Адам қарады: 80 | Жарияланды: 2017-09-06 07:39:55

Тағдыр тауқыметі

 Екі бөлімді драма

Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары  болған оқиға ізімен

         Қатысатындар:

Бектемір-мұғалім, мектеп басшысы

Балзия-Бектемірдің жұбайы

Жақсылық-Бектемірдің ұлы

Бәйкен Асқарұлы-аймақтық ОГПУ бастығы

Малдыбай-аудандық ОГПУ бастығы

Ұлтусын-Малдыбайдың қызы, жасы Жақсылықпен шамалас

Айгүл-Ұлтусынның немересі

Немере келін

Егіз ұл

Бірінші, екінші келіншек

Бірінші, екінші жігіт

Милиция сарбазы

Кейуана

Есепші әйел

Бірінші, екінші әйел

                                                        

                                              

                                         БІРІНШІ КӨРІНІС

         Жаз мезгілі. Саябақ. Арқалы ұзын орындық. «Ақмаңдайлым» әні шырқалып тұр. Сақал-шашы аппақ, таяқ сүйенген Жақсылық шығып, әнді беріле тыңдап тұрады да, орындыққа отырады. Кенет, әдемі ән кілт үзіледі де, өте жағымсыз, өзін-өзі жұлып жейтін ән басталып кетеді.

Жақсылық: Қап! Мына бір әнсымақ қайдан шыға келді? Әдемі әннің быж-тыжын  шығарды-ау. (Қалтасынан газет алып, көзәйнегін киіп оқи бастайды).

    Осы кезде ашық-шашық киінген екі келіншек шығып, Жақсылықты көзге ілместен, дәл желкесінің тұсына келіп өсек айта бастайды.

Бірінші келіншек: Аймашка, сен оны айтасың, кешегі Тараздағы сұмдық ше? Өз туған шақалағын басқа жер емес, дәл туалеттің ішіне, ішіне болғанада да, дәл шұңқырына тастап кетіпті.

Екінші келіншек: Масқара! Сонда кәдімгі нәжіс толы шұңқырына.. Қой, Аймашка, бұл енді біреудің өсегі болар. Мүмкін.. Ия, мүмкін әжетханаға отырған шығар. Сол кезде байқамай..

Бірінші келіншек: Байқамай!? Сен де айтады екенсің. Онда әлгі туған нәрестесін пойыздың терезесінен лақтырып жіберген әйел ше? Ол да байқамай лақтырып жіберіпті ме?

Екінші келіншек: Ту-у, сен де қайдағыны қайдан естіп аласың, осы? Құрысыншы, басқа нәрсе айтайықшы. Айында-жылында басымыз  қосылғанда дұрыстап әңгімелесейікші бір. Анау Ақтөбеде тұратын қызым келген. Әбден сағынып қалыпты. Ол жақта..

Бірінші келіншек: Ақтөбе дейсің бе? Айтпақшы ол жақта сұмдық лаңкестік оқиға болды ғой. Бір лаңкес жалғыз өзі он шақты адамды қырып салыпты дейді ғой. Айтпақшы, Қызың аман-есен бе?

Екінші келіншек: Құдайға шүкір, аман-есен. Жаңа бір лаңкес дедің бе? Қайықтың бір лаңкесі. Он алты дейді ғой. Біреуі біздің қыздың көршісі болып шықты.

Бірінші келіншек: Он алты? Сонда бір өзі бірнеше адамды қырып салған лаңкес ше?..

Екінші келіншек: Ә-ә, ол мына Алматыда болған сұмдық қой. Фамилиясы кім еді? Бүлік пе еді, күлік пе еді, сондай бір сөз еді ғой. Ия, ия, күлік.. Күлікбаев деген лаңкес. Жалғыз өзі 8 полицейді қырып салған жоқ па.Ту-у, біз тағы да не айтып кеттік өзі? Қайдағы бір лаңкес па, бір бәлелерді.. Бір жөні түзу, дұрыстау әңгіме айтайықшы одан да.

Бірінші келіншек: Ия, сөйтейікші. Көптен бері сенен бір нәрсе сұрағым келіп жүр еді, ұмытып тұрғанымды қарашы. Ым-м, иә, иә, есіме енді түсті. Бастығым ауысты деп едің.. Еркек бастыққа қарағанда әйел бастық қалай болады екен?

Екінші келіншек: Құрысын. Бұрынғы бастығым жақсы еді. Ер адам болған соң, қас-қабағыңа, қылығыңа, көз жасыңа дегендей кішкене қарайтын еді, ал мынау өліп жатсаң, тірілтіп алып сұрайтын көк беттің нағыз өзі. Алдай да алмайсың, арбай да алмайсың. Тек, зыр жүгіріп тапсырмасын орындай беруің керек. И-и, қолымнан келсе, бір шелек бензин шашып жіберіп, өртей салар едім.

Бірінші келіншек: Өртей салар ем дейсің бе? Айтпақшы, ана өзін-өзі өртеген әйел..

Екінші әйел: Ту-у, тағы бір нәрсені бастадың ба? Қойшы енді, басқа бір әңгіме айтайықшы. (Мұрнымен иіс тартып) Фу, бір түрлі жаман иіс шығып кетті ғой. Сен жақтан шығып тұрған секілді.

Бірінші келіншек: Мен жақтан? Сен не деп тұрсың? (Өз үсті-басын иіскеп) Ия, бір иіс шығып тұрған секілді. Бірақ.. (Жан-жағына қарап, Жақсылықты нұсқап) Мүмкін.. мүмкін ол иіс мына шалдан шығып тұрған шығар? Өзі бір түрлі ауру адам секілді..

Екінші келіншек (бірінші келіншектің сөмкесін иіскелеп) Жоқ, бұл иіс сенің сөмкеңнен шығатын секілді.

Бірінші келіншек: Менің сөмкемнен? (Сөмкесінен майға қурылған шелпек нан алады). Мынау.. Мынау.. Мен мұны..

    Екінші келіншек (алақанымен мұрнын басып) Фу-у, қандай жиіркенішті! Құртшы көзін.

    Бірінші келіншек: Кәзір, кәзір. Әлгі көрші кемпірдің бергені ғой. Айтуынша, ашаршылық жылдары ата-анасы, бауырлары түгел аштан қырылып, бір өзі ғана аман қалыпты. Жұма сайын осындай жеті нан пісіріп, көршілеріне таратады. Өзі әкеліп беріп тұрған соң амал жоқ, аламыз. Кеше әкеліп берген еді, муссорға тастауды ұмытып кетіппін ғой. Қазір, мұны.. (Шелпекті Жақсылықтың жанындағы қоқыс жәшігіне тастайды. Сөмкесінен қағаз алып, қолын қайта-қайта сүртіп, оны да тастайды).

Жақсылық (бірінші келіншекке) Қарағым, оның не? Таза нанды қоқыс жәшігіне неге тастайсың?

    Бірінші келіншек: (Жақсылыққа бажырая қарап) Сіздің шаруаңыз не? Тастаймын ба, тастамаймын ба, оны өзім білемін. Сіз жайыңызға отырыңыз. (Екінші келіншекке) Дәл біздің көрші кемпір секілді. Ол да осындай адам сенбес бірнәрселерді айтып құлағыңды жеп қояды.

    Жақсылық: Е-е, аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді. Қасиетті нанды қоқыс жәшігіне тастап, әбден тойынған екенсіңдер. Бір кездері бір үйлі жанның бір түйір нанға, бір түйір үгініне зар болғанын сендер қайдан білесіңдер. (Басын шайқап ойланып кетеді. Жаңғыра дауыс етіледі).

    Балзияның дауысы: Нәшәндік жолдас, нан.. нанды да алып кетпексіз бе? Біз.. біз қайтеміз? Тым болмаса.. тым болмаса балама бір бір үзімін беріп кет.

Малдыбайдың дауысы: Жоқ, болмайды. Бүтін күйінде апаруым керек. Заң солай.

Жақсылықтың дауысы: Нан, нан. Менің наным. Менің нанымды бер.

Малдыбайдың дауысы: Мынау қайтеді-ей, контраның күшігі.

     Осы кезде «құтқарыңдар» деп шырылдаған қыздың айғайы естіліп, Жақсылық селт ете қалады.

Бірінші келіншек: Бұл не бәле, тағы? Құрысын! Бір бәлесіне ілініп қалмай тұрғанда кетейік мына жерден.

Екінші келіншек: Әй, Аймаш, бұл.. бұл да  біздің қызымыздай.. (Қолын бір сілтеп) Құрысын! Кетсек, кетейік. «Аш бәледен қаш бәле» деген.  

Екеуі де зыта жөнеледі. Жанұшыра қашып келген Айгүл пана тілеп Жақсылықтың тасасына тығылады.

Айгүл: Ата, құтқара көріңіз!

Жақсылық: Әлбетте, қызым, әлбетте. (Айгүлді ығына алып, орнынан тұра береді).

    Сиықсыз әлем-жәлем киім киген екі жігіт алқына келіп тоқтайды.

Бірінші жігіт: Ақсақал, біз сіздің сақалыңызды сыйлаймыз. Бірақ, сіз де жастардың тірлігіне араласпаңыз. Қызды беріңіз, аламыз да кетеміз.

Жақсылық: Пәллі! Сөзін қара. Зат секілді алам да кетем дейді. Өзімнен пана тілеп келген қоғансыз жанды сендерге қалай бере салмақпын. Сендерге айтар ақылым, қызды ұмытыңдар да, бұл жерден тез кетіп қалыңдар.

Екінші жігіт: Ей, шал, сен не деп сағыз шайнап тұрсың? Сүйегің сықырлап, өлейін деп тұрып бізге кет дейтіндей сен кімсің? Біз алып кетеміз дедік пе, алып кетеміз. Ешкім қой дей алмайды. (Қыздың қолына жармаса береді).

Жақсылық: Ал, мен сендерге кетіп қалыңдар дедім. (Екінші жігіттің қолын қайырып, ұстап қалады. Жігіт жаны шыға бақырып жатады).

Бірінші жігіт: Мына шал қайтеді-ей. Мен қазір сені.. (Ол да ұмтылады).

Жақсылық: Кел-кел, сен де келе ғой, ботақаным. (Екінші қолымен оның да қолын артына қайырып ұстап тұрады. Бірінші жігіт те ауырсынып айғайлап жатады). Ал, енді екеуіңді не істесем екен? Бұрынғылар бақылдап басқа шыққан текелерін тарттырып жіберуші еді. Әлде, әлсіз, нәзік қызға күш көрсетіп, бақылдаған сендерді де..

Бірінші жігіт: Ақсақал, ата, бізді кешіріңіз. Біз.. біз..

Екінші жігіт: Ия, ата, біз.. біз қатты қателестік. Кешіріңіз.

Жақсылық: Әй, сендер кешірімді менен емес, алдымен мына қыздан сұраңдар. Қорған болудың орнына өз қарындастарыңа күш көрсетіп жатырсыңдар. (Екеуін күштеп Айгүлге қаратады).

Бірінші жігіт: Кешір, қарындасым. Алдыңда қатты кінәлімін.

Екінші жігіт: Мені де кешір, қарындасым. Істеген ісіме қатты ұялып та, өкініп те тұрмын. Бұдан былай мұндай жаман әдетті тастап, өзіңдей қарындастарымызға қорған болуға уәде беремін.

Бірінші жігіт: Мен де уәде беремін, қарындасым.

Айгүл: Мен тіпті не айтарымды білмей тұрмын. Егер, шын жүректен кешірім сұрап, ұялып тұрсаңыздар, мен кешірдім. Менің арқа сүйер ағам да, жұмсайтын інім де жоқ. Қорған болар аға боламын десеңіздер, мен де ақ көйлектеріңіздің жағасын жуып берер қарындастарыңыз болудан қашпаймын.

Жақсылық: Уәде Құдай аты деген. Уәделеріңде тұрыңдар. Істеген істеріңе қатты өкінетіндеріңді айттыңдар. Жаман ісіне өкіну-тәубеге келгеннің белгісі. Тәубеге келген құлын Алла кешірмей қалмайды. Ал, тағы қайталар болса, ол адамды аяусыз жазалайды. Сендерді Алла өзі кешірсін. (Екі жігітті босатады).

    Музыканың фонында екі жігіт Айгүлден тағы кешірім сұрап, қорған болатынын айтып, құшақтап маңдайынан сүйіп, ең соңында Жақсылыққа қайта-қайта рахмет айтып, қолын қысып, кете барады).

Айгүл: Рахмет, ата. Сізге алғысымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Сіз болмағанда..

Жақсылық: Олай деме, қызым. Жамандықпен күресу кез келген адамның парызы. Менің де өзің секілді ұл-қызым бар. Ал, енді өзің туралы айтшы. Әкең кім? Анаң кім? Әлгі жалбыр шаштар не үшін қуып жүр?

Айгүл: Айтайын, ата. Өз есімім Айгүл. Әкемнің аты Санжар, анамның аты Ұлболсын. Ал, жаңағы жігіттердің неге куып жүргеніне келсек, бұл жерде.. бұл жерде кінә өзімнен де бар. Олар кафеде тамақ ішіп отырғанымда келіп тиісті. Шектен шығып бара жатқан соң, нағашы атам мен анамның Республикаға танымал өте беделді кісілер екенін, оларға айтсам, темір тордан бір-ақ шығатындарын айтып аптықтарын басып қоймақ болдым. Сөйтсем, олар қорықпақ түгіл өзіме тап беріп,  өз басымды қорғау мұң болды..

Жақсылық: Қызым, бұлай сұрағаныма айып етпе. Нағашы атам мен анам өте беделді кісілер дедің. Республикаға танымал болса, бәлкім, ол кісілерді мен де танып қалармын..

Айгүл: Әрине, ата, танып қалуыңыз да мүмкін. Нағашы атам Малдыбай Әлжанов деген кісі. Жасынан қызметке араласып..

Жақсылық: Малдыбай Әлжанов!? (Таңдана орнынан тұрып кетеді). Сонда.. сонда .. ол.. ол әлгі Парламент депутаты болған Ұлтусын Әлжанованың әкесі ме?

Айгүл: Ия, ия. сол кісі. Сіз айтқан Ұлтусын Әлжанова менің нағашы әжем болады. Сіз оны жақсы танитын секілдісіз ғой..

Жақсылық: Танығанда қандай! Өте жақсы танимын. (Тез басылып) Айтайын дегенім, ол кісілерді тек мен ғана емес, бүкіл ел таниды ғой, қызым-ау. Оның үстіне мен де біраз қызметтің басын шалған адаммын.

Айгүл: Бәсе, ата, сіздің тегін адам емес екеніңізді мен де байқап едім. Қарап отырсам, Ұлтусын әжеммен қатарлас секілдісіз. Көп қызмет істесеңіз әжем де сізді танып қалар. Мен де өзімді жамандықтан қорғап қалған қамқор жанның кім екенін біліп жүрейін. Есіміңіз кім болады, ата?

Жақсылық: Жо-жоқ, қызым. Қажеті жоқ. Ол кісі мені танымайды. Сондықтан, мен туралы айтудың керегі жоқ. Ал, өзің мені көрген жерде ата деп сәлем беріп тұрсаң болды.

Айгүл: Жарайды, ата. Бұдан былай сіз менің атам болып қаласыз. Сіздің жасаған жақсылығыңызды ешқашан да ұмытпаймын. Енді мен кетейін, ата. Сау болыңыз. (Кетеді).

Жақсылық (Айгүлдің соңынан қарап тұрып) Сау бол, қызым. Алла өзі жар болсын. (Отыра кетіп, ойлана) Малдыбай Әлжанов.. Малдыбай Әлжанов.. (Басын шайқап) Малдыбай Әлжанов.. Малдыбай Әлжанов ..

                                                              

                                                ЕКІНШІ КӨРІНІС

    1930-1931 жыл. Ашаршылық жылы. Құжыра тамның ішінде шамның жарығымен Бектемір кітап оқып, Балзия отқа  піскен күлшені алғалы  жатыр. Бар дүниені ұмытып, анасы алып жатқан алақандай күлшеге тамсана қарап отырған кішкентай Жақсылық ұмтыла береді.

Жақсылық: О, нан! Нан пісті! Апа, нан берші.

Балзия: Балам, сәл шыдай тұр. Малдыбай көкең келсін. Қонаққа шақырып қойдық қой. Алдына бөлінген нан қойсақ ұят болады.

Жақсылық: Ту-у, Малдыбай көкем қашан келеді? Қарным қатты ашып кетті.

Бектемір: Балам, сен үлкен жігіт болдың ғой. Енді сәл шыда. Бұйыртса, бүгін бәріміз де нанға тоямыз. Тек, Малдыбай досым тезірек келсе екен.

Жақсылық: Жарайды, көке. Мен үлкен жігітпін ғой. Шыдаймын. (Орнына отырып, нан жақтан көзін алмай тамсана қарап отырады да, біраздан соң қисайып ұйықтап қалады).

Балзия (Жақсылыққа қарап) Құлыным-ау, сол, тағы ұйықтап қалды. (Жерге шүберек жайып, ортасына күлшені әкеліп қояды да тізе бүгеді) Әкесі, неге екенін білмеймін, жаным тыныш таппай отыр. Осы, әлгі Малдыбай досыңа бекер айттың-ау. Қанша дегенмен үкіметтің адамы.. Сосын.. осы.. мынадай кітаптарды да оның көзінше оқи бермеші. Кейінгі кезде, әсіресе осы аштық басталғалы ол досыңның пейілі де мінезі де қатты өзгеріп кетті. Реті келсе, мені төңіректеп..

Бектемір: Ой-й, Балзия-ай! Сен де болмайтын нәрседен күдіктене береді екенсің. Сонда сен кішкентайымыздан бірге өсіп, бір нанды бөліп жеген Малдыбай досым сатқындық жасайды деп ойлайсың ба? Ал, төңіректесе, бір кездері оның да саған көзі түсті ғой. Бірақ, сен оны көзге ілмей, көрікті жігіт мына мені қаладың емес пе?

Балзия: Ту-у, сен де, қайдағы жоқты айтады екенсің. Мен шынымен айтып отырсам, сен әзілге бұрасың. Лайым, сенің айтқаның келсін. Дегенмен ол досың неге мұнша кешігіп жатыр? Ымырт түсе барамын деп айтты деген едің ғой..

    Осы кезде милиция формасын киген Малдыбай кіріп келеді.

    Малдыбай: Сәләматсыңдар ма. Сәл кешігіп қалдым. Өздерің білесіңдер, жұмыс қой, сол..

Бектемір: Кел-кел, досым, жоғары шық. Жұмысың көп екенін білеміз ғой. Сол, кішкене болса да досыммен әңгімелесіп, өткен-кеткенді еске түсіріп дегендей..

Малдыбай: Рахмет, Бектемір. Мен сыртқа шығып атымды жайғап келейін. Сонан соң дастарханға отырып, өзің айтқандай.. (Асыға сыртқа шығып кетеді).

Бектемір (Балзияға) Әне, саған айтқан жоқпын ба, менің досым ондай адам емес деп. Ал, сен болсаң, өз көлеңкеңнен өзің қорқып..

Балзия: Қайдам, әкесі. Мен әлі де қорқып тұрмын. Бір сұмдықтың боларын ішім сезетіндей..

    Осы кезде мылтық асынған милиция сарбазы кіріп келіп, күлшеге  қолын соза берген Бектемірдің қолын қайырып, кісен салады. Артынша Малдыбай кіреді.

Малдыбай: Бектемір Қаленович, сіз үкімет қамбасынан бидай ұрлағаныңыз үшін тұтқындалдыңыз.

Бектемір: Әй, Малдыбай, сен не деп тұрсың? Менің ұрлық жасамағанымды сен жақсы білесің ғой. Досым деп алдымен саған айтқан жоқпын ба? Ал, сен..

Малдыбай: Малшат! Жөндеп сөйле. Біріншіден, мен саған «әй, Малдыбай» емес, жолдас нәшәндікпін. Екіншіден, сен екеуміз ешқашанда дос болған емеспіз. Үкіметтің қамбасына қол сұққан сендей контраның ендігі досы түрме.

Балзия: Әй, Малдыбай.. Кешір, жолдас нәшәндік, бұл не істегенің? Бектемірмен мақұл, дос болмай-ақ қой, арғы аталарыңнан туысатын жақындықтарың бар емес пе? Оның ұрлық жасамағанын, бұл екі уыс бидайды аштан өлген бір сорлыны жерлеп  жатқанда, соның қойын-қонышынан тауып алғанын сен жақсы білесің ғой. Досым деп бұл жайлы ең алдымен саған айтты емес пе?

Малдыбай: Хбатит! Сен қатын сайрай берме. Әйтпесе, күйеуіңмен қоса сені де түрмеге қамаймын.

Балзия: Қамасаң қама түрмеңе. Жаным күйеуімнен артық емес. Ана қаншама күннен бері нәр татпай, аштан бұралып жатқан баланы да қосып қамауды ұмытпа.

Малдыбай: А-а, солай ма, контра. Олай болса өз обалың да, балаңның обалы да өзіңе.

Бектемір: Нәшәндік жолдас, ашуыңызды басыңыз. Ол ойланбай айта салатын әйел емес пе? Сөзіне көңіл аудармаңыз. Қолыммен істегенімді мойыныммен көтеруге дайынмын. Апаратын жеріңе мені апар.

Малдыбай: Мойыныммен көтеруге дайынмын дейсің бе? О-о, бұл енді басқа әңгіме. (Күлшені шүберекке орай бастайды!) Ал, мынау пакты болады.

Балзия: Нәшәндік жолдас, нан.. нанды да алып кетпексіз бе? Біз.. біз қайтеміз? (Тізерлей) Тым болмаса.. тым болмаса балама бір бір үзімін беріп кет.

Малдыбай: Жоқ, болмайды. Бүтін күйінде апаруым керек. Заң солай. (Күлшені қойнына сала бергенде Жақсылық оянып кетеді).

Жақсылық: Нан, нан. Менің наным. Менің нанымды бер. (Малдыбайдың қолындағы түйіншекке жармасады).

Малдыбай: Мынау қайтеді-ей, контраның күшігі. (Жақсылықты итеріп жібереді).

Жақсылық (орнынан тұрып тағы ұмтылады) Нан! Менің наным. Нанымды саған бермеймін.

Малдыбай: Қап! Мына күшікті-ай ә. Мә саған нан, керек болса! (Жақсылықты құлаштай соғып жібереді. Ол құлап түседі. Ұмтыла берген Бектемірді сарбаз ұстап қалады).

Балзия (Жақсылықты құшақтай) Әй, Малдыбай, кішкентай балаға қол көтеріп, хайуан болып кеттің бе? Ол аш қой. Аш адам нені тыңдайды? Сенің де кішкентай Ұлтусының бар емес пе? Бірақ ол менің Жақсылығым секілді..

Малдыбай: Жетер, Балзия, сенің сөзіңді тыңдап тұрар уақытым жоқ. (Сарбазға) Тұтқынды алып жүр.

Сарбаз: Құп болады! Кәне, жүр! (Бектемірді алдына салады).

Балзия: Жақсылықтың әкесі-ау, Қайда кетіп бара жатырсың? Енді біз.. біз не істейміз? Қайтіп күн көреміз? (Бектемірді құшақтай алады).

Бектемір: Балзия, бекем бол. Мен Құдай қаласа көп ұзамай қайтып келемін. Үйге, балаға бас-көз бол. Былтыр жаздағы жуа терген жеріміз есіңде ме? Сол жерді  барып  қазсаң, өлместің күнін көрерсіңдер. (Жақсылыққа) Ал, балам, сен енді үлкен жігіт болдың. Үлкен жігіт қандай қиындық кездессе де жеңетінін ұмытпа. Апаңның айтқанын істе. Оған қамқор бол. Сау болыңдар. Амандықпен көрісейік.

Малдыбай: Сарбаз, тұтқынды алып кет.

Сарбаз: Кәне, жүр. (Балзияны серпіп жіберіп, Бектемірді алып шығып кетеді).

Балзия: Құдайым-ау, осынша күйге түсетіндей кімнің ала жібін аттап едік? Кімге жамандық істеп едік? (Етбетінен түсіп, жер тоқпақтап жылап жатады).

Малдыбай (Балзияның жанына жақындап) Балзия, бұлай өзіңді-өзің қинай берме. Жауап алып болған соң Бектемірді босатамыз.

Балзия (үміттене басын көтеріп) Босатамыз дейсің бе? Қалай? Жаңа ғана оны үкіметтің жауы деп тұтқындаған жоқсың ба?

Малдыбай: Ия, тұтқындадым. Қалай тұтқындасам, дәл солай босату да қолымнан келеді. Тек.. тек..

Балзия: Не тек? Айт Малдыбай. Айтқан екенсің, айтарыңды түгел айт.

Малдыбай: Айтқанда.. Ол енді.. Кароше, Бектемірдің босап шығуы бір саған ғана байланысты. Егер, сен менің айтқандарыммен келісетін болсаң яғни менің қолымды қақпай.. бетімді қайтармай..

Балзия (шошына) Малдыбай, сен не айтқалы келесің? Кейінгі кездері жаман пиғылыңды байқап қалып жүрсем де, Бектемірдің досы ғой, ағайыны ғой деп жамандыққа қимап едім. Сенің кім екеніңді енді білдім. Бектемірге әдейі қақпан құрған екенсің ғой.

Малдыбай: Балзия, менің сенің мылжыңыңды тыңдап тұра берер уақытым жоқ. Мақұл десең, сәскеге дейін кеңсеге келесің, жоқ, Бектемір қамалып соттала берсін, атыла берсін десең, оны да өзің білесің.

Балзия (үрейлене) Атыла берсін!? Жо-жоқ, мен.. мен кеңсеге барамын. Ия-ия, қалай да кеңсеге барамын. Тек.. тек Бектемірге жамандық жасаушы болма.

Малдыбай: Міне, енді бәрі дұрыс болды. Сені кеңседе күтем. Ал, Бектемірге ешнәрсе де болмайды. Сөз беремін. (Шығып кетеді).

Мең-зең сілейіп тұрып қалған Балзия жылап отыра кетеді. Жанына Жақсылық келеді.

Балзия: Құдай-ау! Құдайым-ау! Мұңымды енді кімге шағайын? Кімнен пана сұрайын?

Жақсылық: Апа, қарным қатты ашып кетті. Нан, нан берші.

Балзия (Жақсылықты құшақтап еңірей) Құлыным-ау, сен нан дейсің. Қарным ашты дейсің. Қарын қара су ішсең де томпаяр, ал, мен.. менің хәлім ше? Мен.. мен ертең.. ертең әкеңді қамаудан босату үшін өз арымды саудаға салмақпын. Ал, одан кейін.. одан кейін..

 

                               ҮШІНШІ  КӨРІНІС

    Жиһазы жұтаң милиция бөлмесі. Тергеу орындығында  бет-ауызы қызыл қан, қолы кісендеулі Бектемір отыр. Форма киген Малдыбай төніп тұр.

Малдыбай: Сонымен, ұрлық жасағаныңды мойындамаймын дейсің ғой. Қолымды қоймаймын дейсің ғой.

Бектемір: Ұрлық жасамасам нені мойындаймын. Айттым ғой, егер сенбесең сол өзім жерлеген адамның қабірін ашып көрсетейін.

Малдыбай: Сен өзі қандай түсінбейтін адамсың? Маған өлген адамның да, қабірінің де түкке керегі жоқ. Маған кінәңды мойындап  қағазға қол қойғаның керек.

Бектемір: Жоқ, қол қоймаймын. Білгеніңді істей бер. Құдай өзі берген жанын өзі алады.

Малдыбай: Солай ма? Олай болса өз обалың да, әйеліңнің обалы да өзіңе.

Бектемір: Не дейсің? Әйелің дейсің бе? Бұған Балзияның қандай қатысы бар?

Малдыбай: Ха-ха-ха! Қандай қатысы бар дейді. Әбден қатысы бар. Егер, сен қағазға қол қоймайтын болсаң, сұлу әйеліңнің жағдайы тіпті қиын болайын деп тұр. Оның сен үшін барын да, жанын да, тіпті арын да аямайтынын жақсы білесің ғой. Қәзір өзі де осында келіп қалады.

Бектемір: Арын да аямайды дейсің бе? Осында келіп қалады дейсің бе? Ол неге келеді? Оны неге шақырдың?

Малдыбай: Бектемір, сенің сұрағың қызық екен. Еркек әйелді не үшін шақыратын еді? Күні-түні сенің жаныңда емес пе? Бір күн, жарайды бір-ақ сағат менімен бірге болса Балзияның да, сенің де ешнәрселерің кете қоймас. Бұған Балзияның өзі де..

Бектемір(селт етіп) Малдыбай, сен не айтып тұрсың? Сонда мені осылай, Балзия арқылы бопсаламақсың ба? Олай етпе, Малдыбай. Жалынамын, бұл ойыңнан қайт.

Малдыбай: Ха-ха-ха! Жалынамын дейсің бе? Сен жалынба, Бектемір. Бар болғаны мына қағазға қол қоя сал. Сонымен болды. (Столдан қағаз алып, алдына тосады).

Бектемір: Қол қой дейсің бе? Қол қойсам, сен Балзияға еш жамандық жасамайсың ғой?    Малдыбай: Сөз беремін. Қағазға қол қойсаң, бәрі де жақсы болатынына сөз беремін.

Бектемір: Мен әуелі бір Құдайға сенемін. Әкел қағазыңды.

Малдыбай: Міне, енді дұрыс болды. (Бектемірге қағаз бен ручка, сиясауыт береді).

Бектемір: Істемеген нәрсемді істедім деп қол қойып жатырмын. Құдайым, өзің жар бола гөр. (Малдыбай берген қағазға қол қояды).

Малдыбай: Ертерек осылай етуің керек еді. (Бектемірдің қолынан қағазды жұлып алып, құлаштап жағынан соғып жібереді).

Бектемір (құлап түсіп, қайтадан орындыққа отырады) Бұл не істегенің, Малдыбай? Уәде-Құдай аты деген емес пе? Мен қол қойдым ғой. Енді Балзияны жайына жібер.

Малдыбай: Енді олай ете алмайтын шығармын.

Бектемір: Неге? Неге олай ете алмайсың?

 Малдыбай: Неге олай ете алмайсың дейсің бе? Сен менің досымсың ғой. Енді жасырмай айтайын. Мектепте жүргенде Балзияға менің де көзім түсіп, соңынан біраз салпақтағанымды жақсы білесің ғой. Бірақ, ол мені көзіне де ілместен сені таңдады. Бұған қатты қапаландым, намыстандым  да. Кейін де оны сенен айырып, өзіме қаратудың да түрлі жолдарын ойластырдым. Бірақ, екеуіңді ажырату қолымнан келмеді. Ақыры, міне, бәрінің орайы келіп, сені тұзағыма түсірдім. Сені тұзағыма түсіріп едім, оның өзі алдыма келіп топ ете қалды. Ал, енді басың бар болса, өзің ойлашы. Аузыма өзі келіп түсіп тұрған жемімнен қалай айрылмақпын? Оның үстіне, «Тірі жүрсем сені қолыма бір түсірермін» деп оған берген сертім бар еді.

Бектемір(бұлқына) Ах, оңбаған! Жауыз! Нағыз сұмырай екенсің ғой. Сендей намыссыз, мейірімсіз, екіжүзді малғұнның сөзіне қалай сеніп қалдым екен?

Малдыбай: О-о-оу, сен еркек демей, әйел демей бәрін аузына қаратқан, ақылы көркіне сай бекзат жігіт-Бектемір емес пе ең? Енді неге әйелше бақырып-шақырып жатырсың? Күзетші, тұтқынды алып кет. (Сарбаз айғайлап жатқан Бектемірді алып кетеді). Айғайла, айғайла. Енді айғайыңнан ешнәрсе шықпайды. (Орнына отырып, қолындағы қағазға қарап) Тә-ә-к, сонымен бұл іс ойдағыдай бітті.     (Әндетіп жүріп сейіфтен папка алып, ішіне қолындағы қағазды қыстырып, қайта сейіфке салады. Орнына отырып). Енді, күні-түні жаныма маза бермей қинаған Балзия сұлуды қалай күтіп алудың жолын ойластыруым керек.

Сарбаз кіреді.

Сарбаз: Кешегі әйел.. яғни, жаңағы тұтқынның әйелі баласымен келіп тұр. Сіз шақырған екенсіз.

Малдыбай: Кірсін. (Сарбаз шығып кетіп, Жақсылықты жетелеген Балзия кіреді). Кел-кел, Балзия, жоғары шық. (Орнынан тұрып алдындағы орындықты нұсқайды).

Балзия: Жоғары шығатын бұл менің әкемнің үйі ме еді? Айтарыңды айта бер.

Малдыбай: Балзия, бұлай болмайды. Тәртіп солай.

Балзия: Тәртіп солай болса, отырайын. (Орындыққа отырады) Ал, енді айта бер.

Малдыбай: Айтқанда.. сол.. жігіттер Бектемірге кінәсін мойындатып, қағазға күштеп қол қойдырмақшы. Мен әзірше оларды тоқтатып, сені күтіп отырмын. Өзің де білесің, егер ол қағазға қол қойса, итжеккенге айдалады, ол ол ма, атылуы да мүмкін. Соны өзіңмен..

Балзия (үрейлене) Атылуы да мүмкін!? Жо-жоқ, олай етуіне жол бере көрме. Ол сенің қолыңнан келеді ғой.

Малдыбай: Әрине, Балзия, менің қолымнан бәрі келеді. Егер, сен менің тілегімді орындасаң яғни өзіңе деген ынтығымды, құмарымды басар болсаң, мен де сенің бар тілегіңді орындаймын.

Балзия (Жақсылықты мегзеп) Малдыбай, ессіз сәби болса да тыңдайтын құлағы мен көретін көзі бар екенін ұмытпа. Бір үзім нан беріп қойсаң, соған да біраз алданар еді ғой..

Малдыбай: Ия-ия, дұрыс айтасың, Балзия. (Айғайлайды) Күзетші. (Сарбаз кіреді). Мына балаға нан мен бір түйір қант әкеп бер. (Сарбаз шығып кетіп, Жақсылыққа нан мен қант әкеліп береді. Жақсылық аң-таң болып тұрып қалады) Күзетші, сен боссың. (Сарбаз шығып кетеді. Жақсылыққа) Жақсылық, сен анау бөлмеге барып наныңды жей ғой. (Жақсылық келесі бөлмеге кіріп кетеді). Ал, Балзия, сонымен сен не дейсің?

Балзия: Мен не дей аламын? Бірнәрсе дейтіндей  қандай шамам бар? Бір кездегі жайқаңдаған сұлу Балзия емес, аштық жеңіп, қу терісі сүйегіне жабысқан  әруақ  Балзиядан қандай тоят алмақсың? Өзің айтшы, мен қазір біреуге тоят беретіндей хәлдемін бе?

Малдыбай: Жоқ, Балзия, бүйтіп менің аяушылық сезімімді де, жиіркеніш сезімімді де тудыра алмайсың. Есіңде ме, жақында ғана маған айтқан сөзің. «Тірі тұрғанымда сен секілді сілімтікке ақ төсім түгіл етегімді де бастырмаспын» деп едің ғой. Сонда, «Тірі жүрсем, сені қолыма бір түсірермін» деп менің де серт бергенім есіңде шығар?

Балзия: Сонда, сен соған бола, менен өш алу үшін ғана Бектемірді түрмеге жаптың ба? Нағыз сұмырай, жауыздың өзі екенсің. Досын сатқан намыссыз, мейірімсіз, екіжүзді сендей малғұнға енді тәнімді ұстатпақ түгіл тырнағымның  ұшын да ұстатпаспын. (Ашуланып орнынан тұрып кетеді).

Малдыбай: Күзетші, тұтқынды алып кел. (Сарбаз бет-ауызы қан, басы салбырап кеткен, есі кіреслі-шығасылы Бектемірді алып келеді).

Балзия: Бектемір! Жақсылықтың әкесі-ау! Мына жауыздар саған не істеген? (Бектемірді құшақтай алады). Әкесі, Жақсылықтың әкесі, енді бәрі де жақсы болады. Бұдан былай сені бүйтіп қинамайтын болады. (Бектемір басын әрең көтеріп бір нәрсе айтпақ болғанмен, дауысы шықпайды). Не дейсің? Түсінбедім. Жарайды, сөйлеймін деп өзіңді қинама. Айттым ғой, енді бәрі жақсы болады. (Бектемір «олай етпе» дегендей басын шайқай береді).

Малдыбай: Күзетші, тұтқынды алып кет. (Сарбаз Бектемірді алып кетеді. Балзияға) Көрдің ғой, енді тағы бір қысып жіберсе, өзі-ақ қол қояды. Ал, ары қарата не болатынын өзің де жақсы білесің.

Балзия: Жо-жоқ, Малдыбай, олай ете көрме, жалынамын.

Малдыбай: Олай болса, өз шешіміңді айт.

Балзия (сәл ойланып) Маған сәл уақыт бер. Ойланайын.

Малдыбай: Жарайды, Балзия, ойлан. Мен сәлден кейін келемін. (Шығып кетеді).

Балзия (кіжіне күбірлеп) Ия, Малдыбай, бүгін сен жеңдім деп мәз болып тұрсың. Бірақ, мен де оңайлықпен жеңіле қоймаспын. (Қойнынан пышақ суырып алады) Мына пышақты қап-қара жүрегіңе салмасам, Балзия атым өшсін. (Ойланып) Бірақ, оны өлтірсем, Бектемір қайтіп ақталмақ? Жақсылығымның жайы не болмақ? Жоқ, қара басымды сақтап қалу үшін оларды құрбан ете алмаймын. Бектемірім үшін арым түгіл жаным садаға. Азар болса, бір рет өмірімде қөрмеген  жиіркенішті сәтті бастан кешермін. Тек, Жақсылықтың әкесі түрмеден босап шықса болды. Бірақ, есіңде болсын, Малдыбай, мен мұның қарымтасын ерте ме, кеш пе, еселеп қайтаратын боламын. (Пышақты қойнына салып, ойланып қалады. Сәлден соң көңілдене) Айтпақшы, осылай етсем қайтеді? Кім біледі, біреуі болмаса, біреуі.. Жақсылық, балам.. (Жақсылық кірген бөлмеге кіріп кетіп әлден соң барып шығады).

Малдыбай кіреді.

Малдыбай: Сонымен ойландың ба?

Балзия: Ойландым. Мен келісемін. Тек екі шартымды орындасаң ғана.

Малдыбай: Шарт? Сен маған шарт қоймақсың ба? (Күледі). Жарайды, ол қандай шарт?

Балзия: Айуандық тірлікке барайық деп отырсақ та, адам деген атымыз бар емес пе? Күзетшің мен балам сыртқа шығып кетсін.

Малдыбай: Бұл шартыңды қуана-қуана орындаймын. Екінші шартыңды айт.

Балзия: Бұл лас әрекетіміз жайлы Бектемір білмейтін болсын.

Малдыбай: Бұл шартыңды да қуана-қуана орындаймын. Олай болса.. (Айғайлайды) Күзетші! (Сарбаз кіреді). Сен барып кешегі жұмыстарыңды бітіре бер. Анау бала есіктің алдында ойнап жүре тұрсын. Тағы да нан мен қант беріп кет. Бара бер. Боссың.

Сарбаз: Құп болады! (Жақсылықты бөлмеден ертіп шыға береді).

Балзия: Балам, өзіңе абай бол. Алысқа кетіп қалма. Жаңағы менің айтқандарымды ұмытпа.

Жақсылық: Ұмытпаймын, апа.

Сарбаз Жақсылықты алып шығып кетеді.

Малдыбай: Балзия, айтқаныңның бәрін орындадым ғой.. Мен есікті.. (Орнынан тұра береді).

Балзия: Жоқ, Малдыбай, сәл қоя тұршы.

Малдыбай: Тағы не ойладың, Балзия? (Отырады).

Балзия: Малдыбай, мен бұл іске Құдай қосқан қосағым Бектемір үшін барайын деп отырмын. Бұдан кейін  тірі жүрдім не, өліп қалдым не, өмірімнің еш мәні болмайтынын білемін. Сондықтан, жаман атқа ілінбей тұрып, кешегі бақытты балалық шағымызды, мектептегі өмірімізді еске түсіріп, өзіңмен біраз әңгімелессем деп едім. Неге екенін білмеймін, ән айтқым да келіп тұр. Сен менің салған әнімді ұнататын едің ғой. Олай болса, сенің ең жақсы көретін әніңді айтып берейін. (Мұңды халық әнін айтады. Малдыбай беріле тыңдап қалған. Ән аяқталады).

Малдыбай (қолын шапалақтап) Керемет! Сол дауысың. Әлі өзгермепті.

Балзия: Рахмет, Малдыбай. Ән айтпағалы, менен ән қалғалы қай заман. Дауысың өзгермепті дейсің. Менде қалғаны да сол дауыс қана емес пе. Шынымен қаласаң, тағы бір ән айтып берейін. (Тағы бір ән айтады).  

Малдыбай: Балзия, рахмет. Әніңді тыңдап бір рахаттанып қалдым. Енді өзіңді құшағыма алып та рахатқа батқым келеді. (Есікті кілттеп келеді).

Балзия (шошына) Мұның не сенің? Біз.. біз әлі әңгімелесеміз деп едік қой.

Малдыбай: Балзия. мен.. мен бұдан әрі күте алмаймын. (Өзін-өзі ұмытып, Балзияның  камзолын шеше бастайды).

Балзия (жаны жоқ адамдай қарсыласпастан сұлқ тұрған күйі көкке қарап күбірлей береді) Құдайым, Өзің кешіре гөр. Құдайым, Өзің жар бола гөр. Құдайым, бір Өзіңнен басқа жәрдемшім де, қорғаушым да жоқ. Өзің көмектесе гөр, Құдайым.

Осы кезде есік қатты қағылып, «Аш есікті! ОГПУ-дың бастығы Байкен Асқарұлы» деген қатал дауыс естіледі.

Малдыбай (үрейі ұша селк ете қалып) Құрыдым. Бұл үлкен бастық. Тез киін. (Балзияға камзолын береді) Жалынамын, бұл жайлы оған айта көрме. (Сасқалақтап біресе төрге, біресе есікке қарай жүгіреді. Сырттағы қатал дауыс тағы естіледі). Енді не қылдым? (Балзияға) Балзияш, сен ештеңе айтпайсың ғой, ия? Менің үстімнен шағым бермейсің ғой, ия? (Сырттағы дауыс тағы естіледі).

Балзия (сұстана) Малдыбай, алдымен есікті аш. Әйтпесе, бастығың одан сайын күдіктенетін болады.

Малдыбай (елпілдеп) Дұрыс айтасың, Балзияш, сен дұрыс айтасың. Тезірек есікті ашайын. (Сүріне-қабына жетіп есікті ашады. Форма киген Бәйкен мәмпәси сорған Жақсылықты жетелеп ішке кіре береді. Саусағын шекесіне апарып). Тобариш Байкен Асқарович.. ой, кешіріңіз, Асқарұлы..

Байкен Асқарұлы (қолын көтеріп, жақтырмай) Жар-райды, Малдыбай.. Сен алдымен мына жерде не болып жатқанын, жұмыс уақтысында есік неге іштен ілулі тұрғанын баянда. Қазақ тіліңде айта беруіңе рұқсат етемін. (Төрдегі орындыққа барып отырады).

Балзия: Құлыным! (Жақсылықты құшақтай алады).

Малдыбай (дауысы дірілдеп) Жолдас Бәйкен Асқарұлы, мен бұл жерде үкімет қамбасынан бидай ұрлағаны үшін тұтқындалған адамның әйелінен жауап алып.. жауап алып..

Бәйкен Асқарұлы: Жауап алып дейсің бе? Сен жауапты осындай ерекше тәсілмен, есікті іштен іліп қойып алатын ба едің?  Бұл жерді кірпік қақпай күзететін күзетшің қайда?

Малдыбай: Ол.. ол бір жұмыспен.. өзінің жұмысымен көрші ауылға..

Бәйкен Асқарұлы: Жетер, Малдыбай Әлжановйч! Сізге отыз минут уақыт беремін. Отыз минуттан соң күзетшіңіз екеуіңіз де менің алдымда болыңыздар. Бір минут кешігер болсаңыз, өзіңізге өзіңіз өкпелеңіз. Барыңыз. Боссыз. Айтпақшы, жаңағы бидай ұрлаған тұтқынның делосын маған беріп кетіңіз.

Малдыбай (күмілжи) Бәйкен Асқарович.. кешіріңіз, Бәйкен Асқарұлы ол.. ол..

Бәйкен Асқарұлы: Малдыбай Әлжанович. Бұл бұйрық. Орындаңыз.

Малдыбай (саусағын шекесіне апарып) Құп болады жолдас.. жолдас.. Мен.. мен.. қазір.. (Сейфті ашып, делоны әкеліп береді). Кетуге рұқсат па, жолдас..

Бәйкен Асқарұлы: Барыңыз. Боссыз.

Малдыбай: Рахмет сізге жолдас.. жолдас.. (Сүріне-қабына шығып кетеді).

Бәйкен Асқарұлы (Балзияға) Қызым, сен мұнда отыр. (Қарсы алдындағы орындықты нұсқайды).

Балзия (үркектеп Жақсылықты құшақтай түсіп) Рахмет, жолдас бастық. Мен осында.. осы жерде-ақ тұра беремін.

Бәйкен Асқарұлы: Қызым, білесің бе? Мені мұнда сенің ұлың Жақсылық батыр ертіп келді. Ол алдымнан шығып машинаны тоқтатпағанда, мен көрші ауылға өтіп кететін едім. «Апамды өлтірейін деп жатыр» деп шырылдағасын, бұрылып осында келдім. Басыңа бір қиындық түскенін біліп отырмын, қызым. Қолымнан келсе, көмек берейін. Бірақ сен ол үшін мына жерге отыр да, болған жайдың бәрін түк қалдырмай айтып бер. Келе ғой қызым. Қорықпа. Сосын мені Бәйкен көке деп атай бер.

Балзия: Сіз мені қызым дедіңіз бе? (Жүзін жас жуып, Жақсылықты жетелеп орындыққа келіп отырады). Бәйкен көке..

Ары қарата дауысы естілмей кетеді. Мұңды музыка фонында жүзін жас жуған Балзия болған оқиғаны ара-тұра қимылмен көрсетіп, жылап айтып жатыр. Көзәйнек киген Бәйкен Асқарұлы алдындағы папкаға салынған қағаздарды шолып, қатулана тыңдап отыр. Балзия әңгімесін аяқтап, үнсіз қалады.

Бәйкен Асқарұлы (басын көтеріп) Иә-ә, қызым, басыңа ауыр іс түскен екен. Айтқаныңның бәрі рас болып, күйеуіңе жала жабылған болса.. (Алдындағы қағазға шұқшиып). Бірақ.. мұнда.. бар кінәсін мойындап оның өзі қол қойыпты ғой..

Балзия (шошына орнынан ұшып тұрып) Жоқ, ол мүмкін емес. Осы жаңа ғана әлгі бастық Малдыбай  күйеуімнің әлі қол қоймағанын айтқан болатын.

Бәйкен Асқарұлы: Білмедім, қызым. Бірақ, мына қағазда күйеуіңнің қолы тұр. Егер, ол қолды күштеусіз, өз еркімен қойған болса, жасыратыны жоқ, онда жағдай өте қиын.

Балзия: Бәйкен көке, енді не болады? Бектемір шынымен де жер аударылып.. ату жазасына кесіліп.. (Жылап жібереді).

Бәйкен Асқарұлы: Неге олай дейсің, қызым? Әліден ондай жаман сөз айтпа. Әйтсе де, сен бәріне дайын болуың керек. Қызым, сен былай істе. Қазір үйіңе қайт. Бұрынғыдай тіршілігіңді жасай бер. Бұл жақтағы істің бәрін қайта тексертуге күш саламын. Рас, жуық арада пенсияға  шығайын деп отырмын, бірақ, мұны аяқсыз қалдырмауға уәде беремін.

Балзия:  Рахмет, Бәйкен көке. Сіз.. сіз болмағанда қайтер едім. (Жылап жібереді).

Бәйкен Асқарұлы (орнынан тұрып) Қызым, өзіңе бекем бол. Ендігі күндерің бүгінгіден де қиындау болуы әбден мүмкін. Сондықтан, осы бастан қиындыққа қарсы тұрып, күресе біл. Қазір Жақсылық батыр екеуіңді менің жүргізушім үйлеріңе жеткізіп салады. Айтпақшы, машинаның ішінде бір қалта талқан бар еді, соны алып қалып талғажу ете тұрыңдар. Ары қарата тағы көре жатармыз. (Орнына отыра беріп қайтадан тұрады) Жоқ, сендерді машинаға өзім мінгізіп жіберейін. (Жақсылыққа) Ал, Жақсылық батыр, кеттік пе? (Жақсылықты қолынан жетелеп шыға береді. Мұндайды күтпеген Балзия көзіне жас алып, жаутаңдай қарап біраз тұрады да,олардың соңынан кетеді).

 

                                   ТӨРТІНШІ  КӨРІНІС

Қос басы. Кешкі мезгіл. Есепші әйел жұмысшылардың еңбек күніне  қос уыс бидайдан беріп жатыр. Бір әйелден кейін кезек Балзияға келеді. Одан кейін тағы екі әйел тұр.

Есепші әйел (басын көтерместен жазу жазып жатып) Кім?

Балзия: Мен Жақсылықтың шешесі- Балзиямын.

Есепші әйел (жақтырмай жалт қарап) Балзия болсаң не қылайын. Балзиямын дейді. Халық жауының қатыны..

Балзия: Менің күйеуім халық жауы емес. Оны жала жауып, нахақтан-нахақ соттады. Ол.. ол әлі-ақ ақталып шығады.

Есепші әйел: Ақталып шығады? Армандаған екенсің. (Күледі. Басқа әйелдер де қосыла күледі). Нәшәндік қайнымның қолына түскен адамның қайтып үйіне оралғанын көрмеппін. Сенің байың да солардың кебін киеді. Енді басым бос деп есептей бер. Ертерек менің нәшәндік қайныма тиіп ал. Сенің басың бос, ал, оның қатыны жоқ.

Балзия: Мен ертерек қайтуым керек. Еңбек күнімді беріңіз.

Есепші әйел: Әлі де ойлан. Қайыным анау-мынау әйелге көз сала бермейді. Өзі келіп тұрған бақты басқа теуіп, қайынымның меселін қайтарма. Дайын үй. Салулы төсек. Ешқандай қор болмайсың.

Бірінші әйел: Шіркін-ай, маған айтса  ғой, етегінен ұстап айрылмас едім.

Екінші әйел: Ей, кеуіп қалған қара қайыстай сені не қылсын. Сендейлер толып жатқан жоқ па?

Бірінші әйел (Балзияны мегзеп) Ал, мынау ше? Мұның менен қай жері артық. Рас, аздап ақтау шығар, бірақ еті сүйегіне жабысқан тірі әруақтың өзі емес пе? Бұл қатынның қай жеріне қызығып жүр?

Есепші әйел: Әй, жетер! Менің қайыным сендер секілді бойынан тілі ұзын қатпа қара қатындарды не қылады. (Балзияға) Ал, Балзия, саған айтарым, әлі де ойлан. Алтын басты еркектің көңілін қалдырма. Ішкенің алдыңда, ішпегенің жаныңда, үлде мен бүлдеге оранып, төрде отыратын боласың.

Балзия: Мен бұл жерге бай іздеп келген жоқпын, адал маңдай тер-еңбеккүнімді алайын деп кедім. Ал, бір әйелдің түбіне жеткен алтын басты қайының екінші әйелдің де маңдайын шылқ еткізе қоймас. Мен некесі қиылған, өзінің некелі жарын күтіп жүрген әйелмін. Сондай-ақ, күйеуімнің ерте ме, кеш пе, үйге аман-есен оралатынына да сенімдімін. Ал, Малдыбай қайныңның жайын қатты ойласаң, оған өзің тиіп ал. Саудырап тұрған кәрі де емессің, басың да бос.

Есепші әйел: Ей, мынау халық жауының қатыны қайтеді-ей. Сен тіпті тілің сүйреңдеп маған ақыл айтатын болғансың ба? Мен саған бұл күніңді көп қылайын. (Ұрмақ болып көтерген қолын Балзия ұстап қалады).

Балзия: Мен сенен бар болғаны еңбеккүнімді ғана сұрап тұрмын ғой.

Есепші әйел: Еңбеккүн, еңбеккүн деп қақылдап қоймадың ғой. Ал, ендеше, сол  еңбеккүніңді. (Қос уыс бидайды бере беріп, жерге шашып жібереді).

Балзия есепші әйелдің бетіне қатулана қарап бас салып жұлыса кетеді де, қос қолдап мойнынан қылқындыра бастайды.

Есепші әйел (қырылдай, бірінші, екінші әйелге) Әй, сен екі қатын неғып тұрсыңдар маған көмектеспей. Ертең нәшәндік қайыныма айтып екеуіңді де жер аудартпасам..

Бірінші әйел (шошып) Не дейді? Жер аудартам дей ме?

Екінші әйел: Ия, солай дейді. Ол дүлей қайнысы мұны істеуден де тайынбайды.

Бірінші әйел: Қой, құрысын. Істе дегенін істейік. Ертең бәлеге қалармыз. (Екеуі Балзияға жабылып, оны жерге құлатып, жұлмалай бастайды).

Есепші әйел: Енді көрген шығарсың, маған қарсы келгендердің күні осындай болады. Бұдан былай менімен байқап сөйлес, шырағым.

Балзия бар күшін салып, екі әйелді екі жаққа құлатып салады. Тағы ұмтылғанда екі әйел қаша жөнеледі. Балзия енді қатулана есепші әйелге жақындай береді.

Есепші әйел (қорқып, жаны шыға бажылдап) Әй, сен.. сен мемлекеттің мүлкіне қол сала алмайсың. Сотталып кетесің. Қарауыл, күзетші, қайдасың? Мынау әйел мені өлтірейін деп жатыр.

Балзия есепші әйелге мысқылдай қарап тұрады да, қолын бір сілтеп, жерге шашылған бидайды топырағын үріп, тере бастайды.

Есепші әйел: О, сорлы қатын, итше ырылдап, қаппақ болып ең, ақырында тауық болып дән теріп кеттің бе? (Күледі. Жанына келген екі әйел де қосыла күледі).

Осы кезде «Сүйінші, Балзия, келін, сүйінші» деген дауыс шығып, далбырақтай жүгіріп кейуана келеді.

Кейуана (ентіге) Ту, әрең жеттім-ау. Балзия келін, сүйінші. Бектемір ақталыпты.

Есепші әйел, бірінші, екінші әйел (таңдана) Не, дейді?

Балзия (сенер-сенбесін білмей орнынан тұра береді) Апа, сіз не дедіңіз? Жақсылықтың әкесі ақталыпы дейсіз бе? Оны кім айтты? Кімнен естідіңіз?

Кейуана: Әлгі көрші құрдасымның аузынан естідім. Кеше қаладан бір уәкіл келіп жиналыс жасаған  екен. Өзі жасы келген иманды кісі дейді. Сол айтыпты. Алла бұйыртса, бір-екі айда келіп те қалады депті.

Балзия (кейуананы құшақтай алып, жылап жібереді). Рахмет, апа, сізге. Сіз.. сіз..

Кейуана: Қой, жылағаны несі? Қайта қуанбайсың ба?

Балзия: Апа-ау, бұл.. бұл қуаныштан жылағаным ғой. Бірақ.. бірақ сүйінші хабар жеткізгеніңіз үшін сізге беретін де еш нәрсем жоқ боп..

Кейуана: Құдай-ау, соны да.. Алдымен Бектемір аман есен елге келсін. Өздерің ес жиып  алыңдар. Сосын сүйіншімді сұрап өзім-ақ барам үйлеріңе.

Есепші әйел: О-о, сорым! Мына екеуінің қиялға беріліп тұрыстарын-ай, ә. Әй, сендер сол айтқанға шынымен де сеніп тұрсыңдар ма? Малдыбай қайыным тірі тұрғанда Бектемірдің елге оралмайтынын өздерің де жақсы білесіңдер ғой.

Бірінші, екінші әйел: Ия-ия, ол.. ол мүмкін емес.

Кейуана (есепші әйелге) Әй, келін, анаңмен жасты маған сен деп айтатындай сен кім едің? Ана Малдыбайдың арқасында мұрныңа есекқұрт түсіп, ерсілі-қарсылы сөйлейтін дәрежеге жетіп қалған екенсің. Ендеше, тыңда, мұрныңдағы есекқұрт жерге түссін. Өліп кетсең де Бектемірдің ақталғаны рас. Ал, сенің сүйікті қайның Малдыбай өтірік жала жауып, соттатқаны үшін тергеуге алыныпты.

Есепші әйел (таңдана, үрейлене) Тергеуге алыныпты?! Әй, сен.. сен не деп тұрсың? Қазір, мен сенің тіліңді.. (Кейуанаға ұмтылыды)

Кейуана: Не естісең, сол. Мен сенен қорқады дейсің бе? (Ұмтыла береді).

Балзия (кейуананы ұстап, жібермей) Апа, не қыласыз? Керегі жоқ. Ол Майлыбайдың тастаған сүйегін кемірген иті, қалған екеуі сол иттің құйрығы емес пе. «Дүние кезек» деген. Қожайындары тергеуге алынса, бұлардың жағдайы да мәз бола қоймас. Жүріңіз, апа, кетейік. Мен тезірек барып баламды қуантайын. (Кейуананы жетелеп кете барады).

Кейуанаға ұмтылған күйі тұрып қалған есепші әйел не істерін білмей, қыбыжықтай береді. Оған қарап мысқылдай күліп, күбірлескен бірінші, екінші әйел сәлден кейін жылыстай жөнеледі.

 

                                 БЕСІНШІ  КӨРІНІС

Арада бір жылдай уақыт өткен. Екінші көріністегі Бектемірдің лашығы. Кешкі мезгіл. Аштықтан бұралған кішкентай Жақсылық ұйықтап жатыр. Ұйқысырап «нан, нан, қарным ашты» деп қояды. Аштық жеңген Балзия сүйретіле әрең тұрып, бір тостақ су мен сынық ағаш қасық әкеледі. Жастықтың астынан шүберекке оралған қолдың басындай ғана қатып қалған нан алып, әзер дегенде бөліп, жартысын суға салады. Ұшып кеткен екі-үш түйір үгінді теріп алып, аузына апара бере қайтадан тостаққа салады. Тостақтағы нанды сумен араластырып, қасықты  жалайды да, асыға тостаққа сала бере тоқтайды.

Балзия: Жоқ, мен Жақсылығыма тиеслі асқа қол салмауым керек. Мен аштан өлсем өлейін, Бектемірдің жалғыз тұяғы-Жақсылығым қалай да аман қалу керек. (Қалған нанды бір-екі рет иіскеп, шүберекке орап орнына қояды).

Жақсылық (оянып, басын көтеріп) Апа, нанның иісі шығып кетті ғой. Нан берші.

Балзия: Ия, балам, жақсылап тұрып суға нан шылап қойдым. Мә, жеп тойып ал. (Тостақты алдына қояды).

Жақсылық: Ту-у, апа, тағы да су қосып жібердіңіз бе? Менің тісім өтеді ғой.

Балзия: Балам-ау, сенің тісің өткір екенін білем ғой. Кішкене болса да қарның томпайсын дегенім ғой. Ас болсын, жақсылап жеп ал.

Жақсылық: Апа, өзіңіз де жесеңізші. Екеумізге де жетеді ғой.

Балзия: Пейіліңнен айналайын, сенің. Мен.. мен осы жаңа ғана тамақ жеп алдым. Өзің жей бер, балам.

Жақсылық: Мақұл, апа. (Қасықпен тамақ жей бастайды. Балзия оған қарап тамсанып, жұтынып отырады да, орнынан тұра береді).

Балзия: Мен қазір келемін. Сен тамағыңды жей бер. (Сүйретіле шығып кетеді. Жақсылық дереу кесе әкеліп, қалған тамақты соған салып, тығып қояды да, теріс бұрылып жата кетеді).

Балзия кіреді.

Балзия: Құлыным-ау, сол, тойған қозыдай томпиып жатысыңнан айналайын сенің. (Асыға  шетке таман шығып қасық пен тостақты жалай бастайды).

Жақсылық (басын көтеріп) Апа, келдіңіз бе? Көкемнен әлі хабар жоқ па?

Балзия (дереу тостақты ары қойып) Әзірге хабар жоқ, балам. Бір-екі ай деп еді, үшінші  айға қарай кетіп бара жатыр. Тек аман болсын, көп ұзамай келіп те қалатын шығар. Тек.. тек сол күнге.. (Күрсініп салады).

Жақсылық: Апа, не болды? Күрсінгеніңіз не? Әкемнің келетініне қуанбайсыз ба?

Балзия: Қуанам ғой, балам-ау. Неге қуанбайын? Тек.. тек күннен-күнге азығымыз таусылып барады. Менің де денсаулығым мәз емес. Мені қойшы, аз ба, көп пе, Құдайдың берген өмірін сүрдім ғой.. ал, сен.. сен не жақсылық көрдің? Шыр етіп өмірге келгеннен көргенің тек жоқшылық пен аштық қана. Ең болмағанда, сені.. сені аман-есен әкеңнің қолына тапсырып кетсем.. Күні-түні ойлайтыным да, уайымдайтыным да, осы ғана.

Жақсылық: Қорықпаңыз, апа. Әкем айтқандай мен үлкен жігіт болдым ғой. Сізді де, өзімді де аштан өлтірмеймін. Әкем келеді. Көресіз ғой, әкем ертең-ақ келіп қалады.

Балзия: Айтқаның келсін, айналайын. Айтқаның келсін. Бала періште деген, Алла аузыңа салған шығар. (Жақсылықты құшақтап жылап жібереді).

Жақсылық: Апа, жыламаңыз. Айттым ғой, әкем келеді.

Балзия: Айтқаның келсін, айналайын. Айтқаның келсін. Дегенмен «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, мен олай-бұлай болып кетсем, бас жағымда тұрған кішкентай нанды талғажу етерсің. Сосын.. сосын баяғы әкең бидай көмген жыра-сайда долана бар деп естідім. Аш адамға ол да тамақ қой. Балам, енді ұйықтайық. «Таңғы ас Тәңірден» деген. Таңды бірнәрсе ғып аман-есен атырсақ, ары қарата тағы бір жөні болар. (Жанына  жатқан Жақсылықтың үстін жауып, өзі де қисая кетеді. Сәлден соң Жақсылық ұйықтап қалады. Біраз дөңбекшіп жатады да сүйретіле тұрып, бас жағындағы нанды алып аузына жақындата береді де, тоқтайды) Жоқ, мен Жақсылығыма тиеслі асқа қол салмауым керек. Мен аштан өлсем өлейін, Бектемірдің жалғыз тұяғы-Жақсылығым қалай да аман қалу керек. (Нанды бір-екі рет иіскеп, шүберекке орап орнына қояды да, біраздан соң бір жағына қисайып құлай береді).

Сахна қараңғыланып кетеді де әлден соң барып таң атқанын білдіргендей жарықтанады. Жақсылық оянып Балзияның жүзіне үңіледі.

Жақсылық: Апам бұл кезде тұрып кететін еді. Кеше де тамақ жеп алдым деп өтірік алдады. Әлде.. әлде апам.. (Алақанын Балзияның маңдайына басып) Ту-у, ыстық қой.. Сонда.. сонда.. (Үрейлене айғайлап, Балзияны жұлқылай береді) Апа! Тұрыңыз. Тұрыңыз, апа. (Балзия көзін әрең ашып тамсана береді). Қазір, қазір, апа. (Тез барып, өзі қойған бұрынғы кесені әкеліп, қасықпен Балзияға тамақ береді. Әдепкіде шашалып қалған ол сәлден кейін еркін жұта бастайды). Жеп алыңыз, апа. Тауысып қойыңыз. Мен сізге тағы да тамақ істеп беремін.

Балзия (әрең тілге келіп, сыбырлай сөйлеп) Жетеді, балам, тойдым. Өзің неге ішпегенсің? Бұл сенің тамағың ғой? Енді бұлай етпе. Менің ұйқым келіп тұр. Сәл ұйықтап алайын, сосын тұрамын.

Жақсылық: Жарайды, апа. Ұйықтап алыңыз. Мен сіздің жаныңызда боламын. (Балзияның үстін жауып, бетіне қарап отырады. Маңдайын ұстап көреді). Ыстығы басылайын деген секілді. (Қолын жайып) Е, Құдайым, апамды өлтіре көрме. Апам өліп қалса, әкеме не деймін?(Балзияны құшақтап жатады да, сәлден соң қалжырап ұйықтап кетеді).

Көп өтпей үстіне ескі кастюм-шалбар киген Бектемір келеді.

Бектемір (құшақтасып жатқан ана мен баласын көріп, мейірлене) Аман екенсіңдер ғой! Шүкір! Тәубе! Екеуің де.. екеуің де аман екенсіңдер ғой. Құлыным.. (Жақсылықтың бетінен сүйе бергенде, ол оянып кетеді).

Жақсылық (ұйқысын ашып) Әке!? Әке бұл сіз бе? Әкешім! Мен сіздің келетініңізді білгем. (Бектемірді құшақтай алады) Апа, апа, тұрыңыз. Әкем келді.

Балзия (көзін ашып, басын көтере алмай әрең сөйлеп) Жақсылықтың әкесі, аман-есен келдің бе?

Бектемір: Балзия, Балзияш, саған не болған? Сен.. сен ауырып қалғансың  ба? (Балзияның қолынан ұстайды). Денесі от боп күйіп тұр ғой. Жақсылық, балам, анаң.. анаңа не болған?

Жақсылық: Әке, апам 2-3 күннен бері тамақ ішкен жоқ. Сен қалай да аман қалуың керек деп барлық тамақты менің аузыма тықпалап, өзі..

Бектемір: Балзияш-ау, неге өйттің? Неге бұлай істедің? (Ойланып) Айтпақшы.. Мен қазір.. (Қалтасынан дәрі алып) Балам, су мен қасық әкелші. (Жақсылық әкелген қасыққа су құйып, дәріні езіп, Балзияның аузына құяды). Қорықпа, балам. Анаң көп ұзамай жақсы болып кетеді. Бұл дәріні Бәйкен көке берді. Өте жақсы дәрі. Қазір өзіне-өзі келгесін анаң жақсылап тұрып тамақ ішу керек.

Жақсылық: Тамақ дейсіз бе? Тамақ табылады, әке. Нан бар. (Елпілдей бұрынғы нанды алып, Бектемірге береді).

Бектемір: Нан дейсің бе? Мен қазір.. (Тұрып кетіп, сәлден соң тостақпен тамақ әкеледі).

Жақсылық (мойнын соза тамсанып) Әке, мынау талқан ғой. Бірақ, иісі тіптен басқаша екен. Дәмі де басқа шығар?

Бектемір: Дәмі дейсің бе? Кәне, өзің татып көрші. (Жақсылыққа бір қасық ұрттатады).

Жақсылық (таңдайын тақылдата, тамсанып) Ым-м, тәтті екен. Еттің дәмі шығады.

Бектемір (күліп) Дәл таптың, балам. Бірақ, ет емес, малдың майына шыланған талқан. Бәйкен көке беріп жіберді. Қазір, анаңа тамақ беріп алайын, сонан соң сен де талқанға тоясың. (Алақанын Балзияның маңдайына басып) О-о, міне, апаң да жақсы болып қалыпты. Терлеп жатыр екен. Бұл өте жақсы. (Қалтасынан беторамал алып Балзияның маңдайын сүртіп, қолынан ұстап) Балзия, көзіңді ашшы. Кішкене дұрысталайын дедің бе?

Балзия (көзін ашып) Жақсылықтың әкесі.. (Басын көтеріп, орнынан тұрмақ  болады).

Бектемір: Жо-жоқ, Балзия, саған әзір тұруға болмайды. Өте әлсізсің. Алдымен тамақтанып ал. (Балзияның басын сүйеп, қасықпен тамақ береді. Сәлден соң тоқтатып) Әзірге осы да жетеді.

Балзия (күліп, Бектемірдің қолынан ұстай алып, тоймағанын білдіре, тамсанып) Жақсылықтың әкесі-ау, тамағымнан өтпей жатып ала қашқаның қалай?

Бектемір: Балзияш-ау, сенен аяп не қылайын. Аш өзегіңе түсіп кетпесін деп жатқаным ғой. Құдайға шүкір, тамақ жетеді.

Балзия: Ішіме кішкене ел қонғасын, әзілдеп жатқан түрім ғой. Бірақ, сен қанша тамақ берсең де, аш өзегіме түсе қоймас. Құлыным аузынан жырып беріп, анасын кеше кешке-ақ тойдырып қойған. (Мейірлене Жақсылықты құшақтайды).

Бектемір: А, солай ма балам? Сонда, бұл шешең үндеместен сенің берген тамағыңды да, менің берген тамағымды да жеп алғаны ма? Қап, мұны білгенде.. (Күледі).

Балзия (күліп) Әзілдеп айтсаң да, шындап айтсаң да сол. Құлынымның тамаққа тойғызғаны рас. Мен өзімнен аяп балам ішіп-жесін деп жүрсем, бұл түртпестен маған сақтап қойыпты. Егер, сол тамақты ішпегенде, сен әкелген тамақты ішер-ішпесім неғайбыл еді.

Бектемір (толқи Жақсылықты құшақтап) Балам, саған рахмет. Мен жоқта анаңа қамқор, сүйеу болғаның үшін рахмет! Сендей ұл берген Жаратқанға мың алғыс!

Жақсылық: Көке, мен үлкен жігіт болдым ғой. Өзіңіз айтқан жоқсыз ба, «Үлкен жігіт бар қиындықты жеңеді» деп.

Бектемір: Расында, менің Жақсылығым үлкен жігіт болып қалыпты ғой. Қалай байқамағам?

Балзия: Құдайға тәубе. Құлыным үлкен жігіт болды ғой. Осы еркелегенім де жетер. Мен тұрып шай қояйын. (Орнынан тұра береді).

Бектемір: Балзия, мұның не сенің? Сәл жата тұрсаңшы.

Балзия: Жақсымын. Шүкір, жақсы болып қалдым. Сәл демеп жіберші.

Бектемір: Ой-й-й, Балзия-ай, сенің осындайың жаман да. (Демеп, Балзияны тұрғызады).Тек, абайла. Басың айналып құлап қалып жүрме.

Жақсылық: Апа, шайды өзім қоямын. Мен үлкен жігіт болдым ғой.

Балзия: Жігіт болғаныңнан айналдым сенің, құлыным. Бірақ, әкеңе шайды өзім қойып беремін. Сонша жерден арып-ашып әрең жеткен еріме бір шәйнек шай қайнатып бере алмасам, кім болғаным?

Бектемір (күліп) Бұл енді алған бетінен қайтпайды. Жарайды, сен шайыңды қоя бер, ал, балам, сен дастархан жай. Ал, мен..  (Қалта әкеліп, ішінен нан мен тәттілер алып дастарханға қояды).

Жақсылық: Алақай, кәмпит! Көп кәмпит! Көке, бір кәмпит алсам бола ма?

Бектемір: О не дегенің, ұлым? Қалаған тәттіңді ал.

Жақсылық: Рахмет, көке. (Дастарханнан бір кәмпит алып аузына салады) Ым-м, тәтті екен. Апа, сіз де жеп көріңізші. Тәт-ті! (Тағы бір кәмпит алып Балзияға береді) Апа, мен далаға шығып ойнап келемін. Кеттім. (Асыға шығып кетеді).

Балзия: (кәмпитті камзолының қалтасына салып) Жақсылықтың әкесі-ау, сен.. сен  қаладағы дүкеннің бірін көшіріп әкелгеннен саумысың?

Бектемір: Солай десе де болады. Мұның бәрін Бәйкен көке бір дүкеннен сатып алып беріп жіберді.

Балзия: (көңілі босап) Бәйкен көке дейсің бе? Өзінің денсаулығы қалай екен?

Бектемір: Денсаулығы жақсы. Жақсылық екеуіңе дұғай-дұғай сәлем айтты.

Балзия: Саламат болсын. Ол кісі әкемізден артық жақсылық жасады ғой.

Бектемір: Ия, менің кесілген мерзімімнен бұрын ақталып шыққаным да сол кісінің арқасы. Осы жолы ол маған жұмыс тауып беретінін де айтты.

Балзия: Ия, Құдай деген өте жақсы кісі. Құдайым ол кісіні жамандығынан сақтасын. Қой, мен шайымды қойып келейін. Сосын жақсылап тұрып әңгімелесерміз. (Кете береді).

Бектемір: Балзия! Сәл кідірші. (Балзияға жақындап қолынан ұстайды).

Балзия: Не болды Жақсылықтың әкесі?

Бектемір: Балзия, мен сені қатты сағындым. Қаладан шыққаннан арманым-өзіңді құшағыма қысып, бір сүю ғана болды. Құдайға шүкір, ол тілегіме де жеттім. (Құшақтап бауырына қыса түседі).

Балзия (қарсылық білдірмей, наздана) Жақсылықтың әкесі-ау, балаң келіп қалса қайтесің?

Бектемір: Келе берсін. Кім келсе ол келсін. Ал, мен қолым әрең жеткенде, сенен енді  айырыла қоймаспын.

Осы кезде жанында мылтық асынған сарбазы бар Малдыбай кіріп келеді.

Малдыбай: Пәллі, екі ғашықтың тұрысын қара.

Балзия (таңдана) Малдыбай?! Бұл сен бе? Сен.. сені.. тергеуде..

Малдыбай: Не, өз көзіңе өзің себей тұрсың ба? Бұл мен. Ә-ә, айтпақшы, сен мені тергеуден қалай тез құтылып кеттің деп таңданып тұрсың ғой? Құтылдым. Енді алдымен сендермен, одан кейін анау сүйеушілерің Бәйкен Асқаровичпен мықтап есеп айырысатын боламын. (Сарбазға) Қашқынды тұтқында.

Сарбаз: Құп болады! (Бектемірдің қолын қайыра бастайды).

Бектемір: Оу, мені не үшін тұтқындайсың? Мен ақталып шықтым ғой.

Малдыбай: Немене? Ақталып шықтым? Сенің ақталып шыққаның туралы маған ешбір құжат келген жоқ. Сен қашқынсың.

Бектемір: А-а, есіме енді түсті. Бәйкен Асқарұлы барған бетте саған бер деп біраз қағаздар беріп еді. Мен.. мен оны ұмытып кетіппін. Ол міне. (Қалтасынан қағаздар алып береді).

Малдыбай (жақтырмай) Бәйкен. Тағы Бәйкен. (Оқып шығып, түрі бұзыла) Ия, құжаттарың бар екен. Бірақ, әлі де анықтауымыз керек. Тәртіп бойынша сен келген бойда бұл құжаттарды маған тапсырып, менің қолым қойылған рұқсат қағазын алуың керек еді. Сен тәртіпті бұздың. Ал, тәртіпті бұзған адам сұрауға алынғаны өз алдына,  жазаға да тартылады.

Бектемір: Нашәндік жолдас, кінәлі екенімді мойындаймын. Кешіріңіз. Бостандыққа шығып, ауылдың қарасын көрген соң қуаныштан есім шығып ұмытып кетіппін. Сен де, мен де бір ауылдың баласы, бір атаның ұрпағы едік қой. Қағазды алдың, енді досыңа бір рет кешірім жасай гөр.

Малдыбай: Жоқ, олай ете алмаймын. Досымсың ба, әлде қашқынсың ба, оны кеңсеге барған соң анықтаймыз. Мыналарды да айғақ ретінде өзімізбен бірге алып кетеміз. (Дастархандағы нан мен тәттілерді қайтадан  қалтаға  сала бастайды).

Балзия: Ей, Малдыбай, осы үйде жылт еткен жақсылықтың нышаны сезілсе болды, сап ете қаласың да ойран-топырын шығарасың. Бүгін міне, барлық жамандықтан құтылдық па деп арқа-жарқа болып жатқанымызда, мылтығыңды шошаңдатып тағы жеттің. Біз саған қандай жамандық жасадық? Бізден қандай жамандық көрдің? Тәттінің не екенін ұмытқалы қашан. Тым болмаса дәмін татайық. Біраз нан мен тәттілер тастап кет.

Малдыбай: Болмайды, әбден тексеріп болған соң қайтарамыз.

Жақсылық кіреді.

Жақсылық: Менің кәмпитім. Кәмпитімді бермеймін. (Малдыбайдың қолына жармасады).

Малдыбай: Мына күшік қайтеді-ей. (Жақсылықты кейін серпіп жібереді).

Жақсылық: Бұл менікі. Кәмпитімді өзіме бер. (Малдыбайдың қолына жармасып, тістеп алады).

Малдыбай: Қап! Мына иттің күшігі ақыры тістеп тынды-ау, ә. (Жақсылықты жұдырықпен ұрады. Жақсылық құлап түсіп, жылап жібереді).   

Балзия: Ей, Малдыбай, жазықсыз баланы неге ұрасың? (Жақсылықты жұбатып, көрші бөлмеге алып кетеді).

Бектемір: Ей, сен менің баламды неге ұрасың? (Қолын қайырып тұрған сарбаздан босап шығып, Малдыбайды жұдырықпен салып жібереді. Құлап түскен оны ұра бастайды). Мә, саған. Мә, саған. (Өзіне жармасқан сарбазды да ұрып жіберіп, алысып жатқанда, Малдыбай тапаншасын суырып алып, аспанға атып-атып жібереді. Бектемір қалт тұрып қалады).

Балзия мен Жақсылық үрейлене атып шығады.

Малдыбай: Жетер, Бектемір. Сен үкімет адамдарына қол көтеріп, ауыр қылмыс жасадың. Енді мен сені аямаймын. Түрмеде шірітемін. (Сарбазға) Қылмыскерді тұтқында. Қолына кісен сал. (Қалтаны алып, Балзия мен Жақсылыққа қарап) Ал, сендермен сонан соң есеп айырысамын. Сен қатынды қатыныма, сен күшікті күшігіме айналдырмасам, Малдыбай атым өшсін. (Сарбазға) Кеттік. Тұтқынды алып жүр.

Балзия (Малдыбайдың қарсы алдына тұрып, қос қолымен бүйрін таянып, зарлана) Ей, Малдыбай, өзіңмен бірге оқыған досың, аталасың Бектемірді қамбадан бидай ұрлады деген жала жауып соттаттың. Хайуаннан да бетер лас әрекетке барып, маған да қол салмақ болдың. Бектемір үкіметтің рұқсатын алып, ақталып келсе де, тағы ілік тауып алып кеткелі отырсың. Бар болғаны, өз кәмпитін бермеймін дегені үшін, әлі ес тоқтатпаған жас баланы соққыға жықтың. Өмірімде бір адамға да ащы тілім тимеген жан едім. Сенен әбден көңілім қалды. Сондықтан, саған қарғыс айтамын. Ұл тумадың деп әйеліңнің түбіне жетіп тынып едің, енді жалғыз қызыңның да қызығын көрме. Өмірден тұяқсыз, зарлап өт. Бізді жылатсаң, сені Құдай жылатсын. Жетер жеріңе жетпей, атыңның аяғы сынып, мойын омыртқаң  үзілсін.

Малдыбай: Ей, сен қатын бәдік ауызданып оттай берме. Құдайың да, қарғысың да мен секілді үкімет адамына түк те істей алмайды. Кеттік. (Сарбаз бен Бектемірді алдына салып шығып кетеді).

Балзия: Астапыралла, астапыралла! Мынау кәпір не дейді? (Тізерлей отыра кетіп, қолын көке жайып) Құдайым, бүгін ашынғаннан ащы дауысым шығып, адамға қарғыс айттым. Жарылқаушым да, сүйенішім де бір Өзің ғана. Жалынамын. Малдыбайға өзің қалаған жазаңды беріп, Бектемірімді аман-есен үйге қайтарып, бала-шағасымен қауыштыра гөр. Өзіңнен бар тілерім осы ғана.

Жақсылық: Апа, Малдыбай көке өте жаман адам, иә?

Балзия: (Жақсылықты құшақтап) Ие, балам-ай, дүние-байлық, билік адамға не істеткізбейді, не айтқызбайды. Пенденің емес, Құдайдың айтқаны болады. Құдай берсін жазасын. Балам, сен барып біраз ойнап келе ғой. (Қалтасындағы бұрынғы кәмпитті береді. Жақсылық Кәмпитті аузына салып, мәз болып шығып кетеді. Дастарханды, үйдің ішін жинастырып жатқанда, Малдыбайды аяқ-қолынан көтеріп  Бектемір мен сарбаз кіре береді. Сұлық жатқан Малдыбайды көріп шошына) Құдайым-ау, мынау не сұмдық?

Бектемір: Үйден шыға бере атының аяғы інге кіріп кетіп, үстінде отырған бұл жерге омақаса құлап, мойыны қайрылып қалды. Әйтеуір жұлыны аман секілді.

Балзия: Құдай-ай, қатты ашынғасын ауыр сөздер айтып жіберіп едім. Өзі былай.. көзін ашып, тілге келді ме? Кішкентай Ұлтусынға қиын болатын болды-ау..

Бектемір: Ия, әдепкіде көзін ашып сөйлеп жатты. Ұлтусынды да маған аманат етіп тапсырып кетті.

Сарбаз: Бектемір аға, мен жаңағы арбаға..

Бектемір: Ия, сен ат арба тауып кел. Тезірек орталық ауруханаға жеткізейік. Сол.. Ақылбек ақсақалдың ат арбасы дұрыс болар. Мен айтты десең береді.

Сарбаз: Жақсы, Бектемір аға. Мен дәл солай істеймін. (Асыға шығып кетеді).

Балзия: Ұлтусынды аманат етті дейсің бе? Сонда.. Сонда Ұлтусын біздің үйде..

Бектемір: Ия, біздің үйде болады. Тек, әкесі аман қалып, тезірек жазылып кетсін деп тілейік. Малдыбайды аман-есен ауруханаға жеткізсем, қайтарда Ұлтусынды ала келермін. Сен үйдің ішін реттестіріп қой. Қанша дегенмен қыз бала емес пе..

Балзия: Оған алаңдама, Жақсылықтың әкесі. Ұлтусын өзіміздің кызымыз емес пе еді. Тек, әкесі кейінгі кезде бізбен қастасып..

Сарбаз кіреді.

Сарбаз: Атарбаны әкелдім, Бектемір аға.

Бектемір: Онда, Малдыбайды арбаға жеткізейік. Балзия, сен де демесіп жібер. Тек, абайлап қимылдаңдар.

Үшеуі жабылып көтеріп, Малдыбайды алып шығып кетеді. Сәлден соң Балзия кіреді.

Балзия (қолын жайып) Құдайым, мен ашумен өте ауыр сөздер айтып қойдым. Мені кешіре гөр. Малдыбайды тірі қалдыра гөр. Үйіне, отбасына аман-есен оралта гөр.

Қолында бұрынғы нан, кәмпит салынған қалта бар, сарбаз кіреді.

Сарбаз: Апай, мынаны ұмытып барады екенмін. Алыңыз.

Балзия: Әй, бұл.. бұл.. мұны Малдыбай факті деп алып кеткен жоқ па еді?

Сарбаз: Енді ол кісі факті емес, жанының аман қалуын ойласын. Сау болыңыз,  апай. (Қалтаны береді де асыға басып шығып кетеді).

Балзия: Сау бол.. (Қалтаға қарап ойланып қалады). Жанының аман қалуын ойласын деді ме? (Бір кәмпит алып, қалтаны столдың үстіне қояды). Жақсылық, балам. (Қуана дауыстап шығып кетеді).

 

                                   АЛТЫНШЫ  КӨРІНІС

Арада біраз уақыт өткен. Түс мезгілі. Бектемірдің үйі. Балзия тостаққа талқан салып, сумен шылап, жайылған дастарханның үстіне қояды. Бір үзім нанды екіге бөліп, оны да қояды. Талқан-аталаға саусағын батырып жалайды да, тағы сала беріп тоқталып қалады.

Балзия (жан-жағына қарап) Құдай-ау, мен не істеп отырмын? Балалардың тамағына қол салғаным не сасқаным? Қанша дегенмен балалар ғой. Тауысуын тауысқанмен, түбіне дейін жалай бермес. (Дауыстайды) Балалар, Жақсылық, Ұлтусын, тамаққа келіңдер.

Жақсылық пен Ұлтусын келеді.

Жақсылық (дастарханды көріп) О-о, нан! Бүгін нан жейміз. (Отыра қалып, дастарханнан нанды алып жей бастайды).

Балзия: Балалар, биыл екеуің де мектепке баратын жасқа жеттіңдер. Соған, арнайы қаладан шығып, балалар жинап жүр екен деп естідім. Интернатта жатып оқиды екенсіңдер. Киімін өздері береді екен. Тамағы да бейпіл дейді.

Ұлтусын: Апа, өзіңіз де отырсаңызшы. Бізбен бірге тамақ жеңіз.

Балзия: Қызым, мен.. мен жеп алдым.. Мен.. мен.. қәзір, су әкелейін. Сендер тамақтарыңды жей беріңдер. (Асығыс шығып кетеді).

Ұлтусын дастарханға отырғанмен, тамаққа қол созбайды.

Жақсылық (тамақ ішіп отырып) Ұлтусын, сен неге тамақ жемей отырсың?

Ұлтусын: Жақсылық, байқайсың ба, апам барлығын біздің ауызымызға тығып, өзі тамақ ішпей жүр. Ал, біз болсақ.. біз болсақ бергенін бергендей қылғытып.. (Үнсіз іштей тығылып қалады).

Жақсылық: Дұрыс айтасың, Ұлтусын. Апамның кейінгі кезде тамақ ішпей жүргенін мен де байқап жүрмін. Бірақ, біз тамағымызды жемей қойсақ, апам бәрібір біліп қояды ғой.

Ұлтусын: Ия, апам бәрібір біліп қояды. (Ойланып) Таптым! Былай істейік. (Жақсылықтың құлағына сыбырлайды). Сонда білмейді.

Жақсылық: Мә-ә, сен мықтысың, Ұлбосын. Мен болсам, тамақ жегеннен басқа ештеңе де ойламаппын. Сонда, тостақтың түбінде тамақ қалдырып қойсақ, апам білмейді ғой, я?

Ұлтусын: Ия. (Жақсылықтың тостағын көріп) Болды, болды. Сен жапырып бара жатырсың ғой, тіптен. Кеттік, енді тез далаға шығып кетейік.

Екеуі шыға бергенде  Балзия келеді.

Балзия: Не болды, балалар? Тамақтарыңды жедіңдер ме? Тойдыңдар ма?

Ұлтусын: Апа, Жақсылық екеуміз де әбден тойдық.  Біз далаға шығып ойнап келеміз. (Жақсылықты жетелеп шығып кетеді).

Балзия: Баламысың деген. Іштеріне кішкене ел қонып еді, шапқылап ойнауға кетті. (Дастарханға отырып, алдына тостақты алады) Мынаны қарасайшы, екеуі тамақтарын да толық тауыспай кетіпті. Тіпті, Ұлтусын нанын да жемепті. (Қасық алып, тостақтың түбіндегі аталаны іше бастайды. Нанды алып, аузына апара беріп) Жоқ, нанды тығып қояйын. Кім біледі. Екі тостақтың түбіндегі атала да жетер. (Екі тостақты да жалап-жұқтап, жинастырып жатқанда, асыға Жақсылық келеді).

Жақсылық (алқына) Апа, машина.. машина келді. Ұлтусын екеумізді қалаға, оқуға алып кетеміз дейді.

Балзия: Не дейді? Келіп те қойды ма? Мен қазір, жолығып келейін. (Шығып кетіп, сәлден соң Ұлтусын екеуі келеді) Қызым, егер барғың келмесе, мәжбүрлей алмаймыз деп тұр ғой. Бөтен ел. Бөтен жер. Жағдайың қалай болады? Соны уайымдап тұрғаным.

Ұлтусын: Апа, уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады. Менің мектепке барғым келеді. Оқығым келеді.

Жақсылық: Менің де мектепке барғым келеді. Мен.. мен де..

Ұлтусын(сөзін бөліп) Жақсылық, жаңа не айтып едім?

Балзия (Жақсылыққа жақтырмай қарап) А-а, сенің де мектепке барғың келе ме?

Жақсылық (Ұлтусынға жалтақтап) Мен.. мен.. жоқ мектепке барғым келмейді. Әшейін, Ұлтусын барам деген соң..

Балзия (риза болып) Бәсе, менің құлыным осылай етсе керек қой. Мені жалғыз тастап кетпейтініңді білгем, құлыным. (Жақсылықты құшақтайды. Ұлтусынға). Ал, қызым, баратын болсаң, сені жолға дайындайын. Жүре ғой. (Көрші бөлмеге кіріп кетіп, Ұлтусынды киіндіріп шығады). Ол жақта абай бол. Сабағыңды жақсы оқы. Мына жарты қалта талқанды жолқапшығыңа салып ал. Қарының ашып калып жүрмесін.

Ұлтусын: Апа, өзіңіз айтқан жоқсыз ба, ол жақта тамақ бейпіл екен деп. Бұл талқан өздеріңізде қала берсін.

Балзия: Қызым-ау, «дейді-дейді» дегенмен де кім біліпті? Бөтен ел, бөтен жер. Ала сал. Артықтық қылмас. Ал, біз елдің ішіндеміз ғой. Өлместің бір күнін көрерміз.

Ұлтусын: Жарайды, апа, мен жолқапшығымды алып шығайын. (Қалтаны алып көрші бөлмеге кіріп кетіп, сәлден соң шығады). Апа, талқанды басқа шүберекке түйіп алып, қалтаны бұрынғы орнына қойдым. Керек кезінде бір пайдаға жаратарсыздар.

Балзия: «Қыз анаға жақын» деген. Кетіп бара жатсаң да біздің жайымызды ойлап алаңдаған көңіліңнен айналайын сенің. Бірақ, қызым, әлі де ойлан. Бұзығы көп қалаға бара жатырсың. Әкең болса ауруханада. Ол жақта саған кім қамқор болады? Жақсылықтың әкесі келген соң өзі-ақ апарып салар еді ғой. Келген соң ол не дейді? Сені бізге аманат етіп тапсырған әкең не дейді?

Ұлтусын: Апа, уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады. Мен.. мен шынымды айтсам, бұрын емін-еркін тамақ жеп жүрген соң ба, бұл үйге әлі үйрене алмай жүрмін. Ал, ол жақта тамақ көп екен деп өзіңіз айттыңыз ғой. Сондықтан сол жаққа барып оқығым келеді.

Балзия (таңдана, тіксіне) Қызым-ау, сонда сен.. сен ол жаққа тамақ.. тамаққа.. Құдай-ау, мен не айтып кеттім. Әрине, қызым, оқығаның дұрыс. Оқысаң ғана адам боласың. Кәне, олай болса шығайық.

Ұлтусын: Апа, не ғой. Мен Жақсылықпен сөйлессем деп едім..

Балзия: Сөйлес, сөйлес, айналайын. Онда мен шыға берейін. (Шығып кетеді).

Ұлтусын (Жақсылыққа) Жақсылық, мен апамды алдадым. Менің оқуға түк те барғым келмейді. Осы үйде, сендердің жандарыңда қалғым келеді.

Жақсылық (қуана) Онда қал. Апам да қайта-қайта қал деп жатыр ғой.

Ұлтусын: Бірақ, Жақсылық, апам айтты ғой, үйде азық таусылуға жақын  деп. Ол үшеумізге қайтіп жетеді? Ал, мен кетсем, бір адам болса да азайып, тамақ.. тамақ.

Жақсылық: Онда, мен де сенімен бірге кетейін де. Сонда, апам мен көкеме  көп тамақ, тіптен көп тамақ қалатын  болады.

Ұлтусын: Жоқ, Жақсылық, бағана да айттым ғой, болмайды. Үйде көкем де жоқ. Апама бас-көз болуың керек. Апам азанда әрең тұрып, әрең қимылдап жүр. Айтқанын істеп, көмектес. Ашқарақтанып тамақты тауысып ішіп қоймай, бағанағыдай түбінде қалдырып отыр. Мен ол жаққа барып, әріп үйренген соң саған хат жазамын. Сау бол, Жақсылық. Апама жақсылап қара. (Жақсылықтың бетінен сүйеді де, жолқапшығын алып шығып кетеді).

Жақсылық (бетін сипалап) А-а.. (Селт етіп) Тоқта, Ұлтусын, мен сені шығарып саламын. (Асыға шығып кетеді. Біраздан соң ренжулі Балзия кіреді).

Балзия: Ойпырмай, мынау қыз қандай қыз өзі? Алды-артына қарамастан тайып тұрды. Мен  оқу үшін барам деп жүр екен десем,  тамаққа бола барам деп жүр екен ғой. Көңілі жарым ғой деп, барымызды аузымыздан жырып беріп жүрсек те қарынын тойдыра алмапыз. «Адам аласы ішінде» деген тапа рас екен. Мінезі мен сөзіне, істеген ісіне қарап сүйініп жүрсем,  біздің үйде әрең шыдап жүр екен ғой. Шырылдап біздің жайымызды ойлап жүр екен десем, ойлағаны бір тамағы ғана екен ғой. Оның орнында Жақсылығым болса, ана жарты қалта талқанды үйге қалдырып кетер еді. Ал, ол болса.. Бөтен қалай да бөтендігін жасайды екен ғой.. Үйдегі барымды соған беріп жібердім. Ендігі күніміз не болар екен? (Ойланып) Қой, енді ойланатындай ешнәрсе қалған жоқ. Жақсылықтың әкесі келгенше аштан өлмеудің жайын істеуім керек. (Нық басып шығып кетеді).

 

                                     ЖЕТІНШІ КӨРІНІС

Бектемірдің үйі. Балзия төсек тартып ауырып, аштықтан бұралып  жатқан Жақсылықтың басында отыр.

Балзия (егіле) Құдай-ай, енді не істесем екен? Құлыным-ай, сені аман алып қалу үшін не істесем екен? (Жақсылықтың маңдай терін сүртеді).

Жақсылық (басын әрең көтеріп) Нан. Қарным ашты. Нан..

Балзия: Құлыным-ай, саған нанды қайдан тауып беремін? Нан түгіл бір түйір дән де таба алмай отырған жоқпын ба. Үйдегі барды жиып-теріп ана Малдыбайдың қызына беріп жібердік. Ал, ол қыз болса.. ол қыз болса бізді тастады да, кете барды. Мен оны оқу үшін барам деп жүр екен десем,  ол тамаққа бола барам деп жүр екен ғой. Көңілі жарым ғой деп, барымызды аузымыздан жырып беріп жүрсек те ол.. ол қыздың қарынын тойдыра алмапыз. «Адам аласы ішінде» деген тапа рас екен. Мінезі мен сөзіне, істеген ісіне қарап сүйініп жүрсем, ол біздің үйде әрең шыдап жүр екен ғой. Шырылдап біздің жайымызды ойлап жүр екен десем, ойлағаны бір тамағы ғана екен ғой. Оның орнында сен болсаң, ана жарты қалта талқанды үйге қалдырып кетер едің. Ал, ол болса.. Бөтен қалай да бөтендігін жасайды екен ғой.. (Жақсылықты жұлқылап) Балам, балам ұйықтама. Көзіңді ашшы құлыным. Балам-ау, ұйықтамашы, жалынамын. Ұйықтап кетсең, мен сені қалай оятып аламын?

Жақсылық (сандырақтап) Ұлтусын, міне, мен де сен секілді тостақтың түбінде тамақ қалдырдым. Енді, апам білмейді ғой, я?

Балзия  (селт етіп) Не дейсің, ұлым? Тамақ қалдырдым дейсің бе? Ол не тамақ?

Жақсылық (сандырақтап) Ұлтусын, сенімен бірге қалаға мен де барайын да. Сонда, апам мен көкеме тіптен көп тамақ қалатын болады..  Жарайды, Ұлтусын, мен апама бас көз болам деп уәде беремін..

Балзия (аң-таң болып) Балам-ау, сен не айтып жатырсың, сандырақтап? Ояншы, көзіңді ашшы, құлыным.  (Орнынан ұшып тұрып) Ұлым, мен саған қәзір талқан атала жасап беремін. (Бір кесе су әкеліп, қасықпен ішкізе бастайды). Талқан атала ғой, құлыным, ішіп тойып ал. Не болды, құлыным, талқан атала да ішкің келмей ме? (Жақсылықтың кеудесіне құлағын тосып) Құдайым-ау, баламды көз алдымда алайын дедің бе? Баламды алғанша мені алсаңшы, Құдайым. (Шарасыз күйде қолымен екі жағын таянып Жақсылыққа қарап отырады да, бір шешімге келгендей пышақ алып кеп, білегіне тақай береді). Бауыр етім балама етімнен ет кесіп бере алмасам, несіне ана болып жүрмін. Құдайым, өзің кешіре гөр. Мен өлсем өлейін, жалғыз тұяғым Жақсылығымды аман алып қала гөр. (Білегін кесе бере ойланып тоқтап қалады). Тамақ!? Тостақтың түбінде тамақ қалдырдым дейді. Сонда.. сонда.. (Есіне Ұлтусынның айтқан сөзі түседі).

Ұлтусыннның дауысы: Апа, Жақсылық екеуміз де тойдық. Далаға шығып ойнап келеміз.

Балзия: Құдайым-ау, мен бұлардың аш қалмауын ойлап жүрсем, бұлар менің жайымды ойлаған екен ғой. (Ойланып) Сонда.. сонда Ұлтусын.. Ұлтусын қалаға біздің жайымызды ойлап.. масыл болмайын деп.. тамаққа ортақ болмайын деп.. (Қинала орнынан тұрып кетеді). Тіпті, жай кетпей, мені Жақсылыққа әбден табыстап кетіпті. Құдайым-ай, ол туралы осынша жаман ойға келген мен қандай оңбаған  едім. (Селт етіп) Айтпақшы, қалта! Қалта ше?

Ұлтусынның дауысы: Апа, талқанды басқа шүберекке түйіп алып, қалтаны бұрынғы орнына қойдым. Керек кезінде бір пайдаға жаратарсыздар. 

Балзия: Ия, сол қалтаның түбін қақсам, мүмкін Жақсылығымды аман алып қалармын. (Асыға көрші бөлмеге кіреді. Сәлден соң: «Құдайым-ау, Құдайым-ау, мен осынша көрсқыр, түйсіксіз болғаным ба?-деп күңіренген дауысы естіліп, көп өтпей бір қолында талқан салынған қалта, бір қолында нан бар өзі де бөлмеден тәлтіректей шығады. Жақсылықтың жанына жақындай бере, тізерлеп отыра кетеді). Қызым-ау, талқанды алмағаның өз алдына, тым болмаса, мен берген нанды.. нанның бірін де жемепсің-ау. (Еңіреп жылап жібереді).

Жақсылық (сандырақтап) Ұлтусын, кетпеші. Кетпеші..

Балзия (өзіне келіп) Жақсылық, ұлым, Ұлтусын қызым жаныңда отыр. Ол.. ол жай қыз емес, періште екен! Мен.. мен қазір.. (Қалтаны алып, асыға шығып кетеді де, тостақпен тамақ әкеледі). Міне, балам, талқан атала  жасап әкелдім. Сәл басыңды көтерген соң  нан да беремін. (Жақсылықтың басын көтеріңкіреп, қасықпен тамақ бере бастайды да, сәлден соң тоқтатады).

Жақсылық (тамсана) Апа, тойған жоқпын.

Балзия: Балам, аш өзегіңе түсіп кете ме деп қорқып отырмын. Әйтпесе, Құдайға шүкір, тамақ жетеді. Ұлтусын біз берген талқанды алмай, үйге қалдырып кетіпті.

Жақсылық: Апа, көрдіңіз бе, Ұлтусын өте жақсы қыз. Ал, сіз болсаңыз оны жамандадыңыз.

Балзия: Балам-ау, сонда сен менің айтқанымның бәрін естіп жаттың ба?

Жақсылық: Білмеймін, апа, әйтеуір естіген секілдімін.

Балзия (Жақсылықты құшақтап) Құлыным, сол. Сендей зерек ұл беріп, Ұлтусындай мейірімді қызды бізге кез еткен құдыреті күшті Жаратқанға мың алғыс! Әуелі Құдай, одан соң сол қаршадай қыз Ұлтусынымның арқасында сен аман қалдың. Құдайға тәубә! Тәубә!

Жақсылық: Апа, ұйқым ке-е-п тұр.

Балзия: Ішіңе бірнәрсе барған ғой. Ұйықтай ғой, құлыным. (Жақсылықтың үстін жауып, әлдилеп ән айтады. Сәлден соң Жақсылық ұйықтап қалады). Құлыным, сол. Ұйықтап қалды. Қазір оянған соң ыстық шай мен нан берейін. (Тұра бергенде сырттан дауыс естіледі).

Бектемірдің дауысы: Балзия, қайдасың? Мен келдім. Жақсылық, Ұлтусын, мен сендерге базарлық әкелдім.

Балзия: Құдай-ау, мынау Жақсылықтың әкесі ғой. (Сыртқа ұмтыла бергенде, қолында үлкендеу түйіншегі бар Бектемір кіреді).

Бектемір (түйіншегін жерге қойып) Амансың ба, Балзия.

Балзия: Есенсің бе, Жақсылықтың әкесі. (Амандасады).

Бектемір (Жақсылықты көріп, ұмтыла береді). Жақсылық, балам..

Балзия (Бектемірді жібермей) Ол.. ол  ұйықтап жатыр.

Бектемір: Ұйықтағаны несі? Жақсылық мұндай кезде ұйықтамайтын еді ғой. (Жан-жағына қарап) Ұлтусын да көрінбейді ғой. Ол қыз қайда кеткен?

Балзия: Жақсылықтың әкесі, біз білмеппіз. Ұлтусын жай  қыз емес, періште екен.

Бектемір (түсінбей) Періште?! Қандай періште? Ешнәрсеге түсінбедім.

Балзия: Жай сөйлесеңші. Жақсылық оянып кетер. Жүр, мен саған бәрін түсіндіремін. Бәрін айтып беремін. (Бектемірді жетелеп көрші бөлмеге кіріп кетеді).

 

                                    СЕГІЗІНШІ  КӨРІНІС

Арада 7-8 жыл өткен. Сәске түс. Сол заманға сай тұрмысы жақсырып қалған Бектемірдің үйі. Жақсылық стол басында кітап оқып отыр. Сәлден соң кітапты жауып қойып, басқа кітаптың арасынан фотосурет алып, соған қарап ойланып кетеді.

Жақсылық (фотосуреттен көз алмай) Ұлтусын, сен ауылға қашан келесің? Соңғы хатыңда әні-міні барып қаламын деп едің, одан бері де талай күн өтті ғой. Білесің бе, Ұлтусын, мен сені қатты сағынып кеттім. Неге екенін білмеймін, күннен-күнге өзіңді жиі ойлай беретін болдым. (Жан-жағына қуыстана қарап) Маған бүгін не болды, өзі? Неге Ұлтусын туралы ойлана беремін? (Фотосуретті алдына қойып, орындыққа шалқалай жатып көзін жұмады. Селт етіп) О, таптым! Хат жазуым керек. Солай етейін. Ұлтусынның хаты, адресі.. қазір.. (Асыға көрші бөлмеге кіріп кетеді. Осы кезде сол заманға сай киініп, сөмке ұстаған Ұлтусын кіреді. Жан-жағына қарап тұрады да, столдың үстіндегі өз фотосуретін алып көріп орнына қояды. Бір кітапты алып қарап тұрғанда, көрші бөлмеден Жақсылық шығады).

Жақсылық (теріс қарап тұрған Ұлтусынды танымай) Сіз кім боласыз? Кімге келдіңіз?

Ұлтусын (бұрылып, Жақсылықты танып) Сәләматсың ба, Жақсылық.

Жақсылық (Ұлтусынды танымай) Сә-сә.. саламатсыз ба? Сіз.. сіз мені қайдан танисыз?

Ұлтусын (күліп) Неге танымайын. Сен Жақсылық деген қомағай бала емессің бе? Ұмытпасам, Ұлтусын деген бір дос қызың да бар еді ғой? Шашы ежик, қара қыз.

Жақсылық (аң-таң болып) Ия, болған. Сіз оны қайдан білесіз? Тоқта, тоқта! Шашы ежик.. (Ұлтусынға үңіле қарап, дауыстап жібереді). Ұлтусын!? Бұл шынымен сен бе? Қатты сағындырдың ғой. (Ұлтусынды құшақтай алғанын білмей қалады).

Ұлтусын: Мен де сағындым, Жақсылық. (Жақсылықтың құшағынан шығып) Апам мен көкем жұмыста ма?

Жақсылық: Жұмыста. Енді келеді. (Ұлтусынға сүйсіне қарап) Қандай сұлу қыз болып кеткенсің? Құдай біледі, сені көрсе, апам мен көкем де танымайды. Мен сені әлі сол баяғы шашы ежик, қара қыз екен деп жүрсем, қолаң шашы тобығына түскен нағыз аруға айналыпсың.

Ұлтусын: Сен де үлкен жігіт болып кетіпсің, Жақсылық. Қап-қара боп мұртың да өсіп қалыпты. Шынымды айтсам, мынау деген көрікті жігіт болыпсың. (Бармағын шошайтады).

Жақсылық: Ұлтусын, сен жоғары шыға бер, мен шай қойып келейін. Сосын шай ішіп отырып ой, бір әңгімені гөйітейік.

Ұлтусын: Жақсылық, шай қойып әуре болмай-ақ қой. Мен өте асығыспын. Апам, көкем, сенімен амандасып шығайын деп келдім. Оқуға баратын қыздардың тізімін алып жүрміз. Сосын, Жақсылық, мақтанды деме, ол қыздарды өзім оқытатын болып жатырмын. Мен мұғалімнің курсын  бітірдім ғой.

Жақсылық: Өзім оқытам дейсің бе? Онда тізіміңе мені де қосып алшы. Сен оқытсаң, ең үздік әрі тәртіпті оқушыңның бірі боламын. (Күледі).

Ұлтусын (күліп) Сені қуана-қуана оқытар едім, бірақ маған тек қыздардың тізімін ғана ал деді ғой. Сонда, сені тізімге кім деп жазамын? Жақсыгүл Бектемировна деп жазамын ба?

Жақсылық: Кім деп жазсаң, ол деп жаз. Тек, мені өзіңмен бірге алып кетсең болды. Әйтпесе мен..

Ұлтусын (күліп) Әйтпесе, сен не қыласың?

Жақсылық: Әйтпесе мен сені тағы да сағынатын боламын. (Күліп) Осы уақытқа дейін сол баяғы шашы ежик, қара қыздың бірі ғой деп келіп едім, ал, енді..

Ұлтусын (күліп) Ал, енді не болды?

Жақсылық: Ал, енді  мынадай қолаң шашты ару қыз екеніңді көргеннен кейін..

Ұлтусын: Ал, көргеннен кейін не болады?

Жақсылық: Көргеннен кейін.. көргеннен кейін, сенің бөтен жақта, бөтен ортада жүргеніңді ойлап алаңдайтын болдым. Шынымды айтсам, бала кезден бірге өскесін бе, өзімсініп сені әлдекімдерден қызғанатын да секілдімін.

Ұлтусын: Шынымды айтсам, сенің мені ойлап алаңдағаныңа, тіпті өзгелерден қызғанғаныңа мен де қуанып тұрмын. Көп ұзамай сен де мектепті бітіресің. Қалаға барып оқуға түсесің. Екеуміз жұбымызды жазбай қатар жүретін боламыз. Міне, сол кезде маған тиіскен жігіттер болса, мұрнын бұзасың.

Жақсылық (мұңая) Кезінде мектепке сенімен бірге баруым керек еді. Сонда, мен де мұғалім болып.. Бірақ, сен менің барғаныма қарсы болдың ғой. Енді міне, сен қалада, мен далада..

Ұлтусын: Жақсылық, ол кезде жағдай солай болды емес пе?  Сен де кетіп қалсаң апам мен көкеме ауыр болатын еді ғой. (Селт етіп) Айтпақшы, Жақсылық, мен саған біраз кітаптар әкелдім. Соны берейін. Естелік болсын деп бәріне қолтаңбамды қалдырдым. (Сөмкесінен 3-4 кітап алып береді). Бұл кітаптарды жұртқа көрсетпей оқуға тырыс. Өзің де түсінесің ғой..

Жақсылық (Ұлтусынның қолын қысып, кітаптарды алып) Рахмет, Ұлтусын! Бұл кітаптарды міндетті түрде оқитын боламын. Айтпақшы, Ұлтусын, Малдыбай көкенің жағдайы қалай. Өткенде көкем барып қайтып еді, жағдайы жақсы, жұмысқа шығыпты деген.

Ұлтусын: Әкемнің жағдайы өте жақсы. Қазір аумақтық ОГПУ бастығының орынбасары болып қызмет етіп жатыр. Бүгін-ертең бе, ол кісі де осы жаққа комондировкаға келіп қалу керек. (Сағатына қарап) Қой, мен шыға берейін. Машина да келіп қалған шығар. (Осы кезде машинаның сигналы естіледі) Әні, айтқанымша болған жоқ. Ал, жақсы, апам мен көкеме дұғай-дұғай сәлем айт. Қатты сағынып келіп едім, көре алмағаным өкінішті. Сау бол, Жақсылық. (Қолын ұсынады).

Жақсылық (алабұртып, Ұлтусынның қолын жібермей) Ұлтусын, не ғой.. Анау не ғой..

Ұлтусын: Жақсылық, мен енді жүрейін. Машина күтіп қалды. (Жақсылықтың бетінен  сүйіп алады да, тез шығып кетеді).

Жақсылық (Бетін сипалап) А-а.. Ұлтусын! Ұлтусын! (Асыға шығып кетеді де, сәлден соң кіреді. Ұлтусынның фотосуретін алып, өз бетін сипап) Ұлтусын! Сен.. сен.. шынымен де менің бетімнен.. (Фотосуретті қойып, кітапты алады) Ұлтусын не жазды екен? (Қолтаңбаны оқиды) «Жақсылық! Бұл кітап мен үшін өте құнды дүние. Сенің де бұл кітапты жата-жастана оқитыныңа күмәнім жоқ. Осы кітаптың авторы Мағжан ақын айтқан мына жыр шумағы саған әрқашан күш-қуат берсін:      

                                                Көздерінде от ойнар,

                    Сөздерінде жалын бар,

                    Жаннан қымбат оларға ар,

                    Мен жастарға сенемін.

Өзіңе дүниедегі бар жақсылықты тілеуші Ұлтусын» (Кітаптың бетін парақтап, өлең оқиды)

                                       ...Келші сәулем, нұр жүзіңнен өбейін.

Сүйші сәулем, неге сүйдің демейін.

Жетші сәулем, жылжып қана жібектей,

Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін..

 (Қайталайды). Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін..  Қандай керемет сөздер! Шіркін, мен де дәл осындай керемет өлең шығарып, Ұлтусынға оқып берсем. (Тағы парақтай бере, тысқа құлақ тосып, кітапты дереу жасыра бастайды. Балзия кіреді) Ой-й, апа, сіз екенсіз ғой. Мен бөтен біреу екен деп..

Балзия: Балам-ау, өзің бал-бұл жанып тұрсың ғой. Бір қуанышты хабар естідің бе?

Жақсылық: Апа, қуанышты хабар болғанда.. Ұлтусын келді.

Балзия: Ұлтусын!? Ұлтусын қызым келді ме? Ол кәні? Қайда? (Іздей бастайды).

Жақсылық: Апа, ол.. ол кетіп қалды. Оқуға баратын қыздардың тізімін алып жүр екен. Өзі оқытады екен. Сіздермен амандасуға келіпті. Көкем екеуіңізге дұғай-дұғай сәлем айтты.

Балзия: Сәламат болсын. Қап, жолыға алмай қалғанымызды қарашы.  Кішкентайында-ақ сүйкімді, әдемі қыз еді, енді нағыз арудың өзіне айналған шығар?

Жақсылық (қызарақтай, күліп) Ия, апа, жаман емес. Шашы тобығына түскен әп-әдемі қыз болыпты. Маған біраз кітаптар әкеліпті. (Кітапты көрсетіп) Міне, мынау Жұмабаев Мағжан деген ақынның кітабы. Керемет ақын екен.

Балзия (шошына) Мағжан Жұмабаев?! Бұл.. бұл ақын.. бұл ақынды..

Жақсылық: Апа, қорықпаңыз, ешкімге көрсетпей оқимын. Сосын..

Балзия: Жоқ, ұлым, тезірек мұның көзін құрт. Басың бәлеге шатылып жүрер. (Елеңдеп) Әні, біреу келді. Тезірек құрт! (Жақсылық кітапты жасырып үлгереді. Бектемір келеді) Жақсылықтың әкесі, келдің бе? Мен шай қояйын.

Жақсылық: Апа, шайды мен қоямын. (Асыға шығып кетеді).

Бектемір (шаршаған кейіпте, дауысы тарғылдана) Балзия, кеше Бәйкен Асқарұлын да тұтқындапты. Ұлтшыл әрі халық жауы деген айып тағылыпты. Әйтеуір, жақсы адамдардың бәрін шетінен ұстап, атып жатыр ғой.

Балзия (шошына) Бәйкен көкені ме? Қалайша? Ол қалай халық жауы болады?

Бектемір: Мен де білмеймін, Балзия. Бір білгенім, Бәйкен Асқарұлының тұтқындалуына да Малдыбай сұм тікелей араласқан көрінеді. Қазір ол ОГПУ дың бастығының орынбасары болып кетіпті.

Балзия: Малдыбай дейсің бе? Құдай-ай, осы жауыздың-ақ ылаңынан құтыла алмайтын болдық-ау.

Бектемір: Балзия, сен менің киімдерімді дайындап қойшы. Жылы киімдерімді де ұмытпа.

Балзия: Жылы киімдерді дейсің бе? Қазір күн ыстық емес пе?

Бектемір: Ия, не ғой.. Комондировкаға шығып кетуім мүмкін. Алысқа. Ұзақ уақытқа. Машина кеп қалса, дайын отырайын дегенім ғой.

Балзия: Ойпырмай, ол қандай жер, өзі алыс, өзі суық? Жарайды, қәзір дайындап қоямын. Машин қазір келетін бе еді?

Бектемір: Кеп қалуы да мүмкін. (Орындыққа отыра кетеді) Жақсылық қайда? Бәріміз бірге отырып шай ішейік.

Балзия: Қәзір, Жақсылықтың әкесі. Мен демде.. (Шығып кетіп, біраздан соң келеді). Бәрін дайындап қойдым. (Дастархан жайып, стол жасай бастайды. Жақсылық столдың шетіне самаурынды әкеліп қояды). Балам, кел, отыр. Әкең тағы да комондировкаға кетіп қалам деп отыр. Айтпақшы, Жақсылықтың әкесі, Ұлтусын қызымыз келіп кетіпті. Оқуға баратын қыздардың тізімін алып жүр екен.

Бектемір: Ұлтусын дейсің бе? Өткенде қалаға барғанда іздеп барып, таба алмадым. Өзі үлкен қыз болып кеткен шығар?

Балзия: Оны балаңнан сұра. Көрген осы. Ол балаңа біраз кітаптар..

Жақсылық (сөзді бөле киіп кетіп) Ия, біраз кітаптар тауып берем деді. Ертең оқуға түсуіңе оңай болады деді. Сосын, Малдыбай көке үлкен бастық болып кеткен дейді. Бүгін-ертең осы жаққа келіп қалуы да мүмкін дейді.

Балзия (селт етіп, Бектемірге жалт қарап) Не дейді? Бүгін-ертең дей ме?

Бектемір (салмақты) Е-е, келсе, келсін. Өзінің ауылы емес пе? (Өлең оқиды)

Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,

Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.

Бір барқылдақ жалпылдаған төбеттен,

Қорқар болсам, жұтсын мені қара жер. Бұл Алаштың арқалы ақыны

Мағжан Жұмабаевтың өлеңі. Қандай батыл айтқан десеңші. (Сәл ойланып, Жақсылыққа) Балам, менің үйде болғаннан болмағаным көп. Енді, міне, 2-3 жылда сен де мектепті бітіресің. Оқуың керек. Қалай да жоғары оқу орнына түсуің керек. Бүгінгі заманда тек оқысаң ғана өз құқыңды қорғап, мақсатыңа жете аласың. Әр кез анаңа бас-көз бол. Айтқанын істе. Үйге ие бол. Еліңе, халқыңа аянбай қызмет ет. Не істесең де таза істе, әділ бол. Әулетіміздің атына кір келтірме.

Жақсылық: Көке, неге олай деп жатсыз? Дәл бір алыс сапарға аттанып бара жатқандай.

Балзия: Ия, мен де түсіне алмай тұрмын. Аяқ астынан..

Бектемір: Балзия, «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демеуші ме еді. Қазір алмағайып заман. Бәрі де мүмкін. Бәріне дайын болуымыз керек. (Балзияға) Бірақ, Балзия, сен тұрғанда мен ешнәрседен қорықпаймын да, уайымдамаймын да. (Селт етіп) Былай етсек қайтеді? Ән тыңдайық. Балзияш, бір ән салшы. Сенің әніңді естімегелі де талай уақыт болды ғой.

Балзия: Жақсылықтың әкесі-ау, аяқ астынан не болды? Алдымен шайымызды ішіп алайық та. Қәзір  машина келіп қалса..

Бектемір: Шай қашпайды ғой, Балзия. Ал, әсем әннің орны бөлек.

Жақсылық: Ия, апа, менің де ән тыңдағым келеді. Көкем домбырамен сүйемелдесін, сіз ән айтыңыз. (Бектемірге домбыра әкеліп береді).

Балзия: Құдай-ау, бүгін бұл екеуіне не болған? Жарайды енді, әкелі-балалы екеуің бірдей соны қаласаңдар, айтсам айтайын. (Халық әнін бастайды. Бектемір домбырамен сүйемелдейді).

Балзия (әнін аяқтап) Қой, енді шайымызды ішейік. Аяқ астынан ән шырқап кеттік қой.

Бектемір: Балзия, аяқ астынан дейсің. Бүгін қандай күн екені есіңде жоқ па?

Балзия: Қандай күн? Жоқ, есімде жоқ. Бүгін өзі, бәрі жұмбақ болып кетті ғой.

Бектемір (күліп) Шынымен есіңде жоқ па? Кемпірім-ау, бүгін сен екеуміздің шаңырақ құрғанымызға 15 жыл толды емес пе? Қалай ұмытып қалғансың?

Балзия: А-а, Құдай-ау, қалай есімнен шығып кеткен. Ия-ия, бүгінгі күн еді ғой. Мен қазір, дастарханға тәтті-пәттілер әкелейін. (Көрші бөлмеге шығып кетеді де, тәттілер салынған леген алып шыға береді. Осы кезде жанында мылтық асынған сарбазы бар форма киген Малдыбай кіріп келеді). Малдыбай, бұл сен бе? Қалай, жақсы боп кеттің бе? Кел, жоғарылат.

Малдыбай: Балзия, рахмет. Бірақ мен жоғары шығу үшін емес, жоғары жақтың бұйрығымен Бектемірді алып кету үшін келдім. (Бектемірге жақындап) Бектемір Қаленұлы, сізге халық жауы Байкен Асқарұлының сыбайласы деген айып тағылып отыр. Сенің де, әйеліңнің де халық жауы Байкен Асқарұлымен тығыз қарым-қатынаста боландарың анықталып отыр. (Сарбазға) Сарбаз, халық жауының сыбайласы Бектемір Қаленұлының қолына кісен салыңыз.

Сарбаз: Құп болады! (Бектемірдің қолына кісен салады).

Балзия: Не дейді?! (Үрейлене қолындағы леген жерге түсіп кетіп, тәттілер шашылады. Малдыбайға жақындап) Әй, Малдыбай, сенің мұның не? Жақсылықтың әкесін не үшін тұтқындайсың?

Малдыбай: Жаңа айттым ғой, бұл жоғары жақтың, ұлт көсемі Сталиннің тікелей бұйрығы. Мен оны мінетті түрде орындауым керек. Халық жауы, ұлтшыл Байкен Асқарұлымен байланысқан өздеріңнен көріңдер.

Балзия: Бәйкен Асқарұлы дейсің. Оның түбіне де жетіп тынған сен емес пе? Енді, міне, Жақсылықтың әкесіне де ауыз салмақсың. Бәйкен көке де, Бектемір де емес, елін, ағайынын сатқан нағыз халық жауы мына сен!

Малдыбай (шошына, тапаншасын Балзияның басына кезеп) Ей, қатын, аузыңа ие бол. Сен үкімет адамына тіл тигізіп тұрсың. Енді, тағы да осындай бір ауыз сөз айтатын болсаң, аузыңмен қоса басыңды да мылжа-мылжа етемін.

Балзия (өршелене) Ат, ат! Жаным Жақсылықтың әкесі мен Бәйкен көкеден артық емес. Сенің қолыңнан адам өлтіргеннен басқа не келеді?

Малдыбай: Жетер! Мен саған айттым ғой, басыңның мылжа-мылжасын шығарам деп. (Балзияны қатты серпіп жібереді. Ол құлап түседі. Сарбазға) Тұтқынды алып жүр.

Балзия (орнынан тұрып, Малдыбайға) Ей, Малдыбай, сен қазір ең үлкен бастық емессің бе? Ал, Бектемір жан досың әрі ағайының емес пе? Сен Бектемірдің қандай адам екенін менен де жақсы білесің ғой. Оны не үшін тұтқындайсың? Мойының қайрылып өлім хәлінде жатқаныңда ауруханаға жеткізіп, аман алып қалғаны үшін бе, әлде сенің жоғыңды білдірмей, жалғыз қызың Ұлтусынды бағып-қағып, оқытқаны үшін бе? Жасаған  жақсылығына қайтарған сыйың осы ма? «Қасқыр да жолдасына қас қылмайды» деуші еді, қасқырдан да өткен жыртқыш болғаның ба?

Бектемір: Жетер, Балзия, қажеті жоқ. Сөзіңді текке шығын қылма. Бұл бәрібір жақсылықтың не екенін білмейді. Менің киімім салынған қапшықты әкел.

Балзия: Жақсылықтың әкесі, сонда сен.. сен бұл жауыздың келетінін алдын ала білген екенсің ғой? Бәсе, қайдағыларды қайдан айтып кетті деп іштен тынып едім. Жоқ, сені жалғыз қаматып  қойып отыра алмаймын. Сен халық жауы болсаң, мен де халық жауымын. Бәйкен көкені өте жақсы танимын. Мені де қосып қамасын.

Малдыбай: Асықпасаң, ол да болады. Алдымен байыңды бір жайлы етейін, сосын сенің ана сала құлаш тіліңді көмейіңмен қосып жұлып алып, түрмеге тоғытармын. (Балзияға сұқтана қарап) Бұрынғыдай емес, өзің ет бітіп жайқаңдап қалған екенсің.. Егер, сен әлі де болса қалауымды орындап..

Жақсылық: Ей, сен малғұн не деп тұрсың? Мені түкті түсінбейтін бұрынғы жылауық Жақсылық деп тұрмысың? Анама саусағыңның ұшын тигізіп көр, сені өз қолыммен бауыздаймын. (Пышақты алып Малдыбайға тұра ұмтылады).

Бектемір: Жақсылық! Тоқта! Олай етуші болма. (Жақсылық тоқтап қалады. Малдыбайға) Малдыбай, мен айтқаныңның бәрін істеп, қағазыңа да қол қойып беремін. Тек, сен Балзияға да, Жақсылыққа да  жамандық жасаушы болма.

Малдыбай: Ол өздеріне байланысты. Ауыздарын жауып, тыныш жүрсін.

Балзия: Жоқ, Жақсылықтың әкесі, сен он жерден қол қойсаң да, бұл сілімтік өз арам ойын іске асырмай қоймайды. Сондықтан, бізге бола өз басыңды өлімге тікпе. «Біреудің жақсылығын білмеген адам өмірден еш жақсылық көрмей өтеді» деуші еді анам. Мұндай оңбағанның жазасын Құдай өзі береді.

Малдыбай: Сен қатын, айтарыңды айтып болдың ба? Онда біз кетейік.

Балзия (Малдыбайдың алдын кес-кестеп) Жоқ, Малдыбай, әлі болған жоқпын. Сонымен, Бетемір халық жауы ма?

Малдыбай: Ия, халық жауы, ұлтшыл Бәйкен Асқарұлының сыбайласы болғандықтан ол да халық жауы.

Балзия: Олай болса, Бектемірмен байланысқан адамдар да халық жауы бола ма?

Малдыбай: Сөз жоқ, халық жауы болып саналады.

Балзия: Олай болса, сен де халық жауы болып саналасың. Бектемірмен бірге сені де қамау керек.

Малдыбай: Ей, сен не деп шатып тұрсың? Менің Бектемірге қандай қатысым бар?

Балзия: Сен кәпір қатысың жоқ болса, жоқ шығар, бірақ туған қызың Ұлтусынның қатысы бар екенін жақсы білесің ғой. Оны сен Бектемірдей халық жауының қолына сеніп тапсырып кеткен жоқ па ең?

Малдыбай: Ия, ол кезде солай етуіме тура келді, ал қазір жағдай тіптен басқа. Сенің күйеуіңе «халық жауы» деген айып тағылып отыр. Ал, менің қызыма келсек, ол бүгінде совет үкіметіне қызмет етіп жатқан мұғалім. Сендер секілді үкімет жауларымен еш байланысы жоқ.

Балзия: Байланысы жоқ дейсің бе? Ал, сол қызыңның бүгін таңертеңнен бері осында болып, жаңа, сенің алдыңда ғана кеткенін білесің бе? Сен білмесең білмейтін шығарсың, ал, осы ауылдың барлық адамы біледі, бәрі көрді.

Жақсылық: Апа, оны.. оны несіне айтып жатсыз?

Балзия: Балам, әркімнің жаны өзіне тәтті. Енді айтпай тұра алмаймын.

Малдыбай (түрі қашып) Балзия, сен не айтып тұрсың? Менің қызым Ұлтусын осында, осы үйде болды ма?

Балзия: Болды. Сендер жабылып аттырған ақын Мағжан Жұмабаевтың кітабын Жақсылыққа сыйға тартып кетті.

Малдыбай (бірден сылқ түсіп) Мүмкін емес. Оқыған қызымның олай етуі мүмкін емес.

Жақсылық: Мүмкін. Сенбесеңіз өз көзіңізбен көріңіз. (М.Жұмабаевтың кітабын береді) Тек жыртып әуре болмаңыз. Бұдан басқа Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың  кітаптарында да қызыңыз Ұлтусынның қолтаңбасы бар. Ол кітаптың бәрін далаға көміп тастадым. Он жерден іздесеңіз де таба алмайсыз

Малдыбай (кітапты ашып, оқиды) «Жақсылық! Бұл кітап мен үшін өте құнды дүние. Сенің де бұл кітапты жата-жастана оқитыныңа күмәнім жоқ. Осы кітаптың авторы Мағжан ақын айтқан мына жыр шумағы саған әрқашан күш-қуат берсін:     

                                        Көздерінде от ойнар,

                    Сөздерінде жалын бар,

                    Жаннан қымбат оларға ар,

                    Мен жастарға сенемін.

Өзіңе дүниедегі бар жақсылықты тілеуші Ұлтусын» Мына қыз өзі нағыз ақымақ екен ғой.

     Балзия: Ал, Ұлтусынның әкесі, енді не дейсің? Бектемір халық жауы болып шықса, жалғыз қызың Ұлтусын да халық жауы болып шығатынын ұмытпа. Ал, қызың халық жауы болып шықса, үкімет сені де жайыңа қоймас.

Малдыбай (басын қасып, сәл ойланады да, қатуланып сала береді). Жоқ, мен үкіметке шын берілген адаммын. Егер, қызым кінәлі болса, ол да қамалып, жазасын алады. Үкімет еш уақытта халық жауларына       аяушылық жасамайды.

Балзия: Астапралла! Нағыз кәпір екенсің. Жалғыз қызына аяушылық танытпаған сенен шынымен де қорқайын дедім. Айтарға да сөзім жоқ.

Малдыбай: Сөзің жоқ болса, менің де сөзім жоқ. Осымен бітті. Мына кітапты мен өзіммен бірге алып кетемін. Кеттік. (Сарбаз бен Бектемірді алдына салып шыға береді).

Балзия: Жақсылықтың әкесі ау! (Жылап Бектемірді құшақтай алады). Жақсылықтың әкесі-ау, бұл қалай болғаны? Енді біз не қыламыз? Қайтіп күн көреміз?

Жақсылық: Әке! (Бектемірді құшақтайды).

Бектемір: Дұшпанның алдында әлсіздік танытып жыламаңдар. Өздеріңді өздерің мықтап қолға алып, тіршіліктеріңді істеңдер. (Жақсылыққа) Балам, сен енді үлкен азамат болдың. Анаңа қамқор бол. Менің орнымды жоқтатпа. Әулетке, менің атыма кір келтірме.

Балзия: Жақсылықтың әкесі-ау, енді қайтып келмейтін адамдай не айтып кеттің? «Аққа Құдай жақ» деген, әлі-ақ бәрі жақсы болады.

Бектемір: Жоқ, Балзия, бұл жолы қайтып оралмайтыныма көзім анық жетіп отыр. Анау жазықсыздан-жазықсыз атылып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Ахмет, Міржақып секілді арыстардан, кешегі Бәйкен көкеден жаным артық емес. Мені ойлап, қайғырмаңдар. Тіршіліктеріңді істеңдер. Сау болыңдар.

Малдыбай: Жетер енді. Жылап-сықтап болсаңдар, біз жүрейік. (Сарбаз екеуі Балзия мен Жақсылықты Бектемірден ажырата бастайды).

Балзия: Бектемір!

Жақсылық: Әке!

     Малдыбай мен сарбаз Бектемірге қайта жабысқан Балзия мен Жақсылықты әрең ажыратады.

Балзия (етбетінен құлап түсіп, қос қолымен жерді тоқпақтап зарлайды)

                             О, зар заман, зар заман!

Арыстарды жалмаған.

Бір ру ел жойылып,

Бір атадан ұрпақ қалмаған.

О, зар заман, зар заман!

Қанішерлерді қарғыс атсын!

Азғындарға өлім келсін!

Жақсылық қатулана қос жұдырығын түйіп біраз тұрады да, Балзияны құшақтай демеп тұрғызып, өзімен бірге алып шығып кетеді.

          

                                   ТОҒЫЗЫНШЫ  КӨРІНІС

Арада 10-15 жылдай уақыт өткен. Жиһазға бай Малдыбайдың үйі. Жұмсақ керуетте жасына жетпей қартайып, сақал-шашы өсіп ағарып кеткен науқас Малдыбай қорылдап-қырылдап ұйықтап жатыр. Үй телефоны шырылдайды. Сырттан Ұлтусын келіп телефонды алады.

Ұлтусын: Алло, Жақсылық, бұл сен бе? Ия, бұл біздің үйдің телефонының нөмірі. Барсам жоқ екенсің, сосын сол хат пен осы нөмірді хатшы қызыңа тастап кеткем. Хатты оқып шықтым дейсің бе? Ия, жағдай осылай болып тұр. Саған осылай өтініш айтатындай менде де, әкемде де бет жоқ екенін жақсы білемін. Бірақ, жаман болса да, Бектемір көкенің түбіне жеткен жауыз болса да, туған әкем ғой. Айтқан өтінішін орындамасқа шарам қайсы. Мүмкін бұл ең соңғы өтініші болар. Рахмет, Жақсылық, сенің осындай үлкен жүректі азамат екеніңді, өтінішімді орындайтыныңды білгем. Рахмет, саған. Рахмет, саған.. (Жылап жібереді. Телефонды орнына қойып, асыға шығып кетеді).

Кенет, Малдыбай шошып оянып, айғайлай бастайды.

Малдыбай (үрейлене айғайлап) Жо-жоқ, Бектемір, маған жақындама. Мен.. мен.. менің кінәм жоқ. Мені өлтіре көрме, жалынамын. Жо-жоқ, жақындама маған. (Орнынан тұрып кетіп, керуеттен құлап түседі. Жанұшыра орнынан тұрып әр жерге барып тығылады).  Жо-жоқ, Бектемір, маған жақындама. Мен.. мен.. менің кінәм жоқ. Мені өлтіре көрме, жалынамын. Жо-жоқ, жақындама маған. (Біреу қуып жүргендей үрейлене үйдің ішін кезіп, әр жерге тығылып қаша береді. Ұлтусын мен Жақсылық кіреді. Жақсылықты көріп үрейленіп кейін шегіне береді). Бектемір!? Бұл сен бе? Мен.. мен.. менің кінәм жоқ. Мені өлтіре көрме, жалынамын. Жо-жоқ, жақындама маған.

Ұлтусын (Жақсылыққа) Міне, күнде осы. Шамасы, өз қолымен ұстап берген жазықсыз жандардың әруағы маза бермейтін болар.

Жақсылық (Малдыбайға жақындап қос қолын созып) Ассалаумағалейкум, Малдыбай көке.

Малдыбай (үрейлене кейін шегініп) Жо-жоқ, Бектемір, маған жақындама. Мен.. мен.. менің кінәм жоқ. Мені өлтіре көрме, жалынамын.

Жақсылық: Малдыбай, көке, мен Бектемір емес, баласы Жақсылықпын ғой.

Малдыбай: Жақсылық?! Сен.. сен Бектемір емессің бе? (Қалт-қалт етіп жақындап, Жақсылықтың бетіне үңіліп) Жоқ, сен.. сен Бектемірсің. Сен мені өлтіруге келген Бектемірсің. Мені өлтіре көрме, жалынамын. (Еңірей Жақсылықтың аяғын құшақтай алады).

Жақсылық (Малдыбайды сүйемелдей орнынан тұрғызып) Мұныңыз не сіздің? Мен Бектемір емес, Жақсылықпын. Түріме анықтап қараңызшы. Мен Жақсылық балаңызбын ғой.

Ұлтусын: Көке, бұл Бектемір көке емес, Жақсылық қой. Сіз өзіңіз шақыр деген соң..

Малдыбай: А, а, Бектемір емес пе? Бұл.. бұл Жақсылық па? (Жақсылықтың бетін сипап) Сен Жақсылықсың ба? Балам! (Жақсылықты құшақтай алып жылап жібереді).

Жақсылық: Көке, сіз шаршап қалдыңыз. Орныңызға жатыңыз. (Ұлтусын екеуі Малдыбайды сүйемелдеп, орнына жатқызады).

Малдыбай (басын көтеріп) Жақсылық, балам, сен кетіп қалған жоқсың ба? Өлер алдында сенен кешірім сұрайын деп едім.

Жақсылық: Кеткен жоқпын, осындамын.

Малдыбай (ентіге) Осындамын дейсің бе? Онда қолыңды берші. (Жақсылықтың қолын ұстап, Ұлтусынға) Қызым, сен шыға тұршы. Мен Жақсылықпен оңаша сөйлескім келеді.

Ұлтусын (жақтырмай) Нені оңаша айтпақсыз? Әлде, мен білмейтін басқа да  сұмдықтарыңыз бар ма еді?

Жақсылық (қатқыл) Ұлтусын! (Ұлтусын шығып кетеді. Малдыбайға) Ұлтусын шығып кетті. Маған не айтпақ едіңіз?

Малдыбай (ентіге) Балам, мен өте көп жамандық жасадым. Жазығы жоқ қаншама жанды жазықты етіп, жер аударттым, аттырдым. Сенің әкең Бектемір де менің күш салуыммен жаланың құрбанына айналды. Одан бұрын да кінәсіз жандардың әруағы күні-түні маза бермейтін еді, ал, Бектемір атылған күннен бастап күнім де, түнім де тозаққа айналды.

Жақсылық: Бір сұрақ қойсам, жауап бере аласыз ба? Тек, шындықты ғана айтыңыз.

Малдыбай: Ол не дегенің, балам. Сені шақырғаным да сол емес пе. Өлім алдында жатқан адам өтірік айта алатын ба еді?

Жақсылық: Олай болса, менің әкеммен не себепті  мұнша қастастыңыз? Күні-түні соңына түсіп, ақыры өлтіріп тынардай әкем сізге не жамандық жасады? Ғұмырының көбісі әкемді күтумен өтіп, ең соңында оны бір көре алмай өмірден аттанған анам сізге қандай жамандық жасады? Бұғанам қатпай жатып, аштық пен жоқшылықты көріп, бір түйір нанға зар болған дәрменсіз менен не жамандық көрдіңіз?

Малдыбай: Осы сұраққа түбінде бір жауап берерімді өзім де біліп едім. Айтайын.  Бектемір, Ұлтусын үшеуміз бір мектепте оқыдық. Мектепті де бірге бітірдік. Есейе келе Ұлтусынды қатты ұнатып қалдым. Бірақ, Ұлтусын мені адам ғұрлы көрместен, ақылды, ойлы, көрікті Бектемірді ұнатты. Мен қатты қапаландым, қорландым. Бектемір мен Ұлтусыннан өш алуды ойладым. Бірақ, еш орайын келтіре алмадым. Ал, ішімдегі шемен күннен-күнге қатайып, кекке айналып, өзім тас жүрек зұлымға айналып бара жаттым..

Әрі қарай музыка ойнап, дауысы естілмей кетеді. Малдыбай көзінен жас парлай айтып жатыр, айтып жатыр. Тыңдап отырған Жақсылық бірде мұңайып, бірде ашуланып, арасында шыдай алмай тұрып та кетеді. Музыка кілт тиылып, Малдыбай да әңгімесін аяқтайды.

Малдыбай (Жақсылыққа жалынышты түрде қарап) Балам, мен кешеге дейін Құдай бар дегенге сенбей келдім. Енді ғана, басыма қиыншылық іс түсіп, жаным қиналғанда ғана Құдайдың бар екенін, «Маған не бар дейсің» деп асып-тасқан» пендені бір-ақ күнде бұралқы итке айналдырып, тәубесіне келтіретініне көзім әбден жетті. Мені Құдайдың кешірмейтінін, о дүниеде аямай жазалайтынын жақсы білемін. Ол жаққа барған соң кешірер болса, Бектемір мен Ұлтусыннан кешірім сұрармын,  ал,  көзім тіріде сенің кешіріміңді алғым келеді. Кешіре алсаң, кешір, балам. Өте қатты қиналып жатырмын. Өлер алдындағы соңғы тілегім, о дүниеге сенің кешіріміңді алып барып аттанғым келеді.

Жақсылық (ұзақ ойланып, орнынан тұрып, Малдыбайдың қолын қысып) Мен сізді кешірдім, Малдыбай, көке.

Малдыбай (көзінен жас парлай) Кешірдің бе? Сен мені шынымен кешірдің бе? Келші, балам. Өзіңді соңғы рет құшақтап, сүйейін. (Еңкейген Жақсылықты құшақтап, сүйіп) Рахмет саған, балам. О дүниеде де тілеуіңді тілермін. Бектемір.. Ұлтусын.. Мен сендерге бара жатырмын.. Бектемір.. Ұлтусын.. (Екі қолы екі жаққа сылқ түседі).

Жақсылық (дауысы қатты шығып) Көке, Малдыбай көке. Ұлтусын.. (Ұлтусын жүгіріп келеді) Бақұл болыңыз, Малдыбай көке. (Алақанымен сипап Малдыбайдың кірпігін төмен түсіреді. Бетін ақ матамен жауып, Ұлтусынға) Берік бол, Ұлтусын. Әкеңнің алдынан жарылқасын. (Ұлтусынмен көріседі).

Ұлтусын (тастай қатып біраз тұрады да жылап жібереді) Әке! Әкешім!

Жақсылық (Ұлтусынның қолынан ұстап) Ұлтусын, берік бол. Енді көкені оң жаққа шығарудың қамына кірісуіміз керек. Тезірек молдаға хабар берейік. (Екеуі шығып кетеді).

Өмірден кейін өлім барын ескертетін зарлы әуен төгіле жөнеледі.

 

                                      ОНЫНШЫ  КӨРІНІС

Бірінші көріністегі саябақ. Өткенін еске түсіріп терең ойға батып кеткен Жақсылық өзіне өзі келіп орнынан тұруға оқталғанда, асыға басып Ұлтусын мен немересі Айгүл жақындай береді. Қырын қарап тұрған Жақсылық оларды байқай қоймайды.

Айгүл: Әже, қандай жақсы болды. Ол кісі әлі отыр екен. Менің айтқаным міне, осы кісі.

Ұлтусын (Жақсылықтан көз алмай) Құдай-ау, дәл өзі. Бұл сол Жақсылық деген атаң ғой.

Айгүл: Әже, сіз сәл кідіре тұрыңыз. Алдымен мен барайын. Мені жақсы таниды ғой. (Жақсылықтың жанына келіп) Ата, мен тағы келіп қалдым. Таныдыңыз ба?

Жақсылық (Айгүлді енді байқап) Айгүл, қызым, бұл сен бе? Кел-кел, қызым.

Айгүл: Ата, Ұлтусын әжем де келді. Әжем сізді бірден таныды.

Жақсылық: А, әжең де келді ме?(Жақын келіп қалған Ұлтусынды көріп, таңдана орнынан тұра береді) Ұлтусын!?

Ұлтусын: Жақсылық! Бар екенсің ғой, қара нарым.

Жақсылық: Амансың ба, Ұлтусын. (Ұлтусынмен амандасып, екеуі құшақтаса кетеді). Ұлтусын, өз көзіме өзім сене алар емеспін. Сен.. сен мені қалай тауып алдың?

Ұлтусын: Қалай дерің бар ма, таптым ғой, әйтеуір. Мынау немеремнің арқасы. Е, аты-жөніңді де айтпапсың. Сонда да, Айгүл немерем өте зерек қой, мен альбомға жапсырған газет қиындылары мен суреттерден сенің кім екеніңді біліп қойыпты.

Айгүл: Әже, қойыңызшы. Мұны кез келген адам істей алады ғой. Жақсылық ата туралы, ізгі істері туралы өзіңіз күнде айтып отырған жоқсыз ба? Әже, сіздер әңгімелесе беріңіздер. Мен бір жерге барам да келем. (Кетеді).

Ұлтусын (Жақсылыққа) Ия, осы немерем ғой. Суретіңді көрсетіп, мына атаны көрдім, мені бір жамандықтан құтқарып қалды дейді. Айтпақшы, немереме қорған болғаның үшін рахмет. Мен үшін істеген жақсылығың да аз емес еді, енді.. енді немеремді де.. немеремді де.. (Жылап жібереді).

Жақсылық (Ұлтусынның қолынан ұстап, күліп) Оу, Ұлтусын, мұның не сенің? Ұлдан артық қажырлы Ұлтусын емес пе едің? Қартаяйын дегеннен саумысың? Отырсаңшы. Қаншама жылдан бері енді кездесіп отырмыз. (Ұлтусынды отырғызып, өзі де отырады).

Ұлтусын: Е-е, қартайдық қой. 70-тен асқан соң қартаймағанда нең қалды? Ал, сен әлі жап-жас жігіт секілдісің. Кемпірің де де жап-жас қыз секілді шығар? (Күледі).

Жақсылық: Сен де айтады екенсің-ау, Ұлтусын, қайықтың жас жігіті? Ал, кемпіріме келсем, байқаймын, сенен жас көріне қоймайды-ау. Өйткені, сен Астанада тұрасың, ал, ол көң сасыған ауылда тұрады дегендей.

Ұлтусын: Мақтауыңа рахмет! Астананың бір шалынан да мұндай мақтау естімеп едім, ауылдан келген сенен естіп, бір марқайып қалдым ғой. Ал, енді өзіңнің бала-шағаң, немере-шөберең жайлы да айта отыр.

Жақсылық: Е-е, сол Құдай берген бес ұл, екі қыз бар. Санын айтып жатпай-ақ қояйын, бес ұлдан да, екі қыздан да шүкірлік етердей немере-шөберелерім бар. Төртінші ұлым мен келін осы Астанада тұрады. Қазір сол ұлымның немерелерін күтіп отырмын. Осы уақытта балабақшадан шығып кеп қалатын еді.. (Мойнын соза қарап) Ә-ә, әне, өздері де келе жатыр, құлдыраңдап. (4-5 жасар егіз ұл (шөберелері) «аталап» келіп, Жақсылықты құшақтай алады. Екеуін екі қолымен құшақтай, беттерінен сүйіп) Апаларың қайда? Сендер жолдан өздерің өттіңдер ме?

Егіз ұл (қосарлана) Апам өткізді.

Жақсылық: Е-е, бәсе.. Ал, енді балаларым, мына отырған әжелеріңмен амандасыңдар. (Екі ұлды Ұлтусынға жақындатады).

Егіз ұл: Амансыз ба, әже. (Қосарлана амандасып, бірдей қол береді).

Ұлтусын (қатты толқып) Амансыңдар ма, айналайындар. Дәу жігіт болыңдар!

Осы кезде Жақсылықтың немере келіні келеді.

Немере келін: Амансыз ба, әже. (Ұлтусынға сәлем салады).

Ұлтусын: Өркенің өссін, айналайын! Бақытты бол! (Немере келіннің маңдайынан сүйеді).

Немере келін: Балалар, ата мен әже әңгімелесіп жатыр екен, біз де біраз әткеншек теуіп қайтайық. Кәне, әжеге сау бол деңдер.

Егіз ұл (қосарлана) Сау болыңыз, әже.

Ұлтусын: Сау болыңдар, айналайын.

Немере келін: Сау болыңыз, әже. (Егіз ұлды жетелеп алыстай береді).

Ұлтусын: Сау бол қызым! (Соңдарынан сүйсіне қарап тұрады да, жылап отыра кетеді).

Жақсылық: Ұлтусын, саған не болды?

Ұлтусын: Жақсылық, сен қандай бақытты ата едің! Ғұмырыңды жалғар ұлдарың, немере-шөберелерің бар. Ал, мен.. мен бір әкеден жалғыз.. онда да төмен етекті әйелмін.

Жақсылық: Ұлтусын, неге олай дейсің? Әке-шешесіне ұлдан гөрі қыз жақын деп жатады ғой. Сенің де немере-шөберелерің ертең-ақ..

Ұлтусын: Ия, қыздарымнан немере-шөберелерім бар. Оның да бәрі қыз. Құдай Тағала маған бірде-бір ұл бермеді ғой. Тек әкем ғана емес, мен де Құдайдың қарғысына ұшырадым.

Жақсылықтың есіне Балзияның айтқан қарғысы түседі.

Балзияның дауысы: Ей, Малдыбай, өзіңмен бірге оқыған досың, аталасың Бектемірді қамбадан бидай ұрлады деген жала жауып соттаттың. Хайуаннан да бетер лас әрекетке барып, маған да қол салмақ болдың. Бектемір үкіметтің рұқсатын алып, ақталып келсе де, тағы ілік тауып алып кеткелі отырсың. Бар болғаны, өз кәмпитін бермеймін дегені үшін, әлі ес тоқтатпаған жас баланы соққыға жықтың. Өмірімде бір адамға да ащы тілім тимеген жан едім. Сенен әбден көңілім қалды. Сондықтан, саған қарғыс айтамын. Ұл тумадың деп әйеліңнің түбіне жетіп тынып едің, енді жалғыз қызыңның да қызығын көрме. Өмірден тұяқсыз, зарлап өт. Бізді жылатсаң, сені Құдай жылатсын. Жетер жеріңе жетпей, атыңның аяғы сынып, мойын омыртқаң  үзілсін.

Жақсылық (қолын Ұлтусынның иығына салып) Ұлтусын, олай демеші. Сенің ешбір жанға жаманшылық жасамағаныңды ел тегіс біледі ғой. Әлі-ақ бәрі де жақсы болады. Көресің, Құдай қаласа енді өмірге келетін немерең ұл болады.

Ұлтусын (бірден шаттана) Сен не дедің, Жақсылық? Ұл болады дедің бе? Ия-ия, кенже қызым бүгін азанда ғана әйелдер босанатын үйге түсіп, содан бір хабар күтіп отыр едім. Әлгі, ұл-қыз екенін біліп қоятын құралдары үш қыздан кейін тағы да қыз болатынын анықтапты. Бірақ, сен.. сен ұл болады дедің ғой. Құдай аузыңа салған шығар. (Орнынан ұшып тұрып, Жақсылықтың алдына келіп, тізерлей отырып, қолын жайып) Жақсылық, әке-шешең секілді сенің де күнәдән пәк, таза жан екеніңді жақсы білемін. Құдай Тағала сенің тілегіңді қабыл ететініне сенімдімін. Менің үш қыздан кейін енді өмірге келетін немеремнің ұл болуын Құдайдан тілеші.

Жақсылық: Ұлтусын, мен.. мен.. енді ол.. ол бір Алланың ғана қолында ғой.

Ұлтусын: Жақсылық, оны білем. Бірақ, сенің осылай еткеніңді қалаймын.

Жақсылық (қолын көкке жайып) Е, жаратқан Алла, Сен Рахымды, мейірімді әрі кешірімшілсің. Құлдарыңның пенделікпен жасаған күнәларын кешіре гөр! Алдыңғы өткен жандардың қателігінен зардап шегіп жатқан кейінгілерді жарылқай гөр! Олардың тілек-ниетін қабыл ете гөр! Сенің құдретіңде де, мейіріміңде де шек жоқ. Өзіңнің қалауыңмен жарық дүниеге келейін деп жатқан нәрестені ұл ете гөр! Әумин! (Бетін сипайды).

Ұлтусын: Әумин! (Көз жасы жуған бетін сипайды).

Жақсылық: Ұлтусын, кәні, орныңнан тұр. (Ұлтусынды қолынан ұстап орнынан тұрғызады). Алла болдырам десе, бәрі табанда болады. Бір Аллаға ғана сенейік.

Осы кезде «Әже, сүйінші, сүйінші!»-деген Айгүлдің дауысы естіліп, өзі де келеді

Айгүл: Әже, сүйінші, апам.. апам босанды. Ұл босанды. Енді менің інім бар. (Ұлтусынды құшақтай алады).

Ұлтусын (қауқылдап) А, кім дедің? Ұл дейсің бе? Оны кім айтты? Анық солай деді ме?

Айгүл: Әжетай, бұл анық. Апам ұл босаныпты.

Жақсылық (Ұлтусынның қолын алып) Ал, Ұлтусын, немереңнің бауы берік болсын! Қуаныштарың ұзағынан болсын!

Ұлтусын (Жақсылықты құшақтай алып, жылап жібереді). Бұл.. бұл..  сен.. сені бүгін жолықтырған Құдайға мың-мың алғыс! Сенің.. сенің тілегің қабыл болды.

Айгүл: Әже, көлік келе жатыр. Жүрейік. Мен інімді көргенше асығып тұрмын.

Ұлтусын (елпеңдеп) Ия-ия, жүрейік. Жүре ғой, қызым. (Сәл жүре беріп қайтып келеді). Жақсылық, сен де бізбен бірге жүрсейші. Қуанышымызға ортақ бол. Ә-ә, айтпақшы біз ауруханаға барады екенбіз ғой. Жарайды, тағы бірде.. (Жүре беріп тағы қайтып келеді). Жақсылық, не ғой.. Құдай-ай, не айтайын деп едім? Ұмытып қалдым ғой. Жарайды..

Айгүл: Әже, жүрсеңізші.

Ұлтусын: Міні-міні, қызым, бара жатырмын. (Жүре беріп тағы қайтып келеді). Есіме енді түсті ғой. Өзіңнің тілеуіңмен өмірге келген немереме сенің атыңды қойғым келеді. Немеремнің атын да өзіңе қойдырам. (Айгүлдің «әже, көлік күтіп қалды» деген дауысы естіледі). Міні-міні, келе жатырмын. (Жақсылыққа) Немереме арнап үлкен шілдехана-той жасаймын. Ең қадірлі қонағым өзің боласың. Сау бол, Жақсылық. Амандықпен көрісейік. (Асыға басып кете барады).

Жақсылық (Ұлтусынның соңынан қарап тұрып) Амандықпен көрісейік, Ұлтусын. (Қатты ойға батып тұрғанда немере келіні мен егіз ұл (шөберелері) келеді.

Егіз ұл (қосарлана) Ата! (Екеуі бірдей екі жақтан келіп, Жақсылықты құшақтай алады). Ата, біз әбден әткеншек тептік. Күшті болды! Сіз бармадыңыз ғой.

Жақсылық (қауқалақтап, екеуін құшақтап) Қарақтарым-ау, мен қарт адаммын ғой. Әткеншек тебем деп құлап қалсам қайтем?

Егіз ұл (қосарлана) Құламайсыз. Біз сізді құлатпаймыз, ата.

Жақсылық: Құлатпаймыз дейсіңдер ме? Шүкір! Шүкір! Сендердің барларыңа шүкір! Қолтығымнан демейтін қос таянышым, қос қанатым сендер барда құламайтынымды да, жыламайтынымды да білем. (Кемсеңдей, жүзін жас жуып кетеді).

Егіз ұл (қосарлана) Ата, сіз жылап тұрсыз ғой..

Жақсылық (көз жасын сүрткіштеп) Мен бе? Мен.. мен былай.. жай.. әлгі қуаныштан.. ия-ия, қуаныштан жылағаным ғой.

Егіз ұл (қосарлана) Қуаныштан да жылай ма?

Жақсылық: Жылайды, қарақтарым, жылайды. Адам қатты қуанғанда да жылайды. Мен сендердей шөберелері бар ең бақытты ата болғаныма қатты қуанамын. Тәуелсіз еліміздің болашағы, тірегі-сендер аман болыңдар! (Кемсеңдей беттерінен сүйіп, екі шөбересін жетелеп кете барады. Оларға сүйсіне қарап қалған немере келін де соңдарынан кетеді).

 

                                                             СОҢЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

    

    

Қазақ тілінде жазылған