Мақұлық
“Мақұлықтың” азан шақырып қойған аты- Жақсылық. Бірақ ол туғаннан өз есімін естіген жоқ. Ес біліп, етек жиғаннан бергі аты - Мақұлық. Мұны әуелі көрші балалары, содан соң көше балалары, бара-бара бүкіл ауыл тұрғындары білді. Анасынан туғанда-ақ көзі шарасынан шығып, тілі мүкіс тартып, құлағы кереңге айналған жас жігіттің аяқ-қолы сау, жүріс-тұрысы ширақ. Елдің сөзін құлағы кеміс болса да естиді. Тілі сақау болса да маңайындағыларға былдырлап бірдеңе айтады. Ішіп-жемі де ел қатарлы. Бірақ үйден көп шықпайды. Өзін “Мақұлық” деп атайтын жұртты көргісі келмейді.
Анасы а дегенде ат қойып, айдар таққыш қалың жұртты Жақсылығын - Мақұлық дегендермен арыстанша айқасып бақты. Бірақ көптің ауызына қақпақ бола ала ма, айғайлай - айғайлай қойған. Тіпті сол “Мақұлық” деген атқа да құлағын үйретіп, көңілін де сендіріп алған сияқты. Ана ғой. Өмірінде жалғыз көрген Жақсылығы - осы. Жазығы- атың өшкір палигон аймағында туғаны ғана. Ел “Мақұлық” деп атаса да мұның жанына ол әрқашан медеу. Елдің миға шұқығандай етіп, көпе-көрнеу милау қылып атағаны ананың жанына қатты батады.
Ат қойып азан шақырғанда өзі берген есімін ол дұғадай көреді. Соқталдай болып өскен азамат болса да, жатарда да, ұйқысынан оянарда да - “Жақсылығым, Жәкентайым” деп отырады. “Құдай бере салғаным, құрсағымды жарғаным, қу атадан қалғаным” деп өлеңдетіп қоятынын қайтерсің.
Пенде емес пе, көрші-қолаңның, бала-шағаның өзін “Мақұлық” деп мұқатып атағанына да, айғайлап шақырғанына да Жақсылық мүлде ет үйретіп алған. Құлағына сіңген Мақұлық деген атқа ыржалақтап мәз болып, күлетіні де бар. Жақсылық мектепке барған жоқ. Барған жоқ емес-ау, барды. Бірақ мектеп қабылдамады. “Мұндай балаларды үйден оқытамыз, өзіміз барып үйретеміз”, деп шығарып салды. Шешесі базардан пұлдап сатып алған үлкен портфелін де оған толтыра салған әліппе, ана тілі, математика сияқты толып жатқан оқулықтарды да, түрлі-түсті қарындаш, қаламдарды да 1-ші қыркүйек күні ел қатарлы алып барып, алып қайтты. Оқуы сонымен бітті. Оған кірәм жеген Жақсылық жоқ. Уайым тартқан анасы ғана. Түн баласында Жақсылығы тәтті ұйқыға кеткенде көзінің сорасын ағызып, жылап - жылап алады.
Алғашқыда “сәбилі боламын, ұлды боламын” деп алақайлап қуанып жүріп, Жақсылық дүниеге келген күннің ертеңінде-ақ өз босағасын өзі бірақ теуіп кеткен күйеуін қарғап сіледі. Бәлкім ол болса осындай оңашада қалғанда уайымын қақ бөлісіп, қайғысын қатар көріп отырар ма еді, қайтер еді...Амал не?!
Жаздың жайдары күндерінің бірі болатын. Жақсылық айналасындағы тіршілік атаулыға бейкүнә сәби жүрегімен, көңіл көзімен үңіліп-үңіліп қояды. Мынау аппақ дүние оның осынау тәтті тіршілігінің өзін жапанға жария еткендей. Үйдегі анасы әлдилесе, түздегі табиғат бесігі тербетіп, теңселте түскендей.
Кенет Жақсылықтың дәл төбесінен біреу таспен атып жібергендей болды. Жалт қарады. Көрші үйдегі сотқар Жандос екен, қолында портфелі бар. Мектепке бара жатқан беті.
– Әй, Мақұлық, жүр мектепке барайық. Сені сұлу қыздармен таныстырамын,- деген сөз Жақсылықтың жанын жайнатып, үмітін тұтандырғандай болды. Күліп, ыржалақтап көрші баланың соңынан ере бергені сол еді, ол оған жердегі тасты қарша боратты. Мақұлықтың дәмесін қара деп мазақтап қояды. Жақсылық бұдан ары шыдамады, жерден жұдырықтың үлкендігіндей ауыр тасты бар пәрменімен құлаштай тұрып, сотқар балаға атып ұрды. “Бата тимесе, қата тиеді” деген осы. Дәу тас мазақшыл баланың маңдайын жарып жіберді. Қаны судай ағып, бет ауызын жауып, талып түсті. Айқайдан жүгірісіп келген көрші қолаң да, сотқар баланың ата-анасы да жерде сұлық жатқан денені өлді деп ойлады. Бірақ өлмепті. Ауруханаға түсті. Жақсылықтың сол күні елден естімегені жоқ. Танитындар да, танымайтындар да ұрып та, ұрсып та жатыр. Аяулы анасының да елден естімегені жоқ. “Қабаған ит екеш итті үйіне байлап ұстайды, жынды баланы неге далаға шығарасың, біреуді өлтірсе қайтесің?” - деген сөздер байқұс ананың жанын қатты жаралады. Ол сұқ саусағын шошайтып келіп, пеш түбінде қасқыр көрген қояндай бүрісіп, екі көзі жыпылықтап қатты қорқып отырған Жақсылығын желкесінен нұқып-нұқып жіберді. “Әй, Мақұлық-ай! Сенен көрмегенім жоқ болды-ау, көрге тығылғыр-ай, тумай кеткір-ай” деді содан соң, қан жылап. Жақсылық басқа сөзді естіген жоқ. Анасының ауызынан “Мақұлық” деген сөзді тұңғыш рет естіді. Тұңғыш рет естіді де тұнжырап, далаға шықты. Далаға шықты да бойындағы барлық күш-қуатын жинап алып бар пәрменімен Қарауыл төбеге қарай зыта жөнелді. Сол кеткеннен қайтқан жоқ. Ашу-ызамен, апақ-сапақта айырылып қалған баласын анасымен қоса бүкіл ауыл тұрғындары жабыла іздесіп, тау етегіндегі қураған кәрі ағаштың түбінен тауып алды. Бұл сонау 1989 жылы Қарауыл төбе басында өткен “Невада-Семей” қозғалысынан қалған соңғы белгі болатын. Дәл жанында “Бұл жерде болашақта атом алапатына қарсы зәулім монумент орнатылады” - деген сөз жазылған құлпытас бар. Байғұс баланы ажал айдап осы араға әкеліпті. Ешкімге керегі жоқ болып қалған жансыз мүрдені қарт Қарауыл бауырына басып, о дүниеге аттандырған сияқты.
P.S.
Қалаға алып кеткен дәрігерлік зертхананың диагнозы – жүрек қабы жарылған деп ұйғарым жасапты. Дұрысы сол шығар...