Адам қарады: 92 | Жарияланды: 2017-09-02 01:54:50

Мылтықбайлар

...жамандық та өтпелі. Әңгіме сонда:

алатын тағлымымыз, шығаратын қорытындымыз қайсы?

 

…Мылтықбай – мықты боп алған. Баяғы «мілтік» емес.

«Кім біліпті – бә-ә-рі… оп-оңай екен ғой!? Бір кездері жылт еткен жылпостың шотын шауып, едіреңдеген есерлердің шоқпарын сүйретушісі емес пе еді. Енді, соларыңыз тайлы-тұяғымен мұның алдында құрдай жорғалайды! Қызыл шәпкілілердің өзі салют беріп өтетін болған…»

Ашық-шашықтық, ессіз-есерлік кезеңнің бастау көзінен-ақ: «бар да – шап, ал да қаш, шаш та – төкке» белден кірісіп кеткен кешегі «білте мілтік» бүгіндері нағыз қос ауыз береннің өзі! Оттықсыз, шүріппесіз-ақ «тарс!» ете қаларға әзір.

Өткенде, қаланың кіреберісіндегі Құрсайда, шаужайына жабысқандарды қынадай қырып сала жаздады. Құдай қағып, «жансақтағышы» пүшкісінің аузын дер кезінде аспанға көтеріп қалғаны. Бір жолға… Құрсайды тек «тасыр-тұсыр» күңіреніс шарпып, қуыршақтай қаланы алып-қашпа «шу-шоу» дүрліктіре-желіктіре желпіп өткен. «Ендігәрі қарсы кезігетіндер болса, сыртқа шықпайын-ақ, қаланың қақ ортасындағы «қызыл алаңда» жайратып саламын!» дейтін көрінеді Мылтықбай. «Зеңбірек сатып алмақшы екен…» дегендей де әңгімелер қағаберіс естіліп қалатын.

«…жұрт – қызық-қой, осы. Көз алдындағыны, аяқ астындағыны байқамайды. «Мал!..» дерсің.» Мылтықбай болса, басты қатырып жатпастан, бет қаратпай – подваль-погреб, мал хана-шөп қораларда «самопал» арақ зауыттарын ашып тастады. Біртіндеп, айнала ауыл-аймақты қамтыған. Бас-аяғы жыл-жарымның ішінде «жер-шары бейбақты мүйізімен тіреп тұрған бұқаның өзіндей» боп шыға келді. Баяғы қотыр сылақты тамын сүргізіп тастап, үш қабатты сарай салдыртты. Екі шекесіндегі көршілерін: «тауық-пауық жусатуларыңа жайлырақ, жандарыңа жұмсақ, әлеми тыныштық» деп шалқар шетке көшіріп тастап, үй-жай, қора-қопсыларын топырағымен қоса бүлдізірмен қырғызып жіберіп, содан – ол жерлеріңізді бұлбұлдар мекендейтін фазендаға айналдырды. Қаланың бұрыш-қиылыстарынан жеңіл сүйекті әсем күркешіктер тұрғызып, әртүрлі реңкті, әрқалай иісті, бипыл-сипыл жүрісті тоқал-тұқылдарын қондырып та үлгірді.

–Шеф! Құзырыңыз орындалды. «Су жаң-а-а!..»

«Жансақтағыштарының» бірі – сынапша сырғыған Қоғабай иіліп тұра қалған. «Әмбабап, келіскен, үй қызметіне, тағысын-тағысына лайықты бір сылқымды тауып кел!» деп тапсырма берген еді жарылқаушысы.

Маржан есіктен енгеннен-ақ құрт көздерімен сүлікше сорғылаған Мылтықбайдың разылығы білініп, шаттана қодырайып тұрды. Әрі-бері тіміскіленіп, иіскеленіп, қораздана: – Мадам, прошу! – деді кабинетіне қарай байпаздана басып. Жаймадағы затты жақтырыңқырамай қарағандай, мұрнын шиыра Маржанның о жақ-бұ жағына шығып әумеселенген бәйбішесі Тәттікүл түнеріп, бірақ жауып кете алмаған қотыраш бұлтша әлжуаз ыңыранып, арқасынан:

– Ия-ия! Көр… өзі екен. Біз де көрерміз, –  деген аузы-басы мыжғыланып.

Жоғары білімді, көшелі ауылдың өкілі, Маржан-қыздың үй-қызметшілігіне жалданғаннан басқа амалы қалмаған еді. Енді, «жазғаны» осы болған соң, бұдан былайғы өзінің «қожайынының» соңынан еріксіз еріп бара жатып, жәй ғана, жиіркене арқасына көз тастап еді: «жансақтағыш» судыр бұған жылтылдаған өлексе көздерімен ым жасап, сұқ саусағын ерніне басып, бір қолымен үй иесі ханшаның білегінен массаждап тұр екен.

Маржанда ерік бар ма? Жоқ-жерде ханшасымақ боп шыға келіп, кейде адырайып-ақырайып, кейде сылқымсып-сыланып, не істерін білмей басы қатса көше адақтап кететін Тәттікүлдің жоқ кездерінде: «қожайынының ырқына берілген». Солай… жалғасып жатты. Ал, Мылтықбай қаңғырыстап кеткен кездері, еріккен бәйбішесі әлгі Қоғабай «жансақтағышты» бөлмесіне кіргізіп, ұзағынан есігін жауып алатынын да көріп жүрді. Ханшасымақ ескертетін де: «әй… байқарсың?» деп.

Маржан бойына бала бітіп қалғанын кеш білген еді. Тас-талқан, қаһарланып, дүниені төңкеріп тастайтындай тепсінген Мылтықбай шешімін бір-ақ кескен: «Тез – алдыртып, көзін жоюы тиіс!..» Дәрігерлердің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан, солай болды да. Солай болғанның ақыры, әупірім-тәңірмен аман қалған Маржан еліне жетіп те жығылған, есі-басын түгелдегенсіген.

 

* * *

 

…Бірінен бірі ары – алты жерден алапестенген жылдар көшкен құмша жылыстаған. Мылтықбайдан бақ тайып, бұрынғы таз қалпына түскен. Құдай жарылқап, «зеңбірек сатып аламын» дегендері сөз күйінде қалып, ұмыт болған. Фазенда, үй-жай, күркешік, зауыттары да жоқ «тю-тю!..» Бұл күндері, еркіндіктің қазақпай сахнасына – жаңа, басқаша Мылтықбайлар шыққан. Солар, әнеу жолы…  Құрсайда сүйегін шашып тастай жаздапты байғұс мілтіктің. Тоқал-тұқылдарын да солар иемденген.

Маржан облыс орталығына келіп, базар жағалаған. Орнығып, үйреніскендей де еді. Жылға жуықтады – жұмыс та тапқандай. Қазақшаңнан тас-мақұрым мәңгүрт-көзқамандарға тіл сындыратын мекемеде істейді. Әрине, базары – қосымша; «реализатор» жалдайды.  

Қара күздің сұп-сұр, сұрқылтай күндерінің бірі-тін. Жағдайы жүре түрегеліп келе жатқан Маржан,  автовокзалда Мылтықбайды көріп қалды, – оның да тіміскі көздері мұны шалып қалған. Спірт құйып сататын бүкіреш бүдкінің жанында бүрсеңдеп, пісте шағып тұр екен. Қасында өзі пошымдас біреуі бар. Тұла бойы тітіркеніп, қаны басына тепкен Маржан өтіңкіреп барып, арқасына қайтқан.

– Халің қалай… мықтым?! – Мылтықбайдың кейінгі ахуалынан хабардар-тын.

– Жақ-ы-ысы… Жақ-ы-сы… – Мылтықбай бұқпантайлай бытпылықтаған.

– Бала-шағаларың қалай… өсіп жатыр ма?

– Жақс… жақс… өсіп жатыр, дәп-дәу боп!

Маржанның түсі сұрланып, тістеніп, көздері қанталап та кеткен еді.

– Әй, сенің… «дәп-дәулеріңнің» өзіңдікі екеніне көзің жетеді ме – сұмырай, сұрқия-сүмелек?! Өзгенің шірік жұмыртқасын дәру көріп, өз баласын зорлап өлтірген қаніше-е-е-рр!!! Байқап,  қауашағыңды шайқап, ойланыңқырап көрсең етті, жетесіз-жексұрын!? Тексіз… азғын!!!

Қатқақ қара жерге былш түкірген Маржан кілт бұрылып, адымдай басып кете барды.

Үнсіз, жымысқы көздері безектей зырғыған Мылтықбайдың үскірік қапқан жансыз қолдарынан пістелері сусып,  шашылып түсіп жатты.

Әлсін-әлсін шуақты күндер ойнақшығанымен,безілдеген безгек жел сүлікше сорғылап,  жын-құйын жиі-жиі сумаңдай үйіріп тұрған сұрықсыз мезгіл еді. Ұшы-қиыры беймәлім, бей-жалған еді..

Қазақ тілінде жазылған