Адам қарады: 115 | Жарияланды: 2017-09-02 01:48:14

Көсемпай

Жалған көсемсу де бір – маймыл да бір

 

…Ит байласаң тұрғысыз – қақаяқ қара күздің кесапатты күндерінің бірі еді. Діні де иі де қатты Көрпебайдың «толғағының» дәл осы бір алапес уақытпен қабаттасқанын қайтерсің.

– Әй, көсемпайлар-ай! Көсемсиді-ә? Былай қарасаң… сұлу торы аттай-ақ! Садаға!? «Халық қалаулылары» дейді ғой? «Зиялы», «Ұлы», «Майталман» деп мылжитындықтарымызды қайтерсің тағы да. Ала заман болсын, шала заман болсын, бір аунап түседі де үйкелісіп-сүйкелісіп, адырайысып‑одырайысып, түрсисіз шапаттай жөнеледі. «Жусан теріңдер!» дейді-ә? «Шыдаңдар… әлі-ақ арыстан боламыз!» дейтіндерін айтсаңшы. Мына әптілеріңмен боласыңдар… бастарына! Алды-арттарың бітеліп қалғырлар!

…не жоқ екенін, әне бір қаудырақ-қой: «баяғыда, кемпіріміз екеуіміз сүйісіп-өлісіп қосылғанымызда, тесік тостағымыз да жоқ еді; соғысты көрдік… ашаршылықты көрдік… сендердікі сенделбайшылық!» деп жылтырақтары жасаурайды. Өй-и-и... «сәбеттің қызыл дуасы» арғы-бергілерінен өтіп кеткен өңшең уыз түгілі көксоқта сүтке жарымаған тілемсектер, жағымпаз жұқсыздар! Иман жоқ!?. Енді, «оппозиционерлерміз», «партияшылдармыз», «независимыйлармыз» деп өзеурейтін жансыздар шықты. Ой-бауырымдап шыңғырғанда, ақ жалаулатып ұрандатқанда, «аттандап ағашқа өрмелегенде», тағы не еді... әруағыңды қоздырады. Шынтуайтында, қалай сасық ойлары жүзеге асып, қолдары сиқырлы үлкен астауға ілігеді – бүк түсіп, нілдей айниды. Айдалаға ұлиды! Айдалаға емес-ау, сол... «үлкен ауылдары» жаққа бір қарап қойып, «ауылдастарына» қарай үреді.

Жын-сайтанын бұрқылдата қаққылап алған Көрпебай жаңа келген үнжапырақтарды әрлі-берлі аударыстырып алып, сосын, ақысы қалғандай мыжғылап, отынсыз көзкүйіктеніп тұрған бұржұйкі пештің өңешіне атып ұрды! Жастығын құшақтай, жекешелендіріп алған түкпіргі бұрышына сұлайғаны сол, шайтан жәшіктен әлгі... «бірдеменің тілі жырық» дейтіндепутат, зор жазушы жәкесі тістерінің арасынан ысылдай, ыңырана ытқытып тұр:

– Жалқаумыз!.. Марғау-ұйқыбаспыз! Әмрикандықтарға қараңдаршы!?.

– Өй, атаңның… әмрикандықтарыңмен қоса! 

Шаян шаққандай шоршыған Көрпебай шайтан жәшіктің түймесін жұдырығымен қойып кеп қалып, жамау құрап отырған әйелін жапыра-мапыра тысқа ытқыды.

 

* * *

 

…Көрпебай – «оппозицияға» ашық ауған. Апталық «жарты жүктемесін» опырайтып, тарихтан шатағы шамалы соттың әйеліне аударып бергендіктен емес, бұрыннан ойда жүрген сауапты іс еді. Сенімді екі серігі бар.  Бассыз басшыларды, жемқор-сүтқорларды құр жібермейді, іреп тастайды. Тәуелсіз газеттер де танып қалған. «Аттан!» деген мақаласы «СолДАТтың» бірінші бетіне басылды. Көшеде жолыққан момпаси ел-жұрт аяқ суытып, сәлем сала бастаған…

Жылыстап, мұғалімдер күні де жеткен. Аңырап бос тұрған ат шаптырым мұзхана сарайға халық қойша қуылып тығылған, – лықа толы! Әкім ұзақ-сонар «хиссаларын» тәмамдап, сый-сияпат жалаттыру бөлігіне көшкен, – сол халықтың өзінен жиналған жылуға.

– Көп жылғы жемісті еңбегі үшін – ел мүддесін жоғары қоюшы ұлағатты ұстаз, «халқым» деп торғайша шырылдап жүрген атпал азамат, ардақты Пөстекбаев Көрпебай ағамызға!..

Әкім оның қолын жібермей қайта-қайта сілкілеп, ыстық ықыласын ұзағынан білдірген. Көрпебай: « Рах-мет, ра-х-ме-е-ет…» – дей берген естілер-естілмес қиқылдап, қипалақтап.

Көп ұзамай, Көрпебай салтанатты сахнаға қайта шақырылып, демалыс орынына берілген жартыкеш екі жолдаманың бірін қанжығалаған. «Толық рахмет» енді болды. Өмірінде мұндай марапатқа бөленіп көрмегендіктен бе... сірескен сірі жібіңкіреп-ақ қалғандай. Өткенде, мектептегі әріптес кәрі қыздың «бағы жанып, көрші қалаға қоныстап», содан... барлық «жүктеме сағаттары» бұған бұйырған еді. Ойда-жоқта қона қалған қандай бақ екенін білмей басы қатқан да еді.

 

* * *

 

Асқаралы Алатаудың баурайында аунап-қунап, бұйырғанынша... жұрт қатарлы «қуаламашақ ойнасып» дегендей, жеңілдеп, желпініп оралған Көрпебай, тіптен де, ешқашан да, – мұндай әдемі қысты бұрын-соңды байқамағандай. Оңтүстіктегі «қытайы қуыршақтай» қалашық ақша қарға оранған. Құтырынған ит-күшіктер мен балалардың «құдайлары» берген. «Жә-ә… Көпекең де сорлы емес, – Алатаудың баурайы құрғыр қайта-қайта еске оралып, қай-қайдағылар түсінде де түртпектеп, – бейбақ жүрек Бахшасарай фонтанынша-ақ бұрқылдайды!»

...Ертесіне-ақ, Көрпебайды әкім ақ волгасымен алдыртқан.

–О-о-о!.. Көпеке, келіңіз, төрлетіңіз!

Тұғырынан қырғиша қарғи көтерілген әкім ашық-жарқын, ескі достарша қарсы алды. Мамық диванда иықтаса отырып, демаласының қалай өткенін егжей-тегжейлей келе:

– Көпеке! Ұстаздық стажыңыз жетерлік екен, тәжірибеңіз мол, «жұмыссыздарды бұйдалау биржасын» басқарсаңыз қайтерді-а?! – деді, көсіле ха-ха-халап.

 

…Берекесіздеу, бірақ жылы-жұмсақтау, бітпес қойыртпаққа қойып кеткен Көрпебай соңғы кездері екі досынан жиі-жиі көз жазып қала беретін болды. Күніге, екі өкпесін қолына алып әкімшілікке шапқылайды. Улаған-шулағандармен тіл табысу да оңай шаруа емес. Шетінен: «а»десең – «б» дейтіндер…

«Бұл момпастарға жеке-жеке миымды қатырып, алтын уақытымды қор қылғанша, бәрін топтап бір-ақ оқытайын!» деп шешкен Көрпебай маңғаздана конторының алдына шыққан:

– Ағайындар! Бауырлар! Бүгіннен бастап списокпен – әдемілеп... әдеппен келіңдер. Қалғандарың қылқылдап құр қаумаланбай, енді… «қыр ассаңдар жусан бар» дегендейін, бірдеңемен шұғылдансаңдар етті! «Жаман сарт құрлы» жоқсыңдар ма?.. Шибөрі құрғырлар секілді беталды шиқылдай бергенде, жәйден-жәй –  өзінен-өзі жетімек қозының қу құйрығы аспаннан салбырай сала ма?.. Сөйтіңдер! Түсінесіңдер ғой… жағдай-балашықты? «Бір Құдайым патшамыздың аман-саулығын берсін!» Өй-и-и… Алла жарылқағырлар! Ия-ия!..

Әкімшілікке соғып, кештетіп келген Көрпебайға әйелі:

– Көсемпайым! Жағдайың қалай? Жаңа әлгіде екі досың келіп кетті. Күңкілдесіп, жеті атаңнын арғысынан ағызып-тамызып, үй-ішіңмен қоса ысқыртып бара жатты; бала-шағаның жазығы не еді – тыныштық па? – деді, езуіндегі мақтамен бауыздағысыз кекесін күлкісін айдай әлемге әңките дұғайлап тұрып.

«Бұрын, бұл көкең жынданған кездері, «жайыңа жүрмейсің бе – жәрбаңдамай!» деуші еді-ә, үнемі, туған кемпірі?..»

Көрпебай – «жаңа түскен келіндей ме... айыбы бар бейбақ қыздай да ма» – бірінші рет өз әйелінен әп-әжептәуір ұялып, бетін бұрып әкетті. Мыжғылап газет лақтырарға,  далаға қашып қоян қуаларға, я  жұрт сияқты стакан сындырарға, ағашқа өрмелерге, әлеуләйлімге саларға, я басқалайларға құлқы да зауқы да соқпады. Омбы қардан белі қайысқан көтерем далада да жын көтеріліп, ұлып тұрған еді. Азынаған аядай бөлмеде әрі-сәрі сенделіп, шайтан жәшігінің түймесін бұрап қалған сол... депутат, зор, тарпаң жәкесі тістерінің арасынан ысылдай, ысқыра, ыңқылдата ұрып тұр екен…

Қазақ тілінде жазылған