"Халық жауы" жар еді, қайран ару
Аяулы ана, асыл жар,
«Халық жауының» зайыбы -
құрсақтағы нәрестесін елсіз далада
дүниеге әкелуге мәжбүр болып ,
екеуі де өмірден өтті.
Тұсындағы айбаттана мұнартып тұратын
қос төбе 85 жылдан аса олардың мәңгілік серігі.
Ол - ҮШ ЖҮЗДІҢ басы қосылып 1710 жылы Қазақтың алғашқы құрылтайы өткен -
«ҚҰЛЖҰМЫР - ҚАСҚАТӨБЕ».
Кезегімен күн шығып, айлар батқан,
Жылдар жылжып, елесі мұнар тартқан.
Ескі қорым, елсізде бір мола бар,
Ши қоршауы желге ұшып, жусан жапқан.
Жәй төмпешік емес ол, ей, жолаушы,
Кідіріп, құран оқы, түсіп аттан.
Басыңды ійіп, тағзым ет - сол «бесікке»,
Бейкүнә сәбиімен Зейфун жатқан.
«Халық жауы» жары еді, қайран ару,
Боз далада беймезгіл «дамыл» тапқан.
Киесі бар, абайла, бұл төбенің,
Аласұрып арумен бір толғатқан.
Шаранасы іңгәлап, ақ төсі иіп,
Осы жерге тамшылап уызы аққан.
Тағдырына не дерсің ... , елсізге әкеп,
Тоба қазық таятып, таң айыртқан.
Демі үзілген – ала таң , ақ сапарда,
Мына дала тұншығып жылап жатқан.
«Қырық шілтен» қаңтарып қара желді,
Бұлт егіліп, періште шырақ жаққан.
«Ғайып ерен» құндақтап нәрестесін,
Нұр пәктеген денені, боз құм жапқан.
Қолдан келер шара жоқ, жанашырлар,
Шимен қоршап, басына қада қаққан.
Заман өтті ... , жазықсыз талай жанның,
Көз жасына малынып, қарғыс атқан.
Біле жүр, бұл даладан тарих-керуен,
Келешекке із тастап, жүгін артқан.
Дөңгелегін сан мәрте қайырлатты,
Адамзат, адаспа деп ақиқаттан.
Небір жайсаң жойылды, тұяғы жоқ,
Залым салған қасірет, жарақаттан.
Ақталғанын көре алмай өтті өмірден,
Жан-жары рухы биік саясаттан.
... Иә, сол арудың жұбайы ақталды, бірақ ол оны көре алмай 1970 жылдың 1 наурызында дүниеден озды.