Тәтті тамақ
Әлібектің тамақ ішуі қиын. Шағып алатындай аузын басып, азар да безер боп қашады. Бүгін де әжесі ас пісіріп алдына қойып еді, ол:
– Бұрышын көп салып жіберіпсің, тәтті емес, ішпеймін, – деп, әрнәрсені сылтауратып, орнынан тұрып кетті.
– Тәтті тамақ ішкің келсе менімен бірге жүр, – деді бағанадан бері олардың әңгімесін тыңдап, әріректе қамшы өріп отырған атасы.
– Мақұл, барайын, – деді Әлібек.
Екеуі киініп далаға шықты. Атасы кетпен-күректерді алып бақшаға қарай беттеді.
– Ата, дәмханаға бармайтын ба едік? – деп таңданды Әлібек.
– Асықпа, балам, дәм қазір бізді өзі іздеп келеді, – деді қарт жайбарақат.
Екеуі бақшада терлеп-тепшіп жұмыс істеді.
Түс кезінде атасы шай қайнатып, далаға дастарқан жайды. Бұл жолы Әлібек алдына қойған асты жалап-жұқтап жеп қойды.
– Тамақ тәтті екен, – деді ол.
– Бұл бағанағы өзің дәмді емес деп ішпей қойған тамақ қой. Еңбек етіп жесең қашан да дәмді болады, – деді атасы.