Ару-ана
Мұқағали Мақатаевтың «АРУ АНА» поэмасы негізіндегі толық метражды кинофильмнің әдеби сценариі.
Бірінші көрініс.
Қаланың орталық сая бағы. «Япурай» әнінің саксафондағы сарыны естіледі. Ары-бері жүрген жастар.Екі-үш арқалы ұзын орындық. Бір орындықта екі жас қыз бен жігіт қол ұстасып сөйлесіп отыр,екінші орындықта көзәйнегі бар ақсақал газет оқып отыр. Ал үшінші орындықта қоларбадағы жас нәрестені тербетіп, балаға арналған ән айтып, баланы жұбатып жас шамасы алпыстан асқан ақ көйлек киіп, ақ жаулық тағып «ұядан ұшқан балапандай» әже отыр. Саябақтағы самал әжейдің жаулығымен қасын жартылай жауып тұр, Кәрілікке әлі де бой ұрмаған,ақша жүзін әжім жасырып үлгермеген. Айналасы жайнаған гүл, көк майса. Ары –бері өтіп жатқан жастардан бөлініп қолында М.Әуезовтың «Абай жолы» кітабы бар бір жас жігіт әжейдің қасына келіп;
-Ана армысың!
-Уа, бар бол, балам, саумысың? Сәл сабыр ет, қарағым, Інішегің қалғысын. Далада өскен емес пе бабаларың, Талпынады далаға інішегің. ...Пай,пай, қандай мына бір самала күн! Есен-саусың, қарағым. Тыныш елің?..деп балаға айтқан әнінің ырғағымен жауап береді де, қос жанарының қуаты таймаған әже жігітке қарайды да сол ырғақпен;
-Оңаша осы баққа күн де келем,Балам сені осынан күнде көрем. «Түсі жылы, түңілме» дейді ғой жұрт, Түсің жылы бала екен, білмеген ем... Жігіт әжейге қарап; -Күнде түсті осында өткеріп, ем, Мен де сізді осынан күнде көрем.
Үлкен адам болғасын, сәлем беріп, парызымды өтейін деп келіп ем... Әжей;
- Күнде осынан шұбырып ел өтеді,қалмаған-ау кішілік елде тегі.. Жөн –жөн балам, әмәнда осылай бол, сәлемдесіп жүргенге нең кетеді?! Жігіт ананың қасына отырады. Алыстан поездың сиренасы естіледі.Жігіт анадан жай сұрай бастайды. Сәби тәтті ұйқыда,Ертегідей өмірін еске ап әже,ет жүрегі езіліп,әңгімесін бастады;
Соңғы көрініс.
Осы бақ.Осы отырыс әже әңгімесін аяқтауға жақын.
–Салтанат құрмағанмен салқында өсіп, Алтын бесік ел іші, алтын бесік.Жаңа өмірді біз солай бастап едік,Тентегімнің қылығын халқым кешіп. Қалғамыз жоқ опық жеп,ойрандап оқ, Бай да жоқ, басымызда байлау да жоқ. Ел қатарлы күнелтік еркімізбен, Егін салып,мал бағып, жайлауда боп. Тәрік етіп бар күшін, бар амалын, Орындады ол елінің қалағанын. Қайта туған,өмірге қайта келген, Жер қайыспай қайыспас қара нарым... Орнынан тұра бастап жігіт; - Құрман ше, Құрман... әже, Құрман қайда?
-Оқ тиіп, қан майданда қайтыс болған, Соры бір арылмаған қу маңдайға... Сол тұңғышым осында дәрігер-ді, Қалғандары, қайтейін, бәрі де өлді. Қайсыбірін айтайын, қалқам, саған, Білесің ғой кешегі әбігерді... Мына біреу немерем... Қарғам менің! Шүкіршілік аллаға, арманда едім. Айта берсе,қалқам-ау, арман көп қой, Бұл өмірде армансыз жан бар ма еді?...
Соңы.
Екінші көрініс.
Үлкен той болып жатқан қазақ ауылы.Жиырма –отыздай киіз үй тігілген. Әр киіз үйдің алдында қайнап жатқан қазандар мен үлкен болыскей самаурындар. Әр үйдің маңында қызмет көрсетіп жүрген жігіттер қауымы. Бір шетте алтыбақан ойнап жүрген жас балалар мен қыз- жігіттер. Алтыбақандаға қыздардың хормен айтқан әндері естіледі. Ортадағы онекі қанат үлкен ақ отаудың алдында төселген кілем үстінде той иесі Бұғыбай қонақтарымен отыр. Ортада домбырамен «Балқадишаны» айтып отырған әнші жігітті бәрі мұқият тыңдап отыр. Алыстан бәйге аттарының келе жатқанын тосып тұрған халық байқалады. Бәйгені тосып тұрған жігіттер бір төбенің басында тұр. Олар өздерінше тон пішіп, бірі байекемнің қара бестісі келеді десе, бірі жоқ, оның баптауы дұрыс болған жоқ, бір келсе Көккемерден келген бозайғыр келуі мұмкін –деп, қызу талас жасап жатыр.Әр ауылдың ат қосқан жанкүйерлері бірі
-А құдайлап, бірі өз елінің ұранын айғайлап, ұрандатып жатыр. Осы кезде Алты болыс Албанды запыс қылған, «қарақшы» деген лақап аты бар, озбырлыққа қаны қас,түсі суық, сұсты,әділетсіздікке төзбейтін,өз дегенінен басқаға көнбейтін,бірбеткей, қара нардай қайратты, жүрегі түкті, айбатты, балуан білекті,кез-келген адамға тайсалмай тура қарайтын қияқ мұртты қолында қамшысы бар қазақы елтіріден тігілген бас киімі және шапанының сол жақтағы бір жеңін киген, оңжақ жеңін салбыратып бай отырған киіз үйдің алдына бір жігіт тайсалмай келеді. Оның жақындағанын көрген бір ақсақал; –Ой мынау Құрман ғой, ой азаматым келген екен ғой деп қалады. Екінші біреуі
–Ой, әлгі қарақшы Құрман ба? дейді. Жоооқ, ол қарақшы емес, ол нағыз ер дейді... Келген бойда байға тура қарап, екі аяғын екі жаққа алшақ ұстап;
-Байеке! Озады атым, бәс тігемін, Тұлпарыңды тұғырым басты менің. Алты болыс Албанды дүрліктіріп, Құнанында бәйге алған тас түлегім.( Бай жаратпаған кейіппен жігітке қарап);
- О,сәуегей, әулие, көріпкелім, Құдайдан құжат алып келіп пе едің?! Қастерлеп, қанат байлап жіберсең де, Тұлпардан тұғыр озбас, желікпегін! Қайдан білдің ат әлде бап шабарын, Қалай-қалай бөсесің қатпа жаным?! Жөніңді айтқын әуелі, елірме олай, Қайдан жүрген пендесің, бәтшағарым? Жігіт оң қолындағы қамшысымен біресі көкті, біресе даланы сілтеп ;
-Жұртым- жер,руым-көк, далада өстім, Қорлық көріп байлардан, нала кештім.Бәс тігемін байеке,бәйгімді бер, Бәйгемді бер, озады ала бестім. Бәс тігем де, қаласаң жамбы атамын, Қиырға қой киікті, қандатамын. Шығаршы шымыр дене палуаныңды, Аяғыңның астына аунатамын!... деп байдың аяғын қолымен нұсқайды. Айнала тым-тырыс.Халықтың көзі ортада сөйлеп тұрған Құрманда.. Бай сөзден тосылып халыққа қарайды. Осы кезде саптама етік, құр белбеу таққан алып денелі байдың палуаны атып тұрып Құрманмен ұстаса кетеді. Апыл-ғұпыл Құрман да ұстай алды, Қолын қару, кеудесін қақпақ етіп. Қос дүлей ұмар-жұмар түйдектелді, Сығады қабарғаны күйреткелі. Бай намысын қорғаған пақырыңды, Әп –сәтте-ақ Құрман пері илеп берді. Алып ұрып алдына шыдатпады, Жолбарыстай атылып,бір аттады. Қыз-келіншек қымсынып, бетін шымшып, Мәрт жығылған палуанды ұнатпады. Осы сәтте жан-жақтан біреулері байдың палуанын ,
-Ой денесі дәу болғанымен бор кемік екен деп жатса, елдің басым бөлігі Құрманға жылы сөздер айтып жатты. ;
-Нағыз палуан екен. Ер жігіт деп осыны айт, дене бітімі де керемт батыр тұлғалы ер екен деп шуылдап кетті. Палуаны жығылған бай түтігіп ;
-Ой ішіп жегенің ірің болғыр , сені палуан деп жүрсем –деп,реніш білдіреді. Осы кезде жұрт дүрліге орындарынан тұра бастады .Оның себебі бәйгенің аттары да жақындап қалған еді. Жұрт дүрліге ойысып, ұрандады, Аруақтарын шақырды, тұра алмады. Қою шаңнан үзіліп жалғыз қара, Жалғыз дара ойнақтап, қылаңдады.
Жалғыз қара үзіліп, суырылды, Қара жердің апшысы қуырылды. Айтып-айтпай не керек сол бәйгеде, Тұлпарлардың енесін тұғыр ұрды. Құрманның ала бестісі сөреге бұрын кеген кезде, үстіндегі жас баланы маңдайынан иіскеп; Ала бестінің бағын аштың,сенің бағыңды құдай ашсын -деп , ала атына қарғып мініп, Бұғыбай байдың алдына ойқастатып келіп ;
- Байеке, бәйгем қайда, атым келді,Бас бәйгені байлану -қақымда енді-деп байға сұрау салады. Үлен тойда палуаны жығылып, сенген тұлпары бәйгеден қалып қойып көңіл-кұйі бұзылған Бұғыбай бәйге-жарыс алаңынан нөкерлерін жинап алып, өзара ақылдасуды жөн көріп үндемей тұрып кетеді. Үлкен ақ отауға келген Бұғыбай ызадан жарылып ; - Жолаушы тойсын менің жұғыныма, Қыз бермеймін кедейдің тұғырына. Сары атанды бас қылып мал беріңдер, Жетеді сол пақырдың ғұмырына. Жалғыз атты жолаушы қара қасқа, Адуынды неме екен алақашпа. Еліме күшік күйеу болам десе, Атын әкеп байласын мама ағашқа. Жақыным болам десе жатсынбаған, Астындағы аласын сатсын маған. Құйын қуған келімсек кер кедейді, Алласы асыра деп тапсырмаған! Бай осылай шешім шығарып хабаршысын Құрманға жібереді. Ала бестісін суытып, жалын сипап тұрған Құрманға шабарман келіп, байдың шешімін айтады... Мұны естіген Құрман мырс етіп күліп,асықпай атына мінеді де хабаршыға қарап қамшысымен ақбоз үйді нұсқап;
- Байекеңе айт, естісін, Құрман атым, Зауқым жоқ, заңды олжадан құр қалатын.Табиғаттың тауда өскен тағысымын, Тақыр кедей мен емес құл болатын. Кесір бай кесе алмайды қанатымды, Бар малына бермеймін ала атымды. Заңды олжамды алдыма тарт көлденең, Байыңа айт, тауыспасын тағатымды-деп хабаршыға сұсты көзімен қарайды. Құрманның атын естіген хабаршы үрейі ұшып бай отырған ақбоз үйге тұра шабады. Есіктен кіре салып;
«-Байеке, екі айтпаған тұқымыңыз, Төніп тұрған түлейді тұқырыңыз. Жетім қызды артына мінгестіріп, Қызыл көзді пәледен құтылыңыз. Елден безген есерсоқ, соқпа құрғыр, Арыстандай айбат қып шапқала тұр. Қарғап қойған құдайдың шатпағы бір, Ала атымен адасып отқа кіргір.» -деп зәресі ұшқан хабаршы оның Құрман екенін айтып, байдың аяғына жығылады. Құрманның атын естіген Бұғыбай қолындағы таспиғын тастай салып, бәйгінің бас жүлдесіне тіккен 15 жасар кедейдің Жамал атты қызын беруден басқа амалы қалмады.Ала бестіге мінген Құрман жас қызды артыны мінгестіріп кете барды. Осы көріністі көріп тұрған халық бірі байға лағнет айтып, бірі жас қызға аяушылық білдіріп гуілдеп кетеді... Жас Жамалдың бақырып жылағана біраз аналар мен қыздар көздеріне жас алып жатты...
- Ағажан,ажыратшы ақ-қараны, Жетімек ем- өмірдің ақ табаны. Араздасып қалайын атыңды бұр, Артымда сорлы бауыр қап барады. Кеше ғана екеуміз гүл қарап ек, Ағажан анау қырға бір қарап өт? Болайық біріміз –құл, біріміз күң, Ағажан, екеумізді бірге ала кет? Ағажан, солай бұршы аттың басын, Артымда қап барады ақылдасым. Шер жүрек,шерменде бір ғазиз еді, Қуарып, құса кешіп,аһ ұрмасын, Ағажан, солай бұршы аттың басын? ... Халықтың арасынан қарындасынан тірідей айрылып, боздап тұрған ағасы көрінеді. Оның қолынан ұстап тұрған ақсақал ;
-Болар қалқам, жылама, «Бидайдың барар жері диірмен»-деген, « Қыз бала жат –жұрттық» деген осы болады, –деп басу айтып жатты. Елден ұзап кеткенше қыздың даусы естіліп тұрады. Қыздың жылағанына Құрман мән бермей, ала бестісі желісіне салып кете барады. Қыздың тоқтамай жылағанына ашуланған Құрман;
-«Тәйт әрі, неткен ащы сұм дауысың! Мен бе екем жыртатұғын күң намысын?! Берілмеген қос құлақ ер жігітке, Әйелдің бақырғанын тыңдау үшін. Өз-өзіңнен таусылып өшкені не?!
Анаң қыз, атаң ұл боп өспеді ме? Ағасы нес-с... Әлде сол әке-шешең, Бірі ерім, бірі әйелім деспеді ме?»деп қысқа қайырған Құрман, суыт жүріп күн батар кезде тау ішіндегі қалың орманның ішіне кіреді. Қыз аттан құлап қалмау үшін Құрманның белінен құшақтап алған. Айнала құзар тау, құлама өзен, ну қарағай,саймен сарқырап ағып жатқан тау өзені,аздап самал еседі.Құрман өзі тұрып жатқан таудағы үңгір «үйіне» келіп жетеді. Шыңыраудан шырылдағын үн шығады;
-Өлдім-ау...өлдім...апа... Күнім қараң! Қарақшы, сұм қарақшы... затың құрсын! Өлдім апа... естімей жатырмысың?... Оған мән беріп тыңдап тұрған Құрман жоқ. –Енді мына менің үйімде тұрасың, бұдан былай сәби емессің Жамал, болашақ Ару-Анасың...
Үшінші көрініс.
Тау. Алыстан басын қар басқан, «батырдың шашақтаулы найзасындай» Хантәңірі көрінеді. Айнала қалың қарағай. Сайдан сарқырап тау өзені ағып жатыр.Құз жартастың ішіндегі үйге ұқсас үігір-күрке. Еденде ескі алаша, төрде жиналып тұрған екі-үш ескі көрпе.Ортада түнде жарық беретін, жүннен есіп жасалған жіп,бір шеті ерітілген майға салынған білте жатыр. Сыртта жер ошақ, жанында үш аяқты мәсіде ескі, сырты қара күйе болып кеткен ескі шәугім.Ошақтың қасында шашылып жатқан жаңқалар және қысқа сапты балта жатыр.Үңгір күркенің есік тәрізді аузына ескі жыртық киізден жасалған жапқыш. Күркенің сол жақ шетінді ат байлайтын мама ағаш көрінеді. Күркеде киімінің жыртығын жамап Жамал отыр.Сырттан алдына өңгеріп алған жас бағланы бар Құрман келіп түседі Ала бестіні мама ағашқа байлап, бағланды есіктің алдына тастап ішке кіреді. Жамал отырған орнынан қозғалмаған бойда;
-Үш жыл өтті бас ием,тұтқындадың, Өміріңнен еш дерек ұқтырмадың. Бөлтіріктей бағасың бейбағыңды, Ұрлап әкеп жазықсыз жұрттың малын. Құрман Жамалға тік қарап;
- Жап аузыңды! -Қатын деген пенденің ақымағы.Мен кедейдің емес, арамза байлардың малын аламын...дей бергенде;
–Сабыр, сабыр, жарқыным,қаласаң жұт, Сен бір атан, мен шөлдің жапырағы. Жалмарсың да, жұтарсың тұрыппын ғой, Жас күнімді кәрі еттің,суыттың бой... Тағдыр қосқан тәңірім емес пе едің, Адамша тілдесуді ұмыттың ғой. Жалтармаймын жарқыным, жалақтама, Көретінім сені мен ала ат қана. Мен де өзіңдей адамның баласымын, Теңгермейсің көлдегі шабаққа да. Елің бар ма, әміршім, елің қайда? Ел-жұртың, дос бауырың, теңіңді ойла. Қашанғы қарақшы боп күнелтеміз, Адамша күн кешейік белің байла... Қамшысын сабымен қосып ұстап одырайған Құрман;
- Сендей заржақ көрсемші бұл жасымда, Апырай, іштен оқып туғансың ба? Сәби керек! Тек сонда жөн түзеймін, тумаған тұл қатын да ұрғашы ма! Нөсері жоқ дауылдай бұрқанасың... Перзент керек және де ұл табасың! Тағдырымды тау –тасқа қуалаған, Атам қазақ менен де ұрпақ алсын! Елім бетін көремін қай бетіммен, Жапа жегем, жан күтем айла етумен. ...Ақ патшаның ордасы опат болып, Бұ күні шаруа күйреп, бай кетілген. Осы еді сенен бүккен сырым ғана, Босуда елің Қытай Қырымға да, Сөзіңді енді маған шығындама...-деп Құрман сыртқа шығып кетеді де ала бестінің ертоқымын алып атты шідерлей бастайды...
Төртінші қыс.Түс мезгілі. Қалың қар,айналада жасыл қарағай мен аппақ қардан басқа түк көрінбейді.Сылдырлаған бұлақтың сыңғыры естіледі. Жамал сырттағы тастың үстінде отыр. Күркеде Құрман ұйықтап жатыр.Жамал қалың ойда, өзімен –өзі сөйлеп отыр... «Осы үңгірде мың рет өксідім-ау, Осы үңгірде мың рет арамдалып. Еркек біткен егерде болса осылай, Жалғандағы неқылған жаман халық. ...Өлтіріп қашсам ба екен.. Қайда барам? Қарсы алар ата-анам жоқ аймалаған...
Жөн сілтеп, жол көрсетер бір пенде жоқ, Әлде су,әлде құзда, сайда қалам. Ақ патша дегені кімі тағы? Құдай білсін өзіндей ұры-тағы... Ой, сұмдық-ай, пенделер жұмыр басты, Қалайша елі-жұртын ұмытады. «Босуда елің Қытайға, Қырымға да?! Деді –ау маған, ой тоба... Зұлым жаңа. Аң мен құс аждаһаның мекенінде, Өлем бе жабайы боп шынын да да?! Жалған-ай, тынысымның тарылғаны-ай! Бақытсыз басым қара жамылған-ай...» Жамал қалың ойдан шошып оянғандай , селт етіп жаурап қалғанын сезіп «үйге» кіреді.
Төртінші көрініс.
Түн. Таудың іші. «О,таулар,таулар, таулар басы бұлт, Тындың ба түні бой тасың ұлып? Түнімен асыр салған перілерің, Қалды ма шың-құзына жасырынып.» Алыстан қасқырдың ұлығаны естіледі. Төбеде жарты ай жарқырайды. Сайдағы бұлақтың сылдыры естіледі. Таң қылаң беріп атудың алдында. Жерге жарық түсе бастағанда биік жар тастар, айналадағы биік таулардағы қалың қарағай мен басқа да ағаштар анық көріне бастайды. Олар да мүлгіп тұр. Тау басын ала бұлт басқан. Төрде Құрман шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр. Оның оқ жағында басы- күйік, жаны- өрт тәңіріне басын иіп, бүк түсіп Жамал жатыр. Ортада түнімен жанған оттың әлі өшпеген шоғы мен түнімен жанған май шырақтың тұқылы байқалады. Сыртта үңгірдің сол жағында ала бестіге арналып жасалған күркешікте алдындағы шөбі таусылған ала бесті тұр. Есіктің ішкі сол жақ шетінде аттың саймандары ертоқым, ат көрпе және ұзын сойыл мен бердеңке мылтық сүйеулі тұр. Таң атты,Күнде шықты құлақтанып. Құрман оянады. Сыртқа бір шығып ,қайта кіреді де ;
-Ал, қатын, мосыңды іл,асыңды қой, Тысқа шық, түнгі әлемет басылды ғой. Не деген бетпақ еді салдақы түн, Адамның берекесін қашырды ғой. Тұр, қамда тірлігіңді, жарамайды, Жатқанды алла пендеге баламайды.
Асың әзір болғанша, мылтығымды ап, Бір аралап келейін қарағайды.Ыққан аң түнгі дауыл түнегінен, Паналайды тоғайды, білемін мен. Бұйрық болса, сергиік жас сорпа ішіп, Сыбағамыз бар шығар бұл өмірден.-деп бердеңкесін иғына іліп шығып кетеді.Жамал бей-жай ,басын әзер көтеріп шаршаған адамдай орнынан тұрады. Өзін нашар сезініп «осы мен өлімін бе, жоқ әлде тірімін бе?» -деген сыңай танытады. «Өшіріп, өмір дейтін шырай қалып, Бас имекші өлімге құлай барып. Тау тағысы пендені күзеткендей, Төбесінен төнеді шыр айналып.» Жүрегі айнығандай болып, лоқсып алады. Осы сәтте анасының дауысы естілгендей болады; «Құз жартастың құлама қиясында, Балдапандар шулайды ұясында. Шынымен ей,Жамал, мына өмірді, Ажалдың ақымына қиясың ба?! Қарашы жан-жағыңа ғажап қандай, Бар тірлік саған қарап наз атқандай. Тыйыл мынау ойыңнан тианақ тап,Албастыға ажалға мазақ болмай. Қарашы анау масаты сай-саланы, Саған қарап , күнәсіз жайқалады. Саған арнап, ей, Жамал, сезесің бе? Сан рет бұлбұл әнін қайталады. Қара орманға қарашы қалғып тұрған, Қайрымдылық күтеді барлық қырдан.Сіңілің бұлақ әнеки, жылай-жылай, Сыңғыр үнін сылқ үзіп,қарлықтырған.» Жамалға анасы; Оян,ұйқыңды аш, көтер басыңды,таста жаман ойыңды,сен жалғыз емессің- деп аманат тапсырғандай сезінеді. Сол сәтте бүйірінен біреу түрткендей болады. Жамалдың жүзі бал-бұл жайнап, тынысы ашылғандай болады. Аналық сезімі оянып, өлім туралы ойлағанына өкінді.Айналадағы табиғат «сен бақыттысың, сенің сәбиің болады, сен ана боласың»-деп өзін құттықтағандай сезінді. Біресі сыртқа, біресе ішке кіреді. Ішін қайта-қайта сипалай береді де Я,Алла! Я,Алла-дей береді. « Ақ кебінін ажалдың жамылмады,Ақ шырағы өлімнің жағылмады. Қайта оралып ғайыптан ғазиз Ана, Жатағына келді де дамылдады».
Бесінші-көрініс.
Көктем, айналадағы орман да таудың шөбі де жап –жасыл. Тау гүлдері ашылдып,сиреннің исі шығады. табиғат Құрман мен Жамалдан жақсылық күтіп отырғандай. Сыртта құстардың сайраған дауыстары естіледі. Таудан Құрман жас талдың майысқақ бұтақтарын кесіп ,бір құшақ қып күркеге алып келеді.Өзі «Тау ішінде» әнін ыңылдап айтып жүр.Сыртта аяғы ауыр Жамал отыр. Бар ойы болашақ нәрестенің жағдайы «қалай болады»- деп тұнжырауда...
...Құрман отыр,отыр ол сесі биік,Құрап отыр жас талдан бесік иіп. -Жарқыным , неменеге тұнжырайсың? Ұрыдан ұрпақ қалса несі күйік?! Несіне түнересің ақ ұрасың? Түнерме тұнғиыққа батырасың. Қиядан ұрпағымды ұшырмасам,Қара жер қарс айрылып қақырасын! Несіне түнересің ақ ұрасың?! Тұнжырап отырған Жамал Құрманға сынай қарап; «- Белгілі енді сенен айнымасым, Ей, батыр, қашан маған қайрыласың. Енді маған ел шетін көрсетпесең, Менен де, сәбиден де айрыласың.» Жас талдан бесік жасап отырған Құрман, шұғыл бұрылып,ұнатпаған кейіппен Жамалға қарайды. Жамал; -Қарама ондай кейіппенен ұнатпаған,Ит емен босағаңда шуақтаған. Иесіз таудың елігі емеспін ғой, Кез келген жыраларды лақтаған-деп Құрманға тура қарайды...Жамалдың бұл сөзі Құрманға ой тастайды...
Құрман сыртқа шығып ала бестіге мініп, тауға шығып кетеді. Құрман қалың ой үстінде. Көз алдына балалық кезі елестейді. Байдың қойын баққан әкесіне еңбек ақысына бертін саулығын бемей, әкесін байдың сабағаны, өзі бағып жүрген «қозыны жамыратып жібердің» деп, байдың баласы аттың бауырына алып сабағаны, анасының Құрманды бауырына басып отырып жылағаны, сол жылы әкесінің қайтыс болғаны,ауыл адамдары келіп әкесін жерлегені, анасы артынан боздап жылағаны, көп ұзамай анасының қайтыс болып жалғыз қалғаны, елдердің қытайға, қырғызға қарай ауа көшкені көз алдынан өтіп жатты... Мезгіл жаз. «...Талма түс... Тастөбеге күн шығады, Тар үңгірде әлдекім тұншығады. Ет жүрегін Құрманның езіп ұстап, Арын келіп әлдене шымшылады.» Құрман сыртта. Іштен толғағы келген Жамалдың қиналған даусы естіледі. Тыным таппай Құрман біресе –ары,біресе-бері жүреді... «Бір түседі атынан , бір мінеді, Не силайды тағдыры, кім біледі? Самал да жоқ сайдағы сыбырлаған, Қалт кідірді құрақ та қыбырлаған. Құздан құзға сол сәтте жаңғырығып, Үн шықты сәбидің шырылдаған.» Сәбидің даусын естіген Құрман қуанышы қойнына симай екі қолын аспанға көтеріп;
-Иә, Алла, көрдім бе көрмедім бе?! Иә, тәңірім, бердің бе, бермедің бе?! Шырылдаған үніңнен айналайын, Шыныменен өмірге келгенің бе?! Қызым болсаң,қырымда құралайсың, Ұлым болсаң ұлы бір мұрадайсың. Естисің бе ,есі жоқ, ей, дүние, Менен неге сүйінші сұрамайсың?! Қызым болса, қырмызы қызғалдағым,Ұлым болса, түнекті бүзған жалын. Бақытыңды осы бір ей, дүние, Қи маған, қырын қарап қызғанбағын! –деді де ішке кіріп, шырылдап жатқан нәрестенің кіндігін кездігімен кесіп, жалғыз жейдесін дар айырып нәрестені құндақтап орап алады да;-Қашан менің тағдырым тыным көрді, Қан қақсатқан бөрі едім рулы елді. Ұрпағым бар,дүние, енді менің, Естисің бе ей, өмір, ұлым келді. Осыны айтқан Құрман төрде жатқан Жамалға қарап;
-Жанарыңнан айналдым жаным Жамал, Жарым болып мәңгілік жанымда қал! Келешегің , бақытың келді, міне, Көгершінім, көтеріл, қабылдап ал. Нәрестені Жамалғдың қолына беріп тұрып;
-Шолпаным бол шоқтанған таң атарда, Ақ қанатты құсым бол алақанда. Тәңірім бол табынып, бас иетін, Ұшып шығар ұя бол балапанға.
Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едім, Жалғыздықпен жалғанда сырлас едім, Ей, дүние, неге сен қуанбайсың? Күйің келмей күйігіп тұр ма сенің?! Қуаныштан жүзі оттай жанған Құрман сыртқа шығады. Байлаулы тұрған атының мойнынан құшақтап; - «Адам тек азап үшін туылмаған, Өмір жоқ өң өзгертіп құбылмаған. Өкінішпен өткерген сәттерм-ай, Өмір, сенің өзіңнен құнымды алам!» Құрман дереу ішке кіріп бердеңкесін алып шығады да қара тасқа соққылап ,ұңғысын уатып, талқандап тастайды да , күркенің есік орнына жауып тұрған киізді жұлып алып;
-...Жанып барам, Жамалжан, жанып барам, Қарақшы деп ат қойды халық маған. Қарабет боп мәңгілік қалсамдағы, Екеуіңді еліме алып барам,- деп жинала бастайды. Өзі жанындағы тастың үстіне қарғып шығып;- Қан қақсатқан кешегі рулы елді, Мекендеген тау-тасты жырынды еді. Қаласаңдар қағыңдар, басым міне, Есенбісің ел-жұртым, ұрың келді. Қандай мені аятын тағдырым бар, Суға тастап, иә отқа жандырыңдар. Тек бір ғана тілегім, ағайындар, Ұрпағымды артымда қалдырыңдар! Алдыңда тұр, ағайын, қаңғыбасың, Қаласаңдар мінеки қанды басым. Аманат қып араңда қалдырамын, Жаңа өмірдің жазықсыз қарлығашын...