Адам қарады: 37 | Жарияланды: 2017-09-12 02:56:49

Әсем табиғат

Көктем.

Құстар келсе сапарынан оралып,

Қар көшеді қияндағы

                   Сарайына жол алып.

Сәлем берсем, бас изеді

Күлімсірей қол алып.

 

Төрт түлігім қандай күйде қаралық?

Алыпты ғой әйтеу өзі молайып.

...ақ күпісін лақтырды да жіберді,

Күйіп-пысып қалғаны сол тарайып.

 

Жаз.

Саған деген сағынышым - сары сай,

Ашушаң бұлт ашуланса

ешкімді де танымай.

Найзағайдың көтере алмай қалжыңын

Жылап етті. Сәби-ай!

 

Барлық әлем жасыл пүліс - ұжымақ,

Дүниенің тындыруда жұмысын

Жан-жануар құмырсқадай құжынап.

Той жасайды араларым дамылсыз,

Гүлбикенің шырын деген қызын ап.

 

Күз.

Бұйрықшының ордасы бұл -

                     Алтын дәннен қаланған.

Алтын әлем таба алмайсың

Бұдан өзге ғаламнан.

Анау, анау көлдерімде соңғы рет,

Айналайын, аққуларым таранған.

 

Сол бұйрықшы бір күні:

Әлемдегі мың-миллион нөкеріне бұйырып,

Ертеректе егіп қойған дәндерін,

Екі-үш айда болсын деді жиылып.

Нөкерлері тағзым етті қиылып.

 

Бозаңдығын ұмытқан ба боз далам?!

Сазды әуендер сабырыңды ап маздаған.

Сағыныштың сары ішегін қозғаған,

Табиғатым талантыңа мәз болам.

 

Қыс.

Тәбиғаттың ұлымын,

Әппақ әлем шақырады:

                   Келе ғой деп құлыным.

Моржаларым нені ойлап тұр

Сорады ұзақ шылымын.

 

Қарға түскен қалың іздер

                  Сірә, қайда барады?

Қыс мінезі ― қомағайдың араны.

Табиғаттың тамылжыған үнін-ай,

Соңғы нүкте ―

              Тыныштықтың аралы.

Қазақ тілінде жазылған