РУБАҺИЛАР
1. Алланың атымен бастадым,
Алланың нұры – Жер, Аспан, Күн.
Тоқыдым сол нұрдан жырымды,
Оқыдым ғаламның дастанын.
***
2. Иман –нұр, көркейтер салтыңды,
Иландыр әдепке халқыңды.
Әдеттен пәк сақтап парқыңды,
Әдеп пен адалдық, ар – құнды.
***
3. Ес біле тіршілік – ісің көп:
Естіге өсу шарт кісі боп.
Кісімсіп елерме ісініп,
Кісілік жолына түсіп өт.
***
4. Жаны бай, бітімі – киелі,
Жалындай сөздері – жүйелі,
Іс сазын арнаған ұлы іске,
Ұстазын әр адам сүйеді.
***
5. Баспасын өндірге сені мұң,
Бастасын өмірге сенімің:
Өрелі, өрлеткен өмірің
Береді еңбекпен өнімін.
***
6. Бөлінбе, ей жандос, бауырлас!
Еліңде бірлесіп, қауымдас!
Байыпта: бірлігің болмаса,
Байлық та, бақыт та сауылмас.
***
7. От бар ма махаббат отындай?!
Оқталма көзден «сыр» оқымай.
Өзіңмен өрілген жар тапсаң,
Өмірден өтесің опынбай.
***
8. Гүл нәрді ләззат қып гүл-гүлзәр,
Гүлзарды жырлайды бұлбұлдар.
Мархабат сезіммен көңіл – гүл,-
Махаббат ләззатсыз - мұңлы-зар.
* * *
9. Сарқылма, сабыр қыл, талапкер,
Талпын да, кәсіпті қалап көр:
Ұмыт сен уайым - қайғыны,
Үміт пен арманға қанат бер.
***
10. Дамыса білімің, ақылың,
Дарыса кие жыр, батыл үн,
Өлең – бақ: күте біл бақ гүлін,
Өнер тап, жыр ағыз, ақыным.
***
11. Сүйіне сүюдің сыры бар,-
Күйіне күйгелек ұрынар...
Жалындай махаббат өртейді,
Жаныңдай қымбат ол – шырын-бал.
***
12. Ұшырма бақ қонса басыңа,
Ұшынба, менменсіп тасыма.
Озатқа ұмтылсаң жетесің:
«Тозақ» та, « пейіш» те қасыңда.
***
13. Асылық жасаған наданға
Жақсылық жасадым әманда:
Зиялы доспын мен, адал да,
Зияным тимейді адамға.
***
14. Сусын мен ас ішпе талғамай,
Қу, сұммен дос болма аңдамай.
Өзіңді зор тұтпа басқадан
Сөзіңді сөйлеме талғамай.
***
15. Тарынба кеміске мұңайып,
Барына қанағат қылайық.
Парқыңнан айырар ашкөздік,
Әр күнәң – жүз өсек, мың айып.
***
16. «Қиялы» наданның қырын-ақ:
Зиянды білсе де ұрынбақ.
Есірдім демейді, - ырыңдап,
Кесірдің бірі боп , құрымақ.
***
17. Әманда ұқ соны, жамағат:
Сараңда болмайды қанағат.
Адалды жемқор нас қанамақ,
Адамды қасқырша таламақ.
***
18. «Гәйіп қып» ішкен нас қызады,
Ғайыптық өмірді бұзады:
Шарапқа содан жұрт ызалы,
Сарапта, қай «қызық» ұзады?!
***
19. Пендеде нысап жоқ, тойым да,
Сен неге шырмалдың ойыңа?
Зорлама нәпсіңді «тоюға»,
Көр ғана «шақ» болар бойыңа.
***
20. «Іс-сазын өнеге қылам» ,-деп,
«Ұстазбын, ойымнан шығам»,-деп,
Сенімде болсам да ісіммен,
Менің де түзейтін кінәм көп.
***
21. Алданба табысқа, бала, тым,
Алдыңда қамал көп алатын:
Еңбектен! Бақытқа жеткізер
Еңбек пен білім – қос қанатың.
***
22. Жарқыным,болма тым ұрыншақ,
Әр күнің есепте, ғұмыр – шақ.
Көзіңнің қарашы қырын сап,
Өзіңнің ісің көп,- қыбын тап.
***
23. Әрқашан бола ма сәттілік?!
Жалғасаң, өз сәтін тапты үміт.
Бірлік ет, шеттемей аптығып,
Тірлік ет, еңбектен сәтті күт.
***
24. Дос үшін «жарылған ағынан»,
Дос ісін сүйеуге табылған,
Дос мұңын, шаттығын бөліскен
Достығым – қымбатсың жанымнан.
***
25. Бояма, жарқыным, бетіңді,
Бояумен қорлама етіңді.
Кім өзін бояумен «жетілді»?
Мінезің – сұлулық кепілі.
***
26. Адал боп өмір мен өзіңе,
Адам боп,тұрдың ба сөзіңде?
Көндің бе қиынға төзуге?
Сен күнде есеп бер өзіңе?
***
27. Аз ақыл,-көп байлық – теңкелмес:
Азап – бұл, байлықты ез меңгермес.
Зор болар ақылға көнген ес,-
Қор болар «байлыққа» сенген пес.
***
28. «Ой, Алла, күнәмді кешір!» - деп,
Ойға алма: оңай ма «кешірмек»?
Әр күнәң - өмірге қара дақ,
Тартылған дақты кім өшірмек?!
***
29. Күшіңді әуреге салдырма,
Ісіңді ертеңге қалдырма.
Қарыз бен міндетің – есепсіз,-
Парыз бен мақсатың – алдыңда.
***
30. Білімге нұр – ақ жол салды үміт:
Білуге ер құмар, алды - құт.
Үйрену бітпейді мәңгілік,
Жирену игі істен - мал құлық.
***
31. Білімге жол, соқпақ, сілем көп:
Бүлінбе: «Мен бәрін білем!»-деп.
Мәтіні білімнің – оқуда,
Сәтіңді пайдалан үнемдеп.
***
32. Кісіге жақсылық істесең,
Ісінбе! Көпіріп іспе сен.
Қайтарым болады, іске сен:
Айтарым – ездікке түспе сен.
***
33. Кесірлі оңдырмас бір ісін,
Кесірі мол қырт , нас, қырыстың.
Тәлім бер қолда сен дұрысын,
Тәлімгер, сонда сен – ұлысың.
***
34. Тым батым сөзіңде – жарасым,
Қымбатын қаласаң, аласың:
Қимайтын сағынып анашың,
Сыйлайтын нағыз жұрт – нағашың.
***
35. Нақұрыс не деген «кем» еді?
Ақыл, іс жетпейді демеді:
Санасын улап қу: «Сен енді
Данасың» десе пес сенеді.
* * *
36. «Тегіннен дүние табам!»-деп,
Тегінен тайқыған надан көп.
Оңбайды « қулықпен табам» деп,
Ондайды кім айтар адам деп?!
***
37. Болсаң да кемеңгер, білімді,
Толсаң да игеріп ғылымды,
Сезінгін: кемшілік сенде көп,
Өзіңнің түзей біл мініңді.
***
38. Білгенге ең зоры кәденің –
Үлкенге берген сый – сәлемің.
Нұр жандыр : кәріге сәлем бер,
Нұрландыр көңлінің әлемін.
***
39. Меймандос болсаң – шын қазақсың,
Ей,жан дос,онда сен – ғажапсың!
Қимасың бұл өмір – аз-ақ күн -
Сыйласым болмаса – азап-мұң.
***
40. «Қонақпыз» өмірге десек те,
Олақпыз, сыйласым –«есепте».
Қосының думанын молайт сен,
Досыңның мәзірін еш етпе.
***
41. «Отанды – халқымды сүйем!»-деп,
Беталды бөсетін «жиен» көп.
Баспайды-ау, қызмет қыл десең,
Баспайда – «тұрмысын» иемдеп.
***
42. Ғажапсың ,туған жер – анамыз!
Қазақтың «жайлауы» - панамыз!
Сәнді құт – көл, өзен, даламыз,
Мәңгілік қойныңда қаламыз.
***
43. Жалынды күш берсін намысың,
Жаныңды аямай ар үшін,
Салтына берік бол елдіктің,
Халқыңа көрік бол, арысым.
***
44. Баспаған еңбектің қызуын,
Бас панам – қауымым - қызығым,
Жүрегім бір соғар өзіңмен
Тірегім – бауырлас, ұжымым.
***
45. Нәпсінің тілін ап, құмартып,
Бақ күнін ойрандап, құн артып,
Қылмысты жасап ап, күйгеннен
Қың істі бастамау – мың артық.
***
46. Бар кезде жегіштің араны,
Әр кезде әділдік – «жаралы»,-
Пәк шындық иесін табады,
Жақсылық өз гүлін жарады.
***
47. Мойыма, тартпа , дос, уайым,
Бойыңа күш берсін Құдайым.
Күшің мен ақылың – тірегің,
Ісіңнен айныма іллайым.
***
48. Асығам баптап іс қатарын :
Асықсам, кейіме, қатарым.
Өзім сан мақсатты орындап,
Көз жұмсам, алаңсыз жатармын.
***
49. Қиындық түскенде басыңа,
Қиылып, дұшпанға бас ұрма.
Құрықтар қасты да заңдылық,
Кіріптар болу – жат асылға.
***
50. Мың қырман – алтын тау үйілген –
Мыңғырған далама сүйінем:
Аңқып тұр дән исі даланың,
Шалқып жыр, іс қызды күйімен.
***
51. Малынып жүрсем де нұрыңа,
Сарылып,-жетпедім «сырыңа».
Әуремін қоса алмай жырыма,
Сәулелі туған жер – құбыла!
***
52. Арымай ақыл-ой, қабылет,
Арымдай шындықты қабыл ет.
Жырыма от беріп , әділ өт:
Жығылма , ақ туым - Әділет!
***
53. Жайнатқан нұрымен азат Күн,
Бай, дарқан, туған жер – ғажапсың.
Мен байтақ жұмаққа иемін:
Кеңбайтақ даласы ол қазақтың.
***
54. Барыңды жоғалтар сараңдық,
Арыңды тонайды арамдық.
Тең болсаң, жұртыңмен бөлісіп,
Кең болсаң , дариды саған құт.
***
55. Жарқырап тұрғанда жанып күн,
Жарқын ақ сәулеге қарықпын.
Басымда бағым бар,өйткені
Қасымда жарым бар – жарық күн.
***
56. Нұр болсам, өмірге құйылам,
Жыр болсам, қалайша тыйылам?!
Өткермек ісім көп өмірде:
От бер!-деп, Аллаға сиынам.
***
57. «Сүйем» деп,көзіңмен танылдың,
«Ием - тек өзің» -деп, табындың.:
Сүюдің бал сырын сезініп,
Сүйіндім, ләззатпен табылдым..
***
58. Қуансаң, оның да мұңы бар,-
Жуансаң, сәттілік туындар.
Өрімін есті жан ұғынар:
Өмірдің «ыстығы» суынар.
***
59. Ішкенде : «Асты,- деп,- ақылым»,
Күшенбе, күпінбе, жақыным.
Ішімдік – «шайтан су – мәкүрім»,
Түсініп, сөз сөйле ақырын.
***
60. Қайдасың,жалынды жастығым?!
Пайдасын көрсеткен жас күнім?
Қысылдым! Кәрілік, неге сен
Ұсындың «жантаю» жастығын?
***
61. Тәтті үміт осалды қалай ма?
Сәттілік – бақытың қалай да.
Іс күйін бұзасың, ақырын...
Іс – қиын, жарқыным, абайла.
***
62. Кенделік күйімде тарықтым,
«Пенделік» сиқымды таныттым.
Жер – Анам! Босқа мен налыппын,-
Сен аман болсаң, мен қарықпын.
* * *
63. Еш кірбің, кек ойға сақтамай,
Ешкімнің көңліне дақ салмай,
Кейіспей өмірден өткен соң,
Пейіштей болмай ма жатқан жай?
***
64. Қаныңды улады есірік,
Жаныңды қорлады есіріп.
Маскүнем, отыңды өшіріп,
«Бастың дем» өмірді кеш ұғып.
***
65. Нәпсінің тілін ап оңды кім?
Мас күнің ақыры болды мұң.
Ақыл тап адам боп өлуге,
Жақындап келеді «соңғы» күн.
***
66. Пайдасын оздырып қу, сұмдар,
Айласын қоздырып, сусылдар.
Жазасын арттырар күнәсі,
Азасын тарттырар құлқын- зәр.
***
67. Алланың ақ жолы – заңдылық:
Алла – Шын, бақ молы – мәңгілік.
Сарқыла іздендім, сол жолда
Артыма іздерім қалдырып.
***
68. Ісімді сеніммен бастадым :
Іс – үлгі, қызуын баспадым.
Өндірдім ісімді кезінде:
Өмірдің әр сәті – қас-қағым.
***
69. Есер қың ойламас ертеңін:
Өсер кім бақпаса өркенін?
«Күші көп» болса да, ертеңмен
Ісі жоқ ақылы келтенің.
***
70. Жететін мәреге жеттім деп,
Өте «тың» сөйлеме екпіндеп.
Берекет, жақсы ат та еңбекте,
Әрекет мақсатқа жеткізбек.
***
71. Күң болма нәпсідей жемітке,
Құл болма нәпсіге желікпе.
Құл болма сәнқойлық зерікке,
Құн бар ма жалтырақ көрікте?
***
72. Өмірдің «кірлерін» бас салып,
Көңілдің кірбеңін баспадық:
Ғаламда тыныштық орнайды,
Адамда болмаса қастандық?!
***
73. Жақсының зор нәмін «сындырдып»,
Жақсыны қорлама мұңды қып:
Дүрлікпе, қастекі, тарлықпен
Тірлікте болмайды құндылық?
***
74. Адаммын, адалмын, арлымын :
Адамның көтерем ар жүгін:
Жалындай жарқынмын адамға,
Жанындай досымын арлының.
***
75. Аз емес толысар кемдігім,-
Мәз емес болысар тең бүгін.
Ұдайым өрелі іс қылам,
Құдайым көрсетер кеңдігін.
***
76. Желегі биікте шындықтың :
Жеңеді биіктеп шын мықтың.
Құны жоқ жалғанның, шыншыл бол:
Құлы боп қалмағын қыңдықтың.
***
77. Жанасып, күлмеңдеп ұдайым,
«Жаны ашып» жүрген боп мүлайым,
Арбауға құмар-ақ кесір сұм:
Алдауға түсірме, Құдайым
***
78. Салғырттың «ісіне» сенбе, дос,
Сан қырттың «күшіне» көнбе бос.
Намысың қайрасын, тірлік ет,
Табысың - байлығың, елге қос.
***
79. Айлалы пес «ептеп» ішеді,
Пайданы есептеп, « пішеді».
Адамдық қолынан келмейді,-
Арамдық жолына түседі.
***
80. Досым-ау, күштің тап қайласын,
Осынау істің тап айласын:
Бере біл сен көптің қажетін,
Көре біл еңбектің пайдасын.
***
81. Зейілім – құштарым – білімде,
Мейірім – ұстаным – ділімде.
Сана дық, ойларым – ілімде,
Даналық ой нәрі – тілімде.
***
82. Өшігіп, даттаудан сақтасын,
Өтірік мақтаудан сақтасын.
Бақ, шама, барымды бағалап,
Ақшаға арымды сатпаспын.
***
83. Алланың ақ нұры – жанымда,
Алғамын бақтымды жалындап.
Атымен Алланың нұрланған
Ақыл – кен , тағлымды таным да.
***
84. Өзімшіл сүйер сыз мақтанды:
Сөзі кіл жүйесіз, ж аттанды.
Ісінген «сән» емес ,- датталды,
Ісінен мән емес тат қалды.
***
85. Алда да көп өткел, қиындық ,-
Аллаға тәуекел,сиындық:
Жан саулық кәдеде,болсын тек
Жалқаулық пәлеге тыйым - мық.
***
86. «Мастықтың» азабын зар таптым,-
Жастықтың «базарын» тарқаттым.
«Қызық» көп мәз, мақтан айтатын-
Қызық жоқ ләззаттан артатын.
***
87. Махаббат – тұңғиық,-құмарсың,
Махаббат – тым биік, құзар шың.
Азапты мол сыннан өтсең де,
Ләззатты сол шыңнан құларсың.
***
88. Өртенгем дір етіп өзегім,
Өрт емген жүректі сеземін.
Еркімде, қамалсыз махаббат,
Дертіне амалсыз төземін.
***
89. Жүрегін – қуатын білсін деп,
Жүрегім соғады дүрсілдеп.
Өкпем де терең дем алады,
Өткенге ой салып жүрсін деп.
***
90. Өмірдің өрнектеп өрнегін,
Өрілдім көрмек боп өнгенін.
Төзіммен жиғаным елімнің
Өзіне сыйладым бергенін.
***
91. Тұрмыстан кедейлік құрықтар,-
Тырмыссаң оған да ырық бар.
Адамда оңтайлы іс болса,
Әманда болмайды кіріптар.
***
92. Күн, ауа, жер мен су тұтасқан,
Мың дауа тіршілік, құт - аспан.
Заңдылық : түзіп тұр ғаламды
Сән құрып әлемшар ұштасқан.
***
93. Асықтым, тарлықтан сабылдым,
Асып тым қалыптан, сан ұрдым.
Өмірдей көрік бол тірлікке,
Темірдей берік бол , сабырым.
***
94. Өрен, сен қайғыны қуа біл :
Өнермен ой кірін жуа біл.
Өнер – қыз, көтерер көңілді,
Өнерсіз өмір - тұл,буалдыр.
***
95. Ертеңі талпынтқан өреннен
Ер теңі – жарқын жан көрем мен.
Ерсіден – жан қамы төменнен
Есінен танғанын көрем мен.
***
96. Байлығың – табысың, тапқаның.
Бай күнің – намысың, мақтаның.
Қарқында жеткенше мәреңе,
Халқыңа серт берсең, ақтағын.
***
97. Емінбе шын сүйсең, сүйдім деп,
Егілме «жандым да, күйдім» деп.
Сөзге бой алдырма,-іштей жан...
Өзге ғой ләззатты сый-құрмет.
***
98. Ғашықтық – «тілсіз тіл» сезінем,
Ғашық қып нұр тартты көзіңнен.
Уақыттың қосарын армандап,
Бақытты тосамын өзіңнен.
***
99. Жоқшылық – мойыған аштығым,-
Тоқшылық – тойынған аштығым.
Тағы мұң, сыр барын кім білер?
Тағдырдың сырларын ашты кім?
***
100. Наз бейне, сабырлы төзіммен,
Аз сөйле көп мәнді сөзіңмен.
Байқа : «Тіл тасты да жарады»,
Айта біл сөзіңді сезіммен.
***
101. Кержалқау мінезге шалдырма,
Керенау, қырсық боп, қаңғырма.
Місіңді жалқаулық баспасын,
Ісіңді аяқсыз қалдырма.
***
102. Ғылымның «аласы» болмайды,-
Білімнің «сабасы» толмайды.
Біл өндір дамуды, енбектен,
Бұл өмір жануды қолдайды.
***
103. Жалғанда жаңылмас адам жоқ:
Алданба байлыққа надан боп.
Жетейік адамдық биікке,
Өтейік өмірден адам боп.
***
104. Халыққа ой жалғап сан үлгім,
Жалықпай ой толғап, сарылдым :
Сөзімді тірлікке сараптап,
Өзімді тірлікте таныдым.
***
105. Уақытта көп болса тойлы күн,
Бақытқа – қызыққа тойды кім?
Бақыты мұңлы тек ойлының,
Уақыты жалғайды ой мұңын.
***
106. Сүймесе, айтарым аруға :
«Тимесең болғаны арыма»..
Дір етті жүрегім сен күлсең:
Жүректі отыңа қарыма.
***
107. Сенбе, дос, құрғақ сөз – мақтанға,
Сенбе бос кеудесін қаққанға.
Ісінген ер емес, оған сен
Ісінен нәтиже тапқанда.
***
108. Ерік боп құлқын мен ауызға,
Серік боп нәпсідей жауыз да,
Ақылды «жайлады», қу құлқын
Ақыры айналды жауызға.
***
109. « Аз күндік қызық,- деп ,-ішкенім!»
Азғындық жолына түскенің :
Бар бақты тәркілеп, қор болып,
«Бармақты» соңынан тістедің.
***
110. Кесірлі кер әйел «жетіліп»,
Есірді еріне жекіріп.
Түңіле ұрысты лепіріп,-
Түбінде тұр «іші» өкініп.