Мәңгілік үй
Тау сілемі алыста сағым ойнап,
Ана құшақ бір сені тұрмын ойлап.
Таңғы уақыт түн мен күн таласар кез,
Бара жатыр бір жұлдыз төмен бойлап.
Тау сілемі алыста сағым ойнап.
Жұлдыз болу дариғай қандай бақыт,
Бара жатыр сезілмей жылжып уақыт.
Тас дәуірге жыр болып жазылумен,
Қалып барады артымда күндер жаһұт.
Жұлдыз болу дариғай қандай бақыт.
Сен өмірдің кеткенде жетегінде,
Мен артыңнан құс болып жетемін бе?
Мұң-қайғыны арқалап, жауыр болып,
Мәңгі деген мекенге кетемін бе?
Сен өмірдің кеткенде жетегінде.
Жыр кептері ұшама сол бір жақта,
Бұлбұл құстар сайрай ма гүлзар бақта.
Аққу құсы саңқылдап сырласумен,
Ашыла ма біз үшін үлкен қақпа?
Жыр кептері ұшама сол бір жақта.
Ұлпа бұлттар аймалап аспанымды,
Түсіреме есіме жас шағымды?
Құрау-құрау дүние қасіреті,
Жаздырама жыр ғылып тасқа мұңды.
Ұлпа бұлттар аймалап аспанымды.
Тау суындай екпінді тасып қаның,
Сақталама ақиқат аппақ арың.
Гүл көмкеріп аймақты, атырапты
Тұрама есіп желменен қобыз сарын,
Тау суындай екпінді тасып қаның.
Құлан иек қырлардан киік өтіп,
Самалдары бетіңнен сүйіп өтіп.
Ақ бораны аймалап ақ жүзіңді,
Көрсетеме әлемге сүйікті етіп
Құлан иек қырлардан киік өтіп.
Құлагері жарысып бурыл таймен,
Шұрқырасып табысып шауып саймен.
Бұлақ көзі мөлдіреп тамшы тұнып,
Сырласама бей уақыт жұлдыз аймен.
Құлагері жарысып бурыл таймен.
Қарлығашы ұя сап маңдайшаға,
Ән салама бозторғай таңдай қаға.
Мынау ғажап дария өлкесіне
Беріп тұрар қарт тауым қандай баға.
Қарлығашы ұя сап маңдайшаға.
Осылайша оянып аппақ үміт,
Жақұт жырлар жүректен ақтарылып.
Міні-міні, өлемін, өліп көрем,
Тыншығайын үн-түнсіз баққа кіріп.
Осылайша оянып аппақ үміт.
Қайда-қайда сүйенер көк тірегім,
Қалай-қалай бұл түнді өткеремін.
Жаман ойға батыппын жаһандану,
Шыға алмай басына көктөбенің.
Қайда-қайда сүйенер көк тірегім.
Қалай жатам тып-тыныш құндағыңда,
Шыға алмаймын мен енді шыңдарыңа.
Құрып кетсін бір күнгі жан азабым.
Төтеп берем жіберші жыр дауылға.
Қалай жатам тып-тыныш құндағыңда.
Осы екен ғой жер-ана қаталдығың,
Білінбейді, таң атып батар күнім.
Жібермесең жіберме құшағыңнан,
Аймаласып кеудемде жатар мұңым.
Осы екен ғой жер-ана қаталдығың.
Жібер мені, босатшы өр үмітпен,
Уақыт болып төскейде өріліппін.
Құс жолдарын белгілеп қанат қағып,
Тұрғандайма алыста көрініп күн.
Жібер мені, босатшы өр үмітпен.
Қоштаса алмай жатырмын жарық күнмен,
Кеткім келді қайғыны шайып нұрмен.
Далам менің бір сәтке қия алмадым,
Мәңгі жырды шашу ғып жайыппын мен.
Қоштаса алмай жатырмын жарық күнмен.
Құрсын-құрсын қараңғы батқан күнім,
Мәңгілікке көз жұмып жатқа түнім.
Ағылшын ба, орыс па естіп қалдым,
Таңдайларын қуана қаққан үнін.
Құрсын-құрсын қараңғы батқан күнім.
Осылайша өлімнен қорқа бердім,
Қалайша мен үш тілге ортақ елмін.
Өз тілім ғой өзекте өртенетін,
Баласы едім намысшыл, арқалы елдің.
Осылайша өліменен қорқа бердім.
Өз тіліммен анамды аймаладым,
Әлі де мен шынайы ойланамын.
Тілім менің тірлігім, аққан селдей,
Ұмытпа сен мәңгіні, ойлан ақын.
Өз тіліммен анамды аймаладым.
Жоқ, өлмеймін, сайраймын өз тілімде,
Шамаң келмес әзірге өлтіруге.
Өз тіліңсіз қара жер қабылдамас,
Түсіндірші халқыңа, сен тіріңде.
Жоқ, өлмеймін, сайраймын өз тілімде.
Оятыпты түсімнен жаққан шырақ,
Жамбасыма аунасам батқан құрақ.
Мен тірімін түсім ғой қараңдаршы,
Айналамда сыңғырлап аққан бұлақ.
Оятыпты түсімнен жаққан шырақ.
Дауыл сезім жырларым ұшталатын,
Өмір саған мәңгілік құштар ақын.
Таңғажайып ой-арман асқақ жолда,
Өлең қылып өрілтіп құс қанатын.
Дауыл сезім жырлармен ұшталатын.
Мәңгілік үй ойладым саралап мың,
Жүрегімді түсім боп жаралапсың.
Қараңғы көр, қараңғы түн көрінбей,
Сүйреп мені қай жаққа бара жаттың.
Мәңгілік үй ойладым саралап мың.
Тіршілікке өткінші алданған мың,
Бұл өмірі өтеді-ау аңғал жанның.
Қайда барсаң Қорқытқа қазылған көр,
Мәңгілікті дүниеден аңғармадым.
Тіршілікке өткінші алданған мың.
Жетіп еді айтыңдар заңғарға кім,
Қобыз үні мәңгілік таңданғанмын.
Ғалым хаты ән мен күй дараланған,
Ақын жыры мәңгілік аңғарғаным.
Жетіп еді айтыңдар заңғарға кім.
Тәубаңа кел, ей адам, таң алдында,
Мәңгі есік ашылып орар мұңға.
Кедей мен бай теңеліп қара жерде,
Жауап берер бай манап ар алдында,
Тәубаңа кел, ей адам, таң алдында.
Мәңгіліксің сен бірақ құла далам,
Бір үмітпен оянып тұрады адам.
Ойсыздармен сырласып күліп жүріп ,
Тауларға ұқсап қасқайып құламағам.
Мәңгіліксің сен бірақ құла далам.
Қалмай келем еліктей үйірімнен,
Қасиетіңе жер-ана жиі үңілем.
Қайғы мұңды шекпен ғып жүрсемдағы
Көрсең екен туған ел биігімнен.
Қалмай келем еліктей үйірімнен.