Адам қарады: 7593 | Жарияланды: 2017-08-14 07:52:41

Қош енді, қош бол!

Мұстафа ШОҚАЙДЫҢ ақтық демі таусылар сәттегі толғанысы 

О, Сыр ана, Сыр ана,

Көкірегімдегі нұр ана.

Сағынышым басылмай,

Жатжұртта ұлың жүр ана!

 

О, Сыр ана, Сыр ана,

Жүрекке тұнған жыр ана.

Ел үшін жүрмін еңіреп,

Еншіме тиген сыбаға.

 

О, Сыр ана, Сыр ана,

Жайымды ұғар Ұлы ана.

Оралмай кетсем жағаңа,

Сел болып тасып, жылама.

 

Жусаны жұпар, гүлденген,

Мамырда майса түрленген,

Жиденің исі аңқитын,

Сәбиімнен Сырды емгем.

 

Түске  еніп талай ояндым

Ұйқы жоқ, тағы ояумын.

Қалыңды жүр ме паналап,

Қырғауыл менен қояның.

 

Бойда жоқ енді қуат та,

Жылу жоқ түскен шуқта.

Үйірін іздеп Кер қасқа,

Бет алған болар суатқа.

 

Айрлыдың қазақ малыңнан,

Айрылдың қазаң жаныңнан.

Айыра көрме Тәңірім,

Кір шалмас асыл арымнан!

 

Кей кезде естен танамын,

Өртеніп оттай жанамын.

Тимейді-ау қайта туған жер,

Сұлутөбеге табаным.

 

Жете ме елге азат күн,

Көп еді туған, аз ақпын

Түркінің қамын ойлаған,

Перзентімін қазақтың.

 

 

Көп еді артқан жүк деген,

Көп болды жау да күтпеген.

Баянды ете алмадым,

Алаштың туын тіккенмен!

 

Көп еді арман, тілегім,

Халқым деп соққан жүрегім.

Тамырда қаны ойнаған,

Қыпшақтың мен бір ұлы едім.

 

«Елім-ай!» әуен құлақта,

Жабырқап жүрмін жырақта.

Бір мінсем елге жетем бе,

Тайбурыл тектес пыраққа!

 

Сыр анам болып жел ескін,

Мен енді бәлкім елеспін.

Алашты оққа байлады,

Көр кеуделері Кеңестің.

 

Ұйқысыз таңды атырдым,

Кебінді киіп жатырмын.

Соңымнан ерген інім ең,

Нұртазам, жаным, атылдың. *

 

Кеңестің көріп дауылын,

Қансырап жатыр ауылым.

Жазықсыз сен де жан қыйдың,

Мырзаным, асыл бауырым!  *

 

Дүниежарық жалған ба,

Күнің де түнек бар маңда.

Ахмет, Мағжан, Әлихан...

Бәрің  де кеттің арманда.

 

Қол салып жат жұрт жеріме,

Қайғы бұлт төніп еліме.

Балақтан битім өрмелеп,

Тентегім шықты төріме.

 

Асылым кетті арманда,

Жасығым қалды жалғанда.

Қанжарым қалды-ау қынапта,

Қазаққа құрық салғанда.

 

Сыйлады тағдыр дара сын,

Менен  де жалған қаласың.

Қорғаған қайран, бабам-ай,

Еділ мен Алтай арасын.

 

 

 

Күн туған қилы заманда,

Халқымнан нар ұл табам ба.

Көрінде тыныш жата алмас,

Бақилық Білге қаған да.

 

Өр ұлым қайда, белдескен,

Жерұйық мекен  жерде өскен.

Қор болдың, қайран қазағым,

Тозақты көріп өлместен.

 

Қан жоса қала, дала да,

Тұз септі тағдыр жарама.

О, Алла, адал құлыңбыз,

Қазаққа қырын қарама!

 

Өткердік бастан талайды,

Түнектен іздеп арайды.

Дұшпаны қазақ қалқымның,

Құрыпкеткенін қалайды.

 

Шаша ма сәуле бір үміт,

Түнегі түннің түріліп.

Аштықтан аман қалғаның,

Соғыста жүрсің қырылып.

 

Тек тағдыр маған салшы мұң,

Қайғыдан дертке малшындым.

Тұтқында қара көздерім,

Көргенде жүрек шаншыдың.

 

Оталып жатыр орманым,

Басымнан ұшып бар бағым.

Араша түсе алам ба,

Жау елде болып қорғаның.

 

Басымнан өтті-ау, неше сын,

Қайғыны белден кешесін.

Тоздырдым оймен көп жүріп,

Берлиннің кезіп көшесін.

 

Тағы да жүрек сыздады,

Сыздады неге мұздады!

Бетімнен келіп қариды,

Желтоқсанның ызғары...

 

Көңілге күдік кіріп жүр,

Есікте ажал күліп тұр.

Мәңгіге алып кете ме,

1941.

 

 

 

О, Сыр ана, Сыр ана,

Ұрпаққа мәңгі жыр ана!

Топырақ елден бұйырмай,

Бақилық болсам, жылама!

 

Нұр тайды жанар суланып,

Көз әйнек қалды буланып.

У ішсем деп ем халқыммен,

Жатырмын жалғыз уланып!

 

Таусылды өмір ғазалым,

Барады семіп ажарым.

Көлеңкем болып қалмаған,

Жауымнан келіп ажалым!

 

Қош енді, қош бол, өр елім,

Қош енді, қош бол, ер елім,

Тәуелсіздіктің де таңы атар,

Бақытқа қазақ бөленгін!

 

Менімен бітсін азалы үн,

Бір басқа жетер азабым.

Мұстафаң қалды жат елде,

Ұмыта көрме, қазағым!

 

О, Сыр ана, Сыр ана,

Суалмай ақшы Ұлы ана.

Қуармай өсші желегім,

Дауыл да тынар, құлама!

 

Жусаны арман даланың,

Қолымнан сусып қаламым.

Алты Алаш басын қоса алмай,

Арманда кетіп барамын,

Арманда кетіп барамын..!

 

Қош енді, қош бол..!

*********************

* Нұртаза--туған інісі.

* Мырзан – жақын туысы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған