Үш тұғырлы тіл
Еліміз үш тұғырлы тіл саясаты ұстанғанымен, жүдә соның бізге керегі қанша деп жайбарақаттықпен жүрген болатынбыз. Бізде де келіп жетерін қайдан білейік. Осылай жүргенімізде күтпеген жерден үш тұғырлы тілді жанұяға айналып шыға келдік қой. Ол былай: Келінім балам екеуі ағылшын. Олар шетелде оқыған. Немерелерім орыс мектебіне барғандықтан орыс тілді болды да кенже балам соларға қосылды.
Өзіміз кемпіріміз екеуіміз қазақ тілді бола қалдық.
Өзі де қызық болды!
Келінім шайға шақырады ма, ағылшынша хабарлайды шайдың даяр болғанын. Немерелерім орыс тілінде жауап қайтарады да бізге ым жасайды. Кейін қазақ тілділер кемпірім екеуміз біз жайғасамыз дастарханға! Осылай жүре берер ме едік. Бірақ біз көнгенімен жағдайымыз көнбеді. Көнбегені ауылда жиын, тойға айтады ма соның не дегенін келінім түсінбейді. Аталарың үйде ме жоқ па, дегенді балаларым түсінбейді. Соның кесірінен бара алмай жүрдік шақыруларға. Бәрінен де немерелерімнің тілі қызық шықты. Қиын болды! Құдай-ау, бір "алма" деген сөздің өзін айту үшін оның үш атауын бірдей білуі керек екен. Алғашқыда біз оны түсіне алмадық. Кейін ол сөйлегенде бәріміз жиналып отырамыз да әрқайсысымыз өзімізгек тиесілі сөзді ғана ұғатын болдық. Неге бұлай десеңіз үш тұғырлы тілміз ғой!
Менің ойымда ешнәрсе жоқ жүдә үйде тыныштық болсын деген ниетпен: су, газ, жарық мәселесі болса ағылшын, базар-ошар орысша, әңгіме бау-бақша туралы бола қалса қазақша сөйлесейік дедім. Бұл менің айтқан пікірлерім. Оларға салсаң өзді-өзі келісіп екі тұғырлы тіл болғысы-ақ келіп жүр. Өйтейін десе қазақ тілді, кемпірім екеуіміз біз бармыз ғой.
Әзірге жоғала қойған жоқпыз.
Қайта қалада болса білінбес еді. Білінбегені автобус, дүкен, мекемелердің бәрінде орысша сөйлеседі екен.
Бірде жанұя мүшелерін жинап алып былай дедім. Қайсысымыз қандай тілде сөйлейміз мейлі, ол жанұялық өз тіліміз боп қала берсін, бірақ жалпы қатынас тілін анықтап алайық дедім.
Келінім ол тіл ағылшын болсын деді. Кемпірім қазақ тілі болсын деді. Солай-ақ болсын деп едім қалғандарын көндіре алмадым. Бұлай болмайды! - дедім күйіп кетіп.
Бәрімізге бейтарап, қатынас тілі - қытай тілі болады дедім.
Жасым үлкен болған соң ұсынысым қабыл болды. Қазір қытай тілін үйреніп жүрміз. Мен жаттаймын. Менен кейін кемпірім жаттайды. Немерелерім болса иероглифтердің суретін салып отырады. Сосын жаттағандарымызды бір-бірімізден сұраймыз ғой мынау не дегені? деп.
Ал, қыздарым қыдырып, құдаларым қонақ боп келе қала ма, бітті! Қызық! Біздің үйді тап бір елшілікпе деп қалар едіңіз.
Екі-екіден бөлініп аудармаға көшеміз ғой.
Келіндерім құдама түсіндіріп, қызым орыс тілді немерелерімнен сұрап олардың бізде жұмысы болмаса да, біздің оларда жұмысымыз болып кемпірім екеуіміз білгенімізше қазақшалап түсіндіріп жатамыз.
Үйіміз сапырылыс!
Сосында біздің үйде, мына үш тұғырлы тілді үйде келген қонақтар көп тұрақтамайды.
Мен ойлаушы едім, үш тұғырлы тіл тек біз бе жоқ басқалар да бар ма деп. Сөйтсем өзгелер де бола бастапты. Осының анығына жетейін солай ма, солай емес пе деп кездескен кісіден сұрайтын болдым:
- Қанша тұғырлы тілсіз?
- Екі!
- Сіз ше?
- Бұрын үш тұғырлы едік қазір екі тұғырлымыз.
Оны танушы едім. Неге бұлай десем, қызы қырғыз азаматына тұрмысқа шығып қалаға көшіп кетіпті. Ел іші емес пе? Тіпті төрт тұғырлы тілді жанұяда кездесті маған.
Елімізде тілге деген құрметтің бірінші кезекте екенін ескерсек дұрыс қой! Сосында мен аулымызда қанша тұғырлы тіл бар екенін жаттап жүремін.
- Сәлімбайдың үйі үш тұғырлы.
- Тұрсынхан екі тұғырлы.
- Дүйсенбек үш тұғырлы.
- Бір тұғырлы.
- Екі тұғырлы...
Байқаймын. Балаларыма салсаң ағылшын, орыс екі тілді болғысы-ақ келіп жүр. Алайда әзірге жоғала қойған жоқпыз. Қазақ тілді, кемпірім екеуміз біз бармыз ғой!