Айналайын әкім бала
Әкім бала жатырсың есеп беріп,
Мәнісі көп мәселе кесектеліп.
Көптің бабын табу да оңай емес,
Болады ғой кейде бос өкпелік.
Айналайын «азулы» әкім бала,
Аян болып қалмасын атың ғана.
«Дұрыс-ақ» деп түртіп ал қағазыңа,
Аяң-жорға айтқанды мақұлда да.
Болмасыншы әйтеуір қысыр жиын,
«Қазаныңды» бұрқылдат пісір жиын.
Кеңсе маңы, шал-шапыр жиналыппыз,
Білеміз ғой мың тарау ісің қиын.
Өзімізді-өзіміз бір мақталық,
Сөз туындап сөздерден жұрнақталып.
Цифрларды секіртіп, серпілтші бір,
Құлағымыз «шөлдеген» құрғап қалып.
Жылу қалай, су қалай, жарық қалай,
«Кредитпен» күрсінген халық қалай.
Айтқан жерден аулақ тек, қыс түскенде,
Төрт түлігің шыға ма арықтамай?
«Ақ халатты абзал жан» тұрақтай ма,
Басымыздан биыл да бір аттай ма?
Әр үй сайын бір дүкен салмаса егер,
Кәсіпкердің нәсібі шыдатпай ма?
Мәдениет жағынан ақсадың ба,
Күні кетті кешегі бақшаның да.
Тентек-телі көрінсе «учасковый»
Жоғалып кетпес пе екен қас-қағымда.
Қиын боп тұр шырағым жол жағымыз,
Машина көп ортаймас олжалымыз.
Көшелерде жүрмесе есек арба,
Жағдай жаман, бір шара қолданыңыз.
Жалқаулар бар «бездельник» сандалатын,
Келімсектер бұл күнде мал бағатын.
«Дипломмен ауылға» деген қайда,
Әлде жырлай берсін бе аңғал екен.
Құстың сүті сияқты қаржы жағың,
Дейсің-ау сен «өзім де қалжырадым»
Сонда да сен сұрай бер жоғарыдан,
Үкіметтің құр емес арғы жағы.
Бұл күнде талғам да өзге, талап биік,
Бұл сөзіме қалмашы қабақ түйіп.
Болмайды деп әйтеуір айта көрме,
Ауыл болып шалқиық қанат жиып...!