Ана жүрегі
1918 жыл. Ресей империясының Оңтүстік Шығыстағы стратегиялық маңызы бар үлкен әскери бекінісіне айналған Қапал қаласы. Бұл Қытаймен шекаралас табиғаты сұлу жер жәннәті Жетісудағы сақ қорғандары сақталған қаланың тарихы тереңде жатыр. Ұлы Жібек жолының бойына орналасып, көнеден көз тартқан Қапал қаласы XIX-шы ғасырда қайта жанданды.
XIX-шы ғасырдың басында Ресей империясы «Азия комитетін» құрып, Жетісу бойына өз билігін жүргізуге кірісті. Қаратал, Қызылағаш өзендерінің бойына орыс-казак әскерлері шоғырланды. 1847-ші жылы Оңтүстік Қазақстан аймағы түгелдей дерлік Ресей билігін мойындады. Бұған Хиуа ханы Аллақұлдың қазақ жеріне шабуылы да өз әсерін тигізді. Осы жылы тоғыз жолдың торабы, көне Қапал қаласына әскери бекініс салынды. Сансыз әскер жайыла жайғасты. Казармалармен бірге қаланың халқы да өсті. Әшекейленіп қатар салынған тас көшелі екі қабат зәулім үйлер бой көтерді. Қапал қаласы Ресей Империясының Оңтүстіктегі ең үлкен әскери орталығына айналды. 1848-ші жылдың оныншы қаңтарында ұлы жүзге ресейлік пристав тағайындалып, Резиденциясы Қапал қаласына орналасты. Отарлық билікпен бірге, еуропалық тәртіп, оқу-білім, ойын-сауық та келді. Күнде кешқұрым орталық саябақта әскери оркестр ойнап, вальс биленді, офицерлер клубында бал өткізілді.
1869 жылы құрылған Қапал уезінде 1847-ші жылғы санақ бойынша жер аумағы 74100 шаршы шақырым болып, халқының саны 180 мың адамға жетті. Оның 158 мыңы қазақтар болды.
Орыс әкімшілігінің билігі көшпелі елге көптеген өзгерістер әкелді. Қоғамдағы қарым-қатынастар модернизацияланды. Ұлттық ерекшеліктерге қауіп төнді. Қазақтарды орыстандыру, шабандық шұрайлы жерлерді тартып алып, Ресейдің түкпір-түкпірінен әкелінген жерсіз шаруаларды қоныстандыру саясаты жедел жүрді.
Дәстүрлі қазақ ауылының қаймағы бұзылды. Бұрын ұлттық саяси-дәстүрді басқаратын кемеңгер ақсақалы, елін қорғайтын батыры, өнер иесі, зергер ұстасы, бала оқытатын молласы бар ауылдан береке кетті. Әсіресе жер мәселесі тұңғиыққа тірелді. 1891-ші жылы «Қазақтың жері – қазынаның жері» болып жарияланғанда, жердің империя меншігіне өтуіне қазақ зиялылары қарсы шықты. Қазаққа 15 десятина жер беріп, отырықшы елге айналдырмақшы биліктің ойы, мүлде басқа еді... Бұған Алихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар қарсы шығып, Алаш қозғалысын ұйымдастырды. 1905-ші жылы бар қазақтың мүддесін қорғаған «Қарқаралы петициясы» дүниеге келді. «Ел тағдыры, халық қамы, бостандық, ұлт болашағы» бар тілектен жоғары қойылды.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін – деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері сол дәуірді шынайы анық көрсетті. Ал Мұстафа Шоқаев отаршылдыққа қарсы күресіп қана қоймай түрік халықтарының бірлігін көтерді, шығыстың бұрнағы абыройын көкседі. Олар «Тұранның алтын алмасы» поэмасын жазған түрік ақыны Зия–гек Альтты өздеріне ұстаз тұтты, түркішілдікті қолдады... Бірақ қазақтар замана талабына сай модернизацияға қатысу үшін амалсыздан орыс мәдениеті мен тілін қабылдауға мәжбүр болды. Тек алашордалықтар бұл өзгеріске қазақ мәдениетімен ұлттық ерекшеліті сақтап кіргісі келді...
Алаш идеясы ұлы мемлекеттілікті білдіреді. Ол Түркі халықтарының негізгі этностарын құраған ірі тайпалардың ортақ атауы. Қиын кезеңдерде ұлан ғайыр, ұлы даланы сақтап қалуымыз – Алты алаштың бір тудың астына бірігіп, бір-біріне қолдау жасап, қамқоршы болғанының арқасында орындалды. Бауырлас Алты алаштың баласы бірге жүргенде маңайымыздағы империялардың тісі түркілерге батып көрмеп еді...
Қапал кезінде «Ұлы жібек жолы» бойындағы тоғыз жолдың торабы болған Қазақстандағы ескі қалалардың бірі. Көне мәдениеттің көзін жиырмасыншы ғасырмен жалғастырған, Қытай мен Орта Азияны байланыстырған, ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрді сақтаған қала. Жерінің қолайлығы, табиғатының ерекше сұлулығы қалаға ерекше сән береді. Көп ұлтты қала әр этностың мәдени-рухани дамуына да қолайлы болды. Қаланың басты ерекшеліктерінің бірі Стамбұл, Шам, Каир, Қазан, Уфа қалаларымен экономикалық, рухани тығыз байланыстарда болуында еді. Қапал қаласындағы медреселер мен мектептерде осы қалаларда оқып келген білімді азаматтар сабақ берді. Олардың арасында университет бітіріп келгендер де аз болған жоқ. Бұл білімді мұғалімдердің бәрі де түркішіл болды. Әсіресе ХХ-шы ғасырдың басында Ататүріктің түркішіл идеясының терең етек алуы, жастарды ғылым мен білімге, діншілдіктен зайырлыққа бейімделе түсірді. Түрік мемлекетінің қайта жанданып дами бастауы бар түркі халықтарының рухын серпілтті. Түркішілдік идеясы Анатолыдан бастап бүкіл түркі әлеміне жаңа леп берді. Әсіресе ғылым-білім, әдебиет саласы түркілік идеямен кеңінен сусынданды. Мұстафа Шоқайдың Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген соң, Қазан қаласына барып саяси жұмыспен айналысуы алаш азаматтарының түркішілдіктерінің айғағы. Ал Уфадағы «Медокия» медресесінің бөлімшесі Қапал қаласында орналасуы сол кездегі тығыз байланыстың болғанын көрсетеді.
...Жеті өзені көк майса, жасыл алқапқа айналдырған жер жәннәті Жетісудың жүрегі Қапалдың таңсәрісі. Таңғы бозғылт сәулемен ағараңдап айқындала бастаған шақтағы тылсым тыныштық. Екі дүние арасын айқындайтын мәртті сәттегі қала тұрғындары әлі де шырт ұйқыда. Алатау бөктері бұлдыр сағым. Буырсанған табиғат қойнауы қоярыңа қоймай бой балқытады...
Ауқатты, қызыл кірпіштен қаланған медресенің қасындағы көзі ашық, оқыған ноғай-татар саудагерінің үйінің үлкен ауласы. Ағаштан ұқыпталып салынған еңсесі биік екі үйден басқа сарай, қора-қопсы, жазғы мал тұрақтары ат шаптырым жерді алып жатыр.Бұл Ресейдің отаршылық саясатына қарсы соғыс ашқан Шәміл имамның мүриттерінің бірі, батыр Ғабиттың Қап тауы баурайынан жер аударылған немересі Зейнолланың үйі. Тапшанның үстінде сусын ішіп, әлде неге ойланған орта жастағы ат жақты еркектің алдында шашы өрілген тақиялы қыз отыр. Томпиған бетінде, көз қарасы, отырысында әкенің мейіріміне тойған еркеліктің нышаны байқалады. Жіппен секіріп ойнап жүрген әпкелеріне қызыға қарап, жүгіре кетіп ойнағысы келсе де, әкесінің алдын қимай бауырына жабыса түседі. Әке жылуы мен мейірімінен айырылғысы келмейді... Біртіндеп шуағын шашқан күннің көзі Алатау шыңдарын айқындай бастады. Тау бөктерін шайдай ашып, күннің нұры Қапал қаласына төгілді. Кенеттен шайдай ашық аспанда күн күркіреп, бір қара бұлт пайда болып, төңіректі торлап, ымырттана қалды. Қоюланған қара бұлт бұйраланып, дөңбекши төмендеп, айдахар кейпіне айнала берді. Дауылдаған суық жел арасынан жан түгіршітер ысыл естілді. Төңірек төңкерілердей дірілдеп, қорқыныш жанды ұшырып, зәре зәр түбіне кетті. Жүрек ауызға кептетіліп, тынысты тарылтты.
Әкелері Зейнолла «бар тығылыңдар» деуі мұң екен үш қызда жан ұшыра шыңғырған күйлері шаштары жалбырап үйге жүгіре жөнелді. Аналары Ғайнижамал үйден шыққан күйі қыздарын құшағына алды. Бұлт түріндегі құбыжық ауланы шыр көбелек айналған күйі әлгіден бетер төмендей түсті. Құбыжықтың бет-әлпеті таныс біреуге ұқсайтын тәрізді. Әкесі дауысын әлгіден де қаттырақ шығарып: «Ғайнижамал балаларға ие бол, сұрауы сенен» деді. Ғайнижамал үш қызын қаумалай қапсырған бойы үйге ентелей кіруі мұң екен, әкелері сырттан жабылатын терезе қақпалары мен есікті сарт еткізіп жапты. Сырттағы дауыл арасындағы ысыл, төбені шымырлатқан тістердің сықыры күшейе түсті. Зейнолла қолына түскен шөп шабатын қол шалғымен құбыжық бұлтқа айбат көрсете бастады. Қара бұлттағы бейне шешелері Ғайнижамалдың немере ағасыныкі. Қалың қабағы тікірейген, түрі суық, тісі ақсиған құбыжық уілдей, дауылдата төменге қайта-қайта ұмтылады. Зейнолла шалғымен айбат шеккенде қаймығып, кері қайтады. Шегініп барып өршелене қайта ұмтылады. Ит жығыс, жанталас ұзаққа созылды... Өліспей берілмес шайқас... Біраздан соң айғай-шу азайайын деді. Қараңғылау бөлменің бұрышында қыздарын құшағына қысқан Ғайнижамалдың түрінде қан-сөл жоқ, жансызданғандай. Үрпиген балалары да құстың балапанындай аналарының бауырына кіре түскен. Сыртқы есік шалқасынан ашылып, Ғайнижамалдың сіңлісі Хұприжамал ентелей кірген бойы: «Қырдағы қазақтар жайлауларына көшіп кетпей тұрып, Фатима екеуіміз сонда жетіп алайық, асығыңдар» деді.
Хұприжамал кішкентай Фатима Ғабитованы жүгіре басып, сүйрелеп келеді. Қыз болса «Әтиім, Әтиім», - деп солқылдап жылауын тоқтатпай артына жаутаңдап қарай береді. Төңірек күңгірт. Қапалдың табиғаты өзгеріп кеткен. Тамшыбұлық тартылып суы азайғаны сонша, жартастан жас баланың көз жасындай тамшылап қана ағады.
Тастардың мүкденген тұстары түкденіп тікірейіп тұр. Адамдардың айуандығына қапа болған қой тастар қозғалып кетіп бас салатындай... Су ағысы күнмен шағылысып, алуан түрлі түске бөленіп, тастары жарқырап көңілді шаттандыратын жерлер суалып, сұрланып тартылып жатыр. Төңіректің тыныштығының арғы бетінде қасіретті көп қатыгез өмір жатқандай...
Қол ұстасқан үлкенді-кішілінің жүрістері борпылдаған шаң жолдан өңер емес. Жол жиегіндегі шөп, құрғақ өсімдіктер шаңнан бозғылт көрінеді. Жел тұруы мұң екен шаң борап аспанға көтерілді. Кішкентай Фатима Ғабитова топырақ кірген көздерін уқалап ашып артына қарағанда, абыр-сабыр болып жатқан Қапал қаласын көрді. У-шу, жау шабуға келе жатқандай әбігерге түскен халық. Кішкентай балалардың көбі жалаңаш, ырсиған қабырғалары мен тыртиған сирақтарына үлкен бастары қосылып, көрер көзге қорқыныш әкеледі. Көздерін жұмбай бадырайтып жылаған балаларға, ұлыған иттердің дауысы қосылып дене тітіркентіп, жан түршіктіреді. «Келіп қалды, келіп қалды» деген қара ат мінген «жаушының» дауысы естілуі мұң екен, балаларға қосылып әйелдерде жылай бастады.
Қапал бірден күңіреніп кетті. Болмысты билеген үрей бағанадан бетер бойға сіңіп, қорқыныш жүректі шалды. Адамдардың у-шуына, мөңіреген бұзаудың, ботасын іздеген аруаналардың азалы дауыстары қосылды. Дене шымырлатқан дауыстар ет пен сүйектен өтті. Тұла бойы сыздауықтың аузы ашылғандай өздігінен солқылдайды. Фатима Ғабитова жаңағы аты кісінің өзінің әкесі екенін таныды. «Әти, әти», - деп жан ұшыра айқайлап жіберді. Әкесі Зейнолла да ат үстінде тұрып: «Бара ғой балам, бара ғой, мен саған қайда жүрсем де қамқор, қорғаныш болам»,- деген күйі бұрылып артына қарамай шаба жөнелді... «Әтиім-ау, әтиім кетпеші, бізді тастап қайда барасың»,- деп жанұшыра айғайлап жіберді.
Фатима Ғабитова өз дауысынан өзі шошып оянды. Әкесінің бейнесін елестету үшін көзін қаттырақ жұмды. Біраз жылдардан бергі әкесіне деген сағынышы жүрегін қысып, кеңсірігін тілімдеп ашытты. Бетін ағыл-тегіл жас жуып, өксігін баса алмай,жастығын умаждап қыса берді. Әлгінде ғана әкесінің алдында отырғаны, өзін ессіз бақытты сезінген сәтін, қара бұлт болып келген құбыжықтың бұзғаны түс екенін білді. Әкеге деген сағынышы жүрегінің түпкірінен шығып, көзіне жас болып қайта үйірілді. Көзін ашып, бірден қайда жатқанын біле алмай, мең-зең шошынған бойы алақтап жан-жағына қарады. Әкесінің қара шаңырағындағы өзінің бөлмесі... Көрші бөлмеден «Қорықпағын, қорықпағын, біссімәлә», - деп Құприжамал әниі кірді. «Әниім-ау, ана құбыжық әкемді өлтірді ғой», - деп, қасына жақындай берген Құприжамалдың мойнына асылған күйі түсіндегі жылауын одан әрі жалғастырды. Өксігін баса алсашы. Өң мен түс арасындағы өліара сәт, іштегі мұңның тоңын ертті. Он беске келіп, бой жетіп, шәкірттерге білім беріп жүрген ұстаз болса да, бала күніндегі жүрек жарасы сызат берді...
Үй іші опыр-топыр жүгіріс. Өксігін баса алмай, ұйқылы ояу Фатима Ғабитоваға Құприжамал әниі «қызым тез киін, қызыл албастылар қалаға жақындап қалыпты, Ақсуға кетеміз», - деді. Фатима Ғабитова әлгіден бетер шошыды. Әкесі болмаса да діни білімді анасы Ғайнижамалдың арқасында тұла бойынан жігер атқан, өрленіп өскен сезімтал қыз әлгі түсінің тегін емесін сезді...
1903-ші жылы туған Фатима Ғабитова алғашқы білімін анасы Ғайнижамалдан арапша, парсыша алып, 1911-ші «Хусайня» медресесін тәмәмдаған болатын. Анасы Ғайнижамал Ғабитова арапша, парсыша білімі бар, көзі ашық, текті жерден шыққан қыз еді. Фатима Ғабитованың білімге құштарлығы анасының сүтімен бойына тарады. Сонау VII ғасырда Қорқыт бабамыз: «қыз анасынан көрмей үлгі алмас, ұл әкесінен көрмей атқа мінбес», - деп айтқанындай Фатима Ғабитова анасының өнегелі тәрбиесін көріп өсті. Тәрбие – отыра қалып ақыл айту емес, тәрбие – өз болмысыңмен үлгі болу. Енді міне бір жылдан бері әкесінің бір бет, басынан намыс асырмайтын қаситетін бойына сіңірген қыз Қапал қаласында татар мектебінде мұғалімдік қызмет атқарып жүр еді.
Батсайыдай қызылды-жасылды, түрлі түске бөленген саудагерлер әскери атамандардың қаласынан береке кеткелі біраз болды. Мұнаралары көкке көтерілген үш мешіт, үш шіркеуі, толып жатқан медресе, түземдік, шіркеулік мектептері бар қала дағдылы өмірінен айырылды. Татар, еврей байларының самсаған үлкенді-кішілі дүкендеріндегі адам аяғы саябырлады. Татар мұғалімі Фатих Садоковтың үлкен кітап дүкені де қаңырап бос тұр. Қапал қаласының халқының бой көтеріп қыдыратын, жиналып мәслихат өткізетін «Домалақ бәйге төбесінеде» ешкім бара қоймайды…
Тіршілікке не жетсін. Тірі кісі көреді екен-ау. Тағдыр қай-қайдан шығарсада, бардың орны табылады. Зейнолла Ғабитовтың жиған-тергенінің бала-шағасына қалғаны өз алды, ауласындағы қосалқы үйдің пайдасы бала тәрбиесіне көп себеп болды.
1914 жылы 1-ші дүниежүзілік соғыстың басталуымен Ресейде тұратын неміс, чехтер жаппай жер аударылды. Қапалға жер аударылған Самарқанд банкісі директоры Франк-Фурт университетінің түлегі Кайзер Карл Василииұлының жанұясы Ғабитовтардың қосалқы үйін жалға алды. Күйеуі туыстарының қолынан қаза болғаннан кейін бар шаруашылықтың қожасы Ғайнижамал ақы орнына қыздары Фатима, Марзияны және Құприжамалды оқытуды қалады. Кайзердің әйелі Ида Карлқызы төрт жыл қыздарға үйде неміс, француз тілдерін оқытып, нота үйретіп, Европа әдебиетімен таныстырды. Фатима Ғабитова Қапал қаласындағы қазақ, татар, орыс тілдерін былай қойғанда шет тілдерін білетін, мандолин және цитрде ойнай алатын, батыстың «фройлендерінше» киінген бірінші бойжеткен болды.
«Тұрыңдар тез, заттарыңды арбаға тиеңдер де елден қалмай жүріңдер» деген анасының дауысы зілді шықты. Фатима Ғабитова түсінен есеңгіреген күйі, үлкен қоңыр көздері шарасынан шыға, апыл-ғұпыл жинала бастады. «Әне-міне» келеді деп жүрген қызылдардың Қапалға да жеткенін білді. Өткен бір-екі айдан бері Қапал қаласының тұрғындары үрейде еді. Қызыл-коммунистер жөнінде естіген қауесеттер жандарын түршіктірген. «Мал да, жан да ортақ болады. Тіпті бойжеткен қыздарды еріксіз әйел қылады екен. Большевик не айтса соны бұлжытпай істеуің керек, әйтпесе комиссарлар сені қоян атқандай ата салады. Балалардың бәрін оқытамыз деп жиып алып, өздерінің Ленин деген құдайына шоқындырады», - деген алып қашпа сөздер қу шөпке түскен оттай зулаған. Қызылдар жақындады дегенде-ақ біраз Қапалдықтар Ақсу қаласына көше бастаған. Ақсу сол кезде Үржардан шегінген атаман Аненковтың әскері шоғырланған қаласы еді. Мықты салынған бекініс қамалдары бар үлкен қалада ақтардың сансыз әскері тұрды.
Бірақ қызылдар дәл осылай тез келеді деп ешкімде ойлаған жоқ. Арбаға жеңіл-желпі заттарын тиеп, азды-көпті азық-түлікпен Зейнолла Ғабитовтың үш қызыда көшкен елге ілесіп, Ақсу қаласына беттеді. Аналары Ғайнижамал қыздарын сіңлісі Құприжамалмен аттандырып, өзі «күйемнің шаңырағын жетімсіретпеймін, күзетіп қаламын» деп көшке ілеспеді.
Зат көп артылған арбаға мінбей қатар келе жатқан он бес жасар Фатима Ғабитоваға мына көрініс бағанағы түсінің жалғасы сияқтанды. Шошынған ойына, иықтан басқан тұла бойының ауырлығы қосылып, аяғын сүйрете басып әрең келеді.
Атқа ауыр болады деп арбаға салғызбаған бір кебеже кітаптарының қалып қойғанына да ренжулі. Ол кітаптардың арасында өлең жазып жүрген арманға толы дәптерлері де бар болатын. Созылып, ілбіп жүрген көш ақырын жылжиды. Ұлыған иттер де, шулап жылаған бала-шағада бір сәт тынышталған. Ауада өткеннің зар-заман иісі қалықтайды. Үлкенді кішінің бәрі де төніп келе жатқан қасіретті іштей түсінгендей...
Жазықтағы шыбық тәріздес жусанның иісі мұрын жарады. Жусанның қышқыл иісі жол бойы біразға дейін көшке ілесіп барып, артта қалды. Фатима Ғабитова қорқынышты болсада әкесін көргендіктен азанғы түсін әлсін-әлсін есіне түсіре берді. «Бәйге төбе» мен үлкен зираттың қасына жақындағанда жүрегі алып-ұшып, сыздай бастады. Әкесі Зейнолланың тастан қаланған төрт құлақты мазары көрінгенде ыстық көз жасы бетін қайта жуды. Әпкелері өздері түсіп, қоярда қоймай оны арбаға отырғызды. Бәрі үнсіз... Тек, Құприжамал ақырын Фатиха сөресін оқи бастағанда ол көз жасын тиып, іштей аятты ілесіп қайталауға кірісті. Аят жолдарын әкесінің аруағына беріле оқыды. Құран оқылып болған соң, жусан иісімен бірге артында қалып, ұзап бара жатқан әкесінің мазарына, туған Қапалына жаутаңдап қарай берді, қарай берді. «Баян жүрек» тауы алыстағанда жүрегінің аянышы тағы да көзіне ыстық жас әкелді... Фатима Ғабитова Қапалындағы әкесінің қара шаңырағымен ғана емес, еркін өмірімен, балалық шағымен де қоштасты. Қапалының таза ауасын, әкесінің қара шаңырағын ұзақ көрмей сағынарын ол әлі білген жоқ...
Жаяулы-жалпылы Ақсу қаласына жеткен Ғабитовтар әулеті көпшілікпен бірге аса ауыр күндерді бастарынан кешірді. Олар ессіз қалған бір қораны тауып, сонда күнелтті. Әйтеуір білімді Фатима Ғабитоваға жұмыс табу қиынға соқпады. Бірден Қапалдағы татар мектебінен таныс Біләл Сүлеевтің көмегімен енді ашылған қазақ-орыс мектебіне мұғалімдікке орналасты. Ал қыс түсе тамағы-киімі жоқ, арбаның астында күн көрген босқындардың көбі өлді. Әсіресе жас балалар шыбынша шетінеді... Сол күндерді 15 жасар Фатима Ғабитова былай суреттейді:
Адам тұрмас соқыр тамда тұрамыз,
Туысқанның баршасынан адамыз.
Тәннен егер ажыраса жанымыз,
Көмусіз де қаламыз деп ұғамыз.
1918 ж. Ақсу.
1919-шы жылы Қапал, Арасан, Төсбекет қалалары толығымен қызылдардың қолына өтіп, босқындар көбейе түсті. Ақсу қаласындағы ақтарға, Сібірден сырғып шегінген атаман Дутовтың қалың әскері келіп қосылды. Жергілікті халық екі оттың ортасында қалды. Қаптаған қалың әскер күн-көріс, сойыс малын қырдың қазақтарынан берсе қолынан, бермесе жолынан алды. Ел тоналып, тегеуірінге шыдай алмай бастары ауған жаққа тарыдай шашылды.
Аласапыран қилы заманның өзінде мағналы, қайнаған өмір болды. Көзі ашық, білімді, ұлтшыл азаматтарға сын сәті туды. Бұрын отырық өмір «ой» делініп, көшпелі өмір «қыр» деп аталынса, енді бәрі бір-бірімен араласып кетті. Қырдағы қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі заман талабының шабысына ілесе алмай оңашаланып қала берді. Жаңашылдықтың өрікпенді екпіні мыңдаған жылдар қалыптастырған рухани құндылықтарды аяққа басты. Қазақ даласы ХХ–шы ғасырдың басында жойқын материалдық және рухани тоналуларды басынан кешіре бастады. Дүниенің дүрбелеңі Жетісу жерін де сергелдеңге түсірді. Ұлттық ерекшеліктердің жойылуымен бірге, қазақтың жан-дүниесіне кембағалдық мінез орныға бастады. Батырлардың ұрпағынан береке кеткелі қашан...
Ұйқыдағы халқын оятқысы, олқылықты түзеткісі келген Алаш зиялылары өкіметтің түр-түсіне қарамай алдарына оқу-ағартушылықты басты мақсат етіп қойды. Мектептер ашты, бала оқытып, келешекке жол салды. Жетісу жерінде де ұлтының болашағын ойлаған, жоқтан бар жасап, алға ұмтылған білімді азаматтар аз болған жоқ. Олардың көш басында Қапалдық Біләл Сүлеев тұрды. Біләл Сүлеев Түркия, Мысырда оқып келген Ғазиз Мусин, Файзырақман Жавгандаров сияқты ұстаздардың алдынан «Мамания» медресінде білім алуды бастап, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқуын жалғастырды. Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқып жүргенде «Қазақ» газетіне және татарлардың «Шура», «Уақыт» газеттеріне «Матай» және «Қапшағай» деген лақап атпен мақалалар жариялап тұрған. Осы жылдары Алаш зиялыларымен өте жақын араласып, ел қамын ойлады.
1916 жылы оқуын тәмәмдаған Біләл Сүлеев, Алихан Бөкейхановтың ақылымен қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Татар, башқұрт, орыс тілдерін жақсы білетін ол қара жұмысқа барған орыс тілін білмейтін қазақ жігіттеріне жанашыр қорған бола алды. Нәзір Төреқұловпен бірге Алихан Бөкейхановтың тапсырмасымен қара жұмыстағы қазақтардың арасында жасырын «Кең дала» ұйымын құрды. Жастарды рухтандырып, азаттық үшін күреске баулыды.
Ресей Империясы құлап, Уақытша өкімет құрылғанда Алаш идеясын насихаттап, халыққа қамқорлық жасау үшін Жетісуға оралды. Ал Нәзір Төреқұлов Хиуаға, Мұстафа Шоқай Қоқанға, Санжар Аспандияров Ташкентке кетті. Қапал қаласындағы татар мектебінде ұстаздық қызмет жасап, оқу ісін басқарды. Сол жылы мектепті бітіріп, мұғалімдікке қалдырылған үрімдей, отты көзді Фатима Ғабитовамен танысты. Қапалдан Ақсуға большевиктерден қашқан көпшілік ішінде Біләл Сүлеевте болды. Ол Ақсу қаласына келісімен «Кедей комитетін» құрып, азып-тозып ашыққан қазақтарға көмектесті. Беделінің арқасында қырдағы найман руларының басын біріктіріп, қала халқын да азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосты. Өзі жұмыс істейтін қазақ-орыс мектебіне қазақтың оқыған жастарын шоғырландырып, ел мүддесін қорғай бастайды.
Біләл Сүлеевтің көпшілік арасындағы беделдігі, ұлтшылдығы атаман Аненковтың Жетісудағы оң қолы генерал Щербаковқа ұнамады. Ақтың генералдары билеп-төстеп қалған отаршылдық пиғылдарына салып, қазақтармен санаспады, «Кедей комитеті» жұмысына кедергі жасады. Бұндай отаршыл саясатпен «Кедей комитеті» төрағасы алашшыл Біләл Сүлеев те келіспеді. Жәй қырғи-қабақтық шиеленіске жетті. Ақсу қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған Матай руының байлары да патша генералдарымен қарым-қатынасын үзді. Ең арты қатардағы солдаттар мен казактар да беделі күшті Біләл Сүлеевті қолдады.
Сол 1919 жыл Фатима Ғабитова үшін де ерекше жыл болды. Ол Біләл Сүлеевтей халықшыл, білімді, сегіз қырлы-бір сырлы азаматқа тұрмысқа шықты. Күйеуіне ер азамат, қамқоршым деп үлкен сый-құрметпен қарады. Дүниеге Фарида атты кішкентайлары келді. Бірақ олардың қуаныш-қызыққа толы, бақытты күндері ұзаққа созылмады. Ақсу қаласындағы ақтың генералдарымен «Кедей комитеті» арасындағы саяси теке-тірес айлап емес, күндеп күшейе түсті. Кешегі одақтастар бітіспес жауға айналды. Ақтың генералдарымен тіл табыса алмаған Біләл Сүлеев ақтың бір полк әскерімен Кеңес Өкіметін мойындап қызылдардың жағына шықты. Ал жас босанған Фатима Ғабитова Біләл Сүлеевтің туыстары тұратын Сөретөбе ауылына барып жасырынуына тура келді. Бұл он жеті жасар Фатима Ғабитованың екінші рет жан сауғалап босуы еді. Бірінші ретінде қызылдардан бай-көпестің қызы болғаны үшін қашса, екіншіде Біләл Сүлеевтің әйелі болғандықтан ақтардың қолына түспеуге тырысып, құндақтағы қызымен бой тасалады. Екі-үш ай тыныс алды. 1920-шы жылдың көктемінде Сөретөбеге Қытайға қашып бара жатқан ақтардың әскері жақындап қалды. Фатима Ғабитоваға тағы да алдына бесікпен өңгерген баласы бар, түйе жетектеген қайнысы Мүбаракпен үшінші рет босқындықты басынан өткізуге тура келді.
Сол күндерді Фатима Ғабитова күнделіктерінде былай еске алады:
«Жазғытұры. Жердің миы шығып жатқан кез. Ақтар аулымызға жақындап қалып, Сөретөбеден Талдықорғанға қарай большевиктерге бет ала үріктік. Біләл Сүлеев сонда болатын. Қарлы жаңбыр жауып тұрған көңілсіз және суық күн еді. Менің алдымда өңгерген балам бар. Жанымда қайным – Мүбәрәк және түйе жетектеген жолбасшымыз бар. Түйеде азығымыз, төсек-орнымыз. Күн шықпастан ауылдан аттанып едік, кеш болды. Әлі бір ауыл, иә бір кісі кездестірмедік. Өзімізде шаршадық. Енді биіктеу жерге келіп түстік. Аттарымыз жер лай болу себепті, терлеп қалған екен, біраз қалмақша байластырып қойдық. Өзіміз қатық езіп ішіп, адам болып қалдық. Бірақ, от жағып жылынуға болмады: біріншіден, ақтардан қорықсақ, екіншіден отын да жоқ еді. Сүрі жеп, қатық ішіп, аттарымызға да түйедегі қаптан сұлы беріп, таң қылаң еткенде көлікке қондық. Түске таман алыстан болымсыз түтін көрінді. Сол түтінге қарай бетті түзеп жүріп келеміз. Түтін бір жотаның ар жағынан шығады. Мен бұл үркуде шаршадым, әрең келе жатырмын. Бесікті енді қайныма өңгерттім. Жотаның үстіне шықсақ, ойда бір нашар ғана қыстау, қыстау төңірегінде атты, атсыз толып жатқан кісілер жүр. Біз бұл көріністі неге жоруымызды білмей тұрғанымызда, бір атты желе жортып бізге қарай жүрді. Менің үрейім ұшты, жүрегім тарсылдап барады. Білмеймін не болғанын – бүкіл кеудем бір түрлі болып, тұла бойым ұйып кетті. «Бұл ақтар екен, бізді енді өлтіреді екен», - деп зәрем жоқ. Әлгі атты бізге келді; түрі суық бір орыс солдат екен. «Жүр!», «Жүр» дейді, басқа қазақша сөз білмейді екен. Және ауылдан бірнеше атты бері, осылай қарай беттеді. Бізге енді жүрмеске болмады... Қыстауға жақындап келеміз. Соған тақалған сайын жүрегім алып-ұшып барады, не де болса бір жаманшылық болар деп ойлаймын. Қыстау төңірегінде толып жатқан солдат, олардың арасында бір-екі қазақ әйелі мен қазақтар көрінді. Бұл қазақтарды көргенде әке-шешемізді көргендей болып кеттік. Бірақ солдаттар аттарымызды тартып алды. Бұлар аяқтарын үсітіп, қызылдарға қашып бара жатқан солдаттар екен. Сөйлесе келе біздің Сүлеевтің семьясы екенімізді де білді. Сүлеев фамилиясы солдаттарға әбден таныс екен. Өйткені Біләл большевиктерге алып шыққан бір полк жаяу әскердің бұлар қалған қалдықтары болып шықты. Біздің көлігімізді қайтарып берді. Бір шәйнек шай ішіп, аттарымызға қайта қондық. Алдыма өңгерілген бесіктегі балама әлсін-әлсін қарап қоям... Күн бата бір тастанды қыстауға келіп түстік. Ертеңіне суыт жүріп, Талдыға түс ауа келдік. Талдыда Ораз Жандосов пен Біләл Сүлеевтер Найман мен Жалайыр арасын жөндеп, біздің жақтан барған аштарға бүтін ел, бүлінбеген Жалайырдан астық алуға мандат беріп жатыр екен...»
Фатима Ғабитованың үш жылдың ішінде үш рет босуы осылайша аяқталды. Ел тынышталды. Кеңес өкіметі орнады. Біләл Сүлеевтей жары бар Фатима Ғабитова қызу қайнаған жаңа өмірге араласып кетті. Әкесі Зейнолла Ғабитов бардағы бақытты күндерін қайта сезінді. Бала өсірді, ұстаздық етті, өзі қатарлас құрбыларының алды болды. Әсіресе, 1922 жылы жары Біләл Сүлеевке тірек болып, Жаркент қаласында «Түркі қыздар» мектебін ашқан күндерінде өзін аса бақытты сезінді. Халқының кәдесіне жарап, елге сіңірген еңбегінің нәтижесін көргенінен күш-қуат, нәр алды. Оқу-ағарту жұмысы ерлі-зайыпты жандарды жақындата түсті.
Біләл Сүлеев – асқан ақылды, келешекті терең болжайтын, ұлты үшін жанын бере алатын азамат еді. Абайды пір, ұлттық рухтың символы санаған Алаш зиялыларының қатарында болды. Абайша ойлау, Абайша ұлтын сүю, оның талантына тәнті болған Біләл Сүлеев Қапал қаласындағы татар мектебінде оқып жүрген кезінде-ақ Абай шығармаларын көпшілік жұртқа таныстырған. Ол Жетісуда оқу-ағартушылық қызметпен айналысты. Ауылдарда екі жылдық бастауыш мектептер, аудандарда жеті жылдық орталау мектеп және облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашты. Бұл мектептердің барлығы да жатаханалы болды. Мектептерде орыс тілін оқу жақсы жолға қойылды. Біләл Сүлеевтің бұл әдіс-тәсілдері қазақ жастарының ешбір бөгетсіз Совет Одағының барлық қалаларындағы жоғарғы оқу орындарына түсіп оқуларына мүмкіндік берді. Бұл жылдар Біләл Сүлеевтің бар таланты жан-жақты ашылып, ұлтына жасаған еңбек еткен жылдар болды. Осы жетістіктерге жетуіне Фатима Ғабитованың алатын орны ерекше. Ол жақсы ана болумен бірге, білімді әйел ретінде ерінің артына алаңдамай еңбек етуіне жағдай жасай алды. Біләл Сүлеевтің мемлекеттік қызметпен бірге творчестволық еңбектер жазуына да өлеңмен жазылған сатира және пьесаларының жарық көруіне көмектесті. Сүлеевтің «Қартаға салынған қатын» пьесасы 1921 жылы Алматы қаласында бірнеше рет сахнаға қойылды. Оның «Қайтсең көсем боласың», «Нақысбек», «Жұт жеті ағайынды» сияқты ұзақ өлеңмен жазылған сатираларын қалың жұрт қызығып оқыды. Ал, Фатима Ғабитова Алматы университетінің филология факультетінде сырттай оқуымен бірге оқу-ағарту министрлігінің жанында ашылған Коммунистік университетінде сабақ берді.
Фатима Ғабитова оқу-ағартушылық қызметімен бірге заманының талабына сай әйел теңдігін насихаттады. Анна Ахматова, Марина Цветаеваларға еліктеп өлең жазумен бірге әдеби салон ұйымдастырды. Біләл Сүлеевтің үлкен үйінен қонақ арылған емес. 1920-шы жылдан 1928-ші жылдар аралығында Алматыда да, Қызылорда да тұрған кездерінде қазақ зиялы қауымының жиналып бас қосатын же рлері Фатима Ғабитованың ұйымдастырған дастарханы болатын. Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Садвакасов, Сәкен Сейфуллин бәрі де кеш болса Фатима Ғабитованың жасаған бәліш, тұш, самсаларын жеп шер тарқатып сыр шертіседі, газет-журнал беттерінде жарияланған мақала, әңгімелер жөнінде әңгіме қозғайды. Ол кездегі тәртіп бойынша газет-журнал бетіне шыққан мақалалар бүркеніш атпен жазылатын болған. Бірақ жұрттың бәрі де бүркеніш аттың кім екенін жақсы білетін.
Фатима Ғабитованың сол кездегі жүріс-тұрысы, көз тартар көркемдігіне Алаш зиялыларының бәрі де тәнті болған.
«Тағдыр калап егерде,
Жүз көз берсе құдірет,
Жүзі де сізге қарар еді», - деп Ахмет Байтұрсынов өлең жолдарын арнаса, Міржақып Дулатов бір сөзінде: «Өз өмірімде көрген сүйкімді, сұлу – Бәлілдің әйелі- дейді. Жиналған Алаш зиялылары өздерінің өлеңдерін оқып, домбырамен кезектесіп ән айтысады. Көбіне кешті қыздыратын Бейімбет Майлин мен Жұмат Шанин болған.
1928-ші жылы Сүлеевтер жанұясы жұмыс бабымен Ақтөбе қаласына көшті. Бұл Фатима Ғабитова үшін соқпағы көп, сындарлы жылдар болды. Ақтөбеде Алматыдағы, Қызыл-Ордадағыдай зиялы қауым ортасының болмауы, ұстаздық мамандығына сай ыңғайлы, көңілге қонарлық жұмыс істемеуі оған қатты әсер етті. Әсіресе күйеуінің газет-журнал беттеріне өлеңдерін жариялатпауы көңілін құлазытып, еңсесін түсірді. Еркін сезініп, зиялы қауым ортасының көркіне айналған адамды күнделікті тұрмыс-тіршіліктің күйбеңі кібіртіктетіп, тынысын тарылта берді. Өкімет жұмысына толығымен берілген Біләл Сүлеевте жанұясына, жаны жүдей бастаған сүйікті жарына уақыт тауып, көп көңіл бөле алмады.
Ол уақытта замана талабына сай қызмет істеген Алаш зиялыларының бәрі де ұлт мүддесін, қара басы, жанұсы жағдайынан әлде қайда жоғары қойды. Біләл Сүлеевті кезек ауысқан өтпелі уақыт таразысы өзгертті. Қызметтің қарқыны оның кәсіпқойлығы мен парасаттылығын шектеді. Мінезі өзгерді. Қасындағы сүйікті адамының жан дүниесін түсінуден қалды.
Ақтөбе қаласына көшіп келген кездегі Фатима Ғабитованың көңіл-күйін төмендегі өлең жолдарынан көруге болады.
Үлкен уайым басады мені әрдайым,
Белгілі сұм дүниеге келген жайым...
Құр бекер туып, өсу, өлу үшін,
Келгенмен, жеді мені сары уайым.
Бұрынғылар алданған ұжымақпенен,
Нашар істен тиылған дозақпенен.
Маған әзір ұжмақ та, дозақ та жоқ
Біраз күн берілген ғой азаппенен.
Дүниеде арманды кім, әйел сорлы,
Неге әйел болып тудым, бейбақ мұңды?!
Қимыл еткен адымың бәрі аңдулы,
Өз еркім өзімде жоқ мен бір зарлы.
Тұрмыс ауыр, сұрқай сұрқым,
Енді менің, сөнді рухым.
Жанған жүрек, өртеніп ол,
Шала болып қалды мүмкін.
1929 жылы Біләл Сүлеевке оқу-ағарту министрі Смағұл Садвакасов Орынбор мен Ташкент қалаларындағы Қазақ мұғалімдер институттарын Орал мен Семей қалаларына көшіруді жүктейді.
Қашанда күштінің алары көп, берері жоқ. Мәскеудің қитұрқы саясаты кесірінен қазақ тағы да біраз жерлерінен айырылды. Бұған дейін 1920 жылы өмірі қазақтың құрамында болып келген Қарақалпақстан өзбектерге қосылған. Енді Орынбор қаласы бірнеше ауданымен Ресейге, Ташкент, Шыршық сияқты қазақ қалалары Өзбекстанда біржолата қалатын болды. Смағұл Садвакасов бастаған зиялы қауым Мәскеуге арызбен шапқылап, «Қу жақ» И. Голощекинге қарсы шығып, тек Түркменстанға кетіп бара жатқан Маңғыстау өңірін ғана алып қалуға шамалары жетті. Смағұл Садвакасов қызметінен босатылып, елден қуылды.
Қиыншылығы көп, мүмкіншілігі жоқ кезеңде институттарды көшіру, мұғалімдерге пәтер тауып беру Біләл Сүлеевтің бар уақытын алды. Айлап үйінде болмады. Жанұя жайында қалып, өз күндерін өздері көрді. Шаңырақ шайқатылып, іргесінің жігі ашылайын деді. Ең қиыны таудан домалаған тастай Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитованың араларындағы шынайы сезімдері де құрдымға кете бастады. Жығылғанға жұдырық тұңғыш қыздары Фарида 1930-шы жылдың 15 қаңтарында кенеттен қайтыс болды. Біләл Сүлеевтің шаңырағын қайғының қара бұлты басты. Сол бір қаралы күндер Фатима Ғабитованың күнделігінде былай жазылыпты:
«1930-шы жылдың басы. Ақтөбедеміз. Елден алыстап, дос-туыстардан да аулақтаған жыл. Қар қалың. Теңіздей телегей дала боп-боз. Суықпен шаңытқан сұп-сұр аспан. Осы кең даланың апшысын қудырып, абжыланша ысқырып боз далада боран бұр-бұрқ етеді. Жер – тулақша төселіп, қар жүнше бұрқырап, жел сабауша сабайды. Боран соққалы үш күн... Үсті-басым борасын. Қабырлықта тұрмын. Алдымда топырағы бұрқыраған жас қабыр жатыр. Осы бір қап топырақтың астында менің қарғам жатыр. Бекінген жер, өкірген жел қарғамды қалай қайырсын... Тек көз жасым мөлт-мөлт. Жаным күйзелген, жүрегім езілген. Тұрған тек тұлғам ғана. Сөгілген қабырғам, төгілген көз жасым келместі келтіруге қалай сеп болсын... Болмасына өзімнің де көзім жетеді... Бірақ мен үйде отыра алатын емеспін. Мынау боран, суық өмір – менің мұздаған жаныма онан арман қозғау салады. Жүрек бораны-дала боранымен астасып еріксіз айдап, қабырлыққа апарған емес пе? Сүйген сәулем, жаққан шамым сөніп, өмірдің өзенінен өтуге салым суға кетіп – қайраңдап тұрмын. Бақытым өртке шалдығып, қанатым күйгелі аз күн. Қарғамның өлгені жанымды өртеп тұр. Сол өртті, мына суық қабыр басында, мынау суық боранмен ұйықтатып тұрғандаймын. Борасын кейде ұйытқып көміп те кетеді. Алдымдағы қабырға төнгенмін мен, иілгенмін мен. Жүрегім дертт, жаным өртте. Менің өмірдегі сүйенішім сынған, махаббатым мертілген... Фаридам өлген... Мен соның моласында тұрмын. Маған тиген өлім оғының жарасы жазылатын емес..
Боранға бой бермей, молада ұзақ тұрдым... Ақырында ақырындап, үйге қарай бұрылдым».
Тұңғыш перзенттері, жанұяларының көзайымы Фариданың қайтыс болуы Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитованың араларын біржолата ашты. Олардың бір-бірлеріне деген ықыластары азайып, жүректері суыды... Фатима Ғабитова қызы Фариданың қайтыс болуымен бірге Біләл Сүлеевке деген махаббаты өлсе де жанұясын тастамады. Қанша түсініспестік болса да ерінің шаңырағын шайқалтқысы келмеді. Бірақ өзгерді... Ұлы Жәнібегін бауырына қысып, суық үйде жатып, тығырықтан шығар жол, жан дүниесінің жарасын жазар амал іздеді. Сүйеніші де, тірегі де кішкентай Жәнібегі жәй ауыра қалса да, өзі де денесі қалтырап бірге ауыратын болды. Ол жазылғанша ұйқысы қашып, берекесі кетіп, өзін қояр жер таппады. Санасынан тыс тылсым бір күш болмысын торлап үрей аралас қорқыныш әкеле берді. Жамандықтың дауылы жақындап келе жатқандай, көрген қайғысы қоюлана түсетіндей болып, ой-сезімін, тұла бойын арбай берді.
1930 жылы Біләл Сүлеевтің жанұясына жұмыс қажеттілігіне сай Ақтөбеден Орынборға, Орынбордан Оралға, Оралдан Ташкентке, Ташкенттен Семейге көшіп жүрулеріне тура келді. Фатима Ғабитова аяғының ауырлығына қарамастан жұбайымен бірге жүрді. Ерсілі-қарсылы көшудің ауыртпалығынан, мезгілді күнінен бұрын дүниеге Азат деген сәби келді. Бірақ жас нәресте де қазаның қайғысын, жанның жарасын жаза алмады...
1930-шы жылдың тамыз айында Семейдегі мүғалімдер институтына ректор болып тағайындалып, енді жұмысқа кіріскен Біләл Сүлеев «Халық жауы» болып ұсталды. Бірден Алматы қаласының түрмесіне қамауға айдалды...
Бұл ХХ-шы ғасырдағы қазақ зиялы қауымына қарсы ұйымдастырылған «Қызыл қырғын» науқанының басы еді. Осының алдында «Торғай ісі» ұйымдастырылып Жүсіпбек Аймауытовтар ұсталды. 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеуде Бутырка түрмесінде Ж.Аймауытов, Д.Әділов, Ғ.Бірімжанов, А.Жүсіпов төртеуі ұлтын сүйіп, соған қамқор болғаны үшін атылды... Елді үрей биледі...
Ажал мен апат қашан айтып келіп еді. Біләл Сүлеевтің «халық жауы» деп ұсталуы Фатима Ғабитова үшін аспанның бұлты жерге айналып түскендей болды. Күн демей, түн демей, таңның атысы, күннің батысы «елім-жұртым, халқым»,- деп аянбай маңдай терін төгіп жүрген азаматтың «халық жауы» делінуі мың ұйықтаса да түсіне кірмейтін жәйт еді. Бесікте құндақтаулы баласы бар, Семей қаласында жалғыз, қорғансыз қалған Фатима Ғабитова НКВД-ның қоқайын көре бастады. Үйлері тінтіліп, Біләл Сүлеевтің қолжазбалары түгелдей тәркіленді. «Халық жауының» әйелі ретінде жауап алынды, арандатушылықтар жасалынды. Семей қаласынан кетпей, жұма сайын НКВД-ға барып, белгіленіп тұруға міндетті болды. НКВД-нің жаналғыштары Кеңес үкіметін жақтап, күйеуін қаралауға итермеледі. «Балаларыңды ойла, халық жауынан не пайда бар. Алматыңа, туыстарыңа кеткің келсе Біләл Сүлеевтен бас тарт та, оның үкіметке қарсы әрекеттер жасағаны туралы жаз»,- деп қысым жасады. Бірақ, өр мінез, таза жанды Фатима Ғабитова күйеуімен аралары қанша суыса да, күні үшін иттікке опасыздыққа бармады. Қиындығына көніп, істің артын тосты. Біләл Сүлеевтің ақтығына сенді. Сол күндерді күнделігінде былай жазды: «1930-жылдың октябірі. Семейдемін. Жат жер, шет ел. Жанашыр жақын жоқ. Жалғыз өзім. Есігімнен ит бақпайды, тереземді жел қақпайды. Жаныма жан жууға қорқады, өйткені, мен саяси айыпкердің әйелімін».
Қазақтың қыздары қашанда қайсарлығы, намысшылдығымен ғаламды қайран қалдырған. Семей қаласында жаһанда жалғыз қалғандай күйзеліп, емшектегі баласын бауырына басып, қиналып жүргенде, ол Нәзипа Құлжановамен танысты. Нәзипа Құлжанованың өмірі де Фатима Ғабитованың өміріне ұқсас. Екеуі де жан-жақты білім алып, Алаш зиялыларының аққуы болған. Нәзипа Құлжанова күйеумен бірге 1914-1915 жылдары Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арнап, орыс императоры жағрафиялық қоғамымен бірлесіп, әдеби этнографиялық кештер өткізіп тұрған. Орыс тілінде Абай Құнанбаев поэзиясы жөнінде, қазақ мәдениетінің ерекшеліктері жөнінде бааяндамалар жасаған. Л.Толстой, М.Горький, Короленко, Куприндердің еңбектерін аударған. Өкінішке орай, Нәзипаның күйеуін де 1919-жылы ақтар «ұлтшыл» деп атып кеткен екен. Қос мұңлықтың айтар әңгімесі де, іштен шығарар шерілері де аз болмады. Көңілге демеу болар, ызғарды ығыстырар, шынайы жүректің түбінін шыққан сөзге не жетсін!..
Біләл Сүлеевтің абақтыдағы тергеу жұмысы екі жылға созылды. Фатима Ғабитова екі жыл Семей қаласында НКВД-ның бақылауында боды... Біләл Сүлеевке тағылған айыптар дәлілсіз болып, ол 1932-жылы ақталды. Тек Қазақстанда қалып, қызмет істеу мүмкіншілігі шектелді. Бүгін жабылған қылмысты істің қайта ашылмасына кім кепіл. Жанұясынан да береке кетті. Тән азабынан жазыларсың-ау, жан азабын қайтерсің... Біләл Сүлеев Москваға жер аударылған досы Смағұл Садуақасовтың қасына баруды ұйғарды. Москвада Әлихан Бөкейханов, Нәзір Төреқұловтар бар еді. Фатима Ғабитова Алматыда қалды. Олар ырду-дырдусыз, өз-ара келісімдерімен айырылысты. Үлкен ұлдары Жәнібек әкесімен Москваға кетіп, кіші ұлы Азат Алматыда анасымен қалатын болды. Өтпелі өліара, қатыгез заманның дауылы зиялы отбасының керегесін сындырып, шаңырағын ортасына түсірді... Бұл Фатима Ғабитованың өміріндегі ең бір ауыр, соқпақты, содырлы жылдар болды...
Өмір-өзен. Оның ағысы бірде қатты, бірде ащы, енді бірде тұщы. Фатима Ғабитованы өмірден өзінің өзгеше жолын іздеуі жанұясының күйреуіне әкелгені көп ойландырды. Сыртқа шығармағанымен іштей жан азабын тартты, қиналды. Өмір жолының тағы бір қилы көпірге кезіккеніне көзі жетті...
Сөнген сезім, қайтадан жан бітіп қызулансада әкесімен кеткен Жәнібегімен ойлаумен болды. Ағайын, тамыр-таныстардың мысықтары да орынды-орынсыз мияулай берді. Дос-жарандардың көздері тайқыды. Қасында махаббат отына жанып Ильяс Жансүгіровтей өзін сүйген азамат жүрсе де артына қарайлай берді. Ұлын сағынып, жаңа өмірге толығымен бой ұсына алмай қиналған кездерінде әдетімен оңашаланып, қаламына ерік берді.
Ақылсыз, ақымақ болып адамзатқа,
Не үшін қалдық жаным, жаман атқа?
Өмірдің ертесі емес ортасында,
Осы істеген ісіміз дұрыс-ақ па?
Ұлардың ұясындай тозды үйіміз,
Өзіміз де әлсіреп, жоқ күйіміз.
Артымызға бір айналып қарамаған,
Естен түгел айырылған біз жындымыз.
--------------------------------------------------------------------
Тәтең «залым», тәтең «тентек»,
Тәтең сенің «сорлы жан».
Сені тастап, сұмдық бастап,
Болған әзір «зарлы жан».
Жәнібегім, қарға, қарға!
Қарғысташы тәтеңді.
Жас күнінде зар жылатқан,
Мұз жүректі, тәтеңді!
1933 ж.
1932 жылы Фатима Ғабитова Ільяс Жансүгіровке тұрмысқа шықты. Олар бір-бірлерін 1919-шы жылдан білетін. Ільяс Жансүгіров Фатима Ғабитованы Ақсу қаласында алғаш көргенде-ақ ғашық болып:
Айнымай, қоспай, дәл айтсам,
Жалғанда Бәтіш сұлусың.
Бет-бітімді сұлу бар,
Туылса сендей туылсын.
Көкке біткен сұлу көп,
Сұлуда күннің нұрысың.
Жүрегі аяз, жаны мұз,
Жақындасын жалынсын.
Жерден өнген сұлу көп,
Сұлуда соның гүлісің.
Дауа шаппай жүргендер,
Иіскесін, дерті үзілсін, - деп өлең жолдарын арнаған. Жылдар жылымы, құрылған жанұя, бала-шағаның барлығы да Ільяс Жансүгіровке Фатима Ғабитоваға деген сезімін суыта алмады. Өлең арнады, көрмесе тұра алмайтын ауруға шалдықты. Мәскеу, Қызыл Орда тағы басқа қалаларда жүрсе де ақын жүрегі тек Бәтіш деп соқты...
Ал Фатима Ғабитова болса Ільяс Жансүгіровтың сөздерін жастығына балап мән бермей, хаттарына дұрыс жауап та жазбаған. Тіпті сезімге толы өзіне арналған өлеңдерін күйеуі Біләл Сүлеевке көрсетіп, хаттарын бірге оқыған. Бұл Фатима Ғабитованың іргесі іркелмейтндей бекіп, ана болып: «Көзімнің қарасы ғой екі-балам», - деп жанұя ләззатынан тоят алып жүрген кездері болатын. Бірде Мәскеден келген Ільяс Жансүгіров Фатима Ғабитоваға:
Сағындырып күн өтті,
Зарықтырып жыл жатты.
Бәтіш менің жанымсың,
Жанымнан сен қымбатты, -
деп басталатын өлең жолдарын арнайды. Оған Фатима Ғабитова мысқылдай күліп, ашулы сөздер де айтады. Бірақ махаббат толқынының бұзбайтын қамалы бар ма. Шынайы сезім оты сөнер ме... Ақтөбе қаласында тұрғанда Фатима Ғабитова Ільяс Жансүгіровтың сезімге толы хаттарына он жылдан кейін жауап бере бастады, ол хаттарының бірінде:
«Сен асқан талантты ,көркем сөздің бүкіл ел таңданарлық көрікті ,асыл күмбезін орната алатын алғыр ақынсын.Мен сенің бұл қасиетіңді көптен танығанмын.Енді мен сенің зарлы хаттарыңның орнына еліңнің тұтас тұлғасын көрсететін жалынды жырларыңды оқуға тілеймін.Сен әдебиет майданында күрделі,ел танданарлық табыспен көрінгенше мен саған хат жазбаймы.Сен де маған хат жазба !Майданға аттан. Көңіліңмен күрес.Жеңіп шықсаң , сөйлесерміз...» -дейді.
Мінеки, осы тарихи хаттан кейін Ільяс Жансүгіров «Құлагер » поэмасын жазуға кірісті...Ақынның шынайы махаббат оты Фатима Ғабитоваға ляззатты жаңа өмір айдынын сыйлады. Бұрын көрмеген сезім құшағына бөледі. Көктемнің қызғалдағы, жайраңдаған жаздың сарғалдағына айналды. Махаббат сезімдері олардың табиғат берген таланттарын аша түсті. Рухтанған Ільяс Жансүгіров қанатына мініп тұлпардың әдебиетімізге «Құлагер» поэмасын әкелді. Ақан сері бейнесі арқылы қазақтың бар адами қасиеттерін,жанынын тазалығын, арманынын асқағын,арының құйындылығын көрсетті.Сұлулықтың сырын түсіндіріп қана қоймай,содан өзі де нәр алып, кәусар көзін ашты.Халықтың әдет-ғұрып , салт-дәстүрінің ерекшелігін көрсетумен бірге отарлық жүйенің озбырлығын:
«Оязы Қараөткелдің Измаилов ,
Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ»,-деп әшекереледі.Ресей империясы жерін алып сергелдеңге түсіп , жойқын жұттың зардабын тартқан қазақтың зарын айтты.Бүгінгі күннің кемшілігін өткен күндердің қасіретінен екенін келер ұрпаққа жазып кетті. Фатима Ғабитоваға деген сезімі оны лирик ақын қылды. Ал Фатима Ғабитова қайтадан зиялы қауым айдынының аққуына айналды. Жақсылардың басын қосып, жандарын жадыратты. Алысты жақындатып, қасындағыларға қамқор бола алды. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін, беделді жеңге кейбір қайындарының шалыс басқан адымдарын да жуып, шайды. Керек кезінде жәй ақылмен емес, білек сыбанып іске кірісіп, шаңырақтарының шайқалмауларына әсер етеді. Бірде Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов екеуінің әртіс қыздарымен қыдырыстары шектен шығып кетсе керек. Бұл «әмпәй-жәмпәйдің» арты насырға шауып, Бейімбет Майлинге үйінен кетуіне тура келеді. Бейімбет Майлинның әйелі Гүлжамалды көңілдес сіңлі қылып жүрген Фатима Ғабитова, болған оқиғының бәрін шу шығармай, сылап-сипап жөндейді. Тіпті, Бейімбет Майлин аз уақыт Жұмат Шаниннің үйінде жігіттер жиналып, күнде кешкісін ойнайтын картасына баруды да тоқтатады.
Ол Біләл Сүлеевпен отасқан жылдары көбіне қоғам қайреткерлері, биліктің адамдарымен араласса, енді ақын-жазушылармен тығыз байланыста болып, творчествосын қоғамдық жұмыстармен қоса-қабат жалғастырды. 1932 жылдан бастап Халық ағарту комиссариатында Ғабит Мүсіреповпен бірге қызмет істеп, бөлім басқарды. Бұл Ғабит Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Даулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышовтардың Қазақстандағы ашаршылық жөнінде И.Сталинге «Бесеудің хатын» жазып, жолдаған кездері.
1930-шы жылдары уақыттың аласапыран қиындығына қарамастан, Алаш зиялылары бас болған қазақ мәдениеті жаңа бағытта жан-жақты тоқтаусыз дамыды. Әсіресе, талантты жастар театр төңірегіне жиналды. Қалибек Қуанышбевтың әзіл-шыны әңгімелері, Әбікен Хасеновтың тартқан күйлері, Шара Жиенқұлованың мың бұралған билері, Құрманбек Жандарбековтың екпінді тақпақтары, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов шырқаған әндері – жүдеген көпшілік көңіліне демеу болды.
Халық-ағарту министрі С.Меңдешев пен Жазушылар Одағының төрағасы Ільяс Жансүгіров бірігіп, Ораз Жандосовтың қолдауымен ел аузындағы әдеби туындыларды жинап, бастыру туралы шешім қабылдайды. Бұл қаулыны орындау тікелей Фатима Ғабитоваға жүктеледі. Ол кезде Ахмет Байтұрсынов пен Смағұл Садуақасов салған тәртіппен білімді қазақ зиялыларының көбі оқу-ағарту саласы төңірегіне жинақталды.
Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин, Қажым Жұмалиев тағы басқалары оқу-ағарту саласымен бірге өнер, театр жұмыстарына басшылық жасады. Газет-журналдар редакциялары, баспалармен тікелей байланыста болды. Қазақ жастарына арнап оқулықтар жазды, творчествамен айналысты. Ахмет Байтұрсынов «Оқу құралын» жазып, қазақ грамматикасының негізін салса, Мағжан Жұмабаев – педагогикадан, Жүсіпбек Аймауытов – психологиядан, Халел Досмұхамедов – зоология мен физиологиядан, Жұмахан Күдерин – ботаникадан, Әлімхан Ермеков – математикадан қазақ тілінде оқулықтар жазды.
Фатима Ғабитова белгілі қаламгерлер мен ақын-жазушыларға бар беделін салып, қолдарында бар материалдардан ауыз әдебиеті қорының негізін жасады. Әр жазушыға өтініш жасай отырып, тікелей тапсырмалар береді.
Сейфуллинге – Әубәкір, Ақан-Сері, Ыбырай Алтынсарин, Асан-қайғы, Тезек төре;
Иманжановқа – Жамбыл;
Тоқмамбетовке – Мамай ақын және Иманжүсіп;
Тұрманжановқа – Майлықожа, Молда Мұса, Нұрәлі;
Майлинге – Нұржан Наушабаев, Мұхамеджан Сералин;
Жансүгіровке – Албан Асан, Құл, Сүйімбай;
Манаевқа – Шангерей Бөкеев;
Қоңыратбаевқа – Будабай;
Ахметовке – Нарымбет;
Шанинге – Алтынбай, Жаяу Мұса, Мәди, Балуан-Шолақ;
Әуезовке – Қозы Көрпеш, Бұхар жырау, Әріп;
Бөжеевке – Алдар көсе;
Өмірзақовқа – Қанжығали Бөгембай;
Тлеулинге – Сүгір, Ғауаз, Сырым;
Сонымен бірге Әуезов, Жаманқұлов және Сейфуллиндер «Мәшір Жүсіптің» еңбектерінің толық жинағын жасауға міндеттенді. Фатима Ғабитова елдегі Шәкәрім, Дулат сияқты ақын-жыраулардың да еңбектерін жинады, бірақ оларды өзінің жеке мұрағатында сақтады.
Елдің түпкір-түпкіріндегі ақын-жыраулардың еңбектерін қағазға түсіріп жинау, оны жаңа қаріпке көшіру, қолжазбаға тиын ақы төлеу тәрізді қыруар жұмысты Фатима Ғабитованың бөлімі атқарды. Диваевтың толық жинағы, жыр-эпостардың жобалары, халық аузындағы мақал-мәтелдер, ертегі әңгімелер қалыпты түрде сол жылдары жинақталды. Қазақ ән-күйін зерттеп, жинақтаушы ғалым-этнограф, музыкант Затаевичке Фатима Ғабитованың көмегі көп тиді. 1001 әннің жинақталып, нотаға түсіп шығуына әдебиет пен өнер бөлімінде жинақталған көптеген әндер кірді. Затаевич пен Фатима Ғабитовның творчестволық достықтары ұзаққа созылды. Затаевич Фатима Ғабитованың ой-пікірімен әрдайы санасып отырды.
Бірақ заманның қалай болса, бөркің солай киіледі. Әл-ауқаты төмендеген, ашаршылық меңдеген елдің ауыр хал-жағдайы, көзсіз шалқып-төгілуге мұрша бермеді. Аштық көрген адам психологиясы өзгеріске ұшырады және ол бастапқы қалпына келе алмады. Ұлттық арман тілегінен айырылады. Ұлттық сана, болмыста тежелу өріс алды. Аштық ұлттық генофонды жәй бұзып қана қоймай, қанға сіңіп, ұрпаққа тарады. Қорқыныш, үрей қалыпты іске айналды. Кісілік қасиеттер мен рухани келбетті өзгертті. Ал Қазақстанда 1915-ші жылы қазақтар 90 пайызды құраған ұлт болды. Әлихан Бөкейхановтың 1924-ші жылғы, «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған мақаласында қазақтардың санын 6 миллион 470 мың деп көрсетті. Бұған Сырдария облысы, Хиуа мен Бұқарада тұратын қазақтар кірмеген. Қазақтың өсу коэффициенті 2,5-ға тең болғанын ескерсек ашаршылық алдындағы олардың саны 7 миллионнан аса болды.
Бірде көшеде қайыр сұрап жүрген әйелді Фатима Ғабитова үйіне әкеліп тамақ береді. Әлгі әйел жол бойғы Алматыға жеткенше көргендерін айтады. Фатима Ғабитованы естігені есін шығарғаны соншалық, жүйкесі ұстап ауырып қалады. Ашаршылық жөніндегі үй-ішіндегі әңгіме дүкен, көргендері Ілияс Жансүгіровтың «Жұт» поэмасының жазылуына септігін тигізді.
... Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр.
Өз баласын өзі үйітіп, сирағын жеп,
Көр азабын тірідей көріп жатыр...
Бұл қазақтар «Құжақ» атап кеткен И.Голощекиннің саясаты кесірінен болған ашаршылықты көрсеткен алғашқы поэма болды. «Жұт» поэмасының жарық көруіне Фатима Ғабитова әсер етті. Ашаршылық жылдары Фатима Ғабитова көп адамға жақсылықтар жасады. Ашыққандарға демеу болып, қол ұшын берді. 1932-ші жылдың май айында ауылымен жоқшылықтан қырғыз еліне ауып кеткен Жамбыл Жабаевты іздеткізді. Қаскелең қазақ мектебінің директоры Имашев деген азаматқа оқу-ағарту министрлігінің арнайы бұйрығымен Жамбыл Жабаевты елге алдырды. Өлеңдеріне ақша беріп, жағдайын жақсартты. Әсіресе тарыққан ақын-жазушылардың жан-ұяларымен қолындағы барын, балаларының аузына жырып бөлісті. Фатима Ғабитованың архивінде азық сұраған Шаниннің нан сұрап қиналып жазған хаты да сақталыпты.
Ашаршылық жылдары адамның бет-пердесін айқара ашып, адамгершілік қасиеттерді жалаңаштады. Фатима Ғабитова осы қиын-қыстау, ұлт басына қатер төнген уақытта Ілияс Жансүгіровті басқа қырынан, азаматтық биік тұғырдан көрді. Ақынның жан-дүниесін, өзіне деген махаббатын ғана емес, оның адами-рухани тазалығын көре білді. Талантымен бірге елге деген қамқорлығын санадан тыс, тарихи болмыс деңгейіндегі дәрежесін көріп, түсінуге айналды. Енді Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровке өзіне ғашық ақын ғана емес, саяси тұлға, ұлтының арман-мақсаты үшін ұлы істерге бара алатын қасиетін таныды. Күйзелген жаны жадырауға, ортайған көңілі толуға айналды. Жүрегінің түкпіріндегі әкесі Зейнолланың бейнесі арқылы жасалған Ер азаматқа қажет қасиеттерді Ілияс Жансүгіровтың бойынан тапты. Ол – күшті, көркем сөздің шебері ғана емес, тұрақты пікір, ойнақшымас ойдың иесі екені көріп білді.
Фатима Ғабитованың өмірінде 1934-ші жылы ерекше орын алды. Кеңестер Одағы жазушылары съезіне делегат болып сайланып, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровпен бірге Ленинград, Москва қалаларының зиялы қауымымен танысып, мәдениет ошақтарын аралады. Максим Горькиймен танысып, оның саяжайында қонақта болды.
Бірнеше тілде еркін сөйлейтін Фатима Ғабитова съезд делегаттарын білімімен, мәдениеттілігімен қайран қалдырды. Ақын-жазушы делегат әйелдермен кездесіп, қоғамдағы ананың орны, балалардың тәрбиесі жөнінде ой-пікірлер алысты. Съезд жұмысы барысында түрік рулас елдерінің әдебиетшілерінің қоян-қолтық араласып кетуінде де Фатима Ғабитованың рөлі күшті болды. Әсіресе татар жазушылар Одағы мен Қазақстан жазушылар Одақтарының аралары жақындай түсуіне, Төрағалар Қауи Нажим мен Ілияс Жансүгіровтың достасуына тигізген әсері зор. Ал 1936-шы жылы А.С.Пушкиннің өліміне жүз жыл толуына арнап Ілияс Жансүгіров қазақ тіліне Евгений Онегинді аударғанда Фатхи Борнаш Евгений Онегинді татар тіліне аударды. Бұл екі ақын аудармаларында қолданылған әдістерін біріне-бірі хаттар арқылы алмасқанда орталарындағы хатшылары Фатима Ғабитова еді. Бұл хаттар Фатхи Борнаштың және Ілияс Жансүгіровтердің мұрағаттарында сақталған.
Ілияс Жансүгіровпен бірге өткізген 5 жыл Фатима Ғабитованың өзін махаббаттың бұлағына шомылған әйел, абзал ана сезінген, бақыт шыңының биігінде қалықтаған ұмытылмас күндері болды...
Дүние жауабын таптырмай келе жатқан екі жұмбақ бар. Бәрі әлемнің шексіздігі мен табиғаттың сұлулығы да, екіншісі адамның ішкі рухани өмірі. Әсіресе адамның ішкі жан дүниесі, оның өзінен тыс болмысын санамен саралау мүмкін емес. Жаратқан тәңірдің күні бұрын білдірмейтіні жоқ. Тек соған мән беріп, көре біл...
Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровпен бірге өткізген бақытты күндерінің ұзаққа созылмайтынын ерте сезген тәрізді. Оған Мәскеуде жазушылар одағының съезіне дайындық жасап жүрген Ілияс Жансүгіровке жазған хатынан көруге болады.
1934 жылдың 3 наурызында Москвада жүрген Ільяс Жансүгіровке көрген түсі жөнінде мынандай хат жазады: «Мен Қапалда өзіміздің бұрыңғы үйде екенмін. «Су келіп қалды»,-деп біреу хабар айтты. Біз жақын тауға жан сауғалап бармақпыз. Біз суға ақтық. Алдымен суға кеткен-мен. Суда ағып барамын, Үмітайым су жағасында жылап жатыр. Қолымды созып, Үмітайымды алдым, бауырыма бастым. «Бірге ағайық, айырылмайық» деймін. Су жағасында Азатайым жылап тұр. Оны екінші қолыма алдым. Үшеуміз ағып барамыз. Біраздан соң судың астына баттық. Қолымда екі бала – үшеуміз де тұншығып барамыз. Мен аузымнан бұрқылдатып су шығарам. Екі баланың да ауыздарынан суды бұрқылдатып шығарғанын сезем. Біраз сол қалыпта ағып бардық. Бір ауыр бірдеңе менің оң жағымды басты. Құлаған үй екен деймін. Үйдің астынан екі баламмен мені де тауып алып, туыстарым көмгелі жуып қойған. Біз өлік. Мен ортада, Азатай мен Үмітай екі жағымда. Сол уақытта менің ойыма келді. Біз неғып жаншылып бітпей, аман сақталып қалдық екен деп. Сонан соң оянып кеттім. Барлық жерім тер, басым оттай қызып, ауырып барады. Тұрып су іштім, біраз төсегімде отырдым. Мен сондай азапты түс көргенде сен қайда едің? Мен сені түсімде көре алмадым. Сен қайда болдың? Мені көмгенде де туыстарым көмгелі жүр. Мен ағып бара жатқанда да туыстарым жағада жылап қалған сияқты. Сен жоқсың! Хатымды алысымен жауап жаз! Қайдағылыңды білдір!» Патимаң. Алматы.
Отаршылдық саясатты «кедейлер өкіметі», «тап күресі» деген жалған ұранмен жалғастырған коммунистердің науқаны таусылмады. Дінді апиын қылып, моллаларды қойша сабатқызды. Ежовтың тікенді қолқабымен «Халық жауларын» алқымынан сығымдап тұншықтырумен болды. Тек, мұртынан жымиған Сталин көсемді еңбекші халықтың әкесі, күннен-күнге жарқырап, шуағын бар адамзатқа шашуда деп шулады. Ал сол Қызыл империяның жоспарлы жорығынан 105 мың алаш ардақтылары қуғын-сүргінге ұшырады.
1925-ші жылдың қыркүйегінде М.Голощекиннің Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы болып келуімен бірге, қазақ оқығандарын жаппай қуғындау басталды. 1926-шы – 1930-шы жылдары құғындалып сотталғандарымен аз атылса, 1937-ші жылдан бастап қазақ интеллигенциясы мыңдап қырылды. Бір Алматы қаласының өзінде 1938-ші жылдың 25-ші ақпанынан 13-ші наурызына дейінгі аралығында 631 адам атылған. Осы жылы күн сайын орта есеппен 43 адам атылып отырды. Қазақ жерін қайғының қара бұлты басып, Қызыл империяның сұрқиялы дауылы тұрды. Есті-есінен ауысты, есерлер ілгері басты...
Қызыл империя саясатының сапырылысы ағын-ақ, қарасын-қара деп турасын қаймықпай айтатын тілеулес жұрттың берекесін кетірді. Жұрт тірі аруаққа айналды. Түрі қимылы бар, жаны жоқ. Түстері жабыңқы, милыққа түсіп жымырайған кәртүздерге жасырынған көздері ғана жылтырайды.
Фатима Ғабитова 1937-ші жылдың тамызында Ілияс Жансүгіровтың қалай тұтқындалғанын күнделіктерінде былай еске алады:
«Тамыздың он бірінде Жазушылар Одағының парторгы Әбдіқадіровтың шақыру телеграммасын Дегерестегі жайлауда алдық. 13-ші күні Алматыға келдік. Біраз жазушылардың тұтқындалғанын естідік. Көңілді қорқыныштың күдігі биледі. Ілияс үйден шығып кетіп, бірер сағаттан кейін Мұхтар Әуезовпен бірге келді. Өңдері суық, қабақтары қатулы. Үшеуміз түскі тамақты үнсіз іштік. Ілияс пен Мұхтар жұмыс кабинетіне оңашаланып ұзақ әңгімелесті. Күн қасқарая біз Мұхтарды шығарып салуға көшеге шықтық. Екеуі тағы да ауыр шыққан дауыстарымен әңгімелерін жалғастырды. Мен кібіртіктеп, жүрісімді баяулаттым... Ілияс пен Мұхтар күн батып, кеш қарайсада көшеде ерсілі-қарсылы ақырын жүріп, арасында тоқтап-тоқтап, бір-бірлерінен көз алмай қарасқан күйлері ұзақ әңгімелесті. Түрлерінде бастарына түсіп, иықтарынан басқан қасіреттің нышаны бар.
Өмірлеріне қауып төнген кезде адамдар аз сөйлесе де, шын сөйлейді.Өмірдің мағынасына үлкен мән беріп, қатер төнген әр сағатын қадірлей алады.Тағдырларының ауыртпалығына жәй көндігіп қана қоймайды,адамгершіліктің бет-пердесін сақтауға тырысады. Шынайы аманатта осындайда туатын шығар.Жәйшылықта сөздеріне араласып, дастархан басына шақыра беретін ерке келіншек болсам да, қастарына баруға батылым жетпеді. Қоғамды жайлаған қасіреттің қара бұлты қоюланып, менің үйіме де келе жатқанын сезіндім... Қорқыныштан бойыма біткен нәресте де шошынып, іштей тебісін қоймады. Кезінде қызылдардың әскерінен, большевиктерден Қапалдан Ақсуға қашып, босынғанымыздай бар сана-болмысымызды үрей билеп, тынысым тарылып, кеудем ащи бастады. Шошындым... Денем өздігінен мұздап, жүрегім суып, қалтырауға айналдым...
НКВД-нің жаналғыштары түнде келді. Тұтқындау жөніндегі қағазды көрсетер-көрсетпесте үйдің астан-кестенін шығарып, тінтуге кірісті. Байғазыдай бәленің бәрін болжайтын НКВД-ның жандайшаптары тұтқынға алуды көрсоқырдай түнделетіп іске асыруды осылайша әдетке айналдырған. Тіміскілеген иттер іздегендерін таппай, тінтулерін таң атқанша жалғастырды. 1930-шы жылы Біләлді жазықсыз тұтқындап, жазған өлең, пьесаларын НКВД-ы алып кеткендіктен жүрегім алғаш шайылып еді. Соны көргендіктен болар, мен Ілиястың қолжазбаларына мұқият қарауды әдтке айналдырып едім. Жарияланбаған өлең-поэмалардың түп нұсқаларын шоландағы сандыққа салып, үстіне ескі-құсқыны тастай салатынмын. Ол қолжазбалардың арасында ашаршылық кезінде жазылған шығармалар да бар еді. Балалар улап-шулап жылауын қоймады. Шошынып шырылдаған Үмітім мен Ильфамды құшағыма алып, дауыстарын шығартпайын деп бауырыма қатты қыстым... Өксіктерін баса алмай, қалшылдаған қос қарғашымның көз жастары көйлегімнен өтіп, денеме жетті...Ілияс Жансүгіровтей жан-жүрегімен құлдық ұрып, ұлтжандылықтың тума бұлағын суалтпауға тырысқан азаматтың «халық жауы» болды дегенге кім сенер. Не қылған сұм заман еді...
Ілияс Жансүгіров тұтқындалғанда Фатима Ғабитова үш ұл, екі қыз – бес баламен «халық жауының» әйелі болып артында қалды...
Сол сұрапыл, запыранды күндерде Фатима Ғабитова не бір сұмдықтарды қара басынан өткерді. Күйеуі тұтқындалған күннің ертеңінде-ақ, соттың үкімінсіз, ақ-қарасына қарамай «халық жауының» жанұясы үйді босатсын деген шешім шықты. Барар жер, басар тауы жоқ. Пәтерлерін өкімет пен партияны жатпай-тұрмай мақтап жүретін ортан қол жазушы Қ.-ға берді. Ол аз күн бір бөлмеде тұруға да қараттырмай Фатима Ғабитованы балаларымен көшеге қуып шықты. Сондағы айтқан сөзі «Қалай менің балаларым «халық жауының» балаларымен бір шаңырақтың астында жатып, бір есіктен кіріп-шығып жүреді» депті. Өзі талай жақсылықтарын көрген Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтың балаларын көз жастарына қарамай күздің суығында далаға қуды. Өкіметке жағып, ел ашығып, берекесі кетіп бұралып жатқанда, жемегені алдында, жегені артында шалқақтап жүрді... Ажалдың аяусыздығынан, адамның қаныпезерлігі жаман екен... Елден біржолата береке кетті. Өзді-өзіміз дүрегей болмай, бірегей болып, ел болайық деген Алаш азаматтарының орнын ұры мысықтай жымсыңқырағандар басты.
Фатима Ғабитова жауын-аралас қарлы күндері кішкене пәтерде тұратын Бейімбет Майлиннің кіре беріс бөлмесіне балаларымен көшіп баруға мәжбүр болды. Көшіп жүргенде мезгілсіз толғағы қысып, зертханаға жете бере нәрестесін көшеде туды... Ал үйлеріне ие болған жазушы Қ...ы олардың қалған дүние-мүлкін Бейімбет Майлиннің есігінің алдына әкеліп төңкеріп кетті. НКВД-ның қолына түсіп үлгермеген қолжазбалар көшеге шашылды... Амалсыздан балаларын Қапалдағы туыстарына жіберуіне тура келді. Ал өзі сол күндері қойнында жас нәрестесі Болат бар, таңның атысы, күннің батысы Ілияс Жансүгіровпен кездестіріп қалады ма деген үмітпен түрменің есігін күзетті. Түрменің айналасында туыстарының хабарын күткен адамдарда сан жоқ. Көбі қазақ зиялылары, ақын-жазушыларының әйелдері, бала-шағасы. Тергеу бітпей кездесуге рұқсат жоқ десе де, үмітсіз шайтан, ешкім де кетпей, түрмені айналшықтай береді...
Жамандық жамандылықпен жалғасын тапты.Ілияс Жансүгіровтің қасіреті аздай Фатима Ғабитоваға Қарақалпақстаннан 14 жасар үлкен ұлы Жәнібек әкесі «халық жауы» Біләл Сүлеевпен бірге түрмеге түсті деген хабар келді. Ол жылдары Біләл Сүлеев Москвадан Қарақалпақстанға оқу министірі болып жұмыс ауыстырған еді. Күйінген ана ішіндегі құсасын қағаз бетіне түсіреді.
Фатима Ғабитова көптің бірі болып, заманның тауқыметіне иілмеді. Өрлігін, Ұлы даланың ардақты азаматтарының жары болғанын қадір тұта білді.
1937 жылдың қайғы-қасіреті жөнінде ештеңеден қорықпай өлең жазып, жора-жолдастарына оқылы. Кеңес өкіметін зұлым айдаһарға теңеді.
Қанды жыл мың тоғыз жүз отыз жеті,
Айдаһар түгін тігіп, зәрін төкті,
Орны толмас сан сұңқар қанат қақты,
Еріксіз ұшқан олар қайда кетті?!...
Әсіресе дос болып жүріп қас болған ынжықтарды қатты сынады.
Барлық дос қайырылмай қашты бүгін,
Барлығы әлдеқайда босты бүгін.
Шенқұмар, мансапқұмар, өңшең жасық,
Шын сөзін де айта алмай састы бүгін.
Өңшең жасық, шірігін қашсаң да сен,
Барлығыңды жауапқа тартармын мен,
Әділ үкім жер жүзінде болса егер,
Бересің бір күн жауап, пасық көкем,-деп қаламымен сыбанып күреске шықты.
Адамның тәні таңғы тұман сияқты, дұрыстап қарай алсаң оның арғы жағында жан көрінеді...
Азыну шекке жетті. Қазақтың жауы қазақ болып, қандас-туыстарын қызыл аждаһаның аузына өздері салып, азапқа түсірді. О дүниенің тамығы қазақтың тіршілігінің қазаны мен дастарханынан көрініс тапты...
Бет-пердесі ашылған пендешілік, күнделікті өмірдің сиқын кетірді. Қаралы күндердің ауыртпалығы артып, қанды жылдар тоқтаусыз жылжи берді. Фатима Ғабитованың бойында көрген азап-зорлығының мөлшері қанша көп болса, сол зорлыққа деген қарсылықта сонша болды. Алды-артын ойлайтын есеп-қисабы болса да, кейбіреулердей талма түсте бырысқан терідей бір уыс боп тырысуды білмеді. Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтың өзінен тумаған балаларын да іздеп тауып, бауырына басты. Көз ұшынан ұзатпай, қол ұшын беріп көмектесті... ерте ме, кеш пе әділдіктің ақ таңының ататынына сенді. Тосты... Бірақ, өзін азапқа салып, балаларын жетім қалдырған қас дұшпандарына деген ыза-өшін ішінде сақтады.
Ілияс Жансүгіров «халық жауы» ретінде сотталып, «ит жеккенге» жер аударылды десе де Фатима Ғабитова түрмені айналшықтай берді. Жүрегі жамандықты сезсе де жақсылықтап үмітін үзбеді... Мұңдас, қайғылас құрбылары Гүлбарам Сейфуллина, Гүлжамал Майлина Ақмоладағы «халық жаулары әйелдерінің түрмесіне» айдалды. Халық жауларының балаларын анасынан айырып, аты-жөнін өзгертіп, «жетімдер үйіне» жібере бастады... Қайда барса да сыбырланған қорқынышты қауесет. Жұрт аз сөйлесе де, түрлерімен көпті айтып, көздеріне мұң ұялайды... Сөздерінің емексітуден гөрі шошытуы жиі. Шарасыздықтың сергелдеңі екеніне көзі жетсе де, үмітін үзгісі келмей амалсыз тыңдайды.
1938-ші жылдың сәуір айында «Социалистік Қазақстан» газетінде он тоғыз «халық жауының» атылғаны жөнінде хабар шығып, соны барлық оқу орындарында талқылау басталды. Фатима Ғабитова сол он тоғыздың бірі Ілияс Жансүгіров екенін білмесе де, өзінің оқушыларына халық жауларын әшекерелемеді. Оның орнына бұл жұмысты оқу ісінің меңгерушісі жасады...
Сол 1938-шы жылы Ілияс Жансүгіровтың отбасы екі жылға Семейге екінші рет жер аударылды. Фатима Ғабитова бес баласымен тағы да айдауға түсті. Семейде НКВД қызметкерлері тағы да тамықтың отын жағып, үкіметке берілгендіктерін көрсетіп, жұмысқа тұруына рұқсат бермей, балаларын ашықтырды. Амалсыздан пәтердің жалына, балаларының азығына қысқы киімдерін сақина, жүзік-білезіктерін сатып, алмастырды. Қайрат көрсетер, бас көтерер жалғыз өзі. Билік болып көрінген жауыздарға қарсы күресер дәрмен де аз. Жағдай тек Фатима Ғабитованың Сталинге жазған хатына жауап келгеннен кейін ғана өзгерді. Мектепте сабақ беруге мүмкіншілік алды...
Балды базары артта қалғанын білсе де, бар тілегі балаларының болашағы болды. Бейсауат милиция киіміндегі адам көрсе жиырыла қалып, тынысы тарылып, тұла-бойы мұздайды. «Тағы бір пәле болып қалды ма», -деп көңілі алаңдап, жүрегі суиды. Сондағысы «тұтқындалып, түрмеге жабылса, балалары қайда барады, қаңғырып аштан өледі-ау» деген ой... Кежір тірліктің ың-жыңы таусылмай, ет-бауыры елжіреп, іші ұлып жүрсе де, сыр білдірмей, бәріне төзе білді. Мақсаты Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтердің артында қалған балаларының амандығы, ұрпақтарының жойылып кетпеуі...
Заман зұлапатының жапасы, қапасы кешегі бал дәурен өмірді қанша ластағанымен, сезім болып, бойға сіңген таза жан әлемін кірлете алмады. Қиыншылықты құдіреттің сыны деп қарауға айналды. Іштегі өмірге, сұлулыққа, парасаттылыққа деген сүйіспеншіліктің діңгегін сындыра алмады. Жастайғы өмір үшін күрес тәжірибесі қандаймада қиындық кездескен сайын өрлендіре, қайсарландыра түсті...
Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіров үшін қандай қиыншылықты басынан кешсе де олардың рухына табынып өтті. Дәмдері жараспай Біләл Сүлеевпен ажырасқанан кейін де ол жөнінде бір ауыз қиянат сөз айтпады. Қайта бар балаларына үлгі етіп, еңбектерін оқуды өсиет етті. Есінен шығарған жоқ. Аруағына:
Қан аралас көз жасынан
Аттағандай боламын.
Сорлы бір жанның моласын,
Таптағандай боламын,-деп өлең жолдарын арнады.
Фатима Ғабитова 1940-шы жылы екі жылдық айдалу мерзімін өтеп, Алматыға келгенімен, 1942-ші жылы қайтадан Жамбыл облысы Мерке ауданына жер айдалды. Арзандау болсын деп, Мерке қаласының маңындағы ауылдан бес баласымен шағын бір бөлме кепешік жалдады.
Фатима Ғабитова үшін тағы да жүректі ойып, өзекті өртейтін күндер көбейді. Ертесімен күн шықпай 5-6 шақырым жердегі Мерке қаласындағы мектебіне жаяу барып, кешкісін арып-шарып жаяу үйіне зорға жетеді. Қанша шаршап келсе де, табанының дуылы басылысымен үйдегі тірліктің қамына кіріседі. Келесі күнге балаларына тамақ әзірлейді, кірлерін жуады. Күл шығарып, от жағады. Жатарында балаларына өлең оқиды, орта қотан отырғызып, майшамның жарығымен кезектетіп кітап оқытады. Көбіне өзі Ілияс Жансүгіровтың «Шилі өзен, қамыс ай» өлеңін ыңылдап айтып, кенжесі Мұрат Әуезовпен бірге қалғиды.
Тұрмыстың тепірішін аз көрмесе де, балаларын ешкімнен кем қылмай, жан-жақты білім беруге, еңбекке баулуға тырысты. Көкей кескен армандары сағымданып, алыстаған сайын, самайын қырау шала бастады. Ешқашан балаларына сағынын сынып, қиыншылыққа налығанын көрсетпеді.
Күндіз мектептегі жұмыс, көңілін тыныштандырып, беймаза ойларын ұмыттырғандай болады... Бірақ ұзақ түн бәрін еске салады. Әсіресе таңсәрі қорлықтың көрі. Аз болсада тыныққан дене болмысты тербеп, іштегі мұң-зарды, қайта-қайта ойға әкеледі. Аяулы жандар, балалардың ертеңі, күмән мен күдіктің аңсары жанды жейді... Балаларының ертеңін ойласа да ол, уайым теңізінің тұңғиығына берілмеді. Шер-шеменді іште тұндырып, сыртқа сыр бермеуге тырысты, сабыр тұтты. Амалсыздықтың тауқыметіне арланып, әлде-немеге қорланып, оңашада көзіне жас келсе де, сезім түйсігін жансыздандырып, намыстың атына мінді. Шерлінің күнін көрудемін, күн көрісім қиын деп, «ләм-мим» демеді. Күйзеліп қиналып жүрседе, дәурені өткендей жүргендерден әлдеқайда биік болды. «Халық жауының» айдаудағы әйелі болса да, қайсарлығының, ақылдылығының, тектілігінің арқасында өзін мойындата білді. Мектептегі оқу ісінің меңгерушісі болып, жас түлекті тәрбиеледі. Ұстаздығынан жалықпай, қажырлы еңбегімен ер азаматтың ісін істеді.
Фатима Ғабитоваға жұбайы Ілияс Жансүгіров халық жауы болып іс-түзсіз жоғалғаннан кейін көмектесіп отбасына қамқорлық жасаған Мұхтар Әуезов болды.Өзінің соңында қоңырауы болса да,ол шама –шарқына қарай Алаш зиялылары,пікірлес достарының жан-ұяларына кол-үшін беруден жалықпады.Реті келгенде достарының жазғандарын жақтап,өздерін ақтауға тырысты.Смағұл Садвокасовтың тапсырмасымен Ілияс Жансүгіровтың қолындағы құжаттарды алу үшін Алматыға келгенде Біләл Сүлеевтің үйіне түсіп, оның әйелі Фатима Ғабитовамен танысты.Бұл 1927 жыл болатын. 1916 жылғы Ұлт Азаттық қозғалыстың тарихи орнына үлкен мән берген Смағұл Садвокасов министрлік кұзырын пайдаланып,көтерілісті зерттеу үшін комиссия құрып ,оның хатшысына Ілиясты тағайындапты.Көтеріліске қатысқан адамдардың естеліктері,барлық жиналған құжаттарды өкіметке өткізгенде көшірмесін Ілияс Жансүгіров сақтап қалыпты.Енді сол құжаттардың негізінде Мұхтар Әуезов халыққа керек,ұлттық сананы қамшылайтын шығарма жазуға тиіс болды. Мұхтар Әуезовтың Сүлеевтер отбасымен хат жазысып араласуы сыйластықпен жалғасты.Кейін Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровпен қосылғанда олардың қарым –қатынасы достыққа ұласты.Смағұл Садвокасов, Мұхтар Әуезов және Ілияс Жансүгіровтер араларынан қыл өтпес сыйлас жандар болды. Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитова арасында шынайы сезімділік жақындылығы ұзақ жылдарға созылды.Өзінің жүрегінің түпкірінде жүрген құпиясын ұлы жазушы Фатима Ғабитоваға 1939 жылы екінші рет айдауда жүргенде әдейі барып білдірді. Бірақ Фатима Ғабитова Мұхтар Әуезовтен балаларының жүрегін ауыртпау үшін келмеуін өтініп араларындағы қарым - қатынасты бірнеше жыл құпияда ұстады.Өзі де сүйікті жары Ілияс Жансүгіровты өлімге қимай әлі де алаңдаулы еді.Тағы да бір азаматтың обалына қалып ,қанжылағысы келмеді... Мұхтар Әуезовке тұрмысқа шығуына мүмкіншілігі болса да замана зарын көп тартып ,алды-артына дұрыс көз сала білген әйел ,қара басының қамынан ер-азаматтың тағдырын биік қойды.Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтер «халық жаулары » болып атылған соң солардың жолдарын Мұхтар Әуезовтің де сол отқа түскенін қаламады. Сыртқа шығарып айтпағанымен бай таптың , діни ортада өскендігінің де күйеулерінің ұсталып атылып кеткеніне өзінің де зияны тиіп кетт-ау деген ойда болды. Өйткені әкесі Зейнолла Ғабитов Қапал қаласының Қытай мен сауда жасасқан ірі көпесі болса ,анасы парсыша-арабша бала оқытқан діни ұстаз болып еді. Өзі де талай жұмысқа орналасқанда шыққан тегі жөнінде қинала жазып қипылықтайтын. Біләл Сүлеевте Ілияс Жансүгіровте кедей –жұмысшы болмасада ,орталау таптан шыққан байлығы жоқ азаматтар еді. Екеуі де кеңес үкіметін,большевиктер партиясын бар жан-тәндерімен қорғаған...Сондада ...Фатима Ғабитова ол жылдары коммунистік саясаттың қитұрқы айласына әлі де терең бойлай қоймады. «Қызыл қырғынның » аз ұлттың бетке ұстар,ел қамын ойлар азаматтарын әдейі құрту екенін білмеді. Сталинге ,Москваға сенді...
1942-ші жылы желтоқсанның 31-інде Мерке қаласында Мұрат Әуезов дүниеге келді. Естерін біліп қалған әпкелері Үміт пен Ильфа жас нәрестеге ие болды. Жас сәбимен бірге үйге қуаныш та келді.Мұхтар Әуэзовтың «Абай жолы » эпопеясын жазу барысындағы ең сәтті,нәтижелі кездері Фатима Ғабитовамен түсінісіп, жақындасқан жылдары болды.Фатима Ғабитова ұлы жазушыға тірек те,ақылшы-жанашыр да ,сүйікті ұлының ардақты анасы да бола алды.
Фатима Ғабитова 1943-ші жылы Мерке қаласында өзі сегіз жылдық мектепті он жылдыққа айналдырып, оқу меңгерушісі болып жүргенде ұлы Жәнібектің Смоленск қаласы маңында қаза тапқаны жөнінде қара хат алады. «... Конвертті айналдырып, айналдырып қарадым. Конверт қорқынышты көрінді, ашқым келмеді. Амал қанша, аштым... Денем күйіп кеткендей болды. Жылай алмадым, орнымда отырып қалдым... Қанша отырдым, оны білмеймін. Көп ойлар ойладым...
Жәнібегімді бірде «Бақытсыз балам», бірде «Бақытты балам» дедім. «Тілегіңе жетпедің»,- деп зарладым. Өйткені оның тілегі – жер жүзіндегі жауды құрту еді, өз жеріндегі жауды да құрта алмай өліп кетті... Күндер өтіп жатты... Жүдедім, сондай жүдедім, танымастай болып өзгердім... Маған ештеңе де жұбаныш бола алмады.
«Көз нұрым, қарашығым қуатым-ең,
Көңілімнің көл-дариядай суаты ең.
Бірде олай, бірде былай тұрмысымның,
Қайғысын көкірегімнен жуатын ең...
Фатима Ғабитованың өмірінде 1949 жыл ерекше орын алды .Бұл жылы Москва билігі соғыс кезіндегі еңбегін бағалап : «Судимость, вместе со всеми связанными ограничениями с Ғабитовой Ф.З. снята.»-деген анықтама қағаз жіберді.Оған қоса «Соғыс кезіндегі тылдағы еңбегі үшін » медалімен марапатталды.
1930-1932- ші жылдары Семей қаласында НКВД –ның қарауында, 1938-1940- шы жылдары тағыда Семейде екі жыл,1942 жылдан 1949 жылдар аралығын Жамбыл облысындағы Мерке қаласында «Халық жауының» әйелі болып,айдауда жүрген Фатима Ғабитоваға бұл бостандық тек қиялындағы арман еді. Бас бостандығын алған Фатима Ғабитованы Мұхтар Әуезов үй сатып әперіп, Алматыға көшіріп алды.Мұрат Әуэзов мектепке барды.Он бір жылғы қуғын-сүргіннен кейін Фатима Ғабитова өзін кезінде бақытты сезінген сүйікті қаласы Алматыға оралып, ел өміріне араласа бастады.Оның алдында жылдар жылымы айқындаған қыруар істер тұрды.Талай түндерді жастықты жаспен сулатып, көрер таңын көзбен атқызған Кеңес үкіметіне жүрегі жібімесе де,ерекше бір күйге түсті.Өмір күзінің өзегіне түсіп тұрса да ,жастық шағындағы көктемнің көк майса иісін сезгендей болды...Ең алдымен Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтің өзінен тумаған балаларын қолына алды. Мұхтар Әуезовтың тұнғыш қызы Мұғалимамен ерекше сыйластық қарым –қатынас орнатты.Алтынның сынықтарын ардақтап аялауға кірісті.Баурмалдық, туыстық,жанашарлық деген түсініктерді сөзбен емес, іспен көрсетті.Сан рет сан соғып, өмір тауқыметін қанша басынан өткізсе де,жылдар жотасына көз салып, айналасындағыларға қол үшін беруден тайынбады.Әсіресе,жеке мұрағатында тығып сақтаған Шәкәрім және тағы басқа «халық жауларының» жекелеген өлеңдерін Есмағамбет Исмаилов тәрізді зерттеушілерге беріп жариялануына себебін тигізді.Заман түзеле Алаш зиялыларын зерттеуші-ғалымдардың бәрі де Фатима Ғабитованың айдауда жүрсе де жинаған мол мұрасын пайдаланды.
Соғыстан кейінгі барымен базарлы Алматының жүдеу тұрмысы шаттықпен шерді,өкінішпен уанышты талай басынан өткізген Фатима Ғабитоваға онша қиынға соқпады .Табиғаттың бергенімен өмірден алғаны қосарланып өзі теңділерден көш ілгері жүрді.Ол жастайынан бойына сінген әдеті -оқу –білімге деген құштарлығына қайта басты.Жұмысынан қанша шаршап келсе де ,балаларының сабағын тексеріп,тәртіптерін қадағалап,тәлім –тәрбиеге үлкен мән берді. Жақсы кітап оқысаң,тәтті тамақ ішкендей рухани –ляззат алуға болатынын балаларына өз –өнеге үлгісімен қандарына сіңдіре алды.Көршісі Аркадий Аширбековтың бірнеше мың кітаптан тұратын кітапханасын сатып алып,армандарының бірін орындады.Отбасы болып, кітап оқып сусындау әдетке айналды. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа айтып,Мұхтар Әуэзовтың «Қилы заман»повесінен үзінділер оқыды. Анасының өлеңге ,өнерге деген сүйспеншілігі жас Мұрат Ауэзовке үлкен әсер етті.Ол бес жасынан сауатын ашып,анасына еліктеп өлең де жаза бастады.
Балаларға арналған қазақша кітапшалардың тапшылығынан ,әр баласына арнап әңгіме,ертегілер аударды.Жас кездерінде айтпаса да өсе келе балаларына өмір шындығының ащщы дәмімен өзі уыздандырды.Алаш зиялыларының тағдыры жайлы айтып ,олардың ұлылықтарын ұлықтады.Балларынан қазақ тілінде сөйлеуді талап етті.Ұлдары студент болып Москвадан жазған хаттары қазақша болмағанда оқымай қойғаны да бар .Мұрат Әуэзовтың достары қазақша білсін деп жүз мақал-мәтелді машинкаға басып Москваға жіберген.
Фатима Ғабитова ұлдарын ер азаматтарға тән іскерлікке де баулыды.Қол өнерін өмірдің қажеттілігі деп түсіндірді.Алматы қаласындағы №39 мектепте Мұрат Ауэзовтың еңбек сабағында жасаған балғасы көрмеден бірінші орын алғанда пәләміш жасап үйіне қонақ шақырғаны да бар .
Бірақ,өткен күндерін еске түсіргенде басқа бір дүниеге еніп кеткендей, көріп тұрып көрмей,тындап тұрып естімейтін сәттері де аз болмады.Әсіресе балалары «халық жауы» отбасынан болғандықтан институтқа түсе алмай қала ма деген қорқыныштан айырылмады. Балаларын қатал ұстап, оқуын, тәрбиесін қадағалауының артында,осы қорқыныш тұрды.Өйткені институтқа түсетін жастар өмірбаяндарында әке-шешелерінің кім екенін жазуға міндетті еді.Ол уақытта мектеп директоры, оқу–ісі менгерушелері «халық жауларының» балаларын ерекше бақылауға алды.Тіпті демалыс кештерінде кімнің –кіммен билегенін қадағалап ,тиісті органдарға жеткізіп отырды...Фатима Ғабитова балаларының жастық шақтарының қызығы Қызыл империяның қанды құрығына ілікпесе екен деп тіледі.Шама-шарқынша балаларын қызғышша қорғады.Амалсыздықтан ,күні үшін «кімге жамандық жасасам » деп жалақтаған сырқынды қулармен жұмыс істеуіне тура келді.Көз жанарынан адам жанының оңы мен солын бірден айқын көре алатын оған «өзі жығылып жатып ,сүрінгендерге күлетіндердің» арасында жүру оңайға түспеді.
Алаш зиялыларымен араласып ,алыптармен дәм-тұзы жарасқан күндерінің көлеңкесі суығаны жүрегіне шаншу болып қадалып,жанын ауыртты...Десе де Фатима Ғабитова мойымады.Шындығына көзі жеткен бағытынан тайынбайтын әдетімен, орынды сөздері,білімімен кімді болсын тойтарып,озін мойындатып жүрді.Әсіресе ,партия тәрбиесіне тез бейімделіп,жылпостанып,сұрқияланатын адамдарды ит етінен жек көрді.Өтірік айтқан адам шындыққа ғана қиянат жасап қоймайды,ол ортаны,қоғамды улайды.Болашақтың тамырына балта шауып,сатқын болады.Ал сатқындардың қолынан тек опасыздық келеді...
Фатима Ғабитова 1947 жылы Сақтаған Бәйішевтің «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Профессор М.Әуэзов өткендегі қателерінің шырмауында» атты мақаласына наразылығын ешкімнен қорықпай ашық айтты. «Абай жолы» эпопеясын сынағандарға да қарсы шықты. «Казахстанская правда» газетінде Никитин дегеннің Мұхтар Әуэзовты сынаған пікіріне төмендегі өлең жолдарын арнады.
...Жиырма үш ел тілінде «Абай »берік,
Орнатылған мұнара –нақыш-көрік.
Жазғаны Никитиннің құлата алмас,
Болымсыз ,құр дәлелсіз сөзді теріп..
Жалғыздықты сезбегеннің жауы да ,досы жоқ десекте,жалғыздық,жан жалғыздығы тек жаратқанға ғана жрасқан –ау...Фатима Ғабитовада өмірге деген құштарлық шексіз болды.Адамдық қасиеттерін жоғалтпай жүрген адамдармен тез тіл табысты.Ондай адамдармен кездескенде жаны жадырап,сырттайғы салқындығы жылып,пейілінің кеңдігін көрсетер істерге бірден ұласып –ақ кетеді.Шара Жандарбековамен өте жақын,көңілдес құрбы болуы осының дәлелі.Халық әртісі де НКВД-дан қорықпай «халық жауларының» балаларын туған күнімен құттықтап сыйлықтар әкелген.Алакөз ортаның ызғарын сезіп өскен балаларға,атақты адамның үйлеріне келіп,бастарынан сыйлағаны,қараңғы жерге майшам жаққандай еді.
Тірі жанның көрмейтіні,жетпейтіні бар ма ? Аңсаған әділеттіліктің арайлы таңы да атты.1956 жылы Компартияның XX-шы съезінен кейін «Жеке басқа табынудың зардаптары туралы» қаулысы шықты.Шындыққа жол ашылды.
Ильфа Ільясқызы Жансүгірова 1957 жылғы Қазақстан жазушылар Одағындағы Сәкен Сейфуллин, Ільяс Жансүгіров және Бейімбет Майлиндерді ақтауға арналған ашық партия жиналысындағы анасы Фатима Ғабитованың сөзін былай еске алады: «Анам партияның ашық жиналысына мені де ала барды. Жазушылар Одағының мәжіліс залында халықтың көптігінен ине шаншар жер болмады. Өңшең ығай мен сығай. Отыратын жердің жоқтығын көрді ме, әлде басқа ойы болды ма, анам маған «бара бер» деп, өзі кібіртіктеп сыртта қалды. Жиналыс жүргізуші Ғабит Мүсірепов «Жеке басқа табынуды» жанын шығарып, аямай әшекереледі. Сәкен Сейфуллин, Ільяс Жансүгіров және Бейімбет Майлиндердің ақталуын әділеттілік дей келе сөз Фатима Ғабитоваға беріледі деді. Әп-сәтте мәжіліс залының қыбыр-жыбыры пышақ кескендей шорт үзіліп, жұрттың бәрі арбалынғандай қатты да қалды. Орнаған тыныштық жүректің дүрсілін ғана сездіреді.
Президумға жақын ашық тұрған есіктен бойын тәкәппар тік ұстап, әсем киінген анам асықпай кіріп келді. Ғадеттерімен бірінші қатарға маңғаз жайғасқандардан береке кетті. Өткен күндердің ертеңі, кейбір құлқынның құлы болған алаяқтардың жанын қуырып, мазасын алып, бастыра берді. Ол мінберге бет алмас бұрын бірінші қатарда отырғандарды отты көзімен, сұрланған күйі шола түйреп тұрып қалды. Залдағы тылсым тыныштық бірден өлді.
Өлі тыныштықты мінберге бет алған анамның туфлиінің өкшелерінің тықылы ғана бұзды. Өкшенің әрбір тықылы әлдекімдерге келе жатқан ажал сағатының сыртылындай болып естіліп жатты... Өкініш пен қасіреттің, іштегі азалылықтың ызғары сөзсіз жібіп, өздігінен жүректі қобалжытты...
Фатима Ғабитова сөзін әділеттілік үшін күрес жүргізіп жатқан Никита Хрущевке алғысын білдіре келе бірінші қатарда отырған ақын-жазушыларға қырғидай тиді. «Cен Ілиясты, Сәкенді, Бейімбетті жамандап арыз жазып, тұтқындалуына себепші болдың», «Ал сен, Ілиястың өлеңдері мен поэмасын ұрладың», «Ал сен болсаң «Гаврилиада» және «Евгений Онегин» және басқа да аудармаларын өз атыңнан жарияладың. «Қ. сен Ілиясқа жала жабумен бірге, бала-шағасын қуып-шығып, пәтерін тартып алғансың», - деп әшкерелей бастады. Аты аталған белгілі ақын-жазушы, аудармашылар ләм-мим деместен «шықпа жаным, шықпа» деп тірі өлікке айналып, көздерімен жер шұқып, салданғандай ғаріптеніп отыра берді... Ақмола Халық жаулары әйелдері түрмесінен енді босап келген, көпшіліктің орта кезінде қатар отырған Гүлбарам Сейфуллина мен Гүлжамал Майлина өңмендерін билеген өксіктерін баса алмай, көз жастарына ерік берді... Жылдар жылымында қайғы-қасірет зарынан таусылып, суалған көз жастары қайта шықты. Жәй шықпады, ағыл-тегіл төгілді... Фатима Ғабитованың зілді шыққан қаһарлы сөздері соттағы қылмыскелерді әшекерелеп айып таққанындай өкім шығып, күшейе берді. Мыңдаған жазықсыз жапа шегіп, ар-ұжандары аяққа басылып атылған зиялы қауымның барлық жан-ұя, туған-туыстарының атынан қаныпезер жауыздарға лағнетін айтты... Сатқындарды пышақсыз бауыздап, ардың-жанның сотына тартты...
«Сендер қазақтың бетке ұстар бар зиялысын жала жауып түрмеде шіріттіңдер. Жандарын жаралап, тәндерін қинап, азапқа салдыңдар. Олардың бала-шаға, ұрпақтары әкелерінің зиратын көруге зар болып жүр, солардың көздеріне қалай қарайсыңдар. Қара жер қалай ғана сендерді көтеріп жүр. «Жалғанның сотынан құтылсаңдар да, Жаратқанның сотынан құтыла алмайсыңдар», - деп сөзін аяқтады. Жүрек сыздап, жан ауырды. Алаш азаматтарын жоқтаған Фатима Ғабитованың заманына, әріптестеріне айтқан назы біткеннен кейін де оның саңқылдаған дауысы ауада көпке дейін қалықтап тұрды... Көпшілікті меңіреулеткен өлі тыныштық біртіндеп тірілейін деді. Санадағы ащымен қатты жұмсаруға айналды. Жиналысқа қатысып отырған көпшілік жұрт қаншама қиындықты басынан өткерсе де рухы мұқалмаған, батыр, ақын әйелді көрді. Алаш зиялыларының еркесі болған ұлы даланың аяулы қызын көрді...
Алпысыншы жылдарғы саяси жүйенің босаңсуы қоғамды өзгертті.Билік төмендегі бұқара халыққа көз салып,бет бұрды. «Жеке басқа табынуды» әшекерелеу зиялы қауымға күш беріп,шындықтың бет-пердесі ашылайын деді.Халық арасында дәріс оқу ,әділеттік жөнінде сөз қозғау,халықаралық мәселелерді талқылау әдетке айналды.Ақталған ақын-жазушылардың шығармалары біртіңдеп газет –жорнал беттеріне жариялана бастады.1963- ші жылдың тамыз айында Мұрат Әуезов «Білім» қоғамының тапсырмасымен ел аралап, халықаралық қатынастар жөнінде дәріс оқитын болды.Жолдама Жамбыл-Талдықорған облыстарын қамтыды.Бұл сапарға көп жылдар туған жері Қапалда болмаған Фатима Ғабитова да баратын болды.Олар Алматыдан Матай станциясына дейін поезбен келіп,ары қарай машинеге мінді.Жеңіл көліктің ішінде аналы-балалы ұзақ шер тарқатты.Қара жолдың қай-қайдағыны еске түсіріп, ойға шомылдырып,жүрегінің түпкіріндегіні лақылдатып,ақтарып тастайтыны бар ғой. Әңгіме бірден-бірге жалғасып ,көсіле ,көңіл көтеріп желпіндіріп отырды.
Уақыттың жазбайтыны орын толтырмайтыны бар ма?Әлі де жүдеулеу болғанымен жол бойында тірлік қамына кіріскен елді мекендер кездесіп қояды.Ес жиылып,тұрмыс түзелейін деген.Тіршіліктегі ғанибетке не жетсін! Арылы –берілі сапырылыс көрінеді.Бұрынғыдай емес ,елдің беті бері бұрылған.Ара –тұра желі басында уездеген құлынды биелер де көзге түседі. Күн желкемдеу қоңырайып тұр .Нәті жауын-шашын болатын сияқты.Фатима Ғабитова сөз арасында қүн батыс жақтағы шөбі оңып ,сұрқай түске енген белеске көз талдыра әлсін-әлсін қарай береді.Машина жылдамдығын күрт баяулатқанда ылқып ескен жел лебімен бірге қышқылтым жусанның иісі келеді.Көңілді толқын тербейді.Бірден жастық шағы көз алдында көлбектеп, жүрегі елжірей ,сағыныш оты жанарына шық әкеледі.Кіндік қаның тамып,өскен жердің ауасына не жетсін! Біртіндеп жусан аралас желдің лебінен ылғалданған жер иісі сезілді.Өткендегі бар көрген қызық та,тартқан бейнет те бір сәттік боп,көзді ашып –жұмғандай жоғалды... Баян жүрек, ешкі өлмес, тоғыз құмалақ тауларын көргенде жас балаша жүрегі алып-ұшты.
Алатау бөктеріндегі балалық шағының бесігі Қапал қаласы құшағын жайып , алдарынан шыға келді. Қала көрінгенде аналы-балалының әнгімелері шорт үзілді.Көздің көрінісі тілді байлады.
Қырық жылдаң соң Фатима Ғабитова Қапалына келді. Ол армансыз қаланы аралап, әкесі, анасы, толып жатқан туыстарына құран бағыштады.Мазардағы құлып-тастар байқалмайды,есесіне төрт құлақты бейіттер көбейіпті.Тек қырық жылдан бері түрін бірде-бір өзгертпей тұрған «Домалақ төбе» ғана екенін көрді.Кейін «... менің бала күнімдегідей,жап-жасыл болып ,ат-шаптырым тегістіктің ортасында жалғыз өзі отыр»,-деп, кейін еске алады.
Мұрат Әуезовтың қоңыр дауыспен Қытай жөніндегі жан-жақтылы дәрістері көпшілік жұртқа қатты ұнады.Аналы-балалыға халық шексіз құрмет көрсетті.Фатима Ғабитованың кенже ұлының жетістіктеріне мерейі өсіп,абыройы артты.
Қырық жыл қырғын болса да,елу жылда ел жаңарады. Фатима Ғабитова оңы мен солын түзеп,балаларының бәріне жоғарғы білім алуына көңілі толып есін жиғаны сол еді.1966 жылы Мұрат Әуэзов Москвада «Жас тұлпар» қозғалысын ұйымдастырып, Алматыда республикалық жиын өткізді. Жазушылар Одағы ғимаратында басталған жиынға бір күннен кейін, компартияның қолынан тәтті тамақ жеп өскен академик-жазушылар қарсы шықты.Сондағы компартияның Орталық аппаратына барып айтқандары: «Алашордалықтардың ұрпақтары Қенес өкіметін құлату үшін жастарды жинап жатыр. Мұрат Әуэзов өкіметтің жақсылығын ұмытып ұлтшылдық жолға түсіпті» -деген сөз болды.Жастарды қалай ноқталауға сылтау таппай жүрген КГБ-ға керегі де осы еді. Мұрат Әуэзов бастаған жастұлпарлықтарға құғын басталды.КГБ-ның кенже ұлы Мұрат Әуэзовтың соңына түскенің көрген Фатима Ғабитова жан ұшырды.Биліктің зорлығынан шайылған жүректі қайтадан қан басты.Тағы не болдының қыйғысына тозған жүрек шыдамауға айналды.Өткен күндердің азабы қайтадан сыз беріп,күндіз күлкі,түнде ұйқы қашты. Тіршіліктің ең қиыны аштық та,жалаңаштық та емес, жүрегі тастанып тірі өлікке айналған адамдардың арасында өмір сүру екеніне тағы да көзі жетті.Жаманшылықтың қара бұлты ұлыңың басына төнгенін көрген аяулы ана шыбын жанын қоярға жер таппай,мұң –зарын қағазға түсірді:
Құлады көктен ақсұңқар
Жығылды жерде «Жас тұлпар»
Ойран болды өмірім,-
Қалымды менің кім ұғар-
деп ақындық мұңын шақты.Коғамдағы әділетсіздікке наразылығын білдірді.
Қара жылан,қара жылан,
Төңіреғімді қаптаған...
Жайылымымды жалмаған,
Өрісімді өртеген...
Тыныштық қайда бұлардан ?!
Ұлы Мұрат Әуезовтың КГБ-ның бақылауына түскеніне әбден көзі жеткен Фатима Ғабитова төсек тартып ауырып қалды. Ұзақ ауырса да айналасындағыларға жүзінен реніш қалпын білдірмеді,қажырлы қайраттың қалпын байқатты.Бұл оның Ұлылар ұрпақтарына деген-махаббаты,шыдамдылығы тағдырымен теке- тіркесі еді.Адамның қаныпезерлігін,сатқындығы мен жамандығын көп көрген жанға ажалдың аяусыздығы ештеңе емес екен...
Сырқатынан жазылмайтынын көрген соң,көзі тірісінде балаларына өсиет жазып қалдырды.Төрт бөлімнен тұратын өсиет те,өзінен кейін балаларының не істеулері керек екені көрсетілген.Бұнда кісілік ,азаматтық борыш,бауырластық,рухани және материалдық дүниелер жөнінде өсиет: «Менің ғазиз балаларым,Сендердің алтауыңнын да замандарыңа ылайық білімдерің бар.Алтауың да үйлі-жайлы,бала-шағалысындар.Аналарың –мен,артымда сендердей азамат балаларды қалдырғаныма өзімді бақытты аналар қатарында санаймын » ,- деп басталады.
Бірінші бөлімінде балаларының бір-бірлерін сыйлап, араласып, көмек –жәрдемдерін аямауды айта келе,орысшылап материальный көмектен моральный комек әлде қайда құнды деп кетеді.
Екінші ,үшінші бөлімдерде парасаттылыққа ,тәлім –тәрбиеге арналады.Онда төмендегідей жолдар бар : « Үәдеде тұрындар! Қолдан келмеске ұмтылмаңдар! Мақтанғаннан ,Әсірісе бос мақтанғаннан сақтаныңдар! !Өздеріңді өздерің құрметтемесеңдер,біреу де сендерді құрметтемес.»
Ал ,төртінші бөлімі таза рухани мәселелерді қамтиді. Біләл Сүлеев,Ільяс Жансүгіров және Мұхтар Ауэзовтердің туған күндерін бірге атап өтіп,олардың еңбектерін оқып,творчествосын зерттеп жүрген азаматтарға,құрмет көрсетіндер дейді.
Газиз балаларым!
Естеріңнен шығармаңдар!
Біләл ,Ільяс, Мұхтар-бұл үш асыл жан айырылмас дос,мақсаттас ,пікірлес жандар еді.Маған бұл үшеуі де бір жандай көрінентін ,өйткені бірінде бар қасиет,екіншісінде аумай көрініп тұратын.
Бұл үшеуі де адам баласына жақсылықтан басқаны тілемеді. Бұл үшеуі де өз елдерінің алдынғы қатардағы елдерімен бірдей болуына бар күш –жігерін жұмсады.
Біләл –тек оқу ғана,білім ғана дамыған елдермен теңелтеді деген ұғыммен қазақ жастарын оқытты.Қазақстанда жоғары дәрежелі мектептер ашты.
Ільяс –қазақ поэзиясын бұрын-соңды жетпеген биігіне көтерді.
Мұхтар –қазақ прозасы арқылы қазақ халқын дүние жүзіне танытты.
Сендер сол асыл жандардын ұрпақтарысындар.Осыны ұмытпандар!-деп аяқтайды.Бұл жазғандарына Москвада аспирантурада оқитын Мұрат Әуэзовке Фонвизин көшесіндегі үйдің бірінші қабатын жалға беріп, ақшасын салып тұрындар деп қосымша өсиет жазып ерекше тапсырды.Ол ұақытта Мұрат Әуэзов «Жас тұлпар қозғалысына байланыста» КГБ ның бақылауында жүрген болатын ...Асыл ана өмірінің соңғы күндерінде Мұрат Әуэзовке көп алаңдады.Кітапханасын,жеке мұрағатын қалдырды...
Сол жүйкесі тозып,күші азайған күйі балалары мен немерелерінің алдында 1969 жылы қайтпас сапарға аттанды...
Фатима Ғабитова жастық шағын, саналы өмірін XX –шы ғасырдың ел басына түскен нәубет жылдары өткізді.Бұл 20-50шы жылдары қазақ халқы үшін «Ақтабан шұбырындағыдай» ең қаралы, ең ауыр, ең азапты «қызыл қырғын» жылдары еді.Бірақ тағдыр оған Алаштың дархан да жомарт, ержүрек ,намысты азаматтарының ортасында жүруді сыйлады. Қазақтың зиялы қауымының көз тояр, мақтан тұтар Аққуына айналды.Ұлы дала аруларындағы «Ел мұраты үшін жан пида » қасиеттерін тұла бойына сіңдіріп ,сұлулықтың символына айналды. Алаш зиялылары жасаған ортаның рухымен өмір сүрді. Сол жолдан қандай қиыншылық кездессе де тайынбады. «Мен алты баланың анасы болсам да, Отанымның құрбанымын. Ешбір жазықсыз мүлкімді алып, өзімді талай жер аударды» десе де, соңғы өлеңдерінің бірінде:
Қаншама қуғын-сүргін көрсетсе де,
Арналған тағдырыма болдым ырза.
Тек тілеймін ұрпағым өзімдей боп-
Зарламауын жазықсыз тартып жаза,- дейді.
Таза сезім мен еркіндік санасы болмысында берік орнаған ол, ұлыларды сүйді. Олардың таланттарының ашылуына әсерін тигізді, тірек болды, өзін бақытты әйелмін деп сезінді.
Фатима Ғабитованың абыройы Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезов тәрізді біртуар алып азаматтардың жары болып, жеті баланы тәрбиелеуінде ғана емес. Оның абыройы ерлігінде, ақыл –парасаттылығында,махабатты жоғары бағалауында. Ал замана ығына құламай, жанұясын қорғап,қайтпас қайсарлық жасауында рухани тазалықпен бірге тектілік, намысшылдық жатыр. Бүгінгі ұрпаққа Фатима Ғабитова –елдіктің іргесін бекітіп, Тәуелсіз мемлекет болу үшін аянбай күрескен, халқының ризық берекесін өз басының бақытынан артық санайтын Мұрат Әуезовтей азаматты дүниеге әкелуімен қымбатты. Шынымен «Жұмақтын кілті» ардақты, батыр ананың табанының астында жататыны рас болса, Фатима Ғабитованың жаны пейіште болары сөзсіз.