Адам қарады: 36 | Жарияланды: 2017-09-11 02:24:32

ҰБТ жайлы жарапазан

 

Е... есіңнен жаңылдырып , фамилияңды ұмыттырған Ұлттық тест.

Қыркүйек туа қылқылдап  ең , мамырда маң- маң басып былқылдап келіп те қалыпсың. Не істейміз, алла басқа салған соң көнеміз де. Байқамайды екем ,бұл ҰБТ жарықтықтың сұрақтары да   кәдімгі апамыз жазда жайған   уақытында жемесең , қақшиып катып қалатын ақ құрт секілді екен –ау. Енді міне жетінші , сегізінші сыныпта өткен , уақытында  шайнамаған нәрселерді 11 сыныпта қайтадан сол құрт секілді амалсыз мүжіп отырғаның. Не ісің өнбейді ,не тісің өтпейді. Жаныңды шүбекекке түйіп жаттаған боласың. Жатып жаттайсың, тұрып жаттайсың. Құраның да осы , құралың да осы. Іштен шыққан шұбар жылан болған соң, ата- анаң да қосылған болады , кейде бірге жаттаймыз. Оларға қалай

ренжисің бұрын шайы таусылмайтын еді енді топырлаған кәріс, түрік, үнділердің бітпейтін киносы қосылды .Не оларды , не  баласын уайымдарын білмей бастары қатып жүр.Бұрынғы аға- апаларымыздың кезі рахат еді ғой. Ертең емтихан тапсырам деп, онша қиналмай  білсе де білмесе  де шұнақ билеттің құлағынан ұстап тұрып әйтеуір бірдеңе айтып беретін.Сынып жетекшілері кесте жасап ата-анасы емтихан болатын күні бір табақ еті мен бір шәугім шайын, тәтті- пәттілерін ебіл – дебілі шығып ,қолтығы буланып  алып келеді де , бір сыныпқа әдемілеп стол жасайды . Қыстан шыққан сүр еттің исі қандай шіркін , бүкіл залды алып кетіп адамның сілекейі шұбырып , ішек – қарның ауға түскен балықтай бүлк- бүлк етіп шұрылдатып қоя беретін. Сосын  самсап тұрған билеттің құлағынан ұстап айта бер, айта бер.

Біріншісін білмесең , келесісін ал. -Апайы... Әй бала , бір бағаңды кемітемін деп қояды , қайдан кемітсін былқылдаған марқаның еті мен  мамырдың майы  бетіне шыққан қызыл – күрең шайы  тұрғанда . Сол кездер көзден бұл- бүл ұшты ғой .Қайтып келер ме екенсің қайран емтихан?

Қазіргі уайым  ҰБТ,  тест, балл,  таңдау пәні ...болып кете береді ,жыл бойы ауызға да құлаққа да дамыл жоқ , басқа пәндерді жинап қойып сол бес пәннің мұңымен ауыл мен аудан ортасында шапқылып жүргенің.

«Баланы табасың- ау балын қайдан табамын» деп ана жақта  ата- анаң зарлайды, 5 әріптің қайсын қойсам екен баласы мына жақтан зарлайды.

Баяғыда ата- бабаларымыз  «атадан мал қалғанша , тал қалсын»- деп мақалдаса , біз қазір малы мен талы бір жөні болар «балл» қалсын деп қақылдайтын  болдық. Тест жақындағанда 77 атасына сыйынып әулие - әнбибілердің  басын жағалайтындар да бар. Қайтсін енді қиналғаны да  атамыздың кезінде тест болған жоқ, көзіне көрініп -жоңғар , қоқаңдап Қоқан, ағарып ақ патша, қызарып қызылы  келді, әйтеуір айтып келді.

Кейінгі кезде мал болса балл болады деп айтатындар бар көрінеді , енді олар ауылда емес жоғарыда шығар , әлгі малды баллға айналдыратындарды айтамын да .Соларға бірдеме беріп, алып...жатқандар бар болса бар шығар, оған күш қайда?

Математикам анау , бедірейген бес баллдан аса алар емеспін.Шіркін- ай есептің бәрі бастауыштан келсе ғой шемішкеше шағатын. Қосып барып, көбейтіп сарт еткізіп бөліп жіберер едім- ау. Ар жағы белгілі. Синусқа- сыр, косинусқа -қыр жоқ.Қазақ тілінің түрі мынау бастап барып баяндайын десең, толықтап, анықтап, пысықтап, шылаулап шұбатып отырғаның.

 

Кей әріптер аузыңның бұлшық еттерін қалай созсаң , солай өзгеріп жүре береді .Үндестік заңы дейді тағы мұны.Не болса да 40 градус аяздағыдай қатып қалу керек қой. «Г», «Қ», «Д», «Т»-деп түкірігің төрт жаққа шашырамай,ілгерінді кейінді ықпалдарға түсе бермей.Байланысуды  алсаң да сол , қабысып, жабысып, матасады да адамды шатастырып жібереді .

Ана тілдің түрі анадай болғанда аға тіл орыс тілінің жайы белгілі  , әйтеуір «екі» алмасам болды дейсің де –«О ,боже храни» – деп жылы жауып қоя саласың.

Қазақстан тарихының да жетісіп тұрғаны шамалы  бұрын жұп-жұқа әдемі еді , қазір  қырықтың қырқасына шыққан апайлардай жалпайып барады, жалпайып барады .Қала сайын -хан  ,ауыл сайын – батыр, көше сайын -би. Қырымның қырық батыры көп деуші едік, енді оларға жылап көрісетін болдық. Жалғыз «Алтын адамымыз» алтыға жетіп қалды .Жерді қазсаң сопаң етіп шыға келеді .Грек деген халыққа өкпем қара қазандай. 3 теңіздің ар жағында жатып алып сақтар туралы неше түрлі әңгімелер айтқан көрінеді .Өздерінің толып жатқан қолдан жасап алған құдайлары , Геракльдері бар жүре бермей ме соларды шайқастырып.Тамағын таба алмай жүрген алғашқы адамдар ше , бұттарында жалғыз тері , ал өздері бас салып тастарға неше түрлі суреттер салған шимайлап, енді келіп біз секілді бейбақтар ол суреттерді кім салғанын , қай қиырда салғанын таба алмай отырмыз басымызды тырмалап.Мына сұрақ та адамды күйдіріп жібереді . «Андронов тайпаларының бас киімі қандай еді?- дейді де , жауабын «құлақшын » - деп береді .-Ау сонда ол сормаңдайлар қысы- жазы бастарынан құлақшынын тастамай киіп жүрсе , шаштары жидіп түсіп қалмай ма?

Биология  да қызық , адамдар маймылдан жаралған дейді де ол қандай маймыл, қазақ маймыл ма, орыс маймыл, неміс маймыл ма ол жағын айтпайды . Сендерді қайдам , ал өзім точно маймылдан жаралғаныма өлгенше өкінем. Себебі , басымда тест тұрмайды , қалқиған құлағым мен аңқиған аузымнан  зу етіп шығып кете береді , шығып кете  береді .Біздің мектептің біраз оқушылары да сол мәкеңнің ұрпақтары- ау деймін, себебі жеті сайын тырнақтары мен шаштары өскендерін байқамай қалып аталып жатады. Кітаптардың парақтарын жеп, дәптерлерін шайнап тастайтындарды қай қоректілерге жатқызарыңды білмей шақша басың шарадай болсаң.

Физика- жақсы , есебі- жаман.Басына алма түсіп жаңалық ашатын баяғы Ньютонның заманы жоқ. Ағаштың басында алма емес қарға тұрады, алма қытайдан келеді.Химия -қисынға келмейді, жүрегі даулап ешкім таңдамайды . Әйтеуір тұз бен судың формуласын білмесем де дәмін білем. Дүние жүзі тарихы- жылда өзгеріс.Ғалымдардың өзі санап, зерттеп тауса алмай жатыр.Бізден басқаның патшасы ауысады да жатады.Біреуі келеді , біреуі кетеді, кеткенде шетел асып кетеді. Қой, көрген жерде ауыл бар, қазақ екенім рас қой деп әдебиетке айналып келдім.Тестке суреттің кірмейтіні жаман , әйтпесе біраз ақын- жазушыны суретіне қарап айтып берер едім.

Әйтеуір 600 жазушы бар дейді ,енді оларға ауыл – аймақтағы кітап шығарғыш малы бар шаруа қожалығының 400  ақын- жазушыларының кітаптары  қосылып кетпей тұрғанда тез  тапсырып үлгерсем деймін.Біразын тыңдап көрдім. Көсіліп келеді екен, шешіліп сөйлейді екен. Баяғыда Асан Қайғы бабамыз секілді, өлеңді жерге емес, ағайын туыс, келін кепшік, құда- жегжаттарға арнайтын болыпты.Ақкөңіл ағайын-туыс ,көзкөргендері ат мінгізбесе де арқасына шапан жауып рахметін айтып жатыр.Рахметті әлгі «жазылбекке» емес , соның шатпағын басынан аяғына дейін шыдамдылықпен тыңдап отырған көрерменге айтқың келіп кетеді кейде. Әкімдерге де оңай емес апта сайын атын, келген сайын хатын беріп жатады,бермесе ол пәтшағарлар «Ауданның жылы жер іздеп кеткен  құрметті азаматы, ит қырылған жылы итаяқ жасаған азаматы» секілді атақтар сұрап мазаны алуы мүмкін. Қой «ет турай алмайтын жігіттің ет жегісі келеді деген», жұрттың халінде нем бар ,өзімнің балыма оралайын.Нешауа, қазір әупіріммен 60 баллға жетіп қалдым.Аузы көкке тиген көтерем малдай көтеріліп келемін.Жетпістің желкесіне жетіп  алсам, ар жағында сеңкиіп сексен, тойған қозыдай тоқсан тұр. «Ақсақ иттің арманы арғы бетте»-деген, менің арманым  да ,бар халім де осы.  Балл деп аузымды бақадай ашып  тұрғанда , консультациясы құрғыр басталып кетіпті .Соған барайын, алтыншы аудиторияда кездескенше  аман болыңыздар.

Айтпақшы бұл тесті 1-2 жылда ауысады деген сөз бар(тест ауысқанша министр ауысып кетеді)  сондайда «сен қандай бақыттысың келер ұрпақ» – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Министр демекші біздің министр маладес,  үш жүзге бөлініп жүрген қазақтың тілін де үшке бөліп жатыр. Екі тілдің өзін ауырлап жүрген мен секілді бейбақққа физика, информатика, математика және химияны ағылшын тілінде оқытпақшы. Оған сол кісінің басы болмаса біздің бас қайдан жетсін. Үш тілге судаймын деген министрдің өзі де биылғы ҰБТ кезінде «Алтын белгі» алғандарға «бермеймін» деген грантты қалай беріп жібергенін білмей қалып, ата- аналардың шабуылына ұшырап,  тыққан гранттарын үлестіріп әзер аман қалды. «Ух енді құтылдым ба?»  дегенде  Мұхтар Тайжан деген қызылкөз жекпе- жекке шақырып еді,  «Мұхтар маған қызық емес!» деп құтылды.  «Қызық емес...» дейтін  Мұхтар мырза  мультик пе,кино ма немене?  Туған министрдің өзі  білім саласын «Қызық пен қызық емеске» бөлетін болса бала біткеннің көрешегі алда- ау. Бұндай қызықтан мен секілді мектепті бітіп барып құтылсаң, құдайыңа рахмет айтарсың...

Қазақ тілінде жазылған