Елу екінші жыл
2 бөлім, 9 көріністі тарихи драма
СӘТБАЕВ Қаныш Имантайұлы − Қазақ КСР ҒА-ның президенті
ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА − Сәтбаевтың әйелі, инженер-минералог
БӨПЕЖАН − Қазақ КСР Ғылым академиясы президентінің көмекшісі
ШАЯХМЕТОВ Жұмабай − Қазақстан К(б)П ОК-нің бірінші секретары
ОМАРОВ Ілияс − Қазақстан КП(б) ОК-нің секретары
ХРАМКОВ Иван Петрович − ҚКП ОК-нің үгіт-нсихат бөлімінің меңгерушісі
ИСАБЕКОВ Бөлебай − Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісінің орынбасары
ЖАРЫЛҒАПОВ Исләм − Орталық Комитеттің сектор меңгерушісі
НАБАТОВ Алексей Александрович − Қазақ КСР-ның бас прокуроры
ТӘЖІБАЕВ Төлеген − ҚазМУ-дің ректоры, профессор
ӘБДІҚАЛЫҚОВ Мұхамеджан − Партия тарихы институтының аға қызметкері
ӘУЕЗОВ Мұхтар Омарқанұлы − жазушы, академик, Сталиндік сыйлықтың иегері
КАССИН Николай Григорьевич − Геология ғылымының докторы, академик
КЕНЕСАРИН Натай Әзімханұлы − гидрогеолог, Кенесары ханның шөбересі
БЕКМАХАНОВ Ермұхан − тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор
БЕКМҰХАМЕДОВА Халима Адамбекқызы − Бекмахановтың әйелі
ЖИРЕНШИН Әбіш − Орталық мұражайдың директоры, ғалым-филолог
ӘДІЛГЕРЕЕВ Халил − тарих ғылымының кандидаты
ДІЛМҰХАМЕДОВ Елтоқ − тарихшы
СОЛОВЬЕВ – КСРО Қауіпсіздік комитетінің аға тергеушісі, майор
ВЛАДИМИРОВА АННА ВАСЛЬЕВНА – емдеуші дәрігер
Эпизодта тарихшылар мен техникалық қызметкерлер
1951-1953 жылдары Қазақстанда жүрген саяси қуғындау оқиғалары – тарихи драманың арқауы. Сол науқанға атсалысқан билік иелері, куәгерлер мен зардап шеккендер есімдерімен аталады. Драманың тартысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жабық қорындағы, Қазақстан КП ОК-нің қаулылары, мерзімді баспасөзде жарияланған және бертінде жарық көрген деректі кітаптардағы айғақтармен өрнектелген.
Драмаға қатысушылар өздерінің есімдері мен лауазымдарымен аталды.
Б І Р І Н Ш І Б Ө Л І М
I
Ілияс Омаровтың кабинеті. Төрде В. Ленин мен И. Сталиннің портреттері. «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы 2-3 беттерін хатшы шұқшия оқуда. Әредік басын шайқайды, әлденеге долданып, үстелді жұдырығымен соғады. Мазасызданып жан-жағына қарайды. Залдағы көрерменге шұқшия қарап: «Апыр-ай, не не істеймін? Бұл енді біз үшін – жаңа сойқан!.. Маңдайалды арыстаримызды жаппай «итжеккенге» айдату...» – деп шарасыздығына өкініп, екілене дауыстайды...
Сахна бұрышындағы экранға «Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсандағы ішкі екі беті, «Қазақстан тарихын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» делінген сойқанды мақаласының мәтіні, тақырыбы, соның аяғындағы Х. АЙДАРОВА, Т. ШОЙЫНБАЕВ және В. ЯКУНИННІҢ фамилиялары қара әріппен экранға бадырайып түседі.
ОМАРОВ (микрофонға): Омаровпын, бірінші секретарьдың көмекшісін қосыңыз!.. Сансыз, “Правданың” 26 күнгі номерін Жұмекеңе дереу кіргіз!
ДАУЫС: Жолдас хатшы, кешіктіңіз. Храмков соны бағана әкелген...
ОМАРОВ: Жұмабай Шаяхметұлында кім бар?
ДАУЫС: Иван Петрович отыр. Жарым сағат болды. Әзірше шыға қоймас...
ОМАРОВ: Апыр-ай, тікелей бастығы маған соқпай, біріншіге барып, сүйінші сұраған, сірә?!.. Храмков шыққанда маған хабарла!
ДАУЫС: Ұқтым, Ілеке! Тура сөйтемін. Сабыр етіңіз!..
ОМАРОВ (трубканы қойып): Енеңді ұрайын, дүние астан-кестен болып жатқанда мені сабырлыққа шақырады.
ИСАБЕКОВ пен ЖАРЫЛҒАПОВ кіреді. Қолдарында “Правда” газеті.
ОМАРОВ (ашулы үнмен): Сендерді кім шақырды? Қу жаныма тыныштық беріңдер...
ЖАРЫЛҒАПОВ: Ермұхан сорлыға обал болды. Мына мақала − оған жасалған бұрынғы-соңғылы қастандықтардың зоры. Сірә, басын жоюға жасалған қарекет! Үрпе-шүрпе бес баласы бірдей тұл жетім болады.
ОМАРОВ: Жә, жә! Бәз-баяғы гөй-гөй! Доғар бұзық сөзді!..
ИСАБЕКОВ: “Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып...” – дегенді Абай дана тектен-текке айтпаған... Мынау сол, Шіркеубайдың сүмелегі Ермұханмен қоса сізді де қапқан. Иә-иә, қазақтың игі жақсыларын бөрібасар итке тағы да талату басталмақ...
ОМАРОВ: Текке тантыма, Шіркеубайың кім? Сығыр құдай, кімді жұмбақтап тұрсыңдар?
ИСАБЕКОВ: Менің тікелей бастығымның лақап есімі. Храмковты айтамын (газетті нұсқап), мына мақала да − соның әрекеті, Мәскеуге белсенді идеолог болып көрінудің амалы...
ЖАРЫЛҒАПОВ: Ілеке, көңілім сүттей іріп, екі ауыз өлең шығардым. Дат деңіз!.. «Тағдыр шіркін тап беріп, тамағымнан алып тұр. Пәле деген аңдушы, аяғымнан шалып тұр. Жала деген төбеті, балтырымнан қауып тұр... Сауысқан, қарға, қарақұс, Жемтік аңдып бағып тұр. Табалаған жаманның, шаян тілі шағып тұр. “Әй, сені ме!” дегеннің, айызы әбден қанып тұр...»*
–––––––––––––––––––
* Ахмет Байтұрсыновтың “Жау қолына түскен мүсәпірдің сөзі” атты өлеңі
ОМАРОВ «Тоқтат!» деп үстелді тықылдатады. ИСАБЕКОВ есікті ашып, ауыз
үйді тінте қарап, қайта жабады. Үшеуі де өлең сөзінен жаны түршіге шошиды.
ОМАРОВ: Өлең сенікі емес, тәйір алғыр. Уақытынан бұрын тұншықтырылған ескі жайсаңның бізге қалдырған өсиеті... Апыр-ай мынап мақаланы не істейміз?
ИСАБЕКОВ: Мақаланың саяси сұғынан қатты шошып тұрмын, 37-ші жылғы зобалаң да «Казрпавда» газеті жариялаған бес соғындының ұрдажық сынынан соң өрбіген-ді. Қашан айттың демеңіз, мұның қияметі Ермұханды, иә сізді дүрелеумен тиылмайды...
ОМАРОВ (шошына қарап): Бөлебай, айтып тұрғаның – Асанқайғының бәз-баяғы сары уайымы...
ЖАРЫЛҒАПОВ: Илайым, қателескен болайын! Ежіктеп тұрғанымыз − Ілияс Омарұлы, қауіп-қатерден сізді сақтандыру! Мақаланың көздегені − қазақтың маңдайалды оқымыстыларын құрықтаудың бисмилләсі, соңында осы науат зиялы қауымды түгел шалады; бірінші хатшыға осы қатерді қатты ескертіңіз!..
ОМАРОВ: Исләм! Білгіш дегенге сен тіпті, тоқтат! Мынаның зардабын жеңілдетудің төте жолын нұсқаңдар маған! Не істейміз?..
ИСАБЕКОВ: “Правданың” сынын дереу талқылап, Қазақстан тарихының осы мақалада көрсетілген олқылықтарын мойындап, түрліше шаралар белгілеу қажет. Әлбетте Ермұхан сорлыға қатаң сөгіс байлау керек! Тек қана сөгіс! Қысқасы, Ілеке, қатердің алдын алған жөн...
ЖАРЫЛҒАПОВ: Қазақ тарихы кафедрасының меңгерушілігінен де уақытша босату қажет. Қатардағы профессор болып бірер жыл жүре тұрса оның мұрты қисаймайды...
ОМАРОВ: Көкейге қонымды ұсыныс. Шегініс жасамай болмайжы, сірә, сөйтеміз... Ал, мені қайтесіңдер? “Қазақ КСР тарихына” жауапты редактор болып, Кенесары көтерілісін халықтық қозғалыс еткен маған, Орталық Комитеттің идеолог хатшысына қандай жаза лайық? Мақаланың сұғы, байқадыңдар ма, маған арналған...
ИСАБЕКОВ: Әлбетте сізге де, Ілеке, қатаң сөгіс байлау керек.
ІЛИЯС ОМАРҰЛЫ тартпасын ақтарып, папкадан хат суырады.
ЖАРЫЛҒАПОВ: Қолыңыздағы, Ілеке, 1949 жылғы қазан айының 12-і жаңасында Мәскеуден жолданған хат, авторы – профессор Панкратова... Мен оны жатқа білемін, нанбасңыз, тексеріңіз: «Қымбатты Ілияс Омарұлы, “Вопросы истории” журналында жарияланған Ким жолдастың өткір сынын оқыдыңыз ба? Меніңше, бұл да кейбір тарихшылардың ақиқатты теріске айналдырып, қазақ халқының тарихын көпе-көрінеу сүмірейтіп көрсету ниетінен өрбіген сандырақ тұжырым. Осындай тарихи жағдайды басынан кешкен грузин патшасы мен өзбектердің ханы неліктен ізгі ойлы қайраткерлер саналып, ал, қазақтар Аблайды және Кенесары Қасымовты бұзық билеушілер етіп көрсетуге тиіс? Түсінбеймін. Қазақ тарихының аса көрнекті қос тұлғасын бағалауда мен тарихи ақиқатты бұрмалап, өзім сенген иланымнан ешқашанда айнымаймын...» Қайран Анна Михайловна, бұдан артық не десін?! Мәскеу тарихшысының осы лебізін әдемі тақтаға бадырайта жазып, Орталық алаңға қойған жөн еді. Соны оқыған жұрт: “Апыр-ай, мына кісі көз алдындағыны көргісі келмейтін біздің итаршы тарихшыларды қалай сүмірейткен, өткен заманның оқиғаларын теріс-қағыс түсіндірген сол шіркіндердің сорақы тұжырымын қалайша әшкерелеген?! Жарайсың, Панкратова! Ғалым болсаң сендей бол!..” – деп сүйсінері хақ!
ИСАБЕКОВ: Ілеке, бұл хатты тартпада ұстау − саяси қателік! Алған бетте-ақ баспасөзде жариялатқан жөн еді. Әлбетте, әлі де кеш емес...
ОМАРОВ: Жеке адамға жолданған хатты жариялау этикаға жатпайды, жігіттер...
ИСАБЕКОВ: Түбінде сіз, Ілеке, осынау шексіз кішіпейілдіктен опық жейсіз...
ОМАРОВ: Жә, ойларыңды ұқтым. Осы істен қатаң сөгіспен құтылсам − тәубе дер едім. Сақал-мұрты өскен осы дауды Мәскеуде, партияның бас газетіне бастырған нағылеттерді енді тоқтата алмаймыз?..
ЖАРЫЛҒАПОВ: Қойыңыз, мұндай күпір оймен ертеңгі алыс-жұлысқа жарамайсыз, Ілеке. Бұл істе сіздің аянуға қақыңыз жоқ! Тек қана қарсы күресті үдету керек! Ал, қателестім, кемшілікті түзеймін... десеңіз – Шіркеубайдың сүмелегі бастаған қарақшы топ біздің де, сіздің де басымызға дәрет сындырып, одан да өзгені істейді...
Телефон шырылдайды. ОМАРОВ трубканы көтереді.
ОМАРОВ (трубкаған): Рақмет, Сансыз! Қазір жетемін.
ЖАРЫЛҒАПОВ: Жолыңыз болсын, Ілеке! Мойымай, қарсыласып бағыңыз!..
ИСАБЕКОВ: Жұмекеңді әлгі уәжге иліктіріңіз! Тегінде осы жолы бәріміз де таяқ жейміз. Партбилетіміз өзімізде қалса тәубе дейміз...
II
ҚазМУ ректорының демалыс бөлмесі. Кабинет иесі әлденеге абыржулы.
Қолындағы газетті умаждап, мазасызданып отыр. БЕКМАХАНОВ келеді.
ТӘЖІБАЕВ: Төрлет, Ермұхаш. XX ғасырдың Дон-Кихоты, монтиған түріңе қарағанда ештеңе білмейтін сияқтысың?..
БЕКМАХАНОВ: Жайшылық па, жолдас ректор? Кімнен қорлық, кімнен зорлық көрдің?
ТӘЖІБАЕВ: Қазақтың ашық аспанын қара бұлт торлады, топан-судан тек аман болғай?!.. Мә, оқы, шалқаңнан түспе тек! Сендей нар жігіттер газет бетіндегі былшылға шарт сынса, біз сияқты уақытша әкімдер танауымен жер сүзіп, есінен тануы хақ...
БЕКМАХАНОВ (Газетті шола қарап, бірер сөйлемді дауыстап оқиды): «Қазақ халқының тарихы өзінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғаған, сыртқы және ішкі жауларға қарсы күрестің тамаша оқиғаларына бай... Алайда, Кенесары Қасымов сұлтанның феодалдық-монархиялық қозғалысы шексіз мадақталған...». (Кенет мырс етіп) Сөз-ақ! Батырды батыр демей, от көсеген қатынға айналдырамыз ба?.. (Газетке қайта үңіліп) Бәсе, баяғы үш соғынды. 37-жылдың жедел соты: атақты жалақор Тілеуқажы Шойынбаев, қатын белсенді Хадиша Айдарова және қонақжай қазақтың асына семіріп, кандидат атанған шалағай тарихшы Александр Якунин...
ТӘЖІБАЕВ: Ермұхаш, тым ұсақтанба, бұдан да зорды көргенсің!
БЕКМАХАНОВ: Жә, жолдас ректор, лекциядан шықтым. Шай алғызсаң − бас тартпаймын. Қызғаншақ әріптестерімнің соңыма шам алып түскені − бүгін емес: “Домалақ” арызбен докторлық жұмысымды бекіттірмей, екі жыл әуреледі; төрт мәрте айтыс ұйымдастырды. Не шықты содан? Енді мына мақала...
ТӘЖІБАЕВ: Тәубені ұмытпа, бүгінде – тарих докторысың һәм профессор.
БЕКМҰХАНОВ: Төлеген Тәжібайұлы, мына шимайды “Правдаға” жолдаушы − әлгі үшеу емес, басқалар екенін білесіз бе?
ТӘЖІБАЕВ: Мәндірек бірдеме айт!
БЕКМАХАНОВ: Мұның түп иесі − “Үлкен үйдегі” Шіркеубаев.
ТӘЖІБАЕВ: Храмков па? Сонда ол шіркін Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінде шіреніп отырып, өзіне-өзі көр қаза ма? Қой, батыр!
БЕКМАХАНОВ: “Правданың” тілшілері − Виталий Озеров, Александр Черниченко дегендер Алматыға келіп, Храмковтың көмегімен біздің шала сауатты әумесерлерді әлденеге емексітіп, өздері дайындаған мақалаға қол қойдырғаны маған мәлім.
ТӘЖІБАЕВ: Сөзіңде логика жоқ, айғақ келтір!
БЕКМАХАНОВ: Әу баста олар соған Жұмекеңнің қолын қойдырмақ болған...
ТӘЖІБАЕВ: Өсекші жұрттың жел сөзі, сенбеймін!..
БЕКМАХАНОВ: Орыс патшасының әскеріне ғазабат соғыс жариялаған дағыстандық Шәміл имамды “Большевик” журналында жариялаған мақаласында түріктің жалдамалы агенті еткен жалақор автордың кім екенін білесіз бе?
ТӘЖІБАЕВ: Білемін, Миржафар Аббасұлы Багиров. Әзірбайжан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары... Апыр-ай, сол амалды бізге де қолданған ба?
БЕКМАХАНОВ: Бұл жолы сол соғындылар партияның бас органын пайдаланған. Алайда, Шіркеубай баласы зымияндықпен жобалаған арандатуға біздің Жұмекең жайсаң көнбеген. Қисынды уәж айтып, бас тартқан...
ТӘЖІБАЕВ: Демек, Жұмекең біздің − нағыз ер! Оқымағанның данышпаны!..
БЕКМАХАНОВ: Храмковты тоқтата алмады. Жұмекең: «Иван Петрович, жүз жыл бұрынғы тарихқа басыңды қатырма!..» − десе, Храмков бұтын қысар еді, амал қанша?!..
ТӘЖІБАЕВ: Жұмекеңнің айбары мен қайраты бір басына жетіп артылады. Ел тарихын ол кісі келімсек идеологқа ешқашанда қорлатпайды!
БЕКМАХАНОВ: Илайым, айтқаның келсін! Мен сізге тағы бір шындықтың бет пердесін ашайын: “Правданың” бас редакторына мен наразылық білдіріп, жеделхат жолдадым. Мені қолдаған екінші телеграмманы докторлық диссертациямның бірінші оппоненті, тарих докторы Михаил Вяткин Ленинградтан жіберді. Үшінші наразылықты Панкратова бастаған мәскеулік тарихшылар жасады...
ТӘЖІБАЕВ: Бәрекелді! Маған неге сездірмедің? Университет ғалымдарының атынан ұжымдық хат ұйымдастырып, өзім де қол қоятын едім...
БЕКМАХАНОВ: Сізді бұған әдейі қатыстырмай, кейінгі тартысқа сақтадық, Төке.
ТӘЖІБАЕВ: Ә, о да жөн екен. Жә, содан кейін?
БЕКМАХАНОВ: “Правданың” алқасы, әділін айту керек, мақаланың қолжазбасын Алматыға, Тарих институтына қайтарып, пікір сұрады.
ТӘЖІБАЕВ: Демек, қазақ тарихшылары дауды өздері шешсін деген...
БЕКМАХАНОВ: Тарих институты мақаланы екі күн талқылады. Мені қатыстырған жоқ. Сол талқыны теріске бұрмалаған тағы да Храмков... Ақырында мені түзелмейтін ұлтшыл етіп, мақаланы мақұлдады. Кенесары ерге де “Қазақ халқының қас жауы” деген тұжырым шығарды.
ТӘЖІБАЕВ: Пәле-жала қайдан дейміз? Өзімізді тұқыртудан қашан арыламыз?!
Хатшы әйел келіп, дастарқан жаяды. Ас-су әкеледі. Екеуі шай ішеді.
БЕКМАХАНОВ: Төке, ішімді өртеген күйікті басатын бірдеме бермейсің бе?
ТӘЖІБАЕВ: Күйректікке салынба, Ермұхаш! Қазір саған да, маған да мейілінше сергек болу қажет! Өйткені бұл мақала – саған ғана жасалған қастандық емес, мұның артында маңдайалды ұлт жайсаңдарын дүрелеу науқанының сирағы шығып тұр...
БЕКМАХАНОВ: Мейірімді Алла оның бетін әрі қаратсын, Төке!.. “Правданың” көздегені – мен, иә, сонсоң менің еңбегімді қызғыш құстай қорғаған Ілияс Омаровты сүріндіру!.. Түпкі мақсаты сорақы: атышулы 58-бапқа келтіру! Мәскеу тарихшылары маған енді қол ұшын бере алмайды. “Правда” газетіне кім қарсы шығады?!
ТӘЖІБАЕВ: Сөйтсе де әліптің артын бағайық. Екеумізді де “Үлкен үйге” шақырып отыр. Сені сабақта деп, бір сағатқа кеңшілік алдым. Астан ал, шайға бас! О жерде не дейміз, ойлану керек...
БЕКМАХАНОВ: Жо-жоқ, Төке, мені бүгін «Үлкен үйге» сүйреме! Бармаймын! Таба алмадым, үйінде тымауратып жатыр дегін. Тымаудың ауыр түрі...
ТӘЖІБАЕВ: Ермұхан, тағдырың сол үйде шешілетінін ұмытпа. Бір ме? Екінші, Ілияс Омарұлы саған қас адам емес, мына мақалада оны тарихты “бұрмалаушы” атанған. Үшінші, Орталық Комитеттің секретарына мен сені ертіп барамын деп уәде еттім...
БЕКМАХАНОВ: Туған ел үшін оттан да, судан да тайынбайтын ерсің, Төлеш. Іскерлік те, ақыл да шарадай басында жетіп артылады. Жұмекең сені үкімет төрағасының орынбасарлығынан бекер төмендетті. Совминге төраға еткені жөн еді...
ТӘЖІБАЕВ: Жә, бостағай сөзді доғар! Бізді хатшы күтіп отыр.
БЕКМАХАНОВ: Жарайды, “Үлкен үйдегілер” тап бүгін көргісі келсе − мен дайын. Міне, бас! Міне, мойын!.. Кәмел жас қа ілікпеген бес баламды үкімет асырайды, болмаса Храмковтың мойнына байлап беремін, ха, ха!..
Беттерін сипап бата жасап, киіне бастайды.
III
Ілияс Омаровтың кабинеті. Үстел басында − ОМАРОВ, ХРАМКОВ,
ЖАРЫЛҒАПОВ, ИСАБЕКОВ. Шеткері орында − ТӘЖІБАЕВ пен БЕКМАХАНОВ.
ОМАРОВ: Жолдастар, бәріміз де партия жарғысын мойындаған коммуниспіз. Бұл сөз әсіресе сізге қатысты, Ермұхан Бекмаханұлы. Партияның бас газетінің мақаласына сіз сондай сеніммен қарасаңыз – ұтылмайсыз, өзіңізге тілеулес қауымның күткен биігінен көрінесіз... Қазақстандық идеологтарға, мына сын жаңа міндеттер жүктеп отыр: мақала бастауыш ұйымдарда талқыланып, жаппай мақұлдануы шарт; “Қазақ КСР тарихының” екінші басылымы бүгіннен бастап қолданыстан алынады; оның маркстік-лениндік ұстанымдарға сәйкес емес тарауларын түзетеміз; бұл міндет Ғылым академиясының төралқасына жүктеледі; ал соған жөн-жоба көрсетіп әрі мүлтіксіз орындалуын қадағалау насихат және үгіт бөліміне, оның меңгерушісі Храмков жолдасқа тапсырылады... Мақаланы жер-жерде талқылау шараларын Орталық Комитеттің секретариаты толық мақұлдап, сол жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысынан бастауға пәрмен берді. Соған орай 30 желтоқсан күні Шымкентте бас қосатын үгітшілер алдында профессор Бекмахановтың ғылыми есебі тыңдалады...
БЕКМАХАНОВ: Жолдас секретарь, үгітшілер семинарында мен не жайында есеп беруге тиіспін?..
ОМАРОВ (кіді үнмен): Ермұхан Бекмаханұлы, мәселені қиындатпаңыз. Кенесары Қасымов көтерілісін халықтық қозғалысқа не себепті айналдырғаныңыз турасында түсінік бересіз... Бірінші хатшы сізді уақыттан шектемеңдер деді, біржарым, иә екі сағат сөйлейсіз. Ескертемін: Шымкентке Орталық Комитеттен де Храмков жолдас бастаған өкілдер барады...
БЕКМАХАНОВ: Ғапу етіңіз, бұл турасында сөйлеуге менің құлқым жоқ! Білімдар қауым баяғыда қабылдаған, 12 жыл бойы нақты айғақтармен әспеттеген ғылыми еңбегімнен енді бас тартып, соның теріс-қағыс көзқараспен жазылғанын мойындау − мен үшін ауыр жаза екенін сіз, Ілияс Омарұлы, түсінуге тиіссіз...
ОМАРОВ: Бұл шараны Орталық Комитет тарапынан сізге жасалған шынайы қамқорлық екеніне түсінікпен қараңыз, Ереке!
БЕКМАХАНОВ: Түсінгенде қандай! Осы мойындаудың астарында тұрған жымысқы әрекетті де көріп тұрмын: ұлы еретик Галилео Галилей, 1633 жылы Ватикан инквизиторларына: «Коперник те, мен де қателестім. Жер планетасы Күнді шыр айналмайды, айналуға тиісті емес» дегеніне үш ғасырдан асты. Алайда, Жер планетасы Күнді айналуын содан бері бір секунд те тоқтатқан жоқ!.. Сол сияқты, мен де, көзімді ашқаннан кеңес мектебінде білім алып, кеңес институтын тәмамдап, Мәскеу ғұламалары алдында тарих ғылымының кандидаты, соңынан докторы атақтарын қорғаған, Жоғарғы партия курсында саяси білімін шыңдап, большевиктер партиясының үздік насихатшысы атанған һәм профессор тарихшы шымкенттік үгітшілерге: “Дүмше ғалымсымақтардың қазақ тарихын теріс-қағыс бопсалауы − әбден дұрыс! Кенесары Қасымов бастаған халықтық қозғалыс туралы елге әйгілі менің еңбегім бастан-аяқ жалған әрі ұлтшылдық пиғылмен жазылған, оған енді жиіркеніш сезіммен қараңдар!..” – деуім керек. Осы ма, жолдас секретарь, менен талап етіп тұрған есебіңіз?
ТӘЖІБАЕВ: Жолдастар, мәнді мәселені асығыс шешпесек қайтеді? Ілияс Омарұлы, ертеңге дейін ойлануға мұрсат сұраймын?..
БЕКМАХАНОВ (Өршелене): Төлеген Тәжібайұлы, өтінемін, ой-пікірімді ашық мәлімдеу құқығы әзірше өзімде екенін ұмытпаңыз! Сталин жолдастың “Шынайы ақиқат ғылыми айтыс үстінде туады” деген данышпандық сөзін мен студент кезімнен жадыма тоқыған тарихшымын. Бұл жерде сөз қазақ халқының басынан кешкен дүрбелең кезеңін әділ саралау турасында болуға тиіс. Кенесары қозғалысы турасында 1946-1948 жылдар аралығында Мәскеу мен Алматыда төрт мәрте ғылыми айтыс өтті. Солардың бірде-бірінде Бекмаханов жұртты шатастырды деген уәж туған жоқ. Одақтың көрнекті тарихшылары менің монографиямды толық мақұлдады. Ал, бүгін, ғылыми еңбектері көпшілікке беймағлұм үш тарихшы орталық басылымға даулы пікірін жариялады деп, күллі қауым мақұлдаған ғылыми концепциямды мен не себепті өзгертемін?! “Правда” газеті ақиқаттың жаршысы қалпын сақтағысы келсе − менің де ой-пікірімді жарияласын!..
ХРАМКОВ: Міне, көрдіңіздер ме, сауатын ашқанына жарты ғасыр болмаған су қараңғы қазақтан да «менің айтқаным жүз пайыз дұрыс» дейтін білгіш шықты! Галилейден де асқан еретик, ұ-л-ы-ы та-рих-шы! Сіз, Бекмаханов жолдас, төбеге қарап, қайда отырғаныңызды ұмытпай сөйлеңіз!. Тәлім-тәрбиеңіз соны ұғуға жетпесе, амал қанша, өкініш білдіремін. Есіңізде болсын: сізге соны ұмытпастай етіп әрі төбеңнен нұқып отырып ұғындыратын амал табылады!..
БЕКМАХАНОВ: Иван Петрович, жазалаушы органға ауысқансыз ба? Әлбетте, мына мақалаға сіздің үшінші, иә екінші емес, бірінші автор екеніңіз маған мәлім...
ТӘЖІБАЕВ қағазға әлдене жазып, БЕКМАХАНОВҚА ұсынады.
ХРАМКОВ: Төлеген Тәжібаевич, өркөкірек профессорыңызды ректорлық әкіреңмен сірәда тия алмайсыз. Өйткені бұл кісі өзін ұлы тарихшы санайды. Дүние жүзі коммунистері пір тұтып, ақылгөйі санайтын “Правданың” сыны, байқайсыз ба, оған шыбын шаққан ғұрлы әсер етпеген... Әсілі, дарынды ғалым, ерен тарихшы санап, жөнді-жөнсіз мақтап, Бекмахановты төбеге көтерушілердің бірі − сіз! Міне, не ексеңіз – соны орып отырсыз!..
ОМАРОВ (Үстелді тықылдатып): Иван Петрович, сізге мен сөз бергемін жоқ. Бекмаханов жолдас, сіз де тиылыңыз! Ал, дауласуға құлшынып тұрсаңдар, асықпаңдар, ондай сәт алда!.. Жолдастар, әлгінде не айтылды, бұлжытпай орындауға дереу кірісіңіздер!
БЕКМАХАНОВ: Менің пікірім өзгермейді, Ілияс Омарұлы, тізеге салмаңыз!
ОМАРОВ: Мәжіліс жабық! Төлеген Тәжібайұлы, сәл аялдаңыз...
Жұрт тарайды. ТӘЖІБАЕВ пен кабинет иесі оңаша қалады.
ТӘЖІБАЕВ (Басын шайқап): Ермұханды бүгінгі мәжіліске бекер шақырдыңыз, Ілеке! Ішіндегі кек пен ыза бұрқ-сарқ қайнап, күйініп тұрып, Шіркеубайдың өзіне ұрынды. Қайтсін, оңай емес...
ОМАРОВ: Бұл үйде де әсіре білгіштер аз емес, әлгі шара солардың ойлап тапқан амалы... Жағдай қиындап кетті, Төке. «Заманың түлкі болса, соны тазы боп шал» дегендей ахуал. Маған да, Ермұханға да, сізге де шегініс жасап, қателестік деп, «кінәмізді» мойындау қажет. Сөйтпесек, қызмет қана емес, бас кетер жар жағасында тұрмыз...
ТӘЖІБАЕВ: Бірінші хатшының пікірі қалай? Маңдайымызға біткен жалғыз тарихшы докторды қан тілегендерге талатпауға бар ма, Жұмекең?
ОМАРОВ: Менің ойым – қорғау! Саңлақ тарихшыларымызды күні кеше сақтай алмадық, түп-түгел соғыстан бұрынғы науқандарда ұсталып кетті. Ермұхан − солардың сарқытын ішкен, ғылыми дегдарлығын ұстап қалған дарабоз! Оны да ұлтшыл етіп елден аластасақ, Төке-ау, мына кабинетте отырғаным − әншейін іске айналмақ. Жұмекеңе солай дедім, қолымнан келгенше тарихи ақиқатты қолдайтынымды ескерттім. Әлбетте ол кісінің өз білгені бар...
ТӘЖІБАЕВ: Жарайды, Ілеке! Ағыңнан жарылдың, ризамын!.. Мансап деген не, қолдың кірі... Әдебиетте – Мұхаң, ғылымда – Қанекең, ән-әуен әлемінде − Ахаң, тарихта – Ермұхан. Төртеуі де туған жұртының рухын биікке көтеріп, ұлт мерейін өсіретін дара саңлақтар!.. Ал, мен, Ермұханның қол-аяғын байлап апарсам да Шымкентке жеткізіп, мінбеге шығаруға амал жасаймын...
ОМАРОВ: Рахмет, Төке! Демек, өзіңіз де бірге барасыз... Жұмекеңнің де түпкі ойы осы: Ермұхан дау-шарсыз “қателескенін” мойындаса − партияға мүшелігін сақтайды...
ТӘЖІБАЕВ: Партия қатарында қалса − мен де оның университеттегі жұмысын сақтаймын... Шынымды айтайын: осы сапар маған ұнамайды. Бекмаханов сияқты бірбеткей жанды дүйім жұрт алдында дарға асумен бірдей жаза. Тарихи аналог керек пе? Чернышевскийдің азаматтық қазасын қайталау*... Білімпаз неме әлгінде соны ескертті. Тек Галилейді мысалға алып, масқара болған дінбасыларымен үгітшілер жиынын салғастыруы әрі әпербақан Храмковпен шекіскені – жүрегін шалған күйініштің салдары. Айтқыш-ау сабаз, қай-қайдағыны біледі!..
––––––––––––––––––––––––––
* Төңкерісшіл орыс демократы Н.Г. Чернышевскийге 1864 жылы жорта жасалған дарға асу рәсімі, орыс зиялылары соны әжуалап, «Азаматтық қаза» деп атаған.
ОМАРОВ: Үгітшілер алдында мойындатуды ойлап тапқан мен емеспін, Төке...
IV
Бекмахановтың пәтері. ЖИРЕНШИН, ӘДІЛГЕРЕЕВ және ДІЛМҰХАМЕДОВ.
«Үлкен үйдегі» мәжлістен шыққан БЕКМАХАНОВ келеді.
БЕКМАХАНОВ: Ассалаумағалейкум, ағайындар! Бейуақ кеште бұл не жиын?
ЖИРЕНШИН: Сенің қасында болайық деп келдік. Құдай тағала саған қайсарлық пен өжеттікті бірдей дарытқан. Сенен біз, тарихшы достарың, тап бүгін, сыңдарлы уақытта шарболаттай төзімділік күтеміз!..
БЕКМАХАНОВ: Жақсы айттың, Әбеке! Рақмет!
ДІЛМҰХАМЕДОВ: Саған тілеулес жандар, тарихшылар ғана емес, қазақ қауымының көзі ашық, көкірегі ояу білімпаздары мына қиянатқа қарсылық көрсетуге тиіс! Міне, біз, “Правдаға” наразылық хат әзірлеуге кірістік.
ӘДІЛГЕРЕЕВ: Әділдіктен аумаңдар, ағайын! Қазақтың зиялы қауымы біздің осы ойымызды түп-түгел қолдайды деген алдамшы пікірге малданбаңдар, Ермұхан шырақ, сен де сірәда иланба! Сенің құрдымға құлауыңа қуанатындар аз емес... Тілеуқажы Шойынбаев түс ауа “Правданың” он шақты данасын сатып әкеп, институтқа таратты. Кердеңдей басып қасыма келіп, шіркінде тинәмдай қымсыну болсайшы, газетті алдыма қойып, құттықтау күтіп еміне қарады. “Қазақтың үй арасындағы күйкі дауын Одаққа әйгілеу, әй, көксоққан, жетіскендік пе?! Рухани азғындық!..” – деп, кабинеттен қуып шықтым. Құжбан неме қарсылық көрсетпеді. Көрсетсе бірер тісінен айырылуы хақ-ты...
ЖИРЕНШИН: Исатай батырдың қаны бір туысы екеніңді сездіріпсің, Халеке. Дөй жұдырығыңмен танауынан сүйкеп өтсең тіпті жақсы болатын еді!
ӘДІЛГЕРЕЕВ: Әлқисса содан кіші қызметкерлердің бірі келіп: “Тілеш ағай мақаласына дастарқан жайып, күтіп отыр», − деп сызылды. Ойпырмай, мұншама жарымес болармыз ба?.. «Ел тарихын жоққа шығарған бүлік мақаланы тойлап, арақ ішпексіңдер, өңкей құл-құтаңдар! Ойбай-ау, жер таянып отырып, даусың жеткенше жылау керек бүгін!..» – деп оны да қуып шықтым.
БЕКМАХАНОВ: Біржола бүлдіріпсің, Халеке, тек арт қайырын берсін...
ДІЛМҰХАМЕДОВ (тамағын кенеп): Бірер көйлекті бұрын тоздырған жөніммен бір ақыл айтайын: өзімізді арандатар дөрекіліктен дереу тежеліп, пәле іздегендерге айғақ беруден тиылыңдар түге! Құдай жөні мына хатқа қол қоюшыларды жүзге жеткізіп, Мәскеуге жөнелту! Қатерлі сәтте үнсіз қалу – елдігімізге сын...
БЕКМАХАНОВ: Наразылық хат жолдамақ ниеттеріңізге, ағайын, дән ризамын! Содан бірақ іс шыға ма? “Үлкен үйден” түңіліп шықтым: бірқанша естияр азаматтар “Правданың” сұсынан сескеніп қалған тәрізді... Қысқасы, кеудесін оққа төсеген Матросов болмаңдар! Сыналған менің еңбегім, құрбандыққа шалынған еркек тоқты да – мен болайын!..
ЖИРЕНШИН: Ойбай-ау, қалайша бұғып қаламыз?! Газеттің сыны тым солақай, бұзық ниеті әрбір жолында жүрекке оқтай тиіп атойлап тұр...
ӘДІЛГЕРЕЕВ: Ұжымдық хатты “Правданың” бас редакторына, бір данасын Сталин жолдасқа, Орталық Комитетке жолдаймыз.
БЕКМАХАНОВ: “Үлкен үйдегі” әңгіменің шет жағасын айтайын, содан қортынды жасаңдар... Храмков бастаған ЦК-ның бригадасы бүрсігүні Шымкентке бармақ. 600 үгітші алдында есеп беру маған жүктелді...
ДАУЫСТАР: Сен баяғы кінәңді мойындайсың?
Мынасы сұмдық жаза?!
Зымияндықпен жобаланған шара...
Апыр-ай, соншама кеще болармыз ба?
ЖИРЕНШИН (Шашын олай-бұлай жұлып): Ермұхаш, сені дүрелеу сол күні басталады, күллі газет атаулыхалық қозғалысы туралы еңбегіңді сан саққа ежіктеп, неше түрлі пәле-жаланы басыңа үйіп-төгеді; бізді де қоса дүрелейді... Ал, сен − ортамыздағы жалғыз докторсың, сығыр құдай, қазақтың жабулы жатқан тарихына тыңнан түрен тартқан дарабоз тарихшысың. Меніңше, ақырына дейін шыдау керек. Шымкентке барма, бастарт!..
ДАУЫСТАР: Әбіш Мұсылманқұлы әділін айтты.
Ел тарихын кім көрінгеннің тулақ етуіне көнбейміз!
Ақырына дейін күресеміз!
БЕКМАХАНОВ: Халимаш, не дейсің мына сөзге? Тегінде қияметтің көкесін екеуміз тартамыз. Екеумізге қоса бала-шаға... “Тас түскен жеріне ауыр” деген уәждің мәнін білесің бе? Тек күмілжімей шыныңды айт! Және тап қазір!..
ХАЛИМА сылбыр қалпы үстел басына жақындайды.
ХАЛИМА: Ереке, не десең де өзің шеш. Ағалардың әлгі сөзі жөн сияқты. Қиянат істі қарсылықсыз мойындау – өз бетіңе өзің түкіргендей масқара?! Сөйтер болсаң − осалдық көрсеткеніңе ғұмыр бойы өкінесің...
ӘДІЛГЕРЕЕВ: Халимаш бәрімізден де асырып айтты! Отбасының тауқыметі ең алдымен әйелге батады, ал, келін әлсіз затына бұрмай, азаматының абыройын ойлап айтты. Рахмет, айналайын!..
БЕКМАХАНОВ: Жарайды, ағайын, өз ойым да осы, Шымкентке бармайтынымды мәлімдеп келдім. Қайтемін, Алланың маңдайға жазғанын көремін!..
Бәрі де мұңайған қалыпта үнсіз тұрып қалады.
V
Бекмахановтың пәтері. Үй иесі қағаз жазып отыр. Есік қоңырауы шылдырайды.
ӘБДІҚАЛЫҚОВ келеді. Үй иесі сәлем беріп, сырт киімін іледі.
БЕКМАХАНОВ: Төрлетіңіз, Мұхамеджан-аға. Жаяу жүрсіз бе?
ӘБДІҚАЛЫҚОВ (күліп): ЦК-ның секретарьлығымен қоса көлігін де тапсырғанымды біле тұра әдейі сұрайсың? Содан бері қан қысымым қалпына түсті, міне, қара, бет-жүзім жасарып, сенімен жаяу жарысқа түсуге әзірмін...
БЕКМАХАНОВ: Ал, менде сізбен тәжікеге түсуге шама жоқ. Сезіп тұрмын: бәз баяғы нұсқау бергіш әдетіңізге бағып, мені де оң жолға салуға келіп тұрсыз, сірә?..
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Ермұхан, бекерге қыңырайма! Ағарту наркомы болған кезімде, иә бұл 1938 жыл, сені білімпаз жас санап, қызметке жектім. Ал, Орталық Комитеттің секретары атанғанымда іздемпаз қабілетіңді аңғарып, ғылыми жұмысқа қостым. Сенімді ақтадың, ризамын! Алайда маған еркелеп жүріп, одағай қылықтар да жасадың. Соныңды да кешірдім...
БЕКМАХАНОВ: Қамқоршым болғаныңызды білемін, ағатай. Шаш-етектен қарыздармын сізге! Бұ дүниеде бірден-бір жанашырым болса, ол − сіз! Тек қана, Мұха?..
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Қыл көпірдің үстінде тұрсың, шырағым. Тар жол, тайғақ кешу деген осы. Мүлт бассаң − құрдымға құлайсың. Сол жағдайды түсінуге ақылың жетсе керек еді...
БЕКМАХАНОВ: Жетеді, ағатай! Аяқ-қолыма емес, мойныма түскен қылбұрауға төзе адмадым. Өзімше, Мұха, қияңқылық көрсеттім...
ӘБДІҚАЛЫҚОВ кенет үстелді жұдырығымен тарс ұрады.
Ермұхан шошына қарайды. Халима есіктен қарап, іле қайта жабады.
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Бұл жолғы таяқ Мәскеуден сілтенгенін ескермегенсің!..
БЕКМАХАНОВ: Оны түсінемін, Мұха.
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Түсінсең, түзелмейтін әккі шовинист Храмковпен ЦК-дағы жиында не үшін шайқастың? Шымкенттегі семинарда да мәні шатақ сөздер айтыпсың?!
БЕКМАХАНОВ: «Кенесары Қасымовты халық батыры атандырған − мен емес, Орталық Комитеттің секретарлары. 1942 жылы қазақ жауынгерлеріне үндеу жолдағанда бес секретарьдың: “Кенесары мен Наурызбай батырлардың аруағы қазақ жауынгерлерін ерлікке жебесін” – деген нұсқаны мен тарихи еңбегіме бағдарлама еткенімді ескерттім. Сол үшін, он жылдан соң қалайша күнакар атанамын?» − демеске шарам болмады, ағатай. Сол үндеуге қол қойған бес секретарьдың бірі − сіз, Мұха. Әлде бекер ме?
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Оның рас, партияның сол күндегі талабына бас иіп, халық батырларын жаппай ұранға айналдырдық. Сөйтуге ой Сталии жолдастың өзінен өрбіді.
БЕКМАХАНОВ: Қандайда тарихи оқиғаны, өзіңіз де тарихшысыз, билік иелерінің қолайына қарай бейімдеуге болмайтынын білесіз! Бұл енді ешқашанда өзгермейтін алтын қағида! Бір деңіз. Екінші, сіз маған дүмбілез тарихшылардың жалған бопсасын қар-сылықсыз мойында дегелі тұрсыз. Ау, сонда тарихи ақиқатты қайтемін?..
ӘБДІҚАЛЫҚОВ одырая қарайды. Ермұхан кілт тоқтайды.
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Ермұхаш, Шымкенттегі жиында Дон-Кихот болғаныңды естіген соң келдім... Баяғы күніңдей сыбай-салтаң емессің. Алды мектепке барып, арты емшек емген бес бүлдіршінге әкесің. Кеше ғана ғашық болып, өзіңе жар еткен жап-жас, сүйкімді Халимаштың жай-күйін неге ойламайсың!?..
БЕКМАХАНОВ: Әкемнен алты жасымда жетім қалсам да өлген жоқпын, Мұха. Бұлар да сөйтеді. Балаларым жас деп, ақиқаттың ала жібінен қалай аттаймын?
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Әй, көзсіз ер, Шәміл имамның ер атағын жан-тәнімен қорғаған, ғылыми абыройы сенен он есе артық, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, әзірбайжан профессоры Гусейіновтың бірінші секретарьдың мақаласына қарсы шыққаны үшін оп-оңай, қасқағым сәтте жер жастанғанын білесің бе?
БЕКМАХАНОВ: Гейдар Гусейінов жүрек талмасынан өлген...
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Былшылдапсың! Әзербайжан тарихшысы асылып өлген, сірә, сөйтуіне әлдекімдер жәрдем берген... Жә, тарихи ақиқат үшін мерт болған Гусейінов кімді мұқатты? Міржафар Багиров оның көзін жоюмен тоқтаған жоқ, ғылыми атағын, лауреаттығына дейін өлген соң түп-түгел алғызды.
БЕКМАХАНОВ: Апыр-ай, сөйтті ме?.. Шын ба? Сонда маған не істе дейсіз?
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Заман аужайы сенің еркелігіңді көтермейді, Ермұхаш. Қасаң догмаға иек артқандарды ақиқатқа жүгіндіруге сенің де, менің де қолымнан келмейді! Тағдырыңды ширек сағатта шешіп, “Ит жеккенге” жөнелтсе – не істейсің? Шынымды айтайын: Ілияс Омарұлы шақырып, кеше менен ақыл-кеңес сұрады. Сірә, Жұмекең ақылдас деген... Мен оған сені университеттен аластап, облыстағы пединституттардың біріне уақытша жіберіңдер дедім. Бұл тактиканы мен 1947 жылғы науқанда қолданып, ұлтшыл атанған жайсаңдарды жер-жерге уақытша қуып, сотталудан құтқардым. Қазақша айтқанда, шашы мен сақал-мұртын қырғызғанмен қарақан басын сақтадым. Шашы құрғыр қайтадан өспей ме?!..
БЕКМАХАНОВ: Сонда сіз маған уақытша шегініс жаса дейсіз бе?
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Иә, сөйтекенің жөн, Ермұхаш. “Үлкен үйдегілердің” қитұрқы амалдарын, құдайға шүкір, мен бір кісідей білемін, жеті жыл ЦК-ға хатшы болдым... Кенесары қозғалысын жазуда «қателескеніңді» мойындайсың, Шаяхметовке содай деп өтініш жаз. Жұмекең оны оқиды да мерзімді баспасөзге ұсынады...
БЕКМАХАНОВ: Мұха, сол шіркіндерге сенбеймін. Мойындатып алған соң тағы да бірдемені ойлап табады. Храмковтың тілегені − қан!..
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Басқадай амал жоқ, Ермұхаш! Партбилетіңді сақтауда – бар гәп!..
БЕКМАХАНОВ: Нақақтан жазалы болу да, ағасы, оңай емес...
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Есіңде болсын: бес жыл ма, он жыл ма, заман аужайы тағы да өзгереді. Еңбегіңді қайтадан шығарасың. Қазіргі теперішің зейнетке айналады! Мақсат − сол күнге аман-есен жету! Бұл да тактика, Ленин айтқандай; «Екі адым кейін, бір адым алға басу да – ұтымды амал!»...
БЕКМАХАНОВ: Әріптестерім мені қорғап, Мәскеуге ұжымдық хат жолдамақ...
ӘБДІҚАЛЫҚОВ: Сығыр құдай, түгел тұтыласыңдар! Дереу тоқтат!.. Храмковтың күні-түні тілегені сол − қазақтың бетке ұстар оқымыстыларын Сібірге аттандырып, беделін биікке көтеру! Сол найсаптың бұрнағы жылы Кавказда ерекше қатал жүрген тазартуда тәжрибе жиып келгенін мен кеше білдім. Ол – 30-жылдардың ұраншыл комсомолы, Ресейдің өңірінен кулактарды тап ретінде құртып, бедел жинаған соғынды...
Үй иесі басын шайқап, қолын әрлі-берлі сілтеп, олай-былай жүреді.
МҰХАМЕДЖАН ӘБІДІҚАЛЫҚОВ безерген қалыпта күтулі.
БЕКМАХАНОВ: Жарайды, Мұха! Дегеніңіз болсын: сізді маған жұмсаған дөйлердің айтқанын істеймін; қайсар қылықты, талмайтын еңбекқор, мақтаулы ер ініңіз осы минуттан бастап, басына ноқта киген, колхоздың қойдай жуас, можантопай түйесіне айналды деп біліңіз; міне мойын, міне бас!. Тағы не бұйырасыз?..
Е К І Н Ш І Б Ө Л І М
VI
Қазақстан КП(б) ОК-нің бірінші секретарының кабинеті. СӘТБАЕВ кіреді.
СӘТБАЕВ: Ассалаумағалейкум, Жұмеке!
ШАЯХМЕТОВ (көзін келегейліп): Сәтбай қажының жалғызымысың?.. Жақында! Тарихқа көзқарасы таяз деп, “Правда” бізді бір жылда төрт рет сынады. Соңғысында сені де, мені де, әлгі кім еді... иә, Тәжібайдың Төлегенін де ұлтшылдардың қорғаушысы деп күллі әлемге жариялады. Омаровты, әлгі кім еді, иә «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Шәріптің жазғыш ұлы Қасымды да оңдырмай қосаметкей сілейтті. Енді жазбайды, төртеуімізді тек қойша көгендеп, жазалаушы органның тергеуіне табыс етедіға өткізеді. (Зорлана күліп) Көкпезер бір қатын баяғыда байынан таяқ жеп, жылап отырып: «Өз байымның сабағаны көрім болды, күллі ауыл дүрелесе сау-тамтығым қалмайтын еді, тәубе!..» − деп, өзін-өзі жұбатқан екен. Мынау да сондай ахуал: Бекмахановты, онымен сыбайлас болған ұлтшылдарды қорғаймыз деп өзіміз де қоса сорлаймыз... Алғашқы кезекте байдың ұрпағы сені алады, содан кейін ақсүйек Әуезовті шалады. Ақырында Шәріпов пен Омаровты, ең соңында мені... Мансабымызды берумен құтылсақ тәубе дер едім, партбилетті қоса тапсырамыз. Қысқасы, жар жағасында тұрмыз. Жә, маған не үшін сұрандың?
СӘТБАЕВ: Төралқа мәжілісіне әдебиетшілер мен тарихшыларды шақырып, талқылау өткіземіз. Бекмаханов ел тарихын бұрмалағаны үшін кешірім сұрайды. “Қазақ КСР Тарихының” сыналған тарауын түзетудің концепциясын айқындаймыз...
ШАЯХМЕТОВ: Кәнсепсия деген не пәле? Түсінікті сөйле!..
СӘТБАЕВ: Кенесары қозғалысының себеп-салдарын таптық көзқараспен талдайтын ғылыми тұжырым...
ШАЯХМЕТОВ: Дұрыс, баяғыда сөйткен жөн еді. Ал, сендер сүйектері баяғыда қураған қазақты ержүрек деп, Абылайдың қаны сұйық тұқым-тұяғын түп-түгел батыр еттіңдер. Әлгі кім еді, иә, Кенесарының тәйтік қарындасы Бопай ханшаға дейін батыр ғып төбеге көтердіңдер. Соған қымсынған бір жан жоқ!..
СӘТБАЕВ: Жұмеке, ел тарихтың «түзетілген», яки күзелген нұсқасын қайыра шығарамыз.
ШАЯХМЕТОВ: Сонсоң?
СӘТБАЕВ: Талқылау қортындысын “Правдаға” жолдаймыз.
ШАЯХМЕТОВ: Бары осы ма? Сен өзі республика ғылымының төрінде шалжиып отырып, газет сынының мән-бағдарын түсінбепсің. Сірә, саяси сауатың кемшін?..
СӘТБАЕВ: Кемшін болса түсіндіріңіз!
ШАЯХМЕТОВ: Соны саған мен емес, басқалар түсіндіреді. Қандай соғындыларға араша болғаныңды сол кезде ұғасың... Бекмаханов сірәда түзелмейтін кеудемсоқ ғалымсымақ, оның дос-жарандары түп-түгел − кәнігі ұлтшылдар. Амал не, солардың қоғамға зиянды пиғылын кеш білдік. Талқылауда осы уәжді ұстайсың. Ұқтың ба?
СӘТБАЕВ: Жұмабай Шаяхметұлы, ғылымда сайрап жатқан даңғыл жол жоқ. Ғылыми ізденісте қателесу − зиянкестікке жатпайды, “Қылмыс кодексінде” ғылыми қателікті жазалайтын бап жоқ. Тарихшылардың шатасуын ұлтшылдыққа аудару − сорақы қиянат!..
ШАЯХМЕТОВ: Сөз-ақ! Жел оңынан шықты!.. Сеніңше қара халықты сүліктей сорған Шыңғыс хан әулетін асыра дәріптеп, «Хан Кене» пьесасын жазған Әуезовті жазалайтын заң кодексінде бап жоқ. Кенесарыны, Наурызбайды мадақтаған ескі ақындардың жыр-дастандарын қайыра жаңғыртқан Жұмалиев, Ысмайылов, әлгі кім еді, иә Жұбановтың зиякестігін елемей, «Ойбай, бәрі керемет дарын иесі!» деп, төбемізге көтеріп бақтық. Жоқ, бәтір, ұлтшылардың дәурені өтті, бітті. Оған енді оралу жоқ! Бәрін де академиядан қу! Әйгілі 58-баптың 2-тармағы − үкімет саясатына қарсылық жазасы!..
СӘТБАЕВ: Жұмеке, сіз “Қара тақтаға” жаз деген ғалымдар − академия шаңырағын көтеруге белсене қатысқан, сүбелі еңбектерімен елге есімдері әйгілі оқымыстылар, ғылым докторлары. Ірге көтергеніне небәрі алты жыл болған ғылым ордасының маңдайалды мүшелерін бір жолғы ғылыми қателіктері үшін жұмыстан аластау һәм соттату – ғылым тарихында бұрын-соңды болмаған, ең шатағы ешқашанда кешірілмейтін сорақы жазалау?!.. Соларды оқытуға үкіметтің қаншама қаржысын шығындадық…
ШАЯХМЕТОВ: Бұл да сенің, Сәтбаев жолдас, саяси сауатыңның таяздығы... Сен өйтіп, Имантай бидің кенжесі, аңқаусыма! Мен саған секретариаттың құпия ұйғарымын ескертіп отырмын: саяси сенімсіз ғалымсымақтардың бәрін де жұмыстан шығарасың!
СӘТБАЕВ: Жұмеке, түсінбедім, қандай желеумен оларды шығарамын?
ШАЯХМЕТОВ: Академияның жалпы жиналысын шақыр, ұлтшыл сұмдардың қоғамға жат пиғылын әшкерелеген баяндаманы өзің жаса!..
СӘТБАЕВ: Ғапу етіңіз, менің ар-ұятыма бұл − қиыспайтын әрекет!...
ШАЯХМЕТОВ: Ескертемін: ешкімге аяушылық болмасын! Сөйлеушілерді ірікте! Жел сөзге үйір суайттар сендерде аз емес... Бәрі де қаралап сөйлесін! Мақсат − ұлтшыл элементтерді түп тамырымен жою! Ұқтың ба, мүлдем жою!..
СӘТБАЕВ: Жою? Түп-түгел аластау! Қайда? Кімдерді? Не үшін?..
ШАЯХМЕТОВ: Есіңде болсын, біздің ЦК-ның бюро мүшелері сол жиынға түгел қатысады...
СӘТБАЕВ: Әсілі, бұл – ғылым иелеріне емес, заң бақылаушыларына лайық баяндама. Жұмабай Шаяхметұлы, ондай күпір сөзге мен әзір емеспін, құлқым да жоқ!
ШАЯХМЕТОВ: Бір апта жете ме? Жақсылап дайындал! Кешірімге, мейірмандыққа жол жоқ!
СӘТБАЕВ: Жұмеке, шынымды айтайын, Өйткені, бетке ұстар зиялыларды көгендеп тізіп, бәр-бәрін ұлтшыл етуге мен күллі болмысыммен, ар-ожданыммен қарсымын!
ШАЯХМЕТОВ: Сөз-ақ, жел оңынан шықты!..
СӘТБАЕВ: Сіз аласта, қу... деп отырған ғалымдарды мен көптен бері білемін, білім-танымы терең ғалымдар...
ШАЯХМЕТОВ: Хуатить!.. Сен, сен... ұлтшылдардың қорғаушысы...
СӘТБАЕВ: Сол жайсаңдардың бәрі де ұлтымыздың рухани-мәдени діліне социалистік мән беріп, туған халқының мерейі мен рухани-мәдени діліне еңбек еткен саңлақтар!
ШАЯХМЕТОВ: Сенің абырой-атағыңды көтеріп, күллі Одаққа мәшһүрледік; ғылым докторы, Сталиндік сыйлықтың лауреаты атандың; Ленин орденінің иегерісің − бір емес, екі мәрте; КСРО Ғылым академияның толық мүшесі, Жоғарғы Кеңеске де екі рет депутат болдың! Осынша құрмет өңің түгілі түсіңе кірмеген марапаттар! Сен, Иманьай бидің атұстар кенжесі мынадай сыңдарлы сәтте нағыз большевикше белсенділік көрсетіп, пөжзіңе жасалған артия қамқорлығын ақтауға тиіссің! Алмақтың да салмағы болатынын ұмытпа, Сәтбаев жолдас!..
СӘТБАЕВ: Партия алдында қарыздар екенімді білемін. Бірақ?..
ШАЯХМЕТОВ (қату үнмен): Менің әрбір минутым есепте!.. Ешқандай бірағың маған керек емес. Айтқанды істейсің! Бітті сөз!..
СӘТБАЕВ (кіді үнмен): Жолдас секретарь, бұл менің − соңғы сөзім, соны ескертуге сұрандым: Ғылым академиясында тазарту жүргізу үшін тегінде сізге басқадай бір қолбала президентті іздеуге тура келеді...
ШАЯХМЕТОВ: Сен тегі «Ханеке, Ханеке!» дегенге өзіңді хан көріп, дандайсыған екенсің... Партия сені биікке көтерді, қажет деп білсе?.. Байқа, жар жағасында тұрсың!..
СӘТБАЕВ: Большевик партиясы − бір сіз емес!..
ШАЯХМЕТОВ: Сәтбаев, қайда отырғаныңды ұмытпа! Төбеге қара!..
СӘТБАЕВ (басын шайқап): Сіз де бекерге дікілдемеңіз! Мен сізге «Әй, тұр! Бар, жүгір!» деуге үйренген көмекшіңіз Жілікбаев Сансыз емеспін. Он екі жас сізден үлкендігім − өз алдына!..
ШАЯХМЕТОВ (Жасыған үнмен): Ғапу ет, құрғыр көңіл азып отырғанда аузымнан шығып кетті. Үлкендік жолыңызды мойындаймын, Қанеке...
СӘТБАЕВ: Мойындасаңыз, Жұмеке, бұл шарадан мені азат етіңіз!.. Өмірдің небір ауыр кезеңдерін бастан кештік, ел еңсесін көтерген талай ігі істі тізе қоса атқардық... Мен сіздің қайраткерлік еңбегіңізді қадыр тұтамын, турасын айтайын: ал, қарақан басымызды ғана ойлаған осынау пендешілігімізді халық кешпейді, сіз де, мен де күні ертең тарих сотына тартыламыз!..
ШАЯХМЕТОВ: Жә, жә! Шәкірт кезіңде алашорда көсемдерінің айтағына еріп, аузына телміре қарап, сарқытын ішкен... деген қауесет рас болды. Бұл істе сен өз басыңды арашалауды ойла!..
СӘТБАЕВ (Орнынан тұрып): Кеңес өкіметіне ақадал еңбегім, жолдас Шаяхметов, партияға да, халқыма да аян! Академия кадрларын шала сауатты содырлардан қорғауым − қызметтік парызымды өтеу!
ШАЯХМЕТОВ: Болды, тоқтат!.. Басыңа ноқта киіп, темір тордың аржағына түскенде көреміз әуселеңді. Бар, жөнел! Саған айтар өзгедей лаж жоқ!..
Сәтбаев хатшыға қомсына қарап, қоштаспастан шығып кетеді.
VII
Қазақ КСР прокуратурасы. Кабинетте НАБАТОВ пен СӘТБАЕВ.
НАБАТОВ: Өткен жылдың желтоқсанында КСРО Ғылым академиясының төралқа мәжілісіне барғанда сіз Мәскеуге сапар мерзімін үш тәулікке ұзартып, серілік жасапсыз. Бізге сондай ақпар түсті...
СӘТБАЕВ (күліп): Қымбатты Александр Аркадьевич, республиканың биік лауазымды бас заңгерісіз. Мені де көптен бері білесіз... Бас прокурор шұғылданар іс пе осы? Әлдекімнің нұсқауымен маған қылмыс байламақсыз. Соған тек мәндірек айғақ ізденіз!..
НАБАТОВ: Іссапарды үш тәулікке созу – қылмыс бабы үшін жеткілікті айғақ. Жұмысқа жарты сағат кешіккен токарьға сот алқасы үш жыл жазаны қиналмай береді. Ал, кеңес заңы – жұмыскер мен академик үшін бірдей!.. Азамат Сәтбаев, үш тәулік бойы Мәскеуде не істедіңіз, не себептен прогул жасадыңыз?.. Ана үстелге жайғасып, түсінік жазыңыз. Ақтала алмасаңыз – үстіңізден қылмыс қозғау жөнінде жарлық беремін...
СӘТБАЕВ: Жолдас Набатов, мен күн сайын 14 сағат жұмыс істеймін, соғыс кезінде төрт-бес сағат ұйқыдан өзге уақытты кеңседе өткіздім. Мәскеуде үш күн “қыдырғаныма” өмір бойғы жанқиярлық еңбегім өтеу болмай ма?..
Әріпшіл заңгер академиктің алдына қағаз бен қалам ұсынады.
НАБАТОВ: Мәскеуде не себепті кешіктіңіз? Үш тәулік үшін заңсыз алған командировочный қаржыны кассаға қайтарамын деп көрсетуді ұмытпаңыз!
СӘТБАЕВ: Жазбасам ше?
НАБАТОВ: Жазасыз, жаздыртамыз! Қылмыс кодексінен бап та табамыз!
Ғалым басын шайқап, ойға түседі: ғылыми жұмыстарды үйлестіру кеңесінің
мәжілісі екі күнге кешігіп өтті, одан соң 23 желтоқсанда ҒА-сының төралқа мәжілісі
болғаны есіне түсті... Алайда, ол сол сәтте жөнсіз қиянатқа қарымта қайыруды ғана
ойлады. Шекесі сырқырап, қан қысымы басына шапшығанын да айқын сезді.
СӘТБАЕВ: Жазбаймын! Қолыңнан келгенді істе, бейшара заңгер!
Қағазды умаждап лақтырды да, шекесін сығымдап,
тәлтіктеген қалпы есікке беттеді.
VIII
Сәтбаевтың пәтері. Үй иесі сырқат. Таған үстінде дәрі-дәрмек.
Алды-артында қаттаулы кеңсе қағаздары. Соларды әрірек ысырып,
домбырасын алады. Керенау шертіп, ыңылдап ән салады...
СӘТБАЕВ: «Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес.
Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,
Қош, ағатай дегенің естен кетпес...»
Апыр-ай, зауқың болмаса үйреншікіт ән де айтылмайды екен-ау... Таисия!..
ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА келеді.
СӘТБАЕВ: Мынаны оқы! Әділдікті туған елден емес, шалғайдағы Мәскеуден іздеуге мәжбүрмін... Маленковқа тоқ етерін жаздым да, Орталық Комитеттің ғылымды қадағалайтын бөлімнің меңгерушісі Юрий Александровичке мұндағы істің мән-жайын толығырақ баяндадым. Ол азамат БК(б)П-ның хатшысы болған Ждановтың ұлы, Сталиннің күйеу баласы, мені жақсы біледі, біздің академияның шаңырақ көтеруіне кезінде қолғабыс еткен білімпаз азамат!.. Екеуінен жауап болмаса... Иосиф Виссарионо-вичтің үкіметтегі орынбасары Тевосянға барамын...
ТАИСИЯ: Иван Федорович − атақты металлург, сұрансаң − бірден қабылдайды... Тек сенбеймін соларға... «Ленинград ісінің» ақыры не болды? Академик Русаков сотталып кетті...
СӘТБАЕВ: Мұхтар Омарханұлы мен Бейсенбай Кенжебаевты университетте дәріс оқудан аластапты. Не үшін дейсің бе? «Шығыс әдебиетінің білгірі атанған, әлемнің 22 тіліне аударылған дарабоз Әуезов − ұлтшылдардың көсемі, ал, доцент Кенжебаев − жалған білімпаз, әдебиет тарихынан дәріс оқи алмайды-мыс!..» Әлкей Хақанұлын талқылауды кейінге қалып-ты. Өйткені, Әлекең Отырар орнын зерттеуге кетіп, әзірше аман қалыпты...
ТАИСИЯ: Бәріңнен де Ахмет Қуанұлы ақылдырақ болды. Ұйқысы тыныш, көйлегі көк, тамағы тоқ!..
СӘТБАЕВ: Несін айтасың! Консерваторияның директоры, ән-әуен білгірі, профессор, академик Жұбанов Компартияға мүшеліктен аласталған соң-ақ Мәскеуге жылыстап кетіп, «Пекин» ресторанының оркестріне дирижер болып, күнкөріс жасап жүр... Күлеміз бе, жылаймыз ба?! Ахаңды сөйтуге мәжбүрлеген − өзіміздің соғындылар! «Есуас қойшыға қой бақтырсаң, қуалап жүріп өлтіреді» деген нақыл тегінде өмірден алынған...
ТАИСИЯ: Ойбай, байқа! Неше түрлі кереғар сөз айтасың, сірә, жүйкең тозған? Маған кейде осы үйде де жасырын микрофондар тұрғандай көрінеді. Салпаңқұлақ тыңшылардың бірнешеуі, әне, көшеде тұр...
Терезеге жақындап барып, пердені көлегейлеп, сыртқа қарайды.
СӘТБАЕВ: Бір емес, үш жерде. (Мырс етіп) Тепсе темір үзгендей әлуетті жігіттер! Күні-түні біздің есікті аңдып, келген-кеткенді тізеді. Тіфу! Менің қолыма берсе шіркіндерді геологиялық отрядтарға жұмысшы етер едім, амал не, құзырым жүрмейді!..
ТАИСИЯ (мысқылмен): Мені де аңдиды. Көк базарға барсам да соңымнан қалмайды. Бұрнағы күні зілмауыр сумканы көтертуге шақ қалдым, тек батылым жетпеді...
СӘТБАЕВ: Жә, мынаған не дейсің?
ТАИСИЯ (арызды шолып): Осы қарсылығың ақыр аяғында өзіңді шалады, Қаныш. Аңау тыңшылар күні-түні неге аңдиды сені, сірә, бір жаққа кетер болсаң бірден тұтқындау үшін... Олардың мақсаты − сені де, Мұхтар Омарханұлын да жергілікті ұлтшылдарға дем беруші көсем ету. Одан арғы белгілі: жазалаушы органға қатардағы тарихшы, әдебиетшілерден гөрі сендер сияқты шортандар керек!..
СӘТБАЕВ: Әншейінгі қоқан-лоқы. Маған сес көрсетіп дегендеріне жетпек. Академия парткомының секретары Ефимов дайындаған “қара тізімге” 400-дей ғылыми қызметкер еніпті: байлардың ұрпақтары, кешегі соғыста жау қолында уақытша қалған аймақтарда болғандар мен тұтқынға түскендер түгелдей тіркелген...
ТАИСИЯ: Қаныш, батырлық қазіргі заманға жүрмейді. Қаншама алыстың, арың − таза, ендігің − Дон Кихоттың әрекеті...
СӘТБАЕВ: Қырдағы елдің ежелгі күнкөрісі − төрт түлік малын тартып алғанда жұмған аузымызды ашпадық. Қалың қазақты қойша қырған 32-нің аштығында не істедік? Жезқазғанның кен төбелеріне сүлдерін сүйретіп жеткен бейбақтардың басын сүйеп, талғажау етер ас тауып бергенімізге тәубе дедік. 37-інің зобалаңында бұрғылаушы жігіттерді «Халық жауы!» етіп көгендеп жатқанда не істедік?
ТАИСИЯ: Сейітқазы Қарсақбаевқа ара түстің, не шықты содан?
СӘТБАЕВ: Ол енді өзімен кеткір сұрқылтай заман еді!..
ТАИСИЯ: Бір қабат көйлек-көншегіңді сөмкеге салып қойып, қай күні әкетеді деп ұйқымыз бұзылған азапты түндерді мен ұмытқам жоқ, Қаныш. Сол зобалаңда үш ағаңнан айрылдың − Әбікей Зеинович, Әбдікәрім Жәмінович, Ғазиз Имантаевич. Қайсысына ара тұрдың? Осы күнге дейін өлі-тірісің білмейсің, есімдерін атап, кейбір түнде айқайлап жатасың...
СӘТБАЕВ (күрсініп): Иә, үш бірдей жампоз ағаларым опат болды. Үшеуі де менің оқуыма мұрындық болған білімпаздар еді... Қазақ оқығандарының басынан кешкен сүргіндер бұларға, сірә, аз көрінген? Соғыстан бергі бес-алты жылда көктемгі көктей қаулап шыққан жаңа толқын зиялыны қойша көгендеу − бұл жолғы қуғынның мақсаты. Апыр-ай, бұдан артық зиянкестік, бұдан артық қастандық бола ма?! Алматы ғана емес, бұл науқан облыс орталықтарын да қамтуда, жоғары оқу орындарында жаппай тазарту басталыпты. Ал сен, Тася, кешір, жаным! Араласпа, қарақан басыңды қорғап тыныш отыр дейсің?!..
ТАИСИЯ (қағаздарды қайырып): Жақсы жазыпсың, иланымды!
СӘТБАЕВ: Тася, бекерге қамықпа, түбінде ақиқат жеңеді! Ең басты тірек: партия әділдікті жақтайды, ертең-ақ жалақорлардың шат-шәлекейін шығарады...
Таисияны диванға отырғызады. Екеуі де үнсіз. Есік қоңырауы
шылдырлайды. Бөлмеге ОМАРОВ пен ИСАБЕКОВ келеді.
СӘТБАЕВ (көңілденіп): Төрлетіңдер, жігіттер! Сырқаттанып қалдым, өмірімде тұңғыш рет бюллетень алдым. Модный гипертония...
ОМАРОВ: Ауырып қалғаныңызды біз кеш білдік, Қанеке, кешіріңіз!
ИСАБЕКОВ: Сонсоң хал-жайыңызды білейік деп...
СӘТБАЕВ: Емдеуші дәрігерім рұқсат етсе келесі аптада жұмысқа шығамын. Жә, шаруаларыңды айтыңдар. Академия жұмысын Орталық Комитет қашан талқылайды, сірә, тездеткендерің жөн. Адам тегінде мәлімсіз күтуден де шаршайды. Тася, есік жақты қадағала!..
ТАИСИЯ АЛЕКСЕВНА кетеді.
ОМАРОВ: Талқылауға қажет қағаздарды мына Бөлебай ініңіз әзірлеп қойды, бастығы бірақ, Храмковты айтамын, мәселені ауырлатқысы келіп, қасақана кешеуілдетіп отыр... Әбден сауығып, жұмысқа шыққаныңызды күтеміз. Ал, қазір, ресми емес, інілік ізетпен бір ұсыныс айтсам, мына Ілиясқа не болған деп режімейсіз бе?
СӘТБАЕВ: Айта бер, кешелі-бүгін көрген құқай емес..
ОМАРОВ: Мәселе қиындап кетті, Қанеке, соны ауырлатуға өзімізден де ит қосып жүргендер көбейді. Мәскеуден, Орталық Комитеттің ұйымдастыру бөлімінен инспектор Шикин бастаған комиссия келді, көмекшісі − өзіңіз білетін Митрейкин, ғылым бөлімінің қызметкері. Екеуі Храмковты қосып алып, бұрынғы жобасын қайыра жазуда. Ақылгөй кеңесшілері − Шойынбаев, Тәкежанов, Нұрышев, Нілдібаев сияқты әкірең белсенділер...
СӘТБАЕВ: Түсінікті, небір қағылған-соғылғандардың көмегімен зиялы қауымды жаппай дүрелемек...
ИСАБЕКОВ: Ермұханның ғылыми атақтарын ВАК түп-түгел сыпырып алды. Университеттің партия ұйымы дербес ісін қараған жиналысқа қатыстым, 16 адам сөйледі. Бәрі де қандалаша қадалып сөйлеген соң не деуге болады? Не үшін, неге сонша шүйілдік бұған деген бір жан шықпады. Ақыры, жабыла дүрелеп, партия қатарынан шығарды. Төлеген Тәжібаевтың да ұлтшылды қорғадың деп жағасына жармасқандар болды. Қазақ тарихы кафедрасы жабылып, Ермұхан байғұс жұмыссыз тарихшы атанды...
СӘТБАЕВ естігеніне налып, әрлі-берлі жүріп, дәрі ішеді.
СӘТБАЕВ: Мұның бірде-бірін үй-ішім маған айтпайды. Ұйқымды бұзбаудың амалы... Ермұханның университеттен аласталғаны − онымен ниеттес тарихшыларға да тықырдың таянғаны... Жә, өздеріңнің халдерің нешік?
ОМАРОВ (зорлана жымиып): Әзірше аманбыз, Қанеке. Өгізге түскен ноқта бұзауға да кигізілетіні мәлім... Бұл науқанды Мәскеу жобалаған: Бызов кетіп, Қауіпсіздік министрі болып Павел Фитин деген генерал келді; шет елдегі агентураны басқарған әкірең чекист деседі. “Правда” неше мәрте шүйіліп, өзіміз де аяусыз сынағанымен «Қара тізімге» ілінгендерді Жұмекең жазалаушы органға бермеп еді. Фитин келген соң жағдай өзгерді. Сол шіркін шетелдегі бірқанша агенттерінен айрылып, бізге жазалы болып келген деседі, мынасы соған жасаған қарымтасы...
СӘТБАЕВ: Ілеке, күмілжіме! Көмейіңде не тұр? Түгел шығар!
ОМАРОВ: Қауіп күшейген соң келдік, Қанеке. Жанашыр інілеріңіздің қамқорлығы деп ұғыңыз!.. Президенттің сан алуан жұмысы геологияға қаратпай, жобаланған ғылыми ізденіске уақыт қалдырмайды деуші едіңіз. Міне, сырқаттанып қалдыңыз. Соны желеу етіп, президент міндетінен босануға өзіңіз арыз берсеңіз қайтеді?..
СӘТБАЕВ: Ілеке, осы амалды өзің ойлап таптың ба?
ОМАРОВ: Өзім, Қанеке... Рас, кеше кеште бірінші хатшымен ақылдастым. Ол кісі де: «Арыз берсін, мына жағдайда сөйткені абзал» − деді.
СӘТБАЕВ: Демек, мен арыз жазып, тайып беремін. Ал, пәле-жала қуғандар академияны шынайы ғылым иелерінен тазартуға кіріседі. Ғылымда, өмірде татымды ісі жоқ сүмелектер білім-танымы өзінен озықтарды Сібірге айдаттырып, солардың орнына өздері қонжияды... Зиялы қауым, ел билігіндегі сендер сол сүмелектердің аузына қарап, «Енді не істейік? Тағы да кімді жәукемдейміз?» деген момақан тірлікпен өмір сүресіңдер. Сол ма менен тілегендерің?! Әлқисса, содан кейін менің азамат атанып, жер басып жүруімнің азапқа айналарын ойладыңдар ма, жақсы інілерім?
ОМАРОВ: Қанеке, бізге де, халыққа да сіздің амандығыңыз қымбат! Нақтылы қатерді жете білмегендіктен айтып отырсыз бұл сөзді.
ИСАБЕКОВ: Уақытша амал, Қанеке! Заман әлі де өзгереді...
Үні шықпай тамағын кенеген үй иесі насыбай атады.
Келушілерге тіл қатпай, әрлі-берлі жүреді. Шекесін сығымдайды.
СӘТБАЕВ: Жігіттер, екеуіңді де ел мүддесіне елгезек азаматтар деп ойлаушы едім. Мына сөздерің қарнымды ашырды. Анығын айтқанда, бұл – өз бастарыңды, иә, биік мансаптарыңды сақтаудың амалы. Сірә, бұл Жұмабай Шаяхметұлынан туған ой?. Иә, иә, сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері. Апыр-ай, сол шіркіннің қорғаншақтап отырғанын сезген соң-ақ ана жолы намысына тиетін ауыр сөздер айтып едім. Ойланар, қу жанын шүберекке тиіп, ел азаматтарын қорғайтын өлермендік жасар деп те үміттенген едім. Шикин, Митрейкин дейсіңдер. Кімдер солар? Әншейінгі можантопай шенеуніктер. Суслов, иә Маленковқа барып, тіпті Иосиф Виссарионовичтің өзіне сұранып, маңдайалды қазақ зиялылары нақақтан күйіп отырғанын түсіндірсе − Жұмабай інім нағыз ер атанар еді, амал қанша, мынасы оның кешіруге жатпайтын ездік болды...
ОМАРОВ: Ол кісі кәнігі чекист, сіз бен біз білмейтін жайттардан хабары молырақ.
ИСАБЕКОВ: Қазіргі ахуал сіз бен біз, Жұмекең де тоқтата алмайтын қатерлі шекке жетті, Қанеке. Таудан құлаған қар көшкінін тежейтін амал бар ма? Жоқ! Мынау сол!...
СӘТБАЕВ: Жетіскен екенбіз. Апыр-ай, қазақтың ығайы мен сығайын, бетке ұстар көшбасшыларын жаппай дүрелеу тиылатын уақыт қашан туады?!. Жұмекең де, сендер де бұл зауалды тұншықтыратын мезгілді өткізіп алдыңдар, сонсоң да кім көрінген, неше түрлі соғындылар ойына келгенін істеуде... Қысқасы, мынадай сындарлы сәтте менен арыз күтпеңдер және мен үшін бастарыңды қатырмаңдар! Үкімет пен партияға мен керек адаммын, жеме-жемге келгенде Мәскеу мені храмковтар мен шикиндердің жәукемдеуіне бермейді. Бірақ мен басқадан қорқамын?!..
ОМАРОВ: Қисынсыз жерге пышақ ұрғанымызды ұқтырдыңыз, Қанеке, кешіріңіз!
СӘТБАЕВ: Екеуіңді мен ұлтжанды арлы азаматтар санаймын, сол себепті таудай міндет артпақпын, тек уәде десеңдер, айтамын...
ОМАРОВ, ИСАБЕКОВ (жарыса): Айтыңыз, Қанеке!
СӘТБАЕВ: Бедел мен күш-қайраттарыңды, жігіттер, осы жолы Мұхтар ағаларыңды қорғауға жұмсаңдар, Әуезовті айтамын. Ол кісінің кемеңгер ақылын, Құдай жаратқан шалқар шабытын ойда жоқта мұқалтып алсақ, иә, қапылыста айрылып қалсақ, халық мұны бізге ешқашанда кешірмейді! Ешкімге! Асыл туған Мұхаңның бәрімізден гөрі халқымызға керегірек екенін естеріңде ұстаңдар!..
ОМАРОВ (тебірене): Өзіңіздей көріңіз, жақсы аға! Уәде!
ИСАБЕКОВ: Сеніңіз, Қанеке! Уәде! Жақсы күнде көрісейік!
Екеуін есікке дейін шығарып салып, ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ үстел басына жай-
ғасады.Кенет әлденені үрдіс жазады. Жазып болып, Таисия Алексеевнаны шақырады.
СӘТБАЕВ: Тася, оқимын: «Москва, Кремль, Сталин жолдасқа, көшірмесі КСРО Ғылым академиясының президенті Несмеяновқа: «В настоящее время группа лиц, спекулируя на неправильном освещении некоторых материалов времен моего юношества, подвергает меня травле. Будучи морально растерзанным, я обращаюсь к Вам с убедительной просьбой дать указания о том, чтобы затребовать материалы обо мне в Москву для рассмотрения их с должной объективностью. Академик Сатпаев».
ТАИСИЯ (дегбірсізденіп, үрейлі үнмен): Әу баста жазғаның жөн еді. Мұны енді қалай жібересің?
СӘТБАЕВ: Көмекшімді шақыр да қолына бер. Қырғыз, әлде өзбек елінен жібереді...
Есік қоңырауы шылдырлап, ұзын сақалды академик КАССИН келеді
ТАИСИЯ: Николай Григорьевич!? Төрлетіңіз!..
КАССИН: Ескертусіз келгеніме ғапу ет, Қаныш Имантаевич. Сіз де, қымбатты Таисия Алексеевна...
СӘТБАЕВ: Сырқаттанып қалғаннан саусыз ба?
КАССИН: Мазаланба, ҚанышИмантаевич. Баяғы гипертония...
СӘТБАЕВ: Басылып отырыңыз. Жайсыз мезгілде нендей шаруамен жүрсіз?
КАССИН: Қу жаным дегбірсізденіп, үйге сыймаған соң келдім...
СӘТБАЕВ: Таисия, кофе әкел. Жоқ, кәдімгідей сүт қатқан қазақы шай. Николай Григорьевич менен асқан шайқор.
КАССИН: О да, Қаныш, сенің, сенің әсерің...
ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА кетеді.
СӘТБАЕВ: Құлағым сізде, Николай Григорьевич. Жайшылық па?
КАССИН: Жай емес, Қаныш. Бүгін мені үш әріптің жігіттері шақырды. Аңдауымша, Жезқазған барлауын сен он бес жылға қасақана созып, зиянкестік жасағансың. Соған дәлел табасың деп дікілдеді маған.
СӘТБАЕВ (күліп): О, тоба! Сірә, солар сау емес, ақылынан алжасқан?
КАССИН: Мен қатты күйініп: «Сәтбаевтың сорақы қылмысын айтайын, жазыңдар!» − дедім. Қаламын оңтайлап, тергеуші бетіме қуана қарады... «Ұлы Отан соғысында жауға қарша бораған миллиардтаған оқ пен снаряд гильзасының үштен бірі Жезқазған мысынан жасалғанын білесіңдер ме?» − деп өздеріне сауал қойдым әуелі... «Сосын Сәтбаевтың жаулығы осы! − деп едім, тергеуші құлап қала жаздады. − Қаныш Иман-таевичтің зор «кінәсі» осы − Жезқазған кенін соғыстан бұрын ашып, Ұлытауға кең табанды темір жол тартқызғанында. Нәтижесінде алып кеннің құнарлы мысы Отан қорғауға жұмсалды».
СӘТБАЕВ: Жақсы айтқан екенсіз, рахмет, Николай Григорьевич!
КАССИН: Жезқазғаннан ілгешек шықпаған соң, Атасу кен орны туралы сұрады. Сөйтсем, сен оны да зиянкестікпен өте-мөте жайбарақат зерттепсің?..
СӘТБАЕВ: Атасуды барлауға наркоматтан қаржы сұрап, кем дегенде он мәрте рапорт жазған шығармын. Кім тыңдады мені, кім?
КАССИН: Қысқасы, Имантаевич, сол запискаларыңды тап. Өйткені сен Атасу кенінің темір қорын ашпауды ұлтшылдық пиғылмен жасырғың келген-міс. Сен оны Қазақстан Одақтан бөлініп, дербес мемлекет болғанда ғана әжетке жаратуды зиянкестікпен жобалапсың...
СӘТБАЕВ: О, ғажап! Мыналардың пиғылы шынында шатақ...
КАССИН: Тоқетерін айтқанда, Имантаевич, сенің геологиялық қызметіңді тексеруге Гостехнадзор комиссия шығармақ. Мені соған ғылыми кеңесші етпек…
СӘТБАЕВ: Құдай жөні, келісіңіз! Келісіңіз де ғылыми шындықты түре ашыңыз.
КАССИН: О, жоқ! Мұндай пасық тексеруге мен сірәда қатыспаймын! Сарыарқаның кіндік жонында сенімен танысып, әріптес болғаныма ширек ғасырдан асты. Содан бері арамызға қылау түспеген тамаша достығымызды арамдап, сендей данышпан геологты нақақтан қаралап?.. Жо-жоқ, атама, Қаныш! Сенімен достығымды, мен, орыс ғалымы, мақтан етемін! Саған деген шексіз мархабатымды ешқашанда, ешқандай асылға айырбастамаймын!.. Бұл менің, Имантаевич, жер бесікке ала кетер жүрек сырым!..
СӘТБАЕВ: Николай Григорьевич! Қымбаттым, сізге қатты тебіренуге болмайды!
КАССИН: Сөзімді бөлме, Қаныш! Сенің де мен туралы тура осылай дейтініңді білемін!.. Енді түнделетіп жүрген шаруамды айтайын: ертеңнен қалмай, Ленинградқа қайтамын!.. Күллі ғұмырым қазақ даласының жер асты қазынасын іздеумен өтті. Сенің шақыруыңмен Алматыға қоныс аудардым. Ал қазір?.. Ғапу ет, кетемін Нева жағасына!..
СӘТБАЕВ: Николай Григорьевич, өзіңіздің басшылығыңызбен жасалып жатқан Қазақстанның жер қыртысы картасын аяқтаймыз. Одан соң, қымбатты академик, Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасын жасауға кірісеміз. Одан соң бүкіл республика өңірінің... Көрдіңіз бе, сіз бен бізді қаншама ғылыми еңбектер күтулі ? Ал сіз соның бәрін тастап?.. Жоқ, бүл жайында аузыңызды ауыртпаңыз, рұқсат жоқ!
КАССИН: Қаныш, сен керемет оптимиссің!
СӘТБАЕВ: Ал қазір, Григорыч, сізге емделу керек!
ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА шай әкеледі.
ТАИСИЯ: Николай Григорьевич, гипертонияны емдетпеу − зор қателік! Қаныштың да бас прокурордың кабинетінен шыға бере басы айналып, машинасына жете бере мұрттай ұшқанын білесіз бе? Қаныш, бұл кісіні ауыруханаға жатқызу қажет, тап қазір!
Екеуіне шай құяды.
КАССИН: Тася, бекерге мазаланба! Мына қысастан құтылсам-ақ қан қысымы төмендейді. Мені олар қорқытып көндірмек, Колчак бүліншілігі кезінде Омбы шәрін қыстағанымды бетіме салық етеді антұрғандар. Ақтарға қызмет етіппін, шыққан тегім де осал емес − ақсүйектер әулеті...
СӘТБАЕВ (Телефон трубкасын көтеріп): Алло, коммутатор, Совминнің ауыруханасын қосыңыз, кезекші дәрігерді.... Алло, Сәтбаев сізді мазалап тұрған. Сәлеметсіз бе, Анна Васильевна? Академик Кассин сырқаттанып қалды. Иә, қан қысымы... Иә, осында, біздің үйден алғызыңыз. Рахмет!..
КАССИН: Оу, достар, бұларың не? Проскопья Степановнаны қайтемін? Ол байғұс менсіз сірәда көзін ілмейді...
СӘТБАЕВ: Николай Григорьевич, ширек ғасыр достықта мен сізге бір ауыз қарсы сөз айттым ба?
КАССИН: Жоқ, құдай сақтасын!
СӘТБАЕВ: Олай болса менің сөзіме құлақ асыңыз. Қане, жүріңіз!...
IX
ҒА президентінің кабинеті. Қабырғада геологиялық үлкен карта.
Үстел үстінде минерал тастар. СӘТБАЕВ карта алдында тұр. Көмекші келеді.
СӘТБАЕВ: Ауызғы бөлмеде бөгде кісі жоқ па?
БӨПЕЖАН: Кеше де, бүгін де ешкім келген жоқ. Телефон атаулы үнсіз.
СӘТБАЕВ: Ғажап?! Әншейінде минут сайын шырылдап тыным бермеуші еді. Бұларға не болған?.. Неге үндемейсің? Қабылдау сұрағандардан ығыр болушы едің?
БӨПЕЖАН: Соңғы кезде сізге келушілердің күрт сирегенін қалайша байқамағансыз? Жұрт қазір, Қан-аға, жел бағытын аңдап қатысады...
СӘТБАЕВ: Қой, Бөпежан! Күллі жұртқа топырақ шашпа!
БӨПЕЖАН: Сіз шаң жуытпай отырған игі жақсылардың кейбірі қайраңдап қалған кемеден қашқан жолаушылардай жаппай безуде...
СӘТБАЕВ: Жә, жә, болды! Ашық күнде гөй-гөйді көбейтіп, о, несі?!..
БӨПЕЖАН: Есмағанбет Ысмайылов пен Бек Сүлейменов 25 жылға сотталып, суық жаққа аттанды. Шу бойындағы Ново-Троицкі мектебінде сабақ беріп отырғанда Ермұхан Бекмахановты да тұтқындапты. Қажым Жұмалиевті жер аударылған Қарағандыдан алыпты... Кейбір институттарда ізденіспен шұғылданатын зерттеуші қалмай, әбден жұтаған деседі...
СӘТБАЕВ: Бөпежан, мұның бәрін маған не үшін ежіктеп тұрсың?
БӨПЕЖАН: Мәскеуге бара тұрсаңыз қайтеді? Құрдасыңыз, биолог Павловты 1948 жылғы сүргінде Моңғолиядағы экспедицияға жөнелтіп, Лысенконың қудалауынан құтқардыңыз. Сол амалды енді өзіңізге қолданыңыз?
СӘТБАЕВ: Ау, сонда әскерін тастап, майданнан безген қолбасшыдай Мәскеуге жылыстап кеткенім қалай болады?.. Қой, өзгеше бірдеме айт!
БӨПЕЖАН: Өзіңіз 1927 жылы Мәскеуден шығарған «Ер Едіге» дастанының үйімдегі жалғыз данасын кеше кеште отқа жақтым, кешіріңіз!..
СӘТБАЕВ: Том университетінің қолжазба қорынан тауып, қолмен көшірген едім... 25 жылдан кейін сол жырдың өзіме зиянды айғақ боларын ойлаппын ба? “Ер Едіге” − халқымыздың мәңгілік мұрасы! Бекер өртегенсің...
БӨПЕЖАН: Сөйтсе де, Қанеке, өзіңіздегі кітаптарды үйде ұстамаңыз!
СӘТБАЕВ: Жә, оны қоя тұр, бір жөні болар... Сен қазір Натайға барғын.
БӨПЕЖАН: Геология институтының гидрогеология секторының меңгерушісі ме?
СӘТБАЕВ: Иә, сол, астыңғы қабаттағы жасырын есіктен маған кіргіз!..
БӨПЕЖАН: Қан-аға, пәле-жала көбейіп тұрғанда, сол жігітті іздеп қайтесіз?
СӘТБАЕВ (даусын көтере): Нәубеттің көбі не, азы не? Бәріне − бір жауап!.. Бар, айтқанды істе!
Көмекші кетеді. ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ әлденеге шыдамсызданып,
телефон трубкасын сипалап отырып, радиотабақты қосады.
ДИКТОР: «Тіл және Әдебиет институтының саяси қателері туралы» Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің қаулысында көрсетілген шараларды орындауға Ғылым академиясының төралқасы неше жыл өтсе де ынта білдірмеген. Партиялық бас газеттің әділ сынын біле тұра төралқа және оның басшысы академик Сәтбаев ұлтшыл элементтерді қамқорлыққа бөлеп, жазалауға бермеген...»
Радиотабақты сөндіріп, кабинет иесі әрлі-берлі жүреді.
Насыбай атады. Әредік шекесін сығымдайды... Әуезов келеді.
СӘТБАЕВ: О, Мұха! Ассалаумағалейкум! Көмекшімді жібергелі отыр едім, көрім келдіңіз! (Қазақша құшақтасады). Төрлетіңіз!..
ӘУЕЗОВ: Төрлет дейсің-ау, қайран Қаныш!? Осы күндерде мен бұйырған жерге ризамын. (Кенет “Еңлік-Кебек” трагедиясындағы Нысан абызша толғанып): «Тұнығым ылай болды. Уа, түнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды. Құтылар қайран жоқ, Сор құмар сыңай болды...»
СӘТБАЕВ (қостап): «Барары жоқ, байлау жоқ, Ерім қайтып күн көрер! Бәріңнің де нәрің жоқ, Елім қайтып күн көрер?!..»
ӘУЕЗОВ: «Ызғар сезген бойым бар. Панасыз ел баладай... Аспанда қара бұлт ақ бұлтпен шарпысып, телегей ойнап дауылдатып ол келеді!» Мұны айтушы да – Қаныш, мен емес, Нысан абыз, XVIII ғасырдың батагөйі...
СӘТБАЕВ: Сіз өзі “Еңлік-Кебекті” қайтадан жазғалы жүрсіз бе?
ӘУЕЗОВ: Ой, пәлі-ай, қайыра жазғандай, “Еңлік-Кебегім” жілігі татымас жасығым ба еді? Әуезовтің қайыра ширатуға әлде шама-шарқы жетпей ме?.. Жә, қайта жазғанда соны жаңғыртып қояр өнер ордасы қайда? Дүйім ел сүйсіне көрген асылымды Мәдениет министрі жуықта кереғар бұйрықпен сахнадан алғызып тастады. Он шақты театрда түгел тоқтады. (Нысан абызша толғап): «Әреке деген көк ауру, сені тияр талқы жоқ,Ішті жеген жегінің жерге кірер қалпы жоқ, Барар бетің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ!» − дерлік аласапыран жағдайға ұшырадық... Жә, жөнсіз гөй-гөйден не шығады, Әуезовтің көрген құқайы осы ма? Түрменің де темір торын бұзып шыққан көркем сөзі, есіңде ұстағын, әлі-ақ оны бір қиырдан шығарады!..
СӘТБАЕВ: Илайым, солай болғай, қайран Мұха!
ӘУЕЗОВ: Анау, көктемгі жауқазындай қаулай өскен кейінгі толқын інілердің, соңымызға ерген жас өрендердің жай-күйі не болады, Қаныш? Соны білмекке келдім, пеш түбінде мысықша бұғып жата алмадым. Университеттегі жұмыстан кетірді, көңіл бұзылған соң қалам да жүрмейді... Жә, өз халің нешік, мына даңғаза қашан тоқтайды?
СӘТБАЕВ (радиотабақты нұсқап): Мына даңғырлақтың сайрауына қарағанда, бүгін бе, ертең бе, менің де тағдырым шешілетін тәрізді... Сөйтсе де бүгінгі қам-қарекетім, ардақты Мұқа, құрыққа ілінгендердің жазасын жеңілдету жолында...
ӘУЕЗОВ: Пәлі, мынауың нағыз ердің сөзі! Жар жағасында тұрсам да тірлік-қарекетім − ғылым өрісін ойлау, ізбасар ұрпақтың қамы десеңші!..
СӘТБАЕВ: Не дейін, Мұха, жалтақбайлар көбейіп, жалпақшешейлер көсем атанған тұрлаусыз уақытқа кез болдық. Ал, ғылым, өзіңіз білесіз, жалған мадақты сүймейді, оның төріне біреуді жақсы көріп, иә билік иелеріне жалпақтаумен жете алмайсың. Абай дана айтқандай, «ғылымға түзу ниет, таза жүрекпен бару керек!»..
ӘУЕЗОВ: Ризамын, бұл да Қаныштан шығар нәрлі ғана емес, нағыз ердің сөзі!
СӘТБАЕВ: Аз ба, көп пе − біраз іс тындырдық. Еліміздің ертеңін ойлап, талабы мен дарынына қарай саралап та, даралап та, кәрі-жасты ғылымға тарттық. Сіз – дарынды шәкірттеріңізден, мен − іргелі өндірістерден таңдадық... Ендігі үміт − соларда, Мұха!
ӘУЕЗОВ: Тек жас мұңдарлар төтенше дауылдар мен пәлелі-жалалы соққылардан аман болса екен?!.. Жә, Қаныш ер, үкіметке менен гөрі бір табан жақынсың, осы науқанның түп себебі неден өрбіді? Шолақ белсенділердің кезекті сойқаны дегенге иланбаймын, қауырт кірісіп, жаппай шалғанына қарағанда соның тамыры тереңде сияқты... Бұл науқан украин, өзбек, қырғыз, татар мен башқұрттарды да шала бастапты...
СӘТБАЕВ: Қайта өрлеу заманының италияндық білімпазы Николло Макиавеллидің (кітабын көрсетеді) күшті мемлекет құру үшін қарауындағы халықты үнемі үрейде ұстау қажеттігін ескерткен трактат жазғанын білесіз бе? Қара халықты ол егеске жоқ тобыр дейді.
ӘУЕЗОВ (Макиавели кітапшасын қолына алып): Пәлі, оның жазғандарымен мен Ленинградта оқыған кезімнен таныспын. Диктаторлық билікті күшейтуге ол сабаз, ұмытпасам, бес түрлі амал ұсынған... Бәрі де шатақ шарттар, өзімен кетсін! Мысалы, адамгершілік ар-инабатты белінен басып, мемлекет басшысына өтірік айтуға, асыра сілтеуге, зорлық пен зомбылыққа, өз халқына опасыздық жасауға ерік беріп, қарсы шыққандарды жер жастандыру керек деген... XVI ғасырдың кереғар қағидасы социализм құрып жатқан біздің елге бағыт-бағдар болады дегенге өз басым сірәда сенбеймін...
СӘТБАЕВ: Иланымды ой, Мұха, сенбегеніңіз жақсы! Сөйтсе де, бейбіт тірлікке көшіп, ес жиған кезде осы сүргінге не себептен тап болдық? Әдебиет пен мәдениет қайраткерлерін шалған бүгінгі науқанда қорқыту, қайткен күнде мойынсұндыру, өз бетіңше ойлаудан тиыл... деген пәлсафа неліктен үстем болғанына өз басым түсінбеймін.
ӘУЕЗОВ: Қаныш, бір мысал айтайын, қортындыны өзің жаса!.. Біздің Шыңғыстауда Шәукен деген тілі жоқ бейкүнә кісі тұрады, жасы жетпістен асты, ой-түйсігі сұңғыла адам! Бір жолы Шәукенге: «Халің қалай?» − деп алқалы жиында тосын сұрақ қойдым: Шәукен дереу тамағын салалы саусағымен қырқыды − өз басыммен ештеңе ойламаймын дегені; іле-шала екі қолын ербеңдетіп, екі аяғын көкке көтеріп, тырп-тырп домалағандай қимыл жасады... Мен күлкімді тия алмай ішімді бастым, риза болғаным сонша!.. Ұқтың ба? Шәукен байғұстың сайқымазақ әжуамен көрсеткені − әлгінде өзің айтқан сұмдық: мыймен ештеңе ойламай, аяғыммен, қолыммен істеймін, сонсоң да менен жақсы кісі жоқ дегені...
СӘТБАЕВ: Шәукеніңіз ақылды сабаз болды. Сізге де, маған да, демек, ғылым адамы екенімізді ұмытып, өзімізше ойлауды доғарып, «Ләппай тақсырлап» өмір сүру керек!..
ӘУЕЗОВ: Ау, сонда, ел қамын ойлайтын басшыға қашан жаримыз? Туған халқына жан-жүрегі елжіреген жанашыр қайраткерді қашан көреміз?
СӘТБАЕВ: Ерте ме, кеш пе туады ондай азамат! (қиялмен) Ол енді есік-терезесі жабық үйге қамалып, тоспадағы судай тоқыраған ой-түйсігімізді дүр сілкінтіп, бойымызға нұр-сәуле құйып, жанымызды сергітер, еңсемізді көтерер тумысы өзге қайраткер болса игі?!.. Терең ақылына парасатты мінезі жарасқан, бір делік...
ӘУЕЗОВ: Жә, сондай кемеңгер қашан туады, екеуміз оны көреміз бе?..
СӘТБАЕВ: Ең болмағанда немере, иә шөберелеріміз көрсе екен?!.. (қиялға түсіп) Ел басқарар қайраткер терең білімді, бүгінгі өндіріс пен техника өрісін аңғаратын салауатты, арлы азамат болса игі. Екеу ме?
ӘУЕЗОВ: Әсілі ол халықтың өз ортасынан шыққан перзент болғай! Еңбекқор елдің мұң-мұқтажын білмесе, көңіл-күйін қалайша аңдамақ?..
СӘТБАЕВ: Үшеу болды. Ол азаматтың ар-инабаты да мықты болғай! Ал, егер азғантай елді руға, жүзге бөліп, біреуін қаны бір туысым, екіншісін жан досым деп жетегіне алса − оңбайды, ондай алаөкпе басшыны халық қадір тұтпайды, биліктен кеткен күні өзін де, есімін де тарс ұмытады.
ӘУЕЗОВ: Төртеу делік. Бесінші шартты мен айтайын: кәміл сенген ойымша, билеуші партияны, иә үкіметті басқаратын азаматта өз халқының ар-намысын, тілі мен ділін, рухани қазыналарын, ел тарихын мақтан етіп, қажеттілік туса соны қызғыш құстай қорғайтын берік ождан болуға тиіс! Өйткені әлдебір ноқай Мәскеуден дауыс көтеріп, мына науқандағыдай: «Өйт, бүйт!» дегенде, ол сабаз: «Жоқ, бұл қиянатқа көнбеймін, халқыма тас лақтырмаймын!» дерлік, табанының бүрі тарпыдай қалың болса игі!
СӘТБАЕВ: Жақсы айттыңыз, асыл Мұха! Сіздің де, менің де, күллі зиялы қауымның тартып отырған бүгінгі қуғын-сүргіні − осы, ел билігіндегі азаматтардың дәрменсіздігі, қара басын ғана ойлаған сақтығының салдары. Және сорақы түрі...
Көмекші келіп, СӘТБАЕВҚА әлдене дейді.
СӘТБАЕВ: Шақыр, осы қазір келсін!
Көмекші НАТАЙ КЕНЕСАРИНДІ ертіп келеді.
КЕНЕСАРИН: Ассалаумағалайкум, жақсы ағалар!
СӘТБАЕВ: Уағалейкум, бар бол інім! Мұха, мына жігітті танисыз ба?.. Техника тіліне жетік гидрогеолог-ғалым! Мәскеу метрополитенінің құрылысын әне бір жылы үкімет қауырт жүргізгенде, жерасты суларын тежеуге ең ұтымды жоба ұсынған ірі маман, Натай есімді ініңіз!
ӘУЕЗОВ: Бәрекелді, Мұхамеджан Тынышпаевтан кейінгі қазақтан шыққан мықты инженер сен деп жүрсек, Натай сынды ізбасар інің де бар екен ғой! Бұған да шүкір! Талабың тек қана биікте болсын, қарағым!
КЕНЕСАРИН: Рақмет, жақсы ағалар! Қанеке, сіз шақырды деген соң...
СӘТБАЕВ: Нәке, Мәскеуден сені қозғамауым жөн еді. Жұмысың да, пәтерің де жақсы еді... Туған елің ділгір болған өнеріңді, яки Қазақстанда гидрогеология ілімін тездетіп өркендетуге жұмсағым келді. Әттең, не керек, қателестім..
КЕНЕСАРИН: Қанеке, сол үшін де шексіз ризамын сізге! Оқу соңында көп жүріп, туған елден шалғайда өскен, саяқ жылқыдай алыс қиянға шығып кеткен пенде едім. Алматыға шақырып, халқыммен табыстырдыңыз!..
СӘТБАЕВ: Соның бәрі, бауырым, әншейін іске айналды. Қысқасы, бүгіннен қалмай, Ташкентке аттан! Міне, Еңбек кітапшаң... (ұсынады)!
КЕНЕСАРИН: Мұндағы жұмысты қайтесіз? Неге кетемін?..
СӘТБАЕВ: Ташкентте Совминнің орынбасары Хабиб Абдуллаевқа барасың, менің сүйікті шәкіртім, дарынды геолог! Алда-жалда өзбек елінде тұрақтағың келмесе, Ашғабатқа тарт! Түрікмен университетінің ректорына барасың. Ол саған дербес кафедра береді, профессордың міндетін атқарасың...
КЕНЕСАРИН: Қан аға, елден кетуге пейілім жоқ. Алматыға сыймасам, Қызылордаға барып, ирригациялық тресте істесем қайтеді? Сөйткенім жөн сияқты...
СӘТБАЕВ: Нәке, бұл жолы да менің ақылымды тыңда! Маған сенің амандығың керек!.. Мына зобалаң тиылғанша сөйтіп амалдай тұрамыз.
ӘУЕЗОВ: Пәлі, Қаныш, бұл азамат ерекше білгір инженер дедің... Қазіргі қатер бізге, гуманитарлық мамандық иелерін шалуда. Натай инженерді туған елінен неге қуасың?
СӘТБАЕВ: Бұл жігіттің кімнің ұрпағы екенін білесіз бе?
ӘУЕЗОВ: Немене сонша төндіріп... Ау, кім едің, жақсы інім?
КЕНЕСАРИН: Кесепаты өздеріңізге бүгінде ерекше тиіп тұрған хан тұқымының ұрпағымын, Мұхтар аға. Кенесарин − менің фамилиям!..
ӘУЕЗОВ: Ә, не дейді?! Сен шынында да Хан Кененің ұрпағымысың?..
КЕНЕСАРИН: Әзімханның бел баласымын, аға. Ал, ол кісі − өзіңіз ерлігін ұлықтаған Кене ханның төл немересі... Ал, Абылай – менің алтыншы атам!
ӘУЕЗОВ: Пәлі-ай, «Әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген қағиданы Сталин жолдас жиі қайталайды. XIX ғасырда өмір сүрген атасы үшін сәбет мектебінің түлегі, гидрогеолог Натай не себептен жазалы болады?..
СӘТБАЕВ: Заң атаулы күн сайын өзгеріп, бұрмалауға түскен құбылмалы мына заманда не деуге болады? Бұл да, Мұха, әлгінде өзіңіз айтқан макиавеллизмнен өрбитін солақай сабақ. Натай ініміз Қазақстаннан тезірек кетуі қажет!
КЕНЕСАРИН: Апыр-ай, Қанеке, үш мәрте қайталадыңыз. Көнбеске амалым жоқ...
СӘТБАЕВ: Бүгіннен қалма, Натайжан! Кешіксең − өкінішке ұрынасың! Тезірек кетсең − мені де ауыр күнәден құтқарасың!..
КЕНЕСАРИН (жыламсырап): Қиын-қыстау күнде туған елден безуге мәжбүрмін, жақсы ағалар. Қош болыңыздар! Сіздерге амандық тілеймін!..
НАТАЙ сылбыр аяідап, артына қарай әрең кетеді.
СӘТБАЕВ (қобалжып): Бұл да − амалсыздың қарекеті, Мұха! Халыққа пайдасы тиер, Қазақстан ғылымын алға сүйрейтін аяулы азаматты елден безуге мәжбүр еттім...
ӘУЕЗОВ: Қаныш, өзіңмен ақылдасуға келген шаруам − осы турасында... МГУ-дің Шығыс әдебиеті кафедрасы дәріс оқуға шақырды, мені өздеріне профессор етпек...
СӘТБАЕВ: Сіз... сізді Михайло Ломоносов атындағы Мәскеу университеті, Кеңес Одағындағы мәртебелі оқу орны дәріс оқуға шақырған? Құттықтаймын, Мұха!..
ӘУЕЗОВ: Елден кетуге, шынымды айтсам, аса құлықты емеспін.
СӘТБАЕВ: О, жатқа қимасым, бетке ұстарым, қайран Мұха! Мәскеуде бой тасалай тұрыңыз деуге дәтім жетпей қиналып отырғанда, не деймін?!.. Халқыңыз сіздің амандығыңызға зәру! Ел мәртебесін шырқау биікке көтеретін мәңгі еңбектер толғайсыз! Сіздей суреткерді қазақ халқы қашан туады, екінші мәрте көреміз бе сіздей кемеңгерді?!.. Орыс зиялыларының мұнысы − нағыз бауырмалдық, оларға бұл ертеден дарыған ізгі қасиет. МГУ-дің ректоры, академик Петровский маған да кафедра ұсынып, геология ілімін Мәскеуде дамытасыз деген ұсыныс жасады...
ӘУЕЗОВ: Қаныш, олай десе, ойланба, Мәскеуге қоныс аудар! Біздегі қара жүрек жауыздар сені де тыныш қоймайды, құрмалдыққа шалады...
СӘТБАЕВ: “Правда” газеті «Сынаудың орнына ұлықтау» деген кереғар атаумен жуықта бұзық мақала жариялады? Сірә. сізді ұлтшылдар тобына қосу үшін. Бұл да «Профессор Әуезов ескіліктің шырмауында» деген біздегі үрдажық мақаланы қайталау. Орталық Комитеттің секретариаты жуықта сізді іреп-сойғанда не деді: «Мұхтар Әуезов кеңес үкіметін тек қана сөз жүзінде мойындайды, ал әдеби шығармаларын ұлтшылдық пиғылмен толғаудан айныған емес...» деген тұжырымның ақыры неге соғарын қалайша сезбейсіз? Көңілшектікті қойыңыз, Мұха! МГУ-ге аттаныңыз. КСРО Жазушылар одағының басшылары да сіздей алыпты ұсақ шенеуніктердің қудалауына бермейді...
ТАИСИЯ АЛЕКСЕЕВНА ілби басып, көзін орамалмен бүркеп келеді.
ТАИСИЯ: Сәлеметсіз бе, Мұхтар Омарханович!.. Қаныш, ауыруханадан келемін...
СӘТБАЕВ: Ауыруханадан?.. Николай Григорьевичке бардың ба?
ТАИСИЯ (кемсеңдеп): Николай Григорьевич жоқ енді бізге... Бір сағат бұрын дүниеден қайтты.
СӘТБАЕВ: Қой, не деп тұрсың? Таңертеңгілікте кіріп шыққанмын, алдағы зерттеулер жайында қаншама жоспар құрдық...
ТАИСИЯ: Түстен кейін прокуратурадан ба, үш қаріптен бе, палатаның есігіне күзет қойып, Николай Григорьевичтен бірнеше сағат жауап алыпты... Ол кісі соған ерекше жәбірленген... Айтып-айтпай не керек, ақжүрек қамқоршымыздан айырылдық!... Кризге түсіп жатқанда да, «Сәтбаевтай ғұлама досымды нақақ жалаға бермеймін. Жалақорлық менде жоқ әдет!» деп айқайлап жатыпты...
СӘТБАЕВ (налып): Неткен кісілік, қандай ізгі жүрек!..
ӘУЕЗОВ: Адал достарға тән бекзаттық десеңші! Сабыр ет, Қаныш!
СӘТБАЕВ: Апыр-ай, Мұха, мына сойқанды дауылдың арты неге соғады? Қымбат достарымыздан тірідей де, өлідей де айырылудамыз?.. Не үшін? Кімнің әрекеті? Білмеймін. Осыны түсіндірер кісі бар ма, сірә?!..
Үкімет телефоны ұзақ шырылдайды.
СӘТБАЕВ: Алло! Иә, Сәтбаев. Мен... Осы қазір? Кеш емес пе? Жарым сағаттан соң?.. Жарайды, ұқтым, барамын (трубканықойып)... Тася, “Үлкен үйге” шақырады. Бюро мәжілісінде жеке басымның мәселесін бүгін қарамақ...
ТАИСИЯ: Құдай-ау, түн ішінде ме? Сағат кешкі сегіз. Ауырып отырмын, академик Кассин қайтыс болды, үйіне барамын дегенің жөн еді...
СӘТБАЕВ: Бекерге шошыма. Партия алдында да, халқым алдында да зәредей кінәм жоқ! Күн сайын 12 сағат жұмыс істегенімді дұшпандарым да бекер демейді!.. Мына науқан дүрмегіне, сірә, мені де ілмек? Бәлкім, қоқан-лоқымен дегеніне көндірмек? Не десе науқанды тоқтатуды талап етемін, иландыра алмасам − президент міндетінен бас тартамын! Не дейсіз, Мұха? Өзініздей ғылым ордасының шаңырағын бірге көтерген жайсаңдарды нақақ жазалауға ұстап беріп, қалайша президент атанып, жер басып жүремін?!..
ӘУЕЗОВ: Айтарсың, айтарыңды сезіп тұрмын!.. Не десең де, жарқыным, жасымай, жарқ еткен жасылдай жарып өт! «Айдаболдың» тауы қайтып, «Шауыпкелдің» жаны шыққандай, өңкей қорғаншақ пен табансыздың таңы айырылғандай етіп, шымбайына батыра айт! Ел жақсыларына қорған бола алмаған басшының тарихта атаусыз қалатынын, халық қарғысына ұшырайтынын жетелеріне жеткіз! Билеуші партияға сеніміңді жоғалтпай, атар таңынан қуаныш күтіп, қайта өрлеу дәуірі алда деген үмітті арқа тұтып, соны да сездіре, төндіре сөйле, жайсаңым! Ал біз, Тайсын келін екеуміз, қане, қолыңды жай, арысым: «Ер маңдайын баққа бер! Абыройы асар жаққа бер! Бес қаруын сай қылып, жеңіп қайтар саққа бер! Меселін қайтармай, көңілін шат қыла гөр!..» − деп саған тілеуқор болып күтіп отырамыз! Аумин!..
СӘТБАЕВ (бетін сипап): Жақсы айттыңыз, аумин! Ашық күнге аман-есен жетелік!
ӘУЕЗОВ: Иә, сөйтелік! Ал, мен бетімді Мәскеуге түзедім...
СӘТБАЕВ: Тася, жолға қамдан! Президент қызметін беріп келсем, біз де іле-шала елден кетеміз... Тек мұны ешкімге, балаларға да сездірме!..
ӘУЕЗОВ пен СӘТБАЕВ құшақ айқастырып қоштасады.
Таисияны сүйіп, папкасын құшақтап, СӘТБАЕВ шығып кетеді.
ЭПИЛОГ
Көңілді әуен. Экранда − бүгінгі Алматы. Ғылым академиясының бас ғимараты, Геологиялық ғылымдар институтының фасады, онда тұрған мемориаль тақтаны, Сәтбаев көшесіндегі республика алаңын, әсем үйлерді көреміз. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техника университетінің алып ғимараты, оның алдындағы Сәтбаев алаңы, біртуар ғалымның зәулім ескерткіші...
Экрандағы көрініс Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы тарихшы Ермұхан Бекмахановтың мүсінімен ауысады.
Ең соңында Әуезов театрының осы күнгі тамаша ғимараты. Соның алдындағы М.О. Әуезовтің маңғаз да парасатты мүсіні.
Көңілді музыка үні күшейе түседі. Сахнаға Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, туы жарқырап түседі.
Ең соңында туған халқына қол бұлғап, күлімсіреп тұрған тұңғыш президенттің жарқын бейнесі…
Шымылдық
АВТОРДЫҢ ЕСКЕРТУІ: драмаға соңғы редакция 2012 жылғы тамызда жасалды.