Кім менің әкем
Сот залында күрмеуі шешілген
3 көріністі осы заманғы драма
САҒЫНТАЙ КҮЙЕБАЙҰЛЫ – отбасы, дәрігер, 28-30 жаста
СӘНДІБАЛА Жолдыбайқызы – Сағынтайдың келіншегі, 25 жаста
АЙЫМ БАЙБОЛОВА – Сәндібаланың анасы, қорғаушы-заңгер
ӘДІЛҒАЗЫ МЫРЖЫҚҰЛЫ – сот ағасы
ҚОРҒАНБАЙ СӘЛІМҰЛЫ – Сәндібаланың қорғаушысы
Залда – куәлер мен сот мәжілісін қызықтаушылар
БІРІНШІ КӨРІНІС
Ортада сот ағасының үстелі, әзірше бос. Соған ұрымтал
үстелде – Қорғанбай Сәлімұлы мен Сағынтай Күйебайұлы.
Сахнаның екі жағына жайғасқандар – қызықтаушылар.
Оқиға мантия киген сот ағасының келуімен басталады.
СОТ АҒАСЫ: Н* қаласының азаматы, білікті дәрігер, Күйебайұлы Сағынтай мырзадан ресми некелескен келіншегі Сәндібала Жолдыбайқы-зынан айырылысатыны туралы сот кеңсесіне арыз түсті. Күйебайұлы, мына арызды өзіңіз жаздыңыз ба? Бері жақындаңыз, мына қол сіздікі ме?..
----------------------------
*Әрбір қоюшы драманы сахналаған қаланы атауға ерікті
Күйебайұлы сот ұсынған арыздан өзінің қолын таниды.
САҒЫНТАЙ: Иә, менікі... Ұзақ уақыт ойланып, осы арызды амалсыз жаздым... Некелі жарым Сәндібала Жолдыбайқызынан ажырасуға біржола бекіндім, қанағаттандыруды өтінемін!
СОТ АҒАСЫ: Түсінікті. Отырыңыз. Сәндібала Жолдыбайқызы залда бар ма? Маған жақындаңыз.
Беті сәнді орамалмен бүркелген, әдептілігі жүрісі-тұрысынан да
байқалғандай, аса көрікті, сәнді киінген Сәндібала жан-жағына
қымсына қарап, сот алдына келеді.
СОТ АҒАСЫ: Күйеуіңіздің арызына не дейсіз?
СӘНДІБАЛА: Не деймін?.. Менде қазір ақыл-ес жоқ, ағай. Арызданба, отбасының уақытша кикілжінін сыртқа шығарма, естіген елден ұят дедім еріме. Қайтейін, ағай, Сағын менің сөзіме құлақ қоймады...
СОТ АҒАСЫ: Мен сізге ағай емеспін, сот ағасы деңіз. Жә (қағазға үңіліп), Сәндібала Жолдыбайқызы, күйеуіңіздің арызында жазылған жайтқа, яғни сізден біржола ажырасамын дегеніне келісесіз бе?
СӘНДІБАЛА: Жо-жоқ, маған айтпаңыз ондай шатақ сөзді, келіспеймін! Рұқсат та бермеймін! Сағынтайдың осы шешімі – мүлдем қате, сірә, әлдекімнің өсегіне сенген. Мен оны жан-тәніммен сүйемін, ағатай! Ғапу етіңіз, сот ағасы. Ол да мені ерекше жақсы көреді. Екеуміз бір-бірімізге ынтық болып, бір-бірімізді әбден білген соң отбасын құрадық. Соған да уже бес жыл! Содан бері біз бір рет те жүз шайысқамыз жоқ. Ерекше тату болдық. Перзентіміз бар, үш жаста, Ақылтай есімді ұлбала... Өтінемін ағай, бала-шағаңыз бар шығар, аяңыз бізді, сірәда айырмаңыз!..
СОТ АҒАСЫ: Сәндібала Жолдыбайқызы, сонымен сіз Сағынтай Күйебайұлынан ажырасқыңыз келмейді. Солай ма?
СӘНДІБАЛА: Ешқашанда!
СОТ АҒАСЫ (қатқыл үнмен): Түсінікті. Отырыңыз!.. Сағынтай Күйебайұлы, некелі келіншегіңіз сізден айырылғысы келмейді. Жә, сонда өзіңізді шексіз сүйетін жарыңыздан не себепті айырылысасыз? Әрі балиғат жаста нәрестеңіз бар...
САҒЫНТАЙ: Отбасының сол кірбеңін білуге аса құштармысыз?..
СОТ АҒАСЫ (Сөзін бөліп); Ескертемін, Сағынтай мырза! Маған сіз ешқандай сұрау қоймаңыз! Бұл енді сот жұмысында қалыптасқан рәсім.
САҒЫНТАЙ: Түсінікті, ғапу етіңіз! Сәнду, яки Сәндібала екеуміздің мінезіміз үйлеспеді. Мен адам дәрігерімін. Әрі соның бейнеті ерекше зор – отаушы хирургпін. Түн ортасында емханаға жедеғабыл шақырыламын, бір аптада бірнеше мәрте... Әбігершілігі ерекше ауыр жұмыстан шаршап келгенімде қу жаныма тыныштық жоқ. Күні-түні еститінім – тек қана сөгіс, жөнсіз айқай, кім шақырады, неге кешігіп келесің деген сыпыра тергеу...
СӘНДІБАЛА (Орнынан атып тұрып): Сағын, өтірік айтып тұрсың! Сенің дәрігерлік парызыңды мүлтіксіз атқаруыңа мен ешқашанда реніш білдіргем жоқ. Бұл сенің арлы, азаматтық болмысыңа жат сөз, басқа бірдеме айт!..
СОТ АҒАСЫ: Сәндібала Жолдыбайқызы, бекерге шаптықпаңыз!.. Ал, сіз, арыз иесі Сағынтай Күйебайұлы, отбасындағы жанжалдың шынайы себебін түсіндіріңіз. Келіншегім мені әлдекімнен қызғанады дегеніңіз – иланымды дәлел емес...
СӘНДІБАЛА (қайыра екіленіп): Рахмет ағай, то есть, сот ағасы. Шынайы себепті күйеуім айтқысы келмейді. Өйткені, ерекше намысқор... Ал, мен, сол жайттың жанымды күйдірер өрескел оқиға екенін біле тұра шынайы себептің көпшілікке жария болуын қалаймын...
Сот ағасы қоңырау соғып, әділетсіздікке
күйінген әйелді сабырлыққа шақырады.
СОТ АҒАСЫ: Сағынтай Күйебайұлы, келіншегіңіз шындықты ашуды қалады. Анығында сіздің арызыңызда күмәнді жайттар бар... Сол гәпті тарқатыңыз. Өйтпейінше арызыңызды мен қанағаттандыра алмаймын.
САҒЫНТАЙ: Түсінікті, мен әлгінде қисынсыз дәлел айттым, ғапу өтінемін. Шынында да келіншегімнің мінезі ерекше биязы. Ол менің ата-анама, туыстарыма да ерекше ұнап, сүйікті келін атанды. Мойындаймын, бір шаңырақтың астында өмір сүрген бес жылда мен Сәндібаладан бірде-бір рет оғаш сөз естігем жоқ. Яғни біздің отау үйде шыны-аяқ ешқашанда сылдырлаған жоқ. Келіншегімнің бәденді жүзіне қараңыз, оған мен ерекше ынтық болып, иә, Сәндудің өзі де мені ерекше ұнатып, отбасын құрадық. Алайда? Амал не?.. (Ұзақ пауза. Отбасындағы жанжалдың шынайы себебін ашуға қиналып, қымсынған жағдай). Бұдан үш жыл бұрын мен тұңғыш рет әке атандым. Келіншегім торсық шеке, басы қазандай ұл туды. Тек сол балақанның бет-жүзі, әсіресе мазасыз қылығы мені ерекше таңғалдырды. Ауылда тұратын әке-шешем де немерелі болдық деп қалжа әкелгенде, іңгәлап жатқан балақанға аңыра қарап: «Апыр-ау, мына шарана біздің тұқымға мүлдем ұқсамайды. Нағашы жұртының да бет пішінін қайталамаған дөйқара...» – деп таңданыс білдірді. Менің күдігім де, шындығын айтқанда, содан кейін өрбіді...
СОТ АҒАСЫ: Азамат, сіз маған мәселенің тоқетерін айтыңыз!
САҒЫНТАЙ: Жарайды, ұқтым. Әке-шешем тұңғыш немересінің есімін Ақылтай қойды. Сәндібада екеуміз оны Ақылжан дейтін болдық. Менің күдігім сол балақан тәй-тайлап жүре бастағанда туып, бертінде мүлдем зорайды. Өйткені, кішкентай нәресте біздің тұқымда жоқ қияңқы қылықтар көрсете бастады. Ойыншықтарды шағады, бірдемеге долданса – қолына түскен затты еденге лақтырады. Қысқасы, біздің тұқымда жоқ қияңқылық...
СОТ АҒАСЫ: Талапкер Сағынтай Күйебайұлы, тағы да ескертуге мәжбүрмін: ақылы кірмеген сәбидің шалдуар қылығы – балаңыздан безуге иланымды айғақ емес; үлкендік жөніммен айтайын: судия болған қырық жылдық тәжірибемде ешқашанда естімеген одағай дәлел мұныңыз... Есіңізде ұстаңыз: қандайда қияңқы қылықты сәбиді ұлағатты тәрбиемен түзеу қиын емес... Ол үшін, жігітім, бейкүнә сәбиді жан-тәніңмен сүю керек! Иә, атұстар ұрпағым деп сену де қажет!.. Отырыңыз, нақты себепті ашқыңыз келмейді, сірә... Менің кезекті сауалым, сізге, Сәндібала Жолдыбайқызы. Күйеуіңіздің әлгі түсіндірмесі мені иландырмады. Сіз не дейсіз?
СӘНДІБАЛА: Тұла бойы тұңғышымның қалыптан тыс оспадар қылықтары ә дегенде мені де таңғалдырды. Алайда, Ақылтай – бейкүнә сәби. Иә, сонсоң, Ақылжанды екеуміз де ерекше еркелеттік...
СОТ АҒАСЫ: Түсінікті. Демек, балақанның шалдуарлығы ескеруге болмайтын қылық. Отырыңыз... Күйебайұлы, жап-жас, көркемдігіне биязылығы жарасқан келіншегіңізбен тіл табыспауыңыз – мүлдем түсініксіз... Есіңізде болсын, заңды некедегі жарыңыздан айырылысқан күнде де сіз осы балақан кемел жасқа жеткенше алимент төлейсіз! Бұл енді күллі еңбекақыңыздың төрттен бірі! ..
САҒЫНТАЙ: Қадірменді сот ағасы, ғапу етіңіз, әйеліммен неге айырылысатынымды сіз түсінген жоқсыз. Турасын айтқанда, түсінгіңіз келмейді...
СОТ АҒАСЫ: Сағынтай Күйебайұлы, олай десеңіз, отбасындағы жан-жалға иланымды айғақ айтыңыз. Балиғат жастағы сәбидің қияңқылығы – әншейін бопса, қабылдамаймын!
САҒЫНТАЙ (өзіне-өзі): Апыр-ай, не деймін?.. Жарайды, айтайын... Көкейімді күні-түні мұжыған күдік ақырында еркімді билеп-төстеп, шешесіне сездірмей, баланың да, өзімнің де сілекейім-ді, қан құрамын ғылыми анықтауға бел байладым. Медиктер тілімен айтқанда, нәрестенің қанындағы ДНК аталатын табиғи белгілерді бір емес, екі мәрте тексерттім... (ұзақ пауза). Сол тексерулер менің күдігімді жүз пайыз бекемдеді. Сенесіз бе, қадірменді сот ағасы, Ақылтай атанған балақан – менің ұрпағым емес. Оның әкесі – басқа біреу. Әлбетте кім екенін білмеймін... Міне, экспертизаның қорытындысы
Мөр басылған екі актіні тапсырады...
СОТ АҒАСЫ (Сараптама қортындысын оқудан соң басын шайқап, өзіне-өзі): Бұл енді мойын бұрғызбайтын айғақ. Значит, сәбидің әкесі мүлдем басқа адам... (Үстел басынан тұрып, жақындап келіп) Жә, Айым Байболқызы, мына актіде айтылған ғылыми пайымдауға, яки баланыі әкесі басқа дегенге сіз не дейсіз?
АЙЫМ: Қолыңыздағы актіде жазылған сөздердің бірде-біріне мен сенбеймін (Өзіне-өзі) Ау, осы экспертиза маған дәлел ме? Өйткені, күйеуіме періштедей адал екенім – өзіме аян...
Ұзақ пауза. Сот мәжілісіне қатысушылардың кейбірі қолдарын шапа-лақтап, Сағынтайға қолдау білдіреді. Кейбіреулер Сәндібаланы нұсқап, «Әй, сұлу бикеш, байқап қыдыру керек еді», «Ал, сен күйеуіңнің көзіне шөп салып, сорақы жайтқа ұрынғансың!», «Айыру керек, осындай сайқалдарға сабақ болады!» – деген тәрізді оспадар сөздер естіледі.
Сот ағасы қоңырауды жиілете басып, дүрліккен жұртты тәртіпке шақырады.
СОТ АҒАСЫ (басын шайқап, мүсіркеп сөйледі): Сағынтай Күйебайұлы, байырғы өмірде оғаш та оқыс оқиғалар болатынын білетін шығарсыз? Сіздің нәрестеңіз, сірә, перзентханада басқа сәбимен ауысқан?
ҚОРҒАНБАЙ (Орнынан тұрып, дауға араласады): Сот ағасы, осы іске мен Сәндібала Байболқызының өтініші бойынша қорғаушы ретінде қатысып, соған орай әртүрлі ізденістер жасағанымды сізге ескертуге мәжбүрмін. Міне, соның нәтижесі (оқиды): «Сәндібала Жолдыбайқызы босанған 1-ші перзентханада сол тәулікте үш ұл жарық дүниеге келген. Екеуі – өзге ұлттың сәбилері. Сәндібала Жолдыбайқызы өмірге келтірген ұлбала ғана – қазақ перзенті...» Бүгінгі процесте демек Ақылтай есімді балақан перзентханада кездейсоқ ауысты... деген күдік талқыланбауға тиіс... (Анықтаманы сот ағасына тапсырады).
САҒЫНТАЙ (қолын көтеріп, іле-шала орнынан тұрады): Шынында да солай, адвокат ағай үш жыл бұрынғы оқиғаны нақты тексеріп, өз тұжырымын құжатпен дәлелдеді. Дей тұра, құрметті сот ағасы, мен ар-ожданыммен, азаматтық намысыммен сізге бүгінгі даулы мәселенің шынайы себебін ашуға мәжбүрмін!.. Ақылтай атанған сәби – менің балам емес. Түрі де, мінезі де – соған дәлел. Өзім құлай сүйіп, жан-тәніммен ғашық болып үйленген Сәндібала Байболқызы жаратылысы менен бөлек, қаны бір туыстарымның бірде-біріне ұқсамаған сәбиді басқа біреуден тапқан...
Сәндібала кенет орнынан оқыс тұрып, «Сағын, не деп тұрсың? Есің дұрыс па?..» – деп шыңғыра айқайлап, құлап түседі. Пауза. Сот хатшысы оған су бүркіп, орнына сүйемелдеп отырғызады.
СОТ АҒАСЫ: Арызданушы Күйебайұлы! (Сәндібаланы нұсқап): Сізден қайыра сұрауға мәжбүрмін, арыздағы өтінішіңізден бас тартпайсыз ба?
САҒЫНТАЙ: Жоқ! Тағы да жоқ!.. Көңілімді, жан-жүйемді, жүрегімді қалтқысыз еңсерген нақсүйерім өзіме осындай опасыздық жасаған соң, өзіңіз айтыңызшы, не істеуім керек?.. Көкірегімді өртеген күйкі шындыққа мен ғылыми талдаумен әрі нақты дәлелдер арқылы қапысыз сенген пендемін! Бар гәп сонда, ағайын! Иә, өзіме опасыздық жасаған күнәкар әйелмен бір шаңырақтың астында қалайша өмір бойы бірге тұрып, өмір сүремін? Бұл тегінде мені жыл бойы азапқа салған ауыр шер, ішімді қазандағы құрттай қайнатқан ашу-ыза. Қысқасы, бізді айырыңыз! Тап бүгін! Мен осы шешімге әбден ойланып, тоқтаған жанмын.
СОТ АҒАСЫ: Түсінікті. Отырыңыз. Сәндібала Күйебайқызы, маған жақындаңыз. (Сәндібала әлдекімнің сүйеуімен сылбыр басып ортаға шығады). Кінәңіз, қарағым, ерекше ауыр! Және сол шүбәсіз дәлелденді. Жә, не дейсіз?
СӘНДІБАЛА (жыламсырап): Ағай, мен сүттей ақпын. Адалмын, ағай!!!
СОТ АҒАСЫ: Тағы да ескертемін, мен сізге ағай емеспін!..
СӘНДІБАЛА: Сағын, Алла тағала маңдайыма жазған сыңарым, өзіңнің емес, әлдекімнің жалған байламын қайталап тұрсың. Сағыным, асылым, бірден-бір жанкүйерім, сүйіктім! Мені жұрт алдында қарабет етіп тұрсың! Қайт, райыңнан, өтінемін бекерге кектенбе, жаным?! Адалмын саған! Құдая, неткен қатыбас едің?!..
СОТ АҒАСЫ: Арызданушы Күйебайұлы, соңғы рет сұраймын, некелі келіншегіңіздің ауыр күнәсін кешіресіз бе?
САҒЫНТАЙ: Жоқ, тағы да жоқ! Көзіме шөп салған жанмен мен бір шаңырақ астында қалайша өмір сүремін!? Біздің айырыңыз!..
СӘНДІБАЛА: Ғапу етіңіз, сот ағасы! Сүттей ақпын, ағатай! Сағынтайдан өзге ер адаммен бірге болу түгілі ешқашанда бетіне сұқтанып қараған емеспін. Рас, маған қызығушылар ерекше көп болды. Тіпті осы күнге дейін. Бірақ, бірде-біріне ықыласым аумады... Сүттей ақпын ағатай, ақпын!!!
Одан әрі сөйлей алмай, діңкелеп тұрып қалады. Әлдекім су ішкізеді. Қолтығынан демейді. Бауырына тартып, құшақтап жұбатады.
СОТ АҒАСЫ: Сәндібала Жолдыбайқызы, сіздің күйеуіңізге адалмын дегеніңізге сенемін. Алайда?.. Ақылтайдың қаны мүлдем бөлек, күйеуіңіз Сағынтай Күйебайұлының ДНК белгілеріне де сәйкес емес. Ең ғажабы, соған айтар ешқандай иланымды дәлеліңіз жоқ. Шындықты мойындағыңыз келмейді, ғылыми мына айғақ – күйеуіңізге сіздің адал болмағаныңызды толық әшкерелейді... Сол себепті сіздің бұл азаматпен некеңізді бұзуға мәжбүрмін!..
СӘНДІБАЛА: Сіздің мені жазғырып, төндіре мойындатып тұрған сөзіңізді теріске шығарар айғақ менде жоқ, ағатай. Менен қилы жас үлкен, яғни маған әке іспетті кексе адамсыз. Мен сізге өзіме мәлім шындықты айтып тұрмын. Сеніңіз, ағатай! Сүттей ақпын, ағатай, адалмын саған Сағынтай! Бұл маған қолы жетпеген жігіттердің ойлап тапқан жазасы. Олардың кім екенін сен білесің, мен де білемін...
СОТ АҒАСЫ: Сәндібала Жолдыбайқызы, жастық желеңмен бір кезде өзіңіз жасаған ағаттық істі мойындаудың орнына, көз жасыңызды көлдетіп, кінәні әлдекімдерге аударғыңыз келеді. Бәрі де әншейін бопса! Тексеру нәтижесі, яки ғылыми айғақ, мені, яки кәнігі заңгерді шүбәсіз иландырды... Демек, күйеуіңіздің болжауы дұрыс. Қайталаймын: сіз Ақылтай аталған балақанды басқа біреуден тапқансыз. Ол кім? Оның аты-жөнін, қандай азамат екендігін анықтау – маған мүлдем қажет емес. Сондықтан да, Сәндібала қарағым, шындықты мойындаңыз, жас адамсыз, білім-танымыңыз жоғары, ұстаздық мамандыққа иесіз, күллі өміріңіз алда дегендей... Соңғы айтарым: ақиқат жолынан жата тану сіздей сұлу перизатқа мүлдем жараспайды. Күйеуіңіздің көзіне шөп салған күнәңізді, шырағым, мойындап, кешірім сұраңыз!..
СӘНДІБАЛА: Ағай, сіз мені бекерге кінәлап тұрсыз? Кім-кім, күйеуі-ме адал екенім өзіме аян. Тек содан мен қалайша ақталамын? Білмеймін...
Сот ағасы: «Бәлкім, кешірерсіз?» дегендей шыраймен
Сағынтайға қарайды.
САҒЫНТАЙ: Мен айнымаймын. Сот ағасы. Сәндібала Жолдыбайқызынан айырылысуға біржола бекінген кісімін.
СОТ АҒАСЫ: Жә, Сәндібала Жолдыбайқызы, соңғы сөзге қақыңыз бар...
СӘНДІБАЛА: Түсіндім жайымды. Сіз мені күйеуімнен айыруға үкім шығаруға асығып тұрсыз... Сөйтетін болсаңыз, оллаһи-биләһи, имандай шыным, күйеуіме, сізге де, мына отырған көпке де отбасыма адалдығыма иландыру үшін өзіме қол жұмсаудан өзге менде енді амал қалған жоқ. Сағынтай мені талақ етсе – басқа біреумен тағдырымды қосуға үміттену маған қажет емес. Бұдан кейін мен жер басып жүре алмаймын... (Редикулынан алып, түймедей затты, яки улы дәріні қолына алады). Сағынтай, ардақтым, асылым, жалғыз сүйіктім, әлдекімдердің мені зинақор еткен өсегіне сенгенсің? Неге? Түсінбеймін. Ая мені, ең болмағанда өзіңді осы жазадан аясаң етті?! Қайтейін?.. Сені осы өсекке сендірген қандай антұрған? О, құдая, кім ол? Қандай нағылет?!..
СОТ АҒАСЫ: Қорғанбай Сәлімұлы, заңгер ретінде сіз бұған не дейсіз?
ҚОРҒАНБАЙ: Мен кім не десе де өзім абыройын қорғауға жалданған Сәндібала Жолдыбайқызының әлгіндегі жүрекжарды сөзіне шүбәсіз сенемін. Өйткені, осынау шат-шәлекей оқиғалардың күрмеуі мүлдем басқаша. Қысқасы, мен арнайы шақыру жолдап, Сәндібала Жолдыбайқызының туған анасын бүгінгі мәжіліске шақырдым. Ол кісі мінген ұшақ Астанадан кешігіп ұшып, біздегі әуежайға әлгінде қонды (Қалта телефонын көрсетеді). Сот ағасы, сізден мен мәжіліске үзіліс жариялауды өтінемін. Менің білуімше, сол куәгердің қолында отбасылық күйкі жанжалдың өрбуін шүбәсіз түсіндіретін нақты дәлел бар.
СОТ АҒАСЫ (басын шайқап, орнынан тұрып): Түсінікті, бір сағат уақытқа үзіліс жариялаймын! Ескертемін: тек қана бір сағатқа!..
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сот ағасының кабинеті.
Әділғазы Мыржықұлы мен Айым Байболқызы.
ӘДІЛҒАЗЫ (басын шайқап): Сөйле, Айым сұлу! Екеуміз жүз көріспегелі қанша жыл? Әлбетте оңаша кездеспегелі? Он, әлде он бес жыл? Өзгермепсің, бәз-баяғы қалпың? Тіпті денең толысып, бұрынғыдан да парасатты реңге ауысқансың. Апыр-ай, баяғы кербез де сұлу қалпың түк өзгермеген. Сүйсініп тұрмын, айтулы көркің, еркек кіндіктіні өзіңе магниттей тартқан сұлу сымбатың да бәз-баяғыдай. Тіпті сұлулана түсіпсің. Таңмын, таңмын қымбатты Айым сұлу!..
АЙЫМ: Сабыр, Әдеке! Соншама желдеткен сөзіңді, бәз-баяғы әзіл-оспағыңды тыңдауға менде қазір шама жоқ, сөйтуге зауқым да соқпайды. Жарық дүниедегі жалғыз сүйенішім, көңілімді, көркімді жасартқан жалғыз қызығым Сәндібала қызымның тағдыры жар жағасында тұрғанда сен мені арзан әзілмен алдартқың келеді... Жоқ, сөдия дос! Арзан оспақты доғар! Сенің мойныңа ауыр міндет арту үшін сұрандым өзіңе...
ӘДІЛҒАЗЫ: Солай ма, апыр-ай?!.. Айым сұлу, мен мүлдем күтпеген сөз. Алдын-ала ескертпей, ойда жоқта сап еттің. Сәндібаланың сенің қызың екеніне, имандай шыным, өзің келмесең – сірәда сенбес едім... Алды-артыңа қара, кім қайтеді, неден сүрінеді... деп гуілдеген көген көздер, өсекші жұрт сот залында бүгін иық тіресіп отыр. Бәр-бәрі тілеулес емес, қызық ойынға келген жұрт, бейпіл ауыз көген көздер... Ал мен сыпыра жұмбақ осынау шатақ іске төрелік айтуға тиіспін. Апыр-ай, қатыбас сұм тағдырдың сайқымазағына шек болсайшы. Жалғыз перзентіңнің отбасының бүтіндігін қызғыш құстай қорғауға әзірленіп келгеніңе сүйсінемін, амал не, күйеу балаң – ақымақ, осы заманның кеуде керген даңғойы. Иә, иә, нағыз дурак!.. Отбасының күйкі дауын сот арқылы шешіп, өзінше намысқой жігіт атанбақ?! Себепке айтар сылтауы – дені сау кісінің уәжі емес, шатақ кінәлау, естідің бе, өзіне ұқсамаған перзентінен безу. Отбасының дүдәмалы көп кикілжінін дүйім жұртқа әйгілеуі – нағыз ақымақтық. Түсінбеймін, түйсігіме жат қылық. Жағдай солай, қымбатты Айым. Сенің осы іске келмегенің жөн еді...
АЙЫМ: Әдеке, көлгір сөзді көбейтпей, бір мезгіл алды-артына байыппен қара! Иә солай, ескі дос! Соттың мына мантия-шекпенін сыпырып тастап, сен енді кездейсоқ дау-шарға тап болған менің балаларымның келешек тағдырына үлкендік байыппен үңіл. Үңіл де ойлан, сөдия мырза, осы сөзге!..
ӘДІЛҒАЗЫ: Мен айтулы заңгермін, қымбатты Айым! Өзіме тән абырой, атағым бар. Маған жүктелген бүгінгі міндет – өзгеше ауыр: сенің жеке басыңның мүддесін қорғауыма, иә бұрмалауыма азаматтық ар-инабатым, сөдиялық міндетім де сірәда мүмкіндік бермейді... Өзің де білікті заңгер-адвокатсың, талай мүсәпірге қорғаушы болдың. Сыйлас та сырлас ескі доспыз, ондаған жылды артқа тастаған ізгі ниеттегі замандаспыз. Мойындаймын соны, қадір тұтамын! Сөйте тұра сен мені мына істе заңсыз әрекет жасауыма бейімдегің келеді...
АЙЫМ (біржосын таңданған және қатқыл үнмен): Әдеке, сен әуелі текке жосымай, осы даудың өрбіген себебіне үңіл! Иә, көзіңді ашып, алды-артыңа қара! Ойлан! Мысалы, өткен өміріңе бірер сәт көз жүгірт...
ӘДІЛҒАЗЫ: Бұл ақылды маған емес, күйеу балаңа айт. Ол неме – ерекше намысқой, өз баласынан жата танып әрі соған генетика ілімін көлденең тартып тұрғанда – не істеймін? Шынтуайтын айтқанда, осы даудың өрбуіне қызың кінәлі. Байғұс баланың, сірә, ақылы шалағай, сенің тырнағыңа да тұрмайды. Кіммен, қандай уақытта төсек қатынас жасауды білмейді. Тегінде бұл осы күнгі жастарға тән осалдық. Сонсоң да жаза тарады. Қымбатты Айым, сен де, мен де сол байғұстың ауыр күнәсін ақтай алмаймыз. Әсілі, мен өзім күйеу балаң сияқты ойнастан туған сәбиге әке атанудан бас тартар едім. Жеңіл жүріске құмар әйелге күллі өмірін байлау, қандай сұлу, иә ибалы жан болса да ол енді кеудесі шалқақ еркек емес пе...
АЙЫМ: Болдың ба, сот ағасы мырза, мені мен қызымды жазғырып?
ӘДІЛҒАЗЫ: Болдым, ежелгі достығымызды, кәсіби жақындығымызды арқаланып, қызымның намысын қорға демексің. Шынайы фактіні теріске бұрмалап, қалайша оны қорғаймын? Сенің осы жүрісіңді түсінгем жоқ, қымбатты Айым?!..
АЙЫМ: Апыр-ай, ерекше мардамсып, түк білмегенсіп, ең ғажабы, ештеңе сезбегенсіп сөйлейсің. Таңмын! Қашқақтамай бермен қара! Шел қаптаған көзіңді ашамын... Сәндібала – менің ғана емес, сенің де қызың. Қашан, қандай жағдайда екеуміз оңаша кездескен сәтті есіңе түсір!..
МЫРЗАБАЙ (Шошып, шегіншектеп): Қой-қой, Айым сұлу! Бұл сот кеңсесі. Әзілдесер орын емес!..
Әдліғазы сасқалақтап, шегіншектейді. Айым да кектенген жүзбен қуа сөйлеп, ширек ғасыр бұрынғы құпия серілікті мойнына қоймақ болады.
АЙЫМ: Қой дегенің – қорқау жандарға тән қылық, Әділғазы мырза. Ал сен, мен үшін – ескі коллега әрі досжар адамсың... Сен де, мен де – жас емеспіз. Бағзы күндерді, сонымнан қалмай, құмартып жүріп, дегеніңе жеткен күпір істен тап бүгін жалтара алмайсың, қымбатты сот ағасы!.. Бұл сенің азаматтық арың мен әкелік парызың таразыға түскен сыңдарлы сәт. Әлбетте менің де... Өйткені, мына дау-шардың бірден-бір күнәкарлары – жастар емес, тек қана екеуміз. Ал, анау торға түскен бейшара құстай шырылдаған бейкүнә Сәндібала – саған да, маған да ортақ перзент, демек оның бейкүнә сәбиі – екеумізге ортақ немере!.. (Әділғазы зәресі ұшып қашқақтайды, Айым оны қуа жүріп ашына сөйлейді). Байқадың ба, медициналық тексеру жаңылған жоқ, сол ақиқатты ғылым да айғақтады. Кішкентай балақанның қан құрамы, сілекейі – туған әке-шешесін емес, екеуміздің, менен де көрі сенің ДНК-лық белгіні айнытпай қайталаған. Соны да бекер десең (сөмкесін ашып, бір топ сурет суырады) – міне, мына суреттердегі бүлдіршіндерге зейінмен қара: біреуі – Ақылтай балақан, екеуміздің ортақ немереміз, ал, өзге суреттегілер – өзіңнің заңды некедегі бәйбішең өмірге келтірген бүлдіршіндер... Апыр-ай деймін, жазмыштың осы кесігіне қарсы тұрар амалың бар ма? Мойындамасқа шарамыз бар ма?! Екі шаңырақта өмірге келген балақандардың бәрі, әсіресе ер балалар бірін-бірі қайталап, бет-пішіні, қоңқайған мұрнындары, адамға түйіле қарайтын зілді көзқарасына дейін тура сені айнытпай қайталаған...
ӘДІЛҒАЗЫ (сасқалақтап): Айым, өтінемін: тиыл егер сөзден! Мынауың сөлекет айыптау, ешқандай логика жоқ, қияли оспақ...
АЙЫМ: Олай десең, сері сөдия, көзәйнегіңді киіп, мына суреттерге қайтадан үңіл, бейшара сері! Байыптап қарасаң – екі шаңырақтағы еркек кіндікті балақандардың өзара ұқсастығына иланасың! Иланбасқа амалың жоқ!..
ӘДІЛҒАЗЫ (фотосуреттерді әрлі-берлі аударыстырып, басын шайқап): Біздің үйдегі фотоларды сен қайдан алдың? Кім берді?
АЙЫМ: Әдеке, соны тергеуден ештеңе ұтпайсың, қайдан алдың, кім берді дегенді доғар да, жөн сөзге көш. Құдай жөні осы балақандардың бәр-бәрі өзіңнің ұрпағың екеніне илан! Әлде соған да дауың бар ма?
ӘДІЛҒАЗЫ: Жо-жоқ, әйтсе де бұл – кездейсоқ ұқсастық. Кейбірі ғана... Ау, мына балақан – мүлдем басқа... Рас, кейбірі өзара ұқсас. Қоңқиған мұрны, ашық маңдайы, суық көзқарасы... Жоқ, әншейін сөз, ұқсамайды. Әлдебір шебер суретші фотомонтаж жасаған.
АЙЫМ: Әдеке, ескертемін: жалтаруға себеп іздеп әуре болма! Сенің солай дейтініңді білгемін, сонсоң да анау қорғаушы азамат осы суреттегі балақандардың қанын да, сілекейін де тексертті.
ӘДІЛҒАЗЫ: Неге? Бұл енді менің азаматтық правома қол сұғу!
АЙЫМ: Олай десең – мені де, сол істі әскездеп орындаған қорғаушыны да сотқа бер. Бірақ, бере алмайсың. Өйткені, өзіңді-өзің масқаралап, дүйім елге қарабет боласың. Мына қызметіңмен қоштасуға тура келеді.
ӘДІЛҒАЗЫ: Екі үйдің балаларының ДНК-сын тексеру – заңға томпақ іс. Жә, сонда, екеуміз ғана білетін, баяғыда ұмыт болған қарым-қатынасты есіңе алып, не себепті соны тап бүгін жаңғыртып тұрсың?
АЙЫМ: Әділғазы сөдия, маған сенің бұрынды-соңғылы абыройың, бүгінгі дәрежелі қызметің, бой түзеп өскен бала-шағаңның шат-шадыман бақыты, шынымды айтайын, мен үшін қазірде соның бәрі – бес тиын бақыр!.. Түсіндің бе, бес тиын!.. Иә, екеуміздің бір-бірімізге деген күні кешегі жалған «сүйіспеншілігіміз», яки уақытша серілігіміздің ақыры мынадай дауға ұласатынын, әрине, болжай алмадық. Әлбетте сол жақындыққа басты күнәкар – мен, мойындаймын. Қажет деп білсем – соны мен дүйім жұртшылыққа жария етемін. Өйткені, менде өзгедей амал жоқ. Сүйіп қосылған ақылды да, айбынды азаматымның белсіздігін нақты білген соң осындай амалға бекінген құса кезім еді ол... Сол кезде жолың болып, сен кездестің, Иә, менің ұрпақ сүйгім келді. Басқадай амалым болмады. Сүйдім. Саған рахмет, қызыңнан басың азат дедім. Жаратылысында ерекше аңқау ерім де қырық жасында тұңғыш көрген қызың өзіне Алланың сыйы санап, сұлулығы өзіңе тартқан деп, есімін Сәндібала қойды...
ӘДІЛҒАЗЫ: Айтып тұрғаның – нағыз детектив!..
АЙЫМ: Саған бұл – теледидардан күн сайын көретін шытырманды оқиға. Ал, мен үшін сол сәт – алдағы өмірімнің қызығы мол күнгейіне айналды. Амал не, соның баяны енді, байқайсың ба, қаратүнек қасіретпен аяқталмақ... Сағынтайды мен тым жақсы білемін: ерекше намысқой, басынан сөз асырмайтын кеуделі еркектердің нағыз сырттаны. Оған қоса білікті дәрігер... Жазмыштың жазуына, иен табиғаттың ешқандай икемге келмейтін қатыбас шарпуына не істейміз? Екеуміз де соны бұрмалауға дәрменсізбіз. Апыр-ай деймін, анау ортақ немереміздің бет-бейнесі, бітім-болмысы не маған, не әкесіне, ең болмағанда күйеу баламның әке-шешесіне ұқсамай, сенің кейпіңді, сол аздай сенің үйіңдегі балаларыңның бет-жүзін қайталауын мен – бір кезде басымнан кешкен желіктік қылығымның жазасы деуге пейілмін. Алла тағаланың екі жастың тұңғыш перзентінің бет-бейнесінің саған ұқсатуына шарам қанша!? Әдеке, ойлан! Жата танып, бұған ешбір қатысым жоқ деумен сірәда құтыла алмайсың...
ӘДІЛҒАЗЫ: Айым ханым, екеуміз де жас емеспіз. Егде жастың шебіне іліккен кезімізде жас шағымыздағы серілігімізді жұртқа жариялау – оңай емес. Әсіресе, үйлі-баранды маған! Амал не, сол тауқыметті өзің көтер. Әлбетте дүрдараздыққа ұрынған екі жас біраз уақыт дүрдиіседі де қайыра табысады. Тағы да нәрестелер туады. Солардың кейбірі өздеріне де ұқсайды... Сондықтан да мына дауды өзің тарқат. Тек қана өзің!.. Саған да, маған да кексе тартқан шағымызда абырой керек! Сөйтелік, Айым Байболқызы. Ақыл-есің елгезек қана емес, шектеусіз қайырымды жансың. Ойнадық, күлдік, серілік жасадық. Өйткені, бір-бірімізге құштар болдық. Соның бәрі өтті, кетті, ұмытылды!..
АЙЫМ: Жоқ, Әдеке! Мен күйеу баламды тым жақсы білемін. Ол өз абыройын, жігіттік намысын қорғаған ойынан сірәда айнымайды. Жан-тәнімен сүйген жігітінен масқара айыптаумен ажырасатын болса менің, яки сенің де қызың сол жазаны көтере алмайды. Ертең-ақ өзіне қол салады. Одан соң маған да өмір сүрудің қажеті шамалы...
ӘДІЛҒАЗЫ: Жә, сонда маған не істе дейсің, шұнақ құдай?! Мынауың шатақ әңгіме! Менің де отбасым бар әрі аса жауапты қызметтемін...
АЙЫМ: Осы дауды оңды шешуге мен бекінген адаммын. Тап қазір, сот мәжілісінде Ақылтай балақанның нағашысының есімін, Сәндібаланың жарық дүниеге қалай келгенін жария етемін. Қызымның абыройын қорғау үшін мен жалдаған адвокат отағасы, тегінде байқа, ақылы сұңғыла адам. Осы жанжалдың нақты себебін ол біледі. Сенің үйіңдегі балалардың фотосын тауып, солардың қанын тексеру де – соның еңбегі... Рұқсат десем-ақ Қорғанбай мырза қазіргі мәжілісте Ақылтайдың нақты нағашысы кім екенін атайды. Нәтижесінде ушыққан дау екі үйдегі балаларды ғана емес, сені де дәрігерлік экспертизаға баруға мәжбүрлейді. Мықты болсаң – сол талапты заңға томпақ келеді деп тоқтатып көр. Жоқ, тоқтата алмайсың!..
ӘДІЛҒАЗЫ: Айым, мұның енді мені біржола қара жерге отырғызу.
АЙЫМ: Күйеу баламның намысқойлығына естілігі сай азамат. Тұңғыш перзентінің кімге ұқсағанына иланған соң-ақ ол райынан қайтады. Басқадай амал жоқ, қадірменді Әдеке! Көнсең де, көнбесең де – осы. Қандайда серіліктің ерте ме, кеш пе, төлеуі болмағы – өмір заңы.
ӘДІЛҒАЗЫ: Апыр-ай, мынауың қиын болды. Не деймін? Ақыл-ойың сұңғыла жансың. Басқадай бірдеңе ойластыр, мен соған демеуші болайын!..
АЙЫМ: Жоқ, нақ осы әрекетке мен бел байлаған жанмын. Сәндібала – менің жалғыз үмітім, айым мен күнім де – сол...
Айым айнасын алып, бетін опалайды. Әділғазы судия оның алдына
тізерлеп отырып, етегін құшып, қос қолынан еміне ұстайды.
ӘДІЛҒАЗЫ: Айым, сөйткен сәтте-ақ мені тақыр жерге отырғызасың. Не дерімді білмей дағдарып тұрмын... Мойындаймын, Сәндібала – екеумізге ортақ перзент. Осы дауға себеп болған бүлдіршін де – екеумізге ортақ немере. Апыр-ай, осы іске төрелік айтатын сот болуым – сірә, жазмы штың жазасы! Не істеймін, өзің айтшы. Ақыл-ойың сұңғыла жансың. Тек қызың ғана емес, менің де жайымды ойла, қымбатты Айым!..
АЙЫМ: Екі жасты айырма, иланымды сылтаумен иліктір.
ӘДІЛҒАЗЫ: Үш ай мерзімге ойланыңдар, күйеу жігіттің айғағы – сенімсіз десем-ақ – ол шіркін мойнын ішіне алып тулауы кәдік. Мейлі. Солай етпеске шарам жоқ... Тек сен, қымбатты Айым, екеумізге мәлім құпияны сірәда ашпа! Ал, алда-жалда дегеніңді істесең, ескертемін: сенімен ашына болғанымды мойындамаймын. Не істейсің?..
АЙЫМ (Мысқылдай күліп, зәрлі түрде): Кексе жасты еңсерген сот ағасы атансаң да бәз-баяғы можантопай қалпыңнан өзгермепсің сері мырза... (Кездескеннен бері ашық ұстап отырған редикулынан суырып, жұдырықтай магнитофонды көрсетеді). Міне, сенімен бүгінгі сұхбат!..
Әділғазы соны алмақ болып ұмтылады.
Айым сөмкесін жауып, есікке қарай қашады.
АЙЫМ (мысқылдаған үнмен артына қарап): Сот ағасы мырза, тектен-текке күпініп, арамтер болма! Құдай жөні өзіңе айнымай тартқан Ақылтай балақанның әке-шешесін тектен-текке дүрдараз етпей, екеуін қайыра қосу! Мен де сонау қиыр шеттен сол үшін келдім...
Кетеді. Әділғазы төбе шашын жұлмалап, басын әрлі-берлі шайқап,
абдыраған қалпы сілейіп тұрып қалады.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Сот залы. Бірінші көріністегі адамдар. Залға сәл кешігіп адвокат пен Айым келеді. Адвокат көңілді, өзіне-өзі бекем адамның кейпі. Ең соңында сот ағасы келеді. Жұрт жапа-тармағай орындарынан тұрып, оған ізет білдіреді.
СОТ АҒАСЫ: Мәжіліс қайыра жалғасады. Сөз кезегі сізде Сәндібала Жолдыбайқызының қорғаушысы Қорғанбай Сәлімұлы.
ҚОРҒАНБАЙ: Сот ағасы, Сағынтай Күйебайүлының отбасында өрбіген дауға себеп болған жағдаят өзгерді... Сол мәселені, Айым Байболқызы, өзіңіз айтасыз ба, әлде менің баяндауымды қалайсыз ба?
АЙЫМ: Соны егжей-тегжей түсіндіруге менде қазір шама да, ықылас та жоқ. Өзіңіз баяндаңыз.
ҚОРҒАНБАЙ: Олай десеңіз, рақым етіңіз: Сағынтай мырза, сізге мен қорғаушы ретінде әрі үлкендік жөніммен Сәндібала Жолдыбайқызымен айырылысу туралы өтінішіңізді қайтарып алыңыз демекпін...
САҒЫНТАЙ: Не деп тұрсыз? Сәндібала Жолдыбайқызымен бұдан әрі бірге тұра алмайтынымды мәлімдеп, сол әрекетімді түсіндіретін бірнеше құжаттар тапсырдым. Ал, сіз, соларды ескермей, өзіңізді осы іске жалдаған айыпты келіншегімнің күйкі талабын қайталап тұрсыз...
ҚОРҒАНБАЙ: Сабыр етіңіз, Сағынтай мырза. Мені де, келіншегіңізді де бекерге кінәламаңыз, өйткені, менің не айтқалы тұрғанымды сіз білмейсіз... Берірек келіңіз, сізге мен бірнеше балақанның суреттерін ұсынамын. Осылардың ішінен – өз шаңырағыңыздағы Ақылтай есімді баланың суретін суырып, маған көрсетіңіз.
САҒЫНТАЙ: Қызық талап!? Сіз, сірә, егде жасыңызға қарамай, ерекше фанатик адамсыз?..
Сағынтай көңілсіз қалыпта қорғаушыға жақындайды. Қорғанбай
қолындағы пакеттен бірнеше фотосурет алып, талапкерге ұсынады.
ҚОРҒАНБАЙ: Асықпай қараңыз. сіздің отбасыңызда өрбіген даудың кілтипаны осы суреттерде...
САҒЫНТАЙ: Түсінгем жоқ, мұныңыз, адвокат мырза, нағыз шарада...
ҚОРҒАНБАЙ: Шарада емес, шатаспаңыз. Әуелі осы суреттерге байыппен қарап көз салыңыз да, маған Ақылтайдың суретін көрсетіңіз!..
САҒЫНТАЙ: Түсінгем жоқ...
Сағынтай таңданған қалпында адвокат ұсынған фотоларды қолына алып, шұқшия үңіледі. Басын шайқайды, фотоларды әрлі-берлі аударады...
САҒЫНТАЙ: Мына біреуі Ақылтай сияқты. Жоқ, бұл емес, сірә, екінші сурет соныкі. Тек нақ сол дөп айту қиын. Ғажап, бір-бірінен айнымаған балақандар, жас мөлшері, сірә, әр түрлі. Ал, бет-пішіндері, әсіресе аса суық қас-қабақтары, адамға ожырая қараған сұсты жүздері – тура сойып қаптағандай, бір-біріне ерекше ұқсас. Бұл не жұмбақ? Осы фотоларды маған не үшін таңдатып тұрсыз? Жә, екінші суретті таңдадым. Ақылтай балақан осы...
ҚОРҒАНБАЙ: Сәндібала Жолдыбайқызы, сіз де бері келіңіз.
Сағынтай таңдаған суретке Қорғанбай үңіле қарап, іле-шала
соны өзге суреттермен араластырып, Сәндібалаға ұсынады.
Ол болса таңырқаған қалыпта фотоларды қолына алады,
ақырында күйеуі таңдаған фотоны суырады.
ҚОРҒАНБАЙ: Рақмет! Екеулеріңіз де бір суретті таңдадыңыздар. Ризамын, Ақылтай балақанды жаңылмай таныдыңдар. Жә, ерлі-зайыпты Күйебаевтар, өздеріңіз шарада деген осы жұмбақтан не ұқтыңыздар?..
Ерлі-зайыптылар бастарын шайқайды.
СӘНДІБАЛА (мақтанған сезіммен): Ақылтайчикті мен жазбай таныдым. Кім не десе де өзімнің сүйіктім!..
САҒЫНТАЙ: Ал, мен сол шіркінді ерекше қоңқиған мұрнына қарап, әрең таныдым... Қорғаушы мырза, шынында да шарадаға ұқсаған осы сұраудың түп себебін түсіндіріңіз!
ҚОРҒАНБАЙ: Түсінікті сауал, түсінікті таңдану – мойындаймын. Ерлі-зайыпты қарақтарым, мен екеуіңнің жастарыңды қосқан шаманы еңсерген кексемін, балаларымның алды сендерден әлеқайда үлкен. Демек, мен әкелік парыздың нендей жауапты іс әрі ардақты міндет екенін жете білетін, сол парызды ерекше қадірлейтін үлкен отбасына иемін... Сондықтан да, шырақтарым, екеуіңе мен өздеріңіз күрмеуін шеше алмаған шатақ оқиғаның тап қазір шынайы сырын ашамын. Бұл енді менің азаматтық парызым!..
ӘДІЛҒАЗЫ: Қорғаушы жолдас, сіз бөгде көбірек түсіп, даулы мәселені қиындатып тұрсыз. Ескертемін: бостағай сөзден тиылыңыз!
ҚОРҒАНБАЙ: Түсінікті, сіз үшін бұл – аса қолайсыз әңгіме. Қабылдадым ескертуіңізді!.. Жә, мен әлгі фотосуреттерді бейнетпен тауып, қымбатты ерлі-зайыптылар, сіздерге соларды тектен-текке ұсынғам жоқ. Бұл енді күрмеуі баяғыда шырмалған оқыс оқиғаның соңғы нәтижесі... Ескерту парыз: бұл енді Сағынтай інім әлгінде әжуа еткендей, шарада, иә ребус емес, алуан оқиғаға бай дарқан өмір ұсынған қатыбас сынақ. Әсіресе сіздер үшін. Иә, иә. Соның күрмеуін мен емес, өздерің тарқатқан жөн болмақ. Қайталаймын, тек қана екеуің!..
САҒЫНТАЙ: Қорғанбай мырза, сіз менің келісімімді сұрамай, өз бетіңізше әрекет бастап, яки мені әйеліммен қайткен күнде қайыра жарастыру амалын жасап тұрсыз. Түсініксіз байлам!..
СӘНДІБАЛА: Сағын, сен әлі ештеңеге түсінген жоқсың. Қорғаушы ағай бізге өзара ұқсас бірнеше бүлдіршіннің суреттерін көрсетті. Не үшін? Яки жөнсіз дауды доғарыңдар деу үшін. Сағын, тектен-текке маған кектенуді доғарып, азырақ ойланшы осы жайтқа: біздің Ақылтайдың кейпін қайталаған балақандар өмірде бар дегені ағайдың, сірә, тегін емес...
САҒЫНТАЙ: Ал, бұл кісінің қиялы өрген ұсынысын мен әншейін әуре деймін. Қысқасы, келіншегіммен қайыра жарасу туралы, Қорғанбай мырза, сіздің ұсынысыңызды мен қабылдамаймын...
ҚОРҒАНБАЙ: Сағынтай мырза, шұғыл шешім жасауға асықпаңыз. Сіз адам тағдырына жауапкершілікпен қарауға міндеттеніп, Гиппократ антын шынайы пейілмен қайталаған дәрігерсіз. Бұл енді сіздің азаматтық борышыңыз!.. Сіз тегінде сүйіп қосылған келіншегіңіздің, ақыры аяғында Ақылтай есімді перзентіңіздің келешек тағдырына зор жауапкершілікпен қарауға тиіссіз.
Сағынтай алабөтен ашуланып,
екі құлағын алақанымен тарс жауып, теріс қарайды
СОТ АҒАСЫ: Адвокат мырза, сот мәжілісін сіз театрдың күлкілі қойылымына айналдырып тұрсыз...
ҚОРҒАНБАЙ (басын шайқап, кектенген шырайда): Ғапу өтінемін, бұл енді, қадірменді сот ағасы, сіз тұжырыдағандай, театр сахнасында жүретін шытырманды оқиғалы спектакль емес, дарқан өмір ұсынған шерлі драма. Жә, сіздің ескертуіңізге құлақ асып, мәселенің тоқетерін айтамын (суреттерді жоғары көтеріп): мына суреттегі балақандар, менің жобалауымша, ата-тегі бір, яки өзара туыс пенделер!.. Қалайша, нендей себептен? Міне, қараңыз (Сот ағасына қолындағы суреттерді ұсынады)! Әділғазы Мыржықұлы, суреттерді байыптап қараңыз да ойда-жоқта ажыраспақ болған екі жасқа мына бүлдіршіндердің бір-біріне ұқсауы – ата-тегінің, яки биологиялық түп негізінің бір екендігін мәлімдеңіз. Өйткені?..
Сот ағасы қоңырауды екілене басады.
Әлденеге абыржығаны бірден байқалады.
ҚОРҒАНБАЙ (сөзін нығарлап, ашулы түрде): Міне, қараңыз, менің өтінішіммен жасалған медициналық қосымша анықтама!
Экспертиза қортындысын да ұсынады.
ҚОРҒАНБАЙ: Дәрігерлік анықтамада екі шаңырақта дүниеге келген бүлдіршіндердің түп негізі – бір екендігі бадырайта жазылған. Оқыңыз, сот ағасы, бұл енді сізге түсініктірек құжат әрі ешқандай бұрмалауға көнбейтін шатақ дерек. Осы жайтты қате, әлде мен соны әдейі ұйымдастырған жалған қортынды деп бірде-бір жан иесі айта алмайды... Қымбатты Сағынтай інім мен Сәндібала қарындасым, сіздерге мен кексе жастағы аға ретінде айтар кеңесім: өнбейтін керістен тиылып, құшақ айырмас ынтымақпен қайта жарасып, Ақылтай сияқты бүлдіршінге іні, қарындастар сыйлаңдар деген тілек айтамын!..
САҒЫНТАЙ: Сіз, ағасы, тағы да мәнсіз үгітке түстіңіз. Мен сізбен бұдан әрі тәжікеге түсіп, уақытымды шығындаудан бас тартамын!..
ҚОРҒАНБАЙ (Сағынтайға жақындап келіп): Сағынтай мырза, мен әлгінде сізге бес балақанның суретін ұсынып, солардың ішінен Ақылтайды нұсқауды өтіндім. Енді сіз дәрігерлік мына құжатты байыптап оқыңыз (ұсынады). Бес балақанның қаны, сілекей құрамына жасалған тексеру, яки бесеуінің ДНК деректері абсолютно бірдей. Осы қорытындыға сіз де, сірә, сот ағасы Әділғазы мырза да дау айта алмайды. Өйткені, бұл – өмірлік ақиқатты шүбәсіз бекіткен ғылыми құжат, заң тілімен айтқанда, дарқан өмір ұсынған нақты айғақ. Қосымша ақпар: Сәндібала Жолдыбайқызының қан құрамының айрықша белгілері әлгі балақандармен абсолютно бірдей. Міне, сол туралы да дәрігерлік анықтама... Жә, сонда осы айтқандардан нендей байлам туады? Бес балақан және Сәндібала ол солармен қаны бірдей өзара туыс жандар. Яғни осы балақандардың бәрінің жаратылысы, қазақша айтқанда, ата тегі біреу. Осы ұқсастықтан ештеңе ұқтыңыздар ма?..
СӘНДІБАЛА: Ғапу етіңіз, адвокат ағай, сіз әлденені жұмбақтап тұрсыз. Мен үшін мүлдем түсініксіз жайт. Мен Айым Байболқызының жалғыз перзентімін. Яки менде аға да, бауыр да, сіңлі де жоқ!
САҒЫНТАЙ: Сонда сіз, әлгі суреттердегі балақандардың бәрі – маған балдыз, әлде қайнаға ма? Түкке түсінсем бұйырмасын...
ҚОРҒАНБАЙ: Бұл сауалға мен емес, Айым Байболқызы, өзіңіз жауап беріңіз.
Айым ілби басып, ортаға шығады.
АЙЫМ: Сәндібала, Сағынтай шырақтарым! Сендердің бір-біріңді құлай сүйген, бір-біріңді шынайы құштарлықпен тапқан жарасты күндеріңді кінәратсыз сақтау үшін, қымбатты балаларым, жүрегімнің түбінде жатқан құпиямды ашуға мәжбүрмін. Сәндібала, айнашым – сенің әкең Жолдыбай марқұм емес, мүлдем басқа адам. Иә, мүлдем басқа кісі... (Толқып тұрып, сот ағасына түйіле қарайды. Ол болса міз бақпған қалпы бетон төбені нұсқайды. Сірә, шаңыраққа қара дегені). Иә, солай, шырақтарым, менің өткен өмірімдегі күйкі шындық бұл... Сүйіктім, өмірдегі жалғыз сүйенішім деп жүрген күйеу балам, екі қарғашым бүгінгі оқыс жанжалмен жүрек түкпірімде жатқан сырымды ашуға мәжбүрледіңдер, амал қанша!?. Сағынтай қарағым, сенің азар да безер болып отырған балаң – ешкімнің емес, өзіңнің ұрпағың. Соған сені иландыру үшін, не істеймін, жасаң күнімдегі серілік сырымды ашуға мәжбүрмін. Сағынтай-жан, білікті дәрігерсің, сол істің себеп-салдарына ойлан; ойлан да менің тығырыққа тірелуден жасаған серілігіме кешіріммен қара. Бұл істегі күйкі шындық – сендер көрген суреттердегі балалардың анасы бөлек, бәрінің де әкесі тек – бір адам.. Бұл енді, шырағым, менің қиялымнан туған жайт емес, жаратылыстың заңы, өткен өмірде басымнан кешкен оқиға...
СӘНДІБАЛА: Мама, не деп тұрсың? Менің әкем – Жолдыбай көкем! Мен оны өмірде жоқ екен деп ешкімге айырбастамаймын...
АЙЫМ: Бекерге ойбайлама, сәулешім! Бұл сырымды мен Сағынтай екеуің өзара шатақтасқалы сан мәрте ойлап, біргеше ай азапқа түсіп, жас күнімдегі серілігімді ашуға бекініп, сөйтуге өзімді мәжбүрледім. Сот ағасы (түйіле қарайды) менің осы уәжіме сенбей, сендерді айыруға үкім шығарса, амал қанша, сенің шынайы әкеңнің есімін атап, ол енді ортамызда өзінше мардамсып жүрген кісі, куәлікке шақырамын... Бұл да, Сәндужан сенің келешек бақытың үшін, ерке қыз, соңғы шара!
СӘНДІБАЛА: Мама, таусылмашы, сендім, сендірдің мені (анасын құшақтайды).
САҒЫНТАЙ: Сонда қалай, шынында да өз қанымнан жаралған баламды танымай шатасқан мен бе? Жә, сонда менің қанымнің белгілері Ақылтайда неге жоқ!..
АЙЫМ: Сағынтай қарағым, мен жүрегім түбінде құлыптаулы жатқан сырымды аштым. Сенің қаның балаңа дарымаса, оны енді менен, иә Сәндібаладан емес, генетика деген ілімнің тылсым сырынан ізде. Сірә, бұл ғылыми жүмбақ?..
ҚОРҒАНБАЙ: Осы даудың төрелігін сот ағасы айтар деген сенімдемін... Сәндібала қарағым, сенің көз жасыңды көлдетіп маған айтқан арызыңды тыңдаған соң, оған қоса мына заманы бір Айым анаңның ескі танысы ретінде маған жолдаған өтінішін тәрк ете алмай, күрмеуі мол осы осы іске кіріскенде-ақ мен Сағынтай інімнің намыс отына күйініп, адасып жүргенін білгенмін. Сонсоң да орта жолда кездескен оқыс жайттарды сараптап, жас отауды адасудан арылтып, Сағынтай інім сіздің шаңырақтың бақыты баянды болуын көбірек ойлауға мәжбүр болдым. Ойлаймын, сол мақсатыма жеттім. Ендігі сөз сот ағасында. Әділ қазы атанған замандасым Әдекең де сіздерді екіге айырмай, қайыра қосуға ықпал етеді деген сенімдемін. Сағынтай мырза, менің кексе жастағы ағаңыз іспетті сізге айтарым: сот ағасына жолдаған арызыңды қайтып алыңыз! Өмір жолында қателеспейтін пенде жоқ, мынау да соның бірі. Жастар бір-біріне сеніммен қарап, өздері жаққан оттың қызуы сендерді бақытқа бөлеп, өздерің көтерген шаңырақтың түтіні жоғарыға түзік ұшуға тиіс!..
СОТ АҒАСЫ: Соңғы сөз сізде, Сағынтай мырза!
САҒЫНТАЙ: Апыр-ай, не деймін?.. Қапылыста не дерімді білмей тұр-мын, ағатай. Ғапу етіңіз, сот ағасы. Ағаттық жасағаныма өкінемін. Түсін-дім жайымды. Тоқтадым әлгі уәжіңізге, Қорғанбай аға, сізге рақмет! (Сәндібалаға жақындап) Кешір жаным, менікі өзімшілдік болды, оңбай қателестім, кешір мені!..
Сәндібала күйеуіне жақындайды, бірін-бірі құшады.
СОТ АҒАСЫ (Залға қарап): Арызданушы Сағынтай Күйебайұлы мырза некелі зайыбы Сәндібала Жолдыбайқызынан айырылысатыны туралы арызын қайтарып алуға келіскендіктен, мен, сот ағасы Әділғазы Мыржықұлы, сіз көтерген даулы мәселеге ешқандай үкім шығармаймын. Екі жасқа алдағы ғұмырында тату-тәтті ғұмыр сүрсін деген игі тілекпен мәжілісті жабық деп жариялаймын.
Жұрт тарайды. Қол ұстасқан екі жас қуанышты жүзбен сахнадан кетеді. Сот үстелінде дағдарған кейіпте тұрып қалған
Әділғазы сотқа Айым Байболқызына жақындайды.
АЙЫМ: Рақмет, Әдеке! Недегенмен көңілім тынышталды. Басқаша шешкенде екеуміздің де жағдайымыз ерекше қиындайтын еді...
ӘДІЛҒАЗЫ: Қайда тоқтадың? Қонақ болуға жағдайың бар ма?
АЙЫМ: Үйіңе ме, әлде басқа жерде?
ӘДІЛҒАЗЫ: Жо-жоқ, үйдегі замандасың шатақ кісі... Басқа жерде. Жастық шағымызды еске түсіріп, былай көңіл көтерсек деген үміт...
АЙЫМ: Дәмең зор екен, сол үмітіңді ұмытқаның жөн,
ӘДІЛҒАЗЫ: Сөйтсе де екі жастың қайта қосылған қуанышы үшін?..
АЙЫМ: Әдеке, сау бол!
ӘДІЛҒАЗЫ: Өзіңе де сондай тілек айтамын! Аман бол! Қажет етсең – міне, телефоным (визиткасын ұсынады).
Залдан шыға берісте қағаз тастайтын корзинаны көріп, жақындап барады да қолындағы визиткаға шырт түкіріп, соған сүңгітеді.
Сол бетінде еркін адымдап, көзден таса болады.
Соңы.
30 тамыз 2017 жыл. Астана–Семей