Адам қарады: 479 | Жарияланды: 2017-08-22 02:38:13

Көр сыртындағы қол

    Отызға енді ғана толған жігіт жол апатына ұшырады. Тіл тартпай кетіпті байғұс. Әлі де үйленбеген жігіттің әке-шешесі ауылдан құстай ұшып жетті. Қайтсін, жалғыз ұлы еді ғой олардың. Бірақ жылап-сықтағаннан не пайда, ұлдары енді қайтып келмейді. Енді оның денесін жер қойнына берудің қамына кірісу қажеттігін сезінгенде бұлар екіұдай ойдың ортасында қалды. Себебі ұлының денесін қалаға қалдырған жөн бе, әлде ауылға қою керек пе? Аз-кем ақылдасқаннан кейін әке-шешесі ауыл жаққа әкетуді жөн санады. Бір жағынан ата-баба қорымы сонда жатса, екінші жағынан анда-санда барып, құран оқып, мауқын басады.

    Әйтеуір мәйітті иістендірмей діттеген жерлеріне жеткізді-ау. Бұлар барғанша көр қазушылар барлық жұмысты тастай қылып бітіру керек болатын. Оған олар да, бұлар да толық сенімді-тін. Бірақ бүкіл ауылды дүрліктірген, күтпеген сұмдық оқиға орын алды. Алдымен көр қазушыларға жер бағынбады. «Қазір-ақ қазып тастаймыз ғой» деп қомпылдасқан олар әдеттегіше жүз-жүз грамнан қағып алып кірісіп кетті. Күрек қара жерге емес, тасқа тигендей шақ ете қалды. «Жаз кезінде бұл не пәле?» деп әр-әр жерге күректі қанша салса да жанға жағымсыз шақылдаған үн шыға берді. Тепсе темір үзетін жігіттер бұған таң қалды. Енді не істемек керек? Ауылдан сүймен, қашау тәрізді құрал-саймандар жеткізілді, ақсақалдар мен имамды шақырды. Олар да келіп жігіттердің айтқандарының ақиқаттығына көздері жетіп, бастарын шайқасты. Содан соң ақсақалдардың біреуі көр қазушылардың өздерін кінәлады.

    − Сендер дәуде болса жүз грамдатқан болуларың керек. Солай ма? – деді ақсақал оларға шүйіле қарап.

    − Рас, алғашқыда аздап іштік, − деді олар бастары төменшіктей мойындап. – Мынадай сұмдықты көргеннен кейін ол пәлені әудем жерге апарып көміп тастадық.

    − Е, бәсе, осыдан болар. Мына кәззаптарға ондайды қойыңдар деп қанша ескерттік. Енді мінеки Алланың қаһарына, аруақтардың назасына ұшырап отырмыз. Өлігімізді жер қойнына бере алмасақ онда біздің кім болғанымыз? Кәпір екеш кәпірге де жер-ана құшағын ашады ғой. Бұл кәззаптарды бұдан былай мұнда жолатпау керек. – Ақсақалдар да, имам да бұл пәтуәлі сөзді қостап қауқылдасып жатты. Үсті-бастары шаң-шаң көр қазушылар көздері жылтырап бір-біріне қарасты. Бұл көр қазу олардың бала-шағасын бағып, нәпақаларын айырып отырған кәсібі ғой. Кейде адам өлімі сирегенде «Ойпырмай, ешкім өлмей қойды ғой» деп әзілдегенситін. Жігіттер бұрын -соңды көр қазуды қасиетті іс деп бағамдамаған. Бүгінгі оқиға оларды қатты ойландырды. Енді мінеки айдың күні аманында осы кәсіптерінен айрылып қалайын деп тұр. Не істерлерін білмей бір-біріне қарасты. Сол кезде көр қазушылардың бастығы шаңды бұрқ еткізіп тізерлей жалп етіп отыра кетті.

    − Ағалар-ай, кешіріңіздерші, біздей кәззаптарды! Енді ол пәлені татып алсақ бала-шағамыздың қызығын көрмей кетелік. Кешіріңіздерші! – деді екі қолын кеудесіне баса жалбарынып. Бастықтары тізерлеп отырып жалынып-жалбарынып жатқанда қасындағылар қалайша қақиып тұрсын. Олар да бастықтарының қатарына отыра қалып, қолдарын кеудесіне қойды. Имам мен ақсақалдар бір-біріне қарасты.

    − Сіздер бізден кешірім сұрамаңыздар. Аллатағаладан кешірім сұрап, жалбарыныңыздар. Зор күнә жасадыңыздар. Енді сіздерді тек Алла ғана кешіреді, егер кешіргісі келсе. Иншалла! – деді имам жөн-жапсарын түсіндіріп. Көр қазушылар енді не істерлерін білмеді. Содан соң үнсіз күйлері сол тұрмастан шаңдатып құбылаға қарап бет түзеді.

    − Я Алла, кешіре гөр біздің күнәмізді. Кешіре гөрші, кешіре гөр! – Бастығы осылай деп еді, қалғандары да жамырап:

    − Кешіре гөрші, кешіре гөр! – десті даланы басына көтеріп.

    − Енді ондай қылықтарыңды істесеңдер, бізге өкпелемеңдер. Ал мына көрді тезірек бітіріңдер. Өлікті алып олар да әне-міне келіп қалар, − деп шалдар көліктеріне мініп ауылға қайтысты.

    Көр қазушылар сүйменмен, қайламен қанша жерді ұрғылағанмен жұмыстары инемен құдық қазғандай бір өнбеді.

    Ауылдан түске тармаса шабарман жетті ентігіп.

    − Қаладан өлік әкелінді. Бәрі бізде дайын. Ал көр қазылып бітті ме? – Бұлар не десін, үстері, беттері шаңнан көрінбей әлі де қазып біте қойылмаған көрді иектерімен көрсетті.

    − Енді қашан? – Олар иықтарын қиқаңдатып, шаршап-шалдыққан күйлері сүймен, қайлаларымен тағы да жерді қарш-қарш тескілеп, шауып жұмысқа кіріседі. Негізі ауылдағы мұсылмандық дәстүр бойынша өлікті түске дейін жөн-жоралғыларымен аттандырып үлгеруі тиіс. Мұндай сұмдық оқиға ауыл, тіптен аудан тарихында болып көрмепті. Рас, кейбір зұлым, күнәға белшесінен батқан адамдардың мәйіттерін жер-ананың қабылдамағаны жайында бірен-саран деректер бар. Мұндай оқиғаның тура осы ауылда болуы тұрғындарды үрейге бөледі.

    Сонымен түс ауды. Екінті уақыты келді. Имам айтты: «Ең болмаса күн батқанша үлгерсек...» Қайдағы, ақшам жамырағанда да көр қазылып бітпеді. Ауылдың «мендеген» оншақты азаматы жіберілді. Машинаның жарығымен олар үзбестен көр қазды. Қазаға ұшыраған жігіттің ата-анасын бұл оқиға қай-қайдағы ойларға жетектеп, өткен өмірлеріне сапар шектірді. Қайғының ащы запыранын жұтқан олар бүкіл ауылды дүрліктірген осы жағдайдың тегін болып жатпағанын жан жүректерімен сезді. Баласын тәрбиелеуде қандай қателіктер жіберді? Аллам оларға неге бір ұлдан басқа ұрпақ бермеді? Кәріліктің тұманды әлеміне қадам басқанда қайғы-қасірет жамылған екеудің көкірек сарайларында талай сырлар жатқанын тек өзді-өзді білгенімен, олар күндердің күнінде ашылуы тиіс екенін білген жоқ. Алайда «Неге, неге мұндайға ұшырадық?» деген сауалдың жауабын олар табуға тырысты. Екеуі ұлының аяқ астынан қазаға ұшырауына неге екенін кім білсін өздерін күстаналады. Жо-жоқ, олар өз-өздерін әу баста бірден кінәлаған жоқ. Мына оқиға және іле-шала ертеңіне болған одан да өткен сұмдық оқиға осыған мәжбүр етті. Қос көкірек сарайдан «аһ!» дегенде шыққан қайғы жалынымен бірге күрсініс пен өкініш оты да лап етіп сыртқа ұмтылды. Сыртта жүрген ұлдары не бүлдірді? Қандай қылмыс пен күнәға батты? Оны кімнен білуге болады?

    Иә, қазаға ұшыраған жігіттің жан досы да осы жерлеу рәсіміне келген болатын. Мына болып жатқан сұмдық оқиға оның да жан дүниесін асты-үстіне келтірді. Себебі оның өмірі досының өмірімен біте қайнасып кеткен еді. Бірге жүрді, өмірдің небір қызықтарын бірге көрді. Ат жалын тартып мінгелі досының айналысатын, жақсы көретін, ләззат алатын бір ісі болатын. Мына сұмдық оқиғаның болып жатуы сол істердің кесірі мен кесапаты емес пе екен деген ой жігітті қуырылған еттей қиын халге түсірді. Ту сыртынан шашы қобыраған әлдекім қарап тұрғандай ыңғайсыз жағдайға тап етті. «Досыңның қазаға ұшырауына сен кінәлісің!» деп осы бір көзге көрінбес қатігез жан мұның мойнына бұғалық тастап қинағандай сезінді ол. «Шыныңды айт, сырыңды аш! Досың кешірім сұрауға үлгермей кетті. Енді сен ол үшін кешірім сұрауың және сот алдында жауап беруің тиіс!» дегендей нәзік, бірақ қаңтардың аязындай сызды дауыс иесі. Бұл кім? Әлде өзінің ішкі дауысы ма бұл әншейін? Мына болып жатқан қабір басындағы жағдай да оны тығырыққа қамады. Ал жігіт досымен қоштасуға таңертең қабірге барғанда одан да өткен қорқынышты да, үрейге толы тылсым көріністі көрді...

    ...«Өлік иістеніп барады!» деген дабыл күні бойы көрдің қазылып болуын күтіп жүрген жанашыр адамдарды да, көр қазушыларды да састырды. Түн ішінде имам келіп орталап қазылған көрді көріп басын шайқады. «Көңілдегідей емес, бірақ амал жоқ, жерлемесек болмайды» деді ол бір байламға келіп. Иә, «естімеген елде көп» дегендей түнгі сағат үште Берік атты азаматты ауыл адамдары ақырғы сапарға шығарып, жерлеп қайтты.

    Ертеңіне сәске түсте Беріктің досы Мұрат қалаға жиналды. Түнде алас-қапаста досымен дұрыстап қоштаспағанын айтып Беріктің әкесімен екеуі бейітке бет алған. Досының моласының жас топырағы анадайдан көрініп жатты. Ойларында ештеңе жоқ олар білген дұғасын оқыды. Кенет Мұрат шошына айқайлап жіберді.

    − Аға, қол, қол шығып жатыр!

    − Қол! Қолы несі? – Беріктің әкесі шошып, шалқасынан түсе жаздады. Ол да тура қабірдің үйілген топырағының үстінен қос қолды көрді. Кәдімгідей сыртқа шығып, аспанға алақандар жайылып жатыр.

    − Астапыралла! Астапыралла! Мұнысы несі? Әлде түнде дұрыс көмбедік пе? Жо-жоқ, көрдің түбіне Берікжанды кебінімен орап қойдық қой. Енді бұл не? – деді Серік жайылған қолдарға айран-асыр таң қалған күйде қадала қарап.

    − Иә, иә, Серік аға, мен де болдым ғой түнде. Бұл жайшылық емес. Көрдің қазылмауы... мына қолдың шығып жатуы... Енді не істейміз?

    Екеуі дағдарып біраз тұрды. Содан кейін имам мен ақсақалдарға бару керек деп шешті де, арттарына қарайлай-қарайлай олар ауылға беттеді...

    Екі күннен бері көрдің қазылмауы жөніндегі оқиға дүрліктірген ауыл бүгін жаймашуақ жұмыстарына кіріскен. Ал қабірдің үстіне қолдың шығуы адамдарға аспаннан жай түскендей әсер етті. Әй, пенделер-ай десейші! Олар бұны ести сала қабірстанға шұбырды. Ал олардан бұрын марқұмның әкесі мен досы имамды, ақсақалдарды ертіп апарып, қайта құран оқытты. Олар топырақты ашуға мәжбүр болды. Мәйіт бір құдіреттің күшімен көтеріліп, қос қолы топырақтан шыққан. Имам айтты:

    − Балаңыз меніңше зор күнә жасаған. Соған байланысты жер қабылдамай жатыр ма деп қауіптенемін. Біз қайта көмерміз. Бірақ ол қолдар қабірдің сыртына шыға бере ме деп қорқамын.

    Мәйіт қайта көмілді. Алайда көр қазушылар қолдардың қайта шыққанын хабарлады. Үйге келгеннен соң әкесі жылап, баласына теріс тәрбие бергеніне қатты назаланды. Оған анасы қосылды...

    ...Берік кішкентайынан тентек болып өсті. Жалғыз болған соң оның бетінен қақпады. Әкесі Серік те, оның әйелі Данагүл де жұмысбасты болды. Серік ауылда көп жылдар бас есепші қызметінде  істеді. Ұзын бойлы, аққұба келбетті әсем жігіттің соңынан қыздар өздері жүгіретін. Ол студенттік  кезде  талай қыздарға ғашық болды. Серік гүлден- гүлге қона беретін көбелек сияқты еді. Оның өмірде де жолы болғыш-тын. Оқу бітірген соң Серік қалада қалды. Қызметі де тез өсті. Ақша жетеді. Бірақ сол келген мол ақша сұлу қыздардың дәргейінде кетті. Ол қыздармен ұзақ жүрмейтін. Ғашықтығы екі-үш түннен аспайтын. Құмары тарқаған соң тағы бір гүл-қыздың соңынан кететін. Осы әуейі өмірі өзіне керемет ұнады. Талай қыздардың көз жасына да қалды. Қыздар соңынан жылап келсе рахаттанатын. Олардың ішінде аяғы ауыр болып қалғаны қаншама! Оның жолы жеп-жеңіл. Ақшасын төлеп алдырып тастатады. Ар-намысын ойлаған қыз осы жан шошырлық жолды амалсыз таңдайтын.

    Жігітіміз обал-сауапты ұмытқалы қашан! Ол қайта қатар жүрген жігіттерге өзінің бұл қылығын, істегендерін мақтаныш ретінде айтатын. Небір сұлуларды қалай қармағына түсіргенін, оларды қорлап тастап кеткенін ауызынан суы құри өзгелерге айтып бергенді жаны сүйетін. Қыздарды қармағына түсіру ол үшін оп-оңай нәрсеге айналып, оларды бір-біріне ұқсас қуыршақтай көретін. Содан ба, ешкіммен үйленемін-ау, отбасы боламын-ау деген ой туындамайтын. Серік шындығына келсек спектакльде ойнайтын әртістен бір кем түспейтін. Жаттанды ыстық лебіздері, сөздері, анекдоттары, отты жырлары кез келген қыздың жан жүйесін ерітіп, жүректеріне махаббаттың сезім ұшқындарын шеберлікпен себе білетін.

    «Мың асқанға бір тосқан» демекші күндердің күнінде нәзікжандылардың алдында ылғи жеңімпаз болатын Серіктен де мықты жан шықты. Ол қарапайым ауылдың аруы емес, қаланың тікаяқ, айлалы қызы еді. Әрине барлық өзара қатынас сценарий бойынша өтті. Қызға деген ғашықтығында мін жоқ. Қанша айлалы, қу болғанмен жігіттің құрған сан түрлі торына шырмалып, махаббатына мас болған қыз оның дегеніне көнеді. Бірақ тез есін жинаған ол бірге болған сәттерін суретке түсіреді. Кейінгі шақтары жігіттің салқындай бастағанын сезіп қалады. Оның сыртынан аңдып жүріп үйін, жұмысын, бәрін біліп алады. Тіптен онымен жүргенін растайтын куәгерлерді де дайындайды.

    Дегеніне жеткен жігіт бір күні тайып тұрады. Шындығын айтсақ оның бұлай істеуі шайтан азғыруына ұшыраған ауыр дерт десек те болады. Көбелек жігіт көп ұзамай тағы бір әсем гүлді табады. Соның әуресінде жүргенде соңғы жүрген қыз оны кезекті құрбандығымен бірге мейрамханада шалқып отырған жерінен ұстайды.

    − Әй, Серік батыр! – дейді қыз сабырлы сөйлеп. – Сен мені тастап, енді мына сұлу құрбымның басын айналдыруға кірісіп кетіпсің ғой. Құрбым, менің саған жаным ашып отыр. Мына жаныңдағы жігіт бет-жүзі сұлу, сөзі бас айналдыратындай ләззатты болғанмен оның бәрі жасанды. Осы әдіс-айламен сен тәрізді талай аруларды дегеніне көндіріп, мауқын басқан соң жылатып тастап кете беретін нағыз Дон Жуанның өзі. Мен де мұның бір құрбандығымын. Мен де өзгелер сынды елтіп, мас болып шоқ басқанымды кеш білдім. Сондықтан есің барда мына қызылкөзден қаш, құтыл! Мұны маған қалдыр. Өйткені мына томпиған ішімді көрдің бе? Міне, осында жатқан сәбидің әкесі мынау отырған жігіт. Мұның мүләйім түрін көріп алданба, құрбым! Бұл осындай талай сәбиді өз қолымен, иә, анау қанды қолымен өлтірген зұлым. Ал мен сәбиімді өлтіруге жол бермеймін!

    Серік алғашқыда қатты сасып, абдырап қалды. Құрбандығы сөйлеп жатқанда тез есін жинап алды. Әртіс Серік жалма-жан ұшып тұрды.

    − Ей, салдақы! Мен сені танымаймын да, мүлдем білмеймін де. Бірақ қаланың қу аяқ қызы екеніңді көріп тұрмын. Сендей бәле жапқыштар мен күйе жаққыштарды менің жауларым ақша беріп жалдайтынын да жақсы білемін. Мен сендейлердің талайын көргенмін. Жаңағыдай мылжыңыңды анау қоржыныңа сал да, бұл жерден тайып тұр. Егер сен тағы да келіп, менің жыныма тисең аямаймын! Білдің бе, аямаймын! Анау ішіңдегі біреуден тапқан сәби-бәбиіңмен итжеккенге айдатамын. Милиция шақырмай тұрғанда, аман-есеніңде тайып тұр! – деді ол ашуланып сұқ саусағымен мейрамхананың есігін көрсетіп. Данагүл оның бұл көрсеткен сесіне айылын жиған да жоқ.

    − Міне, көрдің бе, құрбым, оның зұлымдығын, − деді ол жайбарақат басын шайқап Серіктің жанына жақындады. – Ол басқа-басқа өзінің сәбиін де аяйын деп отырған жоқ. Серік, мен сендей зұлымды, залымды сүйгеніме қатты өкінемін. Әттең, сен менің баламның әкесісің. Әйтпесе мына құрбымның көзінше бетіңе бір түкіріп сенің көрсеткен есігіңнен шығып кете берер едім. Жоқ! Мен кетпеймін! Қазір бұл жерден мына болашақ күйеуіммен кетемін немесе бұл зұлымды түрмеге қаматамын. Мінеки, құрбым, бұл адамды сөзбен жеңе алмайсың. Мынау бұл кісі жайлы, оның зұлымдықтары туралы жинаған құжаттарым, суреттерім, анықтамаларым. Анау тұрған тірі куәларым. Қыздар, мұнда келіңдер!

    Төрт-бес әдемі киінген қыз-келіншектер қабақтарынан қар жауып, тез-тез жүріп келіп Серікті қоршап алды.

    − Иә, Серік, бізді де танымайтын шығарсың. Айтшы, мен кіммін?

    − Айт, айт! Ал мені ше?

    − Бәлкім, сен мені мүлдем білмейтін боларсың?

    − Бұл жүзіқара мына сұлумен отырғанда ешкімді танымайды.

    − Иә, иә, ол қазір сонау аспанда көбелек болып ұшып жүр!

    Қыз-келіншектер осылай бір-бір ауыз сөздерін айтып, ызалана күліп жіберді. Мейрамханада отырғандардың бәрі мына тегін спектакльге ынтыға қарап қалысыпты. Өмірі асып-саспайтын Серік бір бозарды, бір қызарды. Қасқырлардың қоршауында қалған қояндай тізелері дір-дір етті. Мойындамайын десе мынау суреттер, құжаттар жатыр. Мына қыз-келіншектер кезінде көңіл көтеріп, қызығы таусылған соң тастап кеткен құрбандықтары. Әдемі, сұлу бойжеткен жаңа ғана жігіттің сұлтанымен отырған сияқты еді, енді табан астынан нағыз зұлымға айналған бұл жанға жиіркенішпен қарап тұр. Көзі жасқа толы байғұс қыздың. Қыз-келіншектердің ішіндегі ең айбарлысы, ең белсендісі қызға аянышпен қарап былай деді:

    − Айналайын, сіңлім! Бұл сенің түсің емес, өңің. Бізді де мына алаяқ зұлым осы мейрамханаға, осы үстелге әкеліп басымызды шыр айналдырған. Біз де сен сияқты соқыр болдық. Алдандық, торға түстік, сөйтіп тастап кеткен кезде ішіміздегі нәрестемізбен аһ ұрып, жылап қала бердік. Өмірімізді өксітті ол. Мұның, мына Дон Жуанның артынан түсуге арымыз, намысымыз жібермеді. Бұл хайуан бәрібір бізді жанына жолатпас та еді. Шақалақты алып тастап ауыр күнәға баттық. Өйткені алдағы өмірімізді ойладық. Өзімізше судан таза, сүттен ақ болып қайта күйеуге тимек болдық. Мұндай зұлымдар, паразиттер осы өмірімізде жиі кездеседі. Біздей өмірдің гүлдерін умаждап, мыжып табандарына басып, уақытша рахатқа батып, ақырында тастап кеткендеріне мәз болады. Бізді осындай жігітсымақтар қорлайды, мазақ қылады, білгенін істейді, алдайды. Ең соңында абыройдан айрылатын кім? Біз! Ең соңында жүзіміз мұңға, көзіміз жасқа толатын кім? Біз! Ең соңында тағдырымыз тәлкекке ұшырап, далада қалатын кім? Біз! Ең соңында ешкімге, тіпті әке-шешемізге де қажет болмайтын кім? Біз!

    − Біз, біз, біз!

    Осылай қыз-келіншектер ызалана айқайлап, бүкіл мейрамхананы дүр сілкіндірді. Серікті жан-жағынан алқақотан қоршап алып, нәзік қолдарымен оның мойнын қапсыра ұстап, қылғындыра бастады.

    − Иә, біз бүгін сені, сен малғұнды соттаймыз. Бүгін сен біздің қара көздерімізден төгілген жастардың өтеуін төлейсің. Сол төгілген жастан пайда болған қайғы теңізінің улы суынан ішкіземіз. Оның уынан сен өлмейсің. Өмірбақи есің кіресілі-шығасылы болып өлімші халде өмір сүресің. Біздің зарлы үніміз өмірбақи сенің құлағыңнан кетпейтін болады. Сенен пайда болған, біздің құрсағымызда аз ғана уақыт өмір сүрген сәбилеріміздің обалы сенің мойныңда қара қарғы болып ілініп тұрады, ей, жауыз! Сен өлгенде сол сәбилеріміз сенің мәйітіңді далаға лақтырып тастайтын болады, ей, зұлым! Сені, сенің жасаған қап-қара күнәларыңмен сасып кеткен денеңді жер-ана қабылдамайды. Білесің бе, қабылдамайды!

    Серік олардың қыспағынан шығам деп қанша бұлқынғанмен шыға алмады. Ызалы қыз-келіншектердің нәзік қолдарының тегеурінділігі соншама оның денесі дарға асылғандай салбырап тұр еді. Тамағы қырылдап, көзі қарауытып, аузынан ақ көбігі ағып, жаңа әзірде ғана шалқып өмір сүріп отырған Серігіміз бір сәт өмір әлемінен кетіп бара жатты.

    − Әй, қыздар! Тоқтатыңдар! Оны енді маған беріңдер. Ол малғұнды оп-оңай өлтіріп, өздерің күнәһарға айналмаңдар. Ол жауыз да болса менің сәбиімнің әкесі. Мен оны сендер айтқандай өмірбақи я өлі емес, я тірі емес өлімші халде өмір сүргіземін. Сендердің кектеріңді, менің өзімнің көз жасына суарылған кегімді осылай қайтарамын. Кектеріңді қайтарсаңдар, бұрын қайда қалдыңдар? Өлтірмеңдер, оны, жанын маған қиыңдар! – Бұл Данагүл еді. Әбден долырып, ызаланып алған қыз-келіншектерді бұл қаһарлы дауыс бірден тоқтатты. Серіктің денесі ес-түссіз жерге екі бүктетіліп түсті...

    − Мұрат бауырым, содан бері мен Данагүлдің тұтқынындамын. Шынында да осы уақытқа дейін я өлі, я тірі емес өлімші бір халдемін. Қаншама қаракөздердің, қаншама сәбилерімнің обалына қалдым. Сол қарғыс жібермейді екен. Міне, жасым алпысқа жақындады. Сенесің бе, мен осы өмірімде дұрыстап ұйықтап көрген жан емеспін.  Сол қайғы теңізінде өмірбақи жүзіп жүргендеймін бейне. Тәнім уланған, жаным азалы. Мен түннен, түнгі ұйқыдан өмірбақи зәрем ұша қорқамын. Айналаны қараңғылық пердесін жапқанда, сол қараңғылықтан да өткен қара шашты қыздардың зарлы үндері құлағымнан кетпейді. Сол түнмен бірге қызыл шақа сәбилер көз алдымда жылап жатады. Мен жындымын ба, саумын ба айыра алмаймын. Енді мінеки менің қанымнан шыққан ұлымның тәнін жер-ана қабылдамай жатыр, Мұрат бауырым!

    Серік өзінің өткен өмірін баласының досы Мұратқа осылай шертті.

    − Күндіз сап-сау адаммын, ал түнде жындысүреймін. Өлгім келеді, өле алмаймын. Талай мәрте өлуге де әрекет жасадым. Бірақ қолымнан өлу келмеді. Нәпсіқұмарлығымның кесірінен осылай өмірбақи қиналатынымды білгенде шіркін-ай, басқаша өмір сүрер едім. Енді кеш, кеш! – Ақ шашты аға маңдайын үстелге тарс-тарс соғып, өкіріп жылап жіберді...

    Мұрат Серік ағасын әзер жұбатқанмен ол да жетісіп тұрған жоқ болатын. Серік сәл есін жиған кезде Мұратқа сауал қойды.

    − Айтшы, Мұратжан, тек шындықты айт! Мына жындысүрейлігімнен Берік баламның тәрбиесіне мән беріп, дұрыс қарай алмадым. Бірақ оны ақшадан тарықтырған жоқпын. Айтшы, осы күнге дейін ол неге үйленбеді?

    − Көке, мен сізге тек шындықты айтайын ба? Егер шындықты айтсам сізге қиын болып қала ма деп қорқамын.

    − Айт, тек шындықты айт! Сен мені аясаң, менің ұлым өмірде қалай болды, қалай өмір сүрді, соны шынайы түрде жеткіз маған!

    − Ендеше тыңдаңыз! Берік тура сіз жастық шағыңызда қалай болдыңыз, дәл солай өмір сүрді. Таң қалып отырмын, тура көшірме. Ол да сіз сияқты ұрғашы көрсе көзі жайнап, бәрін ұмытатын. Ол обал-сауапты, ұят дегенді білмейтін. Оның әдемілігі, сөзге шешендігі, әртістігі, қыздарға деген өтімділігі тура сізден аумай қалған. Жаңа сіз өзіңіз туралы айтқанда көз алдымда Берік тұрды. Оның құпия қойын кітапшасы болатын. Оны анда-санда тек маған көрсететін. Алдап түсірген қыздардың тізімін ерінбей жасап отыратын. Бір көргенде олардың саны үш жүзге таяған еді. Нәзікжандыларды қалай қорлағанын, қалай жылатқанын айтқанды жаны сүйетін. Ол қысқасын айтқанда маньяк сияқты еді. Мен оны соңғы көргенде қатты қорқып кеттім. Қызу екен. Бір сұлуды күтіп отырды.

    − Біз тауға кетіп барамыз. Жүрмейсің бе? – деді.

    − Берия, саған қазір машинамен жүруге болмайды. Біреудің әлпештеп баққан қызы ғой. Оны аясаңшы. Білем, сен мұны пайдаланасың да тастап кетесің. Қыздардың қарғысы жаман болады. Мына қылығыңды, нәпсіқұмарлығыңды тоқтатсайшы. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей менің саған жаным ашиды. Жасың отызға келді. Енді үйлен! Әке-шешеңе немере сүйдір! Мені тыңдасаң бүгін тауға барма. Қазір массың! – дедім мен. Сол күні кеште неге екенін қайдам, қатты-қатты батырып айттым. Ол мені тыңдамай тарқылдап күлді.

    − Сен сондай тәрбиелі жансың! Бұл өмір не үшін беріледі, досым, білесің бе? Қызық көру үшін, шалқып өмір сүру үшін. Ол қызықтың көкесі мына қыздарда. Мен бұларсыз өмірімді көзге елестете алмаймын. Әрине, сенің айтқан ақылың дұрыс. Үйленген дұрыс. Ол өмір заңдылығы. Ал үйлену деген өзіңді өз еркіңмен апарып түрмеге түсіру ғой. Айтшы сен, түрме жақсы ма, әлде еркін өмір жақсы ма?

    Мен үндемедім. Себебі сол сәтте оның басқа бір қызылды-жасылды әлемде өмір сүріп жатқанын сезіндім. Оның ішіне жын ба, шайтан ба кіріп кеткен сияқты. Бәлкім сырты адам болғанмен, оның өзі шайтан ба, кім білсін.

    − Ә-ә, үндемейсің. Үндей алмайсың. Әрине, еркін өмір жақсы. Өзің қарашы, қып-қысқа ғұмыр. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Өмір алақанда тұрған сынап тәрізді. Үйленсең бітті, қу тірлік басталады. Бала келеді. Оны бағып, тәрбиелеп өсіруің керек. Бір қатынның әмірімен отырып-тұруың қажет. Оның несі жақсы, достым? Ал қазір мен ештеңе ойламаймын. О-о, келдің бе, жаным? Қазір шығамыз. Менің досым келіп шыға алмай жатырмын. Так што, досым, ойлан! Үйленем деп жатырсың. Өміріңді құртайын деп отырсың. Тұздай құртпақсың. Қандай қатігезсің! Қой, мен кеттім! Сау бол! – Досым тағы да күлкісі келмесе де өтірік күлді. Маған бір ой келді сол сәт. Досым өтірік өмір сүріп жатқан сияқты көрінді. Берік досым сол сәт адам қорқатын, жын-шайтан ғана өмір сүретін қараңғы бір әлемге сүңгіп бара жатқандай көрінді.

    Мен бірақ үндемедім. Кейін қатты өкіндім. Сол түні мен оны етегінен тас қып ұстасам да жібермеуім керек еді. Иә, сол түні ол ана қасындағы бейкүнә қызбен бірге шымқай қараңғылыққа сүңгіп кетіп, қайтып шыға алмады...

    Мұрат күрсінді. Серік қос қолымен басын ұстап отыр.

    − Мен, мен кінәлімін! Оның өліміне мен ғана кінәлімін! Талай сәбиімді өлтіргенім аз ба еді. Ақыры соңғы баламды да өлтіріп тындым. Өмірімде, өмір сүруімде енді не мән қалды? Айтшы, не мән қалды?

    Мұрат не айтарын білмеді. Жол сөмкісін алып кетуге жиналды. Көз алдынан көр сыртындағы жайылған қолдар кетпей қойды. Данагүл апасы жолға деп құрт, бауырсақ, қазы-қарт салып берді.

    − Мұратжан! Мына ағаңның жағдайы қиын. Түнде ұйықтап жатып бірде жылайды, бірде шыңғырады. Күндіз мәңгіріп жүрсе де, жұмысына тастай. Бірге өмір сүріп жатырмыз деген аты ғана. Мен бұған ғашық болдым. Бірақ оның маған деген ешқандай сезімі жоқ. Екеуміз екі әлемдеміз. Мен қыздарға берген уәдемде тұрдым. Оған өмір бойы әрі-сәрі ететін дәрі беріп отырдым. Бірақ онымен бірге тұрудан шаршадым... Қой, сенің миыңды ашытып, қай-қайдағы әңгімені айтып кетіппін ғой. Жолың болсын! Хабарласып тұр. Үйленсең тойыңа шақыр. Айтпақшы Беріктің артында алда-жалда ұрпақ қалса хабарласшы, айналайын! – Данагүл апа Мұратты қақпаға дейін шығарып салды. Мұрат біраз ұзаған соң барып артына қарап еді, апа жаулығы  ағараңдап қақпа алдында әлі тұр екен. Ішкі дүниесінде оған деген таңданыс сезімі қылаң берді. Тек өзінің және қорлыққа, зорлыққа ұшыраған қыздардың кегін қайтару үшін бұл әйел қаншама өмірін сарп етті десеңші...

 

                                                                   ***

    Данагүл Мұрат баласынан келген шақыру жеделхатын алғанда қатты қуанды. Уәдесінде тұрып үйлену тойына шақырыпты. Соңғы кездері Серік екеуінің жолдары біржола айырылды. Күйеуі күні-түні даланы кезіп кететін ауруға ұшырады. Жұрт оны Жынды дәруіш деп атап кетті. Көбінесе мұның байқағаны қабірстанда жүреді. Үйге анда-санда келетін. Оның сыртқы пішінінде бұрынғы сұлулық пен паңдықтың жұқанасы да жоқ. Үсті-басы жыртық-жыртық, кір-кір, тырнағы, шашы өскен. Бет-аузы әжім-әжім. Бұта-бұтаны аялай сипап: «Балапандарым! Құлындарым! Ботақандарым!» деп ылғи емірене айтып жүреді. Кей-кейде біреу қуғандай үрейлі, қорқынышты түрде айдалада зыр қағып жүгіріп жүреді. «Кешіріңдерші! Кешіріңдерші!» дей береді қайта-қайта айқайлай айтып. Әйтеуір ешкімге зияны жоқ...

    Данагүл енді төрт-бес бөлмеде жалғыз қалды. Жеделхатты алған соң етек-жеңін жиып жинала бастады. Қалаға біржола көшіп кетуге қамданды. Екі сиырын, оншақты қойын сатты. Үйін күйеуіне қалдырды. «Серікке беріңіздерші» деп кілтін көршілеріне тапсырып кетті.

    Мұраттың келіншегі намаз оқиды екен. Нәзік, сүйкімді, мейірімді жан. Мұрат екеуі оны пойыздан күтіп алды. Данагүлге деп шағын бөлме дайындап қойыпты.

    − Апашым, еш ұялмаңыз. Мынау сіздің жеке бөлмеңіз. Өз үйіңіздей көріңіз, − деп қалыңдық жылы сөйлеп, мұның асты-үстіне түсті. Той үлкен мейрамханада дүрілдеп өтті. Мұраттың да, Әлияның да әке-шешесі жоқ екен. Данагүлді құдалармен бірге төрге отырғызып, «Бұл біздің анамыз!» деп таныстырып, сөз берді. Құдалары оған бас құдағи ретінде қымбат тон кигізді. Данагүл өз басындағы жалғыздықты ұмытып, көңілі көтеріліп қалды. Той да өтті. Данагүл сұрастырып Мұрат пен Әлияға айтпай жүріп қарттар үйін тауып алды. Оны қабылдайтын болды. Бір күні заттарын реттеп кетуге жиналып, балалармен қоштасуды ұйғарды.

    − Апашым, сіз ауылға кетесіз бе? – деді Әлия таңданып.

    − Жо-оқ, айналайын! Онда жападан-жалғыз не бар? Қарттар үйіне баруды ұйғардым, балаларым, − деп Данагүл кемсеңдеді.

    − Қарттар үйі?! – Мұрат пен Әлия бір-біріне қарап, шошына айқайлап жіберді.

    − Апатай, оныңыз не? Онда бармайсыз! Сізді онда жібермейміз! Біз сізге «қалыңыз» деп айтуға жасқанғанбыз. Ал енді мұныңыз не? Біз сізді анамыз ретінде көреміз. Әлия екеуміз жетімдер үйінде жүргенде өзіңіз сияқты ананың мейіріміне зар болдық қой. Енді міне, зарымызды құдай естіпті, Әлия! Ана, анашым! – Бұл тебірене сөйлеген Мұрат. Көзінде жас. Ол Данагүлді құшақтай алды.

    − Апатай! Апашым! – деп мына жақтан нәзік жанды Әлия да келіп жабыссын.

    − Әлия! Әлия! Біздің енді өз анамыз бар. Шүкір, шүкір бір Аллаға!

    − Иә, иә, біздің өз анамыз бар!

    Данагүлдің ішкі жан дүниесі уылжып, жылап жіберді.

    − Құлындарым менің!..

 

                                                                   ***

    Данагүлді бақыт осылай тапты. Аллаға мың шүкір! Айтпақшы келіні анасына ұстаз болды. Дұғалар үйретті, кәрілік оған бас игісі келмей біраз қырсықты. Қайсарлығының жұқанасы қалса да, жеңіп шықты. Намазға құлады. Жылы су үйде. Бір уақ аулаға шығады. Ұлы мен келіні оның қас-қабағына қарайды. Емханаға жетектеп апарып еді, кәрі денесінен «ақаулар» шықты. Олар дереу санаторийге апарып сауықтырып алуға тырысты. Төрт құбыласы тең Данагүл үйде қарап отыра алмайды. Ою- өрнектеп, нақыштап көрпе-көрпеше, жастық жасайды. Балалары жұмысқа кеткенде тамақ та істей салады. Бірақ қаншама ойламайын десе де Серіктің тағдырын ойлайды. Ауылдағы көршілерімен сөйлесіп еді, ол бір рет келіпті. Мұның кетіп қалғанын естіп, балаша еңіреп тұрып жылапты.Бір заматта түнде сатырлаған дыбыс шығыпты. Көршілері жүгіріп келсе үйі өртеніп жатыр екен. Әрі-бері су шашқанмен сөндіре алмапты. Түк қалмай өртеніп, үйдің күлі ғана қалған. Серіктің денесі ізім-қайым жоқ. Сірә, үймен бірге өртеніп кеткен болуы керек. Үй өртенгеннен кейін қабір сыртында шығып тұрған Беріктің семіп кеткен қолдары да жоқ болып кетіпті. Үйінің өртенгенін, Серіктің жоқ болып кеткенін естіп Данагүл қатты қайғырып жылады.

   ... Данагүл апа намазының соңында бүкіл адамзаттың амандығы үшін ылғи дұға жасайды. Тағы бір аузынан тастамайтын дұғасы мынау еді: «Жаратқан ием, еркектерге нысап, иман бере гөр! Аналарымызды, қыздарымызды қорламасыншы! Қорлағандар тозақтың отына, қабірдің азабына ұшырасын!..» Біз де осыны дұға етіп, әркез нәзік жандыларды аялап жүрейікші...  

        

           

 

Қазақ тілінде жазылған