Осы күнгі ертегі
Пьеса
Қатысушылар:
Үрзада–бойжеткен
Қадыржан–Оксфорд университетінің түлегі, банк қызметкері
Күнберген–Қадыржанның әкесі, бизнесмен
Саракүл–Қадыржанның шешесі, оқытушы-педагог
Қаншайым–Үрзаданың анасы, бала бақша тәрбиешісі
Әзімбек–Үрзаданың әкесі, құрылысшы
Нұркамал–банк басшысының орынбасары.
Хирург-дәрігер, медбикелер...
-1-
Сыртқы есікті Қадыржан өз кілтімен ашады да, Үрзадаға үніңді шығарма дегендей сұқ саусағымен аузын басып, белгі береді. Екеуі аяқтарын ұшынан басып ішке кіреді. Жасау-жабдығы келіскен үлкен бөлме. Жарық, жылы. Диван, терезеге перде тұтылған. Үрзада үн-түнсіз, әлденеден үріккендей, әлдекімдер бір бұрыштан шыға келетіндей қысылып-қымтырылып, есік қайырылысында состиып тұрып қалады.
Қадыржан (ілгері жылжиды): Оу, біздің үйдің бай-бағыландары, қайдасыздар?! Болашақ келіндеріңізді таныстырайын дегенде қайда қашып кеткенсіздер. Таныстыр, таныстыр деп тапсырыс берген сіздер емес пе едіңіздер. Ал кәне, бері-бері жақындаңыздар. Шашуларыңыз дайын ба, орамал салуға әзір асықпайық. Үлгерерміз бәріне. (Үрзадаға қарап басын шайқайды). Түк түсінсем бұйырмасын. Өздері өлердегі сөздерін айтып, қиылады да, біз келгенде зым-зия жоғалады.
Үрзада (үйде бөтен адамдардың жоқтығына әбден көзі жеткен соң, сәл батылдау қимылдап, терезе алдына барып, жан-жағына барлау жасайды): Түсінікті, бәрі түсінікті. Саған бірнәрсе айтайын, Қадыржан, сен... сен бар-ау, сахнаға дайындықсыз шыға салған тәжірибесіз әртіс секілдісің. Бәрі жасанды. Өтірік айта алмайтындығың екібастан. Ең болмағанда, осы рөлді дұрыстап ойнап шықсаң қайтер еді. Саған кез-келген нәрсені шала-пұла бітіре салу жараспайды. Оның үстіне Оксфорд университетін бітірді деген атағың бар.
Қадыржан (таңданыспен): Бұл жерге Оксфордтың қажеті қанша?
Үрзада: Махаббатқа Оксфордтың қажеті шамалы, әрине. Дегенмен сенің әрбір іс-қимылыңнан өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелік аңғарылып тұруға тиіс қой.
Қадыржан (екі алақанын екі жаққа жайып): Түк түсінсем бұйырмасын, түк түсінсем бұйырмасын.
Үрзада (сықылықтап күледі): Міне, міне, со жағын түсіндіруге келе жатқан жоқпын ба. Сен бүгін бұл үйде бізден басқа тірі жанның болмайтындығын баяғыда-ақ білгенсің. Бәлкім, әке-шешең қыдырыстап кетті ме, қонаққа кетті ме, о жағын қайдан білейін. Екеумізге емін-еркін сайраңдауға мүмкіндік мол. Бұл негізі көпке белгілі сценарий ғой. Бірақ бүгінгі күн талабына сай келмейді. Ескірген, көнерген. Кейбір жігіттер мұндайда ойындағысын іске асыру үшін әдейі пәтер жалдап, қыз байғұсты сүйрелеп сонда апарады екен ғой. Сөйтеді де...
Қадыржан: Ту...у, оқиғаны қалай әдемі қиюластырасың, а?! Тура кітаптағыдай.
Үрзада Сәл шыда. (Құшақтап, сүюге ыңғайланған Қадыржаннан алысырақ барып тұрады): Сол кітаптағы сөзді аяғына дейін жеткізейін. Енді ондай сценарий өтпейді, оны бір деп қойыңыз. Екіншісі, дәл осы араға әке-шешеңді араластырып нең бар еді. (Қадыржанның дауыс ырғағына салады): «Қайдасыңдар, қайдасыңдар, бері шығыңыздар!»
Қадыржан: Не, не болған саған?! Сенің таусылмайтын ертегілеріңді естіп тұруға шама жоқ. Иә, иә, оңашада екеуара емін-еркін сырласайық десем... Ондай-ондай философияны бұрын-соңды естімей жүрсем бір жөн. (Үрзаданың ернінен қадалып сүйеді. Екеуі жайлап диванға жайғасады).
Үрзада (қуақыланып): Айта беріңіз, құлағым сізде.
Қадыржан: Не айтарымды да білмеймін. Жаңа ғана жұптап отырған сөздерімнің бәрі қасқыр көрген қояндай жан-жаққа бытырап қашты да кетті. Сенен қорқайын дедік қой бір түрлі.
Үрзада (еркелеп Қадыржанның шашын сипайды): Неге қорқасын және кімнен қорқасын?! Арлан қасқырды таптың ғой оңай жерден.
Қадыржан (Үрзаданы қайтадан құшағына қысады): Жүректегі сөздерімді айтайыншы десем. Сен бір түрлі... мені сенімнен айырылған біреуге ұқсатқың келе ме немене, әлде өзіңнен алыстатқың келе ме немене? Сенен қорқайын дедік қой бір түрлі. Сүйетіндігімді немен дәлелдерімді де білмеймін.
Үрзада: Оны дәлелдеймін деп әуреге түспе. Жүрек түсінсе болды емес пе. «Ғашықтық тілі–тілсіз тіл». «Мен сені сүйемін!» Әбден ақжемі шыққан жаттанды сөзді енді кеп сен қайталамақпысың?!
Қадыржан: Енді не істеуім керек?
Үрзада: Түк те істеме, менің қасымда өстіп отырсаң болды.
Қадыржан (орнынан түрегеледі): Жарықты өшірейін.
Үрзада (күліп): Кімнен қорқасын, тарақаннан ба?
Қадыржан: Тарақан таба алсаң. (Екеуі ұзақ сүйіседі).
Үрзада: Сөйтіп үш айға Англияға жүремін де.
Қадыржан: Қызмет ыңғайы солай болды. Ағылшын тілін білетіндігім сор болып жабысты басыма. Оның үстіне семьяң жоқ, бойдақсын дейді. Англияның түкпір-түкпірін сенен артық білетін кім бар дейді. Көпшік қоюға шебер ғой біздің халық. Бармаймын, көрмегенім Англия болсын деп қайтіп табандап тұрып аларсың. Өткен жылы үйленіп алғанда ғой. Құда да тыныш, құдағи да тыныш...
Үрзада: Үлгереміз. Үш ай, тоқсан тәулік. Саусақпен санарлық. Өте шығады көзді ашып-жұмғанша. Сол үш айды мен де дұрыстап пайдаға асырайын. Кандидаттық минимумын тапсырамын-бір, ағылшын курсын аяқтаймын-екі, шоферлік право аламын-үш.
Қадыржан: Мен үшін, үш ай үш жылға ұласатын шығар.
Үрзада (сықылықтап күледі): Тағы бастадың ба?
Қадыржан: Нені?
Үрзада: Сен осы жаттанды сөздерді қайдан тауып ала қоясың, а?! Өз сөзіңді айтсаңшы, өз сөзіңді!
Қадыржан: Өз сөзім, Қадыржанның сөзі. Менің ішімде мені еріксіз сөйлетіп тұрған бөгде күш жоқ. Шыным, имандай шыным, сенсіз сол үш айды қалай өткізетінімді ойласам, қабырғам сөгіледі.
Үрзада: Жылағым келеді.
Қадыржан: Бұл менің сөзім емес.
Үрзада: Ендеше былай істе, мен саған сол үш айды қалай оп-оңай өткізудің жолдарын үйретейін. Біздің қалай, қайтіп танысқанымызды білесің ғой.
Қадыржан: Білем, білгенде қандай! Оны ұмыту мүмкін бе.
Үрзада: Алғаш сүйіскенімізді ше?
Қадыржан: Білем, бәрі есімде. Күні кешегідей көз алдымда. Қыстың алғашқы айы. Жапалақтап қар жауып тұрды. Үйлерің үлкен мешіттің жанында болатын. Таң атқанша көшеде жүрдік.
Үрзада күліп жібереді.
Қадыржан: Неге күлесің? Менің сөзім тағы да кітап сөзіне ұқсап кетті ме?
Үрзада: Жоқ, ә! Есіме қайдағы-жайдағының оралғаны. (Тағы да сықылықтап күледі). Сонша қорқақтығыңды айтамын да. Мешіт азан шақырғанда сен селк ете қалдың. Бірақ маған сездірмеуге тырыстың. Мен де байқамаған болдым.
Қадыржан: Ту...у, әлі күнге дейін сол түкке тұрмайтын дүниені ұмытпай жүргенің-ай!
Үрзада: Шынайы махаббатта елеусіз ешнәрсе болмайды. Сол күні мен сені сұмдық жек көріп кеткем.
Қадыржан (таңданыспен): Ал керек болса...
Үрзада: Келесі күні сен соткама мың мәрте звандадың. «Қажеті жоқ, енді хабарласпаңыз» дегім келіп тұрды да, не пәлесінің барын қайдам, сол сөзді айта алмадым тұтығып. Ал айта салғанда не болар еді. Сен кері бұрылып, кетер ме едің мені көрместей боп.
Қадыржан: Не үшін?
Үрзада: Не үшін, бәсе не үшін? Сенен сондай батылдықты да күткем жоқ-ты. «Үрзада, тоқта, тоқташы» деп жалындың-ай кеп. Суға батып бара жатқандай, даусың да тұншығып естілді. Бұған не болып қалды деп, екінші қабаттан төмен түскем. Сол, сол-ақ екен, түлкі аулаған бүркіттей, әй-шай жоқ тура ерінге жабысқаның.
Қадыржан: Әсілі, соным дұрыс болды. Өйтпегенде кім білсін, қыздардан өткен қу халық бола ма. «Мына бір сүмелек... ыбылжып жүріп алды ғой ышқырға түскен бит құсап» деп сыртымнан күлкі қылмасыңа кім кепіл.
Үрзада: Дегенмен екі жақтың түсіністігіне не жетсін!
Қадыржан: Мені сүй, сүйе ғой деп ерініңді өзің тосар ма едің. Егер сен солай істегенде, сенен мен түңіліп кетуім мүмкін ғой. Құнды дүниенің қолға оңай түскендігін қаламаймын.
Үрзада: Міне, мұның жөн, мұның ақыл. Өз сөзіңді енді айта бастадың.
Қадыржан: Сүйісу жырын бастаған өзің. Ендеше бізден де бір сұрақ. Менімен со жолы алғаш сүйісуің бе еді?
Үрзада: Иә, алғашқы сүйісуім еді десем, сен бәрібір сенбес едің. Оның үстіне саған өтірік айттым-ау деп өзім де қиналып бітер едім. Жетінші сыныпта, тура жетінші сыныпта мектеп директорының баласы байқатпай бетімнен сүйіп алған.
Қадыржан: Шапалақпен бір перген шығарсың?
Үрзада: Жоқ, өзі келіп кейіннен кешірім сұрады.
Қадыржан: Өтірік, мұның енді шылғи өтірік. Өзі директордың баласы болады, өзі бір үйдің еркесі болады. Сөйтеді де сенен келіп кешірім сұрайды. Пах! Тұнып тұрған поэзия ғой мынау! Дальше?
Үрзада (өкпелеген сыңаймен): Сен, сенбе өзің біл. Мен тек болған оқиғаны ғана баяндадым.
Қадыржан: Директордың баласы болмақ түгілі неге министрдің баласы болмайды. Ұрдым бәрін! Үрзадам, менің Үрзадам! (Аймаласады).
Үрзада (шашын түзеп, сәл ысырылып отырады): Міне, біз танысқалы қанша жыл?
Қадыржан: Үш, үш жыл. Үш жылда үш сәбиді дүниеге әкелуге болады екен-ау! Төртіншісін туғанда батыр ана атанар ең.
Үрзада: Сол үш жылдың елеулі сәттерін төсекте жатқанда көз алдыңнан өткіз. Махаббат жайлы көркем фильм көргендей болмасаң маған кел. Ертеңінде сергек оянасың да, жұмысыңа тартасың. Сол оқиғаларды бөліп-бөліп үш айға жікте, уақыттың қалай өткендігін өзің де аңғармайсың.
Қадыржан: Қойшы Үрзада, он жеті жастағы бойжеткен құсап, сенікі бұл не қылған таусылмайтын романтикалық сезім?! Қазір мұндайды жоғарғы сыныптың қыздары да айтпайды.
Үрзаданы диванға жатқызып құшағына қысады, төсін сипалайды. Тұмсығын тығып тамағынан иіскейді. Қолын әлденеше бөксе жағына апарады. Етегін көтереді. Ернінен қадалып ұзақ-ұзақ сүйеді. Үрзада да қарсыласып бағады. Ақыры бұлқынып-бұлқынып, ашылып қалған өңірін қаусырмалап, орнынан ұшып түрегеледі.
Үрзада (ешбір ашусыз): Соғысқа аттанып бара жатқан жауынгер секілді ауылда қалған сүйіктіңнің бар шаруасын тындырып кетейін деген екенсің ғой. Үш айға шыдасаң етті, Қадыржан.
Қадыржан: Шыдаймыз, шыдамағанда қайда барамыз. Бұрын қалай өмір сүрсек, мұнан кейін де сөйтіп сүйретіліп жүре берерміз итшілеп. (Түрегеліп шалбарының ауын түймелейді). Бірақ шыдамның да шегі бар емес пе?! Мен еркекпін ғой.
Үрзада: Сенің еркектігіңе күмән келтіріп жатқан біреу бар ма? Ай, ақымағым-ай, мендегінің бәрі-бәрі сенікі. Тек сол күнге аман-есен жеткенді айтыңыз. Менің де нәтім-әйел. Нәпсіні ауыздықтау маған да оңай деймісің.
Қадыржан: Ендеше... ашылмайтын сейф құсап, сенікі бұл неткен қайсарлық?! Өзің айтпақшы, бәрі маған бұйыратын несібе екен, оның ертең-бүгін деп сонша бағасын арттырып қайтеміз.
Үрзада: «Жата сал, беріле сал! Жігітіңнің жігерін жасытпа. Сүйгенің рас болса және оның сүйетіндігіне көзің жетсе соның-ақ дегені болсын. Көне сал».
Қадыржан: Әне, бәрін біліп тұрып, бұлданасың келіп, бұлданасың. Мені де түсінуге болады ғой бір жолға. Ертең бұйырса жолға шығамын.
Үрзада: Ал менің сол армандап күткен жаңаша өмірді бұлай бастағым келмесе ше?!
Қадыржан: Ол қайдағы жаңаша өмір? Немене, біз үйленген соң басқа планетада өмір сүреміз бе? Бәрімізге белгілі жағдай жалғаса бермей ме одан әрі. Біріне жетсе біріне жетпейтін күнделікті күйкі тіршілік. Жұмыс, жұмыс. Әлдекімдердің алдында жалпақтау. Өтірік айту. Қызмет бабында өсуге талпыну. Өсу үшін де қиямет-қайым арпалыс. Біреулерге көзбе-көз сатқындық жасау, біреулерді сыртынан өсектеу... Ұштығына жете аларсың ба? Ал сен шаңырақ құрсақ, үйленсек, бізге бейтаныс жаңа өмірдің есігі өздігінен аңқиып ашыла салады дейсің. Мен ондайды әзірге сезіне алар күйде емеспін. Бәлкім, баланың қызығымен алданып, бірнәрсе тындырғандай өз-өзімізді жұбатқан болармыз.
Үрзада: Өз тағдырыма өзім рақмет айтамын осы жол. Жаңа сенің дегеніңе көніп, бойымдағы бар асылымнан, бар пәктігімнен жұрдай айырылғанда не болар едім?! Ал сенің өмір жайлы талғам-түсінігіңнен қарадай-қарап адам шошынғандай екен. Әлден қараспан тауды басыңа үйіп-төгесің. Сен үшін түк қызық қалмаған секілді.
Қадыржан: Қандай қызық, қандай қызықты айтып тұрсың, Үрзада?!
Үрзада: Қандай қызықты? Жар сүюдің қызығы мен бақытын мәселен мен өмірдегі ең қымбат қазынаға бағалар едім. Сен білесің бе, менің әкем қарапайым құрылысшы. Өзінің табан ақы, маңдай терімен қатарға қосылған осы қаланың мың-миллион тұрғынының бірі. Ал анам бала бақшада тәрбиеші. Екеуі осы Астанада танысқан. Бұл тарихтың әрине, саған қажеті шамалы. Білем, әкемнің жұмысы ауыр. Әсіресе, ауылдан келіп, құрылыста істеп жатқан қазақ жастарына тиісті жағдай жасап, қол ұшын бере алмағандығына күйінгенде жанын қоярға жер таппайды. Түннің бір уағында түтігіп үйге келеді. Ал анам әкемнің алдында құрақ ұшады. Шай-суын дайындайтындығы бергі жағы ғой, барынша көңілін көтеруге тырысады. Сан түрлі тақырыпта әңгіме қозғайды. Одан нәтиже шығара алмаса, дереу қулыққа көшеді де, жастық күндеріндегі бір эпизодты қиюын келістіріп қойып кеп қалады. Сол, сол-ақ екен, әкемнің қабағы ашылады, мырс етіп күледі. Міне, арғы жақтан осы күлкінің шығуы қиын. Одан соң төңірек жайнап, жасарып сала береді. Егер анам ерін өстіп әлпештемегенде әкем әлдеқашан инфаркт алар еді. Миыңа кірді ме бір нәрсе?
Қадыржан (басын шайқап): Онша емес... онша емес. Елес, ертегі тәрізді барлығы.
Үрзада: Сенің әке-шешеңнің арасында ерлі-зайыптыларға тән еркеліктер, бір-біріне наздану, бірін-бірі құрметтеу сезімдері байқалмай ма?
Қадыржан: О жағына көңіл аудармаппын.
Үрзада: Аударуың керек еді. Сенің басыңның сұмдық жұмыс істейтіндігін жақсы білемін. Есепке жүйріксің. Банктің бар шаруасын бір өзің атқаратын секілдісің менің байқауымша.
Қадыржан: Ұжым. Біріміздің олқылығымызды біріміз толтырамыз.
Үрзада: Сөйтіп түннің бір уағына дейін тапжылмай кеңседе отырасыңдар. Отбасы, бала-шаға дегендер айдалада қалады. Ақша, ақша! Ал ақша дегенде менің аза бойым тік тұрады. Алтын көрсе періште жолдан таяды.
Қадыржан: Бірақ сен ойлағандай ақша дегенің де оңай табылмайды.
Үрзада: Табылмаса тіпті алақай, барымен базар.
Қадыржан: Қатардан қалмау да керек. Өмір болса мынау, күнде өзгеріс. Алас-қапас. Кішкене мызғып кетсең болды, тұла бойыңды топан су басып салатындай.
Үрзада: Бұйырған несібе ешқайда қашпайды.
Қадыржан: Ескі түсінік. Сен неге ескі түсініктің шеңберінен шыға алмай қалғансың, а?! Бұйырған несібе өзі кеп аузыма түседі деп, шалқаңнан түсіп жата бер ендеше.
Үрзада: Ескі түсініктің шар шеңберінен шыға алмай қалған дейсің, егер қиын болмаса осы жағын түсіндірші.
Қадыржан: Оның несін түсіндіретіні бар. Мәселен, екеуміз ерлі-зайыпты боп қосылған түні. Бұл түнді бал-шырын түні деуші ме едіңдер. Баяғыда жеңгелері сол түні екі жасқа әдейілеп төсек салып береді, сосын ертеңгілік төсекке тамған қанды көріп, ағайындарынан сүйінші сұрайды деуші еді. Сен сөйтіп ертеңгі күні өзіңді де, өзгені де масқара қылып, жұрттың күлкісіне қалып жүрме.
Үрзада: Несі бар, өз басым мұнан күлкіге қалатындай ешбір оғаштық көріп тұрғаным жоқ. Тіпті жан-тәніммен солай болғандығын да қалар едім.
Қадыржан: Сен немене кандидаттығыңды осы тақырыптан қорғамақшымысың?
Үрзада: Неге қорғамасқа! Атам заманнан келе жатқан ұлттық дәстүрдің қайтадан салтанат құруына жәрдемдессек.
Қадыржан: Жо-жоқ, бұл араға мені қыстырма, өзің, өзің-ақ айналыса бер. Іргемізден космосқа спутник ұшады, ал біздің Үрзада ханым төсекке тамған қан жайында кандидаттық диссертация қорғайды.
Үрзада: Сол төсекке тамған бір тамшы қанның құдіретімен қаншама құндылықтарымыздың сақталатындығын білесің бе? Білмейсің, білгің де келмейді. Сендерге банктің қаржылық капиталы төмендемесе болғаны. Сол банктің қаржылық капиталы да, космосқа ұшқан спутниктерің де әлгі бір тамшы қанның қасында түкке де тұрмайды.
Қадыржан (саусағын шекесіне апарып, таңданыспен): ХХІ ғасырдың данышпан философы Үрзада Әзімбекқызына ғарыштан жалынды сәлем!
Үрзада (сабырлы күйде): Мұның ешқандай күлкісі жоқ. Мына сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамның неге қатығызденіп, қатып-семіп, неге сұрланып бара жатқан себебін түсінесің бе?!
Қадыржан (орнынан ұшып түрегеліп, көрермендерге қарайды): Түсінбейсіздер! Бір тамшы қан және бүкіл өмір. (Қайтадан Үрзаданың жанына келіп отырады). Сол түні төсекке бір тамшы қан тамуға тиіс екен, оны сырттағылар ай көргендей күтеді екен. Адам-ау, оның не қиындығы бар, саусағымның ұшына ине сұғып аламын да, міне былай (көріністі қимылмен дәлелдейді) төсекке тырс-тырс тамызамын. Бітті. Ах-ха-ха!..
Үрзада: Сен мені мың жерден күлкіге айналдыра бер. Сол бір тамшы қан – адалдықтың, пәктіктің белгісі ретінде баяғыда-ақ дәлелденген. Жаңа шаңырақ сол арқылы адамдық ұяттың ұясына айналған, сол арқылы жаңа түскен келін елдің бетіне тура қараған. Ұятын бойына аман сақтағаны үшін, тазалығы үшін әулеттің жас-кәрісі де оны төбелеріне көтерген. Үйімізге ырыс кірді, құт келді деп ырымдаған. Ал қазір бәрібір. Жаңа шаңырақтың иісін сіңірмей, үйлене сала жас жұбайларды шетелге аттандырамыз. Және ол мақтаныш, жетістік ретінде бағаланады. Бәрі арзан, бәрі жылтырақ. Шоу, ұлттық құндылықтарымызға қолдан ұйымдастырылған қарсылық шоу. Сөйтеміз де бетіміз бүлк етпестен ажырасқандардың саны мынадай деп статистикалық мәліметтерге жүгінеміз. Мен шаршадым. (Үрзада біразға дейін басын ұстап үнсіз қалады. Артынша қалта телефонына қоңырау түседі). Мама, сәлден соң үйге барамын. Алаң болмай, дем ала беріңіздер! (Қадыржанға қарайды) Шығарып сал. Кездесуіміздің соңы сәл көңілсіздеу аяқталса, оған біздің кінәміз жоқ. Өмір ғой, өмір! (Қадыржанның бетінен сүйеді). Ылғи тиынның сыңғырын ести бергенше құлағың осындай әңгімелерге де үйренсін.
Екеуі қол ұстасып сыртқа беттейді.
-ІІ-
Сахна екіге бөлінген. Екі шаңырақтың құдалыққа бару, құда күту дегендей алас-қапас тірлігі. Алдымен Қадыржанның әке-шешесі көрермендерге жақындайды.
Күнберген (алдында бір бөтелке, темекіні үсті-үстіне будақтатып отыр): Сенің де шығармайтының жоқ! (Шамаданға оны-мұны заттардың бірін алып, бірін салып, қоржынды салмақтап көріп, шала бүлініп жатқан әйеліне жақтырмай қарайды). «Құда түсеміз, құда түсеміз. Ата-бабамыздың ескі дәстүрін сақтаймыз!» Пах! Ата-бабаң менің дәстүрімді сақтады ма, сақтамады ма деп, сүйектерін сықырлатып, біз жолға шығар алдында терезеден сығалап қарап тұра ма?
Саракүл (ашулы): Ата сақалың аузыңа түскенше саған не болған, Күнберген-ау, атаукереңді ішсең-іш, бірақ аруақтарға тіл тигізбе!
Күнберген: Мұны атаукере деп кемсітпе, бұл батылдық үшін жасалған әрекет. Анда барғанда тұрсам екі сөздің басын құрай алмай міңгірлеп. Шамалы өз-өзіме келіп, шабыттанып алайын.
Саракүл: Бара салысымен барылдап әнге басып жүрме. Қайдан білсін, артынып-тартынып құдамыз келді деп құрақ ұшады ғой бұл қазақ.
Күнберген (қолына стақан ұстаған күйі орнынан ұшып түрегеледі): Құрақ ұшпай көрсін! Құрақ ұшпайтындай, мен кімнен кеммін. Қайта, әлгі кім еді, құрылысшы дедің бе, болашақ құданы? (Кекесінді түрде миығынан күледі). Құрылысшы. Қайта маңдайының бес елі бағы бар екен, Күнбергенмен құда болғаны үшін алдымен құдайына рақмет айтсын. Өнесі-ей, мен не, құрылысшы көрмей жүр ме екем. Ал кәне, өзімнің денсаулығым үшін! (стақандағыны қағып салады).
Саракүл (Күнбергеннің қолындағы стақанды, үстөл үстіндегі бөтелкені жұлып алып, ауызүйге әкетеді. Тарс-тұрыс): Сен тым асқақтама, Күнберген, біреудің алақанға салып әлпештеген баласын алғалы отырып, артық сөйлеме.
Күнберген (диванға қисайған күйі): Артық сөйлегеннен сақтасын. Мен тек шындықты айттым. Менімен құда болуға қолдары жетпей жүргендер қаншама!
Саракүл: Бас жаққа барыспайық, осы жерден тоқтай ғой. Жалғыз баланың болашағы ойландырама десем, сен алдымен өз жайыңды күйттейді екенсің ғой.
Күнберген: Жалғыз бала, жалғыз бала! Қадыржаннан кейін қосақтап ұл-қыз тусаң қайда қалдың?!
Саракүл: Ай, Күнберген, тілімді қышытпа, білдің бе, тілімді қышытпа. Сен әрекет етпесең мен күлге аунап туамын ба баланы?! Оның үстіне қайдағы жоқ жаман ырым шығарып:–Жалғыз ұл, бізге жалғыз ұл да жетеді, тек осы жаманның рақатын молынан көрсек жарағаны деп, құдайға жалбарынған кім? Өзіңнің кемшілігіңді, өзіңнің әлсіздігіңді енді кеп менің мойныма жүктеме.
Күнберген (дауысы бәсең): Уақыт солай болды ғой. Сол жалғыз баланы бағып-қағу да оңай болған жоқ біздерге. Садигі, мектебі деп жүгірдік екі өкпемізді қолымызға алып.
Саракүл: Сен аспанға қарап талтайып жаттың шырт түкіріп демекпісің. Әркімнің ниетіне береді деген бар. Соған қарағанда, сенің ниетің дұрыс болмады-ау деймін о бастан.
Күнберген: Сара, сен де байқап-байқап сөйле. Түбі сол жалғыз баладан, Қадыржаннан көресің бар рақатты.
Саракүл: Айтқаның келсін, аузыңа май, астыңа тай. Ал есебің түгенделсе енді, негізгі шаруамызға көшейік. Қадыржаннан аянатын не бар. Құда-құдағиға көзге түсетіндей өңшең қымбат сыйлықтар алдым. Оның үстіне Қадыржанның әкесі дүниені тіреп тұрған бизнесмен деген атағың бар. Құданың алдында мерейіміз үстем болсын.
Күнберген: Мерейіміз үстем болмайтындай не көрініпті. Қадыржан секілді күйеу бала қолдарына түсе берсе... Өзі Оксфордты бітіреді, банкте қызмет жасайды. Сен құда, құда деп қақсауыңды қоймайсың, мені басқа мәселе мазасыздандырып жүр осы күндері.
Саракүл: Ол қандай мәселе түн ұйқыңды төрт бөліп жүрген? Айт, айтып қал, былайғы уақытта сенің бизнестен қолың тие ме. Құдалыққа барарда бәрін шешіп алайық.
Күнберген (мастығынан жазылғандай басын оңға-солға бұрып, шылым тұтатады): Құда-құдағиымыз өте қарапайым, құдайдан тілеген адамдар деп табандарын жерге тигізбей мақтайсың. Бәрі уақытша, түпкі мақсаттарына қол жеткізген соң, басқаша сайрамасын. Қыздарын жақсы жігіттің қойнына салса.
Саракүл (жылан шағып алғандай ыршып түседі): Ту...у, Күнберген-ай, ойларың қандай тұрпайы еді. Қыздарын дейсің, сол қыз сенің ертеңгі келінің емес пе. Және жалғыз келінің. Ол да біреудің жалғызы. Екі жастың бақытты өмір сүрулері үшін тосыннан бір нәрсе айта ма десем.
Күнберген: Бақытты өмір сүргілері келсе қалғанын өздері-ақ жасап алар. Оларға бұдан артық тағы не керек? Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Алты бөлмелі қос қабат коттеджі дайын, мәшинесі бар. Біздің кезімізде мұның бірде-бірі болған жоқ. Жеті жыл пәтер жалдап тұрдық.
Саракүл: Жалғыз ұлдан соларды да қызғанамысың?
Күнберген: Қызғанып тұрғаным жоқ. Ертеңгі өмірлерінің қалай болатындығын кім біліпті. Келін әке-шешесінің айтқанынан шықпайтын жалаңдаған біреу болса. Бір-екі айдан соң, әке-шешеңнен бөлек тұрайық деп, бізді тастап бөтен үйге шығып кетпесе... Жалғыз ұлдың қадірін сонда түсінерсің.
Саракүл: Келінді көргем, әдепті бала. Оқыған-тоқығандығын былай қойғанда, көргенді жерден шыққан. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете біледі. Өзі әдемі. Әке-шешесі де балаларға өйт, сөйт деп түртпектейтін кісілер емес. Өз тірліктерін біледі, өзгелерде шаруалары жоқ. Біртоға.
Күнберген: Не, не дейсің, біртоға. Сол біртоғалықтан басымыз пәлеге қалмасын түптің түбінде. Біртоғалық жетістікке жатпайды. Өзің білесің, мен елмен, жұртпен араласып, жаманды-жақсылы бедел жинаған адаммын. Таныстарым да, үйге келетін қонақтар да баршылық. Қазақ құдасын құдайындай сыйлаған. Болсын-болмасын, менің төрім ертең сол болашақ құдаларға бұйырады. Кім еді, иә, әлгі сол... құрметті құрылысшың бір бұрышта отырса аузын буған өгіздей өңкиіп. Сонда менің бизнестегі әріптестерім: «Күнберген, құдаң келіскен азамат екен» деп мырс-мырс күлмей ме. Әне, тірілей жерге кірудің сонда көрерсің көкесін!
Саракүл: Сен бүйтіп қараспан тауды қапылтпа. Сен тіпті ол кісінің қарасын да көрген жоқсың. Бүйтіп сырттан топ пішкенді доғар. Егер түсінсең, тиынның сылдыры естілсе елең ете қалатын сенің рухсыз, парықсыз жолдассымақтарыңа құдамыздың кісілігі үлгі-өнеге. Рақметіңді сонда айтарсың маған.
Күнберген: Бәли, құрылысшы құдадан құдай жасамақшымысың?! Өмір болса оны да көрерміз.
Саракүл: Көңіліңе аласың ба, алмайсың ба, онда менің шаруам шамалы. Бірақ кемшілігіңді көзіңе айтпасам, саған батылы барып оны кім айта алады. Сен көкірегіңмен аспан тіреуге құмарсың. Кешелі-бергі әңгімелеріңнен байқаймын, құданы құрылысшы деп кемсітесің. Құдағи бала бақша тәрбиешісі. Білем, бұл да саған ұнамайды. Енді саған кімдердің ұнайтындығын қайдан білейін.
Күнберген: Тең-теңімен, тезек-қабымен.
Саракүл: Бірақ ең басты жетістігімізді ұмытпа. Сол құрылысшы, сол тәрбиеші жалғыз қыздарын күнге қол созған гүлдей етіп, әдемі өсірген. Бір отбасын өрге сүйреуге қабілетті, сүйгеніне адал. Қадыржан дегенде ішкен асын жерге қояды. Шығарға жаны жоқ. Бізге керегі, біз күткен басты байлық осы емес пе?!
Күнберген (кекесінді түрде): Осы заманның Джульеттасы десеңші!
Саракүл: Джульеттаң жолда қалар Үрзаданың қасында.
Күнберген (жақтырмағандай): Үрзада! Одан басқа ат құрып қалғандай, мұсылманшылықтың иісі аңқиды бір түрлі. Құсни-Қорлан дегенде де құлаққа жағымдылау естілер еді.
Саракүл: Міне, қазір құданың үйіне барғанда саған айтар басты өтінішім, ізет сақтап, дұрыс, жөнімен сөйлеуге тырыс. Бүйректен сирақ шығарма. Қадыржанның әкесі де иман жүзді азамат екен десін. Ұлымыздың да беделі өсіп қалсын кәдімгідей. Менменсіген, тәкәппар мінезіңді осы жерде қалдыр. Сен қыз алуға барасың, есебің түгел. Ал олар қабырғаларын сөгіп бергендей күй кешіп отырған болар. Бала беру оңай деймісің?!
Күнберген (әйеліне ала көздене қарайды): Сенің осы бықсығың түгесіле ме, түгесілмей ме. Біз немене... мен мәселен, Қадыржанның әкесі ретінде кішірейіп олардың алдында басымды игім келмейді. Түк өзгермеймін. Осы Күнберген қалпымда қаламын. Ал қыздарын бермеймін десе тым алақай. Қадыржанға әйел табылады. Сен үндемегенге үдетіп барасың ғой, жүдә! Сыпайы бол, ізет сақта, кішірей.
Саракүл: Уақытша ғой барлығы. Бір күн кішірейсең, көтеншегің түсіп қалмас. Құданы құдай қосады. Сен қанша мықты болсаң да, құдайдан мықты емес шығарсың.
Күнберген (ауызүйге шығып кетіп, жартылай ішілген бөтелкені әкеліп, үстөлге қояды): Біздікі бұл неткен асығыстық? Құдалыққа барыңдар, құда-құдағидың алдынан өтіңдер деп артымыздан автомат кезеніп тұрған біреу бар ма?! Қадыржан Англияға кеше кетті. Ұлымыз аман-есен келген соң-ақ үлгермейміз бе бәріне. Әлде менсіз құдағимен келісімшартқа отырып қойып па едіңдер? Ондай болса әңгімені ашық айт.
Саракүл: Кешегі мен бүгінгінің тура жолы осындай. Балалар бірін-бірі ұнатқан екен, оны созғалақтайтын несі бар. Келіннің құлағына сырғамызды салып, енді сен біздің адамсың деп иемдене берейік өзімізше. Кім біледі.
Күнберген (бір стақан арақты қағып салып, тіске басатын іздеп ауа қармайды): Кім біледі?.. Міне, осы сөз сенің аузыңнан қашан шығар екен деп, тағатым таусылып бітіп еді. Дұрыс болды айтқаның. Осы сөзің үшін бір мәрте алып жібермейміз бе, а?! (Төбеге қарап, рақаттана күледі). Кім біледі, заманның, уақыттың сағат сайын өзгеріп жатқаны мынау. Өзгермеген не қалды мына дүниеде? Үш ай, үш айда кім бар, кім жоқ. Бәрін асығыс-үсігіс тындырып тастап, түк білмегендей тымпиып жүре бергің келеді. Кім біледі, алдымен өз балаңды да дұрыстап танып білмейсің. Анау-мынау бола қалса сырға салу құтқара ма қиын өткелден. Сырға түгіл бір айға жетер- жетпесте заңды некеге тұрғандар да айырылысып жатқан жоқ па?! Әрине, оның беті аулақ! Егер ғайыптан тайып Қадыржан шешімін өзгертсе ше?..
Саракүл (ашулы): Аузыңнан оңды сөз шықпайды-ау сенің Күнберген!
Күнберген: Шындығы солай ғой өзі, егер Қадыржан шешімін өзгертсе шешем сырға салып қойып еді деп, саналы түрде бәрінен баз кеше ме? Құрылысшының қара қызына тіреліп тұрмаған шығар бар дүние?! Ал одан өткен ақылды, одан өткен сұлу қыз кезіксе ше?
Саракүл: Атаукереңді ішсең-іш, бірақ менің жүйкемді жұқартпа. Мен адам тәрбиелеп жүрген педагогпын. Яғни, бір адамдай кісі танимын. Үрзада менің үддемнен шыққан әдепті бойжеткен. Сен тиын санағаннан басқа не білесің. Бұл тақырыпта Қадыржанмен де қайбір пікірлестім дейсің! Сені бизнестен басқа ешнәрсе қызықтырмайды. Қалтаңа түскен тиынның салмағы неғұрлым ауырлаған сайын жаның кіреді, ал салмағы кемісе бәрімізді бір бұрышқа тығып, қырып жібере жаздайсың. Бәріміз дедім бе, қайдағы бәріміз, мен ғой, менен басқа кім бар сенің илеуіңе көнетін.
Күнберген (ойланғандай түр танытып, бөлме ішін олай-былай кезгілеп жүреді): Жә-жә, жұмыс турасындағы трактатыңа құлақ қояйын. Бірақ жалғыз балаңмен де пікірлеспейсің дегеніңе мүлде келісе алмаймын. Бұл мені көрер көзге қиянатқа итеру, жанымды тірілей отқа қақтау.
Саракүл (күліп): Ойпыр-ай, сенің де отқа қақталатын жаның бар екен-ау!
Күнберген: Немене, мені темірден жаралған деп пе ең? Күлетін жерде күліп, жылайтын жерде жылаймыз. Және оны әлдекімдерге көз қылу үшін жасамаймыз. Табиғатым солай, жаратылысым солай.
Саракүл: Сізді танымай жүр екенбіз ғой.
Күнберген: Айта бер, ойыңды ірікпе, бірақ Қадыржанға қатысты сыныңды басы бүтін қайтіп аласың. Бизнес әлеміндегі жаңалықтарды рас, мен алдымен Қадыржаннан естимін. Шаруаны ілгері жылжыту үшін де біраз ақылдасамыз. Сөйлейтін ол, тыңдайтын мен. Менің байқауымша, бұл қалада қаржы саласы бойынша Қадыржанмен иық теңестіретіндер сирек. Тек тіл-көзден аман болсын айналайын!
Саракүл: Міне, мынауың жөн.
Күнберген: Тоқта, сөзімді бөлме, бәлені бастаған өзің. Енді аяғына дейін тыңда. Сенің жүрегің ауыратын болған соң, әрі жақсы ниетпен жолға шыққалы жатқан соң бір құпияны сездірмей-ақ қояйыншы деп ем. Тілімді қышытқан өзің. Бұл бір есептен сенің әлгі сөзіңе жауап. Қадыржанның әрбір басқан қадамынан көз жазбайтындығымды осының өзінен-ақ түсіне бер. (Үстөлге жақындап тағы рөмкені қағып жібереді). Батылдық үшін! Ал сен менің ұлыммен шығарға жаным бір деп шырылдағанда қолды-аяққа тұрмайсың. Білсең айтшы, Қадыржанды сүйетін өзімен бірге банкте қызмет істейтін Нұркамал деген қыз туралы хабарың бар ма?
Саракүл (таңданыспен): Нұр-камал! Ол қашан және қайдан тап болған періште. Жәй әзілің болар. Үрзададан басқа ол қызбен араларында бір нәрсе болса Қадыржан маған айтар еді ғой. Мұндай жаңалықты естіп тұрғаным осы.
Күнберген (кекесінді түрде): Сенің бәйбіше, естімегенің көп қой, естімегенің көп.
Саракүл: Онда тұрған не бар. Нұркамал ғашық болған екен деп, бәріміздің өлуіміз керек пе?! Ғашық болса ғашық болған шығар, өзіңнің айтуыңша, Қадыржанға қол жеткізе алмай жүргендер қаншама?!
Күнберген: Міне, мәселе... ал сен менің көзімді бақырайтып қойып, жалғыз балаңның болашағына бас ауыртпайсың деп кінәлайсың. Бас ауыртқанның көкесін көрсетейін, сол Нұркамалдың қандай семьядан шыққандығын білесің бе?
Саракүл (кейістікпен): Керек еді оның маған қай жерден шыққаны. Мықтаса әкесі-министр, шешесі–ректор шығар. Бірақ бұлардың керегі не?
Күнберген: Керек, керек болғанда қандай! Бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыбы. Мықтының арты диірмен тартады түсінсең. Осыны ұғын.
Саракүл (таңданыспен): Не?!
Күнберген: Олар сенің махаббат, сезім, сүйіспеншілік дегендеріңді ұрып қойыпты. Қызын Қадыржанға қосқысы келсе, ол олар үшін түкке де тұрмайды. Айн, мәмент!
Саракүл: Қалай, қалайша?
Күнберген: Солай, солай, бәйбіше, оның сан–тарау жолдары барын дәлелдеп, сенің басыңды ауыртпай-ақ қояйын. Сол-ай, Қадыржанды да қызын алуға көндіреді. Айн, мәмент! Көздері бақырайып, сенің балаң да солар сілтеген бағытқа тарай томпаңдап ере береді.
Саракүл: Астапыралла, астапыралла!
Күнберген: Бәрі қолдан жасалатын қуыршақ ғасырда өмір сүріп отырып, соны білмей қалғаның-ай!
Саракүл: Астапыралла, арада сүйіспеншілік, махаббат болмаса ертең олар қалай өмір сүреді?
Күнберген: Сүреді, өмір сүргенде солар-ақ сүрсін! Ал сендер Үрзада екеуің қиял әлемін шарлай беріңдер.
Саракүл: Тағы нені білесің, сенің білмейтінің жердің астында болды ғой шамасы?
Күнберген: Айтайын, кейін мезгілінде айтпадың деп басыма пәле салып жүрерсің. Кеше, кеше естідім, сол Нүркамал Қадыржанның артынан Англияға кетіпті.
Саракүл: Қызмет бабымен шығар, қызмет бабымен шығар. (Қос қолдап басын ұстап, диванға жүрелеп отыра кетеді. Көздері аларып, диван арқалығына шалқалай құлайды. Күнберген асып-сасып, судың орнына арақ құйып бере жаздап, қалбалақтап жүгіріп жүреді). Жүрегім, жүрегім-ай, жүрегімнің сұққылағаны несі?! Не пәле көрінді аяқ астынан?!..
Сахнаның екінші жағынан Үрзаданың әке-шешесі көрінеді. Үлкен үстөлге жайылған дастарқан, құда күту қамы.
Қаншайым (бөлменің ана бұрышына бір барып, мына бұрышына екі барып, істеген тірлігіне көңілі толғандай дастарқанға мерейлене қарап тұрады): Дұрыс, дұрыс секілді барлығы. Құданы арқалығы бар креслоға отырғызғанымыз жөн еді. Өзі бір кіді мінезді кісі дей ме? Қайдам, біздің тұрмысымыз ұнаса...
Әзімбек: Арқалығы бар креслосы жоқ екен десе өзі білер. Сенің де шығармайтының жоқ.
Қаншайым: Қайдан білейін, бәрі сәтімен болғай-дағы. Бұрын-соңды құда күтіп көрді ғой деймісің мені?! Алғаш және соңғы рет. Біздің бірнеше күн аяғымыздан сарсылып қиналғанымыз не тәйірі, бәрінен бұрын Үрзада құлдығым жыламай жүрсе болды-дағы.
Әзімбек: Құдалардың бұлары қалай, а?! Ұрлыққа барған жырындылар құсап. Екеуден екеу. Олар бір қауым ел болып келгенде, біз де азды-көпті ағайындарымызды жинап, бір марқайып қалар едік те. Таныс-білістігіміз одан әрі тамырлай түсер еді де. Әлде бір той жасап беруге шамалары келмес деп, бізді аяғандары ма, мүсіркегендері ме? Әлде қомсынғандары ма?
Қаншайым: (Асүй жақтан қазан қайнап, әлдененің төгіліп жатқаны естіледі): Әзімбек, (жалынышты үнмен) барып байқашы, қойдың басы пісіп кетпесін, жанбасты бөлек қазанға асайық деп құдайдың зарын қылдым, сен біреудің айтқанына құлақ қоясың ба бұл жалғанда!
Әзімбек (алдына байлаған алжапқышына қолын сүртіп, асүй жақтан шығып келе жатады): Сүт төгіліпті, сүттің төгілгені жақсы ырым ба, жаман ырым ба?
Қаншайым: Сөндірдің бе? Арақ-шарап жағына мастерсің ғой. Виски дей ме, армян коньягі дей ме, әйтеуір құдамыз құдалықтан қайтқан қазақтар құсап, ән салып, көршілердің көздеріне түспесе де, көңілді қайтатын болсын.
Әзімбек: Құдағидың шаруасын өзің бітіресің ғой.
Қаншайым: Құдағи жынды суды татып алмайтын адам.
Әзімбек: Бәли, намазға жығылғаннан сау ма?
Қаншайым: Намазға жығылмаса да тұла бойын таза ұстайды. Ұстаз, университетте оқытушы. Қақ-соқпен ісі жоқ, салмақты, ұстамды.
Әзімбек: Бопты, бұ да болса құдайдың қарасқаны шығар. Құданы бір кісідей аттандыруға бар өнерімді саламын. Бір жағынан қиындау, бұрын-соңды таныс-білістігіміз жоқ кісіні «ал кәне, алып жіберейік, алып жіберейік» деп қашанғы қинайсың. Міне, осындайда жүзіктің көзінен өтетін жас жігіттер керек-ақ еді ғой. Қап, сенің інің Қайназар осыған таптырмайтын асаба еді. Ертең, «жездеке, құдаңызды елден жасырып, жалғыз күткеніңіз қалай?» деп өкпелеп жүрмесе болды-дағы.
Қаншайым: Құданың өтініші солай болған соң, ешнәрсе айта алмадым. Құдалықты ырду-дырдуға ұластырмай, өзімізше жеке дара отырып, сұхбаттасқанымызды қалаған шығар. Современный құдалар өстетін көрінеді ғой.
Әзімбек (әлдебір бұрыштан ішімдіктердің бөтелкелерін салдыратып, үстөлге қойып жатады): Бәли, аяқ астынан масқара бола жаздаған түрімізді қара! (Бөлменің ортасында аңтарылып тұрып қалады). Домбыра қайда, әкемнің көзіндей болған қара домбыра қолды болғаннан сау ма? Құда шайдан соң аздап домбыра шерткісі келсе, бәлкім мен де... «ауылдың алты ауызын» айтпай қалай қарап отыра аламын.
Қаншайым (олай жүгіріп, былай жүгіріп, бәрібір домбыраны таба алмайды): Туһ, жүрегімізді ұшырдың ғой. Есіме енді түсті, Наурыз тойында қажет боп қалар деп Үрзада әкеткен институтына.
Әзімбек: Қызыңа хабарла, қайтар жолда домбыраны ұмытпасын. Құданың алдында мат болмайық. Бетімізге айтпаса да, «домбырасыз қазақ бола ма екен?» деп сыртымыздан ішімізді кептіріп жүрмесін.
Қаншайым: Сол домбыра үшін Үрзаданың басын ауыртпайық, ол да қайбір жетісіп жүрген дейсің! Күйеубаланың әке-шешесін біздікілер қалай қабылдар екен деп, иненің ұшында отырған болар. Ал барлығы домбыраға тіреліп тұрса, көршілерден-ақ ала салармыз.
Әзімбек: Көршілер дегенің дұрыс қой, бірақ қолым үйренген домбыраға жете ме.
Қаншайым: Сен домбыраны көп төңіректеп кеттің, құдамен жарысқа түсіп, алдымен өзің қылжиып қалма. Ол интеллигент адам, ішудің жөн-жосығын біледі.
Әзімбек: Қорықпа, қатын, біз де шабамыз біраз жерге.
Қаншайым: «Қатыныңды» құдалар кеткен соң айтарсың. Мәдениеттіліктің ұштығын танытайық әліміз келгенше. А...а, айтқандай мынаны да жадыңа сақта, құдамен жарысып көп сөйлеме. Аузыңа бірдеме тисе білеміз ғой сені, бөсіп кісіге ие бермей кетесің.
Әзімбек: Шынымен құда болуға уәде байласса, бір-бірімізге қолұшын бергеннің, көмектескеннің не айыбы бар. Күйеубаламыз банкир, құдамыз бизнесмен. Бәли, мұндай батпанқұйрықты қайдан табарсыз! Аллатағала тілегімізді берді деген әне сол! Құрылыста бірге істейтін талай қазақ жігіттерін білемін, бастарында үйі жоқ, тұрмыс-жағдайлары екібастан. Соларға төмен пайызбен несие қарастырсаңыздар сауабы тиер еді деп, бір орайы келгенде ортаға тастасам деп оқталып жүр едім.
Қаншайым: Әне, сенің сөйтіп бүйректен сирақ шығаратындығыңды білем ғой. Кейін, кейін, әзірге кредит туралы ауыз ашпа.
Әзімбек: Жарайды, бұған да келістік, ал ішу жағынан... Кейіннен «құдамыз нашар екен» деп жүрмей ме? Оның үстіне өзім «құда, құда» деп төбеме көтеремін, сөйтемін де ілесуге жарамаймын. Жоқ, мұныңыз бола қоймас, қатеке! Әйеліне батылсыздау еркек құсап, әр рөмке көтерген сайын сенің бетіңе жалтақ-жалтақ қарай берсем, құданың көзінше күлкіге қалармын. Бизнесмен бола ма, бай-бағылан бола ма, ол менің тұңғыш құдам ғой, сондықтан құдамен тең дәрежеде иық теңестіріп отырғаным оңды болар.
Қаншайым: О жағын өзің шеш. Үрзаданың жағдайын ойла ең алдымен. Ұяттан жарылып, жердің тесігіне кіріп кететіндей күй кешпесін.
Әзімбек (әйеліне қарайды): Сен не, мені түк көрмеген көрбақ санаймысың?! Біз де білеміз өлетін жерімізді.
Қаншайым: Мейлі, білсең бопты. (Терезе алдындағы бір құшақ роза гүлін қолтығына қысып, ойланып тұр). Мына гүлді не істейміз, құмыраға салып үстөлге қоямыз ба, әлде сен құдағи есіктен бері аттаған сәтте қолына ұстатасың ба? Соңғысы жөн болар, біздің табалдырықтан тұңғыш рет аттап отыр ғой.
Әзімбек (мұңайып): Қаншайым-ау, менің әйелге гүл ұсынғандығымды қашан көріп ең?
Қаншайым: Ұсынбасаң ұсынасың, тұңғыш құдағиыңа гүл сыйлап үйренсеңші! Кейін бізге де...
Әзімбек: Үстөлде тұрсын, құдағиға көрсетілген құрмет екендігі онсыз да белгілі ғой. Енді мына мәселені де заңдастырып алайын сен көңілді тұрғанда. Бұл өтініш емес, тактика, маневр. Егер құдамен жарыса шауып, жағдайды сәл нашарлатып алсам, сен дереу аяғымды баса сал. Тек аяғымды...
Қаншайым: Аяқты басу ешқайда қашпас, бірақ аяқ басу операциясы баяғыдай болып жүрмесе.
Әзімбек: Ту...у, қайдағыны еске түсіруге шебер екенсің. Десе де мен сонда не істеп ем, а?
Қаншайым (рақаттана күледі): Онда да өстіп алдын ала келіскенбіз. Ұятты кісілердің үйінде қонақта болдық. Бір кезде сен өзіңнің шарықтау шыңыңа жеттің, аспанда ұшып жүрсің қалықтап. Жерге түсірейінші деп, аяғыңды басамын кеп, басамын. Сенің мойын бұратын түрің жоқ. Қызусың, бұған не пәле көрінді десем, сен туфлиіңді шешіп қойыпсың. Мен байғұс жансыз аяқ киімді баса беріппін.
Әзімбек: Бұ жолы олай болмайды. Туған құдамызды күтіп отырып. Айтқандай Үрзада қашан келеді, ол да бізбен ірге отыра ма сценарий бойынша.
Қаншайым: Әрине, құда-құдағи сені мен менің мыж-мыж болған түрімізді көру үшін келе жатыр деймісің. Ата дәстүр бойынша Үрзаданың құлағына сырға салады. Сөйтіп қызыңды өз жақтарына икемдейді.
Әзімбек: Жүрек ауыртатын жағдай екен.
Қаншайым: Кімнің жүрегі ауырмайды дейсің. Көнесің бәріне. Қыз-жатжұртық, бақытты болсын жарығым! Алдынан ақ күн тусын! (Жыламсырап алжапқышымен көзін сүртеді).
Әзімбек (қуақылана): Батылдық үшін бір рөмке тартып жіберсем қайтеді. Сен тіпті адамның сай-сүйегін сырқыраттың ғой. Үрзада ертең-бүгін бізден ірге ажырататындай. Әлі уақыт бар емес пе?!
Қаншайым: Үш ай көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Ішсең іш, сенің аузыңа қақпақ қоямын ба.
Әзімбек: Бәлкім сен де... (бір рөмкені қағып салады). Ту...у, жарықтықтың нағыз өзі екен де. Ал құдалар қашан келуші еді, келе жатырмыз деп хабарлай ма, әлде хабарламай-ақ өздері есік қоңырауын басып тұра ма?
Қаншайым: Солай болар, мен қайдан білейін. Менімен ақылдасқан біреу бар ма.
Әзімбек: Ақылдасуың керек еді, сен қыз беріп отырсың. Дауысыңды көтер, айтқаныңды істет. Немене сенің күйеуге бере алмай отырған қыздарың көп пе еді.
Қаншайым (жыламсырап): Үрзада үшін ғой барлығы. Тек сол жалғыз жарығымның жүзі жарқын болса болды да.
Әзімбек: Бір сөзді қайталай бересің, қайталай бересің, айттың ғой о жағын. (Сағатына қарайды). Құдалардың келетін уақыты таяп қалды-ау деймін.
Қаншайым: Шашу шашамыз ба?
Әзімбек: Шаш, жалғыз қызыңнан неңді аяйсың.
Қаншайым: Бір түрлі, екеуден екеу. Жапан түздегі малшының үйі құсап.
Ерлі-зайыпты екеуі құда-құдағиды есіктен қалай күтіп алудың «репитициясына» көшеді. Бірі ілгері, бірі кейін. Есікке барады, тізбектеліп дастарқанды төңіректейді. «Қара уылдырық қайда?.. Алдымен қуырдақ береміз бе?.. Шұбат ашып кеткен жоқ па?.. Дәм ауыз тимес бұрын аруақтарға құран бағышталатын болар...» деген секілді сөздер естіліп жатады.
Кенет телефон шылдыр ете қалады. Екеуі әлденеден үрейленгендей бірінің артына бірі тығылады. «Телефонды сен көтер, жоқ сен көтер!» Әзімбек үсті-басын жөндеп, тамағын кенеп, кербездене ырғалып телефон тұтқасын көтереді.
Әзімбек: Ал-ло, иә-иә, Әзімбектің үйі. Сөйлеп тұрған Үрзаданың әкесі Әзімбек. Кім дейсіз? Қадыржанның әкесі?! Ойбай-ау, сіздерді күте-күте көзіміз талды ғой. Не, не? (Дауысы өктемірек естіледі). Кім, кім сырқаттанып қалған? Сонда қалай?... Бүгін келе алмайсыздар ма? Қап, әттеген-ай, біз сіздер келеді деп, бір жеті бұрын дайындалып едік. Қалай, құдағи қалай? Инфаркт. Бұрын ауыратын ба еді? Ешнәрсе етпес, алда әлі де өмір бар ғой, өмір бар...
Үрзаданың әке-шешесі екі жерде бір-біріне қарап, состиып тұрып қалады.
-ІІІ-
Сахнада Англия, Лондон қаласының силуэті. Көшедегі мәшинелердің айқай-шуы. Қонақүйдің бір нөміріне Нұркамал Қадыржанды сүйрелеген күйі асығыс-үсігіс кіріп келеді. Кірген бойда оғаштау қимылмен Қадыржанның мойына асыла кетеді. Асылғаннан бұрын алдымен өзі, сосын Қадыржанды жын соққандай шешіндіре бастайды. Жарық бір сөніп, бір жанады; бір жанып, бір өшеді. Әйелдің мекерленген, ыңырсыған, талықсыған үні үзіліп-үзіліп естіледі.
Нұркамал: Жаным, мені аяма, салмағыңды сала бер. Не істеймін десең де еркіңдемін. Осы сәтті қанша күткендігімді білсең. Сенімен өткізген бір түн бүкіл өміріме жетерліктей азық.
Қадыржан: Сонда немене, бұдан кейін тек ауа жұтып, тек ауамен қоректенесің бе?
Нұркамал: Сөйт десең, сөйтейін... Қадыржан, сен не айтып, не сөйлеп тұрғаныңды білесің бе? Байқаймын саған бәрібір секілді. Сонша жерден сабылып, Лондонға не үшін келген деп ойласаң қайтеді бір жолға, мені аясаң қайтеді бір жолға. Жол бойы ауа райына байланысты самолет ұшпай, бір тәулік аялдадық. Одан жуық арада сені таба алмай және діңкеледік. Кешелі-бері күллі Лондонды түгел адақтап шықтым. Не телефон көтермейсің, не өлі-тіріңді білдірмейсің.
Қадыржан: Қонақүйге орналасып алған соң-ақ іздесең де табатын едің ғой.
Нұркамал (өкпелегендей): Табатын едің ғой. Сағат сайын денем түршігіп, қан қысымы көтеріліп, өліп қала жаздадым емес пе?!
Қадыржан: Климат өзгерген соң денсаулыққа әсер ететін болар.
Нұркамал: Саған не болған, Қадыржан? Сенде адамға деген аяушылық сезім бола ма. Манадан бері қаншама әңгіме айттым, ойпыр-ай, бір селт етпедің ғой. Қара тасқа айналған ба жүрегің, неге суықсың?
Қадыржан: Бір нәрседен құр қалатындай адамның ойлануына, жан-жағына қарауына шама келтіріп жатсың ба. Бірден төсекке жығып салып, жанды қоймадың. Өзім әлі де аң-таңмын. Лондонға сенің бүйтіп келе қалатындығыңды кім білген? Бұл неткен асығыстық, бұл неткен шыдамсыздық?!
Нұркамал: Сені бір көруге жүрек шіркін шыдатпай бара жатса.
Қадыржан: Бір-екі айдан соң өзім де елге қайтатын едім ғой. Сірә, командировканың ыңғайы келе қалған болар. Ал қалайсыңдар, мен жоқта қандай өзгерістер болды? Банк орнында ма? Мемлекетке берешек қарыздың бетін бері қайтардыңдар ма? Ислам банктен алатын ұзақ жылғы несиенің жағдайы не болды? (Қадыржан әжетханада жуынып жатып, осы секілді сұрақтарды төпелей береді).
Нұркамал айнаға қарап шашын түзейді. Бетіне, алқымына сәнденіп опа-далап жағады. Үстіне екі жағы жуан санға дейін жырылған әдемі көйлек киеді. Үстөл үстінде екі-үш тәрелке, жеңіл тамақ. Ашылған виноның бөтелкесі. Ұзын сирақты екі рөмкі. Бөлме іші қара көлеңке. Екі балауыз шам жанып тұр.
Нұрқамал: Интервью алып болсаңыз, бері жақындаңыз, Күнбергенов мырза.
Қадыржан: Қайдағы интервью. Әлі бір сұрағыма толық жауап берген жоқсын.
Нұркамал: Сенің бар сұрақтарыңа менің Лондоннан табылғанымның өзі үлкен жауап емес пе?
Қадыржан: Иә, бір оқпен екі қоян ату кез келгеннің қолынан келмейді.
Нұркамал: Мергенді таптың ғой. Банктің жұмысы әдіре қалсын білдің бе, әдіре қалысын! Сен неге мұндайсың, а?! Менің тағдырыма үнемі жүрдім-бардым қарайсың. Тіпті бас ауыртқың келмейді. Бергі жағыңмен болса да: «Сонша жерден сабылып мен үшін келгенің рас па?» дей салсаң бір нәрсең кете ме?! «Жұмыстың ыңғайы солай болған шығар, командировканың сәті түсе қалған шығар». Сен кісіні пышақсыз бауыздауға шеберсің ғой, шеберсің! (Нұркамал жыламсырап, терезенің алдына барып тұрады).
Қадыржан (үстөлге жақындап, екі рөмкіге орталатып вино құяды): Кел бері, бері. Екеуміздің Англиядағы алғашқы кездесуіміз үшін! Астанада мүмкіндігіміз болмады, міне, шет жердегі тәуелсіздік.
Нұркамал (үстөлге жақындайды, екеуі аздап вино ішеді): Мені өстіп жерлегенді қашан қоясың, а? Сені әдейі іздеп келгендігімді, сені өлердей сағынып келгендігімді бір пайыз боса да мойындасаңшы.
Қадыржан: Мойындалды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе шешілді. Ал Лондонға сүйгенін іздеп келген, қарғам, тағы қандай бұйымтайыңыз бар?
Нұркамал: Бұл не, прокурорлық сауал ма. Әлде менің келгенімді жақтырмай отырсың ба, ендеше келген жағыма қарай қарамды батырайын. (Орнынан түрегелді, оны Қадыржан жалынғандай болып орнына отырғызады).
Қадыржан: Масқара қылғанда қонақүйдің он сегізінші қабатынан секіріп кетіп жүр ме.
Нұркамал: Жынымды келтіре берсең секіріп кетуім де қымбатқа түсе қоймас. Суицид.
Қадыржан: Суицид. Жауабын дәл таптың. Мұндай кесел әсіресе, жоғарғы сыныптағы қыздар арасында көбейіп барады.
Нұркамал: Махаббат не істетпейді.
Қадыржан: Соның бәріне тек махаббат кінәлі ме?
Нұркамал: Әрине, біреуді шын жүрегіңмен сүйетіндігіңді дәлелдей алмау қандай азап! Сосын кеудеге симаған жүрек байғұс бекерден бекер алқынады да аяғы соған барып тіреледі. О жағын бес саусақтай біле тұрып сұрайсың!
Қайыржан: Мен төңірегім тыныш болсын деймін, әйтеуір. Егер сен жазатайым он сегізінші қабаттан құлап кетсең, менің онан соңғы тағдырым -нөл! Бұл жақтың заңы қатал. Біздікі секілді әке-көкеңе пысқырып та қарамайды, керек десең сенің жазып қалдырған аманат хатыңды да ескермейді.
Нұркамал: Неге ескермейді, мен жазсам дұрыстап жазамын. «Бұл іске Қадыржан Күнбергеновтің қатысы жоқ. О сорлыны шырылдатып түрмеге сүйрелемеңдер. Өзім кінәлі бәріне!» Сонымен сол хат сені ажалдан арашалап қалады түптің түбінде. Оған күмәнің болмасын.
Қадыржан: Ол тек көмекші құрал ғана. Англия полицейлері ондайға сенбейді. Мен алдымен хатты саған жаздырып алып, итеріп жіберген шығармын. Оның үстіне стақандағы саусақ іздері. Қайда қашасың?
Нұркамал (өкпелеп): Менің Англияға келгенде естиін дегенім осы екен ғой.
Қадыржан (ұйқысынан селт етіп оянғандай): Құрысын, өлімі құрысын! (Рөмкідегі виноны қағып салады).
Нұркамал: Қадыр, Қадыржан, сен қандай бақыттысың, а, қандай бақыттысың!
Қадыржан: Ол қандай бақыт жерде жатқан?
Нұркамал: Біреу саған өліп-тіріліп қол жеткізе алмай жүреді. Ал сенің шіреніп тұрысың мынау. «Он сегізінші қабаттан секіріп кетпе... Бұл жақтың полицийлері жаман». Жаман болса, қойын бақтырмай-ақ қойсын. Алда-жалда балконнан секіргеннен сақтасын!
Қадыржан: Міне, манадан бері өстіп дені дұрыс адамның сөзін айтпаймысың?!
Нұркамал: Айтылған сөзді ынта қойып, тыңдайтын құлақ табылса. Құйсаңшы, қасқалдақтың қаны емес шығар. (Тағы да рөмкілердің сыңғыры естіледі).
Нұркамал (қызып қалған адамның кейпіне еніп, Қадыржанның иығына білегін асады): Сенің көзіме көрінбегенің дұрыс еді. Тыныш жүрген адам едім өзімше.
Қадыржан: Мен сорлы сенің ол банкте жұмыс істейтіндігіңді қайдан білейін. Білсем, о жаққа аттап басамын ба.
Нұркамал: Көңілім нілдей бұзылды.
Қадыржан: Бір көргеннен-ақ ғашық болып қалдың ба?
Нұркамал: Сұрайды ғой. Иә, бір көргеннен. Сені алғаш рет лифтінің ішінде кездестірдім. Көзіміз көзімізге түйіскенде неге екендігін қайдам, тұла бойым дір ете қалды. Бір түрлі көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Атала жеген кісіше мең-зеңмін. Жұмыс жайына қалды. Осынша ма алып-ұшпа сезім бола ма десеңші! Кешкілік болған жайды осындағы бір құрбыма хабарладым. «Бір көргеннен талып түсетін сен он жеті жастағы бойжеткен емессің ғой, байқа, байқа, ойнақтап жүріп от басып алма» деп ескертті.
Қадыржан: Ұстазың тәжірибелі біреу болды-ау шамасы.
Нұркамал: Қайдағы тәжірибе, ол бейбақ та қайбір жетісіп жүр дейсің. Отызға жеткенше пұшпағы қанамаған кәрі қыз.
Қадыржан: Отырған қыз орын таппай ма?
Нұркамал: Ол мақал қазір маңызын өзгерткен. Жапонияда кәрі кемпірлерді өлер шағында тауға апарып тастайтын дәстүр бар екен ғой. Бәлкім кәрі қыздарды да сөйткен жөн болар ма еді.
Қадыржан: Мынауың біздің демографиялық саясатқа жасалған қастандық қой. Кәрі қыздардың бәрін қой секілді көгендеп, тауға апарып тастасақ, ұлт есебінде қалай көбейеміз?
Нұркамал: Сенің әңгімелеріңнің ылғи қиын сұрақтардан тұратыны несі, а? Менің енді басқасын бітіріп алып, демографиялық саясатпен айналысуым қалып па еді?!
Қадыржан: Жә, құрып кетсінші бәрі, сонымен әлгі ғұламаң қандай ақыл берді?
Нұркамал: Оның ақылын басыма жағамын ба, өзімнің де бір кісіге жетерліктей ақылым бар. Өзгенің ақылынсыз да жол тауып жүре аламын.
Қадыржан: Сонымен?
Нұркамал: Қайда асығасың, әлде үйіңде күтіп отырған біреу бар ма? Еркектерге сенім бар ма, мұнда келген соң да мезгілімен шай-суыңды әзірлеп беретін біреуді тауып алған шығарсың.
Қадыржан (қалжыңдағандай): Эх, ондай атты күн қайда!? Әрине, сен ойлағандай болса да артық болмас еді.
Нұркамал (еркелегенсіп): Көрсетермін мен саған ондай атты күнді! Бүгін бұ нөмірден бір адым аттап шықпайсың. Жібермеймін. Осы түнді басы бүтін маған арнайсың. Менің қасымда боласың.
Қадыржан: Соттың үкіміндей естіледі екен бір түрлі.
Нұркамал: Қалай түсінсең, олай түсін. Егер олай етпесең онда әлгі өзің айтпақшы, артыма бір бет хат қалдырамын да балконнан бір-ақ секіремін.
Қадыржан: Өйтіп қорқытпа.
Нұркамал: Қорқытқаным емес, шыным. Сонша жыл соңыңнан салпақтағанда... Сен ненің парқын түсінуші ең. Көзім көкшиіп, сен офиске кіргенше терезеден тесіле қарап тұратынымды сезсең еді-ау. Бастықтар әлдебір қауырт шаруаларды шешу үшін шұғыл түрде комиссия жасақтайды. Мен өзім бар жерге міндетті түрде сені кірістіремін. Көз алдымда жүргендігіңнің өзі дәтке қуат. Ал сені жұмыстан басқа ешнәрсе қызықтырмайды. Кейде осының дені дұрыс па деп те ойлап қоямын. Біз де бір қауым елміз ғой, ұжым ара-тұра біреудің туған күнін атап өтеді, немесе біреулерді марапаттап жатады. Сондайда әлденені сұраған болып, жаныңа жетіп барамын. Сен конпьютерден, не әлдебір газеттерден көз айырмайсың. Ең болмаса жүзіме бір қарасаң жан дүниемдегі арпалыс сезімдерді түсінер ме едің, қайтер едің?! Жоқ, бұл неткен тілін жұтып қойғандай үнсіздік. Сол үндемеген қалпыңда менің жанымнан алыстайсың. Мен әйелмін ғой, өзің ойлашы, мұнан артық не істей аламын. Әлденеше электронды поштаңа хат та жаздым, бір ауыз жылы жауап жазуға жарамадың.
Қадыржан: Поштаға қарамаймын. Бекерге уақытыңды өлтіреді. Біреулер әдейі тиіседі, жұмысыңа кедергі келтіреді.
Нұркамал: Бірақ менің хаттарымды көрдің ғой.
Қадыржан: Шыным, көргем жоқ.
Нұркамал: Сенен жастары әлдеқайда ересек болса да, банк басшылары аңғарымпаз екен. Менің саған сырттай күйіп-жанып тұратындығымды қайдан байқаған. Алдарында хатшылары отырса да оларды жұмсамай, әлдебір қағаздарды саған жеткізіп беру үшін білдей бір департамент басшысы болсам да мені жұмсайды. Сірә, менің қуанышымды бөліскілері келетін болар. Ал мен алтыншы қабатқа қарай құстай ұшамын. Саған сүріне-қабына жеткенімді қайтейін, сен біреулермен телефон арқылы футбол жайлы пікірталасқа кірісіп кетесің. Маған мойын бұрып та қарамайсың. Тастап кетіңіз дегендей болар-болмас иек қағасың. Мен саған жердің үстімен барып, астымен қайтамын. Жә, ол бергі жағы ғой, жұмыс тобы аз-кем үзіліс жариялайды, біреулер темекі шегеді, біреулер бой жазады. Сенің алдыңда баяғыша бір бума газет. Хатшы қыздар жылдамдатып кофе қайнатады. Сені айдалада өз жөндерімен жүрген сол қыздардан да қызғанатын едім-ау! Дереу саған деген кофені өзім алып барамын. Жақындап иісіңді иіскегім келеді. Сенің баяғы салқын «рақметің».
Қадыржан (рөмкесіне толтырып вино құйып алады): Лондонға әдейі келіп, соның бәрімен бүгін есептескің келген екен ғой.
Нұркамал (кекесінді түрде мырс етіп күледі): Ол да бар. Сосын...
Қадыржан: Иә, сосын?
Нұркамал: Мен асылы жұрт жамырап айтып жүрген махаббат-сақабатыңды онша түсіне бермеймін. Менікі бар ма-бар, жоқ па-жоқ.
Қадыржан: Ал қызық?
Нұркамал: Қызық па, шыжық па, о жағында шаруам шамалы. Лондонға келген сапарымның тоқ етерін айтайын. Мені кінәлайсың ба, кінәламайсың ба, өзің біл! Мен сенен бала туып алғым келеді. Осы шешімге мықтап бекіндім. Сенің маған деген сезіміңнің өліп кеткендігіне әбден көзім жетті. Оны өзгерте алмаспын. Ал сенен туған сәбиді бауырыма басып, барлық ынтазарлығымды, барлық сүйіспеншілігімді соған арнасам, бұл дүниеден армансыз өтеріме бек сенімдімін!
Қадыржан (кекесінді түрде): О-хо, бұл сонда қолдан ұрықтандырудың осы заманға лайықталған жаңаша түрі ме? Сезімсіз, түйсіксіз туған сәбидің денсаулығына күмән келтірмеймісің?
Нұркамал: Бәрі-бәрі ойластырылған, одан басқа амалым түгесілген. Ең ақырғы өтінішім осы. Мен қазір сыңар ескекті қайық секілдімін. Әр жерге аялдауым көп, тоқтауым көп. Бәлкім сәл кештеу, сәл шабандау да қимылдаған шығармын. Бірақ кеудемде жаным бар да түпкі нәтижені көріп жығыламын...
Балауыз шам бір жанып, бір өшеді. Бөлме іші күңгірт. Мұңлы музыка естіледі.
-ІҮ-
«Жедел жәрдем» мәшинесінің сиренасы. Дәрігерлер медициналық үстөлдегі жарымжан адамға жүгіріп бара жатып, дәрігерлік көмек жасап жатады. Бірі дәрі егеді, екіншісі аурудың жүрек соғысын тыңдайды, үшіншісі әлдебір аппараттағы толқын-толқын белгілерді журналға тіркейді. Ілгері-кейін ағылған адамдар.
Күнбергеннің шаңырағы. Саракүл сылқ түсіп диванда жатыр. Басын орамалмен таңып алған.
Саракүл (әзер-әзер дауыс шығарады): Мейлі, басқа түскенді көрер. Әйтеуір, жалғызымның жаны қалғаны шындық па? Сен менен бірнәрсені жасырып тұрған жоқпысың, Күнберген-ау, сөйлесеңші, неге сөйлемейсің?!
Күнберген (бөлме ішін кезгілеп, қалта телефонымен әлдекімдермен асығыс сөйлесіп жатады): Не, не дейсіз, түк естімедім... Қарағандыдан бері шыққан жолда... Ал не болған? Шөп тиеген трактор асфальт жолда бұлғақтап келе жатып, қарсы бетке шығып кеткен... Сөйтіп, Қадыржандардың жеңіл мәшинесіне соқтығысқан... Рөлдегі жігіт сол сәтінде жан тапсырған... Жандарында тағы кімдер болған?.. Кімдер болған дейсіз?..
Саракүл (жынданған кісіше екі қолын ербеңдетіп, диваннан әзер-әзер басы көтереді): Құдай-ау, не естіп тұр саңырау болғыр құлағым! Жан тапсырғаны несі?.. Жан тапсырғанда... Қадыржанның он екі мүшесі сау ма? Күнберген, жолыңда кетейін құлдығым, сен осы менен бірнәрсені жасырып тұрғаннан саумысың?!
Күнберген (әлі телефонда): Жанында тағы банктің екі қызметкері бар деймісіз?.. Иә, олардың жағдайлары қалай? Қарағандыға не үшін барған? Жергілікті филиалдың жұмысын тексерген... Тексеретін уақытты тапқан екен де. Оларға дәрігерлік көмек көрсетіліп жатыр ма?.. Санитарлық тікұшақпен әкелінген деймісіз?.. Ауруханаға тірі жанды кіргізбейді... Ал Қадыржан Күнбергенов қазір көзін ашты ма? Маған со жағын хабарлашы, қарағым! Әзір ешнәрсе білмейтініңіз қалай?.. Сонда бұл ситуацияны бастан-аяқ кім біледі?.. Екі-үш сағаттан соң бәрі белгілі болады?... Екі-үш сағатқа дейін шешесі екеуміз өліп кетпесек... (Мұңайып диван шетіне құйрығын қояды).
Саракүл (сол баяғы ақылап-укілеген күй): Құдайға не жаздым?! Бірде болмаса бірде кесірі тиер, жалғызыма жамандық боп жабыспасын деп, тірі пендеге тырнақтай қараулық жасаған жоқ едім. Құдайым-ау, сенен басқа жалғызымды желеп-жебейтін кім бар?.. Егер пендешілікпен асылық айтқан, артықтау сөйлеген кезім болса кешірім ет! Мұнан кейін де біреудің ала жібін аттамауға ант етемін. Ант етемін! Тек әйтеуір, жалғыздың жанына демеу бола гөр! Жалғызымның көрер жарығын орта жолдан сөндірме!.. Қадыржанның дидарын бір көріп, аман қалғандығына көзім жетсе, артыма қарайламай-ақ ана дүниеге аттанып жүре берейін!
Күнберген: Оу, сәл тоқтаңыз, ана дүниеге аттанып жүре бергенде мұндағы қыруар шаруаны кім атқарады? Қадыржанды үйлендірсем, құдаларымды алақанға салып күтіп алсам, немере сүйсем деп құлақтың құрт етін жейтін кім?! Сен бе, мен бе?.. Ендеше сәл сабыр сақта, Қадыржанның кеудесінде жаны бар. Қолы сынса қайтер дейсің, салынар, аяғы сынса қайтер дейсің, сыртқы жараның орны бітер. Қайта, тілеуімізді беріп, аман қалғандығына шүкірлік ет!
Саракүл (күрсініспен): Ах, дүние-ай, тағы да қайталап айтам, артық кеткен пендешілігім болса кешіре гөр!
Күнберген: Жә-жә, болды-болды, құдайдың жағасынан алатындай не көрінді?! Былайғы күндері бұлғақтап жүресіңдер де, құдай осындайда естеріңе түседі.
Саракүл: Алдымен сенен қауіптенемін.
Күнберген: Оу, мен не істеппін?! Сен кісіні жазықсыз қаралауға келгенде мұндай шебер боларсың ба?!
Саракүл: Құдайды аузыңа алмайтын кісәпірлігіңнен қорқамын.
Күнберген: Құдайды аузыма алмайтындығымды қайдан білесің? Немене, менің ішіме кіріп-шығап па едің?
Саракүл: Сенің жайың маған белгілі ғой, Күнберген. Аяқ астынан періште боп ақталма. Көздерің шатынап, аспандап кеттің соңғы кездері. Менменсің. Қолдан келсе қарапайым пенделерді таптап кеткің келеді. Өктем сөйлейсің. Азын-аулақ байлықтың буы аяғыңды жерге тигізбейді. Осы секілді теріс қылықтарыңды құдай көрмейді ғой деймісің? Көреді, көргенде қандай! Құдай бәрін безбендейді. Артығын сылып тастайды. Жазатайым сол артық пиғылың Қадыржанға пәле боп жабыспаса!..
Күнберген (орнынан ұшып түрегеледі. Қалта телефоны шар ете түседі. Саракүлдің манағы айтқандарына «оттапсың» дегендей, қолын бір сілтейді): Ту...у, Ареке, Артықбай Сәбденович, сізді дүниенің төрт бұрышынан іздеп, әзер таптық қой. Барсыз ба, қайда жүрсіз? Сіз іздегенде біз үнемі телефоннан табыламыз. Бүгінгі болған жағдайды естіген шығарсыз. Бізге әйтеуір, баламыздың аман қалғаны зор қуаныш. Дегенмен осының аржағынан әдейі істелген қылмыстың құлағы қылтияды. Тексергендері азық-түлік қоймасы емес, банк қой. Банктің былықтары ашылса арам ойлы адамдар не істемейді. Тракторист ауылдың қарапайым шаруасы. Сіз айтып тұрған қарапайымдылық сыртқы пішін, сыртқы түр ғана. Ал «көк қағаздың» бір бумасын көрсетсе, әке-шешесінің атын ұмытып қалатындар аз ба? Тексеру жұмыстарын дұрыстап жүргізіңіздер. Сізге сенемін, сізге сенбесем сырымды айтып нем бар...
Күнберген телефонды құлағынан алып, сол үйреніскен қалпымен бөлме ішін олай-былай кезгілей бастайды. Саракүлдің сол баяғы күңіренген дауысы. Телефон тағы шырылдайды.
Күнберген (түкірігіне шашалып): Ой, құлың болайын, құлдығым, жолыңда кетейін. Ертең өз аяғыммен барып, өз қолыммен сүйіншіңді табыстаймын... Көзін ашты! Көзін ашты!..
Саракүл (қалбалақтап диваннан асығыс тұрамын дегенде, салмағын ұстай алмай еденге құлап түседі. Итініп-сұғынып қайта тұрады): Көзін ашты, көзін ашты! (жыламсырап Күнбергенді арт жағынан келіп құшақтайды): Жарығымның көрер жарығы түгесілмегей! Күнберген-ау, өзіңнің қолың тимесе, біреуді жұмса, мал базардан қой алып, Қадыржанның жаны қалғаны үшін құдайы берсін. Етін сол күйі жарлы-жақыбайларға үлестірсін. Ертең әлім келсе өзім де жеті күлше пісіремін. Көрші-қолаңды шақырамын.
Күнберген (кенет түсі бұзылып сала береді): Бүйрегіне зақым келген?! Бүйрек ауыстыру керек! Ал біз ол бүйректі қайдан табамыз? Менің, не анасының бүйрегін алуға болмай ма?.. Жасымыз келгенмен, екеуміз де шапқылап жүгіріп жүрміз. Әзір өлетін түріміз жоқ.
Саракүл (даусын өзгертіп): Қадыржанның көкесі-ау, таныс-білістеріңді осындайда пайдалансаңшы! Барымызды сатайық, мына коттедждің, ана екі мәшиненің керегі не?! Бәрі-бәрі Қадыржанның жолына садаға!
Күнберген (телефондар жазылған блокнотын қолдары дірілдеп, арасындағы қағаздарын төгіп-шашып, әлдекімдерді жан ұшыра іздестіре бастайды): Сәке, амансыз ба, уақыт тығыз. Менің жағдайымды түсін, түсініңіз бір жолға. Бізге біреудің жарамды бүйрегі керек. (Көздері шытынап, жыларман күйге түседі). Бүйрек... сатып аламын. Қанша сұраса да сұрағанын санап, алақанына саламын! Әйтеуір, дені дұрыс бүйрек болсын. Ау, біз аянып тұрмыз ба?.. Біздікі жарамсыз боп шықты. Донор табу керек, донор табатындай мүмкіндігім болса, жеті қараңғы түнде сізге звандап нем бар. Сіздің еңбегіңіз ерекше ескеріледі. Сіз осы саланың маманысыз ғой, моргтерге хабарласыңыз. Тағы да қайталап айтамын, ақшадан қысылмаңыз. 100 мың доллар болса да сатып аламын! Сіз мені түсініңізші, ол жалғыз ғой, жалғыз! Жасырын түрде бүйрек сататындар болса да көндіріңіз. Біздің сізден басқа сүйенішіміз жоқ!
Аурухана. Операция блогының алды. Әр жерде шоқиып отырған кісілер. Есік ашылған сәтте бәрі тұра ұмтылады. Кіріп-шығып жүрген медбикелер. Күнберген мен Саракүл де осында. Қабақтары түсіңкі, мүсәпірдің күйін кешкен. Маңдайы тер-тер хирург-дәрігер операциядан шыққан бойда бұларға қарай жақындайды.
Дәрігер: Қадыржан Күнбергеновтің жақындары бар ма осында?
Күнберген мен Саракүл сүріне қабына орындарына тұрады: А...а, біз, біз...
Дәрігер: Операция ойдағыдай аяқталды. Ұлыңыздың бір бүйрегін ауыстырдық. Осы заманда... мына секілді аса сирек кездесетін оқиға бәрімізді таңғалдырды. Мұны бүйтіп елеусіз қалдыруға болмайды! Біз ерлікті, қайырымдылықты көктен іздейміз, немесе жасандылықпен қолдан жасай саламыз. Ал мынау шындық, қаны тамып тұрған шындық! Кейінгілерге үлгі етерліктей өнеге! Мейлі өмір қаншалықты қаталданып, мейірім шуағы азайды дегенмен, әлі де махаббат сезіміне сызат түсірмей, қолдан келгенше соны қорғап қалуға тырысатындар да жүр екен біздің арамызда! Әрине, олар көп емес, аз, тіпті саусақпен санарлық. Сол санаулылардың іс-әрекеттері де біздің жүрегімізді жылытуға жарайды! Біздің тас болып қалған жүрегімізді! Мен ақын, не жазушы емеспін. Тек өзім көрген жағдайды ғана баяндап тұрмын. Балаңыз бақытты екен дегенмен. Жанын беретін жар таңдау да осал шаруа емес бүгінде! Махаббат, сүйіспеншілік сезімдерін арзандатып жүрген өзіміз! Махаббат болмаса сіздің ұлыңыз мұнан әрі қалай өмір сүрер еді?! Еш қиналыссыз бір бүйрегін берген Үрзада қарындасты алақандарыңызға салып аялаңыздар мұнан былай! Үйге барған соң махаббат үшін тост көтерейік бәріміз!..
Дәрігер күлімсіреген күйі елмен қоштасып, ішке кіріп кетеді.
Күнберген (Екі жұдырығымен басын ұрғылап, суық еденге жалп етіп отыра кетеді): Ақыл берсеңші, Саракүл-ау, ақыл берсеңші мен енді Үрзаданың бетіне қалай, қайтіп қараймын?!.. Қайтіп қараймын?!..
Шымылдық