Мұртын балта шаппайтын Масақбай
Масақбайдың еңбек десе кежегесі кері тартады да тұрады. Аз істеп, кейде ештеңе істемей ақша тауып жүргенді ұнатады. Сөз берсең жұмыста тау төңкеріп жатқан адамдай сөйлейді. Оның сөздеріне қарап Масақбайды осы мекеменің нағыз озат қызметкері ме деп те қаласың. Жұмыста өзі жарытып ештеңе істемесе де сыйақы алғысы келеді де тұрады. Сыйақы алған кезде «табысты жұмыс істеп жатырмын» деп өзінше мақтанып та қояды. Жеңілдің үстімен ауырдың астымен жүрген Масақбай өзімен жұмыстастарға ақыл айтқыш-ақ. Жасының үлкендігін пайдаланып, жұмыстастары жақсы істесе де, жаман істесе де ол өзінше кейде оларға ұрсып алады. «Жұмыс істеңдер, ай, жұмыс істеңдер!» деп бастығы мен оның көмекшілері жұмыс басына келген кезде дауыс көтеріп, өзін көрсеткісі келеді де тұрады. Олардың алдында жұмыстастарына көңілі толмаған адам құсап, аздап бедел жинауды әдетке айналдырып алған. Бастығы мен оның көмекшілері жұмыс басына келсе Масақбай өзінше нағыз жұмыскер болып кетеді. «Мынаны былай емес, былай істеу керек» деп жұмыс басын азан-қазан қылып, өзінше жұмыстасынан бір мін тауып, қалай істеу керек екенін көрсеткенсымақ болып, көңілі толмай жүргені. Бастықтарының көзінше тез-тез ширақ қимылдап, ол өзін оларға өз ісінің білгірі сияқты көрсетеді. Не дегенмен Сенатта отырған ағасы сау болсын, бастықтарының ауыздарын аштырмай қойған! Өзі қалаған кезде Масақбай кейде жұмысқа шықпай да қала береді. Бастықтары да бармақ басты, көз қысты болып, Масақбайдың жұмысқа шыққанын, шықпағанын елемей жатады. Олар: «Масеке, біз жұмысқа келген кезде төбеңді көрсетіп тұрсаң болғаны. Сені жұмыста көріп, біз марқайып қаламыз!» дегеннен кейін Масақбай бастықтарының көңілдерін марқайтуға құмар! Аздап ащы су жұтып алса да Масақбайдікі білінбейді. Кей кезде жұмыста көздері өлген қойдың көздеріне ұқсағанша іше береді. Масақбай жұмыста қатты мас болып жүрсе бастықтары көрінбеуге тырысады. Ертеңіне бастықтары Масақбайдың кеше мас болғанын естісе де: «ондай ондай бай қызында да бола береді ғой» деп онша көңіл аудармауға тырысады. Салтанатты жиналыстарда бастықтары Масақбай атын атамай қалмайды. Осы мекемені Масақбайдың өзі тіреп тұрғандай әсерде боласың. Сөз берсе де ең әуелі Масақбайға беруге тырысады. Сөз бергенде Масақбай ауызын айға білеген арыстанша қаһарына мініп, жұмыс барысы жайлы өзінше сынап өткенді ұнатады. Басын қақшаңдата, жұдырығын түйгіштеп, бірдемемен келісе алмай жүрген кейіп танытады. Өзі бір жұмыс жайлы жаңа заң қабылдап жатқандай күйде боласың! «Бұл қалыптасып қалған жағдайды бұлай қалдыра беруге болмайды» деген кезде бәрі бастықтарымен қоса оның аузына қарап, елең ете қалады. Масақбайдың аузынан өз атын естіп қаламын деп тықыршып отырғандары да бар. Қайтсін, не дегенмен ешкім де жұмыссыз қалғысы келмейді ғой. Сосын Масақбай ол адамның атын атамай, бір жолы кешіргендей кейіп танытып, оны өзіне қарыздар күйінде қалдырады. Масақбай біледі қай жерде не айту керек екенін, қалай айту керек екенін, қандай жолдармен айту керек екенін, не айтпау керек екенін, қай кезде көлгірси сөйлеу керек екенін. Әрине сөйлегенде бастығын мақтамай кетпейді, сараң болса да алдын ала дайындап қойған бір-екі мақтау сөзін аямайды. Масақбай бір-екі мақтау сөзін айтқан кезде бастығына сын көздерімен қарап қоюға құмар. Бастығын ширатып алғандай көптің көздеріне көрінуге тырысады. Ду қол шапалақтаған кезде Масақбай өзі бір Сенатта сөз сөйлеген адам құсап, маңғаздана басып, өз орнына кетіп бара жатады. Оны көрген адам: «Мынау жұмысшы адам емес, депутат сияқты ғой» деп өз пікірлерін білдіріп жатады. Осындай өзі бастық болмаса да бастық, құдай болмаса да құдай, депутат болмаса да депутат сияқты күн кешіп жүргендер бар арамызда. Масақбайлардың мұрттарын балта шаппайтын заман келді ғой, тек көпке зияны тиіп кетпесе болғаны да!