Адам қарады: 674 | Жарияланды: 2017-06-22 02:25:13

Ауылға бара жатқанда...

Мына жол - сағыныш өртеген жүректің көктемі.
Сарғайған сəттердің сəулесі секілді шашылған.
Алқынған көңілім аптығын баса алмай толқиды,
Арманшыл ойларым ауаға асылған.


Мүлгіген далада мейірім жұпары еседі.
Құбылған сан түрлі бояулар шеруін ұсынды.
Ыңырси қозғалған көлікке сыймаған аңсарды,
Ізгілік аңқыған əлемге ұшырдым.

Балалық шағымның елесі кезеді даланы,
Шындыққа айналған қиялын тосады ол жол қарап.
Терезе түбінен қараймын жоғалған уақытқа,
Секундтар ағады əр сəттен сорғалап.

Он жеті жасымда мен елден кеткенде шалғайға,
Қабарған қара жол малынып жап-жасыл тұманға,
Жыландай иреңдеп жанарым ішінде биледі -
Жанымды арбаған үміт пе, күмəн ба?

Мен солай аттандым бағытсыз жолдардың көшіне,
Жүректе əлдилеп өлеңге байланған өмірді.
Жалғыздар жадында жабыққан ғасырды түртіп ем,
Қаламым ұшында қасірет төгілді.

Мына жол - сабырын ұрлатқан сезімнің құндағы.
Ол мені іңкəрлі ең ұлы сапарға бастады.
Бұл жолдың аяғы мен туған мекеннен бітеді.
Мені онда күтеді əкем мен анамның аспаны.

Қазақ тілінде жазылған