Адам қарады: 85 | Жарияланды: 2017-09-02 01:51:19

Менің кемпішім қайда?

Надандарға – теңіз тірсектен…

 

– Өге-гө-ө! Менің кемпірім қай-да-а-а?!.

Біраз тастаңқырап, бусанып алған Бектұр көңілді. Бұрындары базар маңын баспайтын. Жұтса, жұтқысы келсе – тракторымен ен далада, не ауыл-аймағында ғана жұқалайтын. Қазір, оныңыз – тракторыңыз жоқ. Орынын «жаңа өнер» алмастырған…

«Қазекемдер қаншама ғұмырын босқа өткізген десеңізші? Өзекемдер қудың қуы, жансыздың жансызы екен-дә! Көрші-қоралас отырып, осы уақытқа дейін ештеңенің иісін сездірмей келген-ә?..»

Бұл күндері қазақты тек сауда-сатпақ, қымқыру-жымқыру асырап тұр. Өзекеңдердің өздері жолда қалады. Мына қалқиған қалашықтың  базарындағылар – дерлік жылы жақтан ауып келген сыпайы ағайындар. Апалар мен әрқалай фасонды бикештер. Сол әрқалайлардың жетеуі бұлардікінде қонақтайды. Әлбетте, ақша төлеп... біреусінен басқасы.

Бектұрда, – «обалы не керек, құдай ұрып кетсін», – ешуақытта ондай-пұндай… теріс ой-кәкір болған емес-тін. Қонақтайтындардың әнеу бір қатқан қара келістісінің өзі ғой қиыла үзілген. Бір күні, түнде... өзі келіп тұр ғой!? Міне, содан бері басталған… базар жағалау да.

Айтпақшы, бұл жақтың «әдемілері» де қалыс-кеміс емес. Қайта, бұларыңыз сол оңтүстігіңіздің өзін жайлап-жасқап, базарларын қыж-қыж қайнататын болған, – «обмен-товар...»  Бектұрдың солпиған бәйбішесі де бар іштерінде. Жаман емес, көк-ала қағаздарыңызды шытырлатып, дөңгелетіп қалған. Ия, деген де, «тірі тіршілігін жасайды». «Кіресіге шығасысы…» Содан да шығар, әлгі үзіле үздіккен қу құнажынның еркінсуі.

– Әй, кемпіріңді танымай көзіңді шел басты ма?!

Жетеудің бірі, – «кәмәндірі», – базарды шайқап тұрған дәу қара арп етіп, арсалаңдай күлген.

– Е-ге-ге… отыр екен ғой, қырғауылша құлпырып!

Өзіміздің маңырамамыз тектес аңғал Бектұрдың, шынында да, сызылып, таза көк шәйдан сыздықтата сораптап отырған «махаббатын» танымай қалатындай да жөні бар екен. Көлкілдеген бетінің тең жартысын тостағандай қара көзілдірік көмкеріпті. Кеше түнде дәу қараның туған күні болған еді, байқамай... кереуеттің қырына ұрып алғандай екен-мыс қой.

Бектұр базар айналшықтағалы біраз мықты достар тапқан: «крышалар» дей ме… «рэкетирлер» дей ме… әйтеуір, сондайлар. «Махаббатынан» алған бір жартылық қағазды қалқиғанына қыстырып, алшаңдай басып, достарына қарай ысқыра әуендетіп кете барды.

 

* * *

 

…Оңтүстіктегілердің ай сайын үйлеріне соғып, иіс-миістерін ысқылап, бала-шаға, туған-туыс, жекжат-жұрағаттарын жайғап-жасқап, түстеп-түгелдеп қайтатын әдеттері бар. Бұл жақтағылар да сөйтеді. Бектұрдың «әйелдері» үшеу. «Кәм-пә-ния!..» «Анау, байы жоқ гүжбан болмаса, аулақ... ондайдан!» Ертең «аңға аттанатын» күндері еді. Қырсыққа не дауа, Бектұрдың әйелі таңертеңнен құсып-пышып, ыстығының көтерілмесі бар ма.

– Өй-бүй-ий, енді не істейміз?! Орны босқа күйеді-ау! Қолы да жүріп тұр еді… 

Бұрынғы белді қойшы бүгіндері үйінде өңкиіп, өлекселеніп жатқан қоңсысы Қойшыбайдың  торғайдай келіншегі қырғи тигендей тыпырлады да қалды.

– Ештеңе етпе-е-с-сс… жүре берей-и-ін! І-ы-і…

Ыңқ-ыңқ, тыңқ-тыңқ еткен Бектұрдың бәйбішесі «жан пида, жолға дайынмын!» дегендей төсегінде аударылып-төңкеріліп, бір сәтке құнтыңдап та қойған.

– Жоқ! Жаным-ау… сендей алтынымды өлтіріп алар жайым жоқ! Бір жолға мен-ақ барамын орныңа!

Базар айналып, күшеніп келген Бектұр бір-ақ кескен.

– Еркектерге қол емес қой, – күн де көрсетпейді!?.

Торғайдай келіншек, енді тұз құйғаннан бетер тызылдаған.

Әңгімеге «гүжбан» араласты:

– Мен жауап беремін! Тиісіп көрсін… шашып тастайын шеттерінен! Ай-да… Беке! желдеп қайтасың.

 

* * *

 

…Кәйібі тарқап, мазасы кеткен Бектұрға жан біткенді осынау бейбақ пойызға қамап қойғандай көрінген. Айқай-ұйқай… ыржаң-тыржаң… шыжбаң-мыжбаң… Мұнда да айқыш-ұйқыш сауда-саталақ. Арқаланып, аяғыңа орағытылған қарасирақтар тұппа нағашыларының төрлерінде жүргендей. Бықыған-быжынаған, – «тексіз байсымақтың көшіндей», – плацкарт вагонның тұс-тұсында ақ жаймалар керілген. Түніменен: «сыпсың-сыпсың, жыртың-жыртың, желбір-желбір… ох! ах! ух!..»

Пойызды алдына салып айдап келе жатқан Гүжбан: «дезинфекцияның әруағына жүз грамм бағышталық!» деген. Су тиген тауықша сүмпиіп қалған Бектұр: «рах-ме-е-т… өздерің…» дей берген ыңырсып. Ештеңеге зауқы соқпады, тек жылымық қара суды қылғытқан үстіне қылғыта берді. Күйіп-жанып, өртеніп барады. Вагонның ішінің дені сау ауасын біреулер бірдеңемен әдейілеп сорып алғандай. Ит тигендей, ойы омалып қалған: «Түрмесі құрысын, бірақ, соның өзі мынадан дұрыстау да шығар. Бәрінен бұрын… бұл не масқара?! не жыртың?!. Күнің қайсы – түнің қайсы?!.»

 

* * *

 

Бәлдір-шәлдір әндетіп, салдыр-гүлдір тербеткен көңілді пойыз өйтіп-бүйтіп, оңтүстіктегі «екінші тәшкен» атанған қалаға да жетті-ау.

 «Мә-ә-ә… көкесі! Жүзіп жүрген құмырсқалар! Адам қайсы – алма қайсы?.. Қап қайсы – қатын қайсы?!.»

– Әй-үй-и… неғып тұрсың айға саңғытып!?

Жетімсіреп қалған Бектұр мүлдем бұғынып, сасқалақтап жүріп, әйтеуір, күріш салынған қаптарды төмендегі гүжбанға әпергенсуде. Осы мезет, сеңдей соқтығысқан нөпірден арқырай атылған масаң үшеудің екеуі – алпамсадай бұжыры мен торайдай томпиғаны – торғайдай келіншек пен гүжбанға аш құзғынша шүйліксін! Құшақтап, мыжғылап, әй-шәйға қаратпай шөмпілдетіп жатыр... шылпылдатып жатыр…

Жұлмаланған тауықтай болған екі сұлу ымдап-жымдап, сыбырлап-жыбырлап жүріп… сүт пісірімдей уақыт өткенде барып, «әупірім» дегенде әзер басқан.

– Э-э-э!.. Менің кемпірім қай-да-а-а?! Әй-әй-ә-ә!?.

Ілмиген, буын-иінсіз үшінші «Дон Жуан» қолдарын аспанға жайып жіберген. Зарлап па, жырлап па тұр. Қоршалап, жұлқылап-түйгіштеген «төртеуді» елер емес. Көздерін шарт та жұмып алған.

– Ә-ә-ә!.. Менің кемпішім қай-да-а-а?!

…Қапты қапсыра құшқан Бектұр «жіберіп қойғандай» мүңкіген сасықтамбурда шоңқиып, омалып қалған. Жан-жағына алақтап-жұлақтап, жан-дәрмен, қол ұшын созар жан іздейтіндей де ме. «Кімге?.. Қайда?.. Неге?..»

Басып-жаншыған адамдар түсіп жатыр… мініп жатыр… түсіп жатыр... мініп жатыр...

Күн жарықтық еселей жанып, өртеніп тұрды, – миың айналып, ағып аузыңа түседі!

 

 

Қазақ тілінде жазылған