ГИНЕКОЛОГ
Қалаға келген жұмысым мен ойлағаннан тез бітті.Ауылға ертең кететін болғандықтан, Талғардағы ағайдың үйіне барып, жағдайларын біле кетпекші болдым. Оның үстіне апамның беріп жіберген сәлемдемесі де бар.Ол үйге жолықпай кетсем апамыз ренжиді.
Саяхатқа келсем шашын тақырлап алған бір такси жүргізушісі –Талғарға бір адам,Талғарға бір адам,- деп тұр екен.Соған отырып Талғарға тартып кеттім. Жолаушы серіктестерімнің біреуі Қызыл Қайраттан қалған үшеуі Титовада көшесінен түсіп қалды. Менің баратын жерім «Спирт завод». Жүргізушіге сонда баратынымды айтып едім Мен де сол «Спирт заводта» тұрамын, онда бірге кеттік деді. Мен баратын мекен-жайымды айтып едім ол маған қарап :-
Сіз баратын үйдегі Көкен ағай менің көршім, ол ағаймен біз жақсы араласамыз, сіз Көкен ағаның інісі боласыз-ау деймін, тұмсығыңыз ұқсап тұр деді. Мен өз жайымды айттым. Көкен ағаның інісі екенімді, атым Секен және Сарыөзекте қызмет істейтінімді, Алматыға бір шаруамен келгенімді айттым.
Ол да атының Таубалды екенін, Талғарға 1993 жылы көшіп келгенін, жұмыс жоқ өзінің Жигулиімен адам тасып бала-шағасын бағып жүргенін айтты. Бұрын Талғардың ауылшаруашылыұ техникумын бітіріп ауылдарында механик болғанын, колхоз- совхоз тарағанда сандалып бос қалғанын сонан соң үйренген Талғарына қайтып келгенін қысқаша баяндап үлгерді.Әңгімеге шорқақтау дегенің болмаса өзінің пысық жігіт екені көрініп тұр.Жас сұрасып, екеуміз түйдей құрдас болып шықтық.Сонымен мен ағамның үйінде қалдым, ол өз үйіне кетті.
Айшахан жеңгем қуанып, дастархан мәзірін жасауға кетті.Жұмыс жасай жүріп барлық жағдайды сұрастырып жатыр.Сөз арсында «Гинекологқа» қалай жолыққанымды сұрады. Мен бұл сөздің мәнін түсінбей, жеңгемнен қайта сұрадым.Жеңгемнің айтысына қарағанда Таубалдыны құрдастары Гинеколог дейді екен.Мен сұрақтың мәнін түсініп оған қалай жолыққанымды айтып бердім. Айшахан жеңгем Тәукештің(елдің бәрі Тәукеш деп атайды) көршілікке жақсы және ешкімнің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жігіт, сонымен бірге әйелі Гүләйданың да сыпайы келін екенін шай дайындап болғанша айтып үлгерді. Жұмыстан Көкен ағам келгенде тамақ та дайын болды.Тамаққа отырарда Көкен ағам Тәукешті әйелі екеуін де шақыртып алды.Дастархан басында көңілді отырып тарқастық. Кетерде Тәукеш маған:
-Секен, ертең түсте мына құрдасыңның үйінен тамақ ішіп қайт.Тамақ дайын болғанша Марал сайға барып келеміз деді.Мен ақкөңіл құрдастың көңілін қимай келістім.
Ертеңгісін уәде бойынша екеуміз жигулимен Марал сай қайдасың?- деп жүріп кеттік. Мен әуел бастан араққа онша әуестігім жоқ адаммын.Тәукеш те ішпейді екен.Марал сай Талғардан онша алыс емес.
Тәкештің айтысына қарағанда мұнда бұрын марал көп болған. Соған байланысты атын Марал сай деп қойған.
-1-
Қазір ол аңның аты ғана қалған.Екеуміз кәуәп алғызып, ыстық шай ішіп отырып әртүрлі әңгіме айттық.Менің ойыма жеңгемнің айтқан Гинекологы түсіп, Тәукештен:
-Тәуке! Сені неге құрдастарың Гинеколог дейді деп сұрадым. Ол қарқылдап тұрып күлді де:
-Ол бір қызық әңгіме, уақыт өтсін саған басынан бастап айтып берейін -деп әңгімесін бастады. 1992-93 жылдары біздерде колхоз тарай бастаған. Мен колхозда бақылаушы механик болып жұмыс жасайтынмын.
Бір күні бас бухгалтер маған Сумбеге қайын атасын апарып тастауды сұрады.Жигулиімнің жаңа кезі.Ешкімнің көңілін қалдырмайтын әдетім бойынша Сумбеге тарттым. Мен Сумбеге жеткенде күн де батып, қас қарая бастады.Үлкен кісінің тамақ ішіп қайт дегеніне қарамай, кері қайттым.Тамақ ішпесең үйіңе барғанда ішерсің деп бой бермей,бір бөтелке ақ арақ салып берді. Біздің Қара тоғанға дейін 55-60 шақырым жер. Жол жақсы болса машинаға жер алыс па? Бірақ жол жол емес –бағыт қана.Машина емес арба әрең жүреді. Жолда Қостөбе деге ауыл бар. Сол ауылға жақындаған кезде ат жетектеген екі адам қол көтерді. Өтіңкіреп барып тоқтадым.
-Айналайын інішек! Мына жеңгеңді аудандағы емханаға ала кет.Еңбегіңді жемеймін деп,жасы қырықтарға келіп қалған ағайдың жармаспасы бар емес пе.Жаны қиналып тұрған адамды жолда қалдырып кету менің стилім емес. Мен мақұл дегенше артқы орындыққа жеңгей отыра кетті.
Мен жүріп кеттім.Отыра салып жеңгеміз ауырсына бастады. Мен жағдайды енді түсіндім. Жеңгеміздің толғағы қыса бастапты.Мен жеңгейден (айтпақшы аты Сайраш машинаға отырып жатқанда жолдасы Сайраш өзіңе-өзің мықты бол дегені есімде) медпунктке неге бармадыңыз? десем Бұл ауылдағы медпункт Совет одағымен бірге кеткен деді. Су таситын машина бүгін келіп алып кетуі керек екен келмепті Содан жолға шыққан беті ғой.Текестің көпірінен өте бергенімде машина шайқала бастады. Түсіп қарасам сол жақ артқы дөңгелек жарылып қалыпты. Дереу дөңгелек ауыстыра қояйын деп багажникті ашсам-Масқара! запаскам жоқ.. Кеше балдызым айдап еді сол біреуге беріп жіберген сияқты.Құдай оңдағанда артық камера жатыр екен.Жарылған дөңгелегімді шығарып, камера ауыстыруға кірістім.Жолда камера ауыстыруды басынан кешкендер ғана біледі.
Оның үстіне асыққанда жұмыс мандымай итіңді шығаратыны бар. Жеңешемнің қыңқылы жиілей бастағаны естіліп тұр.Мен камераны ауыстырып, желін айдап біткенде жеңгем –Қайным енді мұнда кел, бала шығуға айналды деді.Келсем жеңешем артқы орындықта бұтын ашып тастаған, шалқасынан жатыр.Маған:- Болсаңшы дейді Мен:- Нені болам? деймін.-Дамбалды шеш дейді. Мен: –қайтіп? деймін.Сен не әйелдің дамбалын шешіп көрмеп пе едің, дереу сыпырып ал деп бұйрық берді.Салонның жарығы жанып тұр.Мен жеңгемнің айтуынша дамбалды сыпырып алдым..Масқара, Мұндайды бұрын кім көрген.Жарықтықты жарықта көретін зат емес екен.Енді не істеу керек, қолдың бәрі камераның қара күйесі. Есіме басбухтың атасы берген арағы түсе кетті.
-2-
Соның аузын ашып, арақпен қолымды жуып, баланы қабылдауға кірістім.Қарасам үлкен апанның аузынан баланың басы мен қап-қара шашы көрініп тұр.Мұндайды айту мүмкін емес, тек қана көру керек.Жеңгем күшенеді, бала шықпайды.Ауылда өскен балалар қойдың төлдегенін талай көрген. Мен де үйдегі саулықтардың туғанын көрмек түгілі талай туғызып алғанмын.Сол тәжірибем іске асты.
Ойланатын уақыт жоқ, жеңгем қиналып жатыр. Дереу жеңімді түріп алып екі қолды жұмысқа қостым. Асығып жүріп жеңгем баланы орайтын жайалықтарын дорбасымен жолда ұмытып кетіпті. Мен үстімдегі жейдемді шешіп алып баланы орап алуға дайындап, жұмысқа қайта кірістім.Қолымды апанға салып баланың екі шекесінен бері қарай қозғадым. Осы кезде жеңгем мүмкін соңғысы болар қатты күшеніп қалғанда баланың басы шығып еді сылқ етіп жейдеге ұл бала түсе қалды.Жеңешем “ух”- деп терең демалды. Бала шыңғырып жылай бастады. Жеңгем маған енді кіндігін кес деді. Масқара болғанда пышақ деген пәлені тауып көр.Оны өмірі ұстамайтын пәлем.Есіме темір кесетін қысқыш түсе кетті. Багажииктен соны алып келдім де кіндіктің түбінен қысқышты арақпен шәйіп жіберіп, кіндікті қысып, кесіп түстім. Жейденің шетінен жыртып алып кіндікті қайырып байлап тастадым. Арақпен тазалап, кіндіктің төңерегін әбден өңдедім.
Енді тосуға болмайды, ауданға тарттым. «Баланың періштесі қағады»-деген рас болу керек,тоқтаусыз аман-есен ауыруханаға жеттік. Дереу есікті қағып, жеңгемді құтты орнына жатқыздым.Кетіп бара жатқанда жеңешем: –Қайным рахмет,атын сен қойып кет! деді.Асығыста аузыма ат түспей жігіттің аты- Жолдыбай болсын дедім.
Түндейлетіп үйге келдім Келсем ауылдағы құрдастарым шаруа қожалығы жайлы ақылдасуға келіпті. Мені көріп бәрі таңқалып жатыр. Таңқалатындай-ақ бар.Жейде жоқ майканың сыртынан костюм киіп алғанмын. Алдым түгел қан. Мен болған жағдайды айтып беріп едім бәрі күліп, енді сені Гинеколог дейміз деп мені солай атап кетті - деп, Тәукеш әңгімесін аяқтады.
-Сен үлкен ерлік жасаған екенсің, олармен кейін хабарластың ба? деп едім.
-Жоқ , олар менің кім екенімді де білмейді.Бірақ Жолдыбайды көрдім. Ол былай болды.Адам тасып жүріп, бір күні Алматыға бардым. Жолдағы колледждің қасынан қалған бір орынға жас баланы ала кеттім.
Бала колледжде оқитынын ,Саяқатқа барып,одан әрі Нарынқолға баратынын айтты.Нарынқол деген соң елең ете түстім де: –Қайсы ауылда тұрасыңдар? Деген сұрағыма –Қостөбеде тұрамыз- деді.Атың кім ? деп сұрап едім: –атым Жолдыбай деп жауап берді.Ішім қып ете түсті де балаға қарап: –Сенің туған күнің 15- қазан ба? деп едім Жолдыбай маған таңдана қарап: -Иә, деді.
Мамаңның аты Сайраш қой,сен үшінші баласысың ба? деген кезде:-Сіз мамамды танисыз ба? деді таңқалғанын жасыра алмай.-Иә, сенің атыңды жолда мен қойғанмын, мамаңа сәлем айта бар- деп, Жолдыбаймен қоштасып, шығарып салдым.Басқа ешнәрсе айтпадым деп. құрдасым әңгімесін тәмәмдады. Бұл кезде түс те болып қалған еді.Біз Талғарға қайтып кеттік.