БОЗТОРҒАЙ
Хикаят
Қараңғы түн. Көзге түртсе, ештеңе көрінбейтін қап-қара түн. Айналада тірі жан жоқ. Селдір желбас жусанды жылбысқы қар жүріп өткен. Ара-тұра байқалатын итсигек пен бұтаны да боран басып тастағысы келетіндей, жұлмалап екілене ұлиды.
Бала жалғыз. Жүріп келеді, жүріп келеді. Үстіндегі жеңіл күрткесінің қойны-қонышынан жел гулеп, тұла бойын суық қарып келеді. Қозғалған сайын белбеуі жоқ шалбары төмен түсіп, іші, арқасы ашылып қалады. Аяғындағы жеңіл етігі шылқылдаған су болды.
Алғашында жылдам жүргендіктен, бойы жылыған, қазір тоңа бастады. Қолғабтары түсіп қалыпты, қатты тоңғандықтан екі қолы қып-қызыл боп домбығып кетті.Саусақтарынан жан кетіп, икемге келер емес.
Боран бірте-бірте күшейіп барады. Әлдекім өксіп-өксіп жылайтын секілді. Әлдекім ысқырып шақыратын сияқты. Атасы айтатын, әлгі шайтандар ма екен, әлде арасатта жортып жүретін қасқырлар ма? Бойын қорқыныш биледі. «Көке!» деді айқайлап. Меңіреу дала әлгі дыбысты жұтып қойды. «Апа!» деді тағы да. Боран күшейді, әлдекім сақылдап күлетін сияқты. «Көке, апа!» деді бала ышқына айқайлап. Баланың дауысын азынаған боран басып кетті. Біреу: «Айналайын, қалқам, қайда барасың?» дегендей болды. Өткен жазда ғана қайтыс болған атасы ғой. Ол мұнда қайдан жүр. Бала аң-таң.
Бірде бәсеңдеп, бірде үдей түскен боран тоқтар емес...
Бала футбол ойнап жүр еді. Әлдекім:
Ананы қара, - деді.
Ойнап жүргендер жалт қарасты.
Нұржанның көкесі ғой.
- Ішіп алыпты.
Бағана Сейіт саудагермен бірге жүр еді.
Көкесі удай мас. Үлкен көшемен келе жатыр. Аяғын әзер басады, кейде тәнтіректеп құлап қала жаздайды. Омырауы ашылып кеткен, алқам-салқам. Басында қалпағы жоқ, шашы ода-дода. Бас киімін жоғалтып алған-ау, кастөмінің ілгектері салынбапты, алау-далау.
Нұржан ойынды тастап, үйіне тартты. Әкесінің осы бір жексұрын түрін көргісі келмейді-ақ. Оның мына кескінін атасы көрсе не дер екен? Көптен бері төсек тартып жатыр еді. Тағы да ашуланатын болды. Бірақ көкесіне айт не, айтпа не, бәрібір. Кейігенде ант ішіп, уәде бергенімен, ертеңіне күндегі әдетіне басады.
Атасы астына қабаттап салынған төсекте отыр. Арқасына үш жастық қойыпты. Жүзіндегі әжімі бұрынғысынан да тереңдеп, көзі шүңірейіп кетіпті. «Келдің бе?» дегендей бұған бір қарап қойды.
Қаумен қария алдындағы сүлгімен аузын басып, жөткірініп алды. Сонан соң:
- Көкең келген жоқ па? – деді. Даусы әлсіз, солғын.
Бала үндемеді. Үндегенде не айтады? Жаңа ғана көрген әкесінің жайын айтса, тағы да уайымдап қалар деп ойлады. Ол көкесінің мұнда келмей, басқа бөлмеге барып жатып қалғанын тіледі. Әйтсе де Еркіннің ішіп алған күндері үй ішінің, көршілердің мазасын алып, бөрліктіретіні бар. Солай болды. Әкесі апасының қақпайлағанын тыңдамай, атасы жатқан бөлмеге кіріп келді. Табалдырықтан сүріне-қабына аттап:
Әке, қалайсың? – деді, біраздан бері үйде болмай, басқа жақтан келгендей-ақ.
Бүгін осы үйден өргенін, ұмытып қалғандай. Қаумен баласына жиркенішпен қарады.
О, сорлы! – деді ол. – О, сормаңдай! Тағы да қасқайып қалған екенсің ғой?!
Олай деме, әке! Неге олай дейсің?! Сорлы болатындай мен не істедім сонша?
Сорлы болмасаң, мынау не жүріс!?
Мен не... не бүлдірдім? Достарыммен іштік. Сәтжанның келіншегі босаныпты, үш қыздан кейін ұл туыпты. Соны бәріміз тойладық, бірге жүрген жолдасым ұлды болса, жумаймыз ба енді? Не, не... – Еркін ықылық атап, өзінен көз айырмай тұрған балаға қарады.
Кет, ана жаққа! Бар, жоғал! – деді қарт.
Жоқ, әке, мені қума! Неге қуасың? Қуатындай не істедім?! Мен, мен...
Көкесінің мына қылығына күйінген бала оны жеңінен тартып:
- Көке, дем алшы, ана бөлмеге барайықшы, - деді.
Күйеуіне еріп жүрген Гүлсім де әлдене айтпақ болып еді.
Қой, ей, мыналардікі не? Бәрі бірдей маған жабылады ғой. Мен не... – деп төсекте жатқан әкесіне қарай ұмтылды.
Әке, бұлай жатпаңыз. Бұрын да дәл осылай науқастанып едіңіз ғой. Орныңнан тұр, мен сені сыртқа шығарамын.
- Атамның мазасын алмашы, ауырып жатқан адам... – дей берген әйеліне:
Қойшы, ей, сен де бір.Оның қағындысы жоқ, тек далаға шығып, таза ауа жұтуы керек, - деді Еркін.
Бала әкесінің аузына арақ тисе, ешкімді тыңдамайтын мінезін бұрыннан білетін. Еркін ойға алған жұмысын орындауға өжеленіп бағады.
Дерт меңдеп жатқан Қауменді де ашу қысты. Денсаулығының бар, төрт құбыласы түгел кезінде жалғыз баланы маңдайынан шертпеген еді, бірақ мынаусы тым сорақы болды.
- Мынау не дейді, ей!? Құдайдың мені ауыртқан науқасына да сенбегені ме? Мұны естігенше маған Алланың ажалы келсейші, - қарияның жүдеу өңі қуқылданып, көзі бадырайып, сақалы селкілдеп кетті. Қол-аяғының селкілі де басылмады.
- Көршіге барып келші, - деп сыбыр еткен апасының айтуымен Нұржан сыртқа ата жөнелді.
Досжан үйінде екен.
Аға, жүріңізші, көкем бізді тыңдайтын емес, - деді бала ентігіп.
Е, не болды сонша?
Ішіп алған екен, жаңа ғана үйіне кіріп еді, - деді әйелі.
Көршісі, апасы үшеуі жабылып жүріп, Еркінді зорға дегенде басқа бөлмеге кіргізді. Онымен алысып жүргенде, апасын итеріп жіберіп, басын жарға соғып алды. Көкесінің сілтеген қолы Нұржанның аузына тиіп, ерні қанап қалды. Еркін әбден шаршап тынышталғанша, барлығы тыным таппады. Біраздан соң оның бірқалыпты қорылы естілгенде ғана Досжан үйіне кетті. Гүлсім күйеуінің жанынан ұзай алмады. Бала атасы жатқан бөлмеге келді.
Қаумен басы салбырап, еңсесі түсіп, қарсы алдындағы текеметтің түгіне тесіле қарап қалыпты. Сыбдырын білдірмей келген немересін байқаған жоқ. Шалдың көздерінен аққан жас аппақ сақалын жуып, алдындағы жастыққа тырс-тырс тамып жатты. Атасының үнсіз жылап жатқанын көрген Нұржанның да иегі кемсеңдеп, аузына кермек дәм білінді. Атасының қолын ұстады. Тамырлары білеуленіп батиып-батиып тұрған қолы сұп-суық екен. Қаумен алақанын жұмып еді, баланың кішкентай саусақтары көрінбей жұдырық ішінде қалды.
Айналайын, - деді атасы, - айналайын, күндерің не болар екен?
Нұржан атасының кеудесіне басын қойып, өксіп-өксіп жылап жіберді.
Онда жаз ортасы болатын, шілденің аптабы әлі де басыла қоймаған.
Қаумен өте ерте тұрды. Таң намазын оқып алды. Келіні дайындаған шайға отырмас бұрын:
Нұржанды ояттың ба? – деді келініне.
Ол барғанда бірдеңе бітіре ала ма?
Оят, оят! Әкесін еркелетемін деп көргенім аз емес. Үйренсін, білсін тіршіліктің
не екенін, - деді қарт. Даусы нық, тентек қарттың айтқаны болмаса, шатақ шығаруы мүмкін екенін сезген келіні:
Нұржантай, тұра ғой. Атаң күтіп отыр, - деді.
Баланың есіне кеше атасының:
Ертең екеуміз Кендірліге шөп шабуға барамыз, - дегені түсті.
Орнынан атып тұрып, тездетіп киініп алды. Беті-қолын шайынып, атасының қасына барды.
- Оу, азаматым сол! Әкесінен бұл да тәуір, қолғанатым менің! – деді шал еміреніп.
Бала екі кесе шай ішті. Шешесі жылы сүтке нан турап қойған екен, соны соғып алды. Қаумен кеше кешкілік өзінің біраз жылғы көлігі көк есегін ұстатып қойған, көршінің жеңіл арбасын да сұрап алған.
Нұржан қорадан есекті алып келді. Атасы оған қамыт кигізіп, арбаға жекті.
Ауыл адамдары таңғы тәтті ұйқысынан тұрып, күнделікті тірліктеріне кірісіпті. Шығыстан, Кендірлінің үстінен алаулаған алтын күннің құлағы қылтиып көрінді. Әлгі құлақ бірте-бірте үлкейе беріп, әп-сәтте-ақ доп-домалақ қызыл күн көкжиектен көтеріле берді. «Дүние бүгін де қуырылайын деп тұр екен,» деп ойлады Қаумен.
Көк тұмсық, ақ бауыр есек тартып келе жатқан арбаға төсі ақ, тұмсығы қара сары күшік ере берді. Бұл – Нұржанның жақында әкеліп асырап отырған болашақ сырттаны Ақтөс болатын.
Өзі діттеген жерге жеткен соң Қаумен кетпенін алып, бауырды қуалай, басына қызыл гүл шығып төгіліп тұрған қалың жантақты шаба бастады. Нұржан қысқа сапты айырмен тамырынан қиылған шөпті жинай берді. Бірнеше түпті қосып десте жасайды. Сонан соң әлгі дестелерін бір жерге үйеді. Атасының айтып үйретуі осылай болатын, бала соны бұлжытпай орындауға тырысып жүр. Немересінің балғын білегі майысып, айырды көтерген сайын, сырттай бақылап жүрген қарт ішінен: «Қайтейін, бір үйдің шаруасын алып жүрер әкеңнің сиқы анау ғой,» - деп ойлады.
Сүп-сүйкімді, балпанақтай сәбиді кемпірі бауырына басып еміренгенде Қаумен:
Өзің иемдене бермей маған да қалдырсаңшы, - деуші еді.
Қой әрі, еңкейіп келгенде тауып алған құлыным, - деп Мәкен баланы
Қауменге бергісі келмейтін. Екеуі баланы бірінен-бірі қызғанатын. Онда Еркін әлі екіге толмаған.
Өмір бойы бір ұлды аңсап келген Қаумен қыздары тұрмысқа шығып, бөтен ошақтың түтінін тұтатса, кемпір екеуміз шаңырақта сопиып қаламыз ба деп қорқатын. Еркінді асырап алып, балалы болғанда алпысты алқымдаған мұның жүрегі жарыла қуанған болатын.
Бүкіл ауылдың бірін қалдырмай шақырып, баласына асықты жілік ұстатып үлкен той жасады. Қаладағы ағайын-тумасына да тегіс хабар бергізді. Уақытында атқа мініп, ауыл белсендісі болғаны бар басқарманы, мектеп директорын мұғалімдерге қосып бөлек дастархан жайды. Қол қусырып, қызмет жасап, бір күн, бір түн карта ойнатты.
Қыздары мен күйеубалалары жайылып жастық, иіліп төсек болды. Жасы жетіп келгенде көрген осы бір қызығына бүкіл ауылды, ағайын-туғанын ортақтастырды. «Мен ұлды болдым. Енді менің шаңырағымның иесі бар,» - деп бүкіл дүниеге жар салды.
Анау Балуанның биігі де бұған күндегісінен асқақтай биіктеп кеткендей көрінді. Мамыр-маусымда бауыры мыңғырған малға толатын Қарабауыр да, оның иісі аңқыған боз жусаны да ерекше бір күйге еніп, жарық дүниедегінің барлығы мұның қуанышын бөлісіп, кеудесін шаттыққа толтырған еді ...
Қаумен осы жолғы сапарға мұқият дайындалған. Ескі шалғысын, кетпенін тауып алып, шыңдады, қайрады. Күні бойы төске салып, балғамен дыңылдатып құрал дайындау біраз уақытын алған. Шағын денелі, сирек сақалды, қысық көз, жетпістен асса да қимылы ширақ, тумысынан шыдамсыз, бір айтқанынан қайтпайтын, өз дегенінен басқаға көне қоймайтын, шыңқ етпе болса да осы жолы бәріне көңіл бөліп, еш нәрсені қалт жібермеді. Әр іске жіті назар салып, барынша сабырлы болуға тырысты. Жалғыз бала:
- Әке, отын-шөпті уайымдама. Бәрін өзім қатырамын, - деп жылда уәде береді. Қатырғаны сол бір машина шөбі қорадағы он шақты жандық пен бір түйеге әзер жетеді. Жазғытұрым қыстан шыққан малдың аяғын зорға басқан амандығына шал Құдайға тәуба қылады. Еркіннің түсірген отыны да оңды болмайды. Келіні қыстай үш бөлмені жылыта алмай, сирағын жаққандай күй кешеді. Осының бәрін көзімен көріп, көңілімен тоқыған қария биыл өзгеше ой ойлады. Әлі келгенше өзі тырысып бағуды жөн көрді.
Баланың дәл жанынан түп бұтаның арасынан бозторғай пыр етіп ұша жөнелді. Ұзаған жоқ, он шақты қадамдай барып, қанатын сүйрете жорғалады. Бала айырын тастай сала, Ақтөс екеуі қуып берді. Күшік жетіп қалғанда, торғай көтеріліп кетеді. Ұстатпайды.
- Ата, балапан торғайды қара! - Қаумен немересіне мейірлене қарады. Бала да, Ақтөс те торғайды қуумен шаршады. Сүйтіп жүріп, сүрініп бұтаға білегін жырғызып алды.Атасы: «Балам, кейін қайт! Ол саған ұстатпайды,» - деп айқайлады.
- Қазір, ата, қазір ұстап аламын.
Нұржанның бозторғайды қуа-қуа өкпесі өшті, күнқағарлы аппақ кепкесін жұлып алып, маңдайынан аққан күміс моншақ тамшыларды сүртіп тастады. Тамағы құрғап қалды. Ақтөстің де тілі салақтап, діңкесі құрыды. Атасы балаға:
- Балам, босқа әуре болма. Ұшқан жерінде сол торғайдың ұясы бар, - деді.
- Онда ұясын тауып аламын.
- Балапандарына тиісуші болма, обал болады.
Атасы қалайша дәл білген. Айырын тастаған жерден торғайдың ұясын тауып алды. Бағанағы торғай тас төбесіне жақын келіп, шыр айналып безектеумен болды. Ақтөс секіріп-секіріп оған үріп қояды. Ұядағы сары ауыз төрт балапан бір-біріне тығыла түседі.
- Ата, - деп айқайлады бала, - ұяны тауып алдым.
- Айтқам жоқ па? – деді атасы.
Бала балапанның біреуін қолына алып көрді. Әлі темір қанаты да жетілмеген балапан қолынан сытылып шықпақ болып тыпырлады. Осы сәт ана торғай шырылдап келіп, Нұржанның төбесіне төне түсіп, кейін серпілді. Сәлден соң торғайлар екеу болды.
Бала балапанды басынан сипап: «Мен саған тиіспеймін, атам солай деді ғой. Оның айтқанын істеуім керек. Сен ертең-ақ үлкейіп ұшып кетерсің, жылы ұяңа жата ғой,» деді. Ақтөс иесінің әрекетіне таңырқағандай құйрығын бұлғаңдата берді.
- Кеттік, Ақтөс, - деді бала. Күшік мұның айтқанын түсінгендей соңынан ере берді.
Шөпшілер арбаның көлеңкесіне түстенді. Нұржан отқа жағуға майда шөпшек, қу тезек жинады. Қаумен мосыға іліп, шайнекке шай қойды. Екеуі Гүлсім дайындаған тамақты жеп алды. Сонан соң күннің ыстығы қайтқанша дем алды.
Зеңгір аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Тас төбеден әрі ауған күн жер дүниені мыс қазанға салып қайнатып жатыр. Тып-тынық. Самал да еспейді. Аптап ыстық. Барлық тіршілік иелері де тыным тапқан.
Салқын түсе екеуі тағы іске кірісті. Қаумен шалғысын кекіре мен қызылтамырға салды. Бала қолына кетпен алды.
Көк есектің қайтардағы жүгі жеңіл болмады. Қатқыл жолда тыпыңдап кетеді. Арба доңғалағы құмға кідірсе, көтеншегі қызарғанша күшеніп бағады. Мұндайда қарттың ұзын қамшысы сауырына сарт ете қалады, Нұржан болса секіріп түсіп, арбаның артынан демеп итереді. Атасы көңілді еді, ішінен ыңылдап келеді. Бала қарттың не айтып келе жатқанына құлақ түрген, бірақ еш нәрсе түсінбеді. Сонан соң атасынан: «Ата, не айтып келе жатырсыз?» деп сұрады. Атасы:
- Өлең ғой, балам, өлең, - деді Қаумен.- Бұрынғылар айтып кеткен екен
Дүние жеткізбейді қуғанменен,
Дүние үшін араз болма тумаңменен.
Дүние екеуге аз, біреуге көп,
Басында бір анадан туғанменен.
- Ата, тағы да өлең айтыңызшы, - деді бала. Немересі өтініп қоймаған соң, шал ұзақ жырды бастап кетті. Қаумен әбден қызынып, қамшысын сілтеп қойып, тіпті ұзаққа сілтеді. Оның мұндай өнерін бұрын білмейтін бала селт етпей, ынтыға тыңдады.
- Ей, Нұржан, сені апаң шақырып жатыр, - көршінің жалақ сары баласы екен.
- Неге?
- Атаң қысылып жатыр дейді...
Кеше дәрігер тәтей апасына:
- Сақ болғандарың жөн. Молданы алдырып қойғандарың да дұрыс, - деген. Мұны бала да естіген.
Бөлмедегі төрт-бес адам атасын қоршап алыпты. Араларында мешіт имамы Қалан да бар. Ол атасының білегінен ұстап, тамыр соғысын бақылап отыр. Көкесі босаға жақта тұр екен.
- Атаң қысылып жатыр, - деді балаға.
Бала атасына жақындады. Қарт екі көзін тарс жұмып алыпты. Ысылдап, әлсіз тыныс алады. Бірте-бірте дем алу да сиреп бара жатқандай. Молданың күбірлеген үні өлі тыныштықты кеулеп барады. Бала дәл қазір атасының ұзақ ғұмырындағы соңғы сәт соғып жатқанын, өлім деген қап-қара дүниенің есігі айқара ашылғалы тұрғанын кішкентай жүрегімен сезінді.
Молданың көзі бір сәт Нұржанға түсті де, апасына ымдады. Гүлсім баланы қолынан үнсіз жетектеп, сыртқа беттеді. Мұнда үш-төрт әйел сыбырласып отыр еді.
Үй ішіндегі тылсым тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Атасы жақтан шыққан Досжан:
Ақсақал аттанып кетті, - деді қысқа ғана.
Әйелдер апасына көрісіп, дауыс шығарып жылай бастады. Барлығы абыр-сабыр болды да кетті. Бір әйел мұны құшақтап, ағыл-тегіл егілді. «Ботам-ау,» - дейді. «Атаңнан айрылдық қой,» - дейді. «Қайран, сары шал-ау,» - дейді.
Нұржан әйелдің құшағынан сытылып, далаға ұмтылды.
Бірде атасымен ауыл сыртындағы қорымға барғаны бар. Қаумен бейіттерге жақындап келіп, немересіне отыр дегендей ишара жасады. Өзі ұзақ дұға оқыды. Қолынан ұстап жүріп, зираттарды жағалады. Ақ кірпіштен қалаған моланың қасына келіп, тағы да күбірлеп дұға оқыды. Құлпытаста «Баян келіні Мәкен» деген жазу бар еді.
- Жатырмысың, Мәкенім, мекенің жұмақ болғай, - деді атасы.
- Ата, кіммен сөйлесіп жүрсіз? – деді бала.
- Мына жатқан әжең ғой.
- Ата, жұмақ деген не? – деп сұрады бала.
Қарт «қалай түсіндірсем екен?» дегендей ойланып қалды. Сонан соң: «Әжеңнің кеткен жағында да өмір бар, балам. Мәңгілік өмір. Егер бұл дүниеде адам ешкімге жамандық жасамаса, онда барғанда жақсы өмір сүреді. Жұмақ деген сол,» - деді. Атасының айтқанын ұғына алмаса да, есінде қалды.
Қаумен ауыл сыртындағы қорымға, кемпірінің қасына қойылды. Біреулер: «Ақсақал жақсы кетті ғой. Бала-шағаның алдында осылай кеткенге не жетсін?!» деді. Біреулер: «Енді мына балалар не болар екен? Осы кезге дейін шалдың зейнетақысымен күн көріп келіп еді. Әкесінің түрі анау,» десті. «Әкесін өмір бойы жанына байлап жүрген кім бар? Енді есі кірмесе, өз обалы өзіне,» дегендер де болды.
Әкесінің жамбасы жерге тиген күні Еркін мас болды. Көзіне көрінген адамды құшақтап жылай береді.
Қайтсін, әкесін қимайды ғой, - деп кейбіреу аяушылық білдірді.
Оңбаған, қарттың беті жабылмай жатып, араққа тойып алғанын қара, - деп
кейігендер де табылды.
Көкесінің әркімге бір көрісіп жүрген бейшара халін көрген баланың намысы келді.
- Көке, саған не болды? – деп еді. Еркін бас салып құшақтап, еңкілдеп жылады.
- Атаң қайда, балам-ау? Енді ол қайтып келмейді, айрылдық қой біржолата, - деп ағыл-тегіл болды. Еркіннің көз жасы мұның бетіне, мойнына тамып жатты. Әкесі ішкен ащы заһардың жағымсыз иісі баланың тынысын бітеп тастағандай еді.
Олардың бір-бірімен басы қосылса, ішуге себеп табыла кететінін бала білетін. Тіпті бір рет көкесіне еріп барып, өз көзімен көрген. Алыпсатар саудагер Сейіт, жүргізуші Әлен, қаңғыбас атанған Қанат әрқайсысы әрнені айтып отырды, біраздан соң жандарында баланың отырғанын да ұмытып кетті. Әуелі сыра ішілді. Сонан соң бір жартылық, сәлден кейін екіншісі, үшіншісі. Отырғандар қыза бастады, бірін-бірі тыңдамауға айналды. Әлен :
Осы сенің балаңды әнші дейді. Өнерін көрейік , - деді.
Әнші, - деді көкесі. – Үйде өзімізге тегін концерт қойып береді. Кәне, балам,
ағаларыңа ән салып бер.
Бала іркілген жоқ, әнді бастап кетті.
Бозторғай, бозторғай,
Анам болса келмей ме?
Баласын бір көрмей ме?
Мейірлене құшақтап,
Өрік-мейіз бермей ме?
Әй, жарайсың! Маладес! Түбі бұл керемет әнші болады, - деді Қанат.
Шынымен, балаңның талабы бар екен, - деді Әлен.
Сейіт қалтасынан бір көк қағаз алып берді. Бала «алайын ба?» дегендей әкесіне қараған, Еркін «ала бер » деп басын изеді.
Отырғандар бұдан кейін де балаға бірнеше ән айтқызды. Бұл білетіндерін шырқай берді. Ұялмады, қысылмады. Кешкі тынық ауада нәзік дауыс даланы шарлап кетті. Күні бойғы ыстықтан ес жинап тыныстаған табиғат мына тосын үнге таңырқағандай, мұның әніне қосылып шегіркелер шырылдады. Енді бір сәт бұл екеуіне машинадағы магнитафон қосылды.
Сәнін берсін Сәкеннің,
Әнін берсін Күләштің,
Туысқандар-ай!
Ауыл сыртындағы құм төбеге бұларға дейін де талай адам келіпті. Шашылып жатқан бөтелкелер, темекі қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз.
- Көке, қайтайықшы, - деп бала бірнеше рет қыңқылдағанмен, әкесі тыңдамады.
Күн батып, қараңғылық қоюлана түскенде, әбден қызған Әлен мен Қанат төбелесіп тынды. Баланың байқағаны екеуінің сөздері жараспай, ілінісумен отырған. Мұның ұққаны Әленнің Қанатта ала алмай жүрген ақшасы бар екен. Кезекті стаканды Қанат көтере беріп еді, Әлен қолын қағып жіберді. Стакан ұшып кетті. Екеуі жағаласа кетті. Ешкімді тыңдар емес.
- Әй, қойыңдар, бұларың не?! – деп Еркін, оларды арашаламаққа ұмтылды.
Нұржан үйіне қарай зыта жөнелді. Қараңғылықтан қатты қорыққан оның аяғы жерге тиместен зымырады.
- Ей, Нұржан, жүр кеттік! Ат қораға көп жылқы қамалып жатыр! – Серік осыны айтып, ауыл шетіне қарай жүгіре жөнелді.
Нұржан апасы жинап қойған тезекті қораға тасып тастады да, жылқы қамайтын қораға тартты. Аумағы біраз жерді алып жатқан темір қазық қағылып, ұзын тұрбалармен қоршалған қора бірнеше бөлікке бөлінген еді.
Бұл келгенде, ауыл балаларының көбі, үлкендер қора жанына жиналып қалыпты. Балаларға бәрі қызық. Сейіттің ағасы төртбақ қара жігіт Нұрбек ылғи қара көк байталдары бар үйірді айдап келді. Кішкентай құлындар кең қораның ішінде енелерінен айрылмай шапқылайды, байталдар сарт-сұрт тебісіп қалады. Ала аяқ, ай қасқа, биік торы айғыр мойнын созып, үйірді бір бұрышқа иіріп қойды.
Сейіт бастаған жігіттер жылқыларды таңбалай бастады. Баласы Серік болса аузы тыным таппай сымпылдап сөйлеп тұр.
- Анау менің қаракөк құнаным. Былтыр әбден мініп, есек қылып жіберіп едім, өсіп кетіпті. Ана қара күрең айғырдың жүрісін, папам оны келер жылы сатып жібереді, өзі әбден қартайды, - деді салдырлап.
Сейіттен кейін Жақан нағашысы жылқы айдап келді. Жалы иығына шұбатыла қалың өскен, кекілі маңдайына түсіп, көзін жауып кеткен, сауыры дөңгеленген жұп-жұмыр, күрең қасқа айғыр бүкіл үйірді бастап қораға кірді. Күрең қасқырға құлын бермейтін, үйірін шашау шығармайтын, иесіне далада да ұстата беретін осы төңірекке белгілі айғыр еді.
Бала нағашысының жылқыға құрық салған шеберлігін былтыр да көрген. Өзі ұстайтын жылқыны оңашалап алып, ұзын құрықтың басына ілінген тұзақпен жылқының желке тұсынан келіп құрығын сілкіп қалады. Бұғалық жылқының тұмсығынан асып мойнына кигізіледі. Одан соң асаудың алдыңғы аяқтарын көтеріп, шапшып тулағаны қандай?! Тамағын қылғындыра қысқан арқан жынын басып, тез-ақ жөнге көндіреді.
Жақан жылқы қамаған кезде бала да көмектесті.Жылқы таңбаласуға келген жігіттер де қызу іске кірісті. Осында жүргендердің бірі бұдан:
- Сен кімнің баласысың? – деп сұрады.
- Атамның, - деді бала.
- Кімнен туғансың?
- Әжемнен. - Жәкеңнің жиені екенсің ғой. Әйтеуір жаны қалмай көмектесуі жақсы еді.
- Оу, онда Жәкеңнің жиеніне бәсіре мінгізетін жөні бар екен, - деді жігіттердің тағы бірі әзілдеп.
Жақан нағашысы туғанына он шақты күндей болған қара құлынды артқы аяғынан шап беріп ұстап алды. Құлынның енесі қос құлағы ойық, сауырында «ж» таңбасы бар торы бие ен салушыларға жақын келіп, жер тарпып тұрып алды. Қара құлын енесіне ұмтылып, нәзік үнмен шыңғырып жіберді. Торы бие ыршып түсті.
- Мынау қайтеді, ей?
- Байқаңдар, теуіп кетпесін, - десіп жатты жігіттер.
Құлынды басып отырып, ен салған нағашысы:
- Нұржан, мынау сенің құлының. Енді бәйгеге қосатын атың болады, - деді.
Бала құлынның маңдайынан сипады. Қап-қара мақпал жүні алақанына жұп-жұмсақ сезілді. Бір құлағы сара тілінген бәсіре орнынан тұра сала, енесіне қарай құстай ұшты.
Аяқ киімінің жеміріліп, жиегінің жібі шығып, сөгіліп жүргенін бала көптен байқайтын. Енді табаны түсіп қалмаса екен деп жүрген. Апасы:
- Сәл шыдай тұр, ақша алсам, жаңа топли алып беремін, - деген.
Атасы қайтқалы бері балаларға алынатын тиын-тебеннен басқа ештеңе жоқ. Бала барлығын түсінеді, сондықтан апасын көп мазаламайды. Онсыз да апасының уайымы жетерлік.
Бүгін оның жақсы көретін сабағы әуез болды. Сабақ үстінде Нұржан өзгеріп сала берді. Биыл мектепке әннен беретін жаңа мұғалім келген. Қайрат ағайдың домбыра тартқанын, ауыл клубында баянда ойнағанын көрген бала мұғаліміне жақын жүруге тырысады. Сабақ бастар алдында Қайрат кейбір оқушыларға жеке ән орындатады. Ағайы:
Кәне, кім ән айтуға дайын? – деп еді, балалар жапырлай қол көтерді.
Ағай, мен «Ұстазымды» айтайын.
Мен «Мектебімді» білемін.
Ал, Нұржан не айтар екен? – Ағайы балаға қарады.
- Мен «Қара баланы» айтамын.
Бала шырқап берді. Үйде ән айтса, атасы: «Осы балам нағашысына тартқан әнші болады,» - деуші еді. Қайрат құлаштай созған баянға қосылған бозторғай дауыс ашық терезеден сыртқа шығып еркін самғап кетті.
Кең дала төсінде, елсіз құла дүзде бозторғай көкке көтеріліп, тынымсыз қанат қағып, бір орында тұрып алып сайрайды. Шырылдаған сыбызғы үн байтақ өлкедегі өмір жырын жырлайды. Торғай даусына алысырақтан басқа бір әуен қосылады. Біріне-бірі ұласқан дала сазы басылар емес.
Балаға әрі таңырқай, әрі сүйсіне қарап қалған бесінші сыныптықтар ән аяқталғанда, дуылдаса қол соғып жіберді.
«Қара кемпірді» де айта аламын, - деді бала.
Оны қайдан үйреніп жүрсің?
Көршінің кароекесінен жаттадым.
Ал, кәне, айтып көрші.
Бұл жолы бала ешбір сүйемелдеусіз жіберді. Балапан даусы еркін, ашық. Тынысының кеңдігі де байқалады. «Қара кемпірді» теледидардан көрген әншіге ұқсап айтып тұр. Тақта алдында тұрып соның қимылын да салып жіберді. Ән үміттендіре барып басылды. Бала «әлі де ұзақ айта берсем» деп ойлаған, бірақ әр нәрсенің басталуы мен аяқталуы бар ғой. Балалар тағы қол соқты. Нұржанның өнеріне бәрі де риза болып отыр.
- Жарайсың, Нұржан! Түбінде сенен мықты әнші шығады, - деді ағай. Осы мақтауға баланың төбесі көкке жеткендей марқайып қалды.
Үзілісте Нұржанның табаны аударылып қалды. Сыныптастары бірін-бірі қуып ойнап жүрді. Бала достарына терезеден қарап отырды. Гүлнар апайдың тосын даусы селк еткізді.
- Саған не болды? Біреу тиді ме? – деді апайы. Бала үндеген жоқ, бәтеңкесінің басына қарай берді. Гүлнар апай шүберек тауып әкеліп, аударылған табанды орап тастады.
- Енді сабаққа қатыспай-ақ қайта бер, - деді апайы. Байлап алған бәтеңкесінен ыңғайсызданып, достарының көзіне түспей, бала үйіне тартты.
Гүлнар апай әлдене салынған бірнеше қалтаны сыныпқа әкелді. Нұржанның қасында отыратын Гүлназ:
- Қазір ана заттарды сендерге таратып береді, - деді. Осының-ақ білмейтіні жоқ және айтқанының барлығы дәл келеді.
- Мынау, балалар, - деді апайы, - сендердің араларыңнан Нұржанға, Димашқа және Айгүлге беріледі.
- Ал бізге ше? – деді бір оқушы. Сыныптағылардың барлығының көздерінде осы сұрақ тұрды.
- Бұл – жетімсіз отбасы балаларына беріліп жатқан көмек, осыны ауылымыздағы кәсіпкер ағаларың жасады, - деді мұғалима.
Нұржанның санасында «жетімсіз отбасы» деген сөз сақталып қалды. Өзіне берген қалтаны ашып көрген, жап-жаңа топли мен жылы тоқыма екен. Заттарды сөмкесіне салып жатып «апам не дер екен?» деп ойлады. Құрдастары қуанып жатса да, бұл аса қуана қоймады.
Апасы бала апарған қалтаны ашып көрген соң:
- Әдемі топли екен, құтты болсын, - деді.
Тоқыма Нұржанға өлшегендей дәл келді. Топли сәл үлкендеу екен.
- Ештеңе етпес, аяғыңды қыспағаны жақсы. Басына қағаз тығып киесің ғой, - деді Гүлсім.
- Біздің апай «бұл – жетімсіз отбасыларға берілген көмек» деп айтты, - деді бала. Апасы бұған берілген тоқыманы бүктеп жатып күрсініп қалды.
Қайрат ағай бірнеше оқушыны жинап алып әңгімелесті. Жиналғандардың бәрі ән айтатындар еді.
- Сендер, барлығың желтоқсанда болатын «Бозторғай» байқауына қатысасыңдар. Бас жүлде алған бала қалаға барып сайысқа түседі, онда да жүлде алсаңдар, Алматыға барасыңдар. Жақсы өнерімен көрінгендерге сыйлық беріледі, - деді.
Әр оқушы өзі айтатын әндерді ағайға айта бастады. Нұржан «Қара баланы» жаздырды. Бұлардың айтқандарын Қайрат ағай дәптеріне түртіп алып отырды.
Содан бері Нұржан оңаша қалса, ыңылдап ән айтады.
Бірде өзі сабақ оқитын бөлмедегі үлкен айна алдында тұрып, «Қара баланы» шырқап берді. Өткен жылы тәрбие сағатына апасы үкі тағып, жиегін мақпалмен көмкеріп берген қалпағын басына киіп алған. Өз өнерін өзі тамашалаумен жан-жағының бәрін ұмытты. Шар айнадан тұла бойы толық көрінеді. Дәл осы әнді айтатын әншіден айнытпай салып тұр.
- Қара бала, қойсаңшы енді , - деген дауысқа жалт қарады. Анасы екен. Жұмысын тастап, ұлының өнерін тамашалап тұрыпты. Екеуі де күліп жіберді.
Бала жүгіріп барып, шешесінің құшағына қойып кетті. Мейірім мен махаббатқа толы қауышуда мұның анасына деген ерекше ыстық сезімі де бар еді. Танауын тек қана анасына тән иіс қытықтады. Гүлсім баласының омырауынан құшырлана иіскеді.
Көкесі екеуі отынға бармақ еді. Ертеңгілік шығып кеткен Еркін түске дейін оралмады. Түстен кейін келген көкесі қызғындау екен, мотоциклін жарға сүйеді де:
- Түстен кейін іс бастауға болмайды, - деді.
- Неге?
- Түске дейін басталмаған жұмыс аяқсыз қалады, - деді көкесі. Өзі ырымшыл-ақ. Осы айтқанынан ешқашан айнып көрген емес. Үйде көп аялдамастан мотоциклін дырылдатып тағы мініп кетті.
Нұржан апасына отын сындыруға көмектесті. Жыңғылдың томарын бөлектеп тастады. Қалғанын ошаққа жағуға ыңғайлап майдалап үйді. Қазір өсіп қалған Ақтөс соңынан қалмады. Күшік кейде жерге аунап алады, кейде біраз жерге дейін жүгіріп барып, қайтып келеді.
Еркін баласы сындырған отынын тасып жатқанда келді. Кір жайып жүрген апасымен әлдене сөйлесті. Екеуінің айтқандарына бала құлақ түре қалған еді
- Менде не болады? Ештеңе жоқ екенін өзің де білмейсің бе? – деген апасының қатқыл даусын естілді.
Гүлсім үйге қарай жүрген, көкесі алдын кескестеді.
- Бірдеңе тауып бер. Оларға қазір келемін деп кеттім, - деді
- Келемін десең не қылайын? Кімге уәде бермей жүр едің, сен? Саған берер еш нәрсем жоқ, - деп апасы кесіп айтты.
Гүлсім ашулы. Күйеуіне деген кеудесіндегі қыжылы әп-әдемі жүзін өзгертіп жіберіпті. Танауы қусырылып, өңі сұп-сұр болып тұр. Еркін өз дегені болмағанға жыны келіп: «Сені ме, бәлем!» дегендей қолын бір сілтеп кетіп қалды.
Бала үйге кірді. Шешесі кішкентай інісін емізіп отыр екен.
- Көкем не деп жүр? – деді бала. Апасы кішкентай інісін пешке жақын көрпе үстіне жатқызды. Бөпесі ернін сорып, балбырап ұйықтап кетті.
- Сен ойнаған болып, Сейіттің үй жағына барып қайт. Көкең кімдермен жүр екен? – деді анасы.
Бала Сейіттің үйінің жанынан Қанатты көрді. Көкесі көбіне Қанатпен бірге жүретін. Бұл да ауылдағы еш жерде жұмыс істемейтіндердің бірі, қазіргі түрі дені сау адамға ұқсамайды. Үй іргесіне тақала дәрет сындырып тұр, денесін билей алмай, теңселе басып, аулаға кіріп кетті.
Биік дуалдың көше бетінде екі бала белесебет теуіп жүр. Біреуі - Сейіттің өздерімен бірге оқитын баласы Серік, екіншісі - солардың көршісі Мақсат.Серік су жаңа белесебетті ызғытып келіп, мұның жанына тоқтай қалды. Одан Мақсат та қалысар емес. Серік мақтана:
- Папам әкеліп берді, - деді.
Нұржан белесебеттің қоңырауын басып еді, сыңғыр-сыңғыр етіп күлгендей болды.
- Маған бере тұршы, бір айналып келейін, - деді Нұржан.
- Сен тебе алмайсың, құласаң, бір жері майысып қалады, - деді Серік.
- Тек әне бір жерді айналып келемін.
Алғашында рульді игере алмай қисалаңдағанмен, құлаған жоқ. Су жаңа белесебетпен Сейіттің үйін бір айналып шықты. «Әттең, менің де осындай белесебетім болса ғой,» деп ойлады.
Бала өзі қараған жерден әкесін кездестіре алмады.
Ұйқысынан шошып оянды. Көкесі мен апасы жататын бөлменің жарығы өшпепті, самаладай болып жарқырап тұр. Еркін әлі шешінбепті. Орындықта отырып алып тілі бұратылып сөйлеп отыр.
- Сен менің сұрағанымды неге бермедің? Мені жолдастарым алдында масқара еттің! Неге!? – деді дауыстап.
- Немді берем мен саған? Сенің қарыздарыңды төлеймін деп-ақ сау тамтығым қалмады! – Апасының да даусы қатты шықты.
- Не деп тұрсың сен, қатын?! - Еркін Гүлсімнің шашынан ұстап алды да, тартып қалып жерге жалп еткізді. – Тағы да көршіні шақырасың ба?
- Өлтір мені, бүйтіп қор болып жүргенше өлгенім жақсы, - деген анасының ащы даусымен қоса баланың жаны шығып кете жаздады. Бала әкесінің қолына жармасты.
- Тиіспе апама! Оның не жазығы бар!? – деп шар ете қалды.
Әкесі бір қолымен баланы қағып жіберді, кішкентай Нұрланның да шошына жылаған даусы қабаттасты.
- Өлтіремін мен сені ! Менің қолымнан кім алар екен?! - Еркін тіпті құтырынып кетті. Көзі шарасынан шыға бадырайып, қияқ мұрты едірейіп, қуқыл өңі ашудан қызарып кетіпті. Жын буған бақсыдай ешкімді тыңдар емес.
- Киініп ал, кетеміз , - деді апасы. Өзі Нұрланды орап алыпты.
- Қайда барасыңдар? Мен сендерді... – деп Еркін тәлтіректеп жүр. Гүлсім оны кеудесінен итеріп жіберді. Күйеуі табалдырықтан асып барып, ұзынынан ұшып түсті. Бір жерін ауыртып алды ма ыңырсыған дыбыс шықты. Мас адамда не қауқар болушы еді, көкесі орнынан тұрам дегенше бұлар сыртқа шығып кетті.
- Қайда барамыз? – деді бала. Күйеуіне деген ашуға, тағдырына деген налаға, өміріне деген ызаға булығып келе жатқан әйел:
- Ер соңымнан! – деді.
Дала тастай қараңғы екен, Нұржан бір-екі рет төмпешікке сүрініп құлады. Қарашаның өткір, суық желі қойны-қонышынан өтіп барады. Ауыл шетіндегі жаңадан салынған, биік дуалды үйдің терезесін қағып, біраз тұрды. Сәлден соң сырттағы жарық жанып, ауламен біреу жүріп келе жатқаны байқалды. Бұл – нағашысы Жақан болатын.
Ертеңіне ауыл әкімі бастаған бірнеше адам келді. Ауыл әкімі ұзын бойлы, қыр мұрын, тұла бойында қырым еті жоқ, көзі жанындағы адамның өңменінен өтіп кетердей өткір, жасы қырықтар шамасындағы жігіт еді. Түндегі болған аласапыраннан үй ішінің астаң-кестеңі шығып жатыр. Бір көзі сынған терезе үңірейіп тұр. Быт-шыты шығып қираған шарайна да орнынан қозғалмапты.
Бет-аузы көнектей болып ісіп, көзі құтырған қасқырдың көзіндей қызарып Еркін отыр. Еңсесін көтерер емес. Мына келгендердің ортаға аларын, бірі ұрысып, бірі ақылын айтарын біледі. Түнде өзінің не бүлдіргеніне қазір өкініп-ақ отыр, бірақ бәрі кеш еді.
- Әлгі келін қайда? Бері келсін, - деді қақ төрде отырған Сәукен. – Бұл не жай? Сүттей ұйып отырған отбасы емес пе едіңдер?
Жақан Гүлсімді ортаға шығарды.
- Бар, айт мына үлкендерге.
Гүлсім әуелгіде ауыл ақсақалдары алдында не айтарын білмеді. Әр жерден «айт, шырағым, ішіңдегіні» деген соң:
- Осы үйдің қалай күн көріп отырғанын өздеріңіз біліп отырсыздар. Біріңнің балаң, біріңнің інің мына Еркін не істеп жүргенін де көріп жүрсіздер. Атамның тірісінде де осынысын қоймап еді. Онымызды ешкімге білдірмеуші едік, - деп келіншектің даусы дірілдеп, тамағына өксік тығылып, көз жасы бетін жуып кетті.
- Қайтсін енді, қашанғы шыдасын, - деді бір шал.
- Еркіндікі шектен шыққандық қой, - деді тағы бірі.
- Әр нәрсенің шегі болады емес пе?
- Сонда бұл не айтады? Сені неге сабайды? Себебін айтпай ма? – деді ауыл әкімі.
- Білмеймін тіпті не жазығым бар екенін? Даладан ішіп келетіндігімен тұрмай, үйге келіп, араққа ақша сұрайды. Екі балаға алып отырған тиынымды бұған беремін бе, балаларға нан алып беремін бе? – деп Гүлсім жас жуған жүзін алақанымен сүртіп алды.
- Әй, сен не айтасың? Судан шыққан суырдай отырысын қарашы сүмірейіп, - деп Сәукен зекіп қалды.
Өз кінәсін сезінген Еркін:
Мен, мен енді ішпеймін, - деді.
- Жоқ, ішесің! Қазір біз шыққан соң-ақ қаңғып кеткелі отырсың. Сені түрмеге қаматып көзіңді бозарту керек. Сонда білесің арақ ішкеннің қандай болатынын, - деді Сәукен.
Қауменге жақын ағайындығы бар Сәукен Еркіннің жынның суына әуес болып көшеде теңселіп келе жатқанын талай көрген. Өткен бір жолғы тойда бүкіл ауылдың көзінше сөккені де бар. Содан бері бұл отырған жерге Еркін жақындай бермейді, сырт айналып, сырғақсып кетеді. Қазір де оның қиюы қашқан болымсыз тірлігіне ашынып отыр.
- Осыдан кейін де мұнысын қоймаса, жанұясының шырқын бұзатын болса, мұны емдеткен жөн ғой. Бәлкім, сонан кейін өзінің қателігін түсінер, – деді ауыл әкімі. Кешегі Еркіннің қылуасын естігелі бері, ағайын-туыстарына хабар айтып, барлығын жинап келіп отырған сол еді.
Көп талқысы Еркіннің берекесін кетірді, өзін қоярға жер таппады. Басын көтеріп, еңсесін тіктей алмай отырып:
- Мен ауру емеспін, дәрігерге көрінбеймін. Енді татып алмаймын, - деді.
- Сөзін беріп отыр ғой, бұған сенейік. Бұдан кейін осынысын қайталаса, жақсы болмайды. Бұзақыны, тентекті жөнге салатын үкіметтің заңы бар. Полицияға білдірсек, қазір-ақ қамап тастайды. Мына кісілер сақалдары желбіреп, отыңның басына күнде келе бермейді. Осыны түсінбесең, жаман әдетіңді қоймасаң, біздер тиісті шарамызды қолданамыз, - деді ауыл әкімі.
- Жоқ, бұл арағын қоя алмайды, атаукересін ішіп алып үйге тигенін де қоймайды. Бұрын да талай уәде берген, онысы бір айдан асқан емес. Қашанғы мұның тоқпағына шыдай беремін. Мұны күні бүгін емдетуге апарыңдар не мені төркініме апарып тастаңдар, - деді Гүлсім.
Күйеуінен көңілі қалған келіншектің ашынғаны байқалады. Соңғы болған жайлар оның әдемі жүзіндегі әжім сызықтарын бұрынғысынан да тереңдете түскендей еді. Еркіннің арақ ішкендегі мінезіне кіжінумен, тістенумен, ызаланумен күні өтіп келе жатқан әйелдің бар ашуы осы жерде, ауыл ақсақалдары алдында ақтарыла төгілгендей болды.
- Неге сенбейсіңдер менің сөзіме?! Айтқаным айтқан! Қойдым арақты, енді аузыма алсам, оңбай кетейін, - деді Еркін. – Егер нан ұстап ант бер десеңдер, берейін.
- Жә, - деді Сәукен, - анттың жолы ауыр. Сенің осы сөзіңе сенеміз.
- Ер кісі уәдесін берсе, неміз бар?
- Бері қара, - деді ауыл әкімі, - бұдан былай отбасыңның шырқын бұзып, мазасын алмауға уәде бер.
- Уәде беремін! Міне, уәдем! - деп Еркін қолдарын кеудесіне қойып, ақсақалдар алдында бүгіле қалды. Ол осыншама сөзін беріп, антын ішіп, азар да безер болғанмен, ауыл әкімі сенбеді. Адамның жанары – жанының айнасы, ақиқатты сол жүрек айнасынан оқуға болады. Еркін не айтса да көзін жерден көтермеді, келгендерге тура қарай алмады. Ауыл әкімі: «Өтірік айтып, алдап тұр. Мұны да уақытында көрерміз,» - деп ойлады.
Ауылды басына көтерген ГАЗ-66 машинасы үй жанына тоқтағанда, бала отын тиеп келуге дайын отыр еді. Көкесі айтқандай көршілерден сұрап төрт ұзын сапты айыр әкеліп қойған. Өзі аяғына атасының үлкендеу етігін киіп алды. Үстіне киген киімдері қимылдауға жеңіл жұқа шалбар мен күртке еді.
Бала машинаға жыңғыл тиеуге дайындаған айырларын салып, өзі соның үстіне жайғасты. Көкесі асықтырып жүр.
- Тездетуіміз керек, осыдан соң Әлен Ақбайдың отынына кетеді, - деді.
ГАЗ-66 машинасы өткенде бұлар отын шабуға барған жолға түсіп алып, зымырап берді. Әленнің қасына кабинаға көкесі мен Қанат жайғасты.
-Айырлар түсіп қалмасын, байқап отыр, - деп ескертті Еркін.
Осы отынды сындыруға қалай барғандары Нұржанның есінде. Өткен жексенбіде Еркін аяқ астынан отын шабуға жиналды. Сол күні ерте тұрып, әкесі екеуі шайларын ішіп алды, бірақ бұлар жүреміз дегенмен үйден шығып кетулері оңай болмады. Әуелі мотоциклі от алмады, аккумуляторы отырып қалыпты. Еркін баласын көршіге аккумуляторға жұмсады. Досжан мотоциклімен мал іздеп кетіпті. Сонан кейін Еркіннің біреуден әкелген аккумуляторымен көлігін от алдырды. Бала түскі тамақтарына қоса балта алды. Екеуі Қаражардың астындағы сорды жиектей өскен қалың жыңғылға келіп түсті. Жылда осы арадан көп адам отын сындаратындықтан, бұлар келген жердің отыны пышырлап сына беретін қу емес екен. Әкесі алғаш арасына кірген шоқалақты сындыруға балта пайдаланды. Ол лақтырған әр жыңғылдың бала бірнешеуін үйе айырға көтеретіндей етіп десте жасады. Сүйтіп жүріп жинағандарын санап жүрді. Еркін ұрынып-берініп әуелгіде қаттырақ қимылдады. Біраздан соң дем алып отыруы көбейді. Өмір бойы маңдайы терлеп жұмыс істеп көрмеген оған мына істеп жатқаны тозақтай көрінді. Әкесінің қимылдап жұмыс істегенінен отыруы көбейген соң, бала өзі отын сындыруға кірісті. Мұның әлі келгені әр-әр жердегі түп-түп жыңғыл болды. Әкелі-балалы екеуінің түске дейін сындырғандары жүз дестеге жетпеді. Үйден әкелген тамақтарын ішіп алғаннан кейін, көкесі бір түп жыңғылдың жанына жантая кетті. Сол жатқанынан ұзақ жатты. Нұржан осы жатысында оның қор ете қалғанын байқады. Түнімен жұмыс істеп кезекшіліктен келген адамдай әкесінің қамсыз тірлігі баланың жынын келтірді. Атасы болса дәл бұлай істемес еді. Ана жолы шөп шабуға барғанда кеудесін еңкейте бүкірейіп алып шалғысын кешке дейін сілтеумен болған. Бұл атасының артындағы жал болып қалған кекіре мен жусанды әзер жинап отырды. Баланың бір машинаға толтырта алмаймыз ғой дегеніне әкесі қыңқ деген жоқ.
Енді бүгін сол отынды тиеп алуға келе жатыр. Әлен мен Еркін ұзын айырмен десте жыңғылды атып, Қанат пен бала машина үстіне отынды жайды. Көкесі:
- Бұрышын дұрыстап шығар, бұрышын, - дейді.
- Бұрышын не қыласың? Отыныңның машинаны қарайтқанын айт, - дейді Қанат. Баланың күдігі аныққа айналып, Қанаттың айтқаны дәл келіп, барлық шапқандары кабинадан сәл ғана көтерілді.
- Жақын маңда сындырулы жатқан отын бар ма? – деп сұрады Әлен.
- Бар ғой, - деді бала, оның неге сұрағанына түсінбей.
- Онда болды, сол жерге барайық, - деді көкесі.
Машинаны Әлен Еркін айтқан бағытқа бұрды. Жарты шақырымдай жерде бірнеше дәу шоқалақтарды жағалай сындырған жыңғыл кездесті.
Тиейміз осыны,- деді Қанат.
Бұл Жұмабай ағаның шапқаны ғой, - деді бала.
Болса не қылады? Біздің алғанымызды кім біліп жатыр? – деді көкесі. Әкесі
осылай айтар деп бала ойламаған еді.
- Жоқ, тиемейміз бұл жыңғылды. Атам басқаның дүниесін рұхсатсыз алма дейтін. Жұмабай біздерге ұрысатын болады. Керегі жоқ бұның, - деп бала шыр-пыр болды.
Аналар бұның айтқанын құлақтарына қыстырған жоқ. Бала машина үстінен домалап жерге түсті. Машинасын жүргізіп бара жатқан Әленге жетіп барды.
- Аға деймін, көкеме айтыңызшы. Біреудің отынын тиемей-ақ қояйықшы. Одан өзіміз біраз жыңғыл сындырып тиесек болады ғой, - деді.
- Кім біледі дерсің? – деді Әлен. Өзі машинаны орнынан қозғай берді. Бала машина руліне жармасты. Мыналардың, шынымен, бұның айтқанын тыңдамайтынын білді.
- Тиме деймін, айдамаңыз машинаны. Қайтамыз үйге, - деді бала.
Руліне жармасқан баланы жүргізуші қатты итеріп жіберді де:
- Мынау қайтеді, жынды ма өзі, - деді. Нұржан жерге ұшып түсті. Бет-аузы құмға толып қалған ол жерге түкіріп жіберді. Машина бұған қарамай ыңырана қозғалып кетті. Орнынан тұра сала машинаның соңынан салды.
-Көке деймін, көке, тиемей-ақ қояйықшы отынды. Жұмабай бізден көреді ғой, сонда оған не айтамыз.
Жүгіріп айқайлап келе жатып тағы құлады. Айтқанын тыңдай қоймаған үлкендерге әбден ызаланған бала жерді тоқпақтап ұрып жылап жіберді. Сонан соң:
- Бармаймын! Өздерің тиеп алыңдар! – деді жыламсырап. Екеуі атып беріп, біреуі үстін қалап жатқандарға қарап біраз отырған соң Нұржан:
- Осыларыңды Жұмабайға айтып беремін! - деп айқайлап жіберді де, ауылға қарай жүгіре жөнелді. Жолға түсіп алып тарта берді. Әкесінің істегенін апасына айтып шағынбақ болды. Біраз жүргеннен кейін, артынан отын тиегендер де жетті. Машина жанына келіп, тоқтады да көкесі:
- Ей, кел, машинаға мініп ал, - деді.
- Мінбеймін! Бара беріңдер! – деді бала.
- Мынау қайтеді, шынымен жаяу бармақ па? Ұстап әкеліңдер, - деді жүргізуші.
Өзін қуғандарға бала жеткізбеді. Машина өкпесі өшкенше ізіне түсіп қуып берді. Әбден шаршап отыра кеткенде, әкесі ұстап әкеліп кабинаға тығып жіберді.
Бәрібір сендердің ұрлықтарыңды айтып беремін.
Кімге, кімге айтасың? Осыдан дымыңды шығар... - әкесі ашуланып мұны түйіп-
түйіп жіберді. Арқасынан, ішінен тиген соққыдан ауырсынып, кабинада сығылысып отырған бала жылап алды.
- Көресіңдер ғой ертең, апама айтып беремін, - деді өксіп отырып.
Желтоқсан айы туғалы күн ызғары қатайып, суыта бастаған. Теріскейден соғатын суық жел бір аптаға дейін тынбайтыны бар. Сол сайтан жел сенің де шамаңды көрейін дегендей мұны да әуреге салып жұлмалап алады.
Ақтөстің мұздай тұмсығы қолына тигенде, баланың ойына әлдене түскендей үйге жүгіріп кірді. Апасының жем шелекке салмақ болып жинап қойған нанынан бірнеше бөлегін алып, Ақтөске келді. Баланың лақтырып жіберген нанын ит қағып алды да, қытырлатып лезде жеп қойды. Құйрығын бұлғаңдатып, тағы да дәметкендей қасынан ұзамай тұрды. Кенет он шақты қадамдай жүгіріп барып, кері оралып мұның жанына төрт тағандап тұра қалды. Бұл күшігінің кел ойнап көрейік дегендегісі еді. Бала қалпағын лақтырып жіберді, Ақтөс жүгіріп барып қалпақты алып келді. Осы қызметі үшін тағы да бірдеңе берер дегендей балаға келіп, мүләйімсіп тұра қалды. Иесіне еркелеп, үстіне асыла кеткен күшік ырылдап қояды. Енді бала күшігін достарымен күрескендегідей шалып құлатты. Ақтөс орнынан тұра сала, бұған тағы жармасты. Екеуінің бұл ойыны ұзаққа созылып кете берер ма еді, осы кез сыртқа шыққан апасы:
- Құр босқа күшігіңмен ойнағанша, отын сындырып таста, - деді.
Баланың күнделікті жұмысы жыңғыл сындырып, сарайды отынға толтырып қою болатын. Қораға жапсарлата, үйіле түсірілген отынның ық жағына барды да әуелі үлкен томарлы жыңғылды шығарып алып, бұтағынан айырып тастады. Қимылдаған сайын тұла бойы қызып терлей бастады. Сонан соң үстіндегі күрткесін шешіп тастап, жыңғылды ошаққа сиятындай етіп майдалап үйіп қойды.
Көптен күткен Тәуелсіздік күні де жақындап қалған. Дәл осы мереке алдында Қайраттың айтуы бойынша, әнші балапандар өнерін көрсетуі керек. Осыған дайындалып жүрген Нұржанның көңіл күйі көтеріңкі болатын.
Ағай Нұржанды, Арайды, Арманды сабақтан соң алып қалды. Әнші балаларға тағы да пысықтап, әрбір әнді қалай орындауды қайталап үйретті.
Өзгелердей емес бала ағайының айтқанын бір-екі айтқанынан қағып алады. Кез келген әнді қайырымын кейбіреулер келтіре алмай жатса, мұнда ондай жоқ. Айтылғанды сол бойда орындап шығады. Соңғы күндері бұрынғы білетіндеріне жаңадан тағы бірнеше ән қосып алды.
- Кәне, Нұржан, «Анашымды» айтып көрейікші, - деді ағайы.
Тақта алдына шыққан бала қанатын қомдап, ұшуға дайындалған бала қырандай, ән сазына құлақ түре қалды. Ескі баян қайырманы аяқтағанда бастап кетті, Қайрат та ризашылықпен басын изеп, әншіге қосылып ернін жыбырлатып қояды.
- Жарайсың, үйде жүргенде де осы айтылғандарды ұмытпай қайталап жүр, - деді ағайы.
Үшеуі мектептен бірге қайтты. Қараңғылық қоюланып, ауыл үстін қыстың аязды салқын түні басыпты. Арай әлденеден сескенетіндей баланың жеңінен ұстап алып айрылыр емес.
- Саған не болды? Жіберші қолымды! – деді бала.
- Қараңғыдан қорқып келемін, - деді Арай.
Екеуіне қарап Арман күледі. Ол өзі көп сөйлей бермейтін тұйықтау болатын. Білгенін, түсінгенін ішіне бүгеді. Сыныпта да мұғалім сабақты есімін атап шақыр-маса қолын көтеріп, алға ұмтыла бермейді. Арман өз үйінің жанында қалып қойды.
Дәл осы кез қайдан келгені белгісіз қараңғылық арасынан Ақтөс шыға келді. Онсыз да жан-жағына қарап үргедектеніп келе жатқан Арай:
- Мама, - деп баланы құшақтай алды. Бала итінің басынан сипап: «Қорықпа, Ақтөс ешкімге тиіспейді,» - деді. Ақтөске сөмкесін беріп еді, ит азуына салып тістеп алып жүрді. Арай:
- Күшігің ақылды екен, - деді. Екеуі алдағы болатын концертті айтып келе жатып, Арайдың үйіне де жетті.
- Нұржан, - деді Арай қоштасар жерде, - сен өскенде кім боласың?
- Мен бе? – деді бала. – Мейрамбек секілді әнші боламын. Бұл баланың біраздан бері жүрегінде сақтап, көкірегінде аялаған асыл арманы еді.
- Мен де Мақпал секілді ән айтамын, - деді Арай.
Бала бұған таңдана қоймады. Арай, шындығында, әнді Мақпал секілді айтатын еді.
Түскі асты әзірлеп жүрген Гүлсімнің ойы сан-саққа жүгірумен болды. Үй тіршілі-
гінің бар қиындығын әдетте ең әуелі әйел сезінеді. Ойы жетіп тұрса да, қолы қысқа. Шешесі «үйдің берекесін келтіретін де, құтын қашыратын да әйел» деп жиі айтатын. Бәлкім бұл өз шаңырағына береке әкеле алмай жүрген шығар.
Еркінмен алғаш танысқандары күні кешегідей есінде. Жақын жеңгесі Айша: -«Шырайлым-ау, көрші үйге бір жігіт келіпті ғой, көрдің бе?» - деді.
-Жоқ, - деді Гүлсім. Биыл мектеп бітірген қыздың оқуға түспек ойы орындалмады, соның өкініші өзегін өртеп, өзін қоярға жер таппай жүр еді. Әлгі жігітті көруге ынтызары ауды. Жеңгесі екеуі шарбақтың тесігінен сығалап байқады, жігіт көрікті екен. Әдеміше аққұба өңіне қыр мұрыны жарасып тұр. Қысыңқы да емес, ерекше үлкен де емес көздеріне қалың қасы өзгеше рең береді. Қысқа қиылған қап-қара шашы тікірейіп, қияқ мұрты да өзін сымбатты қылып жібергендей. Теңізшілердің майкесін киіп, арба сүйреп жүрген жігіттің тұла бойынан жастықтың бұла күші есіп тұрғандай.
Жеңгесі қайын сіңлісіне қарады. Қыз жүрегіне шоқ түскендей бет-жүзі қызыл қоңырланып кетті, оны әккі жеңге байқамай қалған жоқ.
- Өзі ауылына қадірлі ақсақалдың баласы екен, - деп қойды.
Сол күні кешкілік қыз бен жігіт танысты. Екеуі де бір-біріне кет әрі болған жоқ. Алғашқы кездесуден кейін-ақ Гүлсім Еркінге көзге көрінбейтін жіппен байланып қалғандай болды. Еркіннің кемпірі дүниеден өткен әкесі бар екен. Жесір шал, жетім баланың жайы белгілі ғой, жігіт үй болып түтін түтетпек ел қатарлы тіршілік етпек ойын жасырмады.
Алғашында бәрі тамаша болатын. Екі жастың бір-біріне деген ыстық ықыласы, аппақ көңілі, пәк махаббаты, мөлдір сезімі, шынайы сүйіспеншілігі – барлығы да болды. Қыз қолтығына қанат байлап алғандай, табаны жерге тимей қалықтап ұшып жүргендей күй кешті. Гүлсім кейін білді, Еркін жын суына жақын екен. Өзінің үйлену тойында-ақ мас болып қалды.
Екеуінің жұбайлық өмірі басталды. Дүниеге Нұржан келді. Немересі шырылдап жерге түскенде, атасының қуанғаннан кемсеңдеп жылап ағыл-тегіл болғаны бар.
Гүлсім күрсініп қалды. Ойы әр тарапқа кетіп отырып қолындағы сәбіз турап отыр-
ған пышағымен қолын кесіп алды. «Қап, асығып жатқанда» - деп саусағын шүберек-пен байлап алды.
Келіншек тамақ дайындығымен жанығып жатқанда, күйеуі де келді. Еркін келе ошақ алдындағы сыпырындыны отқа жақты. Елпілдеп нені айтса соны орындайтын қалып танытып жүр. Гүлсім біледі: күйеуі әлдене сұрайтын болса осындай күйге түседі. Қазір де Еркін күйбеңдеп, көмейіндегіні қалай жеткізерін білмей тұр.
Келіншек күйеуіне тіл қатқан жоқ, ештеңе сұрамады, «не айтса да өзі қозғар» деп ойлады. Еркін әйелі асты алдына қойған соң, бірдеңе айтатындай тамағын қырнап, жөткірініп қойды. Сәл қызғындау екенін Гүлсім бағана келгеннен-ақ сезген.
- Нұржан әлі келмеген бе? – деді. Келмегенін көріп отырып сұрады.
- Дайындығымыз бар деген, - деді Гүлсім.
- Не дайындық?
- Оқушылардың концерті болады деп жүр ғой.
Екеуі үнсіз тамақ ішіп отырды. Еңбектеуге жарап қалған кішкентайы тыным таппай стол жағалайды. Анасы баланы күйіп қалар дегендей қайта-қайта кейін ысырып қояды.
- Нұржанның бәсіре тайын сатып жібердім, - деді Еркін.
- Неге? – деді Гүлсім. «Нұржан білсе ренжитін болды-ау,» деді ішінен.
- Бізге жылқының не керегі бар? Қорадағы бес-алты жандығымызды бағып алсақ та жетеді.
- Сол жалғыз тайды қорады ұстап отыр ма едің? Өз аяғымен жүрген жануар еді ғой. Нұржанға енді не айтасың? – Келіншектің наразылығы даусынан байқалып тұрды.
- Оған әзірге ештеңе айтпай-ақ қой. Кейіннен біле жатар, - деді Еркін.
Гүлсім үн қатқан жоқ. Еркін қалтасындағы тайды сатқан ақшасын әйелінің қолына ұстатып, сыртқа шығып кетті. Келіншек оның бергенін санап болды да: «Осынша аз болғаны несі» деп ойлады.
Кішкентай Нұрлан аяғын апыл-тапыл басып келіп ағасының мойнына асыла кетті. Өзінің былдырлаған тілі бар. Үйге бөгде біреу келсе, дереу апасының не мұның артына тығыла қалады. Қолына түскен кітап болсын, дәптер болсын пәршалап жыртып тастайды.
Бүгінгі математикадан берген тапсырмаға Нұржан түсіне алмай біраз отырды. Болмаған соң көкесінен көмек сұрады. Мұның үйге берілген тапсырмасын оқып шыққан ол:
- Осыны да шығара алмадың ба? Оп-оңай есеп қой, - деді. Сонан соң қолына қалам алып, дәптерге жазып түсіндіре бастады.
- Қосылғыштардың орнын ауыстырғанда қосындының мәні өзгермейді.
Дәптерге жазған сандарды дөңгелектеп отырып, ережені қайталап түсіндіріп шықты. Көкесінің айтқанын қайталап отырып есептің барлығы түсініп алды. «Көкем мектепті де жақсы оқыған шығар» - деп ойлады бала.
- Мұндай тапсырмаларды орындау үшін апайдың айтқанын тыңдап алу керек, - деді әкесі.
Өзіне сабақ берген мұғалімдер жайында айтқан Еркін баласына біраз ақыл айтты. Мектеп бітірген соң мал дәрігерлік оқуға барып түсе алмай қалыпты,
- Сол жолы институтқа түсіп кеткенімде ғой, - деп өкініп те қойды.
- Онда бұл кезде Қаманның орнында бастық болып отыратын едің, - деп апасы әзілдеп қойды.
- Мен болсам Темірланның орнында «Нива» айдап жүретін едім, - деді бала.
- Сол кезде мені мінгізіп дүкенге апарып тұрасың ғой, - деді апасы.
- Көкем машинаны берсе, сені жұмысыңа да, моншаға да апарып, ал Нұрланды мінгізіп көгалға да шығып қайтар едік, - деді Нұржан.
- Әй, сендер мені сол кезде тастап кетпеңдер, - деді көкесі. Үйдегілер өз айтқандарына мәз болып күлісіп алды.
- Ей, Нұржан, ана жақта көкең мас, орнынан тұра алмайды, - деді Серік.
- Өтірік, көкем арақ ішпейді, - деді бала.
- Ішпейді-і-і. Ерланның үйіне бара ғой. Өз көзіңмен көресің, - деді Серік. Ол мен айтатынымды айтып, міндетімнен құтылдым дегендей белесебетімен құйғыта жөнелді.
Бала әрі-сәрі күйде қалды. Көкесі өткенде уәде беріп еді ғой, сол уәдесінде тұруы керек.Әкесі ішуді қойғалы апасының да ажары кіріп қалғандай еді. Енді тағы да уайыммен күн кешетін болды. Жаңағының айтқаны рас болса, мұның арты жақсылыққа апармайды.
Баланың көз алдына әкесінің алқам-салқам болып жүретін кезі елестеді. Өзі қадірлеп, асқар таудай көретін әкесінің мас болып тәлтіректеп жүретін қалпын бұл тұла бойы түршіге, мейлінше жек көреді. Ол әкесін көруге асықты. Серіктің айтқаны өтірік болса екен деп тіледі. Ерлан биыл жаз басталғалы бері үйінің алдынан сарай салып жатыр еді. Көктемде басталған сол сарай әлі біте қоймаған. Төбесін жауып, шатырын көтергенмен, ішкі ұсақ жұмыстарының көп екенін бала білетін еді.
Бала үйді айналып шықты, ешкім байқалмады. Қораны жағалады, бір жан көрінбейді. Ерланның ауласына кірсе, ол да ішіп алған екен, қолындағы күрегімен арбаға құм салып жатыр. Арбаны бар күшімен итерген кезде, бойын билей алмай қисаңдап құлап қала жаздады.
- Көкемді көрдіңіз бе? – деген бұған Ерлан ықылық атып тұрып:
- Көке дейді, ол кім? – деді тілі күрметіле икемге келмей, қарсы алдында тұрған баланы танымайтын секілді.
- Көке дейді, - деп тағы да қайталады да: - Еркін бе? Сарайда жатыр, оны не қыласың, ұйықтай берсін, - деді.
Бала жүгіріп сарайға барды. Көкесі осындағы қоқырсып шашылып, ат көпірі шыққан жерде шалқасынан жатыр екен. Осыдан азғана уақыт бұрын осы жерде бірнеше адам болғанға ұқсайды. Аузы ашылған бос бөтелкелер шашылып жатыр.
- Көке, - деді бала, - көке-ау, тұрсаңшы.Үйге барайық.
Көкесі тісін қайрап, әрмен аунап түсті де, ұйқысын жалғастыра берді. Бала әкесінің қолынан тартып, орнынан тұрғызбақ болды. Өз денесін өзі игере алмай жатқан үлкен кісіні орнынан тікейтуге шамасы келмеді. Әкесі мұрын астынан міңгірледі. Осы жатысынан оны қозғай алмайтынын бала білді. «Біреуден көмек сұрау керек» деп ойлады. Ерланның жайы белгілі, өз аяғын әзер басып жүрген адам ешкімге көмектесіп жарытпайды. Баланың есіне Манастың папасы түсті. Сәкен аға ақкөңіл кісі. Кездескен жерде мұнымен де әзілдесе береді. Оған айтса, тіпті үш аяқты мотоциклімен үйге де апарып тастар.
Сәкен ауласында мотоцикл шұқылап жатыр екен. Манас мамасы екеуі ау жазып отыр. Торға оратылған кепкен шалаңды қолымен уқалап жіберіп, желге ұшырып жібереді. Бала:
- Ассалаумағалейком, - деп Сәкенмен қос қолын ұсынып амандасты. Манаспен де қол алысты.
- Иә, батыр, сөйле, - деді Сәкен. Өзі қолындағы кілтпен көлігінің әлдебір гайкасын бұрап жатты.
- Аға, көкемді үйге апарып тастаңызшы.
- Ол қайда?
- Ерланның сарайында.
- Е, бағанағылар екен ғой, - деді Сәкен. Қолындағы кілтті қорабына салып қойды.
- Апам да бізді іздеп жатқан шығар, - деп қойды бала. «Өзінің пысығын қарай гөр» деп ойлады Сәкен. Осы кезде Манастың мамасы:
- Жалғыз өзі ме сарайда қалған? – деді.
- Көкемнен басқа ешкім жоқ.
- Бәрі бірге ішіп отыр еді ғой, тастап кеткенін қара бұл оңбағандардың, - деді әйел.
- Көптен бері қойып жүр еді, тағы бүлінген екен. Мұнысы жарамады, - деді Сәкен. Сонан соң мотоциклінің өкпесінен бір теуіп от алдырды.
Бала Сәкеннің артына отырып, белінен қапсыра құшақтап алды. Екеуі Ерлан-
ның үйінің алдына мотоциклді қойып, сарайға кірді. Еркін қорылды салып жатыр. Сәкен оны жерден тік көтеріп алды. Ұйқысынан оянған Еркін:
- Ой, әкеңнің, - деп міңгірлей берді. Бала әкесінің қалпағын қолына ұстай шықты.
Еркін ештеңе түсінбегендей баласына бір, Сәкенге бір қарап: «Қайда барамыз, әй,сен мені...» - деп сөзін аяқтай алмай, тағы бірдеңе айтпақ болып түсініксіз былдырлай берді. Бала әкесінің қасына, қораптың шетіне жайғасты, әкесін иығынан ұстап, құлап кетпесін дегендей басып отырды.
Мотоцикл үй жанына тоқтағанда, іштен Гүлсім де жүгіре шықты. Үшеуі Еркінді үйге кіргізді. Әйел «енді біздерге тиісіп мазаны алар» деп ойлаған еді, бірақ күйеуі ың-шыңсыз ұйқыға кетті. Әкесі әбден қалың ұйқыға кеткенше, бала оның жанынан кете алмады. Шешесіне басына жастық салысып, көкесінің жайлы жатуына көмектесті. Оны қалай әкелгенін апасына айтып берді де:
- Көкемнің әнеукүні қойдым дегені қайда? – деді.
- Қайдан білейін, неге соған әуес болғанын, құдай санасына бермесе, не қылайын. Әйтпесе біреу мұның аузына ішпесең болмайды деп құйып жатыр деймісің, - деді апасы.
Ақтөс ақсап қалыпты. Бала итінің аяғын айналдырып қарап еді, қара санынан аққан қан жүніне жабысып қатып қалған екен. Алғашында Ақтөс қақпанға түскен болар деп ойлаған, мынаны көргеннен кейін итті әлдекімнің атқанын білді.
Жаздыгүні Кендірліге барғандағы маймақ күшік қазір әжептәуір үлкен ит болған еді. Ақтөстің үй жанына келген бөтен малды қуып жіберетін естілігі де бар. Кейде мектепке барып тұрады, бала сабақтан шыққанша сол арада жүреді де, мұнымен бірге қайтады. Өткенде Күлместе мал бағып отырған Бекет:
Итіңді маған бер, аяғы бар екен, қоянға қосып едім, екі аттатпай жетті, - деген.
Сонан бері сол ауылда болды. Бала итінің түлкі алғанын да естіді. Бекеттің айтуынша, тіпті бір рет қасқырға да жолығыпты. Басқа иттердей құйрығын қысып қашпапты, қасқырдың соңына түсіпті. Бірақ қасқыр қалыңға кіріп таптырмай кетіпті.
Сол иті жарақатымен келіп тұр. Артқы сол аяғын жалай береді. Бала Ақтөстің жарасын басып көріп еді, ит ауырсынып аяғын тартып алды. Көзі қып-қызыл болып, бұған ызбарлана ырылдап қойды. Күлпілдеп ісіп тұрған санынан ірің аралас қан ақты. Қолы батыңқырап кетті ме, ит орнынан атып тұрып, сыртқа ата жөнелді. Содан кейін ит көрінбей кетті.
Біреулер «ауыл иттері қойға тиген екен, қаладан ит аулаушылар келіп қырып тастапты» десе, енді біреулер «кішкентай баласын ит қапқан екен, әкесі бүкіл ауыл иттерін атып өлтіріпті» десті.
Ақтөстің жоқ болып кетуі баланы әр түрлі ойға қалдырды. Бір күн иті арсалаңдап, құйрығын бұлғаңдатып жетіп келердей көрінді, бірақ Ақтөс оралмады.
Түстен кейін бірнеше бала «Бес қалбыр» ойынының қызығына түсіп кетіп еді. Барлығы екі топқа бөлінді, бір топтың басшысы Серік, екіншісін Нұржан басқарды. Бір топ ортаға бес қалбырды тігіп, екінші топ он қадам жерден доппен қалбырларды құлатуы керек. Қалбырды күзететіндер қарсыластарын доппен ұрып, қалбырларды тіккізбейді. Серіктер қалбырларды екі рет тігіп шықса, бұлар бір мәрте қатарынан бес рет тікті. Ойын барысында Серік қайта-қайта қарау жасай берді. Бірде асығып тіккен қалбырлары құлап қалғанда:
- Біздер тігіп болғаннан кейін, жел құлатып кетті, - деп десте бермеді.
- Оған біз жауап бермейміз, құлады ма, бітті, - деді Нұржан. Серік қызарақтап амалсыздан көнді. Келесі жолы лақтырған добы тимей қалғанда:
- Қолымнан шығарып алдым, - деп соқты. Балалардың бірі:
- Добыңа ие болмай ай қарап жүрсің бе? – деді. Әбден ыза болған Серік өз тобындағы баланың орнына соқпақ болды. Нұржандар оған келіспеді. Болмаған соң Серік өз тобындағы балаға:
- Қалбырға бір рет те тигізе алмадың, ойыннан шық, орныңа басқаны аламыз, - деді. Екеуі жағаласа кетті. Нұржанның екеуін айырмақ болғанын тыңдамады.
- Серіктер ұтылды, ұтылғанның белгісі, бір-бірмен қырылды, - деп бір бала тақылдады.
Дәл осы кез көшемен гүжілдеп дәу машина өтті.
- Айда кеттік, қазір көкемдер жылқы тиейді, - деді Серік. Барлығы ойынды тастай сала, жылқы қамап жатқандарға қарай жүгірді. Бұлар келгенде қора жанында біраз адам жиналып қалыпты. Мұнда бейтаныс адамдар да жүр еді.
- Жылқы алуға келгендер ғой, - деді Серік.
Ұзын темір тұрбалармен қоршалған қораға мал берушілер бірінен соң бірі жылқыларын айдап келе бастады. Асаулары аспанға атып, биелері оқыранып құлындарын іздеп, айғырлары мойынын созып үйірін шиыра қуған ала шапқыннан ақ шаңдақ көтерілді. Жақан нағашысының күрең айғырын айдап келгенде, бала өзінің тайын іздеді. Іздегенін көре алмады.
- Менің торы тайым көрінбейді ғой, - деді бала.
- Сенің тайыңды өткенде көкең сатып жіберді, - деді Серік.
- Өтірік, - деді бұл.
- Өтірік болса көкеңнен сұра!
Осыдан кейін балаға мына жерде қызықтың мәні қалмады да, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Тайын бас білдіріп, өзге балалармен жарысып, күтіп-баптап мініп жүрмек болған қиялының күлі көкке ұшты. Көкесін бұдан жасырып тайды сатып жібергені үшін өте жек көріп кетті. «Атам болса сатқызбас еді,» деп ойлады. Үйіне қарай жүгіріп келе жатқан оның тұла бойын ашу кернеп келеді.
Сауып отырған жалғыз түйесінің түнеп қалғанына бүгін үшінші күн болды. Апасы шайға құяр сүтті көршіден әкелді.
- Сары қоспақ суалып кететін болды-ау, іздеп қайтсаңшы, - деген апасына:
- Қашанғы жүрер дейсің, өзі-ақ келеді, - деді көкесі
Сары қоспақтың тайлағы қорада жағы сембей боздап тұр. Түйенің Кендірлінің астында, теңіз жағасында бойдақ түйелермен жүргенін көршісі Досжаннан есітіп отыр. Әкесінің түйеге бармайтыны анық, бала өзі баруға бекінді. Сабақтан кейін шығып кетсе, Кендірлі қашық жер емес, апасы: «Қайдан білейін саған далада ұстата қойса жақсы болар еді,» - деді.
Түскі астан кейін жолға шықты. Жаздыгүні атасымен шөпке барған жолмен Кендірліге тартып кетті. Таныс суреттер баланың көз алдынан тізбектеліп өте берді. Атасымен барған жолы жыңғыл мен көкбұтаның басы жап-жасыл болатын, қазір сидиып бұтақтары қалыпты. Желтоқсанның қою сұр бұлт торлаған аспаны толғағы жетіп тұрған ана сияқты, бірде бүркіп жауын жауады, бірде қар ұшқындайды. Күн райының бір сәтте бұзылып кетуі мүмкін еді.
Сары қоспақты теңіз жағасындағы бойдақ түйелер арасынан тауып алды. Түйенің ботасын да, үйді де ұмытқан жайы бар. Алғашында бұған ұстатқысы келмей қашқақтағанымен, кейіннен мойнын созып, басын иіп, бұйдасын шешкізді.
Ауылға қарай қоспақты жетектегенде, ызғарлы жел қарсы алдынан ұрды. Сіркіреп бастаған жауын бірте-бірте күшейе берді. Қара суық қойны қонышынан кіріп, маңдайын қарып барады. Үсті малмандай су болды. Қолғабына су сіңген соң қалтасына салып алған, қолын демімен үрлеп жылытқан болды. Киімінен өткен су денесіне де біліне бастады. Суық тұла бойын жауратып, жақ жүні үрпиіп, иегі-иегіне тимей дірілдеп кетті.
Осы кез алдынан жеңіл УАЗ көрінді, көршінің машинасы екенін таныған. Дәл жанына келгенде көкесі түсті.
Түу, жаурап қалыпсың ғой, машинаға мін, үйге қайт! Өзім-ақ апарамын
түйені, - деп сары қоспақтың бұйдасын алып, жетектей жөнелді. Әкесі түйені алып қайтуға дайындалып келіпті, үстіне бүркеншігі бар шинел, аяғына резеңке етік киіп алыпты. Баланың әкесіне тіл қатуға да шамасы келмеді, әлдене айтуға аузы жуыспады.
Келесі күні бала мұрттай ұшты. Тұла бойын қармаған суық төсекке алып ұрды. Қызуы көтеріліп, денесі күйіп жанды. Түнге қарай еліріп сөйлей бастады.
- Ата, ата! Қайда кетіп барасың? – деп айқайлады.
Ұшы-қиыры көрінбейтін жазық даламен жүріп келе жатыр, жүріп келе жатыр.Жан-жағы елсіз, тіпті жол да байқалмайды. Алдынан бірнеше адам кездесті. Барлығы да үндемейді, бір жаққа қарай асығып бара жатыр. Бір сәт солардың арасынан атасы көрінді. Әлгі адамдардың өзара сөйлескені бұған естілмейді. Атасының басында қоңыр қалпағы, үстіне ақ көйлек, кастөм шалбар киген. Бала атасының қасынан Ақтөсті де көрді, «Ақтөс, Ақтөс ка-ка» дегеніне мойын бұрмады. «Ата, - деп айқайлады, - тоқтай тұрыңдаршы ». Атасы әлдене деп сөйлейді, бұған не айтқаны естілмейді.
Кенет төбелерінен құстар ұшып өтті. Құс қанатының суылы дәл құлақ түбінен естілді. Осыншама көп құстарды бала ешқайдан көрмеген еді. Енді барлығы ғайып болды да бірнеше боз торғайлар ғана қалды. Жаздыгүні өзі қуып ұстай алмаған бозторғай балапандарымен атасының иығына қонып алыпты. Үркіп, ұшатын емес.
Бала әлгі адамдардың соңынан жүгірді. Бар даусымен айғайлап, қолын бұлғап келеді. Ана кісілер бұған қарамай, бірте-бірте ұзап барады.
« Ей, тоқтасаңдаршы, – деді Нұржан, - тоқтаңдаршы! Қайда кетіп бара жатырсыңдар?! Ата, тұра тұршы, мені де өзіңмен ала кетші! Мұнда қалғым келмейді. Боз торғайлармен бірге болайыншы. Мұнда көкем күнде ішіп келеді. Сіз кеткелі апама да тиісетін болып жүр. Менің торы тайымды сатып жіберді. Жақан нағашым берген тайды. Апам екеуі сатқандарын маған айтпай жасырып келіпті. Ата, мені мұнда қалдырмашы. Ақтөсті де адамдар атып өлтірді.Оның ешкімге жазығы жоқ еді, сонда да өлтіріпті. Егер сіз болсаңыз, бәрі жақсы болар еді, бірақ сіз қайтып келмейсіз ғой. Ата деймін, ана қасыңыздағылар кімдер? Менің сіздің қасыңызда болғым келеді. Ата, өткенде көкеммен жыңғыл шабуға бардым, сол отынды тиегенімізде толмай қалды... Жұмабайдың отынын көкемдер тиеп алды. Солары дұрыс па? Сіз болғанда тиетпес едіңіз. Көкемдер менің айтқанымды тыңдамады, » - бала сөйлей берді, сөйлей берді. Атасы кеткелі бергі басынан өткендерін шағынып айтып жатыр. Анда-санда көрпесін ашып тастап орнынан атып тұрады. Айқайлап есікке қарай ұмтылады.
Бала ыстығы көтеріліп құлағанында дәрігер тәтей аузын ашып көріп:
- Тамағыңның безі шығып кетіпті, тер қысып жатыр, терлесе, жақсы болады, - деді.
Түні бойы өзімен-өзі алысып аласұрған бала таң алдында пора-пора боп, бой-бойы шығып терледі. Сүйтті де тып-тыныш ұйықтап кетті. Түсте апасы істеп берген көжені ішіп алып тағы ұйықтады. Азғана күнде еті сылынып, жүдеп кетті. Тұрса басы айналып, көзінің алды қарауытатын болды. Дәрігер оған әлде де күтініп, әбден айыққанша сабаққа бармау керектігін ескертті.
Бала апасынан Тәуелсіздік мерекесінде «Бозторғай» байқауының өткенін естіді. Бас жүлдені Арай алыпты. Енді ол қалаға баруға дайындалып жатқан көрінеді. Өзінің байқауға қатыса алмай қалғанына бала өкініп қалды, сүйте тұра кішкентай сары қыздың әнші бозторғай атанғанына сүйсінді. «Ол Мақпалдай әнші болады,» - деп ойлады.
Баласы ауырғалы бері Гүлсім де көбіне мұның жанында болады, ойын бөліп әрнені сұрай беретін.
- Мен атамды көрдім, - деді бұл.
- Қайдан?
- Түсімде атам қасында бірнеше адам бар, менің айқайлағаныма қарамай кетті, - деді.
- Жарықтық, сенің ауырғаныңды білген ғой. Сені желеп-жебеп жүргені шығар,- деді апасы.
Ұлының қуқыл тартқан жүзіне қарап: « Тамағыңды ішіп ал да, сыртқа шықпай жат,» - деді. Анасының айтқанын істеп біраз жатқанымен, іші пысып кетті. Бөлменің төбесіне қарап қашанғы жатады. Киініп далаға шықты. Апасы жыңғыл сындырып, үйге тасып жүр екен. Бұл шешесіне:
- Апа-ау, мен-ақ тасып кіргіземін ғой. Басқа жұмыстарыңды істей бер, - деді.
- Қолғанатым менің, - деді Гүлсім мейірлене.
Жаңа жылға арналған жасыл шырша тойының өткеніне де бір апта бола қоймаған. Оқушылар қысқы демалысқа шықты. Таңертеңнен бері аспанды тұмшалаған қара қошқыл қалың бұлт әлдебір ала қиғаш өзгерістің хабаршысындай болып тұр. Түстен кейін бала әдеттегісіндей жыңғыл сындырып, оны отын сарайға үйіп жинады. Өз жұмысын аяқтап болған кезде ауылдағы су таситын машина үй жанына келіп тоқтады. Кабинада көкесі отыр екен.
- Әй, Нұржан, бері кел! Жүр, құдыққа суға барып қайтайық! – деді көкесі.
- Бара ғой, қалғанын өзім жинармын, - деді апасы.
- Ертең келгеннен кейін тағы да отынды көп қылып кіргізіп қоямын.
Көкесінің ішіп алғанын бала кабинаға отырған соң білді. Арақтың жиіркенішті иісі
қолқасын қауып, тыжырына жүргізушіге таман ығыса отырды.
Қаңтардың басы болса да, жерге әлі қар түскен жоқ. Қарашада жауған жұқа қар екі күннен кейін еріп кеткен. Қарақатқақ болған ызғарлы суық малға да, адамға да жайсыз болып тұр. Сырттағы бойдақ мал да суға ауыл жанындағы атпаға құлайды. Қазылғанына қырық жылдан асып кеткен атпадан ағып жатқан су да мардымсыз. Өкпеден өтер қара суықта қалтырып-дірілдеп суаттан сулығын алған мал күн көтерілгенше қора-қораның ығында тұрып, өріске кештеу кетеді. Күн суытқан сайын құдықтан су алып келу де қиындап барады.
Машина қара жолмен құйғытып келеді. Жүргізуші Алпысбай жылдамдық ауыстырып, рөлімен алысса, көкесі үн-түнсіз бұйығып отыр. Кабина іші жылы екен, баланың маужырап ұйқысы келді. Бірде жаздыгүні Алпысбайға еріп, су алысуға барған, қауғамен су тартып беріп, шлангаларды құдыққа салып су толтыруға көмектескен. Сол жолы Алпысбай мұны әкесіне ерекше мақтаған болатын.
Қазір қыс болғандықтан, барлығы да қақшиып қатып жатыр. Жүргізушінің моторын от алдыруына да, шлангаларды құдыққа салып, су толтыруына да көкесі көмектесіп жүр.Төрт тонналық цестернаны толтырғанда құдықтағы су да сарқылды. Бұлар құдық басынан шыққанда, күн батқаны байқалып, төңірекке лезде қараңғылық түсті. Аспанды тұмшалап алған қара бұлт қалыңдай түсіп, қар ұшқындай бастады, теріскейден ызғарлы жел көтеріліп келе жатты.
Қайтар жолда ыңырана қозғалып келе жатқан машина кішкене сайдан өте бере төбеден ұрғандай сөнді де қалды. Алпысбай машинасының капотын көтеріп, әлденелерді шұқылағанмен, ештеңе болмады. Кілтін қосып, стартерді басқанымен де машина мелшиіп тұрып алды. Ақыры жүргізуші:
- Мен ауылға барып, құрал алып келейін, сендер машинадан шықпаңдар. Күннің де бұзылып кеткенін қарашы, - деді. Сүйтті де желге қарсы жүріп, жапалақтап жауған қар арасына кіріп, демде жоқ болып көрінбей кетті.
Бала әкесімен кабина ішінде біраз отырды. Бірте-бірте кабина іші салқындай берді де, аяғы тоңа бастады. Үстіндегі курткасы да жұқа болатын. Бұл кезде көкесі буынына түскен жын суының әсерімен еш қамсыз ұйқыға кетті.
Бала есікті ашып, жерге секіріп түсті. Бетіне жапалақтап жауған қар ұшқындары тиіп, денесін суық жел қармады. Көтеріліп келе жатқан жел жаңа жауған қарды ысырып жатыр. Машинаны бір айналған баланың ізін қар лезде басып тастады. Тепкішекке шығып, есікті ашпақ болды. Тұтқаны бар күшімен тартса да, есік ашылмады. Қолымен терезені ұрды, көкесі ештеңе естімеді. -Көке, есікті ашшы! - деп айқайлады. Тәтті ұйқы құшағындағы әкесі ояна қоймады. Машинаны тағы бір айналып шықты. Қараңғылық қоюланып, жан-жақты түн тұмшалап алыпты.
«Апам біздерді күтіп отыр-ау,» - деп ойлады бала. Күшейіп келе жатқан қарлы боран арасынан әлдекім бұны шақырғандай көрінді. Әлгі шақырып тұрған адам атасына ұқсайтын секілді. Ол терең жолға түсіп алып, өзіне қол бұлғаған елеске қарай тарта берді. Маңдайынан соққан желге, омырауын толтырған қарға қарамады.
Машинадан ұзап кетті. Алғашында жолмен жүріп келе жатыр еді, одан қай кезде шығып кеткенін де білмеді. Аяғына итсигек пен жусанның түбірі соққанда жолсызбен келе жатқанын байқады. Аяғы тайып кетіп, сырғанақтай жөнелген. Жалма-жан орнынан атып тұрды. Мұнда ұйтқып соққан боран жоқ, тып-тыныш. Жолдан адасқаннан кейін, терең сайға түсіп кеткен еді. Көкесінің қасынан кетіп қалғанына өкінді, енді онда қайтып бара алмайтынын да, оны таба алмайтынын да анық білді. Артында - көкесі, алдында – ақ түтекке оранған қараңғылық тұмшалаған түн.
Алақозының терең сайында құдық бар. Бір кездері осында ауыл отырған, осы құдықтан машина су алып жүрді. Қарауытып көрінген кенересіне тас қаланған құдық екен, мұнда аялдамады. Сай жағалап жүре берді, Алақозының күншығыс бетінде үлкен сайға қосылатын жыра бар болатын. Сай табанынан жоғары өрмелей жыраны жағалады. Аяғы тайғанақтап қолына ілінген жусанның, еркектің басынан ұстай тартып алып, жоғарыға ұмтылды.
Бағытынан адасқан бала енді беті ыққа бұрылып Қосшоқыға қарай салды. Етігінің қонышынан қар кіріпті, аяғы тоңа бастады. Борай жауған жылбысқы қар бетіне тиіп, киімінен өтіп барады. Жаңа ғана жүрген ізін қар басып жатыр.
Қараңғылықтың ішінен, бораған қар арасынан әлдекім сұқтана қарайтындай көрінді. Гуілдей соққан боранның, ысқырған желдің дыбысы жүрегіне қорқыныш ұялатты. Бойын үрей билеп, қатты айқай салып, шыңғырып жіберді, «ата» деді. Даусын меңіреу түн жұтып қойды. «Ата, тоқтай тұршы! Мен жетіп алайын. Мен сені сағындым, ата. Сіз неге өліп қалдыңыз. Егер тірі болсаңыз, көкеме ұрысар едіңіз, тіпті сабап алуыңызға да болатын еді, ол әкесін тыңдамағанда кімді тыңдайды. Сіз жоқта ол апамды сабады ғой, Жақан нағашымның ұрысқанын да тыңдамады. Емделуге де барған жоқ ». Арқасынан жел итерген бала алға ұмтылып жүгіре жөнелді. Сәлден соң өкпесі өшіп, қара саны талды. Әл-дәрмені құрып етпетінен құлады. Жалма-жан орнынан ұшып тұрып, тағы да алға ұмтылды. Тағы да «ата» деп айқайлады. Аяғын басуға дәрмені жоқ, адымы ашылар емес. Осылайша тағы да біраз жылжыды. Әлгі бір сәтте екі беті тызылдап шымырлағандай болып еді, қазір ештеңені сезер емес, енді тізесі бүгіле құлады. Тізерлеп және бірнеше қадам жылжыды. Осыдан соң екі қолымен жер тіреді, әбден әлі құрыған, кеудесін көтере алмай, төрт аяқтап жылжыды. Алақанынан өткен ызғарды да елемеді. Қып-қызыл болып жаураған қолы икемге келмеді. Атасы осы кез қасына келді. Мұның қолынан ұстап алға сүйрей жөнелгендей болды, құлағына сансыз құстардың сайраған даусы естілді. Бала сан алуан құстар сайраған, ғажайып баққа еніп бара жатты. Кеудесіндегі кішкентай жұдырықтай жүрегі жараланып құлаған балапан торғайдың соңғы рет талпынғанындай бір жұлқынды да, мәңгілікке тыныш тапты. Баланың әбден сілікпесі шығып қажығын тәнін тастап шыққан боз торғай жаны кеудесінен пыр етіп ұшып шықты. Бозторғай бораған қар арасына, қою қараңғылыққа кіріп жоқ болды.
Баланың жоғалған хабарын естіген ауыл адамдары тайлы таяғы қалмай таң атқан-
ша Алақозының бүкіл сайын аралап табандарынан таусылды. Ұйтқи соққан боран түні бойы бір толастамады. Жоқ іздеушілер аласапыран боран ішінен жалғыз боз торғайды көріп таң қалысты. Шырылдап ұшқан боз торғайдың «мені іздемей-ақ қойыңдар, мен сіздерге жоқпын, атамның қасында жүрмін» деп жүрген баланың бейкүнә жаны екенін ешкім де түсінбеген еді.
Қош бол, менің кішкентай кейіпкерім! Қош бол, менің бозторғайым! Сенің пейілің періште, көңілің ақ, жүрегің таза еді. Болашағың да жарқын, нұрлы, шуақты болуы керек еді. Алдыңа үлкен мақсат қойдың, Мейрамбектей әнші болсам дедің. Келер күндеріңнен үміт күттің, арманыңды көкірегіңде аялап биіктерді бағындыруға ұмтылдың. Сенің қолыңнан ойға алған қиялыңды орындауға күш-қайратың жететін еді. Жас жігеріңді жанып, талмай ізденетін, қажымай еңбектенетін мінезің де бар еді. Сол еңбеккерлігіңнің арқасында талай шыңдарды бағындыратын да едің. Сені білетін айналаңдағы адамдар, ауыл-аймағың да, достарың да, ата-анаң да, ағайын-туған, бауырларың да, ұстаздарың да болашақта еліне үлкен абырой әкелер деп күтуші еді, солардың барлығының үкілеген үміті бір ғана сәтте үзіліп қалды. Болашағын енді бастаған қызғалдақ ғұмыр мезгілінен ерте солды. Амал қанша, өкінішті жай болды бұл, талай жанның өзегін өртеп кетті, мезгілсіз келген сұм ажал.
Өмір керуенінің көші тоқтамайды, толастамайды. Енесіне ерген боз тайлақ өрісін басқа жақтан іздеп, көштен бөлініп қалды. Қысқа ғұмырда қырық құбылатын мына дүние боз тайлақты іздемесі хақ. Жоғын жоқтамақ түгіл, әркім өз қолындағысын түгелдей алмай жүрген жоқ па? Бір тайлақ емес бар әлем бүлініп жатқанда селт ете қоймайтын адамзат баласы жоғын іздеп, жамауын бүтіндер деймісің.
Өмір болған соң оның күнгейі де, көлеңкелі де жағы болады. Сенің қысқа ғұмырың соның жарқын жағынан гөрі жабырқау тұсын көбірек көрді де кішкентай бала жүрегің мұңлы күй кешті. Ақпейіл көңіліңнің уайымнан ада, мұңнан таза бол-
мағанына қасыңда жүрген біздер кінәліміз. Біздің самарқаулығымыз, енжарлығы-мыз, бейқамдығымыз айыпты. Біз сондай жұртпыз ғой, бейқамдығының салдарынан талай жерде есесі кетіп, аузындағыдан айрылып жатса да есін жия алмай есеңгіреумен жүретін. Қашан сана соғысындағы сапырылыста өз орнымызда тауып, өз биігімізден табылатынымызды да Жаратушы Иеден басқа ешкім білмейтін болар. Сенің жас өміріңнің өте ерте қиылуына жазықты жандардың ішінде өзім де бармын. Осы мінезім үшін кейде жанымды қоярға жер таба алмай қиналамын.
Қош бол, менің бозторғайым!