Күз неге ашуланды?
Тал-теректердің жапырағы сарғайып, айнала ерекше нұрға бөленген шақта оқушылар Сабантой мерекесін өткізбек болып шешті. Сабантой мерекесі деп – астықты орып қамбаға құйып, жеміс-жидекті жиып дастарқанға қойғаннан кейінгі өтетін мерекені айтады.
Балалар бұл мерекеге асқан ыждаһаттылықпен дайындалды. Біреулері жүзім болып киінсе, біреулері қызанақ, енді біреулері қарақат болып киінді. Мектеп ішін күмбірлетіп ән мен күйге бөлеп жатқандары қаншама.
Ақыры күткен күн де туды. Кең залға сары алтындай шапақ шашып Күз кіріп келді. Бәрі қоғадай жапырылып Күзді төрге шығарды.
Оның түрі аса қызық еді. Құлағы қызанақтан жасалған ба дерсің, сабақ білмей ұялған оқушының құлағындай қып-қызыл. Бетінде аздаған әжім білінеді. Құдды Мырзашөлдің шырын қауынының қабығынан жасалғандай. Мұрны пістедей, ал көзі қарақаттай мөп-мөлдір. Құлағына таққан моншақтары мөлдіреген жүзімнен аумайды. Үстіне киген шапаны сан түрлі жапырақтардан тігілгендей. Шаштары сәмбі талдың жапырақтарындай желкілдейді. Қысқасы, оның түрі – күз ризығының жиынтығы десе де болғандай... Оқушылардың әрқайсысы өзгеше көрініске таңдай қағып, абыр-сабыр біразға дейін басылмады.
Сәлден кейін жүргізуші ортаға шығып, бүгінгі мерекенің басталғанын хабарлады. Дастарқанда көздің жауын алатын алма-алмұрт, шабдалы, өріктер сыңсып тұрды.
Балалар ән айтып, би билеп өнер көрсетті. Тақпақты да бәрі шетінен мәнерлеп айтты. Ал енді бір-екі оқушыға кезек келгенде олар қадірменді қонаққа алғыс жаудырды.
– Күзде диқан егін жинап, қамбамыз астыққа толады. Біз бір жыл бойы тоқ жүреміз. Бәрі де Сіздің арқаңыз, – деді бір тапқыр оқушы.
– Бұл маусымда жеміс-жидек пісіп молшылық орнайды. Жеміс-жидек дәруменге бай. Біз сол дәруменнің арқасында әдемі бала болып өсеміз, – деді екінші оқушы.
Бәрі де дұрыс-ақ. Бірақ мақтаған сайын қонақтың қабағы түнере түсті. «Күздің түнеріңкі күндері көп болады ғой. Бәлкім сондай күндерге тап болған шығармыз?» – деп дағдарды оқушылар не істерін білмей.
Бір уақытта Күз сөз алды.
– Балалар, мен сендерге ренжіп отырмын, – деді ол. – Бағанадан бері мені мақтап жатырсыңдар, мақтап жатырсыңдар. Ұяттан менің екі бетім өртеніп барады. Апыр-ау, осынау молшылықты жасап отырған жалғыз мен бе? Жалғыз менің қолымнан не келеді? Әрберден соң бұл қарды көп жаудырып, ылғалды мол жинаған Қыстың арқасы. Одан кейін жер-дүниеге жан бітіріп, тіршілік әкелген, тал-теректі гүлдеткен Көктемнің арқасы. Содан соң ыстығымен аптап, самалымен баптап, егінді, жеміс-жидекті пісірген Жаздың арқасы. Ал мен игілікті істі аяғына жеткізіп, қазан жасап отырмын. Бүгінгі Сабантойда менімен қатар Қыс, Көктем, Жаз отырса жараспас па еді? Осылай қарай аяңдап Қыс келе жатыр деп естіп едім. Алдымнан шығып қалса не айтпақпын? Олар бұл мерекенің өтетінін естіп, үйлерінде ренжіп отыруы мүмкін. Сондықтан да кешіктірмей үшеуін де шақырғандарың жөн, – деді.
Оқушылар ұялып, тез арада басқа маусым иелеріне хабар берді.
Көп ұзамай тоңазытқыш машинасына мініп Қыс жетті. Бұдан соң қос ат жеккен пәуескеге мініп Көктем мен Жаз да келді. Жаз жаурап қалмайын дегендей жылы киініп алыпты.
Сол күні мектепте Сабантой мерекесі дүркіреп өтті. Енді ренжімей Күз де, Қыс та, Көктем де, Жаз да көңілді отырды. Қонақтардың қабағы ашылғанын көріп, балалардың да жанына қуаныш толды.