Прокурор Есқараев
Үш бөлімді драма
Қатысушылар:
Сүлеймен Есқараев, қазақтың тұңғыш прокуроры, жасы 40-та.
Тергеуші, жасы 40-та, Москвадан жіберілген маман.
Мирзоян, Қазөлкеком басшысы.
Орынбасар, ұлты қазақ.
Мария, Сүлейменнің әйелі
Марат, Сүлейменнің баласы, 7 жаста
Әлия, Сүлейменнің қызы, 10 жаста
Рахия, Сүлейменнің інісі Ахметтің әйелі, 30 жаста
НКВД мүшесі
Священник, егде кісі, орыс
Молда, шал
Ақын, жас жігіт
Бекбол, Сүлейменнің көмекшісі
Айдабол, жас жігіт
Саудагер
Бандиттер
Милиционерлер, надзиратель
Бірінші бөлім
I көрініс
Көк базар. Сөре-сөре, сирек-сирек тахталар. Саудагерлер – әйелдер мен ерлер. Олардың: «Жас малдың еті», «Құрт-май», «Бір пұт бидай», «Нан», «Сабын», «Ине-тарақ», «Ертоқым, қамшы сатамын», «Тірі мал сатамын» сияқты жамырасқан дауыстары қосарлана естіледі.
Үстіне қарапайым киім киген жас жігіт сауда жасап тұрған біреудің қасына келіп тұра қалады.
Бекбол. Мынау астық кімдікі?
Саудагер. Кімдікі болушы еді? Өзімдікі?!
Бекбол. Астық сатуға рұқсат қағазыңызды көрсетіңіз.
Саудагер. Рұқсат қағазы несі? Жігітім, менде нең бар, жөніңе жүре берсеңші?
Бекбол. Мынау қаладағы №1-ші балалар үйінен ұрланған астық екенін сотта мойындауыңызға тура келеді.
Саудагер (сасып қалып, дауысы тарғылдана шығып).
Мынау маған жала жауып тұр! Жаптым жала, жақтым күйе! Құдай-ай, тапа-тал түсте басынған бұл не сұмдық?
Бекбол. Құдайың байғұс жетімдердің аузынан жырып әкетіп, әлсіздерді аштан қатырып, балалар үйіне үкімет берген нанды ұрлап сатып, пайда көріп тұрған имансыз жанды енді аяй қоймас!
Саудагер (жан-жағына алақтап). Құтқарыңдар! Жау жоқ деме, жар астында деген. Ағайын, араша!
Бекбол (нығарлап). Менімен бірге милицияға жүресіз. Акті жасаймыз.
Саудагер бір ышқынып алады да, кенеттен қабын ұнымен қоса тастай салып, қаша жөнеледі. Ол анық үш қадам қашып үлгермейді, алдынан арық денелі, қара торы, жүзі суық кісі кескестеп шыға қалады. Қасқайып тұр. Ештеңеден қорықпайтын жүзі сонша өктем көрінеді. Саудагер еркінен тыс басын бір қолымен жауып, бас сауғалағандай, бұға қалады.
Саудагер. (сыбырлап, даусы тұншығып).Әзірейілдей түсі неткен суық еді...Жан алуға келген әзірейіл сияқты бұл кім?
Сүлеймен. Кілең жетімек, панасыз жас балалардың ішер асын ұрлаған мына сен әзәзіл, антұрған сұмырай! Зар жылаған жетімдердің дауысы құлағыңа естіліп тұрған жоқ па? Қайырсыз, қайыршы, азғын дейді сендерді. Шиеттей жетімдерді тонап, тартып алып жеген наның құрысын!
Сол сәтте бойы еңгезердей біреу бұлардың қасынан өтіп бара жатқан кейіп танытып, Сүлейменге тақап келеді де, пышақ сілтейді. Сүлеймен тап бір осыны тосып тұрғандай, шалт қимылдап, әлгіні жерге алып ұрғанда, қарақшының қолынан пышағы ұшып түседі. Бекбол көмекке келем дегенше, сыбайласын торуылдап, қатер төнсе-ақ қол ұшын бермекке аңдып жүрген үшінші бір бандит Сүлейменге итше жабылады. Екеумен қатар алысқан Сүлеймен денесі жұқалтаң болғанмен дес бермей, шебер тәсіл қолданып, қатты ұрып тастайды.
Айнала жұрт андыздап қарап тұр. Тобыр ішінен бірер дауыстар айқын естіледі: «Бұл кім өзі?», «Кескіні неткен суық еді, суық қарудан қорықпақ түгілі тайсалмайды ғой!», «Нәшәндік шығар», «Тап жауларын әбден танитын ысылған жігіт болды, сірә», «Қанды қол қарақшыларды күшік сияқты көретін көзсіз ер ғой мынау!».
Сүлеймен. Балалар үйінің бастығы Айдапкелов мына сені, Тоғжанов, сыбайлас ретінде мойындап, астық ұрлаған қылмысын өзі анық көрсетіп, қағазға жазып берді. Іс бітті, сөз тәмәм. Бекбол, мына үшеуін бөлімшеге алып жүрейік. Астықты біреуіне арқалат. Балаларға кері апарамыз.
Сол замат есін жиған біреуі қаша жөнеледі. Сүлеймен оны дереу қуып жетіп, шалып құлатады.
Саудагер. (қырылдай сөйлеп). Мұндай екеніңді білгенде, қарсы келмеуші, көзіңе түспеуші едім. Біткен жерім осы шығар, бірақ, аман қалсам, аямаймын сені!
Сүлеймен. Жетімдерді аямаған дүлейді ешкім аямайды, сен соны ұзамай ұғатын боласың. Кеттік!
Бес адам кетіп барады. Базардағы халық тып-тыныш, үрейлі жүзбен қарап, қалшиып қатып қалыпты. Олар пантомимо тәрізді ауыр үнсіздікте қатып тұр.
II көрініс
Сүлеймен Есқараевтың үйі. Кештен түнге ауысар сәт. Оңаша бөлмеде ол үстелде жазу жазып отыр. Сырттан бір тысыр естіледі. Ол қаламын тастап елеңдей, бас көтереді. Әйелі есік ашып, бөлмеге кіреді.
Мария.Ұйқым қашып, мазам кетіп тұрғаны. Не жазып отырсыз, әкесі?
Сүлеймен. 10-12 жыл бұрын газет-журналға мақалалар жазып, жариялаушы едім, соны қайта қолға алсам ба деген ниет туды. Сұлтанбек екеуміз ойласқан дүниелер... Республиканың шекарасын белгілеп, қазақ жерін ресми танытып, қазақ атымызды қайтарып алмас бұрын, әлі «киргиз» атанып жүргенде бір идеялар көкейіме қайта оралып келіп отыр. Ұйқы бермей, қолға қалам алғызған сол бағзы ойлар... Екіталай дүние болайын деп тұр...
Мария (қағазға үңіліп қарап). Ал мынау мақала қазақ тілінде ме? Қай Сұлтанбек? Сұлтанбек дос, жолдас Қожановты айтасыз ба? Ол қазір Москвада, үлкен қызметте деп айтып едіңіз ғой?
Сүлеймен. Прокуратураға қатысты қазаққа ерекше білу керек дүниелерді қазақ тілінде жазамын. Орыс тіліндегі басқа сипатта кетеді.
Мария (таңданып). Сонда екеуінде қандай өзгешелік керек?
Сүлеймен (күрсініп). Біздің қазаққа әлі көп оқып, көп үйрену керек. Мәриям, бар, ұйықта.
Мария күйеуінің тік мінезіне қанық болған соң, тез бөлмеден шыға жөнеледі.
Сүлеймен (дауысы оқыс жұмсарып). Мәриям, тоқташы... Айтар сөз бар. Дұрыс қабылда.
Мария. Үркек жүрегім ұшып, тегін атқақтап тұрған жоқ. Бір сұмдықты хабарлайын дедіңіз бе? Әлде өзіңіз әшкерелегендер өшігіп, қыр соңыңызға түсті ме?
Сүлеймен. Бекбол айтып қойды ма? Тіс жармау керек екенін ол білді ғой. Балалар үйінің астығын ұрлаған кешегі оқиғаны айтып тұрсаң, ол бір жігерсіз сұмдардың ісі, қолдарынан түк қайрат келмейді, нағыз қорқақтар. Балалар үйінен азық-түлік ұрланып, көк базарда сатылуда деген мағлұматты ести сала, басқа ешкімді жұмсамай, тіке өзім баруға кенет аңсарым ауды. Қыршын кеткен Ғани есіме түсті. 20 жыл бұрын Совет үкіметі алғаш орнаған кезде жап-жас Ғани екеуміз осы сияқты оқиғаларға киліккен едік. Қаймықпай барып, інінен суырғандай қылып, желкелеп талай ұстаған бандиттер. Сол шақтан қансорғыш азғындармен күресуге әбден әккіленіп алдық. Маса сияқты қағып тастауға. Оның айтатын түгі жоқ. Мәриям!
Мария. Жүзіңіз сонша мұңайып кетті, не болды сізге?
Сүлеймен (қолымен төбені нұсқап). Сұлтанбек жуықта тұтқындалыпты. Москва түрмесінде деген астыртын хабар алдым. Сенімді орыс жолдастарымнан. Бұйрықтар жоғарыдан келуде. Саяси Бюро бекіткен қара тізімде ертең менің атым болып шығуы мүмкін.
Мария. Ол не қара тізім?
Сүлеймен. Совет үкіметіне қас элементтерді: атуға, соттауға, жер аударуға үкім етілген халық жауларын анықтау науқаны қазір өте шапшаң жүріп жатыр. Қырда қойға дамылсыз шабатын көкжал бөрілер көбейіп кететін жылдар болады. Сонда қасқырларды жаппай аулауға шығады. Сол сияқты.
Мария орамалымен бетін басып, басын салбыратып жібереді, иіні түсіп кеткен.
Сүлеймен орнынан тұрып, бөлмеде адымдап жүреді. Еңсесін тік ұстайды. Сөйлеген сөзі әйелі Мариямнан ғөрі, болашақты мегзеп айтып тұрғандай әсер қалдырады.
Сүлеймен. Мен – прокурор Сүлеймен Есқараев. Үкімет адамы болған соң құпия документтерден хабарым бар. Совет Одағы Ішкі істер халық комиссары, мемлекеттік қауіпсіздіктің бас комиссары Ежовтың №00447 жедел бұйрығы маған мәлім. Ол бұйрық республика басшысы Мирзоян жолдастың қолында тұр. Күні кеше ғана 1937 жыл 30 шілдеде шығарылған. Аса құпия, мемлекеттік маңызы бар бұйрық.
Мария (жылап). Құдай-ай, ендігі көрген күніміз не болады? Қараң қалған заман-ай, әбден қорлап, өлтіріп біттің ғой сорлы жұртты...
Сүлеймен. Мәриям, мені жақсылап тыңдап ал. Уақыт тығыз болмаса, саған саясат туралы басы артық бір ауыз сөз айтпаушы едім. Тісіңнен шығарма жаңағы сөздерімді. Менің өте сақ адам екенімді білесің ғой. Заман толқыған су сияқты, бір орнында тұрмайды. Талай қыспақтан өтсең де, есіңде тұт. Ол бұйрық мынау: «Бұрынғы кулактарды, жалдамалы жендеттер мен басбұзар сұмдарды, антисоветтік элементтерді репрессиялау туралы». Бұл қанды қақпаннан ең әккі, ең азат көкжал да құтылып кете алмайтын қылып, бұғалықты белгілі топқа нақты көздеп салғалы отыр. Жуықта бұл елде жаппай дұшпан аулау басталады. Ежелгі инквизиторлардың мыстан аулағанындай. Жан алқымнан алу басталып кетті.
Мария (күйеуінің кеудесіне жас балаша басын салып, көзіне тік қарайды, «сенге» көшеді).
Мария. Сен ше, Сүлеймен, сен де сол көкжалдың бірісің бе? Қанды қақпан сені де алдан тосып тұр ма?
Сүлеймен. Даланың ұлдарының бәрі көкжал. Отан үшін күрес ерге лайық.
Мария. Қаш, дереу елден қашып кет, түркмен ас, ауған ас, Орынбор өзің жүрген жерлерің, әйтеуір, аман қалшы, Сүлеймен!
Сүлеймен. Мен ешқайда қашпаймын. Не көрсем де, осы елде боламын. Бірақ балалар саған аманат, Мәрияш.
Сол сәтте кенеттен жарық сөніп қалады. Қараңғыда Марияның жыламсыраған дауысы естіледі.
Мария. Жаман ырым! Сақтай ғөр!
Сүлеймен. (Дауысы саңқылдап). Қазір қалада жарық жиі сөнеді. Ырым емес, салдар, Мәрияш, құр әншейін нәрселерден текке қорқа берме.
III көрініс
Есқараевтың кабинеті. Кабинетке қарауыл бір жас жігітті алып кіреді.
Милиционер. Жолдас прокурор, мынау жас қарақшы ұрлық үстінде ұсталды. Сіздің атыңызды атап, қалайда жолығам дей берген соң, туысы болуы мүмкін шығар деп қамалған орнынан осында алып келдік.
Сүлеймен. Бара беріңіз.
Жігіт (үстелге таяп). Туған жерім Қазалы, әлім баласымын. Әкем сіз туралы көп әңгімеледі.
Сүлеймен. Әкең кім?
Жігіт. Қыр қазағы. Тәңірберді.
Сүлеймен. Жасың нешеде? Хат танисың ба?
Жігіт. Он тоғызға жаңа іліктім. Хат танымаймын.
Сүлеймен. Қандай айыппен ұсталдың?
Жігіт. Жүйрік ат ұрладым. Орыс нәшәндіктің ақбозы көзіме оттай басылған соң, бір түні тәуекелге басып, қорасында тұрған жерінен шуу, қарақұйрық деп мініп кеттім.
Сүлеймен. Атың кім?
Жігіт.Айдабол.
Сүлеймен. Прокуратура жаңадан құрылып жатыр. Кадр аз, қылмыс көп. Оқытып-үйретіп шығарсақ, қиын жұмысқа қаймықпай келер ме едің?
Жігіт. Ат үстінде алысып-шабысуға мықтымын. Құралайды көзден атар мергендігім елге аңыз. Сайтаннан да қорықпауды бала кезімнен мұрат тұттым.
Сүлеймен оның қасына жақындай береді де, оң жамбасқа салады. Бейқам тұрған жігіт шалт қимылдан құлайды. Бірақ артынша тайсалмай алыса кетеді. Екеуі біраз алысады. Бір кезде Сүлеймен оған бір тәсіл жасап, тура тамақтан қылқындыра бастайды. Жігіт тыпыр етпей қалады. Сүлеймен дереу жігітті босатып, орнына келіп отырады.
Жігіт. Кадр болу деген осы ма? Осал адам емес екенсіз.
Сүлеймен. Иә. Кез келген сәтте дұшпан осылай аңдаусызда тап береді.
Жігіт. Мен келістім. Ал мені қайта түрмеге жаппай ма?
Сүлеймен. Жоқ, мен істі атымен алдыртып тастаймын. Бүгін жұмыс біткенде менімен үйге еріп жүресің. Жатақ тауып беріп, оқуға кіргізгенше біздің үйде тұрасың. Күзде Ақтөбедегі ұлттық право мектебіне оқуға барасың. Оған дейін хат тануды жеке мұғалім жалдап үйретемін. Көзіңнен бәрі көрініп тұр. Түбі жаман адам болмайсың.
Жігіт. Әкем әулие екен, Сүлеймен аға! Сізді үлгі қылып көп айтушы еді.
Сүлеймен. Сауатың ашылған соң көп нәрсені ұғасың. Ал қазір сені қарауыл қайта әкетеді. Кешке дейін шыда, мені күт. Көп сөзден тыйыл. Кісі тануды үйрен.
Сүлеймен қоңырауды басады. Қарауыл келіп жігітті ертіп әкетеді.
Екінші бөлім.
I көрініс
Алматы. Өкімет орналасқан үй. Советтер Одағының ең жоғары билігі. Өлке басшысының кабинеті. Кабинетте екі адам отыр.
Орынбасар. Өзіңізге жақсы мәлім, Қазақ автономды республикасы қаулысымен және Орталық Атқарушы Комитеттің сессиясы қаулысымен 1922 жылы 13 шілдеде еліміздің бас құқық қорғаушы органы – прокуратура құрылды.
1936 жылдың қаңтар айында Совет Одағының прокуроры Вышинскийдің атына Қазақстандағы прокурордың орынбасары Овощников Бас прокурордың орнына білімді маман тағайындатуды сұрап хат жазды. Бұл міндетке Өлкелік партия комитеті Сүлеймен Есқараевты таңдады. Ұзақ жылдар Қазақстанның ішкі істер комиссариатын басқарған адам. Оқыған, көзі ашық, білімді азамат.
Мирзоян. Сүлеймен Есқараев. Есімі пайғамбардың есіміндей екен. Шыққан тегі қазіргі саясатқа қиғаш келмейді деп сенемін. Қыр шонжарының тұқымы болып шықпасын.
Орынбасар. Сүлеймен Есқараевтың балалық және жастық шағы Ақмешіт маңында өткен. Сырттан келгендерден емес.
Мирзоян. Қазақтар келімсектер деп сөйлейді, солай емес пе?
Орынбасар. Иә.
Мирзоян. Қазір заман құбылып тұрғанын көрмеу үшін көрсоқыр болу керек. Біздер Советтер Одағының үлкен республикасымыз. Қой терісін жамылған тап жаулары айнала толып жүр. Әр бұрыштан андыздайды. Халық жауларына астыртын қамқорлық жасайтын жанашыр жақтаушылары арамызда білінбей жүріп жатыр. Сездірмей желеп-жебеп, қорғап жүреді. Біліп отырсыз. Аса сақтық керек.
Орынбасар. Сүлейменнің әкесі кәдімгі мал баққан көшпелі қазақ.
Мирзоян. Азамат соғысы жылдарында не тірлікпен айналысқаны туралы мәлімет белгілі. Ақ пен қызылдың қайсысын жақтаған десек, әрине, оның өмірбаяны дақ шалмаған.
Орынбасар. Сүлеймен Есқараев – талай асулардан, саяси сынақтардан өткен, басмашылармен соғысқан, Совет билігіне адал берілген азамат.
Мирзоян. Кедей таптан шыққанмын деп ертегі айтып жүретін алашордашылардан, пантюркистерден емес деңіз.
Орынбасар. Сүлейменнің әкесі қос жұттан бар малынан айрылып қалады. 13 адамы бар үлкен әулетті асырау үшін әкесі амалсыз қалаға көшуге мәжбүр болған.
Мирзоян. Есқараев Мәскеуден келген орталық Компартия өкілі Сахаровқа: «Сіздің хатыңызда көрсеткен кейбір басшылардың партиялық тәртібін қарау дәл менің құзырымдағы, прокурордың ісі емес. Ал сот, прокуратура кадрларына келсек, олардың бәрі айтқанға көніп, айдағанға жүретін осал адамдар еместігін мына сіз де, жолдас Тәтімов те жақсы біледі» деп тіке айтуын қалай бағалайсыз?
Орынбасар. Тік мінезділік Есқараевтың бойында бар. Жасқанбайды. Қатерден ешқашан қаймықпайды. Кілең шолушы күзетте бел бумай жүретін жорыққа үйреніп алған, тіс қаққан кадр деп ойлаймын.
Мирзоян. Қазақтардың ішінен ұлттық кадрларды мейлінше дайындауды көздеп жүрген адамның бірі осы Есқараев емес пе?
Орынбасар. Иә. Кадр тапшылығын шешу ісінде Есқараев жолдас Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облыстарынан ашылғалы жатқан ұлттық право мектептері құрылысын үзбей қадағалап, қамқорлық жасауды өз бақылауында ұстап отыр. Оған жатақхана, асхана, қызметкерлерге бөлінетін пәтер кіреді. Комиссариаттың ғимаратын қайта салдырту үшін үлкен қаржы ол бөлдіртті.
Мирзоян. Осындай маңызды шаруаларда оны аяқтан шалып, жолын бөгеп, жала жабатын ешкім табылмағаны ма?
Орынбасар. Қаралауға бейім жұрт қашанда табылатын сияқты. Кейбір жалынды да өжет жас қылмыскерлерді баулып, ол тіпті прокуратураға жұмысқа алуға бейім дейді. Ержүректігіне қарап бағалайды дейді. Мұны неге айттыңыз?
Мирзоян. Оны тәуекелшіл көзсіз ер дегіңіз келе ме?
Орынбасар. Сүлеймен Есқараев 10 жасынан екі ағасымен бірге темір жолда кірпіш құюшы болып өмір жолын бастайды. 1912 жылдан темір жолда жол жөндеуші, 1917 жылдан 1919 жылға дейін темір жолда балғашы болып істейді. Біз білетін мәліметтің бір түйіні осы.
Мирзоян. Оның РСФСР Юстиция комиссары Крыленкоға не дегенін білесіз бе?
Орынбасар. Жоқ.
Мирзоян. «Сіздің уәдеңіз бойынша 1936 жылдың 25 көкегіне шейін жіберілуге тиіс қаржы әлі аударылған жоқ. Сіз мәселеге субьективті қарап, өсек-аяң, қаралауға еріп, бұлай жасап отырсаңыз, онда менің атыма кір келтіргеніңіз. Мұны айтпасыма қоймадыңыз. Алайда, Сізді тағы да сендіргім келеді. Прокуратура және сот кадрларының ауыр жағдайы мені ерен толғандырып отыр. Сондықтан оларға тиесілі ақшаның соқыр тиынын да өзіме пайдаланбаймын» деп жазыпты. Көрдіңіз бе, Есқараевтың қаншалық тік мінез адам екенін?
Орынбасар. Есқараевтың ұйымдастырушылық қабілеті айқын, батыл, табанды, талап қоя білетін мықты адам екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Ол комиссар әрі прокурор болған соң бәріне өзі жауапты. РСФСР Прокуроры Вышинский жолдастың өзі Қазақ ССР Халық комиссарлар советі төрағасының бірінші орынбасары Есқараевты ашық қорғап, Қазөлкеком басшысы мына өзіңізге, Мирзоян жолдасқа хат жазғанын естідік.
Мирзоян. Сіздің Есқараев жолдасқа деген бұлталақсыз көзқарасыңыз жан сүйсінерлік. Ал бірақ оның үстінен орталыққа домалақ арыз жазатындар неліктен көп деп ойлайсыз?
Орынбасар. (Ойланып әрі іркіліп қалып, сосын басшының бетіне тесіле қарап). Жергілікті жерлердегі партия хатшыларының шексіз билікке ұмтылуынан деп ойлаймын. Олар прокуратураның өзін уысында, ырқында ұстап, билеп-төстегісі келгендіктен. Атқарушы органдар басшыларының заңсыз әрекеттеріне қаймықпай қарсы шығып, жоғары жақтан олардың заңсыз әрекеттерін тыйып, тосқауыл қоюды талап еткен сол Есқараевтың өзі!
Мирзоян. Нағыз жұмысшы табынан шықтым деп ол ауыз толтырып айта алады деп отырсыз ғой. Демек, темірдей тәртіп пен қатал еңбекке шыңдалған. Сенейік ендеше. Биылғы жыл Совет өкіметінің жауларына Сталин жолдас мейлінше ымырасыз, ашық майдан жариялаған 1937 жыл екенін ұмытпаңыз! Халықтың қанын сорған, ескілікті аңсайтын, теріс өзгеріс тілеген бөгде ойлы, әсіре ұлтшыл адамдарды арамызға жіберіп алмайық. Жауды аяған жаралы. Бүкірді тек көр түзейді.
Екінші көрініс.
Түрме. Камерада қос тұтқын отыр. Бірі жас ақын, бірі шал молда. Молданың шапаны бүтін, сәлдесі таза. Ақынның құты қашқаны білінеді. Ол байыз тауып отырмайды. Тар бөлмеде бұрыштан бұрышқа сенделіп, теңселіп жүр.
Ақын. Үкімет билігін алашаордашылардан алып, революционерлерге берейік деп жанталасты-ау.
Молда. Қарағым, сабыр керек. Бәріне жүретін бір Алланың құзыры.
Ақын. Қазақтың қақ жартысы ашаршылықтан қырылып қалды. Қолдан жасалған аштық! Малды құртты, жылқыны құртты. Жоңғар шапқыншылығынан, ақтабан шұбырындыдан бұл сұмдық асып түспесе кем түспеді.
Молда. Адамның басы – Алланың добы деген сөзге Жаратушы Иенің пендесі бір иланар кез келеді.
Ақын. 200 жылдан сәл асты, осы Сыр бойында қайран қазағым қаптай соққан қалмақтан оңбай қырылғаны. Сол нәубет алаш баласына тағы түсті, не дерсіз, молдаеке, не дерсіз, бағы тайған, соры қалың еліме?!
Молда. Ажал өмірдің соңы емес. Аллатағаланың құдіреті мен мейіріне шек жоқ. Адам жаны өлмейді, балам, Жаратушы Иесіне қайтады.
Ақын. Қазақ алауыз болмаса, бір-бірімен басы қосылмаса, мына кесел қайдан келді?
Молда. Қой, балам, артық сөйлеме, үй сыртында кісі бар деген. Әлі тым жас көрінесің, күллі ғұмырың алдыңда.
Ақын. (Көзі жасқа шыланып). Ата, ерлердің басы қайда қалмаған?! Жастыққа ажал шіркін қайдан қарайды? Мен өлемін, ата, түсімде аян көрдім!
Молда. Түсті оң жорысаң оң болар деген, балам. Ажал айтып келмейді. Оны бір Алла біледі.
Ақын. Аян көрдім, анық, айқын, мен оған құдайдай сендім! Енді мені де өлім, әлдиле! – демегенде нем қалды?!
Молда. Ей, балам-ай, ер жігітке сенім мен шыдам керек. Үмітсіз шайтан.
Ақын. Молдасыз ауылымда түк болмаушы еді. Неке қияр, нәресте туар, өмір мен өлім күн мен түндей алмасқан сайын дін өкілін жұрт өзі іздеп табады. Сізді жатсынбай, қуанып тұрмын. Жаназамды шығара беріңіз.
Молда. Тек! Астафыралла!
Ақын. Олар ғой, алашордашылармен билікке таласып, бақталастықтан Қужақты шақыртып алған! Тірідей күйдірді!
Молда. Қужақ дегенің кім, балам?
Ақын. ( Сыбырлап). Анау ғой, келген.
Молда. Ее, балам, айтқың келмесе, өзің біл. Оның атын білгеннен маған не түсер дейсің.
Ақын. (Басын қабырғаға ұрғылап). Қазақтың қоғам қайраткерлерінің өз өтініші бойынша, Соны шақырып алды! Сұрап алған дерттің емі қайда?! Ақ жолды жаптырған өзіміз ғой!
Молда. Намаз уақыты болып қалды. Жайнамазымды тартып алды. Не қылған озбырлық, енді қайтып намазға жығыламын?! Дәретім де жоқ.
Ақын. Дәрет алып оқымасаңыз, қиын ғой, ата.
Молда. Менің ең зор уайымым сол болып тұр, балам. Енді қайттым?
Ақын барып, есікті тоқпақтай бастайды. Күзетші келіп, сырттан: «Не керек?» деп дауыстайды.
Ақын. Молда атам барып дәретін алсын, жайнамазын тауып бер, өзімен ала келіпті.
Ақын күзетшінің қолына қойнынан алып, бір затты береді. Артынша күзетші молданы ертіп әкетеді.
Ақын. Азаттыққа шығарда ұстаймын деп шебер жасырып жүрген құнды дүнием еді. Күміс зат. Үмітім үзілмей, жүрегім талмай тұрғанда құпия сақтадым. Енді қу тіршілікке шыбын жаным үшін талас қылуға жігерім жоқ. Күнім таяу екенін түсімде аян арқылы білдім. Мені ертең халық жауы деп атады.
Күзетші есікті ашып, молданы ішке кіргізеді. Молда жайнамазын бұрышқа жайып, жүзін құбылаға қаратып, намазға жығылуға даярланады.
Ақын. Ата, намазыңда мен үшін құдайдан кешу тілеші, сауық-сайран шалқыған күндерге толы күнәларым, асылық айтып, лепірген, мастанған сәттерім бар. Өлмейтін жаныма аттанарда араша сұрайын.
Молда ерні үнсіз күбірлеп, намазға ден қояды. Ақын бір бұрышқа барып, ақырын тыншып отыр.
Ақын (өзімен өзі сөйлесіп). 1937 жылдың 29 шілде күнгі шешімімен «Решение ЦК КП(б) об изъятии алашординской и националистической литературы» атты қаулы шығарылып, арнайы комиссия жасақтаған жолдас Мирзоян Левон Исаевич болатын. Қазақ болса оны «Мырзажан» деп өзімсінеді. Адасқақ жұрт сондай ақымақ келеді.
Үшінші көрініс.
Дөкей басшының кабинеті. Екі адам кеңесіп отыр.
Тергеуші. Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұлов – бұлар Түркістан республикасын құрудың идея авторлары.
Мирзоян. Сұлтанбек Қожанов Ташкентке көз тігіп, астана жасауды армандаумен келді. Ол Москвада бюрода басынан тақиясын тастамай, Сталин жолдасқа қарсы сөйлеген адам.
Тергеуші. Ташкентті қазақтың ежелден ата қонысы санап келген ұлтшылдар.
Мирзоян. Олар үшін қазақтың ата қонысы емес жер аз. Голощекин жолдасқа Смағұл Сәдуақасов ашық қарсы шыққанын ұмыту мүмкін емес. Қазақ автономиясын құру, дербес атану соның ойы.
Тергеуші. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, міне, осылар қазақ көсемдері. Қара халық қой сияқты, топ бастайтын серкелерінің мүйізін қағып алса жетеді.
Мирзоян. Сталин жолдас саяси қырағылықты күшейтуді тағы шегелеп тапсырды. Не айтасыз? СССР Жоғары соты Әскери Коллегиясының көшпелі сессиясы жабық сот мәжілісінде троицкистік-бухариншілердің қазақтағы құйыршықтарын ату жазасына кескенмен кейбіреулердің биліктен қорқатын түрі жоқ.
Тергеуші. Олар азаяр емес, комиссар жолдас. Бір басын шапсаң, екі бас өсіп шығатын жеті басты айдаһар сияқты.
Мирзоян. Бізге дәл қазір керегі республиканың бірінші прокуроры Сүлеймен Есқараевтың көкейінде не бар, соны білу керек екенін ұмытпаңыз. Сұлтанбек Қожанов екеуі бұрындар оңтүстік өңірлерде біраз тізе қосып, панасыз балаларды жинап, балалар үйіне орналастырып, бірталай іс қылған екен.
Тергеуші. Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ, қазақ үкіметінің мүшелері шетелге қашпасын деп әрдайым ұран тастап отырған сол зиялы қауым болатын.
Мирзоян. Біз идеологиялық майданда дұшпанға есе беріп қойсақ, онда іс бітті. Қызылордада өкіметке қастандық ойлап жүрген контрреволюциялық топ тағы бар ма, көсемдерін нақты анықтаңыз. Жүсіпбек Аймауытов сияқты ұлтшылдар кезінде Қызылордаға жиі келгіштегенін жақсы білесіз.
Тергеуші. (Таңданып). Ол атылып кеткеніне биыл 7 жыл толған жоқ па?
Мирзоян. Ұлтшылдардың өзі өлгенмен сөзі өлмейтінін ұмытпаңыз, тергеуші жолдас.
Басшы орнынан тұрып, шкафтан бір кітапты алып, тергеушіге ашып көрсетеді.
Мирзоян. Міне, зер салып қараңызшы.
Тергеуші. Гильотина?! Автоматтандырылған айбалта. Жендет бас шаппайды, тұтқын сорлы өткір қылыштың астына өзі басын тығуға мәжбүр болады. Шебер ойластырылған құрал. 1793 жыл. Ұлы француз революциясы кезінде қолданылған.
Мирзоян. Баскесер машина. Қанды күнде көріп, әбден еті үйреніп кеткен дәрігердің ойлап тапқаны. Біз қазақ ұлтшылдарын бассыз қалдыруымыз керек.
Тергеуші. Мм-м. Рұқсат болса, мен кетейін.
Мирзоян. (Сүйкімсіз күліп). Егер партия талап етіп тұрса, онда өз басыңызды да қылышқа төсеуге даяр тұрыңыз, тергеуші жолдас.
Тергеуші. Олардың қатары күннен күнге сұйылып келеді, хатшы жолдас.
Мирзоян. Сүлеймен Есқараев ісіне мұқият кірісіңіз, тергеуші жолдас. Сүлеймен Есқараевты өзіне жақын тартып, қолдағандардың бірі Сұлтанбек Қожанов.
Тергеуші. Сүлеймен Есқараев пен Ғани Мұратбаев тірі кезінде жетім балалардың қамқоршысы болған. Олар 20 жыл бұрын оңтүстікте балалар үйінің тамағын басшылары базарда сатқанын анықтайды. Сөйтіп оларды жазаға тартқан.
Шымылдық түсіріледі. Тергеуші ақырын басып келе жатыр. Кенет төбеден салбырап семсерлер түсіріледі. Семсерлер ілініп-ілініп, қадау-қадау көктен салбырап тұр. Тергеуші басын екі қолымен ұстап, дереу қаша жөнеледі.
Төртінші көрініс.
Молда мен ақын жатқан камераға священникті әкеп кіргізеді. Қара киімі бар, кеудесіне крест таққан сақалды егде кісі.
Ақын. О, о, Жасаған, бұл құдіретті құдайдың нышан беруінде еш қапы бар ма! Бір емес, екі бірдей дін өкілін маған тегін жіберіп тұрған жоқ! Жаназамды тегі шығармай қоймас!
Священник. Дитя мое, будь спокоен, тебе еще жить да жить. На все воля Господа.
Ақын. (Керемет кербез тұра қалып, шабыттанып жатқа өлең оқиды).
В три дня наскучило с таким Царем житье.
Лягушки новое челобитье,
Чтоб им Юпитер в их болотную державу
Дал подлинно Царя на славу!
Молитвам теплым им внемля,
Послал Юпитер к ним на царство Журавля.
Царь этот не чурбан, совсем иного нраву:
Не любит баловать народа своего;
Он виноватых ест: а на суде его
Нет правых никого;
Зато уж у него,
Что завтрак, что обед, что ужин, то расправа.
На жителей болот
Приходит черный год.
В Лягушках каждый день великий недочет.
С утра до вечера их Царь по царству ходит
И всякого, кого ни ни встретит он,
Тотчас засудит и – проглотит.
Священник. Прекрасно, молодой человек! Вы меня приятно удивили! Басни Крылова в тюрьме! «Лягушки, просящие царя». Следовательно, в басне заключался намек на весь человеческий род. Я верно говорю?
Ақын. Святой отец, от века в век меняются времена, эпохи сменяются, как поколения людского рода, но человек тот же. Его психология остается неизменной.
Священник. Молодой человек, как вас зовут?
Ақын. Поэт я, настоящий поэт.
Священник. Назовите имя, я буду вас благославлять.
Есік ашылып, түрме қызметкерінің қатты естіледі: «Түрме бастығы орыстың попын дереу басқа камераға ауыстыр деп жатыр». Сол сәт күзетшінің священникті шақырған өктем дауысы шығады: «Представителя православной церкви выйти из камеры!». Священник камерадағы екі қазаққа кезек-кезек қарайды да, ақын жігітке біртүрлі аяушылықпен көз салып, бірдеңе айтқысы келіп, қасына тақайды. Сол замат күзетші кіріп, оның аузын аштырмай ала жөнеледі.
Священник. (Артына бұрылып). Прощай, сын мой, береги жизнь свою! Бог помощь!
Ақын. Прощайте, святой отец!
Молда. Балам, әлгі өлеңіңді түсінбесем де осал емесін ұқтым. Соған қарағанда, жай емес, ұлық сөз шығар. Ерекше қылып, әуезді оқып бергеніңе сүйсіндім. Не айттың оған?
Ақын. Ата, мынау қара орман орыста мысалмен өлтіре жазған үлкен ақын болған. Иван Андреевич Крылов деген. Жан-жануарларды, құстарды кейіптеп, адамзатқа тән сұмырай мінез-құлықты дәл нысаналап, әжуа күлкімен мазақ қылған уытты ақын.
Молда. Мысалдап сөйлегенмен, аң мен құстың жазығы жоқ десеңші, балам.
Ақын. Қужақ қазақтың кілең оқыған азаматтарының өзара сыйыспауын шебер пайдаланып, ескі интеллигенцияның көзін жоюдың асқан үлгісін тауып, идеялық жағынан халыққа дұшпан деп жариялап жатты. Тілеп алған көсем болған соң не шара! Тілеп алған көсемнің сиқы осы!
Молда. Қарағым-ай, Қужақ, қужақ дей бердің ғой. Құлаққа түрпідей естіледі екен. Енді кәпірдің атын атамай-ақ қойшы. Еңсем түсіп кетті. Одан да әлгі орысша мүдірмей жатқа айтқан өлеңің туралы айт.
Ақын. Қужақ кетті, аштан қырылған жарты қазаққа басшылыққа оның орнына Мирзоян келді. Ол да бір қолымен нан беріп, бір қолымен жалалы жазықсызды аулап жатыр.
Молда. Жұт жеті ағайынды, балам. Кім нені аулап жатыр?
Ақын. Халық жауларын.
Молда. Олар кім? Аулаушы кім?
Ақын. Халық жаулары – ол біз. Молда мен ақын.
Молда. Балам-ай, не деп кеттің? Мына біз бе, елге жау?
Ақын. Молдеке, аташым, әлгі өлеңге шынымен ынтаңыз кетсе, онда құдай жөні. Абай салған сүрлеу бар:
Бір таудағы хайуанды бір арыстан
Билеген патшасы екен әуел бастан.
Молда. Абай – орта жүзде аты үш жүзге кеткен мықты ақын ғой. Сөзі мәнді екен.
Ақын. Жаңа орыстың үлкен мысалшы ақыны бар, Крылов деп айттым. Абай сол сықақ жазудың ұстасы Крыловтан өлең аударуды алғаш бастаған, Ахмет Байтұрсынов, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сияқты алаштың көзі қарақты азаматтары Крыловтан көп аударған.
Молда. Ее, балам, өз құрбыңнан білімің артық туыпсың. Алла жар болсын.
Ақын. Мысал жанры әділдік пен озбырлық, ақ пен қараның мәңгілік күресін бейнелейді. Астармен, тікелей айтпай, тұспалмен айту дәстүрін ойлап тапқан топаннан соңғы дәуірде Эзоп деген кісі дейді, ол өзі сатып алған иесінің кәдімгі басыбайлы құлы болған. Содан Лафонтен, тағы басқа мысалшы ақындар жалғасқан.
Молда. Япырмай, құлақ кесті құнсыз құл ма? Анандай мәнді ғибратты сөзі бар болса, обал емес пе?
Ақын. Құлдықтың түрі көп. Неғыласыз. Надандық пен топастықтан адамзат өлсе арылар ма!
Молда. (Қайталап). Билеген патшасы екен әуел бастан. Әлгі орыстың молдасына оқыған өлеңің арыстан туралы ма?
Ақын. Жоқ, ата, бақаларды билеген тырнаның әкімдігі туралы. Баяғы есте жоқ ескі заманда бір шалғай батпақта бақалар емін-еркін өмір сүріпті. Солар құдайдан жалбарынып патша сұрамай ма?! Содан құдай оларға бөренеден кесілген дөңбек ағашты патша қылып беріпті. Соған разы болмай, бақалар шуылдап басқа патша сұрапты.
Молда. Астафыралла, тас құдай, пұт құдай деген сол ма? Бұл Аллатағалаға шерік қосу ғой.
Ақын. Бақылдаған сол ақымақ бақаларға сонан кейін құдай патша етіп сидаң, ұзын сирақ тырнаны жібермей ме!
Молда. Бақа мен тырна. Тырна, көкқұтан – бақа-шаян жейтін құс емес пе.
Ақын. Иә, бақасы қойдай шулаған жерді тырна билейді. Бұл мысалдың тұзы сонда ғой. Неткен керемет, ащы шындыққа дөп мысал десеңізші!
Молда. Құдай-ау, батпақтың құдайы тырна болса, оны мекендеген бақаларда не жан қалсын. Тырнадан ұлық қойсаң, басыңнан қиқу кетпес деген сөз содан қалған ба?
Ақын. Молда ата, міне, әлгі өлеңнің түп мазмұны! Тырна-өктемдік, бақа-надандық тұспалы.
Молда. Түңілу аты мен заты жаманнан, балам. Сабыр қыл.
Ақын. Қапастан жаным құлазиды.
Осы сәтте тыстан бақылдаған бақалардың шуласқан үні, тырнаның үні естіледі. Осы бір мистикалық заматтан молданың көзі атыздай болып кетеді. Молда қолына таспиығын алып, бір бұрышқа бүрісіп отыра қалып, үнсіз дұға қайырады. Ақын да сұлқ қалады.
Үшінші бөлім.
Бірінші көрініс.
Тергеушінің кабинеті. Төрде Ленин, Сталин және Вышинскийдің портреттері ілініп тұр. Тергеуші жалғыз, шылым шегіп ойға батып отыр.
Шылымын күлсалғышқа салып, тұқылын езгілеп, сөндіріп тастайды. Сосын көзәйнегін тағып, алдында жатқан папкіні ашып, бір қағазды алып, дауыстап оқиды.
Тергеуші. (Қағаздан мұқият дауыстап оқиды).
Сүлеймен Есқараев 1897 жылы туған, ұлты қазақ, республика прокуроры, 1936 жылдан 1937 жылға дейін Заң Халық комиссариатынан бөлінген прокуратураны басқарды. Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советі төрағасының бірінші орынбасары. 1918 жылдан партия мүшесі. Кейіннен Түркістан Шығыс институтын бітірген, экономист мамандығын алған.
1930 жылы ол Москвада Плановая академияны бітіреді. 1933-1938 жылдары Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы, ҚазССР прокуроры, ҚазССР СНК төрағасының орынбасары.
Тергеуші терезеге барып көшеге қарап тұрады. Тітіркеніп, мойнын ішіне тығып алып, қайта креслосына келіп отырады.
Тергеуші. (Өзімен-өзі сөйлесіп). Отыз жетінің қысы оңдырмайын деді. Жаңа жыл тақап қалды. Мм, Есқараев.
Қоңырауын шылдыратады. НКВД-нің адамы келіп кіреді.
Тергеуші. Сүлеймен Есқараевты тұтқынға алу туралы жоғарыдан бұйрық келді. Бүгін түннен қалмай қимылдаңыз.
НКВД мүшесі. Құп болады, тергеуші жолдас.
Тергеуші. Совет үкіметі құрылғанда «Тұтқында, қажет болса атып жібер!» деп үкім еткен пролетариат көсемі Ленин. Төңкерістер құрбандықсыз, қантөгіссіз болмайды. Сталин жолдас бізден асқан қырағылықты талап етіп отыр.
Тергеуші НКВД мүшесіне бір бет қағаз ұсынады.
Тергеуші. Сүлеймен Есқараевтың өз қолымен жазған 2 беттік жеке листогі. ҚАССР астанасы Орынборға қызметке келгенде өз қолымен жазып, Қазөлкекомитетіне өткізген өмірбаяны. Оқыңыз.
НКВД мүшесі. (Қағазды іштей оқып шығып, өзі білетін мәліметке көшеді).
Нағыз коммунист екен.
Тергеуші. Былтырғы 1937 жыл тарихқа ерекше есте қалар жыл болып енді. 1938 жылы бұрын жоғары жазадан аман қалып, еңбекпен түзеу лагерьлерінде отырып келгендерге енді есіркеу болмайды.
НКВД мүшесі. (Дауысында ешбір өзгеріс жоқ). Сүлеймен Есқараев Перовскіде азамат соғысында, ақтар мен қызылдар билікке таласқанда жұмысшы табының өкілі болып, большевиктерді жақтайды. Ол «1918 жылы Перовскілік Қызылгвардия тобына өз еркіммен сұранып, Ақтөбе майданына, Черняевка майданына қатынастым» деп өзі жазады.
Тергеуші. Өмір деректерінде мін жоқ сияқты.
НКВД мүшесі. Сүлеймен Есқараев 30-шы жылдардағы Қазақстан астанасы Орынбор қаласында милиция мектебінің бастығы болған, контрреволюциялық күштер – казактарға, бандиттерге қарсы бақылауды ол өзі тіке қадағағалап отырған.
Тергеуші. Прокурор жолдастың азамат соғысындағы өмір жолында қара дақ жоқ.
НКВД мүшесі. 1936 жылдың қаңтар айында Совет Одағының прокуроры Вышинскийдің атына Қазақстандағы прокурордың орынбасары Овощников Бас прокурордың орнына білімді маман тағайындатуды сұрап хат жазды. Бұл міндетке Өлкелік партия комитеті Сүлеймен Есқараевты таңдайды. Ұзақ жылдар Қазақстанның ішкі істер комиссариатын басқарған. Левон Исаевич Мирзоян Есқараевты жоғары бағалап келгені мәлім.
Тергеуші. О, Мирзоян жолдас.
НКВД мүшесі. 1936 жылы Қазақстан одақтас республика мәртебесін алды. Мемлекеттік органдардың дамуы мен нығаюының жаңа кезеңінде Сүлеймен Есқараевтың еңбегі ескерерлік. 11 қараша 1936 жылы Қазақ ССР-нің бірінші прокуроры Сүлеймен Есқараев республикада Заң Халық комиссариатынан прокуратура бөлінгені туралы бұйрық берді, дербес құрылым ретінде прокуратура Советтер Одағы Прокурорына тікелей бағына бастады.
Тергеуші. Қазақ мемлекетінің бастапқы дамуында бұл істер, әрине, аса маңызды рөл атқарды.
НКВД мүшесі. (Тергеушіге тесіле қарап). Қазір жағдай күрт өзгерді. Мемлекеттің күретамыры тәрізді прокуратура саласын күмәнді жат пиғыл элементтер жайлап алғаны енді ашылуда. Республиканың 6 прокуроры: Нығмет Нұрмақов, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Шаймәрден Айтмағамбетов, Мырзағұл Атаниязов тұтқындалып, қамауға алынды. Бұл ресми деректер.
Тергеуші. Істің беті солай болуға тиіс. Гильотинаның не екенін білесіз ғой. Өкімет пен партия қажет етсе, өз басымызды құрбан қылуға біз қашанда даярмыз!
НКВД мүшесі. Сүлеймен Есқараев 7-ші болады. Алдыңғы алтау ату жазасына үкім етілді.
Тергеуші. (Зорға сөйлеп). Өмір күрес, идеологиялық майдан бітіспейтін мәңгілік күрес.
Тергеушінің басы салбырап, үнсіз қалады. Өзінен-өзі бүрісіп отыр.
Екінші көрініс.
1937 жыл, тамыз. Кеш. Прокурор Сүлеймен Есқараевтың үйі. Сүлеймен өз үйіне ентіге кіреді. Үстінде қызмет киімі, аяғында хром етік, сымбатты. Мұртына қырау тұрған. Басында қымбат елтірі малақайы бар. Шолақ ақ тонды. Әйелі мен балалары елеңдеп, есікке үреймен қарап отырған.
Сүлеймен. Мәриям, күдік шынға айналды. Ең керек деген заттарды буып-түйіп отырсың, іс насырға шапты. Дереу балаларды жылы киіндір де, нағашымның ауылына тарт. Айтылған жерде Айдабол сендерді ат-арбамен күтіп отыр. Қазір қара машинамен мені алып кетуге келеді.
Мария. (Жыламсырап). Сүлеймен, бізді ойламай, өзің құтылсаң етті. Біреуді хабар айтуға жіберіп, өзің бой тасала деп құдайдың зарын қылдым. Әйелдің көз жасы еркек үшін дәнеңе емес екенін әсте білсемші.
Сүлеймен. Мен тергеуді Мирзоян жолдас өзі жүргізсін деп талап етемін. Мені уайымдамай, дереу балалардың қамын ойла. Көз жасыңды оларға көрсетсең, жігері құм болып, үгітіліп кетеді. Жанбай жатып сөнеді.
Мария күйеуін бас салып құшақтайды. Тарс жабысып алып айрылмайды.
Сүлеймен. Мәриям! Бұл дүниеде адал, мейірімді жандар бар. Балаларды аман сақта. Менің төрт құлыным саған аманат!
Қара машина келіп тоқтады. Мемлекеттік террор. Қарулы топ түсті.
Сүлейменнің үш баласы мен әйелі Мария қашып үлгереді.
Марат. (Бақырып). Әке, әке!
Сүлеймен. Қап, кішкентай Әлия Маратты алдап ерте кетсе деп ойлағаным бекер болды.
Әкесінің мойнынан тарс құшақтап алған жеті жасар баласы Мараттың қолын милиционерлер жаза алмайды. Баланың қолы қарысып қалыпты.
Милиционер. Есқараев жолдас, балаңызды босатыңыз.
Сүлеймен баласын мойнынан босата алмайды. Баланың есі шығып кеткендей, мүлдем тарс айрылмай тұр.
Сүлеймен. Жеті жасар бала не ұғады дейсіз, есеңгіреп, қатты қорқып қалыпты.
Милиционер. (Еркінен тыс честь беріп). Прокурор жолдас, бізбен жүріңіз.
Сүлеймен. Баламды тастап кетпеймін. Бірге ала кетейін.
Милиционер. (Кінәлі дауыспен). Дегеніңіз болсын, жолдас прокурор.
Сүлеймен баласы Маратты құшақтап, екі милиционердің алдына түсіп кетіп барады. Азалы музыка ойнайды. Ол еңсесін түсірмей тіп-тік кетіп барады. Соңғы сәтте тоқтап, кеудесіне қысқан баласының бетінен сүйеді.
Үшінші көрініс.
Тергеуші. Бүгінгі күн – қай күн?
Сүлеймен Есқараев. 1938 жылдың 4 қаңтары.
Тергеуші. О, есептен жаңылмаған екенсіз.
Сүлеймен Есқараев. Есім дұрыс, денім сау.
Тергеуші. 1927 жылы партияға қарсы дауыс бердіңіз бе?
Сүлеймен Есқараев. Жоқ.
Тергеуші. Егер бас бағытқа қарсы дауыс берсеңіз, ол партияға қарсылық, ол советтік революцияға дұшпандық екенін білесіз. Сіз де қамқоршыңыз Вышинский сияқты қылмыс әлеміне тым жақсы қарайсыз ба?
Сүлеймен Есқараев. Ойыңызды айқын айтыңыз, нені жұмбақтап отырғаныңызды түсінбедім?
Тергеуші. Тәубесіне келіп, қылмысына өкінген ұры-қарыны Вышинский жолдас аяушылықпен қорғаған дейді. Қаскөй ұрылар мен кісі өлтірушілердің ерікті түрде қылмысын мойындауын, мүләйімсуін біздің прокуратура оң қабылдайды ма?
Сүлеймен Есқараев. Қой терісін жамылған озбырларды ешқашан аяған кезім болған жоқ.
Тергеуші.Халық жауларын ұстап, қылмыстарын мойнына салғанда әйелі мен, балаларының көзінше еңкілдеп жылағандарды көрдім.
Сүлеймен Есқараев. Ол ендеше жеке бастың зары емес, тергеуші жолдас. Қара басына қайғырып еркек жыламас болар, егер ер жыласа, ел басына қайталап түсе берген зұлматқа күйінгені болар.
Тергеуші. Сонда сіз идеологиялық көзқараспен жетекшіміз – партияға кінә тағып отырсыз ба, прокурор жолдас? Халықты күйзелткен зұлым күш компартия болды ғой? Ел басқарған Сталин жолдас, Берия жолдас, Ежов жолдастар сіздіңше қателесті ме?
Сүлеймен Есқараев.Жоғары төменді көрмейді. Коллективтендіру дұрыс жүзеге асқанда, ата кәсібі мал бағу болған қазақ халқы аштан қырылмас еді.
Тергеуші. Сіз партиямен ашық шайқасқа шығып отырсыз, Есқараев жолдас.
НКВД тергеген контрреволюциялық істерге талдауды кім, қашан жасады?
Сүлеймен Есқараев. Арнаулы сектор бастығы Дубровский мен оның көмекшісі Бекарыстанов, 1936 жылдың аяғында жасады.
Тергеуші. Бұл талдаудың мақсаты қандай?
Сүлеймен Есқараев. СССР прокуратурасы нұсқауына сәйкес НКВД органдары қызметіндегі кемшіліктерді ашып көрсету үшін.
Тергеуші. Бұл талдау қашан және кімге жіберілді?
Сүлеймен Есқараев. СССР прокуратурасына.
Тергеуші. Сіз 1927 жылы 1924 жылы Сұлтанбек Қожановтың тобында болғаныныңызды мойындап, қызметтен кетуге мәжбүр болдыңыз. Сонда Москваға кетуіңіздің түп себебі неде?
Сүлеймен Есқараев. Голощекиннің тұсында елде дұрыс қызмет жасай алмасымды ұқтым.
Тергеуші. Филипп Исаевич Голощекин 1925 жылдан ВКП (б) Қазақстан өлкелік комитетінің хатшысы. Қазақстанды қиын жылдарда басқарған бұл адам туралы жеке көзқарасыңыз болғаны ғой, прокурор жолдас?
Сүлеймен Есқараев. Голощекиннің бастамасымен 1926 жылғы 30 қарашадағы «ВКП(б) Казкрайком Бюросындағы жағдай туралы» шешім барша орта буындағы көрнекті басшылар мен басқаша ойлайтындарды тегіс қуғындауға ұшыратты. Мұны сіз білуге тамаша тиіссіз.
Тергеуші. Филипп Исаевичты барша қазақ ұлтшылдары өлгенше жек көрді. Қастандық қылуға ниеттері ауды. Солай ма? Сол қатарда сіз де барсыз ғой, прокурор жолдас?
Сүлеймен Есқараев. Голощекин 1925 жылы Қазақстанға өкімет басына келгеннен қазақ қайраткерлерін біріне-бірін айдап салу саясатын ұстанды. Тұрар Рысқұлов, Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов пен Мыңбаевты ол басшылық қызметтен кетірді, алашордашыларды қуғындады. Қожановты Москваға БК(б) П орталық Комитетінің апппаратына Ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушы қылып жібергеннен соң, басқарушы мекемелерді олардың жақтастарынан ақырындап тазарта бастады.
Тергеуші. Мен таң қалып отырмын, прокурор жолдас. Сіз тіпті ойыңызды бүкпей айтуға көшкеніңізге.
Сүлеймен Есқараев. 1928 жылдың көктемінен партия органдарының бастамасымен Қазақстандағы троцкистік оппозицияға қарсы кампания басталып, ол екі он жылдыққа созылды. Әр түрлі уақыттарда өлкелік Бақылау комиссиясында «Ақтөбе оппозиционерлері», «Қызылорда троцкистері» деп аталатын істер қолдан жасалды. Менің прокурор ретінде мұны айқын білуге әбден құқым бар.
Тергеуші. Сіз өлімге бел буып, тас-түйін даяр отырғандай әсер қалдырасыз.
Сүлеймен Есқараев. «Халық жауы» делінген қарғыс таңба, «Империализм және шетел барлауы тыңшылары» деген ұғым пайда болған соң, партия, совет басшыларын және шаруашылық кадрларын тұтқындау көлемі кенет ұлғайып кетті. Жала жабу мен құпия хабар, өтірік өсек, күншілдіктен сөз тасу елде сұмдық өршіді. Бұрын Голощикин тұсында саяси репрессиялар экономикалық мәжбүрлеу арқылы іске асса, 1937 жылдан бастап қуғын-сүргін таза саяси сипат алды. Мұны ұқпау үшін нағыз көрсоқыр болу керек шығар.
Тергеуші. Сіз нағыз прокурорсыз.
Сүлеймен Есқараев. 1937 жылдың 23 ақпан-5 март аралығында ЦК ВКП (б), пленумы өтті, осы пленумда троцкийшіл, бүлікшіл деп танылған Бухарин мен Рыковты коммунист қатарынан шығарып, антисоветтік топ құрды деген айыппен тұтқынға алды.
Тергеуші. Сіз тура Вышинскийдің алдында есеп беріп отырғанға ұқсайсыз.
Сүлеймен Есқараев. (Орысшаға көшіп). Бюро ЦК КП (б)К отмечает, что после февральско-мартовского пленума ЦК ВКП (б)К и указаний товарища Сталина партийными организациями и ЦК КП(б) К был выявлен ряд гнезд контрреволюционных националистов, в частности, в Каркаралинске, Акмолинске, Ачисае, Чимкенте и других местах.
Тергеуші. (Қолын шапалақтап). Браво, браво!
Сүлеймен Есқараев. Сіз театрда отырған жоқсыз, тергеуші жолдас. Сонша жасандылық неге керек?
Тергеуші. Өткенді еске анықтап түсіріңіз. Сұлтанбек Қожанов ұлтшылдық идеяларды уағыздайтын жасырын ұйым құрғанын мойындайсыз ғой? Қожановпен мұраттас, қызметтес болғаныңызды жоққа шығарасыз ба? Оған қандай жақындығыңыз бар?
Сүлеймен Есқараев. Сұлтанбек Қожановтың әйелі Күләнда біздің елдің, Қазалы өңірінің қызы. Әйгілі юрист Сералы Лапинның қарындасы. Жетім, панасыз балаларға ерен мейірім мен қамқорлықты мен Сұлтанбектен көрдім.Теміржол бойында талай жетім баланы іздеп тауып, көмегін аямайтын. Сол балалардан мықты азаматтар өсіп шықты. Ол ешқандай астыртын ұйым құрған жоқ.
Тергеуші. Сұлтанбек Қожановтың қазіргі жағдайынан хабардарсыз ба?
Сүлеймен Есқараев (тік қарап). Иә, хабардармын. Москвада, Бутырь түрмесінде жеке камерада отыр.
Тергеуші. Үкім күтіп отыр. Үкім тек ату жазасы болуы мүмкін. Сіз де жазасыз кетпейсіз, прокурор Есқараев.
Сүлеймен Есқараев. Ол 1919-1920 жылдардың аш-жалаңаш кезеңінде Түркістан қаласында өлкелік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сонда азық-түлік комитетін басқарды. Ашыққан елге азық-түлікті тең бөліп берген, бұқара халықтың алғысын алған адал азамат. Оның халық жауы болуы нағыз пасық жаланың кесірі.
Тергеуші. Сізге де жала жабылды деп ойлайсыз ба? Республика прокуроры болып тұрғанда НКВД-ні тексерткен көзсіз ер мына сіз емес пе?
Сүлеймен Есқараев. Мен заң адамымын, жолдас тергеуші. Небір фактілерді, сұмдық шындықтарды анық білемін. Қостанай облысында жұрт жаппай тұтқындалып жатыр, облыстағы қызметкерден бастап, астыққа кене жіберіп, қамбаны бүлдірді деген айыппен қатардағы колхозшыға дейін халық жауы делініп, шетінен ұсталуда. Райком хатшылары – кілең қазақтар тұтқындалуда, осы адамдардың бәрі бірден контр болды дегенге сіз сенесіз бе? Бұлай болуы мүмкін емес.
Тергеуші. Кілең қазақтар дейсіз. Ұлтшылдық сарыннан аумайды мұныңыз.
Сүлеймен Есқараев. Бұл асыра сілтеудің лаңы, Қазақстан компартиясының I съездінің шешімдерін мүлдем дұрыс түсінбеу. Өйткені арамыздағы бір қаскөй дұшпанды табу үшін ондаған-жүздеген адал адамдар қосақ арасында бекер күйіп жатыр. Мұны дереу тоқтату керек!
Тергеуші. Халық жауларын қорғаушылар, антипартиялық күш, үстем тап бай-шонжарлардың құйыршықтары Сталин жолдастың нұсқауларының терең мағынасын партиялық ұйымдардан жасырып, Қазақстандағы басшылық орындарға астыртын өз адамдарын өткізуде. Совет Одағының сыртқы дұшпандары – шетелдік қожайындары фашистердің асырандылары, арам пиғылын іштен шыққан шұбар жылан болып жүзеге асырғандар, өнеркәсіпте, колхозда диверсия жасауды жолға қойған тыңшылар мен сатқындардың баршасы әділ жазаға тартылады.
Сүлеймен Есқараев. Тым жалынды сөйлейсіз, тергеуші жолдас.
Тергеуші. Олар еліміздің экономикасын әлсіретуді көздеп, көліктерді бүлдіріп, малға ауру жұқтырып, жеке цехтарды, мәдениет орындарын құртып жатыр. Біз мұндай құбыжық, терроршы, жексұрын бүлдіргіштердің пасық әрекеттеріне мейлінше тосқауыл қоямыз. Прокурор ретінде осы фактілердің бәрі менен ғөрі сізге бек таныс.
Сүлеймен Есқараев. Тергеуші жолдас, бірақ мен өзіме тағылған айыптарды мойындамаймын. Левон Мирзоян жолдас менің ісімді өзі тексерсін деп бұйырамын.
Тергеуші. Мирзоян жолдас бұл сөзіңізден бек хабардар. Кеше ол Садық Нұрпейісов пен Ғабит Мүсіреповты айыптың ақ-қарасын тексеруге жіберді.
Сүлеймен Есқараев. Левон Исаевич Мирзоян 1933 жылдан ВКП (б) Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы. Мирзоян жолдаспен партия қатарында үзеңгілес, үнемі қатар келеміз.
Тергеуші. Сталин жолдастың көрегендігі мен саяси ырқына бағыну бізге мұрат.
Сүлеймен Есқараев үндемей төмен қарап отырып қалады.
Төртінші көрініс.
Басшының кабинеті. Екі адам отыр. Басшының алдында «Правда» газетінің 21 қыркүйек 1937 жылғы саны жатыр.
Мирзоян. (газетті қайталап оқып, астын қызыл қарындашпен баттита сызып). «На поводу у буржуазных националистов». Мақалаға «Буржуазиялық ұлтшылдар жетегінде» деп ат қойыпты. Негізгі айып маған тіке бағытталған.
Орынбасар. Мен бірнеше қайталап оқыдым, басшы жолдас. Мақала авторы Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Сізді, сондай-ақ бірнеше жетекшілерді буржуазияшыл ұлтшылдарды жауып-жасырып отыр, оларды ашық түрде әшкерелеуге, түбірімен жоюға, қызметтен қууға қарсы деп айыптайды.
Мирзоян. Мұның түбі неге апарып соқтырарын түсінетін шығарсыз.
Орынбасар. Әрине. Ұр тоқпақ деген осы. Әлде мақаладан Колымаға, итжеккенге айдаудың ызғары есе ме?
Мирзоян. Бұл шантаж – ұр тоқпақ емес, Колыма да емес, бұл нағыз гильотина, өлім жазасы. Қазақстандағы «Правда» газеті тілшісінің сын мақаласы оңай шағылатын жаңғаққа ұқсамайды.
Орынбасар. Долы дауыл тұрар алдындағы жағдай дейсіз бе?
Мирзоян. Бұл сұмдық белгі. Ендеше біз де қол қусырып, қарап қалмайық. Мына арандату мақаланы теріске шығаратын, жалған жала екенін білдіретін қаулы дайындау керек. Мазмұны мынадай болады: «Орталық Комитет II Пленумы протоколында бірқатар адамдарды халық жауы ретінде партия мен комсомол қатарынан шығару туралы. Қазақстандағы оңшыл троицкист және ұлтшыл-фашистік жат элементтерді әшкерелеп, ашу және барлық контрреволюциялық элементтерді түбірімен жоюды Қазақ ССР компартиясы мен Орталық Комитетіне, НКВД-ге тапсыру керек. Партия құрамынан Жүргенов, Юсупов, Пинталь, Михайленко мен Құрманәлиевті, партия қатарынан партия мен халық жауы ретінде Сүлеймен Есқараевты шығару. Орталық Комитеттің шешімін төмендегілер қолдайды». Контрреволюциялық құзғындар ұясын талқандауды енді кешіктіруге болмайды. Дереу осындай қаулы дайындап әкеліңіз. Басқа лаж жоқ. I партиялық съездің қарсаңында нәтежесі болуы керек.
Орынбасар. (Күбірлеп). Еркек тоқты құрбандық. Білікті, көрнектінің бәрі шетінен қылға тізгендей кете ме.
Мирзоян. Бірдеңе дедіңіз бе?
Орынбасар. Жоқ.
Мирзоян. Саяси сауаттылық пен асқан қырағылықты уақыт қатты талап етіп отыр. Маған халық жауларын бүркемелеп, екіжүзділікті, аярлықты қымтап, жауып отыр деп ауыр айып тағады. Мұны тез сейілту керек. Ерекше бүлдіргіштік белсенді істерді жүргізген топты табу керек болса, НКВД оны табуға тиіс.
Орынбасар. (Көңілсіз). Сізден естігенді мен тез ұғамын.
Мирзоян. (газетті ұсынады). Сіз тағы қайталап оқыңыз, өтінемін.
Орынбасар (Дауысы құмыға шығып). «Казахстанская правда», 1937, 22 сентября»: «...На сегодняшний день сильно засорена врагами народа республиканская прокуратура, которую возглавлял буржуазный националист Ескараев. Он пригрел у себя контрреволюционную нечисть, стекавшуюся к нему на работу со всего Казахстана.
В дни I партийного съезда органы НКВД арестовали заместителя Ескараева, и все же руководители съезда выдвинули кандидатуру Ескараева в члены ЦК КП(б) Казахстана. Тут же на пленуме ЦК его избрали в бюро, и вскоре он оказался на посту 1-го заместителя председателя СНК Казахстана.
Коммунисты республиканской Прокуратуры, после перехода Ескараева на новую работу, стали понемногу приоткрывать завесу над преступными делами бывшего прокурора республики и его ставленников. Часть компрометирующих Ескараева материалов случайно попала к приехавшему из Москвы следователю по важнейшим делам Прокуратуры СССР. Узнав об этом, Ескараев обратился за защитой в ЦК КП (б) Казахстана и не ошибся в адресе. Он нашел здесь активную поддержку. Второй секретарь ЦК Нурпеисов, защищая врага Ескараева, вызвал к себе московского следователя и предложил ему...в 24 часа покинуть пределы Казахстана. Своевременному разоблачению буржуазных националистов сильно помешала политическая бесхребетность, беззубость печати Казахстана. ЦК КП (б) Казахстана систематически приручает редакторов газеты к сглаживанию острых углов, к подхалимству и угодничеству.
Подобное положение с самокритикой в Казахстане мешает разоблачить врагов, пробравшихся к руководству.
К. Пухов.
Мирзоян. Баспасөзді күшейту керек деп басшылықты айыптайды. Бюро мәжілісінде мен «Казахстанская правда» газетінің тілшісімен өзім айқасамын. Газет қоғамдық пікірді теріс бағыттап отыр. Алматы обкомы мен партияның қалалық комитетінің хатшысы Садуақасовқа негізсіз шабуылдары үшін тілші жауап беретін болады.
Орынбасар. (Маңдайының терін сүртіп). Өгізге туған күн бұзауға туады дейді. Ертең қалай боларын кім біледі? Құйын қалай жүйіткіп соғарын? Пышақ, пышақ!
Мирзоян. (Оған осқырына, тіктеп қарап). Сіз не айтып сандырақтап кеттіңіз?
Орынбасар. Күлме досқа, келер басқа. Менің кезегім, сенің кезегің, оның кезегі. Міне, бас.
Ол кенет орнынан ұшып тұрып, айқайлай бастайды. Бөлмені айнала жүгіреді.
Орынбасар. Қайда әлгі гильотина? Мінекей, бас, мінекей, мойын! Партия керек десе сіз де басыңызды төсейсіз!
Орынбасар еңіреп жылап жібереді.
Мирзоян. (Қоңырау шалып, НКВД-нің кісісін шақырып алады). Жүйкесі тозған. Тез дәрігерге жеткізіңіз.
Орынбасарды ол қолтықтап ала жөнеледі.
Бесінші көрініс.
Қала сырты. Саяжай. Желтоқсан айы. Үйге бейтаныс адамдар келіп, тағы да тінту жүргізіп жатыр. Қағаздарды шашып, ақтарып, ішінен фотосуреттерді алып жатыр. Олардың іс-қимылы үнсіз іске асырылады. айналаны шашып, заттарды құлатып, ойрандайды да, олар алғанын алып кетіп қалады. Бұл пантомимо сияқты көрініс болады.
Мария балаларды жылы киіндіріп жатыр. Жүзі өте абыржулы, құсалы.
Мария (өзі кіші қызын орап-шамқап жатып). Жиналыңдар, әкелеріңе барамыз.
Әлия. Папама барамыз ба? Ол қайда?
Мария. Әлия, сен Марат пен Ерікті тез киіндір, қолдарынан жетектеп ал. Мариэттаны мен көтеріп жүремін.
Түрменің суық қақпасына енеді. Қарауыл Мария мен төрт баланы ішке енгізді.Сүлейменді надзиратель алып келді. Сүлеймен аяғына зорға тұр. Бет-аузы ісік, қанталаған, әбден жүдеген, ұрып-соққаннан көзі көгала. Балалары бірден еңіреп жылап жібереді. Қатты жылаған дауыстар түрмені басына көтерді.
Күзетші (сыбырлап). Жолдас прокурор, балаларыңызға басу айтыңыз. Жылама деп айтыңызшы. Сізге қиын болады.
Сүлеймен. Мәриям, балаларым, қарғаларым, жыламаңдар, бұл уақытша қиындық, түсініңдер, жақсы ой ойласаңдар, мен ақталып шығамын...
Мария (өкси жылап). Арыстай азаматты не істеген? Менің қолымнан не келеді?
Сүлеймен. Балаларды бағып өсір, Мәриям, сен анасың. Сен мықты болсаң, сынбасаң, балалар сенің арқаңда ержетеді.
Әлия. Папа, папа! Сені неге қатты ұрады?
Сүлеймен. Менің түрмеде қамалып жатқаным қателіктен болған нәрсе, сыртымнан біреулер өтірік жала жапқан, ұзамай менің айыбым жоқ, кінәсіз екенім анықталады. Менің ешқандай жазығым жоқ, маған сеніңдер, мен тазамын, аққа қара жұқпайды деген. Амандық болса әлі-ақ үйге қайта ораламын.
Әлия. Папа, үйге тез келші, мен кілең беске оқып, сені қуантатын боламын.
Сүлеймен. Әлия, қызым, сабағың қалай сенің? Жақсы оқып жүрсің бе?
Әлия. Әкешім, сен үйге келсең, тіпті жақсы оқимын!
Сүлеймен. Құдай оңдап аман шықсам, балаларымды туған жеріме апарар едім, аунатып-қунатар едім, ата-бабасы кең жайлаған құт мекенге, арманым сол!
Надзиратель келеді де, Сүлейменді кері ала жөнеледі. Балалары қаздай тізіліп, жаутаңдап қала береді. Мария жылаған үнін шығармас үшін, орамалымен бетін басып, жерге отыра кетеді. Марат бақырып жылап, әкесінің артынан тұра жүгіреді.
Алтыншы көрініс.
Қазалы маңындағы ескі үй. Сүлейменнің бауыры Ахметтің үйі. Ахметтің әйелі Рахия Сүлейменнің құжаттары мен фотосуреттерін киізге орап, қораға көміп жатыр.
Рахия. Жарық дүние куә, дүние әлі оңына өзгерер. Дария теріс ақпайды, бәрі оңалады. Қайнағамның ақталар уағы сонда туар, бұйырса. Құдай қолдап, әулиелер жебеп, сол күнге бізді жеткізер әлі!
Үйден күннің аязында жалаң бас 10 жасар қыз бала құстай ұшып, қораға жүгіріп келеді.
Әлия. Рахия апа, әкем енді бізді мұнда өзі тауып келе ме?
Рахия. Тысқа шықпа, Мараттың қасында отыр деп едім ғой саған.
Әлия. Мария шешеміз өткенде бізді түрмедегі әкемізге алып барды. Әкемді бірден танымай қалдық. Арып-ашығаны сондай, жүдеп, көзі шүңірейіп кетіпті, бет-аузы күлдіреп ісіп тұр... Рахия апа, біз бәріміз қосылып, еңіреп жыладық...
Рахия. (кемсеңдеп, дауысын баяу шығарып). Ер арыса тулақ. Отағасымның сот ағатайын олар әбден ұрған-соққан екен ғой. Қаным қайнайды, бірақ күресерге дәрмен қайда?
Әлия. Апа, олар әкемді тағы ұра бере ме? Мария шешем жылай береді, жылай береді.
Рахия. Мәриям – Марат екеуіңнің өгей шешең. Жадыңа тоқып ал. Адам баласы туған әке-шешесінің есімін әманда дұрыс білуі керек. Сенің анаң Мәуия. Қиямет қайымда бәрі сұралады. Туһ, мен балаға не деп кеттім.
Әлия. Мария шешем Ерік пен Мариэттаны туған. Мен білемін. Мария шешемнің туыстары Ерік пен Мариэттаны үйлеріне алып кетті.
Рахия.Е, жетімегім сол. Мәскеуде сені туған анаң Мәуия, ол кіші ұлы Марат жасқа толмай, ауырып қайтыс болған. Мәриямды қайнағам Мәуиядан соң алған. Марат екеуіңді біздер алдық (дауысын ақырын шығарып). Мәриям байғұсты соттап жіберді ғой. Мәриям апаң қайтып келген соң үш бауырың бәрің қайтадан Алматыда тұрасыңдар.
Әлия. Әкемді көргім келеді, апа! Ол бізге қайтып келе ме?
Алтыншы көрініс.
Басшының кабинеті. Ол үстел басында жалғыз отыр.
Мирзоян. (Өзіне-өзі дауыстап оқып отыр). 1937 жылы 14 қараша, НКВД шекара және ішкі істер әскерінің әскери прокуроры Соколов шығарған қаулысы: «Обвинительное заключение составлено в соответствии с материалами дела и квалификация преступления его является правильной и, руководствуясь ст. 221 УПК, предать суду Военной коллегии Верховного суда Ескараева Сулеймена по ст.58-2,8 и 11 УК РСФСР».
Ол енді папкіден екінші қағазды алады.
Мирзоян. Мынау тергеу аяқталғаны туралы қаулы. Сүлеймен Есқараев өз қолымен жазған қағаз:
«Маған тағылған 58 статья 10 пункттегі айыптармен келіспеймін. Өйткені бұл статьялар жасалып қайылған іс-әрекеттерді қарастырады, ал менің көрсетулерімде жасалған іс-әрекет атымен жоқ, онда тек бөгделердің сөздері ғана бар. Бұдан басқа мен Қожанов тобын астыртын ұйым деуге келіспеймін».
Басшы креслосынан тұрып, кабинетінде арлы-берлі жүре бастайды. Қолында трубка. Мына тұрысы, мұрт қойысы тура Сталиннен аумайды. Ол өзімен-өзі сөйлесіп жүр.
Мирзоян. Сүлеймен Есқараевтың Халық Комиссарлар Советі төрағасының бірінші орынбасары ретінде қол қойған құжаттардың соңғы күні 1 тамыз 1937 жыл.
СССР Жоғары Соты Әскери коллегиясы үкімімен, Сүлеймен Есқараевты 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесті. Прокурордың жұбайы Мария Есқараева халық жауының әйелі ретінде лагерьге қамалды. Прокурордың артында төрт баласы жетім қалды. 10 жасар Әлия, 8 жасар Марат, 4 жасар Ерік, 2 жасар Мариэтта. Москвада белгілі ақын әйел Мариэтта Шагинянмен бірге оқыған Сүлеймен Есқараев қызының есімін соның құрметіне қойған. Армян ақыны. Қандасым. Сүлеймен Есқараевтың туған інілері Ахмет, Сейдалы, Жұмабек жетім қалған балаларды өздері алды.Міне, бұл тыңшылар әкелген соңғы мәліметтерден.
Ол расымен Сталинге еліктеген күйде ойға шомып үнсіз тұрып қалады.
Мирзоян. (Үстелге тақап, басқа бір қағазды іліп алады). Сүлеймен Есқараевты тұтқынға алған сәтте қатардағы милиционер Ғабит Мүсірепов пен Орталық комитеттің екінші хатшысы Садық Нұрпейісов екеуі қатысқан. Бұлар қазақ халқының сауатсыздығын жоюға қатысқан топтың мүшелері. Олар прокурормен бірге біз НКВД-ға барды. Оны тұтқындалғандармен жүздестіріп, олардың таққан айыптарын есту үшін барды. Бірақ басқаша болды. Мен білемін. Оларды жартылай қараңғы, тіптен дыбыс өткізбейтін бөлмеге әкелді. Менің бұйрығым бойынша.
Есқараевты бөлек алып кетті. Келесі жақтан тұтқынды кіргізді. Менің бұйрығым бойынша. Прокурордың сөздерін Мүсірепов пен Нұрпейісов естімеді. Арада біраз уақыт өткенде бұл екеуіне Есқараевты көзбе-көз беттестірген, мойындаттырған қызметкер жақындап келіп, былай мәлімдеді: «Есқараев астыртын ұйымда тұрғанын мойындады. Ол тұтқынға алынды». Екеуі мәжіліс залына оралды.
Ол кабинетте ілінген айнаның алдына барып өзіне-өзі қарайды да, сауал қояды.
Мирзоян. Сіз Сүлеймен Есқараевқа қассыз ба? Оған қандай қатысыңыз бар?
Мирзоян. (Енді мүлде бөтен дауыспен). Мүлде қатысым жоқ. Бұйрық.
Ол шалт бұрылып креслосына барып отырады. Осы кезде кабинетке НКВД-нің кісісі екі солдатпен кіреді.
НКВД-нің қара киімді кісісі. Хатшы жолдас, мен сізді тұтқындауға ордер алдым. Жағдай өзгергенін біліп отырсыз. Сталин жолдас СССР НКВД басшылығын ауыстырды. Советтік барлаудың бұрынғы басшысы, сенімді сталиншіл Ежов жолдастың орнына дұшпанмен қанды күрестерде шыңдалған Берия жолдас тағайындалды. Біздің ұлы Ленин-Сталин құрған компартия қатардағы солдаттарын өзі таңдайды. Күллі совет халқы өз игілігі жолындағы жалынды күрескер коммунистік партияның айтқанын бұлжытпай орындауға тиіс.
Мирзоян.(Дауысы еш бұзылмай, сабырлы ). Білемін. Күтіп отырмын.
НКВД-нің кісісі. Қайдан білесіз? Тыңшыңыз бар ма?
Мирзоян. Жоқ. Бұл жаппай террор.
НКВД-нің кісісі. Сіз сонда кімді қаралап тұрсыз?
Мирзоян. Он не замедлил бы стать самоубийцей, Но эта потеря неспасающий шаг.
НКВД-нің кісісі. Мирзоян жолдас, түсінбедім?
Мирзоян. Григор Нарекацидың жаны қиналғанда өзі туралы айтқаны.
НКВД-нің кісісі. Ол кім? Сіздің саяси пікірлесіңіз бе?
Мирзоян. Айастанның ұлы ақыны.
НКВД-нің кісісі. Айастан?
Мирзоян. Ол Арменияның ескі атауы. Григор Нарекаци 10-шы ғасырда өмір сүрген армян ойшылы мен ақыны.
НКВД-нің кісісі. Левон Исаевич, тіпті қайран қалдырдыңыз. Сізді өлеңге құмар адам деп әсте ойламаппыз.
Мирзоян. Өлең, өлең, рұқсат болса, ақтық сәтте өлең оқиын. Тыңдаңызшы! Крунк! куда летишь? Крик твой - слов сильней! Крунк! из стран родных нет ли хоть вестей?
НКВД-нің кісісі. Нарекаци?
Мирзоян. Жоқ. Менің аққу әнім. Армян тілінде крунк деп көкте керуендей тізіліп ұшатын тырналарды, жыл құсын атайды.
НКВД-нің кісісі. Сізде мұндай талант барын ешкім білмепті.
Мирзоян. Бұл армян халқының көне жыры.
НКВД-нің кісісі. Сентиментальды күйге неге түсіп тұрғаныңызды түсінбедім, жолдас Мирзоян!
Мирзоян. (Өзін зорлап күліп). Бұл кеп расында жасырынбақ ойын сияқты. Аңдушыны алушы, құрбанды жендет алады. Сосын орындары қайта ауысады. Мен дайынмын.
Айдауылдардың алдына түсіп бара жатып, басшы артына бұрылып қарайды. Тоқтай қалады. Қолын жүрегіне басып, кешірім сұрағандай кейіпте тұр.
Мирзоян. Қазақ ССР-інің бас прокуроры Сүлеймен Есқараевқа менің титтей өш-қастығым жоқ. Бұл қылығым бар болғаны көсемге, Сталин жолдасқа көзсіз бағыну. Бұл қауымдық әрекет, мен қауымнан тыс болмаймын, партия мүшесі болған соң басшылық бұйрығына шексіз көндім. Мәжбүрлік, ішкі қауқарсыздықтың салдары. Сеніңіз, айыпқа бұйырмаңыз. Есқараевты қаралағаннан соң оны жақтағандар да, жақтамағандар да жазасыз қалмасын білдім. Мен сол қатарды, ату жазасына кесілгендердің тізімін толықтыруға қарсы емеспін. Қазақ халқы мені Мырзажан деп атады. Соған лайықпын ба?! Өмір не, өлім не, енді білетін боламын.
Соңы