қазаққа әсіресе керек. Елге ықпал ететін, жол көрсететін азаматтың бірісіз. Сізге, әсте босаңсуға болмайды деп ойлаймын – деді.
Бақытжан бұл сөзді естігісін аздап жадырап қалды. Бірақ, түпкі ойында бәрібір құлазу бар сияқты. Өзегін өртеген нәрсенің не екенін әлі де ашып айтпайды. Онысын Барлыбекке білдірткісі келмейтіндей болып көрінді.
Бақытжанның бұл мінезі барлық төре тұқымына тартқан болғандықтан, ешқашан өзіне деген аяушылық пен мүсіркеушілікті білдірткісі келмейтін. Оның бұл мінезін көп жылдан бері аралас болғандықтан Барлыбек біліп қалған еді. Сондықтан Барлыбек оның айтқандарын «іштегі шерді тарқатқандығы» деп түсінген.
Ойындағысын досына жеткізіп, бірақ арғы түпкі ойын ашпаған Бақытжан, қиналғандай боп:
– Дәл жанды жеріме тиіп отырсыз, осы айтқаным – айтқан! Біз үшін бәрі бұлдыр дүниеге айналғандай болып отыр. Бұдан кейін бізге не қалды дейсің?... Тек қана, өзімізге – өзіміз сенгеннен басқа түк қалмаған сияқты... Қалай ойлайсыз аса қадырлы Бәке! Біз осы «өз қотырымызды өзіміз қасуымыз керек» дегеннің мәнісі неде десем? Тура қазіргі біздің тірлігімізге арналып айтылғандай екен. Мен соны енді ғана білгендей болдым. Осыдан соң, сол жайлы ауқымды түрде ойлайтынды шығардым. Әзірге біздің жылағанымызға «ауызға емшек салатын еш қайсысы жоқ сияқты» деді.
Бақытжанның қазіргідей қатуланып айтқан сөздері Барлыбекке енді жеткендей еді. Оның бұрын еміс – еміс естігендерін бүгін өзіне Бақытжан есітіп отырған секілді. Өйткені, ол осысын ешбір шімірікпестен айтып салған тәрізді. Өзі де осыдан кейін іштегі құсасына бой ұрып, бей – жай бір күйге түскендей бола қалыпты. Барлыбекке солай көрінді.
Мұнысымен де тоқтамастан ол қайтадан шешіле сөйлеген. Бұл жолы да ішіндегі жалын болып тұрған тағы бір өкінішін ақтара салған. Тіпті, өздері он адам болып қазақтың Кадет партиясын құрып тастағандарын айта келіп, оның да құр бос әурешілік екенін хабардар етті.
Ол өзін уайымға салған жайды айта келе, бұқпантайлатпай сөйлейтін әдетіне басып:
– Біз Әлихан екеуміз кірген орыстың Кадетінің де оңып тұрғанын менің өз басым көріп тұрған жоқ. Шынын айтса мен өзім құр тұлыпқа мөңіреген бұзаудай болып жүрмін. Бұл партиялардың бәрінен де ең жаман жері, ешқайсысының қазаққа деген жылуының жоқтығы. Мәселе, сонда болып тұр. Былай алғанда, Кадетіңнің де қазаққа берері мақұрым екені рас. Олай болса, Бәкесі айтыңызшы, ондай партиядан біз үшін не үміт, не қайыр десеңізші... Ондай партиядан не алып, не үйренуге болады? ...
Сараптай келгенде, қазақ үшін орыс партияларының еш жақсылығы жоқтай екендігіне көзім жетіп келеді. Осы уақытқа дейін тым құрыса елдің керегіне жарасам деген ниетпен Думаға бардым, тіпті патшасына да бардым – деп, ол булыға сөйлеп, кідіріп қалды.
Барлыбектің бір байқағаны, Бақытжанның дауысында көп өкініш бар сияқты. Ол сәлден кейін сол өкінішін ары қарата соза түскендей боп:
– Сонда, не таптым десеңші? – деп үндемей қалды.
Оның былайша қобалжып отырғанына қоса қиналған Барлыбек, досына демеушілік білдіргендей болып:
– Қазаққа бір жақсылығы болады шығар деген үмітпен барған шығарсыз? – деп еді.
Бақытжан соның бәрінің бекершілік екенін білдіргісі кеп:
– Бекер екен! ..., Бәрінен де жирендім!... – деді.
Сөйткенде оның қарасұр келген бет жүзі қатты өзгеріп шыға келген. Сүйтті де, жүзіне мұң ұялағандай болды.
Барлыбек оның мынадай жұмбақ сөзіне қайран қалды. Дәл мынадай сөзді кім болса да, Бақытжаннан естимін деген жоқ еді. «Бақытжан былайша жиренсе, басқасы не болмақ!» деп, ішінен күйзеле түсті.
Бірақ Бақытжан жаңағы айтқандарының тым тақау екенін білдіріп, сонысын қузай түскендей етіп:
– Кім біледі мүмкін алда жарқын күндер бола ма деген үмітпен ғана жүрмін – деді. Даусында көп өкініш пен түңіле түскендік түр бар.
Осыдан кейін ол Барлыбектің өзіне де, «бұған өзің не айтар екенсің?» дегендей сыңаймен жауап күтетін тәрізді қараспен қарап қалған.
Сөйтіп, өзі айтарын айтып салған соң, Барлыбектің қабағын бағып отырған сияқты.
Барлыбек, Бақытжанның текке күйініп отырмағанын түсінген еді. Онысына жүрегі сыздап тұрғанмен, жөпелімде айтар сөзге бой ұра алмастан, әлі де болса ой елегінде тұрып қалған. Әрине оған қандай басу айтпақшы. Өзінің басындағысы да осы. Оның бас кезде үндей алмай қалғанының сыры да осында.
Бақытжанның өзі осындайлық дағдарып, «қазаққа түк пайдасы жоқ билігі мен патшасы адыра қалсын!» десе, Бақытжанның мұнысы шын пейілден шыққан тура сөз болса, өзі оған одан артық не айтпақшы?
Барлыбектің досының құлазыған көңілін бұдан басқаға қалай аударарын білместен сасқаны осы еді.
Бұл жерде, Барлыбек іштей байқап сөйлеуді де жөн көрген. «Әгар да, байқап сөйлемесем, басынан сөз асырмайтын Бақытжан ренжіп қалар?» деп ойлаған.
Барлыбек ендігі сөзді достық назбен бастап:
– Дұрыс айтасыз, аса құрметті Сұлтан! Кежегесі кейін тартып тұрған отаршылдықтан да, тіпті одан да зорғысы, патшалығынан да, біздің қазаққа қиянаттан басқа не қайыр, не үміт күтуге болады. Қазіргі қазақтың басындағы тауқымет оны бір өлі мен бір тірінің арасындағы тіршілігі сияқты көрінетіні бар. Тіпті қазақты сондай қалға әкеліп тірегендігі қашан. Біздің халықтың барар жер, басар тауы қалмады ғой. Ең соңғы тірегі, күн көрісінің көзіндей болған жерінен де айрылып, құрып бітудің аз алдында тұр.
Қазақ әлі жаңа туған сәбидің кейпін кешіп келеді. Оңы қайда, солы қайда аңғарудан қалды. Соны оларға ат төбеліндей болсақ та, көзіміз ашықтау біз көрсетпесек, кім көрсетеді?
Сізге Бәкесі, бұл жолда босаңсуға болмайды. Босаңсысақ болғаны бізді таптап өтеді. Бізді емес-ау, пендешілікке салынсақ, қарақан басымыздың қамын жеуге шамамыз бар. Бірақ та, алдымен халық құрбандыққа шалынары анық. Туған халқымыз өлсе, біздің де өлгеніміз. Қазаққа керек болмаған бізді, басқа халық қайтеді? Өлді деген осы емес пе? ... Өйтіп өлгенше ең құрығанда сондай атақсыз, арсыз өлімнің алдында тұяғымызды бір серіп өлейік – деді.
Оны ашуландырып, ашындыра түскен жай бір өзіне де, ашынып сөйлеп отырған Бақытжан Қаратаевқа да белгілі болатын. Мұны айтарда оның көз алдынан сансырап, күннен – күнге тозып бара жатқан бейкүнә елінің жай – жапсары кетпей тұрғаны тағы бар. Мұнымен қоса, бас – аяғын әлі күнгі жинай алмай, не істеп, не қоярын білместен, қай шетінен ел ісіне кірісерін әлі нақты шеше алмай жүрген өзі сияқты сансыраған қазақ азаматтарының қаракеті де бірге түсті. Сол сансырағанның бірі өзі еді. Сан түрлі дәріс алып, білімдімін, көзім ашық, көкірегім ояу дегенде, өзі не бітірді... Сонда, басқаларға не кінә қоймақшы?
Осылайша ойлаған Барлыбек ойы да, айтарын айтса да, жабырқау еді. Бақытжандай қазақтың бетке ұстары түңілген сайын, өзі де түңіле түскендей болып отыр. Қазір соның бәрі кегежу тартып, көткеншектеп тұрғандай болса, ар жағынан әзәзіл біреу: «Бұрынғы асқақ көңілдерің қайда кетті?» деп естіртіп тұрғандай еді.
«Расында да, бұрынғы асқақ көңілдері қайда кетті? Жан – жақтың бәрі құрып, құрдым тартып тұрғаны қалай?...
Елді – ел етеміз деген күшпен пен қуаттың сарқыла түскені ме? Сондағысы не? Елім дейтін, өзіндей-ақ, Алаш баласы, тағы қай тығырыққа тірелді? ...» деген Барлыбек ойы да, осылайша созыла түскен.
Барлыбек қиын кезге тап болып, күмілжіп қалған секілді. Бірақ қанша сансырап отырса да, бойын тез жиып алды. Ішінен: «қой бүйтіп күңірене бермей, Бақытжаннан сыр тартып көрейін. Осының ең қиын жеріне, ол не дер екен?» деп, оның осы жайында не айтпағын білгісі келді. Өйткені, көптен бері көкейінде жүрген, бір сыдырғы жұртты сансыратқан мәселе осы болатын.
Сондай оймен ол:
– Біздер осы уақытқа дейін тыңнан тапқан түгіміз жоқтай болып қалдық. Не істеп, не қоярымызды білмей жүрміз. Бодандықтан құтқара көр деген әуселемен қожа ел, бодан иесіне жалтақтайтын сияқтымыз. Бірақ, олардың өз ұпайы, өзінде көрінеді – деді.
Мұны айтқанда, Барлыбек бұрынғы дағдылы, сабырлы мінезінен көп өзгеріп айтты. Бақытжандай досына барлық сырын жайып салғысы келгендей боп, бір жағы ақылдас іздеп, солай сөйлеуге мәжбүр болғанын ешбір жасырмады. Онысы, өзіне белгілі жай. Ескі дос, Петербургтен бастап достасқан, талай қиын күндерді бірге өткізген, өзіне жақын санайтын «Бақытжанға айтпағанда, кімге айтамын мұны?» деген ойдан шыққан еді.
Сондай ыңғаймен, ол енді қайрыла сөйлеп:
– Былайша келгенде, біз осыған дейін, барлық жерде Россиядан автономия сұрап алғымыз келетінін айтып жүрдік. Сол автономияның аясында біздің қазақ ел болғысы келеді деп даурықтық. Бірақ, соған қол жеткізе аламыз ба? ... Қожайындар жағы мұнымызға еріп, бізді керек қылып тыңдар ма екен? Бізге арналған, автономияны сыбаға ретінде бере қояр ма екен?... – деді. Қазіргі оның қабағы салыңқы, байлауы да осы болды. Өзі де тұнжырап қалған. Сұраулы пішінмен Бақытжан жаққа қарап қойды.
Ол да үндеместен, салқын қабақпен өз ойымен өзі боп отырған сияқты.
Барлыбек, неде болса, бұл сырын аяғына дейін апарғысы келіп:
– Өйткені, бар болғыр, күндер өткен сайын менің осыған деген сенімім жоғала түскендей болып барады. Неге десеңіз бізге осы оңайлықпен еркіндік беретін ешқайсысының түрі жоқ сияқты! Отар екеніміз рас, басыбайлы бодан екеніміз тағы рас. Сонда біз кімнен, не күтеміз? – деді ашынып.
Барлыбек ойындағы бар сырына жауап қатып тұрып, өзінің көкейінде пісіп, жетіліп келе жатқан ойын да жақсы көретін досына осылайша білдірді.
Көптен бері өзін мазалап жүрген де осылар еді. Өзі дайындаған «Болашақ қазақ елінің Уставында» да Россиямен бірге болуды паш еткен. Ең алыс дегенде конфедерация түріндегі одақтастық байланысты жақтаған.
Қарап отырса, «Қазақ конституциялық – демократиялық партиясы» бағдарламасында да осы бір жайға қатты көңіл бөлініпті. Былай айтқанда, Россиясыз Қазақ елі, ел болмайтын түрі бар. Ал сонда бұл қазақты еркіне жіберіп, жарылқай қоятын кім екен? Орыс монархы ма... Жоқ әлде оның «Қара жүздік, қанпезер партиялары ма? ...
Қазақтың қазіргідей бас иесі бар емес пе? Ол дағы мұндайға көне қояр ма екен? Еркіне жіберіп, ерікті қыла қояды дейсің бе? ...
Осының бәрі әлі күнге дейін Барлыбектің көкейінде сайрап тұрғандай еді. Өзін жегідей жеп бара жатқан да осы. Тіпті, соңғы кездері басынан шықпай қойды. Бүгінге дейінгі ойындағысы осы болса, енді қайтпекші? Оны қинайтын да осы.
Бұл жолы Барлыбектің бір нәрсеге көзі анық жеткендей болды. Онысы отар иесінен азат етуді сұрап алмақшы болған бұрынғы көзқарасының бұлдыр тартып тұрғандығы еді. Енді қазақтардың онысы бекер сияқты. Бұл ешбір нәтижеге әкелмейтін пікір екендігі соңғы кезде белгілі болды.
Олай болса, нағыз тығырықтың өзі де осында жатса керек. Ол не десеңіз, оның аты бодандық, біреуге тәуелді болу. Бұл сыпайы тілмен айтқанда ғана. Әйтпесе, нағыз құлдықтың өзі, осылайша, бұрынғысынша қала бермекші.
«Осыдан шығар жол бар ма?» деп, өзінен біреу сұраса оны Барлыбек білмейді. Бұл тығырықтан шығатын жолды қазіргі оқыған, көкірегі ояу деген қазақтың бірі де білмейді. Бірақ, тым құрыса, соның бұдан былайғы пішіні қандай болмақшы? Өзінің ойындағысын басқа біреудікімен салыстырып көрсе?» деген ойдан туындаған ішкі есебі еді.
Өзі осы сауалды қойып тұрғанда, ойына тағы да Бақытжанға қатысты біраз сөздер түскен. Әрине, Барлыбек бұл сөздердің төркінін сезіп те жүр. Ол сөздер бекер айтылмаған да сияқты. Соған байланысты болса, соңғы кездері Бақытжанның көңілінде үлкен бір дағдарыстың бары шындық болды. Ондай болса, оны да білгісі келген. Білді, шетін сезіп те қалды. Енді бірте – бірте, соның растығына көзі жете түскен.
Бақытжанның басындағы дағдарыс бұл күнде көп қазақтың басында бар. Құдай біледі, соры қайнаған елінің тізгінін ұстаған биліктің барлық түрінің істеп жатқан зұлымдығы мен зорлығы оларды әбден мезі қып жіберген сияқты. Тіпті мезі қылмаса да жалықтыратын кезі келсе керек.
Өзі ойлап отырса, зұлымдық пен зорлық дегеніне жетіпті. Оны Бақытжанның май ішкендей боп, айнып отырған тұрпатынан көріп, мұны да Барлыбек ұққандай болды. Бір жағынан оның осы кейпіне іші ашыса да, әлі де бұлай болмағанын тәуір көреді.
Барлыбек, Бақытжанды қатты сыйлайтын еді. Оның адал адам екендігін бәрі білетін. Анау – мынауға шыдас бермес өткір мінезі де елге мәлім бола бастаған. Оның бойындағы бір беткей қайсарлығына шейін елге белгілі болатын.
Бірақ қазіргі жағдайда Бақытжанның неге ғана, мұндайлық күдер үзді болып отырғаны Барлыбекті таңқалдырып тастаған. Оның осы түрін орынсыз көрген Барлыбек қалайда сыпайгершілікпен тиып тастауды жөн көрген. Онысының жөні бар еді. Өйткені, «Бақытжандай кісінің өне бойы мұрат еткен талпынысына ақау түсейін десе, басқалары не болмақ?» деген қауіптен пайда болған еріксіз ой еді.
Барлыбек осылай сөйлеп, Бақытжанды райынан қайтарғысы келді. Бұлай болмағанда Бақытжанның бойын билеп алған сүлесоқтық түбінде енжарлыққа әкеліп соқтыруы әбден мүмкін деген сезіктен туып еді. «Онда қазақ тағы бір саяси науқан күресінің ірі серкесінен айрылып қалар?» деген күдігіндей болған жайдың басы осы еді. Соның қарымтасы да осылай шықты.
Барлыбектің бұл жорамалы дұрыс болып, оның айтқандары Бақытжанның қытығына тиген секілді. Бақытжан бұған жауабын тез қайтарды. Ол өзінің адам мінезін жете танығыштығына сай сөйлегендей қып:
– Мінекей, құрметті Бәке, мен айтқанша сіз біліп те қойдыңыз. Осындай құбылыс менің басымда да ғана бар ма десем, сізде де бар екен. Менің ойымша бізді бұл тығырықтан шығаратын жол әзірше бізге жоқ сияқты. Өз басым осылай ойлаймын. Мұны өзіңіздей көзі ашық қазақтың бір баласының білетіндігіне менің көзім енді жетіп тұр – деді.
Бақытжан осылай деп, ендігі жайды елдің бәріне «ортақ екен-ау!» деп сөйледі. Бір нәрсені анық сезіп, біліп тұрған сияқты. Онысы, өзінің қара басындағы мұң басқада да бар болып шықты. Өзінде бар ой Барлыбекті де қинайды екен. Бірақ ең қиыны бұл тығырықтан шығар жол жоқ екені тек бұған ғана емес, басқаға да аян екен.
Сонда қалай болмақшы? ... Қазіргі Бақытжанның ойы да осыған ұқсас болып тұрған.
Ойындағысын ірікпей айта алатын, ашық мінезді Бақытжанның осы кездері әлі де болса толғаныс үстінде жүргенін Барлыбек сезді. Оның мінезіндегі бұл күйзеліс бұрынғы күйзелістеріне мүлдем ұқсамайды. Мұны да Барлыбек іштей сезіп тұрған. Бірақ, ол тіс жарып үндемеді.
Біразда ғана барып, Бақытжан үзіліп қалған әңгімесін жалғардай ниетпен:
– Сіз сияқты мен де осы күні әбден ойланып, біткендей болдым. Әйтеуір, ең соңғы үмітпен, елдің күнбатыс өңірінде Кадет партиясы дегізген атпен партия құрдық. Айналасы оншақты адам болып, қарманып та, тырысып та, жатырмыз – деді. Сүйтті де сәл ойланып қалды. Ары қарата айтсам ба, айтпасам ба дегендей боп, Барлыбектің бетіне ойлы жүзбен қарады.
Барлыбек, оның күйзелген түрін көріп, бұл да не дерін білмей қалған. Бір жағынан досын да аяп отыр. Іштей тиянақтанып, жиналсын деген оймен өзі де үндемей қалғаны содан еді.
Тек, сәлден кейін барып, досының ашынған даусы шықты.
– Бірақ шынын айтып, шынтайуытына келгенде біздің сонымыздан не шықты? Түк те, шығатын емес. Үсақ – түйек қана, әзірге маңызды деген дәнемесі жоқ – деп, Бақытжан мұны да көңіліндегі зілдей қылып, құшырланып тұрып айтты. Өзі сонысына кейіс пейіл көрсетіп тұрғандай болып көрінді.
Әр кезде өзін сабырлы санайтын Барлыбек бұл сөзге шыдас бермейтін ниетпен:
– О, не дегеніңіз Сұлтан! Сіздер құрған партия бәрімізге тереңнен тартып, ой салуда. Ол туралы газет беттерінен оқып қалсақ төбеміз көкке сәл жетпей қалады. Құдай бізге де береді екен деп. Сондықтан басқамыз түңілсек те, сізге түңілетіндей түк жоқ – деді.
Барлыбек мұны тек әшейін Бақытжанның көңілін көтеру үшін айтпады. Бір жағынан оның бойын билеп бара жатқан бойкүйездігіне ара түсіп, араша түскісі де келген жоқ. Барлыбек мұны шын таңданыспен айтқан еді.
Барлыбек бұл сөзге жауап бермей тұрып, осы күнге дейінгі Бақытжандар істеген істің анағұрлым қомақты екендігіне шүбә келтірмейтіндігін де ұмытпаған. Өйткені, өзінің туып – өскен Жетісу жағы әлі мұндай іске бара алмай отырғандығына Барлыбек қиналып жүрген. Бақытжандар сияқты осындай іске ұйытқы бола алмай жүргендігіне қорланып та қалған. Бірақ «түбі бұған да қол жеткізерміз» деп жүрген.
Қазір қарап тұрса, Бақытжанға осы күнге дейінгінің бәрі дұрыс емес көрінеді, бәрінен қомақсынып, тіпті жиренген де секілді.
Былай айтқанда, бұл Бақытжан қазақ үшін не істемеді десеңші. Қазақтың мұңын шағып, Думаға да барды, патшаға да кірді, кадетте де болды, партия да құрды. Осыншама іс істеп, «түк шықпады» деп тұрғанына оның ішінен таң қалғаны сол еді.
Барлыбектің айтқаны Бақытжанға дұрыс естілсе керек. Ол қазір бағанағыдай емес, салы суға кеткен қалпынан қалай болса арылайын депті. Өзінің аздап өңіне қан жүгіріп, салыңқы қабағы ашыла түскендей екен. Бақытжан қазір жеке басының ойы ның астары досының айтқандарымен үндесіп жатқанына қуанған еді. Өйткені Бақытжан осы күндері қатты қапаланып жүрген болатын. Сонысын естір құлаққа тереңнен жеткізгісі келіп те жүрген еді.
- Иә, Бәке, дәл солай, біз айды аспанға шығарып тастадық деп елге жар
салғанмен, әлі де ол сәби күйін кещуде. Қысқасы, біз құрған партия құдды бір емшектегі бала дерсің, әлі талпынып өздігінен жүре де алмайды. Ол өскенше қай заман! Біздің күйіміз осыған ұқсас болып тұр – деді.
Міне, Бақытжан айтқан теңеу осы еді. Оның сөзінің шындығына Барлыбектің көзі әбден жеткендей болды. Одан бері көп уақыт өтпесе де, Барлыбек өзінің Бақытжанмен кездескендегі араларындағы сырларын қалай бөліскенін осылайша қазір еске алған. «Бүгінгідей қазақ үшін тылсым уақытта да бүйтіп, қол қусырып, қарап отырғанымыз жарамас» деген пікірге де жүгінгені сол болды.
Қазір, неліктен екені белгісіз, Барлыбек өзінің идеялық бірлікте жүрген мына екі кісімен сөйлесіп отырғанда, осы әңгіме оған ой салып кеткендей етті.
Соған қарай ары қарата «не істеу керек?» дегенге бұл ойдың да, осының жалғасы іспеттес болып тұрғаны анық. Қазіргі Барлыбек ойындағысы белгілі бір арнаға кезіккендей болғаны да содан.
– Елді жинап, ақылдасатын ыңғай бар – деп, Барлыбек ана екеуіне қаратып айтты.
– Соған байланысты жиын өткізетін жердің де ыңғайы келіп тұрған сияқты. Ана бір кезде Сәкеңмен сөйлескенде, Ұзынағаш жақтағы Жайылмыш болысы Сәтті айтамын – деп, Барлыбек жақында кіммен сөйлескенін түсіндіргендей болды. Сүйтті де, ең негізгі әңгімеге көшкен болып:
– Баяғы жердің әңгімесі бәріміздің көкейімізден кетер емес. Оның тұсында басқа да елдің басына түсіп тұрған қаншама сын бар десеңші. Соларды бұл жақтан шығарып, жоғарыға жеткізе берсек, шешуін таппаған іс олардың да құлақ етін құрышына жеткізсе, мүмкін жеңілдер ме еді. Қол қусырып қарап отырғаннан пайда жоқ екендігі бәрімізге белгілі ғой – деп, Барлыбек аздаған кідіріс жасағандай болды да артынша сөзін жалғап:
– Елді жинасақ қайтейік деп едім Сәт болыс, «жинасақ – жинайық, сондай жердің ыңғайы осы Жетісудың бір жеріне келіп тұрған сияқты» деген. Соны басқалармен де ақылдасып, кеңесе келіп, елді мына тұрған Ұзынағашқа жинауға келістік. Сәт болыс соның бәріне ұйытқы болып отыр. Оған келетін адамдардың қам – жайын ол кісі көтеріп аламыз деді. Оның алдында, Сәт болыс өз ауылында, Қордайға жақын жерде алдымен осы жақтың белді жігіттерімен жиналып, кеңесті қалай өткізу жөнінде маслихат құрсақ дейді. Екеуміз соған келістік.
Кеңеске Жетісу болыстарының әр қайсысынан кемінде екі адамнан, қырғыздан Шабдан батырды, «Ағартушылықты қорғау қоғамының» мүшелерін, Верныйда тілмаш болып істеп жүрген біраз білімді қазақтарды, оның ішінде: Иса Тергеусізовты, сондай-ақ, «Сүлейменовтар, Тазетдиновтар, Ибрагимовтар» атты Верныйда сауда үйі бар, соның үлескері көпес Мірқасым Сүлейменовты да шақыруды ұмытпау керек. Осымен қоса Сатылған Сабатаев деген азаматты шақырсақ деймін. Жағдайы келсе, Әулие Атаның ар жағында темір жол салып жүрген Мұхамеджан Тынышбаевты да шақыратын болдық – деп, Барлыбек негізгі сөзді айтып өтті.
Осыдан кейін ол тағы бірдемені ойына салғандай болып, біраз отырды да, соны есіне алып:
– Айтпақшы осында тағы бір жас жігіт бар екен, Тоқаш деген. Округтік сотта кеңсеші болып істейтін көрінеді. Оны маған оны Сәт болыс айтты. Оқыған, орысшаға да жетік дейді. Өзі Сәкеңе жақын болса керек. Ол жігіттің барлық қыр – сырын жақсы біліп отыр. Сәкеңнің өзі де, бірнеше рет: «Сол жігітті іске тартып көрмейсіңдер ме» деп маған айтқаны бар. Барлыбек осылай деп, ана екеуіне кезек қарап еді. Екеуі де үндемеді. Соған қарағанда, шамасы олар Тоқашты танымайтын болып шықты ғой деймін.
Ыбырайым мен Ешмұхамед сұлтан үндемеген соң, Барлыбек:
– Зерделі де, талапты жас болса, оны да көрелік – деді.
Барлыбек осы кезде есіне түскен тағы бір кісіні алдағы сиезге қолқабыс етуге шақыруды тапсырып жатқан еді.
Бұлар осыған келіскендей болысты.
Тоғызыншы тарау
Билік Жақыпқа не істесе де, бірақ оны жасқандыра алмады. Тіпті Жақыптың заңды жақсы білетіндігін біле тұра солай істеді. Бұл жолдан оларды райынан қайтаратын ешкім болмады. Осы арада ашуына булығып, елі үшін, қазағы үшін кеудесін намыс кернеген Жақыптың өзі де бір кезде басына түскен бәледен құтыла алмастан өзі де құрдымға кете барды.
Бақандай Россия мемлекетінің сот жүйесінің присяжный поверенныйы, анау – мынаудың қолы жетпес Санкт – Петербург университетінің заң факультетін 1-дәрежелі дипломмен бітірген, былайша айтқанда заң магистріболып жүрген Жақып,бұған дейін мемлекеттің сенімді адамы еді. Бір сәтте соның бәрінен айрылып шықты.Айрылмақ түгіл, басы бұғауға түсті. Ол тұрмақ, бас бостандығынан бір жола айрылып, қылмыскер аталды.
Тіпті, кеше ғана сойылын соққан өкімет пен билік біткен де одан осылайша теріс айналып шыға келген.Тым құрыса, олар оны заңды жақсы біледі деп те аямады. Керек кезінде заң екеш, заңда, өзі шығарған мемлекеттің пайдасын ғана ойлайтын болып шықты. Соған икемделіп, қалай болса, солай бұрмаланып, қақ белшесінен бұзылып, тапталып та жатты. «Заңды – заң екен» деп көрмегендерге ешкім қой демеді.
Қаршадай жас жігіттің өздеріне тым ұнамай бара жатқанын көріп, түрмеге қамады, жер аударды, елінен бездіріп, қаңғытып жіберді. Қыршындай жас жігіттің соңғы кездері әсіресе, ел ісіне берілгендігі соншалық, алдымен қамалып, соңынан жер аударылып бірақ тынды.
Жақыптың асқан алғырлығымен де, іскерлігімен де, қазақ зиялыларының арасында жас та болса, ертерек белгілі бола бастағаны, мүмкін осыдан да шығар?Оның аты әсіресе, патшаның үндеуі «Он сегізінші ақпан рескриптін» қабылдау заманында қатты шықты.
Жақып елге келген соң, біраз уақыт сот жүйесінде қызмет істеп жатқан. Сол кезде патшаның халықты алдаусыратқан үндеуі шығып, елдің іші дүмпіп кеткен еді. Патша рескриптінің мағынасын елге түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Билік басындағыларға да сол керек. Оларға салсаң «бәрі бәз баяғы қалпынша болады» деп соғады. Қалың халыққа, әсіресе қазаққа мұны түсіндірер кісі жоқ. Міне сол кезде, Жақып сияқты, қазақтың оқыған азаматтары желпініп шыққан еді.
1905 жылғы қазан – қарашаайларында Омбы қаласында үкіметке қарсы митингілер мен демонстрациялар басталып кеткен. Жақып осыны пайдаланып, самодержавиені құлату үшін, барлық қызметін тастап, оған қарсы шықты.
Қай жерде болмасын, қай жерде жүрмесін олүкіметке қарсы саяси сөз сөйлеумен болды.Сол үшін сот мекемісіндегі қызметін тастап кетті.
Осы кезде ол жүріп жатқан үгіт пен насихат жұмысына барлық ынта, жігерін салып кірісіп кеткен. Елдегі қалыптасқан саяси жағдай туралы қарапайым халыққа көп маслихат беруге тырысты. Ең бастысы патшаның беріп жатқан уәдесі елді уақытша алдау екендігін ашып айтты. «Барлық бостандыққа жетіп, азат болу үшін самодержавиенің өзін құрту керек» деді.
Жақып, 1905 жылғы 7 – 8қарашада Омбыдан Павлодарғакелген соң, мұнда да көп адам қатысқан митингі өткізді. Бұл кезде саяси күрестің қыр – сырына әжептеуір ні ашып, мәдениет пен өркениет игіліктеріне қосылу тілегі жағдайында аса ұлы тұтқалардың – саяси бостандықтардың, оқу-ағарту мен мәдениеттің самодержавиемен сәйкессіздігін дәлелдеп, самодержавиені құлатуға үгіттедім. Сол күндері өкімет мекемелері жұмыс істеуден қалды. 1905 жылғы 11-12 қарашада Баянауыл казак станицасында түнде таныстарымның арасында самодержавиені құлату қажеттігі туралы шұғыл түрде жиын өткіздім.
1905 жылғы 13 – 14қарашада мен Қарқаралы қаласында болдым, онда қазақ, сарт және ішінара татар халқының толық қолдауымен екі айдың ішінде самодержавие бүлігі іс жүзінде жойылды; самодержавиеге қарсы насихат пен үгіттің шебер жүргізілуіне байланысты қазақ халқының жалпыға бірдей ынта-жігерінің рухани өрлеуі керемет болды: жалпыға бірдей туысқандық, теңдік пен бостандықтың ұлы идеясы шын мәнінде жүзеге асырылды. Қарқаралы уезі ұзаққа созылмағанымен де, республикалық режим орнатылған бірден-бір жер болды».
Мың тоғыз жүз бесінші жылғы патшаға петиция жазу кезінде өзі сот палатасында қызмет істеп жүрген Омбы қаласынан бастап, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы жерлерінде ол петиция ұйымдастырушы қазақ белсенділерінің арасында болып, көптеген саяси талаптарды петиция арқылы билік басындағыларға білдіртуге тырысты. Солардың ішінде «Россия» деп аталатын алып империяныңпатшасы мен үкіметі, басқа да билік түрлері бар болатын. Қазақ зиялылары жазған петицияларда сол билеушілердің озбырлықтары мен арамниеттілігі, қанаушылығы мен отарлық пасық істерініңбарлығы да әшкере болып, әйгіленіп шықты. Былайша алғанда сол кезден бастап-ақ, Жақып өзін нағыз революция жолындағы күрескер ретінде сезіне бастаған.
Шашын артына қайыра тарайтын, жұқа өңді, үнемі көзілдірік, не болмаса пенсне киіп жүретін, сыйдаң денелі, жіңішке келген, сұңғақ бойлы жігіт жұрттың көзіне де осы кезденбастап көп түсетін болды.
Жақып өзін нағыз революционер болмаса да, революция жолындағы күрескер санайтындығы да осы кез еді. Көп жағдайды орыс революционерлерінің күрес жүргізу тәсілдерінен үйреніп те алған кезі осы болатын. Ол солар сияқты күрестің әрбір түріне тайсалмастан кіруді армандайтын. Бірақ, Жақыптың күресі өзіне олардікінен өзгеше болып сезілетін.
Ол орыс революцияшылдары сияқты таптық күрестердің сан алуан түрімен ғана емес, ең алдымен қазақтың ел қатарлы болуы үшін, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күреске түсуді дұрыс деп есептеп, алдына сондай мақсат қойған еді. Оның басындағы осындайқасиет, осы кездегі қазақ зиялыларының барлығына тән болатын. Олардың барлығы қазақ атты халықтың бодандықтан құтылып, бостандыққа жету жолын армандайтын.Сол үшін күрес жолына түскені ғана ақиқат.
Әсіресе, Жақыптың аты Россия империясының Государі Николай Екіншінің 18 ақпан Рескрипті жарияланғаннан кейін дүркірей бастағанының себебі мынада еді. Ол өзінің жеке басына төнген қауіп пен қатерге қарамастан Омбы, Павлодар, Семей мен Қарқаралы жерінде петиция ұйымдастыру ісіне белсене қатысты. Осыдан кейін-ақ, Жақыптың аты жас та болса, көпшілік арасында танымал бола бастаған.
Ол 1905 жылғы Қарқаралы мен Семейде петиция ұйымдастыру кезінде Императордың атына қазақтар үшін маңызы зор тілекнама хаттарды қарша боратқан алаш азаматтарының қатарында болды.
Бұл кездегі басқа да қазақ зиялыларының қам – қарекеті осындай шаруалардан тұратын еді. Соның бір көрінісі ретінде Жақыптар Қарқаралы жерінен жазған петиция хат тікелей Омскіде жүрген Әлихан Бөкейханов арқылы үнемі патшаның атына кетіп жатты.
Бұл петициялардың отарлық елге айналған қазақ халқы үшін үлкен пайдасы болды.Өйткені осындай петициялардың басым көпшілігі Россия империясындағы іріп – шіруге айналған отарлық езгінің бет пердесін бүкіл әлемге жайғандай етті.
Осы кезде, Омскі қаласында да қала әкімшілігінің қатысуымен өткен әр түрлі ведомстволардың басшылары жиналған үлкен жиналыс болды. Бұл жиналысқақазақ елінің ең үлкен бөлегі болып саналатын Дала өлкесін басқарушы әкімгерлер, соның ішінде осы өлкенің басшысы генерал – губернатордың тікелей өзі қатысқан еді.
Генерал Сухотинбасшылық еткен бұл жиын патша рескриптінде айтылған шаралардың бірі қазақ халқының өкілдерін земстволық басқару жүйесіне сайлау және сайлану құқығынан айыру туралы мәселе көтерген болатын. Оларға мұны істетіп отырған жай мынаған байланысты еді.
Бір мың да тоғыз жүз бесінші жыл орыс революциясының нағыз жалындап жанған кезі болатын. Империяның барлық аймағын жайлап алған революция алапат күшке айнала бастады. Мұндай алапат күштің ары қарата дамуы Россиядағы патшалық билікті құлатуға дейін алып келетіндігін сол биліктің басында отырғандарға әйгілі болды. Ең негізгі биліктің тетігі бірақ адамның қолында еді. Ол адам – патша, Николай Екіншінің өзі болатын.
Николай Екінші сасқанынан Манифест қабылдаған еді. Бұл Рескрипте Россияда демократиялық шешімдердің түр – түрі қабылданатындығын жария еткен. Ең бастысы, «елдегі биліктің негізгі жолдары парламенттік тәсілмен жүргізілетін болады» деп сендірді. Ондай парламенттік жолдың алғашқы қадамы ретінде Мемлекеттік Думаны іске қосып, оған депутат ретінде «әуелі кіші халықтың да өкілдері сайланатын болады» деп уәде берді.
Басқару билігінің сайланатын органдарына кіші халықтардың өкілдерін сайлау орыстың көптеген ұлтшыл, реакцияшыл бағыттағы адамдарының қарсылығына әкеліп соқтырды. Сондайлардың бірі, нағыз реакцияшыл ағымның ірі бір апайтөсіне айналған осы кездегі Ішкі істер министрі болған Булыгин еді.Ол елдің шеткі жерлеріне дейін осыған қарсылық шараларын ұйымдастырып, яғни төменгі халықтарды басқару тетіктерінің барлық түріне жібермеу үшін неше түрлі айла мен тәсілге жүгінгендердің қатарында болды.
Жақыптар осыған байланысты Омскідегі тоғышар билеушілерге жедел хат жолдап, онда: «Сіздердің мұндай көрсоқырлық шешімдеріңіз Дала өлкесін жайлайтын «киргиз» деп аталатын негізгі халықтың ар мен ожданына, олардың жеке басының құқықтық және моральдік қағидаларына қарсы жасалған бассыздық болып тұр. Олай дейтініміз қырғыздар (қазақтар), үнемі Азиялық материкте үлкен бір жерлерді мекен етіп келе жатқан халық. Оның жерлері бір жағынан Қытайдан бастап Ауғанстанға дейін шектесіп жатыр.Олар өздерінің тағдырын Россиядағы халықтардың тағдырымен тығыз байланыстырып келеді. Өздерін сол халықтардың барлығымен тең құқылы санайды.
Киргиз халқы патша ағзамның «басқару жүйелеріне халықтың сеніміне ие болған, қолдарынан іс келетін, халықтың өзі сайлаған өкілдерін басқаруға тарту керек» деген уәдесін естіген еді. Мұндайлықты демократиялық сый мен сияпатқа олар өздерінің нағыз ризашылықтарын жаппай білдіріп те жатыр.
Бірақ, Омскіде отырған сіздердей «басқарушысымақтардың» тарапынан жасалынып отырған қаскөйлік пен осы іске деген немқұрайдылық киргиз халқының ашу – ызасын туғызып отыр. Өйткені, бұл жерде қарапайым әділеттілік пен адамгершілік принциптері аяққа тапталып, алты миллион киргиз халқының тиісті құқығынан айырып, олардың өздерін заңсыз адами правосынан аластатып, заңнан тыс тобыр ретіндекөрсеткілеріңіз келіп тұрғанда, бұл халықтың сіздерге деген қандай сеніміболуы мүмкін.
Иә, біз мал өсірумен шұғылданамыз, осы шаруашылықтың тауқыметі бізді жаздың 3 – 4 айларында көшіп жүруімізге мүдделі етеді.Бірақ, осыны сылтауратып, бүкіл бір халықты сайлау және сайлану құқынан айыруға бола ма екен!?
Бұл барып тұрған заңсыздық, бұл барып тұрған зұлымдық! Адам баласына қажетті шаруамен айналысты екен деп оларды сайлау құқынан айыруға ешкімнің де қақысы жоқ! Олай етуге тірі пенденің ешқандай да сөзі жүрмеу керек. Өйткені бұл адам баласының басына туа бітетін құқығы болып саналады. Неге мал шаруашылығымен айналысқан халық осындай күйге түсу керек, ал керісінше, жер шаруашылығы, саудамен, балық аулау және басқа да кәсіппен айналысқанқандарды өйтуге болмайды.
Россия халықтары дамудың әр түрлі сатысында тұр. Олардың білімі мен мәдени жетістіктері де әр түрлі. Олардың арасында қазақтар бірінші орында тұрмаса да, бірақ ең соңғы орында тұрмайтыны баршаға мәлім емес пе.
Кім айтады қазақтар қоғамдық және мемлекеттік міндеттерін басқа да отырықшы халықтардың өкілдерін былай қойғанда, орыс шаруаларынан кем түсінеді деп. Олай болуы тіптен де, мүмкін емес.
Сонда, біздің халықты құқынан бір жола айырып тастағанда олардың заңды құқығын кім қорғайды? Бұл халықтың арасында туындайтын қажеттіліктерді кім шешуге тиісті және кім олардың заңды сұрауларын қанағаттандыруы керек? Егер олар земстволық басқаруға қатыспаса, қалайша олар мұны іске асырмақшы.
Олай болса Государь, біздер киргиздар, басқаларға қарағанда бұл жұмысқа өздерімізді кем дайындалғанбыз деп айта алмаймыз. Бірақ, бізді кейбіреулер солай деп есептейді. Олар бізді кем халық ретінде санағысы келеді. Ал ат төбеліндей ғана, бюрократия біткен бүткіл бір халықты езіп, жаншып, біздің үстімізден, немқұрайды қарағысы келеді.
Сол үшін де, біз осыған қарсымыз. Бізді осылай санайтындығына біздің кінәміз жоқ.
Осыларға байланысты, Сіздің Императорлық Мәртебеңізге сай земстволық жиынға біздің халқымыздың қатысуын қамтамасыз етуіңіңізді сұраймыз.
Земство жиынына киргиз халқының қатысуы, олардың басқа халықтармен ортақ мүдделі мәселелерді шешуіне жол ашатындығына сеніміміз зор» деп жазып жіберді.
Петиция ұйымдастыру, көп ішіненЖақыпты таңдаса,ал Жақып, саясатты таңдаған заман осылай басталды.
Осыдан бастап, Жақыптың тағдыры ел тағдырымен бірігіп кетті.Енді ол әр қашан қазақ зиялыларының ортасынан табылатын болып жүр. Қазақ еліне әйгілі бола бастаған Жақыптың аты осылай қалыптасты.
Әуелі Жақып, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтың көзіне түсіп, солардың көңілінен шықты. Сол кезден бастап, Жақып та өзіне көптеген жаутаба бастаған. Ол жаудың аты белгілі еді. Оның аты – Россияимпериясының билік атаулысы болатын.Өзінің осындайлық мемлекетке жат қылығымен енді ол полиция мен жандармерияның көзіне көп түсетін болып алды. Ал олар оның басқан ізін аңдып, құр жібермейтін еді.
Жақыптың мұнысына,әрине, жақындарықарсы болды.Олар оған қой деді. Тіпті, әкесі Ақбай батырып та айтты. Бірақ ондайға көнетін Жақып па, жүрегі не қаласа соны істеді.Жақып күнделікті дағдысы бойынша қасарысып алған соң, ата – ана, ағайын – туған Жақыпты бұл жолдан тайдыра алмады.
Бұл іске кірісіп баққан,қайын жұрты, олар да адыра қалды.Болса дағы, Жақыптың қайын жұрты анау – мынау емес-тін. Атағы жер жарған Бекметовтардың өзі болатын.Бірақ олар да оны райынан қайтарудың жолын таппады.
Бекметовтар әулетінің үлкені де, ең азулысы да, Жақыптың қайынатасыатағы Қарқаралы тұрмақ, жарты Россияға тараған Халиолла Бекметов болатын.
Әу, бастан кәсіп пен сауданың тел емшегін бірдей емген Халиолла Бекметовбір Қарқаралы тұрмақ, күллі қазаққа әйгілі кісі еді. Ен байлықтың жаршысы дасол болатын.Атақты саудагер,құдды бір сыйқырлы болып елестейтінтаңғажайып«Бекметовтар үйінің» ірге тасын қалаушы, ірі кәсіпкер де солардыңалды да бір өзі еді.
Халиолла Бекметовсыз Қарқаралыда жөні түзу жиын жиылып, жібі түзу іс бітпейтін.Қоғами тірліктердің барлық саласында, ел істерінің арасында да Бекметовтың қатысы білініп тұратын.
Елге керекті, халыққа қажетті, көпшіліктің тілегі дейтін жерлерге, салынғалы жатқан мешіт пен мектеп, көше мен көпірге оның қомақты – қомақты деген қаржылай көмегі әрдайым түсіп жатушы еді.
Көпшілік жиналатын жерлердегі көңілге қонымды сөз айтарлардың бірі осы Халиолла болатын. Ондайда ол шешімі қиын істерге әрдайым қатысып, өзінің ақылын айтудан жалықпайтын.
Қарқаралыға келетін үлкенді – кішілі, ірілі – ұсақты билік басындағылар алдымен Халиолланың хан сарайындай үйіне түсетін.Сондайларды күтіп алудың өзі деоңайіс болып көрінбейтін. Соған қарамастан күннен – күнге Бекметовтар үйінің атағы онан сайын өрлей түсетін.
Халиолланың ұзаққа созылғанғұмыр көшінің ішінде біресе дуан, округ, біресе уезд аталып жүрген Қарқаралы өмірінің жуан ортасында Бекметовтардың өзіндік алар орны осылайша бекіген еді.
Ал Қарқаралыға қызмет бабымен келетіндер, өңшең ығай мен сығай,осы өлкенітіреп тұрса да ондайлардың алдымен іздейтіндері Халиолла, түсетіндері соның үйі ғанаболатын.
Кезінде ол Қарқаралы дуанының (округінің) аға сұлтаны Құнанбай Өскембаевпен де достық қарым – қатынаста болып, оның Қарқаралыда мешіт салуын құптаған, қолынан келген жәрдемі мен кеңесін аямаған кісі. Оның үстіне Бекметов Санкт – Петербургте салынып жатқан алғашқы мұсылман мешітіне де қаржылай көмек беріп тұрған еді. Соңғы кезде сол мешіттің қоғамдық қорын басқарып жүрген князь Жәңгіровтың атына қаржылай көмек жасап жатқанның бірі Халиолла Бекметов екені зиялы жұртқа мәлім бола бастаған.
Халиолланың інілері мен ағайындары да өзі секілді, өңшең «сен тұр, мен атайындардың» өзі болып қалыптасты. Шетінен іскер, шетінен пысық кісілер. Олардың кейбіреуімен Жақып етене жақын болып кетсе, енді біреулерімен бітіспес жаулыққа барысып та үлгерген.
Бірақ ол, Жақыптың Бекметовтар әулетіне күйеу бала болғаннан кейінгі әңгімесі. Оған дейін ол кейбір Бекметовтармен жауласпақ түгілі түстерін түгендеп білмейтін.
Жақыптың Бекметовтарды тануы Қарқаралыға келгеннен кейін басталған. Онда да аяқ астынан басталып, арты үлкен махаббатқа ұласып кеткен. Соның бәрі Бекметовтардың бір қызының әуресінен пайда болған сүйіспеншілік хикаясы еді.
Жақып Қарқаралыға оқу іздеп келгеннен бері Қарқаралы қаласын бірден ұнатып алды. Табиғаты тамылжыған, таулы өлкеде тұрған, мұндай әсем қаланы жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Ал Жақып үшін бұл қала нағыз таңғажайып шахарға айнала бастаған. Соның бәрі ең алдымен Бала Жақыптың бұл қаладағы ең алғашқы сүйіспеншілігімен бірге қалыптаса бастаған еді.
Сол себептен Жақып бұл қаланы өмір бойы жақсы көріп өтті.
Оу, бастан-ақ, Қарқаралыға оқу үшін келген жас бала бұл қаланы аралауды ұнатып алған. Сол кезден бастапоғаносы бір қаланың сиқырлы, сұлу сәулеті керемет болып көрінетін. Өйткені, айдаладағы көзге қораш ауылдан шыққан балаға Қарқаралы нағыз ертегідей болып көрінетін. Осы бір керемет қаланы қызықтау үшін мектептегі сабақтардан қолы қалт етсе болды,ол қаланы аралап кететін. Серуендеуді сылтау етіп келе жатып, жолшыбой қаладағы ең көркем, ең тамаша Бекметов үйінің тұсынан өткенді де есінен шығармайтын. Бұл үйді ол бір көргеннен-ақ, ұнатып қалған.
Өйткені, «Бекметовтар үйі» Қарқаралыдағы барынша көркем үйдің ең алды болатын. Нақ бір хан сарайы дерсің. Жақыптың бала жүрегі сондайда: «Мүмкін соның өзі шығар?» деп те ойлайтын. «Ондай болса осы бір «ертегілердегі сарайға ұқсас үйде» тұратындар да сондайға лайық жандар шығар?» деген сұрақ Жақыптай баланы қатты тебірентетін.
Өзін мазалаған жайттарды ойлай – ойлай, түбіне жете алмаған Жақып ойы аядай Қарқаралыдан асып, ары қарата самғай беретін.Неге екені белгісіз, Жақыптың бала жүрегін сол үйдің сыртқы сән – салтанатығана емес, үйдің ішінде жүрген жандарәсіресе қызықтыратын. Олардың бәрі шетінен таңғажайып болып көрініп қалатындай болып елестейтін. Құдды бір «Мың бір түн» хикаяларында айтылатын жандар да осы үйде тұратын сияқты көрінетін.
Сөйтіп жүргенде Жақып ендігі өміріне жол ашар,нағыз таңғажайып оқиғаны осы жермен, осы үйден көре бастаған. Соның бәрін өз басынан кешірмесе сенбес еді. Бірақ мұның бәрі шындық болатын.
Бір күні Жақып,Бекметов үйінің жанына өтіп бара жатып терезеден қарап тұрған өрімдей жап – жас қызды көрді. Ылғи ойында Бекметов үйінің таңғажайыбы мен оның тұрғындары жайлы ой кетпей жүретін Жақыпқа жаңағы қыз ерекше көрінді. Ол бейне бір Бейіш ішінде жүрген хор қызындай болып елестеді. Соған тамсанып тұрып қалған Жақып, «өңім бе, жоқ елес пе?» деп көзін жұмып – ашып еді. Жоқ бұл елес емес, нағыз өңі болды.Қыз терезе алдында қаз қалпында тұрған күйі екен. Сүйткенше, болған жоқ, елесін есіртіп, қоздыратындай тағы бір қызық болды.
Жақыпты көре салып, жаңағы қыз тілін шығарып, әуелі мазақ еткісі келген сияқты. Таң қалған Жақып бұл да елес екен деп, тағы көзін ашып, жұмса, көз алдындағы тіл шығарғыш қыз әлі кетпейді. Мұның елес емес екендігіне оның тағы көзі жетті.
Қыз Жақыпты мазақтағандай болып тілін шығарады. Соның артынша сықылықтап,күлетін секілді. Тағы тілін шығарады. Соңынан ыржиып күле береді.
Алғашында Жақып қыздың онысын өрескел көріп қалған. Бірақ онысынан тез қайтты. Қызды ондайға қимайтын сияқты. Оның жымиып күлгені де, оймақтай тілін шығарып мазақтағаны да, өзіне сондай жарасымды көрінеді. Сүп – сүйкімді келген оймақ ауыз, бал татыған тілі, жылылық қана білінетін жәудір көздері бәрі – бәрі Жақыпқа ұнап қалған. Күлкісінің өзі қандай, терезенің ар жағында тұрса да, сондай бір нәзік, сыңғырлаған ғажап даусы Жақыптың құлағына жетіп тұрғандай еді.
Оның үстіне Жақыпты ойландырған тағы бір ой пайда болған секілді. Өйткені осы қыздың бұл қылығын ол бұрын да бір жерден естіп, көрген сияқты. Жақып соның шешуін тапты. Ол өзі күнде еститін қазақтың ұзақты таңға айтылатын хикаялары мен ертектеріндегі таңғажайып хор қыздары мен перінің қыздары екен. Солар ғана, жігіттерді өзіне қарата алады. Күледі, алдайды, арбайтыны да бар. Оны бұрынғы ертегілерден естіген. Перінің қызы Бекторы деген сүйткен сияқты. Ертөстікті алдап, арбап Кенжекейден бөліп алғысы келген. Алдындағы мына бейне соған ұқсас болар. Жақыптың жаны түршігіп кетсе де, тез басылды.
Бәрібір, ол мына қызды ондайға қимады. Қайта ұнатып қалған сияқты.
Енді бір сәтте жас бала мазақ еткісі келген қыздың күлкісіне арланудың орнына оны тіптен жақсы көре бастады. Оны іштей ұната бастағанын өзі де білмей қалды.
Сонымен Бекметов үйінің терезесінен қызды көріп, Жақып жаңағы жерде өз көзіне, өзі сенердей болмаған қалпы ары қарата кете берген.
Кетіп бара жатып та, қызды ойлап бара жатты. Жаңағыдай, «жарқ етті де, жоқ болды» деген қыздың бейнесі көз алдынан бір кетпей қойғаны осыдан басталды. Қыздың өзіне лайық әсем күлкісі, жылт етіп көріне қалған сүп – сүйкімді, сүйір тілі бәрі – бәрі Жақыптың ойындағы, көңілінен шыққантаңғажайыбы болып қала берді.
Оның тілін шығарған мазағына дейін Жақыпқа ұнамды,сүйкімді қылық, қайта бір түрлі онысын да жақсы көріп қалған сияқты. Ішінен, «неқылған қыз еді? Қайдан жүр бұл үйде?» деген ойына – ой жамала берген. Таңырқауында шек жоқ. Сөйтіп, ол жолы қыздың кім екендігінен бейхабар күйінде Жақып кете барған.
Жақып сол күні мектеп – интернаттың жатақханасына келісімен түні бойы ұйықтай алмай шықты. Көз алдынан жаңағы жас қыздың тал шыбықтай бұратылған бейнесі кетпей қойды.Сүп – сүйкімді, ерке қыз, «маған не істейсің» дегендей, тілін шығарады. Аппақ, әдемі бетінде, шырайлы күлкі үйіріледі.
Келесі күні де Жақып өз жүрісінен айнымады. Сол жүріспен Бекметов үйінің қасынан өте берген. Терезеден тағы да сол қыз қарайды. Тілін шығарады. Артынша жымиып тұрып, күледі. Соның бәрі Жақып үшін таңғажайып, жұмбақ бір күйге айнала бастаған.
Жақыптың сол жүрісі күн санап қайталана берген. Жұмбақ қыздың да құпиясы ашылып, ол Халиолла Бекметовтың еркетотай болып кеткен, кенже қызы Гүлбағар екені белгілі болды.
Жақып осы уақытқа дейінгі болмаған тылсым жайтты осылайша басынан кешіріп жатты. Қайта – қайта,әлгі бейтаныс қызды көре бергісі келеді. Бірақ, ол қасында жоқ.Қыз қасында жоқ болса да, Жақып оны жақсы көреді, іздейді.Үйінің жанынан өтеді. Терезесіне қарайды.
Жақыпқа алғашқы махаббаты осылайша келді. Жай келмеді көңілін күпті қылып, осыншама ой салакелді. Бұл ойлардың бәрі Жақып үшін басына түскен алғашқы махаббаттың жаршысындай болған елеске ұқсас, тылсым бір күшкеайнала бастағандай еді. Осындайлық сүйіспеншілікке толы ой Жақыпқа оқыстан келіп, өзімен бірге шешімі қиын сұрақтарды қоса әкелген.
Өйткені Гүлбағар, Бекметовтар үйінің ерекше бір тынысы болса керек. Бұл үйдегілер, тегіс оған имандай ұйып, бір айтқанын екі етпейтін секілді.
Күндер өткен сайын Гүлбағар, Жақыптың бұрын – соңды көрмеген ерекше бір тәтті ойына айналып бара жатты. Ол да мұны аңдып, үй алдынан өтіп бара жатқанда терезеден қарап тұратынды шығарды. Оның үстіне еш қымсынбастан ойнақыланып, тілін шығарып, Жақыпты мазақтағандай боп, көп қылықпен өзіне қаратады. Сөйтіп, үй ішінен шықпай тұрып-ақ, жүрегіне шоқ салғандай етеді.
Қылықты қыз, осысымен-ақ, Жақыптың жүрегін бірден баурап алған еді. Жақып та, енді оны көре алмаса тұра алмайтын болды. Бірақ, күн санап, өсіп келе жатқан сүйіспеншіліктің жайы бір жағынан Жақыпты қатты ойландыра бастаған еді.
Сондай кездерде, ол өзімен қыздың арасы әбден алшақ жатқанын сезіне бастаған.Сол туралы ойланса болдыкөңілін күпті қылар сан сұрақ болашаққа жол сілтердей болады.
Жақыптың өзі ашқан сырының мәнісі де күннен – күнге ауырлап кеткен. Соның өзі, «азуы алты қарыс» Халиолла Бекметов, малды болса да, баласының белгілі бір кәсібі жоқ, қара сирақ қазаққа қызын бере қояр ма екен деген ойдан шыққан.
Көңілінің бәрі сол қызда болса да, бір жағынан: «мен кім – ол кім?» дегенді есіне алып, тұңғиық ойлардың түбіне жете алмайтындай болып сезіне бастағаны айқын.
Жақыптың бұл жолдағы жалғыз үміті оқуын бітіру. Оқудың түбіне жетіп, нағыз білімдар адам аталу. Сонда ғана адам болғандығы, сонда ғана ойындағы Бекметовтың қызына деген ғашық ойын аяғына жеткізетініне көзі жеткен.
Жақыптың ендігі алдына қойған мақсаты осы болды. Бұл мақсаты оны Бекметовтың қызына қолын жеткізер бірден – бір жол еді. «Әттең, оған дейін оны басқа біреу иемденіп кетпесе болғаны» деген күдік қана, қалғаны болашақтың ісі екенін өзі де мойындаған. Жақыптағы бар үміт осы ғана. Ол осыдан кейін көп ойланып, ақыры бір тоқтамға келгендей болды.
Келесі жылдың жазында Жақып қалған оқуын Семей мен Павлодар қалаларында жалғастыруға кетті. Бірақ, көкейіндегі арманы ұмыт болмаған, үміт оты да сөнген жоқ. Дүниедегі жалғыз ғашығы Гүлбағардың өзіндік бар бейнесі де көз алдынан кетпей қойған. Жақып өзі үшін осындай қатал ойға кетті. Кім үшін, не үшін екендігін, бір өзі ғана біледі.
Жақып сол кеткеннен мол кетті. Ақыры Санкт – Петербург университетінің заң факультетін бірінші дәрежелі дипломмен бітіріп, елге қайтты. Өзінен бұрын сол факультетті алтын медальмен бітірген Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров тағы басқа қазақтар болып еді. Бірақ олардың бәрінің алғаны екінші дәрежелі диплом болатын.
Бірінші дәрежелі дипломға Жақыпқа жол ашқан оның ғылыми жұмыстарға қатысқандығы сеп болды. Оның оқып жүріп, «Адамның есте сақтау қабілеті мен фактілерді екшелеудің әдіс – тәсілдерін жете меңгеру» деген тақырыпта Одесса қаласындағы университеттің мнемоника профессоры С.Фаинштейннен дәріс алғандығы және Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты көп ғылыми зерттеулердің арқасында қорғағандығы себін тигізді.
Бұл тақырыпты ол кейіннен Семей қаласының түрмесінде отырғанда ары қарата жалғастырып, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялады.
Сонымен, 1903 жылдың жарқыраған, керемет бір жазында Жақып оқуын тамамдап, үлкен жігермен елге қайтты. Ақыры ойлаған арманына жетті. Алатын дипломын алды. Ендігі Гүлбағар сұлуды әкесі атпай – шаппай өзіне беретіндігіне сенімі нық сияқты. Ол қыздың әлі басы бос екендігін Жақып осының алдында естіген. Олай болса, «мен де асығайын» деп, ол әке – шешесіне хат жазып, «тезірек мен келгенше Халиолла Бекметовтың қызына құда түсе беріңдер. Мен оқудан келісімен оны түсіріп алайық. Өйткені, әркім – әркім ол қызға сөз айтып жүрсе керек. Бірақ, әзірге ол солардың еш қайсысына дұрыс жауап бергізбейді екен» деген хабарды өзінен бұрын елге жолдаған еді.
Жақып қандай болса, әкесі де сондай еді. Әкесі Ақбайдың мінезі сол қалпымен баласына беріле салғандай болып көрінетін. Солай болғандықтан да, Ақбайдың өжеттігі басымдау, мінезі де бір кісідей болатын.
Жақыптың анау – мынау емес сот пен пыркорордың оқуын оқып, үлкен кісі болып келе жатқандығына әсіресе Ақбай қуанышты. Соған масаттанған, Ақбай тіпті жер – суға симай кеткен. Оның үстіне баласының жіберген хабарына көңілі көтеріліп, сонысын ішіне сақтай алмастан, тамағын кеней түсіп:
– Бәйбіше, жиын – терініңді жасап, керек – жарағыңдықамдай бер. Жақыпжан айтса болды. Тезірек құда түселік. Осы жолы Халиолланың қызына сырға тағып, ілу іліп, алдынан өтелік. Жақыпжан келгеннен кейін қалған шаруаны бірақ тамам етерміз – деп жайдары сөйлеп, тіптен көңілденіп кетті.
Көп кешіктірмей Халиолла үйіне хабаршы да жіберілді. «Алдарынан өтуге болашақ құдалар келетін болды» дегенді ол үйге солар жеткізетін болды.Ол жақ та, көп күттірместен хабаршылардан: «бәлен күні келсін» деп айтып жіберіпті.
Ақбай мықты – мықты деген жақын ағайындарын қасына жинап алып, маслихат құрған. «Қыздыңқалыңмалына не береміз, киітіне не аламыз» дегеннің төңірегінде біраз кеңес жасалып, тон пішілді. Одан басқа да сәлем – сауқат, жол – жоралғы келісіліп алынды.
Сөйтіп, бас – аяғы жиналған құдалар жағы жақсы бір күн деп, «сәрсенбінің сәтінде» сондай бір салтанатпен Қарқаралы қаласына шығып кетті.
Құдалар келеді деген хабар келіп түскен соң, Халиолла да іске кіріскен. Ол салмақтың бәрін бәйбішесіне салып:
– Жақсылап дайындалыңдар, қызға айтыңдар күйеу жігіт табылды деп – ол осы жайында соңғы жарлықтарын жақындарына бергендей болды.
Бәйбіше қызының есіне осы туралы салып, қуанышқа бөленгенін жасырмастан:
– Саған құда түскелі жатыр. Қуана бер – деп сүйінші сұрағандай боп, шырайлана қалды. Аниінің бал – бұл жанған келбетін көріп, қуанғанын тез білгісі кеп Гүлбағардыңасыққаны рас. Бірақ ол құда түсіп жатқандардың кім екенін ең алдымен өзі білместен жатып, анасының қуанғанын ерсі көрген.
Гүлбағар мұны естісімен, анасына күле қарап:
– Ол кім болды екен, мені айттырып жатқан? – деп сұраған.
–Олар өзі осы жақтың бай қазақтары көрінеді. Баласы нағысада оқу оқып келе жатқан көрінеді – деп шешесі бар білгенін жайып салды.
– Қандай оқу, қайдан бітірген? Оқуды бітіргені көріне ме, көрінбей ме? Сіз маған жарытып, түк айтпадыңыз ғой – деп, Гүлбағар көңілсіз сөйледі. Іле – шала сол болжауын анықтай түскендей қып:
– Құда түсулеріне қарағанда, қырдың саптама етік, сарыала күпісін киетін, ауыздарынан насыбайларын тастамайтын қазақтары шығар? – деп, Гүлбағар шешесінің сөзіне риза болмаған райын білдірді.
– Қой ботам, саған осыдан артық күйеудің керегі жоқ. Өзі оқыған болса, онда оның киімін қайтесің? Кейін өзің жөндеп аларсың. Бүйтіп, отыра бергенің дұрыс болмас. Уақыт келген соң, бір еркектің етегінен ұстағаның дұрыс – деген шеше сөзі бұл жолы Гүлбағардыүгіттеуден басталған еді. Онысы Гүлбағарға, «қайтсең де, осыған шық, етегінен айрылма!» деген аналық бұлжымас бұйрық болып естілді. Қызына да солай болып білінді.
Бірақ, Гүлбағар әке – шешесінің бұл қылығын жақтырмады. «Өзінің көңіліндегі жігіт болмаса, ондай бейтаныс сақараның еркегін бай қып, қор болып не қыламын» деген ой соңғы кезде маза бермей жүретін.
Мына хабардың ыңғайын байқағаннан кейін Гүлбағар, қабағын түйіп, қарсы қайрат жасағандай ниетпен:
– Не болса да, көрмеген, танымайтын жерге бармаймын. Сіздерден бай тауып бер деп, сұрадым ба? Көңілім жаққанға ғана барамын – деп бірақ кесіп айтты.
Ана жүрегі бұл жауапты құптамаса да, «еркелік шығар, айта бергеннен кейін еті үйреніп, көндігеді ғой» дегенге балап, оның мұнысына аса мән бермеген еді.
Оның даусы да, ерке қызына аналық мейірдей боп:
– Бәріміз бұлқынғамыз, бірақ ата жолы мен салты осындай болады. Одан ешкім осы кезге дейін асып кеткен жоқ – деп қызының маңдайынан иіскеп, шығып кетті. Тек шығып бара жатып, артына қарап:
– Ақылды бол, ботам! – деді анасы ар жағын қазбалап, діттей берместен кете берді.
– Көрерміз! – деп, ырза болмаған түрмен Гүлбағар қалды.
Бұдан басқаға ұғыныстыққа жете алмаған шеше мен қызының арасындағы әңгіме өресіне жетпей таусылғандай болды.
Гүлбағардың ойы бойынша: өздері білсін, құда түссін, түспесін... бәрібір сүймеген, көрмеген адамға байға шықпаймын болды. Сол ойын аяғына жеткізуге өзіне – өзі серт берген.
Құда түсуге келген көп қазақты Халиолла да үлкен дайындықпен қарсы алды. Құдаларға керемет қып, шашу шашылды. Керней мен сырнай, оған қосыла шыққан сыбызғы үні бұл үйді ерекше, көркем бір күйге бөлеп тастағандай еді.
Сый мен құрметтің бәрі бірдей кезек – кезек жүріп жатты. Ту бие, нән жылқыға бата оқылып, сойылып салынғаны былай тұрсын, семіз – семіз қойлардың еті де кәдеге асылып жатты.
Мұның арты, аса бір қызу әңгіме, үлкен қуанышқа айналып сала берген. Сол қызықтар үй ішін жайлап, көңіл қошы жадырасқан адамдар, ән айтып, жыр жырлады. Ары – беріден соң, әңгіме қызып, қонақтарға көрсетілмеген сый мен құрмет қалмады. Бұдан кейінгі жағдай ақыры кеп, бұйымтайға тірелткендей болды.
Құдалардың сұрағаны бұйымтай болса, келгендердің оған да жауабы даяр еді. Бұлардың арасынан Жақыптың әкесі Ақбайдың өзі суырылып шығып:
– Халеке, Жақыпжан деген балам бар еді. Сол менің әзірге мақтанышым болып тұр ғой. Елдің қолы жетпеген оқуды оқып, бітірді. Не істеп, не қоямын десе де, ендігіде оған жол ашық.Мейлі пыркорор бола ма, мейлі сот болсын, өз есебі өзінде. Біздің есеп, «бас екеу болмай, мал төртеу болмас» дегеннен шығып отыр. Өзінің уақыты келгендіктен сол баланы аяқтандырсақ деген ойдамыз. Осы үйде сол балаға лайық қалыңдық бар екен. Соған емеурін жасап келдік. Жақыптай баламызды үйлендіріп, өз алдына отау тіксе деген тілегіміз бар. Құдай соны қабыл етсе сіздің қызды осыған лайық көріп, құда болғалы келдік – деп, келген шаруасының шет жағасын ашып салды.
Халиолла да, бұған кет ары емес екен. Нағыса да, «қыз баланың жолы жіңішке» деген мақсатпен ол да қызын құтты орнына қондырмақшы ойы бар екенін жасырмады.
Болашақ құдалар жақсы сөйлесіп, қызу әңгімеге жол берген.Жылы қонақжайлықтың арты көңілді отырысқа тағы ұласыпжатты.
Көңілі жадырап қалған Ақбай, осының үстінде тағат таппай:
– Құдеке, болашақ келіннің дидарын көріп кетелік деген бәйбішемнің ойы бар. Бұған қалай қарарсыңдар – дегенді шыдамы таусылып бара жатқан соң айтқан.
Халиолла да елп етіп, бәйбішесіне ымдап шақырып, құлағына сыбырлап жатқан еді. Етжеңді келген сары бәйбіше мамырлаған үйректей болып, асыға басып, шығып кетті.
Бұл кезде той әбден қызған еді. Қонақтар қызу әңгімеге беріліп, тілек айтысып, ішіп – жем өз кезегімен өтіп жатты.
Елдің тағатсыздана күтіп отырғаны қалыңдық еді. Біраз уақыт өтсе де, ол болса әлі жоқ.
Арада бір талай уақыт өткенде, қыздың шешесі келіп, суық хабардың шетін шығарды. Сөйтсе, Гүлбағар біраз бұлданып:
– Мен сіздерге бай тауып бер деп сұрадым ба? Қайта – қайта сондайлар келіп, есімді шығарып жатыр. Осыларын қойсын – депті.
Қыздың онысына шешесі:
– Үй, бай-ау, мына құда түсіп келген қазақтың баласы оқу бітірген екен. Оқу болғанда, қандай еді. Әлгі, соттың оқуы болып шықты. Қор болмассың, ботам! – дегеніне де, қыз бой берместен:
– Танымайтын, көрмеген адамыңа, қазақтың калыңмалға сатылған көп қызындай болып бара салатын мен емеспін. Жақсы көрген адамыма барамын. Сіздерге айтқызбай-ақ, барамын. Ал мынау сияқты, жазды күні саптама етік, шапан киіп жүретін қара сирақ қазақтың баласына бармаймын, солай депкелгендерді қайтара беріңдер!– депті.
Осы сөздің шетін естісімен «құда боламыз» деп келгендердің берекесі қаша бастаған. Бұған алдымен,«масқара болдым!» деп дау көтерген Ақбайдың өзі болды.
– Бұл қалай болғаны Халеке, адам сияқты құда түсуге келдік емес пе? Ендігісі не болды. Нағыз масқара еткіздің ғой – деп ол дауды бастап кетті.Келгендердің басқалары бұл жерден тезірек кеткілері кеп, тықырши бастады. Дау болса өрши түскен.
Бұл кезде Ақбайдың арықша адамға тән, жүдеу жүзі лезде күреңітіп шыға келген. Ол да асыққандай боп:
– Бекер-ақ, келіппіз біз мұнда!Елге масқара, дұшпанға таба болды деген осы да!? – деді күрсіне түсіп.
Құда түсудің жолы болмады. Әйтеуір, бірақ та, қатты дау шықпай, тыныш аяқталды.
– Өздері білсін. Менің баламды менсінбесе қойсын. Жақыпжанға Халиолланың қызынан артық қалыңдық табылады – деп Ақбай:«осы шатақты аяқтайық» деген ырайға келген.
Сол бетімен құдалар жағы тысқа шығысып, құр қол артқа қайтқан.
Іс осымен біткендей болды. Ол жаққа барған құдалар жер болып қайтты. Бұл қорлыққа шыдамаған Ақбай мырза үйіне келісімен мұрттай ұшып, қайғыдан төсек тартып жатып қалды.
Оқудан қайтқан Жақыптың үйіне келгендігі естігені осы болды. Бұған ол таңданған да жоқ, ашуланған да жоқ. Үнсіз ғана тыңдады.
Жақып дәл осы уақиғаға бола онша жабырқамайтын тәрізді.Енді ғана басын көтерген әкесіне қарап, сәл қабағын түйіп:
– Бүгін болмаса, ертең болатын нәрсе ғой. Оған бола налымаңыз әке! – деді.
– Өй, не дейді мынау... Тамам елдің алдында сен сияқты жігітті місе тұтпаса! Бетіміз айдай боп, қайтқанымыздың жолы болсын – деп әкесі ары қарата үндемей қалды.
Кім, не десе де, Жақыптың көңілі сонда да, Гүлбағардыжамандыққа қимады. Оның айтқанын теріс деген пиғылға дақимайды.
Жақыптың ойы алабұртып: «Айтса, айтқан шығар бір оймен. Дұрыс қой қалай барады танымаған адамына. Оның үстіне мен де онымен он шақты жылдан астам уақыт ішінде хабарласпай кеттім. Ұмытып қалған да шығар» деп, өзін – өзі жұбатқандай болды.
Жақып оқу бітіріп елге келгелі үш айдай уақыт болып қалған. Бұл кезде ол Гүлбағарды бір сәт есінен шығарған жоқ.
Жақыптың ендігідегі жалғыз ниеті ментілегі сол қызбен қалайда кездесу. Кездессе болды, оны өзіне қарататындығына сенімді. Өйткені, ол әлі де болса Гүлбағарды жақсы көреді. Сондықтан онымен кездесіп, ретін тауып, одан айрылып қалмауды көксеген. «Есебін тауып, өзімен бір сөйлессем болды. Содан кейін бәрі белгілі болады ғой. Оған дейін асығыстық жасап, ағаттыққа бармайын» деп өзіне дұрыс шешім қабылдағандай еді. Өйткені, оның өмір бойғы таңдауы да осы болатын. Жақып осыдан аса алмады.
Арада тағы біраз күндер өтісімен Жақып Қарқаралыға баруға жиналды. Онда барардағы ең басты мақсаты Гүлбағарға жолығу. Басқа сылтауы жоқ.
Шешесінің үлкен оймен айтқан:
– Әй, балам-ай, қайтерсің оны. Ана жолғысы анау. Ерке өскен, бұлаңның өзі екен. Басқа қыз құрып қалғандай, неге жабыса бердің, сол мұндарға – дегеніне де құлақ аспады.
Жақып үстіне ең қонымды, сәнді киімдерін киінді. Мұнтаздай қып, тігілген қара сюртікке, жіңішке балақты шалбар да дәл келеді екен. Сюртік ішінен кіршіксіз ақ көйлектің қатырма жағасынан «көбелек» галстукты қондырып, үстіне әтірді аямай шашты. Бастағы жартылай цилиндрлі қалпақ пен қолдағы жіңішке трость Жақыпқа құдды бір Петербург көшелерінде сән – салтанатпен жүретін кездерін еске салғандай етіп тұрғандай еді.
Осындайлық дайындықпен жиналған Жақыпты аулада қос ат жеккен күйме тосып тұр екен. Оның көшірі аса епті жігіт, тыңғылықты Сабыралы болатын. Ендігі қалған жайдың бәрі осы көшір Сабыралыға қарап тұрғандай болып шықты.
Кең иықты, мығым денелі, бұжыр бет Сабыралы бұл кезде қос ат жегілетін күймені Жақыптың алдына тарта берді.
Құржүріп, сұлы жеген, жарау аттардың тыпыршып тұрғанын көріп, Жақып көшірге ырзалығын білдіріп:
– Ау, Сәке, мыналарды ойнақтатып ұстайтын болыпсыз ғой – деп еді.
–Көптен бері жегілмеп еді. Бүгін бір терін алатын болдық – деді ол нығыздай сөйлейтін әдетімен.
Төңіректастан шыққан күйме, Сабыралының айдауымен Қарқаралыны бетке алып шыққаны жаңа ғана болса да, көздеген жерге лездежеткізді.
Сол бетімен екпіндей келіп, «Бекметов үйінің» алдына тоқтаған арба қоңырауларының құлақ тұндырарлық даусы біразға дейін құлақтың құрышын қандырып, жаңғырып тұрғандай болып естілді.
Қоңыраулар даусының былайша шығуының өзіндік сыры бар еді. Бұл Сабыралыныңаса бір қажет уақытта істейтін үйреншікті әдісіболатын. Көбінесе ол мұнысын келе жатқан күйменің күйі мен сән – салтанатын арттыру үшін жасайтын. Бұл күйменің жай ғана емес екендігінайналадағы елге жария етуді ол күйменің әшекейлеп, ондағықоңырау даусын күшейту деп біледі. Сол үшін ол әдеттегіден көп қып қоңырау тағатын. Сонда күйменің қоңырау даусы қоюланып, көш жерден анық естілетін.
Сол бір қоңырау үні Гүлбағар сұлуды оқып отырған кітабынан суырып алғандай қылды. Атып тұрып, терезе алдына келген ол аула жаққа көз салыпқарағаны сол болған.
Арғы жақтан ауыздықтарын қарш – қарш шайнаған, қос ат жегілген, мұнтаздай көрікті күйменің аулаға келіп тоқтағанын көрді. «Бұл кім болды?» екен дегенше күймеден бейтаныс жігіттің қарғып түскенін байқап, одан көзін алмай қалды.
Гүлбағардың көзіне күймеден түсіп келе жатқан сұңғақ бойлы, жіңішкелеу келген жігітоттай басылған еді. Сол жігітті көрісімен Гүлбағардың бойы дуылдап, бір ысып, бір суығандай болып кетті. Дәл осы жігітке ұқсас жігітті бұрындары бір жерден көрген сияқты. Тіпті, жиі көретін бір бейнеге айналып бара жатқандай еді. Тек қана, бұл жігіттің киім киісі одан ерекше секілді. Сонымен бірге жасы да ересектеу көрінеді. Әйтпесе, дәл соның өзі.
Онан кейінгі жайт жас қызды мүлдем естен тандырғандай болды. Басқа, басқа болса да, мына жігіт оны бұрын көрмеген, естімеген, ерекше бір әсерге бөлеп тастағандай етті. Бұл жігіт тіпті, өзі бас алмайоқитын кітаптардағыханзадалар мен принцтерге көп ұқсайтын сияқты. Мүмкін, олардан артық болмаса, кем көрінбеді.
Жігіттің тұлғасы қандай десеңші. Ауызбен айтып жеткізе алмассың. Өзі жіптіктей сұңғақ, тал шыбықтай жіңішке екен. Еңселі бойына киген сюртук пен шалбары қандай жарасымды көрінеді. Басындағы қалпағы да керемет әдемі, өзіне жараса қалған. Қолына ұстаған жіңішке тростьтің өзі неткен тамаша десеңші. Тіпті, оның қияқтай қып,қидырған мұртына дейін Гүлбағарға өзгеше сәнді,салиқалықты паш ететіндей болып көрінген. Арбадан түсіп жатқан жігіттің жарасымы өзгеше болып, көзіне оттай басылды. Гүлбағардан бір жола ес кетті.
«Сондайлықты, қонымды киінген, неткен сұлу жігіт еді» деп, Гүлбағар ойлап үлгергенше, жігіт күймеден түсіп, үйге қарай беттеді. «Сонда, бұл кім болғаны? Біздің үйге кімді іздеп келген екен?» деп ойлап үлгергенше болған жоқ, ол үйге кіріп бара жатты.
Гүлбағар болса есі шығып, жігіт үйге кіргенше, не істерін білместен сол жаққа қайта – қайта қарай берген. Енді ол көзден ғайып болысымен, тағат тауып тұра алмастан, бөлме ішіне симастай болып, ерсілі – қарсылы жүре берді.
Бір кезде ол бетінің оттай болып, дуылдап жанып бара жатқандай сезінді. Солай болып тұрғанын аңғарып, айнаға қарап еді. Бетінің қызарып, оттай болып жанып тұрғанын көріп, онан сайын қызара түсті. Арасында бетіне алақандарын басқанымен әлі сол қалпы, дуылдап тұр екен.
Аппақ беттері албырап, қызарған Гүлбағар енді өзін қоярға жер таппай қалды. Сол бетімен безек қағып, бөлме ішінде ерсілі – қарсылы жүре бергеннен басқа амал таппастан құр бекер әуреге түскен еді.
Көптен бері күтіп жүрген арманы да осы жігіт болса керек. Бірақ, оған жеткізер жол қайда, Гүлбағарды қинап тұрғаны осы еді.
Әнеу күнгі құдалар келіп кеткеннен кейін өзінің ұзатылатын кезінің таяп қалғанын шын сезген. «Бірақ та, соған үй – іші дайын болғанымен, өзі әлі болашақ жарын таңдаған жоқ. Сонда қайтпекші, бақытын байлап, ата – ананың қалауымен жүре бермекші ме?», Гүлбағар әсіресе, соңғы кездерде осындай уайым үстінде жүріп жатқан. Соның бәрі қазір есінде. Мүмкін, сондағыдай қарсылық білдірмесе, бәрі басқаша болар еді. «Ондай болса, мына келіп тұрған жігіт бекер келмеген шығар? Бұл тағдыры шығар келіп тұрған?» деген ойға шырмалған Гүлбағардың есі мүлдем шығып кетті.
Аз уақыттың ішінде осындайлық өзгеріске түсіп, лүпілдеген жүрек дүрсілін баса алмастан, не істерін білмей тұрғанда ойына бірдеме түскендей болды.
Гүлбағардың осыған дейін құлазып жүрген ішкі дүниесі енді, лезде буырқанып шыға келгендей болып тұр. Барлық ой, түйсігі жаңағы келіп тұрған жігітке ауып, оны қалайда құр жібермей табысудың амалын іздеп тұрғандай болып сезілгеннен басқаны ол біліп тұрған жоқ.
Осымен бірге Гүлбағардың ойына сан қилы қиял келе бастаған. «Мүмкін, мен армандаған болашақ жарым осы шығар, осындай болса ғой. Шіркін айттырып келіп жатқандардың ішінде неге осындайы жоқ. Мына жігіттің соңынан ойланбастан кете барар едім» деп, ол ойлап та үлгірді.
Сүйткенше, болған жоқ, өзіне тағы бір ой келе қалды. Ыңғайсыз болса да, бір амал келген. Гүлбағардың ендігі барлық ой, барлық үміті тек қана осы жігітке ауып кеткендей болды. Қайткенде де, өзінің басындағы жай – күйді бір көріп, ынтық болған жігітке сездіртсем дегеннен басқа ой онда жоқ секілді. Қалайда, кіріп келе жатқан жігіттің кім екенін біліп, оған өзінің ойын білдіріп қалу керек.
Қыздың қазіргі ойындағысы, осы болды. Сол күдікті ойы есіне түскенде тіпті, өзінен – өзі қатты ұялып кетті. Сонда да, өзін – өзі жеңіп, бір уақытта ол тәуекелге бел буып, не де болса осыған көнгендей еді. Осылайша қиналғанда тіпті, өзінен – өзі қысылып, ұялғанын баса түсіп, ең алдымен бұл жайды қалайда шешесіне білдіруге асықты. Басына келген сол ой, сабырынан мүлде айырып тастағандай етті.
Гүлбағар ұятты жиып қойып, тез басып, ас үй жаққа қарай жүгіре жөнелді. Өйткені, осының алдында ғана шешесінің даусы сол жақтан естілген.
Ас үйге ентіге басып Гүлбағар кіріп келгенде, мұндағылар ас қамымен жүрген еді. Осындағы шешесімен бірге жүрген аспаз, күтуші әйелі бар барлығы бірдей қыздың түріне қарап, шошынып қалған. Ең алдымен Гүлбағар шешесінің үрейін ұшырып жібергендей қылды. Өйткені, көзіне үрей үйірілген, өңі бір қызарып, бір қуқыл тартқан қыздың түрі шешесі үшін әсіресе ерекше болып білінген еді.
Гүлбағар тіпті шешесінен ұялып, сыпайылық жасауға да мұршасы келмеді. Оған асықпай отырып, ойындағысын жеткізуге де шамасы келместен, ай – шай жоқ шешесінің мойнына асыла кетті. Шешесін қатты құшып тұрып, қос бетінен шөпілдетіп сүйе берді. Әншейіндегі көп еркеліктің бірі ме деп қалған ол:
– Босатшы, белім үзіліп барады! Айналайын, қарашығым-ай, жүрегімді қыстың ғой! – деуге ғана үлгірді.
Сол кезде ғана Гүлбағар аузын шешесінің құлағына тоса қалып, сыбырлап қана:
– Анижан, анашым! Мені күйеуге шық деп қыстап жүрсіздер. Дәл қазіргі келіп тұрған жігіт мен ойлағандай екен. Маған керегі де осындай жігіт қана!Осы жігітке, қазір болса да, күйеуге шығуға даярмын – деді ентігін баса алмастан.
Қызының мынадайлық қимылын күтпеген бәйбіше, не болып жатқанын түсінбей қалған еді.Тек, Гүлбағардың аяқ астынан пайда болған тұтқиыл қимылынан, жалын ата сөйлеген сөзінен есеңгіреп қалған бәйбіше:
– Не болды?... Кім ол? Не дейді? – дегеннен басқаға мұршасы келмей қалды.
Шеше сөзін іліп кеткен Гүлбағардың ендігі даусы таңырқаудан көрі күрсініске көп ұқсас болып шықты. Ол енді шешесіне қиыла қарағандай боп:
– Бұл жігіт не үшін келіпті? – деді. Осындайлық Гүлбағардың сұрағы шешесі жағынан әлі жауабын таппай қалғандай болды. Бұл оны тіпті, шыдамын тауысып, безек қақтырып жіберді.
– Анижан, тым құрыса, бір нәрсе істесеңізші! Апырай, бұл жігіт мені айттырыпкелсе ғой – деп, ол онан сайын өзін қоярға жер таппай қойды.Сүйтті де, бойын қалтыратқан сезіміне беріліп, бүйіріне таянып, төсегінің үстіне жата кетті.
Бірақ, Гүлбағарсияқты, Бекметов Халиолланың еркетотай қызыосының алдында ғана бұл жігітті үрім – бұтағымен қоса кеудеден итергендей болғанын әлі сезбей тұрған.Ендігі сол жігітке сыртынан ғашық болып, қолы жетпей қалған. Ендігі Гүлбағардың не істерін білмей тұрғанын мынау еді.
Алүйге келген жігітте дәл өзіндей күй кешіп келгендігінен ол мүлдем хабарсыз болатын. Бұл жігіттің де өзіне қолы жетпей жүргенін енді ғана сүйіспеншіліктің ақтық жолын өз қолымен ашу үшін келгенін де білмейді. Тағдырдың бұларды осылай қиналтып қойғандығының себебі осындайлық еді.
Мұның бәрін Гүлбағар сұлу кейін білді. Құдай айдап, екеуі үшін де бұл іс жақсы аяқталды. Сүйтсе, келіп тұрған өзінің жастық шақтағы ескі танысы екен. Осының бәрі ол үшін таңғарарлық оқиға, қызық болып щықты.Енді сол кездегі елес беріп, сырттай ғана, байқалмай өткен сүйіспеншілікке толы жылдардың сырын да бұлар осы кезде барып бірақ ұққан еді. Тағдыр тәлкек ете жаздап, қайта айналдырып әкелген сол махаббатқа Гүлбағардың еш қарсылығы жоқтайекендігі ғана белгілі. Қалғаны бір жаратушының есебіндегі жағдай сияқты. Өйткені, Гүлбағарға керегі де осы болды.
Гүлбағар қыздың тағдыры ең ақырында осылайша шешілді. Осыған дейінгі білместікпен істелген өткен іске оның өкініші көп бола жаздағанын да ол осы кезде барып бірақ түсінген. Енді ғана болмаса күйіп кете жаздағаны бар,ағат істелген сол ісі өзі үшін қиянат бола жаздапты.Балалық шақтың бал дәуренінен басталған махаббат құдіреті жалған болмай, сәтті аяқталды.
Бұл махабаттың, бұл сүйіспеншіліктің, Жақып пен Гүлбағардан басқаға ұғымсыз болғандай екені де рас. Бірақ, соңында сәтті аяқталды. Сонысы ғана дұрыс болыпты.
Жақып та өмірлік серігін осы үйден тапты. Ақыры, Жақып пен екеуі некелесіп тынды.
Ерке, шолжың өскен Гүлбағар, әп – сәтте адам танымастай болып өзгеріп, сала берді. Онысына ел – жұрттың бәрі таңырқасып:
– Апырай, мына қыздың байжандылығын–ай, десеңші.Байға тиісімен лезде өзгеріп шыға келді – десе, енді біреулері:
– Ол қыз өстіп жүре бермекші ме, есейіп, ақылы кіргендігісі шығар – деген тоқтамға келтірген.
Оның мұндайлық өзгерген мінезі ата – анасы мен ең жақын адамдарын да таң қалдырған еді. Олардың есебінше бұған себеп, Жақыптай жігіттің кез болғандығы ғана себепші болған сияқты. Әйтпесе, Гүлбағар қыз өзінің «Мың бір түндегі» ғашығын күтіп, өмір бойы жүре бермекші екен. Нағысада солай бола жаздап, осы бір таңғажайып оқиға хикаядағыдай сәтті аяқталды.
Бәрінен бұрын Гүлбағар сұлудың осының алдында ғана өзіне келген сол ғашығын, тіпті оның үрім – бұтағын кеудеден итергендей болғаны есепке алынбай қалды.
Есепке алынса да бәрібір кешірім берілетіні алдын – ала білініп тұрды. Тек қана, ел осы кезде, «сүйіспеншілік, жас жігітке не істетпейді» деді де қойды. Басқалары да сүйтті. Ал, Гүлбағар сұлу болса, қолының Жақыптай жігітке жеткендігіне ырза болып қалған.Елдің де, аңғарғаны осы болды. Сондай-ақ, қалай да болмасын Гүлбағардың көп өзгергендігі еді.
Өзі армандаған жігітке қол жеткізген Гүлбағар өзін бақыты ашылған адамның кейпінде ұстайтындай халге жетті.Кей – кейде, тіпті бұрын жасап көрмеген кәсібін үйреніп, Жақыпты риза қылғанына мәз болып қалатын.
Әсіресе, Жақыптың жас балаларды жақсы көретіндігіне көніп, оның Семей, Павлодар, Омскі жаққа барғанында қыруар ақшаға әкелген дәрі – дәрмекетерін Қарқаралы көшелерінде жалаңаяқ, безіп жүретін балаларға жарататын. Ондайда,Жақып сыртта жүрген, көзіне түскен балаларды жинапәкеліп, Гүлбағарға айтып үйінен тамақ бергіздіруді әдетке айналдырған. Тамақтан кейін аяқ – қолы жарылғандарын суға түсіртіп, жуындыртады. Тәнінің жарылған жерлерінің терілеріне күтім жасатып, жараларын тазалатып, неше түрлі дәрілік майларды жақтырады. Бастары таз, үстілері қотыр, қышыма болғандарын да осылайша мұқият емдетеді. Ең соңында олардың қойны – қоншыларын Гүлбағар пісірген бауырсаққа, кәмпит пен тәттіге толтыртып:
– Ал, енді жүгірмектер маған ырза шығарсыңдар! Бекметовтың қызына керек десеңдер аяқтарыңа дейін жудырып бердім. Онан артық не керек енді сендерге? Келесі жолғы кездесуімізге дейін, осындай жағдайға жеткізбей, тым құрыса таза жүріңдер. Оған дейін аман болыңдар – деп, бастарынан сипап, шығарып салады.
Жақыптың осыған ұқсас өмірі бірінен кейін, бірі келіп, осылайша жалғаса берер ме еді, қайтер еді. Егер де, өмірдегі тағы бір ойы болмаса. Жақыптың онысы, қайтсем де, еліме қызмет етемін деген ойын іске асыру болатын.
Осыған келгенде мұндай ойдың әсіресе, осы кездегі өздерін Алаш азаматымын деп сезінетін барлық қазаққа тән қасиетке айналғандығына да біраз болған. Сондай ниеттеріне қарай олардың бәрі бірдей Россия мемлекетінің қаһарына іліге берген. Әсіресе, империяның Ішкі істер министрлігі органдары мен Империялық жеке жандарм корпусының, сонымен қоймай әскери реформаға душар болған төменнен жоғарғы барлық билік пен басқарушы органдарының оларға деген ызғары мен ызасы ала бөтен болып кеткен. Тіпті, олардың әр кезгі тіміскі ниеті мен жөн – жосықсыз бақылауының өзі неге тұратыны Жақыпқа белгілі. Алаш азаматтарының осындай кесепатқа ұшырап, солардың қудалауын бастарынан кешіріп жатқандары да қаншама еді.
Жақып мұның барлығын жақсы біледі. Қазіргідей заманда, «алашұранды» қазақ зияткерлік қоғамының әр бір кісісінің сондай тіміскі әрекеттен кенде еместігін ол сезеді.
Осындай күйді ақыры Жақып та өз басынан кешіре бастаған. Солардың кесірінен ол ақыры айдаудан бірақ шықты.
Өзі жоғары білімді заңгер бола тұрып, тіпті Қарқаралы округтік сот палатасының білдей бір судьясы, кейінгі кезде адвокаттық қызмет атқарып жүрсе де, Жақып полиция тарапынан болып жатқан заңсыздықтарға қарсы тұра алмады.
Ең ақыры, Жақып өзін не үшін және қандай заңның негізінде жер аударылғандығына да жөні түзу жауап ала алмады. Сөйтіп, Дала өлкесінің Семей облысы Қарқаралы уезінен, Түркістан өлкесінің Жетісу облысының Қапал уезіне жер аударылып бірақ тынды.
Сонда ғана, ол осындайлық, әлмағайып заманның не екендігін сезіне бастаған. Сонда ғана барып, оның екпіні қатты зығырын осы тұста өз басынан өткізді.
Бұл кез қазақ зиялыларының аты Россия империясында дүркіреп шыққан тұс еді. Міне, Жақып та сол кезден бастап көпшілікке танымал бола бастаса, сонымен қатар өзінің қырағы көз аңдушыларының да көзінен таса бола алмаған.
Жақып енді өзінің осындай көзқарасына сай зардап шегіп, жазалана бастады. Соның кесірінен алдымен түрме, артынша айдау, жер аудару сияқты жаза түрлерін бірінен кейін бірін басынан кешіріп жатты.
Сөйткен Жақып, өзі тіленіп, жер аудару орнына Қапалды таңдап алды. Ондағысы бұрындары өздері кездескенде Барлыбектен Қапал турасында көп естіген. Жас мөлшері өзімен қарайлас болатын, өзі көп араласатын, Міржақып та өзінің Қапалда болғанын жыр қылып айтушы еді. Осылардан Жақыптың естігендері: «Алатаудың бауырындағы Қарқаралыға ұқсас тамаша жердің барлығы еді. Тіпті, табиғаты да Қарқаралыдан аумай қалған. Жетісу өлкесінде алдымен белгілі болған қала да сол болса керек. Кейіннен ғана Верный салынып, орталық солай қарай ауысып кетіпті. Қапал уезд орталығы ғана болып қалыпты» дегендері. Онан басқа, бөтен әңгіме жоқ.
Жақыптың жер аударылғанда Қапалды таңдауының тағы бір себебі, бұл жерге Барлыбек жақындау еді. Ол болса Жетісу облысының орталығы Верныйда тұрып жатқан болатын. Ал Верный болса, қанша айтқанмен Қапалға жақын қала.
Верный сияқты үлкен қалаға рұқсат болмағандықтан Жақып осы жерді таңдаған. «Осындай шағын қалада тұрып, жазамды өтермін» деп ойлағаны содан еді.
Жазадан құтылған соң, «іске кірісермін» деп шешкендей болған Жақып өзінің болашағын. Ол өзін осы кезде ел ішінде көп айтылатын «революцияшыл күрескер» ретінде сезінетін.
Жақыптың таңдап алғаны күрес еді. Бірақ күрес болғанда, орыс революционерлері сияқты таптық негіздегі күрес емес, оның күресі елі үшін ғана болатын күрестің түрі еді.
Ол күрестің маңызы да, мақсаты да қазағының бостандығы мен болашағы үшін жүргізілетін күрес қана. Сол жолды таңдап алған. Сол үшін де, тіпті жанын пида етуге Жақып даяр еді. Елдің жағдайын ойлаймын деп,бұрын өзі істеп жүрген көп – көрім қызметінен де сол үшін айрылды.
Өзінің заңгер, Қарқаралы сот палатасының судьясы,сот ісінің білгірі деген атағынан жиренгендігінің себебі де елі үшін болды. Бақандай присяжный поверенный еді. Бұл күнде ол өзін елге қалай таныстырарын да білмейді. Айдаудағы, бас бостандығы жоқ, тұтқын адам. Осы күйінің де зардабын тартып жүр. Заманы сондай ма, әйтеуір, бұл күнгі кісі біткен патшаға қарсы деген тірі жанды жақсы көрмейді. Теріс айналып, жақтырмай қалады.
Жақып ойласа, ойлағандай, нақ бір өзінің қара басы үшін солармен айқасып жүргендей болып көрінеді. Бірақ Жақыпбұған налымайды. «Халық өзі сияқтыларды бүгін түсінбесе, ертең-ақ, әлі түсінеді» деп ойлайды. Сонда ғана өзінің осындайлық өмірінің зая кетпей жатқандығына көңілі хош тартып, жадырап қалады. Сондайда, кейбірде өзіналда күтіп тұрған жарқын күндер туралы ойлары да сайрап кететін сияқты. Жақып, соған ырза.
Міне, Жақыптың өзі таңдап алған өмір жолыосындай болатын. Сол жол оны Қапалға осылайша жеткізген еді.
Жетісудағы Қапалға келген Жақып өзімен бірге қара басына айдар болып тағылған барлықжаман атағын да қоса әкелді. Жақыптың мұнысы әуелгісін бұл жерде білінбесе де, артынша осындағы қалың елгебірте – бірте тарап, белгілі бола бастаған.
Келгеніне біраз болған жоқ, Қапалдағы кісі біткеннің арасында Жақыпқа байланысты сыбыс көбейе түскен. Содан да болар, кейбіреулердің бұған үдірейе қарайтыны бар. Ондайлар әрине, Жақыптың қыр соңына ілескен:«Ақ патшаға қарсы екен, тіпті «саясатқа жақын екен, мұның өзі қарап жүрмей политическийлер мен революционерлер жағынан болды» деген cөзге құлақ түрісіп қалатын. Тіпті сондайғақапысыз сенетін секілді.
Сонысы үшін де, олардың кейбірі Жақыпқа алакөздікпенқарайды.Тіпті нағыз жау санап, сырт айналып жүргісі де бар. Шынында да солай болды.Ондайлар Қапал қаласынан да табылып жатты. Әсіресе, шаруасы өрге басып, дөңгелеп тұрған саудагерлер мен көпестердің, бай – құтандардың арасынан сондайларыкөптеп ұшырасып қалады. Жақыпқа тағылған айып олардың тілінде «бунтовщик» деп аталынады.
Жақып мұндай қарастардың астарын тез түсінген. Оларға тоқтай қап, «мені дұрыс түсініңдер, мен қазақтың елдігі үшін, сендер бодандықтан құтылса екен деген оймен ғана жұрген адаммын!» деп бас салып, айғайлап айтқысы келсе де, олай істей алмаған еді. Бұдан кейін ол не қылсын? Сол күйі басына түскен күйге көніп жүре беретін болды. Жақып енді соны жөн көрген еді. Тіпті, сондай едірей көз, теріс пиғылдағылардың мұндай қылығынашыдас беріп, мән берместен ғұмыр кешіп жатқанына өзі де таң болатын. Бірте – бірте оған да көне бастаған. Өйткені өзі емес пе, осы жолды таңдап алған. Көңілі сондайда күйзеліп қалады. Оған не істейді. Енді бәріне көну керек шығар. Бәріне шыдау керекті Жақып бәз баяғыдан көңіліне түйген еді. Сондықтан ондай қарастарды онша көңіліне алмайтын болды.Бар болғаны сол ғана. Басқа халық арасында ондай қылық жоқ. Өзімен – өзі жүрген елдің көбі бөтен ел, бөтен жерден айдалып келген, өрімдей жігітке анша – мұнша да көңіл бөлмейтін сияқты. Мүмкін ондайлар «алты аласы, бір бересі жоқ» бұл қазақтың баласынданеміз бар?» деп ойлайтын болар.
Сөйтіп, Жақыптың Қапалға келу сапары басталып кеткен. Кәдімгідей орыс оқуын оқып, жоғарғы заңгерлік білім алған, интеллигент деген дардай атағы бар Жақып осындай күйге түскен. Бұл былай тұрсын, осыған дейін олсудья болып істеді ғой.Бақандай присяжный поверенный атағын да алғанболатын. Соның біріне қарамады бұл өкімет. Алдымен қамауға алды. Соңынан айдауға жіберді. Сонымен Жақып Ақбаев бұл жолы Қапал қаласына осындайлық басбұзарлық жолмен айдалып келген еді.
Ол бұл жерге жай келмеді. «Империяның қас жауы, елбұзар, бунтарь» атағын да өзімен бірге қоса ала келген. Полицияның «надзор» атты қадағалауында тұрған Жақыпқа кейінгі өмірі оның бұрынғы өміріне көлеңке түсіріп, бір жолата бүркеп тастағандай етті. Тіпті өзінің бұрынғы кездері «сот әділдігі» атты салада жинап терген абыройын да айрандай төкті. Басқаның бас бостандығының әділдігін түгендемек түгіл, енді ол өз басының бостандығының қайда қалғанын білмей қалды.
Бұл күнде ол мемлекеттік қылмыскер, Империяның қас жауы болып шыға келген. Империяның қырағы көз жандайшаптары оған аса қауіпті, тіпті осы күні қаптап кеткен революционерлердің біреуідеп қараса, енді біреулері жай ғана «киргиздан шыққан бунтовщик» деп қарайтын сияқты. Олар өстіп, Жақыпқа ат қойып, айдар тағып жіберген.
Жақып бұған да көнген. Көнбесіне амал жоқ. Айдауда жүрген адамның мүлдем құқы жоқ. Тек қана тірілердің қатарында саналғаны болмаса, «кебін кимесе де, кебенек кигендей» болды. «Бұдан өтер қорлықболмас, бұдан өтер масқаралық бар ма?» деп Жақыптың қайғыратындығы да осыдан басталған.
Жақып осының бәріне шыдап, салғанына көнді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп, әйтеуір озбыр биліктің қаскүнемдігініңтүр – түріне де еті үйрене бастаған. Жазаның – «жер аударылсын» деген түрін арқалап, туған жерінен алысқа аластатылып, ақыры сенделіп Қапал қаласына жеткізілген.
Бұған дейінгі Жақыптың «қазағымның бір жағына шығамын» деген ойы осылайша тұншықтырылуға тиіс еді. Қол – аяғына бұғау түспесе де, танымас жерге келіп, қырағы бақылаудың шырмауына ілікті.
Бейтаныс ортаға алғаш келгенінде не істеп, не қоярын білмей қалғаны рас. Өзінің орыс халықшылары атынан азаматтық жаза қабылдаған Чернышевский шығармаларында суреттелетін Рахметов сияқты нағыз күрескерлершесезінетін ұстанымымен ұғымы да құрдымға кеткендей болды.
Жақып өзініңмүлдем бейшара халге түскенін осы кезде сезген еді. Осындай төменкүйге түскен Жақыптың басынан «енді не істеу керек?» деген ой кетпей қойған. Оның арасындамына күйінде бұдан былайғы өмірі қалай жалғаспақшы?Бөтен жерге жеткізілді, қатаң бақылауға алынды. Ендігі күйі не болмақшы? «Ұстағанның уысында, тістегеннің аузында»кеткен халқының есесін басқаға жібертпеймін» дегені қайда? Онысы мұнан ары қалай болмақшы?
«Халқымды алдымен отаршылықтан құтқарсам, одан кейін ерікті ел қатарына қосуға үлес қоссам, соңынан еркіндікті аңсаған халқыма жаңа – тәуелсіз ел тұрмысын құруды үйретсем» деген талабы қалай орындалмақшы? Оны қалай істемек? Өзінің түрі болса мынау, біреудің күйін күйттемек түгілі, өз күйін күйттуге бас еркі жоқ. Қамау, тағы да қамаудан көзі ашылмастан, соттың үкіміне ілігіп, артынша айдау, жер аудару секілді, түрлі қияметке ұшырады. Өз басымен – өзі қайғы болып жүргеніенді кімге керек?»...
Қапалға келген Жақыптың бар болмысы осы ғана еді. Бұл жердегі өмірі де алдымен осылай басталған.
Жақып басына түскеносындай тауқыметке алдымен деөзін кінәлі деп есептеген. Онан кейін барып озбыр биліктің қатаң тәртібін жазғыратын еді.
Жер аударылардың алдында Жақып Семипалат облысының әскери – губернаторы Тройницкийдің бұйрығымен, оған қоса Дала генерал – губернаторы Шмиттің жарлығымен Қарқаралыдағы үйінде қамауға алынған. Қамалар алдында тамам полиция мен жандарм қызметкерлері үйінің астан – кестеңін шығарып, тінту жүргізген.
Абырой болғанда, қайта үйде Гүлбағардың жоқтығы жақсы болды. Ол біраз күн болған Семейдегі бауырларының үйіне бір жұмыстармен кеткен еді.
Полицияның көзі түскен жердің бәрі тінтілген. Жақыптың тұратын үйінің олар астан – кестенін шығарып, лезде ортасына түскендей етті. Дем арада үйдің іші аяқ алып жүруге болмайтын, қоқырсыған қораға айналды. Жаңа ғана жып – жылмағай, тап – таза үйдің ішіне ерекше бір панасыздық орнап, айнала ыбырсыған қағаз бен дүние мүлікке көз сүрінетіндей, көңілсіз күйге айналды.
Әсіресе, осындайда ғана елден ерек боп, аяқ астынан пайда болатын өктемдік те өзінің қыянаттық жолына кіріскен. Түрлері ызғарлы адамдар, өктем жолмен, өздерінің суық істеріне кірісіп, ай – шайға қарамастан шаруаларын істей берген.
Жақып олардың мынадай сайқымазақтарына шыдай алмастан: «Мырзалар, бұл не деген бассыздық! Алдымен мені ұстатуға және үйіме тінту жүргізуге берілген ордерді көрсетіңіздер. Сонымен қоса окружной прокурордың санкциясы қайда? Оны да, қоса көрсетіңіздер. Оған дейін мына заңсыздықтыдереу тоқтатуды сұраймын! Әйтпесе, бұл туралы мен шағымданамын» дегеніне полиция қызметкерлерітіпті пысқырып та қарамады.
Олар Жақыптың мұнысына көңіл аудармастан, өздерінің істерлерін – істеп жүре берді. Енді бір әпербақандары өзін келеке еткісі келіп:
– Кімге шағымданасың, алдымен соны айтшы! Қызық болсын. Шағымыңды алдымен генерал – губернаторға, содан кейін әскери – губернаторға жаз, мен ерінбей апарып берейін – деп өзін мазақ етіп, тәлкекке айналдырды.
Бұл күйіне шыдамаған Жақып, енді не істерін білместен, ашуға булығып, отыра берген. Тек анда – санда жан қалтасындағы үлкен ақ орамалымен көзәйнегін сүртіп, шақырусыз келгендерді жақтырмаған сыңаймен, үлкен суық көздерімен ата қарағаннан басқаға дәрменсіз еді.Онан басқаға қолынан келер амал жоқ. Жақып соған қатты шамданған. Шамданғаны былай тұрсын, ол осы кезде өзінің бишара халде қалғанына қатты налығанеді.
Мына іс, мына қылық оның бұрынғы сенімін су сепкендей қылған. Ақыры абыройын айрандай етті. Олардың істеп жатқаны ешбір заңға симаса да оған қарсы тұрарлық Жақыпта еш мүмкіншілік жоқ сияқты. Ендігі дауласқаннан түк шықпайтынын ол білді. Сөйлерге сөзіқор болған соң, қадірінің түскеніне ренжіген. Өзінен – өзі қор болып, амалы таусылғандықтан ары қарата үндеместен отыра берген.
Тек бір уақытта жандармның ұры тазы сияқты сидаң келген сумақайдай біреуі Жақыптың жол қобдиын ақтара бастаған. Бір уақытта ол үнемі саквояждың ішінде жататын Міржақып Дулатовтың аз ғана тиражбен бастыртып шығарған «Оян қазақ» өлеңінің алғашқы шыққан кітапшасын тауып алды.Онымен қоса үнемі өзімен бірге алып жүретін Гүлбағардың суретін де алып шықты.
Жаңағы полиция қызметкері бар күшімен қалғандарына естіртіп:
– Мырзалар, мырзалар мынаны қараңдар! Мен не таптым – деп айқайлай бастады.
Бұл сурет пен кітапша Жақыпқа ең қымбат дүниелерінің біріне айналған нәрселер болатын. Әсіресе, сурет жанындай жақсы көретін жарынікі болса, оған мына бір сумақай неме неге сұқтанды. Тіпті одан осы туралы сұрап білгісі келген. «Оның не әбестігі барекен?» деп.Сүйтіп тұрған Жақып: «Оларға бұл суреттің керегі не?» деп ойлады. Одан басқа ойына түк келмеген.Бірақ, суреттен көрі Жақыптың көкейін тесіп бара жатқан тағы бір жағдайбар болатын. Онысы,жаңа ғана полициялықпа, жандарм ба тауып алған өлең жазылған кітапша болатын.Титтей ғана елеусіз кітапша. Бірақ бұл кітапша оларға нағыз жарылғалы тұрған бомбадан кем болмайтын. Кәдімгі терроршыл эсерлердің қолындағы бомбадан кем емес.Олай дейтіні, оның ішінде Міржақып Дулатов жазған атақты «Оян, қазақ!» деген өлең бар еді. Жақыптың сасқаны да содан болды. Өйткені, Міржақыптың бұл өлеңі олардың рұқсат етілмегендерінің қатарында еді. Нағыз «крамольный» саналатын дүние болатын. Осы үшін Міржақыптың өзі қуғында жүр. Біресе қамалып, біресе босатылып, қашып жүрсе де бұл кітаптағы оның өлеңі істерін істеп жатқан.
Өкіметтің одан қорқатыны «шырт ұйқыда жатқан қазақты дүрліктіре оятып, революцияға қостың» деп бәле жапқаны қатарына қосқан. Осы есіне түскен Жақып үндемей қалды. Ол не істерін білместен, көзінің астымен жандармның қимылын бағып, қарап отыра берді. Өйткені, ендігі қалған дүние бір Жаратушының қолында сияқты боп сезілді.
Олардың барлығы, яғни жандармдар мен полияциясы әсіресе, Міржақыптың «Оян қазағына» көптен бері аса өш болатын. Бұл өлеңнен олар өлердей қорқатын. Өлеңді сақтаған адамдар қудаланып тынатын. Сондықтан, олар бұл кітаптың соңына түсіп, оны жинап, құртып та жататын. Оны сақтаған адамдарды жөн – жосықсыз жауапқа тартуға кірісіп те кеткен. Жақып бұл өлеңді қазақтың зияткерлік қауымының көп азаматтары сияқты өзімен бірге алып жүретін. Кезі келгенде елге оқып беріп, көп түсінік беріп те қоятын.
Қазір енді кітапқа байланысты тағы бір жағымды сылтау мен мұндалап, жандармның алдынан шықты. Бір жағы жандармдар соған қуанған.
Кітапша мен суретті қолына ұстаған жаңағы жандарм көзі ежірейіп, мұрты дірілдеп кетті.
– Неге, тиым салынған, крамольный өлең жазылған кітапты сақтайсың? – деп ол Жақыпқа тікірейе қарады.
Жақып бұл сөзді естігенде сасқан жоқ. Бұған оның жауабы да дайын екен. Соны сылтау қып, ол:
– Бұл кітаптың қай жерінен сіз крамольный сөзді көріп тұрсыз, алдымен соны маған түсіндіріңізші? – деді. Даусында бір түрлі жандармға бағытталған келемеждіктің ызғары бар сияқты. Онысы дәл қазіргідей түрінен анық білініп тұр. Бір жағы оған «крамольный өлеңі» бар деген сұрақ та аса қызық болып естілген. Соны,мына тұрған полияция қызметкерлері «қалайшажік – жігіне жеткізіп берер екен» деген қызығушылықта бар. Сол себепті, бұл сұрағы да содан пайда болған еді.
Жандарм мұның сұрағына жауап берер алдында осыған негіз боларлық жарлықты есіне түсіріп, ойына соларды алған боп:
– Кажись цензурой запрещенены стихи киргизского поэта Дулатова – деп қалды.
– Ондай болса, сіз сол цензураның тиым салу және соған байланысты прокурордың бұл кітапты тәркілеу туралы қаулысын көрсетіңізші – деді.
Империяның құқық қорғау органдарының көбінесе заңсыз әрекетке оңай баратындығын Жақып білетін. Олардың бұл салада тіпті мақұрым қалып бара жатқандығына әбден көзі жеткендіктен, заңдық талаптардың шартына әдейі барған.
Жандармның түрі өзгеріп, қобалжып қалса да, онысын білдіргісі келместен, жасанды бір күлкімен кеңкілдеп тұрып, күле бастады. Сөйтті де ол:
– Иә, ондай қаулы бізде бар. Бірақ ол басқармада қалды. Мен қазір жүгіріп барып алып келейін. Сен күте тұр – деп аяқжағын күлкіге айналдыра бастады.
Ол өзінің келемеж күлкісіне булыққандай боп, сонысын жасыра алмастан:
– Смотри, какую бабу он от нас прячеть – деп, әңгімені Гүлбағардың суретіне айналдырып жіберді.
Суреттегі аппақ, европаша киінген әдемі келіншектің түріне сұқтанып:
– Кто она, кажись русская. Ну ты даешь! Киргиз – киргизом, но целиться далеко. Видимо, с русачкой обзавелся – деді.
Қазақ даласында көріп жүрген әйелдердің бірде – бірі кимейтін киімдерді киген әйел жандармды жаңылыстырып, Гүлбағарды ақыры орыс қылып шығарды.
Осы кезде өзге жандармдар да өндірлеп:
– Қайсы, қайсы..., көрсетші?! – деп жатты.
Сөйтті де, ол суретті басқаларға көруге берді.
Солардың арасындағы біреуі қызық көріп:
– Бұл кім болады саған?– деді.
Жақып басын жұлып алғандай қып, бағанағы суретті алғанға тесіле қарап:
– Қайдан алсаң, сол орнына қой! – деді. Оның даусы зілді шықты.
– Қоймасам, не қыласың? – деп, сумақай сары да, қыңырланып қоймады.
– Алдымен бұл сурет кімдікі, ол қалай саған келді? – деп, қара қошқыл өңді, кілегей бет жандарм да ана шеттен аттап – бұттап өтіп, бұлар тұрған жаққа жетті. Суретті қолына алып, білгісі кеп, ынтығы құрып барады.
– Ол менің некелес әйелімнің суреті. Енді түсінсеңдер, орнына қойыңдар! – деп, Жақып бұл жолы бұйыра сөйледі.
Бұл кезде үйде жүрген тінтушілер барлығын тастай салып, суретті көруге кірісіп кеткен.
Келесі сәтте сурет қайта айналып, бағанағы сумақай сарының қолына кеп түсті. Өйткені, ендігіде Жақыптың: «қайта орнына салыңдар» деген зілді талабын орындайтын кез де келіп қалған сияқты. Соны орындаудан бәрі бас тартып тұрғандай көрінді. Кім істесе де, суретті тапқан істесін дегендей қып, ақыры оны сумақай сарының өзіне қайтарған. Ендігі кезек сонда болып тұр.
Жаңағы сумақай жандарм қолына сурет келісімен, қияқтай қып, қиып қойған жирен мұртын тістелеп, тіксініп тұрды да, қолындағы суретті енді ызамен жырта бастады.
– Мынадай саяси қылмыскер, оның үстіне мемлекеттің қас жауына бұл әйелді қор қылмау керек. Пусть она с таким политическим преступником не свяжет свою жизнь! – деп айтқаны да анық естілді.
Жақып үшін ең өкініштісі осы болды. Ең қасиетті дүниесіндей көретін Гүлбағардың суретін есерлене жыртып жатқанына шыдамаған Жақып орнынан атып тұрып:
– Ты что делаешь?..., Гнида! – деп, жаңағының жағасына жармасып, оны соққысы келген. Бірақ, қалғандары оған жабыла кірісіп, қол аяғын қайырып, қолына темір кісен салып тастады. Басқа жандармерия мен полиция қызметкерлері кірісіп, ажыратып алмағанда,олбар ашуын жаңағы жылмақайдан алмақшы еді.
Жақып өзінің шын дәрменсіздігіне қатты күйініп, түнерген күйі жаңағы жандармды оқты көзімен ата:
– Ну, ты поскуда! – деді де, теріс қарап, қатты күрсінген күйі қала берді.
Тек, аналардың істеп жатқандарына көз алмай қарап, күрсінгені болмаса, ендігі қолынан келетін қайрат жоқ. Ол осындай мұндар күйге қалайша тап болғанына өкінгендік күйді басынан кешіріп отыр еді.
Жандармдар мен полиция тінтулерін бітіріп, Жақыпты тұтқындап, өздерімен бірге алыпжүрген.Сол кеткеннен Жақып мол кетті.
Ақыры, сол жолыоны«Дала негіздерінің» 17 статьясына сүйене отырып, мемлекетке қарсы әрекеттер жасады деп, Қарқаралыдан конвоймен айдап әкелген. Әкелген жерлері Семейдің түрмесі еді. Сөйтіп, Жақып қаланың «Централь» аталып кеткен бас түрмесіне қамалды.
Бұл түрмеден кімдер өтпеді дейсің. Солардың арасында Жақыпқа таныстары да бар сияқты. Олар: Достоевский, Михаэлис, тіпті бір кездері Хакім Абайдың өзі де осында қамалса керек. Жақын арадағы бұл түрменің тұрғындары Әлихан, Міржақып пен Көлбай секілді бүгінгі күні Жақыппен мүдделері бір тұтқындарға айналғаны қызық көрінді. Соны ойлағанда ол өзінше: «Е, қазақтар да патша өкіметінің құйрығын баса бастапты. Бұл түрмеде отыра бастаған біздің адамдардың көбейгені соны көрсетеді» деп пайымдағандай болды.
Семейдің округтің сотының үкімін күтіп, Жақып «Центральда» біраз күтіп жатты. Түрме бейнетінің түр – түрін ол осы жерден бастап тата бастады. Түні бойы ұйықтай алмай, аунақшып шығады. Мұнда қамалғандар екі түрлі айыппен ғана түседі екен.
Қамалғандардың көбісі кәдуілгі қылмыс жасағандар болатын.Оларды түрме тілімен «уголовщина» деп атайды да, солармен бірге саяси іспен, көбінесе мемлекетке қарсы деген желеумен ұсталғандар да бар. Саяси іспен ұсталғандар нағыз қылмыс істемесе де, аса қауіпті саналады. Олар «политическийлер» немесе «революцияшылар» деп те аталады.Бірақ та, бәрібір нағыз қылмыс жасағандардың қасында бұлар олардан да қауіпті болып шығады. Сондықтан, барып тұрған қылмыскердің нағыз өзі осылар болып саналады.
Біраз күткеннен кейін, ақыры сот процесі басталып кетті. Соттың қамы, қалайда Жақып сияқтыларды жазалап, қоғамнан аластату еді. Онысы, ел ішін бүлдірмей тұра тұрсын дегені болар. Осындай қарбаласпен өтіп жатқан сот жиыны күннен – күнге тығырыққа тіреліп бара жатқандай болып көрінді.
Жақып өзі заңгер, бұрынғы судья – присяжный поверенный болғандықтан сот құрамындағыларын қатты састыра бастаған. Өзінің ешқандай да қылмыс жасамағанын дәлелдеп, оған тағылып отырған айыптың негізсіз екендігін айтып, сот құрамын тіпті, ыңғайсыз жағдайға дейін апарды.
Соттағылар, Жақыптың заңды жақсы білетіндігін, тіпті өзі де бір кезде өздеріндей соттаушы болғандығын ескеріп, аса қатты кете алмаған еді. Өйткені,ол өзіне тағылған қандай да айып болмасын сытылып шығып отырды. Сондықтан олар оның жазасын аса ауыр емес деп бағалап, соған лайық қып, үкім шығаруға келіскен.
Сөйтіп, сот Жақыптың мемлекетке қарсы істеген әрекеттері асада ауыр емес.Тіпті, оған бас бостандығынан айырмайтын, әрине онысы түрмеге жаппай-ақ, жазаның жеңіл ғана түріне кесуге болады деген ұйғарымға келген.
Жазаның ондай жеңіл түрі – жер аудару болатын. Сондай үкімге келісіп, сот Жақыпты бес жылға Омбыға жер аударуға кесті.
Жақып Омбы губерниясына жер аударылатын болып, сол жаққа этап арқылыайдауға жөнелтілді.
Бірақ оған: «Омбы жаққа жер аударылдың» деп шығарылған үкімді жол – жөнекей қылмыс жазасын өтейтін орындарға тапсырма беріліп, бұзғысып тастапты.Оның Омбыға жер аударылғаны бекер болып шығыпты.Бұл Жақып үшін әдейі жасалған алдамшы қадамның бірі ғана екен.Осылай болғанынЖақып Омбы жаққа келген кезде бірақ білді.
Сөйтсе, Дала генерал – губернаторы Шмит,Жақыптан әбден запыс болып қалғандықтан оны Омбы сияқты қаладан, өз елінен мүлдем шеттетпекші болыпты.
Жақып Омбы жаққа айдалғанда ол Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жасаған болса керек. Сол ұсыныста, Жақыптың істегені мен істемегенін аса келістіріп, оны мемлекетке өте қауіпті деп көрсеткен екен.Онысы, «Жақып сияқты білімді киргиз, заңды жақсы білетін саяси қылмыскердіңәсіресе, бұл жаққа жақын жүруі өте қауіпті және олай істеудің қажеті жоқ»деп жазыпты.
Сондықтан, одан құтылудың бірден – бір амалын да ойластырып қойғандай болып шықты.Ол бойынша барлық амалды жасап, оның көзін бұл жақтан бір жола жою керек. Жақыпты енді қайтіп, киргиз жеріне жолатпайтындай етуді сұрапты.Соған байланысты,Жақыпты одан ары засырықтан өткізе қуалап, бұл жаққа келтірмейтіндей етіп қудалауды сұрапты.
Осыған орай,генерал – губернатор хат дайындатып, сол хатында: «Мемлекетіміздегі тұрақтылық пен тыныштыққа қарсы әрекеттерге бұл заманда тек қана орыстар мен Европалық Россиядан шыққан басқа халықтар ғана емес, сонымен қатар бұратана болып жүрген, жергілікті киргиздар да қатыса бастады. Солардың бірі – Жақып Ақбаев деген киргиз, өзі оқыған заңгер, сонысымен де өте қауіпті саналады.
Ол қазіргі уақыттағы революцияшыл күштердің жүргізіп жатқан үгіт – насихат жұмыстарының барлық түрін жақсы біледі. Бір айта кететіні өзі отырған кезден бастап Семей түрмесінде сондай істерден бас тарпастан, қамалғандардың арасында үгіт жұмысын жүргізіп отырғаны белгілі болды. Қылмыскердің сондайлық белсенділік көрсететін әрекеттерін еске сала отырып, Ақбаевтың саяси тұрақсыздығын ескере келіп, қылмыскер Ақбаевты Омбыдан ары Якутияға жіберуді сұраймын» деп жазған болатын.
Шмит ұсынған ол засырық, нағыз «барса келместің» өзі болатын. Көп революционердің түбіне жеткен, апатты аймаққа айналған жер болатын. Ондай жер, алыстағы Якут елінің жері еді. Онда барған соң, Жақып бақандай бес жыл тұруы керек. Қақаған аязы мен қарлы бораны талай каторжниктің түбіне жеткен Якутия, Жақып үшін оңай болмайтын түрі бар.
Бұдан құтылу үшін Жақып тағы да, арпалысқа түсіп, «прошениенің бірінен соң, бірін Ішкі істер министрінің атына жіберіп жатты.Жақыптың айтатыны: «Заңдық тұрғыдан алғанда, маған істелгелі жатқан қиянат дұрыс емес. Бұл адамзат құқығына қарсы жасалып отырған қатыгездік!» деп, байбалам салды.
Ақыры көп ізденіп, көп жазғанына қарай, Жақыптың қалай екені белгісіз, әйтеуір жолы болды. Анық төніп келген ажалдан бір жолғаол аман қалды. Жақып мұны, «құдай сақтады» деп жорыды.
Енді болмаса,ол өзін орыстың декабристеріне ұқсатып, алыстағы Якут жеріндегі тіршілігінің қалай өтерін ойлаумен болған. Сүйіктісі Гүлбағардың келісімін алып, сол жаққа бірге кетуді де ойластырып қойған. Ол жаққа барысымен қол ұстасып, бірге өмір кешудің жолынойластырған.
Бірақта, Жақып көтерген іс оңға басып, оның ісі енді «Айырықша мәжілістің» қарауына түскені белгілі болды.
Айырықша мәжіліс,бұл кезде далалық соттар сияқты, төтенше соттың бір түріне айнала бастаған еді. Мұндай мәжілістер мемлекетке қарсы қылмыскерлердің және әскери, күштік құрылымдар қызметкерлерінің ісін қарайтын орынға айналған, ел ішіндегі қобалжулар белең алып тұрған жағдайларда нағыз соттық айырымы бар ұйымның ең мықтысынаайнала бастаған.
Жақыптың ісі сонда қаралып, оны «Мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық тыныштықты қорғау шаралары туралы жинақтардың» 34 статьясына сәйкес мемлекетке қарсы қылмыстық үгіт жүргізгені үшін деп айыптау тағып, соған байланысты қатаң және ашық бақылауға алынсын және өзі таңдаған жерге жер аударылсын деген үкім шығарылды.
Аударылатын жер аймағына астана, губерния орталықтары, сондай-ақ Дала генерал – губернаторлығының аумағы кірмесін» деген үкімнің қосымша талабы қоса айып болып тағылды.
Бұндай жазаға кесілген Жақыптың қуанышында шек болмаған. Қанша айтқанмен, ең бастысы өз елінде, өз жерінде қалатыныжақсы. «Бұдан артық не керек?» дегенде, оның көңілі орнына түскендей болып, іштегі ауыр дерті сәл де болса жеңілдеп қалғандай. Ол өзін осылайша жұбатып жатып, ары қарай не істеу керектігін ойластырған еді.
Айырықша мәжілістің үкімі шыққан соң «жер аударғанда қайда барасың?» дейтін сұраққа Жақып бұл жолы дайын болды. Жер аударылатын маңды таңдардаоның аузына алдымен Қапал қаласы түскен.
Оған себеп, бір жағынан Міржақыптың сол жақты қатты мақтауы бар. Міржақып, аузынан суы құрып тұрып: «ЖетісудағыҚапал қаласын көрдім. Айнымаған өздеріңнің Қарқаралы деуге болады. Тек, тауларының биіктігі болмаса, сол екен деп қаласың. Елі де, жері де жақсы екен» дегені есінде. Таңдаудың тағы бір себебі ол жақта өзі танитын Барлыбек Сырттанов пен Мұхамеджан Тынышбаевтар бар. Оларды бұрыннан таниды. Олармен алаш азаматтарының кейбір жиындарында кездесіп, достасып кеткен еді. Оның бер жағында, олар да өзі сияқты қазақтың мұң – мұқтажын жоқтаушылардың арасында жүр. Қазір де, олар сол Жетісу жерінде жүр. Жақыптың олардан даЖетісу туралы естігені көп. Ең бастысы қазақ зиялыларының арасындағы өзіндік беделі бар Барлыбек болса осы арадан алыс емес Верныйда тұрады. Қапалға ылғи келіп тұрады екен деген соң Жақыптың бүйрегі осы Қапалға бірден бұрған.
Үкім осылайша орындалатын болды.Енді қай кезде, қалайша еліне оралары белгісіз болған Жақыптың айдалып, жер аударылуы басталды.
Қасында екі бірдей айдауылы бар, олар болса жол бойғы казак әскери қосыны орналасқан мекендерде ауысып тұратын бір топ кісі Семейден шықты. Сол бетімен, этап әр мекенде аз тоқтап, шетінен ауысып келе жатыр.
Сақалдары қауғадай, иықтарына асып алған карабиндері бар, айдауылдардың жетегінде Жақыптың Қапал қаласына барар сапары осылайшабасталып кетті.
Күн өткен сайын жол қысқара түскен.
Ақыры Жақып,Семей, Аякөз арқылы шығып, Үшарал, Сарқан асып кеп,тау етегіндегі Тасбекет ауылына келіпбірақ тоқтаған. Қанша сапар шексе де, өзі жете алмай келе жатқан Қапалға әлі бірталай жер бар екен. Соны ойлағанда Жақып, өзі үшін ұзын сонар сапарға айналған жолдың әлі аяқталмағанына біраз шаршағандай да болып келе жатқан еді. Бірақ сонда да, қазақтың кең жазира жерінің қасиетін өз басынан өткізіп тұрғанына бір жағынан қуанып та тұрғаны бар.
Сапар бойғы Жақыптың жалықпай сөйлесетіні кісі болды. Бұл жерде де, ол қарап тұрмай жол бойғы әдеті бойынша елді әңгімеге шақырып, көп сұрауға алушы еді. Сол әдетімен бір жағы жергілікті қазақтардан, онан қалса орыстың мұжықтарынан осы өлке туралы сұрастырып келе жатқан.
Елден естігені өзіне олжа. Сонда ғана, тұрақтап қалуға келе жатқан жердің жай – күйіне қанығып, біліп қалады. Қазірде солай, елдің айтуы бойынша көп нәрсеге көз жүгіртіп, қанығып қалған.
Өз кезегінде Жақып та олардан: «Бұл жерден бағы бір заманда Шоқан деген қазақ өтсе керек. Сол жайында білесіңдер ме?» деп сұрап еді. Жергілікті қазақтардың ішінен оны ешқайсысы білмейтін болып шықты. Енді ол Барлыбек жайында да сұрастырған. Онысына Барлыбекті естіп, білетіндері, «Көкжал Сырттанның баласы, күбернәтіріңнің қол астында істейтін болу керек. Үлкен бастық. Қазағына жақын тартып тұратын кісі көрінеді. Тіптен, қатты жаны ашиды деп естиміз. Осы жақтардан ары – бері өтіп тұрады. Бұл жақтағы Тоғыз Матайдың іске татырларымен жиналып көп сөйлесетіні естіліп жүр. Әйтеуір, ойлайтыны елдің қамы деп жатады білетіндер» деп біраз нәрсенің басын шалып, білгендерін ашып, айтып салған.
Тілі орамды, сөзге бейім кейбіреуі тіпті: «Несін айтайық, ол туралы тек жақсыдан бөтен сөз жоқ!» дегеннен артыққа бара алмаған. Елдің Барлыбекке берген бағасы Жақыпқа осылай болып естіліп жатты. Нағызына келгенде, олардың Барлыбек туралы білетіндері осы ғана болатын. Білгендерін, жасырмай белгісіз төреге турасынан жайып салғаны да содан болар.
Бұндай сөздер Жақыпты көп ойлантып тастаған. Бір жағынан құлағына жылы тиіп, жағып та тұрған сияқты. Өйткені, осы кезге дейін естіп келе жатқаны Барлыбек туралы ылғи жақсы сөз екендігі рас. Соған өзінің іші жылып, «бұл жаққа бекер келе жатпаған екенмін» деп ойлаған.
Жолшыбой Жақыпқа кездесетін қазақтар әңгімешіл болып шықты. Көптеген жайларды оған айтып, елмен – жердің жағдайынан да көп нәрсені білдіріп жатты. Жақып та оларға риза болған еді. Әйтпесе, олардың көзіне қаймана қазақтың біріне ұқсас киінбеген мына қазақтың жай кісі еместігі о бастан білінген. Әр түрлі әңгіме сұрайтын, өзі төре киімін киінген, әсіресе, көзінен қазақтың қолы жете бермейтін көзілдірігін тастамайтын жас жігіттің жай ғана біреу емес екендігіне көздері жетіп тұрған еді. Сонда да болса, олар белгісіз төреге ағынан жарылып, турасын ғана айтқан.
Олар бұл сияқты төренің алыстан Қапалды іздеп келе жатқандығына аса таң қалысқан сыңайы біліне бастаған. Бірақ оның айтқандарына ден қойып, сөзіне қонақ бергені сол болатын.
Осындай түйін түйіскен олар алыстан келе жатқан жұмбақ төренің не үшін Қапалға тұрақтап қалуға келе жатқандығының мәнісіне түсінбестен жолшыбой қала берген.
Төренің өзі туралы айтатыны тек қана, заңның адамы екендігі. «Заң бұзарлық әрекеттер болса, бас – көз демей өзіме келіңдер. Мен тура жолдық ақиқат үшін жазылған шағым мен арызыңды, прошениелерді тас қып беремін. Ол үшін өздеріңнен түк те алмаймын. Бәрі тегін болады» дейді. Оның бұндай сөзіне жергіліктіқазақтар не сенерін, не сенбесін білместен дал болып қалады. Төренің сөзі жылы, лебізі де тың көрінеді. Ендеше өздерінің бұрындары естігендері шындыққа жанасатын түрі бар. «Өйткені, Сырттанның Барлыбегі сөйтеді деуші еді. Бай, кедей демей, бөлместен, жарлы – жақыбай деместен, қазақтың бәрін бірдей көреді деуші еді. Қазақ баласы үшін неге болса да дайын тұрады екен. Тіпті, басын бәйгеге тігіп, керек болса күбернәтіріңе де, оның ар жағындағысынан да тайсалмайды дейді. Оны былай қойып, керек десең онан зорғысы патша екемнің өзіне дейін баруға дайын деп естуші еді. Сонысы рас болып шықты. Енді қараса ондай көзі ашық, елінің жайын ойлайтын қазақ баласы жалғыз Сырттанның баласы ғана емес, баршылық екен. Солардың бірі мына бір төре болар?» деп, жолдағы қалың ел төреге оң батасын беріскен.
Өйткені, «мына сияқты оқыған, жас та болса көргені көп төре астам сөйлемейтін сияқты. Өзінің түрі соны көрсетіп тұр» деген өзгеше бір байлау жасап, соған тоқтасып қалған еді.
Бұлар Тасбекетте аз аялдап, ат ауыстыртып, ары жүрген. Ендігі сапары Алатаудың кішігірім келетін бір сілемі Қаратау арқылы төте жолмен Қапалға асу. Бұл жолдың өзіндік қиындықтары көп екен.Жолдың бәрі тау жоталары мен құз, шатқалдары арқылы өтетін көрінеді.
Қаратаудан асу үшін ең алдымен Қисықауыз асуы арқылы ғана өтуге болады екен. Жолда «Сорқора» деген қиямет бел мен белестері тағы бар екен. Жақыптар да осы жолды таңдады. Сонда ғана барып, Қаратаудың күнгей бетіне өтеді екенсің. Ар жағында Қапал қаласы тиіп тұрса керек. Осылайша болғанда ғана Жақып үшін ұзақ сапардың соңғы сәті аяқталмақшы екен.
Тау беткейіне қарай ирелеңдеген жолмен ырғатыла жүрген арбалар күн шыға Қисықауыздан әрең дегенде ары асып бара жатты. Жоғарыдан төменге көз салған Жақыпқа осы кезде, алыс – жақында жатқан жазық мұнартып көріне бастаған. Мұнар басқан сонау дала, жазды күнгі ыстық лепті білдіре түскендей боп, ұзынынан – ұзақ көсіліп жатыр.
Тасбекеттегі елдің айтуынша сол жазықтың терістік бетінде «ұзынынан – ұзақ созылып жатқан Балқаш көлі бар» дейді. Бірақ, Жақып биік таудың басына өрмелеген арбаның үстінен бұлдырап жатқан жазыққа қанша қараса да Балқаш көлін көре алмады. Ол бұл арадан көрінбейтін сияқты.
Жүргіншілер енді біраз жүргенде жол еңкейіп, еңіс бола бастаған. Жол енді ылди болып шыға келді. Бұл таудан төмен түсіп бара жатқанның белгісі екендігін тауда өскен Жақып аңғарып қалған еді. Өйткені, оның өзінің өскен мекені де таулы жер болатын. Өз басынан өткен, сондай жердегі таныс өмір күні бұрын өзіне мұны сездіріп келе жатқандай еді.
Тағы біраз жүргенде солай болып шықты. Қаратаудың жоталары бітіп, ар жағы ойдым – ойдым, білеу – білеу болған жоталы жазыққа айналып бара жатты.
Сол жоталы жазыққа ілінісімен оның ар жағынан тағы да мұнартып биік таулардың тізбегі шыға келді. Ол таулар тіптен биік көрінеді. Сол тауларға барған сайын жақындай түскен. Енді бір кезде жаңағы таулар асқақтай көріне бастаған. Үсті – басын қар мен мұз басқан алып таулардың тізбегі Жақыптың ойында бар.«Не болса да, нағыз Алатаудың өзі болар?» деген Жақыптың ойлағаны тура болып шықты. Бұл жаққа келе жатып, жол бойы көп естіп, көп көрген Алатауы әлі де жалғаса бермек екен.
Айбынды да, асқақ Алатау,сол қалпы, бұл жаһанға заңғарлығын паш еткісі келетіндей Жақыптың алдынан тағы да көсіліп шыға келді.
Енді бір қарағанда Алатау Жақыпты мен мұндалап, өзіне тарта түскендей көрінді. Бекерге «Аспан таулар» деп аталмаған биік таулардың көз тартқызар келбеті Жақыпты онан сайын қызықтыра түскен еді.
Жаңағы ойдым – ойдым болып келетін жазықтың бас жағы үлкен аңғарлы сайға айналыпкетті. Сай бойымен соғатын салқын да ызғарлы желдің лебі де біліне бастады.
Бұл сайдың аты да өзіне сай,«Суықсай»аталынады екен.Сайдың ар жағында кішігірім жаппа үйлері бар азғантай ғана ауыл көрінді. Үстіне лай салған, тоқал тамдардың ара – арасында кішірек тігілген киіз үйлерде, көзге түсіп қалады. Нағыса да, өз тіршілігі, өзінде көрінетін кедей ауылдың сыйқы осындай болса керек. Соған ұқсас дүниелер Жақыптың көзіне бірден біліне бастады. Атпен, арбадағы кісілерді көріп, ауыл иттері жиналып, үре бастаған. Қарулы адамдардың жетегімен келе жатқан арбадағы бейтаныс, жас қазақтың кім екенін білместен алыстан қызықтай қарап, ауыл тұрғындары да таңқалысып қала берді.
Сәл жүргеннен соң тұтқын отырған арба ауылдың дәл ортасынан буырқана ағып жатқан өзенге келіп тірелді.Тастан – тасқа секіріп, ойнақши ағатын тау өзенінің бірі болса керек. Суы таза, мөп – мөлдір, әмбе мұздай, суық көрінеді. Қанша асау болса да, суының тазалығыкеремет екен. Бұл таулардың қойын – қонышының бәрі осындай суларға толы сияқты.
Мынадай таулы жер, ағып жатқан су Жақыпқа өзінің Қарқаралысын есіне түсіргендей еді. Қазір оның көрген сезгені осы болып тұрған.
Казактардың айтуынша бұл өзеннің аты «Бүйен» екен. Жақыптар осы жерге тоқтап, беті – қолдарын жуып, су ішті. Белдерін жазып, аздап дем алысты.
Бұдан ары Бүйеннің тайыз жерінен өтіп, «Арасан» деген ауылға баратын жолға түсіп жүріп кетті. Көп жүрместен тағы бір кішірек ауылдың қарасы көріне бастаған. Айдауыл болып келе жатқан Сарқанның казактары бұл ауылдың «Арасан» деген атын атады. Бұл да, жаңағы Суықсайға ұқсайтын кішірек ауыл болып шықты. Тек, ағаштары ғана көбірек болса керек. Қалың ағаштың тасасында қалған ауылдың үйлері әрең байқалады. Айнала көкпеңбек көк шалғын мен сазға өскен балауса шөптердің көркіне көз тоймайды. Төңіректің әрі Жақыпқа туып – өскен өлкесін есіне салғандай еді. Жақып соны ойлап, іштей күрсініп қойды.Бір жағынан осындай жерге тап болғанына қуанып та келеді.
АрасанныңСуықсай жағынан келе жатқандағы кіреберісі үлкен тоғай болып кетеді екен. Қалың ағаш өскен бақтың ішінде неше алуан ағаш пен өсімдіктің түрлері бар сияқты көрінеді. Мұнда әсіресе, қарағай, терек пен қарағаштың, құлмақ пен талдың түрлері көп екен. Солардың бәрі жинала келе бақтың ішін көз тартар, ерекше сәнді бір мекенгеайналдырып жіберіпті.
Айдауыл казактар бұл жермен талай рет өткен болса керек. Жол бойы Жақыппен орысшаласып қана сөйлеп келе жатқан олар бұл тоғайлы жердің иесі «Кочергин деген казак» дегенді айтып қалды. Жер дегенде үзіліп түсетін казактар көп жағдайды Жақыпқа бүге – шігесіне жеткізіп келеді. Мұның бәрі Жақып үшін қызық. Казактардан естіген әңгімесін бар пейілімен тыңдап келе жатқан Жақыпқабұлардың бәрі өзіне қажет сөздей көрінген. Сондықтан да, ынта қойып тыңдап келе жатқаны сол болатын. Оның осысын байқаған казактардың жасы үлкені Василий, Жақыпқа мұңын шаққандай боп:
–Жақсы жерлердің бәрін Кочергин сияқтылар алып қойды. Ал бізге қалғаны аз! – деп басын шайқады. Соған қарағанда бұлардың үлестері Кочергиндікінен анағұрлым аз болса керек.
Жақып казактардың сөзіне қарап, «бұлардың арасында да мүліктік теңсіздік қалыптасып келеді екен. Ақырында, сондай – сондайлар жинала келе, бір күні бұрқ ете қалатын марксистер айтып жүрген әлеуметтік толқыныстарға апаратынболса керек? Олай болса, Россияны жайлап бара жатқан жол осы шығар?» деп,өз ойына өзі бөленіп кетті.
Ол енді казактардың сөз астарын ұққысы кеп:
– Сонда, Кочергин сияқты казактардың үлесі көп болып кетті ме, өздеріңе қарағанда? – деп сұрады.
– Иә, дәл солай, наделдарымыздың көлемі бірдей болғанмен киргиздардың есіз жатқан жерлерінің ең жақсыларын сол сияқты пысықайлар алып қойды. Бізге нашарлауы қалды.Өйткені, Кочергин сияқтылардың жоғарғы жақта таныстары көп болғандықтан олар сүйтеді – деп, егделеу келген казак ырза болмаған түрмен қабағын тыржитып қойды.
Казактардың «есіз жатқан киргиздардың жерлері» деген сөздері Жақыптың шымбайына батып, бұрын да естіп жүрген таныс әуенге ұқсап кетті. Бір жағынан осы күні өршіп тұрған қазақ жерінің даулы тұсына да жауап алғандай еді. Жауапты өкімет билігіндегі жоғарғы лауазым иелерінен емес, жай ғана төменгі жақтағы қарапайым кісіден алды. Аралары жер мен көктей болады. Бірақ, нағыз ақиқатты сол төменгісі ғана айтатын сияқты. Сол үшін де, мына бір казактың сөзі Жақыпты қатты ойландырып тастаған. Бағанадан бергі Жақыптың көңіліндегі айтпақ болып келе жатқаны да осының төңірегіндегі сұрақ еді. Соған өзі еріксіз жауап алғандай болды. Казактардың жаңағыдай сөзі бір жағынан көңіліне келіп, ызасы келгендіктен соның бәрін бұларға да ашып, айтып салғысы келді.Өйткені, ол жай ғана айдауылдардың осыншама немқұрайдылықпен айта салған сөздеріне әлі де болса бір жағы таңданып, бір жағы қынжылып келе жатқан. Сол қынжылыс сәлден кейін ызаға айналып кетті.Осындайлық іштегі наразылығы өзіне бой берместен жарып шығардай болып келе жатқаны содан да еді.
Дегенмен, казак турасын айтты. Мұның ойындағы күдікті сұрағына жауап бергендей болды. Жақып қарап отырмай мұның ар жағын білгісі келген. Оған керегі, қазақтың жерінің басқа біреуге тиісті екенін казак түсінеді ме?... Түсінсе, онысы бұдан былай, қандай күйде болмақшы?... Немесе жаңағыдай қып, казак сияқтылар ондай жерлерді сұрамай тартып ала береді ме?» деген ойларына жауап алу болатын.
Жақып, «осыны казак қалай түсінеді екен» дегендей болып, енді қалайда соның жауабын алмақ болып, бір жағынан оларға қазақтың жерінің иесі бар екендігін айтпақшы еді.
Бірақ та, Жақыптың казактарға ендігі айтпағы осыған дейін жан дүниесінде жиналып келген бір түйін еді. Онысы казактарға тосын шықты.
– Сендер басқа бір жақтан келе салып, мұндағы халықтың жерін талапайлап жатырсыңдар. Біреуіміз көп, біреуіміз аз алдық деп тіпті ренжисіңдер. Ал, осында өмір бақи тұрып жатқан халықтан сұрадыңдар ма? Мына жерді бізге алуға болады ма деп? – деді.
Ана екеуі Жақыптың мұнысына басында сөз таппай қалды. Үндеместен, аңтарылып, біраз жүрді. Олардың жүздерінде «бұл неге былайша сұрап тұр?» деген таңданыстың табы дабілініпқалған. Өйткені, осы кезге дейін өздерімен «жап – жақсы сөйлесіп келе жатқан тұтқынның аяқ астынан бұзылуына не себеп болды екен?» деп ойласа керек.
Осының алдында олар мына тұтқынды қабылдасымен оның көптің бірі еместігін сезген еді. Өйткені өздерінің айдап келе жатқандары әншейінтұтқын болғанымен, көзі ашық, өзі орысшаға да жетік болып шықты. Оның үстіне нағыз баринге ұқсайды. Казактар әуел бастан оның ақсүйектігін тұтқынның жүріс – тұрысынан, киім – киісінен байқаған. Сонда казактардың егделеуіКузьмин, жастауына сыбырлап:
– Көрініп тұр, жай адам еместігі. Өзі киргиздардың дворян секілді бай тұқымынан шықса керек. Сөзі соларға ұқсайды – деп айтқан болатын.
Сарқаннан шыққалыайдауылдар ауысып, осы екеуі конвоир болған. Баринмен өз тілдерінде жақсы-ақ, сөйлесіп келе жатқан сияқты еді. Аяқ астынан «киргиз бариннің» өзгеріп сала бергенін олар түсінбей қалған.
Осы бір өздері үшін жаңағыдай жайсыз сауал қазір казактардың көкейінен кетпей қойған. Сондай оймен, егделеу казак Кузьмин жастауына сыбырлап, өзінше жақтырмағандай боп:
– Жергілікті киргиздардан жерлерін аларда сұрадыңдар ма, дейді өзі. Сұрайды екенбіз біз олардан. Керек екен олар бізге – деп шамданғанын білдірді.
Анау да оны қостап:
– Иә, иә, керек екен, басурмандарға жалынып, қажет болса олардан тартып аламыз! – деп сөйлеп кетті.
Бір уақытта казактың үлкені Кузьмин Жақыптың айтқанына өшіккендей түрмен, сонысын еске ала кеп, енді соған қарымта жауап қайтарғандай боп:
– Вот тебя барин, истинный крест! Нужно мне, у антихристов спрашивать скилька я нужду имейте буду по землям. Что бачу, ту и беру. На то, благородствуем Царю – батюшке! – деп, үш қйтара шоқынып алды.
Мұнысы Жақыпқа бағанағысынан да жаман тиді. Мұның қандастарын кісі деп, олардың жерін біреудікі деп тұрған бұларың жоқ. «Керек пе аламыз. Ешкімнен сұралмаймыз» дейді.
Казактар Жақыпқа осылайша сыр ашты. «Қазақтың әлем – жәлем жеріне ие қылдың» деп патшасына сиына шоқынып, ары қарата өзара даурығысып, күбірлесіп, кете барды.
Казактың айтқаны Жақыптың қазіргідей ойының ең дөптеген жеріне түрпідей тигендей болды. Оған ыңғай беріп тұрған себептің басы,казактардың осы жердің иесі, жергілікті халықты кісі құрлы көрмей тұрғандығынан еді. Не қылса да, бұл нағыз басынғандықтың бастамасы сияқты. Соның өзі көптеген жылдар бойғы бодандықтың салдарынан пайда болғаны атын айтпай білінді. Олардың сөзіне қарағанда бұл жақта да барлық іске татырлық, жақсы жерлердің жаңадан пайда болған иелері тек қана, солар ғана сияқты.«Қазір бұлардың арасында орыс мұжықтарының біріболса олар да мына казактар сияқты сөйлер еді» деп,Жақып тағы да соны ойлап келе жатты. Бір жағынан оған казактардың жаңағыдай қып айтқандары шамына одан сайын тиіп те жатты.
Сөйтіп, барлық қазақтың аузынан түспей жүрген жер дауыныңбасқа жақтан келген келімсектер үшін қалай шешілетіндігін казактар әп – сәтте Жақыпқа білдіріп тастаған. Өз елінде кімнің – кім, ненің – не екендігін де, Жақып мына екеуінің аузынан тағы да естіп қалды. Не қылса да, соның бәрі көңілін су сепкендей етті. Өзінпанасыз, жетім халықтың сорлы ұрпағындай сезініп келеді.
Бұрындары көппен бірге шуласып жүргенінде қазақтың тартып алынып жатқан жерінің қандай қымбат екендігін Жақып тап осы жерде іші – бауырымен сезгендей болды. Тек бұл уақытқа шейін қарапайым келімсектердің осылайша ашып – жарып сөйлегенін басынан кешірмеген екен. Енді ғана естіп, тұла бойы түршігіп кетті. Ішкі сыры соның бәрін орнына қойғандай етті. «Расында да, солай екен ғой! Біздің қазақтан олар сұрамай-ақ, керегін ала береді екен» деген ойдың қазір түбіне жете алмай қалған.
Жақыптың бұлаң тартқан көңіліндепайда болған қазіргідей бұлдыр ойлардың бұдан кейін түк патуасы жоқтай болып көрінді.Жабырқап тұрған көңіліне мұнымен қоса өзінің тұтқын екендігі қоса түсті. Жаңағыдай сөз айтқан айдауылдардың өзіне қожа екендігі де енді ғана өзіне анық сезілді. Өмір шіркін барлығын өзінің тиісті орнына қойған секілді.Бір жағынан Жақып өзінің не себеппен жер ауып келе жатқандығында есіне түсіріп, одан бетер еңсесі түсіп, тұнжырап, қабағы түйіліп кетті.
«Кочергин» тоғайының соңғы жағында жер астынан шығып жатқан ыстық сулар бар болып шықты. Бұл жер «Арасан» деп аталады екен. Шипалы суы мол Арасанда төрт – бес кәдімгідей үлкен – үлкен үйлер салыныпты. Жан – жағының барлығы зәулім көктеректерге бөленіп тұр.
Конвоир болып келе жатқан казактардан сыр тартып сұраған Жақып:
– Қайда келдік? – деп еді.
Онысына казактың жасы егделеуі:
– Бұл Арасан деген жер болады. Мұнда емдік қасиеті бар, жер астынан шығатын шипалы су бар. Жақсы жер! – деді.
– Ары қарата барин, Қапалға сені Арасанның казактары апарады. Біз сені соларға тапсырамыз – деп, өздерінің сапарларының аяқталғанын білдірді.
Казактардың айтқанындай болып шықты. Жақыпты осындағы конвой болатындарға тапсырып, жаңағы екеуі қайтып кетті. Конвоирлар жолға жиналғанша бір – екі күн өтетін түрі бар. Соны ескеріп, Жақып олардан зәулім көктеректердің аясында тұрған шипажайдың ыстық суына түсіп шығуға рұқсат сұраған. Олардың рұқсатын алып, арасан суына түсіп, көп күнгі жол мехнатынан аз да болса құтылғандай болды.
Есесіне, ойына әр түрлі ойлар келе бастады. Алыстағы Қарқаралысында қалған Гүлбағарды алдымен сағынышпен есіне алған. Сүйтіп еді, сағыныш билеген бойы құлазып шыға келгендей болып сезінді. Мауқын баса алмастан, алыстағы қарлы тауларға қарап, мұң басқан көздерін сол таулардың биік шыңдарына сала берді. Осылайша отыра берер ме еді? Қайтер еді? Егерде, ағаш есігінің тура маңдайшасына «1886 жыл» деген ойып жасалған жазуы бар есік айқара ашылмаса. Тысқа орта жасқа келген орыстың жас келіншегі шықты.Шамасы осы жерде, жылысу шипажайында істейтін әйел болса керек.
Өзімен – өзі боп, томсарып, ойға шомып отырған Жақыптың аяқ астынан ойы бұзылып кетті. Оның көңілін бөлген, үйден шыға келген жаңағы әйел болды. Нағыса да, әйел суға түсетін үйдің ішін жинап шыққан көрінеді.
Жақыпты көріп, әлгі әйел аузы жыбырлап өзімен амандасқандай болды. Бірақ, ол ойы бұзылып кеткендіктен бе, әйелдің даусын онша ажырата алмай қалған. Әйелдің түрінен орыс екенін көріп, Жақып онымен орысша амандасты.
Жақып, жаңа ғана бұл әйелге діттеп көңіл аударғандай болғаны осы еді. Оған орысша тіл қатты. Сүйтіп еді, ол өзін түзетіп, қазақша сөйлей бастады.
Жаңағы әйелдің етжеңділеу келген, толық та, мығымдау денесіне лайық қызылшырайлы өңі бар екен. Ақсары жүзінен жылылықтың шырайы білініп тұрғандай көрінді. Тіпті, Жақыптың өзімен орысша сөйлескеніне таңдана түсіп:
– Біз жергілікті болып кеттік. Әке – шешеміздің осы жаққа көшіп келгеніне отыз – қырық жыл болып қалыпты. Үйреніп кеттік. Біздер Винтовкиндер әулетінен боламыз. Қазақтардың тілін тез үйреніп алдық. Мен Пелагея Винтовкина боламын – деп, таза қазақша сөйледі.
Жақып, бұл әйелдіңайтқанынан енді ғана өзі үшін түсінікті жайды ашқандай болды. Іштей, «е, еһе, бәсе, солай екен ғой!» десе де, әйелдің сөзінің райына қарата, «тағы бір жайды қалай түсіндірер екен» деген сұрағын оған қоюды жөн көрді. Сондай оймен ол:
– Көпшілік православиялықтар: орыстармен казак – орыстар, қазақтарды киргиз деп атайды. Сіз неге солай атамайсыз? – деп еді. Ол сұрағына жаңағы өзін Пелагея Винтовкина деп таныстырған әйел:
– Олар өздерін киргизбіз деп айтпайды ғой. Өздерінше қазақпыз деп айтады. Олар қазақ болса, біз казакпыз. Мүмкін туысқан шығармыз – деп, сықылықтап күліп алды.Оның мұнысына Жақып та ырза болып, ол да күлді.
Осындай қысыр әңгімеден басқа сөз айтар кісі таппай іші пыса бастаған Жақыпты айдауылдардың:
– Жол жүреміз – деген сөзі бөліп кетті. Бұл оған қаратып айтылған «дайын бол» деген бұйрықтың белгісіндейболып шықты. Олардың ыңғайына үйреніп кеткен Жақып заттарын арбаға салып, отыра кетті. Жақыптың ендігі сапары жылысу мекені болған Арасаннан ары қарата соңғы тұрағы Қапал қаласынажалғасқан еді.
Сол күні кеш батпай Жақып жер аударуын өтейтін негізгі ортасы, есеп айырысатын болашақ тұрағына ұзақ жүрістен шаршап, шалдығып жетті.
Кішігірім қала болса да, Қапалда бір талай ескіше, жаңаша оқыған, сауда мен саттықты дөңгелетіп жатқан көпесің мен саудагерің, дін жағының да, әскери жақтың да кісілері көп екен. Бұл жерде іші пыспайтындығына Жақып қуанған. Өйткені, уезд орталығы болып саналатын бұл қалада біраз оқу орындары ашылыпты. Бұл да болса, Жақыптың тәуір көрген жаңалығының біріне айналды.
Қапалға келе сала тұратын жер іздеген Жақып көп қиналмай оны да тапты. Оның тоқтаған жері ағаштан қиып салған әжептеуір үй екен. Өзі тура қаланың ортасында орналасқан. Жүріс – тұрысқа аса ыңғайлы сияқты. Әмбе, бұл арадан полиция басқармасы да жақын көрінеді. Бұл үйді баспана ретінде таңдауға Жақыпқа осы да себеп болды. Өйткені ол күнделікті тіркелу үшін полиция кеңсесіне барып тұру керек еді. Баспана ретінде осы үйді таңдаудың басты себебі де осыған әкеліп тіреткен еді.
Жақып тоқтаған үйдің иесі де әжептеуір егде тартқан татар әйелі болып шықты. Аты, Нафиса ани екен. Нафиса кемпір, Жақыпты үйіне тұрғызуға бірден көне кеткен. Анидің шалы осыдан бес – алты жыл бұрын қайтыс болыпты. Нағыса да бұрындары саудагер болса керек. Бұл үйдің ауқаттылығы да біршама көтеріңкі, өздеріне сай екен.
Осы үйдің әзіргі бас көтерер еркегі жасы қырықтардан асып кеткен Ғабит атты жігіт. Әкесінің ісін сол қабылдап алып, ары қарата жүргізіп жатқан көрінеді.
Ғабиттің жап – жас мөлдіреген келіншегі бар болып шықты. Аты – Мінуар екен. Бұл екеуінен туған тұлымы желкілдеген бес – алты жасар Фатима атты қыз баласы тағы бар. Сонымен Жақып үшін бұл үйдің іші әжептеуір жанға толы болып шықты.
Нафиса ани, үйдің астыңғы қабаты ретінде салынған, жартылай жерге қазылып істелген үлкен бөлмені Жақыпқа көрсетіп:
- Осы жер сізге ұнайды ма? – деп сұраған.
- Егерде ұнаса, орналаса бере ғой – деді.
Анидің көрсеткен бөлмесіне кірген Жақыптың көңілі толып, ырзалық ниетпен:
- Маған ұнады. Осы бөлмеде тұра беруіме болады екен – деп қуанып
қалды. Дереу көліктегі өзімен әкеле жатқанжүгін түсіре бастаған. Жер аударылғаннан кейінгі Жақыптың Қапал қаласына келуі осылайша басталып кеткен. Өзін жолы болдыға санаған Жақыптың әсіресе ырза болғандығы Қапалдағы көп татарлардың ішінен жақсы біреуінің үйіне тап болғандығы еді. Жинақы келген, таза үй, адамдарының мінез – құлқы да оның көңілінен шықты. Айдауда, бодан болып жүрсе де, Жақыптың есіне, Әлихан айтатын: «Адам баласының бір басына бұдан артық не керек?» деген сөздері түсті. Осы кезде ол Әлиханды ойлады. Ол да алыста жүр. Тіпті, бұл сияқты емес. Бөтен ел, бөтен жерде жүр. Оның жүрісі өзінікінен анағұрлым ауыр болды. Сонау Самарға, бұл жерден алысқа, жер аударылған. Өзі болса, ел ішінде тіпті, жалғызсырамайтын сияқты таяу жерде Барлыбек бар. Жақып осыған «құдайға шүкір, тауба!» деген.
Алатаудың бауырына сұғына кіріп, оның ығына тығылған шағын қалаға Жақыпта тез үйреніп кетті. Құтты бір өзінің Қарқаралысында жүргендей сезіне бастаған. Бұл да сол сияқты айналасын таумен көмкерген қала екен. Жақып соған шүкірлік етті.
Жақып Қапалға үйренгенібылай тұрсын, тіпті бауыр басып қалғандай, «бұл жерден кетерде қалай қиямын» дейтін ойдаанда – санда қылаң беріп қояды.
Бұл жақтың адамдары да оны өгейсітпей, жақын адамынан бір кем көрмейтін болып алды. Жақыптыңендігідегі, күн сайынғы үйреншікті өмірі де осылайша өте беретін түрі бар.
Олбұл жерге келгеннен бергі барлық өмірін есіне алып қараса, сондайлық өзгерістер көп сияқты. Әсіресе, Қапалға келісімен өзі де көп өзгеріп сала бергенін бірден аңғарған. Ең бастысы қызба мінезділіктен аздап болса да арыла бастағанын өзі де сезіп жүр.Ол өзінің мін басында осындай өзгерістердің жүріп жатқандығына бір жағынан қуанып та жүр.
Оныншы тарау
Барлыбектер Қапалға кірісімен алдымен орталыққа бет алды. Даңғыл жолдың оң жағында Қапал бекінісі болса, сол жағы терең сай болатын. Сол сайдың түбінде жылтырап аққан бұлақ бар.
Қапалдың ортасы осы тұста, жақын жердегі жақпар тас беттен судың аз жері тамшылап, көп жері сырғанап ағатын «Тамшыбұлақты» да көруге болады. Осы бір тұстың маңайында мұсылман мешіті де, православиелік шіркеу де, мектеп пен қыздардың медресесі де, қазақ балалары үшін ашылған әзірлік пансионы да бар еді.
Барлыбектің көзіне барлығы сол қалпында көрінді. Түк өзгермеген сияқты. Есіне 1874 жылдың күзінде сегіз жасар бала болып, Қапалға келгені түсті. Сол кезде де, Қапал дәл осы қалпы болатын. Айналасы отыз жылдан асып кетсе де өзгерген түгі жоқ.
Ол кезде бауыры Тұрлыбек екеуін әкесі әзірлік пансионына оқуға әкелген. Барлыбек әлі жас, небәрі тоғызда, ал ағасы Тұрлыбек он бірде еді. Пансион бастығымен сөйлескен Сырттан өзінің адуынды мінезіне салып:
– Біз алдымен мынаған келісіп алалық! Бұл балалардың оқу тегін болса, бұларды оқытуды және асырауды осы жер міндетіне алса, сондай-ақ, балалардың жатын орны мен олардың ішер асын істеп беруге шешелері, менің үлкен қатыным бірге болады десе онда мен көндім. Егер олай болмайды десе, онда мен екі баланы алып еліме қайтамын! – деді.
Барлыбек пен Тұрлыбек бұл араға Арасан болыстығы есебінен келген болатын. Бұған дейін орыс оқуын оқуға қазақтар шорқақтық білдірген. Оны істейтін оқу оқитын жас бала емес. Олай ететін олардың ата – аналары еді. Орыс оқуын оқыса баламыз шоқынып, тілінен айрылады. «Дінсіз болады» деп қорқақтаған соң, өкімет болыстарды оқушы балалар жіберуге міндеттейтін жарлық шығарған. Бұдан кейін болыстар елді үгіттеп, оқуға бала табуды сұрап, қысым көрсеткен. Алғашында оқуға панасыз, жетімдерді, туысқандары сырт беріп, «керегі жоқ» дегендер балаларды осы оқуға жинай бастаған.
Бұндайда ірікіліп қалатын кісі Сырттан емес. Сырттан бұл шабылудың артында үлкен түйін жатқанын сезген. «Несі бар! Орыс оқуын оқытып, балаларым оқалы киім киініп, шіреніп шықса! Сонда көрер едім, бізге тұяғын батырған немелердің» деп, Сырттан сілкініп шыққан. Көпшілік ағайын – туғанға бой бермейтін, айтқанын істейтін қаһарлы әке дегенін жасаған. Балаларын салып алып, Қапалға әкелген. Оқу бөлімінің бастықтарымен келісіп, қазынадан балаларын оқыту үшін қаражат бөлгізген. Оған дейін өзі Тамшыбұлаққа жақын жерден киіз үй тіккізіп, бәйбішесін бас қылып, балаларын сонда қойған.
Әуел баста бір ауыз орысша сөз білмейтін ағайындылар ынта – жігерлерін төгіп, тез үйренісіп кетті. Кейінгі кездері пансионның мұғалімдері балаларын әкесіне мақтап:
– Балаларыңыз қабілетті әрі ыждағатты болып шықты. Тіпті олар мұғалима өткізетін сабақ аяқталысымен өз бетімен уездегі басқармаға барады. Оған баратыны, өздері үшін қосымша тағы біраз нәрсені үйренгісі келгендіктен болып тұр. Басқармадағы өз істерімен айналысатын қазақтардың қатысуымен олар қосымша жинақтаған таным – білімдерінен емтихан тапсырып жүр – деп мақтағаны бар.
Барлыбектің оқу іздеп, жаңа өмірге қол созуы осы Қапалдан басталған. Сауатын да осында ашқан. Кеше ғана атпен сонау Қарашоқыдан Қапалға келе жатқаны әлі есінде. Тұрлыбек екеуінің мінгендері ертоқымсыз жайдақ ат. Аттардың үстіне құр тоқым салған. Ұзақ жүрістен құйрық тұстары қажалып ауырса да шыдап келе жатқан. Тек туған жерден алыстаған сайын көңіліне қаяу түскен Барлыбек әкесіне қарап:
– Онда барғанда біз қайда тұрамыз? – деген. Онысына томсырайып келе жатқан әкесі:
– Алдымен оқуға қолыңды жеткіз, балам! Тұратын жер содан кейін табылады – деп еді. Айтқанындай үш – төрт күннің ішінде қазір өздері тұрған жерде кішкене ғана, жаппа қос пайда болған. Соның бәрі күні кеше сияқты еді. Сүйтсе, біраз ғұмыр өтіп кетіпті.
Тамшыбұлақты өрлей жүрген жүргіншілер Қапалдың орталық жолына түсіп, Жақып Ақбаевтың тұратын жерін іздеген. Көп ұзамай оны да тапты. Сұраған елдің бәрі Жақыпты білетін болып шықты. Солардың нұсқауымен бұлар оны Қапалдың көрнекті жерінің бірі, атақты Тамшыбұлаққа жақын жерге салынған орыс шіркеуінің қасындағы үйлерден тапты.
Жақып осында тұрады-ау, деген үйдің алдына келіп, Есенқұл қақпа қаққан.
Ар жақтан осылай қарай келе жатқан адамның жүрісі білінгендей болды. Соны естіген Есенқұл:
– Жақып деген мырза осы үйде тұрады ма екен? – деп даусын көтере сөйледі.
Сөйткенше болған жоқ. Аржағынан келе жатқан адамның аяқ сыбдыры естілді. Бір кезде есік ашылды. Оны ашқан кісі, жасы алпыстарға кеп қалған, етжеңді келсе де, қимылы әлі ширақ әйел болып шықты. Әйел аздап әжім кірген қабағын керіп:
– Яқуб Ақбаевты айтсаңыз, келіншегінің аты Гүлбағар болса, ол мырзаңыз осында тұрады – деді.
Жаңағы әйел кісінің «Якуб» дегеніне Есенқұл таңырқап қалған секілді. Өйткені, бұлардың іздегені Жақып болса, әйелдің айтып тұрғаны Якуб болып шықты. Мұнысы қалай, деген қараспен ол Барлыбек жаққа бұрылып:
– Мына кісі Жақып емес, Якуб деген біреуді айтады ғой. Келіншегінің де атын айтты. Сіз білмейсіз бе? – деп сұрады.
– Дәл соның өзі. Кейде сөйтеді орысша мен татаршаға жақындатып Якуб дейді. Ондайлары біздің жігіттердің арасында кездеседі. Баяғы өзің танитын Міржақып Дулатов болса, кейде өстіп өзін Мир – Якуп деп атайды. Бірақ келіншегі жайында білмеймін, айтып көрмепті – деп Барлыбек күлді.
Келген кісілердің жай ғана қаймана қазақтың бірі еместігін түсінген егде әйел енді түсін жылытып:
– Өздеріңіз кім едіңіздер? – деді.
Есенқұл бұл жолы да жергілікті адамның қылығына салып, өзімсінгендей болған ыраймен:
– Мына кісі Барлыбек аға, Сырттанов деген күбернәтір кеңсесінде істейді. Бернейден келді. Мен болсам Қалқабаевтар жағынан, Маман баласы Есенқұл боламын – деді.
Оның жауабын ести салып, жаңағы егделеу әйел оның бұл сөзіне өзгеріп сала берді. Ол қолын қусырып, белін бүге, сәл иілді де:
– Ондай болса, төрлетіңіздер! Нағыз күткен қонағымыз өздеріңіздей болсын! – деп бәйек болып қалды.
Жаңағы әйел кісі жасы бір сыпыраға келіп қалса да әлі тың көрінеді. Сырттай Барлыбекті білетін болып шықты. Тіпті, оның қасында бірге еріп жүрген Есенқұлды да біледі екен. Алдымен бұларға есік ашып, қонақжайлық пейіл көрсетіп тұр. Өзі ақжарқын, әмбе сөзшең екен. Осы уақыттың ішінде, бұларды естіп – білгені бар екендігін, Жақыптың өз үйінде тұрып жатқандығын, оның оқыған, зор мәдениетті адамдар арасынан шыққандығын, келіншегінің де жақсы адам екендігін де айтып тастады.
Есік алдындағы кісілердің сөйлескен дабырын естісе керек, бұл кезде Жақыптың өзі де есік алдына шыққан еді.
Барлыбек пен Жақып нағыз жақын адамдарша қауышып, ұзақ амандасып жатты.
Жақыптың арықтау келген талдырмаш бітімі аздап кесек тарта бастапты. Түр әлпеті солғындау болса да, бірақ отты жанары сол қалпында өзгермепті.
– Бәсе, бұл ағам мені неге іздемей жатыр десем! Оным бекер екен, енді міне, Қапалдың өзіне де келіп жетіпті ғой ағамыз – деп Жақып күлімсіреп, қайта – қайта Барлыбекті құшақтап, қолын ала берді. Ол енді ғана Есенқұл жаққа көзін салып:
– Мына кісіні танымадым ағасы, бірақ сізбен бірге жүргеннен кейін, бұл кісі де жай адам емес шығар? – деп қалжың араластыра сөйлеп жатыр.
– Иә, шырағым Жақыпжан! Бұл құрбың Есенқұл Маманов деген кісі болады. Осы жақтағы елге қамқор болып жүрген жігіттердің бірі. Досың Міржақып ана жылдары осы жаққа келіп жүретін. Айтқан шығар Қалқабаевтардың кім екендігін. Бұлардың ашқан мектебінде Жетісудың талай баласы білімге сусындап, сауат ашып жатыр. Елге үлгі болсын деп «Қарағаш» деген ауыл салып, жан – жақтағы елге жаңаша өмір сүру тәсілін де көрсетіп тұрған жайсаң жандар осылар – деді.
Есенқұл жайынан хабардар болған соң, Жақып:
– Бұл жерде естіп жатырмыз Қалқабаевтар әулеті жайындағы жақсы сөздерді. Енді сол әулеттің Есенқұл сияқты мырзасымен таныссақ нұр үстіне, нұр болғай дейміз. Одан басқа бізде өзгеше тілек жоқ – деп қалды.
Осыдан кейін барлығы жиылып алып, қауқылдасып, Қапалдың тау самырсынынан қидырып салынған, еңселі үйге беттеді.
Үйге кіре бере, Жақып әйелі Гүлбағардың үйде жоқтығын тілге тиек етіп:
– Әттеген-ай, Гүлбағар үйде жоқ еді. Шешесі ауырып, Қарқаралыға кеткеніне біраз болды. Сіздердей қонақтың күтіміне қатыса алмайтын болды – дей бергенде, ана жақтан қақпа ашқан кексе әйел күлімсіреп:
– Якупжан, бикәргә һафа болмағайсыз! Биздәр бармыз ғой – деп шықты.
– Нафиса ани, әуре болмай –ақ, қойыңыз! – деген Жақыптың айтқанына көнбестен ол кісі өзі шай қоя бастады. Дастарқанды да келініне айтып, өзінің үйіне жайдырды.
– Бик яқши болғуй, мундай мейманлар кунде килмәс булар. Якубжан, сіз еш һафа қылмаңыз. Бари де, вит дурыс булар – деп, ол кісі іске кірісіп кетті.
Барлыбектер Жақыптың бөлмесіне жайғасып, қызу әңгімеге кіріскені сол болған, үй иесі әйелдің де шайы да дайын болыпты.
Басталған әңгіме шай үстінде де бір тоқтамады. Қызу әңгімеге кірісіп кеткен Жақып, өзінің қалай қамалғанын айтып, содан Қапалға не себеппен келгенін ашып, айтумен болды.
Ара – тұра, ол тіпті, ашына қабағын шытып:
– Оңбаған немелер, арсыздықпен қамап, соңынан жер аударып отыр. Сондағы билік басындағылар тіпті губернаторынан бастап, уезд басқармасына дейін біледі менің кім екенімді. Сот палатасында жүргенде олардың паразитарлық, қансорғыштық өмірлерінің көп тұсын біліп қалдым. Содан үркіп, маған жала жауып істеп отырғандары өңшең антұрғандардың. Бірақ бұл күрес тоқталмай,менің де де тоқтауым мүмкін емес. Өйтпесем, ақыры адамның бой қуаты әлсіреп, бүкіл дене тіршілік қабілетінен айрылатыны сияқты күй кешуім мүмкін.
Мемлекет идеясын ту етіп көтерген және заңдарды күшпен орындату мүмкіндігіне ие болып отырған үкімет пулеметтердің, зеңбіректердің, фугастар мен шрапнельдердің және басқа да соғыс қаруларының көмегімен өз адамдарын басып – жаншуғақабілеті бар екені рас. Бірақ мұндай үкімет қаратүнек пен парықсыздық жайлаған елге қаулап өсіп келе жатқан, жай көзге көрінбейтін жұқпалы әрі тез таралатын бактериялармен, бациллалармен күресуге дәрменсіз.
Осынау дәрменсіз бациллалардың (тырысқақ, сүзек, оба) қатері күшті екендігі сонша, олармен санаспауға болмайды. Мұндай қауіпті жауға ашық соғыс жариялауға бола ма? Әрине жоқ! Жан – жануарлардың аяушылық білдірмейтін мұндай жауларына қарсы кім күресе алады?
Ол – езгіден азат елдің, қандай да саяси партиялардың ықпалына түспеген, кісен мен бұғаудан азат елдің білімі ғана. Міне, біз сондықтан да саяси бостандық пен заңдылық үшін күрестік және күресуге дайынбыз» – деп Жақып ашық айта бастады. Сондықтан да, жандармдар маған Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 129-баптары бойынша (ұлы мәртебеліге тіл тигізу, сатқындық және өмір сүріп отырған құрылысты құлату мақсатымен үгіт, насихат жүргізу) мемлекеттік қылмыс жасады деп айып тақты. Әдеттегісіндей, мен тұтқынға алынып, отбасыммен бірге қарулы айдауылмен Қарқаралы түрмесінен Павлодар қаласы арқылы Семей түрмесінің абақтысына жөнелтілдім, Павлодарда қараңғы, ылғал, сасық орында қос құлыппен құлыпталып жападан – жалғыз отырдым. Павлодарда мені пароходтағы иттің үйшігіне отырғызды, онда Семейге жеткенге дейін мен үнемі жатып баруға мәжбүр болдым, өйткені оның тарлығы сонша, отыру да, тұру да, мүмкін емес еді. Бұл үйшікке мен еңбектеп кіруге мәжбүр болдым, бұл үйшік жалпы жұрт баратын әжетхананың қасына орналасқан болатын, – деп, Жақып ызалана түсті.
– Барлыбек аға, керек болса солардың істеген істерін жоғарыға жазып, самодержавие сілімтіктерінің бет пердесін ашып салсам деген ой да бар – деді.
Жақып жақтырмаған сыңаймен қызулана сөйлеп, осы бір зұлымдық пен арамдыққа толы істі бүкіл Россияға жаймақшы ойы барын айтып салды. Бірақ, ол ойының не екендігін, онысын қалай іске асырарын тіс жарып әлі айтқан жоқ.
Барлыбек бұл кезде Жақып айта бастаған әңгімесінің төркінін сезіп отырған еді. Осы кез ішінен өзі де ой түйіп: «Неде болса, бұларың Жақыпты жала жауып қамаған екен. Ал оның білетіндері бір басынан асып түсетін дүние болды. Соның кесепаты бізге тие ме деп, өңшең «азғын» мұны ұстатқан ғой. Бірақ мен білетін Жақып болса ол мұнымен тынбайды. Оларды қалайда әшкерелеуге тырысар» деп, Барлыбек Жақыптың қайсар мінезіне сүйсінгендей пейілде болып отырған.
Өзі де, соның ыңғайына қарай:
– Мен білсем, сізді нақақтан – нақақ қиянатқа бұйырған екен. Әділдік орнамаған жерде әманда осылай боп, шиі шығып тұрады. Ондай зорлық пен зомбылықты анықтап, тамырына балта шауып отырмаса онан сайын өршіп кетеді – деп, Барлыбек те кейіп тұрып айтты.
– Олай болса Жақыпжан осы айтқандарыңыздың бәрін қағазға түсіріп беріңіз. Жақын арада Жетісуға инспекторлық тексеріспен граф Пален келеді деп естідім. Ретін тауып, соған осыларды жеткізсек болғаны ар жағын өзі біледі. Өзі бір дұрыс адам. Ыңғайына қарай нәтиже шығаруы қолынан келіп қалар – деді.
Паленнің атын естіп, Жақып елең ете түскен. Бұрындары Барлыбектен естігендері бар еді, тағы сол жайында. Сонда Барлыбек Жетісуда ушығып тұрған жер мәселесі мен қоныс аудару, переселендер басқармасы қызметіндегі заңсыздықтарды Паленге жайып салғанын айтқан.
Сондықтан Жақыптың өзі де оның атына қанық екенін білдіріп, бұл ұсынысқа тоқтайтындай раймен:
– Несі бар, Пален болса, бола берсін. Ол туралы сізден естігенмін. Қояндыда айтқандарыңыз әлі есімде. Сіз айтқандай дұрыс адам болса, тіпті жақсы! Менікінің бәрі дайын, ойда жүргендер ғой. Қазір-ақ, соның бәрін қағазға түсіріп беремін – деп, Жақып жауабын қысқа қайырды. Бұл оның болғалы тұрған дауға белсене кіріскелі тұрғанын аңғартып салған еді.
Барлыбек Жақыптың қайсар мінезін білетін. «Өзінің басы байлауда жүргенде әділдік іздеп, тағы бірдемеге ұрынар ма екен» деп, қазір мұны да ойлап тұрған. Өйткені, қайтпас, тік мінезді Жақып, тым батылдау қимылдаймын деп оларды өшіктіріп, өршітіп алмаса болғаны. Барлыбек бұл жерде оны да ескерте кетейін деген ниетпен:
– Жақып айналайын, бұл жерде тағы бір айтатыны бар. Өзің болсаң айдауда, жер аударылып жүрсің. Бұл бір бәлекет іс болғалы тұр. Өйткені тамам құзғын бір жақта, жалғыз өзің бір жақтасың. Сол құзғындар көптігін істеп, басыңа қара бұлтты төндірмесе екен деген ниетпен айтып тұрмын мұны – деді.
Бұл сөз Жақыптың шамына тиіп кетсе керек. Ол дереу:
– Мені аяп айтсаңыз да, өз жайымды білдірейін. Барлыбек аға, олармен күш салысып, сынасып тұрған мен жоқ. Бірақ соларға, ақиқатты аттап кеткізгім тағы жоқ! Сол үшін олармен айтысқалы тұрмын. Бұл жолда, мен оларды жеңемін деп айта алмаймын. Оған менің көзім де жетіп тұр. Сонда да, менің бір қолым маған қастық істеген адамдардың жағасында болғаны дұрыс шығар деп ойлаймын – деді.
Оның дауысында қатты зіл бар. Көкейіндегі кегі де қайнап тұрған секілді. Жақып соның бәрін бүкпестен айтып салды.
Осындай оңаша жерде, Барлыбек, Жақыпқа бұл жолдың қауіп – қатерінің көптігіне қарай, «байқамаса болмайды» дегісі келген.
– Әй, қарағым-ай, бір жағынан сенікі де дұрыс болар! Менің ойлағаным сенің амандығың. Өзіңдей өрім жігіттер ел үшін керек боп тұрған заманда, оны да айтуға тиістімін. Дұшпандық ниетпен айқасқаның дұрыс қой. Бірақ сол дұшпан кісілерді өздерінің айла – тәсілімен жеңген жақсы – деп, Барлыбек бір жағынан Жақыптың қайтпас қайсарлығына ырза болса да, үлкендік білдіріп, ағалық ақылын жеткізді.
Енді міне, Жақыптың басындағы азабы мен уайымын да алдымен білетін адам Барлыбек болғалы тұр.
Бұл істі қалайда Жақыпқа да, елге де пайдалы болу жағын ойластырып отырған Барлыбектің басына қазір бір ой келіп тұрған еді. Ол бойынша жаңағы патша жендеттерімен айқасқалы отырған Жақыпқа мұның еш залалы болмау керек. Оларды тек әділдіктің заңды жолымен жеңуге тырысу қажеттілігі ғана болу қажет.
Барлыбек осыны Жақыпқа айтуды жөн көрген. Соны дұрыс деп ойлаған ол:
– Жақып, сіз өзіңіз Қапал жақта айдауда жүрсіз. Бас еркіңізді бізге жат мына бір билік басындағылар тұйыққа әкеліп тіреген заманда өзіңіздің қалайша нақақтан – нақақ жазаланғаныңызды қалың елге, жөні дұрыс жерге жеткізгіңіз келеді. Менімше сондай адам бар сияқты. Ол жаңағы мен айтқан сенатор, Россия империясының тайный советгигі (құпия кеңесші), граф Константин Константинович Пален деген кісі. Міне, өзінің айтуы бойынша Палендердің үшінші ұрпағы сенатор болып келеді екен. Константин Константиновичтің ата – бабалары Бірінші Петрдің қызы Елизавета Петровнаны таққа әкелуге ат салысқан адам болып шықты. Ал әкесінің әкесі кавалерия генералы Пален болса, Павел І тақтан тайдырған әскерилерді басқарған. Соның атына прошение жазған дұрыс па деп қалдым. Оның үстіне граф Пален болса Басқарушы Сенаттың Бірінші департаментінің гофмейстері, көбінесе Түркістан өлкесін, оған кіретін Жетісу облысының ерекше тапсырмалар бойынша тексеретін сенаторы болып қызмет атқарған еді. Патшаның жарлығына сәйкес оған Түркістан өлкесін ревизия жасап тұру жүктелген. Көбінесе әділетті сөз айтатын, нағыз шыншыл адам. Езгідегі халықтардың да жағдайына қарайласатын сыңайы бар – деді.
Жақыптың өзінің бұл айтқандарын ден қойып, тыңдап отырғандығын байқаған соң Барлыбек әңгімесін ары қарата жалғап:
– Паленнiң өз басы Билiк етушi сенаттағы жiбi түзу, мемлекет ісіне адал адамның бiрi екендігіне мен куә бола аламын. Оның үстiне қазақ жерлерi туралы жинағандары мен жазғандары да өте көп, терең білімді кісінің бірі екендігі тағы бар. Ең бастысы Пален осы кездегі Петербургтегі билік басындағы отырған шенеуніктердің ішіндегі қазақ елі мен жерінің бiлгiрі саналады. Мұнымен бірге, өзінің адамгергершілігі мол, адал адам ретінде танылып жүр. Қазақтарға деген ниеті де дұрыс болып тұр. Пален расында да осы кездегі империядағы отар елдердегі әділеттікті жақтайтын бірден – бір адам екендігіне сеніңіз – деді.
Барлыбек Паленді қатты сыйлайтын. Басқа кезде де, көбінесе соған жүгінгенді дұрыс деп санайтын. Оның көзіне патшалық Россиядағы адал адамдардың бірі Пален екендігінде оның күмәні жоқ еді.
Граф Пален Түркiстан өлкесiн, соның iшiнде осы өлкеге қарасты Жетiсу облысының да мекемелерiнiң туземдік жерге байланысты жұмыстарын да бұрындары тексеріп, дұрыс қорытынды шығаруға күш салған. Ол сонда Барлыбектi өзiне жеке шақыртып, одан көп мәлімет алғаны бар. Сол кезден бастап Барлыбек екеуі жақсы таныс болып кеткен.
Пален тексерістермен Жетісуға келгенде ылғи да Барлыбекпен екеуі кездесіп, әңгімелесіп тұратын. Кейде әңгіме арқауы бірте – бірте кеңіп, бір уақытта барып, жаңа өріс таба бастағандай болатын кездері де көп болатын.
Сондайда, Барлыбек оған қазақтың тауқыметі көп өмірінен сыр шертіп, соларды Пален арқылы билік басындағыларға жеткізуді сұрайтын. Пален оның айтқандары мемлекет ұстанған саясатқа оң тартып тұрмаса да, әмбе отарлық жүйе тұрғысынан оларға ұнамсыз болса да сол қалпында Сенатқа жеткізіп тұрушы еді.
Міне, Паленмен арадағы таныстығын пайдаланып, Барлыбек Жақыптың басынан кешкен зұлымдықтары мен заңсыз қамалуының себебін сол арқылы жоғарыға жеткізіп, қазақ даласында болып жатқан заңсыздықтарды да қоса шешуді ұсынған.
Осы жайды Жақыптың пайдасына ұрымтал пайдаланып қалғысы келген Барлыбек бұл жолы тағы да істі Пален арқылы шешпекші болды. Сол ретте Барлыбек сөзді арыдан қозғаған. Ол айтылмақ сөздің төркінін алдымен Жақыптың қағазға түсіріп беруін өтінген.
Ал, Жақып болса осы өлкені мекендейтін қазақ халқын басқаруға жіберілген кейбір отарлық жүйенің алпауыт шенеуніктері бас пайдалары үшін бұра тартып, алаяқтық пен алдау – арбауға дейін барып, қолдарынан келгенше қазақты тападай тал түсте тонап, бопсалап, заңды оңды – солды бұрмалап отырғандығын жазып беруге даяр екендігін Барлыбекке жария етті. Соған байланысыт, Жақып осы кезде көптеген заң бұзушылықты басынан кешіргені туралы айтқан еді.
– Мен өзімді не үшін қамауға алғандарын, соңынан жер аударылып кетуге мәжбүр еткендерін осы күнге дейін түсінбей келемін. Соған негіз болған заңды білгім келеді – деп, Жақып осы уақытқа дейін өзіне қастандық істеп отырғандардың затын әйгілеп тастауға дайын екендігін білдірген еді.
Бұл оның Барлыбекке қаратып, «неге де болса дайынмын» деп айтқан уәдесіндей болып шықты.
Жақып ендігі сөзім, «шым – шытырығы көп, бұдан бетер шиелініскен, қиын іс болмас па екен?» деген пішінмен, Барлыбек жаққа сұраулы пішін, сондайлықты көз қарасын аударып:
– Тіпті, өзімді не себепті Дала өлкесінің, Семипалат облысы, Қарқаралы уезінен осы жаққа қандай заңның негізіне сүйеніп жер аударғандығын да, осы уақытқа дейін түсінбей келемін – деді.
Бұл жайында Жақып бұрын – соңды ашылып сөйлей алмай жүрген. Өйткені, басы істі болып, қамауға алынып, ұзақ – сонар тұтқынға түсіп, ақырында Қапалдан келіп бірақ шыққан. Ол өз басынан өткізген жайларды еш именбестен бер жағы Омбыдағы Дала өлкесі генерал – губернаторынан бастап, ар жағы тіпті патша сияқты осы империядағы ең биік билік басында тұрған кісіге жүгініп, отарлық елде орын алып тұрған, іріп – шіри бастаған, жалған жасалатын, сапасыз соттардың қандай да болмасын үкімді икемдей салатын, қитұрқы саясатын кімнің де болсын бетіне басуға даяр екендігін Барлыбекке білдіргісі келіп тұрған сияқты.
Барлыбек Жақыптың басындағы орынсыз жападан шеккен уайымның уыты әлі күнгі тарқамағанын байқады.
– Жақып қарағым, маған салсаңыз, құр ашуға беріле бермей, олардың осындайлық қателерін әшкерелеп, отаршылдық ниеттерінің бет пердесін ашуға айла – тәсіл қолданайық. Сіз маған қарағанда заңды жақсы білесіз. Түбінде біз олармен өздерінің жасаған қателіктерін, өздеріне мойындаттыру арқылы бір сыпыра, дұрыс нәтижеге жетерміз деп ойлаймын. Елдің жайы да бізден соны тілейді – деді.
Бірақ, сонда да ол Жақыптың барып тұрған жанкешті, ештемеден тайсалуды білмейтін өр мінезін әлі де жақсы танып білмеген еді. Барлыбекке қазіргі кезде айдауда жүрген Жақыпты қалайда басын бәлеге ұрындырмай алып шығу ғана ең бастысы болып тұрған.
Сондықтан Барлыбек оған енді өздерінің не үшін Қапалға келгенін айтардың алдында Жақыптың кісі көп жиналатын жерге бармағанын дұрыс санаған. Өйткені, Жақып қадағалауда, надзорда болатын. Былайша айтқанда «надзордағы» адамның көпшілік жиналатын жерлерге баруына өкімет тарапынан тиым салынған. Өздері жиналатын жерде полиция мен жандармерияның тыңшылары бола қалса, онда Жақыпқа оңай тимейтін болып тұр. Тіпті оның жазасының үстіне жаза қосып беруі әбден мүмкін.
Оның бер жағында Жақыптың жиналыста болуы оларға осыны сылтауратып, ол жерге де баса – көктеп кіріп, жиынның шырқын бұзуына себеп болатын әдіс еді. Сондықтан, Барлыбек оған бұл жерге не үшін келгендерін айтпастың алдында осы туралы жеткізгісі келген. Сондай оймен ол:
– Осы келе жатқанда, біз Қарағашта болдық – деп бастады. Бұл арада Барлыбек өздерінің не үшін Қапалға келгендерін айтпас бұрын, әңгімені Қарағаштан бастаған.
Барлыбектің ендігі сөзі Қарағашта өткен жиын жайында болып кетті.
– Сол жиынға айналадағы елдің көбі қатысты. Айтылған мәселелер көп болғандықтан, елмен кеңінен отырып соның бәрін реттеуге келістік. Солардың ішінде баяғы жер мәселесі, қазақтардың құқығын Руссияның басқа халықтарымен тең етуге, әсіресе орыстармен бірдей құқылы болуға және осындай керекті мәселенің біразын қамтыдық. Бірақ солардың ішінде өзіміздің арамызда дауласпай-ақ, шешіле қалатындары да бар екен. Соларды осы Қапал сияқты уезд, Верный сияқты облыс орталықтарының кісілерімен ақылдасып шешсек деген ұсыныс түсті – деп бастады.
Барлыбектің ендігі айтарына Жақып ден қойған ниетпен, үндеместен, тыңдайтын құлық білдіріп отырғандай болып көрінді.
Оның сонысына қарай Барлыбек те, сөзді арыдан бастаған.
– Алда жаңа оқу жылы келе жатыр екен. Балаларды оқытуда сондағы Қалқабай ұрпағы салған мектептің оқу ісіне қатысты бір сыпыра жақсы істер жасалған еді. Соның басы қасында мына Есенқұлдай ініміз жүр – деп, Барлыбек оның жасап жатқанынан Жақыпты хабардар етті.
Жақып үндеместен, сөзді бөлместен, ырза пейілмен, Есенқұлдың қолын қатты – қатты қысып қойды.
– Басында Қапалдағы байлар да бiрiгiп, ақылға сап, зекет ретінде мектепке қаражат беріп тұрғандықтан балалар оқуына жақсы–ақ барған еді. Бiрақ содан соң ондайлардың көбінің көңiлiне шайтандық кiрiп, «медресенi салғызуға да ақша бердім. Енді мұғалiмдерді жалдауға да ақшаны мен беруге тиістімiн бе?» деген сыңар жақтық пайда бола бастапты. Сондай теріс пиғылмен көп ақшалы бай адамдарбұл жайында бiлгiсi келмейтін болыпты – деді.
– Бұл сөзiмiздiң қисыны мынау, медресе салынбай тұрып, мұндағы байларымыз кедейлерге малдап, ақшалап, кездемелеп жыл сайын зекет беріп тұрса, енді медресе салынған соң, зекет медресеге ауды деген сылтаумен кедейлерге берiлмейтін қылыпты.
Қапал байларыныңбайлықтарынан зекет бұл жерде берiлсе, несі кетеді екен деген сөздің түбін қуып, осында келіп отырмыз. Соңғы кезде зекет жағына байлардан екi мыңнан артық өзге ақша түспейтін болыпты.
Сонда біз оларға басқасы қайда демеймiз бе? Олардың табысына қарағанда одан алынатын зекет жыл сайын жиырма бес мың ақша болса керек. Ол ақша кiмге және неге ұсталса керек десек? Онда ол ақша тұрғылықты тұратын елдің мұң – мұқтажына ұсталу керек деген ұстанымы да бар болуға тиісті.
Ал олай болса, бұл жерде айта кететіні мұндағы тұрғылықты тұратын ел Қапал қаласындағы мұсылмандар, тағы да қырда, далада, тауда, құмда тұратын қазақтар. Солардан басқа мұң – мұқтажға зәру кім болсын?Соны да білгіміз келеді.
Оны да айтып жатқанымыз Шахиахмед сияқты Қапалдың мыңғырған байларына байлық қазақтан бiтедi. Қазақтан бiттi дегенiм байдың саудасы көбінесе тiрi төрт аяқты малдан болады. Малдардың бәрi қысы – жазы жүрген жерi қазақ жерi, оның үстiне төрт аяқты мал қазақтан алынады.
Ал енді байлығы жоқ қазақтар жыл сайынғы Шахиахмед бай сияқтылардың түсіп жататын миллиондаған табыстарынан тиiстi зекетiнiң жартысына да разы болар едi. Соны олар біле – білсе деген оймен, елге мұны айту үшін осында келіп отырмыз – деді.
Бұдан ары Барлыбек: «бұл түсетін таза кірістен құралатын зекеттің өзі он екi мың бес жүз сом ақша болады екен. Сол ақшадан бiздiң қазаққа екi жерге екi медресе салып беруге тиiстiедi сондай байлар мен бағландар.Оның бiрi Жалайыр iшiне, бiрi Матай iшiне. Осыларды олар күні бүгінге дейін әлі істетпей отырғаны дұрыс болмады. Ал енді оларға осы жерде айта түскіміз келгені осы ғана. Бұл айтқанымыз болмай қалса, бай кейiн құдай алдында, осы күнгі көпшілікке не айтарын өзi бiлер демекпіз – деп сөзін аяқтады.
Бұл сөздердің бәрі Жақыпқа қатты ой салып кеткендей етті. Тіпті соған ғана арналып айтылғандай болып көрінген секілді. Оның ажарында, бұл әңгімеге қызуғу бар екендігі оның көзіндегі отты жігердің ойнап шыға келгендігі білдіріп тастаған еді.
Андасын – андап отырған Барлыбек, Жақыптың мұнысын байқап қалған.
Жақыптың үнемі осындай қызу істерге араласқысы келетіндігін Барлыбек бұрыннан білсе де, оның мінезінің көбін білмейтін.
Бұл жолы соның бәрі айналып келіп, өзіне салмақ түсіргелі отыр. Сондықтан Барлыбекке бұл жолы жаңылысуға болмайтындай болып тұрған еді. Өйткені, қазіргі кезде торға түскен торғайдай болып тұрса да, сол тордың ішінде отырған Жақып сияқты жас қабылан, білімді күрескерді сақтай білу керек сияқты. Болашақ үшін, алдағы жарқын күндердегі ел игілігі үшін мұндай білімді азаматтарды қорғап жүрген дұрыс деп, Алаш зиялылары бұдан бұрын, өздерінше, өстіп шешкен. Соны қазір Барлыбек те мойындап отырған тұс еді.
Жақыптың әңгімеге қатты зейін салып, тыңдап отырғанын көріп, Барлыбек оның бұл іске араласқысы келіп тұрғанын аңғарды. Қалайда оны болғалы тұрған бүгінгі жиынға барғызбау керек. Бұл Барлыбектің өзіндік ұйғарымы болатын. Ол қазір бұл жайды ойластырып та қойған. Өйткені ол жерде де аңдышулардың жүрмесіне кім кепіл бермекші.
Қалайда Жақыпты жиынға барғызбауды сылтауратып, Барлыбек оны үйде қалдыратын амал іздеген. Ондай амал табылған еді. Соған бола, Барлыбек Жақыпқа өзінің заңсыз қамалғандығы туралы кеңінен жазып беру туралы айтып:
– Уақыт болса тығыз. Соны ескеріп, Жақыпжан біз бір айналып келгенше жаңағы айтылатындарды жазып қойсаң болғаны. Пален келгенде қолына ұстата саламыз. Ар жағын ол өзі көре жатады. Жіберетін жағына жібере береді – деді.
Белден басып, жүре беретін мұндай заң бұзушылықтар биліктің барлық деңгейінде кездесе беретіндігін Барлыбек Жақыпқа айтқаннан бұрын оның көңілін басқаға аударғысы келген. Өйткені, өзі істі болып жүрген кісіні рұқсат етілмеген жерде ұстап алса, полиция оған жаза үстіне жаза қосуы оңай. Сондықтан жас, өзі албырт Жақыпты ол осыдан сақтауды жөн көрген. Бұл жайында Барлыбектің тапқан сылтауы осы болды.
Пален туралы ол Жақыпқа айта келіп, өзінің ол арызды оған тапсырып, оның ақ – қарасын тексеруді сұрайтынын айтқан. Сөйтіп, осы іске тастай қатып кірісуді және барлық жайдың әділеттілігіне баса назар аударып қана қоймастан, оның заңдылығына да көңіл аударуды сұрады.
Барлыбек осыны Жақыпқа жеткізіп тұрып:
– Жиынға сіз бармай-ақ қойыңыз. Өйткені соны сылтауратып, сізді іздеген болып, ол жиналыстың берекесін қашырғысы келетіндер толып жатыр. Солардан алдымен сақтанайық – деді.
Барлыбек осы жайды айтумен қатар, өзінің көңіліндегі күпті болып тұрған мәселені де қамтып кетті. Онысы, Жақыптың бас амандығы, сонымен қатар өтпекші болып тұрған жиынның қамы еді.
Барлыбектің бұл сөзіне ыңғайсызданып қалса да, бірақ Жақып тіс жарып ештеме демеді. Бағанадан бері Барлыбек сөзін қатты зейінмен тыңдаған. Іштей соған дайындалғандай болған. Тіпті реті келсе, сөз сөйлегісі де келген. Бірақ, онысынан не шықсын? Барлыбек ағасы Қапалдың бір талай жақсысы мен жайсаңы жиналатын жерге өзін барғызғысы жоқ. Оның орнына «Паленге арыз дайында» дейді. Жиынға бармай-ақ қой, өзіңе кеселі тиер деп қорғаштайды. Оның үстіне өзімен бірге еріп келген Есенқұл да, Барлыбекті жақтағандай түр білдіріп:
– Жәке, ағаның айтқаны көңілге қонарлық сияқты, өзің мынадай жағдайда жүргенде, не қыласың соларды өшіқтіріп – дегенді ол да айтып тұр.
Сондықтан Жақып бұл жолы Барлыбек пен Есенқұлдың мына сөздерін дұрыс көрді.
Жақыптың сәл мұңайыңқы жүзіндегі болар – болмас өкініштің ізін байқап қалған Барлыбек:
– Жақыпжан, біз жиыннан келгенше Паленге жазатындарыңды дайындай беріңіз – деді.
Жақыпқа оның даусынан ерекше бір жылылық нышан сезілгендей болды.
Барлыбек те, өр мінез Жақыптың тез ырайынан қайтқанына ырза болып, шығып бара жатып, күлімсіреген күйі, Жақыпқа ырза болған жүзбен тағы бір қараған.
Барлыбек бұл жолы қайтпас, қайсар Жақыптың икімге тез көнгеніне ішінен өзі де таңданып қалған еді.
Барлыбектер шығып кетісімен Жақып бөлмедегі жаңа ғана өздері шай ішкен жалғыз столды жиыстырып жіберді де, төрде тұрған ескілеу комодтың ішінен қағаз, қаламдарын алып, жазуға кірісті.
Жақып, маржандай әріптермен: «өз басымнан кешкен сәттерден ғана туындайтын жайларды сізге, аса құрметті граф, жеткізу үшін осы прошениені жазып отырмын. «1908 жылы мен үкіметке қарсы насихат жүргізгенім үшін Қарқаралыдан қарулы айдауылмен одан әрі бес жылға Якутскі облысына айдауға жіберу үшін Омбы қаласына жөнелтілдім, бірақ орталық мені дала өлкесіне жер аударуға рұқсат берді де, мен полицияның қадағалауымен Жетісу облысындағы Қапал қаласынан бір-ақ шықтым.
Ол осылайша граф Паленге жолданатын атақты айыптау хатында:
«... біздің халықтың 17-қазан манифесін бейбіт жолмен жүзеге асыруға, жалпыға ортақ әділетті заңдылық орнатуға талпынған іс – әрекеттерімізге ешкім дау айтуға тиіс емес, өйткені біздікі заңды іс, әркімге-ақ түсінікті. Егер манифест жүзеге асырылмаса, «адамның дене мүшелерінің асқазанмен» астыртын немесе жария күресі тоқталмай, ақыры адамның бой қуаты әлсіреп, бүкіл дене тіршілік қабілетінен айрылатыны сияқты күй кешуі мүмкін...»
деген ойларын хатқа түсіре бастаған.
Жақып жергілікті билік өкілдері тарапынан тұрғылықты халыққа істеліп жатқан барлық заңсыз әрекеттерді әшкерелеу мақсатымен алдымен көзімен көріп, көкірегімен сезінген оқиғаларға талдау жасап кеткенді дұрыс санаған. Соларды үкімет деңгейіне дейін жеткізу мақсатында, ол өзінің басынан кешкендерін ойына алып, сараптай бастаған еді.
Сөйтіп еді, қысқа ғұмырындағы басынан кешкендері бірталай бар екен. Солардың барлығы бірдей қазір көз алдына келе қалғандай болып тұр. Ойына келгенді енді тек қағаз бетіне түсіру ғана қалды. Бұл Жақып үшін қиын шаруа емес.
Жақып, қазір соны ғана ойлап, іске кірісіп кетті. Ойы да оны алысқа самғатып алып бара жатқан секілді.
Он бірінші тарау
Мұхамеджан Тынышбаевтың елге оралғанына бір талай уақыт болып қалған. Оны қазақ жеріндегі Арыс – Әулиеата бағытында салына бастаған теміржол құрылысы асыға күтіп отырғандай екен.
Елге келе сала, Мұхамеджан темір жол құрылысы ісіне кірісіп кеткен.
Көп уақыт өтпестен Мұхамеджан Жетісу темір жол құрылысына қайта ауысқан еді. Бұл жолы ол Арыс – Әулиеата учаскесінің басшысы және бас инженері болып қызмет атқара бастады.
Қазақ жерінің бұл тұстары таулы, қыратты болып келетіндіктен өзіндік қиындықтары көп кездесетін. Бұл жерде салынып жатқан теміржолды кесіп өтетін өзен мен сулар жетерлік болғандықтан ең алдымен оларды басып өту үшін мықты көпірлер керек еді.
Сонау Санкт – Петербург қаласындағы, Мемлекеттік Думадағы күндері бітісімен Мұхамеджан ештемеге алаңдамастан Орта Азияға тартқан еді.
Бұл жолы ол жақтан жай кеткен жоқ. Онда да, патшаның тағы бір тоғышарлық пен озбырлыққа толы жарлығына байланысты Мемелекеттік Думада депутат болып жүрген жерінен ел жаққа қайтып оралған. Өйткені Думаны уақытына жеткізбей жапқан болатын. Жай жапқан жоқ. Күштеп, зорлықпен жапты. Ішінде Мұхамеджан сияқты қазақ депутаттарына «елдеріңе қайта беріңдер! Енді сендердің қажеттерің жоқ!» деген.
Бұрыннан өзіне Арыс – Әулиеата учаскесіндегі қызметінде жүріп, құрылыстың бет алдысын тағы бір тексерістен өткізетін күнге жеткен. Бұған Мұхамеджан инженер ретінде жауап беретін. Сол үшін ол елден бұрын бүгін ерте тұрған. Ерте тұрып, дағдыланған жас жігіттің ондағысы, алдыңғы жақтағы салынып жатқан темір жолды аралап келуді ойлаған.
Таң атпастан сіркіреп, бір толастамастан қалың жаңбыр жауып тұр екен. Аспан, аппақ болып, түнеріп тұр. Ұзаққа созылатындай нағыз ақ жауынға ұқсайды. Айнала мүлгіген тыныштық. Тырсылдап, жауған жаңбырдың даусынан бөтен дәнеме естілмейді.
Аз күнде бұл жақтағы біткелі тұрған шаруаға мына жауын кедергі жасағысы келіп тұрғандай екен. Қасарысқандай, жауын бұл уақытта онан сайын қатайып, аспан сіресе түсіпті. Қалай қарасаң да, жауын құрсанған аспан, мүлгіп тұрған дала.
Мұхамеджан бойын сергітіп алу үшін ары – бері жүріп алды. Бұл жақтағы тіршілік өз қалпында сияқты. Өзінен басқа ешкім көрінбейді. Тек тамақ дайындайтын лапастың моржасынан будақтап түтін шығып жатыр екен. Ар жақтан кухарька әйел Зинаиданың тықырлатып жатқаны ғана естіледі.
Осыдан соң, мұндағы жайды көріп, көңілі тынышталса да, бәрібір елегізіп тұрған. Ендігі ойы: «алыс жатқан құрылыс, әсіресе жақында ғана бой көтерген көпір не болды?» деген уайымы еді.
Ол жан – жағына қарап, біраз тұрды. Көшір жігітті оятқысы келді де, «мына жауында ұйқысын қандырып алсыншы, жаяу бара салармын» деп, сол жақты көруге асықпай жүріп кетті.
Тоқтамастан жауған қалың жаңбыр, таулы жердің осындайда қосыла соғатын өкпек желіне қосылып, Мұхамеджанды тіпті ықтыра жөнелген.
Оның үстіне кигені жаңбыр өткізбейтін плащ – сулық болса да, соған қарамастан бойы қалың ылғалдан тітіркеніп, тоңазып бара жатқандай еді. Содан болар, таулы өлкенің бойды алар суық жаңбыры Мұхамеджанның тұла бойын онан сайын тітіркіндіре түскен. Әсіресе, денесінің тұмшаланбаған бірден – бір ашық жері, бет – жүзін еселеп жауған жаңбырдың суық тамшылары, ызғырық желге қосыла кетіп, бет қаратпай қарып барады.
Мұхамеджан жаңбыр өтпесін деп, теміржолшылардың формасына арналған бас киімі картуздың сыртынан плащтың күлапарасын да киіп алған. Енді міне, аяқ астынан адам танымастай болып, өзгеріп шыға келді. Дәл қазір оны өзімен бірге істеп жүрген темір жол жұмысшыларының өздері де танымай қалуы мүмкін еді. Өйткені үстінде кең қолтық брезент плащ, оның күлапарасы басын тұмшалап тастаған. Тек, бетжүзі ғана аздап көрінеді. Аяғына кигені қонышы ұзын, сазды жерлерге киетін дәу қара резина етік. Үсті – басы жауған жаңбыр суына шылғып, малмандай болып келе жатқан беті осы болатын.
Баратын жері әлі де болса алыста. Күннің райы болса мынау. Тым құрыса арба жеккізіп шығуы керек еді. Өзі ерте тұрған соң ат айдаушысын аяп, «ұйқысын қандырып алсыншы» деп, шығып кеткен. Енді баратын жеріне қатты аяңмен келе жатса да, жете алмай келеді.
Өзінің әлі отызға жетер – жетпес жасында Мұхамеджан Орталық Азия жерлерінің талай тұсын көріп, білген еді. Россияны да шарқ ұрып аралап шыққан.
Өзгесінен бұрын, теміржол қатынасының инженерлігін оқып, жоғарғы білім алған Мұхамеджан, Думадан кейін қызметтен еш қысылмады. Елге қажет, биік мансапты жұмыс оны қазақ елінде күтіп тұрғандай екен. Сол бетімен келіп, Түркістан генерал-губернаторлығы қарамағындағы аймақтың теміржол құрылысына инженер болып кірісіп кеткен.
Алдымен 1907 жылдан бастап, Амудәрия өзенің үстіне салынған көпір құрылысына қатысқан.
Суы жайылған кезде ені бір шақырымнан асып кететін, ағыны қатты, асау өзенге көпір салу Мұхамеджан сияқты инженерге оңай тимеді. Бірақ, абырой болғанда көпір мерзімнен бұрын бітіп, пайдалануға берілді. Бұл Мұхамеджанның беделін онан сайын көтере түскен. Россия империясының Министр путей сообщениясының өзі оның бұл іскерлігін әскере мадақтап, «Мақтау грамоталарымен» атап өткені содан еді.
Әр дайым арғыны әріден ойлайтын Мұхамеджанның ойында Амударияға қатысты тағы бір жоба бар еді. Бұл ой негізінде Россияның Ұлы Пётр патшасының аузынан шыққан қызық бір сөзден басталған. Бірақ Пётрдің ойындағысы су жолы болса, Мұхамеджандікі темір жол қатынасы болатын.
Даңқы жер жарған, көрегендігі одан бетер Бірінші Пётр патша 1722 жылы парсы жорығын жасаған болатын.
Солтүстіктегі шведтермен болған соғыстарды аяқтаған Пётр патша Каспийдің батыс жағалауын да өзіне қаратып алғысы келген. Ондағы ойы Каспий теңізіне аяқ басып, Орталық Азия мен Индиядан Европаға баратын сауда жолын қайтадан ашу еді. Бұл сауда жолы Россияның баюына, оның саудагерлерінің қоңданып алуына пайдалы жол болатын.
Жол Индиядан басталып, Парсы елі арқылы жүріп отырып, Кавказдағы Кура өзенінің бойына салына бастағаған орыс форты арқылы Грузия жерімен өтіп, Астраханьға шығуға тиіс еді. Одан ары тауарлар Россия империясына жер – жеріне тарап кете береді.
Мұның алдында Россия Қазақ хандығының жерін қалай өзіне қаратудың жоспарын құрып жатқан. Оған әзірше қол байлау болып тұрған шведтермен болып жатқан соғыс еді. Бірақ Әз – Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін тоз – тозы шыға бастаған қазақ хандығы қалмақтармен болған ұзақ жылғы соғыстардан кейін қатты әлсіреген еді. Мұны сезген Орыс империясы әзірше қазақтарға қарағанда жері алыстау Жоңғар хандығын әр түрлі сөзге шақырып, оқ дәрімен атылатын қару жасау, оны қолдану, фортификациялық нысандарды салу, әскерлерге басқа да соғыс өнерлері мен тактикаларын үйретуге тырысып жатқан. Бір жағынан қазақтарға да жаны ашығандық жасап, Россияның қол астына өз еркімен кіру туралы сөздерді айтып, азғырып та жүрген. Ондағы ойы, «мықты жоңғармен қазақтар соғысып титықтаса, өздерінен – өздері бізге жетіп келеді» дегеннен шыққан болатын.
Сондықтан Россия күндіз – түні бұл екеуін аңди бағып, «қай жеңгенің менікі» деп отырған сыңайы бар.
Ал сонау 1716 жылдың өзінде Пётр Бірінші Каспий арқылы Хиуа ханына өзінің қол астына кіруді, ал Бұқара әміріне Россиямен достық қарым – қатынаста болуды ұсынып, князь Бекович – Черкаскийдің отрядын жібергені тағы бар. Бұл орыс саясатшыларының Орта Азия елдері мен жерлеріне кәдімгідей көз алартып отырғандағысының белгісі еді.
Бір жағынан бұл экспедициялық отрядтың міндеті елшілік болса, екінші жағынан Индиядан келетін сауда жолын барлау және Амударияның төменгі ағысында кездесетін алтын кендерін зерттеу еді.
Бірақ бұл экспедициялық жорықтың жолы болмады. Хиуа ханы князь Бекович – Черкаскийдің отрядының күштеріне шашырап қонуды бұйырып, артынша оларды жеке – жеке талқандап шықты.
Пётрдің екінші жорыққа әскер аттандыруына шведтермен болған соғыстың аяқталуы, сондай-ақ Персиядағы армян диаспорасы елшілігі Исраэль Ори арқылы сюник меликтерінің орыс патшасынан өздерін қорғау туралы бұдан бұрын жасаған сұрауы сылтау болды. Ол кезде Пётр оларға шведтермен соғыстың аяқталуын күтуді сұраған. Бірақ сол кездің өзінде Парсы еліне жорық дайындығы басталып кеткен.
Шведтермен соғыс бітіп, парсыға жорыққа шығудың кезі келген сәтте Пётр І жорықты Астраханнан бастап, Каспийдің жағалауымен жүріп отырып, Дербент пен Бакуді басып алуды жүзеге асыруды ойлады. Одан кейін Кура өзеніне дейін барып, сол жерде қорған салмақшы болды. Ары қарата Тифлиске шығып, православиелік грузиндерге Осман империясымен күресте көмек жасауды ұйғарған.
Сол кезде Осман империясының армиясы Кавказға кірген. Россия мен Осман империясы өзара келісімге келіп, Осман түріктерінің Кавказдағы өздеріне қаратып алған жерлерін Россия мойындаса, олардың Каспий жағлауы мен солтүстік Кавказ жерлерінде қаратқан жерлерін түріктер де мойындаған.
Осыдан кейін парсылар 1723 жылы Петербургте орыстармен бейбіт келісім шарт жасасып тынды. Сол бойынша Россияға Ширван, Гилян, Мазендеран және Астрабад өлкелерімен қоса Дербент, Баку, Решт қалалары берілген. Сол жорықтан қайтып келе жатып, Пётр І қайта айналып Астраханьға соққан. Сол кезде көршілес жатқан қазақ жеріне көз тігіп, көп қарай берген. Ол тек қарап қана қоймастан Қазақ хандығының жай – күйінен көп мәлімет сұрастырып, қызуғышылық білдірген сұрақтарын қасындағыларына қарша боратқан. Қасындағы воевода, қолбасшыларына қарап:
– Біз үшін Орта Азия хандықтары Индияға жол ашатын қақпа болса, ал кайсақ (қазақ) даласы Орта Азияға шығаратын қақпа болады! – деген еді.
Осыны айтып, Пётр І өзінен – өзі риза болып, қарқылдап тұрып, күлді. Әншейіндегі қатқыл үнді, зор дауысты күлкісі қазақ даласына естілсін дегендей болды ма, әйтеуір бар даусымен күлген. Қасындағы Меньшиков, Миних сияқты ең жақын адамдары бастаған қалың топ, оның мұнысын қостардай қылықпен, қоса күліскен.
Бұл алып бойлы патшаның шын күлкісі ме, жоқ әлде ажуа, мысқылдап тұрған күлкісі ме, оны бір құдай біледі. Өйткені оның күлгенде әдеттегідей көзі ежірейіп, мұрты тікірейіп кеткені білініп қалған еді. Бұл оның бұрыннан бергі, тіпті жас кезіндегі, өзі неміс колонистеріне көп еліктеп: «герр Петер!» атауды ұнататын күнінен бері байқалатын еркетотай күлкісінің белгісіндей болып көрінген. Онысы әсіресе, сол кездегі «Алексашка Меньшиков» аталған боз бала, бұл күндегі патшаның ең жақын досы – фельдмаршал, әмбе генералисмусс (жеңілмес) атағын алған князь Меньшиковқа әсіресе білінген сияқты.
(Осы оқиғадан кейін жеті жыл өткенде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Пётр Біріншінің әйелі Екатерина Біріншіден кейін патша болғанорыс императрицасы Анна Ионовнаға Россия қарамағына кіруге ант беріп, сенім грамотасын алды).
Осы сөзін ұмытпаған Пётр Бірінші қазақ даласына А. Бекович – Черкаский жорық экспедияциясын аттандырарда оларға қосымша нұсқау беріп, сол нұсқауында Каспийден Орта Азияның оңтүстігіне дейін баратын су жолын ашу жағын тексеріп келу жайында тапсырма берген болатын. Патшаның көздегені Амударияны осыдан он мың жыл бұрын Каспийге құйған ескі арнасымен ағызып, Үндістанға су жолымен барынша жақындау еді. Бірақ көп ұзамай Пётр Бірінші патша Петербургте су тасқыны кезінде суға кеткендерді құтқарып жүріп өкпесіне суық тиіп, ауырып қайтыс болды. Оның көздеген мақсаты қағаз жүзінде қалып қойған еді.
Бұндай деректерді күні бұрын қызыға оқып жүретін Мұхамеджанға мұның өзі керемет, болашағы зор жоба болып көрінген. «Пётр Бірінші патшаныкі табылған ақыл екен!» деп ол осыған қызыға қарай бастаған.
Мұхамеджан бұл туралы студент кезінде оқып, ары қарата білуге құштар бола бастаған. Сүйтсе бұрынғы, ескі заманда Амудария қазіргідей Арал теңізіне құймаса керек. Ол кезде Амудария барып Каспий теңізіне құятын көрінеді. Сол ескі арна әлі күнге дейін бар болып шықты. Бұл күнде Амударияға темір жол салып жатқан Мұхамеджан сол арнаны тапты. Оны осы жердің тұрғылықты кісілері көрсетіп берген.
Расында да Пётр І патшаның сөзінің жаны бар сияқты. Егер өкімет Пётрдің сол ақылын алып, Амударияны ескі арнамен жіберсе болғаны, ол өзінің сонау ұшар басы Памир тауларына дейін апарады. Сонда Россияның орталығынан Еділ өзені арқылы жүзген кеме Каспиймен келіп, Амударияның ескі арнасымен жердің түбіне дейін, тіпті Москваға дейін барады екен. Ондай су жолы ашылар болса, оның бойын қуалап жүретін «темір жолда керек» деп, Мұхамеджанның ойы осыған тірелген.
Орта Азия жеріне келіп, темір жол салғаны былай тұрсын Мұхамеджанның тарих жайларына қанығу құмарлығы да үдере түскен.
Осы арада жүріп, Александр Македонскийдің Амудариядан солтүстікке өтер жерде «Маргиандағы Александрия» деп аталатын қаласының орнын көрді. Қала бұл күнде қирандыға айналыпты. Соларды Мұхамеджан көзімен көріп, біраз ойларын жинақтап, қанықтыра түскен.
Сөйтіп Ескендір Зұлқарнайын сынды атақты жаһан жаулап алушысының елінің кең саһарасына дейін жеткендігін біліп, ыңғайы келгенде таһрихқа қосуды ойлап жүрген. Сол үшін талай жерде жатқан тарихи жәдігерлерді сұрасырып, зерттеп, саралап жүретін әдетінен Мұхамеджан бір өзгермеген.
Мынау да соның бірі болды. Македонскийдің бұл жаулап алу осыдан екі мың екі жүз жылдан астам бұрын болған екен. Бұл Александр Македонскийдің Орталық Азияға бағытталған алғашқы жорығы болатын. Мұхамеджан соның бәрін өз көзімен көргендей әсер алды.
Бұдан кейін, Мұхамеджан Ұрсат (Урсатьевск) – Әндіжан теміржол құрылысында алдымен жетекші маман, кейіннен бас инженер есебінде қызмет істей бастаған.
Сол еңбегі зая кетпестен теміржол саласының майталманы деген атқа ие болды. Тіпті былайша келгенде, бір өзі жергілікті халықтар арасынан шыққан бүткіл Кіндік Азия көлемінде еленуге лайықты инженер – теміржолшы атағына бір өзі ие еді.
Бағана станнан шыққаннан бергі жаңбыр күшеймесе, тіпті толастайтын түрі жоқ. Тіпті құйып тұр. Құрылыс көздері ойдағыдай жасалып жатса да, мынадай жауында Мұхамеджан тыныштала алған жоқ. Жасалған жұмыстың зая кетпеу жағын ойлап келе жатқан. Өйткені бір аптадан бері тыным алмай жұмыс жасаған жұмысшылар көпірді еңсеріп тастаған. Тек бүгінгі жаңбыр кедергі болмағанда көпір дайын болар еді. Қазір жол бойы Мұхамеджанның ойлап келе жатқаны осы көпірдің амандығы еді.
Сүйткенше болған жоқ, жел онан арман күшейе түсті. Жаңбыр да бір толастар емес. Бүл кездегі жаңбыр тамшылары бұрынғысынан да ірі, салмақты көрінеді. Желмен қосыла ұшқан жаңбыр тамшылары алдымен бетке ұра бастайды. Соңынан төмен қарата сырғыған тамшылар жинала келе әжептеуір жылғаға айналып, төмен қарата заулай аға жөнеледі. Енді бірде, суық, жанға жайсыз тамшылар күлапарадан асып келіп, Мұхамеджанның білеудей, ширатылған мұртының арасына құйылады. Одан шығып, аздап дүрдиген қалың еріннен төмен қарата зымырап келіп, иегінен төмен сорғалай ағып, ғайып болады.
Осылайша, тоқтамай жауған жауын Мұхамеджанды алған бетінен қайтарғысы келетіндей болып, бір тынбастан сіркіреп тұрған еді. Мына бір түнерген аспан, құйып тұрған жауын, Мұхамеджанға табиғаттың Ұлы империяның қазіргі басына түскен қиын кезеңіне қабақ шытысындай болып көрінді.
Қарап отырса Мұхамеджанның өзінің де Петербургтен оралғанына біраз уақыт болып қалған екен. Осыған дейінгі өзі депутат болатын Екінші Мемлекеттік Дума сайланған уақытына жетпей таратылған. Жанбай жатып, сөнген отқа ұқсап, бықсып сөнген Дума жұмысы осылай тоқтатылған.
Депутаттардың барлығы бұған ырза болмады. Көпшілігі айтыса бастаған. Бұл патша самодержавиесінің үйреншікті әдеті болса керек. Қит етсе болғаны ойына келгенін істей салатын. Осыған дейін де Бірінші Дума да осылай жабылса керек. Өйткені 1905 жылғы декабрь қарулы көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін патша самодержавиесі қорғаныстан шабуылға көшкен еді. Елде жазалаушы экспедициялар күш ала бастаған. Бірінен кейін бірі, губерниялар соғыс жағдайына көшірілген. Бұларға қосылып, әскери далалық соттар құрылып, қаражүздіктердің ойраны басталған.
Мұхамеджан сияқты қазақ баласының Мемлекеттік Думаға сайлануы кездейсоқтық жағдайда пайда болғанын түсіндіру үшін алдымен сол кездегі Россия тарихындағы біраз жайға қанығу керек болатын. Сонда ғана Мұхамеджан сияқты қазақ баласының қалайша Мемлекеттік Думаға сайланғанын білуге болар еді. Мұның өзіндік сыры осыдан кейін ғана белгілі бола бастайтын.
Бір мың да тоғыз жүз бесінші жыл, орыс революциясының нағыз жалындап жанған кезі болатын. Империяның барлық аймағын жайлап алған революция алапат күшке айнала бастаған. Мұндай алапат күштің ары қарата дамуы Россиядағы патшалық билікті құлатуға дейін алып келетіндігін сол биліктің басында отырғандар да сезе бастаған. Осыдан қорыққан патша бұл жолы қию қашып, кетеуі кете бастаған қоғамның анық күйреу жолында тұрғанын жан тәнімен сезінген еді.
Государь 1905 жылы басталған Бірінші революция қыспағынан құтылып шығу үшін халыққа біраз демократиялық жеңілдіктер беріп, құтылмақшы болған. Оның сондағы айтқаны: «Халыққа бостандық беремін, кеңшілікке жол ашамын!» дейтін уәделердің амалындай болып көрінген. Патшаға сол кездегі монархияны сақтап қалудың бірден – бір дұрыс жолы осы болып көрінген.
Солай болды да. Шындығына келгенде монархиялық – деспоттық режимді күйреуден аман алып қалудың тәсілінің ең сұрқия түрі, ау бастан осындай қитұрқы жолмен басталған.
Сол сасқандықтың жемісі 18 ақпанда қабылданған «Патшаның манифесі» атты рескрипт болып, Ұлы держава халқына жеткен еді.
Ақыры алдаусыратқан амал өз нәтижесін берді. Бұл Рескрипте Россияда демократиялық жақсылық нышанындай болып көрінетін шешімдердің түр – түрі қабылданатындығын жария етілген болатын. Ең бастысы, патша «елдегі биліктің негізгі жолдары парламенттік тәсілмен жүргізілетін болады» деп сендірді. Ондай парламенттік жолдың алғашқы қадамы ретінде Мемлекеттік Думаны құрып, оған депутат ретінде «әуелі кіші халықтың да өкілдері сайланатын болады» деген берік уәдесін де жасырмады.
Сүйтіп, самодержавие революциялқ толқуларды тек қана репрессия әдісімен емес сонымен қатар, жаңадан сайланатын «заң қабылдайтын» Мемлекеттік Думамен де алдаусыратуды көздеген.
Сондай мүмкіншіліктің арқасында Мұхамеджан сияқты біраз қазақ Думаға сайланып, қазақтың мұң мен мұқтажын жоқтаушыға айналған еді.
Бұлар Бақытжан Қаратаев, Ахмет Бірімжанов, Шаймерден Қосшығұлов, Т. Нұрекенұлы, Т. Алдабергенұлы сияқты тағы басқалары бар, қол қусырып қарап отырмаған. Дума қабырғасынан талай сөздің легін үкіметке де, патшасына да, Думаға да сын етіп айтумен өтті. Тек большевиктер ғана Бірінші Думаның жұмысын тоқтату үшін оған байкот жариялаған. Бірақ онысынан түк шықпады. Дума өз қызметін бастап кеткен еді.
Бұл Думаны да самодержавие өзінің қол жаулығына айналдырғысы келді. Думаның халықтарға бостандық беру, жер беру сияқты көлемді мәселелерді шешуге әлі келмеді. Думадағы Бақытжан, Сәлімгерей сияқты Кадет партиясының мүшелері бұл думаны елді реформалауға «игілігі тиеді және революциялық күштерді біріктіру орталығы болады» деп сенген болатын. Олар мұны революция біткеннен кейінгі «бейбіт конституциялық даму жолына түстік» деп есептеген. Думаны жалпы халықтық қозғалыстың орталығына айналдырып, құрылтай жиналысына дайындық ретінде пайданбақшы болған.
Дума құрған кадеттік министрліктер «бұл тек жалған реформа ғана» деп, Большевиктер партиясының көсемі Лениннің көрсеткені ащы болса да шындыққа жақын еді.
Бұл Россиядай бұрын – соңды парламентаризмнің азғантай да белгісі жоқ, конституциясы атымен болмаған, абсолютизмнің шірігіне тұншыққан, деспоттық монархияда пайда болған тың сөз еді. Қазақ зиялылары осыған лайық заманның райы жүре – жүре түзелер, «бұны да көріп алайық» деп іске кірісіп кеткен. Содан кейін Думаға депутаттар сайланған. Қайдан білсін мұның бәрінің тек қана, уақытша құрылған «конститутуциялық парламентаризм» деген жалған иллюзия екендігін. Сүйтіп, қазақтар мұны да пайдаланып қалғысы келген.
Сол кездегі патшаның қазақ сияқты отар елге әлдеқандай қып, парламентке сайланатындығы туралы берген уәдесі Мұхамеджан сияқты туземдік халықтан шыққан оның өкілдеріне парламентке жол ашқан. Қазақтар бұған қатты қуанған. Мұхамеджан сияқты қыр баласының Думаға қолы жеткені осыдан кейін болды.
Россияның көп халықтары сияқты, Дума қазақтарының да ең алғашқы мәжілістерден бастап, қайта – қайта ойланып қалған кездері көп болды. Соның алды ең әуелі биліктің «шектеусіз» түрінен басталған. Ол ой мынадан шыққан. «Россия парламенттік ел болса, онда «самодержавиелік шексіз билікті» қалай түсінуге болады?» деген сөздер сол кезде баспасөздің барлығында талқылана бастаған. Мұхамеджанның ойында да осы бар еді.
Артынша, мұның не екендігін, патшаның өзі түсіндіргендей болды.
Государь Иваново – Вознесенскілік, Самодержавиелік – Монархистік партиясының делегациясын қабылдап отырып, беті бүлк етпестен: «Өздеріңді уәкілетті етіп жібергендердің бәріне айтыңдар, мен айтқан реформалар аяғына дейін жүргізіледі. Мен берген құқылар тұрғындардың барлығына бірдей тиісті және Менің самодержавием бұрын қалай болса, солайша қала бермекші» дегенді астарлап болса да, айтса керек.
Патшаның осы сөзінен кейін елге бәрі белгілі бола қалған секілді. Ел сұрағанына жауап алғандай болды. Сонымен бірге, бұл манифест патшаға ешқандайлық міндет артпайтындығы да белгілі болып шықты.
Патшаның ойынша, манифест халық пен өзінің арасындағы келісімге де айнала алмайтын сияқты. Сонда мұның не болғаны?...
Мұхамежанның пайымдауынша кезі келгенде патшаң бұл манифестен бас тарта салатындай көрінген. Ол мұның мәнісін орыстар айтпақшы, «филькина грамотаға» ұқсаттырып тұрғандайы да содан еді.
Бұдан кейін Царское селосында негізгі заңдардың жобасы талқыланған. Мұнда да самодержавиелік шикілік білініп қалған. Негізгі заңдарды қайта қарау тек қана патшаның қалауымен жүргізілмекші екен. Қасындағы қазақ депутаттар, әсіресе Бақытжан Қаратаев пен Сәлімгерей Жантөрин бұған бастарын шайқап, «мұның бәрі түкке татымсыз дүние болғалы тұр! Құр парламент деген аты ғана болмаса» деген. Сүйтсе, олар да берілген уәденің үзіле бастағанын сезіне қойған секілді.
Осы кез Мұхамеджанның ойына өзі көп естіген бір сөз түскен. Баяғыда біреу базарға сиыр сатып алуға барса, бір сатушы өзінің сиырын тықпалап, «керемет сүтті сиыр, алсаң опық жемейсің» депті. Әлгінің сөзіне сенген «бәтірің» әлгі сиырды ойланбастан сатып алады. Келгеннен кейін әйелі сауып көрсе, ешқандай сүтті сиыр болмай шығыпты. Әйелі ренжіп, «қарап алмадың ба?» десе, анау оған, «әттеген-ай, базарда мал сататындар қайбір сүтті сиырын шығарады десеңші!» деп, әйеліне айтқан сылтауы осы болса керек. Соның кері енді болып тұрғандай. «Мемлекеттік Дума, парламентаризм» деп, ауыз көпіртіп патшаның айтқанынан кейінгісі мынау болса, онда қалай болғаны? Россия демократиясының бет пердесінің басталмай жатып, әр тұстан бір шиі шыға бастағаны осыдан білінді.
Келесі даулы мәселе Заң негіздерінің 4 – ші статьясының төңірегінде басталған. Онда: «Бүкілроссиялық Императорға жоғарғы самодержавиелік билік тиісті» деп жазылған болатын. Бұл көп таластан кейінгі, патшаның таубасына келгендігісі еді. Бұдан бұрынғысында: «Бүкілроссиялық Императорға самодержавиелік және шектеусіз билік тиісті» делінген еді. Мұны дұрыстағандағысы осы болды. Тіпті патша ағзам осыған байланысты:
– Ең негізгі мәселе «шектеусіз билікте» тұр. Мен осы туралы бұған дейін де көп ойландым. Ата – бабаларымнан алған биліктің шегін менің өзгертуіме һақым бар ма?... Міне, мені толғандыратын осы болып тұр... – деп, патша көп қауымға ағынан жарылғандай болған.
Артынша государь осы ойынан әлі де болса арыла алмастай болып:
– Манифесті мен саналы түрде ойластырып барып, халыққа жолдағанмын. Бірақ бұл мені өзімнің һұқымнан бас тартуға және жоғарғы биліктің шегін өзгертуге еш мүмкіндік бермейді. Естеріңізде болса, бұл жағдай 109 жыл бойы Негізгі Заңның 1 статьясында көрсетілген қалпынан бір өзгермей келеді – деп тағы бір ойсырағандай болған жайдың шетін шығарды.
Патшаның онысын естіп, мұндағы отырған жұрттың үрейі ұшты. «Шектеусіз билік» патшаның қолында қалса, «парламенттік биліктің» сонда не болғаны?» деп, әсіресе Дума депутаттарының көңіліне қорқыныш аралас үрей кірген секілді. «Патша жарықтық, тағы не дер екен?» деп, оның «монархиялық конституция» деген уәдесінің түрі не болатындығын біле алмастан дағдырған. Патшаның билігі сол қалпында шектеусіз болып қалса, онда Дума сияқты әшейін құрылған, қуыршақ парламенттің «қажеті не?» деп, мұндағылардың уайымы енді соған ауғандай еді.
Сол толқуды патша сезген болса керек. «Менің де кім екенімді ұмытпай жүрсін мына отырғандар» деген сыңаймен ол:
– Бұл жағынан үкіметті қинауға болмайды. Мұның бәрі тек маған ғана қатысты мәселе. Сондықтан да, осыған байланысты туындап жатқан менің билігімнің шегі туралы түсінбеушіліктен болып жатқан сөз біткеннің бәрін өзімнің атыма қабылдаймын. Менің ойымша соларды айтатын халық емес. Басқалар айтады. Оларды кім екендігін мен жақсы білемін – деп тағы бір күпті ойының бетін ашып, тұжыртқандай болды.
Мүмкін әрине, патшаның өз басына да биліктің шетін кертіп, бөліп беру қиын көрінген шығар? Ғасырлар бойы ата – бабасы жиып берген биліктің сәл – пәл бір шетін қол астындағы халқына қиып бергісі жоқ. Бұрынғыдай жеке – дара өзі билемекші. Парламентті сайлап қойып, соның бәріне өзі би, өзі қожа болмақшы. Осыдан кейін құлаққа оқыс естілетін абсолютизм шеңберінен әлі аса алмай жатқан патша өзінің қол астындағы пенделеріне «қайбір жетістіріп демократиялық еркіндік берер дейсің» деп Мұхамеджан еріксіз таңданып отырған. Тап қазір астындағы тағы дауыл соққандай болып шайқала бастаған патшаға «әсіресе былай істеу», оған қауіпті көрінген. Патша бұл кезде ойланбастан, «бастан құлақ садаға» деп, «шектеусіз билік» атты сұмдығын беріп құтылмаса, оның тағын шайқалтатын дауыл онан сайын күшейе түспек. Тіпті тақтың өзін «төңкеріп тастайтын шығар?», бірақ дәл қазір осындай сұмдықты патшаның өз аузынан естимін деп ойламапты.
Міне билік дертіне ұшыраған патша бірақ бұл жағына аса көңіл бөлмейтін сияқты. Бір сәтте тақтан айрылса, билік тұрмақ бастан да айрылатынын ол сезбейтіндей. Осы жерде бір жағы биліктің ең ауыр түрін қолдан бергісі келмеген патша, екінші жақтан биліктің сол түрін одан тартып алғысы келген халықтың өкілдерінің арасындағы өрескел таластың түйіскен жерін Мұхамеджан сияқты депутаттар осылай көрді.
Патшалық билігіне кенедей жабысып алған патша не болса да тағынан айрылмастың амалын іздей бастағаннан басқаны ойламайтын сияқты. Бұл – бұл ма, патшаның көкейі осындай астыртын істелетін былығы көп сырларға толы болса керек. Ендігідегі патша сияқты қатал ұлықтың көз тіккені парламенттің жоғарғы палатасын өзінің қалауымен құрмақшы. Халықтың қаһарынан қорықпастан солай істеуге оның батылы тағы қалай барды десеңші?...
Бұл жағы Мұхамеджан сияқты депутаттарға тағы жұмбақ болып тұрған.
Сондағы патшаның ойындағысы Мемлекеттік Дума атты демократиялық форманы оның мазмұнына көз жіберіп қарамастан әлі саяси тұрғыдан пісіп, жетілмеген тың жерге көшіре салу болып тұрғандай еді. Оның ар жағында не болады, ол патшаға еш керегі жоқтай. Осылайша бұрынғы парламентке ұқсайды деген депутаттары өңшең министрлермен, мемлекеттің тұтқасын ұстайтын чиновниктердің кеңесу органы Госсоветтің орнын енді соған ұқсас Мемлекеттік Дума баса салса деген ойы болса керек.
Парламенттік Думаның бар қол жеткені, бұдан былай бір де, бір заң жобасы Думаның қабылдауынсыз өтпейтін болды. Бірақ патша әлі де қолынан келетін, Думаны залалсыздандыратын қатігездіктерді іздеп жатқан. Соның бірі Госсоветті құрылып отырған Думаның жоғарғы палатасына айналдырмақшы еді. Өзіне жан – тәнімен берілген министрлер мен мемлекет сановниктері сол жоғарғы палатаның ішінде болмақ. Сол үшін 1906 жылы 20 февральда патша дереу «Мемлекеттік Советті өзгерту туралы» манифест қабылдады. Сол бойынша Госсоветті патша Думаның жоғарғы палатасы есепті құрмақшы болғаны белгілі болды. Ол палатаның жартысын патша тағайындаса, қалған жартысының 6 дін орындарының өкілдері, 12 дворяндардан, 6 ғылым адамдары, сауда мен өнеркәсіптен 12 кісі, Финляндия сеймінен 2 кісі. Сүйтіп Бірінші Думада бұндай палатаның кеңесі 196 адамға барса керек.
Мұхамеджанның ойы самодержавиенің осындай тез өзгеріп жатқан тұстары «түбінде неге апарар екен?» деп, қатты бұзылған. Тақты ойлаған патша көпшіліктің қаһарын есіне алғысы келмейтін сияқты. Оған қайткенде де өз билігін, ғасырлар бойы абсолюттік монахияның шектеусіз билігін ғана сақтаса болғаны.
Бірақ билік атаулының артында әр қашан аңдып жүретін ажал бар. Байқамаса соның өзі ізіңді аңдып жүріп, патша болсаң да жалмап кетуі мүмкін. Өйткені бұдан қаншама жүздеген жылдар бойы көтерілген халық Англия мен Франция королдерінің басын алды. Оливер Кромвель бастаған революция жалынында кароль Карл ажал құшты. Содан бері жүре – жүре Англия толық парламенттік монархия болды. Ондағы кароль мен каролеваның қолында құр номинализмнен басқа түк те жоқ. Ал Францияда карольдің болғанын ұмытып та кетті. Республика орнағалы қашан. Францияда да, биліктің тізгінінде жүріп ажал құшқандар аз болмады. Ондағы: Генрих ІІІ, Генрих ІV Бурбон карольдік биліктің құрбанына айналды. Бірінен кейін бірі болған француз революциясының девизине «Кез – келген конституция кароль өліміне әкеледі», – дегенді Европада кез келген консерваторлар мен радикальды реакционерлер айтатын болды.
Тіпті Россияның өз тарихында да 1605 жылы тақтан құлатылған Фёдор Борисович Годунов Лжедмитрий І (патша болғысы келген, бірақ патша мұрагерлігіне қатысы жоқ адам) көрсеткен қысыммен өлтірілген болатын. Одан кейін 1606 жылы көтерісшілердің қолынан патша болғысы келген Дмитрий Ивановичтің (Лжедмитрий) өзі де ажал тапты. 1762 жылы император Пётр ІІІ (Пётр І қызы Аннаның баласы) белгісіз жағдайда қаза болды. Оның қазасын әйелі Екінші Екатеринаның таққа отыруымен байланыстырады. 1764 жылы император Иоанн Антонович не бәрі 21 жасында Шлиссельбург қамалында өлтірілді. 1801 жылы император Павел І өзін тақтан түсіргісі келгендердің қолынан қаза тапты. 1881 жылы Александр ІІ патша террордың құрбаны болды.
Патшаның бұл айтқандары, мәжілісте толқу туғыза бастаған. Орнынан атып тұрған үкімет басшысы, Россияда бірінші рет бұрынғы Министрлер комитеті деген, қолында биліктің нышаны жоқ мекеменің орнына 1905 жылдан құрылған Министрлер Советінің председателі болып тағайындалған Витте Сергей Юльевич еді. Қаба сақалды, шашын артына қайыра тарайтын сұлуша өңді Витте бұл жолы мәжіліске үстіне үкімет басшысы, әмбе Россиядағы ең жоғарғы рангілік атақ – Государственный тайный советник ретінде үстіне сәнмен, оқалап жасалынған, зерлі сюртукті киіп, иығынан асыра жалпақ жібек қызыл лента асыныпты. Ол сол қолымен лентаны түзетердей болып сипады да:
– Россияның бар болашағы осы мәселеге байланысты болып тұр... Егер Сіздің Мәртебеңіз шектеусіз биліктен қол үзгісі келмесе, онда еш нәрсе жазудың қажеті жоқ. Олай болса негізгі заңды да өзгертудің керегі болмас – деп қалды. Виттенің қалың сақал өскен бетінің әр тұсы қызарып, терлеп тұрғанына дейін Мұхамеджан анық көрді. Өйткені, қалай болса да, 17 октябрь Манифесін жазған сол болатын. Сондықтан Манифестің тартымды, ақаусыз болғанын ол жан – тәнімен қалайтын сияқты.
Бұл кезде сөзге сенатор, граф Пален Константин Константинович араласардай болып:
– Сіздің мәртебеңіз! Мен айтатынымды 17 октябрьге жаным ашып айтқым келіп тұрған жоқпын. Бірақ ол болды және бар ғой. Сондықтан Государь, Сізге өзіңіздің билігіңізді шектеуге тура келеді дегенді ғана айтар едім – деп тура айтты. Барлыбектен өзі көп естіген Паленді Мұхамеджан бұл жолы анықтап көрді. Ол қабағы қатыңқы, еңгезердей, зор денелі кісі екен. Осы кезгі Россияның көп чиновниктеріндей сақал қоймаған. Есесіне ширатылған қалың мұрты аузының екі жағынан асып, сұсты түріне онан сайын сұс берердей көрінеді. Бұл да осал емес. Россия империясының тайный советнигі (мемлекеттің құпия кеңесшісі), Басқарушы сенаттың белді сенаторы, жай ғана сенатор емес – гофмейстері. Бұрындары Мұхамеджанның өзіне Барлыбектің айтқаны бойынша, Палендердің үшінші ұрпағы сенатор болып келеді екен. Константин Константиновичтің ата – бабалары Бірінші Петрдің қызы Елизавета Петровнаны таққа әкелуге ат салысқан адам болып шықты. Көбінесе патшаның тікелей бұйрығымен Түркістан өлкесін, оған кіретін Жетісу облысының ерекше тапсырмалар бойынша тексеретін және ревизия жасайтын сенаторы да осы Пален еді.
Бұдан кейін патшаны шектеусіз биліктен бас тартқысы келгендер бірінен соң бірі сөз ала бастады. Алдымен империя Госсоветінің председателі Михаил Григорьевич Акимов шыдай алмастан, қоғалақтап қойып:
– Егер де, Сіздің мәртебеңіз «шектеусіз билік» десе, бұл қалың көпшілікке «келсең – кел дегеннің өзі болғалы тұр» деді. Бұл жасы алпысты еңсерген, шашымен бірге сақал – мұртын ақ шалған, орта бойлы, егделеу кісі екен. Түрінен өзгеше салқындық білінетін сияқты. Соншама жасына қарамастан жүріс – тұысы Мұхамеджанға ширақ көрінді. Тағы бір Акимов туралы оның естіген жағымды жаңалығы осының алдында ғана Юстиция министрі болып жүргенде ол революционерлердің үстінен іс қозғатпауға көп күш жұмсапты. Сондай-ақ әскери – дала соттарының функциясын кеңейтуге қарсы болыпты. Өйткені бұндай соттардың ақыры өлім үкімімен аяқталатын еді. Кейінде Акимов туралы Мұхамеджанның елден естігені «аса шыншыл, өтірік пен қулықты жаны сүймейтін, адал адам» деген теңеу ғана болды.
Осындайда сөзден құр қалмайтын Ұлы князь Николай Николаевич, Россия Империясының барлық құрлықтағы және теңіздегі күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы әдеттегінше сөзге кірісуді өзіне қажет деп санаған. Ол Россия империясындағы әзірге патша туысқандарының ішіндегі беделдісі саналатын. Бұл Ұлы князь, өзі аттас Николай Николаевич үлкенінің баласы, Николай Бірінші патшаның немересі еді. Жоғарғы Бас қолбасшы болғандықтан сәндік пен помпезнесті ұнататын Николай Николаевич үстіне өз қалауымен тіктіретін сәнді мундирлерін бірінен соң, бірін ауыстыратын. Бірде кавалерияның казак әскерлері сияқты черкескіге ұқсайтын форма кисе, енді бірде гусарлар киінетін мундирге ұқсасын киетін сылқымның өзі еді. Едірейген қара мұртын ширатып қоятын Ұлы князь тамағын кенеп:
– 17 октябрьдегі Манифестің шығуының өзі «шектеусіз билік» деген сөзді сызып тастағандай еткен жоқ па еді? Оған енді неменеге жабыса береміз! – деді.
Осылайша біраз тәжікелескеннен кейін барып, өкімет адамдары патшаның «шектеусіз самодержавие» деген көзқарасын әрең өзгерткендей болды. Ақыры Мемлекеттік Думасыз бірде – бір заң қабылданбайтын болып келісілді.
Жаңа мазмұндағы Негізгі Заңдар осылайша қатты тайталаста дүниеге келді. Кадет партиясындағы Милюковтың айтуы бойынша «бұл жолы да самодержавие Мемлекеттік Думаны өзінің бюрократиялық өкіметінің қуыршағына айналдырғысы келетіні көрініп қалды» деп көрсетті. Бұл жерде шындығында да, Думаның көздеген мақсаты халық мақсатынан алыс жатқаны көзге бірден шалынған.
Думаның ашылу сәті де Мұхамежанның көз алдында өтті. Дума жұмысын бастайтын күн көктемнің жайбарақат, ашық күніне сай келді. Государь Думаға қатысу үшін Царское селосынан өзінің «Штандарт» яхтасымен, су жолымен келді. Жол жөнекей Петропавловск қамалына тоқтап, өзінің әкесі Александр ІІІ қабырының басында ұзақ тұрған еді.
Бұл кезде патшаның ойында не бар екендігі барша елге белгісіз болса да ол өзін қиын жағдайда қалғандай сезінгені түрінен білініп тұрды. Ауқымды, сұрғылт көздері шүңірейіп, ширатылған ұзын жирен мұрты сәл салбырап, ақ құба өңі бозара түскендей екені бірден байқалады. Ол қабағын қайта – қайта шытып, қинала күрсіне берген. Осыған қарағанда Император Николай ІІ барлық болмыс бітімі өкілетті басқару формасын мойындайтын адамға ұқсамайтын сияқты көрінген еді. Ол өзінің «самодержавиелік шектеусіз билік» атты сұмдық құралынан айрылғанына қатты өкініште болса керек.
Алдымен Қысқы сарайдың Георгий залында қызылды, алтын түспен әрленген патша тағы да бұл кезде иесін күтіп тұрған. Тақтың үстінде патшаның салтанатты жағдайларда киетін ақ тышқан терісінен істелген, қызыл күрең түсті, ұзын порфира – мантиясы, монарх символының бір белгісі ретінде киілуін күтіп жатқан. Алтын жалатылған, ақ түсті қабырғалардың бойындағы орындықтарға заң қабылдаушы палаталардың мүшелерінің орындары оң жақта Госсоветтің мүшелері мен алтын зерлі, оқалы сарай және әскери мундир киген кеуделері толып жатқан регалиядан көрінбейтін жоғары сановниктердің тобы орналаса бастаған. Сол жақтағы орындарға Мемлекеттік Дума мүшелері орналасты. Бұлардың көбі сюртук пен шаруа киімдерін киіпті.
Патшаның келуі ұлттық гимнмен басталды. Ең алдымен әдеттегідей осы салтанатты шерудің келе жатқанын естірткендей болып, жүйріктердің қарасы көрінді. Мұндай скороходтар Русьте ежелден болған. Олар патшаның жүріп келе жатқанын білдірумен айналысатын.Қазірде скороход – жүйріктер үстеріне ескідегі үлгімен тігілген киімдер киініп алыпты. Олардың артынша жоғары сановниктер Москвадан әкелінетін мемлекеттік рәміздердің белгілерін: мемлекеттік туды, мемлекеттік семсерді, скипетрді, державаны және гауһартастармен көмкерілген патша тәжін алып келді. Мұның артынша Преображенск полкінің мундирін киген государдің өзі, ақ сарафан киген екі патшайым, ұлы княздар мен княгинялар, сарай қызметкерлері, ең соңында патшайымдар мен княгиналардың фрейнилары мен патшаның нөкерлері келе жатты.
Ұзын сонар дұға оқылған соң государь бір өзі аяңдай басып таққа жақындап келіп, оның үстіне жайғасты. Ол елге қарап, тымырайып, біраз отырды. Осы кезде Сарай министрі оған қағаз әкеліп берді.
Осыдан кейін ғана, үстіне порфирасын киген патша, орнынан тұрып, өзінің сәлемін білдіру үшін:
– Жаратушының Маған берген Отанға деген қамқорлық кәсібі бойынша халық сайлаған заң шығару жұмысына қатысуыма тура келеді.
Россияның жарқын болашағына деген жалынды сеніммен сіздердей өзімнен сайлануға лайық Менің сүйген азаматтарыма сәлемімді жолдаймын.
Сіздерді қиын да, ауыр жұмыс күтіп тұр. Отанға деген сүйспеншілік пен оған қызмет ету тілектеріңіз сіздерді біріктіріп, жігерлендіре түсетіндігіне сенімдімін.
Мен өзім берген бұлжымас орындауларды қорғай отырып, сіздердің атамекендеріңізге барлық күш жігерлеріңізді салып қызмет ететіндеріңізге сондай-ақ Менің жүрегіме ет жақын шаруаларға, халықты ағартуға және оның ахуалын көтеруге, оның рухани ұлылығы мен мемлекеттің жарылқаушылығы үшін тек қана еркіндік қана емес, сонымен қатар – құқықтық тәртіп қажет екендігін де естеріңізде ұстарсыздар дегім келеді.
Мен сіздерді шақырған жемісті қызметке кірісіңіздер, Патшаның және халықтың сенімін ақтаңыздар. Құдай Маған да сіздерге де жар болсын – деп барып бітірді.
Патша сөзін аяқтасымен залдың екі жағында отырғандар бірдей «ура» деп айқайлап кетті. Соның ішінде Дума мүшелерінің де дауыстары қоса естіліп жатты.
Қысқы сарайдағы отырыстан кейін шығып бара жатқан Мұхамеджан сияқты депутаттар Самодержавиелік Россияның ұлылығы мен сәндігіне таң қалып шыққан. Оларға мұндай мүмкіндік өмірлерінде бірінші рет қана берілген еді.
Бірақ Қысқы сарайдан шыға салып, Мемлекеттік Дума мүшелері тіптен тағы бір өзгеше дүниге енгендей болған. Нева жағалаулары мен көпірлерде тұрып алған жұмысшылар мен зиялылардың қалың топтары оларға қарап: «Амнистия!» «Амнистия!» деп айқайлап жатты.
Мұны көріп, Мұхамеджан қасындағы Бақытжан мен Сәлімгерейден:
– Бұлар неге соншама айқайлайды? – деп сұрап еді. Бұрынғы Бірінші Думаға қатысып, біраз тәжірибе алған Бақытжан алдымен:
– Байқауымша, революция кезінде түрмелер де адамдарға толып кетсе керек. Думаның ашылуына қарай халық сотталғандарға «амнистия берілсін» деп сұрап жатқан болар – деді. Сәлімгерей де оны қостап басын изеп қойды.
Сәл жүріп барып, депутаттар Нева жағалауында тұрған параходқа отырған. Депутаттарды отырғызып алған параход қаланың Выборг жағындағы, «Кресты» деп аталатын үлкен түрменің қасынан өтіп бара жатқанда, түрме терезелерінен анталаған адамдарды көрді. Олар айқай салып, қолындағы тегеш ыдыстарымен терезедегі торларды тақылдатып, қолдарындағы орамалдарын бұлғап жатты. Осылайша арестанттар мекенінен өтіп бара жатқан депутаттарға олар да үмітпен сәлемдерін жолдар қала берді. Олардың да амнистиядан үмітті ойлары бар сияқты. Депутаттар бізге амнистия берудің жайын патшаға «айтса екен» деп тұрса керек.
Мұхамеджанның ойына осы кезде Семей түрмесінде отырған Әлихан түскен. Алып Россия империясының бір түкпіріндегі темір тордан ол да қарап тұрғандай сезінген. Осының бәрі Мұхамеджанның ойындағы патшаға деген сезік пен жорамалды ұлғайта түскендей еді. «Россияның бас қаласының іші осылай болып тұрса, біз не болармыз?» екен дегенде оның жүрегі шымырлап қоя берді. Алыстағы өзіне сенім артқан елін ойлады. Олар Мұхамеджан «бәрін тындырады» деп, Думаға сайлағандағысы осы ма еді?... Бетіне шіркеу болып тұрған осы еді.
Бұдан кейін депутаттар Таврия сарайындағы Дума жұмысын бастаған. Бұл жолғы мәжіліс отырысын Гос. Совет төрағасының жолдасы Фриш ашты. Төрағалыққа москвалық депутат рим құқығының профессоры Муромцев сайланды. Сайланған төраға бірінші сөзді депутат Петрункевичке ұсынды. Ол өзінің сөзін амнистиядан бастаған еді.
– Біздің міндетіміз, ар мен ұжданымыз осы мінберден айтылатын алғашқы сөзіміз де өмірлері мен бостандықтарын орыс саяси еркі үшін қиғандарға арналмақ. Еркін Россия өздерін бостандық үшін құрбан еткендерге бостандық берілсін деп талап етеді! – деп сілтей сөйледі.
Жарыссөзде сөйлеуші басқа да депутаттардың ішінде билікті сөккендері де болды. Мұнда да Бірінші Думадағыдай «атқарушы билік заң қабылдаушы билікке бағынау керек» деушілер де табылып жатты. Негізінен Дума мен үкіметтің арасындағы талас жер реформасы және өлім жазасы төңірегінде болып жатты. Министрлерге өшіккен депутаттар олардың әрбір сөйлеуіне «оставкаға кетіңдер!» деп айқайлаумен болды.
Жер мәселесі бойынша да кадеттік депутаттар жерді күшпен иесіздендіру, былайша айтқанда жалдамалы жерлерді күшпен тартып алу заң жобасын ұсынды. Трудовиктер олардан да өтіп кетті. Олар меншікті жерлердің бәрін иесіздендіру туралы айта бастаған.
Мұхамеджан Дума мен биліктің арасындағы күн сайын өсіп бара жатқан алшақтықты сезе бастаған. Ол өзіне бұрын – соңды болмаған жаңалықтарды аша бастаған. Мұндағы болып жатқан таластардан пайда болған ойларын бұл арада сөзбен айтып жеткізе алар емес.
Билік аграрлық реформадағы жетімсіздіктерді Думадан көре бастаған, солардың ішінде кейбір депутаттардың помещиктердің жерін иесіздендіріп, тартып алу туралы айтқандары сылтаудың ең негізгісіне айналды. Өйткені премьер – министр Столыпиннен бастап, басқа да министрлер мен сановниктердіңРоссияда жекеменшік жерлері жетерлік еді. Россия алдымен помещиктік – жер иеленушілер мемлекеті еді. Сондықтан Дума депутаттарының бұндай сөздері алдымен соларға ұнамаған.
Осыған байланысты «Правителственный вестник» газетінде оңшыл ұйымдардың государьға арнап, бұл сияқты «бұзық ойлы» Думаны қуу туралы жазған телеграммалары келіп түсіп жатты. Бұл кезде Столыпин де қарап жатпай Думаны құртуға жасанып шыққан сияқты. Ол:
–Революцияның бізді басып алғандағы ең басты бекінген позициясы – ол Мемлекеттік Дума болып тұр. Соның қол сұқпас, биік қамалдай қабырғасының ар жағынан арсыздықпен айтылған: меншікке қол сұғу, мемлекетті күйрету, сонымен бірге күн санап күшейіп келе жатқан Жоғарғы самодержавиелік билікке қауіп төндірерлік әр қилы сөздері болып отыр» – деді. Сүйтіп, Столыпин мұндай ойларын бүкіл елге жайып салған. Бұл оның көп айыптауының бірі ғана сияқты.
Мұхамеджанның көзіне оттай басылған осы болды. Өзімен – өзі алысып жатқан көп халық, бірінің кеңірдегіне, бірі қолын салардай, мұндай жерде қазақтың жайын айтпақ түгілі, қай жағына шығарын білмей дал боларсың. Мұхамеджан үшін түсініксіз Россия осыдан басталғандай еді. Бірінші рет кісі қатарында Думадан қазақ болып орынтигендегісі осы. Араласып, қоян – қолтық болдық дегендегісі де осы-ақ болды. Қазақтардың ата салтында араласып отырғанда көрісіп, білісу деген болушы еді. Бұл Думада ол да жоқ. Ең құрымаса, «қыз көру» жосығын да істемеді. Қайдан келген депутаттар, ойында не бар екенді де, бұларың білмейтін сияқты?Өздері сүйте отырып, бұратана халықтарды менсінбейді. Олар туралы ұмытып та кетсе керек. Мұхамеджан сияқты депутаттарға «бұлар қайдан пайда болды?» дегендей шекесінен қарайды. Оның үстіне аз уақыттың ішінде Екінші Думаның оңшылдар жағы бас көтере бастағаны тағы бар. Бұлар: В.М. Пуришкеевич, В.В. Шульгин, еписков Евлогия, В.А. Бобринский, П.Н. Крупенский, И.В. Новицкий сияқты көкірекшіл, айқайды жақсы көретін, шулы шешендер еді. Олар монахистерден басқаларға сөз бермейтін болды. Мінбеден революциялық сөздер естілсе болғаны әр түрлі балағат сөздермен, дыбыс шығарумен шешеннің аузын жабуға тырысатын өнерді шығарды. Бақытжанның Думадағы қазақ еліндегі жағдайға байланысты баяндамасын қайта – қайта бұза берген де солар. Оқтын – оқтын Дума ішінде көшедегі бозбалаша ысқырып, жер тепкілеп жатқан да сондайлар болатын. Жабайы халықтың өкілі деп, тамақтап, Бақытжанды тимақшы болған да сондайлар. Тек Бақытжанның ондайларға бой бермес мінезінің арқасында ғана баяндамасы аяғына дейін бұзылса да тыңдалған.
Думадағы үлкен шудың басы депутат Зурабовтың армия жайында айтылған сөзінен кейін тіпті ушыға басстаған. Оның көтерілген халыққа қарсы үнемі әскер күштерін қолданылуын және олардың командирлерінің әскери – дала соттарының мүшелері ретінде жазалаушыларға айнала бастағанын Зурабов жақсы ниетпен, ондайға тиым салу үшін айтқысы кеп:
–Армия өз халқына қарсы әлі бұдан да қатты соғысатын болады. Сіздерді де мырзалар, олар әлі-ақ қуалап салатын болады! – деп, Думадаға қатысып отырған министрлер мен сановниктерді де мысқылдағандай етті.
Ендігі сөзді Зурабов халықты жуасытқыш армияның өзіне бұрған. Қарусыз елге қоқаңдап, жаман үйренген әскерилер нағыз майданда ез екенін танытты, сырттағы жаудан үнемі жеңілумен келеді – деді.
Депутат Зурабов құшырлана түсіп:
– Бірақ та, өз адамдарымен мықты соғысып, ылғи жеңіске жететін армиямыздың шығыста ылғи жеңілетініқалай?» деген мазақ сөзіносыған қосып айтты. Осылайша әскердің сыртқы жаулармен соғыста таяқ жейтін күйге түскенін де сынағандай етіп, армияның орыс – жапон соғысында ойсырай жеңілгенін олардың беттеріне басқан.
Өзі ілік іздеп отырғандарға Зурабовтың бұл сөзі майдай жаққан. Сүйкенерге қара таппай отырған оңшылдар, Думада қатысып отырған министрлер бұған жатып ашуланғандай болған. Олар бірінен соң бірі бас көтеріп:
–Россияға, оның армиясына тіл тигізді!;
– Мынау сұмдық қой!;
– Біз бұл жерде отыра алмаймыз! – деп шықты.
Үкімет дереу депутат Зурабовтың мұнысына үлкен мән беріп, «Дума депутатының империяны бірден – бір қорғаушысы болатын армияға тіл тигізгендігінің өзі Думаны таратуға негіз бола алады» деп түсіндірме беріп те жіберді. «Жығылғанға жұдырық» деп бұған Думаның социал – демократ депутаттарының әскери бөлімдерде үгіт жүргізіп жүрген солдаттармен байланысқа түскені келіп қосылды. Думаның социал – демократтар депутаттарының енді қастандық жасаушыларға қатысы бар деген сөз қоса шықты. Ақыры самодержавиенің көзіне шыққан сүйелдей болған шуы көп «тентек» Думаны құртудың оңай жолы осылай табыла қалған. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» деп патша да осыны күтіп отырса керек. Ол дереу «Думаны тарату» жарлығын шығара салды.
Бұдан кейін 3 июнь күні Екінші Дума таратылған болатын.
Екінші Дума өзінің алдында сайланған Бірінші Думаның кебін киді. Тіпті одан да аз уақытта таратылды. Бірінші Мемлекеттік Думаны күштеп таратуына орай көптеген депутаттар өздерінің қарсылықтарын білдірген еді. Олар тіпті Петербургтен алыс емес Выборг деген жерде патшаға «Үндеу» қабылдап, «самодержавиенің мұнысы дұрыс емес!» деп шыққан. Мұндай депутаттардың саны 178 барды. Олар әдейі орыс өкіметі полициясының қолы жете бермейтін финляндия княздігінің жерінде тұрған Выборг қаласына барып, ары қарата не істеу керектігін ақылдасқан. Кейбіреуі тіпті билікке қарсылық көрсетудің бір түрі ретінде: салық төлеуден бас тарту, әскери міндетін өтеуден бас тарту, займ төлемдерін мойындамау сияқты шараларды қолданайық деген. Солардың ішінде қазақтардан Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөриндер бар болатын. Оларды сол кезде сотқа шақыртып, кейіннен қамауға ала бастаған. Өйткені бұл депутаттарды кейінгі Думаның сайлауына қатыстырмаудың әдісі еді. Сол үшін олардың көпшілігін, соның ішінде Әлихан бар «Халыққа – халық өкілдерінен» атты үндеуге қол қойғаны үшін Санкт – Петербург сотының үкімімен Семей түрмесіне қамалған болатын.
Мінекей, әскере, «дамып жатыр» деген патша демократиясының бет пердесі депутаттар үшін осылай ашылған. «Неге былай болды!?» деп сұрауға да болмайтын сияқты. Үйтсең болды, түрмеден бірақ шығарады. Қазақ сияқты кіші халыққа көрсетілген демократия сыбағасы осылай аяқталған. Демократияның адам түсініп болмайтын түрін қазақ депутаттары осылайша бастарынан өткізе бастаған.
Бірақ сұмдықтың нағыз тағылық түрінің басқаларға емес тек қазақтарға ғана арналған түрі тағы бар екендігін Мұхамеджан соңынан барып бірақ білген. Ол сайлау туралы заңдарға өзгерістер енгізіп, қазақты сайлау – сайлану праволарынан мүлдем айыру болып шықты. Сонда қалай болғаны? Қазақ адам баласы болса, оның бойындағы туа біткен адамзаттық құқын басқа бір адамдардың айыруға қандай хақысы бар еді?...
Бұл сұрақ олар үшін жабық күйінде қала берді.Олар мұндай құбылыстың тек Россияға ғана тән екенін бұл жолы да өз бастарынан кешкендей болған.Осы жағын қазақтардың еш қайсысы түсінбеді. «Бұл нағыз құлдық заман, бұл аппартеид қой!» деп Мұхамеджан сол Думаның ішінде айқай салғысы келген. Бірақ жасы өзінен үлкен, көргені көп Бақытжан аузын басқандай боп:
– Қайтесің, бұлармен басқаша сөйлесу керек! Өздері жасайтын әдіспен ғана сөйлесіп, жеңбесек бұл елде басқаны керек етпейді – деп тоқтатқан. Бірақ өршеленген Мұхамеджан, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ дегендей» болып:
–Олай болмағанда, қайтер еді? Әлихан сияқты түрмеден бірақ шығарар ма еді? Оны бір құдай біледі. Бірақ өлсек те, тұяғымызды бір серпіп өлу керек еді – деп еді.
Мұхамеджан көңілінде қалған кірбіңнен бір жола арылардай боп:
–Өкімет Думадан қуарын қуса да, онысын түсіндіруге мұрша бермейтін көрінеді. Есік алдынан қуылған бөтен ит сияқты күйіміз мынау? Сен кешегі Госдуманың депутатсың ба, басқасың ба, оған қарамайды, аузыңды ашсаң бас салып қамайды. Бізге істегені анау! Адам қатарынан алып тастап!» деп, Мұхамеджантағы қайтара тістене сөйлеген. Бақытжан мен Сәлімгерей мұнысына үндемеген. Кім біледі? Мүмкін, жастау ғой, аңғыртығы мен албырттығынан «басылсын» деген ол екеуінің ойлары да болған шығар? Әйтеуір үндемей құтылған. Бұдан кейін не болсын? Олар елдеріне қайтпақшы болған. Қайтқанда жай қайтпастан, үлкен ренжістерін өздерімен бірге арқалап қайтпақшы еді.
Қазақ депутаттары оларға көп жалынбастан, «бүйткен демократияларыңды бастарыңа жастаныңдар!» деп елдеріне тартып кеткен. Кетіп бара жатып, олар ойындағыларын сөзбен айтып жеткізе алмас, тілмен айтып түсіндіре алмас күйге түскен. Осы кезде құлақтарынан тек бір үн ғана кетпеген. Сол үн ғана: «Азаттық!, Азаттық!, Азаттық!» деп үзіліп барып, талып естіліп, кетпей қойған. Еміс, еміс, естіліп тұрды да Петербургтен алыстаған сайын өше берді. Айтылған арман да, күйінген күйініш те, аңсаған алданыш та, болашақтың күйі, бәрі – бәрі соның ішінде сияқты.
Бұл нағыз самодержавиелік күй еді. Оның бұғауын қалай ағытпақшы! Қазақтарды ендігі толғандырған осы еді.
Орыс самодержавиесін мұндайтозақтан құтқарғысы келгендер көп еді. Олар тозығы жеткен монархияның бұл түрін қанша жамасаң да, жыртыла – жыртыла әбден ескіргенін, енді тіпті жамауға келмейтіндігіненәсіресе патшаны сақтандырғысы келген. Солардың бірі Лев Толстой болатын. Россия деспотизмінің таусылмас ғұмырынан жиіркенген атақты, дана жазушы тіпті сонау, 1902 жылы Николай ІІ патшаға хат жазған.
Кәдімгідей әкесінің баласына айтар өсиеті сияқты қып, «патша ойлансын» деп жазған да болу керек. Мүмкін, патшаның ақылы кіріп, айналасына қарар, осындайлық қор қылатын мазақ қылықтан бір жола «арылар!» деп, сенім артқандай болған.
Сондай игі тілекпен ол: «Сізге, былай айтқанда, о дүниеден жазып отырғандаймын.Өзіме жақындап қалған ажалды сезінудемін... Айтайын дегенім, самодержавиенің дәурені бұл күнде өтіп кеткен, баяғыдан бері әбден ескірген басқару формасы болып табылады... «Соны сіздің есіңізге салсам» деп едім. Онан кейінгі айтарым, жүзмиллиондық халықтың айтатыны:тек қана, «жерімізді ерікті пайдалансақ» дейді. Ол дегеніміз жерге меншік құқығын жою. Оның жоюлуы орыс халқын тәуелсіздіктің жоғарғы сатысына көтереді, жағдайын жақсартады. Бірақ мұның бәрі тек самодержавиелік басқарудан құтылған соң ғана болмақшы» деп жазған болатын. Бірақ дана жазушының айтқаны патшаның жетесіне жетті ме, жоқ әлде жетпеді ме оны білетін тек, патшаның өзі ғана болар? Патша бұл ақылға құлақ аспаған болатын.
(Кейін, бұдан он бес жылдан кейін, мүмкін өкінгендей де болар?...)
Бірақ ол кезде патша қалайда өзінің іріп – шіріген билігін революция толқындарынан аман – есен алып өтсем дегеннен басқаны ойламаған еді.
Енді революция өрті сәл бәсеңдей бастаған шақта патшасынан бастап, үкіметі бар барлығы бірдей жерден жеті қоян тапқандай болып, «өздерінің тұрып жатқан жерлерінде, тиісті бекітілген жері жоқ халықтан Думаға мүшелер (депутаттар) сайланбасын» деген сайқымазақ жарлық шығарған. Орыс патшасы айтқан, «конституцияны беремін, тек самодержавиемді сақтасаңдар болды» деген уәдесі қазақтар үшін осылай аяқталды.
Сөйтіп, олар қазақтан алдымен жерді күштеп, тартып алды. Оған айтқан сылтауы да түсініксіздеу болып шықты. Ол бойынша, жер «Мемлекет пен қазынаға ғана тиісті» дегенді алға тартқан болатын. Сол жерлерде өмір бойы тұрып жатқан қазақ байғұс енді аяғының астындағы басып жүрген жерінен айрылып қалды. Жерден айрылған қазақтың келесі сыбағасы жер мен көктің арасында қалғандай болып шықты. Ол, ол ма, «қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің дегендей, соның артынша, «қазақтың өз басында жер жоқ болғандықтан, ол Думаға сайланбасын» деген мазағы қоса шықты.
Мұхамеджан үшін бұл нағыз қиын заманның өзі болып көрінген. Оның туған елі үшін өмір сүру әлде жер бетінен өшу қаупі енді төнгендей болып тұрған.
Патшалық биліктің мұншалықты арсыздығын түсінбеген кіші халықтан сайланған Дума мүшелері іштерін кернеген ашу – ызадан жарылардай күйге түсті. Олардың қолынан не келсін. Барлық баспасөздерде бұл жайында сөз болып, сын айтылды. Азын – аулақ қоқан – лоқы көрсеткендей де болды. Одан арыға бара алмаған еді. Сол ызаларын арқалаған күйі, бұдан өтер зорғыны олар патшасынан күтіп жатпастан, барлығы бірдей теке тіреске түсер кезді ойлап елдеріне қайтқан. Оның да ауылы алыс емес екендігі белгілі болды.
Әсіресе, бұдан бұрын өзі қатысқан, атағы бүкіл Россияға жайылған автономистер съезінен кейін де Мұхамеджан елге осылайша қатты егеспен қайтқан. Ол кезде тіпті жас еді. Съезде айтылған көп жайдан ой түйгендей болған. Соның ішіндегі дұрысы – «өзін – өзі билеу» деп түйсінген. Сол түйсінгені бүгінгі күні өзінің дұрыстығын Мұхамеджанға тағы қайтара есіне салғандай етті. Сол кезде де, ол: «Өзімізбен – өзіміз болып, өз қолымыз аузымызға жетпегенше, осылай бола береді екен» деп ойлаған. Соның бәрі тағы қайтара шын болып шықты. Мұхамеджан соны ойлап: «Шіркін соның жолы автономия ғана екен! Тәуелсіздікке қол жеткізбей көрген күніміз осы болады екен. Қалайда отар аталатын кіріптарлық қазақтың ырысы болмас!» деп, ішіне соны түйді. Сондықтан да, ол алдымен көзін ашқан «Автономистер одағына» осы үшін риза еді.
Россиядағы «Автономистер одағы» деп аталатын қоғамдық ұйымды құрушылардың бірі Сәлімгерей Жантөрин болатын. Алыстағы Башқұрт елінің қазағы екен. Бір емес екі бірдей жоғарғы оқу бітірген, майталман қазақтың бірі. Ол 1905 жылдан бастап, патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы күресіп жүрген қазақ зиялыларының ішіндегі ең азулыларының бірі еді.
Осының алдында Санкт – Петербургте өткен Россия автономистерінің съезінде Тынышбаев «Қырғыздар және азаттық қозғалысы» деген баяндама жасаған.
1905 жылғы 19 қарашадағы Мұхамеджан баяндама жасаған автономистер съезінде поляктар, әзірбайжандар, армяндар, грузиндер, белорустар, украиндықтар, еврейлер, латыштар, татарлар мен қазақтардан барлығы 83 өкіл қатысты. Съезд Россия империясының барлық халықтары республика негізінде мемлекет құруға қатыса алады деген қаулы қабылдаған. Мұхамеджанның автономизмі де осы жерде қалыптасып, қазақтардың өзін – өзі билеуі туралы сенімі де сол кезде пайда болған...
Сол съезде Мұхамеджан қазақтардың бұл империяда жетімсіреген күй кешіп жүргенін айтқан.Айтуға ауыз келмейтін, мұңын шағуға естір құлақ таппай жүргенін естірткен. «Қазақтар орыс иелігіне кірерде осы елге өгей боламыз,мұндайлықты құқысыз нағыз құл боламыз, Россияның аналық мейірінен тыс қаламыз» деп еш ойламаған едіні де сонда айтқан. Содан бері айналасы 80-90 жыл өтті. Ал Орал, Торғай, Ақмола облыстарындағы қазақтар Россияға бұдан да ерте өткен. Қазіргі орыс өкіметінің қазақтарға қарсы жүргізіп отырған саясаты соны білдіреді. Қазақ халқының адам төзгісіз жағдайы оларды бұрынғы үміттерінен айырып, алданғандарын ашып берді.
Россияның қол астына кіріп, өзінің азаттығы мен саяси тәуелсіздігін сақтап қалуды аңсаған қазақ халқы сонда өзінің бейбітшілік пен тыныштығын қорғайды деген орыс үкіметінен күткені әділететтілік пен заңдылықтан басқа не еді?... Бірақ олай болмай шықты.
Самодержавиенің «бөліп алда, билей бер» деген саясатымен осыған дейін біртұтас қазақ елі мен жері отаршылдықтың нағыз жантүршігерлік шылауына түсіп, әр түрлі бөліске ұшырады. Ең аяғында қазақтың елімен жері «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» дегендей әдейі шашыратылып жіберілді. Орыс үкіметі қазақ елінің жерін ойып алып, өз қалаулары бойынша Орал және Торғай облыстарын ашты. Осы облыстарды басқаруға әскери губернаторларын қойды. Олардың орталықтары Орал мен Орынбор қалалары болып шықты. Сондай есеппен олар Ақмола мен Семей облыстарын ашты.Ашылған облыстар әскери губернаторлар арқылы басқарылатынболды. Бұл екі облыстың үстінен қарауға тағы дабір басқарушы әкім қойылды. Ол– Далагенерал – губернаторыболатын. Осы Дала генерал – губернаторлығының орталығынқазақ жерінен шалғайдағы Сібір аймағында орналасқан Омбы қаласына апарып қосты.
Ал қазақ жерінің оңтүстік аймақтарынан патша өкіметі Сырдария мен Жетісу облыстарын ашқан болатын.Бұларды да әскери губернаторлар басқарды. Жетісу облысына қырғыздардың Пішпек пен Қарақол аумағындағы жерлерін қосыптастады. Осыдан кейін қазақ, өзбек, қырғыз халықтарының араласуыменТүркістан генерал – губернаторлығы деген әкімдік пайда болды. Бұл генерал – губернаторлықтың орталығы Ташкент қаласы болды.Құрылған генерал – губернаторлықты Ташкенттен Түркістан генерал – губернаторы басқара бастады.
Енді олар қазақтар жайлайтын Бөкей және Астрахань жерлерін Астрахань губерниясына бағындырды. Бұл облысты губернатор биледі. Ал Маңғыстау түбегі мен оған жанасып жатқан Арал және Атырау теңіздерінің аралығындағы жерлер түркімен жеріндегі Закаспий облысына қаратылды. Оның орталығы алыстағы Красноводск қаласы болып саналды.
Тұтас бір мемлекетті осылай қып, бұзған соң, самодержавиеге бұл аздай көрінген.Енді олар қазақ елін үлкен әбігерге салып, Орал, Торғай облыстары және Дала өлкесінің Ақмола, Семей облыстары Империяның Ішкі істер министріне қаратты.Ал Түркістан атты алып өлке, Закаспий облысы мен Ішкі Бөкей ордасы Империяның Соғыс министрлігіне қаратылды және әскери жағдайлар мен тәртіптерге байланысты басқарылатын болды. Бұлардың үстіне әскери басқарумен қатар қатаң полициялық бақылау орнатылған болатын.
Бұдан басқа қазақ қоғамының барлық саласын қамтыған отарлық жүйе қазақ халқын бас көтертпей жаншуға ғана бағытталды. Соның ішінде бір ғана соттық жүйені алса, онда да, қазақ өміріне жарамсыз орыс соты құрылып, ондағы жат тілді, салт пен дәстүрді білмес судьялар өздерінің заңдарымен қазақтарды соттап жатты. Ал әкімшіліктің генерал – губернатор сияқты басшылары ешқандай сотсыз-ақ қазақтарды айдауға жіберіп, түрмеге жаба алатын болды. Отарлық биліктің ең сорақы, басты шарты қазақтарды тездетіп орыстандыру болып табылды. Қазақтарды адам қатарына кіргізгісі келместен олардың тілін жойып, мәдениетін өшіргісі келді.
1868 жылғы «Уақытша негіздер» бойынша қазақ жеріндегі бұрынғы рухани – діни қатынастар олардың ерекшелігін ескерместен империяның жалпы азаматтық басқаруына көшті. Мұның өзі қазақ халқының рухани – діни мәдениетін түсінбейтін және түсінгісі келмейтін әр түрлі мекемелердің әкімдерінің мұны қалай болса солай өз білгендерінше істеулеріне әкелді – деген.
Қазақтар бұдан кейінгі 17 октябрьдегі патша Манифесі кезінде ашынып, тіпті өздеріне автономия «қажет» депұққан. «Қазақтар елінің өзіне тән демократиялық, ұлттық басқару формасы болсын» дегенді айтқан. Автономияны бұлардың түсінігі бойынша дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, сонымен бірге, заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс... Россиямен тек федерация негізінде қарым – қатынаста болып: сыртқы саясат, қаражат, әскери істер Бүкілроссиялық федерациясы үкіметінің ісі болмақ.
Оқу – ағарту жұмыстары, жергілікті жолдар мәселесі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселерінің бәрі жергілікті автономиялық үкіметтің ісіне айналмақшы. Автономиялық елдің ең басты мәселесі жер мәселесі болмақшы. Отар ел болып жүргендегі әсіресе көп зардап шеккен мәселе осы болғандықтан оған аса мән берілмекші.
Қазақтардың отаршылдықтан көрген зәбір – жапасынайта келіп, Мұхамеджан сонда, бұл халыққа өзін – өзі басқару қажет деген идеясын тапқандай еді. Өзін – өзі басқару үшін ең алдымен қазақ еліндегі заңдар мен әкімшілік жарлықтарды өзгерту, генерал – губернаторстволарды, крестьян начальниктерін, урядниктерді жойып, әскери және полициялық басқаруды азаматтық басқарумен алмастыру, орыс соттарын қазаққа түсінікті соттармен айырбастау, олардың сайлау және сайлану құқыларын сақтау» деп айтқан еді.
Жалпы алғанда Автономистер Одағы Россия империясының құрамындағы көп қоғамдық – саяси ұйымның бірі еді. Бұл ұйымды құруға күш салған поляк оқымыстысы Б.А. Бодуэн де Куртенэ деген кісі болатын. Автономистер одағының құрылуы коллониалдық Россия халықтарын олардың ортақ мүдделері тәуелсіздік үшін күресте бір – бірімен жақындасуына көп себепкер болып, отарлық бұғауды жоюға пайдасы зор болды. Қанша айтқанмен қазақтарға қарағанда Россияның отарлық бұғауына қарсы күрескен поляктардың тегеуріні қатты еді.Поляктар жанталасып, қалайда өздерінің тәуелсіздігін қорғап қалу үшін күресіп жатқан. Олардың осыған дейінгі қаншама азаттық жолындағы көтерілістері күшпен жаншылды. Сондай-ақ, Финляндия князьдігі де Россия империясының құрамындағы айырықша өлке болып танылғанымен, тәуелсіздігінен айрылған елдің қатарында еді. Сондықтан бұларға да «автономия» деген ұғым тәуелсіздіктің алғашқы белгісіндей болып көрінетін. Қазақтарға да автономия жарқын болашақтың атар таңымен бірдей көрінген. Автономияға қол жеткізіп, өзін – өзі басқару – бұлтәуелсіздікті нақты жақындата түседі деген ұғым Мұхамеджанға осылай келді.
Бұл кезде патша өкіметінің отарлау саясаты өзінің шарықтау шегіне жеткен еді. Отарлау күшейген сайын қазақ халқының қарсыласу қозғалысы да арта түсті. Соның ең зорғысы Кенесары көтерілісі еді. Бұл тек тәуелсіздік үшін болған азаттық күрес еді. Оны сол кездегі ақын – жыраулардың:
Қазақ – қазақ болғалы,
Өз алдына ел болып.
Оңаша бір қонғалы,
Хандығынан айрылса,
Ел болудан қалғаны –
деген сөздері білдіреді.
Сол үшін Мұхамеджанға мұның өзі қазақ халқының өз тағдырын өзі шешу бағытындағы күрес жолындай болып көрінген.
Автономистердің алдыға қойған мақсаты әзірге Россия мемлекетін федерацияға айналдыру болатын. Ал ондағы ұлттар автономияға айналып, өзін – өзі басқаруға қол жеткізуге құқылы болды.
Автономистердің жалпыроссиялық мұсылмандар қозғалысында өздерінің белсенді күресімен: А. Ибрагимов, А. Топшибашев, С. Жантөрин сияқты азаматтар көзге түсті. Петербургтен кетерде Мұхамеджанды өзіне баурап алған да осы ой болды. Оның ар жағында бостандық пен азаттық алмаса халқына тәуелсіздік еш қашан келмейтіндігіне де оның сенімі арта түскен.
Буылдыр тартқан таулы жердің жаңбырлы даласымен келе жатқан Мұхамеджанның ендігі ойы тезірек көпірге жету болды. Таулы өлкенің өкпек желмен қосылған суық қара жаңбыры сабалап оны жүргізбеуге айналған. Қорғасындай ауыр бұлттар дүниені бар салмағымен басып, Мұхамежанның алдыға басқан аяғын кері тартпақшы.
Енді біраз жүргенде Мұхамеджан жаңбырдың салқын лебі мен ызғарлы демін барлық тәнімен сезіне бастады. Суық тамшылар қойын – қонышына дейін сұғына кіріп, тәнін тітіркендіріп тұрғандай көрінді. Сәл ғана емін – еркін тыныстағысы келсе болғаны аузы мен мұрнына келген, бу аралас, салқын леп көмейіне тығылып, тұншықтыра бастайды. Желмен бірге қосыла ұшқан жаңбыр тамшылары алдымен бетке ұрады. Соңынан төмен қарата сырғи жөнеледі. Суық, жанға жайсыз тамшылар бір тынбастан ағып келіп, желмен қосылып, Мұхамеджанның аузына да кіріп жатыр. Тамсанып еді. Дәмі жоқ сияқты. Құр әншейін суық тамшылардан жиналған ылғал екен.
Қайда қарасаң да, жер – көктің бәрі ағып жатқан судан көрінбейді. Жолдың өзі айғыз – айғыз із қалдырып, сай – саламен аққан жаңбыр суына толып кеткен. Бұл жауынның өзіне қиын соғып тұрғанын Мұхамеджан енді анық түсінді. Ондай күдігі бекер емес еді. Жауынның ұзақ жауып тұруы, әсіресе таулы жерде селдің пайда болуына әкеліп соғады. Сел бола қалса, оның «салынып жатқан жаңа көпірге тиер зияны көп. Тіпті көпірді алып кетуі де мүмкін? Мұхамеджан үшін уайымның басы енді басталғандай болып көрінді.
Темір жол көпірінің құрылысы басталғалы біраз болған. Бітуге жақын қалған. Оған бірталай қаражат пен күш – қуат, қайрат шығын болды. Енді сол көпір «аман болса екен» деп Мұхамеджан тілейді.
Ал қазір жауын суы селге айналып, көпірге «зияны тиіп кетер ме екен?» деген, күдігі де күшті. Өйткені көпірдің су қағар қанаттары әлі бетоннан құйылып жатыр. Әлі толық аяқталмаған. Жиналған селдің суы қатты келіп, суқағардан асып, көпірді шайып кете ме деген уайымы да күшті. Түнімен ұйықтамағаны содан еді. Қазірде станнан шыққаннан бергі ой осы болып келеді.
Жаңбырдың жауысы күшейген сайын, көпірдің жайы Мұхамеджанның көңіліндегі күпті онан сайын қоздыра түскен. Өйткені сай – саланы қуалай аққан судың мөлшері қазірдің өзіне селге лайық болып қалыпты. Бұлай бола берсе, бара – бара не болатыны тағы белгісіз.
Жердің миын шығарған жауын әлі толастайтын түрі жоқ. Жұмысшылардың қолын байлап, жұмысты жалғастыра беруге мына жауын әбден кедергі жасап-ақ тұр. Сондықтан бұл жаңбырдың жауысын Мұхамеджан ішінен жақтырмай келе жатса да көңілінің түкпірінде тағы бір күдігі пайда болған. Онысы, бір жағынан малға қарап отырған елдің жайынан еді. Соны ойлап, ол бұл райынан тез қайтты. Сондай ойын ғайбат санап: «жарықтық ел – жұрттың нәсібіне жауа түскенің де, дұрыс шығар?!» деп те, күбірлей сөйлеп келеді.
Айнала таулы жер болғандықтан, жазыққа қарағанда, мұндай жерлерде теміржол құрылысын жүргізу өте қиынға соғатын. Мұхамеджан мұның да қыр – сырына әбден үйреніп алды. Нағыз таулы аймақтарда теміржол салғыштың өзіне айналғанына іштей қуанады. Тауба қылып қояды. Темір жолды жобалайтын да, іске асыратын да өзі болатын. Соның нәтижесінде, өзіне – өзі сенімі де күн өткен сайын нығайып, біліктілігі де арта түскен. Сонысын сезініп, кейде өзіне – өзі ырза болып та қалады.
Енді бір айналымда, үлкен алқапты сайдың ішімен тарам – тарам болып өтетін жол тарыла түскен. Жол тарылған жерге ағып жатқан жаңбыр суы да жан – жақтан мол келіп, құйыла бастапты. Жүретін жол да осыған қарай қиындай түскен. Қазір бей – берекет ағып жатқан жаңбыр суын көріп, Мухамеджан саса бастаған. Оның бар ойы, темір жол астына салынатын биік үйіндіні «су шайып кетпес пе екен?» деген қауіптен болып тұрған. Мұхамеджанның ойын бұза түскен осы еді.
Барлық жағдайды басшы ретінде көріп, біліп, тек содан кейін тиісті істерге кірісу оның үйреншікті дағдысына айнала бастаған. Соған бола, Мұхамеджан осы тұста сәл аялдап, барлық жайды өз көзімен көруге бел буған.
Жаңбыр қатты жауып, арты селге айнала бастаса да, су ағарлары алдын – ала ойластырылып жасалған жол үйінділері жаңбырға шыдас беріп тұрған секілді. Мұны көріп, оның іші жылып қалды.
Осы кезде анадайдан қарсы келе жатқан ат жегілген арбалар легі көрінді.
Арбалар керуені осы жолдың бойымен сәл өрлеу бетке қарай көтеріліп келеді екен. «Бұл қай жүргіншілер, мынадай жауында келе жатқан?» деп Мұхамеджан таң қалып, жосыла көтеріліп келе жатқан керуенге анықтап қарады.
Сірә, кірешілер керуені болса керек. Ылғи қос ат жеккен, үстіне тиеп алған жүк теңдері бар үлкен арбалар екен. Бірақ дәл бүгінгідей күнде жол жүруге еш ыңғай болмаса да жүріп кетіпті. Соған қарап, Мұхамеджан кірешілерге жанашырлық жасап: «не сор екен мынадай күнде бұларды айдап келе жатқан» деп ойлап тұрған.
Ендігі ойы неде болса, кірешілерді тоса тұрайын, «неге бүйтті екен?» деп, бір жағы барар жолы олармен кездестіретін болған соң, жолдың шетіне шығып, тұрып қалған.
Жолдың осы тарыла келіп, жіңішкере қалатын жерге айналып кетуші еді. Сол жерге келіп қалған керуенді Мұхамеджан көзімен ұзатардай болып, осы тұстағы жол жиегіндегі биіктеу төмпешік жерге тұрып, келе жатқан керуеннің өтуін күтіп тұрған.
Келе жатқан шамасы осы жолмен арлы – берлі өтетін кірешілердің керуені болса керек. Керуеннің адамдары да, аттары да елең етпестен өрге тырмыса өрмелеп, келіп қалды. Жүрістеріне қарағанда өздерінің үйреншікті жолымен келе жатқандай болып көрінді.
Анадайдан көрінген арбалы керуен бұл кезде Мұхамеджан тұрған жерге жақындай түскен. Енді сәл жүргенде қасына да таяп қалды. Кірешілер ол тұрған жерге жақындай түскенде үстінде отырған кісілердің жай – күйі сонда барып анық білінді. Даланың көңілсіз ұзақ жолында жауын – шашынға ұрынып, қажып келе жатқан керуенге Мұхамеджанның іші ашып, «апырай, тұра – тұрса болар еді. Дәл мынадай күні жол жүргені, не қылғаны?!» деп, жанашырлық қылықпен, үстері малмандай болған кісілерді аяп кетті.
Жүк тиеген, ауыр кіре бұл уақытта Мұхамеджанға қапталдаса берген. Үсті – бастары малмандай су болған аттар, өрге қарата жүрістері өнбей, бірінің соңынан бірі, ілбіп келеді екен. Арбаның үстінде құйып тұрған жаңбырдан ығып, бүрісіп отырған адамдың қарасы да енді анық көрінді. Оларды да, суық жаңбыр бір жола ықтырып, жайсыз күйге түсіріп тастапты. Барлығы бірдей су болып, тоңғандықтан төмен қарап бүрісіп, сүлесоқ отыр екен. Тек қана, арбаға жегілген аттар ғана жай басып, ыңырана қозғалып, алға ұмтылады. Кіндік темірдегі майы кете бастаған арба дөгелектері біресе сықырлап, біресе шикыл қағып, жақындай берді. Сол қалпы тоқтамастан кіре Мұхамеджанның қасынан өте берген.
Енді тап қасынан өтіп бара жатқан арбалардың үстінде отырған кірешілердің жүздері оған анық көрінді. Беттері суық жаңбыр тамшыларынан айғыздалып, мойындарын ішке тартып, бүрсиісіп қалыпты. Кетеулері кеткен адамдардың жүздері де аса көңілсіз екен. Шамасы жол жүруге шыққанда үстерінен құйып тұрған жауынды жақтырмағандай болып, барлығының бірдей қабақтары қарс айрыла түсіпті. Әншейіндегі әңгімешіл ауыздар жабылып, арба үстінде мылқау тыныштық орнаған. Жым – жырт болып, үндеспей отыр.
Аспанды торлаған ақ бұлттың шеті сөгілетін емес. Сол қалпы тұп – тұтас болып, түнеріп тұрып алған. Соған қарағанда, жауынның тоқтайтын түрі жоқ. Тау – тауды айналып өтіп, сай – сайды қуалай соғатын ызғырық жел де күшеймесе тоқтайтын емес. Қазірде де кісілердің сілелерін қатырып, суға малшынған кірешілердің өңменінен өтердей өршелене соғады. Арба үстіндегілер қанша бұқса да, жаңбыр мен желден құтылмасын білгендей, бүріскен үстіне, бүрісе түскен.
Сүйткенше болған жоқ, кірешілер керуені іркілместен, созыла түсіп, Мұхамеджан тұрған жерден өте бастады.
Мына жауында олардың дәл мындай елсіз жердегі ендігі «тоқтайды-ау» дейтін жері осы арадан қырық – елу шақырымдай болатын, рабатты керуен сарайы бар ауыл. Онда жатар орын да ыстық тамақ та бар. Оған дейін кемінде жарты күн жүру керек. Одан басқа бұл төңіректе пана боларлық мекен, тірі жан жоқ. Соны мына кірешілер ойлап келе жатса керек. Сондықтан болар, бұл кіредегілер бұдан бұрын өткен кіредегілердей емес. Дамылсыз жауған жаңбыр мен өкпек желді жақтырмағандай болып, қабақтарын түйісіп, төмен қарап, көңілсіз, тұнжыраса қалыпты.
Дәл осындай кіре кеше ғана күн жаумай тұрып өткен. Олардың барлығы бірдей көңілді, өмірге ырза сияқты көрінген. Мұхамеджан соны есіне алып, «бір ауа райының өзі адам мінезіне қалай әсер етеді» деп, ішінен елжіреп, кіредегі кісілердің жайын ойлап тұрған.
Кешегі жаңбыр жаумай тұрып, өткен кірешілердің жүрісі мыналардай емес, бір басқа еді. Олардағыдай көңілді әңгіме мен жарқын – жарқын күлкі, ашық қабақ бұларда жоқ. Бұл жолғы кірешілердің жайы Мұхамеджанның жанын ашытардай әсер еткен. Дәл мынадай күннің бастарына түскеніне дауасы болмаған кірешілер, амалы болмағандықтан, тағдырларына мойын ұсынып, бастары салбырап, төмен қарасып, жауыннан бұғысады.
Кіре тартатындардың азабы көп болса, мына жауын оны үстемілете түскісі келгендей көрінеді. Бір ғана арба емес. Бақандай он шақты көлік. Үстіндегі адамдары жиырма шақты екен.
Осы кезде Мұхамеджанның көзі өтіп бара жатқан арбалардың бірінде отырған жас балаға түсті. Оны көріп, жүрегі тас төбесіне шыққандай болды. Басқасынан көрі, ендігі жаны ашығаны сол сияқты. Өзі өрімдей жас. Содан да, көңілі сол балаға бірден ауды.
Бірақ бала басқалардай емес. Өзгеше болып көрінді. Суық жауында қайыспай қарсы қарайды. Өзін мойымастай қып, бір түрлі қайсар ұстайтын көрінеді. Құйып тұрған суық жауынды елегісі келмегендей қасқайып, жоғары қарап отыр. Осындайлық бұл баланың түрі Мұхамеджанға қазір алабөтен болып көрінген. Жалғыз сол бала ғана жауып тұрған жауынды елемейтін сияқты. Тіпті жаңбыр сіркіреген сайын мойнын созып, айналасына бұқпай, өрлікпен қарайды. Басқалардай басы салбырайтын ол жоқ. Алапат жауып тұрған жауынға бірбеткей қайсар мінез көрсететіндей болып келеді.
Баланың барлық сырт пошымы осындай, тек өрлік пен намыстан жаратылғандайын Мұхамеджан көрді. Көрді, көрді де, онан сайын таңдана бастаған. Тіпті осындай қайсарлық мінез болады екен-ау деп те ойлады.
Бала осындайлық күйін айналасына білдіріп, жауынмен егесіп келе жатқан сияқты. Екі көзі шиыршық атып, не көрсе де, бой берместей болып, сергек келеді. Көп кірешілердің ішінде осы бала ғана Мұхамеджанға осындайлық түрмен, ерекше болып көрінгені осыдан еді. Осы қылығымен оның көңілін өзіне бірден аударды.
Бала да, осы кезде үлкен қара көздерін Мұхамеджанға қадап, бір уақыт тесіле қалғандай болып, қарап өтті. Ол өзі кірешілер арбасының орта тұсында отыр екен. Екі көзі оттай жанып, ботадай жарқыраған, сидиған, арық қара бала да, үсті – басы шылқыған су болса да, бойын жиып, қасқайып алған, тік отыр. Өзінің осындайлық, кіріптар болған күйін білдіргісі келмейтін сияқты. Оның бойындағы ерекше бір қайсар мінез, такаппар қылық Мұхамеджанға осылай білінді.
Арба тым жақындап келгенде, оның үстіне құр жамыла салған суға малшынған жұқа шапанның ар жағынан әбден су өткен көйлек қана көрінді. Бірақ сонысына қарамастан такаппар, қайсарлық қылықпен бала Мұхамеджанға тесіле қарап өтіп бара жатты.
Сірә, баланың өткір жанары өзгешелеу киім киген кісінің плащқа қанша оранып тұрса да, қазақ екенін бірден ажыратып алған секілді. Онда да, қырда көп кездесетін қаймана қазақтың біріне ұқсамайтындығын бұл бала білген болса керек. Баланың бұл қарасынан Мұхамеджанға деген сондай бір қызуғышылықтың табы білініп тұрғандай еді. Оның мұнысын, Мұхамеджан да байқады.
Балаға көзі түсісімен-ақ Мұхамеджанның өн бойында оған деген бір ерекше жылылық пайда бола қалғандай. Балаға көңілі кетіп, оның соңынан таңырқай қарап қалды да, селт етіп, ойынан арылды.
Сәт сағымда, жарқ еткен жанарынан баладан көрі үлкен кісіге лайық көзқарас пен кейіп те байқалып қалды.
Бала күннің қолайсыздығына да, тоңып – жаурап отырған қалпына да, су болған үстіне де, еш қымсынбайтын сияқты. Түрінде жалынышты нышанның жұрнағы да жоқ. Барлығына шыдап, еңсесін түсірместен, суықтан тістеніп, тік отыр екен. Оның бойына біткен аса асқақ бір қасиетті Мұғамеджан қалт жіберместен байқаған. Сондайлық бойына біткен ерекше қайсарлық оны қасындағы көп кірешілерден ерекшелендіре түсетін сияқты. Ол басына түскен тағдырына көніп, тайсалмай қарсы тұрар пейіл көрсеткісі келетін де сияқты. Баланың ешнәрсеге мойымастан еңсесін биік ұстап келе жатқаны да содан болар. Осы кезде Мұхамеджанға: «Өзі бір ерекше бала екен. Көзіндегі отты айтсаңшы» деген ой келді.
Қасынан өтіп бара жатқанда осы бала ғана басқа кірешілердей болып, Мұхамеджанға енжар қарамады. Ол Мұхамеджанның тұсынан өтерде одан көзін алмастан өтті. Оның бір түрлі қарасы, салмақты пішіні қазір Мұхамеджанға ерекше әсер еткендей еді. Керуен қасынан өте бергені сол екен, Мұхамеджанның бойын бір ерекше құмарлық күш билеп алғандай болды. Ол енді сәл кешіксем баладан «көз жазып қаламын ба?» деп асығып тұрған еді. Өйткені аяқ астынан басына бір ой келген. Жаңағы баламен қалайда сөйлесіп қалғысы ойында бар. Сондай бір күйге түскендіктен, неде болса, шыдап тұра алмастан айғай салып, кірешілерді тоқтатты.
Қабағы салыңқы, еңгезердей, денелі келген, күрең жүзді бас кіреші осы кезде ғана артына жалт қарады. Ол ең алдыңғы арбада отыр екен. Бас кіреші ат айдаушыға «тоқтат» дегендей қылып, оны нұқып қалған. Арба тоқтасымен ол артына қарап:
– Уай, не болды! Жай ма өзі?! – деп ышқына сөйледі. Кіренің бәрі бір орында тұрып қалды.
Бас кірешінің байланған бұқаныкі сияқты жуан мойны қисынсыз артқа бұрылғанда қазандай басы әрең дегенде қоса бұрылған. Ұйқылы – ояу отырғандыкі ме, басы меңзіп, даусы ыңыранып әрең шықты. Осы кезде орыс бастықтарынша киінген Мұхамеджанның қол бұлғап шақырғанын көріп, арбадан түсіп, қасына келді. Келе салып, алдымен «не айтасың?» дегендей болып, Мұхамеджанға бастан аяқ, адырая бір қарап алды.
– Мына жаңбырда қайда барасыңдар? Тоңдыңдар ғой, үстерің болса мынау, малмандай су. Іштеріңде жас бала бар екен. Ол тіптен тоңып, қалжыраған шығар? – деп, бас кірешіге қарап, жөн сұрағандай болды.
Мұхамеджанның бұл сөзін ол мүлдем түсінбегендей болып:
– Енді қайтеміз? Біз осылай жүре береміз де – деп, Мұхамеджанның үстіне кигенін тамашалағандай болып, тесіле қарады.
Кіреші жаны ашыған Мұхамеджанның ниетін әйтеуір немкетті айтылатын үстірт сөзге балаған сыңайлы. Енді болмаса бұрылып, кетуге ыңғайланды.
Кетуге ыңғайланған кірешіні қалайда тоқтатпақшы болған Мұхамеджан бұл жолы түсін жылытып:
– Оу, батыр! Мен сендерге жаным ашып айтып тұрмын. Күннің райы мынау, ашылатын түрі жоқ. Іштеріңде жас бала бар екен. Обал ғой, мына жауында оны құртасың ғой – деп, Мұхамеджан демін ішіне тартып, аздап күлімсірей сөйледі.
Анау мұнысына жібімесе де, қалың қатпар мойнын жауыннан қорғардай, ішіне алып тұрып:
– Енді қайт дейсің? Мына күнде, жаңбыр қашан бітеді деп панасы жоқ, айдалада отыра береміз бе? – деп, екі алақанын жайып, көзімен жапан түзді бір сүзіп өтті. Онысы, «көрдің бе, жақын маңайда паналайтын жер тұрмақ, тірі пенде жоқ» дегендей болып шықты. Аға кірешінің сөзінің аяғы бұлдыр, осылайша жайдақ мысқылмен аяқталды.
– Сен мені түсінбедің. Жақын арада жылынатын жер де, ішетін тамақ та өздеріңе табылады. Мен соны айтқалы тұрмын – деп, Мұхамеджан кірешіні сөзге бұрмақ ниетпен осыны көлденең тартты.
Бұған кіреші елең ете қалды. Бірақ онша түсінбеген сияқты. Меңіреу түрмен алдымен айналасына алақ – жұлақ етіп, қарап алып, сосын «ым, ым-м» деп ыңыранып, сәл тұрып қалды. Әлі де болса ештеменің байыбына жете алмапты.
– Түкке түсінсем бұйырмасын! – деді. Кірешінің тілінің астына тыққан насыбайдан астыңғы ерні домбыға ісініп, сөзі де бір түрлі бұрала шықты. Соны түзейін деді ме, ол енді добалдай қолының быртиған саусағын астыңғы ернінің астына тығып жіберіп, тілдің астындағы насыбайды қоса іліп шығарды. Бағанадан бері біресе ыңыранып, біресе тілін шайнап сөйлегені «насыбайды жұтып қоямын ба?» деген әурешіліктен болса керек.
Бас кіреші біресе жан – жағына, біресе аспанға қарап тұрды да, бұл жолы анық сөйледі.
– Тақымдап қоймадың ғой. Бұл жерлермен кіре тасығаныма көп жыл болды. Барлық жерді жақсы білемін. Өзіңе ғана айтайын, бұл арада тірі жан жоқ. Өзіңнен басқа. Және айтарым, Ақ патша шойын жол салғызып жатыр деген. Соның жұмыскерлері жүрмесе, басқа адам жоқ, мұнда – деп, бұл жолы да бәлсініп айтты. Сүйтті де, тағы өзі «бекер жолдан қалғыздың ғой» дегендей болып, аузын бір шылп еткізіп қойды. Ол енді Мұхамеджанмен ұрысардай болып:
– Немене, біз еріп кетеді дейсің бе? Жолдан қалдырма? – деді. Түрінде жақтырмаған кейіп бар.
– Әй, өзің неткен қыңыр едің. Жақсылық жараспайтын адамға ұқсап тұрғаның содан болар! Мен саған үйге жүр. Жылын, кептірін, қарныңды тойғыз дегеннен басқа, не айтып тұрмын! – деп, бұл жолы Мұхамеджан батыра сөйледі.
Бірақ онысына бас кіреші әлі де сыр бергісі келмегендей, үндеместен, тек жан – жағына шұқшия қарағыштап, бірдемені іздердей көрінді.
Оның жан – жағына қарай бергенін Мұхамеджан, «бұл да, жылынып, кептірініп алғаннан кет ары емес екен. Бірақ көзіне жақын арадағы біздің стан түспегеннен кейін сүйтіп тұрған шығар?» деп жорыған.
Мұхамеджанның осысын растағандай болып, бас кіреші ыңыранып тұрып, есінеді де:
– Бұл жерден мен кісі тоқтарлық лыпа, кіруге лайық пана көріп тұрған жоқпын – деді. Сүйтті де аузын ыржитып, сақылдай күлді. Онысы тым ерсі көрінді.
Сонымен ақыры түкті түсінбеген бас кіреші кетуге ыңғайланды. Тек соңғы рет арбасына қарай бұрыла беріп, Мұхамеджанның үстіне шұқшия бір қарап алды. Шамасы оның жаңбырға лайық киінгеніне қызығып тұрса керек. Өздерінде ондай жаңбыр өткізбейтін киімнің жоқтығына өкініп тұрғандай түрмен:
– Өзіңдікіндей киім болса мен Тәшкенге дейін топан су қаптаса да, өлеңдетіп барар едім – деп қағыта жауап қатты.
Оның қырсық сөзіне Мұхамеджан мән берместен:
– Мына жерде жұмысшылардың станы бар. Тоқтап шәй ішіп, жылынып алыңдар. Үстерің де кепсін. Бұл жерден көрінбейді. Мына бір бұрылыстың арт жағында. Онша алыс емес. Жақын тұр – деп, Мұхамеджан өздерінің стандарының қайда екендігін айта бастады.
Кіре басшысы Мұхамеджанның өзінің қырсық сөзіне шамданбастан сөйлегеніне таңырқап: «Бұл өзі неткен жан еді. Айдалада келе жатқан, көлденең көк аттыны тосып алып, үйге жүр ас дайын, жылынып ал дейді. Әй, баяғының Атымтай Жомарты мұндайды істемес болар?» деп таңданып қалған.
Мұхамеджан да осы кезде ішінен: «саған емес-ау, мына жас балаға обал болды ғой, киімі жұқа екен» деп, алдымен өзінің көзі түскен балаға жаны ашып тұрғанын білдірместей қып, бар сөзін жеткізген.
Ол кірешілердің басшысымен осылайша сөйлесіп тұрса да, бірақ та, қазіргі өзінің басты ойы жаңағы балада болып тұрғандай еді. Қалайда баламен тілдесіп қалғысы келген. Оған қызыққаны соншалық, бала өзін еріксіз баурап алған секілді. Онымен сөйлескісі келіп, асығып тұрғаны да содан болатын.
Бірақ, жаңағы еңгезердей бас кірешінің кілгірген көздері аздап ұйқыдан ашылғандай көрінді. Ол енді кергіген түрін әлі де баса алмастан, Мұхамеджанға қарап:
– Немене, жаңбыр жауған екен деп, еріп кетеміз бе, жоқ езіліп кетеміз бе? Баратын жер алыс. Жүре береміз – деп қайта керки бастады.
Бас кірешінің оспадарлау келген, тентектеу мінезі осы кезде анық білініп қалды. Оның қазіргідей бастырмалата сөйлеген лебізінен айтылған сөзге көне салатынның бірі еместігін сезген Мұхамеджан онымен басқаша сөйлесуді көздеп:
– Мен саған үйге түс, жылын, ас – су іш деп тұрмын. Одан басқа маған сенен ештеменің керегі жоқ. Басқаны аямасаң да, мына балаға обал ғой. Қаршадай екен өзі – деді.
Бас кіреші, мына бір кездейсоқ кездесе кеткен кісіні әлі де ұғына алмай қалған. Тіпті, танымайтыны былай тұрсын. Өзінше, «бұған не көрінді, айдаладан жабысып, үйге түс деп. Өзі құдай біледі, Ақ патшаның қазағына ұқсап тұр. Солай бола тұрса да, мұныкі не деген мәрттік?» деп, өздері кездейсоқ кездескен қазақты түсінбей тұрған.
Бұл қазақты бұрын – соңды кездестірмегені былай тұрсын, тіпті танымайтын, білмейтін кісісі. Олай болса, «бұл неге бізге жабыса берді? Мұнікі не деген жомарттық, не деген мәрттік мұның айтып тұрғаны. Айдаладағы біреулерді ұстап алып, үйге жүр жылын, ас – су іш дейді. Онысы несі екен?» деп түсінбей қалғаны сол болатын. «Шамасы осы күнгінің орыс пиғылды қазақтары сүйтетін болған ба өзі?» деп мұны соған жорыған. «Көрсететін жақсылығының бәрі тегін бе екен өзі?» деп, соны бір біліп қояйыншыны да ойлаған еді. Сүйтті де, енді ол жыртылған даусымен, мекіренген қалпы:
– Соның бәрі тегін бе, өзі? Мұны да, біліп алсақ деймін – деді.
– Мен саған айтып тұрмын ғой, тегін болмай, не болсын. Сөзді қой, түс деген соң, түсу керек қой. Атаң қазақ, қай уақытта жол тосып, пана беріп, асына ақы алушы еді. Сен өзің қайдан шыққасың? Іштеріңде жастау бала бар екен. Саған обал болмаса да, соған обал ғой – деп, бұл жолы қаттырақ сөйледі.
Мұхамеджан осылай деп, бір жағынан бас кірешінің тентектеу мінезін басып тастағандай етті. Бірақ, оның бұл сөзін керек қылатын анау болмады. Ол Мұхамеджанның баланы мүсіркеп тұрғанын байқап қалып, тіпті бұлдана сөйлеп:
– Бұл баланың өзі бізге де қиын болып тұр ғой. Бой бермей келеді. Өзін кіреге қалай алып қойғанымды білмеймін. Ешкімді отырғызбаушы едім. Бұл отырып қалыпты. «Оқуға барамын» деп, өзі асығып келеді – деді. Бас кіреші енді ғана сәл жібігендей болған рай танытты.
Мұхамеджан осыны пайдаланып, шешуші сөзді өзі айтып салды.
– Алдыңғы жақта көпір салынғалы жатыр, мына жаңбырда су жиналып, сол жерден өту қиындап кеткен болар. Мен қазір жұмысшыларға айтайын арбаларды өткізіп жіберуге көмектесіңдер деп. Өздерің сәл аялдай тұрыңдар. Анау жерде стан бар. Соған барыңдар. Мен жіберді десеңдер болды. Ас – су ішіп жылынып, кептірініп алыңдар. Мен қазір келемін – деп, бұл жолы Мұхамеджан бұйыра сөйледі.
Кірешілерге оның айтқанын істеуден басқа амал қалмаған. Олар бұрылып алып, Мұхамеджан көрсеткен стан тұрған жаққа бет алды. Мұхамеджанның өзі де, осы кезде артынан келіп қалған жұмыс көлігі, қос аяқты, солқылдақ, жұмсақ арбаға қарғып мініп, алдыңғы жаққа жүріп кетті.
Оның ойы, әлі де болса, салынып жатқан көпірді көріп қайту еді.
Кірешілердің арбалары созылып, станға жеткенше Мұхамеджан да көпірге келген. Көпір дін аман екен. Анау – мынау селге бой берместей болып қасқайып тұр.
Көпірді көріп, жаны жай тапқан Мұхамеджан жұмысшыларға қаратып:
– Өздеріңіз көріп тұрсыздар, көпір табиғаттың алғашқы сынынан қалай өткендігін! Бұл көпір әлі талай жаңбыр суы мен селді басынан кешіреді. Бірақ соның бәріне бой берместен, тіпті міз бақпастан тұра береді. Көпіріміз осылайша көптеген уақыт бойы елге қызмет қылады. Өйткені бұл қазақ даласындағы алғашқы инженерлік ойлардың нәтижесі болып қала бермекші – деді. Соны айтып, тағы басқа тапсырмаларын беріп, өзі арбаға мініп, станға тартты.
Мұхамеджан көпір салынып жатқан жерден тез оралды. Бұл кезде кірешілер станға жайғасып алған екен. Жаңа ғана орыс пешіне пісірілген ыстық нанды сары майға аямастан былғай матырып, таңғы ботқаны жеп, ыстық шәйді ішіп, мәре – сәре болып жатқанын көріп, Мұхамеджан үндеместен ішке енген.
Аспазшы әйел Зинаида бұларға тіпті жұмысшыларға таңғы аспен берілетін тауық жұмыртқасын да беріпті. Жұмыртқа жеп көрмеген кіреші қазақтар бірі – біріне қарап:
– Бұл не өзі? – десіп, таңырқасып жатыр екен. Сонысын естіп қалған Мұхамеджан:
– Кәдімгі тауық деген құс бар ғой, соның жұмыртқасы осы болады – деді.
Аға кіреші сұқтана қарап:
– Сонда мұны не істейді? – деп таңырқай сұрады.
– Тауықтың жұмыртқасын жейді – деп, бұл жолы кіреге ілесіп келе жатқан Тұрар бала айтты. Шамасы ол бұрындары жұмыртқа жеген болса керек.
(Олар қайдан білсін аты – жөнін Қырғызбаев деп өзгерткен, оқу іздеп келе жатқан баланың осыған дейін сотталған әкесімен бірге бір кезде Верный түрмесінде қамауда болғанын. Әкесі оны өзі өлтірген болыстың туысқандары «жазым етпесін» деп, түрмеге бірге ала кетткендігін. Сол жерде жүріп ол түрме бастығының үйінде үй шаруасына көмек беріп тұратын.
Ол уақытты босқа жібермес үшін көбінесе асты түрме бастығының үйінде ішетін. Ас даярлаушы аспазшы әйелдің жаны ашып, Тұрарға тығып тамақ беретін еді. Жұмыртқа жеуді бұл бала сонда үйренген болатын)
– Иә, дұрыс айтады. Тауық жұмыртқасын жейді. Бұл да астың жақсы бір түрі – деп, Мұхамеджан да, баланы қостап, жымиып қойды.
– Бәсе, бұл бала бекер емес деп айттым ғой. Өзі қаршадай болып, біз естімеген, көрмеген нәрсені біледі екен. Талайды естіп, талайды көрген секілді. Қай жерден осының бәрін үйреніп жүр? – деп, кіре басы ыңырана сөйлеп, сұқтанғандай болды.
Осы кезде баланың түрі өзгеріп кетті. Бақырайған көздері онан сайын шарасынан шыға бадырайып, қараторы өңі күреңітіп, шыға келген. Көзі аларып, қаны бетіне шыққанына қарағанда бірдемеден қатты сескенген болу керек.
Бірақ бас кірешінің ойы тамаққа ауып,алдындағы асты қарбыта бастаған. Сүйтіп отырып өзі артынша құр қалмайын деген сыңаймен:
– Әй, сендер осы бір домалақтың оншақтысын маған бөлек қойыңдар. Көрейін тауық жұмыртқасының дәмін – деді.
Кірешілер осылай қауқылдасып жатқан соң, Мұхамеджан қысылмасын деп, олардан бөлініп, басқа бөлмеге кеткен. Ол өзімен бірге бағанағы баланы да алып жүрді. Оның үстіндегі су болған киімдерін шешкізіп, өзінің құрғақ күртеше мен жемпірлерін бой бермей кигізді. Бал қосқан ыстық шәй ішкіздіріп, жұмысшы ботқасымен қарнын тойдырды. Арасында, «қай баласың, қайдан келесің?» деп сұрап та қойды. Онысына бала:
– Меркі жақтан келемін атым Тұрар, пәмилем Қырғызбаев болады – деді.
– Әке – шешең бар ма? – деп Мұхамеджан сұрап еді. Оған да бала жарытып түк айтпады. Тек, «шешем жоқ, бұрын қайтыс болған. Әкем де жоқ, ол кейінірек қайтыс болды – деп қайғырып айтты. Ол қайғырған соң, Мұхамеджан да бұл сұрауын қойып, әңгімені басқаға бұрып кетті.
Өзі айтқысы келмеген жайды Мұхамеджан да қазбалап сұрай бергісі келмеген. Тек қана, Тұрар баланың бұған өз себебі бар еді.
Мұхамеджанға өзінің кім екенін әлі де болса жасырып, айтпай отырған бұл бала, баяғы болысты атып өлтіретін, қашқын болып жүріп, аурудан ажал тапқан Рысқұл Жылқыайдаровтың баласы Тұрар еді. Ташкент жаққа оқу іздеп бара жатқаны рас болатын. Бірақ бұл күнде ол Рысқұлов емес. Әкесінің айтуымен өзінің тегін жасырып, Қырғызбаев деп жаздырған еді. Ол өзінің оқу іздеп келе жатқанын Мұхамеджанға бастан аяқ түгел айтып берген. Бірақ бала, Мұхамеджанға ұзақ уақыт қашқын аталып кеткен, каторжник әкесі жайында тіс жармағанының өзіндік себебі бар еді. Онысы, әлі де болса өкімет адамдарынан қауіптеніп, қорқып жүргендіктен болатын. Сондықтан бұған келгенде ол өзі танымайтын, бөтен адамдарға мұнысын айтпауды жөн көрген. Осыған бола ол сүлесоқтық танытып, Мұхамеджанға бұл жайында ештеме айтпады. Өйткені, алдында отырған, сарыала түйме, оқалы киімді, бейтаныс қазақ, «патшаның сондай кісілерінің бірі болуы керек» деп ойлаған. Мұндай шенділерді ол бұрын талай көрген.
Бала сөйткен соң, Мұхамеджан да оның тегін қозғап, білуге құшырланбады. Тек қана, «бірге туған ағайын – туғаның бар шығар?» деп сұрап еді. Бала онысына:
– Жалғыз қарындасым бар, аты Түйметай. Ол өгей шешемнің қолында қалды – деді. Осылай дегенде бағанадан бергі баланың уайым мен қайғыға толы көздерінен жалт еткен үлкен жылылық пайда болып, көпке дейін сөнбей тұрғанын Мұхамеджан аңғарып қалды. Баланың қарындасын қимай есіне алып тұрғанына оның іші жылып, «бауырмалдығы зор бала екен» деп түйді. Сүйтті де, ырза болған пейілмен баланың басынан сипап қойды. Ұстарадан соң, енді ғана тебіндеп келе жатқан қара шаштары едірейген, қап – қатты, қайратты екен.
– Енді қайда бармақшысың, не істегелі жүрсің? – деп, Мұхамеджан кезекті дағдылы сұрағын қойып жатып, түсін онан сайын жылыта түскен еді.
Бала біраз ойланып қалған сияқты. Үндемей отырып қалды. Үлкен көздерін өздері отырған кең жайдың бір нүктесіне қадап, сол қалпы сұлқ отырған күйде ойланып кетті.
Бір кезде Тұрар бала орнынан дүр сілкініп, жалт етіп, Мұхамеджан жаққа қарады. Баданадай көздері онан сайын бақырайып, Мұхамеджанға қадала түскен. Сірә, бұл «кісі қайдан тап болды? Неге соншама елпеңдеп, елдің қамын жегісі келетін кісі?» деп, егжейлеп те, отырған сияқты. Мұхамеджан баланың мұңға толы жанарынан мұны да аңғарды. Бірақ аржағын өзі айтсын деп, үндемей қалған.
Сонымен келесі сөзді күттірмей бала өзі сөйлеп кетті.
– Тәшкен жаққа барып оқу оқысам деп едім. Осыған дейін бұратана, орыс – тузем мектептерінде сауат ашқанмын. Аздап ауыл шаруашылық жағынан да алған сауатым бар. Бұдан да жоғарырақ барайын деген ойым да жоқ емес. Бірақ онымнан бірдеме шықса. Көк тиынсыз келемін. Жолымның өзін кірешілердің атына жем беремін, бағамын, жүк салысамын, оны түсірісемін деп, келісіп жалдандым. Басқа амалым жоқ – деп бала төмен қарап, мұңая түсті.
Мұхамеджанға баланың жайы енді ғана белгілі болды. Ол бұл баланы бір көргеннен ындыны құрып, шын көңілі кеткен. Енді бағанадан оны өзіне бауыр басып, жақын тартып кеткенін сезбей қалған. Бала екеуінің арасында сөзбен айтып жеткізгісіз бір жылылықтың пайда болғаны анық соның белгісі еді. Сол жылылық, сол бауыр басқандық енді әкеліп бұл баланы туысқанынан артық жақындата түскендей сезінген. Мұхамеджанның енді бұл баладан аянары жоқтай көрінді.
– Әй, Тұрар балақай, оқимын деген талабың жақсы екен. Маған оның ұнап тұр. Оқысаң ғана, сен адам боларсың. Көзің ашылып, көпшілікке пайдаң да тиер. Ағайын – туысқа да, халқыңа да керек боларсың. Бағың ашылсын! – деген тілегін қоса білдірді.
– Сен ақшам жоқ деп қысылма. Мен саған жетерлік ақшаны тауып беремін. Кейін де, артыңнан жіберіп тұрамын. Тек, соның бәрін дұрыс пайдаланып, оқып ал. Керек болса оқуға түсуге де көмектесейін. Оны бірақ кейінірек демалысқа шыққанан кейін артыңнан іздеп барғанда көрерміз. Қазір оған уақыт жоқ – деп, Мұхамеджан орынан атып тұрып, іргеде тұрған дәу темір шкафтың есігін ашты. Аржағынан бір бума қағаз ақшаны алып, Тұрардың алдына қойды.
– Мында, саған жетерлік ақша бар. Жолыңа да, оқуыңа төлеуге де, біраз уақыт тамақ сатып ішкеніңе де жетеді. Кейін мен өзім іздеп барып, тағы да ақша апарып беремін. Банкіден шот аштырып, соған ақшаны салып тұрамын. Сол шоттан сен керегінше алып тұрасың – деп емірене сөйлеп кетті.
Бала мына бір кісінің айтқаны мен істегеніне сенер – сенбесін білместен, бір орнында тапжылмай отырып қалыпты. Оның алғашқы кезде не істерін білместен сасып қалғаны да білінді. Ол ақшаны алар, алмасын білместен, қызара түсіп, отыра берді.
– Ақшаны ал, ұялма. Мен де сен сияқты оқығанмын. Ақшадан қысылған кездерім көп болды. Маған да сондай қысылған шақтарда көмектескендер болды. Соның қайтарымы болсын. Мен саған көмектесейін – деп Мұхмеджан ақшаны баланың қолына ұстатты.
Осыдан кейін өзі өркөкіректеу көрінген бас кірешіні шақырып алып, оған баланың жағдайын айтып, қатты тапсырды. Баланың тіпті өзіне жақын екенін білдіріп жатып:
– Менің туысқаным екенін біліп қой. Бұл баланы мен күтіп жүргенмін. Ал оны апарып тиісті жеріне тапсыру саған аманат. Мен кейін соның бәрін тексеремін. Сен өзің де осы жерден әлі сан өтерсің. Мынау баланың жолының ақысы және сенің баланы тиісті жеріне жеткізіп салуыңның ақысы – деп, бөлек ақша беріп, оны да риза қылды.
– Е, бәсе, сіз біздің алдымыздан шығып, күтіп жүргеніңіз осы бала екен ғой. Енді ғана соған көзім жетті. Әйтпесе неге ғана бізге жаны ашып, емешегі үзіліп тұр десем – деп бас кіреші өзінше сөйлеп кетті. Оның ұққаны осы болған секілді. Көзі енді ғана бір нәрсеге анық жеткендей болып тұр.
Баланың өзіне бөтен екенін білдіргісі келмеген Мұхамеджан оның жаңылыс сөзіне мән берместен:
– Иә, иә, сүйте ғой, ары – бері жүргенде маған соғып тұрыңдар. Қолдан келген көмегімді аямаймын! – деді. Мұхамеджан мұның бәрін кірешінің көңілін аулағандай қып, жеткізді.
Бас кіреші қараптан – қарап тұрып, қалтаға түскен ақшаның буына марқайып, мына бір жомарт қазақтың мәрттігіне ырза болып, қайта – қайта мұртын сипай берген. Енді ғана ол қыза бастап:
– Айтқаныңыз екі етілмейді. Бәрін де көңілдегідей істеймін. Бәсе, бұл баланың сіз сияқты үлкен ұлық көкесі барын білген сияқтымын. Өйткені, өзі бір ерекше бала екен. Түрінен көрініп тұрған жоқ па, сондай екені. Бала жасында болса да, өзінің нық жүріп, нық сөйлейтіні өз алдына – деп, бас кіреші де өзінің көңілмен тоқығанын білдіріп салды.
Жылынып, үстерін кептіріп, қарындарын тойдырып алған кірешілер теміржол салушылардың мекенінен аса көңілді аттанды. Бағанағы салқын қабақ, суық шырайлары жадырап:
– Рахмет, рахмет! Тәңір жарылқасын, Алла жар болсын! Қош – қош – десіп кете берді. Әсіресе, бас кіреші қатты ырза, кетерінде ыржалақтай күліп, Мұхамеджанмен құшақтасып тұрып ажырасты. Осы бір сәтте Тұрар атты баланың жүзіне сәл де болса күлкі үйірілді. Оның бұл күлкісі әкесінен айрылған күннен кейін алғаш рет көрінгенін оның өзі ғана біледі. Бірақ, оның мұнысын Мұхамеджан әлі білмейтін. Ол тек, Тұрардың жүзінде пайда болған қуаныш күлкісін көріп, оның балаша қуанғанын жаңа байқаған.
Бұл бала неде болса Мұхамеджанға үлкен ой салып кетті. Ішінен, «келешегі бар жеткіншек екен! Тек, аман болсын!» деп шығарып салды.
Мұхамеджан осы жолғы кірешілердің арбаларының соңынан ұзақ қарап, тұрып қалды.
Тұрар да, көз ұшынан ғайып болғанша Мұхамеджан жақтан көзін алмастан алыстап бара жатты. Оның да ойы алысқа кетіп, енді қашан Мұхамеджандай ағасымен кездесетінін асыға күтіп бара жатқан.
Ал әзірге, құдай айдап, Тұрар баланың сапары сәтті басталған сияқты.
(Бұл кездесу Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловтың алғашқы кездесулері еді. Қазақтың екі алып азаматтарының осындай риясыз көңілдері осы уақыттан бастап адал бауырластыққа ұласқан еді.
Бұдан кейін Тұрар Рысқұлов 1917 – 1918 жылдары Әулиеата уездік Совдепі атқару комитетінің төрағасы болды. Одан әрі Түркістан денсаулық сақтау халық комиссары, Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы, РСФСР Ұлт істері комиссариатының жауапты қызметкері, алқа мүшесі, Халық комиссарының Екінші орынбасары болып істеді.
1924 – 1926 жылдары Коммунистік Интернационал Атқару Комитетінің Орта – Шығыс бөлімі Меңгерушісінің орынбасары, сонымен қатар 1924 жылдың ортасынан 1925 жылдың шілдесіне дейін Коминтерннің Моңғолиядағы уәкілі, 1926 жылы БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі және өлкелік “Еңбекші қазақ” газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарды. 1926 жылдың маусымынан 1937 жылдың шілдесіне дейін РСФСР Халық Комиссарлар Советінің Төрағасының орынбасары болып, аса жауапты қызмет атқарды. Кеңестер еліне көп қызмет жасады. Талай игі істердің басы мен қасында болды. Соңында репрессияға ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді.
Тұрар Рысқұловтың оқып білім алуына себепші болған Мұхамеджан Тынышбаев 1905 жылдан бастап қазақ халқының басына орнаған күрделі кезеңде түрлі саяси – мемлекеттік жүйеде әр түрлі жауапты істермен айналысып, ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресті. Оның сол кездегі орасан зор жұмысы: саяси қайраткер ретінде құқы аяққа тапталған ұлтының теңдігі жолында дәйекті істер атқарумен ғана емес, сонымен қатар: маман – теміржол инженері ретінде төңкеріске дейін де, одан кейін де, темір жолды салуда атқарған еңбектері ретінде белгілі болды.
Мұхамеджан Тынышбаев қай кезде болмасын өзінің алдына ұлттық мүддені мақсат ретінде бірінші кезекке қоя білді; публицист ретінде орыс тілінде шыққан мақалаларында Петербордың зиялы қауымына патша шенеуніктерінің әділетсіздігін жеткізсе, қазақ тіліндегі мақалаларында қандастарына теңдік алудың жөн – жобасын көрсетіп отырды; тарихшы ретінде қазақ елінің көне дәуірден бүгінге дейінгі шынайы тарихын жасаудың батыл бағыттарын іс жүзінде анықтап берді.
Одан кейінгі Ұлы төңкеріс жылдарында да Мұхамеджан Тынышбаевтың да, саясат сахнасында аса күрескерлік танытқан уақыты – 1916 – 1917 жылдар болған еді. 1916 жыл оқиғасы тұсында ол «Қазақ» тобында болды. Сол себепті де Қытайға кетуге мәжбүр болған қандастарын елге қайтару жұмысының қайнаған ортасында жүрді.
1917 жылы сәуірде Уақытша үкімет М.Тынышбаев пен О.А. Шкапскийді Жетісу облысындағы комиссарлар етіп тағайындайды. Түркістан автономиясы 1917 жылы қараша айының соңында Қоқан қаласында жарияланғанда, Мұхамеджан Тынышбаев осы Автономия үкіметінің Төрағасы (премьер-министрі) болып сайланған еді. Алайда Қоқанда құрылған Түркістан автономиясы бірер ай ғана өмір сүріп, большевиктер тарапынан аяусыз жанышталды. Бұдан кейін ол Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сьезіне де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сьезіне де, Жетісу облысы атынан қатынасты.
Соңғысында ол Ұлт кеңесі (Алаш Орда) құрамына кірді. Кеңес өкіметі дәуірінде де Түркістан – Сібірдегі қызметі 1921 – 1922 жылдары Түркістан кеңестік автономиясының Жер – Су комиссариатында, су шаруашылығын басқарды.
Ал, 1925 – 1932 жылдар аралығында Қазақстан кеңестік автономиясында жаңа астананы (Қызылорда) жасақтау ісінің бас инженері. Түркістан – Сібір құрылысының жетекші маманы қызметін атқарды.
1922 жылы Ташкентте құрылған «Талап» атты мәдени – ағарту ұйымына басқарма мүшесі болып сайланады. Осы шақта ол бірнеше тарихи еңбек жазды. Оның ел алдындағы елеулі еңбегі – Түркістан – Сібір теміржол құрылысына маман ретінде қатынасуы еді.
1932 жылы сәуір айында тұтқындалып, Мәскеу – Донбасс теміржол құрылысына жұмысқа жіберілді. Бұдан қайтып елге келгенде, 1937 жылы қарашада қайта тұтқындалып, ату жазасына кесілді.
Мұхамеджан Тынышбаев бірнеше рет Алаш Орда автономиясына қатысқандығы үшін жұмыссыз қалған кездерінде оған Тұрар Рысқұлов бірде Ташкентке шақырып, Совнаркомның транспорт бөлiмiне бастық етiп тағайындатуға көмек берсе, енді бірде Түркістан – Сібір теміржол құрылысына маман ретінде қатынастырып, оның басшылығына тағайындатуға жәрдем берген еді. Бұл әрине болашақтың ісі болатын. Ол кезде олар тағдырларының бұлай болатындығынан әлі бейхабар еді.)
Он екінші тарау
Тоқаш бүгін ерте тұрды. Қонып жатқаны Жайылмыш болысының үйіболатын. Бұл жаққа келгелі бір – екі күн болған. Жайылмыш болыстығының болыснайы болып істейтін Сәт ағасы:«келіп кетсін» деп хабар айтқан соң, қызметтегі демалысын зая жібермей осында келген.
Тоқаш көптен бері осы Жайылмыштыңболысы – Сәттің баласындай болып кеткен. Сәт болыс, Тоқаш үшін жай ғана ескіден келе жатқан таныс кісі емес. Оның жөні бөлек. Кейде Тоқаш осы кісініөзінің әкесіндей көреді. Тіпті әкеден көрі, құдайдың өзіне берген сыйындай көреді.Кейде өзін Жаратушының неғып,өстіп, есіркеп жүргендігіне де таң қалатыны бар. Олай ойлауының өзіндік мәнісі де жоқ емес. Жастайынан жетім қалғанда өзіне осы кісі ғой әкесі жасамаған жақсылықтың бәрін үйіп – төккен. Сондықтан болар, Тоқаш үшін Сәт ағасы үнемі жақсы кісі болып саналады. Нақ бір туған әкесінен артық көрмесе, өзін кем көрмейді. Оның үстіне бөлмей – жармай Сәт ағасы да өзін ылғи да «балам» деп отырады.
Тоқаштың есінде қалғаны әкесінің жасына жетпей қайтыс болғаны. Сол кезде Сәт болыс бұларды іздеп, Мойынқұм құмындағы Қарасу ауылына келген болатын. Оның қалай келгенін, не үшін келгенін Тоқаш жас болғандықтан анық білмейді. Мүмкін, туысқан болғаннан кейін келген шығар?...
Бірақ қанша шырамытса да әйтеуір келгенін біледі. Келгенде де, бастарына іс түскен қиын бір кезде келіпті. Тоқаштың әкесі Боқы өліп, шиеттей бала – шаға «енді не істейміз?» деп отырғанда, алыстан қара беріп көріне кеткен де, осы Сәт болыс болатын.
Шешесінің сондағы күйі Тоқаштың әлі күнгі көз алдында. Еркегі о дүниелік болып, оны көмудің өзі күш болып тұрған кез еді. Есесіне, әкесі ерте кеткендіктен болар мұның ақылы тез кірді. Әке болса, Тоқаш ер жетпей, қабырғасы қатпай жатып-ақ, бұларды тастап, бақилықболды. Оның өлімге душар болғаны Тоқаштың жанына қатты батқаны рас. «Жанғысқаның Боқысы қаза болыпты» деп жиналған жұрттың қарасы шағын, өлімі әшейін ғана, елеусізөтті.
Кедейдің күні қараң екені осыдан-ақ, бала жүрегіне бойлай кіргендей болды. Мойынқұмның Қарасуына келетін жөнді туысқанның болмағаны да бала жанын онан сайын қамықтырып, қайғырта түскен. Аңырап айдалада қара жамылып, азалы күйінде кедей – кепшіктің үйі қалған.
Бұл да болса, Тоқаштың бала жүрегіне жетімдіктің ызғарын ерте ала келген, қаралы күндердің көп тізбегінің бірі ғана еді. Жоқшылықтың ауыр тауқыметін тартып отырған кедей үйдің ендігі күйі не болмақ? Тоқаш осыны ойлап қайғырған.
Әйтсе де, өздері тұратын алыстағы Мойынқұмның Қарасуына іздеп келетін адам табылыпты. Бір өзі тобырлы туысқан мен жақынға татитын да сол болып шықты. Ендігі өздеріне жанашыр болған да соның бір өзі. Онысы, Жайылмыштың болысы Сәт еді. Қай құдай оны Қарасуға айдап келген. Бар ауыртпалық та соның мойнына түсті. Кедей үйдің өлік жөнелтер көп тірлігі мен бар кәдесіне дейін Сәт болыстың қатысуымен шешілді. Сәт барлығын көтеріп кетті.
Сәт сияқты азулы да, адуынды болысты Мойынқұмға келтірткен туыстық емес, басқа бір күш секілді. Әйтпесе, Боқы оның «екі туып бір қалғаны» дейсің бе? ...
Тоқаштың есінде қалғаны, Сәт болыстың әкесінің өлімін бұларға білдіртпегені. Әкесінің артын жоқтатпай, жақсылап шығартып салды. Онан басқасына да бас көз боп, қолдан келген көмегін аянбады.
Айдаладан келген, бұрын көрмеген, алыс жамағайынның мұнысы бала болса да Тоқашқа ой сала кетіп еді. «Бұл кісі неге бүйтті екен?» деген ойдың түбіне бала жүрегі жете алмаған жұмбақ күйінде қалды.
Аттанар алдында Сәт болыс шешесімен екеуі көп сөйлесті. Ақырында бір мәмлеге келген сияқты. Сол күні шешесі байғұс томсарып, ойланғандай боп көп отырды. Содан кейін: «Тоқашжан, бері келші, айналайын!» деп аймалап тұрып:
–Мына ағаңмен баратын болдың. Осы кісі, ең жақының болады! Сені «адам қыламын» деп уәде беріп отыр. Бұл кісі айтқанын істейді. Балам, осылай болғаны дұрыс шығар – деп, шешесі осының бәрін күңіреніп тұрып айтты.
Тоқаштың ендігі өмірі Сәт болыстың қолына көшкенсияқты. Ондай өмір Тоқаш үшін осылай басталды. Неге екенін білмейді, алыс жамағайын болса да, әкесі өлген соң, Сәт болыс Тоқашты өз қолына алған болатын. Онда да, Тоқаштан «не керек?» деп сұрамастан өзі біліп, мұның орнына көп нәрсені өзі шешетін болды. Тіпті, өзінше тәрбиелеуге кіріскен.Ең алдымен: «балам оқу оқу керек!» деді. Сөйтті де, елдің қолы жетпей жүрген Верный ерлер гимназиясынаапарып оқуға түсірді.
Сәт ағасы болмаса, ондай оқуды өзіне кім оқытады. Оқуға түсірген соң, оқу үшін ақы төлеп оқитындығы белгілі болды. Оған да қысылтпады. Керекті ақшасын айтқызбай төлеттіріп отырды. Былай қараса, оқуға төлейтін ақы да аз емес еді. Өйткені, Тоқаштың ақысыз, тегін оқуға қабілеті жетпеді. Ол үшін жақсы оқып, үнемі дұрыс баға алып отыру керек екен.Тоқаштың оған мұршасы жетпеді. Оқып жүргендегі алатын бағалары ылғи «посредсвенно» дегеннен ары аса алмады.
Бірақ, Тоқаш жақсы оқи алмаса да, еті тірі, өжет, пысық жігіт болып өсіп келе жатты. Берілген тапсырманы уақытында орындап, өзіне жүктелген міндетті байыбына барып, әр қашан тыңғылықты істейтін.Осы үшін Сәт ағасы оны жақсы көретін.
Оқу жағынан шорқақтап, қаншама шатқаяқтап жүрсе де, әйтеуір гимназияны бітіріп шықты. Сәт ағасы сонысына қуанды.
Ол кісі біреулерге айтып жүріп, гимназия бітірген Тоқашты округтік соттың кеңсешісі етіп алғызды. Орысша жақсы үйреніп алған жігіттің ендігі бар ісі осы қызметке қарап қалған.Кәдімгідей жалақы алып, жалованиеге кенеліп шыға келді. Бұл ендігіде, «өз тірлігім, өз қолымда» деген шамаға жетіп қалғандықтың белгісі еді. Соны пайдаланып, Сәт ағасына «істеген жақсылығы үшін қарымта қайтарар кез келді» деп те ойлаған. Онысын естіп, Сәт қатты ренжіген. «Не болды, түге өзіңе! Мен саған жақсылық істесем, соның өтемін қайтарар деп істеп пе едім? Адам болсын, бұл дүниеден өз орнын тапсын деп едім. Менің өзімдікі – өзіме жетеді. Одан да, үйленіп, үй бол, елге қызмет қыл! Осыдан басқа айтарым жоқ» деп бетін қайтарып тастаған. Бұдан кейін бұл жайында әңгіме болған емес.
Сәт ағасының «адам болына сай», Тоқаштың бұл күнде қызметтегі ісі де өз бабында секілді. Мұның ең басты белгісі Тоқаштың өздігінен қызмет бабында өсіп келе жатқандығы болды. Енді біраз уақытта ол облыстық көш – қон басқармасына аудармашы болып кіргелі жүргендігін Сәтке айтқан. Бұл да болса, Сәт ағасын қатты қуантып тастады. Ол кісі кеше осыны естіп, әйелінің көзінше:
– Тоқашжан, мұның дұрыс болған! Кісі осылай қызметте өсе беру керек. Әй, өзің дегенмен маған тартқан сияқтысың. Боқыдай бос емессің – деп мақтап салды.
Бұл әңгімені шай құйып отырған болыстың жас тоқалы естіп қалып, жақтырмаған түрмен, байына көзінің астымен бір қараған. Кер маралдай керілген ерке тоқал байының мұнысын бір түрлі көріп, аузы бұртиып шыға келді. Бірақ өкпесін байына айта алмады. Аппақ беті лезде күреңітіпсала берген, сылаң келіншек, қып – қызыл болып быртиып тұрған шиедей ернін сәл жымқыра тістелеп,үндеместен отыра берді.
Оның өкпесінің төркінін Тоқаш сезіп отыр. Жас тоқалға өзін «маған тартқасың» дегені ұнамай қалған секілді. Шамасы ол да бірдемеден сезіктенетін болуы керек. Сонан кейін шығар оның «шымбайына шоқ түскендей» болып отырғандығы.
Тоқаш осылай ойласа да, онысын еш сездірместен, көзін жас келіншектен тайдырып әкетті.
Осы әңгімеден кейін Тоқаш өзінің көп сөйлемейтін әдетіне салып,серуендеп келуге, далаға шығып кеткен.Сол кеткеннен біразға дейін үйге кірместен дала кезіп, сергіпқайтуды жөн көріп, жақын маңда ағып жатқан кішігірім өзенге келді.
Аяғындағы далаға шыққанда киетін үлкен кебісті сүйретіп, Тоқаш ары – бері біраз жүргеннен кейін осы маңдағы ағып жатқан жылғаға тоқтап, жуынып алуды ойлады. Шамасы Үш қоңырдан құлайтын сансыз көп, мөлдір сулы, мол өзендердің бірінен келіп жатқан су болса керек. Қай кезде беті бері қарата бұрылғандығы Тоқашқа белгісіз жылға болатын. Анадайдан сылдырлап, мен мұндалап ағып жатқаны ғана естіледі.
Түнгі қараңғылықта жылтырап жатқан салқын суды көргенде ол шыдап тұра алмастан жуынып алуды ойлап, алдымен суға қолын матырған. Жан сергітер, салқын лепті, бұкіл жан – тәнімен сезгендей болды. Ары қарата шыдап тұра алмастан, үстіндегі көйлекті шешіп тастап, белуарға дейін жалаңаштанып алып, жуынуға кірісті. Ол салқын суды алақандарымен іліп алып, денесінің ол жер, бұл жеріне біресе тигізіп, біресе шашып қалып, рахаттана бастады.
Жасы әлі жиырмаға келмеген балаң жігіттің соңғы кезде денесі әжептеуір сомдалып шыға келгені көзге бірден біліне бастаған. Тұла бойының балғын тартып, толысып келе жатқандығын Тоқаш өзі де сезініп жүр. Онысынол күнде айнадан көріп, өзіне – өзі көңілі толып та қалады. Сондайда тіпті, сырт келбетіне ырза болып, айнаның алдынан кеткісі жоқ.
Сүйтсе болғаны, айнаның аржағынан Тоқашқа – қомақтылаукелген қыр мұрынды, аумағы әдемі келген көздерінің жанарлары тартымды жігіттің таныс келбеті көзіне ұнамды болып көріне қалады. Әсіресе, байыпты кісіге тән көзқарасы өзінше келісті жігіттің келбетін келтіретін сияқты. Осындай қарасы бір жағынан оны аса байсалды етіп көрсетіп тұрғандай болып қалатыны бар.Бұдан бөлек, өзін шырайлы қып көрсететін тағы бір қыры да сылаң етіп шыға келеді. Онысы қазіргі қазаққа ала бөтен, қисынсыз болып көрінетін тәсіл. Мұндай әдістің түрі, әрине еркекке шаш қою мәселесі еді.Бұл осы замандағы көп қазаққа тән емес қылық. Өйткені, қазақтың тек, бірен – сараңы ғана осы күні шаш қояды. Онда да оқыған және қызмет істейтіндері ғана сүйтеді. Соған еліктеп бұл да шаш қоятын болып жүр. Онысы Тоқашқа жарасатын сияқты. Ол соңғы кезде шашын артына қарай қайыра тарап, жатқызып қояды. Сөйтсе болды, қалың біткен қара шаш Тоқашқа өзінше бір көрік береді. Мұнысы да, өзінше сән. Пошымына келісе қалатындай болып шығады. Ең ақыры қияқтай қып, қиып қоятын қара мұртыда Тоқашқа жарасып тұрады. Кісіге жайбарақат қарайтын қара көздері Тоқашты тым тартымды, ажарлы жігіт етіп көрсетеді.Сондайда Тоқаш өзіне – өзі, «осы мен шешеме тартқан шығармын» деп қалатыны бар. Өйтетіні, шешесі бүкіл Мойынқұм өңіріндегіажарлыәйелдердің бірі екендігін ел осы күнге дейін айтады. Мүмкін, солай да шығар?
Бірақ, Тоқаш әлі де болса, Сәт ағасының өзіне неге осылай қарайтындығының сырын біле алмай қойды. Қалай болса да, тумысынан қайырымы мол, көңілі ақ, Сәт болыс үлкен азаматтық жасады.Осы күнге дейін ол өзіне нағыз жақын адам болып, әке орнына әке бола алды. Ондай жомарттық тек Сәт ағасының ғана қолынан келетін сияқты.Тоқаштың бұл жайындағы ойындағысы әзірге, тек осы ғана.
Ауыл сыртындағы көкпеңбек қалың шалғынды біраз кешіп, кешкі салқынның рахатына батқан ол бір уақыт аспанға қарайды. Көктегі самаладай самсыған көп жұлдыздар сиқырлы жымыңдасатын сияқты. Аспанға үңілген сайын жас жігіттің көңілі де жұлдыздардан асып, шетсіз, шексіз қиянға жол тартқандай болып сезіне бастайды.
Осылайша, біраз тұрып,мауқын басқан Тоқаш үйге оралған еді. Сәт ағасы өзін күтіп отыр екен. Ол сөзді арыдан бастайтын әдетімен:
– Шырағым Тоқаш, бүгінде өзің ақыл тоқтатқан, оқу оқып, көкірегің ашылған кісінің біріне айналдың. Құдайға шүкір, қызметің де жақсы. Ойлаған кісің болса, сөз салып, ертең-ақ шаңырақ көтерерсің. Ол да керек. Бірақ соның бер жағында ел ішінде жүргеннен кейін жұрттың қамын да бір уақыт ойлайтын заман туар кез келеді. Міне, өзіңе соның қамы, соның уақыты келген сияқты.
Балам, мұны да ойдан шығармау керек. Елге қызмет қылсаң артыңда жақсы сөз қалады. Ел де, сенің жақсылығыңды ұмытпас болар. Тіпті, өзіңнің алдыңнан қайтпаса да, бала – шағаңның, үрім – бұтағыңның алдынан қайтар кезі болады. Ол кез бүгін болмаса да, ертең келері анық. Соны ұмытпаған жөн –деп, қалың қабағын жазғандай болып сөйлеп кетті. Біраз толғаныстан кейін Сәт болыс Тоқашқа қарап ойланып қалғандай көрінді.
Ол Тоқашқа осы кезде ақыл айтып отырған адамнан көрі, өзіне өсиет қалдыратын әкедей болып елестеп кетті.Болыстың баяғыдағыдай, көп айтылатын тәрбиесіндей болып шыққан сөздері өзіне әрдайым жылы естілетін. Жаңағы әңгімені де Тоқаш бойға сіңген дағдылы әдетінше қабылдаған. Сәт ағасының осындай сөзіне әрдайым көңілі тоқ.
Сәттің бітімі мол, кере қарыс ақ маңдайы сәл жылтырап, жарқырап көрінеді. Ақылды адамның маңдайы биік боладыны көп еститін Тоқаш болыстың кере қарыс маңдайына көзі түсіп, сол сөзді есіне алған еді. Енді болыстың биік маңдайына қазір қарап отырып, сол сөздің жаны барлығына көзі жеткендей болып та отыр.
Байқап қараса, жазық келген, қатпарсыз, тегіс маңдайдан сонау шошақ төбеде жатқан кестелі тақияға дейін арасы талай жер екен. Сәттің бойындағы ол ерекшелігі де Тоқаштың көзінен таса кетпеді. Бір қарағанда ызғарлы, суық көрінетін Сәт көздерінің айбарының арты нұрға толы, кісіге жағымды қарасқа айналып кететіні де, Тоқаштың көзінен тыс қалмаған.
Біраз ойланып болып, Сәт сөзін жалғап:
– Біздің Жетісу елінде елдің болашағын ойлайтын біраз азаматтар бар. Олардың алды сонау Петрбордан оқу оқып шыққан. Білімдар, қара басының қамынан көрі елінің жағдайын көп күйттейтіндер. Ондайлар көп. Соның ішінде Қапал оязынан шыққан Сырттан баласы Барлыбек деген ағаң бар. Сол кісі көптен бері осы Жетісу елінің жағдайын жақсы біледі және керекті жерде қазақтың қамын көп жейді. Үнемі билік басындағы орыс мансаптыларымен алысып та жатыр. Онымен қоймай, көптеген білімді жігіттерді қасына жақындатып, «мынаны былай істейік, ананы алай істейікті» де айтып қояды.
Сол кісі осы жақында қазақ қамына жақын кісілерді, арысы қырғыздан да, басқасынан да жинап, «сияз өткізсек» деп жүр. Оның аржағында өздерін «Алашпыз» деп атайтын білімді қазақ сондай сиязды бүкіл қазақ боп, жиналып өткізсек дейтін тәрізді. Мен де сондайларға жақынмын. Елге бүйрегім бұрып тұрады. Саған да сондай істермен айналысқан жөн болар еді. Қанша айтқанмен қалың елмен бірге жүрген жақсы, қарағым! – дегенді Сәт Тоқашқа нықтаптұрып айтты.
Оның сөзін үндемей тыңдап отырған Тоқаштың ұққаны, қазақтың жайы, ел мен жердің қамы деген сөздердің төркінінде жататын ұғым ғана. Бұл өзі Тоқаш үшін үлкен жаңалық еді. Тіпті, бұрын – соңды аздап естісе де, қатысып көрмеген шаруасы болып тұр. Соған қарай, мына кісіге «не деп жауап беруге болады» деп, тамам ойы біраз жерді шарлап кеткен сияқты. Өңінде қобалжу да жоқ емес. Бар. Енді «қайтсем екен?» деп отырған.
Тоқаш, сол күдігін басқандай боп:
– Сонда мен не істеуім керек? Соны түсіндірсеңіз маған – деді. Осылай деп, жауап қатқанда, өзінің түрінен біраз тоқырап қалғандықтың белгісі анық көрінді.
– Сенің оның әбден дұрыс! – деді Сәт, бір түрлі Тоқашқа емірене қарап:
– Әнеу күні Барлыбекпен екеуміз жолыққанда өзің турасында айтқанмын. Сені ел арасындағы жүріп жататын тірліктерге қатыстырудың сәтін ойластыруды сұрағанмын. Онан қалса, елдің қамын жейтін нәрселерге үйрет деп біраз айтқанмын. Жақында соның кезегі келгелі тұр. Тіпті, кісі көп қатысатын жиын да болғалы жатыр.Жетісудағы барлық болыстардан кісілерді жинап, жиын өткізетін жер таңдадық. Сиез өтетін жер деп Ұзынағашты белгіледік. Соған дайындық жасайтын болдық. Сондай жиындарға қатысып, өзіңді шыңдай берген дұрыс қой. Керекті сөзді тыңдап, заманға байланысты құлшыныс жасап, үйренгенің жақсы. Қазаққа пайдамыз тимесе несіне жүреміз. Көңіліңе осы сөз кірсе, осылай істегенің дұрыс қой – деп Сәт сөзін пысықтады.
– Сеніп тапсырылатын ондай іс болса, бір жағына шығысамыз ғой – деді Тоқаш.
Оның осы жауабы кесіп, жарып бірақ айтылды. Сәтке де, Тоқаштың нық айтылған жауабы ұнаған сияқты.
– Ондай болса, дұрыс-ақ, екен! – деп, Сәт болыс еңкейе беріп, желбегей жамылған, жеңсіз мол камзолының қалтасынан бір жұқалау келген, қоңырқай түсті кітапшаны суырып алды. Сөйтті де, біразға дейін үндемей қалды.Бірақ осыдан кейін тағы бірдеме айтуға оқталғандай боп:
– Мына кітапта Міржақып Дулатұлы деген қазақ ақынның өлеңдері жазылыпты. Соның ішінде, әсіресе өкіметке жақпайтын «Оян, қазақ!» дегені бар екен.Қазір ол қалың қазақтың аузына іліккен, керемет бір дүниедей болып кеткен көрінеді. Осыны жазғаны үшін ол қудаланып, қамалып жатса керек. Оның өлеңі ел ішінде кең тарап кеткен, қазаққа өте керек деп айтады біздің Барлыбек сияқты білгірлеріміз. Осы кітапты жиналған елге үлестіріп бермекшіміз.
Бұл кітапты тауып, әкеліп жүрген Иса Тергеусізұғлы деген қазақ, өзі Бернейде тұрады. Сен қайтқан соң, сол кісіге жолығып, қанша кітап жиналды, қашан даяр болатындығын біліп маған хабарлассаң болғаны. Мен оны осында алғызамын – деді.
Тоқаш, Сәт айтып отырған адамды танымайтын. Бірақ, қазірде көкейін тескен бірақ нәрсе болып отыр. Онысы, қазақтардың ішінде де, орыс өкіметіне, патша билігіне қарсы адамдардың бар екендігі. Тіпті, қарап отырса олардың қатары аз емес сияқты. Мына отырған өзіне ең жақын болып кеткен кісі десондай болып шықты. Оның осындай екендігін Тоқаш бұрын сезбепті. Орыс өкіметіне берілген болыстардың бірі санап жүрген. Сөйтсе, болыс болып жүрген Сәт ағасы да сондайлардың бірі екен. «Бұл кісіге не жоқ екен? Былайша алғанда, болыс бола тұрып, биліктегілерге өкпелейтін жөні жоқ сияқты.Барлық жағынан келгенде жағдайы дұрыс. Мұның себебі неде?» деп, соған түсінбей тұрған. Тоқаш осыларды ішінен ойлап та үлгірген. Бірақ, сол ойындағысын Сәт ағасына білдірмеді. Тек қана, оның алдынан кесіп өтпейтін әдетіне салып, айтқанын мақұл көріп, «орындаймын» деді.
Сәт болыстың үйінен осылайша аттанған Тоқаштың ойы көп өзгеріп сала берген. Қарап отырса, бұл дүниеде тартыс бар секілді. Кішірейіп, жуасып жүрген елдің жанашырлары да бар екен. Соларды ойлап қараса, қазағының күйі де өзі білетіннен өзгеше бола бастапты. Тіпті, өзі білетін осы өкіметтің сеніп жүрген қазақтары да басқаша ойлайтын көрінеді. Осылардың өзі үшін ашылмаған, әлі түсініксіздеу жағы аз емес екенін Тоқаш сезеді. Соны білуге құштарлығы дәл қазір аса түскен. Әсіресе, оқыған, биік мансапты иеленген Барлыбек Сырттанов сияқты қазақтардың істеп жүргендері бас кезде тіптен түсініксіздеу болып көрінген. Кейін ғана көзі ашылып, көкірегі оянғандай болды. Сүйтсе, олардың істеп жатқанының бәрі өзінің қазағының жайы болды.
Патшадан мақтау алып жүрген Сәт ағасын тіпті «ондайдан аулақ шығар» деп еді. Енді білсе, ол да сондай болып шықты. Олардан басқа Ыбырайым Жайнақов, Ешмұхамед Абылайханов, Сатылған Сабатаев, Өтепов дей ме, толып жатқан білімді қазақтар да осылайша ойлайтын сияқты.
Тоқаш терең күрсініп қойды.Бағанадан бері бір түрлі болып келеді. Бірдемеден құр қалғандай, тұра қалып, өз – өзінен ыңғайсызданғандай болып, басын шайқады. Қараса өзінен басқа елдің бәрі қазағының жайын ойлағыш болып кетіпті. Жұртта қалған тек өзі екен. Жападан – жалғыз қалыпты. Қазірде солай жалғыз өзі ойланып тұрғандай екен.
Тіпті көп ағайынның жаңағыдай азаматтары баршылық сияқты. Өзі қазір кездесуге кетіп бара жатқан Иса Тергеусізов деген қазағы да жай болмай шықты.Қазақтың жайы оған да керек болып шықты.
«Сонда мен не істеуім керек? Қай жағына шығуым керек?» деген алуан сырлы сұраққа толы жай Тоқашты толғандыра түсердей... Соның өзі жауабын таппай қиналып тұрған. Мына халде өзіне жөн сілтер адам да жоқ. Мұның шешімін тек өзі табардай.Соған өзі олқысынып тұрғандай көрінеді. Оның өзіндік себептері бардай. Бірақ соның бәрін Тоқаш жүрегі қажет етпейтіндей еді.Осыларды өзі түсінгендей болды.
«Әрине мен де, солар сияқты өз қазағымның жағына шығуым керек шығар?Солай жасағаным дұрыс қой» деп, Тоқаш берік бір байламға келгендей болды.
Үшінші кітаптың соңы
Жалғасы бар
Кітапта кездесетін қазақ саяси ойлар ағымында өзіндік із
қалдырған тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің тізімі.
- Мұхамед Хайдар Дулати – қазақтың дулат тайпасынан шыққан тарихи қайраткер. Тарихшы, Ұлы Моғол империясын құрушы Бабыр сұлтанның нағашысы, Кашмир өлкесінің билеушісі.
- Асанқайғы – қазақ халқынан шыққан ойшыл, философ, кемеңгер.
- Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, ағартушы, философ.
- Шоқан Уалиханов – қазақ халқының ағартушысы, ғалым, қоғам қайраткері, зерттеуші, Россия география қоғамының тең мүшесі.
- Абылай хан – қазақ хандығының соңғы ірі ханы. Қазақ елін біртұтас, күшті мемлекет етуге күш салды. Жоңғар хандығымен болған соғыста оны жеңіп қана қоймай бір жола күйреткен қазақ ханы. Дарынды қолбасшы, көреген мемлекет билеушісі, ірі дипломат.
- Әбілқайыр хан – қазақтың Кіші жүзінің ханы. Дарынды қолбасшы, атақты стратег. Қазақ елінің жасақ әскерлеріне бас болып, жоңғар хандығымен болған соғысты төрт ірі шайқастарда жеңіске жеткізген. Қазақ елінің басқа да сыртқы жауларына күйрете соққы берген шайқастарды басқарып, жеңіске жеткізген.
- Кенесары Қасымов – Абылай ханның немересі, ұлт азаттық қозғалысының көрнекті тұлғасы. Қазақ халқының отаршылыққа қарсы және тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер.
- Бұқар жырау – қазақтың атақты жырау – ақыны. Абылай ханның сарай ақыны – кеңесшісі. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста қазақ халқын жаумен күреске жігерлендіріп, елін сақтап қалуға үгіттеген жырауы. Ойшыл, артына өзіндік философиясын қалдырған адам.
- Жамбыл Жабаев – қазақ халқының ұлы ақыны, қазақ елінің қоғамдық – саяси өмірінің кемеңгері.
- Барлыбек Сырттанов – қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Алаш атымен белгілі болған қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі. Жетісу жеріндегі, сондай-ақ қазақ еліндегі саяси көзқарастың қалыптасуына ат салысқан қайраткер. Отаршылдықтың бұғауында болған Қазақ елінің алғашқы конституциясының жобасын жасаушы тұлға.
- Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол саласының инженері, Түркісіб теміржол жобасын іске асырған адам. Россия Мемлекеттік Думасының депутаты, Қоқан автономиялық үкіметінің төрағасы, Алашорда Халық Кеңесінің мүшесі.
- Тұрар Рысқұлов – Түркістан Советтік автономиялық үкіметі атқару комитетінің төрағасы, Қазақ Советтік автономиялық үкіметі атқару комитетінің төрағасы, Бүкілроссиялық Халық Атқару Комитетінінің Ұлттар ісі Халық комиссарының орынбасары, Бүкілроссиялық Халық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары.
- Әлихан Бөкейханов – қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Қазақ елінде алғашқы саяси партия құруды жүзеге асырушы тұлға. Алғашқы тәуелсіз мемлекет Алашорда автономиясын құруға қатысқан, осы мемлекеттің жоғарғы органы – Халық Кеңесінің төрағасы. Қазақтар арасынан тұңғыш рет Европа массондық ложасының мүшесі атағын алған тұлға, ұлттық қайраткер, Қазақтың Алашорда мемлекеттігінің көсемі.
- Бақытжан Қаратаев – қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Алаш атымен белгілі болған қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілі. Россия Мемлекеттік Думасының депутаты, Қазақ елінде алғашқы саяси партия құруға ат салысқан тұлға, атақты заңгер, Кеңес Үкіметін құруға қатысқан тұлға.
- Халел Досмағанбетов – Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан тұлға. Алашорда мемлекетінің саяси қайраткері. Кеңес Үкіметін құруға қатысқан қайраткер. Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін құруға ат салысқан тұлға.
- Жаһанша Досмағанбетов – Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан тұлға. Саясаткер. Атақты заңгер. Кеңес Үкіметін құруға қатысқан қайраткер.
- Махамбет Өтемісов – қазақ халқының атақты ақыны, Ішкі Бөкей ордасында болған халық көтерілісі көсемдерінің бірі.
- Исатай Тайманов – Ішкі Бөкей ордасында болған халық көтерілісі көсемі.
- Ілияс Жансүгіров – қазақ халқының көрнекті ақыны. Қоғам қайраткері.
- Әсет Найманбаев – қазақ халқының ақыны.
- Міржақып Дулатов – көрнекті ақын. Қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері. Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саясаткер.
- Жәңгір хан – Ішкі Бөкей ордасының соңғы ханы, Россия өкіметінің жергілікті жердегі наместнигі, генерал атағын алған.
- Ғұбайдолла Жәңгіров –қазақтан шыққан, патшалықРоссия өкіметінің әскери қайраткері. Лейб – гвардия әскерлерінің толық генерал – адъютанты. Кавалерия және инфантерия әскерлерінің толық генерал – лейтенанты. Орыс – түрік соғысында ең алғаш рет әскери салада телеграф байланысын кіргіздіруге қатысып, оны тиімді пайдалануға жол ашқан әскери басшы. Россия мемлекетінің пошта және телеграф жөніндегі департаментінің директоры.
- Тәнеке Қалқабаев – Матай руының рубасысы. Жетісу жерінде елі мен жерін отаршылдықтың құрбанына шалдырмауға күрес жүргізген тұлға.
- Жақып Ақбаев – қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Заңгер. Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саяси қайраткер.
- Жаһанша Сейдалин – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Заңгер. Алашқозғалысының көрнекті өкілі. Кейіннен Кеңес өкіметін орнатуға ат салысқан тұлға.
- Бірінші ПетрнемесеҰлы Петр – Россия Империясының патшасы. Тұңғыш рет Россияны Империя, ал өзін Император етіп жария еткен.
- Н.А. Аристов – Жетісу облысының әскери губернаторыныңкөмекшісі, кейіннен губернаторы. «Үйсіндер және қырғыздар, не болмаса қара қырғыздар. Батыс Тянь-Шань жерінің тарихы мен тұрмысынан очерктер және оның тарихи географиясын зерттеулер» атты кітаптың авторы, Жетісу облысының және қазақтың тарихына көп жазба еңбек қалдырған зерттеуші.
29. Генерал Лавр Корнилов – Россия мемлекетінің ірі саяси және әскери
тұлғасы. Болъшевиктер құрған Совет Өкіметін құртуға ат салысқан
әскери саясаткер, Советтік Өкіметке қарсы контрреволюциялық күштерді ұйымдастырушылардың алғашқыларының бірі.
30. К.П. Кауфман – Жетісудағы казак әскерлерінің Әскери Наказной
Атаманы, генерал – лейтенант, Түркістан өлкесінің генерал–
губернаторы.
- Колпаковский Герасим Алексеевич – Жетісу жерін отаршылыққа айналдыру мақсатымен басып алу саясаты жүргізген әскери басшы, Наказной Атаман, генерал – лейтенант, Жетісу облысының алғашқы әскери губернаторы, кейінненДала өлкесінің генерал–губернаторы.
- Граф Пален – Билік етуші сенаттың сенаторы, Жетісу жерінің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының білгірі.
- Николай Екінші – Россия Империясының Императоры.
- Пристав Перемышельский – инженер, Верный бекінісін салуға қатысқан адам.
- Никкола Макиавелли – орта ғасырдағы итальян ойшылы, саясаткер, мемлекет қайраткері.
- Біржан сал – қазақ халқының көрнекті айтыскер ақыны.
- Ақын Сара – Жетісу жерінен шыққан айтыскер ақын.
- Маман, Нұрлан би, Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл Қалқабаевтар – Жетісу жерінде прогрессивтіктіктің, отырықшылықтың, халыққа білім берудің, сауда мен өнеркәсіптің дамуына ықпал еткен тұлғалар.
- Джон Локк – көрнекті ойшыл, заңгер, Америка саяси ой ағымының қалыптасуына әсер еткен қайраткер.
- Шашубай – қазақтың айтыскер ақыны.
- Столыпин – Россия империясы Министірлер Советінің председателі, Ішкі істер министрі,ірісясаткер.
- Шарль Монтескье – француз ойшылы, атақты заңгер, биліктің үш түрге бөліну шартын алғаш ұсынған ойшыл.
- Фриде Алексей Яковлевич – Бас штабтың Наказной Атаманы, генерал – майор, Жетісу облысының әскери губернаторы.
- Покотило Василий Иванович, Бас штабтың Наказной Атаманы, генерал– майор, Жетісу облысының әскери губернаторы.
- Ионов Михаил Ефремович – Наказной Атаман, генерал–лейтенант, Жетісу облысының әскери губернаторы.
- Исмайыл Гаспыралы (Исмаил Гаспринский) – түрік азаматы, ағартушы, ғалым, исламдағы Жадит ағымының негізін салушылардың бірі, Қырымдағы Бақшасарай қаласының әкімі болған.
- В.В.Шульгин – белсенді монархист, Россияның монархистік «Қара жүздіктер» партиясының мүшесі, Мемлекеттік Дума мүшесі болған, Совет өкіметі орнағанда оған қарсы болған контрреволюциялық күштердің белсенді мүшесі. «Орыс Ерікті Армиясының» қарсы барлау қызметінің басшысы, шет елдегі эмиграциялық «Ақтар қозғалысын» ұйымдастырушылардың бірі, ОГПУ – дің контрреволюциялық күштерге қарсы ұйымдастырған «Трест» операциясы кезінде қолға түсіп, 1975 жылға дейін Советтер Одағында жазасын өтеген.
- В.М.Пуришкеевич – белсенді монархист, Россияның монархистік «Қара жүздіктер» партиясының мүшесі, Мемлекеттік Думаның мүшесі. В.М. Пуришкеевич «Россияның басына түскен ауыртпалық пен жүгенсіздіктің бәріне кінәлі Григорий Распутин, тек соның көзін жойғанда ғана Россия басына түскен бәлекеттің бәрінен құтылады» деген көзқарастың жетегіне берілгендермен бірігіп, 1916 жылы Григорий Распутинді өлтірушілердің қастандығына қатысып, оны өлтіргендердің ішінде болды.
- Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ халқының атақты ақыны, ағартушы – демократ, ойшыл, гуманист ғұламасы.
- Краснов Петр Николаевич – Жетісу жерінде орналасқан казак әскерлерінің офицері. Кейін осы әскерлердің Наказной Атамандығына дейін көтерілген. Совет өкіметіне қарсы күреске шыққан контрреволюциялық күштердің басшыларының бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұсталып, Советтер Одағы Жоғарғы сотының Әскери коллегиясының үкімімен 1947 жылы атылған.
- Подполковник Лебедев Жетісу облысы Қапал уезінің бастығы.
- Астраханцев П.Н. – Жетісу облысындағы Жеке жандармдар корпусы бөлімінің бастығы.
- Ыбырайым Жайнақов – Жетісу жерінде қазақ халқының азаттығы үшін
күрескен, Алашорда саяси қозғалысының белсенді мүшесі.
50. Иса Тергеусізов – Жетісу жерінде қазақ халқының азаттығы үшін
күрескен, Алашорда саяси қозғалысына қатысқан адам.
51. Тоқаш Бокин – Жетісу жерінде қазақ халқының азаттығы үшін
күрескен, Совет өкіметін орнатуға қатысқан адам.
52. Фольбаум (Соколов – Соколинский) Михаил Александрович Бас
штабтың Наказной Атаманы, генерал–лейтенант, Жетісу облысының
әскери губернаторы.
53. Көлбай Тоғысов – Жетісу жерінде қазақ халқының азаттығы үшін
күрескен, Алашорда және «Үш жүз» саяси қозғалысына қатысқан саясаткер.
54. Отыншы Әлжанов – «Алаш» қозғалысының көрнекті қайраткері, Қазақ
халқының азаттығы үшін күрескен тұлға, Совет өкіметіне қарасты
қызыләскерлермен қақтығыста 1918 жылы қаза тапқан.