Бекзат-ғұмыр
Автордың «Құс жолы» трагилирикалық хикаяттары бойынша
2 бөлімді, 6 актілі, 14 көріністі қойылым
Қатысушылар:
Бекзат – оқушы – студент, бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы;
Жұлдыз – оқушы – студент, Бекзаттың сүйген қызы;
Қанат, Гүлжан, Маржан, Ержан, Мақсат, Айгүл – оқушылар – студенттер, Бекзат пен Жұлдыздың достары;
«Терминатор» ұр да жық, жүгіртпек «Адъютант», «жалғани көсем бет» Майбасар, «піскен жүгері бет» Шаякүл, «шайтанкүл» Зығира, Қоқыш, Түймекүл – оқушылар – студенттер, Бекзат пен Жұлдыздың замандастары;
Н. Ә. Назарбаев – Қазақстан республикасы президенті;
Роза-апа Бағланова, сіңлісі-қызы Роза Рымбаева;
Доцент – жасы елулердегі, қырау сақал-мұртты, университет оқытушысы;
Ермахан – Олимпиада чемпионы, Бекзаттың өкіл ағасы;
Бекзаттың папасы мен мамасы, жеңімпаз да жасампаз боксшылар, Олга Шишигина, Бекболат Тілеухан, репортер, шопыр жігіт, молла, қауым-жамағат, әкімшілік және спорт төңірегіндегі қызметкерлер, т. т. т.
«Қаралы Жұлдыз-қыз»* – ақ жамылған – әруақ кейпіндегі;
Диктор, Аспантау – сахна сыртындағы дауыстар.
*Екі Жұлдыз-қыздың ролін де – бір актриса орындайды
БІРІНШІ БӨЛІМ
Сахна ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Ойлы да мазасыз әуен-күй ойнап та толғап тұрады.
Күңгірт сахна. Сахнаның түкпірінен сылаңдап аққан Сырдарияның сұлбасы бұлаңдап көрінеді. Арғы жағалауды қалың ағаш көмкерген; әппақ үлпіге оранған жиде талдар...
Сахнаның бір жағынан ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығып, ортасына келіп тоқтайды да, бір қырынан тұрған күйі, қолымен ақ жамылғысының шетін сырып, залға – олай-бұлай да – өткір де өкінішті, сыни көздерімен қадала қарап: (осы кезде, сахнаның сыртындағы диктордың: – «Жұлдыз-қыз!» деген адуынды қаратпа сөзі есітіледі. «Қаралы Жұлдыз-қыз»: – Ия, мен мұндамын! – дейді де, сәл паузадан соң бастап кетеді):
– ...ойлаймын; ойлаймын-ойлаймын да – қайтадан ойлаймын. «Ойдан басқа маған бүгіндері серік қалмағандай-ау» деп те ойлаймын.
Осы күндері, өскен ауылымды – «кішкентай еді» деуге аузым бармайды. Айтпаймын да. Біреулер «солай» деп жатса, жатып кеп шайқасарға даяр тұрамын! Тіптен, ол жер – Айдарлыкөл – мен үшін: жер-дүниедегі ең-ең үлкен қасиетті мекен! Ол жерде – Бекзат туылған...
Сол бір... кездерінде, мейірімді күн: үнемі – айта беретін сылаңдаған сұлу Сыр – Сырдарияның үстінен жарқырап, күлімдеп шығатын еді; үнемі – жыңғылды-сексеуілді ен жазықтың арғы астына барып, ұясына қонақтап, қимай-қимай қоштасатын да еді-ау.
«Қайран, алтын-бесік – ауылым! Қасиетім – киелім! Қорғанышым – қамқорым! Қанаттарын қағып, қияндап кеткен балапандарыңды кешіре көрші!? Бір қыраның... қапияда қапы кетті ме. Ендігі, арман қуған аққу-қаздарыңның алдынан жарылқай көрші!..
...мен, сол кездері: «дария жәй, өзінше ағып жатыр» деппін де қойыппын. Оның ТЕҢІЗГЕ барып құятындығы жайлы, теңіздің де теңіздерінің бар екендігін тіптен де ойлап-толғап жатыппын ба.
Ал, енді, бері көшіп келгеніміздегі, Бекзаттың сол бір балалық қылығынан... екеуміз қасиетті Түркістанның май топырағына бейпілінен шомылып отырған мезетте – оның отты да аялы көздерінің астыңғы кірпіктерінде жарастықтың елшісіндей боп қос моншақ мөлтеңдей ілініп тұрып еді ғой. Анық көз алдымда. Мен күліп жібергенде, қатар жарыса, «бырт-бырт» сүйіншілей секіріп-секіріп түскен-ді.
Осы күндері, ой тереңіне сүңгісем: қасиетті топыраққа тамған сол моншақтар жылдар өте өніп, тізбектеле өсіп, бұлақ суындай сылдырлай домаланып барып Ұлы Дарияға құйылған екен, – одан ары теңіздерге жетіп, МҰҚИТТАРҒА айналып та кеткен екен!
Қалай болғанда да, сол періште-моншақтардың бір ұшы жүрегімнін терең түкпіріне қатып ілініп қалған; тербетіліп, тербетіп, тынымсыз сыңғырлайды да тұрады.
«Мұхиттар да... әрқалай болар екен-ау!?
... Ия, маған, енді, ойдан басқа ештеңе қалмағандай ма?» Сонысы да, мен – мен сияқтыларға өте-өте лайықтыдай да ма?! (Сахна төріне, Сырдарияға бұрылады)
– О, Жер-Ананың мәмесі, сұлу Сыр! Сөйлеші!?.
Сахна жабылып, қайта ашылады
1 АКТ
1 – КӨРІНІС
Түркістан өңірі. Ауыл. Мақта алқабы. Күре таспа жолдың жиегі; зырылдап өтіп жатқан машиналар, мақта тасыған тележкілі тракторлар; қалың – жыңғылды, жиделі, ен тоғай.
Тоғайдың ығында – қаракөлеңкеде қара көзілдірік таққан, сомбреро, жинси киген, ұзынтұра «Терминатор» ауыш бастаған топ келіп жайғасып алған. Мақта теретін фартуктарын астарына төсеген. «Гу-гу!..» Бей-берекет шашылған мақта. Алдарында қауын-қарбыз.
Иықтарына ілген ораулы фартуктары бар, кейбірлері комбинезон киген – қолында кітап, Бекзат достарымен алып-ұрып жетіп келеді; бір-бірлерімен амандасқан, жөн сұрасқан болады. Бұлар да жайғасады.
Он бірінші сыныптық ұзынтұра ұрда-жық ауыш қарбызды шертіп-шертіп қойып, шырт-шырт түкіре шіртиіп, Бекзаттарға – оныншы сыныптықтарға басына, шекесінен қарайды. Қасындағы бақабас, ергежейлі адъютанты да нән баспалды қауынды әрлі-берлі аунатып, өзінше болар емес
ЖҰЛДЫЗ:
– Мектеп бітіруші – аға-буын, қамқор мырзалар! Қауын-қарбыздарыңыздан тілмес пе екенсіздер?! (әбден шөлдеген, әлпеті – бермесін тартып аларлықтай да)
«АДЪЮТАНТ»:
– Әлбетте, Жұлдыз ханым! – кіші-буын, ізбасарларымыз, – поведениелеріңізге қарай?.. (бақабас шәңк-шіңк етіп, маймылданып, ыржалақтаған)
ЖҰЛДЫЗ:
– Жұрттың поведениесін тексеретін сондай-ақ кім едіңдер!?
АДЪЮТАНТ:
– Біз – «Бізбіз»! (кердиіп, көкірегін ұрып қояды)
ГҮЛЖАН:
– Жұлдыз, шаршамай-ақ қой, былай тұр, отыр. Бұлармен өзіміз-ақ сөйлесеміз. – Оу... «аға-буыннан садағалар!» – саудагермісіңдер? Ондайлықтарыңды ескертіп қойғандарың жөн болар еді!
Бақабас тағы бірдеңелерді бытпылықтауға әзір еді – «Терминатор» төбесінен үш мәрте үздік-создық шертіп-шертіп жіберіп, ым жасаған...
Абыр-сабыр...
Қауын-қарбызды қара нанға қоса әп-сәтте бәжәріп тастап, делегет-белсенділер әңгімені неден бастарды – кім бастарын білмей дағдарып та қалғандай еді
ЗЫҒИРА:
– Ержан-ау! Көзіңді көкшите әдемілеп майлапты ғой, нең бар еді бейбақ, Майтөбенің сұлуларында? (селкеңдеп, өзінің сайтан күлкісіне салып, білмейтіні жоқтығын да байқатып)
ЕРЖАН:
– Әй, шайтанкүл Зығира! Менің көзім – сенің түймешігіңнің құртын қоздырып, қатты қиын қып тұр ма?! (тоқетерін айтып, теріс айналған)
«ТЕРМИНАТОР»:
– Несі бар, ондай-ондайлар – текешіктің еркі! (ақылгөйсінген)
ЗЫҒИРА:
– Ха-ха-ха! Текешік! Теке, текешік!
МАҚСАТ: (Зығираға қарата)
– Ержан үшін қамықпай-ақ қой, шакалдарыңның тұмсықтарын шелпек еткен, барып байқап, иіскеп те қайтуыңа болады Майтөбеңе! Солай ғой ә, Маржан?
МАРЖАН: (Зығираны – сол сияқтыларды қуалай тықпыштап)
– Солайы солай, Мақсат-ау!.. Енді бар ғой, Майтөбенің сұлулары түгілі, сендер де, Ержанның түн ұйқысын тік тұрып күзететін боласыңдар казармаларыңның түбінде!
Әзіл-шынды азын-аулақ сөз салыстыру тиылып, біршама пауза орнаған.
Жұлдыз іштей тызылдап, Бекзатқа барлай қарайды; жиде ағашқа арқасын беріп отырған ол да, – былайғы көзге байқалмаса да, – «не істесекті» дегендей беймазаңқы күйде еді.
Ұзынтұра «Терминатормен» қолтықтасып отырған көк көз, «піскен жүгері бет» Шаякүл-қыз сөз бастаған
ШАЯКҮЛ:
– Қымыз сапыруға жиналдық па?! «Делоға» көшейік!
Сол-ақ екен, қалғып-мүлгігенсіп, тасада андыздап отырған «Терминатор» сол жағына иек қаққан.
Курортта жүргендей – ақ көйлек, қара костюм, біз тұмсық алапар туфли киген, шашын төбесінен қақ жара айырып сулап па майлап па тастаған, қозы-қарын, «жалғани көсем бет» біреу орнынан сызбайлана әзер көтерілген
«Жалғани көсем бет» МАЙБАСАР:
– Жолдастар! «Есің барда елің тап!» Қашу – таю керек! Жекеленіп емес, осындағы бүткіл мектептер бірігіп, организованно! (сөйткен де, костюмінің әр жерін саусақтарының ұштарымен шерткілеп, қаққылап, мойнын бұрағыштап, ызбиып тұрып алған)
ҚАНАТ:
– Ә-ә-ә! Қандай қашу, нендей жолдастар, қай ел?! Әуелі, өзіңізді білістіріп, мән-жайды таныстырып та өтсеңіз? (қызулана, сыздана, кекесін тұмсықпен; оңды тірліктің болмасы анық-ты; алдын-ала айбындана – «Махамбеттеніп» те алған)
ҚОҚЫШ:
– Шаякүл ханым, жақсылап тұрып таныстырып өтіңізші!
ШАЯКҮЛ:
– Майбасар Мылтықбай мырза! «Ішкі істер министріміз». (келістіре таныстырған; тоғайдың ішін ду күлкі шалған; Майбас қолын көтеріп, маңғазданып қойған)
ЕРЖАН:
– «Президентіміз» кім... сонда? (бір бүйірден тұзағын тастап кеп жіберген; тоғайды қайтадан кекесін-күлкі жайлаған)
«АДЪЮТАНТ»:
– Президентіміз – «Терминатор» – Бөрібасар мырза! (бақабас қаңқ-шәңк еткен; Бөрібасар саусақтарының ұшымен шляпасын бір көтеріп, басын шұлғыған)
МАРЖАН:
– Терминатор-перминаторыңды қайдам – жетіскен екенбіз, бөрі басатынға! Қара: «Прези-де-е-ент!» «Мини-с-с-тр!» Тағы да, «адъютант», «писарь»,, – өздерінше әп-әйдік, түп-түгел!.. Түрлеріңе болайық, бүйткен!? «Ит жоқта шошқа үрер», немесе «көк қарға артына қарамай әулие ағашқа барып қоныпты» дегендей. (тақ-тұқ шоқып түскен; отырғандар дуылдасып кеп берген)
«Терминатор-президент» – ұзынтұра ауыш сол қолын жоғары көтеріп, «тоқтаңдар» дегендей белгі жасап, Майбасарға: «давай», – деген мұрнының астынан, алғашқы сәтсіздіктерін елеусіз қалдырмаққа әрекеттеніп, және де Маржанға кектене – бұқакөздене қарап
МАЙБАСАР:
– Сол үшін!.. Сондай қашу! Демократияға сәйкес келмейді: «сылдыр көже, қатқан қара нан, қой қора-жылқы қора, тышқан... бит... ит...» Бір сөзбен қайырғанда – «қанаушылық»! Тапқан екен майбидайды! – ақымақты, – «Мозамбик» қылғанды?.. («Президентінен» қуаттанған Майбасар масайрап, жаңа әлгідегі «фокусына» көшіп, талтая тұрып алған)
ҚАНАТ: («Исатайына – Бекзатына арқа сүйеген)
– О-о-о, әңгіме қайда жатыр, «су жаңа – шаң жұқпаған министр жолдас»! Айдай бер-айдай бер, айтып қал.
МАЙБАСАР:
– Айдайық, айтайық; ал, прямойында, бұл – «Протест». Мұны «ООН» естуі керек!
ҚАНАТ:
– Бай-бай-бай! «Про-те-е-ест», «о-о-он»! Әңгіме мүлдем алыста – тіптен үлкен екен! Алдымен звондап па, хат жолдап па, немесе со жаққа барып та қайтпадыңыз ба министр жолдас, жұртты мазаламай тұрып. Ол жақта жуан жездеңіз, әлде түп нағашыңыз сағына-сарғая күтіп те отыр-ау шамасы, ә-а?.. Айтпақшы, сол «оондарыңыз» қайда екен өзі? – білдіріп жіберсеңіз, хабарымызда бола жүрсін, сосынғысын көре жатармыз. (Майбасар бұғынып, сасқалақтап қалған еді)
ШАЯКҮЛ:
– Шви- шви- швисариде. (Майбасардың құлағына сыбырлап)
Мақсат:
– Мүмкін, Шве-шве-швесия шығар?! (құйтырқылана қыстырылған)
«Құрыдық» дегендей, Шаякүл үрейлене «президентіне» қараған
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»:
– Ауыстра-ля-ля-ля! (Айдақтатқан да жіберген, жамбастап жатқан күйі)
МАЙБАСАР:
– Ия, базар жоқ, Ауыстра-ля-ля-ля! (тотықұсша сайраған да жөнелген, торсиып тұрған қалпы)
Маржандар шиқылдап-қиқылдап, «пікен жүгері бет» қыздар алақтап-жұлақтап қалған
ҚАНАТ:
– Оу, «ауыштра-ля-ля-лар»! Майтөбе-ля-ля-ля емеспе, әйтеуір?! (қарсыластарының қапылыс тапқанынан қанаттанып, күйдіре түсіп)
Отырғандар қыран-топандасып, қуыс тоғайды бастарына көтеріскен
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»: (ақиланып-қоқиланып)
– Қайда екенін керек кезінде тауып алармыз! Ешкімнен сұранып-суланып жатпаспыз!
ГҮЛЖАН:
– Тауып аларсыңдар, арыздарыңды Майтөбенің арғы астынан! Ешкімнен – біздерден ештеңе сұрамасаңдар, онда неменеге шақырдыңдар?! «Ей... өңкей шибөрілер!» (күлкісін жасыра алмай ішін басқан) (енді Қанатқа қарата:) – Қанат, мыналардың түрлеріне қарашы-ә!?.
ҚАНАТ: (еліре елпілдегендерді көз қиығымен түгелдеп өтіп)
– Гүлжан, бұлардың түрлері бар болсын! «Үлкен» дейді ғой... Оу, ағайындар! Осыны қоя-ақ қойсақ қайтеді. Әжептәуір әңгімеге шақырған екен десек... Ендігі, күлдік, жетер! «Болмағыр бала атасының сақалымен ойнар»; «іріген ауыздан шіріген сөз шығар».
Қарсы жақ шыпы-шыпы – қозғалақтап кеткен. Бүлдіргілердің әрекеттері белгілі еді ғой
ГҮЛЖАН: (орнынан атойлай көтерілген)
– Түйеміз де жөнімен шөгеді! «Не екен» десек, бақсақ, мынауымыз – естіген елден де, сол, сонау Мозамбик ағайындардан да ұят-ақ – «бақаның боғы» екен! Әлгі... «ит-биттеріңіздің әруақтарынан да садаға» бірдеңе екен! «Қашу» – о баста – өмір-бақи қашып-пысып, бұғынып-бүлдіріп өтетіндерге жазылса керек! Ал, енді, басқалай тірліктеріміз – ойлап табар оңды жаңалықтарымыз болмаса, тыныш қана, осы жеткен жетістіктерімізбен жай-жайларымызға тарасқандарымыз да жөн шығар!
Жұлдыздың жүзі жылып сала берген. Бекзаттың да өңі оңғарылайын дегендей. Бірақ, ұзынтұраның үлделеуімен, Шаякүл орнынан қайқаңдай қайта көтерілген; қисыны қашқан жағдайларын түземеске болмас еді
ШАЯКҮЛ: (әлгіндей емес, сан-саққа салып, сылап-сипалана, сиқырлана бастаған)
– Тәуелсіз Отанымыздың, алтын-ұя мектептеріміздің бетке тұтар серкелері мен сұлулары! Бүгін, дәл қазіргі мезетте, мына шибөрілер мекені –қу тоғайдың қуыс түкпіріне бекерден-бекер жиналмасақ керек-ті. Айта-айта таусылдық. Жауап та сауап та жоқ! «Бос сөз, құр уәде, жаппай лапша ілушілік!..» Сондықтан да...
Гүлжан қолдарын қайшылай серместеп, Шаякүлдің сөзін бөліп, орнынан жылдам көтерілген. Қызыл-құйрық уағыз отырғандардың бірқатарын еліттіріп тастағандай еді. Бақабастар шәуілдеп, Зығиралар шықылықтап қоя берген...
ГҮЛЖАН: (терминаторға қарата)
– «Перзидентсымақ мырза»! Сіздің ауылдың әні – тәртібі – біздің ауылдың мақамына, жобасына тіптен де келмейді екен. Мынадай «қызыл-құйрыққа» (әлгі қыз жаққа саусағын шошайтып) кезінде ата-аналарымыз әбден тойған екен, – осындай күйкі күйге жеткен де екен. Қызыл-құйрық сөз сайтанның кескіні, өзі де. Бір қателікті қайталай беру, айналшықтап көлеңкемізден шыға алмау, әсіресе бүгінгі біздер үшін – адамдық атымызға мүлдем де лайықсыз! Ал, бүкіл жұртты соншалықты дүрліктіргендегі түп мақсат не сонда?! (Гүлжан өткір көздерімен «Терминатордың» арғы-бергісін қайыра түйреген)
«Терминатор-президентсымаққа» – тасадан шығып, бой көрсетіп, бірдеме демесіне болмас еді
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»: (жамбастаған күйінен – бойын тіктеп отырады да)
– Біліп қойыңыз, сұлуым: Біздерде сіздің ауыл, біздің ауыл жоқ; бәрлеріміз бір шелпек – бір бидаймыз! Бізде «бір-ақ заң» бар!.. Түп мақсат сол: «Түк те түртері – пайдасы жоқ делишка!.. Ондай мақаушылығыңыз кімге дәру?!
ГҮЛЖАН:
– Бір шелпек, бір бидай болғымыз – бір-ақ заңдарыңа бағынғыларымыз келмесе ше?!
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»:
– Боласыздар, бағынасыздар. «Жизньюшка-красавуха» солай!
ГҮЛЖАН:
– Ах! Солай... солай деңіз? Ондай «жизньюшкаңның» желкесі үзілсін!
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»:
– Солай-олай – осылай! Бітті!
ГҮЛЖАН:
– Жоқ! Кешірерсіздер, олай-осылайларыңызды басқалайларға айтып көрерсіздер, біздерге емес! Ия, айтпақшы, «бір-ақ заң бар» деп қалдыңыз ғой, айып болмаса, ол – қандай керемети заң еді?
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»:
– Ол – сіздердің кіттап-сітаптарыңызда жоқ, жер-жаһанның «жазылмаған» айнымас заңы!
ГҮЛЖАН:
– Апырмай-а, сонда, еліміздің, тіптен, «МӘҢГІЛІК ЗАҢДЫ» қайда қоямыз?.. «Кітап ұрғыр!» – Ал, енді, «түк те түртері жоқ делишка» деп те қалдыңыз, оны қалай түсінсек екен?
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»:
– Сылдыр көжеге татымас заңдарыңызды қайда қойсаңыздар – онда қойыңыздар! Салпылдатып сырға қып, саңғырлатып іліп алыңыздар! Ал, қатты түсінгіңіз кеп бара жатса, айтайық: «Мен үшін құны көк тиын – лишний тірлік!» – болды, бітті бәтимаш!
ГҮЛЖАН:
– Е-е-е... жә, сізбен әңгіме белгілі болды, доғаралық!
«АДЪЮТАНТ»: (қыстырыла кеткен)
– Тіке-тіреп тұрған біздер болмасақ – жер-жұмбазың әлдеқашан сап-сары әңгелекше домалап-тоңқалап кетер еді! – сендер де шыққан ауылдарыңды таппай қалар едіңдер!
МАРЖАН:
– Астапыралла! «Жер астынан жік шықты...» Бүгіндергі «мүйізді бұқаның» нақ өзі екенсіңдер ғой!?
«АДЪЮТАНТ»:
– Ия, өзіміз, қайтесің?!
МАРЖАН:
– Жап аузыңды!
«АДЪЮТАНТ»:
– Сол «астапыраллаңның» өзі жапқызбай қойса не шараң бар?!
МАРЖАН:
– Баршаға тән Бір Жаратушымыз емес, сендердің әрқайсыларыңның қуыс кеуделеріңде «өз қуыршақи құқайларың» бар екен-ау шамасы – ауыздарыңды қисайтып қойған!?
«АДЪЮТАНТ:
– Ия, бар болса неғылайын деп едіңдер?!.
МАРЖАН:
– Саған адам баласынан дауа жоқ екен!
ГҮЛЖАН:
– Дауасызды – Жаратқан Иеміздің – Құдіреті күштінің өзіне қалдыралық, тапсыралық (бір сәтке үнсізденіп қалған Гүлжан, бақырайысқан топты көзқарасымен жағалай шолып шығып, өз ойларын ары қарай екпіндей өрбіткен:) – Дос-жарандар! Бұл – ешқандай да өркениеттілік те, мәдениеттілік те, тіптен протест те емес; әлгі... Майбас шын ойын білдіріп қойды, бұл: «кәдімгі қашу»! Қайталап, езбелеп жатуға тура келеді, бұл: «бүлдіргі»!.. Екі ауылды дау шалса, сайтанның секріктестері – арамзалар семірер». Қой қорада қонақтап, сылдыр көже жұтып жатсақ – келешек іні-бауырларымыз, сіңлі-қарындастарымыз сөйтпес үшін де емес пе!?. Не нәрсенің де артын бағалық, – «бұ дүниенікі о дүниеге кетпес», – біз сияқты буыны бекіп үлгірмеген, әлі ештеңені бақамдап та болмаған балаң ұлтқа бүгінгі бірден бір дұрыс жол осы шығар. Түптің-түбінде, бәрін де тексеріп алар, Бір Жаратқан Иеміз бар!..
Бекзат, – Жұлдыз да, – жайраң қаға, аса бір ризашылықпен үздік-создық қолдарын ұрғылаған.
Зығира-Қоқыштар «арғы ауылға» қарай шапаттай жөнелген.
Ортаға – сөйлемекке Қанат шыққан еді...
«ТЕРМИНАТОР-ПРЕЗИДЕНТ»: (Қанатқа қарата)
– Пацан, молодой да зеленый, наглеешь-а-а!?.
«АДЪЮТАНТ»:
– Уважать перестали старших! (бақабас әдетінше қаңқ-шәңк еткен)
Екі сұмпайының сұрқайы сұңқылы – тоғайдың тереңінен шибөрілердің сыңсығанындай боп та көрінгені. Алакөлеңке бірден түнектеніп, «ала-ғұлалағандардың» сұлбалары да андыздай – андағайлап, үдере-үрпиісіп те кеткендей еді. Жұлдыз орнынан көтеріліп, бір шеттеп, қырын тұрып:
– Жалпы, һахиқатында, осы біздер бұл жалғаныңызға – бір-бірлерімізді қуыра-қақтауға, қашып-пышуға ғана жаратылып па екенбіз-ә? Қай қиырларға, қай ұшпақтарға, қай мезгіліне шейін екен, ә-а?!.
– дейді қынжыла, өзімен-өзі сөйлескендей.
Шыдамы таусылғандай Бекзат, Қанатқа «қоя тұр» дегендей ым жасап, орнында серпіле көтеріліп, бойын тіктеп жайғасқан да...
БЕКЗАТ:
– «Ойнақтаған от басар». «Бәле іздеген – бәлеге жолығар». Осыменен – жабайы ертегімізді жылы жауып, жынымызды жиыстырып, жөнге жүгінелік те! Әйтпесе, болмаса, амал қанша, әркім бастапқы құйылған қалпымен – өз қалаған жолымен, бар білгенімен жүре берсін! («Терминаторға» отты көздерімен найзаша қадалып, бақабасты да түйрей өткен) Ал, енді, Қанат – сөзіңді қысқаша қайыр да, болмағыр тірлікті тәмамдай қоялық.
ҚАНАТ: (үзіліп қалған сөзін сабақтаған; енді, екпіндей – шешіле кіріскендей)
– Ағайындар! Қай тірліктегі де қандай да бір жетістігіңіз, егер де ол әділетсіздікпен келсе – харам, күнә. Арты қайырсыз; дүниеәуи қайырсыз! Бейуақи кезеңде бүйірімізге бүйіше жабысқан – епті, пысықай, жағымпаз, жылтың, арсыз, бір жақтарға ауып кеткелі жүргендей – ауып та кетіп жатыр ғой арқаланып – ымдасқан-жымдасқан имансыздарымыз: «НЕКЕСІЗДЕР!» Ақшаға ғана құлдық ұрған – «құдайына балап алған» – бір күндік бейшаралар! «Жазылмаған заңшылдар» да солармен бірге болар. Өліарада ай тұтылып, бұлт торласа – көп ұзамай күн де шығар жарқырап! Осынау сын-сағатта, күн бола білмесек – біздердің кім болғанымыз!? Біздің жол – тұғырлы тәуелсіздікке бастар – әділетті күрес жолы! Ол жол – ұзақ! – кедірлі-бұдырлы да...
«ТЕРМИНАТОР»: (Қанаттың сөзін бөліп)
– Е-е, умный, соловейчик, стоп-стоп! Хватит петь!.. (Ері мойнына кетіп, жан-дәрмен қайта жармасқан)
Ендігі бар уайым: «от шығып кетпесе жарарды-ау!» еді.
Жұлдыз, Бекзатқа қарап жалтақтай берген. Әрине, бәрін де бақылап отырған ол, тағы да, жарыларға шақ Қанатқа «әуреленіп қажеті жоқ дегендей белгі беріп, орнынан атып тұрған
БЕКЗАТ:
– Жоқтан боқтық жасап – бықсытпайық; бардан былдым жасап – шулатпайық! Әзірше ештеңе бүліне қойған жоқ, бүлінбесін де. «Қара басын күйттегендер – ақыры қараң қалар». «Уақыт – алтын құс! Алтын құста қанат бар... Ал, жар басында сен тұрсың...» Ойланалық. Уақыт-құдіретке қиянат жасамалық; турасында, өзімізге – өзіміз. Жарқын-жарқын жүздескенше, дос-жарандар! Жүр, Жұлдыз дүкенге! «Үш құлақтан*» ұтылысымды өтейін. (*»үш құлақ» – үш құлақ мақтамен бәске ойнайтын ойын)
«ТЕРМИНАТОР»:
– Е-е, герой, осылай қала береді деп ойлайсың ба?!
БЕКЗАТ: (арқасына бір сәтке жалт қайырылып)
– Қорықпа – уайымдама! Сен сияқтылардың арқасынан еретіндер де табылады – жетерлік бұ дүниеңізде! Бірақ-та, «БӘРІ» деп қатты жаңылысып, «ЕСКЕРТПЕДІ» деп оңбай опынып қалып жүрмеңіз – бүгінгі де, ертеңгі де күндері!?. (Бекзат пен жұлдыз жылдамдата басып шығып кетеді; қалғандары да үдерісе түрегеліседі. Ұзынтұра ауыш «Терминатор» болса, орнында состиып, сопиып, не істерін білмей тұрып қалады)
Сахна жабылып, қайта ашылады
2 – КӨРІНІС
Ымырт үйірілген. Аспан – алабұлт. Жұлдыздар жылт-жылт етіп, жасырынбақ ойнасқандай. Ауыл – жым-жырт. Тек, клуб жақтан ойнақы музыка бірде еліріп, бірде құмығып естіліп, қырманда мақта тазалап жатқан «орақа» ғана тынымсыз дарылдайды.
Жұлдыз бен Бекзат жол жиегіндегі тоғайды, мақталықты жағалай арлы-берлі қыдырыстап жүреді. Таспа жолдың келесі бетінен (сахна сыртынан) Қанат, Гүлжандардың жарқын-жарқын үндері айқын естіледі.
«Терминатор» тобы (сахна сыртында) бір-бірлерін боқтап-бұралақтап, – «бұлардың іздерін тергендей де боп», – ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып келеді: «Ей, шешеңді!.. бұққаныңды сойып саламын!» «Ей, шешеңді!.. бір барматуха қоймасаң желкеңді үземін!»
Казармаларына беттегендердің іштерінен (сахна сыртынан) Шаякүл мен Зығираның үзіліп-үзіліп жеткен «шақ-шақ!» шаян дауыстары түнгі тымық ауаны шағып-шағып алады
Қол ұстасқандар – қолтықтасқандар – арагідік ыңылдап, әуендетіп қойып, ұзағынан сейілдейді.
Біруақытта...
БЕКЗАТ:
– Жұлдыз! Мына кең дүниенің, ақ алтынды алқаптың да кінәсі не?
ЖҰЛДЫЗ:
– Кеңдігінен, кеніштігінен басқа – кінәлары да, күнәлары да жоқ!
БЕКЗАТ:
– Неге онда, – дөкейі бар-құқайы бар, шілтігі бар-мілтігі бар, – жансыз жапалақтар тыныштықтарынан айырылып, жыбырлап-сыбырлап, өліп барады өзеурей де өкірештене?!
ЖҰЛДЫЗ:
– Сол... о баста өздері қара боп жаратылған соң, осынау өліара мезгілде бәрін де өз өлшемдерімен пішіп, шешіп, бәріне де қараңғы көздерімен қарауларынан болар. «Сайтангершілік!..»
БЕКЗАТ:
– Ал, сіз бен біздің ше?.. (әзіл-шыны аралас, жымия күледі)
ЖҰЛДЫЗ:
– Бұл жалғаныңызға «бөгделігіміз – көзтүрткілігіміз – өмір-өзен бейбағыңызға қарсы жүзерлігіміз» ғана шығар.
БЕКЗАТ:
– Ия-ия, біреу – олай... біреу – бұлай... тағы біреулер – олай да-бұлай... Таусылмас тартыс, бітіспес бәтуа, бітпес дағуа. Өз уақытына – таразы-өлшеміне дейін. Сын. Ұлық сын!..
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгірт сахна. Сахнаның түкпірінен қарт Қаратаудың сұлбасы бұлаңдап көрінеді.
Терең, мазасыз күй ойнайды.
Сахнаның бір жағынан ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығып, ортасына келіп тоқтайды да, қолымен ақ жамылғысының шетін сырып, залға – олай-бұлай да – өткір де өкінішті, сыни көздерімен қадала қарап:
– Осы бір... күндері, сол, «дүрбелеңді» кешкіліктегі қалыңның ішінде жиде талға арқасын беріп, тұмшалана ойға батқан Бекзаттың бет-бейнесі, бітім-болмысы көз алдымда бұлдыраң қақса: «Ақымақтық-ай! Түсініксіз де, түсінікті қу дүние-ай!..» деп күйіп-жанып ала жөнелемін.
Жарайды, Бекзаттың арқасында жоқтан бар желікпе ушықпай басылған. Бірақ-та, бар мәселеміз сол ғана ма еді?Бекзат сол күндері үлкен жарыста ел намысын қорғап жатуға тиіс емес пе еді?Қаржысы болмады. Орнына кездейсоқ біреу кетті... Талай жеңістер – «саған да жоқ, маған да жоқ» – басқаларға бұйырып жатты.
Бекзат, Олимпиаданың алдында: « – Еліңде таза жеңіске жетіп, дүниезүлік жарыстарға барып, Отаныңның туын биіктерде желбіретуің үшін де – «көлденең көк атты біреулерге» міндетті түрде «бірдеңе жасауың» керек екен; ал, мен, ондайсыз-ақ кетіп барамын» деп қуана ағынан жарылып еді. Жеңіспен оралған соң, ұзамай-ақ: « – Әй... сол «біреу-бірдеңелер» қыр соңыңнан қалмайтындай. Не үшін?!» деп қынжылып еді тағы да.
Ал, сол жолы, мақталықта, біздер ұшқын-оттарға оранып, тамылжи ән салған айлы түннің құшағында ұзағынан тербетілген де едік қой. Сол күнгі, бар шаршағаным да, шөліркегенім де саппа басылған да еді-ау!..
Бекзаттың: «Мына кең дүниенің, ақ алтынды алқаптың да кінәсі не?» деген сөздері жиі-жиі есіме түседі. Кең дүние – кең бесік; ақ алтынды алқап – несібең, ен байлық! Біреулер – сол көпшіліктің несібесінен сұғанақтана қармап қалулары керек екен-дә, қармай алмай қалған екіншілері – «атың шықпаса жер өрте» – бақастыққа басып, иттіктерін жасап бағар екен-ау. Ал, сол жолғы «алғашқы биіктіктерің, кішкентай жеңістерің» болса, оларыңыз – алғашқы өкініштерің мен келешектегі күйінішті де отты жолдарыңның бастауы да екен-ау. Бірақ-та, бәрінен де бұрын, бұл жалғанның ең-ең қиыны: «мынаулармен... қатарларыңмен де, анаулармен де, – бірге туған бұ ағайындарыңызбен, – бұ жалғанда қай тілде сөйлесіп, қалай ғана ұғыныса алар екенсің?!»
«– Аһ! тылсым да таныс, ащы да тәтті, кең де қапас жалған-ай?»
Сахна жабылып , қайта ашылады
2 АКТ
1 – КӨРІНІС
Түркістан. «Құл-қожа Ахмет Иассауи – Әзіреті Сұлтанның» мавзолейі. Қорғанның үсті. Жазғы таң сібірлеп, сызаттап келеді.
Сазды күй жайымен ойнап тұрады
Осы күн, дәл осы мезет, мектеп бітіруші қала жастарының «Әзіреті Сұлтан» бабасының басына жиналатын жылдағы дәстүрлі әдеті. Рауанды қастерлеп күтіп алып, ақ ниеттерін ақтаратын үкілі үміт таңы. Мектеп-мектеп, топ-топ болып, ерсілі-қарсылы іштей тынышсыздана, аяқтарының ұштарынан ғана сырғыған жастар, ұстаздар, ата-аналар... Кейбірлері ұлы қорғанның қалқанша кертіктерінен шығысқа телміре телінген. Барлықтарының жүздері салмақты да терең. Қобалжушылық, абыржушылық та байқалады.
Гүлжан мен Жұлдыз қорғанның қалқанша кертігіне сүйеніп тұрған еді – Бекзат бұрылып келіп амандасады. Үстінде сымдай қызыл-қоңыр пиджак, ақ шалбар, ақ галстук...
Даурығысқан сыныптастары, басқасы-қасқасы – қора-қауым қаумалап, құрсаулап алған. Сыныптасы Зығира – етегіне кенеше жабысқан; жыбырлап-сыбырлап, Жұлдызды ала көздерімен атып, жанын қоярға тапқызбайды... Дауасыз топ Бекзатты ары қарай ілбестіріп әкетеді.
Жұлдыз бір шетке ығысып, өзімен-өзі сөйлескендей:
« – Қанаттар – Бекзаттың жан-достары қайда жүр екен-ә?! Уһ-һ... аласапыран, алдамшы ғұмыр-ай!»
дейді алаңдап-елеңдеп, ентігіп-алқынып...
Орталық мешіттен азан шақырылған.
Ұлы қорған дүр сілкініп, көпшілік – араның ұясындай гулей жөнелген
ТҮЙМЕКҮЛ: (Зығираның жүгіртпегі – көлеңкесі, алға шығып)
– Мен – педагог – «Сухимлянский» боламын!
АЙГҮЛ:
– Мен – дәрігер – «Гиппократ» боламын! Бірақ, «ол бейбақтың бүгінгі күйін» кеше қоймаспын. Екіншілей – «сухимляндарды» ем-домдап тұрмаққа...
ҚОҚЫШ: (маймылданып, қолдарын серместеп)
– Космонавт боламын!
МАҚСАТ: (Қоқышқа қарата)
– Біздер, онда – сіздер сияқтыларды тоқал тамның үстінен эскорттап-почеттап ұшырып-қондырып тұратын боламыз-дә!.. (Топтың ішінен: «Ондайларды әбден есіртіп, төбемізге қондырып, бітіп тындық емес пе!?»; «Әй... «төрт пайғамбарыңыздың қатарын толтырып», көктен түспей қиын қып жүрмесін!» деген-деген ащы да күлкілі дауыстар естіледі)
КЕЛЕСІ ОҚУШЫ: (кеудесін соққылап)
– Бизнесменбіз!..
ТАҒЫ БІРІ: (ол да сөйтіп)
– Коммерсантпыз!..
Бекзат бір топ сыныптастарымен Жұлдыздардың қаатарына оралған еді.
Жұлдыз қаталай жұтынып, Бекзатқа алаңдай қарап алып, бір шеттеп:
– Ух! келді-ау, әйтеуір. Бәлкім, әлде, Қанаттар ертіп әкелген шығар?..
дейді күрсіне де
ЗЫҒИРА: (өз-өзінен)
– Мен, заңгер – сот боламын! (Бекзатқа кілегейлене үйкелісіп, шаңқ-шаңқ етіп, өз-өзінен қолдарын ұрғыштаған. Түймекүл мен Қоқыштар қоштай жөнеліскен)
АЙГҮЛ:
– Одан да, «от – күйік!» боламын десеңші. (оңдырмай түйреген)
ЗЫҒИРА:
– Ия, от та, күйік те, сот та, бәрі де боламын! Ал әйтпесеңдер! (ышқына шаңқылдаған)
АЙГҮЛ:
– Жетіскен екенсің – жеткен екенбіз, біздер онда!?.
ҚАНАТ:
– Келешекте «Зығираштың алтын заңымен» жүретін боласыздар! (Қанат, бүгінгідей күнде де, усойқан әзіліне амалсыз жол беріп, кекесін тұмсығымен айналасындағыларды түгелдеп өткен)
ЕРЖАН:
– Ия-ия! «Зағипаш апасының» сіңлілерінен – Зығираштардан шығады? (Ержан да жолай желпіп қалған)
ЗЫҒИРА: («есерді есірткен сайын ісінеді», масайрап)
– Енді, Бекзат айтсын! Бекзат айтсын! (сыпайы қашқақтаған Бекзатқа бұрынғысынан бетер үйкелісе түскен)
ТҮЙМЕКҮЛ, ҚОҚЫШ:
– Бекзат айтады! Бекзат айтады! (екеуі – қосарлана шапаттаған)
БЕКЗАТ:
– Құдай біледі бәрін, шүкір, ендігі, рас болса... «дүние толық дөңгелектеніп біткенінде», менің де жинақталмағаным жараспас, тағдыр-тәлейтті балауса еліміздің бір кертігіне міндетті түрде жұмбаздалармыз! (әзілді-шынды күледі)
Бәрі де күлген. Бәрі де келісіп қойғандай бірден тына қалған. Тек, уыз таңның тұмығын шоршытқан Зығираның ғана оспадар, жалған күлкісінің ақырын тосысқан.
Сырылып, Зығираның құрсауынан босанған Бекзат, қорғанның баспалдақтарымен екі-үш саты жоғары көтеріліп, – қол жетпес биіктікте тұрғандай көрініп, – асқақтана, Жұлдызға қолын созады
БЕКЗАТ:
– Жұлдызды тыңдайық! Жұлдыз айтсыншы, қані?
Бекзат күректей алақандарындағы Жұлдыздың қолын әрлі-берлі аунатып, саусақтарымен оның саусақтарын тынымсыз санамалайды. Барлықтарының назарлары екеуіне ауған. Жақындап келіп, аяқтарының ұшында созылып, Жұлдыздың бетінен құшырлана сүйген Гүлжан құлағына: – Саған осылай жарасады, сөйле, – дейді мейірлене сыбдырлап.
Зығира бәз-баяғысынша – ашқарақтана андыздап, жеп-жұтып барады
ЖҰЛДЫЗ:
– Ұлы мәртебелі уақыт көрсетер! Деген де, менің де көштен қалып қоймағаным жөн шығар, достар; бұғанасы бекімеген тәуелсіз елімнің еңсесін тіктеуіне – тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының сұңғыла да сардар саясатының жасампаздығына бар үлесімді қосарыма сөзімді беремін! (жайлап Бекзаттың алақанынан қолын босатқан, – көпшіліктің сұқ көздерінен сақтанғандай да болып)
ЕРЖАН: (қутыңдаған қу тілді)
– Келешектегі нағыз тәуелсіз Қазақ елінің – «қарғыбаусыз» – нағыз тәуелсіз халық ақыны! – деп түсіне беріңіздер. (таң тұнығына әлдилей бөлеген)
ҚАНАТ, БЕКЗАТ:
–Айтқаның келсін! Айтқаның келсін! (қолдарын соға хоштап, нығарлап қойған)
ГҮЛЖАН:
– Дәп солай, достар! (құшақтап, қайта-қайта бетінен сүйеді)
Айгүл, Маржан, Мақсаттар жамыраса жөнеліскен.
Сөйтіп тұрғандарында... жай түскендей болады; ойқастап тұрған одыраң Зығира амалын тапқан
ЗЫҒИРА:
– Жарамайды-жарамайды, өзі айтуы керек! Жұлдыз әлі кім болатынын жақсы білмейді екен, ойлансын. Кеттік, өзіміздің сыныбымызға, Бекзат!
Бекзат кетер ме еді, кетпес пе еді, не шара – қара бұлттай қапқан «көпшілік» деген дауасыз топ дүрліге көшіп, оны тағы да ілбестіріп әкеткен-ді. Бәрі – араласып, сапырылысып, түсініксіз боп кеткен еді
Жұлдыз – жыларман халде соқтығыса-қақтығыса жүріп, топырдан сытырылып шыққан. «Әзіреті Сұлтан» бабасының арқасына барып (немесе қорғанның бір бұрышына), демін бір-ақ қайырып алып, сыры кетпес сырлы кірпіштеріне бетін басқан, құлағын тосқан. Әуелім тістеніп, артынша бірден иіп салып:
– «Кім болатындығымды сендейлерден сұрамаспын! – О, Әзіреті Сұлтан бабам! Кешіре гөр балаңның артық-кемін»
дейді
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгірт сахна. Сахнаның түкпірінен «Әзіреті Сұлтанның» сұлбасы бұлаңдап көрінеді.
Терең, ойлы, мазасыз күй ойнайды.
Сахнаның бір жағынан ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығып, ортасына келіп тоқтайды да, қолымен ақ жамылғысының шетін сырып, залға – олай-бұлай да – өткір де өкінішті, сыни көздерімен қадала қарап:
– Сол кезінде, «Әзіреті Сұлтан» бабаның қорғанының үстінде, менің бар ауып қалған есім – «келешекте кім боламында» емес, Бекзатта еді ғой: «Ол, кейінгі кездері біздер жаққа соғуын сиреткен-ді... Айдарлыкөлдің орталығындағы ауылда «тоғызды» бітіріп, Зығиралар да көшіп келген еді. Өзі сонау «ремзауыттың» қасында – қаланың келесі бетінде тұрғанымен, лағып, жұрттың басын қатырып, Бекзат оқитын мектепке барады емес пе...»
Бекзат не кедергілерге, қаншама қараулықтарға қасқая қарсы тұрып, жеңіс шыңына өрлей түсушітін. Алған бетінен қайтпайтыны анық-тын. Бір қорқарың, ең жаманы – «қора-қауым данышпандар» айналдырып алған еді: «қолдан-қолға тигізбейді, демін бастырмайды!» Одан қалса, дайын тұрған – «Зығиралар... Қоқыштар... «Кілең кереметтер!» Соңғы уақыттарым сұрапылданып, үнемі – үйде де, мектепте де, көшеде де – «Бекзат келіп қалатындай ма... жоғалтып па алатындай да ма...» алаң күймен өтіп те еді-ау.
Осы күндері, сол бір сұрқылтай көрініс – «кесененің үстінде рауанды күтіп тұрғанымызда, Бекзатты Зығиралардың ілбестіріп әкеткені» – есіме оралса, өзімді-өзім жегідей жеймін; қоярға қуыс тесік таппаймын! «Неге-неге: « – Бекзат, сенің өзіңе ғана айтамын, жүр кеттік!» деп мен айтпадым?»»Неге-неге?..» Көп «негелердің» жауабын өзімнен іздеп, өзімді-өзім аяусыз ірелеймін.
Сахна жабылып, қайта ашылады
3 АКТ
1 – КӨРІНІС
Қарт Қаратау. Бесінге ауған уақыт. Күн мамық нұрын қиястай төгіп, сырбаздана күлімдейді.
Құлама шатқалдар, қиян құз-жартастар, тырдай жалаңш сылдырама ақпа тастар, сіресе өскен – тобылғы, ырғай, ұшқат, қызыл қайың, құлқайыр, сасыр... Аспанда алып құстар қалықтайды. Балапандарын шұбыртып, тастан-тасқа сайрай секіректеген кекіліктер. Сонадайда – «Мыңжылқы-Бессаз» шыңы шоқыраяды. Көгілдір тұманнан, төмендегі бұлдыраңдаған өзен – шұбатылған ине-жіптей көрінеді.
Жұлдыз ысылдап-пысылдап, Қанат пен Ержан кезек сүйрелеп, биік жартастың астындағы киіз үйдің аумағындай кертік алаңқайға шыққан. Бекзат, Зығира, шопыр жігіт – үшеуі күтіп тұр. Студент жастардың қалған бесеуі – дабырласып, созалаңдап, төменде келеді.
Жастардың бәрі спорттық киімде; тек, Зығира, Түймекүл, Қоқыштар – шортикте
БЕКЗАТ:
– Жұлдыз, шаршаған жоқсың ба? (сондайлық бір аялы да аяулы дауыспен)
ЖҰЛДЫЗ:
– Жоқ, Қанатик! Әлем чемпионынан кейін екінші келген адам шаршайды ма екен!? (жалт ете күліп; Бекзаттың һақиқи жанашырлық – қамқорлық ниетіне алакеугім көңілі бірденнен аспандап салып)
ЗЫҒИРА:
– Мен екінші!!. (қашанда дайын Зығира жанұшыра шап еткен)
ҚАНАТ:
– Зығира, өкінішке орай, сен есепке алынбайсың! Турасында – есепке сыймайсың, есептен тыссың. (қағаберіс, қыздырмаққа, шоқып өткен)
ЗЫҒИРА:
– Қанат – оттамашы, тапқан екенсің сен!.. (үлпектенген Зығираға оттық тиген)
ШОПЫР ЖІГІТ:
– Оу, ағайындар, шындығында да – Зығира ханым екінші келді ғой! Қиянат жасамаңыздар?..
ҚАНАТ: (біржағынан әзілдей жымиып)
– Сіз, ағатай... айып етпеңіз, баранкіңізді – автобусыңызды білгеніңіз дұрыс болар. Баршамыз үшін де сөйткеніңіз абырой болар. Екіншіден, қорықпаңыз, Зығираштардың алдында – «қиянатыңыздың» өзі пысып кетер!
ШОПЫР ЖІГІТ:
– Жарайды, ерік сіздерде – өздерің білерсіңдер.
ҚАНАТ: (енді, өрепкіп)
– Мынау, не көріп, не көрмеген – қарт Қаратау біледі бәрін!
БЕКЗАТ: (дос-жарандардың басым көпшілігі келіп жеткенде, жоғарыға қолын созып)
– Қанат, ано-о-о-оу жалтыр бет жалдан өтсек, арғы жағы – «Мыңжылқы-Бессаз» шыңы, – он минут дамылыс! (қыран даусы таудың саф ауасында айқын, айдарланып шығады; со заматында, жалтыр бет жал да жаңғырығып, Бекзатты хоштап ала жөнелген)
ЖҰЛДЫЗ: (тосын, әңгіменің әлдеқашан бостекілікке ауып кеткенін ұнатпай, – Зығираның желпу сөздерінен барлықтары да жерініп қалған-ды)
– Бекзат! «Адам өмірге не үшін келеді?»
БЕКЗАТ: (алғашында тосылыңқырап, түрі күреңіте күрт өзгеріп, «ім-м-м» деп біршама толғаныңқырап тұрып барып)
– Меніңше... «Ұрпақ, дүниеге: жайлап-жасқап, жусау үшін келмек емес; ұялып, қымсына еніп, уақыт-мезгілі жеткенде – аңсай, аңсата аттануы үшін келуі керек!» (бұлттан шыққан күндей қайтадан жайдарыланып, «қалай?» дегендей Жұлдызға қадала қарап қалады)
ЗЫҒИРА:
– Ох-хо-о! Міне, нағыз чемпионның сөзі, журналистің сөзі! (өз-өзінен шапаттай жөнеледі, тұнық тауды тітіркенте азынатып)
ҚАНАТ: (көздерін сүзілдіре, алақанымен құлағын қалқалай)
– Қалай... қалай-қалай, қайталап айтшы, Бекзат!?
ЕРЖАН:
– Ия, тағы бір рет қайталашы, Бекзат.
ЖҰЛДЫЗ:
– Бекзат! Шындығында да сөйтші? Өтініш?
ЗЫҒИРА:
– Қақпайтындарға жүз мәрте қайталасаң да ұқпайды! (шап еткен Зығира зымияндана күліп, Бекзатты иығымен сүзгілей түскен)
БЕКЗАТ: (бір шетке ығысып тұрып барып)
– «Адам баласының, бұ бейкүнә да жарық дүниеге: бетімен лағып, ботанын шығару үшін емес, ізгілікпен, ізеттене еніп, сапар соңында – «үй артында кісі бар» – сүйіспеншілікпен, сағынышпен, күйініштілікпен де, мәңгілік тұрағына атағына лайықты абыроймен қайта оралуы үшін келгені абзал-ды!» (Бекзат бұл жолы көсемсөз оқушыдай іші-сыртын келістіріп, нақыштап, ықыластана айтып шығады. Зығира алақандарын сартылдата ұрғылап, әдетінше бос құтыша қаңғырлай-даңғырлай жөнелген. Тамылжыған тау іші бұрынғыдан да тітіркеніп, күңгірлеп, күңіреніп те кеткендей. Көпшілік басқа жастар іштей түйсініп, ұйып та қалған еді)
Дос-жарандардың – он студент пен шопыр жігіт – соңынан жеткен екі-үшеуі қаратерлері сүмектеп, «ахілеп-ухілеп», айқыш-ұйқыш әппақ шақпақ тастармен өрнектелген киіз үйдің аумағындай жалпақ көк тастың үстіне сұлая-сұлая құлағын.
Бекзаттың үстіндегі ақшаңқан спорттық киіміне қылау жұқпаған; бет-жүзі сүттей, қайта, түленіп, сұңғылаланып кеткен! Шыңрауланған жанарларынан ұшқын бүркеді)
БЕКЗАТ: (кенеттен, ойламаған жерден)
– Жұлдыз! «Атасыз, атаусыз, лағып ағып жатқан сылдыр су» – не?
ЖҰЛДЫЗ: (жақсы естімегенсіп, жауабын жүйектеп алмақшы болып)
– Бекзат, айып етпе, сұрағыңды қайталап жіберші?
БЕКЗАТ:
– «Атасыз, атаусыз лағып ағып жатқан сылдыр су» – ол не еді өзі?!
ЖҰЛДЫЗ:
– «Мақтаншылық, даңғойлық, судырлық, лыпыртпа-лепірмелік, елірме-есерлік!» (Жұлдыз саудырата сыдыртады. Бәрі серпілісіп қалады, – жыланша жиырылған Зығирадан басқалары... Гүлжан, жан-досының жүзін аса бір разышылықпен сүзіп өтеді)
БЕКЗАТ:
– Ал, сол, «лағып ағып жатқан сылдыр суға қыңқ етпей төсін тосып жатқан мәңгілік қара тас» – не? (күлімдеп, тұп-тұнық отты жанарларымен айналасын майдай қарып)
ЖҰЛДЫЗ:
– «Саналылық, парасаттылық, ар-ұяттылық, салмақтылық, беріктілік!» (сартылдата тізбелеп шыққан Жұлдыз, ешкімнің қолпашын тосып жатпастан, кідірместен Бекзатқа қарсы сұрақ қояды) – Бекзат, «Намыс!» деген не?
БЕКЗАТ: (секунд та мүдірместен)
– Алғашқы сұрағыма қайтарған жауабыңда тізбелегендеріңді сабасына түсіріп қоятын қырағы сақшы! Немесе, басқалай айтсақ: «Не – өмір, не – өлім!» (содан соң, ол да достарының ыңғайын тосып жатпастан, рюкзагін арқасына лақтыра асқан күйі, сонадайдағы кебеже тастың үстіне аяғының ұшынан сызып шығады да) – Кеттік! Соңғы – асу – атой! (жолбарысша жымын білдірмей қайта сызып түсіп, тұтасқан қалың ырғайдың шетін бір қолымен сыпыра қайырып, ішіне сүңгіп кетеді)
Гуілдескен жастар ырғатылып-жырғатылып жүргендерінде, бір мезгіл аузына құм құйылып, шеттеп қалған Зығираның арқасы Бекзат кірген қалың ырғайдан жылт еткен-ді...
Сахна жабылып, қайта ашылады
2 – КӨРІНІС
Қаратаудың ең биік нүктесі – «Мыңжылқы-Бессаз».
Төңірек, кеңістік – керемет! Күн – батыс беттегі ертегінің алып диюларындай бүк түсіп жатқан жотаға қонақтаған.
Сәл төмендегі жонда табиғи-құдық тұр. Жанында ағаш астау, қадада қауға. Айналасы – аумағы ат шаптырым – көкпеңбек саз.
Алғашқыдай емес, қарт Қаратаудың ең биік нүктесіне жастар жіпке тізгендей, іркес-тіркес көтерілген. Топтың соңын Ержан мен Жұлдыз шегелеген.
Әдеттедегідей, жаныңды жадыратқан жарқын күлкісімен Бекзат күтіп тұр. Сандық тастың үстіне шығып алған. Тек... жанында «терісін сыпырған түлкідей» Зығира...
ЗЫҒИРА:(андағайлап)
– Ержандар ең соңы – шыңға бірінші шыққан біз! Ура! Ура! Ура-а-а!.. («Ержандар» деп, әрине, Зығира Жұлдызды нұқып тұр)
ЕРЖАН:
– «Соңғы түйенің жүгі ауыр» – біліп қой! Бекзаттың аяғына орағытылып, тұнық тауды азынатып, елпілдеп-желпілдеп жеткеніңде жетіскенің қане?! Ұққан-тергенің қайсы? Шымшуға ілікпейтін желдеткішің шәңгекке ілініп кетіпті, соншама! «Зығира – сол, бәз-баяғы Зығирашсың!» – мына түріңмен ғұмырлыққа солай боп қаласың-ау, бейбақ.
ЗЫҒИРА:
– Ержан, аузыңды байқа... мен бейбақ емеспін!
ЕРЖАН:
– Ә, ия, «ұлы заңгер апасының айнымас ізбасары» екенсіз ғой; байқамай қалыппыз, айып етпеңіз, ханым! (содан соң, Жұлдыздың қолын жұлып алардай серпи көтеріп) – Бәріңді көтеріп шыққан бізбіз! «Көк түркі! Көк түркі! Көк түркі!» (ұрандап, тұрғандарда көз қиығымен түгелдеп те, «мақұлдаңдар» дегендей; Зығира жайына қалып, бәрі Жұлдыз бен Ержанмен болысып кеткен)
Ақылды – іші қутекі Гүлжан, Жұлдызды жетелеген күйі сандық тастың алдына алып барған
ГҮЛЖАН:
– Достар! Мына тұғырда – осы шыңға бастап шыққан және топтың қамын жеп, арқасын түгелдеген айрықша тұлғаларымыз тұруы керек! Қане, Бекзат, Жұлдыз... (Жұлдыздың – Бекзаттың жанына, екі адам сиярлық қана сандықша тастың үстіне көтерілуіне тура келеді. Ол, қолтығынан демеп, қанатының астына алады; екеуі аспандап тұрады) – Достар! Енді, тұғырдағылар салтанатты сөздерін айтсын! (Сол-ақ екен, тосып тұрғандай, Бекзат – Саттардан заулата жөнеледі)
БЕКЗАТ:
«Күнгей менен Теріскей боп сұлап жатқан дала еді,
Сол далада қазақ деген сорлы халық бар еді.
Бетегеден биік еді, аласа еді жусаннан,
Қайтқан құстай көшіп жүрген, бақыт көрмей қашаннан.»
Кілт тоқтаған Бекзат жарқыраған күнше күлімдеп, Жұлдыздың төбесінен төне, ұшқын бүріккен жанарларын оның жүзіне астарлай жүздіртеді. Жұлдыз, Гүлжанның әмірін күтіп жатпайды. Бір күш алып-ұшып бара жатқан еді:
ЖҰЛДЫЗ:
«Жел білетін ұшатынын, сай білетін қонарын,
Құдайы да, адамы да ойламаған обалын.
Сол халықтың Датқа жүрген жаншып, басып арқасын.
Қаннан арық ағызған ол, сусын ішіп қанғасын.
Бұл жауыздың сұмдықтарын ойлап-біліп түсіндім.
Бір күн барып, ат үстінен жұлқып оны түсірдім!» (Бекзаттың жүзіне жасқана жалтақтап, оның қолтығына тығыла түседі) (тарпынып тұрған Бекзат әрмен қарай кетеді)
БЕКЗАТ:
«Бір адамның бір өмірі аз ғой маған деуші едім,
Туып өліп кету де маған аз ғой деуші едім.
Ағаш-екеш ағаштағы көп көгеріп, қуарар,
Сенің өмірің бір-ақ рет көгерер де, суалар,
Көбелектей ербең етіп, жер бетінен кетерсің.
Өміріңде өзің жөнді із қалдырмай өтерсің.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім,
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім.»
Тыныстап, терең дем шығарған Бекзат, Жұлдыздың қолтығындағы қолын мойнына орағыта асады. Бақыттың құшағына еніп, дәміне еліткен ол болса – «жалғастыр» деген деп ұғады
ЖҰЛДЫЗ:
«Мәңгі жасау, ешуақытта өлмеушілік қайда екен?
Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім.
Өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім.
Бәсе, қане, мәңгі жасау, өлмеушілік қайда екен?
Өте ұмытшақ уақытқа көнбеушілік қайда екен?
Содан бері көп іздедім өлмеушілік жасауды,
Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды!» (Бекзаттың алып, қорғаныш қолтығына бұрынғыдан да тығыла түседі)
Достар Мыңжылқыны төбелеріне көтеріседі.
Бекзат – «айтып біткенім жоқ» дегендей рай танытады. Қыранша қомданып, шырайланып, Саттарын тоқтаусыз толғайды
БЕКЗАТ:
– Саттар: «Сен шөлдесең ішетұғын – жүрек суы қаным бар!» десе, Замандастары: «Жүрегімде сен деп соғар – бір өзгеше тамыр бар!» деп үн қатты. Не деген пәктік, таудың терең түкпірлеріндегі мәңгілік қара тастардың ара-арасынан сыңғыр-сыңғыр сылдырлап, сүзіліп шығып жатқан кәусар, таза айна бұлақ, Жер-Ананың сөлі, өміріміздің нәрі...
«Мен бақытты көрсем деуші едім. Біздің қақпаның алдындағы үлкен қара жолмен күніге бір қайыршы шал өтетін еді. Шал ұзын асасын жоғары көтеріп алып: – Е, азаматтар, бақытты болыңдар! – деушітін. Менің бақытты көргім келді. Мен сонан бері талай бақытты адамды көрдім. Талай бақытпен бетпе-бет кездестім, қазір өзім де бақыттың құшағындамын. Мен көруге құмар болған бақыт – қазір мені де, менің жолдастарымды да көтеріп, шаршатпай алға қарай алып бара жатқан сияқты. Бақыт өмірмен қатар келмейді екен, өмірмен араласып, өмір болып келеді екен. Бақыт қолыңды алмайды екен, жүрегіңді алады екен. Жүрегің бақытқа шомылып, сен өмірге өзімсініп кіріседі екенсің. Мен бақытты көрдім. Біз бақытты едік…»
«Менің қаным миллионның тамырында ағады.
Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады.
Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады,
Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өсед, жанады.
Ендеше мен мәңгі жасап, өшпеймін де, өлмеймін,
Еш уақытта жоғалмаймын, тозбаймын да, сөнбеймін!!!»
«Аспандағы күміс айдай, жас ақынның жары бар,
Аспандағы күміс айдай, құралайдай жаны бар,
Құралайды, күміс айды, тура қарап көріп өт:
Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар меруерт…
Ақын сонда: «Сәулем, – дейді, – қалқам, – дейді, жар» – дейді
«Күнге арналған, күндей күлген жібек жырым бар», – дейді;
«Күнге оранған, күндей күлген күміс күйім бар», – дейді;
«Меруерт қып, менікі деп меншігіңе ал», – дейді.»
Сахна жабылып, қайта ашылады
Ойлы да мұңлы толағай саз ойнап тұрады.
Көгілдір де қарт Қаратау мұнартады.
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз шығып, бір қырындап тұрады да...
– Сол кезінде, қарт Қаратаудың ең биігіндегі – «Мыңжылқы-Бессаздағы» – сандық тастың үстінде тұрғанымызда, мен өзімді бұл әлемде тек Бекзат екеуміз ғанадай сезінгенмін. Айнала мұнартқан көгілдір де көне таулар, сонау төменде қараңдаған елді мекендер, бәрі-бәрі – «әу!» десем-ақ алақаныма қона қалатындай құдіретті әсерлерге бөленіп, өзімді шексіз бақытты сезінген едім. (сахна төріне – қарт Қаратаудың сұлбасына қиыла қарап алады да:
Ия-ия, сол бір қайталанбас, қайтып оралмас, бірақ мәңгілік жадтан өшпес сәтте, Бекзат – Саттарын ұзағынан жырлады, езіле-егіле іздеді. Қанатын жаратқан қыран мұнар тауларының үстінде мауқы басылғанша самғады. Ойлана келе: «мен не ұғынып едім, ол кезде?» десем, «мұнар да мұнар... мұнар таулар сияқты – бұлдыр да бұлдыр тұманды ой-арман-сезімдердің торында тыпырлай шырматылған ғана екенмін ғой» деймін.
Бекзат – қиыр-қиыр ұзақтарға, қиян-қиян ұшарларға көз тігіп, иір-иір тұңғиық тереңдерге бойлай еніп қойыпты. (тағы да Қаратаудың сұлбасына бұрылады да:)
– О, данышпан, қарт, әз-Қаратау! Толғап кеп бір берші!?.
Сахна жабылып, қайта ашылады
Дос-жарандар келесі шоқының үстінде тұр.
Төменде, көз ұшында бұлдыраңдай созылып жатқан Түркістан жарықтықтың сұлбасы. Жан-жағында – шыпырлаған елді мекендер... тоғандар...
БЕКЗАТ:
– Ано-о-оу... Түркістан, ортасындағы бөлек қарауытқан – «Әзіреті Сұлтан!» (Бекзат иегімен мегзеп көрсетеді)
ЗЫҒИРА:
– Қане... кәні Әзірет Сұлтан?! Көрсетші! (Зығираға сылтау – дереу Бекзаттың жанына жетіп барған)
ҚАНАТ:
– Өй-и-и, Әзіреті Сұлтаным кім көрінгенге көріне бермейді! (Қанатқа да кезекті қыздырмақ; шоқып қалудың – құтыртудың сәтін құр жібермейді)
ЗЫҒИРА:
– Қанат, айтшы ал, кімге көрінеді сонда, сеніңше?!
ҚАНАТ:
– Көзі – төбесінің тесігі барға!
ЗЫҒИРА:
– Сонда, менің көзім – тесігім жоқ па?
ҚАНАТ:
– Зығираш, сенің көзің – тесігің жоқ емес; мәселе сонда, керісінше – сенде көз де тесік те слишком көп, нормысынан совсем артық!
ЗЫҒИРА:
– Ия, ал, қайтесіңдер – көп! Жоқтардан сақтасын!
ҚАНАТ:
– Оу, сұлуым! Қай көз, қай тесік туралы әңгіме болып жатқанын түсінбеген – ұқпағанбысың?..
ЗЫҒИРА:
– Білмеймін мен, ештеңеңді!
ҚАНАТ:
– Ә-ә, жарайды, білмегенің де дұрыс шығар, біржағынан. Себебі, сен... «айнасың» ғой! – әйтпесе, мына біздер, өз-өздерімізді қалай таныған да болар едік, бұ итшілік жалғаныңызда.
Қанат бет құбылысымен, қол қимылымен Зығираға «саған дауа жоқ» дегенді білдіріп, Бекзатқа бұрылады. Ол, миығынан күлімдеп алып, қолымен төменді нұсқап, сөзін жалғастырып әкетеді
БЕКЗАТ:
– Түркістанның оң жағында шұбатыла созылғандар – Қызыл шаруа, Қызыл әскер, Шорнақ; одан арыда төбелері қылтиғандар – Сауран, ескі Сауран; берідегі, мынау – Ақсарының тоғаны – Өгізтаудың етегі; одан былайғылар – Бабай-қорған, Мес; иек астында көгерген мынаулар – Қос-қорғанның тоғаны, Құсшы ата, Оранғай; ал, Кентау, Қарнақ, Байылдыр, Хан-тағы – таудың етек баурайында, көрінбейді. Енді, мына тұс – (ол қиғаштай арқасына бұрылады) – Теріскей; таудың арғы асты – Созақ; ары қарай – Бетпақдала – ен дала! Сары-арқа – Саржайлау!..
Сахна жабылып, қайта ашылады
4 – КӨРІНІС
Дос-жарандар биік шоқыдан жондағы көкпеңбек сазға түседі.
Таудың ең төбесінде, жалпақ жонның үстіндегі көкпеңбек сазда – табиғаттың өз туындысы – апан құдық! жанында ағаш астау, қадада ескірген қауға.
Сонадайда, Мыңжылқының қос шоқысы – алып кеменің мачталарындай боп көрінеді. Аспанда жөңки көшкен топ-топ ақшаңқан бұлттар...
Кешқұрымданып, дос-жарандар тамаққа отырысады. Әбден ашыққандар – бұйырғанын жайындай жапыруда! Тек, Бекзат қана анда-сонда дәмнен түртіп қойып, оны-мұны әзілдеп, күлдіріп те алады.
«Жаудың беті қайтыңқырап», қысыр қалжың қоздай бастағанда, Қанат орнынан шаққан көтеріледі:
ҚАНАТ:
– Достар! Қасиетті қартымыздың биігінде әрқайсымыз қысқаша-қысқаша бір-бір «сөз» айтсақ, құрғақ тілек емес, өз жүрек-сөзіміз; ал, мен-ақ бастап берейін: (бәрі құптап, «дұрыс-дұрыс» деседі) – «Құдайдан қорықпағаннан қорық» депті. Қапелімде, бүгінгідей Құдекеңнен қорқатындар қалмағандайда – не істеу керектігін де айтып кетпеген екен-дә, жарықтықтар!? (қыран-топанға бөктірген Қанат: « – Енді, қане, кезекпен», дейді де орнына жайғасады)
ЗЫҒИРА: (секең етіп тұрып, майысып-сынып, тотылана, сыбызғылана)
– «Қара тас ұйқың келсе мамық бо-ла-а-арр, шын ға-ше-ек...» (дей бергенінде)
ҚАНАТ: (шорт бөліп)
– Стоп! Стоп! Стоп! Жарамайды, жұрттан жырымдағаныңды – ондай «ашық-шашықтығыңды» жинап қой! – «өз жүрек сөзің» дегенмін. Өзіңдікі – өзіңде дені дұрыс бірдеңе бар ма, жоқ па?! Айт, тез!
Зығираның бұлқан-талқаны шығып, өкпелегенсіп, Бекзатқа үйкеле-сүйкеле жалп еткен. Отырғандар күлкіден жайпалысып қалған
ҚАНАТ:
– Ержан, жалғастыр.
ЕРЖАН:(дырду басыла, шапшаң көтеріліп)
– «Алланың – адамды ең ақылды қып жарата тұра, ең ақымақ та етіп қойғандығында не шараң бар!?» (сыпайы ізет білдіріледі)
ҚАНАТ:
– Ал... Мақсат, ары қарата.
МАҚСАТ:
– «Ақырған есектің арты – әманда бос келер!» (тұруынан отыруы жылдам Мақсатқа шуылдаса қол соғылады. «Тетральныйдың студенті қатырды!» «Жарайсың!» дегендей қолпаштар дүркірейді)
ҚАНАТ:
– Ал, енді, тіл маманы, нағыз қазақ – «Тұмар апаларынан қалған теберік» – Гүлжантай не дер екен? Тыңдалық! (қуақылана, бейтараптана сілтеме жасаған Қанат, танауын шиыра, көздерін сығырайта – өзінше айналаны төңіректеп кеткен)
ГҮЛЖАН: (күндей күлімдеп, толған айдай толықсып, керімдене орнынан көтерілген)
– «Көп ойланған – іс те тындырады, опық та жейді!»
Желпінісуге дайындалған достар сәт-қағым тосылып, үнсіз қалған
ҚАНАТ: (сөздерін сылап-сомдап, әсіре-әспеттеп)
– Ке-зе-е-ек... Жұл-ды-ыз Тілеу-лина ханымда!
Дос-жарандар даурығыса дуылдасады: «өзгеше, бөлек сөз» күтетіндей
ЖҰЛДЫЗ:
– «Жарқын үнге үн қосылса – қара түнек қақ айрылар!» достар. Менің ең-ең қымбатты Тайман Таймас ағам: «Атадан асып туған бала – асыл; тең туған бала – санда бар; кем туған бала – жоқ есебі» деп те айтқан еді-ау. Ал, енді, мен, соңғы жазылған бір өлеңімді – ақ өлеңімді оқып берейін. (қалтасынан қағазын алады; достар бұрынғыдан да дуылдасып салады)
Сүю керек!.. Сағыныш керек!..
Жаныңа не керек? Рахат па?
Жантайып жатар барақат па?!
Түк те емес… жұмақ та емес,
«Сүю» керек – сүю! «Сағыныш» керек!
…жану керек – күю керек!..
Сүю керек – сүю! Сүю керек!!!
Жану керек – күю керек:
Ұлы даланың
дархан даналығындай,
Ежелгі Үстірттің
түпсіз шыңырауларындай,
Сыр-дария, Ертістің
адуын ағыстарындай,
Қарт Қаратаудың
шежіре тастарындай,
Асқар Алатаудың
тәкаппар шыңдарындай,
Ақиық Алтайдың
кермарал келбетіндей,
Көгілдір Көкшенің
аққулы көлдеріндей…
Қыз-Жібектің
«гәккулі» әндеріндей, –
шолпысының сыңғырындай;
Махамбеттің
ереуіл арғымақтарындай, –
егеулі найзасындай;
Абай-һәкім атаның
жыр-жәуһарларындай, –
өлмес өсиетіндей!
Әйтеуір, ештеңе де емес,
«Қайта айналып дүние келмес»:
…ұйтқыған бұрқасындардай,
…буырқанған теңіздердей,
…қақталған шөлейттердей,
…мәңгілік мұздақтардай,
…мөп-мөлдір бұлақтардай,
…сарғайған жапырақтардай,
Сартаптанған – Саф – Сағыныш керек!!!
Жану керек – күю керек!
Басқалай ғұмыр кешіп,
күйкентайлап –
Әуре болмау керек,
әуре болмау керек!
(дос-жарандар сыпайы қол соғысып, тұнып, ой тереңіне шомып қалған)
БЕКЗАТ: (Қанаттың бипаздауын күтіп жатпастан, орнынан жылдам көтерілген; сөйткен де, айтар сөзінің тереңіне «күмп!» сүңгіп кеткендей, өзін де, басқаны да жоғалтып, бірауық тұңғиықтанып, тұмшалана тұрып алып барып)
– «Күн шығады – шықпасына қоймасқа; батады – батпасына болмасқа. Бір кездергі тірілер – өледі, өлілер – тіріледі. Мәңгілік – Құдіреті Шексіз Жаратушы! Жаратушының сүйгендері...» – Достар, мен де енді, бір ауыз қарасөзімді оқып берейін. (төс қалтасынан қағазын шығарады; тұнып қалған достар елеңдесіп қалады)
Жұрт айтады: «Қаратау – Тянь-Шанның бір тарамы» деп.
Мен айтамын: «Тянь-Шань – Қаратау қарттың бел баласы» деп.
Әуелі, жаратқан ием – бір Алла:
«Ұстазым менің – арым менің, жаным менің – қарт Қаратау! Пірім менің – Махамбет! – даналығы атам Абайдың.»
Менің қарт та әз-Қаратауыма деген іңкәрлігім сондай – түнде төсекте де тыпыршып, көрпенің шетін сырып тың тыңдап, елеңдеп жатамын: «Қаратаудың жүрегі мәңгілік жас – тырс-тырс, дүк-дүк соғады; үні – үнді, тынысы – бойжеткен арудыкіндей.»
Ия, қарт Қаратауымды кейде, жоқ, көбінесе – әппақ қудай дана қарт кейпінде көремін: «жүрек соғысы әзер-әзер естіліп, өкпесі жиі-жиі сырылдайды; сырт айналып, әлденелерді айтып күбірлейді... қорқыныш – үрей билейді...»
Маған, менің достарыма жөнсіз соқтығысқанда қарт Қаратау аямайды; ол – әрқашанда біздің арқамызда қарауылдап тұр. Қаратау – тірі! – мәңгілікке тірі! Оның әруағы – маған, менің тілеулестеріме жауыққанның бұ дүниеде де о дүниеде де қыр соңынан қалмайды!.. «Мен» дегенім – «Қазақ» та емес пе енді...
Зығира ұшып кетердей елпектеп, шатұр-шұтыр алақандарын ұрғылаған. Басқалары тосылып... қайтадан тұнып қалған да еді.
Бекзат – қарауыл оба тастай! Көздері – оттай!..
Уақыт зымырап, мезгіл алакеугімденіпті. Үнсіздікті Бекзаттың өзі бұзды
БЕКЗАТ:
– Достар! Жиналайық, қос шоқыға бір-бір шығып, ары қарай түсіп кетеміз. (барлықтары дүрлігісе түрегеліседі)
Сахна жабылып, қайта ашылады
5 – КӨРІНІС
Достар ойпаң саздан шығып, екінші шоқыға келіп, қасиетті Қаратау-қартқа «қайыр-хоштық» айтысады.
Бірінші шоқыға бет алғандарында, соңында – Бекзат, Жұлдыз, Зығира – үшеуі қалған еді
ЗЫҒИРА:
– Өй-бүй-ий! Сумочкам қалып кетіпті! (шаян шаққандай болады)
БЕКЗАТ: (ойға шомып, аяқтарын сылбыр созғылап келе жатқан)
– Алып кел, күтіп тұрамыз
Зығира құдықтың басына зуылдай жөнеледі.
Бекзат сандық тастың үстіне жеңіл ырғып шығып, Жұлдызға қос қолын созады...
Кешкі самал үдеп, ызыңдап, өкпектей соғады.
Жұлдыздың алақандарын қорғаштай ұстаған Бекзат қаракөлеңке көкжиекке көздерін тігіп:
– «Тылсым дүниенің сырын үнсіз ғана ұғын»
дейді өзімен-өзі сөйлескендей, сыбдырлай. Сәлден соң, шалт бұрылып, Жұлдыздың саусақтарын өз саусақтарымен тарақтай айқастырып, төбесінен төне:
БЕКЗАТ:
– Жұлдыз, Саттар мен Меруерт неліктен қосылмады, қалай ойлайсың? (тесіле қарайды)
ЖҰЛДЫЗ:
– Саттардың сұңғыла сезімі ерек – бөлек еді ғой!... (енді, бұл да қадала қарайды, «не дер екен» дегендей қобалжып та)
– Сол-ақ па?.. (бетін қайта бұрып, көкжиекті кезгілеп кетеді)
ЖҰЛДЫЗ:
– Жоқ!..
БЕКЗАТ:
– Онда?..
ЖҰЛДЫЗ:
– Жаратылыстары, болмыстары басқалай – әрқалай еді. Уақыт болмысы да басқа еді.
БЕКЗАТ:
– Біздердің уақыттарымыз қандай?
ЖҰЛДЫЗ:
– Содан ары да емес, бері де емес болар.
БЕКЗАТ:
– Ә-ә-ә!?. «бір орнында тайғанақтаған, жоқ... табаны кері кеткен дүние – «жалған» – «қазақы-дүния.»
Төменде ысылдап-пысылдап, аяқ астындағы басқан тастары сықырлай естіліп, Зығира безілдей жүгіріп келе жатқан.
Жұлдыз алақтап, секемденіп те қалған...
ЖҰЛДЫЗ: (жасқаншақтай, жөпелдете, жарықшақ үнмен)
– Бекзат, деген де, Саттар Меруертті шын сүйіп пе еді, қалай ойлайсың?!
БЕКЗАТ: (жалт қарап, қыранша құйыла, қатқыл, суық дауыспен)
– Ол жағына көзім жетпейді! Айта алмаймын!..
ЖҰЛДЫЗ:(алқынып, қаталап та, райынан қайта қоймайды)
– Айттық қой... сонда да, егер де, қосыла қалғандарында бақытты болар ма еді?!
БЕКЗАТ: (қатқыл бастап, содан, кібіртіктей бәсеңсіп)
– Айта алмаймын-айта алмаймын! Білмеймін... Жұлдыз, кешір, адам баласы жауап берерліктей емес те ме, мұндай сұрақтарға?
ЖҰЛДЫЗ: (бұл да жұмсарып салып)
– Сен де кешір, бірақ, әйтсе де?..
БЕКЗАТ:
– Бұ дүниенің бақыттылары – «қамсыз, уайым-қайғысыздар; жатып ішіп, жатып та тұрып та атарлар; бейтараптар, атақ-шатаққа әбден шырмалған нәпсіқұмарлар». Бұ дүниенің бақыттылығы – о дүниеге жүрмейді; азабы ғана – «сауапты».
Екі өкпесін қуыра қақтап, Зығира да жеткен: «Көздері – қарақұрттай! Беттері қанталап та кеткендей ме?!»
Бекзат пен Жұлдыз аңырайысып, шошына қарап та қалған...
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгірт сахна. Сахнаның түкпірінен қарт Қратаудың сұлбасы бұлаңдап көрінеді.
Терең, ойлы, мазасыз күй ойнайды.
Сахнаның бір жағынан ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығып, ортасына келіп тоқтайды да, қолымен ақ жамылғысының шетін сырып, залға – олай-бұлай да – өткір де өкінішті, сыни көздерімен қадала қарап:
– Көздері қарақұрттай! беттері қанталап та кеткендей Зығира безілдей жүгіріп жеткенде: батыс беттегі таулар түнеріп, бұйығып, бүрісіп те қалғандай еді ме; біртүрлі... үрейлі де көрінгендей; теріскей тұстағы, соның алдында ғана жайдарылана мұнартқан қатпар таулар да айнып салған. Қарауыта түксиген жота-жоталар – қабақтары түсіңкі адамдардай – көңілсіз... мұңлы да ма еді?
Сол бір кезінде, Бекзаттың – қарт Қаратаудың да алдында, мен де айтар ойларымнан тайқақтап, бұғынып қалған едім ғой; көп нәрселерді білместігімнен де бұғынған екенмін: «Біреуді өзіңдей көріп, пәкке балап, ағыңнан жарыласың, барыңды ақтарасың... асыл сезімдеріңді де. Ал, ол ше – арғы жағында не тұр?Бақытты болса – Ромео мен Джульетте, Қыз-Жібек пен Төлеген бақытты болмас па еді? Әлде, сенің – біреудің бақытсыздығы екінші біреулерге бақыттылық әкеле ме екен? Турасында, «бақыттылық», «бақытсыздық» дегендеріміздің шын мәнісі неде өзі?»Шындық» дегеніміз ше? Жалпы, мына дүниеде көп нәрселердің орындары ауысып кетпеді ме? Анығында, өздеріміз ауыстырып алмадық па?» «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол».
И-и-ия, ол уақытта, ол сұрақтарға жауап берерлік еместейлігі рас та екен-ау. Расы, оңдысы: Жоғарыдан келген пәрменді қабылдауың – һақиқи ізденістерің екен-ау. Ең бастысы, түп негізі, Бекзат айтпақшы – «бұ дүниенің азабы» екен-ау!
Мұнар таулар – маған келіп, бүгіп жатқандарын ақтармайды екен; мен өзім барып, сырласып, ұғынуым керек екен.
«Тағдырыммен» де анығынан – ашығынан сөйлесуім керек екен!
Сахна жабылады
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Сахна ашылады
1 АКТ
1 – КӨРІНІС
Түркістан. Алтын күз. Тылсым таң. Мавзолей. Қорғанның үсті ығы-жығы халық...
Түс ауа, Түркістан-Алматы пойызымен Бекзат оңтүстік астанаға жүріп кетпекші. Одан ары – Австралия! «Олимпиада!»
Қала жасттары , Бекзаттың ағайын-туыстары мен дос-жарандары, ақ ниетті қауым жамағат «Әзіреті Сұлтанның» қорғанының үстінде таң шапағын тағатсыздана күтуде.
Көпшілік қауымның арасынан:
«– Бір кездері, Саттар ақлақ – осы, қасиетті де киелі «Әзіреті Сұлтанның» төбесіне екі-үш жолдастарымен көтеріліп, тілек айтып, ниетін білдіріпті. Сөйтіп, Ленинградқа оқуға аттанған екен.»
«– Ия, Бекзат та, әуелі кесененің ішінде жатқан Иассауи, Абылай хан, басқа да ұлы бабалардың әруақтарына папасы екеуі дұға бағыштап болған соң, жаңа ғана Қанат пен Ержанды ертіп үстіне кеткен.»
«– Әне... екі досы – қос қанатындай боп, ұшып келеді!»
деген-дегендей өрепки шуласқан дауыстар естіледі.
Бекзат, қанаттарын жая, жеткен бойда шетінен құшақтай шөмпілдетіп жатыр. Жұлдыздың аяқтарын жерге тигізбей шыр айналдырды. Зығираны да...
БЕКЗАТ: (балаша арсалаңдап)
– Көрдім! Көрдім! Бәрін де көрдім!..
Мешіттен азан шақырылған.
Бір сәтке тұнып қалған көпшілік, азан аяқтала, үдерісе көтеріліп кеткен.
Ескі қорған – ес жиюда. Әруақтанған ұрпақтарын иығына қондырып, дүр сілкінуде! Толағай тербетілуде! Бекзаттың айналасына симағандар – өз-өздері ақ тілектерін ақтаруда, «оң жол» айтуда. Әкімшілік қызметкерлері жалмаң қаққан бір молланы ертіп келіпті, «тілек-бата» жасатып, ретін келтіріп тастады. Бекзаттың папасы «ақ батасын» жайып, мамасы «пәк ниет-тілектерін» ақтарды. Гүл шоқтары жаңбырша жауды...
Суырылып, алға – Гүлжан шыққан
ГҮЛЖАН:
– Ел – Ерсіз болмайды! Ер – сын-сағатта сыналады, шыңдалады! Туды жұлдызды сәтің, – «әлемдік Олимпиада!» – Бекзат! Қалың елің, «Әзіреті Сұлтаның» – қамалың, қабырғаң! – тарт, замға көк қиянына!!! Ақ жол! Ақ жол! Ақ жол! («Әзіреті Сұлтан» бабасы мен ескі қорған да қабыл алғанын сездіргендей – жаңғырыға жалғастырып әкеткен)
Гүлжан Бекзаттың бетінен сүйіп, әппақ гүл шоғырын ұсынады. Екі беті алаулап, шықтанған қос жанары маржандай жалтылдайды.
Атылып, ортаға – Қанат шыққан
ҚАНАТ:
– Адам – Ер – бір-ақ рет туылады! – «Елі үшін» туылады! «Елім-елім!» дегеніңше – «Ерім!» десін Елің. Қиянды қырқар, жұлдызды үзер кез келді Бекзат! Қаратауың қорғаның, Түркістаның тірегің! Сүйінішті күндерде жолығысқанша! Жеңіс, Жеңіс, Жеңіс!!!
Қанат пен Бекзат құшақтасқан күйі тербетіліп, біршама уақыт тұрып алады
МАҚСАТ: (өрленіп, көк бөріше күжірейіп, оң жұдырығын серместеп)
– Көк түркі! Алаш! Қазақ!..
ЕРЖАН: (атойлап, арыстанша айбарланып, екі жұдырығын кезек серместеп)
– Әруақ! Әруақ! Әруақ!..
Жұлдыз, – «қуанған ба, қорыққан ба...» – іші-бауыры езіліп, елжіреп, жыларман халде де еді
БЕКЗАТ: (бет-жүзінің бір нүктесіне дейін қалмай күлімдеп, нұр шаша)
– Жұлдыз! Қане, сен айтшы?!
Жұлдыз аятарының ұштарында секіректеп, ортаға шығады. Бұрын-соңды өзін бұлай еркін ұстамаған шығар, күле беретіндей...
ЖҰЛДЫЗ: (ырымдап сақтап жүрген кішкентай үшбұрышты қызыл орамалын жеңсіз күртешесінің төс қалтасынан сырып алып, қолдарын жая желбірете бұлғап:)
– «Мен балаң жарық күннен сәуле қуған,
Алуға күнді барып белін буған!»
Жұлдыз, Бекзаттың мойнына қолдарын асып, ай маңдайынан үш рет сүйеді. Орамалын мойнына тағады. Дүлей жұдырықтарын алақанына аялай салып, құлағына:
– Елің сенен тек қана жеңіс күтеді!
дейді, жәй ғана, «жөнсіз біреу-міреулер естіп қоймасын» дегендей.
Зығира шығып, ұзағынан сайрайды. Құшақтап... сілекейленіп тұрып алады.
Қуаныштан жүректері жарылардай – өрлене өршіген халықтың шыдамы үзілерге шақ-тын.
– Бекзат! Өзің сөйле!
– Өзі айтсын!
– Бекзат!..
– Бекзат!..
деген дауыстардан қорған теңселеді.
Бекзат көп күттірмейді. Күндей жарқырап, алмастай жалтылдап ортаға шығады
БЕКЗАТ:
– Әуелі Алла! (ол, қолдарын жайып, бір сәт көкке қадалып қалады; содан кейін жүзін кесенеге бұрып) – Пайғамбарым Мұхаммед! Әзіреті Сұлтан бабам! (қайтадан шығысқа қадалған күйі) – Елім, Халқым, Ата-баба әруағы! – ниетімді қабыл етіп, жолымды, абыройыңды бере көр! (әумин жасап, бетін сипайды)
Таудан тасқын жүріп өткендей болады. Ескі қорған толқып, тулап, жойқынданып кеткен.
Бекзат қорғанның қалқаншаларының арасындағы кертікке көз ілеспес қимылмен сызып шығады...
БЕКЗАТ:(екі қолын жайып жіберіп)
– «Ден сау болса тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін!
Серпіп тастап түндерін,
Туғызамын күндерін!» (Сұлтанмахмұттың бір шумағын таңғы ауамен аспан әлеміне ұзатып салып, аманаттап. Көздері шоқша жанып, тұла бойы-тұрпаты тітіркене түленіп те кеткендей)
Достар, ер жігіттер Бекзатты төбелеріне көтеріп, қорғаннан алып шығып кетеді
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгірт сахна. Сыр-дарияның, Қаратаудың, Алатаудың, Әзіреті Сұлтанның коллаж кескіндерінің сұлбасы бұлаңдайды. Жан тер бетер әуен айымен ойнап тұрады.
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығады; арлы-берлі жүріп, бір қырындап тұрып:
– Қазір... зерделей ойлансам – толқып кетемін; толқи толғансам – сеңдей сапырылыса соқтығысамын!
...маған, ел-жұрт – тек Бекзатты ғана емес, бүкіл әлемді көтеріп бара жатқандай көрінген де еді, сол бір кезінде.
– Ой түбіне кім жеткен, сонда да – ой мені қуып па, әлде мен ойды қуалап па, сарсыла да таусыла беремін.
Сол... Түркістанда мектепте жүргенімізде, облыс орталығына Бекзаттың жарысын көруге – жанкүйерлікке барғанымыз, сондағы адам сенгісіз қараулықтар да есіңе түседі емес пе.
Біреулер – «қорқаулар» – ақ ниет, адал еңбек, ерен таланттарымен ортадан оза шапқансаңлақтарымыздан үзіп-жұлып қалуға құлшынып тұрар екен-дә; әйтпегендейде, «Абай атамызша» таяққа жығып, я «Құлагерше» мертіктіруге білек сыбанып тұрар екен-ау. Екіншілері – «дүмшелері» – теріс қарап алысып, теріс дұғаларын түгелдесіп, құлқындары қылқылдап жататындай. Ал, үшіншілеріміз – «момындарымыз» – айдың аманында «Аллалап ах ұрып» қол жайып, аңырап қала беретіндейміз бе? Неліктен?.. Қашанғы?!.
– Зілмауыр аспан түндігін КІМ түріп жіберер екен-ә?! (аспанға қолдарын созғылап!) (енді сахна төріне бұрылып) – Айтшы, әз-Қаратау! – сұлу Сыр! – Аспантау! – Әзіреті Сұлтаным!..
Сахна жабылып, қайта ашылады
2 – КӨРІНІС
Алматы. Аэропорт. Таң. Ығы-жығы халық. Әкімшілік, спорт басшылары. Бекзаттың папасы мен мамасы. Достар...
Ұлттық киімдегі бір топ бойжеткен мың бұрала «Қамажайды» келістіре кестелеуде. Айнала – тегіс гүлге оранған. Сан түсті шарлар тізбегі, транспаранттар... Тасып төгілген ән-жыр, би... Нұрғиса Тілендиевтің атамыздың «Алатауы» таңғы ауамен шарықтап барып, өз – төл Алатауының ұшарына қонақтауда.
Аэропортты тітіркенте – жұлдызды ұшақтың қонуға келе жатқандығы хабарланады. Бір сәтке сілтідей тұнған халық дүрлігісіп қоя берген.
«– Әне... қонды!» «– Әне... шықты!» «– Келе жатыр, келе жатыр!»
дегендей дауыстар.
Ту ұстаған Ермахан, Бекзат, Мұқтархандар кіріп келеді. Құшақтасқандар... Сүйіскендер... Ұрандатқандар...
Бір шеттен, ордень-медальдары сылдырлап-сыңғырлаған топ шығады. Алдарында Роза Бағланова апамыз
РЕПОРТЕР:
– Апа! Бүгінгідей қуанышты күндері қандай ән шырқап бересіз?!
РОЗА-АПА:
– «Ах Са-ма-ра го-ро-док! Успокой ты меня; ты меня, ты меня...» (апамыз қылымси жеңіл былқылдай билеп, сөзінің прелюдиясын келтіріп алады) – Бүгінгідей күндері сондай ән шырқап беремін, айналайындарым! Айналып кетейін ақ патшам! Осының бәрі – бүгінгі орасан жеңістеріміз – бір ақ патшамның арқасы! Нұрсұлтан Әбішұлының дені сау болып, ұзақ-ұзақ жасай берсін! Даңқы мәңгілікке арта берсін! Халқыма бейбітшілік, бақыт тілеймін! Спортшыларымыздың жеңістері құтты-баянды болып, жалғаса берсін! Жасасын Қазақстан – Нұрсұлтан! Жасасын Нұр-Отан – Нұрсұлтан! Нұр-нұр-нұр-нұ-ұ-ұ-ы!..
Тебіренгені соншалықты, жасы келген апамыз сөзін аяқтай алмай, көздері жасаурап, шаршап қалады. Лып етіп жеткен Роза Рымбаева сіңлісі дер уақытында микрофонды ала қойып, апасының сөздерін жалғастырып, демеп жібереді
РОЗА-СІҢЛІСІ:
– «Көктем шақырады! Мен шақырамын!..» (Бұл да ойнақшып алып, апасының жолын қайталайды) – Нұр шашқан Қазақстаным! Нұр жамылған қазақстандықтарым – ортақ отаным! Нұр жауған күн! Нұр құйған таң! Нұр да нұр! Тек қана Нұр! Нұ-ұ-ұ-ұрр!..
Роза сіңлісі апасының бетін қайта-қайта сүйеді. Апасы да:
– Менің сөздерімді өте әдемі жалғастырдың, Розочка сіңлім, рахмет!
деп, оның бетінен шөмпілдетеді. Алға атылып шыққан әнші-композитор Бикбулат-шешен:
– Сөзі де әні де Нұрсұлтан атамыздікі, орындайтын мен!
деп алып, «Елім менің» әнін келістіре қысқаша қайырып қояды
Сахна жабылып, қайта ашылады
3 – КӨРІНІС
Президент резиденциясы. Президенттік салтанатты қабылдау. Ермахан Туды президенттің қолына тапсырады. Президент Туды төрге жайғап қояды. Ортада – Бекзат, Ольга Шишигина. Шет-шетте – бапкерлер, үкімет адамдары, репортерлар. Жеңіл ғана абыр-сабыр сәт
ПРЕЗИДЕНТ:
– Қырандарым! Ұландарым! Сендердің жеңістерің – бүкіл Қазақстан халқының жеңісі! Сендер барда – әлемнің алдыңғы қатарлы елдері сапында – тәуелсіз Қазақстанның абыройы артып, асқақтай береді! Жеңіс – жаңа жеңістерге ұласа берсін! Жасасын барша ұлттардың ынтымақты ортақ отаны – Қазақстан! Әлемді бағындырған Қазақстан батырлары жасасын!..
Бекзат бір адым алға шығады
БЕКЗАТ:
– Жеңісімді «Түркістанымның 1500 жылдығына», халқымның ыстық ықыласты махаббатына, елімнің жарқын келешегіне арнаймын! Қуаныштарыңыз құтты-баянды – ұзағынан бола берсін!
Ортаға Ермахан шығады
ЕРМАХАН:
– Жеңісімді – кемеңгер президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік сұңғыла саясатының арқасында Қазақстанымыздың өркендеп, өсіп, гүлдене беруіне арнаймын! Жаңа-жаңа жеңістерге – жетістіктерге жете берейік! Алға – Қазақстан!..
ОЛЬГА:
– Я посвящаю свою победу – первому президенту республики Казахстан – Нурсултану Абишевичу Назарбаеву и всему казахстанскому народу! Мы всегда честно будем бороться за честь и процветание родной республики! – за благо общего дома! Поздравляю всех с победой! С праздником!..
Ермахан, Бекзат, Ольга алтын медальдарын президенттің мойнына апарып салады.
Тағы да жеңіл-желпі абыр-сабыр.
Гимн – «Менің Қазақстаным» – шырқалады
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгірт сахна. Аспантаудың сұлбасы бұлаңдап көрінеді.
Жан тербетер әуен жайымен ойнап тұрады.
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз шығады, бір қырындап тұрып, бетін жартылай залға бұрып, қадала қарап:
– ... ол бір – ғасырлардан да ұзаққа созылған күн еді-ау.
Әйтеуір... ағы-қарасы да, бары-жоғы да – бәрі-бәріміз аэропорттың қону алаңында едік. «Бірлеріміздікі анық та болар, енді бірлеріміздікі дарақылық та шығар, есептеп жатқан кім бар, Құдайдан басқа?»
Ол күн – Көкте де, Жерде де жұлдыздар тоғысқан күн еді!
Ол таң – Аспантауға жұлдыздар жауған таң еді!
Мен, Бекзатты «Алпамыс» кейпінде көріппін! Құшақтап, сүйе беріппін... жылап жүрмін...
Үш апта бұрын саңлақ ұл-қыздарына көк байрақты аманаттап тапсырып, қиырдағы Австралияға аттандырып салған президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – абыроймен оралған ұландарын құшағын жая қарсы алған. Көк байрақ – желбіреп барып, желбіреп қайтты!..
Қалай болғанда да, маған, сол кезде, Аспантау – тек «жұлдыздарын» ғана емес, бүкіл әлемді қарсы алып, құшағына қысып тұрғандай көрінгені!
Сахна жабылып, қайта ашылады
1 – КӨРІНІС
Алматы. Қыс. Студенттер жатақханасы.
Жұлдыздың бөлмесі. Сөреде кітаптар.
Төрт кереует. Ортада стол; үстінде бұйырған тағамдар. Орындықтар. Өз кереуетінде – Жұлдыз, орындықта – Қанат отыр.
Байыбымен, һақиқи дініміз сарынындағы әуез жан-дүниеңді жайландыра тербеп тұр.
Есік тықылдайды. Қанат барып ашады
ДОЦЕНТ:
– Кеш жа-ры-ы-қ!
ҚАНАТ:
– Кеш жарық, аға, жоғарылатыңыз!
ЖҰЛДЫЗ: (орнынан ұшып тұрып)
– Кеш жарық, ағатай!
ДОЦЕНТ:
– Ия-ия, Бір Алла, мінеки... (жоғарыға, орындыққа барып жайғасады; жан-жағына барлай қарап алады да) – Жақсы бөлме екен, шүкір; «Алла таала аманшылығын, шүкіршілігін, абыройын берсін, әумин!» (бетін сипайды)
ҚАНАТ:
– Аға, дұға оқып жіберсеңіз, Бекзаттың, барша бақилық бауырлардың әруақтарына бағыштап.
ДОЦЕНТ:
– Алла таала қабыл етсін ниетімізді. (әумин жасап алады)
Құран оқылады.
Үшеу – бір сәтке үнсізденіп – тағамнан ептеп алып отырады
ҚАНАТ:
– Аға, осы күндері, кешегі қып-қысқа келтелер шетінен «доктор», «профессор», «академик»; тіптен, кейбірлері шамаларына қарамайын «халық қаһарманы!» Ал, сіздер, қалайша «доценттікпен» қалып қойғансыздар?
ДОЦЕНТ: (миығынан күліп алады да)
– Е-е, ия-ия, ол енді... бұ өміріңізде солай ғой. Атақ, өзі келсе – қайырлы; ал, сұрап, тіленіп алсаң – «сұраулы», арты азап.
ҚАНАТ:
– Айып етпеңіз...
ЖҰЛДЫЗ:
– «Атақтың бәрі – атақ алмай кеткендердің атында» деп те жүр ғой осы күндері. Сол сияқты, сан мәрте халық композиторлығына лайықты Шәмшілер де өтті құрдан-құр... Жүз рет батыр атанатын Бауыржандар да, қайтпас қайсар Қасым Қайсеновтар да өтті...
ДОЦЕНТ: (тағы да жеңіл жымиып алады; әуелім Қанатқа, сосын Жұлдызға қарата)
– Жә, әлгі сұрағыңның оқасы жоқ, Қанат бауырым. Ал, енді, Жұлдыз-қызым – соның үшін де, бұл өміріңізді «жалған дүние» де демеуші ме едік. «Нәпсі-шайтан!» Түптің-түбінде бәрін де халық біледі. Бір Жаратушы Иеміз бәрін де көріп тұрады.
ЖҰЛДЫЗ:
– «Атақты», со құрғырыңыздың төңірегіндегілерді – «бірдеме» десек болар-ды ма екен. Қазаққа өмір-бақи «бірдеме» жетпей-ақ келеді, – сол құрғыр, ақыры түбіне жетіп тынады ма деп те қорқасың. Той-пойларда, қонақта «жілік-пілік» жетпепті; бұ күндеріңізде қу «жүз грамм»; енді, «атақ-шатақ». Бекзат чемпион боп оралып еді – жердің жеті қат астындағы қиямети ағайындар жапырласты; ешкімге жол да бермейді, ешқалай жол да білгісі келмейді! Құдай көпшіліктің бұ тірлігін «хұп» көрмей, қалай Бекзатты өзіне алып кетіп еді – бір де бірінің көлеңкелері де қалмады...
ҚАНАТ:
– Қорықпайақ қой, Жұлдызым, олар ұзап ешқайда да кетпейді, – бүгіндері, «басқа жемтікті жерлерде» қораласып, төңіректеп жүр.
ДОЦЕНТ:
– Ия-ия, айналайындар, ол да солай ғой.. енді. Одан да, мен бір сұрақ қойсам: – Жұлдыз-қызым! «Алла таала Бекзатты не үшін берді, не үшін алып кетті?» деп ойлайсыңдар
ЖҰЛДЫЗ:
– Біздерге қимағаны шығар... Бергені – «мал бағып, сол малға ұқсаңқырап та қалған қоңыр қазағын тағы бір сынамағы» да болған болар.
ДОЦЕНТ:
– Жобаң дұрыс, ал, енді – біліп қой, қызым: Адамдар әрбір кезеңдерде асып-тасып, сайтан меңдеп, Жаратқан Иесі көбінесе қызыл тілдерінің ұштарында ғана қалып, «ұлық сынға» қырын келіп те жатады. Сол уақтары Алла таала ескертуін білдіреді. Жәй, өзінше күнелтіп жүрген пендесінің бірін алса елеусіздеу болмас па. «Е, өзі беріпті – өзі алыпты» дей салған болар едік. Ибраһим пайғамбарға Алла таала не үшін «балаңды құрбандыққа шал» деді? Ел кезекті рет әбден бүлінген еді. Ибраһим пайғамбар бар құлшылығымен «мақұл» деді. Алла таала Ибраһим пайғамбардың адалдығын, үдере-үрпиіскен халықтың тәубасына келгенін көріп, бұрынғы райынан қайтып, баланың орнына құрбандыққа аспаннан қошқар түсірді... Құдіреті күшті: шектен шығып кеткен көпшілік пенделеріне наразылығын білдіріп, жер-жаһанға жарық жұлдыз етіп жаратқан Бекзатын өзіне қайтарып алғанда, бәрлеріміз – бір-бірлеріміздің қолтықтарымызға кіріп, есімізді жиып, жым болдық! Тәубамызға келдік. Енді түсіндің бе, «Алла тааланың Бекзатты не үшін беріп, не үшін алып кеткендігін» қызым? Ал, қазір қалаймыз? Қандай боп барамыз, қайтадан?.. Бұл енді басқа әңгіме.
ҚАНАТ:
– Аға, өте ұғынықты болды, енді, бір сұрақ қойсам?..
ДОЦЕНТ:
– Әлбетте! Соның үшін де жиналады емеспіз бе. «Білмегенін сұраған – жақсы; сұрамаған – жаман» дейді кітапта
ҚАНАТ:
– Осы... қарау ағайындарда дүние көп, бөгіп қалған; бәрін бөктіріп те бүлдіріп жүреді. Ал, әділ пенделерде артық бас түк те жоқ есебі; бұл қалай?..
ДОЦЕНТ: (жеңіл жымиып алып)
– Бұл сұрағыңызға, мен, өткен өнегелік мына бір әңгімемен жауап берсем:
Тәурат Мұсаға – Әбдірәшид деген кісі жолығады. Өзі бір, «Құдай» деген пақыр екен. Сұрайды:
– Біз болсақ Құдайға таза ғибадат етіп келеміз; анау... иманнан безгендерде байлық көп, сондай байлыққа біздер де жетер ме екенбіз, дұғаңмен сұрап көрші? – деп.
Сонда, Тәурат Мұса:
– Жарайды, дұға жасамай-ақ қояйын. Одан да, он мың тіллә берейік те сенің екі аяғыңды алайық, – дейді.
Әбдірәшид пақыр:
– Екі аяқсыз дүниенің қызығы не, қалай беремін? – деп қиналады.
– Олай болса, тағы да он мың тіллә қосайық, сөйтіп – екі қолыңды алайық?
– Ойбай-ау, екі қолсыз тіршілік – тіршілік пе?!.
– Ендеше, тағы он мың тіллә қосайық та екі көзіңді алайық?
Шошып кеткен Әбдірәшид пақыр:
– Екі көзсіз бүтін дүниенің бар-жоғы не?! – деп шырылдайды.
Сол кезде, Тәурат Мұса:
– Әне, көрдіңіз бе, бір басыңызда отыз мың тілләға бергісіз байлық бар екен; ал, енді сіз, Алла тааладан одан артық қандай байлық сұрап тұрсыз? – деген екен.
ЖҰЛДЫЗ:
– Неткен өнегелік – өсиети де сөз еді!
ҚАНАТ:
– Рахмет-рахмет, аға!
ДОЦЕНТ:
– Рахым-рахмет те, бар қайырым да, әуелім – бір Жаратушы Иемізден! – айналайындар.
Доцент тағы да «әуминін» жасап, отырғандар орындарынан түрегеліседі. Қанат, ағайын есіктен шығарып салады.
Қанат пен Жұлдыз Бекзатты еске алып, оны-мұны әңгімелеп те отырады.
ҚАНАТ:
– Жігіттердің бәрі көшіп кетті... (сөзінің жарымын жұтып)
ЖҰЛДЫЗ:
– Қайда-а-а?.. (еріксіз үн қатады)
ҚАНАТ:
– Пугачева-Киркоров, Билан-силан құда-құдашаларының концертіне.
ЖҰЛДЫЗ:
– Біздің қыздар да...
ҚАНАТ:
– Әй... осы елдің, – қайдағы бір «шет жұрт» дегенде, – желігі ме жерігі ме қашан басылар екен, ә-а?!
ЖҰЛДЫЗ:
– Тұмсығымен жер сүзгенде... желкесі үзілгенде!
ҚАНАТ:
– Шетімізден әртіс боп бітіп, «шырылдауық шегірткенің» нағыз өзіне айналып та кетпедік пе, ә-а? Ешнәрсенің парқын – жөнін білмейтін, білгіміз де келмейтін, әбден жадсыз болып алдық па?!.
ЖҰЛДЫЗ:
– Ақырзаман таянғанда адамдардың бәрі «ән салып» кететін көрінеді ғой.
ҚАНАТ:
– «Қиямет!..»
ЖҰЛДЫЗ:
– Басқа әңгіме айталықшы, Қана-а-а-т!
ҚАНАТ:
– Басқа әңгімені – «басқалар» айтса жарасар-ды ма?..
ЖҰЛДЫЗ: (келіскенін білдіріп, басын шұлғи да изей береді)
ҚАНАТ: (сағатын шұқып көрсетіп)
– Ал, Жұлдызым, мен бөлмеме барайын, түн жарымнан ауып қалыпты. (орнынан тұрады)
ЖҰЛДЫЗ:
– Жарайды, жақсы, сау бол.
ҚАНАТ:
– Алла таала тілегімізді қабыл етсін, ақырын берсін.
ЖҰЛДЫЗ:
– Әумин! (екеуі беттерін сипасады; Жұлдыз, Қанатты есіктен шығарып салады)
Сахна жабылып, қайта ашылады
2 – КӨРІНІС
Студенттер жатақханасы. Жұлдыздың бөлмесі. Түн. Терезеден: қысқы аспан, енді жана бастаған жұлдыздар, ағараңдаған Алатаудың шыңдары көрінеді. Үш қыз тас ұйқыда!
Жұлдыз түс көріп жатыр. Олай-бұлай аунағыштап, қолдарын серместеп, бірдеңелерді сөйлейді... Біруақытта, оянып кетеді. Беті-көздерін уқалап біршама отырып, қайтадан жатады. Түс көреді. Түсінде: (сахнаның сыртынан дикторлар – біреусі Жұлдыздың, біреусі Бекзаттың даусымен күңгірлеп сөйлеп тұрады)
– Жұлдыз! «Жайын балық» есіңде ме? Теңізге дейін жүзіп бере алмадым-ә?! (Бекзат (диктор) арсалаңдап, балаша күледі)
– Есімде, кешірші Бекзат?.. Сен мұхиттардан да жүзіп өттің ғой!..
– «Қасиетті топырақ» ше?..
– Есімде!
– Мұнар тауларға барып тұрасыңдар ма?
– Ия... бардық!
– Сен қазір Аспантаудасың ғой?
– И-и-ия!..
– Аспантауда жұлдыздар жақын... «Әзіреті Сұлтан» орнында ма? Көпшілігі бар, көпіршігені бар – ағайындар ше?..
– А-а, ә-ә, і-і...
Жұлдыздың даусын салған диктор қиналып, жөндеп жауап бере алмай қалады.
Жұлдыз қолдарын серместеп, аласұрып жатқан күйі: (өзі сөйлейді):
– Аққу! Аққу!.. Бекзат, қайда ұшып кеттің?!
Жұлдыз шошып оянады; тұрып, терезенің алдына барады
Терезеден: Шайдай ашық қысқы аспан көлеңдейді; тарыдай шашылған жұлдыздар жымыңдаса қытықтасады; толған ай маңдай төрде сүт сәулесін себезгілеп тұр; сонар қарға оранған дала – қанатын жайған аққудай; Алатаудың сонау бір, аспанға айрықша шаншылған шыңы – тұппа аққудың басы іспетті!
Жұлдыз кітап полкісіндегі будильник сағатты қолына алып қарайды. Сол кезде, сахнаның сыртынан диктордың: «Сағат бес!» деген күңгірлеген даусы естіледі...
Қалған қыздар тас ұйқыда. Жұлдыз әрлі-берлі жүреді. Графиннен стаканға құйып, бір-екі ұрттам су жұтады. Қал-қалш етеді. Жылдам басып терезеге барады; мұздай әйнегіне бетін басып, мойнын бұрағыштап, жоқ іздегендей – өрепки көкке көгенделеді. (сахнаның сыртынан Жұлдыздың даусымен диктор сөйлейді):
– Ой, тоба! «Құс жолы» – құдды аққу! Жан-жағындағы шыпырлаған балапан-жұлдыздарын шұбырта ертіп, самғап барады...
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгірт сахнаның түкпірінен «Әзіреті Сұлтанның», Алатаудың, Қаратаудың, Сыр-дарияның коллаж-кескіндері бұлаңдай көрінеді.
Сабырлы да шерлі күй ойнап тұрады.
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығады; арлы-берлі жүріп, бір қырындап тұрып, жамылғысының шетін сырып:
– Біз, Қанат екеуміз, қысқы сессиядан соң, Түркістандағы университетіміздің ұйғарымымен Алматыдағы ҚазМУға ауысқанбыз. Онымыз – дұрыс та болғандай ма: «Түркістанда жүрсем... жиі-жиі Бекзат есіме оралып?..»
Ойлай-ойлай әбден басымды қатырамын: «Түркістан – Ұлы! Ұлы Түркістан!» деп қақсай беретіндейміз
Білмеймін... қасиетті де киелі Түркістанымның қай кездері маңдайының жарқырай қалғандығын? Құжынаған: «көсемдер... шешендер... көріпкелдер... кереметилер; өңкей өзеуреген ептілер, ұстатпайтын пысықайлар!»
«Қақсай-қақсай»... қақ айырып бітпесек-ті!?
...Құл-қожа Ахмет бабамыз – «зарлап» өтті. Ақырында, жердің астына – қылуетке түсіп кетті.
...қара-құлдарды «зар еңіретіп жүріп» – көкпен арпалысқан күмбез тұрғызыппыз!
«Түркістан!..» десе – басым айналып, миым шайқатылып-ақ кетеді. Күмбез де – қалтырап-дірілдеп, бебеулеп-боздап тұрғандай көрінеді. Сондықтан да, алыстау кетіп, сырттарынан тілеулерін тілеп, айналсоқтап қана жүргенді дұрыс деп те шешкендеймін бе?..
Ойлай-ойлай – әбден қанымды қарайтамын: «Қалайша?..», «Неге-неліктен?..» деп. Әрине, әуелі Алла – «бірақ... бірақ-та?..
Олай да бұлай жөн-жосықсыз, бет қаратпай сүйрелей берген «үлкендер» де дұрыс істемеді ме екен? Анау... Шишигина мен Винокуровтар Австралиядан келісімен, ертесіне-ақ аттанып кетпеді ме тірліктеріне – той-пойсыз-ақ? «Қой көрмеген – қуалап жүріп өлтірер» деген сөзді дана халқымыз осындайда айтты ма екен-ә, а?
Бір жолы, жалтақтай, жасқана жолығысқанымызда: «– Жұлдыз, басым айналып, түкті де түсінбей қалдым, білмеймін...» деп едің-ау, Бекзатым!?
«Құдайым-ау, бақандай-бақандай жүзің күйгір үш айдың қарасы есіңнен тандыра сенделтіп, сергелдеңге салып қойдық қой-ә!?» Кешір! Кешір! Кешір!..
«Халқым – Елім – Жерім!» демеуші ме едің, Бекзат!?.
«...ұшығына жете алмаймын! Ұғына алмаймын, ұққым да келмейді!»
...Бек-Затым менің! Анасының, Атасының Бекзаты! Бүкіл қазағының, барша көк бөрі ұрпағының – Адамзаттың Бекзаты!
«Өкініш... Күйініш... Сағыныш...» – ызғарлы, сызды. «– Аһ-һ!?.»
Осы күндері ойлап отырсаң... ғұмыр кешіп, тірі жүргенің де – әуелі Алла таала, жақсылардың арқасы екен ғой. Жақсы адамдар бар екен. Қанаттың жездесінің досы университетте дәріс оқитын, басқалар сияқты атағы айқайлап тұрмағанымен, өте білімдар кісі-тін.
Со үлкен кісінің маған қарата айтқан ғибратлы сөздері өмір мектептерімнің ең үлкен парақтарының бірі болар. Өкініштісі – қасіретіміз сол: «тағы да таз қалпымызға түсіп, жайылып бара жатқандығымыз. «Бытыраған, егесіз мал кез-келген қорқаудың азуынан басқа қайда барып түсер-ді, ә-а?!»
Сол... құран оқытқан кешіміздің түнінде – «жазылғанын... бұйырғанын... еншімді» де көргендеймін-ау!..
Сахна жабылып, қайта ашылады
3 АКТ
1 – КӨРІНІС
Көктем. Алматы. Аэропорттың қону алаңы.
Жеңімпаз боксыларды күткен халықта шек те ес те жоқ-тай!...
Би биленіп, күй күмбірлеуде. Құшақ-құшақ гүл – аспаннан сауылдай төгіліп тұрғандай. Қызылды-жасылды лозунгілерде, транспаранттарда: «Бекзат – Сен бізбен біргесің!», «Бекзат салған жол – Даңғыл!» «Берік – Жігітсің! Сұңқарсың!», «2001» жеңімпаздарына жалынды сәлем!», «Ермахан, Болатхан, Мұқтархан – мақтанышы қазақтың!» деген-дегендей ұрандар.
Бір шетте, барьерге жанасып, кәукілдескен достар тұр
ЖҰЛДЫЗ:
– Гүлжан, Ержан – қалай жеттіңдер? – сұрап та үлгірмедік-ау. Түркістан жарықтық орнында ма?
ГҮЛЖАН:
– Жарықтығың әзірге орнында, қалтылдаса да, селкілдесе де. Рахмет, жеттік қой әйтеуір, автобусымыз үш-төрт мәрте бұзылып, салдырлап-селкілдеп жүріп, Құдай қаласа.
ҚАНАТ:
– Мақсат, Айгүл, Маржандар жақсы ма?
ЖҰЛДЫЗ:
– Бекзаттың ата-анасы – үй-іштері қалай?
ЕРЖАН:
– Шүкір-шүкір, бәрі де жақсы, аман-есен, сәлем айтуда түгел.
ЖҰЛДЫЗ, ҚАНАТ:
– Сәлемет болсын-сәлемет болсын!!.
Достардың әңгімесі боксшыларға ауады
ЕРЖАН:
– Әй-и-и!.. Мұқтарханды айтсаңшы! Бә-ә-рін түгел бір қолымен-ақ сыпырып шықты ғой! Басқалармен салмағы тең болғанда, одан да арысын көрсетер еді-ә! Бір саусақпен ойнатар еді!
ҚАНАТ:
– Ермахан мен Болатханның «техникалары» керемет қой! Соққылары да сойқан, сойып салады. Қонақбаевтың техникасы аса ерекше еді ғой, бірақ, «физикасы» – соққысының күші кемшіндеутін. Бұл екеуінің «төрт құбыласы» тең! «Идеал!»
ЕРЖАН:
– Бәрі-бір... Мұқтарханның құлаштай айналдырып, қазақшалап тұрып соғатын оң қолы – «феномен»! Шойын!
ГҮЛЖАН:
– Берікке ризамын! Бекзаттың орнын жоғалтпады, жігіт екен!
ЕРЖАН, ҚАНАТ: (бұрынғыдан бетер бұрқырап)
– Ия-ия! Ия-ия!..
ЖҰЛДЫЗ: (бірауық оқшауланып, ойша Бекзатымен боп кеткен еді, енді амалсыз достарын қолдап)
– Ия... «Ер» екен, сөзінде тұрды.
ГҮЛЖАН: (біржағынан Жұлдыздың көңілін аулап)
– «Тұлпар тұяғын тай басар», ұшқын атқан жарық жұлдыздан келесі бір жұлдыз тұтанбай қоймас екен ғой!
ҚАНАТ: (бәрін де аңдап тұрған)
– «Мен егер лаулап жанбасам,
Сен егер лаулап жанбасаң,
Ол егер лаулап жанбаса –
Серпілер түнек, түн қашан!» – Сол сияқты, Саттар, 23-інде жүз жасаған көрегеннің сөзін айтып, дана атанып кетті. Ал, енді кейбіріміз, жо-о-оқ, көпшілігіміз, «жүзіңізді» нақтылай түгелдеп, өмір-теңізіңіздің бетінен қалқи ғана жүзіп, түк те із қалдырмай-ақ өтіп жатырмыз. Теңіздің тереңін аспанның тұңғиығын тексерген Бекзат та: Тұлпар – Дана – Дара! «Құс жолындай мәңгілік!.. – Оу, Ержан, Гүлжан! Жұлдыз жақында «Жас Алаштың» штаттан тыс тілшісі болайын деп жатыр, құттықтап қойыңдар!
ЕРЖАН:
– О-о-о!.. Нағыз «Штирлиц»! Осы уақытқа дейін үндемейді-ә!?
ГҮЛЖАН:
– Бұларың жарамайды! Өкпелейміз!?.
ҚАНАТ:
– Әй-и-и... кінәлі өздерің! Мына Ержаның: «Мұқтар-ха –ан! Мұқтар-ха-ан! Шойын жұдырық!» деп мүмкіндік берді ме айтуға. Одан да, давай жақсылап құттықтап қойыңдар. Қара... бұларды!? (Жұлдызға көзін қысып, мұрнын шиыра, кердиіп қояды)
Гүлжан:
– Жарайды... әзіл ғой, құттықтаймыз Жұлдыз! Шын жүректен қуаныштымын! (құшақтай қысып, екі бетінен кезек-кезек шөмпілдетеді)
ЕРЖАН:
– Ә-ә-әй... Гүлжан-тай! Маған да қалдыр. Әкел бетіңді Жұлдыз! (аңқылдап, Гүлжанның арқасынан тартқылап)
ҚАНАТ:
– Оу, достар! «Жас Алаштағы» соңғы мақаласын оқыдыңдар ма? Бұ Жұлдызың, енді, «Қазақ әдебиетіне» де қақпан құрып жатыр. «Ержан мен Гүлжан одан әрі шұрқырасып кеп береді)
ЕРЖАН:
– «Жаралы қарт Қаратауыңның» емін қайдан табамыз?..
ЖҰЛДЫЗ:
– Не үшін келе жатырмыз, – «неліктен жер басып жүрміз», – Ержаным-ау?! (қолын Ержанның арқасына артып, иығына бетін басады)
ГҮЛЖАН:
– «Көк теңізің» одан да керемет шыққан! Жансызыңның жанын жалбарындырады! – оның емін ше?.. (қайтсін... Гүлжан да қосарланып қалуда)
ЖҰЛДЫЗ: («уһ» деп демін созалаңдата шығарып, бойын жинақтап, өзіне келгендей болып)
– Табамыз-табамыз, міндетті түрде, Гүлжан-тай!
Жұлдызды ұшақтың қонуға келе жатқандығы хабарланады. Ұзамай қонады.
Аэропорт алаңы – дауылды күнгі буырқанған теңіздей!..
Желбірете ту көтерген Ермахан кіріп келеді. Арқасында: қос қолымен Бекзаттың портретін аспандата көтерген жас барыс – Берік! Шойын жұдырық, түйе бөрі – Мұқтархан! Болаттай – Болатхан! Нұр шашқан – Сұлтан! Жұлдызшалар – Асқар, Алмас, Айдос! Барлықтарының кеуделерінде жарқыраған медальдар...
Аспан-Жер жұлдыздарға айналып, жаппай – «жұлдыздар шеруі» басталған!
«Әруақтаған, ұрандаған» дауыстар.
Құшақтасқандар... Сүйіскендер...
Репортер Ермаханға микрофонын тосады
ЕРМАХАН:
– Біз, бүгінгі – кезекті әлем біріншілігінде – Бекзат үшін ондаған есе күшпен шайқастық! Елден шығарда әруағына бас иіп, беріспеске серттескенбіз! Жеңісіміз – тәуелсіз Отанымыздың «он жылдығына», Бекзаттың өшпес рухына! Жас қой, уайымдап едім, – «рингте мың өліп, мың тірілді», – Бекзаттың салмағында шайқасқан Берік жігіттің-жігіті екен, берілмеді! (Берікті қайта-қайта құшақтайды)
Сахна төріндегі кино-экранда – алтын тұғырдағы Берік! Қазақ елінің гимні шырқалуда. «Айнымайды-ау... айнымайды! – тура, Сиднейдегі, Бекзаттың өзі!» Көк байрақты желбірете жамылған. От шашқан жанарларынан қуаныш жасы үйіріле үзіледі. Жас барыс кеудесін кере өрленіп, атылып тұр!
ЖҰЛДЫЗ: (қайраттанып салып, бір сәтке достарынан ығысып, Аспантауға қолдарын соза сөйлеседі)
– Аспантау-Аспантау! Сен көзтойғысызсың ғой бүгін! Сұлудан да сұлу, асқақтан да асқақ, алыптан да алыпсың ғой! Ә-ә-ә, ішің қу. Жұлдызды шеруіңді тағатсыздана, бүйрегің бүлкілдей күттің ғой-ә?!
АСПАНТАУ: (сахнаның сыртындағы диктор күңгірлеп)
– Ия, дәп солай!
ЖҰЛДЫЗ:
– Аспантау-Аспантау! Құйшы?!.
АСПАНТАУ: (сахнаның сыртындағы диктор)
– Алақандарыңды жай, бетіңді тос!
Тысырлай жауған жылы жаңбырдың дыбысы естіледі
ЖҰЛДЫЗ:
– Аспантау-Аспантау! Маған қанат жасап берші?!
АСПАНТАУ: (сахнаның сыртындағы диктор күңгірлеп)
– Жоғары қара!
Аспанда тысырлаған, сатырлаған, күңгірлеген дыбыстар естіледі.
Жұлдыз аяқтарының ұшында созыла аспанға алай-олай үдере қарағыштайды, алақандарын жаяды, бетін тосады...
Сахна жабылып, қайта ашылады
ЖАД. ОЙ-ТОЛҒАМ
Күңгіртт сахнаның түкірінен «Әзіреті Сұлтанның», Алатаудың, Қаратаудың, Сыр-дарияның коллаж-кескіндері бұлаңдай көрінеді. Баяу, мұңлы әуен ойнап тұрады.
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» шығады да қиғаштай тұрып, жамылғысының бір шетін сырып:
Аспанымды қасірет бұлты шалды,
Жазирамнан жаз көшіп, жұрты қалды.
Көңілімнің құлазып қуанышы,
Жазиралы жанымның сұрқын алды.
Сертке берік сезімнен жаратылған,
Абырой мен атағын ала туған,
Сиднейдегі сайыста Ер атанған –
Жан едің-ау, еңселі дара тұлғаң!
Тұлғаланып, зерделі зейініңмен,
Жаралдың ба, беу, месел – мейірімнен?!
«Мен мұңлықпын»… Сен өттің жұмбақ күйде,
«Аққу бейне» – періште пейіліңмен.
Білмей өттің – «жалғанның» жалғандығын,
«Көгілдірің» артыңда қалғандығын.
Алласына арызын айта алмай –
«Уран-мұңмен» уланған арман ұғым.
(сәл тыныстап алып барып):
– И-и-я-я, Алла таалаға шәк жоқ, салғанына көнуің керек екен. Жаратқан Иеміздің шексіз мейіріміне – һақиқи мөлдір махаббатымызбен ғана жауап беруіміз керек екен!
(енді, залға бетпе-бет тікесінен бұрылып, жамылғысының бас жағын иығына сырып тастап, шашын жайып жіберіп, жан-жағына қолдарын серместей):
– Кіш!Кет! Аулақ! – жалғандық, жамандық, зұлымдық атаулы; (аспанға қолдарын соза қарап): – Кел! Хош! Төрлет – Құс жолы – һақ перзенті; (залға қолдарын созғылай қадала қарап). – Жаратушы Иең, шексіз құдіретліге: құшағыңды айқар, жан-дүниеңді ақтар, жүрек-қақпаңды аш Адамзат!!!
(енді, жамылғысын қайта реттеп бүркеніп, бір шетін сырып, қырын тұрған қалпы): – Мен, сол жолы... Бекзат әлемді бағындырып келген кезінде: «Өмір қайта берілсе, басқаша бастар ма едің?» деген сұрақты қойып та қалған едім ғой. Ол: «Әлбетте, қайтадан бастаған болар едім; тағы қайта берілсе – дуылдатып, дауылдатып, нөсерлетіп бастар едім; тағы-тағы берілсе – асырып, тасытып, төгілтіп бастар едім! – Бір Жаратушының мәңгілік жолымен» деп те жауап қайтарып еді-ау...
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» жарқ ете ашылып, жамылғысының бас жағын қайта сілкіп тастап, шашын қобырата жайып, адуындана сөйлейді
И-и-ия... мен іздегенімді де, жоғалтқанымды да тапқандаймын.
«Бекзатымды тауыппын, – «КҮН ШЫҒАДЫ, ШЫҚПАСЫНА БОЛМАСҚА!» – мәңгіліктің жолын мәңгілікке тауыппын! – өзімді де...»
Бұл күндері – сан ойланып-сан толғанғандағы – түйгенім де түйсінгенім... бары да бәрі осы болды. Ал, енді, ендігісі не еді? Құдайдың бір аты – СӨЗ! «Түгел сөздің түбі бір...» сонау кезеңімізді былай қойғанда, күні кешегі «һәкім атамыздан» соң, одан да берідегі «алаштық ақиық ағаларымыздан» кейін, бүгіндері СӨЗ кезекті рет түзелді; сенің де – ақыры бір түзеліп, тұтынғаның ғана қалып тұр, қадірменді тыңдарман ағайын!?..
Ақ жамылған «қаралы Жұлдыз-қыз» көрермендерге сыни көзбен қадалған күйі тұрып қалады... Реквием күйі ойнап тұрады...
Сахна жабылып, қайта ашылады
Декорацияда: Сыр-дарияның, Қаратаудың, Алатаудың, «Әзіреті Сұлтанның» коллаж-кескіндері; ортасында – Бекзаттың жеңіс тұғырында көк туымызды жамылып тұрған үлкен портреті. Жан тербетер де тітіркентер толағай күй жайымен ойнап тұрады.
Актерлар – режиссер, композитор, суретші, т. т. бәрі – түп-түгел қатар түзіп, көзайымданып, көшелі де көркем көрермендердің алдына шығады...
СОҢЫ
Шілде, тамыз – 2009 ж. Астана қ.