Адам қарады: 171 | Жарияланды: 2017-08-01 02:38:43

Қарақшылар

Деректі әңгіме

Тағдыр тәлкегі

Жаңа ай шалқалап жайсыз туды. Қаңтардың өларасы қақап кетті. Шығыстан тұрған үскірік жел, сықырлаған сарышұнақ аяз бет қаратар емес. Ертелі-кеш мал соңында, желдің өтінде жүрген Айбар үйге делсал күйде келді. Дене қызуы көтеріліп, кешкі асқа да тәбеті шаппады. Отағасы Жабай суықтап ауырып отырғанын сезсе де елең қылмады. Гүлдархан апа жылы шырай танытты.

-Шырағым, мазаң болмай отыр ғой. Дәрі берейін. Іше ғой,-деді.

Айбар жауап қатқан жоқ. Басын шайқап орнынан тұрып кетті. Өз бөлмесіне енді де құс жастықты құшақтай құлады. Енді сезді. Денесі от боп жанып тұр екен. Зырқ-зырқ еткен басы қол тигізер емес. Соңынан іле-шала Гүлдархан апа сөйлей кірді.

-Жарықтық құдайдың күні де зәрленіп кетті. Суықтап қалғансың ғой. Жассың, айналайын. Терлесең жазылып кетесің.

Үстіне көрпе жауып, жан-жағын қымтады. Айбардың Гүлдархан апаның аналық қамқорлығына іші жылып сала берді. «Қандай мейірімді жақсы адам. Керісінше шалы жаман, шатақ кісі. Көз алдына тек мал біткен. Адамнан гөрі малды жақсы көреді. Төрт түлігі сай, төрт құбыласы түгел. Сонда да өмірге риза емес. Таңның атысы, күннің батысы айқайламаса ішкен асы бойына дарымайды.»

Осы сәт есіне өз әке-шешесінің түсуі мұң екен. Жүрегі шым етіп, өзегін өкініш өртей жөнелді. «Әттең, әкем мен анам тірі болғанда бүйтіп кісі үйінде жүрмес ем. Сөз жоқ бақытты болар едім.» Жанын жабырқатып, жас жүрегіне жара салған сол бір қайғылы күндер көз алдында қаз-қалпында тізбектеле жөнелді.

Сол жылы небәрі он үш жаста еді. Ертеңіне әке-шешесі жол жүретін болды. Анасы марқұм:

-Әкең екеуміз тығыз шаруамен қалаға барып келеміз. Сабақтан келген соң үйде бол. Жігіт болған түріңнен айналайын,-деп құшағына құшырлана қысып, аймалай сүйіп, мектепке шығарып салды.

Бұл асыл анасының өзегін жарып шыққан перзентіне деген ең соңғы ыстық құшағы, іңкәр мейірімі екенін кейін есейгенде білді. Талтүске таяу мектептен оралғанда үй ауласы тола адам екен. «Ой, бауырымдап» жылап келіп үйге кіріп жатқан көпшіліктің даусы тым мұңлы. Үй ауласына кірген бетте үлкенді-кішілі кісілер бұған дүрсе қоя берді.

-Алда, айналайын-ай. Кеп қалдың ба? Әке-шешеңнен айырылып қалдық. Алдынан жарылқасын.

-Иә, бәріміздің қайғыдан қабырғамыз қайысып тұр.

-Жазмыштың жазуына, тағдырға дауа жоқ деген осы.

Алғашқыда Айбар аңырап қалды. Әркімнің басынан сипап, сөздерінен түсінгені әке-шешесі қалаға барар жолда көлік апатынан қайтыс болған. Бала болса да жаманшылықты жан жүрегімен сезініп, ботадай боздап қоя берді. Бозторғайдай шырылдаған үні жиналған көпшіліктің сай-сүйегін сырқыратты. Көзіне жас алмаған пенде болмады.

-Бұл жалған дүние неткен опасыз еді. Құдайдан сұрап алған, үкілеп өсірген жалғыз ұлдың да қызығын бірі емес екеуі бірдей көрмей кетті.

Ертеңіне жылап-сықтап күңіренген көпшілік әке-шешесін көтеріп, ауыл шетіндегі қорымға апарып қойды. Қос жанарынан көз жасы домалап әке-шешесінің қабірлеріне екі уыс топырақ салды. Сол бір азалы күндерден кейін Айбардың өмірінде өзгеше өзгеріс басталды. Жетімдікті сезінді. Әр ағайынның үйінде жүрді. Қанша іш тартып, жылы шырай танытса да ешқайсысы өз әке-шешесіндей бола алмады. Оның бала жүрегі бәрін де жатырқай қабылдады. Ешкім өз әкесі мен анасындай еркелетіп, жүрек жылуын бермеді. Мейірім шуағын шаша алмады. Туған әке мен анаға деген сағымдай сағыныш жанын жабырқатқан күйзеліске ұластыра берді. Ол үнемі ой үстінде тағдырына налумен, қапаланып қайғырумен есейді. Бірақ есті де сесті боп ержетті.

Мектепті де жақсы оқып бітірді. Жоғары оқу орнына баруға жоқшылық бағын байлады. Есейіп ересектер қатарына қосылған соң өмірдің өз жолы бар екен. Еңбек ету, күнкөріс қамын жасау қажеттігі туды. Ат төбеліндей ауылда екі қолға бір күрек ұстатар жұмыс табылмады. Жоққа жүйрік жеткен бе? Амал жоқ жеке кәсіпкер, төрт түлік малы бар Жабайға жалдануға тағдыры мәжбүр етті.

Соңғы екі ай өмірі айдалада мал соңында өтіп келеді. Қожайын  тым мазасыз, мінезі шәлкес кісі боп шықты. Арада апта өтпей жатып орынсыз сөйлеп, айқайлайтынды шығарды. Бұл да қарап қалып жатқан жоқ. Жасқа тән жігермен қолдан келгенше әрекет етіп-ақ жүр. Айтқанын екі еткен жері жоқ. Сонда да көңілінен бір шықпай-ақ қойды.

-Мен саған ақы төлеймін. Далада жатқан ақша жоқ. Тапсырған жұмысты дұрыстап атқар,-дейді.

Айбар қожайынның ренішті сөздерінің бірін де көңіліне алған емес. «Өмір көрген, жасы келген адам. Қария болған соң ұрсады, ақыл айтады. Оның еш айыбы жоқ» деп іштей тынып жүрді.

Жұмыстан шаршап, тымаудан қалжыраған Айбар ұйықтап кетті. Қыстың түні ұзақ. Аналық сезімі тыным таптырмаған Гүлдархан апа түн ұйқысын төрт бөлді. Тәтті ұйқы құшағында маужырап терлеп жатқан Айбардың көрпесін қымтаумен жүрді. Ойсыз да емес. «Жетім көрсең жебей жүр» деген бабаларымыз. Өз баласындай бала. Әкесі мен анасы қандай жақсы адамдар еді. Тірі болса жалғыз ұлдарын бүйтіп кісі үйінде жүргізбес еді. Жалған дүние-ай десейші. Бүгін бар, ертең жоқсың. Көңілі жарым балаға орынсыз айқайлап біздің шалда да ұят жоқ. Туа біткен мінез өлгенде сүйекпен кетеді деген рас екен ғой».

Айбар ұйқыдан оянғанда қара терге малшынып жатыр екен. Бөлмеде күйбеңдеп Гүлдархан апа жүр.

-Ояндың ба, шырағым? Жақсы терледің. Киімдеріңді дайындап қойдым. Ауыстырып ал. Малға алаң болма. Шалдың өзі барады,-деді жұмсақ үн қатып.

Айбар анда-санда жөтелгені болмаса кешегідей емес. Денесі жеңілдеп, бойы серігіп қалғанын сезінді. Жуынып, шайынып дастархан шетіне отырды. Отағасы құс ұйқылы, малсақ адам. Малды өріске шығарып әкетіпті. Апасы бәйек боп жатыр. Алдына буы бұрқыраған бір тостақ кеспе көже әкеп қойды.

-Ас-адамның арқауы. Түнде нәр сызбай жаттың. Кеспе көжені өзіңе арнап істедім. Ішіп ал. Айтпақшы өзіңе ескертейін деп ылғи ұмытып кетем. Жас келген соң жаңғалақ болады екенсің. Ақылың бар жассың, шырағым. Біздің алжыған шалдың бейпіл сөздерін көңіліне ала көрме. Бүгін қораның қиын ойып қойсын деп кетті. Құдай күнін тауыспасын. Ертең оясың. Бүгін тынығып, әл жинап ал.

Қыстың қысқа күні кештетті. Мал өрістен оралды. Сақал-мұртын ақ қырау шалған Жабай ойылмаған қиды көріп қаны қарайып кетті. Аттан алқымын ашу қысып түсті. Үйге ащы даусымен айқайлай кірді.

-Иттің баласы, қиды неге ойып қоймағансың? Сақалым сапсиып айтып кеткенім қайда?

Кешкі астың қамымен күйбеңдеп жүрген Гүлдархан апа арашаға түсті.

-Оған мен кінәлімін. Құдай күнін тауыспасын. Ертең оясың,-дедім.

-Сен де құйысқанға қыстырылып жүреді екенсің. Неге сонша қызғыштай қорғап, жаның ашып қалды.

Ашулы Жабай алаңсыз отырған Айбарды жон арқасынан дырау қамшымен тартып жіберді. Бұлай болады деп ойламаса керек. Гүлдархан апаның жаны шығып кете жаздады. Шалт қимылдап шалының қолындағы қамшыға жармасты.

-Мұның қалай, Жабай? Мал тышқан боққа бола жас балаға қол көтеріп. Сен шынымен алжыған екенсің. Сақалыңнан ұялсаң етті.

Қожайын айылын жиған жоқ.

-Өй, әкеңнің ауызын... Қаңғырған бұралқы ит. Жатып ішер, дайын асқа тік қасық болатын  жерді тапқан екенсің. Әке-шешесін жастай жұтқан жалмауыз.

Қамшының соққысын елең қылмаған Айбарға ауыр сөздер жүрегіне тікендей қадалды. Жігіт емес пе. Намыстан жарылды. Шалдың былапыт сөз шыққан аузын бір-ақ ұрып үнін өшіргісі келді. Ой деген жүйрік. Санасы сан-саққа жүгірді. Құйын көңілде ашу мен ақыл таразыға түсті. Осы бір кеудесін ашу-ыза кернеген қас қағым сәтте есіне ертеңгісін Гүлдархан апаның «Алжыған шалдың сөзін көңіліңе ала көрме», әкесінің бала күнінде «Үлкен кісіге ешқашан қол көтеруші болма» деген сөздері түсті. Ол морт сынды. Райынан қайтты. Қария адамды ұрып әбестік жасағалы тұрғанын сезініп үлгерді. «Тек қана кету керек. Басқа амал жоқ.» Осы шешімге іштей бекінген Айбар жалт бұрылып киімдерін киді де далаға беттеді. Соңынан Гүлдархан апа да ілесе әрі сөйлей шықты.

-Шырағым, сәл аялда. Сөзіме құлақ сал. Ашу-дұшпен, ақыл-дос. Түн қатып жолға шықпа. Бір түнге шыда. Тәңірдің таңы атар. Ертең кетерсің. Мә, мынау екі айғы адал еңбекақың. Қалтаңа сал, керек болады.

Жаралы жүрек шыдас бермеді. Айбар апасын құшақтап, қыстығып жылап жіберді.

-Апа, кешіріңіз. Мен кетемін.

Гүлдархан апаның да мейірімді жүрегі сыр берді. Толқыған көңілдің әсерінен көзінен жас шығып кетті. Айбардың көз жасы жуған жүзінен сүйіп:

-Жабырқаған жаныңды түсінемін. Сөз сүйектен өтеді. Алжыған шалдың сөзі жас жүрегіңе жебедей қадалды-ау. Жарайды, жолың болсын, шырағым,-деді.

Көңілін алай-дүлей сезім баураған Гүлдархан апа көз жасын сығып алды. Өзінің дәрменсіз халіне, жас балаға қамқор бола алмағанына қапаланып қала берді.

Алқымын ашу қысқан Айбарға қаңтардың сақылдаған түнгі аязы әсер еткен жоқ. Ол ауылға дейінгі жиырма шақырым жерді лезде жаяу жүріп өтті. Әр көшеде үрген иттердің даусы болмаса ауыл іші тып-тыныш, қалың ұйқы құшағында екен. Айбар қаңырап бос тұрған алты бөлмелі өз үйінің есігін ашты. Көңілі алабұртып ішке енді. От жанбаса да үй ішінде ерекше жылылық барын жан-жүрегімен сезінді. Көзі еріксіз қабырғада ілулі тұрған әке-шешесінің жансыз бейнелі суреттерііне түсті. «Әкем, анашым...» деді тебірене күбірлеп. Өзегін өртеген өкініштен Айбардың жалын атқан қос жанарынан жас парлай жөнелді.

 

Тұтылған тор

 

Айбардың қалаға келгеніне бүгін үшінші тәулік. Алдына бір ғана мақсат қойды. Жұмыс іздеу, еңбек етіп күнкөріс қамын жасау, өмір көшінен қалмау. Қаланың тыныс-тіршілігі тым өзгеше екен. Ерсілі-қарсылы сапырылысып жүрген ел-жұрт. Алғашқы күні көк базарға барды. Базар іші құмырсқаның илеуі іспетті. Ығы-жығы адам. Кейде аяқ басар жер таппай тосылып та қаласың. Өзіндей тепсе темір үзетін жас жігіттер қол арба айдап жүр. Анда-санда «Жол, дарога, дарога» деген дауыстары шығады. Жан-жағына жалтақтап тосырқап біраз жүрді де арбаларының жетегіне сүйеніп әңгімелесіп тұрған екі  жігіттің жанына аялдады. Екеуі мұны елең қылған жоқ. Өзіндей жастар болған соң жөнін айтып, тілдесуді жөн көрді. Көңілсіз аман-саулықтан соң:

-Жігіттер, мен жұмыс іздеп жүрмін,-деді көңілі алабұртып.

-Біздің жұмыс осы,-деді қараторы жігіт тершіген маңдайын сүртіп,-ертелі-кеш арба айдаймыз. Біздікі әшейін күнделікті күнкөрістің қамы. Молырақ, «крупный» ақша табамын десең қала ішіндегі жұмыс іздейтін көшеге барасың. Ол жерден байлар, бизнесмендер ақшаға жалдап көліктерімен өздері алып кетеді.

Айбар екі ұдай сезімге бөленді. Арба айдауды көңілі қаламады. Жас жүрегіне намыс отын оятты. «Бірге оқыған қыз-жігіттер кездесіп қалса ұятты. Айбар арба айдап жүр. Күні қараң боп қалған екен деп ойлар. Көптің көзіне түспейтін жерде еңбек еткенім жөн болар.» Ол осы ой жетегімен ертеңіне діттеген жерге жетті. Қиылысқан екі көшенің бір бұрышына жиналған көпшілік Айбардың назарын ерекше аударды. Тұрыстары әрқалай. Топталып, екі-үштен, жалғыз жарым состиып тұрғандардың дені жастар. Арасында самай шаштары бурыл тартқан ересек кісілерде баршылық. Кейбіреуі иықтарына жол дорбаларын іліп алыпты.

Айбар топ ішіне ентелеп кірген жоқ. Оңаша  тұрып бақылауды, әліптің артын бағуды жөн көрді. Жол шетіне жеңіл көлік келіп тоқтаса жиналған жұрт елең етіп назарын сол жаққа аударады. Келгендер жұмыс берушілер болса керек. Тұрғандармен сөйлесіп, келіскендерін әкетіп жатыр.

Айбар бұл күні ешкіммен тілдескен жоқ. Ертеңіне ертелеп тағы келді. Бұл күні жол шетіне таянып көліктен түскендердің әңгімесіне құлақ түрді. Жұмыс берушілердің көбісі үй салып жатқан байлар секілді. Өйткені, сөз саптаулары солай.

-Евро жасай аласың ба? Келісім-шартқа отырамыз. Еңбекақыңды жұмыс көлеміне қарай төлеймін,-дейді.

Түске таяу келген жеңіл көліктен сылыңғыр қара жігіт түсті. Ол ешкіммен әңгіме дүкен құрған жоқ. Оңаша состиып көпшілікті көзбен шолып өтті де Айбардың жанына келіп аялдады. Амандасқан да жоқ. Салқын жүзбен қадала қарап:

-Ауылдан келдің бе?-деді.

-Иә.

-Жұмыс істегің келе ме?

-Иә.

-Онда жүр, кеттік.

Айбар қандай жұмыс деп ойлаған да, сұраған да жоқ. Ілесіп жүре берді. Іштей еңбек ететініне қуанды. Жол-жөнекей тіс жарып, үн қатпаған жүргізуші қала шетіндегі бір үйге көлік басын тіреді. Үйдің сыртқы есігі сықырлап ашылғанда іштен даңғаза музыка үні мен дабырлай сөйлеген ер адамдардың дауыстары естілді. Үстелді айнала отырған үш жігіт мұны көрген бетте әңгімелерін пышақ кескендей сап тыйды. Бөлме іші көк ала түтін. Иісі қолқаны атады. Іші босап қалған арақтың үш шөлмегі еденде домалап жатыр. Айбар үшеуіне де қол беріп амандасты. Ертіп келген сылыңғыр қара жігіт бұжыр бет дәу сарыға иек қаға қарап:

-Мына кісі біздің шеф. Сауалына дұрыс жауап бер,-деді.

Темекісін асықпай сорған дәу сары сұрақ қоюға кірісті.

-Нешедесің?

-17-де.

-Әке-шешең бар ма?

-Жоқ.

-Спортпен айналысасың ба?

-Мектепте бокс үйірмесіне қатысқам.

-Төлқұжатың бар ма?

-Бар.

-Әкел бері.

Айбар төс қалтасынан төлқұжатын алып берді.

-Темекі шегесің бе?

-Жоқ.

-Арақ ішесің бе?

-Жоқ.

-Балапан екенсің. Оқасы жоқ. Бәріне де үйретеміз.

Дәу сары қалтасына қол сұғып бір бума ақша алды. Санамай Айбардың алдына, үстел үстіне тастады.

-Бұл аванс. Бір айлық еңбекақың. Жақсы жұмыс істесең «премия» да береміз.

Айбар ақшаны кейін ысырды.

-Аға, еңбекақымды жұмыс істеп алайын,-деді.

Осы кезде әңгімеге ертіп келген сылыңғыр қара жігіт килікті.

-Бізде тәртіп қатал. Шефтің сөзін екі етуге болмайды. Айтылған сөз бұйрықпен бірдей. Ал деген соң ал.

-Мына даладан қаңғып келген балапанды,-деді дәу сары түсін суыта сөйлеп,-қаламен таныстырыңдар. Қалаша киіндіріңдер. Келесі аң аулауға қатысуға дайындаңдар. Сен қашып кетем деп ойлаушы болма. Батыр да, бала да бір  оқтық. Қателік жасасаң жас өміріңмен қоштасасың.

Айбардың тұла бойы тітіркеніп кетті. Өзінің бұзақы топтың ортасына, тұтылған торға түскенін сезініп әрі мойындап үлгерді.

 

Қанды оқиға

 

Айбар күнде үйде, мойнына аспазшылық міндет жүктелген. Төртеуі ертелеп кетеді, кештете қайтады. Не істеп жүргендері белгісіз. Бәрі құпия. Суық қарудан ұңғысы кесілген екі шолақ аңшы мылтығы, әрқайсында нүктесін бассаң серпіле ашылатын кездіктері бар.

-Балапан, көшеге шығушы болма. Бөгде адамға есікті ашпа. Біз аң аулауға кеттік. Сен аңға қақпан құрған күні барасың.

Бұл шеф атанған дәу сарының Айбарға қақпадан шыға бергенде айтатын күнделікті жаттанды сөздері. Арада төрт күн өтті. Айбардың көңілі алаң. Күпті көңілдің күдігі көбейіп барады. Сергелдеңге түсірген ішкі сезімі терең ойға батырды. Жұмбақ ойдың шешімін таппай қиналды. «Сонда, бұл ағаларым немен айналысып жүр? Атып әкеліп жатқан аңдары жоқ. Күнде құр қол қайтады. Қорықтағы аң-құстарды аулап брокенерлікпен айналыса ма? Қабақтары қатыңқы, түстері суық. Түсінсем бұйырмасын.»

Бесінші күні ешкім жолға шыққан жоқ. Ертелеп ерекше бір дайындықтар басталды. Мылтықтар мұқият тазаланып, оқшантайлар оққа толтырылды, кездіктер қайралды. Жол сөмкеге оралған киімдер салынды. Бәрі үнсіз атқарылып жатыр. Ешкім тіс жарып сыр алдырар емес. Айбарға назар аударған бірі болмады. Келгелі бесінші күн. Аттарын айтып ешқайсысы танысқан емес. Мұның да есімін сұраған бірі жоқ. Бәрі де шефтің айтуымен «Балапан» атап кетті.

Жігіттердің қимыл әрекетін бақылап, темір кереуетте темекісін бұрқыратып жатқан шеф үн қатты. Айбарға қарап:

-Балапан, түскі асыңды дайында. Жуан тойып алайық. Аңға шығасың. Бүгін саған алғашқы қансонар. Сынақтан өтесің,-деді.

Айбар ас бөлмеде жүргенде шефтің даусы тағы шықты.

-Бір шөлмекті ашыңдар. Дүрсілдеген жүректі басып, көңілді демдеп алайық. Шопыр ішпейді. Гаи кездесіп қалса жолдан қаламыз. Уақыттан ұтылсақ жоспардың бәрі зая кетеді.

Шөлмек ашылып құйылған болуы керек. Соғыстырылған шыны стақандардың сыңғырымен бірге шефтің даусы естілді.

-Сәттілік үшін.

-Дұрыс айтасыз, шеф. Сапар сәтті болсын.

Бұл сылыңғыр қараның дауысы. Айбар тағы қайран қалды. «Төрт күн бойы ауыздарына арақ алмап еді. Не үшін сәт сапар тілеп  жатыр. Қайда барамыз? Не істейміз? Қандай аң аулаймыз?» Ой жетегіне көгеңделген Айбар ештеңе түсініп болмады. Осы кезде сылыңғыр қара ағасы әңгіме желісін тартты.

-Балапанды қайтеміз? Бара ма, әлде қала ма?

-Барады. Балапанды баулимыз. Оған тапсырманы жолда айтамын.

Айбардың көңілі алабұртты. Шефтің бүгінгі айтқан сөздері санасында жатталып қалды. «Бүгін саған алғашқы қансонар. Сынақтан өтесің. Балапанды баулимыз. Тапсырманы жолда айтамын.»

Кіші бесінде ақ шағаладай «Тайота» жолға шықты. Рөлде әдеттегідей сылыңғыр қара. Шеф алдында, қалған үшеуі артқы орындыққа жайғасты. Қала сыртындағы үлкен жол бойымен отыз шақырым жер жүрген соң көлік жүрісін баяулата түсіп тоқтады.

Шеф әңгіме тиегін ағытты.

-Төрт күнгі барлау жұмысы аяқталды. Ендігі міндет қақпан құру, шабуылды бастау. Қателік жасауға жол жоқ. Анықталған деректер бойынша кәсіпкер үйінде әйелі екеуі ғана. Балалары қалада тұрады. Бар ақшасын үйінде ұстайды. Жансыздардың жобалауынша ішінде 5 миллиондай теңгесі бар шағын сейф төргі бөлмеге орналасқан. Екі адамға жүк емес. Шопыр мәшинеде қалады. Тосын, қауіпті жағдай бола қалса көлік шамын жағып белгі бересің. Балапан сен үйдің сыртқы есігінде, босағада тұрасың. Үшеуміз ішке еніп шабуылды бастаймыз. Сыртта төтенше жағдай бола қалса, Балапан ысқырып бізге хабар бересің. Бәріміз сыртқа сытылып шығуға әрекет жасаймыз. Ауылдың «учасковойы» түн баласына жатпайтын ит мінезді жігіт екен. Сондықтан ел орынға отырған бетте іске кірісеміз. Шаруа сәтті болса жарты сағатта қалаға кіріп үлгереміз.

Бір сұмдықтың боларын сезген Айбардың тұла бойы түршікті. Дүрсілдеген жүрегі кеудесіне сыймай кетті. Денесінде безгек тигендей діріл пайда болды. Соны сезгендей шеф:

-Балапан, қорықпа. Жүрегіңді бас. Бұл өмірде әділдік те, адалдық та жоқ. Кісі ақысын кісі жеген заман. Ештеңе етпейді,-деді.

Айбар жүрегін баса алмады. Сытылып қашып кетудің еш реті жоқ. Дәу сары атып тастаудан тайынбайды. «Батыр да, бала да бір оқтық» деп ана жолы-ақ ескертіп қойған. Қорқыныш пен өкініш өзегін өртеді. Бүгін қылмыстық іске қатыспақ. Ағаларының сыры енді мәлім болды. Аулайтын аңы, құратын қақпаны тонаушылық екен. Айбардың қорқынышты сезімге бой алдырған ойын шефтің бұйрықты сөзі бұзды.

-Киімдеріңді киіңдер. Қаруларыңды қолдарыңа алыңдар.

Шопыр көліктің жүк салғышын ашып, сөмкені әкелді. Киім дегені спорттық жейделер мен қара түсті бет перделер екен. Қолдары қалшылдаған Айбар киімдерді әзер ауыстырды.

Қыстың қысқа күні батқалы қашан. Түннің қою қара пердесі тұтылды.

-Кеттік,-деді шеф.

Кәсіпкердің үйі ауыл шетіндегі көшеде еді. Жеңіл шетелдік көлік сырғып келіп үй сыртына тоқтағанда аула ішінен сылдыраған шынжырдың, абалап үрген иттің даусы шықты. Дарбазаның, үйдің де есіктері ашық екен. Қарақшылар кідірген жоқ. Жүгіре басып ішке ұмтылды. Тұла бойын қорқыныш сезім билеген Айбардың кеудесінде құр жаны келеді. Шеф үйдің сыртқы есігін жұлқи ашты. Иттің дауысына елеңдеді ме отағасы да босағаға таянып қалған екен. Шеф шалт қимылдады. Кездігін сырт еткізіп ашты да үй иесінің тамағына тіреп:

-Ақша бар ма?-деді.

Бір өзіне бағытталған екі мылтық, бір пышақтан отағасының қорыққаны сонша  аузынан сөз шықпай қалды. Бар болғаны көзі шарасынан шығардай аларып басын изей берді.

-Сенімен сөйлесіп тұруға уақыт жоқ.

Дәу сары сөзін аяқтамастан оқыс қимылдап үй иесінің тамағын кездікпен осып жіберді. Осы кезде арғы жақтан «Келген кім?» деп дауыстай сөйлеп әйелі келіп қалды. Бет перде киген қарулы топпен мойнынан қаны сорғалап тізесі бүгіліп құлап бара жатқан күйеуін көрген бетте шалқалап талып түсті. Үшеуі баса-көктеп ішке ұмтылды.

Қас қағым сәтте көз алдында болған қанды оқиғадан Айбардың жаны түршікті. Өзін қоярға жер таппады. Жүрегі аузына тығылды. Айбар үй иесі бауыздалған бетте-ақ теріс қараған. Санасында суық ой сумаң еткен. «Ендігі жазықсыз қария кеудесінен жаны шығып бұл өмірмен қоштасқан да шығар. Дәу сары айуан екен. Жо-жоқ, айуан одан жақсы. Айуан да мұндай өрескел сұмдыққа бармайды. Ол адам емес. Оның бойында адамдық қасиет, кеудесінде адам баласының құдіретті жүрегі жоқ. Ол қанішер. Мен ше? Мен де арым адал адам емеспін. Қолым қанға малынған қанішердің бірі болдым.»

Үшеуі іштен сейфті көтеріп алып шықты. Есеңгіреп, денесі дірілдеп тұрған Айбарды шеф жон арқасынан сарт еткізіп салып жіберді.

-Есіңді жи, Балапан. Іс бітті.Кеттік.

Қараңғылықты пайдаланған қарақшылар қас қағым сәтте бой тасалап үлгерді.

 

Өкініш

 

Қала іргесіндегі шағын ауылда болған қанды оқиға аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызды. Із кесу, қылмысты ашу бағытында жедел топ құрылды. Топқа бөлім бастығы полковник Қайрат Есжановтың өзі жетекшілік етті. Жаманат хабар жатқан ба? Қаралы ауыл түн ішінде үре-дүре болды. Үй маңына жиналған жұрт жағаларын ұстап күңіреніп кетті.

Із кесушілер ешқандай айғақты зат таппады. Жедел топтың ұйғарымы бойынша қылмыс алдын ала, жан-жақты ойластырылып жүзеге асқан сияқты. Үй сыртына тоқтаған көліктен тапталған қар бетінде із қалмаған. Қарақшылардың үй ішінде де аяқ киімдерінің ізі жоқ. Өйткені, аяқ киімдерге жұғатын жер бетінде топырақ жоқ. Ауруханада есін жиған кәсіпкердің әйелінің айтуынша үйге енген қылмыскерлер төртеу. Жәбірленушінің бар білетіні екі мылтық, бір пышақ ұстаған үш адамның күйеуін жайратып тастағаны. Біреуі босаға жақта оңаша тұрған. Одан арғысын білмейді.

Қарақшылар үйден тек сейфті ғана алып кеткен. Ішінде төрт миллион ақша бары белгілі болды. Ауылдың учаскелік инспекторы Сәлім Еңсебаевтың қылмыстық оқиғадан еш хабары жоқ. Ол сол уақытта тірек пунктінде жұмыс орнында отырған. Оқиға орнына қағылған дабылдан соң жеткен.

Терең ойға шомған полковник учаскелік инспекторға сұраулы пішінмен қарады.

-Соңғы күндері сезікті ешкімді байқаған жоқсың ба?

-Жоқ, полковник.

-Бұл төтенше оқиға емес. Алдын ала жоспарланып жүзеге асқан қылмыс. Қарақшылар бірнеше күн барлау жұмысын жүргізген. Кәсіпкердің үйін мұқият бақылауға алған. Әйелі екеуі оңаша тұратынын, сейфте қанша ақша барын бәрін анықтаған. Ауылда қалталы кәсіпкер жайлы ақпарат берген жансыз да болуы ықтимал. Қарақшылар бұл үйдің тұсына міндетті түрде келген. Өйтпейінше шабуыл жоспарын жасай алмайды. Көршілерімен тілдесейік. Бірі болмаса бірі күдіктілерді байқап қалуы мүмкін. Таң атқанша із кесуден бір нәтиже шығаруымыз керек.

Көршілердің көбісі суыт жүрісті ешкімді байқамағандарын айтып, бас шайқасты. Тек алпыстан асқан қарт қана екі күн бұрын ақ түсті шетелдік «Тайота» көлігі кәсіпкердің үйінің тұсына тоқтағанын есіне алды. Мәшинеден төрт жігіт түскен. Ешқайсысы үйге енбеген. Толықтау денелісі оңаша темекісін шегіп, кәсіпкердің үй жағына ұзақ қарап тұрған. Қалған үшеуі көліктің артқы доңғалақтарын түрткілеп, айналшықтап жүрген.

Полковник өз ойымен әуре. Тығырыққа тірелген істің, шытырман оқиғаның шешуін іздеп сарсаңға түсті. Көрші қарттың сөзі сәл де болса көңіліне үміт отын жаққандай болды. Мәшине ақ түсті «Тойота». Өздері төртеу. Бірі ірі денелі. Қарақшылардың төртеу екенін кәсіпкердің әйелі де растап отыр. Сейфті қала шетіне тақалғанда бұзып ашқан. Ішіндегі ақшасын алған соң жол шетіне лақтырып кеткен. Жасалған сараптама бойынша сейфтің сыртында қалған қолтаңбалар анықталды. Бірақ әзірге кімдердікі екені белгісіз. Бар болған деректер осылар ғана. Қанды қол қарақшылар қалаға кірді ме? Жоқ, із жасырып басқа бағытқа кетті ме?

Қылмыс әлемінде жұмбақ көп. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсас қылмыстар аз емес. Ауыр қылмыс жасағандар қанды оқиғаның ізін жасыруға ұмтылады. Ол үшін сол түнде жеңіл-желпі қылмыс жасап, күнәларын бүркемелейді. Кейбірі қылмыс жасаған жерге қайтып оралады. Ол жерде не болып жатқанын білгісі келеді. Бұл көбінесе тәжірибесі аз қылмыскерлердің әрекеті. Әккі қарақшылар қарасын қайтып көрсетпейді. Өйткені, қанды оқиға болған жерде құрулы қақпан мен тор барын жақсы біледі. Сонда бұлар қайсысы? Тәжірибесі азы ма әлде әккі қарақшылар ма?

Қыстың ұзақ түні пердесін түрді. Таң атып, күн көзі шықты, Түн баласына ұйқы көрмеген полковник жол бойында тұрған жігіттерімен ұялы телефон арқылы байланысқа шықты. Әрбір өткен көлік пен ішіндегі адамдарды құпия түрде видеокамераға түсіруді бұйырды. Өзі шенсіз киім киіп, жеке иеліктегі нөмірлі көлікпен кәсіпкердің үйінен аулағырақ көше қиылысында тұрды.

Айбардың автокөлікке қалай мінгені есінде жоқ. Үрейленгені сонша қанды оқиғаның суреті көз алдынан кетер емес. Аң аулаудың соңы бұлай болар деп ойламапты. Жол-жөнекей көліктің тоқтағанын, сейфтің есігі бұзылып ашылып ішінен ақша алынған соң лақтырылып кеткенін білген жоқ. Өйткені, қасақана адам өлімінен тұла бойы түршігіп, жанын қоярға жер таппай отырған еді.

Көше шамдары жарқыраған қалаға кірген бетте шеф:

-Дабыл қағылып, із кесу басталған болар. Үйге тарт. Із жасырып үлгерейік. Ақшаны далаға елеусіз жерге тығыңдар. Тыныштық болған соң бөлісе жатармыз,-деді.

Айбар көліктен мең-зең күйде түсті. Үйге енген соң төртеуі шөлмек ашып, сәтті жорықтарын жууға, өрекпіген көңілдерін басуға кірісті. Мұны керек еткен бірі болмады. Айбар оңаша бөлмеге кіріп, денесінің дірілін баса алмаған күйі кереуетке қисайды. Үй іші қорқынышты әрі суық сезілді. Көз алдынан көлбеңдеп кетпей қойған қанды оқиға мен ауыр ой еңсесін езіп тастағандай. «Менің өмір сүргім келеді. Қашып шығып полицияға өзім барсам қайтеді. Мүмкін жазам жеңілдер. Бұл жолы ұсталмаса бұлар тағы қылмыс жасайды. Өкіметтің құрығы ұзын. Көп күндердің бірінде қолға түсеміз. Сонда жас өмірім темір торда телміріп, түрмеде өте ме?».

Қаумалаған қорқынышты қалың ойдан қалжыраған Айбар таң ата көзі ілініп, ұйқы құшағына енді. Сыртылдап үн шығарған сағаттың тілі 9-ға таянғанда шеф Айбарды қаттырақ нұқып оятты.

-Көңіл тыныш табар емес. Біз оқиға болған жерге барамыз. Ол жақта не боп жатқанын біліп келеміз. Сақ болғайсың.

Дәу сары кідірген жоқ. Түсін суыта қараған күйі теріс айналып кетті. Айбар төсегінен атып тұрды. Түнде ғана өзі ішінде болған қанды оқиға көз алдына сол күйінде келе қалды. Тағы да тұлабойын үрей мен қорқыныш билей жөнелді.

Кәсіпкердің қасақана болған қазасына адам көп жиналды. Келіп көңіл айтып, кетіп жатқандар саны көбейе түсті. Полковниктің сезімі алдаған жоқ. Қырағы көзі бірден шалды. Міне, ақ мәшине «Тойота» келе жатыр. Көлік аза тұтқан үйге тоқтаған жоқ. Баяу жылжыған күйі көшені өрлеп полковник отырған «Мазданың» түбінен өтті. Алдына толық денелі жігіт, артқы орындықта екеу, шопырымен төртеу. Полковник ойын түйіндеді. «Қарақшылар осылар. Қылмыс жасау оңай емес. Психологиялық күйзеліс тыныштық бермеген. Оқиға болған жерде не болып жатқанын білу үшін келді. Енді құрықтау операциясын бастау ғана қалды».

Айбардың азанғы асқа тәбеті шапқан жоқ. Ойы онға, санасы сан саққа жүгірді. Теңіздей толқыған оймен арпалысып аласұрды. Ол тек қана қашып шығуды, полицияға баруды, жасаған қылмысын тездетіп мойындауды ойлады. Бірақ қашуға дәті бармады. Қанішер дәу сары келіп қалатындай шошынды. Ол қойша бауыздаудан, аңша атудан тайынбайды. Оған көзім толық жетті. Енді не істеуім керек?

Айбар ұзақ сонар ойын аяқтай алмады. Жолға шыққандар қайтып оралды. Өздері көңілді. Шеф екпіндей сөйлеп жатыр.

-Еш қауіп жоқ. Айғақты зат қалмаған соң із кесу қиын. Ақшаны әкеліңдер. Бөліске саламыз. Табысқа мастанбау керек. Келесі аң аулау жоспарын жасаймыз.

Сылыңғыр қара сыртқа беттеді. Көп кешікпей ақша салынған сұр сөмкені әкеліп, үстел үстіне, шефтің алдына қойды. Дәу сары сөмке сыдырмасын сыдырып аша бергені сол еді. Ашық қалған есіктен сау етіп бір топ қарулы полицейлер кіріп келді.  Полковниктің даусы өктем шықты.

-Үй қоршауда. Қолдарыңды көтеріңдер.

Айбарға бетпе-бет келген лейтенант қарулы жігіт екен. Талма тұсынан бір ұрып екпетінен түсірді. Желкесінен тізесімен езе басқан күйі екі қолын артына қайырып кісен салды. Жас жүрегі қан жылаған Айбардың екі көзінен аққан жас моншақтай төгіліп, өзегін өкініш оттай өртеп қоя берді.

Бірақ, бәрі де кеш еді....

 

Тергеу мен жаза

 

Айбар тергеу изоляторының жеке бөлмесіне қамалды. Ішке енген бетте қалың мұрты езуіне түскен сержант қолындағы кісенін шешті. Кісен білегін бунаған екен. Тобықтары қызарып қалыпты. Сержант жай кеткен жоқ. Шегір көзімен ата қарап, кекесінді үнмен зілдене тіл қатты.

-Енді алаңсыз жатып демал. Соттың үкімі болғанша жайлы мекен тұрағың осы жер болады,-деді.

Айбар жауап қатқан жоқ. «Өзіме де сол керек» деп іштей тынды. Енді байқады. Бөлме іші қара көлеңке, ызғарлы әрі сұсты екен. Төрт қабырға түгел еденге дейін цементпен сыланыпты. Қол жетпес жоғарыда адам кеудесі сыймайтын темір торлы терезе көрінеді. Сықырлап ашылатын темір есіктің ортасында адам бетінің жартысы ғана көрінетін тесік бар. Өзінше жорамал жасады. Күзетшілер бақылап жүретін әрі тамақ беретін тесік болса керек. Төрт аяғы еденге қадала бекіген, үстінде жұпыны төсеніші мен жамылғысы бар темір сәкіге келіп тізе бүкті.

Айбар өз-өзіне келе бастады. Қолына кісен салған бетте өзегін өртеген өкініш ашылған тұмандай сейіліп бара жатқанын сезінді. Бірақ жаралы сезім, қамыққан көңіл жанына тыныштық бермеді. Суға кетердей тал қарматып, теңіздей тұңғиық терең ойға батыра берді. «Ауыр қылмыс жасадық. Бір күндік жарық сәулеге ештеңе жетпейді. Тірі адамның бәрі өмірге, бес күндік жалған дүниенің қызығына ғашық. Тырнақтың кіріндей кінәсі жоқ жазықсыз жан өмірден мезгілсіз озды. Қасақана өлтірдік. Дәу сары ағам қатыгездіктің сұрқия тірлігін жасады. Бұдан асқан жауыздық, жантүршігерлік оқиға болмас. Адамды малша бауыздай салды. Обалы кімге? Асқар тау әкеден қапыда көз жазып, ботадай боздаған ұл-қыздарының наласы мен қарғысын кім көтермек? Адамзаттың, ар-ожданның алдында кешірілмес күнә жасадық. Адам баласының қасақана аққан қасық қаны безбүйрек малғұн бесеуміздің мойнымызда. Бала күннен бағымды ашпаған тағдырым неткен қатал ең. Он үш жасымда әке-шешемнен айырылдым. Өмір көшінің керуеніне енді ілескенімде қаңды-қол қарақшы атандым. Жо-жоқ. Бұл әділдік емес. Мен ешқашан адам өлтіремін деп ойлаған емеспін. Мен өмір сүргім келеді. Мен қандай жазаға болса да әзірмін. Жасаған қылмысымды, ар-ожданымның алдындағы күнәмді ақтаймын. Жан анашым тоғыз ай көтеріп жарық дүниеге әкелді. Ұл тудым деп шаттана қуанып, қалжа жеді. Тал бесігіме үкі тағып, түн ұйқысын төрт бөліп «Бесік жырын» айтты. Әкем өмірімнің жалғасы, ат ұстарым деп болашағымнан үміт күтті. Бір атадан қалған жалғыз ұрпақ, бәйтеректің жапырағы жоқ бұтағымын. Мен өмір сүруге тиіспін. Ол үшін шындықты айтып, ауыр қылмысымды мойындауым керек».

Санаға шаншылған сан сұрақтың, теңіздей толқыған мазасыз ойдың шегі болмады. Есіктің орта тұсындағы алақандай тесік ашылды. Ауыз-мұрны мен мұрты ғана көрінген сержанттың тағы да зілді үні естілді.

-Мен адам өлтіргендерді иттен де жек көрем. Мә, тамағыңды ал. Атауыңды іш.

Айбар ауыр сөзді көңіліне алмады. Намыстанған да жоқ. Қайта айызы қанды. «Дұрыс айтты. Не десе де орынды. Маған сауап. Қан жоса етіп сабаса ғой тіптен жөн болар еді»-деді іштей күбір етіп.

Тергеу амалдары басталды. Дәу сары жасаған қылмысын мойнына алмады. Ат-тонын ала қашты. Түлкі бұлаңға салды. Арамза ойын тағы да жүзеге асыруға құлшынды. Қылмыс жасалған күннің ертеңіне оқиға болған жерге барып қайтар жолда үш серігін пысықтап қойған.

-Жаман айтпай, жақсы жоқ. Жазатайым қолға түсіп, қылмысымыз ашылып жатса кәсіпкерді өлтірген Балапан деп жауап бересіңдер. Жан алғыштай жалаңдаған тергеушілер жағынан бір-екі рет салып жіберсе қорыққанынан мойындай салады.

- Құп болады, шеф,-деп үшеуі де сертті уәделерін берген.

Сол күнгі ер жігітше қол алысып, беріскен сертті уәделер еске түскен дәу сары айылын жиған жоқ. Беті бүлк етпестен өрге баспайтын, шындыққа жанаспайтын өтірікті сынаптай сырғытып, суша ағыза бастады.

- Мен емес,-деді шеф Саид шімірікпестен,-Балапан өлтірді. Түйсіксіз неме екен. Мен оған қорқыт дегенмін. Ол есалаң өзі қорыққан соң бауыздай салды.

- Балапаның кім?

- Жас баланы, мұрынбоқты айтам. Атын сұраған емеспіз. Бәрімізден кіші болған соң Балапан атап кеттік.

Тергеуші өткір жанарымен дәу сарыға қадала қарады. Іштей тон пішті. «Мынаның бетінде қытық та, ұят та жоқ екен». Оймақтай ойын үзіп сұрағын қайта жалғастырды.

- Сонда қалай? Мұрынбоқ бала өлтірді дегенге сенеді деп ойлайсың ба?

Саид басын қисайтып, иығын қиқаң еткізді.

-Сену, сенбеу өз еркіңізде, тергеуші мырза. Бірақ шындық солай. Тергеу амалдары көп. Ол жетпегірді жанын көзіне көрсетіп сабаса бұлбұлша сайрайды, қылмысын тез мойындайды.

- Сен маған жауап емес, ақыл айта бастадың.

- Кешіріңіз. Менікі жай әшейін. Тергеу сағызша созылмасын деген ой ғой.

- Сен бұрында істі, сотты болыпсың.

- Ол рас, баукеспе ұры-қары атандым. Мен адам өлтіргеннен гөрі ұрлық істегенді ұнатам. Ұрлық істеу оңай әрі жазасы жеңіл.

- Жарайды. Тергеу барысында бәрін де анықтай жатармыз, қарақшы мырза.

Қыстың қысқа күні кештетті. Түн қараңғылығы біліне бастағанда қапас бөлменің тас төбесіндегі электр шамы жанды. Ол да қарақоңыр қабырғаның сұстылығын аша қойған жоқ. Көмескіленген жарық еңсесін езген Айбардың көңілі қатты алаңдады. «Маған неғып тергеуді бастамай жатыр? Неге жауап алмайды? Ішқұса етпей тездетіп тергесе екен. Бар шындықты айтар ем.»

Темір есік сықырлай ашылып, күзетші сержанттың денесі толық көрінді. Өзі де нар кеуделі ірі жігіт екен. Иек қаға қарап:

- Жүр. Тергеуші шақырып жатыр. Жауап бересің. Бағана сені жек көріп кетіп ем. Енді аяп тұрмын. Тым жас екенсің. Бұлғаққа салмай шыныңды айт. Жазаң жеңілдеуі мүмкін.

Адам көңілі сырғыған сынаптай. Айбардың жақсы сөзге іші жылып қалды. Тергеуші елу жасты еңсеріп қалған, екі самай шашын аққырау шалған кісі екен. Түсі суық емес. Айбарға жүрек жылуы мол, мейірімді адам сияқты көрінді. Тергеушінің бөлмесі самаладай жарық екен. Көзәйнегін қолына алып, назар сала қараған тергеуші:

- Менің аты-жөнім Ғалым Әлібекұлы. Болған оқиғаны баяндап түсінік жазасың,-деді де алдына төрт-бес ақ парақ пен қаламсап тастады. Іле орнынан ширақ тұрып сержантқа:

- Сыртқа шыға тұрайық. Ойланып, асықпай жазсын,-деді.

Ұзын дәлізге шыққан соң тергеуші Ғалым ішкі ойын сержанттан жасырған жоқ.

- Жинақталған тәжірибем, ішкі сезім түйсігім ешқашан алдаған емес. Мына бала қылмыс жасады, адам өлтірді деуге сене алар емеспін. Алданып торға түскен торғай сияқты.

- Мен де солай ойлаймын,-деп сержант та бір ауыз сөз қосты.

Айбардан бұл түні ұйқы қашты. Түннің бір уағына дейін кірпіктері айқаспады. Тергеушіге түсінік жазып берген соң сәл де болса жеңілденіп қалғандай болды. Түсінікті терең ойланып, толғана жазды. Тағдыр тәлкегін жастай көргенін, қарақшы топқа қалай қосылғанын, қылмыстық іске қатысқанын қалам ұшынан қағыс қалдырған жоқ.

Ертеңіне түске таяу Айбар жатқан жеке адамдық бөлмеге тергеушінің өзі бас сұқты.

- Мен саған тергеу амалдарының барысын айтқалы келдім. Төрт ағаң кәсіпкерді өлтірген сен деп жауап берді. Түстен кейін беттестіремін. Өзіңді де, сөзіңді де дайындай бер.

Айбарды ашу қысты. Арсыздардың қарабеттілігіне қаны қарайды. Іштей шиыршық атты. «Жо-жоқ. Мен енді олардан қорықпаймын. Беттесемін. Дәлелдеп мойындарына қойып берем. Шындық жеңуге тиіс.» Жауап күткендей боп аялдаған тергеушіге:

-Мен беттесуге дайынмын,-деді.

Тергеуші алғашқы сөзді Айбарға берді. Қалай екені белгісіз бойында ерекше қайсарлық, батылдық пайда болды. Теріс жолға түсірген төрт ағасына зығырданы қайнап, қасқая қарады. Көз алдында болған қанды оқиғаны қаз-қалпында баяндап берді. Дәу сары Балапанның өжеттігіне қайран қалды. «Бұрын қалай байқамағам? Мынауың жанып тұрған от қой» деп ой түйген Саид одан әрі шыдай алмады. Орнынан рұқсатсыз атып тұрып айқай салды.

-Тоқтат, шіріген жұмыртқа, иттің баласы. Бәрі жалған, өтірік. Өлтірген сен,-деді.

Тергеуші Саидқа түсін суыта қарап:

- Сенің қолыңда қаны сорғалап тұрған пышақты көрген адам бар,-деді.

Саид айылын жиған жоқ.

- Бәрі де жалған. Ол кім?

Ғалым Әлібекұлы босағада қаққан қазықтай қалшиып тұрған сақшыға иек қаға сөйледі.

-Марқұм кәсіпкердің әйелін кіргіз.

-Жоқ. Қажет емес,-деді дәу сары сұрланып,-Өлтірген мен. Өте өкінішті. Мен қателік жасадым. Сол жолы әйелін де, мына боқмұрынды да өлтіре салуым керек еді.

Қатыгездіктің ауасымен тыныс алған Саид сылқ етіп орнына отыра кетті.

Екі айға созылған тергеу амалдары аяқталды. Сот қарақшы топтың ісін қарады. Құпиясы ашылған қылмыстық іске нүкте қойылды. Соңғы сөз берілді. Өз кезегінде Айбар:

- Мен адам өлтіруге қатыстым. Қандай жаза берсеңіздер де қарсылығым жоқ,-деді.

Сот үкім шығарды. Қарақшы топтың жазасын берді. Саидты 20 жылға, үш серігінің әрқайсысын 13 жылға, жастығын, жаза басқанын ескеріп, Айбарды 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Айбар өкінген жоқ. Үстінен зілбатпан жүк түскендей денесі жеңілденіп сала берді.

 

Бостандық

 

Шығысты бетке алған жүрдек пойыз бірнеше тәуліктен соң межелі жерге кештете жетті. Қарулы жасақ жазаларын өтейтін бір топ жігіттерді пойыз аялдаған стансадан түсірді. Онда арнайы автобус күтіп тұр екен. Көлік кідірген жоқ. Жолаушылар мінген бетте қос шамын жарқырата жағып жолға шықты.

Айбар табиғаты қатал, ауа райы суық өлкеге келгенін сезді. Сақырлаған сары аяздан автобустың іші жылымады. Әңгімеге құлқы жоқ, өз ойларымен сырласқан жігіттердің демдерінен шыққан бу басылар емес. Жүргізушінің алдындағы терезе ғана ашық. Қалған терезенің бәрін аяз салған өрнек бозқырау тұтып тұр. Айбар да ой жетегіне көгенделді. «Қайда келдік. Алдымда не күтіп тұр. Тағдырым маңдайыма тағы не жазар екен. Қандай жұмыс істейміз?»

Қанша уақыт жүргені белгісіз. Автобус жүрісін баяулата түсіп, әскери киімді жігіттер айқара ашқан үлкен дарбазадан ішке енді. Көлік табанын тіреп тоқтаған бетте ішіндегілер топырлап жерге түсті. Аман-саулықсыз, айқай-шусыз қарсы алған әскери жігіттер еңсесі биік казармаға қарай жол бастады.

Айбар жеке бөлмеге кірген бетте бір-біріне мінгескен, әрқайсысы үш кісілік нар төсектерді көзі шалды. Бір бөлмеде жиырмаға жуық адам жататынын да байқап үлгерді. Оған бос төсек босаға жақтан бұйырды. Ұйқы құшағына кете қоймаған көпшіліктің назары өзіне ауды. Төр жақтан бір жігіт орнынан тұрып жанына таянды. Сәлемдескен жоқ.

- Жүр. Паханға сәлем бер,-деді.

Айбар хабаршының соңынан ілесті. «Пахан» дегені қақ төрде төменгі сәкіде жатқан сақал-мұрты өсіп кеткен нардай жігіт екен. Кірпінің тікеніндей тікірейген қайратты қара шашында қылау жоқ. Жас мөлшері қырықтың қырқасында сияқты. Көз жанары өткір, түсі тым суық көрінді. Жалаңаш кеудесінен байқағаны төсі мен білектерін түк басқан, мойны күржиіп, бұлшық еттері ойнап тұр. Айбар жасқа тән ізетпен қос қолын ұсынып:

-Ассалаумағалейкум, аға,-деп сәлем берді.

«Пахан» басын көтерген жоқ. Сәлемін шалқалап жатқан күйі салалы саусақтарымен қысып алды. Қатты ауырсынса да Айбар сыр бермеуге тырысты.

«Пахан» тілге келді.

- Қажыр-қайратың бар екен. Қаншадасың?

- 18-де.

- Статьяңды айт.

- 96.

- Қарақшы топта қанша адам болдыңдар?

- Бесеу.

- Бұл күлкілі сұрақ болса да айтуға тиістімін. Қызбен жүрдің бе? Бір рет қызыл еріннен сүйдің бе?

- Жоқ.

- Алдауға түсіп, арманда жүрген бала болдың ғой. Қай жерденсің?

- Оңтүстіктен.

- Жерлес болдық. Бірақ менің саған еш қайыр, көмегім жоқ. Түрменің өз өмірі, жазылмаған қатал заңы бар. Сынақтан өтесің. Сүрінбеу жігіттігіңе сын. Мүлт кетсең «касиякқа» кіресің. Қолбала боп кетесің. Жолсоқты боп келген шығарсың. Бар, демал.

Айбар орнына келді. Төсегіне қисайған бетте қаумалаған қалың ой тұмандай тұтыла бастады. «Қайда барсам сынақ күтіп тұрады. Көз алдына мал ғана біткен, төрт түлігі сай Жабай шалдың сынағына шыдай алмадым. Дәу сары ағамның сынағының соңы қанды қол қарақшы етті. Енді жерлес «паханның» сынағы қандай болмақ?».

Тәңірдің таңы атты. Қағылған дабылдан соң жазасын өтеушілер сапқа тұрып, жаттығулар жасады, денелерін ширатты. Асханаға бас сұқты. Кездейсоқтық шығар. Қақ төрден орын алған «паханнан» төменірек үш-төрт жігіттен кейін жайғасты. Ертеңгі ас қою каша екен. Қолына қасық ала бергені сол еді қарсы отырған қара жігіт бұл күтпеген тосын қылық көрсетті. Арсыз неме екен. Ыдыстағы тамағына түкіріп жіберді. Қарқылдаған мазақ күлкіден асхана іші жаңғырып кетті.

Айбар намыстан жарылып кете жаздады. Кеудесін ашу-ыза кернеді. Өзін-өзі әзер ұстады. Салқынқандылық, сабырлық танытты. Тастүйін жұмылған жұдырығын әзер жазды. Тұла бойын тітіркендірген ашуды оймақтай ойға жеңдірді. «Бұл сынақтың басы болар. Әдеп сақтайын. Әліптің артын бағайын. Ашу-дұшпан, ақыл- дос»-деп іштей байламға келген Айбар түк болмағандай сыңай танытты. Түкірік түскен ыдысты жайлап алға ысырды. Екі үзім нанды жеп, бір шынаяқ шайын тауысты да орнынан тұрып кетті.

Бұл күн аптаның демалысы  еді. Түскі ас мезгілі келді. Асханаға бас сұққан Айбар өз орнына келіп жайғасты. Ойсыз да емес. «Қашқандай болмайын. Дәм-тұз атқыр, тамаққа түкіргіш оңбаған неме тағы не істер екен?».

Ол да өз орнына келіп жайғасты. Тамақты ала бергенде ертеңгісін болған оқиға қаз қалпында қайталанды. Тағы да мысқыл күлкілер ду етті. Айбар бұл жолы да сабыр сақтады. Ашуын ақылына жеңдіре білді. Анау өзінше көтеріліп, ісіп-кеуіп тамағын ішті.

Кешкі астың уақытында Айбар өз орнынан ауытқыған жоқ. Қарсылас та қарама-қарсы орын тепті. Ол әбден басынған сыңай танытты. Жаңа «қонақтың» тамағына үшінші рет түкіріп жіберді. Бұдан артық қорлық болмас. Оңбаған неме қасиетті дәмді сыйласа қайтеді екен. Айбар орнынан атып тұрды. Бұл жолы өзін-өзі тежеуге дәрмені жетпеді. Қарқылдаған күлкілер де қатты шыққандай. Бойында ерекше күш-жігер, кернеген ашу-ыза пайда болған Айбар тастүйін жұмылған жұдырығын асқан жылдамдықпен сілтеп жіберді. Оқыс оқиға отырғандарды елең еткізді. Қарқылдаған мазақ күлкілер пышақ кескендей сап тыйылды. Үстелімен қоса омақаса құлаған қарсылас жалма-жан атып тұрды. Мұрнынан аққан қан бет-аузын жуып кетіпті. Кеудесін жалған намыс кернесе керек. Ол өре түрегелген бойы алға ұмтылды. Осы кезде «паханның» өктем үні естілді.

- Тоқтат. Спектакль аяқталды. Ер кезегі үшке дейін. Екі рет сыйлады. Үшінші жолы ұрды. Сен оңбай жеңілдің. «Нокаут» алдың. Денеңнен қан шықты. Енді бұл жігітті ешқайсың мазалаушы болмаңдар.

Айбардың бала жастан қайтымы тез. Ас-дәмін ішіп, ашуы басылған соң тысқа беттеді. «Пахан» кең әуліге шығар есіктің алдында темекісін құмарта сорып оңаша тұр екен. Мұны көріп үнсіз қалмады.

- Жігіт екенсің. Риза болдым. Тектілік таныттың. Бірақ, мен саған ақыл айтатын адам емеспін. Өмірдегі жолым ауыр, өте жаман адаммын. Жасымнан теріс жолға түстім. Үш рет сотталдым. Кілең ұрлық, зорлық, бұзақылық. Мені сырттағы өмір қызықтырмайды. Осы жер дұрыс. Енді бәрі де кеш.

Ертеңгісін Айбар бір топ жігіттермен жұмысқа шықты. Жетелеген иттері, асынған қарулары бар сақшылар автобуспен қалың орманға апарды. Тал кесіп құлату, бұтақтарын отау жұмыстары басталды. Айбар жұмысқа жанын сала кірісті. Денесі қызған соң сақырлаған сары аяз да әсер етпеді. Оның алдында бір-ақ мақсат тұрды. Адал еңбек ету, жазасын кінәратсыз өтеу, бостандыққа шығу. Денесі қимылдап, маңдайынан еңбек тері шыққан сайын ол көңілденіп сала берді. Жүрегінде алдағы күнге деген үкілі үміттің оты жанды. «Мен әке-шешемнің әлпештеп өсірген жалғыз ұлымын. Жарқырап жанады деген жұлдызымын. Енді қателесуге қақым жоқ. Олар өмірде болмаса да өшпес рухтары менімен бірге. Жарық дүние сыйлаған жандардың рухы демейді, жебейді. Менің ендігі міндетім жазамды адамгершілік қасиеттерімен адал өтеп, азамат болудың қамын жасау.»

Айбар орманнан көңілді қайтты. Тылсым табиғаттың перзенттері ну орман ішіндегі қызу жұмыс еңбек ләззатына бөледі. Ол бұл түні мазасыз ойлардан ада, демделген көңілдің әсерінен тәтті ұйқы құшағының тал бесігіне бөленді.

Адам не нәрсеге болса да төзеді, бейімделеді. Айбар да көпшіліктен оқшауланған ортаға үйреніп қалды. Күні-түні қырағы күзеті мен қоршауы мықты мекенде де тыныс-тіршілік бар екен. Мұнда тағдыр тәлкегін, өмір тауқыметін тартқандар аз емес. Оның ішінде өмірге жеңіл көзқараспен қарайтын түйсігі саяздар, жасаған қылмыстары жанына батпайтындар, жаза басып, өткен күндеріне өкініп бармақ тістейтіндер де жетерлік. Әсіресе, келер күннен үкілі үмітін үзбейтіндер көп. Соның бірі 23 жастағы Жандос.

- Бәріне өзім кінәлімін,-деді ол Айбарға мұңын шағып,-Әке ақылын алмадым. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына барғым келмеді. Есіл-дертім жеңіл мәшине болды. Жеңіл көлігі бар адам бақытты сияқты көрінетін. Әкем шарт қойды. Үйлену тойыңда мәшине сыйлаймын деді. Мен 20 жасымда отау тіктім. Әкем уәдесінде тұрды. Ақ шағаладай «Тойота» мінгізді. Желік пайда болды. Ұшыртып айдағанды ұнаттым. Осы мінезімнен опық жедім. 5 жасар баланы қағып кеттім. Ол оқиға болған жерде көз жұмды. Өкініш естен кетпейді. Істі, сотты боп 3 жылға кете бардым. Мені үйде әке-шешем, бауырларым, жарым, түр-түсін көрмеген тұңғыш қызым күтіп отыр. Бостандыққа 6 ай қалды. Ауылға аман-есен жетсем арманым адамдарға тек жақсылық жасау.

Жандостың  өкініші Айбарды бейжай қалдырмады. Іштей толқыды. «Жазалы болған жандардың бәрі жаман адам деуге болмайды. Олар жазмыштың жазуынан, тағдырдың дегенінен бағы жанбағандар. Өткен іске өкінетіндер, алдағы күннен үміт күтетіндер. Шыда Жандос. Әлі-ақ, отбасыңмен қуана қауышасың. Адамдарға жақсылық та жасайсың. Бәріне үлгересің.»

... Уақыт зымыран. Уыста тұрған емес. Асу бермес белестей болған бес жыл да өте шықты. Айбар өмірдің үлкен өткелінен, өткір сынағынан өтті. Сүрінді, жығылды, өкінді, төзді, жеңді. Өмірге ғашық іңкәр сезімі, үкілі үміті алдаған жоқ. Жүрегінде от, жанарында жалын, бойында жігер барын ақ адал еңбегімен дәлелдеді.

Жазасы өтелген күні колония бастығы қолына құжаттарын тапсырып тұрып:

-Бүгіннен бастап саған бостандық. Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ. Жазаңды адамгершілік қасиетіңмен, адал еңбегіңмен ақтадың. Енді алдағы тағдырың өз қолыңда,-деді.

Айбар жол сөмкесін арқалап казармадан тысқа  шықты. Бостандық. Ол көптен күткен бостандықтың кәусар ауасын құмарта жұтып, терең тыныс алды. Жүзіне қуаныш күлкісі жүгіріп, жас жүрегі кеудесіне сыймай бара жатты.

Темірлан Әбілдаев, журналист

 

 

Тоқым тыққан

(Деректі әңгіме)

 

Атбегі

 

Таң хабаршысы бозторғай шырылдады. Түн түңлігі серпілгенін сезген атбегі жылы орнын суытты. Қараша киіз үйінің табалдырығын аттады. Тысқа шықты. Түні бойы тыным таппай шырылдаған шілдеқоңыздың үні толас тауыпты. Керілген кермеде тұрған торқасқа иесін көрген бетте кісінеп жіберді. Құйма тұяқ десе ішер асын жерге қоятын Назардың іші жылып қоя берді. «Жарықтық, жылқы малы төрт түліктің төресі ғой. Әттең, тілі жоқ демесең мал екеш мал да адамды жақсы көреді. Кісінеп сыр айтады.»

Атбегі қос құлағын қайшылаған сәйгүліктің жанына келді. Арқасын қағып, сауырынан сипады. Сұлу жаратылған денесінде мін жоқ бәйге аты табаны қышып, шабыс тілегендей тықыршып тұр. Назар еркелеткендей атының  құлағының түбінен уқалады. Мойнынан құшып күбір етті. «Шыда сәйгүлігім. Топқа түсіп, атой салдырып аламан бәйгеде бағың жанатын күндер де алыс емес.»

Қаратаудың күнгейінде өтетін аламан бәйгеден хабардар болғалы Назардың көңілі алаң. Сауын айтушылардың сөзіне құлақ түргенде жал-құйрығы төгілген тұлпарлардың дүбірлі жарысы болмақ. Төрт құбыласы түгел, төрт түлігі сай бай әкесіне арнап ас бергелі жатыр. Мыңғырған малының санын білмейтін бай жайлы әңгіме де өртке тиген желдей есіліп тұр. Тебіндеген жылқы үйірлерін өзеннің ағысымен түгендейді екен.

Жылқышыларына:

-Мен бүгін малдың қарымын білейін. Жылқыларды өзеннің тереңдеу жеріне шөлдетіп құлатыңдар,-дейтін көрінеді.

Өзі ат үстінде ердің үзеңгісін үзердей шіреніп, өзеннің сылдырап аққан қылта тұсында тұрады екен. Шөлден қаталап келген жылқылар суды жалдап тереңдеу жерінен ішкенде бай тұрған тұстағы өзен суы тартылып қалады. Көңілі орнына түскен бай:

-Е, жылқыларымның жобасы бар екен,- деп үйіне қарай ат басын бұрады екен.

Байдың қолтығына су бүркігендер аз болмапты. Ас иесі аламан бәйгенің бас жүлдесіне бір қыздың қалың малы қырық жеті қара атапты. Намысын жыртып, шотын соққан ағайындар:

-Үш жүзге сауын айтып жатырмыз, мұныңыз атыңызға ұят. Аздық етеді,-дейді.

-Онда бір келе түйе тігемін.

Ол кезде шаруа баққан қазекем жүз түйені бір келе деп атаған. Байдың малын аяғысы келмегендер қанағат ете қоймайды.

-Бұл да жеткіліксіз. Барлығыңызды, байлығыңызды көрсетіңіз.

Он ойланып, жүз толғанған бай «Осылар менің абырой, беделімді ойлап отыр-ау» деген шешімге табан тірейді. Оймақтай ойының тоқетерін айтады.

-Жарайды, тайтұяқ алтын болсын,-депті.

Қараша үйде қарапайым тірлік кешкен атбегіні тайтұяқ алтын қызықтырған жоқ. Оның ойлағаны шашасына шаң жұқпайтын сәйгүлігінің бабы мен бағы. «Маған алтын қажет емес. Біреуден кейін, біреуден ілгері осы күнім жетеді. Торқасқам топты жарып, көптің көзайымы боп алдымен келсе болғаны. Даланы дүбірге бөлеген бәйгеде «Назардың желаяғы жүз атты шаң қаптырып кетті» деген аты ғана керек».

Назар кермеге байланған қыл шылбырдың түйінін шешті. Атын жетекке алып, ауыл іргесіндегі жан-жағын қалың нар қамыс көмкерген су толы арнаға келді. Секем алған жағадағы көлбақалар  су ортасына шопылдап секіріп жатыр. Тер алынып, таң асқан төрқасқа шөлдеген екен. Тұнық суға бірден бас қойды. Түгі жылтыраған атына сүйсіне қарап ойға шомды. «Аламан бәйгеге айға жуық уақыт қалды. Жілік майы тоқ, қазысы қалың.» «Ат шаппайды, бақ шабады» деген рас. Жілік майының тоқтығы түк етпейді. Қайта күш береді. Қазысының қалыңдығы жөн емес. Семіз атты тер қысады. Қазысын сылу керек. Ол үшін арна суына жиі шомылдырғаным дұрыс.»

Шу бойындағы биылғы қыс қытымыр мінез танытқан. Қасат қардың көбесі сөгілмей жатып алды. Көктем тым кеш шықты. Тылсым табиғаттың салқыны күнкөрісі мал болған отыз қаралы үйлі ауылға әжептәуір әбігер туғызды. Жылдағыдай ерте көктемде жаз жайлау Сарыарқаға көш керуені бетін түзей алмады. Қатал қыстан қысылып шыққан төрт түлік малдың көбі айдауға жарамсыз болды.

Назар атын әудем жерге апарып аяғына тұсау салды да  үйіне келді. Қыздай қосылған тәмпіш мұрын әйелі ала сиырдың бауырына жабысыпты. Сырлы шелекке тола сауылған сүттің дыбысы естіледі. Екі жағынан бу шығарып дем алған сары самаурын үйге енген екен. Перзенттен жалғыз бойжеткен қызы Кәмшат шай жасау қамына кірісіпті. Ет жүрегі елжіреп кетті. «Айналайын, қыз бала жатжұрттық. Өз қатары, теңін тауып құтты орнына қонса екен. Ие, бәрін бір Алла біледі. Алдағы уақыт көрсетеді. Әркім маңдайына, пешенесіне жазғанын көреді» деп іштей күбір еткен атбегі жуынып, шайынып дастархан шетіне таянды.

Шу бойын жайлаған  ауыл адамдары атқан таңмен таласа тұрып күндегі күйбең тірлігіне кірісті. Төрт түлік мал өріске беттеді. Соңынан ақ таяғын ұстап малшы ілесті. От басы, ошақ қасындағы әйелдер түтін түтетті. Шайларын қойып, сауылған сүттерін пісіріп жатыр.

Айрандай ұйып тірлік еткен ат төбеліндей ауылға осы күннің түнінде жау шабарын ешкім білген де, сезген де жоқ.

 

Жоңғарлар

 

Қобыраған шашы желкесіне түйілген түменбасы жоңғар табанасты ашу шақырды. Ақ шатырдың босағасында тұрған сақалды күзетшіге бар даусымен айқай салды.

-Маған оң қанаттағы барлаушы жүзбасыны шақыр. Бұл қазақтарды қырып, тұқымын жоймай күн жоқ.

Жүзбасы көп күттірген жоқ. Ала көзі адырайып, ентігіп жетті. Зығырданы қайнаған түменбасы әбжыландай ыршып орнынан тұрып кетті. Қарлыққан даусымен баж ете қалды.

-Қазақтардың қанын ішем. Басын кесіп, етін қайнатып сорпаларын аш қасқырдай жұтам. Екі топ тыңшы, барлаушы әскер жібердім. Жеті тәулік өтті. Хабар-ошар жоқ. Қазақтар қырып тастаса керек. Ендігі кезек сенікі. Қырық жасақ ал. Көппен көзге түсесің. Сауысқандай сақ бол. Құрылған торға тұтылып қалмаңдар. Қазақ айлакер, жауынгер, батыр халық. Күндіз бұғып, түнде жорытыңдар. Сенің міндетің шабатын ауылдарды анықтап келу.

Жүзбасыны қабағы қатыңқы, алқымын ашу қысқан түменбасының мысы басты. Белін бүгіп, құлдық ұра тағзым жасады да:

-Ләппай, тақсыр. Құп болады,-деп ақ шатырдан шықты.

Қырық қаралы жоңғар күн бата атқа қонды. Қазақ жеріне ат тұяғы іліккен бетте-ақ жүзбасының тұла бойын үрей биледі. Санасын шаншылаған ой нөсерінен үрікті. «Түменбасы жақсы сөз айтпады. Барлауға жіберілген екі топ жасақ оралмаған. Шамасы қазақ батырларының қолынан мерт болса керек. Қазақтар осал жау емес. Ішінде көзсіз батырлары көп. Ал, менің алдымда не күтіп тұр?»

Жүзбасы атбасын ірікті. Оймақтай ой түйді. «Сақтық керек. Қазақ батырлары қапияда сан соқтырып, қан қақсатуы мүмкін. Топпен жүру қауіпті. Алға шолғыншы жіберейін.»

Секем алған көңілдің қорқынышын сарбаздарына сездіріп алмауға тырысты.

-Бес жігіт алдымызды шолып қайтсын. Кім біледі?-деп сөз аяғын жұтып қойды.

Белсеніп шыққан бес жігіт қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. Ниеті бұзық жоңғарлардың суыт жүрістері ұзаққа созылмады. Еруліге қарулы болды. «Жау жоқ деме бөрік астында» деп ауыл сыртын торуылдап жүрген бес қаруын асынған оңға жуық қазақ жігіттері шолғыншы жоңғарларды қас қағым сәтте аттан түсіріп, қойша көгендеп тастады.

Екі жағына екі кісі мінгендей жауырыны қақпақтай қазақ жігіті аузынан жалын ата үн қатты.

-Бұл қорқаулардың қанын судай шашқаннан пайда жоқ. Киімдерін шешіңдер. Жалаңаш күйлерінде аттарына мінгізіп жіберіңдер. Өлімнен ұят күшті. Бұдан артық қорлық болмас.

Бұйрықты сөз екі етілген жоқ.Тыржалаңаш күйінде атқа қонған жоңғарлар келген іздерімен тырағайлап шаба жөнелді. Бұйрық берген жігіт қайта сөзге келді.

-Бұлар шолғыншылар. Шыққан жерін, әскерін өздері тауып береді. Соңдарынан ілесейік.

Шолғыншы сарбаздарының киімшең кетіп, жалаңаш оралғанын көргенде жүзбасының төбе шашы тік тұрды. Миына қан құйылғандай ақыл-есінен айырылып қала жаздады. Алқымын қысқан ашудан буынып өліп кетердей болды. Өрттен шыққандай түтігіп, шоқ басқандай шыңғырып қоя берді.

-Иттің балалары, сілімтіктер. Әмірші хонтайшының әскерін масқара еткен хайуандар. Бүйтіп жер басып тірі келгенше өлгендерің артық еді, малғұндар. Дүре...Дүре... Әрқайсысына жүз аздық етеді. Мың дүреден соғыңдар.

Толған ай сүттей жарық еді. Жазиралы жаздың тамылжыған түнінде үп еткен жел жоқ. Жоңғарлар ұятқа қалдырған жалаңаш сарбаздарын жазалап, дүрелеп жатқанда ызылдап ұшқан садақтың жебелері нөсерлі жауындай төгілді. Іле-шала ат дүбірі естілді. Атой салған қазақ жауынгерлері қылыштарын жасындай жарқылдата әрі-бері сермеп өте шықты. Қазақ батырлары жай кеткен жоқ. Онға жуық жоңғардың жандарын жаһаннамға жіберіп, жер жастандырып кетті. Қас қағым сәтте түн ортасында болған дүрбелеңнен жоңғарлар естерін әзер жиды. Қалмақша қаңтарылған аттарына жүгірісті. Жүзбасының көз алдында болған сойқан жанкешті оқиғалардан тұлабойы түршікті. Жүрегі кеудесіне сыймай дүрсіл қақты. Үрей билеген денесінің дірілін баса алмаған күйі атына әзер мінді. Онда да атқосшының қолтығынан демеп, жебегеннің арқасында үзеңгіге табан тіреді.

-Қашыңдар, олар тағы келеді,-деп жан даусы шыға айқайлап атын тебінді, сауырына қамшы сілтеді.

Жоңғарлар келген іздерінен жаңылды. Қорыққанға қос көрінді. Бар болғаны бас сауғалап беталды бағытсыз аттарын қызыл май етіп шаба берді.

 

Қашқан қыз

 

Қалың қолдың қарасы көрінбеді. Адасқанын сезген жүзбасының құйын көңілі секем алды. Ат басын тартты. Қамшыдан қаймығып қаратерге түскен аты кілт тоқтады. Сарбаздары да ат бастарын іркіп, ошарылып тұра қалды.

-Адастық,-деді жүзбасы жүні жығылып,-қане, кім біледі? Қай бағытқа жүреміз. Біздің әскер қайда? Тезірек бой тасалап кетуіміз керек. Таң атып, қазақтар көрсе қырып салады.

Жоңғарлар жым болды. Қазақтар көрсе қырып салады деген сөзді көңілдеріне дық алды. Үрейлері ұшты.

-Неге үндемейсіңдер? Тілдерің байланып қалды ма? Әлде, қазақтардан қорқып қалдыңдар ма? Жо-жоқ. Мен қорқа алмаймын. Қазақтарды қырып салам.

Жүзбасы өз даусынан өзі шошынды. «Қазақтарды қырып салам» деген сөзі жаңсақ, жалған естілгенін сезді. Ашу-дұшпан. Ақыл-есінен айырыла жаздаған жүзбасы атын борбайынан тартып жіберді. Қамшы тілінің соққысы жанына батқан аты ор қояндай ытқи жөнелді.

Жоңғарлар таң құлан иектеніп атып келе жатқанда шырт ұйқы құшағындағы ауыл үстінен шықты. Жүзбасының қаны қарайды. Айқайға басты.

-Ауылды шабамыз. Кек қайтарамыз. Қазақ батырлары сияқты тұтқиылдан тиісіп, көп кідірмей өте шығамыз.

Құс ұйқылы атбегі Назар ат дүбірінен оянып кетті.  Сергек көңілі секем алды. «Әлі таң атқан жоқ. Бұл ат дүбірі тегін емес. Жау шапқан секілді.» Назар оймақтай ой түйді. «Бейқам жатқан бір құдай деген ауыл едік. Қапы қалдық. Асарымызды асап, жасарымызды жасадық. Көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз қызым аман қалсын».

Салы суға кетіп, жауар күндей түнерген атбегі шұғыл шешімге келді. Таңғы тәтті ұйқы құшағында жатқан әйелі мен қызын оятып, асығыс үн қатты.

-Ауылға жау шапты. Қызым тез киін, атқа мін. Сарыарқаға тарт. Жау қолында біз өлсек те сен аман қал. Ұрпағымның үрдісі үзілмесін.

Қызын жетектеп, көз жасын көлдеткен әйелі үйден шықты. Өзегін өкініш өртеген Назар қызы Кәмшаттың алдына қамыс құлағын қайшылап елеңдеген торқасқаны көлденең  тартты. Қызын асығыс құшырлана қысып бетінен өбіп қоштасты. Теңіздей толқыған көңілін жасыра алмай:

-Жаным, жалғызым. Сен үшін шыбын жанымыз садаға. Жортқанда жолың болсын,-деп үзеңгіге табан тіреген қызының қолтығынан демеді.

Анасы ұсынған жолазық түйіншекті ер басына асығыс іле салған Кәмшат ат тізгінін қақты. Көңіл күйі соққан дауылдай алай-дүлей, жаны жабырқап, жанары жасаураған қаршадай қыз сайын дала Сарыарқаны бетке алды. Әкесінің бабын келтірген бәйге атымен құйындай құйғытып шаба жөнелді.

Бұл кезде таң атып, ауыл иттерін шулатқан жоңғарлардың төбесі көрініп те қалған еді. Ауыл ішінен шығып жұлдыздай аққан салт аттыны байқап қалған жүзбасының жүзі құбылып, жүрегі зырқ ете қалды. Суық ой санасында найзағайдай жарқ етті. «Ол жаушы. Көп әскерге хабар беруге барады» Өз ойынан үркіп жаны шошынған жүзбасы айқай салды.

-Қашқынды қуыңдар. Тірідей ұстаңдар. Ол қазір қалың қол әкеледі. Бәрімізді қырып салады.

Ат шабысының екпінімен бұлаудай болған көз жасы желге ұшқан Кәмшат артына қарағысы, жау шапқан ауылын көргісі келді. Қамыққан көңілден тұла бойы тітіркеніп, мойнын кейін бұрды. Таңқалып, бас шайқады. Отыз қаралы жоңғар түгелдей соңына түсіпті. Қашқын қыз көңілденіп сала берді. Қос жанарынан қуаныш жасы ыршыды. «Ауылым аман қалатын болды. Барлық жау соңымда келеді. Бүкіл ауыл үшін мен өлсем арманым жоқ. Мен бақыттымын.»

Кәмшаттың бойында қорқынышты сезімнен жұрнақ та қалмады. Көз жасын тыйды. Бойында жауға деген кек қайнап, ерекше күш-жігер пайда болды. «Әкемнің бәйге торқасқасы жоңғарлардың шабан аттарына жеткізбейді. Енді оларды ауылдан ұзатып әкетуім керек. Бәрін де Бетпақдаланың шөлінде қырам.»

Кәмшат атбасын тартты. Құйма тұяғы қызып, шабыс тілеген торқасқа ауыздықпен алыса бастады. Күш-жігерін жиып, тізгінді тірей тартқан қыз сәйгүліктің басын зорға тежеді.

Жау жақындай түсті. Жүзбасы жоңғар көңілденіп сала берді. «Қашқынның аты болдырды. Қазір қолға түседі. Қандай жаза берсем екен? «Жауды аяған жаралы» деп мен емес қазақтардың өзі айтқан. Жонынан таспа тілем. Тірідей терісін сыпырам.  Басыңды қылша мойныңнан шауып мыңбасыға тарту етем».

Қашқынға әудем жер қалғанда жоңғарлар даурығып кетті.

- Садақ тартып құлатайық.

Жүзбасы бұл ұсынысқа қатаң тиым салды.

-Жоқ, болмайды. Тірідей қолға түсіру керек. Көзі тірісінде азаптамасам жаным тыныш таппайды.

-Атын атсақ ше?

- Ол да болмайды. Жазым боп қашқынға тисе өліп кетеді.

Қашқынның аты болдырар болмады. «Әне жетем, міне ұстаймын» деген жүзбасының мысық тілеу ойы жүзеге асар емес. Бір мезгілде жанында қоқандап шауып келе жатқан жалбыр шаш жасағы жан даусы шыға айқай салды.

-Мынау, қыз ғой.

Жүзбасы енді байқады. Алдында қос өрімді қазақ қызы кетіп барады. Қайран қалып, қаны қарайды. «Бұл неткен сұмдық. Қазақтың қызына дейін батыр». Жүзбасыны ашу қысты. Атына қамшы басты. «Мен сені тірідей ұстаймын. Алтыншы әйелім боласың. Көзіңе көк шыбын үймелетем. Тоқал етем. Жо-жоқ. Мен сені әйел етіп қанымды бұза алмаймын. Қажетің жоқ. Сені қолыма түскен бетте мыңбасыға тарту етем. Оған сенен артық сыйлық болмас. Он үшінші әйелі боласың.» Осы ойға тас бекінген жүзбасы жоңғар атына тағы қамшы сілтеді.

 

Бетпақдаладағы қырғын

 

Күн сәскеге тырмысты. Шілденің ми қайнатар аптап ыстығы біліне бастады. Жоңғарлардың қолтықтары мен шаптары ақкөбіктеніп аттары болдырды. Одан әрі шабысқа жануарлар шыдай алмады. Шөлден қаталаған аттар төрт тағандап тұрып қалды. Ашу-ызадан жарылардай сызданған жүзбасы ентігіп, екі бүйірінен демалған атынан түсті. Жігері құм боп, зығырданы қайнаған күйі жерге шырт түкірді. Күбір етті. «Қазақ айлакер халық дегені рас болды. Бұл неткен керемет. Қаршадай қызына дейін жанкешті жауынгер. Сазға отырғызып кетті. Аты сәйгүлік екен. Шаң қаптырды. Елсіз далаға келдік. Шөлге ұрындық. Енді ажал құшып қырылғаннан басқа ештеңе қалған жоқ.»

Бабы келген торқасқа әлі тың. Түгі жылтыраған денесінен шып-шып етіп тер шыққаны болмаса шаршамаған секілді. Жоңғарлардың ошарылып тұрып қалғанын байқаған Кәмшат та шапқанын тоқтатты. Шаттана қуанды. «Сендерді енді қазақтың қасиетті жерінің киесі ұрады. Бетпақдаланың шөлінде қырыласыңдар. Мен өлімнен қорықпаймын. Ауылымды құтқардым. Бауырларымның қасық қаны төгілген жоқ. Енді өлсем армансызбын. Өйткені, сендер көп, мен жалғызбын.»

Кәмшат кідірмеді. Атбасын Арқаға бұрды. Төрқасқа жайлы жүрісті аяңына көшті.

Уақытта кідіріс жоқ. Мезгіл талтүс болды. Бетпақдаланың ми қайнатар аптап ыстығы күшіне енді. Үп еткен жел жоқ. Тыныс-тіршілігі жоқ шөлдаланың қапырық ауасы тынысты тарылтады. Таң атқалы қым-қуыт суыт жүріс, ала шапқыннан шөл қысқан торқасқа  сыр берді. Өгіз аяңнан да қалды.

Кәмшат тізгін тартып, аттан түсті. Қатты қапаланды. Тұлпарына беретін қасық су жоқ. Шөлден қаталаған торқасқа тізесін бүгіп жата кетті. Жаутаңдай қараған көздерінің оты өшіп, аузынан сілекей ақты. Жаны ашыған Кәмшаттың қос жанары жасқа толды. Сәйгүлігінің мойнынан құшақтап, маңдайынан сипады. «Обалың жауға. Бір ауылдың мал-жанын мен емес, сен құтқардың. Отыз қаралы жоңғарды аттарымен қоса елсіз шөлге әкеп қырдың. Екеуміз ерлік жасадық.»

Шашасына шаң жұқтырмайтын құйма тұяқ шөлге шыдамады. Өліп кетті. Өлім құшқан жануар тектілік танытты. Тұяғын да серпіген жоқ. Әкесінің жал-құйрығы төгілген бәйге атынан айырылған қыз қыстығып жылап жіберді.

Жоңғарлар шалғы тиген шөптей жусады. Қазақтың киелі сахара даласы дұшпандарға қатігездік танытты. Ажал тырнағына ілігіп, діңкигіп аттары, бүктүсіп адамдары жатты. Шөл қысып таңдайы жабысып қалған жүзбасы соңғы күшін жинап жүрелеп отырды. Тәмпіш мұрнына қоламса өткір иіс келіп, жүрегін айнытты. Қолқаны атып, басын айналдырды. Шамасы өлексеге айналған аттар мен жасақтарының иісі болса керек. Шыбын жан тәтті. Жүзбасы құтыдағы күннің аптап ыстығынан қайнаған ең соңғы қасық суды ернін күйдіре жұтты. Туралай келген ажалдан, ит өлімнен үрейі ұшты. Сандырақтап «Өлді деген осы» деп айтпақшы болып еді. Үні шықпай қалды. Денесі безгек тигендей қалшылдап дірілдеген жүзбасы шалқалап құлап түсті. Көз алдында қалықтаған өлексе жейтін құзғын құстарды көргенде тұла бойы түршікті. Қимылдауға қауқар жоқ. Сәлден соң денесі күйіп-жанып, көз алды тұманданып, жарық дүние дөңгеленіп жүре берді. Бұдан арғысын жүзбасы сезген жоқ. Еріндері кезеріп, көзі аларып жаны жаһаннамға кетіп бара жатты...

Денесі жансыз қалған тұлпарына жаны ашыған Кәмшат ұзақ жылады. Ат маңдайындағы айшықты қасқасын сипап көп отырды. Бір кезде бұлаудай боп ісіп кеткен көзі зерлі ер мен әшекейлі тоқымға түсті. Оймақтай ой түйді. «Әдемілігі көздің жауын алған бұл ертоқымды әкем Әулиеатаның базарынан алдыртқан. Жо-жоқ. Бұл ер тоқым тек сәйгүлік торқасқаға ғана жарасқан. Жау қолына түспеу керек. Мен оны тығып тастаймын».

Кәмшат орнынан асығыс тұрды. Киіктің мүйізіне сапталған өрме қамшыны қолына алды. Мүйіздің үшкір ұшымен жерді қазуға кірісті. Өжет қыз ойын орындап тынды. Ер тоқымды қазылған жерге топырақпен көміп тастады.

Күн кештетті. Салқын ауа бетті өпті. Кәмшат бұдан әрі кідіруді жөн көрмеді. Әкесінің мүйізді өрме қымшысын қолынан қыса ұстап жолға шықты. Сарыарқаны бетке алды. Көретін жарығы, тататын дәм-тұзы таусылмаған екен. Түн ортасында азық-түлік артқан кірекештер керуені кездесті. Жапан далада жалғыз жаяу жортып, түн қатқан қазақ қызын керуен басы астына ат мінгізіп қатарға қосып алды.

Бар құпиясын ішіне бүккен, ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын қазақтың сахара Бетпақдаласы осылай сыр шертеді. Жоңғар шапқыншылығының куәсіндей қасиетті жеріміздегі «Тоқым тыққан» жер атауы қаршадай қазақ қызының ерлігін паш етіп тарихқа таңба боп басылды. Ауыз әдебиеті арқылы желідей тартылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жер атауы «Тоқым тыққанның» сыры мен жыры осы.

Темірлан Әбілдаев, журналист

 

Оташылар

 

(Эссе)

 

Тылсым табиғаттың құбылысы көп. Жаратқан иенің құдіреті күшті. Табиғи дарындылық Алланың берген сыйы. Адам-адамға қызмет етеді. Бүгінгі айтар әңгіме, шертер сырымыз киелі Сарысу өңірінің Маятас ауылынан шыққан, аттары аңызға айналған оташылар әулеті жайлы болмақ.

 

Аңыз бен ақиқат

 

Біз де бала болғанбыз. Ақ топырақта асыр салып ойнағанбыз. Ақ таяқты тай етіп мініп, ебіл-дебіл жүгіргенбіз. Ол кезде бүгіндей алдында қозғалмай отыратын теледидар, компьютер, қолдан ажырамайтын ұялы телефон жоқ. Ертелі-кеш ойыннан қолымыз босағанда тыңдайтынымыз ақ кимешекті әжелердің ертегісі, ақ сақалын саусағымен тараған аталардың әңгімесі. Құлағымыз түрік. Әр ауылдағы жаңалық, болып жатқан оқиғалардан хабарымыз мол. Ойнап, тыңдап, ойлап жүреміз. Сол бір балалықтың базарлы шағы тарқамаған кезде естіген аңыздай әңгімелерді айтудың сабақты инедей сәті бүгін түскендей. Елең еткізер әңгіме басталғанда және қызық жеріне келгенде балалықпен «мәссаған» деген таңданыстар көп болушы еді.

-Мәссаған, Карл Марксте (қазіргі Маятас) Ибаділда деген ата бар екен. Екі көзін тарс жұмып отырып, шыққан қол, сынған аяқты сала беретін көрінеді.

-Сонда қалай? Ауыртпай ма екен?

-Қайдағы ауырған. Ол кісінің қолында...

-Жұмбақтамай айтсайшы. Қолында не бар?

-Ол кісінің қолында... Әкемнің айтуынша ерекше қасиет бар.

-Ал менің естуімше, ол кісінің Тілеміс деген әкесі тіпті мықты болған дейді. Ибаділда атаға түсінде жиі аян беріп, «олай қыл, былай ет» деп ақылын айтады  екен.

-Ибаділда атаның біз қатарлы Мамамбай, Мананбай (Манаш) атты балалары да осал емес дейді. Қозы-лақтардың аяқтарын әдейі шығарып, қайта салып ойнап отырғандарын талай адамдар көзбен көріпті. Екеуі аяқ-қолдары сынып келетін адамдарды ұйықтап жатып сөйлеп айтады екен. Балаларының сөздерін тыңдап алған Ибаділда ата бәрін алдын-ала біліп отырған.

Ел құлағы-елу. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Халық айтса, қалт айтпайды. Аңыз бен ақиқат. Аңыз-ақиқаттың төркін жұрты. Ибаділда атаның әкесі Тілеміс баба дүниеге келер алдында анасының астынан оң қолы шығып жүреді. Көңілінде ерекше үрей пайда болған жас ана не істерін білмей сасады. Енесіне құлаққағыс етеді. Енесі сары алтындай сабырлы адам болған екен.

-Айналайын, балам. Садағаң кетейін. Үркіп, шошуға асыға көрме. Алдымен бір құдайға сиынайық. Бабаларға, аруақтарға құран бағыштайық. Аша тұяқ, аша мүйіз бозқасқа шалып, ниет етіп әулиелерді жағалайық,-деп басу айтады.

Үлкендердің өнегелі өсиетін тыңдап өскен жас келін сабасына түседі. Бір жаратқан иеге құлшылық, бабалар рухына тағзым етеді. Бозқасқа шалып, ақсақалды атадан бата алады. Ақ ниетпен әулие жағалайды. Сонда бір көріпкел әулие:

-Шырағым, сабыр сақта. Жарық дүниеде құбылыс көп. Жаратқан иенің құдіреті күшті. Сен өмірге ерекше қасиеті бар ұл бала әкелесің. Оң қолы түкті, сынықшы, оташы, халықтың ұлы болады. Оташылық қасиет атадан ұрпаққа жалғасады. Қырқынан шыққанша түкті қолын ешкімге көрсетпеуге тырыс. Тіл-көзден сақта. Мүшел жас, он үшке толғанда оташы екенін Алланың өзі білдіреді. Ел тілеуін тілеген бала болмақ. Атын Тілеміс қойыңдар,-дейді.

Жақсы сөз-жарым ырыс. Ана көңілін алаңдатқан уайым бұлты сейілді. Кеудесін қуаныш кернеді. «Халқына керек ұл туамын. Мен бақытты анамын» деп жүрегі жарыла шаттанды. Әулиенің аузына құдай салған екен. Сәуегейлік шындыққа айналды. Айы-күні жетіп, кекілі маңдайына түскен, оң қолының бес саусағы түкті, шекесі торсықтай ұл туды. Жаратқан иеге тәуба, құлшылық етті. Жас ана өзегін жарып шыққан перзентін бауырына ет жүрегі елжірей құшты. Емшек іздеп омырауын қытықтаған сәбиінің тәтті иісінен іңкәр сезімге бөленіп, алпыс екі тамыры иіп сала берді.

Тілеміс ана құшағынан қуат, ақ сүтінен нәр алды. Жүрегінде үкілі үміттің шырағы жанған жас ана екі ұдай сезімде жүрді. Көріпкел әулиенің «Сынықшы, оташы, халықтың ұлы болады»  деген дуалы сөзі бір сәт естен шыққан жоқ. Көңілдің көк дөнені жүйрік. Өмірдің өз заңы бар. Қуаныш пен өкініш қатар жүреді. Ана көңілінде алаң басым. Жаратқан иеге жалбарынуы көп. «Еліне қызмет ететін ұлымды аман ет. Тіл-көзден сақтай гөр» деген тілеумен таң атырып, күн батырды. Алла ананың тілеуін берді. Халыққа оташы ұл сыйлады.

Тілеміс он үш жасқа толған күні таң ата түс көрді. Түсін анасына айтып жорытты.

-Апа, түсімде аппақ киімді, ақсақалды ата «Балам қолыңды жай. Бата беремін» деді. Мен алақанымды жайдым. «Сені жаратқан ием елің үшін жаратты. Оташы боласың. Адал қызмет етіп, халқыңның алғысын ал, әумин» деді.

Ана көңілі дауылды күнгі жағалауға ұрған теңіздей толқыды. Ішкі сезім толқынысын сездірмеуге тырысты. «Жан балам, анаң бәрін біледі. Осы бір бақытты күнді асыға күтумен өмірім өткен жоқ па?». Анасы қуаныш жасына толған жанарын ұлына көрсетпей ақ орамалының ұшымен сүртті. Содан соң ұлына мейірлене қарап:

-Жақсы түс екен. Атаңның берген ақ батасы қабыл болсын, балам. Қол жайып «аумин» десең айтқанын істеу керек,-деп тілге әзер келді.

Тілемістің есімі мүшел жасында-ақ жалпақ жұртқа жайылды. Жаратқан иенің құдіретінде, пендесіне жасаған сыйында шек жоқ екен. Тілемістің табиғи дарындылығы сан қырлы болған. Аяқ-қолдары мертігіп келген адамдарды алдын-ала түс көріп, біліп отыратын болған. Аты шулы оташылығымен тек анасының емес, ел-жұртының тілеуқор ұлына айналады.

 

Тілемістің ұлы

 

Тілеміс бабаның бел баласы, сүйікті ұлы Ибаділда атаны көзіміз көрді. Кісілік келбеті, азаматтық ажары келіскен, наркеуделі, ақсақалы омырауын жапқан, парасатты адам еді. Теңдесі жоқ оташы, атымтай жомарт мырзалығымен аты шықты. Ауруға ем, жанға дауа іздеп алыстан ат арытып келгендерді төредей күтіп, төріне жатқызып емдеді. Шынында оташының үйі аурулар айлап, жылдап жатып емделетін емхана еді. Күнделікті қолы шығып, тобығы тайып келіп-кетіп жатқан үлкен-кіші қаншама.

Сол кезде ат төбеліндей ауылдың қариялары оңтүстік шығыста төрт-бес шақырым жердегі «Төбе бұлаққа» жайлауға шығатын. Құрамы он шақты үй желіге құлын байлап, бие сауып, сары қымыз сапырушы еді. Ибаділда ақсақал алты қанат ақ үйінің жанына тағы екі-үш үй тіктіретін. Бұлар ауыр сынықты адамдар жататын «палата үйлер» еді. Дертіне дауа іздегендер ит арқасы қияннан Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де келіп, ат тізгінін тартатын. Алыстан келген ағайын осы «палата үйлерде» демалып, емделетін. Бас оташы ең алдымен емделушілердің ішкен ас-ауқатына ерекше көңіл бөлуші еді. Әр науқасқа:

-Ас-адамның арқауы, тамақты көп ішкен сайын күш молайып, ауру азая береді,-деген ақыл, кеңестерін өз құлағымызбен талай естідік.

Содан соң бес уақыт намаз арасында төсекке таңылған ауыр сынықтарды жиі жағалап, әзіл айтып көңілдерін көтеріп, ем-домын жасағанын көзі көргендер әлі ұмыта қойған жоқ.

Ақсақал от ауызды, орақ тілді, сөзі мірдің оғындай өткір кісі еді. Үлкен-кіші, бетің-жүзің бар демейтін. Шындықты шырылдатып айтатын. Сонымен бірге әзілкеш, отырған жері күлкі, мысқылшыл еді. Кісімсіп сөйлеген адамды ұнатпаған кезде мысқыл сөздің найзасымен түйреп, мақтамен бауыздайтын.

Жарықтық, қалжың айтпаса қарны ашатын кісі еді. Жазиралы жаздың шуақты күндерінің бірінде бойжеткен қызы Рымкүл жайылмалық Сарыбай есімді жігітке тұрмысқа шығады. Тосын жаңалықты естіген бетте жеңілтектеу жақын келіндерінің бірі Ибаділда қария отырған үйге баса-көктеп кіреді. Сүйінші сұрағандай асығыс:

-Ата, Рымкүл қызыңыз бір жігітпен айтпай қашып кетті,-дейді.

Сары алтындай сабырлы Ибекең қасиетті саусақтарымен сеңкүміс сақалын тарамдай сипап отырып, мырс етіп күліпті де:

-Е, шырағым. Оның несі айып? Бай керек болған соң қашады да,-дейді.

Ұялғаннан бетін басып, кейін шегінген жас келін табалдырыққа сүріне-қабына сыртқа әзер шыққан екен.

Ибекең әдемі әзіл,  қылықты қалжыңды жөнімен, өз орнымен айта білген. Әзіл айта отырып сынық салу ол кісіге көп жеңілдіктер туғызған. Өткір әзілді аурудың көңілін аулау үшін, күлдіре отырып сынық салу мақсатында айтқан.

Бірде Құмкент ауылынан жамбасының ұршығы тайған жас келіншек алдына келеді. Өзі үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді, инабатты, сыпайы келіншек екен. Үлкен кісінің алдына келген соң ұялып, қысылады. Соны сезген қария әдеттегідей әзіл-қалжыңның ауылына ат басын бұрады.

-Маған не үшін келдіңдер, шырағым. Үлкен адамға жас келіннің денесін ұстау ұят емес пе,-дейді.

Онсызда бетінің оты шығып отырған сүйкімді келіншектің жүзі мың құбылып, төмен қарайды. Салы суға кеткендей болған күйеуі шыдай алмай:

-Енді, ата бірдеңе етіп... Келін емес, қызыңыздай есептеп... Ие, бірдеңе етіп... Көріңізші,-дейді.

Қария әзіл шоғын үрлей түседі.

-Қап, мына баланың буынсыз жерге пышақ ұруын-ай. Бірдеңе ет дейсің. Мен қалай етем? Ұялып отырған жоқпын ба?

-Ататай, ұялмай-ақ ете беріңізші. Мен күйеуімін. Түнімен өзі де, біз де ұйықтаған жоқпыз. Ауру келсе әлек келеді екен.

Әдемі сақалы жыбырлап езу тартқан қария:

-Онда сен өзің ет. Мен көмектесейін,-дейді.

-Сонда мен не істеуім керек?

-Сен келіннің аяғын тарт. Мен болды дегенде қоясың.

Қуанып кеткен жас жігіт жарының аяғын бас салып тарта жөнеледі. Әліптің артын бағып отырған Ибекең оңтайлы сәт туғанда асқан жылдамдықпен шыққан ұршықты сала қояды.

-Тоқта, шырағым, болды. Шыққан ұршық орнына түсті.

Алаң көңіл, әзіл-қалжыңнан естері шығып кеткен ерлі-зайыптылар сенер-сенбесін білмейді. Ибекең үлкендік, салмақты рай танытып:

-Енді тұрып жүре беруге болады. Жас отбасы екенсіңдер. Бақтарың ашылып, бақытты болыңдар, шырақтарым,-деп ақ батасын береді.

Адамгершілік, оташылық, әзілкештік қасиеттерімен аты аңызға айналған Ибаділда атаның кіндігінен тараған Әби, Мамамбай, Мананбай (Манаш) да әке жолын қуды. Оташылық табиғи дарындылық жаратқан иенің мейірімімен оларға да жұғысты болды.

 

Өзекті өртеген өкініш

 

Мамамбай мен Манаш тете өсті. Аралары екі жас. Ол кезде бұл ауылда орта мектеп жоқ. К.Маркс (қазіргі Д.Сембин) атындағы сегізжылдықты бітірген оқушылар арасы үш шақырым Жайылмадағы орта мектепте оқуын жалғастырады. Ертеңгісін Байқадамнан (қазіргі Саудакент) шыққан автобуспен келіп, қайтарда жаяу-жалпы шұбырып жүргені.

Аңыздай әңгімелердің кейіпкерлері болған Мамамбай мен Манашты көрген балалардың қуаныштарында шек болмады. Өйткені, оларға екі «геройды» бетпе-бет көрудің әрі мектепте бірге ойнап, күлудің сәті түскен еді.

Манаштың азан шақырып, құлағына айқайлап қойған аты Мананбай екен. Бала кезінен әке-шеше, аға-жеңге, ағайын-туыс еркелетіп Манаш атап кетіпті. Біз де солай дедік. Ел аузында жүрген, керемет деген Манаштың бізден артық ештеңесі жоқ екен. Өзіміз сияқты қара домалақ бала. Айырмашылығы денесі ірі, етжеңді сол кездегі балалардың сөзімен айтқанда «ботқа». «С» әрпіне тілі толық келмейді. Біртүрлі етіп «ысылдатып» айтады. Әзіл-қалжың айтқанды, мысқылдап сөйлегенді жаны сүйеді. Кейін білдік. Бұл жағы әкесінен аумай қалған. Үлкендердің айтуынша әкесі «аһ» дегенде Манаш аузынан түсе салған көрінеді. Біз ол кезде осындай сөздерге имандай сенуші едік. Шал-кемпірдің кенжесі болған соң ба тым ерке өскен. Атақты адамның баласы болған соң ешкім бетінен қақпаған. Манаш балалар айтуға болмайтын, былапыт «какай» сөздерді сықпыртқанда аузымыз ашылып, көздеріміз бақырайып кететін. Бірақ, қалай екені белгісіз артық сөзі, оғаш қылықтары өзіне жарасып тұрушы еді.

Манаштың сабаққа қыры болған жоқ. Оны ешқандай пән сабағы қызықтырмады. Сабақ үстінде тәртіпті, тойған қозыдай томпиып, «сен тимесең, мен тимен» дегендей отырушы еді.

Ағай, апайлар Манашты жақсы көретін. Одан тәптіштеп сабақ сұрап, мазаламайтын. Ол кезде ақ пен қараны енді ажырата бастаған кезіміз ғой. Оташы әкесіне күніміз түсіп қалар деп секем ала ма ұстаздар Манаштан сабақ сұрағанда көтермелеп, жоғары баға қойып жататын.

Бозбалалық өмір мектептен басталады. Манаш көзі күлімдеп, қылығы қызықтырған қыздарға  назар салмады. Ол кезде «сотка» жоқ. Өздерінше «жігіт» боп қалған балалар қыздарға «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты...» деп басталатын хаттарды желді күні жауған қардай боратушы еді. Хат жазуды тек осы Манаш ұнатпайтын. Қолына түскен хаттарды алақанымен умаждап:

-Бұл еріккенің ермегі. Жүрек сырын қағазбен емес тілмен, сезіммен, тілмен, жүрекпен жеткізу керек,-деп ақыл айтатын.

Ол бір әсершіл жастық кез ғой. Әкемізден кіші ағаларымыздың балаларын шешесінен, әпкемізден туған жиендерді әкесінен сыбауды осы Манаштан үйрендік. «Бұл есейгеннің, үлкейгеннің белгісі» деп қояды Манаш. Оған біз мәз боламыз. 9-сыныпта оқып жүргенде Манаштың әкесі Ибаділда ата өмірден озды. Қадірлі қартты ауыл-аймақ, ел-жұрт боп арулап, ақтық сапарға шығарып салды. Көп айлар  Манаш досымыз оңашаланып, томаға тұйық жүрді. Мүмкін, асқар тау әкесіне еркелегісі кеп, сағыныш сезімінен сарғайып жүрген болар. Өйткені, сүт кенже ғой.

Осындай қызықты мінездері көп Манашпен бір сыныпта екі жыл бірге оқып, мектеп бітірдік. Үлкен өмірге жолдама алдық. Әркім өз өмірінің соқпақты сүрлеуіне қадам басты. Арада біраз жылдар өтті. Жылжыған уақыттар әр отбасына айтарлықтай өзгерістер әкеліп жатты. Ағасы Мамамбай еңбек жолын Калинин атындағы кеңшарда жүргізуші болып бастады. Алтын бесік ауылдың бойжеткен қызы Ұлбосынмен жұлдызы жарасып, отау  тікті. Рабиға, Дариға есімді қыздары өмірге келді. Ал, Манаш басқа сыныптастары құсап қиялданып, арман қуып, алысқа ұзаған жоқ. Өзінің сүйекті, ірі денесіне лайық алып «К-700» трәктрінің тізгінін ұстады.

Мамамбай адамгершілігі мол, пысық, алғыр жігіт еді. Жұмыс десе жанып тұратын. Еңбек озаты атанды. Әкесінің көзін көргендер «Құданың құдіреті, аузынан түсіп қалғандай, Ибекеңнің дәл өзі» деп іштартып жақсы көретін. Сол ел-жұрты жақсы көрген Мамамбай мезгілсіз келген ажалдан небәрі 25 жасында өмірден озды.

Мезгіл қыс еді. Апта бұрын қар жауған. Қаңтардың аязы қақап тұр. Күн суық немесе ыстық екен деп кеңшардың қат-қабат жұмысы тоқтаған емес. Мамамбайдың тақымына бекіген көлік екі тонналық жанар-жағармай тасымалдайтын «Газ-51» мәшинесі еді. Сол күнгі бағыт Шешенбайдың «Ақтамы» болды. Ауылдан 60 шақырымдық жер. «Ақтам» мал қыстату нақанының орталығы. Онда арнайы жанар-жағармай құйылатын цистерналар бар. Шешенбай өңірі мен Тереңқұм бойындағы малшыларға шөп таситын  көліктер қажетті бензин, дизель  отыны майларын осы жерден  құяды.

Қыстың көзі қырауда жолға шыққан Мамамбай жалғыз емес. Жанында 60 жасқа таянған құрылыс шебері Тамаша есімді қария бар. Қарияға жүктелген жұмыс  мал қыстауларындағы бұзылған пештерді жөндеп, сынған терезені бүтіндеу. Ертелеп ауылдан шыққанда аспанда бір шөкім бұлт, үп еткен жел болған жоқ. Жол ашық екен. Жігерлі жас жігіт тізгінін ұстаған темір тұлпар екі жарым сағатта «Ақтамға» жеткізді.

Жолаушылар кідірген жоқ. Әкелген жанар-жағармайды «заправчик» атанып кеткен Бәймеш қарияға өткізді. Қарияның үйінен түскі астарын ішіп, қайта жолға шықты. Кеңшар прорабының тапсырмасы бойынша малшы үйлерінің пеш, терезелерін жөндеп, ауылға қарай ат басын бұрды. Дегенмен, қыстың күрмеуге келмейтін қысқа күні кештетіп қалған еді.

Жастың аты-жас. Мамамбай үстіндегі жүгі түсіп, жеңілдеп қалған «Газ-51» автокөлігін ор қояндай орғытты. «Қазоты» қыстауынан өткенде ауа райы табан асты күрт өзгеріп сала берді. Алдымен батыстан баяу жел тұрды. Іле-шала көк аспан төрін қазбауыр бұлттар торлады. Ұшқындап жауа бастаған қар соңы жапалақтауға ұласты. Табиғат тосын мінез танытты. Қас-қағым сәтте құйындай ұйтқып соққан желдің қарқыны үдеп, ат құлағы көрінбес боран басталды. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы. Гуілдеген жел, алай-дүлей боран тап алдарынан тұрмасы бар ма.

Сын сағаты соққанын сезген Мамамбай ширықты. Қас қаққан жоқ. Айыр жолдан көз жазса адасары хақ. Жолсерік Тамаша қария мінезі ауыр кісі еді. Тіс жарып, тіл қатқан жоқ. Тек ішінен «Е, құдай, өзің сақта. Оң жолыңды бере гөр» деп күбірлеумен болды.

Боран қарды үріп, жолды  тастады. Мәшиненің жүрісі ауырлады. Доңғалақтардың қалың үрілген қарға тығылуы, бір орында батып тұруы жиіледі. Мамамбай мәшине әр батқан сайын доңғалақтар астындағы қарды тазалаумен әуреге түсті. Кемедегінің жаны бір. Тамаша қария да қол қусырып отырмады. Күрекке қол созып, көмектесіп жатыр. Еріп жауған қардан екеуінің де киімдері малмандай су болды.

Мамамбай кабинаға бір кіргенде қол сағатына көз салды. Сағат тілі түнгі үшті көрсетіп тұр екен. Қыстың ұзақ таңының әзір атар түрі жоқ. Мәшине қар үріп тастаған жолдан қарға адым жүруден қалды.

Жігері құм болған Мамамбай тілге келді.

-Көке, мәшинені оталдырып қойып демаламыз. Басқа амал жоқ,-деді.

Шаршап, болдырған қария да:

-Өзің біл, шырағым,-деп екі ұшты жауап қайтарды.

Жанар-жағармай таситын автокөліктердің түтін шығатын тетігі алдында болады. Мамамбайдың қателігі ұйытқыған желмен түтіннің ішке кіретінін ойланбай қалды. Пеш қосулы, мәшине іші жылы. Көп уақыт өтпей-ақ жол сапардан шаршаған екеуі тәтті ұйқы құшағына енді. Ұйқы-дұшпан. Жолда қалған қарт пен жас ішке енген түтін иісінен уланып жатқандарын білген жоқ еді.

Тәңірдің таңы атты. Атқан таңмен таласа тұрған «Бес там» елді мекенінің тұрғындары ат шаптырым жерде тұрған Мамамбайдың «Бензовозын» таныды. «Түндегі боранда далада қалған ғой. Үсіп кетпесе жарар еді» деген суық оймен екі-үш жігіт тездетіп атқа қонды. Ат қолтығын терлетіп, шауып жеткен жігіттердің төбе шаштары тік тұрды. Мәшине оталып тұр. Есікті ашқанда байқады. Кабина іші көкала ащы түтінге толып кеткен екен.

Тамаша қарияның денсаулығы түтін иісіне төтеп бере алмапты. Жан тәсілім етіпті. Кеудесінде жаны бар Мамамбай былқ-сылқ етіп, есін білмейді. Жас жүрегі жарық дүниені, тәтті өмірді қимағандай лүпілдеп соғып жатқан секілді.

Ат төбеліндей «Бес там» ауылы үре-дүре болды. Ауыл азаматтары шұғыл іске кірісті. Жас жігіттің жанына дауа болуға асықты. Уақыттан ұтылмауға ұмтылды. Мамамбай тездетіліп аудан орталығы Байқадамның ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер аяғынан тік тұрды. Жаңатас, Жамбыл қалаларынан үкідей ұшып, тікұшақпен арнайы маман дәрігерлер келді.

Беу, жалған, әттеген-айы көп, бірі кем дүние-ай, десеңізші. Дәрігерлердің салы суға кетті. Ауруға ем, ажалға арашашы табылмады. Мерген сұм ажал үстемдік етті. Өмірге ғашық жас жүрек соғуын тоқтатты. Он екіде бір гүлі енді ашылған Мамамбай жарық дүниемен қоштасты, өмірден озды. Соңында аңыраған ана, ағайын-туыс, сыңсыған жар, тұлымшағы желбіреп, бұғанасы қатпаған екі қызы қалды.

Тылсым табиғаттың тосын мінезінен екі отбасы бірдей қара жамылды. Он саусағының өнерін енді ғана танытып, халқына қызмет ете бастаған жас оташы өмірден ерте озды. Ел-жұрттың өзегін өртеген өкініш те осы болды.

 

Екі оташының кездесуі

 

Ойды ой қозғап, сөзден сөз шығатыны бар. Ибаділда атаға қатысты ел аузында жүрген бір әңгімені айтпай кеткеніміз жөн болмас. Киелі Сарысу өңірінде елі үшін еңбек еткен атпал азаматтар аз болмаған. Сондай халқына қалтқысыз қызмет еткен жайсаң жандардың бірі марқұм хирург – дәрігер Әбікен Жылысбаев ағамыз еді. Әбекең өнегелі өмірін халық денсаулығына арнады. Өзі сүйген мамандық хирургия саласының білгірі атанды. Гиппократтың антына адал дәрігер ұзақ жылдар аудандық ауруханада хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Оташылық ғылымының қыры мен сырын жетік меңгерген Әбекең талай науқас жандарды ажалдан арашалап қалды. Күрделі операцияларға батыл қадамдар жасап, кәсіби шеберлігін танытты. Ұзын бойлы, талдырмаш, денесіне қырым ет бітпейтін Әбекең жүзінен мейірім шуағы төгіліп, үнемі жымиып күліп жүруші еді.

Бұл оқиға 1969 жылы көктемге салым болған. «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» дейтін ақпан айының аяғы екен. Жазым деген табан астында. Азанғы көк тайғақта тайып жығылған Әбекең сол қолын иығынан шығарып алады. Бас оташының мертігуі аудандық ауруханада әжептеуір дүрбелең туғызады.

Бірақ, Әбекең саспайды. Өзіне жарасымды күлкісімен жымиып:

-Ештеңе етпейді. Маркстегі Ибаділда ағама бару керек. Ол кісі көзін жұмып отырып, сырт еткізіп сала салады. Өзі өте жақын ағам,- дейді мақтаныш сезіммен.

«Жедел жәрдем» көлігіне иектің астындағы Карл Маркс ауылы не тәйірі. Ор қояндай жүйткіп жетіп барады. Оташы қарияның алды бос емес екен. Алыс – жақын жерден келген үлкенді – кішілі мертіккендер баршылық көрінеді. Екі – үш нөкерімен үйге енген Әбікен:

- Ассалаумағалейкум, аға,- деп еркін, өзімсініп сәлем береді.

Ақсақал інісінің ұсынған қолын жақтырмаған сыңай танытып алады. Өйткені, қарияның оташы інісіне өкпесі қара қазанның түп күйесіндей еді. Бір ай бұрын жайылмалық жас жігіттің жанбас сүйегі сынып мертігеді. Сынығын салып, аяғынан тұрғызған соң жігітті аяған ақсақал ақыл айтады.

-Байқадамда Әбікен Жылысбаев деген оташы дәрігер інім бар. Соған барып жолық. Ибаділда ағаң жіберді деп сәлем айт. Сен жұмыста жүріп мертіктің. Айлық ақша алатын «көкқағаз» жазып берсін.

Мертіккен жігіт ағасының сәлемін інісіне жеткізді.Әбікен күліп:

-Сен не деп отырсың? Шал еріккен екен. Қай врачың емдеді. «Больничныйды» сол берсін,-дейді.

Осы әңгімені естіген Иббаділда ата «Бір жолға айтқанымды істесе қайтеді екен?» деп өкпелеп, інісіне тісін қайрап жүрген болатын. «Іздегенге-сұраған» деген осы.  Енді алдына күні түсіп, иығы қушиып құдай айдап өзі келді.

Ибекең оташы інісіне жақтырмай назар салып:

-Көріп отырсың. Қаншама адам көздері жәудіреп, кезегін күтіп маған қарап отыр. Сені бүгін көруге уақытым жоқ. Ертең, онда да түстен кейін кел. Өзің мені шауып алатындай нөкеріңмен келіпсің,-дейді мысқылдай сөйлеп.

Ойында ештеңе жоқ Әбікен ағасын өзімсініп үнсіз қала алмайды.

-Енді, аға, жұмыстағы адамбыз. Асығып отырмыз дегендей...

Ақсақал айылын жимайды.

-Немене, не дейсің? Асықсаң мен шақырдым ба? Әлде, мен ерігіп отырмын ба? Асықсаң кете бер. Асықпасаң кезегіңді күт. Ең соңынан көремін. Сендер де алдарыңа барған ауруға «Ертең, арғы күні кел» дейсіңдер ғой.

Ағасының ашулы екенін сезген Әбікеннің үні өшті. Екі сөйлемейтін ағасы сөзінде тұрды. Інісін ең соңында қабылдады. Шыққан иығын салған соң өкпесін де айтқан екен.

-Бауырым, сен мендей емес, оқыған, көзің ашық азаматсың. Менің жазығым не? Мертіккен адамды емдеп, саған көмектескенім бе? Отбасы жағдайы төмен жас жігіт болған соң өзіңді өзімсіндім. Ақша алсын деп әдейі саған жібердім. Сонша пейілің тарылып не болды? Бір жапырақ көк қағазыңды қимағаның қалай? Әлде өкіметтің ақшасын аядың ба? Ағаңның өтінішін бір жолға орындай салсаң нең кететін еді.? «Адамның көңілі бір атым насыбайдан» екенін білмеуші ме едің?

Өлімнен ұят күшті. Ұялғаннан кіруге тесік таппаған Әбікен ағасының алдына тізесін бүгіп:

-Кешіріңіз, аға. Менен бір қателік өтті,-деген екен.

Қазір, елі еңбек еткен ағалы-інілі екі оташы да өмірде, жарық дүниеде жоқ. Оларды кіндік қандары тамған туған жері бір қорымда мәңгілікке ұйқы құшағына алған.

 

Тоғысқан тағдырлар

 

Мамамбайдың кездейсоқ ажал құшып, өмірден ерте озуы алпыс жастан асқан анасы Алтынайға да оңай тиген жоқ. Жанарынан жас домалап, ботасын іздеген аруанадай боздады. Қайғыдан қабырғасы қайысып, көкірегі қарс айрылды. Түс көргендей сенер-сенбесін білмей көп күндер есін жия алмай жүрді. Сүйікті ұлы көзден кетсе де көңілден кетпей қойды. Мамамбайдың балалық шағы, тәтті қылықтары еске түскенде ана жүрегі тау бұлағының қайнарындай шымырлады. Өкініштен өзегіне шоқ, жүрегіне жазылмас жара түсті.

Өмір көшінің өткір сынақтарынан сүрінбей өткен қайсар ана қапы қалғысы да келмеді. Әруақ, бақ қонған шаңырақтың, төрінен кісі үзілмейтін киелі шаңырақтың болашағын ойлады. «Жақсы адам Аллаға да керек деуші еді. Мамамбайды алса, Манашым бар емес пе. Шүкіршілік етейін. Бордай борып, су тиген сабындай езіле берсем отбасымның берекесі кетер, Ибекеңнің аруағы атар. Үлкендігімді танытайын. Үкідей үрпие бергенше, қырғи құстай қимылға келейін».

Өмір өткелінің соқпақты сүрлеуінде шыңдалған Алтынай ана ширықты. Жібек жіптей ширатылды. Киелі шаңырақтың барлық шаруасының тізгінін өз қолына алды. Бір дастарханнан ас ішкен ұрпақтарына аналық мейірімін күн нұрындай шашты.

Манаш пен Ұлбосынды үйлендіру жайлы әңгімеден хабарсыз емес еді. Қариялар алдымен отбасының алтын қазығы деп Алтынайға ақыл салған. Жүрегі жарылатын сыздауықтай сыздаған ана өз шешімін, тобықтай сөздің тоқ етерін айтқан.

-Мен қарсы емеспін. Аяулы келінім мен ұлымның ойларында не барын мен білмеймін. Көңілдеріне қаяу түсіргім келмейді. Екеуі де ақыл тыңдар жаста емес. Өздері білсін. Бұл өзі оңай шаруа емес. Сабыр сақтап, терең ақылмен шешіңдер,-деді көңіліне кірбің ұялаған ана.

Жазмыштың жазуына, тағдырдың талқысына Ұлбосын да көнді. Өлгендер қайтып келмейді екен. Мамамбай да отбасына оралмады. Жылай-жылай көз жасы да таусылды. “Өлген артынан өлмек жоқ», “Тірі адам тірлігін жасайды” деген рас болды. Теңіздей терең ойға батты, малтыды. Мамамбайдың қос қарашығындай екі өрім қыздың келешегін ойлады. Оларға аналық мейірім, жүректің жылуы қажет екенін сезді.

Ағайын-туыс, дос-жаранға рахмет. Қайғысына ортақтасып, көмек қолдарын созып-ақ жатыр. Енесі өз атына лайық адам. Туған анасынан кем емес. Қас-қабағына қарап, қызындай аялады. Ақ босаға аттап, келін боп түскелі бір рет қабақ шытысқан күндері болмапты. Айтар сөзін, істер жұмысын ақылмен шешкен адам. Соңғы кезде жиі күрсініп, “уһлеуі” көбейіп жүр. Баласын сағынғаннан болар. Қанша дегенмен өзегін жарып шыққан ұлын ана жүрегі аңсамай тұра алмайды ғой. Туған қайнысы Манаштың жөні тіптен бөлек. Екі қарындасына жүрегі езіледі де тұрады. Жұмыстан келген бетте ермегі Рабиға мен Дариға. Ойнатады, еркелетеді.

Жас ана Ұлболсын да есін жиды. Еңсені езген уайымның уын жұта бергенді жөн көрмеді. Жүрегінде өмірге деген іңкәр сезім, үкілі үміттің оты алаулады. Жігерін жанып, алаң көңілдің бұлтын сейілтті. Қайратын қайрады. От басы, ошақ қасындағы бірі бітсе, бірі күткен қат-қабат шаруаның шаужайынан ұстады.

Уақыт уыста тұрған жоқ. Апталап айлар жылжыды. Мамамбайдың жалған дүниеден озғанына жылдың жүзі толды. Ағайын бір өлі, бір тіріде. Жылап-сықтап, еске алып, жылдық асын беріп, құран бағыштады. Өмір заңы қатал. Өткен күннің өкінішіне есеп бермейді. Өмір-өзен ағысын, керуен көшін тоқтатпайды.

Аққан жұлдыздай бұл фәниден озған Мамамбайдың жылдық асы өтісімен ет жақын ағайын, қариялардың ақылдасуы жиіледі. Аяулы анасы Алтынайдың алдынан өткен қариялар кейінгі басқосуда кенже ұл Манашты ортаға алды. Елағасы атанған Исабек ақсақал жүгініп отырып, ойлы жанарымен әңгіме желісін тартты.

-Шырағым, Манаш өмір өткінші жауындай, қамшының сабындай қысқа деген осы. Жалған дүниеде татар дәмі таусылған екен. Мамамбайдан көз жаздық. Бұл да Алланың ісі, жазмыштың маңдайына жазғаны шығар. Қолдан келер шара, қарсы болар амал жоқ. Енді өткен күннің өкінішін ұмытып, алдағы атар ақ таңнан үміт күтейік. Бабалардан қалған ата дәстүр, салт бар. Ат тұяғын тай басар. Көңіліне қаяу, жүрегіне жара түскен жеңгеңе жар, ағаңнан қалған қос қарлығашқа асқар тау әке бол. Біздің айтпағымыз осы. Бұл үлкендік міндет, қариялық парызымыз еді.

Манаш үн қатқан жоқ. Әдеттегідей салмақты, сабырлы мінезінен айнымады. Дұрыс не бұрыс деуге асықпады. Санасына сан сұрақ шаншылды. Манаштың ішкі толқынысын сезген, өмірден көңілге түйгені мол қариялар:

-Ойланғаның жөн. Асығыстық абырой әпермейді. Ой-санаңмен ақылдас, қабырғаңмен кеңес. Жеті өлшеп, бір кескенің дұрыс,-десті.

Манаш шынайы шындықты айтқан ағаларын кінәлаған жоқ. Ақылдары орынды. Артық кеткен жері жоқ. Сүттей ұйыған отбасының шырқы бұзылмасын, берекесі кетпесін деп отыр. Дестелеп сөйлеген сөзде, ұтымды уәжде қаншама сыр жатыр. “Көңіліне қаяу, жүрегіне жара түскен жеңгеңе жар, асыл ағаңнан қалған қос қарлығашқа асқар тау әке бол” деді-ау. Бұл қазыналы ақылдың, тұңғиық терең ойдың жемісі емес пе?! Қорғасындай ауыр болса да жүрекке жеткен жылы сөз осындай-ақ болар. Не істеуім керек? Қандай шешім қабылдағаным жөн. Жеңгем қалай қарайды. Ол кісінің ойында не бар? Ел-жұрт не дейді. Байқадамдағы сөз байласқан қолаң шаш, бұрымды қыз ше? Ай жарық кештегі әсерлі кездесуді қалай ұмытпақ. Ыстық демімен қытықтап, ішкі сезімін сездіріп кестелі орамал сыйлады емес пе. Бар болғаны “Өзіңе арнап кестеледім. Бір шетіңде атың бар” деп еркелей қылық көрсеткені сірә естен кетер ме. Оған не демек?

Манаш аласапыран, ағынды ойдан түймедей түйін түйді. Алдымен қолаң шаш, бұрымды қызына жолықты. Қыз деген сезімтал. Жігітінің көңіл-күйінің жоғын біліп қойды. Көңіл шіркін секем алды. Білгенше асықты. Шешінген судан тайынбас. Манаш шын сырын жасырмады. Қазанға құйған сүттей ақтара салды. Қыз сезімі нәзік. Тосын жаңалық, алақұйын көңілден нәзік сезім сергелдеңге түсті. Кірпігі діріл қақты. Жанары жасқа шыланды. Баяу үн қатты.

-Шешімің дұрыс. Сенің орныңда болсам, мен де солай істер ем...

Бұрымы ұзын тәкаппар бойжеткен жылағанын сездіргісі келмеді. Шұғыл теріс айналып кетті. Екеуі қоштасқан жоқ. Олар қоштасуды тілсіз, үнсіз айтты. Қош бол, махаббат...

Ұлбосын да мазасыз ой құшағында еді. Қайнысына қосылу жөніндегі ұсынысты жолы үлкен абысындары құлағына әлдеқашан жеткізген.

-Аруақты үйге түскен келінсің. Ақылға кел. Екі ботаңның болашағын ойла. Бөтен, бөгде емес. Құдай алған қосағыңның жан бауыры. Қариялар Манашқа ақыл салып жатыр. Бізді өзіңе хабардар болсын деп жіберді.

Осы бір астарлы да айбарлы сөзден кейін  Ұлбосын да тығырыққа тірелгенін сезді. «Рас, аруақты үй, киелі шаңырақ. Ақ үмітпен аттаған ақ босағаны, табынған табалдырықты тастап кету ойда жоқ. Манаштың жөні, жолы бөлек. Өз қатары, теңі бар. Сөз байласқан қызы да болар. Егер Манаш келісіп жатса ше? Онда амал жоқ. Үлкендердің айтқаны болады»-деп толғанды Ұлбосын.

...Көп тілеуі көл. Ат төбеліндей ауыл тұрғындарының тілеуі қабыл болды. Манаш пен Ұлбосынның тағдырлары тоғысты. Екі жарты, бір бүтін болды. Оларды құдай қосқан түні ертеңіне ақ таң арайлап атып, күн ұясына нұрланып батты.

 

Ел ішіндегі емші Манаш

 

Күндер сырғыды, жылдар жылжыды. Күліп талай көктем келді. Жер ана көктеді. Бәйшешек гүлдеді. Сағыныш сазын айтып жыл құстары оралды.

Одан бері талай қоңыр күз келді. Сарғайған жапырақтар сабағынан үзілді. Көктемгі көкке оранып құлпырған белдер сарғайып, сағым мұнарға айналды. Туған жерін, шалқар көлін қимай жылы жаққа қиқулап құстар қайтты.

Алладан бұйрық келді. Ұл-қыздарының қуанышын, немерелерінің қызығын қызықтап Алтынай ана да өмірден қайтты. Жарықтық жаздай жадыраған жайсаң жан еді. Құдай көңілін тоқ етті. Манашы мен Ұлбосынның үйлі-жайлы, балалы-шағалы болғанын көзбен көріп кетті. Уақыт өз дегенін істейді. О баста жаратқан иенің өзі демеп, жебеп, бақ-қыдыр қонған, береке дарыған шаңырақ шаттыққа кенелді. Манаш пен Ұлбосын жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары ержетіп қонысын, қыздары бойжетіп өрісін тапты. Қазір отбасы бақытының құшағында тербелген, немере сүйген бірі ата, бірі әже.

Ел ішінде емші көп. Соның бірі осы Манаш. Бірақ Манаштың емшілік қасиеті басқалармен жүз қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл әулетке дарындылық, кәсіби шеберлік, ерекше қасиеттерді жаратқан иенің өзі сыйлаған. Ешқайсысы жоғары немесе арнайы курстарда оқымаған. Абырой, атақ, бедел іздеп «Халық емшісі» деген алақандай мөр басылған қағаз жинамаған. Емшімін деп ел жағалап, өзін-өзі дәріптеген бірі жоқ. Жаратушы бір құдай бар құдіретті оташылар әулетінің аялы алақанына, Манаштың мамықтай жұмсақ он саусағына берген.

Жүзіктің көзінен өтердей талай пысықтар Манашқа ақыл айтқан.

-Бұрынғылар «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп бекер айтпаған. «Халық емшісі» деген бір жапырақ қағаз алып ал. Зиян шекпейсің. Көп күндердің бірінде керек болады,-дегендер аз болған жоқ.

Манашта да туа біткен табиғи мінез, қалыптасқан қасиет бар. Артық сөзге жауап беріп әуре болған жері жоқ. Ондай пысықтарға қолын бір-ақ сермеп жүріп кететіні тағы бар. Манаштың бойындағы асыл қасиеттер тектілігі-бабасынан, өжеттігі-әкесінен жұғысты болса, мейірімділік аяулы анасының ақ сүтінен дарыған. Даңқты бабамыз Б.Момышұлына батыр атағын Кеңес Одағы берген жоқ. Бірақ халық ержүрек ұлына батыр атағын қан майданда жүргенде-ақ беріп қойған. Сол сияқты Манашқа да ел-жұрты «Халық емшісі» атағын әлдеқашан беріп қойған еді.

Манаш аты ауызға алынғанда ертеректе болған бір оқиға еріксіз еске оралатыны бар. Ат құлағында ойнаған халықтың ұрпағымыз. Ат, көкпар десе делебеміз қозатыны заңдылық. Әкеміз малшы болған соң ат жалын тартып есейдік. Атқұмар боп өстім. Кейде өмірде сәтсіздік те болып жатады. Сол атқұмарлықтың арқасында бір көкпарда мертігіп те қалдым.

Оң қабырғамның тұсы ауырғанда жанымды көзіме көрсетті. Ол кезде бүгінгідей екінің бірінде жеңіл мәшине жоқ. Ел-жұрт тығыл-таяң, маңызды шаруаларын кеңшар, мекеме, кәсіпорынның ауыр жүк көліктерімен бітіретін. Абырой болғанда сол күні Байқадам автотранспорт мекемесінде жүргізуші жездем  ауыл арасында жүр екен. «Зил» автокөлігімен оташылар ауылы Карл Марксті бетке алдық. Өкінішке орай Манаш үйінде болмай шықты. «Бес там» шабындығында шөп орағына қатысып жүр екен. Жүрген көлікке жол алыс емес. Ауылдан жеті шақырым межелі жерге де сырғып жетіп бардық.

Шабындық алқабы қызу еңбек дүбіріне бөленіпті. Қат-қабат, қарбалас қимыл осында. Шөп ору, тырмалау, тайлап буу, тіркемеге тиеу жұмыстарында кідіріс жоқ. Шабындық алқабында бірлік пен тірлік жарасымын тауып, сан түрлі техниканың гүрілі еңбек күйін шерткендей.

Біз Манашты «МТЗ-50» трәктрімен шөп ору сәтінде кездестірдік. Толық денелі Манаштың қара торы жүзі күн мен жел қағып тотыға түскендей. Шілденің ыстығында шөп ору оңай ма? Маңдайынан шып-шып шыққан терді жалпақ алақанымен сүртіп қояды. Кездеспегенімізге көп болған. Жылы шырайлы аман-саулықтан соң:

-Көп тұруға уақыт жоқ. Шаруа айтыңдар,-деді Манаш асығып тұрғанын сездіріп.

-Көкпарда аттан құлап... Оң жағым дем алсам да, сөйлесем де ауырады,-дедім.

Манашым табан асты өзгеріп сала берді.

-Ауырмасаң іздемейсің, келмейсің. Қазір жұмыс уақыты. Қол тимейді, қабырғаңды санап отыратын мезгіл емес. Күн кештетіп барады. Мойында жоспар бар.Орындау міндет.

-Жұмыс қай уақытта бітеді?

-Күн бата аяқталады.

Сырқатым жаныма батқан мен:

-Алдыңа қысылып бір келгенде... Сонша күттіріп... Мектепте бірге оқыған дос деген осылай ете ме?-деп өзімсініп жатырмын.

-Дұрыс айтасың. Сен де мені бір рет газетке жазған жоқсың. Жарайды, өкпені қояйық. Бір жылғы төл, дос едік. Көйлегіңді шеш.

Менің де көңілімнің кілті босады.

-Осыдан қабырғамды қатырсаң газетке жазамын,-деп шын ниетіммен уәде бердім.

Әкесіне тартқан Манаш сөз таппайтын жігіт емес.

-Уәде-құдай сөзі. Ұмытып кетіп жүрме,-деді пысықтап.

Жан деген тәтті. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде жүреді. Екі ұдай сезімде көйлегімді шештім. Күпті көңілде ауыратын шығар деген күдікті ой басым түсті. Бірақ олай болмады. Манаш салалы жұмсақ саусақтарымен қабырға тұсымнан үш рет сипап өтті де:

-Ал, қанекей досым, демалшы,-деді.

Құданың құдіреті. Рахат. Демалысым жеңіл. Еш жерім ауырмайды. Таңданысымды сезіп қойған Манаш:

-Екі қабырғаң сыныпты. Орнына түсті. Енді қорықпа. Еріксең көкпар шап,-деді күлім қағып.

...Арада одан бері 32 жыл уақыт өтіпті. Аз уақыт емес. Бір жігіттің орда бұзар жасы. Сабақты ине сәтімен. Мен Манашқа газетке жазамын деген уәдемді енді орындап отырмын. Бір қуанарлығы досым, ата-баба, әкесі  жайлы жазған эссемен шығармашылықтың аламан бәйгесіне қосылып отырмын. Ештен кеш жақсы деген осы. Аруақ қонған, бақ-береке дарыған шаңырақтың киесі мен иесі, ел-жұртының еркесі мен серкесі, он саусағы алтын, алғыс арқалаған азамат осы Манаш. Мен замандасым, досым Манашты мақтан етемін.

Аттары аңызға айналған оташылар әулеті жайлы эссеміз әзірше осымен тәмам. Ұрпақтар үрдісі үзілмек емес. Кейінгісін тағы көре жатармыз.

Темірлан Әбілдаев, журналист

 

 

 

 

Кредиті құрысын

 

Екі кештің арасында екі өкпесін қолына алып Қауынбай досы жетті. Екі езуі екі құлағында. Қуанышы қойнына сыймай, жүрегі жарылғалы тұр. Есі шығып кеткен. Ой, сұмдық-ай. Мәшине алыпты. Шетелдік көлік. Аппақ шағаладай «Тойота». Сәбет өкіметі құлағалы қашан. Сол жаманшылық жылдары тиесілі пайына алған қырық жылғы сары трәктрдің асты-үстінде май-май боп жүретін Қауынбай «Тойота» алады деп кім ойлаған. Өзі сәлем берсең елпілдеп тұратын бұрынғы Қауынбайға еш ұқсамайды. Табан асты кісілік пайда болған. Бүкшиген денесін тіктеп, аш қарнын сипап, шалқалап қалыпты. Сөзін де кесек-кесек лақтырып тұр. Түйеден түскендей дүңкілдейді.

-Екінің бірі мәшине алып жатыр. Көшенің қойын бағып жүрген Әлиасқар да көрпесіне қарай көсіліп, «Жигули» мініп алыпты. Жоқ адам құсап жаяу жүрген ұят екен. Мен де алдым. Шымкенттің базарынан. Қазақстанда тұрып доллармен саудаласады екен. Біз теңгемен барғанбыз,-деді ентіге екі иығынан әзер демалып.

Япыр-ай, бұл ақырзаман шығар. Тозығы жетіп, қаңқасы қаңсыған трәктрмен әркімнің отынын тасып, күлімен шыққан досы ойда жоқта «жапонский» мәшине алғанына Тәуекел қайран қалды. Сонда бұған қыруар ақша қайдан пайда болып жүр. Осыдан екі-үш күн бұрын «ұн, шәй, шит май бәрі екі есе қымбаттап кетті» деп кетік тісін қайрап, «комерсанттарды» сыртынан түгін қалдырмай сыбап жүрген досының мәшине алғанына сенер-сенбесін білмей дал болды. Ток ұрғандай есеңгіреп қалды. Бүгін Қауынбайға бірдеңе болған шығар. Қырық жыл достық туына қылау түсірмегенде галстук таққанын көрмеп еді. О тоба! Әжім басып, қыртыстанған қыл мойнына, жағасы екі елі кір ақ көйлегіне қып-қызыл галстук тағып алыпты. Жарасса бұйырмасын. Өзі аузымен орақ оратын бопты. Танауы делдиіп, сөзін сағыздай созып жатыр.

-Жоқ, жоқ деп жылай бергенге құдай да бермейді. Еркек болған соң батыл болу керек. Көзді жұмып тәуекел еттім.

Ал, керек болса. Мәселе қайда жатыр. Досы қалай-қалай бұлбұлша сайрайды. «Еркек болған соң батыл болу керек» дейді. Таңданыстан таңдайы кеуіп, есін әзер жинаған Тәуекел тілге де зорға келді.

-Мен түкке түсінген жоқпын, досым. Сен не деп тұрсың? «Тойота» шынымен сенікі ме? Қалай алдың? Соны айтшы.

Қауынбай қарқылдап, аузынан түкірігі шашырап қатты күлді. Шегі түйілгендей ішін басып, жасаураған көзін сүртіп сөзге көшті.

-Елуден ассаң де түк білмейді екенсің, достым. Қазір елдің бәрі «қорада», орысша айтқанда «кәсиакта» жүр. Алды төрт-бестен әр банктен кредит алып алған. Бірақ қарызбын деп жүрген ешкімді көрмейсің. Бәрінің де қағанағы қарық, сағанағы сарық. Қарындары тоқ, киімдері көк. Не ішем, не кием демейді. Ойнап-күліп тойға барып, би жарысқа қатысып жүр. Бәрінің айтары «Бір мәнісі болар. Құдай өзі жеткізеді» дейді. Мен де солай шештім. Енді сен де кредит ал. Өлімнен ұят күшті. Қатардан қалма. Мәшине мін. Өмір екі келмейді.

Қауынбайдың сөзі қамшы болды. Есіл-дерті мәшине болған Тәуекел күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Қауынбай дұрыс айтады. Ел аман, жұрт тынышта қатардан қалған ұят. Досқа күлкі, дұшпанға таба боласың. «Қоян қамыстан, ер намыстан өледі» деген рас. Жігерін жанып, намысын қайраған Тәуекел мақсатына жетуге асықты. Алдымен отыз жыл отасқан әйеліне ақыл салды. «Кредит, мәшине» аламыз деген суық сөзді естігенде Арқакүл ертоқымын бауырына алған аттай, торға түскен балықтай шапшып:

-Құдай біледі. Сен ақылыңнан адастың, жасың жетпей алжыдың. Сенде де, менде де жұмыс не «пенсионный фонд» жоқ. Кредит біздің не теңіміз. Төлей алмай қалып, «проценті» өсіп кетсе қайтесің. Әлде 6 ешкі, 3 қой, бетіне қараған сынық мүйіз ала сиырдан айырылғалы отырмысың. Қой, далбасалама. Басыңа бәле тілеме. Есіңді жи.

Аттың сыры иесіне мәлім. Қыз кезінде бәрі жақсы. Әйелінің ә дегенде айтқанынан қайтпайтын мінезін, қанына сіңген әдеті екенін бұрыннан біледі. Жасы келген сайын тілі ұзарып, сөзін сағыздай созатынды шығарды. Қыз кезінде не істемеді бұл Арқакүл. Көлденең өткен екі жігіттің біріне көз қиығын тастап, қылымсып қылық көрсетіп, жүректеріне шоқ салды емес пе? Сөз салып, хат жазғанда алты айға дейін жауап бермей қанын қарайтқанын бұл жалғанда ұмытпас. Кейіннен үйленіп, балалы-шағалы болған соң есіне түсіп кетіп:

-Әй, қатын! Алты айға дейін неғып көнбей қойдың?-дегені бар. Сонда Арқакүл әлдеқашан ұмыт болған қыз кезіндегі қылығын көрсетті. Мойнына асылып, ыстық демімен қытықтап:

-Сені сынамақшы болдым. Бірақ, жүрегім сен деп соқты. Алты айға мен де зорға шыдадым,-дегенде тұлға бойы шымырлап кеткен.

Тәуекел алған бетінен қайтпады. Арқакүлдің осал тұсына ұмтылды. Елуден асса да, ыңғайсыз болса да еркелетті, аялады, тер иісі шыққан, күнге тұтыққан бетінен аймалады. Ақыры «сындырды». Кешікпей көп банкінің бірінен қомақты кредит алды. Үй жай, қора-қопсы, малын, кәртайған көк есегіне дейін «залогқа» қойды. Тәуекел кідірмеді. Жас кезінен араласқан құрдасы Әбутәліпті шопыр етіп Шымқалаға тартты. Қазандай қайнаған базардан сүліктей қара «Мазданы» алып, желмен жарысып ауылға қайтты. Діттеген арманына жеткен Тәуекел көңілі көншіп, жаны тыныш тапты.

Арадан алты ай өтті. Тәуекелді кредит алған банкі қыспаққа алғалы қашан. Сәбет өкіметінен қалған тозығы жеткен сұр телефонда маза жоқ. Тұтқаны көтерген бетте қақсай жөнелетінін қайтерсің.

-Алған кредитіңіздің екі айын ғана төледіңіз. Проценті өсіп барады,-дейді.

Тәуекел алғашында «Төлейміз шырағым. Алған соң қайтару міндетіміз. Сәл шыдаңдар, айналайын» деп сыпайы сөйлеп құтылып жүрді. Соңғы кезде жүйкесі жұқарды ма:

-Дікеңдеме, шырағым. Шетелге көшіп бара жатқанымыз жоқ, төлейміз. Естіген жоқсыңдар ма? Кредитке алған мәшинені де соғып алдым. Оған да, бала-шағаға да ақша керек боп жатыр,-деп шынын да, сырын да айтатын болды.

Тәуекелдің жанайқайын ешкім елемеді. Банктің жігіттері мен қыздары іскер екен. Жаман телефонға тыныштық бермеді. Жығылғанға жұдырық. Оларға білегін сыбанып әйелі қосылды.

-Осылай боларын білгем. Мен саған айтпай қалғаным жоқ. Басыңа бәле тілеме дедім. Тыңдадың ба? Таңдайың тақылдап, аузы-басымды жалап, жағың сөнбей қақсадың кеп. Алған мәшинең анау үйдің қақпасына соғып аузы-мұрны талқан боп тұрған. Отызға келген ұлың анау. «Түк дайындықтарың жоқ, қашан үйленем, тісім сарғайды» деп қамығып жүрген. Бойжеткен қызың анау. «Отырған кәрі қыз атанғым келмейді. Ағам үйленсе кетем» деп жылап жүрген. Менің жүрісім мынау. Жыл он екі айда басыма жаңа орамал ала алмай жүрген. Сен күйдіргісің. Құдай біледі, сен мені ажалымнан бұрын өлтіресің. Екінші ұлың анау. Кредиті бар қызды алам деп қан қысымымды көтеріп жүрген...

Тәуекел шоқ басқандай шошыды. Алқымын ашу қысты.

-Не дейді тағы. Иттің баласы не деп оттап жүр. Немене? Қалың елде кредиті жоқ қыз таусылып қалып па?

-Сүйемін, күйемін дейді, Ал, қыз болса кредитті төлесең тиемін депті.

-Қап, мына иттің баласының қорлығын-ай. Сүйіп, күйіп, өртеніп өлгір.

Тәуекелдің «кришасы» кетіп, шақшадай басы шарадай болды. Шырылдаған телефоннан, әйелінің «анау-мынау» деп зар жылаған сөзінен қашатын болды. Көретін құқайы алда екен. Соттан алақандай қағаз келді. Соттың алды суық екен. Кінәсін мойнына алды. Соңғы сөз берілді. Тәуекел жүрегі қан жылап тұрып:

-Кредиті құрысын. Немере, шөбере, немене, кейінгі барлық ұрпағыма кредит алмаңдар деген өсиет қалдырамын,-деді.

Үкім оқылды.

-Тәуекел Ақымақов мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны, алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан...

...Тәуекел түсінен шошып оянды. Өң мен түстің ортасын айыра алмай жылы төсегінен атып тұрды. Көрпесі ашылып оянып кеткен әйелі қолына жармасты.

-Не болды? Астыңнан су шыққандай атып тұрдың.

-Түс... Жаман түс көрдім.

-Бисмилла де. Түсің не дейді?

-Кредит, мәшине алыппыз. Төлей алмай бес жылға сотталып жатқанымда... Құдай қағып, оянып кеттім.

-Шынында да, құдай сақтаған екен. Тауықтың түсіне тары кіреді. Кредит, мәшине біздің не теңіміз. Кредиті құрысын. Түн ортасында селтиіп біртүрлі екен. Жатшы жаныма...

Қорқынышты түстен әзер есін жиған Тәуекел «кредиті құрысын» деп күбір етті де жылы төсекке әйелін құшақтай құлады.

 

.

Бұйырмаған келіндер

(Әзіл әңгіме)

Кешелі бері пайғамбар жасындағы  Әбутәліптің үй-іші әбігер. Ақтау қаласындағы пединституттың екінші курсында оқып жүрген  үлкен ұлдан сүіншілеген хабар жеткен. Анасына «соткамен» сыбырлапты. «Қыздар  мерекесі күні ақ құсымды қолыма қондырамын. Келінді боласыздар.» Содан бері шешесі  Орынкүлдің есі кіресілі-шығасылы. «Шүкір, тәубе. Жеткізді деген осы. Келін түсіремін. Қолымды ыстық суға маламын» деп күбірлей сөйлеп рахаттанып жүр.

Мінезі қорғасыннан ауыр отағасы Әбутәліп көңілдене қоймады. Салмақты мінезінен айныған жоқ. Бұл қытымырлығы нақсүйерінің арқасын қоздырып, тілін шығарды.

-Құдайдан сұрап алған балаң келін түсіргелі жатыр. Сен неге қуанбайсың, осы? Қолымыз ештеңеге бармайды. Жауар күндей түнересің де жүресің.

-Асықпа, аптықпа,- деді отағасы қабағын ашпаған күйі,- Асыққан шайтанның ісі. Үйлену оңай, үй болу қиын. Алдымен ақ, қарасын анықтап алайық. Балаңмен хабарлас. Келін қай елдің қызы? Тәрбиелі жерден бе? Оқыған ба? Мамандығы бар ма, жоқ па? Шашы ұзын әлде қысқа ма? Бәрін де анықтау керек.

Орынкүлдің алқымын ашу қысты. Шыдамның да шегі бар. Найзағайдың отындай шарт-шұрт ете қалды.

-Сен... сен бар ғой. Бетке айтқанның еш айыбы жоқ. Барып тұрған күйдіргісің. Баяғыда-ақ келін түсіріп, немере сүйетін едік. Кегежең кері тартып, баланың бағын байлап болдың, түге. Балам алмақшы бұрынғы болған екі келінді де осындай құйтырқы, арам ойларыңмен босағадан аттатпадың. Не ойлағаның бар, осы? Келін түсіреміз десек болғаны төбе шашың тік тұрады. Үйлену оңай, үй болу қиын деп қара аспанды суға аласың да отырасың. Тырнақ астынан кір іздейсің. Қай елдің, кімнің қызы, тәрбиесі қандай, шашы ұзын, қысқа ма деп не сол. Еркектің емес қатынның сөзін айтып. Қай әке-шеше  үкідей үлпілдетіп өсірген ұл-қызын жаман болсын  дейді. Ұлым- ұяға, қызым- қияға қонса, үбірлі-шүбірлі болса деп тілемей ме? Сен бар ғой, сен... Құдай-ай, тағы не айтайын деп ем. Қара басып ұмытып қалғанымды қарашы. Өзіме де обал жоқ. Байсыз қалатындай сонша пәлденіп. Баяғыда күні-түні қыр соңымнан қалмай,  өлердегі сөзін айтқан қара Қауынбайға тие салмай..

Ашу қысқан Орынкүл тұтығып, сөзден тосылды.

-Оқасы жоқ. Өткен іске өкінбе деген. Ұмытқан сөзіңді есіңе түскенде айта жатарсың. Құрғақ сөзден іске көшкен жөн. Балаңа хабарлас. Мен айтқан «данный» деректерді анықта,-деді Әбутәліп қатқыл дауыспен.

Қырсыққанда қымыран іриді. Тілі қайта қышыған Орынкүл енді «отала»  бергені сол еді. Көрші үйдің еріккен кербез келіншегі келіп қалғаны.

Орынкүлдің отағасына өкпелейтіндей жөні бар еді. Өткен жылы да құдайдан сұрап алған бала отау үй тікпек ниетпен екі рет «папитка»  жасаған. Онда да әкесі ашу шақырып «отказ» берді. Алғашқы болашақ келіннің мойнында бес жылға дейін төлейтін кредиті бар екен. Елдің қызы пысық. Ұялмайды, қысылмайды.  Ұлына «Кредитті төлесең, мен сендікпін» депті. Бұл «договорды» естіген әкесі шалқасынан түсті.

-Бұл не деген масқара? Бесіктен белі шықпай жатып қарызға белшесінен батқаны несі? Әке-шешесі ай қарап жүр ме? Қалай жол берген? Ал, жарайды келін түсті дейік. Соңы не болмақ? Үш мың доллар өлтірі жіберем, шабылып той жасаймын, шашылып құда шақырамын. Еще , страшыны ғой. Бес жыл бойы кредит төлейміз. Арасында келін босанады. Бесік той, бала өседі сүндет той, тілашар... Ана сенің балаң таза ақымақ екен. Қауақ басында торғайдың да миы жоқ. Немене, қазақта кредиті жоқ қыз құрып қалып па? Болмайды, сау адамды жынды қылатын мұндай тірлікке менің «нервім» шыдамайды. Келін кредиттен құтылғанша бір-бірін күтсін.

Ана көңілі балада. Арашаға бозторғайдай шырылдап шешесі Орынкүл түсті.

-Райыңнан қайт, отағасы. Көңілдері жарасқан екі жастың обалына қалмайық. «Бір қой егіз туса екі түп жусан артық шығады», «Көш жүре түзеледі»  деген. Төрт құбыласы түгел байлар да зар еңіреп жылаған заман. Бірі кем дүниенің бүтінделген күні бар ма?

Отағасы қайтып сөзге келмеді. Оң қолын құлаштап сілки сермеді. Бұл ишарасы болды, әңгіме тамам, «разборка» бітті дегені еді. Жоққа жүйрік жеткен бе? Баласы құлай сүйген қалыңдығымен зар илеп, жылап қоштасты.

Екінші келін болатын бойжеткеннің шарты мүлдем ауыр болды. Баласына айтыпты.

-Үйленбей тұрып некеге тұрамыз. Мен қалада өскенмін. Ужас, малы, шыбыны көп ауылда өмір сүре алмаймын. Тойдан бұрын өз қалауың білсін. Кез келген қаладан үш бөлмелі үй сатып аласың. Сонда ғана біз бақытты боламыз. Айтпақшы ұмытып барам. Той кешінде екінің бірі лимузинмен гулянка жасап жатыр. Бұл интересно болудан қалған вариант. Біз гулянканы тікұшақпен жасаймыз.Көз алдыңа елестетші, өзің. Тойханаға, жиналған көпшіліктің ортасына тікұшақпен тік етіп түссек қандай ғажап болар еді...

Бұл келісімшартты естігенде Әбутәліп есінен танып қала жаздады. Бұрын-соңды болмаған «давлениесі» көтеріліп кетті. Қылаудай кінәсі жоқ әйеліне ала көзімен ата қарап сөзге де әзер келді.

-Аулақ. Келін боп жарытпайды. Малдан, алтын бесік ауылдан садаға кетсін. Мынауың енесінің емес, өзінің қолын ыстық суға салғалы отырған келін ғой, жүдә. Шегедей боп ойлап жүргенін қарашы. Үш бөлмелі үй сатып аласың дейді. Қалада бір бөлмелі үй қанша доллар тұратынын білесің бе сен, қатын?Ауылда теңге санап отырғанда долларды қай жерді белден қазып табамыз? Ой, сұмдық-ай, мен жынданатын шығармын. Тойханаға тікұшақпен тік етіп түсе салмақшы. Оған төлейтін ақша қайда, ақша? Марқұм әке-шешем жатқан жерлері жайлы болсын. Екеуміз үйленгенде гулянка жасатып па еді? Не керегі бар сол қып-қызыл  шығын, пайдасы жоқ сандалыстың? Ана ақымақ балаңа айт. Мұндай келмей жатып билік айтқан келіннен жүз, мыңдаған шақырым аулақ жүрсін.

Бұл жолы Орынкүл баласына араша түсе алмады. Болашақ келінінің шарты жүрегіне ауыр тигені сонша жұмған аузын ашқан жоқ.

...Арада сүт пісірім уақыт өткенде баласымен сотка арқылы хабарласқан Орынкүл болашақ үшінші келін туралы анықтаған «данныйлар» жөнінде  қариясына «отчет» берді.

- Алла қаласа ақ босағаңды аттайтын келінің үністеттің бірінші курсында оқиды екен. Балаңа «Оқуымның ақшасын төлесең отау үй тігуге қарсы  емеспін» депті. Өзі ерке өскен, тік мінезді адай елінің қызы көрінеді. Ақылы мен шашы...

-Болды, жетер,- деді Әбутәліп көңілсіз үнмен,- Бәрі де түсінікті. Кризис кезеңінде «личный расход» керек емес. Көрпемізге қарай көсілейік. Баланың да, келіннің де оқуларының ақшасын төлеуге шамамыз жетпейді. Екеуі үністеттерін бітіргенше бір-бірін күтсін.

Орынкүл тілі кесілгендей үнсіз қалды.

Алтын бесік ауылға кіндіктері байланған Әбутәліп  пен Орынкүлге бір келін керек-ақ. Өкінішке орай мойнында қарыз-құрызы жоқ, енесінің қолын ыстық суға салатын ибалы келіннің ақ босағаны аттауы әзірше белгісіз болып тұр.

Темірлан Әбілдаев, журналист

 

Көк шапан мен құндыз бөрік

(Әзіл әңгіме)

Қатыш бәйбіше отағасының екі сөйлегеніне өкпелі. Құрғақ уәделері есіне түссе өкініп те қояды. «Пайғамбар жасынан асқанда мұнысы қалай? Ер азамат айтқан сөзде, берген уәдесінде тұруы керек емес пе? Мен ештеңе айтқаным жоқ. Бәрін шығарып өзі» деп пұшайман боп ой өткелін кешетіні бар.

Алпыс жасты алқымдаған Қатыштың құдай қосқан қосағы Қалдыбайға көңілі қалатындай жөні жоқ емес еді. Бозбала жасынан қаққан қазықтай боп денесіне шыр бітпейтін қариясын өткен жылдың наурыз мерекесіне жеті тәулік қалғанда түлен түртті.Сүт қатқан қою күрең шайды маңдайы жіпсіп іше отырып, оймақтай ойын жаһанамға жар салғандай ағынан ақтарылып жайып салған.

-Пайғамбар жасына жеттім. Шүкір, тәубе деймін. Ұлдарым ұяға, қыздарым қияға қонды. Бәрінен де немере сүйдім. Мен бақытты адаммын. Жеткен де жетпеген де бар. Алла қаласа бір айдан кейін пенсияға шығамын. Бейнетімнің зейнетін, еткен еңбегімнің рахатын көремін. Бастығымның сыйлағаны, қимағаны ғой. Құр аттай әлі тыңсыз. Бір жыл келісім шартпен жұмыс істеп тастаңыз дейді. Ризашылығымды білдірдім. Ауылдағы жұмыссыз жүрген бір жас істесін, бала-шағасын асырасын дедім. Енді ақ тұрып, адал жүремін. Кәтта қария боламын. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін құрметтеймін. Наурыз мейрамына оюлы шапан, құндыз бөрік киіп шығамын.Ас-тойларда ұлттық киіммен жүремін. Тәуірлерін дайындарсың.

Соңғы кезде денсаулығы сыр беріп, қыңқыл-сыңқылы көбейе түскен Қатышқа қырық үш жыл отасқан қариясының сөздері ерекше әсер етті.Көңілі қатты толқығаны сонша тілге де әзер келді.

-«Жақсы сөз жарым ырыс» деген.Ниетің қабыл болсын. Бір сандық шапанға толып тұр. Шетінен ас-тойларға жол-кәдеге апарып жүр едім. Таңдап, қалағаныңды ки.

Қатыш бәйбіше сол күні-ақ дәу сандықтың тыныштығын үнсіз күзеткен қара құлыптың ауызын ашты.Жол-жоралғыға жүргені болмаса киілмейтін түрлі-түсті шапанның бәрін сыртқа шығарды.Қариясы да кідірген жоқ. Шетінен киіп таңдауға кірісті. Оюлары сәнді көк шапанды киген Қалдыбай ұнатқандай сыңай танытты.

-Осы шапан,-деді қариясының ұнатқанын сезе қойған Қатыш,-көзіме оттай басылып, ыстық көрінеді.Бұл шапанды ортаншы баламыз үйленгенде құдамның иығына жапқан едім.Арада алты жыл өткен соң кенже қызымыз ұзатылып, құдалыққа барғанда құдағиым саған қайта кигізді. Қыз бен шапанның жүрмейтін жері жоқ деген осы.

Қалдыбай мұртынан күліп уәжге келді.

-Япыр-ай, өзіміздің шапан дейсің бе? «Қайтқан малда қайыр бар» деген.Осыны киемін. «Светі» де жақсы екен.Наурыз мейрамына жарқырап шығамын. Өмір бақи үтік көрмейтін қыртыс-қыртыс шалбар, күн көзіне күйген курткаларымен жүретін құрдастарым Қауынбай мен Әлиасқар таңырқасын, жағаларын ұстасын.Әйелдерінің іштері күйіп, тұз жаласын.

-Мына бөрікті де Шымкенттің базарынан бағасын түсіріп алғам,-деді Қатыш көңілді үнмен,-Құданың басының «размерін» құдағидан сұрап білгем. Құдай қосқан құда болған соң бастарыңның размерлері де бірдей боп шықты. Енді бұл бөрік те өзіңе бұйырды. Шапан екеуі ажырамай бірге жүрген екен.

Қалдыбай бөрікті басына киді.Айнаға қарап еді, жараса кеткендей болды.Сосын бір ауыз сөз айтты.

-Мұны да киемін. Бір жаққа жол-кәдеге кетіп қалмасын.

Қатыш қыртысы жазыла берсін деген оймен көздің жауын алған «велюр» көк шапанды «вешалкіге» ілді.Құндыз бөрікке шаң жуымасын деп шешті ме сандыққа қайта салып қойды.

Үлкен бір шаруаны бітіргендей болған Қалдыбайдың тілі қайта қышыды.Жүзіне мысқыл күлкі үйіріліп, білетін орысшасын қосып айтатын әдетіне көшті.

-Ана құрдастарым Қауынбай мен Әлиасқарды айтам.Жастары жер ортасынан асты. «Старик»  болғандарымен шаруасы жоқ.Аталарынан қалған астай әлі ішіп жүр. «Пианканы» қою керек қой. Кейде көшенің тасалау жерінде көріп қаламын. Құлқындары қурағандай стақан ұстап тұрады. Баласындай жігіттермен арақ ішуге ұялса етті.

Қатышты күлкі қыстады.Бірақ еріне сездірмей іштен тынды. «Ішімдікті қойғанына алты-ақ ай болған қариям сүттен ақ, судан таза бола қалыпты,-деп іштей өз-өзімен сырласқандай,-Бәрін де ұмытқан екен.Қояйын деген ниет болған жоқ. Жақпаған соң күдерін үзді. Әзәзілдің уыты күшті екен.Ауыз тисе болғаны екі беті қызанақтай қызарып, қысық көздері жанған оттай алаулап кететін болды.Қу арақтың кесірінен жас кезінде не істемеді? Ыдыс-аяқтарды күн құрғатпай сылдыратты.Жаны жабырқағаны сонша түңғыш перзентінің белі бесіктен шықпай жатып төркініне кетіп тынбақшы болды. Қара жер хабар бермесін. Марқұм анасы қарсы шығып, арашаға түсті. «Қараң қалғыр кімді басынып жүр? Үйге қайт.Ішіме сыйған перзентім сыртыма да сыяды» демеді. «Келмейсің, өзің сүйіп қосылғансың.Атаң қазақ «Қайтып келген қыз жаман», «Тас түскен жеріне ауыр» деп бекер айтпаған, шырағым.Заман солай боп тұрса амал қанша? Кім ішпей жатыр?Үлкен де кіші де ауызын былғап жүр емес пе? Сәтін салған күні қояр.Ақылың бар еді ғой.Шыда, сабыр түбі сары алтын» деп ақыл қосқан. Енді қарашы, өзі іше алмаған соң құрдастарын көре алмай жүр. Ештеңе демеймін. Болған іс өтті, кетті. Жақсылы, жаманды үш ұл, үш қыздың әкесі. Аман болсын. Жазылған жараның орнын қайта қасудың қажеті жоқ. Шапан, бөрік киемін, кәтта қария боламын деп отыр. Бұған да шүкір.»

Уақытта тоқтау болған жоқ. Күн мен түнді теңестірген Наурыз мерекесінің де таңы арайлап атты. Күн көзі ұясынан найза бойы көтерілген бетте-ақ ауыл тұрғындары көтеріңкі көңіл күймен орталық көшеге қарай ағылды. Қатыш көшеге шығуға дайындық жасаған қариясына көк шапан мен құндыз бөрікті алып келді.

Қалдыбай уәдесінде тұрмады. Ә дегеннен қарсылық көрсетті.

-Бүгін кимеймін. Жаңа көше жаққа көз салдым. Бір қария шапан кимепті. Сексенге келіп селкілдеп жүрген жездем Жетпіс те ескі, түймесі сынық палтосымен кетіп барады. Жалғыз өзім шошайып «белир» шапан, құндыз бөрік киіп жүргенім «не интересны», «не удовны» сияқты. Пенсияға шығуға да үш апта қалды. Алла қаласа алғашқы пенсияны алақанға салған күннен бастап киемін. Сосын, айтам деп ұмытып кете берем. Сақал қоямын. Ақсақалды қария боламын. Ақ сақалыма шапаным мен бөркім жарасып, ұзақ жолға шыққан жастарға ақ батамды беремін. Ана Жетпіс жездемде сақал жоқ. Енді жасарам деп жүр ме екен?

Өзекті мәселе, маңызды шаруа болмаған соң Қатыш тіс жарған жоқ. «Өзі білсін. Ниеті жақсы, бір киер» деген оймен шапан мен бөрікті құтты орындарына кайта апарып қойды.

Қалдыбай пенсияға шықты. Мекеме басшысы өз сөзінде еткен еңбегін, жасаған жақсылықтарын жіпке тізгендей тілге тиек етіп, отбасына береке, деніне саулық, ұзақ ғұмыр,  шаңырағына шаттық тіледі, Қимастық сезім құшағында тербетіліп, жүрегі атша тулаған Қалдыбай қырық жыл қарауыл болған «коллективіне» алғысын да әзер айтты. Сол күні кешкісін ойдағы-қырдағы, алыс-жақындағы бала-шаға, құда-жекжат, дос-жаран, көрші-қолаң «поздравит» етіп келетін болды. Бәйбішесі де пысық. Уәдесін ұмытпаған екен. Құлаққағыс етті.

- Пенсияға шыққанда кием деген уәдең бар. Шапан мен бөркіңді киіп қонақтарыңды қарсы ал. Қария болғаныңды көздері көрсін,-деді.

Қалдыбай тағы қарсы болып, ат-тонын ала қашты.

-Асығыс не, бәйбіше? Пенсияға шыққан тап бүгін кимесе болмай ма? Құдай күнін тауыспасын. Ойсыз адам жүрмейді ғой. Алла жар болса бүгінгі бейбіт күннің шуағын сыйлаған батыр бабалардың рухына тағзым етіп, Ұлы Жеңіс мерекесі күні киемін. Алдымен сақал койып алайын.

Қатыш бәйбіше мақұлдың адамы. Бұл жолы да артық сөз айтуды жөн көрмеді. Зейнет жасы кешіне жиналған көпшілік отырысты ұстаның көрігіндей қыздырып, думандатып жіберді. Тыңдағанның көңілін толқытып, жанарын жасқа шылатқан ыстық ықыласты, жүрекжарды ақ тілектер айтылды. Ақшалай-заттай «пәдәркіге» қарық болған Қалдыбайдың төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Ертесіне қарттар командасына қосылған Қалекең сақал-мұртын күзеген жоқ. Қараусыз қалған малдай бетімен қоя берді.

Арада апта өткенде айнаға қарап, бет-жүзіне зер салған «пенсионер» Әбутәліп қатты таңырқады. Сақал-мұрты «черный-белый» емес, қызылды-жасылды, ақ-қара аралас «светной» боп шығыпты. Өзі шөлдалада судан қаталап шыққан арам шөптей аралары тым сирек. Сақалына көңілі қалған қария «Құрдастарым Қауынбай мен Әлиасқар мазақ етіп, күліп жүрер» деген күдікті оймен табанасты білек түре жуынып, ұнамсыз сақалды тұқыл қалдырмай қырып жоқ етті.

Қатыш бәйбіше сабырлы адам. Көрсе де көрмеген, білсе де білмеген болды. Әне, міне дегенше Ұлы Жеңіс күні 9 мамыр да келді. Шапан мен бөрікті кигісі келмеген Қалдыбай сыныққа сылтау тағы тапты.

-Бәйбіше, сен айып етпе. Келісіп пішкен тон келте болмас. Былай етейік. Шапан мен бөрікті жалын атқан жастарымыз алаңға шығып, бодандықтың құрсауын үзген, егеменді ел болған тәуелсіздік күні қалайда киетін боламын.

Қатыш келіскенін басын изеп сездірді. Қымыран уақытта тоқтау болған ба? Қалдыбай алты ай арқаны кеңге салғанымен тәуелсіздік мерекесі де келіп жетті. Отағасы уәдесінен тағы айныды.

-Бұл мейрамда да кимей-ақ қояйыншы,-деді отағасы бәйбішесімен ақылдасқандай,-Жастар аспанға «салют» атып, найзағай ойнатқандай болған «Новый годта» да кимеймін.Уәдем-уәде, сертім-серт. Тауық жылын қарсы алған Наурыз мерекесінде қалайда киіп шығамын.

Қатыш тағы үн қатқан жоқ. Уақыт зымыран. Әне-міне дегенше әз Наурыз мейрамына да санаулы-ақ күн қалды. Қалдыбай қария ойсыз емес. Іштей толғанып «Басқаны қойшы. Бәрінен де қырық үш жыл отасып, өмірдің ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңған Қатышымнан ұят болды. Оның үстіне көк шапанды көзге күйік қылып сандыққа да салмай қойды. Алжыған жездем Жетпіс, пайғамбар жасынан асқан құрдастарым Қауынбай, Әлиасқар шапан, бөрік кимесе атамнан әрі. Тауық жылы кірген әз Наурыз мерекесі күні «белир» шапан мен құндыз бөрікті қалайда киемін» деп алақанына шырт түкіріп жүрді.

Өкінішке орай Қалекең  Самарқанның көк тасын еріткен ұлыстың ұлы күні көк шапан мен бөрікті тағы киген жоқ.  Қарияның көргеннің көз майын тауысқан ұлттық киімдерді қашан  киері әзірше белгісіз боп тұрған жайы бар.

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған