Қызық жұмыс
Мен әсте жалқау емеспін. Бірақ кейде үлкендер қайдағы бір іш пыстыратын жұмыстарды тапсырады да, орындамасаң жалқау деп бостан бос кінәлайды. Шіркін, жұмыстың бәрі мынандай болса: қар күреп жатқанда аяқ астынан балмұздақ жауса, ал су тасыған кезде кенеттен шүмектен лимонад атқыласа. Міне, керемет деп осыны айт! Мұндай мүмкіндік туса, таң атқаннан күн батқанша ерінбей жалықпай жұмыс істеуге бармын ғой. Онда жер бетінде жалқау бала қалмас еді. Бәрінің де тәмшіш танаулары терлеп-тепшіп, жүздері алаулап жұмыс істеп жүргенін көрер едің.
Сендерге құпиялап айтайын. Мен қызығып істейтін бір жұмыс бар. Ол – сүттің қаймағын айыратын сепаратор машинасының ыдыстарын жуу. Апам ала сиырды сауып, шелек толы сүтті көтеріп жазғы сенекке кіргеннен бастап менен дегбір кете бастайды. Әлгі сүт тартатын машинаның жанға жайлы ызыңын тыңдап, ойынды ұмытып, сол арадан шықпаймын. Қайта-қайта анамның қасына барып: «Жұмысты аяқтап қалдыңыз ба?» – деп, мазасын аламын. «Сонша тағатың таусылғаны не, сүтті құйғаным жаңа ғана емес пе? – дейді ол кісі күліп. – Ойнап келсейші. Сол уақытта дайын болып қалады». Бірақ ойынға кете қоймаймын. Өйткені ыдыстарды менен бұрын әпкем жуып қоюы мүмкін ғой. Ол бұл істің құпиясын бір біліп алса, «қызық жұмыстан» айырылдым дей бер. Сондықтан да мен ешқайда кетпей, аулада айналсоқтап жүремін де қоямын. Мұндайда уақыт деген өтпейді ғой. Зарықтырып барып апамның: «Болдым», – деген дауысы естіледі.
Жалма жан машинаның сүт жүретін, әжемнің кимешегінің сәлдесі сияқты дағарадай ыдыстарын бөлшектеп тастаймын да, ыдысқа жұққан қаймақты сұқ саусағыммен жалаймын келіп. Қаймақтың тәттілігі сондай, саусағымды қоса жұтып қоя жаздаймын. Әбден жалап-жұқтап болған кезде ыдысты жумасаң да болатын дерліктей жарқырап тұрады. Бірақ соған қарамай-ақ сумен бір шайып қоямын. «Менің еркетайым сондай еңбекқор», – деп шешем де шын сүйсінеді. Міне, көрдіңіз бе, мен аса еңбекқор баламын. Тек қызықты жұмыстар болса болды.