Академик К.Нұрпейісұлы
Мақала Алаш үкіметінің 100 жылдығына және Алаштану мектебінің негізін салушылардың бірі академик К.Нұрпейісұлы қайтқанына он жыл толуына орай жазылып отыр
«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші аспан таулардың, сатылай біріне жалғаса жатқан Күңгей Алатауы мен Іле Алатауы арсында, сұлу да қасиетті Көлсай өңірінде өмірге келген тау тұлғалы Кеңес ағаның да арамыздан кеткеніне 10 жылдың жүзі болыпты-ау. Қайран уақыт, «бәріне де уақыт емші», «тумақ барда өлмек бар», «адам өлген күні өлмейді, тек санадан өшіп ұмытылған күні ғана өледі» десек те «өлгендер қайтып келмейді» (Б.Соқпақбаев). Артында рухы мен сол рухын сәулелендіріп тұратын ізгі істері қалады. Мен Кеңес ағамен жақын араласқан адамдар қатарында болдым десем артық болар және ондай мүмкіндіктер бізде болған да жоқ. Оған бірнеше себептер бар; біріншіден, жас алшақтығымыз, әрі менің ғылымға кенжелеу араласуым себеп болса екіншіден, мамандану саламыз бөлектеу болғандықтан да ма ғылыми салада да жолымыз қиыспаған екен. Оның үстіне Ғылым Академиясынан келіп бізге арнайы курстар оқып жүрген сол кезде біз үшін «жердегі жұлдыздардай» көрінетін ғалым ағаларымыздың қатарынан ол кісі көрінбейтін. Бұған себеп Кеңес ағаның дәл осы мамандану бағытының бөлектеу болғандығы да болар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы КазГУ-дің біз сияқты студенттері үшін Кемел Ақышев, Халел Арғынбаев, Оразақ Ысмағұлов, Карл Байпақов сияқты сол кездің өзінде-ақ аты аңызға айналған алдыңғы толқын ғылым докторлары, профессор ағаларымыздың алдын көріп, дәріс алу; аудиториялық сабақтар барысында ақыл кеңесін тыңдап тығыз араласуымыз біз үшін үлкен мәртебе болатын.
Дегенмен де Кеңес ағаны көрген бетте біздер ол кісіні жатсынбай үйіріле қалып амандасып, жапырласып жататынбыз. Бұған себеп ағаның інісі Талдыбекпен ( баласы еді десек те болар) бірге оқып, бірге жүрген жақындығымыз болса екіншіден, Кеңес ағаның құдай берген кеңдігі, кеңпейілділігі, зиялы кісілік келбеті, адамды өзіне жақын тартып үйіріп тұратын қасиеті, жан-жағына шуағын шашып тұратын мейірім шапағынан да болар.
Кеңес ағаның үлкен тарихшы болып қалыптасуына оның қилы тағдыры да себеп болған сияқты. Жастайынан тұл жетім болған Кеңесті өзінен бар жоғы жеті-ақ жас (сол кезде 12 жаста болса керек) үлкен жалғыз ағасы Әлі (Талдыбектің әкесі) «кебенек киген келер» деген үмітпен соғыстың алдында Қарабұлақ дейтін жердегі «детский пансионатқа» өз қолымен өткізуге мәжбүр болады. Жетімдіктен бұдан басқа қолдан келер шара бар ма, аман қалудың бірден-бір жолы сол болды. Кеңес ағаның өзінен бар жоғы жеті-ақ жас үлкен 12- ақ жастағы Әлі ағасының осы бір «қанатымен су сепкендей» тірлігі көз алдымызға Дулат аға Исабековтың «Әпкесін» еріксіз еске оралтады. Өмірдің «тар жол, тайғақ» кешуін жастай басынан өткеріп, жетімдікті, балалар үйі, мектеп интернат сияқты өмір өткелдерінен өту оны шыңдады, табандылыққа, төзімділікке, сабырлылыққа үйретті. Осы табандылық, ғылымға деген, сүйіспеншілікпен беріле қызмет істеу оны бір ғылым ордасында, бір қызметте табан аудармай жарты ғасырдай отыруға да мәжбүр қылды. Тек жәй ғана отырған жоқ сол шаңырақпен бірге өсті, жетілді; артына ізбасарлар қалдырып дарақ, мәуелі бәйтерекке айналдырды. Қызметтің үлкен кішісі болмайтындығын өз өмірімен, өз болмысымен дәлелдеп кетті. Халық арасына кең тараған тәмсіл сөздерде: «адамды астындағы орынтағы көріктендірмейді, керісінше адам орынтақты көркейтеді» демекші академиялық ғылым саласында бүкіл саналы ғылым жолындағы ғұмырында тек бір ғана орынтақта отырып артына өшпес ғылыми мұра қалдырып халыққа таңылған екі адамның бірі ұлы Әлкей Марғұлан десек, екіншісі Кеңес Нұрпейісұлы болар. Ал осы жолды ұстанып Жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі деңгейінде ғана қалып қаншама ғылыми ізденістерімен елге таңылған ғалымдар шоғыры бір төбе.
Халықта «ұлы адамдар тірісінде өз ескерткішінің тұғырын өзі қалайды, ал мүсінің болашақ соғады» деген қанатты сөз бар. Қазақ «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деп қысқа қайырады. Кенес ағаның бақытына қарай Ұлы Отан соғысынан кейінгі «алыптар» буынынын (Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері А.Н.Нүсіпбеков, С.Н.Покровский, С. Бейсембаев, А.М. Панкратова, Е. Бекмаханов, Ә.Х.Марғұлан, академияның мүше корреспонденті Г.Ф.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, тарих ғылымдарының докторлары Т.Е.Елеуов, А.С.Елагин) зор ықпалында болып, ғылыми ізденістерін көріп істес, әріптес бола жүріп олардан кейінгі орта буыннан да өзіне лайықты орнын ала білді. Ғылымдағы осы бір «жылымық» кезең (жеке адамға табынуды сынаумен байланысты аздаған жеңілдіктер), бетбұрыс жылдары (бұл сөздерді шартты түрде қабылдау керек) туралы М. Қойгелдиев өз естелігінде «кеңестік кезеңдегі тарихшылардың арасында салыстырмалы түрде алғанда шығармашылық бағытын белгілі бір дәрежеде сезінген жалғыз Ә.Марғұлан ғана болды. Оған да кезінде сәтті, үйлесімді қалыптасқан жағыдайлар себепші болғандығы хақ» деп баға берген екен. Бұған қосарымыз К. Нұрпейісұлы да өмірдегі өз орнын алдын ала анықтап, ғылым саласына «кең дүние кеудеңді аш мен келемін; алынбаған еншім бар сенде менін» деп жерлесі ақын Мұқағали жырлағандай белгілі бір мақсаттармен келген сияқты. Әйтпесе, Алматының қақ ортасындағы жалғыз белгілі мектепті үздік бітіре тұрып, тарихшы болудың жауапкершілігін сезіне тұрып өз таңдауын жасауы болашақ ғалымның бұл салаға кездейсоқ келмегендігіне дәлел болса керек.
Міне, осы бір объективті жағыдайлар да түрткі болған болуы керек Кеңес аға ғылымға араласқан алғашқы күнінен ақ беріле кірісіп тіпті жан-жағына бір ауық пенделік көзқараспен қарауға да уақыт бөлмеген сияқты. Сол кезеңдегі аға ұрпақтар арасында қалыптасқан соғыстан кейінгі «мен қоғам үшін, ал менің жағыдайымды мемлекет жасайды» деген сенім де басқаша іс әрекеттерге орын қалдырмаған болар. Оның үстіне дәл осы кезеңде ғылымға келген өзімен шамалас бір шоғыр М.Қозыбаев, К. Ақышев, М.Асылбеков, Х. Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востров, У.Шәлекенов, Р.Сүлейменов, Т. Балақаев, О. Исмағұлов, Б. Көмеков,К. Байпақов, Ә. Тәкенов сияқты тарих ғылымының болашақ ардагерлерімен әріптес бола жүріп қалыптасқан ғылыми орта да мол әсерін тигізіп, зор ықпалы болғандығы анық. Сол кездегі тарих ғылымдарының корийфейлерімен сырлас, пікірлес бола жүріп тарихымыздағы іргелі де еңселі еңбектер жазды. Сондықтан да болар не бары 28 жасында кандидаттық, 38 жасында докторлық дәрежедегі диссертация қорғап қырықтың қырқасына шыға бере профессорлық атаққа ие болып, ер жасы елуге жетпей жатып Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлық лауреаты атануы жанкешті жалықпай іздену, ерен еңбектің арқасы екендігі осы ғылым түрені саласындағы әркімге де аян.
К. Нұрпейісұлы өзім ғана болдым, толдым дейтіндердің қатарынан емес. «Шәкірсіз ұстаз тұл» демей ме. Елге таңылып, танымал ғалым болғаннан кейін өзінен кейінгі өкшелес жас буынға үлгі, өнеге бола жүріп онға тарта ғылым докторын, қырыққа тарта ғылым кандидатын даярлап шығарды. Біріне тікелей жетекші, кеңесші болса енді бірінен ақыл кеңесін аяған жоқ. Ортаны буын мен кейінгі жастарды жақындастырып, жалғастыруға дәнекер бола білді. Қазір қарап отырсақ сол жас ұрпақтың өзі де бүгінгі күні аға буынға айналғандай. Кеңес ағаның ізін қуа өсіп шыққан бір шоғыр Ә.Төлеубаев, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Х. Әбжанов, К.Бұрханов, Б. Аяған, Ж. Артықбаев, С.Әжіғали, Н. Әлімбаев, А.Тоқтабай (қбүгінгі күні бұл азаматтардың бәрі де профессор, тарих ғылымдарының докторлары) және т.б. жас өреңдер қазіргі кезде Қазақстандық ғылым саласынының беделді де бетке ұстар діңгегіне айналғандай.
Әрине, Кеңес Нұрпейісұлы қазақтың қаны сорғалаған күрделі тарихи тақырыптарға бірден барды десек артық болар. Жоқ жерден көзсіз батыр жасайық деп отырған біз де жоқ. Оның арты неге апарып соғарын ол кісі де білген болар. Өзінің адындағы Е. Ділмұхамбетов, Е. Бекмаханов, І. Есенберлин сияқты аға ұрпақтардың басынан кешкен «тар жол, тайғақ кешулердің» өзінің де басынан кешуі мүмкін екендігін, өзінің де жастай тұл жетім қалып интернаттан тәрбие алғандығы және «халық жауының» ұрпағы екендігі де әрбір шалт басқан қадамы соңғы қадам болып қатерге айналарын түсініп, сезіне білді. Жас ғалымның ол кезеңнің де туарын түйсініп көкірегіне түйіп өскендігін және ағалар алдында өзіне аманат жүгін арқалауды парыз санағандығын оның кейінгі жазған Е.Б. Бекмахановтың өмірі мен қызметі, оның қуғын-сүргінге ұшырау себептері туралы жазғандары, Е. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғ. 20-40 жылдарында» атты монографиясын талқылаған мәжіліс стенограммасын жеке кітап етіп жұртшылыққа жариялауы сияқты т.т. еңбектері жоғарыдағы ойымыздың бір дәлелі болғандай.
Биік шыңда өскен сұнқар да қанаты қатайып , топшысы бекімей тұрып бірден жеміне түспейді ғой. Кеңес Нұрпейісұлы да тырнақалды еңбектерін, алғашқы ғылыми ізденістерін Кеңестік жүйе ырқына ыңғайлы сүрлеу жолдан бастады. Себебі «тарихтың жаманы жоқ, жақсысы үлгі алу үшін, жаманы сабақ алу үшін де қажет» деген қағиданы ұстана отырып Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілістері, 1917 жылғы революция оқиғалары, Қазақстан Кеңестері жұмысшылар мен шаруалар билігін нығайту үшін күресте, Қазақстанның шаруалар Советтері, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы, 1918-1920 ж.ж. ұлттық-мемлекеттік құрылыс, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның ұлттық-территориялық межеленуі, Кеңес өкіметінің Қазақстандағы аграрлы реформалары, Қазақстанда Кеңестердің құрылуы сияқты тақырыптарда үнемі зерттеу мақалаларын жариялап тұрды.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі қоғамдық-саяси өзгерістер Қазақстандық тарих ғылымына да түбегейлі бетбұрыс жасады. Бір кездері Кеңестік идеология тежеу салған ұлт-азаттық көтерілістер, Алаш және «Алашорда» тарихы жаңаша қырынан таңылып жаңа тұрғыды\а, белсенді түрде зерттеліне бастады. Осы бастаманың бел ортасында жүріп, тікелей білек сыбана «томағасын сыпырған қырандай» болып кіріскен көшбасшылардың бірі К.Нұрпейіс болды. Нәтижесінде дүниеге «Алаш һәм Алашорда» атты іргелі монографиялық зерттеу (Алматы, 1995) жарыққа шықты. Әріптестері сол кездің өзінде-ақ бұл еңбектің авторын «Алаш ұлт азаттық қозғалысы және «Алашорда» автономиясының тарихын зерттейтін ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі» деп дер уақытында тиісті бағасын да беріп жатты.
XX-ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының түпкі мүддесі бір болғанымен сол жолдарға жетелейтін бағыттары әртүрлі болуы табиғи заңдылық. Алысқа бармай-ақ өздері үлгі тұтып жүрген орыс демократ революционерлері де бастапқыда бірге болып бір бағыт ұстанғандарымен де жеме-жемге келгенде көзқарастары үйлеспей ұсақталып бірнеше партияларға бөлінгені белгілі. XX-ғасырдың бас кезінен-ақ бұқара халыққа «Оян қазақ», «Маса» немесе «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп ұран тастап 1916 жылғы маусым жарлығына дейін қазақ зиялылары негізінен оқу ағарту ісімен айналысып, патша үкіметінің отарлық саясатына қарсылық танытумен болды. Бұл істің басында тұңғыш бұқаралық сипатта, ұлттық либералдық бағытта ұйымдастырылған «Қазақ» газетінің төңірегіне халықтың зиялы өкілдерін топтастырып ұлттық саяси ұйым құру жолдарын іздестіре бастаған жас қазақ интеллигенциясының дем берушілері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сияқты қазақ ұлтының озық ойлы өкілдері еді. Ә. Бөкейханов 1910 жылғы Петербург қаласында жарық көрген «қырғыздар» (қазақтар) атты әйгілі мақаласында: «Қырғыз халқының арасында саяси партиялар әлі пайда бола қойған жоқ... орыстандыру саясатының ауыртпалығын көтерген басқа шет аймақтардың халықтарындай, қырғыз халқы да үкіметке қарсы пікірде және орыстың оппозициялық партияларына көңіл қояды. Жақын болашақта ... қырғыздар арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі саяси партия құрылуы мүмкін. Оның бірін ұлттық діни бағыттағы деп атауға болар, ал оның мақсаты қырғыздарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі қырғыз келешегі кең мағынадағы батыс мәдениетін енгізуге байланысты деп есептейтін бағыт», - деп өзінің тек қатардағы ұлттық интеллигенция өкілі емес кең тынысты көзқарастағы, қалыптасып қалған көшбасшылық деңгейдегі зиялылығын танытады. Таптық принциптерді емес, тұтастық идеяларын, төңкеріс жолын емес, реформа жолын таңдап алған Алашорда үкіметі кеңес үкіметі мен большевиктер идеяларын қабылдамады. Сондықтан да болар большевиктік ағымдағы қоғамның революциялық даму жолын ұстанған кейбір қазақ зиялылары Алашорданы 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады деп кіналаумен болды. Бастапқыды ұлт-азаттық қозғалыстар немесе майданға қара жұмысқа қазақ жастарының баруына түбегейлі қарсы болған демократиялық бағыттағы ел азаматтарының бағыт бағдары жалпы бұқара халыққа түсініксіз еді.....Олар алашордалықтардың бұқара халықты босқа қырғынға ұшыратамыз, бізге қантөгіс керек емес деген пікірлерін бір жақты ұғынды. Осыған байланысты жоғарыда аттары аталынған ұлт зиялылары бірігіп 1916 жылғы «Қазақ» газетінің 192-санында жарияланған үндеу мақаласында «...қазақ қарсылық қылса, елге отряд шығады, отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады», дей келе қантөгіс болдырмау үшін халықты патша жарлығын орындауға шақырады. (Кейде өзгеше бір ойлар келеді. Бәлкім алаш зиялыларының бұл жанайқайын сол тұстағы қазақ интеллигенция өкілдері бірдей қолдағанда майданға барып қайтқан қазақ жігіттері елге көздері ашылып, көкіректері оянып басқаша көңіл күй жігерленген рухпен оралар ма еді, қанды қырғын болмас па еді; мүмкін, 1932 жылдың зұлматы немесе 1937 жылғы репрессия да өзгеше бағыт алар ма еді. Мұның бір көрінісі Ұлы Отан соғысы жылдары қазақтардың асқан батырлық, көзсіз ерліктерімен дүние жүзіне таңылып қоғамдағы орнының қандай дәрежеге көтерілгенінен-ақ байқауға болады). Алайда адам факторын екінші қатарға қойып біржақты революциялық идея жолын таңдаған большевиктерге алашордалықтардың мұндай «солқылдақтығы» түсініксіз еді. Әрине, большевиктік бағыттағы кейбір қазақ интеллигенттерінің бұл жолды таңдауын түсінуге де болар. Кезінде коммунизм идеясының негізін салған Карл Маркс пайғамбарымыздың өзі де кейіннен өзінің кейбір ойларынан бас тартқаны тарихтан белгілі. К.Маркс «коммунистік құрылыс бір емес дамыған бірнеше елде қатарынан, бір мезгілде жеңіске жетуі керек; екіншіден, қанды-қырғын, ұрда-жық революциялық жолмен емес қалың бұқара халықтың саяси сауатын аша, оята отырып эволюциялық, реформалық жолдармен жүргізілуі керек» деген ғылыми тұжырымдамасын орыс революциясының «атасы» Лениннің өзі де бұрмалап мүлде қарама-қарсы әрекет етті. Нәтижесі баршаға аян.
Алғашқы кезеңде Ресей Думасына қатысып саяси тәжірибе жанақтаған қазақ зиялылары негізінен қазақ қауымы үшін өмірлік маңызды үш мәселеге көңіл аударады. Ол «автономиялық тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» (А. Байтұрсынов, М. Дулатов) немесе «демократиялық, федеративтік және парламеттік Ресей республикасы құрамындағы қазақтың ұлттық территориялық автономиясы болу» (Ә. Бөкейханов), екіншіден халық меншігіндегі жерді жеке меншікке бермеу (бұл тұрғыда Ә.Бөкейханов «біздің қазақ жерді меншік қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді» деп үзілді-кесілді қарсы болған және дінді мемлекеттен бөлу, (себебі, «молда хүкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ-асты болмақ. Жалование алған молдалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады»)деп алға болжам жасап, аса көрегендік танытқан. Ал сол кезде Орынборда шығып тұрған «Южный Урал» газеті Алаштықтардың сайлау алдыңдағы бағдарламасына баға бере келіп 1917 жылғы 2-желтоқсандағы санында былай деп жазды: «Алаш – демократиялық радикалдық партия, оның халық бостандығы партиясынан айырмасы федеративтік демократиялық республиканы талап етіп, жерге жеке меншіктік болуға қарсы шығып, шіркеуді мемлекеттен бөлуді жақтауында» - деп атап өтуі арада бір ғасыр өтсе де бұл мәселелердің өміршең екендігін, әлі де актуальды өткірлігін жоймағандығын уақыттың өзі-ақ дәлелдеп отыр.
Алаш қайраткерлерінің бұл әрекетін өздерінше таптық жікшілдік тұрғысынан қарастырған 20-30 – жылғы біраз зерттеушілер оларды «ұсақ ұлттық буржуазиялық партия» (А.Богачев републикалық мемлекеттік баспа директоры), «бүкіл байлардың саяси ұйымы» (С.Брайнин мен Ш.Шафиро), «жартылай феодалдық байлардың партиясы» (Құрамысов) деп кінәлап большевизм ағымына қарсы тұрған партия деген баға берсе де алаш арыстары большевизм жолы анархиялық, ел ішін бүліншілікке бастайтын бас бұзарлық жол сондықтан да жаппай бүлінуден шығудың жолы большевизмге қарсы тұрарлық автономия құру деген беттерінен қайтпады. Бұған жауап ретінде А. Байтұрсынов: «қазақтарда капитализм де, таптық жіктелу де жоқ; тіпті жеке меншіктің өзін басқа халықтардағыдай айдар тағып ажырату қиын; көптеген күнделікті тұрмыстық пайдалану бұйымдары оларда ортақ қауымдық дәулет болып саналады», - деп ғылыми теориялық тұрғыда уәж айтқанымен революция толқынына ілескен большевиктік ағымдағы көпшілік бұған мән бермеді. Нәтижесінде бұл жалған жала, негізсіз, дәлелсіз қаралаулар Алаш арыстарына үкім шығарғанда негізгі айыптардың біріне айналды. М. Жұмабаев болса 1929 жылыдың 14-шілдесінде ОГПУ дің тергеушісіне берген жауабында «алашты саяси партия деп санаған емеспін. Тек қана Алашорда үкіметі болды» десе, М.Дулатов та бұл сөзді қуаттай 1929 жылдың 30-қарашасында ОГПУ дің тергеушісіне осы сарындас жауап берген. Осы келтірілген пікірлердің өзі ақ алаштықтар «әдеттегі, дәстүрлі саяси партия дәрежесіне көтерілді ме?» деген сұраққа берілген бағадай көрінеді.
..М. Шоқайдың өзі ұлттық автономия түсінігі туралы : «біз сол тұста автономияны былай түсінетінбіз: Түркістанның дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс... Сыртқы саясат, қаражат, әскери істер Бүкілресей федерациясы үкіметінің ісі деп есептейтінбіз. Оқу- ағарту жұмыстары, жергілікті жолдар мәселесі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселерінің бәрі жергілікті автономиялы үкіметтің ісі деп қарайтынбыз. Біз, әсіресе, жер мәселесіне ерекше мән беретінбіз. Әскери құрылыс мәселесіне де едәуір өзгерістер енгізбекші едік... - деп қорытынды жасайды. Ал алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің іс әрекеттеріне коммунистік идеология және таптық тұрғыдан баға берген С. Сейфуллиннің өзі: «Октябрь төңкерісінен кейін солшылдар (бұған К.Нұрпейіс «большевиктердің соңына ерген қазақ зиялылары» деп анықтама берген) біртіндеп бұрынғыдан әрі солшылдана және революцияшылдана бастаса, оңшылдар (Алаш қозғалысына қатысушылар - К.Н.) оңшылдана және реакцияшылдана берді» , - деп тұжырым жасаған. Біз бұдан 1917 жылға дейін қазақ интеллигенциясының идеялық көзқарастарының әртүрлі болғандығын бірі ұлттық либералды бағытты ұстанса, енді бірі оған қарама-қарсы большевиктік солшыл радикалды қанатын құрағандығын байқаймыз.
Жоғарыда келтірілген деректерден байқағанымыз негізгі идеясы отарлық жүйеден құтылып, азаттық жолын таңдау болғанымен сол жолға түсудегі бағыттары айқын болмады. Оны ұлт жанашырлары өздері де байқап, мойындағандығы туралы жоғарыда біраз деректер келтірдік. Әлі де саяси сауаты жетілмеген ұлттық интеллигенция өкілдеріне бүкіл Европаны кезген коммунизм елесі, алып Ресейді бөлшектеп тастаған большевиктік революциялар да кесірін тигізіп-ақ бақты. Ғасырлар бойы таптық жіктеліну дегеннің не екенін білмеген қазақ қауымы кімге сенерін, кімге ерерін білмеді. Міне, осындай ақиқаты анықталмаған, шыш-шытырық қайшылықтарға толы, бір кездері қатаң тиым салынған кезең тарихын Кеңестік режим құласымен -ақ өзін сол дәуірді зерттеуге моральдік қатысым бар деп санайтын біраз тарихшылар ат салысқаны белгілі. Әрине әрқайсысы өз таным-түсінігі деңгейінде біреулерді қаралай, байыбына жетпей жатып ғайбаттауға дейін барып эмоцияға беріле жазғандары да болды. Н. Нұрпейісұлының бұл тақырыптағы зеттеулеріне зер салсақ сарабдал тарихшының бұл салаға аса жауапкершілікпен, салқынқандылықпен, іштей дайындықпен келгендігін байқаймыз. Тарихи тұжырымдары дәлелді деректермен үндесіп көбіне белгілі бір түйін, қорытынды жасауды оқырмандардың өзіне қалдырып отырады. Тарихи тұлғаларды бір-бірімен айтыстырмай, бір біріне қарсы қоймай, сол кезеңдегі жымдасқан уақиғаларды ой елегінен өткізіп объективті тарихи бағасын беріп отырған. Бұл да болса тарихшы зерттеушілер үшін үлгі алар қасиет. Біреуді мақтасақ, керісінше екінші біреуді құрбан етіп даттайтын әдетіміз бар. Әйтпесе, 1923-жылы өткен Ахмет Байтұрсынұлының елу жылдық мерейтойын сол кездегі Қазақ ССР Халық Комиссарларының Төрағасы қызметін атқарып жүрген Сәкен Сейфуллиннің өзі басын қатерге тігіп, елу жылдық мерейтой ұйымдастыруы, онымен қоймай, өзі бастап ашып, Ахаң туралы терең ойлы пікілерін білдіріп, небары сол кезде жиырма алты жастағы М,Әуезовқа баяндама жасатып ел адына шығарып танытуы көрегендік, көзсіз ерлік емес пе?
Академик К.Нұрпейіс жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін орта мектептер үшін Қазақстан тарихы бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға да белсене ат салысты. Әрине алаштұлғалы азаматтың бұған араласпаса азаматтық ары жібермейтіні белгілі еді. Себебі «тарихы қалың, бірақ оқулығы жұп жұқа» (Қ. Мырзалиев) қазақ тарихында бұрмалаулар көп еді. Орыстың отарлаушыларына дейін батыр да біздікі тек елбұзар «конокрад» деңгейінде ғана бағаланған жағыдайда селқостық танытып бейтараптық күй кешу шын ғалымға сын еді. Болашақ ұрпақты тура жолға салуды өзіне парыз санады. Бұл туралы өз естелігінде «...еліміз егемендігін алғаннан кейін өзіміздің тарихымызды халқымызға, әсіресе жастарға үйретуге мол мүмкіндік ашылды. Тарихи сана жетілмей, тәрбиеленбей өткенімізге дұрыс баға бере алмайтынымыз кәміл, енді еліміз тарихының шан басып жатқан шындық беттері ашылған кезде тарихи санамызды ояту үлкен мақсат болып отыр. Өйткені сәулелі сана - мәуелі болашақ емес пе?» - деп ағынан жарыла мойындағаны да рас. Осы мақсаттар мүддесінен шығу жолында ғалымға біраз ізденуге тура келді. Ол үшін алдымен педогогикалық оқу процестерінен өтіп қажетті методикалық әдістемелерді игеру қажет болды. Осы себепті Қазақ мемлекеттік Кыздар педогогикалық институтының тарих факультетінде ширек ғасырдай дәріс беріп оқытушылық сатыдан да өтуге тура келді. Оқулық жазу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағанын ғалымның «Мектептерде Қазақстан тарихы дұрыс оқытылып жүр ме?» деген проблемалық мақаласынан да айқын аңғаруға болады. «Тарихшылардың жаңа көзқарастағы мәселелері мектеп оқулықтарына там тұмдап еніп жатыр. Мен өзім де осы оқулықтар жазуға араласып жүрген адаммын. Оқулық жазу жеке монография жазғаннан да әлдеқайда қиын шаруа екен. Оны өзімнің тәжірибем көрсетті. Ол оқулық міндетті түрде әр сыныптың оқушысының жас деңгейіне, қабылдау ерекшелігіне лайықтап жазылуы қажет. Оқулық жазу жеке адамның ғана шаруасы емес, ол ұжымдық еңбек. Оқулық жазуда тек ғалымдар ғана қатынасып қойса, онда ол біржақты оқулық болады екен, оған қосымша ұстаздың әдістемелік мәселелерінің қыр-сырын игерген педагогтар қатысуы керек екен», - дегені ғалымның үлкен жүректі, кең тынысты екендігіне тағы да көз жеткізіп қоймай оған ұлт мүддесі, болашақ тәрбиесі тұрғысынан қарағандығын байқаймыз.
.
Алматы менеджмент университетіінің
жетекші ғылыми қызметкері.
.