Адам қарады: 3231 | Жарияланды: 2017-07-10 04:30:39

Алашорда жолы

 

    Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бiрақ қайтып келiп ойнап – күлмес.

  Жаныменен кеуденiң айрылғанын,

 Өлдi деп ат қойыпты өңкей бiлмес.

Кей адам дүниеге бой алдырған,

   Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

  Өлдi деуге сия ма, ойлаңдаршы,

  Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.

                                                                                               (Абай)

 

 

 

Бірінші тарау

Барлыбектiң осындай iзденiстерi мен сұрауларының арқасында көп кешiкпей Түркiстан өлкесiне орталықтан ревизия келген. Ревизияның басы – сенатор, граф Паленнiң өзi екен.

Тексеріске Паленнің келуіне Барлыбектің қуанғаны рас. Өйткенi Барлыбек – Палендi бұрыннан бiлетiн.

Пален баяғыда қазақтың жерiн анықтап қайтуға жiберiлген экспедицияның құрамында болғаны бар. Оның осы жайында дайындаған әжептеуір жазылған жазба деректерi де көп болатын. Сол деректердің бәрін кезінде Барлыбек оқып шыққан. Сауатты жасалып, заңды дайындалғаны көрiнiп–ақ тұр. Әсіресе қазақ жерлерінің қауымдық тұрғыдан бастау алатын ерекшеліктеріне көп мән берілген екен.

Паленнiң өз басы Билiк етушi Сенаттағы жiбi түзу, мемлекет ісіне адал адамның бiрi болатын. Оның үстiне қазақ жерлерi туралы жинағандары мен жазғандары да өте көп, терең білімді кісінің бірі екендігі тағы бар. Ең бастысы Пален қазақ жерінің бiлгiрі саналатын.

Граф Паленнiң бұл өлкеге келуiне Патша үкiметiнiң Пошта және Телеграф департаментiнiң бастығы, қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия және интенданттық әскерлердiң толық генералы, генерал – лейтенант князь Ғұбайдолла Жәңгiровтың әсерiнің тигені рас еді.

Ал, осының бәрін ұйымдастырып жүрген адвокат, Мемлекеттік Думаның мүшесі – Бақытжан Қаратаев болатын.

Бақытжанның айтуымен Ғұбайдолла Жәңгiров патшаның өзiне өтiнiш жасап, сенатор Паленнiң осы мәселенi тексеруiне ұйытқы болған сияқты.                                                                                         

Граф Пален Түркiстан өлкесiн, соның iшiнде осы өлкеге қарасты Жетiсу облысының да мекемелерiнiң туземдік жерге байланысты жұмыстарын тексерген. Ол сол жолы Барлыбектi де өзiне жеке шақыртып, екеуі көп әңгімелесті.

Әңгіме арқауы бірте – бірте кеңіп, бір уақытта барып, жаңа өріс таба бастағандай болған кез еді. Осы жайды ұрымтал пайдаланып қалғысы келген Барлыбек бұл жолы ішіндегісін ақтарып тастағандай етті. Сол ретте Барлыбек сөзді арыдан қозғаған. Ол айтылмақ сөздің төркінін алдымен осы өлкені мекендейтін қазақ халқының тұрмысы мен ахуалынан бастамақ болды. Әңгіме арқауы осы болғандықтан Барлыбек қазақтың тұрмыс – тіршілігі, шаруашылық жағдайы, осы халықтың күн көріс көзіне айналған мал шаруашылығының жағдайы туралы Паленге кеңінен баяндауды жөн көрді.

Пален мен Барлыбек арасындағы әңгіме әсiресе жер мәселесi бойынша көп айтылып, ұзаққа айналған сөз болды. Барлыбек оған қазақтардың көшіп – қону тарихының экономикалық тұрғыдан қарағанда үлкен процесс екендігін айта келіп:

– Біздің халқымыздың жері өзінің географиялық жағдайына қарай, тек қана өмір сүріп келе жатқан ортасы ғана емес, сонымен бірге оның бірден – бір тіршілік көзі болып саналады. Былайша айтқанда, қазақ үшін жер өмір сүру кепілі болып тұр. Олай болса қазақ жерсіз бір сәтте өмір сүре алмайды. Жер қазақ жұртының барлық кездегі дамуының ортақ жиынтығын қамтыған құрамдас бөлігі болып табылады. Олай дейтінім, қазақ халқы жайлайтын жерлердің табиғи заңдылықтарының өзі ондағы тіршілік етіп отырған адамдарды осы ортаға бейімделуіне мәжбүр етті. Сондықтан қазақ атты халық үшін сол еріксіз мәжбүрліктің ең үлкен формасына айналған заттың өзі оның  малы болса керек. Соның дәлелі ретінде ықылым заманнан бері қазақтардың тіршілігінің басты көзі болып табылатын жартылай көшпелі мал шаруашылығын алсак болады. Мен сізге аса мәртебелі граф, еш жасырмастан осыған дейін бір жерде оқуға рұқсат етілмейтін кітаптардан оқыған аса қызықты деректі айтқым келіп отыр. Бірақ, ол туралы айтуға болмайтыны бар. Сондықтан сіз мені әрине ғапу етерсіз. Тіпті, одан ары барғанда, мені олай істеген жоқ деп есептерсіз деп, Барлыбек Паленнің жүзіне байыппен қарады. Оның бұл қарасында «Пален бұны қалай қабылдар екен?» деген сұраулы жүздің белгісі білініп тұрғандай еді.

Пален болса бұған бірден жауап берместен тұрып қалды.

Ал Барлыбек болса оған айтпағын әлі де осылайша ой елегінен өткізіп тұрған. Оның сәл күмілжіп қалғаны, мүмкін  содан да болған шығар. Ол жаңағы сөзді одан әрі дамытар алдында, осы жайында ескерте кеткендігі де сол еді. Өйтпеске болмайды. Оның қазір айтпағы, Россия елінде айтуға да, жариялауға да, болмайтын, тиым салынған дүниелер екендігі рас. Оған қоса осы бір жүрек қобалжытар жағдай тағы бар. Онысы осы заманның да өзіне сай неше түрлі кәрлі заңдарының барлығы. «Айтылуға тиіс емес сөзді айтсам, Пален оған қалай қарар екен?» деп Барлыбек іштей ой түйгендей болды.

Бір қараған адамға граф Пален жаман адам емес сияқты көрінетіні рас. Бірақ кім біледі, оның ойында не бар екендігін? «Нағыса да, бұл кісінің ойлануы мүмкін ғой, не деп кетті мына қазақ» деген ой бір жағынан тағы да Барлыбектің көкейінен кетер емес.

«Маркс айтқан сөзден мысал қыламын деп жүріп, қара басыма бәле тілеп алмасыма не кепіл?» деген ой тағы да Барлыбекті әуре – сарсаңға түсіріп те тұр. Бірақ жаңа ғана жылт еткен бұл ой, тәуекелге бел байлаған соң, артынша сейілгендей болды.

Барлыбек енді Паленнің дұрыс адам екендігіне еш күмән келтірмейтін секілді. Оған қандай да болмасын риясыз сенетін пиғылға келгенін іштей ұғынды. Тіпті, жаңағыдай қылып, бір жағы өрескелдеу сөйлегеніне өзі де ыңғайсызданып тұрғаны бар. Барлыбек енді өзінің қам көңілдік танытқандығына арланған раймен:

Олай болса құрметті граф, Маркс көшпелілер өмірі жайында талай үмітті сөздер айтқан екен деп сөз бастағысы келген ыңғай білдірді.  

Бағанадан бері, Барлыбектің айтқандарын ұйып тыңдап отырған граф Паленнің ажары, әңгіменің бұл тұсына келгенде сәл өзгеріп, жүзіне әлденеге таңдану ұялағандай көрінді. Сонысына қарай, мүмкін ол Барлыбектің жаңағыдай сөздерінің мағынасын қалай қабылдайтындығын білмей қалған кісідей көрінген де шығар. Түрі сәл өзгергенімен, сонысын байқатпайын дегендей қып, ол сыр берместен:

  • Айта беріңіз – деп ыңғай білдірді де, артынша:

Ойыңдағыңызды еш жасырмай айтуға болады. Мені жан дүниесі суық адамдар қатарына қоспасаңыз да болады. Маған сенсеңіз де, сенбесеңіз де өзіңіз білесіз. Бірақ мен туралы жаман ойдан аулақ болуыңызды өтінер едім. Егер бір бірімізден жасқанып, сыр айта алмасақ, онда не болғанымыз. Өйте берсек, бұл дүниедегі адамдар бірін бірі баяғыда жеп қояр еді ғой деді Пален кәдімгідей ренжігендей түр көрсетіп. Сөйткенде, бет ажары өзіне тән салмақтылығынан өзгерместен сол қалпында қалыпты. Үлкен, оқалы көзілдіріктің ар жағындағы көздері де байсалдылығын жоғалтпапты.  

Паленнің бұл айтқандары Барлыбекке қамшы болып тигендей етті. Енді оның Паленге деген сенімі бұрынғыдан анағұрлым нық көрінді. Дәл қазір Пален өзінің айтпағы нендей болса да, тыңдауға бардай пейілде сияқты. Соны ол анық сезінді.

Пален өзін жайбарақат ұстайтын адам екен. Көзқарасы байсалды, кең маңдай, маңғаздау келген Пален Барлыбектің тоқырап қалғанын аңғарып, оны сөзге шақырардай  түр көрсетіп:

– Құлағым да, назарым да сізде, айта беріңіз! – деп, оны тыңдауға даяр екендігін білдірді.

Айтуын айтып қалса да, Барлыбек күмілжіп қалған. Осыған дейін ол Паленді қанша «дұрыс адам» деп ойлағанымен қысылып, қымтырылып қалғанының жөні бөлек. Олай еткені тағы бір жағдайды еске алғандығы еді. Онысы, Россиялық әскери – монархиялық басқару жүйесі тудырған жаппай озбырлық болатын. Осы кезде бүкіл елде бірін – бірі аңду белең алған. Соның кесірінен мемлекетке қарсы деп ұстап беру де, жайланып бара жатқан еді.

Соны ескерсе, Пален жай кісі емес, патша мен үкіметтің сенімді қызметкері. Білдей бір үлкен мансап иесі, мемлекеттің әр түрлі тапсырмасын орындаушы шенеунік. Оның не ойлап, не қоятынын кім білсін. Барлыбекті әлі де сарсаңға салып, күмілжітіп тұрған осы болды.

Барлыбектің бұлай ойлауына әсте Пален кінәлі емес. Бұған кінәлі өзінің заманы сияқты. Барлыбекке осыны есіне сап, ескертіп тұрған да сол бір заманның кесепаты болатын. Қазір де, өзін қиялай сөйлетіп, қисынын келтірте ойландырып тастаған да сол еді.

Барлыбек басында сол заманға лайық сөйлеуді жөн көргенмен, мына бір ойшылдығымен, адалдығымен орыс қоғамының арасында көзге түсе бастаған Пален сияқты беделді адамның  айтқанын айналып кете алмады.

Пален соны сездіргендей болып басын изеп, иек қақты. Оның мұнысы Барлыбекке «айта бер!» деген ишарасы еді.

Барлыбектің қазір Паленге айтайын дегені Карл Маркстің жер жайында түйіндеп кеткен тұжырымдары жайында болатын. Дәл бүгінгі күні Россияда Маркстен асқан құбыжық жоқ шығар. Ал бірақ та Барлыбек үшін Карл Маркс ойларының кейбір тұстары өте қызық көрінетіні шындық. Оның әсіресе жерге қатысты жасаған тұжырымдары да дәл қазақтың жеріне байланысты айтылғандай болып тұрғаны шындық.

Ол бағанадан бері бұл турасында айтарда, алдымен қалай боладыға салып, күмілжіп қалғаны да сол еді. Маркстің бұлайша болуы, оның да орыс империясындағыларға өте қас екендігінен шығар. Үнемі жағымсыз көрінетін Маркстің бұл елде салған ылаңы да жетерлік сияқты. Соған қарай Россияда Маркстің аты аталмауға тиіс. Паленнің мұны қалай қабылдарын, алдын – ала білмеген Барлыбек, біраз кідіріп қалғаны содан болды. Өйткені, Маркс пен оның іліміне байланыстының бәрі Россияда құбыжықтай көрінетін және еш жерде айтылуға тиісті емес, «жабулы қазанға» айналғаны қашан.  Қазіргі Маркс пен марксизм деген атауларға  байланыстының бәріне Россияда қатаң тиым салынған. Оның жазғандарын бұл жерде айту тұрмақ, оқуға болмайды. Тіпті оның жазғандарын үгіттемек түгіл, қолға алып үңілуге қатаң тиым салынған. Өйтсең болды, империяның қас жауы болып шыға келесің. Міне, Карл Маркстің бұл елде де өзіндік осындай сыры бар. Мұның барлығын Барлыбек студент кезінен бастап біле бастаған.

Қалай болса да, Барлыбектің жеке өз басы үшін – Марксің тегін адам емес. Оған тиым салып, құртқысы келгендер қайта оның ілімін онан сайын өршіте түскен. Сөйтіп өздеріне көп жұмыс тауып отыр. Өйткені, адам баласына  «болмайды» дегеннің бәрі қызық, оны білуге құмартқызып тұрады. Сол болмайдының бәрін адам баласы үнемі білуге құштар болады. Олардың мұнысы адамның жаратылысынан болса керек. Сондай құштарлықтың арқасында Барлыбек те – Маркстің біраз жазғандарын, студент кезінен бастап жасырын оқып келеді. Бас кезде оның жазғандары өзіне өте күрделі болып көрінген. Бірақ, оқи – оқи келе біраз нәрсеге қанығып қалған. Көбін түсініп жатса да, түсінбегені де аз емес.

Өзінің тегі жай ғана ұсақ клерктерден шыққан Маркс, тіпті де ірі капиталист, товарөндірушілерге қатысы болмаса да, солардың жайы мен күйін керемет білетін болып шықты. Оның капитал билеген дүниедегі тап пен таптық күрестің болатындығы өз алдына үлкен мәні бар революциялық көзқарас болып саналып жүр. Ал қоғамдық өндіріс күштері мен құралдарына деген жекеменшіктікті жою сияқты ілімі тіпті бүлдіргі көрінетін. Сондай ілімдердің бәрі бүгінгі күні Россияның да дертіне айналған. Тіпті күннен – күнге елдің түкпір – түкпіріне сіңіп, әбден өміршең болып барады. Барлыбек те мұны сезіп жүр. Оның әсіресе көңіліне қонымдысы Маркстің жер туралы айтқандары. Ендеше қазақтың ең басты сорына айнала бастаған жер мәселесін Маркс айналып өтпепті. Ол жер мәселесі бойынша да талай сырдың бетін ашыпты. Жер – Маркс бойынша адам аяқ басып тұрақтап жүрген сұмдық бір байлықтың көзі ғана емес, онан көрі негізгі өндіріс құралдарының бірі ғана екен. Олай болса адамзат баласының бәрі бірдей оны пайдалануға құқысы бар болып шықты. Осындайлық көзқарастары болса керек Марксті барлық елдердегі билік біткеннің ата жауына айналдырғаны. 

Барлыбек кей – кездері Марксті де түсінгісі келеді. Бірақ айналып келгенде оның қазаққа берері шамалы сияқты. Қазақтың қолындағы байлық көзінің негізі мал болса, ол да жердегі жайылымға қарайды. Жерсіз мал – мал болмай қалады. Ал қазақтың еншісіндегі жер біртіндеп қолынан сусып кетіп бара жатыр. Ендеше Маркс жер жайында көп білетін сияқты, оның бұл туралы айтқандары да көп екен. Ендеше сол Маркстің айтуынша жер байлықтың ең бастысы болып саналады. Барлық байлықтың түр – түрін иеленгендер сол үшін оны жек көретін болу керек.

«Адамды көз қарасына бола соншама алалауға болады ма екен?» деп Барлыбек қанша ойласа да, бәрібір Маркстің ілімі жер дүниені тез кеулеп барады. Сол үшін ол Россияға да, басқаға да, аса қауіпті көрінеді.

Марксизмнің қандай да болмасын, мемлекеттік билік басындағылар үшін өте күрделі мәселе екендігін де, Барлыбек іштей сезеді. Марксті сондай еткен оның қоғам құрылысына, таптарға деген, онан қалса капиталдың билігіне деген көзқарастары болса керек. Өйткені, ол қазіргі заманда оқуға тиым салынған маркстік ілімнің атасы, өзі экономиканың барып тұрған білгірі. Ол жазған кітаптарды оқымақ түгіл үйіңде тығып ұстағаның үшін каторгадан бірақ шығатынын жұрттың бәрі жақсы біледі. Барлыбектің білетіні де осы. Бірақ біле тұра оның жер туралы айтқандарын айтып кетуге мәжбүр болды. Соған белді бекем буғандай етті. Осыны ойлап, сәл кібіжектесе де, бәрібір ойындағысын айтып салғысы келген.

Айтар сөздерін сәл жинақтап алған Барлыбек сөзді әріден бастады. Ол байыппен Паленнің жүзіне қарап қойып:

– Ендеше сол Карл Маркстің: «Көшпелілер үшін, үлкен, адам аяғы баспаған жерлерде шаруашылықты жүргізу, оның тіршілік әрекетінің басты шарты болып табылады» деп айтқаны бар. Ондайды ол өзінің әйгілі «Жер рентасына» байланысты еңбегінде көрсеткен еді. Соған қарағанда бүгінде қырғыз аталынып жүрген қазақ халқы өзі тұрып жатқан жерлерлі жаулап, басқа бір халықтан тартып алған жоқ. Біздің халық өмір бойы осы жерлерде тұрып келеді. Ал осы халықтың көшіп – қону укладына келетін болсақ, мұның өзі тек қана таңдаулы жайылымдарды іздестіру ғана емес, бұл мыңдаған жылғы қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына тығыз байланысты шыққан тіршілік түрі болып табылады.

Қазақ халқы жайлайтын жерлердің табиғи заңдылықтарының өзі ондағы тіршілік етіп отырған адамдарды осы ортаға бейімделуіне мәжбүр етті. Сондықтан қазақ атты халық үшін сол еріксіз мәжбүрліктің ең үлкен формасы болған да – оның  малы болып табылады. Соның дәлелі ретінде ықылым заманнан бері қазақтардың тіршілігінің басты көзі болып кеткен жартылай көшпелі мал шаруашылығын Марксше жорамалдап айтсақ болады. Былайша айтқанда ішкі Россиядан қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ халқының зорлықпен құнарлы жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығын терең тоқырауға ұшыратты – деді.

Барлыбек ешқашан Марксшіл болған емес. Тіпті, алып елдің ішін жайлап бара жатқан марксистік пікірді, оны таратушы социал – демократтарды да қолдамайды. Бірақ өзіне керек болғансын Маркстің сөзін шімірікпей айтып салды.

Бұған дейін, ол қалай ойласа да осының астарына үңілмепті. Маркс жердің қазақ үшін ауадай қажет, құндылығын дәп басып айтыпты. Өзінің тегі жай ғана, ұсақ клерктерден шығатын Маркс, экономика саласындағы көп жайды жақсы білетін болып шықты. Ол өзі тіпті де ірі товарөндірушілерге қатысы болмаса да, солардың жай – жағдайының керемет білгірі екендігі де Барлыбекке белгілі бола бастаған. Оның таптар және таптық күрес, қоғамдық өндіріс күштерінің даму заңы және оларды иеленудегі қайшылықтар сияқты көзқарастары тіпті бүгінгі күні Россияда да біліне бастаған. Ал ең бастысы Маркс «таптар арасындағы қайшылықтарды жоюға болады. Ол қайшылықтардың бәрі меншікті иеленуге байланысты екен. Меншік жойылған күні таптар арасындағы қарама – қайшылықта өз – өзінен жойылады» дейді. Маркстің ойлары Россияға тез тарап, күннен – күнге өміршең болып бара жатыр. Ал қазақтың сорына айналған бас қайғысы әрине, ол жер мәселесі. Жерге қатыстының бүге – шігесіне дейін білетін Маркстің бұған дейін өзіндік көзқарасы бар болып шықты. Ол осы жер атаулының да төңірегінде талай сырдың бетін ашыпты.

Жер – Маркс бойынша орасан зор байлықтың көзінен бұрын, адамдар қоғамындағы негізгі өндіріс қатынастары мен құралдарының бірі ғана болып саналады екен. Олай болса жер де меншік түрінің бірі болып шықты. «Таптық күрес жер төңірегінде де жүреді» дейді Маркс. Осындайлық көзқарастары болса керек Марксті буржуазияның, тіпті оның ескіріп бара жатқан ағайыны феодализмнің нағыз ата жауына айналдырған. Олай болса Маркс барлық билік біткеннің қас жауы болып шықты. Әзірге Барлыбектің білетіні осы ғана.

Барлыбек кей – кезде, Маркс туралы ойланғанда: «адамды көз қарасына бола соншама алалауға болады ма екен?» деп ойласа да, бүгін оның таптық күрес ілімінің Россияға да, басқаға да, аса қауіпті екендігін іштей сезінген. Олай болса, марксизм – қандай да болмасын, мемлекеттік билік басындағылар үшін өте күрделі мәселе екен. Марксті сондай еткен оның қазіргідей қоғам құрылысына жат көзқарастары болса керек. Ол таптарды қоғам құрылысының қозғаушы күші десе, оның барлық саналы өмірі қалайда капиталдың билігін құртуға бағытталғаны Барлыбек үшін белгілі болған. Сонда ғана ол Маркстің не үшін Россияның билеушілеріне жақпайтындығын сезе бастаған. Сондықтан Россияда оның іліміне байланысты жазылғандардың бәріне тиым салынған. Ол жазған кітаптарды оқымақ түгіл үйіңде тығып ұстағаның үшін каторгадан бірақ шығатынын жұрттың бәрі жақсы біледі. Барлыбектің білетіні осы. Енді міне, сондай билеушінің бірі алдында отырған Пален болатын. Россия империясындағы биік мансап иесі. Пален өзінен Марксті білесің бе деп сұрамады. Бұл сөз таба алмай айтқан жоқ, өз сөзіне  әр беру үшін айтты. Біле тұра сөйтті. Қашқан аңды қуа – қуа жете алмай шаршасаң, ол өздігінен сенделіп келіп құрып қойған араннан  бірақ шығатын еді. Барлыбек соның кейпін кигендей болды. Мемлекеттің һұзырлы шенеунігіне өзінің Маркске бүйрегі бұрып, кет ары еместігін білдіріп қалды. Марксизмнің бұл қоғамға жат, қауіптілігін біле тұра, Маркске сілтеме жасап, жүгінгендей болды. Онысын қазір айтпаса жарыла жаздағандай еді. Қазір енді, бұл сөз Паленнің көңіліне келсін, келмесін, болары болды. Бұл, атылған оқпен тең болды.

«Ендігісі не болса, ол болсын» деп айылын жимастан бұл ойын тыянақтағысы келген.

Паленнің бетіне қарап еді, сол қалпы сияқты. Оның жаңағыдай ойдан үркіп қалғандығын аңғара алмады. Баяғы салмақты жүзді, салқынқандылықты Паленнің болмысын көргендей болды.

Паленнің осы күйі өзіне дем бергендей боп, Барлыбек ойын адан ары бекіте түскендей қып:

– Карл Маркстің «Көшпелілер үшін, үлкен, адам аяғы баспаған жерлерде шаруашылықты жүргізу, оның тіршілік әрекетінің басты шарты болып табылады» деп айтқанын да оқып едім. Ондайды ол өзінің әйгілі «жер рентасына» байланысты еңбегінде көрсеткен екен. Соған қарағанда бүгінде Қырғыз аталынып жүрген Қазақ халқы өзі тұрып жатқан жерлерлі жаулап, басқа бір халықтан тартып алған жоқ. Біздің халық өмір бойы осы жерлерде тұрып келеді. Ал осы халықтың көшіп – қону укладына келетін болсақ, мұның өзі тек қана таңдаулы жайылымдарды іздестіру ғана емес, бұл мыңдаған жылғы қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына тығыз байланысты шыққан тіршілік түрі болып табылады» – деп ол Паленге қарап еді. Ол өзін мұқият тыңдап отырған адамның түрімен, үндемей отырған секілді. Паленнің бұнысы Барлыбекті онан сайын жігерлендіріп, емін – еркін сөйлеуге жетектегендей болды. Барлыбектің ендігі даусы нық шығып:  

– Қазақтар көбінесе жақсы жайылымдарды қалдырып, жүздеген шақырым жайлауға қоныс аударады. Сондай жаңа қонысқа шығар кезде әрбір ру немесе ауыл жыл сайын белгілі бір жолмен көшеді. Ал енді олар уақытша жол – жөнекей тоқтайтын болса да, сол бұрынғы ата – бабалары аялдайтын белгілі бір бұлақтар мен құдықтардың басына аялдайтын болады және қыстау үшін өзінің үйреншікті жеріне қайтып отырады.

Көш кезінде бір рудың немесе бір ауылдың екінші бір румен, ауылдың жолын кесіп өтуі немесе оның ізімен өкшелей жүруі мүмкін, бірақ оның бәрі қалыптасқан тәртіптің аумағынан аспау керек. Қалыптасқан тәртіп бұзылған кезде мұның өзі қандай да болмасын қақтығысқа тіпті, қанды қақтығысқа апарып соқтыруы мүмкін. Олай болса дәл бүгінгі кездегідей біздің халықтың жерін тартып алу деген нағыз масқара қылық! Оларға жасаған қысастық! Нағыз нәсілшілдік пиғыл. Олармен санаспай, өйтуге болмайды! Сондықтан әр кез қазақ халқы осындай зорлыққа қарсы екендігін аянбастан білдіріп жатады. Менің сізге айтайын дегенім осы жайлы болса керек.

Әсіресе, осы ғасырдың, яғни 1905 жылдан бастап Жетісу облысында жергілікті переселен мекемелерінің арқасында қазақтар пайдаланып келе жатқан жерлер переселендер қорына тартып алынып жатыр. Жергілікті переселендер мекемесі ондай үлеске қазақтардың өңделмелі жерлерін, яғни айтқанда қыстауларын, өңделмелі жер танаптарын: оның ішінде қолдан жасалған тоғандар мен арықтар арқылы суғарылатын бау – бақшалар мен өсірмелі тоғайларды, жоңышқалықтар мен жыртылмалы жерлерді де тартып алуда.   Өз жерлерінен қазақтар жаппай қуылуда. Олардың арыз – шағымына құлақ асатын ешқайсысы жоқ. Былай алғанда переселендік мекемелер 25 наурыз 1891 жылғы «Далалық Негіздер» туралы заңның   125 бапында көрсетілген: «әрбір көшпелі жер үлесін алуға және сол жерлердің аумағында тұрақты қыстаулар салуға, сондай-ақ, ол жерлерді өңдеуге, бау – бақша мен бақтар өсіруге, тұрғын үй мен шаруашылық жайларын тұрғызуға құқылы. Пайдаланылатын жерлер, сондай-ақ өңделмелі және тұрғын үйлер мен шаруашылық жайдар тұрған жерлер мұрагерлікке беріледі. Өйткені ол жерлерді (қырғыздар), қазақтар бұрыннан бері пайдаланған және ол жерлерде түбегейлі салынған құрылыстар, көп жылғы өсірілген ағаштар мен өсімдіктер бар» деп айтылған заңды белшесінен бұзыр отыр. Ал Жетісудағы переселен басқармасының бүгінгі іс – тәжірибесіне көз салсақ ол қазақтарды мүлдем күйзелтіп қана қоймай, сонымен қатар осы аталған заңға қарсы әрекет жасауда. Олар тіптен қазақтардан алынбауға тиісті жер үлестерін, бүткіл мәдени түрде өңделмелі жерлерін заңға қайшы болғанына қарамастан күштеп тартып алуда. Переселендік басқарманың сондай заңсыз әрекеттерін жақында Шығыс – Талғар, Шығыс – Қастек және Жайылмыш болыстықтарының қазақтары білдіріп жатыр. Олар өздерінің жерлерін Уақытша комиссияның тартып алып жатқандығына шағымданып арыз берген болатын. Тағы осы сияқты айта берсек заңсыздық жетерлік. Жақында бұндай оқыс әрекеттер Байсерке деген қалашықта болып өтті. Бұл поселкеде 178 қазақ отбасы тұрады. 1884 жылы Байсеркедегі қазақтар  мен Софийский станицасы арасындағы казактар арасындағы жер үлестері белгіленіп, бұл туралы Облыстық басқарма 1886 жылғы мамырдың 24-де өзінің №9600 бұйрығымен бұл істі бекіткен болатын. Содан кейін, екі жылдан соң, 1888 жылдың 20 желтоқсанында, жаңағы Облыстық басқарма қазақтарға ол қалашықты көркейту және жерлерді пайдалану жоспарын да бекітіп берген еді. Соның бәріне қарамастан, Жергілікті переселен мекемесі заңдылықты бұза отырып, Байсерке қалашығындағы қазақтардың 613 десятина жерін, соның ішінде: қазақтардың баулары, бақтары, бақшалары, темекі плантациялары, арық – тоғандары, жоңышқалықтары, суару құрылыстары бар жерлерді переселендерге беруге, онымен қоймастан 48 қазақ отбасы тұратын үйлерді қиратуға жарлық шығарған – деп айтып салды. Ол өзін енді ғана қызынып бара жатқандай сезінді. Бірақ ондай мінез Барлыбекке тән емес, жат мінез болатын. Сондықтан ол өзін – өзі басқандай болды.

Пален бұл жолы Барлыбекті жалықпастан ұзақ тыңдады. Оған жер төңірегіндегі көп заңсыздықтардың болып жатқанын Барлыбек мейлінше ашық айтты. Ол жер төңірегінде туындап отырған олқылықтарды Паленге барынша тереңдете түсiндiріп, оған қазақ халқы туралы, оның жері туралы көптеген нәрсені айтумен болды. Бұл мәселенің қазақтың барлық жерлерінде бірдей өршігіп, әсіресе Жетісуда ушығып тұрғандығын хабардар етті.

Барлыбектің айтқандары мен жинаған құжат пен қағаздары іске асып, Паленнің бұл мәселе бойынша көп нәрсеге көзін ашты. Оған қазақ елінің де, жерінің де, білгірі саналатын Аристовтың қазақ жерінің ерекшеліктері туралы жасап кеткен еңбектерінен мысалдар келтіріп те, айтты.

Әрине, бұл екеуінің өзара кездесіп, тексеру жөнінде көп әңгімелесіп жүргендігі көзден таса бола алмады. Соның бәрі дер кезінде губернаторға да жеткізіліп жатты. Бірақ бұл іске кедергі бола алмады. Пален алған бетінен қайтпайтын іскерлігін көрсетіп, тексерісті аяғына дейін жеткізді.

Сөйтiп, граф Пален, Барлыбектің айтуымен барлық жағдайды өз көзімен көрiп – бiлiп, iстiң мән – жайына қанық болды.

Кейінде Пален осы жайында жазғанда: «Өкінішке қарай переселен басқармасының да, тіпті қоныс аудару кампаниясының да әу бастан-ақ, заңнан ауытқу жолына түскені анық байқалды. Жергілікті, туземдік халықтың тұрмыстық – тарихи және шаруашылық – статистикалық жағдайын зерттеместен, сондай-ақ, Жетісу облысындағы қырғыздардың (қазақтардың) жерге деген сұранысын тексерместен және оларды жермен қамтамасыз ету ережелерін жасамастан, тек қана кездейсоқ факторларға жүгіне отырып, переселендік мекемелер Россияның түкпір – түкпірінен келе бастаған азаматтарға қырғыздардың (қазақтардың) бұрыннан бері иеленіп келе жатқан жерлерін, әсіресе, суармалы егіншілік, бау – бақшалық, бақтар мен орман – тоғай орналасқан және суғару жүйелері мен тоған, каналдарын бере бастаған. Бұл жергілікті, туземдік халық қырғыздардың (қазақтардың) оларға деген сенімін жоғалтып, қарсылықтарын туғызға бастады. Сөйтіп, Пален аграрлық саясаттың, қоныс аударушылық кампаниясының Жетiсу жерiнде орын алып отырған кемшiлiктерiн, жергiлiктi әкiмшiлiктегiлердiң кінәсі деп тапты. Онымен қоймай, осы тарапында болып жатқан заңсыздықтарды қатты сынап айтыпты. Тіпті, ол бұл жайды, оларға осы жолы түбегейлі мойындатқандай етті.

Паленнің осы мәселе бойынша тексерiс кезінде анықтаған көптеген кемшіліктер ол дайындаған ауқымды анықтамаға негіз болды. Онда патша өкiметiнiң солақай «Аграрлық саясатының» арқасында ендi ғана отырықшылыққа бет бұрған халықтың тым – тырақай қуаланғанын, олардың шөл мен шөлейт жерлерге күшпен ығыстырылғаны туралы да ашық айтылған еді. Ал мұның бәрі олардың ғасырлар бойы жүргізіп келе жатқан негізгі шаруашылық көзі болып табылатын – мал шаруашылығына кері әсерін тигізгенін де ашық көрсетті. Тек, соның салдарынан ғана Жетiсу аймағында отыз мыңнан астам халқы бар, бес мың бiр жүзден аса отырықшылық ошақтарының қиратылғаны туралы да мұнда айтылған еді.

Бұл жай осыған дейін мың құбылып, жанына жан жуытпаған, үстіне шаң қондырмаған Жетісу жерінің әскери губернаторының төбесіне түскен жәй оғындай болды. Оның «мемлекет ісіне беріліп, кіршіксіз таза істеймін» деген пікіріне дақ түсіргендей етті. Осыдан кейiн ғана барып, Жетiсу облысының әскери губернаторы генерал Покатилоның өкініші көбейген үстіне көбейе түсіп, соның аяғы үлкен ызаға әкеліп соқтырған еді. Енді ғана губернатор өзін қызметте өсіп, жетілгендей сезінетін. Соңғы кездерде ол өзін «Ташкент, не Омбы мен Орынбордың біріне генерал – губернаторлыққа кететін шығармын, олай болмағанда  астана жақтағы мансабы зор қызметтің біріне ауысармын» деген дәмеде жүретін. Енді сол дәмесінен айрылғандай болды. Губернаторға бұдан былай зор мансаптық өрлеуді көптеген жылдарға дейін жылы жауып қоюға тура келді. Жасы болса жылдан – жылға өсіп келеді. Ол енді осының бәріне мойынұсынып, тағдырына өкпелі жанның қылығымен жүрген сияқты. Тіпті осы мәселе бойынша Паленнiң атына жазған баяндау хат пен жазбаларында: «Өкiнiшке орай, бастапқы кезден бастап–ақ, қоныс аудару науқанының жұмысында заңнан шегiну етек ала бастағаны тексеру барысында ғана анықталды» деп мойындады.

Губернатор бір жағынан осыны мойындаса да,  әр түрлі себептерді келтіріп, қалайда ақталып қалуды да ұмытпаған секілді. Бірақ оның мұнысынан түк те шықпады. Пален оның жолында алынбайтын асу, мызғымайтын қамалдай болып тұрып алды. Ол – ол ма,  Граф Пален болса осы мәселе туралы аумақты баяндау хат, анықтама жазғанда орын алып отырған заңсыздықтарды атай келе:

         «Осы мәселемен тікелей айналысатын қызметкерлер қырғыздардың тарихи болмысы мен шаруашылық ұйымдастыру тәртібін терең зерттемей, сонымен бірге облыс бойынша жермен қамтамасыз етудiң жалпы құқықтық нормасын жасамастан, қоныс аудару ұйымдары бұл мәселенi үстүртiн барлап қана, қазақтардың қыстау, шаруашылық жайларын, егiн, бау, бақша, суғару жүйелерi бар жерлердi переселендерге үлеске берiп отырғандығы анықталды.

Переселендер қорының үлесіне түскен жерлер тек қана осындай жерлер болып тұр. Осылайша негізсіз жасалынып жатқан іс – шаралар көп жылдар бойы қалыптасқан қырғыздардың укладын бұзып қана қоймай олардың қарсылығын туғызып жатыр.

      Бұл iс тек қана, өзiнiң заңды шешiмiн тапқанда ғана, қырғыздардың жерге деген құқығын сақтап, екi жақты ымыраға келгенде ғана барып, дұрыс шешілмек деп ойлаймын. Әзiрге, бұл кампанияның түбегейлі жүргізілмегендігінен, жергілікті туземдік халықтарға тиімсіз екендігі белгілі болды. Түбегейлі зерттелмей жүргізілмегендіктен кампания өзiн – өзi ақтамай, керісінше осындайлық заңсыздыққа ұшыратып отырғаны анық» деп жазды.

Тексеру ревиязиясының осындай беталысына алдымен арқау болған, Ғұбайдолла Жәңгiровтың күшiмен Жетiсуға келген білімділігі жоғары, мемлекет ісіне адал граф Пален болса, екiншiден Барлыбектiң бұған дейiнгi осы турасында алдын – ала дайындаған көптеген қағаздары еді. Соларда ол қолды болып жатқан қазақ жерлері туралы зерттеу деректерi мен дәлелдi сөздерiн «тайға – таңба басқандай» етіп көрсеткен болатын. Паленнің комиссиясы бұлардың бәрін орынды пайдаланған еді. Барлыбек комиссияның өзіне қойған барлық сұрақтарына іркілмей жауап берген. Онымен қоймай, осыған байланысты жиналған барлық қағаздарды комиссияға тапсырған.

Жетісу жеріндегі тексеріс күн өткен сайын тереңдеп, бұл істегі көптеген заңсыздықтардың бетін ашып жатты. Біраз уақыттан кейін мұндағы ахуал комиссия үшін белгілі бола бастаған. Губернатордың алып – қашпа сөздеріне қарамастан, Паленнің бастауымен комиссия дұрыс бағыттағы  жұмысын осылайша аяқтауға айналды.

Комиссия жер төңірегіндегі мән – жайды жақсылап тексергеннен кейін, Пален істің анығына жеткендей болды.

Граф Пален бұл туралы Жетісу жерінің губернаторымен көп сөйлеспеген. Ол губернатордың бәрібір өзі басшылық етіп отырған билікті ақтап қалғысы келетіндігін де жақсы түсінген сияқты. Онсыз да губернатор Паленге өкпелі көрінген. Паленмен болған соңғы бір кездесулерінде губернатор өзінің ренішін жасыра алмастан:

– Біздің іске асырып жатқанымыз империя саясаты мен оның мемлекеттік мүддесі төңірегінде ғана жүргізіліп келе жатқан істер. Осыған байланысты қолданып жатқан шараларымызбен, бағыт – бағдарларымыз да дұрыс шығар деп ойлаймыз. Олай болмағанның өзінде оның оң мен терісіне билік айтатын да, бағдарлайтын да біз емес. Бізден де жоғары тұрған империя органдары болып табылады – дегенді айтты.

Губернатордың сөзі бұған өзінің кінәлі еместігіне комиссия басының көзін жеткізуге тырысқан ниетпен қайталана айтылды. Өзінің қыңыр мінезімен губернатор бұл істе әлі де болса алған бетінен қайтпайтындығын білдіріп салды. Паленге мұнысын жасырмай айтты. Бұл істі өзгертуді жоғарыдан іздеңдер дегенге сайып, бетбақтырмай қойды.

Губернатордың бұндай тоңмойын мінезі әрине Паленге ұнамаған. Бірақ ол онымен сөз таластырып жатқысы келмегені анық. Бұл оның губернатормен болған соңғы жеке кездесуі еді.

Бірақ кетерінде Пален бұл туралы Барлыбекке көп жайды айтты. Оның пайымдауынша тексеріс те әділетті жүргізілген екен. Пален бұл тексерістен нағыз жанашырлық ой түйіп, онысын кетерінде Барлыбекке білдіріп қалды. Сонысын ол Барлыбекке:

– Жергілікті жердегі империяның әр бір наместнигі осылайша ойлап, осылайша істей берсе, туземдік халықтың жағдайы онан сайын мүшкіл бола беретіні анық. Ерте ме, кеш пе, мұның бәрі жинала келе бұратана халықтың ашу – ызасын үдетіп, оны билік құрылымына қарсы шығаратыны белгілі. Соны мына губернатордың түсінгісі келмейтіні қызық екен – деп қынжылды. Оның губернатордың қылығына іші толмай отырғандығы осыдан кейін Барлыбек үшін белгілі болды.

Өз кезегінде Барлыбек те, қарап қалмай, оның бұл айтқандарына ырза болғанын білдіріп:

– Қазақ атын әлдеқашан жоғалтып, бұл күнде қырғыз аталып кеткен бодан халықтың тауқыметі көп, ауыр жағдайын өзіңіз сияқты түсінетіндер әлі аз. Империяның дуалы ауыз басқарушыларының көбінің ойынан осы күні де шовинистік елірме ой кететін емес. Қазақ сияқты әлсіз халықты әлі де болса олар төменгі сортты, жабайы адам санайтыны бар. Ақиқатты ашып бергеніңіз үшін сізге көп рахмет! Мемлекет ісіне адал, көреген екеніңізді тағы да бір танытып қалдыңыз. Жетісу халқы сізді ұмытпайтын болады – деп, көкейіне келген түйінді сөздерін астарламай ашық айтты.

Барлыбектің осы сөзінің өзі Пален үшін жеткілікті еді. Ол Барлыбектің жүзіне ойлы көзбен қарап, үндемей қалған. Тек қана, Барлыбек жаңағыдай сөйлегенде, оның айтқандарына қосылғандай боп, сәл ғана басын изеумен болды.

Пален де Барлыбектің ойындағысын сезген сияқты. Бірақ бұл турасында одан ары қазбалап жатпады. Екеуі де, бірін – бірі осылайша түсіністі. Бір – біріне ырза болысып, өзара ыстық ықыластарын да осылайша үндеместен, жылы қабақпен білдіріскендей болды.

Барлыбек бұл жерде Паленнің беталысын «дұрыс» деп жорыған. Тіпті оның шығарған шешімін «нағыз қазаққа керектің өзі екен» деп білген. Сөйтіп төбесі көкке жеткендей қуанып қалды.

Тексеріс аяқталысымен Пален жазылған анықтаманы губернатордың танысуына оның хатшылығы арқылы істетті. Паленнің губернатормен жолығып онымен тексеріс қорытындысы туралы нақты сөйлесуге көңілі дауламағаны осыдан-ақ байқалған сияқты. Бәрібір бұл өңірде тексеріс барысында анықталған олқылықтарды қайта қарап, шешуге бұл жақтағы әскери губернатордың да, тіпті Ташкенттегі генерал – губернатордың да, шамасы келмейтіндігін ол алдын – ала білген. Сол бетімен Пален бұл тексерістегі көп ақаудың бетін ашқандай болысымен кетуге асыққан. Ол енді ештенеге алаңдамастан өзі қызмет ететін ел астанасына жетіп, бұл туралы хабарлама жасауды ойлаған. Паленнің өзіне салсаң тіпті тағы айналып келіп губернатормен осы жайында сөйлеспек түгілі, онымен амандасып қалуға да, еш зауқы соқпаған секілді. Бұл оның төтенше жасаған байлауы болды. Оның бұл туралы жылы сөйлескен адамы Барлыбек қана еді. Оның осы істің анық – қанығына жетуіне мүдделі екендігін де ол түсінетін.  Соңынан Пален бұл туралы Барлыбекке әділ шешім қабылдануына уәде етіп, онысын Жетісу хакімдеріне сездірместен, өзімен бірге келген адамдарын жинап, келген ізімен Петербургке қайтып кеткен.

         Комиссия кетісімен-ақ, оның соңынан топырақ шашарлары ілезде бас көтере бастады. Алдымен сүйкенетін адам таппаған облыстағы әкім біткеннің атаулысы бірден Барлыбекке шүйлікті. Олардың кесірі алдымен бұл жақта қалған Барлыбектің басына қара бұлт болып төнгендей болды.

         Бұл да болса, Барлыбекке үйреншікті істей болып көрінген. Мұның бәрі өзіне губернатор тарапынан алда көрсетілетін қысымның тек пұшпағы ғана сияқтанып тұрса да оның көңіліне еш қаяу түсіре алмады. Тек қана ішінен: «бір құдай жар болсын, ел үшін аянарым жоқ» деп ойлаған. Тек қана, ендігі жамандық атаулының қай тұстан келетіндігін аңдағандай болып жүре берді. Бірақ бұл жайдың зілі мен уыты әлі де болса күшті екен. Оның Барлыбек басына келер шығымы мен жайы да бір бөлек болып шықты.

          Губернатор әкімшілігінің өзіне деген қара қазандай өкпесінің бұл кезде үлкен кекке ұласатынын Барлыбек алдын – ала сезсе де, мұндай алапат қату болып шығатындығын күтпеп еді. Соның бәрін кейіннен барып білді. Ол енді осы турасында көрер көрешегін де көріп, татар заһарын да тата бастады. Ең қиыны сол бұл жақтағылар Барлыбекке деген қастықтарын еппен істеді. Оған деген сұмдықтарын іштен шалғандай етіп, оның өзіне білдірместен жасай бастаған.

           Осындай сұмдықтарды бірінен соң бірін басынан өткізе бастаған Барлыбек, ондайлардың барлығынан бірдей жиренсе де, қатты түңілсе де, бәрібір құтыла алмады. Ол соның бәріне шыдаумен болды. Енді қайтпек еді? Осының бәріне көнді. Көнбеске оның амалы қалмаған. Қолдан келері жоқ. Тағы да, бір өзі қалды. Жападан – жалғыз қалды. Алысар жау көп, әмбе шетінен қаскөй. Оларға қарсы шығар қауқар өзінде жоқ. Қарсы тұрар дәрмен де барған сайын азайып барады.

           Барлыбек Пален кетісімен-ақ осыны көріп, білді. Көрер көрешігінің дәмін де бірден тата бастаған. Тіпті өзін аяқтан шалып сүріндіргісі келетіндердің қимылының күннен – күнге күшейе түскендігін аңғара бастаған. Ол алдын – ала мұны сезсе де, түк болмағандай болып жүре берді. Енді оған бұдан былай Покатило адамдарымен болатын әр кездесу өзінің ту сыртынан қадалатын қанжар сияқты сезілген. Кертартпалық пен арамдыққа толы пиғылдары да барған сайын зұлымданып барады. Көп кешіктірмей-ақ, бірінен – бірі асып түсетін сондай сұмдықтарды Барлыбек өз басынан кеше бастаған.                                                                  

Бірақ бәрібір де, соған қарамастан Барлыбек көңілі әлі тың. Дүниеде өзін ешкім мұқата алмайтындай сезінеді. Тіпті кейбірде ол осының бәрін көңіліне медеу тұтып, «елімнің сойылын соқпағанда, не үшін жүрмін» деп қуанатын да болып жүр. Ондайға дем берген әнеу күнгі, келіп кеткен Пален комиссисы сияқты. Өйткені Барлыбек үшін Пален комиссиясының жұмысы, жер үшін болып жатқан тартыстағы алғашқы жеңiстей болып көрiнді. Ол осы бір әділеттіліктің нышанына балаша қуанып, дереу Бақытжан мен Әлиханға хат жолдаған. Әсіресе, Бақытжанға алғысын жаудырып, оған Жетісу халқының атынан Ғұбайдоллаға да рахметін айтуын сұраған.

Барлыбектің бұл қуанышы көпке бармады. Ендігінің бәрі оның өзі күткендей болып шықты. Осыған дейін қол жеткізген жеңістің кері соғар, серіппе күшінің де аз болмайтындығын оның өзі пайымдағандай еді. Енді ғана сол қайта серпер күштің ең қатты соғар серпініне тап болғанын сезді.

Кейiнiрек осы тексерулер мен қазақтардың жерлерiнiң төңiрегiнде өкiмет үшiн болып жатқан жағымсыз әңгiмелердiң ұшығы қайта айналып келiп Барлыбектiң өзiне соққы болып тигені былай тұрсын, оның Верный қаласы мен Жетісу даласындағы әр басқан ізін біреулер аңдып, соңынан сығалап жүретін болды.

Бұған басты себеп Паленнің Жетісу губерниясындағы жер төңірегінде болып жатқан олқылықтар туралы жоғары жаққа ашып айтқандығы да өз әсерін тигізген сияқты. «Таз ашуын тырнадан алады» деп, Пален комиссиясының тапқан жаманаттарының бәрiн губернатор Покатило – Барлыбектен көрді. Лезде оның көзiне Барлыбек iштен шалып жүрген, ең қатiгез, бітіспес жау боп шыға келген. Ол енді Барлыбектің көзін бір жолата құртуды ойластырып, ақтық іске бет бұрды. Мұның бірінші қадамы ретінде ол алдымен Барлыбекті қызмет жасайтын жерінен тайдырып, содан кейін бұл маңайдан қарасын өшірудің жолын да қарастырып қойған. Ал жақын арадағы оның ойы Барлыбекті істеп жүрген қызметінен шеттету еді. Губернатор алдымен осыдан бастауды жөн көрген.

Себеп осы болса да, өкiмет билiгiндегiлер өздерiнiң қас жауына айнала бастаған бiлiмдi де, бiлгiр шенеунiктi қызметтен ашық түрде шеттетудiң есебін таппай, оны соңғы кездегi денсаулығының нашарлауына байланысты отставкаға кетiрудi ойластырып, мұнысын дұрыс деп шешкен. Тіпті осы пиғылын бірден іске асырмақ болып, соның өтіміне көшті.

Бүгін міне, губернатор өз пиғылын салалап, ойын зерделеп отырған. Покатило ойы ашуға көп берілсе де жігі бұзылмастан, бірінен – бірі өткендей боп, қиястанып кетеді. Бәрібір қалай болса да ол Сыртанов сияқты «жаман киргиздарға» көрешігін көрсете алады. «Мені оңай екен деп ойламасын бұлар» деп сол ойын қазір іске асырғысы келіп отыр. Өзі бастамаса бұны ешқайсысының батып бастамасын ол біледі. Бастап берсе болғаны ары қарата алып кетеді. Орыс мемлекеттік билігінде мұндай көзқарастың орнағанына көп заман өтсе де әлі сол қалпында қалған. «Өзің бастап бермесең өзіңе бағыныштылар ондайды білмейді» деп Покатило қынжылғандай болды. «Содан кейін барып басқаларына тиіп жатар» деп Покатило бір шешімге келгендей болды.

Таң ертеңнен жұмысқа келмей жатып, губернатор Покатило өзінің ашулы екендігін айналасындағыларға бірден аңғартты. Оның салқын қабақ, кірбің жүзін айнытпай танығандар сел тете қалған. Губернатордың бұл түрі жайшылықтағыдай емес сияқты. Мұны бірден байқаған бағынышты қауым лауазымды бастықтарының көзіне түспеуге тырысты. Олар бір – бірімен тек қана сыбырласып, губернатордың бүгін жұмысқа қырын қабақпен келгенін жақсылыққа жорымай отыр. Біраз уақыт өтсе де, губернатордың әлі өзіне – өзі келе алмай отырғандығынан қоластындағылардың көбі хабардар болды. Оның сұсты түрінен шошынып, қаһарына ұшырағысы келмегендер бұл кеңседен бір жола безіп кеткісі келгендей еді. Ашулы губернатордың көзіне түспеуге тырысқандардың көбейе түскен.  

Губернатор өзінің жұмыс кабинетіне кірісімен алдымен өзiнiң көмекшi адъютантын шақыртып алды. Сол күйі қабағын ашпастан, оған даусын көтере сөйлеген. Губернатор екпіндей сөйлеп, қатты бұйырды. Әңгімені де облыс басына мезгілсіз келген жайдан бастаған.   

– Дереу облыстық басқарма кеңсесіне менің атымнан жедел тапсырма беріңіз! Ондағы айтылатын мәселе біреу. Оның өзі әнебір киргиз Сыртанов жайында болмақ. Басқармадағылардың өз қарамағындағы қызметкерлерімен жеткілікті жұмыс iстемейтіндігін оларға ашып айтыңыз. Басқарма қызметкері Сыртанов облыстағы ынтымақты істерге ат салысудың орнына біздің етегімізден тартып, келетін комиссияларға ішкі сырларымызды ашып беруде. Біздегі орнаған басқару әдісін әшкерелеп, масқара етіп жатыр. Мен оларға айтқалы қашан, сол бiр Сыртанов деген «оңбаған киргиздiң» көзiн құртыңдар деп. Оны облыстық басқарманың маңайынан жүрмейтіндей ету керек. Денсаулығына байланысты деп пе, жоқ әлде қызметінде көп кемшіліктері бар дейсiңдер ме, әйтеуiр сылтау тауып дереу отставкаға жiберiңдер деп айтқаным қайда!? Қашанғы менің айтқанымды сендер іске асырмайтын болдыңдар!» деп губернатор ашуын баса алмастан, адъюдантына түтіге қарады. Осы кезде оның аққұба өңі қызарып, бірден нарттай болып шыға келді.

Бұл оның ашуының бер жағы екен. Нағызында адъютанттың ұққаны губернатордың қатты ашуланғандығы еді. Бұрын – соңды болмаған ызалы губернаторды бірінші рет көруі. Мұны көріп адъютант шын састы. Бағанағысы – бағана ма, ендігісі тіпті қиын болды. Сондай кезде қолына алдымен түскен адъютант болды. Бұл кезде губернторды ыза мен ашу әбден кернеген кез. Оның түрі қатты өзгеріп, бет жүзі түтігіп кетіпті. Қанталаған көздері оқтын – оқтын кәрін шашып, адъютантқа қадалуын қоймайды. Нарттай болып қызарып кеткен губернатордың даусы да осы кезде барынша зілді шықты.

– Қайда анау? Несмеянов қайда, дедім ғой мен саған? – деп зіркілдеді.

Несмеянов Облыстық басқарманың бастығы еді. Барлыбек соның қол астында істейтін. Жалпы алғанда Несмеянов жаман адам емес. Көбінесе губернатордың сөзімен жүретін жуас кісі. Ол губернаторға ешқашан қарсы келмейтін. Біраз ынжықтығы басымырақ болатын. Сол себептен Барлыбекті жұмыстан шығаруға әлі босаңдық білдіріп жүрген.

Ызалы бастығының сұсты түрінен, оның айбаттанғандығынан адъютанттың зәресі ұшып, есі шығып кетті. Ол енді не істеп, не қоярын білместен, тек екі қолын мықынына тіреп, өкшелерін бір – біріне қайта – қайта тигізумен болды. Онысы әскери тәртіп бойынша «құп болады» немесе «орындауға рұқсат етіңіз» деген белгісі еді. Сол күйге түскен адъютанттың хром етіктерінің өкшелері көпке дейін бір – біріне тиіп, сартылдай берді. Бұл кезде ол не шығарын, не шықпасын білместен есік алдында тұрып қалды. Губернатордың да шу дегендегі ашуы бұл кезде одан әрі үдей түскен. Көзіне түскені де, қолына іліккені де адбютант болса ол әлі тыпырлап есік алдында тұр. Байғұс адъютант кетейін десе кете алмай, иесі тағы бірдеме айтар ма екен деп айналшықтап кеңсе босағасынан ары аса алмастан тұрғандығы губернатордың жынын онан ары қоздырды. Адъютанттың мұнысына онан сайын ызаланған губернатор енді оны нағыз әзірейілдей көрді. Одан тез құтылғысы келгендей болған губернатор, аузына келген сөздерін түйдек – түйдек етіп шығарды.  

– Если все понятно, на хрена стоишь как истукань! Сгинь с моих глаз! – деп, соңғы атақсыз сөздермен әрледі де ол байғұстың екі аяғын бір етікке тыққандай етті.

Есі шыққан адъютант жөпелімде не істеп, не қоярын білмей қалды. Сасқан үстіне сасып, ебі қашып кетті. Бір кезде ғана ол құп – қу болған жүзін көтеріп иесіне көз салып қараған болды. Оның қаһарлы сипатына көзі түсісімен көзін ілезде тайдырып әкетті. Сөйтті де қайтадан сіресе түсті. Осы кезде, өз – өзінен оның қолдары дірілдей бастады. Ол тіпті қолдарындағы қағаз салған папкісін түсіріп ала жаздады. Қатты абыржыған адъютант күндегі әдетінше сап түзеп кері бұрылып шығуға шамасы келместен есіктен көткеншектеп арт жағымен шықты.

Адъютант губернатор кеңсесінен қалай шыққанын байқамай қалды. Бүгінгі күннің өзіне қиын болғандығына іші ашып, бір жағынан губернатордың өзіне жылы қабақ танытпай қалғандығына күйінді. Талайдан бергі естімеген сөздерін де естіді. Ондай сөзге адъютант аса таң емес. Күнде еститін құқайы. Бірақ қожайынның қазіргі ашуы тым ерекше көрінді. Сөзі де мірдің оғындай екен. Сондықтан оның біразға дейін тіл – аузы байланғандай болғаны содан еді. Құзырлы үлкен басшының мұндайлықты түрін бұрын байқамағандықтан, бірталай уақыт аңырайып, өзіне – өзі келе алмай тұрып қалған. Енді байыптап қараса, осының бәріне әне бір киргиз кінәлі сияқты. Оны адъютант жақсы таниды. Сыртанов деген кісі. Түріне қарасаң байсалды келген, салауатты кісіге ұқсайды. Ал енді істеп жүргеніне қарағанда ондай емес көрінеді. Бәрін бүлдіріп жүрген сол екен. Губернаторды ашуландырып қойған сол болды. «Неге тыныш жүрмейді екен ол киргиз?!» деп Сыртановты жек көріп тұр. Адъютант губернатор кеңсесінің абажадай терезесінен тысқа көз салады. Ондағысы даладан жаңағы өзіне сор болып жабысқан киргиз көрінер ме екен деген ойы болса керек.

Губернатордың кеңсесінен шыққан сөз, оның бүкіл губернаторлыққа берген әміріндей болып шықты. Оның сөзі басқарма кеңсесіне сол қалпында жетті. Ондағы билік басындағылар жиналып алып, бұл жәйға байланысты қатарынан бірнеше кеңес өткізген. Сөйтіп, ақылдаса келе, Барлыбекті денсаулығына байланысты отставкаға, не болмаса басқа бір жұмысқа жіберуді жөн десіп шешкен.

Ақыры шуылдасып – шуылдасып барып, «ерекше тапсырмалар бойынша шенеунік Сыртановты уақытша қызмет бойынша төмендеуге лайық» деп тауып, облыстық басқармадағы жұмысынан бiр саты төмендетiп, Верный қалалық басқармасына жұмыс жасауға жiберді. Соның артынша губернаторға бұл туралы хабарлап: «Әзірге осындай шешімге келдік. Кейiнгiсiн тағы ойластырып жатырмыз. Біраз уақыт өтсін. Осыдан кейiн оны бiржолата отставкаға жiберермiз» деп, алдымен оған Барлыбекке істеліп жатқан жамандықтың бетін ашқандай болатын.

Барлыбектің бұрынғы қызметінен алынып, төменгі қызметке кеткені алдымен де «оның ел ішіндегі абыройы мен беделін түсіреді» деген ойда болған губернатор қатты қателескен еді. Қайта ел ішіндегі оның беделін онан сайын арттыра түскендей етті.

Барлыбектің басына түскен ауыр күндер тағы да осылай басталған  еді. Бұл жағдай қазақ еліне тез тарап кетті. Барлыбектің басына үйірілген қара түнек, елдің басына үйірілгендей болды. Ел өзінің жан ашыр адамының басына қара бұлттың тағы төнгенін қайғыра ойлап, аһ ұрған. Барлыбек пен билік арасындағы алауыздық туралы сөздер тіпті алыстағы Әлихан Бөкейхановқа да жеткен болатын. Әлиханға бұл туралы айтқан Міржақып Дулатов еді. Міржақып Жетісуға жиі қатынайтын. Ол өзі тұратын жері Семей өңірінен Жетісуға талай келіп, тіпті бірнеше рет Қарағаш ауылында да болғаны бар. Сонда Мамановтар жариялаған «жақсы роман жазушысы» деген бәйгеге қатысқан болатын.

Мiржақыптың өзі Торғай жақта туып – өссе де, жас жігіттің ең қызық өмірінің дені Семей жақта өтіп жатқан секілді. Ол қазір Семейдің таулы Алтай жағындағы қазақ мектебінде сабақ беріп жүр екен. Өзі атағы шыға бастаған ақын, әмбе жазушы бола тұрып, қарап жүрмей «қазақты қалайша қазақ етеміз» деп жүрген зиялыларға бір табан жақын екен.

Міржақып, әсіресе Әлихан  Бөкейхановпен өте жақын дос, қазақты көркейту ісінде де онымен бірге жүретін сенімді серігі, әмбе ең жақын көмекшісіне айналыпты. Сонымен қатар, ол зиялы қазақ азаматтарының арасында да өзіндік беделге ие болыпты. Қазақ баласына қатысты барлық істерде Әлиханды ең күшті қолдаушы да өзі және үнемі онымен көзқарастары сәйкес келетін кісі.

Барлыбек басына қара түнек орнаған кезде Міржақып Верныйға келіп кеткен. Кейінірек ол Семейде Әлиханмен кездескенде өзінен Барлыбектің жағдайын сұрағанда, Мiржақып оған бұл кездері Барлыбектің жер мәселесіне байланысты дауға араласып, Жетісу жерінің губернаторы оны қызметінен босатқанын айтқан. Көңілі оны жамандыққа соншама қимаса да бірақ ол Барлыбектің ел үшін күйіп жүргенін ескере келіп:                                                                    

– Барлыбек үшiн бұл бiр дейсiң бе? Губернаторға осынша жақын болып жүрiп, һеш уақытта өз ойын, өз сырын һеш кiмнен жасырған емес. Қазақ десе ішкен асын жерге қояды. Қандасы десе іші – бауыры елжірей түседі. Халықты ойлаймын деп күйіп жүр! – деп айтқан едi.

Міржақыптың осы сөзінен-ақ, Әлихан Барлыбектің баяғы Петербургтегі күндерінен бір ауытқымай келе жатқанын, ел үшін күйіп жүргеніне көзі жете түскен. Оған Міржақыптың айтқан сөздері Барлыбек үшiн дәл берілген әдiл бағадай болып көрінді.

Губернатордан тапсырма алған шенеунiктердің Барлыбек тағдыры туралы қабылданған әділетсіз, қарау ісі әзірге осындаймен шектелгендей еді. Губернатордың арсыздығы, оның қол астындағы шенеуніктердің немқұрайдылығы ақыры бір жақты арам пиғыл, әділетсіздік  іске әкеліп соқтырды.

Мұнысымен қоймай Покатило Барлыбектiң iзiне түсуге Жетiсу жандармериясының басшысына да, сонымен қатар Верный қаласының полицмейстерi мен городовойына да қажетті тапсырма берген.

Губернатор тарапынан осы жайға айрықша мән беріліп, қатты көңіл бөлінгені мұнымен де бітпеді. Верный қаласындағы барлық тыңшылық, алдын ала тергеу, аңду жасайтын көп қауым қол қусырып қарап отырмай, өздерiнiң жандармерия және полиция қызметкерлері мен жансыздарын Барлыбектiң iзiне түсiрiп, оның басқан iзiн аңдып, шүйлiккен үстiне – шүйлiге түсті.

Барлыбек болса Жетісу облысы әскери губернаторы тарапынан өзіне жасалып жатқан теріс пиғылдың бәрін басынан кешіре бастаған. Соның бәріне көніп жүрсе де еш сыр бергісі келмеген. Өйтпесіне болмаған. Оның бәрін өзіне ұқтырған заман ағымы сияқты. Қазіргідей қарғыс атқан, қарысты заманның кейісті бір сыры да осы болғандай. Барлыбек те осылайша ойлап, осымен шектелген. Бірақ қанша ойланбайын, қайғырмайын десе де болмайды екен. Көңіліне келген осындай ойлар оны жегідей жеп, күннен күнге көбеймесе азаятын сияқты емес.

Мезгілсіз келген губернатор қаһары өзіне тікелей келгенімен қоймай үй – ішіне де, көптеген ауыртпалығын әкелген. Бұрынғы алып жүрген жалованиесі бұл кезде барынша азайып, қысқа жіптей болып, күрмеуге де келмей қалған. Онда да, кеңседегі есеп пен қисаптың адамдары әр түрлі сылтау айтып өзі азайған ақшаны онан сайын азайтып жүрген сияқты. Қит етсе, «анаған ұстадық, мынаған ұстадық» деген сылтауды көлденең тартады. Бірақ Барлыбек олардың осындай қысастығына сабыр сақтап, үндеместен жүре бергенге үйренген. Тек қана, жалованияға қарап отырған үй – ішіне жоқшылықтың белгісі біліне бастаған. Бірақ Барлыбек алған бетінен қайтпады. Соған бола райынан қайтып, біреулерге жалынуды ар санаған. Қылышын сүйретіп үйіне жоқшылық келсе де, өз дегенінде тұратын кісінің тірлігін білдіріп, ешқайсысына мойын ұсынып, жалынған емес.

Алдымен үйге келген қиындықты білдірген бәйбіше болды. Ораза күндері көрші – көлеңге, ауыз – ашар берейін десе, бауырсақ пен шелпек пісіретін ұн таусылуға айналыпты. Сатып алайын десе ақша жоқ. Соның кесірінен оның ендігі шыдамы таусылған секілді. Әншейіндегі сабырлы, салиқалы әйел заты үй иесінің қылығына шыдамады.

– Неғып, осы қайта – қайта, мазаңыз кетіп жүр? Неге ғана ұрынарға қара таппағандай, тағы да жандаралдың алдын орадыңыз? Сіз өзіңіз әуелі оған тиіспесеңіз, ол сізге тиіспес еді. Ендігі күйіміз осылайша бола берер ме еді? Соның кесірінен ақшасы әжептеуір қызметтен қағылдыңыз. Енді өзіңізді осы біреусінен тағы қуса, тіпті, қайда баратыныңызды білмейсіз? Қазіргі жандаралыңның барлық адамдарының соңыңыздан түсуінің өзі соны меңзеп тұрған жоқ па. Тым құрыса, елде мыңғырып жатқан ата – бабаңыздың қалған мал да жоқ. Онымен қоса құшағын жайып қарсы алатын бізде туысқан көп пе еді. Бөліп – жарып беретіні жоқ. Келсең  – келе ғой деп бізге кенезесі кеуіп отырған да, ешқайсысы жоқ шығар? Елдің көсегесін көгертемін деп жүріп бала – шағаңыздың бір күні сайда саны, құмда ізі қалмайтынын ойладыңыз ба?! – деді. Сөйтіп, көзіне келген жасын ірке алмай қалған.

Жоқшылық тауқыметіне кірген әйелдің үй иесіне ашқан сыры осындай еді. Бәйбішенің жаңағыдай сөзінен бір жағы өзіне деген өкініші мен ренжісі қатар білінген. күйіну, одан да бері қатты налу бар. Соның белгісіндей боп, даусы да өзгеріп шыға келіпті. Даусында күйіну, одан да бері қатты налу бар.

Бұл сөз Барлыбек үшін оңай тимеді. Көзінің жасын бұлаған әйел заты, ащы болса да, шындыққа жақын мәністі төңіректетіп тұр.

Барлыбек қамығып тұрған әйеліне, тіс жарып сөйлегісі келмесе де, ойын айтып қалуға оқталып:

– Өзімнің осындайлық істеріммен мен сонда не бүлдірдім екен? Ол да болса көпшілікке қарайласу ғана емес пе? Соры қайнаған, сор маңдай халқымызды мен ойламасам, басқа ойламаса, не болғаны? Оған жаны ашитын кім бар? – деп, Барлыбек әйелі жағына жақтырмас бір көз тастады да, үндеместен қала берді.

Сол қалпы, қозғалмай қалған Барлыбек ішінен күйініп: «елге дұрыстың бәрі неге ғана билік біткенге бұрыс болып шығады? Ақыры, міне, келе – келе, мұның өзі де, бала – шағаға залалын тигізіп кетті. Осының бәрі қиянат қой» деп, бір жағы қайғырып, бір жағы өкініп те, қалған еді. Бірақ қанша қайғырып, қанша өкінсе де осы күнге дейінгі істелген істерге ырза сияқты. Соған өзі іштей тәуба қылып тұр. Ол үшін қазір ең өкініштісі басына түскен тауқымет қана. Бала – шағасының тұрмыстағы қысылғандығы болмаса, басқадай өкінері жоқ сияқты. Тек солардың қамы үшін зардап шекпесе, басқаға ол еш өкінбейді. Бәрібір өкінгеннен не пайда? Қазір қайта салса, өзі осыны қайталап істейтіні анық екеніне шүбә келтірмейді.

Үйдегі бәйбішенің кінарат тағып, қисынын тауып кейіс сөйлегеніне Барлыбек шыдам білдіріп, сабыр сақтаған. Бірақ бәйбішесіне айтқысы келгенін ішіне сақтамастан, оған баппен жеткізді.

– Қойсаңшы енді. Бір біздің басқа түскен жоқшылық түк те емес. Ел аман болсын. Ел аман болса, барлығы дұрыс болады. Солардың арқасында біз де аман болармыз. Басқаны қайтесің? – деді.  

Осы арада Барлыбек өзінің бірталайдан бергі барлық ішкі сырын, қабақ шытыспай-ақ, әйеліне айтып салғысы келді. Қазір соларды ойына алып тұрып, әлі де болса, ол өткенге өкінбейтін бейілмен:

– Ел мен жұрттың осыншалық аянышты қалын көріп отырып қалайша мен қарабасымның қамымен жүреді екенмін. Біреудің езгісіндегі халқыма жөн айтып, пана бола алмасам мендегі бар қадыр мен қасиет адамгершілікке жата ма? Жоқ, жатпайды! – деп, Барлыбек әйеліне сұстана  қарады. Оның ақсары жүзі өрт шалғандай түтігіп, қызарып шыға келіпті.

Жайшылықпен ашуланбайтын ерінің түрін көрген бәйбіше райынан қайтып қалған секілді. Сөз осымен бітті. Бәйбіше де, қазбалап, ар жағына бармады. Состиған қалпы, біраз тұрды да, өз ісімен, тысқа шығып кетті.

Осындайлық көңіл түйткілі ойын меңдеген Барлыбек тағдырына мойын ұсынғандай болып отыр. Ол ойынан көп нәрсені өткізіп, солардың ең қадірлісін жинап алғысы келетін сияқты. «Кетеуі кетіп, бүлінген мына дүниеде – жетімдік көріп, тепкіге түскен елінің қазіргідей күйкі тіршілігін көргенше, алысып, жұлысып өткенім дұрыс болар!» – деп, Барлыбек өзіне үнсіз серт бергендей болып тұр. Бәрібір өзінің қазіргідей байлауы, сол қалпында қала беретіндігіне сенімді. Қазір де, сол байлаудың сырын өмірдегі ең жақын адамына айналған әйеліне де айтты. Батыра айтып, терең ұқтырғысы келгені содан да болар.

Әйелінің сөзінен кейін көңілі маза таппай тұрса да, Барлыбек ішінен:

– «Қап, қап,... әттеген-ай! Ең құрыса, үйдегі әйелдің де, өзімді түсінгісі келмегені ме? Онысы неліктен екен? Жақсы қызметті пайдаланып, малданып жүре бер. Тұрмысымыз бақуатты болса болғаны, басқаны қайтерсің дейтіндейі қалай?» деп ойлады да, бірақ арыға бармай тоқтады. Олай еткені, оны да кінәлағасы келмейтін сияқты. Барлыбектің көңілі құлазып шыға келді. «Үнемі айналаның бәрі осылайша бола береді ме?» – деген ой, Барлыбектің жан дүниесін қақыратып кеткендей әсер етті. Іштегі жан жарасы ауырған адамның пиғылымен, ол ауыр күрсініп салған. Қаншалықты ойлағысы келмесе де, оның жүрегі сыздап қоя берді. Көңіліндегі көп түйткіл кететін емес.

Бірақ құр босқа қайғырғаннан не пайда. Барлыбектің қазіргі ойы осы тұстас, қиял көрінеді. Көбінесе осылай қамыққанда: «Тек ел – жұртым өзімнің осы күйімді түбінде ұқса болғаны» дегенді көңілге медеу  тұтқаны  болмаса. Басқасы өзіне керек еместей көрінеді. Жаулық үшін жаралған, түбі жат, сұрқай мінез губернатордың өзі үшін істеп жүрген жаманаты осы ғана дейсің бе? Қазаққа жат заманның, өз дегенін жасатып, осылай қылып қойғанын кімнен көреді. Сол ғана Барлыбекті күйіндіреді. «Басқасы адыра қалсын! Елі аман, жұрты тыныш болса болды ғой. Әйтеуір, бұндайлықты қазаққа жат заман да түбінде бір оңалар» дейді.

Барлыбектің қазір ойлап тұрғаны осы ғана. Оның осыған дейін бойын басқан қатты ашу, қайта серпіліп, өзін ақылға жеңдіргендей түр білдірген. Ол осының бәрін сезіп, өзін алда күтіп тұрған қиын күндерге дайындайтын сыңаймен белін бекем буған сияқты. Өрекпіген көңілі бір басылмай, өзіне осынша жаулықты істеп жүргендермен кездесер күннің таялғанын тағаты таусыла күтетін сыңайы бар.

Алдағы тартыстың қиын да күрделі болары әрине Барлыбекке алдын –  ала аян болған. Бірақ, өзін күтіп тұрған аласапыран күрес жолдарының өзі үшін оңай болмайтындығын білсе де, оған қажып, сасатын Барлыбек емес. Қайта ол өзінің жасағандарының елдің кәдесіне жарап, ойлағандарының іске асып жатқандығына іштей қуанып жүр.

Өз ойының тағы да жаңа бір жолға түсіп, шыңдала түскендігіне Барлыбек сүйсінбесе, ренжімейтін сияқты. Барлыбектің қазіргі уақыттан түйгені осы ғана. Оған да белгілі себептер өз ыңғайын білдіргені бар. Әсіресе, соңғы кезде осындайлық күй оның бойын билеп алғандай  болып көрінген.

Қазір де оңаша қалған Барлыбек осындайда өз ойымен өзі боп, мына бір зар заманда ішіне толған көңіл хошын кімге айтарын білмей тұрғандай еді. Соңына түскендер болса анау! Олары осал жау емес. Бүткіл Жетісуды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындар. Биліктің де, өкімет сарайының кілті де солардың қолында. Ал, енді «бір елдің қамы» деп жүрген өзінің қолында не бар? Өңшең ордалы жыланның ішінде жалғыз қалғандай сезінеді. Дос – жарандар болса алыста қалды. Оларға бұл хабар жеткенше бұл жақтағылар да істейтінін істеп, тындыратынын тындырар. Былайша келгенде «тастайтын аспанын тастап та жіберетін шығар». Осы бір ойға кеткен Барлыбектің бұл тығырықтан қалай, қайтіп шығарын білместей болып отырған жайы бар еді. Бірақ істің насырға шапқаны өз алдына, басына қара бұлттың үйрілгенін бастапқыда анық сезінген Барлыбектің өзі де бұл жолы оңай құтылғанына сенер – сенбесін білмей қалды.

 

 

 

 

                                                 

 

Екінші тарау

 

 

 

 

 

Верный қаласында тұратын Жомарттың Пугасовтың шарапханасында істеп жатқанына біраз болды. Оның бұл араға келгелі бағы жанып, жұмысы да жаман емес, біраз ілгері басқан. Жомарттың шарапханадан – шарап зауытына жұмыскер болып ауысқанына да бiрталай болған.

Жомарттың өзі де бұл кезде көп өзгерген. Ол қазір бұл жұмысқа да төселіп алды. Тіпті өзіне тапсырылған істі дөңгелетіп әкеткені де соңғы кезде көп байқалып жүр. Өйткені қожайынның қойған приказчиктері де Жомартқа әбден ырза сияқты. Олар өзіне алғашқы кездегідей онша суық сөйлемейді. Жомарт болса соған ырза.

Верныйдың шарапқұмарларына дайындалатын осы бiр тентек, ашты iшiмдiктің сырын Жомарт та бұл күнде жақсы біліп алған. Осы бір заттың өзі талайдың түбiне жетiп, азғындық, әзәзiл жолға түсiртiп жатқанын Жомарт күнделiктi өз көзiмен көрiп те жүр. Бұл арақ пен шарап деген дәмнің өзінде үлкен бәлекеттің жатқанын да ол енді ғана ұға бастаған. Соның шет жағасын өзі күнделікті көріп те жүр.

Бұл күнде Верный көшелерінде не көп, ол арақ ішіп, тентіреп жүрген маскүнем көп. Одан қалса аннан қашқан, мыннан қашқандармен бірге ел ақтап, су кешіп, қайыр сұрап жүрген дуана тектес жандар көбейіп кеткен. Солардың бәрі арақ пен шарапқа үйірсек.  Ондай адамдарды түрінен білуге болады. Ондайлардың басым көпшiлiгi «алты ай сүзектен тұрғандай» болып, құр сүлдері қалғандар. Не болмаса онан бетер құрдымға кеткендер болса керек. Сондайлардың кейбіреуі тіпті «доңызға» бергісіз күй кешіп, көрінген жерде аунап, құр сүлдерiн ғана сүйретiп жүрген жандар.

Араққа үйiр, маскүнем кісілердің осындай күйі Жомартқа әбден жиіркенішті болып көрiне бастаған еді. Бірақ сол құрғырды шығаратын жерде Жомарт өзі істейді. Ол үшiн арақ атаулы қанша жеккөрiнiштi болғанымен амал қанша, күнкөрiстің қамы, напаһа табу жолы болғаннан кейiн ғана шыдап жүргені. Әйтпесе маскүнем жандарды көргенде Жомарт құдайдың құтты күні: «осы пәленi шығаратын жерде жұмыс жасап нем бар еді» деп түңіле қалады. Одан арыға оның арақ шығаратын жерді даттауға мұршасы жоқ. Біржағынан ақтала түскендей болып: «Қайтейін күн көріп отырғаным осы» деп үздіігеді. Онан басқа, оның айтары жоқ. Басқа, не десін? Оның қауқарының  жеткені осы ғана.

Қасындағылардың әзәзіл айтағы мен күштеуімен арқасында өзi де сол бәленiң дәмiн бiрнеше қабат татып көрген едi. Ішін өртеген бәледен әуелгіде басы зеңіп, құсқысы келген. Сосын аздап көңiлi көтерілгендей болды. Бір жағы сол құрғырың алдымен бойына мақтаныш сезiм кіргізіп, аса бір батылдықты да бойына дарытқандай болды. Қасындағыларға еліктеп бiраз елiрiп те алған. Құдай сақтап, әйтеуір дін аман қалыпты. Сол кездері әуелгісін Жомарттың бойында мақтаныш сезім де пайда болған. Онысы – «көп қазақ баласы әлi дәмiн татып көрмеген заттың дәмiн таттым ғой» дегені еді. Бірақ оның бойын билей бастаған бұндайлық сезім көпке бармады. Артынша қара басына неше қилы ой кіріп, бұл дүниеден жиренерлік қылықтарға әкеп тірелткен. Тіпті, аз ғана жасанды алданыштан кейін тез тауып алған мақтаныш сезімі де бықсыған шаладай боп, сөне қалған. Осылардың бәріне себепші болған өзі ішкен арақ пен шараптың дерті екендігін Жомарт соңынан барып білгендей болды.                                                    

Жомарт күнделікті арақ – шарап iшiп, Верный қаласының көшелерiнде, «Көк базар» аталынатын жердің маңында, кез – келген, бұрыш – бұрышта иленiп жатқан, доңыздан бiр кем емес адамдардың сұлбасын көрiп, көкірегін ұстайтын болды. Ол  – ол ма, өз басы шыны керек арақ атаулы мен iшiмдiктен жиренбек түгіл қорқайын деген. Iшiнен: «адамдарға осыншалық қасiрет әкелетiн, iшiмдiк шығаратын осы зауыттты құртып, не болмаса өртеп жiберсе обал болмас» деп те ойлайтын. Бiрақ, онда өзі қайда бармақ? Жомарттың қолын байлағандай болатын да осы еді. Бұл іс кейінде өзіне жақпаса да, осыны кәсіп қып, сол арқылы күн көрiп жүр ғой. Мұндай іс өзіне тіпті арам көрінсе де осы арқылы бала – шағасын асырап жатқаны бар. Сол бала – шағаның күйi жанға батады, «әйтпесе бар ғой, өзi–ақ өртеп жiберер едi осы бәленi. Тек басқа біреулер көрiп қоймаса болғаны» деп қоятыны бар.

Осы күйі, жүре берсе, күндердің – күнінде Жомарттың өзі-ақ, арақ зауытының қас жауына айналатынына сенеді. Мейлі, жұмыссыз қалса қалсын. Бірақ түбінде әйтеуір бұл зауыттың көзін құртатындарға барып қосылатындығына сенімі зор.

Жомартпен бiрге жұмыс iстейтiн, жасы егделеу келген сырлас, шерлес орыс кiсiсі бар. Ол аяғын үнемi сылтып басатын болғандықтан, зауыт иесiнiң осы жердегi басқарушысы оны «ақсақ Пронин» деп атап кеткен.

Сол орыс мұжығы жай адам емес, қуғынға ұшыраған, жер аударылғандардың бiрi сияқты. Өзi тегiнде өте сауатты, соған қарағанда бiлiмдiлігі де асқан адам болу керек. Ал енді өзінің ақылы да  бiр адамнан артық болмаса, кем болмайтын кісіге ұқсайды. Сондайға көп ұқсайтын, анық көп сауаттының бірі. Жомартқа да солай көрінді. Оның кезiнде өмірден көп опық жеп, талай қиыншылықты бастан кешкенi де сырт көзге бірден байқалатыны бар.                                                            

Шарап зауытында iстейтiндердiң көбi оны «Ваня ағай» дейді. Пронин болса көп оқыған, көп нәрсенi бiледi. Ептеп Жомарт сияқтыларға сыбырлап, ақыл айтқансып та қояды. Бұл сияқтыларға әр түрлі нәрсені үйретіп, көптеген жағдайды түсіндіреді. Прониннің айтуынша жас кезінде оның өзiнiң де үйретушiсi болған. Оны да осылай баулып, ақыл айтатындар болса керек.

Бұрынғы өткен өмiрiне Пронин өкiнбейтiн сияқты. Жас кезiнен бастап сондай кісілер оны үстем тап өкілдеріне қарсы күреске үйретіпті. Жомарттың қазіргі түсінігі бойынша, сол үстем табыңның өзі, ылғи: бай – батша мен шонжар біткеннен шықса керек. Ішінде қара сирақ пен тақыр кедейің тіптен жоқ. Пронин – солармен өлердей араз. Тіпті бар ғой аразы былай тұрмақ, әбден өш екен. Оның мұнысы да әуел бастан Жомартқа білініп қалған. Өйткені қит етсе болды өзін патшаға, елдегi билеушi тапқа қарсы адам қып көрсетіп шыға келеді. Ашықтан – ашық өзін бүлiкшiлердi қолдаушы, бүлiкке қатысқан, сол үшін құрбан болған адам санайтыны тағы бар.

Прониннің Жомарт сияқтыларға айтуына қарағанда – қара халықтың осылайша өмір сүріп жатқандығына сол үстем тап, турасына келгенде «қанаушылардың табы» кінәлі екен. Оларды Пронин құбыжықтай жек көретiндігі сондықтан болды. Ол мұнысын әр кез, әр жерде, тіптен ашық та айтып қояды. Кейде тіпті, ол бұларға тамсана қарап: «Біле, білсеңдер бір кездері орыс халықшылдарының ішінде жүргенімде олардан мен көп үйрендім. Онан кейін «Жұмысшы табын азат ету жолындағы күрес одағының» мүшесі болып жүріп ұсталдым. Айдауда болып, каторганың дәмін де таттым» деп айтып салатыны бар.   

Прониннің айтуынша сол үстем тапқа көр қазушы «пролетариат» деген халық екен. Яғни пролетариат дегендер былайша айтқанда өте күшті кісілер болса да бірақ өздері тақыр кедей, тек қана таза еңбегімен күн көріп отырғандар болса керек. Жалпақ тілмен айтқанда олардың қатарына ақсақ Пронин де, Жомарт та, тіпті шарап зауытындағы орысы бар, қазағы бар қара жұмысшылардың барлығы жататын сияқты. Ең қызығы сол, Жомарт сияқты жұмысшылар түбінде қанаушылардың көзін құртатын болып шықты. Онысы айдан анық екен. Өйткені, оның айтуынша: «біздер сияқты плебейлерге, бұғауымыздан басқа жоғалтатын дәнемеміз жоқ» деп өзеурейтіні бар. Солай көрінеді. Жомарт мұны да ақыры Прониннен білді.

Сол бетiмен жүріп, ол Россияның барлық жерiн аралап шыққан екен. Тiптi, айдауда каторгада да болып, талай рет абақтылар мен түрмелерде де отырған секілді.

Бұл кез, Прониннiң қартайып, мүлдем шаршап, істен де шыққан кезі екен. Оның үстіне өзінің айтуынша ақсақ аяғы жанына батып қатты ауыратын да болса керек. Бүгінде ол өзінің  қатардан қалайын дегенін мойындаған тұсына жетіпті. Әйтпесе, ол кезiнде патшаға да, өкiметке де, басқасына да, көресiндi көрсетіп бағыпты. Қазiр де Пронин қарап отырмай пролетариат, тап күресі жайында сөйлеп қояды. Жұмыскерлер жинала қалса болды ол баяғы әдетіне басып, үгіт – насихатына көшеді. Алдымен жан – жағына қарап алады. Күдікті, бөтен кісі болмаса болды ол: «әлемдегi ең күштi тап пролетариат және оның ата жауы буржуазия мен жер иеленушi помещиктер» деп  әңгімесін бастайды. «Қазіргі уақыттың ең басты мақсаты қаналушылар бостандыққа жетіп, қанаушыларды тап ретінде құртуға тиіс. Жалпыға бірдей қоғам орнатып, билікті қолдарына алулары керек. Тек сонда ғана жұмысшы табы өзінің алдына қойған мақсатына жете алады» дегенді өздеріне түсіндірген болады.

Пронин көп нәрсені астыртын айтады. Бұлардың оны түсінуі қиын. Сонда да, оның айтқандары өздеріне қызық көрінеді.  

Сөйлеген кезде оның ұзын жирен мұрттары қалтырап, көзi тап бiр өзі көп айтатын тап жауларын құртып жіберердей боп, от шашып шыға келетіні бар. Тап жауларына деген жиренiшін еш жасыра алмастан:

– Көрерсіңдер әлі революция Верныйға да келедi. Сендер сонда, бай мен буржуйды, әсiресе бiздiң қожайынымыз, заводтың иесi Пугасов сияқтыларға қажет болса бiрiншi боп күйрете соққы берулерiң керек. Өйткенi, сендердей жұмысшылардың өздерiнiң шынжыр бұғауларынан басқа жоғалтатын  дәнеңесi жоқ. Бiздер пролетариаттар – капиталистер мен помещиктердiң көр қазушыларымыз, бүгінде бiз олардың көрiн қазып дайындап та қойдық! Тек, оларды көму ғана қалды! – деп қызына сөйлеп, кейде қайда тұрғанын ұмытып кете жаздайды.

          Бас кезiнде Жомарт сияқты қазақ жiгiттерi Прониннiң айтқан сөздерiне онша түсiнбегендіктен, оның сөзіне соншалықты мән бермейтін. Тіпті керек десең оның сөзіне құлақ та салмайтын. Прониннің айтқандарын мас күйiндегi оттауға балайтын. Тiптi, Пронин кейде өздерiнiң қожайыны Пугасов туралы үнемі жақсы сөз айтпай, оның көрiн қазушы бiз боламыз дегенде, оған жеккөрінішпен қарайтыны бар. Сондай кездерде Пронинді жек көргені былай тұрсын, көздерімен жеп қоюға даяр тұрады. Пронинге деген жеркеніші үсті – үстіне жамала беретіндей болып көрінеді. Ондай – ондайда Жомарт бақырайған көздерін одан алмастан, ежірейіп қалады. Ол басқа қазақ жігіттеріне олар да мына бір антұрғанға еріп, жаңсақ ойламасын деп:                                   

– Жетiседi екенбiз Пугасовты құртсақ! Оған көр қазып немiз кеттi. Сол ғой бiзге жұмыс берiп, асырап отырған. Соның арқасында жүрген жоқпыз ба? Әйтпесе, бiз бала – шағамызбен қайда барармыз? Шындығын айтқанда күн көріс көріп жатқанымыз соның арқасы. Керек десең аранын ашқан жоқшылықтан аман – сау қалып, бүгінгідей құрсағымыз ашпай отырғанымыз да солай емес пе? – деп айтып, ондайлардың көкейіне ой салып тастайтын.

Ондай кездері, әсіресе қазақ жігіттері есіріп, «қожайынмен арамызға от жағушыны сазайын тартқызамыз» деп шығатыны бар. Кейде тiптi өздерi Пронинге қатты өшiккендерін жасыра алмастан оны іздеп әуре болады. Сондай кездері Жомарт:

– Неғыласыңдар сол бір кәріп, байғұсты! Жүре берсін арамызда. Мүсәпір емес пе, қайтесіңдер оған тисіп, онсызда оның тартқан азабы аз емес – деп, оларды тоқтататын қоятын. Сөйтпесе, болмайтын болып жүр. Әйтпесе, өңшең дүлей баяғыда ол сорлыны майып етіп тастар еді? Жомарттың сөздері ғана ол қаріпті сондай күйден қорғап жүрген секілді.

Кейбір кезде Прониннің елге айтып жүргендері жайында қожайынның өзіне де айтпақшы болғандары бар. Бірақ құдай сақтап, әзірге Прониннің айы оңынан туып тұр. Ол туралы сөз қожайынның құлағына әлі жете қойған жоқ.

Бірақ бәрібір, бұл жайында Пронин сезіп қойған болса керек. Осыдан кейiн Пронин өз сөзіне сақ бола бастаған. Өздерімен сөйлесерде алдымен жүздерiне барлағандай болып, ұзақ қарайтынды шығарды.

Мұндай кездерде ол бiреулерден өлердей сескенiп, үрейленетіндей көрiнетін. Өзiнiң бұрынғыдай сөздерiн айтарда асықпастан, жан – жағына қарап алып, сонан кейiн барып жариялайтын болды. Артынан кейiн ол осының бәрiн өзi жуып – шайғандай боп:                                                                            

– Мен сендерге мұны айтқан жоқпын! Ешкiмге тiстерiңнен шығарушы болмаңдар. Айналамызда не көп, жау көп. Әсіресе, жандармдар көп. Ал, олардың жансыздары мен тыңшылары тiптен көп – дейтiнді сыбырлап қана айтатын болды. Сонан кейiн ол әдеттегiсiнше қасында тұрғандардың бiрiне қалжың мен шыны аралас:                               

– Сен солардың бiреуi емеспiсiң? Байқа. Мен ондайдың бәрiн тез бiлiп, әшкерелеп тастаймын! – деп, қасындағыларға тиісе сөйлейтінді шығарды. Кейде жиналған жұртқа ақыл айтқансығанымен қоймай қыңыр сөйлеп, қырсық кететін болып жүр.

– Байқап жүріңдер, арамызда арандатушылар мен патша жансыздары жосылып жүр. Олар бізді аямайды – дейді. Осылай деп, Пронин тағы да, жан – жағына көп жалтақтайтын. Сөйлегенде ол даусын онша қатты шығармайтын. Тек қана, жартылай сыбырлап қана:                      

– Өй, тыныш! Естiп қояды, олар онша алыста емес – деп, сұқ саусағын ерiндерiне тақап, ескерткендей қылады. Сосын қарқ – қарқ күлiп кете барады. Мұндайдың қай жері шын, қай жері өтірік екендігіне Жомарт сене алмай қалады. Әзірше, оның айтқандарын түсініп жатқан ол жоқ. Бiрақ, Жомарттың басқалардан естуiнше ақсақ Прониннің өзi ақ патшаның нағыз қас жауы көрiнедi. Жау болғанда қандай. Нағыз ата жауының өзі екен. Екі сөзінің бірінде ол патшаны даттайды. Оны нағыз сұм, қаскөй, зұлым санайды. Тiптi, кей уақытта оны аямай, өлтiру керек деп те айтатыны бар. Жомарттың тағы бiрдегi естуi бойынша – ол Петерборда үлкен оқу оқып жүрiп неше түрлi адамдармен араласыпты. Көбінесе солардың маңайында жүргендіктен, қазіргідей жүрісі де солардың айтуына көніп, олардың үйреткендерін істегендіктен болған сияқты.

Өзінің айтуынша ол «саяси қуғын» дегенге жастайынан түсіпті. Сөйтіп жүріп, «халық еріктілеріне»  дегендерге де, «маркстік үйірмелер» деп аталынатын өкімет адамдарын қатты қорқытатын кісілердің үйіріне де қатысқан тәрізді. Тіпті сонысы үшiн ұсталып, абақтыға қамалған. Артынан айдауға кетiп, жер аударылған.

Патшаны Пронин өте жек көретiні Жомартқа белгілі болды. Патша ағзамды жатып кеп жамандаған кезде Пронин алдына жан салмайды. алғашында бұрын – соңды мұндайлық ғайбат айтылған сөзді естімеген Жомарт қатты қорқып, үрейленгендіктен ол жерден безіп кететін еді. Осы кезде оның есiне патшаның жай адам емес екендігі түсетін. Туғанынан бастап патша да бір, құдай да бір сияқты айтылып келді ғой. Сөйткен құдайдай көрінетін патшаны «қаңғыбас, мылжың Пронин» жерден алып, жерге салатыны қалай? Бұл жағы әзірге Жомарт үшін түсініксіздеу болып жүр. Сондай – сондайда Жомарт ішінен күпірленіп: «Апырмай, қанша айтқанмен патшаның аты патша ғой» деп сескенеді. Келе – келе, Прониннің айтқандарын ести – ести оған да еті үйрене бастаған. Құдайдай көретін патшаның жер – жебіріне жетіп жатса, «ол тіпті де, ел айтатындай емес шығар? Сондайлық құдаймен де тең емес болды ғой» деп ойлайтынды шығарды. Сөйтіп жүріп, бертінде, Жомарт кей кездері патшаға да шүбә келтіре бастады. Онысы: «патша екеш патшаны, Прониндей мүсәпiр, кезбелер шетiнен даттап, өлтіре берсе онда оның құдайға бір табан жуық екендiгi жалған болғаны ғой» – деп те, топшылайтын. Кейінде барып, ол осының барлығына еті үйреніп, тіпті осы секілді сөздерді қызыға тыңдайтынды шығарды. Тіпті Пронин патша туралы айта бастаған кезде Жомарттың бойын албырттыққа тән қасиет пен мақтаныш сезiм билейтін. Сондайда, Жомарттың өзi де естіген – білгендері ішіне сыймай кететін. Мұнысын сыртына шығармаса жарылардай болып сезінетін күй кешетіндей еді. Тіпті осы турасында естіген – білгендерін кездейсоқ басқа бiреулерге айтып, олардың алдында мақтанғысы келетiн.

Жомарт жүре бере, ендігісін Прониннің сөздерін ден қоя тыңдап, мағынасына көз жүгірте бастаған. Патша туралы да, басқалар жайында да айтыла қалса, беріліп тыңдайтын болды.

Осы аралықтың ішінде тіптен Жомарт әуелгідей емес, өзінің көңілінің де әжептеуір өсе түскендей болғанын сезінетін болып жүр. Өзінің де осы кезде көп нәрсеге үйреніп қалғанын ол жиі байқайтын болды. Тіпті, кей – кездері әй – шәй деместен Пронинге еліктейтінді шығарды. Оның ендігідегі бағатыны да, қызығатыны да соның жүріс – тұрысы мен айтатын әңгімелері сияқты.

Бұрын естіп, көрмегенді тыңдай – тыңдай бір талай ақыл жиғандай болған Жомарт, осы күні басқаша ойлағысы келеді. Енді ол ештенеден айылын жимайтын болды. Өйткені өзі де осы күні Пронин сөздерінің мәнін түсінуге жақын қалғанын іштей болса да, сезініп жүр. Солай болды да, ендігі Пронин сөздері оның жадына терең ұялап, өшпес ізін қалдырып та жатты.  

Қайбір де, Жомарт көшедегі таныс, көрші – қолаңға білдіре «мінекей көрдіңдер ме, менiң өзiм де бай – батшалар мен ұлықтар жайлы, тіпті патша туралы көп бiлемiн, ал менiмен бiрге жұмыс iстейтiндердiң өзi жай адамдар емес, олар сондайлардың нағыз қас дұшпаны. Олай болса бiр кездерi бұлар да патшамен таныс – бiлiс боп, ғұмыр кешкен. Кейiннен араларына жiк түсiп, жаулық пайда болған. Сосын патша оларды қуған бастары ауған жаққа жер аударған» деп, өзiнше төндiре айтып, жорамалдай сөйлейтінді шығарды.

Тiптi кейде, асыра сiлтеп, өзінің сондай адамдардың арасынды жүргенін, олай болса солардың арасында жүрген өзінің де, оңай – оспақ емес екендігін білдіртіп қойғысы келетін.

Бұл күнде Жомарттың өзі де көп өзгерген. Сондай – сондайда, тіпті айналасындағыларға жонын қомпайта, ызғарлана сөйлеп, байқап қойыңдар дегiсi кеп тұратын мінез де пайда бола бастаған. Верный сияқты қалаға төтеннен келіп қосылған қыр баласы лезде өзгеріп шыға келген. Ол қала өміріне үйренбек түгілі тумысында сол өмірмен бірге жаратылып, біте қайнасқандай болып кетті.

Жомарт тіпті кейде түзу, қай кезде жансақ ойласа да, кейде үйлесіп, кейде үйлеспесе де, біртіндеп қала өміріне үйрене бастаған. Жомарттың қазіргі заманнан үйренері де, түйгені осындайлық күй еді.

Ол соңғы кездерi өзiнше, тiптi өзгеше боп, өзінің осы күніне дән ырза пиғылмен жүретінді шығарды. Осы күнін, басындағы өзгерістерді тіпті дәріптегісі де келеді. Сондайда іштей: «Осылай жүре берсем күндердiң күнiнде мені кім біліп, кім білмейтін болады. Түбінде патшаның өзі болмаса да, оның туған жиенiмен бірге жүріп, тiптi патшаны да көретiн күн болар мына мен үшін» деп, өз қиялына өзі берiле, ойға шомып кетеді. Әсіресе осы кезде оның бойына тылсым бiр күш кіріп, мақтаныш сезiм билейтiн сияқты.                                                

Жомарттың естуiнше осыдан бiраз бұрын Петерборда үлкен жанжал болғандай. Патшаға бiр нәрсе сұрауға арызбен барғандарды тегiс қырып салыпты деп естiген. Бұл жайды ашып айтқан кiсi жоқ. Бiрақ Жомарттың пайымдауынша бұл жолы бiр сұмдық болғаны айдан анық. Олай болса мұның ойынша осы жолы патша тым қатты кеткендей сезінді. «Өзінің алдына бас иіп, арызбен барған адамдарын қыра берсе, шекесiн қыздырыпты. Мына ақсақ Пронин сияқты жiбермей ме, оларды тым – тырақай етiп қуып, иттей қып қаңғытып» деп ойлайтын. Өрекпіген көңіліне демеу боларлық дәнеме таппай, тұңғиық ойдың түбіне жете алмайтындай бір күйге түсіп, күйбелектене беретін.

Жомарт Петербордағы жағдайды қалай түсiнсе, қасындағы өзгелер де осылайша түсiнген. Ол осыдан кейiн бір жағы патшаға да онша сенудi қойған. «Босқадан – босқа көпшiлiктi қыра берсе оның несi патшаға лайық тiрлiк» деп, өзінше солай жорыған. Жомарт үшін осының бәрі тегін емес, еш жақсылыққа апармастың күніндей елестейді. 

Жомарттың білетіні бар дүниенің бүгінде астан – кестені шыққандай болғаны, әрине түсініксіздеу болып тұр, әмбе астамшылықтың кесірі сияқты.

Елі патшасын көре алмайды, патшасы елін қырады. Бүгінгі елдегі ахуалдың бет алдысы осындай болатын.

Жомарттың қазіргідей заманнан ұғынғаны тек осы ғана. Біріне – бірі жалғасқан, бір – біріне ұқсас күндер өтіп жатыр. Бiрақ қанша айтқанмен осындай заманның өзі бекер өтпей жатқан сияқты. Заманы адамына сай, ал адамы заманына сай болғандай. Адамдар бұрынғыдан көп өзгерген болар. Жомарт үшін дәл осы заманның түсініксіз жерлері көп. Осыған байланысты ма, жоқ әлде басқасы ма, әйтеуір Жомарттың ішкі жан дүниесінде де бiр түйткiл пайда болған. Соның бәрін ол алдыңғы күндерден күтеді. Бар қам, барлық iс алда күтіп тұрғандай көріне береді. Осыны жүрегi құрғыр бір жағынан сезетін сияқты.

Бүгін де, солай болды. Жұмыстан келген соң, бiр сәт аялдамастан осының бәрi iшiн жарып бара жатқан соң шыдай алмай Жомарт әйеліне айтқан. Бiр жағы оған қызық айтқандай болса, бiр жағы мақтанып отырып, бәрін тәптіштеп жеткiзген едi. Әрі – беріден кейін Жомарт қызып кетіп:

– Бәрібір де,  патша ағзамдікі дұрыс болмаған! Өңшең қорғансыз кісіні аямағаны қалай? Қанша айтқанмен топтанып, өзіне шағыну үшін келе жатқан адамдарға оқ жаудырғаны несі. Оларды сәл де болса мүсіркемегені қиын болды. Патша ағзамдікі тіптен дұрыс емес, осы жолы тіпті қисынсыз кетті – деп Қатипаға айтып салды.  

Қатипа сол арада үндемей қалған. Тек қана, көзі шарасынан шыға, бағжиып, «бұл не сөйлеп отыр?» дегендей түр білдірген. Сөйткен де қойған. Солай еткенді жөн көрген. Оның мұнысы бұның ар жағын біліп алайын деген айласы болды.

Жомарт болса, жаңағыдай сөздерін аяқтай келе, өзi бiр үлкен шаруаның басында жүргендей қып, бір жағы мақтанышпен айтқан. Соның мәнісін әйеліне жеткізердей  түрмен, сөзін аяқтай келе:

– Патшаның айыбы сол, оның елге қамқор бола алмай отырғаны! – деп бітірді.

Сөйлегенде, әдеттегідей емес, бір түрлі зәрлене сөйлеп тұрғандай.  Қатипаға солай көрінді. Күйеуі басқа біреуге айналып, жат біреудің аузымен сөйлеп жатқандай сезіледі. Сөйлегенде кәдiмгiдей басқаға дес бермейтін ыңғай көрсетіп, өзiмсiне, өзеурей сөйлейтінді үйреніп алыпты.

Қатипа ойланып қалды. «Мұндайы жоқ сияқты еді. Қайда жүріп үйреніп алған?» деп қанша ойласа да, күйеуінің мына қылығын тап басып,  үстінен түсе алмай отырған күйі еді.

Жомарт болса үнемі көсем сөйлеуге дәттеген кісінің біледісіне сап, енді бір уақытта ол тіпті күшейе сөйледі.

– Бүйте берсе оның да…кім еді әлгі, ақ патшаның елге күйiгi өте берер. Сондық болса, оның да жақтаушысы кiм болмақ? Ондайлар күннен – күнге азая бередi емес пе? – деп барып бір тоқтады. Осылай деп, әйелiне бір жағы күйiнгендей болды.       

– Жамандықтың аты қашанда жаман ғой. Патша сияқты елге аты мен атағы шыққан адам өйтсе, басқасына не жорық? Ондайының жолы болсын – деп тағы тоқтады.

Жомарт ақ патша деген сөздi осы кезде бiр түрлi, аузы күйiп, тiлi күрмелгендей болып, әрең айтты. Ол iшiнен: «осы патша деген сөздi айтпай–ақ, қояыншы» деп қанша тырысса да, тiптi айтқысы келмесе де, әңгiмесiнiң патша деген сөзсiз қызық болмай қалатындай көрінген. Сосын да, әңгіме арқауы қылып, әдейi айта беретін сияқты.  

Қатипа байының бір нәрсені бүлдіріп жүргенін сезді. Тек, «айтарын айта түссе екен. Ойында не барын біліп алайын» деген сылтаумен әлі де болса үндемей, тосып отырған. Байының көңiлiнiң дәл қазiргiдей көкке құлаш ұрғанын жақсыға жорымаған. Әншейінде сырт көзге көп сыр бермейтін адамның былайша құтырынуын көптен берi көрмеген. Құтырғанда жай емес, тіпті аласұра құтырған сияқты.Оның үстіне Жомарттың аузынан мына бір өңменінен өтердей боп көрінген суық сөздерді естігенде өзін қоярға жер таппай қалғандай сезінген.

Жомарттың сөзі аяқталды-ау деген сәтте, Қатипа да айтарын бастаған. Мына сөзді естіген бете ол тұрған жерінен ыршып кеткендей болды. Ақ көңіл, даңғаза байының бірдемеге ұрынайын деп жүргенін іштей сезген. Енді соның қалайда алдын алғысы келіп, осының жайын ойластырған. Сол себеппен ол алдын – ала байбалам сала бастаған.

Қатипа екі иінінен дем ала, жанға тиер сөздерді бірінен соң, біоіне кезек бере:  

– Бәтiр–ау, ендi сен қалыпсың патшаға ақыл үйретпеген. Патша сенiң не теңiң? Күніңді көре алмай жүріп, он екіде бір нұсқаң жоқ, сен қаріптің патшада несі бар? Жүрмейсiң бе, өз жайыңа! – деп қатты кейiген түрмен айтты.

Қатипаның мұнысы бекер емес еді. Өзі естіген жаңағыдай сөздерден кейін-ақ, оның жаны жай таппағандай боп, көз алдына қай – қайдағы сұмдықтар елестеп кеткен. Бір жағы ол Жомартты мүлдем мұндай істен қатты тыйып тастағысы келгендей боп сөйлегені содан еді.

Қатипа енді мұнымен де қоймастан, тiлiнiң ұшындағы шаншу сөздерге ден қойғызып, уытты қып айтты. Ол Жомарттың жанына осылайша батырып, запырандай ашты сөздерін аямастан, оған түрпідей тигізе сөйлеген еді. Сөйткенде Қатипаның жүдеу бет – жүзі айғыздана әжімденіп, көз алды әжептеуір қыртыстанып тырыса қалыпты. Оның ашудан жұқа еріндері бір жағына тартыңқырап, аузы шүріштеніп шыға келген.  

–  Сенікі не осы, әукең өсіп кетті ме? Жай ғана далбаса ма десем! Әкем-ау, сенің тып – тыныш жатқан елде нең бар! Оның үстіне патшамен сөз таластырып, жөн айтатын, сен кім едің? Патша сенің не теңің, онда нең бар еді? Жолың болғыр–ау, онан да, өзiм қалай күнiмдi көрем, бала – шағамды қалай асыраймын демейсiң бе? Өстiп жүрiп бiр бәлеге ұшырап қаларсың. Өзiңдi осы түлен тұтып, албасты басып жүр ме? – деп, әйелi реңі бұзыла, осылайша біресе ұрсып, соның артынша көзінің жасын бұлай еңіреп ала жөнелді. Көз жасын Жомартқа көрсете басындағы орамалының ұшымен қайта – қайта сүрте берген.       

Әйелiнiң мына бір қылығы Жомартты әжептеуір абыржытып тастады.

Шын сасқанын Жомарт енді ғана мойындағандай еді. Күтпеген жерден дүрсе қоя берген қиын болады екен. Жомарт әйел затынан бұлай болатынын еш күтпегені өз алдына, тіпті, қатты сасып қалды.

Шамалы уақыттан кейін барып, ол өз – өзіне келгендей болды. Алды – артын ойлап, қатын алдында жер болғанын түсінді. Дәл осы сәтте ол өзін қадыры түскен еркекке теңеп, өкінішке беріле бастаған.

Жомарт не дерін білместен сасып қалғандықтан, бұл арада аузына жөншеңді сөз де түспей, қатын екеш, қатын алдында үндей алмай қалғанына күйініп отыр. Осы бір қас қағым сәттің ішінде оның көкейіне не келіп, не кетпеді дейсің. Бірақ, қатынынан өстіп, сөз еститінін біле алмағандығына да қатты өкінді.

Сөйтіп, ойы ойсырап, тұнжырап отырған Жомарт, аяқ астынан ашуы келіп шыға келген. «Өстіп үйдегі қатын екеш қатыннан сөз естісем, түбінде бала – шағаға не сүйкімім болады менің?!» деген ойдан шошыныңқырап қалғаны осыған себеп болғандай. Жомарт осы жерде өзінің есесі кетіп бара жатқанын сезді. Жомарттың қазіргідей күрт өзгергені содан болды.

Жаңа ғана шабыттана сөйлеп, қызыға айтқанының бәрі бекер болғаны ма? Енді міне мақтаныштан көрі есесі кетіп, өзі болса еңсесі түсіп, көңілі әп – сәтте су сепкендей басылып қалыпты. «Қатын екеш – қатын да, ақыл үйретіп кетті». Жомарттың ашуын келтірген осы болды.

Жомарт әзірге ашуын сыртқа шығармай, көңілін басқаға аударғысы келген. Үндемей қалғысы келсе де, есесі кеткендей болып сезініп тұр. Ойынан әйелінің қылығы кетпей қойды. Ешбір сылтаусыз, өзін жер – жебiрiне жете жерлеп тастағанына қорланды. Осының бәрі оның күндегi дағдылы күйiнен басқаша сияқты болып көрінді.

Осылай ойланып қалған Жомарт біраз үндемей отыра берді. Әйелінің айтқандарына шын тосылып қалған секілді. Алғашында өзінің сасып, сөзден тосылып қалғанын ол бір есептен, «қатын дұрыс айтып тұрған шығар» деп қалған. Содан болар, әйелiне жауап қайыруға мұршасы келіңкіремей кібіртіктеп қалғаны.

Ендігі, сөз кезегін өзі алғысы келіп, айтатынын ішіне еш бүкпесіз жинап жатқан секілді.

Жомарт отырған жерінде сәл қозғалып еді, аяқтары жансызданып ұйып қалғандай екен. Ол бағандан ұйып қалғандай болған аяқтарын астына салған кішілеу құрақ көрпеге созып, арқасын артындағы жер төсек үстіне жиналған көрпелерге сүйеп, аз – маз тыныстағандай болды. Ойы бұзылып, өзін өзі жерлеп, қатын алдында масқара болғандығына бір жағынан қорланса, бір жағынан осыншама жуастық көрсеткендігіне налып та отыр. Ендігі сол өшін әйелінен қалай аларын білмей дағдарып, сарсалаңға түскен сияқты.  

Тек біраздан кейiн барып, бәрібір есе қайтару үшін сөйлеп қалуды жөн көрді. Жомарт қабағын шытып, онысын әйелiне бiлдiре сөйледі. Бiр жағы, сәл қулықпен, бағанағы айтқандарын жуып – шайғандай боп:                                                                              

– Е, мен не iстеппiн, соншалықты? Кiмге тисiппiн? Кiмнiң жөнiн жөндеппiн? Патша сенiң не теңiң дейсiң? Немене, оның жөнiн жөндейтiндей, мен кім екенмін! Сонда маған қарап қалып па, соның бәрi, түге? – дедi түтiге сөйлеп. Бұл кезде оның түсі бұзыла бастаған еді. Жомарттың бұл тұста айтайын дегенi басқа болатын. Оның ойындағысы да, өзгеше сияқты болған. Бірақ сөздің қисыны осылайша шықты.

Аяқ астынан әйелден мынадай айбар болатынына, оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Соған да, бола өзiне – өзi іштей кiжiнiп алған. Өзiн ынжық санап, қарымта қайтарғысы келген. Енді соның өшін алуды ойлап, оның да орайын осылайша келтірген сияқты. Тағы біраздан кейін барып, Жомарт сөзін жалғап: 

– Әрi – берiден кейiн қатын екеш – қатын да, маған ақыл айтып, дiлмәрсидi кеп, атаңа нәлет! – деді. Әлі де болса, ашуының бәсеңсімегенін көрсеткендей қып, қабағын түнерткен қалпынан бір аудырмастан, ол ашулы жүзін әйеліне бұрып:                        

         – Айтпасыма қоймадың ғой, мен не сонда күнiмдi көре алмай жүрмiн бе? Күнiмдi сен айтпай–ақ, көрiп жүрмiн! Бiр қазақтың баласы мендей–ақ, болсын! Өстіп–ақ, мен сияқты болып–ақ…, – деп  барып, ол ар жағындағы сөзін көмейіне жұтып айтпай қалды. Енді болмағанда «менің көргенімді көріп, естігенімді естіді ме екен солар?» деген сөздерін айтпады. Дереу ойын өзгертіп:

         – Оларың өздерiнiң күнiн көріп алсын. Бұл күнде қожайын менi жоғарылатып арақ зауытына жұмысқа жiберсе, жанымдағылардың бәрi өңшең… – деп барып, безілдей жөнелген қалпынан айнып, аяқ астынан тоқтап қалған.

         Ол енді әрең дегенде барып, аузына келген сөзiн де еріксіз iрiккен. Сондағы оның айтпақ болғаны да аузына түсіп, дайын тұрған. Бiрақ онысын айтпай қалды. Жомарттың бұлайша, іркіліп қалғанының жөні бар еді. Оның ендігі айтпағы: «Жанымдағылар – өңшең патшаның қас жаулары. Ал, олар болса бұрындары сол патшаңның өзiмен де бiр кездерi жақсы болғандар» дегендi, енді болмағанда айтып салғысы келген. Осылай ойлап, солай дей жаздап барып, бірақ та тоқтап қалды. Онысы ойына бiрдеме түскендей болғандығынан еді. Аржағын айтпағанды жөн көрді.                                    Енді бір кезде Жомарт бағанағы айтылмай қалған сөздерін басқаша қып, жеткізбек болып сөйлеп кетті. Сондай оймен ол:

         – Жанымдағылардың бәрi көргенi көп, оқып – тоқығаны онан да көп, өңшең бiлгiр адамдар – деді. Сөйтіп, ойына келген, айтпағын басқаға аударып барып, әрең тоқтаған. Бірақ, бұл сөздің астарында әйеліне айтпағы да, бұғып жатқан сияқты. Онысы, «мен баяғы Жомарт емеспін! Байқа, мен бүгінде басқа адаммын» деген сесі де, әжептеуір болып білініп қалған.

         Осындай оңаша қақтығыста, көптен бері әйелге айтпақ сөзiнiң бүгiн ыңғайы қалай келгенiн Жомарт өзi де байқамаған еді. Ендi аз бөгелсе ойындағысы iшiн кернеп жарып шығатындай болған. Бір жағынан өзінің біраздан бері айтқысы келіп жүргендерін айтып салды. Егесте жеңіп шыққан адамның түр – сипатымен, жүзіне аздап қан жүгіріп, қызылшырайланып шыға келді. Қазір міне, көкейіндегісінің бәрін ақтарып салғанына, дән ырза кейіппен Қатипа жаққа қарп қойды. Не де болса көңіліндегі түйткілдерін түгел айтқан сияқты.                   

Жомарт әйелiне шын сырын ақтарғандығына ырза болды. Онысы көптен берi пiсiп, жетiлуi жетпей жүргендей көрінетін имандай ақиқаты да еді. Сонысын біраз ақтарып, бұрынғы ызадан арылып, жеңілдеп қалғандай сезінген. Мұнысына өзi де риза боп, дүрдиiп шыға келген.

Бірақ Жомарттың бұл сөздері әйеліне басқаша болып тиді. Қатипа мұны күйеуінің өзіне көрсеткен қыры деп ұқты. Байының айтпағынан оның ойын сезген сияқты. Оның сол ойы қазір қоқан – лоқысы басымдау болып шыққан  ескертудей болып көрінді. Ақылды әйел, мұны да тез түсінген. Сол есеппен ол байын тез сабасына түсіруді ойлаған.

Қатипа даусы бәсең тартқан қылықпен, көзiн төмен сап, мүләйімси қалған. Бас кезде, оның даусы шықпай қалғандай болды да, соңынан барып, сызылып, әрең үн қатты.                                                                          

– Бәтір-ау, менiкi әшейiн сөз ғой. Бiр бәлеге iлiнбей, аман жүрсе екен дегендік қой – дедi жай ғана. Бағанағыдай емес. Қатипаның даусы көп басылып, әрең естілді.

Жомарт, әйелінің бұнысын, «бағанағы айтқандарын жуып – шайғандай болғаны шығар» деп есептеді. Қалай болғанымен, Жомартқа әйелі осы жолы көнбістеніп, шын ығыңқырап қалғандай боп сезілді. Қатипа күйеуінің көңілін осылай тапты.                                                              

Жомарт осылайша ең алғаш рет әйелiне өзінің сырын ашқандай етті. Өзi қозғаған әңгiменiң де, оңай – оспақ емес екенiн бір жағынан бiлдiрiп тастаған. Жұмыс жасап жүрген зауытта бірге жүргендердің кiлең осал еместігін де, астарлап айтып, әйелiнің есіне салғандай қылды.                                              

Бір жағынан «қатын бiлген сырың қараң қалар дегендi» бұрынғылар бекер айтпаған шығар осы, нем бар едi оған осының бәрiн айтып» деп, аздап өкiнгендей болса да, артынша болар iс болды дегендей қып, қолын бiр сiлтеген. «Азар болса қатын бiлген сырды басқа бiреуге айтып салар, онда не болғаным?» деп тағы өкінді. Осылай ойлаған Жомарт іштей күрсініп, өзін – өзі мінеп, жерлеп те алған.

Жомарт кейін барып бірақ білді, әйелінің өзіне бекерден – бекер, «тек жүр» деп айтпағанын. Жомарттың кейінгі өмірі дәл Қатипа айтқандағыдай болып шықты.            

Осылайша Верныйға келген қысқа уақыттың iшiнде Жомарттың өзі де, оның былайғы өмірі де, өзгерiп шыға келген еді. Бұл кезде ол өзінің анық жұмыскер екендігін де дәлелдеп шыққандай болды. Қасындағы қазақ жігіттер Бидайбай, Қазкен, Қасаболат сияқтыларға бір уақыт ақыл айтуға да жарап қалды.

Жомарт Пугасов шарапханасында тыным таппай жұмыс істеп, зауыттың шаруасын бір ыңғай үйреніп те алған еді. Зауыт қожасы қойған приказчиктердің де көзіне жақсы жағынан көрініп те жүр. Мұндағы шаруаның бар қыр – сырына қанығып алған соң, өзгені қойып сан түрлі жұмыс түрін білетін, өзін жұмысшы табының ең саналы мүшесі қып санайтын ақсақ Пронин де Жомарттың барлық ісіне риза болғандығын жасыра алмаған. Ол сонысын білдіргісі кеп, жұмыскерлер бір уақыт дем алып отырғанда осыны айтты. Пронин айналасын әжім торлаған сұрғылттау, көгілдір көздерін Жомарттан алмастан:

– Сен киргиздан бірдеме шығатын түрі бар. Осындағы басқа киргиздар сенен көп нәрсені үйренетін болды. Киргиз халқының арасынан да пролетарий шығып келеді. Мені қуантатын осы ғой – деп айтып салды. Жомарт та, басқалары да бұл сөздің оп – оңай, жайдан – жай айтылмағанын көкейлеріне түйген. Қазақ жұмыскерлері Пронин сияқты аса білгір кісінің мақтауына алдымен Жомарттың ие болғандығына қызыға қараған.

Бұған дейiн қиыр бiр шетте, ит арқасы қиянда жүрген жас жігіт Верныйға келіп, шындалып шыққандай болды. Бұған дейінгі жастық шағын мал бағумен өткiзгені, сергелдең тағдырдың өзін жапан түзде сол малдың соңынан сенделтiп қойғаны, бәрі – бәрі лезде ұмытылғандай еді. Ендi мiне қала тiршiлiгiне де ден қоя бастаған. Жаман – жақсы болсын iстейтiн iсi бар, қатын – баласы, үй – орманы бар. Сол жұмыстың арқасында тамағын асырап, күнін көріп жүр. Қасында өзi сияқты жас – кәрiсi аралас кiсiлер жүр. Олармен бiрге жүрiп, бiрге тұрып үйренiсiп кеткенi де өзiне олжа.

Бас кезде аздап қиын болғаны өз алдына қызық. Бәрi де үйренбегендiктiң салдары шығар. Алғашында Жомарттың бүйтіп қиналуы, қасындағылардан, әсіресе ақсақ Пронин сияқтыларды бұрын – соңды көрмегендіктен де болса керек. Қазір ондайлардың бәріне еті үйренді. Ел айтса – айтқандай: «үш күннен кейін көрге де үйренерсің!» дегендей–ақ, бұның бәріне үйрене бастаған сияқты. Кейінірек барып, осыларға бой алдырып, тіршілік тауқыметіне бір жолата кірісе бастағаны да өзіне аян еді. Тіпті, сол тауқіметті өмірдегі жандармен бірге біте қайнасып, бұл өмірдің бұралаң кезеңдеріне де бейім бола бастағанын сезіп жүр. Жомарт осыған шүкіршілік етіп қояды.

Осы күні Жомартқа, кей – кездері тіршілік атаулыдан өзге жайдың бәрi де сол қалпында өзгермейтін сияқты болып көрінетіні бар. «Жоққа жүйрiк жетпейдi» дегендей, бірде бар, бірде жоқ дүние өз қалпымен өте береді екен. Ол енді ғана өзін жаңа танығандай  бір нәрсенің жетіспей жүргендігін сезгендей болады. Бірақ оның не екендігін әлі анық білмейді. Соны білсем деп армандайды.

Жомарт та, сол күймен, басына түскенге көнгендей боп, тіршілігін істеп жүре берген. Ендігі ел қатарлы өз көрген – білгені өзіне азық болғандай көрінеді. 

 

 

 

 

 

 

 

Үшінші тарау

 

 

 

 

 

 

 

Әзiрше Ресей патшалығы мен үкiметiнiң қазақтардың жер туралы талабына назар аудармақ түгiлі, мойын бұруға шамасы келмей қалған.

Өлшеусіз жердi құшып жатқан алып империя бiрiншi орыс революциясының құшағына кiрген, оның өртiне шалынып, кей тұста күйіп те жатқан болатын.               

1905 жылғы 9 қаңтарда, әйгiлi «Қанды жексенбi» оқиғасы Россияны дүр сiлкiндiрген едi. Петербургте қарусыз адамдарды атқылаған патша үкiметiнiң қанқұйлы зұлымдығы туралы хабар қазақ даласына тез тарады.

Соған байланысты Ресейдегiдей, қазақ елiнiң қалаларында да, патшаның озбырлығына қарсы наразылық бiлдiрген үн көтерiлiп жатты. Осындай күй Жетiсу жерiнде де, орын алған болатын.

 Ғұбайдолла Жәңгiровтың патшаға айтуына байланысты қазақ жерiне келген граф Паленнің комиссиясы Барлыбектiң есебi бойынша жақсы жұмыс жасап кеткендей болды.               

Комиссия Жетісу жерінде жерге байланысты орын алған көптеген олқылықтардың бетiн ашып, бұл жердің хакімдеріне осы жағдайды ашып көрсеткені тағы бар. Ол – ол ма, Пален солардың қорытындысын өзімен бірге Петербургке алып кеткен. Барлыбектің ендігі үміті де сол болғандай.

Тексерiстiң нәтижесi де, өзiн көп күттiрмей, тез келген. Оған да себебiн тигiзген бір жағы Пален жазған қағаздар болса, бір жағы Ғұбайдолланың патшаға осы туралы жеткізген сөздері сияқты. Әйтпесе мәселе Патша сарайының, болмаса Министрлер Советінің кеңселерiнiң бiрiнде жатып қалатын түрi бар екен.

Ақыры тексеру қорытындысының нәтижесi бойынша генерал Покатило Жетiсу облысы әскери губернаторлығынан босатылды. Ол басқа жұмысқа Тәшкентке жiберiліпті. Онда ол сәл төмендеу қызметке жіберілсе керек. Покатило ол жақта Түркiстан өлкесiнiң генерал – губернаторының көмекшiсi ретiнде қызмет атқаратын болыпты. Ал оның орнына Жетiсу облысының әскери губернаторы болып генерал Ионов келді.

 Сонымен, жаңа губернатор келiсімен–ақ, бiраз күн өткеннен кейiн Барлыбектi өзiне шақыртты.

Жетісу жерінің әскери губернаторының келе сала өзiн шақыртқанына Барлыбек бір жағы таңырқағандай болса, бір жағы тіксініп қалған едi. Iшiнен: «әлгi, бұрынғы губернатор Покатило кетерiнде мен туралы бұған бiрдеме деп жамандап, көңiрсiтiп кеткен ғой. Әйтпесе, танымайтын бұл губернатор мені неге шақырады?» деп ойлаған.

Сол шақырту бойынша ол қазір губернатор кеңсесіне келген. Барлыбек қазір губернатор кеңсесінің ішінде осы бір өзі үшін жұмбақтау шақыру жайында ойланып отыр. Губернатордың «келсін» дегенінің өзіне белгісіздеу жағына үңілгендей болып, оның мұнысын ұқпаған күймен, өзімен – өзі боп, терең  бір ойға шомған. Бірақ қанша ойланса да осының шешуі дәл қазір өзі үшін қиын сияқты. Бір кез, Барлыбектің ойындағысы жаңа губернатордың не үшін шақыртқаны болса да, ендігі ойы алысқа самғап, екі көзі губернатор кеңсесінің терезесінен әрі асып, ең қиянға кетіп қалған.

Тыста Верныйдың қар басқан көшелері ғана көзге түседі. Қаланы қатты жауған қар мүлде басып қалғаны бірталай болған. Даладағы сықырлаған аяз да еңсеңді езіп, өнебойыңды тұншықтырып тастайдындай болып тұр.

Барлыбек бәрібір терезеден далаға қанша үңілсе де, тыс жақтан көңіліне ешбір медеу таппастан, қайта – қайта жаңағы ойға беріле берді. Қазір де, ол айналада болып жатқан бей – берекеттіктің немен аяқталатынын білместен уайымдап тұрған еді. Уайымдамай қайтсін, онсызда сілікпесі шыққан елге жаны ашиды. Орыстың күйі анау болса, қазақ байғұста мұндайда не күй, не жан қалды десеңші? Барлыбекті әсіресе күйіндіретін осының жайы болатын.

Россияны жайлап алған «революция» деген өрттің басталғанына біраз уақыт болса да әлі тынатын түрі жоқ. Қазақ елі үшін бұл революцияның не беріп, не қоятыны тағы белгісіз. Барлыбек сияқты жоғары білім алып, қазіргі саяси доданың түр әлпетін байымдайтын қазақ зиялыларының өзі бұл революция жайында әр түрлі көзқараста жүр. Қазақ үшін бұл революциялардың түсініксіздеу болып тұрғандығы осыдан да болар.

Арада біраз уақыт өтіп, тіпті осы туралы ойлағысы келмесе де, шешуін таппаған осы ой Барлыбекті қайта – қайта мазалай берді. Өзі үшін бәрі де бір белгісіздікке тіреліп қалғандай болып тұр.

Осы кезге дейін Барлыбек пен губернатор арасында түсіністік болған емес. Бір емес барлығымен тіл табыспаған еді. Покатилодан көргені анау. Тіпті көптеген жылдардан бері Жетісудағы билік біткенмен кейде ашық, кейде жабық арпалысып келеді. Бар көргені осы, ал көрмегені қанша десеңші? Ендігісі сондайлардың тағы біреуі келіпті. Оныменен қалай бітісетіні тағы белгісіз?

Барлыбек жаңа келген губернатордың өзін не үшiн шақыртқанын бiле – білместен,  әр түрлі, сан қыйлы ойдың тұспалына беріле түскен.

Әзірге Барлыбектi қинайтыны: «менi шақырғанда губернатор не айтпақшы, маған қандай мін тақпақшы? Сондайлықты оның ойында тағы қандайлық сыр бар?» деген сұрақтың төңірегінде болса, енді бір ойдан «бұрынғы губернатордың түсуіне осы да кінәлі деп мені ықтырып алғысы келетін шығар?» деп те ойлаған.

Осылайша біраз күткендіктен тағаты таусылған ол, қабылдауға арналған бөлме ішінде арлы – берлi теңселіп жүрсе дағы, қаншама сансыратқанмен бұл ойлар губернатор шақыруының сырын иесіне аша алмайтын сияқты. Бірақ соншама айналсоқтап қинаған ойлардың шырмауынан шыға алмаса да Барлыбек көңілі әлі тың, еңсесі жығылмаған. Ол жаратылысынан өзіне тән сабырлы күйінен бір айныр емес.                                              

Барлыбек қазір сол күйін серпе алмастан, өз ойымен өзі болып тұрған. Жегiдей жеген сондай ойлардан мезі болған Барлыбек бір уақыт ішінен тынып, ауыр ойлардан серпілу үшін терезе жаққа тағы қараған. Онысынан да түк шықпады. Ол жақтан да ойына демеу болатын түк таппағандай боп, бағанағы күйіне қайтып оралды.

Осындай ой меңдеген сайын, Барлыбектің осынау жұмбақтың шешуiн таппай қиналып тұрған ойдан бір арыла алмай қойды.    

Ақыры ол ойлап – ойлап тұрды да, ішінен: «азар болса губернатор Покатило сияқты соңыма түсер, бұл қызметтен де алып тастар, қуғынға түсірер. Одан басқа маған не iстер дейсiң? Істейтіндерін істеді ғой» деп, жанын ауыртардай болған ойдың тұңғиығына бата түскен. ан бір жола арылғысы келген. Бірақ бұл ойдан ол бір жолата арыла алмады.

Барлыбекті қазіргі кезде қинайтыны бірақ нәрсе – ол өзін күннен – күнге меңдеп келе жатқан өкпе сырқаты еді. Биліктегілер ебін тауып, жақпас адамын тар абақтыға тықпаса екен деп ойлайды. Өйтетіні демікпесі ұстағанда үйдің іші емес құдайдың кең даласы мен ашық аспаны өзіне тар болатындай, дем жетпей тұншығатыны бар. Тек, содан қорқады. Өзінің басқадан қорқары жоқ.                                                         

Бiрақ, осының бәрi Барлыбек ойлағаннан басқаша болып шықты.

Губернатор Ионов Барлыбекті өте жылы қарсы алды. Талай ащылы – тұщылы ғұмыр кешкен губернатор Ионов, осындайлығымен де, көпшіліктің көңілін тауып, әсте өзі жүрген ортасына жағып қалатын тәрізді. Оның үстіне ол өте сырмінез, адам жанына үңілгіш, әккi адам болатын. Сондай екендігі сырт көзге де бірден байқалып қалады екен.                                                

Оның қазiргiдей кейпi, Барлыбектей күллі Жетiсуға, тiптi бүкiл қазақ елiне танымал болып қалған адаммен өзінің танысқанына қуанышты екендігiн жасыра алмағандай сипатта болып басталған. Тiптi, Барлыбек сияқты елге белгілі азаматтың өзіне келуіне әжептеуір бәйек те болып қалғандайын еш жасырмастан білдіріп жатыр.

Губернатор Барлыбекті қайда отырғызарын бiлмеген адамның сыңайымен кеңсесiнiң iшiнде күйбелектеп қалды. Жасанды кішіпейілдік танытқан түрмен, тіпті біресе оны өзi жетектегендей болды да, ақырында Барлыбекті апарып үлкен емен орындыққа жайғастырған. Содан кейiн адъютантына ыстық шәй әкелуді тапсырып тұрып, Барлыбек жаққа жылы жүзбен қарап:

– Сыртанов мырза, ішімдікке қалай қарайсыз? – деп сұрады. Барлыбек ішімдікке жоқ еді. Сонысын көлденең тартып:

– Жоғары мәртебелім мен осы шайдан артық ішімдікті білмеймін. Маған салсаңыз шәй ғана ішуге даярмын – деп жалтара жауап қайырғандай қылды.

– Жарайды ондай болса, қалауыңыз білсін. Әйтпесе, сіздердей қадырлы қонақтар келе қалса деген оймен, көптен бері сақтап жүрген француз коньягі бар еді. Қаласаңыз соны ашуға даярмын. Бірақ, сіздің оған деген ынтаңыз болмаса құба – құп, ішпесек – ішпей-ақ қоялық. Алайда, мен де, кейде – кейде ыстық тоқаш, әр түрлі тәттілермен ішілетін орыс шайын ішуден де кет ары емеспін. Сөйтіп отырып өзіңіз сияқты жақсы кісілермен әңгімелесуді де жек көрмеймін – деп губернатор қуақыланғандай түрмен өзінің мол денесін селкілдете күлімсіреді. Сөйтті де, ол өзінің май басқандықтан көрінбей бара жатқан кішірек көздерін сәл кеңейткендей боп, Барлыбек жаққа ежірейе қарап алды. Тек содан кейін барып, губернатор өзінің ауыр денесін асықпай қозғап, емен креслосына барып жайғасты.

Жаңа губернатордың барлық пейілі Барлыбек үшін әлі көмескі болса да, ол біраз нәрсеге қанық болған секілді. Оның осылайша басталған ыстық ықыласы Барлыбекке ой салып, губернатормен болатын кездесу ұзақ та, ауқымды болатындығынан хабардар еткендей еді.

Губернатордың қонақжайлы тұрпатын көріп Барлыбектің көңілі орнына түсейін деді. Жетісу облысын ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстауға келген һұзырлы басшының өзіне лайық түсі де жылы екен. Ең бастысы кісіні тыңдап, кісімен сөйлесуге дайын сияқты. Мемлекет ісін басқарушы мансапты басшының бойындағы бұл қасиеттің жақсы екендігі белгілі. Мұны байқаған Барлыбек губернатормен болатын әңгіменің ұзаққа созылатындығын болжап, әңгіме арқауы неден басталатындығын іштей ойластырып тұрғандай еді.

Осы бір аз – маз уақыттың ішінде Барлыбекте жаңа губернаторды біліп қалған секілді. Оған жаңа губернатор бір жағынан қарапайым, кішіпейіл, елгезек те сияқты болып көрінді. Тіпті, Барлыбекке ол ұнап та қалғандай еді.

Арғы – бергі қысыр әңгіме көпке созылмай жатып, соның артынша, есік ашылып, буы бұрқыраған самаурынды денщикке ұстатып, ішке губернатордың адъютанты да кіріп келе жатты.

Шәй іше отырып әңгімені жалғастырмақ болған губернатор Барлыбекті сынайтындай кісінің пейілімен, бастан аяқ шолып шықты да:

– Қымбаттым Бардыбек Сыртаныч, сіз туралы көп естідім. Өте білімді, салиқалы, мәдениетті кісінің басқармада істейтіндігіне шынын айтса қуанып қалдым. Киргиз деген тамаша халық екендігіне таласым жоқ. Солармен сіз арқылы жақын таныссам деп едім – деп, ол әуелі Барлыбекті өзіне тарта бастады. Оның бұлай сөйлегені де Барлыбекке ұнады. Әрине өзіне жылы сөйлеген адамды кім жек көрсін.

Бағана Барлыбек губернатордың кеңсесіне келерде басқаша ойда болса, ендігі губернатордың мынадай сөздері өзін елдікке шақырған адамның белгісіндей болып сезілді.

Барлыбектің қазіргі білгісі келгені губернатордың сөзіндегі көлгірсу мен шындықтың шегін дәл басып қалғысы келгендігі сияқты. Ол соны байқамақ болып, осы жолы губернатордың жүзіне терең тесіліп, барлағандай болып қарады. Бірақ қанша қараса да, Барлыбек бұл жолы губернатордан ондайлықты әлі де болса ажырата алмай қалған секілді. Қанша айтқанмен, бір жағынан сөзі шын, қарапайым ойлайтын, ақкөңіл кісінің, аңқылдақ сөзіне де ұқсайды.

Губернатор Ионов өзiнiң алдындағы генерал Покатилодай емес екендігі анық. Ол сияқты сән – салтанат құрып, сапта жүретін офицерге де ұқсамайды екен. Тіпті былайша алғанда бойынан әскери адамға тән жинақылық сезілмейді. Арғы түбі дворяндар болып келетін көптеген орыс офицерлеріне тән ақсүйектік қасиет те оған жат сияқты. Ең құрыса зайырлы қоғам өкіліне сай қылық та мұның бойынан байқалмайды. Бұл жағынан алғанда ол Покатилоға мүлдем ұқсамайтын болып шықты. Оның есесiне оның бойында әскери адамдарға тән жинақылықтан көрі қарапайым мұжықтықтың белгісі басымдау екені бірден байқалады. Жаңа губернатордың кеспелтектеу келген жуан денесі етжеңді адамдарға көп келеді. Күжірейген бітімі де кәдімгі тамақсау адамдарға лайық пішілген екен. Семіздіктен жарылардай болып тұрған оның көлденені мен ені бірдей зор денесі мундирін сөгіп жіберердей болып көрінеді. Оның екi ұрты мен әукесi салбырап, жуан мойны бусанғандай болып тұрғанын да Барлыбектің көзі шалды. Әсіресе, кісімен амандасқанда алақандарының дымданып, тершіп   тұрғандығы да білініп тұрады екен.

Губернатордың осындайлық пішіні оны қартаюға әбден лайық, кәрiлiкке тақау кiсi екендігін көрсетіп қалды.  Оның өзі Барлыбекке сөйлерде жылы шырай танытып, тiптi оны аты – жөнiмен атағаны  да үлкен кішіпейілдіктің белгісіндей көрінді.

Ионов алғашқы сөзiнен–ақ, бас салып, Барлыбектi мақтаудан бастады.

Губернатор өзiнiң осындай бұлаң  сөзiн:       

– Қымбаттым Бардыбек Сыртаныч! Осы жердегi өте сыйлы, сiздей ардақты адаммен кездескенiме өте қуаныштымын. Сiз екеумiз, ортақ тiл табысамыз деп ойлаймын. Соған мен өз басым сенiмдiмiн – деп, біраз көлгiрсуді де шебер қолданып, Барлыбектің іші – бауырына кіргендей болды.

         Барлыбектің жауабы да оның осы қылығына сай шықты. Ол өз сөзін жақсы мен жаманның дәмiн татқан кiсiнiң лебізіне сала сөйлеген. Жаңағыдай жылы сөздерге майдай ерiп кетпейтін қылықпен, губернатордың алды – артын орағытып кететін пиғылын жасырмастан:

Жо, жоқ, о не дегенiңiз, мәртебелi Михаил Лукич! Сiзге менi бiреулер өте қиын адам ретiнде жеткiзiп те, қойған болар. Тiптi, мемлекет істеріне кереқар тартып, жаны ашуды білмейтін, әсіресе қандастарына бүйрегі бұрып тұратын біреу. Тіпті, оның өзін айтпағанда аймақтағы әкім біткенге жау көрінетін, онан бұрын Жетісудағы жоғарғы лауазымды һакім болып табылатын губернатордың өзіне ор қазуға дайын адам. Керек десең олардың жоғарғы лауазымын сыйламайтын, қатерлі, ұсақ жан деп суреттеген болса, оған да сенемін. Егерде ондайлар солай деп айтқан болса олардың сондайлық сөздері бекер. Сізден өтінетінім мәртебелі Савелий Лукич, әсіресе Сіз ондай ойдан аулақ болсаңыз екен. Әрдайым өзіңіздей өнегелi, жақсы адамдармен тiл табысуға, қызмет етуге де құштармын. Сіз бағана өз сөзіңізде қазақ халқының тамаша халық екендігін атап кеттіңіз. Сіздің сөзіңізден байқағаным барлық халықтар, шыққан нәсіліне қарамастан тең болғандай болса керек? – дегенді айтып, Барлыбек «бұған ол не дейді екен?» деген кісінің қылығымен сәл тосылыңқырап қалды. Онысы, бұған губернатор қалай қарайды екен дегені болса керек. Ол енді осылай айтып тоқтасымен, губернатордың жауабын тағатсыздана күткен қалпы отырған секілді.

Губернатор Барлыбектің бұл сұрауының бекер еместігін білсе де, тіпті көп ойланбастан, бағанағы көңілі ашық адамның реңіменен:

– Иә, дәл солай. Мен өз басым солай ойлаймын – деді де, кішірек, көкшіл түсті көздерін күлімдете, қулана қалғандай болды. Артынша, аса бір қызуғышылықпен:

– Ол туралы неге сұрадыңыз? – деді.

– Ендеше мен айтайын, ол туралы, неге сұрағанымды. Осы сіз басқарғалы келген Жетісу облысының кейбір уезд басшылары сізге дейін, жергілікті халық қазақтар орыс чиновнигі мен офицерін кездестіргенде анадайдан атынан түсіп, бас киімін қолына алып тұруды міндеттейтін өкімдер шығарған. Сіздіңше, жоғары мәртебелім, мұны қалай түсінуге болады – деді.

Мұны айтқанда Барлыбектің түрінен бір түрлі мысқыл білініп қалған. 

Барлыбектің сөзі өзіне қаншама аңдатпай тисе де, тіпті тым өрескелдеу көрінсе де, губернатор өзінің бұрынғы кеңпейіл, сыпайгершілігінен бір айнымас, ниетпен:

– Қымбатты достым, Сыртанов мырза! Біздің қоғамымыздағы ондай жат қылықтарға біз тиым саламыз. Тіпті ондай – ондай сұмдықтарды жөргегінде жайратып, бір жола құртатын боламыз! Біз сөйтуіміз керек. Онсыз болмайды – деді губернатор құшырлана сөйлеп, әр сөзін нықтап айтып айтып салды. Оның осы жолғы айтқанын Барлыбек ұнатып қалды. Тіпті, губернатор ойының түп төркінін де анық көргендей болды. Өйткені, оның пайымдауы бойынша губернатор бұл жолы Жетісудағы бар биліктің кілті тек өзінде екендігін аңғартқысы келіп тұрғандай да сияқты. Әмбе, Барлыбек жергілікті халықтың өкілі болғандықтан осылайша сөйлеп, өзінің қолынан әлі талай нәрсе келетінін білдіртіп тастауды губернатордың жөн көргені осы шығар.

 Барлыбек губернатордың ойын білісімен ішінен: «әп, бәлем, нәсілқой иттерге сондайлық тосқауыл қойсаң болғаны» деп қуана түскендей. Ол енді жадырай түсіп, көңілді пішінмен:

 – Жоғары мәртебелім, сіздің бұндайлықты көзқарасыңыз біздер үшін өте ғанибет! Сіз жоқта біздің қазақтармен талай уезд басшылары және орыс халқының санасыз нәсілқой мұжықтарының арасында осыған байланысты бас араздықтар туындаған. Тіпті, бұрынғы губернаторлар да бұған шектеу қоя алмаған еді. Сіз қазақ халқына қандай қолдау көрсетсеңіз, олар да сізді сондайлықлықты қолдайтын болады – деді.

Барлыбектің айтқандары губернаторға ой салып келгендей етті. Ол да Барлыбектің тегін адам болмай шыққанын түсінген сияқты. «Туземдік халықтың ішінен шыққан солардың қорғаушыларының бірі сен екенсің ғой» деп, губернатор ішінен түйгендей болды. Өзінің Сырттановты бекер шақырмағандығына енді ғана көзі жеткендей болып отыр. Өзінің беталысының дұрыстығына сенімі күшейе түскен. Жетісуға келе салысымен ел ішінде беделді, сөзі өтімді дегендердің ең бастысы ретінде Барлыбекпен танысуға асыққаны сондықтан еді.

Ал Барлыбек болса губернатордың өзіне, өзі арқылы барлық қазаққа созғандай болған достық нышанын қабылдайтындай түрмен:

– Жоғары мәртебелім, Сіз осындай оң қабақ көрсетсеңіз болғаны,  қазақ халқынан ешқандай зәбір көрмейсіз. Сол үшін Сізге халықтың атынан алғысымды  айтқым келіп отыр – деді, жылы қабақ танытып.      

Барлыбек, Ионовтың үнемі мемлекеттік қызметте болып, патшалық кеңселердің түр – түрінде істегендігін, әмбе мол тәжрибе жинақтағандығын ескере отырып, сөйткен еді. Ол губернатордың бойындағы азғантай болса да игіліктің нышанындай болып көрінетін адами қасиеттерді «дұрыс» деп бағалап, оның осындай жақсы тұсын байқап, өзінің де беталысын осындай бір ыңғайға көшірген.

Бүгiнгi күн, осындай жағдайда кездескен Барлыбек пен губернатор Ионов арасындағы жаңа бір текетірестің жалғасы іспетті өрбитін түрі бар ма, жоқ әлде екеуiнiң арасындағы ұзақ созылған танысу әңгiмесiнiң бiр түйiнiндей болды ма, ол жағы әйтеуір, әлі белгісіздеу еді. 

Аяқ астынан әңгiме жер туралы ауысқанда, оның жаңа бір қыры байқалып қалған. Барлыбектiң көзіне Ионов – өзiн Жетiсу аймағының келешегi үшiн тереңнен ойлап, оның ыстық – суығына күйiнгiсi бар адамның пейілін танытқандай болды. Ол өзін осындай күйге түскен адамның кейпіне кіре сөйлеген. Барлыбекке ол өзін солай қылып көрсеткiсi келген де сияқты болып көрінді.

Барлыбектiң ол туралы байқап отырғаны – жаңа губернатордың ойынша: «қазақ халқы орыс билiгiн,  үкiметiн, халқын тек қана: күш көрсетушiлер, жерiн тартып алушылар, басып алушылар ретiнде ғана танымай, керiсiнше жақсылық әкелушi, азат етушi, қараңғылықтың қара түнегiнен құтқарушы халық ретiнде қабылдауы қажет» деп, есептесе екен дейтін сияқты. Тек қана сондай адам ретінде көріп, қабылдаса екен деген оның сыңайын да байқап қалды.                                    

Соны дәлелдей түскендей боп, губернатор Ионовтың өзi жасанды қылық көрсете, кiшiрейе сөйлеп:                                                

– Бардыбек Сыртаныч! Бiлемiн, білемін, бiзге өкпелi екенiңiздi. Оны айтпасаңыз да болады. Сiздi өзiңiздiң бұрынғы қызметiңiзден төмендеткенiнен де хабардармын. Ай – ай, неткен өкінішті десеңізші. Өте өкiнiштi жағдай. Бiз оны түзеймiз. Әманда сөйтеміз! Сiздей адамдар Империя үшiн өте қажет! Тіпті бүгінгі күні таптырмайтындығына сенiмдiмiн. Бүгiннен бастап өзiңiздiң бұрынғы қызметiңiзге тағайындаласыз. Империя үшiн жұмыс жасаңыз! Бәрiмiз де, Ұлы Империя үшiн, Государь үшiн, Ұлы Россия үшін, аянбай, талмай қызмет етуiмiз керек! – деп, шімірікпей сөйледі. Мұны айтқанда ол бар даусын салып, көтеріңкі үнмен айтты. Тіпті сөзінің аяғы ұрандағандай болып кетті. Осы кезде губернатордың қызарыңқы жүзі онан сайын қызарып, нарттай болып жанып шыға келді. Семіз жүзі де аздап тершіген сияқты.   

Жаңа келген губернатор Барлыбектің қандай адам екендігін, оның не істеп жүргендігінен хабардар болса да, бұрынғылардай қуғындамады. Қайта өзіне тартқысы келген әрекетпен бұрынғы қызметіне қайта қойды.

Оның мұнысы түсінікті еді. Өйткені, дәл мынадай аласапыран заманда, оған да, жергілікті халықпен тіл табысу керек болған шығар. Ал Барлыбек болса сол жергілікті халықтың ең білікті кісісі. Қазір губернатор Ионовқа сол халықтың өкілінің көңілін тапса, халықтың да көңілін табатыны өзіне аян  болып көрінген. Солай деп ойлаған ол Барлыбекке тиіспеген. Тіпті, осы кездесуінде, онымен болған әңгіменің арасында тіпті Барлыбекке қарап қабағын бір шытпады ғой.                                     

Сонымен Барлыбек: «губернатор не дейдi? Ол тағы не қылады екен?» деп келiп, осының бәрі басқаша болып шыққанына өзі де таң – тамаша қалыпта, жаңа келген губернатордың кеңсесінен шықты.

Барлыбек кеңседен шығып бара жатып, өз өмiрiнiң тағы бiр басқа ағымға түсiп кеткендігіне, онша ырза болмаса да, іштей осы күйіне күпірлік қылмайын деп: «тауба!» деді. Бұған өзі сенер – сенбесiн бiлместен, Жетісу губерниясы басқармасы жағына қарай бет алды.

Барлыбек өзiнiң бұрынғы орнына қайта баратын болды. Оның қызметi енді тіпті бұрынғысынан бетер өсе түскен сияқты. Өйткені ол бұл қызметке жаңадан келген Жетісу жерінің әскери губернаторының жарлығымен –губернатордың ерекше тапсырмаларын орындаушы аға чиновник болып  тағайындалды.

Барлыбек пен жаңа губернатордың бұл кездесуіне тек қана Жетісудың игі жақсысы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл халқы құлақ түре қалған. Көпшілігі ниеттес оймен ақырын аңдып, «дұрыс болғай» деп тілеулес екендігін жасырмаған. Абырой болғанда, бұл жолы да Барлыбек елдің тілеуіне қарай мына бір сойқан тіресуден аман шықты. Барлыбектің бұрынғы қастастары да, бұл уақытта іштерінен тынып, сәл саябырсығандай еді. Олар енді әліптің артын күтіп, жаңа губернатордың аяқ алысын байқасатындай да болар. Ондайлардың ендігі пасық ойы да, тек қана күту сияқты. Онда да: «қай кезде Барлыбек Сырттанов аяғын шалыс басып орға құлайды екен» деген мысық тілеу ғана.                                                     

Жаңа губернатор Барлыбектi «чиновник особых поручений» қылып тағайындап, һәм өз қасына жақындатқандай бейіл білдірген.

Осымен Барлыбектiң жаңадан келген губернатормен кездесiп, танысуы осылайша өттi. Бұл да болса оған өзi бiлетiн жүйенiң жаңа бет пердесi секiлдi көрiнген едi.                                               

Барлыбектiң көңiлiндегi наразы үнiн еш iрiкпестен айтатындығын жаңа губернатордың ұнататындығы, иә болмаса ұнатпайтындығын ол біле алмады. Ол жағы әзiрге Барлыбектің өзіне белгiсiздеу болып тұрғандай. Бiрақ ол бұл жолы да, губернаторға турасынан ақтарылып, көкейдегiнiң бәрiн шығарды.  Онысы кесек – кесек болып түскендей болды.

Ендiгiсiн уақыт көрсете жатар. Барлыбек болса алда әлі талай істер өзін күтіп тұрғанын жақсы сезінетін сияқты. Тіпті көңілінде аздап желік те бардай көрінді. Соған өзі шаттанып, төбесі көкке жеткендей боп сезініп тұр. Бір жағынан ол өзін – өзі дайындап, «ел ішіндегі істердің енді қай тұсына кіріссем екен» деп, ойланып та, қалған кезі еді. 

 

 

 

 

 

 

Төртінші тарау

 

 

 

 

 

 

 

        Барлыбектiң қазiргi уақыттан түйгенi көп. Осы уақыттың iшiнде ол өзiн үлкен бiр белестен асып түскендей сезiнедi. Рас, бұл да болса күнделікті өтіп жатқан текетiрестiң арқасы шығар. Заман қандай болса, адам баласы сол заманына лайық болатын сияқты. Мына заманда да Барлыбек үшiн жер дүниенiң бәрi де текетiреске айналып бара жатқандай болып елестейтіні бар. Солай көрінетіні анық.                          

   Ең алдымен Россиядағы осындай тапа – тартыс пен бүлiкшiлiктiң барысында таптар мен олардың партияларының беталыстары айқындала түскенi белгiлi. Бірақ өкінішке қарай дәл осы кезде қазақ арасында ондай партиялар тұрмақ, бұл халықты болашақта, алдында не күтiп тұрғандығын тым құрыса сараптап айтып беретұғын бірде – бір саяси ұйым жоқ. Бұл да болса қазақтың артта қалған мешеулiгiнен болар?

    Барлыбек сияқты барлық алаш азаматтарын қинайтын да осы. Әсіресе, соңғы кезде өздерін «зиялы қауым» деп атайтын алаш азаматтары қазақ жерінде елеулі күшке айнала бастаған. 

    Барлыбек те, басқа да алаш азаматтары бұл туралы осылай ойлайды. Олар әр жер – әр жерде, бастары қосыла кеткенде айтыла қалатыны: 

    – Бiз қайтеміз осы, не болмақпыз?, Тым құрыса өзімізше ел бола аламыз ба?                     

    – Осы біз қайда барамыз?, Қайтер екенбіз?          

    – Ел болу үшін біз не iстермiз?, Бодандықтан қалай құтылармыз? – деген күн сайын көптеп туындап жатқан ойларын ортаға салып, соның төңірегінде пайда бола бастаған неше алуан ойларын толқытатын болып жүр. Көбінің бұл жайында әлі ой – пікірі аздау. Мұның өзі қазақ зиялыларының арасында әлі бұл көзқарастың пiсiп жетiлмей тұрғандығын көрсетіп те қалады. Зиялылардың бір қатары осы жайды тілге тиек етіп, көлденең тарта беретiн де сияқты. Олардың кейбіреуінің айтатыны әлі күнге дейін қазақтың басын біріктіретін, мақсат пен мүдделерін айқындайтын саяси партияның жоқтығы еді.

   Сондықтан болар, осы күнi қазақтан шыққан белсендiлер:

   – Ел боламыз десек, ең алдымен етек – жеңiмiздi жинап, бодандықтан құтылу керек! – деп, ең алдымен осындай шарт қоятын да болып жүр. Осы секілді әңгіме әр жер, әр жерде айтылып қалатын сияқты. Шыны керек, Барлыбек те ылғи осылай ойлап, бастары қосылған жерде осы идеяны қолдаушы болып алған.                                                  

    Осылай ойласа болды, артынша осыған қосылып шыға келетiн сұрақтар да көбейе түседі.  

Барлыбек солардың бірінің сырына қаныққанша, тағы бірі шығады. Барлық қазақ зиялылары сияқты осы күні Барлыбекті қинайтын басты мәселе – біреу. Ол – бодандықтан құтылу. Бірақ, сол  үшiн не iстеу керек екендігін ойлағанда барлығы бірдей қиналып қалады.

Бұл тек қана Барлыбекті қинайтын мәселе емес, сондай-ақ барлық қазақ азаматтарына тән құбылыс. Солардың бәрі осы күні «қалайша ел боламыз?» дейтiннің төңірегінен шыға алмайтындай болып жүр.

Несiн айтасың осымен бiрге iлесiп талай сауал қазақтың басына кеп төнеді. Соның ең бастысы «қазақ  елі өз бетінше еркіндікті ала алады ма?» дейтінге кеп бірақ тоқтайды. Ары қарата мұның шешімі табылмай қалатын сияқты. Мұның ар жағынан тағы да көсіліп жатқан көп белгісіздік бой көтере қалады. Бұған келгенде әр кім, әр түрлі ойлайды. Әр қайсы, әр түрлі жорамалдайды. Бірақ осының жауабы қазақ үшін әлі пісіп жетілмегені көзге бірден ұрып тұрады. Осындай мәселелердің бәрі біріне – бірі қосылып келгенде, әзірше қазақ үшін шешімі қиын, бұлыңғыр тартып тұрғандай көрінетіні бар. Бiрақ бұрынғыға қарағанда бұл істе алға жылжу жоқ емес. Сондайлығы кей тұста байқалып қалады. Барлыбектің өз басында бұған деген жауабы дайын сияқты. Сол бодандықтан құтылудың амалындай болған жан толғауы да оның көңілінде пісіп жетілгендей еді. Толғауы көп бұл туралы ойлары оны бір тоқтамға келтіргендей де еді. Өзінің жан сезімі білдірген, оның жолдары «ол былайша болар!» дегiзген, солардың жауабындай боп, жүрек қобалжытар жауаптар көкейiнде сайрап тұрған да сияқты.

Осыдан ілгеріде Омбы жерінде Әлихан Бөкейхановтың бастамасымен өткен Алаш зиялыларының бас қосуында Барлыбек бұл жайында айтқан. Сондағы пікір таласта ол: «Қазақты көркейтеміз, ел боламыз десек меніңше ең алдымен біздің халыққа отарлық бұғауынан құтылып, бостандық алу керек. Бостандықты қалай алуға болады десек, оның тек қана бір-ақ жолы бар. Ол үшін ең алдымен отаршылықтан құтылуымыз керек. Отаршылдықтан құтылу үшін ең алдымен қалың елді бостандық алу үшін күреске көтеру керек. Елді көтеру үшін оның ой – санасын оятуымыз қажет. Ол үшін ауқымды саяси күрес жүргізген абзал. Саяси күрес жүргізу үшін бізге саяси партия қажет. Сол үшін біз партия құруымыз керек» деген.

Бірақ ондай партия бұрын – соңды қазақта өмірі болған емес. Қазақ зиялылары партия құру, халық арасында саяси үгіт – насихат жүргізуден де кенде қалған. Тіпті ондай іспен айналысатындай тәжірибе де жоқ еді. Тіпті Барлыбектің өзі де бұл жайында мақұрым қалғандай сезінетін. Оның өзінде де партия құру жөнінде біртұтас көзқарас болмаған. Бұл идеяны қазақ арасында ең алдымен қолға алған Әлихан болды. Ол партия құруды өз қолына алғаны қалың қазақ елі үшін аспандағы айға қол созғанмен бірдей болды.

Осы жиында қазақ зиялылары біртұтас байлауға келген еді. Қазақ елін азат елдер қатарына қосу үшін ең алдымен саяси бостандық алуды дұрыс шешім деп тапты. Ал бостандық алудың бірден – бір кепілі ол отаршылдықтан құтылу екендігін де олар бірауыздан мақұлдады. «Отаршылдықтан құтылғанда ғана біз еркін, азат ел боламыз» деді Бөкейхан Әлиханов. Бөкейхановпен бірге саяси басшылықтың көсеміне айналуға тырысып жүрген Бақытжан Қаратаев та: «Отаршылықтан құтылып, бостандық алып, ел болсақ дегеніміз дұрыс. Сонда ғана біз қазақтың ұлттық мемлекетін құра аламыз!» деп ұран тастағандай болды.

Бір кезде Райымжан Марсеков деген жаңаша киінген, шашын артына қаратып тарайтын сылқым қазақ сөз алды. Ол өзі барып тұрған сыншыл, басқаның алып – қашпа, асығыс мінезін сөкет көретін кісі. Райымжан азаттықтың құрдан – құр оңай келмейтіндігіне баса көңіл аударып:                                                                                                           

– Әрине, құрдан – құр, бiздi ешкiм бодандықтан, отарынан шығармайды – деп отырған қазақтың біраз аптығын басқандай етті. Райымжанның сөзі даурығып отырған біраз қазақтарға ой салғандай етті.

– Бәрібір партия құрып, саяси күрес жолына түспей ештеме шығара алмаймыз – деді Әлихан, басын көтеріп, отырғандарды өзінің зілді көзқарасымен бір шолып өтіп.

– Иә, оның рас сұлтан! – деп, Әлихан сөзін Барлыбек те қостады. Ол бұл жерде Әлиханды қостағанымен осының барлық жай – жапсарына өзі де әлі жетік емес еді. Алаш азаматтарының бастары қосылған жерде айтатындары тартып алынып жатқан қазақ жері, халықтың сауатын ашып өркениетке бет алу болса, енді міне, жаңа бетбұрыстар пайда болып жатыр. Ол, партия құру елді саяси күреске дайындау. Мұның артында елді бодандықтан құтқарып, тәуелсіз елге айналдыру. Бұл алдыңғы проблемалардан да қиын жағдай екені һақ.

Сондықтан әзірге партия құру ісінде де, сондай-ақ азаттық күресін ұйымдастыруда да Барлыбек өз пікірін Әлихан мен Бақытжан ойынан жырақ ұстамаған. Барлық зиялы біткен сөйткен. Өйткені, мұның өзі тайға таңба басқандай белгілене бастаған шаруа екендігі оларға бірден білінген. Сонымен бірге көзі ашық, көкірегі ояу, әр қазақтың осы тұсты, өзiнше әр қалай ұғынатындығы да көзге шалына бастаған. Кезектеп келген бұл сауалдар Барлыбектiң көкейiне осыған байланысты тағы басқа мәселелердi сала кеткен.

Үндемей тұңғиық ойға беріліп отырған Бақытжан бір сәт дүр сілкінгендей болып, ауыр денесін елге бұрып:

– Осы біз не iстеу керек дегендей боп сансырай қалмай, құратын болсақ партиямызды құралық, ел арасында саяси науқан керек болса оны да жасалық. Құр босқа даурықпай іске кіріселік те – деп шолақ қайырды.

«Іске кіріселік» деген бір ауыз сөз отырған елді асықтырғандай болса да, көпшілігі сол істің қай шетінен бастарын  білмей отырған сияқты.

Барлыбекпен қатар отырған Мұхамеджан Тынышбаев оны бүйірден түртіп қалып:

– Аға, өзіңіз бірдеме демейсіз бе – дей берді де, қолымен Барлыбектің тізесінде жатқан қағаз салғыш қапшықты меңзеп, ымдап қойды. Оның ішінде не жатқанын сірә Мұхамеджан білсе керек.

Барлыбек Мұхамеджанның нені меңзеп отырғанын сезгендей болды. Бірақ түп мәнісін әлі де түсінбеген. Өйткені, қағаз салғыштың ішінде өзі дайындаған «болашақ казақ елінің уставы» бар болса, ол сол туралы айт деп тұр ма, жоқ әлде, саяси күрес пен партия құру жайында айт деп тұр ма, сонысының түбіне жетпеген. Бағанадан бері ол осында айтылып жатқан ойлардың сырын сарапқа салумен әуре болып отырған. Қазақ зиялыларының айтып жатқандары да түбі бір сөз екені осында білінді. Олардың айтатындары: «Ол үшiн күрес жүргiзу керек!», «Ұлттымыздың саяси партияларын құру қажет!», «Жаппай сауаттылық болсын!», «Қазақ халқының өркениетке қолын жеткiзудiң жолын ойласақ!», «Қазақтың өзiндiк мемлекетi болса, парламентi, үкiметi болса!» – деген толып жатқан сауалдардың жауабындай–ақ болып шыға келген.

«Таяу арада тiптi Россия сияқты мемлекеттiң доминионы болсақ та, бара – бара азат елге айналсақ» дегенiң өзi де Барлыбектің көкейiне сиятындай уәж болатын.

Осыдан басқа бөтен ой, басқаша тұжыру қазақ зиялылары арасында жоқ еді.

Барлыбек болса бағанағы Мұхамеджан ымына әлі сыр бермеген. Қыбыр етпестен отыр. Ойындағысы өзі дайындаған устав жобасы – болашақ қазақ елінің конституциясына арнап жасалған жазба. Қызыл сақтиян былғарыдан жасалған қағаз салғыш қапшық ішінде жатыр. Сонысын ол мына отырған елге таныстырмақ болып оқталып қояды.    

Ол бiрнеше жылдан берi өзiнiң осы ойлағандарын қағазға түсiре бастаған. Онысы әзiрге басқалар үшін құпия. Бiрақ, елiн – жерiн ойлайтын қазақтың әр баласы үшiн, ол әрине, құпия емес еді. Бұл Барлыбектің өз пікірі болатын. Осындай кезде оның көз алдына алдымен бүгінгі күні елдің тағдырын ойлайтын алаш азаматтары келеді. Солардың барлығы ортақ мүддеге байланып, қазақты азат ел қылу үшін ұйымдасып жүр. Олай болса Барлыбектің өзі де солармен бірге, солар сияқты ойлайды. Бұл жолды өзі де басқалар сияқты таңдап алды. Енді сол жолдан қия баспауға серт берген.

Патша жендеттерi айдаладағы бодан ел – қазақ тұрмақ, өзiнiң орысын да, аямай жатқан заман болса мынау. Сондай қырын заман іргеге келіп, босағадан сығалайды.                                                                

Патшалық үкiмет күнi кеше революцияшыл күштерге қарсы күрес жүргiземiз, терроршылдарды қылмыскерлер ретiнде жоямыз, халықтың мүлкi мен меншiгiн аяққа таптатпаймыз деген желеумен адам қанын судай шашты. Россиядағы партия бiткендi де қуып тықты. Олардың бәрiн астыртын жағдайда жұмыс iстеуге мәжбүр етті.                  

Қайта – қайта сайланған Мемлекеттiк Думалар көпке бармай тарқатылып жатыр. Соның бiрiне яғни айтқанда екiншi сайланған Мемлекеттiк Думаға Жетiсудан Мұхамеджан Тынышбаев сайланған болатын.

Мұхамеджанның сайлануына да Барлыбек көп еңбек сiңiрдi. Жетiсудың игi жақсыларына сөз айтып, қолқа салған. Мұхамеджанның кандидаттығына Жайылмыштың атақты болысы Сәттiң өзiн көндiрген едi. Сәт болыс тiптi Мұхамеджанның Думаға сайлануына байланысты Петербургке де аянбай барып қайтқан.                             

Осының барлығы Барлыбек айтып түсiндiргеннен кейiн, Жетiсу халқының Мұхамеджан Тынышбаеқа деген сенiмi арта түскен еді. Өйткенi Тынышбаев олардың көзіне жас та болса алғыр, бiлiмдi, іскер қазақтың бiрi болып көрiнген. Қазiргi кездегi қазақ белсендiлерiнiң арасында оның алатын орны да бөлек. Алған бiлiмi мен қазіргі жасап жүрген жұмысы бойынша бүгінгі заманның талабына сай келетіннің нағыз өзі екені рас. Оның үстіне қазіргідей алып империяда өнеркәсiп пен өндiргiш күштер саласында iстейтiн жалғыз қазақ баласы. Алған бiлiмi жағынан қазақ арасынан оған аздап жақындау келетiннің өзi бірақ адам. Ол күллi қазақты алдыға бастар серкесi болуға дайындалып жүрген екi адамның бiрi – Әлихан Бөкейхановтың өзі едi.

Әлихан болса Петербург орман шаруашылығы институтын тамамдаған, бұл күнде кадет партиясының белсендi бiр мүшесi, онымен қоймай Европада пайда болып, Россияға да келген «Массондық ложаның» мүшелiгіне әлдеқашан кiрген болатын.                                                  

Бүгiнгi заманда Әлиханмен бiрге қазақ елiнiң саяси күштерiнiң серкесi болғысы келетiн, оның тұтқасын ұстар тағы бiр iрi тұлғасы да пайда болған. Ол – белгiлi заңгер Бақытжан Қаратаев. Бөкейханов сияқты ол да кадетшiл, елдi эволюциялық, реформа жолымен өзгертуден гөрi – күшпен, төңкерiс арқылы өзгертуге жақындау. Бақытжанның ішкі ойы да кейбір  сол есептен социал – демократтардың көзқарастарына тым жақындау едi.        

Самодержавие бұл күнде қарулы әскерге де сенбейтiндей. Оның бар сенерi тек қана, өзiне ұнайтын монархистiк ағымдағы «Қаражүздiктер» партиясы, өзiне қарасты лейб – гвардия әскери құрамалары және Ішкі істер министрлігіне қарасты Жандармерия корпусы мен Полиция департаментi ғана. Сондай-ақ, патша жер – жерлердегі казак әскери қосындарына да сенетін сияқты. Өйткені қазынадан көк тиын алмайтын, осындай өзін – өзі қамтамасыз ететін тегін әскер күші әр қашанда орыс мемлекетіне ұнайтын. Ата – бабалары үнемі соғысып машықтанған бұл жиынтық халықтан шыққан жаңа нәсіл болатын. Тіпті бұлардың басым көпшілігі түркі тектес нәсілден екендігі де баршаға белгілі болған. Мұндай қосындарға тек аямай жерді бере берсең болды қалғанын өздері тындырады.  

Революциялық пиғылды жаншу үшiн, жалпы үрей сезiмiн туғызуға лайық құрал ретiнде әскери – далалық соттар пайда болған. Ал, олар болса «шаш ал десең, бас алатын», нағыз сойқанның өзі болды. Ондағы отырған соттаушылардың аузынан тек қана өлiм шашар үкім құралына айналған. Әскери – далалық соттардың көбінесе шығаратын жазасы да тек қана осы.     

Барлыбектiң және сол сияқты бүкіл қазақ зиялылары мен белсендiлерiнiң бұл тұстағы ойлары өзгешерек болғандай. Сол мақсат осы кезде айқындала бастаған. Ең негізгісі олар өз халқының жағдайының ауырлығын барынша ұққан. Сондай-ақ бұл кезде елiнiң қамын жеп, тағдырын ойлаған қазақ баласының ел турасындағы толғаныстары әбден шегiне жеткен еді. Қазақ зиялылары ендігі де осы жағдайды дұрыс пайдаланып қалуға ұмтылғандығы содан болды.

Азабы мол, бейнетi сор халқының жанына қалай медеу болуды көздеген олар осы жолға тайсалмай түскен.                              

Осыған дейiнгi олардың ел iшiнде жүргiзiлiп келе жатқан ағартушылық – демократтық қозғалысы ендi саяси белсендiлiкке ұштасып шыға келген.

Қарқаралыда басталып, Қоянды жәрмеңкесiнде өз жұмысын одан әрі жалғаған қазақ оқығандарының зиялы қауымының бас қосуы қазақ елінде тағы бір тың күштің пайда болғандығын бүкіл елге жариялағандай болды. Бұлар еркіндік пен теңдікті армандаған жаңа буын қазақ зиялыларының қалың тобы еді. Былайша айтқанда орыс елі мен шет елдерде сапалы білім алған, елінің ыстық пен суығына бірдей күйетін азаматтар тобы болатын.

Бұл 1905 жылдың маусым айы болатын. Жиын қазақтың соңғы жылдары жылына бір бас қосатын жері Қоянды жәрмеңкесінде басталды. Жәрмеңкеде жыртылып айрылар кісі, қызған сауда, сатылатын мал мен әр түрлі, сан алуан тауар, қызық пен сауық, ойын мен күлкі көп.

Ығы – жығы көп халықтың арасында жасырын жиын өткізуді тиімді деп есептеген саясат атты терінің пұшпағын илеп жүрген қазақ азаматтары да осында жиналған. Олар бұл жерді өздерінің бас қосуы үшін ұтымды пайдаланды. Өйткені қаптаған полиция мен жандармерия адамдары бұлардың бас қосуларын аңдып, бақылауға алатыны алдын – ала белгілі болған. Ал сондайлық бақылауға алынған жерде саясат туралы, билік жайында сөз айтсаң болғаны дереу мемлекет пен билікке қарсы адам ретінде қамауға алынасың.

Бұл бас қосу, жиында айтылатын әңгіменің бәрі саясатқа қатысты еді. Мұндағы айтылар сөздің өзі де, әрине тек қана қазақ елінің болашағы туралы болғандықтан, мұндай жиынға дереу тиым салынатындығы, ал оған қатысушылар жазаланатындығы, айдан – анық болатын. Сондықтан жиынға жиналғандардың іздегені осындай шулы жер болатын.  

Жиынды ұйымдастырушы әрине Әлихан Бөкейханов болды. Әлихан біраздан бері бүгінгі күнгі қазақ саясатының серкесінің біріне айналған еді.

Әлихан әсіресе соңғы кездері көзқарастары бір жерден шығатын өзінің жақтастары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов сынды саясаттың тың күштерімен бірігіп, талай тындырымды істерді жасап тастаған. Қазір де ол бұндай істердің басында жүргені белгілі. Қарқаралы жеріндегі бас қосуға да Әлихан ұйытқы болды.

Патшаның «18 ақпан Рескрипті» бойынша петиция дайындауға жиналған белсендiлер: Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Сералин, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин, Райымжан Мәрсеков, Халел Досмұхамедов, Мiржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Жанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев тағы басқа да толып жатқан қазақтың зиялы қауымы жиналып кеңес құрды. Бұлардың ішінде Барлыбек те бар еді.     

Жиналғандар Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың өтiнуiмен Самодержавиелiк үкiметке қазақ халқының атынан петиция, яғни жазбаша тiлекнама жiберудi жөн көрген. Бұл тілекнама – петицияда қазіргі қазақ халқының басына түскен ауыртпалықтар жайында айтылмақшы еді.

Ең алдымен Әлиханның ұсынысымен бұл петицияға басты мәселе ретінде жер туралы жазылды. Оған барлығы бірауыздан қосылды. Сонан кейiнгi мәселе – қазақ жұртын өзiн – өзi басқару үшiн «басқару органын құруды ұсыну» болды. Ондай басқару органының осы күнгі орыстың земствосына ұқсас болғанын Әлихан жақтап шықты. Бұл ұсынысқа да, барлығы бірдей қосылды.

Үшiншi мәселе ретінде отаршылдықтың ең зұлмат көрінісінің бірі, қазақ елiн орыстандыру саясатын тоқтату мәселесін де, петицияға енгізуді көздеген.

Әрине, жиналғандардың бәрi де, бұл сұрақтардың қазақ халқы үшiн ең басты және көкейкесті мәселелер екендігін бірден түсiнген. Сондықтан талқылану барысында бұл мәселерге қатысушылардың еш қайсысы да қарсы болмаған еді.

Тек қана, осы бір кезде бұлардың еш қайсысы күтпеген оқиға болды. Алыстан орағытылып келген, осы бір түсініксіз жағдайдың дәл осы арада шиелінісе қалатынын кім ойлады дейсің. Бұл шиелініс қазақтың жері туралы мәселені талқылаған кезде орын алған болатын. Оның басы қазақтың енді ғана қалыптаса бастаған қазақ саяси ағымының көш басшылары мен көсемдеріне айнала бастаған екі адамның арасында туындап қалды. Оның бірі Әлихан  болса, екіншісі Бақытжан еді. Әрине, бір мәселе бойынша пайда болған осындай әр түрлі көзқарас – қазақ зиялыларының арасына да жік тастағандай етті. Бұл көзқарастар бұрындары пайда болып келсе де, тек осы кезде ғана анық байқалғандай болды.

Қазақ баласына келген осындай жікшілдік ең алдымен патша үкіметінің, Столыпиннің қолдауымен Россия империясының жерін әр адамға он бес десятинадан бөліп беретін жарлықтың шығуына орай пайда бола бастағаны бар.

Бұл жарлыққа сәйкес ішкі Россиядан – Қазақ еліне жөңкіліп жатқан қоныс аударушы (переселендерге) осындай жер телімдері шұрайлы жерлерден аямастан беріліп жатқанда, кейбір қазақ белсенділері мұндай мүмкіншілікті өз қазағының пайдасына шешіп қалуға ұмтылған. Бұл болса да, қазақ арасында көптен бері пайда болған жер дауының онан сайын өршуіне себеп болды.

Переселендерге үлеске беріліп жатқан жерлерде қазақтардың атам заманнан бергі қоныстары мен мал жаятын жайылымдары, мал қыстататын қыстаулары мен егін егетін жерлері, қорықтары үлеске түсіп, кетіп жатты.

Переселендерді өмірі суы аз, құмдауыт, шөлді жерлерге жібермейтін. Тіпті, басын кессең де олар ондай жерге бармайтын. Оларға ылғи тек қана жақсы жерлер ғана берілетін.

Осыған қарай Бақытжан Қаратаев «қазақтың жақсы жерлері қазақтың қолында қалуы үшін қазақтарға да патша жарлығына сәйкес он бес десятинадан жер үлесін алып, отырықшы елге айналуға көшу керектігін» айта бастаған. Ол елдің ішінде қазақтарды осыған үгіттеп, үлеске жер алып қалуға шақырған.

Ал Әлихан болса, керісінше «қазақтың жерін біртұтас сақтап қалу үшін көшпенділік өмірді тоқтатпай, әзірге отырықшылдыққа көшпей тұра тұру керек. Ондай күннің уақыты әлі келген жоқ. Патша билігі қазақтың жері тек қана қазаққа ғана тиісті екендігін заңды түрде мойындаған жағдайда ғана көшпелі өмірді, отырықшы өмірге айырбастауға болады. Оған дейін жер үшін күресті тек саяси тұрғыда ғана жүргізіп отыру қажет. Бұндай күрес түрін тоқтатпау керек» деген пікірді ұсынып, сол бағытты қолдап жүр.

Қазақ зиялыларының көбісі, осы екі пікірдің ар жақ, бер жағында жүріп, қай жағына шығарын әлі де болса білісе алмай қалған тәрізді. Соған байланысты бұлардың арасында екі жақты пікір, талас туып, әрқайсысының өз жақтаушылары болды. 

Келе – келе, бұл екі пікірдің еш қайсысы да іске аспай қалған. Өйткені, орыс үкіметі қазақтың жерін тартып алуын үдетпесе, тоқтатқан жоқ.

(Әлиханның айтқан көшпелі өмірді тоқтатпауды, осыдан кейін он сегіз жыл өткенде, Россия саяси билігіне – Қазан революция арқылы келген – Кеңес Үкіметі бір сәтте шешіп берді. Оған себеп болған және бұл үрдісті жылдамдатқан Қазақстан саяси ұйысының басшылығына Голощекиннің келуі еді. Ол Қазақстан билігіне келісімен өзінің атақты «Кіші қазан» деп аталған іс – шарасын бастап кетті. Бұл «Кіші қазан» шарасы қазақ халқын күшпен отырықшылыққа айналдыру науқанының басы еді. Мұның арты қазақты үлкен нәубетке әкеліп, аштық пен қасіретке толы жылдарға соқтырды. Қазақ халқы қырылып, геноцидке ұшырап, жер бетінен мүлдем жойылып кетуге сәл-ақ қалған. Бұл болашақтың ашты шындығы еді. Мұны Әлиханның да, Бақытжанның да, болжай алмағаны рас. Бұл іс – Бақытжан  армандағандай қазақты отырықшылыққа көшіру. Бірақ жай ғана емес,  зорлықпен көшірудің ең бір қатігез пен зұлымдыққа толы кезі еді. Ал, сондай қатігез билік, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының шаруашылық жүргізу түрін әп – сәтте күшпен осылайша шешіп, ай – шайсыз бүткіл жерін мемлекеттікі етіп берді.

Мал ұстап, егін егуге қолайлы жерлерді дер кезінде патшалық өкіметтің заңына сәйкес иемдене алмай қалған қазақтарды коммунистік билік «жартылай феодал деген айырым белгісін айдар етіп тағып, жеті жүзден астам байды 1928 жылы тәркілеген болатын. Бұл да болса осы бір нәубетті жылдардағы азып – тозудың басы ғана еді. 

Бақытжан болса, қазіргі кезде, отырықшылыққа өтпей, тиісті жер телімін алмаған қазақтарға ренжігендей болып, соларға үлгі көрсетпек болып, Кіші Бөкей ордасынан жер алып, тұрғын үйлер салғызып, сонда тұра бастаған болатын.

Өз қағидаларының осылайша қанды жолмен, күштеп шешілетіндігін Әлихан да, Бақытжан да ол кезде білмеген еді).   

Тілекнама – петиция жазу, онысын тура патшаның өзіне жіберу туралы бұл жерге жиналған азаматтардың қай – қайсы болмасын, айтылып жатты. Көпшілік осыған тоқтап, бірауыздан келіскен еді. Оған да негіз бар сияқты. «Россияның өз іші осындай боп, буырқанып жатқанда, қазақ неге қол қусырып отыруы керек!» деген сөз көбінің аузынан шығып қалған.

– Сонда мұның өзін кімнің атына жазсақ екен? – деп Әлихан ойланғандай болып еді. Оның ойын іле – шала Бақытжан құптағандай боп:

– Дәл осылай, екі ұшты болып тұрған сияқты. Бірақ та менің ойымша тек қана, тікелей патшаның өзіне жазбау керек. Оның қазір есі шығып, ебі қашып отырғанда, оның қолына түссе не болар дейсің? Сондықтан Министрлер Комитетінің төрағасына жазайық. Ол өзі де бәрібір Государьға жеткізеді» деп Бақытжан құптарлық ақыл айтты.   

Сонымен 1905 жылдың 26 маусым айында Семипалат облысының Қарқаралы уезінің жерінде қазақ азаматтарының Патша ағзамға арнаған тілекнамасы жазыла бастаған кез еді. Тілекнаманың өзін «Қазақтардың қаналушылық жағдайы туралы Министрлер Комиететінің төрағасына Қоянды жәрмеңкесіне қатысушылардан петиция» деп ат қойып бастағаны тағы бар. Ендігі сөз алып ел ішіндегі жағдайды сараптаудан басталған. Соны тілге тиек етіп: «Қазіргі уақытта, барлық Россия біткеннің азаматтары буырқанып, өздерінің өмірлерін түгелімен өзгертуге құлшынып жатқанда, олармен тығыз байланысты қазақ халқы да, бұл жағдайға немқұрайды қарамай, олар да өз өмірлерін жақсартуға ұмтылыс жасауға кірісті. Соның барлығын ескере келіп, ең алдымен халықтың басына түскен ауыртпалық пен қасіреттің келелі мәселелері турасында шағым жасауды жөн көрдік. Онда да, қазақ елінің басына түскен кесепатының барлығын бірдей айтып, жеткізу мүмкін болмай тұрғандықтан, біз ең негізгілеріне қана тоқтала кеткенді жөн көрдік.  

Сөз алдында, бүгінгі күннің ең негізгі мәселесі – ол орыстандыру саясаты болып отыр. Қазақ елінің өмірінің барлық саласы бүгін де орыстандырудың ызғарына ұшырып тұр. Соның салдары қазаққа қатты біліне бастады. Осы саясаттың арқасында қазақтар өздерінің руһани – діни нанымынан мүлдем ажырап қалудың сәл алдында тұрғаны белгілі. Өйткені, олар орыс әкімдерінсіз өздерінің діни салттарын іске асырмақ түгіл, басқадай жағдайлардың өзіне де еш қадам баса алмайтындай болды. Қазақ жерінде мешіт ашу, мектеп салу, медреседе бала оқыту мәселелері тек әкімдердің қолында, ол тұрмақ мұсылман мектебін ашу, Мекеге қажылыққа барудың өзі де солардың һұзырында қалып отыр. Олай болса, әкім қарасыз қазаққа бүгін «таң атып, күн батпайтын» жағдайдың өзі туғандай болды. Соған байғұс қазақтардың көздері жеткендейі рас. Қазақтың діни нанымына, ар мен ұждан құқына әлдеқашан қол сұққандығын орыс әкімдері білмейді емес, біледі. Біле тұра, неше түрлі қыспақтың тәсілдерін ойластырып та қояды. Халықтың жағдайын ойламастан, тіптен оның тарихи салт-санасына еш мән берместен, жергілікті әкімшіліктің көздегені тек қана, қазақты орыстандыру болып тұр. Сол үшін де, олар жолындағы кедергілердің бәрін таптап өтіп, осы саясатты орнатуға ұмтылады. Бірақ, әкімдер бір жайды әлі де болса түбегейлі түсінбейтін сияқты. Ол – қазақтың жерінің орыстың қол астына басқыншылық жолмен түспегендігі және бұл жерлердің қазақтың өз еркімен орысқа қосылуына байланысты оның қол астына өткендігі туралы ақиқат. Былайша келгенде қазақтар орыс патшалығына сыртқы жаудан қорғану үшін қарағандығы. Бірақ келе – келе олар орыстар өздерінің ішкі істеріне қол сұғатындығын, олар тіпті мемлекет тарапынан қазақтарға діни салт пен дәстүрлерін жүргізудің өзіне де қарсылық білдіріп тұратындығын алдын – ала еш болжай алмай қалатындығына да енді ғана көздері жеткендей болды.

Орыстандыру саясаты қазіргі кезде қазақты айналдырған үлкен сор болды және ол бүгін әрине қазақтардың мәдени дамуына кері әсерін тигізіп жатқандығы белгілі. Қазақтың басына түскен екінші сор – ол қазақтардың жерлерінен айрылуы болып тұр. Жер – олардың өмірінің ең қажетті тұсы – оның өмір сүруіне де, тұрмыс жағдайына да әсер ететін, ауадай қажет, ең керекті дүние екендігі рас. Осы екі мәселенің қазаққа қажеттілігі аса зор. бұларға қиянат жасау, қазақтың өміріне сондайлықты кері әсер етендігін де айта кетуіміз керек. Даладағы қазақтың тіршілік жағдайы былай айтқанда бағып отырған малына тікелей байланысты екендігін мынадан білуге болады. Даладағы жерлер малға азық тауып береді, ал мал болса қазаққа азық болатындығы белгілі жай емес пе? Қай жерде мал тоқ болса, қазақ та тоқ болады. Қай жерде малға азық көп болса, ол жердің қазағы да бай болады. Олар орыстардың қол астына кірерде өздерінің ата-бабаларының қанымен суғарылған жерлерін олардан ешкім тартып алмастай болып көрінген. Бірақ, орыс үкіметі түрлі заңдар жасап, ешбір себепсіз қазақтардың жерлерін мемлекеттікі деген сылтаумен, күшпен тартып ала бастады. Соның нәтижесінде қазақ даласында переселендер қозғалысы пайда болып, ең жақсы жерлер солардың пайдалануына берілді. Ал қазақтарға керісінше ең шұрайсыз, сузыз, шөлейт, тіпті мал жаюға келмейтін жерлер тиді. Әрине, мұншалықты қазақтың жеріне жасалған қиянат, олардың әлеуметтік, экономикалық жағдайының төмендеуіне, тұрмыс жағдайының құлдырауына әкеліп соқты. Бір сөзбен айтқанда қазақтарға сыйға тартылғандай болған, ата-бабасынан бері көрмеген жақсылығы іспеттес «Дала ережесінің» өзі оларға ауыртпалықтарды бірінен кейін бірін бастарына үйіп салғандай етті. Кезінде бұл ереженің өзі елдегі байырғы тұрғындардың қатысуынсыз жасалды және әкімшілік тарапынан барлық заң біткен бұрмаланып, орыс әкімдері өздерінің білгендерін істеді. Сөйтіп, әкімшілік қысым көрсету арқылы қазақ халқының өмірінің барлық саласына баса көктеп кіріп,  олардың жеке басының құқықтары мен адами қасиеттерін жоюға, сол үшін жасанды қараңғылық түнегін орнатуға дейін барып отыр. Осының бәрі біздің халқымыздың экономикалық әл-ахуалын құлдыратып, кедейшілікке ұшыратуда, ал мәдени дамуы болса, оны мүлдем тоқтатып тастады.

Соның бәрін ескере келе, қазақ халқына өзінің экономикалық жағдайын көтеру үшін «Қазақ өлкесін басқару» ережесіндегі кемшіліктерді жойып, қазіргі өмірге сай келетін шараларды іске асыру қажет.

          Яғни айтқанда, 1891 жылы 25 мартта қабылданған «Дала ережесі» бойынша жиі-жиі күнделікті өмірде ұшырасатын жағдайдың бірі – қазақтардың руһани істері болып табылады. Осындайлық ең қажетті істердің өзі Ішкі істер министрлігінің һұзырына қарайтыны кім – кімді болса да таңдаттыратыны белгілі. Жергілікті әкімшілік орындары соңғы кездері елдің руһани ісіне байланысты да бір қатар жазалау шараларын қолданып та үлгерді. 1903 жылы Петропавловск, Көкшетау, Павлодар,  және Семипалатинск қалаларында тұратын қазақтардың үйіне заңсыз тінту жүргізілді, бірсыпыра кітапханалар мен кітаптар тәркіленді, ол кітаптар күні бүгінге дейін иелеріне қайтарылған жоқ.

          Сонымен қатар, Көкшетау уезінің қазақтары Наурызбай Таласов пен Шаймерден Қосшұғылов діни көзқарастары үшін жер аударылды, біріншісі – Енисей губерниясына, екіншісі – Якут облысына.

         Тап қазір, «Дала ережесінің» 99 бапы бойынша медресе (мектеп) ашуға және мешіт салуға Дала генерал-губернаторының рұқсатынсыз болмайды» деген ескертудің бар екендігін көп адам біле бермейді. Бірақ та, дәл осындай жолмен жаңадан мектеп ашуға, не болмаса мешіт салуға беріліп жатқан рұқсат та жоқ. Есесіне әкімдер Семипалатинск мен Көкшетаудағы мешіт жанындағы мектептерді жаба бастағаны бұл істегі көп шикіліктің бетін ашып отыр. Сөйтіп, қазақ жаңадан мектеп ашпақ түгіл, барынан айрылып жатыр.

          Осы Дала ережесі бойынша метрикалық кітаптың жазылуы жаппай сауатсыз болып келетін ауылнайлардың (ауыл старшынының) қолында екендігі белгілі. Ал шетелдік паспорт алу дегеннің өзі қиынның – қиыны екендігінде дау жоқ. Жазылған паспортты енді аламын деген кезде, сізге еш қатысы болмаса да, крестьян начальниктері болыстықтардың және қауымдықтардың қарызы өтелмеген жағдайда солар өтелгенше бермей қоюына болады.

          Осы айтылғандарға байланысты: қазақтардың ар – ұждан бостандығы мен діни сенім бостандықтарына аса көңіл аударатын кез келді. Сондықтан, Дала өлкесінің қазақтарына арнап айырықша ұйымдастырылған, ешқандай ведомствоға қарамайтын діни басқармалар ашу қажет деп ойлаймыз. Мектеп ашу, мешіттер салу оған деген сұранысқа байланысты ашылуы заңды болған жағдайда, қазақ, татар және араб тілдерінде жазылған діни кітаптар мен басқа да жазбаларға жүргізілетін цензураларды да жою керек. Метрикалық жазуларды діни басқарма ұйымдарына беру туралы және шетелдік паспорттармен қамтамасыз ету кезінде заңдылықтардың қатаң сақталуын талап етіп, қатысы жоқ заңсыздықтарға жол бермеу керек.   

          Екіншіден, 1902 жылдан бастап Далалық өлкелерде қазақ балалары үшін ауыл мектептері ашыла бастаған еді. Бұл мектептерде бастапқыда сабақ қазақ тілінде беріле бастаған болатын. Сонымен қатар, қазақтар бұл мектептерде қазақ тілінде сауат ашар басқа сабақтар жүргізілсе деген тілек білдіргендігі белгілі. Бірақ олардың мұнысына құлақ асқан әкімдер болған жоқ. Бұл мектептерде қазақ балаларына өздерінің ана тіліндегі сөздерін орыс тіліндегі әріптерімен жаздыратын болды. Тіпті олардың тіліндегі әріптері қазақ фонетикасын толық ашпайтындығының өзі мұндай көрсоқырларға оны түзету турасында ой салар емес.

          Қазақтардың өз тілімізде оқытатын мұғалім бер деген сұрауына келісім бермеген әкімшілік қазақ тілін орыс әліппесімен оқыта бастағаннан кейін сенімнен кеткен қазақтар балаларын мұндай мектептерге беруден бас тартты. Өйткені, бұл оқудың өздерінің балаларының сауатты болуынан көрі басқа бір мақсатты көздейтінін олар аңғарып қалған сияқты. Сондықтан оқушылардың алғашқы легі ылғи қазақтың кедейлері мен жетім балаларынан құралатын болды. Қазақ балаларын оқуға қызықтыру үшін ең алдымен олардың туыстарына ақша беріп, сатып алу жолға қойылды. 1880 жылдың басынан бастап Дала өлкесінің барлық қалаларында қазақ балалары үшін интернаттар ашылған болатын. Бір өкініштісі 1890 жылдан бастап бұл интернаттар тіпті оларды басқа кәсіпке ауыстыруға деген сұраныстың болмағанына  қарамастан ауылшаруашылық мектептеріне айнала бастады. Сонымен жалпы сауаттылық білімді өндіре алмай жүргенде қазақтар үшін тыңнан кәсіп тауып, оқу қиын екендігі есепке алынбады. Соның салдарынан он бес жылдан артық ғұмыр сүрсе де бұл ауылшаруашылық мектептері бірде – бір маман ел үшін дайындап шығара алмастан келеді. Тек қана, олар интернат бітірген қазақ балаларының санын көбейткені болмаса. Ондай ауылшаруашылық мектептерін бітірген қазақтар осы күнгі қазақ қоғамы зәру болып жүрген зиялы қазақтардың тобын көбейтіп қана жүр. Осы жайдың өзі қазақ даласына кәсіпкерлерден көрі зиялы азаматтар қажет екендігін білдіретін болар.

         Өкінішке орай, 1890 жылдан бері қазақ жеріндегі барлық пансиондық – гимназиялар жабылып, олар енді жоғары оқу орындарында оқу мүмкіншіліктерінен айрылып қалды. Қолдарында қазақ балаларын оқыту үшін стипендия қаражатын ұстап отырған жергілікті әкімдер оны басқа сословиенің балаларына бере салатын болды. Соған қарамастан қазақ балаларының арасында оқуға деген ынта аса зор. Бұған дәлел ретінде көптеген малмен ғана күнелтіп отырған қазақ балаларының күнкөріс ауыртпалығына қарамастан өз қаржыларымен қала училищелерінде оқып жатқандығын келтіругеболады.  

         Осы айтылғандарға байланысты қорытынды жасайтын болсақ, ең алдымен қазақ даласында оқу – ағарту ісін дұрыс жолға қоюды қолға алу керек. Ол үшін: ауыл мектептерінде қазақ сауатымен оқыту, сабақты олардың ана тілінде оқытып қана қоймай, мемлекеттік тіл ретінде – қазақ тілін таңдап, сол тілді оқытуды міндеттеу қажет.

         Жабылып қалған Омск гимназиясының пансионаты мен интернатын қайтадан ашып, ал Семипалатинск гимназиясында пансион ашуды ұйымдастыру, қазақ балаларына кәсіптік мектептер мен жоғарғы оқу орындарына түсуге арналған стипендияларды көбейту керек.

         Осы мәселелерді шешуге, әсіресе сауат ашуға бүгінгі кездің өзінде жергілікті әкімшіліктің құзырындағы земстволық капиталдың өзі де жеткілікті болар еді. Бүгінде, сол айтылмыш земстволық капиталдың көлемі 80 000 рубьлден асып кетті. Ондай капиталдар осындай игілікті істерге жұмсалғанның орнына тек үлкен басшылардың қажетіне ғана жарап тұрғаны өкінішті. Бұған мысал ретінде Ақмола облысының әскери губернаторына 47 000 рубльді жеке басына үй салуға жиырма үш жарым жылға процентсіз несиеге берілгендігін айтуға болады.

Қазақ халқының күнделікті жағдайын біліп, қанығу үшін  қазақша

газеттер шығару керек және оларды тексеріп отыратын цензура жойылсын. Сонымен бірге, қазақ тіліндегі баспаханаларды ашуды да ұйымдастыратын кез келді.

          Соңғы 15 жылда Далалық өлкені отарлау күшейе түскен. Осыған байланысты жыл сайын қазақтар пайдаланып келе жатқан жерлер азая түсуде. Мал шаруашылығының  өсуін тек қана малдың басының көбеюмен ғана емес, сондай-ақ, жайылымның кеңеюмен ғана іске асыруға болады. Бірақ, қазіргі кезде оны қалайша іске асыруға болады. Өйткені, переселендер қажетіне байланысты ең жақсы жайылымдар мен тұщысулы жерлер қазынаға деп алынып жатса. Бұған жол бермеу үшін ең алдымен қазақтар жайлайтын жердің бәрін олардың меншігі деп есептеу керек.

         Далалық өлкеде, жер төңірегінде, мұнан басқа да, заңсыздықтар азаймай тұр. Бұған Мемлекеттік мүлік басқармасының жарлығымен қазынаға тиісті жерлер қорынан саяжайлар салуға арналып жер үлестері бөліну ісін мысал етіп келтіруге болады. Осының салдарынан қазақтарды зорлықпен ата – бабасынан бері қоныс қылып жүрген қыстауларынан қуып, ол жерлерге  саяжай салынып жатыр.

          Осыған байланысты, көтерілетін тағы бір мәселе, саяжай үлестерін берерде қазақтар өздерінің байырғы қоныстарынан күшпен көшірілмесін, сол үшін олардың жеріне қол сұқпастық шаралар ретінде тиісті қорықтық жер тілігін жүргізу қажет. Ондай қорықтық жер тілігінің ені қазақтардың қатысуымен белгіленіп отыруы керек.

          Қазіргі Дала ережесі қазақтардың бүгінгі өміріне мүлдем сәйкес келмейді.  Басқасын айтпағанда, осы Дала ережесінің бір ғана 120 бапын алып қарасаңыз оның өзі қарама – қайшылыққа толы екендігін көрсетіп береді. Осы бапта, бадырайтып тұрып: «қазақ иелігіндегі жердің барлығы қауымдық пайдалануға беріледі» десе, ал «қыстық жайылымдар, яғни қыстаулар өздерінің иелерінің толық меншігінде» деп көрсетілген. Бұл қыстаулардың иелері, не болмаса қауымдық жерлердің бірнеше үйден құрылатын жерлер мен қыстаулардың иелері бұларды сыйға тартуына да, сатуына да болады» деп көрсетілген. Бірақ мұның бәрі іс жүзінде жүзеге аспай қалды. Осындай кемшіліктерді жібермес үшін Дала ережесіне қазақ депутаттарының қатысуымен өзгерістер енгізу керек.  

          Болыстық кеңселерде іс-қағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Тұрғындар тарапынан бұл кеңселердің жұмысына ешқандай бақылау жоқтықтан мұнда да заң бұзушылықтың түрлері орын алған.

          Дала генерал-губернаторының ерекше жарлықтарымен халық судьяларының төтенше съездерінде қаралатын істердің қарарлары мен үкімдері орыс тілінде жазылады да, бұл жай оны жазып отыратын писарьларды судьялар мен ізденуші жақтардың бақылауының жоқтығынан көптеген бұрмалаушылыққа апарады. Дала ережесінің штаты бойынша облыс және уезд басқармаларында қазақ тілінің тілмаштары болуы керек. Бірақ, жергілікті әкімшілік тілмаштық қызметке қазақ тілін де, оның жазуын да білмейтін, орыс чиновниктарын алады. Мұның өзі қазақтарға кез – келген, төтенше адамдардың тілмаштық қызметін жалдауға тура келтіреді. Ең сорақысы кейбір крестьян начальниктары қазақ тіліндегі өтініштерді қабылдаттырмайды. Соның кесірінен қазақтар астыртын адвокаттардың қызметіне жүгініп, заңды құқыларынан мүлде айрылып қалды.

          Осыған байланысты, қазақтардың жағдайы үшін: болыстық кеңселер мен халық соттарында іс жүргізу қазақ тілінде жүргізілсін және тілмаштық қызметке қазақ тілін білетін, қазақша сауатты адамдар тағайындалсын. Бұған дейінгі әкімшілік тарапынан бұзылып жатқан заңсыздық жойылып, қазақтар өз тілінде өтініштерін білдіретін болсын.

          Сот әділеттігін жүргізудің ең басты принциптерінің бірі – соттың өзі қызмет жасайтын жердегі халықтың тілін білуі және сот процессін сотқа қатысқан адамдардың тілінде атқаруы болып табылады. Ал бірақ та, қазақ даласында судья мен тергеушінің бәрі бірдей орыстар, олар қазақтардың тілін білмейді, ал қазақ – заңгерлері қазақ халқы тұратын уездерге қызметке тұрғызылмайды. Осыдан кейін Дала өлкесіндегі сот әділеттілігі туралы не айтуға болады.

          Сондықтан, бұндағы судьялар қазақ тілін білуге тиіс, осымен бірге қазақ даласында присяжнойлар сотын енгізу керек.

          1902 жылдан бастап Дала өлкесінде крестьян бастықтары атты институт құрылды. Бұл халыққа ешқандай пайдасы жоқ, қайта арамтамақ чиновниктардың қарасын көбейтіп жүргені болмаса, халыққа керегі жоқ әкімгерлер. Бұрынғы бір ғана уезд бастығының орнына осы күні төрт сондай бастық келді. Мұның өзі халыққа әкімшілік қысымды көбейткен үстіне көбейтіп жіберді. Оның үстіне 1905 жылдан бастап урядниктар институты ашылуға тиіс, бұл да дала халқына қажеті жоқ, арамтамақтардың ордасына қосылатындардың тобыры болмақшы. Өйткені, урядниктардың қызметіне қазақтар еш уақытта зәру болған емес.

          Осыған байланысты, крестьян бастықтары мен урядниктер институтын жою керек.

          Дала ережесінің 17 бапына байланысты генерал-губернатор кез – келген қазақты әкімшілік тарапымен жер аударуына хақысы бар. Оның мұндайлықты һұқысынан талай күнәсіз қазақ зардап шегіп жүр.

          Заңдылықты сақтау және құқықтық бостандықтарды нығайту үшін бұл баптың күшін жою керек.

          Биылғы жылғы 18 ақпанда жарияланған жоғары Рескрипт бойынша патша өзі отырған тақтың үстінен яғни биліктің ең жоғарғы сатысынан елге жар салып: «құрылтай шақырған», онысы бір жағынан заң шығару органы болып табылатындығын да жасырмаған. Олай болса, қазақ халқының мүддесін қорғау үшін осы заң шығаратын органдарға да қазақ депутаттарының қатысқаны дұрыс» деп бұл негізгі петицияны аяқтады. Оған 12767 кісінің қолы қойылып, бекітілгендігі туралы куәлендіреміз» деп бұл петиция – тілекнамаға жазылды.

1Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік орталық мұрағаты. Фонд. Тарих-64. Тізім.1. Іс.2053.Литер. (10-14).

Тілекнама өз орнымен дайындалды. Оған Барлыбек те өзінің жан – тәнімен қосылып, тілекнаманың сойыл соғарының біріне айналғаны рас. Бірақ та, соған қармастан оның көптен берi онша ешкiмге айтылмаған бiр армандай көрiнетін дүниесін Барлыбек осы жолы жиналған қауымға ең алғаш рет ашқалы отыр.

Бұл бір Барлыбектің бойына қонған ерекше күй сияқты көрінді. Оның ішкі дүниесі де осы күйге астарлас, байланысты болғандай еді.

Қарқаралы мен Қояндыда өткен сондай күндердiң  кештерiнiң бiрiнде Бөкейханов пен Қаратаевтың қолдауымен, Барлыбек өзi көп жылдан берi дайындап келген «Қазақ елiнiң уставы» деп аталған, осы елдiң болашақ конституциясының жобасы туралы ұсыныс айтқан болатын.

Қарқаралының кең жазықты мол өлкесiнде алғаш рет қазақ елiнiң бетке ұстар көпшiлiк жиналғандарының ұсынысы бойынша жобамен танысу алдын – ала келісілген еді.

Әдеттегіше жиын өтер шақ кешкісін басталатын. Бұл конспирацияның салдарынан туындайтын мәселе. Өйткені кісі көп жиналатын жерлерді өэдерінің бақылауына алатын жандармерия мен полияцияның көзінен тасаланудың өзіндік тәсілі бар. Сол тәсіл бойынша жәрменке қызығына жиналған кісілердің арасына сіңісіп, солармен бірге қызық – қызықтап, ән салып, билетіп жатсаң болғаны олардың көңілі орнына түсетін сияқты.

Міне, Қарқаралыдағы Қоянды жәрменкесі қазақ зиялыларына осыны үйреткен еді. Бұл жан – жақтан анталаған жансыздармен, саққұлақтардан құтылудың негізгі тәсілі болатын.

Кешқұрым түсісімен-ақ, жәрмеңке басындағы қызық та басталып кетеді. Күні бойғы сауда – саттықтан босай алмаған кісілер, бір кез бел шешкісі келгендей боп, енді ғана қызық іздеп сейілдеу үшін, думанды жерлерге жинала бастайды. Ондай жерлер бұл арада өте көп. Қызыққұмар халық өзіне не керекті сондай жерлерден табады. Бір жерде атақты әншілер мен күйшілер салған дауыстар естіліп жатса, балуандар сайысына жиналғандардың да саны аз болмайтын. Онан қалса неше түрлі ат жарыстар басталып, оның арасында жастардың да қызықтары өз алдына жүріп жатады. Орыс қалаларынан келген цирктер мен кішігірім көшпелі театрларды да бұл жерден кездестіруге болады.

Бір сөзбен айтқанда жәрменке басы кешке жақын ары – бері сапырылысқан адамдардың жүрісіне, әр тұстан қызыққа шақыра бастаған даңғойлардың айғайына ұласып, у мен шуға айналып, қым – қуыт сапырылысып кетеді. Қазақтар зиялыларының саяси сөз додасы мен сөз таласы дәл осыған тұстас болып шығады. Жәрменке басындағы олардың өз қызығы, өзінде сияқты.

Барлыбек бүгін күні бойы бір түрлі болып жүрген. Онысы өзіне белгілі болғанымен жан толқуы бір басылмай қойғаны. Тіпті, көңілінің түкпіріндегі уайымы да өзіне азаймайтындай болып көрінді. Осындай халдің үстінде жүргелі біраз уақыт өтсе де, Барлыбек «көптің талқысына салынар дүнием қалай болар екен?» дегеннен ары аса алмай қойған. Сондағы уайым – қайғысы біреу ғана. Ол соған уайымдайды. «Басқа қазақ, өзінің бұл жазғандарына не дейді, қалай қарсы алады екен?» деген Барлыбектің уайымы өз басына жетерлік еді.

Біраздан бері сарылып жүріп жазғандары мен жиған – тергендері кәдеге асып кетсе, жақсы. Ал, аспаса қайтпек? Міне, Барлыбектің жан – дүниесінің бір тағат таппауының сыры осында.

Уставты бастамас бұрын ең алдымен өзінің жақын достары Бақытжан Қаратаевпен, сосын Мұхамеджан Сералинмен сөйлескен. Бақытжан басында құптағанмен, соңына келе: «Бұл өте қиын іс. Өзіңіз Бәке, қарап көріңізші бізде ұлттық мемлекет пен оның құрылымдары атымен жоқ. Біз біреудің отарымыз. Солар біздің қоғамдық құрылыстың механизмін құрап береді. Ол механизм біздің халыққа жат болса да еріксіз оны бізге мойындаттырады. Ал сіз болсаңыз Бәке осындай колония еліне бақандай конституция ұстатпақсыз. Жарайды делік. Конституция өте тамаша дайындалса да қазақ халқы соны қабылдай алар ма екен? Міне, гәп қайда жатыр. Оның үстіне сіз айтқандай бейбіт түрде біреудің үстемдігінен біздің халық құтыла алады ма екен? Жоқ. Россия сияқты алып, отар ел оған жібермейді. Олар әуелі Польша, Финляндия, Прибалтика сияқты бізден анағұрлым ілгері дамыған елдерді өзінің бұғауынан шығармай отыр» деген еді. Сералиннің сөзі де осыған ұқсас болғанымен, ол: «Бұл жақсы үрдіс! Қарап отырмай, осылайша тәуелсіздік алуға ұмтыла берсек, түбінде соған қолымыз жетер. Халықта құлдық сипаттағы өмірден шығуды үйренер. Соларды біз үйретпесек, кім үйретеді. Бәкеңдікі дұрыс, іске сәт!» деген болатын.    

Қазіргі жиылыстың алды Барлыбек үшін осылай басталған. Бүгінгі жиынды басқарып отырған Әлихан еді. Шам жарығының білтесін сәл көтерген ол – алдындағы қағазға үңіліп:

– Мырзалар, көптен бері отарлық бұғауынан құтылып, еркін елге айналсақ деген жақсы ойымыз бар екені бәрімізге белгілі. Сондай күн туа қалса бізге өзіміздің саяси қоғамымызды және мемлекетімізді қайтадан құруға тура келетіні әйгілі. Ал олай болса, сол қоғам қазақ үшін қандай болмақ, мемлекеттің негізі қалай қаланбақшы екендігін Барлыбек Сырттанов мырза көптен бері зерттеп жүрген сияқты. Соларды сіздердің бүгінгі отырыстарыңызда айтып, көңілдеріңізді осы бір келелі мәселеге бұрмақшы екен. Сол кісіні тыңдауға рұқсат етіңіздер – деді.

Әлиханның сөздері Барлыбекті қатты елең еткізгендей болды. Өзі осыған дайындалып тұрса да, Барлыбек үндемей, біраз іркіліп қалған. Жүрегі бір түрлі қобалжулы көрінді. Отырғандарға қарап, көз жібертіп еді. Өзіне қадалған көптеген көздердің ықыласын көргендей болды. Жиындағылардың өзіне деген шырайы дұрыс сияқты екен. Барлығы өзіне ынтызарлық көңілмен және үлкен үмітпен қарайтындай көрінді. Ол енді ғана шын сасқандай болып, осы тұста қатты қызарып, аздап қысылғандай болды. Конституция сияқты мықты заттың жобасын бір өзі дайындап, енді елге көрсетерде аяқ астынан «қалай болар екен?» деген қысылшаңдыққа берілгендейі де тез болды. Бұл өзі үшін оңай дүние болмайын деп тұр. Барлыбектің қазір тағы бір ойлағаны конституцияны жазу өз алдына бір басқа да, оны тағы мынадай жиын ішінде қорғап шығу – бір басқа секілді. Осылардың соңғысы өзіне қиынырақ көрінді.       

«Енді іске кіріспесе болмас» деп, бел буған Барлыбек кіріспе сөзін қазақ халқының саяси, әлеуметтік прогресске жетуіне көптеген тосқауылдар мен кедергілер бар екендігінен бастады. Сол кедергілерден мүлдем кіндік үзбей, қазақ халқының алға қарай аяқ басуы, дамуы мүмкін емес. Біз үшін ең басты кедергілер болып – рушылдық, халықтың ұлттық санасының қалыптаспауы, солардың нәтижесінде, бірліктің, ынтымақтастықтың жоқтығы. Егер біз тәуелсіз, жеке мемлекет боламыз десек, әлеуметтік прогресс мәселесі қазақ қоғамында бәсең болмасын десек, халықтың арасында ішкі қайшылықтар іріткі салмасын десек солардың тамырына балта шабуымыз керек. Бізге ең алдымен ұлттық патриотизм идеясын қалыптастыру керек. Сонда ғана біздің адамдардың санасы мен болмысы рулық қатынастардың деңгейінен асып түседі. Ал енді қазір айналамызға қарасақ бір руды бір ру жаудай көреді. Бірін – бірі бөтен санап, әлі келсе тірідей жеп қойғысы келеді. Бәрі бір халық бола тұрып, өз халқын өзі бөтен санаған жалғыз-ақ біздің қазақ жұртында болар – дей келіп, ол көзін сүзе елге қарап, аздаған кідіріс жасады. Көзінің астымен жиналған елге тағы бір қарап еді, барлығы бірдей ынталы жүзбен өзін тыңдап отырғандай әсер алды. Барлыбек осыған масаттанғандай боп:  

– Бір ру ішінде бөтен рудан біреу болса, оған күн жоқ, теңдік жоқ. Осылайша бірін – бірі жау санаған соң, қазақта береке қалмай барады. Бір атаның баласы бір атаның баласын талап, әлі келсе қылмағаны болмайды. Себебі неге десең, «анау бөтен, мынаның атасы басқа, анау ананың жұрағаты, мынау бөтен болса да мынаның жұрағаты» дейді. Міне, біздің бұзылып бара жатқанымыз осыдан шығар – дейміз.

Осыны айтып, Барлыбек тағы жиналған жұртқа қарады. Олардың барлығы үндемей отыр. Тек, жиынның ортасына таман жайғасқан жас жігіт Жақып қана әдеміше келген түрін суытып, қабағын түйе қарайды. Барлыбектің сөздерін онша жақатпай отырған сияқты.

Жақып қайнаған істің кісісі. Оған жиыннан көрі, қарсы жақты тезірек төңкеріп тастаған оңайлау көрінеді. Әлихан айтса – айтқандай, Жақыптың көп мінезінде амантюралық қылық басымдау. Оған эсерлердің әскери топтарындағыдай өздеріне ұнамсыз, қарсы жақтағы адамдарды қырып – жою, бомба қойып жарып, оқ атып ажал құштыру көп ұнайды.

Жақып, қазір жиналғандардан қандай да болмасын іскерлікті талап еткісі келіп отырғаны түрінен байқалып тұр.     

Барлыбектің бағанағы толқыған көңілі орнына түскендей еді. Енді ол еш саспастан, жұртты барлағандай боп, жан – жағына көз салды. Алдымен отырғандардың қабағын аңдығандай болып қарап еді. Барлығы өзін аңдып отырғандай көрінді. Сондықтан баяндамасын оқуға асықты, онысы «жаңағы Жақып сияқты тағы біреуі, сөзімді бөлмей тұрғанда, айтарымды айтып қалайын» деген ойы болатын.

Барлыбек бұл кез сөзді бастап кеткен. Ол:

– Қазақ елi көне ұлттардың бiрi – деп, жазғандарына көз салып біраз қарап тұрды да ары қарата тағы жалғастыра берді.

Барлыбек өзi жасаған дүниесiнде көрсетiлгендей етіп, қазақ елiнiң тарихының тамыры өте тереңде жатқандығын және оның кеңiнен жайылғанын баян етуден бастағанының өзіндік себептері бар еді. Онысы – қайткенде де, елдің бұрынғы тамырлас тарихының өзі мыңдаған жылдарға кететіндігін, қазақ елінің жаңадан пайда болмағандығын, оның өзіндік өмірінің ұзақ екендігін, өзіне сай мәдениеті мен тарихының терең екендігін де атап кеткісі келген. Соның дәлелі ретінде ол өз сөзінде:                                               «Бiр кездерi қазақтар жеке ел болып өмiр сүрдi, елiн, жерiн қорғады. Ұрпақ жалғастырудан да кенде болмай жиырмасыншы ғасырдың дәл бас кезiнде жетi миллионға да жеттi. Санымен де, Россия халықтарының арасында үшiншi орында келедi» деген кіріспе сөздерді айтты. Біраз төселіп алған соң ол көп бөгелместен де, сөзін жалғап:

– Мырзалар! – дедi сәл қарлығыңқы үнмен. Отырғандар осы кезде оның дауысы әлі де өзгеріп тұрғанын, ал даусында аз ғана дiрiл барын сезгендей болды.

Шындығында да Барлыбек осы кезде қатты толқып тұр еді. Айтарын айтып, ойын жалғастыра түскен ол осы бір тұста өзiн нағыз бақытты адам санатында көріп тұрғандай боп сезінді. Өйткені ол өз халқының қамын басқа қандастарымен бірдей көріп, осы жолға түскенін мақтанышпен еске алғандай болып, көтеріңкі көңілде тұр.

Ал дәл қазір ол осының барлығын болашақ еркiн, азат, қазақ елiнiң ұлттық кеңесiнiң мiнберiнен осының бәрiн өзі жариялап тұрғандай сезiнген. Отырған аз жиын адамның қарасы нақ бiр жүздеген мың адамның құмырсқаша құжынай қаптаған қарасындай болып көрiнген.                                                         

Барлыбек сөйлеп тұрған күйi, отырғандарды көзiмен шалып өтіп еді, жүрегі дүрсілдеп, өрекпи түскендей боп, қобалжып қалды. Ойына көп жылдан бергi күдiгi оралғандай болды. Сонысы ғой деймін, бағанағы қобалжудың алды сияқты мүмкiн, «менен де бұрын азат ел болуды көксеп, оның конституциясы жайында ойланып жүргендер осы отырғандардың арасында бар шығар. Ал, олардың ойлап жүргендерi менiкiнен де асып түссе қайтемін» дегендей күдік ойы еді.

Барлыбек өз ойының оқшауырақ бiр жайға тiрелгендей болғанын алғаш рет сезiндi. Соны іштей қорыта келе «Мейлi, онда тiптi жақсы. Ел ұнатса болды. Халқымыздың игiлiгiне жараса бопты» деп ойлап, бұл туралы өз ойының өзгерек болғандайына іштей қынжылмағандай едi. Соларды айта кетуді мұрат тұтып, сөзінің арасында ол:

– Қазақ елiнiң маңдайына жазылған сор бейнетi мол, азабы мен қиыншылығы бiр басынана асады. Азаттығы мен бодандығынан тiрiдей айрылған сор маңдай сондай еліміз әр баласына бiр жалтақтайды кеп, менi осындай мешеулiк пен нашарлықтан, қараңғылық пен надандықтан, сорлылық пен бейшаралықтан қашан құтқарасың деп? Бiрақ осындай сорлылықтан халқымызды құтқарар күн де жақындап қалғандай, бодандық шырмауынан құтылып, азаттыққа қолы жеткен қазақ елi мен халқын бiз қашан көрмекпiз? Осының айғағы ретiнде мен өзiм көптен берi дайындап жүрген жобаны сiздер сияқты қазақ халқының жанашыр, оқыған, бiлiктi қауымының талқысына салғалы тұрмын – дедi.

Бұл кездері оның ойын жегідей жеген нәрсе «айтылар сөз айтылды, ар жағы қалай болады екен, мына отырғандар осыны қалай қабылдар екен» деген күдігі аралас, сұрауы одан да көп пиғылдың төңірегінде жатқан еді.

Барлыбек сөзін бөліп алдындағыларға зер сала қарағандай болып еді алдымен Әлиханды көрді. Оның ойшыл адамға ғана бітетін байсалды келген екі көзі тұп – тұнық екен. Бұл оның терең ойланып отырғандығының белгісі екендігін ұқтырғандай. Зейінді, ойлы қарас. Әдемі келген, қап – қара, қалың мұрттары да осы кез сәл төмен салбыраңқы көрінеді. Әлиханның маңдайы жазық, бітімі кең. Сұсы басым бейнесі оның терең ойдың үстінде екендігін білдіреді. Барлыбек оның жүзінен осыны байқап, алып – ұшқан көңіліне, ішкі жан дүниесінің толқуына медеу тұтқандай болды.

Енді оның көзі бір нәрсеге демеу іздегендей боп, еріксіз Бақытжанға түсті.  

Ал Бақытжан болса, әдеттегісінше темекі тартар уақыты таялғандығын білдіріп, мүштегін қолына қыса ұстаған қалпы отыр екен. Бұл да, қазіргі айтылар әңгімеге құмартқан түрін өзіне білдіріп қалғандай болыпты. Оның бет жүзінен әсіресе, төре тұқымына бітетін тәкаппарлықтың тың белгісін әрдайым көруге болады. Бақытжан өте батыл адам. Қарасы қомақты көздері өткір, кісіге тік қарайтын жанары отты көрінеді. Соған қарай оның мінезі де тік, ойындағысын тура айтып, тік сөйлейді. Өзі жарататын кісіге жанын береді. Достыққа берік. Тәкаппарлығына қарамастан қарапайым адамдарға үйір, көпшілікпен тез тіл табыса алады. Барлыбек білетін Бақытжанның мінезі осындай. Ол қазір айналасына зер сала қарап, мұның сөзіне мән бере қарайтын сияқты көрінеді.

Алдымен осы екеуінің жүзіне үңілген Барлыбектің қобалжуы да басыла қалғандай болды. Бастапқыда, «айтпағымның өзі елге қалай көрінер екен?» деп күмілжіген көңілі де сабасына түскен секілді. Осымен бірге, айтпақ ойларына сабырлылық кіргендей еді.

Қазақ зиялы қауымының саяси көзқарастарының серкелеріне айнала бастаған осы екі адамның зейінінде көп салмақ бар. Бұлардың мінездеріне басқалар әбден сырмінез болып алған. Барлыбек қазір олардың өзіне одақ екенін сезгендей. Әйтпесе, әшейінде сөзді әлдеқашан бөлетіннің бірі Бақытжан болатын. Өзі қызу қанды болғандықтан ба, әйтеуір бос сөз, бекер даурығуға жаны қас адамның нақ өзі де, осы Бақытжан дерсің. Әсіресе, Мемлекеттік Думада талай сөзуардың бетінен қағып, нақты сөзге шақыратынның бірегейі де осы Бақытжан сияқты өр кеуде, батыл сөздің шеберлерінен ғана шығатындығы анық. Оның осы қылығы әсiресе өзі Мемлекеттік Думаға мүше болғанда байқалған.

Қоныс аударушылар легі қазақ жеріне ағылғанда ол Россияның Мемлекеттiк Думасына депутат болып сайланған болатын. Қазақ жерін заңсыз тартып алу туралы дәлелдi, нақты деректер келтiрiп, басқа да депутаттардың бұл мәселеге деген көз – қарастарына оң ықпал беріп жүрген де осы Бақытжан Қаратаев еді.

Бақытжан Дума қабырғасында өзiнiң 1905 жылдан берi дайындап келе жатқан қазақ даласының қалыптасқан тәртiбiн ескере отырып жасалған, жер туралы заңның жобасын қоса ұсынған. Осының алдында ғана бұл жоба қазақтардың бес облыс делегаттарының қатысуымен өткен съезiнде қаралған едi.

Қазақ ұлтынан сайланған Бақытжан Қаратаев сияқты депутаттың арқасында қоныс аудару мәселесi бірінші және екінші сайланған Мемлекеттiк Думалардың күн тәртiбiнде қаралып, талай жағдайдың бетін ашқандай қылған.

Сол кездері Дума мiнбесiнен адвокат Қаратаевтың:

– Самодержавиенiң ұйымдастырып отырған «Аграрлы саясатының» құрамдас бөлiгi болып табылатын «Қоныс аудару туралы қосымша ережелер» дегенiмiз Империя мүддесiн көздейтiн отаршылдық саясаттың жаңа белгiсi болып табылады, – деген үнi, желсiз, бұлтсыз күнгi аспанда ойнаған найзағайдай болғаны рас. Әсiресе, бұл сөз патша үкiметiнiң тұнығынан су iшкен Думаның «монархистер мен қаражүздiктер» фракциясына да, Столыпиннің «Аграрлы саясатына» бүйрегi аздап бұратын, өздерiн жер өңдеушiлердiң тiрегiмiз деп санайтын «Социал-революционерлерге» де оңай тимеген едi.

– Қазақ өлкесiн игеру мақсатымен, он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай қазақ даласы тұс – тұсынан казак қоныстарының жүйесімен шырматылды. Россия империясындағы 11 казак әскерлерінің (казачье войско) төртеуі (Орал, Сібір, Орынбор, Жетісу) қазақ жерiнде құрылды. Жайық, Ой, Ор, Ертіс өзендерінің жағалауларындағы, Қаратал, Іле, Лепсі, Ақсу өңірлеріндегі шұрайлы жерлердің орасан зор бөлігі жергілікті тұрғындардан күшпен тартып алынып, Орал (кісі саны 166 мың), Орынбор (533 мың), Сібір (172 мың), Жетісу (45 мың) казак әскерлеріне кесіліп берілді.

Мұнымен де тоқтамастан орыс шаруаларының қазақ жеріне жаппай қоныс аударуы қазақтардың едеуір жерлерінен айрылуына әкеліп соқтырды.  Қазақ жерлерінің «артығын» алу деген желеумен жер тартып алынып жатыр – деп Бақытжанның бадырайтып тұрып айтқаны Дума қабырғасынан ары асып түсіп, жер жаһанға жайылып кеткендей болған.

Барлыбектiң бiржағынан өзінің туындысын қазіргі жағдайда көпшіліктің талқысына салып тұрғанында сасқаны рас. Бұл жерде отырғандардың бәрi өзi сияқты Петербург пен Москваның атақты – атақты деген білім ордаларын бiтiргендер еді. Тiптi, іштерінде шет елде де оқығандары бар. Көбiнде тек қана, бiр ғана емес, екi немесе үш оқу орнын тамамдағандары да осылардың арасында жетерлік болатын. 

           Осы отырған қазақтардың арасындағы кейбiрi орыс саяси партияларының қайсыбiрiне жақын жүргендері де бар. Соның бірі – Әлихан, орта жүздiң соңғы хандарының бiрi Абылайдың ұлы Уәлiмен бақталасқан, бiр хандықтың билiгiн тең бөлiсiп, кейiннен жеке билеген Бөкей ханның ұрпағы.

            Әлихан Бөкейханов болса, күллi Европадағы атағы шыққан, ең мықты деген саяси орден «Масон ложасының» мүшесi болатын. Қысқасы осы жиналғандардың барлығы бірдей қазақ қоғамының ірілері мен бетке ұстарларына айналған жандар еді.                                           

Ал Барлыбек болса, елден ерек шыққандай боп, жан – жағына бiр қарамастан–ақ, азаттық алған, егемен елдiң конституциясы сияқты қомақты дүниеге бiрақ қол сілтеген. Онысы әр нәрсенің басын бір шалып, кібіртіктей берген қазақ азаматтарына неден бастап, не істеу керектігін бірақ ұқтырғысы келгендіктен де шығар. Сөйтіп, ол тыныш жатқан алашты дүр сілкіндіріп, айды аспанға бірақ шығармақшы болған. «Қашанғы күтпекші? Ел де тозып бітті. Елге жол сілтегіш, жөн айтар азаматта, бұл күнде, жалтақ секілді. Жалтақ емес-ау, осыларың бұрынғы жинақтаған тәжірибесі жоқтың қасы. Сабақ берер оқиға да жоқ, еш уақытта болған емес. Тек, өмір – бақи отаршыл ел орыстың қыспағына қарсы шыға бергені болмаса. Онда да онысы тартып алынған жер мен мал, онан қалса қазақтың басқа байлығына ғана емес өздерін көкіректен басып, құймышықтан жанышқаннан да болар. Қазақтың басындағы күн, айналадағы басқаның басында жоқ. Тіпті социал – демократтардың айтып жүрген жеке меншік деген дүниеңнің өзі қазақта көмескі түрдегі түсініксіз жай сияқты. Өйткені, олардың айтқан негізгі байлық жер мен судың барлығы қазақта ортақ пайдалыныстағы заттар. «Жердің бәрін орыс қазынанікі» деп қазақтан алып болмағанынша, қауымның пайдалануында болды. Тек қана, қазақтың малы ғана меншіктегі дүние мен байлық көзі болып саналды. Ерінбеген қазаққа малды да табуға болады екен. Әрине, жолын тапсаң болғаны. Қазақтың кейбір байы таусылып, кедейленсе. Керісінше әдістенген кейбір кедейі байып та жатыр. Әсіресе сауда – саттықпен байығаны қанша. Есебін тауып, атақты Есенейше жалғыз құлыннан мыңғырып шыққандары да бар. Қазіргі марксистер үйретіп жатқан тап пен тап күресі дегендерің де қазаққа жат көрінетін сөздер сияқты. Өйткені, қазақ біреудікі – біреуге лыпа болмас дейтін халық. Тек қана тырнағы батқанда ғана басқаның меншігіндегі дүниені ызақорлықпен тартып алады. Оның аты білсе барымта – білмесе сырымта. Ендеше қазаққа керегі бостандық қана. Басқа біреудің үстем болғанын қазақ қаламайды. Тіпті өзінің қандасының сөйткеніне қазақ әрең көнеді. Сондықтан болар, қазақта бір орталыққа бағынған мемлекет болса да, көп өмір сүрмеген. Әсіресе, қазақта бақталастық күшті. Онан қалса біреуге мойынұсынып, бағынуы қиын халық. Сондықтан болар қазақ, орысқа бағынғаннан бері үнемі онымен арпалысып, алысып келеді. Осы тұрғысынан келгенде қазаққа отаршылықтың бұғауынан құтылсақ, өзіміз бен өзіміз болсақ деген сөз керек сияқты. Сонда ғана қазақ қозғалатын болар» деп, соңғы кезде Барлыбек осылайша ойлайтын болып жүр. Әзірше бұл Барлыбектің өзіне ғана мәлім жайт болса да, басқалары да осылай ойлайтындай көретін.

Осы бір жылдардың аралығында көптеген елдердің егемендік алуға байланысты бастан кешкендерін, олардың қоғамдық пікір мен саяси ой жүйелерін зерттей келіп, ең алдымен сол жүйелердің басты заңдылықтарына Барлыбек қатты назар аударған.

Барлыбек адамзат қоғамының басты заңдылықтары біріне – бірі ұқсас болып келетіндігіне де көзі әбден жеткен. Ендігісін сол заңдылықтарды қазақ қоғамына да қолданып қалуға бел байлағаны сондықтан еді. Тіпті, соларды оқып – білуден бұрын, Барлыбек өзінше бірталай зерттеулер жүргізді. Сол зерттеулер Барлыбекті дұрыс жолға жетектегендей еді. Міне, соның нәтижесінде өзі іске кірісіп, аз уақыттың iшiнде «Қазақ елiнiң уставы» деп аталынған, құпия түрде қазақ өлкесін Россияның ішкі коллониясынан шығарып, тәуелсіз республика мәртебесі бар мемлекет құруды көздейтін құжатты дайындап шықты.

Устав деп аталынғанмен Барлыбек үшін бұл жазбалары негізінен конституцияға пара – пар еді. Ол конституция ең алдымен болашақтағы егеменді қазақ еліне арналған болатын. Бұл конституция ретінде қолданылмақшы болған жазба сөйтіп жарыққа келді.

Уставтың жалпы идеясы қазақ елі саяси бостандық алып, Россияның отары емес, тек доминион ретінде танылса екен дегені еді.

Болашақтағы бостандық алған қазақ елінің конституциясы жазылды. «Енді не істеу керек?» деген сұрақ Барлыбекті қатты ойландырғандай еді. Өзімен – өзі сырласқандай болып тұрған Барлыбек: «Бұл жазғандарымның іске татымды, көңілге қонымды екендігін қалай білемін, кім соны өзіме айтады? дегендей боп, қайғырып сала берген. 

Шындығында солай еді. Бұл жазғандары үшін маңдайынан ешкім сипамас. Егер бұл туралы қазіргі үкіметтің бірден – бір кісісі білсе болғаны өзінің басы кететіндігін, тіпті басы кетпесе өмір бойы түрмеде шіритіндігін Барлыбек түсінеді. Біле тұра, қу жанын шүберекке түйіп жүріп осылай істеді. Не үшін екенін әрине өзі біледі. «Ел үшін істеді. Қалың қазақтың пайдасы үшін істеді. Солай болды. Ешкім өзін зорлаған жоқ. Бірақ осылай қылды». Енді ары қарата не істемек екенін қазір өзі де білмей тұрған еді.

Көп айланған Барлыбектің ойына – ой қосқандай боп, осы сәтте тағы бір ой келді. Осы жазғандарын сынап, сараптауды алдымен қазақ ішіндегі өзіне таныс білікті заңгер жігіттерден сұрауды жөн көрді. Егер солар іске татымды десе болғаны бұл уставты қалған зиялы біткеннің талқысына салмақ болды.

Заңгерлер дегенде алдымен Барлыбектің есіне өзінің досы Бақытжан түскен. Бақытжан өзіне сенімді дос, әмбе қазіргі қазақтың күйін күйттеп жүрген азаматтың бірі. Оған Барлыбек сенімді. Бақытжаннан кейін Барлыбектің ойына Жаһанша Сейдалин мен Райымжан Марсеков түсті. Онан қалса қазақ арасында заң мен законның оқуын тамамдағандар әлі аз. Жаңағылардың бәрі бірдей заңгерлер, оның үстіне қазақ десе ішкен асын жерге қояды. Жаһанша мен Райымжанның бұл араға дұрыстығын Барлыбек өз көңілімен құптап шықты. Осыдан кейін жазғандарының барлығын алдымен солардың талқысына берген. Көп ұзамай олардың барлығы өздерінің «дұрыс» деген пікірлерін білдірген еді.    

Бұлардан кейін де Барлыбектің өзі Уставты бірнеше мәрте бастан – аяқ елеп, екшеп, зерделеп, тексеріп шықты. Оның қаламынан туған «Қазақ елiнiң уставы» небәрi 28 баптан тұрса да, соған қарамастан, мазмұны жағынан Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин, Райымжан Марсеков сияқты бiлгiр заңгерлердi қайран қалдырғаны рас.

Барлыбектің өзi ойлағандай, Уставтың ең негiзгi идеясы – Қазақ елiн бодандықтан, отарлықтан құтқару және дербес, тәуелсiз мемлекет құру.

Әрине, Барлыбек бұл идеяны төңкерiс жасау немесе қарулы күрес арқылы iс жүзiне асыруды «дұрыс» деп санамады және бұл жолдан мүлдем  бас тартқан еді. Керiсiнше бұл идеяны бейбіт жолмен, парламенттiк әдіспен шешудi көздеді.

Дәл бүгінгі күні Барлыбек үшін осы бір қиын істің шешуін тапқанқандай болған үміт оты жарқ ете қалғандай болғаны рас. Ол жол – күрестің парламенттік жолы. Яғни, Барлыбек және сол сияқты бүкіл қазақ елінің құрылтай – съезін шақырып, халық сайлаған депутаттардың шешiмiн қабылдау арқылы  осындай республиканың өмірге келгендігін жариялауды басты мақсат етiп қойған.

Осылайша дүниеге келіп, дайын болған Уставтың кiрiспе сөзiнде де осы мақсаттағы ойларын Барлыбек қорыта келе: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбiт жолмен өз жерiмiзде тәуелсiз ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшiн жеке Қазақ елi республикасын құрамыз» деген сөздермен бастағаны осындай идеялардан пайда болған еді.

Бұл жерде Барлыбек тәуелсiз республика болу қазақ халқын отарлық саясаттан, ұлттық езгiден, ұлы державалық шовинизмнен құтқаратындығын ашып көрсеткісі келіп, соған ұйтқы болуды алдына мақсат етіп қойғаны бар.

Осы бір қазақ халқының басына түскен отарлық қасірет көптеген алаш азаматтарына қазақ елiнiң осындайлық масқара, мүшкiл халге душар болғандығын мойындатып, мұның бәрі осы бір отарлық сипаттан туындайтын мәселе екендігіне олардың көздерін жеткізген.

Ол енді осы жайды еске салып, «елді отарлық күйден құтқармаса болмайды» деген қағидаға сендiруге тырысты. Соған байланысты уставтың кіріспе бөлімінде бұл туралы тәржімелерін көп ойланып, көп толғанып, былайша келтірген: «Орыс патшасы жасалған шартты бұзып, қазақ жерiне бекiнiстер орнатты, жаулап алуды күшейтті, қара шекпендiлердi қаптатты, қазақтың жерiн, жеген нанын, iшкен суын тартып алды. Байғұс қазақтар өз жерiне ие болудан айрылды, һәм айдалаға, құрдымға ығыстырылды» деп көрсеткен болатын.

Барлыбек мұндай көзқарасқа жеткенімен, бұл істі қалай іске асырарын  білмей қатты қиналған. Өйткені, отар иесі боп саналатын Россия империясы мұның идеясын, ал ол болса бүткіл қазақ азаматтарының  идеясы болатын. Сол идеяны нақтылы iске асыруға жол бермек түгiлi мемлекетке қарсы, өте қауiптi адам ретiнде қудалауға түсіретiндігі айдан – анық еді. Бірақ, Барлыбек мұның бәрін біле тұра сөйтті. Өзінің осындайлық ойы мен арманы Россия мемлекетінің мүддесіне қарсы келетінін білсе де, ол бәрібір осылай істеуге барлық ниетімен кіріскен болатын.

Бұл кез нағыз қара түнек орнаған кез еді. Империя осы түнекті сейілту үшін барлық тәсілді аямай қолдануға көшкен. Тiптi, осы кезде қазақ зиялылары съезд шақыру, бас қосу туралы мәселе көтерiп жатқанының өзiн Россия мемлекетiнiң қауiпсiздiгiне жауап беретiн жандармерия мен полиция органдары аңдуды күшейтіп, олардың әрбiр iс – қимылдарын, құпия түрде бақылауға алып отырғаны белгілі. Олар империяны шайқалтуға бағытталған қандай да бiр әрекет болмасын жөргегiнде тұншықтыруға асыққан еді.

Ол кiрiспе сөзде, қазақ елiнiң қалайша о бастағы бостандық пен азаттықтан айрылып, бодандық пен отарлық құрсауына түскенiн қарапайым, түсiнiктi тiлмен елге жеткізуге тырысты. Сол кіріспе сөзінде, ол осы жайында:

– «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында қалмақтардың күштi һәм көп әскерiне қазақ елi алғашында ауызбiрлiк жоқтығынан қарсы тұра алмады. Ақырында, Үш жүздiң ақылды ұлдары бiр байрақтың астына жиналуға уәде берiп, бас қосып, қалмақтарды жеңіп шықты. Оларды күл – талқан етті. Бiрақ, Әбiлқайыр хан асығыстық жасаумен Кiшi жүздiң қазақтарын Россияға бағынышты еттi. Орыс патшасы жасалған шартты бұзып, қазақ жерiне бекiнiстер орнатты, жаулап алуды күшейттi, қара шекпендiлердi қаптатты, қазақтың жерiн тартып алды. Байғұс қазақтар өз жерiне ие болудан айрылды һәм айдалаға, құмға ығыстырылды» – деп, қазақ халқы осыған дейінгі бостандығынан қалай айрылғандығына осылайша баса назар аударған еді.

Бұл туралы бұрын хан тұқымы өздерінің шыққан тегіне байланысты ашық айтқысы келмейтіні белгілі болған. Осы бір тың тақырыпты қозғауға басқа қазақтың бұған дейінгі әуселесі жетпегені ме, онысы Барлыбек үшін белгісіздеу сияқты. Бірақ ол елден ерек мұны ашық айтқысы келген. Сол себепті Барлыбектің қазіргідей қып: «Әбілқайыр хан асығыстық жасады» деген сөзіне Бақытжан елең ете қалған. Бас кезінен ұйып тыңдап отырған оның бұл кезде түсі бұзылыңқырап кетті. Өйткені, Бақытжан Қаратаевтың арғы аталары осы Әбілқайыр ханнан тарайтын. Қазақ елінің Россияның боданына айналуын қазақтың көп баласы, әсіресе зиялы қауымы әуелі осы Әбілқайырдан көретін. Онысы бір жағынан шындыққа сай сияқты болып көрінетіні де рас.

Сонау он бесінші ғасырда бұрынғы алып Алтын Орда империясының негізінде іргесі қаланған Қазақ хандығы өзінің тәуелсіздігі үшін ұдайы күрес жүргізіп келе жатқаны осы отырған қазақ зиялылары үшін тарихтан мәлім. Осы тұста қазақ халқының жағдайы да аумалы – төкпелі заманға сай болды. Оның жері де, халық саны да бірде күрт өсіп, хандығы күшейіп, тағы бір кездерде тым кеміп, қатты әлсіреп отырған.

Қазақтың жеріне көз алартпаған басқыншы жау аз болмады. Сондықтан да, қазақ халқы өзінің шаруашылық кәсібін, жер байлығын еркін игеруге мұршасы болмай, үнемі сыртқы жаулармен алысумен күн кешіп келді.

Қаумалаған осындай жауларды айтпағанның өзінде он бесінші – он алтыншы ғасырлардың өн бойында жоңғар қалмақтары қазақ жерін басып алуға асығып, тынымсыз соғыстар ашып отырған болатын. Қалмақ елімен (Жоңғар, Ойрат т.б. хандықтар) арада екі ғасырдан астам болған алапат соғыста Қазақ хандығы әбден әлсіреп, қазақтың бас ханы Тәуке өлген соң бірнеше хандықтарға бөлініп, ыдырап кетті. Сол хандықтардың бірін яғни, Кіші жүз хандығын Әбілқайыр басқарды.

Әбілқайыр Түркістан қаласында дүниеге келіп, жас кезінде осындағы медреседе оқыды. Жастайынан әскери іске бейімділігін көрсетіп, жауынгерлік өнерге үйірлігімен көзге түскен.

Ұзын бойлы, қапсағай денелі Әбілқайыр өте күшті, әдісқой болып өсті. Оның үстіне құралайды көзінен ататын аса мергендігімен қатар қылыш пен семсер сайысын да жақсы меңгерді.

Ол әскербасылық қасиеттерге де он алты жасынан бастап ие болып, көптің көзіне түсе бастаған. Осындай ептілігімен ол Әз Тәукенің көзіне де көп түсіп жүрді.

Әбілқайырдың ең алғаш қолбасшылық қасиеті Еділдің бер жағындағы қазақ елін аяусыз шауып, қырғынға ұшыратып, мал – мүлкін тартып алумен айналысқан Кондратий Булавин көтерісшілірен талқандау кезінде көрінді. Россияда Кондратий Булавин деген атпен белгілі болған, 1707 – 1709 жылдардағы Россиядағы казактар мен шарулардың көтерілісін орыстың тұрақты әскерлері талқандап, оның басшысын дарға асқан. Көтеріліс басылған соң оның қалдықтары Еділдің бойын паналап қашқан еді. Булавин көтерілісі өзіне дейінгі 1606 жылғы Иван Болотников, 1654 жылғы Степан Разин көтерілісі сияқты патшалық Россияға қатер төндірген көтерілістердің бірі болғаны мәлім.

Кондратий Булавиннің аман қалған атамандары: Беспалый, Голый, Накрасов, Павлов дегендер әлі болса да үрей туғызатын, аса қауіпті қарақшылардың қарулы тобырына айналған.

Тобыр болса да, бұлардың басым көпшілігі жастайынан соғысуға, жауынгерлік өнерге әбден машықтанып, өскен казактардан еді. Олар жақсы қаруланған, оқ – дәрімен атылатын мылтықтары да көп, тіпті бұлардың ондаған зеңбіректері де бар болатын. Оның үстіне бұл қосындардың саны көп, соғысу кезінде әскери тәртібі де мықты болғаны белгілі. Сондықтан бұл қарулы тобырлар әлі де болса қатерлі күш болып қала берген.

Осындай жасақтар Еділден бері өтісімен қазақ жеріне лап қойған. Бейбіт ауылдарды бейберекет шауып, әбден тонап, аямастан қырып, көптеген шығынға ұшыратты. Қазақ жұртына істемегенді істеді. Әсіресе, мініске жарарлық жылқы біткенді тегіс өздерімен бірге алып кетті. Қазақтың қалған малын сойғанын сойып, қалғанын қырып  – жойып, елді аштыққа душар етті.

Бұл хабар Түркістандағы аға хан Тәукеге жетісімен ол жаңағы көтерілістен қарақшылыққа ауысқан жасақтардың талқандау үшін әскер аттандырды. Сол әскердің қолбасшысы боп Әбілқайыр тағайындалған болатын. Әбілқайыр сонда небәрі он алты-ақ жаста еді. Оның қолбасшылық дарыны ерте пайда болды.

Соғысқа аттанған Әбілқайыр бұл тапсырманы да жақсы орындап шықты. Табиғатынан өзіне біткен қолбасшылық дарынын сәтті пайдаланып, жаңағы қарақшы тобырларды өлімше етіп талқандады. Олардың қалғандары қашқаннан қашып отырып, Еділден ары өтіп кетті. Ол жаққа қазақ әскеріне кіруге болмайды. Өйткені ол жер – бөтен жер, шет ел. Россия империясының жері болып саналатын.

Келесі жылы да, Әбілқайыр он жетіге жасқа толғанда тағы бір шайқасты басқарып, жеңіспен оралды. Ол шайқас та аяқ астынан бола қалған.

Шығыс Түркістан жеріндегі қалмақтар қазақ жерін ойрандауға дайындалып жатыр деген хабар қазақтардың құлағына жеткен еді. Сондай хабар жетісімен Тәуке хан қол астындағы хандар, сұлтандар, билер, батырлар мен бектерді жинап «хан кеңесін» құрды.

Кеңесе келіп, қазақтың ел басқарушылары жауды қазақ жеріне кіргізіп, лаңдатқанша, өз жерінде талқандауды дұрыс көреді. Байлау осындай боп, ол жаққа әскер жіберген «оңтайлы» деген шешімге келеді. Сондай ұйғарыммен жиырма мың қолды Әбілқайырдың басшылығымен Шығыс Түркістанға аттандырған еді.

Әбілқайыр мен Бөкенбай батыр (соңғысы Кіші жүзден шыққан) қалмақ әскеріне өз жерінде тұтқиылдан шабуылдап, оларды ойсырата жеңді. Мұның нәтижесінде қалмақтар үш жылға дейін естерін жинай алмай, қазақ жеріне тиісе алмай қалған. Осыдан кейін, Тәуке хан Әбілқайырдың қолбасшылық және ұйымдастыру дарынын, ақылдылығын мойындап, оны ең күрделі, шешуші шайқастарға сеніп жұмсай бастады.

Тәуке хан көз жұмған соң, қазақты сор басты. Тәукенің орнына аға хан болған оның аурушаң, қабілетсіз баласы Болат хан қазақты біріктіріп ұстай алмады. Қазақ елі үш жүзге, одан қалса ру – ру, тайпа – тайпа болып бөлінді. Әр қайсысының басында бір – бір хан мен сұлтан, онан қалса би мен бек болып, бір – бірімен алауыз боп, ыдырап кетті.

Осы тұста жүздерге хан сайларда көпшілік халықтың да, билердің де көзі Әбілқайырға түсіп, ол кіші жүздің ханы болып сайланды. Сөйтіп, Әбілқайыр 1718 жылы хан атанды. Оның ұзақ кезеңді қамтитын хандық өмірі біресе орыс жерінен шабуылдайтын қарақшылармен, біресе Еділ қалмақтарымен, башқұрттармен, түрікмендермен, хиуалықтармен, оның арасында қазақтың атақты жауы жоңғарлармен ұдайы жүргізілген соғыстарда өтіп жатты.

Тәуке хан өлісімен жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру бұрынғыдан да қиындай түскен. Қазақ хандарының арасындағы таласты пайдаланып, сыртқы жаулар да қазақ жерін бір жола жаулап алу үшін шабуылды күшейткен үстіне күшейте түсті. Бұл шабуылдың ең күштісі 1723 жылдан басталды. Қазақ елі қырғынға ұшырайтын атақты «Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырынды» заманы осылай басталды. Жоңғардан басқа да сыртқы жаулар қазақты жан – жағынан қаумалап, тиісуін күшейтті.

Осындай көп жаудың бірі Еділ қалмақтарына тойтарыс беру үшін 1723 жылы Әбілқайыр қолбасшы ретінде он мыңдық әскермен аттанған болатын. Қазақ еліне батыстан шабуыл жасауға дайындалған қалмақтың Аюке ханы да қазақ қолын қарсы алуға қатты дайындықпен шыққан.

Әбілқайырдың неше алуан соғыс әдістері мен тәсілдерін қолдануының арқасында Еділ қалмақтарына күйрете соққы беріліп, олар бұл жолы да ойсырай жеңілді. Олардың ханы Аюке өздерінен төрт есе кем әскерден жеңілгеніне құсадан қайғырып өлді.

Алайда қазақ елі ауыр қиыншылыққа ұшыраған еді. Жерінің жартысы басқыншы жаудың қолында қалды.

Әбілқайыр басқа хандар мен сұлтандар сияқты үш жүздің, яғни қазақ елінің ұлы ханы болуды армандағаны рас еді. 1726 жылы үш жүздің бас қосқан жиынында біріккен қазақ жасақтарын құруды қолға алып, Қаз дауысты Қазыбек бидің ұсынысымен біріккен жасаққа Әбілқайыр хан қолбасшы болды. Өйткені, оның 1726 жылдан бастап төрт жылға созылған соғыстардағы қолбасшылық өнері зор бағаланған еді. Әбілқайыр елдің сенімін ақтады. Соның арқасында Түркістан маңындағы 28 ұлыс жау қолынан азат етілді.

Жау Қаратау, Сарысу алқабынан ары қарата асырыла қуылды.

Әбілқайырдың 1728 жылы Бұланты шайқасында қазақ әскеріне бас қолбасшы болып үлкен жеңіске жеткендігінің өзі оның үлкен стратег қолбасшы, ақылды билеуші екендігін көрсеткен еді.

Ол 1729 жылғы Аңырақай шайқасында да қазақ әскерінің бас қолбасшысы ретінде де тамаша жеңіске жеткізді.

Жеңіске жеткен қазақ жауынгерлерінің мерейі үстем болды. Бірақ хан, сұлтандар мен батырлар, қолбасшылар арасында атақ пен даңқ, абыройды бөлісе алмай, таласу белең ала бастаған. Қазақ елінде бірін – бірі күндеу мен көреалмаушылық лапылдаған оттан арман жана түсті.

Осындай алауыздықтың салдарынан Сәмеке, Күшік, Әбілқайыр өздеріне қарасты әскерлердің басым көпшілігін алып, майданнан кетіп қалған болатын.

Бұған себеп болған жағдай тек қана Әбілқайырдың «ұлы хан болмадым» деген өкпесі ғана ма еді? Әрине, бұл да бір себепші болғаны анық. Бірақ бұл көп себептің бірі ғана еді. Осыған ең негізгі себеп болған сырды Әбілқайыр өзі ғана білді. Бірақ басқаға сыр қып мұны айтпады. Онысы көптен бері көңілін күпті қылып жүрген жәй болатын.

Төрт жылғы үзіліссіз соғыста көбінесе елдің шығыс жағында жүрген Әбілқайырдың көңілін өзіне қарасты батыстағы жағдай да қатты алаңдатып жүрген. Әсіресе, оның жоғын қазақтың күнбатысындағы жаулары пайдаланып қалғысы келген. Өйткені елдің күншығысы, орталығы мен түстігі біртұтас майдан алаңына айналып, шешуші ұрыстар осы жақтарда жүріп жатты. Әмбе, қазақ елінің батыс жағындағы күллі жасақтар мен жауынгерлер де осы жақтағы соғыста еді. Соны пайдаланып қалғысы келген Еділ қалмақтары, одан да басқа жауынгер халықтар: түркімендер, башқұрттар мен хиуалықтар Кіші жүзді қасқыр талағандай етті. Осы кезде Аңырақайда жоңғарларға ойсырата соққы берілген соң, олардың біразға дейін естерін жинай алмайтындығын пайдаланып, Әбілқайыр шығыстағы майданнан батыстағы майданға, яғни өзі билік жүргізіп келе жатқан Кіші жүзге қайтып оралған еді.

Бұл жақтағы жағдайдың мәз еместігін, елдің үздіксіз соғыстан әбден азып – тозып, қалжырап, күйреу алдында ғана екендігін Әбілқайыр көзімен көріп, көкірегімен сезгендей болды.

Ары қарата соғыса берсе ел бір жолата қырылып, қазақ елі жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін екендігін ол түсінді. Оның үстіне елге аздаған болса да соғыссыз, тыныштық, бейбіт күндер  керек болды. Елге ес жиғызып, етек – жеңін жиғызу да қажет еді.

Бұл аз болғандай, Қазақ елі екі алып мемлекет Қытай мен Россияның ортасында қалғаны елдің жағдайын бұдан да қиындатқан үстіне – қиындатып жіберді. Өйткені, бұл екі алып мемлекет қазақ елін өзіне қаратып алуға әр қашанда мүдделі болды. Олар қазақты әбден әлсіретіп барып, қас қағымда жығылған сәтін пайдаланып бас салмақшы еді. Сол үшін бықсыған шаланы үрлеп, отқа май құюмен айналыса берді. Онысын басқа біреулердің қолымен істетті. Көршілес елдердің бәрін Қазақ еліне қарата айтақтап, соғыстырып қойды. Өйткені оларға Қазақ елінің бір тұтас, күштілігінен көрі әбден шалажансар болып әлсірегені керек еді. Қаншама жүздеген жыл соғысса да қазақтар әлі де болса майдан даласына бір мезгілде ондаған мың атты әскер шығара алатын ел болғандықтан, ондай халықтан үлкенді – кішілі көршілері айылын тартып жүретін. Өйткені туа салысымен ат құлағында ойнайтын қазақтар сол заманның жойқын күші, ең ұтқыр, ең шапшаң, қуса жететін, қашса құтылатын аттылар жасағына қас қағымда айналып шыға келетін. Оның үстіне арғысы қытай да, бергісі орыс та әр түрлі кездерде қазақтармен шекісіп жүретін. Олар қазақтардың қаншама соғысса да әлі де осал еместігін де байқап қалған.   

Әбілқайыр Аға хан болмаса да, Кіші жүздің ханы, Бас қолбасшы   ретінде осындай күшті, қарулы көршілердің бірі болмаса бірі ерте ме, кеш пе, бәрібір жаугершіліктен әбден титықтып, әлсіреген қазақ елін бір сәтте басып алатындығын түсінген.

Мұндайлық қиын – қыстау кезде Әбілқайыр ең құрығанда Қазақ хандығы тұрмақ, қазақ деген атауы бар халықты қырғыннан сақтап қалудың бір-ақ жолы қалғанын да ұққан. Ол жол – абырой мен атақсыз болса да, халықты құр босқа қырылудан сақтап қалатын, бірден – бір жол еді. Әбілқайырдың ойынша: «қазақтар өз еркімен жаңағы екі алыптың біреуінің қол астына кіру керек, кейінірек халық болып аман қалса өз жөнін табар» деген тұжырымы еді. Әбілқайырдың түсінігінде елді қалайда сақтап қалу үшін ең тиімдісі осы жол ғана болып көрінді. Ел аман болса кейінгі бір заманда өз тізгінін өзі қолына алатындығына ол кәміл сенген еді.

Бірақ та, мұндай шешім тек қана Әбілқайырдың көз қарасы болса керек. Басқа қазақ басшыларын мұндай ой әлі ойландырмаған секілді. Олар билікті өз қандастарымен бөлісе алмай жүргенде, басқа біреулермен бөлісіп қайтсін. Әмбе мұндай шешімге бару қиынның – қиыны екені басқа билеушілерге оңай соқпады. Бұл жолдың өте қиын, атақсыз жол екенін олар да сезген. Жақсы атақ тұрмақ, бұл дүниеден лағнет алып, «опасыз» деген айдар тағып кетуін  де түсінген. Осындай жағдай көбінің қолын байлап, ойына тежеу қойған.

Қазақ билеушілерінің арасынан тек Әбілқайыр ғана абырой әпермейтін сондайлық байлауға барды. Қорыққанынан емес, елді сақтап қалу үшін барды. Халқын аман алып қалу Әбілқайырды осыған итермелегендей болды.

Әбілқайыр: «түбінде ақиқат бәрібір де жеңеді» деп ойлады. «Тарихи құрбандықтың алдында тұрған елдің ұрпағы аман қалса өзінің істеген ісінің ақ – қарасын айтар. Ақтаса – ақтар, ақтамаса – ақтамас. Бірақ қазақ атаулы нәсіл аман қалса болғаны» деп Әбілқайыр осылайша ойлаған еді. Қиын болса да, жақсы атақ алмаса да, ол осылай істеуге мәжбүр болды. Сондықтан ол күнбатыстағы қазақ елінен алыста жатқан Қытай мемлекетіне қол созбай, іргедегі Орыс мемлекетінің қол астына кіруді жөн көрді.  

Бірақ шындығына келгенде, Россияның қол астына кіру деген ой Әбілқайырдан бұрын басталған пікір еді. Қазақ хандары орыстармен одақтасуды немесе олардың қол астына кіруді Әбілқайыр ханнан бұрын бастаған екен. Қазақтың ең соңғы Ұлы ханы Әз – Тәуке Россияның қол астына кіру дегенді онымен одақтасу деп түсінген. Ол орыс патшаларына осыны айтып: «Қиын – қыстау заманда бірімізге – біріміз қол үшін берейік. Бізді қол астыңызға алыңыз. Бірлесіп қалмақтармен соғысайық. Әскерлерімді қай жерге әкел дейсіз, сол жерге апарамын» деп жазғанына орыс патшалары бәрібір де құлақ аспаған сияқты. Өйткені олар әр нәрсені сылтауратып, осы ұсынысты қабылдамай қойған.

Әз – Тәукенің бұл ұсынысында үлкен мән жатқан сияқты. Ең бастысы оның одақтасайық деген сөзінің өзі екі елдің бір – біріне тиіспей, бейбітшілік ұстануы. Содан кейінгісі – біздерге тиіскен жауларға қарсы тойтарыс берейік – дегені, әскери одақтастық жасау мақсатын белгілеген екен.

Осылардан кейін барып, Орталық Азия мен Россия арасында сауданың дамуына жағдай жасау үшін әрлі – берлі өтетін керуендерді талан – тараждан сақтайық деген көрегендік ойлары еді.

Міне, сол бір одақтасайық деген алдымен Ұлы Тәуке ханның, кейінірек оның немересі Қайып ханның іске асыра алмаған ойларын Әбілқайыр хан іске асыруды ойлады.

Әбілқайырдың тұсында Россия болса тіпті күшейген еді. Ал Тәукенің кезіндегі біртұтас Қазақ хандығы үшке бөлініп, әбден әлсіреген болатын   

Әбілқайыр 1730 жылы Россия патшасы Анна Ионовнаға өзінің қол астындағы елін Россияға қосу туралы ұсыныс жасады. Сол ұсынысына 1731 жылы қолдау тауып, патшаның өз құзырына Кіші жүз қазақтарын қабыладануы турасында граммота алған. Өз кезегінде Әбілқайыр Кіші жүз қазақтары атынан ант беріп, орыс билігін мойындаған еді.

Бүгін міне осыны кейінгі ұрпақтың қазақтары бетке басқандай қып, жөн – жосықсыз айтатын болып жүр. Шындығына келгенде Әбілқайыр хан осыдан кейін көп өмір сүрмеді. Оның өліміне кінәлі Барақ сұлтан болды. Ал Бақытжан Әбілқайыр ханның ұрпағы болса, Әлихан да оңай емес көкжал Барақ сұлтанның ұрпағы болатын.

Осы бір бабасы туралы суық сөз Бақытжанның шамына тисе керек. Қаншалықты Барлыбекті жақсы көріп, сыйласа да, ол бұл жолы шыдай алмай кетіп, үлкен отты көздерін Барлыбек жаққа салып:

– Бұл турасында сударь, сіз бен біз билік айтпаспыз! Бұл турасында тарих билік айтар! Сол тарих қана күндердің – күнінде мұның ақ – қарасын анықтар. Тарих өз шешімін шығарар. Біздің жүгінетіміз сол болар. Мұның ақиқаты сол болар!

Бірақ та, менің де бұл туралы айтарым бар. Біз білсек те, басқалардың білмеуі мүмкін. Одан бері неше заман өтсе де Жоңғар мемлекеті сол кездегі Орталық Азиядағы ең күштті әскери – феодалдық хандық болған. Жан – жағындағы басқа мемлекеттер үшін де, ол оңай – оспақ ел болмаған. Соғыс майданына аз ғана уақыттың ішінде жүз мыңнан астам жақсы қаруланған атты әскер шығара алатын мемлекеттің біреуі осы Жоңғария еді. Олардың өзіне сай атыс құралдары мен зеңбіректері бар ел болды. Сондай елдің қазақ халқының құрып кетуіне қатер төндіргені рас. Олай болса Әбілқайыр ханның көршілес күшті мемлекеттен одақтас іздеуі бекер ме еді? Меніңше бекер емес сияқты. Мен мұны Әбілқайырдың ұрпағы болғандықтан емес, әділдікті ойлайтын қазақтың бірі ретінде айтып тұрмын – деп, Бақытжан осы арада өзінің бір беткей қайсарлық мінезін көрсетіп тастады.

Бұл жайды Бақытжан отырған елге өстіп білдірді. Ол мұны тек Барлыбек білсін, басқа зиялы білсін деген оймен емес, солар арқылы бүкіл ел білсін деп айтқан еді. Бабасының осындай бір жазықсыз айыпталуын Бақытжан өзі әр қашан үлкен өкінішпен еске алатын. Қазір де соны ойлап, осы тәсілмен елдің назарын істің ақиқатына аударғысы келген.

Бұл сөз бекер айтылмады. Барлыбек бұл арада Бақытжанның ойын арыдан түсінгендей болды. Біржағынан Бақытжанның сөзіне әрдайым түсінушілікпен қарайтын Барлыбек, Бақытжанды «орынсыз ренжітіп алдым ба?» деп ойлаған. Сонысын жуып – шайғысы келген. Сол сыңаймен, оның көңілін жібіту ниетімен, Әбілқайыр ханның халқына жасаған істері ерен екендігін де айта кету мақсатымен, бұған дейінгі сөзін сәл тежеп:

– Ғапу етіңіз, сұлтан! Мен де солай ойлаймын. Қазақ халқының тарихында Әбілқайыр сияқты хандардың алар орны ерекше ғой. Тек қана болашақта, тарих соның бәріне әділ бағасын беретіндігіне мен де сенімдімін – деп, жылы қабақпен, сәл күлімсірей сөйлейтін әдетіне салып айтты.

Бақытжан да бұл сөзге көнетіндей боп: «ә, бәсе, ендігісі жөн» дегендей түр көрсетіп, басын изеп, ол да сәл түсін жылытқандай рай білдірді.

Осымен бірге, бұл сөз Әлиханның да жанды жеріне тигендей болыпты. Ол мына бір ауыр сөздің өзіне қатысы бардай көрді ме, жоқ елге жете берсін деген ойменен бе, әйтеуір Әлихан да еріксіз осы сөзге араласып кетті.

– Мына сөзді сұлтан Қаратаев сияқты мен де Қазақ хандығының билеушілері төре тұқымы мен сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өз атыма қабылдап аламын! Өйткені менің де ата – бабаларым Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламада, кешегі өткен зар заманда қол астындағы халқын біріктіре алмады. Соның салдарынан қазақ атты халық тістегеннің аузында, жұмылғанның алақанында кетті.

Орыс империясына осылайша бодандыққа түсіп, отар елге айналды. Мұның шын аты құлдық деген сөз. Осының бәріне кінәлі кешегі хандар мен сұлтандар. Сондықтан мен солардың тұқымы ретінде солар жіберген қателіктің бәрін мойныма аламын! Сіздердің алдарыңызда мына бір уәдемді жария еткелі отырмын. Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!...деп айтқым келіп отыр – деп аяқтады. 

Әлиханның бұл айтқандарының жаны бар. Әсіресе, қазақ хандығы 1718 жылы Тәуке ханның өлімінен кейін бытырап, үш жүзге, онан қалса көптеген тайпалық хандар мен сұлтандар басқарған елге айналған еді. Осы кездегі алма кезек соғыс шайқастарында жоңғар қалмақтарының көбінесе жеңіске жетіп отырулары кездейсоқ болмаған.

Олардың жеңіп отыруының басты себебі ұйымдасқан ауыз бірлігінің арқасында, бір орталыққа, қатал тәртіпке бағынуы болатын. Осы көрсеткіштер бұл мемлекеттің күшті екендігін аңғартты.

Оның есесіне бас – басына хан болған, «шілдің боғындай» боп, тозып, ыдырап кеткен қазақты жаулау олар үшін өте қолайлы сәт болғаны анық. Оның үстіне өздерінен алыс жатқан елдер мен жерлердің бірінен соң бірін күшпен бағындырып, барған сайын араны ашылып, қомағайлана түскен екі империяның – Россия мен Қытайдың тегеурініне төтеп беру қандай да болмасын халыққа жеңіл болмайтындығы тағы бар.

Бұл империялардың арманы ұлан байтақ жерді мекендеп жүрген қазақ пен қалмақ бірін – бірі қырып бітірсе, екі империя да өздерінің жері кеңитінін, байлықтары арта түсетіндігін жақсы сезінген. Сондықтан да, олар ресми түрде бейбіт күн саясатын ұстаса да, нағызына келгенде осы екі халықты бір – біріне айдап салудан бас тартпады.

Осындай кезде қазақ елінің ішкі тұтастығын сақтау, жауынгерлік рухын көтеріп, жауға тойтарыс беріп қана қоймай, елдің тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын сақтау қиын іс еді.

Бұған да себеп болған бағанағы Әлиханның айтқанындай – қазақ хандары мен сұлтандарының кейбіреулерінің бас сауғалап, қара басының қамын ойлап, қарауындағы ру мен тайпалардың мүддесін ғана көздеп, дұшпандарына бағынып, ел арасына іріткі салып жүрген шақта өзара алауыз болған жұрттың басын қосу ел билеушілерінің көрегендігі мен білігірлігін, қайраттылығы мен данышпандығын қажет еткен еді. Сондай күн қазақтың басына туғандай болды.  

Тек, тарих сахнасына Абылай ханның келуіне байланысты қазақ елінің құлдырауы тоқтағандай болды.

Қазақ халқының басы бірігіп, ауыз бірлігі нығайған шақта оған қарсы келген жаудың сағы үнемі сынып отырған. Бірақ бұл кезде Кіші жүз тұтастай орыс боданына кірген еді.

Абылай өз кезінде қазақ елін халықаралық деңгейде мойындата білді. Көзі тірісінде халқының ынтымағын, ауызбіршілігін сақтап, екі алып империя: Қытай мен Россия тарапынан қазақ елінің әміршісі ретінде ресми түрде таныла алды. Мұнымен де шектелместен Абылай билігі Орта Азияның бір қатар қалаларына да орнады. Бірақ бұл өтпелі заман еді. Қазақ халқының басына орнайтын сұр заман Абылай ханның ақылшысы Бұқардың айтуынша әлі алда сияқты көрінгені рас болып шықты. Бұқар жырау да осыны сезіп, сондай заманның қазақтың басына туары жақын қалғанын Абылайдың есіне салғандай боп:

                                       Өзің қонған Көкшетау,

Кәпір қала салды, ойла...

  Қарқаралы деген тауларға

      Қарқарасын шанышты, ойла.

                                       Бетеге мен көденің

                                       Берекесі қашты, ойла.

                                       Ұлытау шеті Созақтан,

 Созақтан бергі жерлерден

      Көгорай шалғын көре алмай,

    Шұбырып қазақ кетті, ойла.

                                        Нұраның бойы Ақмола,

                                        Есілде бар Қараөткел.

                                        Екі өткелдің аузынан

  Тас қорғанды салды, ойла.

                                        Баянаула, Қызылтау

 Оны да кәпір алды, ойла...

                                        Кетпейін десе жері тар,

Кетейін десе алды-артын

                                        Қоршап алған кәуір бар.

   Ұйлыққан қойдай қамалып,

  Бүйірінен шаншу қадалып

  Сорлы қазақ қалды, ойла...

деген кезі де дәл осы тұста айтылса керек.

Қазақ жерінің талан – таражға түсіп, отарлану қасіретін, ал халқының бодан болуын осылайша Абылайға Бұқардан артық кім айтқан. Міне, Әлиханның да қазіргі елге айтпағы осылар еді.

Әлихан айтарын айтып қалған соң, Барлыбек сөзді ары қарай жалғап кетті. Осы жайларды айта келе, ендi ол қазақ халқының бодандықтан босануын, тәуелсiздiкке, азаттыққа қол жеткiзу жолдары туралы да баяндай бастаған.                                                                                

Барлыбектің ендігі сөзі елді отарлық бұғауынан қалай шығару жайында еді. Бұл жайында ол біраз толғанып барып:

– Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбiт жолмен өз жерiмiзде – өз хүкметi өзінің қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшiн жеке Қазақ елi республикасын құруымыз керек. Ол үшін тағы айтарымыз сол бәз баяғы – халқымызды отарлық езгіден құтқару және оны өркениетті елдер қатарына жеткізу болып табылады. Осы негізгі мақсаттарды және олардан туындайтын басқа да мәселелерді шешуді біз эволюцтялық реформа жолымен жүзеге асыруды көздейміз – деп айтып салды. Отырған ел алдымен үн – түнсіз бір – біріне қарасты. Әр қайсысының күткені осы ма еді? Ол туралы дәл қазір ешкім білмейді. Бірақ осыған ұқсас ой тұжыру олардың көкейінен әлдеқашан орын алған. Оны Барлыбек біледі. Сосын әдейілеп ашып айтты. Өйткені Әлихан екеуара сөйлескенде мұны ашып айтуды қаласа, Бақытжан да тезірек іске көшуді көздейтін сөздер айтқан еді. Басқа да азаматтар осылай ойлайтын сияқты. Бірақ жеке – жеке бұл турасында күбірлескені болмаса, дәл осы уақытқа дейін осындай бас қосуда бұл айтылмаған тың сөз. Бүгін міне осы сөз, осындай көпшілік жиналған жерде алғаш рет айтылды.

Көпшілікке бұл сөздер оншалық оңай көрінбегені содан еді. Тек отырған қазақтар бәрібір, ерте ме, кеш пе, бұл сөздің «қаптың түбін тесіп шығар өткір кездіктей» болатындығын алдын – ала сезгендей.

Осыған дейінгі әр түрлі болған әңгімелердің ішінде Барлыбек устав жайында көп сын естіген. Сол сын сөздердің өтемін бүгін айтып қалмаққа ұмтылғаны да сондықтан еді. Оның мұнысы өзіне ғана белгілі жай еді.    

Барлыбектің күрделі бір ойды тоғытқандай болуы мұң екен, өзара күбірлескен дауыстар біліне қалды.

Сөз осыған жеткенде, шыдамы таусылғандай болған қызба қанды Жақып Ақбаев мұның өзіне дүрсе қоя бергендей болды. Қадалған жерінен қан алатын Жақып қашанғы өзінің үйреншікті қиқар мінезіне салып, әдеттегісіндей  өзінің әдемі келген, үлкен қара көздерін Барлыбекке қадап:

– Самодержавие бізге жекеменшік республикамызды құрғызып, қарап отырады екен. Ертең–ақ, қанымызды суша ағызады. Бұл – бұл ма, қазақ сорлының көзіне көк шыбынды үймелетеді – деді.

Жақып та, Бақытжан Қаратаев сияқты мінезі әсте тік, қаны қызу болатын.

Барлыбектен басқа біреу болса алдымен ес жиғызбай сөйлейтіннің бірі Бақытжан еді. Бақытжанның сыйлайтыны және жақсы көретін адамының бірі Барлыбек еді. Сол себепті Бақытжан бұл арада жиынның төрағасы ретінде, бір жағы өзінің жақсы көретін адамы ретінде Барлыбек жағында екендігін көрсете сөйледі.

Бақытжан жуан даусын күркіретіп:

– Бұл ұсыныс мырзалар! Идеяның бәрі ұсыныстан басталады. Барлыбек мырзаны аяғына дейін сөзін бөлмей тыңдайық, содан кейін полемикаға көшеміз! Ойымызды соңынан айтамыз – деп, тыйып тастағандай етті. Сөйтіп, Барлыбек Бақытжандай жақтаушысының арқасында бұл жолғы сын сөзден осылай құтылды.

Барлыбек өзі де бұған қуанып қалған. Өйткені, Жақыптың жаңағы сұрағы осы отырғандардың барлығының көкейінде кезегін күтіп тұрғандай сөз. Өте күрделі, шешуі қиын сөз. Бірақ осы кезде Барлыбектің жанын жарып шыққандай болған төтенше бір ой Барлыбекке осылардың жауабындай болып көрінді. Ол соған ырза болғандай кейіппен, ішінен: «ондай болса біз осы жерге не үшін жиналдық!» деп ойлап та үлгірді.

Барлыбек енді басқаша ойлап, еркін сөйлегісі келетін сияқты. Отырған адамдардың барлығы өзіне етене жақын, ең қысбаттысы, дүниедегі өзіне керек кісілері сияқты болып көрінді. Ол солар жаққа жылы көзқарасын бір аударып қойып, қайтадан өз сөзіне кірісіп кетті.

Оның ендігі айтпағы болашақ Қазақ елi республикасында жоғарғы билiк жүргiзу принциптері едi. Осы орайда ол: «бүкiл қазақ және басқа нәсiлдердiң өкiлдерi билікті дауыс беру арқылы iске асырады. Сайланатындар елдiң ең сүйiктi, бiлiмдi, ел үшiн жанын беретiн адамдары болмақ» деді.

Барлыбек:

– Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзiн – өзi билеген нәсiлдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елдi бақытты, теңдiк, бостандық өмiрiне жеткiзу үшiн осы айтылғандарды талқыға салуларыңызды сұраймын – дедi.

Барлыбек те, басқа да қазақ зиялылары сияқты тәуелсiздiк жолындағы күрестiң парламенттiк жолына көп көңіл бөліп, осындай тәсілге бой алдырған. Көптеген Европалық саясаткерлерше қазақ саясаткерлері де бұл жолды таңдап, болашақта бостандықты парламенттiк жолмен iс жүзiне асыруға болатындығына кәміл сенген едi.

Қазір де өз ойының бір өріске жетіп, бір арнаға айналғанына Барлыбек өзі де сүйсініп қалған. Оның ендігі ойлағаны осы арнаны ары қарата дамыта түсу, басқаларға да жеткізу сияқты талабы еді. Осылай деп түйiн түйген Барлыбек, ары қарата сөзін жалғап:

– Қазақ елi осыдан бұрын да жан – жағынан қоршаған iрiлi – ұсақты мемлкеттермен тәуелсiздiгi, жерiнiң тұтастығы үшiн күресе келiп, ақыры он сегiзiншi ғасырда бiржолата тарих бетiнен құрып кетудiң сәл–ақ, алдында отаршылыққа айналып, бодандықтың бұғауын киді – деді.

Барлыбек қазiргi кездегi мешеу қалған қазақ елінің мүшкiл халiне байланысты тағы бір идеясын ашты. Онысы болашақ ел қасындағы мықты көршілеріне арқа сүйеп, Россия сияқты күштi мемлекетпен мәңгi достастық қатынаста – доминион дәрежесiндегi арақатынаста болуы жайында айтқандығы еді. Онысы отарлаушы елдің бәрі жаман, олардың барлығынан бірдей іргені бөлек салу керек деген сөзі емес еді. Ол осы сияқты ойды елге білдіріп, соның жолын айта кеткісі келгендігінен болар.

Барлыбектің білуінше, сол сияқты басқа да алаш азаматтарының тұжырымдауынша, осы кездегi байырғы отар елдердің сондайлық тәсілге көшуі еді.

Мұның өзі отаршылықтың ең үлкен алпауыты болған Ұлыбритания империясының қазіргідей тәжiрибесiне сай жасалуға тиіс. Кейінгі кездерде Ұлыбританиядан тәуелсiздiк алған отар елдердiң ерiктiлiк және тең құқықтыққа ие болғандығы куә. Болашақ қазақ елі де солай болуға тиіс. Бiрақ та саяси және экономикалық жағынан тәуелсiздiгі Россия сияқты күшті мемлекеттен бiршама шектеулi болатындығын бiлдiретін тұс осы болатын.                                                

        Барлыбектiң бұл идеясы Россия құрамынан бiртiндеп шығуын доминиондық қатынаспен шешу болатын. Ал, болашақта толық тәуелсiздiкке жету Қазақ елiнiң есiн жиып, өзiне – өзi келгеннен кейiн барып, ұлт – азаттық қозғалыстың үдеуiне, ұлттық сананың оянуына байланысты екенiн ол осылай көрсеткісі келген. «Осыны басқалар да жақсы түсiнетін шығар» деп ойлағаны бар.

         Бiрақ, қазір оның жанын жегідей жеп, жүрегін ауыртқан тағы бiр нәрсе бар сияқты. Онысы осындайда анда – мында қылтиып қалатын болып жүр.

         Шынын айтса Барлыбек бұл жолы да онан аттап өте алмаған.   «Европа жандармы, халықтар түрмесi» атағына ие болған Россия империясының мұндай жағдайға ешбiр жол бермейтiндiгi едi.

        Сөйтiп, Барлыбек уставтың «Қазақ елi республикасының жеке болуы турасында» деп аталатын тарауын түсiндiре бастаған.

         Бұл тараудың баптарында: Қазақ елi халық билейтiн һәм қазақи ерекшелiктерi бар ел. Қазақ  елiнiң  жеке  туы  болу керек. Ту  жасыл,   қызыл,   һәм  сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай, һәм жұлдыздың суретi бар. Жасыл түс – елдiң исламға берiлгендiгiнiң белгiсi, қызыл – ел қорғауда төгiлген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркiндiктiң белгiсi. Бұдан  былай  Қазақ  елi  Россиямен  достастық,   яғни   доминион дәрежесiндегi қарым – қатынаста болуы абзал. Қазақ   елiнiң   ең   басшы  орыны  –  Ұлт мәжiлiсi болмақ. Оған  жасырын дауыспен сайлаудан өткендер қазақ елiнiң басшысы  президенттi  сайлайды. Президент   Қазақ    елiн   тағайындалатын   министрлер   арқылы басқарады. Министрлердi президент өзi таңдайды, бiрақ ұлт мәжiлiсi дауыспен шешедi. Министрлер өздерi басқарған жұмыстарымен президенттiң һәм ұлт мәжiлiсiнiң алдында есеп берiп тұрады.

          Қазақ елiнде билiк жүргiзу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билiк бiр – бiрiне бағынбайды,  бассыздыққа  жол бермеудiң белгiсi болып тұрады – дедi.

Былайша алғанда, осындайлық қиыншылықтарға қарамастан, қол қусырып қарап отырмастан, тәуелсiздiктiң парламенттiк жолын таңдап алған Барлыбекпен оның көзқарасындағы қазақ зиялылары бостандықты болашақта парламенттiк жолмен iс жүзiне асыруға болатындығына сенген едi.

Ал, болашақта толық тәуелсiздiкке жету Қазақ елiнiң есiн жиып, өзiне – өзi келгеннен кейiн барып, ұлт – азаттық қозғалыстың үдеуiне, ұлттық сананың оянуына байланысты екенiн бұлар жақсы түсiнген.

Жалпы, Барлыбек не себептен парламенттiк басқаруды жақтады? Әрине, осының бәрiн бiлу үшiн Барлыбек өз уақытындағы АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия сияқты елдердiң конституцияларымен оқып танысып шыққан.       

Бұл конституциялардың идеяларын жақсы бiлiп алды және өзiнiң туындысы «Уставты» солардың желiсiмен, ықпалымен жазған болатын.

Барлыбектiң ойынша, қазақ қоғамына парламенттiк басқару жүйесiн енгiзу тиiмдi болып саналатын. Өйткенi, әлi қараңғылықтың құшағында жатқан ортада демократия өте әлсiз, оның жетiстiктерiн халық дұрыс түсiне алмағандықтан, дұрыс пайдалана да алмайды, себебi, саяси сана төмен, рулық сана басым. Соның себебiнен қазақ қысымға көнгiш, өз еркiн айқын бiлдiруге бiлiмi де, өресi де жетпейдi, билiкке таласқан ру, партия басшыларының жемтiгiне айналары сөзсiз. Күншiл, кекшiл, бiрiн-бiрi көре алмайтын қазақ, бiреудiң асқанын тiптi, көре алсын ба? Қазақ парламент сайлауын ру, жүз қақтығыстарына айналдыруы да ғажап емес.                                      

Яғни, қазақтың Ұлы Абайы дәл тауып айтқандай:

                                     Таласып босқа,

                                     Жау болып досқа,

                                     Қор болып құрып барасың.

                                     Өтiрiк, шағым толды ғой,

                                     Өкiнер уақытың болды ғой!

– деген ұлы ойшылдың айтқандары қазақтың осы кездегi рулық санасын дәлме – дәл айқындайтынын қазақтың Барлыбек сияқты барлық зиялыларына мәлім жағдай едi.

          Мiне, осындай ерекшелiктердi ескерген Барлыбек Уставта диктаторлық жүйенiң қалыптасуына жол бермейтiн Шарль Монтаскьенiң билiктi бөлу қағидасын арнайы баппен енгiздi.

          Онда былай айтылған еді: «Егер заң шығаратын және атқарушы билiк бiр адамның немесе мекеменiң билiгiнде болса, онда бостандық болмайды, себебi, бұл монарх немесе сенат тирандық заң жасай бастайды… Егер сот билiгi заң шығарушы және атқарушы билiктерден бөлiнбеген жағдайда да бостандық болмайды» деген Монтаскьенiң ойын қазақ елiнде билiк жүргiзу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билiк бiр – бiрiне бағынбайды,  бассыздыққа  жол бермеудiң белгiсi болып тұрады  – деп айтып өтті.

         Уставтың  «Адам   баласының   хұқы  турасында»  деп  аталатын  екiншi тарауына байланысты Барлыбек отырғандардың назарына «қазақ  елiнде  адам  баласының  бәрi  тең  хұқылы» деген тұжырымын айтқан. 

          Дiнiне, қанына, тегiне, нәсiлiне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді. Қазақ  елiнде  адам  балалары  бостандықта,  теңдiкте һәм бақытты өмiр сүруге хұқы бар.

          Қазақ елiнде ер адаммен әйел адамның арасында теңдiк орнайды.   

          Қазақи ерекшелiктер әйелдердi  қорламайды, әйел келiсiммен iске асады. Қазақ  елiнде  адам  баласының  еркiн сөйлеуге,  ұйым құруына һәм партияларға кiруiне тыйым салынбайды.

        Нәсiлдердi бiр – бiрiне  қарсы  итеретiн ұйымның, партияның, адам баласының iстерiне тыйым салынады. Кiнәлiлер законға жауапты.

  Қазақ  елiнде  соттың  рұқсатынсыз  адам  баласы  ұсталмайды  және  ол

абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хүкiм беруi шарт, болмаса қамаудан босатылады. Бұл заңды бұзған адам мен заңсыз қамаған адам сот алдында жазасын тартады.

       Қазақ елiнде адам баласының хат – хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.

 Адам баласының мүлiктiң  барлық  түрiне  ие  болуға хұқы бар.

Мүлiкке ие болу, пайдалану  һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлiк хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады – деп айтып шықты.

          Барлыбектiң ойында жүрген түйiнi пiсiп – жетiлген мәселенiң бiрi – адам құқы болатын.

          Ол Джон Локк көтерген адам құқының классикалық мағынамен берiлгенін және белгiленетiн табиғи құқықтық доктрина: өмiр сүру, бостандық және жеке меншiкке ие болу сияқты үш классикалық ажырамас ұғымдық категорияның орнына, өз тарапынан мына мағынадағы идеяны енгiзген: «Қазақ елiнде адам балалары бостандықта, теңдiкте һәм бақытты өмiр сүруге хұқы бар». Яғни, айтқанда Барлыбек Томас Джефферсонның «Тәуелсiздiк Декларациясында» көтерiлген идеяларды да қазақ даласына пайдалануға икемдеген едi.

          Барлыбек бұл тұста мемлекет тек қана заң шығарушы, құқық белгілеуші орган емес, сонымен қатар – ол саяси тұлға, оның өзі де тек қана құқық арқылы құрылады және іс – әрекет істейді, сондай-ақ құқықпен шектеледі деген тұжырымды іске асырды.

          «Мемлекет тек қана заң шығарумен ғана емес, сонымен қатар өзінің барлық азаматтарына бақытты және теңдік өмірді, әділеттілік пен заңдылықты жағдайларды тудырып, адамдар бостандықта болып, жасампаз еңбекпен шұғылдануды қамтамасыз еткенде ғана қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық орнайды» деген тұжырымды болашақтағы негізгі заңға кіргізді.                                                                       

Ол Декларациядағы: «Барлық адамдар тең болып жаратылған және о бастан жаратаушы арқылы белгiлi бiр құқылы болып есептелiнедi, оларға өмiр сүру, бостандық және бақытқа ұмтылу жатады.                                                                                      Осы құқықтарын қамтамасыз ету үшiн адамдар биліктік – басқару құралдары ретінде үкiметтердi құрып және соларға өздерiнiң үстiнен әдiл билiк жасауды ұсынады.

Қай уақытта да, болмасын билiк түрлерi осы қағидаларды бұзған болса, халық сол билiктi өзгертуге, не болмаса құртуға  және оның орнына сол халықтың пiкiрi бойынша қауiпсiздiгi мен бақытын қамтамасыз ететiн жаңа үкiмет құруға құқысы бар» деген тұжырымды да өзі жасаған заңдық негіздерге сай келтірген еді.

Заң өз негізінде саяси қатынатардың реттеушісі ретінде қызмет істесе де ол өзінің құқықытық негізін жоғалтпау керек деген қағиданы да Барлыбек пайдаланып кеткендігін көпшілікке жасырмай айтты.               

Барлыбек «қазақ елiнiң уставында» табиғи құқықтық идеяны, Батыс Европа және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы, ағартушылық және гуманистiк бағыт алған осы сияқты жемiстерiн пайдалана бiлдi.

Адам құқын қорғаудың ең негiзгi мәселесi әйел бостандығы болатын. Өзі қозғаған осы мәселенің қазақ сияқты жартылай феодалдық елде әйел құқығының жарымжан жағдайда ғана екендігін ойлап, Барлыбек бұл жағдайды да түбегейлі өзгертуге күш салған. Соның нәтижесінде ол қазақ арасында әйел бостандығының нағыз жаршысы болуға айнала бастаған.                                                                                             

Әйел құқы мен бостандығын еркектi құқымен теңеу республика құрудың негiзгi қазақ қоғамына ауадай қажет екенi ақиқат. Мiне, осыған байланысты Уставтың 12-бабында: «Қазақ  елiнде  ер  адаммен   әйел   тең.  Қазақи  ерекшелiктер әйелдердi қорламайды, әйел келiсiмімен iске асады.»  деп көрсетiлген болатын. Тек солай болғанда ғана әйелдiң бостандық құқы шектелiнбейтіндігін ол осылайша дәлелдегендей едi.

Сонымен бірге Барлыбектің көтеріп отырған мәселерінде адам құқының мемлекет арқылы тиiмдi қорғалуын қамтамасыз ету жолдары да қаралған. Осы бір өзекті мәселелерді қарастыра келе, Барлыбек өз ойынша, барлық демократиялық санаттағы қоғамда жеке адамның дiнiне, нәсiлiне,  шыққан тегiне, әлеуметтiк жағдайына, атқаратын қызметi мен лауазымына қарамастан заң алдында тең болуын осылай қамтамасыз еткісі келген.                                                                                                          

Бұл талап - осы кездегі зайырлы қоғамдардың барлығында бірдей: өркениеттiлiктiң, еркiндiктiң, бостандықтың iрге тасы болып саналатын. Осы талапты ескере отырып, Барлыбек: «Қазақ елiнде адам баласының бәрi тең хұқылы. Дiнiне, қанына, тегiне, нәсiлiне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон, һәм құдай алдында жауап бередi» деген қағиданы да Уставқа осылайша кіргізді.

Барлыбек қазіргі заманға сай, демократиялық елдерде қабылданған, жеке адамның еркiн пiкiр айту, оны бiлдiру идеясын жан –  тәнiмен қолдайтын болғандықтан, реті келгенде бұл қағидаға да бүйрегі бұрып, мұны да қамтып кетті. Ол ойлана, ойлана келіп, бұл туралы былайша айтқанда «тыйым салмағанның бәрiне рұқсат етiледi, тек – қана мемлекет нәсiлдердi бiр –  бiрiне қарсы итеретiн ұйымдардың, партиялардың, адам баласының қияс iстерiне ғана тиым салынады» деген қағиданы iс жүзiне асыруға тырысты. Осы тұста бойын билеген қуаныш пен жан тебірентер толқудан басы айналғандай боп сезінген ол: «елдің қолы осы жақсылықтарға қашан жетеді екен?» деп, бір уақыт тәтті ойларға да дес бергендей болып қояды. Сөйткенде әсіресе, көңіліне нұр құйылғандай болады. Қазағының өз қолы, өз аузына жетенін күнін армағандай болып, дәмелі ойын ары қарата өрбіте түседі. Бұл ойлар Барлыбекті ең қиянға жетелегендей етеді. Арманы талмас қанатын самғатып алып бара жатқанын өзі де байқамай қалады.

Осындай көтеріңкі көңіл күйге берілген Барлыбектің ендігі ойы жеке адамның меншiк құқы туралы жалғасып кетті. Бұл адам баласы жаратылған сәттен бергі ең қастерлi мәселенiң бiрi болып саналатындығын Барлыбек жақсы түсінеді. Оның пiкiрiнше, қай мемлекет болмасын меншiк құқын заң белгiлеген иелену, пайдалану, билеу мақсатында тиiмдi қамтамасыз етуi тиiс және мемлекеттiң ең басты функцияларына айналуы қажет. Дамыған елдердің бәрінде осылай, Барлыбек те осылайша ойлайды.                                                                   «Соның қисынын қалайша келтірсем» деп, бір кезде барып: «Адам  баласының  мүлiктiң  барлық  түрiне  ие  болуға хұқы бар. Мүлiкке ие болу, пайдалану  һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлiк хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады» деп жазған еді.                                                                                          Осы кезде көз алдына жақында ғана бұл жағдайды өзi оқып – пысықтаған Ұлы Француз революциясының «Адам және азамат құқықтарының декларациясы» деген еңбек келгендей еді. Мықты жазылған, тұжырымды ойлары көп, сапалы заңнама Барлыбектің бұрынғы ойларына ой қоса түскен. Мұндағы: «Меншiк қол сұғылмайтын және қасиеттi құқық болғандықтан ешкiм одан айыра алмайды, айыру тек қана заң, тәртiп бойынша күмәнсiз қоғамдық қажеттiлiк үшiн әдiлеттi және алдын ала орнын толтырған жағдайда iске асырылады» делінген екен. Бұл тұжырымдар Уставқа сол қалпында кіргендей болды.

Бiрақ, Барлыбек өзi дайындаған «Уставында» кейбiр мәселелердiң шешiмiн қалай табуға болады, оның жолы қайда?» деген сұрақтарға әлi де болса жауап iздеуде едi.                                                          

Оның ең бастысы – қалайша Ресей империясының құрамынан бөлiнiп шығып, жеке, дербес, доминиондық мемлекет болу. Бұл сұрақ Барлыбектің өзі үшін ең қиыны сияқты. Осы сұрақты ашып жарып халыққа көрсету ең қиын нәрсе еді. Бұл туралы айтар болса, онда оны қалай жасау керектігін және оны іске асырудың тетiктерiн де қоса айту керек.

Барлыбек үшін бұның қиын екені рас. Тек қана, Барлыбек үшін ғана емес, сонымен қатар, «қазақты, қазақ етем» деген азаматтардың тегіс бәріне бірдей қиын мәселе осы болатын. Соның сыңайын ол қалайша келтірерін білместен қиналғаны рас. Қазақ елі бостандықты қалай алмақ? Оны қалайша іске асырмақ? Оның жөнін суыртпақамай айтатын қазақ әлі жоқ. Ол жағы әлi де болса бұлыңғыр. Тек қана, бұл үшiн емес, сондай-ақ, саяси ауқымдағы бүкiл қазақ үшiн де, дәл қазiргi жағдайда белгісіздеу болып тұрғаны осы болар. Бiр жағынан ол туралы әлi де, болса бұларда ортақ келiсiм, ортақ пiкiр жоқ екені де рас болатын. Сырт көзге де солай көрінетін.

        Жер туралы дау – дамайдың бәрiне дерлiк Барлыбек әбден қанық болғандықтан, бұл жайында баяндарда ол өзін аса еркін сезінетіні һақ. Болашаққа жол салғызатын заңнама жобасының үлкен бір тарауы осы жер жайында болатын. «Қазақ жерi турасында» деген тарауға кіріспес алдында Барлыбек осыған дейінгі өтпелі – төкпелі замандағы жерге қатысты оқиғалардың барлығын көкейіне тізіп шыққандай болды. Өзі қатысқан даулардағы немесе оқып, білген, естігендерін де түк қалдырмай есіне түсірген. Сөйтсе, жерге қатысты бір талай нәрсенің басын шалғандай екен. Өзі соған іштей ырза болды. Солардың көбі іске татымды, пайдаға асары да көп екен. Олай болса, өзі соның бәрін заңнамалық қажетке жаратуға тиіс. Ендігі ой осы еді. «Жер қазақ халқының оның мемлекеттігінің меншiгiнде болады. Қазақ елiнiң жерi саудаға түспейдi,  құдай  оны  адам  баласына пайдалану үшiн жаратты.

   Жердiң  кенi,  орман,   су,   көлi,   һәм   таулары  қазақ  елiнiң  иелігiнде.

Мал жаю, егiн өсiру, үй салу, жердi өңдеу һәм жердi пайдалы iс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады» деген баптарды қазір оқып, мұндағыларға ұсынып тұр.

Әрине, Барлыбек былай етіп жазарда мұны тек өз ойы ретінде ғана білді. Оның бұл тұстағы өз ойы өзiнде екендігі де содан. Басқалар мүмкін осы жайында басқаша ойлауы ғажап емес. Олардың ойы өзінікінен озық болса Барлыбек оған да бой ұсынып, сол озық ойды қабылдауға даяр. Ал әзірше, бұл Барлыбектiң ғана ойлап шығарғаны сияқты жоба болатын.

Болашақ қазақ елiнiң уставы жайындағы сөз Барлыбекке өзі мен мына отырған достарының арасындағы әрдайым ұзаққа созылатын әңгiменiң үлкен бiр түйiнi болатындай көрiндi. Осы кезде, әңгiме осыған ауысып тұрғанда,  бұл талқылауға қатысып отырған қазақ зиялылары Барлыбектің көзіне қашанғыдай ел тағдырына ой берердей болып көрінді. Әзірге дүйім қазақтың ішінде елдің болашағы үшiн терең ойланатын, оның жанашыры да осылар сияқты. Барлығы бірдей ел үшін елгезектік танытатын адамдар. Соларға Барлыбек өзінің осы уақытқа дейін ішіне сақтап жүрген сырын енді ғана ашып тұр.                         

 Бұдан әрі Барлыбек сөзі жалғаса берген. Қазақ елiнiң болашақтағы конституциясының жобасы ретiнде талқыға түскен Барлыбек дайындаған устав ұзақ тыңдалды.                           

Барлыбектің сөзі аяқталысымен-ақ, шығып сөйлеушiлер алдымен мұның қазақ үшiн маңызы зор екенін айтып, бір жағы Барлыбектің көңілін орнына түсірді. «Біздің елге қатысты көкейкестi мәселелердiң барлығы да қамтылған, керек дүние» дедi. «Мазмұны да жақсы екен» дедi.                                                                      

Бiрақ та, осыны айта кеп, алғашқыдай емес, құр мақтаудан істің жөніне көшкен Әлихан Бөкейхановтай iрi қазақ саясаткері, конституцияның қажеттілігі туатын күн әлі алыста екендігін, оны керек ететін, өзін – өзі басқаратын қоғам мен мемлекеттіктің қазақ үшін ауылы әлі жырақта жатқандығын ашып айтты. Әлихан осыны айта келіп:

– Біздер үшін тәуелсіздікті алу деген ұғым тек формальді ғана болып тұр. Бұл дегеніміз жаңағы Сырттанов мырза жасап шығарған азат ел, тәуелсіз мемлекет «Қазақ елінің уставы» сияқты дүниелер, тек қана қағаз жүзіндегі бостандық. Нағыз бостандыққа әлі ерте. Ондай бостандыққа еліміз әлі дайын емес.  Өйткені еркін ел болуға елдегі саяси ахуалдың әлi пiсiп, жетiлмегендiгi көрсетіп тұр – деді.

Әлиханның сөздері қатысып отырғандардың көбіне жаңадан ой салып, өрекпіген көңілдерін басып тастағандай етті. Отырғандарды бір түрлі көңілсіздік күй басқан сияқты. Барлыбектің де өрекпіген көңілі басылып қалса да ол өз перзентін қорғайтын кісінің қимылымен:

– Сондай күн туа қалу үшін біздер күресе білуіміз керек. Халқымызды да сондай күреске дайындауымыз абзал. Сонда ғана біздің қолымыз ел бостандығына жететіндігіне кәміл сенемін – деді.

Тағы да, жиынға келгендерді үнсіздік басқандай болды. Бұл орнаған үнсіздік көпке бармады. Көбінің жүзінде дағдарыс орнаса да, араларындағы қаны қызу, шешуші іске бір табан жақындары былай отыра алмастай еді. Солардың бірі Ақбаев Жақып мырза. Осының бәрін бағанадан бері міз бақпай тыңдаған Жақып Ақбаев енді сөйлеуді жөн көрген. Ол артқа қайрылған қолаң шашын алақандарымен басып, көзіндегі пенсне көзілдірігін қайта – қайта сұқ саусағымен көзіне тақап, баса берген. Бұл Жақыптың бірдемеге көңілі толмағандағы істейтін әдеті болатын.

Қазақ зиялыларының ішіндегі ештенеден тайсалмайтын қайсар мінездісі де осы Жақып еді. Ол кісінің өңменінен өтетін өткір қара көздерімен отырғандарды бір сүзіп өтіп, сұлуша келген түсін едірейтіп:

  •  Неменеге, осылайша отыра береміз? Іске кірісетін уақыт болды ғой.

Патша да, басқасы да бізге бостандықты құрдан – құр бермейді. Оны күшпен тартып алуымыз керек! Онан да соның жолын қарастыралық. Құрдан – құр отырғанда не пайда – деп, ол енді көзқарасын Әлихан жаққа аударды. Бұған ол «не айтар екен?» дейтін сияқты.

Жақып 1903 жылы Санкт – Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген соң оны Омбыдағы сот палатасына жұмысқа жіберген болатын. Содан бері ол үнемі баспасөз беттерінде патша үкіметінің отаршылдық саясатын өткір сынға алған мақалалар жазумен болды. Жақыпты революциялық үйірмелерге қатысты деген желеумен полиция Омбы қаласынан Семейге жер аударған болатын. Сөйтіп, ол полиция мен жандармерияның қатаң бақылауына іліккен еді. Қазір ол бұл жерге толық конспирация жағдайында келіп отыр. Осында келер алдында Жақып қарап жүрместен Қарқаралы қаласында патша манифесімен танысуға арналған үлкен демонстрацияға қатысып, патша манифесін қазақ тіліне аударып бергені оның соңына түсушілерді тағы да өршелендіре түскен.

Бұл туралы оған жан ашырлық білдіріп: «Ұстап алса қайтесің?» деген құрылтайшыларға ол:

– Сол бір патшаның өз қолынан шыққан манифесті мен қазақ тіліне аударғанда оның мазмұнын түк те өзгертпесем, патшаға зіл тастамасам, оны ғайбаттамасам олардың мен де несі бар? Қайта мен Государьға көмектескен жоқпын ба, жазығым оның түкке тұрмайтын сандырағын көп қазақ түсінсін деп аударғаным ба? – деді. Жақып әдеттегіше көзілдірігін шешіп қолына алды. Сол уақытта ғана оның күлімдеп тұрған көздерін отырғандар анық көрді. Өр мінез Жақыптың қуақылана сөйлегені де сонда ғана барып бірақ білінді.

Елдің бәрі бір уақыт оның тапқырлығы мен өткір тіліне ырза болып, күліп те алды.

Әлихан бұл кезде Барлыбек айтқан сөздердің мағынасын ойлап отырған болатын. Сол ойын өжет Жақыптың әрдайымғы авантюрліктен алыс кетпес мінезі бұзғандай еді. 

Әлихан Жақыптың жаңағыдай сөздерін тапжылмастан тыңдап, ойлы көздерін отырғандарға қаратып, салмақты пішінімен:

– Ондайға әлі ерте. Ол үшін көп дайындық керек. Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарына айналдыру үшін, ең алдымен, халықтың сана – сезімін оятатын жағдай тудыру керек. Ол үшін ең алдымен халықты жалпыға бірдей сауат ашу жұмысымен қамту керек – деді. Осылай деп біраз тоқырап тұрды да, артынша: 

– Ол үшін ең алдымен қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Сонда ғана халқымыз өзін – өзі танып білетін болады. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің салт – санамызға лайық, әдетімізге ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениетін» құрсақ қана осыған қол жеткізу мүмкіндігі туады деп ойлаймын – деді. Сүйтті де, ол өз байлауына басқалар «не дер екен?» дегендей боп, аздап тосылыңқырап қалды. Олардың үндемей, тыңдасқан сыңайын көріп, өзінің үзілген сөзін жалғады.   

 – Бізге бір жағынан қазақтың төл әдебиетін тікесінен тік тұрғызуға күш салу керек. Ең бастысы ұлттық ерекшелігімізді айқындап, тілімізді жоғалтпай, қазақшылығымызды сақтасақ қана біртұтас халық бола аламыз. Өз тілі мен ділін қалыптастыруға табысқа жеткен халық қана дегеніне жетіп, азат өмір сүре алады. Осыдан екі жыл бұрын мен орысша айтқанда «Қырғыздар» яғни өзімізше «Қазақтар» деген еңбегімде: «Ата – баба қаны төгіліп, ел меншігіне айналған жерді орысқа бодан болғанымызда сол мемлекет талайды, еркін халықтың құқын шектейді, қазақтардың рухани, экономикалық мүдделерін аяққа басады, қазақтарды кедейлетіп, тұралатады, оның мәдени дамуын тоқыратады деп жазғанмын, соның бәрі бүгін де өз актуальдігін жойған жоқ екен» – деді.

Осыларды айта келiп, Әлихан:

– Сырттанов мырзаның айтқандары бәріміздің жүрегімізді жарып шыққандай сөздер. Ал бірақ, осының бәрі тек тәуелсіздікке қолы жеткен елде ғана іске асырылатыны бізге белгілі жағдай. Қазір біздің еліміз тәуелді, отар ел. Өзінің бас бостандығы жоқ. Сондықтан тәуелсіздігін алмай біз сияқты халыққа конституцияның да, мына сияқты уставтың да, еш қажеті болмайды. Оларды іске асырар ел де, жер де жоқ! Колонизаторлық ел оған жол бермейді. Соған қарамастан мен қазақ үшiн тәуелсiздiкке бет бұрар шақтың жақындағанын айтқым келеді. Олай болса болашақта сондай елдің болатындығына да сенімдімін! – деді.

Сөз енді қыза түскендігін отырған жұрттың аңсарынан аңдаған Әлихан, осы жерде айтылар басты сөзіне көшті. Соған қарай ол:

– Қазіргі ең басты мақсат – ол отарлық бұғаудан құтылу. Ол үшін бізге халық арасында үгіт – насихат жүргізу керек. Ондай жұмыспен партия сияқты қоғами құрылымды күш болуы шарт. Яғни қазаққа саяси партия қажет. Сондай партия ретінде мен «Халық Еркі партиясын» немесе «Конститутциялық демократтар партиясын» айтар едім. Қазіргі замандағы Россиядағы ең озық ойлы осы партия болса керек. Маған солай көрініп жүр. Басқа азаматтарға да осылай көрінуі һақ.

Бірақ, қазақ халқының арасында, саяси партия әлі пайда бола қойған жоқ. Соған қарамастан орыстандыру саясатының ауыртпалығын көтерген басқа шет аймақтардың халықтарындай, қазақ халқы да үкіметке қарсы пікірде және орыстың оппозициялық партияларына көңіл қояды. Жақын болашақта – қазақтар арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылыуы мүмкін. Оның бірін ұлттық – діни бағыттағы деп атауға болар, ал оның мақсаты қазақтарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі қазақ келешегі кең мағынадағы батыс мәдениетін енгізуге байланысты деп есептейтін бағыт. Бірінші бағыт мұсылман – татар партияларын үгіт тұтар, екіншісі – оппозияциядағы орыс партияларын, атап айтқанда, халық бостандығы партиясын үлгі етпек. Ал, осы соңғысы біздің идеялық – саяси көзқарасымызға лайықтау жері көп. Сондықтан да, осы күнгі саяси күрес жолына түскен орыстың либералдық – демократиялық партиялар мен топтардың жағына шыққанымыз дұрыс. Сонымен қатар қазақ интеллигенциясы бүгіндегі қоғамдық – саяси қозғалыс ретінде пайда бола бастаған россиялық мұсылмандардың саяси қызметіне де тікелей араласуда. Бұл да құптарлық тәсілдің бірі.   

          Сіздерден жасыратын не бар. Мен де сіздер сияқты қазақ халқының тағдырына басымды бәйгеге тіккен адаммын. Сол үшін өзім саналы түрде алғашында саяси көзқарасты қалыптастыру және сол турасында пікір алмасу үшін Масондық ложаға мүшелікке кіргенмін. Менің бұл ұйымға кіргенім халқымызды қайтсек те бодандықтан құтқарып, бостандыққа жеткізу жолдарын іздеу еді – деді.

Әлихан өзінің Масон ложасының мүшелегіне не үшін өткендігін елге бұлайша бірінші рет жария етті.  Ол бұл туралы бұрын ешқашан айтпайтын. Мүмкін онысы масон ұйымының құпиялығынан да болар?

Өзінің түпкі мақсаты кезінде жақсылық нышанындай көрінген бұл ұйымға Әлихан өз басы емес, қазағының есесі үшін кіргені енді басқаларға да білініп қалды. Өйткені масон ложасы – адамдар тарихының әр кезеңінде құрылатын, оларға жақсылық нышанындай болып көрінетін, өзінше бір мақсат көздеген құпия құрылым болатын.

Масон ложасының Әлиханға ұнаған жері түпкі мақсаты еді. Орден мүшелері үшін ондай мақсат әр түрлі болып келеді. Бірақ барлық заманда бірдей соның бәрі негізінен – адамзаттың рухани мәдениетін көтеру, адам баласы үшін жақсы өмір орнату сияқты қағидалардан тұратын. Соған қарай, Әлихан өзі мүше болған «Полярная звезда» масондық ұйымының басты мақсаты ең алдымен Россиядағы самодержавиелік құрылысты оның түп атасы монархиялық мемлекетті бір жолата құрту болатын.

Бұл ұйымның осы бір тұсын Әлихан да өз халқының есебі үшін пайдаланып қалмаққа  ұмтылғаны сондықтан еді. Өйткені, патша билігі құрыса оның орнына демократиялық билік келетіндігіне оның сенімі күшті болды. Олай болса, құрыған монархиямен бірге қазақ еліне де бостандық келеді. Демократия орнайды, отаршылдық ниетте осымен бірге жоғалады деп ойлаған.

Бірақ сол ойлағандары күннен – күнге елеске айналып барады. Қазірдің өзінде дәл қазаққа олай бола қоймайтындығына Әлиханның көзі жете бастағандайы анық. Ол енді масоннан да жери бастаған. Сөйтіп, Әлихан бұл күнде тек қана қазақ баласы ғана өз бостандығы үшін күресіп, тек қана өз мемлекетін құрғанда ғана тәуелсіз ел болатындығына сене бастаған.   

Әлихан бағанағыдан бетер ашыла түскендей боп, тағы да ағынан жарылып:

– Біз қазақ халқын тәуелсіздікке апаратын барлық мүмкіншіліктерді пайдалануға мәжбүр болып отырмыз.

Біз ешуақытта басқа елдің жолын ала алмаймыз, бізге ол жол болмайды. Біз өзіміздің табиғи ортамызға сай дамуымыз керек, қалыптасқан мінез – құлқымызға байланысты соған лайық жолды таңдап алуымыз керек. Таңдаған жолымыз біздің халқымыздың қасиеттерін жоғалтпайтындай болуы керек. Жаман қасиеттерден арылуға мүмкіндік беретіндей жол керек. Өйткені қараңғы, өзі бодандықтың шырмауындағы еліміздің адамдарына ой салу үшін амалсыздан біздер ортақ мүдде үшін қылт еткендей болатын жақсылық нышанына ұмтыламыз. Ал осыларды яғни айтқанда ұлттық автономияны, самодержавиенің бұғауынан құтылуды күні бұрын ойлауымыз қажет. Олай болса бүгінде Барлыбек Сырттанов жасаған конституция жобасын іс жүзінде жүзеге асырып, демократиялық қоғам орнату, бұратана халықтарға нәсіліне, дініне, тіліне қарамастан азаттық беру мәселесін көтеріп жатқан партия бұл Россияның «Халық бостандығы партиясы» не болмаса Кадет партиясы ғана болып отыр.

Россияның басқа партиялары осының бәрін ашып айта алмай отырған сияқты. Бұл мәселені қатты айтатын социал – демократтар партиясы болса, олар бұл күнде заңсыз ұйым болып саналады және бүгінгі күні олар қоғамды реформа түрімен өзгертуді жек көреді. Оларға керегі барлық әлеуметтік салаларды күшпен, яғни төңкеріс арқылы өзгерту, яғни революция жолымен, дүние жүзілік революция отын тұтату арқылы жасамақшы. Сондықтан олар бұл күнде Россияда ашық үгіт пен насихат жұмыстарын істей алмай отырғаны белгілі. Осы жайларды ескере отырып мен Кадеттер партиясы құрамына өз еркіммен кірдім. Кіргілеріңіз келсе сіздердің әр қайсыларыңызға бұл партиядан орын бар. Тіпті біз осы партияның қазақ бөлімін құрсақ па деген ойдан аулақ емеспіз – деді. 

Әлихан бұл айтқандарымен нені көздеп отырғанын осылайша білдірді. Партияның түсінігінен әлі алыста тұрған қазақ азаматтарына партия жайында біраз дерек айтып, сондайдың да қазаққа керектігін сездіріп тастады. Енді жиынға қатысып отырған елдің назарын осыған аударып көрсем бе деген талпынысын осылайша білдірген еді.

Әлихан соңғы кезде Кадет партиясына қатты қызығып, оның идеялық тұрғысына көңіл бөле бастаған еді. Ол кадет партиясына кірді де, тіпті сол партияның орталық комитетінің мүшесі де болды. Оның бұл партияға ең қызыққан жері алғашқыда Россия демократиясының құрамында қазаққа автономия беріледі деп ойлаған болатын. Ал дәл осы кезде қазақ елінің бостандығы үшін оған бұдан өзге жол жоқ сияқты болып көрінген. 

Қазақтың елсүйгіш, зиялы қауымының бүгінгі күнгі алдына қойған мақсаттары осылайша өрбіп, жүйелі саясат көзіне айнала бастағаны міне осындай мәнді жиындардың талқысынан байқалып жатқандай. Олардың алдына қойған тағы бір үлкен мәселесі ол – жер мәселесі еді.  «Жерсіз Отан деген Ел деген ұғым болмайды» дейді зиялылардың көпшілігі бір ауыздан. «Біртұтас Қазақ елі мен жері болсын десек ең алдымен жерімізді сақтауымыз керек» деген ұран бұлардың әр қайсысының көкірегінде сайрап тұр. Кезі келгенде олар мұны еш жасрымастан айта бастаған. Өйтпеске болмады. Өйткені орыс самодержавиесі қазақтардың қауымдық жерлеріне ауыз салып жатты. Оның ішінде ылғи құнарлы, пайдалы жерлер қолды бола бастағаны тағы бар. Осыған байланысты Әлихан:

– Олар көне заманнан бергі қалыптасқан қазақтардың жерді пайдалану әдістерін өрескел бұзуда. Самодержавиеге ондай ерік беретін олардың шығарып жатқан заңдары деуге болады. Сол заңдар бойынша Қазақ елі Россияның құрамдас бөлігі болса оның заңдарының талабы да осы елдің жеріне қатысты деген сөз. Сондықтан олар жерді тартып ала береді. Бізге қазақтарға көшпелі укладтағы шаруашылығымызды, елдігімізді, жерімізді, орасан зор мал басын сақтап қалу үшін барлығымыз бір адамдай күресуіміз керек. Осыған қоса осыншама малды өсіретін халыққа біздің жеріміз керек деген қағиданы ұстануымыз қажет. Сондықтан әзірше көшпелі укладтың тиімділігін оларға дәлелдеу үшін қазақтарға мал шаруашылығын өркендету керек. Сондай ой – пікірді газетке жазып, онан қалса кітап қып шығарып, көпшілікке тарату, осыны көпшілікке түсіндіру қажет.

Қазақтың байырғы жерлерін қашан қазақтар өз бетінше толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді.

Жердің үстіндегі, астындағы, аспанындағы барлық байлық пен игілік тек қазақ еліне, қазақ халқына қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы қажет.

Әуел десеңіз қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн болсын қазақ елінің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі қерек. Яғни айтқанда қазақ халқы толықтай саяси – экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс. Сонда ғана біз тәуелсіз, өзімізді – өзіміз билейтін мемлекеттер қатарынан орын аламыз. Оның ауылы алыс болса да, күндердің – күнінде іске асар – деді.

Орыс оқуын оқып, енді алған білімдерін халықтың қай керегіне жаратамыз дейтін қазақтар, жиналып алып патшаның сұрауы бойынша петиция дайындауды осылай бастады. Рескрипт бойынша патшаның жергілікті жерлерде болып жатқан мұқтаждықты білгісі келіп, халықтың сондай мұң – мұқтажына қаныққысы келетіндей болған ойын білдіргендігісі де осы еді.

Біле – білген кісіге, қазақта мұқтаждық та көп, мұң да көп болып көрінгені осы тұсқа сай келді. Көкірегі ояу қазақтың қай – қайсысы болмасын бұл кезде ашына сөйлеп, ақыл айтуға бар сияқты боп көрінген.

Қарқаралыдағы бас қосу одан әрі қыза түсті.

Сөз алған Бақытжан Қаратаев патшаның өзі басқарып отырған империяның шет жақтарында орын алып тұрған мұқтаждықтарды білу пікіріне қарсылық білдірген жоқ. «Қайта біздің қазаққа аздап болса да пайдасы бар» деп, бұл пікірді жақтайтынын сездірген. Бірақ, ол Әлихан Бөкейханов айтқан «жерді сақтау үшін көшпелі укладты да сақтау керек» деген қағидаға үзілді – кесілді қарсы шықты.

Бақытжанның айтысы бойынша, «патша өкіметі өзі шығарған заңын өзі аяқ асты етпейді. Бұл биліктің қазіргі заңды түрде кісі басына 15 десятина жер береді. Жер сұрағандарға оңды – солды он бес десятинадан жерді бере береді. Қазаққа да осыны оңтайлы пайдаланып қалу керек» деді. Осы сөздерді отырғандарға ол түсіндіріп жатып:

– Қазақтың жері үлеске түсіп, үлестіріліп бітті дегенше, қазақтарға да үлеске тиесілі он бес десятинадан жерді алып қалу керек. Бірақ олай еткенде, қазақтар көшпенділік өмірмен бір жола қоштасып, отырықшылыққа көшуі қажет. Тек сонда ғана, қазақтың жерін сақтап қалуға болады.

Егер бүгінгі күннің ең басты мәселесі – ол қазақ жеріне орыс капиталының енуі негізінде сауда және өсімқорлық капиталдың кең өріс жаюы арқылы іс жүзіне асырылып жатқан шараларды еске алсақ, онда біз көп нәрсені осыдан көретін боламыз. Оның аты аяусыз тонушылық екенін де біз бірден байқаймыз.

Орыс капиталистері мен көпестері қазақтардан малдың терісін, жүнін және басқа өнеркәсіп шткізаттарын өте төмен бағамен сатып алып, ал қазақтарға Орталық Россияның өнеркәсіп орындарының өте төмен сападағы товарларын жоғары бағамен өткізіп, пайдаға шаш етектен кенеліп жатыр.

Патша өкіметі өзінің сұрқия саясаты арқылы саналы түрде қазақ сияқты бодан елді экономикалық, мәдени жағынан төменгі сатыда ұстап бағуға барлық мүмкіншіліктерін іс жүзіне асырып отыр. Сондықтан олар жергілікті өнеркәсіп саласын дамытудан да қашқақтап келеді. Ал, қайсібір қазақтың жеке адамдары тарапынан қазақ жерінде өнеркәсіп орындарын ашу хақында өтініш болғанда жергілікті патша өкіметінің органдары оларға үзілді – кесілді қарсы болады –  деді.    

– Дәл солай! Кешіріңіз сұлтан, егер мен сөзіңізді бөлсем! – деп, сондай бір шақта шыдай алмай сөзге араласқан Барлыбектің даусы естілді. Барлығы бірдей сол жаққа қарасты. Барлыбек сәл басын изеп, Бақытжанға ізет жасағандай болды. Мұнысы басқаның сөзін бөлсе де, дәл осы арада айтылуға тиіс сияқтысы еді. Соның артынша ол:

– Мен сұлтан Қаратаевтың сөзіне қосымша ретінде айтайын дегенім біздің жерге өнеркәсіп орындарын салдырмаудың тағы көп сырының бірі біздің Жетісуда да табылады. Соның бірі ретінде осыдан біраз бұрын Жетісудың кәсіпкер қалталыларының тарапынан Түркістан генерал – губернаторының атына өтініш хат жазылған болатын. Сол арыз - өтініштерінде  олар Жетісу облысында тоқыма фабрикасын салуға рұқсат беруді сұраған еді. Олардың сонысына генерал – губернатор фон Кауфман: «Тоқыма фабрикасын салуға рұқсат жоқ. Неге десек, ондай фабрикалар Россияның Иваново – Вознесенск, Москва және тағы басқа фабрикалармен қажетсіз бәсекелес болады» деп рұқсат бермей қойған. Ал енді осындайлық ақымақтыққа не айтуға болады – деп Барлыбек күйінгендей болды.

Жаңа бір әзірде, былайша түсінуі қиын мәселеге Барлыбектің айтқандары келді. Оңтайлы мысал, мықты тұспал болғандай екен. Сол тұспалын айтып қалғанына бір жағынан масаттанып, бір жағынан Бақытжанның сөзін бөлгеніме болайын деген оймен:

– Ғапу етіңіз сұлтан, қымбатты достым! Мен осы бір мысалды сіздің ойға дәл келтіргім келді. Сіздің алдыңызда кінәлімін! – деп, Барлыбек ғапу өтініп жатты.

– Оқасы жоқ! Сіз қайта аргумент келтіріп менің сөзімді әрлендіріп жібердіңіз. Сол үшін Барлыбек мырза мен сізге өз алғысымды білдіріп қояйын – деп, Бақытжан өзінің ескі досына жылы жүзбен қарап, шын көңілмен сүйсіну білдірді. Сосын ол сөзін әрі қарай жалғастырып:

– Саны жағынан өте аз қазақ жұмысшыларының тұрмыстық жағдайлары өте ауыр. Олар бұл күнде қатал және адам шыдағысыз отарлық пен шовинистік езгіге ұшырап отыр. Оларға Сырттанов мырза айтып кеткен сегіз сағаттық жұмыс күні тек қиял іспеттес арман ғана.

Қазақ жұмыскерлерінің жұмыс уақыты ең аз дегенде 17 – 18 сағатқа жетіп отыр. Қазақтарды қанаушылық нәтижесінде және олардың еңбегін ұлттық кемсітушілікке ұшырату барысында қазақтардың еңбегі өте төмен ақымен бағаланып тұрғаны баршамызға аян. Бір жұмысты орындағандары үшін орыстар қазақтарға қарағанда  екі, үш есе артық ақы алады. Ал енді жаңа ғана полемикаға шыққан досымыз Сырттанов мырзаның жері Жетісуда тұрғылықты тұрғындардың еңбегі орыстарға қарағанда жеті есе кем бағаланады екен. Мұны маған айтқан Барлыбек мырзаның өзі.

Бақытжан төртбақ денесін барынша бұрып, алтын жалатқан көзілдірігін қолына алып Барлыбек жаққа күлімсірей қарады. Барлыбек те оған «дұрыс» дегендей ишара білдіріп, басын изеп қойды.                                                                           

Бақытжан сөзін аяқтағандай қып:

– Бәрібір біз толық отырықшы болмай бодандық күйімізден құтыла алмаймыз. Жер мен суымызды да сақтап қала алмаймыз. Сондықтан жерге деген вакуфтық құқықты жүргіздірмей, әр қазақ барынша мол жер үлесіне иемденіп қалу керек. Тіпті Америкадағы үндістердің жерін тартып алған европалық қоныс аударушылар да сөйтті ғой. Олардың уақытша отырықшы болып иемденген жерін кейінгі заң негізінде соларға бекітіп берген жоқ па еді – деді.

Осындай көзқарасты Жаһанша Сейдалин, Жақып Ақбаев, Мiржақып Дулатов пен Жаһанша Досмұхамедовтар та жақтаған.

«Сондықтан қазақ арасында әлi де болса ағартушылық, әсіресе сауатсыздықты жоюды, сонымен қатар демократиялық қозғалысты күшейтiп, халықтың сана – сезiмiн ояту қажет» деп айтылып жатқан ойлар бұл жиынға қатысып отырған көпшілігінің сөз арасында айтылып та жатты. Барлығының ой қорытпасы да осылайша шығып: «Сонан кейiн барып тәуелсiздiк үшiн күресермiз» деп аяқталғандай болды.

Бұл жиынға Бақытжан сияқты ұрын келген Дума депутатының біреуі Мұхамеджан еді. Ол да осы құрылтайға «Қазақтар хәм азаттық қозғалысы» деген тақырыптағы баяндамасын ала келіпті.

Жиналған жұрт бұл баяндаманы да үлкен ынтамен тыңдады. Мұхамеджан өз сөзінде:

– Ел болып, елдігінен айрылған, хан болып, хандығынан айрылған, бұл күнде етегін жия алмай сүрінген қазақ. Ұлы болса тұл, қызы болса күң, байғұс болып, асқа жарымаған, надан болып, һаққа жарымаған, бодан халқымызға жанымыз ашиды. Бірақ қолымыздан келер амал жоқ. Басымызды тауға да, тасқа да соғамыз. Өліп, өшіп, жан – жағымызға қараймыз, осы қалымызға жаны ашып қарайтын ешкім жоқ, қол үшін беріп құлдықтан азат етер де еш қайсысы жоқ сияқты. Менімше бұл тұс соған жақын, заман сондай болып тұр. Олай болса ел бастайтын көсемінен, сөз бастайтын шешенінен, ту ұстап, атқа мінген батырынан айырылған, жауынгерлік өр рухы жасып, азаматтық сана – сезімі кеміген, қиын шақта қамсыз отырған, дертін байқамай жайбарақат жатқан қазақ жұртына, қорғансыз қалың қазақ халқына не деуге болады!? Айнала қоршаған аждаха, аузын арандай ашқан айдахарларға  жемтік болып, жұтылып кетпеу үшін көп болып қазақ ойланайық! Ел болып қазақ толғанайық! Заман осыны түйсінудің мезгілі жеткендігін мегзеген сияқты көрінеді.

Олай болса, ең алдымен елімізді отарлық бұғаудан құтқарудың жолдарын қарастырып, одан кейін отарлық езгі ауыртпалықтары мен феодалдық мешеулікті жоюға, елдегі әлеуметтік – экономикалық және мәдени даму жолына түсіру жағын қарастыру керек деп ойлайсын. Әсіресе, осы кезде патша үкіметінің қазақ халқының ата қонысын мемлекет меншігі деп жариялап, ең шұрайлы да құнарлы жерлерін қоныс аудару қорына, орыс – казак әскерлер қосындарын орналастыруға және басқа да отарлау мақсаттары үшін тартып алып отырған еді. Қазақ жерін күштеп тартып алу екі жүз жылдың ішінде үздіксіз жүргізіліп, қырық бес миллион десятина жерге самодержавие иелік ете бастады.

Олар қазақ халқының тек қана жері мен оның байлығына ғана ие болмай, сонымен қатар ол біздің халқымызды рухани жағынан да отарлық бұғауға түсірді. Ұзақ уақыт бойы халқысызды тілінен, дінінен, ділінен біртіндеп айыру бағытында қатігездікпен ойластырылған шараларды ойластырды. Біздің атадан мұра болып келе жатқан әдет пен ғұрыптарымызды жойғызып, санамызға иелік жасай бастады.

Ең алдымен қазақ халқының Россияға тәуелді халық екендігі олардың ойында жоқ сияқты. Ал бұдан зорғысын айтсақ, сондай халықтың ешқандай правосының жоқтығы отар елдің билеушілерін алаңдатпайды. Қайта жандарына жаға түсетін сияқты.

Қазақтан жиналатын салықтың өзі қазақ байғұсқа ешбір бұйырмайды. Отаршылардың кез – келгені қазаққа қожалық етіп, ойына келгенін істейді. Керек болса ұрып – соғады, онан қалса малдары мен мүліктерін, заттарын тартып алады. Тіпті қажет болса жандарын да алады.

Қазақ халқы халық болып жойылудың сәл алдында ғана тұр. Бұл орыс шовинизімінің бүгінгі бет пердесі. Ендігісін өздеріңіз білесіздер! – деп барып, өзінің ұзын – сонар баяндамасын аяқтады. Анықтап қараған кісіге осы кезде Мұхамеджанның көзі жасаурағандай боп, даусы бір түрлі шығып тұрғанын байқауға болатын еді. Халқының көріп отырған жәбір – жапасына оның ызасы келіп, реніші жүрегін кернеп бара жатқандай көрінді.      

Дәл қазiргi уақытта Әлихан Бөкейхановтың туып – өскен, Қарқаралы жерiнде Әлиханның бастамасымен Қарқаралы петициясын дайындау және ол петицияда жер, земство мен қазақтарды орыстандыру саясатынан құтқару жайында сөз қозғалып, жиналғандар қызу айтысқа кірісті.

Сөйтiп, қазақ даласының әр жерiнде осындай петициялар пайда бола бастаған. Соның бірі 26 маусым 1905 жылы Семипалат облысы Павлодар уезі Атағазы болысының азаматы Омархан молда Мұсапіров, Семипалат уезі Сейтек болысынан Темірғали Нұрекенов және Қарақаралы уезі Едірей болысынан Апық Жалшарин қол қойған прошение еді.

Бұл петицияда қазақтар Ішкі істер министріне өздерінің құқықтарын кеңейту турасында жазып, осы туралы жазылған петицияны бекітіп беруді сұраған еді. Прошениеде: «Жарияланып жатқан Мәртебелі Жарлықтарға байланысты Сізден Жоғары мәртебелім заң түрінде біздің петициямызды бекітіп беруіңізді сұраймыз» деп қырық жеті түрлі мәселе жазылған сұрақтарды қойды. Петиция мазмұны жергілікті халықтың мұң –мұқтажына байланысты басталды. Петицияда мынандай жайларға көңіл аударылды:

1. Қазақтардың аталуы (киргиз, қырғыз емес) өзгертіліп, оларға мұсылман – қазақтар деген ат қосылып аталатын болсын және олар әскери борыштан босатылсын.

2. Қазақтар 1868 жылға дейінгідей Орынбор діни мәжілісіне бағынып, Қазан мұсылмандарының діни ережелерді орындайтын болсын.

3. Қазақ халқына мешіт пен медресе салуға, ерікті түрде құдайға құлшылық етуге, сонымен қатар, медреселерде араб, парсы, түрік тілдерінде дәріс беруге және қазақ тілінде газет пен кітап шығару үшін типография ашуға мүмкіншілік беру керек.

4. Қазақ халқының үстінен қарайтын басшылар қазақ тілін білсе екен. Оларды тағайындау және босату қазақ қоғамдарының өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін болсын. Қазіргі крестьян басшыларының орнына бітімгерлік делдалдар (мировой посредниктер) келсе және олар оқыған қазақтардың арасынан тағайындалатын болса.

5. Барлық іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілсе, сонымен бірге писарьлар мен стражниктер, шабармандар тек қана қазақтардан тағайындалатын болсын.

6. Болыстық басқарма бастықтары, халық судьялары, ауыл старшындары және сайланушылар қазіргі кездегі сайлану ережесімен сайлану керек. Бұл лауазым иелері сауатты болу керек және өз міндеттерін атқарар алдында қызметке адал болуға ант беруге тиіс. Оларды қызметтен шеттету халықтың басым көпшілік дауыс беруіне байланысты шешілуге тиіс.  

7. Қазақ жерінде жұмыс істейтін учаскелік мировой судьялар қазақ тілін білу керек. Тергеу аудармашыларсыз жүргізілетін болсын.

8. Тергеу процесі кезінде айыпталушы жағынан қорғаушының қатысуы заңдастырылсын.

9. Округтік сотта присяжной заседательдердің алқасы болуы керек.

10. Қазақтарды сот пен тергеусіз әкімшілік жолмен жер аудару тоқтатылсын.

11. Қазақтың халық судьялары Әділет министріне бағынсын.

12. Билер сотының (халық судьялары) қарауынан неке және мұрагерлік істерді алып, бұл істерді молдалардың шариғат бойынша қарауына берілсін.

13. Сайлануға тиісті лауазымды қызметкерлер әскери губернатордың бекітуінен бұрын осы қызметке лайық екендігі жайында ахындардың келісімін алу керек.

14. Қазақтардан алынатын алым – салықтар әкімшіліктің көрсетуінсіз олардың өздерінің мүмкіншіліктеріне байланысты алынуы керек.

15.Ертіс өзенінің бойындағы жерлер бұрынғы заманнан бері қазақтардың пайдалануындағы қауымдық жерлер болса да олар кейініректе орыс әскерлерінің пайдалануына берілген болатын, осымен бірге Ұлы мәртебелімнің ведомствалық кабинетінің қазақтар пайдаланып жүрген жерлер олардың пайдалануында қауымдық жерлер ретінде мәңгі қалса екен.

16. Қазақтардың қыстаулары мен жайлаулары бұрынғы салт пен дәстүр бойынша олардың қолында қалсын.

17. Қазақ жұрты иелігіндегі жерлерде ашылған тау-кен орындарына салынатын кәсіпорындар солардың иелігіне ұсынылатын болсын. Қазақтар ол жерлерге завод, фабрик салуға құқылы болсын. Егер олар бұл кәсіптен бас тартатын болса ғана ол жерлерді басқаларға пайдалануға беруге болады. Бірақ олар басқалардың ол жерлерді пайдалануынан ондық пайда табуға құқылы.

18. Қазақтардың қажеті үшін орман шаруашылығының және балық шаруашылықтарының өнімдерін пайдалануға құқық берілсін.

19. Қазақтар мекендейтін жерлердегі тұзды және балығы бар көлдер олардың пайдалануында қалатын болсын. Оларды уақытша пайдалануға беру бір уездің сенімді уәкілдері арқылы жүргізілсін.

20. Тұзды және балығы бар көлдерді пайдалану арқылы түскен ақшалар бүкіл бір уездің қазақтарының қоғамдық депозитіне түсу керек.

21. Қазақтардың діни қызметкерлерін ұстау тәртібі мұсылмандық жолмен шешілсін.

22. Мұсылмандық парызды өтеуге Қаабыға, қажылыққа бару еркіндігі болсын.

23. Қажылыққа баруға билет – паспорт аларда православиелықтардың құқындай құқығы билет құнына да сондай-ақ жол қауіпсіздігіне де болсын.

Қазақтарды басқа діндегі миссионерлердің басқа дінге кіруіне үгіттеуіне және басқа дінді қабылдауына жол бермеу керек.

24. Неке және айрылысу мәселесінің қаралуы губернаторлар мен уезд бастықтарының һұзырынан алынып тасталсын.

25. Әкімшілік бұл істерге араласпасын және осы туралы ақпарат жинамасын.

26. Мешіт пен медреселерге вакуфтық құқық берілетін болсын.

27. Қазақтарға өз иелігіндегі жерлерді бұл туралы ережелердің жойылғанынша вакуфке салуға рұқсат етілсін.  

28. Қазақтар барлық уездерде, облыстарда, губернияларда жер сатып алуға және оны иеленуге православие сеніміндегілермен тең құқылы болсын.     

29. Қазақ халқының дін қызметкерлері православие дін қызметкрелеріндей құрметтелетін болсын.

30. Мектептерде орындалуға тиісті шарттардың бірі ретінде: алдымен қазақ балаларына мұсылмандық намаз сабақтары оқытылып, оларға бес уақытқы намаздары қаза болмастай жағдай туғызылуы керек. Тек қана, осыдан кейін барып орыс тіліндегі сабақтар өткізілуге тиісті. Сабақтардың осылайша өткізілуі қазақ балаларын мұсылмандық парызын ұмытпауға үйретуге тиіс.

31. Мектептерде қазақ балаларына христиан дінінің сабақтары өтпеу керек.        

Теке қаласында мұндай петицияның жасалуы тiкелей Бақытжан Қаратаевтың басқаруымен өттi. Патша өкіметінің «Он сегiзiншi ақпан» рескриптiндегi халық мұқтаждықтарын бiлу деген сылтау және он жетiншi сәуiрдегi, «Ар мен ождан» бостандығы туралы шығарылған пәрменiне сай, Бақытжан Қаратаев қазақтың жерi мен суын және дiнiн қорғауды жақтайтын тiлекнаманың жасалуына ұйтқы болғандардың бірі еді.

Бұл тiлекнамадағы жер – су мәселесiнiң жасалуына әрине, Барлыбектiң осы туралы көзқарастарының да, ықпалы тидi.

Петицияларды пошталардың қабылдамай жатқандығы да Бақытжанды онша қатты абыржытпағандай. Өйткенi оның ойы қайтсе де, осының жолын тауып, бұларды патшаның өз қолына тапсыру, қайткенде де, онымен өз елiнiң тағдыры туралы бiрер ауыз болса да сөйлесiп қалу болды. Қысқасы Бақытжан патшаның қазақ елінде болып жатқан оқиғалар туралы ойын бiлмекші едi. Ол бұл туралы осыдан бұрынырақ генерал Жәңгiровпен кездескенде сөйлесiп те қойған.               

Осы жолы да Бақытжан телефон арқылы Ғұбайдоллаға:

– Сұлтан! Сiз менi және менiмен бiрге болатын қазақ делегациясын патшаның қабылдауына ықпал етсеңiз болғаны, сiздiң сол жақсылығыңызды бүкiл қазақ баласы ешуақытта ұмытпайды, – деп өтiнген.

Күллi Ресей Империясы Телеграф – Пошта департаментiнiң бастығы, былайша айтқанда министр Жәңгiров бұл жолы да, Бақытжанның айтқанын орындау туралы уәдесiн берген. Осыған байланысты Ғұбайдолла:

– Жарайды, Сiз үшiн де, халқымыз үшiн де қолдан келетiн барлық мүмкiншiлiктi пайдалануға уәде етейін. Осы істің нәтижесiн дұрыс шығаруға тырысармын. Дұрыс болады деп ойлаймын. Хабарды менен күтiңiз – деген ол Бақытжанға телефон арқылы.                                                          

Барлыбекке де бұл хабар Бақытжан арқылы Қояндыдан елге қайтып келген соң, хат арқылы келiп жеткен.

Бiрақ, Барлыбек Жетiсу жерiнде петиция дайындаудың орнына қазақ елiне тiкелей қатысы бар, жер сияқты қомақты дүниенi осындай қарбаласта бұрынғы қалпында тек қазақ қауымының пайдалануында қалдыруды дұрыс көрген едi.

Ол петицияның отарлық саясаттың уақытша қитұрқы әрекеттерiнiң бiрi екенiн сезген. Сондықтан ол: «қазақтар үшiн бодандықтан құтылу ең басты мiндет. Әрине, бiз азат болу жолын қарастыруымыз керек. Бiрақ қазiргi кезде бiз тек қана жер үшiн күрес жүргiзуiмiз қажет» деп тапқандай болды.

Бүгiнгi күннiң әңгiмесi Барлыбек үшiн дәл осыған тірелгендей болды. Сол мақсатта ол өз ойында пiсуi жеткен, азат елге лайық конституциялық құжатты ары қарата дамыта берудi ойлап, соған кiрiскен. 

Қарқаралы петициясын ұйымдастыру және Қазақ елінде Россиялық көнституциялық демократиялық партиясының жергілікті бөлімін құру жолында жасалған басты әрекет болды. Бұл Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясында қазақ қоғамының негізгі ұлттық мүддесі есебінде сынадай талаптар қойылды: діни сенімдерді атқаруда, оқу – ағарту жүйесін ұйымдастыруда жергілікті халықтың еркіне қайшы келетін шектеулерді жою, ауылдарда сабақ орыс тілімен қатар қазақ тілінде де жүргізілетін мектептерді ашу; қазақ халқының мұң – мұқтажын талқылауға қажет құрал – цензурасыз газет – журнал шығаруға және баспаханалар ашуға рұқсат беру; жаппай қоныстану қарқыны күшейіп тұрған заманда, құнарлы жерлердің бәрі қоныстанушылардың қолына өтуіне байланысты қазақтар орналасқан жерлерді олардың заңды меншігі екендігін мойындау сияқты мәселелер еді.

Осымен Қарқарала жерінде басталған жиын аяқталуға таяу қалды. Алаш азаматтарының қайсысының не істейтіндігі белгіленіп, оларға қазақ елінің тұс – тұсында не жасайтындығы айтылды. Сондай үлкен петияцияның бірі Семипалат облысы қазақтарының атынан жіберілді.

Қазақ даласында дайындалған петициялардың патша үкiметiне жiберiлуiнiң өзi үлкен күшке айналды. Патша өкіметі тарапынан әдейі істеліп отырған кедергі екендігі баршаға білініп қалды. Мұның өзі отарлық саясаттың тағы бiр бет пердесiн аша түсті.

Енді болмағанда Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіне жиналған Алаш азаматтары барлығы патша охранкасының қолына түсе жаздаған. Бұлардың бәрін сұмдықтан құтқарған сыртта қарауылдап тұрған екі жігіт болды. Соның бірі Көлбай деген жастау болса да,  есті, өзі пысық жігіт еді. Сол жігіт жиын болып жатқан жерге полиция мен жандармдар келіп қалғанда қасындағығысына: «Аналарға ескерт, дереу ол жерден басқа жаққа орын ауыстырсын! Мен бұларды бөгей тұрайын» деп, өзі олардың алдынан шыққан болатын.

Көлбай «охранканың» адамдарының алдынан шығып, уақыт ұтқызу үшін әдейілеп сөзге шақыруды ойлаған. Сол себеппен ол жаңағыларға қарап:

– Сіздердің  не іздеп жүргендеріңізді мен білетін сияқтымын. Сондай-ақ, өздеріңізге кім керек екендігін де білемін – деді.

Оның мұнысын естіп, тыңшылардың қалың тобы оны қоршалай кеп тоқтады. Көлбай бұлар тоқтасымен даурыға сөйлеуін қоймай:

– Мен соларды тауып беру үшін сіздерге көмектесуге әзірмін. Бәрібір менсіз оларды таппайсыздар. Ал мен оларды табуға даярмын. Өйткені іздеген кісілердің қайда екендігін де білемін – деп қамдана сөйледі. Оның осылайша есіп сөйлегені, елірген түрі тыңшыларға тегін еместей болып көрінді.

Қырдың көп қазағынан өзгеше киінген, келбет, пошымы да олардан бөлектеу көрінген қазақтың бекер сөзге шақырмағанын топ басшысы сезді.

Ол басында «бұл кім болды» деген дүдамал ойда болса да, «осыны тексеріп көрелік, іздегенімізге тез жетерміз» деп шешті.

Басында кім біледі өздеріне қызмет істейтін бір жансыздың көрсетуімен келген жандармдар аяқ астынан істің мұндай бетбұрыс алатындығын аңдамаған секілді. Бұларды бастап жүрген топтың басшысының ендігі  ісі Көлбай болды. Іздеген адамдардың басы – қасында болмаса «Бұл қайдан біледі?» деп ойласа керек. Ол, сол бетте, дереу Көлбайды ұстатқан еді. Оның қолына кісен салдырып, дереу одан жауап алуға кіріскен.

Жандармдар Көлбайды қамалап, әсіресе топ жетекшісі:

Жиын өткізіп жатқандар қай жерде? Олар кімдер? Не үшін жиналды? деген сұрақтарды қойып есін шығара бастады. Асығыстау, бірінің артынан бірі қойылып жатқан сұрақтар әзірге оны еш қобалжыта алмаған.

Көлбай асықпастан, ойланғандай түр білдіріп, тұрып қалды. Бар болғаны топ басшысына көзін салып, бірдеме айтқысы келген адамдай қадалып, отырды да қойды.

Топ басшысы Көлбайдың мына қылығына енді онан сайын жыны ұстай бастаған. Ол Көлбайдың аяқ астынан мардымсып, үндемей тұрғанына: «Мүмкін, мұның өзінің бір айтары бар шығар?, Болса да, соны білу керек» деп қалған.

Талай ұсталғандардың ішінде өзін осылайша ұстағанды тыңшылар басшысы көрмепті. Оның үстіне дәл киргиздан мұндайлықты салқынқандылық білінерін ол күтпеген.

Солай деп ұғынған ол, Көлбайға қаратып:

– Егер осы арада өлгің келмесе, жаның барында дереу айт! Әйтпесе, осы жерде тура жайратып саламын! – деді де, тапаншасын суырып алды.

Бұл оның «Сенікі жетті, қысқарт» деген ишарасындай көрінді.  

Көлбайға да керегі осы болды. Ол қайткенде де уақыт көбейтіп, тыңшы біткенді барынша көбірек ұстауға мәжбүр болып тұрған.

Қоқан – лоқыдан аздап үріккендей болса да, әлі де көксегені бар екенін білдіре сөйлеген:

– Иә, білемін олардың қайда екенін! Бірақ айтпаймын! – деді бар даусын сала, еліре сөйлеп.

Бұлар тұрған жер еріксіз айғай мен шудың ортасына айналды. Сөйтіп жәрмеңкеге келген көп адамның көңілін өздеріне аударған болса керек. Барлығы Көлбайдың ойлағанындай болып, осы маңдағы адамдар шу болып жатқан жерге қызық көруге біртіндеп жинала бастаған.

Топ басшысы, қазір сазарып отырған Көлбайға ар жағындағысын айтқызбақ болып:

– Сенің тіліңді біз оңай шығарамыз! Қазір өзің де соны көрерсің – деді жандармның үлкені, қабағын түйіп.

Енді ғана Көлбай өзінің ойындағысын іске асырудың кезі келгенін шамалағандай болды. Оның әупіріммен сөйлегісі келмегені былай тұрсын, ендігісі сайрай жөнелді.

– Айтуға болатын жайды айтсам маған не болады. Алдымен соны айтып қуантпайсыңдар ма? – деп көлгірсіді де, артынша:

– Мейлі тіпті мені өлтірсеңдер де, өздерің білерсіңдер. Бірақ соны естімейінше, айтпаймын! деп қулана қалды.

Тыңшы біткен мына бір аяқ астынан тап болған «қаймана қазақтың» бүйтіп құтырынуын өрескел көрді.    

Шыдамдары таусылып, енді болмаса түтіп жегелі тұрған. Тек, өздерінің басшыларының бір ауыз бұйрығын күткені болмаса.

Бұл кезде Көлбай «Ендігім жетер» деп,  ол түрін барынша өзгертіп, есіл дерті тек қана ақшаға құныққан адамдарша:

– Олардың қайда екендігін, мен білемін. Әрине, ол тек біраз ақшаға ғана айтылатын шаруа ғой – деп сазара сөйлеп, бағанадан бұлдап отырған сырының шетін ашып.

Асығып тұрған жандармдар бұған елең ете қалған. Олар бұған көнетін түр білдіріп:

– Жарайды, айта бер айтатыныңды, аласың ақшаны! – деді. Олардың өйкеніне де, Көлбай көнбейтіндей түр көрсетіп :

– Мен білемін, сендердің алдайтындарыңды. Алдымен маған ақшаны беріңдер, сонан кейін бірақ сөйлесеміз – деп өзеуреп, қоймай қойды.

Жандармдар «бұған енді не істерміз?» дегендей боп, бір – біріне сұраулы жүзбен қарасты да, барлығы енді басшыларынан бұйрық күтіп тұрып қалды. Топ басшысы Көлбайға жалт қарап:

– Сен немене? Мүмкін өлгің келіп жүрген шығар?, Оны біз тез жасаймыз – деп еді. Көлбай онан сайын даурыға:

– Ештенеден қорықпаймын! Маған тек ақша керек – деп, тұрып алды.  

Көлбайдың ендігі сазаруы бекер емес сияқты. Оның қазіргідей елден ерек түрі тыңшыларға қатты әсер етсе керек. Қолға өзі келіп түскен киргиздің ештенеден тайынбайтын түрін көріп, әккі жандармдардың өзі іркіліп қалған. Олардың іркілісін байқап, іске енді тікелей топ басшысының өзі кірісті. Ол майда қоңыр үнмен:

– Өзің бір ештемеден тайынбайтын мықты жігіт екенсің. Саған ақша керек болса, ол дағы болады. Бізде ақша көп. Тек, сен аналарды тауып берсең болды – деп, енді көлгірси сөйледі. Ол Көлбайдың ақшаға құныққандай болған түрін көріп, қалтасынан бір буда ақшаны алып Көлбайға көрсетіп тұрып:

– Көрдің бе? Мұның бәрін саған берем. Тек жаңағы айтқандарды ұстап берсең болғаны, тағы да аласың – деді.

Бұған Көлбай келісетіндей сыңай білдіріп, көздері жайнап шыға келген.

Ақшаға қатты құныққан кісіше, түрі суық жандармдарға өзіне ақша жайындағы ұсыныс ұнайтындығын барлық кейпімен білдіріп қалды. Бірақ өзі әлі де болса уақытты тағы болсын – болмасын ұттырғысы келген сыңайда еді. Сол себеппен Көлбай әр нәрсені бір сылтауратып айта бергенді жөн көрген. Сонысына салып, біраз үндемей отырған соң ол, жандармдарға қарап:

Маған берілетін ақшаны қайтып менен тартып алмас үшін қолхат жазып беріңдер! Әйтпесе сендердің қайтадан тартып алатын әдеттерің бар, оны да білеміз – деді.

Көлбайдың үнінде енді бағанағыдай емес, анық өктемдік басым. Өзін біраз дүниені көрген, қапыда қалмайтын кісі ретінде жандармдарға көрсетіп тұрғаны білінеді.

Өзіне – өзі келген Көлбай, нық сөйлеп тұрғанымен қоймай, қасындағы жандармнан қолхатты қағазға жазып беруді сұрап әлек қылды.

Жандарм басын шайқап, топ жетекшісіне қарап:

– Не істейміз? Мына сұмырайға, шынымен қолхат береміз бе? – дегеніне анау да басын шайқағандай боп, артынша Көлбайдың қасына таяп қалған, ол өзін өлердей қысқан ашудан жарылардай боп:

– Саған көрсетейін қолхаттың қалай болатынын – деп, долданған күйі, қолындағы тапаншаның дүмімен Көлбайды қақ шекесінен кеп ұрды.

Топтың басшысы да көлденең кездескен қазақтың өздеріне тап болуы кездейсоқ емес екендігін сезгендей болар. Бұдан әрі одан түк шықпасын білді.

Осы кезде жәрменке тұрған жердің үйлерін сырттап, қайсыбірі үйлердің ара – арасымен өріп бара жатқан кісінің де жүрістері кездейсоқ еместігін аңдағандай еді. 

Мұны көріп, топ басшысы бұйрық етіп:

– Алып жүріңдер, мына сұмырайды – деді.

Көлбайды сол күйі, шекесінің қанын ағызған қалпында жандармдар өздерімен бірге сүйрей жөнелді.   

Бәрібір жандармдар кеш қалған еді. Бұл уақытта жиындағылар шулап, қызық көруге жинала қалған адамдардың тасасына тарап үлгерген. Елді құтқармақ оймен жандармерияның қолына өз құлқымен барған Көлбай осылайша қимыл жасап, көпшілікті құтқарып қалды.

Көлбай Тоғысов осылайша қолға түсіп, қамауға алынған болатын. Кейінде оған 129 – статья бойынша сот үкімі шығып, бір жарым жылға қамауға алынған. Ол өзінің жазасын Семей қаласындағы жергілікті халық «крепость» деп атап кеткен түрмеде өткізуге тиісті болды. 

Көлбайдың ерлігін естіп, қазақ белсенділері оған қолдарынан келген алғыстарын жаудырған. Зиялылардың өздері де, мұндайлықты, өзін – өзі жанпида еткен Көлбайды «нағыз азамат» деп, көпке дейін дәріптеп жүрді. Тіпті Міржақып ақын ол туралы дастан да жазбақшы болғаны бар. Бұл тұста Көлбай ерлігі бір жағынан елге жыр боп тарап жатты.  

(Сөйткен Көлбай Тоғысов 1918 жылдары қазақтың Алаш партиясынан басқа қазақ еліндегі пайда болған екінші бір «Үш жүз» аталған партиясының көсемі болып кеткен еді. Ол 1919 жылы Сібір жақтан келіп қазақ жеріне ойран салған Россияның Сібірдегі контрреволюциялық күштері /Сібір директориясының/ Жоғарғы әміршісі Колчак әскерімен болған шайқаста қолға түсіп, ату жазасына кесіліп, атылды).          

Қазақ елiндегi пошталар петицияларды қабылдамай қойғаннан кейiн, лажсыз оларды Ресей қалаларының пошталары арқылы жiберуге тура келген.   Витте басқарған әлжуаз үкімет кетті де орнына реакцияшыл Столыпин үкiметi келді. «Қанды жексенбiден» басталған революцияның жүрiп жатқанына да бiр сыпыра уақыт өттi.

Патша құрылтай шақыруға уәде етiсiмен, сол шақырылмақ өкiлеттi жиынға қазақ халқының да өз арасынан депутат сайлауға лайықты екенiн айтып, тiлек бiлдiрген петициялар да, патша атына бұрқырап кеп түсiп жатты.

Осы жылғы қараша айында Қарқаралы қаласында патша манифесімен танысуға арналған үлкен демонстрация ұйымдастырылды. Осы демонстрацияны ұйымдастырушылардың көбі әрине қазақ зиялылары – алаш азаматтары еді.

Шерудің аяғы үлкен митингіге ұласты. Бұған тек қазақтар ғана емес, татарлар мен орыстар да қатысқан болатын. Жиналған адамдар: «Полиция жойылсын!», «Крестьян басшылары жойылсын!» деген талап – тілектермен қала көшелерінде кеш түскенше жүрді.

Ал, Барлыбек болса өз заманының күреске түскен балуаны ұқсап, өз жолын таңдап алған сияқты. Ол жол – өзiне ғана белгiлi, өзiне етене жақын жол. Ол езiлген халқына сая болу жолы. Қазiргi уақытта оны беймаза етiп отырған жағдай, қалай болса да Оралда өтетiн съезге жету. Бұл туралы ол жедел хат – депеша алған болатын.                                     

Барлыбек Теке қаласынан жiберiлген хатты ашып жiберiп, жалма –жан оқи бастаған. Хат Бақытжан арқылы жолданған болып шықты. Хатты Бақытжан Қаратаевтың өзi жазыпты. Хатта «ендi екi айдан кейiн Теке  қаласында қазақ зиялылары өкiлдерiнiң жиынын өткiзсек, оған  барлық қазақ облыстарынан өкiлдер  шақырылып отыр. Әзiрге делегат ретiнде шақыру өзiңiзге, сонан кейiн: Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Сейдалин, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтерге жiберiлдi.

Бұл съезде қаралатын мәселелердi келгеннен кейiн айтып, жария етемiз. Айтпақшы, осы шiлдеде патшаға жолығатын шығармыз. Аудиенцияны ұйымдастыратын Князь Шыңғысханның өзi» деп жазыпты. Князь Шыңғысхан – Ғұбайдолла Жәңгiровтың бүркеме аты болатын. Оны Барлыбек жақсы бiледі.                                                                                         

Барлыбектiң тағы бiлетiнi – Ғұбайдолла Жәңгiровтың қазақ балаларын оқыту, iстi болған қазақтарды шырмаудан құтқару, қазақ арасынан Мемлекеттiк Дума және басқа жоғары орындарға сайлату немесе тағайындау сияқты игi iстермен халқының қамын жеп жүргенiн көп еститiн. Бірақ осы уақытқа дейін онымен жолығып көрмеген еді. Бір жолығуға құмартып жүретін.

Ғұбайдолла Барлыбек үшін құдды бір дала кезіп жүргенде көп кездесетін ұзарып өсетін сар селеу сияқты. Келе жатқан кісі сол селеуді алыстан бірден таниды. Тіпті оны басқа шөптен бөлек біле береді. Ғұбайдолла да солай, өзі алыста, орыс ішінде жүрсе де, сол сар селеу секілді қазақты бірден танытады. Бұрын қазақты көрмеген кісі оны көріп «е, қазақтың бәрі осындай келісті болар» деп ойлап қалатындай көрінеді. Міне, қазақтың маңдайына біткен бір баласының түр сипаты осындайлық болатын.       

Бұл хатта сондай-ақ, Бақытжан: «Сiздiң Жетiсу жерiндегi және басқа да қазақ жұртында орын алып отырған жер – су мәселесi төңiрегiндегi заңсыз әрекеттердiң бетiн айқара ашатын күннiң де туар уақыты жақындап қалды!» деп жазыпты.

Хатты оқып шығып, Барлыбек қуанып кеттi. Қуанғанда шын, ешбiр риясыз, құтты бiр балаша қуанған. Бұл шақыруды, өткiзiлетiн жиынды, ол асыға күткендей.

Барлыбектiң ойы алысқа самғап кетті. Ойы қазір күнбатыстағы Теке қаласының үстінде жүрген сияқты. Өзіне осындай сенім көрсетіп, съезге шақырып отырған кісілерге де іштей алғысы бар. Солардың барлығы Теке қаласына жиналып алып, ендi тек қана, өзiнiң келуiн күтiп тұрғандай болып көрінген.

– Иә, сәт! – деп, Барлыбек iштей тiлiн кәлимаға келтiрiп, дұға оқығандай болып. Алда күтiп тұрған оқиға, бұл үшiн де басқа қазақ үшiн де жәй нәрсе емес, осыған дейiн тұйық жатқан даланың дүр сiлкiнгенiндей болып көрiнген.                                               

«Осының өзi сөз жоқ, үлкен жетiстiк  қой. Алаш ұранды қазақ азаматтарының басы тағы бір рет қосылғалы тұрған шығар» деп, Барлыбек асығыс хатты бiрнеше қайтара оқып шыққан.

Хатты оқыған сайын көкейіндегісі сайрап шыға келгендей боп сезінген. Болса да солары айтылмай қалған көп нәрсеге жол берердей болып сезінеді. Бір жағынан сол жерде айтылатын көп сырға қанық болу, өзiнiң көкейiндегiлердi де басқа қандастарына айтып, басқалармен ақылдасу, ел тағдырының болашағын ойлау секілді қисыны көп, өзі қиын істерге айналып кететіндей болып көрінедi.

Былай қараса ат төбеліндей ғана қазақ интеллигенциясы алға суырылып шығып, болашағы бұлдыр тартқан елге жол көрсетуге жарап қапты. Бүгін осы азаматтар жол көрсететін бағдаршам болса, ертең олар сол жолды салушыларға айналмасына кім кепіл. Барлыбектің жүрегі лүпілдей соғып, қуаныштан тамағы булыға қысып, көзіне ыстық жас келгендей сезіле қалды.

Дәл қазір Барлыбекті толғандырып тұрған осындай ойлар болатын.

Барлыбек қазақ зиялыларының өзіндік бір күшке айналғанына шүкіршілік жасаған. Соған өзі әжептеуір ырза көңілде еді.

Барлыбек енді сондай пейілге беріліп, болашаққа көз тіккендей боп, өзінше жорамал жасаған. Сол жорамалы өзін алдамайтын сияқты. Сонысы әйтеуір түбінде бір іске асатындай болып көрінген. Соған өзі бір жағынан қуанып тұр. Бұл кезде Барлыбектің жүдеу келген ақсары жүзі нұрланып, езуіне қуаныш күлкісі жиналғандай болды.  Осылардың ар жағында ертеңгі өздері бас қосатын жерде ел тағдыры жайлы айтысатын, тартысатын жайлар туралы да Барлыбектің тереңнен ойлап тұрған кезі еді. 

 

 

 

 

 

Бесінші тарау

 

 

 

 

 

 

Бақытжан Қаратаев араға Ғұбайдолла Жәңгіровты салып, патшаға жолығуды алдына мұрат етіп қойғанына біраз болған.

Оның орыс патшасы Император Николай Екіншіге айтары көп. Әсіресе қолды болып жатқан қазақ жері туралы айтары күннен – күнге көбейіп бара жатқандай болатын.

Егер жолы бола қалып, патшамен кездесе қалса, негізгі мәселе осы жердің төңірегінде айтылмақшы.

Жер төңірегіндегі дау бірталайдан бері қазақтардың көкейін тескен, олардың құлақ тұндырардай зарына айналғаны қашан.

Ғұбайдолланың бүгінгі орыс қоғамындағы өзіне лайық лақап аты бар. Ол – князь Шыңғысхан деген атты таңдап алған.

Князь атағын оған патшалық биліктің өзі берсе, ал жер жаһанды тітіренткен қаһарлы бабасының атын лақап ат қып өзі таңдаған.

Ендеше Ғұбайдолла осындай аты мен атағына сай, Петербург қаласында зайырлы қоғамның толық қанды мүшесіне лайық өмір кешіп жатқан. Ол орыс астанасындағы ақ сүйектердің ағылшын клубына мүше болып кіргелі де талай уақыт болды. Петербург қаласының ақ сүйектері арасынан өзіне тиісті орын да алып үлгерген еді.

Бұл жоғары дәрежелі клубқа тек қана Петербург қаласының таңдаулы да санаулы адамдары ғана кіретін. Тіпті, солардың ішіндегі ең таңдаулысы ғана бұған мүше бола алатын. Әрине ондайларға: Мемлекеттік Кеңес мүшелері, Үкімет мүшелері, сенаторлар, патша сарайының құпия кеңесшілері, дипломаттар, әскери қайраткерлер басқа да Россияға еңбегі сіңген, сайдың тасындай көрнекті адамдар жататын.

Өзінің Россияға сіңірген еңбегі үшін ол осыған қол жеткізген еді. Әрине ең алдымен өзінің әскери және басқа да қайраткерлік істеріне байланысты Ғұбайдолла да осы клубтың мүшелігінен орын алған. Өйткені ол Россия мемлекетіндегі ең жоғары саналатын сословиесінің мүшесі және князь титулын алған алғашқы қазақ еді.

Ғұбайдолла болса кейінгі уақыттарда әскери басшылық істерден көрі, маңызды – маңызды деген, мемлекеттік істерге көп қатысып, белсене ат салысып жүргені баршаға мәлім болған.  

Осының алдында ғана ол «Түркістан өлкесін басқару туралы Жинақтың» жобасын жасау комиссиясының мүшелігіне тағайындалған.

Бұған дейін бұл өлке 1867 жылы Александр ІІ патша кезінде шығарылған «Түркістан өлкесін басқарудың уақытша ережесімен» басқарылып келген болатын. Бұл ереженің ескіре бастағаны көптен бері байқала бастаған. Сондықтан қазіргі заман талабына сай заңдық негіздер қабылдаудың кезегі келгені білінді.

Қабылдануға тиіс жаңа заңдық негіздер бұл істегі көптен бері орын алып келе жатқан олқылықтарды жою үшін жасалынбақшы еді.

Кавалерияның толық генералы, генерал – лейтенант Ғұбайдолла Жәңгіров, «князь Шыңғысхан» комиссияның жұмысын талқылау кезіндегі барлық жарыссөздерге қатысып, комиссияның жұмысына көптеген түзетулер енгізді. Бұл түзетулердің бірқатары қазақ халқының пайдасына шешіліп те жатты.

«Князь Шыңғысхан» осы өлкені жайлайтын қазақ халқынан шыққандықтан, ол өз халқының әлеуметтік тұрмыс жағдайын, салт – санасын түбегейлі біліуіне байланысты және халқына қызмет жасауды пір тұтқандықтан, ылғи осындай өзгерістер кіргізуді алдына мақсат етіп қойған.

Ғұбайдолла Россия империясының отарындағы ұлттар мен ұлыстарға қалай иелік жасағысы келетінін түсінетін. Кей – кезде олардың бұл саясаты көбіне – көп миссионерлік тұрғыдан көрінгенімен негізінен отарлық саясат ұсақ ұлттардың тілін, ділін, мәдениетін жоюға, сөйтіп барып олардың жас ұрпағын өзіне сіңіріп алуға бағытталғанын жақсы білетін.   

Қазіргі комиссия мүшелерінің ойы да осыған сай, шығып жатты. Олар Ғұбайдолланың Россияға істеген еңбегі мен оның жоғарғы лауазымдарын сыйласа да оның отар елдің халқына үнемі бүйрегі бұрып отыратындығын жақтырмайтын.  

Өйткені мәртебесі өте жоғары комиссияның құрамында қазақтардың мүддесін қорғайтын тек қана осы Ғұбайдолла болатын.

Сондықтан қазаққа қатысты кейбір мәселелерді қарағанда, комиссияның басқа мүшелері бұған көнбеген тұста, соның құрамындағы он жеті адамның ішінде жалғыз өзі бөлек пікірде қалып, өз ұсынысын қорғау үшін ерекше пікірдегі көзқарас ретінде хаттамаға кіргіздіртіп отыру Ғұбайдоллаға тән қасиеттердің бірі. Тіпті кейбір кездері ол өзінің қазақ екендігін, осы бір халықтан шыққандығын үнемі олардың есіне салып отырғандай да болып елестейтін.

Комиссия Қазақ еліндегі әкімшілік, сот жүйесі, жерге орналасу және басқару жүйелері жөнінде көптеген жаңалықтар кіргізді. Комиссия жұмысындағы ең бір шешімі қиын мәселе – ол жер мәселесі еді.

Дәл осы кезде комиссия алқасында «Түркістан өлкесіндегі толық меншіктегі жерлерден өзге жерлердің барлығы мемлекет меншігінде деген»  баптың төңірегінде айтыс басталып кеткен. Бұл түсініктемелерде орын алған: «меншікті» және «мемлекеттік жерлер» деген түсініктердің өзі комиссия мүшелерін де көптеген шырғалаңға әкеп соқтырған.

Ғұбайдолла «қазақтар жерді меншігінде иеленуіне болады» деген көзқарасты жақтап, осыны заңдық күшке енгізуді ойласа, комиссияның басым көпшілігі вакуфтық құқық, яғни жергілікті халықтар жерді меншігіне айналдыра алмайды деген негізді заң күшінде қалдырмақшы болған еді.

Комиссия құрамындағы он жеті адамның басым көпшілігі бұл жағдайды да, басым дауыспен өз пайдасына, яғни Россия мемлекетінің пайдасына шешуге тырысты. Олар осыған дейін қазақтардың қауымдық, рулық, яғни көпшілік ретінде пайдаланып келген жерлерін вакуфтық құқыққа жатқызып, қазақтың жерін бірден орыс өкіметінің мемлекеттік меншігіне айналдыртып жіберуді көздеді. Комиссия ақыры осындайлық өрескел әрекеттерге қол жеткізгені белгілі.

Кейінірек бұл туралы Ғұбайдолла, Түркістан өлкесіндегі жер қатынастары еш уақытта зерттелмегендігін патшаға айтып, соның кесірінен осындай өрескел заң бұзушылыққа ұшыратып отырғандығын атап көрсеткен болатын.

Ғұбайдолла мұндай пікірге келгені тек қана қазір емес. Ол қазақтың ең негізгі байлығы жерді, отар елдің тұтастай өз еркімен пайдалану үшін үстемдік орнатуын да жақсы білетін.

Бұл саясат қазақ болғаннан кейін осындай кертартпа, қазаққа қас көзқарастан пайда болған тәрізді.

Мұндай солақай саясатқа жан – тәнімен қарсы болған Ғұбайдолла, сол мұның бәрін әшкерелей келе: «Бұл жағдай осы өлкедегі жергілікті халықтың өз иеліктеріндегі жерлерге қандай да болмасын құқысы бары жайында ештенені де ашып – жарып айта алмады. Осымен бірге бұл заңдық күші бар жинақта қазақ иелігіндегі жерлердің қандай меншік түріндегі сипатын көрсету атымен жоқ. Жинақтың сондайлықты жарымжан қалпында қалғаны бірден көзге ұрады. Менімше, Россия Империясындағы қазақтар сияқты жергілікті халықтың бұл жерлер туралы заңға сәйкес құқысын олардың осыған дейінгі жерді пайдалану салтына қарай еш өзгеріссіз қалдырып, оны заңды түрде бекітіп бергенде ғана осы мәселе дұрыс шешімін табар еді деп ойлаймын»деп жазған болатын.

Бұл кез, Бақытжанның патшамен кездесуге әбден дайындалып жүрген кезі еді. Ол патшаға жолығып, оған қазақ жерінде болып жатқан былықтың бәрін ашып айтқысы келген. Оның әсіресе патшаның жетесіне жеткізе айтқысы келетін негізгі мәселесі қазақ жерінің төңірегінде орын алып жатқан заңсыздықтар еді.

Осы туралы Ғұбайдолламен ақылдасқанда Бақытжан оған бірсыпыра жайдың бетін ашқан. Соңғы жылдарда өзінің де ішінде жүрген наразылығын білдіре сөйлеген.

Ол Ғұбайдоллаға халқының жан айғайын білдіре: «Сұлтан, мен болсам, Петербург университетінің заң факультетін бітірдім. Бітіргеннен бері Басқарушы Сенат пен Мемлекеттік Кеңесті былай қойғанда, заң қабылдау салаларының біразында қызмет жасадым. Тіпті Россия мен Грузияның тергеу, сот орындарында да талай заңға қатысты жұмыстар істедім. Енді осындай тәжірибе жинақтаған соң несіне заңгер болып жүрмін. Егер патшалық үкіметке қазақ жерлерін иемденудегі барлық заңсыздықтарды көрсете алмасам» деген.

Бақытжан Россия еліндегі қалыптасқан юриспруденцияны сөгуін қоймастан, өзінің сағалап жүрген ісінен мін таба сөйлеген. Соларын Ғұбайдоллаға қисынын келтіріп айтқан.

Осыдан сәл бұрынырақта Бақытжан жер мәселесі туралы Мемлекеттік Дума қабырғасында біраз сөз айтқан.

Думаға Бақытжан солшыл кадеттердің А.С. Шингарев басқаратын фракциясы жағынан сайланып, кадет партиясы атынан сөйлеген. Яғни, кадет партиясының сол қанатынан шыққан мүшесі ретінде сөз алған болатын.

Бақытжан соның алдында Думаның Жетісу губерниясынан сайланған мүшесі, мұсылмандар фракциясы тобына кіретін Мұхамеджан Тынышбаев екеуі осы жайында ақылдасып алып, осы іске кіріскен.

Бақытжанның өз басы, жас болса да, Мұхамеджан Тынышбаевты сыйлайтын. Өйткені Мұхамеджан соңғы кездері оның көзіне көп түсе бастаған. Онда да, ылғи жақсы жағынан болар. Мұхамеджан Думаның мұсылмандар фракциясындағы басқа мүшелеріне қарағанда бәрінен ең жасы бола тұрса да, ең білімдісі, әмбе іскерлігі жағынан да, басқаларына қарағанда көш ілгері тұр. Бақытжанға Дума ісінің асқан белсендісі де осы Мұхамеджан сияқты боп көрінетін.

Мұхамеджан депутаттар арасында Дума ісіне өте құнтпен қарайтын кісілер қатарында еді. Күндегісін – күнде, Мемлекеттік Думаға келіп, өзіне түскен поштаны тексеріп алады. Ерінбей, жалықпай солардың бәрін бүге – шігесіне дейін қарап шығады. Шешетінін шешкізіп, шешімі қиындарының өз шешімін табуға күш салады. Жауап беретіндеріне бірден жауап жазады.

Осының алдында ғана Дума отырыстарының арасында ол Бақытжан екеуі «Жерге орналастыру және егіншілік» басқармасына барып, өкі­меттің қазақ өлкесіндегі жүргізіп отырған жер саясатының көшпелі қазақтарға үлкен зиян тигізіп отырғанын, Дала өлкесіне орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату қа­жет­тігін айтқан еді.   «Қазақ жері хақында» деген мақалада: Онымен де қоймастан 1907 жылдың наурыз айында ІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Қаратаев, Тынышбаев, Бірімжанов, Қосшығұлов және Нүрекенов Министрлер кеңесінің төрағасы Столипинмен, Жер министрі дәрежесіндегі князь Васильчиковпен жолы­ғып қазақтар жайлайтын жер жайында туындап жатқан өрескелдіктерді айтып, соларды жоюды талап еткен.
           Сол кезде де Мұхамеджан асқан байыптылық пен білгірлік танытқан.

Міне, Мұхамеджанның іскерлігі Бақытжан алдында осылай көрінуші еді. Оның осындай іскерлігін атап өткісі келген Бақытжан бір ретте:

– Тынышбаев мырза, бүткіл Думада, онан қалса мұсылмандар фракциясында сізден өткен іскер кісі жоқ шығар? Күнде Думада жүріп, бүткіл фракцияның жұмысын бір өзіңіз атқаруға барсыз – дегені бар.

Оның осындай сұрағына Мұхамеджан:

– Иә, Сұлтан, күнделікті поштаны алмасам, екі – үш күннің ішінде қаншама хат жиналады десеңізші. Жетісудың өзінен көптеген хаттар келеді. Әсіресе, сіздің досыңыз Барлыбек ағаның өзі де бірталай хаттарды жолдап, әрбір істің барысын жіті қадағалап отырады – деген еді.

Оның бұл сөзін Бақытжан ішінен құптап, бір жағынан оның іскерлігіне сүйсінгендей де болды. Әсіресе, Жетісуда жатып, өздері сайлаған депутатына ізін суытпай тапсырыс бергіздіріп жатқан Барлыбектің өжеттігін де ұнатып, оған деген сый – құрметінің ерекшелігін білдіре:

– Иә, біздің Бәкең сондай кісі. Өте ерекше адам, сондайлығымен ел – жұртының құрметіне бөленіп, алғысын алып отыр. Өз басым менің студенттік досым болса да ол кісі жайында дос адам ретінде емес, адамгершілік қасиет арқылы сөйлесем Барлыбек мырзадай ел ықыласына берілген адам бүгінгі қазақ елінде өте аз. Барлыбектің соның бірі екені айғақ – деп тебірене қалды.

– Білемін – білемін, сіз айтпасаңызда ол кісінің ондайлығын жақсы білемін. Керемет ғажап адам, іскерлігі мен халқына деген сүйіспеншілігі бір басына жетерлік – дей отырып, Бақытжан терең, ойлы көзбен мұны Мұхамеджанға қаратып айтты.   

Мұхамеджан, Бақытжанның өзінің жақсы көретін адамына деген ыстық ықыласын оның қабағынан аңғарып қалған. Барлыбек жайында сөз қозғалса болғаны ол үнемі оны мақтап сөйлейтіні бар. Мұхамеджан бұған үйренген тәрізді. Бақытжан ылғи өстіп, досын сағынса болды қам көңілдігін білдіре, мұңайып қалатын. Соны жуып – шайғандай боп, Мұхамеджан сөзді ары қарата басқаға бұрып жіберді. Енді ол әңгіменің бағытын жақында ғана тағайындалған ішкі істер министрі Прототопов жайына бұра сөйлеп:

– Менің ойымша сұлтан, Россияның қазіргі құбыжығы Ішкі істер министрі боп тұрған сияқты. Осындай қиын кезеңде елдің айтуынша әкімшілік істермен аз айналысқан, басқару тәжірибесі жеткіліксіз Прототопов мемлекет кемесінің руліне жақын жерден орын алды. Ендігі жетпегені осы еді  – деп, бұл сөзінде Ішкі істер министрінің жер мәселесіне тигізер әсерінің зор екендігін Бақытжанға естіртіп айтты. Өйткені Россия мемлекетіндегі жер қатынастарын басқару органдары да Ішкі істер министрлігінің құзырында болатын. Сондықтан да Россия сияқты алып елдің колонияларын басқару ісінде Ішкі істер министрлігінің үлесі зор болатын. Ең  әуелі жер қатынастары жөніндегі басқармалар да осы министрліктің қарамағына кіретіндігін Мұхамеджан Бақытжанға әдейі айтып, ескерткендей етті. Өйткені Бақытжан Дума мінбесінен осы кезде қазақ жері туралы сөйлеуге дайындалып жатқан. Мұхамеджан да бұл істе оған қосылып, сөйленер сөзді дайындауға көмектесіп кетті. Бұлар үлкен дайындық үстінде болатын. Қазақ елінің түкпір – түкпірінен қазынаға деп алынып жатқан жер туралы екеуінің атына көп хат пен қағаздары келіп түсіп жатқан болатын.

Мұхамеджан мен Бақытжанның бұл баяндамаларына әсіресе Барлыбектің қосқаны көп. Ол Жетісу жерінде орын алып отырған осы мәселені түбегейлі анықтап, жергілікті билік орындарының бұл істі енжарлық пен немкеттілікпен арқасында қазақтардың пайдасына шешпей отырғанын көрсететін көптеген жазба деректер жіберген еді. 

Әзірге тірі пендеден жасқанып айылын жиятын кісі Бақытжан емес. Министр Прототопов тұрмақ, Премьер – министр Столыпин өзі Думаға қатысса да, ол өзі қалай ойласа, соның ақиқатын айтатын адамның барлық түрін паш етіп  тұрғандай көрінеді. Мұхамеджанға да солай сияқты болып көрінді.

Бақытжан Сенатта қызмет атқарып жүргенде орыстың билік басындағы талай кісісімен істес болған. Олардың ішіндегі жақсысы мен жаманын түстеп, аңдағыш боп әбден ысылып алған. Осы жолы Мұхамеджан Ішкі істер министрі Прототопов десімен–ақ ол бір түрлі түңіле қалған секілді. Ендігі сөзін ол Ішкі істер министріне арнағандай қып:

– Сіз оны жақсы білмейтін шығарсыз? Бұл өзі өте менмен адам және оның өзі барып тұрған арсыз адам – деп қалды. Осы сөзбен ол Прототоповтың қандай пиғылмен министрлік орынға жабысқанын Мұхамеджанға айқындап берді.

Осылайша ақылдаса келе Думада жер туралы сөз айтатын Бақытжан болып, ал аяқ астынан онымен «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей бірдеме болып қалса, оның орнына талан – таражға түскен қазақ жері туралы сөз сөйлейтін Мұхамеджан болып келісілді.

Оның үстіне Мұхамеджан мен Бақытжан екеуі де бірдей ІІ Мемлекеттік Думаның аграрлық ко­мис­сиясының құрамында болатын. Екеуінің де Думаның аграрлық заң жобасын жасауға араласқаны тағы бар. Олар комиссия отырыстарында қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты сөз сөйлейтіндері тағы бар. Олар Думаның 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселе бойынша талқылауға қатысты.

16 мамырда мінбеден қазақ жерінде басы артық жердің жоқтығын, бар болса да, бұл жерлердің табиғи жағ­дайы қоныстандыруға келмейтіндігін, қо­ныстандыру басқармасы бұл жағдай­лармен санаспаса, қазақ шаруашылығы күйзеліске ұшырайтынын Бақытжан мен Мұхамеджан бірдей ашып айтты.

Бірақ Қаратаев пен Тынышбаев өздерімен пікірлес депутаттар сияқты қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық мұқтаждықтары шешіледі деп үміттенген еді.

Ақыры Бақытжанның Дума мінбесінен сөйлер күні де көп кешіктірмей келіп жетті. Алдын ала келісілгендей боп, Дума мінбесіне сөз алған Қаратаев көтерілді. Бақытжан сөйлемес бұрын, былғары портфельдегі Мұхамеджан екеуі жинастырған қағаздарды шығарып, алдына жайып салды. Сөйтті де, тамағын кенеп: 

Депутат мырзалар! Қырғыз – қазақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ: соған қа­рамастан, мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Әсіресе оң жақ қатарда отырған ағайындарымыз аграрлық дағдарысты шаруаларды Орта Азияға көшірту жолымен жоюға құштар. Олардың көзқарастарын Пар­ламентке егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиков, сондай-ақ Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин таратып отыр.

Алайда осы уақытқа дейін Мемлекеттік Дума деле­гаттарының бірде-бірі дәл қазір азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстан­дыратын басы артық жер бар ма, басымызды қатыра қатыра шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жараты­лыстық тарихи, шаруашылық-статистика, топырағы мен ауа райы жағдайлары тұрғы­сынан зерттеліп болды ма деп сұраған жоқ, ол туралы біле де қоймас. Жергілікті халық­тың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділет­сіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күш­тінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз қайсақ деп аталатындар – әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық, сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ.

Сіздер Россияның жүз отыз мың помещиктерінің мүддесін көздеп, қазақ даласына орыс халқының шаруаларын зорлықпен көшіріп жатырсыздар. Мұның өзі мұжықтарға өз елінен жер берместің айласы.

Думаның қазақ депутаттары орыс шаруаларының жерге қатты мұқтаж екендігін жақсы түсінеді. Бірақ қазақ елінде де осындай қоныстанушыларға ығысып бере қоятын басы артық жер жоқ. Қазіргі өкімет органдары жүргіздіріп жатқан «қоныстандыру атты компания» қырғыз – қайсақ халқын ғасырлар бойы отырған жерінен күштеп көшіріп жіберумен қат – қабат жүргізіліп жатыр. Бұл нағыз қатігездіктің көрінісі. Өйткені мұның өзі қырғыздарды (қазақтарды) жерінен емес, олардың тұрып жатқан үйреншікті мекенінен де күштеп көшіріп жатыр. Самодержавиенің осы бір өрескел қисылының арқасында қазақтар өз ата қонысынан жаппай айырылып, өз жерінде босқындарға айналып отыр.

Крепостниктік право алынғаннан кейінгі ғасырлар бойы жерсіз өмір кешкен шаруаларға бұл үкімет бостандық пен еркіндік берсе де, өз ішінен яғни Россия мемлекетінің аумағынан жер бере алмай отыр. Соның есесін енді отар елдің жерін тартып алуға айналдырып жіберді. Жерсіз қалған мұжықтарды Россиядан шет аймақтарға, оның ішінде қазақ даласына қарай жылдан – жылға көбейтіп көшіріп жатыр.

Столыпиндік үкімет болса, қазақ елінің шұрайлы, ең құнарлы жерлерін, өзен – көлдерін, орман – тоғайларын, солардың бірден – бір иесі жергілікті халықтың көзін бақырайтып тұрып, тартып алуда. Осы зорлықтың белгісі ретінде қазақ елінде соқа салынбаған, боразда тартылып кесіп алынған жерлердің бұрыштарында орнатылған Столыпиннің қара – ала діңгектер қазақ халқының үрейін ұшыратын болды. 

Қазақтарды өзінің байырғы жерінен тықсыра – тықсыра, әбден титықтатты. Енді оның көшіп баратын жері де қалмады. Қазақтың жерін өз ойындағысындай таратуға бұл өкіметтің еш хақысы жоқ. Өйткені бұл жерлер ол өкіметке тиісті емес. Ол жерлердің осы өкіметтікі екендігін дәлелдейтін еш бір заң актісі болмаған және ол бұрындары қабыладанған да емес. Олай болса өкімет қалайша батылы барып қазақ халқының жеріне иелік жасайды.

Біз, қырғыз қайсақтар, Россияда қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етенінін терең түсінеміз. Біздің шаруа бауырлары­мыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз, егер басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз. Ал мәселенің түйіні Далалық облыстар территориясының әлі күнге дейін жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-ста­тистикалық тұрғыда жете зерттелмегендігінде.

Бүгін біздің жолдасымызға депутат Темеренков Азияда ұшы қиырсыз жер бар, шаруаларды сонда қоныс аудартып, осылайша жер жетімсіздігін жоюға болады дегенді айтты. Шын мәнінде, белгілі ғалым Щербина Далалық облыстардың солтүстік уездерін, атап айтқанда, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының жері құнарлы уездерін ғана зерттеген, бірақ Щербина олардың оңтүстігіндегі уездерін барлай алмады. Егер ауа райы мен топырақ жағдай­ларының барлығы тұтастай зерттелген болса, онда Далалық облыстардың оңтүстік уездерінде топырақ сорлы, құмды, кеуіп қалған сор дала болғандықтан, басы артық жердің өте аз екені жайында ешқандай күмәнсіз қорытынды жасаған болар едік. Осы кезге дейін бәрі қырғыздар көшіп қонып жүрді-міс деген түсінікпен келеді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпелілері де, отырықшылары да бар.

Далалық облыстардың солтүстіктегі құнарлы уездерін, міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қыр­ғыздар жайлап, егін егіп келеді.  Олардың

кей­біреулері шымнан, енді біреулері кірпіш­тен, үшіншілері қызыл кірпіштен үй салып алған, бір сөзбен айтқанда, олардың өз тұр­мыстарына сай тұрғын үй мен қора қопсылары бар. Осынау отырықшы қыр­ғыздар үшін егін егу – тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қыр­ғыз­дарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда, деп, Бақытжан әзірге үнемі істі аяғына жеткізбей тоқтамайтын мінезіне салып, баяндамасынан бас алмаған. Бақытжанның бұл әдеті Думадағылардың көпшілігіне белгілі бола бастаған. Әсіресе, Дума төрағалары жақсы білетін. Қазірде, оның бұл түрін қалт жібермей түсінген Дума төрағасы Родзянко:

Шешен мырза, өзіңізге берілген, он минут уақытыңыз бітті – деп шаңқ ете қалды. Өйткені оның ұзаққа созылатындай көрінген жер туралы баяндамасы алдымен Дума мәжілісін басқарып отырған төрағаны ыңғайсыздандырып, оның шыдамын тауысқандай етті.

Төрағаның осылайша айтуы мұң екен, Бақытжан  дереу:

– Қазір бітіремін, сәл шыдаңыз! – деді.

Бақытжан сөзін төрағаның бұзып кеткеніне қарамастан бәрібір тоқтағысы келмеген. Бірақ та, соның арасында аздап кідіріс жасап, Дума төрағасының сөзін бөлгенін жақтырмағандай түр көрсетіп:
           Мырзалар, осыған дейін сіздердің ешқайсыларыңыз Далалық облыстарға қо­ныс аудару жайы туралы ауыз ашқан жоқ­сыздар. Бәлкім, Мемлекеттік Дума дар­хандық танытып, менің сөзімді ақырына дейін тыңдар деп ойлағанмын деп, қалған депутаттардың бұл іске деген немқұрайдылығына таңданғандай болып, басын шайқап.

Депутаттардың басым көпшілігі оның бұл сөзін өздерінің атына айтылған сындай көріп, әр тұстан:

  • Жетерлік болды!
  • Қашанғы, түкке тұрғысыз, шатпақты тыңдаймыз! деп даурыға

бастады. 

Мырзалар, менің шаруаларды Дала­лық облыстарға қоныс аудартудың жай-күйі жайындағы баяндамамды аяқ­тауы­ма мүмкіндігім қалмады. Дегенмен менің айтарым – Мемлекеттік Думаның өзі Ішкі Рос­сиядағы помещиктер мүдделерін, осынау 130 мың помещиктің мүддесін қор­ғау үшін құрылған органға ұқсайды. Өйткені қоныстандыру кампаниясы арқылы шаруалардың жерге деген мұқ­тажын қана­ғаттандыру мақсатымен өздері қорлап отырған қырғыз – қайсақтардың жеке иелігіндегі жерлерді күштеп тартып алу ниеттерін одан ары жалғастыруда.

Бұл істегі ең сорақылық, дегенмен бүгінгі таңда шаруаларға орын босату үшін қырғыздарды жерлерінен ғана емес, олардың тұрғын үйлерінен көші­ріп, қуып шығып жатқанын қалай түсінуге болады екен.

Өз басым орыстың қарапайым еңбекшілері мен зиялылар қауымы жерімен қоса, үйінен, қора – қоп­сысынан қуылып жатқан сорлы қырғыз –қайсақтарды жәбірлеп жатқандарға қарсы шығып, қамқор қол ұштарын береді деп сенемін.

Егер бұл зорлық тоқтатылмаса, халықты кернеген ашу мен ыза онан ары ушығып, олардың мұндай әділетсіздікке қарсы шығуын жеделдетеді. Менің қолымда мұны дәлелдейтін қыруар деректер тұр. Бірақ, өкінішке қарай, сөзімді аяқтай алмайтын болғандықтан солай істеуге тура келеді.

Бірақ Қазақ халқының басына түскен осындай қиын заманды, ауыртпалықты Государь білмейді ме? Неге? Жоғары Мәртебелім ол туралы білмеске? Білмесе, білуге тиіс! Сондықтан да, Мемлекеттік Думадағы қазақ   өкілдері үкіметке оппозициядағы фракциялардың бәріне іш тартып отырады – деп, барын айтып салды.

Государь деген сөзді естіп қалысымен Мемлекеттік Думада төрағалық етіп отырған Родзянко елең ете қалған. Ол енді мына бір «киргиздің аузынан мұндайлық сөз қалайша батылы барып шығып қалды» деп, сасып та қалған секілді. Родзянко Бақытжанның мұнысына ырза болмастан осы кезде ескерту жасаудың да кезі келгенін сезгендей боп:

– Қаратаев мырза! Сізден сұрайтыным бұл мәселені ары қарай дамытпай–ақ қойыңыз! Сөзіңіз аяқталса орныңызға отыруыңызды сұраймын. Бұл мәселе бойынша сөйлейтін басқа да Дума мүшелері бар – деп тиып тастаған. Родзянко өзінің төраға екендігін кесе көлденең тартып, бұл жайды, мұндай сөзді жақтырмайтын түр көрсетті. Ол һұзырлы мансабын пайдаланып, Бақытжанның сөзін бөліп, бірден тиып тастауды жөн көрген.

Төрағалық етуші Родзянконың өйтетұғын жайы бар. Өйткені Бақытжанның жаңағыдай сөзі Столыпин үкіметінің отаршыл саясатын ашық сөккендігімен қоймай, бір ұшы патшаға да тиіп кеткендей көрінген. Ал, бұл болса нағыз масқара сұмдықтың өзі болатын. Солай болып көрінетін жөні де бар. Пленарлық мәжілісте төрағалық етіп отырған Родзянко осыны дер кезінде байқап қалған сияқты.

Россияның Кадет партиясы тек қана конституциялық құрылыс, жер, ауыл шаруашылығы мәселелері емес, сонымен қатар шаруа мен помещиктердің құқын қорғаушы партия болып саналатын. Сондықтан Бақытжанның сөзі осы фракцияның жетекшілерінің бірі А.С. Шингаревқа да оңай тимеді. Ол қабағын аша алмастан, сұп – сұр боп, үнсіз отырып қалған. Көңілі қаншалықты түсіп қалғанымен ол басқалардай сөз сұрап жұлқынған жоқ. Ләм – мим деместен отыра берді. Оның есесіне Дума мүшелігіне Бессарабия губерниясынан сайланған, Дума мүшелерінің өз арасында формальді түрде оңшыл – солшыл деп бөлінсе, соның нағыз оңшылы – В. М. Пуришкеевич деген депутат сөз сұрап, қолын көтере бастады. Ол тіпті шыдамастан кей уақытта орнынан су шыққандай боп, қайта – қайта атып тұрып, жұлқынып та қояды.

Төрағалық етуші Родзянко қанша айтқанмен өзін нағыз зайырлы қоғамға лайық аристократ санайтын.  Сондықтан болар, ол қазір сөз бер деп жұлынып тұрған Пуришкеевичтің де көңілін қалдырмайын деп, оған да осы мәселе бойынша сөз берді.

Пуришкеевичтің өзі жайшылықта қандай есер болса, сөзі де, өзінен айнымай ұқсап шықты. Ол «жерден жеті қоян тапқандай» боп:

– Қаратаев мырзаның айтып отырғаны нағыз жауыздық пен сұмдықтың өзі. Біздіңше туземдік халықтарда ешқандай да, байырғы жер, жергілікті халықтың жері деген түсінік болмау керек. Жердің бәрі Россиянікі, оны түсінбеген адамға мемлекет деген ұғымды қоса түсіндіру керек. Олай болса, жердің бәрі осы мемлекеттікі екендігін Қаратаев сияқтылар білу керек. Ондайлардың бұны білетін уақыты жетті.

Жерді қайтетінін – тек қана, осы мемлекеттің өзі ғана басыбайлы шешеді. Сондайлықты, мемлекеттік аппарат қана жерді қалай және қандайлықты қажетіне жарату керек екендігін де қалауынша іске асырады. Олай болса Қаратаев сияқтылардың аузын жабатын кез келді – деп сілкінді.

Пуришкеевич, Пуришкеевич пе, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің деп Бақытжанға бір жола тойтарыс беруге Россияның монархистік партиясының мүшесі, өздерін «Қара жүздіктер» деп атайтын ұйымның нағыз белсенді мүшесі Владимир Витальевич Шульгин деген депутат сөз алған балатын. Оның сөз алуына өзінің қаражүздік, нағыз қанпезерлік, қараниетті партиялық жолы итерген еді. Сол ниетін іске асырып, төменгі халық өкіліне өздерінің орнын көрсету үшін ол суырылып алға шықты.

Шульгин монархистердің ішіндегі ең реакцияшыл көзқарастағы адам болып саналатын. Осы үлгідегі партияның нағыз көкжалы да сол болатын.

Монархистердің ең азулысының бірі болуымен қатар Шульгин патшадан кейінгі екінші адам үкімет басы болып жүрген Петр Аркадьевич Столыпинмен де жақсы болатын. Оның ескі тамыр – танысы және оны қатты құрметтеуші адамның өзі. Тіпті барлық жағдайда еш қалтқысыз оны қолдайтын және сенімді жақтасы болатын.

Сөз алған Шульгин алдымен асықпастан жоғарыдан төмен Бақытжанның тұла бойына бір қарап алып, менсінбеген үнмен:

– Төменгі, жабайы халықтан шыққан мұндай мырзалар біздің арамызға қайдан тап болған өзі. Бұлардың өздері қалай – қалай сөйлейді.

Тіпті, Ұлы Россияның қол астындағы кіріптар халықтардың өкілі бола тұрып, Ұлы Империяға, оның Государіне батылы барып қалайша айып таға алады.

Қалайша, солай сөйлеуді шығарған. Бұл барып тұрған бассыздық. Мен білсем мырзалар бұл барып тұрған басынғандық. Анық басынғандық пен бассыздық осылай болады.

Жер туралы бірдеме айтқысы келсе, онда барсын өзінің туып – өскен ен даласына.

Ол жерде айғайлайды ма!, Жоқ әлде өкіреді ме!, Өзі біледі.

Ал бұл Мемлекеттік Дума ғой! Бұл Петербург қой!

Біздің Державамыздың ұлтжанды патриоттары Петербургті германдық мәнерден, славяндық мәнерге – Петроградқа айналдырғалы жатқан шақта, бүкіл орыс халқы патриоттық өрлеу үстінде тұрғанда мен бұл жерде мұндай сөзді естігім келмейді.

Ұлы Мәртебелі Государьға, Россия Самодержеціне де кезі келгенде бұл туралы айтамын. Ең бастысы аз халықтан енді қайтып Думаға мүше сайланбасын деп те сұраймын – деді.

Шульгин сөзін аяқтарда булығып, аздап шашалып барып тоқтады.

Шульгиннің айтқаны ма, жоқ әлде сандырағы келді ме? Былайша ол сөзінде тұрғандай болды. Өйткені осыдан кейін Үшінші сайланған Мемлекеттік Думаға кіші халықтардан депутаттар сайланбай қалды. Бұл да болса Шульгин сияқты шовинистердің Россия мемлекетінің билігіне әлі де жақын екендігін және кезі келгенде өздерінің сөздерін өткізіп отыратындығын байқатты.

(Сөйткен, Шульгин 1917 жылғы әйгілі ақпан және қазан Революциялары кезінде туған қаласы Киевті немістер басып алғанда Украйнада іссапармен жүрді. Кейін Кеңес өкіметі келгенде шегінген Германия әскерлерімен бірге шет елге қашты. Ол жақта да тыныш жүрмей Ақ эмиграцияның белсенді мүшесіне айналып, жаңадан орнаған Совет өкіметін құлатуға ат салысты.

Шет елде жүріп ол Корнилов, соңынан Деникин салған «Ақ ағымның» белсенді мүшесіне айналды. Деникиннің «Ерікті армиясының» қарсы барлау қызметінің бастығы болды. «Ерікті армия» күйресімен шет елге қайта қашты. Шет елде қарап жатпай Совет өкіметін құлатып құртудың жолына бір жолата түсті. Шет елдегі «Ақ ағымның» астыртын жұмысын басқарды.

Тек қана, 1925 жылы ГПУ ұйымдастырған контрреволюцияшыл күштерді талқандау жөнінде жасалған «Трест» операциясына байланысты солшыл эсер Борис Совинков екеуі жасырын түрде Советтік Россияға келгенде ЧК – ның қолына түсіп ұсталды.

Ұсталғандардың бірі – «Ақ ағысның» белсенді мүшесі, солшыл эсер Борис Совинков атылды. Ал Шульгин өмір бойы 1974 жылға дейін түрмеде отырды. Оның аман қалуына өз аузынан шыққан, бір-ақ ауыз сөздің пайдасы тиді. Шульгиннің жанын сақтап қалған оның сол бір сөздері болды.

Ол чекистерге ағынан жарылғандай боп: «Өздеріңіз контрреволюционер ретінде ұстағаннан кейін менің байқағаным революция Россияға көп өзгеріс әкепті. Әрине, солардың басым көпшілігі менің пайымдауымша жақсылық болар деп ойлаймын. Мен соларды осы жерде көргендей болдым» деген екен.

Шульгиннің сөздері большевиктерге қатты әсер етсе керек. Бір жағынан контрреволюциялық күштердің ең ірі серкелерінің бірін олардың өзіне қарсы қойып, оның социалистік революция жетістіктерін мойындағандығын контреволюциялық күштердің жеңілісі ретінде пайдалануға мүмкіншілік беретіндей көрінген. Өйткені, Шульгиндей нағыз «қаражүздік, монархистің» мұндай сөзі көптеген контрреволюциялық жүйедегі күштердің адамдарын Совдепке қарсылық жолдан тайдыру үшін жасалынып жатқан үгіт – насихат жұмысына көптеп пайдалануға жол ашқан.

Ұсталғаннан кейін Шульгиннің тағы бір айтқаны оның өмірін сақтап қалуға әсер етті. Шульгин большевиктерге қатты толқығандай боп: «Мен Россиядан кеткенде Отанымды бір жолата жоғалтқандай болып кетіп едім. Советтік Россияға қайтып оралғанда мен өзімнің жоғалтқан Отанымды қайта тапқандай болдым!» деп жазған еді. Мүмкін ол шыбын жанын сақтап қалу үшін өтірік айтқан шығар? Ал мүмкін ақиқат, шындығын айтқан шығар? Оны білетін бірақ адам. Ол 1995 жылы қазіргі Самара қаласында қамауда өлген шовинист Шульгиннің өзі ғана сияқты. Ол осының жауабын да ешкімге айтпастан көрге өзімен бірге алып кетті.)         

Бақытжан Дума отырысында жан – жағынан қаумалап, аш бөріше талағысы келген  адамдармен сөз таластырып жатпады. Ол айтарын – айтып қалғанына қуанып, ендігі сөзді қажетсінбей қалған.

Басқалар шуылдасып жатқанда, Бақытжан өзінің ауыр денесімен теңселе қозғалып, аяқтарын еппен басып, орнына қарай беттеп келе жатты. Оның осы кезде ойлап келе жатқаны да басқа болатын. Тіпті, ол жан – жағына қарамастан-ақ, залда отырған Дума депутаттарының ойында не бар екендігін сезгендей еді. Жаңағы Родзянко, Шульгин, Пуришкеевич сияқтылардың сөздерінен кейін үміті үзілген оған бұл дүниеде қайыр жоқтай көрінген.

Бақытжанның ойы алабұртып, ішінен: «Халыққа демократияны тарту еткісі келгендей болған патшаның өзі мыналар сияқты жандайшаптары арқылы елдің аузын жабады. Ендеше бұлары демократияның саяси өмірге шындап енуіне кесе – көлденең тұрғандығы белгілі болды ғой» деп ыза  болса, бір жағынан солардың бәріне бірдей көңіліне жиреніш орнағандай болды.

Бақытжан сияқты Дума мүшелерінің арқасында Мемлекеттік Думада жер мәселесі қатты сөз болды. Бұл мәселенің төңірегінде терең талғаулар жасалып, батыл ұсыныстар айтылды.

Қазіргі кезде Самодержавие Мемлекеттiк Думаға да, Министрлер кеңесiне де сенудi қойды. Өзi сайлатқан екiншi Мемлекеттiк Думаны да Екiншi Николай патша аз ғана уақытта тарқатып жiбердi. Ендi үшiншiсiне дайындық жасап жатыр. Осыған байланысты барлық жерде сайлау өткелi жатқан.

Мұхамеджан Тынышбаев та, бұл күндері қарап отырмастан қазақ жерінің тағдыры мен қазақ халқының тұрмыс тіршілігінің күйзелуі жайында газеттерге сын мақалалар жазумен болды. Оның Петербургте депутат болып жүріп, патша үкіметінің үні саналатын «Ведомасти» газетінің №75 – ші санында «Қазақ даласындағы көшпелі ел тұрмысының мұқтажыдғы туралы» деген атпен шыққан мақаласы қалың елді дүр еткізгендей болды.

Газет бетіндегі мұндай үндер кетеуі кете бастаған патша өкіметіне жығылған үстіне жұдырық болып тиді.

Газетке жазылған өткір мақала, ондағы айтылған сындар оны жазған Мұхамеджанға да біраз қырсығын тигізді. Тіпті оның Мемлекеттік Думаның депутаты екендігі де ескерілмей қалған. Бұндай әпербақандық қылық Мұхамеджанға осылайша оңай болмаған. Оның былайғы өміріне теріс көзқарас әкеліп, көптеген кертартпалық әсерін тигізіп жатты.

Бүкіл империяға жар салғандай болған Мұхамеджан Тынышбаевтың: «Россияның орталық аудандарынан қазақ сахарасының шұрайлы, нулы – сулы жерлеріне жаппай қоныс аударушы орыс мұжықтарының жергілікті көшпелі халықтың шаруашылығына нұқсан келтіріп, әлеуметтік тұрмыс – тіршілігін  күрт төмендетіп жіберді» дегенінің өзі билік басындағыларға талтүстегі ажағай отындай болып тиді.

Тынышбаев сияқтылардың мұндай мәлімдемесі бұған дейінгі империяда пайда болған қате тұжырымдарды әшкерелей түскен.

Осыған дейін айтылып келген: «Қазақтардың тұрмыс жағдайы өте тамаша» деп көрсетіп кеткен санақшы – ғалым Щербина экспедициясының зерттеу мәліметтерінде көрсетіп кеткен қағиданы түп – тамырымен бұзғандай етті. Сол мәліметтердің көбіне – көп қате болжамдардан пайда болғандығын кейінгі күндері ғана белгілі бола бастаған. Соның бәрін қазақтың зиялы қауымына ашып берген Әлихан Бөкейхановтың өзі болатын. Ол оқу бітірісімен, жасырақ кезінде сол экспедицияға қатысып, зерттеу жүргізгендердің бірі еді. Әлиханның айтқаны айтқан, Щербина экспедициясының жұмысындағы көп шикіліктің бетін бұл кездегі қазақ елінің білгіріне айналған Бөкейхановтың өзі осылайша әшкерелеген.

Бұл жағдайларды ары қарата ушықтырмау үшін қазақ қоғамы, сондай-ақ қазақ зиялылары, бүгінгі күні көшпелі халықтың әлеуметтік, тұрмыс деңгейін, яғни укладын күшпен отырықшылыққа, «жасанды мәдениетке үйретудің» нәтижесі зиянды зардаптарға әкеліп соғатынын әйгілеп жатты.

Мұндай қисынсыз тәжірибе тарихта аз болмаған. Сол сырды Мұхамеджан масқара қып, ашып берді.

«Егер де дер кезінде империяның ішкі губернияларынан қоныс аударушылардың тасқынын тоқтатпайынша отарлау жүйесінің толқыны көшпелілерді жуып – шайып, таяу жылдардың ішінде башқұрт халқына туған күннің бейбітшіл, меймандос қазақ елінің басына да төнері сөзсіз екендігін ескерткіміз келеді» деп жазғаны желсіз аспан, тынық күні күн күркіреп, найзағай жарқылдағаннан кем соқпады.

Осының алдында ғана ол туған жері Жетісуда болып келген. Ондағы көргендері көңілін көншіктірмеді. Бұл жолы да ол Барлыбекпен кездескен. Ел ішіне де екеуі бірге шыққан.     

Мұхамеджан Тынышбаевтың да «сау басына сақина тілегендей» болғаны осыдан кейін басталды. Самодержавиенің «қырағы көзді» охранкасы, жандармериясы мен полициясы оны да «қарауылға алып» басқан ізін аңдитын болды.

Мұның бәрі патша мен үкімет адамдарының құлағына ерсі естіліп жатты. Осындай жағымсыз заң жобаларының Россия империясының әр жерінде дайындалып, патшаның атына күн сайын әр тұстан келіп жатқандығы государьға да оңай көрінбеді. Ол, ол ма тіпті, осыған қатысты сөздердің мемлекеттің ең жоғарғы заң қабылдаушы органында талқылана бастауын және Таврия сарайының мінбесінен айтыла бастаған қызу айтыстарды жақтырмаған патшалық үкімет бір жағы елдегі шаруалар қозғалысының үдеуінен шошынып 1906 жылғы 8 шілдедегі өзінің императорлық пәрменімен Мемлекеттік Думаның жұмысын тоқтатты.

Тіпті Мұхамеджан қайтадан сайланбақшы үшiншi Мемлекеттiк Думаға сайланайын десе, ендiгiсiне кiшi халықтан шыққандарды жуытпау туралы пәрмен шығып, соның шовинистік масқарасына тап болды.

Ал, оның екiншi Думадағы кандидаты Сәт болса қазiр жер – жерде өтiп жатқан сайлау партиясында қатты жеңiліске ұшыраған болатын.       

(Бақытжан Қаратаевтың Мемлекеттік Думадағы бұл сөзін Россияда күш алып келе жатқан РСДРП-ның ең солшыл қанаты болып саналатын Большевиктер партиясының көсемі Владимир Ильич Ленин не болмаса Улльянов – Ленин деген саясаткердің өзі құптап, «нағыз әділ, терең талғаммен жасалған баяндама» деп бағалаған. Большевиктер партиясы жариясыз, астыртын жұмыс істейтін, бірақ Россияның саяси сахнасында әбден белгілі бола бастаған еді. Сол Большевиктер партиясының көсемі, кейініректе ең алғашқы Советтік Социалистік мемлекеттің негізі болған Советтік Россияның бірінші басшысына айналған Владимир Ильич Ульянов /Ленин/өзінің қысқа да нұсқа тезистерінің бірінде: «Екінші сайланған Мемлекеттік Дума мүшесі Қаратаев мырзаның жер туралы айтқандары өте орынды және дер кезінде айтылған сөз!» деп бағалаған еді.

Ал В.М. Пуришкеевич болса «Россияның басына түскен ауыртпалықтар мен әлеуметтік жүгенсіздіктердің, сондай-ақ саяси берекесіздіктердің басталып кетуіне кінәлі Григорий Распутин, тек соның көзін жойғанда ғана Россия басына түскен бәлекеттің бәрінен құтылады» деген шешімге келген. Осындай көзқарастың жетегіне берілген Пуришкеевич оның көзін жоюды ұйымдастыра бастаған. Осындай көзқарасты жақтайтындар Россияда жеткілікті болып шықты. Соның бірі князь Юсупов деген офицер еді. Баяғы, бағзы заманнан Орыс патшаларына қызмет ете бастаған түбі түркі – татарлық, ақсүйектерден шыққан Жүсіп, кейінде Юсуповтар айналған князьдық фамилиядан шыққан болатын.

Осылар сияқты бір топ жаңсақ көзқарастағы адамдар Распутинді өлтіріп, патша мен патшайымның астрологиялық мүдделерін оңға бастырып, соның арқасында Россияны құрдымнан аман алып қалуға бекінген. Осыны іске асыру үшін олар 1916 жылдың аяққы айында Григорий Распутинді азаптап өлтіріп, Нева өзеніне тастап жіберді. Сөйтіп Пуришкеевич Распутинді өлтірушілердің қастандығына қатысып, оны өлтіргендердің ішінде болды). 

 

 

 

 

 

Алтыншы тарау

 

 

 

 

 

 

         Қарағашқа қайтып оралған соң, Есенқұл көп бөгелмей iске кiрiскен. Ендігі басты талап мектепті жаңартып, кеңіту, сондай істі мешітке де жасатпақ.                                                                             

         Осы кез Қарағашқа жақын Арасан, Қапал, Ақсу, Бақалы, Сарқан, Лепсi, Тасбекет елдi мекендерiнiң халқы жаппай өнер мен  бiлiмге ұмтыла бастаған кез болатын.

            Бұрындары балаларымыз «оқу оқыса, әсіресе орысша оқуға барса бұзылып кетеді» екен дейтін байлар мен дәулетті адамдар енді оқудың мүмкіншілігін көріп, балаларын оқытуға құмарта бастаған.

             Бұл игі іс, жақсы бастама еді. Есенқұл сияқты жаңадан мектеп пен школ ашып жүргендерге бұндай бастама қамшы болып тигендей болды.

Осындай себеппен елге жетiсiмен, Есенқұл мектептi жаңартсақ деген ойын iске асыруға тырысып кеткенін өзі аңғармай қалған. Өйткенi, жақын маңайдағы уезд орталығы Қапал қаласында орыс мектебi, «Якоби» аталынатын татар мектебi және ауылшаруашылық училищесi ашылған болатын. Ал, облыс орталығы Верныйда орысша оқытатын ерлер гимназиясы, басқа да бiрнеше мектептер бар еді. 

Жақсы мектеп болмаса, маңайдағы балалар сол жаққа кетiп қалуы да мүмкiн деген Есенқұлдың өз күдiгi де күннен – күнге арта түскен.

Сондықтан ол қажылықтан келе салысымен әуелi ағасы Арасан болысы  Сейiтбаттал қажымен осы жөнінде сөйлесуді жөн көрген.

Інісі өзі үшін үлкен кісіге айналған ағадан ақыл сұрап, Арасан жаққа келген.

Есенқұл, аға алдында қанша сыр бермейін десе де, бәрібір ішкі дүниесінің астан – кестен болып тұрғанын сырмінез Сейітбатталдан жасыра алмаған. Есенқұлдың көп уайымдап, айта алмай отырған көкейдегісін тез ұққан Сейітбаттал:

  • Есенқұл қарағым, айтқың келіп отырған әңгімең бар ғой деймін?
  • Аға! Заман болса мынау бұзылып барады. Айтуға ауыз бармай тұр.

Елдің қамын ойламайық десек те, бәрібір ойландырады. Менің айтайын дегенім жаңа мектеп жайы болып тұр – деп, ағасына қарады.

           Бұл сөз Сейітбатталды ойландырып тастады. «Заманның да аласапыран болып тұрғаны рас. Үкімет бүгін жерге ауыз салса, ертең мал мен жанға ауыз салмасына кім кепіл? Күні ертең байтал тұрмақ, бас қайғы заман келсе, салған мектебің кімге керек?» деген суық ойдан тітіркенгендей болса да, тіксінгенін білдірместен:

  • Қарағым-ай, заман бұла болды деп, тым – тырыс отыра беруге де

болмас! Қай уақытта, қазақтың басында тыныш заман болған. Оны есептесек, түбіне жете қоймаспыз. Соған қарағанда, заманға өкпелеп отырмай, тіршілік жасаған дұрыс қой – деді.

           Ағам не айтар екен деп, томсарып отырған Есенқұлдың екі бетіне қан жүгіріп, дөңгелек келген бет – жүзіне жылышырай біте қалды. Жылылық кетпейтін ұялы көздері онан сайын нұрланып:

  • Дұрыс айтасыз! Әр заманның өз қиындығы бар екені рас. Жақсы бір

уақыт келсе екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Олай болса жаңадан мектеп салуға кіріскеніміз дұрыс қой деймін – деді Есенқұл өзінің шын қуанғанын жасыра алмай, даусы сәл дірілдеп.                                                                          

         Сөйтiп алғашында ел игiлiгiне ортақ iс үшiн, бастама жасаған Тұрысбек қажы қайтыс болғаннан кейiн, оның iнiсi Есенқұл Маманов жаңа әдiспен оқытатын мектеп салуға кiрiсіп, тағы бiр iнiсi болыс Сейiтбаттал Маманов мұнарлы мешiт салуды қолға ала бастаған.                                                                                     

Бастапқыда өз қаржыларын жұмсап, мектеп пен мешiттiң барлық құрылыс жұмыстарын бiраз еңсерiп тастауды көздеген Сейiтбаттал мен Есенқұлдың алдынан талай қиындықтар бой көтерiп шыға келген.

Соның басы империялық үкiметтiң қазақтарды оқыту iсiн өздерiнiң отаршылдық мүддесiне сай етіп жасағандығынан басталған болатын.

Осыған дейін Россия империясының отары боп көндіккен қазақ, енді ғана балаларын заман талабына сай сауат ашқызып, білім алуға ұмтылған. Бірақ та, самодержавиеге өзіне бағынышты халықтың жаппай сауат ашып, білімді болуына отарлық мүддесі қарсы еді.

«Бұратана халықтың әрiп жазуын жолға қоюдың өзi тұтас бiр ұлтты дамыттым, оларды отаршылдық саясатқа қарсы қойдым деген емес пе?!» деген қағиданы ұстанған патша ұлықтары тіптен, қазақтардың ұлттық мектептерiнiң, басқа да оқу орындарының ашылуынан қорыққан.

Тіпті, Россияның жаппай халық ағарту ісімен айналысатын министрлігі қазақ сияқты бұратана халықтың балаларына тілін сындырып, сауатын ашатын төменгі дәрежедегі бастауыш білім беретін саясаттан да әр түрлі себепті айтып, қашқақтай бастаған.

Мұның тағы бір басты себебі қазақ сияқты отар елдің адамдары һақында айтылған көптеген құпия қағидалар бар еді. Солардың бірінде: «отар халықтар Россияның жалпы империялық азаматтық үлгісіне сіңісіп кету керек, не халық болып мүлдем жойылуға тиіс» деп, батпандай қылып, анықтап тұрып жазылғаны бар. Олай болса, қазақ байғұсқа қалатыны осы екеуінің бірі ғана. Қазаққа басқа жол жоқ. Өйткенi, көшпендi қазақты жазу – сызуы бар, сауатты ұлтқа айналдыруға болмайды! Отар елдің тізгінінде отырғандар қазақ сияқты халықтың жаппай сауаттылық алуынан қатты тайсалғандықтан, олар тiптi, мешiттер жанындағы ескiше, мұсылманша сауат ашатын медреселердiң өзiн ебін тауып жабуға тырысқан едi. Өйткені, бұратана аталған елге деген талап осындай болатын.

Туземдік халық қазақтарды колония қожалары орыс атымен аталатынның бәріне аса қатаң құрметпен қарайтын рухта ұстауды дағдыға айналдырды. Отарлық халықтыңң бұған бағынбауды ойлайтындары бола қалса, ондайлардың қайғылы тағдыр кешетіндері алдын – ала белгіленіп қойылды.

Ондайлар яки жер мен судан қағылып, қайыршылық жағдайда қырылып бітеді, яғни айтқанда Россия олармен мүлде қоштасады. Бұл жағдайдың шет жағасы қазақтарға әу бастан белгілі бола бастаған.

Патша үкiметiнiң бұратана халықтардың арасына iрiткi салған тағы бiр жағдайы мынадан басталған. Бiр мың сегiз жүзiншi жылдардың соңында, яғни жаңа жиырмасыншы ғасыр басталардың алдында Қазақстан мен Орта Азия елдерiнде Кадимдiк дiн оқуы мектептерiн Жадиттiк төте оқу орындары ығыстыра бастаған. Әзірге қазақ жерінде осындай мектептер үш жерде бар еді. Оның біріншісі 1845 жылы Қазақ елінің батысындағы Орда қаласында Жәңгір ханның күшімен ашылса, ал екіншісі 1881 жылы Торғайда Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен ашылды, үшіншісі Қарағаштағы «Мамания» мектебі болды. Осылардан кейін де қазақ балаларын оқытатын мектепті қазақ жерінің шығысында Төртуыл руының Бекмұхамед атты молдасы ашқан еді. Ол, Қара Ертіс еліндегі мектеп болып аталып кеткен.

Қара Ертіс еліндегі мектептің Міржақып Дулатов деген мұғалімі өткен жылдары «Мамания» мектебінің жанындағы «жақсы роман жазушы» атағы үшін тігілген бәйгеге қатысып, соны жеңіп алған болатын. Міржақыптың өзі әмбе ақын, әмбе жазушы және жаңаша көп оқыған, болашағынан зор үміт күттіретін жас жігіт болғанымен қоймай өзі саясаттан да кет әрі емес сияқты көрінеді.

Міржақып қазір де қазақтың ірі саясатшысы Әлихан Бөкейхановпен көп араласып, соның тәрбиесі мен саяси күрес тәжірибесін алып жүрген көрінеді. Оның осындайы елге ерте біліне бастаған.

Міне, Есенқұл қажы Міржақыппен осындай жағдайда танысқан.

Міржақып сонда Есенқұлға айтқан: «қазіргі кезде қазаққа зиялы азаматтардың ой – көмегінен бұрын, іс көмегі көбірек керек» деп. Жас ақынның бұл сөзі Есенқұлды қатты ойландырып тастаған.

Міржақып «Мамания» мектебінде істеліп жатқан игі істерді дұрыс бағалап, Есенқұлдың жақсы жазылған кітапқа бәйге жариялағанын, газет басуға қаржылай көмек беріп отырғандығын тілге тиек етіп, сондай іспен шұғылданып жүрген қазақ азаматтарының атынан алғысын білдірген.

Осыны айтқанда ол өзінің де құр алақан екендігін именгендей боп білдірген. Сөйтіп ыңғайсыздығын жайсыз білдіріп: «Ағасы біздің қолымыздан келері құр сөз, мақтау ғана, өзге дәнеме де жоқ. Егер де, басқадайы болса ғой, халық үшін аянарымыз жоқ » деп турасын айтқан.

Міржақып осылай деп айтқанда, Есенқұл бұл сөздің өзіне қаратып бекер айтылмағандығын сезген. Осылай деп айтылғаннан кейін Есенқұл да ойланып қалған. Сөйтсе, көп жайдың мәнісін енді ғана сезгендей екен. Соны мына Міржақыптың сөздері білдіртіп тастаған секілді.

Тегінде жақын жердегі Барлыбек, соңғы кезде Жетісу еліне келіп, Дума мүшелігіне сайланып жүрген Мұхамеджан сияқты өзіне таныс адамдар ғана емес, сол сияқты алыстағы басқа да оқыған қазақ ағайындары бұлардың істеп жатқандарын дұрыс көреді. Олар мұны құптап қана қоймай, сонымен бірге сондайлық істері ұлғайған үстіне – ұлғая берсе екенді де теріс көрмейді.

Бұл сырдың байыбына Есенқұл енді ғана жете түскендей еді. Оның мұнысы бұрындары Қалқабай ұрпағы талай қаражатты игілікті істерге жіберіп жатқанда бір жағынан: «біздің осымызды кім біліп жатыр? Кімге керек дейсің?» дейтін кездері де болмады емес, болған. Онда да, мектеп пен көпшілікке байланысты істелетін істерде әр түрлі қиыншылықтар көптеп кездесіп, алдыға басқан қадамдары артқа кеткені де болды. Бұл дағы сондайға ашынғандықтың салдарынан туатын ойлар болатын. Сондай, сондай да, тіпті кейбірде қатты налитын кездері де бар. Өмірдің сондай бұралаң тұстарында Есенқұл ыза боп, «құрысыншы осының бәрі! Бәрібір кімге керек, кім біліп жатыр біздің осымызды?» деп қажитын кездері де болған.

Енді қарап отырса бүгін соның барлығы басқаша боп шыққандай. Сол налудың, сол қажудың бекерлігін де бүгін өзі түсінгендей еді. Соның құдіретін қонақ боп келген Міржақып секілді кісінің өз аузынан естіп, алыста жүрген барлық ағайынға деген ырзалық көңілі жан – дүниесін жадыратып тастағандай болды.

Есенқұл ішінен қуана түсті. Оның өстіп қуанғаны көптен бері болмап еді. Сонда Есенқұл өстіп, балаша қуанып, ішінен: «Жері алыс, елі бөтен, Міржақып білгенді бүкіл ел білетін болып шықты. Ендеше көпшілік үшін жасалып жатқан істер ел есінде екен ғой» деп, ол осыған тәуба қып, тебірене түскен. Тіпті, соңыра келе Есенқұл Міржақып айтқан мына сөзден кейін өзі үшін бір жақсы ой қорытқандай да болды. Құлағынан Міржақып айтқан:

– Сіздер істеген іс елге үлгі. Жиған – тергендеріңізді ел игілігіне жараса одан артық не бар – дегені кетер емес. Ал енді бір қызығы, мұндай сөзді Барлыбек те айтады. Тіпті, оған қарағанда жастау болса да,  осы сөзді Мұхамеджан да айтады. Бұл екеуі болса, жақындағы кісілер. Олардың айтар сөздері де, Есенқұлдың көңіліне қонымды болса да, үйренген сөздері. Ағайын – татулықпен айтылған сөздердей болып көрінетіні бар. Бірақ мына алыстағы Міржақыптың сөздері өзіне ерекше көрінген. Бұрын аралас – құралас болмаған кісінің сөзі де анық, ақиқаттай көрінетін сияқты.

Есенқұл ішінен Барлыбек пен Мұхамеджанды жазғырып тұрғандай болған ойларынан шошынып, өз – өзінен ұялғандай боп: «апырай адам баласының жаңсақ ойға берілуі тіпті тез екен ғой» деп, күпірлік қылғанына сол бір кезде өз – өзінен ұялып қалған.

Қанша күпірлік қылса да, бәрібір Міржақыптың сол айтқандары Есенқұлға қатты жағып қалды. Бірақ сондайлық көңілге қонарлық сөз айтқызбай тұрып та Міржақып өзіне ерекше көрінген. Алғаш көргеннен–ақ, Міржақып – Есенқұлға бірден ұнаған. Міржақыпқа көңлі толып, «өзі бір болғалы тұрған, жақсы жігіт екен» деп, іштей ұйғарғаны Есенқұлдың есінде қалыпты.

Өн бойынан жастық пен аңғарттықтың лебі аңқылдап тұрған, балаң жігіт Міржақып аз уақыттың ішінде Есенқұлды баурап алған.

Міржақып – бәйгеге қатысқан жазушы мен ақынның арасындағы мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан ең жасы болса да, оның ақыл – ойы әріде жатқанын Есенқұл көңіл түкпірінде сезгендей еді.

Үстіне Еуропа үлгісінше костюм киіп, ақ көйлектің мойнына қара галстук таққан сылқым жігітті алғаш көргенде Есенқұл: «е, әйтеуір алыстан келген қазақтың бір баласы екенсің, қайда жүрсең де аман бол» деп, тәуір пейілмен ойласа, Міржақыптың жазған кітабын оқып, айтқан сөздерін естіп, әжептеуір өзіне сүйсініп, істеп жүрген істеріне тәнті болып қалған.

Тіпті ол жазған «Бақытсыз Жамал» жарыста ең үздік шығарма болып бәйгені жеңіп алғаны тағы бар. Сөйтсе, оның өзі қазақта алғаш жазылған роман екендігі  тағы бар,  Есенқұлды қайран қалдырған.

Міржақыптың адамгершілік қасиеттері тек мұнымен ғана шектелмеді. Ол енді жеңіп алған бәйгесінен, турасына келгенде бәйгеге тігілген көп ақшадан Міржақып бас тартқан. Онда да ол жеңіп алған бәйгесінің ақшасынан құр ғана бас тартпастан, ақшаны «Мамания» мектебінің қажетіне жаратуға қосқан үлесім» деп шешіпті. Тек ақшаның шағын бөлігін ғана өзі сабақ беретін Қара Ертіс еліндегі мектеп үйін жаңарту үшін деп алған болатын.

Бұл Есенқұлдың Міржақыппен таныстығының басы еді. Содан бері ол жазған «Бақытсыз Жамал» күні бүгінге дейін «Мамания» мектебі жанындағы сахнадан бір түскен емес.   

Ресми түрде патша өкiметi өзiне саяси жағынан тиiмдi Кадим оқуын қолдап шыққаннан кейін қазақ елінде талай сарсаңға түсіретін іс қоса басталып кеткендей болды. Өйткенi Кадим оқуының мектептерi феодалдық топтың мүддесiн қорғаса, ал Жадитше оқу жаңа буржуазиялық бағытты көздедi. Бір есептен патшалық өкіметке ескіге қарағанда көш ілгері жатқан оқу ұнамаған. Өйткені билік біткенге өзіне бағынышты халықтың өскелеңдік жолды ұстаған бағыты керек емес еді. Сондықтан да оларға прогрессивті жадит ілімінен көрі, артта қалған, кертартпа кадим ілімі қажет болды.

Бұл прогресске жат пиғыл, «бөліп алда, билей бер» дейтін отар елдің пиғылы еді.  Отаршыларға өздеріне тәуелді бодан халықтардың жаппай сауат ашып, өз қолы – өз  аузына жетуі керек емес болатын. Ондайдан олар ат тонын ала қашатындығы содан да болар.

Сол себептен патша өкiметi керттартпа кадимдiктердi жадиттерге қарсы айдап салып, олардың қолтығына су бүркіп, кезі келгенде көмектесіп отырғандығы табиғи заңдылық.

Кадим ағымымен жадит арасындағы тартыс ескi мен жаңаның күресi болды. Бұл қоғам дамуының қалыптасқан заңы. Ескi еш қашанда күрессiз еркiмен өз орнын жаңаға бермейдi. Бiрақ, жаңа ағым тек ескiнiң негiзiнде дамитыны да заңды құбылыс. 

Жадит ағымының басы Исмайыл Гаспыралы деген түрік азаматынан бастау алған болатын. Кейбір ресми құжаттарда Исмайыл Гаспыралы кейде өзін Исмаил Гаспринский деп те атап жүретін.

Исмайылдың жаңа ілімі – ең алдымен Россиядағы мұсылман халықтарының құқы аяққа тапталмауы үшін жасаған амалынан басталған.

Исмайыл Гаспыралы мұсылман халқына нағыз діндік білімді кіргізу үшін әліппеден бастап, танымдық кітаптарға дейін өзі жазып, түркі халықтарының арасында таратып жүрген болатын. Сөйтіп, ол түркілік халықтар арасында ағартушылық саласында көп еңбек сіңіріп жатты.

Оның ең басты мақсаты – түрік халықтарын рухани тұтастыру, ортақ тілге, ортақ жазуға келтіруге әрекет етуден туындап жатқан ойларын іске асыру еді. Осыған бола бір Исмайылдың өзі қаншама кітап, журнал, жинақтар шығарды. Ол тіпті «Тәржіман» деген газетін де сол үшін ашты.

Патша өкіметі тарапынан жадиттік көзқарас қатаң қыспаққа алынған шақта да, ол нағыз қайсарлықпен осы жадиттік қозғалысты ары қарата дамыта берді.

Жадит – бірыңғай саяси сипатты қозғалыс емес, ол – ағартушылық пен руһани қасиеттерді тұтастай қамтитын идеялық негіздегі ағым болып табылатын еді. Жадит ағымының бір қасиеті – ол алға басушылық пен прогресстің ілімі бола алғаны.

Бұл ағым он тоғызыншы ғасырдың соңында Россия империясын әлемдік озық педагогика тәжірибесіне сәйкес алғаш рет мұсылман балаларын дыбыс жүйесімен оқытуды Қырымдағы Бақшасарайдың, Зинджирлы медресесінде басталды. Мұны да алғаш бастаған Исмайыл болды. Ол бір кездері Қырым хандығының астанасы болған Бақшасарайдың әкімі болуына байланысты осы бағытта біраз тындырымды істерді істеп тастаған.

Осы жаңаша оқыту әдісі санаулы жылдарда Россияның мұсылмандар тұратын аймақтарына, тіпті шетелдерге, әуелі Үндістанға дейін тарап кетті.

Қазақ жерінде жадитшілдікті көптеген зиялы қауым қолдады. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынов деген әдебиет пен қазақ тілінің білгірі саналатын қазақ азаматы бұл ілімді қатты қолдап, осы кездегі ағартушылықпен айналысатын қазақтар мен қарапайым сауатты кісілерге дейін жадит жолына түсудің керектігін жария етіп, соның қамына кіріскен.

Ахмет Байтұрсынов жадиттік төте оқудың қазақ ішінде аз таралғанына байланысты осы оқуды ел ішінде кең таратуға көп еңбек етіп жатты. Қазақ зиялыларының арқасында елдегі мұсылмандық ағым, Орта Азиядағы өзбек, түрікмен, қырғыз және тәжік ағайындардың мұсылмандық жолдары көбінесе жадиттен бөлектеу болды. Оларда бұрыннан бері кадимдік жол үстемдік алған еді. Аталған елдерде жадит жолы көптеген қиындықтардан аса алмай қалған. Ал керісінше, Қазақ елінде жадит жолы бірден үстемдік ала бастаған.

Бұл жол кейінгі жылдары да ел ішінде пайдаға асқаны белгілі. Тіпті 1917 жылы Алашорда мемлекеттігі кезінде де, онан кейінгі Кеңес өкіметі кезінде де, тіпті Қазақ елінде кейінгі кездері мемлекеттіліктің орнығуына және оның институттары мен органдардың дамуына Орта Азия елдеріндегі діни ағымдар сияқты кедергілер тудырмады. Сондықтан Қазақ елінде консервативтік пиғылдағы мұсылман діни қызметкерлерінің ықпалдары өтпей, бірден зайырлы мемлекет құрылған еді.          

Жадит жолының Жетісуда үстемді алуына әсіресе, Қарағашта ашылған қазақша мектептің үлесі зор болды. Оны осы кезде Азияны зерттеушi Е.К. Бендриковтың Жетiсуға келген сапарынан білуге болады.

Бендриков Жетсуға келгенде Қарағаштағы мектеп – медресенi көрiп танысқан болатын. Кейiнiрек ол осы туралы: «Қазақстанда ашылған жадит мектебiнiң iшiндегi ең тәуiрлерiнiң бiрi Жетiсу облысы, Қапал уезiне қарасты Қарағаш деген жерде, 1899 жылы ашылған ағайынды Мамановтар медресесi болды. Оны жұрт «Мамания» мектебі атаған» деп жазды.

Жетісу жерінде жадит ілімін қолдаушылар қатарында аса көп еңбек сіңірген Лепсі уезінде туып – өскен, Бұхара да діни білім алған Ахметсафа Қалдыбайұлы деген Қарабөгеттің жас жігіті болды.

Ахметсафа баяғыда осы жақта мешіт ашқан Қалдыбай қалпенің баласы еді. Жас кезінде Ахметсафа осы жердегі медреседе Мұхамеджан Тынышбаевпен бірге оқуын бірге бастаған. Әкесі Қалдыбай көп жылдар имам болып, Лепсінің Садыр руына жақсы атағымен белгілі болған кісі.

Ахметсафа руһани толысу кезеңінен өтісімен әкесі Қалдыбай оны Бұхарадағы ислам тану оқуына жіберген. Кейініректе өзбек жеріндегі Бұхара қаласында исламның кадимдік ұстамының іргесі шайқалмайтындығы белгілі болысымен-ақ, Ахметсафа қасындағы қазақ елінен барған жолдастарымен бірге «енді не істейміз?» деп қатты ойланып жүрген еді. Оның үстіне алғаш рет Бұхарада кадим ағымы, бір жағы діни фанатизмге ұштасқандай болды. Сондықтан ең алдымен сондай ағым осы жерде ерсілі – қарсылы ойран сала бастаған.

Жадиттік ағымды жақтаушылар бірте – бірте ығыстырылып, қудалауға түсті. Олардың шінде осы жолда мерт болғандары да кездесті. Ахметсафа да осы жердегі кадимдік фанатиктердің қолына түспеу үшін ел жаққа қашып келген. Сөйтіп, ол Жетісудағы еліне қайтып келіп, жадиттік іске белсене кірісіп кеткен еді. 

Осы кезде Жетiсу жерiндегi Қапал өңiрiндегi атақты Қыдыралы – Қалқабай балалары ашқан жадиттiк медресе – мектебiнiң, қазақ балаларының нағыз бiлiм бұлағына айналғаны қазақ еліне белгілі бола бастаған. Онымен қоймай, Қалқабаевтар бұл мектептi қайта жаңартып, кеңейтудi, сондай–ақ, үлкен мешiт салуды ойластырған еді. Бірақ олардың осындай ниетi жергiлiктi патша билiгінің шенеуніктерінен қолдау таппай қойды. Өйткені бұл мектептің де, бұрынғы мектептей ашыла салысымен жадитшілдік бағытты ұстайтындығы анықталған соң, билік басындағылар қалайда кедергі жасап, рұқсат бермеуге тырысты.

Өздерінің ұстаған империялық бағытына сай келмейтін ағымнан олар тайсалып,  бұл іске барынша кедергі болғысы келген.

Сол биліктің пайымдауынша, бұл ашылған мешiт пен мектеп те жадиттер ұясына айналып кетуі оңай көрінген. Сондықтан бұларды кеңейтуге, жаңартып салуға олар рұқсаттарын бергісі келмей, әр нәрсені сылтаурата берген. 

Олардың бұл сылтауы ағайынды Қалқабаевтардың ызасын келтіріп, зығырданын қайнатып жатқан. Өздерінің алдарынан шыға келген кедергілерден «бәрібір өтуіміз керек!» деп бұлар да қарап жатпай өз бетімен қимылды бастап та кеткен.      

Сергелдеңнiң басы, әуелi Есенқұлдың Қапалдан сәулетшi әкелiп, мешiт пен мектептiң жоспарын жасатқысы келгенінен басталған секілді.

Қапалдағы сәулетшiлер, ең алдымен Есенқұлды ояздан рұқсат қағаз алуға жұмсаған.

Ояз басқармасындағы шенеуніктер, бірінен соң бірі:                                        

– Мектептi қайтесiңдер?

– Мешiт не үшiн қажет?

– Оқу қандай әдiспен жүргiзiледi?

– Осылардың бәрi сiздердiң Қарағаштарыңыздағы ескі  мектепте бар

емес пе? –  деген.

           Олар осылайша қырсыға сөйлеп, тура жауаптан тайқып шыққан. Сүйтіп қашқалақтатып, керенау тартып, кердиіп, Қалқабаевтарды аяқтан шала бастаған.

           Ақыры ояздағылардың «мұның жолы былай болады» дегені де Есенқұлды тығырыққа әкеліп тықты. Олардың жол көрсеттісі де ақыры осылайша болып шықты.

           Қапалдағы оқу жағына жауапты шенеуніктер бұл істі «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, бір жолата тоқыратып тастауды ойлағаны белгілі болды.    

          Сұмдықтың мұндайлықты терең тамырлап кететіндігін ойламаған Есенқұлдың біраздан кейін дегбірі қаша бастаған. Неліктен ояз жақтағылар өздеріне мұншалықты қырсық мінез көрсетіп отырғандығының себебін түсінбей ол дал болған. Олардың сыңар жақты қыңырлығы мен көрсетіп жатқан кертартпалық мінездері Есенқұлды әбден мезі етті.  

          Есенқұл ояз адамдарының аузына қарап, лебізін тыңдап болғанша, оларға айтуға тағы бір ілік табылды. Соны пайдаланып ояздағылар Есенқұлға рұқсат алу үшiн алдымен Жетiсу облысы бас оқу инспекторына жіберіп, осы жайында рұқсаты керек деп шығарып салған.                    

Есенқұлдың ендігі бiр сыдырғы уақыты соның атына өтiнiш хат жазуға кеттi. Онан кейiн Верныйдағы бас оқу инспекторынан «рұқсат етілсін» деген хабарды күткен. Айналасы екi айдың iшiнде оның осы туралы жазған қатынас қағазы «Қапал уездiк басқармасына келiп түсіптi» деген хабары да естілді. Рұқсат қағаз ақыры Қапалға келіп жеткені белгілі болды.

Сөйтсе, Жетiсу облысының бас оқу инспекторы да, сақал сипағандай етiп, еш бiр тиянақты шешiм қабылдамастан барлық жағдайды өз қалауыңызша шешерсiз деп Қапал уезiнiң правителiне сырғытып тастапты.               

Есенқұл енді соларға барса,  Қапал ояз басқармасындағылар бәрi бiздiң қолда дегендей қып, ендi бұрынғысынан бетер керiлiп, күшейе түскендігін көрсетіп бақты.

Ал, уезд правителi Павлов болса Қарағаш қалашығында жалпы қазақ мектебiн ашуға қашаннан берi қаны қарсы болатын. Осының бәрi оның қол қақпайлық жасауына өзінің септігін тигізген сияқты. «Енді не істейміз» деп жүргенде, ояз басшысы Павловтың қырсығуы онан сайын үдей түскен.

Есенқұл күнделікті Қапал жақтағы кеңселерді аралап шығады. Қолға алған ісі бітпеген соң, тұрып – тұрып қайтады.

Салы суға кеткендіктен, ұнжорғасы түсіп, Есенқұлдың кетеуі кете бастады.

Бұдан түк шықпайтын болды? Енді қайтеміз? Қайда барамыз? Есенқұл көңілі осындай ойлардан әбден құлазып кетті.  

         Бұл – бұл ма, «қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресің» дегендей, «Мамания» мектебiнде орыс тiлiн Айманбет Айжарықов деген қазақ мұғалiм оқытатын едi. Қапал уезiнiң бастығы Павловтың көмекшiсi сумақай Найденов бұл жайында бұрыннан бiлетiн болып шықты. Ол мектеп салуға рұқсат қағаз сұрап келген Есенқұлға осы туралы естіртіп, сүйінші сұрағандай боп шыға келген.

          Найденов аяқ астынан тәкаппарси қап, менменсіген үнсен, Есенқұлға қадала қарап:              

– Ал, сiз бiлесiз бе, ұлы орыс халқының тiлiн үйрететiн сабақты киргиз мұғалiмнiң оқытуына рұқсат етiлмейтiндігiн! – деді. Өзі iлмиген,  арық неме мұны айтқанда қабағын қайта – қайта түйе сөйлеген. Ол қабағын түйсе болды көзінің айналасы бұлтия ісініп, екі көзі бірдей аларып шыға келетін сияқты. Оның мұнысы көзiне киген пенснесiне байланысты болса керек. Өйткені көз айналасындағы қатпарлармен ұсталынатын көзілдірік түсiп кетпесiн деген әдеті ме, әйтеуір көз алдын қыса беретіндігі әдетке айналып кетіпті.

Найденовтың бұл қылығын да, алғашында қабақ шыттыға жорыған Есенқұл, енді  ғана аңдағандай болып отырған Есенқұлдан шыдам кете бастаған.    

Найденов Қапал уездік басқармасындағы әккi қызметкер, өте қу адам болатын. Сонымен қатар ол Қапал уезiндегi атақты парақордың бiрi. Оның алым алуы туралы алып қашпа сөз бен өсек баяғыдан бері белгiлi болып, атағы шыға бастаған.

Қапалда ұшқындап тұрған осындай сөздер Есенқұлдың да құлағына талай жеткен. Ол Найденовтың нені меңзеп отырғанын да бiрден сезгендей болды. Бірақ өйтуге ары бармаған соң, онысын түсінбеген адам құсап жүре берген. Қайтсе де, Есенқұл өз ойын ояз жақтағыларға жеткізе алмастан қор болған. «Күндегісін – күнде есік тоздырып, жүргенім мынау, іс бітетін емес, қайта – қайта кеңсе есігін тоздырып, сенделіп шаршағанша, бұның да бір есебін табу керек болды» деп Есенқұл бір шешімге бел буғанмен, қазіргісін – қазір сондай ойдан шошиды. Ондайды, ұят, арсыздық санайды. Өйтпеске, тағы болмайтын сияқты. Мектеп қабырғасын көтеретін кез, жаздың басталғаны қашан. Есенқұл болса әлі рұқсат қағаздың соңында жүр. Мына түрімен биыл бітер емес. «Келесі жылы да осылай болса қайтемін?» деген ойдан Есенқұл үрейлене қалған.

Есенқұлдың ендігі ойы соны қалайда іске асырмаққа бет алғандығы еді.

Солай ойласымен көз алдына Найденов сумақайдың жиренішті түрі келгендей болды. Жылан сияқты ысылдап келіп, құлағының түбіне тұрып алып: «Баяғыда осылай істеу керек еді» деп ысқырып тұрғандай елестеді. Есенқұл аяқ астынан шаян шаққандай шошынып, қайтерін білмей сасқалақтап, бұл ойдан тағы айнып шыға келген. Сумақайдың жиренішті жүзі көз алдынан кетпей қоятындай, көздерін уқалап – уқалап жіберді. Оның жек көрінішті түрін енді қайтып есіне түсіргісі келмегендей атын тебініп қалып, жүрісін тездете түскен.

Есенқұл Қапал қаласын бетке алып жортып келеді. Қазір Қаратаудың аласа бір сілемін кесіп өтіп, үлкен бір жазық жонға түскен. Тегіс келген, мидай жазық дала «Ақдала» деп аталады. Ақдала десе Ақдала, бетеге мен жусанға толы сұрқай келген, сұр дала көсіліп жатыр. Бұл Қапалдың күншығыс жағы, мұның ар жағында қол созым жерде Қапал жатыр.  

Есенқұл Қапалға оязнайға барғысы келмесе де бара жатыр. Сумақай Найденовтың түрін көргісі келмесе де, амалсыздан қайта айналып, көруге келеді.        

Қазір сондай еріксіз келістің бірі Есенқұлдың есіне түскен. Түнеу күні, Найденов оған көзiн салып, мынаған қалай қарайсың дегендей, алдына Қапал уезiнiң бастығы Павловтың осы туралы жазылған жарлығын тастап:           

– Осы бiр үлкен «нарушениеге» байланысты қызметтiк тексерiс жасаңыз деп уезд бастығы маған тапсырып отыр. Оның осыған сәйкес  тағы да, мынадай жарлығы да бар! – деді, әзәзіл даусын соза түсіп, масайрағандай болған түрін Есенқұлдан жасырмастан. Өзi осылай деп арық тарамыс қолдарымен самайынан төмен қарата бүкiл жағын алып тұрған сап – сары, кей жерлерi шалалау сияқты болып көрінетін, кей жері қызғылтау, кей тұсы жирендеу келген бакенбардысын сипап қойған.                                                    

Есенқұл оның мұнысын жақтырмай қалды. Найденовтың мұнысын бiр нәрсе дәметiп отырған адамның қылығына ұқсатса да еш сыр бермеген. Есенқұл оның дәмесін түсінбейтін адамша міз бақпаған күйі отыра берген еді.

Бұл жолы да Есенқұл оның айтып отырғандарына онша ден қоймаған адамша, көп күттiрмей: 

– Дәл солай ояз мырза! Мұғалiм орыс тiлiн жақсы бiледi. Оның үстiне балаларды да жақсы оқытып жүр. Оған ешқандай да талас жоқ – деп ақтала сөйлеп, тезірек осы жерден кетуді ойластырған. 

Сол, сол–ақ екен, Найденов бұған дүрсе қоя бермесi бар ма. Ол бас кезде айқайды сап, адамның апшысын қуыра: 

– Прекратить! Всякой чепухой заниматься. Впредь Вам всем запрещаем самовольно заниматься подобными безобразиями! Все это нежелательно и самодурство! – деп, жаңа ғана бiресе күлiмсiреп, бiресе масайрап күлiп отырған неме енді басқаша көпірді. Ол Есенқұлға осылайша шап – шап етіп сөйлеп, тап – тап берiп шыға келген.

Имиген сарыға да айтылатын сөздің әлі де жеткілікті екендігін білген Есенқұлдың ұнжұрғасы тіптен түсіп кетті.   

Найденов мұнымен де тоқтамай, қайта – қайта Есенқұлды тергейтін адам құсап:

– Сендерге кiм рұқсат берген мектеп пен мешiт салуға. Ол болмайды, тiптен де ондайға рұқсат жоқ – деп, сөзді осымен доғарардай қып сөйледi.            

Осы кезде Есенқұлға бiр қулық келгендей болды. Ол «қайындағы күйеуден қарғылаған тазы артық» дегендей қып, өзi әкелген бұрынғы кездегi қағаздарды ояз көмекшiсiне көрсетiп:  

– Бұл мектеп пен мешiт бұрыннан бар. Оларды салуға да, ашуға да мiнекей рұқсат қағаздар – деп, Найденовқа бiр бума қағазды ұсынып жатып, оның бетіне наразы жүзбен қарады.

Аяқ астынан мардымси қалған ояз көмекшiсi тiптен бұл қағаздарға көңiл аудармастан, өзінің үйреншікті сөздерін ары қарата жалғастырған.

Найденов өзінің ұзын, жирен бакенбардысын қайта – қайта сипай отырып, қаны қашқан, ызалы жүзiн Есенқұлдан бiр тайдырмастан, осы жолы сiз деп сипақтатып, онан бетер ұнамсыз сөйледі.

Найденов енді:            

– Мен сiзге орыс тiлiнде айтып тұрмын. Кiм сiздерге үлкейтемiз деген сылтаумен жаңа мектеп пен мешiт салуға рұқсат еттi. Оларды кеңейтiп қайта салуға да, оған жан – жақтан мұғалiмдiкке адамдар жинауға, бала жинауға тіптен оқытуға рұқсат етiлмейдi. Ал, қазақ класында оқитын балаларға орыс тiлiн қазақ мұғалiмнiң оқытуына тiптен де рұқсат етiлмейдi. Осының бәрi Қапал уезi правителiнiң мына жарлығында жазылған – деп, иегiмен столда жатқан қағазды меңзегендей болды.              

Мына сөздерден кейiн Есенқұл тiптен сасып қалды. Тұрпайы мінез көрсетіп тұрған Найденовқа «бұл қалай болды?» өзі дегенді тілі күрмеліп әрең айтты.

Есенқұл ояз бастығының көмекшiсiнің қылығына қатты күйінсе де, не айтарын білместен, оның бетіне қарап, аңтарылып қалған сияқты. Оның дөңгелектеу келген бет жүзi бiресе қызарып, бiресе қан – сөлі қашқандай боп, сазарып шыға келген.

Ашу қысқан Есенқұлдың үні булығып, әрең шықты. Ол шаршап – шалдыққан түрмен:      

– Мұның өзі қалай болды, ояз мырза? Осылардың барлығы бiзде бұрыннан берi болған едi ғой. Бұлардың барлығына бұрын да рұқсат қағаз алынған. Бар нәрсеге қайта – қайта рұқсат ала береміз бе? Бұлай бола берсе сiздерге елдiң ренiшi күшейе түседi  – деген еді.

Найденов Есенқұлдың сөзін немқұрайдылық таныта тыңдады. Тіпті ол шамданған үстіне онан сайын шамданып:

– Қарай гөр өздерiн! Елмен мына бiздi бiздiң әкiмшiлiк жүйемiздi қорқытпақ болады. Бұл барып тұрған самодурство! Ең соңғы лаңкестiк әрекет болар! Бiздi аттап өтiп, бiлгендерiңдi жасағыларың келедi. Ондайға жол бермеймiз! – деп, әдейi бір жағынан қыр көрсетіп, бір жағынан қоқан – лоқы көрсете айтты. Бұған енді Есенқұлдың айтары болмады. Ол не дерін білместен, жаны құлазып, ойы ойсырап шыға келген. Жалғыз-ақ бар бітіргені, екі иығын кезек – кезек қиқаң еткізді де кетуге асықты. Екеуара әңгіме де осымен аяқталғандай болды.        

Есенқұл ояз бастығы көмекшiсiнiң кеңсесiнен шығып бара жатып, әдейі естіртіп:  

– Бiздi басқарып отырғандардың түрi мынау болса шекемiз қызған екен! – деген сөзді қазақшалап, оған сес қып айтып, есікті қатты серпіп жапты да, шығып кетті.

Ол тысқа шығып ашуын әлі баса алмаған күйі біраз тұрып қалған еді. Жаңағы өзі шыққан кеңсе жаққа қарап, амалы таусылғандай боп, күрсініп те алды. Бойындағы бағанағы ашу әлі тарқар емес. Мына біреулері де қараптан – қарап тұрып, көңілін бір жола қалдырғандай етті.

Есенқұл енді не істерін білмей қалған сияқты. Жан – жағына қарамастан, меңірейіп біраз тұрды. Сондайлықты жағымсыз бір жағдайды өз басынан кешіріп тұрғандай күйде еді. Өзін осы араға мазақ болып келгендей сезінген. Соған бір жағы намысы келген. Кеудеге толы ашу мен ыза қазандай қайнап, ішкі дүниесін басқан ауыр зіл ашты запырандай кернеп барады.

Есенқұл осы қалпы біраз тұрды. Іштегі шер, ашу – ызамен қатар келіп, аз да болса тарқағандай екен. Қазір еңсесі түссе де, жігері мұқалмаған қалпы сияқты.

Енді бір сәтте ол жан – жағына тіксіне қарап алды да, байлаулы тұрған атына мініп, бұл жерден аулаққа жүріп кетті.

Ояз басқармасынан кетіп бара жатып, Есенқұл артына бір қараған жоқ. Сол қалпында бей – жай бір күйде кете барды. 

 Алғашқыдай емес, сергелдеңге түскен Есенқұлдың беті әбден қайтып қалған. Бұрынғыдай талпыныс жоқ, жер болып, қайырылған. Ендігі үміт дейтін, үміті өшкен. Салы суға кеткендей боп, өзіне – өзі бұл іске енді кіріспеуге, ояз басқармасына келмеуге серт беретіндей болып келе жатыр.  

         Ояз қызметкерлерінің айтар сөзінің төркіні өзіне белгілі болғаннан кейін Есенқұлдың да басына сан қилы ойлар келген. Ояздағылар болса мектеп салуға көнбейтін сияқты. Оны қинаған осы болды. Амал жоқтықтан, не істерін білместен, ол үйреншiктi әдетпен Барлыбекке хабар жiберейiн десе, ол осы кезде Верныйда жоқ болып шықты.

           Барлыбек «берi қарата ел iшiне шығып кетті» дегенді естіді.                                                                 

Барлыбектің келетінін естіген Есенқұлдың үміті жана бастаған. 

Барлыбек өзi қызмет iстейтiн жерiнен демалыс алып, Арасандағы елiне келе жатыр деген хабар да, оның өзінен бұрын келiп жеткен.             

Есенқұл бiр жағы тағы да, Қапал оязындағылармен Барлыбектiң арасында болайын деп тұрған айтыс пен кикiлжiңдi ойлап қиналса, тағы бiр жағынан Барлыбекке де жаны ашығандай болған.

«Көсенi үйге кiргiзбе, артын жерге тигiзбе» дегендей, бiр Барлыбектi отқа, суға, дауға да айдап салғанымыз қалай болмақ. Осы мектептің ашылуына да Барлыбек көп кірісті ғой. Әйтпесе, өңшең сумақай немелер дес бермейтін еді. Біресе бір рұқсат керек десе, оның жұмысы бітпей жатып тағы бір жаңасы шығады. Ол рұқсат басқаша сөйлейді, соның бәрінің артына түсем дегенше, өзің де шаршап, құрысыншы деп қолды бір сілтейсің. Барлыбек соның бәрін өздеріне жөндеп берді. Ендігісін тағы сол кісіні жағадай бергеніміз ұят болар» деген ойдың жетегіне түскен Есенқұл бұл арада, әзірше Барлыбекті мазаламауға тоқтаған. Әуелi қолдан келгенше, Барлыбек жеткенше, Қапал оязындағыларын өзiмiз айналдырып көрелiк» деп те ойлаған. «Келе жатқан Барлыбек ешқайда қашпас, кiрiсер жерге керек кезiнде оны да iздеп табармыз» дегенде  ғана барып өз пікірінің дұрыстығына көзі жеткендей болды. Тіпті ол осы жайында алдымен Сейiтбаттал қажымен ақылдасқанды жөн көрді.

Сол есеппен Есенқұл таң сәріден тұрып, Қапалдан бері қарай аттанып кеткен. Оның бет алысы Арасан жақ, онан қалса Суықсай маңы. Бір тапса ағасын сол маңайдан табады.

Ағайынды Мамановтар осындай мәселелерге байланысты жиі кездесуді ғадетке айналдырып кеткен.

Есенқұл салған бетте ағасына Қапалда болған жағдайды бүкпесіз баян еткен. Әңгіме арасында, оның ауыр тұстарын қиналса да, айтып шыққан. Соларды айта келе ол: 

– Мына бiр iстiң өзi соңғы кезде iркiлiп, бiр орнынан қозғалмай тұрып қалды. Өзiмiзге қарасты, бiзге салар iс болса бiр сары. Ояздағы өңшең жемқордың әупiрiмiне түстi. Ендi немен тынатынын бiр құдай бiлер?! – деген.

         Сейiтбаттал iнiсiнiң әбден мезі болған әңгімесін аяғына дейін тыңдаған. Арасында оның сөзін бөліп, бұл әңгімеге кіріскен жоқ. Тек әңгіме айтылып болған соң ғана сөзге кіріскен.

            Сейітбаттал ішінен, інісінің бұл жолғы таусыла сөйлегенiн мақұл көрмеген. Қайтсе де, оны бұл райдан қайтаруға бекінген. Інісінің қазіргідей көңілі хош көрмейтін іске бет бұрмастай болып отырғандығына да таңырқамаған. Өйткені замана ағымы осылай болып тұрғандай.

            Заманның қазіргідей сұрқиялығын да Сейітбаттал білмейді емес, біледі. Бiр жағынан ол осы кезде Есенқұлдың амалы таусылғандай боп, лажсыздықтан сөйлегенiне кейісе де, оны жігерлендірудің жолын іздеп отырған сияқты. Бірақ Сейітбаттал да ішінен тынып: «Қайтсiн, өңшең ояздың құзғынының арасына кiрсең болғаны жемтiкке үйiр болғандай, бiрдеме дәметедi. Солар ғой кеше ғана салынар мектептің жайын ойлап, жанып тұрған кiсiнiң салын суға кетiргендей болған. Әй, оңбас, өңшең малғұн!» деп, ызаланып та қалған. Бiрақ Сейітбаттал болыс онысын iнiсiне байқатпайын деген сыңаймен:                

– Есенқұл қарағым! Бiр бастаған iстi аяғына жеткiзбесек болмас. Әйтпесе елге күлкi, дұшпанға таба болармыз. Мүмкiн ол арам ниеттiлер өзiң айтқандай бiрдеменi дәметiп отырған болар. Олай болса иттiң балаларының құлқынына жем тастау да керек шығар. Оған несiне ренжисiң, заманның өзi сол болып тұр ғой – деп, күмiлжiп отырған Есенқұлға қанша жиiркенiштi, жүрек айнытар болса да, осы тығырықтан шығар ең оңай жолдың шетiн нұсқап, оның жолын көрсеткендей қылды.

Ояздағылардың жасаған жәбiрi мен көрсеткен қылықтарынан әбден мезi болған Есенқұл:  

– Әй, бiлмеймiн, ояздың қайсы болса да, кiмге салсақ та, құлқыным таза дей алар ма екен? – дегенді айтып, мезі қылған істен құтылудың амалын іздестірген едi. 

Сейiтбаттал Қапал оязындағылардың Есенқұлды тағы да, әбден әбiгерге түсiретiнiн бiлiп, енді сол тығырықтан шығар жолды көрсетпек болған ниетпен:

– Әй, қарағым-ай, солардың қылығы етенеден белгілі емес пе еді? Оның несінен именесің, оларға тілегенін жасау керек – деп алдымен оған ой салғандай етті. Сол себеппен ол Есенқұлға өтiмдi кеңес айтуды көздеп:                  

– Ешкiмге дабыра етпей–ақ, сойқандарға керегiңдi қамдай бер. Өзге тiрi жан бiлмесiн. Әйтпесе басқа пәле табу бұл күнде өте оңай – деп ақыл айтты. Осы бiр өздерi үшiн ыңғайсыз, ұяттау iске бармаса, керекті істiң қараң қалатындығын көрсеткендей болды. Ақыры осыған келіскен.

Осыдан кейiн барып, Есенқұл қайта айналып Қапалдағы ояз басқармасына барған. Олардан рұқсат қағазды алу үшiн құлқындарына жем тыға бастаған. Өйтпеске болмайды, уақыт тығыз, жаз болса бітуге тақалды. Келесі жазға дейін біраз жұмысты өндіріп тастамаса, бұл жақтың қара суығы ерте түседі. Суық басталғаннан кейін жұмыстың да берекесі кетеді. Есенқұлдың асыққаны осы болды.        

Есенқұл қанша асыққанмен де, әсiресе Қапалдағы ояз бастығының көмекшiсi болып iстейтiн Найденовпен тағы да кездесетінін ойласа болды жүрегі май ішкендей айнып қалады. Оның жиіркенішті түрін, адам сүймес қылығы есіне түссе болды Есенқұл қынжылған үстіне қынжыла береді. Тіпті жүрегі бірде май ішкендей болса, бірде аузына запыран құйылғандай боп, лоблып кетеді. Сол жылмақай отырған жаққа беттегісі жоқ.

Қаншама келгісі келмесе де, ақыры Есенқұл ояз жаққа тағы келген. Сол бір сумақай Найденовпен кездеспеймін десе де, бәрібір кездесуге тура келді.

Жүрегі реніштен жарылардай болған Есенқұл сол сойқанмен қайта айналып кездесуге намыстанған еді.

Бүгін Найденовтың алдына барды. Өзінің масқарасы шығып, жер болғанына намыстанғандықтан болар, булығып Найденовқа бірдене айтуға бата алмастан кібіртіктей берген еді. Өйткені, әне бір өзі үшін әбден жиренішті болған кісінің тірі өліктей сұлбасын көргісі келмеген. Бірақ амалсыздан барды. 

Осы бір адаммен қайта айналып кездесу Есенқұлға қияметтей қиын болса да, оған ары бармаса да мектеп салу үшін барды. Енді қайтсін? Көрмеймін дегенін көрді. Бермеймін дегенін берді.

Бір жағынан сол сұмның құлқыны су жүрмей кеуiп қалған ескi арнадай болып, қанша пұл мен ақша берсе де, қомағайлана жұта беретiн, түпсiз терең көрiнген.

Есенқұл оның осындайлық жиiркенiштi түрiн есіне алып: «өзi бiр ала бергенді жақсы көретін найсап екен!» деп, оның арам ниеттi пейiлiне ішінен лағнет айтумен болған.

Найденовпен ол осылай кездесіп, осылайша ажырасқан. Ішінен тілін каллимаға келтіретіндей қып: «Көптің тілеуі бөлек, қалай да бөлек қой» деп жүріп, ақырында оны да істеді.

Соңында мектеп пен мешiттi жаңартып салуға рұқсат берiлiп, керектi қағаздары Есенқұлдың қолына тиген. Тек қана қазақ балаларына орыс тiлi пәнiн қазақ мұғалiмнiң жүргiзуiне тыйым салынған. Бұған қанша күш салғанымен Есенқұлдың шамасы жетпеген.                                                                                                                 

Осыдан сәл бұрынырақ, Меке сапарының алдында ғана Есенқұл немере ағасы Құдайберген екеуi, бiр жағы Барлыбектiң берген ақылымен Уфа қаласына барып қайтқан. Ондағы «Ғалия» медресесiнiң құрылыс жобасын, оқу жоспарын, оқу құралдарын, iшкi тәртiп ережелерi үлгiсiн алып қайтқан еді. Сонысы жақсы болды, кәдеге асты.

Бұдан бұрын да, Есенқұл Барлыбектiң көмегiмен Верныйдағы ерлер гимназиясынан көретіндерін көрiп, керектiсiн мектепке пайдалану үшiн алдыртқан болатын.

         «Мамания» мектебiнiң сабақтары «Ғалия» медресесiнiң сабақ жоспарымен өткiзiлетiн болып бекiтiлген. Сол медресенiң үлгiсiмен барлық жаңа пәндер мұнда да оқытыла бастаған. Мектепте орыс тiлiн үйрететiн кешкi курс ашылып, оған Қарағаш қыстағында тұратын ересектер де қатыса алатын болды.  

         Осылайша жаңа мектеп үйiн салу жұмысы басталып кеткен. Бiр жағынан мектеп құрылысы жүрiп жатқанына қарамастан, ескi мектеп үйiнде оқыту жұмысы тоқтаған жоқ.

          Бұл жолы да, мектепке бай баласымен қатар оқуға жарлы мен жақыбайдың да баласы бірге келді. Мұндайларға жол көрсеткен орысша оқу оқып, жаңаша білім алған Барлыбек пен Тұрлыбек, онан қалса Лепсіден шыққан Мұхамеджандар сияқты үлкен оқу оқып, көзін ашқан жергілікті кісілердің үлгісі болды. Соларға қарап нағыз тоң мойындар да жібіп балаларын школға бере бастаған.

          Бұрындары оқыса жетім оқысын деп балаларын өкіметтің тегін оқуынан алып қашқандай болған бай – манаптар мен ауқатты атқамінерлер де бұл күнде ондай райынан қайтқан секілді. Олар да оқудың нағыз қадірін түсініп, балаларын оқуға бере бастаған еді. Ел арасындағы оқуға деген талпыныс, мектепте оқитын балалардың санын көбейте түскен. Оқимын деген ынтасы бар балаға бұл кезде Қарағаштағы мектеп тарлық жасай бастаған.

          Енді жаңа мектептің салынуымен біраз істің беті бері қарағандай болған. Елдегі, көптеген ауылдардағы жетім балаларға да мектеп қабырғасынан орын көбейіп, жылдағыдай олар осы мектептің қасындағы тұрақты жәй – пансионатты паналайтын болды. Ондағы тегін ас – су мен жатын орын оқушы балаларға тегін оқуды да меңгеріп кетуге оңтайлы болатын.

           Жетісудың бір түкпіріндегі «Мамания» мектебі тағы бір оқу жылына осылайша ашық деп жарияланған еді.

           Бұл хабар тез арада ел ішіне тарап кетті. Ел бір – біріне бұл қуанышты хабарды жеткізіп, сүйіншілерін сұрасып жатқан көрінеді.

           «Мамания» мектебінің аты дүркіреп шығып, Жетісу жерінен әрі асып, күллі қазаққа тарап жатты.

             Олай болса мұндағы талай шәкірт бала қаріп танып, білім бұлағынан сусындауға даяр болғаны ғой.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жетінші тарау

 

 

 

 

 

 

Қайда жүрмесін Ғұбайдолланың көкейінен өзінің туған халқының тағдыры бір кетпейтін. Соның ыстық – суығына бірдей күйетін. Қазіргі уақыттағы қазақтан шыққан патша шенеуніктерінің ішіндегі ең ірісі де, халықтың қамына бейімі де осы Ғұбайдолла болатын.

Міне, енді сол баяғы жер мәселесі туралы Бақытжанға берген уәдесі бойынша оны патшамен жолықтыруды ұйымдастырып жүрген де осы Ғұбайдолла еді.

Қазіргі уақыттың патша үшін өте қиын уақыт екенін Ғұбайдолла сезеді. Айналасы екі – үш жылдың ішінде Россияның іші қайнаған қазандай болып кетті. 1905 жылғы револиция біте бергенде келесі жылда, онан кейінгі жылдарда да революция деген атпен келетін аласапыранға ұқсайтын сапырылыстың бір таусылмай-ақ қойғаны ғой. Бірінен – бірі асып түсетін, жойқын күшті өрт жалыны Россияны тұншықтырып тастаған.

Ұлы Империяның астан – кестені шығып, адам қаны бекерден – бекер төгілді.

Жығылған үстіне жұдырық деп, Россия қиыр шығыстағы Жапониямен болған соғыста да жеңіліс тауып масқарасы шықты. Осыдан кейін жолы болмағандай қайта – қайта сәтсіздікке ұшырап, бірінен соң бірі басталып кеткен революциялардың астында қалды.

Осы бір Россия үшін қолайсыз кезді Мемлекеттік Думаның мүшесі, князь В.М. Пуришкеевич сол кездегі Дума мәжілістерінің бірінде қатты сынап, өз сөзінде былайша сипаттаған еді. Бұл кез сол айтқандай: «Россияның басына түскен өте бір қаратүнек күндер» тізбегі болып шыға келген.

Пуришкеевич сияқтылар Мемлекеттік Дума, Мемлекеттік Кеңес пен Министрлер Советіндегілерге елдегі жағдайды патшаға ашық айтуды сұрап, сарай маңындағы өңшең көзбояушылардың ел ішіндегі жағдайдың шын бейнесін көрсетпей, қайта оны бүркемелеумен келе жатқандарына ызалы үндерін білдіріп жатты.

Сондайлардың пайымдауынша: «Елдің ішіндегі басқару тәсілдеріндегі ақаулардың салдарынан Россия анамызға жоғарғы жақтан ауыртпалықтар әкеп, қысым туғызып отыр» деген қауесет те ашық айтыла бастады. Олар сөйткеннен кейін басқалары да, қарап қалмай, солай деп бірауыздан шуласты. Онымен де қоймастан мұндайлар елдің ішіндегі бейберекеттіктің монархиялық биліктің тамырына балта шапқандай болатындығын да жасырмаған. Өздері соған кәміл сенетіндігін білдіріп, сол үшін қарсы күресуге елді көтермекші де болатын. Бүйте берсе оларға бұл өкімет те түбінде шіріген ағаш сияқты өзінен – өзі құлайтындай көрінген.

Бірақ осындай бас көтерулерге байланысты істелген істер аз да болса анталаған елдің көңілін басқаға аударғандай болды. Аударғанда қандай, тіпті көпшіліктің революциядан мезі болған көңіл – күйі бір мезет су сепкендей басыла қалған секілді.

Бұл кезде жанталасқан «патша ағзам» қалайда елді тыныштарғысы келіп, оңды – солды манифест пен рескриптерін империя тұрғындарына бірінен соң бірін жолдаумен болды.

Соған  қарағанда патшаның да, оның қоластындағы билеушілердің де шындап сасқаны білініп қалды.

Халықты сондаймен уақытша болса да алдаусырата тұрғысы келген сомодержавие тіптен аянбастан осыған кіріскен еді. Билік біткен тіптен шектен аса көлгірсіп, халыққа тәтті уәде берумен болды.

Патша ағзам біресе «мен сендердің жағдайларыңды білгім келеді, маған соны айтыңдаршы?» десе, біресе «тек тынышталыңыздар, сонда мен сіздерге барлық бостандықты берем. Сөз, баспасөз, ар мен ождан, сайлау тағы басқа да демократиялық бостандықтарды аямай берем!» деп, көп – көп уәделерін бірінен кейін, бірін халыққа айтып жатты. Патшаның бұл жолғысы да: «мені аясаңдар еді» дегендей боп шықты. Енді патша ағзамда баяғыдағыдай менмендік пен немқұрайдылық атымен жоғалған сияқты. Тәкаппар, аяғы жерге тиместен, көкте самғап жүретін патша екем енді  жоғарыдан төмен, өзі отырған тақтан, ел жаққа телміре қарайтын болды.

Соған қарағанда патша осы жолы шын сасқан болу керек. Ал патшалық билік сияқты үлкен мансаптан «айрылып қаламын» деп сасқан адамның түрі қоластындағыларына алабөтен болып көрінетіні анық. Государьдің бұл тұста әр қашанда ашулы, әмбе ызалы болатындығының себебі осыдан болса керек.  

Әрине ол елге белгілі жағдай еді.

Олай болса осылайша берекесі қашқан патшаға жолын тауып қалай жолығарсың. Мұндай жағдай Ғұбайдолланың басында сан рет болған. Бірақ соған қарамастан қандасына, досына, танысына, тіпті бөтен діндегі кіріптар адамдардың барлығына қолынан келген көмегін ол аямайтын. Тіптен, кейде көзі көрген жерде мұқтаж боп тұрған, танымайтын сан адамға өзінің қолдан келгенін істеп, көмегін беретін. Оның мұндай көмектері кәдімгі ақшадан бастап, жәрдемдердің сан алуан басқадай түрлеріне ауысып жататын.

Ал Ғұбайдолланың ендігі қолға алғаны өзі үшін жасалмақ дүние. Өзі үшін дегені, өзінің туған халқы үшін болғалы тұр. Сондықтан да оған бүгінгі күннің жәйі бөлек болып тұр. Бұл жолғы оның патшамен кездескендегі айтылмақшы әңгімесі де өз қазағы жайында болмақшы. Сондықтан бұл жолы Ғұбайдолла ешкімнен де, ештенеден де, тайынбайтындай көрінеді.

Ғұбайдолла көптен бері осындай күйді басынан кешіп жүрген. Онысы қызмет басында жүргенде, қалайда өз халқына қол үшін беріп қалу еді.

Халқының аянышты жағдайы Ғұбайдолланы да қатты толғандыратын. Кезі келгенде ол алдымен өз қазағының күйін күйттеуге бүйрегі бұрып тұратындығы содан болатын. Оның осындай ойына – ой қосқандай болған, әмбе бір жағынан түрткі болған тағы да Бақытжан еді.

Бақытжанның «патшаға жолығу» деген сөздері Ғұбайдоллаға да ой салғандай етті.  

Бірақ қазір Ғұбайдолланы қинап тұрғаны, елдегі жағдайдың бет алысы болатын. Онысы елдің бәріне белгілі жай еді. Дәл қазір патшаның күйі кетіп тұрғаны рас. Күйінің кеткендігі сондай, бұрын – соңды болмаған күй. Патшаның қарақан басымен қайғы болып кеткен кезінде онымен сөйлеспек түгілі, кірудің өзі қиын болып кетті. Олай болса Бақытжан айтқан патшамен кездесуге осының бәрі кедергі болатын сияқты.

Сонда Ғұбайдолла, Бақытжанға мұны қалай түсіндірмекші? Не айтып, не демекші? Тіпті оның айтқанына, өз бетімен жарытып, не айтпақшы?

Осындай «байтал тұрмақ, бас қайғы» болған, қиын кезде патшамен екеуінің арасында татымды әңгіме бола қойса жақсы. Әмбе, қазіргі Россияның ішінде болып жатқан сұмдыққа байланысты патшаның да бар абыройы бәсеңсіп тұрған кез. Патша отбасының ғасырлар бойы жинаған даңқы құрдымға кете бастаған. Патшаның осындайлық кетеуі кете бастаған күйін біле тұра, одан қарқымды бір мәселені шешіп беруді сұраудың өзі «буынсыз жерге пышақ ұрғанмен тең». Бұл жайында ол патшаға қалай айтпақ? Ғұбайдолланы қинайтын да осылар.

Әсіресе, соңғы кездері Россияның ішкі өмірінің берекесі кетіп тұрғанын Ғұбайдолла күн сайын көріп жүр. Қазіргі жағдайда империяның түлен тұтқандай болып тұрғандығы айтпай-ақ белгілі.

Ойламауға, қайғырмауға өзінің мұршасы жоқ. Өйткені барлық өмірі, тек қана Россияға байланысты өтіп жатса. Ұлы державаның адал ұлы болуды алдына мақсат етті. «Не үшін?» десе, туған халқы мен ел – жұртының тағдыры да Россиямен бірге болғандықтан да шығар?  Россияға шапқан жау өзінің де жауы, қазағының да жауы болып көрінетін.

Бұлай ойламауға Ғұбайдолланың хақысы жоқ. Шыр етіп, жарық дүниеге келгеннен бергі ойы да, арманы да тек қана Россия болып өтіп жатыр.   

Ал қазір сол Россияға не көрінді? Кетеуі кетіп, абырой мен даңқы бәсеңси бастаған державаның қал жағдайы да барынша мүшкіл сияқты.

Ғұбайдолла үшін Отан болып саналатын Россияның осындай қалы өзіне оңай тимейтіні рас. Ол әр кез бұған қынжыла қарап, қатты ойланатын болып жүр.

Ана кезде өткен Мемлекеттік кеңесте, патшаның өзі Россияның алдында тұрған үлкен қауіпті айтты. Жай айтқан жоқ. Сасқанынан айтты.

Патшаның сондағы түрі «өрт сөндіргендей» еді. Николай Екінші Лейб – гвардия әскерінің жай ғана хаки түсті, далалық формасын киіп келіпті. Баяғы салтанат, баяғы шірену атымен жоқ. Бүкіл кеңес бойы оның қабағы бір ашылмады.  

Ғұбайдолланы патшаның түрін көріп, елдегі жағдайдың мәз емес екендігіне онан сайын сене түскен. Патша да сонысын ашық айта алмастан қысылып, қымтырылып тұрғандай көрінген.  

Сонда Ғұбайдолланың көңіліне бір ой келгені бар. Онысы: «Шынымен де, отарлық елдің иесінің жағдайы былай болса, оған тәуелді елдің күні не болмақ?» дегені еді.

Осыдан кейін оны: «Мұның арты қандай сұмдыққа әкеліп соқтырар екен?» деген ойлар мазалай берген. Баяғыдағыдай жан – жағын тітіретіндей қуатты держава құрдымға кетсе, қазағымның жайы не болады? Қазақтың арқа сүйейтін бұрынғы күшті бас иесі, бұл күнде өз басымен өзі қайғы болып жүрсе, онда не болғаны?

Ғұбайдолланы қазір толғандыратын осындай ойлар. Бір жағынан бейшара қалдағы қазағына жаны ашыса, бір жағы кетеуі кеткен империяға да жаны ашиды.

Ғұбайдолланың басында қазір осындай ойлары көп. Өстіп өрбитін ойлар күн сайын өзгеріп, сала береді. Бірақ солардың ішінде көңілге қонымдысы жоқ. Осы ойлардың арты көмескі, ел үшін түк жақсылығы жоқтай болып көрінеді.

Осындай сәттерде, Ғұбайдолла үшін айналадағы дүние тарыла қалғандай болып сезіледі. Ол біресе елді басқаруға дәрменсіз болып қалған Государьдің тағдырына налыса, бір жағынан оның осындайлық аянышты күйіне жаны ашығандай болады.

Сондай кезде, Ғұбайдолла патшаның айналасындағы толып жатқан дарындысы мен дарынсызы аралас министрлерінің қазіргідей тірлігіне қарны ашып, қынжыла бастайды. Әсіресе, соңғы жылдары патша сарайына неше түрлі әдістің арқасында кіріп алған жалған сәуегей Григорий Распутиннің патшайым арқылы державаның түбегейлі істеріне  араласып жүргеніне іші удай ашиды. Тіпті, министрі бар, басқасы бар, ел билігінің құлағын ұстағандардың өз істерінде аса немқұрайдылық танытып отырғандығына да оның зығырданы қайнайды.

Былайша келгенде билік басындағылардың осындайлық аяқ алысына соңғы кездері Россия халқының көпшілігінің көңілі толмай қалғаны содан да болар.

Кейде, Ғұбайдолла өз – өзімен қалғанда, көңіліндегі тұнып тұрған ауыр ойлардан серпіле алмай қалатын. Толғауы қиын, сұмдық бір ойлар өзінің бойын билеп алғандай сезінетіні бар. Ол соңғы кездері бұл  күйінен арыла алмай-ақ қойды. Қазірде, ол осындай күдікті ойлардың шырмауынан шыға алмай қалған.

Ғұбайдолла өзін қатты шаршағандай сезінеді. Соңғы кездері денсаулығы да сыр бере бастаған.

Он төрт жасынан бастап Россияға қызмет жасапты. Ал жасы болса бұл күнде алпыс бестен асып барады. Содан бері бір тынбай келеді. Өмірінде шаршауды білмеген еді. Соңғы кезде осындай жайсыз бір күйді басынан кешіп жүргені бар. Мұнысын өзі сезіп те, түсініп те, жүрген сияқты. Көбінесе мұндайдың бәрін қартайғандықтың белгісіндей көретіні де бар.

Кейде өзін – өзі қайрап та қоятыны бар. Ондайда «өзімнің шыққан жерім мен халқыма әлі де бір қажетім болар!?» деп ойлайтын.

Бақытжан хабарын естісімен, Ғұбайдолла оған өзінің берген уәдесінің мерзімі таяп қалғанын есіне алған. Бірақ сол хабар мен бірге әралуан, қиын іске кірісер алдында қалайша қимылдау керек екендігін іштей сараптағандай болды. Ол Бақытжанды патшамен кездесуге асықтырғанымен, Қысқы сарай ішінен әрнәрсені естіп қайтатын. Соларға байланысты ол Бақытжанның Государьмен кездесуін ұйымдастыру үшін алдымен патша сарайының коменданты Дедюлинмен сөйлесіп алуды жөн көрді. Сонан кейін барып, Император сарайының – сарай істері министрімен де бұл жайында ақылдасуды ұйғарған.

Ендігі кезек – Ғұбайдолланікі сияқты болып шыққан. Ол Бақытжан қозғаған бұл мәселенің елге қажеттіліктен туындағанын және ел үшін аса керектігін ескерген. Қазірде соны қалай іске асыруды ойластырып тұрған. Мұның бәрін қалайша патшаға ұғымды етіп жеткізудің жолын қарастырып, көкейіндегі көп ойдан арыла алмай отырған.

Бөлме іші қаракөлеңкеленіп, алакеуім тарта бастапты. Ғұбайдолла көңілі де осы күңгірт тарта бастаған бөлме ішіндей сұрқай тартып тұрған секілді.    

Осындай ойлардың құшағында отырған Ғұбайдолланы арт жағынан шыққан сыбдыр «селт» еткізгендей болды да жаңағы ойлары кенет үзіліп кетті. Осы кезде өзі отырған кабинеттің есігі айқара ашылды. Ішке біреудің кіріп келе жатқанын байқаған Ғұбайдолла жалт қараған. Арғы жақтан өзіне таныс бейнені көрді.

Өзіне наздана қарап тұрған әйелді байқап, Ғұбайдолланың түсі жылып сала берді. Сол екі ортада, оның өзі де отырған жерінен қас қағым сәтте,  жас жігітше атып тұрды.

Жасы жетпісті алқымдап қалған Ғұбайдолла әлі де болса тың көрінеді.

Сұңғақ бойлы генерал, атпалдай, зор денесін жеңіл ұстайды екен. Осыншама жасқа келген адамның барлығы бірдей мұндай қимылға бара алмайтындығы белгілі. Ғұбайдоллаға мұны үйреткен көп жылғы әскери дағдысы болса керек.

Тез арада ол, онсыз да аса сұңғақ бойын тіктеп, үнемі әскери тәртіпке үйренген ықшам денесін тез жинап алды. Енді қазір көп жылғы сап түзеп, шеру тартып жүретін дағдысынша, көсіле адымдап, екпіндай жүріп, есіктен кіріп келе жатқан әйелге қарама – қарсы беттеді.

Келіншек те, Ғұбайдоллаға жақындасымен тез – тез басып кеп оның мойнына асыла кетті.

Алдымен бұл әйелдің жүзінде өте сирек білінетін бір езу күлкі үйірілгендей болды. Ондайлықты құбылыс оның өзіне ғана жарасатын белгі секілді.  

Әйел аса толық та емес, балғын денелі, үп – үлкен көздері тым ашық көрінетін, әдеміше екен. Бір қараған адамға орта жастан асқан әйелдің көркі де өзіне сай, аса сүйкімді жан болды.

Бұл келіп тұрған, Феодосия ханым – Ғұбайдолланың некелі жарына айналған, құдай қосқан қосағы. Екеуінің қосылғанына біраз болған.

Ғұбайдолланың – Феодосияға деген  көңілі де ерекше еді. Оны жанындай жақсы көреді. Осыдан соң біле бер, бұл әйелдің ол үшін кім екендігін?

Бұл әйел Ғұбайдолла үшін де бүгінгі күнгі ең жақын адамы іспеттес. Шын ғашығы да, өмірлік серігі де, құдай қосқан қосағы да осы әйел. Онымен қоса досы да, сырласы да осы. Тіпті, мұңдасы да, бір өзі.

Қартаң тарта бастаған кавалерияның толық генералына құдайдың өзі жарылқап бергендей болар бұл жанды. Ғұбайдолла солай ойлайды.

Ғұбайдолла көп жылдар бойы үйленбестен, жападан – жалғыз өзі толғанып жүрді. Үйленетін уақыт өзінде болмады. Мүмкін уақыт емес, көңілінен шығатын қалыңдық болмаған шығар?

Ғұбайдолланың әскери өмірі біріне – бірі жалғасып, жылға – жыл қосып өтіп жатты. Жылдар да зымырап, жан – жағына қарауға да мұрша бермеген. Үй болып, үйленуге де, бала сүйіп, қызығын көруге де, уақыт болмапты. Уақыт болса, болған шығар. Бірақ, соның ыңғайы болмаған сияқты. Ғұбайдолланың өмірі енді басқаша міндетке ауысып кеткендей еді. Жастайынан ата – анадан айрылған, кешегі атақты хан баласы келе – келе өз жұртына өгей болды. Сөйтіп жүріп, басқа жұртты тапты. Ол жұрттың аты – Россия еді. Өзіне туған анасындай болып кетті. Сол тапқан жұртына Ғұбайдолла сіңе бастаған. Бұл сіңісу оны ата жұртынан бір жола кетірді. Сөйтіп жүріп, өзін бауырына басқан елді елім деп таныды, соның жыртысын жыртты. Жоғын жоқтап, сол елдің туын көтерді. Россия үшін қан майданда басын бәйгеге тікті.  

Сөйтіп жүріп, көп өмірін өткізіп алыпты. Тіптен үйленуге мұршасы болмады. Біресе патша міндет қылған қызметтердің тауқыметі, енді біресе өмірі бітпейтін соғыстар біріне – бірі жалғасып кете берді, кете берді. Солай болды. Ғұбайдолла өзінің ата жұртына, өзінің туған халқына осылайша өгей болып шыға келген.   

Сондайлық өмір көшінде жүріп, ғұмыры өтіп бара жатқанын сезбей де қалған. Тіпті бой ұсынып, беріле қызмет еткен тірлік арасында туған жеріне баруына да мұршасы келмепті. Тіпті қаны бір қандасын қалыңдық етіп таңдауға да, басқаға үйленіп бала сүюіне де, осындай күйбең тіршілік кедергі жасағандай етті.

Шындығына келсе жасы елуді еңсергенге дейін бірде – бір әйел баласына көңіл хошы болмағаны рас. Тек қана, соғыс кезінде жұқпалы сүзекпен ауырып, ес – түссіз лазеретте өлім аузында жатқанда ғана бір әйелге көңілі түскендей болды. Ол әйел өзін өлім аузынан алып шыққан медбике, былайша айтқанда сол лазареттің сестра милосердиясы болатын.  

Ғұбайдолланың оған деген көңілі кіршіксіз таза, бар махаббаты да, қиялы да, осы ғана.

Қарапайым орыс әйелі Цветковичтің арқасында ол тірі қалған болатын. Оны жақсы көріп, ұнатқанымен, бірақ оған ғашық болған жоқ.

Сол кезден бастап Ғұбайдолла әйел затына басқаша қарайтын болды. Әйел жанының жалыны алғаш рет жүрегін шарпып өткенін сезінген. Сонда ғана, Ғұбайдолла әйел баласының құдіретінің шексіз екендігін сезген еді.

Бірақ, екеуінің арасында өмір атты тағы бір құдіреттің кедергілері көп болды. Цветковичтей әйелге үйленуге Ғұбайдолланың ең жоғарғы касталық – сословиелік деңгейі алдымен өз қарсылығын білдіртті. Өйткені Цветкович мещан сословиесінен шыққан қарапайым әйел еді. Оның үстіне Ғұбайдолла мұсылман болатын. Басқасына Ғұбайдолланың да зауқы болмаған.

Ғұбайдолланың үйленіп, бала сүюіне осындай әр түрлі сылтаулар мен себептер кезінде көптеген кедергілерді көбейтіп жіберген. Осы күнге дейін ол өзін емдеп, аман алып қалған әйелмен байланысын үзбеген. Қолынан келген барлық көмегін одан аямаған. Үнемі қаражатпен де, басқадай да жәрдемін көрсетіп жүрді. Тіпті, оны өзі қалаған тәуір қызметке де қойғызды. Қазір сол әйел Петербург қаласындағы орталық пошта үйінде телеграфист болып қызмет істейді.

Бұдан басқа Ғұбайдолла жүрегін тебірентер әйел заты көпке дейін кездеспеді. Мүмкін, соның жолы болмаған шығар? 

Тек қана, осыдан он шақты жыл бұрын сондай оқиға оқыс кездесті. Соған өзі мұрындық болғаны бар.

Өзінің сезіміне ой салғыздырған, сондай ғажайып жанды ол аяқ астынан жолықтырған еді. Әйел болғанда қандай десеңші, бірден Ғұбайдолланың жүрегін жаулап алған. Нағыз сүйіспеншілікті тебірентер, көрсе көз тоятын, сезімтал да, ақылды әйелдің өзі.

Бұл кездесудің болғаны да, қызық. Оған себеп – Ғұбайдолланың театрға деген құмарлығы әсерін тигізген болар.

Петербург қаласындағы аристократтар атты зайырлы қоғам, осы қаламен бірге жасасып келе жатқан болатын. Сол қоғамның өзіне лайық күнделікті қайнап жатқан ортасы да бар еді. Сол ортаның қайнап жатқан қазаны – Петербург театры еді. Петербургтегі ақсүйектер мен дворян қауымының нағыз ордасы да осы болатын. Зайырлы қоғам өмірінен хабары бар адамға бұдан ешкімнің күмәні бола қоймас.

Сондай ортаға айналған Петербург театры, тек қана мәдени қызықтың ордасы емес, сонымен қатар зайырлы қоғамның жиналатын жеріне айналған. Мұнда әр қашанда қызу әңгіме: саясат пен экономикаға, ел ішіндегі ахуал мен халықаралық жаңалықтарға байланысты айтылатын және театр соларды талқылайтын орынның ең қызығы болатын.

Қолы қалт еткенде Ғұбайдолла да театр өмірін зая жіберместен оған барып тұратын. Театрды ол қатты ұнататын. Міне, сол жерде Ғұбайдолла өзінің болашақ махаббатын кездестірген еді. Осы екі ғашықтың бір – бірімен кездесуіне театрдың себеп болғандығы содан.

Бірде, Ғұбайдолла Патша театрындағы спектакльді тамашалауға келген еді. Өзін селт еткізгендей болған, ғажайып жанды алғаш рет ол театр сахнасынан көрді. Сол күнгі оның барлық ой – арманы театр сахнасындағы өзін баурап алған жас әртіс, әйелмен бірге болды. Сол әйелге тәнті болғаны былай тұрсын, әуелі ғашық болғаны да сол кезден басталды.

Орта жастан асуға бет алған генералдың нағыз махаббаты да театр сахнасынан бастау алып, сүйіспеншілік ынтығын оятқан.

Өзі соғыс ардагері, ер жүрек ноян, орыс елінің князь деген атағын иемденген бірден – бір қазақ, әмбе империя әскерлерінің толық генералы, сонымен қоймай Россия мемлекетінің ең негізгі саласының бірі болып саналатын Телеграф және Пошта департаментінің директорына бұл оңай тимеді. Ғұбайдолланың ғашықтық сыры осылай басталды. Оның ғашық болған әйелі, патша театрының әртісі екен.

Енді біраз уақытта ұзақ күттірген спектакль соңына жеткендей болып, тетр шымылдығы жабылды. Бұл сәт, өзінің орнында тықыршып, әрең отырған Ғұбайдолла күткен сәт еді.

Спектакль аяқталысымен ол үлкен гүл шоғын алып, театрдың костюмъерлер бөлмесіне бет алған. Феодосиямен сол жерде танысты.

Ғұбайдолланың жаудан қайтпас жүрегін бұл нәзік жан бір көргеннен баурап алғаны рас. Соның ғана нәзік жүрегінен Ғұбайдолла өзіндік орын тапты. Ғұбайдолла көңіліне бұл сезім аса ынтықтықпен қоса ғашықтықтың белгісіндей болып білінген. Ғашық болғанда шын ғашық, аса иландырарлық ғашықтыққа айнала бастаған еді. Ақыры екеуі қосылып, жұптарын жазбайтын болды. Ғұбайдолла әйелінің өнеріне тәнті боп, сүйсінген үстіне сүйсіне беретіні де мүмкін садан шығар. Осының сырын ол кейінірек білді. Сөйтсе, мұның сыры өзінің жүрегінде лапылдай жанған ғашықтықтың жалыны іспеттес сезім екен ғой.   

Сол өзі ғашық болған әйелмен қалған өмірін бірге өткізіп жатқан Ғұбайдолланың бүгінгі жайы осындай еді. Оған да бір талай жыл болып қалған. Зайыбын көрмесе көңілі құлазып тұрады. Онымен бірге болған әр бір сәт өзі үшін ең қымбат сәттері сияқты боп көрінетіні бар. Әлі де болса бұл әйел затын көргенде алғаш рет кездескендегідей тұла бойы шымырлап, ерекше бір күйге түсетіні бар. Соның артынша, баяғы бала күніндегі кең далада ғана естілетін, сақара күйшілерінің сүйіспеншілік хикаяларын толғантатын қобыз үнінің күмбірлеген сазды үнімен келетін сезім жүрегін толқыта жөнелгендей болады да артынша көңілі рахат бір күйге түсетіндей сезінетін. Қазір де өзін солай сезініп тұрғандай. Тек жетпей тұрғаны өзінің кіндік кескен, туған топырағының, кең саһара, сары даласының исі ғана. Сол бір өзін толғантатын ғажайып үнді үнемі алғаш кездескендегідей құлағына әкелетін – осы бір әйел баласы сияқты көрінетін.

Феодосиясын көргенде үнемі алғашқы көргендегідей жүрегі қобалжып, ерекше бір күйге түсетіні де содан да болар.

Қазір де, әйелі бөлмеге кіргенде Ғұбайдолла осы бір нәзік сезімді  көрмей-ақ сезген. Әсіресе, өзіне етене жақын болып кеткен әтір исі де, оның келгенін жариялап, мен мұндалап тұрғандай. Сол бір ішкі сарайын аша түскендей болған таныс жұпар иіс, жүрегін қобалжытып, басын айналдыратындай сезінеді. Бәрі – бәрі, өзіне жақын, өзіне тансық сезімдер.

Тіпті, осындай бір сәттерде талай зұлмат шайқастарды басынан кешірген, жаудан қайтпас кавалерияның толық генералының жүрегі жақсы көретін әйел затын көргенде толқып қалатыны бар. Өйткені, соғыстардағы қайтпас ер, қанды шайқастарда саспас, жаужүрек қолбасшының қазіргі ең сүйіктісі де, ең сүйкімдісі де, осы әйел еді.  

Қазіргісін – қазір, Ғұбайдолла көзіне Феодосия өте бір ғаламат әйел болып көрінетіні бар. Ол бұған ең жақын, ең қымбат адам екені де рас.

Феодосия өзі барынша нәзік жанды, жан дүниесі кереметтей сезімтал жан. Бұл әйел тек қана князьдің нақ сүйеріне ғана айналмай, өмірдегі жалғыз жары мен серігіне айналғаны қашан. 

Феодосия Никитична Велинская – император театрының артисі соңғы жылдардағы Ғұбайдолла Жәңгіровтың құдай қосқан қосағына айналғанша талай қиыншылықтарды бастарынан кешірген еді.

Екеуінің некелесіп үйленуіне алғашында әр қайсысының туа біткен діни сенімдері кедергі болған. Ғұбайдолла сияқты мұсылман баласы провославие дініндегі әйелмен неке қидыру үшін сол дінге кіру керек болған. Бұдан ол бас тартты. Қалайша өйтсін. Бір кездері өзінің мұсылман екендігін паш еткісі келіп 1872 жылы Мекеге қажылыққа да барған Ғұбайдолладай орыс армиясының атақты офицері, қажы бола тұрып, үйлену үшін,  өзінің туа біткен дінінен безеді екен. Мұндай опасыздық Ғұбайдолладай төре тұқымына, Ұлы Қаған Шыңғыс хан ұрпағына әсте тән емес қасиет еді

Феодосиямен де осылай болды. Мұсылман дініндегі еркекпен исламдық неке қидыру үшін бұл әйелге де мұсылман болуы қажет болған еді. Бірақ, Ғұбайдолла бұл қиыншылықтарды жеңе білді. Оған бұл істе көмегін аямаған Сенаттың өзі болды. Билік етуші Сенат бұл отбасының өтінішін қабылдап өзінің билігімен: «О бастан дворяндар тұқымынан шыққан Феодосия Никитична Велинскаяның фамилиясы Чингис – Хан болып өзгертілсін» деген қаулы – қарарын қабылдаған еді.  

Міне, осындай қиыншылықтарды басынан кешіріп жатқан, Петербург қаласына осындайлық атақтары шыққан жандардың отбасы осылайша өмірге келді.

Кеш түскендікі ме, жоқ әлде күңгірттікке үйренген Петербургтің сыры осылай ма, әйтеуір бөлме іші алакеуім тарта бастаған. Жаңа ғана қалың ойдың үстінде отырған Ғұбайдолланың серпіле қалғаны білінеді. Оның кісі тартар үлкен қара көздері бір уақыт жылыұшырай қалғаны анық байқалды. Қуанышы ұлғая түскен Ғұбайдолла сәл күлімсіреп:  

– Қалайсың қалқам! Менің артист болуға жаралған сүйікті дворянкам сол! Спектакль қалай өтті? Ол жерде үстін – үстін аншлагтардың болып жатқанын менің жүрегім сезеді – деп, жылы сөйлеп, алдымен жарының қолының сыртынан сүйіп қойды.

– Ах, Мой князь! Его Величества Чингис – Хан! Тоскуете без нас! – деп, ойнақы мінезді, жасы елуден асса да әлі өзінің мінін жоғалтпаған, сұлу әйел көздерін төңкере тастап, нәзік тұлғасымен алпамсадай еркегінің құшағын толтырардай болып, оның құшағына наздана кірді. Артынша ол ерке қылықпен басын күйеуінің кеудесіне тосқан күйі:

 – Әлі де салынып жатқан мешіттің жағдайын ойлап отырсың ба? Тағы да қаржы жинау керек деп жатыр ма? – деп сұраған еді.

Феодосияның айтқандары Ғұбайдолланың ойына – ой қосқандай болды. Қазір оның есіне Петербургте салынып жатқан мешіттің жұмысымен қала архитекторымен де кездесуі керектігі түсті. Соны есіне салғаны үшін Феодосиясына ырза болып қалды. Енді міне, ертең сол жаққа өзі барып қайтуды көздеп:

– Дәл солай, қалқашым! Ертең сол жаққа барып қайтсам деп едім – деді.  

Бұл мешіттің салынуынан бұрын, салуға рұқсат алу қиынның – қиыны болды. Мұсылман мешітін Балтық жағалауындағы астанада салу үшін көп қиындықтардан өту керек болды. Мешітті өзін империя астанасында салу бір басқа, ал оны Россияның ең батысында ашылған Ұлы Петр айтқандай «Европаға терезе» аталынған Петербургте салу бір басқа еді. Бұл исі мұсылман баласына оңай болған жоқ.

Бұл мешіт күннің батысындағы, Европаның тіпті сонау Балтық теңізі жағалауында салынғалы жатқандығы «жалған шовинистерді» құтыртатыны белгілі болса да Ғұбайдолла сияқтылар еш бас тартпастан бұл іске кіріскен. Өйткені жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Петербург қаласында бір талай мұсылман халқы жиналған. Әсіресе, мұнда татарлар көп тұратын еді.

Ғұбайдолла патша мен Виттеге сөзін өткізе алғандықтан мешіттің салынуына рұқсат тез алынды. Оның құрылысына да, оған жиналуға тиісті қаражатқа да жауапты болуға Петербург мұсылмандары жиналып Ғұбайдоллаға қолқа салған. Тіпті осы мешітті салуға қомақты қаржыны берген Бұқара әмірі де одан осыны өтінген. Сөйтіп Ғұбайдолла Петербургте алғаш рет салынғалы жатқан мешіттің «Соборлық мешітті салу комитетінің» мүшесі болып шыға келген.

Мешітті салуға Бұқара әмірінің де қосқан үлесі зор болды. Алдымен де соның өтініші бойынша патша өкіметі Петербургтен мешіт салуға жер бөлген болатын. Он жыл бойы салынуға тиісті бұл мешітке Ғұбайдолла сияқты белгілі мұсылмандар оған қажетті 750000 рубль қаржыны шамалары келгенше біртіндеп жинап жатқан еді.

Петербург мешітінің салыну жұмысы да Ғұбайдолланың үн қатпас әміршісіне айнала бастаған. Мынау үлкен іс мұсылман халқы үшін зая кетпес үшін ол өзі де осыған беріле кіріскен. Сол әміршісі қазір Ғұбайдоллаға өз міндетін есіне сап тұрғандай көрінді.

Ғұбайдолла бүгінгі күнге дейін қаладағы бір қатар беделді мұсылман қауымының адамдарымен кездесіп алған еді. Олардың көбі атағы жер жарған генералға бұл турасында уәделі сөзден басқа бөтен ой білдірмеген. Ертеңгі болатын кездесуде солардың басын қосып, мешіт құрылысына қажетті қаржыны жинау туралы сөйлесуі қажет болатын. Енді мінекей, соларды есіне Феодосия түсіргендей болды.

Ғұбайдолланың қазіргідей кейпіне қаныққандай болған Феодосияның көзіне Ғұбайдолла сол кездесуді қалай өткізуді ойластырып тұрған сияқты көрінді. Феодосия өзінен – өзі секемденіп, сол сөзді «бекер айттым ба!» деп өкінгендей болды.  

– Бәсе, өзім де, солай ойлап едім. Нем бар еді. Есіңе салғандай болдым ғой – деді Феодосия, даусындағы өкінішін жасыра алмастан.

 – Мешіт қорына келіп түскен қаржы әлі бар. Бірақ құрылыс жұмыстары сылбырлау жүріп жатқан сияқты. Мен сол жаққа барғалы отырмын деді Ғұбайдолла шаршаған пішінмен.

– Менің князым, сіз осылайша өзіңізді шеттен шыққанша қинағаныңызды қашан қоясыз? Түріңізге қараңызшы? Сіздің көптен бері жүрегіңіз ауырады. Сіз соғыстарда көрмегенді көрдіңіз. Отаныңызға адал қызмет жасадыңыз. Бір адамға жетерлік артыңызға із қалдырдыңыз! Енді жетер! Жиналыңыз біз Қырымға кетеміз. Тіпті дәрігерлер сізге қатал тапсырып айтқан Ялтасына барып тұрайық – деп, Феодосия қиыла сөйледі.

Әйелінің айтып отырғаны рас. Ғұбайдолланың көптен бері ауырып жүргеніне де біраз болған. Көп жылғы әскери тұрмыс, отанына айналған патшалық Россияға қызмет ету, соғыстардағы көрген қиыншылықтары, ең ақыры жас шағынан бастап ата – ана, бауырлары мен жақын туысқандарының бірінен соң бірінің жұмбақ өліммен өліп, өзінің тұл жетімге айналғандығы да өзіне көп қайғы мен қасірет әкелген. Оның үстіне туған халқының аянышты жағдайы да жанына қатты батып, көп ойлантатын. Солардың барлығы құрала келіп, өзіне әсерін тигізген сияқты. Ғұбайдолланың денсаулығы да соңғы кездері сыр бере бастаған.

Ол қазір әйелінің қыспағынан оңай құтыла алмасын сезіп:

– Жарайды қымбаттым, барамыз! Сен айтқан жақтың бәріне барамыз! Тіпті жердің түбіне баруға даярмын! – деп, одан оңай құтылғысы келді.

– Неткен ақылды еді, менің князым! Солай жасайықшы. Сенің денсаулығың түзелгеннен кейін келерміз біз Питерге – деп, Феодосия әдемі түрін одан сайын жылытып, еркелей жымиды.

Соңғы кезде орыс ұлтшылдары Санкт – Петербург қаласының атын германдық сөз мәнерінен славяндық атауға жақындатып – Петроград деп атауына байланысты көп ел осы атауды қысқартып Питер дей бастаған еді. Қазір Феодосия да өздері тұрып жатқан қаланы солай деп атады. 

Феодосия былайғы өмірде нәзік жанды әйел заты болғанымен, табиғатынан өте қайсар мінезді, алған бетінен қайтпайтынның нағыз өзі еді. Онысын ол Ғұбайдоллаға біраз танысқандарынан кейін білдіріп тастаған.

Ғұбайдолла оны ұнататындығын айта келіп, өзінің жары болуын қалайтындығын Феодосияға жария еткен.

– Сіздің маған деген көңіл хошыңыз болып, бір – бірімізге деген іңкәрлығымыз оянса, сіздің рұхсатыңызбен мен сіздің қолыңызды сұрауға келдім – деген Ғұбайдолла ресми түрмен.

Оның осындай ойына Феодосия ой қосып жауап берген. Ғұбайдолланың ұсынысын қабыл алған ниетін білдіре отырып, Феодосия оның сағын сындырмайын деген оймен:

– Білесің бе, князь? Менің атымды не үшін Феодосия қойғанын? Онда соның тарихын мен айтайын, тындап ала ғой  – деп, Феодосия өзінің князына аса бір ізетпен қарап, осының тарихын айта бастаған.

Сол сырын ашардан бұрын оның көзіне аздап мұң ұялағандай болып көрінді. Онысын Ғұбайдолла байқап қалды. Ол Феодосияның қазіргі өзіне айтпағы «қиын бір сыры болды ғой» деп ойлады.

Феодосия соны білдіретіндей боп, іле:

– Менің анам атақты боярыня Морозованың тұқымынан болады. Иә, иә, кәдімгі Бірінші Петр патшаның әкесі Алексей Михайловичтің кезінде Протопоп Аввакумді қолдағандардың бірі. Ескі – «староверцы» мен жаңа – «никоновшылардың» күресі кезінде танылған, атақты Морозованың дәл өзі.

Феодосия Морозова Аввакумді жақтап, Патриарх Никонға қарсы шыққандармен бірге болғаны рас. Ескі діндегілер күйреп, өздерін –  өртегендері  өртеніп, суға кеткендері кетіп, қашқандары Оралдан асып, тіпті одан ары Сібірге дейін қашқанда, солардың ең соңғысы болып, райынан қайтпаған Морозова ғана еді.

Феодосия Морозова Русьтегі ең бай адамның әйелі болған. Қаласа тіпті патша тағының мұрагеріне де күйеуге шығуына болатын еді. Бірақ шықпады.  

Өйткені ол староверцылар жағында болып, Аввакумді қолдайтындығын жасырмаған. Сондықтан өйтуге, оның ары бармады. Ондайға Феодосия сияқты өте нәзік жанды, ең сұлу әйелдің ешкімге бой бермейтін такаппарлығы мен Аввакум іліміне деген сенімі мойынұсындырмады.

            Ақыры барлық атақ пен байлықтан айрылса да, сенімінен айрылмаған. Оның сенері православие дінінің тазалығы еді. Оған боярлық атақтың да, асқан байлықтың да қажеті болмады. Тіпті патша тұқымына байға шығуды да өзіне қажет деп білмеді. Сөйтіп жүріп жалғыз баласынан айрылды. Оған да ол мойрылмады.

Боярыня Морозова үшін ең қиыны өзі үйренген бұрынғы діннен безу болды. Сол жолда ол жиырма жылдан астам қысы – жазы үсті ашық зындан шұқырда жатса да райынан қайтпады. Менің атым да, біле – білсең, сол – Феодосия Морозованың құрметіне байланысты қойылған.

Боярыня – Феодосия Морозова Московия патшалығындағы ең бай, ең сұлу әйел болса да, тіпті өзінің азғана құлқы болғанда Государь Всея Русидің, яғни патша ағзамның жары болып шыға келер еді. Бірақ Феодосия шіркінде ондайлық құлық болмады. Ол өзін патшайым болғаннан көрі православиедегі басбұзарлық алауыздықты реттеп, қалпына келтіруге арнаған. Тіпті сол үшін өзінің жанын да пида етті. Сөйтіп, ол орыс еліндегі Патриарх Никонның бастауымен өтіп жатқан православие дінін реформалауға бағытталған ісіне қарсы тұрды. Оның қалағаны ескі діндегі «староверцылардың» қатарында болу еді. Староверцылардың сенімінен айнымастан, ақыры көрмеген қорлықты көріп өлді.

Ол кісі өте қайсар болғандықтан оны ешкім жеңе алмады. Тіпті патшаның өзі оны райынан қайтаруға шамасы жетпеді. Мен де сондаймын деді  Феодосия сүйкімді жаратылған, кішірек аузын сәл бұртитып. Осы кезде оның аппақ беттеріне аздап қан жүгіріп, қызарған әдемі рең пайда болды. Ал дөңгелектеу келген, бітімі кішіректеу қарақат көздерінде сәл қатуланғандықтың белгісі бар.

Иә, деді ол:

Мен сол Феодосиядан айнымаймын. Алған бетімнен қайтпаймын. Бірақ мен сізді князь, шын сүйемін! Сондықтан да, сізге жар болуға дайынмын! Тағы да айтарым бар, соны да айтайын ба? – деп, ол қиыла қалды. Бұлай дегенде, өзі онан сайын қызарып кетті. Жаратылысынан келіскен сұлуша түрі тіпті әрленіп, салалы келген, ұзын кірпіктерінің астынан такаппарлықтың ұшқынын шашқан көзжанары алған бетінен қайтпайтын өр мінезді көрсетіп тұр. Нағыз Ғұбайдоллаға ұнайтын, оны ғашық еткізген келбет, сондайлық мінез. Ғұбайдолла қашан да болмасын осы сұлулыққа қарай бергісі келетін. Ішінен: «не деген сүйкімді бейне» деп онан сайын Феодосиясына қызыға түсетін.

          Ал ол болса, өзінің ойын дәл тапқандай қып:

Менің князым, сізге өмірімнің соңына дейін жар болуға дайынмын. Бірақ мен сізді шын сүйгендіктен, ең алғашқы және соңғы рет жар болуға серт етемін! Енді мені ешкім осы райымнан қайтара алмайды – деген. Сөйтті де, тез – тез басып кеп, Ғұбайдолланың мойнына асылды да екі бетінен қайта – қайта сүйіп, ең соңында оның бітімі сәл қалыңдау, дүрдиген ернінен де құшырлана сүйді.

Жас келіншектің сондағы ыстық демі Ғұбайдолланы естен тандырып тастаған. Елжіреп кеп сүйген оның уылжыған ернінің дәмі аузынан кетпейтін сияқты болып көрінген. Сол бір дәмі ерекше, тәтті еріндерден нәр алғандай болған Ғұбайдолла біразға дейін өң мен түстің арасындағыдай күй кешіп, тұрып қалған.

Жаңағыдай сөздерді өзіне жария еткені де, Ғұбайдолланы онан сайын өзіне жақындата түскендей көрінді. Бұл қылықтың бәрі Феодосияның өр мінезіне сай болып шықты.      

Қазір де, Ғұбайдоллаға Феодосия  өзіне ғана тән қарасымен қарағандай болды. Жалт еткен сол бір қарас, Ғұбайдоллаға ғажап құбылыстай бола қалған. Оның іші – бауыры өртеніп, жүрек тұсы жылып сала берді. Өмірінде жасы егделеніп Феодосияға үйленгенше оның жүрегін дәл осылайша ерітетін ұрғашы болмағандай. 

Соның артынша Феодосия әйел затына лайық, қисынды қылықты еріне көрсете жатып, осы бір сәтті пайдаланып күтуші әйелге де үй қожасы ретіндегі жарлықтарын бере бастады.

– Қонақ бөлмеге шәй дайындаңыздар! Астың қамын да ұмытпаңыздар! Кешкісін папа-а да келіп қалуы мүмкін – деп, Феодосия қысқа – қысқа нұсқауларын айтып жатты.

Әйелінің «папа-а» деп шет елдіктерге еліктеп, соңғы буынды  созып айтатын сөзі Ғұбайдолланы елең еткізді. Папа-а деп, ол әкесін айтатын.

Феодосияның әкесі Никита Велинский, атақты дворян тұқымынан шыққан, бүгінде қарт кісі, әлі тірі болатын. Ол өзі бұрындары белгілі теңізші болған, әскери теңіз офицері еді.

Никита Велинский Ғұбайдолладай атақты күйеубаласының жәй ғана емес әскери адам болғандығына кейде мақтанышпен есіне алып:

Князь сенімен тең сөйлесуім үшін маған ең құрығанда контр – адмирал болу керек еді. Ал мен бар болғаны екінші рангілі капитанмын – деп қарттың қалжыңдайтыны бар. Соңғы уақытта ол Кронштадт қаласындағы үйінде тұрып жатқан. Петербургтің теңіз қақпасы ретінде салынған сол қаланың құрметті азаматы болатын.

Феодосияның айтуынша төрт күннен кейін қарттың туған күні екен. Соған көп қонақтар келмекші болыпты. «Солардың ішінде болыңдар» деп әкесі өздеріне де шақыру әкеле жатқан көрінеді.

Ғұбайдолла қайын атасын жақсы көреді. Қалайша бүйтіп оны жақсы көретіндігін өзі де білмейді. Әйтеуір жақсы көреді. Мүмкін, ол өзі әлі күнгі бала сияқты елпелектеген, кішіпейіл, қайырымды жан болғандықтан ба, жоқ әлде өзі ескі дворян тұқымынан бола тұрып, қаны бөлек, діні бөлек, атақсыз нәсілдің баласына өз қызының тұрмысқа шығуына қарсы болмағаны ма, әйтеуір Ғұбайдолла оны қатты сыйлайды. Ол қайынатасымен өте тату болатын.

Бәлкім, ол ескі дворян тұқымынан болса да қаны бөлек, діні бөлек, атақсыз ұлттың баласына өзінің қызының тұрмысқа шығуына қарсы болмағандығынан шығар? Онысы да бар. Ол да мүмкін. Кім біледі солай да шығар?

Ғұбайдолла көптен бері бұлайша ойламаса да қазір осылайша ойлады. Әйелінің жаңағыдай сөздерінің тұсында осының бәрі Ғұбайдолланың қазіргідей көңіл күйіне сай келгендей болды. Ол ішінен: «Әлбетте барамыз! Біз бармасақ болмайды. Ел – жұрттан ұят қой. Феодосия болса оның жалғыз қызы» деген ішкі сырына беріліп, сонымен ілігісе бергендей болған – жалғас ой: «Шалға не сыйлық жасасам екен?» дегізіп шыға келгендей еді.

Ол қазір тек қана Кронштадт емес, сондай-ақ бүкіл Петербург еліне мәлім болған қарияның құрметіне не сыйлауды ойластырып та тұрған жайы бар еді.

Ғұбайдолла ханымының сөзін тыңдап болды да, артынша жақын арада істелуге тиіс жұмыстарын да ойына алғандай болды. Осындай іште іркілген ойларын ой елегінен өткізгендей боп, артынша терең күрсініп қойды. Онысы өзіне ғана белгілі жәй. Ол алдымен ертеңгі күнгі істелетін істердің жәйін ойлап тұрған секілді. Соларға байланысты ең басты мәселе ол Бақытжан айтқандай оған патшаға аудиенция алып беру, онан кейінгі Петербургтегі салынып жатқан мешіттің құрылысын көріп шығу. Салынып жатқан мешіт жұмысы да көп қадағалауды талап етеді. Үнемі тауып берген қаражат та тез таусыла береді. Бірақ әзірге Ғұбайдолла сияқты мұсылмандар қауымы бұл мәселені уақтылы шешіп жатыр. Бұл да болса оны қуантып жүр. Петербург қаласының ішіндегі мешіт те күннен – күнге бой түзеп келеді. Бұл мешіт мұсылман халықтарының күннің ең батысындағы алғашқы мешіті, сондай-ақ ислам уағызының басты тірегі болғалы тұр.

Ғұбайдолла оны әскери тілмен – ислам анклавы дегісі келді. Осының бәрі Ғұбайдолла үшін өте тығыз, керек, қажетті жұмыстар болып тұр. Ол осы істерді аяқтауға барлық күш – жігерін сала кіріспекші болып ұйғарды. «Демалыс қайда қашады дейсің» деп қойды да, өзінің денсаулығын дұрыстау үшін демалысқа кейінірек кетпек болып шешті.

Былайғы жұрттың ешқайсысы оның денсаулығында пайда болған үлкен ақауды білмейтін. Өйткені, Ғұбайдолла ешқашан ол туралы айтып көрген жоқ. Ол ондайды жек көретін. Тек қана, сүйіктісі Феодосия ғана оның  

ауруына араша  түсумен келеді. Ал оны Ғұбайдолла еш уақытта бетінен қайтармай: «дұрыс, емделуге барамыз, жасаймыз, аз ғана шыдай тұршы» деп алданыш қып, жылы жауып қоятыны бар.

           Өйткені Ғұбайдолланы алда көп істер күттіріп тұрған. Соның ішінде тек қана Петроградта үлкен, сәнді мешіт қана емес, ең бастысы қазағының жайы болатын. Ол бұл кезде өзінің Бақытжан Қартаевқа берген уәдесінің уақыты таялып қалғанын ойлап, қалайда оны патшамен жолықтырудың амалын ойынан өткізіп тұрған.      

 

 

    

Сегізінші тарау

 

 

 

 

 

 

 

         Барлыбек туған жерi Арасан болыстығына жиi – жиi қатынап тұратын. Қапалдағы елге келiп, сағынған мауқын басып, бiр жасап қалатынды көптен бері әдетке айналдырған.

Елге келiсiмен, алдымен де елдiң жай – күйiне қанып, мұң – мұқтажын сұрастыратын. Ондайда әсіресе, дау айта келгендер қыжылдасып, Барлыбектi көп төңiректейдi. Осындайда Барлыбектiң қасында күнде кеңес, ақылдаса шешiлiп жатқан мәселелер, байлауын тапқан сұраулар болып, қайда жүрсе де қасынан кiсi үзiлмейтiндігі дағдыға айналған.

         Бұл жолғы келiс те, сондай келiстiң бiрiндей болатыны анық. Өйткені, арыз айтқан, шағым жасаған ел, онан қалса: «мынау қалай болады…, ананы не iстесек екен …?» деген жұрт, келiсiмен анталап тіке Барлыбекке тартатын. Олардың құдайдан тiлейтiнi де, iздейтiнi де, Барлыбек болатын.

          Осы жолы Көкқияда отырған Құлшандар ауылы Барлыбектің осы жаққа келетінін ұзынқұлақтан естіп, оған қолқа салған. Олардың қолқасын Барлыбек қабыл алған. Қабыл алмай қайтсін, қарапайым елдің көңілін қалдырмастай ниеті Барлыбекке туа біткен қасиет еді.

           Барлыбектің тағы бір ойлағаны, бұл жақтағы елдің ішінде де шешуін таппаған көп мәселе жатқандығы болатын. Оның ең бастысы қолды болып жатқан жер болса, тағы бірі соған байланысты елді отырықшылыққа бейімдеу, ауылдар мен кенттер салу  болатын. Соны меңзеп, Барлыбек ел жаққа шығар сапарын осы тұстан бастамақ ойда еді.

          Бұл жолы Барлыбекті қалап алғандай болып, Көкқиядағы елге шақырып отырған жәй Құлшанның бірі де емес, өзі Құлшан ішіндегі бірегейі саналатын – Сауырық еді.

          Сауырық осы маңға белгілі кісінің бірі. Өзінің аздап молдалығы да бар, бір жағы саятшыл, аңшылық десе ішкен асын жерге қоятын, қызыққұмардың өзі.

          Сауырықтың Қаптағайдың – Құлшан атасында әжептеуір салмағы бар. Ел сөзіне ие болғандардың бірі. Содан да болар, Барлыбектің ел жаққа бір келіп кететінін естіп, оған сөз салып, қонақжайлық ырай білдірген.

          Оның осы сәлемін естігеннен кейін, Барлыбек те, Көкқия ауылына келіп қайтуды жөн көрген. Ондағысы ел ішіндегі көңілі ояу, абыройлысы Сауырық туралы бұрыннан бері естіп жүретін. Оның ел тірлігінің қамын ойлаушысы болғандығынан да хабардар еді. Сол жақтағы елдің қазіргідей тірлігін де бір көріп қайтуды лайық көрген. Сондықтан болар Сауырық ауылына келіп кетуге бел байлаған. 

          Сауырықтың нені болса да ойланып, толғанып сөйлейтін әдеті бар. Ол осының алдында Барлыбек келеді деген соң, алдымен жақын арадағы ел ағасы, әмбе осы жақтың болысы Сейітбатталға хабар салған. Сауырық оған: «Барлыбекке қолқа салып: «келіп қайтыңыз деп едік, ол кісі келемін деген берік уәдесін де бергендей болды. Оған қолқа саларда біраз түз аралап, аңшылық жасап, саят құруға қалай қарарсыз деп едік? Ол кісі бұған да көнгендей болды. Осыған қарай біз де маңайдағы құсбегілер мен аңшы иттерін, әсіресе тазы ұстайтынның барлығына хабар бердік. Олар дайын отыр. Ол кісіге де, бір реткі көңіл көтерерлік қам жасап, қызық көрсетейік деп айтқанымыз осы болды» дегенді хабарлаған.

          Сауырықтың бұл ұсынысын Барлыбек қабыл алған соң, Сейітбаттал да, ыңғайы келген бұл шаруаға «дұрыс екен» деп, Сауырықтың айтқандарына көне кетті.

          Сауырық ауылы – Арасан шипалы суына жақын жатқан, Бүйен өзені Көкқия тауынан өтер тұсындағы кеңіректеу бір түбегінен орын теуіпті. Бұл ауылдың тұрғындары аса бай да емес, сіңірі шыққан кедей де емес, орта дәулетті, мал мен егіншілікті қатар ұстайтын, шаруақор кісілер екен.

           Сауырықтың өзі орыс мұжықтарының заимкаларына ұқсатып, қабырғасы балшықтан иленген, үсті ағашпен жабылған қыстау үйде тұратын болып шықты. Бұл жақтағы қазақтардың көбісі осындай үй – жайды мекендейтін болыпты. Бір жағынан ауылдағы кісі көңіліне қонарлық істің басы да осы болып тұрғандай сияқты. Осы жақтың кісісі бірінен – бірі көріп, жарыса жүріп, осындай там үй салуды әдетке айналдырыпты.

          Сөйтіп, Көкқиядағы қалың құлшандар Барлыбек келеді деп әбігерге түсіп жатқаны бұл жақтағы елге белгілі болды. Анау – мынауың емес. Жәй ғана қонақтың өзі болса бір сәрі, Барлыбектің өзі келеді деген соң, бұл жақтағы елде ес қалмаған. Барлыбектің мұнда келетінін естіген олар нақ бір жандаралдың өзі келе жатқандай боп, қарбаласқа түскендей болған.

          Арасан еліне сыйлы бір қонақтың келетіндігіне бұл жақтың жасы мен кәрісі тегіс естіп, «енді не қызық болады екен? Бұның арты қалай болар?» деп, күтіп жүргені тағы бар. Әсіресе, Көкқиядағы бұл ауылдың осындай қарбаласы, соңғы күндері сырт көзге бірден түсетіндей-ақ болып тұр. Соның куәсіндей болып, осы жақтың ел билеген жуандары мен әміршілері де бұл ауылға жиі келгіштеп кетті. Одан да бері мұнда болыстың өзі неше мәрте келсе, оның ауылнай, старшындары, тіпті кандидаты да осы жерден шықпай қойды. Әсіресе олар үйлердің маңын, көше мен жол жақты сыпыртып, көң – қоқсықты тазартқызып әлек болып жүр. Сонымен бірге: қонақасыға не сойылады, етті кім пісіреді, құрт пен ірімшікті, жент пен майды қай әйел дайындайды,  қымыз үшін сауылатын биелерді кім байлап, сауады, ең ақыры отын, суды қай кісі дайындап отырады осыған дейін тәптіштеп айтып, бөліп қойған. Жаңағыдай атқамінерлер әр уақыт қыдыңдап келіп, істеліп жатқан істерді қадағалап, бақылап кетеді.

          Осыдан кейін барып ауылдың барлық тұрғындары Барлыбектің кім екендігін, қайдан келе жатқандығын жорамалдап білгендей болды. «Естіген құлақта жазық жоқ дегендей, бірақ та көзбен бір көргенге не жетсін» деп, сондай кісіні бір көруге тәнті боп жүрген кісілер де мұнда аз емес.

          «Барлыбек келеді екен» деген дақпыртпен: «Мұндай мейманды қалай қарсы алып, күтіп алсақпен» жүрген ауылдың ақ сақалы мен қарасақалы да, ол келетін уақыт таялған сайын саса бастаған. Тіпті, осылардың арасындағы кейбіреуі Барлыбек сияқты қонақтың келедісінен бір жолата ат тонын ала қашқандай болып та жүрген сияқты. Олардың өйтуіне де себеп табыла қалған. Сондағы ондайлардың айтатыны: «Бұл өзі оңай шаруа болмайтын көрінеді. Келе жатқан жандаралың мен жарым патшаңның жақын адамы, ұлықтың үлкені екен. Оған қоса өзі тағы қазақ болып шықты. Ол өзі әсіресе, біздің салтымыз бен дәстүрдің бәрін біліп тұрса, бізге қиын болады ғой. Бір жерден ши шығарып алсақ, арғыдағы көрер күніміз не болмақ? Ол бізді «ит жеккеннен» бірақ шығармайды ма? Қой онан да осыған біз жақын жүрмейік» деп, Ахамади оның інісі Мұхамади, Ахмет сияқты Сауырықтың жақын туысқандары өзі қонақ күтіседі дегені былай тұрсын, оның үйінен аулақ жүріп, бой тасалап, қашатын болды.

          Қонақ күтетін Сауырықты да Арасан болысы Сейітбатталды да састырған жай осы еді. Ондайларға дем берген боп болыс пен старшындар: «Барлыбек деген қарапайым, жақсы адам, қайта өздерің сияқты кем – кетік қазақ баласына көмегі тимесе, еш залалы жоқ. Одан үйтіп үрікпеңдер, қайта ең жақының сол болады» деп, ондайларды Барлыбектің келедісінен күтілген қаһардан аластатып, көңілдерін орнына түсірердей сөздер айтып қояды. Сөйтіп, Сауырықтан теріс айналған ағайынның бірталайының бетін бері қаратқан да солар еді.

          Бұл сөз өз дегеніне жетті. Болыс пен басқасы айтқан «өзі жақсы төренің, ең үлкен дөкейін» көрсек деген қызыққұмарлар енді ауылды басып кетті. Ондайлар тіптен күндегісін айнала анталап, сондай адамды бір көруге құштар боп, қызық күтіп жүріп алды. Сәйтіп, Барлыбектің келуі тамам елдің ансарын бұл ауылға аударып қойып еді.

          Ауылдағы сөз аңдығыш қатын – қалаш, қыз – қырқыны алдымен Сауырықтың үйіндегі келіншегі Ақбілектен суыртпақтап сөз сұрап:

          – Келейін деп жатқан Барлыбектің өзі ме? Жоқ әлде басқа біреуі ме? Шынымен келеді ме екен? – десе, солардың ішіндегі біраз заман өмірді өткізген, кекселеу тартқандары:

          – Оңай ма, патша сарайында істейтін Барлыбектің өзі келе жатса, «көтегің» көп көрінер, аз болмайды, сендерге қиын болады ғой – деп, өзі жас, мұндайды көрмеген Ақбілекті онан сайын састырып, иін қайырып, бұдан да бетер састыра түседі.

          Ақбілек те біраздан бері құқай сөздің бәрін естіп, «таң асқандай болды ма?» кім біледі. Ондайлардың бұл құқайына да еті үйренейін депті. Жаңағыдай сөздерді естігенде үндемей қалғанның орнына енді өзі бел шешіп, сөзге араласып:

          – Ойбай-ау, о не дегеніңіз!? Келгенде қандай, біздің үйге түсетін болды! Сондай кісі қолымнан дәм татса, менде арман жоқ қой! – деген сөзді де қыжыртып айтатынды шығарыпты.

          Күн өткен сайын Көкқия мен Арасанның қызық күткен кісілері Барлыбектің келуін тағаттары таусыла күтіп жүрген еді. Сөйтіп, олардың әбігерге түскеніне біраз болды. Бірақ қанша әбігерге түссе де, бәрібір бұл жердің халқы Барлыбек секілді елге танымал кісінің бұл келісін игіліктің басы деп қабылдағандай болды.

          Ақыры асыға күткен күнде жетіп, Барлыбек келе жатыр деген хабар алысымен оны Қапал қаласынан бері шыға берісте, қозы көш жерден күтіп алуға бір топ адам шыққан еді. Солардың ішінде Арасан болысы Сейітбаттал мен оның кандидаты Қараменде және Барлыбекке қонақжайлық танытып, осы жаққа шақырған Құлшан Сауырық бар. Бұл топтың арасында қылшылдаған жас жігіт Мұқажан да жүр. Мұқажан Садыр жақтағы Сарқан елінен келген. Сарқан елінде жүйрік ат баптаумен айналысатын, мықты атбегі. Ат десе ішкен атын жерге қоятынның өзі. Онымен қоса аңшылыққа да ебі бар, тазы мен тарлан иттердің неше түрін ұстайтын саятқұмар жігіт. Түне күні ел жаққа келгенде Дума мүшесі Мұхамеджан Тынышбаевты қарсы алғандардың ішінде жүріп, біраз өнер көрсеткен де осы Мұқажан болатын. Осы төңіректегі бір үйге жетерлік мал – жаны мен дөңгелек шаруасы бар еті тірі жігіттер қатарына ілінгелі Мұқажан ел көзіне түсе бастаған. Оның үстіне әзілқой, қалжыңбас, көңілді Мұқажан, кезі келгенде елді күлдіретін әңгімеге үйірсектігін білідіріп, кісіні күлдіріп те қоятын.  Қазірде, ат үстінде қатарлас келе жатқандарға ана жолы Мұқамеджан келгендегі оқиғаларды айтып, сөйлеп келеді.      

          Барлыбекті қарсы алушы ауыл ағалары мен ел жақсылары анадайдан үш атты қатар жеккен, қоңыраулы күймені көргенде аттарынан түсіп, Барлыбектей мансабы зор, патша мен жандаралдың кісісін тік тұрып қарсы алды. Барлығы бірдей Барлыбектей кісінің тіке тартып өздеріне келе жатқанына бір жағы қуанысып та қалған.

          Бұлардың ішіндегі көзге енді түсіп жүргені Сауырық болмаса қалғаны осы жақтағы жиындардан қалмайтын адамдар. Сондықтан араларындағы осындай жиындардың дағдылы кісісіне айнала бастағаны әзірге Сауырық сияқты ғана. Зор бітімді, ұзын бойлы, биік маңдай, салпы қабақ, қарасұр өңдес Сауырық жас та болса, бір тоға, кісі көңілін жете танығыш, сұңғыла жігіт екені бұрыннан белгілі.

          Барлыбек келісімен ел Көкқияға тартты. Жол – жөнекейгі қызу әңгіме бір тынбастан Көкқияға дейін айтылды. Ол жақта да ұзын – сонар әңгімеге айналып кетті. Бұл күндері ел Барлыбектен, Барлыбек елден бір сәт ажыраған емес.

          Бүгін де, Сауырықтың кішірек келген, қоржын үйінің іші лық толған адам. Ас ішіліп, жиналған жұрт қымыз алысып отырған еді. Үйдің ішінде қалың етіп төселген тулақ пен бөстектердің үстіне бір неше қабат етіп көрпелер жайылыпты. Барлыбек пен Сейітбаттал отырған жерге үлкен аю терісі төселген екен. Қабырғаның әр тұсына ілінген аң терілері үй иесінің аңшылық пен саятшылыққа құмар екенін айтпаса да білдіріп тұрғандай.

          Жол соғып, шаршап келсе де, Барлыбек түні бойы әңгімелесумен болды. Әсіресе, елдің сұрайтыны Қапал оязына қарасты жерлердің бірқатарында туып отырған жер мәселесіне қатысты даулар жайында еді.

          Барлыбек солар турасында түсіндіріп, оның да барлық жағдайын еш бүкпесіз айтып шықты. Осы жайында Барлыбек айта келіп:

          – Түбінде жерді сақтап қалу үшін көшпенділік өмірді тастау керек, оның есесіне отырықшылық өмірге көшу қажет. Сол үшін тұрғылықты жерлерде ауыл – ауыл болып отыруды мақсат еткен жөн болар. Былайша айтқанда, алғашында анау Қалқабай балалары сияқты келелі істерге кірісіп, солар жасаған қарекетті ел болып жасауымыз керек. Әсіресе, ел болып, жұрт болып, осыны тездете іліп әкету қажет. Қалқабай балалары салған Қарағашты көрдіңіздер ме? Олардан бүкіл қазақ үлгі алса дейміз. Солайша болуға тиіс! – дегенді бұл ауылда да ол тағы қайталап айтты.    

           Барлыбек осыдан кейін сөзін Сейітбатталға қаратып:

           – Елге осының бәрін қалай жеткіземіз? Сіз де, Сәке осыған арқау болсаңызшы!? – деп, оған қолқа салғандай қылды. Оның мұнысы өзінше істелген амалға ұқсайды. Өйткені, осы жақтағы бар кісі Сейітбатталдың тілін алатынын Барлыбек біледі.

           Ол Сейітбатталдың ел ішіндегі өзіндік салмағын да шамалап, әсіресе көпшілік арасында жүргенде ойындағысын айтып жеткізе алатындығын және сондайларды іске асырып жататындығынан да хабардар екен.  Сондықтан Барлыбек осындай ой түйіп, қазір Сейітбаттал арқылы да бұл жақта біраз үгіт жүргізіп алмақшы болғаны да содан еді.  

           Сейітбаттал болыс та, бұл кезде әңгімеге арқау боларлық ақылын жиып отырған еді. Ол қазір Барлыбектің сөзінің түйінін алыстан сезіп отыр. Оған да бұл сөз алдағы болатын келелі үлкен бір істі танытқандай еді. Соған қарай болыс бұл жақтағы елді алда үлкен бір бетбұрыстың күтіп тұрғандығын байыптағандай болған. Барлыбектің айтып отырғандарының астарында да бір талай жайдың жатқанын бағанадан бері пайымдап, байқап қалған. Бұл істің өте күрделі екендігін де ол сезеді. Өзі бір ойдан: «Бүкіл қазақты аз уақытта қалай отырықшы қылмақсың? Оның болашақ жайы не болмақ? Шынымен-ақ, Барлыбек сияқтылар осының бәрін елге жеткізе алады ма? Жеткізген күнде бұл қалай іске аспақ?» деп, көкірегі өңшең жауабы аз сұрақтарға толып кеткендей болған. Өзі тіпті, аздап қобалжығандай да сияқты.

           Сейітбаттал енді Барлыбектің көңіліне алған ісінің қалай болатындығын ойлап, соған көбірек ден қойып, көз жүгірткендей болды.

           Бүгінгі отырыста да Барлыбектің елге айтары әлі көп сияқты көрінген. Кешеден бері айтып жатқандары оның әңгімесінің басы ғана екен. Бүгін де ол сөзін әрі қарай жалғап:

           –  Осы өңiрдегi барлық қазақ ерiнбестен қызықтап Қарағашқа барады. Тiптi керектiсiн сол жерден iздеп, тауып қайтады. Бірақ осындай қалашық аяқ астынан бұл жақта қалай пайда болды? Не үшін салынды? – деп ешқайсысы ойланбайды. Неге олай? Өйткені біз аржағын ойламаймыз! Біз неге осындай жерде тұрмаймыз, неге сондай тұрмыс құрмаймыз деп, бір – бірімізден сұрамаймыз. Олай болса неге сондай ауылдар салынбасқа, соларда қазақ баласы неге бiрiгiп тұрмасқа? – деген сөзді бірінші рет, күйініп отырып, осы жақтағы көпшілікке жеткізді.

            Барлыбектің мұндайлық сөзіне алдымен иланған Сейітбаттал болыс болса керек. Сейітбатталдың естуінше ол соңғы кезде мұндай сөзді әр жер, әр жерде айтатын болып жүр. Осы турасында ілгеріде естіген Сейітбаттал, дәл қазір де осы жайында ойланып қалған. Әрине, оның ойынша бұл әзірге іске асуы қиын болғанымен, түбінде қазақ осыған бас ұратын, осыған келетін жағдай сияқты боп көрінген. Ондай болса бар қазақтың тұрмысы өзгермек секілді. Ал бұл кезге дейін еркін жүріп қалған қазақ соған барар ма екен? Сейітбатталдың әзір бұған көзі жетпейтін сияқты.

           Барлыбек болса отырған көпті көзімен бір шолып, айтқандарын сөзге тиек етіп:

            – Бұл тек менің ойым ғана емес. Барлық қазақты ұжмақ пен пұшпаққа жеткізгісі келетін, қазақ деп жүрегі соғатын азаматтардың ойы. Солардың көптен ойланып жүрген ісі. Олар өз халқының қазіргідей күйі мен келешегіне көптен бері толғанады. Сондықтан ондай азаматтар, қазаққа басқа жолдың қалмағанын, осылайша білдіріп жатыр. Бірақ бұл сөздерге мен де қосыламын! Бұл менің де жан дүниемді жарып шыққан сөздер! Менің де бар пиғылым мен ойым осы ғана! Мүмкiн басқа қазақ бізді түсінбейтін шығар. Бұларды түсінетін уақыт алда. Алайда біздердің қазiргi іске асырғымыз келіп, ойлап жүргеніміз де осындай істің төңірегі болар! – деді. Барлыбек одан арғы ойын жинақтағандай болып сәл тоқтады.                               

Бұдан әрі Барлыбек жаңағы қазақ халқына жаны ашығыш, оның аянышты қалына қайғыратын азаматтарды таныстыра кеткісі келгендей сыңаймен:

– Қазіргі қазақ азаматтарының басым көпшілігі осы бір әр жерде бытырап жатқан көшпелi елдi қалайша бiр жерге жинап, әуелі отырықшылыққа, соңынан қала мәдениетіне көшірмектің жолын іздеп жүр.  Ал сол жолдың түр – түсi қандай болмақшы? Ол жағы олардың өздеріне белгілі болғанмен соны елге дарыту қиын іс екені даусыз – дей келе, ол:

– Малы көп байларға әрине, бір жерде отыру қиындау тиеді. Біз үшін оның бәрі оғаш көрінетіні тағы бар. Малы көптер қыруар малды қайда сыйғызарын білмейді. Ал бірақ та көбінесе бірнеше ірі қарасы мен оншақты уақ малы ғана бар кедейге көшіп жүру не керек? Олар бір жерде отыра берсе де болады ғой. Олардың азғана малы барлық жерде сыяды емес пе? Ала жаздай бекер сенделгенше отырған жерінде егін егіп, жеміс пен көкөніс өсірсін. Қысты күні қыруар азық содан табады. Қазірдің өзінде сіздердің ауыл жартылай ғана көшпелі өмір кешеді екен. Сіздер жеті – сегіз ай бойы бір жерде осындағы қыстауларыңызда отыра бересіздер. Не бәрі, үш – төрт ай ғана жайлауда жүреді екенсіздер. Сол айларды да осындай қыстау ауылда өткізіп, қозғалмасаңыздар болғаны отырықшы халыққа айналасыздар. Сондай тірлікке қолдарыңыз жетсе ғана тұрмыстарыңыз да түзеледі. Жағдайларыңыз да дұрысталады. Осы туралы қазақтан шыққан белсенділер, осы күні, әсіресе көп айтып жүр. Оның басым көпшілігі көшпелі қазақты тұрақты бір жерге жинау. Сол үшін қалалар мен кенттерді көбейту болып тұр. Сол кенттерде мәдени ошақ көздерін ашуды ұйымдастыру. Сөйтіп қазақты мәдениетке, сауаттылыққа, денсаулық амандығына тарту, бүгінгі күннің озық та пайдалы кәсібіне бейімдеу. Сонда ғана қазақ ендігі жер бетінен халық ретінде құрып кетуден аман қалады – деп ол өз сөзін қорытты.

Осы бір бұрындары құлаққа шалынбаған тың әңгіме естігенде бағанадан бері өзара күбірлесіп отырған үй – ішіндегілер жым – жырт бола қалысты. Барлыбектей төренің айтып отырғаны бұлар үшін қызық көрінсе де өздеріне тым жат сөз болып тұр.

Көбінің көкейінде: «Соның бәрін тұспалдамай-ақ, төреге қайтып айтсақ екен. Ондай сұмдық кәсіпті ата – бабамыздан бері көрмеп едік, бұдан былайда құдай соны бізге көрсетпей-ақ қойсын» дегісі келіп отырған сияқты.

Олардың осысын Барлыбекке жеткізер кісі Қараменде болды. Кеудесі сала құлаш, төртбақ келген, жуан қарын Қараменде елуді еңсеріп қалса да әлі тың. Екі бетінің қызылы сол қалпы, әлі таймаған, нарттай кісі екен.

Қараменденің өзі ел ішінде біраз ақыл ұстар адам болса керек. Сөйлеген сөзі пысық, сондайлығын қазір де көрсетіп қалды.

Осы мінезіне сай Қараменденің жүріс – тұрысының өзі салмақты, ұстамды кісіге лайық, көзқарасы да байсалды кісіге біткендей екен. Анық ойдың адамы екені жазбай білінеді. Ол енді Барлыбек әңгіме еткен жайға қаратып:

– Бір жерге иіріліп отыра беру біз сияқты қазақ баласына оңай тиеді дейсің бе? Қара – құрым мал өлшеулі жерге қалай симақ? Малдың жайы, оның күйі не болмақ? Бұл өзі патша үкіметінің ойы ма, жоқ әлде басқа бір кісінің ойы ма, оны да бізге білу керек. Атам заманнан бері көшіп – қонып үйренген қазаққа бұл әсте жаға қояр ма екен, соны да білу бізге дүр қажет – деп, Қараменде Барлыбек жаққа ойлы көзқарасын аударды. Содан кейін асықпастан тағы да:

– Сол бір айтылған жерді айналшақтап отырғанда малды қайтер екенбіз? Қиыны сол болып тұр. Соған менің көңілім аса күпті сияқты. Оның үстіне мына бір переселен дегендерің жеріміздің берекесін әбден кетіріп бітті. Бұрынғы жайлауымыз қайда, күздеуіміз бен қыстауымыз қайда қалғаны былай тұрсын, енді басымызбен қайғы болып жүрміз. Әсте ата – бабамыз айтатын «байтал тұрмақ бас қайғы» осындайдан шықса керек – деді.

Барлыбек бұл сұрақтарға түбегейлі дайындалып келген кісінің тұрпатын тағы білдіріп тастады. Ол Қараменденің сөзі аяқталысымен-ақ, оған жауап қатқандай боп:

– Қареке соның бәрін ойланып істеу керек. Малдың соңында жүре бермей, Қарағаш сияқты ауылдарда қоныстап, мал бағатын кісілерді ғана малдың соңына салса болмайды ма? Тек қана мал бағатын халық жалғыз қазақ емес. Біз сияқты мал бағатындар көп. Тіпті Америка, Австралия деген елдерде де мал бағады. Бірақ олардың иелері бір орында отыра береді. Тек қана малшылары малмен бірге жүреді. Мұндай әдіс әрине біздің жақта ғана жоқ. Қазір қазақтың оқыған азаматтары әр жер, әр жерде жаңадан шыққан, тың сөз «Серіктестік немесе Серіктік» деген көпшілікті бірігіп өмір сүруге бейімдейтін орындар мен ұйымдар ашуға үгіттеп жүр. Мен де, сол туралы өзімнің «Бұқабай балаларының Ынтымақ ережесі» деген қағаз жазбамда айтқан болатынмын.

Бұның өзі не десеңіз? Бұл қазақты құртуға айналған руға, жікке, партияға бөлінудің тамырына балта шабу болып табылады. Мысалы, елу үйден тұратын кішігірім ауылға тәжірибе ретінде, ауыл тұрғындарымен, әсіресе ақсақалдармен кеңесе отырып, бірігіп өмір сүрудің жаңа тәсілін енгізуді ұсынамыз. «Серіктік» дегеніміздің өзі бірігу, бірлесу деген сөзден шыққан. Бұған кірем деген адам еркек – әйел демей, өз еркімен кіреді. Оған кіргені үшін мүшелік жарна төлейді. Серіктік мүшелері өздері қалаған адамдарынан басқарма сайлап алады. Жұмысты солар атқарады. Серіктік мүшелері басқарманың тапсырған қызметін атқарып беріп отырады. Бір сөзбен айтқанда серіктесу дегеніміз ауызбірлікті, ынтымақтасудың бір түрі. Мұндағы да, айтылатын талаптар – елдің ынтымақтастығын нығайту, бірлікті уағыздау, халық санасына жағымсыз қимыл – әрекеттермен қауым болып күресу және қайырымдылық пен қамқорлық жасау – деді.

– Ә, бәсе, ендігісі түсінікті болды! Өзім де, осылай ойлаушы едім. Мұхамеджан аға да осындай деп айтып еді – деп, мығым денелі, қарасұрлау келген жас жігіт отырған орнында қозғалақтап қойды. Жаңағы әңгімені бұл да, бір жерде шамасы сәл бұрындары естіген сияқты.

Бұл көршілес Садыр жақтағы Сарқаннан келген Мұқажан еді. Ол осыдан біраз бұрын Дума мүшелерінің демалысы кезінде елге келіп қайтқан Мұхамеджан Тынышбаевты күтіп алғандардың ішінде болған. Елгезек, еті тірі, пысық жігіт. Мұқажанның Сарқан төңірегінде де, Садыр ішінде де, әжептеуір салмағы бар. Оның үстіне жақсы ат, жүйрік тазы ұстайтын серілігі бір басына жетеді. Мұқажанның әсіресе аттары не бір бәйгелерде озып жүретін пырақтар екендігі де барша жұртқа әйгілі. Көкқиядағы осы бір Барлыбекпен болатын кездесу маслихатына ол өзінің атақты тазысын алып келіпті. «Аңшылық болады» деп жар салған Арасан кісілерінің сөзі оған да жетсе керек.

Серіктікті айтқанда Мұқажанның шыдай алмай үн қосып отырғаны да сол Мұхамеджан аузымен айтылған осы жайындағы әңгімесі болса керек. Енді қазір Барлыбектің айтып отырғаны да сол сияқты. Сондықтан да, тумысынан зерек көрінетін Мұқажанға бұл сөздер аса қызық көрінген сияқты. Бұл жайды ойлаған сайын оның да осы іске көңілі қатты кетіп жүрген. Жас та болса Мұқажан ақыл тоқтатқан, кісі көңілін алыстан танитындығы бар. Аз уақыттың ішінде көргені көп, не бір нақыл сөздерден ұққаны одан да көп болған Мұқажандай жігіттер бұл өңірде көбейе түскен.          

Бұл дегеніміз Барлыбек сияқты оқыған, көзі ашық қазақ азаматтарының жергілікті елді мекендерде, ауыл арасында басқару ісін дұрыс жолға қоюды қолға ала бастағанын оң көретіндер қатарында жүрген жігіттердің де көбейе түскендігінің белгісі еді. Өйткені, қазақ белсенділері өздерінің қоғамына патша өкіметі енгізген болыстық жүйенің тиімсіздігін әлдеқашан түсінген. Сондықтан Барлыбек өзі жасаған «Ережесінде» екі түрлі қоғамның жақсы деген әдістерін пайдаланған болатын. Оның ең бастысы – ғасырлар қойнауынан тамырын тартқан көшпелі қазақ қоғамының гумманизмге толы, қауымдық сырлары болса, екіншісі – ислам дінінің кейбір алдыңғы қатарлы талаптары болды. Барлыбек осы екі ұғымды үйлестіре отырып, бір мағынаға енгізіп соларды «Ынтымақ ережесіне» кіргізген болатын. Мұны ол Верныйға жақын ауылдар: Байсерке, Шамалған, Ұзынағаш, Талғарда үгіттесе, сондай-ақ, Қапал уезіне жақын жерлерде де осы туралы көп айтатын.

Әсіресе елге шығарда, жол – жөнекей, Көксу мен Қаратал өзендерінің көмейі мен жағалауындағы Жалайырдың егіншілікпен шұғылданатын қауымдастық (община) дейтін бірлестіктерінде де көтерген еді.

Сол кезде Барлыбекке қатты көмектескен тағы да Жалайырдың – Сыпатайынан шыққан ескі танысы Құлтай болды. Құлтайдың бұл маңайдағы елге әжептеуір беделі бар болғандықтан, сол маңдағы жалайырларды ынтымақты өмір кешуге шақырған Барлыбек үніне құлақ салуға әжептеуір көмектесіп еді. Сонда Барлыбек оған өзінің ырзашылығын білдіріп тұрып:

«Құлтайым жарадың, тағы да өзіңнің аталастарыңа кім екендігіңді көрсетіп қалдың. Ел пайдасына жараған-ақ азаматым екенсің!» деп арқасынан қағып, сол жердің уезд басшыларына, жалайыр қауымдастықтарының ынтымақты бірігу сияқты алға қойған мақсаттарына жету жолында, олардың көмек көрсетулерін міндеттейтін облыстық басқарманың қағазын ұстатқан.

Барлыбектің айтқанына Құлтай сәл жымиғаннан басқа артық қимыл жасамайтын сияқты. Қазір де, Құлтай қашанғы өзінің өр мінезіне сай көрінді. Ол ақсары жүзін төмен салып, Барлыбек әкелген қағазға шұқшия қарап қала берген.          

Байторы бидің өзіне тартқан немересі Құлтай намысқой, өз бетімен ешкімге бас имейтін, тәкаппар кісі. Ол Барлыбек бастаған ынтымақтастық ісіне қолынан келген қолқабысын аямаған. Соның арқасында Көксу, Күреңбел жеріндегі Жалайырлардың көп қауымдастығы осы бір пайдалы іске бетбұрыс жасаған еді.

Барлыбектің осындайлық сөзі, енді міне Арасан еліне де, тағы бірдей жаңа ой салғандай болды. Отырғандар тегіс «бұл қалай болады?» екен дегендей боп, тағы да ойланысып қалды.  

Бұдан кейін сөз елдің жағдайына қарай көшті. Тағы да әңгіме мал жайылымы, шабындық жерлер, қыстық мал азығын әзірлеу үшін шөп шабу науқаны сияқты күнделікті шаруашылық қарекетіне көшкен. Бұл жолы да Барлыбек соның бәрін білгісі келіп, бұл жақтың елінен де соның мәнісін сұрастырып отырған жайы бар.      

– Жайлау жағы биыл қалай болатын сияқты? деп сұрады ол Сейітбаттал болыстан.

– Биыл жаңбыр көп болды. Құдайға шүкір, шөп шығымы жаман емес. Мал да тойынатындай болды. Бұл жақтың кісісі бұйыртса сонау: Қисық ауыз, Тесік тас, Салқынбел, Теректі, Көкжар, Батпақтыға дейін жайлайды. Соның арасында қыстайтын жерлеріне де малға азық дайындап алар – деп жауап қатты.

Соған қарап Барлыбек осы өңірді мекендеуші халықтың қолында қанша мал қалғанын шамалап біліп, тіпті қанша түтін барлығын, сол түтін біткендегі адам санына дейін болжап біліп отыр. Бұлай болжауды ол алғаш рет Әлиханнан үйренген еді. Әлихан осы кездегі қазақ зиялыларының көбіндей гумминитарлық білім емес, техникалық және экономикалық білім алған болатын. Қазақ зиялыларының ішінде білім жағынан оған пара – пар келетін тек Мұхамеджан ғана еді.

Әлихан 1896 жылдан бастап, 1903 жылға дейін табаны күректей жеті жыл бойы Қазақ жерін зерттеген атақты Щербина экспедициясының жұмысына қатысқан болатын.

Дала облыстарын зерттеуге жасақталған бұл экспедиция қазақтың экономикасын, шаруашылық құрылымын, ауыл шаруашылық санағын жүргізді. Сонымен қатар, экспедиция халықтың тұрмыс – жайымен танысып, мәдениетін, салт – санасын, тарихын жан – жақты зерттеген болатын. Әлиханның сөзімен айтқанда, ол осы экспедиция құрамында жүріп көп нәрсені үйреніпті. Ең бастысы ол санақ – статистикалық тәсілдер арқылы барлық салаларда алдын – ала болжамдар жасауды үйренген сияқты. Осы тәсілдер туралы ол бас қосуларда жиналған қазақ зиялыларына түсіндірердей болып, ой бөлісіп отыратын. Міне, бүгін де, сондай тәсіл кәдеге асып, Барлыбек бұл жақтағы жәй – күйді әжептеуір білгендей болып қалды.                               

          Сөйтіп, Көкқиядағы қалың ел Барлыбекпен шүйіркелесіп, елдің өтпелі – кетпелі заманның сырына қанығып, мәре  – сәре боп жатқан. Өзінің ел ішіндегі үйреншікті әдеті бойынша бұл ауылда да Барлыбек естияр, беделді, елге сөзі өтімді адамдармен ақылдасып, бұл жақтағы тындырымды біраз шаруаның бетін бері қайырғандай етті.

          Елдің де осы тұста әр нәрсені түсіну қабілетінің де әжептеуір өсе түскендігі байқалып қалды. Жергілікті қазақтар көп жағдайдың мағынасын тұспалдап болса да аңғарып, соларды пайымдай бастағаны Барлыбекті қуантып тастағандай болды.

          Сөз осыған жетіп, бағанадан бері үндемей қалған ауыл адамдары да осы кез біртіндеп сөйлей бастаған. 

          Сонысына қарай олардың сұрайтыны: «Қашанға дейін бұл өкімет жерді ала бермекші? Олай болса жерді қолда ұстап қалудың жолы  қандай?» деген сұрақтардың жауабы секілді шықты.

          Артынша олар да Барлыбек лебізін ұққандай болды. Енді ғана ауыл адамдары мен Барлыбек арасында жарасымды әңгіме өзінің жалғасын тапқандай боп, қыза түскені көрініп қалған. Бүгін де жиналған ел түн жарымына дейін әңгімелесіп, кеңесіп барып бірақ тарқаған.

          Ел үшін ең қызық күн ертесінде болды. Бұл күн саятшылық құруға белгіленген күн еді. Кең дала, иен жерді еркін кезіп жүрген қазақ баласына ескіден бері көңіл көтерер сейілдің бірі аңшылық пен саятшылық еді.

          Барлыбекті қалап осында әкелгендей болғандар енді оған саятшылық өнердің бір қыры – аң аулау тәсілін көрсетпекші болған.

          Сондықтан кеше кешкісіннен бастап бұл ауылға сондай өнердің адамдары: аңшылар, құсбегілер мен итбегілер жинала бастаған. Оларды алдын – ала ескертіп, шақыртып отырған аңшылыққа құмар Сауырықтың өзі. Ол осыған аса қатты пейіл ұстап, ден қойған секілді. Бұл жерге ар жағы Ақсудың, бер жағы Қапалдың талай аңшысы мен құсбегісі жиналып қалыпты. Енді солар асығыс өз істеріне қамданып жатыр. Солардың арасында әуелі сонау Сарқан жақтан тазысын ерте келген Мұқажан сияқты бұрыннан бері аңқұмарлықпен айналысатын жас жігіттер де бар.

           Шіркін, жарқыраған жазды күні саят құрып, аң аулағанға не жетсін. Сауырық ақыры екі – үш күннен бері осы ауылда елді жинап әр түрлі маслихат құрып жатқан Барлыбекті бір уақыт саят құрып, көңіл көтеріп қайтуға көндіргендей болатын.

           Бұған жақын арадағы аңшы мен құсбегі біткеннің бәрі қатысатыны күн ілгері белгілі болып шықты. Қызық көруге де айналадан көп кісі жинала бастаған. Осыған орай бұл жерге жиналған елді аңшылыққа пайдаланып қалу шарты да бар екен.

            Қызыққа жиналған көпшілік қойсын ба, ары – бері ойқастай шапқылап, онсыз да көп дүбірді молайта түскен.       

           Осында жиналған кісінің дені – жас жігіт пен боз бала сияқты. Оларға да бір уақыт көңіл көтерерлік ермектің табыла қалғаны қызық. Сондай қызықты көріп, қатысуға келген жастар жағы мұндайды жаратып тұр. Саят жағын олардың көңіл – хоштары жөн көріп, рахат табатындай болған жүздері бал – бұл жанып кірісіп кетуге даяр тұрған сияқты.

            Мұндағы көп жастың бәрі бірдей бекерге жиналмапты. Олар тек қана аң аулаудың қызығын қызықтау үшін ғана емес, ең бастысы тығылып жатқан аңды үркітпекке келгендер екен. Соның бер жағында жастар аң аулаудың қыр – сырына да үйреніп, тәжірибе алмаспақшы болуға да шақырылыпты. Сөйтіп, таудың әр тұсында тасаланып жүрген аңды үркітіп, тығылып жатқан жерлерінен қуып шығармақшы екен. Олар қуылған аң біткенді ықтырып әкеліп, аңшылар белгілеген тұсқа жақындатпақ. Сондай келісілген жерді де алдын – ала белгілеп қойыпты. Ол жер – Көкқия шатқалындағы жазық екен. Саяттылықтың бұл түрі қазақтың ескі уақыттан бергі келе жатқан дәстүрі болса керек. 

          Жиналған жұрттың көзіне: Қыдырбай, Есім, Жұлдызбек сияқты осы өңірдің атақты құсбегілері мен Сауырық, Мұқажан, Жақып, Сәрсібек тәрізді аңшы ит – жүйрік тазы ұстайтындары бірден бөлек көрінді. Олардың көзіне де аң аулайтын кісілер елден ерек кәсіпті игерген басқа бір дүниенің ерендеріндей болып көрінген сияқты.

           Аңшылар әзірге тай – құнанға мініскен балалар мен ересек бозбалаға аң үркіту тәсілін айтып, түсіндіріп жатыр. Бұл – аң аулаудағы басты қимыл болмақшы. Өйткені аң аулаудың көпшілік біле бермейтін өз әдісі мен тәсілі бар болса, оны білетін тек тәжірибелі аңшылар ғана. Оларсыз аң аулаудың сәні де жоқ, сәті де жоқ. Құр далбаса болатыны анық. Қалай – болса солай жүріп, жақсы ұйымдаспаған аңшылықтың көп адамның көзі тоятындай қызық болмайтыны рас боп шықты.

           Жаңағы тай – құнанға мінген көп бозбала да бұл кезде әбден іріктеліп қалған. Оларға Есім мен Қыдырбай сияқты білгір аңшылар сабақ беріп, не істейтіндерін айтып жатыр. Бұлар аңды қорқытып, шошытып, үркітіп межелі жерге қайырып апармақшы. Сол үшін жарақталған топ еді.

           – Е – е, бұларды енді жіберсе де болады – деді анадай жерде оқшауырақ тұрған Мұқажан жаңағы топқа көзін сүзе қарап:

          – Бұлар барғанша біраз уақыт өтер, одан тағы біткеннің бетін бері қаратқанша қай заман – деп асықтырып тұр.     

           Бұл топ негізінен балалар екен, ішінде бірен – сараң ересек жігіттері болмаса. Қазір бұлар қызықтан құр қалатындай боп, асығып тұр. Шу десең болғалы, аттың басын жіберуге даяр тұрғандай.

          Бұл жердегі соңғы сөзді Сауырық пысықтады. Ол маңғаз қылықпен қасындағы кісілерге қарап қойып, алдымен қасында көсіліп жатқан дәу дүрегей тазысының жағдайын білгісі келгендей оны құлақ шекесінен бастап жонына қарата сипап өтті. Сосын қалтасынан секер қанттың кішігірім түйірін алып, тазының аузына тосты. Тазы секерді күтір – күтір еткізіп шайнады да сылқ еткізіп жұта қойды. Асықпастан, иесінің қолына көз қиығын салып, «тағы не айтасың?» дегендей боп, дәу дүрегей тазы жата берді. Оның жатысында да бір мән бар сияқты. Салқын мінез, ойлы көз, байсалды пішін бұл итті онан сайын асқақтатып жіберетіндей екен. Дүрегей тазы да сол қалпынан жазбай жата берді.

          Сауырық ұзын бойын тіктеп алды да аң қайыратындар жаққа қарап:

          – Аң үркіп, бағанағы айтылған жерге қайырылған соң, айғай – шуды азайту керек. Алдымен өздеріңді байқаңдар, бірдемеге арандап қалмаңдар. Сондықтан қалың бұта, талдың ішіне онша кірмей-ақ қойыңдар. Кірсеңдер де байқап кіріңдер. Ондай жерде жайылып жүрген тағы, тығылып жатқан жыртқыш, тіпті ұйықтап та жатқан аю болуы мүмкін. Сондай жыртқыш жарып тастамасын – деп, Сауырық алда күтіп тұрған қауіптің бар екендігін ескертіп, содан сақтандырғандай болды.

          Аң үркітер топтың ішінде жүрген қызғылт көйлекті баланы көріп, бүркітші Қыдырбай қатты бұзылды. Ол жаңағы балаға зекіп:

          – Әй, сен кімнің баласысың? Сен неғып жүрсің бұл жақта? – дегеніне, ол:

          – Басқалармен бірге жүрмін, аңшылыққа келдім – деп, бұлдана қалды. 

          – Өй, сен мынандай түріңмен, бармай-ақ қой ондай жерге! Өзің құстың тырнағына ілінгелі тұрмысың? Қызыл киген, қызталақ! Қазір көйлегіңді ауыстыр, әйтпесе сен бармайсың! – деп ақырды. Басқа құсбегілер де оны қостап, осы кезде шу етісе қалды. Қайсы бірі:

          – Әкет, әкетіңдер мына баланы! – десіп өңеш жырта бастады. Кейбіреуі мұны жөн көріп:

          – О несі екен, қызыл киіп, құтырынып, өлейін деп жүр ме? – десіп, құсбегілер жағы шуылдасып кетті.

          Сауырықтың аяқ тұсында көсіліп жатқан оның атақты тазы иті еді. Өйткені, оның қасынан өткен кісі «Жетер» деп, атын атап, құмай тазыны еркелетіп қояды. Ондайға міз бағатын Жетер емес. Алысқа маңғаздана көз тігіп, салалы, сіңір сирақтарын серейтіп астынғы жағына бүгіп, есік пен төрдей болып, көсіліп, тып – тыныш жата береді екен. Ұзын, салалы біткен сирақтары құдды бір еліктікіндей боп, әдемі көрінеді. Дүрегей тазы қазір маңғаз күйдегі жатыста болса да бір нәрсені сезіп, қасындағы басқа иттерге ойлы көзбен, бір қырын қарап қояды. Иттің осындай жып – жылмағай, сұқтандырар келбеті қай адамды болмасын тамсандыра түсетіндей екен. Бұл тазы қазір бірдемені күтіп тұрғаны анық. Соған тек қана иесінің бұйрығы жетпей тұрғандай сияқты.

           Қыдырбайдың қолындағы балдақта отырған осы маңайға белгілі болған «Тұйғын» атты қыран құс. Балапан кезінде Қыдырбай оны Баласаздағы Бүркітті бүйен жағасындағы құз жартастан беліне арқан байлап түсіп, сол жерден алған болатын. Құздағы адам баласының қолы жетпес жері текше тасқа ұя салатын бүркіттің баласын соңғы алған осы Қыдырбай болатын. Оның алдында қыл арқан арқылы өрмелеп барып құздан бүркіттің балапанын алмақшы болған Қали деген құсбегі арқан тасқа қажалып, қиылғанда терең шатқалға құлап өлген еді. Сол балапан ақыры Қалиға емес, осы Қыдырбайға бұйырыпты.

           Күн біраз көтерілгендей болғанда, батар жақтан аздаған бұлт пайда болған. Сол бұлтқа бола ауаның райы өзгеріп сала бергендей еді. Осы тұста Балқаш көлі жақтан салқын желдің соққаны білінді. Сол жел Ақадыр мен Көкқияны бөктерлей соғып, жазды күнгі аптапқа біраз желпініс әкелгендей болды. Бұл желпініс күннің аптап қызуын аздап болса да басқандай етті.   

           Аяқ астынан бағанадан бері шыжып тұрған күннің аптабы аз – маз  сынып, жанға жайлы, саябыр леп пайда болды.

           Бұндай адамды жадыратар күйдің пайда болғаны жер жаһанды да рахаттандыра түскендей еді. Жаңа ғана осындайлық алапат ыстықта біраз тершігендей болған Барлыбек те, рахат бір күйге енгендей болды. Тіпті осы кезде жаңағы желден өне бойы тоңазығандай болып көрінді. Барлыбектің бойына бұл жел басында жайлы болып көрінсе де, артынша ауруынан сескенген ол үнемі қасынан тастамайтын тері күртешесін киіп алды.

           Шамалы уақыттан соң, бағанағы аң үркітушілер кеткен жақтан аттың дүбірі естілді. Сол, сол-ақ екен, әр тұстан тасыр – тұсыр ете шапқан аттардың тұяғы тастақ жердің шаңын бұрқыратып, дүсірлете шауып келе жатқандайы құлаққа шалынды.  

           Бұл, не де болса келе жатқан көп аттының дүсірі болды. Ондай тасыр аң үркітушілердің келе жатқандығының белгісі еді.

           Енді ғана солар екені анық білінді. Қолдарында таяқ, қамшы ұстаған аттылар, сонысымен қанжығаларына байлаған ескі – құсқы шылапшын, дағара сияқты даңғырлап кететін зат біткенді тарсылдатып, жөңкіле шауып келе жатыр екен.

           Ілезде солар көтерген шумен бірге әр тұстан шыға салып, безіп ала жөнелген марал, қашып бара жатқан елік пен теке, түлкі мен қарсақ, қосаяқтап, бұтадан – бұтаға секірген қояндар, тіпті жан сауғалай қашқан   бір – екі қасқыр да бірден көзге түсті.  

           Бір сыпырадан бері аң аулау қызығына әбден батқан адамдар қызып алған секілді. Тіпті өндірлеп, қоймайтын сияқты. Атқа қоңған кісі біткен  даурыға айғайлап, өңеш жырта бақырып келеді. Әсіресе, аң қайырушылардың жастау дегендері әбден қызынып алған. Тай – құнандарын шаужайлап тоқтамастан қызық қарағандарың қасынан дүркіретіп өте шыққан.

           Топ – топ болып тұрған аңшылар мен қызық көрушілер де осы кезде бұлардың соңынан қоса ұмтылды. Бұлардың ат үстіндегілері тебінісіп, үзеңгі қағысып, аң қуылған жерге қарай шаба жөнелісті. Жайбарақат әңгімелесіп, жаяу тұрғандары аттарына ұмтылды. Айғай – шу тіптен үдере түскен.

           Осы кезде үркітушілердің:

           – Өи-и, кетті, кетті! Әне кетті!, Мында кетті! – деген айғай – ұйқайы даланы жаңғыртып жіберді. Сол – сол-ақ екен, оған қосыла шыққан дауыстар да әр тұстан естіле бастады. Сондай көп дауысқа жалғасқандай болған ит салушылардың:

           – Күшім, күшім каһ, каһ! Айт, айт! Айтақ, айтақ! – деген дауыстарына қосылып кең сайдың іші айғай мен шуға тола түсті. Ендігі кезекті алған ит иелерінің итін айтақтағандай болған:

           – Ұш-ш, ұшайт, үш! – деп ысқырына қалғаны мен иттерін айтақтай түскен дауыстары қайта – қайта естіле берді. Мұның соңы құсбегілерге келіп жетсе керек. Өйткені осы кезде томағасы сыпырылған бүркіттер де иелерінің қолынан сытылып шығып, көкке қарай самғай ұмтылған еді. Жер – көктің бәрі дүсірлей шапқан аттардың тұяғына қосыла шыққан адамдардың айғай – ұйғайына ұласып, күңіреніп кетті. 

           Осындай дүрмекке беріліп, өзге кісіден бөлектеу тұрған Барлыбектің қасында Сейітбаттал қажы мен Сауырық қана тұрған. Жаңағы айғай – шу басталысымен жан – жағына қарай түскен Барлыбектің көзіне жақын тұстан құз шатқалға қарай қия тартқан қызыл ала түлкі түсті. «Қайтер екен?» деп қарап еді. Түлкі жүгірген бойда шатқалдың жартасына қарай ойысты. Енді ол бірінен – бірі биік тастарға қарай өрмелей бастаған. Биік, жақпар тастардың бірінен – біріне секірген түлкі оның ұшар басына қарай еппен жылжып бара жатты. Біраздан кейін жаңағы түлкі әйтеуір биік жартастың үстіне ілікті. Жартастың асты – құзға айналған терең шатқал екен. Соның табанында өріп келе жатқан тазы, онан қалса кісі, аспанда қалықтап жүрген қыран. Бұл жерде түлкіге барар жер, басар тау қалмағандай.

          Осы кезде құстың біреуі қанатын қозғап – қозғап жіберді де дайындалғандай боп, түлкі тұрған жартасқа қарай шүйліге түсті. Шүйліккенде  қатты шүйлікті, бірте – бірте қанаттарының суылдаған дыбысы да анық біліне бастады.

          Түлкі қыран құстың күйін алдымен таныған сияқты. Түлкіге де енді жан алып, жан берер шақ туғандай көрінді. Ол көкке қарап, сілейіп, бүркіттен бір көз жазбастан қатып қалыпты. Түлкінің бар назары жердегі ит пен адамда емес, оның көзі көктегі қыранда екені енді баршаға анық байқалды. Оның есіл – дерті қыранға ауып, бағанадан бері соның ғана әр сайынғы айнала қалықтауын бағуда болса керек. 

          Кенет биікте суылдаған дыбыс енді анық жақын жерден шыққаны біліне бастады. Барлық адамның назары аспаннан ағып келе жатқан қыраннан көзін алар емес. Елмен бірге Барлыбек те аспаңға қарап еді, бағанағы қалықтап ұшып жүрген бүркітті таппай қалды. Көпшілік адамдар сияқты ол да бүркіттен көз жазып қалған еді. Ол аспанға қанша тесіле қарағанымен бәрібір түкті де көрмеді. Бағана ғана бүркіт қалықтап жұрген жақты қайтадан көзін алмастан ары – бері сүзе бастап еді, бәрібір құсты таба алмады. Соның артынша құлағына:

           – Шүйлікті, шүйлікті! Әнекей, ағып барады! – деген дауыстар естілді. Бүркіттің суылдап төмен қарата шүйліге ағуының өзі керемет көрініс екен. «Қанатынан жел есті» деген де осыдан шыққан болар. Соған қарағанда қыранның бойында алапат бір күштің бар екендігі рас болар.              

           Бұл уақытта түлкі де бүркітпен ақтық кездесуге барынша дайындалып тұрғаны бірден байқалды. Бағанадан бері барар жер, басар тауы қалмаған түлкі, ажал таялғанын сезгендей болып, қу жанды, қу шүперекке түйгендей күй кешіп тұрған секілді. Ендігі түлкінің соңғы амалы – оның айласы болғандай болса керек. Түлкі сол айласын іске асыруға көшіпті. Сондай есеппен, түлкі қазір биік жартастың үстінде тұрғаны белгілі болды. Түлкінің есебінше сол жер бүркіттің шабуылын күтіп алатын ең оңтайлы жер сияқты. Оған солай көрінуі ықтимал. Бұл түлкінің жан – тәсілім алдындағы соңғы қаруы секілді. Түлкі жартастың ұшар басына тұрып алып, не де болса бүркітті осы арадан қарсы алмақшы болғаны сол екен. Қулығын асырса бүркіт мерт болады. Ал асыра алмаса ше? Онда өзі мерт болады. Осының бәріне себеп болған мына бір жиналған екі аяқты, көп адамның тегеуріні сияқты. Ал қазір түз тағысын осындайлық соңғы бәсекеге басын байлатқан бір-ақ нәрсе – оның аты ажал. Ажалдың айтпай келетіндігін түлкі байғұс енді ғана сезінгендей. Бұл дүниенің жалған екендігін де ол бейшара тап қазір татып білгендей. Бағана ғана күн барынша қыздырып, айнала керемет тамылжып тұрған сияқты еді. Түлкі бір құшақ құйрығын бұлаңдатып, сондай бір рахат күй кешіп жүрген болатын. Тіпті, бір – екі саршұнақты да бұл түлкі жеп, тойып алғаны сол болатын. Ендігі ойы – ыңғайлы бір жерді тауып, ұйқысын қандырып алмақшы болған. Бұл дүниеде бар арманы – сол ғана бола қалғандай. Сондай жерді ол тапқандай болды. Онысы осы маңдағы үйреншікті жері. Солай қарата асыға басып келе жатқан беті еді.

          Сол, сол-ақ екен, дүние астан – кестен болды да кетті. Аяқ астынан, қайдан пайда бола қалып еді осының бәрі. Жан – жағын қаумалаған екі аяқты жаудың ортасында қалды да қойды. Көзін көмкеріп, басын зеңіткен ұйқысын қандыруға сәл қалғанда межелі мекендегі салқын жер, салулы төсекке сәл қалғанда нағыз дозаққа түсті де кетті. Қазіргі жәйі мынау, аспаннан келе жатқан ажалын күтіп, жанын шүберекке түйіп, құз жартастың ұшында тұрғаны. Жаны болса мұрнының ұшында. Енді сәл кешіксе қыранның тырнағына ілінеді.

           Түлкінің мына тұрысын көріп, әсіресе, әккі құсбегілер қатты састы. Олар түлкі біткеннің мұндай да айласын білетін. Бұл айла түлкінің өте қауіпті әдісі. Қыран құсты майып ететін қулық. Мұны көріп:

           – Апырай, мына неме, не ойлады! – деген Жұлдызбектің жан даусы шыққандай болды. Қазіргі түлкіге шүйлігіп келе жатқан да соның құсы болса керек. Құсының тағдырын ойлап, оның қайғыра бастағаны білінді. Уайымға беріле түскен Жұлдызбектің кең жауырыны лезде қушиып, арқасына ауыр жүк түскендей бүкірейе қалыпты. Ол енді ғана құсқа төніп тұрған қауіпті түсініп, соған іші күйгендей боп, күн жалаған, кезерген еріндерін қырш – қырш еткізіп тістелей берді. Өңі бозарып кетіпті. Сұп – сұр болған жүзінде орнаған уайым белгісі оның қатты сасып тұрғанын көрсетіп тұр. Жұлдызбек осы кезде қанталаған көздерін түлкі тұрған жартастан бір алмайды. Түлкі болса сол қыран ұшқан аспанға қарап, көкиген қалпы қатып қалыпты. Оның екі көзі де тек бүркітте болса керек.  

           Ел де осы кезде тына қалғандай болып тұр. Бағанағы айғай – шу жоқ. Қазір соның бәрі кенет үзілгендей болды. Тірі жанның бәрі «енді не боладыны?» күтуде сияқты.

           Бұл аңдысу көпке бармады. Бір кезде шүйліккен бүркіт түлкіге қарай аға жөнелді. Суылдап келе жатқан қара ноқат үлкейе бергенде түлкі де қыранның жақындап қалғанын барлық денесімен сезіп, тарамыстай тырыса берді. Сол, сол-ақ екен, түлкі жантәсіліммен жартастан ырғи секірді. Бұл уақытта бүркіт те қайта қалықтап кетуге қанатын жайып үлгермейтіндей болған сияқты. Сөйтсе де бүркіттің бір аяғы түлкінін жонына жармасып үлгеріпті. Бүркіт тасқа бір жағымен соқтығып барып, түлкімен бірге ұмар – жұмар болып кетті де төменгі тастардың арасына барып құлады.

          Қыранның жан тәсілім қылып, ұстаған жерінен айрылмай қалған бір аяғының тырнақтары түлкінің жонын бүрген қалпы басып алыпты. Түлкі жонына кірген тұяқтан ауырсынып бұлқынғанымен, бүркіт онан сайын қарыса түседі. Бірақ әзірге түлкінің тәні сау секілді. Ол енді жан дәрменмен жаралы бүркітті қалың бұтаның ішіне сүйреп кеткісі келген. Бірақ бүркіт те бой берместен амалдап тұрған беті екен. Құс бос аяғымен жуан аршаның бұтағына жармасып алған, екінші аяғы түлкінің жонын бүре түскен қалпы қатып қалыпты. Осы кезде тазылар да, адамдар да келіп жеткен еді.

           Түлкі ажалын тапты. Бірақ, бүркіт те оңбады. Тасқа бір жағы тигенде топшысы үзіліп, кейін бір аяғы түлкінің жонын бүріп, екінші аяғымен аршаға жармасқанда шаты айрылып кетіпті. Қыранның жайы елге қатты батты. Әсіресе иесіне батқан еді.

           Бүгінгі аңшылықтың күйі осылай болды. Әсіресе құстың иесі Жұлдызбектің еңсесі түсіп, қайғырып тұр екен. Құсына жаны ауырып, іші удай ашып тұрса керек. Ол жуық арада өзіне – өзі келе алмайтын тәрізді. Тұрғандар Жұлдызбекті жұбатып жатыр.

          –  Ештене етпес, бүркітің әлі-ақ, жазылып, қатарға қосылады – десе, енді біреулері:

           – Әй, қайдам! Бір үйлі жан осымен күн көріп отыр еді. Қысылатын болды ғой! – деп, аяныш пен мүсіркеу де білдіріп қалған. Көбі қолынан келер түгі болмаса да:

           – Бүркіттінің құзындағы ұя аман болса әлі талай балапанды аларсың. Соларды баптарсың – деп қояды. Бұндай сөздің ендігі Жұлдызбекке келіп – кетер пайдасы жоқтай. Жаралы қыранын құшақтап, соны аялағандай боп, ол терең ойға шомып кетіпті. Бүркітін аймалағандай болып, қиын күйді басынан кешіп отырғаны білінеді. Елдің айтып жатқан сөзіне ол үндемеді. Бет әлпетіне үлкен мұң ұялапты. Ішінен күйініп, тынып қалған секілді.

           Бүркітшінің мына түрін көріп, Барлыбектің жаны ашып, оны аяп кетті. Ол не істерін білмей абдырап, біраз бойы тұрып қалған. Артынша құстың осыншалық иесіне өте қымбат екенін елден естіп, бір ойға келгендей болды. Сосын да ойына бір нәрсе түскендей еді. Ішінен: «Өзінің бала – шағасы көп екен. Барлығы осы құсқа қарап отырса керек» деп ойлады да, дереу бір байламға келгендей болды. Ол дереу қолын қалтасына салып жіберіп, жолға деп алып шыққан, таза алтыннан соғылған құнды ақша «червонецті» суырып алып, Жұлдызбекке ұсынып тұрып:

          – Ендігі құс үйреніп аспанға ұшқанша аз болса да бір септігі тиер мынаны ала тұрыңыз» деп алтын сөлкебайды оған ұсынды.

          Бүркітші Жұлдызбек болса Барлыбек ұсынған ақшадан бас тартып, оны алмайтынын айтты. Ол ат – тонын ала қашқандай боп:

           – Алмаймын, ұят қой! Бұған сіздің не жазығыңыз бар. Тағдырдың ісі ғой. Сізге рахмет! Бірақ мұншама көп ақшаны мен алмаймын –  деді.

           – Алыңыз! – деді Барлыбек, өзінің сабырлы сөйлейтін әдетімен.

           – Бір үйлі жан енді қайтпек? Тағы да осындай бүркітті баулығанша талай заман өтеді ғой – деп, ол бой берместен ақшаны Жұлдызбекке алғызды. Оның:

           – Ел ішіндеміз ғой, бір сәті болар – дегеніне де, Барлыбек қарамады.  

            Бұл кезде аңшылар жиналып қалған екен. Қалған кісілер де осы араға жиналып жатты.

          Жиналған көп кісі ду – ду етісіп, жайбарақат әңгімеге көшкен. Бірі аузынан суы құрып, бүркіттің нағыз қыран екендігін айтса, енді бірі түлкінің айлакерлігін айтып, таң қалысып жатыр.

          Осы кезде әне бір кезеңнен асып келе жатқан салт атты көрінді. Өзінің жүрісі суыт сияқты. Елдің көзі енді сол келе жатқан аттылы адамға түсіп, аңтарыла қалысыпты. Жиналып, бұл жерден қайтқалы тұрғандар жаңағы аттылы кісінің жолына қарады да тұрды.  

          Салт атты жолаушының жүрісі суыт болғандықтан ба, әмбе беймезгіл уақытта келе жатқандықтан ба, тұрған кісінің бәрі сол жаққа қарасып қапты. Олардың түрінен: «Бұл кім болды екен? Жәйшылық па екен?» дегеннің нышаны байқалады.

           Жиылған жұрт бұл келе жатқан кісіні тек жақындағанда барып бірақ таныды. Келе жатқан Есенқұл екен.

          Есенқұлдың дөңгелектеу келген бет жүзі ыстық күннен түтігіп кетіпті. Бет пішінінен ашуланғандықтың табы байқалады. Даусы да салғырт шығады. Біраздан бері бiр нәрсеге ашуланғаны түрінен бiлiнiп тұр. Онысын Барлыбекке сездiргiсi келмейтін сияқты. Сыпайы ғана елмен амандасып жатыр.                                                

Келiсiмен–ақ, Есенқұл – Барлыбекке Қарағаштағы мектептiң құрылысы басталып кеткендігін айтып, соны көрiп қайтуға шақырды.

Барлыбек мұндай ел ішіндегі игі істерді қалт жібермей аңдып жүреді. Мұндай, мұндай да, ел игілігіне істелген істерді еселей мақтап, «жақсыны – жақсы» деп мадақтап, «жаманды – жаман» деп даттап отыратын. Сонысына басып, «не де болса жаңа мектептің салыну бастамасын көзіммен көрейін» деп, қазір де бұл ұсынысқа көне кеткен.

Жол жүрер алдында Барлыбек Сауырықтың әйелі жас келіншек Ақбілекті шақыртып, көрсеткен қонақжайлықтарына ырзалығын білдіріп, Сауырық үйіне батасын берді.

Бата бағышталғаннан кейін асығыс жолға шықты.

Арасанның басқа елі үшін мұндағы сөз бiтiп, жұрт қызық әңгiмеден енді біраз заманға дейін құр қалардай көрінген. Тағы сол сияқты біраз арыз, арманмен Барлыбекті iздеп келушiлер де әттеген–ай деп, оынмен кездесе алмайтындықтарына өкініп, қиналып қалған.

 

 

 

 

 

 

 

Тоғызыншы тарау

 

 

 

 

 

 

Барлыбектер Есенқұл айтқан шаруамен асығыс, ерте аттанып кеткен.                Бұлар ауылдан шыға бере-ақ, сөзді Есенқұл бастады. Есенқұл алдымен өзiнiң келген шаруасын Барлыбектің есiне салған. Қазір де ол сонысын жол – жөнекей Барлыбекке айтып келе жатқан беті болатын.

          Сөйтіп, Есенқұл – Барлыбекке салынып жатқан мектеп пен мешiт құрылысына рұқсатты қалай алғанын тәптіштеп айтып берген. Жаз бойы өзiнiң көрген азабы мен тауқыметiн ызалана баяндап, артынша ашу басқан жүзін Барлыбек жаққа бұрып, қатуланған түрмен:

– Барлыбек аға! Бiз осы қазақ баласын бөлiп – жармастан оқысын дедiк. Сол үшiн де мектеп салдық. Аллаға мiнажат етсiн деп, мешiт те аштық. Бiрақ өкiмет неге осыған қарсы? Неге солар аяғымызға тұсау салғысы келедi? Бiле – бiлсеңiз өкiмет тарапынан осы жағына бола дегізіп, бiзге соқыр тиын да түсірмейдi. Олар осы қазақ баласының оқып бiлiм алуына жан – тәнiмен жек көрiп, қарсы болардай ғой деймiн. Жоқ әлде, бұл да болса бiздің басымызға түскен мiндет пе? – деп ренішін білдірдi.    

Барлыбек оның ойын бөлмейін дегендей боп, оның айтқанын аса зейінмен тыңдап тұрған еді. Өзі де, алдымен Есенқұл айтқан сөзге әбден қанық болғысы келген сияқты. Ол бұған жауап қатпай тұрып, қазір барынша Есенқұл сөзін ой елегінен өткізіп, соның жауабына дайындалып тұрған еді.

Сондықтан болар, Барлыбек үшін ендi ғана елде басталып келе жатқан жаңа талаптың мән – жайына қанық болу аса қажет болып тұрғаны да рас. Әсіресе сондай бастаманың басында жүрген Қалқабай әулетiнiң бiр кісісін ол бар көңілмен тыңдауға дайын екендігін көрсеткісі келген ниетпен дәл қазір үндеместен ой түйіп келе жатқан болатын.

Барлыбектiң Есенқұл сөзіне еріп, шұғыл арада Қапал жаққа жол тартуының да өзіндік сыры бар. Оның мұнысының өзi қазiргi жағдайда Сейiтбаттал, Есенқұл және басқа да Қалқабай әулетiне жататындардың ел игiлiгi үшiн жасап жатқан жақсылықтарын бас шұлғып «дұрыс екен» деп құптап қана қоймай, осындай жақсы iстердi ел iшiнде жүргенде дәрiптеп, кезi келгенде араға түсер арашашы болуға даяр екендiгiн де көрсету еді.  

         Барлыбектің мұндайлық кісілігіне барлық ел ырза болатыны содан да еді. Оның осындайлық қайратына, түсiнгіштігі мен зейiндiлiгiне әсіресе Есенқұл бір жағы сүйсiнiп, бір жағы қатты қайран қалатын.

                   Барлыбек бұл жолы да, өзі алған аз демалысын қымыз ішіп емделуге емес, тағы сол ел ісіне арнағандай боп, кірісіп кеткелі тұр. Жаңағыдай Есенқұлдың сөзін естісімен дегбірі кетіп, осы жақтағы елге де, өзiнiң көкейiне түйген жаңалығын ашпақшы болғандай елең ете қалған.    

         Барлыбек бүгiн, не де болса, Қапал жақтағы Матай елiнiң ел бастаған естiлерiмен ақылдасып Қарағашқа ұқсас тұрғылықты ауылдар салу, елдi отырықшылыққа бұру туралы сөйлеспекшi болды.

Өзінің көптен бергі арманы: «Қазақ ауылдарының барлығы бiрдей Қарағаштай болса екен. Тiптi сондайлықты iргетасы берiк, мықты болмаса да, өзiндiк мәдениетi мен сәулетi бар ынтымақты елге, ең құрығанда ортақ ережесi бар қоныстарға айналса» деп тілейтін.

Тарыдай шашылып жүрген елді ең болмаса бастапқы кезде Қарағаш сияқты көптеген үйлері болмаса да, тіпті аз ғана үй ауылға айналдыру өзінің алдына қойған мақсаты сияқты. Солай бола қалған күнде олардың ең басты мұраты: ынтымақты, берекелi өмiр кешу, соған ұйымдасуды үгіттеу керек. Ыңғайы осылай ұйымдасқан ауылдардың істейтін істері: шаруашылық, қол өнер, мал өсiру, жер өңдеу, диқаншылықпен айналысып, сонымен қатар сауат ашу, әсiресе балаларды оқытып, елге лайық етiп тәрбиелеу сияқтыларды іске асыру.

Барлыбек өте қиын болса да осының жолын іздеген. Сол жолды көрсетіп, нұсқаушы, осы іске үлгі болар да, тек қана осы Қарағаш болмақшы. Былай келгенде Барлыбек Қарағаш қыстағын нағыз соның үлгісіндей көретіні де рас. Оның түпкі мақсаты Қарағашты қазақ елi арасындағы сондай құтты мекендердiң үлгісіне айналдыру еді.

Бұл жағынан алғанда Қыдыралы – Қалқабай ұрпағы елге үлгі боларлықтай біраз тындырымды істер істеді. Сол үшін де Барлыбек оларға ырза болатын.

Олардың осындайлық ниетiне де ыңғай алып, бой ұрғасын, әрдайым елге де осыны айтқысы келiп жүретiн. Осымен бірге, оның қазіргі заманнан түйгені – көшпелі елдi қалайша бiр жерге жинаудың қамы да еді.

Бұл мәселе қазіргі қазаққа өмір тынысындай болатын, керек дүние. Әсіресе осы заманғы, өз халқының болашағын ойлайтын қазақ оқығандарының алдына қойған мақсаты да осы еді.

Барлыбек те, сол зейінді қазақтар сияқты ойлайды. Солар секілді, халқының басындағы ауыртпалыққа қинала береді. Әсіресе, көшпелі қазақты тұрақты мекеніне қондыру үшін не қажет? Қазақ баласы үшiн отырықшылықтың түр – түсi қандай болмақшы? Қарағаш сияқты ма, жоқ әлде басқадай ма? Мұндайды ойласа оның ойы сан – саққа бөліне бастайтыны бар. Әлі күнгі осының бәрі шешімін таппаған жұмбақ дүние болып тұрғаны тағы бар. Бірақ соңғы кездері ол осының кілтін тапқандай болған. Сол кілт қазақты отырықшылыққа апаратын кілт. Соның есігін ашатын құрал сияқты көрінген. Ол кілт бүгін де бар, дайын дүние, тек соны дұрыс пайдаланса болғаны.                        

                   Тап сол мәселенiң айтылатын кезегi де, өзі үшін дәл бүгiн келе қалғандай болды. Барлыбектің ішіндегі ондай ойдың не екенiн әзірге сұраған пенде жоқ. Бұл болса өз бетiмен сол ойын елге тәптiштеп жеткiзбекшi. Оның қазіргі бар болмыс – бітімі тек осыған бағытталғаны содан да болар.

Барлыбек бүгiн не де болса Қапал жақтағы Матай елiнiң ел бастаған естiлерiмен ақылдасып, Қарағашқа ұқсас тұрғылықты ауылдар салу, елдi отырықшылыққа бұру туралы сөйлеспекшi болғаны сол еді. Оның көкейін тескен де осы болатын.

                   Барлыбектің өз басы қайда жүрмесін ел үшін істеліп жатқан пайдалы істерге үнемі қамқор болғысы келіп жүретін. Әсіресе, ел ішіндегі кәдеге асар, оңды бастамалар туралы сөздерді әр кез ырзалықпен тыңдап, арасында қолынан келген ілтипатын да аянбай жасайтын. Мұнысы өз ойын ел тағдырынан бөле қарамаудан басталып, күн сайын жалғасын тауып жатқан өмірге айналған.

           Елінің қазіргідей жайын ойласа Барлыбектің көз алдына қар жауып, суық түсе тау – таудың, сай – сайдың арасындағы жұпыны қыстауларына тығылып алып, бұқпалап, паналап тiршiлiк ететiн қазағының түр келбеті келе қалатыны бар. «Өздерi бұл дүниеде не боп жатқанынан бейхабарлықпен ғұмыр кешіп жатқан есiл халық–ай! Осы халқы – жан – жақтарына жалтақтай қарап, кiм өздерін мүсiркер екен?»  дегендей қып, өзгеше бір қылық көрсеткісі келетін де сияқты.

          Мұндайда әсіресе Барлыбек тарыққан үстіне тарыға түседі. Өз басына түсетін қайғының да зоры осы болып шыққаны ғой. Бұл ой оның есіне түскен сайын әр кез тұнжыратып тастаушы еді.                                 

Мүмкін осындай ойлардың түйіні өзін содан шығар амалды іздеттіре түсетіндей де болар. Қит етсе, жаны ашитын қазағының «қамын кім ойлайды, мен ойламағанда» деп өзін – өзі қамшылайтыны да бар.

Бүгiн ол қасына ерген бір топ кісімен Қапал жаққа бара жатып жол бойындағы ауылдарға соғып, отырықшылдықтың ең бір тиімді көрінетін «қоғамдық коммуна» сияқты түрі жайында ақылдасып, кеңеспекші болғаны да осыдан болар. Ондағы ойы кейінірек осы өңiрдiң атқамiнерлерiн жинап, сондай сырларын ортаға сап, елмен де ақыл бөлісуге жалғаспақшы. Сол үшін қазірден бастап жан – жаққа кісі жібертіп, «Қапалда жиналайық!» деп хабар бергізген. Сондай хабарды жан – жаққа жөнелтіп жатып тағы да бұл жайында кеңірек кеңес құрмақшы болғаны сол еді.                                                     

Күн екiндi кезiнде Барлыбектер Баянжүрек тауын бөктерлей жүріп келе жатты. Өздері асыққан Қапал қалашығына да таяп қалған. Енді бір қозы көш жер жүрсе болғаны Жарықтық Тәнеке батырдың зираты да көрініп қалады.

Азғана жүрген соң, сүйдім – сүйдім қырат болып келетін беткей жол бітіп, енді еңіске түскендей болды. Сөйткенше болған жоқ, Баянжүрек тауының құйма тастарының ығына орналасқан ауыл анадайдан көзге шалынды.

Осы таудың етегіндегі кең бір жазыққа орналасқан, қара жолға жақын отырған ауыл екен. Айналасында басқадай ауылдар көрінбейтін сияқты. Барлыбек: «бұл өзі жападан – жалғыз тұрған неткен ауыл?» деп ойлап үлгірген жоқ, оның ойын Сейітбаттал іліп әкеткендей боп:

– Баянжүректегі Бөртелер ауылы осы болады – деді.

Бұл өзі аз үйлi, шағын ауыл сияқты. Көбiсi құрым киiздi үйлердiң онша – мұнша әкетiп бара жатқан көзге түсер сәнi мен салтанаты жоқ, қоңырқай ғана тұрмыс кешіп жатқан ауылға ұқсайды.  Бар сыртқы келбеті де, анадайдан көзге ұрып, кедей, өзіндік күнкөріспен отырған шаруаның адамдары екенін білдіріп тұр.                                                               

Ойға алған ісінің бет алысын шолып көрмекші болған  Барлыбек жолай осы ауылға соғып кетпекші болды. Ат басын осылай қарай бұрғанда бағанадан үндемей әңгіме тыңдап келе жатқан Сауырық жапан түзде жатқан ауыл туралы біраз сыр шертіп, бұл ауылдың жағдайын айта бастаған.

Сауырықтың айтысына қарағанда осы ауылдың байы да, ең қоңдысы да, Сүлей деген пысық жігіт сияқты көрiнедi. Алты қанат үй тiгiп, маңындағы желiде он – он бес бие байлап, сауып отырған, мына ауылдың ең сүреңдiсi сол екен.                                                  

Бұлар сол Сүлейдiң үйiн бетке алып, жүріп кеткен. Сүлейдің үйіне таяғанда есiк алдында ойнап жүрген бiр топ баланың арасынан бадана көз, ай қабақ, қыр мұрын, аппақ, ақ борықтай, жас шамасы он – онбiрдегі бала бiрден көзге түсті. Баланың кісіні өзіне тартатын ерекше бір сүйкімділігі бар сияқты. Келе жатқандардың назары осы балаға ауғаны мүмкін содан да болар. Барлыбек iшiнен, күпірлік жасағысы келмегендей боп, баланы тіл мен көзден сақта дегендей іштей ишара жасап: 

–  Мен білсем, осы бала, дәл жаңағы Сүлейдің баласы болды ғой деймін – деп, асық ойнап жүрген балалар жаққа түсін жылыта қарап.

Ілезде оның сөзін Сауырық та қағып әкетіп:            

– Дәл айттыңыз! Сүлейдiң өзiнен аумай қалған – бұл бала – соның  баласы – деді.

Барлыбек енді Есенқұл жаққа мойнын бұрып:

– Есенқұлжан, сіздің мектепке барғысы келетін балалар, осы баладай шығар. Мұндай балалар әр ауылдан осылайша табыла беретін шығар? – деп оған да ой тастатқандай қылды.

Оның осы ойын Есенқұл сезiп қойғандай болып, астындағы атының тiзгiнiн тартыңқырап барып:

– Иә аға, талабы бар балаға біздің мектептің есігі әрдайым ашық – деді.

Бағанадан сөзге онша араласпай, әсіресе Барлыбек пен Есенқұлдың әңгімесін тыңдап келе жатқан Сейітбаттал қажы бұл жолы осы маңайдың билеушісі өзі екенін еске салғандай қып:

–  Әй, балалар Сүлейдiң үйi осы ма? – дегенiнде, әдеміше көздерi қарақаттай боп тұна қалған, сүйкімді бала:

– Ассаламағаликүм! Осы үй! Осы ғой! Үйге түсiңiздер, сусындаңыздар – деп, өзi де қарап тұрмастан жүгiрiп келiп бұлардың шаужайына жабысып, шылбырын ұстаған. Бала да, болса жастығына қарамай әжептеуiр ақыл қонған, үйренуi тәуiр екен. Үлкендерге iлтипат көрсетiп аттарының шылбырланын алып, мама ағашқа апарып байлап жатыр.

Бiр топ болып келген жолаушылардың мына балаға көздерi бекер түспеген екен. Басқалар қалай ойласа солай ойласын, Сүлейдiң осы баласын Барлыбек те, тіпті Есенқұл да, бұрын бiлмеген, көрмеген. Бірақ барлығына бірдей бұл баланың ажары жағымды көрінді. Мынадай балаға адамның көзі түспейтіндей емес еді. Оған да, себепшi болған осы баланың алғырлығы мен сүйкімі жарасқан, мейірбан сырт келбеті болар.

Тұп – тұнық боп көрінетін баданадай қарақат көздерi мейірлі бір көзқарасқа толы жаңағы бала өзін үлкен санап, бала болса да бұларға өзінше iзет көрсетiп жатыр. «Атың кім дегенге?» бала асықпастан, даусын созып: «Біләл» деп аздан кейін барып «әкем аты Сүлей» деп жауап берген.

Барлыбек мына бiр Бiләл атты жас баланың өзінше бір сүйкімді қылығынан жақсы бейiлдi аңғарғандай болды. Қасындағылар да балаға аса бір жылылық жүз танытып, қарап қалысыпты. Барлыбек баланың түріне де, сөзіне де қызығушылық білдіріп:                                          

– Айтуына қарағанда мына бала Сүлей деген кісінің баласы болып шықты. Онда Сүлекеңнiң мына баласы адам болады екен! Өзі қағiлез, кісіге жылышырайлы, әмбе зерделi көрiнедi – деп, оның мұнысына Барлыбек ырзалық пиғыл білдірген түрмен.

Есенқұлда осы кезде мына сөздi қағып әкеткендей боп:

– Иә, дәл солай. Көрiнiп тұр. «Болар бала боғынан дегендей», көзiнде оты бар, жас екен. Оның үстiне қайырымды сияқты – дедi.

Барлыбек те, оның айтқандарымен келісетін сияқты. Балаға деген марқайған көңілі толып, бір жағы соны меңзегендей қып, ол енді:                     

– Е – е, ондай болса Есеке, сiздердiң Қарағаштағы мектепке осындай балаларды көптеп тарту керек қой – деді Барлыбек ырза болған үнмен. Осы кезде Барлыбектің жүзiнде «бұған қалай қарайсың?» деген сұраулы жүздің табы білінгендей болды. 

Барлыбек те, онымен қоса қасындағылар да осы мезетте жаңағы айтылған сөздiң жауабын Есенқұл жақтан күткендей боп, сәл тынышталып тұрып қалған еді. Бәрі Есенқұлға қарап қапты.

Сәл үнсіздіктен кейін Есенқұл – Барлыбек сөзiне жауап қатқандай ретпен:         

– Барлыбек аға! Мұныңыз ақыл. Бізге де керегі осы. Осындай шәкірттерге біздің мектеп аса қыжалат. Несi бар, бұл баланы да, мектепке қабылдаймыз. Тек қана, оқуға деген өзiнiң ынтасы мен ықыласы болса болғаны – дедi. Есенқұл осы арада, бір жағынан өз сөзінің есебінде, бағанадан берi айтылып жатқан, Қарағаштағы мектепте орнаған елдiң бәрiне ортақ жағдайды, Барлыбекке тағы бiр естiрткендей қылды. Оның айтқанына барлығы ырза болысып қалған.    

Сырт қараған адамға Барлыбек мына ауылға арнайы шақырумен келгендей болып көрінгенмен, бірақ та мұның өзі аяқ астынан, кездейсоқ болғаны бұл келгендердің өздеріне ғана мәлім. Барлыбектің Қапалға кетіп бара жатып, жолынан қалып, әдейi бұрылып осы ауылға соққаны бекер болмады. Оның мұнысының да өз жөні бар екен. Тiптi осы ауылдың Сүлей сияқты азаматтарын да ол бекер іздемепті. Оны іздеттірген кешегі Көкқиядағы Сауырық үйінде болған әңгіме сияқты. Келе жатып осы ауылды көрісімен Барлыбек осында соғып, ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп кетуді көксеген. Сондағы көкейіндегісі де бір-ақ нәрсенің әлекеті. Қазіргі айтылар сөз де сол   туралы болмақ. Бұл кешегі Сауырық ауылында басталған әңгіменің жалғасы болмақшы.

Бұрыннан берi, Барлыбек бай ауыл, кедей ауыл демей елдi көп аралап, жағдайын көп сұрайтынды ғадетке айналдырған. Қит етсе, ауыл – ауылды аралап, сондағы елдiң жайына қанық боп, қайсыбiрiне кеңес айтып, ендi бiреулердiң арызын тыңдап, қолдан келген жәрдемiн олардан аямайтын. Бұл күнде оның осындай дақпырты елге тез тарап кеткен. Ел болса оның осындай дағдысына бой алдырып, үйренгендей болған. Қазір де Барлыбектің жолай мына ауылға келген келiсі жай емес еді. Бұл да бұрыннан үйреншікті болған, ел жайын білу сияқты боп көрiнген ісінің бірі.

         Сүлейдiң баласы жас та болса ширақ екендігі тағы білінді. Өзі пысық, еті тірі екен. Аулының үстiнен өтiп бара жатқан мына бір бөгде кiсiлердің әңгiмесiнен өзiне керектiсiн естiп қалғандай болыпты. Сонысын жасыра алмастан, балалық пәктiкпен, бадана көздерi боталай қап, мейірлене сөйледі.

– Ағатайлар–ай, менiң де оқығым келедi! Оқуға менi де ала кетiңiздершi – деп, қиыла қалды. Оның мұнысы Барлыбек пен Есенқұлды онан сайын мейірлендіре түскендей болды.

– Шын оқығың келе ме?! – деп, сұрады Есенқұл баладан. Бала еш күмілжімей:   

– Оллаһи! Шын оқығым келедi! Қарiп танып, жазу жазғым келедi – деп, онан сайын қиыла түстi.                     

Баланың қылықтарына Барлыбек дән риза болған кісінің пиғылын танытып, шынайы көңілмен осынысын қасындағылары мен балаға естiрте:          

– Оқысаң балам жақсы боларсың! Ол үшiн жақсы оқу керек. Көп оқу керек – деп, Есенқұл жаққа жүзі жадырай қарап, иек қағып қойды. Онысы Есенқұлға: «сiздердiң Қарағаштағы мектептерiңiзде ылғи осындай балалар оқу оқыса керек шығар?» дегендей болып көрiндi. Есенқұлдың жүзi күлiмдеп, қуанғанын жасыра алмастан:

– Бiздiң мектепке өзi сұранып баратын тағы бiр бала табылды. Жақсы болды – дедi тұрғандардың барлығына естiрте айтты.

         Бала да қарап тұрмай, екі көзі жәудіреп:

– Ағатай–ай, оқимын, көп оқимын. Жақсы оқимын. Тек менi оқуға ала кетiңiздер! – деп жалына сөйлеп, қоярда – қоймай жатыр. Оның мұнысына тұрған топты кісі онан сайын ырза болды.

Баланың талабы Барлыбекке қатты ұнаса керек. Ол  тiптi риза болғандықтан көздерi онан сайын жылы ұшырай күлiмсіреп:

– Өзiң бiр жақсы бала екенсiң! Сонымен атың Біләл болды ғой, қарағым? – деп тағы қайтара сұрады. Есенқұл да қарап қалмай, баланың үмітін сөндірмейін дегендей қып:       

– Оқуды жақсы көретiнiң де, жақсы екен. Сенi бiз оқуға аламыз – дедi.

Баланың сүйкімді түрінен «осының бәрі шынымен де рас па?!» деген аса бір қуаныштың ұшқыны жылт еткендей бола қалды. Осы кезде оның ұялы, үлкен қара көздеріне мақтаныш сезім ұялағандай еді. Ол өзін мына бір кісілер басқа балалармен шатастырмасын деген пиғылмен, тұрғандарға естірте:

– Атым Біләл, мен Сүлейдің баласымын – деді. Жаңағы сөздерді естiген баланың қуанышында шек жоқтай.        

         (Барлыбек те, Есенқұл да, осы кезде ойлады ма екен, бұл баланың болашақта Жетiсу өңiрiндегi аса бiр абыройлы адам болып, қазақ елiнiң бiлiм беру, ағарту саласына үлкен үлес қосатын азаматы Бiләл Сүлеевке айналатындығын).   

         Барлыбек осының алдындағы Есенқұлдың айтқандарын ден қоя тыңдап, сөзiн құптағандай раймен, бiр жағы Қалқабай балаларының елге көрсетiп отырған шарапаттарына әрдайым ризашылықпен қарайтын көңiлмен: 

– Есенқұл қарағым! Жақсы, өте тамаша болды. Сiздер салған мектептiң елге берерi көп. Оның жемiсiн ендi бес – он жылда көретiн боламыз. Мүмкiн түбiнде келе – келе жоғарғы бiлiм беретiн оқу ордасына да айналып кетер. Ондай болса, ел бiр кездегi бiз сияқты оқу iздеп сонау Петербургтей қалаларға бармай–ақ, жақын жерден керектi бiлiмiн табар едi ғой – дедi.

Бұлар сол бетiмен келiп Сүлейдiң үйiне түскен.           

Барлыбектер үйге кiрiсiмен– ақ, Сүлейге «айтып, ақылдасатын, тiптi мүмкiн келiсетiн де әңгiме бар» деген. Содан кейін Сүлей бұл ауылдағы бас көтерер азаматтарды жинап шықты.

Жиналған кiсiлер онша көп емес. Солардың iшiнде: Қанадан, Сабыр, Бұқабай сияқты осы өңiрдегi Бөрте ауылының белгiлi үлкендерi, орта шаруалы, еңбекқор, пысықтары да бар. Әсiресе, Бұқабай – Барлыбекпен түйдей құрдас болатын. Бұл екеуi бiр жылдың тiптi, бiр мезгiлдiң төлдерi едi. Ара – арасында, аздап қалжыңдасатыны да бар.                                         

Барлыбектiң бағанадан берi күткен кiсiлерi осылар едi. Ауыл азаматтары жиналысымен сөз бастаған Барлыбек:      

– Сiздерден бiр кеңес сұрайтын жағдаймен келiп отырмын ағайын. Оның сыры да, мәнiсi де мынадай боп тұр. Ол өзi менiң ұдайы күткен, көксеген iсiм секiлдi…

Олай болса, осы ауылда қырық – елу үй барсыздар. Оның көбi мына Бұқабай сияқты малы да бар, жаны да баршылық үйлер – деп, құрдасына қарап қойып, оның атын көптік қылып, көпшілігіне әдейі атаған.

Елдегi осы Бұқабай сияқты бiрен – саран құрдастармен тек, анда – санда ғана қалжыңдасқаны болмаса, Барлыбек әзiл – оспақ, қалжыңның адамы емес. Бұқабайды бұл шын жақсы көрiп, қалжыңдасатыны бар. Үйде де, түзде де, кей кезде қалжың мен күлкiге жол берген кезде: 

– Әй, Бұқабайлар–ай, тағы ненi бiздiң Бұқабай сияқты бүлдiрер екенсiңдер – дейтiнi бар. Ол да болса, Барлыбектiң құрдасын риясыз жақсы көргендiгiнен шығар.

Барлыбек сол құрдасын көрген соң, оған үнемi үйреншiктi болған сөзiн арнап айтып, оны сағынып қалғанын бiлдiріп, осылайша қалжыңдаған болды. Артынша сөзiн ары қарай сабақтап:                                               

– Бiздiң қазақ арасында «у жесең өз руыңмен» дегендей өңшең Қаптағайдың – Бөртесi бiр жерге жиналыпты ғой, мына отырған Сүлейден басқасы – дедi. 

Бағана осы үйге түсерде Сауырық бұл ауылдағылардың қай рудан, кімнің – кім екенін айтып берген. Барлыбектiң онысы атам заманнан бергi қазақтың әдетiнiң әлi де сол қалпы еш өзгерместей болып келе жатқандығын бір жағынан атап өткiсi келгендігі болса, енді бір жағы көкейіндегісін пысықтап алғысы келген райынан туындаған сөз еді.

Шындығында да қазақ баласы осы күнге дейiн ру – ру болысып, сол руға байланысты ауылдар құратындығын әлi тастамаған. Осыған қарай Барлыбектiң бiлгiсi келгенi – «өңшең Бөртенiң iшiнде өз руы Дуан болатын Сүлейдiң жүргенi қалай?» деген таңырқаудың белгісіндей болатын.

Бiрақ, Барлыбектiң қазiр айтайын дегенi тiптi де бұл емес едi. Оның айтқысы келгені басқада сияқты. Соны ол осы жерде ұтымды пайдаланып қалғысы келгендей болған. Соған байланысты Барлыбектің ендiгі айтқысы келiп отырған әңгiмесiнiң түп төркiнiнде рушылдықтың ыдырай бастағанын көрсеткісі келгендей болған пиғыл бар сияқты.

Ел iшiндегi ауылдарда аздап болса да ескi рушылдық тәртiбiнiң ыдырай бастағандығын Барлыбектiң бiр ғана басқа рудың кісісі Сүлейдiң, Бөртелердiң ауылында тұратындығының себебін көрсеткісі келгендігі де, осыдан шықты. Былайша келгенде бұның өзі Барлыбек көңіліне дөп кепті. Өйткені, мына ауыл Бөртенiкi болса, ал жаңағы Сүлейдiң елi – Дуан болып шықты.                        

Барлыбек те, қазiр ел iшiндегi осындай кiсiлермен, әсiресе, беделдi азаматтармен бас қосып, алдымен де соларға көкейiндегiсiн бiлдiрiп, ел iшiнде өзiнше үлкен бiр маңызды iстi қалай бастасақ дегенді ақылдасқалы әдейi іздеп келгенін білдіріп тастады.

Осы бiр оқшау iске қатысты бүгiнгi Баянжүректе отырған Бөрте ауылының адамдарының пiкiрiн бiлмекшi екенін де еш жасырмай айтып салды.

Барлыбек осы жағдайды жаңаша бір ретпен пайымдағандай боп:

– Топтарыңыздан жазылмай отырғандарыңызға қарағанда осының өзі ең алдымен ауызбiршiлiктiң арқасы да шығар. Оларыңыз көрiнiп тұр. Баяғыдай емес, басқа атаның баласымен де, аралас – құралас боп отырғандарыңыз жақсы болған – деп, сөздi алыстан орағыта бастаған.

Осылай деп, ол көзқарасын Сүлейге тоқтатқандай болды. Осыны айтқан кезде бір жағынан Барлыбек:

– Жақсы болыпты! Осылай болғаны дұрыс. Бұл сіздердің рушылдық күресінін жоюға арнаған алғашқы қадамдарыңыз болды – деп күлімсіреді. Оның қазіргі бет әлпетiнен ырза көңілмен айтылған үлкен сырдың төбесі көрінгендей. Барлыбектің жүзінен осы ауылдағылардың мұнысына риза болғандықтың табы білініп қалды. Мұны алдымен аңғарған кісі жанына сыншыл боп алған адам – Сейітбаттал болыс еді. Ол ішінен: «Дәуде болса, Сүлей тірлігі, мырзаны ырза етті» деп түйді.

Барлыбек ауыл тұрғындарына жылы жүзді, елжіреңкі қабағын бұрып:         

– Сіздердің осы тірліктеріңіздің дұрыстығын айтқалы келдік. Бұдан басқа да көп қызықты айтарымыз бар – деді.

Барлыбек бұл жолы да өз пікіріне бір жола бой алдырғандай болып сөйлеген еді. Осылай дегеннен кейін ол аз – кем сөзiн аялдатқандай қылып, үндеңкiремей қалды.                           

Барлыбектің өз сөзіне негізге алып, елге айтқысы келген сыңайы көптен бері көңілінде жүрген ойларға байланысты болып шыққан еді.

Бұл істі бастар алдында Барлыбек 1867 – 1868 жылдардағы әкiмшiлiк реформасына сәйкес ауыл тұрғындарының қай руға жататындығы есепке алынбай, аумақтық белгiсi бойынша құру туралы шыққан жарлығына тығыз байланысты дүние болатындығына сүйеніп жасаған болатын.

Осы жарлықтың талаптарының өзi де қазiр оған осы бір ойға дұрыс ыңғай берiп тұрғандай көрінген. Бұған байланысты ауылдағы шаңырақ иелерiнiң саны бұл заңда да, басқа законда да, айтылмаған және қай рудың болмасын кiсiлерi қай ауылда қанша адам болса да, тұра беруiне болады деп жазылған едi.

Барлыбек қазір: «Мына ауылдағылар ешкiм айтпай–ақ, соны iстеп жатыр екен» деп ойлап қалғаны бар. Бiр жағы осыған өзі іштей қуанғандай да болған күймен.

Бірақ, бұл Барлыбек ойлағандай болмай шықты. Оның осы айтқандарын ең алдымен бұзған үй иесі Сүлейдің өзі болды.

Бағанадан бері Барлыбектің айтқандарына қатты көңiл бөлiп отырған да осы Сүлей сияқты. Сондықтан елден бұрын тіл қатқан да, сол болды.

Сүлей – сұлуша келген, өте келбеттi, өзі әмбе сөз сөйлеуге де тәуір кісі екен. Ол сөйлейтiн басқалар жоқ па дегендей боп, алдымен жан – жағына қарап алып:                                 

– Мырза! Оныңыз рас, мына тұрған етектен – қырға қашып жатқанымыздың да өз сыры бар. Онымыз мына бір сұрқия заманға қатысты болып тұр. Осы бір аумалы – төкпелі заманға сай ертерек тынышырақ ел iшiнен орын алып қалайық дегенiмiз ғой.

Бұл күнде қарашекпендiлер қояр емес қой, үйренген қонысымыздан қақпайлап жатыр. Осы түрмен кете берсе етектегi суы бар жерлердiң бәрiн алатын шығар деп те ойладық. Сондықтан оларға әзірге керегі жоқ шығар деп, сусыз, өңшең тастауыт, таулы жерге қашқанымыздың сыңайы осыдан болатын.

Бұл жерлердiң оларға керегi болмас деп біз ойлағанмен кім біледі, артынша тағы не боларын? – деді. Сөйтіп, Сүлей өзiнiң қалайша Баянжүрек тауының iргесiндегi Бөртелер ауылына тап болған сырын ашып берді.                          

Бiр жағы ауылға Барлыбектей патшаның үлкен ұлығы келгенде «несіне аянайын» десе керек. Бір жағы осындай кiсiнiң келуiне қарай, мұның жай – жапсарын оның өзінен сұрап алғысы келгендігін де жасырмай айтты.

Сүлейдің тартып алынып жатқан жерлер туралы өзінше пайымдауы бар тәрiздi. Онысы дәл қазір Барлыбектей жарым патша – жандаралдың адамы өз елiнiң қоныстарын қалайша қарашекпендiлерге бергiзiп қояды деген астарлы, түртпе сөз сияқты болып шықты.

Сүлейдің ендігі Барлыбектен естігісі келетіні де: «осы жайдың қисынын өзі айтса екен» дегені сияқты. Оның солай ойлап отырғаны қазір сөз саптауынан білініп қалған тәрізді.

Бұл жөнінде оның ұйғарғаны, әсіресе Барлыбекке қатыстыдай көрінді. Соған арнап айтқандай боп, астарлы шыққандай сезілді.

         Барлыбек Сүлейдiң астарлап айтқан сөзiн бiрден ұққан.                                          Ол Сүлейдiң бетiне сұлық көңілмен жалт қарап, бағанағы ойлағанының жаңсақ болып шыққандығына өкінгендей болып, басын шайқаған. Бұл жердегі күйді енді ғана ұққандай боп:       

– Е бәсе, Сүлеке! Бұларың менiң ойлағанымдай болмай шықты. Ойдағы қалың Дуаныңды жауға тастап, жалғыз үй боп, жан сауғалап тауға қашқаның сол екен ғой?! – деп, оны да түйреп өтті. Онысы Сүлейдің бөтен руға келіп паналағанын жақсылыққа жорығандай болған бетінен айнып қалғандай болып шықты. Әмбе оның мынадай қылықтарын онша жақтырмайтындай райын да бiлдiріп тастаған. Осыны жиналған көпшілікке естірте, ол Сүлейдi жазғырғандай, сәл кiналағандай болып:

– Үкімет жерімізді тартып алып жатыр деп, үйренген жерден бет – бетімізбен тырағайлап, тау – тасқа қаша берсек, не боламыз? Ондайды біз құптамаймыз – деді.  

Осы кезде Сүлейдiң қараторы келген, ашық жарқын өңi лезде күреңiтiп, қап – қара боп, шыға келді. Үлкен қара көздерi де мұңдана қалғандай болды да, артынша өңі қуқыл тартып, сұп – сұр боп кетті. Қабағы да түйiлгендей көрінеді.                

Жаңағыдай қияламай тура айтқан өз сөзiнiң оған түрпiдей тигенiне Барлыбектiң іштей жаны ауырғандай болды. «Қап, бекер айттым ғой. Ренжiп қалар ма екен?» деп ойлап, лезде жаны ашығансып та қалған. Сонысын жуып – шайғандай боп, айналасындағыларға естiрте:                 

            – Сүлейдiң онысы рас, соңғы екi – үш жылдың iшiнде Сарқан, Лепсi, Үшарал, Жыланды одан бергi Тасбекет, Сағабүйен, Қопа мен Қызылағаш сияқты, бiр талай жерлердiң ең шұрайлы қоныстарынан айрылғанымыз шын. Бiрақ, қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Ақ патшаға оның ең сенiмдi көмекшiлерiне дейiн қудаланғанның арқасында осыны бiр сәт болса да тоқтатқандай болдық.

            Ана жылғы Омар болыстың еліндегі еруліге – қарулыны ұмытпаған шығарсыздар. Әйтпесе, мына Сүлекең айтқандай қазаққа тиесiлi жер тек қана, егiн егуге, диқаншылыққа жарамас жерлер екені рас. Онысы құмның арасы, онан қалса биiк – биiк таудың басы, өңшең сусыз, тасты жерлер ғана болмақшы. Орыстардың онысы шындық.

             Менiң де, сол сияқты басқа да, қазақтың қызмет жасап, билiктiң шетiне iлiнiп жүрген талай – талайының да қолында тұрған жоқ қой мұның шешiмi. Бiрақ, сол қазақтарыңыз осы үшiн еш аянбастан алысып–ақ, жатыр.

           Жердi тартып алуды тоқтату үшiн, тарыдай шашылып қоныс iздеп көше берудi бiрте – бiрте барып, мүлдем тоқтату керек. Отырықшы өмiрге кiрудi де ойлайтын кез жеттi. Бiр жерде тұрақты мекен тауып, сол жерлерде ауыл, қала, кент болып отыру қажет. Малмен, сонымен қатар, егiншiлiкпен айналысып, жер емшегiн емген де дұрыс.

           Ұсақ – түйектiң: қол өнер болсын, бақалшы, саудагерлiк босын, тұрмысқа қажеттiнiң бәрiмен де айналысу керек. Қолға жұғатын түгі жоқ. Қысқасы бiр жерде тұрақты ғұмыр кешкен адам ғана сол жерге де, тіпті көбірек жиналғанда маңайындағы жерлерге де тұрақты түрде иеленіп қалмақшы. Осыны пайдаланып жақсы, суармалы, нәрлi жерлерден өздерiңе тиесiлi қып, жер үлесiн алып қалу керек. Сонда ғана мына өкiметтiң қазақтың iске татыр жерлерiне қол салғанына біраз тоқтау болар деген үмiттемiз – дедi.               

           Осы кезде бұндайлық тың сөзді естімеген ауыл адамдары біраз тоқырап қалған сияқты. Отырған кісілердің бір жағынан Барлыбек айтқан сөздің ауыртпалығынан, күйкең тіршіліктің күйбеңі онан сайын татымсыз бола беретіндігіне көздері жеткендей еді. Бағанадан бері соның түп төркінін аңдамай қалған секілді болса, ендігісін білді. Сондықтан оларға бұл жай қиын тиген. Әмбе түсініксіздеу де болып тұр. «Қалайша барлық қазақ бір жерде үйлігіп отырмақшы?» деген сұрақ әрқайсысының қолқасын тесіп бара жатқандайы бар.

           Айтылғанның бәрі өздеріне мағынасыздау, тіпті ерсілеу болып көрінетіндігі олардың таңдану мен таңырқаудан пайда болған кескіндерінен байқалып тұр.

            Осындайлық таңдану мен таңырқау көпке бармады. Енді ғана жиналған көпшілік қозғала бастағандай еді. Бұл кезде олар тұс – тұстан:

            – Шiркiнай–ай, солай бола қалса!,

            – Ойдайт, бұған не дерсiң?,

            – Әй, олай бола қоймас! – деген жамырай айтылған сөздері естіле қалған. Бірақ олардың бұнысы түбегейлі, берекетті сөздер емес сияқты. Жәй ғана айтыла салған сөздердей болып шыққан. Көпшілік әлі де болса, әліптің артын күтуде сияқты.

            Сөйте қалса да, олар бәрібір де «ендігісі қалай болмақшы?» дегендей сұраулы пішінмен Барлыбек жаққа қарасты. Жүздерінен айтпаса да, көкейлерін тескен бұл сөздің қарымы бұл тұста анық білінді. Отырғандар Барлыбекке қарай түсіп, осының жауабын күтуде еді.

          Барлыбек аңтарылған жұртқа мін тағып, міней қарайтын кісі емес. Осы арада тағы да елге түсінікті босын дегендей раймен біраз ой түйген еді. Енді сонысына көшпек оймен аңтарылған жұртқа қарап алған. Олардың өзінен осының меселді жауабын күтіп отырғандығын көрді.

Көпшілік сондай ыңғай бергендей болысымен–ақ, Барлыбек сөзiн онан әрмен жалғап:                                    

– Қыдыралы – Қалқабай әулетiн осы өңiрде бiлмейтiн адам жоқ. Олардың мекендейтiн тұрақтарына көз салып қараңыздаршы. Кент десең –Қарағаштай кент бар. Ауыл десең, қысы – жазы бiрдей көшпей–ақ, отыра беретiн: Он бiрiншi ауыл, Баласаз, Сейжан, Ақтасты, Тұрсын төре, Зәуре сайы сияқты өне бойы қозғалмай отыра беретiн мықты – мықты ауылдары да бар. Басқа қазақтың осылардан несi кем?!, Кiм қолдан қаққан солай iстеймiн десе?!, Егiн егемiн, отырықшы боламын десеңiз, ата – бабамыз жердi қолдан суару үшiн «Белтоғандай» тоған қазып, арық тартқанын бiлесiздер! Оны күнде көрiп те жүрсiздер. Төменде жатқан Бүйен өзенiнiң суын өрге сүйреп, таудың үстiндегi жазыққа шығарғанның өзi өнер емес пе? Ендеше сол өнерді не үшін жаратты? Жерге диқаншылық етеміз, жерді емеміз деп суды апарды. Сол жазықтағы суармалы жер диқаншылық етемiн дейтiн қанша адамға болса да жетерлiк емес пе? – дедi.                                                       

Барлыбектiң тілге тиек етіп айтып отырғаны құр беталды сөз емес еді. «Белтоғандай» кiсi қолымен қазылған үлкен тоғанның Бүйен сияқты өзеннің бір ширек суын бөліп алып, таудың басына шығаратыны да рас. Алғаш көрген адамға әмбе қиын, әмбе таң қылатын нәрсе. Осы уақытқа дейiн адам баласының қолынан келмейтiннiң жоқтығына куә екендігін дәлелдегендей болып тұрады.

Барлыбек болса осы тоғанның жасалуын айта отырып, ауыл адамдарын біраз ширатып тастаған. Енді соның артын ала:                                                         

– Белтоғанды жасаған адамның жігері мен өнерi жоқ деп кiм айтады? Оның кереметтігін Белтоғанның тұрған жерi мен жасалуынан ғана барып бiлесiз –дедi.

Осы тоғанды қазақ баласы қай уақытта екенi белгiсiз әйтеуiр, егiн егу үшiн жасағанын Барлыбек білетін. Бірақ соны кімдер жасағанын, қалай жасағанын білмейтін. Тек, не үшін жасалғанын топшылағаны болмаса.

Барлыбектің пайымдауынша, оның сыры былай болған сияқты.

Баянжүректiң тауы – Бүйен өзенi өтетін тұста қатты аласарып кететiнi бар. Кәдiмгiдей тау деген аты бар, көп – көрiм биiк шоқылары мен жоталары алыстан көрiнетiн Баянжүректiң расында да Бүйен өзенiне жақындағанда жерге жабыса қалғандай болып, жатаған тартып, көзге қораш көрініп барып біте қалады. Оның бұл тұстағы көрінісі таудан көрі биiктеу қыр жотаға лайықтау сияқты екені анық. Дәл осы бiр тұста бұрынғы уақыттан берi пайда болған ескi ауыл бар болатын. Соңғы әкiмшiлiк реформасына сәйкес осы ауылға да ат қойылып, айдар тағылып, – «Он бiрiншi ауыл» аталынған.                  

Белтоғанның шығу тегi де шамасы осы ауылмен тығыз байланысты болса керек. Неде болса алдымен осы ауылды мекендеген адамдар бір кездері диханшылықпен айналысқан да болар. Солар биiк қырдың үстiнде жатқан жазық жерге су апарудың жолын ойластырған секілді.

Ең қызығы «Он бiрiншi ауылдың» тұсынан қазылған тоған таудың қырымен көлбей көтерiлiп, бiрте – бiрте барып, биiк қырдың басына шығып кетедi. Сонда төменде жатқан судың өзi биiктiгi екi – үш мың құлаштай биiкке өрмелей ағып, тау үстiне бірақ көтерiледi. Сол таудың үстiндегi жазық жерлерге қазақ диқандары тары, арпа, бидай егетiн болған. Өнiмдi де жақсы алған. Қазiр де солай.                                                        

Белтоғанның қашан – қай заманда қазылғанын ешкiм бiлмейдi. Кейбiреулер оған мың жыл өттi десе, ендi бiреулер оны қаздырған Дөсет баласы Тәнеке батыр екен деп те айтатын. Солай болуы  да ықтимал. Бұл Барлыбектің өз ойы болатын. Бірақ осы ойына өзінің келтірер дәлелі жоқ еді.        

Барлыбек енді бөгелместен сөзiн аяқтауға айналғандай боп:                          

– Бұл жақта бұл iс қала болуға бiрiншi жүрiс, бүгiн Қарағаш қала болса, ертең бүтiн Арасан қала болар едi. Сөйте – сөйте көршiлес төменгi Ақсу, Тау Ақсу елi де қарап тұрмас. Бiр бастала салған iстiң оңғарылуы да оңай емес. «Көш жүре түзелер» деген ғой. Бiр жерде отырған ел бiр – бiрiне ырзық, береке болмас па, бiрiңе – бiрiң сүйенiш болмаспысың? Тiрлiгiң ортақ, қуаныш – қайғың бiрге болмас па едi?! Күнiң де бiр – күйiң де бiр! Тiптi, қайғы – қасiретiң, мұңың да бiр болар! Осыны бiр ойлап көрiңдер, ағайын! – дедi.

Бағанадан бері Барлыбектiң айтпағы да, осы еді.

Отырғандар әзір үнсіз қалған. Олар әзірше үлкен бір дағдарыс үстінде сияқты көрінген. 

Барлыбек олардың бұл күйінің мәнісін аңғарып тұр. Сәл іркілістен кейін ол үй иесі Сүлейдің жүзіне қарап:                                                                             

– Ел iшi алтын бесiк екенi рас болса, бiрiгiп үлкен ауыл болсаңдар, қысы – жазы тұрақты мекен боларлық үй – жай салып, ынтымақты тiрлiк қылсаңдар болмай ма? Олай болса тыңдап байқадыңдар егер осындай тiрлiктiң бiзге алты аласы, бір бересі жоқ десеңдер оларыңды тағы айтарсыңдар – деп, Барлыбек өз көңiлiндегісін ақтарғандай болды. Бір жағы өзінің көптен бері ойында жүргенін мына отырған елге сыр қып айтып салды. Жұртты сынайын деп келген жоқ, кеңескелі келген сияқты қып айтты.

Айнала жиналған жұрт та, оның сөздерiн барынша ден қойып тыңдай қалған.                         

Мына бір азғана ғана момын жұрт, оның сөзінен мейірбандықты сезгендей болса керек. Аяқ астынан өздерiне жарқыраған, жайма – шуақ, жарық күн түсiп, осыған дейін айтылғанның бәрін бейне бiр болымсыз болса да жақсылық нышанындай көретiн сияқты болып отырғандай.                  

Барлыбектің бұл айтарларының көңiлiне жақындығы сонша, бұл туралы қашанда болмасын еш бiр бүкпесiз елге баян етуге бар еді…

Әуелi Барлыбек сөйлеп отырғаннан кейiн, сөзiн бөлмей тыңдаған Сүлей, осы кезде қабақ шыта, бет – әлпетiн сәл тыжырайтып:   

– Мырза! Етектегi Қопадан жан сауғалап қып – қызыл тасқа қашқанымыздың сырын ендi ұққан шығарсыз. Суы мол жерi шүйгiн жерден өкiмет бiздi Балқаштың құмына айдамақ болғаны да рас. Әйтпесе, мына Баянжүректегi ауылдарға ауып нем бар. Балқаштың құмынан, шөл даладан алдын – ала баяғының хикаясындағы қызын бергісі келмеген «Қарабай сияқты» қашқан түрiм ғой – дедi.    

         Сүлейдiң айтқандары Барлыбектi ойландырып тастағағанымен бiрақ, оның мына айтып отырған ойларын еш тығырыққа тыға алмағандай едi.

         Барлыбек – граф К. Паленнiң тексерiсiнде анықталғанындай патша өкiметiнiң солақай «Аграрлық саясатының» арқасында ендi ғана отырықшылыққа бет бұрған халықтың тым – тырақай қуылғанын, олардың шөл мен шөлейт жерлерге ықтиярсыз, күшпен ығыстырылуына әкелiп соқтырғанын ойлап, бiр жағы сондай – сондайлары есіне түсіп, соған қатты күйзелгендей болып қалды.                                                  

Барлыбектiң өз ойында ұмытылмай жүрген тағы бiр жағдайы бар едi. Ол – осыған байланысты болып жататын күнделiктi деректер мен оқиғаларда жүретiн, қазақ баласына тиiмсiз, оның үлесi мен ұпайын күннен – күнге кемiтiп жатқан патша өкіметінің қитұрқы саясаты сияқты болып көрiнетiндей есептері еді.

Осындай солақай саясаттың салдарынан тек қана, бiр Жетiсу аймағында отыз мыңнан астам халқы бар, бес мың бiр жүзден аса отырықшылық ошақтары қиратылғаны Барлыбектің көкейінде жүрген.

Бұл күндерді Барлыбек әрдайым өкiнiшпен есiне алып, жаны осындайға ауырып, қайғырған үстіне қайғыра түсетін болған. 

Патша үкiметi болса алыс түкпiрде жатқан қазақ елiнде не болып жатқанында iсi жоқтай, күннен – күнге асыра сiлтеп, аптығын баса алмай келедi.

         Барлыбек қазір де осыны ойлап қатты қиналып отыр. Жүзінен үлкен ызаның табы білінеді. Бұл жайында айтпағының бәрi, әлi де болса, iшiнде жатқандайы, оның түрінде тұр.

          Бірақ Барлыбек бұл арада өз байлауын жасап, ендiгi айтар сөзiн бастамай тұрып, қанша сыпайы болса да, iштей осының бәрiне налығандай боп: «Қарғыс атқыр, нәлет–ай! Сенi жұрт бiткеннiң «дарға асқыш» дейтiнi бекер айтылмаған шығар» деп, Россияда «Столыпин – вещатель» аталған Империя Министрлер Кеңесiнiң төрағасын меңзеп жүрген Ішкі істер министрін iшiнен бiр сыбап та алды.

          Столыпин жасатып жатқан аграрлық саясаттың қазақ байғұсқа түк те жақсылығы жоқ екенін қазақ зиялылары күн ілгері білді. Біле – білгеннен не пайда. Бұған қарсы қоярлық олардың қолдарынан келетін еш шара жоқ екені де рас. Қайта бұл саясат күннен – күнге, бiрiнен – бiрi өткен сорақы, лаң болып қазаққа жабысып жатса керек.  

Қазір де, дәл солай болды. Барлыбек жаңа ғана алдынан Столыпиндiк «Аграрлық саясаттың» дауылы соғып өткендей болып сезінді. Енді өзінің сол дауылға қарсы iстер амалы мен шарасы таусылған адамдай болып сезініп, енжарлық күйге түскетіндей болып отырған күйі бар еді.

Жұртқа жаңағы айтылғанның бәрi Барлыбек әңгiмесiнiң басы ғана сияқты болып көрiндi. Сол айтылғандарға оның тағы да көп қосары бар екен.

Жиылған кісілердің оның айтысынан ұққаны бiрiгiп ынтымақты түрде өмiр кешетiн ауылдан жиналатын зекет, қайыр садақа, үшiрi жәрдем ретінде сол ауылдың малы жоқ кедейiне жыл  сайын  бөлiнiп берiлуi тиiс. Ал, ауылда кедей адам мүлде жоқ болса, онда жиналғандардың бәрi де мектеп пен медресенiкi болмақ. Өйткенi, оларда ауыл тұрғындарының балалары тегiн оқытылатын болады.               

Бай – кедей демей, тегiн оқытылатын оқу ретiнде мысалға келтіріп Барлыбек Қарағаштағы мектептi атаған. Сондай мектептiң елге берерi көп екенiн айта отырып, сондай мектепке балаларды жаппай оқуға беруге шақырған. Осысына қоса ол Сүлейге де тигізе айтып:                         

– Оқимын деген талабы бар, көзiнiң оты жанып тұрған балаларды намысқа тырысып, оқытпаймыз ба?! – деп, бiрсыпыра шаншу сөз айтты. Осыған қоса Барлыбек көпшілікке батырып:

Оқимын деген талабы бар бала әр ауылдан табылады екен. Солардың бәрiн оқытпаймыз ба? Алысқа апармай–ақ, Қарағаштағы мектепке неге олардың барлығын оқуға бермеймiз? Тұратын жерi жоқ дегендерi мектеп қасындағы пансионатта жатып оқысын да – дедi.               

Бұған тек Сүлей ғана емес, осы ауылдың жиналған азаматтарының бәрi де «дұрыс екен» деп шыққан.

Дәл осы кезде бағанадан өкпелегендей боп томсырайып қалған Сүлей:                                                                                  

– Қалқабай балалары салғызған Қарағашты да, ондағы оқу оқимын деген қазақтың баласын су тегiн оқытатын мектептi де естiгенбiз. Қыдыралы Қалқабай ұрпағындай мықтылар әр ауылда көп дейсiз бе?   Олар сияқты мектеп ашып оқу оқытатын, тиiрмен салып ұн тартқызатын, дүкен ашып,  керек – жарақ сататын, онан қалса елге iс тiккiзiп, ән салғыздырып, айтыстырып қоятын, мешiт ашып дiннен безердi таубасына келтiретiндер көбейсе екен деп, бiр құдайдан тiлеймiз!  Басқамызда әзiрге ондай күште жоқ, құдiрет те жоқ. Бiрен – сараң барлар ғой, бар байлығын артына басып, қызғыштай қориды. Шашылса тек, мақтан үшiн шашылады. Ас беру, той жасау үшiн ғана. Басқаны мен көрген жоқпын – дедi Сүлей осы жолы қисынын келтiре, қиядан соғып.    

Отырғандар Барлыбектiң жүзiне жалт қарасып, өзара дүрiлдесе:            

– Дұрыс қой!

          – Дұрыс айтады!

– Сүлейдiкi жөн сөз! – деп, оны қошеметтеп, қостап жатыр.    

     Барлыбек елдiң айтқан сөздерiнiң сырын, ағымын тыңдағандай болып, бiраз үндемей отырып қалған. Бiрақ өзi де осы кезде елдiң сөзiнiң төркiнiнде бiр сүйем мазақ пен мысқылдың жоқтығына iшi жылып сала бергендей.

      Ол тағы сөзін ары қарата жалғап:

      – Осыған ұқсас әр түрлі «серіктік» әр жерде құрылуға ниет білдіріп отыр. Әнеу күні «Айқаптың» басы Мұхамеджан Сералин деген кісімен сөйлескенде сол айтты «Кереку аймағының жерінде «Шоң серіктігі» деген серіктік құрылып жатыр» деп. Сол серіктік осыған ұқсас серіктік – деп Барлыбектің айтуы мұң екен Қанадан сөйлегісі келгендей отырған жерінде қозғалақтап қойып, шешектен әбден шұбарлана бұжырланған түсін түкситіп:

      – «Серіктік» дегені тағы не еді өзі? – деп сұрады. Мына бір құлаққа бейтаныс, өмірінде естімеген тың сөзді «төре қайдан тауып алған?» дейтін секілді.

      Барлыбек бағанадан бергі айтып отырған сөзінің елге түсініксіз екендігін білсе де оны түсіндірмей кеткендігіне өкініп қалды. Енді соны жуып – шайғандай боп:

      – Бұл өзі сонау француз деген халықтың революциясы кезінде пайда болған «коммуна» деген қоғамдық ұйым болып табылатын сөзден шыққан. Соған мүше болып кірген кісілердің тұрмысын жеңілдетіп, шаруашылық күн көрісін дамытуға, онан қалса басқа да мәдени және ағарту сияқты ортақ мүдделерін қорғау үшін құрылған мекендер болып табылады. Оларға дейін ағылшын, француз утопист ғалымдары осындай ел мекен ететін қалалар мен кенттерді армандап, солардың тұрмысын ойлап тапқан.

«Коммуна», «Серіктестік», «Фаланга» деген сөздердің барлығының мән – мағынасы бірдей. Қараңғылық құшағында мүлгіген біздің халыққа осы сияқты тұрмыстың керегі бар.

Ұйқылы елді оятып, саналы ғұмыр кешуге шақыратын, сауатын ашып, ақ пен қараны танытатын да осылар болмақ – деді.

 Отырған ел әлі түк түсінбесе де, бірақ мұның сөзін аса ыждаһаттықпен тыңдайтын сияқты. Олай болса оларға бұл айтылғандардың керегі бар екен.     

 Барлыбек осыған қуанып қалған. Оның ойына қазiргi социал –демократтар iлiмiнiң қайнар көзi болып табылатын утопиялық социализм қағидаларында айтыла қалатын: адамдар арасындағы адамгершiлiк пен ауызбiршiлiк, ынтымақ пен сүйiспеншiлiк, еңбекқорлық пен гармония деген қағидаларды елестетіп тұрғандай еді.

 Барлыбек бұған iшiнен болса да: «Елдiң осынысына да шүкiр, осыны түсiнiп отырғанына да рахмет қой! Шiркiн осының бәрi мен ойлағандай болмаса да, ең құрыса Фурьенiң «фалангалары» сияқты ынтымақты елдiң өздерiнiң iшкi ережелерiмен тiршiлiк ететiн ауылдарына айналса» деген ойда оның көкейiнiң бiр жерiнен жылт еткендей болды.                     

       Сонымен, бiраз отырысып барып жинағандар қайта дабырласа бастағандай болған.

       Барлыбек те ендiгi сөзiн шешіле түскендей күйде жалғады. Жиналған жұрттың жүзінен түсіністік пен құптағанның ырайын байқағаннан соң:

  – Бiреуге сенiп, басқаға дәмеленбей–ақ, әр адам алдымен өзiне сену керек, содан – соң топтала жинала бiлу де аса қажет.

Жұмыла көтерген жүк жеңiл дегендей, жұмылған жұдырықтай болсаң ғана өлмес күнiңдi көрерсiң.

  Байдың бәрi, бардың бәрi Қалқабай баласындай болмас. Бұрынғылар «бес саусақ бiрдей емес» демеушi ме едi? Дәл солай, айналайындар! – деді.

  Оның ендiгi айтылған сөздерi нақ бiр осы отырғандар үшiн өсиет айтқандай болып шыққан тәрізді.                        

        Бұл жерде, осыдан басқа сөз айтылмады. Жиналған елде өздi – өзi боп, ойланып қалғандай едi. Сөйлеушi тек, Барлыбек қана сияқты. Қалғандары тек тыңдаушы ғана болып отырғандай. Бiрақ қазiр олар үшiн де осы айтылғандардың бәрi өздерiне онша жат емес тірліктей көрiнген.           

   Барлыбек осылайша ұзақ сөйлеп отырған кезде басқалары оның айтқандарын үнсiз тыңдаумен болды.

   Сөз ұққыш, кеудесiнде саңылауы бары болса Барлыбектiң қазiргі айтып жатқандарын сездірсе керек. Бағанадан айтылып жатқандарына байлау жасағандай боп:                 

   – Егер де осы ауылдың малы  аз, кедей бiреуiнiң  мiнiп  жүрген аты, не болмаса сауып  жүрген сиыры өлiп қалса, кiдiрмей, көпшiлiк сол малды белдеуiне байлап беруi тиiс – деді.

   Барлыбектің сөздерін еш қандай мүлт жiбермей, өздерiне ғана тиiстi сөз ретiнде қабылдап жатқандай болған ауыл кісілеріне мына бір сөз тосын көрінді. Бұл не өзі? Қарап отырсаң әкетіп бара жатқан онша қиындығы жоқ сияқты. Тіпті бұдан арғысын айтпаса да түсінікті болғандай. Басына күн түскен ағайынға көмек берсең, ертең өзің де сондай болғанда ол қарымтасын қайтарар. Дұрыстығында дау жоқ. Мұның өзі елге керек нәрсе екені рас.

  Бірақ осы ауылдағы кісілердің қолынан мұндай тірлік жасау келеді ме екен? Әсіресе, осы жағын ауыл тұрғындары анық түйген секілді.

  Олар  үшін Барлыбектің айтқандары артық айтылмаған, қисынды сөздер екендігі де түсінікті. Осы отырған елдің бәрiне бiрдей қатысты жағдайға байланысты айтылғандай болғаны да анық.

  Барлыбек болса, осының бәрiн қызық қып, қызықтырып айтқан. Оның сөзiн ауылдың кісілері де қалт жібермей ұйып тыңдаған. Әсіресе тапжылмай тыңдайтын құрдасы Бұқабай болды.        

  Барлыбектiң қазiргi айтып тұрғандары да утопиялық социализм қоғамының негізін қалаушылар: Кампанелланың, Моордың не болмаса Фурьенiң – «Күн қаласы», «Коммунасы», «Фалангалары» емес, бiрақ соған ұқсас қазақ даласындағы елдiң әлеуметтiк – ынтымақтық, қоғамдық, құрылымдар жүйесiне сай дүние сияқты болып шыққан. Содан кейiн де ол өзi осы бір көкейінде көптен бері жүргенін «Қазақ елi ауылдарының ынтымақ ережесi» деп атаған.                               

Барлыбектің мына бiр айтқандары отырғандар үшiн көкейге қонымды сөздердей боп көрiнгені содан да шығар? Барлыбек енді соны ары қарата дамыта түскендей боп:                

– Осындай ауылға мүше болған бiреу ақымал тартып қалса, бай – кедей демей барлығы жиналып, бiрiгiп, оның мал басының орнына келуіне көмек жасайды. Ойлап көрсеңіздер қай заманда болмасын малдан айрылған қазақтың күні қараң болатыны баршаға мәлім. Оны өздеріңіз білесіздер. Малсыз қазақ күн көре алмайды. Сондықтан мұны да ойлау керек. Анығына келсек тек қана жұт болып, не басқа бір төтенше кесепаттан осындай ауыл мүшесінің малы қырылып қалғанда ғана осылайша істеуге болады. Тіпті болмаса мал борышкерлікке түсіп, қарыз жабуға кетсе де солай болады. Ондай – ондай борышкер болу, қарыз жамылу деген қандай да болмасын заманда болып тұратын шаруа ғой. Кiмнiң басына не келiп, не кетпеген бұл заманда. Сондай да ағайын жылу жинап қол үшiн берсе қайда жатыр – деді. Барлыбек бұл жолы аз ғана тоқтап, үй iшiндегi Есенқұлдан бастап Сүлейдi, Сауырықты, Қанаданды, Елтүзер мен Бұқабайды сосын барып, Садық пен Ыбырайды бәрiн де көзімен тегiс шолып өттi.

          – Тiптi, бiреудiң  қатыны ауырып, не басқадай төтеннен келген аурудан өлiп  қалса,  ауыл тұрғындары жиналып қатын  алуына көмек беруi керек – дегендi де, Барлыбек айтып кеттi. Онысын өзi тағы түсiндiргендей қып:  

– Мысалға алсақ, оның еш жасыратыны да жоқ, еш ағаттығы да жоқ. Қатыны өлген еркек бишара болып қалатыны бар. Ал, ол бейшаралардың балалары болса «жығылған үстiне, жұдырық» дегендей тағы бағусыз жетiм қалады. Ас iшпеген, қараусыз қалған баланың шекесi қызбай ауру болады. Ал, ауру бала өсе келе осы қоғамға масыл, пайдасы болмайды ғой – деген ой тастағандай болды.       

Барлыбек осы айтылғандарға жалғас ретiнде, ауру – сырқат адамдар жайлы да бiр шама айтып өтті.                    

– Ғұмырынша  жазылмайтұғын  бiреуде  ауру  болса,   көпшiлiк оны дәрiгерге қаратып емдетедi, егер оған төленер шығын көп болса бай – кедей демей  бiрiгiп көтередi – дедi.                            

Бұның барлығы жаңағыдай кедей, әмбе ауру – сырқаудың құрығына iлiнген, дымкәс, мүсәпiр адамдар үшiн таптырмайтын қайырымның белгiсiндей болып көрiнген. Бұл күнде не көп, ауру көп. Ауру – сырқаудың адам баласының басына айтып келмейтiнi тағы рас.                                                        

Барлыбектің осы жолғы жұмысы аса қауырт. Ол онан сайын қыза түсiп, ойларын түйдек – түйдек қып, ортаға салады кеп. Талқыға тастары әлі де көп болғандай, асыға сөйлеп, артын күтуге мұршасы жоқ.

Жиналғандар да оның осы күйiн түсiнiскендей болса да, әзiрше айтысып – керiсіп жатпастан, жым – жырт боп, үндеспей қалған. Бұлар тек тыңдауға ғана келген сияқты. Сондықтан да болар осындағылар мына сөзге мезі болмастан жайбарақаттық танытып отырғандай көрiндi. Тек қана, кейбiреуi Барлыбектiң жүзiне терең үңiле қарап, тесiле қалғандай болғаны болмаса, басқадай ой да, бөтен қимыл да жоқ секiлдi. Осындай қараспен, аракiдiк, олар Сейітбаттал мен Есенқұл жақты да бір – бір шолып өтедi. Тiптi, Барлыбектiң өзiмен бiрге ерiп жүрген Сейітбаттал мен Есенқұлда осы кезде бұлар үшiн еш қандайлық сыр берместей бола қалыпты.

Олар да мына айтылғандарды елiте тыңдап, бiр уақыт құмарынан шыққандай бола қалысқан. Ажарларында да: «Несiн айтасың, бұ да болса қызық екен?» дегендей сыңай байқалады.

Табиғатынан, ар жағынан, терең ойлайтын қазақ баласы үшiн бұл таң емес қылық. Барлыбекпен бірге ілесіп жүрген Есенқұл да: «осының қисыны дұрыс-ау» деп ойлап тұрған еді. Өзі үшін, бұл да жаңа сөз еместей естілген.

Осы кезде бағанадан бері үндемей отырған Есенқұл бір жағынан таңдана қарап, iшiнен: «Мына Барлыбектiң айтып отырғандарының бәрi бұлардың көкейiне қонымды сөздер болып тұрғандайын қарашы» деп ойлаған. Өйткені ол да көпшіліктің мына әңгімеге ден қойып тыңдағанына қызыға бастаған. Барлыбек айтқан сөздердің барлығының күнделiктi өмiрге қажет екендігі Есенқұлға о бастан аян екені рас. Оның айтып жатқандарының тiптен, қиындығы жоқ нәрселер екендiгi де даусыз. Екiнiң бiрiнің көкейіне қонымды, солардың сөзімен сөйленер сөздер сияқты болып көрінері тағы бар. Елдің бәрi бұл жайында жобалап болса да бiледi. «Бiрақ, дәл қазiр Сүлейден бастап, мына отырған Бұқабайға дейiн осы өмірде мына айтылғандардың парқына барып көрдi ме екен? Осының өзiн қалай болар екен? деп, шiркiндердiң бiреуi де сұрамады ғой» деп, Есенқұл осы туралы тағы ой пішкендей пейіл танытып қалған.  

Есенқұлдың осыған талпынған ойын бөлгендей болған Барлыбектiң сөзі болды.  Ол сөзге ден қойып, әбден қыза бастаған. Сонысын білдіре:                               

– Бiреу  өлсе,  мейлi  кедей,  мейлi  бай  болсын, көпшiлiк лайығына қарап, өлiктiң артын жоқтатпай аттандырады. Адам күні адаммен деген емес пе.

Барлыбектің бұл сөздерi де елдің құлағына жағымды естілгендей болды.

– Дұрыс сөздер екен, тіпті біздің қазақ осының бәрін күнде істейді – деді Сүлей көпшілікке қарап.  

Дұрысы, дұрыс қой. Бірақ біз сияқты малсызға қалай тиеді екен – деп, бұжыр бет, дөңкиген Қанадан төмен қарады.

Есенқұлдың ойы ендi мына сөзді де қалт жібермей түбiне жетердей боп, лезде соңынан қуалай жөнелгендей еді. Өлiк жөнелту қай заманда болмасын қазақ үшiн де, басқа үшiн де ең ауыр тиетiн жағдайдың бiрi саналатыны рас. Осыған қарай қазақтың өлiм бардың малын шашар, жоқтың артын ашар дегенi тұп – тура, лайық айтылған секілді. Қазақ о заманнан берi өлiмдi ел боп, жұрт боп, жүз, тайпа, ру боп қарсы алып, аттандырған, сауын да айтқан. Ал, ендi ауыл – ауыл боп, отырықшы тұрмыс кешкенде де, сол ауыл тайлы – таяғы қалмай өлiктi аттандырғаны да дұрыс қой. Есенқұл мұның да абзалдығын іштей мойындап отыр.

     Есенқұлдың ойы, е – дегенше–ақ, тағы бұзылған. Ендi ол Барлыбек айтқандай:                                           

     «Жастар  үлкенге  тiлi тисе,  ат – шапан айып қып,  қолы тисе екi ай күнәлi кiсi, қолы тиген кiсiнiң үйiне отын – суын алып берсiн» – деп, айтылғанына кеп тоқырағандай болды.

     Есенқұл тiптi осы кез естiлер – естiлместей қып:

– Мұнысы дұрыс, мұнысы ақылды сөз! – деген.

Бiрақ отырғандардың еш қайсысы да осы кезде Барлыбек айтқан мына сөздерге ден қойып, ыждихат білдірмей қалған сияқты. Жиылған жұрт отырған орындарында тапжылмастан, қатып қалғандай, тырп етпейдi.

Барлыбектiң сөздерi оларға қатты әсер еткені соншалық, әр кім өз ойымен өзі болып кетіпті. Айтылған әңгіме өздерiнің қамы үшін айтылған сияқты. Бірақ та, қалай айтылса да, өздерін әбiгерге түсiргендей етті.

Барлыбектiң мынадай сөздерi оларды бiр жолата үндетпей тастағандай. Сондықтан да болар олардың еш қайсысы қазір жарытып, тiс жарып сөйлемей отыр. Осынша жұртты баурап ұйытып әкететіндей бұл Барлыбектің қандай сыры барын тағы да ұқпай қалғандай. Бiрақ солардың көпшілігі iштерiнен: «Құлшан – Сырттанның – Барлыбегi бұл жолы да елге жай келмептi. Ол бұл жолы да елге қалай отырықшы болуды, қалай Қарағаш секiлдi құтты мекен салып отыруды да көрсетуге келiптi»» деп отырған секілді.                  

Барлыбек болса осындайлық жүк арқалап, елге кеңес айтуды қашаннан да өз мiндетiне алып жүретiн әдетінен әсте бір танбайтындай халде көріндi.  

    Әсiресе, Барлыбектiң кейiнгi сөзi көптеп бала асырап, бiрақ оларды оқыта алмай отырған ауыл адамдарына қатты батқандай болды.       

    – «Балаларын, ұл – қызына қарамай оқытпаған ауыл мүшесi жыл сайын жиырма бес сом ортақ пайдалануға көпке берiп отыруға тиiс» – деген Барлыбек сөзі бұларды тағы да елең еткiздi. Елең еткізгені былай тұрсын, сол сөз ғана бұларды шетінен сөйлете бастады.                                                                            

    Осы ауылдың Сүлей, Бұқабай сияқты ауқаттыларымен қатар Қанадан, Сабырдай орта шаруалысы, Елтүзер, Ыбырайдай кедейлеуiне де, көрші жатқан Көкқия ауылынан Барлыбекпен ілесіп келген құлшан Сауырыққа да бұндай жағдай бiрдей тигендей едi.

    Жағалай айтылып келе жатқан жаңа тірліктің осы бір тұсы бұларға түсініксіздеу боп тұрған сияқты. Олардың осындайлық iшкi ойларын, отырғандардың бет – әлпеттерi анық айқындай бастағандай.                                                                                       

    – Қараптан – қарап отырып, бақандай жиырма бес сомды ортақ қалтаға салғанша, онан да балаларымызды оқытпаймыз ба?  Жиырма бес сом үлкен пұл. Осындай ақшаға қаншама мал алуға болады. Ол ақшаны бекерден – бекер бiреуге бергенше бала оқытқан дұрыс қой – дегенді Бұқабай айтты. Қалғандары да осыны ойластырып отырғандай болып көрінді.

     Олардың осы ойына – ой қосқандай болғаны, бүгін Барлыбекке бiрге iлесе келген Қыдыралы – Маманның Есенқұлдай баласы сияқты. Ауыл кісілері: «осы бір Есенқұл атты Маманның баласы көрiнедi ғой қазiргi Қарағаштағы мектепке бас – көз болып отырған. Маманның бұл баласы болса қазiр айтқанынан бiр танбай отыр ғой – тегiн оқу, тегiн тамақ, тегiн жатар жер деп. Жақсы оқығанын ары қарата оқытамыз. Жiберетiн жерге жiберемiз. Тiптi, Алматы мен қазақ елi былай тұрмақ: Ұфа, Қазан, Мәскеу, Петерборға, онан қалса, Стамболға жiберемiз дейдi. Сондайларға қазiр де жәрдем берiп тұратын көрiнедi ғой бұлар» деп айтылған сөздің мәніне енді ғана бой алдырғандай еді. Олар солай деп ойлап, мұның шын әңгіме екендігіне енді ғана сенді. 

    Әсiресе, Барлыбектiң: «Ауылдың бозбаласы, қарасақалдары мен ақсақалдары намаз оқымаса, ораза ұстамаса, үшiр  бермесе, бай адамы  зекет  бермесе  айыпты  болып саналады. Айыбына шариғат қосқаннан басқа әр жолға он сомнан айыпты көпшiлiкке төлесiн» – дегенi де, бiр жағынан сұмдық қиын, бiр жағынан қызық көрiндi.                   

Шындығына келгенде осы ауылда ораза ұстап, намаз оқымақ түгiлi, құран оқитын да адам жоқ едi. Тек, тiлiн калимаға келтiре алатын бiрең – сараң қартаңдауы болмаса. Сонда қалай ауылда жоқ молданы ендi бұлар iздеуi керек. «Сонан бәрiн үйренетiн шығармыз» дейтiндей мына ауылдың қарасақалы мен ақсақалы. 

     Бұл істің негізгі мән – жайына көшкен Барлыбек:

     –  Ұрлық,  өтiрiк,  боқтау, ойнас тiптi болмасын. Болса, абақтыдан басқа көпшiлiктiң ортасына ат – шапан айып берiп тұрсын. Баласы ұрлық жасаса, әкесi ұрланған заттың үстiне қосып көпке ат – шапан айып бередi.

     Шаруа жайынан егiн уақытында, пiшен уақытында үй басы бiр кiсiден жұмысшы, аз болса екi үйден бiр кiсi шығарып тұруы керек. Егiн мен шөптi сол бөлiнген кiсiлер бiтiрiп тұрады. Егер үйден бөлiнер кiсi жоқ болса, ол үй кiсiнi ақшаға жалдап беруi тиiстi. Кiм де кiм, үйiнде бола тұра жаңағыдай ортақ iске бармаймын десе, айып ретiнде әр бармаған сайын бiр қойын қалған жұмысшылардың ортақ қазанына салып отырсын.

      Ауыл тұрғындары арасында дау – дамай болса, ол дауды сол өз iшiнен   сайлаған ақсақалдар бiтiрiп тұрсын. Ауыл старшынының барлық жұмысын сегiз ақсақалдан құралатын кеңес атқарады. Қарта, басқа да құмар ойындарды ойнауға рұқсат жоқ. Ауыл тұрғындары өзара қаражат жинап дүкен, бақалшылық тағы басқа да керектi кәсiп пен орындар аша алады – деп барып, Барлыбек әңгiмесiн аяқтағандай болды.

         Жиналып отырған жұрт ләм – мим деместен барлығы аңтарылып қалғандай. Олар бұның бәрiне не дерiн, не iстерiн, қалай боларын бiлмей отырғандай. Бұлардың қолынан одан басқа не келсiн. Бәрi де бiр нәрсеге тiрелiп қалғандай болды. Мұның барлығына біраз ойланыс керектей болып тұрған секілді.

         Жиналған қауымауыл осындай пиғыл танытқан болды.

          Бұл жай туралы әзірше бiр – бiрiнен сұраспай тұрған. Тек көпшілік тілек білдіріскендей болса да іштерінен суырылып шыққан Сүлей:

  • Ойланып – толғанып  көрелiк. Бұл   өзі   бір  жағынан  қызық  болып

көрінсе де бізге керегі бар сияқты – деді. Қалғандары:

–  Ақылдаспасақ болмас!

– Негiзi дұрыс сияқты?!

– Ойластырған жөн – десiп, өз ойларын білдірісіп қалған.

         Барлыбек осыдан кейiн жүзiн отырғандарға бұрып, салмақты үнмен:  

Бұл жерде шешімін тездететін іс бар. Оны шапшаңдату керек. Әйтпесе құр қалуға болады. Ол үшін біздің елге тезiрек бiр жерде отыруға қомақты – қомақты жер үлесiн алып қалуға тырысу керек. Бұдан былай кеш болар, сондықтан осының бәрiн тездету керек – дедi. 

        Бұлар Баянжүректегi Сүлей ауылынан осылайша аттанып кеткен болатын.  

           Елге шыққаннан бергі бұл сияқты кездесулер мен кеңестер ылғи да Барлыбек өміріндегі жаңа бір белестей болып көрінетіні бар.

           Елге деген пәк көңілден шыққан, көп сырдың, көп дүниенің оларға есігін ашқандай болған кездесулер еді бұлар. Сондықтан да Барлыбек үшін бұлардың жөні бөлек, мәні зор екені анық. Осының бәріне Барлыбек іштей шүкірлік жасады.   

          Екі – үш күнгі аялдан кейін Барлыбек Көкқиядағы Сауырық ауылынан Есенқұлдың қалауымен Қарағашқа бет алған.

          Есенқұл ондағы мектептiң құрылысы басталып кеткенiн айтып, соны көрiп қайтуға Барлыбекті шақырғаны жол – жөнекей осындай жұмыстармен байланысып жатты.

           Ендi мұндағы сөз бiтiп, жұрт қызық әңгiмеден бiраз болса да құр қалардай болған. Арыз – арманмен де, Барлыбекті iздеп келушiлер әлі де болса сиремеген. Сирейтін де емес.

          Барлыбектер болса Қапал асып, Қарағаш жаққа жүріп кетiстi. Жол жүріп бара жатып, Тәнеке батыр зиратына тоқтап, құран бағыштады.

           Көзі тірісінде елін жауға бермеген, рухы күшті батыр, «осы жердің қарыс сүйем жерін қалайша атасы басқаға беріп қоямыз» деп өмірден өтті. Ел деп еңіреп жүріп бақилық болса да, арттағы ұрпағына өзі бастаған істі өсиет етіп кеткендей екен. Солар бүгін сол өсиетті жалғастырып әкеткенін білсе етті.

           Айнала тым – тырыс, тыныштық орнаса да, Тәнеке батыр басына келгендер оның рухын әлі күнгі сезетіндей. Сол рух оларды алдағы күндердегі қиын істерге жетелеп, дем беретін сияқты.

           Барлыбек жан – жағына қарап, асыға бастаған. Оған да себеп болған Тәнеке мен оның халқына істеп кеткен істері сияқты. Тәнеке батырдың аруағы өзіне дем беріп, алдағы істерге асықтыра түскендей көрінді. Соны өзі сезгендей болар.   

          Жол жүріп келе жатқанда Барлыбек көпке дейін үндеген жоқ. Оның мұнысын түсінген сезімтал Есенқұл да үндеместен келеді. Әр кім өзімен – өзі боп келе жатқан сияқты. Анығында, елдің бет алысын бұлар байқаған секілді.

           Елде көп өзгеріс, көп жаңару бар екені анық. Барлыбек те соны байқаған еді.

           Осындай күйді аңғарғаннан кейін қалай қол қусырып отыруға болады. Елге әлі де болса көп күйді айтып, жеткізіп, көп нәрсенің алдын – алу керек сияқты. Сонда ғана ел ішінде алға ұмтылыс болатыны белгілі болды. Бұл –Барлыбектің ойы еді. Қазір өзі сол ойының түбіне жете алмай келе жатқандай көрінеді.   

 

 

 

 

 

 

Оныншы тарау

 

 

 

 

 

 

Биыл қыс Жетісу жерінде тым ерте басталғандай еді. Әмбе бұл қыстың өзi жылдағысынан гөрi ерте түсті. Онымен қоймай, қатты болып тұр. Жерге қар да көп жауған. Қалың боп түскен қар осы уақытта кiсiнiң тiзесiнен асып, белуардан келетін болды.

Қыстың – қыс екендігін білдіргісі келгендей осы кезде терiстiктiң суық желi де пайда болған. Жел соққан сайын ақ түтек боранға ұласып, үскірік аяз онан сайын қатая түседі. Осындай боранды желге қосыла соғатын таулы жердің өзінің желдерi де кiсiнiң ығырын шығарардай еттi. Сол бір Алатаудың арғы беті мен бергi бетін бөктерлеп кезек соққан желдер де қарлы борандарды тым жиілетiп жiберген. Соған қарағанда, боран екеш боран да, заманның бұзылуына қарай құтырынып, күшейе түсетіндей болса керек. Сол борандар ойлы – қырлы жердiң қойын – қонышын тегiс қармен тығындап тастағанымен қоймай, жүретiн жолдың бәрiн де басып қалған.

Қар қалың болған сайын әлек те көбейген. Жүретін жол соған қарай  биыл ауыр болып тұр. Ақ түтек боран кейде апталап соғады. Сондайда далаға шығудың өзi бiр мұң болып қалады екен.

Сақылдаған қысқы күнгi аяздай боп, елдің де шыдамы бiр жолата таусыла бастағандай. Бұл кезде алып империяның iшiн тек революция жалыны ғана кернеп бара жатқандай көрінеді. Ендi болмаса сол жалынға толы кернеу шегіне жетіп, азғана болса жарылардай болып тұрғандай еді.

Россияның ішін революциялық күштер біраз уақыттан бері жайлап алған. Солардың әр жердегі бас көтерулері байтақ державаның астан – кестенін шығарып, шаңын аспанға қаққандай қылды.

Мұндай заманның да кетеуі кетіп, ығыры шыға бастағанына біраз болды. Сонысына қарағанда айналадағы жұрттың бәрі осының аяғын күтетін сияқты. Оларға қазіргідей үсті – үстіне болып жатқанның бәрі түсініксіздеу және өздеріне керегі жоқ дүниедей боп көрінетіні тағы бар. Соған қарағанда бұл заманның ең басты түсінігі де, айтылар сөзі де, тоқ етері де біреу – ол революция.

Империяны жайлайтын барлық ірілі – ұсақ халық та осы күнi тек қана, революция үнiне құлақ түретін сияқты.

Бұл күнде Жетісу өлкесіндегі Верный қаласы да осындай бір күй кешуде еді.

Халық болса үмітпен әлденені күтуде. Бірақ сол күткендері әлі өздеріне жетпей жатқандай. Соған қарай болашақ дүние де әзірге белгісіздеу, көбіне сүрең тартып кеткен  секілді.

Күндіз Верныйдың көшелері қызу тірлікке бой алдырып, кешкілік үйдің шамдары жағылып, елдер өздерінің естігені мен көргендерін ортаға салып, әңгімеге қарық болып жатады.

Елдің айтатыны «революция» деген сөз ғана.  

Бұл кезде халықтың ашу – ызасын жұмсарту мақсатымен, Екiншi Николайдай патша өз үкiметiне халықтың мұң – мұқтажы жайындағы өтiнiштерiн қабылдау жайында тапсырма берген.             

Патшаның «Он сегiзiншi ақпан рескриптi» деген атпен шыққан өкiмi қазақ жерiне жаңа серпiлiс әкелгендей болды. Бұл рескриптi алдымен қазақтың зиялы, бiлiмдi азаматтары оқып, жылы қарсы алған. Барлық жерлерде оны талқылай бастаған. Осыған байланысты қазақ елiнiң әр тұсында қазақ зиялылары ұйымдастырған тiлекнама (петициялар) әзiрлене бастаған еді. 

Көптеген жерлерде билік пен басқару жүйесіне қарсы бой көтерулер де басталып кеткен. Сондай – сондай дүмпулер Жетiсудың орталығы Верныйда да басталып, төтенше орын алатын жағдайлар бұл қалада да көбейе түскен. Тiптi талайдан берi болмағанның өзi де бұл қалада болып жатқанға ұқсайды. 

Жомарт бүгiн жұмысқа бара жатып көшеде қаптап жүрген адамдарды көрді. Мұның жайшылық емес екендігін байқап, тіксініп қалған. Қаланың орталық көшелерi толған кәрi мен жас, қолдарында тас пен таяқ.

Жомарт көшедегі адамдардың не үшін кезіп жүргенін білгісі келді. Бір жағы осының мән – жайына да қаныққысы келіп, қызықшылығы арта түскен. Не болып жатқанын көзімен көріп, көкірегімен сезгенді жөн көрген.

Верный қаласындағы қарапайым халықтардың киiм киiсi бiр бөлек те, және осы қаладағы бай,  буржуй, саудагер – көпес, шенеунiктердiң байлық, барлық көрiнiстерi басқаша болып көрінетін.

Мынадай әлеуметтiк жiктiң өзi де жақсы киiнген, дәулеті тасыған, бай адамдар үшiн бүгiн жандарына түрпiдей тиер ауыр бейнетке айналған сияқты. Соған қарай қала халқы да екі бөлініп шыға келген еді. Сырт көзге бірден байқалатын бұл өзгешілікті Жомарт та байқап қалған.                                                                 

Үлкен Алматы өзенiнен өте берiстегi көпiр маңы иiн – тiрескен халық. Әншейiндегi кiсi жейтiндей болып жүретiн полициясы да жоқ боп шықты бұл арада. Сол жиналғандардың арасындағы бiреуiсi жағажайдың жарқабақтау келген, биiктеу жерiне шығып алып сөйлеп тұр екен. Қалған кісілер соны тыңдауда. Жомарт та оның айтып жатқандарын естігісі келіп осы жерге таялды.           

Сөз басталып кеткендiктен, әуелi Жомарттың түсiнгенi «қаңтардағы Петербургте болған «Қанды жексенбi» бiздiң бостандық үшiн күресiмiздiң басы» деген сөздер едi. Ендi бiр биiктеу келген өзi сыған сияқты мойылдай қара, бұйра бас, тығыршықтай жас жiгiт жаңағы сөйлеп бiткеннiң орнын басып, ортаға шықты. Оның киiм киiсiне қарап Жомарт бұл жiгiттiң Верный гимназиясы, пансионатынан екенiн шамалап бiлдi. Түр сипатының өзi де орысқа ұқсамайды екен. Бiрақ, бұл да орысша сөйлей жөнелдi. Осы жолы оның сөзінен Жомарттың түсiнгенi патша жендеттерiнің қара халықты қырып жатқандығы еді. Оларға сондай бұйрықты патша берген болып шықты. Патшаның және бай – шонжарлардың еңбекшi халыққа, қалың бұқараға ешуақытта жақсылық жасамайтындығын да ол еш бүкпестен айтып жатты.

Жаңағы қараның қолын сілтеп, дауысын нығарлаған сайын екпіні де күшейе түскен. Әрмен қарай айтылған, әр сөзі көкейге қонымды боп естілетіндей, нық шығады. Соған қарағанда бұл әлемде оны сөйлетпей қоятындай күш жоқ сияқты көрінеді. Ойына келгенін ол ешкімнен тайынбастан айта беретіндігі байқалып тұр.

Оның айтайын дегені бұл ғана емес екен. Ол бар дауысымен: «Буржуй біткенді, помещиктермен қоса үстем тап ретінде тек қана жою керек. Әйтпесе олар езілген бұқараны қанауын, атып – қыруын, өздерінің қан сорғыштық әдеттерін қоймайды.  Революция тап күресiн күшейтуде!» дейді

Жомарт ішінен соншалық қайран қалды. Таңқалғаны соншалық жаңағы жігіттің жүзіне қарай берген. Енді бір қарағанда, оның сыған тектес қоңыр өңiнде өжеттiк пен қайсарлықтың бiтiспес белгiсi ойнап шыға келгенін де көрді. Ал ол болса, ғайбат сөзін тоқтатпастан, қайта – қайта: «патша, қанаушылар, тап күресі, революция» деген сөздi де баса айтып, патшадан бастап барлық шонжар біткенді бір жолата құртқысы келетін сияқты. Айтып жатыр, бір тынбастан, айтып жатыр.                                                                                

Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң дегендей, бiр уақыттары жаңағы бұйра бас, қара торылау жiгiт қолын сермеп, ышқына айғайламасы бар емес пе:                                                                                                              

– Патша үкiметi жойылсын! Революция жасасын! Жасасын бостандық! – деп, жаңағы тiптi сөзiнiң аяғын тағы да ұрандатып жiбердi.                

Мұндай сөздi Жомарт өмірінде бiрiншi рет естiдi. Тіпті, қанша сойқан болғанымен ақсақ Пронин да патшаға бұлай ашық тіл тигізiп көрген жоқ еді. Дәл осылайша, бүкіл елдің көзінше өмiрi «патша жойылсын» деп қатты айтқан емес.                                                   

Жомарт iшiнен: «патша жойылсын» деген сөздi бiреу естiп қоймасын деп, сыбырлай қайталап айтып та көрдi. Әне бiр сөздi өмiрiнде естiмептi. Пронин де ондай сөзді айтпаған сияқты. Барлық жайды бiлгенде ол неге ондай сөздi айтпаған? Мұндай сөзді бiрiншi рет естiгендіктен болар, Жомарт оны тез ұмытып қалды. 

Жомарт оқшауырақ тұрып, тымағының бауын ағытып, құлағын түрiп алып тыңдады. Бiрақ та, бiр қатар сөздердiң мәнiне жете алмаған қалпы дал болып, қала бердi.

Ол әлi де болса пұшайман болған сыңаймен: «Апырмай, жойылсын деген өзi қандай сөз едi. Нелiктен жаңағылар бұлай дейдi? Қандай себептермен осыны айтады екен?» деп ойлаған. Өзінше жорығысы келіп еді, онысынан түк шықпады. Бәрібір жаңағы айтылған сөздердің мағынасын түсініп, мәнісіне бара алмады.

Біраз тұрғаннан кейін Жомарт жаңағы айтылған сөздерді онша құптаңқырамайтын сыңай білдіріп, бетін тыржитып қойды.

Осы кезде ойына не бір сұмдық келіп: «Апырай! Патшаны бiз бiлемiз, күнде естимiз ол туралы. Бірақ та мынасы қызық екен» деп, шала бүлінген түрмен жаңағы жаққа тағы қарады.

Жомарт әуелі құдай, сосын одан бір кем көрінбейтін патшаны екі аяқты пенденің қатарында санағысы келмейтін. Басқалар сияқты тек қана: «ақ патша, патша ағзам» деп қана айтатын. Бірақ қазіргі болып жатқан сұмдықтар мен естіп жатқан сөздерінің барлығы Жомарт үшін тыңнан шыққан, таңғажайып нәрсе болып көрінді. Бұларды ол ұға алмай тұр. Бар аңғарғаны патша ағзамды құрту сияқты болып көрінген сөз ғана.

Жомартқа мұның бәрі түсініксіздеу болып көрінді. Әсіресе түсінбейтіні «патшаны жою» деген сөз. «Онысы несі екен? Патшаны жою деген оны құрту емес пе? Патшасыз не болмақ?» Соны ол біреулерден сұрағысы келген.

Жомарт қалың топқа жақындап келіп, солардың арасына кірді. Сол –сол екен, қалың кісі нөпірінің арасына батты да кетті. Бір жағы айтып жатқан сөзге қызықса да енді бұл арадан шыға алмайтын сияқты. Басында соны өзі де байқамай қалса, енді қызыққа еріп, сөз аңдып, көпшіліпен бірге кете барды.

Қызып алған ереуілшілер мұның сұрағанына жауап бермек түгіл, онан сайын есіріп, құтырынып алған. Кісі сөзін тыңдамақ түгілі еліріп, таптап кетуге жақын. Қалың топ дүрлігісіп жатыр. Кейде лек – лек болып тұрады да бір уақытта қозғалып, жүріп кетеді.

Еріксіз, қалың кісілердің арасында тұрып, Жомарт тағы да бағанадан бері айтылып жатқан сөздерді үнсіз ғана бар зейінін сала тыңдайды. Өзі әлі де болса қызық көріп, «бұлар тағы не айтады екен?» деп күтуде еді. Ойынан бағанағы патша туралы айтылған ғайбат сөздер кетпей, сол туралы анықтап білгісі де келген.

Жомарт бағана патша жайында айтылған сөздердің мағынасына енді ғана мән бергендей. Соны білгенше көңілі байыз таппай, топтан бөлініп кете алмады. Бiрақ та, бәрібір де, «патшаны жою керек» деген сөз құлағына түрпідей тиетін сияқты. Енді неде болса, осыны ұғынбай бұл жерден кеткісі келмейтіндей.

Жомарт өзі осы қалада бірқатар жыл ғұмыр кешсе де, дәл мынадайлық сұмдықты естіп, көрмепті. Бұл жай өзіне оқыс тигендей етті. Осыған байланысты көңілінде қобалжу да аз емес, күдігі де көп.  Қайтсем де осыны білсем деген құштарлық қана Жомартты жіпсіз бұл араға байлап тастағандай көрінеді.

Жомарт өз құлағына сенбегендей боп, қайта – қайта сөз тыңдаған. Қасындағылардан бұл жайында сұрап та алғысы келдi.

Күн шыңылтыр, аяз болса да аздап арқасы терлеп, шылқып шыға келген. Ол үстiндегi шапаны мен тымағын шешiп тастардай боп, лезде бусанып шыға берді.                                     

Айтылып жатқан сөздерді қанша тыңдаса да, оның байыбына жете алмайтын сияқты көрінеді. Жомарт әсіресе патша жайында айтылған сөздерді қалт жібермей тыңдауға көшкен. Өзінің көкейiн тескен де осы сөздер. Сол қайран қалдырған сөздерді білгісі кеп барады.

Бір кезде барып, өзін мазалаған жаңағыдай ойға беріліп: «Сонда, мына патша жойылсыны қалай өзі?» деп, өз – өзінен күңк ете қалған. Арғы ойы шым – шытырық, осының жалғасындай боп: «Ол қалай жойылады? Өзi бақандай патша болса, сонда ол қалай аяқ астынан жойыла қалады? Неге жойылады? Кім оны жояды?» деген үрейлі сөздер көңілін су сепкендей басып, қанша қиналмайын десе де, аржағынан қылтиып шыға келеді.

Арада біраз уақыт өткенде өзі бұрын естімеген көптеген күдікті сөздерді естіп, соларды білуге онан сайын құмарта түскен. Бұл сөздердiң өзі нені аңғартатынын және не үшін айтылғанын ол әлі бiлмейді. Қаншалықты тырысып бақса да бәрiбiр түбіне жете алмастан, түсіне алмай дал болды.                                            

Бiр жағы жаңағы сыған сияқты, жылтыр қараның сөзiне шамданып: «астамшылық жасап қайтеді, патшамен шығыспайтындай несі бар еді?» деп оның мұнысын да жақтырмай тұр.

Жомарт айналасына қарап, жаңағы қараторы жігітті іздегендей болды. Онысы жәй емес. Осы бiр сыған сияқтысының өзі жас болғанымен сөзiнiң өзi мiрдiң оғындай екен. «Патша жойылсынды!» алдымен сол айтты ғой. «Жойылсын дегенi – түп тамырымен бiр жола құрысын дегенi шығар жазғанның» деп, Жомарт өзінше жорығандай болды.

Ол енді жаңағы өз ойын тоқтата алмастан: «өзi жап – жас неме екен. Патшада несi бар өзiнiң? Әуелi құдай, сонан кейiнгi осы патша емес пе едi?» деді ішінен күңкілдей сөйлеп.

Осылай ойлаған сайын іштегі күдігі де үдере түскендей. Бірақ сонда да, күдікті ойлары азаймастан, көбейе берген сияқты. «Патшада несi бар екен? Патша болмаса көрермiн не болатыныңды? Егер ақсақ Пронин айтса бір жөн. Әмбе, ол болса өзі кембағал, жарымжан адам ғой. Оған олай айтуға болады, тіпті жарасады» деп, жаңағыдай патшаны даттағандарды жақтырмағандай ыңғай білдірген.

Сөйтіп тұрғанда, абыр – сабырдың арамында жүріп бағанағы кісілерді жоғалтып алды. Өзі іздеген адамын таппай Жомарт біраз әуре, сарсаңға түсіп, көппен бірге сенделіп жүре берді.

 Әзірге Жомартты көзіне ілген жан болған жоқ. Қалың топтың арасына кірген ол қараторы жігітті іздейді, онан қалып бара жатса кісілер «не дейді екен?» деп әркімнің аузын бағып, сөз аңдиды. Сондағы еститіні ылғи даттаған сөздер. Оның өзі де ең алдымен байлар мен кедейлер арасындағы жікті білдіретін сияқты. Сол байбатшалар жағында патша ағзамның өзі жүретінін де білісіп қалды. Неге олай екендігін Жомарт түсінбесе де, мына жиындағы жұрттың тегеуріні оңай еместігін де, сезіп қалды. Өйткені, әңгімені патшаның өзінен бастап тұр ғой. «Оны жоямыз!» деп байбалам салып жатыр.

Жомартқа осы жағы әсіресе түсініксіздеу болып тұрғандай. Ол елегінен осыларды өткізіп жатып: «Патша – патша деуші еді. Соның өзiне тиiсуiне қарағанда, сол патшаның өзi де бiз сияқты ет пен сүйектен жаралған ғой деймiн. Әйтпесе, жаңағылардың бiреуiнiң де, аузы – мұрны қисаймастан, айтатынын айтып жатыр. Патшаның киесі болса, атпай ма жаңағыларды. Қаншама өзіне нақақ сөздер айтты» деп, Жомарт осы кезде шуласып жатқандардың сөзiне тағы да құлақ түрген. Бiрақ, бәрібір осы кезде оның ойынан бағанағы қалың, бұйра шашты, қара торылау жiгiт кетпей қойды. «Өзi онша орысқа ұқсамайтын бәле. Сыған ба, немене? Қазаққа тiптен келмейдi. Бiрақ өңi сәл ашаңдау сияқты. Көздерi де анық көк емес, қой көзділеу болып көрінді. Тiптi шаштарына дейін мойылдай қара екен. Апырмай, сонда ол кiм болғаны?» деп, Жомарт өзi бiлетiн жұрттарды ойынан өткізіп, тұспалдай таратып шыққандай болды. Оның бар бiлетiнi де, осы қалада бар жұрттар мен нәсілдер болып шықты. Ол соларды таратып тұрып: «Сыған ба, жоқ әлде қарақытай мен дүнгеннiң бiреуi ме?». Өйткенi өзi бiлетiн тiлдерi қазаққа жақын халықтар татар, ұйғыр, қырғыз бен өзбектiң бiреуiне де, ұқсамайтын сияқты жаңағы бұйрабас қара жiгiт.

Бұл қалада өзi бiлетiн басқа жұрт қалмаған сияқты. Жаңағы жігіт қай нәсіл болды. Осындай ойлар оны бір жолата сансыратып тастағандай. Жаңағы «патша жойылсын» деп, айқайлаған жiгiтi мұның бiрiне де келмейдi. Ақыры Жомарт ол жайында: «Әй, дәуде болса сол өзi орыс пен қара халықтың арасынан шыққан нарқоспақ шығар» деп ойлады.

         Осы кезде Жомарт іздеген жаңағы бұйра бас, қараторы жiгiт топ ішінде қайтадан пайда бола кетті. Топ iшiнен өзi сияқты бiреу оған айқайлап:

           – Жарайсың Миша! – деді.

          Қалың топтың арасында тұрғандықтан Жомарт оның түр – түсiн анықтап көре алмады. Даусына қарағанда орысша сөйлейтiн қазақтың бiрi сияқты көрiнген. Жомарт мұндай орысша сөйлейтін қазақтардың даусын осы күнi ажырата алатын болған.                          

(Жаңағы сөз сөйлеген бұйрабас, қараторы жiгiтпен Жомарт өзiнiң ендi бiр мүшел жылдан кейiн, тағдыр айдап кездесетiндігін, оның шын нәсілі Азияда кездеспейтін, сирек нәсілден екендігін білетін болады. Сөйтсе, оның ұлты молдавандардан екен. Бұл кезде ол үлкен әскери қолбасшыға айналыпты. Жомарт онымен талай рет кездесіп, бірге болатындығын ол осы кезде бiлмеген едi).

Жомарттың қазіргі көңiлi күптi боп, бiрденеге елеузiрегендей болып тұр. Бүгiнгi көргені мен білгені бір басына жеткілікті болғаны тағы бар. Және де бүгінгі көрген, естіген, білген құқайы бұрынғыларынан алабөтен, ерекше сияқты. Бұл күннiң оқиғалары Жомарттың ойына – ой қосып, көңіліне әлдеқандай күдік туғызғандай етті. Оны осы уақытқа дейін патша туралы, өкiмет туралы бұрынғы естiгендерi бiр басқа да, бүгiнгiсi бiр басқа болып шықты. Осындайлық жайды ол жақсы түсiнiп, түбіне жетіп, ден қойғандай еді. Бұрындары күнделікті айналасында болып жатқан сан дүрмек өзінің көзiн аша түсетіндей болып көрінсе, мына бір күннің ішіндегі көргені бір бөлек болды. Бұл күн ішкi дүниесін байытып, көп нәрсеге үйреткендей болғаны да рас. Бір жағынан жандүниесін алай – дүлей еткені де анық. Ол енді бүгінгі күнге ерекше мән бере қарайтындай да сияқты. Өзі де осы кез өзiнің анағұрлым өсе түскендейін сезiніп қалды.

Мұнда жиналғандар ендi қарап тұрмай екi топқа бөлiнiп, бiрi  Верныйдың жоғарғы базарынан өрге қарай губернатор үйiне тартты да, екiншi тобы сауда көшесiн бойлап байлардың дүкендерi мен қоймаларын қиратауға бет алды. Солармен бiрге Жомарт та iлесіп жүре берді. Оған қызық көріп, бір есептен осы дүрмектің аяғы не боларын білу де керек сияқты. Әсіресе, оны қызықтыратыны осының бәрi не үшiн болып жатқанын бiлу болды.                            

Топ – топ болып лықсып келе жатқан қалың кісі нөпірі жолындағысын бәрiн тайпап, жойып, қиратумен болды. Әсiресе Сқақбай, Деров сияқты көпестердiң дүкендері мен тауар қоймаларына қатты зақым келдi. Көпестер мен саудагерлерде зәре қалған жоқ. Осы топтың iшiнде жүрген Жомартты бір ерекше күш билеп, мына адамдарға жақындастыра түскендей еді. Ол болса өзiнiң жұмысқа бармай неге бұларға iлесiп, бiрге жүргендiгiне таң қалып келедi. Қызық көргені былай тұрсын, ендi ол өзiнше қоқиланып шыға келген. Ондағысы мына мені көрдіңдер ме дегісі келсе, тағы бірде осыған дейінгі бәз бiреулердiң ызасы өтiп кеткендей боп та сезiнген. Сондай құбылыстар басына келіп, ойына – ой қоса беретіндей. Байқап тұрса, мыналардың айтуынша мұның осындайлық қорлықты өмiр кешуiне де бiреулер кiнәлi сияқты екені нағыз шындыққа ұқсап тұрғандай. Осылармен қосылып жүре берсе солардағы кегi қайтатындай боп көрінген.

Бірақ ол осылайша сезiнсе де, әлі көп нәрсеге өзi де түсiнбей қалған. Мұның бәрi бас кезiнде өзі үшiн қызық болып көрiнгеннен басталып, әйтеуiр көпке қосылып, ілесіп жүре берсе де, келе – келе бұл ойы да өзгеріп шыға бергендей болды. Иә, солай екені рас. Өйткені осынау адамдар неге бүйтеді екен? Бұған не себеп? – деген ойлардың да маза бермей келе жатқаны тағы бар. Бұл адамдардың осындай жұріс – тұрыстарында ғана Жомарт үшін айтылмаған әлдебір сыр бар сияқты. Сөйтсе де, ол ендi біраз байқап қараса, мұның бәрі басқаша беталыс ала бастағандай екен. Оған мұның бәрі өздерiн әншейінде менменси ұстайтын өңшең бай, жуан мен тәуiр дегендерге жасалған қысастық сияқты болып көрінді. Енді сондайларға мына жиналған кісі біткен өздерiнің кiм екендiгiн көрсеткісі келiп тұрғандай көрiндi. Бұл жай да Жомартты толғандыра түскен.

Лықсып келе жатқан адамдар легі өстіп Жомартты өзімен бірге белгісіздікке алып, кете барды. Шарап зауытындағы жұмыс болса жайына қалды. Оның бойындағы қаны ойнап, көңілі де өрекпіп шыға келді. Бұрын өзі байқамаған бір басына лайық батылдық та пайда болып, мақтаныш сезім бойын билеп алғандай көрінді. Дәл осы бір кезде Жомарт өзінің осы күйін: «Пугасов қожайынның өзі көрсе етті» деп тілеген. Қазіргі жүрісінің мәні де соған сай сияқты. Жан – жағына айбарлана қарап қояды. Тұла бойында пайда бола бастаған жаңа бір серпінді өзі де аңғарып, жан – дүниесімен сезінген.

Жүріп келе жатқан Жомарттың ойына осы кезде қожайын түсті. Кәдімгі Пугасовтың өзі көз алдына келіп, қарсы алдынан шыға келетіндей сияқты.   Жомарт мұны да ойлады. Еріксіз ойына қожайын түсе қалғанда оның мұндай жүрісті жақтырмайтындығын есіне алып, тағы қиналды. Бұл жолы ол бағанағы райынан қайтып қалған секілді. Томсара түскен Жомарт: «Осының барлығын ол жақтырады дейсiң бе?» деп, ойланып қалды. Сол, сол-ақ екен, оның арт жағы қылп ете қалды. Оның үстіне көп кісі зауыт жаққа беттегендей болды.

Жомарттың бағанадан бергі өрекпіген көңілі су сепкендей басылып: «Ал мыналар қожайындыкiне қарай, зауыт жаққа барса, сол маңайдан өтсе қайттiм?» деген ой басына енді ғана кіргендей болды. Осының алдында ғана бойын билеген айбар мен мақтаныш сезiм өзінен алытап бара жатқандай боп нен де жұрдай болып қалғандай. Бағанағы ойынанан да айнып шыға келген. Өйткені мына адамдардың түрі жаман. Өзі күн көріс жасап отырған жерді талқандап кетсе, ертеңгі күні не болмақ? Жомарт осыны да ойлаған. Бағанағы дүкендер сияқты зауытты қиратса болды бұлар аштан қалады ғой. Оны қинап тұрған осы еді.

Артынан кейiн барып, Жомарт өзінің ол жақтан алыста жүргендігі есіне түсіп, сол көңіліне медет боп, біраз серпіліп қалды.

Ол қазір өзiн – өзi осылай алдаусыратқан ойдан жұбаныш тапқандай болса да, басқадай бір ойдан «әй, қайдам, зауыттағылар көрсе осымды маңдайымнан сипамас» дегендi де бiр жағынан ойлап, мазасы кете бастаған.

Көңілі құрғыр әлі де болса жай таппай, аласұрып тұрғандай. Сонда да болса, бағанағыдай емес, оның ойы аласапыран. Басы мең – зең болып, аласұрып кеткен. Бұзыла берген ойда осыған дейiнгi ойлағанынан бөлек бір ойды туғыза беретіндей. Сондайлық ойлары да, қазірде  iшкi қаупiн күшейте түскендей. Бiр жағы содан болар Жомарттың бойын үрей билей бастады.

Бір заматта Жомарт өзiн – өзi қайраған сыңаймен: «Осы мен неден қорқамын! … тiптi, мен қорқатындай әкетiп бара жатқан дәнеме де жоқ.…» деп кiжiнгендей болып шыға келді. Сөйтiп, аяқ астынан батырсынып, қоқилана қалған ол – шеру тартқандарға қосылып бiрге жүре бердi.  

Шеру тартып келе жатқандардың түстерi де, жүрiстерi де асығыс және суыт. Көп болып, лек – легімен осылай жүруге бейiмделiп алғандай.                                                                                                      

Осы  кезде  алдыңғы жақтан «казактар!»  деген үрейлi дауыс шықты. Шыңғыра  шыққан дауыс бір уақытта көшенің арғы тұсынан естiлгендей болды.

Верныйда – Жетiсу казак әскери қосындары бар еді. Ылғи казактардан жасақталған, әскери қызмет атқаратын казак бөлiмдерi де көп болатын. Жомарт: «Мына келе жатқан атты казактар болса керек. Құдай бiледi солар болу керек!» деп ойлады.

Бір кезде олар да көріне кетті. Көше бойымен қылыштарын жалаңдатып, қамшыларын бұлғап атты казактардың шауып келе жатқанын көрген жұрт дереу арада қоғадай жапырылып, жапа – тармағай көшенiң екi жағына шығып, үйлердің тасасына қарата ығып кетті. Көбі жан – дәрменмен бой тасалап жатыр. Қалғандары қарсы тұруға қаракет жасаудың қамын ойластырып, қолдарына тас пен таяқ ұстап шыға келді.

Сөйтіп ереуілдеуші адамдар да қарап тұрмай қолдарына түскен тас пен таяққа жармасып, қорғануға кірісті.

Көшенiң екi қапталына жабысқан лек – лек адамдар казактарға келсең – кел дегендей айғайлап, айбар жасап тұра қалысты. Бұлар казактарды таспен атқылап, таяқпен соққыласа, казактар да бұларды аямай қамшының астына алған. Кейбiреуiн тiптi қылыштың жүзiмен емес, қырымен соққылап, құлатып та жатыр.

Айнала арсыл – күрсiл боп, адам ұқпас майдан мен нағыз айқасқа ұласып кеттi.         

         Басқа бiлмесе де Жомарт бiлетiн казактардың кiм екенiн. Ол казактардың өте шабандоз халық болатындығын, аттың құлағында ойнайтынын да жақсы бiлетiн. Соның бәрiн өзi туып – өскен жерi Тасбекет деп аталатын казак станицасында көріп өскен.

Сол Тасбекетте осыдан бiр талай жылдар бұрын казактардың Әбөкiм деген бiр дөкейiнiң тұрғанын да естiген. Ел оны нағыз қандыбалақ, шұбартөс болған десетiн. Казактарды да осы жаққа сол бастап әкептi. Жомарт осыны ойлап: «Қой, кәзәктардың аттарының бауырына түскенше, жұмысыма жетiп алайын» деді. Солай ойлаған ол жаңағы жерден ақырын ғана сытылып шығып, өз бетімен жүріп кетті. 

Көшемен жүрсе, көше толы қалың ел. Верный қаласы сыңсыған адамға толып, сыймай кетіпті. Солардың арасында Пугас қожайынның приказчиктері де жүруі мүмкін. Жомарт солардан сескенген. Көшемен жүрсе, жолшыбой көзге бірден түседi. Сондықтан ол Алматы өзенiн бойлап, тасалау жерлермен қашып отырып, өзiнiң жұмыс iстейтiн Пугасов зауытына бірақ келген. Бұл маңда да казактар өрiп жүр екен.

Казактарды көргеннен кейiн Жомарт ішке енбей таяу жердегі қалың ағаштың арасына кiрiп, бой тасалай тұрды.

         Сөйтiп, қала әкiмшiлiгi әскер күшiмен, екi – үш күнге созылған ереуiлшiлердiң шайқасын басып тастады. Қарусыз бет алды бытырап жүрген адамдар әскер мен казактарға төтеп бере алмаған.                         

        Бүлiк басылғаннан кейiн iске полиция мен жандармдар кiрiскен. Олар ереуiлге қатысқандарды анықтап, соларды тергеуге ала бастапты.

         Жомарт Пугасов зауытына келіп, ың – шыңсыз жұмысын бастап та кеткен. «Қайда жүрсің?» деген приказчиктердің сұрағына: «Казактар кісі біткенді қуып жүр екен солардан қашам деп суға да түсіп кеттім, кептірініп, келгенім осы болды» деп құтылды.

         Бірақ Жомарттың мұнысы көпке бармады. Полиция оның да соңынан  іздеп келді. Оны алып барып, Верный қалалық жандармериясында тергеуге ала бастаған.                                                                                       

Жандармерия бастығы Железняковтың бұйрығымен жандармдар мен полиция қызметкерлерi өздерінің жансыздары мен арандатушылар арқылы қаладағы ереуiлшiлердiң тiзiмiн жасауға кiрiскен екен.

Алғаш рет өкiмет адамдарымен мынадай жағдайда кездескен Жомарт тіптен не істерін білмей, қатты састы. Тек біраздан кейін барып, есін жиғандай болды. Бірақ әлі сол уайым болған ойдан арыла алмаған күйі еді. Жүрегі сыздап, бір күй кешекендей боп, енжар отыра берген.

Жомарт болып өткен барлық жәйді есіне алған. Бір емес, қайта – қайта есіне түсіріп, бастан – аяқ көз алдына елестеткен.

Былай қарағанда бүлдірген дәнемесі жоқ сияқты. Шеруге шыққан елге құр ілесіп жүргені ғана болмаса. Ол жерде де ешкіммен таласқан жоқ. Біреудің жыртысын жыртып, сойылын соққан жоқ. Олай болса өзін жаңсақ қамауға ұстап отыр. Жіберетін шығар? Оның ендігі ойы бұл жерден қалайда құтылып кету еді.

Жіберетін шығарды күте – күте, одан да шаршады. Бәрібір ешкім келіп: «сен боссың, бара бер» деп айтпайтын сияқты. 

Кеше ғана емін – еркін жүрсе, бүгін тар қапасқа қамалып, темір тордың ар жағынан сығалайды. Не үшін екенін өзі де білмейді. «Жазығым не?» дейін десе оған да айтылатын сылтау табылмаған. Тек қана, жиналған жұртты қызықтап, сөз тыңдағаны болмаса. Бүлдірген түгі жоқ. Бірақ жүрегі құрғыр бір нәрсені сезетін сияқты. Сонда ғана барып, Жомарт өзінің басына күн туғанын анық сезінді. Сонда ғана ол өзінің абақтыдан бірақ шыққанын түсініп, не істерін білместен отырған еді. Бұл жерден оңайлықпен құтыла алмасына енді ғана күдігі күшейе түскендей болған. Байқап қараса, мына бір абақты атты бәледен өзін шығармайтын сияқты көрінеді.

Кешкісін шығыршық темірге құрсап қойған тақтай сәкі түсірілісімен Жомарт соның үстіне шығып, шалқалай түсіп жата кетеді. Біразға дейін ойға шомып, ұйықтай алмай, дөңбекшіп аунақши береді. Ойға – ой жалғасып, кете беретін тәрізді. Кейде тіпті көрер таңды ұйқысыз көзімен аттырады

Ендігі ғұмыры Жомарт үшін қызықсыз сияқты. Әлдекімдердің салған ойраны үшін тұтылғаны мынау. Ол енді өзін өмір бақи осы бір тар қапастан құтыла алмайтындай болып сезінеді. Сондайда атып тұрып, кетіп қалатындай

тақтай сәкіден басын кекжите көтеріп, жан – жағына қарап, ойланып қалады. Бірақ қараңғылықта көзге түсер, көңілге демеу болар түк жоқ сияқты. Өң мен түстің арасындағы күйге ұқсайды. Тек айналасындағы басқа тұтқындардың ұйқылы – ояу есінесі мен күрсінісі, қынқыл – сыңқылы мен қорылы ғана көңіліне медеу болмаса. Көздері соларда болса да оның көңілі алыста. Артында қалған үй – ішін, бала – шағасын ойлап, көз ілмейді.  

Әзірге Жомартты ойындағысы бұл қамаудың қаншалықты ұзаққа созылатындығы. Сондай – сондайда алдымен қинайтыны шарап шығаратын зауыттағы жұмысы еді. «Көп кешіктіріп жіберсе, жұмыстан шығарып тастаса бала – шаға не болады?» деген үрейлі ой да басынан бір кетпей қоятын болды. Сөйтсе де пендешілікпен өзін – өзі жұбатып: «Маған не iстей қояр дейсiң? Бұлар мені мен бұларды көрген емеспін. Ешнәрсенi бүлдiрген жоқпын. Тіпті менің кім екенімді осылар бiлмейтін шығар. Жұмысқа кешiккенiмдi бiрдеме қып сылтауратсам болғаны» деп айтар жауабына қамданып, өзін ақтағысы келетін жайды ойластырып, жұбаныш іздейді.

Тек сондайда ғана, Жомарттың сан – саққа жүгірген ойы бір кез байыз тапқандай болады. Ала кеуім боп тұрған ойлары да сол кезде сәл сейіле түсетіндей. Бірақ та, аржағындағы үрейді бір жолата жадырата алмайды. Сонда да бәрібір көңілінде жылт еткен үміт пайда болатын секілді. Сол үміт отымен бірге көңілін аздап серпілтетін сезім пайда бола кетеді.

Қазірде сөйтті. Тағы бір үмітті ой басына кеп, соның негізінде аздаған далбаса бойына қуат бергендей болады. Сондайда Жомарт өз – өзіне: «Айтпақшы жұмысқа кешіккенім солай болды деп айтайын!» деп қуанып кетеді. Аузына айтар сөз, көрсетер сылтауы түскендей болады. Ол енді: «Пугас көпірінің тұсында адамдар көп боп жинала қалған екен. Солар мені ұстап алып, бірге жүреміз деп  жiбермей қойды. Бiрақ мен солардың арасынан әрең дегенде сытылып шықтым» деп айтуды да бір жағынан жөн көреді. Тіпті тапқан сылтауына көңілі толып, өзі де іштей ырза болып қалады. 

          Бiрақ, барлығы Жомарт ойлағаннан басқаша боп шықты. Сөйтсе, жиналған ереуiлшiлердiң арасында полиция мен жандармдардың арандатушылары мен тыңшылары жүрген екен ғой. Солар кiмнiң кiм екенiн, алдын – ала бiлiп те алыпты. Солардың көрсетуiмен ғана бұл ұсталса керек.                      

Верный жандармериясы – қаланың күн батыс жағына таман орналасқан болатын. Бұл өзі қаладағы ағаштан салынған үлкен жәйдің бірі еді. Үйдiң астыңғы жағын терең етіп қазып жасаған, жер астында тағы бiр қабат қараңғы қапасы бар екен. Ұсталғандарды сол жер астындағы қапасқа әкеп тыққан. Оларды бiртiндеп үстiңгi қабаттарға тергеуге айдап әкелiп, сұрақ сұрайтын көрiнедi. 

Жағалай тұрған бөлмелердiң әр қайсысында толып отырған жандармдар мен ұсталған адамдар. Дәлiз бойы тұрған қарулы жандармерия мен полиция стражниктерi. Тергеу әр бөлмеде жүрiп жатыр.                                                                   

Жомартты да жанын жерге қойғызбастан осында әкелiп қапасқа қамаған. Бiр – екi рет тергеп, сұрақ та сұрады.                 

Қазiр ғана екi надзиратель камерадағыларды кезек – кезек тергеуге әкетiп жатыр. Ендігі кезек өзіне де жақындап қалған сияқты. Жомарт бірдемеге қамданғандай боп, екі тізесін сірестіре созып, бүкшиген қалпы отырған. Отырғанда да, жай отырған жоқ. Терең ойға беріліп, уайым құшағына шырмалып, шыға алмастай болып қалған едi. Өзін жегідей жеп, мазалай берген ойлардан өмірбақи құтыла алмайтындай көрінді. Есі кеткен ол: «Осының бәрi қалай болды? Неге менің басыма бәле боп жабыса қалды? Ендiгiм мынау абақтыдан бірақ шықтым. Бiреулердiң құлақ кесті құлы секілді, өз еркім өзімде жоқ. Қу ғана, сорым!» деп қиналып отыр.                                                       

Мезгілсіз кеп, қара басына түскен сары уайым Жомартты әбден қажытқан еді. Ойлаған сайын сол уайым өршіге түсетін сияқты. Іші күйіп бара жатқан соң ол «аһ!» ұрып: – «Қайтейiн, өзiм тiлеп алған сор болды!» – деп, көзiн бiлеудей темiрмен айқыш – ұйқыш торлап тастаған тар терезеге қадап, далаға жабырқай қарайды. Бірақ қанша қараса да терезеден дала көрiнбейдi екен. Өйткенi, терезе терең етіп ойылған, жерден бір талай төмен жатыр. Терезенің ең биік тұсы даладағы жермен бірдей екен. Қанша қарасаң да жанары барып тас кемерге тіреледі. Тек темір торға жабысып қарағанда ғана аспанның алақандай жері ғана көрінеді. Бұған да құдайға шүкiр! Ол болмаса қайтедi? Әйтеуiр, көңiлге медеу, жанға демеу сияқты.                          

Күн еңкейiп ұясына кiрген шақ. Қапас iшi ала көлеңкеленiп, күңгiрт тарта бастаған. Еңселері түсіп, естері кеткен тұтқындардың көңілдерін осы бiр кез онан сайын езе түсетіндей.

Жомарт өз – өзінен тұншыққандай боп, «үһ» деп терең күрсiндi.   

Мұның көңiлiне әзiрше демеу боларлық бiр–ақ, нәрсе бар. Ол тар терезеден сығырая көрiнетiн үлкендiгi тоқымдай–ақ, аспан болса керек. Көңілге медеу тұтатын басқа түк те жоқ. Басқадан мұның үмiті үзілгені қашан.                         

Жомарт терезенiң сол тұсынан жаңағы тауып алған алақандай аспанына қарай бередi. Осыдан басқа өзіне ермек жоқ. Азғана болса да көңілі басқаға ауғандай болады. Осы мезетте аласұрған ойы сәл болса да жай табатындай сезіледі. Сондайда есiне бұрынғы өткендерi түсе беретіні бар. Бір уақыт кежегесi кеткен көңiлi алданыш тапқандай боп, ойы басқаға ауатыны да сол кез. Сөйтсе ғана уайым мен қайғы өзінен сәл алыстай түсетіндей көрінеді.                                        

Жомарт үшiн қазiр де солай болды. Ол терезеден алдымен үйреншікті болған саңылауын тауып алып, сол жерден аспанға сығалап қарай берген.  Аздан соң ымырт үйрiлгендей болды ғой деймiн? Өйткенi, Осы кез алақандай боп көрiнетiн аспаны бозғылт тартып, көмескiлене берген.  Бiр уақытта сол тұс қайтадан ағара бастады. Шамасы ай туған болу керек. Сол туған аймен ішке жарыса кірген ағарған сәуле қапас iшiн сәл де болса жарық еткен сияқты. Осы кез туған аймен бiрге қараңғы қапас iшiне аса бiр тынық, жанға жайлы түн жылжып кеп кiргендей болды.

Аз да болса Жомарттың жаны жадырап, бойына қан жүгіргендей еді. Бiр түрлi, өзінің iшi жылып сала бергендей сезiнген. Жүдеу тартқан көңiлi де осымен бiрге аздап сергіп қалғандай.

Қамаудағы тұтқын біткеннің бұл тiршiлiктегi бар бітіретіні тек осы ғана болғандай көрінеді. Олардың бұл дүниедегі аз ғана қызықтары да осымен шектелетіндей екен.

Өз қызықтары – өздерiнде сияқты.

Қамалып жатқандар шамалы болса да бастарына түскен уайымнан құтылудың әр қилы жолын іздейді. Көбіне соған ермек табады. Сондай ермектері ғана оларды бұл жалған тіршіліктен үмiттерiн үздірмейтін жалғыз медеулеріне айналған сияқты.                                           

Тар қапастың бір бұрышында өңi қасiреттен сарғая бастаған Жомарт отыр. Оның да, бұл жалғандағы қайғысы аз емес көрінеді. Сол қайғысы оны телміртіп есік жаққа қарата береді. Оның осы қамаудан «босайтын шығармын?» деген үміті жоқ емес. Бар. Бірақ онысы қашан болады, мұны ол білмейді?

Жомарттың да өз қайғысы – өзiнде сияқты.  

 

 

 

 

 

 

                                                                                                                                                                                                                                             

Он бірінші тарау

 

 

 

 

 

 

Барлыбектiң қазақ елiнiң күнбатысындағы, Жайық өзенiнiң бойындағы Теке қаласына келгенiне де бiрнеше күн болған.

Биылғы қыс бұл жақта да ерекше суық екен. Әмбе, бұл жақтағы қыс, Жетiсудағы қысқа қарағанда қаттырақ болатыны бірден байқалады.

Текеге келе салысымен өзi аурушаң Барлыбек суық тиіп, науқастанып қалған. Бiрақ, Москва жақтағы сапардан оралған Әлихан Бөкейхановтың келгенін естісімен ауырғанына қарамастан онымен кездесуге асыққан. Олай асығуының себебі Әлихан патша өкіметінің «Он жетiншi қазан манифесiн» жария етуіне байланысты Москва қаласында өткен земстволық және қалалық қайраткерлер съезіне қатысқан еді. Сондағы болып өткен әңгіме елдегі қазақ зиялыларын барынша қызықтырған. Барлыбекті де алып ұрған ауруынан аяғына тік қойған осы болды.

Бұл кезде алып Ресейдің барлық түкпір – түкпіріне дейін дүрлігіп жатқан.  Жаңа жиырмасыншы ғасырмен бірге барынша күшейе түскен әлеуметтік қайшылықтар дүмпуімен революция біткен де пісіп – жетіле берген. Сол дүмпулер бірінен соң бірі басталып, күллі империяны шарпыған.

Бұл әрекеттен қазақ даласы да қарап қалған жоқ.. Империяның отарлық саясаты мен зорлық – зомбылықтарға қарсы тұрарлық сан түрлі әрекеттер әр жер – әр жерде бой көрсетіп жатқан еді. 

Осыдан сәл бұрын Әлихан Бөкейхановтың туып – өскен, Қарқаралы жерiнде Әлиханның бастамасымен Қарқаралы петициясын дайындау және ол петицияда жер, земство мен қазақтарды орыстандыру саясатынан құтқару жайында сөз қозғалған болатын.

Өстiп, қазақ даласының әр жерiнде осындай петициялар пайда бола бастаған. Теке қаласында мұндай петицияның жасалуы тiкелей Бақытжан Қаратаевтың басқаруымен өттi. Патша өкіметінің «Он сегiзiншi ақпан» рескриптiндегi халық мұқтаждықтарын бiлу деген сылтау және «Он жетiншi сәуiрдегi», «Ар мен ождан» бостандығы туралы шығарылған пәрменiне сай, Бақытжан Қаратаев қазақтың жерi мен суын және дiнiн қорғауды жақтайтын тiлекнаманың жасалуына ұйтқы болды.

Бұл тiлекнамадағы жер–су мәселесiнiң кіруіне әрине, Барлыбектiң осы туралы жинап келе жатқан дүниелерінің ықпалы тидi.

 Қазақ зиялыларының Теке қаласына жиналуының ең басты себебі де осы «Он жетінші қазан» манифесі еді.

Осында жиналған бар қазақтың зиялы қауымы алдымен Манифесті талқылауды жоспарлаған. Манифест талқыланған соң, оның қазақ баласына берері болса, сондайлық пайдалы жағын елге жеткізу еді. Бұл мәселелер жиылыстың басты мақсатына айналды.  

Теке қаласындағы Әбілғазы Мусин деген көпес бұрыннан бері тұратын. Жасы елуге таяп қалған кісі. Жастайынан көп қиыншылықты басынан кешірген. Өзінің еттірлігінің арқасында біраз жағдай жасап, аздаған байлықтың басын құрған. Қазақтар Теке, орыс біткен Уральск деп аталатын қалада атағы шыға бастаған. Өзі Бақытжанның ескі танысы болатын. Танысынан бұрын араларында қыл өтпес достар еді.

Осы Мусин Әблғазының Текеде трактирі бар болатын. Онша да үлкен емес, кішігірім ас ішетін орын. Былайша келгенде трактирде ас ішіп те, арақ ішіп те, көңіл көтеруге әбден болады.

Текенің кекілдері бөріктері мен фуражкаларына симай қоқайып тұратын, қауға сақал казактары мен етегі сала құлаш болып бос жататын, беліне кистен тағынатын мұжықтары бұл жерден шықпайды. Өздері есінен таңғанша арақ ішіп, артынан өкіріп жүріп бірін – бірі төпелей бастайды. Ақыры сөйтіп жаппай шекісіп тарқасады.

Бақытжан Теке қаласының тұрғылықты азаматы болғандықтан, әр жақтан келген бес облыс зиялысын осында күтіп, жиналысты да осында өткізбекші болды. Өйткені, мұндай шулы жер полициядан және неше түрлі тыңшы біткеннен жасырынуға қолайлы орын. Бұл орынды таңдарда Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде өткізілетін басқосулардың тәжірибесі мен сабақтары еске алынған. Сол есеппен көпестің трактирінде өтіп жатқан кездесуге қазақ елінің барлық зиялы қауымы жиналды.

Үлкен зал бөлменің ішіндегі жеке – жеке қойылған бірнеше стол айналасында осы күні қазақтың болашағын ойлайтын азаматтар жиналып алып, «елді қалай көркейтеміз» деп әуреге түсіп жатқан.

Анадай жерде президиум алқасына арнап қойған ұзын столда кезек – кезек сайланатын төраға жайғасады. Төраға осы жиналысты басқарады.

Қазір кешқұрым болғандықтан залдың ішінде бірнеше жерден қойылған, жермаймен жанатын шамдардың жарығымен алаулап тұр. Осы алакеуім жарықта елдің көзі тек қана Әлиханда сияқты. 

Әлихан да осыны сезгендей, елді қызықтыра сөйлейді. Айтып жатқаны Москва сапары. Мойылдай қап – қара шаштарын бiр жағына жатқыза қайырып тараған, қалың қастары мен мұрты аздап түксиген, қабағы суық Әлихан керемет шешен сөйлейді. Оның ақ – құба өңіне әсіресе сұс беретін қомақты мұрны мен қалың қабағы болар. Жасы отыз бестердегi жiгiт ағасы – Әлихан Бөкейхановтың қазіргі барлық болмыс – бітімі осындайлық, басқаға сұсы басым, бір жағы сырт көзге тәкаппар көрінетін. Бірақ олай емес, Әлихан ешқашан қандастары қазақ баласына тәкаппарлық көрсетіп көрген жоқ. Ол жауына, рухани күрес жолындағы қарсыласына тәкаппар болатын.                                                                                 

Қазір Әлиханның бұл жерге тiкелей Москвадан келген бетi. Москвада қараша айының аяғына таман земстволық және қалалық қайраткерлер съезi өткен. Осы съезге Омбы қазақтары атынан делегат болып Әлихан Бөкейханов сайланып, Москваға барып та қайтты.                                                             

Әлиханды – Барлыбек 1890 жылы Петербургтiң орман шаруашылығы институтының экономика факультетiне оқуға түскен жылы көрiп, таныс болған. Екеуі түйдей құрдас болғандықтан, көбінесе әңгімелері жараса қалатын. Бiрақ, келесi жылы Барлыбек оқуын бiтiрiп Ташкентке қызметке кеткенде, Әлихан болса әлi оқуын жалғастырып Петербургте қалған болатын.

Содан бері бір талай уақыт өткен еді. Біпақ Әлихан болса өз дегеніне жеткен секілді. Онысы сол студенттік кезден бастап айтып қалған сертті сөзі болатын. Онысы: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!...» дегені еді. Сол кезден бастап, Санкт – Петербургте Орман шаруашылық институтында оқып жүргенде осындағы қазақ студенттерінің жерлестік қоғамындағы қызу айтыстарға қатысатын ол жиырмасыншы ғасырдың босағасынан аттағалы тұрған Россия империясының қандай жолмен дамуы тиімді болатыныдығы туралы пікірлер айта бастаған. Ал пікір біткеннің көбінесе қарама – қайшылықта пайда болып, адамдар ойының қақтығыстарында дүниеге келетіндігі белгілі.

Барлыбектің бұндай пікір таластардан көргені көп. Әлиханның да осындай айтыстардағы таластардан өз ойын Барлыбек сияқты шыңдай түскендігі баршаға аян.

Барлыбектің Әлиханды Санкт – Петербургте студенттік кезден көргенінен бастап, айналасы он – он бес жылдың ішінде қазақ зиялыларының, алаш азаматтарының көсемі, көш бастар серкесіне айнала бастағанын естіп те, тіпті, көріп те жүр. Барлыбектің бар білуінше Әлиханның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына әсіресе сонау жылдары Әлиханның қазақтың елін, жерін, суын, қалай өмір сүруін білу үшін аралағаны да, әсіресе, көп көмектескен сияқты. Сол кезден бастап, Әлиханның қазақ халқына қала салып, егін егу, бала оқытып, оларды бай – кедей дегізбей-ақ, бірегейлік әлеуметтік жағдайға жеткізу идеясы үшін күресуі, ерекше көзге түсе бастаған. Сондай кездерде ол өзі талмастан, қажымастан қайрат көрсете білуі, басқаға үлгі боларлықтай іс еді. 

Әлихан өзінің асқан білімділігі мен еңбекқорлығын қара басына пайда қылудан бас тартып, «қазақты көгертемін!» деп жүргеніне міне аттай он бес жыл болып қалды. Ендігі өмірін де «қазақты ел қыламын», «мемлекеттігі жоқ ел жетім ел» деп, бар күш – қуатын сарп етуге бар. Ол мұнысынан тайынбайды. Әлиханның қайсарлығында шек жоқ секілді. Барлыбек соған әбден ырза. Кей кезде ол ішінен таңдана:

«Неткен сенім! Неткен қажымастық! Қандай қайраттылық еді!» деп, оған ырза болатындығы да осыдан. Міне, Барлыбек білетін Әлихан осындай.  

Бірақ қазіргі қазақ зиялыларының осы жерге жиылғандығының басты себебі де, Әлихан болып тұр.

Әлихан болса осының алдында ғана Москваға барған. Сол жақтан келген беті де осы. Ондағы болған жағдайды, сондағы қызықтың бәрін Әлиханнан естімекші.

Әлиханның Москва сапары жалғасын осы жерде таппақ. Оның басты себебі бүгінде қазақ еліндегі өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа елдің жанашырлары саналылық пен сапалық және ұйымдасқан сипат беру жолдарын іздестіре бастаған. Қазақтар ендігі соның бәрін жан – жақтан қарастыруды қолға алған секілді.

Осындай істерді, әсіресе газет басып шығару, саяси күреске жол сілтейтін кітаптар бастырып тарату, көкейкесті мәселелерді қамтитын қоғамдық  – саяси талаптар қойылған петияцияларды ұйымдастыру сияқты бұрын қазақ баласы басынан кешпеген саяси құралдарды игеру және қолда бар мүмкіншіліктің бәрін қазақ халқының игілігіне бағыштау әдістерін де игере бастаған .

Бұл оңай іс емес еді. Өйткені Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтқанда «өзі аз, сапасы төмен, әлеуметтік – саяси күресте жинаған тәжірибесі мардымсыз ұлттық интеллигенция үшін бұл жеңіл – желпі болмайтын іс. Қазаққа мұндай істерді көтеріп алып кету оңай – оспақ емес» деп айтқаны осыдан шыққан. Бұл сөздедің астарында талай сыр жатқаны әрине бір Әлиханға емес, сол сияқты «елім деген» барлық оқыған қазақ азаматына белгілі нәрсе болатын. 

Жиынға келген Барлыбектің де Әлиханды Қояндыдан кейін көріп отырғаны осы болатын. Барлыбек үшін Әлихан әлі сол қалпы сияқты. Баяғы студенттік кезінен еш өзгермейтіндей болып көрінеді. Ол бүгін де сол қалпынан айнымай қалыпты.                                                     

Қазір де Әлихан сол бәз баяғы таза киінетін, кірпияз әдетіне көп ұқсайды. Сол қалпынан бір өзгермегені көрініп тұр.

Үстiндегi көкшiл мауыты костюмнiң iшiнен кiршiксiз ақ көйлек киiп, мойнына сол костюм түстес галстук тағыныпты.

Бас жағы доғаланып келіп, арт жағы жоғары қарата қайқайған қалың қастары Әлиханды терең ойдың иесі қып көрсететіні де өзіне жарасып тұр. Ал сол қастардың астынан адамға үнемі тік қарайтын көздерінде байсалдылық пен салмақтылықтың белгісі анық байқалады.

Қарасұрлау келген бет жүзі де ұстамдылық пен жігерліктің нышанын паш ететіндей. Ұзын әмбе қалың, қара мұртын әдемiлеп бастырған, ұшын ширата сылап қойғандай, орта бойлы, денесiнде бiр кесiм  артық еті жоқ, балуан денелі – Әлихан, сөйлер алдында алдымен тамағын кенеп алып, содан кейiн асықпай сөйлейтіні бар.

Әлихан бүгін де сөйтті. Ол жиналып, өзін асыға күтіп  отырған қауымға өзiнiң Москва сапары туралы сөзінен бастаған.                                          

          – Мырзалар! – деп екпіндете бастаған оның қарқынды сөзі құлаққа жағымды естілді.

          – Көргенiм мен естiгенiмдi сiздерге сөзбен жеткiзуге болмас. Бiзге де азаттық таңының жақын қалғанын сезiнгендеймiн. Сол атып келе жатқан азаттық таңымен, сiздердi құтықтағым келедi! – деп, Әлихан мақтаныш сезiмін жасыра алмастан, көтерiңкi дауыспен, өрекпи сөйледі.   

Ол өз сөзінде Съезге Дала өлкесiне қарасты қазақ облыстарының бесеуiнен де делегаттар қатысқанын айтып, солардың арасынан съезде сөз сөйлеу құрметi тек қана, өзіне тигенін жария етті. Бұл жайды ол өз сөзінде ерекше атап өтті.

Сөйтiп ол өзінің төрт миллиондық қазақ халқының өкiлi ретiнде, Россия империясының түкпiр – түкпiрiнен келген делегаттардың алдында сөйлеп, қазақ халқының мұң – мұқтажы туралы оларға жеткізгеніне тоқталып өтті. Ол өзiнiң Москва съезiнен алған әсерлерінің зор екенін отырған елге айтып, солардың маңыздыларына көңіл аударып тұрып: «біздің елде де соларды қолға алу керек» дегенді де бүкпей айтты.                                                                     

        Әлихан бұдан былайғы жайды сол қалпында отырғандарға жеткiзгісі кеп:                                                      

– Менің алдымда шығып сөйлеген поляктар, малоростар, латыштар және басқалардың сөзінен байқағаным, маған солардың бәрі сол баяғы үйреншікті әуендей болып көрінді. Құдды мен бұрыннан таныс ескi кiтапты қайта оқығандай күй кештiм – деді. Осылай деп, ол жиналғандардың жүзіне тесіле қарап айтты. Бұл қарас отырғандардың бәріне таныс қарас. Әлиханның кісінің өңменінен өтетіндей көздеріне ғана тән қарас еді.

Әлихан отырған зиялы біткеннің бұған қалай қарайтынын ұққысы келгендей боп қараған секілді.

Осы кезде ентелеп отырған елдің бетажарынан ынтызарлықты байқап, қуанып қалған. Енді ол сол ынтызарлықты ары қарата ұштай түскісі келген. Бұл Әлиханға тән қасиет, оның асқан шешендігінің белгісіндей болатын.

Әлихан сондай ішкі есеппен, сөзін ары қарай жалғап:

– Маған сөз кезегі тигенде мен айтатынның бәрін бізде қалай болса, сол қалпында жеткіздім. Осыған дейінгі шығып сөйлеушілер айтса айтқандай, бiзде де, сабақтар қазақ тiлiнде оқытылатын мектептер қуғындалуда. Ал, қазақ даласындағы жалғыз газеттi, билік біткеннің өздеріне керекті қарарларын халыққа қазақша жеткiзiп отырған жалғыз баспасөз құралы екендігіне қарамастан, үкiмет жауып тастады. Мұндағы олардың мақсаты – адамдарды мүлдем өз тiлiнде сауаттандыруға тыйым салуға жасалған дайындық болса керек.

Ал тіл мәселесіне келсек, мұндағы сұмдықтар бізде де жеткілікті. Қазақ тілі тек қана, төрт миллион қазақтың бір – бірімен сөйлесетін тілі ғана. Басқа бір де бір мекеме мен билік орнында қазақ тілі қолданбайды.

Мұндағы мақсат – қазақ тілді адамдарды мүлдем өз тілінде сауаттандыруға тыйым салуға дайындық жасау болса керек. Билік мұны да күшпен жабуға кірісер еді, бұл жағдайдан құтқаратыны байғұс қазақтың басқа бірде – бір тілді білмеуі. Ертең орыс тілін күшпен үйретсе, қазақ тілі сол қалпы ұмыт болатын сияқты.

          Осындай бассыздықты мен тілге тиек етіп, қазаққа ана тілінің керектігін айттым. Қазақ тілінің кереметтігін оларға жеткіздім. Соның бәрін басқа емес, орыс зерттеушісі Радловтың сөзімен айттым. Сол атақты ғалымның Азияны терең зерттеп, артына өшпес мұра қалдырғанын, соның бірі түркі тілдері жайында айтқандары екендігін, қатысып отырғандарға түсіндірдім.

          Содан кейін де мен оларға ұлттың құрып бара жатқан тілі туралы айтар болсам, орыс тілді ғалым Радловтың қазақтың тілі жайында айтылғандарымен ғана айтқым келеді. Сіздерге солай жеткізсем деп отырмын дедім.

           Біле – білсеңіздер Радлов қазақ тілінің жасампаз, көне заманнан бері қолданыста боп келе жатқан тілдің бірі екендігін дәлелмен айтқан орыс ғалымының бірі ғана. Оның осы жәйді басқаларға білдіргендей боп, қазақ тілінің ерекше біткен тілдердің қатарына жататындығын басқа халықтарға паш еткендей қып: «Қазақтар басқа халықтарға қарағанда керемет шешендік өнерімен ерекшеленеді. Олардың сондайлықты әдемі, көркем тілі бар. Ол тіл: тамаша қызылтілділігімен, тапқырлығымен және оңайлығымен басқа тілдегілерді осы тілді үйреніп алуға қызықтыра түсетін сияқты.

          Қазақ тілі адам ойын нақты және түсінікті етіп жеткізеді. Тіпті, жәй сөйлеген кездің өзінде олардың сөйлем құрылымы және сөз ұйқасы дәл бір өлеңге ұқсап тұрады. Бұл тіл әсіре, суырып салмалығымен, жанжақтылығымен белгілі болса, сондай-ақ, сөз қорымен де өте бай және өте әдемі тіл дегізіп тұр» деп айқан екен деп, оларға шығыстанушы Радловтың сөзін келтірдім.  Осыларды айта келе мен басқа да халықтар мен ұлттардың тілін зерттеушілері де қазақ тілі жайында жақсы айтқанын айтып өттім.

          Осы тілді зерттеуші тіл мамандарының барлығы бірауыздан «қазақ тілі басқа түркі тілдерінің ішіндегі ең тазасы және ең зор тіл байлығы бар – тіл» дейді.      

          Қазақ тілінің тағы бір тиімді жағын Ұлы ақын Әлішер Науаидың сөзімен: «Қыпшақ тілі (қазақ тілі) араб, не болмаса парсы тілінен бірде кем емес. Керісінше, кейбір кездерде бұл тіл ол тілдерге қарағанда анағұрлым бай және әсем тіл» деп те айтқанын оларға келтіріп айттым.                                                                    

Қазiргі кезде тiптi, қазақша кiтап шығарудың өте қиын екендігін айта келіп, өзіме белгілі бір жайды осыған байланыстырып өттім. Оным да съездегілерге ұнаған сияқты. Ол жәйін мен өзіміздің Ахмет Байтұрсыновтың Иван Крыловтан алынған «Қырық мысалының» қазақша аудармасын бастыруға цензурадан рұқсат ала алмай жүргендiгiнен білдірдім. Әсіресе, бұл турасында айта келіп, делегаттардың есіне мұны да салдым. Тіпті, ауызекi сөйлесуде де, қазақша тiл – қолданыстан мүлдем шығарылу алдындағы күй кешуде екендігін өкінішпен айтып жеткіздім. Өйткені қазақ қоғамындағы жай ғана шаруа бастықсымақтарының өздері негiзiнен бұрынғы ротмистрлерден құралған. Ал олар күнделікті қазақтардың iстерін қарауда өмірінде қазақ тiлiне жол бермейдi екен. Яғни айтқанда, қазақ елінде орысша тіл бiлмейтiн қазақтардың күнi қараң. Біздегі бар нәрсе – ол отарлық саясат. Оның бағыты – бір-ақ бағыт. Ол көшпелі қазақ халқын күйзелткен үстіне күйзелтіп, экономикалық тәуелділікке салу, тілі мен дінін өзгерту арқылы өзіне сіңіріп алу.              

Олай болса, осыған орай, қазақтардың ең тақау күндерде жүзеге асырылуға тиiс мұқтаждығы – ана тiлiн қолдануға ерiк берiлуi тиiс дедім.

Сөйтіп, мырзалар мен съезде барлық қазақ халқының атынан осылайша сөйледім, осындай тұжырым жасадым. Бірақ мұның бәрін айта бергенімізбен осының өзі өздігінен бола қоймайтыны тағы белгілі. Біз осы кімге сенеміз? Отаршылық пен бодандық шылауында отырып, біз орысқа сенеміз бе, бізге осының бәрін жасап бер дегізіп. Олар бізге жасап бермек түгілі ертең қыл бұрауды одан әрмен қыса түспейтіндігіне кепілдік бар ма?

Әрине олай болмайтынын біз түсінеміз. Ал соны біздің қазақ бауырларымыздың барлығы бірдей түсінеме? Жоқ! Көпшілігіміз әлі түсінбейді. Бұл айтқандарымның осы бір тұсын мен Абайдан артық айта алар ма екенмін.

Жоқ, айта алмаспын!

Сондайлықты терең ойлы ақынымыздың сөзімен осынау жайды былайша айтқым келіп тұр:

– «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап» дейді Ұлы Абай.

Әрине, мен мұны Абайша айта алмаймын. Бірақ бұл біздің қазіргідей күйімізге өте қатысты мәселе. Отарлық, бодандық күйімізді ойлағанда бөтен ұлт пен ұлысқа үміт артып, жарамсақтанбауды ұмытпауымыз керек. Осындайда еріксіз Абайдың сөзі еске келе беретіні мүмкін содан да шығар.                                            

Мен мұны алдағы болатын сайлауға байланысты, үгiт жұмыстарын жүргiзуге қажет болып тұр дегенге әкеп әдейi тiредiм. Өйткенi, патша өкiметi осы сайлаудың шығымына қатты көңіл бөліп тұрғаны о бастан белгілі.  Олардың бұған деген аса қажеттілігін туғызған нәрсе жай ғана болмаса керек. Соншалықты тым қыжалат болып тұрғандығын көрсетеді. Сондықтан да, жергiлiктi тiлдердiң хұқтарына қойылған барлық шектеулердi шұғыл түрде алып тастау мәселесiне орай – съезд ой қорытсын деген делегаттардың пiкiрiне қосылдым дегенді де әсіре қып, съезде айтып өттім» деп, Әлихан сөзiн аяқтағандай болды.

Бұл кезде отырғандар Әлиханның айтқандарын зейін сала тыңдап, аса ден қоя тыңдаған. Тілі ұғымды, шешен сөздің білгірі Әлихан айтқан әңгіме көбінің көңіліне қонымды, ынтызарлықтарын өсіре түскендейі белгілі.

Әлиханнан кейін сөз алған Жаһанша Сейдалин де сөйлер сөзін шегендеп алғандай сөйледі.

– Халқымыздың басына төнген қара бұлт күн өткен сайын түнере түсуде. Біз ұлт болып қалыптаспақ түгіл ассимилияцияға түсіп құрудың сәл-ақ алдында тұрмыз.

Біздегі ұлтаралақ қатынастар, әсіресе қазақтар мен осында орталық Россиядан көшіп келушілер арасындағы қарым – қатынастар, аса күрделі әрі қиын болып тұр. Қазақ елін отар өлкеге айналдырудағв патша үкіметінің, Россия мемлекетінің тарапынан орын алған қатыгездік пен озбырлық, жергілікті халықты ата қонысынан ығыстыру, оны әлеуметтік – экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да отарлауға ұласып отыр.

Отарлық басқару жүйесі саласына келсек, өз елінде қазақ нәсілінен шыққан бірден – бір губернатор жоқ. Ол – ол ма, ең құрығанда бірде – бір уезд басқарушысы жоқ. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл деген сұмдық қой. Өйткені отаршылық идеологиясының талабы соны тілейді. Ертең – ақ, біздің қазақ Америкадағы үндістердің күйін кешуге дайын тұр.

Бодандық жүйе осыны тілесе, оның арлысы да, арсызы да бір халықтың екінші бір халықты құлдануын тарихи заңды құбылыс ретінде қабылдайды.

Ал сол қожайын халықтың оқымыстылары өздерінің ғылыми үстемдігін пайдаланып, екінші бір халықтың жойылып кетуіне жол ашқалы тұр. Сондайлардың айтатыны: «Туземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, сондай-ақ сол арқылы олардың әдебиеті мен мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді», деуінің өзі осының айғағы емес пе?

Халқымызды құрып кетпеуден сақтап қалу үшін ұлтымыздың тілі мен дінін сақтап, діл үстемдігін босатпай ұстануымыз керек. Былай айтқанда қазақтың ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуға тиіс. Сонда ғана қазақ, қазақ болып қалады – деді.                                                                                    

Бұл мәселе аяқталысымен, жиынға қатысушылар күн тәртiбiндегi екiншi мәселенi талқылауға көштi. Өйткенi, олар осы екi мәселе соңынан бiрақ талқылансын деген Мiржақып Дулатовтың ұсынысын қабылдаған болатын.

«Патшаның он жетiншi октябрьдегi манифесi не жайында айтады және қазақ халқы үшiн оның маңызы қандай» деген екінші мәселе бойынша Бақытжан Қаратаев дайындалған.

Жиналғандардың сұрауы бойынша, ол алдымен Манифестiң толық мазмұнын оқи бастаған. Тегiнде, Бақытжан осы жерде отырғандардың барлығына қарағанда орысшаға аса жетiк болғанмен, қазақша сөйлеуге шорқақтау еді. Өйткенi ол өз елiне қарағанда шет жақта көп жүрдi. Қаншама жыл Петербургте оқу оқыды. Онан кейін Сенатта жұмыс істеді. Арасында Грузияда да біраз қызметте жүрді. Сөйтіп, айналасындағы орыс тілділермен көп араласқандықтан да шығар, әйтеуір ол ел көзiне өз ана тілінен қарайып қалған сияқты болып көрінетiн.                                                                                                  

Бақытжан өзiнiң қатты сөйлейтiн әдетiмен: «Құдайдың шапағатымен бiз, Николай Екiншi, Күллi Русь, Кiшi және Ақ Русь императоры және самодержецi, Польша патшасы, Финляндияның Ұлы Князi, өзiмiздiң барлық адал бодандарымызға мыналарды жария етемiз» деп манифестi оқи бастады.                  

«Бiздiң Империямыздың астаналары мен көптеген мекендерiндегi бүлiктер мен толқулар ұлан – ғайыр да ауыр қайғы – қасiрет ретiнде Бiздiң жүрегiмiздi шарасынан асыра толтырып тұр. Ресей Государiнiң игiлiгi халық игiлiгiнен ажыратылмайды, сондықтан да халық мұңы – Оның мұңы» деп айтуы сол екен. Бақытжан осы жолдарды оқи салысымен өзі қызба мiнездi, әрi жастау, Петербург әскери дәрiгерлiк академиясының студентi Халел Досмұхамбетов, шыдамай кетiп, орнынан атып тұрып:

          – Мырзалар! Мыналардың халық мұңы – патшаның мұңы дегенi, тiптi өрескел. Дәл осысы, барып тұрған өтiрiк емес пе?

          Патша қай уақытта қарапайым халық үшін мұңлық болған! – деп, Манифесті жазушылардың атына жазғырма сөз айтып шыға келген. Жақып Ақбаев та, қарап отырмай оны қостай кетті. Өзі заңгер болғандықтан, Манифест тақырыбындағы әр бір сөздің астарына үңіліп, ол да мін тапқандай екен.

           Жақып та Халелден кейін оны жақтағандай болып:                                                                 

           – Бұлар өз манифестерінде қазақ елiн, басқа да түркi халықтарын, ең құрымаса Орта Азия халықтары деп те атап өтуге де жаратпапты ғой?

           Бұлары нағыз шовинизмнің өзі ғой – деп, қынжыла сөйледі. Бұл сөйлеушілер кезекті баяндамашы Бақытжанды лажсыз кідіртіп, сөзден біраз қағытып, кідіртіп тастағандай қылды.  Сөзі бөлінген ол тоқтап қалған.

           Осы кезде Манифестi оқып тұрған Бақытжан енді не істерін білместей боп, жиналысқа төрағалық етiп отырған Жаһанша Сейдалинге қабағын түйе қарады. Онысы сөз бөлгендерді әсте жақтырмай қалғандығы сияқты. Соның артынша ол:

          – Құрметті осы жиналысты жүргізуші мырза! Сізден өтінерім менің сөзімді қайта – қайта бөле бермесеңіздер екен. Соны сіздерден талап етемін. Сөз аяғында, жарыссөзге шығып, сөйлеулеріңізге болады ғой деп ойлаймын – деді.

           Оның жүзіндегі абыржудың белгісін барлығы бірдей байқап қалған. Бақытжанның әр кез тік қарайтын, сұсты көздерінен «мыналарға бiрдеме демейсiң бе?!» дегеннің жақтырмағандықтың табын Сейдалин де, басқалар да жақсы ұққандай болды. Ол сөз бөлгендікті жақтырмай тұрған сияқты.                                                     

Бақытжан Қаратаевтың соңғы кездегi жүрiсi бұрынғыдай емес. Оның қазақ халқының саясат ағымындағы ролі сомдана түскен. Өзінің саясаткер ретiндегi көзқарасы да әрдайым Бөкейхановтікiнен бөлектенiп тұратыны да көзге түсе бастаған. Оның мұндай әрекеті әсіресе соңғы кезде жиі байқалып қалатын болып жүр.

Басқалардың пайымдауынша Әлихан Бөкейханов пен Бақытжан Қартаевтың арасында былайша айтқанда көзге көрiнбес бақталастықтың белгісі пайда бола бастаған сияқты.

Бұл үрдіс саяси күрескерлер арасындағы адамдардың тек серке болуға лайықтарына ғана тән қасиетке ұқсайтыны анық. Осыған дейін екеуi де Милюков пен Шингарев құрған Кадет партиясының мүшелiгiне кiрген. Қазіргі уақытта осы қос көсемнің бүкіл елге жар салуына қарағанда осы бір Кадет партиясындай халыққа жақын, халықтың мұң – мұқтажын жақтаушы партия жоқтай болып көрінеді.

Әлихан мен Бақытжан да солай деп есептеген. Бiрақ, осы күнi Бақытжанды бір жағынан «Халық еркі» соңынан «Россия халық демократиялық жұмысшы партиясы» деп аталынып жүрген партияның жариялаған мақсаттары мен жоспарлары қызықтыра түсетіндей. Керісінше бұл партия Әлиханды еш бiр қызықтырмайтыны белгілі болған. Бақытжанның осы күнде бүйрегi бір жағынан қуғындағы Социал – демократиялық ағымға да бұратын сияқты. 

Қаратаев Екінші шақырылған Думаға күнбатыс қазақ елiнен сайланып жатса, Бөкейханов тек бiр-ақ, рет қана Думаға сайланған едi.

Ол сайланған Дума бар болғаны үш күн жұмыс iстеп тарқаған. Дума мүшелерi оны заңсыз тарқатылғандығы жөнiнде Выборгте өз құрылтайын өткiзген. Бөкейханов бар болғаны соған ғана қатысқан. Есесiне ол Европадағы Масондық ложа орденiне қабылданды. Ал, Қаратаев болса исламдық – түркiшіл ағымдарға қолдау көрсете бастаған. Мiне, мұның өзі саясатпен айналысатын қазақ зиялыларының арасында орнаған әлi де болса өздерiне лайық таңдалған, түпкiлiктi, жоспарлы саясаттың жоқтығын, сол сияқты саяси партияның да әлi құрылмағанының салдарынан болып жатқан бұралаңдар болатын.                                                              

Отырған орнынан сәл көтерiлген Жаһанша, екi қолын алдына соза:

          – Мырзалар, мырзалар, ғапу етiңiздер, сәл шыдасаңыздаршы. Соңынан мәселенi талқылағанда ғана бұл туралы жарыссөзге шығуларыңызға болады. Сонда барып айтарсыздар – деп, Халел Досмұханбетов пен Жақып Ақбаевты сабырлылыққа шақырғандай болды.                                                            

Тек осыдан кейiн барып, Бақытжан ары қарай сөзiн жалғап:                                                                                                     

          – Қазiргi таңда пайда болған толқулардан халықтық терең көңiл – күйге және Бiздiң Державамыздың тұтастығы мен бiрлiгiне қатер туғызуы ықтимал.

         Патшалық қызметке берiлген Ұлы Ант Бiзге Өзiмiздiң барша ақыл – парасат және билiк күшiмiзбен Мемлекет үшiн осынша қауiптi аласапыранды тез тыюға тырысуды бұйырады.

Қарамағымыздағы өкiмет орындарына ретсiздiк, тәртiпсiздiк және зорлық –  зомбылықтардың тiкелей көрiнiстерiн жою, өз мойындарындағы парыздарын жайбарақат орындауға ұмтылып жүрген бейбiт адамдарды қорғау жөнiнде шара қолдануға әмiр етiп, Бiз, мемлекеттiк тыныс – тiршiлiктi татуластырып,  үйлестiруге бағытталған жалпы шаралардың табысты түрде орындалуы үшiн, жоғарғы үкiмет қызметiн бiрiктiрудi қажет деп таптық.

         Үкiмет мiндетiне бiз өзiмiздiң қайтпас ерiк – жiгерiмiздi орындауды сол үшін жүктейміз.

Халыққа жеке тұлғаның ешкiм қол сұқпайтын шын мәнiндегi дербес хұқы, ождан бостандығы, сөз бостандығы, жиналыс жасау және одақтар құру еркiндiгi негiздерiнде сүйенетiн азаматтық бостандықтың мызғымас iргетастары сый етiп тартылсын.

Мемлекеттiк Думаға арналған сайлауды тоқтатпай, қазiрдiң өзiнде Думаға қатыстыру үшiн, мүмкiндiк болуына қарай, Думаны шақыруға дейiн қалған мерзiмнiң қысқалығына сәйкес, халықтың бүгiнде сайлау хұқынан мүлдем айрылған таптары тартылсын, бұл ретте бiздiң жалпы сайлау хұқымыздың негiздерiн одан әрмен дамыту iсi жаңа тағайындалған заң шығару тәртiбiне берiледi.

Мемлекеттiк Думаның мақұлдауынсыз ешбiр заңның күшiне енбейтiнi және халықтың сайлаушыларына Бiз қойған өкiметтiң iс – қимылдарының заңдылығын қадағалауға нақты қатысу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мызғымас құқық ретiнде белгiленсiн.

        Ресейдiң    барлық   адал    ұлдарын   Отан  алдындағы  парыздарын     еске алуға шақырамыз, осынау масқара бүлiктi тоқтатуға жәрдемдесiп, туған жерде тыныштық пен бейбiтшiлiктi қалпына келтiру iсiне Бiзбен бiрге күш жұмылдыруға шақырамыз.

        Петергофта,  қазанның  17-шi  күнi,  Христостың  Туылуынан бергi мың тоғыз жүз бесiншi жылда, Бiздiң патшалық құруымыздың он бiрiншi жылында берiлдi.  

         Оның Императорлық Ұлылығымен:  Николай» деп барып Бақытжан Манифесті оқуын аяқтаған еді.

         Бүгiнгi күнi осы екi мәселе бойынша жарыссөз қызу басталған. Алдымен сөз сұраған Әлихан:

          – Қазақ даласына да бостандық туар шақ келді. Ақыры көптен күткен Конституциялық құрылысқа да қолымыз жететін күннің тақалғаны әсіресе бәрімізді үміттендіре түседі.

     Бұл октябрь манифесiнiң бiз үшiн маңызы зор. Осы манифестегi бостандықтарды жүзеге асыру үшiн күресу керек. Ол үшiн алдымен халықты оятқан дұрыс деп бiлемiн. Осында отырған Жақып Ақбаев мырза және басқа да омбылық серiктерiмiзбен бiрге отырып бiз манифестi қазақшаға аудардық. Цензураның рұқсатын алғаннан кейiн Ақмола облысының баспаханасында осы манифестi он мың дана етiп басып шығарып, сол қазан айының соңғы күндерi елге таратып та жiбердiк. Сөйтiп манифест осындай қысқа уақыттың iшiнде қырға белгiлi болды – дедi. 

     Әлиханнан кейін сөз алған Жаһанша Сейдалин:

      – Әрине, патшаның қалың халыққа тартқан сый – сыяпаты ретіндегі манифесі бір табан болса да жақсылыққа жақын, соның нышаны болып көрінер. Бірақ осыдан екі жыл бұрын, өстіп елді алдаусыратамыз деп, бұл көксоққандар Көкшетау қаласында біраз арампиғыл ниеттеріне жол берген. Соның есесінен талай арысымыз айдалып, адам айтқысыз мазаққа ұшырады. Біз оны ұмытпауға тиіспіз – деді.

     Жиналып отырғандарға Сейдалиннің айтып тұрғаны белгілі жәй болатын. Бұл уақиғаны олар әлі ұмыта қоймаған еді.

     Ол жәй мынадан басталған болатын. Басқа да азиялық отар елдер сияқты, қазақ жерінде де ескі дәстүрде тәрбиеленіп, исламдық діни оқу орындарын бітірген қазақ азаматтары ел ішінде қазақтың дәстүрлі, төл білімін сақтауды ойлады. Осы жолды таңдап алған мұсылмандық білімдар, ұлттық зиялылар халық арасындағы беделді, көкірегі ояу, ақылы көпке мәлім азаматтарды Көкшетау қаласына жинап, бұл істің барысын ақылдаспақ болған. Сол үшін үлкен дайындық жасап, елдің әр қиырындағы оқығандарға, беделімен белгілі болған адамдарға хат жолданды.

       Алайда бұл істің төңірегінде де сатқындық белең алған. Сондай адамдар бұлардың арасынан да шықты. Мүмкін ондайлар бұлардың арасына алдын – ала жіберілген охранка мен полиция жансыздары мен арандатушылары да болар. Солардың көрсетуімен бұл бас қосуды ұйымдастырушылар мен оған қатысқалы келген көптеген өкілдер тұтқындалды.

       Бұл іс – шараға тіпті қазақтың белгілі ойшыл, ақыны Абай да шақырылған еді. Абайды тұтқындауға билік басындағылар «өрши қалса қалай болады?» деген халықтың ашу – ызасынан қорықты. Сол ғана оны анық келген кесепаттан сақтап қалды. Бірақ есесіне үйін оның тінтіп, масқара етті. Абайды сенімсіз адамдардың қара тізіміне кіргізді.

      Бұл Абайдың қайтыс боларынан бір жыл бұрын болған оқиға еді. Осының артынша Абайдың екі баласы бірдей қаза болғаны бар. Мұның бәрі қазақтың маңдайына біткен асылының қазасын жеделдеткені анық.

      Самодержавие басқа да діни зиялыларды аяған жоқ. Қазаққа танымал бола бастаған Науан хазіретті оның шын аты Наурызбай Таласов еді және онымен бірге Шаһмерден Қосшығұловты итжеккенге, яғни айтқанда Якут пен Енисей жеріне каторгага айдады. Бұлар қазақ арасындағы саяси көзқарасы үшін қуғындалғандардың алдыңғы тобын құрады.

      Қазір де, осы бір бассыздық оқиғаны еске алып, бұл жайын да ұмытпалық дегендей болған Жаһанша:

      – Каторгага айдалған Наурызбай Таласов, Шаһмерден Қосшығұлов, тағы сол сияқты аяулы азаматтарымызды арашалап алып шығуымыз керек. Патшаның ар мен ұждан, сөз бостандығы рас болса оларды босатады. Босатпаса бұл бізге сын болмақшы. Самодержавиенің тағы бір өтірігі шығады. Менің ұсынысым, осы талаптарды петицияға қосу керек – деді. Сейдалиннің бұл ұсынысы да бірауыздан қабылданды.        

     Әлиханның айтқандары бес облыстан жиналған съезд делегаттарына белгілі бола бастағаннан кейін, мәселе «Қазақ конституциялық демократиялық» партиясын құру жөнінде басталып кеткен еді.

     Қазір Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан оны жақтаушы қазақ зиялылары осындай партия құруға әрекет жасап отырғаны бекер емес еді. Өздерінің саясаттағы алғашқы жасаған қадамдарына белгілі бір дәрежедегі үлгі тұтар етіп Россияның оппозициядағы кадеттер партиясын алуы да жай емес. Бұл қазақтар үшін үлкен жетістік болатын.

Бірінші орыс революциясы қазақ еліне де үлкен ой сала келген сияқты. Бүкіл Россия жерін қамтыған буырқану қазақтардың да саяси кемелденуіне жол ашып берген. Сол жолдар қазақ біткеннің алдарында сайрап жатқандай көрінеді. Бірақ сол жолдың қай – қайсымен жүрері олар үшін әлі белгісіздеу болып тұрғандайы тағы бар.

Осылайша 1905 – 1907 жылдарда революциялық рух Россияны шарлап кетті. Қазақ елінің белсенді азаматтары да халықты саяси тұрғыда оятып, бұқара арасында елдегі болып жатқан өзгерістерге белсенділігін арттыруға ұмтылды.

  Осы аралықта бақандай екі Мемлекеттік Дума сайланып, жұмыс істеген еді. Сол сайланған Дума депутаттарының арасындағы қазақтардан белсенді және нәтижелі жұмыс істген Бақытжан Қаратаев пен Мұхамеджан Тынышбаев болды. Бұлар 1907 жылғы 20 ақпаннан атақты «3 маусым төңкерісіне» дейін жұмыс істеген ІІ Мемлекеттік Думаларда қазақ елінің сайлаушыларына қызмет етті. Әсіресе, Бақытжан көктемгі петициялардан басталған ел ішіндегі бұқаралық саяси жұмыстарды жаңа деңгейге қоюға білек сыбана кірісіп, Думаның төрт бірдей комиссиясының жұмысына қатысқан еді.     

      Ақыры Қазақ елінде тұңғыш партия – кадет партиясының қазақ филиалы құрылу ісі қолға алынды. Бірақ бұл партия әлі пісіп жетілмеген, өзі жарымжан, әлі тәжірибе жинақтамаған шалажансар күйінде қалып қойды.

      Осыларға қарамастан қазақтың зиялы қауымы түбегейлі бір шешімге келгендей болды. Онысы отарлық бұғаудан босап шықпай, тәуелсіздік алмай, қазақ елінің жолы болмайтындығын олардың жаппай түсінгендігі еді. Сол үшін аянбай күресу керектігін де олар ұққан. Қалай болғанымен бұл істелген істер зая кетпеді. Осыдан кейінгі біраз жылдардан кейін осы жағдай қазақтарға өз мемлекетін, өз партиясын құруға жол ашқан еді. Мына жағдай соның алдындағы үлкен сабақтың басы болды.

      Самодержавие басқа да діни зиялыларды аяған жоқ. Қазаққа танымал бола бастаған Науан хазіретті (Наурызбай Таласов) пен Шаһмерден Қосшығұловты итжеккенге, яғни айтқанда Якут пен Енисей жеріне каторгаға айдады.

      Сонымен бірінші орыс революциясының нәтижесінде қазақ зиялыларының алғашқы ізденіс күрестерінің арқасында қол жеткізген табыстары мен жасаған тұжырымдары – қазақ қоғамын феодалдық мешеуліктен алып шығатын жол Россия арқылы өздеріне жеткен дамудың Европалық нұсқасы, былайша айтқанда, қазақ елінде буржуазиялық қатынастарға жол ашуға белді бекем буғызды.         

     Әлиханның айтқандары бес облыстан жиналған съезд делегаттарына белгілі бола бастағаннан кейін, мәселе «Қазақ конституциялық демократиялық» партиясын құру жөнінде басталып кеткен еді.

     Қазір Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан оны жақтаушы қазақ зиялылары осындай партия құруға әрекет жасап отырғаны бекер емес еді. Өздерінің саясаттағы алғашқы жасаған қадамдарына белгілі бір дәрежедегі үлгі тұтар етіп Россияның оппозициядағы кадеттер партиясын алуы да жай емес еді.

     Бұл қазақтар үшін үлкен жетістік болатын.

Бірінші орыс революциясы қазақ еліне де үлкен ой сала келгендей болды. Бүкіл Россия жерін қамтыған буырқану қазақтардың да саяси кемелденуіне жол ашып берген.

Сол жол, қазақ деген ұлттың алдында сайрап жатқандай болды. Бірақ оның қай – қайсымен жүрері олар үшін әлі белгісіздеу болып тұрғандай.

1905 – 1907 жылдарда революциялық рух Россияны шарлап кетті. Қазақ елінің белсенді азаматтары да халықты саяси тұрғыда оятып, бұқара арасында елдегі болып жатқан өзгерістерге белсенділігін арттыруға ұмтылды.

           Ақыры Қазақ елінде тұңғыш партия – орыстың кадет партиясындай партия құруға талпыныс жасалды. Алғашында бұл кадет партиясының қазақ еліндегі филиалы болып та құрылмақшы болды. Бірақ бұндай партияны құру туралы ұмтылыстан түк шықпады. Бастама әлі пісіп жетілмеген, өзі жарымжан, әлі тәжірибе жинақтамаған шалажансар күйінде іске аспай қалып қойды.

      Осыларға қарамастан қазақтың зиялы қауымы түбегейлі бір шешімге келгендей болды. Онысы отарлық бұғаудан босап шықпай, тәуелсіздік алмай, қазақ елінің жолы болмайтындығын олар жаппай түсінген еді. Сол үшін, ең алдымен газеттер, кітаптар басқа да басылымдар басып шығарып, сол арқылы халықты оятамыз, ағартамыз» деген. Сөйтіп, халыққа өзінің жағдайын түсіндіреміз, содан кейін ел алдына міндет – мақсаттар қоюды ойластырамыз» деді.

        Зиялылар қауымдастығы қазақ халқының алдында тұрған басты міндеттерді белгілеп, сол үшін аянбай күресу керектігін елге ұқтырып жатты.

        Қазақ даласын бүркеп тұрған отарлықтың бұлты Алаш азаматтары үшін әлі көп жылға дейін сейілмейтіндей болып көрінген. Бірақ соған қарамастан қазақ елінің әр тұсынан, еміс – еміс, жылт етіп үміт оты тұтанғандай болды.

        Сол жылт еткен үміт оты осы елді бостандыққа, азаттыққа апаратын жол болуы да ықтимал. Ол да болса алдағы уақыттың еншісі сияқты. Оны да, келер заман көрсетіп жатар.

         Тек шексіз, шетсіз уақыт пен заман өз білгенін істейтін көрінеді. Оның аясына дүниенің бәрі де сиымды болып көрінетіні тағы бар. Соны осы халық ұмытпаса болды.

         Қазақ елінің күнбатысындағы Теке қаласында өткен қазақ зиялыларының «бес облыс өкілдерінің» бас қосуы осылай аяқталды. Ол қазақ даласына жаңа серпін, жаңа екпін әкелгендей болды.

 

 

 

 

 

 

Он екінші тарау

 

 

 

 

 

                               

Бүгін кешқұрым тергеу тағы да басталып кеткен. Надзирателi мен стражнигi қосарласып Жомартты жандармға айдап әкелдi.                 

Тергеу басталмай тұрып оның да бiр аңдағаны алдымен жандармдардың алдына қағаздар әкелiп қойылады екен. Ал олар болса, алдымен сол қағаздарға қарап алып, сонан кейiн барып келгендермен айналысатын сияқты. Жомарт осыны байқап қалған.            

Мұны алғаш алып келгенде жолай шерудiң iшiнде болған арандатушылар мен тыңшыларға көрсеткен екен. Солар тап басып, «осы» дегізгені бар. Бұл болса тыңшылардың өйтетінін қайдан бiлсiн.               

         Жомартты ең әуелi жасы отыздардан ендi асқан, құдай бiледi айғайлай – айғайлай тамағын жыртып, содан болар қырылдап қалған, ұзын сары жандарм тергедi.

          Жандармның бет сүйектерi шығыңқы келген, көздері ісіңкі, қабағы қарс айрылардай қатулы көрінеді. Өзi де сілікпесі шығып, әбден шаршаған сияқты.

          Ол алдында жатқан қағазға қарап отырып:

– Осы айдың бесінші күні қайда болдың? – дедi, орысша сөйлеп.

Верныйға келгелi Жомарт орысша аздап түсiнетiн болған. Түсiнгенi былай тұрсын әжептеуiр, шала – шарпы болса да орысша сөйлейтiндi шығарған. Өйткенi, қасындағылары өңшең ақсақ Пронин сияқты орыс болғандықтан, бұл олардың тiлiн де тез үйрене бастаған.   

         Қазір де сол қалпымен Жомарт жандармға жауабын орысшалап бастап:

– Жұмыста болдым, сонда жүрдiм – деп, келте қайырған.                                  

Жандарм кешеден берi ұйықтамағандықтан да болар, қып – қызыл болып қанталаған көзiн Жомартқа қадап:           

– Сендер өздерiңше ат қойып алған, былайша айтқанда «ереуiл» ме еді, жоқ әлде «стачка» ма, соған не үшiн қатыстың? – дедi. 

         Жомарт жандармның бір сөзін түсінсе де, кейбір сөзiн түсiнбеді. Сондықтан қалай жауап берерін білместен, жаңағы шикіл сарының жүзіне күмілжи қараған. Түрінде әлі де, «не істегелі отыр» деген қобалжудың табы бар.

           Қамалғаннан бері шеруге шыққан кісілердің арасында болғанын жасырғысы келсе де, бірақ Жомарт шындығында да жаңағы жандарм айтқан сөздерді бұрын естімеген еді. Оның «ереуiл, стачка» деген сөздердi естiп отырғаны осы едi. (Жандармның қойып отырған сұрақтарының сырын ол кейінірек барып білгені бар. Онда да, осыдан ендi бiр жиырма жыл өткеннен кейiн барып, 1905 жылы 1 майда Қазақ даласының көптеген қалаларында жергiлiктi социал – демократиялық топтар ұйымдастырған демонстрациялар, ереуiлдер мен стачкалар, маевкалар болып өттi. Оған қатысушылар қолдарына қызыл ту алып, «Самодержавие жойылсын!», «Жұмысшыларды азат ету – жұмысшылардың өз iсi!» – деген ұрандар көтерiп шықты дегендi большевиктiк саяси сабақтардан естiген. Сонда ғана баяғыдағы жандармның айтқан сөздерiн есiне түсiргенi бар)    

         Ал қазiр Жомарт жандармның не деп отырғанын түсiнбеген адамша, сұрақты оның өзiне бұрып:

– Ол дегенiң не? Жаңағыдай сөздердi мен түсінбедім. Тіпті бұрын естімеген сөзім. Сондықтан сізді түсiнбей тұрғаным ғой – деп жауап қатты.

Бiрақ оның мұнысына жандарм қанағаттанбаған сияқты. Өйткені беті бір бүлк етпестен есінеп қойып, отыра берді. Өзі қатты шаршап, бiр нәрсеге асығып тұрғандай сияқты.

         Шаршап, шалдығып отырғандықтан да болар, жандарм әзірше керенау тартып, мұның «түк білмеймін» дейтін сөзін тыңдағысы келмейтіндей сыңай көрсетті.

           Жандарм бұл кезде Жомартты барлағандай болып, немқұрайдылау түр көрсетіп отырған да сияқты. Ол әзірше сабыр сақтап,  отырса керек. Өйткені көрші бөлмелерден шығып жатқан айғай мен зікір мұнда жоқ.  

           Жандарм бағанадан бері Жомарттың сөзін тыңдап онша үндемесе де, ішінен кіжініп отырса керек. Өйткені анда – санда ғана аузы жыбырлап қояды.

            Жомарт та, бұл тұста бет бақтырмайтындай қылығына көшкен еді. Жандармның қойған сұрағына айтатыны: «елдің арасына байқаусызда түсіп қалдым, көргенім жоқ, білгенім жоқты» қайталай береді.

            Оның мұнысына жандарм тергеушісі қатты кіжінетін сияқты. Бірақ әзірше тыныш. Тек немқұрайдылықпен жылымси қарайды. Ара – арасында аузы жыбырлап, ішінен сөйлейтіндей көрінеді. Ондайлығын Жомарт ұқпаса да, ар жағын түсініп отыр. Жомартқа жандарм: «Киргиз екеш, киргиздың да өтiрiк айтып басымды қатырып отырғанын қарашы! Бұған мен не істесем екен? Мұның тілін қалай шығарсам екен?» деп, «не істесем екен» деп ойланып отырғандай болып көрінді.

          Жомарттың мына қылығына жыны қайнаған жандарм не істеуді ойланып отырса да, сонысын әлі таппай отырған секілді. Өйткені оның өзіне осылай көрінді. Әйтпесе бар ғой, мына жылмиған сарының түрі жаман, түсі суық, ештемеден тайынбайтыны көрініп тұр. «Тұра тұр бәлем, көрсетермiн мен саған көресiнiңдi» деп, іштей ерегескендей болса да, ол әзiрге еш сыр бермей тұрған сияқты.                                                   

         Жандарм ендi Жомартты басқа жағынан кеп айналдыра бастаған. Оның ендігі сұрағы:  

– Көпiрдiң жанындағы бүлiкшiлердiң арасында не жасадың? Кiм сенi ол араға шақырған? – деп бастады.                                                                       

Осы кезде Жомарттың жүрегi зу ете қалды. Ол енді ғана өзін біреулердің көргенін түсінген. Басы зеңгендей боп: «Бәсе, бұлар бәрiн бiлiп отыр екен ғой» – деген ойдан Жомарттың тұла бойы дір ете қалды. Өне бойы да бір тоңазып, бір ысып, тершiп шыға келдi. Осының артынша–ақ, тұла бойы сүзек шалғандай боп, қалтырап бара жатты. «Е, бәсе, бұлар барлығын біліп қойыпты ғой!» деген үрейлi ойдан өзінен – өзі зәресі ұшып, саса бастаған.

Жомарттың бойы онан әрмен қалтырап, айтатын жауабын қанша ойластырса да, есі шыққандықтан ба, әйтеуір басына түк кірмей қойды. Тiптi өзін қалтырап бара жатқандай сезінеді. Бар білгені иегi – иегiне тимейтiндей боп, тiстерi де өз – өзiнен сақылдап тұрғандай көрінді.

Не айтарын бiлместен, есi шыққан Жомарт біраздан кейін барып, есін сәл жиғандай еді.

Бұл кезде бағанағы есі шығып, дірілдегені де басылғандай болып, сансыраған ойына да бірдеме оралғандай болды. Іштей соған дайындалып: «Қой болмадым десем, бұлар бәрiн көрiп – бiлiп отыр екен. Не де болса байқаусызда араларына түсiп, шыға алмай қалдым. Оның үстiне кiсi көп екен, бiрiн – бiрi қаумалаған» деп айтайын дегенге тоқтағандай болды.

Әбігерге түсіп, асып – сасқан пiшiнмен, ол ендiгi жауаптың қалай айтылатынын тез арада пайымдай бастаған. Бір кезде барып ойын жинақтап, жандармға қарап:                                                                 

– Мен осы расымен–ақ, бiлмей қалдым қалай болғанын. Сол жерден өте берiп едiм, қаумалаған жұрттың ортасында қалдым. Содан әйтеуiр өйтiп – бүйтiп жүрiп, әрең өттiм. Кiсi көп екен, жүрер жол жоқ болды – дедi. Осылай дегенде оның онсызда үрей үйіріп тұратын бадырақ көздерi алақтап шыға келген.

Нағыз тергеу осылайша басталып кеткен болатын. Жандармның сұрағы күннен – күнге ентелегендей боп, соңына түсiп, бiр жағы еселеп, ширыға түскендей көрінетіні бар. Нақ бiр өзін тығырыққа тiреу үшiн әдейі ойластырып қойылатын сұрақтарға көп ұқсайды.                                                               

Бiраздан кейiн ондайға Жомарттың да етi үйренейiн деген. Бiрталай жайды бiлiп те алған. Жауапты да асықпай, ойланып барып, қайтаруды да үйренді. Айтар сөзін де барынша қысқа, анау – мынау шикілікті қоспай айтуды да көңілмен тоқитынды шығарды. Содан кейін-ақ Жомарттың жауабы өзі үшін дұрысталып қалғандай сезіне бастаған. Оның айтары бiрақ сөз, жауабы да соған қарай қысқа, әмбе жатталып қалғандай жедел шығады. Жомарттың ендігі айтатындары жандармдар үшін керегі жоқ, өңшең бірыңғай сөздер. Ол соларын қайта – қайта қайталап:    

– Барғанмын!

– Байқамай қалдым!

– Жоқ, бiлмеймiн!

– Шыға алмадым! – деп бастайды да жылдам бітіреді. Алғашқыдай көп жүгiрiп, ентiккен адамдай болып асықпайды. Айтарын еш саспастан, нық басып, айтатын болған. Бұрынғыдай малтығып, бірін – біріне қосып, шатаспайтынға да үйреніп алған. Көрген білгенін қат – қатымен, жік – жігімен айтып шығады. 

Оның осы қылығы жандарм тергеушiсiнiң ызасын келтiрiп, зығырданын қайната бастаған болу керек.

Тергеуші бұл жолы отырған қалпынан көтерiле берiп, өзiнiң бар даусымен ақырып, қатты сөйлей бастады.      

– Сен дұрыс сөйлемей отырсың! Бiлдiң бе? Алдағың келедi ғой менi? Кәззап, антұрған, бәрiбiр айтқызамын! – деп, жандарм зiркiлдей бастаған.

Бұл жолы жандарм тергеушісі барлық кәрiн төгіп салған секілді. Бұрынғы – бұрынғы ма, ол енді ақырудан бір тынбайтын болды. Бірақ Жомарт та бұрынғыдай емес, оның ондайына бойы үйренейін депті. Тіпті, бетiнің бір жері бүлк етпестен, еш шімірікпей отыра берді.

          Абақты іші оған біраз сабақ болып, оның қайсарлығын шыңдай түскендей етіпті. Бұл уақыттарда тек қана оның жүдеу тартқан өңi әжептеуiр ақшыл тартып, қаны қашып, қуара түскен. Тiптi осы кезде, Жомарт өзiне – өзi серт бергендей боп: «Неден болса да қорықпаймын! Тазамын! Менiң еш кiнәм жоқ!» дегендей берік байламға келгендей сияқты.

          Ол еш қымсынбастан, неше уақыттан бергi үрейден арылғандай боп, аспай – саспай жандармға қарап:        

– Менiң ешқандай да қылмысым жоқ! Керек десең менде жазық та жоқ! Басқаны мен бiлмеймiн! – деп, тергеушiге сұстана қарады.

          Жандарм жауап ала бастаған кезден бастап Жомарттың да бірте – бірте осыған төселе бастағанын аңғарып жүрсе керек. Сондықтан одан осыны күтсе керек. Ол енді ойлана келіп. Жомарттан жауап алудың басқа тәсіліне көшуді жөн көрген. Соны іске асырмақ болып, ол қанталаған көздерiн оған қадап:

– Шындықты өзiң айтасың ба? Жоқ әлде бiз көмектесейiк пе? – дедi. Оның ұйқысы қанбағандығы көрініп қалды. Өйткені үнемі суланып тұратын көкпеңбек көздерi шатырайып, бір түрлі кісіге ежiрейе қакрайтын болыпты. Оның үстіне қайта – қайта есіней береді. Бірақ соншама шаршап – шалдықса да, ол бір сәт те Жомарттан көзiн тайдырмайды. Тек, анда – мында ғана, қақ ортасынан екi жаққа бірдей жарылған қара шаштарын алақандарымен оңды – солды сипалап, артынша қолының сыртымен көздерiн уқалап қояды.

Жомарт iшiнен: «Мына жексұрын бүгiн де, түнiмен ұйықтамапты–ау?» – деп күрсініп қойды. Есіне үлкендердің осы жайында айтатын сөздері түсті. «Ұйқысы шала адам тырысқақ, әмбе ұрысқақ болады» деп, баяғыда өзі қойын бағатын Жұманның бәйбішесі талай айтқаны бар. Соған балап, Жомарт «бұл енді шала ұйқысының өшін менен алатын болды» деп ойлаған.                                                                                        

Бiрақ, бастапқыда олай болмай шықты. Бүгін де, күндегi әдетiнше жандарм саспады. Ұйқысы келсе де, абдырамай, сақ отыр. Көзiнiң астымен әлсiн – әлсiн Жомартқа жаққа қарап қояды.

Тергеу сол бұрынғы сарынмен басталды. Жандарм өз сұрағын қоярдың алдында:

– Неге сен шеруге шыққан ереуілшілердің ішінде болдың? – деп сұраған. Оның мұнысына Жомарттың айтатын сөзі қалмаған. Сондықтан ол:

– Білмеймін, әйтеуір елмен бірге жүре бердім – дегенді тағы оған айтты. Оның сөзіне еш қанағаттанбаса да ол сұрағын жалғастырып:

– Кім саған Пугасов көпірінің жанында кісілер жиналады деп сол туралы айтқан кім? – дегеніне де, Жомарт жартымды ештеме айта алмаған. Оның бұл сұраққа айтқаны:

– Мені шақырған ешкім емес. Өз бетіммен жүріп бара жатып жиналған адамдарға төтеннен қосылдым. Онда да, олар не үшін жиналған екен, не айтып жатыр деп қастарына бардым – деді.

Әлі де міз бақпай, сіресіп отырған тергеуші енді ғана өзіне керекті істің мән – жайына кіріскендей боп:

– Ереулді ұйымдастырушылар кімдер, оларды қай жерден табуға болады? – деген бәз – баяғы, Жомартты әбден мезі қылған сұрағына кірісіп кеткен. Жомарт бұның бәрін бұрын да естіп, әбден тәсілденіп алған еді. Ол қазір де сөйтті. Қойылып жатқан сұрақтарға Жомарт сол бұрынғы әуенмен:               

– Олардың арасынан өтейiн деп едiм, кісінің көптігінен өте алмадым.  Солардың арасынан шыға алмай қалдым. Кiсiнің көптігі бұл жерде маған кедергі болды. Жүріп келе жатқан көп кісі мені өздерімен ілестіре кетті. Осылайша солармен ілесіп біразға дейін кеткенім рас – деп, ақталғаннан басқа жарытып түк те айтпаған. Мұнысы жандармдардың қытығына тие бастағанын өзi де сезді. Бірақ қайтеді, басқа амал жоқ сияқты. Осыдан басқа оның еш бір амал айласы қалмаған.

Жомарт былайша ойлап қараса, өзiнiң бүлдiрген түгi де жоқ. Өкiметтi де патшаны да даттаған жоқ. Олар жайында сөз айтып, соған оларды қосқан емес. Ең құрыса басқалардай боп, бiр адамға тиiсiп, таяқпен ұрып, таспен атпады. Тек қана, бiрге iлесiп жүргенi болмаса. «Сол үшін жазым етсе өздері білсін» деген Жомарттың ойлары күн санап салғырт тартып, сағы да сына бастаған. Ойынан әнеу күнгі қараторы, қияқ мұртты, сыған өңдес жігіт бір шықпай қойғаны. Оның қасындағы өзi түрiн көре алмаған қазақтың жас жiгiтi екеуі бірдей «патшаны жойылсын» деп те айқайлады. «Бұларың батыр болса соларды неге ұстамайды» деп, Жомарт жандарм жаққа жақтырмай қарап, ішінен күйiніп қойды. Әу бастан-ақ, сонысын тiлге тиек етіп, жандармдарға:

– Мен ешкiмге тиiскен жоқпын, бүлдiрген де жоқпын. Бүлдіргендер болса соларды ұстап алыңдар! – деп айтып қоятын. Қазір де ол шала – шарпы бiлетiн орысшасымен, даусын соза сөйлеп, осы жайында тергеушіге естіртіп қойды. Мұнысын айтуын – айтса да, бір жағынан іші қылп ете қалды. Олай еткені «тағы да жандармы құрғырға бұлай сөйлегенім жақпайтын болды ғой» деп сасқаны еді. Оның жандарм тергеушісінің алдында жауап беріп тұрып, қиыннан келген әр түрлі ойларға салынып тұрғаны осыдан.                         

Жомарт абақтыға түскеннен берi көп ойланатын болған. Әсiресе, кей – кезде, өзiнен – өзi қиналғандай боп: «Әй, – әи – и, сорлы басым–ай! Ендi қайтейiн! Қатипаның айтқаны келдi. Айтқаны бар ғой сол қалпы келмесi бар ма? Қатын болса да, шашы ұзын болса да, менен бiр сүйем артық ойлады. Менен бұрын бiлiп едi ғой осылай болатынын. Айтып бағып едi ғой, мендей соры арылмаған бейбаққа!» деп, Жомарт ендi өз өкiнiшіне өзі тұншыққандай боп, бұрынғының бәрiн өстіп еске алатын болған. Осыны ойласа болды, Жомарт көңiлi де бiрге қамығып, жүдеп шыға келедi. Бұрыннан бергi айтылғандардың бәрiн есiне алып, қайғыратын, тiптi, өзiне – өзi налитын да болып жүр. Ендi ғана адам болдым, қу тiршiлiктiң ит арқасынан құтылдым ба, дегенде басына түскен бәлекетке не десiн? Өз қолыңды өзiң кеспессiң дегендей қып, өзiне – өзi тiлеп алған жоқ па? Қайда бармақ? Өзiнде не қауқар қалды? Күту керек? Одан басқа не қалды! Жомартты жегiдей жеген осындай жан ауыртар жайлар еді. Қиналып кеткенi сол болатын. Бұған  iстер амалы таусылғандай. «Тек жүрсең, тоқ жүресің деген еді бұрынғылар. Осы менің нем бар едi?! Қызық керек болды! Ал ендi көр, көрешiгiңдi!» деп, өзiн – өзі жегідей жеп, зiлдей басқан ауыр азаптың қыспағына түсiп, шырмауында қалғандай сезiнген.

Осындай ауыр ойлар Жомарттың жадынан бір шықпай қойды. Бiрақ та, соған қарамастан, әлi де болса өзiн – өзi қайрап, болар іске белін бекем буған.

Бүгiн де, «бұдан қалай құтыламын?» деп басына түскен зiл қара тастай болған ойдан шыға алмай отырған Жомарттың есiне осы кезде Қапал жақтағы елден келген бөлесi Сағади түсе кеткен. Соның ізін суытпастан: «Ол өзi не үшiн келiп едi?» деген ой, мұның ойына – ой қосқандай бола қалған. Жомарт соны есiне түсiре бастаған едi. «Бiреуге жолығуға келiп едi ғой. Бiреу емес–ау, үлкен бiр қазақтан шыққан төреге жолығамыз деген. Иә – иә, дәл солай болатын. Қасында әлгi Омар деген сол жақтың болысының баласы бар болатын. Тоқтай тұр. Оның аты кiм едi?» деп, Жомарт осы кезде Сағадимен бiрге келген ұзын бойлы, жас жiгiттiң атын есiне түсiре алмай әуре бола бастаған. Бір уақытта оның да атын есіне түсірді. Ол енді аздап көңілдене бастап: «Оның аты Нұрқұмар емес пе едi. Омар деген болыстың баласы» деп қуанып кетті.

Ендi Жомарттың ойына солар айтқан қазақтан шыққан ұлықтың аты түспей отырған едi. Оның аты бар болғаны бiр–ақ рет аталған. Сондықтан да болар, Жомарт қанша қинала ойланса да сол ұлықтың атын есiне түсiре алмай-ақ қойды.

Бірақ олардың не үшін келгенін ұмытпапты. Сағади мен Нұрқұмар соған жолығуға келген. Өйткенi ол жақта жерге, қонысқа байланысты үлкен бiр шатақ шыққан сияқты қып айтқанын ұмытпапты. Жаңағылар сол бойынша қазақтан шыққан үлкен ұлыққа шағымданып келген еді ғой. 

Осының бәрi есiне түскенде Жомарт: «Уһ» – деп күрсiнiп алды. «Жақсы болды ғой. Суға кеткен тал қармайды» деп, ол көптен бері алғашқы рет қуанып қалды. Тіпті өз – өзінен күлiмсiреп, жымиғандай болды. Тіпті оның көптен бері уайым жеп шүңірейген көздерiне үміт оты ұялағандай көрінді. Қас қағым сәтте бұрынғы салы суға кетіп, еңсесі түскен тұрпаттан аздап арыла түскендей де сияқты. Лезде қушиып, бүрсиген жауырынын жайып, екі иығын қомдап, тал бойын жинап алды.

Жомарттың ендiгі арманы сол ұлыққа қалайда хабар беру едi. Әрлі – берлі зымыраған ойы засырықтан өткендей боп, осыларды ойластырған. Әрбірден кейін соны қалай iстермiн деп, тағаты таусылып, амалы нешік бола бастағандай. Ойы да сан – саққа жүгiріп, тығырықтан шығатын бір саңылау іздеген. Соны таппаса жылт ете қалған үміт оты бір жол сөнетіндей. Осындайлық тәтті қиялға беріле түскен Жомарт: «Апырай, осындайда Сағади да келе қалмайды екен!» деп тамсанып қойды.                                                

Көз алдына елес беріп өте шыққандай көрінген жақсылық нышаны да, дәл қазір өзін селт еткізгендей еді. Онысы қас – қағымда өте шыққан түс сияқты. Бірақ әлі де болса жақсы елес қана. Сағади мен Омар болыстың баласы Нұрқұмар қазақтан шыққан үлкен ұлықты ертіп әкеп: «Жаңағы ұлық, Жомарт сенің кінәң жоқ! Сені бекер қамаған. Енді боссың! Шыға бер!» деп тұрғандай елестеді. Жомарттың көзі жұмулы, тек қана көңілі ояу. Жаңағы тәтті ойы жалғаса берсе екен дейді. Бірақ бұл тәтті ойы көпке бармады. Көзін ашып қалып еді, соның бәрі ғайып болды. Қайтадан түрменің тар қапасы көз алдынан мен мұндалап шыға келді. Жомарттың да кеудесін кернеген тынысы осы кезде «уһ» дегізіп, даусын қоса шығарғандай етті.

Тергеу тағы да басталып кетті. Жандарм тергеушісі Жомартқа тағы қайтара:                                            

– Өзің арасында жүргенде, сол жерге жиналған кісілер не дедi? Егер менің сөзімді түсінбей жатсаң, былайша айтқанда, шығып сөйлеушілер, басқаларға не айтты? Сен маған соны айтып бершi? – деді. Бірақ оған да Жомарт жарытып түк айтпаған күйі, бедірейіп тұрып алды. Оған енді бәрібір сияқты болып көрінді. Жомарт біраздан бері шын  есеңгірегендей  болып қалған. Онысын бірақ жандармдарға білдірмеуге тырысты. Қазір де сөйтіп отырған еді. Біраз асықпай ойын жинақтағандай болып отырғанмен жандармның бұл сұрағына не дерін білместен сасып қалғандайы рас еді.

         Енді ғана соның әуресінен шыққандай болды. Іштей  өзiнше  жандармның мұнысына күйiнгендей болған түр көрсетіп, соған өзі кейігендей боп:                                   

           – Оларың қайсы? Кімдер өзі? Мен қайдан бiлейiн солардың кiм екенiн? Олардың не дегенiн? – деп, жақтырмаған кейіп танытып қойды. Тағы бір айтылатын сөзді шегеріп, айтпай қалды. Онысы осы кезде аузына түссе де, сақтық ойлап айтпап еді. Әйтпесе, енді болмағанда: «Мен не солардың аңдушысы ма едiм?» дей жаздаған. Жандармға осылай дегiсi келген. Бiрақ та, онысын айтпай, жұтып қалды. Есiне әйелi Қатипаның сөздерi түстi «ендi сен қалыпсың патшаға ақыл үйретпеген» деген. «Қатипа солай айтпап па едi? Беу, шіркін Қатипа, әйел болсаң да бір еркектен артық ойлайтының бар екен» деп, әйелін сағынған көңілмен толғанып та алды.

           Үйден қарыс қадам аттап шықпайтын әйелдің айтқандарының бұлжымай келгеніне таңырқауы әлі басым.

            Қалайша ғана қатын басымен осының бәрiн ойлап жүрген? Тiптi, өзiнен көш iлгерi басына түсетін жәйларды ойлап қойғандарына Жомарт бiр жағы намыстанып, бiр жағы тұлдана шамданғандай болды. Қатипаның сол айтқандарына ерегескендей боп: «Қатын болса да, шiркiннiң ақылына болайын! Дiлмарсып, айтқанын көрмейсiң бе? Қалай тантыса да, сол айтқандай болды. Аумай келдi» деп Қатипаның айтқандарын мойындағысы келмесе де, көңілі құлазып, қазір оның өзін де, сөзін де сағынғандай болып отыр. Бiрақ, амалдың жоқтығынан басына түскен бәленің ауыртпалығына мойынсұнып отырған күйi едi.

            Әйтпесе бар ғой, әлi де болса әйел алдында есесінің кеткеніне өзi намыстан жарылардай қалпынан бiр де айнитын емес. Тек жадында естен кетпестей болып қалғаны – Қатипаның сондағы айтқан сөздерi ғана сияқты.

             Жомарт барынша өкiнiш бiлдiре: «Өзіме обал жоқ. Нем бар едi бұларда?! Аулақ жүріп, айналып кету керек едi… осылар жүрген жерден. Әттең–ай, сор маңдай басым! Сор түрткен! Қалай тап болдым осындай бәлекетке?! деп, ол өзiн – өзi жерлей бергенін қоймастан.

  Бiр кезде жандарм орнынан тұрып, бойын жазғандай қимыл жасаған болды. Жомарт та басын жоғары көтерiп, оның сұрағына дайындалған тәрізді. Осы күнге дейін тергеушінің айтқанын үнсіз тыңдап, берер жауабын риясыз беруге тырысқан. Енді бүгін, осындай таусылмас ой тiзбегiнен өткеннен кейiн, Жомарттың амалы біткендей болып, жандармның өзiнен бір нәрсені сұрағысы келген.

  Онысы суға кетіп бара жатып тал қармағандай болған әрекеті еді. Соны тілге тиек етіп, әнеу күнгі Сағадилар білетін қазақ ұлығын айтып, қарсы алдында отырған жаналғышты ықтырып алғысы келген еді.

  Жомарт осыны жандарм тергеушісіне тезірек айтқысы кеп, шыдамы таусылғандай боп:

  – Слушай, у меня балышой казәк ест. Он балышой улық. Сәпсiм болышой. Тебе не карашо будет, мой рәднә болышой улық знат будет. Ой-бу, как плакой, не карашо будет – деп, жандармға қарап алып, аздаған қоқан – лоқысын көрсетiп, өзiнiң де iздеушiсi бар екенiн бiлдiрiп қалды.      

Жандарм мұның сөзiн ұқты ма, жоқ әлде ұққысы келмедi ме, ол бұған:      

– Ол қайсысы, кiмдi айтып тұрсың? – деп, қызығушылық бiлдiре сұрады. Содан кейін, «сол ма сендерді забастовкаға шақырған?» деп шыға келді.

Жомарт оған енді оның Ақ патшаның сенімді адамы екендігін түсіндіре бастағанынан түк шықпады. Ол енді өзіне басқа қырынан кеп, жаңағы кісі туралы білгісі келгендей жабыса бастады. Сөйтіп кіріскен жандарм Жомартқа барлығын айт деп, қатты сұрақтың астына алған. Осылай деп, басқаша ойлаған ол: 

– Что ты мелишь, на самом деле? Говари, все как есть и как было? – деп, қойып қалып, тиып тастады. Соның артынша–ақ, жандарм Жомарттың жауабын күтпестен ендi жетер, шыдамның да шегi бар дегендей болып, орнынан атып тұрып, Жомарттың қасына таялды.                    

Жандарм есiнеуiн әлі қоя алмай тұр. Аузын кере қарыс ашып, керiп қойып, қайта – қайта есiней береді.

Бiр уақытта оның да ойына бiр нәрсе түскендей болды. Ол мұның қасына таялып кеп, аяғындағы құрым етiгiнiң өкшесiмен Жомарттың аяғын басып, жаншый бастаған. Жаншығанда кәдiмгiдей бар салмағын сала басады.

Құрғырдың етiгiнiң өкшесiнде тағасы да бар сияқты. Сол бәле мұның аяғына қатты батқан. Жомарт аяғының ауыра бастағанына қарамастан мелшиiп отыра берген. Аяғы болса жанын шығарып әкетiп барады. Бiрақ, онда үн жоқ. Өзiне – өзi ызаланғандай боп, бедiрейiп қалған.

Әбүйiр болғанда, бұның да аяғына кигенi етiк едi. Әйтпесе, жаңағы жандармның темiр тағалы өкшесi мұның аяғын оңдырмайтындай екен.

Сұрақ сұрау, артынша ұрып – соғу, осылайша айналсоқтап жүре берген.                                                                               

Абақтыда бұған тағылған айып та ауыр, сол айыпқа берілер жаза да қатаң болып шықты.

Патша охранкасы революциялық пиғылдағыларды қатаң қудалауға түсiрген. Әсiресе, марксистiк, социал – демократиялық топтардың мүшелерiне қатты қадалып, қудалауда едi.

Олар Жомартқа да: «жасырынып жүрген социал – демократияшылдық пиғылдағы – өте қауiптi тұлға» деген айдар тағып, айдаудан бірақ шығаруға бел буған. Жомарт болса бұл туралы бiлмейді.

Қамауда жатқан Жомарттың осы кезде жатса – тұрса да ойлайтыны, қайғыратыны бiр–ақ нәрсе едi. Онысы: «бұған мен қалай ұрындым?» деп, өзiн жегiдей жеген сұрақтың түбiне жете алмай–ақ қойғандығы еді. Оның күйi де, күйiнетiнi де осы болғандай. Сонысына өзі кейіп: «Босқадан – босқа құритын болдым. Ең құрыса ел есiнде қалатын батырлық iсте жасаған жоқпын. Осы түрмеде шiрiп өлгенше ендi маған қайтып шығу жоқ шығар? Мұнан да өлгенiм артық болар едi. Қараптан – қарап, құрдан – құрға кетiп барам, түк жасамай–ақ, құртайын дедi! – деп қиналды.  

Жомарт сол кеткеннен мол кеттi. Верныйдың присяжныйлар соты оны «мемлекетке қарсы әрекеттерге қатысы бар, заңды билiкке қарсы қимыл жасаушылар жағындағы аса қауiптi элемент, терроршылдармен байланысты, өкiмет адамдарына қастандық жасаушыларды жақтайды» деген үкімге кестірді. Қысқасы «революционерлер жағында, қазiргi үстемдiк етушi мемлекеттiк билiктi құлатушылармен сыбайлас» деп ақыры он жылға айдауға, түрмеге жабуға үкiм шығарған.                                            

Енді ғана ол Верный қапасынан құтылғандай болды. Бірақ оны күтіп тұрған басқа қапастың шеті көріне бастаған еді. Бұдан кейін Жомарт айдауды күтіп, этап болғанша осы қаланың абақты аталатын түрмесінен бiрақ шыққан. Ендігі күтетіні алыстағы Сібірдегі түрмеге апаратын этап еді.                                                              

Бұл жатқан Верный абақтысының бiр камерасына он адамнан тығылған. Адам көп, орын аз. Мұның қасында отырғанның бiрi өзi шамалас, Жүсiп деген қазақ жiгiтi. Оның домалақ басы тып – тықыр, шашын ұстарамен қырғызған, қомақты мұрнының астында селдiр ғана мұрты бар. 

Абақты iшiндегi қазақ бiткеннiң пысығы да осы сияқты. Мұндағы әңгiменi бәрiне жеткiзiп, өзге қазақтың жай – күйiн де жақсы бiлетiн осы ғана. Түрме iшiндегi әрi қағiлезi, әрi сыйлысы да осы Жүсiп болса керек.  Өзi аздап хат танитын көрінеді. Тіпті орысша да сөйлеп, жазуға бар екен.

Сол Жүсiп бағана бұған келiп сыбырлаған:                                              

– Осы абақтыда бар ғой, бір кісі жатыр. Жәй жатқан жоқ, кісі өлтіріпті. Өзі Талғар жақтан екен дейді. Сол жақтың Саймасай деген болысын атып өлтiрген Рысқұл деген бір қазақ осында жатыр екен. Оның жатқанына көп болыпты. Оған айып әлi тағылып бiтпептi. Рысқұлдың – Тұрар деген баласы да осында екен – дедi.

Жүсіп жаңағы сөзді айтысымен Жомарт ойланып қалды.

Жүсіп оның мына әңгімеге ден қойып, тыңдайтынын байқап:

– Сен өзің бұл жердегі тіршіліктен мақұрым екенсің ғой! – деп, Жомартты әңгімесіне қызықтыра түсті.

– Мына сөзіңе қарағанда жаңағы Рысқұлдың өзі аты шулы адам болды ғой. Әйтпесе несі бар бақандай болысты атып? – деп, Жомарт лезде түрін өзгерте қалды. Түрінде анық қызығушылық бар сияқты. Жомарттың қызыққаны рас. Ішінен: «Сұмдық-ай, жаңағы кісі болысты не үшін өлтірді екен?» деп ойлап үлгірген жоқ.

– Кiнәлi болыстың өзi екен. Рысқұлды ары – берi бiлсе барымта, бiлмесе сыдырымтаға жұмсап отырған да сол екен. Жеме – жемге келгенде оны ұстап берiп, бар кiнәнi соған жабуды ойлап, құбылып шыға келген де сол – Саймасайдың өзi сияқты. Жаланың бәрін жаңағы Рысқұлға жапқызады. Оны ұстату үшін, қуғын жібереді. Сөйтіп те, оны әбден ашындырады. Бұған Рысқұл «айдауда жүріп өлгенше жастығымды ала кетейін!» дейді.

Бұл кезде Жомартта шыдай алмай:

– Бәсе, әбден ашынған екен! деп қалды. Ол енді Рысқұлдың істегенін мақұлдайтын кісіше осылайша сөйледі.

Жүсіп әңгімесін ары қарай жалғап:

– Ақыры Рысқұл Талғарға жақын жерде тауларда банды атанып, қашып жүрсе керек. Сөйтіп жүргенде ыңғайын тауып, Саймасай болысты оққа байлап, атып салыпты – деп, өзін бар ықыласпен тыңдап отырған адамға да ризалық пейілін таныта көзінің астымен қарап қойған. Мұны айтып отырғанда Жүсіптің көздерi онан сайын адырайып, шарасынан шығардай боп бақырая қалған. 

Жомарт Жүсiптiң айтқандарын аса зейiн сала тыңдады. Өйткенi, ол осыдан бұрын да естiген әңгiмесiн тағы да естiп тұрғандай. Алматыға жақын арадағы Саймасай деген болысты бiреу атып салыпты деп елдiң шулағанын бұл осыған дейiн естiген. Бірақ оған онша мән бермеген. Ондай оқиғалардың неше түрлісі Верныйда болып жатады. Анығын білмеген соң, «әдеттегідей арақ ішіп, бірін – бірі атып, пышақтап жататындар аз ба?» дей салған. Сөйтсе, соның бәрі басқаша боп шықты. Қазір Жомарт осыны ойлап отырған. Қарсы отырған Жүсіптің сұрғылт тартқан, жүдеу жүзіне де қарап қояды. Онысы осының ақ – қарасын да сол айтса екен дегені болар. Бірақ ол осы жайлы айтқысы келмейтіндей, үндемей отыр. Оның алақандай үлкен көздерінің қарасынан ағы көп ұлғайып, аларып кеткендей, бақырайып қалыпты.                                                               

 Жомарт енді өздігінен қазылық жасап: «Бұл бір қиын іс екен. Әрине, өзара араздықтың кісі өліміне әкеліп соқтырғаны дұрыс болмады. Ашынғаннан кейін, басқа амал болмаған соң, істелген ғой» деп, сан – саққа жүгірген ойы осының шешіміндей болды. Бiрақ болысты өлтiрушiнiң дәл осы абақтыда жатқанын Жомарт бiлмейтiн болып шықты. Бiлмек түгiл, өзі қамалғанға дейiн осы қалада абақтының бар екендігі Жомарттың қаперіне кіріп, шықпаған.                                                                                            

Ендi осында жаңағы кiсi өлтiрген адам жатыр дейдi. Оның өзiмен қоймай Тұрар деген баласын да бiрге қамапты. Сiрә, баласы да кiсi өлтiруге қатысты болған ғой деп, Жомарт тұспалдағандай болды. Бiрақ жаны ашып: «Не деген жексұрындар едi. Байғұс балаға обал болды ғой. Әй жендеттер-ай, әкесiн қамағанмен қоймай баласын да бiрге қамап!» деп, iшiнен жендет бiткендi де бiр сыдыртып алды. Сосын ол Жүсiпке назарын аударып:

– Сонда жаңағы Рысқұлдың баласы да кiсi өлтiруге қатысты ма? – деп сұрады. Сұрағанда да бір түрлі боп, даусын шығармай, сыбырлай сұраған.

Жүсiп болса, енді бұған оқыс қараған. Оның бұл қарасында Жомартты жазғыру да бар сияқты. Онысы Жомартқа айтпаса да оның түрінен білініп қалды. Жүсіп мұның әлi ашықауыз екендiгiне, абақтыға келгеннен берi көп жағдайды бiлмейтiндiгiне, абақтының өмiрiне ден қоймағандығына жаңағыдай оқшау қарасымен-ақ білдіріп тастағандай етті.

Ол Жомартқа таңырқайтындай пішін білдіріп тұрып:                                  

– Жоға! Баласының кiсi өлтiруге қатысы жоқ. Тек, қорыққан ғой жаңағы болыстың туысқандары кек алу үшiн баламды майып етер ме екен деп. Сосын баласын да өзімен қоса абақтыға қамауды сұраған – дедi.

Осыны айтып болған соң, Жүсiп тағы да таңырқағандай боп:               

– Сен әуелi, әлi ештеңе бiлмейдi екенсiң ғой? – дедi. Осы жолы да оның даусы өктемірек шықты. Жүсіп өзінің басқаларға қарағанда көп білетіндігін бұлдап тұрған кісіше сөйлей бастаған. Сонысына өзі әжептеуір дандайсып, әлденені алдын – ала ойлағандай боп қалған сияқты. Қазір де солай, Жомарт «тағы да айта түссе екен» деп жалынатын болар деп күтуде еді.                                               

Содан соң, Жүсіп тағы да шыдамастан, өзінің білгірлігі ұстап:

– Әй, сен бiле – бiлсең, бар ғой, оның баласы жас болса да өзі пысық, әмбе көнбіс екен. Ол бала өзі көбiнесе түрме бастығының үйiнде жүретiн болу керек. Соның отын жағып, суын тасып дегендей. Ең ақыры құс – тауығына да сол қарайды екен. Түрменің де оны – пұнысын жасайды. Қысқасы осы жерді паналап жүрген көрінеді. Байғұс баланың әкесі Қыр Сібірге ме, әлгі қазақтар айтатын Итжеккеніне ме, Кәтіргісіне ме, айдалатын болыпты ғой. Бернейдің соты сөй депті. Ол бағы жанбаған сорлыға да аямастан он жылды баттитып тұрып бірақ бере сапты – деді. Ол сөзін сәл іркп, Жомартқа қарап қойды. Мұнан кейін Жомарттың өзін ұйып, үнсіз тыңдап отырғанына риза болды ғой деймін, тағы да біраз тұрып:

– Он жыл кәтіргі әрине өлім жазасынан жақсы, бірақ сол жақтан ол аман келер ме екен? Гәп сонда болып тұр ғой. Осыны соттағылар да түсінсе керек. Оны анық өлімге жұмсап тұрып, сондай адамның ол жақтан қайтпасын пайымдап отырғаны анық – деді. Жүсіп тағы да Жомартқа өзiнiң абақты жайынан құлағдар екендігін білдіре сөйлеген.

Оның аузынан шыққан жаңағы әңгімесі Жомарттың құлағына ұялап, еріксіз осы оқиғаға көңілін аударған. Естігені сұмдық екен. Он екіде бір гүлі ашылмаған Тұрар атты баланың абақтыда жүргені жанына қатты батты. Оған кәдімгідей жаны ашып, біраз томсарып тұрды да, Жүсiптiң құлағына сыбырлап:                         

– Бұл қаланың абақтысында отызға келген мен тұрмақ, он жасар бала да түрмеде қамауда екен ғой. Байғұс баланың хал – жағдайы тiптi мүшкiл болар. Оның жанында біз екеуміздікі түкке тұрмайтын, жай ғана нәрсе екен. Обал ғой, обал! – дедi.

Жомарт қамаудағы баланың мүшкіл қалын ойлап біраз ой жүгіртіп шыққан. Қараса қолдан келер түк жоқ сияқты. Мұнысын да ойлап, тағы күйзеліп қалған.

Жомарт бұрынғы кездері дәл осылайша біреуге жаны ашып, соған күйзеліп көрмепті. Сол туралы Жүсіпке жан ашырлық, мейірбандық сөз айтып, оның жанында өз халiнiң осындайлығына шүкiршiлiк еткендей болды.                                                                                      

Ендiгi оның арманы түрмеде жатқан Саймасай болысты атып өлтiрген Рысқұл атты батыр қазақтың – Тұрар деген тұтқын баласын бiр көру. Қолынан келсе сол балаға бірер ауыз жылы сөз айтып, жәрдем беру едi.                  

Жомарттың бойындағы ендiгi қалған ынтызарлық та осы болғандай. Басқадан оның көңілі қалған. Өзiнiң осы күйiн ойлай – ойлай өзгеден көмек, не жәрдем болады дегеннен осы күнi бiр жолата күдер үзгендей едi. Өйткенi осы кезге дейін оны саяси қылмысқа қатысты деп бiрде – бiр адаммен кездестiрмеген және кездестiрмейтiн де сияқты. Жомарт осыған қарап, бөлесi Сағадиға да оның қасында бiрге келген Омар болыстың баласы Нұрқұмарға да, тiптi солар маған тауып берер ме екен деген қазақ ұлығынан да күдерiн үзгендей еді. Өйткені Жүсіп қамаудағы Тұрар бала жайында текке айтқан жоқ. Әлі есі кірмеген бала абақтыдан орын алса, тепсе темір үзетін өзі сияқтыдан өкімет енді айрылмас.

Осылайша өз қайғысына ем таппағандай боп, Жомарт қала берген. Өйтетiнi, келіп – кетер адамы, артында қалған іздеушісі жоқ. Мұның қайда кетіп, қайда жүргенін ешкiм бiлмейді. Өзін іздейтін кім бар? Жалғыз ғана әйелi Қатипа болмаса. Ол да сорлап қалған жоқ па? Шиеттей екi баламен айдалада қалды ғой. «Осы күнi Қатипа балаларды алып Ұзынағаш жақтағы елiн сағалап кетiп те қалған шығар? Оларға да күн көрiс керек. Аман болса болды да, маған сол олжа» деп, Жомарттың ойы бөліне берді.     

Ол ендi өзi үшiн емес осы түрмеде жатқан жас бала үшiн де, оның әкесi үшiн де қайғыратын сияқты. Бiрақ, мұның қолында тұрған не бар? Бұл да абақтыда жатқан бiр мүсәпiр, соры қайнаған кісі емес пе? Ол көзiн тарс жұмып, қалың ойға шомып кеттi. Осы тағдырына, бұған да көнбеске шара бар ма? Өзi бәрiне көнiп, мойынұсынғанымен де оның қазiргi ойлап тұрғаны Тұрар атты жас баланың тағдыры «не болар екен?» деген үрей де бар еді.

Жомарт бойында осындай жаңа қасиет пайда болған тәрізді. Онысы абақты қапасының ішінде жүріп, өмір үшін жанталастың қиянында пайда болған адамгершілік қасиетке көп ұқсайтын сияқты. Өзі де соған бейімделіп, өмір шындығына ендей кіргендей боп сезінген. Оның өмірден түйгендері осылай жалғаса беретін сияқты. Солары ішіне сыймай бара жатқан соң бәрiн Жүсiпке тәптiштеп айтып берген.

Жүсiп оның айтқандарына қызыға қарап, мұны енді ұғып, енді таныған адамдай қайта – қайта басын изеп, шұлғи берген. Ол мына әңгiмеге ынтық болған жандай «Жомарт тағы не айтар екен?» дегендей боп, оның жүзінен көзін бір алмайды. Бұрынғы дандайсыған, көлгірсіген пейілден арылып, жақсы сөзді өзі шын қажетсінгендей сияқты болып көрінді. «Әңгімесін айта түссе екен» деп қайта – қайта бұған қарай берген.

Жүсіптің ендігі кейпiнен: «Адам баласы қызық қой, бiрде алай – бiрде былай» деп ойлағаны анық байқалады. Осының бәріне арқау болған түрмедегі Тұрар атты жас бала сияқты. Сол баланың адам аяйтын тағдыры Жомарттың ішінде бұғып жатқан жан сезімін тебірентіп жіберген сияқты етті. Бар болғаны сол ғана.

 (Жомарт осы бір қиын – қыстау кезде қайдан бiлсiн жаңағы Тұрар атты баланың ендi бiр он – он бес жылдан кейiн үлкен әкім болатындығын. Ол Кеңес өкiметiне қызмет істеп, ондағы үлкен басшыға айналатындығын. Өзінің онымен әлi талай кездесетiндiгiн. Бұл баланың болашақта Түркістан автономиясының үкімет басы, РСФСР Совнаркомы төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловқа айналатындығын ол осы кезде болжады ма екен? Жоқ Жомарт бұл кезде ол туралы қайдан білсін.)

Жомарт жаңағы әкесімен бірге түрмеге қамалды деген жазықсыз баланы ойлай – ойлай, талып барып, бір уақытта көзi iлiнiп кеткенін өзі де байқамай қалды. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Он үшінші тарау

 

 

 

 

 

 

Өзі күйі кетіп, берекесі қаша бастаған елдің ашынуы да тез сияқты. Осы күйдегі елге үсті – үстіне келіп түсіп жатқан патша үкіметінің әр түрлі жарлықтары мен пәрмендері де елдің ығырын шығара бастаған. Бұл кез де соның біріндей болып шықты.

Кейбір кездегі түкке тұрмайтын жоғары деңгейдегі жарлықтың қай – қайсы болмасын алдымен елдің есін шығаруға бағытталған сияқты. Бұлардың бәрі халық үшін түк жақсылығы жоқ, сылдыр – суман, елді алдаусыратқан пәрмендер легі еді.

Бұл, бұл ма, «қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, дәл осы кезде патша өкіметінің тағы бір ойланбай істеген абыройсыз ісі Жетісу халқының ашу – ызасын келтіріп, тіпті мұсылмандар арасында жағдайды ушықтырып жібергендей болды.

Наразылықтың басы патша өкіметі тарапынан арнайы жарлық шығып, онда мұсылмандардың барлық мешіттерінде император Николай ІІ патшаның портретін міндетті түрде ілу қажет деген нұсқауды іске асырудан басталған еді.

Жетісудың мұсылман қауымы үшін бұл шара барып тұрған бейбастықтай болып көрінді. Олар бірден бұл нұсқауға қарсы болды. Осыған байланысты Жетісуда мұсылман халықтардың арасында толқулар басталғалы жатты.

Патша өкіметінің ойланбай істеген мынадай олақ ісі мұсылман халықтары басым өлке болып саналатын Жетісудың адамдарына істелген кезекті сойқандықтың біріндей болып қабылданды. Алдымен ел арасына іріткі түсе бастады. Ендігісі мұсылман жағындағы кісі біткен үдере көтерілгелі тұрған кез еді.

Елді мазақ еткісі келгендей болып, билік біткеннің жандайшаптары әскере шапшаң қимылмен ең алдымен патша суретін Верный қаласының мешітіне әкеліп ілген. Ілінген портертте мұсылман халқы өз патшасын танымаса танысын дегендей қып, астына баттитып тұрып: Государь Всея Руси, Малая и Белая Руси, Великий князь Московский тағысын – тағылар деп, сүт пісірім уақыт ішінде оқылатын, ең соңында ғана барып, Император Россиский – Николай ІІ деп шұбырта жазылған жазулары бар жұқа тақтайдан істелген абажадай портретті Көк базар маңындағы мешіттің ішіне жайғастырды. Портретті ілгенде де жай ғана елеусіз жерге емес, ел мінәжат қылатын үлкен жәйдің қақ төрінде тұрған мінбардың тұсына апарып бірақ ілді.

Үстіне бары – жоғын киінген, онысы әсіресе: – нақышына келтіріп тігілген, өзіне жарасатын көк – ала мундир, сол иығынан асыра «Жеңімпаз Георгий» аталатын әулиенің лентасын эполет үстінен асынған патша ағзам түк болмағандай намаз оқуға келген Жетісу халқына зер салып ұзақ қарайды. Тіпті солай болып көрінері һақ.

Патша үп – үлкен басымен мешіттегілерге жалына қарайтындай елес береді. Ол алыстағы Жетісудың мұсылман қауымына осылайша көз салып: «Мені де ұмытпағайсыңдар, сендердің құдайларыңнан кейінгісі мына мен болсам да, маған деген парыздарың найсап болып тұр!» дейтіндей. Сөйтеді де, қарасы үлкен көздеріне үйірілетін, әншейінде биязы көрінетін көзқарасын бір тайдырмай, елді есінен тандыра, қадала қарайды.

Мешіт енді мешіт болудан қалды. Бұдан былай, ойында Алласы мен пайғамбары ғана бар халықтың енді көз алдында патшасының жансыз бейнесі де кетпейтін болды.

Намаз оқуға келгендер суреттегі патша ағзаммен көздері түйісіп қалғанда сасқанынан еріксіз төмен қарап, көзін тайдырып кетеді. Көбіне – көп, осындайда намаздары бұзылып, қаза болып жатқандар да жеткілікті.

Патша болса соның бәріне өзі кінәлі бола тұрып, өзінің дағдылы қылығынан бір таймайды. Әсіресе осындайда, намазы қаза болғандардан көзін бір алмайтыны бар. Сондайларға жазғыра қарайтын сияқты. Бірақ бір жетіскені әйтеуір патшаның суреттегі жансыз бейнесі онша да суық емес. Тек ондағы патшаның бет ажарындағы азғантай сұстылықты екі қасының сәл жиырылуы ғана болмаса, басқа пішіні білдіріп тұрған жоқ. Патшаның осындай пошымы мінәжат етуге келген халыққа да солай көріне бастаған. Олар да соны байқап, бір – бірінен сүйінші сұрағандай боп, патшамыздың түсі онша да, суық емес екенді көпке дейін айтып та жүрді. Бір қараған адамға да солай көрінетіні бар. Патшаның түрі нағыз мейірбандық пен маңғаздықты паш еткендей, көзқарасы сәл солғындау көрінсе де, бәрібір ар жағынан көмескілеу болса да жылылықтың нышаны білініп тұрған секілді. Жетісу мұсылмандарына солай көрінгені рас. Сөйткен патша екем, шіркін жарықтық-ай, мешітке кірген әрбір мұсылман біткенге осылайша қарап тұра бергісі бар.

Алғашында мешітке келген мұсылман біткен бір – біріне шошына қарасқан. Сасқандарынан тіпті кейбірі:

– Астапыралла! – деп барып, бастарын сәждеге төсеп, көтерместен, не істерлерін білмей қалған.

Патшаның түр мен түсін білмейтіндер алдымен бастарын сәждеден алмай жатып, күдік оймен:

– Бұнысы кім болды екен?  – десіп қалған. Ондайлар суретке көздерінің қиығын сап, ұрлана қарасып жатты.

Қайсыбірі шатастырып, алғашында бұл сурет пайғамбардікі ме деп те қалған. Бірақ артынша олай болмай шыққанын тез аңғарысқан. Өйткені, мына суреттегі кісінің үстіндегі киімдері – орыс киімдеріне көп келетін сияқты.

Ел басында бұған абдырап қалған. Бұл істің дұрысы мен бұрысын ажырата алмағандықтан, олар әзірге үндерін шығармаған. Тек аң – таң болысып, дал болған күйде қала берді.

Тіпті, мешіт ішіне адам суретін ілуге болмайтынын кейбірі білсе де, қайсыбірі естісе де бұл туралы кесіп айтар ешкім болмады. Бірақта, іштерінен болса да, бұл қылықтың өрескелдігіне, шүбә келтіргендер аз емес. Көп адамдар әзірше қай жағына шығарын білместен сөзді көбейтіп жіберген. Ондайлардың айтатыны «патша ағзам мешіт ішіне бекер қойылмады, оның да пайғамбарлықтан дәмесі бар шығар?» сияқты әңгімесі еді.

Алғашында мінәжатқа жиналған жұрт бұл жайды қалай көрерін білмеген. «Патшаныкі дұрыс емес» дейін десе, олай айтуға дәттері бармаған.  

Не істерлерін білмеген халық әбден састы. Ақыры бір – бірінен жөн сұрасқан. Ең соңында Бас имамға «бұл қалай?» десіп жүгінген.

Бас имам Кәрім тарамыс денесін жиырып, қушиған бет – аузын онан сайын қушита түсіп:

– Бұл бұйрық! Ондай күшті бұйрықты жандаралға бергізген патша ағзамның өзі – деп, көздері кекжиіп, ешкінің сақалындай болған бір уыс сақалын сипағаннан басқа жартымды дәнеме айтпады.

Бас имам бір уақытта сығырайған көздерін онан сайын сығырайта түсіп:

  • Әй, осы патша ағзамның өзі болмаса да, соған жақын жүрген, тіпті

өзінің көзі іспеттес кісілері ғой, мұны істеген. Онысын орындамасқа бізге лаж жоқ. Бастан айрылар жайымыз жоқ! – келте қайырған.

Сөйтіп, көпшілік тағы түсінбестен, оғаш қылықты жатсынса да, анығына жете алмаған күйі тарасқан. Бірақ бұл көпке бармады. Бара – бара елдің мұны жақатпағаны бірден байқалды. Патшаның ендігі мешіт ішіндегі бұл тұрысы мұсылман кісі біткенге нағыз сұмдықтың өзі болып көрінгені былай тұрсын, елдің ызасын қоздыра  бастаған. Енді ғана ел мұның дұрыс еместігіне ден қойып, барлық жерде осының өрескелдігі айтылып жатты. Есі шыққан жұрт жиналып, дүрліге бастаған.

Артынша-ақ, бүкіл ел бұған наразы болып, шуласып кетті. Енді ел шындап көтерілуге айналған.

Жер – жерде, жұрт жиналыса қалып: «Бұл патшаның істегені ме, жоқ әлде басқа бір оның жандайшаптарының істегені ме, бәрі – бір бұл дұрыс емес» деп айта бастады.

Тағы бір ақылға симайтын іс осылай істелді. Барлық Жетісу мұсылманы үшін бұл жан түршігерлік оқиға болып көрінді. Елдің діни нанымына қарсы келетін шикілік іс осылайша бас көтеріп, шыға келген.

Бұл дерт енді бара – бара бүкіл қазақ еліндегі мешіттің бәріне таралатыны белгілі болған соң, халықтың дегбірі онан сайын қашып кетті. Оларды алапестен безгендей етті.                                                  

Осындай сергелдең уақыттың ішінде мұсылмандардың көптеген кісілері ақиқат іздеп Барлыбекке келген еді. Соңғы күндері олардың ашу –ызасы тіптен кернеп кеткен.

Келгендердің мына түрі Барлыбекті де шошындырып тастады. Олардың жүздеріндегі осындай ашу мен ызаны Барлыбек бірден байқаған. Сондықтан алдымен оларды тыңдап алғысы келгені бар. Өйткені келген кісілердің ызалары бойына симай, сыртына теуіп, енді болмаса жарылардай болып тұрғаны білінеді. Олардың жүздеріндегі әншейінде болмайтын қатулықты да байқаған.

Соған қарап, Барлыбек бұл жүрістің сүлесоқ жүрістің бірі емес екендігін де болжап, шеттен шыққан бір нәрсені түйсінгендей болды. Ажарларына орнаған ызалы кескін, алған беттерінен қайтпастықтың белгісіндей болып көрінетіні тағы бар. Ел бұл сұмдықтан бір жолата күйіп, қорланудан жарыла жаздап тұрған сияқты екен.

Келген кісілердің қабақтары түйіліп, бет жүздері суық тартып, сөздерінен түңілгендік байқалғаннан кейін ендігі ол бұл істің құрдымға кеткелі тұрғандығын да анық аңғарды.

Ел кісілерін бар ықыласымен тыңдауға бар екендігін Барлыбекте көрсетіп:

– Апырай, ел іші аман – сау ма, түрлеріңізге қарасам өрт сөндіргендей, жайшылық болғай! – деп ізетпен қарсы алды.  

Қаймана қазақ үшін аса зор ұлықтың бірі болып көрінетін Барлыбектің мына сөзін ден қоя тыңдаған қазақтар, енді оны ұлыққа жорымай, тек қана өзінің нағыз жанашыры деген оймен келген шаруасын қамдай бастаған.

Алдымен сөзді ел ішінде беделі бар, үлкендері бастады. Әуелі сөйлеген Ұзынағаш жақтың белгілі кісісі Сағымбай еді.

Еңсегей бойлы, кесімі бітік, ірі денелі Сағымбай алыстан орағытпай-ақ, елге оғаш қылық болған, кесепатты жай туралы бастап кеткен.  

– Екі заманда көрмеген көрешігімізді көргендей болып тұрмыз! Мынадай сұмдыққа көнгенше ел ақтап, су кешіп, тентіреп кеткеніміз жөн еді. Егер ел керек десе, күбернәтір ме, онан да зорғысы ма, тіпті патша ағзамның өзі болсын бұл райынан тез қайтсын. Егер де қайтпаса, біз одан, ол бізден кеткені – деп барып, тоқтады. Содан кейін Барлыбектің мұқият тыңдағанына көзі жетіп:

– Сұмдық-ай десеңші, патшаның суретін мешітке қойғызғаны несі!? Оған басқа жер аз болғандай. Бұл шариғатымызға жат қылық, дұрыс пиғыл емес – деді.

Енді ғана Барлыбек айтылғандарды түсінгендей болды. Онда да шала түсінді. Бірақ, жиналған кісілердің сөзінен бәлекеттің басы патшаның суретін мешіттің ішіне қойғызғаннан басталғанын анық білді.   

Қалған ақиқатты айтқан мұсылманша сөздің білгірі саналатын кісі болды. Ол осыдан соң, сөзге ие болған мұнтаздай, аппақ боп киінген, қырма сақалын әдемілеп бастырған Садыр Қалдыбай қалпе еді. Қалдыбай қалпе мұсылмандық істің білгірі саналатыны күллі Жетісуға белгілі болған. Сонысын тілге тиек етіп, қалпе:

– Бұл қалай болғаны өзі? Һақ мұсылманда, о заман мен бұл заманда кісі суреті тұрмақ, басқа суреттер еш қашан, еш жерде салынбаған. Ол жын – сайтанның ісі, ібілістің белгісі емес пе? Бізге исламның рұқсат беретіні тек ою – өрнек пен арабша жазу ғана. Ал мынау болса нағыз өрескел әрекет. Тіпті патша тұрмақ, кім болсын, ол ең алдымен – адам. Ондай суретті мешіт ішіне жақындатуға болмайды. Ол мұсылман дінін ұстаған адамдарды қорлау болып табылады – деп айтып салды. Не де болса Қалдыбайдың сөзі түсінікті шықты. Әр қайсысының жетесіне жеткізгендей қылып айтты.

Әуелде осылар сөйлегеннен кейін қалған кісілер де өздерінің білгендерін айтты. Тіпті солардың арасындағы кейбіреуі шамырқанып, шамданып:

– Патша ағзам бұнысын тисын. Бейбастыққа жол бермейміз! – деп шықты.

Верный қаласының бас мешітіне патшаның портретін ілгенде онша – мұнша қарсы болмаса да, кейіннен мешітке келген кісілердің қаһарына ұшырай жаздаған кәрі имам Кәрім де дәл қазір қатты қиналыс үстінде сияқты. Өзі соңғы кездері не істеп, не қоярын білмей сасып жүр. Ауқымды сөз айтып, ақыл берейін десе, оған жетерлік өресі жоқ. Билік пен мұсылман баласының арасында болғалы тұрған бітіспес даудың қай тұсынан кірісіп кетерін білмей де тұрғаны жүріс – тұрысынан анық байқалып тұрған секілді.

Әзірге ел көзінен таса қалған ештеме жоқ, соның ішінде кәрі имамның да бұл істегі жүріс – тұрысы мен жай – жапсары көпшіліктің көзіне алдымен түскен. Бұл кезде сыналып та жатты. Имам соны білетін болар. Ел көп жиналатын жерді айнала қашқақтай бастаған. Кей кезде жиналғандардың қалың ортасына түсіп қалса, селдір тартқан сақалын секситіп, бет – аузын тыжыртып, сыздықтата сөйлейтінді шығарды. Ондайда оның айтатыны:

– Өкіметтің бет жоқ, жүз жоқ, «патша суретін мешіт ішіне іл» дегені әсте шариғатқа дұрыс тимей тұрған сияқты – деп, бұған түк қатысы жоқ адамның сөзін сөйлеп қалатыны бар. Сондайда отырғандардың ішіндегі бір естісі, жөн – жосықты көп білуші Қалдыбай қалпе:

– Ойпырмай, Қазірет сіздердікі қызық екен! Өзіңіз әлі күнгі бұл істің ақ – қарасына жетпей қалған адамның сөзін сөйлеп тұрғаныңызға болайық – деді.

Қалдыбай Қазіреттің екі ұшты жауабын жақтыртпай сөйледі. Алмағайып жағдайдан қалай сүрінбей өтуге болады деген пиғылды ұстанған Қазірет енді басқаша жағына көшуді жөн көрген. Енді сол ниетіне көшіп:  

– Әй, осы қиын жағдайға біз душар болдық қой деймін. Осыны қоя тұру керек еді. Әй,  қайдам патша ағзам да оңай емес. Бізге де жан керек, өйтпеске болмады. Үндемей-ақ, қоя салу деген жоқ қой бізде!  – дегенді айтып, өзін ақтай бастаған. Осылайша сөйлеген Кәрім имам, көпті көпекөрнеу жазғыра бастаған. Тіпті әрі – беріден соң бұл іске араласқанның керегі жоқтығын көпшілікке сездіріп, ықтыра сөйледі.  Имамның жөн сілтеуі осы болды. Бұдан артыққа ол бара алмады. Елді патшамен біраз қорқытып, сескендіріп, тиып тастағысы келсе де, қасында отырған жүздері суық, ашулы жандардан өзі де тайсалған болар. Ар жағында үндемей қалды.

Барлыбек отырғандарға қарап, бұл кісілердің жайдан – жай өзіне келмегенін сезді. Тек, олардың іздегеніне қайтарар жауабы бар ма? «Олардың ақиқат іздеп келген соңғы кісісі де мен болармын?» деп, ойланып қалған Барлыбектің түрі де осы кезде өзгеріп сала берген.

«Сонда сол іздеген кісісі өзі болса, мұның қолынан келер қайраны бар ма екен?» деп, ол тағы қынжыла түсті. Елге мұнысын қайтіп жеткізеді, не деп айтады. Азар болса тағы да губернаторға барады. Тағы да бет жыртысқан, жағымсыз әңгіме онымен де туа қалса, ол өзінің айтқанын тыңдар ма екен? Құлақ естіп, көз көрмеген бәлесінен айнып, жалпақ елдің айтқанына көндігеме? Әңгіме сонда болып тұр ғой. Осы сияқтанған ойдан Барлыбек күйзеліп қалған.

Барлыбектің көңіл – күйі де қазір қиын ойларға беріліп, бәсеңсіп, тоқырап қалғаны көрініп тұр. Осыдан соң ол өзін қаңырап, бос қалғандай сезінген.

Ендігі істің жайдан – жай бітпейтіні өзіне белгілі. Бұған өзінің кірісері анық. Бірақ та содан нәтиже шығара алады ма екен? Барлыбекті ойландырып тұрған осындай ойлардың тізбегі сияқты.

Халықтың басына түскен мына бір кесепатты жайды Барлыбек қинала тыңдап алған. Тағы да бір сынның өз басына түскелі тұрғанын сезіне бастаған. Ал сол сыннан қалай өтерін өзі де білмей тұрған еді.

Өздері қатты ашумен келген кісілер, Барлыбекке де өткір ой салғандай етті. Онысы бұл істегі соңғы шекті қойып, «жазатайым істелген бейбастық іске тиым салынсын!» дейді. «Әйтпесе, тұрысар жерін айтсын» деп зіл тастады.

Келген кісілер көптің атынан қатуланғандықтарын жасыра алмастан, осылай дегенде:

  • Айтқанымыз айтқан, былғатпаймыз қасиетті жерді – деді Қалдыбай

қалпе.

Патша тарапынан мұндай сұмдық бұйрық берілгендігіне олардың түсінбестігі былай тұрсын, түсінгілері де келмейді. Осылардың бәрінің де еңселері түсіп, беттері құдайдай сеніп жүрген патшасынан мүлде қайтып, жасып қалған сияқты. Олардың қазір де айтып тұрғаны:

– Патша мен оның жандаралдары мына бір сойқан істерін тоқтатпаса тура соғысуға бармыз! Аллаға мінәжат ететін орынды ешкімге былғатпайсыз. Мейлі ол патша болсын, жандарал мен басқа ұлығы болсын! – деп жетесіне жеткізе айтып, бет бақтырмай сөйлеп жатты.

Мұсылман қауымының айтқанын істеп, патшаның суретін мешіттерден алғызбаса болмайды. Мұсылман біткен патшалық өкімет орындарына қарсы шығып, қантөгістің басталатындығын Барлыбек сезіп тұр. Бірақ аяқ астынан бұл істі қалай тоқтатуға болатындығына келгенде ойы шын қиынға тіреліп, тұңғиыққа батқандай еді. Бұл өкімді тек қана патшаның өзі қайтарары анық. Барлыбектің соған көзі жетіп тұрса да, елді бір уақыт пәле – жаладан сақтандырғысы кеп, соған орай сөйлеуді жөн көрген амалмен:

– Бұл бір байқаусызда болған іс болуы да ықтимал. Не қылса да мұны мұсылман шариятын білмейтін кісі жасап отырса керек. Бірақ осы істің терең меңдеп, асқынып кетері тағы бар. Ең бастысы сабыр сақталық ағайын! Тіпті бұл жайында билік басындағыларға айтып көрелік. Ақырын анықтағанша шыдап бағайық. Бізге елдің амандығы керек – деп, елді сабырға шақырды.

Алай – былай дегеннің өзінде басталып кеткен патша суретін ілу үрдісін Жетісу облысының әскери губернаторы мен оның үстінен қарайтын Түркістан өлкесінің генерал – губернаторы ғана, не жоғарғы жақтан патшаның өзі, не болмаса үкімет сановниктерінің бірі ғана шеше алатындығын Барлыбек жақсы біледі. Қазір оның ойына не бір сұмдық ойлар келіп, соның артынша тез арада билік басындағыларға бұл қауіпті хабар тез жетіп, олар шара қолданбаса нағыз сұмдықтың өзі болғалы тұрғаны көз алдына елестеді. «Керек десең, екі арада қақтығыс болса болғаны, ертең-ақ мұздай боп қаруланған, жарақты әскер тыныш жатқан елге шабуыл жасап, қырып тастаса қайтерсің?  Ертең соғыс болып кетсе, ел босқа қырылады ғой. Ондай болса, қалайда елді тынышталдырып, баса тұру керек» дегеннен басқа ой Барлыбектің басына кірмеді.

Барлыбекке бұл туралы губернатордың не дейтіні әлі белгісіз еді. Сондықтан қазір өзіне келіп тұрған мұсылман кісілердің алдағы хабардың қалай болатындығын білместен, қызуқандылыққа салынып, арандап қалмауын ойлап, бұл кісілерге:

– Мен бұл сұмдықтың бәрін түсініп отырмын. Ертең осының бәрін губернатор – жандаралдың алдында айтуға барғалы тұрмын. Сіздер бұл мәселе бір жағына шыққанша еш қобалжымауларыңыз керек. Хабарын мен өзім айтамын – деп, оларды берік уәдемен шығарып салды.   

Осының артынан Барлыбек бұл істің қисынын қалай келтіретінін ойлап, ұзақ отырып қалған. Ол бұл жайдың қалай боларын білместен, қиналған үстіне – қинала түсті. Соны елеп, екшелегендей болып тағы біраз уақытты өткізді.

Барлыбек Жетісу жұртының басына тағы бір кесепаттың төнгендігіне қатты уайымдап, қайғырып қалған. Осы уақытқа шейін бұл аймақта болмаған сұмдық жағдайды қалай ушықтырмай тындырып тастаудың жолы да әзірге белгісіз болып тұр. Қасында оқыған, ең құрыса анда – санда империялық, мемлекеттік дәліздің бірінен көрініп қалатын қазақ зиялыларының бірде – біреуі жоқ. Жақын арада көрінбейтін де сияқты. «Шіркін, осындайда Мұхамеджан болса ғой!» деп, Барлыбек алыста жүрген Тынышбаевты есіне алып, аңсаған көңілін баса алмай әуреге түсіп отырған еді.

Барлыбектің шиыршық атқан ойы құрдымнан шығудың амалын тапқанша дамыл табатын емес. Ел болса мұның бәрін нағыз арандату мен басыну деп қабылдаса, Барлыбек те сөйтті.

«Арандату емей немене, патшаға жаққысы келетін «немелердің» бұндайлық сойқандары елдің арасына іріткі салып, бір дінді – бір дінге қарсы қойып, дін аралық соқтығыстың тұтанып кетуіне әкеліп соқтыруы оңай ғой. Кім біледі, бұл сұмдықтың қай тұстан шыққанын? Мұндай ел бұзар жарлықты кімнің ойлап тапқаны тағы белгісіз. Патраирх па, жоқ әлде Министрлер кеңесі ме, мүмкін патшаның өзі ме екен? Соңғы жылдары патша сарайынан өзіндік орын алған, Николай Екіншінің үй – ішінің кеңесшісі, «әулие қарт» аталып кеткен Григорий Распутиннен де осылайша кеңес беруі мүмкін бе?» деп, Барлыбек өзінен – өзі сұрағандай болды. Артынша оған өзі «мүмкін» деп, жауап қайырғандай болды.

 Әзірге Жетісудың мұсылман халықтары мен билік біткен арасындағы мешітке қойылған патша суретіне байланысты қозған қақтығысулар осылайша өтіп жатты. Былайша келгенде бас жарылып, балтыр сыздататын уақыт әлі таялмаған. Моп – момақан, тып – тыныш елдің алды бүтін, іші түтін болып жүре берген.

Бірақ бұл тып – тынық, жайдары мінез, жайсаң уақытта келетін дауылдың алдындағы тыныштыққа көп ұқсайтындау кез еді. 

Барлыбектің де алабұртқан көңілі беймаза тартып жүргені де аяқ астынан ушыққан тартыстың сондайлық дауылға айналып кетер ме екен деген сақтығынан пайда бола бастаған.   

«Әйтеуір айтылатын нәрсе айтылмай қалмас. Ел білгенді губернатор білмес дейсің бе? Бұл сұмдықтың өрескел екендігін сынап айтсақ, осыған қой дейтін де тек сол губернатор ғана болмақ. Олай болса бұл істің ақ – қарасын тек сол ғана айта алады. Бірден содан бастау керек» деп шешкен Барлыбек оған осы туралы жеткізуге бел байлады.

Бұдан басқа көптің күңіренгеніндей болған Барлыбектің көңіліне, басқадай ой келмеген. Солардың көкірегін қарс айыртып айтқан ниетіне басқадай шүбә келтірер, қарсы келер күш те жоқ сияқты боп көрінген.

Жаманат хабардың тарағанына көп мезгіл өтпей жатып, Барлыбек тағы да губернатордың өзін шұғыл түрде қабылдауын өтініп, хабар берген.

Жетісу облысының әскери губернаторы генерал Ионов бұл жолы Барлыбекті ресми түрде қабылдағандай болды. Мұны оның сырт ажарының білдіріп тұрғаны байқалып қалды.

Барлыбектің не жағдаймен келе жатқандығы оған да алдын – ала белгілі болса керек. Сондықтан губернатор бұл жолы кеңпейілдіктен тартынып, асқан жасанды мінезден де іркіліп қалған сияқты. Ол әзірге бойын осылайша суық ұстауды жөн көргендей.

Оның былай еткені, үлкен бір құқайдың пұшпағы оған да білініп қалған сияқты. Губернатордың да қолын байлаған сондай шарасыздық еді. Өйткені осыған дейін келіп түскен «патшаның портреті мешіттердің ішіне ілінсін» деген нұсқау орталықтан, Петроградтың өзінен келіп түскен. Бұған губернатордың ешқандай қатысы жоқ болатын. Тіпті бұл бұйрықты істетпей, алғызып тастауға да оның һұзыры да, һақысы да жоқ еді. Жолығуға келген Барлыбекті губернатордың онша жақтырмай ресми қабылдағаны содан да болды.  

Бірақ қаншалықты өзіне ыңғайсыз болса да ол Барлыбекті кезектен тыс қабылдап, ұзақ тыңдады.  

Барлыбек айтар сөзін анықтап тұрып айтқан соң, істің үлкен жаулыққа айналғалы отырғанын да ашып айтты.

– Жоғары мәртебелім, егер ақылға салып көрмесе бұл істің тіптен ушығып, мұсылмандар арасында толқуларға әкеліп соқтырғалы тұрғаны анық.

Мұсылмандардың қасиетті кітабы «Құран кәрім» бойынша және олардың діни көзқарастары мен сенімдері бойынша кісінің суретін салуға болмайды. Ал оны тіпті мешіттердің ішіне салуға да, ілуге де, тіптен болмайды. Бұл мұсылман біткенді қорлау болып табылады. Әрине жоғарғы жақтағылар нұсқауды жергілікті жерлерге жібергенде бұлай боларын алдын – ала ойлау керек еді. Өкінішке қарай олар бұл туралы ойламаған. Менің ойымша бұл нағыз ұлыдержавалық шовинизмге айналған қадам, соның өрескел көрінісіндей болып шыққанын көрдіңіз бе? – деді.

Барлыбектің бұлай сөйлегені губернаторға бірден ұнамаған сияқты. Өйткені оның сөзін үнсіз тыңдап отырған губернатор бір кез жуан иықтарын қиқаң еткізді де:

– Сіз осы маған ылғи жаман хабармен келесіз ғой деймін. Бұрын да сөйткеніңіз білініп тұр – деп губернатор қабағын түйіп.

– Былайша келгенде әзірге мұсылмандардың талағы тарс айрылардай болатынды мен мұнан көріп тұрғаным жоқ.

Несі бар, өкімет адамдары императордың портретін мешіттерге ілінсін деген де, мұны бір жақсы ниетпен жасағаны барлығымызға белгілі. Империя құзырындағы кісі біткен өз императорын танып, оның түр – түсін әбден біліп отырғаны жөн. Әмбе мешіт іші де салтанатты күйге түсіп, оған келетін «прихожандар» патшасын құдайындай көрсе.

Кім біледі, күндердің – күнінде патшамыз Жетісу жеріне сапар жасап келмесіне?

Кім біліпті, қазірдің өзінде ұлылықтың бір пұшпағына айнала бастаған патшамыз – Николай Екіншінің әулие аталмасына, ал оның халық үшін қасірет тартқандар қатарына кірмесіне? Ондай болса оның болашақ «әулиелік» жолы осы бастан-ақ, басталып кеткеніне біз куә болып отырмыз ғой. Оның үстіне қымбатты Бардыбек Сыртаныч православиелік барлық шіркеулерде патша ағзамның портреттері ілулі тұратыны бар ғой. Содан осы күнге дейін ешкімнің, ештемесі кеткен жоқ қой – деп айтып салды.

Губернатор әрбір сөзін нығарлап, қатты толғанып отырып, шегелеп айтып салды. Өзі әбден дағдарғандай болып, екіұштылау ой елегінде тұрса да, ойындағысын немкетті қып жеткізді. Онысы Барлыбекке: «Мешіт ішіне патша суреті ілінсе не қыл дейсіңдер? Соған бола шаптығасытындай не бар?» деп қалғандай естілді. Не де болса, губернатор ашығын айтты.

Оның бұл жауабына қайран болған Барлыбек, қатты толқып, қиналып кетті.

– Жоғары мәртебелім, бір айта кететінім православиелік шіркеу мен исламдық мешіттің арасы бұл тұста бірдей емес қой. Мәселе бұл діни сенімдердің о бастан біте қайнасқан принциптерінде болып тұр ғой. Осы принциптер әр түрлі болғандықтан да елді дүрліктіріп жатыр. Ал барлығымызға бірдей ел тыныштығы керек қой. Сондықтан осыларды ескеріп барып, бұл мәселені түбегейлі қайта қарамаса болмайды. Онда да халықтың пайдасына шешілуге тиіс – деді.

Бұл сөз губернаторды шамдандырып тастады. Ол бір түрлі шамырқанып, онан сайын жақатпай қалған.

– Сонда сіз маған осы не айтпақсыз?

Сыртанов мырза?! Барлығы сіздің халық айтқандай бола бермейді. Оны сіздердің түсінетін кездеріңіз болды –деп түсін одан арман шыта түсті. Артынша ол жуан бөксесімен Барлыбекке қырын қарағандай боп:

– Сыртанов мырза! Осы жерге алғаш келгенде мен өзіңіздің тарапыңыздан көптеген жақсы ниеттерді аңғаруға асыққанмын! Оным мүлде қате екен. Керісінше сіз бізге көптеген кедергілер туғызып жатырсыз. Солардың барлығын біз білеміз. Бір жағынан өзіңіз заңды билікке деген лояльдығыңызды да баяғыда құртып алғасыз. Соның бәрі сіздің бойыңыздағы отаншылдық қасиеттердің азайып бара жатқандығының белгісі емес пе?

Империя сіз сияқтыларды жинап алып жоғарғы білім беріп, оқытып шығарғанда нені көздеді дейсіз? Сіз сияқтыларды тек қана Империяға адал қызмет істесін деп оқытқан еді.

Ал сіздің істеп жүргеніңіз не екенін білесіз бе? Сіздікі қалың голытьбаның сандырақтарын теру ғана. Өзіңізді киргиздардың Робьесперіне айналдырғалы жүрген шығарсыз. Осындай қылықтарыңызбен біздің билікке мойынұсынбауды да аңғартып жатырсыз. Егер қажет болса мен оны да айтуға даярмын – деді.

Губернатордың мұнысын Барлыбек сабырмен қабылдап, асықпайтын әдетімен:

– Егерде мен заңға қарсы әрекет істесем бір сәрі. Онда мен сондай қылықтарымның бәріне жазалануға даярмын, тіпті жапа шегуге де бармын.

Ал бірақ, менің айтып жатқандарым көпшіліктің, яғни халықтың тілегі. Солардың үкімет органдарына айтып, жеткізе алмай жатқан арыз – армандары. Керек десеңіз өзіңіз айтқандай қалың голытьбаның әділетке сай талабы ғана. Сондықтан, осының бәрін халықтың керегі деп түсініңіз. Менің өз басыма, сіздерден ештененің қажеті жоқ деді.

Барлыбек те бұл жолы зілдене сөйледі.

Оның сөзі губернаторды онан сайын ашуландырып тастады. Әуелгіде, губернатор осындай ауыр сөздерімен оның мысын басып, таубасына келтірермін деп ойлаған. Сол ойының іске аспағанын көріп, ашудан жарылардай болып, қызарып кетті. Бірақ алған бетінен қайтқан жоқ.

Бұл жолы да губернатор қалайда есе қайырудың әдісін іздестірген. Сондай әдісті ол тапқан да сияқты.

Губернатор «қарымта қайтарар кез келді» деген сыңаймен, енді Барлыбекті мемлекетке қарсы шықтың деп үрейлендіріп алуды ойлаған. Сонда ғана райынан қайтар дегенге келген. Тіпті сол үшін жанына қатты батырып айтуды жөн көрген сияқты. Онысы Барлыбекке қатысты жиналған былықтардың бәріне дес бермекші. Соларды маздататын кез келді деп ойлаған. Губернаторда қалған жалғыз айла осы ғана. Сондай оймен ол енді мысқылдап:  

– Сыртанов мырза, халықтың арасында от жаға берсеңіз өзіңіз де оттан арыла алмай қаларсыз. Ондай болса мен де өзіңіз туралы айтайын. Олай болса, сіздің есіңізге Верный қаласының тұрғыны Ахметкәрім Зейнуллин деген типті сала кеткім келеді.

Сіз сондай қылмыскерлер  арқылы Қазаннан Верныйға тиым салынған дүниелер алғызған болатынсыз. Әрі – беріден кейін оныңызға дейін бізге мәлім болып қалған. Зейнуллин сізге баспа жұмысына арналған типографиялық әріптер мен баспахана жабдықтарын әкелген. Соларды пайдаланып сіз қалада жасырын типография ашқыңыз келеді. Өзіңіздің прокламацияларыңызды басқызып шығару арқылы Жетісу халқына теріс үгіт жүргізу ниетіңіз де бар. Ал, ондай үгіттің неге соқтыратынын білесіз бе? Білмесеңіз, мен айтайын. Оның аты түрме мен каторга.

Бұған қоса облыстағы басты басылым «Семиречинские ведомости» газетінде де сіздің ізіңіз байқалып қалған. Ең сорақысы сол, осы газеттің «Туземный отдел» аталынатын бөлімін кімнің ашқаны да бізге белгілі болған.

Ондай бөлімді ашқызуға ұйтқы болған мына сіз емес пе?

Сол бір «Туземный» беттерінде «С.Б. Алашинский», «Алатау баласы» деген айдармен жазылатын жазбаларыңызды да білеміз. Сондағы «Алашинский» мен «Алатау баласы» дегендер сізге ұқсайды. Тіптен сізден аумайды – деді губернатор, өзінің көлгірсіген, ашты мысқылмен айтылып жатқан ойын еш бүкпестен.

– Сіздің псевдоним, не болмаса құпия, бұқпа аттарыңыз осындайлық екенін де біз білеміз! Сіз Сыртанов, жандармдар мен полиция бекер жүр деп ойлайсыз. Ал олар өз қызметтерін қалтқысыз атқаруда – деді ол масайрағандай боп.   

Осыны айтып, губернатор «бұған қалай қарайсың?» дегендей қып, бұл жолы қабағын түйіп ап, Барлыбекке тесіле қарады. Оның қып – қызыл болған семіз бетжүзі онан сайын ісіне қызарып, көздері қанталағандай бола қалыпты. Губернатордың жоғарғы түймесі ағытылған кителінен әукесі быртиып, қызара бөртіп, шыға келіпті. Күжірейген мойынжелкесі кителінің түймесі ағытылып тұрғанына қарамастан божбандай боп, симайтындай.  

Барлыбек бұл кезде губернатор жаққа еріксіз пайда болған жиренішін жасыра алмастан қарап қалыпты. Біразға дейін үн қата алмастан отырып қалыпты. Ойы да алай – дүлей сияқты. Губернатордың айтқандары өзіне сұмдық болып көрінді. Басқан ізін аңдытып қойыпты. Оның айтып жатқаны Барлыбек үшін жақсылықтың нышаны емес, нағыз опасыз дүние. Губернатор сөзінің төркіні де өзіне біліне бастады. Бұл салғыластың арты араға үлкен жанжал тудырғалы тұрғанын да ол жақсы түсінгендей еді.

Бірақ Барлыбек алған бетінен қайтпайтындай болып бекінген тәрізді. Ол әлі де сыр берместен, губернатордың арғы ойын ұғынғысы келген. Губернатор не десе де, елге тыныштық керек. «Николай патшаның суреті ілінді деп олар отқа түспесе екен» деп отырған.

Осы тұста және бір ойдың ұшығы өзін өкінішке салып кеткендей еді. Онысы, мына губернатордың алғаш келгенінде басқаша сөйлегеніндігі болатын. Енді қараса бұл губернатормен де, ел шығыса алмайтындай болып көрінді. Соған да қазір өзінің көзі жетті. Алда тағы не күтіп тұр, ол жағы өзіне беймәлім болса да, Барлыбектің шыдамын құртып тұрған бүгінгі іс еді. Мұның да немен аяқталары әлі белгісіз.   

Губернатордың қазір Барлыбек ойлағандай елге жақсы көрінгісі келгені де, уақытша іс екенін білетін. Сол аракідік заманды өз пайдасына жаратып қалғысы келгендігі де рас. Губернаторда солай ойлағандай. Бірақ ондайға қазір губернатордың биік мансаптық билігі жібермейтіні білініп қалды. Ол бұрынғыдай емес, алғашқы кездескендерінен көп өзгерген және осы кез аса суық көрінеді. Өйткені оған да қол астындағы жұрттың тыныш жүргендігі абзал. Барлыбекке де осы керек. Бірақ ел оған көне ме? Патшаның суреті мешіттен алынғанша елдің даурығуы басылмас.

Барлыбек губернатордың осылай қарсы алатындығын о бастан-ақ сезген. Мешітке ілінетін патшаның портреті туралы сөз қозғау оған да оңай тимейтіндігін біледі. Ал бірақ, ел көтерілсе қайтеді? Онда не болмақ? Губернатор билігі бұған қалай қарайды? Жоғарғы жаққа губернатор бұл туралы не демек?

Аяқ астынан пайда бола бастаған дау мен дамай губернаторға да жақсы тимейтіндігі осыдан. Губернатордың таусыла сөйлегені де, сол күйдің кесірі сияқты. Ол қалайда елді тыныштандырып, патшаның суретін де алғызбауды көздеген болса керек. Бұл жолда ол бар мүмкіншілікті пайдаланып қалғысы келген. Соның бірі Барлыбекті мықтап тұрып айыптау еді. Тіпті: «елді басбұзарлыққа жетектеп жүрген өзің» дегісі кеп тұрғандай.

Барлыбек дәл қазір, губернатордың өзіне тағып отырған айыбының жобасын осылай жорыған. Оның да, шындыққа жақын екендігі рас еді. Істің бәрі Жетісу жерінде қазақ еліне керекті газет шығарудан басталып кеткен.

Барлыбек өзі жиыстырған біраз ақшаға типография қарпін алғызуды көптен көксеп жүрген. Онысы Верныйда газет ашып, қазақ еліне сол газет арқылы біраз дүниенің бетін ашқысы келген. Оған себеп болған, бұл жақтағы елдің ұйқылы – ояу кейпі еді. Әлі де болса, су қараңғылығы мен надандығы бойынан қайтпаған халқына пана іздеген. Осының бәрін түбегейлі ойлаған Барлыбек, өстіп Жетісу елін аздап болса да қараңғылық құшағынан суыртпақтай тартып алуды ойластырған.

Газет шығаруды қолға алып, сол ойын осылайша іске асырмақшы болып еді. Өйткені, былай қараса өзі сияқты қазақ азаматтарының арқасында, Жетісудан басқа қазақ елінің әр қалай жерлерінде қазақ халқына арналған үндеу үніндей болған басылымдардың шыға бастағаны рас. Соның ең үлкені «Қазақ» газетін, тағы басқа көптеген орысша газеттерді Әлихан Бөкейханов шығарса, «Айқап» атты үлкен жорналды Барлыбектің танысы, оқыған досы Мұхамеджан Сералин шығарып жатты.

Осындай жайлардың Барлыбекке қамшы боп тигені рас. Ең алдымен баспахана әріптерін Ахметкәрім Зейнуллин деген татар жігіті арқылы Қазан қаласынан сол үшін әкелгізген еді. Оған дейін де, Барлыбек қарап отырмастан облыстық газетке қосымша бір бөлім аштырып, өзі соған мақалалар жазуды жиеліте бастаған.

Міне, соның бәрін мына губернатор біліп қойыпты. Тіпті, әдеби псевдонимін де біліп отыр. Әрине, мұның бәрін істеп жүрген жандармерия мен полиция тыңшылығы арқасында болса керек.

Губернатордың өзіне көрсетіп отырған құқайы да осы болатын.      

Барлыбек ендігі сөзін бастамас бұрын губернаторға өзі басқарып отырған аймақта халық наразылығының туындауына ол қалай қарайтындығын біліп алғысы келген сыңайдан бастаған. Ол әзіргі айтар сөзінің сұлу – сыпайылығын жоғалтпастан:

– Жоғары мәртебелім, өзіңіз қалай ойлайсыз, ел ішіндегі жағдай осылай ушығып тұрғанда, Жетісу халқының билік біткенге қарсы шығуы сіздерге керек пе? – дегенді төтесінен қойып, бас салғандай қып, айтып салды. Оның мұнысы губернаторға өңменіне тиген оқтай болып тиді.

Бірақ губернатор бұл сұраққа жауап бермес бұрын, бұдан келер зиянды елеп – екшеп алғысы келген адамның тұрпатымен, біраз үндеместен отырып қалған. Ол бұл сұраққа жауап қатпастан бұрын, бұның неге апарып соғарын дәл біліп алғысы келіп тұрған.

Әрине, губернаторға салсаң, қол астындағы халықтың тыныштығы керек. Губернатордың ойлап тұрғаны да осы еді.

Бірақ сол тыныштықты бір-ақ жолмен табуға болады. Әзірге оны қинайтын да осы болып тұр. Ол үшін мешіттердегі патша портреттерін алып тастау керек. Бұл губернатор үшін шешуі қиын сұрақ болып көрінген.

Ионовтың қазір ойлап отырғаны да осы. Ол ішінен қинала: «Қай – қайдағы,  басурмандар үшін портреттерді алғызып тастасам, ертең мені де аямай орнымнан алып тастауы мүмкін. Сонда мен не істеуім керек?» деп ойы бұзылып, тарылып отырған.

Губернатор қиын жағдайға тап болған секілді. Жағдай былай жүрсе өгіз өледі, былай жүрсе арба сынадыға әкеп тірелгендей етті.

Губернатор қазір мұсылман халықтарының қарсылығын да болдырғысы келмейді, сондай-ақ патшаның портретінің мешітте тұруын да қалайды. Бірақ онысы бола қоймайтындай. Өйткені мына киргиз бекер келмеген сияқты. Солардың атынан келген парламентер болса керек. Мұның арты бунтқа айналуы мүмкін. Губернатор ұзақ ойланды.

Оның бұл қылығына қынжылғандай болған Барлыбек:

– Бәрібір де, көпшіліктің айтқанына көну керек. Өйтпеске болмайды. Ашынған халық дүрлігіп кетсе оны сабасына түсіру қиын. Оның жанында Государьдің портретін мешіттен алып тастау оңай жол. Түкке тұрмайтын қадам. Осылай қылған дұрыс болар – деді.

– Сіз солай ойлайсыз ба? Сіз үшін Ұлы Государьдің портреті түкке тұрмайтын болғаны ма? – деді губернатор түрі бұзылып.

Оның үні Барлыбекке шарасыздықтан бұрын сәл кекесін аралас болып шыққандай естілді. Осы кезде бет әлпетіндегі пайда бола қалған сәл мысқылды тыжырыну да бар еді.

Барлыбек енді ашық сайысқа шыққан кісідей, ойынын түкпірін жасырмай айтты.

– Иә, жоғары мәртебелім, дәл солай, мен осылай ойлаймын! Бұлай ойламасқа шара жоқ! Ел іші бүлінсе тіпті қиын болады. Амал жоқ патшаның портретін мешіттен алмаса, сонда көрерміз көресінді – деп, Барлыбек бұл жолы қысқа қайыра жауап берді.

Губернатор ширыққандай боп отырып қалды. Тек сәл үнсіздіктен кейін: «жарайды, тақымдап қоймадың ғой» дегендей пішінмен, селсоқ ғана:

– Мен бұл туралы Түркістан өлкесінің генерал – губернаторымен сөйлесейін. Жағдайды сол қалпынша айтып, жеткізгім келеді. Бірақ оның не дейтінін мен де білмеймін. Алдын – ала айта алмаймын.

Сіз мұсылман халықтарына осы туралы жеткізіңіз. Олар тыныштықты сақтасын. Бізге мемлекеттік тұрғыдан заңсыз болып саналатын қарсылықтың еш керегі жоқ. Солай деп айтыңыз. Олар өз тараптарынан осы үшін басымен жауап береді. Әрине, оның ішінде сіз де барсыз – деді.

Губернатор сөз арасына Барлыбекті де қыстырып, «бұдан сен де құр қалмассың» дегендей қып, қоқан – лоқы көрсете айтты. Онысын Барлыбекке алдын – ала әдейі естіртіп, ескерткендей болып шықты.

Губернатордың мұнысы: «ертең жазатайым бунт шықса, сен де бұған басыңмен жауап бересің» дегені еді.

Барлыбек оның мұнысын үн қатпастан, селсоқ қабылдады. Артынша:

– Иә, иә, жоғары мәртебелім! Дәл солай. Мен де сіз сияқты ойлаймын –деді. Бірақ өзі іштей: «Сен екеуміз басымызбен жауап берсек, жауап берелік. Ел аман болса болды. Ал біз елдің садағасы болуға жарасақ болғаны» деп күрсініп қойды.

Арада бес – алты күн өтті. Елдің бәрі осы кезде бір хабарды күтердей болып дайын тұрған. Көпшіліктің алдын кім кескен. Олардың алдарында не бар екенін және не күтіп тұрғандығын ешкім білмейді.

Барлыбек елді тынышталдыру үшін губернатордың айтқанын елге жеткізген. Істің артын күтуді сұраған. Бірақ елді ақылға жеңдіріп, сабырға шақыруға қанша асыққанымен Барлыбек үшін елдің бұдан былайғы не ойлап тұрғандығы бұлыңғырлау көрінеді. Әйтеуір, әзірше ел іші тыныштау болып тұрғандығы ғана көңілге медеу. Жетісудың мұсылмандары бұрын – соңды көрмеген сұмдықты бастарынан кешуде еді. Барлығы бірдей анталап, «бұл сойқанның соңы не болар екен» деп, бір нәрсені күтіп жүрген сияқты. Тек қана осы кезде бір жерден дүмпу шығып, «аттан!» десе болғаны оттың лап етіп жанғалы тұрғаны анық.

Осылайша тағы біраз күн өтті. Бірақ бұл күндер Барлыбекке еш маза әкелген жоқ. Оған салса осы бір сұрықсыз күндердің тезірек аяқталғанын қалар еді. Сондайлық беймаза күйге түсірген күндер баяу өтетін сияқты. Барлыбек ел іші тынышталса екенмен күн санап жүргендей  боп сезінеді.

Барлыбекке ел салмақ салғандай қылып жеткізсе, енді мұны арты қалай боладымен ол қайғырып жүрген еді. Ел өзім деп, өзіне қаратып мына бір сұмдықты тыюды сұраған. Елдің ішіне кім кірген. Оның ендігі жағдайы да өзі үшін беймәлім. «Қоя тұрайық дегенге көнетін ел болса» деп Барлыбек те бір тұйыққа тірелгендей болып қалған. Қарап тұрса, өзі де шама – шарқы жеткенін аянбай жасапты. Қалғанын бір құдайға тапсырған. Өзінің де тілегені ел амандығы. Күнделікті асыға күтетіні жоғарғы жақтан осы жайында түсе қалатын хабар болғалы тұр.

Ақыры сол көптен күткен күнге де жетті. Верныйдағы ұзынқұлақ сыбыс арқылы жұрт осы жайында губернаторға Петербургтен жедел хат келгенін де естіпті.

Бұл хабар тағы да  дүрліктіре бастады. Әр кім, әр қалай сөйлейді. Біреулер «жақсы хабар бар» десе, қайсы біреулер жоқты айтады. Сөз көп болғанмен, тиянақ жоқ.

Бәрібір нағыз, айқын хабар елді төңіректеп кеп, оған да жетті. Бірақ «жаздық, жалындық» деп жатқан патшасы да жоқ, онымен қоса әкім – қарасы да түк болмағандай шыға келген. Бар болғаны телеграф лентасына жазылған бір құлаш хат – хабар бар. Онда: «Мұсылман мешіттеріне Государьдің портретін қою туралы жарлық бұл халықтардың ар мен ождандығына сәйкес болмауына байланысты дереу тоқтатылсын!... Государь...., Николай Екінші» деп айтылған екен. Одан басқа дәнеме жоқ. Елге осы да жетеді десе керек. Шындығында елге де керегі осы еді.

Ел біраз шуылдасып барып басылған. Губернатор Ионовтың айтуымен одан жоғары тұрған Түркістан өлкесінің генерал – губернаторы орталық билікке осының бәрін қаз – қалпында жеткізген көрінеді. Өзі революция аталынатын құдырет күштен құтыла алмай отырған патша билеушілері халықтың көтерілуінен запыс болып қалғандықтан дереу осындай шара қолдануға мәжбүр болыпты.

Жетісу жерінде тұтанғалы тұрған тағы бір өрт сөнді. Болғалы тұрған қантөгістің алды кесілді. Ел аман, жұрт тыныш қалпында қалды.

Барлыбек те, сол сияқты басқа да Алаш азаматтары осыған қуанды. Бұл мұсылман халықтар үшін әйгілі үлкен жеңістің біріндей болған іске айналды.        

 

 

 

 

 

 

 

Он төртінші тарау

 

 

 

 

 

 

          «Әлихан ұсталыпты, қамауға алыныпты» деген суық хабар қазақ еліне тез тарап кетті. Бұл хабар қазақ зиялы қауымының төбесіне түскен жәй оғындай болды. Ел біткен дүрлігіп шыға келген, айтатындары тек қана Әлихан жайы. Құдайдан тілеп, сұрайтындары оның амандығы еді.

         Енді ғана топтасып, бастары біріге бастаған Алаш азаматтарына бұл өте қиын тиген жағдай болды. Көсем болуға лайық жанның көсем бола бастағанын аңдыған патшалық билік ақыры қойсын ба, Әлиханды әкеліп түрмеге жапты.

         Өкіметтің Әлиханға таққан айыбы «былтырғы жылғы толқуларға қатыстың, сол кезде болып жатқан саяси күрес жолына түстің. Қасыңа саяси көзқарастағы адамдарды жинадың. Мақсаттарың елдегі заңды билікті, мемлекеттік басқару түрін өзгерткілерің келеді. Монархияға қауіптісіңдер» деген сияқты толып жатқан жорама айып пен жасанды кінәрат сияқты. Олардың іздеп тауып, таққан айыптарының түрі осы болды.

         Самодержавиенің бұл жерде өзіндік бір есебі бар екендігі білініп қалған. Онысы осы кезде күш алып, үлкен елде Дума сайлауы тағы қайталана жүріп жатқан болатын. Думаға кім сайланады? Ол сайланған депутат кімнің сойылын соғады? түсініксіз бір күй елді меңдеп алған. Патшалық билік болса енді ғана сайланып бітіп, жаңа ғана жұмыс істей бастаған Мемлекеттік Думаны бірінен кейін бірін жауып, күшпен тарқатып жатты. Оларға бір жағынан Әлихан сияқты кіші халықтан шыққан мықты саясаткердің Мемлекеттік Дума ішінде болуы керек емес еді. Сондықтан Әлихандай беделді саясаткерлерді әр түрлі сылтаумен Думадан аластатқысы келгені де байқалып қалды.

         Осының ізінше қазақ жерінде тағы бір саяси тағылымы зор бас көтеру өтіп жатты. Бұған да себепші болған Әлихан еді.

          Әлиханның бастамасымен қазақ зиялыларының бас қосуы Семей қаласында өтіп жатқан. Әмбе бұл кездесу Дума сайлауымен тұспа – тұс келіп, аптығы басылмаған қазақтың зиялы қауымын біраз көтеріп салғаны тағы бар.

           Қазақ интеллигенциясы деген атқа ие бола бастаған ат төбеліндей ғана көзі ашық, көкірегі ояу жандар бұл күнде елінің болашағын ойлап зар құлағы жастыққа тимей жүрген. Олардың көбіне патша үкіметі жақсы қызмет, биік –биік орындар беріп алдаусыратқысы келсе де қоғамдық және саяси көзқарастары басқаша қалыптасқан бұл азаматтар барлығынан бас тартып ел жағына шыққан. Ал билік пен заңгерлік саладан қызмет алып қалғандары туған халқының ғана мүддесін қорғаумен болды. Әрине, бұл жағдай патшалық билік органдарында отырғандарға әсте жақпаған еді.

         Семейдегі жиын сайлаушылармен кездесу деген астармен өткендіктен қазақ зиялылары полиция мен жандармериядан онша сескенбеген. Жүз елу адам қатысқан жиында алаш азаматтары емін – еркін көсіле сөйлеп, патша үкіметінің отарлық саясатын әшкерелеумен болды. Бұл бір оңтайлы, сәті түскен жиын еді.

         Кездесуге келген қазақтарға Әлихан:

         – Ешкімге қарамай, біреулерге жалтақтамай, тәуелсіз болуға ұмтылсақ, алдымен халықтың көзін ашатын, сондай жолға салып, бастайтын серкесі болса керек. Ондай жолбасшы серке – ол саяси партия. Бірақ біздің қазақ халқының арасында ондай саяси партиялар әлі пайда бола қойған жоқ – деп ашық айтты.

         Орыстандыру саясатының ауыртпалығын көтерген басқа шет аймақтардың халықтарындай, қазақ халқы да үкіметке қарсы және орыстың оппозициялық партияларына көңіл қоя бастағаны осыған дейін белгілі болған. Бұл кезде қазақтар арасында да осы үрдіс бой көрсетіп, соның негізінде партия құруға жол ашылған. Әзірге осыған байланысты қалыптасып келе жатқан жағдай қазақ елінде екі саяси партияның құрылуы мүмкін екендігін көрсетті. Оның бірін ұлттық – діни бағыттағы деп атауға болар, ал оның мақсаты қазақтарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі қазаққа келешегі кең мағынадағы батыс мәдениетін енгізуге байланысты деп есептейтін бағыт. Бірінші бағыт мұсылман – татар партияларын үлгі тұту болса, екіншісі – оппозициядағы орыс партияларын атап айтқанда, халық бостандығы партиясын үлгі етпекпіз – дегенді де Әлихан осында айтып салған. Осыған байланысты ең басты міндет біреу еді. Ол қазіргі уақытта қазақ қоғамының алдында тұрған басты мақсатқа айналған іс, саяси партия құру болатын. Әлихан елге мұны да ұсынып, ашып айтты.

         Сөз соңында Әлихан жиналған жұртты «Народная свобода» партиясының бағдарламасымен таныстырды. Жиынға қатысып отырған көп жұрт Әлиханның мұнысын мақұлдап шықты. Тіпті, осындай партия ашу,  ол кадет партиясына ұқсас болуы туралы қаулы да қабылданды.

         Семей қаласында жиналған қазақтың ұлттық – демократиялық интеллигенциясының жетекшілері, біріншіден, патшалық Россияның халықты қорлайтын отарлау саясатының мәнін әшкереледі. Осындай кертартпа саясаттың қазақтарды этнос ретінде сақталып қалуына да қатер төндіргендігін айтып жатты.

          Қазақ халқының халық болып қалуын қамтамасыз ету үшін оның келешегіне қатер төндіріп отырған патша үкіметінің өлкені кеулеп бара жатқан жан – жақты экспансиясын тоқтатуды да интеллигенция өз алдына мақсат етіп қойды.

         Қазақ зиялылары заң шығарушы және басқарушы өкімет органдарының алдына кадеттер ұсынған үлгімен әртүрлі петициялар арқылы талап – тілектер қоя бастады. Бұл талап – тілектердің ішіне: демонстрациялар мен шерулер  ұйымдастыру, Мемлекеттік Думанының сайлануына белсенді түрде араласу, парламентке халық өкілдерін өткізу кірді. Ендігі күрес осылар үшін болатын болды.

         Осы Дума сайлауында Әлихан Семей облысынан болған сайлау барысында көп дауыс алып, мүдірмей өткен болатын. Осыған орай «Семипалатинский листок» газеті: «Қазақ халқын нәтижелі сайлау қорытындысымен құтықтай отырып, Әлихан Бөкейханов сияқты ұлт өкілінің Думаға сайлануы біз үшін үлкен қуаныш. Бұл оқиғаны біз Мемлекеттік Думаға ұлт мүддесін қорғай алатын адамның келуі деп білеміз. Бөкейхановтың Думада қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден – бір адам екендігіне халқы кәміл сенеді!»   деп жазды.

         Әрине, бұл жайдың билік біткенге жай оғындай боп тигені белгілі. Осыдан кейін-ақ, билік басындағыларда естен – ес, тұстан – тұс қалмады десе болады.

         Олар қарап отырмастан Әлихан сияқты мықты саясат ұстаған адамды Думаға жеткізбеу амалын қарастыра бастаған. Сондайлық арам пиғыл оларды құрдан – құр отырғыза алмады. Өйткені бұрынғы сайланған Думадағы Қаратаев, Тынышбаев, Бірімжанов сияқты қазақтардың өзі Дума жұмысына кіші халықтар атынан өзіндік, ұлттық саяси ой ағысын әкеле бастаған еді. «Оларға енді Бөкейхановтай білгір саясаткер қосылса Думаның жәйі не болады?» деген сұрақ биліктегілерді қатты ойлантса керек.

         Осыған байланысты 1906 жылдың маусымында патшаның жарлығымен Мемлекеттік Думаның жұмысы тоқтатылған. Ал депутаттары болса күшпен таратыла бастаған. Сол жылдың шілдесінде енді ғана сайланған Мемлекеттік Думаның күшпен таратылуына қарсы болған жүз сексен депутат «Выборг үндеуі» атты Самодержавиені айыптау актісіне қол қойған болатын. Оның «Выборг үндеуі» деп аталынғаны Думаның таратылуына қарсы болған депутаттардың Петербургке жақын орналасқан кішігірім Выборг қаласына осы бойынша жиналуы себеп болды. Бірақ, олардың онда жиналуының пайдасы тимеді. Мемлекеттік Дума қайтадан қалпына келмеді. Ал оған сайланған депутаттар құр бекер әуре мен сарсаңға түсіп, Дума мүшелігіне қолдары жетпестен ақыры үйді – үйіне тарасты.

         Патша үкіметінің қитұрқы саясаты осылайша іске асты. Халық алдауға түскенін кеш сезініп, санын соғып қалды.

         Көпшілік әзірше бір нәрсені күтуде еді. Онысы бола қоймағаннан кейін, олар ашық қарсылыққа көшкен. Сонымен бірге олар кезі келгенде мұндай билікке деген аяушылдық болмайтындығын барлық жерде білдіріп жатты.

         Қазақ жеріндегі билік те қарап жатпастан, Выборгтан қайтып келісімен Әлиханды ұстатып, Семей түрмесіне жапты.

          Әлиханның бар кінәсі, патша өкіметінің халықты алдампаздық жолға салғысы келген солақай саясатын әшкерелеуге қатысқаны еді. Бар болғаны сол ғана. Басқа да солшыл күштердегі депутаттармен бірге биліктің не үшін Думаны күштеп таратқанының мән – жайын халыққа түсіндіргісі келгендігін оның бетіне басып, айыпқа тартты. 

         Біраз уақыт өтісімен Әлиханды Семейдегі центральдан Павлодардың түрмесіне ауыстырып әкетті. Охранканың ондағысы онымен кездесуге келетін көптеген іздеушілеріне Әлиханды көрсеткісі келмегендігінен болды. Киргиздан шыққан, олардың ең негізгі көсемінің қамалуын елге білдірмес үшін охранканың қолымен әдейі жасалынатын қиындықтардың бір түрін осылайша іске асыру еді.

          Әлиханның Павлодар түрмесінде жатқанына бірталай уақыт өткен. Ол үшін бұл жердегі уақыт зая кетпеген. Осы жерден отарлық күшпен қалай күресу керектігін үйрететін әр түрлі кеңес қазақ даласына тарап жатты.

           Түрме өмірі Әлиханның саяси арнадағы жұмысын бір жола тоқтата алмады. Тек қана, оның қайғысына – қайғы, уайымына – уайым қосқаны болмаса.

          Түрмедегі өмірге біртіндеп Әлиханда үйрене бастаған. Біріне – бірі ұқсас, сүрең күндер, жалғасын тауып, өз қалпымен өтіп жатқан. Мұндағы өмір де өзгеше көрінеді. Түрменің алақандай аясындағы жағдай тіпті дүниенің төрт бұрышындағы жағдайдан бөтен, ерекше екен. Бір қарағанда бұл өмір айналадағы қайнап жатқан күнделікті ғұмырдарияға түк те қатысы жоқ сияқты. Осындай бір күйді Әлихан да басынан кешіп жүр еді. Мұндағы тұтқындар да тіпті басқалардан өзгеше, елден ерекше өмір сүретін секілді. Нешеме ықылым заман өтседе мұндағы өмір еш өзгерместен сол қалпы қала беретіндей көрінеді. Қазірде, сол өмір қалпындағы күйінде екен.

           Алғашқы кездерде Әлихан басқалардай емес, түрме өмірінің ауыртпалығын ойлап, түн баласында көз ілмей шығатын. Қазір тағдырға көніп, түрме өміріне де үйреніп алған еді. Тек қана, адам ғана бәріне көнетін, бәріне төзетін сияқты. Сондайда Әлиханның есіне: «Өлгеннен кейін, адам үш күн өтпей-ақ көрге де үйренеді» дейтұғын, халық арасында кең тараған нақыл сөз түсе беретін. Әлиханның да бұл бойынша өз өкініші бар. Сондай ойын айықтырғысы келген есеппен, өзін – өзі қайрағандай боп: « бұл жерге мен өлуге емес, елім үшін түскен жоқпын ба? Олай болса өлуді ойламай, өмірді ойлайын. Ойымды түзейін» деп, өзімен – өзі серттескендей де болады.

           Күндегідей бұларды бой жазуға бір сағаттық серуенге алып шыққан.  Түрмеде серуен жасауға арналған арнайы орын бар. Онысы түрменің ішіндегі үсті ашық, жан – жағы биік етіп қоршалған жәйдің іші. Оның қабырғасы биік, әмбе терезесі жоқ, бітеу. Тек қана төбесі ғана ашық. Оны да айқұш – ұйқыш темірмен торлап, шырмап тастаған. Тас төбеңде мылтықтарын кезеген түрме күзетшілері жүреді. Қамаудағы тұтқындарды серуенге осында әкеліп қамайды. Бұл жердің бар қызығы сол – онысы айналасы қырық – елу қадам жерді әрлі – берлі еркін қозғалып, жүре беруіңе рұқсат етіледі. Соған ғана еркіндік берілген. Тек бір – біріңмен сөйлеспесең болғаны. Тұтқын біткен осының ішінде арлы – берлі қозғалып, шыр көбелек айналып, жүріп алады.

          Әлихан қазір сол жерде тұрған. Ол басқалар сияқты шыр айналып, қапастың ішін кезіп жүрген жоқ. Қозғалмай бір орнында тұрды да қойды. Тек, темір тормен шырмалған төбеден көкке телміре қарап, тұрып – тұрып, «серуен бітті!» дегенде қайтқан. Басқалар сияқты, өзі онсыз да тар жерде, сыбырласып сөйлескен де жоқ. Түрмеге қамалған кісілердің әдеті бойынша ешкімнен жөн сұрасқан жоқ. Тысқа берілетін құпия жазу хат та жазбады. Түрме ішінде жасалынатын небір айырбасқа да кіріспеді.

          Неге екені белгісіз, осы жерге келгеннен бері Әлихан өзін шырмап алған ойлардан бір құтыла алмастай болып алған. Сондай ойлар өзін айнала қоршап, құдды бір тар қапастан шығармастай қып тастағандай еді.

           Сондай ойдың күйігіне ұшыраған Әлихан өзін Омбы генерал – губернаторы не үшін соңына түсіп, жазықсыз Павлодар түрмесіне қаматқанын түсінбей де қалған. Іші ашып, қайғыратыны Мемлекеттік Думаға ашық сайланғанымен оған өткізбей қойғандығы. Сәуірдің 27-де Мемлекеттік Дума өз жұмысын бастап кетті. Ал бұл болса әлі күнгі абақтыда жатыр. Өзінің Думаға сайланғаны қанша таза болса да, «охранка» сол ақиқатты мойындағысы келмейді.

           Охранканың осы түрмедегі уәкілі, саяси тұтқындармен жұмыс жасайтын арнайы бөлім бастығы Красильников қайта – қайта өзінен, не үшін Выборгке барғанын сұрай берген.

          Әлихан оған:

  • Мемлекеттік Думаға заңды сайланған оның мүшелерін заңсыз сол

органнан шығарып тастағанына қарсы екенімді білдіру үшін бардым – деді. Осы жауабына қаратып, тағы біраз сөздер айтты.

           –  Государьдің Думаны таратып жібергені заңсыздықтан бұрын нағыз қастандық, демократияға қарсы істелген зұлымдық деп есептеймін – деді, Әлихан охранка кісісіне шімірікпестен.

  • Неге?, Оның заңсыз екенін, тіпті өзіңіз айтқандай демократияңызға

қарсы   екендігін немен дәлелдейсіз – деді жандарм.

  • Оны дәлелдеудің еш қажеттігі жоқ. Сіздіңше Мемлекеттік Думаны

халық сайлады ма, жоқ әлде депутаттар тікелей патшаның жарлығымен тағайындалды ма? – деп, Әлихан өз жауабын қарсы сұраққа айналдырып жіберді.

           Бұл жолы жандарм біразға дейін үндей алмай отырып қалды. Өйткені ол Әлихан ойлағандай демократия деген түсініктен алыстау сияқты көрінеді. Әмбе осыған дейін Россия империясында өткізілген сайлаудың принциптерінен беймағлұм болды.

           Демократиялық жолмен: тең, құпия және тікелей сайлау принциптерімен екі рет өткен Дума сайлауының мәнісінен де мақрұм қалғаны білініп қалды.

           Жандармның сауатсыздығына таң қалған Әлихан бір жағынан оның мұнысына да ырза болған. Оның ойынша бұдан кейін сұрақ сұрау мен тергеуі құрғыр азаятындай көрінген.   

           Бірақ жандарм өйтпеді. Ол енді жаңағыдай топастығына ұялмастан қазақ зиялы қауымының толғағы жеткен мәселелеріне байланысты пайда болған сұрақтарын бірінен соң, бірін қоя бастаған.

           Красильников тергеуге әбден машықтанып алған, әккі қу екен. Сұрақтары да барған сайын титықтатып барады. Қазақ белсенділерінің басқан ізін аңдығандай боп, қыр соңынан қалмайды. Олардың не істеп, не қойғандығын білетіндіктен, оған Әлиханды тақымдай беру оңай тиіп отырған сияқты.

           Әлихан қанша бұлтақтатқанымен, онысынан түк шықпайтындай көрінген.  

           Красильников бәрін біліп отырған сияқты. Бұның жүзіне көзін бір тайдырмастан қадала қарап отырып, сұрақтарын  қарша боратты. Қазақ интеллигенциясының алдына қойған мәселелерінің бәрінен хабары бар екендігін өзінен жасырмай отырғаны анық. Өзі де Әлиханнан көп нәрсені білгісі келіп тұрғандай. Күнделікті әдетіндей бүгінде Әлиханды түн ортасына дейін жібермей сөйлесуді көздеген екен.

           «Біздің не істеп жүргенімізді қайдан біледі? Охранканың адамы біздің ішімізде жүр ме?» деген сұрақ Әлиханның ойынан шығар емес. «Тіпті оның өзі соңғы жиындарға қатысқандай болып отырғанын қарашы. Біздің айтқандарымыз бұған жетіп отырған ғой. Бәрін біліп отырғаны содан» деген ойдың өзі де, қазір Әлиханның ойын бұза түскен. «Олай болса қатысушылардың арасында олардың жансызы бар болғаны ғой?» деген суық ой жан – дүниесін шарпып өткендей еді. «Мейлі білсе, біле берсін. Қазақ азаматтарының күрес жолына түскенін патша билеушілерінің білгені абзал. Сонда ғана олар бізбен санасады. Біздің де белгілі күшке айналып бара жатқанымызға көздері қанықсын. Халқымыздың тегеурінін сезсе, отаршылдық сезімдерінен бірте – бірте айрыла бастайтын шығар?» деп тоқыраған ойын бір сәт жиғандай болды.

          Неге екені белгісіз, дәл қазір осындай ойдың жетегіне берілген Әлихан бір жағынан қуана түседі. Өйткені қазақ азаматтары, былайша айтқанда қазақтан шыққан зиялылар әжептеуір қоғамдық күшке айналып қалыпты.

          Әлихан мұны қазір білді. Оны Красильниковтың өзіне қойған сұрақтарының негізінен-ақ байқаған. Патшалық билік те бұндай қозғалыстан жаны үркетін сиқты. Сондағы оның айтатындары:

          – 1905 жылы Қарқаралыда қырғыздар, өздерін халықтық – либералдық интеллигенция өкілдері деп атайтындар не үшін жиналды? Олардың алдына қойған мақсаттары қандай? Ол жерде ұлттық партия құру туралы сөз болды ма? Қырғыздардан қазынаға адынған жерлерді оларға қайтарып беру туралы сөз болды ма? Қырғыздардың өзін – өзі басқару үшін земство құруды сұрауды ұсынған ұсыныстар болды ма? – деп сұраған. Соның бәрінің болғаны рас. Әлихан оны жасыра алмаған. Бәрін айтып салды.

          Красильников өзінің алдындағы кісінің жай адам еместігін сезген. Ол протоколға: «Бөкейханов бұл күндегі қырғыз революцияшыл күштерінің көсемдерінің біріне айналған тип» деп көрсеткен еді.  

          Әлихан түрмеге қамалса да райынан қайтпаған.

          Ол аз уақыттың ішінде саясат атты үлкен дарияның әр түрлі ағысы болатындығын да, бұл дарияда неше түрлі иірім болатындығын да түсінген. Байқамасаң болғаны солардың бірі үйіріп ала жөнелсе, екінші бірі құрдымға тартып алып кетуі мүмкін екендігін де ұғып қалған.

          Әсіресе не үшін түрмеге қамалғанын ойласа болды, ойына «арсыз биліктің» ұят істері орала береді. Соншалық жексұрын, сүйкімсіз істер болып көрінген.

          Әлихан ең алғаш рет билік біткеннің осындайлық әсіре қызыл сөзіне де, әлсіздігіне де қайран қалатын болып жүр. Әлі күнгі «түрмеге қамалғаным шын ба?». Жоқ әлде, «Сомодержавиенің өзі сияқтыларды райынан қайтару үшін жасап отырған қитұрқы әдісінің бірі ме?» деп те ойлайды. Сөйтсе болды, бойына аздап үміт ұшқыны кіргендей болады. Сол үміті өзін алға жетектейтін секілді.

          Әлиханның қазіргі арманы тезірек мына түрмеден шығып, өзі сайланған Дума жұмысына қатысу. Соған жетсе болғаны. Бірақ оған өзі жете алмай қор болып отыр. Бағанадан бергі тәтті қиял да бар болғаны сол үміттің болымсыз ұшқыны ғана сияқты. Мұның ар жағы белгісіз дүние. Әлихан үшін беймәлім жағдай болып тұр.

           Қанша ойланса да ол жағын біле алмады. Бұл жағы әзірше оған ұзаққа созылатын жұмбақтай қанша қол созса да жеткізбей алыстап кете беретіндей болар.

           Аласұрған ойлары да бұл кез ойына – ой қосқандай боп, онан сайын үдере көтеріліп, тағы да жер жаһанға ала жөнеледі.

           Шынымен-ақ осында қамалып отыра берсе онда басталып кеткен істің жайы қалай болатыны оны қатты қинайды. Әсіресе, Омбыда шығатын: «Омичъ», «Иртышъ», «Степной край» мен «Голосъ степи» газеттерінің жағдайы не болмақ? Бір жола жабылып қалатын шығар?

           Бұл Әлиханның басындағы бүгінгі күннің ең үлкен уайымы еді. Сондай уайымдар бір – біріне жамала беретін секілді. Ақыр соңында келіп, кез – келген адамды алып соғады екен. Қайғы мен сары уайымның сыры осында, адамды тірідей жеп қоятындығы еді.

          Түрме ішінде тыныш жатса да сондай уайым мен қайғы бірінен кейін, бірі кеп, Әлиханның ішіне кіреді, жүрегін ауыртады. «Жығылған үстіне – жұдырық дегендей өзі жоқ болып еді Семейдегі: «Семипалатинский листокъ», «Семипалатинские областные ведомости» газеттері жабылып қалыпты. «Оларға қаражат тауып беретін кім? Жалғыз Міржақып қана жанашыр болып жүр. Бір Міржақыптың қолынан келер ме екен соның бәрі? Қаражат табылса жақсы болды?» дегенді ойлаған сайын Әлиханның еңсесі түсе берді.

          Кеше ғана ел ішінен бір топ адам өзіне жолығуға келіпті. Түрме адамдарына оны – пұнысын жасап, солар өзіне жолын тауып жолықты. Оларды Шәкәрім қажы бастап келген екен. Ішінде Абайдың ұлы Турағұл ақын, Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітай ақын бар.

           Бұларды Әлихан бұрыннан таниды. Өзімен аралас – құралас боп жүрген, ағайындай болып кеткен азаматтар. Әсіресе, Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақтың алып ақыны Абайдың бұл дүниеден өткеннен кейін атағы қатты шыға бастаған. Оның талай поэма, өлеңдері мен жазбаларын Әлихан газеттерге басып шығартқан.

            Әлиханға ұнайтыны Шәкерімнің философиясы. Шәкәрім өзінің туысқан ағасы Хакім Абай сияқты философияға өте жетік адам.

            Әлиханның пайымдауынша оның философиясы өте өміршең, жетік, сондай-ақ Абайдікіне жете қабыл, сондайлықты ұқсас келеді. Оның «тек қана ұяттылық қана адам баласының бойындағы адамгершілік қасиеттерін сақтайды» деген тұжырымының өзі-ақ Шәкәрімнің философиясын тереңдете түседі. Оған Әлихан толық қосылады.

            Шәкәрімді философ, ойшыл ретінде танытатын «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» атты еңбектері осы күнгі қазақтың философиялық бағыттағы ең бір танымал туындылары екедігінде дау жоқ.

            Жаратушының өзі бір Шәкәрімнің басына барлық қасиетті жинап бере салған. Ол: ақын, тарихшы, ойшыл, аудармашы, сазгер. Ол жазған, бірақ кітап болып әлі басылып шықпаған «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінен үзінділерді Әлихан газет беттерінде бастыртып шығарған. Қазіргі уақыттағы қазақ арасынан шыққан Мұхамеджан Тынышбаевтан кейінгі мықты тарихшы осы Шәкәрім болып тұр. Оқымаса да, көкірегі ояу, көңілі тыңның бірі Мәшһүр – Жүсіп Көпеев деген тарихқа жақын қазақты Әлихан Кереку өңірінен кездестірген.

            Шәкәрім Абай сынды хакімді тану үшін Шәкәрімнің сөзіне жүгінген. Шәкәрім сонда:

  • Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай

деп атайды – сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді... Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадыры азырақ білінді. Алай болмағанда дәнішманд, хаким, философ кісі еді» – деп бағалаған.               

            «Арсыз адам болмайды. Ар – ұяттан айрылған адам, адамгершілік қасиеттен де айрылған адам. Яғни, ондай адам адамгершілік қасиеттен айрылса онда, ондай адам, адам болып саналмайды» дейді Шәкерім.

            «Қандайда болмасын адам – адамнан туған соң, ол мүлде арсыз болмайды. Адам өмір сүреді. Бірақ сол өмірді қалай сүрді, міне бәрі осыған байланысты. Адамның сүрген өмірі оның тағдырына тікелей байланысты. Адамның болмысы – бұл тұрақты субстанция.

            Болмыс үлкен – кіші болып бөлінбейді. Ол тәрбиеге де байланысты емес. Ол тек қана сырттай аз ғана өзгеріске ұшырайды. Болмыс тек қана арға байланысты өзгереді» деп айтады. Бұл жерде Шәкерім Абайға өте жақын келетіндігін Әлихан аңғара бастаған. Абайда осылайша: «Арсыз жерде – атақ жоқ» дейді. Сондай-ақ, Шәкәрім «Ақылдан ойға сыр тарап, Үміттің шамы жанған күн, Жар есіркеп бері қарап, Нұрына жүрек қанған күн. Ескі иманды отқа өртеп, Асыл иман алған күн» дейді, мұнысын Әлихан ойшылдың ақылға көп мән беріп, тіршілік біткеннің мәнін іздейтін болар, оның арасында өмір мен өлімнің де сырын ұғынғысы келетіндігінен шығар. Бір сөзбен айтқанда Аллаға жақындау арқылы болмыстың мәні мен сырын да білгісі келетін болар» деп жориды. 

          Шәкәрім осы күнгі қазақтың ар – ұжданына айналған мұсылмандық сенімді бұрмалайтын дүмше молдаларды да сынайды. Солардың «Бейісте сұлу жардың, хор қыздарының бар екенін айтып, елді көзсіз сенімге ұрындыратындығын айтып: «Мастықпен көңіл толмаса, көкейіме қонбаса, бейісің маған мұз бен қар, «қыз сүйіп, жеміс жеуді» тәпсірлеуге миларың тар. «Ол жақта дүние ісі жоқ» – дейді. Онысы бұл жерде ойлап жетпеген көңілге, ақыл серік болмаса «бейісің» көкейіңе қонбасты жеткізеді.        

          Міне, Әлихан білетін Шәкәрім осындай кісі. Оның қазақ қоғамына қоятын бес сұрағын Әлихан басып шығаруға үлгермей кетті. Өте қызық сұрақтар. Алдағы күндерде ғұмыр болса әлбетте Әлихан оларды басып шығарады.

          Әлиханның Шәкәріммен таныстығы сонау 1900 жылы басталған еді.   

           Әлихан Щербина экспедициясында жүргенде, Иван Филиппович Гусев деген экспедиция қызметкері Шыңғыс болыстығының халқы туралы жазып жүріп, Шәкәріммен кездесіпті. Сонда Гусевтің Әлиханға былай деген:   

          – Білесің бе, бүкіл халықтың айтатыны –Абай, білетіні – Абай. Ал енді мына Шәкәрім сияқты білгір адамды осындай халықтың ішінен тағы да таппайсың» деп айтқан.

          Гусев сөзінен кейін Әлихан сондай кісімен танысуға құштар болған.

          Ақыры сөйтіп жүріп танысқан.

          Шәкәрімнің кейде қазағы үшін адам ойы бармайтын қылыққа баратынын Әлихан екінші Дума сайлауында көрген. Семейден сайланатын бес адамның ішінен Думаға өзі өтіп тұрса да «менен көрі елге пайдасы бар» деп, Семей облысы Сейтен болыстығының болысы Нүрекенов Темірғалиді сайлатып жібергендігінен байқкаған. Басқа адамның қолынан осындайлық мәрттік келеді ме?

          Ел шу ете қалып: «Бұл дүниеде Абайдан кейінгі ақылды адам өзіңіз болып тұрғанда, мұныңыз не?» – деген.

          Сондағы Шәкерімнің елге айтқаны: «маған қарағанда болыстың пайдасы елге көп болар» деген. Осылай ойлап, солай шешкен еді. Кейін Әлихан осы жайында оның өзінен жеке сұрап:

          – Шәке! Думаға баруға неге ғана көңіліңіз соқпады. Бәрібір де Темірғалидың көргені мен білгені сізге жетпейтінін ел біледі. Соған қарамай былай істегеніңізге жол болсын. Мұныңызды ел қалай түсінер екен?» деп інілік наз білдірген болатын.

          Сонда Шәкерім қажы:

          – Әй, Әлихан қарағым-ай! Менің қазіргі күйімді – күй дейсің бе?

           Жас болса елуді алқымдап қалды. Жиырма мен қырықтың арасында мен шапқылап жүріп, билікке жақын болдым!

           Қайсы шыққан мүйізім! Босқадан – босқа, қор болды уақытым, зая кетті талай ғұмырым.

           Мен соны біліп, саған аштым сырымды. Көкірегім әлі сайрап тұрса да, мен өзімді жастау кезімдегідей сезінбеймін.

           «Өмір атты» өлеңде жүр соның бәрі – деп, ол осы бір өлең жолдарын айтып кеткен.

Біреу маған от жақ деп қылды бұйрық.

Жағайын деп ұмтылдым, көңіл жүйрік.

                                 От жаққалы жатқаным бір үлкен үй,

                                 Отын жиып қойыпты талай күндік.

                                 Шақпақ жағып жібердім, – қуға түсті,

                                 Тұтандырып алуым болды күшті.

                                 Қызыл өңеш болғанда азар жанып.

                                 Соған шейін асығып ішім пысты.

                                 Отқа әкеп отынды салып еді,

                                 Жалын шығып лапылдап жанып еді,

  Жалын кетіп, аздан соң шоқ болды құр.

                                 Отын бітті үрсем де жана алмай тұр.

 Жалынды оттай жайнаған қайран өмір,

    Шоқ сөнген соң қап – қара болды көмір.

                                 Үш-ақ түрлі өмір бар, – бәрі де мас,

                                 Бір рәуішті болады шал менен жас.

                                 Ең керекті дегенің ортаншы өмір,

                                 Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.

                                 Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,

                                 Өкініші қалмайды кетсе ағатың.

                                 Күні – түні дей көрме, ғылым ізде,

                                 Қалсын десең артыңа адам атың.

                                 Өмірдің басы бала, ортасы адам,

 Қартайып шал болған соң кетті шамаң.

                                 Мақтап жүрген өмірің осы болса,

                                 Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.

          Бұл Шәкәрімнің опасыз дүние, қу тіршіліктен шаршағандығының белгісіндей боп айтылған сөздері еді.

          Кеше ғана сол кісі келіп кетті қасына өзінің ақын інілерін ертіп алыпты. Шәкәрім өзіне аса бір мейірі түсе қарап:

          – Ештене етпейді Әлихан қарағым! Бұл абақтының дәмін баяғыда Абай ағаң да татқан. Ел үшін туған ерлер ғана мұндай сыннан өтеді. Көпке бармас жіберер. Жібермесе бұл жерден құтылудың жолын біз де қарап жатпай қарастырармыз – деді. Шәкәрім сөзді арыдан бастап:

          – Алла адамды жаратты. Сонда ол алдына қандай мақсат қойған? Сол жаратқан пендесі халқына сүйеу болсын, керегіне жарасын деп жаратты. Олай болса қамаудағы күндерің бекер өтпес деймін. Елің үшін қасірет тартып, халқың үшін күйіп тұрсың! – деп жұбату айтты.  

          Шәкәрімдер осыны айтып: «Амандық болса тағы айналып келерміз» деп кетті.

          Олар кетісімен азынаған суық абақтының ішінде отырған Әлиханның бойы бір жылынбай қойды. Ол ескілеу, келте тонды иығына қаншама қаусыра жауып, бүркенсе де, бойы бәрібір бір жылымады. Жылитын да емес. Суық сорған тәні енді қайтып жылынбайтындай, міз бақпады. Әсіресе, арқасы құрғырға нақ бір кесек – кесек мұз таңып қойғандай сіресіп тұр. Өмірі бір жылынбай-ақ кететіндей көрінді.

          Суық жерде, осындай мехнат көріп жүрсе де Әлихан осы күйіне өзінше шүкіршілік етеді. Әйтеуір әзірше аман, дені – қарны сау. Көңіліне медеу тұтатыны да сол. Әйтпесе, жер – жерде, далалық соттардың үкімімен атылып жатқандар, көше бойында, баррикада тасаларында жүріп ажал құшқандар қаншама. Қазір де былай алып шығып, сотсыз, үкімсіз атып тастаса да олардың мұнысына қой дейтіндей адам жоқ. Әлихан осыны да ойлап, өзінің тірі жүргеніне шүкіршілік жасайды. Басынан неше түрлі ой кетпей қоятыны, мүмкін содан шығар?

          Әлихан көңіліне бұл кез тағы бір жақсы ой келгендей болып тұр.

          Онысы анадағы Шәкәрімнің айтқандарынан шыққан. Сонда Шәкәрім қажы: «Халқың үшін қамалдың. Елің үшін қасірет тартып жатырсың. Қамаудағы күндерің бекер емес. Абай ағаң да мұны басынан кешірген» деген жоқ па. Сол сөздер мұның көңіліне демеу болып қала берген. Енді не де болса ақырын күтеді.

          Әлихан өзінен үлкен кісінің, әсіресе бүкіл елге әйгілі ақынның айтқан ақылына қатты ырза болған еді. Бір жағынан Шәкәрім сөзінің түйінін ой елегінен өткізгендей болады.

          Осы күндер ойынан оның айтқан сөздері бір шықпай қойды. «Босатып жіберер. Жібермесе бұл жерден құтылудың жолын біз қарастырармыз» деген жоқ па еді? Олай болса қажының ойында не бар екенін кім біледі?» деп, Әлиханха осы жайлы қатты күдік келіп, ойланып тұрған.

           Ойлаған сайын, ойы құрғыр бұзыла түсетіндей, соның түбіне жетпестей боп көрінді. Өкімет өзін оңайлықпен бұл жерден шығармайтынын іші сезеді. «Олай болса қажының айтқандары қалай болады екен? Ол нені меңзеді? Мүмкін көп ақша жинап әкеп түрме басшыларын сатып алмақшы ма? Әй, қайдам ондайға бұлар қазіргідей қыспақ заманда бара қоймас? Өйткені қазір саяси тұтқындардың қайда, қалай жүргенін аңдып, бақылайтын органдар көбейе түсті ғой. Олар мұндайға жіберте қоймас» деген тұжырымы көкейіне қонарлық сияқты болып көрінді.

          Ендігісі ойында қажы ағасының айтқандарынан пайда болған тағы бір алабөтен ой сияқты. Сол қалды көкейінде жұмбақтың шешуіндей боп, айтылмаған. Ол ойды өзі қазір меңзеп отыр. Онысы – қалайда осы түрмеден қашып құтылу шығар? Қажы жарықтық соны да меңзеген шығар? Әрине, мына бір аш құрсақ, біреуге қараған күніңді санап жатқан, суық мекеннен құтылғаны жанына жайлы болар еді. Бірақ қайда барады, қайтіп барады? Соңына қуғын түсіп, елді дүрліктірсе қайтеді? Оның үстіне қарулы отрядтар тыныш жатқан елді астан – кестенін шығаруы да мүмкін? Мен үшін бүкіл халықты дүрліктіріп, тарықтырғаны не керек.

           Қазақтың онсыз да көрген көрешігі бұл дүниеде аз ба еді. Мен соны жеңілдеткеннің орнына оларды қарақан басымның күйкі тірлігі үшін күйдіруім керек пе? Жоқ ол болмайды!» деген байлауға белін бекем буғандай болды. 

          Осы кезде темір құрсанған түрме есігінің, жеке ашылатын, топсалы кішкене көзі салдырлап, артынша сықырлап ашылды. Ар жақтан жалпақ мұртты, қоңқақ мұрынды, қызыл – шақа, бұжыр бет надзирательдің жүзі көрінді. Оның аларған көздері бір уақыт ежірейе қадала қалды да, артынша:

          – Қамалушы Букейханов! – деді. Надзиратель өзін көріп тұрса да, күндегі әдетімен өзін іздегендей болып тұр.

          Әлихан есік жаққа қарай қозғала беріп:

          – Иә, менмін! Осындамын! – деп дауыс қатты.

          Әлихан тез арада ойын жиып алды. Өзін надзиратель бей уақытта іздеп келсе, онда жайша болмағаны.

          Бұл кездесуге  шақырғанда ғана істелетін қаракет. Олай болса өзін іздеп, жолығуға біреу келген.  

          Осы бір кезде Әлиханның қазіргі құдайдан тілеп отырғаны Міржақыптың келуі еді. Міржақып арқылы қам жасамаса қаражатсыз тұралап тұрған газеттер мүлдем жабылып қалады. Газеттердің бұл жайын ойласа Әлиханнан көңіл кетеді. Ойын ауыр ой басады.

          Жабылып жатқан газеттердің жайын ойлағанда сасқанынан әуелі қаражат туралы Шәкәрім қажының да есіне салған. Міржақыптың Семейдің біраз саудегері мен байларынан жылу іздеп жатқаны тағы бар. Оған Әлихан: «Жетісуға да хабар беріңдер, ең алдымен Барлыбекке, қазір сол жақта жүрген Тынышбаев Мұхамеджанға да газеттердің қиын жағдайын айтыңдар. Сол Жетісу жақтың бір жақсы байлары бар еді. Ұмытпасам Маманов дегендер болса керек. Солар үнемі қысылғанда қаражаттан жақсы көмек көрсетіп отыратын еді. Соларға да осы жайында хабар салыңдар» деп айтқан. Енді сол істің мән – жайын білдіретін адамды Әлихан асыға күтуде еді. Ол туралы хабар әкелетін Міржақып қана. Ол болса бұған дейін келе алмай кешігіп жатқан болатын.

          Әлиханның қазіргі күткені де осы Міржақып болатын. Ойындағысы газеттердің мүлде жабылып қалмауы еді. Қазіргі надзирательдің даусы ғана көңіліне аздап қуаныш кіргізгендей етті. Өзіне келген адам Міржақып шығар?

          Надзиратель салдырлатып есікті ашты. Келген бір емес, екеу екен. Надзирательдің бірі Әлиханның алдынан, бірі артынан жүріп, кездесу өтетін жайға айдап әкелді.        

          Сол уақытта ғана кездесуге келген кісіні Әлихан көрді. Бұл келгендер ол күткен Міржақып болмай шықты.

          Келгендер Шәкәрім қажы мен оның қасына ерген ақын інілері екен. Сол осының алдында келіп кеткен жұбымен тағы айналып келіпті. Оларды бұған, бұны оларға жақындатпай араларын бөліп тұрған темір тор бар. Тіпті оның арасынан қол ұсынуға да келмейді. Әдейі солай жасалған. Ішке рұқсат етілмейтін заттарды алып өтпесін деген қаракет болар.

          Шәкәрім қажымен, басқаларымен бас изесіп, амандасып болысымен:

          – Қажы аға, ел – жұртыңыз, ауыл – аймақ аман ба!? Мал – жан, бала – шаға, дені – қарныңыз сау ма!? – деп, сәлемін бастаған Әлиханға келгендер жамырай амандасып жатты. Шәкәрім ұзын да салалы, мойылдай қара қаба сақалын сипап қойып:

           – Иншалла, тегіс аман – саумыз қарағым! Бізді қойшы Әлиханжан, тастай суық, тар қапаста отырған өзіңді айтсаңшы, өзің қалайсың батырым? – деді. Осылай дегенде оның үлкен, жанарлы, қап – қара көздері сәл сулана қалғандай болды да, артынша көзінің қиығына бір тамшы жас үйірілгендей көрінді. Сонысын байқатпайын деп, қажы қолының сыртымен көз тұсын бір – екі сүйкеп қойды. Бірақ оның мұнысын өзгеден бұрын кісі жанын сезгіш Әлиханға білініп қалды. Сыр бермесе де ол ішінен: «Қайран асыл аға! Көңілің әр қашанда сергек қой» деп, өзі де сәл босаңсығандай болды. Бірақ басына түскен тағдырына көніп, келген кісілерге сыр берместей түр көрсеткен жәйі бар.

           Сөзді тағы да Шәкәрім қажы бастап:

           – Біраз азық әкелдік, тексеріп жатқан болар. Тиесісін аларсың қарағым. Түнеу күнгі әңгімені пысықтадық. Бұл жақтағылар соның жолын тапқан секілді. Тек қана, өзің дайын болсаң болғаны, іс шешіледі – деп, надзиратель ортадан өтіп кетісімен, сөй деп сыбырлаған еді.

           Мұның жайын Әлихан тез ойлағандай боп, кешіктірмей айтты. Оның жауабы әлдеқашан дайын тұрған. Тіпті Шәкәрімдер кеткен кезде-ақ Әлихан осындай ұйғарысқа келген. Бұл арада Әлиханға басқаша ойлауға болмайтын сияқты.

           Сондықтан Әлихан тапжылмастан:

           – Қажы аға! Сіздерге айтар алғысым өлшеусіз көп, орасан зор! Бірақ мен қашудан бас тартып отырмын. Неге десеңіз қарақан басымды абақтыдан алып шыққаныммен, арттағы қалың елдің тағдыры не болады деген сұрақ мені онан сайын қайғыртады. Мен қашып шығысымен патша жендеттері қарулы әскерді төгіп, қырдағы елге ойран салып, мені іздейді ғой.

           Тағы да сормаңдай қазақтың сорын қайнатады. Менің осында отырғаным солардың басына түскен бейнетті жеңілдету үшін емес пе!? Ал мен үшін халықтың онан сайын бейнет тартып, мехнат көруі тұрпайы қылық.  

            Сіздерге көңілдеріңіз үшін, көрсетіп жатқан көмектеріңіз үшін мың да бір рахмет. Мен осында қала тұрайын. Алдымен халқымның амандығы керек маған. Сол халық үшін түстім осы жолға – деп, Әлихан күрсіне сөйледі.

            Ол өстіп қайғыра, қамыға сөйледі. Бірақ ажарындағы қайсарлықтың белгісін бірде – бір жоғалтпастан айтты.

           Әлиханның көңіл – күйін алдымен таныған Шәкәрім еді.

           Қажы сомдалып жасалған, балуан денелі Әлиханның көп сырды аңғартатын, тұңғиық қара көздерінен талай нәрсені аңғарғандай болды.

           Қажы оның қайтпас қара нардай, өр мінезін де ұққандай болды. Ендігі бұл жайында айтылар сөздің артық екендігін де сезіп, әңгімені дереу басқа арнаға бұрып жіберді.

           Елі үшін езіліп, халқы үшін Павлодар түрмесіне қамалған Әлиханның әлі күрестен шаршамаған, қиыншылыққа төзімді қылық танытып отырғанын қажы да байқаса керек.

            Әлиханның бір бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын мінезіне тәнті болып қалған Шәкәрім қажы, іштей ырза боп: «Осындай ұл туғызған қазақ та оңай халық емес екен» деп тұрған еді.

            Ол енді Әлиханға түрмеден қашу туралы айтудың бекер екендігін түсінген секілді.        

 

 

 

 

 

 

 

Он бесінші тарау

 

 

 

 

 

 

Бақытжанның елге келгеніне біраз болған. Қазір Петербург жақтан Ғұбайдолланың шақыртуын күтіп жатқан болатын.

Соңғы Дума мәжілісінен кейін патшаның Думаны тарату туралы жарлығы шыққан. Думадағы айтыс – тартыстан соң Дума жұмысын бір жолата тоқтатқан болатын. Депутаттар тарай бастаған. Мұсылман фракциясының мүшелері де алыстағы елдеріне жол тартуға асыққан. Солардың қатарында Бақытжан мен Мұхамеджан да бар еді. Дума күндері тамам болған соң оларда асығыс елдеріне қайтқан.

Бақытжан болса ата – бабасынан мұра боп қалған Ақбай деген жерде тұратын. Осы жерде қарағайдан қидыртып, орыс байлары сияқты салдыртқан бірнеше ағаш үйлері бар. Қасында ағып жатқан кішірек өзені де бар, малға жайлы, жанға дауа жер.

Үйдің қасында ағып жатқан тоғанды бөгеп, құсқа лайықтап көлшік жасатқан. Сол жерде қаз – үйрек ұстатады.

Бұл жер мал ұстауға өте ыңғайлы болса да, адвокат Қаратаев мал ұстамайды. Бар малын туыстарына онан қалса ауылдастарына таратып берген. Бұл оның Столыпин шығарған он бес десятина жер үлесі дегенге жасаған қиястығы еді.

Бақытжан қазаққа жерді сақтау қалу үшін өзі сияқты жер үлесін алып, отырықшы өмірге көшуге елді шақырған әдісі мен жасаған үлгісі осыдан басталған.    

Бір жағынан бұның бәрі Бақытжанның көңілінде көптен бері шешілмей келе жатқан елге негіз боларлық бір ойына халқының назарын аударуға жасаған талпынысы сияқты болып шыққан.

Сол талпыныс бойынша ол он бес десятина жер үлесін алып, үйлер салғызған. Күллі қазақ еліне жар сап, «сендер де осылай істеңдер!» деп, үлгі боларлық іс істегісі келген. Бірақ оның бұл жан айғайына, үлгі қыларлық сөзіне әзірше қыңқ еткен қазақ жоқ..

Бақытжанның қазаққа жерді сақтау қалу үшін өзі сияқты жер үлесін алып, отырықшы өмірге көшуге елді шақырған әдісі мен жасаған үлгісі осындай еді. 

Бақытжан осы жолы еліне үлкен бір бедел, абырой тауып келген сияқты. Қазақты қалай көркейтеміз дескен азаматтар Қарқаралыда жиналып, серт беріскендей болды. Солардың бір ауыз сәлемін патшаға жеткізу керек. Зиялылардың бұл құлшынысын Бақытжан атқаруға ниет білдірген.

Ол өзі кірісіп, патшаға жолығуды көздесе, зиялы қазақты тағы да Теке қаласына жиналуға шақырған. Сонымен, өзі де Петербургтен көптен зарықтырып күттірген ауылына қайтқан.

Жолдан шаршап келген Бақытжан үйіне қалай жеткенін білмей қалды. Сонда ғана ол өзінің жол азабынан шын шаршағанын сезген. Үйге кірісімен ол ең алдымен ұйықтап жатқан баласы Шәмілді ұзақ иіскеп, мауқын басқандай болды. Қанша айтқанмен бала деген өмірінің жалғасы ғой. Сондай ұлды дүниеге әкелген, оның анасы Сақыш сұлуды да Бақытжан жанындай жақсы көреді. Сақышы үшін Бақытжан не көрмеді. Өйткені ол бір байдың айттырып қойған қалыңдығы екен. Оны ол кейін барып білді. Сақышқа көңілі кеткен Бақытжан қалайда оған үйленудің жолын іздеген.

Ақырында сол байға айттырып қойған Сақышқа қолы әрең жеткен. Сол үшін талай засырықтан өтіп, өмірінде көрмеген қиындықты басынан кешірді. Атақты бәйге атын да соның жолына тіккені бар. Бірақ ақыры Сақыш сұлуға қолы жетті. Бақытжан осының бәріне өкінбейді. Ойлаған арманына жетті. Сақышы маңдайлары жарқыраған екі бірдей ұл туып берді. Ал қалыңмалға кеткен бәйге атының жәйі болса, Бақытжан оған да өкінбейді. Игілікті іске жұмсалды. Қазір міне, сол ғашығы қарсы алдында тұр. Бұдан артық оған не керек?!            

Сақыштың сұлу келбеті нұрлана қалып, әдемі көздерінен әдеттегінше көп жылылық нышанын шашып тұрғандай еді. Ол қайта – қайта сұлтанына қарай береді. Сыпайы ғана амандық сұрап қояды. Соның арасында төмен қарап, имене сөйлеп:

– Құмалақтарым бекер айтпапты! Иә, құмалақтарым бекер сөйлемепті. Төрең келе жатыр! – деп еді.

– Құмалақтарым оң екен. Төрем, сіздің келетініңізді алдын – ала біліп, монша жақтырып қойдым – деді ол қуанышын жасыра алмастан.

Сақыш шынымен де төресін сағынып қалыпты. Ақ сары өңіндегі қызыл шырайы қазір тіптен көбейе түскендей. Кейде тіпті сол шырайы өзіне ғана келісті, өзіне ғана жарасымды болып көрінеді. Оны тек Бақытжан біледі. Ол Сақыштың жүзіндегі әр бір өзгерісті көкейімен сезіп отыратындай қалға жеткен.  

Ал енді Сақыш жайына келсек оның да Бақытжан үшін жүрегі бөлек соғады. Ол туралы үндемейді, ешкімге жария етпейді. Тек қана әдемі көздеріндегі жарқ ете қалған жанарлары ғана білдіреді. Сол қос жанардағы жарық дүние сол махаббаты туралы айтатын сияқты. Тіпті Сақыштың төресіне деген сағынышы ол үйден шығар – шықпастан жатып, басталатын. Сол сағынышы мен мауқын басу үшін, сұлтанының қайда, қалай жүргенін білу үшін Сақыш үнемі құмалақ салады.

Құмалақтары сөйлеп, оған өзінің сүйікті төресінің қайда екендігін дәл басып айтып отырады.

Құмалақ салудан зеріккен кезде Сақыш өзінің жақсы көретін Пушкинін қайта – қайта оқи береді.

Пушкинді оқып зеріккенде барып, ермек үшін кесте мен кәнуа тігеді.

Сақыш үйдің ішін кәнуалап, кестелеп, шілтерлеп, жайнатып қойғалы қашан. Терезе мен есік перделері, төсек жапқыш, жастықтың тысы, стол дастархандары бәрі – бәрі шілтерленген, әдемі кестемен өрнектеліп, көркем кәнуамен бейнеленген.  Бақытжан жоқ та ылғи сүйтеді. Онан қалса қайтадан құмалақ ашады.

Бәсе, бүгінде сол, төресінің келе жатқанын құмалақтары білдіргендей болған.

Бүгін де ерте тұрып, құмалақ ашқаны сол еді. Құмалақтың айтқаны анық келіп, үйіне төресі оралыпты. Соған Сақыш қатты қуанып жүр.

Амандасып, шүйіркелесіп, болысымен Бақытжан бәйбішесі Сақыштың бұйрығымен жағып қойған моншадан бірақ шықты.

Бақытжан орысша салдырған үй моншасында ұзақ шомылды. Біразға дейін өзінің көшірі Құлтуға қазандықта қайнап жатқан суды пештің іргесіндегі қып – қызыл болып қызған тастарға шашқызып қояды. Өзі қайың мен емен бұтақтарынан араластырып жасалған сыбыртқымен шабынуға кіріскен. Арасында дем алуға шығып, қымыз құйылған тостағанды бірінен кейін, бірін қотара басына көтеріп тастайды. Соның артынша демін алып, қайтадан шабынуға кіреді.

Еңгезердей Құлту үшін Бақытжан төренің моншаға түсуі өзінше бір қызық дүние. Бұрын ол жақын арадағы өзенге түсіп жүрсе, енді Төремен бірге моншаға түсуді әдетке айналдырды. Оған да көндірген Төренің өзі. Қазір Құлтудың өзі де Төре сияқты моншада шабынуды ұнатады. Бірақ Бақытжан төредей көпке шыдамайтыны бар. Төренің шыдамдылығы сұмдық.

Құлтудың дене пошысы ерекше кісі. Жаратқан оны аямастан зор қылып жаратыпты. Осы өңірде Құлтудың бойына жетерлік қазақ пен орыс жоқ. Ең ұзын дегендерінен Құлтудың басы жоғары тұрады.  Қазір де оның күректей алақандарының тасасынан қымыз құйылған тостаған көрінбей қалыпты. Жаратылысынан аса зор боп туған Құлтудың күші де өзіне сай еді. Оның қайраттылығы мен мол денесіне әлі күнгі Бақытжан таң қалатын.

Бақытжанның көзі еріксіз Құлтудың добалдай болған қолдарына түскен. Анау – мынау зат алақанында көрінбей қалатындай-ақ алақан екен. Бақытжан Құлтудың қолдарына қарап еріксіз жымиып қойды.

Құлтудың күштілігі сондай салмағы бір центнерлік бидай мен арпа салынған қаптарды қаңбақ құрлы көрмейді. Денесінің зорлығына базар мен жәрменке кезінде жиналған жұрт таң қалысса, кейбіреуі оны көру үшін осында келетін. Ақбайдың орыстары оған «полтара қазақ» деп ат қойып, айдар таққан. Ақбайда оның атын атап Құлту десең еш қайсысы білмейді. «Полтара қазақ» десең бәрі біледі. Міне, Бақытжандай төренің ең жақын адамы Құлтудың бейіл – бейнесі осындай.

Сөйткен Құлту бұл кезде Бақытжандай төресінің сеніміне әбден ие болған. Оның үстіне көп жылдан бері төресіне әбден жаққан да болу керек. Өйтпеске болмас. Бір өзі екі – үш адамның жұмысын бірақ тындырады. Құлту көшір, Құлту малға да қарайды, отынды да жарады, суға да барады. Ең ақыры сыртқа шыққанда Бақытжанның қорғаушысы да осы – Құлту еді.

Моншаға рахаттана түсіп болысымен, Бақытжан асықпастан Құлту екеуі шәй ішуге кіріскен.

Жаңадан қарағайдан қидырып салынған үйдің іші кең, бөлмелердің іші жарық, әмбе таза. Үй қарағайдан жасалғандықтан, үй ішінің барлық жерінде қарағай жарықтықтың жанға жайлы жұпар исі аңқиды.

Бақытжан алыста Петербургте жүріп өзінің осы Ақбайдағы үйін сағынатын. Кейде өзіне таныс қарағайдың иісін аңсайтын еді. Бірақ Петербургтегі зәулім сарайларда бұған таныс ағаш иісі жоқ болатын.

Ол сәл – пәл көзін жұмып еді. Ойына Петербургтегі Дума сарайы келгендей болды. Сондағы өзі білетін арпалыс, сөзден – сөз шығатын ұрыс – керіс, онан қалса дау – дамай бәрі бір сәт артта қалғандай. Қазір қасында әйелі Сақыш, өзі бусанып, моншадан шығып, дем алып отыр.

Бақытжанның дәл қазіргідей ойы да осыған ұқсас, ол ырза болған көңілмен: «Адам баласына осыдан артық не керек? Орыс халқы айтпақшы «нағыз бақыт үшін көп нәрсе керек пе?» деген сөз де осыдан қалған шығар?» дегенін бір уақыт ойлап, сондай сөзге иланып та отырған секілді.   

Мұндай күтім, мұндай демалыс Бақытжанға аса ұнайды. Табиғатынан өте сезімтал, жан дүниесі таза адам болғандықтан Бақытжан үнемі жақсы киініп, таза жүретін. Осы кезге шейін Бақытжан анайы сөйлеу, боқауыз айтуды білмейді. Әсіресе, осындай өз алдына жеке бір дем алғанды қатты ұнататын. Қазірде, дәл солай болып тұр. Қасында өзінің күлімкөз, балғын денелі, сұлуша келген, сары келіншегі Сақыш, өзі болса ыстық моншадан кейінгі жалбыз қосқан шәйді сораптап, ыстық құймақты бал мен қаймаққа батырып жеп, рахаттанып отыр. «Бір адамның басына осыдан артық не керек» деген ойменен Бақытжан күлімсіреген көзін Сақыш жаққа да жиі аудара береді. 

Сұлу келіншек Сақыш та, білдіртпей ілтипатпен төресіне назды бір қараспен көмкеріліген көздерін үндеместен төңкеріп тастайды.

Біраздан кейін Бақытжан Сақыш ұсынған үлкен, әдемі гүлдері бар сүлгі – орамалмен қайта – қайта терін сүрте бастады. Бұл оның шәй ішудің аяқталғаны деген белгісі.

Сақыш болса бағанадан бері айтылмай қалған әңгімелерін айтып қалғысы келгендей, шәйді де құйып, сөзін де тоқтатпай отырған.  

– Сіз жоқ та, үйге пайғамбардың сақабасы аттас қайнаға келді. Сіз мінетін Қаракер ат жоғалып кетіпті. Неше уақыт іздеп таппай жатыр – деп, ол әдемі келген, қара көздерінің қиығымен төресін шолып өткендей болды. Онысы Қаракер аттың хабары төресіне оңай тимейтінін де сезіп отырғандығы еді.

Шындығында да солай болды. Бақытжан дереу басын көтеріп:

– Табылмағаны қалай, ол сонда қайда кетеді? – деп, оқыстан сұрап қалды.

Бақытжанға бұл хабардың оңай тимегені рас. «Қаракер» атты жүйрікті елге оралысымен сұрап алып, мінетіні де бар.

Бұл ат Сақыш әдеппен атын атамай «пайғамбардың сақабасы аттас қайнаға» деп отырған кісісі Әли болатын. Әли болса Бақытжанның жақын туысқаны. Оның не үшін өзі жоқ кезде үйге келгені бұл үшін әзірше жұмбақтау болып тұр. Бірақ іші бір нәрсені сезетін сияқты.

Әли өзі жоқта жайдан – жай келмеген.

Бақытжанның көз алдына Қаракер аттың суреттей болған сұлу тұлғасы елестеп, өзі соның үстінде келе жатқандай сезінген. Сол ат жоқ дегенге сенбейтін сияқты.

Жоғалды деп отырған «Қаракер» аузыменен құс тістейтін ат еді. Нағыз жүйрік. Жүйрік болғанда да қандай, нағыз пырақтың өзі еді.

Жақсы ат десе қай қазақ ішкен асын жерге қоймаған.

Қай қазақ ондай атты мінгісі келмейді? Жақсы атқа қай қазақтың көзі түспеген?

Әлидің жүйрігі, шіркін, сондай еді.

Петербургтен оралғанда Бақытжан сұратып осы атты мінетін. Үстіне қонысымен жануар шаба жөнелгенде желсіз далада аяқ астынан жел соғып кететін. Бұл аттың екпінінен пайда болатын жел. Қаракер ат тоқтасымен желде лезде басыла қалады.

Қаракер аттың жоғалғанын естіп, Бақытжанның көңіл – күйі кетіп, қабағы түсіп кетті.

Ол Сақыш жаққа қарап:

Әли қашан келемін деп еді – деді.

– Сіз келетін уақыт таялып қалды. Хабарласыңыз дегенмін. Ол кісі келіп қалар – деп, Сақыш өзі жоқта Әлидің келіп кеткенін білдірді.

– Қой, ол кісі келгенше, біз Құлту екеуміз сол жаққа барып, біліп қайтайық жағдайды – деп, Бақытжан кесесін қоя салды.

Бірақ Сақыш мұнымен де тоқтамады. Әлі айтарым бітпеді деген қылықпен төресінің бетіне ептеп бір қырын көз тастап:    

– Сіз жоқта, тағы да қайным келіп кетті – деді.

Жоғалған аттың уайымы көңілін алаңдатып отырған Бақытжанға Сақыштың мына сөзі құлағына бір түрлі ерсі естілді. Өйткені көптен бері өзі ұзақта жүргенде туысқандары алыстан хабарын біліп, бұл жоқта үйге келмейтін.

Бақытжанның ойына бұл кезде бір күдік ой келіп, соны анықтап алатындай:

– Ол қайсысы болды? – деді.

Бақытжанды асықтырып отырғанда осы еді. Үйге кім келсе де аттың жоғалуымен тұстас болып тұрғандай көрінген.  

– Сақшы қайным бар ғой, сіз айтатын «Сатрап», «Жаналғыш» қайным! – деп, Сақыш бұл жолы ойнақылана күліп, сөйледі. Онысы бір жағынан жоғалған аттың уайымына салынып отырған төресінің көңілі сәл де болса жібір ме екен дегені болатын.   

Сақыштың айтып отырғаны – «Сақшысы да Сатрапы» да бір адам болатын. Бұл – Бақытжанның немере інісі Арон еді.  

Тегінде Бақытжан осы інісін онша жақсы көрмейтін. Кеспелтек келген, жуан мойын Аронның жас күнінен бергі сүйкімсіз бар әдеті Бақытжанның әлі көз алдында. Ол оны барлық жағынан бірдей жақсы білсе де, жақын туыстығына қарамай барынша жек көретін.

Арон ешкімге сенбейтін, өзінің қара басын ғана күйтейтін, қарау жан.

Кішірек, қысық көздері үнемі  мүләйімсіп, кісіге тура қарамайтын, пасық, Арон барып тұрған арам адамның өзі еді. Қадалған жерінен қан алатын әдеті де бала күнінен бері қалмаған. Оның үстіне өте көнбіс, бір бастаған ісін аяғына дейін апармаса байыз тауып отыра алмайтын, сотқар мінезі бар.

Туғаны болса да, Бақытжанның Аронды жек көретіндігі оның жас күнінен басталған. Былайша келгенде Бақытжан адамдардың бәрін бірдей көретін. Тіпті туыстығы жоқ кісілердің өзіне жанын үзіп беретін. Бірақ өзіне жақпаған кісіні тіпті екі туып, бір қалғаны болса да ол жақсы көрмейтін. Сондайлардың бірі осы Арон еді. Ол бала күнінен Бақытжанға жексұрын болып кеткен.

Әйтпесе, Бақытжанның онда несі бар. Тіпті ол көбінесе өзіне еш туысқандығы жоқ кісіні жақын тартып, бауыр басатын. Солардың бірі –   Жаһанша Досмұхамедов деген жігіт. Осы жігітті ол Ароннан артық көретін. Неге десеңіз, «оның адамгершілігі дұрыс» дейтін. Тіпті, сол Жаһаншаны заңгерлік оқуға түсуге де итермелеген Бақытжан болатын. Үнемі ағалық ақылын айтып, оған деген қамқорлығын аямайтын. Кезінде Жаһаншаның алғашқы публицистикалық жұмыстарына бас – көз болғанымен қоймай, оның қызметтегі жолына жанашырлықпен, тілектестікпен қараған. Оның ұстазы реттегі адам осы Бақытжан болатын.

Жаһаншаның Орал округтік сотына орналасуына тілек білдірген де осы Бақытжан еді. Өйткені, Бақытжан оны жақсы көреді. Ал, туған інісі Аронды олай көрмейді.  Қазір Жаһанша Омбы сот палатасының Барнаул уезіндегі мировой судьясы болып істейді. Қазақ зиялыларының астыртын жұмысына да араласып тұрады. Тіпті, Жаһанша сол жақтағы саяси іспен жер аударылғандар және бас бостаныдығынан айрылып қамалғандардың арасында құқықтық үгіт жүргізіп жүргені бар.

Ал, енді Аронға келсек. Кезінде гимназияны бітірісімен әкесі оны да Қазан университетіне оқуға жіберткен. Оны бітірісімен Арон алдымен осы жақта мұғалім болып жұмыс істеді. Бірақ мұғалімдік жұмыс оны тез жалықтырып жібергендей екен.

Арон енді мұғалімдіктен құтылудың жолын іздеген. Сол ойын қалайда іске асырмақ болып, ол Бақытжанды айналшақтай берген еді. Ыңғайын тауып, онымен ойға алған мақсатына жету үшін сөйлеспекші болған. 

Бір келгенде ол Бақытжанға:

– Түк пайдасы жоқ, осы бір мұғалімдік қызметтен көрі, көп қызығы бар, пайдасы да молынан, бір қызметтің ыңғайы келіп-ақ тұр. Сізден облыс губернаторының орынбасары Мордвиновке бір ауыз сөз жолданса болды. Мені сол қызметке ала қалар еді? – деді.

Бақытжан оның сөзін жақтырмай қалған. Ол сөйлей бастағанан-ақ оның жүзінен арам пиғылы білініп қалған. Сөзінің ыңғайы пайда іздеу, мансапқорлық пен менмендікке берілген. Бақытжан еш қателеспепті. Арон сол баяғы қалпында сияқты. Бақытжан оның жып – жылмағай, қанын ішіне тартқан, жылтыр бетінен ешқандай да жылылықтың белгісін көре алмаған. Тағы да зер салып қарап еді, оның «кесіп алса қан шықпайтын» кесек бетінің бір бүлк етпегенін көрді. Басқадай өзгеріс жоқ.  Арон, сол баяғы өзіне белгілі Арон екен. Бәз баяғы қалпында сазарып тұрған қалың бетінде еш жақсылықтың нышаны белгі бермей тұрғандай көрінеді.

Бақытжан іштей түңілгендей боп, өзінше: «Апырай, осының тұрпаты қалай өзі. Не жақсы, не жаманын білдірмейді. Нағыз кәззап қой!» деп, ойланып қалған еді.

Аронның атаққұмарлығын, мансапқорлығын, біреуге тырнағын батырғанды жақсы көретін әдетін Бақытжан бұрын да білетін. Бірақ, қазір оның бей – берекет сөйлейтін, менменсіген әдетіне зығырданы қайнап:

– Сонда сен үшін мұғалімдік қызмет пайдасыз екен ғой. Ал ондай болса айта қойшы, пайдасы көп, қызық жұмыс қайсысы болды? – деді. Ондағысы осы туралы оның ойын әдейі біліп алмақшы болды.

Арон тағы да беті бүлк етпестен:

– Ондай қызмет полиция мен жандармерия сияқты орындағы қызмет қой. Сондай қызметте біздің тұқымнан біреу болмаса, көріп тұрыңыз, мына қара тобыр әлі-ақ жаншып кетеді. Айнала толған дұшпан ниеттегілер, одан қалса өңшең қылмыскерлердің тобыры. Адамның бәрі қазір бұзылған. Шетінен кісі тонағыш, мал ұрлаушы, адам өлтіретін баскесерлер болып кетті. Сондайлар ел ішінде толып жүр. Онан қалса, тіпті бұлардан да өткен ылғи патшаға қастардың ұйымдасқан тобырлары. Оларға ең алдымен каторжниктер мен революционер дегендерді жатқызуға болады. Сондайлар ертеңгі күні бірдеме бола қалса бізді де аямайды. Тіпті сондайлар, біз сияқты төре тұқымына әсте қас болады деп естідім. Олар бізді «қанаушылар, үстем тап» деп білетін көрінеді. Алдымен сондайларға көресіні көрсетіп, көздеріне көк шыбынды үймелету керек. Егер де біз ондайларды үрім – бұтағымен құртпасақ, олар бізді құртады. Екінің бірі. Бұған басқа жол да жоқ, амал да жоқ. Қазіргі заманның бет әлпеті осындай!  – деді.

Арон мұның бәрін қамқорсыған ниетпен айтты. Оның төре тұқымына деген бұндай қамқорлығына Бақытжан онан сайын қысыла түскен.  

Бақытжанға Арон ойының оңғаны жоқ боп көрінгені бір бұл емес еді. Арондыкі ылғи осындай шірік ой екендігі баяғыдан белгілі. Ылғи бәле қуып, ішіне мұз қабысқандай болып көрінетін оның адами қасиеті де тек осындай арамниеттен тұратын.

Арон осылайша өзінің ойын ашып айтқандай болса да, бірақ та түкпірде жатқан арғы ойын айтпаған сияқты. Мұнысын ол Бақытжанға сездіргісі келмеген.

Өз кезегінде Аронда ағасын иттің етінен жек көретін. Оның алдымен төре тұқымы тұрғанда, қай – қайдағыны, қара байыр кедей мен қарасирақтарды тең көретіндігін көре алмайтын. Бақытжан көбінесе сондайларға жақын. Сондайлармен араласып, шүйіркелесіп жүреді. Бұл төре тұқымына, кешегі Әбілқайырдай хан тұқымына, арғысы жер дүниені қақыратқан Шыңғыс хандай тектіге жат қылық. Арон сол үшін ағасына қас болатын. 

Мына сөздерді естігенде Бақытжанның екі беті дуылдап, өзінен – өзі қысылып шыға келген. Ұялғанда басқадан емес, өзінің інісінің қылығынан, оның айтқан сөздерінен ұялды. Пиғылы жаман адамның ісінен жиіркенді.

Бақытжан жиренішін жасыра алмады. Аққұба өңі онан сайын аппақ боп, қуара түскен. Ол Аронның жүзіне үңіле түсіп, ішінен: «Бәсе, бөлтірік болып туған неме еді! Мұның да азуы шыға бастаған екен! Сол азуды басқаға емес, алдымен өзі шыққан ортасына басайын деп отырғанын көрдің бе? Әй, бұл нағыз күйдіргінің өзі ғой! Ертең қолына билік тисе ешкімді аямайды. Антұрғанның түрі жаман екен» – деп ойлады.  

Осындай күйде қалған Бақытжан бәрібір шыдай алмастан:

– Бала оқытып, елдің алғысын алғаннан көрі қылмыс жасадың деп жазықсыз адамдардың төбесіне әңгір таяқ ойнатқың келеді екен ғой! Сендей жаналғыш, сатраптардың қолына түскен кісінің бұл дүниедегі көрер қызығы аз болар! Бар!... Бар да, істейтініңді істей бер! – деген.

Арон оның бұл айтқанын аяғына дейін міз бақпастан тыңдады. Біразға дейін үндемей қалған. Оның мұнысы Бақытжанды онан сайын ашуландыра түскен.

Бақытжан бар даусымен:

– Бір басыңа алған біліміңді көпке таратып, елдің алғысын алады десем, ойлағаның елді жеу екен ғой. Сен кімге опа әпересің? – деді.   

Бұл сөз Аронның тілін шығарғандай болды. Оның бағанадан бергі сұп – сұр болған шарық табақтай беті енді ғана сәл – пәл күреңіткендей болды.

Бауырының жалпақ бетіне қадалып қалған Бақытжан: «Әй осы жолы мұның да ұяты оянғандай болды ма, қызарып кетті ғой» деп қалған еді.

Бірақ олай болмай шықты. Арон тағы да беті шісірікпестен:

– Сізге мен ағам ғой, осындайда бір керегі болар-ау деп келсем! Оным бекер екен. Бәрібір, сізсіз де, баратын жеріме барам! Көздегеніме жетем! – деп, Бақытжанның бетін қатты қайырып тастағандай етті.

Оның бұл сөзі онсызда ашуланып тұрған Бақытжанды мүлдем сабасынан шығарған еді.

Ол енді інісінен мүлдем күдер үзген кісіше:

– Жоғалт көзіңді! Енді қайтып көзіме түспе! – деп айқайлап кеп берді. Сөйтіп, үйінен қуып шыққан еді.

Сол кеткеннен, Арон мол кеткен. Ақыры дегеніне жетіп, алдымен Орынборда, кейіннен Текеде полицмейстер болып істеп жатқанын Бақытжан естіген. Бұл күнде ол Орал қаласының полициясын басқарады.

Бақытжан осы інісін жақтырмағандықтан оған «Сатрап», «Жаналғыш» деп ат қойып, үнемі мазақ қып, кемсіте сөйлейтін.

Аронның жайдан – жай өз үйіне келмейтінін де біледі. Іші бірдемені сезетін сияқты. «Әңгүдік, пасық неме, тіміскіленіп жүрген шығар? Мүмкін оған мен туралы айтып, тексеру үшін тапсырма да берген болар? Әйтпесе Ақбайға келетіндей оның қандай шаруасы бар» деген ой оның мазасын кетіргендей болды. Ол қазір Аронға ашулы еді. Інісінің кесіп алса қан шықпайтындай бетпақтығы есіне түскен сайын оған деген  ызасы кеудесін керней түскен.

Бақытжан қабағын түйіп, ойындағы сезігіне дес берген. Қазір сол сезіктерін суыртпақтай отырып, біртіндеп көз алдынан өткізе бастаған. Сол сезікті күйіне қанша берілсе де әйеліне білдірместен отыр. Оған бұл туралы «ләм» деген жоқ.

Бақытжан ойынан осындай жайларды өткізіп тұрып, ақыры өзі білетін күдігіне тоқтағандай болды. Оның «Аронның бірдемені сезген шығары» мынадайдан басталғандай болып еді.

Бақытжан өзі мүше болып жүрген кадет партиясынан да қызық, көңіліне қонымды бір ұйымды кездестіргендей болған.

Петербургте жүргенде сондай ұйым, сол партияның бағдарламасымен кездейсоқ танысқаны бар. Ондай ұйым – Россия Социал – Демократиялық Жұмысшы партиясы деп аталынады екен.

Бұл партияның бағдарламасы мен жарғысына қызығушылық білдірген Бақытжанның осы ұйымға бүйрегі бұра бастағаны анық. Өйткені бұл күнде Бақытжан мүше боп жүрген Кадет партиясына көңілі толмай қалған. Сол кадетшілдердің өздері бір ойдан монархиядан да қол үзгісі келмейтіндей болып көрінді. Олар монархиялық басқаруды сол қалпында қалдырғысы келетін сияқты. Тек қана, патшалық басқару формасын парламенттік жолмен шектеп, конституциялық монархияға жол ашпақшы болғаны да білініп қалған. Мұндай биліктің басқару түрі осы кезде Ұлы Британия корольдығында сақталып тұрғандығы Бақытжанға белгілі.

О баста қазақтардың кадетке қызыққаны жер мәселесін түбегейлі шешеміз деген уәдесінен пайда болған. «Жерді ат төбеліндей ғана болатын жер иеленуші – латифундистерден алып, шын негізінде оны пайдаланушылар мен өңдеушілерге береміз, бұнымен де шектелмей, тағы басқа демократиялық бостандықтарды барлық халыққа үйіп – төгіп береміз» дегені де қазақтарға жылы естілген еді.

Әу баста, Әлихан екеуінің осыған байланысты кадетке кіргені қазақтың жерін сақтау және отарлық езгінің қазақтарға түскен ауыртпалығы сәл де болса жеңілдер ме екеннен шыққан. Ел қатарлы өз халықтарының да конституциялық құқықтары сақталынса деген талаптарынан пайда болғаны рас.

Бірақ жүре – келе соның бәрі құрғақ уәдеге айналып бара жатқаны байқалып жатты. Бақытжанның шамына тигені осы болды. Талай рет партия жиынында бұл жайында бетке басып:

– Күннен – күнге Кадет партиясының дәрменсіздігі өсіп келе жатқандай боп сезіледі. Бұлай бола берсе мұндай партиядан іргемізді ала қашатын шығармыз? – деп, кадетшілердің намысына тиетін біраз сөздер айтты.

Содан беріде Бақытжан РСДРП – ның партиялық бағдарламасымен танысқан. РСДРП – ның көңіл бұралық жерлері көп екен. Содан бері оған да бастаған еді. Бұл партияның жүріс – тұрысын Бақытжан қалт жібермейтін болды.

РСДРП бұл күнде өсіп – өнген партияға айналды. Бұдан біраз бұрын өз ішінде бөліне бастаған. Соңғы бөлінуде бұлар Большевиктер мен Меншевиктерге айналып шыға келген.

Қазіргі аяқ алысы жаман емес. Большевиктер жағын Ульянов деген Қазан университетін бітірген, өзі заңгер, дворян текті біреу басқаратын болып шықты. Бақытжанға да сол Большевиктер партиясының алған беті өзіне ұнайтын болып жүр.

Большевиктер алға қойған мақсаты: «жерді еңбекші халыққа беру. Фабрика, завод сияқты өндіріс орындарын жұмысшыларға ғана сеніп тапсыру. Биліктің барлық түрін жұмысшы, шаруа тіпті солдат пен матростарға беру. Оларға мемлекет билігі тек қана демократиялық жолмен, солардың депутаттарын сайлау арқылы берілмектігі. Сол биліктің түрі жұмысшы, шаруа, солдат депутаттарының Советтері арқылы ғана іске аспақшы. Ал буржуазия мен помещиктерді, солар  сияқты басқа да қанаушыларды тап ретінде жою» еді.

Дәл осы кезден бастап Бақытжанның өмірге деген көзқарасы қатты өзгергендей болды. Оның ойы бойынша Әлихан екеуі сеніп жүрген Кадет партиясынан көрі Большевиктер партиясының міндеттері орынды сияқты. Осыған байланысты Бақытжанның да пікірі өзгере бастаған. Оның енді Большевиктерге деген нық сенімі де өсе түскен. Тек қана Большевиктер партиясы ғана халқына нағыз бостандық пен теңдікті әкелетініне бұл күнде Бақытжан сенетін болды. Солар ғана бөлініп кеткен, қазақтардың бір жерге басын қоса алады. Тек большевиктер ғана қасіреті бір басынан асып жатқан қазақты басқа халықпен терезесі тең қыла алады!» деген күрделі шешімге келген. 

Бақытжан бұрын білсін, білмесін бұл партияның бар – жоғын, әйтеуір осындай партияға ауысуға бел байлап, большевиктік партияның жеке тапсырмаларын орындауға көшкен.

«Қазір сонысын жандармерия біліп қойды ма? Солай шығар?» деп, сол жайында біраз ойды басынан кешіріп тұрғандайы сол болатын. Оның қазіргі ойы да осы туралы еді.

Бақытжан өзі жоқта үйіне полицмейстер туысқаны Аронның келуіне қайран қалған қалпын бір де өзгертпестен ойланып отырған. Ол алдымен осыларды ойлағанда бағанағыдай көкейіндегі күдігі онан сайын күшейе түскен. Арон бекер келмеген.  

Бақытжан әйелінің жүзіне ойлана қарап:

– Ол үйге қонды ма? деп сұрады. Онысы өзіне белгілі жәй еді. Осының алдында келгенде ол үйге бірнеше жасырын таратылатын жұмысшы табының газеттерін тыққан.  Олар астыртын шығатын: «Правда» мен меньшевиктердің қанжығасында кеткен «Искра», тіпті Ульянов – Лениннің басшылығымен Парижде шығатын «Жұмысшы газетін», сол сияқты Маркс жазған «Капиталды», Энгельстің «Манифестін» әкеп жасырған еді. «Соларды жаңағы «тіміскі» інісі көріп қоймады ма екен?» деген күдікпен сұраған.

– Жоқ, ол қайным қонған жоқ. Бірақ, «мен аз ғана көз шырымын алайын» деген соң қонақ үйге төсек салғызып, өзіміз тыста жүрдік – деді.

Сақыш жаңа ғана төтеннен болған бір жәйді сезгендей боп, үрпие қалған. Әдемі келген қара көздерінен үрейдің нышаны білініп тұр. Ол бұл кезде сабыры таусылғандай боп:

– Құдайым-ай, тағы не болып қалды! – деді.

Өзі ендігіде үндеместен күйеуінің жаңа сұрағын тосып қалған.   

Шәйден кейін стол басына жайғасқан Бақытжан, көпке дейін қағаз оқып, қайта – қайта қағазға шұқшиып, бірдемелерді жазумен болды.

Бәрібір қанша ойламайын десе де көңіл түкпірінен өзінің айлакер інісінің келген келісі кетпей қойған. Оның жайдан – жай үйіне келмегенін сезгендей еді. «Арон бұл араға бекер келген жоқ» деген сұрақ бір кез ойынан шығар емес. Өзінің ойынша Арон бәрібір өзінің арам пиғылын туысқандық ниетке балап іске асырған сияқты. Келгенін: «Ағамның үйіне туысқан ретінде келдім деп, үйдің ішін ақтарып та шыққан шығар» деп ойласа да, Бақытжан бұл жағын әзір анықтай алмай отыр. Бірақ Аронның туысқан ретінде, емешегі үзіліп келгендігіне сенбеген. 

Бақытжан бұрыннан білетін, Аронның арам пиғылының қандай екендігін. Арон бала кезінен кісі алдауға құмар. Ешкімге жаны ашымайтын, қатігез. Туысқанға да солай. Қаттылығы мен арамдығында шек жоқ. Мұның ар жағында қулығына құрық бойламайтын мәймөңкелігі тағы бар.

Бақытжан Аронның бұл жолғы келісінің өзінде бір ұрымтал ойлаған ойдың бар екендігін сезеді. Бірақ қазір оның осысын анық басып, айта алмайды.

Бақытжанды бір жағынан қинап отырған да осылар еді. Тіпті, өзін сағынған Сақышпен кеңінен отырып, әңгімелесуге де мұршасы келмеген.

Бақытжан Петербургте Дума сессиясында жүргенде жиналып қалған қағаздар көбейіп кетіпті. Солардың кейбіреуі тіпті өте тығыз шешілуге тиіс көрінген. Бұлардың көбісі өзі жұмыс істейтін губерниялық адвокаттар кеңсесінен келіп түскен екен. Ондайлар істі болған қазақтардың қағаздары болып шықты. Өйткені Бақытжанға келетіндердің бәрі өңшең қара сирақ, қазақтың кедейлері болатын.

Олардың көпшілігі шағым жаздыруға, онан қалса заң бұзылып, закон тапталған жағдайда адвокаттық көмек алуға келетін. Сондағы айтатындары: «малымды ұрлап кетті, не болмаса бәленше тартып алды. Өлімше қып ұрып кетті, өлтіріп кетті, зорлық жасады» дейді. Ылғи сіңірі шыққан бейшаралар, істі қарауға, искі жаздыруға, адвокат жалдауға көк тиындары жоқ. Білетіндері Бақытжан. Іздейтіндері тағы Бақытжан. Бірінен – бірі естіп: «Бақытжан деген төре бар, бір тиын алмай ісіңді қабылдап, дұрыс приговор шығартып береді. Құдай, біз сияқты кедей мен пақырға да бір уақыт оң көзбен қарайды екен. Жаңағы төрені бізге сол үшін жіберген шығар!» деп ондай бейшарлар ырза болысады. Жалшы, кедей, қу тақыр мен пақырлардың айтатыны осы ғана. Бақытжан төре олардың да көкейінен шыққандай.

Бұл күнде Бақытжан көпшілік кедей – кепшік, жалшы мен пақыр байғұстардың ойын енді аңғара бастағандай. Бұндай кісілердің сондайлық көңілдеріне өзінің аса түсінушілкіпен қарайтыны бар. Осы кезге дейін ол қарапайым кісілердің бірде – бір арызын кері қайтармапты. Олардың арызын алғаны, соларға күш көрсетіп, зорлық жасаушы жуанмен, бай мен би, әкім мен ұлық, күштімен тіресетіні белгілі. Соларды өзіне үнемі қарсы қойып, жау етеді. Бірақ есесіне кедей мен кепшік мұны іздейді, пана болса екен дейді. Сондағы олардың тамсанып айтатыны, «төрең орыстың зәкүніне де, қазақтың билер айтатын билігіне де мықты. Шариғат заңдарынан да құр алақан емес» дейді. Сөйтіп,  жатып кеп Бақытжанды мақтайтыны бар.

Халық та, осы уақыттың ішінде Бақытжанға бауыр басып кеткендей, қит етіп, жуанның тісі батса болды «Бақытжан төре қайдасың!» деп шауып келеді. Өмірінде бір рет кедей байғұс, Қаратаевтың арқасында байды жеңсе болғаны, ол енді қайтып оның қыр соңынан қалмайды. Өйткені, Қаратаев жазған қағазға түскен адам кім болса да, жазасын алатындығын біледі.

Бақытжан бұл жолы да бұл арыздарды әділ түрде шешіп беруге белін бекем буған. Әділ шешімін шығарту дегені түбінде әлсізді қорғау болып шығады. Олай болса қыңырлық жасаған күшті, сойқан ұры, жала жапқыш бәлеқор тағы да Бақытжандай төрені жақтырмай, тісін қайрап қала береді.

Бүгін де солай болды. Ойылдың арғы бетіндегі Байұлынан бір топ қазақ арыз әкеліпті. Жоғалтқандары жылқы. Бір емес көп жылқы екен. Соларға қосыла туысқаны Әли де келген. Бір сыпыра жағдайдың бетін Әли осы келісінде ашып салды.

Ол Бақытжанға: «ұрлықты істеп отырған бір-ақ адам – ол Надырмағамбет» деген.

Оны ұрлыққа жұмсаған Уәйс болыстың өзі деп көрсетті.

Бұл Уәйісің өзіңмен қатты өш. Өйткені оның елге жасаған зұлымдығын өзің ғана әшкерелеп, масқара етіп жатырсың. Соған ол қатты наразы боп жүр. Менің атымды сенің анда – мында мінетініңді біледі. Екеуміздің туыстығымызды да біледі. Әмбе Қаракер ат бір жағынан оның көз құртына айналған сияқты. Міне осының бәрін бір жерге жинап, ол алдымен сенен өшін алудың жолын атты ұрлату арқылы алмақшы болып отыр –деді.

Әли солай деп, біраз адамдардың сөзін келтіріп, ел ішінде айтылып жүрген сөздерді де айтып шыққан. Куәгерлікке тартатын адамдардың да баршылығын естірткен.

Әлидің қолқасы қалайда жоғалған атты тапқызу. Сол жайында:

  • Бұл турасындағы қиыншылықтар жеткілікті. Уәйс оңай адам емес.

Ол болыс. Болыс болғанда айналасына күйсіз, қарау адам. Онымен тәжікелесу қиын болар – деді.

Бақытжан мән – жайдың бәріне қанығып алған соң, бұл іске өзі кіріспесе болмайтындығына көзі жеткен. Өйткені ұрлық жасатып отырған болыс болса ол оңай адам емес. Ол өкіметтің сеніп қойған кісісі. Ертең ол сотты да басқа жолға түсіруі мүмкін. Осылай ойлай келе, ол бір бәтуаға келгендей болған.

Арызгерлерді тыңдап алған соң, Бақытжан: «қырғыз Жарболовтың сауаты жоқ екендігіне байланысты оның атынан шағымды жазған Россия империясы, юстиция саласының бірінші кластық заңгері Қаратаев» деп жазып, өзінің мөрін басты. Сөйтіп істі өз қарауына алды.

Жоғалған жылқылар бойынша тергеу ісі жүріп, іс қаралуға сотқа да түсіп үлгіріпті. Бақытжан арызбен келген кісілерді шығарып салып, өзінің сотқа қатысатыны жөнінде берік уәдесін берген.

Олар осыған келісіп тарқасқан еді.

Осыдан соң Бақытжан асығыс үйге келген.

Үйге келісімен биік үстелдің үстінде жатқан қағаздарды жинап алып қоңыр түсті сақтияннан жасалған соквояждың ішіне салды. Өзі бөлмедегі үлкен шкафтың ішінен су жаңа тігілген костюмін алып, киіне бастаған.

Костюмнің жилеткесінің қалтасына салынған қалта сағатты қарап алып, Бақытжан асыға түскен.

Киініп алып қабырғаға ілінген үлкен айнаға қарады. Бұл киім де, оның ортадан сәл жоғары бойына, дембелше келген, тығыршықтай денесіне құйып қойғандай тігіліпті. Ең соңында қарыс маңдайлы шекесінің сәл миығына келтіре фетр қалпағын киді. Тағы да айнаға қарап, үстіне киген киімдерін оңдап қойды.

Сөйтті де, айнадан көзін алмастан тағы да үңіле қалды. Бір кезде Бақытжанның аумағы аялы, салмақты көзқарасы айқын көрінетін қара көздері самай тұсына кеп тірелгенде селк еткізгендей болды. Біраздан бері қалай байқамаған самайының ақ шала бастағанын. Өзінен – өзі таңқалғандай боп, енді сақал – мұртқа көз жіберіп еді, олардың да ағы көбейіңкіреп қалыпты. Осы көрініске не айтарын білмегендей пішінмен, үн – түнсіз басын шайқады да тысқа шықты.

Анша – мұншаны елемейтін, анау – мынауға ауыз ашып үндемейтін, зор денелі, қарасұр көшір Құлту күймеге атты жегіп, даярлап қойған екен. Сала құлаш делбенің бір ұшы оның быртиған, жас баланың білегіндей болатын саусақтарының арасына оралып тұрғандай көрінеді. 

Ажары мен сұлулығы осы өңірге белгілі болған бәйбішесі Сақыш есік алдындағы биік баспалдақтан түспей–ақ қолын бұлғай берді.

Бақытжан күйменің арт жағына жайғасып жатып:

– Сақыш! Мен ертеңгі кешке дейін қайтып келермін. Мініс аттарына жем бергіздіріп қой. Мен келгеннен кейін екеуміз біраз серуендеп қайтамыз – деді де күймеге жайғаса берді.

Осы жолы асығыс болғандықтан қорада күтімі мен бабы келіскен, бұл өңірге белгілі болған сәйгүлігі торы атқа да отырып, Ойылдың жағасына шығып серуендей алмай кетіп бара жатқанына  қанша қиналса да ол жолдан қалғысы келмеген. Ойына алған ісінен Бақытжанның қайтпайтын мінезі бар.  

Иесінің отыруын ғана күтіп тұрған күйме  орнынан ата жөнелді. 

Бақытжан өзіне кеп түскен көп арыздармен Көкжар жаққа бет алған. Бұл арыздардың барлығы қарапайым қазақтардың Бақытжандай адал төреге әділет іздеп жүгінген арыз бен армандары еді. Адвокат Қаратаев солармен бірнеше күн осы жақта шұғылдануға шыққан болатын. Оның үстіне жәбірленуші жақтың арыздары бойынша қозғалған іс сотқа түсіпті. Сол іс бүгін қаралмақшы екен. Осы істердің арасында тағы бір маңыздысы бар. Бұл іс Бақытжан үшін аса керек, өзіне қатысты іс еді. Ол – Қаракер аталған жүйрік аттың жоғалуына байланысты қозғалған және өзі жоқта асығыс жүргізілген іс болатын.

Сот кеңсесі қаланың ортасындағы жәрмеңке болатын жердің қасында орналасқан екен. Бұл өзі ескірек болса да әлі сыны кете қоймаған, осы қаланың сәнді үйлерінің бірі сияқты көрінеді. Өзі ағаштан қидырып салынған, ішінде бірнеше үлкен бөлмелері бар екен. Сот жүргізуге ыңғайлы жәйлердің бірі болғандықтан, соған арнап берілген болса керек. Үйдің төбесі қаңылтырмен жабылған. Бұл да болса үйдің әрін кіргізіп, еңсесін көтеріп тұрғандай. Үйдің көзге қораш көрінбей сәнді болып көрінетіндігі де осыдан болса керек.

Бақытжан сот кеңсесіне кірер алдында айналаға көз тастаған еді. Сот кеңсесінің қасындағы құжынаған көп адамды көрді. Солардың кейбірі осы маңдағы жәрмеңкеге келген болса, енді біреулері сотта қаралып жатқан істер бойынша шақырылыпты. Олардың арасында: куәгерлер, жәбірленушілер, айыпкерлер, сотталушы ағайынын көріп қалуға келген туысқандары бар, неше алуан кісі болып көрінеді. Солардың тоғысатын жері де осы сот кеңсесі секілді. Онан қалса тіптен сотқа түк қатысы жоқ, құр сотты тыңдауға келгендер, тіптен қызық іздеп, сондай қызықты жәрмеңке мен сот болатын жерден аңдып, сол үшін алыс – жақыннан келетіндер де іштерінде толып жатыр. Олардың аңдитындары қызық сөзбен, әңгіме сияқты.

Шындығында да сәл кідірсең болды, бұл арада неше түрлі тілде сөйлейтіндердің әңгімесін естисің. Еститінің әр түрлі сөз, ішінде қазағы бар, орысы мен ноғайы бар, араласқан тілдегі дауыстар. Соларды естисің де, соған-ақ, қарық болып қаласың.

Жәрмеңке басы, сот қасы құдды бір араның ұясы дерсің. Еститінің көбінесе даулы сөз, қысыр әңгіме. Онан қалса еститінің кім – кімнен алашақ, кім – кімге берешек, кіммен – кім жақын жүреді, қайсының малы ұрланыпты, болмаса күйлі екен, кімнің аты жүйрік. Міне, бұл жерде еститінің сол ғана. Сөйленетін сөз де, айтылар әңгіме де әр түрлі: қазақша, не татарша, бұдан қалса орысша, қалып бара жатса башқұрт тілін де, сарт тілі де естіліп қалады.

Осындайлық халықтың арасында жастаулары да, егделеу мен кәрісі де бар сияқты. Олардың біреулері атқа мінсе, енді бірі түйе мінген, арбамен жүргендер де баршылық, көбісі салт жүрісті жаяу адам екен.

Соттың да болғанынан, боладысы қызық. Бүгінгі сот мал ұрлығына қатысты адамға болатын көрінеді. Ол өзі осы жақтың болысының ұрысы болып шыққанға ұқсайды. Бірақ әзірге ұрлығын мойындамайтын көрінеді. Ол ұрының азан шақырып қойған аты Надырмағамбет екен. Ұрлайтыны тек қана жылқы малы. Мұндайларға бұл жердің орысы мен татары қосылып, өздерінше «конокрад» деп ат қойыпты.

Әзірше Надырмағамбеттің үстінен жәбірленушілер жағы, яғни жылқысы ұрланғандардың атынан он бес арыз түсіпті. Соның бәрінде Надырмағамбетке айып тағылып, оған күдікті адам ретінде қараса да, ол тыртысып мойнына алмай безеріп отырған сияқты.

Арыздардың ішіндегі ең татымдысы Қаракер аттың жоғалуына байланысты іс болса керек. «Ол атқа Бақытжандай төренің өзі мінетін көрінеді. Енді Төре сол атты іздетіп жатыр» дейді.

Базар, сол базарда өтетін жәрмеңке, оған таяу сот басы осындай қаңқу сөзге толы екен. Бақытжан осындай сөздің бір талайын естіп қалды.   

«Қаракер» бұл аймаққа белгілі болған жүйрік. Бұл жақтың кісісінің ол туралы білмейтіні кем де, кем шығар. Ал сол аттың нағыз иесі Әли деген осы маңның кісісі. Өзі орта шаруа, мінетіні бар, басқасы бар дегендей, бір үйір жылқы ұстайды. Қаракер ат соның ішіндегі ең қымбаттысы, жалғыз жүйрігі еді. Сонысына қарамастан қолды болды. Қазір бұл атырапта Әлиден өткен бейбақ, Әлиден өткен бейшара адам жоқ. Атының жоғалғаны Әлиді құса қылдырып, соның қайғысы жанына қатты батқан. Былайша айтқанда қанын қарайтып жібргендей еді. Оңайма, ел алдында масқара боп, абыройы айрандай төгілді. Әлидің Бақытжанға туысқан екендігін бүкіл ел біледі. Бақытжанның анда – мында ол атты сұрап алып, мінетінін де жұрттың бәрі біледі.

Олай болса, сол ел айтар әңгімелердің де көңілге қонарлық жері бар сияқты. Елдің аузына кім қақпақ қойған, кім тосқауыл болған. Жұрт сондайда: «Жоғалса жәй ат емес, жүйрік жоғалады. Ол аттың иесі Бақытжандай төренің туысқаны болып тұр. Атты сұрап мінетін заң мен законды жақсы білетін, патшаның Думасында отыратын Қаратаевтың өзі болса. Сонда мұның қалай болғаны? Бұл ат бекер қолды болған жоқ. Бұның өз сұрауы бар. Бұл қастықпен, өштікпен істеліп отырған шаруа» дейді.

Сөйтіп айтқан жұрт сөзінің де бұл жерде қисыны бар көрінеді. Өйткені Қаратаевтай төрең Уәйістей болыстың талай сұмдығының артын ашқан. Оның болыс билігінің тұтқасын ұстап отырып, елге жасаған қысастығының көбін Бақытжан төре іле – шала әшкерелеп жататын көрінеді. Төренің әлсізге заң жолын тауып беріп жатқаны болыстың көкірегіне кірген көк сүңгідей тисе керек.

Ақыры кектенген Уәйіс көп күткізбей жасарын жасапты. Бақытжан жоқ та біреудің қолымен істерін істеген.

Бас кезде Әли ештенеге сенбей, тек жоғалған атты іздеумен уақытты өткізіп алған. Іздемеген жері жоқ. Арысы Теке, берісі Адай елін түк қалдырмай шарлаған. Бірақ көрдім, естідім деген адам да жоқ, сыбыс та жоқ.

Тек осыдан кейін барып, Әли атынан айрылғандығына шын сенейін деді. Әли бұл күнде басына күн туған, нағыз бейбақ адамның күйін кешуде еді. Өйткені күні бүгінге дейін тергеу жасап жатқандардың айтатыны «алып бара жатқан түгі жоқтың» ол жақ, бер жағы ғана.

Ал енді сол «Қаракер» аттың ұрлығына қатысты деп те айыпталынушы тағы да осы Надырмағамбет болып шықты. Бұл жүйрік ат бойынша оның ісі бүгінгі сот отырысында қаралмақшы.

Ат иесі Әлидің атынан оның заңды қорғаушысы мен іздеушісі болып заңгер – адвокат Бақытжан Қаратаев тағайындалған болатын.

Осы жаққа келе жатып, жол – жөнекей Бақытжан біраз істің бетін бері қаратқандай болды. Ол алдымен жәрмеңкенің ашылуына келген вице – губернатор Меркуловпен кездесуге келген. Вице – губернатордың жәрмеңке комитетінің үйіне түскенін де естіген.

Жәрмеңке комитетінің үйі де осы қаладағы сот кеңсесі сияқты тәуір үйлердің бірі екен. Вице – губернатор Меркулов осы жерде болып шықты.

Бақытжан Вице – губернатордың кеңсесіне кірді. Ол отырған кеңсе іші жаздың ыстығында онсыз да ауасы тарығып, мұрынды жарардай болған тер иісімен араласып кетіпті. Меркуловтың өзі ескілеу келген, қызғылт түсті, кішірек диванның үстіне жайғасыпты.

Бұл өзі жасы қырықтардағы, кішірек көздері шұңғылдана бітіп, тереңнен қарайтын, құс мұрынды, дене бітімі ет ала бастаған кісі. Аппақ борықтай бетінің кейбір тұсы қызғылт тарта бастапты.

Қазіргі заманға лайық, сәнді қып сақал – мұрт қойғанның орнына бет – аузын жып – жылмағай етіп қырып тастапты. Вице – губернатордың үстіне кигені император сарайының камергері киетін оқалы мундирі өзіне жарасып, оның орташалау бойын ашаңдау қып көрсетеді екен.

Меркуловтың осы қалаға келгеніне бір аптадай болып қалған. Содан бері іші пысып, өзін қоярға жер таппай жүргендей көрінеді. Әбден жалыққаны былай тұрсын, істерге іс таппай, пысы қашып, қайтып кеткісі келіп тұрған секілді.

Вице – губернаторға қасында жүрген жұрттың бәрі ол ойлағандай, деңгейі төмен, ұсақ – түйектің адамдары болып шыққан. Солардың арасында ең құрымаса қоғамның жоғарғы сатысына көтерілген бір де біреуі жоқ. Әзірге өзімен ой таластырып, жарасымды әңгіме айтатын адамның да табылмай тұрғаны оны таң қалдырумен қатар, әбден зәрезап қып, бір жағынан қынжылта түскен.

Тіпті бұл жаққа келгелі Вице – губернатордың күнде көретіні ескі – құсқы киінген, кісімен сөйлесіп жарытпайтын, мәдениеті төмен, жабайы «киргиздар» болып тұрғанына да өкінген. Түкке тұрмайтын адамдар осы жерді басып алғанға ұқсайды.  Олардың айтатыны арыз ғана, сұрайтын өтініші мен армандары одан да көп. Соларын айтып, кеңседен шықпай тұрып алады. Сондай кісілер Вице – губернатордың өзін әбден жалықтырып жібергені бар.

Меркуловтың жаңа ғана өзін қоярға жер таппай, іші пысып отырғаны содан еді. Бар ермегі күн санаумен өтетін болды. Күтетіні өзін жалықтырып жіберген іссапардың аяқталып, тезірек орталыққа қайтуы еді.

Бұндай кездерде оның ойлайтыны бірақ нәрсе болатын. Онысы әбден мезі қылған мына бір жерден ермек іздеп, аздаған алданыш тапсам деген қиялы еді. Жанын жұбатар жұбанышты қалайда іздеп табу ол үшін қиының – қиыны болып тұрған. Сондай күймен Вице – губернатор қазір де көңілсіз отырған. «Шіркін, кетер – кеткенше, ең құрымағанда, дұрыстап сөйлесетін бір кісі табылсайшы бұл жақтан» деп, кеңсеге кіріп – шығып жатқан кісілерге салғырттау қарап қойып, ойланып отырған болатын. Бақытжан тура осы кезге сәйкес келіпті.

Бақытжан Вице – губернатордың кеңсесіне кірер – кірместен жатып, бұл жердегі кісінің көптігі біліне бастаған. Солардың басым көпшілігі арызданып келген қазақтар екен.

Кеңсеге кірерде Бақытжанды Вице – губернатордың адъютанты қарсы алған. Ол Бақытжанның аты – жөнін, лауазымын сұрап алған соң өзі бастап кірген. Адъютант әскери тәртіппен екі қолын төмен сала, етігінің өкшелерін сартылдатып тұрып:

– Владимир Федорович, присяжный поверенный султан Каратаев – деді.

Вице – губернатор диваннан тез көтеріліп, мундирінің етегін төмен тартып жатып:

– Кірсін – деп, ізет білдірді.

Вице – губернатор Бақытжанды жылы шыраймен қарсы алды.

Өзі ішінен: «Апырай сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей, қарашы жаңа ғана тілеп отырғанымды жаратушының өзі Қаратаев секілді кісіні айдап келгенін. Бұл кісіні киргиздар тұрмақ, бүкіл Россия біледі. Бұл ғой атақты адвокат Қаратаевтың өзі емес пе! Қаратаев бақандай Мемлекеттік Думаның депутаты, онан қалса Россиядағы белгілі Кадет партиясының да белсенді мүшесі. Өзі тағы сұлтан! Ол біздіңше князь ғой! Присяжный поверенныйлығы тағы бар. Бір басында қаншама титул, қаншама атақ. Мінекей, саған керек болса «Юрий күні!» деп, аузына көп түсетін, өзінің үйреншікті сөзін ішінен қайталап, қуанып кетті.

Осы кезде вице – губернатордың ойының түкпірінде тағы бір жылт еткен үміт оты ұшқын бергендей болды. Онысы өзіне аян еді. Өзіне осы Қаратаевтың да керек болып тұрғаны есіне түскен. «Онымен формальді түрде кездесуді» жандармерия бастығы сұраған. Қазір солардың бәрі бірдей бір уақытта іске асатындай болып көрінген.

Енді міне, соның бәрінен құтылатын болды. Текеге барғанда губерниялық жандарм басқармасының бастығы полковник Евдокимовқа оның сұрауы бойынша тіпті Қаратаевпен әдейілеп кездесіп оның көңіл – күйінен сыр тарттым десем де сенетін болды» деп көңілдене қалды.  

Вице – губернатордың бұл сырының мәнісі былай болған еді. Ол осы жаққа сапар шегерде өзіне губерниялық жандарм басқармасының бастығы келіп жолыққан.

Полковник Евдокимовтың ылғи да осындай былыққа толы, тыңшылық жұмыстарын жүргізіп жүргеніне қарамастан ол өзін әзірге жөні түзу, тіпті кейбір өзіндей қызметтегілер сияқты әумесерліктен таза адам ретінде көрсетіп те үлгерген еді.

Осы жолы да жандармерия бастығы өзінің сөзін орағыта алыстан бастаған. Ол заманның бұзыла түскендігін сылтау етіп, Россияның еңсесін енжарлық басып тұрғандығын меңзей келіп, оның тұрғындарының арасында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттердің біртіндеп азайып бара жатқандығын сөзге арқау етіп, айтып өткен.

Жандарм бастығы осыны айтып, қазіргі кездің өте күрделі екенін, революцияның елді әлсіретіп жатқанына жаны қатты ашитын түр білдіргендей еді. Онымен де қоймай көптеген адамдардың Государьға сенімсіздік көрсетіп отырғандығына да қинала қалған. Тіпті сондай оқиғаларды мысалға келтіріп, Империяның жағдайының бүгінгі күні өте күрделі екендігін ескертіп қойған.

Осының бәрін Вице – губернаторға хабарлай отырып, ол ең соңында:

– Империяға сенімсіз, тіпті қауіпті адамдар бұл жақта да пайда бола бастады. Сіз бен біз сондайлардың басқан ізін аңдып, біліп отыруымыз керек қой – деуі мұң екен, Меркулов жұлып алғандай:

– Қойыңызшы, полковник мырза! Мұныңыз тіпті көкейге қонбайтын сөз. Олай болуы мүмкін емес – деп шыға келген.

Меркуловтың бүйткені, бір жағынан өзінің бүкіл бір губерниядағы екінші адам екендігіне қарамастан жандарм бастығының өзімсіп сөйлегеніне де ренжігендей болғаны еді. Аздап менменсіп, ішінен: «Жандармерия басқармасының бастығы болса қайтейін. Ал мен болсам Вице – губернатормын. Қалайша ол маған тапсырма бергендей болады» деген оймен оның сөзіне шамданып шыға келген.

Сондай қылықпен ол енді Евдокимовқа қырсыға қарап, жақтырмағандай боп:

– Сіздерге сондай адамдар керек болса, полковник мырза аңдыта беріңіздер. Сол үшін, осы қызметке сіздерді қойған жоқ емес пе? –  деп қағыта сөйледі. Сөзінің астарында «менің өзімді кемсітсең де, менің үлкен басымды, мансапты қызметімді сыйласаң етті» дегенді сыпайылап, кеңес бергендей қып жеткізді.

Жандарм бастығының сөзі өзінің қытығына тигендей болған Вице – губернатор мұнымен де тоқтамастан:

– Біле – білсеңіз полковник мырза бұған менің не қатысым бар. Әлде сіз мені өзіңіздің тыңшылығыңызға алғалы отырсыз ба? – деп, батырып та айтып салған. Бірақ солай дегенімен оның бетін бұл тақырыптан мүлдем қайтарып тастай алмаған екен. Жандарм бастығы мұның сөзін жақтырмағандай түрмен, жүзі тыржиыңқырап:

– Дәл солай! Барлығымыздың да қатысымыз бар. Бетімен жібердік өңшең арсыздарды! Бүгін енді соның зардабын тартып отырмыз – деп ренжи сөйледі.

Жаңа ғана Вице – губернатор былайша батылданып, өз тарапынан сөз қайтарса да, оның арт жағы сыр бере бастағандай еді. Ол құпия жандармерияның, сол сияқты полиция біткеннің барлығының оңай – оспақ емес екендігін бұрыннан бері білетін. Олармен қарым – қатынасты бұзып алсаң, түбінде бір бәлеге душар қылатынын да жақсы түсінетін. Соны ойлап, ол жаңағы қылығын жуып – шайған раймен Евдокимовты достық пейілмен иығынан қағып:

– Түсінемін полковник мырза! Сіздердің қызметтеріңіздің қиын екендігін, Отанымызға өте қажет екендігін де түсінемін. Сонымен қатар сіздердің істеп жатқан істеріңіздің өте күрделі екендігін де білемін. Менің өзім де ел алдындағы борышымды жақсы сезінетін адаммын деп санаймын. Сондықтан айтарыңызды айта беріңіз – деген.

Евдокимов оның бұл сөзіне еш саспастан, мұның жай – жапсарын жақсы білетін адамша:

– Иә, иә, Владимир Федорович құрметтім, дәл солай! Менің бұл айтқандарым нағыз шындықтың өзі. Россияны құтқармасақ болмайды! Россия құрудың аз-ақ, алдында тұр – деді.

Вице – губернатор бұған сенер – сенбесін білместен, жандарм бастығына шошына қараған. Оның түрі де дереу өзгеріп сала берді. Үлкен, қызғылт маңдайының әжімдері жыбырлап, тереңдене түсіпті. Сұрғылттау келген көздерінің де жанарлары ұлғая қалғандай. Ол енді бұл жәйға қызыққандық танытқандай боп:

– Олар өзі сонда қандай адамдар? Мен Империяға қатер төндіріп тұрғандарды айтамын. Әсіресе біз басқарып отырған губерниядағы сондай кісілерді білгім келеді? Солардың өзі жұмысшылар ма, жоқ әлде шаруалар ма? Әрине, біздің халықтан болар. Ондайлар тек орыстардан ғана шығып жатыр ғой –  деп басын шайқаған үстіне – шайқай берді.

– Көрдіңіз бе, Владимир Федорович сіз бен біз Империяның адал азаматтары болғанымен, басқа антұрғырлар Россияда жеткілікті! Олар тіпті жұмысшы мен шаруаларды былай қойғанда әлді, ауқатты, тіптен беделді адамдардың ішінде де жеткілікті. Ондайлар орыс тұрмақ, төменгі халықтардың арасында да кездеседі. Сондайдың бірі сұлтан Қаратаев Бақытжан деген киргиздардың аристократ тұқымынан шыққан адвокат. Тіпті түбін қусаң Шыңғыс ханның да қаны бар өзінде. Бабалары түбінде өңшең хан мен сұлтан болып, «Киргиздар елін, солардың хандықтарын» басқарған. Сол Қаратаев сияқтыларға не жетпейді осы? Жоғарғы білімді. Тіпті сіз бен біз оқымаған Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Бір кезде Басқарушы Сенатта да қызмет жасаған. Князьдік титулы бар. Беделді заңгер – адвокат, тіпті присяжный поверенный. Айта берсең атағы мен беделі бір басынан асып түседі. Дума депутаты, Кадет партиясының мүшесі. Соның бәрі аз болғандай бұл Қаратаев бүгінгі күні империяның ең басты жауына айналған РСДРП деген партияға, оның ең қаскөй солшыл қанаты Большевиктер партиясына да қызмет еткісі келеді. Соларға да бүйрегі бұра бастаған. Ал, онымен де қоймастан Қаратаев сияқты төменгі халықтан шыққандар өздерінің мемлекеттерін құруды аңсайды. Яғни Россиядан бөлек, тәуелсіз ел болуды көксеп жүр –  деп өзінің Қаратаев жайындағы ұзын – сонар әңгімесінің тоқ етеріне жеткендей еді.

Бұл хабар Вице – губернатор Меркуловты селт еткізгендей болды. Селт еткізгені былай тұрсын, кәдімгідей абыржытып тастағандай етті.

Бағанағыдай зор мансаптық кісілігі мен менмендік пішіні өзгеріп сала берген. Қиын іске тап болғандай болған мүләйім түрінен қысыла қалғаны ендігі қобалжудан анық білініп қалған. Оның сасқан түрін көріп, әбден әккі болған жандарм бастығы одан сайын үркіте сөйледі.

– Қымбатты Владимир Федорович, айттым ғой бұл қаскүнем революционерлер бізге оңай тимейді деп, олармен тек күресу керек. Күрескенде де оларды аямау керек, тек түп – тамырын қопара жою қажет. Әйтпесе бұл сырқат империяны меңдеп барады. Оның ірге тасын шайқалтуы да мүмкін. Бізге монархияны сақтау керек – деп құйқылжыды. Сөйтіп, Вице – губернаторды әбден састырған үстіне – састырып, бір жолата пісіріп алды.

Оның өзінен аса алмайтындығына енді көзі жетіп отыр. Меркуловтың бағанағы мардымсып айтқан сөздері әлі есінде болатын. Көкейін тескен де оның сол сөздері болып тұр. Бұл боққарыннан оның да есесін әлі алады.

Жандарм бастығы бағанағы Меркуловтың айтқанын ойына алып: «Мені өздеріңізге тыңшы жасамақшысыздар ма?» деп едің, енді соның да уақыты келді. Иә, көкешім көріп тұр, сен енді тыңшылық жасауға дайынсың» дегенді ойлап, іштегі кекесін пейілін сыртқа білдірмеудің амалымен басын төмен салбыратып темекісін тұтатып әлек болып жатты.

Тек содан кейін барып, жандарм бастығы әңгіменің дұрыс бағыт алғанына разы болғандай түр көрсетіп, райын өзгерте бастаған. Ол енді тым батылдау сөйлеп, Вице – губернаторға бастапқыдай нұсқау бере бастағанын өзі де байқамай қалған сияқты.

Жандарм бастығы өзінің сөзін ары қарай жалғап:

– Көқжар қаласында болатын жәрмеңкеге сұлтан Қаратаев та келмекші екен. Оның соңынан аңду қою керек. Сондай адам ол жақта бар. Ол өзі бізде тыңшылықта тұр. Сол тыңшы сізге жолығады. Аңдудың жөні мен жосығын өзіңіз оған айтып түсіндірерсіз. Қаратаев бұл жолы Петербургтен осындағы большевиктік ұйымдардың ячейкаларына рұқсат етілмеген саяси жазбалар, әдебиет пен листовкалар әкеле жатқан сияқты. Соларды қайткенде қолға түсіру керек –  деді.

Осыларды айтып болып, абдырап қалған Вице – губернатордың түріне қарап, сәл дауысын жылыта түсіп:

– Қаратаевтың соңынан қайткенде де аңду қою керек. Қажет болса онымен сөйлесіп қалуға тырысыңыз. Бізге оның ойында не бар екенін білу керек – деп, өтініш жасағандай болды.

Енді соның бәрі қазір өз – өзінен іске асқалы тұр. Құпия полицияның өзін дүр сілікіндіретіндей адамның бұған құдай айдап келуін қарашы. «Былай алғанда Бақытжан Қаратаевтың өзі мен құрған торға келіп түскендей болды. Жандармерия бастығына мұны жыр қылып айтуға болады» деп Вице –губернатор разы боп, балаша қуанды.

Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін, Бақытжан вице – губернатордан:

– Сіз бұл жаққа бірінші рет келіп тұрсыз ғой деймін? Уақытты қалай өткізіп жатырсыз? Ішіңіз пысқан шығар. Жәрмеңке қалай өтіп жатыр? – деген сұрақтарды бірінен соң, бірін қойып, солардың жауабын күткендей еді.

– Иә, мен бұл жаққа бірінші рет келіп тұрмын. Бірақ та іш пысуға мұрша жоқ. Қызмет солай ғой, қадірлі Сұлтан! Біздің ойымыз да, санамыз да, тіпті мұршатымыз да, бәрі – бәрі тек қызметке ғана ауған ғой. Басқаша бөгде ой бізде жоқ. Тіпті сондайлық іш пысатын жағдай болса да, ондайды бұл жерде өткізетін орын да жоқ сияқты – деп, мұңын шаққандай болды. Сөйтті де қалтасынан күміс портсигарын шығарып, ашты да Бақытжанға папирос ұсынды. Онан соң сөзін қайта жалғастырып:

– Бұл жерде уақыт өткізетін, тіпті зиялы қауым жиналатын орынның жоқтығы қызық екен. Бұл жақтағы кейбір зиялы қауым, өркениетті қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының өздеріне ермек тауып алатындығы содан ба деймін? – деп, Бақытжанға қарады.

– Сіздің сөзіңізді мәртебелі мырза ұқпай қалдым, не туралы айтқыңыз келіп тұр? – деп, Бақытжан оның мына сөзін түсінбегендей болып сұрады.

Вице – губернатор аузына папиросын салып, түтінін терең сорды да оны қайтадан будақтата шығарды. Темекінің түтіні дөңгелене лек – лек болып шықты да артынша шеңбер – шеңбер болып жоғары көтерілді. Меркулов темекі түтінінен ләзат алғандай түрмен, көзін сәл жұмыңқырап:

– Жыл сайын осында өткізілетін жәрмеңкеге өңшең баскесер, зорлықшыл кісілердің «шайкасы» келеді екен. Олар өздерін адайлармыз деп атайтын көрінеді. Сол адайлар жәрменке кезінде өздерінің тәртіптерін орнататын болыпты. Өздеріне ұнамаған саудагерлерді ұрып – соғып, сауда жасайтын орындарын қиратып, өздерін күйзелтіп, шығынға батырып кетеді деп айтады. Сондай адайлардың «шайкалары» тұрғанда біздің ішіміз пыссын ба? Құрметті сұлтан сол «адайлардың» кім екенін сіз маған түсіндіріп бересіз бе? – деп, өзінің қитұрқы қарасымен Бақытжан жаққа қараған.

Бақытжанды Вице – губернатордың мына сөзі қатты таңқалдырды. Меркуловтың сұрағының шыны мен әзілінің қайсы екенін білмей қалғандай, аңырайып оған қараған. Сөйтті де Меркуловты қалай түсінерін білмеген адамға ұқсап, не деп жауап қатарын білместен тұрып қалған. Тағы да оған таңдана қараған Бақытжан ішінен: «Не бұл түк сезбейтін тоғышар мен топастың өзі. Не болмаса саудың тамағын ішіп, есуастың сөзін сөйлеп жүрген адам. Әйтпесе, түк білмегенсіп жүретін нағыз сайқалдың өзі. Менің алдымда сондай кейіпке түскісі келгенін көрмейсің бе?» деп ойлап, алдымен соны тексеріп алғысы келді.

– Сіздің мына сұрағыңыз мені таңқалдырып тұр. Қалай ойласам да, дәл өзіңіз басқарып отырған губернияның құрамындағы ең үлкен, халқы бірыңғай қазақтың Адай руынан тұратын уезді Вице – губернатор болып сіз білмесеңіз, онда Петербургте отырған бізді басқарушылардан не сұрауға болады. Шынымен қол астыңыздағы адайларды білмейтініңіз қызық екен? – деді. Бұл сөзді барынша шын пейілімен айтып, Вице – губернатордың жанына тие сөйледі.

Бақытжанның сөздері қатулы шықты. Даусында бір түрлі ызғармен қатар налу да бар. Қазіргі түрінен де түңілгендіктің белгісі байқалып қалған.

Бақытжан Вице – губернатордың ақымақтықпен айтқан сөзін ой елегінен өткізіп тұрып: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын!» деп баға бергендей болды. Артынша: «Қазақ байғұстың маңдайына біткен ұлықтың бәрі осындай болса шекесінің қызғаны ғой» деп те, ойланып қалған. Вице – губернатордың жаңағыдай сөздері өзіне ерсі көрініп қалғаны былай тұрсын, тіпті сұмдық болып көрінген.

Бақытжанның жаңағыдай сөздері Вице – губернаторға оңай тимеді. Ол аңдаусыз сөйлеп, аузы күйген адамның кейпіне түсіп қалған секілді. Соған өзінің іші күйіп, жүні жығылып, екпіні бұрынғыдан бәсеңдеп қалған сияқты.

Меркулов сөйлеуге сөз таппағандай болып, іркіліп сала берді. Тек қолындағы папиросын күлсалғышқа тосып, күлін қаққандай болып, әуреге түсе бастаған. Бірақ папиростағы күлдің баяғыда түсіп қалғанын байқамай тұрып қапты. Сасқанынан, тоқтамастан папиросын тықылдатып күлсалғышқа  ұрып қояды. Вице – губернатордың онсыз да қызыл шырайы молдау бет – жүзі тіпті нарттай болып шыға келген.

Арада сөзбен қағысу осылайша басталып, біразға дейін тоқырап қалды. Сәл іркілістен кейін Бақытжан кетуге ыңғай білдіріп, жинала бастаған. Ол өзінің Вице – губернаторға жасаған сыпайгершіліктік кездесуінің бұдан арыға бармайтындығына көзі жеткен еді.

Бақытжан Вице – губернатордың арына тиер сөз айтып, қарымта қайтарғанына қанағаттанып, бұл жерден кеткісі келген. Өзінің мына бір ұлықпен ендігі сөзінің жараспайтындығын сезіп, кетуге ыңғай білдірді.

Қаратаевтың жаңағы сөздері вице – губернатордың өңменіне тиген оқтай болды. Оны ұят пен ашу қоса қысып, жүрегін сыздатып тұрғандай сезінді. Дардай басымен «айдаладағы бір туземдіктен мұндай сөз естимін» деген ойына да кіріп – шықпаған. Ол өзінің масқара болғанын енді ғана түсінген сияқты. «Бес саусақ бірдей емес дегендей» Меркулов туземдіктердің арасында да осындай интельектуалды адам болатындығына көзі жетті. Бұл сөз таласы оны Бақытжанға онан сайын өшіктіре түскендей етті.

Меркулов енді өзінің өшін қалай алсам деп отырған. Өз ойын білдіріп көріп еді оңбай сөз естіді. Мұнысына өзі көне алмаса да, сөзіне абай болуды ойлаған. Ендігі сөзді неден бастарын білмей басы қатып тұр. Аңқау басы, Қаратаев сияқты туземдіктерді осы күнге дейін жете түсіне алмапты ғой. Әйтпесе бүйтер ме еді.

Вице – губернатор осындайлық бір керенау тартқан күйді басынан кешіп тұрған. Енді сол күйі тіпті өршіп, осы сияқты әр қилы ой оның ашуына – ашу қосып, қоздырып тұрғандай.  

Ол әуелі, Бақытжанды жуасытып алмақ болған. Бірақ соның есебін таппады. Оған қалай тисерін білмеді. Байқамаса бағанағыдай омақаса құлайтындай сезінді. Енді не істерін білмей, бүкіл қиянатын, арам ниетін ішіне бүккендей болып отырған сияқты.

Вице – губернатор ендігі әңгімені әріден полковник Евдокимовтың тапсырмасындағыны тілге тиек етіп бастамақшы болды. Оның даусы қарлығыңқырап барып шықты.

– Менің айтайын дегенім сіз сияқты аристократ адамға, әуелі десеңіз бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс хан ұрпағына қара халықтан шыққан өңшең жалаң аяқтардың, былайша айтқанда адайлар сияқты жабайылардың қонағы болып, солардың сөзін сөйлеп, оларға қамқор болу жарамайды деп ойлаймын. Сіз тіпті сондайлардың қорғаушысына айналыпсыз. Өзіңіз плебейлер мен жалаңаяқтардың проблемасын басқа бір жолмен шешуді де көксейтін сияқтысыз? Солай болғанда... – деп айтты да, кілт тоқтап қалды. Ары қарата бармастан сөзін дереу үзіп қойды.

Бақытжан кіммен болса да, ақырына дейін тәжіркелесуге бар болатын. Еш уақытта,  еш қашанда, оның беті қайтып көрген жоқ. Мейлі ол орыс пен қазақтың ұлығы болсын, мейлі ол патшаның өзі болсын, ол үшін бәрібір болатын. Бірақ қазір соның жөні бір басқа, мұның жөні бар басқа болып тұрғандай. Әсіресе, Меркуловтың соңғы сөздері оны ойлантып тастағандай әсер етті.

Ойына: «Бұл неге өйтті? Аяқ астынан көмейіне келген сөзді қайта жұтып қойғанының сыры неде? Тіпті менің адай ауылдарына барып жүргенімді де біліп отыр. Сонда өз қазағымның ішінде бұлардың менің басқан ізімді  аңдытып қойған кісісі бар ма? Өзіңіз қара халықтың қамын басқа жолмен шешуді көксейсің дегенде не айтқысы келді?» деген күдік кірді.

Бірақ өз ішінде осындай ойға кетсе де, Бақытжан еш саспастан, суық, сыпайы түр білдіріп:

– Сіз айтқан жабайы, жалаң аяқ, плебейлердің арасында да жақсы мен жаманы бар. Адам қоғамының солай жіктелуі сіз өзіңізді жатқызатын жоғарғы қоғамның ішінде де кездеседі. Ондайларды, мен айтпай-ақ, өзіңіз күнде көріп жүрсіз. Егер көруге ынтық болсаңыз алысқа бармай-ақ жақын жерден де таба аласыз! – деді. Оның соңғы сөзі Вице – губернатордың өзін меңзеп тұрғандай боп естілді.

Бақытжан сәл – пәл өзара үнсіздіктен кейін, Вице – губернаторға қарап:

Ыңғайы келсе сізбен қоштассақ дегім келіп тұр! Сіздің уақытыңызды алғаныма кешірім сұраймын – деді.

Вице – губернатор орнынан көтеріліп:

– Ол не дегеніңіз Қаратаев мырза! Сізді көргеніме өте қуаныштымын. Жолыңыз болсын, сау болыңыз – деп, сыпайылықпен шығарып салатындай көрінді.

– Кездескенше күн жақсы. Сау болыңыз – деп Бақытжан шығып кетті.            

Күн сәскеге ұласқанда ғана барып сот отырысы басталды.

Сот кеңсесінің кішірек келген мәжіліс бөлмесінде ине шаншар жер жоқ, іші толған кісі. Ұзынша келген, үстін жасылтым мауытымен жапқан стол басында мировой судья Первухин отыр. Күн ыстық, әмбе кеңсе іші одан да ыстық болғандықтан ол үстіндегі мировой судьяларға арнап тігілген аппақ кителінің түймелерін ағытып тастапты. Оның семіздіктен жарылардай болып тұрған жуан қарны бұлтиып, қатпар – қатпар болып сыртқа тепкен. Мировой судья бусанып, терлеп – тепшіп кетіпті. Біресе быртиған қолымен алдындағы қағаздарды аударыстырып, біресе үлкен ақ жібек орамалмен алқа – салқа өңірін, май басып, ісінген желкесін сүртіп қояды. Оның айналасында ояз шенеуніктерінің бір сыпырасы орын теуіпті.

Ел кіріп, жайғасқаннан кейін барып, ең соңында Бақытжан да кірді.

Бақытжанды көріп мировой судья бәйек болып қалды. Басын шұлғып, «кіріңіз» деген ишарасын білдірді. Ол елдің арасына алдыңғы қатарға барып отырды. 

Айыпталушы Надырмағамбетті екі жағынан екі сот приставы орталарына алып, сот болатын жерге айдап әкелді.

Көптен бері ұры аталған Надырмағамбет жасы қырықтардан енді асқан, ортадан сәл биіктеу бойы бар, төртпақтау келген кісі екен. Өзінің бет – аузы қауғадай болған сақал – мұрттан онша байқалмайтындай көрінеді.

Надырмағамбеттің сақал – мұрттан көрінбей қалған бет – жүзінің ең көзге түсетін көрнекті сипаты – тек қана қомақты келген, қоңқақ мұрны мен шыңыраудан сығалайтындай ғана қара көздері сияқты. Басқа белгі жоқ.

Алдымен айыптау қағазын мировой судья оқып, ара – арасында Надырмағамбеттің ұрлыққа қатысын айтып жатты. Судья егер ол ағынан жарылып, кінәсін мойындаса жазасы да жеңілдейтінін білдірді. Судья соған қатысты заңдардың баптарын түсіндіріп айтып шыққан.

Мировой судья қанша шүйліккенімен Надырмағамбетті састыра алмаған. Ол бұл жерде айтылғандардың бәрін, еш саспастан, қобалжымастан тыңдап шыққан.

Бұл өзі жаратылысынан ширақ, бір жағынан өткір тілді, қыршаңқы сөйлейтін кісіге ұқсайды. Көп жүріп, көпті көргені білініп тұр. Оның үстіне заңды да жақсы білетін сияқты. Сонысын соттағыларға бұлдағандай боп, отырған жерінен Надырмағамбет анда – санда тіл қатып қояды. Сонысымен өзінің заңға жүйрік екендігін көрсетіп қалады.

– Маған соншама жылқы ұрладыңдар деп нақақтан – нақақ жала жауып отырсыңдар. Соған өздеріңнің дәлелдерің бар ма? Болса келтіріңдер соларыңды. Сонда ғана мен көнемін жазалы болуға. Тіпті сотталып кетуге де құлдықпын. Дәлелдерің болмаса құр бекерге мені әурелемей, босатыңдар – деп, төрдегі мировой судьясы, прокуроры, сот приставы, присяжныйлар отырған жаққа қарап қояды.

Надырмағамбеттің құқай сөздері осында қызық тыңдауға келген біраз халықты таң қалдырды. Оның жағдайы дәл мынадай мүшкіл болса дағы, тап қазіргідей өзіне – өзі сенімді тұрысына қарап:

– Ананы қара, мынауың мықты ғой! – десе,

– Бұл сөйтеді. Болыстың итаршысы ғой!,

– Тұрысың көрдің бе өзінің, тіпті  шылп етер емес! Өзінен кесіп алсаң қан шықпайды! – деп даурығысады.

Осылардың арасында әсіресе үстіне көнетозтау, жағасы қырқыла бастаған, түйе жүн шекпен киген егделеу қазақтың түсі қатты бұзылған. Шамасы ол да мал жоғалтып, оны осы Надырмағамбеттен көретін сияқты. Оның айналасы әжіммен торлана түскен үлкен қара көздері суық тартып, кісінің өңменінен өтердей көрінеді екен. Өзінің түрінен де, сұсты қабағынан көрініп тұр, анау – мынаудан тайсалмайтын, жөншендіге көнбейтін, турашыл кісі екендігі де білінетін сияқты. Сол кісі:

– Қашанғы бұл Надырмағамбет елдің малын ұрлағанын қояды. Бұған өзі тиым бола ма? Жоқ әлде болмайды ма? Қазір де міне бет бақтырмай тантып тұрғаны мынау! – деп, ашулана сөйлеп, өткір көздерімен айыпкерді де, онымен қоймай жағалай отырған сот адамдарын да атып жіберердей болды. Тілмаш дереу оның сөздерін сот алқасына аударып жатты.

Мировой судья кесек денесін артқа жіберіп, орындыққа шалқая беріп:

– Естідің бе айыпталушы Надырмағамбет Оразмағамбетов сен туралы көпшіліктің де айтатыны осындай сөздер. Ұрлық істейтінің елге де мәлім болыпты – деп басын шайқады.

Соттың айыптауына ұшыраған Надырмағамбетті бұл тіксініс те шайқалта алмаған еді. Ол өзінің төртбақ келген балуан денесін қомдап – қомдап, онан сайын екіленіп, көзін жаңағы қазақтан алмастан:

– Өй, сен немене менің мал ұрлап жатқан жерімде үстімнен түсіп, қолымнан ұстап па едің? Олай болмаса, оттамай отыр! Онысы несі екен, қараптан – қарап тұрып, жала жапқаны – деп, оған қарап айбат шеге сөйледі. Үнінде қылмысымды бетіме басып тұр деп қымсынғандық жоқ. Қайта өзін ақтағысы келгендігі басымдау шығады. Енді тіпті бой берместей боп алғанға ұқсайды. Ұрының мына тұрысына қарағанда оның ойында еш күптілік жоқ сияқты. Әзірге ол тіпті ешкімнен айылын жимастай болып көрінді.        

Онымен де қоймастан бұл Надырмағамбеттің өзі сотпен  де сөз таластыра бастаған. Әуелі барған сайын сотыңа сұрақ қойғыш болып барады. Тіпті присяжныйлар былай тұрсын, судьяның өзіне де сұрақ қойып, оның сұрағына да іркілместен жауап береді. Басқалар секілді қорқу деген жоқ өзінде. Өзі тіпті орысша да білетін болу керек. Онысы да байқалып қалған. Кейбір кезде тілмаштың өзін түзетіп, «олай айтпадым, былай айттым» деп қоятынын қайтесің. Ықтиярсыз, қамалып тұрғанда бүйтсе, басы боста бұл не істемек? Надырмағамбет осындай қылығымен де, өзіне берік, сөзіне қонымды екендігін білдіртіп тастады.

Мировой судья өз жұмысын ары қарата жүргізіп, куәлерді бірінен кейін бірін сұрай бастаған. Олардың бәрі бір ауыздан: «Алған да осы, ұрлық істейтін де осы. Осыдан ғана келді. Басқа ешкімнен келмейді. Ел де осыны айтады. Сыбырлағанды құдай естімей ме? – дегенді айтысып, Надырмағамбетті жан – жақтан сүзгілей бастады.

Бірақ бұған бүлк ететін Надырмағамбет емес. Еш саспастан, шімірікпестен:

  • Алған да жоқпын. Көрген  де  жоқпын.  Көрсем  көзім  ақсын! – деп,

елге қаратып айтса, судьяға қарап:

  • Ондай болса дәлелдеп беріңдер, қайтып дәлелдейсіңдер? – дейді.

Осылайша  қыр көрсете сөйлеп,  мойындамай  отыр. Өзінің  іші  сезетін

болу керек құр куәлердің көрсетуінен басқа бұл істе дәлелдің жоқ екендігін. Сол куәлердің өздерінде де құрғақ сөзден басқа түк жоқ сияқты. Сондықтан қаралып жатқан іс онша оңбай тұр.

Первухин  сияқты  тәжірибелі  мировой  судья  да  бұл  тұста аздап саса

бастаған. Оңай ма, іске не бір заттай айғақ, не бір тергеу амалдары  тіркелмеген. Тіптен, жоғалған жылқыларды сыскной полиция тарапынан іздестіру жұмыстары ұйымдастырылмаған. Онымен қоймай күдікті деген адамдардың жылқы ұстап отыр деген жерлеріне тінту шаралары жүргізілмегені белгілі болды. Ауыл – ауылды, үй – үйді аралап, «не көрдіңдер?, не естідіңдер?» деген іздестіру амалдары да жүрмеген.

          Тергеу барысында көп олқылықтар жіберілген болып шықты. Енді соның бәрін ыңғайына келтіріп, істі аяғына дейін жеткізуші тек қана мировой судья ғана еді. Ал іс болса жарым – жартылай өліп, құр сүлдері қалған.

           Первухин осыған қиналып отырған. Өйткені мына бір айыпталушысы да оңай болмай тұр. Заң мен законнан хабары барлығын көрсетіп жатыр. Кейбір байғұстар сияқты басын изеп, алдыға түсіп жүре бермейді. «Қайтсең де дәлелдеуің керек. Әйтпесе босатасың» деп отырғаны мынау.

          Первухин өзінің асығып – үсігіп жүріп, шала тергеу жасалған істі сотқа қабылдап алғанына бармағын тістегендей болды. Оның үстіне прокурор да жылмиып:

          – Степан Васильевич түкке тұрмайтын даяр іс. Тек құлғытып, жұту ғана қалды. Соттық статистикаңның ұпайы түгенделе берсін – деп, айыптау қорытындысына қол қойып жатып:

          – Тек қана, ескі таныс болғаннан кейін өзіңе беремін. Еһ, қырғыздардың етін жеп, қымызын ішкенге не жетсін! Олар ештемесін аямайды, бере береді. Шынын айтсам мен де солардың қонақжайлығын сағынып отырмын – деп көлгірсігеніне көне кетіп еді. «Енді міне, тығырыққа тірелгендей болып отырғаны мынау. Оның үстіне осы іске Қаратаевты айдап келген қай құдай еді. Қаратаев атақты заңгер. Онымен қоймай Мемлекеттік Думаның мүшесі, бір жағынан Россиядағы мықты кадет партиясының мүшелігінде тұрады. Кім біледі оның ойында не бар екендігін? Қазір мына істің шалалығын бетке басып, қайта тергеуге жіберуді сұрап, прокурор мен жоғарғы сотқа арыз тастатса не болғаны? Қаратаев жайдан – жай бұл іске қатысуға келген жоқ?» деп, ойына ой қосқандай болып отырған. Әлі де алдымнан не шығады екенмен, көңілсіз күйге түсіп отырған жайы бар.  

           Қаралып жатқан істің шалалау болып шыққандығын Бақытжан бағанадан бері сезіп отыр. Істе нақты айғақты дәлелдердің жоқтығы оны тым күрделендіріп, тығырыққа әкеп тығып тұр. Оның үстіне шұғыл түрде жүргізілетін іздестіру амалдары мен әдістерінің де мүлде жүргізілмей, бұл істің құрдан – құр куәлердің көрсетуі ғана арқылы сотқа жіберткен. Бұл шалалық та істі оңдырмайын деп тұр.

           Бақытжан сот жүргізілу барысында жіберілген осындай кемшіліктер жинала келе істі бұзатындығына сенімді еді. Ондай іс көбінесе қайта тергеуге жіберіледі. Не болмаса айыпкерлердің ақталуына әкеліп соғады. Не болмаса бір жақты, жөн – жосықсыз айыптау үкімінің шығуына жол береді. Ондай болмаған күннің өзінде мұндай істің үкім шығарарлықтай күші болмай шалажансар күйінде қалып қояды. Ал дәл қазір істі дәл мынандай «білгіш» айыпкер тұрғанда құрдымға жіберу де оп-оңай болып тұр.

           Бақытжан осы жақтарын да ойлап отырған. «Олай болса бұл сот отырысында сот әділеттігі орнай алмады деген сөз. Онда айыпкер не ақталып шығады, не болмаса кінәсі заң жүзінде дәлелденбей сотталғандығы. Бұл соттың атына келетін үлкен кемшілік. Сонда қалай жақсы көретін атты ұрлаған, басқалардың жылқысына да бүйідей тиген мына бір нағыз қылмыскер осылайша құтылып кетпек пе?» деген ойдан шошынып кетті. Оның көз алдынан қазір Қаракердей жүйрік ат кетпей тұрғандай. Аттың жоғалғаны бұған да ауыр тиді. «Жақсы ат адамның қанаты» ғой деп, бұрынғылар бекер айтпапты. Шіркін, «Қаракер» қандай ат еді!» деп Бақытжанның үздігесі үзілгендей болды.

           Бақытжан қазір де сәл көзін жұмып, өзін сол аттың үстінде отырғандай сезінді.

          Оның көз алдынан Ойылдың арғы жағалауында отырған Әлидің үйіне қонаққа келген кездері келе қалғандай. Сол кезді өзі асыға күтетін еді. Құлағына Әлидің: «Атқа мініп, біраз сейілдеп қайтпайсың ба?» дейтіні естіліп тұрғандай. Сол кезде есіл – дерті кетіп, күтетіні де қалайда Қаракер атқа міну еді. Атқа мініп, есіл даланы кезіп кететін кездері қазір де есінен шығар емес.

           Аттың шабысы мен тарпаң қағып жүгіретін жорға жүрісін айтпағанда, оның жәй желісінің өзі қандай еді. Тынық кешкі салқында Бақытжанның кеудесін жел аймалап, тақымын қысқан сайын аттың бауыры жазыла береді. Сол кезде өзіне қанат бітіп, құсша ұшып келе жатқандай сезінетін.

             Бақытжан әуелі құс сияқты ұшатын аэропланды да көрген.  Петербургте талай рет сол аэроплан ұшыратын жерде болғаны бар. Бірақ ұшып көрген жоқ. Онымен ұшатын орыстың ауажүзгіштері аталынған аэроплан ұшқыштары ғана. Бақытжан Қаракер шапқан кезде өзін сол аэропланда ұшып келе жатқандай сезінетіні де содан болар.

           Аяғы кеп мынаған соқты. Енді ол атқа мінбек түгіл, оның қарасын да көрмейін деп тұр. Бүкіл елге бұлар ұятты болды. Масқара деген сол емес пе? Тіпті Текеден бастап Адай оязына дейін жоғалған ат туралы білетін болып шықты. Сыпсыңдаған сөздер әр жерден:

           – Ат әлгі Әли деген төренікі дейді – деп, оның атағы бұл маңға мәлім болған адвокат Қаратаевпен де туысатынын білдіргендей болған:

           – Оның өзі атақты Бақытжан төре деген атбекеттің туысқаны болып шықты – дегендері де естіліп жатты.

           Сот залында тығылысып отырған қазақтар мұны әдейі айтып, шуылдасып отыр. Сондай сөздердің бір шетін олар Бақытжанның құлағына тигізіп сөйлейді. Онысы «Бақытжан естісін» дейтіні болар? Онсыз да бұл істің аяқ алысын ойлап, томсарып отырған Бақытжанға шаншудай боп, тиіп жатқандай еді. Елдің сондайлық кекесін аралас кейбір сөздері:

           – Ол онда неғып отыр екен. Күштілігі мен мықтылығы бір өзіне мәлім, әмбе – дүмбе жеткілікті болса, патшаның өзі оны жақын ұстаса, онда соның өзі-ақ, ұрының жынын қағып алмайды ма? – деп те сөйлетіп жатыр.

           Бақытжанды ығыр ететін де осындай сөздер болып тұр. Қазақтардың ондай сөздері: «Нақ бір ұрыны тауып ал да, шауып ал» дейтін сияқты. Қаралып жатқан істің мән – жайы болса мынау. Алды бар – арты жоқ. Жобалап қана істелген, долбармен жүргізілген қылмыстық іс деген аты ғана. Нағыз сиыр құймышақтанып тұрған – болбырлау іс.

           Қазір сол жоғалған атты даулап алу тұрмақ, бұл іс қайта тергеуге кетудің сәл алдында тұр. Қайта тергеуге кетті дегенше, ондай шала – шарпы істің осынша уақыт өткеннен кейін қайтадан айыптау қорытындысымен сот процессіне түсуі екі талай болатыны бар. Өйткені оған сылтау көп. Кейде ымы – жымы бір бола қалатын тергеуші, прокуроры мен мировой судьясы болып, мұндай істің артын құрдымға жіберіп те қояды. Ондайда заңды бұрмалаушылыққа сылтау көп табыла қалады. Сылтаудың ең бастысы қылмыстық оқиға болғаны туралы дәлелдің жоқтығынан туатын еді.

             Қаракер аттың жоғалуы да солай болды. Ол ат қай жерде, қай кезде жоғалды? Түр – түсі қандай, таңбасы, басқа да ерекше белгілері бар ма? Көрген – білгендер бар ма? Куәгерлері болса олар қайда? Қорада қамалып тұрған жерінен жоғалды ма, жоқ әлде далада жайылып жүргенде жоғалды ма? Оны жалғыз әкетті ме, жоқ көп жылқыға қосып әкетті ме? Аттың жүйрік екенін біліп алды ма, жоқ әлде соғымға союға алды ма? Қастықпен, өш алу үшін алды ма, әлде құр ғана ұрлау үшін алды ма? Сойылса оның терісі қайда, еті қайда? Міне, осындай көп сұрақтар анықталған сайын қылмыс та анықтала береді. Мына оқиғада осылардың бірі жоқ. Тек бірен – саран куәлер ғана болмаса. Олардың көрсетуі де протоколға заң жүзінде түсірілмеген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікті адаммен бетпе – бет кездестірілмеген.  Дұрыстап сұралмаған да болып шықты.

           Осылардың бәрін ой елегінен өткізіп жатып, Бақытжан өз – өзіне: «Істің мән – жайы белгілі болды. Ұрының түрі – анау. Оны паналатып, ұрлық жасатып отырған болыстың түрі – мынау» деп бұл жердің билік басы болып отырған болыс жаққа көз салып, қарап қойды. Қарап еді, өз – өзінен масайрағандай болып отырған, мығым денелі болыстың түр – келбетін көрді.  Оның жалпақ, май басқан бетіне қарап, болыстың арсыз адам екендігін байқағандай болды. Бірақ Бақытжан сыр бермеді. Ол қалай да бұл істі аяғына дейін апаруды ойлады.  

           Юриспруденцияда қылмыс істеген адамның сот үкімімен айыпталып, жаза тартуы керек. Ол жазаланбай қалса, мұндай адам тағы да қылмыс тудырады деген ережесі бар. Бірақ қазір мына Надырмағамбет секілді қылмыскердің жазадан құтылып кетуі де Бақытжанға оңай көрінді.

           Айыпкер Надырмағамбеттің ұрылық пейіліне қарай тергеу ісі қалай болса, солай жүргізілген болып шықты. Бақытжанды қинайтын осы болды. Сот жүргізу барысы да, оның қазіргідей бет алысы да, Бақытжанның көңілінен шықпай тұрғаны да сол еді.

           Ал қазір Бақытжан осы бір қиын істің қалайда қисынын тапқысы келіп тұрғандайы бар. Өйтпесе болмайды өздерін масқара еткені былай тұрсын, қылмысты кісі жазадан құтылып кетеді. Осындай күдік қазір оның көңіліне кіріп, ұялап алғандай боп, қиналтып отыр. Ұрының өзі қалай – қалай сөйлейді. Бет бақтырмай тұр. Айтатыны тек қана:

           – Көрген жоқпын! –

           – Білген жоқпын! –

           – Алған жоқпын! – дейді. Онан қалса:

           – Дәлелің қайсы? – деп тұрғаны. Басқа сөз бұл ұрыда құрып қалғандай екен.      

           Сот тергеуімен арада біраз уақыт өтті. Бұл кезде де істің беті бері қарамады. Осы кезде Бақытжан төре «сот ыңғайына араласып, бір жағына шығудың кезі келді» деп білді.

           Көп жылдан бері Надырмағамбет сияқты ұры Уәйістей болыспен жарасып кеткенін ел білетін еді. Бұлардың тамыр – таныстығы іліктесіп, кей жерде сабақтасып та қалады. Онысын білдірмегенсігенмен, «қап түбінде кездікті жасыра алмассың» дегендей кей уақытта сол кездік қапты тесіп шыққандай боп, ұрының жымысқы жүрісі білініп қалады. Қазір де солай болып тұр. Ат жоғалған түні Надырмағамбет Әли ауылына жақын тұстағы ауылдың бірінде тұратын ағасы Жақияның үйінде болғаны белгілі болды.

           Бақытжанның өзі ерінбестен Жақияның үйіне барып, осы туралы анықтап қайтты. Надырмағамбеттің қонғаны рас болып шықты.

           Жақия Бақытжанға құдайға қараған адал кісі секілді көрінді. Ол да, інісі Надырмағамбеттей ірі денелі, қалың, қаба сақалды, қоңқиған мұрнының ұшы сәл едірейіп, пұштия қалған, жасы егделеу тартса да жүрісі әлі ширақ екен. Бақытжанның сұрағына бұлтақтатпай, тура жауап берген:

           – Надырмағамбеттің қонғаны рас. Атты алған да сол болар? Өйткені маған мақтанып солай айтты. Әлидің жүйрігін алдым. Уәйіс сол атқа қызығып жүрген соң, жұмсап еді. Бүгінгі күні ол мойындамай жүрсе тағы әнеки. Ондайын ол арсыздың ары біледі де. Бірақ бір айтатыны оны ат ұрлауға жұмсаған Уәйіс болыс екенін де ұмытпаған жөн – деп, айтып салған.

           Мировой судья Жақияның көрсеткен куәгерлігін оқып шығысымен, Надырмағамбеттің ісі бітетіндей көрінген. Куә бар. Ол Надырмағамбетті «қылмыс жасады» деп айыптап тұрған өзінің ағасы болып шықты.

           Бірақ бұл жолы да ұры кінәсін мойындаудың орнына әртүрлі сылтау айтып, құтылып кеткісі келген. Ол тағы да беті бүлк етпестен:

           – Бұл қалай болғаны мировой судья мырза! Мен болсам өз туысқанымның үйіне келіп қонсам, оны үйдің иесі дәлелдеп отырса. Дәл осы кезде басқа бір алыс ауылдан ат жоғалса оған да мен кінәлімін бе? Соңғы кездері ағамыз екеуміз аразбыз. Болмашыға бола екеуміз ұрсысып қалғанбыз. Соған бола ол маған жала жабуда  – деді.

           Надырмағамбет арлы – берлі отырғандарға қарап, «бұған не айтасыңдар» дегендей боп, мүләйімсіп тұр. Оның айтқандары сот құрамын біраз ойландырып тастаса керек, ешқайсысы үндеместен қала берді.

         Надырмағамбеттің күткені де осы сияқты. Енді ол тіптен мүләйімсіп, соттағыларға жалбарынғандай боп:

           – Шындығы солай болып тұр. «Аққа құдай жақ» дегендей болғанын көрмейсің бе? – деп Надырмағамбет тағы да ел жаққа жалбарына қараған.

           Істің тағы да тығырыққа тіреле бастағанын сезген мировой судья ең соңғы әдіске көшті. Ол бұл тығырықтан шығудың бірден – бір жолы тек қана атақты адвокаттың көмегі арқасында ғана екендігін түсінген сияқты. Сол үшін процеске Бақытжанды шақыруға мәжбүр болды.

           Мировой судья тамағын кенеп:

           – Сот мәжілісіне присяжный поверенный Сұлтан Қаратаев шақырылады! – деп жария етті.

           Залдың іші араның ұясындай боп гуілдеп кетті. Біреулер отырған жерлерінен тік көтеріліп келе жатқан Бақытжанға қараса, енді біреулер сыбырласып жатты. Барлығы Бақытжанды көруге құмартып, оның шешендік сөзуарлығын тыңдағысы келіп тұрғаны білінді.

           Бақытжан бастапқыда Россия империясы қылмыстық заңдарының бірнеше баптарын келтіре сөйлеп, айыпталушы Оразмағамбетов Надырмағамбеттің кінәлі екендігін айта келіп:

           –  Айыпталушы Оразмағамбетов Надырмағамбеттің қылмыс жасалған кезде өзінің басқа жерде болғаны туралы келтірген айғақтары дәлелсіз.

           Жүйрік ат жоғалар түні ол ағасы Жақия Оразмағамбетовтың үйіне қонғаны рас. Бұның солай екенін айыпталушы Оразмағамбетовтың өзі де құптайды. Бірақ айтыңыздаршы сол түні оған жатқан жерінен білдірместен тұрып, жәбірленуші Әлидің ауылына барып, қорасынан атты алып кетуіне кім кедергі жасаған. Атты апаратын жеріне апарып тастаған соң, ол қайта келіп Жақияның үйіндегі төсегіне жата кетсе, тағы оған кім қой деп, кедергі жасаған. Бір түнде жүйрік атпен отыз – қырық шақырым жерге барып қайту онша қиын іс емес. Ал енді сол атты құмдағы Уәйіс болыстың жылқысының арасынан көрген кісілер де бар. Тіпті оның баласы сол атпен қыдырып, ары – бері шапқылап жүргенін де көргендер бар. Бұл қалай болғаны?

           Мен айтсам Надырмағамбет пен Уәйіс болыс туысқандар болып келеді. Ал Надырмағамбетке ұрлық жасатып, оны қорғаштап жүретін де сол болыстың өзі. Өйткені болысқа осындай адамдар керек сияқты. Жақын арада оның қорасында байлаулы тұрған Қаракер атты көрген кісі бар.

           Әлидің жүйрік атының жоғалуын жәй ат ұрлығы деп қарауға болмайды. Бұл жерде әңгіме аттың жүйріктігі мен оның құнында тұрған жоқ. Уәйіс сияқты шіріген байларға ондай атты сатып та алуға болады. Тіпті жәбірленуші Әли де оңай – оспақ емес. Оның да мініске мінетін, шабысқа шабатын сәйгүліктері жеткілікті. Бір жүйрікке қарап қалған кедей емес. Әңгіме басқада. Әлидің маған жақын туысқан екендігін Уәйіс біледі. Ал мен болсам оның ең жек көретін қас жауындай адаммын. Өйткені үнемі Уәйіс сияқты болыстардың жәй халыққа істеп жатқан арам пиғылдарын, қызмет бабын пайдаланып істеп қалатын тіс батыруларын әшкерелеп жатамын. Уәйістің қолынан келетіні пара алу, жылу жинау, онан қалса мал ұрлату ғана. Сондықтан ол Әлимен емес менімен өш. Соны іске асыру үшін менің жақсы көретін, үнемі мінгім келетін атты әдейі ұрлатып отыр. Сөйтіп менің жаныма батырып, арыма тигісі келеді. Менің өзімді, туыстарымды елге мазақ еткісі келеді.

           Бұл жағдай қатардағы қылмыс еместігі осыдан. Бұл барымта да емес, сыдырымта да емес. Бұл барып тұрған қоғамға қауіпті құбылыс, қоғамдық зияны үлкен іс. Уәйіс болыстың қоғамдық, мемлекеттік қызметтегі кемшіліктерін көрсеткендігі үшін істеп жатқан кек алдысы деп айтуға болады – деп Бақытжан сөзін аяқтады. Бұдан әрі іс бойынша куәлердің сөзі тыңдалды.       

           Бақытжан Жақияны да куәлікке тартпақ оймен осында болғалы жатқан сотқа келуді сұраған. Жақия «келермін» деп нық жауабын бергендей болды. Атты Уәйіс болыстың үйінде көрген куәлер де тегіс келді. Өйткені осыған дәлел болатын куәлер де көп еді. Сондай куәлердің басым көпшілігінің айтуынша болыстың баласы сол атпен жүргенін талайы көрсе керек. Басты куә де бар. Ол Майлыбайдың Қанай деген баласы болып тұрған секілді.

           Ақыры куәлердің көрсетуімен іс оңға басып, қылмыс дәлелденді. Уәйістей болыстың масқарасы шығып, елге күлкі болды. Жасаған қылмысы үшін ақыры Надырмағамбеттей мал ұрысы сотталып кетті. Әділеттік орнады. Сол әділеттікті орнату жолында сайысқа түскен Бақытжан Қаратаев сынды заңгердің абыройы артқан үстіне арта түсті.                   

Сот залынан қашанғы әдетімен еңсесін көтеріп, көңілді шыққан Бақытжан өзінің осы жаққа келгендегі басты шаруасының тағы біреуіне кірісіп кетті. Ол өзіне ғана керекті шаруа болғанымен оның сұраушысы көп. Бір жағынан сол үшін осы қалаға сол тапсырманы орындау үшін келді.

Бақытжан ойындағысын іске асыруға асыққаны осыдан болатын.

Алдымен ойлағанын іске асыру үшін ол жәрмеңке болып жатқан жаққа беттеді. Ойына ой қосылып, көңілі бір түрлі құлазып шыға келген. Барлық қазақ зиялыларының үш ұйықтаса түсіне кірмейтін іске белсене кіріскелі тұрғанына бір жағынан шаттанғандай болып тұрса да, өз – өзінен кібіртіктей беретін сияқты. Өзін – өзі жегідей жеп: «Апырай, осы мен не істегелі жатырмын?!, Осым өзі дұрыс па?» дегені сол екен, бұлталақтап барып көз алдына бұлыңғыр болып көрінген дүниенің есігі ашылғандай болды. Оның ар жағы тағы да, өзіне бейтаныс, жаңа дүние болып көрінді.

Осының бәрі Бақытжанға дұрыс сияқты елестеп тұр. Өзінің ойлап келе жатқан жаңа дүниесі – жаңа партия еді. Сол дүниенің есігін ашқалы жатыр. Бақытжан сол жаңа партияға кіруге талпыныс білдірген. Бұрынғы өзі кірген кадеттер партиясы ұнамсыз болып қалды. «Сол партияны басы бүтін бердім Әлиханға! Сол-ақ, ие болсыншы Қазақтың кадетіне, мен осы біреусіне ауысайын» деп Бақытжан томсара қалды. Өйткені, соңғы жылдары Әлихан екеуінің тұзы жараспай жүр. Тіпті, көзқарастарының өзі күннен – күнге алшақтап, араларында белгісіз бір бақталастық пайда болғандайы бар.     

 Ал бүгін Бақытжан Қаратаев Көкжар қаласындағы жәрмеңкеге бекер бара жатқан жоқ. Ол мұндағы Социал – демократтардың ең солшыл қанаты болып есептелінетін Большевиктер партиясы астыртын ұйымына берілген жасырын листовкаларды өзінің саквояжына тығып әкеле жатқан. Соларды осы қаладағы дәріханада істейтін кісіге беруі керек. Сол себепті ол мына қалаға келді. Енді сол келген жұмысын ебін тауып бітірмекші.

Бақытжанның көзқарасы өзгеріп, енді ол Большевиктер жағына шыққысы келген.

Бұл оның саяси еркіндігіне сай шыққан – жеке пікірі болып көрінген. Өзінің қандастары бұған қалай қарайтынын, не дейтінін ол әзір білмейді.    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Он алтыншы тарау

 

 

 

 

 

 

          Таңертең ерте тұрған Нұрқұмар тысқа шығып, жан – жағына қарап біраз тұрды. Түнгі ұйқысы шала болғаны білініп тұр. Қайта – қайта есіней береді. Анадайда тұрған үлкен үй жаққа қарап қойды. Ол жақта ешкім көрінбейді. Омар болыстың ауырып жатқанына біраз болды. Түнімен қысылып шықты. Нұрқұмар әкесіне дәрі әкелуге Қарағашқа барып қайтпақшы еді.

          Нұрқұмар жуынып, жиналды да, үн – түнсіз атына отырып, жүріп кетті.

Кетерінде келіншегі Данагүлге де бір ауыз қайда баратынын айтпады.

          Нұрқұмар шаңы бұрқыраған қара жолға шығысымен торы бесті үйреншікті әдетімен аздап шоқырақтап барып, артынша желіп ала жөнелді.

          Жаз ортасы ауғандықтан болар айнала біраз өзгерген сияқты. Шөптің басы сарғайып кеткен. Ши мен тораңғы әбден биіктеп, енселенген. Балқаш жақтан соғатын салқын жел де бұл кезде кең соғып, әмбе майда қоңыр болып есетіні бар. 

          Айналасына көз салып, көз жетер жердегі өзгерістер мен құбылыстарды таса қылмай келе жатқан Нұрқұмар Қарағаш ауылын бетке алып келеді.

          Нұрқұмар таң ертемен дәрі іздеп Қарағашқа шыққанымен, өзінің тағы бір ішкі есебі бар. Онысы Әмина сұлуды бір көріп қалу еді. Өзі білмейді неге өйткенін. Бұл жаққа дәріге келе жатқаны сыныққа сылтау болса да, ойынан кетпей жүрген бейнені де көргісі келген. Әлі күнге дейін көздерін сәл жұма түссе болғаны Әминаны көретін сияқты. Басын жадылап қойғандай Қарағашты аңсайды да тұрады. Бүгін де солай болды. Әйтеуір көңілі осында тартып тұрған соң, соны сылтауратып жолға шыққан болатын. Сондағысы «Қарағашты бір көріп қайтсам көңілім тынышталар ма екен» деген ойдан пайда болған секілді. Әкесінің ауырып қалғандығын сылтауратқан. Әйтпесе әкесі бұл әкелген дәріні ішіп жарытатын емес. Қазақ қашан дәрі ішуші еді. Олардың өз емі өздерінде сияқты.

          Нұрқұмар көптен бергі көңілдегі тұспал ойын өзі білсе де, басқаға білдіргісі келмейді. Көңілін басқа бір жаққа аударғысы келеді. Бәрібір онысынан да түк шықпады. Тек өзін қинағандай болды.

          Бағана ертеңгісін де ойланып – ойланып тұрып: «Қой Қарағашты көріп қайтайын. Онда не болып жатыр екен? Мүмкін Барлыбек айтқандай тағы бір жаңалық ашылып, қызықтан кенде қалармын? Ар жағында жол түссе Әминаны да кездестіріп қалармын?» деген дүдәмал ойға беріліп, соның ар жағында тағы бір басқа сырдың жатқандығын ішінде іркіп қалғандай еді.

          Оның іркіп қалған сыры өзіне ғана мәлім сыр болатын. Түн ауғанша дөңбекшіп, жолға шығар уақыттың тезірек боларын күтіп жатқандығы да сол болатын.

          Нұрқұмар бұл күнде әкесі сияқты болыс та болғысы келмейді. Барлыбек айтқандай: «болыс пен би, ауылнай старшындар бір күнгі байлықтан, бір күнгі билікті жақсы көреді. Қазақ халқының білімге кіріспеген надандығы, әйтпесе болыстық қызмет бектік болмас еді, бейнет болар еді, һәм болысты әркім алып қызмет қылуға міндеттенгенін мынаны қыл деп отырса, бектік бола қоймас еді. Оның бектік болып жүргенінен қазақ дәнеме білмейді, болыстары ертегідегі патшалардай ұрғанды ұрып, дүре салғанға дүре салып, білгенін қылып жүреді. Қарсы тұратын ешкім жоқ.

          Ұлықты һәм болыстықты жақсы көретіндер болыс болып, байлыққа жету, бұлардың бәрі қазақты болыстыққа таластырады» деген сөз Нұрқұмарды көп ойлантып тастаған. Соны естігеннен бері Нұрқұмар әкесі Омар таңдаған болыстық жолдан бір жола айныған еді. Бірақ содан кейін қанша ойласа да бұл ойының бәрі дүдәмал ғана. Өзінің қалған өмірінде не істеп, не қоятындығы әлі белгісіз. Нұрқұмарды қинайтын осы.

           Қазір де, ойының серпіні соған келіп тірелткендей еді. Өзінің ойлап келе жатқаны сол болатын.

           Сонда өзінің не істеуі керек?, Немен шұғылданады? Ол жағын әлі білмейді. Былай қараса өз ықтиярымен істейтін, бұған лайық, айналада кәсіп жоқ екен. Сонда қайтпек? Соңғы кезде көзін жұмса, «мен мұндалап» келе қалатын сұлу қыздың бейнесімен бірге, «енді немен шұғылдансам екен?» дейтін ойлардың басы болған көңіл сыры осы. «Бір жағынан елді өзіне тарту үшін де, көкейге қонымды, көзге тартымды бір іспен айналысса олар да өзінен кет әрі болмас» деп те қояды ол өзінше. «Ендігі жолды өзім таңдауым керек қой. Ондай болса, сол таңдауды өзім жасаймын» деп Нұрқұмар пысықтағандай болды.

           Таңғы салқынмен ауылдан шыққан Нұрқұмар біраз жүргенде күн едәуір көтеріліп қалған. Аспан шайдай ашық. Күн енді ыси бастаған.

           Осы кезде қылт етіп, Балқаш жақтан аз – маз жел тұрды. Соны күтіп тұрғандай осы кезде шөп басындағы ертеңгі шық біраз бусанып тұрды да, сәл – пәл бозғылтым тартып барып, бірден көзден ғайып болды. Тек осыдан кейін барып, ертеңгі салқын жаздың ыстығына ұласып кеткен еді.

          Нұрқұмар аса ыстықты жақтырмайтын. Сонысы есіне түскендей, тор бестіні асықтыра түсіп, қамшымен әрі – бері сипалай айдады. Енді бір төбені айнала бергенде алдыңғы жақта кетіп бара жатқан жаяу адамды аңғарды. «Бұл не қылған кісі екен?» дегендей боп, тор бесті де жақындаған сайын құлақтарын қайшылап, пысқырынуын да жиілете бастаған.

          Бір иығында асып алған қоржыны, келесі иығына жаздың аптабына қарамастан қыс киетін киіз шарықты іліп алған жас жігітті Нұрқұмар танымады. Бұрын бұл жақтан көрмеген кісісі. «Сірә, қыс киер шарығын, жазды күні тасыса, бұл өзі ұзақтан келе жатқан кісі сияқты. Онда бұл жақта неғып жүр? Осы жақта қалып, тұрақтағысы келіп жүрген шығар?» деп ойлады.

          Жаңағы жолаушы артына қарап тоқтады да Нұрқұмармен амандасты.

          Орталау бойлы, мығым денелі, түрі ширақ сияқты көрінетін жігіттің түсі де жылы көрінді. Бейтаныс жолаушы екі қолымен бірдей иығындағы заттарын түсіп кетпесін деп қапсыра ұстаған қалпында:

  • Қарағаш деген ауыл осы тұста ма? Дұрыс келемін бе? – деп сұрады. Лезде Нұрқұмардың жауабын күтпестен:
  • Әлі  алыс  па? – деп,  жіңішкелеу   келген,  қияқтай  мұртын  салалы

ұзын саусақтарының ұшымен сипап, сылап қойды. Тағы да тоқтап тұрмастан:

          –   Өзің қайдан келесің, қайда бара жатырсың  – деп сұрады.

          Жігітті бастан – аяқ қарап шыққан Нұрқұмар оның бұл жақта бұрындары болмағанына енді анық көзі жетті. Бірақ қай жақтан келе жатқандығын жобалай алмады. Көзіне өзгеше көрініс болып, түсіп тұрғаны сұрғылт киізден бастырған шарығы еді. Өздері тұратын жақта кейде шарықты пима деп те атайды. Бұл жақта әкетіп бара жатқан суық болмағандықтан шарық пен пиманы қартаңдау кісі болмаса, жасырақ адамдардың онша кимейтіні бар. Олардың бәрі етік киюге құмар. Соған қарап, Нұрқұмар бұл жігіттің «суық пен ызғырықтың не екенін білетін жақтан болды ғой шамасы» деп топшылаған. Олай ойлауына тағы бір себеп, оның жұқалау келген қырма сақалының астынан солғындау тартқан, күнге күйіп үлгірмеген өңі де байқалып қалған. Күнге онша күймеген, солғын өңділер сол жақтан келетіндігін Нұрқұмар естіген. Жігіттің аппақ күнге күймеген реңін көрген соң, Нұрқұмардың бағанағы ойы күдіктен көрі шынға айналардай, нығая түсті.

          Жолаушы жігіттің басында көнетоздау Қапалдың орыс пен казактары киетін картузға ұқсас бас киім, үстіндегісі де тілік жаға жейде. Тасбекеттің орыстары оны косоворотқа деп атайтынын Нұрқұмар бұрыннан білетін. Бұтындағысы да жергілікті кісілер киетін жарғақ тері шалбар емес, ескілеу болса да, кәдімгі шұға матадан жасалған шалбар киіпті. Жолаушы жігіт ыстықтағандықтан ба, жоқ әлде үйренгендіктен бе, әйтеуір аяқ киімін шешіп, оны да иығынан асыра іліп алыпты. Өзі борпылдақ топырақты жалаң аяқ кешіп келеді екен.

          Нұрқұмар бас кезде, «жолаушылап келе жатқан әлдекімнің бірі боларсың?» деп топшылаған. Артынша тағы бір ой кеп: «Түріне қарағанда біздің жақтың кісісі емес. Құдай біледі осының өзі Берней арқылы келе жатпаса?» деп ойлаған.

          Бірақ қазір одан сыр тартып, ештене сұрамаған. Есесіне кездескен кісісі сөзуар, нағыз ашық мінез, ақтарыла сөйлейтіннің өзі боп шықты. Ол сондайлықты жайдары пішінмен бұған қарап:

          – Мен сол Қарағашқа бара жатырмын – деді сәл күлімсіреп. Түрінде қуанғандықтың белгісі бар.

          Нұрқұмар бөтен сөз айтпастан:

          – Мен де сол жаққа баруға шықтым, шаруа бар – деді.

          Өзі осы кезде бейтаныс жігітке қарап, тағы да бір көз қиығын салғандай болды. Сол күйінде, бағанағы өз ойын бекіткендей боп: «Өзі мінезі ашық, ақ көңіл ғой деймін? Білсін – білмесін, менімен таныс кісіше сөйлесіп жатыр» деп ойлап қалды. Оның бұл ойын растағандай боп, жаңағы бейтаныс жігіт:

          – Сол жақта школ – мектептің бары рас болса, сонда бармақшымын. Мұғалім болмақшымын – деді.

          Солай сөйлегенінің өзі де, бір түрлі кісіге жылы естілетіндей екен. Нұрқұмарға да солай көрінді. Мінезі ашық, көңілі айқын, көңілжетер, дұрыс жігіт сияқты көрінеді. Оның жүзіне енді асықпай қараған Нұрқұмар оның мұнысын да байқағандай болды.

          – Өзім алыстан Семейден келемін. Сол жақта бір жарым жыл қамауда отырдым. Босап шыққан соң Семипалатта Коблеский деген полицмейстр бар еді. Сол мені шақырып алып, «сен сияқты «политическилерге» Семипалат облысында үш күннен артық тұруға болмайды. Дереу көзіңді құрт! Қай жаққа баратыныңды айт, мен қағаз берейін» деді.

           Содан өзім бұрын бала оқытқаным бар еді. Бұрындары қамаудың алдында политическилерге ұқсайтын Міржақып пен Жақып деген көзі ашық, өздері әйбат, мықты жігіттермен танысқанмын. Сол Міржақыптың айтқаны есіме түсті. Ол маған: «Жетісуда мектеп бар. Сол мектеп Қарағаш деген ауылда ашылған. Оны ең алдымен қазақ балалары үшін кедей, жалшы демей оқысын деп ашқан. Оны ашқандар құдайға қараған, адамгершіліктері де бір кісідей боларлық, сол жақтың жақсы бір байлары» деп. «Мектептің қазіргі қожасы Есенқұл қажы деген кісі. Оның сөзіне тағы бір байланған жерім. Қапал деген үлкен ояз орталығында Жақып тұрады. Оны Қапалға әкімшілік жолмен жер аударған. Содан бері ол Қапалда тұрады. Сол жердегілердің бәрімен қарым – қатынасы жақсы деп. Оның үстіне Верный деген орталықта Сырттанов Барлыбек бар. Ол Жетісудың да, жақын жатқан қырғыздың да адамының бәрін таниды. Керек болса көмектеседі» деген. Міржақып: «Барлыбекті де, Жақыпты да бұрыннан білемін, оларда политическиге жатады» деп айтқаны да есімде қалыпты.

          Содан кейін қойшы мен Коблескийға, кетсем алысқа Қапал жағына барайын дедім. Ол сөзге келместен маған «Жетісудағы Қапал оязына, ондағы Қарағаш деген ауылға барып тұруы керек» деп қағаз жазып берді. Енді солай қарата келе жатқан бетім – деді.

           Сөйтіп ол Нұрқұмарға бастан – аяқ өз жөнін айтып шықты.

           Нұрқұмар оның сөзін үндемей тұрып тыңдады. Тек, жаңағы жігіт: «Сен өзің кім боласың?» деп, жөн сұрағаннан кейін барып, Нұрқұмар жөнін айтты.

          Нұрқұмар да өзінің осы жақтың Омар деген болысының баласы екенін, өзі де Қарағашта оқу оқығанын, Есенқұл қажыны танитындығын, тіпті Барлыбекті танитындығын айтып шыққан.

           Ал қазір, Қарағашқа бара жатырмын деуі  мұң екен. Жаңағы жігіт жатып жармасқандай болды. Сөйтіп ол:                

          – Өй, мынауың жақсы болды ғой! Өзің бәрін біледі екенсің. Тіпті жақсы! Сен мені ала кет. Менің атым Көлбай Тоғысов болады. Мені мінгестіріп ал! – деп, Көлбай атқа отыруға ыңғайланып, аттың сауырына қолын сала бастады. Ол Нұрқұмардың құптауын күтіп тұрмай, қолындағы қоржыны мен шарығын Нұрқұмарға ұстата салды. Өзі көзді ашып – жұмғанша Нұрқұмардың артына қарғып мінгесіп алды. Тор бесті ғана ауыздығын қарш – құрш шайнап, «бұл қалай болды, біреуің аз болғандай, екеуің бірдей мініп алдыңдар ғой» дегендей боп, көздері аларып, белін сәл қайқаңдатты да ары қарата жүріп кетті. 

          Жол – жөнекей Көлбай Нұрқұмарға үсті – үстіне сұрақ қоюмен келе жатты. Оның сондағы сұрайтын көпшілік сұрағы Қарағаштағы мектеп жайлы болып тұр. Ол сұрағын жиелітіп:   

           – Міржақыптың айтқаны рас болса, школ ұстау үшін сондағы байлар, өздері өңшең Қыдыралы деген атадан болса керек жылына 20 – 30 мың сом ақша шығарады екен. Ал сондағы алты мұғалімді ұстау үшін жылына екі мың бес жүз сом жалование дегенді береді дегені рас па? – деді. Өзі аса таңданған пішінмен қайта – қайта таңдайын қаға берді.

           Нұрқұмарды мына жігіттің ашықтығы таң қалдырды. Бір көрген адамына түгін жасырмай айта салады екен. Мұндай қасиет өзінде жоқ. Бірақ жақсы қасиеттей болып көрінген.

           Оны таң қылған нәрсе осы болды. Нұрқұмар онысын білдірмейін дегендей қып:

           – Онысы рас. Солай екені, солай ғой. Міржақып деген кісіні де білемін. Қарағашқа талай келген. Оның жақсы өлеңдерін де біз оқып жүрдік. Мектеп сахнасында «Бақытсыз Жамал» деген кітабы бойынша  қойылымды да қойып жататын. Жігіттің орнында сол мектепте оқитын Жансүгір ағаның баласы Ілияс деген ойнайтын. Ілияс әлі жас. Бірақ жас болса да, сол Міржақып ағаға ұқсап ақын болсам дейді. Өзінің әжептеуір ақындығы бар. Ал әлгі байғұс Жамалдың орнын, яғни қыз – келіншекті Құсни ойнайтын – деді.

           Құсни деген атты ести салысымен Көлбай:

  • Әй, Құсниың кім болады? – деді шыдамсызданып.
  • Құсни деген қыздың аты ғой – деді Нұрқұмар.
  • Қыз екенін білемін, Құсни, Қорланға лайықтап, соларға ұқсатып

қойған ғой. Бірақ кімнің қызы өзі? Қалай өзі? Тым сұлу шығар? – деп, Көлбай тамсанғандай болып қалды.

          Нұрқұмар соны ести сала, Құсниды ойлады. «Сұлу түгі де жоқ, бүйрек бет, қысық көз, шашы бұйра қыз сияқты еді ғой. Оған сұлу ма деп, мынаның неге өмешесі өміп отыр» деп ойлады. Соның артынша шешесінің «Нағашыларың мықты ғой! Мектеп, мешіт салып, білдей бір ауыл жасап, елді қарық қылып отыр. Сендерде сондай болыңдар» дегені есіне түсіп кетті. Жаңағыдай бәдік оймен нағашы жұртын мазақ етіп тұрғандай көрінді. Сөйтті де:

  • Құсни, Қарағаштағы нағашылардың қызы ғой. Сен оны неғыласың

сұрап деді. Бұл сөзді ол түсін суытыңқырап айтқандай болды. Онысын Көлбай түсінді ме, түсінбеді ме, ол жағын білмеді. Мүмкін «нағашылар» деген сөзінен түсінсе, түсінген шығар, өзіне қатысы барын.  

          Бірақ сөзшеңдеу Көлбай қайта – қайта сөйлей беруге бар сияқты.  

           – Апырай, сенер, сенбесімді білмеймін? Бұл өзі жаңағы Қыдыралы ұрпағы өздері не деген жақсы адамдар еді. Барлық баланы бөліп – жармай оқытады. Мұғалімге де көп – көрім жалование береді екен. Сондайлықты өзі бай, жақсы адамдардың барлығына сенер – сенбесімді білмей тұрмын – деп, Көлбай ұртын қағып, басын шайқай берді. Артынша ол басын дереу кекжең еткізіп жұлып алды да:  

           – Әй, осы менің аңқау басым-ай, басқасын сұрағанда, ең керектісін сұрамаппын ғой. Сол Қарағашыңда өзі жөні түзу қыз баласы бар ма? Жаңағы Жамалдың рөлін ойнайтын Құснидан басқа? Ол Құсниды да анау жас баланың аты кім еді, сол иемденіп жүрген шығар – деп айтып үлгергенше:

  • Оның аты Ілияс, Жансүгір деген кісінің баласы. Құсни деген әлі жас

қыз ғой. Ілияс екеуінің арасында ондайлық ой болмауы тиіс – деп, Нұрқұмар шамданып қалды.

           Көлбай өзінің дағдылы әдетіне салып:

            Біле – білсең, мына мен нағыз бойдақпын. Бойдақтың нағыз сүрімін. Қай уақытта бір басым екеу болады деп жүрген пақырмын. Дұрыс қыз болса, үйленгім де келеді – деп, өзінің басындағы мұңды шаққандай болды.

           Нұрқұмардың іші қылп ете түскендей болды. Енді ғана таныс болған жігіттің аузын ашып, сұрағаны Қарағаштың дұрыс қызы боп шықты. «Келмей жатып, көрмей жатып қыз іздесе, онда не болғаны» деп оның бұндай сөзін жақтырмай қалды.    

           Нұрқұмардың қазір жанына батып тұрғаны да Көлбайдың осы сөзі еді. Онысы бір жағы қызғанғандықтан да пайда болған құбылыс екенін өзі де сезді. Қызғанатыны көп емес сияқты. Тек біреу ғана екендігі өзіне белгілі. Сонысы өзіне ғана керек сияқты. Жүрегінің бір түкпірінде оған деген орны бөлек. Сондықтан мына біреудің сөзін суқаны сүймей қалғаны содан еді. Оның өзіне сол жайында тұспалдап айтқысы да келді. Бірақ қанша оқталса да айта алмай келеді.

            «Шіркін, сүйіспеншіліктің өзі не деген құдірет еді. Адамды ес – тұссыз қалдыратын мұндай тылсым күшті көргенім жоқ. Бұдан былай, қалай болатынын тағы білмеймін» деп, Нұрқұмар ойына тұншығып, шала бүлініп келе жатқан. Ол өзі сол махаббат деген бәлені ұға алмайтын сияқты. Бұл бір ұғынуға келмейтін, адам нанбайтын сезім болды. «Мен осылай болып жүрмін дегенге кім сенеді» деп те ойлайды.

            Көлбай болса сөйлеп келеді, сөйлеп келеді. Оның не айтып келе жатқанында Нұрқұмардың шаруасы жоқтай. Меңірейіп, өзімен – өзі ойланып қалыпты. Артына мінгескен кісісін жек көріп келеді. Үн – түнсіз, ат үстінде    

отырысын дұрыстағандай боп, ары – бері қозғалақтай бергені де содан болды. Нұрқұмардың онысы бөксесімен мінгесіп келе жатқан кісіні ат көтіне тықсырардай болып көрінді. Артындағы жолаушы өзінің осы күйін білсе екен деп, біресе бір жамбасымен, біресе екінші жамбасына ауысып, қиқаңдай берді. Онысы Көлбайды «аттан түс» деген әрекетіне де ұқсап тұрған сияқты.

            Ол Көлбайдың мына бір қылығын шын жақтырмай келе жатты. Өзін Қарағашқа сүйрегендей боп, әкеле жатқан да, сол бір көруге зар болғызған ғашығының жайы емес пе. Олай болса мына бір мінезі өжет, өткір тілді жігітің сол ауылдағы ең сұлу қыз Әминаға да көзі бірден түсері анық. «Сұрап отырғаны мынау болса, шекесін қыздырады екен?» деп, ішінен тынып, Көлбайдың мұнысын білдіре алмай келе жатқан.

            Бағана Көлбай қыз туралы сұрағанда Нұрқұмардың іші қылп ете қалғаны осыдан еді. Бұл анық қызғаныш болмаса да соған жақын бір тылсым күштің белгісі дерсің. Соны Нұрқұмарға сездірткен қай құдай? Ол ішінен: «Жердүниеде қыз жоқтай, бүкіл Семей жақтан бір қыз таппай келіп тұрғанын көрдің бе? Енді кеп, Қарағаштан соны іздемекші. Мұнысы қалай өзі?» деп кіжінген. Тіпті ызаланатын секілді. Есіне қайта – қайта Әмина түсе берді. Толысқан айдай, аппақ сұлу Әминасын «сыртынан иемденіп жүргенде мына сияқты пысық жігіттер қайтер екен? Әй қоймайды ғой» деп ойласымен Нұрқұмардың көңілі тіптен бұзылды. Бірақ бұл жолы да үнедемеді.

            Бұлар Қарағашқа жетісімен Көлбай алдымен Есенқұл қажыға жолықпақшы болды. Ондағысы осында мұғалімдікке келе жатқан Көлбай мектепке иелік ететін Есенқұлға жолығып, келген шаруасының беталдысын біліп алмақшы болған. Өйткені, Көлбайдың бұл келісі, Есенқұл сияқты кісінің рұқсатынсыз, іске аспайын деп тұрған сияқты.

            Сондықтан болар, Көлбай әйтеуір, әлі де болса Есенқұл туралы біліп қалғысы бар. Оның сұрайтыны Есенқұлдың қандай адам екендігі. Соны меңзеп, ол Нұрқұмардан бағанадан бері бір – екі рет:

  • Есенқұл деген кісі қандай өзі? – деп сұраған еді. Нұрқұмардан онша

да мандырымды түк те ести алмағандай болған. Ол тек қана:

–  Әйбат  кісі,  жақсы  аға ғой, – дей  салған.  Үні күмілжіңкіреп,  жәй

ғана шыққан. Оның  көңіл – күйі бұл кез іркіттей іріп, бұдан басқаға зауқы соқпай тұрғанын Көлбай қайдан білсін. Ол өзінің «қыз – қырқын қалай бұл ауылда?» деген бір ауыз сөзімен жас жігіттің көңілін тығырыққа тіреп тастағанын аңғармаған секілді. Не де болса барлық бәле Көлбайдың өзінен келді.   

           Есенқұл қажы үйінде болып шықты. Көлбайды көріп, танысқаннан кейін дөңгелек жүзі шырайланып, бір түрлі нұрланғандай боп:

  • Қарағым, дұрыс болды келгенің. Құтты болсын қадамың! Сонау

Семей жақтан ізденіп келсең, дегеніңе жеттің. Тек, ендігі қалғаны бала оқыту, ұстаз болу ғана. Абырой болса, ол міндетіңді де жақсы атқарарсың деп ойлаймын – деді.

           Есенқұл қажының жылышыраймен қарсы алғанына Көлбайдың төбесі көкке жеткендей болды.

  • Жақсы мырза, сізге дән ырзамын. Құдай тілеуіңізді берсін! – деп,

Көлбайда ризалығын білдіріп жатты.

           Көлбай осы жерде мұғалімдікке қалатын тәрізді. Ол шын пейілімен балаша қуанды. Бағанадан бері оны Қарағашқа жолатқысы жоқ Нұрқұмар оның қуанғанын бірге бөліскендей боп, іші жылып сала берді.           

           Қарағаш Көлбайға да ұнапты. Кәзіргідей ыстық жаз болғандықтан елдің бәрі жайлау асқан уақыт еді. Сонда да кісі көзге көп түсетін, үлкен ауыл екені көрініп тұр.

           Көлбай соған да ырза болды.

 

 

 

 

 

Он жетінші тарау

 

 

 

 

 

Ақыры көптен күткен күн жеткен. Бақытжан Қаратаев патшаға жолығатын болыпты. Бұл сөз қазақ азаматтарының құлағына жағымды боп естілісімен, ауыздан – ауызға беріліп, тез арада қазақ даласына тарап кетті.

Бұл хабарға Барлыбек қатты қуанды. Енді қайтсін. Осының өзі үлкен жетістік емес пе. Қазақ азаматтарының үлкен жеңісі осы болар. Дегенмен билік те қазақтармен санасатын болыпты. Әуелі патшаның өзі Бақытжанды қабылдап, тыңдайтын болса, онда бұл істің алға басқаны болды. Нағыз күрестің шын нәтижесі өстіп келді. Қазақ елінде  баяу болса да күрес жүріп жатыр. Барлыбектің қуанғаны осы еді.

Былайша келгенде, патшаға қазақтардың айтатыны көп сияқты. Егер ол соның бәрін тыңдайтын болса. Бәлкім, шақырылған соң, тыңдаса – тыңдайтын шығар. Бірақ соның ішіндегі негізгі керектісін Бақытжан айтып қалуы керек. Айтыла қалса, оның өзі тартып алынып, талауға түсіп жатқан қазақ жерінің тағдыры жайлы болмақшы. Мал ұстауға, адамдар қоныс етіп тұруға лайық жерлердің бәрі переселендерге беріліп жатыр. Бүйте берсе қазақтарға тақыр жерден басқа түк қалмайтын түрі бар. Олай болса, мал тұрмақ адам баласы күн көре алмайтын қу тақырлар, шөл мен шөлейттер ғана қазаққа қалса, қазақтың шекесін қыздырыпты. Қазақтың да жақын арада құрығаны десеңші. Қазақ қауымының атынан айтылмақшы, ең басты мәселе осы болмақшы екен.

Жер кеткен соң қазақтан бірте – бірте күй де кетіп бара жатқандай еді. Қыруар малға баяғыдағыдай жайылым табу осы күні қиын болды. Малға қараған тірлік тіптен ауырлап кеткен. Жерге қараған мал, малға қараған қазақтың жайы болмай барады. Жылдан – жылға қазақ күнкөрісінің көзі болып табылатын мал шаруашылығы күйзеле бастаған.

Міне, осы туралы Бақытжан патшаға шағымданып, бір жағына шығаруды сұрамақшы. Бұл кездесуді ұйымдастырып отырған Ғұбайдолла Жәңгіров болатын. Бақытжанның айтуынша ол осыған қол жеткізіпті. Қазақ азаматтарының айтатыны «Ғұбайдолла жарады!» деген мақтаныш сөз ғана. Оны да естіп жатқан Ғұбайдолла жоқ. Оған бұл сөз жетіп те жатқан емес. Бірақ Ғұбайдолла тамам орыстың арасында жүріп, қазағының бір жағына шығып жүр. 

Ғұбайдолла осыдан біраз бұрын Россияға бағынышты, жеке княздық болып саналатын Финляндияда пошта және телеграф қызметін жолға қойғызған болатын. Николай Екінші өзін қабылдап, осы турасында есебін тыңдаған.

Ғұбайдолланың басқаруымен жүргізілген жұмыстар өте нәтижелі болғандығы оған үлкен абырой әкелген. Европада тағы да көп шиеліністер болып жатқан кезде, Россия сияқты алып елдің мүддесі тағы да күш көрсетумен шешіліуі мүмкін еді. Мұндайда әсіресе байланыс жүйесінің атқаратын қызметі зор. Қазір сол жақтан тұтанғалы тұрған өрттің исі Россия империясының патшасы Николай Екіншінің сарайынан сезілетін сияқты. Ал бұл дегенің соғысқа дайындала бер деген сөз.

Ғұбайдолланың жасатқандары патша мен енді ғана Министрлер Кеңесін және Россиядағы ең белді де, беделді министрлік – Ішкі істер министрлігін басқарып отырған «жас пері» Столыпинге аса қатты ұнаған.  

Патша соңында Ғұбайдоллаға өте риза болып, Империя тарапынан марапатталуын меңзеген. Ғұбайдолла осы жерде бар айтарын айтып қалған еді.    

  • Государь! – деді  Ғұбайдолла  патшаның  назарын  өзіне аударып,

даусын созып айтты. Оның даусы сәл дірілдеп шықты. Николай Екінші марапат жайында Премьер – министрге бірдеме айтқысы келген райынан қайтып, барлық тұлғасын қайтадан Ғұбайдолла жаққа бұрып:

  • Тыңдап тұрмын сізді князь – деді. Оның салиқалы көрінетін салқын

жүзінде таңданыс бардай боп көрінді. Патша Ғұбайдоллаға үлкен қой көздерін барынша төңкере аударып, қарап қалыпты.

           Өзінің тілегін қабыл алғандай болған соң, Ғұбайдолла патшаға:

  • Өзіңіз білесіз, менің киргиз елінен шыққанымды – деп сөзін әріден

бастап, шыққан тегін тілге тиек ете айтып өтті. Ғұбайдолланың мұнысы, айтылатын әңгіменің өзінің қандастары үшін өте маңызды екендігін патшаға жеткізу еді. Патша да, басқалары да өзін мұқият тыңдап тұрғанын көріп, ол:

  • Сол елдің өзіңізге айтар арыз бен армандары бар екен. Соны сізге

жеткізу үшін адвокат Қаратаев деген киргиз дайын тұр. Қабылдасаңыз болғаны ол сізге дала халықтарының арасында туындап тұрған глобальді проблемаларды ашып береді – деп қиыла сұрады.

           Николай Екінші қаншалықты патша болса да, біртоға мінезді, қарапайымдылығы басымдау кісі болатын. Туа біткен ақылдан да өзі кенде емес. Көбінесе мінезі тұйықтау көрінсе де, адам мінезін танығыш, кісі көңілін жықпайтын қайырымдылықтан да құр алақан емес еді. Сонысына салып, ол Ғұбайдолладан:

  • Мәселе не жайында болады – деп сұрады.
  • Государь, киргиздарда мәселе көп. Дегенмен де, соның ішінде ең

бастысы қазынаға алынып жатқан жерлер жайлы, переселендер легін азайту және күйзелген шарушылықты қалпына келтіру болып тұр – деп, Ғұбайдолла ең басты мәселеге патшаның назарын аударғандай болып айтты.

          Патша Ғұбайдолла сөзінің төркінін білуші еді. Атақты «Крепостнойлық право» жойылғаннан бері бас бостандығын алған шаруалар мен мұжықтарға жер тауып берудің ең оңай жолы оларды Қазақ елі мен Сібірге тоғыту еді. Ол жақта әлі игерілмеген, малдың тұяғынан басқа ештеме тимеген жерлер көп. Соларды барып ала берсінмен сол жаққа бәрін тоғытып жатыр. Ол жақтағы туземдік халықтың жағдайын ойлаған ешкім жоқ. Патша мұны да білетін. Ал ішкі Россиядағы помещиктердің жерін осылайша үлеске салып көр. Ертеңге дейін жеткізбей мойныңды бұрап алсын. Өйткені «помещиктер Россияның жұлыны ғой» деп айтады. «Оны алдымен айтатын басқару тетігінің ең жоғарғы сатысында отырған қасында тұрған Столыпиннің өзі емес пе. Ал киргиздар өйте алмайды. Өйткені олар отарлық, мүшкіл қалдағы халық. Әрі қараңғы, әрі надандар. Оған олардың басы жетпейді. Тек, ішіндегі мына Жәңгіров сияқтылары болмаса» деген ой патшаны шарпып өткен сияқты. Неге Жәңгіровтың бұлайша сөйлеп тұрғандығын ол іштей жаратпай қалған. «Не жетпейді екен. Бәрі бар. Азиаттық титул аз болғандай өзіне орыс титулының ең жоғарғысы «князьді» де бердік. Анау – мынау министріңнен кем емес үлкен бір департаментті де басқарып отыр. Әскери атағы да әуелі менен жоғары болып тұр. Соның бәрі өзіне аздық етіп, ендігісі «қандастарым тұралап қалды» дейді. Оларға мен не істемекшімін?» деген патша ойының түкпірінде тағы бір арам ой қылт ете қалған. Сол ойы оған «бұл өзі әкесі сияқты киргиздар елінің ханы болғысы келетін шығар? Россия астан – кестен болып жатқанда соларды бөліп алып, жеке билікке көшкісі келді ме? Өйткісі келсе мұның да көзін жоғалту керек. Бұрындары киргиздардан шыққан бір пысығы, Қашқарды орыстарға, күллі Европаға ашып берген. Кейінде Орта Азияны бағындыру экспедициясына қатысып, өзінің қандастарын жақтап шыққан. Есерсоқтау генерал Черняевпен сол үшін ерегесіп те жүріпті. Ақыры Черняевты жеңе алмайтындығын біліп, әскерлерден іргесін аулақ сала бастапты. Артынша, отыздан аспай өліп тыныпты. Кім біледі оған не болғанын. Черняев арам пиғылдыққа жақын жүретін адам. Ел ішінде қауесет бар, өзіне жақпағандарға ол білдіртпей мышьяк бергізеді» деп айтатындар бар. Патша ойланып қалған. Өзіне де біреу тамағына у қосып жіберетіндей тітіркеніп кетті. Ең жаманы мышьяк екен ғой. Көпке дейін адамды аз – аздап уландырып, білдіртпей құртатын сияқты. Патшаның ойында бұл да бар. Бірақ қазір Жәңгіровқа дұрыс жауап беруі керек. Өйткені ол жай адам емес. Орыс – түрік соғысының батыры. Түріктермен соғысқанда, олар өзімен туыстас болса да, орыс қаруының жеңісі үшін жанын аямастан соғысты. Лейб – гвардия әскерлерінің ардагері бола тұрып, патша срайының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Тіпті менің әкемді де қорғады. Бұл кеткеннен кейін оған халықшылдар қастандық жасады» дегенде патша аздап жібігендей болды. Патша түсін сәл жылытып:              

  • Шаруашылықты қалпына келтіру дегеніміз жақсы екен. Бірақ сонда

да жердің бәрі Империянікі ғой. Империя өзі біледі ондай жерлерді қалай пайдаланатындығын. Россия империясындағы жерлерді қалай пайдаға асырудың жолын әсіресе біздің Петр Аркадьевич жақсы біледі. Соңғы реформалардың барлығына өзі қатысып, бас – көз болып жүр. Бұл кісіге ол жөнінен сенуге болады – деп патша қасында тұрған Столыпинге қарап қойды. Ұзын бойлы, сұлуша келген, сәл қасқалау Столыпин өзінің көрікті бейнесімен көпшіліктің ішінде ерекше көрінетін. Қазірде ол өзінің аты аталысымен патшаға қарап, сәл басын изеп, оның айтқанын мақұлдайтындай түр көрсетті.

           Патша енді бас – аяғын жиғандай қып:

  • Жарайды князь, көңіліңіз білсін. Олай болса сіз айтқан кісіні мен

қабылдайын. Бірақ алдын – ала айтайын, жер мәселесі қайта қаралады деп айта алмаймын – деді. Сөз осымен аяқталған болатын. 

Патша Бақытжанды өзімен кездесуге белгіліген уақыт, е дегенше, тез арада өте шықты. Ендігі кезек Бақытжандікі еді. Елдегі болып жатқан барлық заңсыздықты патшаға жеткізсем деген тілегіне жетті. Барлық қазақтың аманатын бір өзі арқалап жүргендей Бақытжанның көтерген жүгі өзі үшін ауыр көрінген. «Қазағымның табанына батқан шөгір менің маңдайыма батсын» деп, сол жүгін Мемлекеттік Думаға да әкелген. Мұхамеджан Тынышбаев екеуі қандайлықты баяндама жасады. Соның арты не болды. Мемлекеттік Думадағы өңшең қаражүздік, монархистік депутаттардың мазағына айналды. Қазақтың басындағы мұң оларға керек пе. Керегі жоқ екенін Бақытжан сонда ғана өз басынан кешірген. Бірақ Бақытжан дегенінен қайтқан жоқ. Әлі де болса ең соңғы үміті патша болып тұр. Сол сыннан өту үшін патшаның өзіне кірмекші. Айтудай қып, айтпақшы. Қажет болса, оған да батырып айтпақшы. Мейлі елі үшін атып – ассын, оны өздері біледі. Бұл Бақытжан Қаратаевтың соңғы тілегі еді. Оның бұл тілегін іске асырған Ғұбайдолла Жәңгіров болды. Осындай ауыр жүк, соңғы аманат арқалаған Бақытжан мезгілінде патшаға жолығу үшін Петроград қаласындағы Қысқы сарайға келген.   

Бақытжан патшамен кездесуге асыққанымен, Қысқы сарайға кірудің өзіндік тәртібі бар еді. Ол алдымен содан өтті.

Патша сарайының қауіпсіздігін бұрынғы Семенов полкінің арнайы күзет бөлімдері атқаратын. Патшамен кездесуге байланысты Бақытжанды алдымен Патша сарайының – Сарай істері министрі қабылдап, өзі білетін патша жарлығы бойынша ресми түрде сөйлескен. Протокол және ресми түрде патшаға қалай сәлемдесу керек, онымен сөйлескенде өзін қалай ұстауды, жүріп – тұруды айтып шыққан. Министрдің айтқандарын Бақытжан үнсіз тыңдап, «сіздің айтқандарыңызды түсіндім, бұлжытпай орындаймын» деп құтылды. Қабылдау соңында, келесі кезекке, министр оны Патша сарайының коменданты генерал Дедюлинге тапсырған еді.

Дедюлин, Бақытжанмен барынша қысқа сөйлесті. «Не үшін?», «Қалай?» деген ресми түрде берілген сұрақтардан кейін оның өзімен бірге алып жүрген қағазға толы саквояжын арнайы қызметкерлерге мұқият тексерткен. Онан қалса олар өзінің де өнебойын тінтіп шыққан. Тек содан кейін барып Бақытжанға сарайға кіру пропускісі берілді.

Сөйтіп, Бақытжан Қысқы сарайдың қабылдау залынан бірақ шыққан. Бұрын Қысқы сарайға кіріп көрмеген Бақытжан жан – жағына саябыр қарап, үлкен залдың ішкі құрылысын тамашалай бастаған. Сәулет өнерінің бұл туындысын ол енді қайтып көреді ме, көрмейді ме, бір құдай біледі. Бірақ оған қазір бәрі қызық болып көрінген. Жүрегі лүпілдеп, патшаға айтар сөздерін ой елегінен өткізіп тұрса да, мына бір ғаламат сәулеттік өнер туындысына да іштей тамсануын тоқтата алмастан тұр.

Бір уақытта залдың үлкен есігі айқара ашылып, ішке нөкерлерімен патша кірді. Оның қасындағы генерал формасындағы еңгезердей қартаңдау кісіні Бақытжан танымады. «Шамасы  патшаның генерал – адъютанты болар» деп ойлады. Сол сияқты тағы бір – екі адам патшаның қасынан қалмастан бірге келді. Олар патшаның писарьлері, көмекші, тілмаштары болса керек.

Патшаның жүрісі әзірге ширақ, аяқтарын нық басып, сидаң жүреді екен. Сол бетімен өзіне жақындағанда, Бақытжан оған:

  • Ваше величество, сіздің саулығыңызды тілеймін! – деп, сәл басын

иді. Николай Екінші де иегін көтеріп, аузын жыбырлатты. Оның үлкен сұр көздерінің айналасы шүңірейіп, астыңғы жақтарына қоңырқай дақ пайда бола бастапты. Бет әлпетінде мазасыз күй кешіп жүргеннің белгісі білініп тұр. Әдемілеп бастырған сәл жирендеу, кей тұсы қоңырқай келген сақал – мұртын, самай тұсын ақ қылаң шала бастапты. Патша қатты уайымдайтын болса керек. Түрінен шаршап – шалдыққандық білініп қалды. Оның осындай мүшкілдеу тартқан қалын көріп, Бақытжан іштей аяушылық білдіріп: «Оңай дейсің бе, осындай алып елді басқару. Бүйтіп кетеуі кеткенше, патшалығын қолынан іс келетіндерге тапсырмай ма. Анау Иван Грозный мен Бірінші Петр сияқты алапат болса бір сәрі» деп, патшаны жазғырғандай болды.

          Патша басын кекжите қап, Бақытжанды бастан – аяқ бір сүзіп өтті. Сосын патша:

  • Князь Джангиров айтқан сіз екенсіз ғой. Маған не айтқалы келдіңіз

– деді.

  • Милостивый государь, мен адвокат Қаратаев барлық Қырғыз – қазақ

халқының атынан мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені өзіңізге айтқалы келдім. Шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарына қоныс аудару арқылы шешкісі келетін мәселенің күрт шиеленісіп кеткендігіне көзіңізді жеткізсем деймін.

          Қазіргі кезде аграрлық дағдарысты шешкісі келетіндер, бұл проблеманы ең оңай жолмен, шаруаларды Орта Азияға көшіру арқылы жасағысы келеді. Осындай көзқарастағылар ең алдымен Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиков, сондай-ақ Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин мырзалардан басталып отыр.

Алайда осы уақытқа дейін елдегі ең жоғарғы, халық сайлайтын өкілетті орган Мемлекеттік Дума болса оның деле­гаттарының бірде-бірі дәл қазір «азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстан­дыратын басы артық жер бар ма» деп ешкімнен сұрамапты. Тіпті сол переселенге айналған шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жараты­лыстық тарихи, шаруашылық – статистика, топырағы мен ауа райы жағдайлары тұрғы­сынан зерттеліп болды ма деп солардың біреуі сұрады ма екен? Жоқ олар өйтіп сұраған да жоқ, ол туралы тіпті біле де қоймас.

Жергілікті халық­тың мүдделерімен есептеспей жасалған қоныстандыру бағдарламасы қалай дегенмен де әділет­сіздікке жақын болып отыр. Ол қашанда күш­тінің әлсізді қанауы ретінде және күш көрсету арқылы жасалынады. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз қайсақ деп аталатындар – әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық. Сол себепті де оларға зорлық жасауға болады деп ойлайсыз ба? Қайта біз сияқты халықпен ортақ тіл табысуға болады және бізге зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ деп ойлаймыз.

Милостивый государь, сіздер Россияның жүз отыз мың помещиктерінің мүддесін көздеп, қазақ даласына орыс халқының шаруаларын күштеп көшіріп жатырсыздар. Мұның өзі мұжықтарға өз елінен жер берместің айласы деп өткен жолы мен Мемлекеттік Думада атап өттім.

Біздер қазақтар, орыс шаруаларының жерге қатты мұқтаж екендігін жақсы түсінеміз. Бірақ қазақ елінде де осындай қоныстанушыларға ығысып бере қоятын басы артық жер жоқ. Соны сіздердің білетін уақыттарыңыз болды ғой деп ойлаймын.

Қазіргі өкімет органдары жүргіздіріп жатқан «қоныстандыру атты компания» қырғыз – қайсақ халқын ғасырлар бойы отырған жерінен күштеп көшіріп жіберумен қат – қабат жүргізіліп жатыр. Бұл нағыз қатігездік болып тұр. Өйткені мұның өзі біздің халықты тек қана жерінен емес, олардың тұрып жатқан үйреншікті мекенінен де күштеп айыру болып саналады. Осындай өрескел заңсыз әрекеттердің арқасында қазақтар өз ата қонысынан жаппай айырылып, өз жерінде босқындарға айналып отыр.

Крепостниктік право алынғаннан кейінгі ғасырлар бойы жерсіз өмір кешкен шаруаларға бұл үкімет бостандық пен еркіндік берсе де, өз ішінен яғни Россия мемлекетінің аумағынан жер бере алмай отыр. Соның есесін енді отар елдің жерін тартып алуға айналдырып жіберді. Жерсіз қалған мұжықтарды билік Россиядан шет аймақтарға, оның ішінде қазақ даласына қарай жылдан – жылға көбейтіп көшіріп жатыр.

Столыпиндік үкімет болса, қазақ елінің шұрайлы, ең құнарлы жерлерін, өзен – көлдерін, орман – тоғайларын, солардың бірден – бір иесі жергілікті халықтың көзін бақырайтып тұрып, тартып алуда. Осы зорлықтың белгісі ретінде қазақ елінде соқа салынбай-ақ, боразда тартылып кесіп алынған жерлердің бұрыштарына орнатылған Столыпиннің қара – ала діңгектер масқаралық белгіге айналып, қазақ халқының үрейін ұшыратын болды. 

Қазақтарды өзінің байырғы жерінен тықсыра – тықсыра, әбден титықтатты. Енді оның көшіп баратын жері де қалмады. Қазақтың жерін өз ойындағысындай таратуға бұл өкіметтің еш хақысы жоқ. Өйткені бұл жерлер ол өкіметке тиісті емес. Ол жерлердің осы өкіметтікі екендігін дәлелдейтін ешбір заң актісі болмаған және ол бұрындары қабыладанған да емес. Олай болса өкімет қалайша батылы барып қазақ халқының жеріне иелік жасайды.

Біз, қырғыз қайсақтар, Россияда қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етенінін терең түсінеміз. Біздің шаруа бауырлары­мыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз. Егер біздің елде басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз.

Милостивый государь!

Осыған дейін Азияда ұшы қиырсыз жер бар, шаруаларды сонда қоныс аудартып, осылайша жер жетімсіздігін жоюға болады деген жаңсақ пікір айтылып, бүгінде орын алып отыр. Бұған бір жағынан қырғыз – қайсақ еліне тексерумен келген белгілі ғалым Щербина да кінәлі болды. Ол бар болғаны Далалық облыстардың солтүстік уездерін, атап айтқанда, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының жері құнарлы уездерін ғана зерттеп, осы елдің оңтүстігіндегі уездерін барлай алмаған. Егер ауа райы мен топырақ жағдай­ларының барлығы тұтастай зерттелген болса, онда Далалық облыстардың оңтүстік уездерінде топырақ сорлы, құмды, кеуіп қалған сор дала болғандықтан, басы артық жердің өте аз екені жайында ешқандай күмәнсіз қорытынды жасаған болар едік. Осы кезге дейін бәрі қырғыздар көшіп қонып жүрді-міс деген түсінікпен келген еді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпелілері де, отырықшылары да бар.

Далалық облыстардың солтүстіктегі құнарлы уездерін, міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қыр­ғыздар жайлап, егін егіп келеді.  Олардың

кей­біреулері шымнан, енді біреулері кірпіш­тен, үшіншілері қызыл кірпіштен үй салып алған, бір сөзбен айтқанда, олардың өз тұр­мыстарына сай тұрғын үй мен қора қопсылары бар. Осынау отырықшы қыр­ғыздар үшін егін егу – тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі болса, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудару процесі іс жүзінде осы қыр­ғыз­дарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығуға жол беріп отыр. Қысқасы жер туралы айтсақ, бұл киргиз халқының ең басты мәселесі болып табылады. Киргиздардың жерін олардың жағдайымен санаспай осылайша ала берсе, бұл халық тыныштықта бола алмайды деп айтқым келеді. Қазірдің өзінде олардың мазасыз күйлері біліне бастады. Кейбір жерлерде мұның өзі ашық айқасқа шығуға мәжбүр етіп жатыр. Мұның бәрін Жоғары мәртебелім, киргиз халқы қалай түсіну керек!?

            Былайша айтқанда біздің халықтың барлық салт – санасын, тұрмыс – дәстүрін, тілі мен ділін құртуға айналуымен тойынбастан бұл Үкімет енді оның жеріне ауыз сала бастады. Жерден айрыла батаған бұл халықтың тіршілік көзі мал шаруашылығы мен жер өңдеу арқылы табылатын азық – түлік табуына нұқсан келіп, енді олар аштан қырылудың аз алдында тұр. Осындай әдіспен қазақ атын баяғыда жоғалтып, киргиз болып кеткен алты миллионнан астам халықты мүлдем ұлт ретінде жойып жіберу процесі жүріп жатыр. Олардың арасында осыған байланысты әлеуметтік және саяси жағдай шиеленісіп, билік біткенге жаппай қарсы тұру басталғалы жатыр деді.

          Бақытжан өзінің ұзын – сонар әңгімесін осылайша аяқтай келе соңында патшаға жан түршігерлік шындықты жайып салған еді. Неде болса айтып қалайын дегенін айтып салды. «Ар жағында не істеп, не қоятындығын патша өзі біледі» деген тұжырыммен, осылай аяқтаған. Үстінен ауыр жүк түскендей боп, Бақытжан өзгеріп сала берген. Ішінен терең күрсініп, «патша не дер екен?» деп, оның айтарын қамтып қалайын деп, қамданып та отырған сияқты.

Мына кездесу, патша өміріндегі көп кездесуден өзгеше өтіп жатқан сияқты. Патшаны бет – жүзіне қарамастан, сақалын сапситып қойып, Бақытжан сойып салғандай етті. Дардай болған патшаның өзін шіркін патша екен деп аямады. Бақытжан оны шылп етпестен, беті бүлк етпестен, сүйегінен өткізіп, айтып салды. Сойғанда жай соймады, іреп отырып сойды. Іремегенде қайтсін, патшаны бүкіл үрім – бұтақ заузатымен қоса, оның Үкіметімен бірге, сонымен қоса бүкіл билігінің істеп жатқандарын заңға қайшы келтіртіп шығарды. Бұдан артық масқара болар ма. Патшаның қасындағыларға солай көрінсе, патшаның өзіне қалай білінді екен.

Бақытжан Қаратаевтың айтқан кейбір сөздері Николай Екіншіні қатты ойлантып тастады. «Өзі жиілеп кеткен орыс революциясынан құтыла алмай отырғанда, ендігі жетпегені жабайы халықтардың революциясы еді. Мына біреудің айтысына қарағанда жағдай онша мәз емес қой» деп, патша не айтарын білмей тұрғандай. Бұрын ол бұған мән бермеген еді. «Үш ұйықтаса түсіне кірмеген екен» киргиз сияқты халық орыс қожайынға керку үйретеді деп. Керку үйреткені былай тұрсын, өздерін оқытатын түрі бар мынау сияқты киргиздардың» деп, патшаның ойы бұзыла берді.

Бір жағынан бұл кездесу патша үшін көп дүниенің сырын ашқандай болды. «Осы былтыр ғана емес пе еді, граф Паленнің киргиз даласына ревизиямен барғаны. Пален сол жақта болып жатқан көп жайдың бетін ашқандай болып келген. Кейінде Пален өзіне жазған анықтамасында осы жайында: «Өкінішке қарай Егіншілік пен жерге орналастыру ісі бас басқармасы мен переселен басқармаларының жұмысында, тіпті қоныс аудару кампаниясының жалпы бағытында әу бастан-ақ, заңнан ауытқуға жол берілгендігі анық байқалды. Бұл органдар жергілікті туземдік халықтың тұрмыстық – тарихи және шаруашылық – статистикалық жағдайын зерттеместен, сондай-ақ, қырғыздардың (қазақтардың - автор) жерге деген сұранысын елеместен және оларды жермен қамтамасыз ету ережелеріне  жасамастан, тек қана кездейсоқ факторларға жүгіне отырып, переселендік мекемелер Россияның түкпір – түкпірінен келе бастаған азаматтарға қырғыздардың (қазақтардың - автор) бұрыннан бері иеленіп келе жатқан жерлерін, әсіресе, суармалы егіншілік, бау – бақшалық, бақтар мен орман – тоғай орналасқан және суғару жүйелері мен тоған, каналдарын бере бастаған. Бұл жергілікті, туземдік халық қырғыздардың (қазақтардың - автор) оларға деген сенімін жоғалтып, қарсылықтарын туғызға бастады» деп жазған болатын. Сөйтіп, Пален аграрлық саясаттың, қоныс аударушылық кампаниясының Жетiсу жерiнде орын алып отырған кемшiлiктерiн, жергiлiктi әкiмшiлiктегiлердiң кінәсі деп тапты. Онымен қоймай, осы тарапында болып жатқан заңсыздықтарды қатты сынап айтыпты. Тіпті, ол бұл жайды, оларға осы жолы түбегейлі мойындатқандай етті.

Паленнің осы мәселе бойынша тексерiс кезінде анықтаған көптеген кемшіліктер ол дайындаған ауқымды анықтамаға негіз болған еді. Онда патша өкiметiнiң солақай «Аграрлық саясатының» арқасында ендi ғана отырықшылыққа бет бұрған халықтың тым – тырақай қуаланғанын, олардың шөл мен шөлейт жерлерге күшпен ығыстырылғаны туралы да ашық айтылған еді. Ал мұның бәрі олардың ғасырлар бойы жүргізіп келе жатқан негізгі шаруашылық көзі болып табылатын – мал шаруашылығына кері әсерін тигізгенін де ашық көрсетті. Тек, соның салдарынан ғана Жетiсу аймағында отыз мыңнан астам халқы бар, бес мың бiр жүзден аса отырықшылық ошақтарының қиратылғаны туралы да айтылған еді» деп, патша Паленнің есепті баяндамасын есіне алып тұрған.  

          Бірақ патша сыр бергісі келмей, Бақытжанға қарап сөйлеп кетті.

  • Империяда болып жатқан реформалардың бәрі Россия халқы үшін,

соның игілігі үшін жасалып жатыр. Шаруаларға жер де сондай ыңғаймен беріліп отыр. Империя көлеміндегі жердің барлығы мемлекеттікі. Мемлекет өзі біледі, кімге қанша жер берілетіндігін. Сондықтан мұның бәрі дұрыс, бәрі заңды – деді. Патша осымен сөзін аяқтап, бұрылып алып кете берді. Ең құрыса, қоштасуға да жарамады.

           Бақытжан сол тұрған жерінде сілейген қалпында қала берген. Бойын қысқан ашуды сыртқа шығармастан, томсарған күйі тұр. Халқының басына түскен осындай қиын заманды патшаға айтқаннан бәрібір түк шықпады. Бақытжанның ойын тесіп бара жатқан осы еді. «Қазақ еліндегі осындайлық ауыртпалықты патша білмейді ме?» деген сұраққа Бақытжан енді ғана жауап тапқандай. Сүйтсе, «тұлыпқа мөңіреген бұзаудай» қаншама жыл бойы патшаға кіруді құр босқа армандап жүріпті ғой. Мұның алдында өзімен пікірлес Думаның: Мұхамеджан Тынышбаев және басқа да қазақ депутаттарымен бірігіп, Дума алдына қойған жер мәселесіне қатысты істері ешқандай да қолдау таппады. Өздері ойлағандай: «қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық мұқтаждықтары шешіледі деген үміттерінен түк шықпады. Енді міне, соңғы үмітінен де айрылды. Қазақтың мұңы мен мұқтажы, патша екеш, патшаға да керек болмай қалды. Патшаға керек болмаса, басқасынан не үміт, не қайыр. Сонда не болды. Бітірген түгі де жоқ. Неге бұлай болды?» деп, Бақытжан өзіне – өзі налып, өкінішін жасыра алмастан булығып тұрған секілді.

           Патшасына да, басқасына да, қазақтың шықпа жаны, шықпасы да, мұң – мұқтажы керек емес екен. Бақытжан осыны анық түсінді. «Олай болса, мұны ол басқаша жолмен іздейді. Сондай жолды ол Большевиктерден ғана күтетін сияқты. Тек қана, «еруліге – қарулы» дегендей, Большевиктер ғана патшаны әмбе – дүмбесімен қосып, оның ішінде: буржуйы мен капиталисі, помещигі мен бай, көпесі бар үстем тап ретінде күшпен биліктен тайдырып, сөйтіп қанаушы тап ретінде көздерін мүлдем жояды екен. Сонда ғана олар басқаға озбырлық істеуден қалатын болыпты. Озбырлық біткен сонда ғана жойылады. Оның артынша «қой үстіне бозторғай   жұмыртқалаған заман» келеді екен. Қазағының да көзі сол кезде ашылатын сияқты. Сонда ғана қазақ ел қатарына қосылмақшы. Соңғы кезде Бақытжанға ұнайтыны осы болып жүр. «Сонда көрер едім, Жоғары Мәртебелімнің әуселесін» деп ол кіжініп алды. Кімге кіжінгенін өзі біледі. Әзірге онысын сыртқа шығарар емес.

           Осындай ой үстінде Бақытжан көңілі алысқа қарап, ұзап кеткен.

– Қаратаев мырза! Сіз енді боссыз, кете беруіңізге болады – деген сөз оны селт еткізді. Бұл сөзге шошына, жалт қараған Бақытжан ендігі өзіне сөйлеп тұрған Патша сарайының, Сарай істері министрі екенін аңғарып, сол жаққа қарады. Сонда ғана барып, патшаның кетіп қалғаны есіне түсіп, бұл жерден кету керектігін ұққан еді.

Осы күйі, біраз тұрып қалса керек. Жаңа ғана түңіліп тұрған көңіліне шуақ болардай боп, жалт еткен қуанышы да жоқ болған.  Салқын қабақпен қасында тұрған, үстіне генерал – адъютанттың мундирін киген министр жаққа қарады. Оны жақтырмай тұрса да, оған ләм деп аузын ашпастан бұрылып алып жүре берді. Қысқы сарайдың біріне – бірі жапсарласып, салынған даңғарадай залдарының іші қаңырап, бос қалғандай көрінеді. Өзінің де көңіліндегі ауыр ойлар еңсесін басып, қабырғасын сөгіп жіберердей сезінеді. 

Қазір өзіне бұл дүниеде жарық жоқ сияқты болып көрінген. Бәрінен теріс айналып, кезіп кеткісі бар. Бірақ артында ел – жұрты тұрғанда өйте алмасын тағы ойына алып, ауыр күрсінді. Осы кезде оған патшасы да, Столыпині де, Сарай істері министрі де барлығы бірдей жиіркенішті, жек көрінген. Олардың бәрі өзіне жау боп шыққандай еді.

Бақытжан осындай көңілмен патша сарайынан шығып келе жатып, өзіне серт бергендей боп: «ендігі көрмеген жерім осы болсын» деп тартынып қалған. Өйткені бағана кіргенде дүдамал болған ойына көп жақсылық кіретіндей боп, көңілі бір түрлі қош тартып келіп еді. Енді басқаша болып шықты. Айналасының бәрі суық, бұл жердің адамдары да суық көрінеді. Олардың ойларының бәрі жымысқы, жамандыққа тым жақын екен. Соны жаңа байқады. Өкініштісі осы болды. Бірақ тағы бір үміт оты жылт еткендей бола қалды. Онысы осыған дейін пайда боп, ойына жол тапқан, ең соңғы жүрекжардысы еді. Бақытжан: «енді соны қалай іске асырам» деп ойланып қалған еді.

(Бақытжан Қаратаев өзінің айтқан сөзінде тұрды. Өзінің ниеттес достары қазақ зиялыларынан бөлініп кетті. Кейінде зиялылардың басым көпшілігі Алашорда мемлекеттігін құруға кіріскенде ол Большевиктер партиясына кіріп, Россиядағы Патша өкіметінің ең негізгі қарсыластарының арасында жүрді.

Бақытжан Қаратаев Қазан төңкерісін шын ниетімен, батыл жақтап қарсы алды.  Қазан революциясынан кейін, Кеңес өкіметін құруға ат салысты. 1918 жылдың наурызына дейін қазақ елінің батыс өңірінде соғыс күшін ұйымдастыруға кірісті. Большевиктердің басшылығымен шақырылған Орал облыстық кеңесінің 1съезіне қатысып, Кеңес өкіметін құрысты. Осы кеңестің атқару комитетінің құрамына сайланды және юстиция комиссары болып тағайындалды.

Азамат соғысы жағдайында Кеңес өкіметі елдің батысында құлағанда, Облыстық кеңес мүшелерінің аздаған тобы ішінде: Бақытжан Қаратаев, Әйтиев, Ипмағанбетов, Арғыншиевтер бар Жайық өзенінің сол жақ жағасындағы қазақ еңбекшілерінің арасына құпия өтіп, күш жинады. Сол жерде ақ казактардың қолына түсіп, тұтқындалды. Орал түрмесіне қамалып, бір жылдай азапты күндерді түрме жағдайында өткізді. Түрмеде жатса да мойымастан, астыртын күресті одан әрі жалғастырды. 1919 жылы қаңтар айының аяғында Орал қаласы Чапаев дивизиясының күшімен ақ казактардан босатылып, Бақытжан Қаратаев өлімнен аман қалды.

1919 жылы 10 шілдеде Қазақ әскери – революциялық комиеті құрылды. Бұл болашақтағы Қазақстан атты елдің ең алғашқы жоғары мемлекеттік органы еді. Бақытжан Қаратаев Қазревкомның мүшелігіне сайланды. Кейіннен Қазақ АССР-нің Заң комиссары болып тағайындалды.)         

          

 

 

 

Эпилог

 

 

Бұл жолы да, Барлыбектің қатысуымен Қапалда жиын өтті. Жиналған елдің дені өңшең бай – құтандар Барлыбектің сөзіне әлі де болса бой ұрып, оның айтқандарына ойлары жетіп болмағандай көрінеді. Сөйтсе де, бірақ Барлыбек қозғаған ой өз мәнісіне жетіп, өресіне кенелгендей болды. Көпшіліктің де ишарасы осыған байланысты шықты.

Көптің байлауы қойсын ба, Қапал өңірінің байлары қанша дағдарса да, бұл іске жәрдем беруден бас тарта алмаған сияқты. Ел Барлыбектей қадірі тасқан азаматына бұл жолы да сенім білдірді. Барлыбек те елге әбден разы боп қайтты.

Бұл байлау мәселенің арты жақсы аяқталғандығының белгісі еді. Қапалдағы тағы бір келелі іс өз дегеніне жетіп, тағы да сәтті шықты. Осының бәріне мұрындық боп жүрген Барлыбектің де ел ішіндегі жақсы атағы қатты шыға бастағаны білінеді.

Ал, Барлыбек үшін алда әлі көп іс бар сияқты. Түйіні шешілмеген, қол қусырып, қарап отырғызбайтын келелі мәселелер әлі көп. Солардың бәрі қазағына керекті істер, халқының мұң – мұқтажы екені де рас. Барлыбек соларды көп ойлайды, қазір де көкейіндегісі солар еді.  

      

Екінші кітаптың соңы

Алматы қаласы

2010 жыл

 

 

 

 

Кітапта кездесетін қазақ саяси ойлар ағымында өзіндік із    

          қалдырған тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің тізімі. 

 

  1. Мұхамед Хайдар Дулати – қазақтың дулат тайпасынан шыққан тарихи қайраткер. Тарихшы, Ұлы Моғол империясын құрушы Бабыр сұлтанның нағашысы, Кашмир өлкесінің билеушісі.
  2. Асанқайғы – қазақ халқынан шыққан ойшыл, философ, кемеңгер.
  3. Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, ағартушы, философ.
  4. Шоқан Уалиханов – қазақ халқының ағартушысы, ғалым, қоғам қайраткері, зерттеуші, Россия география қоғамының тең мүшесі.
  5. Абылай хан – қазақ хандығының соңғы ірі ханы. Қазақ елін біртұтас, күшті мемлекет етуге күш салды. Жоңғар хандығымен болған соғыста оны жеңіп қана қоймай бір жола күйреткен қазақ ханы. Дарынды қолбасшы, көреген мемлекет билеушісі, ірі дипломат.
  6. Әбілқайып хан – қазақтың Кіші жүзінің ханы. Дарынды қолбасшы, атақты стратег. Қазақ елінің жасақ әскерлеріне бас болып, жоңғар хандығымен болған соғысты төрт ірі шайқастарда жеңіске жеткізген. Қазақ елінің басқа да сыртқы жауларына күйрете соққы берген шайқастарды басқарып, жеңіске жеткізген.     
  7. Кенесары Қасымов – Абылай ханның немересі, ұлт азаттық қозғалысының көрнекті тұлғасы. Қазақ халқының отаршылыққа қарсы және тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер.
  8. Бұқар жырау – қазақтың атақты жырау – ақыны. Абылай ханның сарай ақыны – кеңесшісі. Жоңғар қалмақтарымен болған соғыста қазақ халқын жаумен күреске жігерлендіріп, елін сақтап қалуға үгіттеген жырауы. Ойшыл, артына өзіндік философиясын қалдырған адам.
  9. Жамбыл Жабаев – қазақ халқының ұлы ақыны, қазақ елінің қоғамдық – саяси өмірінің кемеңгері.
  10. Барлыбек Сырттанов – жоғарғы білімді патша үкіметінің шенеунігі. Жетісу жеріндегі, сондай-ақ қазақ еліндегі саяси көзқарастың қалыптасуына ат салысқан қайраткер. Отаршылдықтың бұғауында болған Қазақ елінің алғашқы конституциясының жобасын жасауға қатысқан тұлға.
  11. Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол саласының инженері, Түркісіб теміржол жобасын іске асырған адам. Россия Мемлекеттік Думасының депутаты, Қоқан автономиялық үкіметінің төрағасы, Алашорда үкіметінің төрағасы.
  12. Тұрар Рысқұлов – Түркістан Советтік автономиялық үкіметі атқару комитетінің төрағасы, Қазақ Советтік автономиялық үкіметі атқару комитетінің төрағасы, Бүкілроссиялық Халық Атқару Комитетінінің Ұлттар ісі Халық комиссарының орынбасары,  Бүкілроссиялық Халық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары.
  13. Әлихан Бөкейханов – қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Қазақ елінде алғашқы саяси партия құруды жүзеге асырушы тұлға. Алғашқы тәуелсіз мемлекет Алашорда автономиясын құруға қатысқан, осы мемлекеттің жоғарғы органы – Халық Кеңесінің төрағасы. Қазақтар арасынан тұңғыш рет Европа массондық ложасының мүшесі атағын алған тұлға, ұлттық қайраткер, Қазақтың Алашорда мемлекеттігінің көсемі .
  14. Бақытжан Қаратаев –  қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Россия Мемлекеттік Думасының депутаты, Қазақ елінде алғашқы саяси партия құруға ат салысқан тұлға, атақты заңгер, Кеңес Үкіметін құруға қатысқан тұлға. 
  15. Халел Досмағанбетов –  Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан тұлға. Алашорда мемлекетінің саяси қайраткері. Кеңес Үкіметін құруға қатысқан қайраткер.  Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін құруға ат салысқан тұлға.
  16. Жаһанша Досмағанбетов –  Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан тұлға. Саясаткер. Атақты заңгер. Кеңес Үкіметін құруға қатысқан қайраткер. 
  17.  Махамбет Өтемісов – қазақ халқының атақты ақыны, Ішкі Бөкей ордасында болған халық көтерілісі көсемдерінің бірі.
  18.  Исатай Тайманов – Ішкі Бөкей ордасында болған халық көтерілісі көсемі.
  19.  Ілияс Жансүгіров – қазақ халқының көрнекті ақыны. Қоғам қайраткері.
  20.  Әсет Найманбаев – қазақ халқының ақыны.
  21.  Міржақып Дулатов – көрнекті ақын. Қазақтың қоғам және мемлекет қайраткері. Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саясаткер.
  22.  Жәңгір хан – Ішкі Бөкей ордасының соңғы ханы, Россия өкіметінің жергілікті жердегі наместнигі, генерал атағын алған.
  23.  Ғұбайдолла Жәңгіров - Россия өкіметінің әскери қайраткері. Лейб – гвардия әскерлерінің генерал – адъютанты. Кавалерия және инфантерия әскерлерінің генерал – лейтенанты. Орыс – түрік соғысында ең алғаш рет әскери салада телеграф байланысын кіргіздіруге қатысып, оны тиімді пайдалануға жол ашқан. Россия мемлекетінің пошта және телеграф жөніндегі департаментінің директоры.  
  24.  Тәнеке Қалқабаев – Матай руының рубасысы. Жетісу жерінде елі мен жерін отаршылдықтың құрбанына шалдырмауға күрес жүргізген тұлға.
  25.  Жақып Ақбаев – қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Заңгер. Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саяси қайраткер.
  26.  Жаһанша Сейдалин – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Заңгер. Кеңес өкіметін орнатуға ат салысқан тұлға.
  27.  Бірінші Петр – Россия Империясының Императоры.
  28.  Н.А. Аристов – Жетісу облысының әскери губернаторы. Үйсіндер және қырғыздар, не болмаса қара қырғыздар. Батыс Тянь-Шань жерінің тарихы мен тұрмысынан очерктер және оның тарихи географиясын зерттеулер туралы кітаптың авторы, Жетісу облысының әскери губернаторы.
  29.  Генерал Лавр Корнилов – Россия мемлекетінің ірі саяси тұлғасы.       

     Болъшевиктер құрған Совет Өкіметін құртуға ат салысқан әскери адам,   

     контрреволюциялық күштерді ұйысдастырушылардың алғашқысының   

     бірі.

  1.  К.П. Кауфман – Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы.
  2.  Г.А. Колпаковский – Жетісу жерін отаршылыққа айналдыру мақсатымен басып алу саясаты жүргізген әскери басшы. Жетісу облысының алғашқы әскери губернаторы, Дала өлкесінің генерал-губернаторы.
  3.  Граф Пален – Билік етуші сенаттың сенаторы, Жетісу жерінің әлеуметтік, тұрмыстық  жағдайының білгірі.
  4.  Николай Екінші – Россия Империясының Императоры.
  5.  Пристав Перемышльский – инженер, Верный бекінісін салуға қатысқан адам.
  6.  Никкола Макиавелли – орта ғасырдағы итальян ойшылы, саясаткер, мемлекет қайраткері.
  7.  Біржан сал – қазақ халқының көрнекті айтыскер ақыны.
  8.  Ақын Сара – Жетісу жерінен шыққан айтыскер ақын.
  9.  Маман, Нұрлан би, Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл Қалқабаевтар – Жетісу жерінде прогрессивтіктіктің, отырықшылықтың, халыққа білім берудің, сауда мен өнеркәсіптің дамуына ықпал еткен тұлғалар.
  10.  Джон Локк – көрнекті ойшыл, заңгер, Америка саяси ой ағымының қалыптасуына әсер еткен қайраткер.
  11.  Шашубай – қазақтың айтыскер ақыны.
  12.  Столыпин – Россия империясы Министірлер Советінің председателі, Ішкі істер министрі. 
  13.  Шарль Монтескье – француз ойшылы, атақты заңгер, биліктің үш түрге бөліну шартын алғаш іске асыруға қатысқан адам.
  14.  Генерал Покатило – Жетісу облысының әскери губернаторы.
  15.  Генерал Ионов – Жетісу облысының әскери губернаторы.
  16.  Исмайыл Гаспыралы (Исмаил Гаспринский) – түрік азаматы, ағартушы, ғалым, исламдағы Жадит ағымының негізін салушылардың бірі, Қырымдағы Бақшасарай қаласының әкімі болған.
  17.  В.В.Шульгин – белсенді монархист, Россияның монархистік «Қара жүздіктер» партиясының мүшесі, Мемлекеттік Дума мүшесі болған, Совет өкіметі орнағанда оған қарсы болған контрреволюциялық күштердің белсенді мүшесі. «Орыс Ерікті Армиясының» қарсы барлау қызметінің басшысы, шет елдегі эмиграциялық «Ақтар қозғалысын» ұйымдастырушылардың бірі, ОГПУ – дің контрреволюциялық күштерге қарсы ұйымдастырған «Трест» операциясы кезінде қолға түсіп, 1975 жылға дейін Советтер Одағында жазасын өтеген.
  18.  В.М.Пуришкеевич – белсенді монархист, Россияның монархистік «Қара жүздіктер» партиясының мүшесі, Мемлекеттік Думаның мүшесі. В.М. Пуришкеевич «Россияның басына түскен ауыртпалық пен жүгенсіздіктің бәріне кінәлі Григорий Распутин, тек соның көзін жойғанда ғана Россия басына түскен бәлекеттің бәрінен құтылады» деген көзқарастың жетегіне берілгендермен бірігіп, 1916 жылы Григорий Распутинді өлтірушілердің қастандығына қатысып, оны өлтіргендердің ішінде болды.   
  19.  Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ халқының атақты ақыны, ағартушы – демократ, ойшыл, гуманист ғұламасы.    

 

 


 

Қазақ тілінде жазылған