Адам қарады: 136 | Жарияланды: 2017-08-08 03:01:16

Мәшһүр Жүсіп

Мәшһүр Жүсіп Көпеев XX ғасыр басындағы әдебиеттің әртүрлі саласында қалдырған мол мұраларымен қазақ әдебиеті тарихының аталған кезеңінен ерекше орын алады. Ол - қазақтың ауыз әдебиетін өзіне дейінгі ірі ақындармен шығармашылығын білумен бірге, Шығыстың әйгілі классиктері Науаи, Фирдоуси, Сағди, Хафиз шығармаларымен де жете таныс болған. Олардан көп үйрене отырып, өзіндік ізденіспен жеткен мол білімнің арқасында көркем шығармашылықтың биігіне көтерілген ақын.

"Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын ғылым-білімге сарп қылсын. Ғылым-білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік сияқты. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады"  деумен адамзатқа өлмес сөз, өшпес өнеге айтқан зерделі ақынның өзі де өмір бойы ғылым-білімге ұмтылып, өмірі ізденіспен өткен екен. Не табылса да ғылым білімнен табылады деп, қараңғылық түнегінен жол таба алмай дағдарысқа түскен жұртына өлеңмен үндеу тастап, ғылым-білім арқылы халқын оянуға шақырады, азаттықты насихаттайды.

Ғажайып мұралармен халқының көңіліне ұялап "Мәшһүр" атанған Жүсіп Көпеев 1858 жылы Қызылтауда, Найзатас деген жерде дүниеге келеді. Өзінің "Мәшһүр" атқа ие болуы жайы "Өмірбаян" атты өлеңінде былай баяндалады:

Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,

Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп,

Қолыма қағаз-қалам алған шақта,

Кетемін қара сөзге желдей есіп.

Бес жаста бісміллә айтып жаздым хатты,

Бұл дүние жастай маған келді қатты.

Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде,

Мұса еді қосақтаған "Мәшһүр" атты .

Ақын өзі айтқандай, тоғызға енді толған шағында қалың топтың алдына шығып, ауыз әдебиетінің озық үлгілері "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу", "Ер Тарғын", т.б. сияқты лиро-эпостық жырларды мүдірместен жатқа оқиды екен. Оның өлеңіне риза болған Шорманның Мұсасы Жүсіпке "Мәшһүр" атағының таңылуына себепкер болыпты.

Медресені біткеннен кейін өз ауылында ұстаздықпен айналысады. Балаларға діни сабақ үйретумен бірге, оларды халықтың ауыз әдебиетіне, музыка өнеріне, қолөнерін үйренуге бейімдеп тәрбиелейді.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев Бұқара, Түркістан, Ташкентке бірнеше рет барып, білімін жетілдірген. Ол алғаш рет Бұқарадаға 1887 жылы 29 жасында барады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өз өлендеріндегі деректер бойынша ол 1895 жылы араға сегіз жыл салып ол жаққа қайта жолы түседі. Ақынның бұл екінші сапарының мақсаты да ғылым жолы еді. Ал Бұқара, Ташкентке үшінші сапарының жөні бөлек. Мұның себебі, Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы жарық көрген үш кітабы үшін "Хал-ахуал", "Сарыарқаның кіндігі екендігі", "Тірлікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз" заңға ілігіп, ол кітаптары елге таратылмайды және осы кітаптарды бастырып шығарған Қазан қаласындағы Құсайыновтарға он екі мың айып салынады. Ақынның қамаушылар тізіміне ілігіп, ел ішінде жасырынып жүруі, Бұқара, Ташкентке үшінші рет сапар шегуі осыған байланысты.

Дихан Әбіловтің "Мәшһүр Жүсіп" атты естелігінде мынадай дерек бар. "Дала уәлаяты" газетінде басылған 1905 жылғы "Қанды жексенбі" өлеңі, "Сарыарқа кімдікі" толғауъша байланысты патша жандармдары Мәшһүрді тұтқындап, соттатып жібермек болғанда, Мәшһүр лажсыз төрт-бес жыл бойы Орта Азия жақта қашып жүрген.

Бабалар заманынан ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ елінің қонысы, алтын мекені Сарыарқаны патша өкіметі отарлап, өріске өрт, жүрегіне дерт салып отырған озбыр қиянатын ащы шындықпен әшкерелеп, халықтың ауыр қал-қасіретін тебірене жыр еткен бұл толғауында. Сөйтіп бүгінге қандай қатты қайғырса, болашақ күйзелісті көрегендікпен сезініпті.

Айырылды біздің қазақ Есілінен,

Өзінің болған емес кесірінен

Жер мүлкі шаруаның қызықты едің-ау

Қойынында құшақтаған жесірінен

Осы өлеңінде ақын "Ұйқыңнан оян", "Елдігінді ұмытпа", "Жер-суыңа өзің ие болуға талаптан!" - дейді. Патша өкіметінің "Алты бақан - алауыз" қазақты өз өзімен ұштастырып, шабыстырып қойған алаяқтық саясатын әшкерелейді. Елдің еңсесін басып, езгіге салып үкілі арман-мұратының күлін көкке ұшырған отаршыл патша өкіметіне ұнайтыны белгілі.

Ғылым мен өнерді өз өнерпаздығының туы ғып көтерген, Мәшһүрдің өзіне ақындық өнер қашан қонғандығының оның өлеңдерінен білеміз.

"Мәшһүр атты қалай алғандығы туралы" атты өлеңінде бұл туралы былай дейді.

...Кеудеге он бес жаста ғылым толды,

Толыммен тасып кетіп өлең қонды .

Мәшһүр Мүсіптің аталған өлеңінің басқа шумақтарында өзінің ұстаз алдында білім алған кейбір сәттерін өте бір ризашылық сезіммен суреттейді. Біз ақынның өлеңіндегі өмірбаянына қатысты деректерді шынайы қабылдауымыз керек.

Кезінде ел ішінде момын халық пен жуандар арасындағы ымырасыздықты көре отырып, ақынның қара қылды қақ жарардай ақиқатын айтам деп, ел іші "пысықтарына" жақпай жалғызсыраған тұстары да көп болған:

Кейде мен көп сөйледім аузым бақпай,

Бетімді жіберген соң ешкім кақпай.

Туысқа тура жолды айтамын деп,

Жалғанда жалғыз қалдым жанға жақпай.

Мәшһүр Жүсіптің есімі көзі тірісінде-ақ елге танылған болатын. Оған себеп бұл кезде оның кітаптары жарыққа шығып қалың қазақтың қолына тиген еді. Ол халықтық мұраларды жинау арқылы да ел ішінде елеусіз қала алмады. Ел арасындағы игілікті істері де атағына атақ, даңқына даңқ қосып отырады. Халық ақыны Нартай Бекежановтың мына бір жыр жолдары осының дәлелі:

Ақмолла, Ұзақ ақын, Мәшһүр Жүсіп,

Заманға жатушы еді үлгі пішіп.

Солардың ағып жатқан теңізінен,

Біз пақыр сөйлеп жүрміз қанып ішіп!

Ақын жайлы айтқан ойға енжар қарауға болмас. Әсіресе өлеңнің "заманға жатуы еді үлгі пішіп" деген жолы Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының танымдық болмысына берілген айырықша баға. Белгілі ақын Ғафу Қайырбековтың "Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп" деуі де қазақ елін қараңғылықтан жарыққа, езгіден еркіндікке шығуға ұмтылдырам деген ниетті арқалаған ақын өлеңдерінің идеялық мазмұнына үңілуден туған ой екені, әрине, талас тудырмас.

Жоғарыда айтқандай ақынның ақындық өнердің ауылынан ертерек енші алғандығын өз өлең жолдары айғақтайды.

Жабысты өлең маған он бес жаста,

Жұрт айтты "не қыласың" - деді баста.

Дегенмен қоя алмадым үйренген соң,

Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа.

Ақындық жолға ерте түскен Мәшһүр Жүсіп ез өлеңдерінде көбіне заман жайынан толғап, сол кездегі қазақтың қыңыр-қырсык мінезі мен қисық қылықтарын би-болыстардың берекесіз тірлігін өткір сынға алып, ел жайын күйзеле жырлайды. Халықты оянуға үндеп, бірлігі бекем, берекелі де азат, еркін, ел болуға шақырады. Оның осы сипаттағы өлеңдерінен көздеген ой-идеясы айқын аңғарылады:

Өнерге ғылым-білім болсаң жерік,

Берілер ақыр бір күн басыңа ерік, - дейді ақын.

Зерттеуші - ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы Мәшһүр Жүсіптің екі томдық таңдамалысының алғашқы томына жазған алғы сөзінде ақын жайлы: "XX ғасырдың бас кезінде ұлы Абайдың соңын ала шыққан М.Ж. Көпеев сол Абайдың сара жолын арман-мұрат тұтып, "тас қиялға өрлегендердің" бірі еді. Ақын өзі ғана ұстазынан тәрбие алып қоймай өзге жұрттың да сол жолмен ілгері басуын тіледі. Ақынның түпкі арманы - халықты жаппай сауаттандыру еді" деп жазады.

Жалпы ғалым пікірін поэзиясындағы үндестікті танытуды көздеген ой деп қабылдаймыз. Мәшһүр - Абай дәстүрі үлгісіндегі ақын. Халықтың қамын ойлап, қайғы қасіретінің жолында аянбай еңбек еткен екі ақынның сөздері мен шығармашылықтарындағы үндестікті жоққа шығара алмаймыз. Шығармашылық үндестіктің болуы әбден заңды. Себебі ақынның мақсаты халық тілегімен орайлас, сабақтас, ендеше ақынның Абаймен үндестік тапқан мұраты Мәшһур Жүсіпті Абайдың соқпағымен "тас киялға өрлегендердің бірі" деуден гөрі замандас дәуірдің демімен бірге тыныстаған ақындардың өз кезеңінің "келісімін" үндес ұғып қабылдауы деп қарағанымыз жөн. Ақынның болмыстың табиғи үндестігін осындайдан туындаса керек. Осы орайдан келген Мәшһүр Жүсіпті соңында қалдырған мазмұнды мұрасымен-ақ өзіндік ақындық жолын салған, өзіне дейінгі ақындардағы халық қамын ойлаған өлең дәстүрін жалғастырушы ірі ақындардың біріне санаймыз.

Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы тақырыптық ізденістерге келсек, мұнда қоғамдық өмір тудырған замананың зәру мәселелері көрініс тапты. Соның ең негізгілері: дін, халықтың тұрмыс жағдайы, ұлт, жер мәселесі, білім, ғылым, еркіндік, азатшылық, патшалық саясаттың қиялы қитұрқы әрекеттерін сынау жалпы адамзаттық ой-толғамдар т.б.

Ақын ел еңсесін басқан қараңғылықтың себебін білім жоқтықтан деп біледі. Сыртқы және ішкі азулылардың тісі мен тырнағының қатты бататындығын да содан деп түйеді. Алты бақан алауыздықтың түп төркіні сол надандықта жатқандығын терең сезінеді. Надандықтың тұманын түретін нұрлы сәуле білім екенін ақын аңғарып қана қоймай, соны ұлтының үмітіне айналдыруға тырысып, білімді насихаттауға бар күшін салады. Сондықтан да ақын "үш рет сөз" атты өлеңінде:

"Қылады әркім мазақ ғылымы жоқтан,

Надандар адасуда білімі жоқтан", - дей келіп, оның отаршылдықтың өрістей түсуіне тиімді болып тұрғанын ашына айтады:

Шаруаның берекесі кірмейді екен Мекен жай қоныс қылар орны жоқтан Іргеңнен атақоныс мұра шықты.

Мәшһүр Жүсіп поэзиясының дені дінді тұғыр етіп, сол арқылы ағартушылық-азатшылдық ойын білдіре отырып, бірлікке, білімге, ғылымға үндеп, адамгершілікті насихаттау арқылы қоғамдық маңызды мәселелерге ой айтқан. Осы тұрғыдан келгенде ақын шығармашылығындағы дін рухани-мәдени өмірді гүлдендіруге үндеу үшін тірек басты бағыт-бағдар. Ақын бірде:

Алаш боп басты қоссақ қор болмаспыз,

Біз болып тұрсақ тағы көптің азы.

Ынтымақ партиясыз болып жүрсек,

Басыңа сағымданар күннің жазы, - деп жырласа, енді бірде "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі" атты өлеңіндс былай дейді:

Құдайдың шын нансаңдар бірлігіне,

Ерлердің күш қосыңдар ерлігіне

Сарт демей, ноғай демей, қазақ демей,

Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне.

Екеуіндегі де айтар ой, көтерілген идея біреу - бірлік, ьштымақ. Алғашқысында жеке халықтың, соның ішінде қазақ халкына алаш боп бірігіңдер десе, келесі шумақта мұсылман халқына кіретін түркі тектес халықтардың өзара бірлігін көргісі келеді. Алғашқысындағы ұлттық бірлік болса, кейінгісіндегі мұсылмандық бірлік. Бірлік тұтқасы - дін. Ой осы ұғымның айналасында шыр айналып жүреді. Бұл жай шақыру емес, тікелей қимылға үндеу. Екінші жолдың мәні осында. Дін - ұлы күш. Оған деген сенімнің күшіне ақын шынайы сенеді, сенімнің жеңетініне және сенеді. Сенім қимылға әкеледі, қимыл азаттықка жеткізеді. Ақынның бұған еш күмәні жоқ. "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі" өлеңіндегі келесі шумақтар соның куәсі. "Бірлігі мұсылманның - ынтымағы", - деген ұран іспеттес ой тастап алып, ақын, мынадай тілек тілейді:

Екінші ие болсаң дін мен жерге,

Тұрса да қай орында кіммен бірге.

Құтылып таршылықтан кеңіп тыныс,

Ісіміз басса екен деп біздің өрге.

Мұнда әу бастан ел үшін, ұлт үшін киелі боп келген негізгі ұғым жер мен дін бөлінбестей бірлікте алынған. Неге десеңіз ақын үшін бірі - жан азығы да, бірі - тон азығы. Бірін - тіршілік тірегі, бірін рух тілегі деп біледі. Ендеше екеуін бөліп - жарута бола ма?! Ақын осы бара жатқан миссионерлік әрекеттер нәтижесінде діннен айрылу қаупінен қорқады. "Дін" ұғымын ақын халықтың рухани болмысымен, бірлік танымымен сабақтас алып қарайды. Кез-келген халықтың ұлт ретінде  жоғалуының белгісі - сол елдің рухани-танымдық санасының ең жоғарғы мәдени тіректерінен саналатын тіл, дін, ділден алыстауы. Ендеше патшалык Ресей империясы өз үстемдігінің арқасында орыстандыру саясатын ашық түрде де, құпия түрде де жүргізіліп жатқан тұста ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени-рухани дүниетанымнан бүтіндей айрылудан артық қасірет бар ма? Ал - жұрттың ол тұста айырықша рухани күйзеліс кезеңін бастан кешіргені еш талассыз шындық.

Сонымен ақындық көкірек көзімен терең сезініп, айқын аңғарған Мәшһүр Жүсіптің өз поэзиясына әлгідей өзекті мәселелерді желі етуі заңды құбылыс. Және ақынның оны ешбір ауыспалы мағынасыз, анық, бүкпесіз жеткізуі айтар ойдың мәнін арттыра түседі. Алыс күнді көздеген ақынның болашаққа тілегі мынау

Дін көркейіп көзге бір көрінсе де,

Шариғаттың тізгіні қолымызға.

Бостандық боп қағусыз берілсе де

...Шариғат низамменен қатарласып,

Бірдей боп келсе екен теңбе-теңге.

Осындағы "дін", "шариғат", "бостандық", "низам" деген ұғымдар өлеңнің идеялык мақсатын айқындап тұр. Ақын ұлттық заңның негіздері шариғат жолынан алынуын қалайды. Бұл оның орыс "закондарының" ұлттық жүйеге сай келмейтінін көрсете отырып, сан ғасырлық қалыптасқан жүйесі бар қазақ ұлтының билік заңдары мен шариғат заңдылықтарын бірлікте жүзеге асыруды қалаған игі тілегін, соған деген ұмтылысты байқатады. Азатшылдыққа ұмтылған ойын "Бостандық боп қағусыз берілсе" деген жолы арқылы аңдатады. Ақын қазақ жастарын орысша зорлап оқытуға да тікелей қарсы шығады. Туған тілді шетке теуіп, еріксіз орыс тілді меңгертуді талап еткендерге қасқайып қарсы тұрады. Бүкіл өлең бойынан біз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің елі үшін елжіреген жүрек қағысын естиміз. Халқымен бірге күңіренген ақын жанының терең қайғысын түсінеміз. Елін бостандық күнге жеткізуді аңсап, аласұрған азаматтық тұлғасын танимыз. Елге деген ерекше сүйіспеншіліктің нышанын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кез-келген өлеңінен таба аламыз.

 

 

 

АҚЫН ЖӘНЕ ЕЛ ӨМІРІ

Мәшһүр Жүсіптің ел жайына, ұлт мәселесіне арналған өлеңдері азатшылдық, бостандық, еркіндік ұранына толы. Ол еркіндік пен әділдік үстемдік құрған елді аңсап қана коймай, сол еркіндік пен әділеттілікке жеткізер әділетті жолбасшы да іздейді. Өлеңінде солардың өз көкейіндегі, өз ойындағы бейнесін сомдайды. Ондай түлғаларға тән асыл қасиеттерді атап-атап айтады. Бұл туралы "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесінде" былайша жырлайды:

Дін үшін жан кешетін ерлер болсын,

Қызбайтын көрінсе де жерік асы.

Алдында алтын жатса алмайтұғын,

Жан-жағын қу болмасын жалмайтұғын.

...Алланың ақ жолымен жүретұғын.

Ерік Аллада екенін білетұғын.

Қызылшыл жемтікшілді жібермсңдер,

Ит сықылды жетекке еретұғын .

Бүгінгі күннің талабынан қарасақ та Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сол кездегі айтқаны бұл күнге де ескірмеген ескі сөз болып жеткенін байқаймыз. Жолбасшыға қатысты кешегі тілек те бүгінгі талап та бір деңгейден шығып тұр. Көкірегінде имандылық сәулесі бар жанның жол бастаушы болуы қорлықтағы халқына биік арман. Осы орайдан келсек, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларына негіз болған әлеуметтік-қоғамдық өмірді қамтитын азаматтық тақырып екенін аңғарамыз.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев XX ғасыр басындағы азатшылдық ойды алғаш қозғағандардың бірі - әрі бірегейінен саналады. Алғашында патшалық саясатын құпия қитұрқыларын аңдай алмай, оған сеніммен қарап, үміт артқанымен, кейін патша манифесінен де, әртүрлі реформалар астарынан да халықтың жайын жақсартарлық түйін таппай күдер үзіп, оларға қарай бастайды. Жұртына салиқалы ой айтып, жан жағына байыппен қарап, өзге елден өнеге алып, ел бірлігін нығайтуға, тікелей азаттық алу жолына үндейді. Оян жұртым деп жар салады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев "Қара өлеңінде":

Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы,

Айрылмай жақсы менен жаман парқы.

Баласы дін мұсылман ояныңдар,

Көрінен өз пайдасы жұрттың нарқы.

Әркімнің өз пайдасы ойлағаны

Бостандық деген сөзді жоқ қылам деп

Аш бөрі бізді жеуден тоймағаны, - дей келіп, әрі қарай:

...Бас қамын жан пайдасын ойлаңыздар 

Жақсы емес түсе берсең қармағына . - деп қазақты тугелдей бағындырамын деп қыспаққа алып, жан жағынан зорлық көрсетіп, көшпелі халықты адамдық құқынан айырып малға балап, жер суын еріксіз алып, қалаған жерге "омақаны орнатып, қызық қағып" жатқан отаршылдықтың қиянатын көрсетеді. Жалғыз қазақ ұлты ғана емес, бүкіл түркі жұртын бірлігіне шақырып, ынтымақпен қарсылық көрсетуді насихаттайды. Мұның бәрі елін сүйген алып жүректі алда күтіп түұған "қауіптен" жұртын құтқарудың азаматтық жолын нұсқау еді. Бодандықтың бұғауына әбден маталған елінің езілгеніне күйзеліп, азаттықты аңсап, бостандықтың жолын іздеп алас ұруы еді ақынның бұл. Ол өз ойын ешбір бүкпесіз, құпиясыз ашық айтады. Отаршылдықтың бұғауын жұлып тастауға анық та айқын түрде шақырады.

Шынын айтсақ, бұл қазак поэзиясындағы отаршылдыққа қарсы айтылған алғашқы жан айқай еді. "Сарыарқаның кімдікі екені" кітабына енген "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімсі" атты өлеңі осы ойдың дәлелі. Онда үміт те бар, Ресей патшасының өз еркімен еркіндік бермесіне күдік те бар:

Биылғы үмітті едік өткен күзден,

Октябрь он жетінші деген сөзден, - дей келе былай қорытынды лайды:

Жан-жақтан ұшпа бұлт көтерілді,

Қызғанып күннің көзін мұңлы бізден.

Келеді басыңа сот қорқытады,

Іліп ап бес-алты ауыз айтқан сөзден.

Мұнда ақын 17 октябрь манифесі, онан соңғы Дума сайлауы және сайлаудан кейінгі қудалау мәселесінің айқын көрінісін бедерлейді. Оны әдемі суреттермен жүрегінде мәңгі қалардай етіп береді.

Қазір "оян қазақ" деп алғаш үн көтергендер Ақаң, Жақаң деп жүргенімізбен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кітабы шыққан тұста олар саяси-әлеуметтік өмірге енді араласып келе жатқан-ды. Олардың алғашқы кітаптары 1909 жылы шыққанын еске алсақ оған әлі екі жыл бар болатын. Мәшһүр кітабы - азатшыл ойды алғаш оятқан кітап. Сондықтан да ол жандармның қудалауына ұшырап, қуын-сүргін көрді. Мәшһүрден соң барып патша жандармдары Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты арыстарымызды түрмеге жауып, жер аударып, туған жұртынан аластай бастады. Ендеше Мәшһүр Жүсіп қазақ поэзиясындағы азатшыл сарынды алғаш алып келген ақын деуге әбден толық хақымыз бар. Сонау әрідегі Дулат, Шортанбай, Мұрат поэзиясындағы "замана зары", өкініш пен мұңға толы ел басына түскен қасіретті жырлау сарынын азатшылдыққа алғаш ұштастырғандардың бірі - Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Мәшһүр поэзиясымен бірге қазақ поэзиясына күрескер рух келді, ұмыта бастаған ұлттық намыс келді. Дулат, Шортанбайлар отаршылдық торынан құтылар жолды таба алмай зар илесе, Мәшһүр оның жолын Ресейдегі мұсылман дүниесінің, түркі дүниесінің бірлестігі деп білді.

Мәшһүр Жүсіп поэзиясының үлкен бір тақырыптық саласы - ғылым, білім, өнер жайы. Ел өміріндегі білім-ғылымның алар орнын оның адамға берер мол пайдасын ақын терең пайымдайды.

Ғылым біл, жұмыс істе оған серік,

Жарлыға мал - бұл ғылым - болар көрік.

Ғылым, білім - өнерсіз ғаріпсізді,

Өлік біл, оны жан деп білме тірік, - дейді ақын "Қалмады ойлай-ойлай басымда ми" деп аталатын өлеңінде. Мұнда ғылымның адамды көркейтер, өзіне өзінің қадір-қасиетін танытатын ғажап қасиетін тілге тиек ете отырып, ел азаматына айналар болашақтың тірегі асқарлы өнер, білім екендігін көрсетіп, оны үйренуге, ғылым игеруге шақырады.

Жастықта ұмтылып бақ ілгері өтіп,

Жұмысың жабдықталсын ерте бітіп.

Қолыңа қармағанмен түк түспейді,

Қалған соң жастық қуат бойдан кетіп, - деген

Мәшһүр ойы кезінде ұлы Абай да айтқан

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деп келетін озық оймен үндесіп-ақ кетеді. Уақытында білім-ғылым іздеп еңбектенбей кеш қалған соң, қанша ұмтылсаң да қолыңа түк түспей, тауы шағылатынын айта отырып, ақын жастықтың жалынды қайратын өнер, білім табуға арнауға шақырады. Білім-ғылымды қарабайырлықпен жимай, сол жиған-тергенді игілікті іске жұмсай білу, халыққа пайда келтіру керектігін айтып, "жұртына білгеннен тисе пайда, ойлайтын халык пайдасын әрбір жайда" - деп шынайы азаматтық жолға салғысы келеді. "Жігіттер өнер алды ғылым-білім" дегенді шегелеп айтады және дүниеге қырағы көзбен қарап, өзіндік ой түюге, одан өзіндік пікір қалыптастырып, өзгеше жол іздеуге үндейді:

Ғибрат ал атқан таң мен батқан күннен,

Шықпассың адам болсаң айтқан жөннен.

Басыңа қайғы келсе қапа болма,

Тарылып, назаланып шықпа діннен.

Болмайды түн күндізсіз, күндіз түнсіз,

"Ай кірсіз", - деген сөз бар "құдай мінсіз".

Бірінен соң бірі бар артық кемсіз.

Ақынның мұнысы жай ғана ақылгөйлік емес, адамды, әсіресе, жастарды қайраттылық, қайсарлылык, шыдамдылық, беріктік сияқты ізгі қасиеттерге тәрбиелеу болып табылады. Бұл ұлы Абайдың "Қайғы келсе қарсы тұр құлай бермей" және "Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас. Жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?" дейтін ғибратты сөзімен үндестік тауып тұрған жоқ па? Екі ақын бір мәселеге екі түрлі келгенімен, заманы бір ақындар өмір мәнін терең түсінетіндіктен адамзатқа ортақ ой күректігі тәрізді қасиеттерді жеңуге жетелейтін ақыл кеңесін әрқайсысы өз биігі тұрғысынан айтқанына қарамастан ұлылар ойы қашанда үндес келетінін көрсетеді. Мәшһүр Жүсіптің ағартушылық ой-идеясы, тәрбиелік насихаты өлендерінде осылайша көрініс табады.

Ақын ойлы сананың төңкерісі, адамдық қасиеттердің дамуы, сол саналы жаратылыстың қоғам өміріне алар тұғырлы орны дейтін мәселелерге де ой толғайды:

Бостан бос бір іс қылмай бекер тұрма,

Біліп қал іс қылсаң теріс пе, оң ба?

Наданның өз басына қылған ісін,

Қылмайды ақылды адам дұшпанына.

Әр түрлі қылып пікір, ойлы сана,

Ғылым білім іздесең болдың дана.

Кісілігі жоқ жанмен үйір болма,

Жолдас болсаң, жолдас бол кісіменен.

Пайдасы көпке тисе, әне кісі,

Ұлғаяр өрге басып оның ісі...

Мағынасы терең өлең жолдарының оқырмандарына қалдырар эстетикалық әсерімен бірге тәлім-төрбиелік мәні де зор. Сыртқы тұлғасымен де, мазмұн тереңдігімен де қалыпты қанатты сөздермен тең тұрғандай.

Ғылыми айналымдағы кейбір көзқарастардың ішінде жазба әдебиетті Абайдан бастау көбірек орын алған. Әйтсе де "бүтіндік бітімін" әдеби мұраларға берген ойлы орамдарымен танытатын ғүлама Әуезов жазба әдебиетті ауыз әдебиетіне еніп жүрген кейбір айтыстардан (Біржан-Сара) бастап, былай деп ой сабақтайды: "Одан бері де жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Ы. Алтынсарин Мәшһүр Жүсіп, Нармамбеттерді алу керек" - дей келіп, Мұхтар Әуезов бұларды "қазақтың көшпелі дәуірінің ақындары" деп санауға тиіс деген тұжырым жасайды да, одан әрі өте бір ғажап, күнды пікірді алға тартады: "Көшпелі дәуір ақындарының бәрінің жайынан айтатын сөз - бұлар өз заманының бел баласы. Олардың заманы - қараңғыда сипалап сенделудің, қиналудың заманы. Ел дертіне не нәрсенің ем екенін білмей, бірі дінді, бірі ескілікті жақтап, бірі орыс ұлығын жамандап, бірі қазақты жамандап, "түпкі дертті" таба алмай жаппай адасқан заман". "Қайшылықты" қоғамда "қайшылықты" ойдың тууы ақылға жат заңдылық емес.

Түптей қарасақ, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтер әдебиетке "зар-заман" ақындарының соңын ала, соларға жалғаса тарихи аренаға шыққандар. "Зар-заман" - келеңсіздіктер кең орын алған, сөйтіп ақындар мен ақылдыларды дағдарысқа ұшыратқан кезең. Сұрақ көп, жауап жоқ кезең. Оған жауапты XX ғасыр басындағы зиялылар іздей бастады.

Ендеше Мәшһүр Жүсіп Көпеев дағдарыстың себебін неден іздеді? Бір ғана себепті айту, бәрін соған арту қате болған болар еді. Бұл тұста қазақ халқын қараңғылық, отаршылдық бұғауы қыспаққа алып, ел пысықтарының қиянат-зәбірі, діннен айрылу, тіл мәселесі және т.б. болып жатқан жайттар шырмауы шыңырау құрдымға тартып бара жатқан еді.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев творчествосын зерттеген ірі ғалым, жалпы XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы әдебиеттің білгір маманы, профессор Бейсембай Кенжебаев болатын. Ол өзінің "Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары" атты еңбегінде Мәшһүр Жүсіпті ағартушы-демократтык бағыттағы ақындардың бірі ретінде қарап, оның Қазанда 1907 жылы жарық көрген үш кітабына жеке-жеке тоқталып өтеді. Ғалым ақынның шығармаларында өз кезеңі үшін өзекті мәселелерді көтергенін, атап айтқанда, ел ішіндегі ұнамсыз қылықтарды, би-болыстарды, патша өкіметінің чиновниктерін сынауын, халықты оянуға, өнерге, оқып жетіліп мәдениетті, іргелі ел болуға шақыруын жоғары бағалайды.

Ақын "Қазақтың қылып жүрген жұмысы" атты өлеңінде қоғамдық-әлеуметтік жағдайда халықтың ұясына "партия" деген шоқ түсіп, ел арасы жыртылып, бүлінгендігін:

Бөлініп жұрт екі жақ партиялап,

Қалмайды ұрғашыдай сол қиялап.

Басқа орын босағадан тимейтін-ді,

Бас қылып, бас жегізіп тәрбиелеп, - деу арқылы жік-жік болып партияға бөлінудің астарында жатқан зымиян құлықты айқын аңғартады. Ақын "басқа орын босағадан тимейтіндігі" деген жолға ерекше салмақ артқан. Бұл арада ол партия боп жік-жапар болғандарды басқарып жүргендердің ел ішіне іріткі салып, содырлыкқа бой бұрған тентек, көрсеқызар жандар екенін меңзейді. Ал оларды сайлаушы жоғарғыдағылар соларды бас қылып, атқа мінер етіп күні ертең ел-жұртқа айтақтамақ ниет ұстанып отырғанын астарлап жеткізеді.

Сол күнде ағартушы толып жатыр,

Шайтан да "памогайтшыл" болып жатыр /36-бет/, - деп ақын "памогайтшыл" деген бөгде сөзді келтіру арқылы қазаққа пәле болып жабысқан партияның түп тамыры қайда жатқанын да тамыршадай тап баса көрсетіп отыр.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев өлендерінің негізгі желісі - рухани оянуға шақыру. Ақынның әлеуметтік-саяси тақырыптарды кең қамтыған күрделі туындысы - жоғарыда тілге тиек болған "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі". Мұнда қазақ халқының қоғамдық ауыр күндегі халіне шолу жасалынады. Отаршылдық-саяси езгінің бедерлі суреті беріледі. Халықтың ауыр тұрмысы ақын тарапынан рухани ояну мен серпіліске үндеген, өмір тұрмыстық, жақсы бетбұрысына шақырған белсенді насихатымен ұштасып жатады. Сонымен бірге ақынның осындай тақырыптас туындыларының өзі діни-философиялық таныммен тығыз байланыста болып келеді. Жоғарыда аталған өлеңінде:

Қараңыз бұлбұлдардың сайрасына,

Бұлақтай тастан аққан қайнасына.

Бас та азат, орында азат, порм да азат,

Еркімен жүрсе әркім деп пайдасына .

Халық қылып атандырды бізді қазақ,

Еркелі көп жұрт смес, өзі де аз-ақ.

Болғанан алты ауызды ынтымақсыз,

Барасың көрінгенге болып мазақ .

Екі үзіндіден де ақынның еркіндікті аңсаған үні мен азатшылдыққа шақырған үндеуін айқын аңғарамыз. Ақын азатшылдық жолын насихаттай отырып, осындай үлкен жетістікке жету жолындағы діннің маңызына тоқталмай әтпейді. Бұған осы өлеңіндегі "Бір ниет дін қамы үшін бастаңыздар", "Дініңді кім қорласа - сол өш-қасың", "Дін көркейіп көзге бір көрінсе деп", - келетін өлең жолдары айқын дәлел бола алады. Азатшылдық, еркіндік идеясы мен діни ұғым бір-бірінен ажырамастай бірлікте үйлесім табады. Бостандық идеясын айғақтайтын төмендегідей екі жол өлең шығарманың тақырыптық өзектілігін айқындаумен бірге, ақынның алдыңғы ойын саралай түйетін түйін сияқты:

Дін мен жалғыз жер емес сұраулары.

Сұраған бостандықта тегіс тәмам.

Оснда тамырлас терең тақырыптар тоғысын тапқан.

Мәшһүрдің "Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста" атты өлеңін автобиографиялық шығармасы деуге болады. Онда ақын өткен бал шырын балалық шаққа, қызықпен өткен жастықтың жалынды күндеріне барлау жасайды. Алғашқы кітаби білімін, жас діни дүниетанымының өсуіне "Сопы Алдияр", "Хиссас-ул-әнбия" сияқты негіздеріне сілтеме береді. Әрі қарай діни оқытушысы жайлы, өзін "мәшһүр" атына ие болуының кейбір себептеріне тоқталып, өсу жолын саралай келе шығармасының шарықтау шегінде "ей, алла, айналайын бергеніңе, Ғибратпен, я шын ықыласпен көргеніңе", - деп өмірінің діни-философиялық қағидаларға негізделген рухани біліммен суарылғанына өз тарапынан шүкірлік білдіреді:

Жұрт білді оқуға үйір-шүйірімді,

Таяндым бала күннен бүйірімді.

Адасып құлынымда туған жұрттан,

Сонан соң таба алмадым үйірімді . - деп өзінің ғылым-білімге ерте үйір болғандығын баяндай келе:

Бірталай мұныменен жеттім жасқа.

Маңдайым болуымен айдай қасқа.

Замандас өзі менен әм ғасырдан.

Қайда жүрсем, жүруші ем бөлек басқа, - деу арқылы жастықта жиған-терген білімінің бүкіл өмір ғұмырына азық болғандығын жасырмайды.

Мәшһүр ақынның өмірінің соңына қарайғы лирикасы терең философиялық толғанысқа толы. Онда тіршілік-ғұмырдың пәнилік шегі бар екендігіне ой жіберу сарыны басым. Ақынның осы орайдағы элегиялық әуендегі туындысы - "Жеткізер құдай, пенде қылса талап" атты өлеңі. Өткен өміріне барлай қараған ақын ақындық талап, дарынның жоғарғы күш арқылы келетінін айтады:

Аузымнан қайтармаймын келген сөзді,

Сөйлесін деп қойыпты тәңірім бізді.

Ол өзінің ақындығы жайынан "Қалмай ма әлі-ақ бір күн Мәшһүр өліп" атты өлеңінде:

Жүзінде жалған дүние көп сөйледім,

Ақылға үйлестіріп дөп сөйледім.

Дүниеден біраз тұрып біз де өтерміз.

Ат қалсын кейінгіге деп сөйледім.

Ал "Бұл бір түрлі сөйлегенім" атты өлеңінде:

Жұмысым өлең жазу менің дайым,

Қылмаймын бұ жалғанда тіпті уайым.

Өзімді өз басыммен алдандырып,

Осындай күйге салған бір құдайым, - деп толғайды.

Ақынның жоғарыдағы аталған лирико-философиялық туындылардында лирикалық кейіпкердің материалды кеңістік әлемінде қажып, азап көруі, жанның еркіндікке бастар жол таппай қапаста қиналуы терең толғаммен сипатталады.

Дүниемен болып жүрмін мен екіұдай,

Әурелік балалығым бұрынғыдай.

Қараумен өз бойыма күнімді өткіз,

Басқаға көз салдырма патша-құдай .

Ақынның осы өлеңіндегі "патша-құдай" тіркесін біз Абай шығармаларынан кездестіре аламыз.

Патша-құдай сиындым,

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме .

Бұл екі ойшыл ақынның діни философиясындағы, танымдық әлеміндегі үндестікке дәлел бола алады. Тек осы сөздің өзінде тіршіліктің тылсымы мен түніксіз болмысына тандана қарау, адамның танымдық мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін, жоғарғы тылсым күш еркі алдындағы мойынсұну сарыны тамыр тартқан.

Терең пәлсапалы ой-тұжырымға толы Мәшһүр Жүсіптің өлендерінің ішінде "Тапсырдым бір құдайға мен басымды" деп келетін "Анама хат" атты шығармасының орны айрықша.

Нұр жауар хақтан рахман иманды ерге,

Талпынар күн-күн сайын өнерлі өрге.

Жүзінде жалған дүние жүрсең-дағы,

 Жатарсың әлі-ақ бір күн кіріп көзге .

Жаратушы деп сенген жоғарғы күшке деген ақынның терең де түбегейлі сезімі былай көрініс табады:

Құдайға шүкір, хақтың пендесімін,

Мейірбан төккен лұтпын аямай-ақ, - деп мейіріміне бөлеген ұлы жаратушыға келесі жолдарда шын ықыласпен ризашылығын білдіре былай дейді:

Ризамын қылған бәрін ием өзі

Жаратқаны, қысқаны - бәрі бір бәс, - десе снді бірде:

Ей Алла, айналайын бергеніңе,

Ғибратпен, шын ықыласпен көргеніңе! - дейді.

Жоғарыдағы өлең жолдарының өне бойынан Мәшһүр Жүсіптің шынайы сенімдік сезімі айқын аңғарылады.

Енді ақынның өсиеттік өлеңі ретінде танылатын туындысы - "Мәшһүрдің ақындығымен қоштасқаны". Бұл мазмұндық жағынан діни-философиялық лирикасының ерекше маңыздысы.

Төмендегі өлең шумағына көңіл аударайық:

Бізді құдай бар қылып қойды жоқтан,

Құтылмаймыз тура атқан қалақ оқтан.

Жамандыкқа келгенде білгіш-ақпыз,

Құлақ - саңырау, көз сөқыр - жақсылықтан.

Осындағы алғашқы жолда ақын танымы бойынша тіршілік жаратылыстың пайда болуы жинақталған, яғни бұнда "құдай жоқтан бар жасады" деген ұғым орныққан. Екінші жолда адам тағдыры кеудеге тіке қадалған қалақ оғына теңеледі, демек мұндағы дүниетаным шеңбері - тағдырдың жазмышы төңірегіне жинақталған үшінші жолда адамзат баласына жалпы тән қасиет-өзгелердің ісі мен өзгесін де тергеуге бейім тұратындығы  шынайы сипатталады да, ең соңында тұлғаның адал іс пен жақсылық, ізгілікті талап еткен шындық, ақиқат алдындағы дәрменсіздігі сынға алынады. Ақын өлеңдеріндегі дүниетаным сипаты осылай бейнеленеді.

Мәшһүр Жүсіптің "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі" атты поэзиялық бағдарламасында ақындық таланттың эстетикалық талғам-тілегі мен осы өнер саласының қыр-сырына терең бойлай барлау айқын көрінеді:

Ар жағынан келген соң судай ағыт,

Тұра алмайды ақындар ауыз бағып .

Поэзия тудыру - ақынға артар жүгі ауыр іс, ол терең дүниетанымдық шеңбер мен сезімтал интуиция, ерекше бақылағыштық қасиеттердің бірлігінен туып, адамның жан дүниесінің қазынасы мен жүрек түкпіріндегі ғажайып інжулерін теруден жаратылады. Ішіне сыймай, буырқана сыртқа тепкен серпінді сұлу қуат-күшті ақын күшпен зорлап бұктырып, оны еріксіз бүгіп отыра алмайды. Тілін тістеген ақын тұншығады, аузын бағу - анық ақынға атымен жат мінез болса, ақынның да меңзеп отырғаны осы.

Талғамы мәнді азамат ақын тіл өнерінің нәзік иірімдеріне терең бойлағандықтан, көп өлеңдерінде әдеби көркем шығармашылық шиырларының шын құпиясын кең ашуға талаптанған. Осы мазмұнды арқалаған Мәшһүр Жүсіптің "Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген сөзі" атты туындысының орны ерекше екендігін атаған жөн. Өлең "Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап", - деп басталады. Осынысымен-ақ ол ақындық өнердің болмыстық сипатын тап басып айтады. Тау бұлағындай бұрқ-сарқ қайнап, тасып төгілмейінше өрелі өнерден туған өрнекті өлең көптің көңіліне жол таба алмайтынына, халықтың құлағына жетпейтіндігіне ақын ерекше екпін түсіре айтады.

Сөйлеген қара сөзді жүндей түтіп,

Жібектен құны артылып кеткен өтіп.

Таланты тасқан ақын хикметін Мәшһүр өте дәл әрі айқын ашқан.  Ақынның сөз қорын  саралап,  жүндей  түткенінде  пайда болатын сөзден соғылған сұлу сурет, көңілде жанды бейнелі тудырып, оқырманына зор эстетикалық әрі тәлімдік әсер қалдырады.

Ақын да, суреткер де, сазгер де өз жан ділін ғана емес, бүкіл халқының біртұтас өткені-кеткенін, бүгінін, елдік псн ерлік дәстүрін, халқының ерекше қасиет-болмысын, кемістігін де бес саусағындай білмесе, бойындағы өнерін бүтіндей ашып, ел-жұртына сый ғып тарта алмас еді. Себебі ақын - халықтың төл баласы. Ел үні мен ақын дабылы үнемі бірге қалықтайды, ортақ мақсатқа бет түзейді. "Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген сөз" өлеңі Мәшһүрдің ақындық өнер жөніндегі танымдық ой-пікірлерінің жиынтығы деуге болады.

Сөз осал болса қалды не қылғанда,

Шақпақтай от шығады шағылғанда.

Көңілдің дәриясында сөз бір гауһар,

Кісісі танып алар табылғанда.

Болмайды сөз болғанмен бәрі тегіс,

Келтірер иесіне кей сөз сөгіс.

Бас қосқан мерекеде жақсы-жаман,

Шешендер - Мәуелі ағаш, сөз - бір жеміс.

Жай ғана өлең шығарудың қарадүрсін тәсілдерін жадағай-жалаңаш тізе берген тынымсыз талап емес, сөзбен сурет салу арқылы оқырманды өлең елкесінің күмбезді сарайына емін-еркін енгізіп, сырларға қанықтыра түседі. Ақын - мәуелі ағаш болса, оның тамылжыған жырлары - тәтті, шырын жемістері. Әдемі сурет емес пе осы?!

Әр жерде бөлек-бөлек жүрген сөзді

Түсірер жұрт көзіне өлең тізіп.

Шынында да бл - өлең қасиетін барынша танытқан тамаша өлең. Сөздердің орнын тауып, ретін келтіріп қолдануға қабілет, дарын талант керек. "Таланттылар өте сирек" дейтін өмір шындығы осыдан қорытылған. Шығармашылық өнер - өнер иелері үшін мазасыз ізденіс, еңбек. Мәшһүр осы ақиқатты екі-ақ жолға сиғызған:

Жаныма тыныштығы жоқ, өзіме қас,

Бұлбұлдай жұртқа жағып, сайрағаным.

Қаншама жылдар бойында Мәшһүр туындылары баспа жүзін қайта көрмей, қатал тиым астында жатты. Оның өнерпаздылығы мен оқымыстылығы қалың жұртшылыққа да, әдебиетші қауымға да белгісіз күйінде қалып келді.

Ақынның ақындық талант, талғамымен өнерпаздық қуатын анықтайтын бірнеше өлең шумақтарына ден қоялық:

Үрген қуың - бүгінгі жұрттың басы,

Бас болса болар еді көздің жасы.

Таққа мініп, басына тәж қойғанмсн,

Иттің кетпес ойынан жерік асы .

Орынсыз жындылық деп күлмегейсің,

Көңілді дүние көріп бөлмегейсің.

Мың түрлі жақсы мінез көрсең дағы,

Кісіге сыналмаған сенбегейсің.

Өте сәтті шыққан ұғымды ой. Мәшһүр өлеңдері мазмұндық терең тағылымымен оқырмандардың көңіліне ұялайды. Тілінің қарапайылымдығы өлең бойына срекше тартымдылық дарытқан. Ғұлама ақынның қылқаламынан туған қыруар дүниесінің қадыры кетпес құндылығы - автордың азаматтық қайраткерлігінен де болса керек.

Түзелер қашан жұрт боп мына қазақ,

Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ?!

Кешегі өткен дәуір де тұншығумен,

Өлуге өлмесек те қалдық аз-ақ .

Осы өлеңі ақынның "68 жасында сөйлеген сөзі" екен, яғни 1926 жылы жазылған, азаттық әпереді дсп сенген Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ баласының ой қорытындысын осылай береді Мәжкең.

Мәшһүр Жүсіптің әдеби мұрасы жайлы ғалым, зерттеушілер идеялық қайшылығы бар деп санап, саралануға келгенде талас тудырмай қойған жоқ. Алайда М. Әуезовтін төмендегідей тұжырымды сөзі әр түрлі орын алған кереғар ой-пікірлерге салынған алғашқы тұсау болды: "Мәшһүрдің ұзақ өміріндегі шығармашылық жолының да талай-талай кезеңдері болған. Соны ескеру қажет еді. Ол кейде патшалықты жақтаса, кейде халықтық сарынға да жақындаған. 1905 жылғы патшаның манифесінен үміт етіп сөйлеген кезі де бар. Бұл тарихтың заңды жайлары, бұндай кезендерді мінеудің қажеті жоқ".

Мұны Мәшһүр Жүсіпті ақтаудан гөрі ақынжанды суреткердің заман салқынының әсерін ескере отырып ақын жанын терең түсінуі деген жөн. Қалай дегенде де әр ақын - заманының төл баласы. Оған сол дәуірдің желі жанасып өтпеуі мүмкінсіз. Бүгінгі өмірдің жайы да соны дәлелдейді. Мәшһүр Жүсіп шығармалары халықты азатшылдыққа, білім-ғылым, ағартушылыққа, еркіндік аңсаған рухқа шақырады.

Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының тақырыптың, идеялық жағын бағдарлағанда түйе мынау: Мәшһүр Жүсіп Көпеев таза діни-ағартушы ақын. Бірақ ақынның діни-ағартушылық идеясы мен азатшылдық идеясы бір-бірімен тығыз байланысты. Олар бүкіл шығармашылығының өн бойына желі боп таратылып жатады.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев өлең толғауларымен бірге мысалдар да жазған. Оларда да жоғарыдағы тақырыптар сөз болып, сол идеялық ой жалғасын табады.

Қазақ поэзиясында үлкен таланттардың бәрінде бірдей кездесе бермейтін мысал жанрын сіңістіруде, өрістетуде езінше үлес қосқан ақындарымыздың бірі ретінде Мәшһүрді де атай аламыз. Мысал өлеңдер аса шеберлік пен талғам, таным терендігін ақын алдына көлденең тартатын қиын өлең түрі. Мұнда әрненің сырына, түпкі шындыққа сілтеме көрсете тұспал жасайды. Қоғамның ең маңызды, күрделі жүйесі мысал бойынан да айқын көрініс береді. Мүнда ақын тарапынан қалың қауымға арналар ғибрат, үлгі-өнегені насихаттау секілді дидактикалық мән басым болады.

Ақынның "Жарты нан хикаясы" атты мысал өлеңі өзінің терең мәнділігі мен айтар өсиетінің өрісімен де құнды. Бұнда бір жолаушы жол үстіндегі сандықка кезіге, қуана аузын ашып, ішіндегі жылтырлап көздің жауын алардай алтынды қолға алғанда, әуелі ол жыланға, соңырақ өсе кеп өзін жұтып-жалмаймын деп өзеуреген айдаһарға айналып шыға келеді. Әрі қарай сюжет желісі дами келе жолаушыға отыз кісінің жолығып, көмектесуге дәрменсіздік танытқаны, осыдан кейін жолықкан бес адамның тағы да басын қалқалағаны; ақыр аяғында жолаушы:

"Кеттім  ғой  су түбіне!" - деп тұрғанда.

Селтеңдеп бір жарты адам шыға келді.

Назар аударуға тұрарлық ерекше образ - жарты адам ақыл-айласымен айдаһарды қайта сандыққа кіргізсді. Сонда жолаушының жарты адамнан жөн сұрағанда оның қайырған жауабы мынадай болды:

Жамандық алтындай боп түсер көзге,

Қызықты нәрсе жоқ боп онан өзге.

...Жамандық қайдан туар, тілден туар,

 Әркім де ақыл болса тілін буар.

Шығарсаң айдаһар боп сені қуар.

Алғашқы екі жолда жамандықтың алтындай боп жататынын айту арқылы Мәшһүр Жүсіп адамның жарқыраған жалған бейнелерге кызығып, шындықтан аулақтап, әрдеңенің соңынан ала опық жейтін мінезін міней көрсетеді. "Басқа пәленің тілден екендігін", ойланбай айтқан сөздің ала жіппен шырмайтын абақтылық қасиетін андатады. Осыдан келіп, ақын азаматтық адамгершілікті, имандылықты дәріптейтін жолдарды "жарты" образы арқылы айтады:

Оразаң отыз күнгі - отыз кісің,

Бес кісі - бес намазың білемісің.

Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,

Бұлармен дәнемеге келмес күшің.

...Танып қой, танымасаң мен боламын,

Дүниеде қылған қайыр - жарты наның!

Мұнда ақын отыз күндік ораза, бес уақыт намаз секілді діннің ғибраттарынан қайырымдылық істің әлдеқайда артықшылығын айтады. Мұнысы арқылы ақын діннің жалаң ғибадаттары мен шынайы кісілік мінез, іс-әрекеттің бірлікте болып, байланысының үзілмеуін насихаттайды. Осының астарында дін шарттарын мүлтіксіз орындайтын, әйтсе де жан адамдықтан алыстай түскен жандарды ізгілікке шақыру сарыны барлығы айқын. Өмір-тіршіліктен байланысы үзілген діннің адамға берер маңызы жоқ. Себебі өмірдің өзі - дін. "Дін" деген ұғымның өзі адам баласын жақсылыққа үндеудің құралы ретінде жасалған дүние, ал шын мәнінде өмір - ол ешбір "дінсіз", өмір сүрудің мақсаттарынан шығарған біздің әр түрлі атауға ие заңдылықтарсыз-ақ өз-өзінен ешнәрсеге тәуелсіз гармониялық үйлесімдегі дүние. Әрқандай адами ұғымдағы зандылықтар тек адамзат баласының игілігіне орайластырыла жасалған сананың ісі. Егер "дін" атауы жоқ болса да өмір-тіршілік, адамдық қарым-қатынас одан құлап қалмас еді. Ендеше өмірдің өзіндік, ешбір кедергісіз ағымы- дін.

Мәшһүр Жүсіп айтқан діннің ғибадаттары мен өміріндегі адамдық істің бүтіндігі, бірлігі, әсіресе екіншісінің алғашқы ұғымнан үстемдігі - діннің осы өмір ағыстарының иірімдерінен туатындығында. Турасы бір-бірінен туындауында емес, бір-бірімен ажырамастығында. Бұл кез-келген кісі мәнін бағамдай бермейтін, әйтсе де өте қарапайым өмірлік пәлсапа. Мәшһүрдің өлендері оқушысына берер осындай терең тәліммен де құнды.

Мысал өлеңнің табиғи болмыстық ерекшеліктері негізінде осы өлеңнің аяғында Мәшһүр өзінің авторлық көзқарасын түйіндейді:

"Дүниеде қылған қайыр-ықсанның" тар жол тайғақ кешуде пана болатынын аңғарта, жас өркенге бағытталған философиялық мәні терең, тәірбиелік тәлімі ғажап салмақты ой тастайды:

Бозбала, бір көрерсің өмір бетін,

Тіл алсаң өлім бетін көрмей күтін.

Өлімнен күні бүрын күтінбесең,

Бұрқылдап әр тесіктен шығар түтін.

Түтіннің не болатынын көрдің бетін.

Қайыр, ықсан, сауапты жарты қылмай,

Қыла гөр күні бұрын соны бүтін!

Ақын адамзатқа өмірдің екінші жағы - өлімді білдіру арқылы шынайы адам болуға шақырады. Оның "өлім бетін көрмей күтін" деуінде терең тәлім жатыр. Мұнда өмірлік дүниеден бөтен бақилық өмірдің барлығы сеніммен айтылады. "Күтін" деуі арқылы адам санасынан биік, өресі жетіп, анықтай бермейтін құпиясы мол әлемге барар екі аралық өмір тынысында адамның саналы жұмысына, ізгілікке толы іс-әрекетіне сілтеу жасайды. Адам түсінігіндегі "тозақ" пен "жәннаттың", ал шындығында адам ойындағысынан мүлдем бөтен, сананың шектеулігінен ұғыныла бермейтін әлем болмысының барлығын ескертеді. Соңғы шумақтан "түтін" сөзінің өз бойына талай мазмұнды арқалап тұратындығын аңғару оп-оңай. Ол адамның адамгершіліктен ауытқыған алғашқы адымынан-ақ қылаң берер жамандық атаулының нышандарының символдық белгісі іспетті. Өте қысқа, дегенмен, айтары мен берері мол құнды туынды.

Мәшһүрдің "Мәшһүр Жүсіптің ала қарғамен айтысы", "Аңқау адам туралы", "Сәйгелді, сона, бөгелек туралы", "Шайтанның саудасы" және т.б. мысал өлендерін мысал жанрына жатқызуға болады.

"Мәшһүр Жүсіптің тырнамен айтысы" құрылымдық жағынан айтыс үлгісіне жақын. Мұнда ақын тарапынан қойылған өмірлік мәнді сұрақтарға ауыл үстін айналып ұшқан тырна-құс толымды жауап қайырып жатады. Ақын осына тырна бейнесі арқылы елдің тұрмыс-жағдайынан жете хабардар азамат бейнесін көрсеткісі келеді. Айтыстағы қарсыласы тарапынан өзіне деген жайсыз емеурін байқала бастағанда, яғни оның надандығын, айтқанының ақиқаттан аулақтығын бетіне баса айта бастағанда тырна-кейіпкер Сүлеймен пайғамбар мен тоты құс жайындағы оқиғаны әңгімелеуге бұрылады. Бұл сюжет алдындагы сюжеттік желімен ішкі семантикалық байланыста баяндалады. Бұнда қоғамдық өмірдің өзекті мәселесі қозғалады.

Мен торға түспейін деп аспанға ұштым,

Сізбен емес, баламен ерегістім.

Жер жүзін өрт алыпты тегіс күйіп,

Көздей жер сау көрінеді, келіп түстім.

Көрінген өрт боп маған сор екен сол,

Бір тосу хақтан даяр түр екен сол.

Сау жер болып көрінген титтей ара.

Балалар құрып қойған тор екен сол.

Бұл еркіндіктің бағдарын білмей торыққан құстың еріксіз торға түсіп, Сүлеймен алдынна келгенде айтқан сөзінің сыңайы. Осы өлең өзіне екі сюжеттік желіні арқау еткен. Екіншісі алғашқы Мәшһүр мен тырна қақтығысының шегінен туындайды. Тырна бүкіл өлең бойында отты тілімен терең, мазмұнды ойдың иесі болып көрінеді. Мұны Мәшһүрдің: "Не кердің бұл жалғанда, нені білдің?" - деген сұрағына тырнаның қайтарған жауабынан көреміз:

Біз келдік шөбі тәтті жерлер бар деп,

Жұртқа айттық: "Қыс келеді, күзем ал!" - деп.

Үстінен әр ауылдың бір айналып,

"Қазағым, жаман болма, жақсы бол!" - деп.

Тырна бейнесі ел басына төнген ауыртпалықтарға назаланып еліне емірене үндеу айтқан халық зиялыларының бейнесін танытатын сияқты. Мұнда Қазақ жерінің талан-таражға түсіп, күйі қашқан қысылтаяң сәті ешбір бүкпесіз берілген. Еркіндігінен еріксіз айрылған ел іргесінің бүліншілікке ұшырауына түрткі болған кім деген сұрақтың туары шындық. Ақыннын бағамдауынша оған негізгі қозғаушы күш болып отырған "өз тамағы тойған соң қисық жаққа бұза шыққан" төрелер, "ат айғырды қан сорпа қылып қырып-жойып жүрген" ғаділетсіз хәкімдер.

Құрметті ел билеген хәкімдер де,

Жыландай зәрін төгіп сорып жатқан.

Бас салып мұңлы-зарлы кем кетікті.

Бүркіттей тырнағаман бүріп жатқан.

Ақын билеуіндегі хәкімдер бейнесі ап-айқын. Момын халқын сорып жатқан улы жылан, тырнағымен бүріп жатқан бүркіт тектес хәкімдер жауыздықтың символындай, озбырлық пен азғындықтың біртұтасқан жиынтығындай. Нақ табылған, тап келген теңеу деп осындай айтса керек.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев - негізінен діни-ағартушы ақын. Шығармашылығындағы басты желі діни таным төңірегін өрбіп жатады. Әйтсе де ақын өлендерінде "дін" ұғымы қандай мақсатпен үйлесім тапты? Шығармашылық мәдениетінде дінді тұғыр еткен кез-келген ақын, сөзсіз оның танымдық, тәрбиелік негізін арқау етеді. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығының арқауындағы дін оның әрбір айтар ойына, толғамына тірек қызметіне атқарады. Бұл арқылы ақын шариғатты, дін табиғатын насихаттамайды. Әрине, оның ислам дінінің бес негізін (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық) дәріптейтін "Бес парыз" деп аталатын және осы сияқты өлеңдері бар. Бірақ ақын негізінен діни тақырыпты қиссаларына арқау еткен. Оның "Жер мен көк", "Хаятбақшы", "Миғраж", "Пайғамбардың дүниеден етуі" секілді дастандары таза діни түрғыдан    жазылған, демек, біздің діннің табиғатын насихаттамайды деген ойымыз Мәшһүр Жүсіптің өлендеріне ғана қатысты айтылған шартты түрдегі түйін. 1997 жылғы "Ислам әлемі" журналында жоғарыда аталған "Бес парыз" атты туындысы жарияланып, оған түсініктеме берген Ертай Мәшһүр Жүсіп Көпеев шөбересінін ақын өлсндеріндегі дін тақырыбы жайлы материалына көңіл аударайық: "Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің дін тақырыбына көп жазғанын зерделегенде, алдымен оның есебіне біраз үңілу керек. Мәшһүр Жүсіп алғашқы өлеңдерін жазып, әдебиетке араласа бастаған шағы XIX ғасырдың соңғы ширегіне дөп келеді. Бұл патшалық Ресейдің қазақ елін отарлауы белең алған кез еді. Жердің ең шұрайлысын келімсіктерге беру арқылы тек эканомикалық емес, рухани қыспақта дендеп ене бастады. Соның бір дәлелі, К. Исабай, Байжан атаның "Қажыға барған қазақтар" кітабында келтірілген 1905 жылы жазылып, он үш мыңдай адам қол қойып патшаға жолдаған "Қоянды құзыр хатындағы" мына бір шағын сөздер: "Орыстандыру саясатының салдарынан қазақтардың діни-рухани істер жөнінен көрген қыспағы соншалық, олар әкімшіліктің рүхсатынсыз тырп ете алмайтын халға жетті. Мешіт салуға, мұсылман мектептерін ашуға, Меккеге қажыға баруға тағы сондайлардың бәріне рұхсат беру яки бермеу құқығы заң жүзінде тек әкімшілік билігінде болды. Ал іс жүзінде мешіт салу медрессе мен мектеп ашу жөніндегі тілек-қағаздар көбіне жауапсыз қалып жүр. Соңғы уақытта қазақтардың діни-рухани істер жөнінде көріп жүрген қысым-қыспақтарының бәрін тізбелеп айтып шығудың өзі қиын. Діни наным, ождан мәселесіне бей-жай қарай алмайтын халық бұқарасының діни көзқарастар төңірегінде әкімшілік тарапынан жасалып отырған әлгіндей зорлық-зомбылық әрекеттердің аяғы ауыр зардаптарға әкелуде". Осыған сүйене отырып автор төмендегідей: "Мұндай жағдайда дінге насихаттау, халықты Аллаға құлшылық".

Туған халықтың ұлттық тірегіне, тұрмыс-жағдайына ауадай қажет маңызды құндылықтарды сидырған, жақсы болудың негізі - көзі ашықтық, көкірегі ояулық, надандық құрсауынан босанып білім-ғылыммен сусындау, адамдык асыл қасиеттерді бойына жинақтау, діни білім игеру. Ақынның азатшылдық, діни-ағартушылық көзқарастарының мысал өлеңдерінің де арқауынан орайын тауып көрініс беріп жатқандығын аңғара аламыз. Замана келбеті:

Халайық: аманы бар жаманы бар,

Көп малдың жүйрігі бар шабаны бар.

Біреу жылап, біреулер күлген заман,

Жан бола ма тоймайтын табаны бар? - деп Мәшһүрдің өз тарапынан тікелей білдіріледі.

Бұл өлеңдерінде ақынның таза діни көзқарастары да жүйесін тауып орныққан. Тырнаның:

"Табанды, тұрақтаулы жалғыз Қудай",

"Түр тауы - Мұса көрген хақтың нұрын, бейіштен құл алар орын",

"Бір тосу хақтан даяр түр екен сол" және Мәшһүр сөзіндегі:

"Сөз басы - құдай сөзі" - деген жолдар осыған дәлел бола алады.

Ал Сүлеймен пайғамбар мен тоты құс арасынан өрбитін оқиға да айтар моральдық талабының құндылығымен ерекшеленеді. Тотының шатысып торға түскен күйінен - көзі кірсеуленіп, қараңғылықтың, "азапты оттың" ішінде жүріп күйзелген халықтың еркіндікке апарар жол таппай торыққан, одан бодандыққа еніп қапаста қалып қайрылған аянышты халін сезіне аламыз. Қалай дегенде де Мәшһүр ақынның өзінің шығармашылығына тірек - азатшылдық идеясын барлық туындыларында жалғастыра дамытып отырғандығын байқаймыз.

Ақын өлеңдері көркемдігі жағынан да көштен қалып, ақауыл таныта қоймайды, қайта шығармашылык карымының қанаттана түсетіндігі анық. "Қарапайым" мен "көркем" деген ұғымдар үйлесімділік тапқан. Қарапайым ақиқатты көркем жеткізіп, көркемдік кілтін қарапайымдылықтан тапқан.

Мәшһүр Жүсіптің қазақ халқы жай-күйіне айрықша тоқталған өлеңі: "Сәйгелді, сона, бөгелек туралы". Мұның қысқаша мазмұндық желісі аталған сәйгелді, сона, бөгелек секілді жәндіктердің өздеріне көбелекті халфе сайлап, мекен-жай іздеп дамыл таппай төңіректі кезуінен өріс алады да, әрі қарай сәйгелдің сиыр сауырынан, сонаның түйе терісінен, бөгелектің жылқыдан жай тепкендіктерін айтады. Ақын мысал бойынан көрініс тапқан аңдар мен ұсақ жәндіктерді мысалға ала отырып, ел тұрмысының келеңсіз тұстарын әшкерелейді, соған жаны күйзеле толғайды. Үшеуге халфе болған көбелектен ел ішіндегі арамза молданың бейнесін танимыз:

Қазақтың молдасы көп көбелектей,

Жүреді қайта от болса төңіректей.

Дайын жоқ, тұрақ та жоқ, ойсыз, мисыз,

Ұшты тек жел болса, ебелектей.

Отты айналып ұшқан көбелекті бейнелеу арқылы жемтік іздеген, ел қамы, халық қамын ойламайтын елді сорғыш молдаларды келемеждейді.   Ендігі,   казақ   халқының   соры   білімі аздығы екендігін айта отырып, сол халден өрісін кеңітіп, етегін кең тұрпайы теріс мінез-қүлықтарды сынға алады.

Ісінде береке жоқ, сәйгелді қуған сиыр секілденіп, қысы-жазы олай-бұлай шапқылағанды жаны жарататын; өнер ізденген сыңай тарнытып, белін буып далаға, қалаға сона қуған түйедей бітірген ісінің берекесіздігін; бөгелекке шырмалып ештеңені сезбей, керегіне ұмылмай, төңірегіне зерделі көзбен қарап, әрдеңенің сырына үңілмей басты шұлғып, қалғып үйренген жылқы мінезділігін жаны қинала өлеңге қосады. Аталған өлеңінің кульминациясында елдің енжар-бейжай қалпына қиналып, халқының кері кетірген қисық қылықтарын аямай-ақ әшкерелейді.

...Қазақтың хаққа мағлұм білімі азы.

...Өнерден қазақ қолды ерте жуған.

...Талап қып ұмытылмайды не керекке.

Көз салып қарамайды төңірекке.

Әрине, бұл елін сүйген ақын-жүректің жұртының әлгіндей жаман мінезі үшін жаны ауырғаннан толқып шыққан сөзі. Бұл секілді өзі өмір сүрген дәуір, заман легіндегі халықтың рухани деңгейі, мәдениетіне көңілі толмаушылықтан талай ақындар елдің кейбір кертартпа мінездерін тілге тиек ету арқылы жақсы мұратқа шақырған жоқпа?!

Ғұлама ақын Абайдың

Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі хан бірі май боп енді екі ұртың.

өлең жолдары осындай жайдан туған жоқ па?

Осындағы Абайдың "Жақсы менен жаманды айырмадың" деуінде елінің еңсесін басқан ездігі мен жаманына қайғырып, қамын жеген асыл азаматтың үні бар емес пе?! Сол секілді Мәшһүр Жүсіп те қазақ елін бүкіл қараңғылық қыспағынан шығып, болашақтың жарық күніне ұмтылуға шақырады.

Мәшһүр Жүсіптің тәлім-төрбиеге бағытталған өлеңінең бірі "шайтанның саудасы". Оқиға Ғайса пайғамбардың базарға жол алып бара жатқан керуеннің басында бес есек пен он қашырға толы жүк артқан шайтанды кездестіргендегі диалогтық қақтығыстан дамиды. Оқиғаға негіз болған образдардың бірі Ғайса пайғамбар, екіншісі - тылсым жауыздык пен зұлымдықтң символы ретінде таныс, діни кітаптардағы құдайдың қарғысына ұшыраған мақүлығы - Ібіліс, Лағын деген атаулармен де белгілі тұлға - Шайтан. Ақынның мұндағы жақсылықтың тасымалдаушысы мен жамандықты жаратушысын бір-бірімен сөз қақтығысына салу арқылы шығарманың айтар ойы мен идеялық мақсаты айқындала түскен. Шайтан образын сомдауда Мәшһүр Жүсіп Көпеев оған діни көзқарас түрғысынан келмей, оның қастық пен жауыздықтың бейнесін бейнелеуші күш иесі ретінде көрсетеді, сол арқылы адамдар арасындағы алауыздык, зүлымдық, қызғаншақтық, өтірік, ғайбаттық өркен жайғандығын айтып ел ішіндегі халықтың іргесін сөгілтіп іріткі салғыштарды өткір сынға алады. Онысы мысал жанрының табиғатына сай, орынды шыққан.

Зұлымдықтың сипатын ақын зұлым күш иесінің өзіне айтқызады:

Жұрттың тыныштығын, бүтінін ойлаймын,

Саламын бас қосылған жерге бүлік, - дей келе артқан жүгінің сипатын саралап беретін де өзі:

Артқаным бір есекке ылғи жалған өтірік жоқ мұнан қалған

...Жүгім бар бір есекке мекер-хайла,

Мұнымнан келтіремін үлкен пайда

...Күншілдік бір есекке тиеп артқан,

Жібек кендір арқанмен буып тартқан.

Базарға мұнан бұрын көп барғанмын,

Жерім жоқ бұл саудадан залал тартқан .

Артқаным бір есекке өңкей зорлық,

Көрінген бір жерім жоқ ешкімге жек.

Мастанып артқандықтан тәкәппарлық

Жүре алмай бара жатыр мынау есек .

Жер бетінде адамдар арасында белең алған жаман қасиеттердің сипатын ақын "шайтаннан қылды сауда көтерме алып, орнына бұлар жүрді шайтан қалып деген жырлармен аша түсксн. Өлең соңында ақын діни - ағартушы ретіндегі ақындық салтынан "Дін қайда, осы күнде ғылым қайда?" - деп жар салады. Осы өлеңде Мәшһүр Жүсіп өз жанына қатысты мынандай ой айтады:

Хақылықта, туралықта тұрамын деп,

Жалғанда жалғыз қалдым жанға жақпай .

Мұны Абайда айтқан жоқ па еді? "Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным" - деп. Өлең өрнегінің мазмұндық мәніндегі осындай үндестік Мәшһүр мен Абай шығармашылығының идеялық, жалпы ақындық болмыстарын да жақындатпаса, алыстатпайды.

Мәшһүр Жүсіптің мысал өлеңдерінің кейбіреуіне саралау жасай келе түйгеніміз - бұл жанрда да ақынның діни ағартушылық шеңберінен алшақтамай, қайта сол тенденцияны жалтастыра, өрістете түскендігін аңғарамыз. Мысал жанрдың ішкі табиғатына сәйкес діни ағартушылық идеяларын тікелей емес, жанамалай, тұспалдай жеткізеді. Акынның бүл саладағы өлендері ақынның творчестволық шеберлігі ұшталған сөз өнеріндегі шарықтап, биікке көтерілген өнерін андатады.

Ақын шығармашылығының құндылығы да әлгіндей мәнді ой, мазмұнды пәлсапалық арқалаған терең идиялық және күрделі тақырыптың жүйесіне байланысты.

 

АҚЫН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ

 

Кез-келген өнер өлкесінде танылып жүрген жеке тұлғаның қай салада болмасын өзгеге ұқсамайтын, тек өзіне ғана стильдік қолтаңбасы анықталады. Ендеше сөз өнеріндегі қаламының қырымын айғақтайтын өлеңдері мен өзіндік стилін қалыптастырған ақынның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев болса, ол бойына қандай қасиеттерді жинақтайды. "Сөз сөзге сәулесін түсіреді" деген атақты теоретик ғалым Потебняның өлең өнеріне қойған негізгі критериі Мәшһүр ақынның өлеңдерінде қалай өрнектеледі. Әдебиет теориясында әр түрлі көркемдік әдіс-тәсілдердің түрлерін қолдану арқылы ақын өлеңдеріне қандай эстетикалық мән үстей алады?

Мәшһүр Жүсіп шығармаларының көркемдік тарапы, ақынның тілі - әлі зерттеуін күтіп тұрған мәселелердің бірі. Кейбір ғалымдар Мәшһүр Жүсіп жайлы жазған ғылыми-зерттеу мақалаларында аз-кем аялдағаны болмаса, арнайы зерттеу обектісіне айналдырып, толыққанды зерделеу ісі бұл салада жоқ десек артық айтпаған боламыз.

"Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің келіп құйылар арнасы, әдебиет туралы ғылымның ең басты және өзекті мәселесі - образ және образдылық. Образдылық - суреттілік, сөздігі сурет".

"Әр сөз, - дейді Потебня, - қалай болғанда да өзінің поэтикалық шығарма қалпын бастан кешіреді" . Яғни әр сөздің түп төркіні - зат, сурет, образ. Сонымен бірге А.А. Потебня керкем әдебиетте сөздің тек қана мағынаны, авторлық идеяны жеткізіп қана қоймай, оның өлеңінің көркемдігін, формасын белгілейтінін айтады. Демек, өлең құрамындағы бір ғана көркем сөз бүкіл өлең желісін көркемдігіне ықпал жасайды. Суреткерге көркем шығарма тудыруда, сөз таңдау, сөз қолдану, сөз әсемдеу секілді бірнеше үлкен міндеттер жіктеледі. Осы үшеуі де ақын немесе суреткердің шығармасына арқау еткен тақырыбының табиғатына тікелей байланысты жасалады.

Ия, көркем туынды оқырманын эстетикалық та, тәлім тәрбие әсерге бөлеу үшін ондағы сөздер бір біріне сәулесін түсірер әдемі үндестікте және сөздер бір біріне сәулесін түсірер әдемі үндестікте және сөздер арасында диалог болу керек. Шығарма бойында оның көркемдігіне кедергі болар артық сөз болмауы және жүйелі орнын тапқан жүйелі сөз өзге сөздермен үйлесімді әдемі сөз әлемін жасау керек.

Көркем шығарма табиғатына бойласақ, көптеген ғалымдар арасында осы көркем туындының мазмұндық жағы мен көркемдігінің қайсысының маңызды екендігіне байланысты боп келеді. Біреулері мазмұн - алғашқы десе, енді біреулері - пішін дейді. Әйтсе де шынайы көркем шығарма үшін мазмұн мен пішіннің үндестігі ауадай кажет. Екеуінің бірсеуі ақсап жатса. Ол толық, бүтін шығарма болмақ емес.

Шығарма негіз болған тақырып, идия тереңдігі оның мазмұндық жағын құраса, суреткер үшін шын өмірлік мазмұнды сенімді, шынайы түрде көркемдікпен жеткізе алса, көркемдік пен мазмұн үйлесім құрады. Демек, мазмұн мен форма бүтін бір құбылыстың екі жағы болып шығады. Академик 3. Қабдолов мазмұн мен пішінге былай анықтама береді: "Шығарманың мазмұны - оның ақиқат, шындықка негізделген тақырыбы мен идиясы да пішіні - әдеби каһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжтеі, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі кұрал - суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі" .

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ақындық әлемінің көркемдікке жетелер есігін қағар алдындағы шегініс ретінде, жалпы ақын табиғаты, талант   тұрпаты дегенге тоқталып өткен артық емес.

Ақын сипаты туралы ақын Қ. Мырзалиев былай депті:

"Айтамыз біздер ақын деп,

Адамды шоқ боп мазадаған.

Ақынға керек ақыл көп,

Асаулық керек аздаған"

Ал енды А. Тоқмағамбетов:

"Тебіренген ойдың түбі терең жатсын,

Әр шумақ өзіне сай теңеу тапсын.

Ұйқастар ұйқы-тұйқы бола салмай,

Әр ырғақ өз орнында бебеу қақсын!" - деп ақындық сырына үңіле де, талап қоя сөйлейді.

Шындығында да алғашқысындағы ақын табиғаты мен екінішсіндегі оған қойылар талап та талант болмысына өте-мөте тән қасиеттер.

Өмір негізін, шындығын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты идеялық түрғыдан қаншалықты дәрежеде аша білген дегенге алғашқы тарауда аз-кем тоқталдық. Ендігі шындықтық көркемдікке айналуында Мәшһүр Жүсіп Көпеев бейнелі сөздің қандай үлгілерін қандай шеберлік биігінде құра білді дегенге жауап іздеуге талаптанып көреміз. Көркемдіктің, әсемдіктің қайнары - қоғамдық, адамдық қатынастан ғана туындайтын қажеттілік. Сондықтан да орыстың атақты теоретик ғалымы Н.А.Гуляев сөзімен айтсақ, "Предметом искусства и литературы является действительность все отношения к человеку" болып шығады .

М.Ж.Көпеев шығармаларын оқып танысқан оқушысының ең әуелі байқайтыны ақын тілінің біршама халықтық тілге жақындығы. Ақынның бүкіл шығармашылығында үстемдік құрған өлең түрі - қара өлең. Халықтық поэзияның бұл өлең өлшемі авторға шығармаларында жоғары екпінді сеніммен оқушысымсн идеялық байланыста болуға және ақынның өмірлік шындықты баяндау тәсіліне өте бейімді болып келеді.

Ақынның поэзиясы өзінің стильдік жүйесінде тілдің әр түрлі лексикалық коммуникативті деңгейінде түсінікті де орынды қолдана білуімен ерекшеленеді. Метасемантикалық функционалды лексика, теологиялық негіздегі символдық образдар, діни мифологиялық, діни психологиялық мотивтер Мәшһүр өлеңдерінің көпшілігінде кездесіп отыратындығымен, ақынның исламдық философия ағартушылық тенденциясында қалыптасқан ойлау жүйесі мен берік дүниетанымының жанама куәсі болып табылады. Мәшһүр Жүсіптің діни өміртанушылық рухы мен танымы айқын аңғарылатын өлендеріне "Қара өлең", "Үш рет сөз", "Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі", "Адам екі түрлі", "Қалмады ойлай-ойлай басымда ми", "Түркістан, Ташкент сапар хикаясы", "Жылым - қой тауық жылы мен үш жаста", "Мәшһүр атты қалай алғандығы туралы", "Анама хат" сияқты өлеңдер жатады.

Мәшһүр Жүсіп шығармаларының басым көпшілігі құрылымдық жағынан сюжетті-баяндау тәсіліне құрылған. Бұл оның өз өлеңдері арқылы халықтық сананың калыптасуы мен таным түсінігіне ықпал жасауында моральды-дидактикалық қызмет атқарады.

Мәшһүр шығармалары тек идеялық-тақырыптық жағынан ғана қазақ әдебиеті антологиясына қосылған мол мұра болып қоймай, сонымен бірге көркемдік ерекшеліктерімен де ескерусіз қала алмайды, ал ақын ретінде творчестволық биікке көтерілген, өзінің әдебиеттегі әсемдік әлемін, өрісті өлеңімен өзінің ақындық портретін орнатқан ақынның әдеби мұраға қосқан көркем дүниелерімен де ерекше бағаға лайықты.

Кейінгі жылдары Мәшһүр Жүсіптің әдеби мұрасын мерзімді баспасөз беттерінде жариялап, оқушы қауымға ол туралы кеп мағлұмат беріп жүрген зерттеуші ғалымның бірі Сәрсенбі Дәуітұлының ақын жайлы пікірін С.Сүтжанов өзінің Ғылым Академиясының "Хабарлары" журналында жарияланған мақаласында тілге тиек етеді: "Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлендерінің айрықша бір қасиеті - қарапайымдылығында. Ол айрықша бояу, тыңнан жаңалық іздемейді, жұртты таңырқата қояйын деген ой ында атымен жоқ. Тек өз өлеңдерінде шындықты айтып халық қамын білдіреді" .

Ақын өлеңдерінің көркемдік сипатын айқындауға ақынның өз өлеңдері көмектеседі. Көркем шығарманың көркемдік деңгейі ақынның, суреткердің қиялының ұшқырлығына байланысты. Ал, "көркемдік қиял шындық пен шарттылықтың бірлестік-тұтастығынна негізделеді. Ол - көркемдік ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын. Болуы мүмкін нәрселерді, жай-жағдайларды қиял арқылы елестеу қабілеті, бейнелеп көрсету тәсілі" .

Ал "неғүрлым жазушы қиялға бай болса, соғұрлым шығарма сөзі пікірлі, әсерлі болып шықпақ".

Ендігі көркемдік түрге келсек ол - "әдеби шығармадағы мазмұн, мағыналық, ондағы ой-сезім байлығының сөзбен мүсіндеп жеткізілген қалпы, алуан түрлі суреттеу тәсілдерінің біріккен жүйелік тұтастығынан туатын шығарманың көркемділік қуаттылығы" .

Жазушының өмір шындығына бойлауы, оны сезініп-түсінуі және сол шындықты сөзбен мүсіндеп жеткізу шеберлігі - осы екеуі көркемдік түрдің жасалу шарты. Көркемдік келісім жоқ жерде өнер шығармасы өмір сүрмейді. Көркемдік - өнер туындысының салалық көрсеткіші.

"Поэзия - сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі, оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдык құбылыстарды бейнелеп көрсетер зор мүмкіншілігі бар. Поэзиядағы, өлең-жырдағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қабылдаудан туады". "...Бейнелеп айтуға, сұлу сурет жасауға бейімділік өлең тіліне ең бір тән қасиет" .

Көркем, бейнелі сөздер әдеби шығармалардың мазмұнын аша түсуге, онда айтылар ойды әсерілеп жеткізудегі ссебімсн өте маңызды. Көркемдеуіш сөздердің көпшілігі метафора, эпитет, теңеу, метонимия, символдардың бәрі - екі құбылысты бір-бірімен салыстыруға, бірінің сипатын біріне ауыстыруға негізделінеді. Әрине, өлеңдегі осындай ұқсастыру, балаулардың   жайдан-жай қолданылмасы белгілі.

Әлдеқандай бейнелі сөздердің арттырудағы орындары ерекше, ол ақынның қолдану шеберлігіне байланысты. Осы завдылыққа біз Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің көркемдік қырларын бағдарлау барысында көз жеткіземіз.

Енді ақын тілінің ерекшелігін бағамдау үшін, оның көркемдік сөздерді қолдану әдісін байқау мақсатында әр бейнелі сөздің ақын шығармашылығындағы қолданысына жеке-жеке тоқталып өтеміз.

Ең әуелі ақын тіліндегі метафоралардың сипаты қандай дегенге жауап іздеп көрелік. Осы терминнің әдебиет теориясындағы арнаулы анықтамасы төмендегідей: "әдеби тілдегі құбылтудың ең басты түрі - ауыстыру, яки метафора (грекше теіарһога - көшіру) - сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай түсу үшін, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту".

Ақынның "Мәшһүр сөзді киіндіріп, жұрт көзіне түсіргені" атты өлеңінде мынандай метафоралық қолданыс бар:

Болғанда ақыл - дария, ауыз сабап,

Сөз гауһар сол садаптан алған жарып .

Сөз өнерінің ерекшелігін баса көрсеткісі келген ақын ақылды дарияға, ауызды садапқа, сөзді гауһарға ауыстыра бейнелейді. Сөзді алтынмен ауыстыра қолдану көркем туындыларда жиі кездеседі, ал ақын гауһарға балау арқылы сирек кездесетін бейнелі көркем сөз жасаған. осыған ұқсас тағы да:

Болғанда ұшсыз ұзын, түпсіз терең,

Таусылмас, шашсаң көңіл бір кем.

Мұнда байқап қарасак, метафорамен күрделенген эпитет іргелес келіп, өлең жолдарына айрықша эстетикалық бояу мен ырғақты келісім беріп тұр. Бір ғана "көңіл" сөзі метафораланып қана қоймай өз мәнін айқындап күшейте түскен эпитет жасайтын анықтауыш сөз формасына түскен, яғни ұшсыз ұзын, түпсіз терең; жай ғана ұшсыз, түпсіз емес, анықтауыш сөз өзі де анықтала түсіп, "көңіл-кеннің" мәнімен үйлесімді келіп тұр, демек түпсіз терең, ұшсыз ұзын кен. Өте шебер жасалған көркем сөз.

Ақын:

Болмайды сөз болғанмен, бәрі тегіс,

Келтірер иесіне кей сөз сөгіс.

Бас қосқан мерекеде жақсы-жаман,

Шешендер - мәуелі ағаш, сөз бір жеміс. 

әр қарай тағы да:

Дарбаза - ауыз сөз самалы, тоқтау бар ма?

Көргенді көңіліме қыламын сөз.  - деді.

Екеуі де "Мәшһүрдің 46 жасында сөйлеген сөзінен" алынған. Байқасақ екеуі де тағы да сөз өнері төңірегінен маңайылаған метафоралар. Би-шешендердің тарихи аренаға шығып, дәуірлеген тұсы әсіресе, хандық дәуір кезеңі. Сөзге тоқтаған қазақ халқының әрқалай ел мәселелерін даналық, білгірлікпен әділ шеше білген би-шешендерді мәуелі ағашка балауы олардың лебізді сөзін жеміске балауы жүйесіз емес. Мәшһүр былай дейді:

Дүниенің дүние болып тұрғандығы,

Әр нәрсе тауып орын сөйлер сөзден

"Дарбаза - ауыз, сөз - самал" дегендер алдыңғы ойдың мағыналас жалғасы. Бұл шешендердің суырыпсалма, тапқыштық табиғатын аша түскен.

Мәшһүр Жүсіптің "Жалқаулар туралы айтқанында" біз төмендегідей ауыстыруларды кездестіре аламыз:

...Арқаны кедейліктің - еріншектік,

Желкеңнен жібермейді мықтап тартып.

...Басы білгіш елгезекке кедейлік жоқ,

Кежірлік - кедейлік ордасы, біл .

Ағартушылық оймен үн қатқан ақын сөзінің мәнді метафораға толылығы осы ойын одан әрі терендете мазмұнын биіктетіп тұр. "Арқаны кедейліктің - еріншектік", "Кежірлік - кедейліктің ордасы" деген екі тіркестегі "кедейлік" ұғымы ақын тарапынан айтылған тек материалдық жағының кедейлігі ғана емес, адам баласының рухани жұтаңдығына де екпін түсірілген.

Тағы да Мәшһүр ақын өлеңдерінің өн бойынан төмендегідей метафоралық форманы кездестіре аламыз:

Бірікпес басын қосып жез бенен мыс,

Жақсы - жаз, жаман адам - зымыстан қыс .

Және:

Болмай кетті өмірімше маған ойым,

Хат қаламым, өлеңім - жылқы, қойым  - сияқты сонымен бірге махаббат тақырыбына жазылған лирикалық өлеңі деуге болатындай. "Момынның әйеліне шығарғаны" атты өлеңінде:

Махаббат - сәулесі зор құдай нұры,

Көрген жан сол сәулені қалмас құры.

Қалған соң күндізгі күн түндей болып,

Қайғының аса қалың түсі зоры  - деп келетін шумақ бойында метафора мен теңеу бірдей кездесетін өлең қатарлары бар.

Алғашқысындағы "жақсы - жаз, жаман адам - зымыстан қыс" секілді қолданыс өзінің құрылу әдісіне өте қарапайым әйтсе де мұнда ой тереңдігі үстемдік құрған. адам сипатын табиғат мезгілдерімен ұқсатып қолдануы арқылы жақсы адамның жаз секілді жадыраңқы, айналасын жылылық пен әсемдікке бөлеп жүретінін, жаман адамды аязымен айналасының берекесін алып, суық қыраулары қабағымен жүз қаритын бейнелі сөз арқылы жасалған.

Ал келесі жолда ақын өзінің өмірлік мүратына айналған өлеңін "жылқы, қойым" деуі арқылы өмірлік рухани байлығы бары-нәрі де сол өлең екендігін қарапайым түрде жеткізеді. Бір қарағанда рухани байлықты, яғни бойында өмірлік өнерді "жылқы, койым" деуі өте жұпынылау естілетін сияқты.  Бірақ,  сол арқылы өзінің ешкімге ұқсамас, тек өзіне ғана тән жеке көркем бейнелі сөз жасау тәсілін танытады. Мұны алғашқы тармақтың соңғы сөзі "тойымға" аяқталған соң, соның жетегінде ұйқас қуудың салдарынан "жылқы, қойым" болып кеткен деуге болмайды. Бұл ақынның бүкіл шығармашылығына тән. Абай сөзімен айтқанда "тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер" қаралпайымдылық.

Ал енді "махаббат - сәулесі зор, құдай нұры" дегеннің жөні мүлдем бөлек деуге болады. Бұл - кәдімгі тұнба сезімді жарып шыққан сұлу сырлы суретті жол.

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Демек, біздің қарапайымдылық дегеніміз де Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларының тіліне берілген шартты түрдегі бағамыз болып шығады. Иә, қарапайымдылықтың - әсемділік екенін де айттық. Қарапайым мысалға жүгінейік: "жақсы" деген ұғым бар да "жаман" ұғымы тағы бар. Екеуі бір нәрсенің екі жағы. Біз шартты түрде жақсы дейтініміз түгелдей жақсыға жауап бермейтін секілді, жаман да түгелдей жаман емес. Жақсыда жамандықтың белгілері бар, әйтсе де жақсы басым болғандықтан "жақсы" ұғымын жамылғы етеді, жаман да тура сол секілді құбылыс. Демек, Мәшһүр Жүсіп поэзиясының дені - қарапайымдылыққа құрылған дегенде онда күрделі де оралымдардың көп болатындығына күмән келтірмеуіміз керек. Оған тек біз тілге тиек етіп отырған "махаббат - сәулесі зор құдай нұры" ғана емес, алдыңғы келтірілген метафоралық үлгілермен алда талданатын көркем де кестелі теңеу, эпитет, кейіптеулер де жауап бере алады жөне сөзімізге дәлел бола алады.

"Махаббат - сәулесі зор құдай нұры" - өн бойына философиялық терең қаптарларын киген; осынысымен ақын діни-теологиялық көзқарас, дүниетанымының негізін танытатынын байқаймыз. "Махаббат - құдай нұры". Бұл тұста адам түсіндіруге сиымсыз нәрселер көп оған тоқталу тақырыптан ауытқытады. Сондықтан бұл метафора ерекше творчестволык қуаттың нәтижесінде туындағанына ешқандай шүбә келтіре алмаймыз.

Сонымен қатар "салумен ақ қағазға шимай кесте, Өткіздім мен өмірді босқа шаршап" дегендегі "шимай кесте" секілді күрделенген метафораларды кездестіре аламыз. Яғни "шимай кесте" - өлеңі.

Болғанда садап жүрек, кеуде сандық,

Біз кашан ол гауһарды қолдан салдық?

Кім салып, кім қойғанын біледі кім,    

Ісіне құдіреттің аң-таң қалдық? .

Жүрек - садап, кеуде - сандық. Мәшһүр Жүсіп осы "бұл бір түрлі сөйлегені" атты өлеңі жалпылай алғанда тағы да діни дүниетаным тұрғысынан жазылған. бұл шумақта "жүрек" ұғымына ерекше мән берілген, іргелес келген "кеуде - сандық" деген тіркес алдыңғысын толықтыруға бағытталған, олай дейтініміз ақын осы өлеңінде әрі қарай былай дейді:

Қойдық бір құлағынан жүрек кіші,

Бір уыс қанмен толған оның іші.

Ет жүрек жаман үйде қалғандықтан,

Бұзылар өз-өзіне содан кісі.

Шебер ақын қаламының ұшымен сомдалған бейнелі сөздер бір-бірімен жүйелі құрылыммен орныққандықтан, ақын айтпақ болған мәні маңызды ойларын оқушы санасында әдемі суреткерлікпен, көрікті реңімен орын алып жатады.

Түн болса, алар тыныштық біраз жатып,

Шарашағанна сілесі әбден қатып.

Қол-аяғын ұйқы-жау жіпсіз буып,

Серейтіп алып соғар табандатып.

Түн-бейіші жалғанның берген жанға,

Тағы мұнда және бар бір дәурен жас.

Мұндағы "ұйқы-жау", "түн бейіші жалғанның" деген метафоралар да өте мәнді маңызын ішкі танысына жасырып жатқан философиялық діни сарынға да соғып өтер тұсы мол асқан таным тереңдігімен кестеленген сөздер. Бірінде "ұйқы" да, екіншісінде "түн". Бірін-бірі жолықтыра түскен; түнмен қоса енген ұйқы... Ал екіншісі - компоненттері де әуелгісіндей "жау", келесінде - "жалғанның бейіші", екіншісінде - "жалғанның-ға" ерекше екпін түсіріп тұру арқылы бұл жалғаншы, алдану сияқты мәнге ие боп тұр. Осы мәндес сөздер бірге үйлесімділік құрғанда ақынның тағы да творчестволық шыңға шындалып шыққан сыңайын сездіреді. Сонымен бірге байқап қараған ырағы көңілге метафорамен жанамаласа жинақылық тапқан кейіптеу де бар. Бұл әсіресе 3-4 жолдарда көрініс тапқан. Шаршап, сілесі қатқан жанды ұйқы кеп жіпсіз буып, серейтіп алып соғып, табандатып өз әлеміне енгізбек боп ебелек қағады.

Ақынның әдеби мұрасындағы метафоралардың сипаты осылар секілді болып келеді. Ендігі троптың тағы бір көркем сөз жасауда айрықша мәнге ие түрі - теңеу. Теңеуге орыстың теоретик-ғалымы Л.И.Тимофеев мынадай анықтама береді: "Сближение двух явлении с целью пояснения одного другим при помощи его вторичных признаков.

Ал Зәки Ахметов "Теңеу - белгісіз нәрсені белгілі нәрсе арқылы, күрделі нәрсені қарапайым нәрсе арқылы, алысты жакын нәрсе арқылы айқындап көрсету деген пікірді жиі кездестіруге болады, ірі осылай түсіндірудің ұтымды көрінуі де мүмкін" - дейді .

Яғни, бір құбылыстың мәнін аща түсу мақсатында соған ұқсас құбылысты теңеу. Ендеше Мәшһүр Жүсіп өлеңіндегі теңеу. Ендеше Мәшһүр Жүсіп өлеңіндегі теңеудің сипаты қандай деген мәселенің төңірегінде саралау жасап көрелік. Ақын сөз туралы сөзінің әрін былайша келтіреді:

Назым сөз аузындағы тұрған тістей,

...Кеткен соң тіс орнынан құны қандай?

Жасарып жапырақтары сүмбіл шаштай.

Аузынан кей шаһбаздың шыққан сөздер,

Тойғызар "ішпей-жемей ләззәтті астай.

Қара сөз жауға біткен тал мен терек.

...Сүйкімді назым сөздің икемдігі,

Бақшада үлпілдеген қызыл гүлдей .

Ақынның ұшқыр қиялы, интуициясы, байқағыштығы, тіпті бақылағыштығы осы тұста өз жемісін бергендей. Өлең сөзде тіске, бау ағаштарына, тал мен терекке, үлбіреген қызыл гүлге, ләззәтті асқа және бау ағашы жапырағын сүмбіл шашқа теңеуі Мәшһүр Жүсіптің әр құбылысты қабылдаудағы дүнитанымдық шеңберінің аясындағы таным баспалдақтарының ерекшеліктерін танытады.

Тағы бір ерекшеліктерге тұрарлық жайты - ол ақынның әр түрлі бейнелі сөздерді жүйелі түрде іргелес қолданып отыруы. Жоғарыдағы өлеңіндегі теңеулермен сабақтас эпитеттердің жанасып атуы осының дәлелі. Эпитеттер көріктілікпен бояу тапқан сөздердің дені мынадай: назым сөз, қара сөз секілді жеке түрлеріме қатар теңеу мәнін құраған сөз алдына іргелес: бау, ағаш, сүмбіл шаш, ләззәт тас, қызыл гүл іспеттес эпитеттерге айналған. Яғни бір тіркес әрі теңеу, әрі эпитет ретінде көрінеді.

Мәшһүр Жүсіптің қоғам, елдің әлеуметтік жайы сөз болған өлеңдерінде кездесетін теңеулердің сипаты қоғамдағы адамдар бейнесінің көбіне аңға, құсқа теңеуімен ерекшеленеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін осындай сөз оралымдарына біраз мысалдар келтірейік: Бір ғана "Мәшһүрдің 46 жасында сөйлеген сөзі" атты өлеңінде аталған бейнелі сөздің мол орын алғанына көз жеткіземіз:

Жұрт жайылып ұйлыққан қойдай болып,

...Ел билеуші қасқырдай күнде талап,

Жүрген жері у мен шу, ойбай болып,

...Зәрін төгіп жыландай, билер сорып,

...Қасқырдай кейбіреулер арсалақтап.

Жан-жағын бермей дамыл талап жатыр,

Өтірік өрттей лаулап жанып жатыр,

Ессіз жұрт көбелектей барып жатыр.

Арсалаң тазға ұқсап жүрген жан көп,

Түлкідей тышқан аулап кейбіреу жүр,

Қастыққып құдай дескен жолдасына

...Маймылдай кейбіреулер құбылады,

...Жыландай кейбіреудің сырты шұбар.

...Жылтылдап кейбіреуер қолға тұрсам,

Жылмақай қабыршағы жоқ балықтай.

...Қызыл көрсе шабады айлық жерден,

Үймелеген қарғадай көшкен жұртқа,

...Сауысқанша шықылықтап жүрген жан көп.

Сау жылқының арқасын еріксіз тесіп,

Күйкентайдың орнында кейбіреу жүр,

Алары жоқ бір тышқан текке төніп .

Осындағы теңеулердің көптігі сонша әрбір шумақтан теңеусіз атап өту мүмкінсіз. Көркемдік жүгін артқан әрбір сөз үйлесімді орын тапқандықтан өлеңнің өн бойын лайықты ырғақ пен әуездікке бөлеп, өлеңнін сыртқы көркемдігі мен ішкі терендігін арттыруға сөзсіз, септігін тигізіп жүр. Небәрі 20 жыл өлеңде 14-15 шақты теңеу кездеседі. Тағы да ол жоғарыда ескерілген жайтқа жауап береді, яғни барлығы дерлік жансыз зат пен құбылыс емес, жан-жануарлар, құстарға теңелген. Оларды тізбелесек мынадай тізбек құрайды екен: ұйлыққан қойдай, қасқырдай (осы теңеу 2 рет кездеседі) жыландай, (бұл да екі рет) өрттей, көбелектей, таздай, түлкідей, маймылдай,   балықтай,   қарғадай,   сауысқанша, күйкентай орнына т.б.

Бүкіл өлең оқуға жеңіл жай ғана бір қалыпы сарындағы тербелісті ырғақпен дамиды. Адамдар мінезін аң-құсқа теңеудің астарынан ел ішіндегі "ессіздердің" іс-әрекеттеріне ақын тарапынан жек көрер жиренушіік байқалады. Өлең қара өлең түріне ыңғайластырылған.

Жиылып қара құстай билер отыр,

Жемтігін өлексенің қоршап алып.

Оқушының көз алдында "қара құстай өлексені қоршап отырған" дегенмен-ақ дереу жемтік іздеп, өз құлқынын ойлаған, бар тапқанын қызғыштай қорғаған, ел басқарып жүрген әділетсіз, пасық билер бейнесі елестей кетеді. Теңеу образдылықтың шегінен бейнелі сурет жасауға еркін жол алып жатса, ол тағы да ақынның шеберлігі мен талант-дарынынан.

Көшпес кен, ұшпас тауық болып қазақ

Самұрық қорлықта ғой үні жетпей.

Самұрығы - жоғары билеуші тап болса, дауысы жан айғайы ешкімге жетпейтін ұшпас тауық сөзсіз күйзелген ел.

Ақын халыққа зиянынан басқа әперері жоқ «ел жақсыларынң жан-жақты түйреуге алып отырған.

Моральдік-этикалык тәлім-тәрбиеге үндеген азатшылдық, ағартушылық ойы жалғасымын тапқан:

Құс болсаң бозбалалар бұлбұлдай бол!

Табылар іздегенге бір қызыл гүл.

Ет үшін бір-екі елі торға түскен,

Тіл алсаң, бола көрме қаршыға сол! - дейді. Осындағы бұлбұл құс әдемілікке ұмтылыстың, жалпы ақындық өнердің символы ретінде алынса, қаршыға - еркіндікті аңсаушы құс бейнесінде бейнеленген. Осындағы бұлбұлдай боп деу арқылы халық тұрмысын бүкпесіз, ашық айтатын ерлік пен батырлыққа үндесе қаршығадай болма дегенімен, құсқа емес оның еркін, азат жол таппай адасқан күйіне түспе деп сақтандырады.

Ақынның өлендеріндегі теңеулердің сипаты төмендегідей:

Үңгіріндей аюдың ауыз біткен,

Ауыз баста болғанмен тіл жоқ болды.

Ай мен күндей ғаламға бірдей болған,

Айтуға бар жақсылар көруге жоқ...

Жер кезіп, салдым ғой шар мен қояндай,

Жанымды бір араға тыныш қоя алмай .

Әрі қарай:

Мәуелі ағаш болып көлеңкелі,

Жиын-той күнде сауық мерекелі.

Келісімен ордадай боп, үй болып кетіп еді берекелі.

Осындағы аюдың үңгіріндей ауыз, «ай мен күндей жақсылар, қояндай, көлеңкелі мәуелі ағаш болып, «ордадай отау үй сияқты теңеулік қолданыстар ақынның көркем сөздегі жаңа өзіндік соқпағын танытады. Творчество адамының, оның ішінде сөз өнерінде қалам    тартқан қаламгер,                ақындардың шығармашылығындағы кестелі сөз, айшықты образдар, теңеу, эпитет, метафора, метанимиялар, сараланатын троптар, бәрі-бәрі соны тудырушы өнер иесінің дүниетанымының шеңберінен туады. Сондықтан суреткердің танымдық іс-әрекеттен ажырауы мүмкін емес.

Л.Н.Толстой былай деген:

«Я не могу открыть глаза на мир, прежде чем все сознание не будет охвачено идеей этого мира, - тогда мир предстает передо мной осмысленным, целеустремленным... Я вижу образы мира, понимаю их значение, и их взаимную связь, их отношение ко мне и мое отношение к ним» /21257/. Өте орынды ой. Суреткер немесе ақын қоршаған ортадағы зандылықтарды тану арқылы өз шығармасында адамдар арасындағы іс-әрекеттік қарым-қатынас, әлем құбылыстарындағы сұлулықты тани отырып, соның әсерінен бейнелі көркем сөз, өрнекті тіркестер тудырады.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармашылығының көркемдік жағын қарастыру барысындағы келесі нысанаға аларымыз - ақынның эпитет жасаудағы ізденісі. Ақын: «Не пайда нұр сипатты сүмбіл шаштың деп ғажап эпитеттің үлгісін сомдаған. Мұнда «сүмбіл шашың деген дәстүрлі қолданыстағы эпитетті пайдалана отырып, ақын оған іргелес «нұр сипаттың сөзін қосу арқылы өңін бүтіндей басқаша бағытқа өзгерткен «Нұр сөзінің өзі ерекше асқақ, биік эстетикалық әсемдіктің символы сипаттас қой.Мәшһүрде бұл сөз метафоралық ізденістерінің «Махаббат - сәулесі зор, құдай нұрың дегенде қолданылған болатын. "Нұр сипатты сүмбіл шаш" - айрықша айшықтауға бөленген күрделі эпитет болып табылады және бұл ақынның шығармашылық биігін танытады.

Болса да дәрия сия, аспан қағаз.

Мұң мен зар түгелденіп болмас тәмам .

Мұндағы "дәрия сия", "аспан кағаз" құрылымы жағынан өте қарапайым, әйтсе де кейінгі тармақтағы мұң мен зардың көптігін айқындау үшін бұл сөздер өздеріне біршама деңгейде әсірелеудің жамылғысына оранған. Бейнелі сөздер әдемі, әсерлі сурет жасап тұр: сия-дарияға, қағаз-аспанға айналып кетеді.

Мөлтілдеп қанды жасқа толып көзім.

Барады ішкі сыймай айтар сөзім.

...Назым сөз бақшада өскен бау ағаштай .

"Қанды жас" - ақынның жаңа ізденіс ізі деуге болмайды, дегенмен дәстүрлі эпитетті жүйелі қолдана білген. Ал келесі «назым сөз дегені - ақынның тың тіркесі боларлықтай. Біз Мәшһүрдің теңеудегі талабын таразылағанда эпитеттердің теңеумен іргелес, жанталас келіп отырғандығын айтқанбыз. Олардың бәрін қайта тізбелеп жату - артық. Ақын қаламының қарымы алғашқы бірнеше эпитеттік нұсқаларынан-ақ өлшенеді.

Қазақ тілінде жазылған